Жылдар жаңғырығы
-Апа,қалыңыз қалай? Ұйқыңыз қалай? Тыныш болды ма?-деп келген келіні Самалға Сәнім басын бұрып:
-Жаман емеспін, қызым..Тек түнімен жаман түстер көріп, шоши бердім.
-Мені шақырамадың ба? Мен де түнімен дөңбекшіп, ұйқтай алмадым. Таңда бір келгем сізге. Ұйықтап жатыр екенсіз, оятпадым. Шәй дайын, - деді келіні.
-Ееее, сол ұйқы таңда қысты. Қалғып кетіппін. Таңғы түсімде, - дей берген енесіне Самал:
-Тұр, апа! Дастарханда айтасың, жаман түсті де, жақсысын да. Шай суып қалар, - деп енесін сүйеді. Сəнім апа сүйретіліп, тысқа шығып келді.
-Әй, Айдос, орамал әкелші, тазасынан, - деп немересіне шақырды. Айтқанын екі етпейтін Айдос, орамалын лезде әкеліп берді.
-Құлыным сол, Алла бере салған, жарық күнім. Сені қимаймын, өле салайын десем, - деп айналып-толғанып, немересінің басынан искеді.
-Өлме, әже! Сен өлсең, мен қайтем..жүрегім аурады ғой сосын, - деп Айдос әжесін тас қылып құшақтап алды.
-Жүрегім! Тіліңнен айналайын! Өлмеймін әзір...Бірақ, ертең мен өлгенде сен көп жылама. Тек басыма келіп тұр! Есіңе алып жүр. Сол жарайды, солай болу керек.
-Жақсы, әже, жарайды! Мен сені күнде есіме алатын боламын, - деді Айдос. Олар үйге кіріп, шайға отырды. Келіні Самал енесіне шайын ұсынып, тәттілерін алдына қарай ысырды. Келін деген аты болмаса,қызындай еді. Бірақ қызын келініндей деп айта алмас қарт ана. Ол бір шіріген жұмыртқа еді.
-Самалжан, ана бақшаң тіпті қурап бара ма? Ертең дым жаба алмай қаламыз ғой, - деді Сәнім.
-Иә, апа, күн ыстық. Суды құя-құя шаршадым. Бұйырғанын жейміз де енді, - деді.
-Жақсы, алтыным! Өзің қарайсың ғой... Менде қазір оны қарайтын күш жоқ, - деп қарт ана бір үһлеп алды.
-Апа, мен қалаға барып келейін. Кештеу келемін. Біраз шаруа бар бітіретін. Өзің ауырғалы шыққан жоқпын, білесің ғой. Қазір Асхат келеді. Сонымен кетемін. Оның да шаруалары бар екен.
-Жақсы, қызым. Ажар келеді ғой, а?
-Иә, ол түсте келеді. Бүгін жұмысы жоқ екен. Тамақтарыңды береді. Кешке дейін болады.
-Ее, жарайды, ендеше, жолың болсын, айнам! Менің дәрілерімді ала келесің ғой. Қазір дәрігердің жазып бергенін берейін.
-Алдым, апа, білемін. Ала келемін ғой. Самалды ұлы есік алдынан шығарып салды. Анашым, маған не әкелесің? Көп бірдеңелер әкелші! - деді ұлы.
-Жақсы, үйге кір! Далада көп жүрме. Әжеңнің қасында бол! Сәнім əже орнына келіп жатты. Айдос қасына келіп отырды.
-Ауланың есігін жаптың ба? - деген әжесіне басын изеді. Ол әжесінің аяқ жағына қисая кетті.
-Ойыншықтарың қайда? - деді əжесі. Ойнасайшы, балам! - деп немересіне қарап басын көтерді.
-Қойшы, ойнағым келмейді. Бәрі ескі... Жаңасын алып бермейсіңдер!-деп бұртиды 5 жасар Айдос.
-Алып берем осы жолы, құлыным! Зейнет ақшам бұл жолы ауырып дәріге кетті ғой.
-Әже, мен өскенде онда дәрігер боламын. Сені емдеймін. Дəрі сатып алмайсың, - деп Айдос əжесінің аяғын құшақтады. Сəнімнің немересінің тəтті қылығына қарап, көзіне жас үйіріле кетті. Келші, маңдайдан бір искетші, бетіңнен бір сүйдіртші, жүрегім! - деп қасына шақырды. Айдос əжесінің құшағына кіріп кетті. Екеуі ананы-мынаны айтып ұзақ жатты.
-Балам, анау тұрған альбомды алып берші. Қасында дәптер бар. Көрдің бе?
-Иә, әже білем ғой. Күнде алып берем ғой саған, - деп бұртиған немересіне әжесі сәл жымиды.
-Əже, не жаздың ішіне, оқып берші! - деп Айдос дəптерге үңілді.
-Əзір оқымаймын. Ертең өзің мектепке барғанда оқып аласың, солай ма? - деді əжесі.
-Жақсы,- деп басын изеді Айдос. Сәнім бұл қалың дәптердің ортан беліне келіп қалған еді. Бұл дәптермен дос болғанына біраз болған. Ауырса да күніне бір бет жазып тастайтын. Жасы болса келді. Бүгін-ертең бе, ауырғалы үрей де бар. Өзінің соңғы кезде өткенін ұмытып бара жатқанында байқаған. Сосын Самалға қалың дәптер алдыртқан. Күнделік жазбақ боп шешті. Бірақ бұл күнделік емес, бұл сонау балалық шақ күндерінен бастап жазылған естелікке айналып бара жатқан еді. Сәнім дәптерді ашып, өткен жазбаларын оқи бастады. Бір жерлерін қайта түртті. Жазуды жаны сүйетін. Мамандығы тіл-әдебиет болмаса да, көркем сөйлеуге, ойын айшықты жеткізуге, кітапты тауысып оқуға мықты еді.
-Әже, мені жаздың ба, дәптеріңе? - деді Айдос үңіліп.
-Иә, жаздым. Бұл дәптерді саған аманат етемін, жарығым! Өскесін оқисың, - деп жазуға дайындалып, еңсесін тіктеп алды. Мөлдіреген моншақтай əріптерді кəрі саусақтарымен ұқыпты етіп жаза бастады. Жазған сайын Сәнім өткен күндерге терең бойлай түсті. Қасындағы Айдосты да естімеді. Тек немересінің «Әже!» дегенінен қайта-қайта селк етіп, басын бұрды, бірақ ойын бөлгісі келмей саусағымен ернін басып, немересін тыныштандырды. Ол жазуға қайта бойлап, тағы үнсіз қалды. Сәнім, талдырмаш келген, әйел еді. Ауырғалы мүлдем азып кеткен. Тарамыс саусақтары қаламды ыңғайсыз ұстайтындай, алайда жазуы мөлдіреп тұр. Сәнім шаршап кетті. Қаламын дәптердің арасына салып, шалқая жата қалды. Дәптерді кеудесіне қысып, көзін жұмды. Қалғып кеткен екен. Түсінде шалын көріп жатыр екен. Ол қол бұлғап шақырады. Сәнім оған қарай қадымдап жүріп келеді .Тезірек басады аяғын... бірақ ол алыстай береді.
-Әже, тұршы, Ажар тәте келді, тұршы! - деп оятып тұрған немересін көріп, басын көтерді. Атаңды көрдім балам...мені шақырды... Сен оятпағанда артынан еріп жүре берем бе,кім білсін.
-Апа қалайсың? - деп қасына отырған Ажарды көріп Сәнім күлімсіреді.
-Бір күй ғой. Келгенің жақсы болды. Шәй ішкім келіп жатыр еді. Шәй қойшы, балам! Самалжан хабарласқан жоқ па? Тым кешке қалмаса болар еді. Жаман уайымдайымын. Оған да оңай емес.
-Иə, апа! Ол мықты екен. Мектепте жүргенде қорқақ, əр нəрсеге сенгіш, жасықтау еді. Өмір қалқандай қатайтты ғой оны. Самал қайын апасының кесірінен тірі жесір боп отыр. Жолдасы Дəулет 15 жылға сотталып кетті. Отырғанына биыл 4 жыл. Самал мойымайды. «4жыл өтті ғой, 11 де өтеді. Асылым шыққанда, Айдосым ер жетеді», - деп өз-өзін жұбатып отырды. Сәнім келініне қайран қалатын. Қаншама ұшып тұрып, киімін жинап төркініне кетіп қалатын жағдай болса да, ол отырған орнынан қозғалмады. Ата-анасы келіп алып кетеміз дегенде де: «Жоқ, бұл үйден тек сүйегімді аларсыңдар! - деген болатын. Бір жыл ғана отасқан жарын, енді он бес жыл күту бейнетін де абыроймен көтеріп келеді. Кейде Сәнім Самалға қарап, құдайға шүкіршілік айтатын. Қыз орнына қызындай етіп берген. Ал қызы болса... бұл Сәнімнің ұяты, ар-абыройына түскен қара дақ еді. Солай бола тұра аналық жүрегінің түбінде қызына деген махаббатының ұшқыны әлі бар. Тек қызы келіп соны тұтатса, шіркін! Бұл сезімді Сәнім жасырын ұстайтын. Көкірегінен ешқашан шығарған емес. Келіні Самалдың көңіліне қаяу түсіргісі келмейді. Олардың арасы ит пен мысықтай еді. Қызы қалаға кеткелі анасы мен келіні тыныш өмір кешуде. Шолпан қазір қалада.
Сәнім түскі шәйін ішіп, таза ауа жұтқысы келіп, есік алдындағы орындыққа отырды. Күшіктей қасынын қалмайтын Айдосы да, әжесінің қасына жайғасты.
-Ее, балам, не істейміз? - деді Сәнім.
-Мен ойнаймын, сен аурасың, - дегенде Сәнім күліп жіберді.
-Аурудан да, жатудан да шаршады әжең, - деп немересінің басынан сипады.
-Мен ойнаудан шаршадым. Мектепке барғым келеді. Ақереке сияқты.
-Барасың, бір жылдан кейін. Ойын да қалады. Сабақ оқисың. Сені мектепке жетектеп өзім апарсам, жарығым... Айдос мәз болып, күлімсіреді. Ақерке Ажардың қызы еді. Ажар жалғыз басты ана болатын. Сәнім орнынан көтеріліп, тәлтіректеп ауланың бір бұрышындағы бақшаға қарай жүрді. Ыстық күн бәрін қуратып тұр.Сәнім бақшаны көріп, басын шайқады.
Жолға шыққан Самал : -Асхат,кешке нешеде кері қайтамыз ? Түнге қалмайық.
-Иә, тырысамыз.Жұмыстарың біткесін, телефон соқ. Тұрған жеріңнен алып кетермін.
-Жақсы, үйге асығамын. Апам ауырып жатыр ғой. Ажарға кел дегенмін.
–Ажар, - деп ойланып қалған Асхатқа қарап, Самал күлімсіреді.
-Ажарға неге қарамай жүрсің, көңіл аударсаңшы, қыздың төресі. Бағыңды сол қыз ашады.
-Иә... Жақынырақ таныстырсаңшы, көрейін, - деп жымиды Асхат.
-Өзің қалайсың? Дəулетпен хабарласып тұрасың ба?
-Келесі айда көрісуге барамын, - деген келіншектің жүзіне бірден мұң ұялады. Ол терезеге қадалып, үнсіз қалды.
-Ренжіме, тек сұрағаным ғой. Қиын ғой, әрине.
-Иә.. Өмірімнің быт-шытын шығарды ана қатын! Туған інісінің обалына қалды. Дым болмағандай жүр енді, тайраңдап. Дәулет отыр, шыққсам өлтірем деп.
-Қаладан көргенмін ана жолы, ақша сұрады менен, - деді Асхат.
-Бердің бе? Асхат, беруші бол ма! - деп Самал Асхатқа қолын шошайтты.
-Көрсеткен қорлығы аздай, енді «Ана үйдің жартысы менікі, беріңдер», - деп кетті.
-Қалай, кемпірдікі емес пе? «Иә,болса да, менің де үлесім бар»,- дейді. Соны адвокат жалдап, сөйлесіп көрейін деп едім. Жағдайды айтып. Ағам үйіне кіріп шығуым керек. Жеңгемнің туған күні. Дүкен аралауым керек. Жүйткіген көлік қалаға кіріп, тоқтамастан қала көшелеріндегі көп көліктің біріне айналды. Біраз жүргеннен кейін Самал қаланың қақ ортасынан түсіп қалды.
Сәнім кешіккен Самалды күтіп ұйықтамады. «Түннің ортасы болды, Самал қайда?» - деген ой мазалап, қасында жатқан немересіне үңіліп бір қарады да, орнынан тұрды. Түннің қараңғылығын ай жарық қылып тұр. «Ай толыпты ғой», - деп күбірледі өз-өзінен кәрі ана. Ай толғанда Сәнімде бір мазасыздық пайда болатын. Неге екенін ол өзі білетін. Өміріндегі барлық болған жайсыз, қайғылы оқиғалары осы ай толғанда болған екен. Сәнім пердені жауып, төсегіне қайта жата беренде көліктің дыбысы шықты. «Самал-ау, келген...»,- деп сыртқы есікке қарай бет алды. Есікке жақындай бере Самалды көріп қуанып кетті.
-Айналайын-ай, келдің бе? - деп күлімдеді Сәнім.
-Ух, жеттім-ау, апа! Шаршадым! – деп қолындағы сөмкелерін ас үйге апарып қоя салып, шәй қамына кірісіп кетті.
-Иә, не жаңалығың бар? Төркінің аман ба? Барған шаруаң бітті ме? - деген енесіне: Аман, апа,қазір шәй жасап жіберейін, аузым кеуіп қалды. Су да алмапыз жолға, - деп келіні шелекте тұрған суық судан сіміріп алды. Екеуі дастархан басында таң атқанша отырды. Самал енесіне қаланың жаңалығын айтты.
-Апа, бардым заңгерге. Қызыңыздың да үйден үлесі бар дейді. Ол тек өзі ғана бас тартуы керек, қағаз жүзінде. Бәрін сот шешіді.
-Ее, енді не істейміз? Бұл ескі үй сатқан да нені құрайды? - деп қапаланды қарт ана.
-Жоқ, әрине сата алмаймыз ғой, ақша беріп, бас тартқызу керек болар. Дәулетке іш киім, уақ-түйектерден алдым.
-Ааа, жарығым-ай, не істеп жүр екен. Қиналмай жүрсе екен тек. Маған енді оны көру жоқ қой. Дауысын жазып алып келші, ең болмаса,тыңдайын, - деп Сәнім көзіне келген жасты білдіртпей сүртіп тастады. Осыдан екі жыл бұрын күш-қуаты бар да артынан барған еді. Баласын көріп, жүрегі ауырып қалған болатын. Содан кейін Дәулет анасын әкелмеуді сұраған. Екеуі ананы айтып, мынаны айтып отырғанда таң атты. Енді ұйқы жоғын біліп, Сәнім дәптерін қолына алды. Тағы да үстел шамының жарығымен жазуын мөлдіретіп, асықпай жаза бастады. Бір беттей жазды. Қолы да, көзі де талды. Дәптерін жауып, жастығының астына тықты да, қырынан жатып қалғып кетті. Түсіне Оразай шалы тағы енді. Қол бұлғап шақырады. «Өзің кел», - дейді бұл. Өзі де қадам басайын десе, ортада өткел бар. Оянып кетті. «Бұл шал мені неге шақырады, а?» - деп оянды. Уақыт жетті дегені ме? Қоя тұрсайшы, Ораз–ау, мына жақта мен әлі керекпін. Ретке келтіру керек көп нәрсені. Қарасын болып, отыра тұрайын»,-деп Сәнім күбірледі. Жары Оразай осыдан 23 жыл бұрын дүниеден өткен болатын. Ол кезде Дәулет 7 жаста, ал қызы Шолпан болса, 14 жаста еді.Сол әкесі кеткеннен кейін қызы бұзыла бастады. Сабаққа ынтасы болмады. Әкесінің басына барып отыратынды шығарды. Сабағы мүлдем нашарлап кетті. Өсе келе өзінен үлкен жігіттермен қыдыратынды шығарды. Үйге түнде келетін болды. Сәнім ұрсып та айтты, ұрып та айтты, жалынды. Ештеңені түсінгісі келмеді. Сөйтіп жүріп мектепті әзер дегенде бітіріп, қалаға тайып тұрды. Оқуға түсе алмады. Аяғы ауырлап,ауылға оралды. Баладан бас тартты. Арақ ішті, темекі тартты. Ал есірткі келгенде отбасының өмірі ойран болды. Екі рет күйеуге шықты. Екі балалы болды. Екеуін де әкесіне тастады. Айта берсе Шолпанның ерліктері көп еді. Қаншама адамның обалына қалды.Ұрлық жасап, екі жыл отырып та шықты. Осының бәрінен кәрі ананың жүрегі істен шықты. "Шолпан қызым, қай жерде сүріндің, жарығым, қай жерде жолың теріс кетті. Қай жерде бағың сөнді. Неге мені сонша жек көріп кеттің? Сен менің ең сүйікті, ең бағалы өзімнен жаралған ботам едің ғой. Сен ауырғанда, өзім ауырсам екен деп, сен сен қуанғанда менен бақытты адам болмаушы еді. Қай жерде сындың?» (Сәнім күнделігінен). Тек үйге келін келгенде ғана бір жадырап, шаттанып еді. Жалғыз ұлы азамат болып, арқа сүйер тірегіне айналды деп ойлаған. Енді ұлы болмаса да, келінінен жылу көріп отыр. Ал немере дүниеге келгенде тәңірге алғыс айтудан бір шаршаған емес еді. Сәнім басын көтеріп, дәптерді қайта қолына алды. Сәл жаза түсіп еді, басы айналғандай болды. Дәптерді қайта жапты. Орнынан тұрып, сыртқа бет алды. Өтіп бара жатып келіннің бөлмесіне көзі түсті. Самал бүркеніп алған, жылап жатыр екен. Не кірерін, не жүре берерін білмей Сәнім аялдап қалды. «Кедергі болмайын, жылайтын орны бар, шері шығар», - деп сыртқа қарай бет алды. Күн жаңа көтеріліп келеді екен. Таңғы ауада салқын, самал жел бар екен. Сыртқы ауланы ашып,көшеге қарап біраз тұрды.
-Өй, Сәнім, қалайсың? - деген дауыс селік еткізді. Көршісі Қанипа екен.
-Шүкірмін. Ауырып, төсек тартып жатып қалдым біраздан бері, - деді Сәнім.
-Бәсе, көрінбейсің? - деп Қанипа есік алдындағы отырғышқа жайлана кетті. Ұйқы жоқ. Таңды ояу аттырдым.
-Ее, қартайдық қой, - дей берген Қанипаға: Қой, сен жассың ғой, маған қарағанда. Берілме. Кішіңді үйлендіруің керек, - деп жанына келіп отырды.
-Сол кіші, жүр ғой... Жасы болса 35-тен асты. Қашан үйленетінін. Кеше кеште қаладан келген. Шала мас. Әлгі сенің қызыңмен бір кәпеде отырыпты, - деген Қанипаға Сәнім жалт қарады. Жүрегі дірілдеп кетті.
-Ааа, қайдан, қаладан ба? - деп қайта сұрады.
-Мен негізі бүгін саған келіп айтайын дегенмін. Ол қызың түзу жолға түспеді-ау. Арақ ішіп отыр дейді. Мас болып қалыпты. Содан бір еркекпен кетті дейді. Үйге барамын жақында депті.
–Келсін, қызым ғой,кіргізбеуге шама шоқ, - деп Сәнім жүрек тұсын ұстады.
-Ауыр тиіп кетті ме? - деген Қанипаға қолын бір сілтеді .Аулаға кірген күйі келінін көрді.
-Неге ерте тұрдың, жата тұрмадың ба? - деді.
-Бақшаны суарайын жұмысқа дейін, - деді Самал. Сәнім көрші кемпірден естігенін айтайын деп оқталды да, жақ ашпай үйге кіріп кетті. Шәй үстінде жаңалықты айтты. Самалдың бірден қабағы қатая бастады. Үндеген жоқ. Шәйін беріп болып, киініп жұмысына кеттіп калды. Сәнім мазасынданып, енді не болар екен деп, үнсіз уайымдап үстел басында біраз отырды. «Бұл жағдай қашан түзеледі. Бала түрмеде, қыздың жүрісі мынау, келінім екі оттың ортасында. Құлыным-ай, болашағың қалай болар екен», - деп немересіне қарай бет алды. Ол əлі ұйықтап жатыр екен. Сосын дәптерін қолына алды. Ол қартайғанда тығырыққа тірелген өмірінің соңы тек өкінішпен аяқталарына налыды. Сәнім күнделігінен үзінді: «Мен үнемі әжемнің етегінен ұстап жүретінмін. Ол мені қатты жақсы көретін. Мен Айдосты жақсы көргенімдей болар. Ата-анамды мойындамай өстім. Оларды мен тіпті көрмейтінмін. Қысы–жазы малдың соңында жүретін. Біздің әжем екеуміздің өз әлеміміз бар еді. Ол өз балалық шағын айтып беретін. Мен де немереме өз балалық шағымды айтып отырамын. Кіші кезде мен етегінен ұстасам, мен өсе келе әжем етегімнен ұстайтын болды. Көзі су қараңғы болды бір сәт ауырды да. Бір күні біздің киіз үйге көп адамдар келді. Төрге жайғасты. Әке-шешем қонақ күтті. Олар кете мені әкем шақырып алып: «Саған құда түсті, жақсы жер.Ұзатамыз келесі жылы»,-деді. «Жоқ!»-дедім мен. Мен оқимын қалаға барып», - дедім. Бірақ мені ешкім тыңдаған жоқ. Он алты жасымда ұзатылып кете бардым. Қайран әжем, мен кеткеннен кейін көп ұзамай көз жұмды. Әжемнің көріпкелдігі де болатын. Менің тұңғышым қыз болатынын да айтып кеткен. «Қыз болғанда, шашы жұлынғыр қыз болады. Тағы бір қызың жақсы болады», - дегенін кейін есіме алғанмын. Келінім ба деп ойлаймын. Маңдайымнан сипап, алақанымды қарап, шашымды ұстап, жанарыма қарап отыратын. Түсшіл еді. Жорығаны келетін. Мен барған әулеттің адамдары ауқатты еді. Күйеуім Оразай томаға тұйық, қолы шебер, тек жымиып қана отыра беретін жан еді. Бәрі ішінде болатын. Оның ағынан жарылуы тек арақ ішкенде ғана болатын. Басқа кезде тек ісін білетін. Шәйқор еді. «Сен маған шәйіңді беріп, балаңды туып отырсаң болады. Қалғанын өзім», - дейтін еді. Іштің де, түздің де жұмысын істеп жүре беретін. Шәйге қандырсам да, бала көтере алмай он шақты жыл жүріп қалдым. Содан зарықтырып осы Шолпаным дүниеге келген еді. Мен оны таңда, аспандағы Шолпан жұлдыз туған шақта босанғанмын. Шолпандай сәулелі болсын дегенбіз. Ол кезде Оразай бала жоқтықтан қатты ішімдікке салынып кеткен еді. Шолпан қызын әкесі өлердей жақсы көрді. «Өлгенде көргенім, Шолпан жұлдызым, жарығым!» - деп айналып, толғанып
отыратын. Олардың да өз әлемдері бар еді. Бір-бірін қас-қабағынан түсінетін. Әкесінің арақ ішіп құлап қалған жерін аңдып жүріп, тұрғызып үйге алып келетін еді. Шолпан ерке өсті. Мен де бәрінен қызғанып, есім шыға жақсы көрдім. Ауырса, өзіме тілеп сол ауруды, есім шығатын. Шолпаным, жұлдызым! Кіші кезіңде қандай сүйкімді едің..»
Самал жай басып жұмысына келді. Оның көңіл-күйін енесінің жаңалығы бұзды. «Өмірімді ойрандаған, жезөкше, мылтығым болса ғой, атып тастар едім сені!», - деп күбірледі.
-Ей, сұлу келіншек, тоқта! - деген дауыс ойын бұзды. Бұл Ажар еді.
-Қалайсың, байқамай қалыппын.
-Мамаңдар аман ба? - деп көңілсіз жауап берді.
-Не болды, көңіл-күйің жоқ қой. Тыныштық па? Сәнім апа қалай?
-Бір күй... Ана Шолпан келеді дейді қаладан.
-Кім айтты? - деп Ажар тұра қалды. Самал да аяңдап, Ажарға бұрылды.
–Ал тіпті білмеймін кім айтқанын. Мен атын естігеннен ақ есім шықты. Өзі соққан болар.Не істеймін, көргім келмейді оны.
-Иә, подружка, қиын болды. Но нешауа, бір реті болар. Тек сен өз-өзіңді қолыңда ұста! Мүмкін ол бірер күнге келе жатқан болар. Мен де жиірек барып тұрамын.
-Саспа, құрбым! - деп құрбысының арқасынан қақты. Олар кітапханада жұмыс жасайтын. Екеуі ажырамас дос еді. Ажардың жолдасы қайтыс болған. Көптен бері жалғыз еді. Самал оны Асхатқа қосқысы келетін.
-Айтпақшы, Ажар, ана Асхат сенімен жақынырақ танысқысы келеді, - деп әңгіменің басын кілт бұрды.
-Қойшы, ол мені не істейді, балалы әйелді? - деп күлімдеді Ажар.
-Сен оныңды қой, қызың әлі кішкентай,папалап кетеді. Жақынырық таныстырайын. Біздің үйде болатын еді «вешір» жасап жіберуге, бірақ анау келіп қалса. Жақсы бір ретін табармыз,-деді. Көршісі айтқандай Шолпан өзін көп күттірген жоқ. Туған үйіне бет алды. Ол жалғыз емес еді.
-Балам-ай, мамаң кешікті ғой, жүр есік алдына шығайық, келіп қалар. Қазір мен шәй қояйын, - деп Сәнім ас үйге кірді. Шәй қояйын деп алған шәйнекті толдырып, отқа қояйын деп жатқанда қолынан түстіп кетті. Еден телейгей су болды.
-Өй, құрымағыр! Қап! Әй, Айдос келші көмекке! - деп немересін шақырды.
-Оиий, әже! Төгіліп қалды ма? - деп Айдос еден сүртетін шүберекке жүгірді. Сәнім алашаны көтеріп, сүртуге ыңғайлана бастады. Не де болса, өзімен кетсін, - деп күбірледі. Сол сәтте үйге Самал да келді.
-Апа-ау, өзім, қане былай тұрыңыз, - деп суды сүрте бастады.
-Жүре бер, шәй дайын болғасын шақырамын, - деді.
-Алдыңнан шәй қояйын дегенім еді, - деп ақтала бастады.
-Ештеңе етпейді, апа! - деді Самал. Сәнім есік алдына шығып отырды. Жүрегі біртүрлі аузына тығылғандай болды. Бір мазасыздық пайда болғандай ма. Саусағындағы жүзігін алып, салып отырып, жерге түсіріп алды. Еңкейіп оны іздеді.Таппады. «Бұл не болды» өзі деп қапаланып қалды. Немересін шақырды. Ол тауып берді. Шəй үстінде:-Апа, қызыңыз қашан келеді? - деді Самал жаймен.
-Білмеймін, жарығым! Көрші айтты ғой. Күнін айтпапты, - деді. Олар үнсіз отырып тамақтарын ішті.
-Келетініне қапаланып қалдың ба, Самалжан? – деді қарт ана келінінің жүзіне жаутаңдай қарап...
-Иә, апа, қуанайын ба енді, уайымдап қалдым. Тағы мазаны алады ғой. Мен өз-өзімді ұстай алмайтын сияқтымын, - деп Самал енесіне шәй құйылған кесені алдына қойды.
-Мен де сол мазасызданып отырмын, - деді Сәнім. Айтқандай сол күні кешке қызы Шолпан келді. Жалғыз емес, қасына бір ер адамды ерте келген екен.
-Қалайсың, апа! - деп анасын құшақтап бетінен сүйді.
-Шүкіршілік, - деп жаймен жауап берді Сәнім.
-Апа, мынау менің күйеуім, біз осында біраз тұрсақ па деп келдік. Оның да жұмысы жоқ, мен де шығып кеткенмін. Енді осында жұмыс табылар деп келдік, - деп қасындағы еңгезердей еркекті таныстырды.
-Қаладан табылмаған жұмыс, ауылдан қайдан табылады, - деді Сәнім. Есік алдында тұрған Самал теріс бұрылып, үйден шығып кетті. Моншаға кіріп, ашу-ызыдан булығып, қолына түскенді лақтырып, аяғына оралғанды тебе бастады. Бойын ашу-ыза кернеген Самал сол моншаның ішінде ұзақ отырды. Өткен күндер есіне түсті. Ол кезде Самалдың Дәулетке жаңа қосылған шақ еді. Бақыттан басы айналып жүрген. Шағын той жасап, келін болып босаға аттағаннан енесінің жақсы адам екенін түсінген. Алайда, қайын апасы Шолпан туралы естуі бар еді. Бірақ жасы жаңа ғана 20 толған жас қыз, оған аса мән бере қоймаған. «Қалада жүрген адам,бөлек кеткен. Ол маған не істер дейсің?», - деген еді. Көресінді осы Шолпан көрсететінін ол сол кезде сезбеген еді. Басқы кезде тіл табысқандай болып көрінгенде, енесі қуанып еді. Бірақ ол ұзаққа бармады. Самал негізі тік мінез еді. Анау-мынауға көне қоймайтын, бір беткей еді. Жұмысты істесе түбін түсіріп тұрып істейтін. Ал енжарланса, орнынан тұрғыза алмайсың. Енесі мұның бәрін білетін. Сосын көп мазасын алмайтын. Жаны ақ қағаздай таза еді. Сәнім мен Самал бір-бірін бірден жақсы көріп кеткен еді. Дәулетпен олар бір ғана жыл тұрды. Айдос келді дүниеге. Енді үй салам деп жинап жүрген ақшасы бір күні үйден қолды болды. Үйде астан-кестен,іздемеген жерлері қалмады. Өйткені, ақша қомақты еді. «Сен алдың, жоқ сен алдыңға» салып, бір-бірін кінәлай бастады. Сөйтсе, оны алған Шолпан болып шықты. Ешкім жоқта үйіне кіріп, ұрылық жасаған екен.Оны көршісі көреді. Шолпан ол кезде мүлдем, адам танымастай өзгерген еді. Дәулет Шолпанды қаладан тауып алып, бірге тұратын еркегімен арақ ішіп отырған жерінен келіп, ақшасын талап етеді. Екеуі төбелесуге дейін барды. Шолпаның кезекті жігіті оны қорғамақ болып, қалтасындағы пышағын шығарды. Енді Дәулет қасындағы бейтаныс еркекпен алыса кетті.
-Ақшам қайда? Бол, ақшамды қайтарыңдар, малғұндар! - деп Дәулет айқайлай бастайды. Төбелесіп жатқан жерлері, жатахананың бір бөлмесі болатын. Көршілер сақшыларды шақырады.
-Сенің ақшаңа есірткі алдық, - деп қалтасындағы ақ ұнтақты шығарды. Дәулет бейтаныс еркектің қолынан бір пакет есіркіні жұлып алады. Қолындағы пышақты қайырып жерге түсірді. Сол уақытта ішке сақшылар кіріп, бұларды қамауға алады. Дәулеттің қолынан ескірткіні тәркілеп, үшеуін алып кетеді. Ақыры Дәулет ішпей-жемей, есірткі сатушы деген айыппен 15 жылға сотталады. Туған әпкесі інісін қорғайтын бір сөз айта алмай, үнсіз тұра берген еді. Сот залынан дауыстап жылап шыққан Самал, Шолпанның шашына жабысып, теуіп жерге құлатып, үстіне мініп, қылғындыра бастады. Екеуін айырып екі жаққа лақтырған сот сақшылары болмаса, Самал Шолпанды өлтіруге бар еді. Есінен сол жерде танып қалған Самал көзін ашқанда, аурухана төсегінде жатыр екен. Шарасыздықтан өзіне-өзі қол жұмсамақ болған. Терезені ашып, үңіле бергенде артынан дәрігер ұстап қалған.
-Айналайын, болды! Тірі ғой күйеуің,ертең шығарып аласыңдар амалын тауып, балаң бар, қарт анаңды аясаңшы!-деген сөздерінен беті бері қараған еді. Бар болғаны 21 жастағы Самалдың өмірі осылай ойран болған еді. Ол өз-өзіне ұзақ келе алмады. Жүйке ауруымен ауырып,ауруханада біраз жатты. Шолпан есірткіден емдейін жерге өз еркімен барған, бірақ шыдай алмай қашып кетіпті. Моншадан Самал баласы іздеп келгенде ғана шықты.
-Иә, қалайсың, келін, шәйіңді ішеміз бе бүгін? - деп алдынан шыққан Шолпанды көргенде қаны басына тепті.
-Іш, мен шәйнекті кілтке салған ештеңем жоқ, - деп қолымен итеріп төрге қарай өтіп кетті.
-Сен төркініңе кете берсең болады, отпускі саған. Шешеме енді өзім қараймын, -деп Шолпан артынан дауыстай сөйледі. Тек Сәнім ана ғана екі ортада жаутаңдап, біресе қызға қарап, біресе келінге қарап тұр еді. Сол күннен бастап үйден тағы берекет кеткен еді. Анамды бағам деген сылтаумен Шолпан Самалды үйден қуа бастады. Бірақ Самал ешқайда кетпейтінін кесіп айтты.
-Шолпан, қызым, мен ауру адаммын, туған қызымсың, келгеніңе ішім жылиды. Сенен қаншама жаманшылық көрсек те, ана жүрегі сенен бас тартқан емес...
-Мен не істедім сендерге, Дәулет өзі кінәлі, - деп шап ете түсті Шолпан.
-Бардың ба артынан іздеп, бауырың ғой, - деді Сәнім көзіне жас алып.
-Жоқ, бармаймын. Ол мені көргісі де келмес, - деді Шолпан.
-Енді не істеп жүрсің, қызым? Ат ізін салмағаныңа жылдан асты ғой. Қасыңдағы кім? Біразға келген адам ғой. Үй-жайы, бала-шағасы бар ма?
-Жоқ, ол менің күйеуім.
-Нешіншісі бұл? – деп орта жолдан әңгімеге килікті Самал.
-Сенің шаруаң болмасын! Сен де басың бос қой қазір, тауып алуыңа болады. Әй, бірақ, саған кім қарайды. Түрің бар болсын. Бауырымның көзі қайда болған екен, - деп бір мырс етті. Самал өз-өзін әзер ұстады. Бұрылып бөлмеден шығып кетті. Әйтпесе, Шолпанның басына айтылатын сөз жететін еді.
-Әкемнің басына барып келейін, түсіме енді кеше», - деп Шолпан да бөлмеден асығыс шықты.
-Байлайтын ақ орамалың бар ма? Берейін, - деген анасына жауап қатпады. Сәнім күнделігінен: «Бір күні әжесі Шолпанға кімді қатты жақсы көресің, - деген еді. Сонда Шолпан әкесін атаған. Мен қызғанған жоқпын. қуандым. Қыздың әкесін жақсы көруі дұрыс қой. Мен өз әкемді олай жақсы көрмедім. Әжем кеткелі тіпті жетім санайтынмын өзімді. Неге деген сұрағына сол кездегі қызымның жауабы бізді таңқалдырған. «Мен әкемді қатты жақсы көремін. Өйткені, оны қимаймын. Ол алысқа кетіп қалатындай бізді тастап »,-деген болатын. Ол кезде Шолпан 8 болатын. Мен мән бермегенмен, әжесі ойланып қалған. Сенің әкең тірі болғанда, қызым, мүмкін бүгінгідей қиыншылықта болмас едің деп ойлаймын. Әкені жоғалтуың, өзіңді жоғалтуың болды-ау шамасы.. Сол кезде саған ұрса бермей, жан дүниеңе үңілуім керек еді. Қаншалықты қиын болса да, сенімен ашық сөйлесуім керек еді. Жүрегіңе жол табуым керек еді. Мен кінәлімін алдыңда ,қызым... Шолпан әкесінің ұзақ өмір сүрмейтінін сезді ме екен. Бірақ балалықпен оны аяғына дейін түсінбеген ғой. Бір рет әкесін іздеп, түнде оянғанда айтқаны бар еді: «Мен білдім әкемнің қайтыс болатынын», - деген. Білсе білген, сезсе сезген шығар. Әкесін іздеп, ішсе жетектеп жүретін де, бір жерде ұйықтап қалса, оятып алып келетін де осы Шолпан еді. Қол-аяғын жуса, суын құйып тұратын, жеп отырған тамағының жартысын әкесінің аузына тығатын еді. Он жасқа дейін арқасынан түспеген. Ал Дәулет дүниеге келгенде әкесінің махаббатын бөліскі келмей, қызғанышы қатты болды. «Бұл сенің балаң, мен әкемнің қызымын» дейтін. Сол қызғаныш артынан ініге деген сезімнің оянбауына әкелді ме, әйтеуір, олар ешқашан бір-бірін бауыр тартпады».
Күндер жылжып өте берді. Самал мен Шолпанның ара-қатынасы шиелінесе түсті. Шолпан мен оның күйеуі жатып ішерге айналды. Жұмыс істемек түгілі жұмыс іздеген де жоқ. Кішкентай Айдостың көзінше арақ ішіп мас болып,екеуі төбелесетінді шығарды. Бірде Шолпан қалаға кетті.
-Сіз ана бақшаға шығып жұмыс істемейсіз бе? Күні бойы бос жатасыз, біз сізді асырауға міндетті емеспіз! - деді Самал Шолпанның күйеуіне.
-Жоқ, мен қаланың адамымын. Қара жұмыс жасап көрген жоқпын, - деп күйеуі шалқайып төсекте жата берді.
-Онда кетіңіз бұл үйден, ішсеңіз не араққа не тамаққа тоймайсыз. Мына балаға сіздей үлгі керегі жоқ, - деп Шолпан қолын шошайтты.
-Сен өзің былай, сүйкімді екенсің, түнде қасыңа барайын. Жалғызсырап жүрген жоқсың ба? Айтып қой, если что, - деп əлгі еркек орнынан тұрды.
-Сендеймен құшақтасқанша, өлім келсін маған! - деп бұрыла беріп еді, ана еркек шап беріп Самалға жабыса кетті. Самал айқайлай бастады. Бөлмесінен енесі мен баласы шықты.
-Өй, бұл не бассыздығың! Қане жібер! – деп енесі арашалай бастады. Еркек оны бір қолымен итеріп жібергенде Сәнім ұшып түсті. Айдос бақырып жылай бастады.
-Сен қатын құтырма, әйтпесе, ана кемпір балаңмен қоса өлтіріп тастаймын. Маған ол қиын емес, - деген де Самалдың жүрегі аузына тығылды. Бірақ қорыққанын білдіртпей, еңгезердей еркектің құшағынан құтылып шығып: «Сен де тыныш отыр онда, әйтпесе, осы ауылдың жігіттерін жинап алып келіп, ары қарай өзің түсінесің», - деген де әлгі еркек басыла қойды. Абзалы кеткенің дұрыс болар, Шолпаныңды алып, - деп Самал саусағымен есікті көрсетті. Қаладан қайтып оралған Шолпан үйдегі болған жағдайды анасынан естіп, күйеуін жақтап, Самалға тиісті.
-Сен немене, еркек құрып қалды ма? Менің күйеуімде не шаруаң бар? Тартып алайын деп жүрсің бе? - деп қасына жетіп келді.
-Сенің күйеуің де, өзің де мазамызды алмаңдар! Тұрасың ба, адамға ұқсап тұр! Тұрмайсың ба есік ашық! Бұл үйде кәрі анаң мен жас бала бар. Бізге тыныш өмір керек.
-Сен мені үйден қумақсың ба? Менің үйімнен? Кімсің сен, келімсек?-деп Шолпан Самалға жақындап келіп бетінен шапалақпен салып қалды. Самал да қарап тұрмады ол да Шолпанды шапалақпен бір тартты. Екеуі алыса кетті.Төбелесіп жатқан екі әйелді үйдегі еркек айырған да жоқ. Тек қызықтап, «давай,давай» кім күшті деп айтақтап отыра берді. Тек кәрі ана мен бала шырылдап орта да жүр. Екеуі қоятын емес. Бір-бірін аяйтын да емес.
-Айналайындар, қойсаңдаршы! - деп айтып үлгерген ана, жүрегін ұстап құлап түсті. Сол кезде ғана естерін жинаған екі әйел, бір-бірінен ажырап, Сәнімге қарай ұмтылды.
-Апаны алып кетеміз. Жағдайы нашар, тез, - деді келген дәрігер. Бұл жерде не болды? - деп сұраған сұраққа ешкім үндемеді. Олар Сәнімді алып кетті. Шашылған үйді жинамақ болып, Самал сүйретіліп орнынан тұрды. Шолпан анасымен бірге кеткен. Бір бұрышта тығылып отырған баласын көріп, Сәнім көз жасына ерік берді. Қатты дауыстап жылағаны сондай, үйдегі Шолпанның күйеуі де ығысып сыртқа шығып кетті. Қатты қорқып кеткен ұлын құшақтап, «кетіп қалсам ба екен», - деген ой келді басына. Сынған, шашылғанның бәрін жинап, енді енесінің артынан барайын деп айнаға қараған Самал бетінің бәрі тырналып, көгеріп кеткенін көрді. «Енді қалай барамын. Байынан таяқ жеген қатындай», деп мырс етіп күлді де, «мен байғұсқа байдан емес, оның әпкесінін таяқ жеу бұйырыпты. Байдан таяқ жеу мен үшін арман ғой...», - деп бетінің қанын сүрте бастады.
-Әжені қайда алып кетті? - деді біраз үнсіздіктен кейін Айдос.
-Қазір барамыз, балам әжеңе! - деп үстіндегі жыртылған киімін ауыстырды. Енді бір сәтте Самал баласын ертіп ауруханаға қарай бет алды.
-Бетіңе не болды? Енең жаман емес, қызы отыр қасында, - деді дәрігер Айбала.
-Ана қызымен төбелестік, - деді Шолпан.
-Ол кісінің көзінше ме? Ондайды үлкен кісі көтере ала ма? Өліп кетеді ғой! - деп қабағын түйді. Самал енесіне кіргенде оның жанында Шолпанның отырғанын көрді. Оның да бет-аузы ісіп кетіпті. Кірген Самалға ол қабағын түйе, өштікпен қарады.
-Неменеге келдің? Кет! - деді Шолпан.
-Сенің кет дегеніңе кете қоймаспын, - деді Самал. Екеуі екі жағында үнсіз отырды. Сәнім ана болса, екеуіне кезек-кезек қарап, үніз жата берді. Біраздан кейін Самал енесіне тілегін тілеп, Айдосын жетектеп, үйге қарай қайтты. Дәрігер енесінің әлі жататынын айтқан. Жол бойы кетуді ойлады. Қалаға кеткісі келді. «Дәулетінің қасына барсам, жақын жерден барып тұрсам жақсы болар еді, - деп ойлады ол. Кетем,шештім! Ештеңеге алаңдамаймын, аялдамаймын... болдым. Тоқпын! – деп күбірледі ол. Кешкі самал жел онсызда бүгін ұйпа-тұйпа болған шашымен ойнап қояр емес. Самал қайта-қайта көзіне түскен шашын қолымен артқа қайырып, «Қап, орамалымды ұмытып етіппін ғой»,- деді. Ол үйге жетіп, қақпаны аша бергенде үйдегі еңгезердей еркек сыртта тұр екен.
-Әлі кеткен жоқсыз ба? - деп жаман көзімен бір қарап, Самал үйге кірді.
-Енең қалай, тірі ме? - деді әлгі еркек.
-Тірі, сендер өлгенін қалап жүрсіңдер ме? - деді есік алдын қайта оралған Самал.
-Несін жасырамын. Сол келуімізде. Әйтпесе, мына жерде неміз бар? Бір күнде ат басын байлайтын жер емес екен.
-Иә, мен білемін көкейлеріңді тескен не екен. Осы үй ғой... Бұл мына Айдостікі, ана түрмедегі күйеуімдікі. Ал мен болсам, сендерге оңайлықпен бірдеңе береді екен деп ойлама! Түсіндің бе? Абзалы кеткенің дұрыс.
-Сен оны ана қайын апаңа айт! Маған бәрібір! - деді қолын сілтеп. Сол үй керек деп жанталасып жүрген. Самал үнсіз үйге кіріп кетті. Бір уақытта басына жаман ойлар келді. Ол өз анасын өлтірсе қайпек. «Қой, олай істей алмас...анасы ғой, - деп ойлады Самал. Бірер сағаттан кейін Шолпан кірді үйге. Олар тағы көпке дейін ұрсысты. Таң ата керек-жарағын алып, Самал ауруханаға кетті. Баласын олардың қасына тастамады.
-Апа, қалайсыз? Шүкірсіз бе, - деген сөзіне Сәнім басын изеді. Бірақ әлі жатасыз, шығармайды. Емделіңіз дұрыстап, - деді. Қарт ана немересін көріп, жүзі жадырап, қолын бұлғап шақырды. Айдос әжесінің құшағына кірді.
-Дәптерімді әкелдің бе? - деді әлсіз дауысымен.
-Әкелдім, апа! Сұрайтыныңызды білдім ғой, - деп пакеттен дәптерін шығарып, қасына қойды.
-Қасыма отыршы, Самалжан! Менің енді күнім жақын... Сенің ақылың бар. Шолпанмен тіл табысуды ойла. Өштесіп, оны жеңе алмайсың. Алда. Оның мінезі өте қырсық. Ол бағы ашылмаған жан. Сен оны жақсылыққа баулып көрші. Ол кезінде морт сынған адам. Негізігі түбі жаман емес еді. Бала кезінде өте мейірімді болатын.
-Білмеймін, апа, мен бақыттымын ба? Менің бағым ашылды ма? - деп Самал қабағын қатайтты.
-Сенің күшің бар, сенімің бар, сен балаң үшін өмір сүресің.. анасың, - деп көзіне жас алды. Ана баласы үшін бәріне шыдайды, бәріне көнеді. Бәрін жеңеді. Сен де бәрін жеңесің.. Сөзіңді берші маған.
-Жақсы, - деп Самал кенет қатты солқылдап кеткен самайын ұстады. Бірақ өлу ерте, апа, күресіңіз! Ана дәптерді бітіруіңіз керек. Айдосты мектепке жетектеп апаруыңыз керек... Сәнім көзін жұмып үнсіз жылады. Мен өзі көп сөзге жоқпын ғой. Алайда, жазуды жақсы көремін. Бар болмысымды, өмірімді, сезімімді мен осы дәптерге тізіп келемін. Мен кеткесін бұл дәптерді сақтап қоюыңды өтініп сұраймын. Дәулетім оқысын, Айдосым ер жеткенде оқысын...Өмір деймін-ау...түлкінің құйрығындай бұлаңдап өте шықты. Не істедім? Не бітірдім? Өмір сүрдім бе арманымдай? Тек қайғы, өкініш, мұң, сағыныш... Шуақты күндерім аз болды менің... бәрін жазып келемін...нені армандадым, нені қаладым, кімді сүйдім.. сыр сандығымның қақпағын аштым. Сендер үшін жаздым ұрпағым! - деп бір демін алды қарт ана. Самал жылай бастады.
-Қойшы, апа! Өлмеші, мен не істеймін онда? Маған сіздің отырғаныңыз үлкен күш береді. Мен осы босағаға керектігімді сезінемін. Сіз отырғанда Дәулетті күтуге шыдамым жететіндей... Сіз менің ар-ұятымсыз, иманымсыз, апа-ау! - деп құшақтап, басын енесінің кеудесіне қойып, еңіреп жылай бастады. Мен кеткім келген, мен шаршадым, шарасызбын, кейде өлгім келеді...
-Қой, қарғам, бұл сөзді естімейтін болайын енді. Сен менің орнымда қалып, Дәулетің келгенше шаңырақты шайқалтпай ұстап отырасың. Шолпанды да түзу жолға саласың, қамқорлайсың... мен саған сенемін, жарығым! Бір апта жазған Сәнім әлсірей бастады. Қолдары ұйып, саусақтары өзін тыңдамай кетті. Қаламды ұстай алмайтын қалге жетті. Арасында қысылып, әлсін-әлсін дәрігер келді.
-Әже, кәне тастаңыз,ажалыңнан бұрын өлесіз ғой, - деген дәрігерге.
-Ажалдан бұрын өлмейді, балам! - деп езу тартқан болды. Ажал маған ертең келеді, - деді.
-Неге, айтарыңызды ауызша айтпайсыз. Мынау не жазушы боп кеткен. Қолынан қаламы түспей, - деп дәрігер ұрысты.
-Сәуле, әжейдің қан қысымын тексердің бе бүгін? - деп медбикеге қарады.
-Иә, 170-100 болып тұрды. Дәрісін бергенмін, - деді медбике.
-Үлкен..ине салыңыз, тездетіп.. Ал, сіз әкеліңіз ана дәптерді! - деп қолын созды. Бірақ қарт ана дәптерін бермеді.
-Жоқ, айналайын! Дәптерді мен тек келінім Самалға беремін, - деп жастығының астына тықты. Кешке жақын бар күшін жинап, Сәнім дәптерінің соңғы беттерін жазды. Жүрегі қысылды. Емдеп жатқан дәрігер Самалды шақырды.
-Апа, қалайсың, біз келдік! - дей берген Самалға «Келдіңдер ме? Күттім, асыға күттім, құлыншағым, Айдосым, келші, - деп немересін құшағына алып мауқын басты. Шолпан қайда? Ол неге келмеді. Самал үйде болған оқиғаны енесіне айтпады. Аяды. Тек келіп қалар деп алдаусыратты.
-Шолпанды көргім келеді, соңғы рет. Шақыршы,қызым.. - деп енесі Самалға өтініш білдірді. Самалжан, мына дәптерді өзіңе табыстаймын. Сақтап қой... Менде сендерге қалдыратын байлық жоқ. Тек азғантай естелігім, ақыл-кеңесім болмаса... Мені сағынғанда, осы дәптерді оқыңдар! Мұнда әрқайсыңа жазғандарым бар. Тілегім, батам... өсиетім... Бүкіл ғұмырым... Осы дәптерді Дәулетке, Шолпанға мен о дүниелік болғаннан кейін 1 жылдан кейін оқытарсың... Айдосқа ержетіп, есі кіргесін оқыт, - деп сәл демін алды. Самал дәптерді сөмкесіне салды.
-Апа, енді дем ал, біз осы жерде жүреміз. Бір сағаттан кейін келеміз. Дәрігер шығыңдар деп жатыр, - деп енесінің маңдайын сипап, бетінен сүйді. Кәрі ана келінінің қолын жібермей, тас қылып ұстап тұрып: «Самалжан, ұрпағым саған аманат. Дәулетті күт, Шолпанмен тілтабыс, Айдосымды», - дей бергенде көзін жұмды. Самал енесі ұйықтап кеткен екен деп ойлап, палатадан шығып, коридордағы диванға жайғасты. Сәлден кейін кірген медбике, палатадан жүгіре шығып, дәрігер деп айқайлағанда ғана түсінді. Сəнімнің жүрегі тоқтаған еді. Самал енесінің садақасын азғантай ағайын-туғанмен, көрші-көлеммен өткізді. Шолпанның өтінішімен Самал арызын қайтып алды. Олар қалаға кетпекші болды. Сосын Самал көнген еді.
-Қайда барасың, оны қуғанмен сені қуып жатқан жоқпын ғой, - деді Самал Шолпанның қасына келіп. Марқұм енесінің аманатын орындағысы келді ме, әлде өшігуден шаршады ма?
-Үйді бөлеміз, бізге баспана керек, - деді кенеттен Шолпан.
-Бұл үйді сатқанмен ештеңе құрамайды ғой. Сен де мен де далада қаламыз ғой. Ондай қадамға барудың керегі жоқ. Ойлан.
-Ойланатын ештеңе жоқ. Сенімен тұра алмаймыз бір шаңырақта...
-Жақсы мен жақында Дәулетке барамын. Ақылдасайын.
-Оған әлі он шақты жыл үйдің керегі жоқ, - деді Шолпан.
-Туған бауырың ғой, қалай осындай шірік сөздер аузыңнан шығады. Осы үйдің үлкеніне айналып, ана орнына ана болып, артыңнан ерген інлеріңді ойлап, ес жияр кез жетті ғой. Егер түзу жолға түсіп, адами қасиеттеріңді оятсаң, мен де өзіңе қарай қадам жасар едім... Самал ашудан булығып, іштей марқұм енесіне «Апа-ау, мынандай азғын адаммен қалай тіл табысуға болады, айтыңызшы?», - деді.
Шолпан үндеместен үйден шығып жүре берді. Самал болса, баласын құшақтап, қара шаңырақта жалғыз қала берді.. Енесі өзіне үлкен медеу еді. Оның отырғаны үйді толтырып тұратын. Енді қаңырып бос қалған ескі үй, Самалдың басына құлап кететіндей, теңселіп тұрғандай ма... Теңселіп тұрған үй емес, шаршаған Самал еді. Қанша күннен бері аяқта. Ол тәлтіректеп барып төсекке құлады. Сол жатқаннан екі күн орнынан тұрмады. Оянып, қайта қалғып.. оянса, ойлармен арпалысып жата берді.
-Тұрсайшы, Самал екінші күн жатырсың, - деп қасында отырған Ажарды көріп,басын көтерді.
-Солай ма, күн санын жоғалтып алдым. Күн мен түн де, - деп Самал орнынан тұрды. Қиын күндері қасынын табылған Ажар мен Асхат көңіл қосып, некеге тұрмақ болды. Бұл Самалды сергіткен жалғыз жақсы жаңалық еді. Есін жиып Самал Дәулетпен кездесуге жиналды. Анасының қайтқаны туралы ауыр хабарды арқалап, баласын ертіп, түрмеге келді. Дәулетке болған соңғы оқиғаларды айтып, бірге жылап,шер тарқасты.
-Қайран, анашым... не көрсеттім,қайғыдан басқа...-деп бетін басып жылай берді.
-Жасыңды тый! Балаңның көзінше жылама! Дәулет, кінәң жоқ.. отыра бермей бір амалын табу керек қой.
-Қандай амал бар. Өзім шығып, әпкемді отырғызайын ба? Жоқ! Олай болмайды. Қанша арсыз болса да, ол менің бірге туғаным. Ондайға бара алмаймын.
-Ол бара алды ғой...Қасындағысын отырғызу керек.
-Ол отырса, Шолпан да отырады. Жақсы...пешенеме жазылғаны осы болар...
-Ең болмаса, өзіңді жақсы ұстап, үлгілі болшы. Мүмкін ерте шығарар, - деді Самал.
-Иә, содан басқа мен де амал көріп тұрған жоқпын. Мұндағылар да менің кінәлі еместігімді түсінген сияқты. Бастығым ертерек босату амалын қарастыруда. Кім біледі...
-Дұрыс, бізге алаңдама, біз күнімізді көреміз. Тек Шолпан үйді бөл деп талап етіп кетті. Не істейміз?
-Бөл десе, бөліп бер. Қалаға жақындаңдар... Туғандарыңа жақында... Жұмыс ізде әуелі.. Айдосты мектепке қаладан бер, - деді Дәулет.
Өмір жалғаса берді. Асхат пен Ажар бөпелі болды. Жалғыздықтың қиыншылығын Самал белшесінен көрді. Көрінген көк атты Самалға қырындауды шығарды. Түнде есік қағып,неше түрлі ұсыныстарын айта бастады. Әсіресе, Әлібек деген отбасы бар еркек Самалдың қыр соңынан қалмады. Көрінген жерде көзімен атып,жұрттың көзінше жолын көлегейлеп тыныштық бермеді. Самал жәй да айтты, айқайлап та айтты. Бірақ түсінентін адам болмай шықты Әлібек.
-Аулақ жүріңіз, мен сізге бірер күндік ойыншық емеспін. Менің отбасым бар, күйеуім бар, - деді Самал тағы келіп тұрған Әлібекке.
-Күйеуің әлі он шақты жыл отырады. Тірі шыға ма, шықпай ма кім білсін. Жас өмірің күтімен өтеді ғой. Өмір қысқа... Бүгін күліп-ойнап қалмаймыз ба? - деген Әлібекке:
-Бұл өз өмірім, өзім шешемін. Басқа күліп-ойнағысы келетін әйелдер табылады осы ауылда да, мені жайыма қалдырыңыз! -деп көзінен от шаша, кесіп айтты. Ауыл-ел кішкентай ғана жерге бұл сыбыс тез жетті. Ақ-қарасын білмей, бетін шымшығандар да,сенбегендер де, Самалды жақтағандарда болды. Кімге нені түсіндірерсің? Бір кеште есікті қағып, Әлібектің әйелі келді.
-Самал, сөйлесейін деп едім, - деді. Əлібектің əйелі ақылды жан боп шықты. Ол Самалды сақ болуға шақырды.
-Мен сені кінəмаймын, Самал! Ол сондай еркек. Мен сені тек алданып қалма мен сияқты дегім келеді.
-Сондай екенін біле тұра, неге шыдайсың?
-Шыдамағанда қайда кетем? - деп мұңайды. Үш бала бар. Қалай?
-Басқа түссе бəріне де шыдайсың? Міне отырмын ғой мен, - деді Самал.
-Иə, сен мықтысың ғой. Мен шыдай алмаспын. Осының өзіне уайымдап біттім...Я маған көрсетпегені жоқ. Шыдап көніп келемін. Əйел кеткесін Самал оның ынжық екенін ойлап қойды. Анандай мінезбен əрине күйеуің қыдыратын болады," - деп күбірледі. "Қаттырақ болу керек. Бір қарасыңнан-ақ ығысып тұруы керек..." - деп бір қойды. Иə, кімге ақыл айтқандаймын. Жүрісім болса мынау...Сорлы бейбақ... Дəулеттің шығуына əлі он жылдай уақыт бар. Мен қашан сонда бақытты боламын? Қайран, жас ғұмырым.. уайыммен, көз жасым құрғамай өтетін болды-ау... Апа-ау, сен де кетіп қалдың. Қандай медеу едің маған. Айдос сені əлі күнге іздейді. Бүл үйді бөлу керек болса, бұл шаңырақ ыстық маған. Мен бұл жерден кеткім келмейді. Айдосты мектепке дайындау керек. Ақша да аз қалды, қалай жеткіземін..." - деген арпалыс ойлармен алысып біраз отырды да, орнынан тұрып шаруаларына кірісті. Күндер зулай берді. Енесінің жылын берді. Айдос бірінші сыныпқа барды. Самал мектепке апармасын бұрын Айдосты әжесінің бейітіне алып барды.
-Әжем әлі осында ма? - деді Айдос.
-Иә, енді қайда болсын, балам? Сені мектепке апара алмай бір арманы ішінде кетті-ау... - деп енесінің суретін қолындағы орамалмен сүртті. Еее, апа-ай, сенде көрген түстей болдың–ау... Қайран, апам! Анамнан да артық болып кетіп едің, қайтейін... Тірілту қолымнан келмейді менің... Тыныш жат, апа! Дәулетің аман. Еңбек етіп,жүр. Басшылары мақтапты. Мүмкін...кім біледі...Ерте шығарып жіберер... Қызың, сол кеткеннен мол кетті. Қарасын көрсеткен жоқ. Үйді сатасың, бөлісіміз деген. Мен бәріне дайынмын ғой... Бірақ осы ыстық мекенімнен кеткім келмейді. Осы өздеріңнен қалған шаңырақта Дәулетімді күтіп, баламды өсіргім келеді,апа! Самал орынан тұрып,енесіне бір уыс топырақ салды.Тағы келеміз. Балаңа батаңды бер, апа!-деп құранын күбірлеп оқып, бетін сыйпады.
-Әжеңмен қоштас, балам! Сабағымды жақсы оқимын. Үлкен азамат боламын де. Айдос әжесінің тастағы суретін сипалап, суретін сүйді. Самал бейіт басынан сәл алыстай бере, басын бұрып еді, енесі тірі адамдай суреттен бұларға қарап тұр екен. Жүрегі дір еткендей болды. Баласын жетектеп, қара жолдың шаңын көтеріп, ауылға қарай асыға басты. Жол бойы енесі көз алдына келіп, үнсіз сырласып келе жатты.
-Біз тағы келеміз ғой әжеме? Мен беске оқимын сабақты, - деп Айдос жол бойы әңгімесін айтып, аузы бір жабылмады... Айдостың мектепке баруына қаладан нағашы атасы мен әжесі келіп, Ажар мен Асхат, көрші-көлеммен атап өтті.
-Қызым, мынаны сат та қалаға келсейші, - деді анасы. Жалғыз қиын ғой. Қасымда болсаң, әйтеуір бауырларың қарасады ғой.
-Жоқ, апа! Мен Дәулетті осы үйде күтем. Тек Шолпан келіп, мазамды алмаса болды. Ол жоқ көптен. Қарасын батырды. Қазір тынышпын. Бірақ бөтен емес, кейде қайда жүр екен деп ойлап қоямын.
-Апа, қаладан көрген-білгендер жоқ па екен, естіген жоқсың ба? Құлақтарыңды түре жүріңдер? - деп алаңдаушылығын білдірді.
-Құрып кетсін, ол бейбақ! - деп анасы қолын бір сілтеді. Күздің салқын желі тиді ме,бір күні Самал сандырақтап ауырып қалды. Ыстығы көтеріліп,денесінің бәрі сырқырап, түнімен ыңырсумен болды. Басын көтере алмай жата бер. Сол ауруымен Самал қаладағы ауруханаға түсті. Өкпесіне салқын тиген екен. Баласын қарауға анасы келді. Самал ұзақ жатты. Ауруды қатты ауырсынған Самалдың жүйкесі де сыр берді. Ауруханада өзін емдеген дəрігер Руслан Самалға ерекше ықлас білдірді.
-Самал, өмірің ауыр екен. Тəн жарасы жазылар,жан жарасы жазылмайды ғой. Аяғыңнан тұрып кеткің келсе, тек жақсылықты ойла. Болашаққа үміт арт.Тек сенімің мықты болу керек. Əйтпесе, жазылмайсың...Ой, уайым, мұң жеп қояды тəніңді. Сондықтан Самалжан позитивті бол.
-Иə, тырысып жүрмін ғой.
-Мен саған психолог шақырайын, əңгімелес көмегі болады. Түңілме өмірден. Балаңды ойла. Қызығын көруің керек, өсіруің керек... Соңғы кезде жағдайы жақсара бастаған Самалға анасы, баласы, бауырлары келіп, көңілі көтеріліп қалды. Əлі бір апта жатып шығатынын естігенде қатты қуанды. Бүгін келген Ажар мен Асхатты есік алдына дейін шығарып салып, қайта палатасына келе жатып көзі көрші палатаға əкеле жатқан, керуеттегі əйел адамға көзі түсті. Кенет денесі мұздап кеткендей дір ете түсті. Керуетте жатқан əйел Шолпанға қатты ұқсап кетті. Қасына жақындай түсті.
-Шолпан, кім мына əйел, Шолпан емес пе? – деп сұрады медбикеден.
-Білмеймін. Жансақтау бөлімінен қазір түсірді. Төсекте жатқан əйелдің сау жері қалмапты. Самал палатаға ілесе кіріп,əйелге үңілді.
-Шолпан, Шолпан ғой бұл...менің күйеуімнің əпкесі,қайын əпкем, - деп бір қолымен бетін басты. Шық,шық, - деп медбике Самалды Шолпаннан көлегейлеп, сыртқа итере бастады.
-Бұган не болыпты, а? Кім бұны жасаған, а?-деп Самал сұрақтың астына алды.
-Шықшы, мен қайдан білейін... Сен тіріліп апсың ғой. Бар. Саған да бұлай жүруге болмайды. Сен де постельный режим ғой... Самал палатасына қайта келіп, төсегіне отырды. Бұны енді Руслан дəрігерден сұрау керек деп ойлады ол. Орнынан атып тұрып, дəрігерлер отыратын кабинетке қарай жүрді.
-Руслан Арыстанұлын бола ма екен? - деді кабинетің есігінен сығалап.
-Жоқ, ол кешірек келеді, - деді отырған дəрігер. Самал палатасына қайта келіп, төсегіне жатты. Ұзақ жата алмады. Орынан қайта тұрып, Шолпан жатқан палатаның есігінен сығаламақшы болды. Жүре түсіп,жан-жағына қарады. Ешкім көрінбейді. Палатаның есігін ашып, сығалап еді. Шолпан жалғыз жатыр екен.
-Шолпан əпке! - деді қасына жетіп барып. Ана əйелдің жүзі деп айтуға келмейтін бет формасы қимылсыз еді. Самал қасына жақындай түсіп,бетіне қайта үңілді. «Әлде ол емес пе?» - деген ой келді. «Шолпан әпке?», - деп қолынан ұстап еді, әлгі әйел басын бұрып, көзін ашты. Самал бұл әйелдің қайын әпкесі екеніне көзі жеткендіктен, шошып кетіп, кейін шегінді. Шолпан Самалды таныған жоқ. Қарады да ,көзін қайта жұмды. Ол жалпы ешкімді танымайтын қалде еді. Самал палатадан шегіншектеп шығып кетті. Жүрегі аузына тығылып, тіпті шаншый бастады. Шолпанның бет жүзі мүлдем басқа еді. Адам танымайтындай... Алайда, Самал оны танығанына өзі де таңырқап қалды. Жүзін емес, өзін сезінді ме, әйтеуір, таныды. Палатасына келіп, орнына жатты. Қабырғаға бұрылып, үнсіз бір нүктеге қараумен болды. Басына неше түрлі ойлар кіріп-шығып жатты. Сөйтіп жатып,ұйықтап кеткен екен. Қанша ұйықтағаны белгісіз, біреудің түрткенінен селт етіп оянып кеті. Басы мең-зең болып, ауырысынып жатыр екен. Басын сәл көтеріп бұрып еді, Руслан дәрігер екен.
-Қалай жағдайың? Жата бер, тұр ма? Мені неге іздедің? - деді Руслан.
-Ааа, аға, көрші палатаға бір әйелді әкелген, сол кім деп сұрайын дегенмін. Танысыма ұқсаттым.
-Оны алдыңғы күні даладан тауып алған екен. Бізге жансақтауға түсті. Беті бері қарағасын палатаға шығарған. Есімі Шолпан Айдарқұлова жасы 40 шамасы. Танисың ба? - деді Руслан.
-Иә, ол менің қайын әпкем... Жағдайы қалай қазір? Ол мені танымаған сияқты.
-Иә, оның жағдайы әзір түзеле қоймас. Амнезия диагнозы.
-Мені сол палатаға көшіріңізші... Мен қасында болып, қарасайын, а?Бола ма?
-Сенің өзіңе күтім керек. Жаңа басыңды көтердің. Болмайды!
-Өтінемін...аға! Мен қасында болуым керек, - деп Самал үлкен көздерімен дәрігердің көздеріне қадала қарады.
-Жақсы, бадырақ көз! Тек күтушінің жұмысын істеп жүр ме? Оған әдейі адам бар.
-Иә, аға, Алла разы болсын! - деп Самал орнынан тұрды. Жарты сағаттан кейін Самал Шолпанның палатасына көшті. Ол палатадағы әйелді өз палатасына ауыстырды. Руслан кіріп, Шолпанды қарап кетті.
-Шолпан әпке, қалайсыз? - деді Самал керуеттің шетіне отырып. Шолпан аузын жыбырлатты. Ештеңе түсінбеген Самал құлағын аузына жақындатып тыңдады. Бірақ ештеңе түсінбеді. Мүмкін шөлдеп жатыр ма екен деп суды кесеге құйып, аузына тамызған болды.
-Саған не болды? Кім мұны жасаған. Соттаймыз оны. Самалмын ғой мен, таныдың ба? - деді бетіне үңіліп. Шолпан басын шайқағандай болды. Танымайтынын білдірді.
-Ештеңе етпейді, бәрі жақсы болады. Жазылып кетесің, ертең-ақ... Бір апта Самал өзі шыққанша Шолпанды қараумен болды. Шолпан орнынан тұра алмаса да, сұйық тамақ ішіп,беті бері қарады. Құрбысы Ажар келіп, Самалдың бұл ісіне таң қалды.
-Сен ғой одан көрмегенің жоқ. Жола ма қасына! - деді Ажар.
-Қалай, жоламаймын. Біле тұра, көре тұра... Енемннің аманаты бар ғой...
-Жүрісің мынау өзіңнің өлейін деп, Қу сүйексің, боп-боз аруақ сияқты. Жат, ештеңе ойлама,-деп ұрсып кеткен. Самал беті бері қараған Шолпанның жүзіне қарап, оның қатты қартайып кеткенін байқады. «Иә, өмір аямапты ғой... Есің кірер, етек жабар кезің келді... Ақылың қалса жақсы болар еді, ана шайқалған мида..», - деп іштей күбірледі. Өзі шығатын күні Руслан дәрігер, ауру тарихын толтырып, екі аптадан кейін тағы келетінін айтты.
-Мен Шолпанды қашан үйге алып кете аламын, аға?- деді Самал дәрігерге.
-Оны қалай алып кетесің? Өзің әлі айыққан жоқсың. Ол жата тұрсын. Емі әлі аяқталған жоқ. Сосын көрерсің, - деп Шолпанның жеке өмірі туралы сұрай бастады. Самал дәрігерге Шолпан туралы айтып берді. Руслан басын шайқап «Жүрегің кең адам кенсің, Самалжан! Енді өзіңді күт! Ең алдымен денсаулық керек. Қалғаны сосын», - деп қоштасты. Самалды Асхат келіп алып кетті. Кетіп бара жатып,Шолпанға екі аптадан кейін келіп алып кететін айтты. Шолпан Самалды танымаса да бауыр басып қалғанын білдіріп, жылап қалды. Ол сөйлей де алмай қалған болатын. Тек ымдайтын еді.. Екі аптадан кейін Самал Шолпанды ауруханадан шығарып,үйіне алып келді. Өз үйін таныр мүмкін деген оймен Самал Шолпанға үйді көрсетті.
-Бұл үй-туған үйің, танып тұрсың ба? - деді.
-Жоқ, мені неге алып келдің? Мен бұл жерде таныған жоқпын.
-Енді осы жерде тұрасың, бұл сенің туған үйің! - деді Самал Шолпанға ескі альбомдарды көрсетіп. Бірақ Шолпан суреттен өзін көрсе де, есіне ештеңе түсіре алмады. Самал жұмысқа шықты. Шолпан болса үйде отырды. Айдосты мектептен əкелетін болды.
-Шолпан апа, сен менің əжеме ұқсайсың, - деді Айдос.
-Əжең болайын онда сенің...
-Əжем мені мектепке апарам дейтін. Бірақ ол енді жоқ.
-Уайымдама мен бармын ғой. Самал Ажарға келіп əңгімесін айтты.
-Есіне ештеңе түспей тұр. Өзімен не болғанын да білмейді.
-Ее, ол өткені үшін сыбағасын алды десей...
-Иə, мен енді оны далаға тастай алмаймын. Туған үйі ғой. Осында тұра береді. Есіне түскенде не болады, кім білсін? - деп Самал ойланып кетті.
-Сен оған өткені туралы айттың ба? Өзі сұрамай ма?
-Сұрады. Жаман жағын айтпадым. Бұрынғы Шолпан емес қазір. Өзі енеме қатты ұқсап бара жатыр. Апам қызын үнсіз ойлайтын. Еш жақсылық көрмеседе, қызын қатты жақсы көретіні көзінде тұратын.
-Иə, енең үнсіз кісі еді ғой. Жазу жазып жата беретін. Айтпақшы, күнделік дəптері бар дейтін едің ғой.. Самалдың есіне дəптер түсті.
-Ол дәптерді қайда қойдым екен? Ол туралы мүлдем ұмытыппын-ау, есім кетіп жүрген кездер ғой. Масқара, жоғалтып алмасам болар еді. Апам, оны балаларына оқыт деді ғой, - деп қапаланды Самал.
-Табылар үйден, уайымдамашы... Ол дәптерді ана Шолпанға оқытпақсың ба? - деді Ажар жақтыртпай.
-Иә, апам солай деп кетті ғой. Тапсам беремін,оқып есіне түсер, - деді.
-Сол саған керек пе? Есіне түскені? Бәрін есіне түсірсе, ол қайтадан сол баяғы Шолпан болып шыға келеді ғой. Үйіңе таласады. Ойлан.. Жақсылап ойлан. Әрине ол сол дәптерсіз де жайлап есі кіре бастайды ғой. Оған уақыт керек. Ал сен ол дәптермен тездетуің мүмкін, - деді Ажар.
-Білмеймін... Былай тартсаң, өгіз өледі, былай тартсаң арба сынадының кейпі ғой.. Мен білгені дұрыс деп есептеймін. Не нәрсенің де ашық, айқын, шындығы болғаны дұрыс. Сонда өз бағытың да айқын болмақ.
-Сол Шолпанды қай қажетіңе жаратайын деп жүрсің осы. Басыңа бәле тілеп. Ол саған есі жоқ болса да, есі бар болса да адам болмайды. Анаң да ренжіп кетіп қалды, - деп Ажар қолын бір сілтеді.
-Ажар, сен түсінбейсің ғой... Мен жалғызсыраймын үйге келгенде шүйіркелесетін адам жоқ. Апам барда үй толып, Дәулеттің де жоқтығын білдірмеп еді. Айдос та жалқы өсіп келеді. Басқа ағайын өзің білесің, жоқтың қасы...Жаман-жақсы осы үйдің адасқан қызы ғой..
-Біз бармыз ғой, ата-анаң бар.. Неге жалғызсың? - деп Ажар бұртиды.
-Бәріңнің өз отбасың бар. Өз қызығың бар. Менің қызығым әні түрмеде отыр. Әлі жылдар бар. Ол жақтан шыққасын не болмақ? Оны да білмеймін. Бір-бірімізге суып кетеміз бе? Ол басқа адам, мен басқа адам болып... Оны тек алла біледі. Мен бір бейнетке жаралған жан болдым ғой...анам айтпақшы. Шолпаннан көрмегенді көрсем де, итеріп тастауға арым бармайды. Ол қазір ауру адам. Барар жері жоқ. Тағдыры ауыр, жаны жаралы, жалғызсырап жүрген бір бейбақ.
-Иәәә, құрбым-ай, аман отыршы балаң үшін... Басқасы жетілер. Мен сенің қасыңдамын әрқашан, - деп Ажар құрбысын құшақтап еді. Самал босап кетіп, ағыл-тегіл жылады. Самал үйге кіре дәптерді іздеуге кірісті. Шолпан не іздеп жүргенін сұрап еді. Самал жауап қатпады. Дәптер табылмады. Іздемеген жері жоқ. Сарайға кетті. Оны да қопарып тастады. Апасынан қалған заттардың бәрін қарады.
-Балам, Айдос, сен әжеңнің жазып жүретін дәптерін көрдің бе? - деді өзімен ілесе кірген баласына.
-Иә, көрдім, - деді баласы.
-Қайда? Әкел! - деді Самал жалма-жан.
-Әкелмеймін.. Әжемдікі ғой.. мен оны тығып қойдым, - деп қырсығып тұрып алды.
-Иә, балам, әжеңдікі ғой. Маған оқыңдар деп берді ғой. Енді оқиық. Әкеңе, Шолпан апаңа оқып беруім керек. Бере ғой, - деп баласын құшақтап, бетінен сүйді. Айдос біраз ойланып тұрды да, үйге жүгіріп кетті. Сәлден кейін дәптерді құшақтап алып шықты.
-Әжемнің дәптерін оқып болғасын маған берші, - деді ұртын бұлтитып Айдос.
-Әрине, балам, сен өскесін өзің оқып аласың. Әзірге мен ала тұрайын, - деді Самал баласының басынан сипап жатып.
«Ақылдым, әжеңді сағынып жүрсің-ау... Мен де сағынамын...», - деп ой жетегінде сарайдағы сандықтың үстіне отыра кетті. Есіне алғаш келін боп түскендегі күндері елестеді. Дәулет пен апасы үшеуі отырып, малын жайлап келіп, ұзақты кеш сәкіде шәй ішетіндері есіне түсті. Бір жылдан сәл артық Дәулетпен тұрған махаббат пен шаттыққа толы бал айлардың дәмі әлі таңдайында, елесін әлі жүрегінде сақтап, өшірмей маздатып келе жатқанына өзі де қайран.. Кешкісін Самал күйбің тірлікті бітіріп, жатар алдында дәптерді қолына алды. Самал дəптерді қолына алып,алғашқы бетін ашып еді, сурет бар екен. Бұл суретте Сəнімнің жас кезі екен. "Қандай сұлу болған!" - деп Самал суретке ұзақ қарады. Одан əрі алғашқы бетін ашып, тақырыбына көзі түсті. "Жылдар жаңғырығы" деп атапты. Самал дəптерге үңілумен таңды атырды. Жылады, күлді, мұңайды... Енесінің балалық шағын, жастық шағын, есейуін алғашқы махаббатын, тағдыр тəлкегін, өмір өткелдерін, арман-үмітін, əр балаға деген махаббаты туралы жазбаларын оқыды. "Құдайым-ау, - деп ойлады Самал, құдды көркем шығарма оқып отырғандаймын ғой.. Апа, сіз жазушы болуыңыз керек еді ғой," - деп таңқалды. Дəптерде Самалға, Дəулетке, Шолпанға, Айдосқа деп аманат-жазбаларын қалдырыпты. Самал дəптерді қүшақтаған күйі таңға қарай қалғып кетті. Түсінде Сəнім енесі аяқ жағында отыр екен.
-Апа, сен тіріліп келдің бе?
-Жоқ, сендер үшін əрқашан тірімін. Самалжан, Шолпанды қамқорла... өтінемін, өтінемін... Ол қазір қиналып жүр. Ол өлгісі келеді. Көзіңнен таса етпе...өтінемін... Самал оянып кетті. Жұмысқа ерте жиналатын әдетімен орнынан тұрып, ұйықтап жатқан баласын бірден оятпады. Сыртқа шығып таңғы ауамен терең тыныстады. Көзі сарай жаққа түсті. Біреу сарайды ашып кірген сияқты. Аяғының ұшымен жайлап барып, сарайдың есігін ашып қалды.
-Сіз бе, шошып кеттім ғой, ұры кіріп кеткен екен деп... Неге ерте тұрдыңыз? - деді Самал.
-Жай, ұйқым келмеді. Сосын сыртқа шыққаным ғой, - деп Шолпан сарайдан шығып кетуге асықты. Самал Шолпанның қолындағы белбеуге көзі түсті. Бірден таңда көрген түсі де есіне бірден түсті.
-Шолпан әпке, мына қолыңдағы не нәрсе, көрсетіңізші? - деді Самал жалмажан. Шолпан белбеуді артына тықты.
-Бұныңыз не? Қалай ондайға барасыз, а? - деп Самал қолындағы белбеуге жармасты. -Жібер, Самал, мен сендерге жасағаным қиянат... Ал сен мені аяйсың...
-Шолпан әпке, сенің есің кірді ме? Сен мені таныдың ба? О, Құдіреті күшті Алла! Рахмет саған! - деп Шолпанды құшақтай алды. Шолпан да Самалды құшағына алып, кешірім сұрап жатты. Кенет жерге тізерлеп отыра кетіп «Кешір мені, Самалжан! Дәулет екеуіңнің алдыңда кінәлімін. Қалай мен бейбақты жер көтеріп жүр әлі. Баяғыда–ақ өлуім керек еді. Туған бауырым мен үшін түрмеде отыр," - деп еңіреп дауыстып жылады. Самал болса, жұбатып әлек.
-Болар іс болды. Тек сіздің есіңіз кіргені таңның алғашқы қуанышы, әпке! Енді біз бақытты, ұзақ өмір сүреміз. Дәулетті күтеміз. Айдосты өсіреміз. Бізден бақытты адам болмайды. Болды, тұрыңыз. Жыламаңыз. Мен бәрін кешірдім, Сізде кешіріңіз артық кетсем. Мен текке келмедім бұл сарайға. Анаңыз түсімде айтты сіздің істемек ойыңызды. Ол сізді қатты жақсы көрді. Сізді үнемі уйымдады. Соңғы сәтінде де сізді маған аманат етті. Құдайға шүкіршілік ана ауруханада кезіктірген. Кездеспесек не болар еді, - деп Шолпанның бетінен сүйіп, құшақтады. Жүріңіз, үйге таңғы шәйімізді ішейік шүйіркелесіп, - деп Шолпанды жетектей сыртқа шықты. Үйге кіріп, шайын қойып, әпкесін шәйға шақырды. Дәптерді алып келіп, Шолпанның қолына ұстатты. «Мына дәптерді апам маған аманат еткен болатын. Бұл дәптерде апаның бар ғұмыры көрініс тапқан. Оқыңыз, анаңыздың махаббатына шомылыңыз! Ол сізді соңғы демі қалғанша ойлады. Оқыңыз, әпке! Мен түнімен көз ілмей оқыдым!». Самал мен Айдос үйден шыға бере, Шолпан дәптерді қолына алды. Бірінші бетіндегі суретті көріп «Қайран, анашым, кешір! - деп көзінен аққан жас анасының суретіне тамып жатты. Қолы дірілдеп, көзінің жасы әріптерді бұлдыратып, қайта-қайта көзін сүртіп оқи берді. «Шолпаным, сені Шолпан жұлдыз туғанда дүниеге әкеліп едім. Содан Шолпан деп есіміңді қойып едік. Жарығым, кішкентайыңда өте мейрімді қамқор едің. Әсіресе, әкеңе деген махаббатың ерекше еді,жарығым! Екеуміздің бір-бірімізді түсінбей, бір-бірімізден алшақтаумызға мен тек өзімді кінәлаймын. Сенің осылай теріс кетуіңе не себеп болды деп ойлай-ойлай басым тас болды. Әкеңнің кетуі сені өзгертті ғой, рас па, қызым? Сені сол тұста түсіне алмаппын. Сен де маған сырыңды айта алмадың. Түсінем. Анамен сырласу қиын болар... Мен де сенің жаныңа үңілмегеніме, отырып сырласпағаныма қатты өкінемін. Есіңде ме, екеуміз алғаш рет қалаға барып, дүкен аралағанымыз. Сен ол кезде 7-де едің. Ақылды едің. Ештеңе алып бер деп сұрамайтынсың. Ақшаны көп жойма, үйге кете алмай қалсақ деп уайымдап едің. Сол кезде алып берген көгілдір бантикті әлі сақтап келемін. Менің сандығымда. Сонда сенің мектеп бітіріп қалаға кеткенде алып келген сағатың да бар. Әлі жүріп тұр. Сенің моншақтарың, жазған мектеп дәптерлерің де бар. Сосын алтын жүзігімді қалдырдым. Анаңнан қалған естелік болып, қолыңда жүрсін, алтыным!». Шолпан дәптерді бір сәт жауып, анасының төсегіне қисайды. Ана исі әлі аңқып тұр. Жастығын құшақтап жылай берді. Көзін жұмып үнсіз егіле берді. Анасымен өткен азғантай шуақты күндерін есіне алып, дауыстап жылады. «Кешірші анашым, кешірші..Өкінемін..Өлім тілеймін өзіме..Қарғыс атсын мені! Менің өмір сүруге қақым жоқ! Жексұрынмын мен.. Дәулет, бауырым-ау, бетіңе қалай қараймын.» Шолпан дәптерді қайта ашты. «Шолпаным, егер сен осы жазғандарымды оқысаң, жалғызым, жаным, сенен артық мен үшін жан жоқ екенін білгейсің. Мен сені қандай болсаң да жақсы көремін. Ана үшін баласынан артық ештеңе болмайды. Сен соны түсінгің келмеді. Өзіңді-өзің қолға алып, түзу жолға түс. Аналық ақ тілегім бұл. Ана алдындағы парыз деген болса, өтеуі болсын, жалынамын, күнім, адам бол! Келінің мен бауырларыңның қамқоршысы бол! Қош бол,қызым! Қиналғанда мені ойла...» Шолпанның көз алдынан көлбеңдеп, өзінің бейберекет, ұятсыз өмірі өте берді. Қай тұста жақсылық бар ілінер.. жоқ, жоқ.. тек жеңіл жүріс, берекетсіз өмір,еркек,арақ... Ал соңғы кезде тіптен сол өмірдің кульминациясына жеткен еді. Ақыр соңында өлімші болып сабалып,ай далада домалап қалған. Самал баласын мектепке кіргізіп, өзі жұмысқа аяңдады. Жол бойы ала таңнан болған оқиғалардан есін әлі жинай алар емес. Енесінің өзіне жазған өсиетін есіне түсіре берді. «Самалым менің өміріме үлкен қуаныш,бақыт əкелген жан. Маған қараған жанарынан еш жамандық аңғармадым. Жаны адал,жүрегі таза, асыл адам екен. Адасқан қызымның орнына қызым болып, қамқорлығын аямаған еді. Тәңірім менің мына қиын тағдырымды осы қызыммен жеңілдеткені ғой. Шолпан мен Самалдың арасындағы жанжал, менің жүрегіме келіп қадалған қанжар екенін білсе ғой екеуі. Қайсысын бөле жарайын. Біреуі ішімнен шыққан сұр жылан, біреуі адал ниетті ақ келінім. Самалжан, ризамын саған, еңкейіп басымды иемін! Аналық ақ батамды беремін. Ене мен келін емес, ана мен қыздай болдық деген сеніммен көз жұмамын. Туған қызыма бере алмаған жылуымды сенен аяған жоқпын! Ұрпағым саған аманат! Атадан қалған шаңырағым аманат! Дәулет келгенше аман ұстап отыр. Шолпанды қамқорла...Ол бір адасқан жан.. Қош бол, Самалжан!» Шолпан жылап-жылап көзі ісіп кетті. Тұрып бетін жуып келді. Қайта кіріп анасының сандығын ашты да, тағы жылады. Ішіндегі заттар көзіне оттай басылды. Мына көк бантикті басынан тастамайтын еді. Тек 8 класқа келгенде тақпай қойған. Ал мына моншақты əкесі қаладан əкелген еді анасына. Бірақ анасы өзіне берген еді. Мойнынан тастамайтын. Тек қалаға кетерде анасымен ұрсысып мойнынан шешіп лақтырған. Кішкентай мақпал дорбаға салынған алтын жүзікті алып, саусағына салды. Дəл екен. Есейген сайын анасына ұқсап бара жатқанын өзі сезетін. Анасында алтын жоқтың қасы еді. Осы жүзік пен сырға. Сырғаны Самалдың құлағынан көрді. Сырға ерекше болатын бір көзі ашық қызыл, екіншісі қою қызыл болатын. Есін жидырған да сол сырға еді. Бірақ Шолпан оны Самалға айтпады. Сандықта анасының бір-екі көйлегі мен əкесінің жейдесі, белбеуі, əмиянын көрді. Жейдесін алып, мұрнына тақап иіскеді. Құлағына əкесінің "бір тал гүлім"деген сөзі естілгендей болды. Қарлыққан əке даусы Шолпанның жадында жылдар бойы сақталып қалған еді.. "Əкешім-ай, қайран əкешім..."-деп күбірледі. Дəптерді сандыққа салып қақпағын жапты. Ендігі ойы бейіт басына бару еді. Самал келгенде ол осы ниетін айтты. Олар шəйларын ішіп болғасын əке-шешесінің бейітіне қарай бағытталды. Ескі əке бейіті мен жаңа ана бейітін Шолпан тонау жерден көрді. Бұл келсе тіріліп кететіндей асықты. Жол бойы не ойламады десеңші. Бүкіл азапты өмірі көз алдынан өтіп жатты. Алдындағы ата-анаға қазір барғанда есеп беретіндей, өткенінен бір жақсылық іздеді. Жоқ..Үш күйеу, екі баласы.. "Балаларым..." - деп жүрегі шымырлап кетті. Олар ендігі азамат болды ғой. Мені не қылсын, бейбақты адасқан.." Самал үнсіз келе жатқан Шолпанға қараумен болды. Үндемесе де, өз-өзімен арпалысып келе жатқанын Самал оның түйіген қабағынан көрді. Енесі де қабағын дəл осылай түйетін. Үнсіз келе жатқан Шолпанды Самал əңгімеге тартпады. Олар сол жүріспен бейіт басына жетті. Самал құран оқып, бет сипады.Шолпан тізерлеп отырып, ата-анасынан кешірім сұрады. Бір уыс топырақ салды. "Кешіріңдер мені, асылдарым! Күнə көп жасадым, алла бір өзіңе аян..Кеше көр, қолдай көр...деп күбірлеумен болды. Қайтар жолда Шолпан жеңілдеп қалды-ау деймін жүзі жадырап, күлімдей жан-жағына қарап, көңілді келе жатты.
-Самалжан, мен күнəһармын. Алладан қалған өмірімде жалбарынып кешірім өтінетін боламын..Мен намазға жығылмақ ойым бар. Басымнан орамалым, аузымнан сүрелерімді түсірмеймін, - деп сенімді айтты.
-Дұрыс болған, бəріміздің келер жеріміз дін ғой, - деді Самал.
-Екінші мақсатым, Дəулеттен кешірім сұрау, балаларымды көріп бетінен сүйіп, кешірім сұрау, - деп жағастырды ойын Шолпан. Оның бойынан қара тастай зіл түсті ме, көбелектей жеңіл сезінді өзін. Жол бойы қаптаған жусанды жұлып, мұрнына тақап, құштарлана искеді. Даланың тəтті ауасы көкірегін ашып, санасына нұр құйғандай болды. "Самалжан,мен жаңа туғандаймын. Мен əлі 40-қа да келгем жоқ. Мен өмірді қайта бастаймын. Мына көк аспаны мен кең даласы бар туған өлкемде... Білесің бе, біз енді жақсы өмір сүреміз!" - деді ол келінін құшақтап. Сенші, Самалжан! Сендей ақылды, адал келінім бар, сырласым бар..мен бақыттымын! -деп қолын көке көтеріп, "Ееегегееей! Кең дала! - деп айқайлады. Шолпан мен Самал үйге жеткенше сырласты.
-Самалжан, мен қалаға барып келейін. Тұрған үйімнен киім-кешектерімді əкелейін. Жұмысты не істеймін? Сенің мойныңда отыра алмаймын ғой.
-Жұмыс табу бізде қиын. Іздестірейін. Қалаға жалғыз жібермеймін.
Бірге барамыз, - деп кесіп айтты Самал. Сол күндерден бері 5 жыл уақыт өтті. Шолпан үйдегі бірер малдың басын көбейтіп, тауық, үйрек ұстап, шаруашылықты дөңгелендіріп алды. Айдос та өсіп, үй шаруашылығына көмектесетін болды. Жағдайлары көтерілді. Ескі үйлеріне жөндеу жасады. Дəулетке барып тұрды. Алғашында Дəулет əпкесіне қарсы шықты. Үйден кетуді талап етті. Жүре бара Самал Дəулетке түсіндіре бастады. Туған əпкесін ол да кешірді. Күндер өте берді.
-Шолпан əпке, бəрі жақсы..тек Дəулет аман-есен шықса екен, - деп күрсінді. Тым ұзақ отыр. Ана жолы барғанымда көңіл-күйі жоқ. Ашулы көз-қарасы да өзге..Шыда бəрі дұрыс, тек сен шықсаң деп едім. "Мен бұл жерден ешқашан шықпаймын.. Мен біткен адаммын. Маған үміт артпа", - деді.
-Қой, тек бір көңілінің түскен кезі болар. 3-4жыл қалды, - деп Шолпан Самалды жасытпады.
-Иə, маған да ол ана қарғыс атқыр түрмеден шықпастай көрінеді, - деп мұңайды. Бастықтарына пара берсе, мүмкін шығарар ма еді...
-Берейік, бір сиыр сатып. Бірақ оны қалай береміз, кімге береміз? Білмейміз ғой, - деді Шолпан.
-Айдос та əкесінің түрмеде отырғанына арланатын болыпты. Сыныптастары бетіне баса ма кім білсін, айтпайды ғой. Бұл да жігіт боп қалды.. Екі əйел түнгі шəйдің басында ананы-мынаны айтып ұзақ отырды. Жылдар зулап өте берді. 15жыл 2 ай дегенде Самалдың күйеуі Дəулет түрмеден шықты. Самал мен Шолпан, ұлы Айдос Дəулетті түрме алдынан күтіп алды. Ол кезде Шолпан көлік алған. Жеке кəсібін гүлдендіре бастаған еді. Самал да жұмысын тастап бірге малмен айналысты. Айдос мектептің соңғы жылы қалған еді. Енді бақытты өмір сүремін деп ойлаған Самалдың үміті алғашқы күндерден-ақ су сепкендей басылған еді. Бұл баяғы өзі сүйген бозбала Дəулет емес еді. Ол мүлдем басқа, бөтен адам болып шықты түрмеден. Дəулет арақ құмар, өмірге ызалы, жатып ішер адамға айналған екен. Сөйлесе аузы толған боғауыз, жүйкесі жұқарған, қарсы сөйлесе жұдырығын ала шабатын еркекке айналды. Көрші көлем де, жора-жолдас та Дəулеттің қатты өзгергенін айтып шуласты. "Самалға обал болды-ау, қаншама жыл тырп етпей күтіп еді, байғұс! Күйеуі үмітін ақтамады-ау...сорлы əйел!», - деп аяушылық танытты. Ұлы Айдоспен əкесі бірден тіл табыса алмады. Әпкесі Шолпанды иттің етінен жек көрді. Үйде күнде жанжал болып, айрандай ұйып отырған отбасының берекеті кетті. Дəулет, арағыңды қойып, адам болсаңшы!, - деген Самалға "Адам, мен адам емеспін бе сонда? Айуан болдым ғой. Кім мені сондай қылған ана қатын...15 жыл, бүкіл жас ғұмырым қамауда өтті. Сендер рахатта өмір сүрдіңдер! Мен ше? Түрмеде, темір тордың артында кінəсіз отырдым.." Күйеуімен арпалысып, таяғын жеп жүріп Самал жақсы күннен үмітін үзбеді. "Ештеңе етпейді, осы күнді қанша күттім. Тек жүрсе екен қасымда", - дедім ғой. Əлі ақ жақсы болып кетеміз. Беріле салуға болмайды. Бақыт үшін күресу керек", - деп өз-өзін қайрап қоятын. Сөйтіп жүргенде аяғының ауырлап қалғанын да байқамай қалыпты.-Əпке, мен кешелі-бері жүрегім айни береді. Тамаққа тəбетім жоқ. Бірдемеге уланып қалдым-ау осы...
-Ойбай, абайла! Суды ішіңкіре кетер. Не жеп едің? - деп Шолпан уайымдап қалды.
Солай бір апта жүрген Самал, аяғының ауырлап қалғанын сезе бастады. Шолпанға айтты. Ол қатты қуанды.
-Дəулет, бізде бала болады. Менің аяғым ауыр, - деді Самал күлімдеп. Бірақ Дəулет оған қуана қойған жоқ. Сөйтсе аяғы ауыр тек Самал ғана болмай шықты. Дəулет жас жесірмен əуей болып жүр екен. Бұны Самалдан бұрын ел білді. Бірақ бəрі Самалды аяп тіс жармады. Айы-күні жетіп Самал əлгі əйелмен қатар жатып босанды. Самал бір күн бұрын дүниеге қыз əкелді. Ал Нұргүл болса ұл туды. Ол шақта Самалың Дəулетке көңілі əбден суыған еді. Өзінің қызды болғанына əбден қуанды. Шолпан "артымнан ерген сіңілім", - деп есімін Жұлдыз қойды. Сол жылы ұлы мектеп бітіріп қалаға оқуға кетті. Шолпан Жұлдызды ерекше жақсы көрді. Өзі бағып-қақты. Əдеттегідей Самал басын жоғары көтеріп,еш білдіртпестен тірлігін жасай берді. Енесінің бір айтқаны есіне түсті. "Кеткен еркекке неге кеттің, оралған еркекке неге оралдың" демеген дұрыс. Еркек адасқыш келеді. Адасып, адасып оралады. Шыдап бағу керек. Ар-ожданыңды биік ұстау керек.Ештеңе болмағандай өміріңді жалғастыра беруің керек. Ал уайымың ішіңде болсын." - деген еді. Самал да бұдан басқа амал көріп тұрған жоқ еді. Айқай-шу, төбелес дегендердің бəрі артта қалған еді. Жасы үлғайған сайын сабырлы болуға бейімденіп келе жатқан. Тек 15 жыл күткен үмітінің ақталмағанына іштей налитын. "Бірақ қайдағы махаббатты айтып отырмын. Біз бір-ақ жыл бірге тұрдық. Сезім болса да 15 жылда өшті ғой.. Əйел махаббаты болса, темірден мықты болатыны ғой," - деп ойлады Самал. Бірақ Дәулеттің махаббаты ұзаққа бармады. Ол үйіне қайтып оралды.
-Самал, кешірші, мен ақмақты, - деп жалынды ол.
-Сенің шаңырағың мен сені қуа алмаймын. Тек 15 жыл сен түрмеде отырсаң, мен де сол күйді кештім. Маған оңай болды деп кім айтты? Мен ар азабы мен жан азабын қатар тарттым. Сені соншама жыл күту, оралып, енді адамша өмір сүрем бе деген де сенің маған рахметің осы ма? Сен мені 15 жыл күте алар ма едің? Мен сені тапжылмай, қиындыққа төзіп, бір еркектің бетіне қарамай, ұлыңды өсіріп, анамызды бақтым. Мен өз арымның алдында тазамын. Ал сен ойлан? Енді ана жақта ұлың бар. Сен бір отбасын асырай алмай отырып, екіншісін мойныңа алдың. Енді саған екі есе жұмыс істеу керек. Әрине біз саған қарап отырғанымыз жоқ. Шүкір Шолпан әпкеңнің арқасында жағдайымыз жақсы. Ол бар қателігін мойындап, бізден кешірімін күнде сұрайды. Аллаға құлшылығын, бес намазын қаза қылмай отыр. Сен ең алдымен біз үшін емес, өзің үшін түзел. Сенің келуің маған жаңалық емес. Сенің оған бір айда сыймайтыныңды мен білгенмін. Сен сияқты жатып ішер, араққұмар адам кімге керек? Шыны керек мен тек анамыздың аманатынан аттап кете алмай отырмын. Әйтпесе, сен маған жолдас болудан қалғанысың...Тек баламның әкесісің. Оған да үлгі бола алмадың. Анаңды шексіз жақсы көрдім, қолымнан келгенше қамқорладым. Ақ батасын беріп кетті, - деп Самал Дәулетке бар ойындағысын жайып салды.
-Иә, кешіріңдер, мен енді еңбекке араласамын, - деді Дәулет жалынышты жүзін төмен салбыратып.
-Ол аз, сен ең алдымен арағыңды қоюың керек, Дәулет! - деді Самал күйеуінің жүзіне тура қарап. Бірақ Дәулет арағын қоя алмады. Ол үнемі ішіп, көшеде жататын. Оны кішкентай қызы Жұлдыз іздеп, жетектеп алып келетін үйге. Жұлдыз әкесін жақсы көрді. Әкесі де қызын көріп «Сен мені ойлайтын тек», - деп жылайтын.
-Самал, қарашы, о, тоба, мына көріністі..Жұлдызжан баяғы мен сияқты әкесін жетектеп келе жатыр, - деп Шолпан таң қалды.
-Иә, әпке, өмірде бәрі қайталанады екен..Мен де байқадым, - деді Самал күрсініп. Тағы енесінің жазғаны есіне түсті «Өмірде адамдардың ара-қатынасында ешқандай өзгеріс жоқ. Сол тартыс.. Өз шындығыңды дәлелдеу, өзімшілдігіңді аялау. Ата-анаңның жолын сен де қайталайсың.. Тек оны мойындамаймыз. Өзімшілдік – көздің шелі». "Ұлым, арысым, тірегім болады ғой деп едім сені.. Тағдырдың тəлкегіне түсіп қалдың -ау.. Адам- Алланың құлы. Сынағына шыда, балам! Мойыма! Ең алдымен азамат екеніңді ұмытпа! Ұлың бар, жарың бар соларды ойла! Жасыма, балам! Күні-түні сенің тілеуіңді тілеп отырамын," - депті əже. Əкешім мұны саған жазып кетіпті, - деп Жұлдыз əкесіне əжесінің жазғанын оқып беріп жүрді. 8 жасар Жұлдыз оқығанын түсінетін. Сарғайған дəптерге 20 жылдай болып қалған. Самал көзінің қарашығындай сақтайтын. Соңғы кезде бұл күнделікті кітап етіп шығарсам деген ой мазалап жүрген. Бір күні анасы қызын шақырып алды.
-Қызым, мына дəртерді əкеңе оқып бер. Абайла, жыртып алма! - деп тапсырған еді.
-Əке, неге əже бəріңе жазған да, маған ештеңе жазбаған? - деп бұлтиды Жұлдыз.
-Сенің дүниеге келетініңді білмей кетті ғой. Сосын жазбаған ғой. Оқышы тағы да,қызым, - деді Жұлдыз тағы оқып берді. «Əпкеңді кешір балам, есі болса ондай жасамас еді. Босап шыққан кезде өш алушы болма! Жүрегім сезеді Шолпаным, əлі сендерге қамқор болады. Тату болыңдар!»-деп жазыпты əже. «Əке, сен арақ ішпесейші, əженің айтқанын тыңда, əйтпесе, қызығымызды көре алмайсың»,-деген Жұлдызға əкесі күлімдей қарады. «Ақылдым, жақсы ішпеймін енді. Берші, дəптерді», -деп қолын созды. Сарғайған дəптерді қолына алып, əр бетін ашып, үңілді. Көзінен жас моншақтары тырсылдап дəптерге түсіп жатты. Көзінің жасын қызынан жасыра сүртіп жіберіп, қайта беттей бастады. Əр бетінен ана дауысы жаңғырғандай. Иə, бұл ана үнімен жаңғырған жылдар жаңғырығы еді. Дəулет анасымен сырласқандай əсерде болды. Анасына деген сағынышы сыр берді. Дəулет қызын ертіп зиратқа қарай тартып отырды. «Өмір деген, шіркін, тəтті ғой. Енді міне, міне деп жүргенде уақытың да келіп қалады екен. Ұрпағыңнан тəтті ештеңе жоқ. Қандай болса да,сен үшін олар аспандағы ай мен күндей екен. Мен екі баламның басындағы қииыншылық əзірше, уақыт өте бəрі жақсы боларына сенемін. Өйткені, мен олардың анасымын. Шын мəнінде олардың қандай екенін мен білемін. Өйткені, оларды дүниеге əкелген мен!» Дəулет ата-ана басына барып,ұзақ отырды. Өз өмірін саралады. Анасымен сырласты, кешірім сұрады. «Өмір қас-қағым екен. Бəрін үлгеру мүмкін емес. Өмірдің мəнін айналаңнан іздеме, өзіңнен ғана ізде. Адам үшін өмірдің мəні-ұрпағы». Зират басында ұзақ отырған Дəулет, күннің батып келе жатқанын да байқамады.
-Əке, үйге қайтайық,анашым іздеп қалар, - деген қызының даусынан есін жиды. Олар ауылға апарар қара жолға түсті. «Балам..балам, сағындым сені», - деген ана дауысы ұлының құлағында жаңғыра берді. Түзу қара жол.. Өмір мен өлім арасында жосылып жатыр. Оның бойымен ерсілі-қарсылы өлімге қарай бет алғандар мен тіршілікке қарай талпынғандар жүреді. Осы екі ортамен Дəулет тіршілікке қарай асыға басып барады. Қызын иығына қондырып, үйге асықты,отбасына асықты. «Өмір өткінші..əне-міне деп жүргенде мына батқан күндей батып, қараңғылыққа сүңгисің.. Ана, сенікі рас, сенікі -ақиқат! Анашым, мен сені қалай сағынғанымды білсең ғой!", - деп күбірледі. Олар ауылға кірді. Дəулет ауылға басқа адам боп кірді. Иə, ол көп ұзамай мүлдем өзгереді. Танымастай өзгереді... Соңы