Адам қарады: 44 | Жарияланды: 2017-09-15 16:03:07
Күз, қайда барасың сен?
Күз, қайда барасың сен?
Санамды серік етіп сары мұңға,
Сәт сайын таусылады сабырым да.
Өмірде бәрі өткінші болғаннан соң,
Тұрақсыз тағдырыңа налыдың ба?
Күз, қайда барасың сен?
Қондырып сағынышты бар кеудеңе,
Шарасызбын өзіңе «қал»деуге де.
Қыс-құрдасың келгенмен, сен сияқты
Жылылық сыйлай алмас жан пердеме.
Күз, қайда барасың сен?
Қайтқан құстың ілініп қанатында,
Таусылғандай төзімің, тағатың да.
Кетуге асығасың Күлше қыздай,
Он екіні соқса егер сағатың да.
Күз, қайда барасың сен?
Күрең белдің көз тоймас керімі едің,
Ал мендік тәтті мұңның серігі едің.
Тез келші... Сағынсам әлдекімді,
Дәл сенің көшірмеңдей көрінемін.