Беке немесе балалық шақтың ойындары
Ертең сабақ.Əдебиеттен беретін апайлары міндетті түрде жазғы демалысты қалай өткізгендері туралы шығарма жаздырады.Кеше барып сабақ кестесін білсе,қырсық шалғанда төрт пәннің біреуі осы Сәрсенова апайынікі.Жо-оқ бұның сабақ үлгерімі жаман емес.Екпінділер катарында.Тіпті ұлдар арасында жақсы оқитын да осы.Қиналатыны жазғы каникул жөнінде не жазатыны.Үй шаруашылығына да бәлендей көмектесе қоймапты.Аға-інілері болғасын ба мұның бар-жоғы білінбейді де.Таңертеңгілік асын апылы-ғұпылы ішіп,далаға жүгіреді.Сондағы бітіретіні жақын маңда орналасқан әскери бөлімшені аралайды.Солдаттар бұларды қызық көріп,пилотка,значок сияқты ұсақ-түйек нәрсе ұстатады.Қарымтасына бұлар тиын-тебен қайтарады.Ақшаны қайдан алады дейсің ғой.Бұлармен көп араласа бермейтін,өздерінен екі-үш жас үлкендігі бар,неге екені белгісіз»Косой»деп атап кеткен бір бала жүретін.Ол әскерилерден қалған бос шөлмекті жинап,өткізіп ақша қылатын-ды.Беке де ара-тұра соған еретін.Соңғы рет ергенінде тас қараңғы түскенше жүрді.Үйдегілер кімге айқайлайды, әрине ағасына.Ата-анасынан жазықсыз сөз естіген ағасы ашу-ызасын бұдан алды.Содан бері»Косой»түгілі,әскери бөлімше жаққа барған емес.Шықса тек тамыз айында пісетін адыраспанның дәндерін жинайды.Неге дейсіз ғой.Қатты трос сымнан жасалған»наганчиктің»бірден-бір оғы болып саналады.Күндіз жинап,кешке үйдің маңынан өтетін қыз-жігіттерді көздеп атып,олардың ашуланғандарын көріп мәз болады.Тесік-қолтықта тұрып атқасын бұларды байқау қиын.Сөйтіп жүргенде жаздың да қалай өткенін сезбей қалыпты.Айтпақшы мұның аты Беке болғанымен азан шақырып қойылғаны Бекболат.Ауылда белгілі ғой жеңілірек болсын деп танитындар Беке ғып өзгертсе,құрдастары»Б»-ның орнына»Т»-ны пайдаланып Теке дейді.Соңғысын,әрине,бұл жоқ кезде қолданады.
Міне,тағатсыздана күткен әдебиет сабағы да басталып кеткен.Өзі ойлағандай Сарсенова шығарма жаздырмақ,тақырыбын»Жазғы демалысымды қалай өткіздім?»деп тақтаға бадырайтып жазып қойған.Әрі-бері ойланып,болған нәрсені емес қиялдағыны жаза бастады.Қоңырау соғысымен ойы да аяқтап үлгерді-ау.Енді бір сабақ ғана қалды.Мектеп ауласына шығып,Беке өз сыныптастары тұратын жерге беттеді.Неге екені белгісіз бейне бір осы бұрышты мектеп бітіргенше жалға алғандай үзіліс болса,осынан бір-ақ шығады.Келе сала Беке:
-Балалар,мына таудың ортасында биыл жидек көп дейді.Енді бір-ақ сабақ қалдығой қайсысың барасың?-деп сыныптастарына сөз тастаса,бәрі бірауыздан келіспесі бар ма.
Тау деп тұрғаны алажаздай басында қар жататын таулар емес.Дегенмен де ұшы-қиыры жоқ мынау жазық даладағы түсіп-мінуге де оңай емес тауды қыр деп айтуға келмейді.Анадай жерде Эверест болмаса да шыңы тұр.Бұл Ә.Нұрпейісовтің»Қан мен теріндегі»Тебіренбес дегені осы.Кім білсін,бірақ бағзы заманда Арал теңізінің жағалауы осы маңдарда болған деседі.Мына тау да сол кездері пайда болыпты.
Көзге жақын секілді.Жүрсең жеткізуі қиын-ақ.Сәскеге жақын жетті-ау сабаздарың.
-Әй,Беке жидек деп тұрғаның ашы-ақ бірдеме ғой .Өздері қып-құттай-деп ренжісін білдіріп жатыр бір-екеуін аузына салып үлгергендері.
-Көрші баланың айтқаны ғой.Естіген құлақта жазық жоқ.Мүмкін оның айтқан жеріне тап болмаған шығармыз.Әлгі жерді іздеп,кешке шейін әлек болды.Ымырт түсе сілелері қатып,ауылға жетті-ау.
Қыркүйектің алғашқы демалыстарының бірінде жыл сайын желаяқтар күні өткізіліп тұратын.Беке,әрине,ондайға қатысқан емес.Әрине дейтіні көпшіліктің арасында көзге түсе беруді,бұл жақтыра бермейді.Әйтсе де осы жолы ең болмаса қатыспасам да,тамашалап көрейін деген оймен стадион жаққа қарай беттеді.Бір жағынан ауылдағы жалғыз монша да,сол маңдарда орналасқан еді.Дорбасына монша құралдарын салып,стадион жанына барып,жүгірушілердің додаға түспек боп дайындалғандарын қызықтап тұрған.Кенет ту сыртынан:
-Ә,Құрманов сен де келдің бе қатысуға?-деген дауысқа жалт қараса Сарсенова апайы.Сарсенова апай бұларға сабақ бергенімен қоса,сынып жетекшісі де еді.
-Жоқ,апай.Мен моншаға келіп едім.Қарап кетейін дегенім ғой.Триком да жоқ.
-Ештеңе етпейді.Шалбарыңның балағын қайыр да қатыса бер.Сенен басқа ұлдардан ешкім келмеген.Озып келмесең де қатыс.
Амал жоқ айтқанын қылмаса,өзіне үлкен жау тілеп алғаны.Қазір кетіп қалса,кейін көкесін көрсетеді.Қолындағы дорбасын бір шегеге ілді де,жүгіруге дайындалып тұрған жиырма шақты баланың ортасына кірді.Бір жарым шақырымға жүгірулері керек екен.Төреші белгі беруі сол-ақ бес-алты бала суырлып алға шықты.Бұл да солардың арасында.Мәреге жақындағанда үшеуі-ақ қалыпты.Алда Қадірхан деген бала.Бойы ұзын болғасын қадамы да ұзын.Сыныптас болғанымен,әріпі бөлек,ұмытпаса"Б"класынан болуы керек.Жүз қадамдай жер қалғанда,Беке қамшыны басты дейсің.Мұндайды күтпеген Қадірхан қанша тырысса да бұған жете алмады.Мәре сызығын бірінші кескен бұны Сарсенова апайы құттықтап жатыр.Ал Беке болса, жайбарақат барып дорбасын алып монша жаққа бет бұрды.Он шақты қадам басуы мұң екен тағы да ту сыртынан:
-Әй сен бала,сәл кідірсеңші.Қазір жиналыс болады.Үздіктерге сыйлық тапсырылады,-деп апай айқайлап тұр.Сөйтіп ойда-жоқта мақтау қағазын алып,моншасына түсіп үйіне қайтты.
Қазан айы да басталып кеткен.Әне-міне дегенше бір тоқсан да тәмәм болады.Бірінші мен екінші тоқсан арасындағы қысқа демалыста ләңгі ойынының қызығы басталады.Күзгі аяқкиімді тастап,жылы бәтеңке киетін кез.Туфлимен ләңгі тебетіндер де кездеседі.Әй бірақ ұзаққа бармайды-ау.Түбіндегі қорғасын аяқты қоймайды.Беке де қонышсыз аяқкиіммен тебем деп тобығын ауыртып бір аптадай ақсаңқырап жүрді.Сонда да ойнауды қойған емес.Қолғапты бүктеп ләңгі ретінде пайдаланып жүрді.Аяғыңа да қауіпсіз,мұғалімдер де алып қоймайды.Дегенмен де нағызына жетпейді.Біртүрлі ләңгі тепкендей сезінбейсің.Сондықтан Беке бүгін қуанышты.Аяғы толық жазылмаса да,жылы бәтеңкесін киген.Енді қар түскенше рахаттана теппекші.
Жер беті ақ қар жамылған.Бірінші жарты жылдықты қорытындылайтын уақыт жақындап қалды.
Сарсенова апайы:
-Бұл қысқа тоқсан.Сондықтан жақсы бағамен бітіруге тырысыңдар,-деп күнде қайталайды.
Геометрия пәні болмаса,басқа сабақтардан"Үшке"шығу қаупі жоқ.Неге екені белгісіз осы бір пәнді Беке жақтырмайды.Әйтсе де "үштігін"жоюға тырысуда-ақ.Міне бүгін Пифагор теоремасын дәлелдеп,тақта алдында тұр.Бір мезетте Күләш апайы:
-Сен баланың геометрияға салғырт қарайтыныңды түсінбей-ақ қойдым.Әрине ,еңбектенгенің үшін лайықты бағаңды қоямын.Дегенмен де бұл пәнді түсініп оқу керек.Міне мынау өзің айтып тұрған Пифагор теоремасын білмесең үй салуың нейғабыл?!-дейді мұны бөліп.
Осы алгебра,геометрия пәндерінен дәріс беретін Күләй апайының омырауындағы қандай медаль деп ойлайтын.Сөйтсе он бала тәрбилегені үшін берілетін"Батыр ана"белгісі екен.Бағаға сараң болса да,әділ кісі.Ойлаған бағасына қол жеткізген Беке қуана үйге келді де тамақтанып далаға шықты.Әжесінің қызыл сиырына жем салып беретін көне кастрюлінің қақпағын ала шағуды да ұмытқан жоқ.Неге дейсіз ғой.Аязды күндері қардың жуыспайтыны белгілі.Міне осындай кездері қардың орнына түйенің қатып қалған құмалағын жинап алып,бір-бірлерне лақтырып ойнайды.Тигендері ойынан шығады.Құмалақ қардан қаттылау болғасын,қалқан ретінде біреулері қазанның болмаса шелектің басқа да ыдыстардың қақпақтарын пайдаланады.Жап-жаңа ыдыстардың қақпағын қолданып,артынан әке-шешелері айқайлап жататын балалар да болады.
Бұл ойын әдетте ұзаққа созылмай қысқы демалысқа деиін бітіп қалады.Сонан соң қыс біткенше хоккейдің науқаны жалғасады.Хоккей,футбол десе Беке ішкен асын жерге қоятындардың бірі.Кішкентайында үлкендер қақпаға тұрғызса,мәз болатын.Беке бар жан тәнін салып,қақпаға гол жібермеуге тырысатын.Ұтылып қалса,бәрі осыған шүйлігетін.Кейбіреулері тіпті нұқып-нұқып алады.Бұл жыламсырап үйге қайтса да,ертесіне қақпасында қайта тұрады.Себебі үлкен балалармен ойнау бұл үшін үлкен мәртебе.Ал қазір шабуылшылар қатарында.Осы хоккейдің қызықтығымен қоса,қауіптілігі де бар.Себебі қолындағы таяқтарын қалай болса солай сермейтін сарбаздарың жетеді.Бірде Бекенің де мұрын тұсынан таяқ тиіп"нокаутқа"түскені бар."Қорқақ хоккей ойнамайды"деген сөз Беке сияқтыларға айтылмаған-ау.Келесі күні ол дым болмағандай алаңда жүрді.
Бейіктеу төмпешіктердің үстіндегі жерлері көрініп,қар ери бастаған.Бұл өзі ойнауға қолайсыз кез.Бір жағынан Сарсенова апайы,айтпақшы,"шешуші тоқсан уақыты".Жылдық қорытындыға шығарғанда алдыменен осы тоқсандағы оқу үлгерімге үлкен көңіл бөлінеді дейді.Сондықтан да болар,көшедегі балалар саны сирек-ақ.Осы сиректердің арасында Беке де жүр.Қар жайлап ери бастағаннан хоккей ойыны да саябырсып,аққала жасап,қармен атыспақ ойналады.Осындай бір мезетте Беке қолындағы"оғын"лақтырып кеп жіберсе,көрші үйдің терезесіне дәл тимесі бар ма.Қашып үлгіргенше болған жоқ,дарбазадан шыға жүгірген Мұрат,Бекенің желкесінен ұстап,үйілген қарға атып ұрды.Мұрат терезесі сынған үйдің баласы,әлдеқашан мектеп бітірген жігіт.Оқуда сияқты еді,шамасы демалысқа келген-ау.Осы бір жауырынды,шашы бұйра сары жігітке осы маңайда жұғысатын адам жоқ-тын.Ешкімге зәбір көрсетпесе де,түрінің сұстылығынан ба көбісі аулақ жүруге тырысатын.Міне Бекең де бүгін өз сыбағасын алып,қардың суына малмандай болып үйге кіріп келе жатқан бұған:
-Э,көкеңді көрсетті ме?-деп әкесі мырс етті.Әншейінде болысатын әкесі не болғанын естіп үлгірген-ау.Енді ағасына жалынбақ.Жо-оқ өкпесін айтып емес,сындырған терезесін салдыруға.Ағасын көндірер-ау,бірақ соған шейін итін шығарып қанын ішеді-ау.Бірақ амал жоқ қолмен істегенді мойынымен көтеру керек.Не десе де көнеді.Тек көршілерінен құтылса болды.
Қар толық кетсе де,жылғалардан су ағып,жер түгелдей кебе қоймаған.Құрғақ жерлерде,бұл әдетте мектептің күншуақ жағы ұлдар өз,ал қыздар өз ойындарын ойнайды.Әсіресе үлкен үзіліс кезі бейне бір тартыс алаңына айналғандай болады.Қандай адам болмасын қашан да өзінің алда болғанын қалайды.Осы мақсатта екі тентек кездесіп қалып,физика заңындағы аттас зарядтар бір-бірін тебетіндей алысып-жұлысатындар да аз емес.
Бұл уақыттарда Бекелер,әдетте,"есек"ойнын ойнайды.Негізінен бұның екі түрі болады.Біреуі"круговой есек"болса,екіншісі"жар-есек".Біріншісі адам аз кезде ойналады.Яғни бес-алтауы болса,шеңбер сызылып екі бала бастарын түйістіріп қақ ортада "есек"сықылды тұрады.Шеңбердің ішінде бұларды қорғап айналып сақшы жүреді.Ал сызықтың сыртындағылар аңдысын аңдып"есекке"мінуге тырысады.Мінуге талпынған баланың сақшы аяғына аяғын тигізсе әлгісі"есектердің"біреуін ауыстырады.Ал сақшы бала шеңбердің сыртына шығады да,бірінші"есек"сақшы ролін атқарады.Ал егер сәтін салып"есектерге"мініп үлгірсең,екіншісіне қолың немесе басқа дене мүшең тимегені дұрыс.Тисе"есектер"мөңкулеріне болады.Мұңдай кезде"есектерден"құламау қиынның қиыны.Аяғынның жерге тигенін аңдып сақшы тұрады бір жағынан.Сақшы"есектен"құлағанның аяғына-аяғын тигізе алмай мүлт кетсе,амал жоқ шеңберден шығып кеткенше аяғыңды аспанға көтеріп жатқанның.Ойын соңында шаң-шаң болып шыға келесің.Бір жағынан кейбір сақшы рөлін атқаратындар аяғынан әдейлеп қатты соғады.Сондықтан Беке екіншісін,яғни"жар-есекті"ойнағанды ұнатады.Онда барлық жиналған балалар екіге бөлініп,кезек-кезек бір-бірлерінің үстеріне ырғып мінеді.Мұндайда ойынға онша жоқ,тұйықтау Жақсы да қосылады.Бұл Бекемен кішкентайынан бірге келе жатқан"ежелгі"досы.Әр баланың азан шақырып қойылғанымен қоса,қосалқы аты болады ғой.Жақсы да ондайдан кенде емес.Неге екенін беймәлім,сырттай"құлақ"дейді.Былай қарасаң,қалқанқұлақ емес.Дене бітімі ірілеу келген Жақсылардың кезегі келгенде,"есектің"біреуі атып тұрып,үсті-басын қаға:
-Әй,Жақсы сен ойнамай-ақ қойшы-деп ашуланса,бұл:
-Кезегі келгенде сен де міндің ғой.Несіне бұрқылдайсың.Көтере алмасаң өзің ойыннан шық,-деп қарап тұр.
Дау аяғы,жанжалға ұласқалы тұрғанда,қоңырау да соғылып,үнсіз тарасуға мәжбүр болды.
Мезгіл,шіркін,қанша дегенмен өзінікін алады ғой.Жарқыраған күннің жылуына төтеп бере алмай балшық жерлер түгелдей дерлік кепкен."Шешуші"тоқсан да бітуге жақын.Демалысқа шыққан соң,тапай басу басталады."Қыс азығын жаз дайында"демекші қыс бойына жиналған малдың құмалағын суға салып,аяқпен езгілеп,кәдімгі кірпіш басқандай басады.Тек формасы әртүрлі бола береді.Кепкесін жинап,қыс бойы тамызық ретінде пайдаланады.Сөйтіп қысқа дайындық қар кете басталады ауылда.Осы тапайдан бос уақытта,Беке балалармен аты қайдан шыққаны белгісіз"айкол" ойынына кіріседі.Бір қызығы мұны ұл-қыз араласа ойнай беруге болады."Айколға"бір ұзын,қысқа таяқ,сосын екі кірпіш болса жетіп жатыр.Қысқа таяқтың екі ұшын үшкілеп,екі кірпіштің ортасына қойып,ұзын таяқпен көтеріп неғұрлым алысқа ұрады.Негізінен жақын маңда үй ,қора -қопсы болмағаны дұрыс.Себебі кейбір қулар мықтап ұрып,төбелерден бір-ақ шығарады.Кімнің қайта-қайта төбеге шыққысы келеді дейсің.Сондықтан көбіне ашық алаңда ойналады.Міне осындай бір ойын үстінде кезек Алмаға келеді.Бұл Бекенің сыныптасы.Үйінің сүт кенжесі болғасын ба,еркетотайлау.ұл-қыз демей ойынға кірісіп кете береді.Беке Алманың ұрған таяқшасын қағып алмақ боп ыңғайланған.Себебі ойын ережесі бойынша қағып ұстап алғандарға ұпай қосылады.Құлаштап кеп салып қалған ұзын таяғы қолынан шығып кетіп,Бекенің қақ мандайына тимесі бар ма.
-Ах,ше-деп бетін бетін ұстаған күйі отыра қалды.
Балалар жиналып қалған.Маңдайы лезде-ақ ісіп кетті.
-Байқамайсың ба-деді ызаланып.Сөйтті де үй жағына аяңдады.Негізінен бұл да ұзаққа созылмайтын ойындардың бірі.Бұдан соң асық басталады.Қазақ балалар арасындағы ойындардың төресі осы-ау деймін."Айколдай"емес,ауылдың қай жеріне барсаң мезгілінде асық ойнап жатқандарға тап боласың.Беке де бұдан қалыс қалған емес.Одақтасы Декан.Ұтса,ұтысты екеуі қақ бөліп алады.Ұтылса да амал жоқ екеуі бірге болады.Декан Бекеден бір жас үлкендігі бар.Шын аты Сабыр болса да,есімінен айтқан адамды естіген емес.Тіпті шешесі шақырғанда да,"Декабір-ай,Декабір-ай"деп айқайлайды.Шамасы шал мен кемпірдің тәрбиесінде болғасын атамайды-ау.Ол жағы беймәлім.
Асықты бұлар арғы көшеге барып ойнайды.Негізгі қарсыластары Амандық пен Темірхан.Әсіресе,"солақай"қолымен дәл тигізетін Амандық ойнағышақ.Темірхан да осал емес.Басқа балалар ұтылып,қайтып келе жатса,бұлар соңына дейін болады.Яғни,көбіне осылар ұтып кетеді деген сөз.Бұларға төтеп беретін Беке мен Декан.Кей кездері ұтылып жатса,болмашы нәрсеге айқай шығарып,әлімжеттік жасайтын кездері де болады.Анау екеуі бұлардан бірер жасқа кіші болғасын бата алмай,қалталарындағы асыққа мәз болып,алаңнан тайып отырады.Таңқаларлығы ертесіне дым болмағандай қайта ойнап жатады.
Мамыр айы да жақындап қалған.Осы уақытта Беке,әй тек қана ол емес-ау барлық дерлік бала қызғалдақ теруге барады.Беке ес білгелі осы көрініс жылда қайталанады.Біреулер велосипед,мотоциклмен шығып жатса,кейбіреулер жаяу барады.Әрине,көлігі барлар алысырақ барып,үлкендеу әрі әдемілеуін теріп келеді.Әкеліп ыдысқа салып қойса,бір күн болса да үйдің ішін керемет иіс алып тұрады.Кейбір үйлерде гүлдерді әбден солғанша тастамайды.Беке де салуға келетін жерлерінің бәріне гүлдерді тыққыштап,жаман велосипедімен жеткен еді.Келе аулаға шықса,анадайда Жәмилә кетіп бара жатыр екен.Бұл Бекемен балабақшадан келе жатқан сыныптасы.Осы бір ылғи да ақ бантигін тастамай жүретін қыз бұлар мектепке аяқ басқаннан бері сынып старостасы.
-Жәмилә,қызғалдақ керек пе?
-Қайда?
"Керек емес"деп айтатын шығар деп ойлаған Беке сәл кідіріңкіреп:
-Қазір-деп үйге кірді де бір шоқ гүл алып шығып,Жәмиләға ұсынды.Жәмилә алғысын айтып,қызғалдағын құшақтап кете берді.Ал Беке болса қызға алғашқы рет гүл ұсынған еді.Бір байқағаны,көкірегі томпая бастаған Жәмилә мұның қасында әлдеқайда байыптылау көрінді.Қыздың артынан қарап тұрып:"Асық ойнап,ләңгі теуіп жүргенімізде қыздар бой жетіпті-ау"деді күбірлеп.