Өлгің келмесе жер сұра
Арсалаңдап алдымнан Төрежан ағам шыға келді. Жымиып бір күліп алды. Жүзі бал-бұл жанып тұр. Кенжесі келін түсіріп, сүйінші сұрайын деп тұрған сияқты. «Әссәләәууу!» деген менің қолымды қысып ұстап жіберместен:
—Ал бала, мен әлі 18 жыл өмір сүретін болдым, — деді.
Мен қуанып қалдым. «Сүре беріңіз аға, сүре беріңіз» деппін. Содан сұрадым:
—Түс көрдіңіз бе, аға?
—Жоқ.
—Ата-баба аян берген шығар?
—Жо-жоқ.
Мен сұрағыма ыңғайсызданып тосылып қалдым.
—Маған әкімдіктегілер айтты, олар айтса, біліп айтады.
Сөйтсек, Төкең жердің кезегіне тұрайын деп әкімдікке барып өтініш береді. Өтінішін қабылдаған соң енді жерді қашан аламын деп сұрамай ма. Сонда ондағы қыздар он сегіз жылдан кейін аласыз депті.
—Ау, жасым жетпістің үстіне шығып кетті. Кәрі қойдың жасындай жасым қалды, оған дейін өліп қаламын ғой.
—Жоқ, өлмейсіз. Айтып тұрмыз ғой — өлмейсіз! — депті кепілдік берген қыздар.
Көп өмір сүргенді кім жек көрсін, соған қуанып тұр екен ғой деп ойладым.
—Көрдің бе, мен өлмейтін болдым. Әкімдік айтса бітті — заң! — дейді қутыңдап.
Содан мен де қарап тұрмай:
—Төке-ау, жазушысыз, сатирик деген атыңыз бар, жерді Ақтөбеден сұрағанша, Алматыдан сұрамайсыз ба? — деп қалдым.
—Ойбай-ау, Алматыдағылар он сегізге тағы он сегіз қосып берсе қайтем?
—Тағы отыз алты жыл өмір сүресіз, оның несі жаман?
Осы әңгімені естігеннен кейін, өмір деген тәтті ғой, менің де әкімдікке барып жер сұрағым келіп кетті.
Айтпақшы, бала кезім. Таң алакеуімде үйдің іші абыр-сабыр болды да қалды.
—Тұр, көкесі, тұр! Кетік қайнаға қысылып жатқан көрінеді, бақұлдасып қалайық, — деген шешемнің абдыраған дауысын төрт бала қатар жамылып жатқан жыртық көрпенің астынан естіп жатырмын.
—Ой, ағамды білемін, ертең-ақ тұрып кетеді ғой деп орнынан еріне көтерілген әкем «Беломорын» ерніне қыстырып далаға шықты.
Апамның «Кетік қайнағасы» көрші тұратын Ертоқ атай. Атамды аяп кеттім. Ол өліп қалса, шахматты бізбен кім ойнайды деген оймен мен де әке-шешемнің соңынан жүгіре шықтым. Шахмат ойынын маған бес жасымда үйретіп еді.
Үйдің іші азан-қазан. Үлкен қызы Әбилаш апам жоқтауға дайын отыр. Ал күйеуі жездеміз Торғанбай: «Біздің шал өлмейді, өлсе қайтып келмейді» деп қашанғы қыршаңқы әдетімен елді жұбатып жүр.
Тапашөй Рахаттың бір қолында пышақ, бір қолында қайрақ: қане қойларың деп қояды. Мұндай қиын жағдайларда барлық ұйымдастыру жұмыстарын бірден қолға алып кететін Сәкен ағам баласы Әбішті Қызылеспедегі жылқышы Ілеске жұмсап жатыр. Семіз, ту биесін дайындасын деп қояды. Айтпақшы, машинамен өте алмайсың, трактормен кет дейді.
—Ана Шошай әже тары қайнатты ма екен, тары алдырып, жарма тартырып қояйық, — деп әйелдер жағы жүр. Бірқатары бауырсақ пісіруге кірісіп кеткен.
—Якияға барыңдар, дүкенін ертерек ашсын. Ұн, шекер алдырып қояйық, — деп жатыр бір апамыз.
Күрк-күрк жөтелген атамыз бір мезгілде сусын сұрады. «Бар атаңның үйіне, қымыз алып кел», — деп шешем мені Анарбек нағашымның үйіне жұмсады. «Ойбу, не дейді? Ертоқ қысылып жатыр ма? Былтыр көктемде де өлім аузында жатқанда менің қымызымды ішіп тәуір болып кетіп еді», — деп дөңгеленген Жаңғақ әжем бидонды толтыра қымыз құйып берді. Құйындатып мен де жеттім. Ертоқ атам әуелі жарты көзедей қымызды ішіп алды. Сәлден кейін көзені тауысты.
«Е, беті бері қарады» деп қуанысқан ауыл адамдары асықпай шай ішуге кірісті. Балалар бауырсақты таласып-тармасып жеп жатырмыз. Ертоқ атамның менімен қатар балалары Сәкөш пен Бәкөш үшеуіміз, дегенмен руласпыз ғой, бірігіп кетіп, Желдібай мен Ботайға, Нұрбошқа бауырсақты бір-екі түйірден ғана ұстатып едік, Желдібай ренжіп қалды. «Ертең менің атам да өлер, сол кезде сендерге бауырсақ бермейтін боламын» деп, үйден жылап шығып кетті.
Осылайша төрт-бес күннен кейін Ертоқ атам орнынан тұрып, атын ерттей бастады. Оны көрген көршілер: «Бәрі Алланың қолында ғой. Көрмейсің бе, кеше өлім аузында жатқан Ерекең бүгін мал қарауға бет алды. Иншалла!» десіп жатты.
Бұл оқиға күзде тағы қайталанды. Тағы да ағайын абыр-сабыр күйге түсті. Ерекеңнің көптен ауырып жүргенін естіген сонау Арқадағы құдалары да жетіпті. Қонақтардың қайтатын уақыттары да болыпты.
—Ал құда, біз енді жүреміз. Сауығып кетіңіз, — деп жатса, Ертоқ атамыз айтатын көрінеді:
—Келгендеріңе рахмет, құдалар! Ауыруын мен ауырамын-ау, бірақ өлетін басқалар болып тұр ғой, — деп.
Сол айтқандай, ауырмаңыздар. Ұзақ өмір сүру үшін жер сұрап қалалық әкімдікке барыңыздар.