Адам қарады: 2521 | Жарияланды: 2018-04-28 12:18:33

Чириме

Үстіңнен шалимар аңқып,

Кірпігіңе күн шағылысып,

Аяғыңның астында ай тербеліп,

Қоңыр түнге жұтылдың,

Дерексіз...

Сенің сезіміңді...

Һәм менің сезімімді...

Сәуір бүршігіне байлап қойған кім?

Алыстан талып жетті құлағыма,

Әуен де емес ән де емес...

Айғай құм...

Жесір түнді ойнас қылған,

Жетім күнді алдаған,

Менің аңғалақ нәпсімдей...

Уақыт өтіп барады, Уақыт...

менің аяулы шағым, сенің аяулы шағың...

алыста ажал биін билейді, би дегенім ол емес...

сағым... хат жазасың дәрменсіз,

хат жазамын дерексіз,

жазасын өтеген құлдай, мың жыл бойы...

өмір сүрдің сен менсіз,

өмір сүрдім мен сенсіз, бір әлемде...

бір аялдамада, параллель жолдан жүргенбіз.

Үстіңнен шалимар аңқып,

Кірпігіңе күн шағылысып,

Аяғыңның астында ай тербеліп,

Қоңыр күзде сен жыладың себепсіз.

Ал, Мен... қарашада қайырсыз...

Қоңыр түнге жұтылдым, Дерексіз...

Қазақ тілінде жазылған