Сайлау қарсаңында немесе "Есектің артын жу да, мал тап"
Таңғы шайды ішіп алып, енді жұмысқа барғым келмей, кежегем кері тартып отыр едім, далада машинаның «бампылдаған» сигналы естілді. «Е, сүт сататындар келген екен ғой» деп, қазір ғана «детсад»тан қашып келіп, ентігіп отырған, еріншектігі тура өзіме тартқан бес жасар баламның қолына бес литрлік банкіні ұстатып жіберсем, оның барғанынан келгені тез болды.
– Е, сүт жоқ па екен?
– Сүт емес, канде..., кандиденттер екен!
– Не үлестіріп жатыр?
– Үнемі дүкеншенің қасына жиналатын ағайлар, бүгін қолдарына қауға-шелектерін алып, солай қарай шауып бара жатыр, бұл жолы да бадабозбен сіздердің жақсы көретін спы... спр... суларыңызды әкеліп тегін таратып жатыр-ау...
«Охоо! Охох-хо!»
Жаңағы еріншектігім жайына қалды. Отыз сегіз литрлік дәу фләкті арқалап мен де бардым. Өшерет ұзап қалыпты. Әшейінде әңгімелесуге пенсия беретін күнннен басқа уақытта таптырмайтын ақсақал-көксақалдар қауқылдасып, бірін-бірі иықпен қағып, қақпақылдап өшеретке таласуда. Баяғы кластастарым – Пыстан, Ыстан, Дамбалбай және Тіріжан мен Хуторбек қутыңдап жүр. Осы Ыстанның қарындасы – Мыстанның күйеуі Мысқал келді ентігіп. Ол менің соңымнан өшерет алды.
Халайықтың қолдарында шелек-қауғаларына қосымша таңқа, дүңгір, мес, шанаш, фләк, метей, бұлқыншақ, торсық, көнек, құмыра, күбі, піспек, самаурын, көзе, астау, құман, тостаған, шәйнек, тегене, керсен, шара, зерен, саптыяқ, ожау, шөміш, леген... Қойшы, әйтеуір әркім үйінен тапқан ыдысын әкелген, мен бәрін тізе берер едім, өшерет соңына көз жеткізе алмадым. Айтпақшы, тіпті кейбірінде екіжүз литрлік бөшке!!!
Бұл жолы қайсы кәндидәнт әкелген екен бұл «жемді»? («Жем» дегенімізді бұл жерде балық ұстау үшін қармақ ұшына қыстыратын тағам деп түсінуіміз шарт)
– Ау, жамағат, халық-балыққа «жемді» бұл жолы кім тастапты, а?!
– Егеуәлі туысқаныңыз ғой – деді, бадабозшы шопыр бала шлангіден тегін спиртті ыдыстарға өшеретпен құйып жатып.
– Не дейді-ей, әлгі өзіміздің кәуәкбас Егеуәлі ме?
– Йә, сол сабанбасыңыз, за то алтынқалта!
– «Ойбай, ой, пірім-ай, опырмай!». «Естімеген елде көп» деген, мектепте жүргенде «а»-ны «ә»-ден ажырата алмаушы еді, енді халық қалаулысы болмақшы. Қой, мұндай жаңалықты Егеуәлінің әкесі – әлгі Қайрақ шалға (кличкасы Аңырақай шал ғой) айтып көрейін, ол қайтер екен, қуанар ма екен, әлде әділдігін айтар ма екен – деп, Аңырақай шалдың үйіне қарай шаптым. Бірақ фләгімді өзімнен кейін өшіретте тұрған Мысқалға тапсырып кеттім. Кетерімде «әй, ортан белінен емес, өңешіне дейін шөлпілдетіп құйдыр!» деп, сұқ саусағыммен кеудесінен нұқып тапсырдым. Сосын осы тапсырмамды жұдырығымды мұрнына иіскетіп, бекітіп бердім.
Аңырақай шал тоңқаңдаған осырақ қоңызы көп малқорасының көлеңкесінде жамбастап жатып алып, қасында мұрынбоғын анда-санда ұшы жерге жете бергенде «қорс» еткізіп бір-ақ тартып алып отырған немересіне ләңгі жасап беруде екен.
Мен оның ләңгі жасап болуын күттім. Қыңыр шал да үндемеді. Мен де үндемедім. Үндемей күтсең, біраздан соң өзі-ақ жібиді, тағатпен күтуің керек. Міне, мынау мұрынбоқ – Жәуек те үндемей отыр. Тек тыныштықты оның анда-санда «қорс» етіп тартқан мұрнының дауысы бұзып тұр. Жүгермек, сіңбіріп тастаса қайтер еді!? Әттең, қасында «крышасы» отыр, әйтпесе бір желкелеп алсам, үлкен сауапқа калар едім. Тәрбие ғой, тәрбие!
Аңырақай шал алдындағы дайын болған ләңгіні Жәуекке ұстатар алдында өзі «проба» жасауға дайындалып, шибарқыт шекпенінің етегін қолымен артына түре ұстап, сақалы селтеңдеп ләңгі тебуге кірісті. «Бір пара, екі пара» деп, қырықтан асырды. Қырықбеске әкелгенде «люр» тепті. Қатарынан бес «люр» теуіп ләңгіні қағып алып, оның жүндерін тарап-тарап жіберіп, Жәуектің қолына ұстатты. «Испытаниені» мүкіссіз жасаған шалға риза болып, басымды шайқай бердім. Менің де қотырым қышығандай, ләңгі тепкім кеп кетті. Содан ытқып барып Жәуектің қолындағы ләңгісін тартып ала беріп едім, Саңырақ шал:
– Осы сенің-ақ отызға келсеңде, ойының қалмайды екен, селтеңдеп енді ләңгі теппекшімісің, жұмыс қайда, қашан адам боласың, тиме ләңгіге, тоздырасың! – деп, қолымды қағып жіберді. «Ләңгіні қызғанған түрі ғой, Жетпіске келген өзінің сақалы селтеңдеп қырық бес пара мен бес люр тепкенін білмейді. Істегіш болса өзі неге жұмысқа бармайды екен», деп іштей өкпелеп кейкиіп тұр едім, бетіме енді жылы жымиыспен қарап, жаңа әлде астына төсеп отырған сбежий газетті маған ұсына:
– Мына кәзитке анау біздің күшіктің суреті шығыпты, оқышы, оның несі асып тұр екен? – деді.
Мен отыз екі беттік қалың кәзитті аударыстыра бастадым. Суретті іздеп жатырмын, бірақ күшіктің суреті көрінбейді. «Қайсысының суретін шығарды екен, «Мойнақ»-тың ба, әлде «Құтжол»-дың ба?» Отызыншы бетке дейін іздедім, күшіктің суреті жоқ. Отыз бірінші бетте қодиып Егеуілінің суреті тұр. «Ой, ит-ой?» дедім.
– Таптың ба?
– Жоқ ғой, күшіктің суреті!
– Енді кімге «ой ит-ай» деп отырсың?
– Өй, әшейін, ана Егеуәлінің де суретін шығарыпты...
– Мен соны айтып отырмын «күшік, деп», оқышы не деген екен?!
– «Облыс мәслихатына депутаттыққа кандидат – Малтатасов Егеуәлі Қайрақович» депті.
– Не дейді-ей, айттым ғой, «түбінде осы күшіктен бір нәрсе шығады» деп...
– «Бағдарламам» депті.
– Сосын?
– Мен депутат болсам бүйтемін де үйтемін. Мынасын мынандай ғып қатырамын, анаусын анандай ғып асырамын. Сосын бар ғой, тағы бүйтемін, Сосын тағы өйтемін. Ұмытып барады екенмін ғой оны да қатырамын. Тек мені, мені ғана сайлаңдаршы, халқым! Ой бір қатырар едім! Менің девизім – жекеменшіктен жемеймін. Халықтікінен аз-аздап ғана... Тек ғана бюджеттен опырамын, оның сіздерге келіп кетері жоқ. Шіркін-ай, атыңнан айналайын «тендер-ай!» Сен маған алғашқы махаббатымнан да ыстықсың ғой!
– Әй мына күшік қалай-қалай сайрайды-ай, «тандыр» нанды айтып тұр ма, жарықтық тандырнанның жаңа піскендегі иісін айтсайшы! Бірақ «үйтемін де, бүйтемін» депті. Ау, «Алла бұйыртса көрерміз» десе қайтеді екен?
– Өй, көке «қатырамын!» деп уәде бермесе оны халық сайламайды ғой. Сосын «тандыр нанды» айтып тұрған жоқ, «тендер» дейді.
– О несі?
– О-оо, көке, бұл әрбір кандидаттың арманы, бұл Ұлы Мақсат! Бұныңыз тандыр наннан да тәтті. Біле білсеңіз бұл әрбір белсендінің қолына қондырғысы келетін «Бақыт құсы» Жұрттың бәрі сол үшін депутат болғысы келеді.
– Қой оттама, араларында халықтың да жағдайын ойлағысы келетіндері бар шығар...
– Бар болса бар шығар, бірақ өте аз...
– Көріп келгендей соғасың-ау, бірақ мына күшікке не жоқ, қолынан келер ме екен?
– Келмесе келтіреміз, бір адам таққа мінсе, қасындағы қырық адам атқа мінер» деп атам қазақ айтқандай, жандайшаптық жасамаймыз ба? – деп енді мен құнжыңдап қалдым. Егеуәлінің программасы маған қатты ұнады-ау деймін, енді Аңырақай шалға ақыл үйрете бастадым:
– Көке, әгәркім Егеу депутат болса, біріншіден Сіздің атыңызды көшенің аты етіп қояды. Заправка салдырады. Біздерге «тендер» ұттырып береді. Шымшықбай жиеніңіздің автобусына «маршрут» әпереді. Ата-баба туралы, өзі туралы қалың-қалың кітап шығартады. Баяғыда дүкен тонап, шетелге қашып кеткен ағаңызға қоладан ескерткіш қойдырады. Немістермен соғысуға барғысы келмей бес жыл бойы үй алдындағы отын жиналған жердің астындағы ініне тығылып өткен нағашы атасына «Халық қаһарманы» атағын бергізеді. Өзі әбден байиды...
...Ә, айтпақшы мен неге сөйтпеймін?! Мына Егеуәлінің қарайгөр-ей, пысықтығын. Білдірмей кандидаттыққа өтіп алғанын қарашы-ей, а? Мен неғып жүрмін? Қап осыдан... Қазір тез барып анау фләктегі спиртті үйге апарып тастайын да, кандидаттыққа тіркелейін...