Өткен-кеткен
Кеше кешкісін күн пәті қайтып, сәске ауар шақта пойзға отырып алғанмын. Содан барып екінші қабатындағы шойын орынға қалқиған темір трубалардан ұстаап-ұстап тырмасып әзер көтеріліппін. Бардым да қисая қалдым. Содан қайтып бас көтермеппін. Сіресіп, аузымнан сілекейім шұбырып ақ парафинді бүлдіргенімді де білместен естен танып жатып алыппын. Содан бір бас көтеріп жан-жағыма қарағанымда тал түс, күннің қызып жыбырлаған тіршілікті күйдіргісі кеп тұрған шағы осы. «Ішімнен ондайым жоқ еді-ау» деп қоямын. Купенің ішінде отырған екі үлкен басты әйелдер. Біреуі көзін тарам-тарам шойын жолдардан алмай мүнтиіп отыр. Жүзі қатуланып алған. Тағы біреуі сырттан кіріп келді де, ширақ денесін көп қозғалатпай жалпағынан түсіп отыра қалды. Сол бойы әлгі жасы үлкендеу келіншек терезе қасынан бірелі аттап баспастан, шаң басқан әйнектерге тесіле қарап, үңіліп отырған да қойған. Торыққан адамдай. Зілді де сұрықсыз жанарымен алыстарға көз тастап қалып, сол даланың қызығына ілесе алмай қалып қоя берді. «Бір уайымы бар ғой, сірә.» деп күбірлей түсіп ем, маған қарай қақшаңдаған басын бұра қалып, әлгінен көзімен көзім түйісіп жанталаса жанасып кетпесі бар ма. Атылған оқтай, өткір қарасынан езіліп кетіп, қорсылдай, ебіл-себіл жылағаны жүзінен ұрланып білініп қалып тұрды. Ұзын қайыра сөйлеп, сол отқандармен амандасқандай болып, сыртқа беттей бердім. Өскеменге бармақ үшін шекара өтіп, асып барады ұзыннан түсіп шыр оралған жыландай шексіз жүре береді екен. Әне-міне сол шекарадан да өте шықтық. Ендігіде Сібірдің сіңіріне ене түстік та. Жымпиып, жаман-жаман тозығы кеткен, көрер көзге келіссіз сарылы-ақ перделері алыстан шошандаған станцияға келіп жақындадық. Манадан тамбурдың қақ ортасына тұрып алып, сол жыпыны баспаналарды қазықтап мен тұрмын. Шуылдап, ысқырып, ысқырынып келе жатқан темір арба ентігін баса алмай әзер кеп тоқтады да морт сынған қабырғаша пырс етті. Іле-шала жүк пойздары жарысқандай, бізден озып кідірместен асып кете барысты. 2-3 минут болмай, ә дегеннен пойз асығыстана екпін ала түсті. Тездетті. Білем, қара түтін буы бұрқырап төбесі мүжілген темір мұржадан күрсініп қойды. Көз алдыма алма-кезек жазық дала да, орым-орым жер де, орыстың қара шаштай қалың тал-қыбыры да, ар-арасында ілініп-салынып төбе көрсетіп қоятын төбе-тіскең, қырым-қырым шоқылар мен басында ағы бар таулар да көрініп қап, бірінен-соң бірі жетектесіп дөңгеленіп барады. Шағаласы шарпынып ұшқан бірлі жарым көлдердің бетінде қалқып, гіркілдеп, суға тойыған месқарын қамыстар, сосын сол суға шөнгіп кеткен әлі де шөгіп жүрген адамдардың қалдырған қоқыстары жайланыпты. Енді жантаяйын деп ішке бас сұқсам, анау үш қатын шайланып отырған екен. Алдарында бір-бір кәрістің ұзыннан-шуақ қамыры. Кесілген көк қыртылдақ пен помидоры. Мен де барып отыра қап, пакетті ақтара кеттім де ішінен жейтінімді, күйсеп, ас жаулық ететін затымды бұландата алып шығара қойдым. Әлгі үшеуі бағанадағындай емес емен-жарқын ананы мынаны бір теріп отыр-ды. Әрі-бері мені сөзге тартып көрген шегір көз, ақ шұнақ келіншек сөзге беріле қоймасымды аңғарған соң, өзі де үндемей енді не істесе де болмасын біліп қоя қойды. Тарлау келген орныма өрмелеп тағы шықтым. Жауырынды төсекке тастай салдым. Басым шайқалып келеді. Ұйқы қысып барады. Шұғырайған көзімді әрі-бері жіберіп алып, жата қалдым. Біразға дейін ақ парафин астында кірпік қақпай жатып алдым. Тербеліп дүмбекшіп аунап-аунап алып, тақа болмай бара жатқан соң пырылдап кетіппін. Содан қара кештің мамырында, ел қонып, айнала біткен маужырап тұрғанында ғана ояныппын. Төменге үңілсем қорыл қағып аналар тас қатқан. Қуарған жүздерді енді ғана байқадым. Мана бүйрек бұрып отырмаған соң олардың бұнысын аңғарып, байқай алмаппын. «Жә» дедім де қапырық қапқан купеден шығуға оқталдым. Сол түні ұзақ тұрып, қайдағы-жайдағыны ұзақ ойладым. Ертеңіне тағы да кеш ояндым. Сағат тоғыздар шамасында ғой дейм. Темір аяқ пойыз ытқып, зуылдап, көз ілестірмей келе жатыр. Тағы да тысқа шығып, далаға көз тастап тұрып ем. Бізден кейін бір-екі адым тастай салған купе есігі сықырлай ашылды да, ішінен аяғын талтаңдай басып біреу шыға келді. Қолында сигары. Бұрқырап, түтіні жайылып, жағадан алып, тұншықтырып бара жатыр. Белін таянып алған адамша тұрды. Темір дөңгелектер дүрсіл қағып, тарсыл да гүрсіл етіп жүріп-қозғалған сайын сықырлап болдырмай келеді. Әртүрлі дыбыстар, күбір-күбір әңгіме де оларға жағаласып бой бермейді. Сарт-сарт жабылған купе есіктері де, аяқтарын сүйрете басқан дыбыстар да... Анау сигары қолындағы басына шашаудай шаш өспейтін бейнесімен темірді тепкілеп, әлденені ойлап біртүйер қылсыз қасын қабағының үсітен әрі-бері жүгіртіп, айғырша тулатып қояды да, мазасыз тұрған күйі алысқа қарайды. Мойнына күмістен қаланған қалың шынжырлы трос таққан. Шолақ жеңді көк ала киімінен қара күші ісерге-тесер, бұлық-бұлық етіп, қақталып күнге күйген ет-тамыры көрініп тұрды. «Соған қрағанда әскери біреу-міреу шығар»-деп қойдым, ойымша. Артынан ілесіп тағы біреу шықты. Дәуқарамен көп сампылдап тұрып қалысты да, жыбырлап жүріп күпеге қайта кіріп кетісті. Келесі станциядан қарт әже кимешегіне оралып мінді. Барып дереу бума-бума жүгін көтерісіп алдым. Сырғып жатқан пойыз ішіне келіп орнына жайғастырдым да, тездетіп шығып кеттім. Әңгімеге құмар жалмауыз мен емеспін. Әсіресе үлкен басты адаммен араласқанда айтарға сөз таппай, көп үнсіз қап отырып, қара терге малынып тершігетінмін. Сондықтан үнсіз шыға салдым да, ол кісіге қайта кіргем жоқ. Түн ауған шақта бір топ студенттер пойызға мінгісіп, бірін-бірі қолынан тартып, секіріп вагонға шығып жатты. Қасымнан көздерін сүзіп, ішіп-жеп өтіп барады. Әрі-бері өтіп, бірінен соң бірі өздерінше қыр көрсеткендей кезіп жүр. Әлден уақытта сүйкімді сарылау, дөңгеленіп келген ерінді, қоңыр дауысты жігіт жаныма кеп тұра қалды. Әрі-беріден соң сөйлесіп кетіппіз. Купесіндегі картаны жайып қойып, ойын қуып отырған жолдастарына бір де бір жолаған жоқ. Айналғыштап менің жанымнан шықпай жүргені. Сол бойы көп тұрып сөз қуып кеттіппіз. Сосын ішім пысып, әңгімесі тәуір болмаған соң, үн-түнсіз сыр қақпастан өз купеме сып етіп кірдім да кеттім. Біраз станция жүріп тастап жанымдағы әлгілердің екеуі түсіп қалысыпты. Тап сол тұстан олардың сырғи басқан ізінен сұңғақ бойлы, жарғанат құлақ, маңқа мұрын біреу кіріп келді. Сол-ақ екен артынан орта бойлы, ат жақты, ақсары өңдісі ере кірді. Алдыңғысының қолында үкілі домбыра. Соған қарағанда ән-күйге құштар біреу ғой дедім. Өзім білместен ұйқы арсызға еріп кеткенім. Біраздан соң басымды қылқитқанымда қара терден бар денем қатып, әр мүшені малшып алмасы бар ма. Сонда ағыл-тегіл боп тер қаққанымды білмегнге не дерсің. Жантақ, мамық төсегім мұп-мұздай боп қалған. Басымды көтеріп есік жаққа қарадым. Жан-жағымда қыбырлаған адам біткеннің топ-тобыры шоғырланып алғандай. Күбір де сыбыр, дау-дүбірлеген әңгіме, ән өріп-өрмелеп барады. Төменге түстім, манағы арқаланып келген екеу қаралай қорқып кетпесін. «Саламатсыз ба? Қайда жол тарттыңыз?» деп тіл ұшымен айтысқандай көрінді маған, әйтеуір. Менде созбалақтап, сызылмастан амандасып тіл қаттым. Домбыра жайын білсем деген сөзіме қалқан құлақ екеіншісі қылпылықтап жауап айтудан тыс қалды. Сұңғақ бойлысы әңгімені жарастырып соғып отыр. Сонысы домбырасын қолына алып ендігіде талықсытып, орғытып, сексең ырғып әнге көшті дерсің. Расында айтқаны қан қайнатып, жүрек жалмап, қырқып тістегендей екен-ау. Әрілі-берілі өтіп көзімен сүзгілеп жүрген немелер ішке кіріп ұйытып отқан әнге суға салған тұздай еріп-балқып отырысты. Домаланып отырған әрісі өзіне-өзі қызықтап масайрайтынның біріндей. Терезеден зырғыған пойызға ілескен, жел жыққан қамыстар мені көріп қал дегендей әрі-бері шошандайды. Екіншісі домбыра кезегін алып қойды. Оның көмейіне діріл жүгіріп өтті. Сар желгізіп келе жатып, кідіріп қап, аппақ тісін ақситып алады. Қой көзін анда мында кездіріп қойып, мойын бұрып, оңды-солды қарап-қарап ақырып әндетуін жалғай береді. Жаратқаным қаз дауыстан қытымырлық жасамаған ғой, соған қарағанда. Оларды қызықтап қоршай қаумалаған жұрт біразға дейін отырып алған. Одан қалса домбыра ішегін сарт-сарт қолымен ұрып қалады. Есік аузында сығылысып, бүктеліп, бүгіліп отырған талай жылды алқымға салған біреудің жүзі. Сығырайған жарықтан сұрланып тұр. «Қартаң тартып түрі кетуге сәл-ақ қалған бет-пішінінен әр, тұла бойынан әл кеткенше әндетіп әлеуетін әуелтпек қой. Заржағым-ай!»-деп, қыстырмалап ән арасына. Әлгісі ән тындай отырып тамылжығаннан бет-аузын тыржитып кемсең-кемсең етеді де қояды. Әне, адам біткенді есін алып, соңынан «Ер, кеттік!» дегендей ұйытып әкетіп барады. Бұл құдіретті күш алдында барша жалпағынан төсіліп отқан, қара жұрт жақсы музыкаға дәметкен дәрменсіз пенде ғана. Ертеңгісі қоштасар сәтке 2-3 сағат қалған. Әп дегеннен көзіңді сиқыр сазымен үйітіп әкетіп жон-желкеңнен бір-ақ шығарады екен-ау. Ыю да қию еткізіп, әуендетіп көк делебеңді қоздырып кеп, сығырайған қой көздерін бір ашып, бір жұмып бірқарыс басын әрі-бері жұлқылай қозғап жіберіп қоятыны ғой, екеуінің әдетінше әліне сап. Керемет-ақ. Сол қоңыр дыбыс пен дауыс үндесіп тоғысып кеп, толқығандағы ән біршама адамдар арасында қысылып шығып, күмбірлеп ойнап жатты. Сол ойдым-ойдым сор мен қыратты белдегі ән құлақта әлі де тұр. Пойзды шулатқан ән!