Адам қарады: 199 | Жарияланды: 2018-03-30 06:24:05

Бақыт баспалдағы

мелодрама

Күлима       - жасы 35-те

Жәмила- жасы 35-те, Күлиманың құрбысы

Сәлима- жасы 35- те, Күлима мен Жәмиланың құрбысы

Ыдырыс - Күлиманың көршісі, ғылым докторы

Махаббат     - Күлиманың көршісі, жасы 58-де

 

                                                                  1 АКТ

Күлима мен Жәмила бір бөлмелі пәтерді тамашалап тұр.

 

Жәмила. Оау-у?! Класс!..(пәтерді шыркөбелек айналып жүр) Күлима... «құдай деген құр қалмас» дегенді бекер айтпаған...Во!..

Күлима. Айтпа деймін?!. Туһ...Армандаған пәтеріме қолым жетті-ау, әйтеуір!..

Жәмила.(терезенің алдында жатқан газетті алып, оқи бастайды) Жасым елуде, білімім жоғары, әйеліммен ажырасқанмын, байсалды, отыз бен қырықтың арасындағы жеке басты әйелді іздеймін. Үйім, машинам, жұмысым бар. Аққұба өңді, бойым жүз жетпіс бес, арақ ішпеймін, шылым шекпеймін...Күлима, қалай, ұнай ма?!

Күлима. Есі дұрыс еркек елуінде ажырасады дейсің бе. Әйелі шаршап, тастап кеткен біреу болды ғой.

Жәмила. (күледі) Соны айтам-ау...Мынаны қара...Жасым отыз бесте. Білімім жоғары. Мамандығым дәрігер. Пәтерім бар. Бойым жүз алпыс сегіз сантиметр. Өмірлік серік іздеймін. Екінші әйелі болуға дайынмын. Заңды некелессем жеткілікті. Оау-у?! Дәмесінің зорын?! «заңды некелессем жеткілікті...» Майбидайды тапқан екенсің?! Екінші боп заңды некеге тұрғызса, мына біздер жұлдыз санап жүр ма екенбіз?! Адрестен қателестіңіз, ханым...

Күлима. Туһ...Сонша сөгіп не көрінді?! «Армандауға болмай ма?!»- ның кері де...

Жәмила. Армандауды да жөні бар емес пе?! Заңды екінші әйелі болуды армандап жүргенде, аталарының соңынан әндетіп кетіп қалғанын білмей қалар. О несі екен-ей, ә?!

Күлима. Е-е...Қай бір жетіскенінен жазды дейсің...Тіршіліктен шаршап, соры қайнаған сормаңдай біреу де.

Жәмила. Стоп!..Осы жерден тоқтат...Дәл бүгін ешқандай писсимизімге жол жоқ!..Бақытты күні қуана білу керек, Күлима ханым.

Күлима. Ой, жаным Жәмила, соны айтам-ау...Құрысын, қуансақ – қуанайықшы. Иә, қандай ұсыныс бар?

Жәмила. Алдымен Сәлимаға телефон шалайық.

Күлима. Табылған ақыл. Бағанадан бері телефон шалмай не бітіріп отырмыз? Қане, звондашы.

Жәмила. (тездетіп ұялы телефонынан нөмер тереді) Алло?! Салима?..Сүйінші!..Күлима армандаған пәтерінің кілтін алды...Иә...Тез жет. А?! Адресі?! Тез жаз. Тәуке хан көшесі, 33-ші үй, 33-ші пәтер. Не?! Айтпа деймін...Күлима ханымың отыз үштен ұрып тұр. Алло?..Ататын ала келші. Қайдағы мылтық?! Ой, шампанскийді айтамын...Давай...Тез жет!

Күлима. Ту-у...Шампанға несіне әуреледің?

Жәмила. Әуресі несі?! Ақыры келетін болған соң, ала келсін. Онда тұрған не бар?! Саспа...Миллионердің әйеліне шампан дегенің түк те емес.

Күлима. Сонда да ыңғайсыз екен...Өзім-ақ әкелетін едім ғой.

Жәмила. Туһ, сонша сызылып саған не көрінді?! Мен оған миллионер еркекке тапсырыс бермегеніме рахмет де. Жыныма тисең, айта саламын.

Күлима. Ту-у...Жәрайды, қойшы енді. Осы сенің мінезің-ай?!.

Жәмила. Өкінішке орай, басқа мінезді құдекең бұйыртпаған. (есіктің қоңырауы шылдырайды)О! Әне, Сәлима келді. Есікті аш.

Күлима. Лезде келіп қалғаны ма?

Жәмила. Кешіріңіз...Миллионердің әйелі Сіз бен Біз емес. Шофері дайын. Бар...Есігіңді сындыратын болды.

(шәйнектің қайнаған дыбысы естіледі)

Күлима. Жәмиләш, мен ас үйге барайын...өтінем...Сен аша салшы?..

( ас үйге жүгіріп кетеді)

Жәмила. Қазір...Ойпырм-ай, мына қоңыраудан керең болармын?!

(есікті ашады. Имене басып Ыдырыс кіреді)

Ыдырыс. Сәлеметсіз бе?!

Жәмила. Сәлеметпіз?..

Ыдырыс.Кешіріңіз... Мен... Мен...қарсы беттегі... Иә...сізге қарсы көрші пәтерден... яғни... көршіңізбін...

Жәмила. А...қарсы пәтерден?..

Ыдырыс. Иә...яғни...

Жәмила. А...яғни – көршісіз?!

Ыдырыс. (күледі) Иә...яғни...

Жәмила. Иә,“яғни” мырза...Қоңырауды сонша шылдыратқандағы мақсатыңыз?!.

Ыдырыс. А...Иә...Яғни...

Жәмила. Иә, яғни?!.

Ыдырыс. (күледі) Кешіріңіз...Мақсатым...яғни...(қолындағы электр тұтатқышты көрсетіп) Оттұтатқышымның қуаты өшіп қалыпты...

Жәмила. А...яғни оттұтатқыштың қуаты өшкен болды ғой?!

Ыдырыс. Иә...яғни...

Жәмила. Кешіріңіз...жобамда мынадайын оттұтатқыш бұл үйден табыла қоймас...Сіріңке деген болмаушы ма еді, яғни?!

Ыдырыс. А...Әрине...құдай атқанда мен...шылым шекпеген соң, сол сіріңке мәселесіне онша...

Жәмила. Яғни, сіздіңше сіріңкені тек шылым шегетіндер ғана қолданады ғой?!

Ыдырыс. Жоқ-ә...

Жәмила. Стоп!..Сіз келесі “яғниға” көшпей тұрып...(сөмкесінен зажигалканы әпереді) мінекейіңіз...Қалай тұтататынын білесіз бе?!

Ыдырыс. Тырысып көрейін...

Жәмила. Тырысып көріңіз...яғни...Сау болыңыз!..

Ыдырыс. Сау болыңыз...Яғни...Иә...

(Жәмила есікті асығыс жабады)

Жәмила. Яғни...Фу?! қайдағы бір сөздің жабысуын қарашы?!

Күлима. Келген кім?!

Жәмила. “Яғни”...

Күлима. Немене?!

Жәмила. “Яғни” деймін...Көршің екен...Екі сөзінің бірі “яғни”...Түрі әп-әжептеуір...Фу!..осындай былжырақ еркекті көрсем – құсқым келеді. (қоңырау шылдырайды) Әне...Сәлима да жетті...

 

Күлима есік ашады. Ішке арқаланған Сәлима кіреді.

Сәлима. Жаным...(Күлиманың бетінен сүйіп) Баспанаң құтты болсын!..Іші бала-шағаға толсын...Дәулетің көп болсын, қайғың жоқ болсын.

Жәмила. Ау, іші бала-шағаға толу үшін алдымен бала-шағаның папасы кірсін демейсің бе?!

Сәлима. Сәтін салса папасы да кірер...(Жәмиланың бетінен сүйіп) Амансың ба, жаным-ау, көздерің жайнап, құлпырып кетіпсің ғой?!

Жәмила. Немене, тек қана миллионерлердің әйелдері құлпырып жүрсін деген заң бар ма екен?

Сәлима. Жаным-ау, миллионердің әйелдері қайбір жетісіп жүреді дейсің? Қайта сендерге қарап, ауыздарымыздың сілекейі ағады емес пе?

Жәмила. Сілекейіңнен доллар ағып жатса айт...Сүртіп бере саламыз.

Күлима. Туһ, қыздар-ай, түкке тұрмайтын бос сөзді тоқтатыңдаршы...Одан да Сәлиманың әкелгенін орталайық та...

Жәмила. Бос сөз болса, (газетті көрсетіп) мынадайын газеттер шықпас еді.

Сәлима. Е, жарнама газеті ме? Ой, қыздар...шампанды қоятын жер де жоқ екен ғой? Қайда қоямын?

Күлима. Ммм...Мүмкін терезенің алдына қоярмыз.

Жәмила. (балконнан журнал столын алып шығады) О! Өлмегенге –өлі балық жолығады...Құрылысшылардың бастығы отырса керек...Мына бір стол қалып кетіпті. Сәлима, ана менсінбеген газетті мында төсе...(бәрі жабылып стол жасауда) Так...так...Миллионерша ханым не әкелді екен? Оау-у!..

Күлима. Жаным-ау, сонша әуре болғаның не? Дүкенді түгелімен көтеріп келгенсің бе?

Сәлима. Күлимажан, саған супермаркетті көтеріп әкелсе де жарасады. Қане, қыздар...Күлимаштың пәтері құтты болсын деп, мына шампанды атайық. Жәмила, ат...

Жәмила. Брр...Неге мен атуым керек?

Сәлима. Енді...тапсырыс берген сен ғой...Тапсырыс бердің екен, ат!..

Жәмила. Бұдан күштісіне тапсырыс бермегеніме құдайға шүкір. Әкел, атсақ – атайық...(шампанды аша алмай жатыр) Мынауың оңайлықпен жан беретін түрі жоқ қой?

Сәлима. Қолына түскеннің мойнын суырып ала беретін саған бұл еркек деп па едің? Мықты болсаң шампанды ашып көрші.

Жәмила. Бір шампанның мойнын суыруға шамамыз жетер. (шампанды атады) Ал, әйтпесе?!

Сәлима. Бәсе...Мен білетін Жәмила, тек бұрап алып қарап отыра беруші еді.

Күлима. Ой, қыздар, сендердің бар болғандарыңа шүкір. Достарыңның болғаны қандай жақсы?!

Сәлима. Ой, Күлимаш, о не дегенің? Қой, қыздар, бәрін айт та бірін айт, Күлимаштың пәтер алған қуанышын айт. Күлимаш, пәтерің құтты болсын...Керегесі кеңіп, іші бақытқа толсын.

Жәмила. Иә...Қасірет кірмесін...Тек, миллиондар сылдырап кіретін де тұратын болсын.

Күлима.Ой, Сәлима...Жәмилажан рахмет.

Жәмила. Көбік сөз соңынан...Ал, қазір алып жіберелік...Күлимаш, баспанаң құтты болсын!..(шампанды сіміріп салады)

Сәлима. Күлимаш, құтты болсын...(шампанды ұрттап) Туһ...Осы құрғырды ішуді еш үйрене алмай-ақ қойдым...

Жәмила. Неге?! Банкирлердің әйелдері шампанды ішіп қана қоймай, шампан толы ваннаға шомылады деп естіп едік...

Күлима. Шомылу жағы томпақтау енді...Іше алмағаныңа жол болсын?..

Жәмила. Шомылғаны неге томпақтау болады екен?! Біздің Роза Бағланова апамыз шампан түгілі, ванна тола жұмыртқаға шомылған деседі. Біздің Сәлиманың қай жері кем?

Күлима. Роза апамызға қалай шомылса да жарасады, ал, Сәлима мәселесі...

Сәлима. Ой, қыздар, ол жағына бас қатырып әуре болмаңдар...Мен кәдімгі қара суға шомыламын. Ваннам соңғы үлгімен жасалғанын өздерің де білесіңдер. Сондықтан, модный ваннаға шампан құйып әуре болудың қажеті шамалы. Құрысын, басқа әңгіме айтайықшы...Жәмила, тіліңді безей бергенше ән салшы...Көптен бері сенің даусыңды естімей, сағынып қалдық.

Жәмила. Миллионердің әйеліне ән тыңдау деген таңсық па екен? Долларды сылдыратсаң, небір әншілерің алдыңда ән салмай ма?

Күлима. Туһ, Жәмила...Сөзді тіке долларға тірейтінің не? Мен де сенің даусыңды сағындым. Ескертем...тап қазір төлей қоятын долларым жоқ...

Жәмила. Е, сенен сегіз жерден сілкілесем де доллар домаламайтынын біле тұра мені жын ұрды дейсің бе...Мына байдың бәйбішесінің құлағына алтын сырға деген түрім ғой..Қой, ән салмағаныма да көп болыпты. Айтсам – айтайын. (әндетеді. Сәлима мен Күлима қосылады. Ән бітеді. Күлима мен Сәлима қол соғады)

Сәлима. Туһ, Жәмилажан, мінезің шатақ болғанымен даусың керемет!..

Күлима. Талантты адамдардың бір жері қисықтау болатын әдеті емес пе?! Жәмилажан, бір рахаттанып қалдық. Рахмет...

Жәмила. Ой, қулар-ай?! Мақтап отырып «қисықтығымды» бетіме шыжғырып басып отыруды ұмытпайды.

Сәлима. Сенің тізгініңді тартып отырмаса, бой бермей кетесің. Жәмилаш, сенің пәтеріңді тойлаған күн есіңде ме, таң атқанша билеп едік қой.

Күлима. Ой,жынды қыздың «маған жұрттан қалған қалдықтың көк тиынға қажеті жоқ...» деп Құрмаш байғұсты бізге ертіп, қуып шықаны ше?!

Сәлима. Ойбу-у, соны айтсайшы...

Жәмила. Ол оңбағанның өзі кінәлі. Нұргүлдің қолтығынан шықпай күйдірмеді ме?

Сәлима. Қайбір жетіскенінен шықпады дейсің? Нұргүлдің күйеуі сенің бастығың болған соң, өзінше ілтипат көрсеткен түрі де.

Күлима. Нұргүлдің күйеуі де барып тұрған сойқанның өзі еді ғой...сәл болмағанда Үшінші Дүниежүзілік соғыс басталып кете жаздаған жоқ па?! (бәрі дуылдаса күледі)

Жәмила. Қызмет бар...Пәтер бар...Енді не керек?

Сәлима. Адал күйеу керек.

Жәмила. Дәл таптың!..Адал жағына қарсы емеспін...Ең бастысы – қалталы қонжық болсын.

Сәлима. Осылай демесең «Жәмила» боласың ба?

Жәмила. Қарсы пікір бар ма?

Сәлима. Жо-жоқ...Саған қарсы шығып, жанымыз екеу емес. Ой, қыздар, салфетка дегенді ұмытып кетіппін ғой. Қап...

Жәмила. (газетті жыртып береді) Мінекейіңіз...Жар іздеген жанайқайларды құрбандыққа шала саламыз.

Сәлима. Туһ, құрысын, қай-қайдағыны айтып...

Жәмила. Ал, алсайшы...Сонша шошыйтындай не көрінді?

Сәлима. Шошығанда... «құрбандыққа шал...» дегенің не сұмдық?

Жәмила.Ой,қойшы...Бір “яғнидың” әрісі не, берісі не?!.

Сәлима. “Яғниы” несі?!

Жәмила. Ай...Айтуға тұрмайтын құрбандық...(қолындағы үзіндіні оқып) О...Жасым қырықта. Бұрын-соңды күйеуге шықпағанмын. Білімім жоғары. Үйім, машинам бар. О?!, мархамат...Күйеу іздеп шырыл қаққан «отырып қалған» қыздың тағдыры жазылған қағазбен аузыңды сүрт.

Сәлима. Туһ...Аузымды сүртеміз бе, әлде, көз жасымызды сүртеміз бе?

Күлима. Сәлима, Жәмиланы бірінші рет көріп отырғандай шошығаныңа жол болсын? Жәмиланың сөзіне етіміз өлетін кез болды ғой? Қане, тойымызды жалғастырайық.

Сәлима. Соны айтам-ау...Жәмила, отыз бес жыл бойы бойдақ боп келіп, отырып қалғаныңа тап бүгін ышқынғаныңа жол болсын? Атам қазақ «отырған қыз – орнын табар» демеуші ма еді? Сенің де сыңарың табылар. Құрсын, күйеу мәселесін кейінге қалдыра тұрайықшы. Кеше бар ғой, менің көршімнің қызы интернет арқылы күйеу тауыпты. Осы күнге шейін «интернет күйеу» дегенге сенбеуші едім, әлігінің тапқан күйеуі бар ғой, бір мәйін...Қарайсың да отырасың. Несі бар, сендер де сөйтіп...Интернеттен тауып алсаңдаршы.

Күлима. Қайдам...Интернет дегенге онша сенбеймін.

Сәлима. Мен де сенбейтін едім дедім ғой...Әлігі күйеуді көргенде, аузымызды ашып қалдық. Демек, болады деген сөз. Ең дұрысы, агенстваға барып, тапсырыс беру. Әйтеуір, көзбен көріп дегендей...

Жәмила. Оданда дұрысы – өзіңнің агенстваңның болғаны...О, қыздар, орталап агенства ашсақ қайтеді?

Күлима. Күлкімді келтірмеші. Үшеумізден қайдағы агенства?

Жәмила.  Несі бар екен? Біздің не...құлағымыз керең, мұрнымыз пұшық па? Орталасақ, қатқанский агенство ашуымызға болады. Сәлима – спонсор болады. Солай ма, Сәлима?

Сәлима. Қайдам...

Жәмила. Сен, давай...Қиқаңды қой. Күйеуіңнің бір тапқан табысын салсаң болды...Агенство ашамыз да қоямыз.

Күлима. Жәмила, сен Айболдың ақша мәселесіне қатаң екенін білесің ғой. Сәлиманы қинамасайшы.

Жәмила. Фи...Қажетіңе жарамаса несіне күйеу болып жүр.

Сәлима. Күйеуді қажет үшін ұстайды ма екен...

Жәмила. Стоп!..Сенің әйелдік парызға қаншалық берік екеніңді білеміз. Құдай үшін, түкке қажеті жоқ лекцияңды оқып, бас қатырғаныңды тоқтатшы. Оданда агенттікті қалай ашамыз, соған басыңды қатыр. Қорықпа, құйған ақшаң – есесімен қайтатын болады.

Күлима. Сен өзі агенттікті базардағы картошкамен шатыстырып алған жоқпысың?

Жәмила. Немене?

Күлима. Картошкамен шатастырып алған жоқсың ба деймін?! Әдетте, алған картошканы сатып жіберуге болады. Адам мәселесі...

Жәмила. Фи...Көзін тапсақ адамды да сатып жіберуімізге болады. Әне, көрмеймісің, газеттің беті тола сансырап сыңарын іздегендер. Әрі сауабын аласың, әрі ақша табасың. Несі бар... «бір оқпен екі қоян ататын» боламыз.

Сәлима. Туһ, Жәмила...Қайдағыны айтып.

Жәмила. Ойпырм-ай, сендер алдымен мені жақсылап тыңдасаңдаршы?! Немене, ауыз аштырмай бастырмалатып жатырсыңдар?

Сәлима. Ал, қойдық...

Күлима. Өтінем...миға қонатындай ұсыныс айтшы.

Жәмила. Миға қонатындай ғып айтқанды, миға қондыра білетін ми болса. Стоп! Осымен тоқтайық! Былай...Жақсылап тыңдаңдар...Бізде ең бастысы агентство ашатын жер бар...

Күлима. Қандай жер екенін білуге болар ма екен?

Жәмила. Әрине...Мына пәтер несімен ұнамайды?

Күлима. Кешір...Мен жаңылыс естідім бе?

Жәмила. Өте нақтылы жәнедәл естідің.

Күлима. Ал, әйтпесе?!.

Сәлима. Жәмила, есің дұрыс па?! Өліп-талып қолы енді жеткен пәтерін агентствоға айналдырам дегенің қай сасқаның?

Жәмила. Сендер бар ғой, өмірден махрұм қалғансыңдар. Бүгінгі күннің талабы – еш нәрсе құр тұрмай, ақша табуы керек.

Күлима. Сонда қалай...Менің адам сияқты пәтерде тұруға қақым жоқ па?

Сәлима. Соны айтам-ау?!. Жәмила, басқа күн құрып қалғандай, дәл бүгін ойлап тапқан сюрпризіңе жол болсын?! Мына байғұс, адам сияқты алдымен баспанасын тойлап алсын да.

Жәмила. Тойламағанда не істеп отырмыз?! Ортада шампанский...Не жеймін десең – алдыңда...Енді не керек?

Күлима. Жәмила, ойның ба...шының ба?

Жәмила. Хақ шыным...

 

Күлима ашуланып, орнынан тұрып, шығып кетеді.

 

Сәлима. Туһ...Әп-әдемі отырыстың шырқын бұзып...Күлима...Күлима деймін...(Күлимаға ұмтылады)

Жәмила. Талағы тарс айырылатындай не айттым сонша?! Бәлкім, бұл менің көптен күткен арманым шығар?

Сәлима. Арманым?! Қайдағы арман айтып тұрғаның?

Жәмила. Кәдімгі...Адамдарда болатын арман...Не, менің армандауыма болмай ма?

Сәлима. Арманда...Әрине...Бірақ, неге Күлиманың есебінен армандауың керек? Осы үйге кіруді Күлима да армандады ғой?! Ол не...есепке алынбай ма?

Жәмила. Жәрайды, жәрайды...Мен дұрыс түсіндіре алмадым ғой деймін. Мынауың шынымен ренжіді ма? (Күлиманың соңынан бара жатып) Күлима, менің бұлтарыссыз тік сөйлейтін әдетімді білесің ғой? Сонша несіне ренжи қалдың? Күлима, кел...бері келші. Келе ғойшы енді...(Күлима шығады. Жәмила Күлиманы құшақтап) Кішкентай ғана өкпешілім менің...Ана газеті құрғыр ойсалып...Мені білесің...Ойыма түскенді тездетіп іске асыруым керек. Сені бір өзі үйде іші пысқанша, өзіне де...өзгеге де пайдалы іспен айналысса дегенім ғой. Өзің айтшы...Кешқұрым, жұмыстан келген соң не істейсің?

Күлима. Қызық екенсің...Жаңа пәтерді қоныстану оңай жұмыс деймісің?

Жәмила.Келісемін...Бәрін жайғадың...Қоныстандың...Ары қарай ше?

Күлима. Адам сияқты күн кешемін.

Жәмила. Ыһыы...Мүмкін емес...

Күлима. Неге мүмкін емес?

Жәмила. Себебі, бәрі біткен кезде «торығу мен зарығу» басталады. Рас айтам...О...Одан құтылу - үлкен мәселе.

Сәлима. Туһ, Жәмила...Адам өзі зорға дегенде қуанышқа қолын жеткізіп тұрса...

Жәмила. Во!..неге қолың «зорға қуанышқа жетеді» екен? А?! Неге күнде болмасада айына бір, құрығанда жылына бір қуанып тұрмаймыз?! Неге зарығып қуаныш күтеміз?

Сәлима. Туһ...Сен бар ғой, бүгін сол жағыңнан тұрғансың. Басқаша айту мүмкін емес.

Жәмила. Диагнозыңа рахмет, доктор ханым. «Есалаң» демегеніңе құдайға шүкір.

Күлима. Қыздар...Менің біртүрлі...ұйқым келіп кеткені.

Жәмила. Во! Психический стресс?!

Сәлима.  Туһ, қай-қайдағыны айтады екенсің.

Күлима. Сәлима, жобамда Жәмила ханым бар ақылын бүгінге жинаған ғой деймін. Мүмкін болса, мен үшін де тыңдай салшы...Мен, ваннаға кіріп, бетімді жуып келмесем, көздерім аштырар емес.

Сәлима. Жәрайды...бара ғой...(Күлима кетеді) Ой, Жәмилаш-ай, осы сенің мінезіңді еш түсінбей-ақ кеттім-ау...

Жәмила. Ол жағы өзіме де жұмбақ... «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла...» деп па еді Абай?!

Сәлима. Өзің айтшы, әп-әдемі отырыстың шырқын бұзатындай не басыңа күн туды? Құдайдың басқа күні қалмағандай, тап қазір әйелдерің мәселесін көтермесең болмады ма?

Жәмила. Тауып айттың...Әйел мәселесі білгің келсе – әлемдік мәселе.

Сәлима. Жетіскен екенбіз.

Жәмила. Не?! Сенің қарсылығың бар ма?!

Сәлима.  О, құдайым-ай...Солай-ақ болсын...Бірақ, мәселені шешетін сәті бар емес па екен? Орынсыз киліктіргеніңе жөн болсын? Байғұс Күлима енді қуанамын ба десе...Тапа бір көре алмаған жанша...

Жәмила. Стоп?! Не?! Не дедің?!

Сәлима. Ой, қойшы, Жәмила...

Жәмила. Тоқта, тоқта...Демек, сеніңше мен, мына пәтердің қуанышын Күлимадан қызғанған болдым ғой?!

Сәлима. Сөзді бұрма...Қызғанды деген жоқпын, «көре алмағандай...» дедім.

Жәмила. Ыһім...Екеуінің анау айтқан айырмасын көріп тұрған жоқпын. Демек, сеніңше мен, «Күлиманың қуанышын көре алмай тұрмын» солай ғой?!

Сәлима. Ой, құдай-ай, не деген сөзге қадалып қалған жансың?! Саған сөз айтуға болмайды ма не?!

 

Есіктің қоңырауы шылдырайды.

Жәмила. Мына есікке тыныштық болмайтын шығар?! (есікті ашады.)

Ыдырыс. Оттұтатқышыңызды...

Жәмила. Не болды...Тұтанбай қалды ма?!

Ыдырыс. Жоқ...Тұтанды...Пешімді жағып алдым...

Жәмила. Өте қуаныштымын. Бұл жолы не мақсат?!.

Ыдырыс. Мен...қайтарайын деп едім...Яғни...

Жәмила. Стоп!..(оттұтатқышын алып)Қайтарғаныңызға рахмет.

Ыдырыс.Иә...Яғни...

Жәмила. Рахмет дедім ғой?!

Ыдырыс. Иә...Яғни...Сау болыңыз...

Жәмила. Сау болыңыз...(есікті сарт жауып алады)

Сәлима. Туһ...Байғұстың бетін бұза жаздадың ғой?! Есікті сындырасың ба, қайтесің?!

Жәмила. Құрысыншы... «Яғнилап» маңырап қалған біреу...

Сәлима. Саған салса, тілі мен жағына сүйеніп тұруы керек қой, ә?!

Жәмила. Тап мынадайын былжырағаннан құдайым сақтасын.

Сәлима. Анадан да, мынадан да құдайым сақтасын деп жүріп, қақталып...сүрленіп біттің. Осы саған қандайы ұнайды?!

Жәмила. Тап мынадайы емес.

Сәлима. Білгің келсе...Түрі әп-әдемі.

Жәмила. Немене?!

Сәлима. Әп-әдемі деймін...Тап мына сенің тақияңа тар келмейтін жігіт.

Жәмила. Ой, шегім?!. Сенің талғамыңа сиыр шалынып өледі.

Сәлима. Сиырыңмен жұмысым жоқ... “Таңдаған – тазға жолығадының” керін киіп қалмасақ бопты.

Жәмила. Аһа...Сіздің талғамға жету қайда?!

Сәлима. Білгің келсе, Айболды таңдағаныма еш өкінбеймін. Ішкенім – алдымда...Не керек?!

Күлима. (ваннадан шығып) Тағы не соғыс?!.

Сәлима. Құрысын, қайдағы соғысты айтып тұрсың?! Біз жәй...Сенің кредитіңді әңгімелеп отырмыз. Айтпақшы, Күлима, кредитің қымбатқа түсті ма?!

Күлима. Ой, Сәлима, сұрама...Өте қымбат...Айына 27-і пайыз ақша құйып тұратын болдым.

Сәлима. Құрысын...Неткен қымбат?!

Жәмила. Осының бәрі мына сендердің күйеулеріңнің арқасында.

Сәлима. Үйбай...Менің күйеуімнің кредитке қатысы қанша?

Жәмила. Тікелей...

Сәлима. Ал, әйтпесе?! Сен мына түріңмен, әлемдегі әйелдердің мәселесіне менің күйеуімді кінәлі ғылудан тайынбассың.

Жәмила. Сен алдымен тыңдашы...Мемлекетке банктер арқылы шетелден небары төрт-ақ пайызға ақша кіреді. Мына сендердің күйеулерің не істейді?!

Сәлима.  Кешір...Менің «күйеулерім» емес, бір ғана күйеуім бар.

Жәмила. Солай-ақ болсын...Айтқым келгені, біздің банкирлер, небәрі төрт пайызбен кірген ақшаны мына біздерге 27-і пайыздан береді. Ол дегенің не деген сөз?..Ол дегенің, мына біз сияқтылар өле-өлгенше банктердің құлы боп өтеді деген сөз.

Сәлима. Түсінсем құдай ұрсын...Банк пен әйел мәселесінің бір-біріне қатысы қанша?!

Жәмила. Туһ?! Банкте қарызы бар адам үйленуді, балалы болуды қайтсін? Қарызы шаш етектен тамып жүрген адамның үйлі болуды ойлауға шамасы бар деп кім айтты саған?! Мына мен, бір бөлмелі пәтерді алу үшін, банкке ақша төлеп жатқаныма бақандай он жыл болды. Дер кезінде төлемей көр...Қаншама жыл төлегеніңе қарамай, үйіңді тартып алады. Тартып алумен тоқтаса рахмет айтасың ғой, соттатып жібереді.

Сәлима. Тфа...Тфа...Туһ, қара аспанды жерге айналдыра бермеші. Соған бола соттатады деп кім айтты саған?

Жәмила. Шіркін баршылық...Ақшаның қайдан келіп жатқанын білмейтін сенен өткен бақытты адам бар ма екен?! Соттатпақ түгілі, жер аударып жібереді. Алысқа бармай менің көршімді алайықшы...Банктен кредитке үш бөлмелі пәтер алды. Төлеп жүргеніне алты жыл болғантын. Небәрі төрт айға төлей алмай қалған екен, не істегенін білесің бе?! Бес жылға соттатты да жіберді.

Сәлима. Қойшы?! Төрт ай төлемегенге бола ма?!

Жәмила. Сен оны айтасың, алты жыл бойы аузынан жырып төлеген пәтерін тартып алған...Өзі бес жылға айдалып кетті...Пәтерін банк тартып алды...Бес бала шулап көшеде қалды. «Жығылғанға – жұдырық» демекші, байғұс әйел түрмеге түскеннен соң күйеуі не істегенін білесің бе?

Сәлима. Не істепті?!

Жәмила. Бес баланы әйелінің өлмелі кәрі әке-шешесіне апарып, «қылмыскер қыздарыңнан туылған бала-шағаны жинап алыңдар...» деп тастап кетіпті. Ол аз болғандай...

Сәлима. Не бопты?!

Жәмила. Бойдақ жас келіншектің қолына кіріп алыпты.

Сәлима. Сұмдық-ай?! Неткен қатігездік?!

Күлима.Апыр-ай, «еркек» деген ұғымды көп ұзамай ұмытамыз ба деп қорқамын. Бүгінгінің көп еркегі – «төмен етек» деген әйелді жолға қалдырып өсек айтқанда, еріксіз жағаңды ұстап, бетіңді басасың...

Жәмила.Дидарына көз тоқтатып қарарлықтай, көзіне сана тұнбаған кейбір еркектерді көргенде, «ақырзаманның мақұлықтары осылар ма екен?!» деген ойға еріксіз жол бересің...

Сәлима. Қойшы, Жәмиләш...Тым қатты кеттің. Әлігі оңбағанды айтамын...Неткен жауыз?! (жылайды)

Жәмила. Ең оңай процесс – жылау...

Күлима. Жетісіппіз...Ауыры ше?!

Жәмила.Ең ауыр процесс – күлу...

Сәлима. Сен де бір қайдағыны тауып айтып отырады екенсің. Мен әлігі жауызға жылап отырмын. Өзі абақтыда, екі көзі төрт болып отырған әйел байғұсқа...

Күлима. Айтпа деймін...Жүрегінің орнында тас болар?! Өзегін жарып шыққан перзенттеріне соншалық мейірімсіз болуы...О, құдайым...Барып тұрған хайуандық қой?!

Жәмилә. Хайуанның мазасын алмаңдар...Хайуан екеш – хайуан да баласының ауызы қанға іліккенше, жетелеп жүріп жеткізеді. Әлігі, хайуанаттар туралы түрлі шетелдің киноларын көріп жүрсіңдер ғой...Қасқыр екеш – қасқырдың...өз бөлтірігін апанынан шығарып, қорғансыздыққа қуғанын көрдіңдер ме?!

Күлима. Жоқ...Қыздар-ау, демек...Адамдардың қатігездігінің хайуандардан асып түскені де?!

Жәмила. Сондықтан да, ондай хайуанның зәресін алатын күйеулерге өмірімді қор еткенше – күйеусіз өмір сүргенім артық.

Сәлима. Туһ, еркек біткеннің бәрі бірдей қатігез деп кім айтты саған?! Біздің Айбол...

Жәмила. Басталды...Қит етсе «біздің Айболдан» бастайды.

Сәлима. Енді ше?! Ол байғұс, бар тапқанын алақаныма салып отырса, «біздің Айбол» демегенде не дейін?!

Күлима. Әрине...Айболдың жөні бөлек...Ол, алдымен сендерді ойлайды. Айбол барып тұрған «семянин...» Тапқанын Сәлиманың алақанына салады.

Сәлима. Салса, салғанын далаға шашып жатқан мен жоқ қой?! Әйтеуір, қайтсем бала-шағаның жағдайын жасаймын деп жанұшырамында жүремін. Қыздар-ау, шаңырақтың шырағын жағып отыру оңай жұмыс емес.

Күлима. Әлбетте...Сол үшін де мен сені ерекше сыйлаймын. Мына біздердің сенен кем соғатын жеріміз де сонда.

Жәмила. Немене, жалғыз бастылықты «кемшілік» деп санайтындай не бопты?!

Күлима. Жәмила, сен екеуміздің сыңарсыз жүргеніміздің түбінде эгоизм жатқан сияқты.

Жәмила. Не?!

Күлима. Эгоизм басым деймін. Өзің айтшы...Кезінде жүрегін ұсынған қаншама жігіттер болды. Менсінбедік қой?! Өзің айтшы...Құралдың қай жері кем еді? Сәбит ше?! Екеуміз екеуінің бойынан тек мінін көрдік.

                                                             

                                                             2АКТ

 

Есіктің қоңырауы шылдырайды.

 

Жәмила. Туһ, тапа бір вокзалда отырғандай болдық қой?! Әне... «Яғни» келді.

Күлима. «Яғниі» несі?!

Жәмила. Ашсаң көресің. Маңырап қалған көршің бар екен. Ой, қайтеді-ей, өзі?!

Күлима. (есікке бара жатып) Қарай гөр...Менен бұрын көршіммен танысып үлгеріпті?! (ашады. Қолына шелпек салған тарелкасы бар Махаббат кіреді) Иә-ә...Келіңіз...

Махаббат. Сәлеметсіз бе?!

Күлима. Сәлеметсіз?!.

Жәмила. Иә, Яғни ма екен?!

Күлима. Жобамда басқасы...

Махаббат. Сәлеметсіздер ме...Мен, көрші есіктегі коңсыңыз боламын. Есімім – Махаббат.

Күлима. Өте жақсы...Менің есімім Күлима болады. Мына кісілер менің құрбыларым. Қонысыма құтты болсын айтуға келген еді. Сәлима...Жәмила...(Сәлима мен Жәмила амандасады)

Махаббат. Ошағыңыздан береке кетпесін деп арнайы нан пісіріп әкелдім. Қонысыңыз құтты болсын.

Күлима. Төрлетіңіз. Ой, тәтті екенін түрі айтып тұр. Қанеки, дастарханға жақындаңыз. Барымен – базар демекші...

Сәлима. Иә, жақындаңыз...Біздер мына Күлимаштың сонша жылдан бері күткен пәтеріне жүрегіміз жарылып қуанысып жатқан едік. Адам баласы болғандықтан басыбайлы баспанаң болғанға не жетсін?!

Махаббат. Әрине...Баспананың зардабын бәріміз басымыздан өткергенбіз. Сізге өте қуаныштымын. Ең бастысы – жаңа үй...Сіз бен біздер ең алғашқы тұрғындарымыз. Сонысына қуанамын.

Жәмила. Ескі үйге кіргендер ше?! Жылауы керек пе?!

Махаббат. Жоқ-ә...Дегенменде өзіңнен бұрын кім тұрды екен...қалай тұрды екен...бақытты болды ма екен деген сұрақтарды еріксіз ойлайсың ғой дегенім де.

Жәмила. Ой біткенді түгендей берсеңіз...

Сәлима. Айтпақшы...Сіздің қоныстанғаныңызға көп болды ма?!

Махаббат. Айдың жүзі болды. Қарсымызда жалғыз басты ер адам тұрады.

Жәмила. Білеміз... «Яғни»...

Махаббат. Иә...Өзі қызық адам. Сіз де байқаған екенсіз ғой. Екі сөзінің бірі «Яғни» Жобамда сүйегіне сіңіп кеткен әдеті болса керек. Бірақ, жақсы адам. Ешқандай зияны жоқ. Есігінің ашылып-жабылғанын есіткенде ғана келіп-кеткенін жобалаймын. Осы пәтерге әйел қоныстанса екен деп құдайдан тілеп едім.

Күлима. Қоңсы болған соң әйелміз ғой, араласқанға не жетсін?!

Сәлима. Айтпа деймін...Мен көршіге жарығанмын. Осы күні бар ғой, туыстарымнан гөрі солармен көбірек араласатын сияқтымын.

Махаббат. «Ағайынның аты озғанша, қоңсының тай озсын» деп қазақ бекер айтпаған ғой?!

Сәлима. Қазақ байғұс әрнәрсенің орнын тауып мақал шығарғыш қой...Әйтеуір қит етсе боды, көршілерім жабылып кетеді. Жақсы көрші берген құдайға шүкір.

Жәмила. Жалпы сенің құдайға риза болатын жерің көп. Махаббат дедіңіз бе?!

Махаббат. Иә...

Жәмила. Сіз біздің ортамызға дөп келген сияқтысыз. Атыңыздың өзі неге тұрады?! Жаңа ғана сіз қоңырауды шалғанға дейін осы жерде махаббат тақырыбына тартыс жүріп жатқан болатын. Егер, қарсы болмасаңыз пікіріңізбен қосыла отыруыңызға болады.

Сәлима. Жәмила, жаңа келген адамның жағасынан алып не болды?! Тым құрыса шамалы үйренісейік те?!

Жәмила. «Адам тілдескенше...» дегенде қазекемнің мақалын ұмытпағайсың. Түріне қарасам, махаббат мәселесіне тура қарайтын жан секілді. Қалай, Сіз қарсы емессіз бе?!

Махаббат.Жоқ...Махаббат десе бас имейтін жан жоқ шығар. Шамам келсе пікір айтуға тырысып көрейін.

Күлима. Атыңыз әдемі екен... «Махаббат!..»

Жәмила. Күйеуіңіз бар ма?!

Күлима. Жәмила?!.

Жәмила. Көлгірситін несі бар?!

Махаббат. Ештеңе етпейді. Күйеуім жоқ.

Жәмила. О?! Біздің тобымызға тағы бір сыңарсыз жүрек қосылды.

Сәлима. Туһ, Жәмила-ай, жаңа көрген адамның жанын жаралаймын деп ойланбайтының не?!

Жәмила. Менен бұрын жараланып қойған жанды ауырта қойдым деп ойламаймын. Мен сұрадым, бұл кісі жауап берді...Онда тұрған не бар екен, солай емес пе?!

Махаббат. Мүмкін солай болар...Шынымды айтсам, бірден тартысқа тап боламын деп ойламаппын.

Сәлима. Әне, айттым ғой саған?! Адамның алқымынан алып...

Махаббат. Жо-жоқ...Тартысқа жарап жатсам, жауап бергенге қарсы емеспін. Иә...Не сұрағыңыз келген еді?

Күлима. Астан ала отырыңызшы...Алманың шырынын ішкенге қалайсыз?!

Махаббат. Рахмет...Ішуге болады. Салқын болмаса болды...

Күлима. Анау айтты салқын емес. Сәлимажан әкелген екен.

Сәлима. Алыңыз...Қазы-қарта жемесек аш қалатын қазақ емеспіз пе, мына қазыдан...жал-жаядан ала отырыңыз.

Махаббат. Рахмет...Құдай қаласа, келесі жолы менің дастарханымнан дәм татасыздар.

Күлима. Иә...көрші болған соң тату-тәтті тұрғанға не жетсін?! Сіздей ашық-жарқын қоңсымның барына қуаныштымын.

Жәмила. Айып етпесеңіз тартысымызға оралсақ...Сыңарсыз жүргеніңіздің себебі неде?! Күйеуге шықпадыңыз ба, әлде...

Сәлима. Кешіріңіз, біздің Жәмиләштің мінезі осындай...төбеден қойып қалмаса басы ауырады.

Махаббат. Ақыры қоятын сұрағы болған соң,оқасы жоқ. Мен...Заңды некеге тұрғанды мақсат еткен жан емеспін. Өмірімнің жиырма жылын жаным сүйген адаммен өткізгеніме бақыттымын...Өкінішке орай, ол жан жер бетінде жоқ...

Күлима. Кешіріңіз...Өткізгеніме деген сөзіңізге қарап...

Махаббат. Ол адаммен өмір сүрген жылдарымда басыбайлы күйеу ету ойыма кіріп-те шықпапты. Сонымен өмір сүріп, соның өмірімен өріліп өмір сүріппін.

Күлима. Сізге сенемін...Сіздей «максималистер» аз да болса өмірде бар. Меніңше «махаббат» ұғымын өшірмей отырғандар осы...аз ғана сезімді сақтаушылар...

Махаббат. Рахмет...Мен, шынымды айтсам, өзімді сіз айтқандай анау айтты кереметтей «сезім сақтаушымын» деп ойламаймын. Қарапайым ғана өмір сүрдім. Айналамдағы құрбыларымның барлығы «өмірде махаббат жоқ. Тек, киноларда, кітаптарда ғана» дегеніне ылғи қарсы шығатынмын. «Өмірде махаббат бар. Сендер неге махаббатқа сенбейсіңдер» деп шыр-пыр болатынмын. Сөйте тұра өз махаббатымды сарғая, сағынышпен күтетінмін. Туасында махаббат күтпеген жерден келеді дейді ғой. Соның растығына көзім жетті.

Сәлима. Сондығымен де ол – махаббат қой?! Мен де Айболды кездестіремін деп күтпегенмін.

Жәмила. Уф, Айболыңды қоя тұршы...

Сәлима. Енді, әркім өз махаббатын айтып жатқанда, маған неге айтуға болмайды екен?! Сендерше, тек айырылысқан махаббат қана «шын махаббат» па?! Құдайға шүкір, әлі күнге дейін «шәй» деспестен өмір сүрудеміз.

Күлима. Сәлимаш, ашуланбашы...Сендердің махаббаттарыңа күмәніміз жоқ. Тіл-көзден сақтасын...Сендердің бақыттарыңа шүкіршілік етеміз.

Жәмила. Сәлима, біз «бақытты махаббатты» емес, «кездеспей кеткен махаббат» жайында сыр шерткелі отыр емеспіз бе?!

Сәлима. Туһ, осы қыздардың еш оябын таба алмай-ақ қойдым. Тезірек бір-біреудің етектерінен ұстаса екен.

Жәмила. Кешір,«етек ұстайтын» кезден кешігіп қалғанбыз. Қалған жерде «Олар» ұстасын. Иә...сонымен...сөзіңізді жалғастыра беріңіз. Жиырма жыл бойы бір шаңырақта тұруды ойламадым демекпісіз?!

Махаббат. Армандамайтын әйел болушы ма еді...Армандадым...

Күлима.Тіршілікте ең маңызды нәрсе – армандай білу.

Махаббат. Арманның бір ұшы қолыңа іліккенде, соңына жетемін деп жанталаса тырысқаныңды өзің де байқамай қалады екенсің...Бірақ...

Жәмила. Отбасылы болды ғой?!

Махаббат. Иә...Мен оған отыз жетімде кездестім...

Сәлима. Естідіңдер ме...Отыз жетісінде!..Сендер отыз бестесіңдер. Демек, үміттеріңді үзбеңдер.

Күлима. Жаным, Сәлимаш, бізді ойлаумен шашы ағаратын болды.

Жәмила. Әңгімені бөлмей отырсаңдар дұрыс болар еді.

Сәлима. Иә, кешіріңдер...Мына кісі отыз жетімде деген соң қуанып кеткенім ғой?! Кешіріңіз...Жалғастыра беріңіз.

Күлима. Иә...Ары қарай не болды?!

Махаббат. Жазды күні болатын. Жұмыста бірге істейтін екі құрбымның біреуіне танысуға жігіт келетін болыпты. Қасына екіншісін ертіп бармақшы екен. Екеуіне екі жігіт келетін болған соң, өздерінше жоспар құрып жатқанын естідім. Қызық болғанда, сол күні үйдің кілтін сіңілім ұмытып ауылға алып кетіп қалыпты. Ертеңге дейін үйге кіре алмайтын болған соң, «үйлеріңе барайыншы» деп, жата қалып құрбыларымажалындым. Олар мені қайтсін?! Өздері кездесуге асығып отырған құрбыларым ерткілері келмеді. Ақыры өлдім-талдыммен баратын болдым. Шілденің шіліңгір күнінде жұмыстан кейін де күн ұзақ. Құрбымның үйіне бара сала ваннаға шомылып, үстімдегі киімдерімді жуып тастадым. Құрбым өзінің бір ескі халатын бере салды. Жігіт көретін өзім болмағандықтан, үстімде ескі халат, жігіт көретініме мәз болып мен жүрмін. Не керек, кешкісін екі жігіт келді. Екеуі екі құрбыммен танысып жатыр. Жағаласып мен де қолымды беріп қоямын. Туасында онша күле бермейтін маған сол күні не болғанын білмеймін, ерекше көңілді болдым. Қит еткенге күлемін...Дастархан басындағы ең көңілді отырған жан мен болдым. Күнімнің босқа кетпей, кіре алмай қалған үйімнің орнына көңілді отырысқа тап болғаныма қуандым ба, әйтеуір сол күні ерекше көңілді болғаным әлі есімде. Екінші құрбыма келген сары жігіт маған ілтипат білдіріп жатты. Оған мән берген мен болған жоқ. Көңілді отырыс түн ортасы ауғанша созылды. Жігіттер қайтқаннан соң шаршаған біздер жата-жата кеттік. Сілейіп қалсақ керек, таңертеңгісін жұмысқа кешігіп келдік. Келсем, жұмыстағылар шабылып мені іздеп жатыр екен. Не боп қалды десем, кешегі сары жігіт таң атпастан келіп мені іздеп жатыр екен. Құрбымның жігітінің менде несі бар деген оймен таңқалдым. Не керек, мен қашамын...Ол соңымнан қалмайды. Ең қызығы...Сары жігіт те сол күні тосыннан тап болыпты.

Жәмила. Қалайша?!

Махаббат. Қасындағы досы екеуі бір кабинетте жұмыс істейді екен. Кешкісін ұйықтап жатса досы үйіне телефон шалып, құтқаруын өтінеді. Қасына еріп баруға тиіс досы шұғыл іс-сапарға кетіп, орнына әлігі сары жігітті ертуге мәжбүр болыпты. Қызметтес досының сөзін жерге тастай алмаған сары жігіт келіседі. Ойламаған жерден біреудің орнына «уақытша» Ол, кілтсіз қалып Мен екі жақтан келеміз ғой.

Сәлима. Апыр-ай, «тағдыр» деген осылай қосады дейді ғой?!

Жәмила. Неткен данышпандық?!. Жағаласпай қоя тұрсаңшы.

Сәлима. Мен...Иә...Айта беріңіз.

Махаббат. Сіз дұрыс айттыңыз... «Тағдыр» дегеніміз сол екен...Қиыннан қиыстырып екеумізді тағдыр кездестірді. Егер, кілтімді сіңілім әкетіп қалмаса...Оның досы іс-сапарға кетпесе...Кездесер ма едік?! Ол менің өміріме белсене кірісіп кетті. Қызық болғанда, екеуміз бір-біріне қарама-қарсы үйде тұратын болып шықты. Тұрғанымызға қанша жылдың жүзі болып, бір әулімен қаншама рет жүрсек те кездеспеген біздер, осылай...күтпеген кеште кездестік. Кездесуіміз жиырма жылға созылады деп ойламаппын. Ол менің туыстарыммен, әке-шешеммен араласты. Некемізді қидық. Бірақ, ажырасқанына қарсы болдым. Бала-шағасына обал ғой...

Жәмила. Міне...Әйелдердің бақытсыздыққа өзін құрбан етіп жататын тұстары осында...Өзгенің отбасына өз басының бақытын құрбан ету.

Сәлима. Бұл кісінікі дұрыс қой?! Жеке басының махаббатына бола өзге шаңырақты шайқау...Балаларын жетім ету...

Жәмила. Ол сенің...Отбасылы әйелдің көзқарасы. Мына біздер ше?! Күтпеген махаббатымызды кездестірген кезде несіне тартқыншақтап, өз махаббатымызды өзгенің бақытына құрбан етуміз керек?!

Сәлима. Білгің келсе, отбасының бақытын қорғау әр әйелдің қасиетті борышы. Мен де өз борышымның жолында ештеңеден аянбаймын.

Күлима. Тоқтай тұрыңдаршы...Махаббаттың да айтпағы сол... «Өзгенің бақытын бұзғысы» келмегені ғой?! Демек, бұл кісінің жүрегінде нағыз махаббатың болғаны.

Жәмила. Фи...Білгің келсе, «нағыз махаббаттардан» жүрегім айныйды.Жүрегің қанжылап тұрса да, өзгенің бақытын ойлап бас тарту...Міне, біздердің топты қойып- қалыңқолды әскерге айналғанымыздың түбі сонда... «өзгелер» үшін өмір сүргенімізде.

Махаббат. Сіздікі де дұрыс болар...Мен үшін сүйіктімнің жүрегін жараламау маңызды боды. Ол балалары үшін отқа түсуге даяр әке болатын. Жанының жанды нүктесі балаларымен жарысқа түскім, жырмаламағым келмеді. Соның жаны тыныш, көңілі тоқ болса – менің де жанымда тыныштық болатындай көрінетін.

Күлима.Жаратқан иемнің шеберлігіне таң қалмасқа болмайды. Адамды түрлі тәуелділікке өрмекшінің торындай шырмап, табан тіреген сайын жаңа торын тоқып, ешкімді...ешқайда жібермейді...

Жәмила.Әр адамның тіршілікте айналып тұратын галактикалық мередианы бар. Мередиан бойын айнала бастағанда, жаныңа жақын нүктелерді сирек кездестіретінің өкінішті...

Махаббат. Дегенмен де...Егер, өміріңде өзіңді түсінетін бір жан таба білсең – жалғызбын деп ойламаңыз.Мен өзім кездестірдім. Жанымды түсінетін жанды кездестірдім.

Күлима. Кешіріңіз...Сіздің сөзіңізге қарасақ тура бір...

Махаббат. Тірі жан туралы айтып отырған сияқтымын ба?

Күлима. Иә...

Махаббат.Себебі, Ол мен үшін тірі...Адам өлсе де махаббат өлмейді деген сөзді алғаш естігенде таңқалғанмын. Шынымды айтсам, күлдім. Адам өлсе...Махаббат қалай өлмейді деп таңырқағанмын. Сөйтсем, рас екен...Оның мәңгілік әлеміне ұшып кеткені қашан...Тек мен үшін емес. Таңертең Онымен тілесуден бастаймын. Жатар алдын екеуміз аймаласып айырлысамыз.

Сәлима. Астапыралла?! Сонда қалай?!

Махаббат. Солай...Ол маған мен күлетіндей әңгіме айтады...Мен күлемін. Ол тентектің істемейтін пәлесі болмайтын. Қызық нәрсені есіме салғанын тоқтатпайды. Мен мәзболып күлемін.

Күлима. Ғажап?! Сіз неткен бақытты жансыз?!

Сәлима. Дұрыс қой...Десе де...

Махаббат. Жоқ адаммен әңгімелескені несі демексіз ғой?! Ол мен үшін тірі...Қасымда...Ол қонаққа...ағайындарының арасына жиі баратын. Мен оған «сенсіз үйде жалғыз отырмаймын. Мен де қонаққа кетемін» десем, Ол маған; «саған таңқаламын. Сен қалай жалғызбын дейсің?! Сен мені сенсіз жүрсе болды, өзінше жүреді деп ойлайсың ба?! Сен әрдайым...әр сағатта...әр минутта менің қасымдасың. Мен сенсіз бір минут өмір сүрмеймін» дейтін. Сен мені ойлайсың ба, жоқ па бірден білемін дейтін.

Сәлима. Қалайша?!.

Махаббат. «Көзімді жұмғанда көз алдыма бірден келсең, демек ойлағаның. Егер, біраз тұрып барып келсең, демек ойламағаның» дейтін. Мен оны көңілімді аулау үшін айтады деп ойлайтынмын. Осы күні шындық екеніне көзім жетті. Дәл қазір де Ол менімен бірге. Менің сөздерімді мұқият тыңдап отыр.

Сәлима. Астапралла?!.

Күлима. Махаббат апай...Жаныңыз неткен сұлу еді?! Қыздар, жүрегінде мәңгілік махаббаты бар жаннан өткен сұлу бар ма?!

Махаббат. Қойыңызшы...Таздан тарақ қалғалы қашан?!

Күлима. Рас айтамын... Сұлулық салонына барып, үйме ақшаны аямастан жарататындарға таң қаламын. Жан сұлулығы жоқ жерде – тән сұлулығы болады ма екен?!.

Жәмила. Құдай бұйыртпаған сұлулықты ақшаның күшімен тартып алғысы келеді де...

Күлима. Тәннің әр-бір клеткасынан сұлулық нәрі тамбаған жерден – көркем келбет қайдан шықсын?!.

Махаббат. Мен жақында «О дүниеге барғанда жүрегінде махаббаты бар адамдар сұлуланады. Сол кезде жаныңмен қалаған адамың алдыңнан шығып сені көргенде, сенің сұлулығыңнан үш рет құлап тұрады»дегенді естідім.

Сәлима. Қойыңызшы...Рас па?!

Махаббат. Рас...Соны естігелі бақытты болып жүрмін.

Сәлима. Неге?!

Махаббат. «Жұрт үш рет құлап тұрса, мен Оны он рет құлатып тұрғызамын» деп...Күлмеңіздер...Менің Оған деген махаббатымда шек жоқ қой?! Демек, мен керемет сұлуланамын. Ол мені көргенде менің сұлулығымнан есінен танып қалатын болады.

Күлима. Ғажап?! Мен сіздің он рет құлатып-тұрғызатыныңызға сенемін.

Сәлима. Мына түріңізбен шынымен он рет құлатып-тұрғызасыз. Ой, шегім-ай?!. Бұлай күлмегеніме көп болып еді...Жәйшылықта естісем, «неткен сорақылық» деп таңырқар ма едім...Сіз айтқан соң...

Жәмила.Жүректі тұншықтырған жалғыздықтан құтылудың жолы – қол жетпеген арманыңды қиялдау...

Махаббат.Сіздерді қайдам...Өз басымайналамды қоршаған тепірешті жүрегіме енгізгім келмейді.

Күлима. Жылу іздемейтін жүрек бар ма екен?!.

Жәмила. Тағдырдың жіберген сынағын «өте дұрыс» деп қабылдау – ерлік...

Сәлима. Туһ, Жәмиләш...Аузыңнан шыққан жөнді сөз осы болды-ау...Өстіп жөнге келсеңші.

Жәмила. Ой, ой...Сөзіңе еріп, көз жасым көл болады десең, қателесесің.

Сәлима. Көл болғаны құрысын...Күлгенге не жетсін, шіркін?!

Махаббат. Дұрыс айтасыз...Отыра ғап азаннан–кешке дейін жылағаннан не шығады?! Жылағаннан мүйіз шықса, маған шығуы керек еді. Бір жыл бойы есімнен танып жүрдім. Қарасам, жынды болатын түрім бар. Бір күні түсіме енді. Екеуміз бақытты болып жүр екенбіз. Оянып кетіп. «е...мен сені өлді деп жылап жүрсем, сен менің жүрегімде тірі екенсің ғой» деген ойға келдім. Сол күннен бастап Ол мен үшін тірі.

Күлима. Тағдырды қабылдай білгеніңізге ризамын.

Махаббат. Тағдырға жөнсіз қарсы шығу - өз-өзіңе пышақ салғанмен бірдей екеніне көзім жетті.

 

Есіктің қоңырауы шылдырайды.

 

Жәмила. Әне... «Яғни» келді.

Сәлима. Қойшы...Қайдан білдің?!

Жәмила. Қоңырауды бір ғана...Әлсіз басады. Мінезінің «яғнидан» неге аспай жүргенін осыдан-ақ білуге болады.

Сәлима. Сенің-ақ байқамайтын пәлең жоқ.

Жәмила. Қайда?!

Сәлима. Есікті ашайық та?

Жәмила. Мен ашамын...Кері қайтаруым оңай. Оның мыжыңын естіп, әдемі әңгіменің шырқын бұздыру – күнә!..(есікті ашады. Ыдырыс имене басып кіреді.Жәмила «көрдіңдер ме» дегендей отырғандарға қарайды. Отырғандар «мырс» етісе қалады.)

Ыдырыс. (ыңғайсызданып) Мен...Яғни...

Жәмила. Егер, сіз...маңырауға келсеңіз – жолыңыз алдыңызда.

Күлима. Жәмила, есіктен кірген адамның жағасынан алып саған не болған? Кіріңіз...Төрлетіңіз...

Ыдырыс. Иә...Яғни...

Жәмила. А...Яғни?! Тағы не болды?!

Ыдырыс. Кешіріңіз...(Махаббатты меңзеп) Ана кісіні іздеген едім...

Жәмила. Мәссаған?! Іздейтін жанын өзгенің үйінен іздейтін әдетіңіз жақсы екен?!

Махаббат. А, ол кісі маған келді...Құжатыңызды әкелдіңіз бе?!

Ыдырыс. (құжатын көрсетіп) Иә...яғни...

Махаббат. (құжатын алып)Менің құрбым шаруашылық бөлімінде істейді. Жаңа қоныстанушыларды тіркейді. Мына кісі кеше өтініш атқан еді. Демек, сіз де жалғыз басты болдыңыз ғой?!

Ыдырыс. Иә...яғни...

Жәмила. Екеуінің біреуін айтыңызшы.

Ыдырыс. Түсінбедім...

Жәмила. «Яғниды» қоспай сөйлесеңіз басыңыз ауырады ма?!

Ыдырыс. Кешіріңіз...Осы әдеттен өзім де құтыла алмай қойдым.

Махаббат. Ажырасқаныңыз туралы куәліктің көшірмесі болса қатып кетер еді.

Ыдырыс. Оның не қатысы бар?

Жәмила. Мүмкін сіз...жалған айтқан боларсыз?

Ыдырыс. Құдай сақтасын...ондай нәрсені жалған айтуға болады ма екен?

Жәмила. Қайдан білейік...Маңдайыңыздан “періште” деген жазуды оқып тұрған жоқпын.

Ыдырыс. Кешіріңіз...Осы сізге нем жақпай қалды, яғни...

Жәмила. Во...Яғниыңызды естісем жүрегім айнып сала береді.

Ыдырыс. Бар болғаны сол ма, яғни?!

Жәмила.Аз ба?!

Ыдырыс. Шынымен соған бола болса...жарасы жеңіл екен дегенім ғой...яғни...(күліп жібереді. Тұрғандар қосыла күледі) Яғни...

Сәлима. Жәмиләш, жаналғыш болмай қоя тұршы. Яғни мырза, танысып қояйық...Менің атым – Сәлима. Мына кісі сіздің құдайы көршіңіз болады. Аты – Күлима. Ал, мына...сіздің екі аяғыңызды бір етікке тығып тұрған қыздың аты – Жәмила...Махаббат апайды жобасы білетін болдыңыз.

Ыдырыс. Иә...Білемін.Ыдырыс...Яғни атым Ыдырыс болады.

Сәлима. Сирек кездесетін есім екен. Төрлетіңіз...Күлима, неғып тұрсың...Құдайы көршіңді дастарханға шақырсаңшы?!

Күлима.Сендерден сөз артылмай жатыр емес пе!Махаббат апай, менің қыздарым осындай...Кешіріңіз...Яғни...иә...Ыдырыс, құдайы көрші екенбіз. Сізбен танысқаныма қуаныштымын...Төрлетіңіз...Жаңадан көшіп келіп жатқан соң...Анау айтты дастархан жаятын да жерді дайындап үлгерген жоқпын...

Ыдырыс. Жо-жоқ...О не дегеніңіз...Бұдан артық қандай дастархан керек?! Абыржымаңыз...Яғни...

Жәмила. Егер, жаңғақ ағашынан жасалған орындықтарыңыз болса, әкелуіңізге болады.

Ыдырыс. Міндетті түрде жаңғақ ағашынан болуы керек пе?!

Жәмила. Сіздің “яғниыңыздан” құлап қалмау үшін...Несіне күлесіңдер? Рас айтамын... Бұл кісінің қаптаған «яғниларынан» есіңнен танып құлауың әбден мүмкін.

Ыдырыс. А?..Яғни...

Жәмила. Ана...салбырап тұрған немене?!

Ыдырыс. Кешіріңіз...(құлағындағы тыңдағыш құлақшаны шешіп) Музыка тыңдап жүр едім...Яғни...Ұмытып...Ыңғайсыз болды...Сол күйімше шығып кетіппін...Кешіріңіздер...

Махаббат. Оқасы жоқ. Өз басым музыкасыз жүре алмаймын. Осы бір құлаққа тығатын нәрсені жақсы ойлап тапқан. Құлағыма тығып алып, өз әлемімде қалықтап жүремін. Жанның рахаты.

Сәлима. Ой, Махаббат апай, бұл құрғырдың зиянды жері де бар.

Махаббат. Қалай?!

Сәлима. Осы күні бала біткен құлақтарына тығып алып көшеде жүрмесе, жандары жай таппайтын болды ғой. Көшедегісіне көндік...Үйдегісі ше?! Жандауысың шығып шақырсаң да естімейді. Жансебіл болып жанына келсең, құлағына тығып алып, рахаттанып ұйықтап жатады.

Жәмила. Жапон елі, құлаққа тығып музыка тыңдауға қарсы заң қабылдады.

Махаббат.Қойыңызшы...Не үшін?!

Жәмила. Ми қауашағында қауіпті ісік тудырады екен.

Сәлима. Құрсын...Тағы не дейді?!

Жәмила.Әсіресе, жас балалар үшін...Баланың ойлау процессін тежеп, миына, есту сезімдеріне залалы өте зор екен. Әлігі «мәңгүрттеріңіз» тап осыдан пайда болады дейді.

Сәлима. Тфә, тфә...қайдағыны айтып, адамның сай-сүйегін қақсаттың ғой?! Шынымен мәңгүрттенетін болса, әлігі медициналық эксперттер қайда қарап отыр?!

Жәмила. Осы саған таңқаламын...Алдыңа шылқа-шылқа май өздігінен өзен боп ағып келіп жатқан соң, қайдан мән бересің?! Айтып отырған медициналық экспертеріңнің құлқыны бүтін деп кім айтты?! Алысқа бармай-ақ, әйгілі «кока-кола» сусынын алшы...

Сәлима. Оған не бопты?! Құдай үшін, у деп айта гөрмеші?!

Жәмила. Қаншалық у екені қайдам...Адам сүйегін үгітіп жібереді дейді. Білетінім  «кока-кола» сусынын шығаратын фирманы жабуға әлемнің медиктері айқасып жеңе алмай жатыр. 

Сәлима. Масқара?! Менің кішкентайым тура бар ғой, тура соска сорғандай бөтелкесін аузынан тастамайды.

Жәмила. Во-во...Алдын алмасаң, балаңның сүйегін қауашаққа жинап аласың.

Сәлима. Тфә, тфә...Жәмила, осы сенің тіліңді-ай?! Жыланша шағасың-ау, жыланша...Қайдағы пәлені қалай тауып аласың осы?!

Жәмила. Міне...Шындықты айтсаң бәлеге қаласың. Қонақтан-қонаққа шапқылай бергенше, бір уақ балаға не зиян деп теледидарға қарап, интернетті зерттесейші.

Махаббат. Өз басым теледидардан жаңалық тыңдауға қорқамын. Тыңдасаң бітті...Сай-сүйегіңді сырқырататын небір сұмдықты айтқанда, апамдар айтатын «ақырзаман» келіп қалған екен деп қаласың. Сіз қандай музыканы тыңдағанды ұнатасыз?!

Ыдырыс. Мен бе...Мен...Яғни...Үнді музыкасын тыңдағанды жақсы көремін. (Жәмила мырс ете қалады.)

Махаббат. Рас па?! Ой, керемет...Мен де үнді музыкасын сүйіп тыңдаймын. Әсіресе, кинодағы музыкаларын ерекше жақсы көремін.

Ыдырыс. ( Жәмилаға) Сізге күлкілі ме?!

Жәмила. Гүл шашып, күріш шашып билегеннен басқасы жоқ үнді киносынан нені таптыңыз?!

Махаббат. Неге олай дейсіз?! Мына мен де үнді киносын көрсем рахаттанамын.

Күлима. Махаббат апай, сіздің атыңызға сай затыңыз болғандықтан, оған таңқалудың еш қажеті жоқ.

Махаббат. Рахмет...Біздер Европаның, Американың атыс-шабыс киносына етіміз үйреніп кеткен. Үндінің киносын көрсең, жаның рахаттанады. Өз басым Амир Кхан ойнайтын «Соқыр махаббат» деген киносын қайта-қайта көргеннен еш жалықпаймын.

Ыдырыс. Рас айтасыз ба?! Менің де ең сүйіп көретін киноларымның бірі сол кино. Соқыр қыз бен жас жігіттің арасындағы махаббат.

Күлима. Соқыр қыз дедіңіз бе?!

Махаббат. Иә...Соқыр қыздың сұлулығына айтсам сөзім жетпейді.

Ыдырыс. Ең ғажабы, олардың махаббат музалары он екі сағатқа созылады...Яғни...

Күлима. Он екі сағат?! Түсінбедім...

Ыдырыс. Екеуі он екі сағат бірге болады. Сосын...Небәрі он екі сағат...Сол сағаттарға екі жүректің мәңгілік махаббаты сыйып кетеді. Мәңгілікке...Яғни...

Күлима. Сіз,өте романтик екенсіз.

Ыдырыс. Яғни...

Жәмила. Бәлкім, Махаббат апай екеулеріңіз үнді музыкасына билеп берерсіздер?!

Махаббат. Несі бар...Билеуге болады.

Күлима. Шынымен билейсіз ба?!

Сәлима. Құрысын...Қайдағы кока-коланы айтқанша үнді музыкасына билейікші. Сіздер бар ғой, бүгінгі күннің басты тақырыбын ұмтып кеттіңіздер. Бүгін біз – Күлиманың шаңырақ тойына келіп отырмыз емес пе?! Ыдырыс көрші, қане...әлігі үнді музыкаңыздың ең әдемісін қойыңызшы. Табанымыз тесілгенше билейік.

Ыдырыс. Қоюға болады, яғни...(музыка қояды. Бәрі билейді. Жәмила билемейді) Сіз неге билемейсіз?

Жәмила. Мынандай музыкға билей алмаймын.

Ыдырыс. Оның еш қиындығы жоқ...Міне былай...(Жәмиланы биге жетелейді. Жәмила ыңғайсызданып, жөнді билей алмайды) Денеңізді босатыңыз...

Жәмила. Айттым ғой сізге, билей алмаймын деп...

Ыдырыс. Билеу дегеніңіз – көңілдің шалқуы...Жаның рахаттанып, көз алдыңызға сүйіктіңізді елестетсеңіз болды...Жан-дүниеңіз өздігінен билеп кетеді, яғни.

Жәмила. Қызық екен...Айып болмаса, сіз кімді елестетесіз?!

Ыдырыс. Бұған дейін елестеткенмін. Енді елестетудің қажеті жоқ.

Жәмила. Неге?!

Ыдырыс. Себебі...Яғни...Қиялымдағы адамым көз алдымда тұр.

Жәмила. Не?!

Ыдырыс. Яғни...Іздегенім...Өмір бойы іздегенім...Қиялым – көз алдымда тұр...Яғни...Сіз...Сізді айтам...

Жәмила. Қызық екен...Ойламаған жерден...

Ыдырыс. Махаббат шіркін ойламаған жерден келмей ме...

Жәмила. Тап бұлай...Сіз өзі қандай адамсыз?! Танымайтын, білмейтін адамыңызға бірден...

Ыдырыс. «Танымайтын» деп кім айтты?!

Жәмила. Кешіріңіз, мен сізді бұрын – соңды көрген емеспін, сондықтан...

Ыдырыс. Мен сізді ылғи көретінмін. Көзімді жұмсам болды, Сіз келетінсіз.Иә...Қиялымда... Күлмеңіз...Яғни...Шындығында ...

Жәмила. Ой, шегім...Күлкімді келтірмеңізші.

Ыдырыс. Тек...Шашыңыз мына жағыңызға қарай ашылатын...(Жәмиланың шашын екінші жағына қарай қайырады)

(Күлима, Сәлима, Махаббат жәйлап шығып кетеді)

Жәмила. Сізді түсінуден қалдым. Менің шашым өмір бойы мына ғағына қарай қайырылады.

Ыдырыс.(Жәмиланың қолынан ұстай алады)Тиіспеңіз...Құдай үшін тиіспеңізші?!Яғни, өтінемін...Тиіспеңізші...Яғни, солай...Осылай қайырылатын.

Жәмила. Жәрайды...Жіберіңіз...

Ыдырыс. Не?!

Жәмила. Қолымды жіберіңіз деймін.

Ыдырыс. Иә...Яғни, кешіріңіз...Мен...Яғни...

Жәмила. Жобамда жалғыздықтан есіңіз ауа бастаған секілді. Мен сізді енді көріп тұрғандықтан, өтінерім...Сіз маған ештеңе айтқан жоқсыз...Мен ештеңе естіген жоқпын. Келістік пе?!

Ыдырыс. Өкінішті...

Жәмила. Не?!

Ыдырыс. Өкінішті деймін...Ең ғажап мозайкамның талқанын шығардыңыз...Жәрайды, мен кетейін, яғни...(жәйлап басып шығып кетеді)

Ішкі бөлмеден Сәлима, Күлима, Махаббат шығады.

Сәлима. Жәмиләш...не болды?! Неге көңілсізсің?!

Күлима. Неден түрің бұзылып кеткен?!

Жәмила. Құрсыншы...Қайдағы біреуге бола...

Күлима. О...Жобамда мына жерде бізге беймәлім бір майдан болған сияқты.

Жәмила. Күлима, көршіге жарыпсың.

Күлима. Не боп қалды?!

Жәмила.«Мен сізді ылғи көретінмін. Көзімді жұмсам болды, Сіз келетінсіз. Қиялымда...» дейді. Жобамда есі дұрыс емес есалаң біреу.

Сәлима. Қайдағыны айтады екенсің. Тәп-тәуір еркекті...

Жәмила. Менің көргенім керісінше.

Күлима. Тағы не деді?!

Жәмила. Шашымды...Білесіңдер ме, шашымды өзі қайырып, «Шашыңыз мына жағыңызға қарай қайырылатын...» дейді...

Махаббат. Керемет?! Қандай керемет?!

Жәмила: Несі керемет?!

Махаббат: «Бір көргеннен ғашық» боп қалған ғой?! (шапалақ ұрып) Әне?! Үнді музыкасының құдіретін көрдіңіздер ме?! Кеудесінде жаны бар адамның жүрегін балқытып жібереді. Өз басым мәңгілік махаббатымды ойлағанда үнді музыкасын қоямын да, рахаттанып билеймін.

Жәмила. Фи...Үнді музыкасына бола махаббат туындайды дегенді сізден естіп тұрмын.

Махаббат. «Естіп тұрмыныңыз» не?! Көзіңізбен көріп, жүрегіңізбен сезіп тұр емессіз бе?!

Сәлима. Мынаның жүрегі бар ғой, еркектердің мойнын суырамын деп жүріп, әбден қатып қалған. Сенің жүрегіңді жібітудің өзі оңай емес шығар.

Жәмила. Сонша шулап сендерге не көрінген?!

Сәлима. Шулағанда...Сен ештеңені көрмейтін соқыр, естімейтін саңырау болсаң не істеуіміз керек?! Айналайын-ау, алдыңа келіп тұрған еркекті ұшықтап, қуып шығып тұрғаныңа не деуіміз керек?!

Жәмила. Ұшықтап әуре болудың қажеті болмады. Өзі кетті...

Күлима. Тарих қайталануда...Біз ылғи өстеміз...Алдымызға келіп тұрған бақытты қуалап жібереміз.

Жәмила. Айтып тұрғаның қайдағы бақыт?!

Махаббат. Адамдардың ең үлкен қателігі – бақытты алыстан...көкжиектен іздейтінімізде. Қасымыздағы қарапайым бақытты менсінбейміз. Мұрын шүйіреміз. Алыстан келсе керемет болатын сияқты көрінеді.

Жәмила. Сіздерге не болған?! Мені бақытты қаламайды деп кім айтты?!

Сәлима. Ендеше, алдыңа келген бақытты неге қуасың?!

Жәмила. Есің дұрыс па?! Қайдағы қуған?!

Сәлима. Енді ше?! Түр десе – түрі бар, оқыған десе – оқыған...Ең бастысы – басы бос еркекті айдап шыққаныңды «қуып жіберді» демегенде не деуім керек?!

Күлима. Қыздар...Мен Жәмиланы түсінген сияқтымын.

Жәмила. Құдайға шүкір, мені түсінетін бір жан табылды.

Күлима. Сен қорықтың...

Жәмила. Не?!

Күлима. Қорқып кеттің деймін...Иә, иә...Күтпеген, тосыннан келген сезімнен шошып кеттің.

Сәлима. Дәл таптың?! Қалай дәл таптың, Күлима?! Сен қыз бар ғой, Күлима айтқандай шошып кеттің. Дұрыс...Өзіңше бізге ақыл үйретіп отырғанда, «ақылыңның қармағына» өзіңнің ілініп қалғаныңнан шошып кеттің.

Жәмила. Қыздар, қайдағыны айтпаңдаршы?!

Сәлима. (Жәмиланы құшақтап) Жаным-ау, адам деген сезімнен де қорқады ма екен?! Дайындал...

Жәмила. Қайда?!

Сәлима. «Қайда» емес «кімді» де...

Махаббат. Сәлима дұрыс айтады...Махаббатты күтіп ала білу керек.

Күлима. Махаббат апай дұрыс айтады. «Махаббатты күтіп ала білуіміз» керек. Жәмила...Өтінем...Бір сәт өзіңе...Жүрегіңе үңілші.

Жәмила. Қажеті жоқ...

Күлима. Ал, сен, қажет ет те, бір сәтке үңілші.

Жәмила. Кеңістікке ме?!

Күлима. Сен...

Жәмила. Иә, иә...Кеңістік!..Ол кеңістіктен не естіледі білесің бе?! Уіл...Иә, иә – уіл..Азынайды да тұрады. Құдайым-ау, ол уіл еш тоқтамайды...Тоқтамайды...(еңіреп жылап жібереді.Тұрғандар үндемей қалады.) Сендер мені роботқа айналдырып алғансыңдар. Иә, шындығында ол кейіпке арнай енген өзіммін.

Күлима. Жоқ...Сен жалғыздықтан қорыққаннан санаңа әдейі енгізіп алғансың.

Сәлима. Ие десейші...Сен бар ғой, Жәмиләш...Сол енгізгеніңді сызып тасташы.

Жәмила. Санадан жаман ойларды сызып тастауға болады дейді. Меніңше мүмкін емес.Құрығанда сызығының орны сыздап, мазаңды алады...О, құдайым...Мәңгілік майдан...Сана мен Жүректің арасында мәңгілік майдан...Сана – ақыл беремін деп Жүрекке ұмтылады. Жүрек  – менен шыққан ойды жүзеге асыр деп Санаға әмір беруін қоймайды. Нәтижесінде – бір адамды екіге жарып, өзіне–өзін іздетіп қояды...Ылғи іздеймін. Мен сүйетін...Мені сүйетін жанды. Небәрі төрт сағат...білесіңдер ме, мен не бәрі төрт-ақ сағат ұйықтаймын. Оның өзін дәрі ішіп жүріп, күшпен шақырамын. Жұрттар түсімде ананы...мынаны көрдім деп жатады. Мен ештеңе көрмеймін...Иә, ештеңе көрмеймін...Тура бір вакуумге, қабырғасы жоқ, бұрышы жоқ мәңгілікке түсіп кеткендей боламын. Жансыз...Үнсіз...Ешқандай қимылсыз, қаракетсіз сұрғыл әлемге еніп кетемін. Сұрғылт...Қара да емес, ақ та емес...Еш бітпейді. Ылғи жаураймын...Шілденің шыжыған күнінде қалтырап жаураймын. О, құдайым-ай, неткен бітпейтін қалтырау?!.Ең сорақысы, жалғыздықтан жаураған тәнімді түйенің жүнінен тігілген көрпем де жылытаалмайды...Қалтыратады...Түн жарымында шәй ішемін...жылынғым келіп далбасалаған түрім ғой. Жылына алмай әуреге түсемін. Құрығанда Махаббат апай сияқты қиялыммен де өмір сүре алмаймын.

Махаббат. Сізге қиялмен өмір сүрудің қажеті жоқ.

Жәмила. Не?! Неге?!

Махаббат. Себебі, сіздің қиялыңызға енбеген махаббат Сізді өзі іздеп тапты.

Жәмила. Қалай?! Қашан?!.

Махаббат. Осы жаңа...Бәріміздің көзімізше...Тек, сіздің дұрыс қабылдай алмағаныңыз болмаса...

Жәмила. Сіз... «Яғниды» айтып тұрсыз ба?

Сәлима. Айтса ше?! Махаббат дегенің сен үшін ертегідегі Алпамыс дейсің бе?! Ыдырыстың қай жерінен кемшілік көрдің?!

Күлима. Жәмила, Сәлиманың сөзінің жаны бар. Ол кісі саған ерекше көзбен қарағанын мен де байқап қалдым.

Сәлима. Білгің келсе, Ол ешқандайда мылжың емес. Көрмейсің бе...Ол дегенің...Ол дегенің үнді музыкасын қойып тұрып, биге шақырды емес пе?! Қас қағым сәт...бидің үстінде өз сезімін жеткізіп үлгерген. Ол дегенің...

Махаббат.(шапалақ ұрып) Әне?! Үнді музыкасының құдіретін көрдіңіздер ме?! Кеудесінде жаны бар адамның жүрегін балқытып жібереді. Өз басым мәңгілік махаббатымды ойлағанда үнді музыкасын қоямын да, рахаттанып билеймін.

Күлима. Махаббат апай, тап осы жолы үнді музыкаңыздың құдіреті күшті боп шықты. Бұдан былай мен де үнді музыкасын жиі тыңдайтын боламын.

Махаббат. Ол екеуміздің арамызда махаббат оянғанда, бүкіл әлем бізге қарсы болды. Құрбы қыздарымның бәрі дерлік «ол сені әшейін, ермекке айналдырып жүр. Әйелінен, отбасынан кетпейтін еркекке несіне басыңды қатырасың. Жолатпа. Ол бәрі-бір түбі өз отбасына оралады. Сен болсаң далада қаласың» деп жанымды егейтін. Бір ғажабы, күллі әлем қарсы тұрғанда тек, менің жүрегімдегі бағдаршам «жасыл түсті» жақты...Иә, «сен...Ол сені сүйеді. Ешкімді тыңдама...» деген белгіні берді де тұрды. Мен жүрегімді тыңдадым. Қателеспегеніме қуанамын. Оның отбасымен тұрғаны, маған келіп-кетіп жүргені мен үшін ешқандай мағнаға ие болмады. Ол екеуміздің жанымыз, санамыз бірігіп, бір дәнге айналған едік. Мен бірақ маңайымдағыларға оны еш түсіндіре алмадым. Келе-келе түсіндіруді қажет деп есептемедім де. Жұрт сенбеген махаббатымыз жиырма жылға созылды. Әлі жалғасып келеді. Сондықтан, Сізге айтарым...бір уақ өз жүрегіңізді тыңдаңыз...Сырт бейнесін көзбен таразылағанмен, жүрегіңіздегі «бағдаршам» өзі жанады. Қай түсі жанғанына мән беріңіз.

Сәлима. Туһ, Махаббат апай барып тұрған психолог екенсіз. Дұрыс айтасыз. Жәмилаш, жүрегіңе үңілші... «Бағдаршамның» қай түсі жанып тұр, а?! (бәрі күледі) Несіне күлесіңдер?! Адам өзі не айтарын білмей қысылып тұрса?!

Күлима. Жаным, Сәлима...Сен байғұс өмір бойы біз үшін шырылдаумен өтетін болдың. Махаббат апай, Сәлима арамыздан ерте күйеуге шыққан. Үшінші курсты бітірісімен Айбол екеуі қосылды. Біздер...Жәмила екеуміз әлі отау құра алмай жүрміз. Бізді қайтсем отбасылы етем деп, әрдайым күйіп-пісіп жүргені.

Сәлима. Енді қайтейін?! Ананы таныстырсаң «өкшесі қисық» дейді, мынаны таныстырсаң «мұрны пұшық» дейді...Бұларға адам жағып болмайды. Біздің Айболдың «Алпамыс» болып жарып бара жатқан еш жері жоқ. Қасынан өтіп бара жатып, байқамай қағып кетуің әбден мүмкін. Рас қой?!. Мұрны жалпыйған, қара домалақ. Бірақ, мен үшін одан өткен жан жоқ...

Махаббат. Менің сүйіктімнің де алып бара жатқан ештеңесі жоқ болатын. Мыржиған сары...Алғашында менсінбей жүргенімді жасырмаймын. Өзінің адамгершілігімен, қаракетімен келе-келе мен үшін әлемдегі ең сұлу, ең керемет еркекке айналды.

Сәлима. Әне, көрдіңдерме?.. Бар нәрсе келе-келе жөнделеді. Бақытты болу үшін де – бақытқа қарай ұмтылу керек.

Махаббат. Туһ, Сәлима...Сіз қандай керемет сөз айттыңыз?!

Күлима. Ой, Махаббат апай, біздің Сәлимаш айтпайды, айтса – қақ маңдайдан қайқайтып айтады.

Сәлима. Енді қайтейін...Көкжиекте ұшып бара жатқан тырнаға мойын созғанша, қасыңа қонған қараторғайдан айырлмасаңдаршы. Қыздар, «бақыт» деген жарықтық – қол жетпейтін биікке ұялайды. Қолыңды жеткізу үшін – жүздеген баспалдақпен көтерілуің керек. Жаным–ау, көтерілу үшін де сол баспалдаққа ұмтылу қажет емес пе?! Сендер ерінесіңдер...Жандарыңа қажеттің бәрін жасап алғансыңдар. Қиналғыларың келмейді. Нағыз эгоиссіңдер. Мені бір шылқа майы шылқып жүреді дейсіңдер ме?! Ақшалы еркектің соңында ротасымен қыз–қырқын қоршап жүреді. Бұл күнге жеткізу үшін менің басымнан небір тепірештің өткенімен, жастық құшып тұншыққаныммен кім есептеседі дейсің?! Кейде,баяғы...жалаңаяқ күндерімді сағынамын. Рас айтамын. Есесіне бір–бірімізді көрмесек сағынып тұратын едік. Қазір ше...Үйге апталап қонбайды. Балалардың алдында әртіс боп ойнайсың. «Папаң шетелде...Папаң жиналыста...» Шындығы өзіме мәлім. Қызыңнан сәл–ақ үлкен қыздың қойнынан шығып келіп отырғанын көре тұра көзіңді жұмасың. Шыдап көр...Кейде жанымды қоярға жер таппай, айта алмай қиналамын.

Жәмила. Әрине, сен айтпайсың...

Сәлима.Айтқым–ақ келеді. Айтқанмен не пайда?! Жас кезімде айтып көргенмін. Жанжал...Жанжалдың аяғы...Құрысын, балалар жетілгенде бәріне шыдайсың. Ішіңде мысық тырнап жатса да, өтірік күлесің. Қайтейін. Айболдан кеткенде, одан артығын қайдан табамын. Әйтеуір айналып үйге келіп жатқан соң, көзімді жұмамын. Кешірім сұрайды. Кешіремін.

Күлима. Кешіре білгенді айтсайшы...

Махаббат. Бақытқа қол жеткізу үшін «көптеген кешірімшілдіктен» өтуің керек. «Бір қателігін» кешіру арқылы – бір сатыға, «екінші қателігін» кешіру арқылы – екінші сатыға...көтерілумен бақытқа қол жеткізесің...

Сәлима. Әр күнің, әр сағатың қаптаған «кешірімдердің сатыларынан» тұрады. Бірін өтсең, екіншісі дайын тұрады. Тағы өтесің...Өйтпесең болмайды. Шаңырағың шайқалады. Жанұя дегенің тек шаттыққа толы күндерден емес, өзінің қиындығы мен қуанышы араласып, шатасып жатқан сағаттардың жиынтығынан тұрады.

Махаббат. Сәлима, мен сіздің әйелдік мінезіңіздің байлығына риза болып тұрмын. Шаңырақты сақтау шынында өлермендікті талап етеді.

Сәлима.Қыздар, қиялмен қоштасатын кездерің жетті.

Күлима. «Қиялға еніп алған» махаббаттан арылу жолы өте қиын...Сәлима. Қиялымен барлық жолды шарлап шығып, еніп, сеніп алған соң, шынайылықтан алшақтап кету әбден мүмкін...Сендерге бәрі дап–дайын болуы керек. Мінсіз болса дейсіңдер. Олай болмайды, жандарым. Әйел байғұсқа көп нәрседен бас тартуына, қажет болса құрбан болуыңа тура келеді. Сонда ғана отаныңды сақтап қаласың. Жандарым, сендер өстіп...таңдап жүргендеріңде, менің Айшам күйеуге тиеді. Сол кезде құдалыққа сендерді қай бетіммен ертіп барамын?! «Айшаның күйеуге өтпей қалған апалары ротасымен келіпті» деп ел күлмей ме?!

 

Есіктің қоңырауы шырылдайды. Күлима есікті ашады. Ыдырыс кіреді.

 

Ыдырыс. М-м...Менің құлаққа тығып тыңдайтыным...Яғни...

Жәмила. Жасыл түс...

Ыдырыс. Не дедіңіз?!

Жәмила. «Бағдаршамда» жасыл түс жанды...

 

Күлима, Сәлима, Махаббат «ураласып» қуанып жатыр.

 

Ыдырыс. Түкке түсінсем бұйырмасын...Менің музыка тыңдайтын құлақшама «бағдаршамның...жасыл түстің» не қатысы бар?!

Сәлима. Ой, Яғнижан-ау, бәріміз жабылып жүріп сол «бағдаршамдағы» жасыл түсті зорға жақтырдық емес пе?!

Күлима. Ыдырыс, сіз үшін ол өте жақсы жаңалық. Қыздар, ас үйге менімен барып, көмектесіп жіберіңдерші. Жәмила...Сен, әуре болмай-ақ қой...Менің көршіммен сұхбаттаса тұр.

Сәлима. Е, сөйтейікші...Шынымды айтсам, қарным ашып кетті. Мына тамақтарды қайта ысытып жіберейік.

 

Үшеуі шығып кетеді.

 

Ыдырыс. Яғни...

Жәмила. Яғни...

Ыдырыс. А?..Сіз?..

Жәмила. Иә...Мен...және...Жасыл шам...

 

Орнына тұрып,стол үстінде қалған құлақшаны алып, Ыдырысқа беттейді. Екі жүректің ұмтылысы...Музыка...Екеуі музыка ырғағымен билейді...Махаббат өз ұясын табады.

 

 

С о ң ы    25.04.2013жыл

 

 

Қазақ тілінде жазылған