Мен Дубинкамын!
Танысыңыз, мен Дубинкамын!
Туған жылым белгісіз. Русызбын. Солқылдақ. Түсім қара. Арқадан ұруға ыңғайлы етіп ұзындау резинадан жасалғанмын.
Міндетім, конститутциямыздың демократиялық талаптарына сай елімізде тәртіп орнату. Менде көз, құлақ жоқ! Естімеймін. Көрмеймін. Тілімде жоқ мылқаумын. Азаматтарды сартылдатып сабай жөнелгенде байғұстар бажылдап кірерге жер таппай қаша жөнеледі. Жаратушыға өкпем жоқ. Құқықтарым шексіз. Қалай ұрамын. Бастан ба, арқадан ба өзім білемін. Сондықтан маған сұраныста жоғары. Қандай проблема? Қазір шешемін. Мен аралассам жылаған бала уілдеп, халық қалың ұйқыға кетеді. Қараңыз. Айнала тыныштық. Шыбынның ызыңы естіледі. Қамшы, таяқпен шатастырып алмаңыздар мені. Мен ұрсам талдырып реанимацияға түсіремін. Абыройымда жоғары Халықаралық ұйым мені «Дубинка» деп танып, куәлігімде мамандығы «ұрғыш» деп жазылған. Аяушылықты білмеймін. Әкемді де танымаймын. Көшелерде бір рет көрінсем, талапшылдар тақпақ айтысып, көпіргіш демократтар іннен-інге тығылып, зым-зия жоқ болады.
Дубинка деген құдірет мен боламын! Мен ұйықтатып, оятып, мен жылатып күлдіремін. Қаласам сабанның үстінде билеп, ғашықтар туралы ән шырқайсыз. Менің жүрмейтін жерім жоқ. Жұрт мені таниды. Аэропорт, Вокзал, орталық алаңдарда құжаттарыңызды тексеріп мен жүремін. Ысылдаған даусымды қошаметтеп тәу етіңіздер маған. Уақытпен санаспаймын. Жиналыс жасауға адам керек пе, қабағымды түйсем болды мұғалім, дәрігер пенделеріңіз залды толтыруға жүгіре жөнеледі. Өркениетке қосқан үлесімде зор. Талапшылығым жоғары. Арқадан үш удар! Үш тіл түгел он үш тілді тақылдап лексикон граматикасымен қосып жаттап аласыз. «Аюға намаз үйреткен таяқ» - дейді. Таяқпен бұрын үйреткен. Қазір бес уақыт намазды сіздерге дубинка мен үйретемін. Арқадан жақсылап алты удар! Ұлы даланың перзенттері менің амандығымды тілеп жаппай жайнамазға бас қоясыз. Сұлатып салмасамда, құлатып саламын.
Осының бәрі кімнің арқасы? Дубинка менің!
Еңбегім дер кезінде еленеді. Мерекелерде мен. Жиналыстарда мені атайды. Айналайын командирлер саптың алдына шығарып, алғыс жариялап омырауыма медаль тағады. Тұрмысымда жоғары. Той, сауналарға тәртіп үшін заказдар қабылдаймын. Мен есіктен сығалағанда «ананы» шәйнекке құйып ішіп отырған қариялар өтірік жөтеліп, сызылып кіріп сызылып шығады. Сауналарда тек сұлулардың сыңғыры естіледі. Тәртіп пе, тәртіп!
Тарифімде жоғары. Доллармен:
талапшыл пенделерді ұру мың.
Патриоттарды естен тандыру екі мың
Оптом сабап шығу он мың!
Көрдіңіздер ғой. Бір бағдарламамен шетелде оқығанмын. Достарыммен сөйлесіп хабарласып тұрамыз. Жаңалық! Енді олар өз мүдделерінің талабына орай арқадан емес, дізенің көзінен ұруды ойлап тауыпты. Осы тәжірибені қолдансам ба, жоқ па ойланып отырмын.
Арғы атам «Шоқпар» екен! Сойыл емес. Энциклопедия, ертеде жартастардағы жануарларды аулаған бабалардың суреттерінде де солай. Батыстық мәдениетке еліктеп дубинка аталыппын. Мақтансам болады ғой. Болады!
Олай болса еліміздің жарқын болашағы үшін парақор, жемқор талапшыл азаматтарды сабап тоқпақтай бермекпін.
Дубинка деген көкеңіз мен боламын!