Адам қарады: 214 | Жарияланды: 2018-05-06 04:17:00

Наурызда келген қонақ

            Кейіпкерлер:

 

Қожанасыр – Наурызда келген қонақ.

Жарқын –  Қожанасырдан бір-екі жас кіші бала.

Болат – Жарқынның досы.

Сәуле – Жарқынның әпкесі.

Балқия – Сәуленің құрбылары.

Қамбар – Жарқын мен Сәуленің әкесі.

Толқын – Жарқын мен Сәуленің анасы.

 

                                         Бірінші көрініс

 

      Наурыз мейрамының қарсаңы. Артқы планда киіз үйдің көрінісі. Босағаның маңдайшасында «Хош келдің, Наурыз!» деген жазу ілулі тұр. Қамбар пен Жарқын, Толқын мен Сәуле киіз үйдің іргелерін ою-өрнекпен әшекейлеп жатыр. Күн салқын, аспан түнеріп ара-тұра қар ұшқындап қояды. Тіпті жел гуілдеп боранға ұласып кете ме деген қауіп бар. Кейіпкерлер жылы киінген, сонда да олардың жаурап қалғаны сезінеді.

 

Сәуле.(бойын түзеп, саусақтарына үрлеп, аяқтарын бір-біріне соққылайды) Мама, мен жаурадым!

Толқын. Мен де жаурадым, Сәуле. Шыдай тұр. Әне, әкең де, Жарқын да оңып жүрген жоқ. Сонда да үндемейді. Киіз үйдің сыртын әшекейлеп бітірейік, сосын ішке кіріп, шай ішіп жылынамыз.

Қамбар. (аспанға қарап қойып) Мына күн бірдеңе шақырып тұр. Наурыз мейрамында боран соғып кетпесе нетті.

Жарқын. Боран соғып кетсе мейрам болмай ма?

Толқын. Неге болмасын – болар. Бірақ мейрам күні ауа райының жақсы болғаны абзал, әсіресе Наурызда күннің шуағы қажет-ақ.

 

    Олар жұмысын жалғастырады. Кенет:

  

     Шарым, шарым, шар-еке!

     Қонсаң жерде береке!

    

 - деген дауыс естіледі де, қолында жібінен ұстаған шары бар, жаңа ғана ұшып келіп жерге топ етіп қонғандай, сүріне қабына Қожанасыр жүгіріп шығады. Оның үстінде жазғы киім. Сахнада тұрғандар бір адамдай оған бұрылады. Аң-таң.

 

Қожанасыр. Ассаламу ғалайкүм!

Қамбар. Уа ғалайкүм ассалам! Қайдан келдің өзі аспаннан топ ете түскендей?

Қожанасыр. Дәл өзі – аспаннан түстім. Ұшып келіп қондым ғой – көрмедіңіз бе?

Толқын. Жоқ, көрген жоқпыз. Киімің сондай жеңіл – тоңған жоқсың ба?

Қожанасыр. (жан-жағына қарап, күннің суығын жаңа ғана сезгендей тітіркеніп қояды) Бр-р! Шынында да күн суық екен. Бұл жарамас. (аспанға екі қолын көтеріп)

                          

                                Күнім, күнім, күнім-ай!

                                Наурыздың тойында

                                Шуағыңды молынан

                                Төксең бізді тоңдырмай.

 

    - деуі мұң екен, күн жадырап сала береді. Тіпті ысығаны сонша, жылы киінген кейіпкерлер ыстықтап шешіне бастайды. Қожанасыр шаттанып оларды айналып жүр.

 

Толқын. Ғажап бала екенсің! Атың кім?

Қожанасыр. Ат менде мүлдем жоқ, есегім бар еді, одан да айрылып қалдым.

Толқын. (күліп жібереді, оған айналасындағылар қосылады) Есімің кім дегенім ғой.

Қожанасыр. Есімім Қожанасыр.

Сәуле. Қожанасыр?! Шын ба?

Қожанасыр. Шын.

Қамбар. Ал Қожеке, не ғып жүрсіз?

Қожанасыр. Ел қыдырып жүрмін.

Қамбар. Бәрекелді, оң сапар болсын. Ата-анаң бар ма? Тегің, руың кім демекші?

Қожанасыр. Тегім де, руым да Қожанасыр. Әкем де, атам да, бабам да Қожанасыр. Біздің әулетімізде басқа есім жоқ. Жеті атамыздың барлығы Қожанасыр. Бергі атам да, арғы атам да Қожанасыр. Тіпті ұлтым да Қожанасыр. Яғни, қазақ. (барлығы тағы да күледі, оларға Қожанасыр да қосылады)

Жарқын. (Қожанасырдың жанына келіп шарды саусағымен түртіп қалып) Сен осы шармен ұшып жүрсің бе?

Қожанасыр. Әрине! (бұрылып арт жағын көрсетіп) Көрмейсің бе – арқамда қанат жоқ.

Жарқын. М-м... Мұның ішінде не бар? Сутегі ме?

Қожанасыр. (күліп жібереді) Су тегі? Әй! Судың тегі болушы ма еді? Адамдардың ғана тегі болмай ма. Менің тегімді жаңа естідің. Ал өзіңнің тегің кім болады?

Жарқын. Менің тегім? (әкесіне қарайды, әкесі өзін сұқ саусағымен нұсқайды) Ә! Мен Жарқын Қамбар-ұлымын. Мамамның есімі Толқын. (Сәулені нұсқап) Ал мынау Сәуле. Ол менің әпкем.

Қожанасыр. Бұл сенің тегің емес, бұл сенің отбасың. Ал енді руыңды білесің бе?

Жарқын. Руымды? Ол не? (тағы да әкесіне қарайды, ол екі қолын қошқардың мүйізіне ұқсатып басына тігеді) А! Білемін. Руым козерог. (әке-шешесі мен әпкесі күліп жібереді)

Қожанасыр. Ол қандай ру өзі?

Жарқын. Білмейсің бе? Қазақша тауешкі.

Қамбар. Жарқын! Тауешкі ру емес. Ол зодиак белгісі. Ал руымыз Қошқарбай.

Қожанасыр. Міне, балақай, не тегіңді білмейсің, не руыңды білмейсің. Соған қарамастан су тегі болады деп даурығып тұрсың.

Жарқын. Неге! Сутегі де, оттегі де болады.

Қожанасыр. Оны кім айтты?

Жарқын. Біздің апай.

Қожанасыр. Апайың алжыған шығар. (күледі) Су мен оттың тегі бар дегені не сандырақ!

Жарқын. Апай алжыған жоқ! Ол біздің мұғалима, табиғаттанушы.

Қожанасыр. Табиғат танушы?! (күледі) Әй! Алжымағанда несі қалды?! Табиғат адам ба еді, оны танитындай!

Толқын. Балалар! Бос әңгімені қойыңдар, одан да шай ішіп алайық. (киіз үйдің ішіне кіріп кетеді)

Қамбар. Толқын, шайды есік алдына жасасақ қайтеді? Мына күн мамырдың күніндей жадырады ғой.

Толқын. (киіз үйдің ішінен шығып) Сөйтсек сөйтейік. Киіз үйдің іші күңгірт, әлі де суық тартып тұр.

 

     Қамбар пен Жарқын дөңгелек үстел әкеліп қояды, Сәуле оған дастархан жайып бауырсақ шашады, май, қант-кәмпит әкеліп қояды. Қожанасыр шардың жібін есіктің тұтқасына байлай салып төрге отырып алады.

 

Толқын. (қайнап тұрған самауырынды алып келіп, күйеуінің кідіріп тұрғанын көріп) Қожеке, сіз отағасының орнына отырыпсыз. Сәл жылжысаңыз қайтеді.

Қожанасыр. Мен жолаушымын, сондықтан қалаған жеріме отырамын. Біздің халық Қожанасырды әрдайым сыйлаған.

Қамбар. (зайыбының жанындағы бос орынға отыра кетіп) Жә, мазаламайық Наурыздың қарсаңында келген қонақты. Бұл құтты қонақ. Шынында да қазақ атамыз жолаушы мүсәпірлерді сыйлап төріне отырғызған.

Сәуле. Ал біздің ағай: «Халық тәрбиелі, сыпайы адамды ғана сыйлайды», дейді. Және: «Халыққа сыйлы болу үшін білімді болу керек»  дейді. «Көп еңбектенген қажет» дейді. «Және өзіңді біреу сыйласын десең, әуелі өзің соны сыйлауға тиістісің» дейді.

Қожанасыр. (бауырсаққа май жағып алып мытып отыр) Ағайың дей береді екен. Оның кім өзі?

Сәуле. Ағай мұғалім, сынып жетекшісі.

Қожанасыр. Ой-бу! Жетекшесі сыныпты? Аты асау ма еді? (отырғандар күліп жібереді) Несіне күлесіңдер? Ат асау болмаса жетекше сына ма? Мәселен, бірде асау ат жетекшені сындырғанда, біздің әкей, әйгілі Қожанасыр-әпенді, атты арбаның артына жегіп қойған.

Жарқын. Қызық екен! Сонда не? Ат арбаны итеріп жүрген бе?

Қожанасыр. Әй! Аттың арбаны итеріп жүргенін қайдан көріп едің? Ол не? Адам ба?! Ат арбаны сүйреп жүрмей ме.

Жарқын. Қайдан білейін. Атты арбаның артына жеккесін ол оны қалай сүйресін?

Қожанасыр. Қалай сүйресе – олай сүйресін. Ол оның міндеті. Ат болдың ба, арбаға жегілдің бе – сүйре! (барлығы қыран-топан күліп жатыр)

Сәуле. Ал меніңше атты дұрыс жегу – ол адамның міндеті. Өйткені теріс жексең ол ат-арба сол жерде қалады. Физика заңы бойынша қозғалмайды.

Қожанасыр. Қайдағы заңды айтып тұрсың? Фи... зик... ондай заңды естісем бұйырмасын.

Сәуле. Жалғыз физика емес – химияда, биологияда, бүкіл табиғатта заңдар бар. Ол жөнінде ағай да, апай да айтқан.

Қожанасыр. Әй, қойшы сол ағайларың мен апайларыңды! Олар өздері шетінен мылжың екен. (бәрі күледі) Одан да шай ішейік. Ұша, ұша ауыз кепті.

Қамбар. Иә, шай ішейік. (бірер уақыт барлығы үндемей шай ішеді) Сонымен, Қожеке, сен табиғат заңдарын білмейді екенсің. Өзің мектепте оқымаушы ма едің?

Қожанасыр. Мектеп?! Ондай бәлекетті мен білмеймін. Оқу-моқу деген маған қажет емес. Менің ісім қыдыру.

Толқын. Ал қыдырғаннан басқа не істейсің?

Қожанасыр. Ештеңе істемеймін.

Қамбар. Саған оқу керек. Оқымаған адам не өзін, не отбасын асырай алмайды.

Қожанасыр. Ол үшін мен қам жемеймін. Халық мені асырайды. Біздің қазақ қонақжай халық.

Толқын. Қонақжайы қонақжай ғой. Бірақ қазақтың бір мақалы бар: «Қонақ үш күн ғана қонақ болады» деген.

Қожанасыр. Е! Үш күннен кейін мен басқа үйге қонақ боламын. Бізде қонақжай үйлер көп.

Қамбар. Көбі көп қой. Алайда, өмір бойы қонақ болып өту – оның аты басқа. Ондайды халық арамтамақ дейді. Өйтіп жеген тамақ арам болады.

Қожанасыр. (жеп отырған бауырсағына таңырқап қарайды) Сонда не? Мына бауырсақ үш күннен кейін бүлініп кете ме?

Толқын. (күліп) Иә, солай деуге де болады.

Қожанасыр. (бауырсақ пен шайын жеп-ішуін тездететіп) Онда, бүлінбей  тұрғанда жеп тауысу керек. Сіз бауырсақтарды жиі-жиі пісіріп отырыңыз.

(шайын апыл-ғұпыл ішіп тауысып, кесесін төңкеріп тастап, қарнын сипайды) Ал, мен тойдым. Аллаһу акбар! (бетін сипап, отырған жерінде қисая кетеді)

Қамбар. Қожанасыр, сен бір нәрсені ұмыттың.

Қожанасыр. (басын көтеріп алып үстелдің үстін көзімен шолып өтеді де Толқынға қарайды) Ә! Не? Тағы бір тағам бар ма?

Толқын. Жоқ, әзірше осы. Сен бір сөз айтуды ұмыттың.

Қожанасыр. О не деген сөз? Мен өзі бірдеңе айтқым келгенде сөз ұмытпаймын. Ал мен қазір ештеңе айтқым келіп тұрған жоқ. Менің ұйқым келіп тұр.

Қамбар. Сонда да бір сөз айтуың керек еді. Көрдің бе, Қожеке, біздің салтымызда алғыс айту деген бар.

Қожанасыр. Алғыс айту? Оны қалай айтушы еді?

Қамбар. Мәселен, «рахмет» деген жөн. Естімеп пе едің бұл сөзді?

Қожанасыр. Жоқ, мен ешкімнен ондай сөз естігем жоқ.

Толқын. Әрине, ешкімге мұндай сөз айтпағасын өзің де ести алмайсың. Және де рахмет деген сөзді есту үшін біреуге жақсылық істеу керек. Мәселен, біреуге көмек көрсету керек.

Қожанасыр. Көмек көрсету керек? Ол не нәрсе өзі? (бүкіл денесін тінтеді, қалталарын ақтарады, таба алмайды, осы қимылына айналасындағылар күледі) Менде ондай зат жоқ.

Қамбар. Ондай зат әркімде бар. Тек қана оны көрсете білу керек. Адамның бойында, жәйда көрінбейтін, тек көрсеткенде ғана көрінетін қасиеттер болады. Ондай қасиет менде де, сенде де бар.

Қожанасыр. Мен бір баланы білемін – оның есімі Қасиет. Бірақ ол менімен бірге жүрмейді, сондықтан мен оны сіздерге көрсете алмаймын. Көрсете алмаған Қасиетті менде бар деп қалай айтайын? Мен осыны түсінбеймін.

Толқын. Сен әлі көп нәрсені түсінбейді екенсің. Жарайды, бізде біраз уақыт болсаң түсіндірерміз. Ал қазір кішкене тынығып ал. Сосын көмек көрсете аласың ба, жоқ па – сонда көрерміз.

 

       Қожанасыр отырған жерінде жантая кетеді. Басы төсенішке тиісімен қор етіп ұйықтап қалады. Сәуле байлаулы тұрған шарды шешіп алады да, ұшуға талпынып, секеңдеп жүгіре жөнеледі. Жарқын оның соңынан кетеді.

 

Толқын. (ыдыс-аяқ жинап жатып Қамбарға) Өзі қызық бала, аспаннан түскендей ештеңе білмейді. Сөзі де біртүрлі, не қалжыңдап тұрғанын білмейсің, не шынында да түсінбей тұрғанын. Қожанасыр десе Қожанасыр!

Қамбар. (күледі) Өзі де Қожанасырмын деп тұрған жоқ па!

Толқын. Бірақ бұл баланың ата-анасын табу керек. Мүмкін олар іздеу салған шығар. Сен әкімге барып, бұл бала бізде екенін хабарласаң қайтеді?

Қамбар. Иә, барып келейін. Ал сонда әкім: «Баланың аты-жөні кім?» - деп сұраса не деймін?

Толқын. Не деуші едің? Қожанасыр тегі Қожанасыр де.

Қамбар. Мен білсем, бұл баланың аты басқа. Мүмкін, ешқандай әкесі де жоқ болар. Мүмкін жетімдер үйінен қашып кеткен шығар. Жетім балалар осындай қияли, арманшыл болады. Баяғыда бір жетім бала, «Әкең кім?» деген сұраққа «Менің әкем Сталин!» деп жауап қатыпты. Өзінің әкесі анау-мынау емес, Сталинның өзі болғанын армандаған ғой. Мына бала да: «Әкем Қожанасыр әпенді болса, өзім де сондай болар едім» деп армандайтын шығар.

Толқын. Иә, мүмкін. Алайда, бұл баланың кім екені анықталғанша бізге оны солай, Қожанасыр деп атауға тура келеді. Сондықтан әкімге бала өзін Қожанасыр тегі Қожанасыр деп таныстырғанын айт.

Қамбар. Жарайды, солай дейін. (кетеді)

 

       Сәуле мен Жарқын қайтып келеді. Жарқын шардың жібіне жармасады. Сәуле бергісі келмейді.

 

Жарқын. Маған берші. Сен тым үлкенсің, шар сені көтере алмайды.

Сәуле. Аһа! Қандай үлкен болсам да Қожанасырдан үлкен емеспін ғой.

Жарқын. Оның бойы ұзын болғанмен, салмағы аз. Көрмейсің бе сидиған сирақтарын?

Сәуле. (өні бойына көз жүгіртіп, алақанымен денесін сипайды) Сонда не, менің салмағым ауыр ма?

Жарқын. Өзің түнегүні мектептен жылап келмеп пе едің, балалар «борсық» деп мазақтағанда! Сондықтан сен ауырсың. Ал мен жеңілмін. Маған берші шарды – көресің қалай ұшқанымды.

Толқын. Жарқын! Қайдағыны қайдан еске аласың! Сәуле, берші сол шарды! Баламен бала болып кеттің бе?

Сәуле. Жарайды, мә, ал. (шардың жібін беріп жатып інісінің шекесінен шертіп жібереді)

 

     Жарқын шардың жібінен ұстап, ерсілі-қарсылы жүгіріп, ұшамын деп әлектенеді. Бірақ оның да аяқтары жерден көтеріле қоймайды.

 

Сәуле. Айттым ғой – мәселе салмақта емес деп! Бұл шардың бір сиқыры бар.

Қожанасыр. (басын көтеріп алып) Әрине, бар! Болмаса кез келген адам, кез келген шардың жібінен ұстай сала ұша жөнелмей ме. (орнынан тұрып балалардың жанына келеді) Ұшу үшін құпия сөз айту керек.

Сәуле. (шардың жібін қолына алып) Кәне, айтшы сол сөзді, мен ұшып көрейін.

Толқын. Қой, Сәуле, ешқандай құпия сөз жоқ. Сен енді ертегіге сенбейтіндей жасқа жеткен жоқсың ба.

Қожанасыр. (Толқынға бұрылып) Қалай ол құпия сөз жоқ?! Мен онда бұл шармен қалай ұшып жүр дейсіз? (Сәулеге) Әкел шарды!

 

      Сәуле шардың жібін Қожанасырдың қолына ұстатады. Ол: «Шарым, шарым, шар-екем! Ұшсаң аспан кең екен!» деп жүгіре жөнеледі. Сахнадан шыға бере жерден көтеріліп бара жатқандай қимыл жасайды. (Егер актерларды көтере алатын аспап болса оны пайдаланып кейіпкерлердің сахна аумағында ұшып қонып жүргенін көрсетуге болады) Сәуле мен Жарқын оның соңында кетеді.

 

Толқын. (сахнаның шетіне барып, балалардың кеткен жағына қарап) Астапыралла! Мына бала шынында да ұшып жүр!

 

     Балалардың айқайлағаны, Жарқын мен Сәуленің шарды сұрап сиқырлы сөздерді айтып, ұшып жүріп қуанып күлгені естіледі. Қамбар қайтып келеді.

 

Толқын. Не деді әкім? Жоғалған бала іздеген біреу бар ма?

Қамбар. Жоқ. Әкім жетімдер үйіне қоңырау шалды. Бірақ ол үйдегі балалар түгел екен. Полиция бөлімінде де ешкімнің бала жоғалды деген шағымы жоқ. Шынында да бұл бала аспаннан түскенге ұқсайды.

Толқын. Солай-ау деймін. Мен саған бір қызықты айтайын. Сен кетісімен Сәуле мен Жарқын Қожанасырдың шарымен ұшамыз деп әлектеніп ұша алмады. Қожанасыр оянып, шармен ұшу үшін құпия сөз айту керектігін айтты. Мен әуеліде сенбеп едім, Қожанасыр сол сөздерді айтуы мұң екен – ұша жөнелді.

Қамбар. (кекете) Мұның бәрі ертегіге ұқсап кетті ғой.

Толқын. Сенбейсің, иә?! Ендеше өзің қара.

 

     Жұбайын балалар кеткен жаққа қаратады.

 

Жарқын. (ол әлі көрінбейді) Папа! Мама! Қараңдар. Мен ұшып жүрмін. Шарым, шарым, шар-еке, қонсаң жерде береке! (шардың жібінен ұстаған бойы, жаңа ғана ұшып келіп қонғандай жүгіріп шығады, Қожанасыр мен Сәуле оның соңында) Шарым, шарым, шар-екем, ұшсаң аспан кең екен! (сахнадан жүгіріп өтіп бара жатып жерден көтерілгендей қимыл жасайды)

Сәуле. (балалардың соңында кетіп бара жатып) Алақай! Біз енді ұша аламыз!

 

     Қамбар пен Толқын балалардың кеткен жағына қарап бастарын шайқайды.

 

Қамбар. Керемет! Бұл нағыз таңғажайып ертегінің көрінісі.

Толқын. Иә. Бұл бала тегін бала емес, бұл бала ертегіден келген бала.

 

      Екеуі кетеді.

 

                              Екінші көрініс

 

    Сол жер. Ешкім жоқ. Болат келеді. Оның қолында доп. Ол баскетбол ойнағандай допты жерге ұрып отырып киіз үйге жақындап келеді де, доппен маңдайшадағы жазуға тигізбек болып лақтырады. Ара тұра, біреу көріп қоймасын дегендей жан-жағына қарап қояды. Қожанасыр мен Жарқын шығады.

 

Жарқын. Болат! Жазуға тиіспе – жыртып тастайсың!

Болат. (допты лақтыруын қоймай) Жыртпаймын.

Қожанасыр. (допты қағып алып) Әй бала! Жерді доппен ұра берме.

Болат. Неге? (добын қайтып алмақ боп әлектенеді, бірақ Қожанасыр одан едәуір биік, ол допты жоғары көтеріп бермейді)

Қожанасыр. Жер қақ айрылып кетсе жердің арғы жағынан бір-ақ шығасың.

Жарқын. Біздің апай айтқан: жердің арғы жағында американдар тұрады деп.

Қожанасыр. Әмірхандар? Оларың тағы кім?

Жарқын. (Жарқын мен Болат оның сөзіне күледі) Американдар сондай халық. Олар жердің арғы жағында тұрады. Өйткені жер – шар.

Қожанасыр. Кәдімгі менің шарым сияқты шар ма?

Жарқын. Иә. (Қожанасырға жақындап) Немесе мына доп сияқты. (саусақтарын доптың үстігі жағына тігіп) Мәселен, біз, бүкіл халқымызбен жер шарының мына жағында тұрмыз делік. Ал американдар (ол енді саусақтарын доптың астыңғы жағына тігеді) арғы жағында жүр.

Қожанасыр. (допты жерге қояды да оның үстіне тұрамын деп әлектенеді) Әй, суайт-ай! Мына доптың үстінде жалғыз өзім зорға тұрмын. Бұл жерге біздің бүкіл халықты қалай сиғызбақсың?

Жарқын. Жоқ, жер шары бұл доп сияқты емес.

Қожанасыр. Біресе доп сияқты дейсің, біресе сияқты емес дейсің.

 (допты киіз үйдің іргесіне қоя салып қалтасынан бір уыс асық алып шығады) Бос сөзді қойып асық ойнайық. Кәне, әкеліңдер асықтарыңды.

Болат. (асықтарға таңырқай қарайды) Бұл не?

Қожанасыр. Не - не?

Болат. Мыналарың... сасық дедің бе? Әлде пасық па?

Қожанасыр. Ха-ха-ха! Өзің сен сасық пасықсың! Әй, сен асық ойнамап па едің?

Болат. Жоқ, мен тек компьютермен ойнайтын ойындарды білемін.

Қожанасыр. Не дедің? Комп... кәмп... ит?

Жарқын. Сен компьютерді де білмейтін шығарсың?

Қожанасыр. Ол не бәле? Кәмпит тәрізді тәтті ме?

Жарқын. (күледі) Жоқ, компьютер... ол компьютер. Және де ондай ойындар соткада бар. Міне. (соткасын алып шығып ойнын қосады)

Қожанасыр. (Жарқынның соткасына үңіліп мұрнын тыржитады) Тү! Осыны ойын дейсің, иә?! Шима-шатақ бірдеңе. Ойын деп асықты айт! Мен сендерге асық ойынын үйретейін. Асықтарың болмаса мен өз асығымды бөліп берейін. Ал сақамен кезекпен пайдаланасыңдар.

 

     Асықтарын Жарқын мен Болатқа бөліп береді де, еденге бормен сызық сызып, әрқайсынан бір-бір асық алып сол сызықтың бойына алшы ғып тігеді де, олардан үш қадам қашықтықта тағы бір сызық сызады.

 

Қожанасыр. Енді кезекпен асықтарды сақамен атасыңдар. Міне, былай. (екінші сызықтың сыртында тұрып тігулі тұрған асықтың бірін сақамен атады, сосын балаларға ойын ережесін түсіндіреді) Асық атқанда сақа алшы түскені абзал, онда атылған асық қалай жатса да ұтып алынады. Немесе сақа да, асық та бірыңғай, яғни, алшы, тәйке, бүк немесе шік түссе де атылған асық ұтыс боп алынады. Ал басқа жағдайда асық орнына қайтарылады да кезек басқа балаға тиеді. Түсіндіңдер ме?

Жарқын. Алшы, тәйке, бүк, шік – ол қалай?

Қожанасыр. (сақасымен көрсетеді) Алшы міне былай жатады, тәйке былай, бүк былай, ал шік былай. Түсіндіңдер ме?

Болат. Түсіндік. Мен қашан асық атамын?

Қожанасыр. (атылып кеткен асықты орнына қойып сақасын Болатқа ұсынады) Кезек анықтау үшін сақа иіресіңдер. Қайсың бірінші алшы түсірсең, сол бірінші кезекке ие болады. Бұл саған доппен абажадай жазуды атқандай емес, бұл жерде нағыз мергендік қажет.

 

    Балалар сақа иіріп кезегін анықтайды, сосын асық атып ойнап, өзара даурығып жатады. Сәуле келеді. Ол шардың жібін есіктің тұтқасына байлай салып балаларға жақындайды.

 

Сәуле. Бұл не қу сүйектер, Қожеке?

Қожанасыр. Бұл қу сүйек емес, бұл асық.

Сәуле. Қызық ойын екен. Мен де ойнасам қайтеді?

Қожанасыр. Жоқ, қыз балаға асық ойнауға болмайды.

Сәуле. М-м... Ал қыздар ойнайтын ойын жоқ па?

Қожанасыр. Неге болмасын? Не көп, ойын көп.

Сәуле. (қуанып кетіп) Онда үйретші.

Қожанасыр. Сенің құрбыларың бар ма?

Сәуле. Бар.

Қожанасыр. Онда шақырып кел. Сосын барлығымыз қосылып ойнайтын тамаша ойындар ойнаймыз.

 

     Сәуле кетеді. Жарқын бүкіл асықтарынан ұтылып қалады. Болат ұтып алған асықтарды қалтасына тығындап жатыр.

 

Жарқын. Болат, әкел, асықтарды бөліп алып тағы да ойнайық.

Болат. Жоқ, бермеймін! Өйткені бұл асықтар енді менікі.

Жарқын. Қожеке, Болат ұтып алған асықтарын бергісі келмейді.

Қожанасыр. Әрине, ол енді оның асықтары. Бергісі келмесе бермейді.

Жарқын. Ал мен оның орнында болсам, ұтып алған асықтарыммен, ойынды жалғастыру үшін, бөлісуші едім. Ал Болат сондай сараң!

Қожанасыр. Әй, Жарқыным-ай! Болаттың сараңдығы болмаса, сенің жомарттығыңның қадірі болар ма еді?

Болат. Мен сараң емеспін! Бұл менің ұтысым. Неге мен ұтып алған затымды бере салуым керек. Ондай болса ойын қызық болмайды.

Қожанасыр. Ол да дұрыс. Ойнағың келсе ұтылмауға тырыс. Және көбірек асық жина. Ол үшін, балалар, (бұл сөзін  залда отырған балаларға да арнайды) ата-аналарыңа ескертіп қойыңдар. Тойға барса, не қонақта болса асық ала келсін. Үйлеріңде ет асқанда асық кездессе лақтырып тастамай, тазалап, кептіріп жинай беріңдер. Асық көп болса, ойын да қызық болмақ. Ал мына шағын асық кімге жетпек? Және әр баланың өзінің сақасы болуы керек.

 

     Екі құрбысын ертіп Сәуле келеді.

 

Сәуле. Қыздар, танысып қойыңдар – бұл Қожанасыр, арнайы Наурыз мейрамына келген қонақ.

Балқия. (Қожанасырдың алдында сәл иіліп қолын береді) Мен Балқиямын. Сіз қайдан келдіңіз?

Қожанасыр. (қыздың қолын алып) Елден жүрмін. (Балқия иықтарын қиқаң еткізіп шегініп кетеді де оның орнына Қорлан тұрады)

Қорлан. (Қожанасырға қолын созып) Ал менің есімім Қорлан. Сізбен танысқаныма өте ризамын.

Қожанасыр. (қыздың қолын қысып жатып) Мен де. Ал, қыздар, ойын ойнайық.

 

     Қожанасыр төмендегі үш ойынның бірін түсіндіреді де барлығы қосылып сол ойынды ойнайды. Мүмкін болса үш ойынның екеуін, немесе үшеуін де ойнауға болады. Қыздар мен ер балалар екі қарсылас топқа бөлінуі мүмкін.

 

 Ойын түрлері:

 

1. Аңшылар мен үйректер. Бормен еденде үлкен шеңбер сызылады. Екі топ кезекпен аңшылар мен үйректер болады. Аңшылар шеңбердің сыртында қалады да үйректер ішіне кіреді. Аңшылар үйректерді кезектесіп бір доппен ұрып атқылайды, ал үйректер допты өздеріне тигізбеуге тырысады. Үйректер мен аңшыларға сызықтан, не әрі, не бері өтуге болмайды. Доп тиген үйрек «өледі» де шеңбердің сыртына шығып кетеді. Қалғандары ойынды жалғастырады. Егер бүкіл үйректер атылып қалса, олар қайтадан шеңбер ішіне кіреді де ойын әрі жалғасады. Бірақ оларға, өнер көрсетіп, яғни, өлең, ән айтып, би билеп аңшыға айналуға мүмкіндік беріледі. Содан кейін орын алмастырып үйректер аңшы болады да ойын әрі жалғасады. Егер үйректердің біреуі допты жерге түсірмей ұстап алса, сол жерде олар шеңберден шығып аңшыларға айналады, ал аңшылар шеңбердің ішіне кіріп үйрек болады. Үйректер қағып алмауы үшін аңшылар допты қатты екпінмен лақтыруға тиісті, және допты төмендетіп, үйректердің аяқтарына тигізуге тырысады.

 

2 Ұшты-ұшты! Ойын жүргізуші шеңбердің ортасында, ал ойнаушылар шеңбердің сыртында сызық бойы тізіліп тұрады. Жүргізуші: «Ұшты-ұшты!» деп ұша алатын немесе ұша алмайтын мақлұқтың немесе заттың атын атап қолдарын көкке көтереді. Сонда, егер сол аталған мақлұқ немесе зат ұша алатын болса, құс, көбелек, инелік т. с. с. тірі жан иесі, немесе  самолет, вертолет, ракета, шар т.б. болса, ойынға қатысушылар қолын көтеріп «ұшты-ұшты!» деп айқайлауға тиісті. Керісінше, егер ұша алмайтын мақлұқ немесе зат аталса олар қолдарын көтермей, үндемей тұра берулері тиіс. Ал әлде кім ұшпайтын мақлұқ немесе зат аталысымен қолдарын көтеріп «ұшты-ұшты!» деп қалса, немесе ұша алатын зат аталысымен қолын көтермей үндемей қалса, олар сол жерде жаза ретінде өнер көрсетуге тиісті. Яғни, өлең, не ән айтады, немесе би билейді. Жүргізуші ойнаушыларды шатастырмақ мақсатымен ұша алатын нәрсемен қатар соған ұйқас ұша алмайтын затты атап отырғаны абзал. Мәселен, «Ұшты-ұшты, кеклік ұшты!» - «Ұшты-ұшты, кекіл ұшты!», «Ұшты-ұшты, қарға ұшты!» - «Ұшты-ұшты, сырға ұшты!», «Ұшты-ұшты, тауық ұшты» - «Ұшты-ұшты, уық ұшты!», «Ұшты-ұшты, қаршыға ұшты!» - «Ұшты-ұшты, қанжыға ұшты!», «Ұшты-ұшты, көбелек ұшты! – «Ұшты-ұшты, ебелек ұшты!» т.с.с.

 

 

3 Сиқырлы таяқ. Ойнаушылар дөңгеленіп шеңбердің сыртында тұрады. Ал жүргізуші ұзындығы бір, бір жарым метр таяқ алып шеңбердің ортасында тұрады. Ол ақырын айналып тұрып ойнаушылардың біреуінің атын атап тік тұрған таяқты тастап шегініп кетеді. Сол кезде аты аталған ойыншы лезде таяққа ұмтылып оны жерге құлатпай ұстап қалуға тиісті. Егер құлатып алса сол жерде ортада тұрып өнер көрсетеді, яғни, өлең, ән айтып, би билейді. Егер жерге түсірмей қағып алса жүргізушіні ауыстырады, ал жүргізуші оның орнына тұрады.

 

      Қамбар пен Толқын шығып балаларға таңырқай қарайды.

 

Қамбар. Әй! Мыналардың ойнап жүргені аңшылар мен үйректер (немесе, «ұшты-ұшты», «сиқырлы таяқ») ғой!

Толқын. Дәл өзі!

Қамбар. Қожанасыр ғой балаларға бұл ойынды үйреткен. Әйтпесе, біздің өзіміз бұл ойынды ұмытып та үлгердік, біздің балалар оны қайдан білсін?

Толқын. Иә, балаларға ұлттық ойындарды үйретіп жүрген Қожекең. Меніңше, оны жібермеу керек. Өзі осында болған бір-екі күннің ішінде балалар әжептәуір қазақыланып қалды.

Қамбар. Иә-ә. Қожекең де біздің балалардан бірсыпыра нәрселерді үйренді, алайда өзі де көп шаруа тындырып үлгерді. Бірақ, мен білсем, ол осында мүлдем қалуға көнбейді.

Толқын. Неге?

Қамбар. Неге дейсің бе? Өйткені Қожанасырларға бір жерде қалып басқа жұрттай өмір сүру жараспайды. Олар ел кезіп, халықтың көңілін көтеріп, қыран-топан күлдіріп, ұмыт болған қасиеттерін қайтарып беріп жүреді.

Толқын. Сонда да оған қал деп айтып көрейік. Мүмкін келісер.

Қамбар. Қожанасыр! Қожеке!

Қожанасыр. (ойыннан басын көтеріп) Ау?

Қамбар. Бері келіп кетіңізші! Мына жеңгең бірдеңе айтқысы келіп тұр.

 

      Қожанасыр жақындап келіп Толқынға қарайды. Оның соңында балалар да жақын келіп үлкендерді қоршап алады.

 

Толқын. Қожеке, біз, мына ағаң екеуміз ақылдасып, сізге бір ұсыныс жасайық деп едік.

Қожанасыр. Ол қандай ұсыныс? Айтыңыз. Әйтеуір жоқ нәрсені көрсет деп әурелемесеңіз болды.

Толқын. Сіз осында қалсаңыз қайтеді? Бізге бала болып, Сәулеге іні, Жарқынға аға болып демекші...

Сәуле. (қол шапалақтап жіберіп) Алақай! Қожеке бізде қалады! Ол маған іні болады.

Жарқын. Ал маған аға болады! Алақай!

Қожанасыр. (сәл мұңая басын шайқайды) Рахмет, ағай! Рахмет жеңгей! Бірақ мен мұндай ұсынысты қабылдай алмаймын. Мен сіздерге бала бола алмаймын, менің өз ата-анам бар. (Жарқынға бұрылып қолын оның иығына салады) Ал Жарқынға мен шынында да аға сияқты болып кеттім. Ал Сәуле... (Сәулеге бұрылып) Сәуле маған өте ұнады... біз шын достасып кеткен сияқтымыз. Мен сіздерді ешқашан ұмытпаймын. Мен сіздерге әлі талай рет келемін. Ал мүлдем қала алмаймын. Өйткені мені басқа жерлерде де тосып жүрген балалар бар. Басқа Сәуле мен Жарқындар да өздерінің ұмыт қалған ойындарын еске алғысы келетін болар.

Қамбар. Айттым ғой, Қожекең қалмайды деп. Жақсы, солай-ақ болсын. Ал ертеңгі Наурыз мейрамын бізбен өткізетін шығарсыз?

Қожанасыр. Әрине! Мен өзі Наурызды тойлау үшін келген жоқпын ба.

Қамбар. Бәрекелді!

Толқын. Қожеке, сіздің құрметіңізге біз ас даярладық. Үйге кіріңіз. Балалар, сендер де Қожекеңмен бірге асқа кіріңдер, қонақ болыңдар.

Балалар. Жарайды, Толқын апай!

 

     Сәуле мен Жарқын киіз үйдің есіктерін ашып Қамбар мен Толқын бастаған балалар ішке кіріп кетеді.

 

                                    Үшінші көрініс

 

       Сол киіз үйдің алды. Нурыз тойы. Сахнаға, бір жағынан Сәуле, Балқия, Қорлан (қыздар мен балалардың жалпы саны шектелмейді, тек қана екі топ сан жағынан тең болғаны абзал), ал Қожанасыр, Жарқын, Болат оларға қарсы шығады. Барлығының үстінде қазақи ұлттық киім. Қыздар мен балалар көрермендерге бұрылып иіліп сәлем береді.

 

Сәуле. Ұлыс күні оң болсын

Барша халық тоқ болсын

Наурыз тойын қарсы алып

Ырыспенен бақ қонсын.

 

Қожанасыр. Ақ молынан берілсін

Астық көптеп егілсін

Ел, халқымыз тыныш боп

Пәле-жәле жерге енсін.

 

Балқия. Наурыз тойы тойлансын

Бақыт, шаттық орналсын

Наурыз көже жасалып

Дәмінен жұрт татсын

 

Жарқын. Қыз-бозбала ойнасын

Алтыбақан орналсын

Ән-күйімен шырқалып

Саз бесігі тербелсін.

 

Қорлан. Наурыз жыры жырлансын

Күй нақышпен ұлассын

Наурызда тату боп

Ағайын-жұрт жиналсын.

 

Болат. Ау, халайық, халайық!

Наурызды қарсы алайық

Бәріміз де қосылып

Наурыз әнін шырқайық!

 

Сәуле. Қожеке, ән шырқайық.

Қожанасыр. Шырқасақ, шырқайық!

 

     Екі топ бір-біріне жақындап,  сап құрып ән шырқайды. Қожанасыр мен Сәуле саптың алдына шығып ән бастайды.

 

Сәуле. (ән бітісімен) Тамаша! Қожеке, сіз нағыз әнші екенсіз.

Қожанасыр. Қайдам! Менікі жәй әншейін ғой. Ал біздің елде қандай күміс көмей әншілер бар дейсің! Біздің елге келіңдер, сонда нағыз өнердің сабаздарын табасыңдар.

Бәрі қосылып. Барамыз сіздің елге, Қожеке, бір барамыз!

 

     Екі топ тағы ажырасып екі жаққа кетеді. Тағы да өлең шумақтары айтылады.

 

Қожанасыр. Топырағынан Тұранның

Бастау алған Наурызым.

Қанатында жыр-әннің

Самғап ұшқан Наурызым!

 

Сәуле. Биыл міне тағы да

Аңсап көрген Наурызым.

Құстар қонған бағыма

Ән сап келген Наурызым!

 

Жарқын. Айналаға нұр төгіп

Күй тербеген Наурызым.

Шаттық сәуле тұр күліп

Би билеген Наурызым!

 

Балқия. Ел еңсесін көтеріп

Дос мақтаған Наурызым.

Жайлауыма төл өріп

Асқақтаған Наурызым!

 

Болат. Ақындарын жырлатқан

Жаса, жайна, Наурызым.

Барлық халық тіл тапқан

Демеуші ұлы, Наурызым!

 

Қорлан. Жаңа жылда – жаңа ырыс

Алып келдің, Наурызым.

Жаңа жылды жарылқап

Бастап берші, Наурызым!

 

Сәуле. Қожеке, енді би билейік.    

Қожанасыр. Билесек – билейік!

 

     Балалар мен қыздар би билейді. Қожанасыр мен Сәуле билеушілердің алдына шығып би бастайды.

 

Сәуле. (би бітісімен) Тамаша! Қожеке! Сіз жақсы билейді екенсіз. Сіз кез-келген ансамбілдің көркі бола аласыз.

Қожанасыр. Ой, жоға! Менікі жәй әншейін ғой! Ал біздің елде нендей атақты бишілер бар дейсің. Біздің елге келіңдер, сонда нағыз өнердің сабаздарын табасыңдар.

Барлығы қосылып. Барамыз сіздің елге, Қожеке, бір барармыз!

 

Қамбар мен Толқын келеді.

 

Толқын. Балалар! Енді Наурыз көжеден ауыз тиіңдер.

Қамбар. Иә, көжесіз Наурыз – Наурыз емес.

Балалар. Алақай! Наурыз көже ішеміз! (екі сап бұзылып кетіп балалар араласып шуласып кетеді)

Сәуле. Балалар, тоқтаңдар, тынышталыңдар! (олар тынышталысымен Қожанасырға бұрылады) Қожеке, сізге тартатын бір сыйымыз бар. Сіз, өкінішке орай, өзіңіздің көк есегіңізден айырылып қалыпсыз. Ұшып-қонып жүрген шарыңызды маған сыйладыңыз. Ұзақ сапарда аяғыңыз тозар. Біз бәріміз қосылып сізге бір тұлпар сыйлайық деп ұйғардық.

Қожанасыр. Тұлпар?! Қой, Сәуле, мен ондай бағалы сыйды қабылдай алмаймын. Жаяу жүру бізге, Қожанасырларға таңсық емес. Талай рет, ата-бабаларымыз жаман адамдардың зорлық-зомбылығының нәтижесінде жаяу қалған, бірақ ешқашан мұңаймай, түңілмей жаяу ел кезіп өздеріндей қарапайым халыққа дем беріп, көңілін көтеріп жүре берген. Мен де соны істеймін.

Сәуле. Әрине, жаяу жүргенмен сіз еш кемімейсіз. Сонда да, көлік мініп жүрген тиімділеу ғой. Және біздің тұлпарымыз онша қымбат емес. Біздің тұлпарымыз сіз ойлаған тұлпар емес.

Қожанасыр. Осы сен, Сәуле, әрдайым жұмбақтап сөйлейсің. Қандай тұлпар ол тұлпар емес?

Сәуле. Өзіңіз көресіз. Балалар, әкеліңдер Қожекеңнің жаңа тұлпарын!

 

       Балалар улап-шулап велосипед алып келеді. Оны Қожанасырға табыс етеді.

 

Сәуле. Міне біздің тұлпарымыз.

Қожанасыр. Өй, бұл не?!

Қамбар. Мұны бірінші рет көрген қазақ шайтан арба деп атаған. Алайда шайтанның велосипедке еш қатысы жоқ. Және де бұл жақсы көлік – не жем-шөп тілемейді, не су ішпейді, не жағармай сұрамайды. Бұл тұлпар оттамайды да, мұны суарамын деп ен далада суат іздемейсің. Тек мініп алып шапқылай бер!

Қожанасыр. Ә! Сондайы бар ма еді? (велосипедтің орындығына мініп, аяғын көтере беріп) Шу-у, жануар! (құлап бара жатып аяғына тұра қалады) Өй! Мынауың аяғын баспайды ғой! Бұл маған көлік болып жарытпас! (бәрі күледі)

Жарқын. Қожеке! Бұл тұлпарды теуіп үйрену керек. Кәне, беріңіз, мен көрсетейін. (мініп алып сахнаны бір айналып түседі)

Қожанасыр. Оу, бәлі! Мынау тіпті тұлпардай зулайды ғой! Кәне, әкел, мен де шапқылайын.

 

     Жарқын велосипедті Қожанасырға береді, бірақ ол бастапқы кезде тебе алмай әуреленеді.

 

Қожанасыр. (рөлге ие бола алмай қиқаңдатады, велосипед дұрыс жүрмей оң-солға бұлғаңдайды) Өй, мына жануар қалай ойқастайды-ей! Өзі мені жатырқап тұрғаннан сау ма?

 

    Балалар шуласып велосипедті итеріп көмектеседі. Ақыры Қожанасыр өзі жүріп кетеді. Бір-екі рет сахнаны айналып өтіп сыртқа қарай беттеп бара жатып қолын бұлғап қоштасады.

 

Қожанасыр. Қош сау болыңыздар! Мені ұмытпаңдар! Мен әлі келемін! Мен әлі талай келемін, тек мені ұмытпаңдар!

Балалар. (қолдарын бұлғап шуласып жатыр) Қош, қош Қожеке! Біз сізді ешқашан ұмытпаймыз!

 

     Қожанасыр сахнадан шығып кетеді.

 

Толқын. Қожекең шынында да кетіп қалды ма? Көже ішпей кетті ғой! Қап!

Қамбар. Велосипед тебуді көже ішкеннен кейін үйрету керек еді. Ал енді не тұрыс? Жолы болсын дейік. Балалар! Наурыз көжесінен ауыз тиіңдер.

 

     Балалар еңселері түсіңкі аяқтарын әзер басып киіз үйдің есігіне қарай жылжи бастайды.

 

Сәуле. Менің тәбетім соқпай тұр. Қожекең бүкіл мейрамның тамашасын бірге алып кеткендей болды.

Жарқын. Иә, мен де өзімді солай сезініп тұрмын. 

 

      Осы тұста сахнаға велосипед мінген Қожанасыр қайтып келеді. Балалар шу етіп оған қарай ұмтылады. Қожанасыр бір айналып түседі, балалар оның соңынан еріп жүгіреді. Ақыры ол ортаға кеп тоқтайды.

 

Қожанасыр. Қамбар ағай! Толқын жеңгей! Кетіп бара жатып сіздердің Наурыз көжесін ішуге шақырғандарыңыз есіме түсіп кетті. Сосын өзіме-өзім: «Әй, менікі не? Шын жүрекпен ұсынған асты аттап кеткенім бе?» дедім. Содан, қайтып келіп, көже ішіп, тағы ойын-сауық құрып, осы мейрамды өткізіп, ал ертеңімен ертерек сапарға шығайын деп ұйғардым. Дұрыс істедім бе?

Қамбар. Әрине!

Толқын. О не дегеніңіз!

Балалар. (бір ауыздан) Иә! Иә! Өте дұрыс істедіңіз Қожеке! Алақай! Қожеке әлі кетпейді! Ол әлі бізбен болады, әлі бізбен би билейді, ән айтады, ойын ойнайды!

 

   Толқын киіз үйдің ішінен тегене мен ожау алып шығады. Ал Сәуле тостағандар алып шығып жанынан тізбектеліп өтіп бара жатқан қыз-бозбалаларға бір-бір тостаған таратып береді. Олар енді Толқынның жанынан өтіп бара жатып тостағандарын оның ожауына тосады, сонда ол балаларға  көже құйып тұрып мынандай өлең шумақтарын айтады.

 

Толқын.

Айналайын балалар!

Жеп-ішсін деп тамсанып

Жеті түрлі дәм салып

Наурыз көже пісірдім.

 

Арпа, бидай, тары бар,

Қатық, малта, ағы бар.

Ішілетін, жейтұғын

Бұл көжеде бәрі бар.

 

Құйдым алтын табаққа

Бал көжеден татыңдар

Наурыз мейрам шағында

Бар қызыққа батыңдар.

 

    Көжеден ауыз тиген болып, кеселерін қолдарында дөңгелете отырып қыз-бозбалалар би билейді. Би аяқтала тостағандарын сол тәртіппен Сәулеге қайтарып береді. Толқын мен Сәуле ыдыстарды киіз үйдің ішіне қайтарады.

 

Толқын. (Қамбар екеуі ортаға шығады) Отағасы, балаларға батаңызды беріңіз. Иләһи әмин! (барлығы қолдарын жаяды)

Қамбар.

Сұрасаң бата берейін,

Үстем болсын мерейің.

Ықыласпен қол жайсаң

Ақ тілекті төгейін.

Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын.

Қайда барсаң да жол болсын!

Ұлыс бақты болсын,

Төрт түлік ақты болсын!

Ұлыс береке берсін,

Бәле-жала жерге енсін!

Қазақ халқым тоқ болсын

Көйлектерің көк болсын!

Уайым-қайғы жоқ болсын,

Қуаныштарың көп болсын!

Әумин! Аллаһу акбар!

 

Барлығы. Әумин! Алаһу акбар! 

 

                                                Шымылдық

 

     Өлеңдер мен бата шумақтары журналдан алынған.

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған