Әдеби породиялар
Дөңайбат
Төреғали ТӘШЕНОВ
Айға қарап ақырдым,
Күнге қарап кіжіндім,
Жерге қарап жекірдім,
Көлге қарап түкірдім.
Қара жердің бетінде
Сонда да аман, бүтінмін,
Аллаға айтам шүкір мың!
Әкімдерге ақырдым,
Министрге жекірдім.
Әруағымды шақырдым,
Үкіметке секірдім.
Жауар күндей бұзылдым,
Ызғырықша гуледім.
Бастықтарға кіжіндім,
Саудагерді күндедім.
Сынға қамшы салдырмай,
Шенеунікті даттадым.
Дымын, түгін қалдырмай
Депутатты боқтадым.
Бойды билеп күпір мін,
Парламентке түкірдім.
Оппозиция сияқты
Сонда да аман, бүтінмін,
«Аллаға айтам шүкір мың!»
ТІЛЕК
Бақытжан Абызов
... Селт еткізген қыз-қайың ба?
Шашы жасыл. Көйлегі ақ.
Өлең жазсам Сіз жайында,
Жанарыммен аймалап.
Қалай болар екен сонда,
Айтшы соны, Қонысбек?
Жылына бір. Анда-санда.
Жасыл жайлау. Өріс деп...
Құлазып төр, құлазып бел,
Сені іздедім өріс деп.
Кітабымды шығарып бер,
Айналайын, Қонысбек?
«Жылына бір. Анда-санда».
Сені іздеймін, Қонысбек.
Қаламақы болмаса да,
Біраз кітап бөліссек?..
Қоныс досым, тасқа басшы,
«Ойларымды қорғасын».
Өгіз-аяң басқа басшы,
Өзің ғана жорғасың!
Мен – қаламмын, Сен – таза ақ парақ,
Кітап болар – келіссек...
Аман болсын «Қазақпарат»,
Сен аман бол, Қонысбек!
БАРСЫҢ СЕН!
Қастек Баянбаев
...Көп сарыла күтуімде барсың сен,
Төзімімнің бітуінде барсың сен.
Күні бойы құмарлана шегетін,
Темекімнің түтінінде барсың сен.
Қамшылардың өрімінде барсың сен,
Ұсталардың көрігінде барсың сен.
Шөлдегенде сіміретін сырамның
Көпіршіген көбігінде барсың сен.
Шылым сорар ерінде де барсың сен,
Қонақ шығар төрімде де барсың сен.
Насыбайдың буынды алар сиқырлы
Тамырға енер сөлінде де барсың сен.
Заһар дәмді арақта да барсың сен,
Көңіл демдер шарапта да барсың сен.
Сен келер деп айна алдында шашымды
Тарайтұғын тарақта да барсың сен.
Сырларымның тереңінде барсың сен,
Архивтегі дерегімде барсың сен.
Қара сөзде, хаттарымда және де
Сәтсіз шыққан өлеңімде барсың сен!
ТАКСИДЕ КӨРГЕН ТӘТТІ ҚЫЗ
Жүрсін Ерман
– Атың кім? – деп ем,
– Лариса, – деді,
Бетімді шарпып жалынша лебі.
Елеңдеп әлі күтумен жүрмін
Телефон шалар деп сағынса мені.
Түседі жиі есіме тегі,
Тағдырым қандай шешім етеді.
Хафиздің жырын іздеген шақта
Звондай салса несі кетеді...
Қылығы шарпып жалынша жанды,
Күйдіріп кетті сағым-санамды.
Таксиде көріп танысқалы бері
Сағынып жүрмін Лариса-жанды.
Әріне Арын қорған қойған қыз,
Ақынға асқақ арман болған қыз.
Алматы тұрмақ Ертіс пен Сырды,
Есілді тіпті алмай қойған қыз.
Десем де қазір аққу не теңім,
Жырыма қосып гәккулетемін.
Ларисаны іздеп қайбір түндері
Түнгі Алматыда таксилетемін.
Шаттықтың мәнін ұтумен білдім,
Кетігімді өмір бүтіндер бір күн.
Телефон шалар деп түріктің қызы
«Елеңдеп әлі күтумен жүрмін».
Өтсе де өмірім күрес, егеспен,
Махаббат үшін күнес емес пе ем?
Несі кетеді сағынған сәтте
Сәлем жолдаса бір sms-пен.
Жанады от боп жалынша кеудем,
Жан едік өлең сағынсақ өрген.
...Ұйқысырап кейде Бақытжамалға
Шатасып жүрмін «Лариса...» – деумен...
КҮЙЕУ БАЛА
Марфуға Айтхожина
Қанатты қақтыратын тілеу ғана,
Қалаға табылыпты сүйеу жаңа.
Алматыдай аруды көркейтуде,
Виктордай,
Қазағыма күйеу бала!..
«Қанатты қақтыратын тілеу ғана»,
Енді-енді тауып едім сүйеу жаңа,
Аруды Алматыдай сорып-сорып,
Әттең-ай, қашып кетті күйеу бала!..
МЕН СҮЙЕМІН...
Адалбек Ақмәдиұлы
Мен сүйемін!..
Көне көрші Қытайды.
Көршісіне
Көрсетпейтін құқайды.
Көрші хақы,
Тәңір хақы деген бар,
Көршісіне
Көз алартқан жұтайды.
Мен сүйемін!..
Жаңа көрші Орысты.
Жер бетінде,
Болдырмайтын соғысты.
Қос көршінің
Ортасында отырған,
Қазағыма,
Тәңірім де борышты!
Басқан жері қылтанақсыз жұтайды,
Білдірмей-ақ көрсетеді құқайды.
Қыздарыма мүддесі үшін қылмыңдар,
Мен сүйемін қысық көзді қытайды.
Сорпа ішкендей сораптайтын борщты,
Ата кәсіп жасап алған соғысты.
Тойған жерін туған жері көретін
Мен сүйемін көзі тұздай орысты.
Көтертпейді еңсемді бір тау күнә,
(Ер намысым еренсіз боп қалғыды ә?)
Дүресіне жон арқамды тосамын –
Мен сүйемін басқыншыны,
Жауды да!
Кеше болғам – он бес одақ – үйелмен,
Халықтардың достығынан күй өргем.
Төрімді де
Көрімді де
Таратқам –
Көршілердің барлығын да сүйем мен!
«ӨНЕГЕ»
Қонақбай Саттаров
Жүйріктер жүгенге көне ме,
Жанартау атылмай сөне ме?!
Бір ізден шықпайтын трамвай
Ақынға бола алмас өнеге.
«Жүйріктер жүгенге көне ме»,
Моторы оталмай сөне ме?!
Маршрут өзгертпес автобус
Ақынға бола алмас өнеге.
Үмітім – мәңгі гүл. Солмайды,
Ал маған сонда да жол қайғы.
Троллейбусың да ызғыған
Ақынға өнеге болмайды.
Өлеңге әр теңеу – бір белес,
Теңеусіз жырды ешкім жыр демес.
Арқырап ағылған күн-түні
Ақынға пойыз да үлгі емес.
Кеме де, ұшақ та демеспін,
(Диспетчермен көп кеңестім).
Маршрут, ереже білмейтін
Шіркін-ай таксиге не жетсін!
Ұнамай қалса егер сыңайым,
Оқырмандарымнан сұрайын.
Жарайды, көп созбай ойымды
Паркке...
Гаражға бұрайын.