Теңіз жағасындағы ескі үй
Бүгін теңіз ерекше ашулы еді. Бет каратпайды. Ашуы, долы қатындардың ашуындай жан-жағын жайпап барады. Биікке көтерілген қап-қара толкындар сені жалмап алғысы келгендей төніп келіп, үрейіңді ұшырады. Орманнан шыға бере тұста, жағалауға жакын жалғыз тұрған ескі үй, тағы бір осындай дауыл тұрса, кұлайтындай. Оның ішіндегі тұрғындарынан қазір тек жалғыз кәрі шал қалған. Кезінде еңселі, ордалы еді. Шал да жас бала еді. «Биыл жасым 97-ге шықпақ, шатаспасам», - деп бастады әңгімесін қария. Мен осы жағалаудан басқа мекенді білмеймін.Өмірім осы теңіз жағалауында. Осы теңізден тамағымды тауып жеп, осы суға шомылып, осы сұлулыққа қараумен өмірім өтті. Адам аяғы көп баса бермейтін жерде тұрып, жабайы табиғаттың мінезіне шыдау, екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Мына ескі үйдің ішіндегі он шақты адамнан бүгінде жалғыз мен калдым. Бірақ өлген жандардың жаны осы үйде, олар ешқайда кеткен жок. Бұл үй бір ғасырдан артық тұрган үй. Бұл үйде мен дүниеге келгенмін. Менің атам мен әкем балықшы болған. Мына теңізге шығып айлап балық аулайтын. Анам және бауырларыммен оларды жағада апталап, айлап күтетінбіз. Негізгі қорегіміз балық болатын. Қара түнге қарай үйдегі әжеміздің әңгімесін тыңдап, қорқып ұйқыға кететінбіз. Әжем неше түрлі қоркынышты оқиғаларды айтатын. Сондай оқиғаның бірі мына ескі үймен байланысты. Әжем кейде "бұл үйдің қашан салынғаны белгізсіз, бұл үйде мен дүниеге келгенмін", - деп отыратын. Әңгімесін шорт үзіп, қария мені үйіне шақырды. Алайда, "бұл үйде өлгендердің жаны жүр", - дегенді естіген мен, үйге кіруден бас тарттым. Ол болса, қас қарайғанын айтып, басқа бас тірер жердің жоқтығын ескерткесін амалсыздан кіруіме тура келді. Үйдің өте ескілігі алғаш кіргеннен байқалды. Білесіз бе, мен ол үйдегі жиһаз бен құрал-саймандарды мұражайда да көрмеппін. Қай ғасырға кіріп кеткенімді өзім түсінбей аң-маң болдым.
-Отыр, жолаушы! -деп қария маған ескі керуетті нұсқады. Мен отырсам, сынып кетпес пе екен деген ой келіп, алғысымды білдірдім.
-Ата, басқа адамдар жоқ па? Сіз неге жалғызсыз? -деген сұрағыма қария:
-Күндіз жалғызбын, түнде көппіз, - деп жауап берді.
-Ол калай? -деген сұрағыма үнсіз ғана басын шұлғыды. Қария менің көзімнен үрейді көрді ме, маған күлімдеп карады. «Қорықпа, айналайын, мен осы заттардай ескі болғаныммен, сені жақсы түсінемін. Отыр. Алдың түн. Ал түнде жалғыз жүруге болмайды. Түн иесі жақтырмайды. Бүгін ай толған түн, - деді ол.
-Ай толған түнде не болады, ата? - дедім мен.
-Ай толған түні.. Бұл әлемнің шын жүзі көрінеді. Әруақтар оянады. Олар күш алады. Адамдармен арпалысқа түседі, - деген де менде үрей пайда болды.
Мен үшін даладан көрі мына үйдің іші қорқыныш тудырды. Қария ас үйге тамақ дайындамақ болып кетті. Мен болсам, артық кимыл жасамай, жан-жанағыма қарадым. Қаракөлеңке, жарық шам да жоқ екен. Тек сығырайып жанған майшам, үйге үрейлі жарық түсірген.
-Ата,түнде көппіз деп, не айткыңыз келді? Білуге бола ма? - дедім шыдамсызданып.
-Болады...Түн ортасында... өзің көрерсің, егер қонсаң, - деп ол жайбырақат жауап берді.
Менің қонбасқа амалым жоқ еді. Көп болса, ұйықтамаспын деп ойландым. Мен қарияның қасына жақындай бергенде, ол маған жалт қарады. Ол балық дайындап жатты.
-Сен осы қайдан келесің, қайда барасың? Неге жалғыз жүрсің? - деді ол.
-Мен студенпін. Осы мекенді зерттеп жүрмін, - дедім мен.
-Бекер жалғыз жүресің. Есіңде болсын мұндай жерлерде жалғыз жүруге болмайды, - деді.
-Неге? Сіз жалғыз тұрасыз ғой? - дедім қасына жақындап.
-Маған болады. Мен адам емеспін, - деді ол.
-Ол калай? Әлі тірісіз ғой, - дедім бойымды үрей билеп. Қария үндемеді. Ол тек басын изеді. Тамақ дайын болып, ол мені асқа шакырды. «Тамағынды іште, ұйыкта!» - деді ол маған. Мен қарияның айтканын істедім. Алайда, ұйықтауға қорқып, сақтық жасап жаттым. Қария болса, сыртқа шығып кетті. Бір уакытта ол бір шелек балықпен үйге кірді.
-Сен неге ұйықтамай жатырсың? - деп қария балығын ас үйге апарды. Мен өзі жайлы айтуды өтіндім.
-Тыңауға дайын болсаң, мен айтып берейін. Бірак, сен маған тоқта деме. Мен айтып отырған кезде сенің көз алдыңа айтканымның бәрі келеді. Қорықпайсың ба? - деп менің жүзіме қария ұзақ қарады.
-Тыңдап көрейін.. Көрінсе, көрейін, - дедім мен. Қария менің қасыма жакындап отырып әңгімесін бастады.
Бұл үйді мекендегеніме 100 жыл уакыт болып калды. Соның 50 жылын мен жалғыз тұрамын. Әке-шешем, ата-әжем, 5 бауырым болды. Олардың барлығы осы үйде кайтыс болды. Күн сайын түнде олар үйге келеді. Қария сол сөзді айтар-айтпастан теңіз жақтан күңіренген дыбыстар шығып, тоғыз адамның сұлбасы көрінді. Олар бірінен кейін бірі теңізден шығып, үйге бет алды. Қария оларға есік ашып тұрды. Олар үйге кіргеннен кейін кенет өрт шығып, үй өртене бастады. Қып-қызыл отқа оранған үйдің ішіндегі әруақтар күңіреніп, жан түршігерлік дыбыстар шығарды. Олар отқа оранып, менің көзімше күлге айналып жатты. Сәлден кейін өрт басылып, қара-қошқыл түтін ашыла бастады. Үй қайта орнына келіп, әруақтар адамға айналды. Мен кенет оянып кеттім. Мұздай терімді маңдайымнан сүртіп, аузыма тығылған жүрегімді баса алмай біраз отырдым. Қария жоқ екен. Сыртқа шығып, жан-жағыма қарадым. Теңіз бірқалыпты толқып жатыр екен. Таң атқан. Жағалауда қария күйбіңдеп бір нәрселерді теріп жүр. Мен қасына жақындадым.
-Ұйықтадың ба? - деді ол маған.
-Иә, ата! Түс көрдім.
-Адам ұйықтаса түс көреді. Оның не жаңалығы бар? - деді ол күлімсіреп.
-Түсімде сізді көрдім. Осы үйдің тұрғындарын да көрдім, - дедім мен.
-Ол түс қой, айналайын! - деп қария күйбіңдеп, шаруасын жасай берді. Мен таң атқасын жолға шыкпақ болдым.
-Кетпексің бе? - деп басын көтерді маған қария.
-Иә, жолға шықпақпын. Рахмет!
-Сен бүгін кете алмайсың. Боска әуре болма, Кететін күніңді өзім айтамын, - деді ол. Мен бұл үйде тағы бір қонуға жүрексіндім. Одан да далада қонғаным дұрыс болар деп ойладым.
-Жоқ, жолға шығамын.Қош болыңыз! -деп мен дорбамды арқалап, артыма карайламай теңізді жағалап жүре бердім. Біраз жүріп қалып, кенет көз алдымда жаңағы үйдің тұрғанын байқадым. Бұл қалай сонда деп артыма қарадым. Жан-жағыма тағы карадым. Енді үйге жақындамай, келген жағыма қарай кері жүрдім. Тағы біршама жүргенен кейін, әлгі ескі үй алдымнан тағы шыға келді. Мен шырқ-көбелек айналып жүргенімді түсіндім. Үйге жақындап келе бергенімде манағы қария үйден шыкты.
-Бұл калай? Ақсақал мен неге кете алмаймын бұл жерден? - дедім мен ашуланып.
-Мен саған айттым ғой. Бүгін кете алмайсың деп, - деді ол.
-Сен жібермей тұрсың ба? - дедім мен.
-Мен емес, өзіңнің үрейің жібермей тұрған. Сен қорықтың. Сосын кеткің келді. Бірақ үрейіңді жеңе алмай кайтып келдің. Сен бойыңдағы қоркыныш сезіміңді жеңген күні бұл жерден кете аласың, - деп қария үйге кіріп кетті. Мен біраз тұрдым да суға сүңгіп кеткім келді. Суға жақындай бергенімде «Түспе, батып кетесің!» - деген қарияның дауысынан кілт тұрып қалдым.
-Суға да түсе алмаймын ба? - дедім мен.
-Абзалы қазір түспей-ақ қой, - деді ол маған. Мен айтканын тыңдамадым. Суға сүңгіп кеттім. Су суық екен. Жүзе жөнелдім. Бір мезгілде аяқ- қолым тартылды да қалды. Мен тыпырладым да қалдым. Жағаға қарадым. Көмек сұрадым. Бірақ көмекке келетін ешкім жоқ. Су түбіне кетіп барамын. Бір сәтте шашымнан біреудің тартып, жағаға сүйрей жөнелгенін сезіндім. Көзімді ашсам, баяғы шалым,бетіме төніп тұр екен. Мен болсам, шалдың төсегінде жатырмын.
-Қалай келдім бұл жерге? - деп таңдандым мен.
-Сен ешқайда кеткен де жоқсың, - деді қарт.
-Қалай? Мен суға батып бара жатқанмын. Сен құтқардың ба?
-Түсің ғой.. – деді ол.
Мен басымды көтердім.
-Сен кімсің, қарт? Адамсың ба? Әлде шайтансың ба?
-Мен қариямын, - деп жауап берді қарт. Мен саған суға түспе дедім ғой.
Сол түні әлгі ескі үйге тағы қонуыма тура келді. Бірақ мен ұйықтамаймын деп шештім. Мен түні бойы шалды аңдумен болдым. Кешегі түндегідей ол далага шығып кетті. Артынанан ілесе шықтым.
-Үйге кір! Ай толық бүгін, - деді. Мен сөзін тыңдамадым. Енді бір сәтте көз алдымда теңіздің үстінде тұрған ай үлкейіп, жақындай түсті. Айнала жап-жарық болып кетті. Теңіз қақ айырылып, ортасы өткел болып, кешегі аруақтар маған қарай жүре бастады. Мен үйге қашып кірдім. Есіктің құлпын салып, кейін шегіндім. Мен шалды көмекке шакырдым.
-Шал, кайдасың? Көмектесші! Кұтқаршы! Ааааа! Ата! -деп жан ұшырып айқайладым.
Жабық есікті тартып, сындырып, олар үйге біртіндеп кіре бастады. Мен ас пісіретін қуысқа қарай қашып тығылдым. Олар бірінен кейін бірі келіп, ағаш үстелге отырды. Олардың менімен шаруасы болған жоқ. Олар үлкенді-кішілі тоғыз еді. Тірі өліктер еді. Ең соңғы болып үйге шал кірді. Ол үстел үстіне бір шелек балықты қойды. Аруақтар балықты жей бастады. Балықты жегеннен кейін олар адамға айналды. Балықты жегеннен кейін олар адамға айналады. Мен сол кезде кімнің-кім екенін көрдім. Шал айтқандай: атасы, әжесі, анасы, әкесі, бауырлары екен. Олар күбірлеп сөйлесе бастады. Мен шалға қарадым. Шал менің көз алдымда жас жігітке айналды. Сәлден кейін шал далаға шығып кетті. Бір мезгілде үйде өрт басталды. Үйдегілер шыңғырып, далаға шыққысы келді. Бірақ есік кілттеулі болды. Үй отқа оралды. Мен де тұншығып, оттан қаша бастадым. Тұншығып жатып,оянып кеттім. Төбемнен төніп баяғы шалым тұр.
-Ия, түсім бе,әлде өңім бе? Не болды маған осы,шал?-деп қарияның жағасынан алдым.
-Түсің ғой, -деп қария міз қақпады.
-Мен ұйықтаған жоқ едім ғой. Қария үндемеді. Мен көргенімді қайта сұрадым.
-Неге,сен шығып кеткенде өрт шыкты? Неге есік ашылмады? Оларды өртеген сен бе? Шал осы сұрақтың біреуіне де жауап қатпады. Мен сыртқа шығып,теңізге ұзақ қарадым. Көргенім шын ба, әлде, түсім бе, түсінбей жағада ұзақ отырдым.
-Не ойлап отырсың? -деп қасыма қалай келе қалғаны белгісіз, шалдың дауысынан селк еттім.
-Кімсің? Неге үйіңе әруақтар келеді? Оларды өлтірген сен бе?-дедім ашуымды білдіртпей.
-Оны саған білудің не керегі бар? -деді шал.
-Мені де өлтіресің бе? Мені неге жібермейсің?-дедім мен.
-Мен сені ұстап отырған жоқпын. Жол табалмай, адасып жүрген өзің,-деді ол.
-Мен неге адасамын? Менің адасуыма кінәлі сенсің, қакпас шал!-деп шалдың қасына жетіп бардым.
-Жолың ашык, мен сені ұстап отырған жоқпын.-деп шал үйіне қарай бұрылды. Мен кетпек болып тағы жиналдым. Сол теңіздің жағасын бес айналып, кайтадан ескі үйге келіп тіреле бердім. Сөйтіп жүргенде түн болды. Мен орманға қарай қайтадан бет алдым. Қара түнде, қара орман ішінде жалғыз келе жатырмын. Төбемде әр жерден ай сығалайды. Мені ол да орманның аяқталар тұсындағы теңізге, жаңағы ескі үйге алып келді. Мен шаршап үйге кірдім. Мен төсекке кұлағаным есімде. Көзімді ашсам, әруақтар мені қоршап тұр екен. Шал мені балықтың орнына ұсынған сияқты. Ағаш үстелдің үстінде жатырмын. Бар жан дауысыммен айқайлап, шалды шақырдым. Ол тағы есікті жауып, сыртқа шығып кетті. Әруақтар маған бас салды. Біреуі қолымды, екіншісі аяғыма жабысты. Мен оларды тебе бастадым. Бәрі жабылып, ақсиған тістерімен денемді тістеп, етімді жұла бастады. Біреуі басыма келіп, екі көзіме қолын тықпақ болды. Денемнің тістеген жерлерінен қып-қызыл қан ағып, олар қанға жуынды. Менің қанымды ішкен олар адамға, ал мен болсам, әруаққа айнала бастадым. Мен кенет есімді жидым. Басымды көтерсем, шал тағы қасымда отыр екен.
-Балам, сен тағы жаман түс көрдің бе? Айқайлап, мені шакырдың ғой,-деді ештеңе болмағандай.
-Сен мені өлтіргің келді. Ана әруақтарға жем еткің келді ғой, -деп мен шалды қылғындыра бастадым. Ол тыпырлап, өлуге шақ калды.
-Айт, кәне қақпас шал! Кімсің сен? Неге мені өлтіргің келеді а? Тез айт, әйтпесе, өзіңді өлтіремін қазір, -деп айқайладым.
-Жоқ, сен жаман түс көрдің, балам! Жібер! Иә, айтамын. Бұл жерде болғанның бәрі сенің өткенің. Сен өткеніңе оралдың. Сен өз отбасыңды өзің өртеп жібергенсің. Мен тек саған соны еске түсірдім. Олардың өлімі сенің мойныңда. Олар күнде қас қарайғанда үйлеріне келеді. Сен қазір жындыханадағы жындысың!
-Жоқ, мен саумын! Сен жындысың, кәрі қақпас! Сен өртеген оларды. Мен көрдім. Енді сені өртеймін! - деп мен шалды есінен тандыра ұрдым да, сыртқа шықтым. Үйдің есігін бітеп,от қойдым. Үй өртене бастады. Үйді жалын алып, қара қошқыл түтінге айналды. Мен болсам, теңізді жағалай алыстай бердім. Түн түсіп,ай дөңгеленді. Кенет теңіз қақ айырылып,өткел пайда болды. Мен сол өткелмен айға қарай жүре бердім...
Р.S. Бұл жындыханадағы жас жігіттің айтқан әңгімесі екен. Ол бүкіл отбасын өртеп жіберіпті.