Адам қарады: 50 | Жарияланды: 2017-09-15 17:04:14

   Көзқаман

          Қадалады тікен-ой миды қажап:

Көзқаманның кеп киген кейпі ғажап,

Салыстырма сен оны мәңгүртпенен,

«Іштен шыққан жау жаман»,  – дейді қазақ.

 

Бірін қойған мәңгілік сұрақ бүріп,

Ал бірінде машықты құлақ түрік,

Көзқаманмен кезіксең іс түскенде,

Көрісерсің мәңгүртпен жылап тұрып.

 

Бейбақ мәңгүрт, ой күңгірт, бейжай пенде,

Қандай талап қоярсың дегдар кемге?

Сана сөнген, ми семген, ол – бейшара,

Кінә қою күнә ғой бейдәрменге.

 

Өткен де жоқ ол үшін, келешек те,

Тойған қарын, тоқ көңіл, дем есеп пе?..

Мүсіркеуден басқаға батыл бармас,

Қорсынады оны қор демесек те.

 

Ал, көзқаман, бір көрсең, ол – білімді,

Бір кісідей меңгерген төл тіліңді,

Тарихыңды жатқа айтар, текті түптеп,

Бірақ, түбі бұратын сол – діліңді.

 

Беп-белгілі пиғылы өзге адамның,

Ең ауыры – ол бірі өз балаңның,

Біліп тұрып, астынан қиятұғын

Қылықтары кісәпір көзқаманның.

 

Ел тынышта елеусіз жүре берген,

Хан-талапай тұсында түрегелген,

Көзқаманнан қатерлі дұшпан болмас,

Тірі жүрген тірмізік жүрегі өлген.

 

Әр қимылы қадаулы қан алатын,

Әрбір сөзі көзеулі жан алатын,

«Ләппай, тақсыр» дегенмен, ниет шірік,

Жалған жіптей жыртыққа жамалатын.

 

Пайғамбарсып, көсемсіп, ербеңдейді,

“Елден бұрын мен бәрін көргем”,– дейді,

Алдыменен жер-көкті жалмап, үптеп,

Бірден байлық буынан кердеңдейді.

 

Саясатпен сақтап кеп дилы күшін,

Пайда сезсе дес бермес, қимылы шын,

Байлық үшін таласта ол таскерең,

Бәрін тайпап өтеді билік үшін.

 

Құйқылжытып күмәнді құйын-елес,

Ар  мен ұят ол үшін тиым емес,

Кештік бедел, жеңсік ас оған қуат,

Ордалы ел, қордалы ауыл бұйым емес. 

 

Әттең, намыс әу бастан телінбеген,

Қазақ атын жасанды желімдеген,

Ұлтым деген ұғым жоқ ондайларда,

Жұрдай олар сезімнен Елім деген.

 

Елдің қамын жегенсіп көстеңдейді,

Жасуынан иненің өтсем дейді,

Жіліктің майлы басын қармаған соң

Беті қалың, қан шықпас, сөксең, мейлі...

 

Айтаққа мас үрген мес зорсынады,

Қақтан жеріп, қатарын қорсынады,

«Өзі шошқа басқаны ит деп ойлар»,

Мезгіл-мезгіл естілер қорсылы әлі.

 

Ол жөнекей болады жауға сыңар,

Көлегейлеп көз жасын дауда сығар,

Дауа тілеп көрмеген сол сілімтік

Бата сұрау орнына сауға сұрар.

 

Туым – бірлік! Көрген жоқ ауып тілек,

Ой тумасын өзіне жауықты деп,

Сақ ұрпағы – алашым, сақтаныңдар,

Барлық жаудан көзқаман қауіптірек!

Қазақ тілінде жазылған