Алтынның қадірі
Алтынға Әлібектің қолы оп-оңай жетіп еді. Институтты бітірген жылы әпкесі көрші ауданда жар болуға лайықты, өңі шырайлы қыз бар деді. Орайын келтіріп таныстыра қойып еді, Әлібектің көңіліне бір көргеннен жақты. Көп ойланып жатпай «ұнаттым» деді. Қыз да сырт келбеті келісті жігітке кет әрі дей қоймады.
Cолай үйленді. Одан Әлібек жаман болған жоқ. Алтын осы босағаны аттағалы береке кірді. Үйдің шаруасын ол дөңгелентіп әкетті. Ұстаған ыдысы да таза, пісірген тамағы да дәмді. «Әлібектің маңдайының бағы бес елі екен» десе жұрт, «Болсаң Әлібектің әйеліндей бол!» деп, кемпір біткен келіндеріне үлгі етуге айналды. Әлібек көшеде алшаң басып жүрді.
Алтын, әсіресе, дүние төңкеріліп үсті астына түскен қиын-қыстау кезеңде ерекше көзге ілінді. Ол белі құмырсқаша майысып, нар көтеретін жүкті көтеруге тәуекел етті. Әлібек жұмыстан қысқарып қалғанда, көп ойланып жатпастан, жақын маңайдан киім-кешек әкеліп сатып, дастарқанды жұтатпады.
Әлібек жұмысқа тұрғаннан кейін де ол бұл ісін жалғастыра берді. Баласын туа жүріп, ара-арасында саудасын істеп, бәріне үлгеріп отырды. Әйтеуір бір тәуір жері баласын қалдыратын енесі бар.
Әу баста бұл істі оңай көріп тауар әкеліп сатушылар көп болды. Егіз қозыдай ұқсас заттар айналаны жайлап алған еді. Мұндай уақытта Алтын жақын маңайды шиырлағанды жөн көрмей, сонау Алматыға сапар шегіп қайтатын. Тіпті бір-екі рет Түркиядан тауар әкеліп, жұртты таңдай қақтырды. Сөйтіп қарсылас боламын дегендерді шаңына да ілестірмеді. Ең соңында мұндай азабы көп істің қасында тек Алтын сияқты жанкештілер ғана қалған еді.
Ол әрбір сапарынан кейін, ерінбей-жалықпай ауыр қанарларды сүйретіп, мекемелерге кіріп шығатын. Қашан Алтын келеді деп, ақшаларын буып-түйіп, тағатсыздана тосып отыратындарды бір қуантып қайтатын. Белі майысып ауыр заттарды көтеріп бара жатқан келінін аяп, шешесі ұлына: «Ақыры бос жатырсың ғой, әйеліңе болысып, заттарын көтеріссейші» десе, ол: «Еркек басыммен зат көтеріп жүргенім ұят емес пе?» – деп, маңына жоламайтын. Ал есесіне әйелі тауып әкелген ақшаға кәдімгідей қуанып қалатын.
Әлібек пен шешесі, Алтынның тіршілігіне қарап отырып, мына кәсіптің де оңай емес екенін ұқты. Бұған да адамның икемі болу керек. «Қалауың тапсаң қар жанар» демекші, жұртқа қандай зат қажет екенін тап баса білуің керек. Әйтпесе әкелген затың әр жерде шашылып, рәсуа болары анық.
Алтынның бұл іске деген қызығушылығы күн өткен сайын арта түсті. Талғамы да өзгеше. Айналадағы әйелдер, оның әкелген көйлектерін киіп көргенде, айналшықтап айнаның алдынан шықпай қалады. Ақшалары жетпей қалса, үйлеріне барып күйеулерінің құлақ етін жеп, алмай тынбайды.
Тынымсыз еңбектің арқасында ол сауданың нағыз майын ішкендердің қатарына қосылды. Енді оның іскерлігін дамыта түсіп алға баспаса, кейін қайта қоюы қиын еді.
Қой деп айта қою да ақымақтық іс болар еді.
Көшпелі сауданың әуре-сарсаңынан шаршаған ол, әрең дегенде бір базардың ішіндегі тұрақты орынға қол жеткізді. Енді бұрынғыдай қалаған уақытыңда ғана шығып қоймайсың, үзбей еңбектенуің керек. Алтынға да керегі осы екен, бел шешіп кірісіп кеп берді. Әлібек өз әйелін өзі танымай қала жаздады. Алтын жұмысын шеберлікпен үйлестіріп, қашан көрсең бір қабақ шытпай, бар қиындықты қиналмай атқарып жүргені. Оның іскерлігіне кім болса да сүйсінгендей. Осылай екі-үш жыл артта қалғанда, олар екі бөлмелі үйлерін үш бөлмеге ауыстырды. Бірақ Алтынның арманшыл көңілі бір тынған емес. Ол құлашын кеңге сермеп, қарымды еңбек етсем дейтін. Үлкен қалаларда сауда тіпті көп болады дейді. Қазіргі тілмен айтқанда ол жақтағы кәсіпкерлер, зәулім үйлерде тұрып, қымбат көлік мінеді екен. Дастарқан басында, енесі мен күйеуіне алыс сапарға шыққанда өзі сияқты базаршылап барғандардан естігендерін жыр қылып айтқанда, олардың ауыздары ашылып қалатын. Әңгімесі бір таусылмайды-ау. Шынында да, мынандай кішкентай қалада оның тынысы тарылғандай болатын
Алтын, заттары таусыла бергенде, бір сапаршылап қайтатын. Барып қатқаннан кейін баяғы ұмытыла бастаған армандары қайта оянады. Тағы да сол еліте әңгімелейді. Сол жаққа деген қызығуылығы ересен. Тыңдап отырып, бейне бір ертегілер еліне еніп кеткендей боласың. Басына кіріп алған ой түрткілеп маза бермейтін сияқты. Осындай сапарлардың бірінен оралған ол көптен көкейге түйген ортаға салған:
– Осылай болмашы нәрсеге алданып, құр уақыт өткізіп жүре беремін бе? Өнімді еңбек етсем деймін. Алматының қақ ортасындағы Көк базардың ішіндегі киім сататын бөлімде орын бар екен. Сонда барып-келіп жұмыс істесем қайтеді?
Енесі алғашында шошып кетіп:
– Айналайын, жылы орныңды суытып қайтесің? Бұнда да аштан өліп, көштен қалып жатқан жоқсың. Күйеуіңнен, бала-шағаңнан бөлініп, дала безіп жүргенің жараса ма? – деді.
– Балалар әлі-ақ өсіп қалады. Шабан үйрек алдымен ұшады деген. Ерте бастан қам жасай берейін деп едім ғой, – деді Алтын дауысы жарықшақтанып. Үнінде «соны мен ойламасам кім ойлайды?» деген кінәлау бар еді. Енесі үндемей қалды. Расында да, негізгі ауыртпалық келініне түсетін. Ұлы жұмысқа тұрғанмен де, оның тапқаны түскі тамағынан, жүріп-тұрғанынан артылатыны шамалы. Шыны керек қой, осы үйді қара нардай өрге сүйреп жүрген келіні. Оны мойындамасқа лаж жоқ.
Осы жерде аяқ астынан Әлібек Алтынды қостай жөнелді:
– Несі бар? Алматыға барып-келіп жұмыс істеп жүргендер көп қой. Солар құсап жүреді де... – деді. Ол әйелінің қандай қиындықты да жеңетініне сенімді еді. «Еңбек етсек, келешекте бұл жақты қойып, Алматыда тұрармыз» деген сөзіне жан-тәнімен елітетін. Көз алдына өзінің Алматының кең көшелерінде алшаң басып жүргені елестеп кететін.
– Қайдан білейін. Екеуіңнің екі жақта бөлініп жүргендерің қалай болар екен? Осы жері көңіліме қонбай-ақ тұр. Әлі де болса ойланыңдар. Жұрт ертең сан-саққа жүгіртпей ме? – деп, анасы әбден қарсыласып бағып еді, екеуі екі жақтан қоймай, ақыры көндірді.
Сөйтіп Алтын Алматыда еңбек ететін болды.
Алғашында ол екі аптада бір келіп жүрді. Үй ішіне алған әсерін айтып тауыса алмайды. Шетелдіктердің: «Алматыда ақша шашылып жатыр, тек соны тере білу керек», – деген әзілі ол жаққа тарап кеткен екен. «Мен де сол шашылып жатқан ақшаларды шетінен теріп жатқаным ғой», – деп, күледі ол. Бір сапарында ол түріктердің: «ағаш жылда туады, сауда күнде туады» деген мақалын естіп қайтыпты. Түрік ағайындардың шаңына ілесу қайда, бірақ аздап та болса осы мамандықты игерген жөн-ау. Саудамен айналысқанның арқасында олардың тамақтары тоқ, киімдері көк.
Алтын, енесін шыттай киіндіріп қойды. Жиын-тойға бара қалса, елден ерек жарқырап отырады. «Мынау көйлегің қолға түспейтін қымбат матадан тігіліпті ғой», – дегендерге: «Келінім кигізді», – дейді мақтанышпен.
Жаз күндері ол Анталияға екі жолдама сатып алды. Әлібек: «Сонша ақшаны шашып қайтесің?» – деп еді, «Өмірі сондай жерге барып көрмеппіз ғой, біз де адам құсап демалайық та» деген. Жағдайы бар алматылықтардың демалыс орындарына баруы кәдімгі үйреншікті жағдай құсайды. Олар өздерінен еш ақша аямайды екен. «Қанша айтқанмен ол жақта көзі ашық, көңілі ояу адамдар тұрады ғой. Біз де солардан үлгі алсақ жарады», – деді ішінен Әлібек.
Әйелінің еті тірілігінің арқасында Әлібектің табаны Түркия жеріне де тиді. Бұл бір керемет демалыс болды. Теңізді алғаш көруі. О шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін не деген байлық десейші. Екеуі аспанға ақ көбігін шашқан асау толқынмен арпалысып, жас балаша мәз болды. Сирек көргендікі ме, Әлібек өз әйеліне өзі сұқтанумен болды. Ол суға сүңгігенде ақ сазандай шоршып, ал жағада кер маралдай керіліп тұрды. Екі бала тапты дейтіндей емес, сымбаты бұзылмаған, әлі де сол қыз күніндегідей. Еріксіз көзі түсе береді. Ал теңізден тыс жерде де оның көркі көзге ұрып тұратын. Тіпті қандай киім де жараса кететінін қайтерсің. Тамақ ішкенде стол басында тоқайласып қалған шетелдіктер де: «Сенің әйелің әдемі», – деп, шын сүйсінгендерін білдірді. Ауылдан шыққан қарапайым қазақ қызының сұлулығымен өзгелерден асып тұруы, әрине, қуанатын жағдай. Және ол өз әйелің болса. Бұдан артық бақыт бар ма! Әлібектің көңілі марқайып қайтты.
Келесі жылы екеуі Ыстықкөлде демалды. Мұнда да Алтын қырғыздың жас қыздарынан кем түспей, жағада еліктей елеңдеп тұрды.
Міне, осындай демалыстардан кейін Алтын жұмысқа бар ынтасымен беріліп кететін. Қайырылуға мұршасы жоқ.
Тынымсыз жұмыс титықтатады ма екен, әрі жол қашықтығы да қажытатын болар, ол енді бұрынғыдай екі аптада желпілдеп жетіп келмей, айына бір рет төбе көрсететін болды. Табыскер әрі осы үйдің асыраушысы болғандықтан бұлар оның қас қабағына қарап, жиі келіп тұрсайшы деп батып айта алмайды.
Әлібек те балалармен бірге Алтынды сарғайып тосады. Көз алдына теңіз жағасында демалған күндері елестеп, көңілі алай-түлей боп толқып кетеді. «Тағы да сол күндер оралар ма еді!» деп армандайды.
Алтын кешіксе, есік алдындағы зеріккен кемпірлер: «Келін келді ме, неғып кешікті?» – сұрақтың астына алып, әбден мезі еткені сондай, үйге қас қарайғанда бір-ақ кіретін болды. Ал шешесі есік алдына шығуды қойды. Ол есік алдына шықпағанмен, кейбірі есікті шалқайтып ашып тұрып: «Келін келмеді ме?» – деп, үйдің ішін көздерімен тінткілеп қарайтынын қайтерсің.
Өстіп жүргенде бір күні ойда-жоқта курстасы Нұрғаным кездесті. Оқып жүргенде екеуінің арасында аздаған сыйластық болғаны рас еді. Содан дәмеленіп қалды ма екен, Әлібек Алтынға үйленгелі бері, оны тура күндесіндей көреді. Айдалада жүріп өшігетінін қайтерсің. Тал бойында бір міні жоқ Алтыннан кінәрат табуға тырысады. Онымен бақталасуы көрер көзге күлкілі екенімен шаруасы жоқ. Алтын кім, ол кім? Алтын – бәйге аты десек, ал Нұрғаным жай ғана жабы ат. Соған да қарамай-ақ кездескен жерде іштегі қыжылын бір шығарып қалуға тырысады. Моржантопайлау біреуге күйеуге шыққан еді, онысын менсінбей ме, Әлібекке қылмыңдауын әлі де қояр емес.
– Иә, әйелің менсінбей Алматыға кетіп қалды ма? – деді әдейі тиісе сөйлеп.
– Өзім жібердім, – деді бұл оның сөзін жақтырмай.
– Үйдің қарасын көруді қойды дейді ғой, – деді ол біреулерден естігенін қоңырсытып.
– Жұмысы көп болып жатыр, – деді бұл дүңк етіп.
– Әй қайдам, жұмысты сылтауратып жүрген шығар сайран салып. Ал сен мында жүре бер аузыңды ашып, – деді ол кетер кезде мазақтай күліп.
Нұрғанымның әзілінің жанына қатты тигені сондай, түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмады. Ақ адал жарын жамандыққа қимайды. Ол туралы жаман ойласа-ақ оның мөлдіреген бейнесі көз алдына дөңгелеп келе қалады. «Ендеше мынасы несі? Неге кешігіп жатыр? Бала-шағасын ойламай ма?» Бұл сұрақтарға еш жауап таба алмады.
Ақырында ол Алтыннан өш алуды ойлады. Сыртта ол сайран салса, мұнда бұл да қарап қалмас. Нұрғанымға телефон соғып еді, оның да күткені сол екен, тез-ақ келісе қойды.
Екеуі оңаша бір жерде арақ ішіп отырған сәтте, ол бұның көңілін алаңдатқан жайға қайта оралып:
– Менің көзім толық жетіп отыр, ол біреуді тауып алған, – деді.
Осыдан кейін-ақ Әлібектен маза кетті. Ішіп-ішіп мас болып қалды. Өш алдым дегені де бекер болды, қайта жанын жаралап қайтқан еді.
Тағы да екі-үш күн ішіп жүрді. Ақырында ол жанын қоярға жер таппаған соң, Алматыға барып, бәрін де өз көзімен көріп қайтқанды жөн көрді. Анасына айтып еді, баласының мазасы болмай жүргенін байқаған ол қарсы болған жоқ. Дәл жүрер кезде ғана:
– Балам, Алтынның балаларыңның анасы екенін ұмытпа! – деген бір-ақ ауыз сөз айтты.
Автобусқа кештете мінген-ді. Қыстың қысқа күні тез-ақ батты. Ол терезеден сыртқа қарап томаға-тұйық отырды. Сырттай қарағанда ғана томаға-тұйық, ал шын мәнінде жан дүниесі астан-кестен. Неше түрлі ойлар қамап алған. Іші қазандай қайнайды. «Жүзі қара! – деп тістенді ол. – Күнәлі екеніңе көзім анық жетсе, шашыңнан сүйреп сабармын. Қойнымда жатқан сұр жылан. Мен сенің зымиян екеніңді осы уақытқа дейін білмей келіппін ғой. Ұялсаң етті, екі балаң, күйеуің бар. Енеңнің отырысы анау, есік алдына шыға алмай». Түнімен көз ілген жоқ. Қалың ойдың шырмауынан бір арыла алмады. Біресе Алтынның бейкүнә бейнесі, біресе залым бейнесі елестеп, арпалысып, бірін бірі жеңе алмай жатты. Бірақ байыпты ойға берілген сайын, Алтынды ақтап алуы қиынға соға бастады. Сонда ол адал қалпынан арам қалыпқа қалай түсті? Осы арасын түсіне алмай басы қатады. Бұл білетін Алтын аузын ашса көмекейі көрінетін жан емес пе еді? Адалдығы сондай, таңертеңнен кешке дейін сыз басып тұрып тапқан ақшасын шып-шырғасын шығармай бұның алақанына әкеліп салушы еді ғой. Сонда жымқырып қалуды, бүгіп қалуды білмеуші еді. Бұл әйелін ішек қырындысына дейін білетін сияқты еді ғой. Әлде білмейтін нәрсесі де көп пе екен?
Тұңғиық ойға батып отырып, Алматыға қалай жеткенін де аңғармай қалды. Жүргізуші түрткілеп: «Келдік қой, Түспейсіз бе?» – дейді. Қараса, елдің бәрі түсіп кетіпті. Әлі таң атпаған екен. Айнала тас қараңғы. Бір автобусқа мініп орталыққа жетті. Елдің бәрі жанталасып жұмысқа асығып бара жатыр. Олардың бәрі де қамсыз-мұңсыз адамдар сияқты көрінді. Қайғы арқалаған жалғыз өзі сияқты.
Таңертеңгі сегізде Көк базар ашылды. Киім сататын адамдар онға таман келді. Іздестіріп жүріп Алтынның орнын тауып алды. Сатушыдан Алтынды сұрап еді, кешкі сағат бесте келеді деді. Бірақ өзінің кім екенін айтқан жоқ. Тез арада кетіп қалды.
Кешке дейін сол арада сенделіп жүрді. Біресе көк базардың астына түсті, біресе үстіне шықты. Түс әлетінде сондағы көп асханалардың біріне кіріп, жетім балаша бір бұрышта отырып тамақ ішті. Қазіргі күйі дүниедегі ең бақытсыз адамдардың біріндей еді. Қайтерсің. Құдай басқа салмасын. Ыстық тамақ буынына түсіп кетіп, бес-он минут қалғып та алды.
Азаппен кешті де болғызды. Азап емес, қазіргі күйі айналайын еді. Ал Алтынның біреуі бар екенін білген кезде, көңіл күйі қандай болады десейші? Ол қатал үкім еститіндей денесі түршікті.
Уақыт жақындаған кезде, ол Алтынның орны көрінетіндей бір қалтарысты таңдады. Беске он бес минут қалғанда Алтын келді. Ауылдың әйелдеріндей олпы-солпы емес, сәнді киініп алған. Киімі өзіне сондай жарасып, қуыршақтай болып тұр. Қарап тұрмай келе іске кірісіп, киімдерді бір шолып шықты. Бүгінгі түскен ақшаны алды. Сатушыға тапсырма берді. Сүт пісірімдей уақыттан соң бір түрік жігіті келді. Екеуі бір-бірінің беттерінен сүйіп амандасты. Зығырданы келіп, барып бас салғысы келді де, өзін өзі ұстады. Ақырына дейін шыдағаны жөн. Бұған бұлтартпайтын дәлел керек.
Содан кейін екеуі көп аялдамай көшеге қарай шықты. Әлібек бас киімін көзіне таман түсіріп арттарынан ерді. Түрік жігіті Алтынды бір машинаға отырғызды да, әлдеқайда ала жөнелді. Әлібек те бір такси ұстап, арттарынан ерді. Адасып қалатындай емес, көшеде кептеліс. Көп ұзамай олар мінген машина бір аулаға кірді. Әлібек мінген такси де соған таяу келіп тоқтады. Әлібек сабыр сақтап қашан олар ұзағанша машинадан түсе қойған жоқ. Бір уақытта екеуі бір подъезге кірді де кетті. Бұл барам дегенше есік жабылып қалды. Сол арада ешкім де келе қоймады. «Енді не істеймін?» деп тұрғанда, екінші қабаттағы бір пәтердің жарығы жанды. Қасында үлкен ағаш өсіп тұр екен. Бұл жылдам ағаш басына өрмеледі. Осы арадан бәрі де анық көрінеді. Екеуі ас үйде бір біріне күле қарап отырып тамақ ішті. Біразға дейін «мүмкін олар қызмет бабымен кездесіп отырған болар, Алтын одан бірнәрсе сатып алатын болып, соны көруге келген болар» деп өзін өзі алдарқатумен болды. Тек олардың бір біріне күле қарағаны ғана жынына тиді. Тамақ ішіп болғаннан кейін екеуі төргі бөлмеге озды. Төргі бөлмедегі терезеге тұтылған перденің орта тұсы ашық екен де, бәрі де тайға таңба басқандай анық көрініп тұрды. Түрік жігіті столдың үстіне арақ-шарап, ал Алтын оны ішетін ыдыстарды қоя бастады. Осы арада ашуы шегіне жеткен Әлібек жерге түсіп, тас алып шығып, терезенің бытша-бытшасын шығармақ болды. Ол жалма жан төмен түсе бастаған кезде, ауланы аралап жүрген үш-төрт жасақшыны көзі шалды. Амал жоқ, кері қайтты.
Әлібек қайта көтерілген кезде түрік жігіті Алтынның мойнына қымбат алқа тағып жатыр екен. Әлгі сыйлық оған қалай жарасады десейші. Апыр-ау, бүгін Алтынның туған күні екен ғой. Кенет оған: «Мен әйелімді осылайша ең болмаса бір рет қуантып көріппін бе? – деген ой келді. – Тіршіліктің күйбеңінен арылтайын, көңілін бір көтерейін дедім бе?» Жоқ, солай етсем деп ешқашанда ойламапты. Қандай өкінішті. Қымбат сыйлық түгілі, арзан сыйлық та сыйлап көрмепті. Өз әйелін өзі қиын жұмысқа салып, соның тапқанын жеп, үйде шаниып жатыпты. Сонда әйелін құлақ кесті құлындай көргені ғой. Ол Алтынды аяп кетті. Көкірегіне өксік тығылды. «Жас баладай жаутаңдаған қалқам-ау, мен сені жас баладай әркімге жаутаңдатып қойыппын ғой. Сенің ешқандай кінәң жоқ. Бәріне өзім кінәлімін. Қадіріңді кеш білдім ғой, кешірші», – деген сөздерді дауыстап айтпаса да, іштей күбірлеп айтып тұрды.
Әлібектің жанары жасқа толып кетіп еді. Бір қараса, түрік жігіті оны құшақтап жатыр. «Апыр-ау, мынау менің әйелімді құшақтап жатыр ғой. Мен неге қарап тұрмын? Енді не тосып тұрмын? Таспен ұрып, мына әйнектің быт-шытын шығармаймын ба?» Ол жалма-жан төмен түсе бастады. Көзі жасқа толып, буыны босап кеткенніңкі ме, аяғының астындағы бұтақтарды дұрыс баспай, бір уақытта жерге топ етіп құлап түсті. Жасақшылар бұл маңнан алысқа ұзамаған екен. Жүгіріп-жүгіріп жетіп келді. Келіп, арақ ішкен бе деп, аузын иіскеп көрді. «Ішпепті». Содан кейін: «Не болды?» – деп сұрады. Бұл мәңгіріп жоғары жақты нұсқады. «Жоғары жақтан бірнәрсесі түсіп кетіп, бұтаққа ілініп қалған болу керек» деп топшылаған жасақшылар, оны жайына қоя берді.
Ол ағаш басына қайта көтерілген жоқ. Қараңғы көшені бойлап сенделіп жүріп келеді. Құлағында: «Сен оның балаларыңның анасы екенін ұмытпа!» деген анасының сөзі.