Сәулелі сана
Әбігердің бәрі аттестаттан басталды. Аттестатты толтыру үшін паспорт керек. Өйткені, мектеп бітірушінің аты-жөні сол екі құжатта да бірдей болуы шарт. Әйтпесе, жоғары оқу орнына өтініш қабылданбайды. Класс жетекшінің айтуы солай. Мектепті үздік бітірген Еркінбек тұра жүгіріп, үйіне ентелей кірген бетте:
- Ақтәте, маған ақша берші, – деді әлі де ентігін баса алмай.
- Құлыным-ау, берем ғой қазір. Алдымен сусын ішіп алсайшы. Түтігіп кетіпсің.
Шешесі төрдегі сүйекпен өрнектелген әдемі кебеженің суырмасынан әмиянын ал да, оның сыдырмасын тартып ашып жатып:
- Қанша керек, не алушы едің, ботам?, – деді ұлына мейірлене қарап.
- Паспорт алам. Онысыз аттестат бермейтін көрінеді..., – деп шолақ қайырды әдеттегісінше ойында ештеңе жоқ баласы.
Осыны айтуы мұң екен шешесінің аққұба өңі бірден бұзылып, күреңітіп кетті. Онсыз да шаралы көздері таңдана кеңейіп барып, баласына үңіле бір қарады да, тосыннан құмыққан дауысын жөткіріне, жұтынып барып түзеп алды да жанындағы орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Әлі үнсіз. Өзіне ғана мәлім ойлар шырмауығынан әрең шығып, терең бір күрсініп алды да бойын жинақтап, аса бір жабыққан үнмен:
- Отыршы, балам. Айтқызбасты айтқызайын дедің-ау. Менің де, сенің де кінәміз жоқ бұған. Паспортыңды алу үшін милицияға баруың керек қой, паспорт үстелі соларға қарайды емес пе? Мені тыңдасаң, аяғыңды басушы болма ол жаққа. Кірме ол қағынған мекемеге.
- Неге? Асықтырып жатыр. Басқа балалардың бәрі алып жүр.
- Неге дейсің-ау... Басқалардың жөні бөлек. Саған жолауға болмайды ол жерге. Оның астында қасиетіңнен айналайын бабаларыңның мәйіті жатыр. Соңғы рет айдалардың алдында сонда қамап, сонда азаптаған сенің әкеңді. Оның едені мен қабырғаларына әкең сияқты талай боздақтың қандары шашыраған. Қайсыбірін айта берейін. Мен бұл Аққайың ауданына бертінде келін болып түстім ғой. Кейінде естігенім, осы жерде Алашорданың көсемдері туған деп жаңа келген белсенділер жергілікті жұртты тұқыртып ұстау үшін жаңағы бейіттің төбесін жауып, молаларды тегістеп, тақтай төсеп, милицияның конторын жасапты дейді... Соны естіген мен де паспортты қатар жұмыс істеген үш адамнан куәлік қағаз алып, облыстан кісі салып зорға алғам. Саған да сөйтіп алармыз, құлыным. Шыдай тұр. Енді ұқтың ба?
Естіген әңгімені бірден қорыта алмай, есеңгіреп қалған Еркінбек сәлден кейін ғана бойын жинап:
- Ұқпайтын несі бар, Ақтәте? Ол бұрын Кейкі төренің төртқұлақ бейіті болған деп жүр ғой үлкендер... Кеттім мектепке. Түсіндіріп келейін. Ұят қой. Күтіп отыр, – деп үзік-үзік келте жауап қайырды да есікке беттеді.
- Ия, ия. Тоқтай тұршы, балам. Аты теріс қайнағаларды атай алмай отырғаным-ай. Өзің туған қыстақ бар еді ғой. Сол қыстақтың аты қалай еді?
- Е-е, Ахметжан ғой.
- Сол кісіні айтып отырмын. Атағы жер жарған, рулы елді басқарған, дұшпанына бет қаратпаған қайсар қайнағаны шолақ белсенділер көрсетіп қамаған екен. сол қыстақтың иесі де азаптан, сүзектен абақтыда қайтыс болған дейді. Сүйегінің қайда екенін көрсетпеу үшін абақтыда отырғандарға милицияның ауласынан түн ішінде көр қаздырып, апыл-ғұпыл жерлетіпті. Сонда абақтыға қоса қамалған туысының «Жарықтықты түрмедегі ақжаймаға орап, күбірлеп намазын шығарып, өз қолымнан жерлеп едім» деп тұстастарына сыбырлап сыр ғып айтып отырғанын естіп едім. Жарықтық алдында айтқан атаңның іргесінде жатыр. Ендігісін өзің біл.
- Енді түсіндім. Ұқтым, Ақтәте ...
Адамның өн бойын шымырлататын қайғылы оқиғаларды естіп, мең-зең болып, көңілі алабұртып, дел-сал күйі еріксізден сыртқа қарай баяу жылжи бастаған баласының құлағынан «Өзің біл, балам, өзің біл...» деген анасының белгісіз бір шарасыз бәсең үні шықпай қойды.
Мектепке жетіп, класс жетекшісіне «Паспортты кейін алатын болдым. Бір себептер болып тұр» деп жалтара сылтаурата бастағаны сол-ақ екен, ұстазы шыр-пыр болды қалды.
- Кейінің не айтып тұрған? Мен де демалыс сұрап өтініш беріп қойған едім. Сендерге аттестатты таратып болмай демалыс бермейді маған. Өзіңмен бірге бітірген баламды алып тезірек қалаға кетуіміз керек. Сыртқа шықпаған бала ғой, өзім жетектеп жүріп оқуға іліктірмесем болмайды. Сондықтан сылтау іздемей, шират бәрін, – деді қатқыл үнмен бұрын дауысын көтермейтін, өзі қатты сыйлайтын мұғалімі.
Екіұдай пікірден не істерін білмей қалған Еркінбек сасқалақтайын деді. Содан санқилы ойлар жетегімен аяңдап үйіне келсе, есік алдындағы сәкіде біраз көрші-қолаң отыр екен. Жөппелдемеде не айтарын білмей қалған Еркінбек жағалай сәлемдесіп болған соң аузына түскен бірінші сөзі:
- Үйге неге кірмей отырсыздар?, –болды.
- Кіреміз ғой, балам. мына жерге отыра ғой. Көңіліне секем алма жинала қалғанымыздан. Жаңа ғана Ақбикештің жүрегінің талмасы ұстап, дәрігер шақыртып едік. Мың болғыр дәрігерлердің жетіп келе қалғаны. Сөйтіп шешең бір қатерден аман қалды. Өзің мектепті жақсы бітірді деп естіп, қайырлы болсын айтайық деп келе қалғанымыз да себеп болды.
- Рахмет, рахмет. Мен Ақтәтемнің жағдайын біліп шығайын. Кетпеңіздер, отыра тұрыңыздар. Шай қойып, дастархан жаяйын, – деп кіреберіске беттей берген Еркінбекке жаңағы ақсақал тоқтау айтты:
- Абыржып, әуре болма, қарағым. Әлі тойлай жатамыз ғой. Келінді тезірек жазылады деп ауруханаға алып кетті. Бірге кеткен екі абысыны келіп қалар, күте тұрайық.
- Айыпқа бұйырмаңыздар, мен сонда барып келейін. Ақтәтеме барып, халін біліп, не керек екенін біліп, дәрігерлерге жолығып қайтайын, – деген Еркінбектің уәжіне ешкім қарсылық білдірген жоқ. Қайта:
- Әйтсең әйт, балам. Барғаның да жөн, – деген сөзді ести салысымен тұра жүгірген Еркінбектің соңынан біразға дейін мейірлене қарап отырды.
Ауруханаға дедек қағып, зыр жүгіріп, жүрегі алқымына тығылып жеткен Еркінбек ентіге басып, палатасын сұрай сала кіріп келсе, бірнеше адамнан кейін терезе жақтағы төсекте жатқан шешесін көрді де, көпшілікпен күбірлеп амандаса салып, анасына қарай ұмтылды.
Еркінбектің келгенін сезді ме, әлде оянып кетті ме, жұмулы жатқан көздерін баяу ашып, қинала жымиып:
- Келдің бе құлыным? Көретін жарығым бар екен. Әуелі бір құдай, екінші көршілер, дәрігерлердің арқасында бір қатерден қалдым, Еркош. Өркендері өскір дәрігер атаулының жандары қалмады. укол салып, есімді жиғызды ғой. Алаңдама! Өзің қалайсың? – деп деміге, үзік-үзік сыбырлаған анасы еңкейіп қолын ұстаған баласының маңдайынан мейірлене иіскеп, әлсіз саусақтарымен баласының қолдарын сипалап.
- Бізді қойшы, өзіңді ойла, ауырмашы, Ақтәте, – деуге ғана шамасы келді ентіге дірілдеген үнмен баласы.
Келгенде құп-қу болып жатқан анасының өңіне шамалы қан жүгіріп, баласына мейірлене қарап, әрең жымиған анасы:
- Енді бәрі жақсы, құлыным... Құдай қақты... Алаң болма... Ешнәрсеге әуре болма. Көршілер, туыстар ыстық тамақты өзіміз әкелеміз деп жатыр. Саған бір-ақ өтінішім бар. Жастығымның астында былғары тыспен қапталған қасиетті құран бар. Әкеңнен қалған құран ғой, ешкімге көрсетпей тығып сақтап жүрген. Соны суырмадағы таза ақ орамалға орап, ешкімге көрсетпей әкеп бере ғой, құлыным. Асықпа, тамағыңды ішкен соң түстен кейін әкелерсің.
- Жарайды, Ақтәте, жарайды. Алаңдама, саған енді алаңдауға болмайды. Тезірек жазылып кетуді ойла. Тағы не керек?
Анасы үнсіз басын шайқады.
- Онда қол-аяғымыз жеңіл болсын... Мен қазір..., – деп есікке қарай асыға адымдап шығып кетті.
Үйіне дедек қағып жеткенде үй маңына жиналғандардың «Шешең қалай екен?» дегендеріне «Жақсы, жақсы, тәуір. Мен қазір» деп асығыс жауап беріп, үйге кірді. Ол алдымен құранды тауып алып, оны орап, шыға берістегі күбіден шыны бәңкеге ашыған көже құйын алып, газетке бауырсақ, кесе, қасық орап, бәрін мектепке алып барып жүрген сөмкесіне сала сап, қайтадан ауруханаға жүгіре жөнелді. Онда жеткесін, әкелгендерін жайғастырып, ашыған көжені кесеге құйып ұсынып еді, анасы көңіл үшін бір-екі ұрттады да «Мен кішкене көз шырымын алып алайын. Үйге бара ғой, құлыным. Тамағыңды іш» деп көздерін жұмған анасының жүзіне біраз қарап тұрды да амалсыздан палатадан шығып кетті. Үйге келгенде көрші-көлем жасаулы шайға бірге отырып, әрқайсы сабырға шақырған жанашыр басу сөздерін, анасының тезірек сауығып кетуін тілеп, Еркінбектің көңілін аулап, жігерін жанып, оған қысап отырып біраз тамақ ішкізді.
Ақбикен біртін-біртін оңала бастады. Еркінбектің класс жетекшісі күніне бірнеше баланы жұмсап, шақыртады. Ол болса, әр нәрсені бір желеу етіп, мектепке жоламай қойды. Күндердің күнінде демалысқа кетуге асыққан мұғалімі үйлеріне өзі келіп, қоярда қоймай өзі жетектеп барып милицияның есігінен кіргізіп жіберді. Не істерін білмей сасқалақтаған Еркінбек ішінен «Бісімілләсін» күбірлеп, бір қырымен қабырға жағалап паспорт үстелінің бастығы отырған бөлмеге өтті. Ондағысы бейіттің қабырғасының жиегіне ешкім жерленбеген шығар деп өзін-өзі алдарқатқан түрі. Сонымен паспортын жаздыртып алып, бой-бой боп терлеген бойы сыртқа шықса, мұғалімі дегбірсіздене далада күтіп жүр екен. Сол бойда «Жүр осы бетте» деп Еркінбекті ертті де, мектепке апарып аттестатын тіркейтін кітапшаға паспорттың нөмірін жазып, мектеп директорына қол қойғыздырып, мөрін бастыртты. Мектеп директоры, тарихшы Заңғар Биахметов Еркінбекке аттестатын тапсырар алдында құттықтауымен қоса:
- Еркінбек-ау, сенің мұндайың жоқ еді ғой. Неге созбалақтап жүрсің? Анаңа алаңдап жүрген де шығарсың. Бірақ алдымен аттестатыңды алуың керек еді. Сенен үлкен үміт күтіп жүрген озат оқушымызсың. Оқуға түсуің керек қой. Мына бетте қалып қоясың ғой. Тарихшы боламын, Алматыға, университетке барамын деп жүруші едің. Тезірек жинақтал. Шешеңе өзім жолығып айтамын. Ал, азамат болуыңмен. Қайда жүрсең де жолың болсын, абырой берсін. Алматыға жүрсең маған жолыға кет, – деп аяқтады сөзін, шәкіртіне мейірлене қарап, арқасынан дем бере қағып.
- Рахмет, рахмет, мұғалім. Үміттеріңізді ақтауға тырысамын, – деп аттестатын алды да, үйіне келісімен шағын кітап сөресінің екінші түпкі қатарындағы үлкен кітаптың арасына паспортымен қоса салып тастады. Ондағысы шешесінің көзінен таса жерге жасыру.
Көп кешікпей анасы да сауығып, ауруханадан шықты. Күн сайын көңілін сұраған, қайырлы болсын айтқан жұрт келетін болды. Бір апта бойы көңіл жетерлердің барлығын үйге шақырып, той жасады. Содан, Ақбикенге кім айтқаны белгісіз, баласының аттестат алғаны оқуға баратын ойы бар екен деген сыбыс жетеді. Кешқұрым ойында ештеңе жоқ Еркінбек үйге кірген беті сол еді, анасы бастырмалата бас салды:
- Қу жалғыз-ау, не істеп жүрсің сен? Менің саған милицияға аяғыңды басушы болма дегенім қайда? Обал болады дегенім далада қалғаны ма? Сорлы басым-ай, мен сені солай тәрбиелеп пе едім? Аруақтардың алдында екеуіміз бірдей күнәһар болдық қой. Тос, Қарағандыдан әперем паспортыңды демеп пе едім? Тап сенен мұны күткен жоқ едім. Менен туды деп кім айтады сені? Бабаларыңның, хабарсыз кеткен әкеңнің аруақтары алдында не дейміз енді? Қарабет болдық қой! Қарабет!!! Шық үйден! Қараңды көрсетпе маған!
Шешесінің бұдан бұрын осынша ашына сөйлегенін естіп көрмеген Еркінбек, қарсы уәж таппай, тағы да бірдеңелерді дауыстап айтып жатқан сөздерін шала естіп, далаға атып шықты.
Еркінбек мең-зең. Ойлары он саққа шашылған күйі, басы ауған жаққа кетіп бара жатқан ол ауылдың жанынан сылаңдап ағып жатқан Балбырауын өзеніндегі жалғыз көпірден өтіп бара жатқанда барып ес жиды. «Енді не істедім? Ақтәтемнің ашуы қайтпайды... Сондықтан мені кешірмейді... Туыстарға баруға болмайды... Оларға не деп барам?.. Достарға паналауға болады, бірақ олардың әке-шешесіне не деп айтам... Шешем үйден қуып шықты десем өз анамды өзім жамандағанмен бірдей емес пе?..» деген қым-қуыт ойлармен айдалада лағып келе жатқанын, ауылдан едәуір ұзап кеткенін жаңа аңғарды. Кенет ойына өздерінің атақоныстары Кепелі қыстағы түсе кетті. Қыстақтың іргесіндегі таудың сайындағы қалың қарақатты, шалғынындағы бүлдірген, сарымсақты жылда барып теретін... Сарымсақ пен бүлдірген болмаса қарақат әзір піскен жоқ...
Түн жылы. Ай жарық. «Не де болса, сол қыстаққа жетейін... Қыстақ, жолдан қиыс қалтарыста... Жоғалған малын іздеген біреу болмаса, бұл уақытта ешкім жолай қоймайды... Және мені сонда кетті деп ешкім ойлай қоймайды...» деген ой жетегіндегі ол түн ортасы ауа Кепеліге де жетті. Қараңғы түнде иесіз қыстаққа кіруге жүрегі дауаламады. Біразға дейін не істерін білмей дел-дал болып тұрды. Кенет қой қорамен жапсарлас қысқы маяның сұлбасы көзіне ілікті. «Қой, сол маяға барып паналайын» деген оймен сонда беттеді. «Ал енді иісімді сезіп қалып, ойда жоқта итқұс келе қалса, не істеймін?» деген ойдан секем алған ол есік алдындағы отын маңайында жатқан кеспелтек қайыңды қолына мығымдай ұстаған бетте аяңдап маяға ілікті. Маяның етегіндегі шөпті үңгілеп жатын орын дайындады. Үстіне де жылы шөпті жамылып, басын ғана қылтитып жатқанмен, неше түрлі ой көлбеңдеп алаңдатып, көпке дейін ұйықтай алмады. Дегенмен қарны да ашып, денесі де әбден титықтаған ол шегірткелердің үздіксіз шырылы мен байғыздың зарыға шақырғандай сұңқылымен көзінің ілініп кеткенін байқамады.
Таңға жақын бозторғайдың шырылымен кенет оянған Еркінбек жөппелдемеде өзінің қайда жатқанын есіне түсіре алмай, біртін-біртін кешегі күннің дүрбелеңге толы оқиғаларын көз алдына елестетті. Содан кейін орнынан тұрып, қыстақтың іргесіндегі ерінгендей баяу аққан бұлаққа беті-қолын жуып, бастау жағына жүрелеп еңкейіп, мұздай суынан шөлі қанғанша сімірді. Шөлі басылғанмен қарыны аша бастағанын сезінді. Еріксіз қыстаққа қарай бет алды. Келсе, қыстақ иесі жайлауға көшерде есігін құлыптап кеткен екен. Мүмкін үйде талғажау ететін бірдеңе табылып қалар деген дәмемен жапсарлас қорадан темір сүймен тауып алып, салынған құлыпты түбірімен сөге суырып алды. Үйдің сенегін, қоржын бөлмелерін тегіс аралап шыққандағы бар тапқаны жарма пештің иығындағы тасада кеуіп қалған төрт тілім нан ғана. Соған да дәтке қуат деп іштей қуанып кеткен Еркінбек нанды ала сап, бұлаққа жүгірді. Суға жібіткен қатқан нанның мұнша дәмді болатынын осыған дейін мүлде білмепті. Біраздан кейін үйді қайта бір аралап жүріп сенектің салдауының қабырғамен түйіскен тұсындағы қуысқа қыстырып қойған шағын қақпанды тауып алды. Оны апарып бұлақтың төменгі жағындағы жайылған судың жиегіндегі шоқ талдың шетіне қақпанды құрып, шөппен көлегейлеп жасырып тастады. Одан кейін тозығы шыққан темір шелек тауып алып, шалғыннан бүлдірген теріп, сарымсақ қазып алды, беткейдегі бұталардан қызара бастаған итмұрын жинады. Соларды талғажау жасап, ішіне ел қонған соң түнеп шыққан маясына барып тынығып жатып, небір ойларға шомды. Ес білгелі бүкіл өмірін көз алдынан өткізді.
Әкесі Нұрмұхан еміс-еміс қана есінде. Ақтәтесі мен ауылдастарының айтуына қарағанда әкесі жасынан ширақ, іскер болыпты. Туған-туыстары шолақ белсенділерден қағажу көрген тұста әрқайсысына қолдан куәлік жасап, олардың біразы ешкім танымайтын оңтүстікке көшіп кеткен, кейбірі Ресейге паналаған. Енді өзі кетпекші болғанда, 1937 жылғы қуғын-сүргінге ұшырап, 58 статьямен Сібірге жер аударылған. Сонда жүргенде соғыс басталып, тіленіп майданға аттанады. Соғыста бірнеше рет жарадар болғанмен аман-есен елге, Аққайыңға оралады. Оған басты себеп – өзі майданда жүргенде өзіне тете бауыры Қырымда қаза болғаны туралы қара қағаз келген. Ендігі басты парыз – ауылдағы шешесі, інісі мен қарындасына баскөз болу. Елге оралған соң Ақбикен екеуі отау құрған. Бір жылдан соң туған баласының атын әкесі Еркіндік деп қойған екен. Ауылдық кеңес төрағасы өзіне ғана белгілі бір себеппен Еркінбек деп тіркеп жіберіпті. Еркінбек үш жасқа ілігер ілікпес әкесі домалақ арызбен және бір көрсетінді болып, саяси статьямен сотталып, белгісіз жаққа жер аударылады. Сол кеткеннен ешбір хабар-ошарсыз мүлде оралмайды. Қолы ісмер Ақбикен жалғыз ұлына қағажу көрсетпей ел қатарлы өсіру үшін тігін мәшеңкесіне сеніп, жұртқа көйлектен бастап сырт киімге дейін тігіп беріп, азын-аулақ мал ұстап, ел қатарлы күн көреді. Еркінбегі таршылық көрмей, өз қатарынан артық болмаса, кем болған емес.
Еркінбектің жас болса да жадында 1953 жылғы 5 марты күнгі оқиғалар тура кеше болғандай жатталып қалыпты. Елдің бәрінің құлағы Мәскеуге түрілген. Өйткені онда ұлы көсем Сталин әл үстінде жатыр. Әр үйдің қабырғаларында ілулі тұратын үлкендігі ет табақтай қатты қара қағазбен көмкерілген радио бірнеше күн бойы ауық-ауық Мәскеуден Инфорбюроның ресми хабары беріліп тұрды. Елді алаң мен үрей биледі. Балалар түгілі үлкендерді де «Сталин өлсе біз не боламыз?» деген ой шырмауығынан шыға алмай жүрді.
Содан 5 март күні қыстай жауған қалың қар күрт еріп, аудан орталығын тобықтан аса су басты. Сағат он бірлердің мектепте сабақта отырған балалар дәлізде апыр-топыр әрлі-берлі жүгіріс басталғанын естіп отырған кезде ,класқа абыржыған бір мұғалім кіріп келіп: «Бәрің тезірек киініп, далаға шығыңдар» деді қарлығыңқы дауыспен. Апыл-ғұпыл киінген балалар мұғалімдерімен бірге асығыс сыртқа шықты. Жұрттың бәрі даладағы поштаның алдында биік бағанға ілулі тұрған динамик радионың түбіне аптыға ұмтылуда. Балалар жеткенше бірталай ел жиналып қалды.
Еркінбектің кластарының арасында Құмар да бар. Әкесі соғыста, шешесі аурудан өлген тұлдыр жетім ол жұрт көксау шал деп атап кеткен атасының қолында. Соғыстан кейінгі жоқ-жітік жайлаған заман. Құмардың әр жері жамау-жамау киімін былай қойғанда аяқ киімдері ерекше оғаш көрінеді. Қыстай керзі етіктері тұмсықтары мүжіліп тозып, соқта қар мен еріген суды кешіге жарамай қалған. Сол себептен бір аяғына қоқыстан тауып алған әйелдердің биік өкше рәзеңке етігі де, екінші аяғына басы тесік етіктің табанына шағын ағаш таған, таған болғанда кәдуілгі кішкене орындық байлап алған. Сондықтан оның тез жүре қоюы қиын. Бір аяғына ақсаңдай басып, екінші аяғын алдына қарай шалғылай тастап ілбіп келеді. Кеш жеткендіктен ол қарақұрым жиналған топтың сыртында бес-алты аттылының тұсына киген киімінен жасқана бұғып, оқшау тұра қалды. Сол кезде дауысы қатты қойылған радиодан атақты диктор Левитан ұлы көсем Сталиннің қайтыс болғанын күңіренген дауыспен хабарлап жатты...
Елдің бәрі үнсіз, әр жерден өксіген әйелдердің, «Енді не болдық?» деген үрейлі құмыққан дауыстар естіледі. Азалы музыка одан сайын еңсені басқан тұста радио тоқтады да ойда жоқта қаралы митинг басталып кетті. Аудан басшылары, белсенділер кезек-кезек ортаға шығып, сөз сөйлеп жатыр. Жиылған жұрт сілтідей тұнып тұрса да олардың айтқандарының бірі естіліп, бірі естілмейді. Солардың бірі екілене саңқылдап сөйлеп жатқан болатын. Үнсіз тыңдап тұрған аттылардың шеткері тұсында астындағы ауыздығымен алысып, тықыршыған торы төбел атын зорға тоқтатып ер үстінде отырған атақты Оқысбек тосыннан ашына айқай салды:
- Тоқтатыңдар, е-ей, өңшең ез немелер! Немене сонша бәрің боздап жоқтағандарың? Екі туып, бір қалғандарың ба еді, бұл Сталин?
Ойда-жоқта тосын ащы айғайдан жұрт тына қалған жұртқа Оқысбек одан сайын екпіндей сөйледі:
- Сол емес пе еді кеше ғана шеттеріңнен аштан қырып, көзі ашық дегендердің бәрін атқызып, тірісін итжеккенге айдатқан? Байларыңның түбіне жеткен залымды жоқтағандарың қай алжасқандарың, а?! Ө-өй, көргені жоқ тексіздер. Әр билікке құйрықтарын бұлғақтатып, тілін емізген сайқалдарға қашанғы сене бересіңдер. Осылар емес пе, күні кеше талай боздақтың түбіне жеткен?! Енді кеп, тағы мүләйімсіп тұр емес пе көлденең көк атты бұл сайқалдар. Құл боп туған құл боп өледі. Соғыста толарсақтан қан кешіп жүріп, жараланып, ессіз қалған байларыңды сатқын деп соттатқан да осы Сталин емес пе еді? Күлі көке ұшсын, маған салса, оның. Көрде өкірсін жендеттерің. Ар-намыстарың қайда, өңкей ессіз мәңгүрттер?
Осыны естіген ортада иірілген басшылардың:
- Не былшылдап тұр мына жексұрын?
- Көсемге тіл тигізетін қай көк соққан?
- Өй, мынау әлгі контуженный Оқысбек қой. Ұстаңдар! Ұста деймін!
- Жабыңдар ауызын бетімен кеткен қаңғыбастың! Қамаңдар тез!
- Ұстаңдар ана хайуанды!.., – деп дабырласқан дауыстары шықты.
Оқиғаның күрт өзгеріп бара жатқанын сезе қойған Оқысбек тыпыршып тұрған торы төбелін тебініп, қамшысымен тартып жіберді де өзіне ғана мәлім жаққа шаба жөнелді...
Жаяу жүрген бастықтар мен милициялар да жөппелдемеде не істерін білмей, бірінен бірі көріп айқайласып жатқанда жиналған жұрт өздігінен тарай бастады... Өйткені соғыста көзіне оқ тиіп, миына да зақым келе жаздаған, сол жақ шекесінде опырайған қуысы бар, шындықты ешкімнің бет-жүзіне қарамай айтып салатын Оқысбектің қайсар мінезін жұрт жақсы білетін және қайда болмасын құрметпен қарыс алатын...
Еркінбек қыстаққа екі түнеп шыққан үшінші күні таңертең ерте маядан тұрып, асықпай бұлаққа беттеген кезде қыр астынан мектебінің полуторкасы шыға келгенде не істерін білмей сасқалақтап қалды. Мәшине кілт тоқтай қалды. Оның кәбеңкесінен асыға секіріп түсіп, қуанғаннан шегі қата күліп... директордың өзі келе жатыр. Тап осы жерден Заңғар Бидахметовті көрем деген өңі түгілі түсіне де енбеген Еркінбек не істерін білмей орнында сілейіп тұрды да қалды. Директор тақаған бетте оны қапсыра құшақтап:
- Аманбысың, Еркінбек-ау? Ауырып қалған жоқсың ба өзің?, – деп сұрақты үсті-үстіне жаудыртып барып, көңілі орныққандай болған соң сөзін қайта жалғастырды.
- Жер-көкті шарладық қой сені іздеп... Үлкен азамат сөйте ме екен? Бірдеңеге ұшырап қала ма шешеңнің де қу жаны қалды. Саған ұрысса аналық назы емес пе?.. Жүр, отыр мәшинеге! Ешкім ұрыспайды саған. Аман табылғаның олжа. Кеше жоқ іздеген көрші ауылдың бір малшысы дүрбі салып жүргенде көзі шалыпты. Бүгін ести салып, сені көргенше асық болдық. болар іс болды, бояуы сіңді. Енді басқа шаруаны қой да оқуға дайындал. Шешеңе айттым, ол кісі қарсы емес. Арасында көзінің жасын сығып-сығып алып «Қайда барса да, аман жүрсе болды маған. Тек аман-есен тауып беріңдерші өздерің» деп қайталай береді...
Әне-міне дегенше ауылға да ілігіп, Еркінбектің есігінің алдына тоқтай қалған мәшинеден түскен екеуі үйге беттеді. Асыға басып, елден бұрын үйге кірген Заңғар мұғалім:
- Сүйінші! Баламыз табылды, Ақтәте!, – деп жатыр.
- Ақсарбас, Заңғар! Аман ба өзі? Қайда?, – деп отырған орнынан атып тұрған Ақбикен сыртқа ұмтылды. Баласын көрген бетте, құшақтай алып «Құлыным-ау, құлыным-ау сол! Аманбысың өзің? Тәуба, тәуба! Құлыным-ау» деп біресе жылап, біресе күліп, анда-санда құшағынан босатып, баласының бетіне, өн бойына қарап, қайта күледі, қайта жылайды:
- Құлыным-ау, менің бір ауыз сөзімді шын көріп, кетіп қалғаның не, жаным-ау? Менікі өзіңді аруақтардың қаһарына ұшырамасын деген құр далбаса ғой, құлыным!
Рұқсат сұрап кетіп бара жатқан Заңғар:
- Ал, енді көңілдеріңіз орнықты. Көзайым болып жатырсыздар. Қуаныш қайырлы болсын, жеңеше. Бүгін-ертең жаныңызда болсын. Бүрсігүні Еркінбекті маған жіберіңіз. Келістік пе? Естідің бе, Еркінбек, маған келетін бол» – деп, қош айтысып, шығып кетті. Уағдаласқан күні Еркінбек бұрынғыдай емес, имене басып директордың кабинетіне кіруге рұқсат сұрап басын қылтитқаны сол еді, Заңғар мүғалім өзіне тән жайдары көңілмен «Кел-кел, күтіп отырмыз сені. Отыр мына жерге» деп орындықты нұсқады. Біраз мұғалім жиналып қалған екен. Еркінбек бәрімен қымсына сәлемдескеннен кейін, директор сөз бастады:
- Еркінбектің үздік бітіргенін бәріңіз де білесіздер. Болашағы бар шәкіртіміз. Тек талаптанудан танбауы керек. Менің Алматыдағы Тарих институтының директоры, әйгілі ғалым Қабыш Жазыбаевпен университетте бірге оқығанымды білесіздер. Мен сол кісіге хат жазып қойдым. Соны апарып бер деп мына шәкірттеріңізге тапсырайын деп отырмын. Әдрісі конверттің сыртына жаздым. Еркінбек, сен барған бетте сол кісіге жолығатын бол. Хатты тапсыр. Ал, жолың болсын, сенен ылғи жақсы хабар еститін болайық, – деген ақ тілегіне басқа ұстаздары да қосылып жатыр.
***
Бірнеше күннен кейін Алматыға жеткен Еркінбек ең алдымен ұстазының тапсырмасын орындауға асығып, институтты тауып алып, ғалымның кабинетіне хатшысының рұқсатымен кіріп, кім екенін, қайдан келгенін айтқан соң, ұстазы берген конвертті ұсынды. Бірнеше парақ хатты қолма-қол аша салған бетте жымиып отырып оқып шыққан ғалым:
- Е-е, сонымен Аққайыңнан екенсің ғой, Еркінбек. Сен бір бағың жанайын деп тұрған азамат екенсің, бауырым. Заңғардан оқыған, оның ықыласына бөленген шәкірті екенсің. Ол кісінің білімі ұшан-теңіз ғой. Бәрімізден оқ бойы озық оқыған болатын. Турасын айтсам, мына орында мен емес, сол кісі отыруға тиіс еді. Әттең, қартайған әке-шешесіне қарайлап, деканаттың осында қал дегеніне қарамай елге кетіп еді. Ал енді өзіңе бірінші айтарым, Аққайың деген қазақтың тарихта да, өнерде де, ғылымда да ғажайып із қалдырған небір ірі тұлғаларды берген қасиетті өңір. Екінші, тарих деген түсінген адамға өте маңызды да, қиын да, ықпалы да зор, заманға қарай асқан сақтықты да қажет ететін ғылым. Сондықтан, үшінші айтарым, оқуға түсе қалсаң, әу бастан ыждаһатты бол, кітапханадан шықпа. Өйткені, біздің тарихымыздың ақтаңдақ тұстары жетіп-артылады. Архивке сені әзір жолата қоймайды. Біраз нәрсені кейін айтармын. Бауырым, сен осы бетте, университеттің тарих факультетінің деканына жолық. Жатақханаң, басқа мәселелер жайында айтамын. Төртінші айтарым, оқуға түскеніңді де, әр семестрде не бітіргеніңді де уақытылы хабарлап тұр. Курстық, дипломдық тақырыптарыңды өзім бергіземін. Тек жақсы оқы. Өз тағдырың өз қолыңда. Жолың болсын.
Санасын жаңа бір рухты сәуле қуаттандырғандай болған Еркінбек рахметін айтып, сыртқа шыққанда өмірдегі жолын, бағдаршамын жаңа тапқандай сезіммен жарқын болашағына қарай екпіндей ұмтылып бара жатты.