Адам қарады: 66 | Жарияланды: 2017-09-15 04:48:05
Іңірдегі тоғыз сауал
– Жаңбыр үркеді кімдерден?
– Тандыр кеуделерден үркеді.
– Гүлдер неге солді бұл жерден?
– Жер бетін қиянат бүркеді.
– Таулардың тақиясы бұлт еді,
Тақиясы қайда, қарағым?
– Аспан өз жасын сүртеді,
Табыттадық бұлттардың алабын.
– Күн неге шаңқиып тұрады?
– Ызғар жүрек көп қой әлемде.
– Ақ көшкін неге үйге құлады?
– Қара бояу өршіді бар елде.
– Іңір неге қысқа тұрады?
– Мейірбан адам аз дейді .
– Іңір неге өрмек құрады?
– Ұятыңның түбін қаз дейді .
– Өзендер қалай лайланды?
– Ақиқат бұлақта болғасын.
– Шернеу шар қалай айналды?
– Бақыттың іздеуде таңбасын.