Сезім падишасы
І
Көктем.Күннің көзі күлімдеп,кең дүние жаңарып,жер –Ана кеудесіне гүл қадаған шақ.Табиғаттың мұнша әсем келбетінен шабыт алғандай,торғай-шымшықтар да дала оркестрінің сезімге толы сыршыл серенадасын сызылта орындайды.Өзенді жағалай біткен аққұба өңді аққайыңдар жанынан сылдырап ағып жатқан мөп-мөлдір су-сұлуға ынтыға,ұмтыла көз тастайды.Осынау ғажайып ғашықтық ғаламатына асқан байыптылықпен баға берген асқар тау ғана талай ғасыр өзі куә болған махаббат дастандарының тағы бірі басталып жатқанын үнсіз ұғынғандай еді.
Ақ шатырлы үйден асыға шығып,жұмысқа қарай беттеген жігіттің бойын таңғы салқын самал ширатып өтті.Мәдениет үйіне жас маман болып келгелі бергі Қайраттың күнделікті әдеті осы.Ол кім болды дейтін боларсыз?Қазір білеcіз....
Жастайынан жанынан өлең шығарып,музыкаға бейім болып өскен ол мектеп бітіре салысымен басқа мамандыққа мойын бұрмастан, кәсіби музыкант атану үшін ару қала Алматыға жол жүрерде «Әй,айналайын-ау,гитараң мен домбыраңды үйде де тарта бересің ғой.Одан да ел қатарлы дәрігер не мұғалім болсаңшы» деп бәйек болған әкесі мен анасына:
–Апа-Әке, менің қалауым–музыкант болу!Домбыраны үйде тартқан бір бөлек,ал ансамбль, не оркестрдің құрамында тартқан мүлдем басқаша!Әлі-ақ көресіздер,мына балаларыңыз талайды тамсантып, теледидардан сіздерге ән мен күйден сәлем жолдайтын болады!–деп қиялдың қанатына мініп,қарлы таудың баурайындағы шаһарға алып-ұшып аттанған болатын.Өзі қалаған мамандығын бітіруін бітіргенімен, өзі айтқандай теледидар тамашасына айналып кете алмады.Оған себеп, отбасында жалғыз ұл екенін,өзі мен қарындасынан өзге ешқандай алданышы,қуанышы жоқтығын,өздерінен жырақта жүрсе уайымдайтынын айтып, ата-анасының жандарына шақыртып алғандығы болатын.Үйіне келе сала жайдан-жай жата алмайтын жалынды жас жігіт жұмыс табу қамына кіріскен.Сол күндердің бірінде бала шағында өзі талай өнер көрсеткен Мәдениет үйіне де ат басын бұрған.Бұл сапары сәтті болып,сол қасиетті шаңырақтың маманы болып шыға келді.Сондағы ата-анасының қатты қуанғаны әлі есінде.Тіпті «баламыз жұмысқа орналасты» деп туған-туысқанды жинап,кішігірім той жасап жібергенін де ұмытқан емес. Ат жалын тартып мінгелі үйдің тұңғышы екенін ескеріп,әкесі Қайратқа көп жауапкершілік артатын.Баласының байыпты,салмақты мінезін жақсы көретін ол бұған ылғи жол көрсетіп,бойындағы адамгершілік қасиеттен айнымай,адал жолда адал нан тап деп,шаңырақтың шырағын жағып отыратын жалғызы болғандықтан ұлының тәрбиесіне баса назар аударатын.Әке мен ананың ыстық ықыласы жас жігітті онан сайын шыңдап,жаңа жұмысқа белсене кірісуіне үлкен әсер еткен.Жаны қалап алған мамандығы да жігіттің мерейін асырмаса,ешқашан түсірген емес.Жеті нота төңірегіне топтасқан жаңа жұмыстастары қоп-қою жанары мен еңселі бойы ерекше жарастық тауып, буырқанған жастықтың жалыны жай отындай жарқыратып тұратын жас жігітті жылы шыраймен қарсы алған болатын.Әр мереке жақындаған сайын концертке дайындалып,костюм тіккізіп жатудың өзі жас жанына ерекше бір рахат сыйлайтын.Суырыпсалма ақындығын пайдаланып, кейде ұжымдастарымен айтысқа да шығып жүретін.Әсерлі ән мен күмбірлеген күйдің жетегінде қалай таңның атып,кештің бататынын да сезбей қалушы еді.Сондай қарбалас күндердің бірінде ұжымдастары ертеңімен тағы да дайындыққа жиналамыз деп ,үйлеріне ертерек тарасқан.Қайрат та өз жұмысын шамаластырып болып,үлкен жолмен ауылға қарай беттеген.
Жаңа ашылған жауқазындармен құлпырып,өзгеше өңге енген жол бойы.Сол жол бойымен жайлап басып,әсем ойдың жетегінде келе жатқан ол әлсін-әлсін қолындағы кітапшаға үңіліп,қаламымен әлденені түртіп қояды.Балауса құрақтармен көмкеріп,бәйшешектермен безендірілген көк көйлегін киген табиғатқа тамсана көз тастайды.Ол бір сәт тоқтады да,жол шетіндегі сап-сары гүлдердің арасында жалғыз өскен қызғалдақты үзіп алып,ойланыңқырап тұрып қалды.Кенет жақыннан бір сыңғырлай шыққан дауыс :
–Сәлеметсіз бе,Кайрат аға!–деп үн қатты.
Жігіт гүлге қарап ұзақ ойланып кеткен болса керек,әлгі жанға жағымды дауыс жаңа ғана үзіп көрген қызғалдақтың ба,әлде үздіктірген қыз Ардақтың ба қайсысының дауысы екенін айыра алмады. Бірақ дауыс кімдікі болсын,жігіт үшін қыз да,қызғалдақ та егіз ұғым тәрізді еді. Әлгі дыбыстың тағы да қайталанып:
–Аға,сәлеметсіз бе деймін!Қатты ойға шомып кетіпсіз ғой !–деп сықылықтап күлген қыз дауысынан кейін барып есін жиып,артына бұрылды.Алдында ылғи жайнап, жадырап,жан-жағына қуаныш сыйлап жүретін,ақылды,сүйкімді ару Ардақ.Өзінен үш-төрт жас кішілігі бар,қарындасының сыныптасы осы бір еліктің лағындай ерке қызды неліктен екені белгісіз жанына жақын көріп тұрады. «Мүмкін қарындасыммен қатар болған соң шығар» деп өз-өзін сендірсе де,жүрек шіркін оны көргенде аттай тулап,мазасыз әлемге енгізіп кеп жібереді.Міне,қазір де дәл сондай күйден арылар емес. «Аға» деп еркелей тіл қатып тұрғанында жауап қайтара алмағаным әбестік болар деген оймен:
–Сәлеметсің бе,қалқам-ау!Иә,ағаңды білесің ғой әркез ойдың жетегінде жүретінін...Сол баяғы өлең кітапшамды шимақтай беремін.Өзің қайдан жүрсің мұнда?
–Аға-ау,айтасыз сіз де!Сіздің сол шимақтағаныңызға да біздің өлеңдер жете алмай жүрген жоқ па?!–деп наздана күлді де,–мен де сол баяғы кітапханадан келе жатырмын. Апам «базарға бар да, тез қайт» деген. Ал мен болсам жолда кітапханаға кіріп,сонда біраз отырып қалыппын.
–Ендеше жүр.Тезірек үйіңе жетіп алайық!
–Аға,сіз қазір қандай өлеңдер жазып жүрсіз? Аудандық газеттен көрінбейсіз ғой қазір. Баян сіздің өлеңдеріңізді бізге әкеп оқып беретін. Керемет! Әсіресе, маған «Ақ періштем»атты өлеңіңіз ұнайды.Аға,қолыңыздағы кітапшаңызды беріңізші маған.Оқып көрейін...
–Ардақжан,қазір мен өз музасын әлі таба алмай жүрген өлеңдер жазып жүрмін.Кейін реті келгенде беремін жарай ма? Оларды әлі пісіру керек !–деп жымия тіл қатты.
–Иә, аға,міндетті түрде!
–Міндетті түрде !–деді жігіт ішінен.
–Аға,міне, үйге де келдік!Сау болыңыз !
–Ардақ... Мынау саған! Қайрат бағанадан қыздан жасырып келе жатқан қызғалдақты ұсынды.
Мұндай тосыннан сыйланған гүлді көрген Ардақтың ақша беті өзіне ұсынған қызғалдақтай қызарып кетті.Жігіт қолынан гүлді нәзік саусақтарымен жайлап алды да,болмашы үнмен ғана:
–Рахмет, аға!–деп жүгіре басып,үйіне беттеді.Қайрат дереу кітапшасына үңіліп,қаламмен жүргізіп өтті де,көше бойымен аяңдай басып кете барды.Кітапшадағы шумақтар:
Қаратқан соң жүзді арбап,
Қалайша көңіл қызғанбақ.
Жадымда сол сәт қалады
Қыз Ардақ пенен қызғалдақ.
ІІ
Күлімдеген көктемнің керемет бір күні болатын.Қарапайым жандарымен, алаңқай,ашық жолдарымен көңілге жақын,көзге ыстық көше бойымен келе жатқан, толқынды шашы мен көркем келбеті ерекше жарастық тапқан ақ көйлекті бойжеткен қыз ақшыл дуалмен қоршалған үйге қарай бет алды.Ол Қайраттың,дәлірек айтқанда Қайраттың қарындасы Баянның үйі болатын.Қағылған дыбысқа елең етіп,есікке қарай беттеген Қайраттың анасы:
–Қазір,қазір қарағым!Ой,айналайын, Ардақжан,сен екенсің ғой!
–Сәлеметсіз бе,Айман апа!Аманбысыз?
–Аманмын,жаным!Өркенің өссін!Кел,кірсеңші үйге,келе ғой!Баян жаңа ғана сенімен бірге сабаққа дайындаламыз деп отыр еді.Баян,ау, Баян міне Ардақ та келді.
–Оу,сенің келгенің қандай жақсы болды, Арда!–деп, сыныптасы Баян да мәз болып қалды.Бір-бірімен қатарлас,аққудың көгілдірігіндей қос қыз бөлмелеріне қарай беттеді.Мектептің соңғы жылына келіп,жас түлек атанғалы жүрген құрбылар сабаққа дайындықты тезірек бастап кетті.Екеуінің басы қосыла қалса,уақыттың қалай өтіп кететінін байқамай қалатын құрбы қыздар бүгін де әдеттегідей күн батып,кеш кіргенін де сезбей қалды.
–Баян,қарашы кеш батыпты ғой!Қап,уақытқа қарамаппын!Мен қайтайын, апам іздеп жатқан болар!–деп, Ардақ есікке беттей бергені сол еді,Қайратпен бетпе-бет ұшырасты.
–Қалайсың, Ардақ,кештетіп қайда жиналдың?
–Жақсымын.Өзіңіз қалайсыз,аға?Мен...кеш боп кетті...Үйге қайтамын.
–Тоқта,сен не жалғыз қайтпақсың ба?Мен апарып саламын үйіңе.Жүре ғой!
–Аға...Сіз...Маған бола...
–Жүрсеңші енді...Сені жалғыз қайтармаймын!
Көңілге тылсым сезім сыйлайтын көктем кеші.Кешкі самал желмен тербеліп,бұрала билеген тал-теректер көше бойымен келе жатқан жас жігіт пен сүйкімді бойжеткенге сүйсіне қарап,жапырақ сыбдырымен өзгеше сыр айтқысы келетін сияқты.Қараңғылықтың қақпасын айқара ашып тастап,аспан көкжиегіне көтерілген жарық ай бұл тіршіліктің бар сыры,бар құпиясы маған ғана мәлімдегендей сәулесін сан тарапқа таратып,өзі аспан кеңістігіне патшалық жасауға кірісті.Осынау әсерлі сезімге бөлеген табиғат көрінісін Қайрат өзінше пайымдады.Ол үшін сыбдыр қағып сыр айтқан жапырақ–бойжеткенге айта алмай жүрген жан сезімі, сәулесін төккен жарық ай-ару–Ардаққа деген кіршіксіз таза,айдың жарығындай айқын,айтуға бата алмайтын мөлдір махаббаты. «Шіркін,мына әсем табиғат неткен бақытты» деп ойлады Қайрат «сыбдырымен болса да сезімін адамзатқа жеткізе алады.Ал мен ше?Сөйлей алу деген керемет қасиетке ие болсам да, жанымдай жақсы көретін жанға сезімімді білдіре алмаймын!» Ол үнсіз Ардаққа қарады.Ай сәулесімен нұрланған сұлу жүзінде қыз баласына тән ұяңдық,ибалылық бірге ұштасып келіп,жігіт жүрегінен мәңгі өшпестей портрет болып орын алып жатқанын ол сезді ме екен?!Қайрат өз ойымен өзі әуре болып келе жатты.Жүрек шіркін,аттай тулап маза берер емес.Әдетте ол өзін батыл жігіттердің қатарындамын деп санайтын.Қиын жағдайларда жылдам жол тауып кететіндігінен достарының арасында да беделді-тұғын.Алайда осы еліктің лағындай бойжеткеннің жанына жақындаса болды,бір беймәлім күш бар өне-бойын билеп алып,көмейіндегі көркем сөзін кісендеп тастай ма,қалай?
Түннің тылсым күшіне еліткен табиғат осынау ғашықтықтың ғаламат құдіретіне бас иген жас жігіттің жан тебіренісін түсінгендей сыбдыр қаққан жапырақтарымен жүрегіне жылу,көңіліне керемет бір сезім сыйлап,тыныштықтың тұңғиығына тартып бара жатқандай.Жан толқынысын дөп басқан ғажап патшалыққа бар пейілімен риза болып келе жатқан Қайрат жанына бұрылды да,еріксіз шошып кетті.Ардақ жоқ.Бағанадан бері өзімен өзі арпалысып, сезімнің жетегінде келе жатқанда Ардақтың өзінен сәл кейінірек басып,жай жүріп келе жатқанын байқаған сияқты еді.Бұл қалай болғаны?Жұмыр жүрегіне бейне бәзбіреу біз қадап алғандай бойы тітіркеніп кетті.Келген жолымен кері қарай жүгіре басып, «Ардақ, Ардақ! Қайдасың?» деп, жанұшыра айқай салды.Бірақ түннің мүлгіген тыныштығын бұза айқайлай қойылған сұраққа жаңғырықтан өзге ешкім жауап қайтара қойған жоқ.Жігіт шынымен уайымдайын деді.Жаңа ғана қасында келе жатқан қыз демде қайда ғайып болып кетуі мүмкін.Адам бірқиындыққа тап болса, ойы сан-саққа жүгіретіні бар емес пе? Әлде тасадан біреу шыға келіп,ұстап алды ма?Әлде түн мезгілінде келе жатқандықтан жолын жын-перілер торуылдап торына іліктірді ме екен?Олай деп ойлайын десе,осы кезге дейін бұл маңда осындай оқиға болыпты немесе мұнда перілер мекені бар екен деген сөзді мүлде естімепті.Мүмкін әлдебіреу ұстап әкетті ме дейтіндей бұл адамның басқан дыбысын естімейтіндей құлағының мүкісі жоқ-тын.Әу баста әзілдеген болар,қазір келер деп ойлаған ойы дәл қазір өзін қыспаққа алғандай,Қайрат тағы да айқайлай жүгіре түсті.Бұл жолы да жан тербетер жағымды дауыс естіле қоймады.Ай жарығымен айналасындағы ағаштар ғана адам кейпіне енгендей тұс-тұстан қараң-қараң етеді.Жол бойындағы жүрегіне сиқырлы сезім орнатқан табиғат енді Қайратқа мүлдем басқа, тым қатал болып көрінді.Дауыстап айқайлай жүгіргеннен,жоғалтқан дүниесін таба алмай бойын билеген қорқыныштан жүрегі дүрс-дүрс соғып,кең маңдайын қара тер басып кеткен.Бұдан бірер уақыт бұрын өне бойын билеп алған тәтті қиял,ақ армандардың бәрі ғайып болып, бар мақсаты Ардақты табу болды.
Кенет әр тұста топтанып-топтанып өсіп тұрған ағаштардың тұсынан ағараңдаған бірнәрсе жүгіріп өткендей болды.Жаңа ғана өз-өзін тыныштандырып жоққа балаған қорқынышты ой қайтадан қылаң беріп, бойын суытқаны сондай,қалай «Біссіміллә»деп екі-үш қайтара айтқанын байқамай да қалды.Дереу денесін икемдеп алып,жаңағы сұлбаға қарай жүгіре жөнелді.Сол ағаштардың маңына жылдам жетіп келгенімен,әлгі бейнеден көз жазып қалғанын байқады.Қайрат шынымен де шырғалаңға салған мазасыздықтан,әрі шарасыздықтан көңілі пәс болып,құмға отыра кетіп,тершіген маңдайын сүркілей берді.Ал әлгі ақ сұлба болса мұны тағы бей-жайқалдырмай көз алдына тағы көрінді.Бірақ бұл жолы әлгіндегідей жүгіре қашпай,тура жігітке қарай бет алды.Бар бойын дел-сал қылып шаршағанын,уайымын серпіп тастаған жігіт «не де болса көрейін» деп «ақ періге» қарсы орнынан көтерілді.Ал әлгі бейне болса, жақындаған сайын періге емес,өзінің аппақ періштесіне,Ардағына ұқсап бара жатты.Өз көзіне өзі сенбеген Қайраттың жанын қорқыныштан гөрі қуаныш билеп алып, өзіне таяп қалған ақ періштесін жүгіріп барып құшақтай алды.Мұнша уақытқа дейін өзін әбігерге салып,жүгіртіп қойған жігіт келе сала «Бағанадан бері қайда жүрсің?Адам осылай да ойнай ма екен ?»деген сұрақтың астына алып,ашулана ма деп ойлап келе жатқан адамы өзін келе сала құшақтай алғанынан қыз шошып кетті.Өзін үнемі еркелетіп,бауырына қысатын әке мен анадан өзге құшақта тұрғанынан ұялған Ардақ бұлқына бастады.Дүрсілдеп соққан жігіт жүрегі құлақ тұсынан мүлде қаттырақ естілді. Өзінің талдырмаштай ғана денесін жалынымен күйдіріп бара жатқан тас құшақтың босататын түрі жоқ. «Ардағым,жаным-ау,мені сонша алаңдаттың ғой»деп, жігіт бойжеткеннің маңдайын сүйді.Дүниедегі ең асыл қазынасын жоғалтып алып,қайта тапқандай қазір құшағынан босатып жіберсе,тағы да жоғалтып алатындай алтынын жібергісі жоқ.«Саусақтарыма ілінген қолаң шашы мына әлемде тең келмес гаухардан өрілген жібек дерсің.Үстіне киген ақ көйлегі өзінің ақ армандарындай аппақ екен» деп ойлады Қайрат.Осынау еш байлыққа айырбастамас осы минуттар тоқтап қалса,осынау ақ періштем мәңгі жанымда жұдырықтай жүрегі менімен бірге соғып тұрса деп тіледі.Өзінің ақ маңдайына ақ орамал қалай жарасар еді.Жігіт осы ойларды ғана біледі,қалғаны есінде жоқ.Тіпті құшағындағы қимасының қарсылық білдіріп,бұлқынып жатқанын да баймады. Мынадай хәлге тап болам деп ойламаған қыз,өзін еріксіз құшақтап алып, жібермей қойған жігіт қылығына қатты намыстанып, «Ағатай, жіберіңіз болды,жетер!»деп құшақтан сытылып шықты.Ашудан ба,әлде намыстан ба нәзік денесі дір-дір етеді.Қайрат сонда ғана өзінің артықтау кетіп қалғанын,оған бойжеткеннің ренжіп қалғанын байқап,кінәлі адамша Ардаққа көз астымен үздіге қарады.Сол сәтте мына алдында тұрған ақ періштесінің кішкентай қабағы түйіліп,өзіне ашулы жүзбен қарап тұрғанын байқады.
–Аға,жолда сіз қатты ойланып келе жатқандығыңызды көріп,жай тығылып қалмақшы болғам.Ал сіз болсаңыз... Келе сала...Мені шығарып салмай-ақ қойыңыз.Үйге өзім жетіп алам!–деп ақ арманы ақ көйлегін желбірете алысқа қарай жүгіре жөнелді.
Артынан ілесе жүгірген Қайрат:
–Ардақ,Ардақжан сен ағаңды дұрыс түсінбедің!Мен....Мен....Тоқташы деймін енді!
Қайраттың сөздерін естісе де естімегендей болып,Ардақ артына бұрылып та қарамады.Осы жүгірісін ол тек қызыл шарбақты үйдің жанына келгенде баяулатты да,үйіне қарай жайлап басып,ішке еніп кетті.Ал сол ақ көйлекті періштенің соңынан ғана көз тастаған жігіт көше бойында біраз тұрып,кері қарай беттеді.
Қайрат барлық уайымын,қорқынышын серпіп тастап,бар шаршағанын ұмытып,тек тәтті қиялдың жетегінде келе жатыр еді. «Өзі қабағын түйсе де, ерекше сұлуланып кетеді екен. Әйтсе де оны ренжітіп алдым-ау!»деп ойласа да, жігіт өзін қатты кінәлай қойған жоқ. «Әйтеуір бір күні өзін риясыз жақсы көретініме сенетін болады »деген сенімді серік етіп, жолға түсіп аяңдай берді.Ал табиғат болса,тылсым сырымен жігіттітағы да алға қарай жетелей берді.
ІІІ
Таңғы шықтан сырға тағып,сәнденген жас арудай көктем айы барша тіршілік иелеріне мейірім мен махаббат сыйлап,сайын дала төсінде салтанат құруда. Кеудесіне бәйшешек пен жауқазыннан түйме қадап,көк көйлегін киіп, керіліп жатқан Жер-Анаға көк аспаннан күн көзі де күлімдей қарайды.Тіршіліктің тағы бір парағы ашылып,табиғаттың барша тұрғындары жаңа таңды амандықпен қарсы алғандығынан хабар бергендей торғай-қарлығаштар ғажайып дауыстарымен құйқылжыта ән салады. Таң шұғыласымен жарыса оянатын Қайрат та әдеттегідей ерте тұрып,жұмысқа қарай беттеген.Кенет бір сиқырлы саз келіп,өне бойын билеп алғандай құлағына құйыла берді.Ұмытпай тұрғанда тезірек нотаға түсіріп алайын деген оймен жүгіре басып,алға қарай ұмтыла түсті.
Табалдырықты аттай бере,өз жұмысына ерекше тиянақты,тазалықты жаны сүйетін,ылғи осындағы бар жанға жанашыр болып,ақылын айтып жүретін,осында келгелі өзіне ерекше ыстық болып кеткен тазалықшы апайМайраны көре сала:
–Сәлеметсіз бе,Майра апай,хал-жағдайыңыз қалай? – деп,күлімдей тіл қатты.
–Бақытты бол,батырым!Шүкір,жақсымын, айналайын!Сендер өздеріңнің аспаптарыңмен доссыңдар,ал менің досым мына шелек пен шүберек.Күнде жұмысқа осы достарым мен сендерді көру үшін алып-ұшып келемін ғой !– деп, әжім жүзімен жадырай сөйлеп,қолындағы шүберегімен терезені сүрткілтей берді.
–Апай-ау,айтасыз сіз де! Мына сіз болмасаңыз,мұндағы музыканттардың бәрінің өкпесін шаң қауып,ән де,күй де өз жөніне қалар еді ғой.
–Ай,айналайын-ай,сендердің өкпелеріңе мына Майра апайларың тірі тұрғанда шаң тигізбейді.Тек сендердің шабыттарыңды шаң баспасын,жарқындарым!– деп келесі бөлмеге қарай беттеді.
«Не деген жаны таза,пейілі кең жан» деп ойлады Қайрат, «кейбіреулер қалтасындағы қатталған ақшасын азсынатын болса,бұл жан осы жұмысынан алатын азғантай айлығына риза.Сонымен қоймай біздің тілеуімізді тілейді».Осы ойдың жетегінде жайлап басқан Қайрат «Аспаптар» бөлмесінің есігін ашты.Іштегі қаз-қатар орналасқан музыка аспаптары көзіне сондай ыстық көрінді.Әрқайсысының өзіндік ерекше үні мен бояуы,қайталанбас дауысы бар.Осынау құнды дүниелер атам заманнан адамзаттың көңіл күйін көтеріп, рухани жан серігі болып,бірге жасасып келе жатыр.Ол шеткерек жерде айрықша орын алып тұрған,дүниенің ақ пен қара бедеріндей болып тізілген клавиштері бар фортепианиноның жанына жайғасты да,жол бойында құлағына келген әсем әуенді ойнап көрмек болды.Алайда саусақтары тек өзі бұрыннан ойнап жүрген жаттанды ноталарды басумен ғана шектелді.Үнсіз ойланып отырып,есіне түсірмек болғанымен, сиқырлы саз санаға қайта оралмады.Бетховен мен Моцарттың мелодиялары ғана есіне еріксіз оралып,құпия әуенді көңіліне қонақтатпай-ақ қойды.Қайрат қиялдағы көрікті күйді қайтсем де еске түсірем деп алдындағы ақ-қара «қымбаттыларын» бірнеше рет түгендеп шықты.Әлі де солай отыра бере ме еді,егер ұжымдас қыз Сымбат келіп,ойын бөліп жібермегенінде.
–Сәлем,Қайрат,ән-жайың, жағдайың қалай?–деді ол әдеттегідей күлкіге толы көтеріңкі даусымен кабинетке кіре сала.
–Сәлем,жағдайым сол ән-жайға қарап тұр ғой,Сымбат.Бір әдемі ән келіп,әлемімді әрлеп жүр.Әттең,еске қайта түспей, әлек болып отыр әріптесің.Әттең,тонның келтесі-ай, «Әттең,тонның келтесі-ай!» деген –осы,–деп әндетіп жіберді Қайрат. –Сымбат сұлу,өзің қалайсың?Бүгін ерекше көңілдісің ғой!
–Сендей жаны таза,әні көркем жігіттерді көргенде біздің көңіл күй көтерілмей, «до»келіп, «сиден» көтеріліп кетеді дейсің бе?–деп сықылықтап келіп,ұзақ күліп алды.Әріптесінің әдемі әзіліне Қайрат та еріксіз езу тартты.
–Ой,Қайрат-ай,әлгі айтқан әдемі әніңді еске түсіре алмағаның дұрыс болмапты.Сен негізі,музыканы емес,Музаңды таппай жүргенсің ғой.Музаңды тапсаң,музыка да,ән де,күй де көкейіңе келіп, кестеленеді де қалады,–деді ол жігіттен сыр тартқысы келгендей,қулана жымиып.
–Сен де айтады екенсің,Сымбат.Мына уақытта музаға да қол жеткізу де оңай шаруа болмай тұр ғой... Қинала жауап берген Қайраттың жүзінен Сымбат жанарын алмай қарап қалды.Әңгіменің жалғасын күтетін тәрізді.Бірақ жігіт сөзін әрмен қарай жалғамады.Алдындағы тізілген ақ-қара клавиштерге қарап,ойланып кетті.
Тыныштықты қайта бұзған тағы да Сымбат болды.
–Қайрат-ау,Қайрат,сені мұнша мұңға батырып,ойға салып жүрген ару кім?
–Сен ! –деді жігіт әзілдей жауап беріп,– сен ғой ол!
–Қойсаңшы бұндай әзіліңді. Жалған айтасың! Қыз еркелей тіл қатып,лезде бұртиып қалды.
–Ап,бәлем, ғашықтардың әңгімесінен дәл түстім бе? Оқыстан шыққан дауысқа екеуі де жалт қарасты.Келген сырнайшы жігіт Ербол екен.
–Екеуден-екеу не әңгіме айтып отырсыңдар,бізден бөлек?Әлде мен бөгет жасадым ба?Кім кімді мұңға батырып,ойға салып жүр екен? –деп сырнайшы жігіт рахаттана күліп алды.
–Ербол, осындай мазақ неге керек?Еркелейтін жастан әлдеқашан өтіп кеттің ғой сен.Мұның енді орынсыз! Орнынан ашулана көтерілген қыз, тақасын тақ-тұқ еткізіп,есікке қарай беттеді.Қызыл шырайлы жүзі ұялғаннан ба,әлде ашудан ба,әлде Ерболдың келіп әдемі әңгімелерін бөліп жібергендігінен бе,алмадай қызарып кеткен.
–Ой,тоба,мен не айттым сонша?! Ербол кабинеттен шығып кеткен қыз жаққа қарап тұрып қалды.
–Ай, Ербол-ай,қайтесің,қыз қалауын түсініп болмайсың! Енді нең бар еді ғашықтар деп жар салып?
–Ей,енді өтірік пе екен?Осы Сымбаттың сенде көңілі бар деп саған қанща айттым.Тыңдамайсың келіп....Сезімінен хабардар етіп қояды деп сезіктенгеннен ғой,бұлқан-талқан ашуланып жатқаны.
–Қойсаңшы,Ереке.Өзің осының бәрін қайдан білесің?Әлде көріпкелмісің?
–Оның бәрін мен де емес,көріпкел де емес,қыздың көзі-ақ айтып бермей ме?Ау,соны да байқамаймысың?Сені көрсе күлімдеп,өзгеріп сала беретінін.Өзі ақылына көркі сай керемет қыз емес пе?Талай жігіт жанына да жолай алмай армандап жүрген.
–Ербол,дұрыс айтасың, Сымбат–керемет қыз.Алайда жүрек қалауы деген бар емес пе!?
–Өй, сен де! Ербол қолын зілсіз ғана бір сілтеді.
Расымен деСымбат сұлу әрі ақылды қыз болатын.Маңдайына түскен кекілі мен мойылдай қара көздері еріксіз жанарды арбайды.Ылғи көрсең жайнап,жадырап жүргені.Жұмыстастары ішінде де ерекше көзге түсіп,құлпырып,дараланып тұрады.Әсіресе,домбырамен сызылта ән айтқаны ше?Оған ешкім тең келместей.Көшеде көре сала тілдесуге асығатын жігіттерді байқағанда тәкаппарланып қалатыны тағы бар.Ұжымдастарының ішінде де қиылып ізет білдіріп,көңілі кетіп жүрген бойдақ жігіттер де аз емес.Алайда,Қайрат осында жұмысқа орналасқалы бері жұмыстастары басқа емес,тек осы жігітке Сымбатты қосақтастырды да қойды.Бірақ,бұған жігіт титтей де ашуланған емес.Керісінше,қарындасындай қамқорлық жасап,жұмыстасы ретінде жақсы қарым-қатынас орнатқаннан өзге ойы болмаған.Кейде Сымбаттың өзіне еркелей тіл қатып,кейде ерекше көзқараспен жалт етіп қарап қалатынын сезетін.Сезсе де,ештеңе білдірмейтін.Өйткені, жігіт жүрегінде бір аруға ғана орын бар еді.Жігіт жаны сәл ғана қызық үшін өзге сұлудың жүрегін жаралаудан аулақ болатын.Ол қыз баласын аса қатты қадірлейтін.
Қайраттың ойлы түрін қызықтап қарап қалған Ербол:
–Еу,сері жігіт,жүрек қалауың да,тілек-талабың да өзіңе аян.Мені негізі,бастық жіберген. «Келсін»дейді–деді күле сөйлеп.
–Е,е, айтпайсың ба соны,манадан бері мазаны алғанша! Қайрат ақкөңіл серігінің йығына қолын қойып,жымия тіл қатты. –Ал,мен кеттім, басекеңе!
Үлкен үстелдің қақ төрінде кең маңдайы жарқырап, бурыл тартқан шашын артқа қарай қайыра тастап,қағазға көзілдірігімен көз жіберіп директор Оспан отыр.
–Ассалаумағалейкум,Оспан Нүсіпұлы!
–Уағалейкумассалам,Қайрат!Жұмыс қалай,үйренісіп жатырсың ба?
–Әрине,үйреністім. Бәрі жақсы.
–Бәрі жақсы болса,жұмыс былай: 22 наурызға қарсаңына орай ұлттық дәстүрімізді дәріптейтін «Қозы Көрпеш Баян Сұлу» атты жас мамандар сайысы биыл алғаш рет Қайнар ауданында өткізілмекші екен.Сайыс келесі аптаның жұма күні болады.Соған ойласа келе сен мен Сымбатты қатысады деп шештік. «Неге Сымбат екеуміз?» деп айтып қоя жаздап,Қайрат сәл іркіліп қалды.
–Ал,Қайрат жас маман ретінде өзіңді көрсетіп қалуға мүмкіндігің бар.Енді Сымбат екеуің тезірек дайындықты бастаңдар.Сайыс шарттарын хатшыдан аларсыңдар.Айтпақшы,бір апта ғана уақыттарың бар.Бәрі түсінікті ме?
–Иә,түсінікті.
–Ендеше,сәттілік!Біздің үмітті ақтайсыңдар деген сенімдемін!
–Рахмет,Оспан Нүсіпұлы!Сау болыңыз!
–Сау бол!
Қайрат үнсіз ғана сыртқа қарай беттеді. «Қозы мен Баян»дейді ғой.Қайраттың езуіне күлкі үйірілді.Неге мен? Неге Сымбат?Ай, осылардың да таппайтындары жоқ»деп жымия басын шайқады Қайрат. Заттарын тезірек жинастырып,үйге қайтуға ыңғайланды. Далаға асыға шыққан ол аспанды қара бұлт бүркеп,жаңбырдың сіркірей бастағанын байқады.Көк жүзінен жерге жарыса ұмтылған тамшылар жылдамдығын үдете бастады.Ойына «бүгін мектепке дайындыққа барам деген» қарындасы Баян түсті. «Үсті су болып,тоңып қалмас па екен»деп мектепке баратын жолға түсті.Себелей жауған жауын жігіт шашын сулап болып,беті мен күртешесіне де тамшы іздерін толтыра бастады.Көшеде кетіп бара жатқан жандардың бәрі жүгіре басып,кейбірі үстеріндегі киімдерін жауынға қалқалап ұстап, үй-үйлеріне жүгірісіп жатыр.Қайрат та қарсы алдынан соққан жаңбыр соққыларына тіке қарап,алдыға қарай жүре берді.Адамдарды мұнша әбігерге салғанына масаттанғандай,жаңбыр одан сайын күшейе түсті. Кенет ол қарсы алдынан киімдері әбден су болған,үстіне жанындағы жігіттің жұқа пальтосын көлегейлеп ұстаған қыз бен сол ісін ерлік санап,су болған көйлегіне қарамастан мәз болып келе жатқан жігітті кезіктірді.Осылардан Баянды сұрап көрейін,мүмкін сыныптастары болар деп оларға қарсы жүрді. Қастарына жете сала ол:
–Бауырым,сен Баянның танимысың?11 сынып оқитын,–деді жігіт жүзіне үңіліп.
–Иә,менің сыныптасым ғой.
–Ал ол қайда?
Кенет қасындағы пальто бүркенген қыз:
–Ол ертерек қайтып кеткен,–деп дірілдей тіл қатты.
Қайрат көз ілеспес шапшаңдықпен пальтоны көтеріп қалды.Үстіндегі жұқа күртешесі жаңбырға малшынып,бос етіп өрген бұрымынан су тамшылап, тісі-тісіне тимей діріл қағып Ардақ тұр.
–Ардақ???
–Қа-лай-сыз,Аға?
–Жарқыным-ау,үстіңнің бәрі су болыпты ғой!Жүр, тезірек үйіңе жеткізіп тастайын.Қолындағы пальтоны жігіттің өзіне ұстата сала,өз күртесін шешіп алып,қыздың арқасына жапты.
Қасындағы жігіт:
–Ағасы, жолыңыздан қалмаңыз! Ардақты өзім апарып саламын!–деген кезде Ардақ та қостай жөнелді.
–Иә,аға,мені Талғат апарып салады.Уайымдамаңыз!
Өзінен кіші мына жігітсымақтың өзінше қыр көрсетіп,онымен қоймай, өзім шығарып саламын деп қиғылық салуы,оны Ардақтың да қостай кетуі кеудесіндегі қызғаныш отын тұтатып,ашуын келтірді.
–Болды сөзді қойыңдар! Ей, бауырым, мына киіміңді киіп ал да,тезірек үйіңді тап!Жүр, Ардақ!–деп қыз қолынан қыса ұстап,мына жігіттің жанынан тезірек алыс алып кеткісі келді.Ардақтың үстіне жапқан күртесін қымтай түсіп,тоңғаннан діріл қаққан иығынан құшақтай ұстап алға қарай асығыс адымдай берді.
Артта состиып тұрып қалған жігіт:
–Ардақ,барған соң хабарласып жібер,әйтпесе уайымдаймын !–деп айқайлай тіл қатты.
Бойындағы қызғаныш қанын қыздырып,өзінің жұқа көйлегінен қалай су өтіп жатқанын байқамаған Қайратмына сөзден кейін дереу Ардаққа бұрылды.Өзіне көңілін білдіріп жүретін сыныптасының сөздерінен ұялғаннан қыздың ақша беті қызарып шыға келді.
–Мынау кім,Ардақ?Қалай-қалай сөйлейді өзі?
–Сыныптасым ғой...
–Айтқан сөзді түсінбейді ғой өзі. «Уайымдаймын» дейді тағы.
–Аға,сіздікі де дұрыс болмады.Келе сала қолымнан тартып ұстап алдыңыз!Ұят емес пе?
Мұндай сөздерді күтпеген Қайрат тас қып ұстап алған қыздың қолын босата салды.Өзінің соншама қызбалыққа салынып кеткенінен ұялды.
–Енді,Ардақжан-ау,сенің мына түріңді көріп, шошып кеттім ғой.
Қыз жайлап иығынан ұстаған жігіт қолын түсіріп тастады.
–Ардақ,сен не маған әлі ренжіп жүрмісің?
–Жоқ,аға,сізге неге ренжиді екенмін? Мені сонша уайымдайтын болсаңыз!?
Жігіт бұл сөздерді бойжеткеннің шын емес,кекесін үнмен айтып тұрғанын байқады.
–Аға,өзіңіздің үстіңіз де әбден су болды ғой. Күртеңізді қайта киіп алыңыз!–деп қыз сырт киімді беруге ыңғайланғанда:
–Жоқ,Ардақ,тиіспе!Немене ауырып қалғың келе ме?
–???
Жаңбыр әлі жауып тұр.Бірақ бұл жігітке мүлде сезілмейді.Тек жанындағы «жан қалауы» жаурап қалмаса болғаны.Дәл осы сәтте Қайраттың құлағына таңертеңгі тылсым әуен тағы да оралды.Ол бар пейілімен іштей сиқырлы сазды қайталай берді.Қайрат үшін қасында ақ періштесі болса, отты да,суды да ойланбастан кешуге дайын еді.Бірақ ол сезімді сезініп,түсінетін жүрек болса ғой.Қайрат бұл сәтте шынымен де бақытты-тұғын.Мейлі арманынан артық қоятын аяулысы шын сырын айтқан жүрек сөзін түсінбесін,жан сезіміне құлақ аспасын,бәрібір,ең бастысы ол жанында келе жатыр.
Жер әлеміне әмірлік жасап,көктен көсіле төмен құлдилаған тамшыларын тырс-тырс еткізіп,жауын әлі жауып тұр.Бағана бір-біріне қарама-қарсы жүгірісе,жаңбырдан қашқан жандардың бәрі қазір тып-тыныш.Әрқайсысы үйлеріне тарасып кеткен болуы керек.Көше бойында келе жатқан екеуі ғана.Екеуі де үнсіз.Қайрат қарсы беттен жұмыстан енді қайтып келе жатқан,қолына күрең қызыл қолшатыр ұстаған тазалықшы апайды көрді.Ол екеуінің жанына жақындаған кезде:
–Ау,батыр,үстіңнің бәрі су болыпты ғой!Бойжеткенге қамқор болған жақсы ғой.Бірақ «батырға да жан керек». Ауырып қалма!–деп бәйек болды.
–Ой, Майра апай,уайымдамаңыз!Жігіттер деген мықты халық қой,шыдаймыз!-деп Қайрат қызара күлімдеді.
Жандарынан өтіп бара жатқан апайдың «ай,ғашықтық-ай,сен құдіреттісің ғой» деген сөзін екеуі де естіді.Ардақ ұялған жүзін Қайратқа көрсетпеуге тырысып, әрі бұрып әкетті.
–Аға, жауын тоқтайын деді-ау деймін!Мен жылынып қалдым. Киіміңізді ала беріңіз,рахмет–, деп,сырт киімін өзіне ұсынды.
–Жоқ,алмаймын,қайта киіп ал.Тоңып қаласың!–деп Қайрат та болмады.
«Ендеше,өзің біл»дегендей Ардақ күртені қайтадан кимей,қолына алып алға қарай жүре берді.
«Қырсықтық–қыз баласының бәріне тән қасиет болар»деп ойлады Қайрат Ардақтың ізіне ілесе беріп.Сол уақытта далада салқын жел тұра бастады.Жаңбыр суына малшынған көйлегі шымыр денесіне жабысып қалыпты, соға бастаған желдің екпіні бойын мұздата бастағанын енді ғана сезе бастағандай. Екеуі жеделдете басып,қызыл шарбақты үлкен үйдің маңына келгенде бір-ақ тоқтады.
–Сізге көп рахмет,аға!Тоңып қалдыңыз ғой,үйге тезірек қайтыңыз!–деді Ардақ жігітке сырт киімін ұстатып жатып,–Маған бола өзіңіз жаурап қалдыңыз-ау!
Қайрат үшін осы алтынға да бергісіз жылы сөздер жетіп жатыр еді.Жанашырлық таныта сөйлегеніне жаны да,бойы да жылып қалды.
–Сен де үйге кіре сала,жылы киініп, ыстық сүт іш,жарай ма?
–Жарайды,сау болыңыз!
–Сау бол!
Ардақ жүгіре басып,үйіне кіріп кетті.Салқын жел кеудесіне кеулеп еніп,бойын тоңазыта бастаған Қайрат қыз ұсынған күртені құшақтай ұстап,жүгіре басып көше бойымен кері қарай беттеді.
ІV
Дәлізінен дәрінің қышқылтым исі аңқыған аурухана.Қайрат көзін жайлап ашып,жан-жағына қарады.Осында жатқалы «жан серігіне айналған» системаның созылған «жібі»білегіне жанаса келіп,инесімен тамырына қарай сұғына еніпті.Бойын әлдебір ауырлық басқан.Басы да жоғары көтертпейді.
Сол жаңбыр жауған күні Қайрат үйіне келе сала қызуы көтеріліп,әбден дегбірі қашты.Баласының ауырып,жағдайы кеткенін көріп қиналған анасы өзі білетін бар ем-домын жасап бақты.Бірақ олардың ешқайсысы Қайраттың бетін бері қарата алмады.Маңдайындағы қол күйдірерліктей қызу да басылмады. Қатты жауған жаңбыр мен өкпек желдің салқыны қармап, беймәлім дерт денесін меңдеп алған сияқты.Ауызына нәр алмастан екі-үш күн бойы орнынан тұра алмай жатқан жігітті уайымдаған үй іші жедел жәрдем шақыртқан.Жігітті тексеріп,қарап болған ақ халатты :
–Апа,неге ертерек хабарласпағансыздар?Жігіттің өкпесіне мықтап салқын тиген.Тезірек ауруханаға жеткізбесе болмайды!–деп,осында әкелгелі міне,үш күн өтті.Жастайынан төсекке таңылып жатуды білмейтін жігітке мұнда жатқан үш күн үш аймен тең болған сияқты.Келгелі бері үш мезгіл бойы денесіне ине тықпалап, онан қалса,кермек дәмі бар дәрілерді әкеліп ішкізеді де жатады.Одан қалса,бейне бір өзін қарауылдап тұрған күзетшісіндей болып күні бойы «бел жазбай қызмет жасап» сірейіп система тұр.Күш қуаты тасып,анау-мынауға бой бермейтін денесінің дем арасында төсекке таңылып жатқандығы жас жігіттің төзімін тауысып,жанына батты.Аурухананың кеңсірікті қабар ауасынан жалыққан Қайрат терезеден көшеге көз тастады. «Ардақ қалай екен?Ол да ауырып қалған жоқ па екен?» деген сумақай ойлар сап ете қалып,онсыз да пәс көңілін мазалай бастады.
Бөлмесінің есігі сықырлай ашылып,ішке анасы енді.Қайратқа анасының өңі мүлде солғын, шаршаңқыкөрінді.Бетін де дем арасында әжім басқан тәрізді. «Қайран,апатайым-ау ,мені ойлап,әбден қиналған екен ғой.Уайымға салдым-ау» деп көмейіне келген бір ыстық лепті ішке қарай қайта қинала жұтты.
–Қалайсыз,апа?
–Құлыным-ау ,мені қойшы өзің қалайсың?Жағдайың қалай?Дұрыс қалыпқа келгенің бүгін ғана ғой, жарығым!–ананың даусы дірілдеп,ұлының маңдайын аялы алақанымен сипай бастады. –Қызуың да қайта бастапты.
Қайрат анасының қолынан ұстап жүрегіне қойды.
–Апатай,мен тәуірмін. Бәрі дұрыс.Мені қашан шығармақшы?
–Ай,жарығым-ай,қашан шығарады дейсің!Кешегі күніңді ұмытқаның ба?Әлі бір апта жатасың.
–Бір апта дейсіз бе?Мен мұнда бір күнге де шыдай алмаймын,апа.
–Олай айтпа.Өкпемен ойнауға болмайды,балам,қатты салқын тиген дейді дәрігер.
Анасы ұлының жүзіне барлай қарады.
–Қайратжан,сол күні үстің суға малшынғанша жауынның астында жүретіндей саған не болды?Әлде бала болып кеттің бе?
–Мен...Мен...жәй...далада жүріп...Айтпақшы әкем қайда?Баян ше?
–Әкең таңертең жұмысына кеткен.Ол да сені ойлап,уайымдап жүр.Бүгін жағдайыңның жақсарғанын айтып,қуантып қояйын оны да.Ал Баян сабағында ғой.Балам,саған,өзің жақсы көретін тауық етінен сорпа пісіріп әкелдім.Келе ғой,жылылай ішіп ал.
Қайрат асқа онша тәбеті болмаса да,анасының ықыласы үшін сорпа ішуге ыңғайланып отырды.Аналы-балалы осылай әңгімелесіп біраз отырды.Анасының жанға жылы,көңілге медеу меруерт сөздерінен кейін Қайрат өзін сап-сау,дертінен айыққан жанша жеңіл сезінді.Сәлден соң «дәрі егетін уақыт болды»деп медбике келгенннен кейін,анасы қайтуға жинала бастады.
–Айтпақшы,Қайратжан,уақытың тезірек өтсін деп,мына кітабың мен домбыраңды ала келгем.
–Алтын апатайым менің,көп рахмет сізге! Қайрат жас балаша еркелеп,анасын құшақтап,бетінен сүйді.
–Ал,құлыным,мен қайтайын.Әлі де келемін ғой,не болмаса әкеңді жіберермін. Тезірек сауығып кет,жарығым!
–Жақсы,апатай.Әкем мен Баянға сәлем айтыңыз.
Қайраттың анасы есікке қарай аяңдай беттеген шақта медбикенің мірдің оғындай инесі жігіттің білек тамырына қарай жақындай берді.
V
Таңдайды уытқан дәрінің кермек дәмі мен денеге өз өрнегін салып үлгерген ине іздеріне бой алдырып,беймаза күй кешкен Қайраттың күндері жайлап қана өтіп жатты.Осындай елеусіз уақыттың бірінде жігіттің жұмыстастары да хал-жағдайын сұрай келді.Амандық-саулықтан кейін сөз алған,түйілген қабағы өңіне едәуір сұс беріп тұратын басшысы Оспан :
–Ай, «Қозы Көрпеш» –деп бастады сөзін ол өзінің қатыса алмай қалған жарысын есіне қайта түсіріп,–аламанға қосатын бәйге атындай үкілеп,үміт артып отырғанымызда көзсіз ерлік жасаймын деп қалпақтай ұшқаның жарамады.Аудан намысын қорғай алады ғой деп,өзіңді қолай көрген едім.Жарысқа қатыса алмағаның үшін басшылықтан да біраз сөз естідім. «Баяның »да бей-жай қала алмады.
Қайрат сол сәтте барып,келген жұмыстастарының ішінде Сымбаттың жоқ екенін байқады.Қайтадан сөзін жалғаған Оспан:
–Ештеңе етпес,ең бастысы құлан-таза айығып,ортамызға орал,жұмыс көп!–деп айтуын айтса да, бастықтың жүзінде жасырынып тұрған әлдебір ашу мен реніштің табы басыла қоймағанын жігіт байқап та қалды.Бастық Оспан Қайраттың қолыннан қыса ұстап орнынан көтерілген кезде,оның сөзінің аяқталғанын күтіп отырғандай ұжымдастары тұс-тұстан:
–Иә,Қайрат тез сауығып кет!
–Алла дертіңе шипа беріп,тайдай шауып келіп,тобымызға тезірек қосыл!
–Жата берсең,ауру да сені меңдей береді.Одан да өзіңді-өзің қолға алып, айығудың қамын жаса!–десіп,жанашырлық ниеттерін білдіріп,Қайратпен қимай қоштасып,қайтуға ыңғайланды. Тек қана шеткеректе тұрған Майра апай ғана бәрінен кейінірек қалып:
–Шырақтарым,сендер жүре беріңдер.Менде Қайраттың анасының беріп жіберген сәлемдемесі бар еді.Соны тапсырып,кейінірек қайтармын,жүре беріңдер,–дедіжылыұшырай жүзбен.
«Өзіңіз біліңіз,онда»дегендей ұжымдастары Қайратқа тағы да саулық,амандық тілесіп, сыртқа қарай беттеді.
–Айналайын,батырым-ау,хал-жағдайың қалай? «Басекеңдер» сөйлеп жатқанда жағаласа алмадық. Бәрі дұрыс па?
–Апай-ау,осы жұмыстағы менің шынайы тілекшім өзіңізсіз ғой.Жағдайым жақсы.Жазылдым десем де болады.Білмеймін, «мұндағылар он күніңді толтырмай шықпайсың»деп мені қимай жатқаны болмаса.Өзіңіз қалайсыз?
–Е,жарығым-ай,жаны тыныш адамның жағдайы жақсы болады ғой.Өзіңе айтар сөзім болып бөлек қалып отырғаным ғой,айналайын.
–Айта беріңіз,апай,құлағым сізде.
–Жарқыным,сен ауырып осында түскелі жұмыста не болмады дейсің?Әлгі Қайнарда болатын жарыстың уақыты жақындаған сайын бастықтан маза кетті.Сенің ауырып жатқаныңды айтып,басқа біреуді қатыстыруын өтінсек те болмай-ақ қойды.Шынымды айтсам,сенің науқастанып жатқаныңа сенбей,жауапсыздық санады ғой.Сен жаңадан келген соң,оның мінезін қайдан білуші едің? Ол айтты ма,демек орындалуы тиіс. Ал орындай алмадың,онда бәрі бітті дей бер.Жұмыстан шығарып жіберуден де тайынбайды.Оның солай ашуға мініп жатқанын естіп,кабинетіне барғанмын.Сол күні сенің жаңбырдың астында жалаң көйлекпен келе жатқаныңды,бір бойжеткенге көмектесемін деп үстіңнің малмандай су болғанын да айтып бергенмін.Сол себептен аңдамай ауырып қалғаныңды айттым.Адамгершіліктің жұмыстан да алда болатынын еске алып,түсіністікпен қарауын өтіндім.Сонан кейін барып,сабасына түсті басекем.Тек сенімен бірге жарысқа қатысам деп құлшынып жүрген Сымбат қана түйілген қабағын жаза алмады.Шамасы,сенің бір аруға көмектесемін деп,ол жайында ұмытып кеткенің ұнамай қалды-ау деймін бастықтың балдызына.Батырым-ау,мұның бәрін саған неге айтып отыр дейсің?Жаңадан келген соң,бастықтың да,басқаның да көңілін таба білу керектігін біліп жүрсін дегенім ғой.Әйтпесе,сол жайттардың бәрі тіс пен жағымның арасында қалатын еді.Осының бәрін келесіде ескеріп жүрсін деп барлығынан бөлініп қалғаным да сондықтан ғой,қарғам!
Қайрат сол кезде барып,өзіне жанашыр болып,қиындықтан арашалап алып қалған ақкөңіл апайды бұрыннан бетер жақсы көріп кетті.Қызғаныштың құрығына ілінемін деп,өзінің халін сұрауға да келе алмаған Сымбатқа да түсіністікпен қарады .
–Рахмет,апай! Сіз жаны таза, кеңпейіл жансыз ғой.Өзіңізге айтар алғысым шексіз! Қайрат жанында отырған жаны жомарт жанға басын иді.
–Е,айналайын-ай,сендердің көретін қызық-қуаныштарың әлі алда ғой.Біздікі тек жол сілтеп,жөн көрсету ғана.Кейуана қасында тұрған сөмкесін алдына қойып:
–Айтпақшы,Қайратжан,мына бауырсақ пен бәлішті өзіңе пісіріп әкелгем. Ауыз ти,–деді мол мейірімге толы жанарымен күлімдей қарап,–мен енді қайтайын, жарығым. Балам да келіп қалған болар.Қайтарыңызда алып кетемін деген.Тез сауығып кет,батыр!
–Аман-сау болыңыз, апай!
Осы жас жігітті өзінің баласындай көріп,ерекше жақын тартып тұратын, азын-аулақ айлығын тауып жүрген жұмысының бастығына барып,өзіне титтей де болса жақындығы жоқ жас жігіттің жағын жақтаған адал ниетті,ақжаулықты ана тағы да игі істерін атқаруға асығып,аяңдай адымдап бара жатты.
VI
Қайратты қапылыста қармағына ілген науқастың ауылы алыстап,ауруханадан шығуға асықтыра бастады.Бірде анасы,бірде әкесі,кейде халін сұрап қарындасы Баян да келіп,уақытын тез өткізуіне себепкер болып жатты.Межелі мерзімі бітіп,дәрігердің «өз-өзіңді күтіп,жылы киініп жүр»деген ескертпесін алған Қайрат үйіне де жетті-ау сағынып.Отбасына оралған соң ба,әлде әбігерге салған дертінен айыққаннан соң ба кеудесін қуаныш кернейтін тәрізді.
Мамыражай мамыр айы маужырап,жер әлеміне мөлдіреген махаббат сыйлап,жаздың жақындап қалғанынан хабар беріп тұр. Мамыр–тек көктемнің соңғы айы ғана емес,көкөрімдей көгершін түлектердің мектеп қабырғасынан ұзап шығатын қимастыққа толы уақыты.Биыл Баянның да бітіретін жылы болғандықтан,үй іші аса қатты алаңдаулы.Перзенттерінің аман-есен қалаған мамандығына түсіп кетуін тілейді.Мектеп бітіруші түлектер де күн-түн демей қызу дайындыққа кіріскен.Міне,бүгін тағы Баян жексенбі екеніне қарамастан,ерте тұрып мектебіне кеткен.Қайрат та таңсәріден оянғалы тыным тапқан жоқ.Үйдің шаруалары мұны сағынғандай біршама боп жиналып қалыпты.Бақшаны арамшөптерден тазартты,жаңадан қанат жайып келе жатқан жеміс-жидектерді суарды.Қолына күрек алып,ауланы артық заттардан алыстатып,ретке келтіріп қойды.Жастайынан еңбекке бейімделген шымыр денесі бір керіліп,жұмысқа бар пейілімен кіріскен жас жігіттің келбетін көріктендіре түскендей.Анасының «балам, тамақ дайын болды,үйге жүр»деген сөзінен кейін барып,белін жазып,кең тыныс алды.
Мейірімді,шуақты мамыр айы мерекелерге де толы шақ.Халықтар достығы күні,Ұлы Жеңіс қарсаңындағы мейрамдарға орай жұмысқа қосылған Қайрат та концерттік бағдарламаларға білек сыбана кіріскен болатын.Бірінен соң бірі жалғасқан мерекелер музыканттардың бір сәт болса да тынығып алуына мұрша бермеген.Барлық концерттерін бітіріп,елдің алғысына бөленген шалқар шабыт иелері енді күнделікті қалыпты күйлеріне ене бастады.Қайрат та бүгін жұмысқа апарар таныс жолымен жайлап басып келе жатты.Жолдың жиегін қызғалдақтар мен жауқазындар көмкеріп,көздің жауын алады.Бейне бір гүл патшалығында сайран салып жүргендей сезінді өзін.Жігіт жолдағы жер ананың ханшайымдары–қызыл-сары гүлдерді уысына сыйғанынша толтырып теріп алды.Мәдениет үйінің есігінен аттай бере,әдеттегідей әк шелегін алып кіре берістегі қабырғаларды ақтауға кіріскен Майра апайды көрді.
–Сәлеметсіз бе,апай?
–Е,батырым,бар бол,бақытты бол!
–Апай,мынау сізге.Қайрат қолындағы гүлдерден жасалған гүлдестені апайға ұсынды.
–Ай,айналайын,рахмет!Кейуана күн қақтаған жүзіне даланың ерке сұлуларын жақындатып,терең тыныстады.Сол сәтте сыртқы есіктен ішке қарай енді беттеген Сымбатты байқады Қайрат.
–Сәлем,Сымбат!
–Сәлем! Сымбаттың жүзінде беймәлім ұшқын ойнап шыға келді.Қайрат жайлап барып уысына арнайы алып қалған жауқазындарды әріптесіне күлімдей қарап,қолына ұстатты. «Бұл гүлдер саған,Сымбат».Қыздың ажары одан сайын құбыла қызара түсіп, «рахмет»деді де ұялған жүзін төмен түсіре «Домбыра»бөлмесіне қарай беттеді.Қайрат үшін бүгінгі күн қуанышты сәттерге толы болды.Жұмысында да көңілденіп,ұжымдастарымен әзілдесіп,әдемі күйде жүріп,үйіне қарай бет алған.Үйге жақындап келе жатқанда,бері қарай беттеген қос құрбы Баян мен Ардақты байқады да,жүрісін баяулата бастады.Баянның үйінің жанына келген құрбы қыздар қоштасып,бірі үйге кіріп,бірі кері қарай бұрылып жатып,Қайратты көріп тоқтап қалды.
–Сәлеметсіз бе,аға?
–Сәлем,Ардақжан.Жағдайың қалай?Емтиханға дайындық қалай?
–Жақсы бәрі.Дайындалып жатырмыз ғой.Аға....Мен сізге...Бір нәрсе айтайын деп....
Жігіттің жанары жалт ете қалды.
–Не ол?Айта ғой.
–Аға,өткенде жаңбырлы күні маған көмектесемін деп,өзіңіз ауырып қалдыңыз ғой.Соны естігеннен кейін менен де маза кетті.Өзімді кінәлі сезінгендей болдым.Ауруханаға барып хал-жағдайыңызды сұрауым керек еді.Бірақ....Бірақ...баруға ұялдым.
–Ол не дегенің,Ардақжан!?Жігітке қарындасты қорғау парыз емес пе?Оған өзіңді босқа кінәлама.Қайта мен саған салқын тиіп қалды ма деп алаңдадым ғой.Жігіт бойжеткенге «алаңдадым ғой» деген сөзді үздіге айтты.
–Аға,қазір халіңіз қалай?
–Жақсы,қалқам,бәрі жақсы.
–Ендеше,мен үйге қайтайын,аға,апам күтіп қалған болар.Сау болыңыз!
–Сау бол! Жігіттің даусы әдеттегіден жай шықты.
VII
Күлімдеген көктемнің соңын ала бере,жадыраған жаз айы да келіп,жер-Анаға жайғаса бастады.Күннің ыстық аптабы тал түстен төбеден төне түсіп,кешкі салқын салтанат құрам дегенше тіршілік атаулының тынышын алуды әдетке айналдырған.Бүгін де күнделікті күйбең тірліктің бір парағын жазып болып,ертеңге қаламын ұштап даярлап қойған жазушыдай түннің тынысы кеңейе түскен.Қайрат жақсы тынығып алармын деген оймен даладағы керуетіне жантайған.Сүттей жарық айлы аспандағы бір-бірімен жымыңдаса,сыбырласа жалт-жұлт еткен жұлдыздарға қарап,біраз ойға шомды.Анау бір шеткеректе елеусіздей ғана жарық беріп,бірде көрініп,бірде мүлде жасырынып қалып тұрған жұлдызды өзінің қолы жете алмай аңсаған,сырын білмей шаршаған аппақ арманына балады.Көздерін жұмды.Тәтті елестер бар қиялын билеп алып,алысқа асықтырады.Түн ортасы ауса да,жігіт көз іле алмай қойды.Беймәлім бір сезім келіп,ұйқысын ұрлап алғандай.Жүрегі де тынышсызданып,дүрсілдей соғады.Көзін ашса да,жұмса да аппақ аққудай ару қыздың бейнесі күлімдеп көз алдынан кетпей қойды.Жас жанын арпалысқа салған тізгін бермес асау арғымақ-сезімнен қашан арылар екенмін деп ойлады жігіт.Сезімнің сиқырлы сағаттары санасына сенім ұялатып,әлдебір уақытта барып жігіттің қайратты кірпіктері айқасқан болар,бәлкім.
Бүгін Қайраттың анасы Айман апа айрықша әбігерге түсіп,бір қызу шаруаға жең түре кіріскен.Өйткені,соңғы сынақ емтихандарын бітіріп,енді оқуға түсу қамына кіріскелі жүрген Баянның сыныптастары кешке қоштасу кешіне жиналмақшы.Азық-түлік әкелу,аулаға су сеуіп қонақтарды қарсы алу ісіне тағайындалған Қайратқа да тыным болған жоқ.Күн көкжиекке жасырынып,кеш түсе бастаған шақта әр тұстан топ-топ болып құлпырып,қуанысып келіп жатты жас түлектер.Бірін-бірі күтіп,тағатсыздана тосқан отырыстары кеш басталды.Әуелден тынық далада ойнаған әуенге елтіген жастар біраз билеп алып,дастарқандарына асықпай отырысқан.Сыртқа шығып бұрала билеген,әзілдескен бойжеткендердің ішінен Қайраттың жанары Ардақты іздеумен болды.Кіммен биледі,кіммен сөйлесті бәрін-бәрін жанары қалт жібермеуде.Жаңбырлы күні жолықтырған мазасыз жігітті Ардақтың жанына жуымаса деп тілейді.Қайрат даладағы үстелге жайғасып,үйге қарай көз тастаған.Жастықтың жалыны кеуделерін шарпыған жастардың түннің түндігін түре күлген күлкілері,әдемі шақтың куәсіндей қылып,қосыла салған әндері бәрі-бәрі сыныптастардың сүйкімді сәттерін сырттай сүйсіне бақылаған жігіттің көкейіндегі керемет күймен ұштасып жатты.Кенет үйден сыртқа қарай асыға шыққан Ардақты байқады.Іле-шала ізінен жүгіре шыққан жігіт :
–Ардақ,Ардақ деймін,тоқташы!Мен қалжыңдап айттым ғой.
–Жоқ,Талғат! Ойынның да шегі болады.Маған ештеңе айтпай-ақ қой!Бара бер!
–Өзің біл онда.Әзілді түсінбейді екенсің!Даурыға сөйлеген әлгі жігіт келген ізімен қайта үйге кіріп кетті.Ал Ардақ болса жаңағы жігітке қатты ренжіген болса керек,далада үнсіз тұрып қалды.Осының бәрін сырттай бақылаған Қайрат әлгі жігітке жетіп барып,оған дауыс көтеріп сөйлеу түгілі,көңіліне кірбің салуға болмайтын ақ періштесін ренжіткені үшін жазасын бергісі келді.Тек бұл ісі өзінің ағалық әрекетіне жараспайтын қылық екенін түсініп,өз-өзін әрең ұстады.Сонан соң жайлап қана Ардақтың жанына жақындады.Аяқ дыбысын әлгі жігітке жорыған Ардақ:
–Мазамды алмашы деймін, саған!–деді бұған бұрылып та қарамастан.
Мына сөздің не өзіне,не өзгеге айтылғанын бағамдай алмаған Қайрат қимылсыз қалды.
–Ардақ, ол сені ренжітті ме?
Қыз шошып кетті.Жанында тұрған бұны орынсыз әзілдерімен әлек ететін емес,керісінше ағалық қамқорлық жасап,қорғап жүретін жан екенін көріп,әлгі ісіне іштей өкініш білдірді.
–Аға....Бұл...бұл....Сіз бе?Мен....мен...әлгі сөздерді сізге айтқан жоқ едім..Кешіріңіз....
–Ештеңе етпейді.Жігіт аруға аялы жанарымен барлай қарады.
–Аға...Расымен де сізге айтпаған едім...Байқамай..
–Білемін...
Ардақ Қайратқа таңдана көз тастады.Демек,Талғат екеуінің сөздерін де естіген екен ғой. «Ұят болды ғой» деп ойлады қыз.Беті дуылдап сала берді.
–Ардақжан,мына мен тұрғанда сені ешкім де өкпелетуге қақысы жоқ.Түсіндің бе?Әлдебіреулердің саған қарап дауыс көтеріп сөйлегенін байқап қалсам,ол адамға менен ұзақ «сабақ» алуға тура келетін болады. Әлгіге де соны түсіндірейін дегем...
–Жоқ,аға,қажет емес. Ол–жай сыныптасым ғой.Өзі сондай қызық жігіт.Ардақ күлімдей түсіп,төмен қарады.Екеуі де үнсіз қалды.Айтылмақ сөз,шертілер сыр көп болса да,барлығы тек көмейде ғана көсіліп жатты.Екеуі де аспанға жаңа жайғаса бастаған,алтын айға көз тіккен.Жігіт бойжеткенге қарады.Неткен сұлулық!Әдемі қыр мұрыны мен қарақаттай жанары ажарлы бет әлпетіне өзгеше өң беріп тұр.Ай нұрына шомылған аппақ жүзі ерекше құлпырып,сұлулығын одан сайын арттыра түскендей.Көзқарасында нәзік қана ұяңдықпен қатар батылдық та байқалып қалады.Жігіт жүрегі өрекпіп,іште тұнып жатқан тұнық сырын бір-ақ ақтарып,аруға асау сезімінің тізгінін ұстатып,мендегі ғашық жүректің ендігі пірі мен падишасы өзіңсің деп ағынан жарылғысы келді.Әттең... Өзін арқа сүйер ағасы көріп жүрген қарындасы ағасының сүйенішіне емес,сүйіктісіне айналғысы келетінін білгенде қандай күй кешер екен деп ойлап,шырғалаң ойлар санасын шырмап алып,секунттар ішінде сергелдеңге салып жіберді.
–Ардақ....
–Ау,аға?
–Мен...Мен....
–Иә,аға...
–Мені неге «аға» деп атайсың?
–Білмеймін, мүмкін Баян солай айтқаннан болар...
–Мені аға деп атамасаң,қалай деуші едің?
–«Қайрат аға» деп... Қыз сықылықтап күліп жіберді.
–Ешқандай «ағаны»қоспай айтсаң ше?
–Ендеше, сіз де «Ардақжан» деп атамаңыз мені.
–Неге?
–Мені Ардақжан десеңіз,үлкен аталарға ұқсап кетесіз!Қыз тағы да күлді.Жігіт те еріксіз күліп жіберді.
–Жақсы. Ендеше былай болсын: алдағы уақытта сен мені тек қана Қайрат дейсің,ал мен сені Ардақ.Келістік пе? Жігіт бойжеткенге қолын созды.Ардақ жайлап қана саусақтарын жігіт алақанына ұсынды.
–Келістік.
Бірақ жігіт бойжеткеннің қолын босатпай қойды.
–Ардақ...
–Ау? Қыз қолын кері тартты.Бірақ қарулы қолдар жіберер емес.
–Сен маған ұнайсың...
Жігіт жаймен ғана тіл қатты.Бүкіл тіршілік,бүкіл табиғат тынысын ішке тартып,бір сәт тынып қалғандай болды.Қыздың қос жанары жігітке тесіле қарап қалған.Ақшыл жүзін бейне бір толқын шарпып өткендей болды. Жігіт сөзін жалғады.
–Ардақ,сен маған ұнайсың.Бұл жай ғана ұнату емес,сені жанымдай жақсы көремін.Бұл сезімнің мені шырмауына алғанына біраз болды.Мұны мойындау саған қаншалықты ауыр болатын болса,жүрегімді беймаза күйге салған сезімді өзіңе жеткізу маған да соншалықты қиынға соқты.Бірақ өзіңе ғана тиесілі асыл сезімді қашанға дейін жасыра алар едім мен?!Мейлі маған өкпеле,жазала мейлі.Алайда,өзіңе деген сезімнің шынайылығына күмәнданбашы! Жігіттің даусы дірілдей шықты.Алақанына қысып ұстаған қыздың қолынан да дәл сондай нәзік діріл байқалды.
–Сіз...Сіз... Қыздың жанары жасқа толып кетті,бейне бір есеңгіреп кеткендей күй кешті.
–Ардақ,ау,Ардақ? Оқыс шыққан дауысқа екеуі де бірдей қарасты.Қыз қолын дереу тартып алды.Бұл Баянның дауысы екен.Екеуін байқап бермен қарай жүрді.
–Сен осында ма едің?Үйде жоқ екеніңді байқап сыртқа шыққанмын.Жүрсеңші үйге.Сені таппай қалдым ғой.
Баян құрбысының жауабын күтпестен қолынан ұстай сала,үйге қарай жетелей жөнелді.Ардақ жайлап қана артына бұрылып,өзіне үздіге қарап тұрған Қайратты байқады.Қайратқос құрбыны үйге кіріп кеткенше көзімен шығарып салды.Жігіттің ерлігін мақтан тұтқандай аспандағы ай да сәулесін молынан себелей бастады.Қайрат сол орнында қанша уақыт тұрғанын байқамады да.Тек жүрек түкпірінде жатқан асыл сөздердің өз иесін тапқанына қуанды.Көңілін бір әсем ән кернеп,кең даланы кеудесіне сыйдырып алып,ғашықтыққа толы әуенмен әлдилегісі келді.
VIII
Жаздың соңғы айы да келіп табан тіреген шақ.Тамылжыған тамыз айы табиғатты тамаша күйімен тербейді.Осы айда бар жеміс-жидектердің пісетін уақыты сияқты,адамзаттың да өз еңбегінің жемісін көретін уақыты.Он бір жыл бойы оқып,білім алып,енді соның нәтижесін оқуға түскен шағында көретін талапкердің де тағдыры сонымен сарындас.Қазірде қос құрбының отбасында үлкен қуаныш қанатын жаюда.Екеуі де ұстаздық деген ұлы жолдың алғашқы баспалдағын басқалы тұр.Өйткені,сол мамандықтың болашақ иегері атану үшін,әне-міне дегенше,арман қуып алысқа аттанбақ.Босағаларынан ұзаққа шығып көрмеген көгершіндерін қимаған ата-ананың жүрегіне қуанышпен қатар,қимастық та орнаған.Бұндай сезім Қайраттың да жүрегін мазасыздыққа салған.Бірі қаны бір қарындасына деген,бірі жүрегі бір аяулысына деген қимастық сезімі жігіт жанын әбігерге салып жүр.Сергелдең сезімдермен арпалысып жүрген шақтаАрдақты кездесуге де шақырып үлгерді.Ұяла тіл қатып,ойлана жауап берген қымбаттысы келісті-ау,әйтеуір.Күндіз бірге жүруге қысылатынын айтқандықтан,кеш түсе бастаған уақытта бақта кездесетін болып келісті.Ғашық жанның өз асылымен жолығатын уақыты тез бола қоюшы ма еді?Секунттардың өзі сағаттай болып созылып тұрып алушы еді ғой.Ал сағат ше?Алдыға басқан тілі қайта артқа кеткендей бір орнынан тапжылмай тағатты тауысушы еді.Сондай сәтке өмірінде алғаш рет Қайрат куә болған.Күттіріп,төзімін сынға салған кездесудің уақыты да жетті-ау жайлап басып.Қою қара шашын қайыра тараған аққұба өңді келбетті жігіт күн көкжиекке қонақтап,кеш түсе бастаған уақытта қолына гитарасын ала баққа қарай бет түзеген.Ондағы ойы үнемі гитарасын көтеріп жүретін жігіттің ісіне ешкімнің күдігін тудырмау.Мәуелі теректер саясына алған орындыққа келіп жайғасып,ғашығын күтті.Қолындағы сағаты мен жол жаққа қайта-қайта қарағыштаған жігіт мазасыз күй кешті. «Кешікті ғой.Әлде келмейін дегені ме?» деген ойлар жанын жабырқата бастаған шақта жиегін жасыл шөптер көмкерген жол бойынан ақ көйлекті арманының бейнесі де көрінді-ау.Жігітке келе жатқан ару жүріп емес,көкте қалықтап келе жатқан ақ қанатты аққуға ұқсады бір уақыт.Кенет осы кезге дейін көңіліне келіп қонақтап,осы кезге дейін қайтаданесіне түспей әбігерге салған әсем әуен келіп,құлағына құйыла бастады.Дереу қолындағы гитарасын алып,іштей әлгі әуенді қайталай отырып,нотаға сала бастады.Әннің өзін ұмытып қалармын деген оймен,өлең шумақтарын қосып айтып көрді.
Мендегі асыл сезім падишасы,
Сағынтып, зарықтырып көріскен шын.
Мәңгілік қалар ғашық жүрегімде
Сен менің ақ қанатты періштемсің.
Кіршіксіз аппақ махаббатқа,айнымас асыл сезімге құрылған ғашық жанның әсерлі әні шартарапқа таралып жатты.Қолаң шашын бір иығынан түсіре өрген,ақ көйлегі самал желмен ойнап тербетілген ару да жетті сол шақта.Шынайы жүректен ақтарыла айтылып жатқан әнге елти келді,ери келді ғашық жігіттің жанына.Әнімен табиғатты сусындатқан жігіт өзінің жанына келіп жайғасқан аяулысына қарап отырып,әнін аяқтады.Сері жігіттің сезімін бұрымымен байлап алып,тәтті қылығымен бар болмысын баурап алған ару қыз жас жігітке көз қиығымен ғана қарап қояды.Ал жігіт болса,өзіне асықтырған асылына арбалып қалғандай қос жанарын одан айырар емес.Осылай қанша уақыт отырарын кім білсін?!Мұндай күйді бұрын басынан кешірмеген бойжеткен де жанын билеген беймәлім сезімге бас игендей күй кешті.
–Әніңіз әдемі екен.
–Сен одан да әдемісің,алтыным!Жігіт бойжеткеннің жанына барып,жайлап қана құшағына басты.Осы кезге дейін сиқырлы сезімге селт етпеген жүрегіне бірінші болып от тастаған отты құшақ қыздың жүрегіне беймәлім бір дүниені енгізіп жіберген еді.Енді міне тағы да солай.Бұл жолы қыз бұлқынған жоқ.Тек ақ маңдайын жігіттің кеудесіне сүйеп,үнсіз ғана тұрып қалды.Бетінен сүюге ұмтылған жігіттен жүзін көлегейлеп,әлсіз ғана қорғаныш жасады.Екеуінің де дүрсіл қаққан жүректері бірге соғатын тәрізді.
–Періштем менің,маған деген тамшыдай болса да сезімің болса мойындашы!–деді жігіт сәлден соң.
–Мен...Мен...
–Айтшы,қалқам!Сен келгенше сол сөзің азығым болсын менің!
–Сіз... Сіз маған ұнайсыз! Бойжеткен айтар сөзін айтса да,жүрегі тыныштық таппай әбден аласұрды.
Жігіт құшағындағы қымбаттысының жанарына тіке қарады.
–Аяулым менің,алыста жүргенде «өзге жанға көз салмаймын» деп уәде берші маған!
–Уәде беремін! Сол сәт жігіттің жанын қуаныш кернеді.Ең бақытты жанмын деп санады өзін.Жаратқаннан осы бақытынан айырмауын тіледі.Жүрек түкпіріндегі тағы бір сырын айтты жігіт:
–Сен келгенше сағыныштың сары уайым азабын тартатын болдым ғой,күнім-ау!
–Олай айтпаңызшы!Мені де уайымға саласыз ғой,әйтпесе! Қайрат Ардақтың маңдайынан сүйіп,қайтадан бауырына басты.
IX
Вокзал маңы.Бірі қимасын аттандырып,бірі күтіп алып жатқан адамдар.Сол жерде қос құрбы қызды аттандырып,екі отбасы да тұр.Екеуінің де анасы көздеріне келген жасты іркіп тастап,құлындарын құшағына қысады.Ал әкелері болса,көкейлеріндегі қимастық сезімдерін білдіртпестен,қыздарына ақ баталарын жаудырып жатыр.Ал Қайраттың жөні мүлде басқа еді.Есеңгіреген жандай алдындағы пойыздан көз алмай қарап қалған.
–Ай,Қайратжан,қарындастарыңның заттарын апарысып жібер!–деген анасының сөзінен кейін барып, орнынан қозғалды.Екеуінің сөмкелерін алма-кезек тасып болған шақта көздері мөлдіреп отырған қос қимасын кеудесіне басып тұрып,ақылын айтты.
–Ардақтыларым,жүрегімнің бөлшегі, аман болыңдар! Адал жолдан айнымаңдар!Көзді арбайтын қаланың қызығына алданып қалмаңдар!Сабақтарыңды жақсы оқыңдар! Жүректі тербеген бір сезім көтеріліп келіп,көмейге кептеліп,жігіттің сөзін ары қарай жалғастыруына мүмкіндік бермеген соң,өзіне жәудірей қарап тұрған қос қарлығашының беттерінен алма-кезек сүйіп пойыздан түсті.Шынжыр аяқты темір күйме ысқырынып барып орнынан қозғалды.Қайраттың жүрегі бүлк ете қалды.Қарындасының аман болуын,ал қымбаттысының өзіне адал болуын тіледі.
Жігіт арайлап атып келе жатқан таңға қарады.Ақ армандардай жөңкілген ақ шарбы бұлттар алысқа қарай ұмтыла түскен. Ол өз сезімінің падишасы тезірек қайта оралып,махаббат ертегісін мәнді етіп тәмамдайтынына сеніммен қарады.