Қарапайым махаббат
2 актілі романтикалық драма
Қыз
Жігіт
Егде әйел
Қария
«Көркемсурет студиясы» деп жазылған шеберхана. Қыз, екі шетте тұрған мольберттерге сурет салатын қағаздар қойып, келушілерге жұмыс орнын дайындап жүр.Ештеңеге құлқы жоқ Жігіт, керіле басып кіреді. Қыз, Жігітке мән бермейді. Жігіт, Қыз қайда жүрсе – сонда, алдына барып тұра қалады. Қыз, көрмегендей жұмысын жасай береді. Жігіт, амалсыздан алдымен тіл қатады.
Жігіт. Сәлем?!
Қыз. Жұмыс басталмай жатып кешігетін болсаң...
Жігіт. Уау?! Амандықтан бұрын – жамандықты бастамай қоя тұршы... Келдік қой?!
Қыз. Келгенің міндет пе?..
Жігіт. (қолдарын төбесіне көтеріп) Берілдік?!. Қайталанбайды!..
Қыз. Солай болсын?!. Жаңа істі бастау оңай емес. Қалада не көп – көркемсурет шеберханасы көп. Біз...
Жігіт. (іліп кетіп) «Зейнеткерлер әлемін – әсемдікке жетелейтін» жалғыз шеберханамыз!..
Қыз. (күліп, Жігіттің мұрнына бояу қылсаппен шұқып қалып) Соны білсең, алғашқы күнді көңілді бастауға атсалыс.
Жігіт. (жылқыша кісінеп) Атсалыса шауып келдік?!
Қыз. (сықылықтай күліп) Хи-хи-хи?! Шығармайтының жоқ?! Бәсеке заманында келуші табу оңай емес?! Шеберханамызды қай жастағы адамдарға арналғанын...
Жігіт. (сөзін бөле көмекке кірісіп) Әй, қайдам?!. Өмір бойы тырбаңдаған тіршіліктен шаршап, зейнеткерлікке қолдары енді жеткен қариялар, сурет салғанға қызыға қоятынына өз басым сенбеймін?!
Қыз. Пессимист мырза, асықпасаң көрерсің?!
Жігіт. Көрсек – көрерміз?! Оларың орнында болсам... Талтүске дейін ұзақ жылдар бойғы таңмен тармаса қанбаған ұйқыны қандыреееп, шалқамнан түсіп жатар едім?!
Қыз. Жұрттың бәрі сен сияқты жан баққанды жақсы көретін маубас деймісің?! (мольберттерді қозғалтып) Оданда, көмектес!..
Жігіт. (кемектесіп жүріп) Ұйқыны жақсы көретінімді жасырмаймын?!
Қыз. Абайласаңшы?!
Жігіт. А, былай ма?! Қазір?!. (жөндеп қойып жатып) Сені айтамын да?.. Әп-әйбәт ақылың бар қызсың?! Білмейтінің – жердің астында! Сөйте тұра, өліп-талып тапқан ақшамызды, қайдағы миға қонбайтын жобаға тіккеніңе таңқаламын?! Айналайын-ау, миы солып, ақылы азайған қартаң-сұртаңдарды жаңа өнерге жетелегенше, ана... Баласын суретшілікке қалай баулырын білмей жүрген қалталы ата-аналарға тіксеңші?!
Қыз. Ғалымдардың зерттеуінше...
Жігіт. «Адамдардың шынайы таланты зейнеткерлікке шыққаннан соң ашылады...» Мерьси?! Соларсыз-ақ суретімді салып жүрмін. Кез-келген жерге ғалымдардың тықпалайтының не?
Қыз. Кешір?.. Ғылым болмаса, сурет өнерін өзің қайдан үйренер едің?!
Жігіт. (көңілді көмектесе жүріп қуақылана) «Әу» баста сурет өнері сонау тас дәуірінде... Жабайы адамдардың тасқа қашап салуынан басталып, еш ғылымсыз-ақ - әлемге жайылған. Ескертемін... Осыдан жоба тақырға отырса, өз бөлігімнің толықтай өтеуін талап етемін!..
Қыз. Туһ, ақшадан басқа ойларың бар ма?!
Жігіт. Пардон?.. Ақшаға – әлемді билеткен мен емес?!
Егде әйел. (жасқана кіріп) Сәлеметсіздер ме?..
Қыз бен Жігіт таңданыса бір-біріне қарайды.
Қыз. (қуанып) Сәлеметсізбе?
Егде әйел. Зейнеткерлерге арналған сурет шеберханасы ашылды деп...
Жігіт. О?!. Адаспастан дөп түстіңіз?! Келіңіз... Жоғарылатыңыз?!
Енде әйел. (қысыла кідіріп) Хабарландыруда айтылғандай... Мен – зейнеткермін...
Қыз. Иә, Қош келдіңіз?! (сөзді неден бастарын білмей сасқалақтап) Зейнеткерлікке шыққан қарияларымыз көбіне үйде отырып, өзін қажетсіз сезініп... Күйзеліске жиі ұшырайды дегенді оқып, сіздің жастағы қарияларымызға рухани қолдау көрсетпекке...
Жігіт. (Қызды мазақтай қолдап) Иә... Күйзелістен құтқаратын орталық аштық! (Қызға бұрылып) Ғалымдардың айтуынша...
Қыз. (Жігіт біреңені бүлдіреді деп қорыққаннан асығыс іліп кетіп) Әдетте, жастарға арналған орталықтар жеткілікті. Қарияларымыз ескерусіз қалып жатады. (Жігітті меңзеп) Досымыз екеуміз...
Жігіт. Бизнес-серіктесім?..
Қыз. Аһ, иә... Бизнес-серіктесім екеуміз ойлана келе бірігіп, осы көркемсурет шеберханасын аштық.
Жігіт. Қысылмаңыз?..(Сасқалақтаған Қызға мазақтай күле қарап тұр)
Қыз. А?.. Иә, қысылмаңыз...(мольбертті меңзеп) Жұмыс орыныңыз сізге қызмет көрсетуге дайын тұр... Қарындашпен...
Жігіт. Қаласаңыз бояумен салуыңызға болады.
Қыз. Иә... Бояумен салуыңызға болады...
Егде әйел. (қысыла қызарып) Рахмет... Мен... Өмірімде сурет салып көрмегенмін... Мектепті есепке алмағанда...
Қыз. О?! Еш оқасы жоқ. Адамдардың көбісі сурет сала білмейді.
Жігіт. (Қызға миығынан күліп) Бір қызығы... Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек; «Өз бойында керемет суретші тұншығып жатқанын білмейтін адамдар жиі кездеседі» екен?!
Егде әйел. Қойыңызшы... Рас па?!
Жігіт. Көп ұзамай, растығын өз көзіңізбен көретін боласыз. Менің бизнес-серіктесімнің сенімі солай? Қаншалық шындық екеніне сіздермен бірге менің де сенегім келеді.
Егде әйел. Алдымен үйретесіздер ма... Әлде, өз қиялыммен жобалап сала беремін бе?
Жігіт. Әлбетте, алдымен үйретеміз!..
Егде әйел қымсынып, тұрып қалады. Қыз, Егде әйелдің күйін аңғарып, көмекке ұмтылады.
Қыз. Егер, қаласаңыз өз қиялыңызбен салуыңызға болады. Еш қысылмаңыз... Біз... Мүмкіндігінше жұмыс барысында көмек көрсету арқылы үйретіп отырғанымызға қалай қарайсыз?..
Егде әйел. Дұрысы сол... Көмек көрсеткеніңіз ғой деймін?.. (қысыла күлімсіреп) Үйреткенді қабылдауға миым жете бермес?
Жігіт. (Қызға сарказммен қарап, Егде әйелді жұбатқан болып) О не дегеніңіз?! Ғалымдардың айтуынша; «Адамдардың шынайы таланты зейнеткерлікке шыққаннан соң ашылады екен?..» Сіз – сол ғылыми жаңалықты жүзеге асырушысыз?! (Қыздың наразы түрін көріп) Жәрайды... Сіздер... «Қыздар» болып, жұмысты бастай берсеңіздер?.. Менің шұғыл баратын бір жұмысым бар еді?.. Салют?!. (Қызға сарказммен қолын шекесіне қоя жауынгерше сәлем берген бойы, асығыс шығып кетеді)
Қыз, абдырап тұрған Егде әйелді мольбертке жақындатады.
Қыз. Мінеки, жұмыс орныңыз осы болады. Қарындашпен... Қаласаңыз қылқаламмен салуыңызға болады. Бүлдіремін деп қысылмаңыз... Алғашында қиналғаныңызбен, уақыт өте үйреніп кетесіз.
Егде әйел. Сізге қиын болар?..
Қыз. Жо-жоқ... Еш қиындығы жоқ?!
Егде әйел. Бизнес-серіктесіңізді айтамын... Бізге... Зейнеткерлердің сурет салатына сенбейтін секілді?..
Қыз. О не дегеніңіз?! Ол сондай... Еркелеу өскен жігіт. Жо-жоқ, еш ойланбаңыз?! Серіктесім ішінде ештеңе сақтап қалмайтын, ақжүрек жігіт. Алаңдамай, сурет сала беріңіз. Мәселен... Нені салғанды қалайсыз?
Егде әйел. (қысыла иығын қиқаң еткізіп) Білмеймін?..
Қыз. Былай етсек... Сурет салғанды; көп жағдайда қиялдағы қол жетпестей көрінген ойды - қағаз бетіне көркемдеп түсіру деп қабылдауыңызға болады. Мәселен... Сурет арқылы жан-дүниеңізді жеңілдетуге... Шырмалған ойдан серпілуге... Өтіп кеткен шақты қиялмен оралтуға болады.
Егде әйел. А... Өткен шақты оралту қалай болар екен?..
Қыз. Қиыналатын түгі де жоқ?! Әдетте, есіңде ең жатталып қалған затты, не болмаса табиғаттың жаныңызға жақын кезеңін... Қимастық сезімге толы сәтті, көз алдыңызға келтіру арқылы қиялыңызды салуға болады.
Егде әйел. Қимастық сәтті деймісіз?!
Қыз. Иә?!. Салынған сурет арқылы санаңызды осып өткен сәттер мен табиғаттың ауысуынан, адамдардың өмір сүру ортасынан... Бастан кешкен сезімдерімен сырласуға, тіптен... Қажет десеңіз – өкінішті сәттеріңізден кешірім сұрауға болады.
Егде әйел. А?.. «Кешірім сұрағаны» қалай?
Қыз. Бәріміздің жүрегіміздің түпкірінде тіс жармаған құпиямыздың болатыны шәксіз. Айтуға жүрексінеміз... Енді, соны... Қалай десем екен?.. Өміріңіздің оралмай кеткен сәтін қылқалам арқылы жеткізуіңізге болады дегенім ғой?
Егде әйел. Апыр-ай, ә?! Бәсе, суретшілердің қияли дүниелерін көргенде; «адам жанының бояуын қалай әдемі береді?» деп таңданушы едім. Өз өмірінен алады екен ғой?!
Қыз. Тек «өз өмірінен алады»деуге болмас. Кейде, естігеннен алған әсерден де ғажайып туындылар салынып жатады. Бастысы, сурет салғанды «жұмыс» деп қабылдамай, қағаз бен қылқаламды - өзіңізбен «сырлас-дос» деп қабылдаңыз. Таңданбаңыз?.. Қағаз бен бояулар - жансырыңызды үнсіз тыңдайтынына сеніңіз.
Егде әйел. «Жансырыңды» деймісіз?
Қыз. Керек десеңіз, сурет салу арқылы емделуге болады.
Егде әйел. Естімеген екенмін?..
Қыз. Оқасы жоқ. Ақын – өлеңі арқылы, композитор – шығарған музыкасы арқылы, біздер – салған суретіміз арқылы ойымызды жеткіземіз. Һіммм... Көп сөйлеп мазаңызды алдым білем?..
Егде әйел. Жо-жоқ... Оқасы жоқ?..
Қыз. Солай ма?.. Рахмет. Бастауыңызға болады. (Егде әйелдің жүрексінген түрін көріп) Жүрексінбестен, қолыңызға ұстаған қылқаламға сеніңіз. Бастысы – ұзақ уақыттан бері жанқалтаңызда жасырын жатқан сырдан жан-дүниеңізді жеңілдету жағын қарастырыңыз.
Егде әйел. Жеңілдеткені қалай?! Сурет салғанға жеңілдей қояр ма екен?..
Қыз. Әрине?! Сурет салу өнері – сан-алуан бояулар мен сұлу қиялдың ұшырасу сәті екеніне сеніңіз?!.
Егде әйел. Рахмет. Әдемі түсіндіреді екенсіз?..
Қыз. Оқасы жоқ... Түсіндіру – менің жұмысым.
Түсіндіріп болған Қыз, сәл әріректеу жерге барып, жұмыстарымен айналыса бастайды. Егде әйел, сәл үнсіз отырып, кібіртеңкірей терең күрсініп, қолына қылқалам ұстайды. Неден бастарын білмей, алғашында ақ қағазға аңтарыла қарап отырып, сәлден соң, алғашқы бояуына кіріседі. Сағат тілі тықылдап тұр. Егде қария кіреді.
Егде қария. Сәлеметсіз бе?.. Мен... Зейнеткерлерге арналған көркемсурет шеберханасы ашылды дегенді естіп?..
Қыз. (ұмытылып) Ә-ә... сәлеметсіз бе?! Иә, тура келдіңіз?!
Егде әйел. (орнынан тұрып) Бүгінге осыным жетер?.. Мен , қайтайын?!.
Егде қария, ілулі тұрған суреттерге қарай бастайды.
Қыз. (қасына жүгіріп келіп) Иә, иә... Оһо?! Бастамаңыз жаман емес?! Әрине, алғашқы күнге осыныңыз да жеткілікті?!. Рахмет, келгеніңізге. Сау болыңыз?!
Егде әйел. Сау болыңыз?!. (теріс қарап, суреттерді тамашалап тұрған Қарияға көзін салмастан,жәймен шығып кетеді)
Қыз. (Егде әйелді шығарып салып,Қарияның қасына жақындап жөткірінеді) Иә... Тыңдап тұрмын?!.
Қария. (қайда келгені есіне енді түскендей сасқалақтап бұрылып) Өй, келген шаруамды ұмытып, мына... Әдемі суреттерге есім шығып қарап қалыппын ғой?! Шіркін?!. Қылқаламнан осынша сұлулық туындайды деп кім ойлапты ә?! Таңқаламын?!. Табиғаттағы сан-алуан бояудың көзін тауып, мынадайын ғажайып сұлулыққа қалай айналдырады, ә?! Екінші өмірім болғанда, міндетті түрде суретші болар едім?!
Қыз. «Екінші өмірді» аңсауға әуре болмастан, бүгінгі ғұмырыңызда арманыңызды жүзеге асыратын жолды таптыңыз. Қалағаныңызша сурет салып, қиялыңызды қалықтатуыңызға жол ашық?!
Қария. Әп-бәрекелді?! Біз оқып жүрген кезде, суретті қосымша сабақ ретінде өтетін. Әжептеуір салатын едім... Өмір ағымында жүзіп жүріп, сурет салудың қайда қалғанын білмей қалдық?!. Зейнеткерлікке шыққан соң, басымды қайда ұрарымды білмей, бей-жай күйге түстім?! Қай күні, сіздің теледидарда шақырған сөзіңізді естіп, қуана-қуана арнайы іздеп келдім.
Қыз. Келгеніңізге, сенгеніңізге қуаныштымын. Ендігі жерде уақыттың қалай зымырағанын білмей қалатын боласыз.
Қария. Онысы жақсы екен?.. Үйде құр отырғаннан ішім пысты. Кемпірім иогаға барып, денешынықтырумен әлек... О бастан сол, денешынықтыру дегенге құлқым жоқ еді. Сіздер жайлы хабарландыруды естіп, ермек еткенге деп, келгенім ғой?!.
Қыз. Өте дұрыс шешім?! (келесі мольбертке қарай икемдеп) Мінеки, жаңа жұмыс орныңыз. Сурет салу өнерінен хабардар екенсіз. Демек, түсіндіруді қажет етпейсіз?..
Қария. (көңілді қуақыланып) Қажет етпеймін!..
Қыз. (күліп) Олай болса, ыңғайлы жайғасып алып... А... Айтпақшы?.. Сізге көшіруге ыңғайлы, көңіліңізге ұнайтындай нақтылы натюрморт қажет пе?
Қария. Сол, құрғыр «нақтылықтан» өмір бойы тықақтап, мүжіліп біттік... Қиялыммен жұмыс жасап көрейін?!
Қыз. Сізден әдемі туынды күтуге болатынына көзім жетеді. Ендеше, іске сәт!.. Айтпақшы, қағаз жағына еш алаңдамай, қажетіңізше сала беріңіз?!
Қария. Рахмет... (бабымен жайғасып отырып, қолына қылқаламды ұстап) Еһе... Сені ұстамағалы да жарты ғасыр болыпты-ау, ә?! Қанеки, қалай қабылдар екенсің?..
Қыз, әдемі музыка қояды. Қария, музыканы ұйып тыңдай отырып, сурет салуда. Қолынан қылқаламы ұшып түседі.
Қария. Қап?!
Қыз. (жүгіріп келіп, қылқаламды көтеріп, Қарияға ұсынады) Оқасы жоқ... Ондай-ондай бола береді. Мінекиіңіз?!.
Қария. «қылқаламды алып, мольбертке қойып) Қой... Бүгініме осыным да жетер. Қалғанын ертең кеп салармын. (орнынан тұрып) Ал, қызым... Сау боп тұрғай?!.
Қыз. (шығарып салып жатып) Келгеніңізге қуаныштымын... Келесі көріскенше, сау болыңыз?!.
Қарияның салған суреті мен Егде әйел салған суретті қатарынан салыстыра қарап, таңдана қарайды.
Жігіт. (асығыс кіріп, қағаздарды көрсетіп) Не деген шым-шытырық?! Түкке тұрмайтын тірлікті дәйектеуге қаншама құжат жинайсың?! Мына түрлерімен, қағазға тұншықтырып өлтіретін шығар?!
Қыз. (Жігіттің сөзіне мән берместен таңданып, екі суретті Жігітке көрсетіп) Таңқаларлық?! Екі бөлек адам – бірдей ағашты салған?! Қарашы?..
Жігіт. (суретке үңіліп) Қанеки?!. Ал, әйтпесе?.. Биіктігі... Ауқымына дейін бірдей екен?! Таныстар болар? Бір-бірінен көшірген ба?!
Қыз. (басын шайқап) Ең қызығы сол... Екеуі бір-бірін танымайды.
Жігіт. Мүмкін емес?! Бәлкім, сен байқамай қалған боларсың?!
Қыз. Таныс болғанда, бір-бірімен амандасар еді. Амандаспады. Демек, бір-бірін танымайды.
Жігіт. Қызық екен?!
Қыз. Қалай ойлайсың... Мына суреттің иелерінде ортақ сыр болуы мүмкін бе?
Жігіт. Романтик ханым, болмашыдан «ортақ сыр» күтудің қажеті не?! Ақшасын төлесе болды емес пе?!
Қыз. «Сыр»-дың өзі болмашыдан басталады?..
Жігіт. «Сыршыл ханым», мына құжаттарға бизнес-серіктесім сенің де автографың керек екен, тезірек бітірелік?!
Қыз. Жәрайды?..
Суреттерді мольбертке қайыра қойып, қимағандай Жігітке еріп, шығып кетеді.
КЕЛЕСІ КҮН.
Қыз, шеберханаға сабаққа келетіндерді қарсы алуға дайындық жасауда. Имене басып Егде әйел кіреді.
Егде әйел. Сәлеметсіз бе?..
Қыз. Ә... Сәлеметсіз бе, келіңіз?! (қуана қарсы алып) Иә... Қиналмай жеттіңіз бе?! Көңіл-күйіңіз қалай?
Егде әйел. Рахмет... Жақсы... Суретімді жалғастырайын деп?..
Қыз. Әлбетте?! Қанекиіңіз?!. Мінеки... Суретіңіз қалдырған орнында өзіңізді күтіп тұр. Мархамат?!.
Егде әйел. Рахмет...
Мольберттің алдына жайғасып, кешегі суретіне біраз қарап отырып, жалғастыра сала бастайды. Қыз, сәлден соң қызықтап, Егде әйелдің тұсына жақындап, суретіне қарайды.
Қыз. Һіммм... Өте жақсы?! (шошытып алмайын дегендей жәймен) Тәжірбиемде байқағаным, жастарға ағаш сал десеңіз, көбіне ақ қайыңды салады...
Егде әйел. (сәл үнсіздіктен соң) Ақ қайың – сұлу ағаш... Жастар – сұлулыққа елітетіндіктен, ақ қайыңға құмар болар?..
Қыз. Сізге ше?.. Ақ қайың сұлу болып көрінбей ме?!
Егде әйел. (үнсіздіктен соң жөткірініп) Неге көрінбесін, көрінеді?.. Бірақ... Ақ қайың бір қараған көзге нәзік, сұлу болғанымен – панасы... Көлеңкесі жоқ. Пана жоқ жерде – жылулық жоқ. Жылулық жоқ жерде сұлулықта мән қалмайды... Кешіріңіз, бұл менің жеке пайымым...
Қыз. Һіммм... Мен естімеген пікір айттыңыз?.. Әдетте, күллі әлем; Аққайыңды – сұлулық пен нәзіктіктің символы ретінде қабылдайды?..
Егде әйел. (қысыла күлімсіреп) Жеке пайымым дегенім содан ғой?! Сырт пошымында аққайыңдай сұлулығы болмаса да, емен – панасы мен жылулығы, көлеңкесі мол ағаш... Кешіріңіз... Егделіктің нышаны сол... Жылулықты іздеуден тұрса керек?..
Қыз. Оқасы жоқ?!. Жылулықты егделер ғана емес, мына, біздер де іздейміз.
Егде әйел. Солай ма?..
Қыз. Әрине?! Еменді ұнатуыңыз заңды құбылыс?!. Шынында, адамзатқа еменнің берер пайдасы мол ғой?.. Әлі есімде... Бала күнімде, есігіміздің алдында сіз салып жатқандай кәрі емен болатын. Әкем, жуан бұтағына әткеншек байлап берген. Мектептен келе әткеншекке жүгіретінмін. Ойын баласымын... Шаршамай әткеншек тепкеніме мәзбін. Бірде, шалқалап күнге қарадым. Күн сәулесінен көзім қарылып, тарс жұмған бойы тербетіліп жатырмын. Кенет... Құлағыма сыңсыған дыбыс келді. Көзімді ашып қалдым. Көзім, дәл төбемде... Арқан байлаулы жуан бұтаққа түсті. Сөйтсем... Мен тербетілген сайын, жуан бұтақтан сыңсыған дыбыс естіледі екен?! Тура бір жаны күйзелгендей ыңыранады?! Аяғымды жерге тіреп, әткеншегімді бірден тоқтаттым. Дыбыс, ыңыранып барып тоқтады. Сол күні кешкісін, әкем жұмыстан келісімен өтініп, әткеншектің арқанын жуан бұтақтан алдырып тастадым. Жәй... Сіздің еменіңізді көргенде есіме түсіп кеткені?..
Егде әйел, үнсіз тыңдаған бойы сурет салуда. Қыз, әрі-бері тұрғаннан жауап ала алмасын түсініп, басқа жұмысымен айналыса бастады.
Егде әйел. Емен сыр сақтай білсе керек...
Егде әйелдің жәй бастаған сөзіне елең еткен Қыз, аяғын ақырын басып, тұсына жақындады.
Қыз. «Сыр сақтайды» деймісіз? Қызық екен?..
Егде әйел. (сәл үнсіздіктен соң) Маусымның жауынды күндерінің бірі болатын. Қолшатырсыз шыға салыппын. Тосыннан тап берген өткінші жауыннан қашып, жолымды тұрған кәрі еменді тасалап, тұра қалдым. Мойныма салған торғын қызыл шарфыммен шашымды қорғаштаймын деп, шарфым су болып, мойныма жабысып қалды. Алғашында мән бермеппін. Біреумен иықтасып тұр екенмін?!. Сөйтсем, менен бұрын қараторы жүзіне қою қара қастары жарасқан ұзын бойлы жігіттің паналап тұрғанын байқамаппын. Сасқалақтап, кете қалайын десем, жауын сүмектеп құйып тұр. Кетпейін десем, иықтіресе тұрған жігіттің ыстық денесі қарып барады... Байқап үлгерген қою қастары мен ұзын бойынан басқасына көз тігіп қарауға ұяламын. Бүріскен бойы жауыннан тығылып тұрмын. Кенет...
Қасы да керік, қара алмас көзді, ай қабақ,
Мойныңа жұқа ал қызыл шарф байлап ап,
Алаулап жүзің аса бір асқақ нұрменен,
Алыстан тұрдың көз қарасыңмен аймалап, – деген жігіттің әуезді дауысы естілді. Не деген жағымды үн?! Тұла-бойым балқып сала берді... Жөпелдемеде өлеңіне жауапты қалай қайтарарымды білмей, діріл қақан бойыымды әрең иегере үнсіз тұрмын. Үстінде жұқа көйлегінен басқасы жоқ бойшаң жігіт, қалтыраған түріме амалы таусыла қарап, өлеңмен жылытқысы келіпті?.. Жапырақтардың арасын сыналап, үстімізге жауын тамшылары тама бастады. Үндеместен тұра берудің жолын таппай, жігіт жаққа жәймен бұрылдым. Сәл қысыңқы өткір қара көздерін менен алмай қарап тұр екен. Көздеріміз ұшырасқанда, ірі тістерін ақсита күлімсіреді. Найзағай жарқ етті!.. Әлде... Қос жанардан ұшқан от па екен?!. Бұрын-соңды ондай отты көздерді кездестірмедім. Кішкене ғана көздерден ұшқындаған махаббат оты – әлемді отқа орауға жетіп артылардай?! Тұла бойым дуылдап, лезде күйіп-жандым. Ертегі әлеміне еніп кеткендеймін... Жуын басылды. Тұра берудің жөнін таппай, судан малмандай болған аяқ киімімді шешіп, қолыма ұстаған бойы тұра жүгірдім. Соңымнан қуып жетер деген ойым далада қалды. Аялдамаға жете бергенімде, автобус келе қалды. Автобусқа жүгіріп мініп бара жатып, кәрі еменге көзімнің қырын салып үлгердім. Ол... Орнынан тапжылмай, соңымнан қарап тұр екен?!. Жөн сұраспай тұра жүгіргеніме өкінгенім-ай?!. Сол бойы кездеспей кеттік...
Қыз. Туһ?!. Неткен өкініш?! Іздеуге талпынбадыңыз ба?
Егде әйел. «Кездесіп қалар ма екен?» деген дәмемен, кәрі еменнің маңайына жиі баратынмын. Кездеспеді... Елу жыл өтіпті. Мен үшін тапа бір күні кеше болғандай...
Қыз, Егде әйелдің сөзін бөлуге дәті бармай, жұбатудың жолын таппай үнсіз тұр.
Егде әйел. Кешіріңіз?.. Қай-жайдағы есіме түсіп кеткені?!
Қыз. Жо-жоқ... Жүрек тебірентерлік естелік?!. Білесіз бе... Ғалымдардың айтуынша, адамның тіршілікте айналып тұратын галактикалық мередианы бар екен?
Егде әйел. Галактикалық мередиан деймісіз?!.
Қыз. Иә!.. Ойлап қарасаң, қисынды...
Егде әйел. (күрсініп) Мередиан бойын айнала бастағанда, жаныңа жақын нүктелер сирек кездесетін өкініші болмаса?..
Қыз. Әлі де болса мүмкін... Әдемі басталған оқиға – әдемі аяқталуы тиіс қой?! Мүмкін, елу жыл күткен адамыңызды айтамын?.. Меридианыңызда тосыннан кездестіріп қалатын шығарсыз? Өмірде бәрі мүмкін ғой?!
Егде әйел. Қайдам?.. Аңсаған жүректерді жолықтыра беруге мередианның да шамасы келмей қалатын болса керек? Бәлкім, «тағдыр» дегеніміз осы болар?!. Аттап кете алмайсың. Мүмкін емес?!. Міндетті түрде сүрініп, жығылуың керек?!. (таусыла күрсініп) Өйтпесе тағдыр бола ма?!
Қыз. (күрсініп) Иә... Тылсым пәлсапа... Алдымызда не күтіп тұрғанын?! (Егде әйелді жұбатқысы келіп) Меніңше, тіршіліктің ең биік философиясы – ертеңгі күніңнің беймәлімдігі-ау деймін?.. Алдын ала білгеннің несі қызық?! Өзіңіз ойлаңызшы?.. Таңмен таласа тұрамыз да, тіршіліктің жалына жармасып, шайнасқан арпалысқа күмп ете қаламыз. Тіптен, ата-анаға мойын бұруға мұршамыз бірде келсе, бірде келмей қалады. Байқадыңыз ба?.. Соңғы кезде күйеуге тимеген қыз бен, отау құрмаған жігіттен аяқ басып жүре алмайсың. Шынымды айтсам, арасында өзім де бармын. Шаңырақ көтергіміз-ақ келеді... Қайдан?! Бірін аяқтасаң – екіншісі дайын тұрған тірліктен бас көтере алмайсың. Сізге қызығып тұрмын?!
Егде әйел. Маған ба?! Не үшін?
Қыз. Сәтке болса да – өмірлік махаббатыңызды кездестіргеніңіз үшін?! Тіптен сол... Кездестірмей кеткеніңіздің өзінде ғажайып сұлулық жатыр!.. Қиял көгінде көретін жанның болғанның өзі – бақыт?! Біз ше?!. Ентеңгі күнге үмітімізді артумен келеміз... Шым-шытырық арпалыстың арасынан, үлбіреген сезіміңді ұғынатын жүрек табатыныңа үміттенесің... Күткенің – елеске айналғанда күйінесің... Бірде күліп... Бірде күрсініп дегендей?..
Егде әйел. Сонысымен өмір қызық болса керек?!
Қыз. (тамағына тас тірелгендей булығып) Кешіріңіз?..
Егде әйел. Неткен сезімтал едіңіз?!.
Қыз. (көз жасын сылып салып, күлімсіреп) Керісінше, мен сізге тәнті болдым. Сезімтал жанға өткен күннің елесімен күресу– өте ауыр деп ойлаймын. Жас болсам да, өмір тәжірбиемде талай кедергілерді кездестірдім. Түсінгенім;Сезім – әлсіздікке, нақтырақ айтсам, дәрменсіздікке жетелейді. Сіз қалай ойлайсыз?
Егде әйел. Келісемін... Сіз сәл... Маған қарағанда ертелеу түсініпсіз?..
Қыз. (күліп) Көбірек ұшырағандықтан болар?
Егде әйел. Жоқ-ә... Кім ұшырамайды дейсіз? Мән беріп, ой түйе білгеніңізді айтамын.
Қыз. Кешіріңіз... Ойыңызды бөліп, сурет салуыңызға кедергі келтірдім білем?..
Аулақтау жерде тұрған компьютерден жанға жайлы, жұмсақ музыканы қосады. Егде әйел сурет салып отыр. Музыкаға еліте отырып, күрсініп салады. Қыз, Егде әйел жаққа бұрылады.
Егде әйел. Үрегіңізде жасырын тұрған жанға сезіміңізді ашық айтқаныңызды қалар едім?..
Қыз. Не дедіңіз?!
Егде әйел. Әйелмін ғой... Көріп тұрмын. Менің қателігімді қайталасаңыз екен... Білесіз бе?.. Дер кезінде шығарылмаған сезім, уақыт өте «көзбояушы жауыңа» айналып, өкініштің у-на шыланған жаныңды қоярға жер таппай жанталасқан сәттерімді ойласам, әлі күнге шоқ басқандай күйге ұшыраймын.
Қыз. (Егде әйелге таңдана жақындап) Апыр-ай, ә?.. «Көзбояушы жауыңа» деймісіз?.. Сонда қалай?!.
Егде әйел. Біздер, көбіне көлгірсіп жүріп, шынайы махаббатымыздан қолдап айрыламыз. «Көзбояушы сезімнің» жетегіне ерген кезде, миға қонбайтын қателіктер жасап, өзімізді-өзіміз жарға апарып соқтырамыз. Кейде, өмір бойы опық жегізетін көзбояушы сезімнің жеңісінен, тіршілік күңіреніп тұрғандай көрініп кетеді?.. (мұңды күрсініп) Құдайым-ау, отты көздері магнитше тартқан жігітке жаным ұмтылғанымен, тәнім көлгірсуге жол беріп, қасынан неге тұра қаштым?!
Қыз. Өкініштен құтылуға қарманған боларсыз?! Енді... Жандауа іздемейтін жан болмайды дегенім ғой?..
Егде әйел. Қармануға тырыстым әрине... Тырмыса келе жеткенде, уысыңа тағы сол - көлгірсу іліксе, сəтке күйінгеніңмен... (өкінішті күрсініп) Тиімдісі осы екенін мойындайды екенсің.
Қыз. Өйткені, бақытты сәт кездесе бермейді ғой?!
Егде әйел. Иә... Кеш... Кешіктім!..
Қыз. Неткен өкініш?!.
Егде әйел. (мұңды жымиып) Пендешілік?..
Қыз. Иә?.. Адам, ең алдымен өзімен-өзі қарама-қайшылықта болған жағдайда, өзгелерден... Айналамыздан нені күтеміз, ә?..
Егде әйел. (сәл үнсіз отырып, Қызға мұңлы көзбен қарап) Білесіз бе, кеудемізде шырыл қаққан сезімге, опасыздықты алдымен өзіміз жасаймыз.
Қыз. Қойыңызшы?.. Мынауыңыз тым қатал шешім екен?!
Егде әйел. «Ащы шындық» дегеніңіз сәйкес болар?.. Жастық албырттықпен жүрек ұмтылған сезімді арқанмен шырмап, иесіне жеткізбей желкесін қиямыз. Неге?!. Сіз маған суретпен емделуге болады дедіңіз... Емделуден өтіп кеткен... Ұзақ жылдан бергі жазылмайтын шер болса ше?
Қыз. Мүмкін емес?!
Егде әйел. Нені айтасыз?
Қыз. Жазылмайтын шерді айтамын?.. Әрине... Жан-дүниеңнің опасыздыққа ұшырауы – ауыр жаза. Десе де, үміттің де жалғанатын кезі болады ғой?!
Егде әйел. Дұрыс айттыңыз. «Ауыр жаза»!.. Ал, үмітке келетін болсақ... Жалғана-жалғана, қаптаған түйіндерден үміттің өзі де түңілген болар?.. Білесіз бе, мына ғұмырдың ең ауыр жазасы - жанның күйреуі...
Қыз. Жанның күйреуі?! Кешіріңіз?.. Ғалымдардың айтуынша; «Адам ғұмырында кемінде 4-5 рет ғашықтық сезімді басынан кешіреді» екен?! Айтқым келгені... Кездеспей кеткен бейнеге сонша опырылмастан, басқа сезімге ұмтылуға болмас па еді дегенім ғой?!
Егде әйел. Әрине?! Тек... Ұмытуға күш табылған кезде ғана.
Қыз. Енді... Ол – адамның өзіне байланысты деп ойлаймын?! Өлі адамды тірілте алмайсың, ал, қалғанын?..
Егде әйел. Алмастыруға болады демексіз ғой? Әрине?!. Тек... Оған да жігер, күш табуың керек!.. Табылмаған жағдайда, жаның – бос кеңістікке айналып, саудыраған сүйек – салмақсыз формада, сүйреткіге айналады екен?!.
Қыз. Туһ, әдемі айттыңыз?! Шынында, жанның күйреуінен өткен азап жоқ қой? Демек... Өмір бойы сол бейнені... Жоғалтқан жанды іздеумен...
Егде әйел. (Қыздың сөзін қылқаламын мольбертке сарт еткізе қоюмен бөліп,орнынан тұрады) Маған не көрінді?.. Бір көрген жанға осынша жайылып?!.
Қыз. О?! Мен сізді өмір бойы білетін жанша қуанып тұрғаным?! Осы уақытқа дейін Сіз сияқты ешкіммен жүрекжарды әңгімелеспеппін?! Рахмет?!. Ағыны қатты тіршілікте, кей-кейде тілдесерге жан таппайсың?! Сізбен, басқаша... Әдемі ой бөлістік?!.
Егде әйел. Бүгінге осыным жетер. Ертең келсем бола ма?
Қыз. А... Иә, әлбетте?! Сау болыңыз?!
Егде әйел. Сау болыңыз?.. (кетеді)
Жігіт кіреді. Ұйқысы шала болғаны көрініп тұр.
Жігіт. (есіней кіріп) Салют?! Түнімен жұмыс істеймін деп?.. Шетелдіктің тапсырысын аяқтауға аз қалды. Еһ?! Тезірек сатып, ақшасын алақанға тезірек түсірсем ғой?! (үнсіз тұрған Қызға) Шіркін, осындайда кофе беретін жан болсайшы?!
Қыз. (суретке қараған бойы) Кофе – денсаулыққа зиян.
Жігіт. Тәттіліктен бас тарту үшін де күш қажет?! Әзірге, кофенің алдында осалмын!.. (суретке үнсіз қарап тұрған Қызға жақындап) Иә, не жаңалық?! «Жастар» жағы көбейді ме?!
Қыз. Ғажап?!. Елу жыл бұрынғы тосын кездесу, өмір бойы санасында сақталып қалған?!
Жігіт. Түсінбедім?..
Қыз. (Егде әйел салған суретті меңзеп) Елу жыл бұрын, көктемгі жауыннан мына еменді паналаймын деп, жас жігітті кездестіріп қалады. Өкінішке орай, сол күннен соң ешқашан кездестірмепті?!
Жігіт. Оның несі ғажап?!
Қыз. Мына сөзді шынымен сен айтып тұрсың ба?! О, Құдайым?!. Қасымдағы адамның романтикадан жұрдай екенін қалай білмегенмін?!
Жігіт. Тап қазір мені, кофеден басқа ештеңе қызықтырмайды?!
Қыз. (Жігіттің жауабын елеместен суретке үңіліп, естігендерінің әсерімен көздерін жұма қиялдап) Санада сақталған сәт, ешқашан жойылмайды екен-ау?! Қолына қылқалам ұстамаған адам, алғашқы сәттен сол... Елу жыл бұрынғы кәрі еменді салды ә?..
Жігіт. (керіліп) Оһ?! Ағашты салу ең оңайы болған соң, салған... Онда тұрған не бар?
Қыз. «Махаббатсыз өмір тұл...» (өз-өзіне айтқандай) Санасы өзіңмен деңгейлес деп иланып жүрген жанның пенделік төмендікке түскенін көргенде, бейшаралықты абайсызда біліп қойғаныңа өкінгендей сезім, санаңды сансырататыны несі?!
Жігіт. Пардон?! Пәлсапалық сөзіңіз маған атылған оқ па?!
Қыз. О?! Жәй... Тылсым ой ғана?.. Кофе!..
Жігіт. Кофеге не бопты?!
Қыз. Ішетін уақытың өтіп бара жатыр дегенім ғой?!
Жігіт. Туһ?! Таңмен пәлсапамен басымды қатырып?! (кетуге ыңғайланады)
Қыз. Таң – сен үшін... Мен үшін – талтүс. Тоқта?!
Жігіт. Тағы не боп қалды?
Қыз. Қария келетін уақыт боп қалды. Кезек – сенікі. Менің тығыз шаруам бар. (асығыс кете барады)
Жігіт. Алле, кофе?!
Қыз. Тәртібің жақсы болса, жол-жөнекей ала келемін. Салют?! (шығып кетеді)
Жігіт. (күрсініп) Салют?..
Қария. (кіріп, Қызды көзімен іздеп, тұрып қалады)
Жігіт. (бұрыла бере Қарияны көріп) О?! Сәлеметсіз?.. Келіңіз?!
Қария. Сәлеметсіз?.. Кеше, қыз бар сияқты еді?
Жігіт. А?! Ол менің бизнес-серіктесім ғой?! Осы қазір бір жұмыстарымен шығып кетті. Мен де суретшімін. Сондықтан, еш күмәнсіз жұмыс жасауыңызға болады. (кеше жұмыс істеген мольбертке жақындап) Жаңылмасам, сіздің жұмыс орныңыз мынау?..
Қария. Иә... Ұмытпасам, осы жер болатын... (өзі салған суретті көріп) Еһе, дәл өзі?!
Жігіт. Олай болса, жақсылап жайғасыңыз... Сұрағыңыз келсе, қысылмастан сұраңыз. Көмекке дайынмын.
Қария. Ә?.. А, иә... Қажет болса сұрармын.
Қария, сурет салуға кіріседі. Жігіт, ары-бері жүр. Іші пысқан соң, қалтасынан телефонын алып, ақтара бастайды. Оқыған сөзіне қастары керіле қалады.
Жігіт. Ха-ха-ха?! (дауыстап оқиды) «Әйелдің ең көркем кезі– ғашық болған кезде...»?! Аһа, тапқан екенсің «көркем кезін»?! Дегенін орындамашы, «көркем кезі» секундта сұрланып, сұлулығың қашып тығыларға жер таппай қалар?! (ысқырып салады) Уау?! Мынау не деген пафос?! Ха-ха-ха?! Тыңдаңызшы?! «Ең мінезі қиын деген әйелге махаббат сезімі жайлы сөз қозғасаң, сыртынан сыр білдірмегенімен, көзінен еріксіз сезім ұшқыны жарқ етпей қалмайды»?!. Уау?! (Қарияға) Ал, әйтпесе?! Бұдан былай, сыр білдіргісі келмеген сұлулардың көздеріне жақсылап тұрып үңілетін болдым?!. Әй, қайдам (таңырқай бұрылған Қарияға телефонын көрсетіп) Интернеттегі білгішбектер айтқан сөздер ғой?!
Қария. Көңілің әбден қалыпты-ау, ә?! Әйелге сонша өшігіп?!
Жігіт. Жоқ-ә, несіне өшігейін?! Қыз шіркінді кім жеккөреді дейсіз? Мына, данышпан сөзді жазған адам; бүгінгі жастардың махаббатқа деген көзқарасын ескермегендігін айтамын.
Қария. Немене, бүгінгі жастар махаббаттан жұрдай ма?!
Жігіт. Жұрдай емес, әрине... Бірақ... Махаббат жайлы сөз қозғай қалсаң, күлетін, сезіммен емес – қалтаның семіздігімен өлшейтін қоғам қалыптасып келе жатыр дегенім ғой?! (ары қарай оқып, қарқылдай күліп жібереді) Уау?! Мынаны менің бизнес-серіктесіме оқып беру керек екен?! Ха-ха-ха?! Тыңдаңызшы... Мына жерде;«Сүйіктісінің махаббат сезімін сыр ғып бөліскен әйелдің түріне анықтап қарадыңыз ба?! Ол әйел – соқыр... Айналада не боп жатқанымен жұмысы жоқ...Тек «Оны» көреді... «Ол» деп тыныс алады... Өзін – Оған айналдырып, Оны – Өзіне ендіреді...Елігеді...Сенеді...Егер, «Оның» мінін білсеңіз – үндемеңіз! Еш нәтиже бермейді. «Әйел» сөзінің артық жаратылуы да, кемістігі де – сезім соқырлығында» - депті?! Қып-қызыл жаңылтпаш?! Мына сөздерді түсіну үшін, миың шашылып қалар?!.
Қария. (ойлана күрсіне сөздерді қайталайды) Тек «Оны» көреді... «Ол» деп тыныс алады... Өзін – Оған айналдырып, Оны – Өзіне ендіреді...
Жігіт. (жалғастырып) Аһа?!. «Елігеді... Сенеді... Егер, «Оның» мінін білсеңіз – үндемеңіз! Еш нәтиже бермейді. «Әйел» сөзінің артық жаратылуы да, кемістігі де – сезім соқырлығында?!»... Меніңше, бояуын тым қоюлатып жіберіпті?! Сізге ше?!
Қария. Қандай керемет айтылған сөздер, ә?!
Жігіт. Мәссаған, сіз де солай ойлайсыз ба?!
Қария. Әрине?! Сырдың да – сыры бар.
Жігіт. Таңданатын түк те көрмей тұрмын?! Бәр сырды ішке бүгіп ұстауға болады.
Қария. Тек – махаббат сыры емес.
Жігіт. (таңданып) Қойыңызшы?! Меніңше, ең оңайы; махаббат сыры?!. Жасырмақ түгілі, тұншықтырып тастауға болады?!.
Қария. Байқаймын, махаббаттан жолың болмаған жігіт сияқтысың?! Тыңда!.. Қанша жерден жасырып сақтағаныңмен, араға жылдар салса да, әйтеуір бір күні өзегі жарылары сөзсіз...
Жігіт. (жәймен күрсініп) Жарылса жақсы-ау?.. Мүйізденіп мазаны алмаса деңіз?..
Қария. (Жігітті естімегендей таңдай қаға) «Махаббатын кездестірген әйелдің бар сыры – жүзінде тұратынын» қалай әдемі айтқан, ә? (суретін үнсіз салып отырып, күрсініп) Айта қоярлықтай ақылым асқан деп ойлап қалмаңыз... Өзім үшін, әйел мінезі - өмір бойы жұмбақ боп қалды...
Жігіт. Уау?! Сөзіңізге қарағанда, қыздардың жүректерінен галарея жасаған болдыңыз ғой?!
Қария. Көрме жасамасам да, махаббат сезімін басымнан кештім. Бірақ...
Жігіт. Түсінікті. Кинодағыдай «баянсыз махаббатқа ұшырадым» десеңізші?
Қария. Жоқ...
Жігіт. Жоқ?!
Қария. Мен оның «махаббат» екенін кеш түсіндім... Дер сәтінде жоғалтып алдым. Үлгермедім... Сол бойы оралмай кетті?..
Жігіт. (қызығып) Оралмай кетті деймісіз?! Түсінбедім?.. Жоғалтып алған сәт, қалай оралмақ?
Қария. Маусым айының жаума-шуақ күндерінің бірі болатын... Мамандығым - хирург. Ота жасағаннан шаршап шыққанда, аурухананың алдында өсіп тұрған кәрі еменнің түбінде тұрып, рахаттана тыныстап алғанды ұнататынмын. Бірде, таза ауа жұтып тұрған кезімде, өткінші жауын құйып кеп берді. Табиғаттың сұлу суретін қимай, еменнің тасасында тұра бердім. Бір кезде, қызыл шарфты жас қыз жауыннан қаша жүгіріп келіп, еменді паналаған бойы менің қасыма тұра қалды. Тез жүгіргеннен ентіге демалады. Менімен жұмысы жоқ. Ентіккен бойы денесіне жабысқан көйлегімен әуре. Сүйкімді томпайған қос анары, ентікен деммен бірге әткеншек тепкендей көтеріліп-басылуда. Жауыннан көйлегі сұлу мүсініне жабысып, «мен мұндалай» түскен. Қызыл шарфы... Жұмыр мойнына еркелей жабысып, қос анардың үстінде «келші?!» дегендей, еліктіре қол бұлғайды.
Жігіт. Туһ?! Сіз де... Салыстырма сөзді сояды екенсіз?! Ары қарай?!.
Қария. Сұлулықты көргенде, сөз дегенің не бопты тәйірі?!. Жас қыздың сұлу мүсініне елітіп қалсам керек;
Қасы да керік, қара алмас көзді, ай қабақ,
Мойныңа жұқа ал қызыл шарф байлап ап,
Алаулап жүзің аса бір асқақ нұрменен,
Алыстан тұрдың көз қарасыңмен аймалап, - деген ақын сөзі аузымнан қалай шығып кеткенін байқамадым. Айтылған сөз – атылған оқ... Қыз, жәймен бұрылып қарады... Нәркес көздер... Тұла-бойым әлдебір қорқыныштан қалтырап сала берді. Нәркес көздердің мұншалық сұлу боларын білсемші?!
Жігіт. Ал, әйтпесе?! Рафаэлло демалады десеңізші?!
Қария. Не дедің?!
Жігіт. Жәй?.. Сұлуларды салған Рафаэлло жолда қалатындай дегенім ғой?! Сонымен, ары қарай не болды?!
Қария. (Жігітпен бірге еліре) Нәркес көздер тұңғиығына тартып барады. Тілім байланды... Тұла-бойым жансызданып қалды.
Жігіт. Мәссаған?! Нағыз Афродитаның садағы заулап отырып қақ жүрекке қадалған екен де?! Кешіріңіз?!. Қиялыммен сұлуыңызды қосарлана салып отырғаным ғой?..
Қария. Ә, солай ма?.. Қайран, нәркес көздер?! Кейде, қасыңда жүрген жанның көздері қандай екені есіңде қалмайды. Сүйріктей саусағын қолыма ұстағым келеді... Саусақтарым қимылдамай, жансыз қалған?.. Небір ауыр отаны он сағаттап жасағанда талмайтын қолдарым, нәркес көздерден ұшқындаған сезімнен - жансыздыққа ұшыраған?..
Жігіт. Туһ?! Менің бизнес-серіктесімнің; «Сезім «жансыздыққа» ұшыраған сәтте – тіршілік шіркін тынышталып, айналадағы өмір – үзілген кинолентадай, мәнсіздікке айналады» дегеніне күліп едім, шынымен-ақ солай болғаны ма?!
Қария. Ә... Кешегі Қыз ба?! Есті қыз екені көрініп тұр. Өзің бойдақсың ба?! Бойдақ екеніңді түрің айтып тұр. Бақытты алыстан іздеймін деп жүріп, қасыңда жүрген Қыздан қағылып қалып жүрме?!
Жігіт. Біздің арамызда таза бизнес?! Мына шеберхананы ортақ ақшаға аштық. Басқа ештеңе жоқ!.. (алақандарын ысқылап, сөзді аударып) Сезім жайлы сөзіңіз керемет екен?! Сонымен, бір көргеннен махаббаттың отына «күмп еттім» деңіз?!
Қария. Білмеймін... Тап сол сәтте, ол сезімнің не екенін ұғынуға мұршам жоқ болатын. (терең күрсіне) Әттеген-ай?.. Ұшыратқанымды білгенімде?.. (жәмен суреті салуын жалғастарды)
Жігіт. (сурет салып отырғанын үзуге бата алмай ары-бері жүріп, шыдай алмай) Сөзіңізді бөлгеніме кешіріңіз... Ары... Ары қарай не болды?.. Нәркес көзді кездестірдіңіз ба дегенім ғой?!
Қария. Ә?.. Ол кезде ота жасаудың жаңаша түрінен ғылыми докторлық жұмыс зерттеп жүрген болатынмын. Екі күн өткенде, ғылыми жұмысымды қорғауға шетелге кеттім. Сәтті қорғадым... Ғылыми тақырыбыма қызыққан шетелдіктер, өздерінде жұмыс істеуіме ұсыныс жасады. Қабыл алдым.
Жігіт. Түсінікті... Шетелде жүргеніңізде, нәркес көзден айрылып қалдыңыз?..
Қария. Тап солай?.. Болашағы зор жұмысқа алданып, басты бақытымды қолымнан ұшырып алғанымды кеш түсіндім.
Жігіт. Қап-әй, ә?! Сондай нәркес көздерден айрылып?! (өз сөзінен ыңғайсызданып, Қарияны жұбатқандай) Философтардың сөзіне сенсек; «Өмір – өзгермейді. Өмір – қайталанады» екен?! Демек, алдану – адамға тән қасиет болғаны да?..
Қария. Жақсы айтыпты?.. Кейде, алданышың өз шектігіне жеткен кезде қимасыңнан айырылып қалғандай сезімде боласың. Ең сорақысы – алдануды уақытшы болса да бақытқа санайсың. «Әйтеуір күнім өтіп жатыр ғой?!» дейсің. Ес жиып, мойныңды бұрғанда... Ермеген ізді көресің... Ізсіз жолды көргенде, босқа әуреге салған күндеріңді ойлап, ішің у-дай ашиды. Солай!.. Еһ?!.
Жігіт. Ауыр тиіпті?.. Өкініші болмаса, өмірде мән бола ма? Өкінбеңіз?.. Демек, солай болуы керек болған шығар? Бизнес-серіктесімнің айтуынша; «Өмірдегі өзгерістердің бәрінің атауы - тағдыр»!..
Қария. Мүмкін... Десе де, тағдыр кітабының парағын толтыратын – Өзіміз... Өкініш кернеген сәтте, ерніңе үйірілген жастың кермек дәмін сезбейді екенсің?!.
Жігіт. Оған сіз кінәлі емссіз. Адамдардың бәрі махаббатын кездестірген сәттің – қайталанбас сәт екенін біле бермейді ғой?!
Қария. Солай ма?.. (ащы мырс ете) Ал, мен... Жастық жалын ба екен, «қайталанады» деп алданып қалдым. Бағанағы, сен оқыған:«Махаббатын кездестірген әйелдің бар сыры – жүзінде тұратынынын» сол кездері білсемші?! Жасқана қараған көздеріндегі махаббат тұңғиығын неге байқамадым екен ә?!.
Жігіт. Еһ?! Өмірдің өткінші екенін біле тұра өтпейтіндей көру - Адам сөзінің мағынасы болса керек?..
Қария. Солай де?
Жігіт. Ғалымдар солай дейді?.. (тамағына тас кептелгендей көңілі бұзылып) Бәлкім... Махаббатты санқұбылта жырлаушылар - шын мəнінде махаббатын таппағандар бола, ә?.. Қалай ойлайсыз?
Қария. Кім білсін?.. Шын махаббатын кездестіргендер; «Махаббатымды таптым?!» деп айқайламаса керек.
Жігіт. Махаббат – үнсіздікті қалайды...
Қария. Тауып айттың?! Бұрын қалай ойламағанмын?.. Шынайы махаббатын тапқан жан, "абайсызда ұшырып аламын ба?.." деген үрейден - үнсіздікті қалауы дұрыс-ақ қой?!
Жігіт Дабыл қағушылар да жеткілікті?!
Қария. Е?.. Олар жəй... Махаббатын таппағанына ызасы келгендіктен, дәрменсіздігін көлегейлеген түрлері ғой?.. Әй, Құдай-ай?! Ойлап қарасаң, бәріміз дабылшымыз... Шаңның салмағындай бақытқа кенелсек, көкке қолымыз жеткендей исі әлемге айғай салуға дайынбыз. Ал, махаббаттың, жаңа өзің айтқандай «үнсіздікті қалайтынын» ойланбаймыз.
Жігіт. Сіз де толығымен келісесіз бе?
Қария. Қайсыған?!
Жігіт. «Үнсіздікті қалау» жағын айтамын... Шындығында ол – бизнес-серіктесімнің сөзі болатын.
Қария. Айттым ғой, саған... «Есті қыз» деп?! Ондай қыздан құдай ұрып, айрылып қалып жүрме?!
Жігіт. Ол жағын еш уайымдамаңыз. Қоғамда әр жігітке – кем дегенде бес қыздан?! Жалқы жүрек боп, жерде қалмаспын?! (Қария мырс ете күледі) Түсіндедім?.. Күлкілі сөз айттым ба?
Қария. Жас кездегі өзімді көріп, күлгенім ғой?! Мен де солай... Сен сияқты; «Келбетім келіскен мықты маманмын. Қыз дегенді шертіп жүріп табамын» деп ойлайтынмын?! Демек, ол жолдан «өзі өтпейінше», мына өмірді ешкім өзгерте алмайды екен де?!. Бәлкім, маған да ақылын айтқандар болған шығар? Бірақ... Дер кезінде құлақ асуға мына сен сияқты... «Жастық-мастық» бой бермесе керек?! «Өзгенің ащы сыры – өз басыңа түспестей көрінуі» – табиғи заңдылық қой?! Тек... Мен сияқты қолыңа қонып тұрған бақ құсын үркітіп алма?! (қылқаламын мольбертке қойып, ыңғайсыздана) Оу, сурет саламын деп келіп, пәлсапаға берілгенімді айтсаңшы?! Бүгінше осыным жетер. Ертеңге де бірдеңе қалсын. Кемпірдің де иогасынан келетін уақыты болды. Ендігі дене шынықтырамын деп, тау қопарғандай аһылап-уһілеп үйге жетк ен болар?.. Жақсы... Мен кетейін?!
Жігіт. Оқасы жоқ... Шынында, пәлсапалық әңгімеміз ғажап болды. Сау болыңыз?! Ертең күтеміз. Келіңіз?!
Қария. Жақсы... Сау болыңыз?..
Жігіт. Сізбен әңгімелесемін деп, көп нәрсеге көзім ашылғандай сезімдемін. Рахмет, сізге?!
Қария. Қай жетіскеннен айтты дейсіз, өмірден алған ащы сабақтар ғой?! Сау бол, балам?!
Шығып кетеді. Жігіт, Қария салған суретке таңдана қарап тұр. Егде әйел салған суретпен салыстырып қарап, таңданғаннан басын шайқайды.
КЕЛЕСІ КҮН.
Асыға басып кірген Қыз, Жігіттің өзінен бұрын келгенін көріп, таңдана тұрып қалады.
Жігіт. (мырс етіп) Таңданба?.. Елес емес – Өзіммін?!. Салют?!
Қыз. Салют?!. «Елес» екен деп қалғанымды жасырмаймын?.. Міне, жаңалық?! Тыныштық па?! Шөп сындырғаныма қалайсың?!
Жігіт, жауап орнына Қария салған суретті ұсынады. Суретте, кәрі емен бұтағынан қызыл шарф салбырап тұрғанын көріп, Қыз таңқалады.
Қыз. Қызыл шарф?!.
Жігіт. Қызыл шарф!..
Қыз. Тосын шешім?!
Жігіт. Меніңше, еш тосындығы жоқ?.. Қария, әңгімесінде; «жауынды күні, еменнің панасында жас қызбен бірге тұрғанын... Қыздың мойнында қызыл шарф болғанын» айтқанда?..
Қыз. Тоқтай тұр?! Қарияның да?..
Жігіт. Егде әйелде ме?! (Қыз басын изейді) Аһ, иә, айтқан едің ғой?! Фантастика?! Екеуміздің кейіпкерлеріміз, бірін-бірі өмір бойы іздеп жүргендер болып шықпасын де?
Қыз. Егде әйел де;«Маусым айының жауынды күні, кәрі еменді тасалап тұрып, жас жігітпен иықтіресе тұрғанын... Жігіттің қызыл шарф жайлы өлең оқығанын» айтқан. Қария ше?
Жігіт. Рас па?! Ал, әйтпесе?! Қария да тап солай... Қыздың мойнындағы қызыл шарфқа арнап өлең оқығанын айтқан?! Қалайша?.. (екеуі де үнсіз тұрып қалысады)
Қыз. Айтшы... Сен, осындай махаббатқа сенесің бе?
Жігіт. Кесіп айта алмаймын... Меніңше, махаббат - бейне бір елес секілді?.. Қыз. Фантастика?! Елесті көруге де көз керек қой?!
Жігіт. ...Жырлаушы жеткілікті. Көруші аз болмаса демексің ғой?!
Қыз. Жоқ-ә?.. Кейде маған, махаббат – жалғыздықты қалайтындай көрінеді. «Бар» екенін ұғынамыз. Қабылдаймыз. Сезінеміз. Бірақ...
Жігіт. Жеткізбестен – жалт береді демексің ғой?!(күрсінеді)
Қыз. Апыр-ай?.. Сені тек ақша қызықтырады деп ойлаушы едім?.. Жүрегіңнің жалғыздықтан жаурап жүргенін сезсемші?..
Жігіт. Қателестің!.. Жүрегім – орнында!.. Ақшаға келсек, ол шіркін неге қызықтырмасын? Егер, ақшамыз болмағанда, мынаны аша алар ма едік?! Сондықтан, романтик ханым, өмірдің қозғаушы күші – ақшада екенін өз басым ұмыта алмайтынымды мойындаймын.
Қыз. Ақша қуамын деп жүріп, жалғыз қалуға қорықпайсың ба?!
Жігіт. Мені жалғыз деп саған кім айтты?!
Қыз. (жәймен күрсініп) Жылу іздемейтін жүрек бола ма екен?!.
Жігіт. Жә!.. Жалт беретін алдамшы сезімнен гөрі – жалғыздықты мойындаған әлдеқайда шындық?!.
Қыз. Шындық?! Сыздаған жерді үңгілегейтін шындықтың қай жері жақсы?! Ондайда, жалғыздықты сездірмейтін жақын досым; жылуын міндетсінбейтін – қиялым бар. Жүректі тұншықтырған жалғыздықтан құтылудың жолы – қол жетпеген арманыңды қиялдау екенін ұққалы, жалғызсырамайтын болдым.
Жігіт. О, Құдай, сен бар ғой... Ешқашан есеймейтін шығарсың?! Алдамшы сезімнен қашан арыласың?!
Қыз. Жүрегіңді мүйіздендіруге жол бергеннен - алдамшы сезіммен жүрегіңді жылытқанның несі жаман?!
Жігіт. Түсінбедім?! Несімен жақсы?!
Қыз. Алдамшы сезімге алданып, елігіп жүрген сәтте туындаған асыл ойлар үшін!.. Қайырылған қанатыңды алдамшы оймен қиянға самғатқаны үшін...
Жігіт. Кешір... Алдамшының арғы жағында – опасыздық қылтыйып тұр?!
Қыз. Қиянға самғата алса – опасыздықты да кешіруге болады!..
Жігіт. Мәссаған?! Басқаны қойып, опасызды не үшін кешіруім керек?!
Қыз. Кезінде «асыл ойларға жетелегені» үшін... Жарқын күнге еліткені үшін!..
Жігіт. Немене, опасыздықты айналып кетуге болмайды ма?! Қарапайым ғана жақсылық жасай салса қиын ба?! Осы сені түсіну барып тұрған крассворд?! Опасыздықтан әдемілік іздеген сені көрдім?! Мың жерден әспеттесең де, опасыздың аты – опасыздық?! Түсінбеймін?! Жоқты – барға айналдырып, өз-өзіңді алдағанды қашан қоясың?!
Қыз. (булығып) Кейде ол да керек?..
Жігіт. Маған керек емес?! Сен сияқты өзімді алдағанша, осы... Шындықты қабылдаған күнім артық!..
Қыз. Ащы шындықты қабылдай бергеннің несі жақсы? Өзіңе қарашы?!
Жігіт. Ал, қарадық?! Иә... Нем ұнамайды?!
Қыз. Махаббат жайлы, сезім жайлы суретті соңғы рет қашан салдың?!
Жігіт. О?.. Оны сізге білудің түкке де қажеті жоқ?!
Қыз. Айтшы?! Талантты суретші бола тұра, сезімге толы махаббат жайлы неге салмайсың?!
Жігіт. Бойымда жоқты – оймен әурелегім келмейді. Данышпаным, айта ғойшы... Өзімде жоқпен не үшін өзгені алдауым керек?! Әлде, жүрек сенде ғана бар ма? Білгің келсе, өзгені алдауға деген құмарлық, романтик ханым... Жүректі әлдеқашан өлтіріп тастағандардан шығады.
Қыз. Керісінше, «өлі жүрекке» нәр беріп, тірілткісі келген арпалыстан болса ше?!
Жігіт. Келіспеймін!.. «Өлі жүрек» – өзгенің «жан шырылын» естімейді...
Қыз. Бәлкім, еститін болар?! (Жігітке ойлана қарайды. Жігіт, Қыздың көздерінен іркіліп тұрып қалады) Өзінің еститінін – естірте алмай тұншығып жүрсе ше?.. (Жігіт, аңтарыла қарап қалады.. Қыз, Жігіттің шашынан сипап) Өтінемін... Қаталдыққа жол бермеші?! Жұдырықтай жүректі сенімсіздікпен солдырсаң... (суретті нұсқап) Мынадайын әдемі сезімге жол жабылып қалады ғой?!. (телефоны шырылдайды) Алло?! А, иә, иә... Туһ, есімнен шығып кетіпті ғой?! Қазір, бес минутта жеткіземін. (Жігітке) Мамамның дәрісін алып шығып едім, апаруды ұмытып кетіппін. Тез келемін. (кетіп бара жатып бұрылып) Айтпақшы, Егде әйелдің келетін уақыты болды. Күтіп алшы?! Мен, қазір?.. (асығыс шығып кетеді)
Жігіт. Сөйте тұра, сөз еститін мен?..
Егде әйел кіреді. Мойнына қызыл шарф салған. Жігіттің көзі бірден қызыл шарфқа түседі.
Егде әйел. Сәлеметсіз бе?..
Жігіт. Сәлеметсіз?! Ә... Келіңіз?!
Егде әйел. Мен... Қыз бар еді?..
Жігіт. А?! Иә... Аяқ астынан шұғыл жұмысы шығып қалып... Қазір келеді. Сурет салуға келген боларсыз?
Егде әйел. Иә... Аяқтайын деп?..
Жігіт. Өте жақсы. Иә... Қанеки... Жұмыс орныңыз дайын!..
Егде әйел. Рахмет...
Егде әйел орнына барып, суретін сала бастайды. Жігіт ерсілі-қарсылы жүр. Егде әйелдің қасына келіп, жөткірінеді.
Жігіт. Емен ағашын ұнатады екенсіз, иә?! (Егде әйел, жауап орнына жымияды) Қалай ойлайсыз... Емен ағашын салуға себеп – ағаштың көлеміне байланысты ма?
Егде әйел. (жәймен күлімсіреп) Емен ағашын салушылар көп па?
Жігіт. Көп емес... Десе де, аз да емес.
Егде әйел. (сәл үнсіз отырып) Еменнің панасы мол. Көлеңкесін айналып жүре бересің. Паналағандардың есінде қаларлық оқиғалар да еменнің аясында өткендіктен, жадында жиі сақталып, санасында қалықтап қалатындықтан болар? Сіз қалай ойлайсыз?
Жігіт. «Қалықтап қалады» деймісіз?.. Һіммм... Мүмкін?.. Бір қызығы, менің есімде шырша сақталып қалыпты.
Егде әйел. Шырша?!
Жігіт. (күліп) Иә, кәдімгі шырша... Менің анам, үйдің ауласындағы биік шыршаны жаңа жыл қарсаңында түрлі ойыншықтармен безендіріп, жарқ-жұрқ жанатын шамдар іліп тастайтын. Әкем, көршінің сатысын әкеліп, ең ұшына үлкен қызыл жұлдызшаны қондыратын. Ұйықтайтын бөлмемнің терезесі тура шыршамен тұстас болатын. Шамдары жалт-жұлт еткен шырша, түнге қарай жұлдызшасы «мен мұндалап» жарқырай жанатын. Бірде, жұлдызшаны қолыма ұстағым келіп, шыршаға өрмелейін?!
Егде әйел. Ой?! Үсті-басыңыз тікенекке толған болар?
Жігіт. Тікенекті қоя беріңізші, орта белінен асқанымда, жерге топ ете қалғанымды білемін. Оянсам... (аяғын күмпите көрсетіп) Аяғым, өзімнен үлкен гипсте жатыр. Жілігім шорт сыныпты.
Егде әйел. Ойбу, обалдағы-ай?! Сонымен?!
Жігіт. (күліп) Сонымен... Жаңа жылды гипстеулі аяқпен қарсы алдым. Есесіне, келесі жылы анам, «қалған аяғыңды сындырып жүрерсің» деп, шыршаны безендірмей қойды. Сол себепті... «Ағаш» десе, ең алдымен шырша көз алдыма сап ете қалады.
Егде әйел. Өкінішті болған екен?..
Жігіт. Оқасы жоқ. Айтқым келгені, адамдар шыршаны сирек салады. Көбіне қайың, емен, үйеңкіні салады. (күліп) Жобамда, шыршаға байланысты оқиға сирек болса керек?
Егде әйел. Мүмкін?..
Жігіт. Кедергі келтіргеніме кешірім өтінемін.
Егде әйел. О не дегеніңіз?
Жігіт. Асықпай суретіңізді сала беріңіз. Көмек керек болса, мен осындамын.
Әрірек барып, өз шаруасымен айналысады. Егде әйел суретін аяқтап, қылқаламын мольбертке қояды.
Егде әйел. Мен... Суретімді аяқтадым...
Жігіт. Ә?.. Қазір...
Жылдамдата келіп, Егде әйел салған суретке қарап, сілейіп тұрып қалады.
Егде әйел. (қысылып) Сізге ұнамады ма?
Жігіт. Ә?!. Жо-жоқ, о не дегеніңіз?!Алғаш рет сурет салған адамға ұқсамайсыз?! Еменіңіз... Мына, салбырап тұрған қызыл жолақ – орамал болар?
Егде әйел. Шарф...
Жігіт. Шарф?! (Егде әйел басын изейді) Өте әдемі?!
Жігіт, басын шайқаған бойы Қария салған суретке жүгіріп барады. Екі суретті салыстырып, басын шайқайды. Осы кезде Қыз кіреді. Аңтарылып тұрған екеуге жақындайды. Жігіт, қолындағы екі суретті Қызға көрсетеді. Қыз, суреттерге қарап, таңдана Жігітке қарайды. Жігіт, басын изеп, таңдайын тақ еткізеді.
Қыз. Мен ойлағанды ойлап тұрмысың? (Жігіт басын изейді)
Егде әйел. (тыпыршып) Кешіріңіздер?.. Не болғанын білуіме бола ма екен? (Жігіт, Қария салған суретті Егде әйелге ұсынады. Суретке тесіле қараған Егде әйел, үнсіз тұрып қалады. Көзінен бір тамшы ыршып, суретке тамады.) Бар екенсің ғой?! Ұмытпапсың?.. (суретті кеудесіне басып) Ұмытпағаныңа рахмет?!. Мен сені ұмытты деп ойлап едім?! Кешір, мені?!. (Жігітке абдырай қарап) Мына суретті алсам бола ма?
Жігіт. Әрине?! (Егде әйелдің алдына тізерлеп) Сізге де рахмет!..
Егде әйел. Мен... Сіз?.. Рахмет?..
Егде әйел, бетін жуған жасқа мән берместен, мойнындағы қызыл шарфты алып, Жігіттің мойнына салады. Үшеуі тыныштықты бұзуға қорыққан жандарша үнсіз тұр. Егде әйел, суретті бейне бір асылын тапқандай кеудесіне қысқан күйі есікке беттейді.
Жігіт, қызыл шарфты шешіп, Қыздың мойнына салады. Екеуі бір-біріне алғаш рет зер сала қарайды. Осы кезде; «Кешіріңіздер, такси шақырып бересіздер ме?» деген Егде әйелдің дауысы сырттан естіледі. Жігіт, көмекке жүгіріп шығып кетеді. Қария кіреді.
Қария. Амансыңдар ма?!
Қыз. Сәлеметсіз бе? О, Келіңіз... Көргеніме қуаныштымын?!
Қария. Оу, бүгін өзіңіз екенсіз ғой?! Жақсы болды?! Сізді көргеніме мен де қуаныштымын! (Қыз мойнындағы қызыл шарфты көріп, кідіріп қалады) Мен... Күнде осында келе жатқанымда, бір әйелдің шығып бара жатқанын байқап қаламын. Ол кісінің не салғанын көруіме бола ма?! Жо-жоқ, айып етпеңіз... Мен жәй... Қатарласымның суретті қалай салып жүргенін білсем деген ой ғой?!
Қыз. Оқасы жоқ. Әлбетте, көруіңізге болады. (Егде әйел салған суретті әкеп, Қарияға ұсынады)
Қария, Егде әйел салған суретке бір, Қыздың смойнындағы шарфқа бір қараған бойы, көздерін тарс жұма, тұрып қалады. Көздерін ашқанда, бетін жуған жас көрінеді. Суретті алақанымен аялай сипайды.
Қария. Бар екенсің ғой?! Есіңде қалмаған шығармын десем, ұмытпапсың?.. (суретті кеудесіне басып) Ойлағаныңа... Ұмытпағаныңа рахмет?!. Сол күнгі босбелбеулігіме елу жыл бойы өкінумен өткен едім. Ұмытпапсың?!. (Қызға абдырай қарап) Алсам бола ма?!
Қыз. Әрине?! Алыңыз.
Қария. Рахмет!.. Сізге рахмет!..
Жігіт кіріп, әріректеу жерден Қыз бен Қарияға қарап тұр. Қыз, мойнынан шарфты алып, Қарияның мойнына салады. Қария, абдыраған бойы Қызға бір, шарфқа бір қарап, күліп тұрып, жылайды. Қыз, Қарияны құшақтап, басын кеудесіне қояды. Қария, ғұмырлық махаббатымен қоштасқандай Қызды бауырына баса, шашынан иіскейді.
Қария. Рахмет, қызым?!. Түсінгеніңе... Жаураған жаныма шипа сыйлағаныңа рахмет!.. Сау болыңыз?!.
Қыз. Сау болыңыз?!.
Мойнына салған шарфты аялай сипалап, Егде әйел салған суретті кеудесіне қысқан Қария, жәймен басып, шығып кетеді. Жігіт, үнсіз тұрған Қызға жақындайды. Қызды иегінен көтеріп, бетіне қарайды. Қыз, жылап тұрады. Жігіт үнсіз Қызды құшақтайды. Қос жүрек, іздеп жүрген махаббатты қастарында екенін түсініп, құшақтасқан күйі үнсіз ырғатыла билейді. Бидің аяғы – Махаббат вальсіне айналады.
С о ң ы
20.03.2018