Үміт үйі
І
Шаһарымыздың ең батыс жақ шетіндегі үш қабатты үлкен ғимарат анадайдан көзіме шалынғаннан-ақ, ел білмес құпия қылмысымның кездейсоқ куәгері кезігіп қалғандай, жүрегім зу етіп табанымның астына бір-ақ түседі. Мазам кетіп, маңына жолағым келмейтіні сонша, сол үйдің алдымен жүруге тиіс болсам да, әйтеуір ретін тауып, айналып өтіп кетемін. Жаңа құйылған қорғасынша сұрғылтым жылтырап, күн сәулесімен қақпақыл ойнайтын биік қаңылтыр қоршау үлкен үйдің ауласын мүлдем көрсетпейді. Орталықтан келе жатқанда алдымен назарға ілігетіні – айрықша алқызыл шатыры мен дуалды бойлай қаз-қатар тізілген сұңғақ та сұлу ақ теректер. Төңірегіне кейінгі жылдары жыпырлай қонған қиқы-жиқы тапал тамдар – құдды өрісте отқа бас қойған шопан торысын қоршай жайылған қойлар тәрізді.
Рас, мен алыстан айналып қашатындай бұл үй ауласында азуы алты қарыс арыстан ұстамайды. Бірақ сонда да кіруге, кірген былай тұрсын, сол туралы ойлаудың өзіне жүрегім дауаламайтын болған. Өйткені... кезінде осы үйдің ішінде әбден тітіркеніп, тілгіленген. Жүрегімді айтам.
ІІ
Әуелі сұйық шашы бурыл тартқан көзәйнекті қария сөйледі:
– Шүкір, жағдайымыз жаман емес. Ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз артымызда, бірлігіміз бен тірлігіміз жарасқан қауымбыз. Дәрігерлер денсаулығымызды тексеріп тұрады, басшылар мереке сайын дастархан жайып, сый-сияпатын жасайды. Бізге бұдан артық көңілдің керегі не...
Сөзді жаулығын бастыра тартқан, шүңірек көз ақсары кемпір жалғады:
– Ешқайдан сезінбеген жан тыныштығын осы жерден таптым. Менің жұртпен шаруам жоқ, маған да ешкімнің зияны тимейді. Тып-тыныш қана оңаша тірлік. Бізге осындай жағдай жасап қойған өкіметке рахмет!
– Аптадағы әр күніміздің өз тәртібі бар, уақытты қалай өткізем деген уайым жоқ, зерікпейміз, – деді қазақы тақия киген қатпа қара шал алдындағы шахмат тақтасын сұқ саусағымен нұсқап. – Шахмат ойнаймыз, қарта саламыз, домино ұрамыз! Өзара мәслихаттасып, сейіл құрамыз. Мен секілді жүрек қалауымен келген жандар мұнда баршылық. Өмірімізге разымыз...
– Құрысын, өшірші мына пәлеңді! Немесе басқасына ауыстыр! – деп Дастан орнынан тұрып кетті. – Шылғи өтірік бәрі!
Қолымдағы пульттің қызыл түймесін басып, телевизорды өшірдім.
– Дүниедегі ең бір ғажайып жұмақ мекенде тұрып жатқандай сайрайды ғой кеп! Сол жерді аңсап-зарығып өз еріктерімен барғандай тіпті.
– Жақсы жағынан көрсету керек болған шығар. Қазір өзара келісіп, осындай хабарлар жасай береді ғой, – деп едім, Дастаным тіпті өршіп кетті:
– Неге өйтеді? Неге өтірік хабар жасайды? Неге байғұс кемпір-шалды жалған сөйлетеді? О сорлылар қайбір жетіскеннен жүр дейсің ол жерде! Басқа білмесе де, сен жақсы білесің ғой, айтшы, Әлжан! Қос бірдей ұлы бар әлгі көзәйнекті кісінің өз үйінде де «ішкені алдында, ішпегені артында» болмас па еді? Сәби иісі сіңген құйтақандай көйлекке көзі түскен сайын әже әлдиінсіз өсіп жатқан немересін есіне алып жылайтын жаңағы әйелде «жан тыныштығы» бар дегенге сенесің бе? Шахмат фигуралары салынған ағаш қораппен қақ басына салып қап, миын аузына түсіре жаздаған басқа емес, өз ұлы екенін ана шал қалай ғана ұмытты? Тым болмаса, кезекті шахмат ойынына кірісерде сол сорақы көрініс есіне түспей ме? Енді ештеңе болмағандай, өз өміріне разы кейіпке ене қалыпты. «Жүрек қалауымен келдім» дейді ғой. «Артист» десе...
Дастан терезені ашып тастап, темекісін тұтатты. Ашынған ащы үнінен де, шылым ұстаған қолының толассыз дірілінен де ашулы екені аңғарылды.
– Ақсақалды есіңе түсірді-ау деймін әлгі кісілер?
Ол түтінді танауынан бұрқыратқан күйі жауап қатпастан жанарымен алыс қиырларды шарлай мелшиіп тұра берді.
– Ертең жұма ғой, Құран бағыштап, жеті шелпек таратыңдар, – дедім.
Ол басын болар-болмас изеді.
ІІІ
Дастан – менің сонау студенттік жылдардан жұп жазбай бірге келе жатқан жақын досым. Шешесі ертеректе көз жұмған. Ал әкесі... кейін айықпас кеселге шалдығып, ұлын әбден сарыуайымға салды. Жасы жетпістен аса бере ұмытшақтыққа ұшырады. Нені қайда қойғанын, киімін қайда шешкенін ғана емес, бірте-бірте не істегенін, қайда барғанын ұмытып қала беретінді шығарды. «Көшеде бірдемеге ұшырап жүрер» деп қорыққан Дастан енді әкесін далаға аттап бастырмайтын болды. Әйелі Мәрия екеуі азанда ас-суын әзірлеп беріп, ақсақалды сыртынан құлыптап, жұмыстарына жөнейді. Ол жақта да жандары тынбай, жиі-жиі қоңырау шалып, тексеріп отырады.
Уақыт өте қарияның дерті асқынып, өз іс-әрекетіне мүлде есеп бере алмайтын халге жетті. Әуелде үйде тыныш отыра беретін кісі енді нағыз беймаза науқасқа айналды. Есі кіресілі-шығасылы күйге түскен ол тіпті адам танудан қала бастады. Ұлы мен келінін бірде шырамытса, бірде ажырата алмай: «Сендер кімсіңдер? Нағып жүрген адамсыңдар? Мені қамап ұстауға қандай хақыларың бар?» – деп ұрсатынды шығарды. Адамның ақылына сыймайтын әрекетке барып, қиқар балаша қисынсыз қылық көрсетуге көшті.
Бір күні қаланың сол ауданына жолым түсті де, досымның үйіне кіре кетейін дедім. Есікті қаға беріп едім, ілгегі ілінбеген екен, ашылып кетті.
– Менің келетінімді сезгенсіңдер-ау, сірә, ашық-шашық отырсыңдар ғой, – деп дабырлаған күйі кіре беріп едім, сол жақтағы залдың есігінен зу етіп бір жалаңаш адам шықты да, асүйге қарай қашты. Тырдай жалаңаш! Анадан жаңа туғандай! Шошып кеттім. Бұ не пәле?
– Әке, киіңіз деймін мынаны, ұят болады! – деп қолына шалдың киімін ұстап соңынан Дастан желіп барады.
Босағадан аттай бере аяғымды көтерген күйі сілейдім де қалдым. Досым мені көрді ме, көрмеді ме, білмеймін. Көргенде қайтпек? Кіргенде мен не демекпін? Сасқанымнан тез кері бұрылдым да, тайып тұрдым.
Бара-бара шатағы көбейген шал Дастан мен Мәрия үйде жоқ кезде, есебін тауып, сыртқа сытылып шығуды да жиілетіпті. Кейде көршілері, кейде өздері далада сенделіп жүрген жерінен тауып, жетектеп ертіп келіпті.
Бірде ол кісіні көшеден мен де көрдім. Үстінде жұқа жейде мен жеңсіз жемпір, бұтында мыж-мыж шалбар, аяғына жеңіл сүйретпе іле салған, әлдекімдермен ілінісе жаздап, тәжікелесіп тұр екен. Жақындай келе байқадым – шаштары ұйпа-тұйпа, бет-ауыздары домбығып ісіп кеткен, мұрындары құлпынайдай қызарған, көрінген қуысқа түней салатын кәдімгі маскүнемдер. Қария олардан әлдене сұраған ба, оған мыналар дұрыс жауап бермеген бе – әйтеуір түсініксіз ерегіс. Алба-жұлбасы шыққан албастыдай біреуі мұның жағасынан ала түскенде жедел басып мен де жеттім.
– Жігіттер, қойыңдар! Сабыр-сабыр, – деп жүріп, әрең ажыратып, былай ала жөнелдім.
– Е-е-ендігәрі кө-көзіме... көрінбе! – Әлгі дүлей сұқ саусағын шошайта доқ көрсетіп қала берді.
Сөйтсем, адасыңқырап кеткен ақсақал олардан жол сұраған. Жөн сілтеген соң, арақкештер жомарттық танытып, алдарындағы «дастарханнан» дәм ауыз тиюін өтінген. Жады өшіп, санасы тұманданып қалған адамда қайбір ақыл бар, жандарына тізе бүгіп отыра кеткен. Әжептәуір кідірген секілді, шалдың аузынан ішімдік иісі бұрқырап тұр. Шөлмектің түбі көрінгеннен кейін олар тосыннан қосылған қонақтан «сыбаға» дәмететіні түсінікті. Ал бұл кісінің қалтасында ештеңе жоқ. Кикілжің осыдан туған.
– Апыр-ай, сенің кездесе кеткенің сондай жақсы болар ма! Қайтеміз бұ шалды енді? – деп кешқұрым Дастан хабарласты. – Келші, ойласайық!
Бардым. Мұндайда не ақыл айтарсың? «Құдай басқа салмасын» дейтін-ақ жағдай. Кеңесе келе ерлі-зайыптының бірі жұмыстан біржола шығып, қарт науқасқа қарауы керек шығар деген түйін жасадық. Бірақ кім? Әрине, Дастан емес. Тасы өрге домалап тұрған білдей фирманың табысы мол заңгері қараптан-қарап қызметтен кетсін бе? Одан да қарапайым дәріхана қызметкері Мәрияның жұмыстан босай салғаны мақұл.
Мұны естіген Мәрия бұлқан-талқан ашулансын кеп!
– Сенен жалақым аз шығар, бірақ жап-жақсы жұмысымнан тектен-текке айрылар жайым жоқ! – деп кесіп айтты ол. – Шықсаң өзің шық!
– Мен қалай шығамын? Сонда сен асырамақсың ба бізді? Сөзді қой! Әйел емессің бе, үлкен кісінің бабын таба аласың...
– Осыған дейін бабын тапқаным да жетер! Қашанғы шыдаймын? Менің орнымда басқа әйел болса, баяғыда-ақ безіп кетер еді бұл үйден! Бұдан былай жынды әкеңді байлап қойсаң да өзің бақ! Шаршадым!
– Әй, қатын, аузыңа ие бол! Менің әкем саған бөтен бе еді? «Жынды» деп...
– Жындыны «жынды» демегенде не деймін? «Ауыш» дейін онда!
Дастанның орнынан көтеріле бергенін білем, көзді ашып-жұмғанша Мәрия жерде ұзынынан түсіп сұлап жатты. Тұра ұмтылып, досымды құшақтай алдым.
– Жібер! Атаңа нәлет, хайуан! Нағыз жынды сенсің, білдің бе! Қоя бер! Аузынан қанын ағызайын тура!
Мұндай қарулы болар ма? Бар күшімді салып жүріп, Дастанды сыртқа итеріп әрең шығардым. «Құдайым-ай, әкесі ғана емес, өзі де жынданған ба?» деп ойбайлап, әйелі қалды.
Екі күннен соң маған Мәрия қоңырау шалып, «Оңаша айтар әңгімем бар, кездесейік» деді. Екеуіміз түскі үзіліс кезінде кафеде бірге тамақтандық.
– Досыңның мінезін білесің ғой, – деді ол сәл көгілжім тартқан көзінің астын қол орамалымен әлсін-әлсін сүрткіштеп. – Сенен де ұялмайды ол...
«Оқасы жоқ...» деп, тағы бірдемелерді айтып, міңгірлеп жатырмын.
– Бірнеше мекен-жайға хабарластым, ғаламтор арқылы да іздестірдім, – деп ақырында Мәрия сөздің тоқетеріне көшті. – Ең дұрысы – әлгі сенің көршіңнің пансионаты тәрізді. Жұрттың бәрі соны мақтайды. «Қарттарға жақсы қарайды» дейді, психикалық ауытқуға ұшыраған науқастарға арналған ем-домы да дұрыс көрінеді. Тү-у, мұның бәрін неменеге айтып отырмын, өзің де жақсы білесің ғой. Нариманмен сөйлессеңші.
– Дастанға айттың ба?
– Жоқ. Сен әуелі көршіңе жақсылап түсіндір. Күйеуіммен өзім келісем.
– Ол бәрібір көнбейді ғой.
– О жағын маған қалдыр.
Ауруы асқынған ақсақалдың халі ерлі-зайыптының арасын кәдімгідей ушықтыра бастаған тәрізді. Құрысын, өгіздің де өлмегені жақсы, арбаның да аман қалғаны керек. Не болса да, Нариманмен сөйлесейін деп шештім.
* * *
Нариман – менің Құдай қосқан көршім. Кейіннен бой көтерген биік жаңа үйлердің біріне көшіп келгенімізде, олардың жайғасқанына бес-алты ай болып қалған екен: дереу балаларын жұмылдырып жіберіп, жүгімізді көтерісіп, біздің пәтер алуымызды көптен күтіп жүрген туысымыздай бел шешіп кірісіп-ақ кеткен. «Қара терге түсіп, қансорпасы шыққан байғұстар әбден орналасып болғанша бір шәугім шай қойып ішуге де шамалары келмес» десе керек, әйелі әдемілеп ыстық сорпа істеп қойыпты. Сол алғашқы таныстық, әуелгі білістіктен-ақ әңгімеміз үйлесіп, сыйластығымыз жарасып жүре берді. Содан бергі өткен он жылда екі үй аяқ-табағы мидай араласып, ағайыннан артық жақын болып кетті.
Былтыр көршім Қарттар үйіне директор болып тағайындалды. «Кемпір-шалға бастық болғаның құтты болсын!» деп әзілдегеніммен, қызметінің қыр-сырын сұрап, қинаған емеспін. Оның өзі де жұмысында не болып, не қойып жатқанын айта бермейді. Қолымыз қалт еткенде екеуіміз көбінесе тастаяқ қуамыз, саябақта серуендейміз, ортақ тақырыбымыз – көркем әдебиет пен кино төңірегінде сыр шертісіп, ой таластырамыз. Әңгімелескен сайын оның қандай өресі биік, білімді азамат екеніне көзім жете түсіп, оқу-тоқуымның әлі де кемдігін сезініп, қоңылтақсып қаламын.
Бірде біздің үйде әлдебір мерекені атап өтіп, ұзақ отырдық. Әйелдер ас үйде ыдыс жуып, балалар теледидарға телміріп, екеуіміз оңаша қалған сәтте:
– Сен бізге жұмысқа келсең қайтеді? – деді Нариман.
– Қандай жұмыс?
– Қосымша жұмыс, – деді ол алдындағы минерал судан бір сіміріп алып. – Негізгі шаруаңа кедергі бола қоймас. Қалаған уақытыңда келесің, қалаған уақытыңда кетесің. Артық ақша қалтаңды тесе ме?
– Қызықтыра бермей, турасын айтсаңшы – не жұмыс?
– Менен бұрынғы директор мына мекемені әбден былықтырыпты. Құжаттамасы дұрыс емес, қатынас қағаздарында реттілік жоқ, кейбірі тіптен тіркелмеген, жүйе дегеннен жұрдай... ХХІ ғасыр, компьютер дәуірі бұл жерге әлі келмепті... Ол аз болса, «екі жақты бухгалтерия» арқылы мекеме қаржысын аямай жеген. Қалай ғана сотталмай, аман кеткеніне таңым бар. Сірә, жоғарыдағы тіреуі мықты болса керек. Енді жаңа бухгалтер алып, бәрін тап-тұйнақтай ғып реттеп жатырмын. Ал әлгі іс қағаздарын, келісім-шарттарды жүйелеуге құқықтық сауатымыз жетер емес. Сен заңгерсің ғой, көмектесші. «Заң жөніндегі кеңесші» деп бұйрық шығартайын. Қалаған уақытыңда, тіпті күндіз қолың тимесе, кешке келіп істесең де болады.
Шынында да, «артық ақша қалтамды тесе ме», келістім.
Кейде түстен кейін, кейде кешқұрым, әйтеуір негізгі жұмысымнан қолым босай сала шаһарымыздың батыс жақ шетіндегі үш қабатты үлкен ғимаратқа қарай тартамын. Жаңа ғана құйылған қорғасынша сұрғылтым жылтырап, күн сәулесімен қақпақыл ойнайтын биік қаңылтыр қоршаудың ішіне енемін де, бірінші қабаттағы Нариманның кабинетіне барамын. Ол үнемі жұмыс орнынан табылады, ал егер әлдебір шаруамен бір жаққа шыға қалса, кілтін вахтаға қалдырып кетеді. Көп ұзамай өзіме жеке кабинет бұйырды. Таудай боп үйілген шаң-шаң қағаздардың ортасында көзім қызарып, кейде түнге дейін отырып қаламын.
Бірер ай шамасында басты міндетімді атқарып та біттім: құжаттар заңнамадағы кейінгі өзгерістерге сәйкес түгелдей қайта жөнделді, келісім-шарттардың дені жаңадан жасалды, жұмыс толық дерлік компьютерлік жүйеге көшті. Сәл де болсын қолым босап, айналама қарауға уақыт табылды.
Ресми түрде «Қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үй» әлеуметтік мекемесі» деп аталғанымен, жұрттың аузы «Қарттар үйі» дегенге әбден үйренісіп кеткен. Мұндай үйлер алғашында етжақын ешкімі жоқ, жалғызілік шал-шауқан, кемпір-сампырға, қараусыз мүгедектерге арналып салынған ғой, бірақ қазір туысы түгілі, туған баласы барлар да тұрып жатыр. 120 адам әр бөлмеге екеуден-үшеуден орналасқан. Әр бөлмеге бір-бір телевизор, бір-бір тоңазытқыш қойылған. Бірінші қабаттағы асханадан төрт мезгіл тамақ беріледі, бірнеше медициналық кабинет және бар. Күтушілер зыр жүгіріп қызмет етіп жүр.
– Қызметкерлердің біразын ауыстыруға тура келді, – деді Нариман жұмыстан бірге қайтқан бір күні. – «Ондай талабыңды анау қарамай кеткен балаңа айт!», «Бұл жер саған курорт емес, иегің қышымасын!», «Ет асып күтіп отырса, бар өз үйіңе! Ал кете алмайсың ба – атауыңды күңкілдемей іш!» деп, әкесіндей адамға әкіреңдеп, дікең-дікең еткен көкдолылар тәрбиеге көнуші ме еді. Өздерінен көрсін. «Кәрі кісілер бала сияқты ғой, сәл нәрсеге өкпелей салады, басынан сипағандай бипаздап ежіктемесең, кей мәселені түсінбей, бұрқылдауы мүмкін, артынша қайта жадырап, айналып-толғанып отыруы да ғажап емес. Мейлінше жылы сөйлес, құрметпен қара, қамқорлық таныт» деп, қалғандарының құлағына құюмен жүрмін. Ескерсе, қанеки...
* * *
Бір күні кабинетімде жұмыс істеп отыр едім, даладан біреулердің дабырласқан дауысы естілді. Аса мән бермей, алдымдағы қағазға үңіле бергем, сәлден соң гуілдеген үн үдей түсті. Орнымнан тұрып, есікті аштым да, дәлізде жүрген күтуші қыздардың бірінен:
– Бұ не шу? – деп сұрап едім, ол:
– Ата-апалардың балалары келіп жатыр ғой, – деді де, «түсінбейтіндей қиын мәселе ме сонша?» дегендей маған таңдана бір қарап, өтіп кетті.
Мен осы қызметіме кіріскелі байғұс кемпір-шалдарды іздеп, мұншама адамның келгенін көрмеппін. Анда-санда біреу-міреу бас сұғып, осындағы ата-анасына немесе туысына жолығып жататын, бірақ бірлі-жарым адам болғасын олардың келген-кеткені де білінбейтін. Ал мыналар, әдейі келісіп алғандай, бір күнде іркес-тіркес тобымен топырлай кіргенде, былайғы кезде әр басқан қадамыңның үні естілер мүлгіген мекендегі ұйыған тыныштық дар-дар айырылды. Қарап тұрсам, сыртта сейілдеп жүргендер меймандарымен далада-ақ шүйіркелесіп жатыр, төсекке таңылғандар мен әлі бөлмесінен шықпағандарды іздеген нөпір жұрт еденді дүсірлетіп, үш қабатты үйді басына көтеріп барады. Қарттарын сағынып-ақ қалған екен, ендеше неге мұнда әкеп тастаған? Неге үйлеріне алып кетпейді? Әрқайсысы әр жақта аңсап-зарығып жүргенше, бірге тұрмай ма бәрі?..
– Шай ішесің бе, Әлжан? – Жалт қарасам, Нариман екен. – Жүр. Бүгін түскі ас ішпеп едім, ішегім шұрылдап барады, маған серік бол.
Күн әлдеқашан бесіннен бері аунап кеткен, асханада адам сирек екен.
– Ойпырмай, келушілер легі толастар емес. Бүгін бір ерекше күн бе еді? – дедім ыстық шайдан бір ұрттап.
– Бүгін кемпір-шал түгел зейнетақы алды ғой, – деп досым алдындағы асты қарпып жей бастады. – Соған келген де бәрі.
Шашалдым да қалдым. Әдетте адам түйір дәмге түйілуші еді, менің тамағымнан сұйық әрең өтті. Ыстық шай көмейімді күйдіре жаздағаннан ба, көзімнен жас та шығып кетті.
– Әр айдың басында осылай ұбап-шұбап келеді бәрі. – Нариман қаннен-қаперсіз, шайнаңдай отырып сөзін жалғады. – Осы үйдің алды түрлі шетелдік маркалы машинаға толып кетеді. Ішінде бағасы адамның құнынан артық небір сойқан көліктер де бар. Әке-шешесін сағына қоймас, бірақ олардың қалтасындағы аз-кем ақшадан айырылғысы келмейді оңбағандар. Қақтап сауып, санап алып кетеді.
– Соған жол беріп қойып, қалай қарап отырасыңдар?
– Біз не істей аламыз? Ата-ана мен бала арасына қалай түсеміз? Оның үстіне, олар ақшаны тартып алмайды ғой. Қариялар қалтасының түбін қағып, өз ықыластарымен-ақ береді. «Маған осындай дәрі керек еді» немесе «Аяқ киімім тозды, мыналардың бергені маған сәл кеңдеу, бір дұрыс бәтеңке әкеліңдерші, қалғанына немерелеріме анау-мынау алыңдар» деп, өз қолымен ұсынады. «Осылай жиі-жиі келіп тұрсаңдаршы, зарықтырмай...» деп қиылады. Қайдағы! Теңге қалтаға түскен соң, дәрі де, бәтеңке де жайына қалады, келесі зейнетақыға дейін өздері де қара көрсетпейді.
Жүрегім шаншып кетті. Осы жұмысқа кіргелі бірінші рет сыр берді.
– Мұнда өз еркімен келген адам бар ма өзі? – деп сұрадым сол жақ кеудемді сипалай отырып.
– Бар. – Нариман босаған тәрелкені былай ысырды да, шай құйылған кесені қолына алды. – Анау терезенің түбінде мүлгіп отырған көзәйнекті қара шалды көрдің бе? Өз ықтиярымен келген кісі сол. Аты – Зақаш. Жиырма жасынан бастап көмір шахтасында жұмыс істеген. Екі күн істейді, бір күн демалады. Кен қазу – азаптың азабы ғой, жер астында бел жазбай тыпырлайды. Кешке үйіне сілесі қатып келеді де, құлайды. Таң ата тағы кетеді. Жалғыз күн демалысында «шаршау басуды» желеу етіп, әбден есін білмей, тұралағанша арақ ішеді. Ертесіне тағы жер астына түседі. Кейін үйленгеннен кейін де осы өмір салтын қоя алмапты. Маған ашығын айтты:
«Балаларымның қалай дүниеге келіп, қалай өскені де есімде жоқ, – деді. – Ерте кетем, кеш келем. Демалыс күнім достармен бірге арақ ішумен өтеді. Екі ұлымды ойнату, олармен сөйлесу, сабағын сұрау, қандай арман-мақсаттары бар екенін білу қаперіме де кірмеген ғой. Олар тірі жетім секілді әкесіз өсті десе де болады. Өмірім осылай көзді ашып-жұмғанша зу ете қалыпты. Ақыры денсаулығым сыр беріп, оның үстіне көп ұзамай әйелім қайтыс болып, зейнетке шықтым. Енді үйге сыйсамшы. Ер жетіп қалған, үйлі-баранды балаларыммен не туралы сөйлесуді де білмеймін. Маған бөтен адамдар сияқты. Олармен арадағы болмашы нәзік байланысқа дәнекер байғұс әйелім екен. Ол кеткесін тіпті айдалада қалғандай болдым. Көше кездім. Аулада домино соғып, қарта ойнап отыратын зеріккен шалдардың қатарына қосылдым. Күні бойы солардың жанынан шықпаймын. Маған сол орта қызық, сол тірлік үйреншікті. Үйге кіргім келмейді. Өйткені, бала-шағаммен тіл табыса алмаймын, ортақ әңгіме жоқ. Бір үйде тұрамыз, бірақ мен оларды мүлде білмеймін, танымаймын. Ақыры ауладағы шалдардан осы интернат-үй туралы естіп-білдім. Обалы не керек, балаларым шыр-пыры шығып, қарсы болды. «Қарттар үйіне барамын дегеніңіз не сұмдық, әке-ау! Ертең ел біздің бетімізге түкірмей ме? Не жетпей жатыр сізге? Бүкіл жағдайыңызды жасаймыз, кетпеңіз!» деп екеуі екі жақтап жалынды, жалбарынды. Көнбедім. «Сендерге еш ренішім жоқ. Бірақ мені тоқтатам деп әуре болмаңдар. Мен кетем. Сол жақта ғана өзімді еркін, жақсы сезінермін. Сорлы әкелеріңді кешіріңдер» дедім. Қайтсін байғұстар, жылап-жылап қалды ақыры...»
Сол екі ұл кішкентайларын алып, жиі-жиі келіп тұрады. Өзге жұрттың баласы келген сайын кемпір-шалдың қалтасын қақса, олар әкесіне ақша, дәрі-дәрмек, киім әкеліп береді. Шалың ішуді әлі қоймаған. Зейнетақы алған сайын сілтейді кеп! Әне, басы бұлғақтап, қалғып-мүлгіп отыр... – Нариман осыны айтты да, ас қайырған мезірет жасап, тұруға ыңғайланды.
Асханадан шыға бере артыма бұрылып қарап едім, сұйық шашы бурыл тартқан көзәйнекті қарияның маңдайы үстелге сарт ете түсті.
* * *
Үш қабатты үлкен үйдің ту сыртында, қаңылтыр қоршаудың ішінде жиырма сотық жер бар. Дуалды бойлай сұңғақ бойлы сұлу теректер сап түзеп тұр, ал ғимаратқа таман бірнеше жеміс ағашы отырғызылыпты. Екі аралыққа қияр, қызанақ, сәбіз, пияз, баклажан егілген. Жақсы өнім берсе, мекеме көкөністі сырттан сатып алмайды.
Ширақтау келген кейбір жасырақ тұрғындар күтуші қызметкер ретінде еңбек етеді: жүру-тұруы қиын қарттарға көмектеседі, арбаға таңылғандарды аулада сейілдетеді, бөлмесінен шыға алмайтындардың ас-суын апарып беріп, тамақтандырады, жаңағы көкөністерді күтіп-баптауға жәрдемдеседі. Атқарған қызметіне сай азын-аулақ жалақы алады.
Өмір сүру үшін қажетті барлық жағдай жасалғанымен, тұрғындардың көздерінде бәрібір тұңғиық мұң тұнып тұрады. Еркіне салса, ешқайсысы мұнда аттап та баспас па еді, кім білсін. Асханада қалайы қасықпен қалайы табақты даңғырлатып жүз қаралы қария тамақтанып жатқанда, қарап тұрып жүрегің қарс айрыла жаздайды. Ғұмырының ақырғы бөлігін осылай өткізуді қайсысы армандады дейсіз. Өз үйіңде, балаларың мен немерелеріңнің ортасында ішкен бір кесе шай мен бір үзім нанның дәмі мына жердегі ең үздік аспаздың асынан мың есе артық шығар-ау.
Дәмегүл апаның халі күн санап нашарлап барады. Ол бүгін таңғы асты да ішпепті, енді, міне, түскі тамаққа да келмеді. Жанындағы кемпір бөлмеге апарып берген екен, түртпеген күйі қайтарып жіберіпті. Дәрігерлер ары қарап, бері қарап, «біз ештеңе істей алмаймыз» деп отыр. Кейуананың кеселі – кеудесін кеулеген сағыныш дерті.
Ол кісіні мұнда баласы... алдап әкеліпті.
– Келісім-шартпен бір жылға Канадаға жұмысқа кетіп барамын. Әйелім, кішкентай ұлым мен қызым да бірге кетпек. Апама «сіз де жүріңіз» десем, «қалаңның өзіне әрең бой үйреттім, Қандалаңа қайтіп шыдаймын, шырағым, бармай-ақ қояйын» деп отыр. Ауылда ешкіміміз жоқ. Мен жалғыз баласымын. Әпкем былтыр қайтыс болды. Апама жақсы күтім керек. Қалалық жағдайда өздігінен ас пісіріп іше алуы қиындау. Өткенде біз жоқта газға шай қоямын деп, үйімізді өртеп жібере жаздады. Бір өзін қалай қалдырамын? Ақылдаса келе бір жыл осында тұра тұрсын деп шештік, – депті сәнмен киінген, салиқалы жігіт ағасы.
Киім киісі ауылдық қалыптан өзгермеген, жаулығын бастыра тартқан шүңірек көз ақсары әжей де күйбеңдеп, күбірлей беріпті:
– Басқа амалымыз қалмады, қарағым. Әй, сендер ел-жұртқа білдірмеңдер-ей бірақ. Ауылдағы кемпірлер естіп, масқара болмайық. «Апам бізбен бірге, Қандалада» деп айтып жүріңдер таныстарыңа. Бір жыл деген не, тәйірі, өтер де шығар. Әйтеуір хабар-ошарсыз қалмаңдар. Ана жамандарды сағынатын болдым-ау әбден... Солармен тілдестіріп тұрыңдар ара-тұра. Құлындарым сол, қошақандарым сол...
Сөйтіп, бір жылдық келісім-шартқа қол қойысып, қош айтысып кеткен жігіт сол күйі ізім-қайым жоғалған. Қоңырау да шалмаған, хат та жазбаған. Бір жыл емес, бақандай үш жыл өтіпті. Жан дегендегі жалғыз ұлының көпе-көрнеу алдап кеткеніне сене алмай, әлі күнге жол тосып жүрген қарт ананың халі мүшкіл. Киім шкафына өзі елден жасырып сақтап жүрген, сәби иісі сіңген құйтақандай көйлекті кеудесіне басып, жылайды да жатады.
– Негізі, оңбағанның өтірік айтып тұрғанын о баста жүрегім сезіп еді, – дейді бұл жайтты маған әңгімелеп берген Нариман. – Шешесін күтушілер бөлмеге жайғастыруға алып кеткенде, мен баласына: «Жігітім, сендейлердің түр-түрін көрген адаммын. Сондықтан егер мұнда мәңгі қалдыруға әкелген болсаң, оны анаңа ашық айт, бейшараны бекерге үміттендірме!» – дедім. «Өзіңіз қалай-қалай сөйлейсіз? «Мәңгіге» дегеніңіз не? «Бір жылға кетіп барам» дедім ғой! Келер жылы келем де, алып кетем!» деп шамданғандай түр танытып, шаңқ еткен. Ақырында шаңын да ұстатпай кетті.
Әрең дегенде беті бері қараған Дәмегүл апа бәрібір жиі-жиі ауырып, жатып қала берді. Кейде сәл тәуірленгендей болады, ондайда өңге әжейлермен әжік-күжік әңгімелесіп, әредік сергек жүреді. Кейде темір қақпаға телміріп, ауладағы орындықта отырады да қояды. Нариман іздеу сала індетіп жүріп, ақыры кейуананың ұлы Канаданың қарасын да көрмегенін, үш жылдан бері осы қалада тұрып жатқанын, тек пәтерін ғана ауыстырғанын анықтады. Мұны естіген кезде Дәмегүл апа отырған орнында талып құлады. О, шерменде шеше жүрегі! Құламақ түгілі, құрдымға кетсең де қарамайтын әлгі бала емес балшыққа батқырың сенің осылай азап шегіп, аһылап-үһілеуіңе тати ма десеңші? Әлде іштен шыққан шұбар жылан бәрібір өзіне арбап-тартып, сағынышыңды талмап-сарқып біте ме екен? Қарттар үйіне кірген із көп болғанымен, шыққан із жоқ екенін қайран ана қайдан білсін...
Есін жиған соң да бірнеше күн бойы тілге келмеген кемпір сосын... күрт өзгерді. Әбден қатайып алды. «Ұлыңызбен сөйлестім, сізді қайтып қолына алатын сыңайы жоқ» деген Нариманның сөзіне де селт етпеді. «Шешеңді теледидарға түсіргелі жатыр, қандай тасбауыр ұл екеніңді енді бүкіл ел білетін болады. Масқараға ұшырамайын десең, әлі де ойлан, анаңды қолыңа ал!» деп алдаусыратса да, шыбын шаққан құрлы көрмепті әлгі шіріген жұмыртқа. Мұндай да қатыгез адамдар болады екен-ау...
Дәмегүлдің баласының тасжүректігі тіпті Қарттар үйінің мұндайды көре-көре көзі үйреніп, көкірегі мұз боп біткен ең бей-жай тұрғындарын да күйзелтіп кетті. Өздері жетісіп жүрмесе де, енді әрқайсысы кейуананың қолтығына демеу, көңіліне медеу боларлық жақсылық жасауға тырысты. Бірі жан жадыратар жақсы сөзін арнаса, бірі өз қолымен тоқыған жылы шәлісін сыйлап, енді бірі ең дәмді тағамдарын аузына тосты. Жеке уайым-зарларын бір сәт ұмытып, сорлап қалған кемпірдің қасіретін бөлісуге ұмтылды.
Кезекті жұмыс күнін аяқтап, шығып бара жатыр едім, аулада үнемі шахмат ойнап отыратын, басына қазақы тақия киген қатпа қара шал таяғына сүйеніп, орнынан тұрды да, бері жүрді. Екеуіміз бетпе-бет келген соң, ол:
– Қарағым, сені заң жағын жақсы біледі дейді, солай ма? – деп сұрады.
– Солай шығар, заңгермін ғой, – дедім күлімсіреп.
– Е, жақсы екен. Онда айтшы: қартайған әке-шешесіне қарамай, тастап кететін безбүйрек балаларды жазалайтын заң бар ма біздің елде?
– Өкінішке қарай, ондай заң жоқ, ақсақал.
– Неге жоқ? Неге сондай заң шығармайсыңдар? Баласына дұрыстап қарамайтын адамды ата-ана құқынан айыратын заң бар ма? Бар. Туа салып, сәбиін далаға тастап кететін көкек-аналардың «көкесін танытатын» заң бар ма? Бар. Отбасынан ажыраған әкеден тірі жетім бала үшін алимент өндіретін заң бар ма? Бар. Ал неге ата-анаға деген аяушылықтан жұрдай айуандарды тәубесіне келтіретін тәртіп жоқ? Ең керек заңның бірі осы емес пе? Кәрі адамның жанын азапқа салып, тірідей тозақ отына шыжғыратын шіркіндерге еш дауа болмағаны ма?!
Мен ештеңе дей алмай, тұрып қалдым.
– Барған жеріңде осындай заң керек деп айта жүрші, шырағым, – деп қария таяғын тықылдатып, ішке қарай беттеді.
Жүрегім тағы да шым етіп, сыздай жөнелді.
ІV
Мәрия әлгі өтінішін мен осы жерде жұмыс істеп жүргенде айтқан еді. Уәдемде тұрып, Нариманмен сөйлестім. Ол қандай құжаттар әзірлеп, нендей қағаздар толтыру керектігін түсіндіріп берді. Ендігі мәселе – Дастанды көндіру. «О жағын маған қалдыр» деген әйелінің уәжі онша сендірген жоқ: мен білетін досым оңайлықпен келісе қоймаса керек.
Күдігім расқа шықты. «Кеудемде жаным барда әкемді Қарттар үйінің босағасынан да аттатпаймын!» деді Дастан. Оның пікірін өзгертпек болған әйелінің әрекетінен түк те өнген жоқ. Әбден ыза буған Мәрия: «Онда бұл үйден мен кетемін! Ауру шалдың өзімді қай күні өлтіріп қоярын күтіп жүре алмаймын!» – деп шаптықты. «Кетсең, жолың әне! Атасына қарауды азап көретін, «әкеңді интернатқа тапсыр» дейтін қатынмен мен де бір күн тұрмаймын!» деп Дастан ширықты. Екі жақты мәмілеге шақырған мені де жетістірген жоқ, «Мәрияның сөзіне еріп, оған көмектестің, достығыңның деңгейі сол болса, сен де кет!» деп қуып шықты.
Оны жарты жылдай көрмедім. Қоңырау шалсам – көтермейді, үйіне барсам – өзі жоқ, Мәрия ғана. Сөйтсем, екі бөлмелі пәтерді әйеліне тастап, әкесін алыпты да, кетіп қалыпты. Екеуі де айтқандарынан қайтпай, ақыры ажырасып тыныпты.
Дастанды мен кездейсоқ ұшырастырдым. Реніші басылса керек, қабағын ашып амандасты, «шай ішейік» деп едім, қашқақтаған жоқ.
– Пәтерде тұрып жатырмыз, – деді даяшыға тапсырыс беріп болған соң. – Әкем қазір төсекке таңылған, жүре алмайды. Күтуші жалдағам. Мың болғыр жан екен, қарияға жақсы қарайды: көңілін аулап, сөзге тартады, кір-қоңын жуады, ас-суын әзірлейді. Әуелде көшеде тамақ ішетін мен де кейінгі кезде соның пісірген тамағын аңсайтын болдым. Орнынан тұра алмайтын адамның халі мәлім ғой, әкем дәретімен астын былғайды. Күтушім оны да жиіркенбей тазалап, жаймасын күнде ауыстырып, жағдайын жасап отыр. Жұмыстан қысқарып қалған медбике екен. Шалдың денсаулығын да өзі тексеріп, қадағалайды. Үйді тап-тұйнақтай ғып таза ұстайды, сондай ұқыпты қыз. Басы бос. Аты – Райхан. Соған үйленсем бе деп жүрмін.
Аузым аңқиған күйі алдыма ас келгенін де аңғармай, ойланып отырып қалыппын...
...Дастан көп ұзамай Райханға үйленді. Арада тағы бірнеше ай өткенде, әкесі қайтыс болды...
V
Қарттар үйінде мен көп кідіргенім жоқ, жылға жетер-жетпес уақыт қана істедім. Кейін Нариман да басқа қызметке ауысып кетті.
Сонда өткізген соңғы күндерімнің бірінде естен кетпес ерекше оқиға болды. Осы интернат-үйде бес жылдан бері тұратын Омархан ақсақалды баласы үйіне біржола алып кетуге келді. Бұған дейін бұл мекенге кірген адамның ешқайсысы кері қайтып шықпаған екен, тарихи сәтті тамашалау үшін аулаға тұрғындардың бірі қалмай жиналды.
Міне, қызық: кеше ғана кететін болып, буыншақ-түйіншегін түгендеп, түн ортасына дейін тыным таппаған, өз үй, өлең-төсегіне жеткенше асығып біткен ақсақал бүгін нілдей бұзылып, айнып отыр.
– Бармаймын! – дейді.
– Неге? – Бәріміз де аң-таңбыз.
– Күндердің күні «Сенің-ақ ақылыңа тойып біттім!» деп тағы әкеп тастар мына ит. Тұтам ғұмырым қалғанда өйтіп әрі-бері сандалғанша, осы үйреніскен жерімде-ақ тұра берейін. Бес жыл бір нанды бөліп жеген мынау топ кәріден жаным артық деймісің, өлсем, осында өлем де.
– Әке-ау, мұныңыз не? – Баласы шалдың алдына тізерлеп отыра кетті. – Жүріңіз үйге! Өткен өтті, оны енді есіңізге алмаңыз. Мен күнәһармын, сіздің күңкілдеп күнде айтатын ақылыңыздан ығыр боп, шыдамай кеткенім рас. «Өзімнің де миым жетеді, маған ешкімнің кеңесі керек емес!» деп, кеудемді соқтым, көзімді шел басты. Жаңаша өмір сүрмек болдым. Басымды тауға да, тасқа да ұрып жүріп, ақырында ұққаным – менікі қате, сіздің ақылыңыз ақыл екен. Оны ұқтырған – немереңіз. «Мен қартайғанда, фирмамның қожайыны сен боласың» дегем оған бір күні. «Сонда сен не істейсің?» дейді балам. «Демалысқа шығамын, немерелерімді бағып-қағамын, кешке сен жұмыстан келгенде, екеуіміз әңгімелесеміз» десем, «Иә, саған! Сен ол кезде Қарттар үйінде тұрмайсың ба?» дейді. Біреу төбемнен суық су құйып жібергендей болды. Мәңгіріп отырдым да қалдым. Әке, кеш болса да, қатемді түсініп, бармағымды шайнадым. Білем, бес жылдан бергі ыза-кегің әлі тарқаған жоқ. Бірақ мен қазір басқамын. Өзгердім. Мені кешір! Үйге жүр!
Оларға жақын тұрған қариялар түгел баланың сөзін қолдап кетті:
– Дұрыс, айналайын!
– Қатесін түсініп, оны жөндеген адам жаман болмайды!
– Бақыттысың, Омеке!
– Қой, шал, қырсықпа, «әкетем» деп келген баланың меселін қайтарма!
– Е-еһ, осылай «үйге жүр» дейтін баланың даусын еститін күн туар ма екен бізге де...
– Әй, Омархан, қалған өкпеңді үйіңе барып айтарсың, әйда, марш атсуда! О несі-ей!
– Әлі-ақ бәрін ұмытасың. «Уақыт емші» демей ме...
– Оттапты! – Омекеңнің даусы кенет қатты шықты. Бұл сөзді кімге айтқанын бастапқыда ешкім ұққан жоқ. – «Уақыт емші» дейді ғой маған тағы. Ал сол уақыт сендердің қай жараларыңды емдепті? Сен, Дәмегүл, өз балаңның не істегенін ұмыта қалдың ба? Сен ше, Сейфолла, бүкіл дүние-мүлкіңді өз атына аударып, өзіңді далаға лақтырып кеткен ұлыңды қалай кешіресің? Бақтыбай-ау, айтшы, өз перзентіңнің соққыға жыққан сұмдығын уақыт-емшің жазып берді ме? Жо-оқ. Көрген жәбір-жапа, қорлықтарың бәріңнің де көкіректеріңде шемен болып қатып жатыр. Өйткені, уақыттың да шипасы дарымайтын дауасыз дерт жетеді дүниеде.
Бір сәт үнсіз қалған жұрт сәлден соң Омекеңді тағы қолқалай бастады.
– Апыр-ай, сендер менен құтыла алмай жүр ме едіңдер? – деп ақсақал шынымен таңырқады. – Немене, ырыстарыңды ішіп қойып па едім? Әлде мен кетсем, сендерге пайда түсе ме?
– Түседі. – Сақал-шашы аппақ қудай Сейфолла шал Омекеңнің иығына қолын салып, сөзін жалғады. – Өзің білесің, бүгінге дейін мына үйден туған ошағына оралған ешкім жоқ еді, сен бірінші болғалы тұрсың. Ұлыңды іштей әлдеқашан кешіргеніңді мен білмейді деймісің. Түнде түсіңде көріп, сан рет «жарығым, ботам...» деп сандырақтап шығатыныңды басқа естімесе де, бір бөлмеде жататын мен естимін ғой. Ашуыңды бас, еңсеңді көтер, алдыңда тізерлеп тұрып кешірім сұраған ұлыңның тілегін орында. Егер сен кетсең, мына кәрі-құртаң ендігі қалған аз ғана ғұмырын «бәлкім, күндердің күні баламыз келіп, бізді де осылай алып кетер?» деген үмітпен өткізер еді. Бізді сол өлеусіреген үміт шоғынан айыра көрме, Омеке! Бар енді, балаларыңды зарықтырма! Қош!
Сейфолла шал даусы бұзылып барып, Омарханды құшақтай алғанда, жүрегі езіліп, елжіремеген адам қалмады. Бағанағы ызбарының ізі де жоқ Омекең жанарынан жасы тарамдап ағып, қариялардың әрқайсысын қапсыра бауырына қысып, қимай қоштасты.
* * *
Тағы да сол үйдің алдымен жүруге тиіс болсам да, әдейі бір көше бұрынырақ бұрылып, айналып өтіп барамын. Сыртқы қақпа ашылған сайын оған үмітпен телміретін мұңлы көздерге қарауға дәтім шыдамас. Ойыма Нариманның бір сөзі орала берді:
– «Адам қартайғанда бір бала» деген рас. Қартайған адам баладай сенгіш, баладай әлжуаз, баладай көңілшек болады. Кішкентай сәби ата-ана мейірімін қалай аңсаса, кәрі кісі де перзенттерінің ыстық ықыласына сондай зәру. Рас, бала «әке, ойнайықшы!» немесе «апа, мені құшақташы!» деп ашық еркелей алады. Ал қарт адам көңілі не қалайтынын ұл-қызына ашып айта алмайды. Біз оларды құшақтап, кеудемізге қыспақ түгілі, уақыт бөліп, жанын жадыратып, сырласпаймыз да. Неге? Кейін... кеш болады ғой...