Көк қақпалы үй
Көлік терезесіне үңілген Ақнұрды темір жол станциясы мен ауыл арасына салынған су жаңа асфальт жолы қуантты. Туған ауылы шалғайда орналасқан еді. Бала шақта осы жолмен қаладан ата-әжесіне келетін. Асфальт жоқ, шоқалағы көп, қара жолмен ауылға жеткенше үш сағаттай уақыт кететін. Қазір бір сағатта ауылға жетіп барасың.Сайын далаға сағынышпен қарап келе жатып, Ақнұр балалық шағын есіне алды.
Алматы вокзалынан Ақнұрдың әкесі, Майгүлдің ағасы Мұрат шығарып салды. Майгүл мен Ақнұр қысқы демалысқа ата-әжесіне ауылға кетіп бара жатты. Мұрат оларды орындарына орналастырып болып:
-Абай болыңдар! Пойыз тоқтағанда түсіп жүрмеңдер! Майгүл Ақнұрға мұқият бол! Жолдарың болсын!-деп екеуінің бетінен сүйіп, пойыздан түсіп қалды. Ақнұр мен Майгүл пойыз терезесіне үңілді.
-Папа, сау бол!-деп Ақнұр терезеге жабыса қолын бұлғады.Сәлден кейін пойыз жылжи бастады.Пойыздың жылжығанын кішкентай қыз әкесінің алыстап бара жатқанынан түсінді.Ол әкесі көзінен таса болғанша үңіле қарады.Көрінбей қалғасын Ақнұрдың көңілі түсіп кетті.
-Папама барғым келіп тұр,-деп жыламсырады.
-Ей, қой,ата-әжеңе барамыз ғой,-деп апасы сіңілісін құшақтады.
-Жоқ,енді барғым келмей қалды.Үйге кеткім келеді,-деп жылаған сіңілісін Майгүл ішке сүйреді.
-Қой, кәне, кісілер қарап тұр.Жылама!-деп Майгүл Ақнұрдың сыртқы киімін шешіп, ілгішке ілді.
Майгүл жоғарғы сыныпта, ал Ақнұр бастауыш сыныпта оқитын.Купедегі көршілері орыстар, әйел мен ер адам екен. Екеуі үнсіз отырып тамақтарын ішті. «Как вас зовут?»-деп сұрақ қойған әйелге ұялды ма, Майгүл жауап қатпады.Қасындағы Ақнұрға «Аузыңды ашып қарама оларға!»-деп сіңілісіне ұрсып алды. «На хочешь яблочко?-деп орыс әйел Ақнұрды айналдырып еді, Майгүл Ақнұрға қабағын түйіп, басын шайқады. Ақнұр алмаға қолын созбады.Үндемей отырған екі қызға қарап, орыс әйел біраз отырды да, ер адамға: «Странные девочки,»-деп басын шайқады.«В казахской школе учитесь?»-деген орыс әйеліне Майгүл басын изеді.Ол әйелдің жетегіне ермей, сол жерден әңгімені үзе қойды. Ал Ақнұр болса, шыдамсыз еді.Ол жыбырлап отырмады. Пысық қыз болатын. «Алма тамағын!»-дегеніне қарамай,ол орыс әйелідің бергендерін алып, «спасибо»деуді де ұмытпады.Түнге қарай Ақнұр апасына қарай тығылды.
-Майгүл, қашан түсеміз пойыздан?-деді сіңілісі.
-Ертең түнде,-деді Майгүл, Ақнұрды қасына алып жатып.
-Түнде.. ұзақ қой.Сен қорқасың ба?-деді Ақнұр апасының құшағына тығылып.
-Жоқ,мен қорықпаймын.Мен үлкенмін ғой,-деді Майгүл.
-Бізді кім күтіп алады?-деген сіңілісіне қарап, Майгүл қабағын түйді.
-Сұрақ қоя бермей жат енді!-деп бұйырды.
-Неменеге сұрақ қоя бересің? Ертең көреміз кім күтетінін.Ұйықтайық,-деді.
-Ұйқым келмей жатыр.Сағат неше болды,Майгүл?-деп тағы сұрақ қойған сіңілісін құшақтап, бетінен сүйді.Үстіндегі жамылғыны соған қарай молырақ етіп жапты. Өзіне қарай жабыса түскен сіңілісіне:
-Тағы не болды?-деді Майгүл.
-Ана кісіден қорқамын.Қорылдайды екен,-деді.Екеуі құшақтасып алып, көпке дейін әңгімелесті. Күндіз үндемеген қыздар,түнде сөйлей бастады. Қастарындағы орыс әйел бір аунап түсіп:«А,ну тихо!Днем молчать, а ночью спать не дают!-деп саңқ ете қалғанда екі қыз шошып кетіп, бүркене қойды.Сол бүркенген күйі екеуі ұйықтап кетті.
Тағы бір күн пойызда шыдау Ақнұрға қиынға соқты.Әбден іші пысқан ол коридорға шығып, әр купеге үңілді. Бір мезгілде өзі сияқты бір қыз алдыңғы купелердің біреуінен шыға келді. Ақнұр қасына жетіп барды.
-Атың кім? Менің атым Ақнұр!Қайда бара жатсың?-деді.
-Құралай.. Біз папаға бара жатырмыз-деді ол.
-Ана қолыңдағы не? Маған да берші,-деп сұқтанды Ақнұр. Құралай қолындағы тәттісін бөліп берді.
-Пойыз жаман екен, түскім келеді,-деді Құралай.
-Мен де, құрсын,-деді бұл мұрнын шүйіріп.Олар әңгімелескен болып біраз отырды. Купесі не оралған Ақнұр апасының ұйықтап жатқанын көрді.Аяқ жағына отырды. Көршілері әңгіме айтып отыр екен. Ақнұр олардың орысшасын түсініп отырды. Ал енді бір сәт үйін сағынып,бауырларын ойлап кетті. Біраздан кейін пойыз бір станцияға келіп тоқтады. Ұзақ отыра алмаған Ақнұр апасын оятты.
-Майгүл апа,тұршы! Бір жерге келдік.Түсейікші..Әне,балмұздақ сатып жатыр,-деп Ақнұр, Майгүлді жұлқылап оятты.Басын көтерген Майгүл:
-Жоқ,болмайды!-деді тұрып жатып.
-Неге, бәрі шығып жатыр ғой?-деп купеден шығып,терезеге үңілді де жүгіре жөнелді.
-Тоқта,Тоқта!Ақнұр!Папаң не айтты саған, болмайды шығуға,-деп артынан жүгірді. Ақнұр апасы жеткенше жерге секіріп түсіп те үлгерді.
-Ақнұр, тұр солай, қазір тоныңды алып келемін. Аға, ана қызды ұстай тұрыңызшы!-деп Майгүл купеге жүгірді.
-Киіп ал тез, тоңасың! Жынды қыз! Неге рұқсатсыз шығасың,а?-деп Майгүл ұрса бастады.
-Менің балмұздақ жегім келеді, алып берші, Майгүл,-деп Ақнұр апасын балмұздақ сату- шыға қарай тарта бастады. Майгүл көнбегесін өзі жұлқынып шығып, сатушының қасынан бір шықты.
-Жоқ,болмайды. Ақша алған жоқпын.Тамағың ауырып қалса,қайтеміз?-деп Майгүл көнбеді.Ақнұр жылай бастады.Мұның бәрін көріп тұрған бір жас жігіт, Ақнұрға балмұздақты алып берді. Майгүл рахмет айтып, Ақнұрды жетектеп вагонға мінгізді. Купеге жеткенше ол сіңілісіне ұрсып келді.
-Енді сені ауылға ертпеймін! Тентек екенсің өзің,-деді қабағын түйіп.
-Менің балмұздақ жегім келді ғой,-деп бұлтиды Ақнұр.Ол шұқшиып отырып балмұздақты жалай бастады.Апасының ұрысқанына мән берген жоқ.Түнде түсетін болғасын Майгүл көз ілмеді.Ұйықтап жатқан сіңілісін киіндіре бастады.«Ақнұр,тұршы, келіп қалдық,»-деп жұлқылағанымен қатты ұйқыдағы Ақнұр тұрмады.«Әлі ерте ғой,сіңілің терлеп кетеді,»-деген жолсерікті де тыңдамаған Майгүл сіңілісіне қарап еді, ол шынымен де қара тер болған екен. Бірақ түсе алмай қалам деген қорқыныш басым еді.
Сағат түнгі бірлерде пойыз өздері түсетін станцияға келіп тоқтады.Станцияға тоқтай сала ішке секіріп мінген ағасы, Сағиды көрген Майгүл қуанып кетті.
-Өй,көкелер,аман-есен жеттіңдер ме?-деп ағасы Майгүлдің бетінен сүйді.
-Сәлембердік,аға!-деп Майгүл ағасын құшақтады.Ұйықтап жатқан Ақнұрды оятып, олар ауылдан келіп тұрған ағасының көлігіне ауысты.Олар ауылға қарай шыға бере қатты боран басталып кетті. Станциядан ауылға дейін екі жарым сағат жүруі керек. Біршама жүргенен киін мініп келе жатқан УАЗ көлігі жолдың бойында тұрды да қалды.
-Қап, қақ жолдың ортасына келгенде тұрып қалғанымызды қарашы!-деп Сағи өкінішін білдірді.
-Иә,не әрі емес,не бері емес,-деп жүргізуші аға түсіп қарауға бет алды.
-Масқара,боран күшейіп барады.Тоңып қалған жоқсыңдар ма?-деп Сағи қарындастарына қарады.
-Жоқ,тоңған жоқпын,-деп Ақнұр бойын тіктеп алды. Жүргізуші аға болса,сыртқа шығып машинаны әурелей бастады. Ағасы да машинадан түсті.Олар біраз шұқылады.Сосын Сағи машинаның есігін ашып:
-Біз жақын мекенге барып келеміз.Машинадан түсуші болмаңдар! Оранып алып ұйықтаң- дар!-деп есігін қайта жапқанда суық ауа толқыны кілт үзіліп, Ақнұр басын қайта көтерді.
-Майгүл,олар қайда кетті?-деп олардың артынан қарап.Екеуінің сұлбасы сәл көрінді де боранға кіріп кетті.
-Қазір келеді.Жат ұйықта!-деп Майгүл мол ер адамның тонын Ақнұрға қарай жапты.
Машина іші тез суыта бастады. Қанша уақыт өткені белгісіз екеуі ұйықтап кеткен екен.Майгүлді сіңілісінің дауысы оятты.
-Майгүл,тұршы,мен сыртқа шыққым келіп тұр. Бұтыма сиіп қоятын болдым ғой,-деп Ақнұр есікті ашпақ болып талпынды.
-Тоқта,қайда бара жатсың? Туу,сен де бір бәле болдың ғой,-деді Майгүл.
-Болшы!-деп қысылды Ақнұр.
-Қалай шығамыз, дала боран,-деп машинаның терезесінен қарап еді,түтеп тұр екен.Апасы ойланғанша, Майгүл есікті ашып жіберді.Есік шалқасынан қайырылып түсті.Сырттағы бо- раннан шошып кеткен Ақнұр, апасына қарай тығылды.
-Түс енді,бол!-деп ренжіді Майгүл.
-Жоқ,қорқамын!-деп кейін шегінген Ақнұрды Майгүл сыртқа итере бастады.Олар машинадан түсті.
-Осы жерге отыр,бол тез!-деп бұйырды Майгүл.Ақнұр шалбарын шешіп, отыра кетті. Сол сәтте Майгүл ұлыған дауыс естіді.
-Бол,қасқыр!-деп Майгүл айқайлап жіберді.Олар жалма-жан машинаға мініп,есігін жауып алды.
-Тсс,-деп Майгүл сіңілісіне үндеме деп белгі берді.Өзі болса, ұлыған боран ба, әлде қас- қыр ма?-деп құлағын тосты.
-Қасқыр!-деп Майгүл айқайлап жіберді. Жалма-жан сіңілісін құшақтап,тонды бүркеніп алды.
-Қайсы қасқыр?-деп Ақнұр терезеге қарай үңілді.
-Қарама! Қасқыр адам жейді, білесің бе?-деді Майгүл.Тонды бүркеніп отырып, олар қалғып кеткен екен. Оянып кеткен Ақнұр таң атып,боран да басылып қалғанын байқады. Айнала тым-тырыс.Бір мезгілде көзі алыстан қарайып көрінген екі адамға түсті.
-Майгүл апа,қарашы!Ана келе жатқан кімдер?-деп апасын оятып,қолын шошайтты.
-Урра,ағам келе жатыр!-деп Майгүл қуаныштан сіңілісін құшақтады.Олар келе қыздардың жағдайын сұрап,өздерінің адасып қалғанын айтты.Екі қыз машинадан түсіп, далаға шықты.Күн шапақтары жаңа қылаң берген. Дала тып-тыныш, жайма-шуақ. Жылтыраған ақ қардан көз шағылысады.Түнгі қорқыныштың ізі де жоқ.Майгүл жалма-жан машина- ның асты-үстін қарады.
-Не іздедің, балақай?-деді машинасын шұқып жүрген жүргізуші ағай.
-Қасыр болған түнде, машинаның астында тығылып жатқан жоқ па екен деп ойлағанмын-деді күлімсіреп Ақнұр.
-Қой,бұл маңда қасқыр жоқ,-деп күлді ағай. Көлік көп аяңдамай жүріп кетті.Бір сағаттан аса уақыттан кейін ауылдың төбесі де көрінді.
-Аға, ауыл көрінді!-деп Ақнұр қолын шошайтты.
-Иә,көкесі келіп қалдық. Ата-әжең уайымдап, күтіп отырған шығар. Жолда тұрып қалғанымызды айтпаңдар,-деді ағасы.
-Жақсы,-деп басын изеді Майгүл. Ауылға жақындаған сайын Ақнұрдың көңілі көтеріле бастады.Терезеге қарап,әр нәрсеге таң қалумен болды.
-Ақнұржан,сабағың қалай?-деді ыңылдап ән салып отырған ағасы.
-Жақсы,екі төртім бар қалғаны бес,-деді ағасына мақтана қарап.
-Жарайсың,көкесі!-деді ағасы.
Ауылға кіре бере үйлер де жиілей бастады.Жол қорқынышы басылып,құдды қасқырлар да,боран да болмағандай еді.Ауыл іші жып-жылы көктем дерсің. Көлік сол жүрген бойы ауыл сыртындағы көк қақпалы, еңселі үйге келіп бір тоқтады.Ақнұр көліктен алғашқы болып секіріп түсіп,үйге жүгіре кірді.
-Ата!Ата!Әже!Мен келдім!-деп дауыстап кірді.
-Ау, мұндамын!-деген атасының қарлыққан дауысы шықты.
Ақнұр атасының бөлмесіне жүгіріп кірді.
-Ата!-деп төсегінде отырған атасын құшақтай алды.
-О,айналайын,жеттің бе? Қане,бетті әкелші!-деп атасы құшағына алып,бетінен қайта-қайта сүйді.
-Ата,бізді жолда қасқырлар жеп қоя жаздады,-деп Ақнұр сөйлей жөнелді.
- Аа,ойпырмай!Бұл қалай болды? Қай тұста?-деп Кәрім ақсақал шошып кетті.
-Білмеймін,ата!Түн болды ғой.Терезені қар басып кеткен,-деп атасының толқығанын көріп, немересі одан бетер сайрады.Оны артынан кірген Майгүл естіп, Ақнұрға қабағын түйді.Ақнұр болса,әжесін көріп құшақтай алды.
Жолдан шаршап келген Ақнұр шайдан кейін пеш түбінде ұйықтап қалды.Ұзақ ұйықтаған ол пыс-пыс етіп,өзін айналсоқтап жүрген біреудің дыбысынан оянды.Көзін ашып еді, алдында тізерлеп үйдің кішкентайы Мерей отыр екен.
-Мерейжан,-деп басын көтерді.Томпиып отырған Мерейдің бетінен сүйіп құшақтады.
-Өсіп кетіпсің ғой,Мерейжан!Нешедесің?-деді.
-Мен.. міне,- деп саусақтарымен үшті көрсетті.
-А,үшке келдің бе?Мен саған сыйлық әкелдім,- деп сөмкесін іздеді.Мойнына асынып келген шағын сөмкесінен Мерейге жаңа жылдық ойыншық пен кәмпиттер шығарды. Мерей сыйлықтарды көріп қуанып кетті.Ол бірден кәмпиттің біреуін ашып ауызға басты.
-Тәтті ме, Мерей?-деді Ақнұр.
-Иә,-деді Мерей басын изеп,екіншісін аузына салып ұртын бұлтитып.
-Жүр,атаға барайық.Мен оған да сыйлық әкелдім ғой,-деді.Мерей жалма-жан апасы сыйла ған машинаны қолтығына қыса артынан ерді. Олар ата бөлмесінің есігін қақты.
-Ата,кіруге бола ма?-деп есіктен сығалаған Ақнұрды көріп атасы:
-Кір,-деп орнынан тұрды.Кәрім ақсақал біраздан бері науқас еді.
-Ата, мен саған сыйлық әкелдім,-деді.
-О,бәрекелді! Бұл не?-деді атасы.
-Сабын,тіс пастасы.Сен жақсы көресің ғой,-деп Ақнұр атасына сыйлығын берді.
-Әрине, мәссаған бұл не қылған байлық!-деп атасы сабынды мұрнына тақап:
-Исін-ай, жарықтықтың!Жұпар екен!-деді.
-Иә,ата, өзім сатып алдым саған.-деді Ақнұр.
-Иә,осы қазір жуынып алайын.Ана шылапшын мен құмыраны жақындатшы,-деп атасы жуынуға ыңғай білдірді.
-О,бәрекелді!Мына су мен сабын мені сергітіп жіберді.«Құй, құя түс!»-деп бұйрық берді кәрі жауынгер.Ол соғысқа қатысып, жараланған болатын.Әлсін-әлсін сол жарасы асқынып,ауырып қалатын. Атасының жуынып жатып, «Ох,ох,охо-хо»-деп шығарған дыбыстарына кішкентай Мерей тырқылдап күле берді.Атасының істегенін қайталап мәз болды.Атасын жуындырып болып,олар бөлмеден шығып кетті.
Ақнұрдың ауылдағы ермегі дала еді.Үйдің артында тау-төбе құм болатын.Ақнұрдың қызығы сол төмпешік болатын. Жазда құмға сырғанау болса, қыста ол мұз сырғанаққа айналатын. Бұл жолы да Ақнұр Мерейді шанаға отырғызып ,сол жаққа бет алды. Төбешік- ке жақындағанда біраз баланың ойнап жүргенін көрді.
-Әй,не істеп жүрсіңдер,кетіңдер бұл жерден!-деп айқайлады Ақнұр.
-Сырғанақ теуіп жүрміз,-деді біреуі.
-Кетіңдер,бұл біздің тау,-деді Ақнұр қабағын түйіп.
-Қой,қарағым,бұл жер ортақ,-деді бір қара бала.
-Жоқ,бұл біздің үйдің артында,біздікі,-деп Ақнұр көнбеді.
-Ей,сен кімсің өзің? Қазір таяқ жейсің,-деп қасына жүгіріп келген қара баланы Ақнұр бар күшімен итеріп жіберді.Ол ақ қарға ұшып түсті.
-Жынды ғой, мына қыз,-деді ол тұра салып үстін қағып.
-Аа,мен білемін мына қызды бұл мына үйдің қызы. Жазда келдің ғой,-деді бір сары қыз.
-Иә,мен Алматыдан келдім, атама! Былай тұрыңдар, енді біз сырғанаймыз,-деп Ақнұр шанасын сайлады.Інісін жетектеп төбенің үстіне шықты.
-Ал сырғана, өзінше боп тұр ғой қаладан келдім деп,-деді құлаған қара бала жол беріп.
Төбеге Мерейді ертіп көтеріліп бара жатып: «Кезекке тұрыңдар,мен бірінші!-деді Ақнұр.
Сол күннен бастап,үй артындағы сырғанақ төбенің иесі Ақнұр болды.Ол күнде сырғанау шыларды тәртіпке шақырып, кезегін бақылайтын болды.Қайсар, қырсық мінезі- мен бұл төбені өзінің жеке меншігіне айналдырды.Айналасына көрші үйлердің балаларын жинады.
Бір күні таңертеңгілік сурет салып отырған Ақнұрды әжесі шақырды.
-Мен көшеге барып келейін. Атаң сұраса, қорада жүр,-деп айт деді.Басын шұлғып қалған Ақнұр біраздан кейін атасының:«Кемпір,әй,кемпір!-деген дауысын естіді.
-Ата,әже жоқ.Ол көшеге кетіп қалған.Қорада деп айт деді,-деп есіктен сығалады.
-Өй,патшағар!Не іздейді көшеден?-деп атасы ашуланды.
-Ата ,келеді ғой ,сағынып қалдың ба?-деді Ақнұр тақылдап.
-Хе-ехе,хе,-деп күлді атасы. Қарт кемпірінің қасынан шыққанын жақтырмайтын.
-Кел,отыршы қасыма.Иә,не істеп жүрсің қалаңда?-деді атасы немересіне тесіле қарап.
-Мектепке барамын, інімді бағам, дүкенге барам, жұмыс көп, ата,-деп Ақнұр қолын сілтеді.
-Аа, дұрыс! Анаңа көмектескенің жақсы. Ана керуеттің астында тұрған ақты жақындат- шы, шөлдеп отырмын,-деді атасы.Ақнұр шұбат құюлы ыдысты атасына жақындатты.
-Ішесің бе?-деп ұсынды атасы.
-Жоқ, мен лимонад ішем,бұл ащы ғой,-деп мұрнын шүйірді Ақнұр.
-Әй,пайдалы асты білмейсің ғой,-деп атасы ақты кесеге құйып,сіміріп алды.
-Ата,сен соғысқа қатыстың ба?-деді Ақнұр.
-Иә,соғыстым ғой, фашистермен,-деп атасы төсегіне қисайды.
-Олар кинодағыдай ма?-деп атасының қасына келіп отыра қалды.
-Кино қарамаймын, көзім нашар көреді ғой,-деп атасы төсегіне қисайды. Есіне бірдеңе түсті ме, кенет орнынан тұрып:
-Ана шамаданды жақындатшы маған,-деді. Ақнұр керует астына тағы үңілді.Атасына шамоданды сүйреп келіп:
-Ата мұның ішінде не бар?-деді.
-Ал енді сен бара ғой,-деді атасы шамаданды ашып жатып.
-Мен де қарайыншы,бола ма?-деп кетпей тұрып алды.
-Шық!- дедім ғой,-деп атасы қабағын түйді.Ақнұр бөлмеден шығып бара жатып көзінің қиығын шамаданға тастады. Ішінде көп зат бар екен. Көзі бір уыс ақшаны таныды.Шығып бара жатып: «Ата,ақшаң көп қой!»-деп есікті жаба салды.
-Зыт!-деді атасы дауысын қатулатып.
-Енді сенің арқаңды қасымаймын,-деп Ақнұр есікті қайта ашып жапты.Сосын көпке дейін атасына кірмей ренжіп жүрді.
-Қап,мына шайтанды-ай! Тентегін қарашы!-деді атасы күлімсіреп. Атасы өте ыссы адам еді. Ашу үстінде отырса, оның бөлмесіне кіруге жасы жа, кәрісі де жүрексінетін. Жанары өткір, қараса тығылатын тесік таба алмайтын үйдегілер. Бұл үйдің тұрғыны көп болатын. Кәрім ақсақалдың отбасы үлкен еді. Қазір бәрі жан-жақта.Енші алып бөлек кеткендері де, қалада оқып жүргендері де бар.Үйде қалған кенже ұл Еділ жоғарғы сыныпта оқитын. Қолдарында өздеріне қамқор болып отырған ұлы Сағи бар. Бұл үйде әкенің айтқан сөзі заң еді.Әкеге деген құрмет шексіз болатын. Көзі нашар көріп, науқас болса да, ауыл-елге әлі тұлға еді. Оны ауыл тұрғындары қатты сыйлайтын.Сөзге шебер, көп білетін көне көз қария еді. Жыр-дастандарды жатқа айтатын. Ақнұр атасын бәрінен артық көретін. Даладан келе сала: «Ата, не істеп жатырсың ?-деп бөлмесіне кіретін.Онда болмаса, сарайдан, қорадан іздеп әлек болатын. Бүгінде ол әдетінше атасының бөлмесіне басын сұқты.
-Ата,не істеп жатсың?Ауырып жатқан жоқсың ба?-деді Ақнұр басын көтерген атасының қасына келіп.
-Не істейін, жатырмын ғой .Өзің не істеп жүрсің? Әлгі Еділ қайда? Қорадағы малды суар- ды ма екен?-деді атасы.
-Иә,мен де көмектестім.Ол қазір жоқ достарына кетіп қалды. Біз Мерей екеуміз үй арты- да сырғанадық.
-Ал,осы күн қалай бүгін? Мен есік алдына шығайын,-деп атасы орнынан тұрды.
-Күн салқын,ата! Жылы киін,-деп атасының киімдерін алып берді.Атасын жетектеп есік алдына шықты.Олар қақпа алдындағы отырғышқа жайғасты.
-Ауа тамаша екен.Тынысыңды кеңейтіп, өкпеңді толтырады.Күн аяз болғанымен шуақты екен. Қарт терең дем алып, жан-жағына қарады.
-Тонау,қарайған, үлкен не нәрсе,балам?-деді атасы таяғын шошайтып.
-Аа, көрші үйдің тракторы ғой,-деді Ақнұр.
-Осы Қамат шал қайда екен? Келмей кетті,-деді сәл ойланып.
-Анау үйде тұра ма алдымыздағы? Тірі, кеше көргенмін.Ол да сені сұраған кеше, айтуды ұмытып кетіппін ғой, -деп Ақнұр қолын бір шошаң еткізді.
-Хеее- хе,тірі дейсің бе?-деп атасы балаша сықылықтап бір күліп алды.
-Ата тоңып қалған жоқсың ба?-деп Ақнұр атасының мойынорауышын дұрыстап қайта орады.
-Жоқ,сәл отыра тұрайық,-деді атасы терең тыныстап.
-Ата,сен бұл көршілердің бәрін танисың ба?Ана үйде кім тұрады?-деп саусағын шошайт- ты.
-Ақсақ Досан тұрады ғой.Ол да төбе көрсетпей жүр.Ауырып қалды ма екен?-деген атасын на:
-Аа,сол үйде тентек бала бар,төбелеседі де жүреді,-деді.
-Ата,осы біздің үй қарап тұрсам,ең үлкен а? Өзің салдың ба,ата?
-Жоқ,бір байдан сатып алғанмын. Бұл үйдің де тозығы жетті.Жөндеу керек,-деді атасы.
-Иә,қақпасын сырлау керек. Ата, қақпа үлкен, көп сыр керек қой. Ата, неге біздің қақпа көк?-деп Ақнұр үсті-үстіне сұрақ қоя бастады.
-Көк түс-тіршілік, көктем..Көк шыққанда мал өріске шығады.Тойынады,семіреді.Мал тойса,бізде тоқпыз,-деп түсіндірді атасы.
-Онда неге көршілердің үйлерінің қақпасы көк емес?Олар көктің жақсы екенін білмей ме? Қақпалары да жоқ,-деп Ақнұр үйлерді көзімен шолып шықты.
-Үйде қақпа болу керек. Қақпа-бұл адамның көңілі.Көңілің кең болса, қақпаңда кең болмақ. Ешқашан көңіліңді тарылтпа, қарғам! Көңілің мына қақпадай кең, ақ ұлпа қардай таза болсын! Сен осы көк қақпалы үйде дүниеге келдің. Бұл жерге осы туған үйің тарта- ды.Әй,бірақ мен өлгесін бұл үйде өледі-ау,-деп атасы таяғына сүйеніп, жанарын алысқа тігіп, ойланып кетті.
-Үй қалай өледі? Бұзылғанда ма,ата?
-Иә,тек бір адамның ғана үйі болады, өзімен кететін,-деген атасының көзіне жас толып отырғанын Ақнұр байқап қалды.Ол орнынан тұрып, атасының көзін кішкентай жұп-жұмсақ алақанымен сүртіп жіберді.
-Аа,көзім ақ қардан жасаурап кетті-деді атасы босап кеткенін білдіргісі келмей.
-Ата онда сен өлме, үйде өлмесін!Сені дәрігер емдейді,үйді біз жөндейміз!-деп Ақнұр ата- сын құшақтады.
-Ее,әумин!Бәрекелді!-деп атасының еңсесі бір көтеріп қалды.
Енді бір сәтте есік алдына көлік тоқтай қалды.
-Ата,ағам мен жеңгем келді,-деп орнынан ұшып тұрды.
-Аа,түс болып қалғаны ма?-деп атасы қолын маңдайына қойып машинаға қарады.
-Иә,ата,қазір жеңгем шай қояды да,бізді шайға шақырады,-деді Ақнұр жымиып.
Машинадан түскен бойы Сағи әкесімен амандасып қасына отырды.
-Үйге кірсеңдерші, күн салқын ғой,-деді ол.
-Иә,сол кірейік деп отырмыз.Жұмысың тыныш па? Жаңалығың бар ма?-деді қарт.
-Қасым аға қайтыпты түнде.Күзетіне барасың ба?-деді баласы.
-Аа, иманды болсын! Барайын,талай дәмдес болып едік.Соңғы кезде көрінбей кетіп еді. Отыра алмасам,алып кетерсің,-деп орнынан көтерілді.Сол кезде Ақнұр келіп, шәйға оларды шақырды.
-Аа,бәрекелді! Шәй гараши с хлебам,-деген атасына:
-Ата,сен орысша білесің бе? Тағы айтшы,-деп таңданды Ақнұр.
-Хандый хох!Гитлер капут!-деді атасы таяғын немересіне кезеп.
-Жоқ,ата,бұл орысша емес қой,-деп Ақнұр сықылықтап күлді.
Аулаға кіріп бара жатқан Ақнұрды көрші балалар сырғанақ тебуге шақырды. Сәлден кейін Ақнұр ыстық бауырсағын ала шығып, балаларға тарата бастады.Беті аяздан қып-қызыл болып кеткен Дәден, ыстық бауырсақты аузына қомағайлана тықты. «Тәтті екен!»-деп тамсанып қойды. Тағы сұрап еді, оған Ақнұр ұрсып тастады.
-Жоқ қой,көріп тұрсың ғой,өзімдікі қалды,-деп бір тістеп жартысын Дәденге берді.
Дәден мұрнын бір тартып,жарты бауырсақпен қанағат тұтты. «Ал,сүйреңдер!»-деп шанаға отырып,бұйрық берді Ақнұр. Жекеменшік тауына жақындай бере, бір топ баланың сырғанақ теуіп жүргенін көрді.
-Бөтен балалар жүр ғой,-деді Ақнұр.
-Иә,Бәйсеудікілер келіпті ғой,-деді Саламат.
-Әй,кетіңдер, кәне! –деді Ақнұр бұйырып.
-Неге кетеміз, өздерің кетіңдер!-деді біреуі.Сол жерде сырғанақ үшін төбелес басталып кетті.Ішінде Ақнұр да жүрді. «Ай,мына қыз бетімді тырнап алды ғой,»-деп біреуі бетін басып жылап қалды.Сырғанақ үшін күресте Бәйсеуліктерді бұлар жеңіп шықты.
Аяздан беттері әбден домыққан,бірақ сырғанақтың қызығына түскен олар кешке дейін жүрді.
-Ақнұр, Алматы күшті ме? Мәшиналар көп пе?-деді Саламат.
-Иә,күшті,үлкен!-деді Ақнұр.
-Орыстар көп пе?-деді Бисенбай.
-Иә, көп.Мен орысша тақпақ айта аламын,-деп тақпағын айта бастады.Ауыл балаларын аузына қаратып сайрап тұрғанда, Майгүл шақырды.
-Неге үйге кірмейсің,а? Ертең ауырсаң, кете алмай қаласың ,-деп Майгүл үйге жеткенше ұрысты.
-Қалдыра бер, мен атамның қасында қаламын,-деді бұртиды ол.
-Иә,саған кім сені қалдырайын деп жатыр,- деді Майгүл сіңілісінің басынан нұқып.Бұны көтере алмаған Ақнұр,атасына жылап келіп шағымданды.
-Ата, Майгүл менің басымнан ұрды. Ата,мен сенің қасыңда қалайыншы,бола ма? Үйдің артындағы мектепке апаршы.Көрші балалармен оқимын.
-Қой,әке-шешең ұрсады ғой. Жазда келгенде алып қаламын,-деді атасы немересін құшағы- на алып. Шаршап, пеш түбіне жата қалған немересінің үстіне атасы көрпе жапты.
Демалыс күндері аяқталып, Майгүл мен Ақнұр жолға жиналды.
-Ақнұр, хат жазып тұр.Мен де жазып тұрамын,-деді Ақыл.
-Мен де жазамын,- деді Дәметкен мен Алуа.
-Иә, әрине жазамын,-деді Ақнұр.Олар сосын ұзақ жылдар хат жазысып тұрды.Балалық шақтың хаттары әлі күнге Ақнұрда сақталған еді. Көрші достарымен қоштасып,үйге кірген Ақнұрды атасы шақырды.
-Ана керуеттің астындағы шамаданды жақындатшы,-деді атасы Ақнұр кіре.Шамаданды сүйрей алып келді.Өзі бөлмеден шығуға бет алды.
-Қайда бара жатсың?-деді атасы таңқалып.
-Сен шамаданыңды ашайын деп жатсың ғой,ата! Оны маған қарауға болмайды ғой,-деген немересіне қарап атасы күлді.
-Бұл жолы қал.Мен саған ақша беремін,-деді.Ақнұр атасының қасына жетіп келді.
-Ертең кетесіңдер ғой,айтшы, не қалайсың?Не керек?-деді атасы.
-Мен де коньки жоқ,ата!Алып бермей жүр,-дей бергенде,атасы бес сомды ұсынды.Ақнұр алып жатып: «Рахмет ,ата!Мен сені жақсы көремін!»-деп құшақтады.
Мейірімі жұтаңдау,соғыс қатайтып тастаған атасының сырт көзге біліне қоймайтын жұм- сақтығының кілті Ақнұрда еді.
-Ата,мен жазда келемін.Қақпа сырлаймын.Ешім сырламасын жарай ма?-деді.
-Жақсы, ешкім сырламайды.Сабағыңды жақсы оқы. Ана ақшаңды әжеңе айт, кеудешеңе тігіп берсін. Жоғалтып аласың.-деп ескертті.Апалы-сіңілі қыздар қалаға аттанды. Ақнұр жол бойы кеудесіне тігіп берген ақшасын қайта-қайта сипап тексеріп қойды.Ол енді тезірек қалаға барып коньки алғысы келген еді.
Жыл сайын Ақнұр ауылға келіп тұрды. Есейе келе атасымен өткен күндерін сағынатын болды. Атасының сол балалық шақта айтқан сөздері мәңгі есінде қалыпты. «Көк –көктем, тіршілік. Қақпаның кең болғаны - көңілдің кеңдігі. Бір адамның үйі болады өзімен кететін...» Бұл күнде атасы да, үй де жоқ. Атасымен сол көк қақпа алдындағы соңғы рет қоштасқан шағы есіне түсті. Ақнұр көлікті тоқтатып,ауыл шетінде жұрты қалған туған үйіне тағзым етті.Үй орны үйіндіге айналған екен. Алайда үйдің болғанын дәлелдейтін бақтағы кәрі ағаштар мен құдық еді. Ақнұр ойша үйге кіріп,әр бөлменің орнын тауып, ата бөлмесінің орнына келіп тоқтады.«Ата,мен келдім!»-деді толқып.«Ау,құлыным,келдің бе?»-деп қарлыққан ата дауысын естігендей болып, жан-жағына қарады. «Қайран атам!»-деп көзіне тола қалған жасты қолымен сүртіп жіберді. Кеудесін жарып кетердей тұншыққан сағыныш сезімі, өксік болып тамағына тығылды. «Ата, мен сені ұмытқа жоқпын!»-деп күбірледі. Енді бір сәт көзі үй артынғы төбеге түсті.Төбе де кішірейіп, аласарып қалыпты.Әлде ол бала кезде таудай болып көрінді ме екен. Құм-шағылдар көшеді ғой. Айнала теп-тегіс болып кеткен. Ақнұр кетуге ыңғайланып, туған үйінің жұртына тағы бір қарады.Соңғы рет атасы оны қақпа алдында жалғыз тұрып шығарып салған. Ақнұр студент еді ол кез. Атасының ірі денесін ауру әбден алқымдаған шағы еді. Ол жүдеу денесін сапқа тұрған жауынгердей тікейтіп:
-Ақнұржан,қош бол!Енді кездесу жоқ бізге!-деген.
-Ата,мен келесі жылы келемін ғой,-деді Ақнұр атасын құшақтап.
-Бағың ашылсын,айналайын!-деп атасы батасын беріп, маңдайынан сүйді. Ақнұр машинаға отыра сала артына қарады. Қақпа алдында басында қалпағы, үстінде соғыста алған медальдері бар қою жасыл костюмі, таяғына сүйенген атасы қол бұлғап тұр екен. Бұл Ақнұрдың ең сүйікті адамы –атасын соңғы көруі еді. Ол жол бойы атасын ойлады. Мұңайып отырған Ақнұрды жүргізуші жігіт әңгімеге тартты.
-Апа,үйіңізді қимай барасыз-ау,шамасы,-деді ол күлімсіреп.
-Жоқ, балалық шағымды қимай барамын,-деді көзіне жас алған Ақнұр.
..Иә,қара жол,-деп күрсінді ол. Өмірдің қара жолы...Қай тұста үзілерін кім білген.Кеудеңде жүрегің соғып тұрғанда сағыныш екен сені жетелейтін.Тек сағынышпен ғана ең игі, жақсы істер жасалады екен. Бүгінде есейіп, отбасын құрып, екі баланың анасы атансам да, атамды сағынамын.Туған үйдің орнын көріп қатты толқыдым.Алыстан артынып, шаршап, тоңып келгенде жақын жандарды көріп, жаның жай табатын еді. Тысырлап жанған пештегі от, тонған денеңді әп-сәтте жылытып жіберетін. Есейе келе ойласам, жаныңды жылытатын от емес, қара шаңырақтағы сен сағынған жандар екен-ау,-деп Ақнұр көзін сайын сары далаға тастап, ойланып кетті. Жапан далада жалғыз көлік қара жолдың шаңын көтеріп,жүйткіп бара жатты..