Адам қарады: 823 | Жарияланды: 2017-09-15 15:51:36

Алаш рухын адақтау  

Алаш орда қайраткерлері рухына

Қанды дәуір қасабы шерлі тарих шерменді,

Аластаған һас дұшпан ел деп туған ерлерді.

Бұлдыр-бұлдыр тұл заман аспанынан қан жауып,

Кіл жүйріктер мерт болып ұлт рухы жерленді.

 

Шемен шерлі қасірет алау-жалау із қалған,

Қанды заман көшіне жетелейді бізді арман.

Нәубет жылдан естеме салмағы ауыр, зары ауыр,

Аспан текті алаштың жүрегінде сыз қалған...

 

Тарам-тарам тағдырға недеп қара жағайын,

Қанды жас боп жанардан айғыз-айғыз тамайын.

Жан төріне шер қонған қаймана ел қазағым,

Алаш рухын мансұқтап көңіл айтам ағайын.

 

Қараша елдің бар мұңын зарын айтып берейін,

Арылмаған қырсығы маңдайынан өбейін.

Намысы дүр ерлердің рухына дұға оқып,

Моласына төпелеп ақ жауын боп төгейін.

 

О, алаштың ерлері озып туған адамнан,

Қылышынан қан тамған қорлық көрген заманнан.

Елі үшін мерт болып тасқа айналған мүрдесі,

Сендердікі ұлы өлім, сендердікі адал қан.

 

Бұлдыраған боз сағым кіл жүйріктер тобыры,

Аңыз қалған артында даңсалы һам ең ұлы.

«Мен жастарға сенемін» деп жырлаған Мағжан-

Асқақ тұлға, нар тұлға: нағыз ақын өлімі...

 

«Өрмелеп шығып күн болған» Сұлтанмахмұт тұлпарым,

Замананың төсінен биік ұшқан сұңқарым.

«Оян қазақ» дейтұғын... ой, абызым Міржақып-

Ұлы ісіңді даңқымен жалғастырды ұрпағың.

 

О, зарлы құм, зарлығым сені жұтқан сол ақпан,

Бодандықпен тұншығып қанды-қанды таң атқан.

Мұстафаның аңсаған бостандығы мерт болып,

Өліп сүйген халқының көз жасынан сел аққан.

 

Төмпешік боп төсінде өзің туған өлкенің,

Ойладың ба ер Нәзір әкетер деп ерте өлім!

Тұңғыш елші қазақта алшы туған намысы,

Ұлтын сүйген кемеңгер көш бастаған серке едің.

 

Алдаспан һам асыл ең рухы өр ертеден,

Қара жерден тым биік, көк аспаннан сәл төмен.

Ахметім қаба жал ғылым-білім сеңгірі,

Адақтаған ұлы істі биік еді мәртебең.

 

О, Алашым-қыршыным! Қиылды ерте тынысың,

Аямады ата жау сұғып алды қылышын.

Жол ортада үзілді бар арманың құлан жал,

Орындалмай ақыры тынды, бітті ұлы ісің!

 

Арда кеткен Халел де-

Қыршын кеткен Смағұл-

Қыршын кеткен ерде бір...

Елін сүйген асылдар-аса туған Нарда бір.

Қасіретті қайғылы бұдан асқан бар ма зіл,

Келте болды ақыры аяқталмай қалды өмір.

 

Шәкерімнің жыры  едім симай туған тұлыпқа,

Аңғал басын жүрегін арнап туған ұлтқа.

Кер заманда жыр оқып төбе-төбе дұға еткен,

Қор боп кеткен абыз-ай денесі қап құдықта.

 

Арқар сеңді құба жон кімдер жортып өтпеді,

Жебе болып атылдым, қанжар етті кек мені.

Жер қойынын зерделеп бар байлықты меңгерген,

О, Қанышым есіл ер түп-тамырың текті еді.

 

Жүсіпбек боп туладым «Ақбілекте» зар-мұңым,

Журналында «Абайдың» ұлттық-дәстүр сандығым.

«Қарт қожада» бар арман зарлы-зарлы әуендер,

«Күнікейдің жазығы» менің үлкен тағдырым.

 

Бұлдыр-бұлдыр бозамық ақыры жоқ күн болған,

Қанжар қоғам сұрқынан шимай-шимай із қалған.

Сұлтанбектей арыстар ұлты үшін жан берген,

Солар тектес жетелеп әкетеді бізді арман.

 

Кімдер басып өтпеген кешулерді керуен,

Бір тектілік іздеймін терең тамыр тегінен.

Ұлтын сүйген ай мүйіз Тұрардайын көкжалды,

Отыз сегіз әкеткен ұлы қазақ көгінен...

 

Бозаң дала, боз дала сендер сүйген паң мекен,

Борықты жұрт құт мекен бұдан асқан бар ма екен.

Сендер сүйген ҚАЗАҚТАЙ шерлі халық бар ма екен,

Сендер өлген ұлы өлім, асқақ өлім бар ма екен...

 

 

 

Шемен шерлі қасірет алау-жалау із қалған,

Қанды заман көшіне жетелейді бізді арман.

Нәубет жылдан естеме салмағы ауыр, зары ауыр,

Аспан текті алаштың жүрегінде сыз қалған...

 

Қоңы елдің тағдырлы көз жасынан сел аққан. 

Нәубет жылдар кетті ары қызыл-қызыл қан аққан,

Алаш орда арманы орындалып азалы...

Ұлы ҚАЗАҚ көгіне, ұлы АЗАТТЫҚ таңы атқан!!

 

 

Қазақ тілінде жазылған