Адам қарады: 1168 | Жарияланды: 2017-09-15 04:09:21

Тоба қазық

 

 

Тағдырына не дерсің ... , елсізге әкеп,

Тоба қазық таятып, таң айыртқан.

Автор.

 

       Үш салт атты, қомында бір сәби, үш адамнан мінгескен екі түйесі, жетекте жампоз – Асауқарасы бар «онның»  шағын көші елсіздегі бұйрат құмдар арасындындағы табандық жерге қонғанына да үш күн болды. Маң далада үп еткен жел жоқ, тылсым тыныштық, гүлі ұшып кеткен құртқашаштың шашағы құмға батқан, жусан мен алабұтаның исі ауаға тұнған, даланың небір жайсаң бұта-шөптері өзегіне түсетін мал таппай жетімсірей сыңсып тұр. Бәрі Сарғасқаның көңілін аулағысы келгенмен дегбірлері қаша бастағаны қимылдары мен жүздерінен көрініп-ақ тұр. Бірі құмтөбеге шығып жол қарады, Орда Асауқараны өрістеткен болып қуалай берді, екі жас әйел қазандық  қостағы жеңіл ошаққа қоңыр ұннан көмген күлшелеріне үнсіз күл тартады, тіпті сексеуіл шоғының бет қаратпайтын қызуын да елер емес, оны жанар отымен арпалыстырып ұзақ отырды. Сапырылысқан саналары: «мынау ашаршылық, дүрбелең кімнің сүйегін қайда қалдырар екен»,- деген сабырсыз ойды тілге жеткізбей көмекейге кептейді. Тілі тәтті сәби ғана бәрінің алданышы.

       Күннің аптапсыз ыстығы мазаны алмаса да Зейфун отырған киіз үйдің туырлығы кереге  етегінен көлбей түрулі.Оның азан айтып қойған аты – Зипуын, жүрген ортасында – Зейфун, Жанқожа батыр атының тері сіңген қасиетті тобылғы қамшысын сыйлаған Қалдан әулиенің немересі,  туыстары Сарғасқа дейді. Сарғасқа деп атандырған немерелес ағалары – Қосжан мен Досжан Қара ұлдары. Әкесі Тәшірбай би де, баурына басқан анасы Сымбат та ұзатылған соң көп ұзамай дүниеден өтті. Сіңілісі Зүфінүн балиғатқа жетпей шейіт кетсе, жалғыз ағасы Қасым дүниеден ұрпақсыз озды, қалған төркін жұрты мезгілсіз сапардың жолаушыларына айналғалы ешқайсынан хабарсыз.

       Таң қылаң бере оянып боздаланы бағдарлап, ұзақ жүріп қайтқан Зейфун : ... «-Япыр-ай, жарық айды бұлт басқан бүгінгі дала түнінің түрілгені де, күннің шығыстан көтерілгені де ерекше. Назарымды аудара береді. Бәлкім, санам тұтып, жаным қалаған  ғажайып таңның, мейрім шашқан арайдың қайталанбас сәті ме екен, кім білсін»,-деп  даусын соза табалдырықтан аттап төрдегі төсегіне жайлап жайғасты, терін үкті. Абысындары мен тілеулестерінің аттанар алдындағы кеңесі есіне түсіп тізесін бүгіп қырынан жатты. Құрсағындағы тентегі бүйірін тепкілей бастады.Түйіліп тұрған жеріне алақанын қойып екеуі сана-түйсікпен тілдеседі, қасында жүрген сәбиінің қылығы көңілдің қоңыр пердесін түріп қуат береді. Бір сәт белін жазып, шалқалай бере түндігі ашық тұрған шаңырақтың уық қадайтын екі күлдіреуішіне көзі түсті. Ол үңірейіп, қап-қара болып бос тұрған. Сол-ақ екен, тұп-тұнық нұрлы көздерін тас қылып жұмып алды. Қиялы ұшқыр, зерделі Зейфунды ала-сапыран ой толқындары тұңғиық тереңіне тартып бара жатты. Қасына келіп сұлу келбетіне мейірлене қарап тұрған Бозымкен бәйбішеге де тіл қатпады.

       Бұл шағын көш – «халық жауының» әйелі мен баласын аман сақтап, бой тасалатудың, тығырық жолдың құпия көші еді. Азаттық жолындағы көтерілісті ұйымдастырып елін ізінен ерткен ерлерді, Сарман қожа мешітінде орналасқан «Хан ставкасының» мүшелерін, олардың туыстары мен отбастарын ОГПУ үштігі қынадай қырып жатқан алай-түлей уақыт осы көшті беймезгіл сапарлатты. Көш құрамында: - аталарынан бастап Ақжан байдың жылқысын баққан сенімді, қапсағай денелі, қайратты, қырық жастағы жігіт – Жанақ; - екіншісі, жеңіл сүйекті қағылез, жиырма жастар шамасындағы қара жігіт; - үшіншісі, Айнық руына жиен болып келетін жас сері – Орда. Әйелдерден - сүйегі би, сөзі мір, Айнықтың беделді бәйбішелерінің бірі 60-ты алқымдаған Бозымкен. Ол өмірден көргені көп ақылды әйел, анасы Күлстан атанған Ақжан байдың жылқышысының зайыбы, шын аты Хұршида, жаугершілікте  тағдыр айдаған тәжік бегінің жалғыз қызы-тын.

       Бозымкен Зейфунды аман-сау босандырып, нәрестесін бағуға осы көшке ілескен. Көш құрамындағы жас шамалары қатар екі келіншек те ерлі-зайыпты өмірлерінде Ақжан абыздың әулетіне қызмет еткен ибалы келіндер. Көштің себепкері - айы-күні жақындаған екіқабат Зейфун, оның үш жасар жалғыз баласы Әбдінәби, екі қайынсіңілісі – 14 жастағы Зылиха, 12 жастағы Гүлшара. Зейфун қайынсіңілілері Зылиханы - Кекілдім, Гүлшараны -Үрліайым дейтін. Бұл топтағы ер адамдар алдын-ала белгіленген Торғай даласындағы елді мекенге жетеуін орналастырып, Қазалыға қайтуы тиіс.

       Үш әйел көштің құпия, жолдың ауыр да қауіпті екенін білсе де, Сарғасқаны аман сақтайық, демеу болайық, «аласапыран» басылғасын, Алла елге оралуға жазғай деп, тәуекелге бел буған абзал жандар еді.

       Бозымкен тағатсыздана қырға шықты. Қонғандары қандай жер екенін өзі де білмейді. Күннің шығысына қарап құбыланы бағдарлады. Қолымен көзін көлегейлеп шырқ айналса да, қыбырлаған жан көрінбейді. Ол киіз үйге жақындай бергенде «Жанақ, Жанақ» деп жанұшыра айқайлаған Зейфунның даусын естіп, табалдырықтан ентіге аттады. «Сарғасқам-ай, не болды? - деп иығынан демеп, басын сүйеді, терге малшынған маңдайын сүртті. «Жанаққа айтшы, үйді жағалай қоршаған кекірені алып тастасыншы, жүрегім қағуын қоймады ғой, мүмкін оны жаным жаратпай жатырған шығар».Жігіттер үш күн бұрын үй тіккенде сойдиған жасыл кекірені қоңырлықтан шауып әкеліп, сыртын айналдыра қоршап тастаған. Себебі, дала тәжірибесінде бұта тәріздес кекіре шөбі төселген жерге құрт-құмырысқа жоламайтын.

       Бозымкен демеп екеуі қабақ басына шықты. Тағатсыздана жан-жағына қараған шарадай жанарынан қобалжу көрді,  құрсағына көз салғаны сол, ішінің төмендегенін байқап денесі дірілдеп қоя берді, бірақ сырбаз бәйбіше сыр бермеді. Ішінен, ей Алла, абырой бер, баратын жерге аман жеткіз, Сарғасқаға жәрдем ет  деп тәңіріне жалбарынды. Зейфунның сақилығы өз алдына, әзілді де жақсы айтатын. Алысқа қадалған көзін қағар емес. Бір кезде: « ... апекесі, ау, апекесі, қарашы, әнебір ноқатқа қарай-қарай көзім талды, қозғалмайды өзі, деген тылсым тыныштықты қақ жарған даус саңк етті. Мүмкін, маған жете алмай, қанатын суытып, қомдауға дайындап бір бұтада қонып отырған менің Құс мырзам (ол жұбайы Балапанды «Құс мырза» дейтін) шығар деп езу тартқан болды. О, ғажап боз даланың боз торғайы қайда, шырылдамайды, әлде олар да кеңес құрып, «көтеріліске» топталып ұшып кетті ме? Аң-құс қайда, көрінбейді, ОГПУ-дан олар да бой тасалапты-ау, Боз апа»,- деп қысыр сөзге уақыт алдырып, олар үйге жақындады.

       Жігіттердің кекірені алып тастап, үйдің іргесіне жайып қойған аққұмына отырып дем алды. Аққұм тап-таза, меткілдей аппақ шәйі көйлегіне де кір жұқтырмады, жарықтық. Лезде есейіп, салиқаланып қалған екі ерке қайынсіңілсі Зылиха мен Гүлшара  жеңгелерінің екі иығын сипай құшақтады. Зейфун маңдайларынан емірене иіскеп, қасына отырғызды. Бәрі үнсіз. Жан дүниелерін көзбен ұғып, әркім өз ойымен алысып әлек.  Осы жерге қонғалы оттап-жусамаған Асауқарамен алысып шаршаған Орда да бұлардың қасына, ақ құмға келіп отырды. Әңгіме өрбіту, әзіл айтудың қисыны келмеседе, ол: «Сарғасқа, көрдің бе, әне, айнала тап-таза, ОГПУ-дегенің құрт-құмырысқасымен қоса жәндіктің бәрін тыңшылыққа жіберіпті, қауіпті адам да көрінбейді, айналаны барлап келдім»,- деп көңіл аулаған болды.

       Жоспар бойынша бүгін кештете Құйылыстан (Тәуіптен) жігіттер келуге тиіс. Қазір ай жап-жарық, оның қорғалануына әлі төрт-бес күн бар. Бұлар көзге түспей түнде көшу ұйғарылған. Келетін жігіттер түнгі ай жарығымен Торғайға баратын жол бойына белгі ретінде арқан сүйретіп тастап кете беруі керек. Ымырт үйірілмей-ақ салт атты үш жігіт алыстан аттан түсіп, үйге енді. Қысқа амандасудан кейін Тәуіптен Тәжі абысынның беріп жіберген бір бүйен сарымайын, бір қарын сүзбесін табыстап, жігіттер суыт аттанды.Даланың ой-шұңқырына, жота-жонына жады жетік Жанақ жол бағдарын көруге ере кетті.

       Түн бойы көз ілмеген Зейфун құрсақтағы шаранасын алақанымен сипады, жанында жатқан Әбдінәбиін аялады, өткен өмірі елестеп, ой жетегі еріксіз ерте берді. Таңдайы кеуіп, шөл қысқанын сезіп Гүлшараның әкелген шалабынан бір жұтты. ... Иә, мырзасымен кездескен сәті, қалай тұрмыс құрды, Қымбат енесі айттыра барғанда оның туған апасы Сымбат бәйбіше не деп еді... , тоқалдың қызын ұнаттың деп өкпелемеп пе еді, Құс мырзасы екеуі бөле-тін, екеуінің шешелері Құлымбай бидің Орынбор генерал-губернаторлығына  бағынған сұлтандық өңірдің бірінде қазақ билері ашқан медреседе білім алған қыздары болатын. Тоғыз жыл бала көтермей зарығып жүрген күндері артта қалғанымен, оның жан күйдірген жалынын да, тәтті елесін де ұмытқан жоқ. Көрігіне түнеткен Есеке көрікші ше, дүниедегі қадірлі адамдарының бірі, оның өзіне ниеттеп соғып берген қос күміс білезігі мен алтын зәпеңкесі, әне, керегенің басына іліп қойған Құс мырзасының түрікпен қоржынының бүйірінде жатыр. Мен дүниеқор емеспін, әшекейге қызыққаннан да емес, жолға шығар алдында қос білезікті қойныма тығып, зәпеңкемді көйлегімнің өңіріне қадап алғаным - көріктің киесін қастерлегенім, ырым-жоралғым екенін түйсігім де баяндайдап жатыр. Жандарың жәннатта болғыр, Есекенің аталары Орыс патшалығының үстемдік билігіне қасқая қарсы тұрған, Қоқан мен Хиуа хандықтарының озбырлығынан елін, жерін, ұрпағын қорғаған  Жанқожа (Нұрмұхамедұлы) сарбаздарының қару-жарағын соққан киелі көрікшілер еді-ау. Кенет, Есеке ұстаның көрігіне түнеген сәттері көңілін толқытып, жадынан тізбектеліп өте берді, жанарын мөлдіреткен ыстық тамшының самайдан басталған жасудай жолы иықтан құлдырай құлап жатты....  ... ...  . Тоғыз жыл өкшесі қанамады. Әулие-әмбиелерге түнеуден, Алладан перзент тілеуден еш жалықпады. Айтқанын екі етпеген тілеулестерін, мойындарына «бұршақ салып» өзіне перзент тілеген абысын-келіндерін ойлағанда ет жүрегі елжіреді.  Ұстаның көрігіне түнеген таңда аян берілді.Ақ сақалды, ақ киімді, ұзын бойлы абыз жанына келіп: «Мә, балам деп бір балға берді, жанталаса абдырап ұстай бергенінде түсіріп алды-ау, ілі-шала екіншісін ұстатты, оны мықтап ұстап қойнына тығып алды, жылдамдатып үшіншісін берді, ол да қолынан түсіп кетіп оянса таң атыпты. Аянды жорыды.Үш ер балалы болады екенмін, алғашқысы мен соңғысы маған жоқ, ортаншысын қолыма ұстармын, артымда ұрпақ қалса, перзентімнен жаным құрбан, иншалла,- деп көз жасына ерік бермеп пе еді, сол сәтте көріктің күңіренгендей елес бергенін қалай ұмытсын. Міне, сол ортаншы балғасы – Әбдінәбиі тілін бүлкілдете еміп, төсіне тұмсығын тығып пысылдап ұйықтап жатыр. Жүрегі аузына тығылды, май шам білтесінің әлсіз жарығы өшуге айналған. Басын көтеріп, Кекілдім, сары тентекті қасыңа алшы деп айтуы сол, талықсып кетті. Бозымкен дем салып, бірі басын сүйеп, бірі аяқ-қолын уқалап әбігерге түсті.  Зейфун ханымның жаны тынышталып, көзі ілінген құла таңда жол бағдарын белгілеп қайтқан Жанақ та белдеуге атын байлап жатты. Қалыптасқан әдетімен бірден үйге кірмей, төбесіндегі аспанға қарап тұрды да: «шіркін, дала аспанының жыпырлаған жұлдыздары қандай әдемі, жарқырай жымыңдап, тас-төбеңде тұрғандай ғажап, бүгін олар тып-тығыз екен, күн ысыйтын түрі бар», - деп күбір етті. Құпия көш қомындағы бұл жандар боз даланың тағы бір таңын атырды.

       Жанақтың хабары бойынша Балапан мырзаның Әму мен Сырдың арасындағы Қызылқұмның Қосбүйрек құмын жарып өтетін керуен жолымен қарасы әжептәуір көшті Қарақалпаққа аттандырғанын, бір ай бұрын Соғдыби бастаған салт атты жігіттердің айдаған малдары аман – есен Шымбайға жақын «Тораңғыл әулие» зиратына жеткенін есітіп еңселері көтеріліп қалды.

       Дария жағалап оңтүстікке сапар шеккен сол көштің басшысы туған қайынағасы Мыңтұрған Көкенұлы. Абысыны Жанбибіні тамыз-қыркүйекке жоспарланған көшпен бірге алып кетуді ұйғарып Қазалыда қалдырды. Алдымен аштық әлсіретіп күн көрісі таусылған мұқтаждарды бір қараға жеткізуге тура келді. Шешім солай. Абысынын сағынды. Бауырдай болған егізінен заман зобалаңы еріксіз айырса амал не?

       Дәл қазір, ен даладағы саумал желдің самалы тұтылған төбесіндегі қара бұлт мұның жанын құлазытты. Ой..., тағы да ой... , ол толқындана тоғытылып, талай иірімнен өтіп  ел-жұрты қалған Сырға жетіп барды. ... Иә, солтүстік батысқа қарай көшін түзеген соңғы түні ешкім де көз ілмеді, Бозымкен тептік матадан мықтап көмкерілген түбі тереңдеу, қос жұдырық қатар сиятындай қалта тікті. Аузын мұқият әдіптеп, қос бұрымына қосып өрген торғыннан бау ызып қалтаның аузына өткізе бастағанда Жанбибі мен Зейфун үнсіз бас изесіп әшекейлерін жинай бастады. Шөмекейлер ұзатқанда алтын-күміс әшекей бұйымдарын салып сыйға тартқан қобдишаны Зейфун көңілсіз лақтыра салды. Екеуінің уыстары толған әшекейлері қалтаны томпитып, Боз апасына буа бер деген ишаратты көздерімен ұқтырғанмен, Зейфун ақық орнатып күмістен соққан дегмент белдігін алақанымен сипап көзін жұмды.  ... Ақ босаға, ақ некемнің, мырзаммен кауышқан алғашқы түнімнің куәсі бұл. Отауындағы сол бір аяулы түнде дүрия камзолының сыртынан аш белін қынай буған осы белдікті Құс мырзасы жып-жылы саусақтарымен ілмегінен ағытпап па еді, өн-бойы балқып құшағына енген сол тәтті сәті көз алдында тұр, кірпігін қимылдатуға құлқы жоқ. Асықтырып атып қалған ала таң қабысып қалған қос кірпікті еріксіз ажыратқанда алдында Боз апасы тұрды. Оның ұстап тұрған тептік қалтасына белдігін сүңгітіп жіберді. Бозымкен аузын буып Жанбибінің қолына ұстатты да: «Мыңбалаға (Мыңтұрған) берерсің, жол ұзақ, көш ауыр, бала-шағаға нан пұл болар, Алла, қара-құраларды аман сақтағай»,-деп бозінгеннің қомына қондырған қоршауға азықтарын салуға сыртқа шығып кетті.

       Текті абысындар бақырып жыламай, басқа түскен тауқыметке мойын ұсына, сезімдерін жүрекке жүктетіп, жанарда тұнған жастарын мөлдірете төгіп құшақтарын үнсіз ажыратқан-ды. Тек, Жәкесі (Жанбибі)  жылжыған көштің артында қалып бара жатқанда ғана жан даусын шығарып,  «Сарғасқа, алдағы сапарға да мойнымдағы саған арнап салған «бұршағыммен» аттанамын, қол-аяғыңды баурыңа алып, нәрестеңді иіскегенде ғана түсіремін, бұл «бұршақты», демеп пе еді. Дегларлым-ай ... , көкірегі қарс айрыла күрсінді. Абысыны қайынсіңілілері Зылиха мен Гүлшараны «жанына жалау» болсын деп Зейфунға ілестірді, кенже қайнысы Ният оңтүстік көшінің жауапты қосшыларының бірі болып тағайындалды, тете қайнысы Балжан Қараүңгір-Тұздақтағы қақтығыста қаза тапты, артында тұяғы жоқ. Баласы Әбіш (Әбиболла) орысша білім алып азамат қатарына ілесіп қалды, қызы Нәзипа сегіз жаста, қайынсіңілілері Күміс, Дүзік Ырғызда, Шөмекей руының Тоқа, Аспан аталығынан тарайтын оқыған, зиялы азаматтардың жарлары, отбастарында заман желі үрлеген үрей көп, Әнипа мен Нәбираны Хожеліге бой тасалатты.

       Ой-санасын билеген қоштасу сәтінің көріністерінен арылатын түрі жоқ. Ақ құмға шегелеп қойғандай. Кірпік қақпай, күбірлеп: «ұры-қарысы бар қауіпті жолдан Жәкемді, бауырларымды, туыстарымды Алла, аман сақта деп»,- дала жонына телміріп отырғанда, алдындағы көжесін ақ көйлегіне ақтарып алып, селк етті. Алдында тұрған Жанақты енді ғана  көрді. Ертең қонаға Құс мырзасының келетінін айтқанда жаны жадырап сала берді. Елді аман сақтап, бас сауғалау жолындағы Балапан Ақжанов бастаған азаматтар ұйымдастырған оңтүстікті бағыттаған керуен-көш Қызылқұмды көктей өтіп, айлап жылжитын болғандықтан Тұрым (Ниязбаев), Муса (Дайрабаев) басқа да халық қамын ойлаған үзеңгілістері аяғы ауыр Зейфунды Қазалыдан Торғайға жеткізуді ұйғарған болатын, Ырғызда қарбалас көп, жазалаушы отряд дегені тағы бар. Енді міне, ағайын-туыспен, абысын-ажындарымен ажырасқанына да бірнеше күннен асты.

       Көш түзеп осы табанға қонғалы оттап-жусамаған Асауқара далада тыныстап отырған Зейфунның алдына келіп үнсіз шөгіп, мойнын сұлата салды, арасы алшақ қарағайдай өркеші тіп-тік жатыр. Мұңды, бірақ боздамады. Батып бара жатқан бүгінгі - төртінші күннің жалды жалқынында  қос жанардың мөлдіреген айдыны тамшы бермей тұнып қалды.  Күн де ұясына қона алмай талаурап тұрды. Зейфун дәті шыдамай үйге кіріп кетті. Бозымкен басынан сипап, шұбап жатқан бұйдасын қолына ұстаса да, жерге соза салған мойнын тіктемей жата берді. Күміс мұрындығы сап-салқын. ...«Ой, жарықтық, Асауқарам-ай, жолға шығар алдында ботаң өліп ышқына бір боздағалы үнің шықпады, иімедің де, желінің тас боп қалды-ау»,- деп дауыстап дұға оқыды. Оның да жан дүниесі астаң-кестең. Осы Асауқараның енесі жампоздың төресі еді-ау. Ол Сарғасқаның «шаңырақ түйесі» атандырып отауын артқан жампоз інгеннің ізінде келген құс тұмсық сүп-сүйкімді ботасы болатын. Кешегі өлгені мұның үшінші ботасы. Шөмекейдің құйқасы кеппеген киелі байлары қыздарын ұзатқанда «шаңырақ түйесіне» күмістен мұрындық өткізіп, бұйдасын жібектен есіп ілестіретін, еншіге ерткен малдарын боз бие мен жампоз нарға бастататын салт қалыптастырған дәуірі де өтті-ау, шіркін!  Енді міне, кезегі келіп мұрнына күміс мұрындық киген Асауқара мал дегеннен жалғыз қалды, мойнын салып құса болған күйі мынау».

       Ойлары ойысып, көңілдің күймесі жастықтың жайлауына да жетті. ...  Қыз күні, аяулы анасы, өмірінің бақытты кезеңі көз алдына келді. Анасы Күлістан: «бірінші Аллаға, екінші Ақжан абызға алғысым шексіз, бір елді билеген әкемнің отбасы, туыстары қанға боялып өмірмен қоштасқанда қолды болған мен мұңлыққа әкелік қамқорлық жасады.Мен оның сенімді, қайратына ақылы сай жылқышысымен бас қостым. Абыз атам алдымызға мал салып, енші берді, жақсы ғұмыр кештік. Бірақ, қанымда жүрген бір бүршік ата-анамды, бауырларымды, ел-жұртымды аңсатып мезет-мезет тамырымды бүлкілдетіп қоятын»,- деген туған жеріне сағынышы, жәудіреген жанары мәңгі жадында қалды. Анасы араб, парсы тілін меңгерген, медресе көрген, өз елінде бұла қыз болған - тұтқын. Әкесі сауат ашып оқымаса да, сәйгүліктің талай төресін жаратқан сейіс еді. «Мен дүние есігін оларды ұзақ күттіріп, боз даланың боз жусаны жұпар шашқан мамыражай сәтте ашыппын. Атымды азан айтып Бозымкен атапты. «Бозым, жұпар жусаным»,- деп еркелетуші еді асыл әкем.  Мені алысқа оқытпай, молдадан ғана сауат аштырып, жандарында ұстады. Араға жеті жыл салып жалғыз інім дүниеге келгенде, анамның көңіл күйін назарынан тыс қалдырмайтын әкем оған атын өзің кой деп ұлықсат беріпті. Сонда анам: «менің төркінім - соғдылар да текті халық, сенің ұлы далаңды әділ билер биледі, атын Соғдыби деп атасақ қалай қарайсың дегенін әкем «құп» көріп, ұлын Соғдыби атапты. Сол сәруар бауырым қазір, Мыңбаламен бірге оңтүстік көшіне жауаптылардың бірі. Жалындап тұрған жалғыз баласы Мансұр әскерге адам алу туралы Орыс патшасының маусым жарлығына қарсы халық көтерілген Қараүңгір -Тұздақтағы қанды шайқаста қаза тапты. Ізінде ұрпағы да жоқ. Көз жасына ерік берді. Рухы қанша мықты болса да жан-жүрегі езіліп барады.Анасын сағынды. Ағлалы анам-ай, мына далада алғаш рет құрттан жібек созған да сен едің-ау. Кестелеп тіккен орамалдарың, моншақтаған тақияларың талан-таражға түсті. Үйірінен ажырамасын деген мақсатпен әке-шешем көзі тірісінде мені Шаңқан атамның (Ақжанды бүкіл келін Шаңқан ата деп атаған) қарауындағы Айнықтың өзім қарайлас, оқымаса да қара ақылы мол азаматына тұрмысқа берді. Сол ауылдағы жетім қалған балаларды баурымызға бастық, емшек сүтін бермесем де емек сүтін бердім, оларды азамат етіп адал тәрбиеледік. Менің енемді Айнықтың келіндері «сақалды ене дейтін», себебі, иегінің сол қапталында дөп-дөңгелек быртиған қара меңнің астында уыс толмайтын кішкене ғана сақалы бар-тын. Сыйластығымыз жарасып тату тұрдық. Тек, жалғыз баласының, немересінің артында қалғанына қапаланып, Алла енді мені Бозымжанымның артына қалдыра көрме деп тілеумен өмірден өтті, өз қолыммен ақ жуып арулап жерледім. Қазіргі отырысым мынау, Алла, енді Сарғасқамнан айыра көрме».

       Бұл көйлегінің етегін қағып орнынан тұрғанда ымырт үйірілді. Алдындағы Асауқараның тұрмасын сезіп,  шудадан ескен бұйдасын өркешіне орай салып, Зейфун отырған киіз үйге кірді. Жарықта босағада ілулі тұрған түйіншегін ақтарып, оны-мұнысын қамдастырмақ ойы болғанмен Асауқараның қылығы ойын онға бөліп секем алғызды. Май азайғасын бүгін шам жақтырмады.  Қаракөлеңкеде анасының алдында шалқалай жатқан сарытентекті қасына алып ертек айтуға кірісті, ол лезде ұйықтап кетті. Қалған тоғыз жан шала ұйқымен, Тәңірден жәрдем тілеумен даланың тағы бір түнін ығыстырды. Бұл олардың елсізде атырған бесінші таңы.

       Бозымкен түйіншегін ақтарды. Барлық шаруаны ойластырып жүретін әдетімен ол, сапар алдында 7-8 аршындай ақшыл бөз, Зейфунның бірі өлі (Әбдіжами), бірі тірі (Әбдінәби) екі баласының ақ бәтестен  етек-жеңі бүрілмей көктеп тігілген иткөйлегін, жілік майына даланың қураған адыраспанын өртеп, күлінен алған сақарды және жусанның сөлін қосып қайнатып дайындаған сабынды, қазақтың дәстүрі бойынша «кетік аяқ... , кетік шөміш ...» сақталған Ақжан абыздың шаңырағынан саналатын үлкен үйден ырым етіп, қайыңнан ойып жасалған бір түйір үлкендеу қасықты, өзінің бір-екі киімін, жағасы тік, өңіржиегінде зәпеңке қадайтын бір ғана тесігі бар патсайы бойкөлегін  және басқа да қажет уақ-түйекті осы түйіншегіне түйіп алған болатын. Бөзді дүниеге келе жатқан нәрестеге жөргек үшін шаршылап бөлгісі келгенімен бір құдірет бөлгізбеді, қайта түйіп тастай салды. Оның ойын ұйқыдан жаңа ғана оянған көгілдір көзінің айналасында қалы мол, танауы желпілдеген, тілі тәтті сүп-сүйкімді ақсары сәби бөліп жіберді. – «Боз апа, «Жеті қарақшы жеті жұлдыз, жеті айтқанда сауап дейді»,-дегеніңді бүгін түнде айтпадың ғой, үйреткен жұлдыздарды ұмытпай, осыны айта берсең папаң жеті күнде келеді дедің,  қашан, қашан келеді, тез айтшы»,- деп жанын қоярға жер тапқызбады. Жанарында тұнып қалған тамшы төгіліп кетпесін деп кірпік қақпастан, үнсіз табалдырықтан аттан шығып кетті.

       Әбдінәби енді «папам қашан келеді»,- деп анасын мазалай бастады. Анасы : «Құлыным, ертең келеді» дегеннен басқа ештеңе айтпады.

       Боз апасының ой-қимылын ұққан ол да қоржындағы киімдерін ақтара бастады. Бірінші шығарғаны илеуі қанып қысқа қырқылған жұп-жұмсақ, жөргек-жаялық сипаттас ақ қозының терісі, оны бала орауға қажет болып қалар деген оймен салып алған. Екіншісі - өзіне ұнайтын, үстіне іле салуға ыңғайлы Құс мырзасының Ташкенттен тіктіріп әкелген коверкот жадағайы. Үшіншісі - дөңгелек жаға салған, иінін тіп-тік етіп, жеңін шынтаққа дейін күлтелете қампитып, төгілдіре  қондырған, қынама бүрмесі мол  крепжоржеттен тігілген жалғыз көйлек.  Төртіншісі - каракөк шерстен шеберге тіктірген костюм, аяқ киімнен мырзасының әкеліп берген сірісі терең, ақшыл түсті қасықтай ғана былғары туфли. Қымбат енесінің көзі тірісінде «терім сіңген құтты аяқ киімім» еді деп ырымдап берген өкшесі мен тұмсығы күміспен көмкерілген көк сауыр кебісін жолда жоғалтты . Бар киімі осы.  Үстінде әдейі кең тігілген шәйі ақ көйлек, аяғында жұқа теріден бүріп тіккен жеңіл шабата. Кие санап алып шыққан заттарын, уақ-түйегін ақтаруға құлқы болмай, шығарған киімдерін көңілсіз бүктеуімен қоржынға тыға салды.

       Сары тентекті күндегі әдетінше екі апасы – Зылиха мен Гүлшара ағаларын, әкесін күтетін қырдың беймәлім жолдары жатқан құм төбеде ойнатып қайтып келгенде күн сәскеден ауып, Жанақ та тері шелегімен өзі қазған көктабандағы тайыз құдықтан ас әзірлеуге су алып келе жатты. Шелегі дөп-дөңгелек, сопақ, ерекше. Бір жылдары оны өзі түйенің мойын терісін соза кеңейтіп, көнмен түптеп, атанның сіңірінен қайнатқан қоймалжың кілегеймен қатырып шелек жасап алған. Бауы қайыстан жөргемделіп өрілген бұл шелектен бір тамшы су да ақпайды, өте ыңғайлы. Жанақта жеңіл-желпі құралдардан басқа, қаруға жарайтын басына ағаштан сына қағылған жалғыз кетпен. Ас әзірлеуге керек- жарақты қызметші келіндер өздері дайындаған.

       Жанбибінің үрген қарынға салып берген сүр еті де, үлпершекке тығып берген жылы-жұмсағы да таусылды. Бүгінгі тамақ Жанақтың құмнан қағып әкелген бір қалта құмаршағы мен көсік. Ол даланың пайдалы шөптерін жақсы білетін, 10 жылдай бұрын Қызылдың құмынан өкпе ауруына ем болатын күшала да теріп әкелген, ұрғашы еркегін де айыра білетін. Құпия сапардың бұл жердегі он адамы тіршілік үшін тырбанумен, үйге кіріп-шығумен, жол торып, қыр басына қараумен алтыншы күннің еңкейгенін де сезбей қалды.

       Білдірмегенімен Сарғасқаның қабағында кірбің барын Бозапасы байқап қалды. Толғақ па? О, жаратқан өзің жар бола көр десе де мазасы кетті. Кенет, неше күннен бері оттап-жусамаған, кешегі мойнын салып сұлаған күйінен қозғалмаған Асауқара ұшып тұрды да киіз үйдің ағаш табалдырығының алдына талтайып тұра қалды. Бозымкен ентіге қасына келіп, тәуба-тәубалап сипалай берді. Сүт кернеген желіні быртиып, ер адамның сұқ саусағындай емшегінен сүт тамшылап тұр екен. Емшегін тартпаса да желінін жуып, алақанын басқаны сол еді, сүт саулай берді , саулай берді ... , жан-тәні қосыла иіген алапат құбылыс, іштегі күштің сарқындысы ма, кім білген ? Көн шелек, тостаған толды, бәрі мейірлері қанғанша жылы сүтті сіміріп жатты. Барын иіп беріп болғасын  Жанақ көз қиығын сала қараса желіні солып, тастай боп қабысып қалыпты. Енді беймәлім үнмен боздай бастады. Ол, о Алла, бұл ненің белгісі деп ішінен ғана қайталады.

       Зейфунда толғақтың белгісі бар екеніне көзі жеткен Бозымкен Жанақты оңаша шығарып алып, енді не істейміз, адалбақанда жоқ, бөлек арқаның бар ма, тулақ та алмаппыз, баратын жерге де жете алмадық-ау деп сасқалақтай бастады. Киіз үйдің сыртын айналдыра тұтқан шидің белдеу арқанынан басқа ештеңе жоқ. Жанұшырған құпия көште не болушы еді, басқұр, аяқбау, уықбау, желбау дегендерден жұрдай. Тек, түндіктің жылқының қылынан ескен төрт бауы мен киіз есікті тарта ұстап тұрған жүннен тоқылған кермеқас өрнекті екі бау ғана бар. Атамзаманнан қазақ әйелдері адалбақанға немесе арқанға қолымен асылып босанатын болған, толғағы жеңілдейді деп тулақ та төсеген. Бозымның ойлағаны сол, бірақ түн тыныш өтті.

       Таң ата аттың пысылынан өре түрегелген бұл жердегі жандар қасында екі жігіті бар Балапан мырзаның келгеніне жүректері жарыла қуанып калды. Мойнына мініп қылғындыра құшақтап алған баласы айрылар емес, папалап былдырлап жатыр. Қойнындағы қос уыс шикі сөкті, ортасынан сындырып, екі бүктеген таба нанды шығарып Бозымкенге берді. Бозапасы шетінен үзіп Сары тентекке ұсынып еді, ол: «жоқ, жемеймін, онда папам кетіп қалады»,-деп қолын әкесінің мойнынан ажыратқысы келмеді. Қазалыдан шығарда таба нанды тілеулес жеңгесі қойнына қыстырып жіберген. Зейфунның қасына келіп маңдайынан иіскеп, баурына тартты. Айы-күні жетпесе де толғатып тұрғанын сезіп, маңдайынан мұздай тер бұрқ ете қалды. Демігіп тұрған денесін құшағына ала көтеріп біраз тұрды да керегеге сүйеп отырғызды. Бір-бірін жанармен аялап үнсіз отырған оларды оңаша қалдырып, сәбиден басқасы аяқтарын ұшынан басып сыртқа шығып кетті. Жан-дүниелерін көзқараспен ұғып, біршама уақыт орнаған тылсым тыныштықты Зейфунның қоңыр даусы бөлді.

« - Баке, Торғайға бара жатқанымды білсем де, жол бағдарын білмедім. Көңілімде түйткіл бар, Шаңқан атама тәу етіп, Ұябай атамның үйтамына (Ырғыз бен Аралдың орта тұсындағы арқа беттегі биік төбенің басындағы Ақжанның кенже баласы, Балапанның әкесі Көкеннің інісі, қыршын кеткен Ұябайдың үйтамын 1870 жылдары Хиуаның ұсталары биенің сүтіне илеп тұрғызған) бір түнетпей мені осы жерге Қазалыдан  Қарақұм (Қазалының Қарақұмы) арқылы елсіз, «Жетім шағылдың» үстімен алып келді. Желеп-жебеген аруақтарыма түней де алмадым дегенде шарадай жанарындағы тамшылар үзіліп-үзіліп түсті. «- Асылым менің, «Ұябай атаңның үй тамындағы» екі мейманхананы ұры-қарылар, тыңшылар мекендеп алған, қауіп төніп тұр ғой, жолды ақылды адамдар бағдарлады, тәртіп солай, біз орындауға міндеттіміз, бәрі дұрыс болады», - деп жарын жұбатсада, теңіздей буырқанған ой толқыны жанын аяусыз соққылай берді. Бекер айдалаға сапар шеккіздім бе? Ташкентте қалдыруым керек пе еді? Жұбайлық өмірде сәби сүйе алмай зарығып та жүрдік, сол үшін Темкеңнің (Жүргенов) де айтқанын істемедім,Ташкентте жоғары білім алсын, қалдыр дегенін де тыңдамай обалына қалдым ба деп өкінді. Бәрі де кеш, енді аман сақта деп Алладан ғана жәрдем тілеймін».

       Ол бұл жерге әйелі мен баласын көріп, дидарласу үшін бір-ақ күнге келген еді, қасындағы екі жігіт бұларды Торғайға апарып орналастыру керек болатын. Жоспар тұманданып, алдағы күндерді беймәлім жағдайлар күтіп тұрғанын сездірген жүрек шаншып жанын ауыртты.Амал жоқ. Тәуекел ... , сабыр ... , тағы да сабыр ... деп ішінен қайталай берді.

       Зейфунның іші ауыра бастады. Құрсағы кеңейіп, толғағы жеңілдер ме екен деп, алабұта тегіс жапқан көктабанға өзі сүйемелдеп жүргізіп қайтуды ұйғарды. Босағада тұрған шабатасын кигізуғе еңкейген кезде Зейфун мырзасының қырарқасына қолын қойып баяу сипады, екінші сол аяғын киіп болса да оны жерге қойғысы келмеді. Соны сезген мырзасы да еңкейген күйі тұра берді, жарының зипа қолы жанын елжіретті. Мұны көрген Жанақ та, Бозымкен де: «Қандай, текті жандар еді»,-деп күбірлеген күйлері өз шаруаларына кірісіп кетті.

       Олар көктабанда ұзақ жүріп қайтты. Киіз үйге мырзасы көтеріп кіргізіп, төрдегі төсегіне өзі жайғастырды. Үйге кірген соң араларында әңгіме болған жоқ. Әл-дәрмені болмаса да әзілді жақсы көретін әдетімен мырзасына: «Шайқап ұйықтатып, үрлеп оятатын» заман өтіп кетіпті ғой», - деп езу тартты.

      Жиілеген толғақ нәрестені босатпай екі күн құрсаулап, жанын көзіне көрсетседе дыбыс шығармады, жарықтық. Жанындағы Боз апасы бірге толғатты, ол амал-айланы істеп бақты, керегенің көзінен қолы әзер ажырады, сыртқы шиді айналдыра байлаған қыл арқанды уыққа байлап асылғанда алақаны қиылды. Үй сыртында әрі-бері сенделіп жүрген Балапан мырзаның: «елсізге әкеліп тоба қазық таянтқан тағдырыңа не деймін, Сарғасқам»,-деп қиналғаны жігіттердің де жанын аяздай қарыды.

       Таң ата жарық түскен шақта, Балапан мырзамен бірге келген өз араларында Жалдықара атанған еңгезердей қара жігіт үйдің киіз есігін екі сілкіп жерге түсірді де кермеқас екі бауды бытырлатып үзіп-үзіп алды. Оны шаңырақтан өткізіп Зейфунды қолымен асылдырғаны сол еді, дыбыссыз шарана жерге түсті. Сыртта бәрі «Бозқасқалап» тұрғанда Бозымкен «киімді» шарананың мойнына оралған кіндігін жазып жатты. Сәлден соң іңгәлап шар ете қалғанда қуанғанынан, «Жалдықара, Жалдықара, тез, кел, кіндігін кес», - деп айқайлады. Апыл-ғұпыл сыртағы кетпенді ала ішке кірді де, ана мен баланы жалғап тұрған көгіс кіндікті шауып түсірді. Екі келіншек үйдің ішін тазартып сыртқа шығып кетті. Бозымкен жаулығымен Зейфунның белін буып, шарана жолдасының түсуін күтті. Бірақ, ол түспеді. Әлсіреген соң төсегіне жатқызды. Салт бойынша босанған әйелдің үстіне кіндік кескен адамнан басқаны және сырт киіммен кіргізбейді. Бала құндақталған соң ғана көрсетіледі.

       Құс мырза сарытентегін мойнына мінгізіп сыртта  жүрді де қойды, жүгіріп келіп екі йығына асылған Зылиха мен Гүлшараның беттерінен сүйді. Шарананың жолдасы түспегенінен қауіптенді, әйелінің көзіне көрінуге әзірге дәті шыдамай тұр.

       Көктабанның жиегімен жалғасқан аласалау құм төбеден біреудің бұлғалаған қолы ербеңдейді, қасында бірдеңе қараяды. Ой, пірім-ай, бұл кім екен, тағы не болды деп көзін тіге қараса, көш құрамындағы әлгі-қара бала. Жанақ та оны көріп жүгіріп келеді екен. Сөйтсе, басы салбыраған, тізеге дейін қатып қалған батпақ аяқтарын сылти басқан, құйымшағы шошайған киік жетектеп келе жатыр. – «Әй, мынауың не, қайдан кезіктің, қалай ұстадың, тыңшылар әкеп тастаған жоқ па екен?»,-деп жатыр екеулеп. Әлгі- қара бала: -«Бір биік бұтаның қасында сенделдіп тұр, менің қасына келгенімді сезсе де айналып тұра берді, қарасам көзі соқыр, биыл лақтаған мама киік екен. Басынан сипап, сауырынан қақтым да ышқыр бауымды суырып алып ноқталап жетегіме алдым»,- деп риясыз ыржиды. Құс мырза тіл қатпады, ішінен бұл да мұңлық қой деп түйді.Оның жанын жегі құрт жеп, елдегі дүрбелең, жылаған бала, босқан халық, қаңыраған қоныс, иесіз жұрт санасын тұмшалап, ойын сан-саққа тарқылап тұр.

       Ой иірімдері бір батырып, бір қалқытып тарта берді ... ... . Сарман қожа мешітіндегі «Хан ставкасының» мүшелері, бірі өзі, ОГПУ тыңшыларының аңдуында. Шыдамы таусылған елдің  «Қарақұмдағы көтерілісі» жанкешті, әділ екені мәлім. Қанды қырғын көз алдынан кетпейді, кешегі қасында от пен судан бірге өткен үзеңгілестері «Үштікпен» де, сотсыз да атылып жатыр.Орталық Атқару Комитетінің халықпен келіссөз жүргізу үшін құрған қомиссиясына артқкан үміт те сағымға айналды. Ғабиттің (Мүсірепов-комиссия мүшесі) құпиялап құлағыма сыбырлаған әңгімелері, хаттамаға (писарь ретінде хаттаманы өзі жазған) түсірілген мәселелер дұрыс-ақ еді, жалған куәлік пен өтірік мәлімет жинаудан жалықпайтын ОГПУ бөгет болды ғой, қарғыс атқыр. Алдаусыратып, халық  талабының жобасын дайындауға мүмкіндік бергені саясаттың түлкі бұлтаң  бұрылысы екені енді белгілі болды. Өзі де қоғамның кесірлі жүйесінің улы тырнағынан құтылмайтын біледі. Сол себепті де жанын шүбірекке түйіп, от басын бір көру үшін осы жерге келіп отырған жоқ па?

- Мырза, деген Жанақтың сөзінен селк етті. Қараса, қарсы алдындағы киіктің қасында ноқталаған ышқырбауды ұстап мәз болған баласы тұр. Киікпен қосылып бәрі анадай жердегі үйге беттеді. Келген бойда ол:

- Бозеке, ішке кіруге бола ма? - деді.

-Әрине.

Зейфун қасында нәрестесі, керегеге сүйеніп отыр екен.Еңкейіп маңдайынан сүйді, баласын иіскеді. Нәресте алақан мен шықтақтың арасындай, әлжуаз, көзін ашпаған.

-Аман-есен жаныңның қалғанына шүкір.

Сарғасқа жұбайының көңілін түсірмейін деп бетіне тік қарап, басын изеп кірпігін бір қақты, артық сөз айтпады. Сырттағылар сол аралықта киіктің шөлін қандырып, денесін суытып көлеңкеге жатқызыпты.

       Жетінші күннің кеші түсуге жақын. Жанақ: «Мырза, киікті бауыздап, қалжа қылуға ұрықсат етіп, бата беріңіз»,-деді. Біз тұрған жердің сол жақ бағытында біршама жерде «Құрдым» жатқанын білесіз, айналасы батпақ, йірім, ұйық болғасын ол жерге аң-құс, мал көп жоламайды. Мына мұңлық, кім білсін сол жақтан келе жатыр ма, Алланың бізге бұйыртқан нәсібі болар».

       Адал бауыздалған киік етінен қалжа жасап, сорпа ішіп бұл табандағы қудаланды жандар даланың сегізінші таңын да атырды.Сәбиге Әбдіманап деп ат қойды. Зейфунның жағдайы ауырлады, баланың жолдасы түсер емес, қолдан келгеннің бәрі істеліп жатыр, Асауқара боздауын үдетті. Балапан мырзаны Ырғызда қатерде тұрған жігіттер  күтіп отыр, жұмыс көп, Алматыға бізден адам шақыртып жатыр. Жол қылбұраулы, дүние қыннан да тар болып тұр ғой, ертең жүру   керек, Сарғасқама қалай айтам деп қиналғанын сезгендей  Зейфун сол күні кеште осы жердегі өзінен басқа 12 (нәрестемен 13) жанды қасына жинады. Басын керегеге сүйетіп, сабырлы қалпын бұзбай сөзін бастады. Бүгін көзі шырақтай боп ерекше жанып тұр, ешкім бетіне қарай алмады, бәрі төмен қарап үнсіз отыр. Ештеңе түсінбесе де молдас құра отырған әкесінің алдына екі қолын тізесіне қойып, танауы таңқиып сарытентек те қонжиыпты. Ал, табалдырық алдында жатқан Асауқара қос жанарын Сарғасқадан айырар емес.

 «-Маған сүйеу болған, жанымды аялаған бәріңе де Алланың нұры жаусын. Жазмыштан ешкім құтылған емес. Боз апа саған айтарымды ертең айтармын, жаным аман қалды ғой, бүгін мырзамды өз қолыммен аттандырғым келіп отыр. Баке, бетіме жел боп тимедің, қамқорладың, айтқанымды екі етпедің, ризамын, біліп-білмей артық кеткен жерім болса ғапу ет. Болған жағдайға өзіңді кінәлама, заманның зобалаң жалыны қанатын күйдірген ұрпақ екенімізді де ұмытпа. Менің қасымда отырғаныңмен «Лаух-Махфуздағы» Алланың жазуы өзгермейді.  Іздеушілердің көзіне түспей, тәуекелге бел буып бүгін түнде аттан. Екі өтінішім бар: біріншісі - мен ақ сапарға аттанып кетсем, Әбдінәбиіме қарайтын жібі түзу адам ал, жалғыз қалмасын ізіне қара ерсін, көзіңді алысқа салмай-ақ  жылы жүректі иманды адамды айналаңнан қара. Бакесі: «Қайдағыны айтпа, тәуір боласың» деп айтқысы келіп аузын ашқаны сол еді, қолын көтеріп тоқта деген ишарат білдірді. Көзі жанып кеудесінен өтіп барады, бір тамшыда  жас жоқ, сөзін жалғады. Бәрін зерделеп, сезіп отырмын, аяғың алысты шалады, бір барған жеріңе үш барасың, тағдырың тауқыметті. Балам мен сен үшін ақ сапарға мойнына бұршақ салып аттанды деп ойла. Ата-баба, әруақ, менің тілегім сендерді қиырдан туған топырақпен қауыштырар, иншалла». Екі қыз ағасының екі иығын құшақтап солқылдап, қалғандары іштей де сырттай да егіліп отыр. Екіншісі – балаңды қай жерде жүрсе де үйіріне әкеп қосуды ұмытпа». Бәрі түсінікті, жігіттер сыртқа, екі келін қазандық қосқа кетті. Үйдің ішіне қаракөлеңке, сыртына «ақ пен қызыл» алмасқан мезет орнапты.

       Кетпеннің сабын керегеге сүйеп, басының ішкі бетіне шырақ жағылды. Оны күндіз Бозымкен бөзден жіп суырып бүгінгі сойылған киіктің іш майына қайнатып, бірнеше тіндеп ширатып, әрқайсысын бір сүйемдей етіп дайындап алған болатын. Жарық беріп маздап жанып тұр. Қою түн. Сары тентек ұйықтап жатыр. Ауыздануға әлі жоқ шала туған нәрестенің аузына емшектен аққан уызды тамызып болғасын Зейфунның тұруға ыңғайланғанын сезген екі қайынсіңілісі демеп тұрғызды. Бозапа, белімді қайтадан бу, Тәңір қосқан қосағымды өз қолыммен аттандырайын, уақыт келді. Қасына келген Мырзасының оң қолының қоспасынан төмен орналасқан бармақ басындай дөңгелек қара меңді сипап, кебірсіген ерніне тигізді. Бақытты кездерінде сол меңді сипап, қарап отырғанды ұнататын. Бұл кезде Жанақ та белдеудегі ерттеулі көк аттың шылбырын шешіп жатты. Балапан мырза қатты киналды, ұйқыдағы Әбдінәбиін баурына басып, емірене сүйді, Әбдіманапты иіскеді,үнсіз жылап тұрған екі қыз құшағын әзер босатты. Жарын құшағына алып, маңдайынан сүйді. «Сарғасқам, асыл қазынам, айтатын сөзімнің бәрін өзің біліп тұрсың ғой, жағдайды түсінгеніңе ризамын, Алла айтқанымды істесе сендердің құрбандарың мен болайын. Тектілігіңе, сабырыңа басымды идім деп еңкейгенде көңілі босады. Бұл жерде бір-екі күн әл жинап, аяқ-қолыңды баурыңа алғасын жігіттер сендерді Торғайға жеткізеді, ол жердегі жағдайлар ойластырылған. Бәріңді де Алла аман сақтағай». Жұбайы есіктің алдындағы көлденең тартқан көк аттың үзеңгісіне аяғын салғанда Сарғасқаның денесі дірілдеп, аяғы ұйып бара жатты. Қош. Аллаға аманатсың, асыл жарым.

       Оны көтеріп әкеліп төсегіне жатқызды. Қас-қағым сәтте көп нәрсе ұққан, сөзге сараң Жалдықараның дүңкиген денесін Жанаққа бұрып: «Ойпыр-ай, екеуі де сұлу, ақылды, дегдар қандай, бұндай адамдардың бірге ұзақ өмір сүруі некен-саяқ қой»,-деген жуан даусын қара түн де жұта алмай өз құлақтарына тұндырды.

       Мырза мінген көк атты арқадан тұрған қара жел қара түнге сүңгітіп, артынан итере адымын кеңейтіп келеді. Бағыты Қазалы. Шолпан туып, таң қылаң  бере бастады. Құр сүлдері келе жатқан мырзаның бар ойы айдалада қалған дәрменсіз отбасында. Өкініш өзегін өртеп барады. Сарғасқам-ай,  кінә артып бір ауыз сөз де айтпады, байбалам салып жыламады да, бәрі белгілі деп бір ауыз сөзбен түйдің-ау. Мен, қателестім бе?  Кешір, жаным. Бұл дүниеде сендей адам жоқ қой, маған. Мұның төңкерілген жан-дүниесін табиғат қайталап тұр ма, кім білсін, күн күркіреп, найзағай шатырлап аспанды тілгілей бастады. Қара нөсер, қара түн қапалы жүрегін шыдатпай маңдайын ер басына тіретті. Қатып қалған өксігі ішінен шығып жатыр, төгіліп жатыр ... ... ... . Мұны сезген көк ат та төртаяқтап тұрып қалды, жалын нөсермен қосып жуған иесінің көз жасын да сезіп тұр, жануар.

       Иә, бұл нөсер даланы тегіс жапты, арты ақ жауынға ұласып сібірледі де тұрды. Көк табандағы қудаланды қашқындардың да әбігері шықты. Жұқа үзіктен саулаған су күндіз жинап қойған отындарын үйдің ішіне жағып қойсада жылу бермеді, нәрестенің жолдасы әлі түскен жоқ. Асауқара енді табалдырықтан мойнын ішке өткізіп жатып алды, көзінен парлап аққан жас тиылар емес.

       Мырзасы кеткелі тәуліктен аса тіл қатпаған Зейфун: «Боз апа, бәрің жиналыңдар», - деді. Қан кеткелі жағдайдың түзелмейтіні белгілі болды. - «Боз апа, жан пидалығыңа басымды ием, ақтық сапарда тілейтінім - амандықтарың. Бүгін таңда аттанам, Әбдіманап та кешікпес, баурыма берерсіңдер. Кекілдім,Үрліайым бақтарың ашылғай, бәріңе Алла жар болсын. Жанақ, мені айдалаға тастамайтыныңа сенем ... ... . Кекілдім, Кекілдім деп екі рет қақалды да, даусын қатты шығарып, қасында қолын құшақтап отырған баласына қарап : «Әбдінәбиім саған аманат, саған аманат»,-деп көзін бір жұмып ашты.

       Оныншы күннің таңы ата алмай қарақошқылдана түйіліп тұрды. Қоюлық сейіле бастағанда, босағадағы  шырақ жарығы бетіне түскен баласынан көз алмай ханымның демі үзілді.

Сабыры көтерсе де қарасынды,

Жан кеудені қия алмай аласұрды.

Көбесін қайғы сөккен ала таңның,

Алқымында егіліп дала тұрды.

Жаутаңдаған сәбиге дәрмен таппай,

Тебіреніп періште, ауа тұнды.

Аялап жанарымен  балапанын,

Арудың демі үзіліп, жүрек тынды.

       Үйдің сыртына тұтылған шиді әкеліп қоршалап, бетін өзінің торғын орамалымен жауып оң жаққа шығарды. Асауқара ол жатқан керегенің сыртқы тұсынан жанұшыра итеріп, үш рет сүйкенгенде шаңырақ қозғалып кереге күтір-күтір етті, бірақ оған ешкім қарсыласпады. Ішегін тартып ышқына үш боздады да: «ал, сен кетсең менде кеттім, «Бозқасқаңмын», деген ишаратын білдіріп алды-артына қарамай тарпаңдай жөнелді. Артынан қарап тұрған жігіттер, «Ойпыр-ай, киелі жарықтық-ай», - десті. Алакеугімде құлдыраңдай қарайып барып, шексіз-шетсіз далаға сіңіп ғайып болды.

       Әбдіманапта тек пысыл ғана бар,  Бозымкен мейірі қанып артына қарамай, уызға жарып кетсін деген ырыммен жансыз анасының кеудесінен аққан уызды өзінің сұқ саусағының ұшымен үш рет аузына апарып тамшылатты.

       Артынан бір тәулікке жетер-жетпесте ол да шетінеді. Сарғасқаны мәңгілік мекеніне қондыруға жолға шығуға дайын отырған онбір жан даладағы онбірінші атар таңды күтті. Жылап-жылап сілесі қатып жансыз жеңгесінің аяқ жағында қалғып кеткен Зылиха әлбебір тылсым дауыстан шошып, өре түрегелді. Түсінде жеңгесі Сары сабаны пісіп - пісіп жіберіп: «Кекілдім, Кекілдім, Әбдінәбиім саған аманат деп саңқ етіп үш айтты». Ұшып тұрып, жанұшыра қараса Әбдінәби анасының қос анарының ортасына тұмсығын тығып етпетінен ұйықтап жатыр... , жылыстап уызды сүт ағып жатыр...  Бозымкен жайлап көтеріп алды да, баурына басып, үнсіз көз жасына ерік берді. Ешкім елемесе де босағаның орта тұсында басын кекжите төмен қарап тұрған боз жылан сылқ етіп құлап түсті. Басына ақ құюды күтпей-ақ жан тапсырды. Бұлар алдымен Сарғасқаны «Айбике қатын» белгісіне апарып жерлемекші болды. Ол жер алыстау, қауіпті екенін ескеріп Жанақтың шешімен бұдан 5-6 жыл бұрын құдық қазып жатып оқыстан қайтыс болған Шөмекейдің екі ағайынды мырзасы - Дүйісбай мен Тәменнің үй тамының қасына жерлеуді ұйғарды.

       Артқан өлі мүрдесі бар, аттылы-жаяу ілбіген  бұл жандар екі күнге жуық жол жүріп «Дүйісбай - Тәмен» қорымына да жетті. Нұрмен пәктеліп, бөзге оранған аруды қоршаудан түсіргенде кеуде тұсы шылқып, уыз исі аңқып тұр екен. Қабірге бірінші уызды-сүт тамшылағаны тірілердың жанын тебірентті ...  Екеуін жер қойнына қатарластыра тапсырып жатқанда жаңбырын тамшылатып дала да жылады ...  Қабірдің басын даланың боз шиімен қоршап болғанда төбесінен қылтиып ай да туды ...  

       Тоба қазық таянтып, таң айыртқан - боздала ... , Бозапа ... , бозжусан ... , бозқасқа, бозінген ... , бозаспан ... , бозала таң ... , бозши ... , боз топырақ ... , бозторғай ... , бозжылан ... , иә, бозбен өріле жалғасқан тіршіліктің онбір күнін тарихқа тастап азалы көш сапарын жалғастырды. Бағыты - Тәуіптегі «мал қабылдау пунктінде» отырған Тұрым мен Тәжінің отбасы.

       Бұл кезде олар Голощекиннің «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын деген» тапсырмасын керісінше орындап, аштық титықтатқан мал-жанды үдере көшіртіп жатқан еді.

Қазақ тілінде жазылған