О, дүниеден оралған пенде
Өлгендердің қайтіп келмейтінін білетінмін. Табиғат заңына қарсы шыққан мұсылман пенделерден әзірге өзім екенін сезсемде, жаратқанның маған мейірімі түсіп қайта тірілдім.
Бұрынғы өткендер өзінен соң жарық дүниеде мақтаулар мен даттаулар айтылатынынан мәңгіге хабарсыз болсада, осы мүмкіндіктің адамзат ішінде өзіме бұйырғанына қатты қуандым.
Енді елдің мен туралы не дейтінін білмекпін ғой! Жайлап салқын самал есіп тұр. Қашанғы отыра берейін. Жолға түстімде үйіме қарай аяңдадым.
Жол дегеннен шығады, мені осында әкелгенде шаң-топыраққа көміліп әзер жеткен болатынбыз. Оғанда тас төсеп үлгеріпті-ау! Міне, айналайын қасиетті мешіттің алдынан да өтіп барамын. Жұрт дегеніңіз көл-көсір. Соған қарағанда күн жұма намазға жиналған адамдар болса керек. Әрине мен қыдырмашы елеусіз кісі боп өткенім үшін маған ешкімде назар аудара қоймады.
Сәл жүрсем ауыл көрінбекші. Жүрегім атқақтай соқты. Бұрын болмаған жағдай таныстарым мен достарыма қалай көрінбекпін, деп ойладым. Мендей бейшараның болғанын ұмытыпта кеткен шығар. Мені алғаш танып, көз жасымен қоса құшақ жая қарсы алған «Ақниет» бірлестігінің - бас есепшісі ескі досым Ерден болды. Алла оған ұзақ өмір берегөр деп тіледім. Мен тірілейін деп тіріліппін бе, тағдырдың маңдайыма бұйырған шөбі осылай түссе оған не шара!
Біз алғашқыда жыласып табыссақта аптығымыз басылып өзімізге келген соң досым мені тергеуге ала жөнелді. Шын дос деп осыны айтса керекті.
- Әй, неге келдің?
- Неге келмеймін!
- Адам емес екенсің.
- Е, не болды соншама?
Әлі жетіңдіде өткізген жоқпыз. Өлдің бе? Өлдің! Жарық дүниеге не бітіремін деп келдің? Досымның маған деген жанашырлығы мен берілгендігін бұрыннан сезіп жүретінмін. Сосын да оның тосын сұрақтарын көңіліме ала қоймадым.
- Маған салса жата бергім-ақ келіп еді....
- Жатпадың ба енді құдай де-еп!
Оның қимастықпен айтып өкінгенін біліп тұрмын. Алайда ол менің жағдайымды теріс түсініп, қайта оралған жарық дүниемде екеуміздің арамызға сызат түсіп қара мысық жүгірмес үшін болған істі толық баяндауыма тура келді.
Дос-ау, дедім оның абыржыған түрімен шарасынан шыққан көзіне таңданыспен қарап тұрып. Шала өлгенмін ғой мен! Сосын да мұндағылар баяғы әдетіне басып асығыс көме салған.
- Ол жақта тыныштық па екен?
- Дың деген дыбыс жоқ!
- Қарызыңды да сұрамай ма?
- Бос сөз! Екі-үш күнге дейін ешкімді де көрмедім. Кең бөлмеде көсіліп жатып кейде зерігесің. Бір мезгіл ән салғың келеді.
- Әттең-ай десеңші! Жаратқан бір мүмкіндік беріп еді, оныда дұрыс пайдалана алмай тіріліп кеттің. Айтып отырса оныкіде жөн.
- Қойшы, сенде қуып кетесің дедім.
- Қуатын түгі де жоқ. Есебін тауып о дүниелік болу да қиын шаруа. Өзің-ақ ойлап көрші, кездейсоқ көлік апатына түсіп өлейін десең, жол сақшылары тәртіпті күшейтіп оған жол берер емес.
Суға батып өлейін десең, құтқарушылар тобы күндіз-түні жарығын жағып су бетінен кетер емес.
Сонда не істемексің?
Пара беріп, таныс арқылы тапсырыспен өлмесең басқа жол жоқ. Осыда себеп боппа, шын кетейін деген пақырға желеу көп қой, деп мен тұрмын. Ерден болса сөйлеуін қоймады.
Өлсең рахат! Қаншама қарыз-құрызбен коммуналдық төлемдерден құтыласын. Конкуренция деген атымен жоқ.
- Солай ма?
- Енді қалай деп ойлап едің?
Сенің өлгеніңді басқа түгел дос-жарандарыңның өзі көре алмай жүр. Бәрінің айтатыны: Сәлмен дер кезінде өліп ұтып кетті дейді.
Әсіресе бірге істесіп, сөгіс жариялаудан ары аса алмай жүргендердің өзі, ағамыздың бет-бейнесі жүрегімізде ұзақ сақталады деп зар еңірегені сен үшін бақыт емес пе? Мен бұл жағын ойласамшы.
- Әрина бақыт ! деп міңгірледім.
- Тірі болсаң осынша сый-құрмет көре алар ма едің?
- Көре алмас едім!
Адамдардың өзіде қызық. Мен ғой досым Ерденді осылай сөйлер деп ешқашан да ойлаған емеспін.
Айналайын-ау, деді ол. Қырық жыл жазып-сызып жетпеген абырой-атаққа өлгеннен соң бір-ақ күнде жеттің ғой. Әне, оқып көр Әлменов Сәлмен:
«Қазақ елінің халық жазушысы»
«Парасат орденінің екі мәрте иегері!»
«Азия даусының жеңімпазы»
Ол және бірнәселерді айтып шұбырта берер ме еді, сөзін бөлдім де:
- Қойшы, енді мен әнші болған жоқпын ғой дедім.
- Тірі кезіңде болмасаңда өлгеннен соң болдың.
Сен кеткен соң БАҚ өкілдері: Әдебиетіміздің бір бұтағы сынып түсіп өнеріміз орны толмас өкінішке ұшырады депте жазып жатты. Хабарсызсың ғой сен онан!
Міне мұнысы енді ұят.
Қайта тіріліп келгендегі мақсатымның өзі о дүниелік болғаннан кейін достарымның мен туралы қалай сайрап жүргенін білу емес пе! Баяғыда шығармашылық ортада өзімнің қадірлі екенімді білсемші - О, құдай!
- «Саған жаным ашиды» деді ол мені көлеңкеге тарта түсіп. Сенің аузыңнан шыққан сөздерді тірі кезіңде қалай байқамағанбыз:
«Ағайын сенің бақытың бірлікте» Кімнің сөзі ? Сенің сөзің! « Қазақтың түбіне кеңпейілділігі мен қонақжайлылығы жетеді. Кімнің сөзі? Бұлда сеніке. «Инфляцияның өлетін күні алыс емес» Оныда мен айтыппын!
Мен білгір,
мен көреген!
Айналайындар-ау, данышпан екенмін ғой мен. Төңірекке көз салсам, дүкен, ұйым, тағы бір серіктестіктердің маңдайшаларына менің сөзім жазылған көк маталарды жалбырата іліп тастапты. Онысы желмен селкеулене тербеледі.
Осының бәрі менің бағым ба екен !
Шындығында ертеректе осы мазмұндас бірдеңелерді жазған сияқты едім.
Кейін айналайын пысықайлар бір басылымда: « Осыда дүние боп па! » - деп өре түрегелген соң қоя қойған болатынмын. Көрмейсіз бе енді сорыма қарай мен кеткен соң ұранға айналғанын. Оны мен біліппін бе!
Көзімде сәлде болса үміт оты оянды. Адам шексіз бақытқа кенелгенде басы айналып көзі тұнатыны бар. Құлағым шуылдап, басым айнала бастады.Сосын сұрай қойдым.
- Осы құрметтің бәрі маған ба?
- Әрине саған. Ол аз болса сүйінші!
Мен сенбедім.
- Ол не? - дедім таңырқаған түрмен. Сен кеткен соң қатын-балаңа үй сыйлап, өзіңе ескерткіш тақта орнатты. Газ бен суда тегін! Барлығын мемлекет өз мойнына алды. Осыны біліп тұрып қайта тіріліп келгеніңе күйіп кетемін ғой! Бұл досымның сөзі.
Құдай-ау! - дедім шаттықпен кісіліктің әсеріне бөленіп тұрып. Бұл қай кереметің ? Менің білейін дегенім де осы емес пе! Осылай дедім де ыңғайсыздыққа ұшыраған кісілердің кейпіне түсіп аяғыммен жер сызып тура бердім.
Көшеніде асфальттапты! Оны да осы кез байқадым. Көпір де салып үлгеріпті.
Кезінде әкімшілікте осы үшін қаншама айғай-сүрең болып бет жыртыспадық десеңізші . Арыз да жазысқан едік-ау! Жанымыздан гүрілдей қозғалып ағаш тиеген камаз машинесі өтті.
Сенің тіріліп келгеніңді мектеп оқушылары біле көрмесін деді досым.
- Е, неге?
Біздің баяғыдан әдетіміз емес пе, ақын жазушылардың атын мектепке өлгеннен соң беретін . Сеніде сүйтіп мектепке атыңды бергенбіз. Оқушылар құлпытасыңның басында күніге құрметті қарауылға тұрады.
Бұл күтпеген жаңалығым болатын. Меніде елеп-ескерер ізгі жандар бар екен де!
Алыста көгілдір таулар мұнартады.Бітпеген құрылыс нысандарын да көріп тұрмын.
- Ұят болыпты-ау! - дедім демімді тереңірек алып.
- Айтары жоқ!
- Енді не істеймін?
- Не істейсің. Атақ-абыройыңды сақтап қалудың бір-ақ жолы бар деді Ерден досым.
- Ол қандай жол?
- Қайтадан шындап өлу.
- Өлгені құрысын! - дедім тұла бойым қалтырай дірілдеп. Алла маған мұндай мүмкіндікті күнде бере бермес.
Бақилық дүниенің тылсымдары мен ғажайыптарының фәни жалғанмен теңесе алмайтынын тірілген кезден сезгенмін. Өмірдің тәттілігін ұғындым.
Сосын үйіме қарай асықтым. Олардың мені қалай қарсы аларын кім білсін.