Адам қарады: 120 | Жарияланды: 2017-09-15 04:18:36

Ұйық

 

Ол сүйген жігітінің алаяқ екеніне көзі жеткен соң, өмірден түңілгені сонша, көз көріп, құлақ естімеген жакқа кетіп қалғысы келді. «Құланның қасынуына, мылтықтың басуы дөп кепті» дегендей, осы бір тұста ауылдастары «іскер қыз» деп айдар таққан  Айымкүлдің сайтандай сап  ете түскені. Бұл қыз айлап, жылдап бір жаққа жоқ болып кетіп, содан бір күндері  мол олжамен оралатын. Оның қандай жұмыспен айналысып жүргенін білмесе де жұрт, «табыскер қыз» деп ауыздарының суы құрып мақтайтын. Иә, сол қыз мұны  «Сулпак дүкеніне жұмысқа орналастырамын» деп майлы ішекше айналдырды. Жастайынан ерке болып өскен Мәдина, өзінің бірбеткей мінезіне салып, үй ішінің «қысты күні қайда барасың?» деген сөзін құлағына да қыстырмай, оның соңынан ілесіп жүре берді.

Автобус  Алматыға кештете  жеткен-ді. Көрші қыз мұны өзі тұратын пәтерге бір түнетіп, ертеңіне бір жаққа ала жөнелді. Бұлар мінген такси екі қабатты сұрғылт үйлердің арасындағы көшемен  ұзақ  жүрді. Бұл қандай ұзақ көше деп аң-таң. Еңселі  дүкен қашан көрініп қалады деп мойнын соза-соза шаршады. Бір уақытта діттеген жерлеріне жетті-ау.  Ақыры бұлар сол көшеден алысқа ұзамай бір жерге барып тоқтады.

Бұларды сол сұрғылт үйлердің бірінде езуіне темекі қыстырған , түсі суық, іркілдеген семіз  әйел қарсы алды. Ол Мәдинаның бас-аяғын бір сүзіп шығып, содан кейін алды-артын орап, топ-толық ақ балтырына ұзақ сүйсініп көңілі толып, әбден сынап болғасын, «жарап тұр» деп жымысқылана күлді. Ауылдас қыздың да күткені осы екен, оның қолына Мәдинаның құжатын ұстата салып, зып етіп жоқ болды. Ол кеткеннен кейін әйел бұған ақыл-кеңестерін айта бастады. «Ұялшақ болсаң наныңнан айрыласың, еркектермен дұрыстап жұмыс істей білу керек» дейді. «Бұл бір ер адамдардың затын сататын дүкен болды-ау» деп топшылайды. «Еркектер бір ұнатып қалса, айналшық жегендей қасыңнан шықпайды. Сондықтан да қалай да басқаға жібермеудің амалын қарастыр» дейді. «Келген адам дүкендегі затқа қарайтын шығар, менде не жұмысы бар?» деп аң-таң. «Ақшаны көп табамын десең, оларды бүге-шігесіне дейін зерттеп ал. Ең бастысы ұялмау керек. Сылап-сипап, табадағы майдай еріте білген жөн». «Апырау, мынау кісі не деп кетті өзі?»  деп, сонда ғана санасына бірдеңе жеткендей болды. Әлде басқа біреумен шатастырып тұр ма? 

– Кешіріңіз, сіз мені басқа біреумен шатастырып тұрған жоқсыз ба? Маған сіз айтқандай жұмыс емес... басқа жұмыс керек. Мен Сулпак деген дүкенге жұмысқа орналасуға келіп едім.

 – Қайдағы Сулпак? Көзіңді ашып қарамайсың ба? Бұл жер кімдердің мекені екенін көрмей тұрмысың?

Сонда ғана байқады. Беттерін баттастырып бояған, үстерінде ұятты жерлері мен қос анарын ғана жасырған бір жапырақ шүберектен басқа лыпа  жоқ, екі қыз дәлізде ашық-шашық тайраңдап жүр. Өзінің де осындай жексұрын кейпі көз алдына елестеп кетіп, жан ұшырып:

 – Кешіріңіз, мен кетейін, адасып келіп қалыппын, – деп, тұра қашуға оқталды. 

 – Қайда барасың? Біз сені жібермейміз, – деді әйел жолын кес-кестеп.

– Неге жібермейсіз? 

– Сол.

 – Жібермейтіндей менде қандай ақыларың бар?

 – Ақымыз бар. Біз сені сатып алдық.

 – Не айтып тұрсыз? Мен мал ма екем сатып алатын?

 – Кәзір адам да сатылады. Заман өзгерген. Адам сататындардың бірі жаңағы сенің ауылдасың.

Төбесінен біреу суық су құйып жібергендей болды. Сұмдық-ай.  Қалайша танымай  қалды бұл оны? Адамдар ақша үшін не істемейді? Ол өзінің қасқыр адамдардың арасына тап  болғанын ұқты. Ол жыламсырап:

  – Апатай жіберіңізші. Өзіңіздің де мен сияқты қызыңыз бар шығар, – деді. Бірақ бұл семіз әйелге шыбын шаққан құрлы әсер еткен жоқ.

 – Қарызыңнан құтыласың, сол кезде жібереміз, – деді де, мұны еңгезердей дәу қызға табыстап, есікті тарс жауып жүре берді.

Ол өзінің алданғанын білді, соны білген сәтте дүние төңкеріліп түскендей болды. Сыртта  ақпанның аязы қақап тұр еді, бәрінен де бұның ішіндегі алай-түлей боранды айтсайшы. Ол бір жазушының кейіпкеріндей таң атпаса екен деп тіледі.  Бірақ бұның бетін аймандай етіп таң атады. Сол сәтте мынау өзі душар болған хал есіне түсіп, ішін ащы өкініш кернейді. Өлгісі келді, өлмесе де о дүниенің табалдырығынан қайтты. Біреулер өз өзіне қол жұмсап жатады. Адам өзін өлімге қалай қияды деп таңданушы еді, сөйтсе қатты өкінгенде  бәріне де барады екен ғой.

Ол екі күн бойы нәр татпай жатты. Үшінші күні талтаңдап «жеңгетай» әйел келді. Бұл жолы ол барынша жылы сөйлеп, іші-бауырына кіріп барады. 

– Қарағым, тұр енді, осы жатқаның да жетер, – дейді құдды бір мейірімді адамдай көрініп.

 – Менің мұндай лас жұмыс істегім келмейді. Жіберіңізші , кетейін, – дейді жалынышты үн қатып, әлі де жіберіп қалар деген дәмемен.

  – Қалай жібереміз? Сенің құныңды төлеп қойдық қой. 

 – Жіберсеңіз, мен сол ақшаны әкеліп берер едім...          

 – Өйте алмаймыз, қызым, айып етпе. Өйтсем сен үшін жауап беруіме тура келеді.

 – Апатай жіберіңізші, бұл жақсылығыңызды өмір бойы ұмытпас едім.

  – Менің қолымда тұрған ештеңе жоқ, қызым. Менен де үлкен дөкейлер бар... Әйтпесе сені шырылдатпай жібере салар едім.

 – Ендеше солармен сөйлесейінші...

– Жоқ, қызым, дәмеленбей-ақ қой. Бұл арадан енді құныңды өтемей  шығуың қиын.  Қасарысқаныңнан ештеңе шықпайды, уақыт оздырмай іске кіріссейші. Бұл да адам істеп жатқан кәсіп қой. Жұғып қалмас. Сонау Қырғызстаннан келіп отырсың. Сені мұнда кім танып жатыр? Біреу мүмкіндік жасап тұрғанда, қайта емін-еркін айналыса бер. Ақыры жастайыңнан қағынып жігіттермен жүріп жүрген көрінесің ғой. Ештеңең кетпейді. Уыс-уыс ақша табасың. Әдіс-айла үйреніп,  әккі болып шығасың... Кейіннен қандай жігіттің де басын айналдырып, тұзағыңа түсіресің...

 Бұлардың сөз тыңдайтын адам емес екеніне көзі жетті. Тіпті сөйлесуге әл-дірмәні  жоқ-ты.

 ...Ол сөйтіп өңі түгіл түсіне кірмеген іспен айналысуға мәжбүр болды. «Үш күннен кейін көрге де үйренесің» дейді. Сол рас сөз екен. Үйренді. Үйренбегенде қайда барады.

Ә дегенде-ақ еркектердің бұған деген қызығушылығы оянып, ақшаны жақсы таба бастады. Бір жылға  жетер-жетпес  уақытта ол қарызын өтеді. Бірақ кетуге асықпады.  Әке-шешесінің «қызымыз жұмысқа тұрды» деп қуанып жүргені есіне түсіп, енді тапқан-таянғанын сол жаққа жібере бастады. Ақшаны алған олар жүректері жарыла қуанды.

            Бір күндері барып,  «қарыздан құтылған күні бұл арадан қарамды батырамын»  деп, өзіне берген уәдесі есіне түсіп, жұмыстан кетті. Бірақ көп ұзамай қайтып оралды. Сонда байқады: оңай ақшаға дәндей бастаған екен. Өткенде бір асханада ыдыс жуушы болып  істеді. Сонда бір ай бойы таңертеңнен кешке дейін салпылдап жүргенде тапқаны 50-60 мың теңге. Ол жұмырына жұқ бола ма? Ал мұнда, құдай сәтін салса, ондай ақшаны бір-ақ күнде тауып кететіндей мүмкіндік бар. Дөкейлер саунаға шақырады.Сірә, бір демалғанда тарылмайық дей ме екен, оның үстіне ішке түскен арақтың да уыты бар, сәлден кейін қолдары ашылып, тапсырысты мол етіп беріп, ішіп-жемді  көл-көсір  үйіп тастайды. Бауырларында мысықша тығылып, дүниенің рахатына бөлеп,тілектерінің бәрін де орындап  отырған бұларға да ықыластары ерекше ауады. Қыбын таба білсең, бұндай уақытта еш аянып қалмайды, мол етіп сыйлайды, қызмет ақыларын үш-төрт есе артығымен төлейді. Анда-санда  қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға тап болғандай күй кешіп, қарық болып қалатындары бар.  Ақша өз аяғымен өстіп дөңгелеп келіп жатса,  жын ұрып па оны басқа жұмыс істеп. Бұл жұмыстың және бір ерекшелігі мынада: жаңа ғана қалтаңда көк тиын жоқ еді, көшеге шықтың демнің арасында қалтаң томпайып шыға келді. Оған қалаған тамағыңды сатып же, киін. Оның санасын осындай ойлар меңдей бастаған еді.

            Күн атады, кеш батады. Ақшаның  қызығына түсіп жүріп ол бір күндері төрт жыл уақыттың зымырап өте шыққанын да байқамай қалған. Бұл жұмысқа келгенде  он тоғыз жаста еді, міне енді, жиырма үшке толыпты. Ақыл кіре бастады ма екен, енді уайымы күшейе түсті. Болашағын ойласа, қатты қорқып кетеді. Әке-шешесі де бұның жіберген ақшасына бұрынғыдай қуана қоймай, қашан күйеуге тиесің деп қыңқылдауды жиілете түскен. Жақында ауылға барған. Бұның кластасы Ләйла күйеуге тиген еді ғой. Сәбилі болып үлгеріпті. Баласының сүйкімдісін-ай. Ол сәбиді қолына алып тұрып, бір сәт: «Өзімде осындай сәби бола ма екен,  мен де перзент сүйе ме екем?» – деп ойланып қалды.  Соны байқаған сезімтал шешесі:  

 – Мәдина, сен одан да бәрін  қойып, ертерек тұрмысқа шығып, дүниеге  сәби әкелсейші, – деді.

 – Жоқ, мен әзірге күйеуге шықпаймын, ешқандай да жақсы көретін жігітім жоқ, – деді бұл.  

 – Тасжүрексің ғой, адам жас кезде қалайша ғашық болмай жүре алады, – деп ашуланды анадай жерде бәрін де естіп тұрған әкесі ашуланып. Өстіп мазасын ала бергеннен кейін ауылға баруды да сирексіткен.

Бір жолы ол қатты ауырды. Қасындағы қыздар таңертең орындарынан тұрды да бет-беттерімен зымырады. Біреуі «қалайсың?» деуге жараған жоқ. Қайта бұның ауырып қалғанына қуанған шығар, ақшаны көп табамыз деп. Ол өзінің жалғыз екенін сонда ғана ұқты. Егер өле қалса, ешкім іздемес-ау. Қандай қорқынышты! Қалтасындағы бар ақшаны ауылға жіберіп қойып еді. Қарыз сұрайтын адам жоқ. Ақша тапқан күнде де, базарға кім барып келеді. Содан кейін амалсыз Жанар апайға телефон соқты. Ол осында жұмыс істейтін тәжірибелі келіншектердің бірі. Мәдинаны жақын тұтып, еркелететіні бар. Құлағына тиюі мұң екен, артынып-тартынып  жетіп келді. Жемісті мол қылып алыпты.  Мұның жеміс жегісі келгенін қалай білген десейші.

Содан екеуі ал кеп сырлассын. Ол жас кезінде бір жігітпен жүріп, аяғы ауыр болып қалған екен. Ауылға баруға ел-жұрттың табасынан қаймығады. Басқа барар жер, басар тау жоқ. Бұл бір жұмыс атаулының қысқарып, елдің әбден жүдеп-жадаған шағы. Қаржыдан қатты қиналғаннан кейін, басқа шығар жол таппай, осы жұмыспен шұғылданады.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                            Баласын босанған соң, біраз қатайтып, анасына апарып табыстайды. Үйдің үлкені болғандықтан,  әке-шешесіне  жаны ашып, іні-сіңлілерін жетілдірсем дейді. Сөйтіп жүріп осы жұмыста біржолата қалып қояды.

 – Сені көрсем мөлдіреген жастық шағым еске түседі. Әттең, мен осы жолға неге түстім екен? Аштан өлсем де жоламауым керек еді ғой. Енді бәрі де кеш. Өткен іске өкінгеннен не пайда? Саған айтар ақылым: тезірек  кеткенің жөн. Бұл арада жұмыс істейтіндер кілең бір нашар отбасынан шыққандар ғой. Әкесі ұрлықшы, шешесі алқаш деген сияқты. Олар қарны тойса, ішсе-жесе, соған мәз. Басқа ештеңені ойламайды. Сен олардан өзгешесің. Жақсы жерден шыққаның көрініп тұр, – деді ол.

Бұл жай Мәдинаны да қатты қинайтын. Айналасына қарайтын да, осылар менің теңім бе деп, қатты қапаланатын. Жанар соны дөп басып отыр.

Ол кісі кеткеннен кейін қалың ойға шомды. «Тезірек кетіп, жақсы күйеу тауып ал» дейді. Бұл жайды ол сан рет ой елегінен өткізген.  Бірақ... болашақ жар болатын адамға қалайша өтірік айтады. Сүттен ақ, судан тазамын дей ме? Ал шынын айтса бәрі тұра қашпай ма? Өтірік айтып,  амалын тауып күйеуге тиіп жатқандар баршылық. Бірақ олай ету Мәдинаның қолынан келмейді. Содан кейін қашан қылмысым ашылып қалады деп қорқып-үркіп жүрмек пе?  Сол да өмір ме? Неде болса шынын айтады. Неге де болса төземін дейтіндер болса, қол ұстасып өтуге бар. Бірақ ондай адам табыла қояр ма екен?

Кейінгі кезде аңғарып жүр, еркектер өзі бір қызық халық. Кейбірі ұрғашы атаулы құрып қалғандай осындағы тәнін сатып жүрген  қыздарға ғашық болып жатады. Ғашық болғаны былай тұрсын, тіпті үйленіп той жасап  жатқандар да бар. Жасы келіп қалған келіншектің күйеуге тигенін өз көзімен көрді.  Ол сәби де сүйді. Бірақ ондай сәттілік екінің біріне бұйыра бермес, сірә. Бұған да ғашық болғандар бар. Әскери борышын Алматыда өтеп жүрген өскемендік бір жігіт  өлердегі  сөзін айтып, үйленейік деді. Қыр соңынан қалмай біраз жүрді.   Бірақ жастықтың буымен айтып тұрған  шығар деп оның сөзіне аса еліге қоймады. Бір жағы өзін ұстады. Өз өмірін қор қылғаны аздай, енді өзге біреудің өмірін   қор қылмақ  па?

Бұған жас емес, жасамыстау біреу болса да жарар еді. Әйелі  өлген біреулер кездесіп жатса да кет әрі демейді. Енді ол өзіне келіп жүрген еркектерді ойша саралай бастады. Ары ойлап, бері ойлап тек біреуіне тоқтады. Ол – Мәкен деген елуді алқымдап қалған  кісі. Галстук тағып, мұнтаздай киініп жүреді. Ішіне кім кіріп шығыпты, сырттай қарағанға сып-сыпайы адам. Бұған сол алғашқы күндерден келіп жүреді. Анаған бір, мынаған бір барып шошаңдамайды. Бұны ұнатып қалғанын білдіріп, бірнеше рет сөз айтты. Бер жағынан айта салған сияқты көрініп, аса сене қоймаған. Енді соны сынаудың реті келіп тұр.

Мәкен тағы бір рет соғып, бірге тұрайық деп ұсыныс айтқанда келісім берген себебі де сол. Оның екі бөлмелі пәтері бар екен. Керекті заттың бәрі де табылады. Тек ер адам тұрғаннан кейін, іші кірлеп шаң басып кетіпті. Мәдина білекті түріп сыбана кірісіп, үш-төрт күн жұмыстан қалып, мұнтаздай таза қылды. Перделерді жуып, қайта ілді. Бөлмелер ұядай болып шыға келді. 

 – Сенің қолың тиіп еді, бәрі жайнап шыға келді ғой, – деді бұл жасаған сорпаны сораптап ішіп отырған Мәкен. – Құдай қаласа, көктемде дүрілдетіп той жасаймыз. Оған дейін жұмысыңды істей бер, мен бөгет болмаймын.

«Жұмысыңды істей бер, мен бөгет болмаймын» деген сөз көңіліне дық етіп тиді. Егер шын ойы болса, неге мына жұмысыңды таста деп айтпайды. «Мүмкін ол сөзді келешекте айтып қалар», – деп дәмеленді бұл.

Қыс өтіп, көктем келді. Бір жолы түнде Мәкен мас болып келді. Киімін шешіп, жатқызайын деп еді, оған көне қоймады. Ыржалақтап, құшақтап,  тамағына тұмсығын тығып, төсек жаққа қарай итермелейді. Аузынан арақ иісі мүңкіп тұр. Қолқасын қапқаны сондай, тұншығып қала жаздады. Құсып жібере жаздап, алақанымен аузын жауып, әрең өз-өзіне келді. Оның қолын ақырын  итеріп:

 – Бүгінше қоя тұрыңызшы, ертең... – деді.

 Ал ол өңмеңдеп қояр емес.  

 – Бүгін жұмыс өте ауыр болды. Мен ешқайда қашпаймын ғой. Ертең де үлгересіз...

 – Жоқ, сен маған бүгін керексің...

 – Бүгін төрт-бес мент, өзбек қызы Лоло екеумізді субботник деп алып кетіп, әбден қинады. Тіпті тәнім ауырып тұр, – деп шынын айтты. – Түсініңізші... 

 – Түсінбеймін. Түсінгім де келмейді. 

 – Қойыңызшы. Тәнім ауырып тұр деп  айттым ғой, – деді даусын қатайтып.

Ал ол өңмеңдеп қояр емес. 

 – Менттерден аямағаныңды менен аяйсың ба? Осындай қызметің болмаса сен маған не үшін керексің? – деді шатынап. 

 – Мен сізге қызмет ету үшін келіп пе едім? Үйленем деген соң келіп едім ғой, – деді бұл да Мәкенді жаңа танығандай көзі шарасынан шыға  таңданып.

 – Мына мен бе саған үйленетін? Тапқан екенсің проституткаға үйленетін ақымақты. Бар, кет, табаныңды жалтырат. Сен сияқтылар толып жатыр. Ертең-ақ басқасын кіргізіп аламын, – деді ол.

Түн ішінде қуып шықты. Ал бұның көңілі жермен жексен болып қалды. «Оңай жерден жар таба қойғым келді-ау» деп өзін өзі сөкті. Содан кейін бұл арада жүргенде ешқандай жақсылыққа жете алмаспын, кеткенім жөн деп шешті.

Біржолата кеткендей көрініп еді...   Бірақ алда жақсылықтар тосып тұрмағанын сезді ме екен, бір-екі жылдан соң қайта оралды.

Бір жолы ол түс көрді. Түсінде айдаладағы бір алаңқайдағы қара батпаққа батып барады екен. Шығамын деп  қара терге түсіп, қанша тырысса да, шыға алмайды. Қайта ілгері басқан сайын иірім оны тереңіне тарта берді. Бір уақытта аузына қап-қара сұйық құйыла бастады. Ол дем ала алмай, қақалып-шашалып, ұйқысынан шошып оянып кетті. Ентігін баса алмай біразға дейін отырды. 

«Түс – түлкінің боғы» десек те, ол өмірде  де күннен күнге батпаққа батып бара жатыр еді...

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған