Адам қарады: 576 | Жарияланды: 2018-05-15 03:36:13

Отанын сүйген қылмыскерлер

            – Жаным-ай, қайтейін-ай! Неге, қу құдай, мені осынша зарлатып қойдың?! Бұл Тәңірге не жаздым! Өз басын өзі ұрғылап жылаған ананың көзінен аққан жасы бір-біріне қосылмай, бетіндегі әжімдерінің арасымен жылжи толассыз ағуда. Маңайдағы қарақұрым кісі мен көздері жылаудан ісінген көрші-қолаң әйелдердің сабылыса  арлы-берлі жүрістерінен көзін алмай, қалың ойға батып, 40-45 шамасындағы  жігіт ағасы оқшаулана  қалың ойға батып тұр. Бұл – осы үйдің егесінің інісі  Бекболат.  Алматыда оқу оқып жүрген бауырының, аяқасты жол апатынан мезгілсіз қайтыс болғанын естісімен жеткені бүгін еді. Әйтеуір, топыраққа үлгергеніне өзі де іштей қатты қуанды. «Тойға бармасаң да, топырақтан қалма» деген аталы сөзді жүрегіне түйген Бекболат жеңгесі мен ағасының қайғысы қабырғасына батып, оларға қандай көмек берерін білмей дал.

         Бір әкеден ағалы-інілі Бекболат пен  ағасы Тектіболат бүгінгі қаралы үйде дүниеге келген. Әкесі мен анасы ерте көз жұмса да, ол жетімдіктің не екенін білмей  ержетіп, Тектіболаттың  балаларымен бірге тел өсті. Анасының да, әкесінің де жарқын бейнелерін көз алдына келтіре алар емес. Қайдан келтірсін? Ол кезде тіптен кішкентай, қызылшақа  сәби еді. Туғанының  айтуынша, ата-анасы бір туыстарының ұлдары үйленіп, сол тойдан қайтып келе жатқанда, жолда  көлік апатына ұшыраған. Екеуі де қатты болған апаттан тіл тартпастан көздерін жұмған. Содан бері әкесі мен анасының орнын толтыра алмаса да, олардың Бекболатқа жоқтығын білдірмеуге ағасы мен жеңгесі бар күштерін жұмсады.

Кейіннен мектеп қабырғасын бітірген соң, қолынан жетелеп  жүріп, Алматыдағы заң институтына әкеліп оқуға түсірді. Заң институтын таңдағанына  туыстары таңданғанымен, Бекболат өзі іштей осы оқуға түсуді бала кезінен армандаған-ды. Кішкентай кезінде ылғи тыңшылардың немесе оларды құрықтаушы милицияның рөлінде көп ойнайтын. Өсе келе, қылмыс туралы жазылған кітаптарды, газет-журналдарды оқып, олар туралы киноларды да құр жібермейтін. Осылайша, арманның жетегінде жүріп, милиция мамандығын таңдады. Және қандайын дейсіз ғой?! Нағыз тыңшылардың тыңшысын дайындайтын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің білдей басшысы болып шыға келді. Басында құқық қорғау саласында қызмет істегенді өзінше мансап санаған жас жігіт қызметіне ене келе, оның ауыр да қауіпті, ең бастысы, Отаны үшін өте маңызды рөл атқаратын салаға маман болғанын түсінді. Бүгінде  мынау қара жамылып отырған ағасы мен жеңгесінің ендігі арқа сүйер жалғыз таянышы өзі екенін сезінген сайын, көкірегі қарс айрыла күрсініп, көзінен аққан жасына ие бола алмады.  Ет жақын туғандарының жан қиналысын қалай жеңілдетерін білмей, дәрменсіз күй кешті.

– Бекболатжан балам, үйге кірсеңші. Бір орныңнан тапжылмай тұрғалы үш сағат уақыт болды ғой. Жеңгесі қолындағы құманын жерге қойып, қайнысының қасына келді.

– Әпке! (жеңгесіне еркелеген кезде ылғи осылай атайтын) Мен сіздердің алдарыңызда тым дәрменсіз күй кешіп тұрмын. Қолымнан түк келер емес. Соңымнан ерген Ермегімнің өмірін сақтай алмадым. Ағалайтын бауырымнан айрылып қалғанымды мойындай алар емеспін, әпке! Мағиза жеңгесі қайнысының егіле жылағанына шыдай алмай, өзі қосыла жылады. Жиналған жұртқа дайындаған ұзын ағаш орындықтың үстіне қатар отырып, бірін-бірі жұбатуға тырысты.

– Үш күннің ішінде ағамның белі бүгіліп кетті. Әпке, сіздің де қу жаныңыз қалды. Ендігі жерде өздеріңізге берік болсаңыздар екен.

– Е, балам-ай, Ермектің соңынан кетпеген соң, амал не. Жүр, үйге кірейік. Олар орнынан көтеріле берген кезде, Бекболаттың қалта телефоны шырылдап қоя берді. Жеңгесі кедергі келтірмейін дегендей жылдамдата басып алға озды. Қоңырау шалған өзінің тікелей басшысы екен. Жағдайды тездетіп ыңғайластырып, Астанаға қайтуын сұрады. Шұғыл шаруаның шығып қалғанын, тез арада бас қосып ақылдасу керектігін баса ескертті.  Інісінің қызметінің мазасыздығына іштей налыса да, аға-жеңгесі жолына бөгет болмады. Жол сөмкесіне азық-түлікті молынан салып, көлігіне отырғызып, жылап-сықтап жүріп шығарып салды.

Ауылдан асықпай шыққан Германияның БМВ қара түсті көлігі Астана трассасына шыға бере аттың басын  еркіне жіберді. Қара жолға сүзіле қарап,  кірпік қақпай келе жатқан Бекболат қалың ойдан арыла алмады. Ол еліміздің қауіпсіздігі мен шет елдер арасындағы ынтымақтастықты сақтаудың, сондай-ақ  ел тыныштығын қорғаудың жолында тағы бір үлкен жұмыстың шетіне іліккен болатын. Онда Ирак пен Америка соғысына Ресей, Қазақстан мен Қытайдың біріккен ұйымдасқан топтың  контрабандалық жолмен, қару-жарақ пен есірткі сататыны белгілі болған-ды. Ең бастысы, Қазақстан арқылы ірі көлемде  есірткі заттардың өтетіні жанын қынжылтады. Осылардың басында тұрған төренің кім екенін білгенімен, нақты дәлелі жетіспейді. Сондай-ақ  бір ғана қазақстандық емес, оған Ресей, Ауғанстан, Тәжікстан, Қытай, Ирак, Иран, Қырғызстан ордалы топтарының бірлескен күші қызмет атқаратынын біледі.

Осының бәрін  судың таза бетіне шығару үшін, өзі құрған топтың күші тым әлсіз. Білімдері жеткілікті болғанымен, тәжірибелері жеткіліксіз. Шетелге жіберуге де, өз еліндегі мафиялық ортаға енгізуге де олардың аяқтары да, тілдері де тартыңқы. Дайындық керек, өте мықты дайындық қажет. Дайындық...кенет Бекболаттың көзі үйілген шөпті шашып тастап, жас шамалары он жеті, он сегіздердегі екі ересек бала мен бір қыз баланың у-шу мен каратэден, қазақша күрес, бокс сынды спорт түрлерінің әрбір түрімен күш сынасып жатқанын көріп, көлігінің тежегішін қалай басқанын білмей  қалды. Бар дауысымен көлігін шиқылдата тоқтаған ол  үшеуінің өнеріне іштей сүйсінді. Нағыз қазаққа тән қызуқандылықпен табандасып, бір-бірін жеңіспен ала алмай жатқан  жастардың,  Қытай мен Корейдің ұлттық спортын осыншалықты жетік игерулері қарапайым ауыл баласы үшін тым  ерекше  көрінді. Бір бірін итжығыспен ала алмасын білген үшеу, жан-жаққа шашылған шөптің үстіне шалқаларынан түсіп жата кетті.  

Бекболат көлігінен түсіп, ақ тер, көк тері шығып сүмек болған жігіттердің қасына жақын келгенін  өзі де байқамады.  Қатты ентіккен  олар  сол шалқаларынан құлаған қалыбы бастарын көтерер емес. Тек шарбақтың түбінде жатқан ақтөс ит қана бөтеннің келе жатқандығын  хабарлағандай абалағанын үдете түсті.  Жігіт ағасы жақын келгенде барып байқады, шөп үстінде екі-үш кітап жатыр, анадай да балалар аяғымен тепкілеп, білек күшін шыңдайтын құм салынған қап ілінулі. Қаптың қасында жерде ағаштан кесіп жасалған бірнеше шолағы бар, таяқшасы бар, басына резеңке кигізгені бар, күреске қажетті құралдар сүйеулі тұр.  Ал жерде былғары қолғаптың бірнешеуі жатыр.

– Балалар, сәлем бердік! Аяқасты шыққан дауысқа жерде жатқан  олар бастарын жұлып алды.

–  Ассалаумағалейкүм, ағай! Қолдарын жарыса ала жүгірген балауса жігіттердің сәлемін алып, қол беріскен кезде темірдей қатты, әбден шыныққан қолдардың арасында өз қолының жоғалып кеткеніне күліп жіберді.

– Өтіп бара жатып спортпен айналысып жатқандарыңды байқап, тоқтадым. Не үшін осыншалықты арам тер болып жатырсыңдар, а?

–  Қайдағы арам тер?! Біз, міне, мына кітаптағы жаттығулардың бәрін болмаса да, жартысынан көбін үйрендік. Енді бір жарты жылда бүкіл Қытай мен Корейдің жауынгерлік сайыстарын үйренетін боламыз. Оның үстіне, біздің армандарымыздың орындалуы осы сайыс өнерлерімен ұштасатын сияқты.

  • Соншалықты неғылған арман, білуге бола ма?

– Неге болмасын, ағай! Біздің үшеуіміздің де арманымыз – чекист болу!

  • А-а, солай ма.

Ауыздарын ашып, жарыса сөйлегелі жатқан екі жігітті де қолын көтеріп тоқтатты.

– Жә, жә, алдымен танысып алсақ. Атым – Бекболат. Алматыдағы бір мектептің қарапайым денешынықтыру пәні мұғалімімін.  Ал сендердің есімдерің кім?

– Менің есімім – Эльдар, досымның есімі – Дамир. Ал мына қыздың есімі – Назгүл. Назгүл олардың қасында көп тұрмады. Қыз балаға тән ибалықпен жымия күлді де, «сау болыңыз» дегенді ишаратымен түсіндіріп, кетіп қалды. Эльдар есімді жігіт досына қарағанда сөзге жылдамдау көрінді. Дамир ойланып барып сөйлейтін жанға ұқсайды. Өзінің негізгі мамандығын паш ете бермейтін әдетіне салған Бекболат екі жігітпен тағы біраз әңгімелесіп, егер спортқа қатысты мәселелер туындап жатса, хабарласуларын өтініп, өзінің жеке телефон нөмірін ұсынды.

– Мынау – менің телефон нөмірім. Астанаға келіп жатсаңдар, хабарласыңдар. Егер де мына спорт өнерлеріңді ары қарай жалғастырамын десеңдер, міндетті түрде Қытай тілін үйреніңдер. Бұл ең басты жақсы қаруларың болмақ. Ал сау болыңдар! Сендермен танысқаныма қуаныштымын.

– Сау болыңыз, аға!

Бекболат екі жігітті арқаларынан қағып, жылы қоштасты да, кері көлігіне қарай бұрылды. Артына қайрылып қарамады да. Өйткені екеуінің түкке түсінбей тұрғанын, жон арқасымен сезіп келеді. Машинасының есігін ашып, аяғын енді сала берген кезде:

 – Аға! – деген дауысқа жалт қарады. Дамир жүгіріп келеді екен.

– Аға, Астанаға барған кезде, бірден сізге хабарлассам, бізді ұмытып кетпейсіз бе?

Ентіге жүгіріп жеткен бозбаланың ойын бірден түсінген Бекболат оған тағы да:

 – Дамир, Эльдар, екеуіңе айтарым – қытай, ағылшын, орыс тілін жетік меңгеруге тырысыңдар. Сонда ғана сендердің армандарыңды жүзеге асыруға көмектесе аламын. Сау бол!

– Аға, аман болыңыз, рахмет! Көлігін баяулатып айдап бара жатып, Бекболат алдындағы айнадан Дамирдің  тұрған жерінде қозғалмай қатып қалғанын көрді. Бірақ не себепті екі жігітке шет тілдерін үйреніңдер деп ескертіп, телефон нөмірін бергеніне өзі де түсінбей қалды. Еріксіз мырс етті.

 

                                 ***

Ала көлеңкелі үйдің ішінде  нан илеп жатқан анасын артқы жағынан келіп құшақтаған Дамир еркелей, басын  мамасының маңдайына түйістірді.

– Бұл дүниеде, шіркін, сенен артық  ана бар дегенге еш сенбеймін!

– Құлыным-ау, әркімнің өз анасы өзіне баға жетпес асылы ғой. Әйтпесе ананың бәрі бірдей. Әне, Эльдар досың да анасын дәл сендей өліп-өшіп жақсы көреді. Бұл – ана мен бала арасындағы үлкен махаббат, балам. Бар, қазір шөптен әкең келеді. Ана қора жақтағы малыңды жайға. Атыңды тұсаулап қоя бер. Сосын семіртіп отырған үлкен өгізшені суарып кел. Ертең сатып, қарындасыңа компьютер алып берейік.

Дамир қолындағы бір үзім нанды шала шайнап, кесенің түбіндегі суық шайды ұрттай салды да, қора жаққа қарай беттеді. Жасы он жетіден он сегізге кетті дегені болмаса, әлі бала. Анасы айтқан өгізшені шығарып, мойнына арқан байлап, қарғып үстіне шықты да, шоқыта жөнелді. Қорада қамалып, әрең тұрған өгізше үстіндегі Дамирді артық салмақ көрді ме, лақтырып тастамақшы болып мөңки жөнелді.

Қапелім де қолындағы арқанына ие бола алмаған  балаң жігіт біраз шауып барып, көшенің шет жағындағы Назгүлдің қашасының қасына жеткенде, бұрқ етіп бір-ақ құлағаны. Сонда да арқаннан айрылмай тұра ұмтылған жігіттің тегеурінді күшінен тырп ете алмаған өгізше тепкіленіп бір орнында тұрып қалды.  Мұның бәрін ауланы жинастырып жүрген Назгүл  байқап тұрған-ды. Қаншалықты бірге жүріп, спортпен бірге айналысып, араласса да, өзіне ұнайтын қыздың көзіне түсіп қалғаны Дамирді ұялтып тастады. Жолай қара өгізшені арқанның ұшымен аямастан салып-салып қалды. Ашулы. Өзін қыз алдында төңкеріп тастағанына ызасы келді.

Назгүлдің отбасы ауылға алдыңғы жылы батыс жақтан көшіп келген еді. Келе салысымен сыныптағы балалармен бірден тіл табысып, достасып кетті. Алғыр, мінезі ашық. Ең бастысы, ақкөңіл, таза жан. Ол Дамир мен Эльдардың шығыс жекпе-жегімен айналысатынын білгеннен кейін, олармен бірге дайындалуға келісім алды. Өйткені батыстың бір кішкентай қаласында тұрған кезінде, ата-анасы оны осы спорттың түріне берген-ді. Сол  балалық шақтағы спортымен қайта айналысуға енді мүмкіндік туғандай.

Басында ұлдар оны қыз бала деп аяйтын, кейін келе Назгүлдің шығыс жекпе-жегін тым тез игеріп алғанын және соққысының тым қатты екенін аңғарған  олар  сыныптастарымен шынайы күш сынасатындарын байқамай  да қалды. Дегенмен  қыз бен Дамир арасындағы қатынас достықтан гөрі ғашықтарға саяды. Анықтап қараған адам екеуінің іс-қимылынан, Дамирдің бойжеткенге  ынтыға қарауынан немесе Назгүл үйі жағынан көз алмауынан-ақ байқауға болады. Ал бойжеткен қыз керісінше сыр алдырмайды. Біртоға, тұйық мінезі оны ашық сөйлесуге итермелемейді. У-шудың небір түрлерін жаттығып, ер балалармен ерлерше күш сынасқанда, әрине,  нәзік жанды екенін өзі де ұмытып кетеді. Әсіресе Эльдармен жекпе-жекке шыққанда. Ал Дамирмен мүлде бөлек. Дамир көбірек жолды  қызға беріп, өзі өтірік құлап немесе жығылып жатады. Оған  Назгүл кейде ренжігенімен, кейде еріксіз күледі. Ал іштей оның осы қылығын қатты ұнатады.

 

                                         ***

         Эльдар бағанағы екі сағаттық жаттығудан кейін бірден үй шаруасына араласып кетті. Қала өмірі секілді бәрі уақытымен емес қой. Жас жігіт ата-анасының ескертпесінсіз-ақ өзіне тиесілі шаруаны жайғауға кірісті. Үйдің маңайын тазалаудан бастап, малдың соңғы тұяғына дейін жем беріп, суару. Одан қала берді үйге бастаудан су тасу сияқты өзіне қарап қалған жұмыстарды тындырды. Ауызсудың мәселесі бұл ауылда да қиын. Қолдан қазылған жалғыз құдықтан мал екеш мал да ауыз салып су ішпейді. Тым тұщы. Сондықтан бүкіл ауыл сиырдың сүрлеуіндей ғана жіңішке жолмен шатқал арасындағы бастауға барып, суды содан тасиды. Бастаудың аты бастау ғой. Суының дәмі де ерекше. Дүкенде толып тұрған неше түрлі газдалған сусындар бұл бастаудың суынан садағасы кетсін. Ал су тасу  –Эльдардың ең сүйікті ісі. Онсыз да бұлшық еттері ойнап, білегіндегі күші тасып тұрған балаң жігіт он литрлік екі шелекті екі қолымен бастаудан үйге дейін дем алмастан әкелуді дағдыға айналдырған. Су тасуды өзі айналысатын спорттың тағы бірі түрі деп есептейді.

Қайдан алғаны белгісіз, Дамир шығыс елдерінің құпияға толы спорт кітабын қолына түсіріп, сол кітап арқылы бұлар еркін жаттығуға кіріскелі де екі жылдың айналасы болды. Кейіннен екеуіне Назгүл қосылды.        Айтпақшы, бағанағы ағай да қызық. Өзі тіптен мұғалімге ұқсамайды. Бейнебір үлкен жерде отырған басшыға ұқсайды. Бірақ түрі қаталдау ма, қалай? Дегенмен қытайдың спортын  игерсең, тілін де біл деуіндегі сөзінің мәнісі неде? Бұл жерде тілдің қатысы қанша? Не себепті алыс жолда кетіп бара жатып, біздің спорт өнерімізге тоқтап, көзін салды. Әлде, шыныменен денешынықтыру мұғалімі ме? Өз ойымен өзі арпалысқан Эльдар қолына алған шаруасын қалайша тез тындырып тастағанын байқамай да қалды. Ол аяғындағы сүйретпесін шешіп тастап, бәтеңкесін киді де, Дамирге қарай жүгірді.

         Бұл кезде досы Назгүлдің  ауласының алдына апарып топ еткізген өгізіне ғашығын көзіне көрсеткені үшін дән риза болып, ыңылдап, суаттан қайтып келе жатқаны еді. Айналасы екі-үш сағаттай көріспей қалған Эльдардың жанұшырып келе жатқанын көріп, өзі де аяғын ширақ басты.

– Дамир! – ентіге жеткен досы қолын сермей сөйледі. – Бағанағы ағай ойымнан кетер емес, не себепті бізге үш тілді біл деді. Оның бізге қатысы қанша? Орысшаны білсек болды емес пе, қытай мен ағылшын тілдерін біл дегенде, нені айтпақ болды екен. Сен осыған мән бердің бе?

– Мен қайдан білейін. Өзі де қызық кісі екен. Қытай мен кәрістің ұрыс тәсілін білгеннен соң, тілін де білуді міндетті деп санағаны шығар. Егер менің ойымды білгің келсе, қазір Елбасымыздың өзі үш тілді білу шарт деп жатыр ғой. Бұл да соның бір ұшығы шығар. Дегенмен әлгі ағайдың сөзінің жаны бар. Қытайдың  тілін білсек, ол өзіміз үшін жақсы. Кейін қара қытай елімізге қаптап кетсе, олармен де сөйлесетін адам керек емес пе.

Досының  тебірене айтқан қалжың-шыны аралас сөздерін бар ниетімен қабылдаған Эльдардың аузы ашылып, көзі жұмылды. Ең бастысы, екеуі де қытай тілін үйренуді ертеңнен бастап қолға алатындықтарын, кітаптар сатып алу үшін қалаға баруға уәделесті. Иә, болашақтарына үлкен арманмен қараған екі бозбала тіл үйренуге шынымен бекінді.

 

                                       ***

         Аға-жеңгесінің жасты жанарларымен шығарып салғанына  жаны ауырып келе жатқан Бекболат көлігін Астананың шетіне кіре бере жасыл алаңқайға тоқтатты. Бастығы неге шақыртты екен? Тағы бір бәленің шеті шыққан болуы керек. Қазақстан егемендігін алып, тәуелсіз мемлекет қатарына қосылғанымен, бұрынғы кеңес үкіметі кезіндегі орын алып қалған ұйымдасқан қылмыстық  құрылымдардың жүйесі әлі күнге дейін сынын бұзбай келе жатқандығы таңғаларлықтай. Осынау, екі ұрпақтың өкілдері орын ауыстырған шақта, сол бір іздің үстімен екінші ұрпақ іс жалғастыруы тіптен көңілге қонымсыз. 

Алайда орын алып отырған  қылмыстық құрылымды басқарып отырған адамдар мен олардың балалары тек қана Қазақстанды ғана емес, бүкіл Еуразия мемлекеттерінің мафиялық бұқарасын басқарып отырғаны белгілі. Мейлі, ол қытайлық немесе американдық болсын. Тіптен ресейліктердің де шамасы олардың ізін кесуге  келмей жатқан шақта қазақстандықтарға не дауа дерсің. Жарайды, тіптен сол  ұйымдасқан үлкен құрылымды түбірімен жоюға шама келмеген жағдайда, оларды зор шығынға батырып, іздерінен адастырса, сол да бір үлкен шаруаның біткені болар еді. Енді, міне, қарашы,  есірткі мен адам сату қылмыстары аздай, Қазақстан арқылы шет елдерге үлкен партиямен қару-жарақ пен есірткі жөнелтілетіні жайлы да жайсыз хабар жеткелі қашан. Қайдан келетін қару-жарақ? Бағыты мен беталысы қай жақ? Ондай жүктің Қазақстандағы қолпаштаушысы кімдер? Кімдер арқылы елімізге еніп, кімдер арқылы елімізден шығып кетеді? Қылмыстық одақтардың жолына не себепті тосқауыл қою осыншалықты әлсіздік танытуда?..

Сансыз, мазасыз сауалдарға басы қатқан Бекболат қалжырай келіп бастығының есігін қақты. Қағазға шұқшиып, көзілдірігінің үстінен сүзе қараған ҰҚК-нің бастығы, генерал-майор Бектемісов Әділ есіктен құр сүлдерін сүйрете кіріп келе жатқан орынбасарын көріп, орнынан жылдам тұрып, қарсы жүрді.

– Бекболат, қазаның артының қайырын берсін. Министрліктен қоңырау шалып, барлық аймақтағы ҰҚК бастықтарына қатаң нұсқаулар берілді. Жасырып-жабары жоқ, өзіңе мәлім болғандай, қылмысты топтардың алып өтетін жүктері Өскемен, Талдықорған, Алматы, Қызылжар аумақтары арқылы  екенін білеміз. Бірақ осы жолғы керуеннің нақты қай жолмен жүретінін ресейліктер де, өзбек ағайындар мен қырғыз ағайындар да біле алмай отырмыз. Қазір Ирактағы соғыс қатты қызып тұрған шақта, қару-жарақ та жиі жеткізілетіні белгілі. Сен бүгінше тынығып ал, ертеңнен бастап қызметіңе кіріс. Бізге де қол қусырып қарап отыруға болмас.

Бастығының сөзін үнсіз тыңдаған Бекболат «ләм» деп аузын ашпастан есіктен қалай кірсе, солай сүйретіле шығып кетті. Үйге кірген кезде де алдынан арсалаңдай басып, бірден әкесінің мойнына асылған ұлы  Әсетін тек бетінен сүйіп, енді ғана тәй-тәй басып жүрген қызы Гүлімін қолына ала искеп, біраз мауқы басылған соң, сылқ етіп диванға отыра кетті. Алыс жол мен қайғылы бауыр қазасы күйеуіне оңай тимегенін сезген аяулы жары Жанар да отағасына емірене қарады. Ол жаймен күйеуінің үстіндегі киімдерін шешуге көмектесіп, ваннада су дайын екенін, тамақтанып, сосын барып бірақ тынығуын ескертті. Сүйікті жарының сөзін екі етпеуді дағдысына алған Бекболат қолына орамалын ұстап ванна бөлмесіне беттеді. Салқын суға басымен бірақ кірген ол лезде сілкіне су бетіне шықты. Арқасын ваннаға төсеп, көзін жұмып, тағы қалың ойға батты. Ағасы, екі бүйірін таяна  зар еңіреген анасына бергісіз жеңгесі Мағизаның қайғылы өңдері тағы да жүрегін шымшып өтті. Кенет... кенет көз алдына шөп үстінде ойнап  жүрген екі бозбала – Дамир мен Эльдардың бейнесі келді. Екеуі де – тым алғыр, өжет, етжеңді, бойшаң, нағыз ер жігітке тән дене бітімі бар жас жігіттер. Нағыз елінің патриоттары бола алатын жігерлі жастар. Бірақ... Бекболат тағы сылқ етіп су астына кіріп кетті. Бірақ... оларда не білім, не ілім жоқ. Ауылдың қарапайым бұзау бағып жүрген жастарының бірі де... Жоқ, мүмкін екеуінен нағыз батыр дайындау керек шығар... Мүмкін екеуіне Отан үшін қызмет көрсетудің жолын таңдауды ұсыну керек болар...

Әй, қайдам, арман ғой. Олар ҰҚК-інің сенімді өкілдері болуы үшін еліміздегі жатталып қалған қағида, жоғары білімді азаматтар болуы тиіс. Әйтпеген де, олар ештеңеге де жарамсыз емес пе... солай емес пе, Бекболат мырза?! Ал білімді, екі жоғарғы оқу орнын бітірген жастар жүр ғой. Солардан біздің қызметімізге қатысты алғырлықты,  жаңашылдық жоба мен  идея, алға ұмтылушылық, табысқа жету, еліміздің ертеңі үшін жан аямай қызмет істеу дегендей сезімді өз басым байқай алмай келемін. Олар айлық алу үшін екі жоғарғы оқу орнын бітіріп, шені жоғары орынды иемденсе, өзінен төмендегілерге оңды-солды бұйрық беріп, өзі істей алмаған жұмысты басқаға тапсырса... Қымбат көлікке мініп, көңіл көтерсе. Бір сөзбен айтқанда ауырдың асты, жеңілдің үстімен уақыт өткізсе... Бекболат судан серпіле көтеріліп, үсті-басын құрғатты. Салқын су оның қажетіне жарап, біршама сергітіп тастағандай. Үстіне жеңіл киімдерін киіп, ас үйге келгенде, екі баласы мен жары өзін күтіп отырғанын көріп, оларды көп күттіріп қойғанына ыңғайсызданып қалды. Ақырын балаларының анасын маңдайынан өбіп, екі баласын екі жағына алып, күндегі әдетінше екеуін өзі тамақтандыра бастады. Сөйтіп, отбасындағы орын алған кішкентай көңілсіздіктен кейін қуаныш нұры қайта шашырады.

Ертеңінде жұмысқа келгенше де бастығының айтқандары есінен бір кетпеді. ҰҚК-і

нің алдына қойған мақсаты өте ауқымды. Қалайда бір істің шетінен ұстаулары қажет. Демек ізденіс пен ой, күшті жоспар мен талантты адамдарды кірістіру керек. Ондай адамдар санаулы. Ең бастысы, қалайда Қазақстаннан қолдау алып отырған мафиялық  күштің ішіне енетіндей қабілетті азаматтарды дайындап, електен өткізу қажет...

 

 

                                          ***

         – Алло, ассалаумағалейкум, көке! Сізге нағашыңыздан жалынды сәлем. Нағашыларыңыз қыздарының жіберген орамал-шайына алғыстарын білдіріп жатыр. Өзі де жиендеріне азын-аулақ сәлемдеме жіберген еді, соны тапсырсақ деп едік. Сол белгіленген жерге келсеңіз. Күтеміз... Телефон тұтқасындағы гудоктың дауысына біраз құлағын тосып тұрған көкесі – Аслан арқасынан ауыр жүк түскендей кеңінен тыныстап, креслосына шалқалай кетті. Демек өткізген тауары тиісті жеріне жеткен. Енді келген сәлемдемені Зайсаннан бастап, Астанаға дейін бөліске салуы тиіс әрі ешқайсысын ренжітпеуі керек.

         ... Аслан Жылқыайдаров 1959 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Алматыдағы заң институтын бітіргеннен кейін, Горький қаласындағы бұрынғы ОБХСС (Социалистік меншікті ұрлаумен күрес жөніндегі бөлім) қызметкерлерін дайындайтын арнаулы мектептен өткен. Ішкі істер министрінің оң қолы. Өте тәжірибелі, білімді, білікті маман. Отбасында жары, екі ұлы мен екі қызы бар. Үкіметтің арнайы заң қызметкерлеріне бөлінген үйдің  төрт бөлмелі пәтерінде тұрады. Шылым шегеді, ішімдікті де анда-санда, дем алған кездері ішкенді  ұнатады. Қызмет орнында да тәртіпті қатал ұстанатын адам. Мінезі  адам түсінбестей ауыр, кей кездері аямас қатыгездікке барады. Айтқанын екі еткізбейтін, басынан  артық сөз асырмайтын, өз ісіне мығым, сенімділікпен қарайтын, бірақ алды-артын асықпай саралап барып іске кірісетін жан. Өзін көптің көзіне көп түсіре бермеуге тырысады. Қол астында істейтін адамдары да бұл адамның кім екенінен, негізгі атқарып отырған жұмысының қандай екенінен хабарсыз. Шет елдермен байланысын үнемі жасырын, арнаулы келген адамдар арқылы ғана жасайды. Оның өзінде өте сақ, әрі егізіне ұқсас адам арқылы ғана байланысқа шығады. Бүгінгі нағашысынан келген сәлемдемені алуға да егізі  барады. Ал өзі ешқандай қауіп тудырмас үшін көптің ортасында, мейрамханада өтетін кеште болмақ. Ол көп ойланбады. Шкафта жасырулы тұрған, ешкім тыңдай алмайтын арнаулы телефон арқылы байланысшысына хабарласты. Хабарласқанда да, арнайы  түсініксіз сандарды жазумен болды...

                                                        ***

         Астананың шетінде орналасқан  кішкентай ғана ауылдың шет жағындағы жатаған үйде үстіне мал жайғауға арналған киімдерін киіп, қолына күрегі мен аттың жүгенін алып шығып келе жатқан адамның төсіндегі түйме дыбыссыз бүлкілдей жөнелді. Жылдамдата қора жаққа бет алған адам төбеге жасырылған телефонды ашып оқиды. Онда: «Ұялмас! Кешкі сағат  тоғыздар шамасында белгіленген орында маған арналған сәлемдемені аласың. Ертең «пәтерде» кездесеміз.  

         «Пәтер» – Аслан Жылқыайдаровтың  жасырын үйі.  Астананың ең шетінен орын алған, маңайын ну ағаш ораған, «мансард» типтес етіп салынған шағын үй. Ол телефондағы жасырын кодты оқыды да, орнына тығып қойды.

Ұялмас – Асланның өзі қойған лақап аты. Негізінен, оның есімі – Әскербек Оғашов. 1960 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Горький қаласындағы ОБХСС қызметкерлерін даярлайтын бөлімде Аслан екеуі бірге оқыған. Кейіннен Әскербек қызмет бабын пайдаланып Көкшетау қаласындағы ірі мемлекеттік мекеменің басшысын бопсалағаны үшін сегіз жылға бас бостандығынан айрылып, мемлекеттік қызметке жарамсыз болып танылған. Түрмеден оны  Аслан Жылқайдаров өзінің жеке ісіне қатыстыру үшін түбегейлі адамы етіп  шығарып  алады.

Ұялмас – иттің аты болғандықтан, оның істейтін істері де үйретілген, ақылды иттердің ісіне пара-пар. Баскесер де, ақылшы да, қиыннан қисынын тауып шығатын саналы азамат. Үйі, мал-жаны, қора-қопсысы, бір қараған адамға ауылдың көп тұрғындарының бірі сияқты. Әйелі, үш баласы бар.  Үшеуі де – жоғарғы сынып оқушылары. Батыс жақта қалған әке-шешесі, туған-туыстары Әскербекті түрмеге отырғалы көрген  жоқ. Олар Әскербекті, Әскербек оларды іздеген емес.

 

                                        ***

Бекболат кабинетіне сүйретіле кіріп, креслосына жайғасты. Алдында жатқан көп қағаздарды ысырып тастап, бірден теледидарды қосты. Сосын графиннен су құйып ішіп, столына келіп, қайтадан қағаздарына шұқшиды. Бұл кезде телеарнадан Ирактағы соғыстың өршіп тұрғанын, бейбіт халықтың аяусыз қырылып жатқандығын хабарлады. Сондай-ақ журналист өзінің эфирден берген сөзінде Ирактағы қарапайым адамдар мен сол мемлекетке көмектесуші жалдамалы әскерлерді қарумен қамтамасыз етіп отырған бірнеше мемлекеттің  қылмыстық ұйымдасқан топарының бірлесе жұмыстар атқаруда екенін, олардың алдында БҰҰ мен АҚШ әкімшілігі әлсіздік танытып отырғандығын тілге тиек етті.

Теледидарды өшіріп тастаған Бекболат бастығының кабинетіне кірді.

– Әділ Әшірбекұлы, сізбен бір жоспар жайында сөйлесуіме бола ма? Рұқсат етсеңіз, далаға шықсақ деп едім.

Әділ Бектемісов Бекболаттың текке  оны сыртқа шақырып тұрмағанын бірден түсінді. Тағы да қауіпсіздік шарасы. Екеуі де өздерінің үсті-бастарын мұқият тексеріп, ұялы телефондарын тастап, тексеруден өткен қаруларын ғана қалталарына салып, далада адам аяғы көп жүретін жерге қарай  бағыт алды.

– Әділ Әшірбекұлы, бауырымның топырағынан келе жатып, көрші ауылдан екі бозбала мен бір бойжеткеннің қытай мен кәрістің ұлттық спорт түрлерін жетік игергендіктерін байқадым. Айыбы,  екі жігіт  әскери қызметтерін өтеген соң ғана оқуға түспек ойлары барын айтты. Менің ойымша, әзірге компьютерден  басқа жаңа технологиялардан хабарлары жоқ, ауылдың балалары. Бірақ өр мінезді жігіттер. Алдағы тоғыз айдың ішінде біздің елден Ирак жерін минадан тазалау отряды аттанбақ. Осы екі жігітті жасырын дайындап, Ирактағы қылмыстық топтың ортасына түсірсек, барлық шетелдегі  ұйымдасқан топтардың жұмыстарын әшкерелеуге біршама көмек көрсете алар еді. Сізбен осы ойымды ортаға салу үшін шықтым.

– Сенің ойыңша, олардан «Отанын сүйген қылмыскер» дайындауымыз керек дейсің ғой, солай ма? Бекболат, қару-жарақ және  есірткімен айналысатын бұл ұйымдасқан топты басқарып отырған адам біздің мемлекетте емес екендігін білесің. Біздің мақсатымыз – өз еліміздегі қылмыскерді әшкерелеу. Ол адам біздің қасымызда, қоян-қолтық араласып жүрген адамдарымыздың бірі, әрі өте жоғарғы лауазымда отыр. Оның кім екенін ішің сезгенмен, нақты дәлелің жоқ. Сондықтан өте сақ, абай бол. Егер сенің ойыңды құптайтын болсам, онда тым құпия түрде бұларды дайындап, қатарға қосқанымыз жөн болар. Олармен өзің тікелей айналысасың. Маған тек қатты қысылған кездері ғана бұл жұмыс туралы хабарласатын боласың. Екі жігіттің обалына қалмас үшін, біз де өте сақ қимылдағанымыз дұрыс.

– Дұрыс айтасыз, екеуінің де ата-анасы, туған-туыстары бар, жақсы отбасының балалары. Қолымнан келгенше өз ойымды жүзеге асыруға тырысып бағайын.

– Мақұл, келістік. Жүр шайханаға кіріп, бір-бір шыны аяқ шай ішіп алайық.

Екеуі шай алдарына келгенде, ауыздары жабылмай, бір-бірімен ұзақ пікір алмасты. Сырт қараған көзге олар жай әңгімелесіп отырған адамдарға ұқсайды. Бірақ бұл жай әңгіме емес, Отан алдындағы азаматтық парызды өтеу мен ұйымдасқан мемлекетаралық қылмысты әшкерелеу мақсатында пайдаланылғалы отырған екі жігіттің алдағы өмірі жайлы әңгіме еді.

 

                                           ***

Үш дос – Дамир, Эльдар, Назгүл жайдақ мінген аттарымен ауылдың шетіне қарай шапқылап барады. Олар тым алысқа ұзамады да. Бір белдің астына түсісімен аттарынан  секіріп түсіп, қатарласа жүріп кетті. Қолдарына әскерге шақырту қағаз алған Дамир мен Эльдардың қуанышында шек жоқ. Тек Назгүл ғана үнсіз, жанары жасаурай Дамирге қарай береді.

– Енді екеуің де әскерге кетесіңдер, мен қайтер екенмін, ә?  Қыздың ақырын шыққан үніне екі жігіт жалт қарағанымен, Дамир бірден сөз тапты.

– Тек біз ғана емес қой, он сегізге толған жігіттердің барлығы әскерге шақырылады емес пе. Небәрі  екі жылдың ішінде жетіп келерміз.

– Расында, барғанымыздан қайтқанымыз жылдам болар. Сендер біраз сөйлесіп алыңдар, мен атымның бауырын жазып келейін – Эльдар сөзін жүре сабақтады. – Қаласаңдар, менің артымнан қуып жетіңдер.

Ол осыны айтты да, атына қарғып мініп, шаба жөнелді. Досының артынан үнсіз қарап қалған екеу енді қол ұстасып, аттарын босатпастан қатар аяңдады.

– Дамир, Эльдар екеуің бір жерге түссеңдер, жақсы болатын еді.  Бір-біріңе көмектесіп дегендей. Сендер келгенше, мен де бір оқудың шетінен ұстайтын шығармын.

– Сен маған мынаны айтшы,  жиі-жиі хат жазып тұрасың ғой, иә?

– Саған да, Эльдарға да жазып тұрамын.

– Жоқ, маған Эльдарға жазғандай емес, жиірек жазатын бол. Ол хаттарды асыға күтетін боламын. Сосын тағы бір өтінішім, күйеуге шығып кетпеші, жарай ма? Дамир ары қарай не айтарын білмей сасып қалды. Назгүл болса жанарын тіктеп көтере алмаған күйі басын изеумен  әлек.

– Назгүл.

– Ау.

– Спортпен жаттыққаныңды тоқтатпа, жарай ма. Өзіңді қорғай аласың. Тек...

– Дамир! – жанарын тік қадаған бойжеткен   жігітке тесіле қарады. Дамир! Бір ғана сөзді естімей, сені әскерге жібергім жоқ. Ол қандай сөз екенін жақсы түсінген боларсың.

– Ол сөзді мен іштей саған мың рет айтқан болармын. Қазір де қайта-қайта саған қараған сайын қайталаумен тұрмын. Оны айтпай, өзім де әскерде тыныш жүре алмаспын. Назгүл, мен сені сүйемін.

Бойжеткен үнсіз Дамирдің қолтығының астына кірді. Осылай махаббаттары жарасқан екі жас құшақтасқан күйі тағы біраз жер жүріп, алыстан шаңын бұрқыратып шауып жүрген достарына мейірлене қарады.

– Эльдардың да қасында сүйікті қызы болса ғой. Дамир, мүмкін мен досымызды бір жақсы құрбыммен кейінірек хат арқылы таныстырармын, ә? Оған қалай қарайсың? Екі қыз екі жылдан соң екеуіңді күтіп алатын боламыз.

– Онда тіптен жақсы болар еді. Мені ұмытып кетуші болма! Сағат сайын сенен хат күтетін боламын. Осыны есіңнен шығарма, жарай ма!

– Жарайды. Дамир, кеттік Эльдардың қасына барайық!

Екеуі де аттарына қарғып мініп, қамшыны сауырға басты. Бастары қосылған үш дос аттарының бауырын жазып, тағы біраз шапқан соң, кері қайтты.

...Үйдегі ата-аналары абыр-сабыр, бірі жыласа, екіншісі қуанып, балаларын алыс жолға дайындау қамында. Қазан көтеріліп, ыстық майға бауырсақтар төпілдетіп түсіп жатыр. Аулада қой сойылып,  ұлдарының әскер қатарынан аман-есен оралуына тілеу тойын жасамақ. Есіктен кірген Дамирді анасы бетінен қайта-қайта сүйіп еді, оны әкесі жақтырмай қалды.

– Не болды, балаң соғысқа емес, азаматтық парызын өтеуге кетіп бара жатқан жоқ па?!

– Сонда да, екі жыл баламды көрмеу оңай дейсің бе! Ендігі жағдайымыз қалай болар екен, балам?

– Елден қалып, көштен озып кетпеспіз. Тіршілігімізді жасармыз. Алыс жолға кеткелі тұрған баланың көңіліне қайдағы-жайдағыны айтып қаяу түсіргенше, қонақтарыңды күтіп ал.

Әкесінің жартылай ашулы, жартылай мейірімге толы сөздеріне анасы тез орнынан тұрып, ас үй жаққа беттеді де, әкесі ымдап Дамирді қасына шақырды.

– Балам,  алдыңдағы ағаң әскерге жарамағандықтан, борышын өтей алмады. Ал сен «бәленшенің баласы» деген жаман атаққа қалдырма. Шыдап, неге болса да көніп, әскери  міндетіңді аман-есен өтеп, үйге  қуанышпен ораларсың. Тентектік пен ақылсыздық қашан да орға жығатыны белгілі, осыны есіңнен шығарма. Не істесең де ақылмен, сабырлықпен істегейсің, балам.

Жігіт қартайыңқырап қалған әкесін құшақтай алды.

– Папа, мен келгенше, апам екеуің ауырып-сырқап қалмай, өздеріңді күтіңдерші. Әскерден келгеннен кейін қолдарыңды өзім-ақ жылы суға малғызып, отырғызып қоямын. Апама жалғыз екенін сездірмеңізші.

Әке мен бала осылайша аула ішіндегі  тамырын тереңге жайған теректің түбінде біразға дейін өсиет-наздарын айтып, екіншісі үнсіз тыңдап, біраз уақыттың басын қайырды. Алайда Дамир мен Эльдардың ата-анасы балаларынан осы кеткеннен кейін ұзақ жылдар бойы хабарсыз қалатындықтарын білмеді де...

 

 

                                  ***

 

ИРАК. Бағдад қаласы.  Содырлардың жасырын штаб пәтері. Штаб күзеті өте қатты күшейтілген. Іште  ирактық қылмыскерлер тобына қоса, Қытай мен Ауғанстан тобының басшылары бас қосуда. Арабтық қылмыскерлер басшысы, Ирактың бұрынғы  әскери қолбасшысының  көмекшісі болған Әл-Хамид пен Қытай шекарасынан  қару тасып, бүкіл Азия мемлекеттеріндегі экстремистік бандыларды қарумен қамтамасыз етіп отырған Хо Ша То және Қазақстандағы жасырын жол арқылы өткізілетін  есірткі мен бүкіл Америка, Ирак әскерлерін және қарапайым халық арасында героин сатудың жүйесін құрған, ауған содырлар тобының жетекшісі Мұстафа отыр. Олар осыдан  бес күн бұрын келіп жеткен қару-жарақтың түйінін шешіп, соны саудаға салуда. Қытай қаруын Иракқа Қазақстан арқылы жеткізудің жолын Хо Ша То тапқан. Өйткені Қазақстанды қоршап жатқан мемлекеттердің барлығы тәуелсіздіктерін енді алып, даму жолына енді ғана түскен жас мемлекеттер болғандықтан, олардың ішкі саясаттары әлі де осалдау еді. Кез келген мемлекеттің ішінен өзіне нағыз жол ашатын адамды таба алатынын білген Хо Ша То Қазақстанды таңдады. Тіпті өзіне көметесетін адамды да ол оңай олжалады.

Хо Ша То  Қытайда туғанымен, Америкада өскен. Әкесінің өле-өлгенше айналысып өткен ісін енді өзі қолына алды. Қару, есірткі сатудың көзін тапқан ол да, оның әкесі де бір мемлекетті қойып, бірнеше мемлекеттің мафиялық топтарын қолына тізгіндеді. Африка содырларын қарумен қамтамасыз етуді аз көрген ол аранын Азия мемлекеттеріне, соның ішінде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресейді де көз қырына алды. Бала кезінен білімге алғыр, есепке жүйрік,  жаңа заманауи технологияны жетік меңгерген Хо Ша То кейіннен Қытайға орналасып, ол жерден өзінің тұрақты мекенін таптым деген кезде, аяқасты Америка мен Ирак арасындағы соғыс оны қайтадан Америкаға жетеледі.  Кәсіпкер үшін Қытайдың қаруын Америкада отырып сатқаны әлдеқайда қауіпсіз еді. Хо Ша То-ның үш зауыты бар. Үшеуі де – дәрі-дәрмек шығаратын фармацевтикалық зауыттар. Осы аталмыш зауыттардың артында оның есірткі өңдейтін жасырын  цехы бар екенін әзірге ешкім анықтаған емес.   Аса мұқият сақтылық пен жан-жақты біліктілік оның  қара бизнесін дамытқан үстіне дамыта түсуде.  Ақшаға құнығып, ашкөзденген Хо Ша То арзанға сатып алған қаруды қайтсе де Қазақстан арқылы Орталық Азиядан өткізуі тиіс. Қазақстан – ол үшін ең қауіпсіз мемлекет. Бұл мемлекетте ақшаның рөлі ерекше ойнайтындықтан, өзіне көмектесетін адамды да оңай табуға болатынын саясаттан мол хабары бар Хо Ша То жақсы білді. Ал қаруды жасыратын, оны Тәжікстан арқылы Иракқа жөнелтетін адам – Аслан Жылқыайдаров болатын. Қазақ ұлтының ақ көңілді, аңқау мінезінің артында қыруар ақшаға тез көнетін, ақша үшін басын бәйгеге тігетінін жақсы білген  бизнесмен мен Мұстафа Қазақстанды өздерінің көпіріне айналдыру жоспарын жүйелі түрде іске асыруда. Бірақ  Мұстафаның (есірткісі мен қаруы) тауарының басым көпшілігін Қырғызстан азаматтары нақты ақшаға сатып алып, оны Ресей мен Қазақстан азаматтарына үстеме ақшаға  сататыны да белгілі. Сондықтан елімізден өтетін контрабандалық сүрлеуге көзін салушылар арасында жасырын соғыстың орын алғаны да белгілі. Мұндай жиі-жиі орын алып тұрған қарулы қақтығыстар сырт көзге бұзақылардың ісі болып көрінгенімен, оның артында үлкен  жемқорлық топтың қолшоқпарлары тұрғанын қауіпсіздік қызметкерлері баяғыда анықтаған. Алайда нақты айғақты дәлелдердің жеткіліксіздігі қолдарын байлауда.

Ирак. Әл-Хамидті мазалайтыны – бұрындары еш кедергісіз ағылып кеп жататын қару-жарақ мөлшерінің азайып, есірткі сапасының төмендігі.  Ол өздері салған жолдың тарауға бөлінгенін сезді.  Сонда да оның тікелей мақсаты – Америка мен Ирак арасындағы қырғын бітпей тұрып, өз елі арқылы келіп жатқан қаруды  бүкіл әлемге үстемдігін жүргізіп отырған  Дермененің жендеттерінің қолына тездетіп тапсыру екенін де ұмытпады. Алайда өткен жолғы жеке кездесуде Дермененің Хо Ша То қаруларының жол ортада талан-таражға түсіп, межелі жерге аз келетінін, алдағы уақытта басқа да жол көздерін ашып, өздеріне түсетін қару-жарақ пен есірткі мөлшерін көбейтуді нығарлап тұрып түсіндірген-ді. Қайтсе де тоғыз жолдың торабындағы Қазақстан мен Тәжікстаннан адамдар табу, сол елдің лауазымды шенділерін ақшаға сатып алу, немесе қорқытып,  бопсалап айтқандарына мәжбүрлеу. Дермене Әл-Хамидке осыны қатты тапсырып, жедел іске кірісуін бұйырды.

Дермене – бүкіл Африка мен Азияны, Еуропаның батыс  бөлігіндегі  содырлық топты басқарып отырған  «әкелерінің» оң қолы. Дермене   десе, түн ұйқысынан шошып оянатын әлемнің атақты байларының өзі оған тапқан табысының тең жартысын салық ретінде төлейді. Оның жасырын құрған бандалық тобы сан-салаға бөлінген мұсылмандық діни ағымдар арқылы, бүкіл дүние жүзін қатал бақылауда ұстап отырған топ. Оған демеушілік пен құрмет көрсететін – көптеген мемлекеттердің оппозициялық қылмыстық ұйымдары мен   ақшаға құныққан  көрсоқыр жемқорлар. Ең бастысы, кейбір Африка мемлекетінің бірінші басшылары да кезі келген кезде Дермененің күшін пайдаланатыны да жасырын емес.

                                                     ***

Дамир мен Эльдар ауылдың ішіне енген автобусқа шығарып салушылардың ортасында тұр. Аналары аймалап-өбіп, бауыр еті балаларын екі жылдық сапарға шығарып салуға келген беттері.  Алаңдап, әлдекімді іздеп тұрған Дамир елдің шетін ала тұрған Назгүлді  көріп, соған беттеді. Жан жүрегі езіле, оны қатты құшағына алып, аймалап сүйгісі келді. Бірақ тәрбие мен тәртіп оны мұндай ашықтыққа жібермеді. Күлімсірей келіп қолынан ұстағанда барып байқады,  қыздың жанары жасқа толып тұр еді.

Дамир, жиі-жиі хат жазшы. Жоғалып кетпеші. Алматыға оқуға барсам да, жұмыс істесем де, сені күні-түні ойлаумен боламын. Осыны есіңнен шығармашы. Бойжеткеннің дірілдей шыққан үнінен жігіт есеңгіреп қалатын адамдай асыға: – Назгүл, біз бұл туралы түнде көп сөйлескен едік қой. Ең бастысы, мен сені жанымдай сүйемін. Саған сенемін. Тек күте білсең болғаны.

Екі жастың сөзін шаңын бұрқырата келіп тоқтаған автобус бұзып жіберді. Одан әрі екеуі де шыдай алмады. Құшақтар айқасқан қалпында ажырар емес. «Дамир, Эльдар! Тездетіңдер!» деген дауыс қана елдің де, ата-анасының, сүйіктісінің құшағында тұрған екі жігіттің де естерін жиғызып,  автобустың ішіне қарай итермелегендей болды. Көзден бұлдырап қалып бара жатқан туған-туыс пен алпыс үйлі ауыл  жігіттердің жүрегін шымырлатып жатты.  Алда оларды не күтіп тұр, өмірлері қалай болмақ, ол жағынан екеуі де бейхабар. Тек қимастықтан үнсіз күрсіне береді.

 Болашақ сарбаздарды Астанадағы  автобекетте өздеріне бейтаныс әскери адам күтіп алып, қаланың шетіне орналасқан  әлдебір үйге алып келді. Жан-жақтарына бажайлай қараған жігіттер ештеңеге түсінер емес. Екеуінің де ойынша, әскер қатарына шақырылған азаматтар әскери комиссариатқа барулары керек секілді еді... Ал бұларды мұнда әкелгені несі?

Аузы-мұрны жабық машинадан екеуін де беттеріне бетперде киген, қолдарында қарулары бар, кинодан көретіндей, денелі-денелі біреулер қолтықтарынан демеген қалпы үйге алып кірді. Іші-сырты тамаша безендірілген әдемі үйдің  табалдырығынан аттар-аттамастан екеуінің де көздері шарасынан шыға жаздады. Өйткені көз алдарында таяу арада ғана өзін денешынықтыру пәні мұғалімімін деп таныстырған жігіт ағасы Бекболаттың шығыс жекпе-жегі мен каратэнің небір қимыл әрекеттерін жасап, жаттығып жатқанын көріп, ауыздары ашылып, состиып тұрып қалды. Жастардың таң қалғандары соншалық, ауыздарына сөз де түспеді. Тек жаутаңдап, жүзі таныс ағаларына қарай береді.

         – Ал, қош келдіңдер! Жылыұшырай  қолын созған Бекболат бүкіл тыныштықты бұзғандай екеуін селк еткізді.

          – Аман-есен жеттіңдер ме?  

         – А-а-ға, біз мұнда неге келдік, әскер қатарына осы жерден кетеміз бе?

Кекештене сауал қойған Эльдар досын түртіп қалды. Оның «аузыңды жаппай, сен де бірдеңе десеңші»  деп тұрғанын түсінген Дамир де:

– Бізді мұнда қылмыскерді әкелгендей әкелгені несі. Аға, не себепті біз мұндамыз?

         – Ұмытпасам, сен – Дамирсің, ал сен – Эльдарсың, солай ма? Қорықпаңдар, сендерді мұнда алдыртқан менмін. Екеуіңнің шығыс спортын жетік меңгергендеріңді көргеннен соң, арнайы тапсырмамен шетелге жіберуге бел байладым.

Кеңес үкіметі кезінде Қазақстанның кез келген азаматы ТМД елінің түкпір-түкпірінде, тіптен Германия мен Ауғанстанға дейін әскери борышын өтеп  жүре беруші еді. Қазақстан мемлекеті өз егемендігіне қол жеткізгеннен бері әскери қызметкерлері тек  Қазақстан аумағында ғана өз  парыздарын өтейтін болған. Екі жігіттің дәмесі де әскери борыштарын ауылдарынан алыста емес, Алматының маңайындағы бір әскери бөлімшеде қызмет етерміз дегенге сайған. Мына кісінің айтуынша шетелге жібермекші болғанының мәнісін саралай алмауда.

         – Бізге дастархан әзірлеп беріңдерші.

Бекболаттың дауысы қаншалықты жылы шыққанымен, түсі өте сұсты еді. Ата-анасының құшағынан енді ғана ажыраған екі жас бозбаланың тағдыры өз қолына түскеніне оның да іші ашиды. Өкінішке орай, Отан алдындағы парыз бен қарыз осы екі жігіттен арыстандай айбарлы, жолбарыстай қаһарлы,  аюдай төзімді, түлкідей жылпос,   жан-жақты қамтылып, үйретілген  чекистер дайындауды міндет етіп алған соң, әңгімені көпке созғысы келмеді.

         – Келіңдер, жайғасып отырыңдар! Олар түкке түсінбесе де,  шай мен қант қойылған дастарханға отырды.

– Менің есімім – Бекболат. Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің қызметкерімін. Оның қандай комитет екенін білесіңдер ме?!

 Сасып қалған екі жігіт иықтарын қозғап қойды. ҰҚК-нің кейбір жұмыстарынан ғана хабардар жастар ештемені де «білеміз» деп ашып айта алмады.

– ҰҚК дегеніміз – Қазақстан мемлекетінің ішкі және сыртқы саясатын жаулар мен қылмыскерлерден қорғайтын, еліміздің егемендігі мен халықтарымыздың бірлігін сақтау үшін қолынан келгенін жасайтын, тікелей Елбасының өзіне бағынатын бірден-бір мемлекеттік мекеме. Бұл мекемеде, сендердің тілдеріңмен айтқанда, ең мықты, дарынды, білімді, алғыр  азаматтар ғана қызмет атқарады. Менің айтқан сөздерімді мұқият тыңдаңдар, екінші рет біздер кездеспейміз. Маған сендер ешқандай сауал да қоя алмайсыңдар. Сондықтан әрбір сөзімді жадыларыңа сақтауға тырысыңдар. Өкінішке орай, бұл мекемеде әзірге жоғарыда мен тізіп айтқандай, «чекистер» санаулы ғана.  Бар болса да, олардың қатары аз. Екеуіңді де осында алдыртқандағы себебім – осы. Бұл – бір. Екіншіден, Отан алдындағы әскери парыздарыңды сендердің мүлтіксіз атқаратындықтарыңа сенімім зор. Үшіншіден, осы жерге түскендеріңді, кіммен кездесіп, не туралы сөйлескендеріңді миларыңда сақтағандарыңмен, сыртқа шықпауы тиіс. Төртінші, тоқ етерін айтатын болсақ, екеуіңді де Ирактың жерін минадан арылту отрядымен жібермекпін. Ол жақтағы тапсырманы кейін аларсыңдар. Сендерді мұнда тілге, әскери қару-жарақты қолдануға, тыңшылыққа, суда  жүзіп,  құрылықта тіршілік ету, шөлге, аштыққа шыдау секілді агенттік қызметтің қыр-сырына арнайы адамдар осы жерде үйретеді. Өте ауыр, қиын сынақтар күтіп тұр. Неге болса да төзіп, көнетін болсаңдар, алдағы кездесетін қиындықтардан сүрінбей өтетін боласыңдар. Екеуіңе  тоғыз айдай уақыт беріледі. Осы  тоғыз айдың ішінде сендер Қазақстан мемлекеті тапсыратын маңызды істі атқаруға дайын түрде аттануға тиістісіңдер.

         Бекболаттың жүзі де, дәті де көз жанарлары мөлдіреп отырған екі жігіттің бетіне тіктеп қарауға бармады. Оның есіне кенеттен жол апатынан қайтыс болған бауыры түсіп кетті. Мыналар да ағаттық жасап, бауырының жолын құшпасына кім кепіл. Бірақ әр нәрсеге  көңілшектікпен қарайтын болса, Отан алдындағы парызды кім атқармақ? Сонда да ол дауысын жұмсартты.

– Жігіттер, сендер енді жас бала емес, азаматсыңдар. Осындай жауапты істі сендерден де мықты адамдар жүзеге асыра алмаған. Неге екенін қайдам, менің жүрегім екеуіңе үміт артады. Қазір елімізде тыныштық болғанымен, сол тыныштықты бұзғысы келетіндер көбейіп барады. Жастарымызды өлімге итермелеушілер де жетерлік. Осыған тосқауыл қою үшін де сендерді таңдадым. Қазірден бастап өздеріңе берілетін тапсырманың  бірі – туған-туыс, ағайын, сүйікті қыздарыңды ұмытасыңдар! Екеуің де – Алматының жетім балалар үйінің тәрбиеленушісіңдер. Осыны ұмытпаңдар. Бекболат бағанадан бері бәрін үнсіз тыңдап отырған жас шамасы 60-65-тегі бурыл түсті шашы бар ер адамға бұрылды.

 – Алексей Василич! Мына екі баланың тәжірибесі сіздің қолыңызда. Сау болыңыздар! Дамир, Эльдар! Қабанбай, Бөгенбай батырлардай болыңдар демей-ақ қояйын, батырлық пен ақылдылықтың пірі – Бауыржан аталарыңдай қайратты болуға тырысыңдар. Шалт қимылға барсаңдар, із-түссіз жоғалып кетулерің мүмкін. Осыны естеріңе ұстаңдар! Сіздерге сәттілік тілеймін.

Бекболат осыны айтты да  сыртқа қарай беттеді. Оның кетіп бара жатқанын көрген екі жігіт не істерлерін білмей, ауыздарын аша беріп еді, Алексей Васильевич қолын көтеріп, басып тастады да, өзі де сыртқа шығып кетті.

– Бекболат  Сматайыч!

 Артқы жағынан еріп келе жатқан Алексей Васильевичтің сөзіне жалт бұрылып тоқтады:

 – Василич! Ең бастысы, екеуі де осы тапсырмадан аман-есен келуі тиіс. Осы жағын қатты бақылауға алыңыз.

– Бекболат Сматайыч, мен қолымнан келгеннің бәрін жасармын, оған бұлар төзе алар ма екен?

– Төзеді! Василич, төзеді. Өйткені, олар – қазақтар!.. Бекболаттың жүре айтқан сөздерін анық естісе де түп-тамырын түсінбеген Алексей қолын жайып, таң-тамашасы шыққан қалпында қалып қойды.

– Жарайды, онда нағыз қазақ екендерін көрсетсін.

Үй ішінде оңаша қалған екеу бір-біріне аянышты көзбен қарайды. Кімге, неге тап болғандарынан бейхабарлық жүректеріне қатты қорқыныш ұялатқандай.

– Дамир, сен бір нәрсе ұқтың ба?

–  Сен ше?

–  Менің ұққаным – бізді Иракқа «шпион» етіп жіберуге дайындайтын сияқты.

– Сен, шынымен де, солай ойлайсың ба, ондай нәрсе біздің қолымыздан келер ме екен?

–  Эльдар, кинода көрсетілетін кадрларды білесің ғой, Жан Клод Ван Даммның фильмдерін немесе Сильвестер Сталлоненің, Агент №7 дегендей, бізден де сондай үміт күтетін сияқты.

– Ой, Дамир, қайдағыны айтпашы. Ондай іс үшін тым жаспыз ғой.

– Иә, саған жассың дегелі тұр. Бекболат аға бізді мұнда текке әкелген жоқ. Оның үстіне, бағанадан айтылғандардың барлығы бос сөздер емес. Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті мен Отанымыз біздерден үміт күтетіндіктерін, ол біздің қолымыздан келетіндігін айтты емес пе. Демек, бұлар бізге үлкен үміт артып, сеніп отыр деген сөз.  Мен соны түсіндім. Бір ғана нәрсені түсінбеймін, Эльдар. Не үшін біздер жетімдерміз?

– Тү, Дамир, соған да миың жетпеді ме, туыстарымыздың амандығын сақтау үшін ғой олай істеп отырғандары. А!

Кенеттен Эльдардың дауысы қатты шығып кетті.

– Дамир, мүмкін бұлар бізді алдап осында әкеліп, кісі өлтіруші «киллер» етпекші шығар, ә!

–  Қойшы, қайдағыны қумай. Бағана ғана Иракқа барасыңдар демеді ме. Достым, біздің басымыздың тым шырғалаңға түскенін сезіп отырмын. Тірі қалғымыз келсе, бұлардың айтқандарын екі етпеуге тырысуымыз керек. Әзірге көзіміз ештеңеге анық жетпесе де, бағанағы Бекболат ағаның Бауыржандай қайратты болыңдар дегені – кісі өлтірушілерге емес, батырларға айтылған сөзі. Сондықтан істің артын бағып, айтқандарына көнейік.

– Міне, өте дұрыс айттың, Дамир!

Бұл алақанын шапалақтап кіріп келе жатқан Алексей Васильевич еді.

 – Бағанадан екеуің осы жердегі сөздерді сараптап алсын деп тыңдап тұрдым. Ақылдарың жетерлік екен. Ең бастысы, ойларыңа келген нәрсені сараптап, анық-қанығына жетуге тырысып барып шешім шығарыңдар. Сонда ғана сендер істеріңе бекем боласыңдар. Бізге берілген уақыт тым қысқа.  Тоғыз айдың ішінде араб, қытай, орыс тілдерін жетік меңгеруге  тиіссіңдер. Агенттік қызметтің қыр-сырына үйренуге де уақыт тым аз. Сондықтан ұйқыға небәрі үш-ақ сағат уақыт беріледі. Кей күндері  ұйқыны да ұмытатын боласыңдар. Екі күнде бір рет қана ыстық тамақ ішесіңдер. Қазір екеуіңе біраз уақыт беремін, тағы біраз ойларыңмен бөлісіп, пікірлеріңді ортаға салыңдар. Қандай шешімге келсеңдер де, енді бұл жерден екеуің де басқа адам болып шығасыңдар. Ойлануға бір сағат уақыт беріледі. Жаттығу бүгіннен басталады. Осыны айтты да, Алексей Васильевчтің есіктен далаға шығуы мұң екен, Эльдар орнынан атып тұрды.

– Дамир, мен мұндай ауыр дайындыққа шыдай алмаймын! Мыналардың дендері сау ма, не білім жоқ, не оқу, не тоқу жоқ, қарапайым ауылдың баласына Иракқа «шпион» болып барасың дегені қай сасқандары?

– Аптықпа! Бізде басқа амал бар ма? Қайта екеуіміздің бір жерде болғанымыз қандай жақсы болды.  Екі жаққа кетсек, не істер едік, а?

–  Сонда да, бір түрлі қызық екен. Өз құлағыма сенер емеспін. Ондай адамдар университет бітірген, ғалым, иә болмаса милиция дегендер болушы еді. Бұзау қуып жүрген бізден бірдеңе шығарам дегендері «қумаштардың» ісі сияқты.

–  Жоқ, мен олай ойламаймын. Бұның артында үлкен жауапкершілік жатыр. Текке олар бізді  таңдап отырған жоқ. Демек бізді осы жұмысқа лайық деп тапқан ғой.

– Қалайша, біз дым білмейміз. Тіптен Ирак деген пәленің қай жерге орналасқанын картадан көрсет десе де, таба алмаймыз. Біздер наданбыз ғой. Қалайша олар бізге осындай жауапкершілікті тапсырмақшы? Түкке түсінсем бұйырмасын.

– Үйретеді деген жоқ па. Дайындайды деді ғой.

– Иә, сені білмеймін. Дәл менен ғалым да, оқымысты да шыға қоймас.

–  Эльдар, шынымды айтсам, бұл адамдар екеуімізден нағыз «чекист»  шығармақшы. Сондықтан да бар білгендерін үйрететін болар. Қылтың-сылтыңды қойып, айтқандарына көнсек, тезірек үйге де оралармыз. Үй деген сөздің ауыздан шығуы мұң екен, екеуі де үнсіз қалды. Эльдар орындықтан түсіп, жерге отыра кетті де, оның қасына Дамир жайғасты.

–  Не болса да екеуіміз бір-бірімізден ажырамауға тырысайық. Эльдар, сен қызбалаусың, абай бол. Бірдеңе ұнамай бара жатса, бірден төбелесе кетпе. Біз жалғыз, олар көп. Сондықтан неге болса да, абай болайық.

– Шынымды айтсам, торы атымды сағынып кеттім. Мініп алып, шабар ма еді, шіркін!

– Білесің бе мен Назгүлді сағынып отырмын.

–  Назгүл демекші, енді саған оны да ұмыта тұру керек шығар, иә, а? Хат жазбаймыз, хабарласпаймыз. Мені қойшы, сендерге қиын болатын болды-ау.

– Эльдар, саған бірдеңе айтайын ба, тек дымың ішіңде болсын. Біз Назгүл екеуіміз ерлі-зайыптылармыз.

– Ой, жындылар! Қашан үлгеріп жүрсіңдер?

– Осыдан төрт күн бұрын қосылып қойғанбыз.

– Қазіргінің жастары-ай, тым асығыстық жасаған жоқсыңдар ма? 

– Осыған көрінген болар. Енді өзім де өкініп жатырмын. Назгүлді оттың ортасына тастап кеткендей болдым.

– Бақытты екенсің. Көріп үлгердің. Мен торы аттың үстінде шапқылап жүргенде, сен үйленіп жатыпсың. Бәсе, Назгүлдің  жылауы жақсы еді. Не деген махаббат деп таңдансам, гәп сенде жатыр екен ғой. Жарайды, уайымдама! Ертең-ақ сүйіктіңе қосыласың. Екі жыл деген екі күндей болмайды, тез өте шығады. 

Екі  жігіт сөздері таусылса да, алдағы күндерінің бұлыңғыр болғанына көңілдері толмаса да, тіптен енді не болатынынан бейхабар болса да, ары қарай сөз таластырмады. Екеуі де үнсіз, туған ауыл-аймақ пен үй-іштерін ойлап, тұнжырап кетті.

Еден үстінде  арқаларын қабырғаға сүйеп отырғандарына тура бір сағат уақыт өткен кезде, үстіне жапондардың кимоносын киіп, қолына ұстаған таяғы және киімдері бар Алексей Василичтің  төбесі көрінді. Ол ештеңеге қарамастан, қолындағыларын екі жігітке лақтыра салды.

 – Киініңдер!

Жігіттер  көз ілеспес жылдамдықпен киімді қағып алып, атып тұрып киіне бастады. Енді байқады, киімдердің екеуі де каратэшылардың костюмдері еді. Олардың киінгенін толық күтпеген оқытушылары алдыға түсіп, «соңымнан еріңдер» дегенді ымдап, жүріп кетті.

 

                                ***

ИРАК. Дерменнің берген тапсырмасын тез арада орындамаса, Әл- Хамидтің басына қиындық түсетінін айналасындағы адамдардың барлығы да білді. Алайда дәл қазір не оларда, не Хо Ша Тода ешқандай амал жоқ еді. Оның үстіне, 2000 жылы терроризм, сепаратизм және экстремизммен күресу жөнінде Шанхай Конвенциясы қабылданып,  (Шанхай, 2001 жыл 15 маусым) осы конвенцияға сәйкес Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғызстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарлығының мақсаттары мен қағидаларына сүйене отырып, терроризм және экстремизммен күресті нығайта түскен болатын. 

Алайда бұл жағдайға Әл-Хамид көп қинала қоймады. Осы елдерде, соның ішінде Қазақстанда өршіп тұрған түрлі діни ағымдарды пайдалана отырып, өз істерін іске асыру жоспарын құрды. Сәтін салса, террористік әрекеттерді іске асыратын мемлекеттерді таңдау керек болар.

Қазақстан бүгінде өз еліне дүние жүзіндегі қандастарын шақырып жатыр. Әлде солардың қатарына еніп, қазақ болып кету керек пе, немесе сол еліне кетіп бара жатқан бір қазақтарды бопсалау арқылы айтқандарына көндіру қажет пе? Бұл да қисынсыз. Олардың қолынан мұндай іс келе бермейді. Бұл жерде қомақты ақша мен жоғарғы қызметте отырған тағы бір лауазымды адамды табу қажет. Жалғыз Асланның шамасы келмеуі мүмкін. Ол өзі қандай адам? Қайда қызмет атқарады, ол жағы беймәлім. Маңыздысы сол, ол Хо Ша Тоның да, бұлардың да қызметтерін қатар атқарады. Жұмыстың барлығын  сыңары іске асырады.   Әрі өте сақтық жағдайда, Қазақстаннан тыс жерде. Оның ойын күзетшісі бөліп жіберді.

         – Мырза! Сізге келіп тұр.

         – Кірсін.

         – Ассалаумағалейкум.

         – Алейкүмассалам.

         – Таяу арада Ирактағы миналанған жерлерді минадан тазарту үшін Қазақстаннан бірнеше отряд келетін көрінеді. Осы  жағдайды пайдаланып қалуыңыз керек. Бізге Қытай мен Қазақстан, Тәжікстаннан тікелей қару жеткізетін адамды солардың ішінен таңдап алып, қайта дайындықтан өткізуіміз керек. Сонда ғана біз көздегенімізге жетеміз. Дермененің көз тігіп отырғаны да осы. Осыны айтайын деп келдім. Келген адамның  тікелей басшысының адамы екенін білетін Әл-Хамидтің жүрегіне де қуаныштың  шоғы түскендей болды. Ол кеңінен тыныстап, Аллаһ Тағалаға бір сыйынып, тасбиығын санай жөнелді.

 

                                  ***

         Ауылдан кеткендеріне екі-үш айдың жүзі болса да, әлі күнге дейін хабар-ошар болмаған Дамир мен Эльдардың ата-анасы екі көздері төрт болып балаларынан хабар күтуде.  Әскерге кеткен балалардың барлығы әскери бөлімшеге жеткендерін, жағдайларының жақсы екендіктерінен айналасы он шақты күннің ішінде хабарлап жатады. Ал мына екі жігіттен әлі  еш  жаңалық жоқ. Тек Назгүл ғана сабырлы. Дамирдің үнсіз кеткенін  қолы тимей жүргенге жорыды. Бар ойы – алдындағы кітабы мен айналысып жүрген спорты. Одан қала берді үйдің ішіндегі күйбең тірлік. Өткен жолғы Дамир екеуінің арасындағы болған жағдайды есінен  бір күн шығара алмады. Сүйіктісінің қолынан ұстағанынан бастап, аймалап өпкеніне дейін, құлағына  ентіге жеткен ынтық сөздердің  ешқайсысын ұмыта алар емес. Сондай тәтті сөздер айтылған, ләззатқа толы кешті бірге өткізген жігітінің бір хабар бермей кетуі мүмкін емес-ті. Эльдар екеуінің тым болмағанда біреуінен болса да хабар келсеші деген сағынышқа толы жүректің арманы орындалар емес.

         Күн артынан күн өтіп жатқан уақыт. Дамир мен Эльдардың анасы күніне бірінің үйіне бірі бас сұғып, балаларынан бір  хабардың бар-жоқтығын айтуды әдетке айналдырғалы қашан. Бүгін де Эльдардың анасы Дамирдің үйіне бармақшы болып жиналып жатқан кезде, есіктің алдына жеңіл  көлік келіп тоқтады. Таныс-тамырларында мұндай машинаның жоқтығын білетін олар бөтен біреудің келгеніне таңдана есік алдына жүгіріп шықты. Көлік ішінде жүргізушіден басқа ешкім жоқ. Қазақта ері тұрып, әйелі бірінші сөз бастамайтын болғандықтан, жүргізуші де, Эльдардың әкесі де бір-біріне қарсы жүрді.

  • Ассалаумағалейкум, ағасы.
  • Әлейкүмассалам. Бауырым, жайша жүрсің бе?
  • Ағасы, сіз Эльдар Байтұрғановтың әкесі боларсыз?

–   Дәл өзі, аманшылық па?

–  Бәрі жақсы, аманшылық. Тек жеңгейге сыр бермеңізші, сізбен және Дамирдің әкесімен сөйлесуге келген едім. Екеуіңіз де әйелдеріңізге білдірмей, ауылдың сыртына шығып кетсеңіздер жақсы болар еді. Мен сіздерді сонда күтейін. Бұл жігіттің жүрісінің тегін еместігін білген отағасы бар жауапты тағатсыздана күтіп тұрған зайыбына қарай жүрді.

–  Жүр, үйге кірейік. Жай, адасып жүрген біреу екен.

–  Апыр-ай, адасып жүрсе, жолай бір үйге соға салмады ма, несіне біздің үйге келді екен?

– Бейсауат адамның аяқасты сенің үйіңе келгені жақсылық емес пе? Жақсылыққа жорысаңшы.

Күйеуінің сөзіне жығылған әйел баласынан бір хабар болып, мына жолаушының келуі, жақсы жаңалық болса екен деп тіледі. Үйге кіргенімен, отағасы Ерсіннен маза кетті. Келген адамның суыт жүрісінен шошыды. Неге жасырын түрде сөйлескісі келді? Баласы аман болса, қуана тұрып айтар еді ғой. Астапыралла! Не деп кеттім. Не болса да ауылдың шетіне шығу керек. Ол орнынан үнсіз тұрып, ілулі тұрған торы аттың жүгенін қолына алды.

– Балқия, мен атты суарып, тұсамыс салып келейін. Малды түскі астан кейін жайғармын.

– Өзің біл. Ерсін, торы атты алысқа жібермей, маңайға қойсаңшы. Ертең Эльдарым келгенде, қорада тұрсын. Жаны осы торы аттың үстінде еді ғой құлынымның. Көзіне сағыныш жасы ұялаған әйелінің жалынышты сөзін жүре тыңдаған үй иесі қорадағы байлаулы атына қарай кетті.

Ерсін үйден шыға атына қамшы баса бергені сол еді, көрші үйдің бұрышынан Дамирдің әкесі  Әділғазының да төбесі көрінді. Келген адам оған да ауылдың шетіне құпия түрде шығу керектігін баса айтса керек, Ерсінді көрсе де, көрмеген адамдай адымдай басып, қасынан өтіп кетті. Дегенмен аттың аты ат қой. Ерсін Әділғазыдан бұрынырақ қара машинаның қасына келді. Жүргізуші алыс жолдан шаршаған, білем, көзін жұмып ұйқыға кетіпті. Қасына келген аттың тұяғының сартылынан көзін ашып алған  ол көлігінен шығып, ауылдың екі адамын күтіп алды.

–  Бауырым, не себепті бізді ауылдың шетіне жасырын шақырдың?  Егер балаларымызға бірдеңе болса, жасырмай шындықты айтқаның жөн болар? – деп аптыға жеткен Әділғазы бірден жауап алуға кірісті. Әділғазының жанайқайы өзінің де жанайқайы екенін білген Ерсін де жауап күтіп жүргізушіге қарады. Жігіт асығар емес. Аяңдай басып тастақ жерге барды да, тізесін бүгіп отыра кетті.

         –  Тізелеріңізді бүгіп, асықпай отырыңыздар. Мен Астанадан  арнайы сіздер үшін келдім. Балаларыңыздан үш ай бойы хат-хабар алмағандарыңызды білемін. Олар дін аман. Екеуі де  өз міндеттерін өтеп жатыр. Сіздерге жасырын келуімнің мәнісі де сол.  Олардың аналары, басқа да туыстар естімесін, сол ештеңе білмеген күйі жүре берсін деген оймен сіздерге ғана жолығуды жөн санадым.

         – Айналайын-ау, бұл сонда не құпия? Өз баламызды өзіміге жасырып айтатындай оларға не болды? Бірдемеге ұшырап, мүгедек болып қалғаннан сау ма?

Ерсіннен тіптен маза кеткендігі соншалық, алдында отырған жігіттің шектен тыс сабырлығы оның ашуын келтіре бастады.

         –  Дамир мен Эльдар Отан алдындағы міндеттерін аман-есен орындап жүр. Оларға өте жауапты жұмыстар тапсырылғандықтан, әзірге екеуі де хабарласа алмайды. Тіптен екі жыл бойына сіздер бір хабар алмауларыңыз  әбден мүмкін. Сіздердің отбасыларыңызға сабырлық әкелу үшін және олардың қауіпсіздіктері үшін сіздермен кездесіп отырмын. Мен де мемлекет қызметкерімін. Қазақстан мемлекеті үшін басымды  бәйгеге тігіп жүрген азаматтардың бірімін. Дамир мен Эльдар да біздің қатарымызда. Оларға Отан алдындағы ең маңызды жұмыс – сыртқы саясат пен ішкі саясаттың тыныштығын сақтауды тапсырды. Сондықтан сіздердің тараптарыңыздан  қатты алаңдаушылық болмасын деген оймен келіп отырмын. Мына фотосуреттерді алыңыздар, көріңіздер, сосын маған кері қайтарып беріңіздер.

Қолдарына тиген ұлдарының суретіне төніп кеткен әкелердің ауыздары ашылып, көздері жұмылды. Олардың алдында Дамир мен Эльдардың Қазақстан әскерилерінің киімін киіп, жаттығу жасап  жатқан фотосуреттерінің түр-түрі жатты.

         – Сіздер енді түсінген боларсыздар. Көңілдеріңіз орнына түссін деген оймен көрсетіп отырмын, енді мына телефонға қарап балаларыңыздың дауысын естіңіздер. Қонақ жігіт қолындағы телефонның тетіктерін басты да, екі кейуананың көз алдына тосқаны сол еді, балаларының жанды бейнесін көрген әкелердің көз жастары еріксіз домалап-домалап кетті.

– Папа, біздің халіміз жақсы, бізге сеніп тапсырылған жауапты тапсырма бойынша қазір дайындық үстіндеміз, бізді уайымдамаңыздар, қуанышпен қауышатын күн әлі алда! – деп сөзін аяқтаған Дамирді, Эльдардың: – Папа, мамам мені көп уайымдамасын, бізде бәрі жақсы. Сіздерге хабарласуға мүмкіншілік болмай жатыр. Әлі сіздермен аман-есен қауышамыз деген үлкен үміттеміз. Сіздерді сағындық. Бізді күтіңіздер! –дегенін естіген Ерсін көз жасына ие бола алмады.

– Біздің балаларымыздан осындай жасырын хабар  әкелетіндей, мына тыныш заманда не қылған тапсырма, қайдағы жауапты тапсырманы айтып отырсың? Әділғазы көзінен аққан жасын сүртпестен, қонақ жігітке төнді. Оның жан баласы дегенде жүрегінің езіліп отырғанын сезген Ерсін де:

– Тіптен бейнесін таспаға түсіріп әкеліп көрсететіндей не қылған  қызмет олардікі, ә?!

Өзіне қарата жаңбырдай жауа бастаған көп сауалға тек қана бір жауаппен құтылатынын білген жігіт сол  сабырлы қалпын бұзбастан:

– Ағалар, сіздердің жандарыңыздың ауырып отырғанын білеміз. Олар – Елбасымыздың, Отанымыздың тікелей тапсырмасын орындаушылар. Сондықтан осындай жаттығулардан арнайы өтіп, өздеріне берілген тапсырманы бұлжытпай орындауға міндетті. Олардың қай жерде немесе қай күні қайда болатынын сіздерді қойып, мына мен де біле бермеймін. Менің қолымнан келетіні – әрбір үш ай сайын сіздерге осындай сәлемдемемен келіп тұратыным. Осы жолғы келгендегі себебім де  жігіттердің аналарының түн ұйқысының төртке бөлініп жүргендігін білетіндіктен келдім. Тек осындай батыр ұлдарды тәрбиелеп шығарған әкелер ғана үйдегі тыныштықты сақтай аласыздар деп ойлаймын. Сіздерге сеніп, үміт артқандықтан, сабырлы болсын деген оймен келдім. Балаларыңыздың амандығы мен қауіпсіздігі үшін осылай істеуге мәжбүр болып отырмыз. Ал енді рұқсат болса, мен жүрейін.

Жігіт осыны айтты да, орнынан тұра бергені сол еді, оның иығынан Әділғазы басып, қайта отырғызды.

–  Сен бала, мынаны түсіндіріп айт. Мен баламды аман-есен  көремін бе? Ол-шынымен тірі ме? Мына әкеліп көрсеткендеріңнің бәрі рас па? Осыған бізді қалай сендіресің? Ертең олардың сүйектері салынған темір жәшікті құшақтап қалмаймыз ба? Баламның аман-есен оралатынына қандай кепілдік бересің? Осыны айтшы маған!

– Балаларыңызды аман-есен көретіндіктеріңізге сенімім зор. Тек сіздер сабырлы болсаңыздар болды. Ешкімге бүгінгі әңгіме, суреттер, бейнетаспаны көргендеріңізді тістеріңізден шығармаңыздар. Тіптен әйелдеріңізге де айтпаңыздар. Сіздердің көздеріңізді жеткізейін деген оймен көрсеткен екенмін, ендігі жерде ол  суреттер жүректеріңізде ғана сақталсын. Балаларыңыздың қауіпсіздігі мен олардың аман-есен үйіне оралулары сіздердің ауыздарыңыздың мықтылығында. Мен де, сіздер де бір Алладан олардың амандықтарын тілейік. Енді  рұқсат болса, кетейін. Ол осыны айтты да, көз ілеспес шапшаңдықпен орнынан атып тұрып, көлігіне қарай бет алды. Артына қараса, көз жастарына шырмалған әкелерді көретінін сезгендіктен де жылдамдата басып, көлігіне мінді де, жүріп кетті. Шопыр жігіт өзіне тапсырған Бекболаттың жұмысын орындады. Енді тек бастығына баяндау ғана қалды.

Жігіттің шаңды боратып кетіп бара жатқан қара көлігінің соңынан қарап,  көздеріне ерік берген Әділғазы мен Ерсін сол  отырған жерлерінен қозғалмады.

– Әділғазы, мына жігіт нені басымызға төндіріп кетті? Балаларымызды әскерге  жібердік десек, олар қайдағы жауапты қызметке кіріп кеткен.

– Ереке! Не болса да, балалар екіге бөлінбеген екен. Екеуі де бір жерде жүр. Яғни, олар бір-біріне сеп деген сөз. Қандай тапсырма болса да, аман-есен келсе екен. Ана үйдегілер күнде жылап, естері шығып жүр, оларды не деп жұбатар екенбіз, соны ойлайықшы.

– Қайдан білейін, енді біраз хабар болмаса, қалаға әскери комиссариатқа барам деп біздің қатын қопақтап жүр. Соны қалай тоқтатарымды білмеймін.

–  Әйелдер шу шығарса, қауіпті деген жоқ па? Мынадай біреуді-біреу біліп болмайтын заманда, мына жігіттің бізді іздеп келіп, балаларымыздың амандығын өз аузымен айтқанына сенбеске лажымыз да жоқ. Енді не болса да ұлдарымыздың аман-сау оралғанын күтейік. Қатындарға да басу айтып, шын-өтірігін араластырып бір себебін айтайық. Тек, өтірігіміз де, шынымыз да бірдей болсын, Ереке. Басқадай амал жоқ.

– Дегенмен, Әділғазы, не оқуы, не білімі жоқ біздің балалар қалайша бір іске жарамды болып қалды екен? Соған таңым бар.

–  Неге? Біздің балалар шымыр болып, спортпен айналысып өсті емес пе? Әне, соның бір қайырымы тиген болар. Оларды ақылсыз еді деп айта алмаймын. Дәл біздің ұлдардай баланы тауып көрші. Қазіргі қазақтың балаларының барлығы ұсақталып кеткен жоқ па. Өзіміз қандай едік. Еңгезердей, екі иығымызға екі жігітті мінгізіп алатындай күшті, денелі болған жоқ па едік?! Қазіргінің балаларын көрсең, өңкей сирақтары шілбиген, бойлары бір қарыс, шешелерінің емшегінен енді ғана ажыраған балалардай нәзік. Дамир мен Эльдар, тілім тасқа, нағыз батыр тұлғалы жігіт болып өскен жоқ па?! Міне, үкіметке де сондай  азаматтардың керек болғаны да.

– Расында да, сен солай ойлайсың ба? Мен ол жағына мән бермепін-ау, ә. Ендеше, біздің балаларымыз мақтауға тұрарлық екен де.

Жерге шырт түкірген Ерсін мен Әділғазының өздерін-өздері жұбатқан сөздеріне жандары жылып, жүздеріне қуаныш ұялады. Арыстандай айбарлы екі азаматын Отан алдындағы борышын өтеуге жібергендеріне тіптен өкінбейтіндей.  Шындығында, екеуінің де көкіректерінде ұлдарына деген үлкен сенімділік жігер пайда болды.

Біршама уақыт сол отырған жерлерінен қозғалмаған әкелердің ісін төбеге шығып, құрт жайып отырған Назгүлдің қырағы көзі шалмай қалмады. Ол ауылға келген қара машинаны да, Дамир мен Эльдардың әкесінің сол көліктің иесімен ауылдың шетінде сөйлескендеріне дейін бақылап отырды. Не жайында сөйлескендерін түсінбесе де, олардың өң-түстерінің бұзылмағанына қарағанда, ескі таныстары болуы тиіс деген ой келді. Қаншалықты  сүйіктісінен хат-хабар жоғалған сайын, оны сағынған үстіне сағына түсті. Тіптен «бүгін түсімде Дамирдің жүзін көрсем екен» деп армандап жатып көзі ілінетінді шығарды. Қыз өзінің алғашқы махаббатына деген сағынышын ауыр күрсінісімен сыртқа шығарды. 

                                             ***

Қолына түскен мол ақшаны тиісті жерлерден келген адамдарға бөліп беру үшін Аслан қаланың шетіндегі жасырын пәтерге келді. Әдеттегідей оны алдыменен өзінің сенімді серігі қақпа алдынан күтіп алды. Осы бір елгезек, адал жанға Асланның  іші жылыса да, сыр бермеуге тырысты. Өзінің жұмсақ мінезін көрсетсе, ол жолынан тайып кетердей үнемі түсін суық ұстайтын. Дәл бүгін де солай. Суық амандасты. Алдына түсіп, есікті ашып, ішке кіргізгенде, өзін күтіп отырған  ешкімді де байқамады. Егізінің жасаған сақтығы екенін ол, әрине, жақсы білді. Төрге  шығып, стол үстіндегі екі үлкен чемодандағы ақшаның аузын қажетті  кодпен ашқан кезде, жаны жай тапқандай болды. Бұл – әрине, өзі өткізген қару-жарақтың орнына келген айналым ақша. Екі миллион доллар. Бір чемоданның бетінен біршама ақшаны алып, екінші чемоданның бетіне лақтырды да, егізіне қарай итере салды.

– Мә, мынаны аналарға бөліп бер. Қалғанын өзің білетін жерге апарасың. Есебіңді сол жерде аларсың.

– Тағы басқадай тапсырмаңыз бола ма?

–  Әзірге жоқ. Ауған жақтан  келетін  пошта кешігіп жатыр. Егер олар арзандау арна тапқан болса олардың көзін құртқайсың. Біздің алдымызды ешкім орап кетпеуі керек. Осы жағына сақ болғайсың. Менің  білуімше, Ирактағылар мен Қытайдағылар тағы да өздеріне  арзандау арналар іздестірмекші көрінеді. Қазақстаннан біздің арнадан басқа ешкімнің де поштасы басқа арнаға бұрылмауы тиіс. Осы жағын қадағала. Бір нәрсенің шетін сезсең, дереу көзін құрт.

– Мақұл, түсіндім.

– Ендеше мен кеттім. Іске сәт.

Аслан келген шаруасын тез бітірді де, сыртқа қарай беттеді. Бұл кезде қарама қарсы орналасқан екінші үйдің үш бөлмесіне  тұрақтаған ақша иелерінің бірі терезесінен көлігіне қарай кетіп бара жатқан Асланды байқап қалды.  Жүзі өте таныс мына адамды қайдан көргенін ойына түсіре алсашы. Тым таныс адам.  Ол Аслан көлігіне мініп, көзден таса болғанша терезеден көзін алмады.  Ұялмас қожайынның айтқанын екі етпестен қонақтарды бір-бірден шақырып, әкелінген ақшаны теңдей етіп бөліп беріп, әрқайсысын бір сағат кейіннен жіберіп отырды. Сақтықта қорлық жоқ, олар  бір-бірлерін көрмеулері тиіс.

 

                         ***

Екі бозбаланың жаттығу орталығына түсіп, елден хабарсыз қалғандарына аттай үшінші айдың соңғы аптасы. Тіптен әке-шеше,  туған-туыс дегенді ұмытып кеткендей. Ақ тер, көк терлері шығып, таңның атысы, күннің батысы жаттығу үстінде. Алексей Василич түрі шал сияқты болғанымен, өте білімді адам болып шықты. Алдыменен екі жігіттің жүрегіне өздеріне деген сенімділік пен біліктілікті ұялатты. Олар өздеріне-өздері сенімді болғанша, қытай мен араб тілдерін үйренді. Қандай қиын тәртіп болса да, бала кездерінен сол елдің спортына әуестеніп өскен екі  жігітке қытайдың тілі де, арабтың әріптері де ертеден таныстай тез игеріп кетті. Өздерін текке жаттықтырып жүрмегенін, алатын тапсырмаларына қажетті жаттығулар мен оқуларды тыңғылықты үйренуге бет бұрып кеткендерін байқамай қалды. Тек Дамирді мазалайтыны – Назгүліне бір рет болса да хабарласа алмауы. Эльдар Дамирдей емес сабырсыздау еді, жаттығу кезінде өзін өте салмақты ұстауды әдетке айналдырды. Өзін Дамирден кейінгі екіншімін дейтін дос жаттығу кезінде кей кездері жолдасының алдына түсіп кететінді шығарды. Жандарына қатты батқан жаттығу су астында дем алмастан бес минут шыдау еді. Ең ауыр тигені де осы болды.

Көлді қойып, ағып жатқан тоғаны жоқ ауылда өскен екі жігітті малту мен суда жүзуге үйрету өте қиынға соқты.  Екі қолдарымен суды сабаласа, аяқтарынан жан кеткендей, аяқтарын қимылдатса,  қолдары істен шығып қалғандай қайта-қайта суға бата берген соң, Алексей Василич соңғы әдісті пайдаланды. Ол екі жігітті қайыққа отырғызып алып, қаланың шетіндегі бір көлшікке апарды да, судың ортасына барған соң, екеуін де суға аудара салды. Қалай шықсаң, олай шық. Басында қаперсіз, табиғатты тамашалап, дем алуға келе жатырмыз деп ойлаған екі жігіт аяқасты суға құлаған кезде естерінен адасып қалғандай,  сасып қалысты. Алдыменен бойын тез жинаған  Эльдар болды. Көзін ашқан кезде Дамирдің судың астында тырбаңдап жатқанын көрді. Тіпті суды да жұтып жатқандай. Кенет, есіне ұстаздарының айтқаны  және су астында демді қалай ұстау керектігі түсе кетіп, аузын жапқаны сол еді, өзінің де  суға  батып бара жатқанын сезді. Біреудің қолы қолтығынан шап бергенде  байқады – Дамир «бір қолыңмен малты» дегенді ымдауда. Эльдар өзіне-өзі келіп, екеуі қолдары мен аяқтарын бірдей қозғалтып, суды итерген кезде, алға қарай біраз жүргендей болды. Осы сәтті екеуі тағы, сосын тағы қайталады. Сөйтіп, судың бетіне қалай шыққандарын да байқамай қалды. Қараса, Алексей Василич қаннен-қаперсіз қайығының ортасында біреуді күткендей темекісін сорып,  қалың ойға кеткен қалыбы отыр екен. Әрине, ол қаперсіз отырған жоқ еді. Олардың су астындағы уақыттары үш жарым минутқа созылып кетті. Енді жарты минуттан кейін өзі оларға көмекке  кетпекші болып дайын отырған-ды. Бірақ алғырлықтарымен өзін еліткен қазақтың екі жігітіне деген сенімділігі, олардың су астынан өздерінің шығатынына кәміл еді. Иә, ол алданбапты. Әне, олар судың бетіне шықты! Өздері шықты! Яғни, малту мен су астындағы демді ұстануды үйренді деген сөз.

Судың бетіне іштерін суға толтырып шыққан екі жігіт қимылдары ауыр болса да, біраз ұзап кеткен қайыққа қарай жүзе жөнелді. Өздерінің судан аман-есен шыққандарына екеуі де разы секілді.

– Жігіттер, үш жарым минут су астында болдыңдар. Негізгі уақыт бес минут болатын.

Алексей Василич екеуін де ызғарлы қарсы алды. Ұстазы  амандықтарына қуанатын шығар десе, ренжулі ғой деген ой  алдымен Эльдардың ашуын келтірді. Судың ортасына апарып, батырып жіберіп, енді көбірек батпадыңдар деуінің мәнісі неде! Бірақ Дамир қақпақылдап оны сөйлетпеді. Өйткені бұл да жаттығудың бір сынағы екенін  түсінген-ді.

Дегенмен сол күні екі жігіт қайта-қайта су ортасында малтып- жүзуді қайталаумен болса, оларды ту сыртынан қатал бақылауға алған ұстаздары балық аулаумен айналысты. Түн қата үшеуі ұстаған балықтарын отқа қақтап жеді. Күні кешке дейін аш жүрген жігіттер үшін, балықтың күйгеніне дейін тілдерінің дәмін  үйірді.

– Жігіттер, сендердің әке-шешелерің кім болып қызмет істейтін адамдар? – деп,  қарындарына ас барды-ау деген мезгілде  тәрбиешілері тіл қатты. Бәленбай айдан бері жаттықтырып жүрген ұстазының екеуінің өмірі жайлы білмеуі мүмкін емес қой. Әлде әдейі сұрап отыр ма, немесе шынымен білмей ме?

– Менің әке-шешем... Дамирді бар дауысымен кілт  үзген Эльдардың сөзі жылдам шықты. – Біз жетімдер үйінде тәрбиеленгенбіз. Әке-шешеміз туралы ештеңе білмейміз. Құжаттағы есімдерді балалар үйінде  берген. Шынайы ата-анамыз кім және олардың аты-жөндері қалай екенінен еш хабарымыз жоқ.

– Жігіттер, маған шындықты айтуларыңа болады.

– Ұстаз, шынымыз осы.

– Ендеше, жатып тынығыңдар! Екі жігіт оттың қасына айналдыра төсеген әскери киімдерінің үстіне жатар-жатпастан көздерін жұмды. Бірақ ұйықтай алар емес. Ұстазы тағы қандай сынақ көрсетер екен деп күтуде. Бүгінгі  көлді бағындырғандарына екеуі де дән разы. Сөйтіп, талықсып жатып, ұйықтап кетті.

Қазақи тәрбиесі мықты екі жігітке қарап отырып, Алексей Василич қатты ойға шомды. Қаперсіз ұйықтап жатқан  мына жастардың алдындағы күтіп тұрған тапсырманың ауырлығын көтере алар ма екен деген ой алаңдатады. Өзінің де дәл мыналардай шамалас  немерелері бар. Олар да  біреудің әлпештеген балалары. Дамир мен Эльдардың Иракта қалатыны сөзсіз,  сондықтан екеуін де қатал дайындау керек. Бойындағы бар күшін осы екі қазаққа сарп етсе, ертең екеуінен мықты чекистер дайындап шығарса, ең бастысы, аман-есен Қазақстанда жолықтырса, үлкен жетістігі сол болар. Шіркін, бұлардың алдында не күтіп тұрғанын білсе, қауіптің алдын алатын еді, амал не.

 

                                ***

 

ИРАК. Қазақстан әскерилерінің Иракқа келетінін естігеннен бері Әл- Хамидтен маза кеткелі қашан. Ол Ауғанстаннан келетін есірткі мен Қытайдан әкелінетін қарудың жаңа жолын таппайынша Дерменнің көңілінен шықпайды. Қазақстандық арнаның бұларға аранын тым  ашып отырғаны ұнамай отыр. Әрине, оның да көмейін бітемесе, ертең жолдың мүлде жабылып қалуы да ғажап емес. Ресейліктер де не себепті тауарларын Қазақстан арқылы шығармақшы болып отырғанына таңы бар. Дегенмен өте сақ болмаса болмас. Ол Қазақстандағы тыңшысына кеше хабарласқанында, сәлемдеменің тапсырылғанын, оны төренің өзінің қабылдап алғанын, тағы да тапсырма күтетінін айтқан. Бір ғажабы, тыңшының айтуынша, «төре» деп отырған адамы ауылдың бір қарапайым шаруасына ұқсайтын көрінеді. Оның қолынан мұндай күштің келуі қаншалықты мүмкін екендігіне таңданбасқа амалы да жоқ. Әл-Хамид тыңшысының сөзінен «төрені» жолдан ысырудың амалын қарастыратынын айтқан-ды. Бірақ Әл-Хамид оны «ысыруды» кейінге қалдыруды өтінді. Өздеріне келетін жолдың бірнеше мемлекеттен өтетінін, соның ішінде ең қауіпті елдің Қазақстан екенін де біледі. Алайда сатушылардың  аталмыш мемлекеттерді аралап өтуінде не гәптің барын түсініп болмады.

Иә, оны түсінудің де,  түсіндірудің де еш қажеті шамалы. Аздап ойланса болғаны да. Нашақорлықтың жолы кеңес өкіметі кезінен орын алғанын, Қазақстан халқы өздерінің ішінде нашақорлардың  тым етек жайып келе жатқандығынан хабарсыз еді. Тек анда-санда ғана Жамбыл жақта өсетін марихуананың өртелінгені туралы оқтын-оқтын  баспасөз үстіртін айтып, негізіне тоқталмайтын. Сол кездегі тауар өткізетін арналардың жолы өте қиын болғанымен де, жұмыстары жүріп тұрды емес пе. Қазақстанда, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстанда аумалы-төкпелі заман үстінде. Олардың ішкі және сыртқы саясаттары басқа мемлекеттерге қарағанда әзірге тұрақтала қойған жоқ.

Қазақстан  ТМД-ның ішіндегі ең ауқатты, экономикасы даму үстіндегі мықты мемлекет болғанымен, ішкі саясаты оның да солқылдап тұрған жоқ па. Ұйымдасқан қылмыстық топ пен жемқорлық – Қазақстанның ата жауы, тамырын тереңге жіберген, қанша қысып ұстаймын десе де, құйрығын ұстатпайтын жібек жіп тәрізді, тым майда. Есірткі мен  қару-жарақтың саудасы жүрген жерде үлкен қаражаттың құйылатынын білетін «төрелер» төрт аяқтап еніп, маңайын улап жатқалы қашан. Ел  ішіндегі жемқорлықпен күресін оңдап алмайынша, сырттағы жемқорлықпен олардың күресуге дәрмені қаншалықты жетеді. Осының бәрін Дермене талшығына дейін саралады. Оны Қытайдағы жақтастары да  жақсы біледі. Ең бастысы, Қытай мен арадағы сауда-саттық үдеп тұрғаны бұлар үшін, әрине оңтайлы сәт. Тек тиімді пайдалана білу керек. Иә, Дерменеге де, Әл-Хамидке де асығу керек. Хо Ша Тоның әкелген қаруларының сапасының төмен болып шыққандығы да сезік тудырады.

 

                       ***

Хо Ша Тоның қаруларының сапасының нашар болатын жөні бар. Ұялмас тауарларды шекарадан өткізбес бұрын тексеруден өткізген. Алдыңғы өздері сатып алған қару-жарақтың сапасы  төмен болғандықтан, олар оны айырбастап алған-ды. Қытайдан өздері арқылы  өтетін  тауардың көлемі мен сапасына сатушылардың жауап беретіні сөзсіз. Сондықтан Ұялмас өз есесін жібергісі келмеген-ді. Ұялмасқа да қару сатып алушылардың тізімі күннен-күнге түсуде. Ынтымағы жарасқан елге қару-жарақ керексіз деп айту артықшылық болар. Мұндағы қара бизнеспен айналысатын  әр «мырзаның» артында жүзге толы жандайшаптары мен бандалары бар. Оларды қару-жарақпен қамтамасыз ету «төрелердің» міндеті. Мұндай байлардың  саны күннен күнге артқан сайын Ұялмастың да қалтасы қалыңдап, Қытайдан келетін тауардың жартысынан көбіне қолын салатынды шығарды. Бұл әрине  Дермен мен Әл Хамидттің асына артық қасықтың түскендігі.

Егер Қытайлықтар тауарды  жолай арналарда сатып жіберетін болса,

онда бұлар құрқол қалулары да ғажап емес. Сондықтан тауарды тек сенімді адамдар арқылы, артық қол салынбастан, Иракқа әкелу керектігіне көздері жеткен сайын   терроршылардың бастары қатты.

Ирак пен Америка арасындағы соғыс күннен-күнге үдей түсуде. Апатты қару  жасайды деп жалған жаланың кеселіне ұшыраған бірнеше мыңдаған ирактық мұсылмандардың жазықсыз қанының төгілуі бүкіл әлемді ұйқысынан оятты.

Американың жақтастары АҚШ-ты қолдаса, тыныштықты сақтағысы келетін елдер Иракты қолдады. Бірақ аузын ашса түйені түгімен жұтатын алпауыт мемлекетке ешкім қарсы тұра алмады. Ирак басшысының қайтсе көзін құрту керектігін мақсат еткен америкалықтар соғысты тоқтататын ойлары жоқ тәрізді. Бұл соғыстан басқа мемлекеттер пайда табуды қашанда әдетке айналдырған.

Әсіресе бейбітшілік құжатына қолдарын қойып тұрып, астыртын бір-бірлеріне көмектесетіндерін қайтерсің.  Дермене де, Әл-Хамид те ирактықтар емес. Бірақ  қаны бір мұсылмандар. Көкейін ақша тескен бұл екеуінде де қандастарына деген аяушылық жоқ. Тек қару мен  есірткі сатып, байыса болғаны. Сол елдердегі мыңдаған бандасын қарумен қамтамасыз етсе, олардың сұраныстарын қанағаттандырса болғаны.

 Хо Ша То да соңғы кезде өз ісіне өзінің көңілі толмай жүргендей. Иелігіндегі барлық арнаны білетін біреулер Хо Ша Тоның жолы арқылы басқа керуенді де жөнелткені белгілі болды. Оның үстіне,керуендегі қаруларына қытайлықтар мен қазақстандықтар қол салуды жиілеткен.  Егер оны Хо Ша То  Дерменеге айтатын болса, бұлардың бірін-бірі өлтірулері де ғажап емес. Қазір Хо Ша То бүкіл өзінің бандаларын аяғынан тік тұрғызып, Америкадан келетін жолмен кімнің  тауарлары өткенін анықтау үстінде. Әрине, бұл оңай шаруа емес. Тауар Америкадан емес, басқа мемлекеттен де келуі мүмкін. Бірақ жол біреу-ақ. Ол –Қазақстан.

 

                                                ***

Өзіне тиесілісін алған Ұялмас мол қаражатты қайда жасырарын білмеді. Білмеді емес, білді. Бірақ көп ақшаны  сыртқа шығарудан қорықты. Оның жасырын қоймасында бір миллион долларға жуық қаражаты және бірнеше қорап соңғы үлгідегі қару-жарақтар бар. Ал, тұратын үйлерінің түрі мынау. Сырты қызыл кірпішпен қапталып, шағын ғана әдемі баспананың көрінісін беріп тұр. Мал қорасы айналасындағы көршілерінен кем болмаса, еш артықшылығы жоқ. Жұмыс істемейтін бұрынғы түремшіктің жай-күйі бай адамға ұқсамауы тиіс. Сондықтан ол қолындағы қаражатын оңды-солды шаша алмайды. Тіптен  жақсы көлік мінуге де құқы жоқ. Сезік тудырса, біткені. Өте сақ болғаны да сондықтан. Өсіп келе жатқан  үш баласын, бай адамның балаларындай киіндіре де, ішкізіп-жегізе де алмайды. Сонда мұндай мол қаражатты бұл не істемекші? Кім үшін басын қатерге тігіп жүр?  Жандайшаптың алдына қойған мақсаты да жетерлік. Аслан арқылы  қолы жеткен байлықты  тыңғылықты жұмсау керек. Ертең бірдеңе болып жатса, барлық жиған-тергені балалары мен әйеліне қалуы тиіс.

Мал-жайын жайғап болған соң, Ұялмас - Әскербек таза киімдерін киініп, қала жаққа кетті. Оның ішкі ойын үй-ішіндегілер түсінбесе де, әлдебір шаруасының шеті шығып, соған кеткен болар деп шешті. Өзі сүйіп алған әйелі Айгүлі  Әскербек түрмеге түскен кезде қатты қапаланып, жүйке ауруына шалдығып кете жаздағаны бар-ды. Әйтеуір, балалары үшін өзін-өзі сақтап қалды. Көп-көрім мемлекеттік қызметте, лауазымды орында істеп жүріп, оқыстан түрмеге түсіп қалып, он жылға сотталды дегенді естіген кезде,  Әскербек отбасы ойылып ортасына түсе  жаздады. Сүйікті жары Айгүлінің арқасында бәрі де аман-есен  болып, орындарынан тапжылмады. Зыр жүгірген  әйелі Асланның атына арыз апарып беріп жүріп, күйеуін оған сырттай таныстырған еді. Кейіннен  сол адамның көмегімен екі жылдан соң түрмеден шығатынын, сол үшін Асланның «Ұялмас» атты иті тәрізді қолбаласына айналатынын өзі білгенімен, әйелі сезбеген де еді. Енді, міне, өзі үшін зыр жүгірген әйелінің қолына қымбат алтын  бұйым сыйлауға да жарамай жүр. Өйткені қорқады, сақтанады, отбасына алаңдайды.

Әскербек қалаға келген соң, ескі жигули  көлігін тұраққа қойды да, сол тұрақтың шетіндегі су жаңа қымбат джип көлігіне қарай бет алды. Ол көліктің  өзіне қызмет еткеніне биыл үшінші жыл. Тұрақ күзетшілері де  бұл адамның не үшін екі көлікпен жүретінін өздерінше пайымдаған болады. Қарауылдарға ауыл үшін жигулидің қолайлы екенін, қалада  джиппен жүретінін жай ескерткен. Негізінен, мұндай екі көлігі бар адамдардың жетерлік екенін білетін күзетшілер кейіннен бұл құбылысқа мән де бермей кеткен. Әскербек көлігіне отырысымен, Астананың орталық көшесіне қарай бұрылды. Ойы – осы орталықтағы жаңа салынған үйлердің бірін сатып алмақшы. Ертең балалары мектепті бітірген соң, ауыл мен екі ортаға сабылмай, осы үйде тұрып оқитын болады. Ол көп іздемеді. Көздеп жүрген пәтерін де тез тапты. Тек бұл үйді кімнің атына жаздырарын білмеді. Жалғыз қарындасына жазайын десе, оның үйі бар. Ертең күйеуі біліп қалып, бір бәлеге қалуы да мүмкін. Әйелі мен балаларына жаза алмайды. Бір шикілік бола қалса, бәрі бірге құриды. Әскербек көп ойланбады. Үйді  таяу арада қайтыс болған әкесінің атына жаздырып, бірден бір немересінің атына сыйлыққа табыстағандай етіп жасады. Қазір елімізде «қайда барсаң ақшаң толы болсын» деген сөз шындыққа айналғалы қашан.  Жүз доллардың шетін шығарғаны сол екен, құжат қабылдайтын қыз көзін ашып-жұмғанша Әскербектің қалауындай етіп  жігін білдірместен  құжаттарын қолына ұстатты.

Сөйтіп, айналасы төрт-бес сағаттың ішінде Ұялмас ұялмастан екі жүз елу мың доллар тұратын үш бөлмелі пәтерді Астананың ортасынан ойып тұрып сатып алды.  Енді ішін хан сарайындай етіп шетелдік дүниеге толтыру керек. Оған ол асыға қоймады.  Оның ішін елде жоқ ең әдемі деген шетелдік жиһаздарға өзінің жандайшаптарына айтып толтыртады. Бір қоңырау соқса болғаны.

Айтпақшы, ҰҚК-дегі бір  жігіттің айтуынша, жоғарғы жақтан Қазақстан арқылы өтетін қару-жарақ пен  есірткі жолдарына қатал тосқауыл қою туралы жарлық келгенін, онымен ҰҚК-нің тікелей айналысып жатқанын хабарлады. Бірақ істің мән-жайына онша қанық бола алмады. Арты шикі дүние қашанда өз жемісін береді. Қазақстанның ҰҚК-інде қызмет атқаратын азаматтардың ешқайсысы да шетелмен тығыз байланыстағы бандаларымен ұстаса алмауы мүмкін. Оған білімдері жеткенімен, біліктіліктері де жете қоймас. Не себепті ҰҚК туралы осылай таяз ойлайтынын Ұялмас жақсы біледі. Комитеттің ішінде де өз адамдары отыр. Бұлар тамырын тым тереңге жіберген, ештемеден де тайынбайтын адамдар ғой. Бастарына қауіп төніп тұрса да, өздерін тым жоғары қойып, қалғандарын аяққа таптайтын ортаның адамдары емес пе. Ақшаға құнығып, сатылғандар арқылы өз қалталарын толтыруды мінәжат еткендер қашан да басқаларды бағалай білмейтіні анық. Олардың басты қателіктері де осында. Ұялмас та – солардың бірі. Асланның ығында жүріп,  баскесер болғанына мәз. ҰҚК жұмысы турасында  оның осал ойлайтыны да тірегіне сүйенгендіктің арқасы екенін өзі де сезбеді.

                                           

                                                          ***

         ...Бүгін Иракқа ұшатын алпыс сарбаздың арасында  тоғыз ай бойы мықты дайындық пен оқудан өткен Дамир мен Эльдар да тұр. Олар елден жыраққа кетіп бара жатқан басқа жауынгерлердей емес, ерекше толқу үстінде. Соғыс өртінен тірі, аман-есен оралатындықтарына қанша сенсе де,  алдарынан нені күтерлерін білмей алаңдауда. Бір білетіндері – Отан алдындағы міндеттері басқалардікінен қарағанда тым ерекше және өте қауіпті. Әне, ұшаққа қарай бірнеше лауазымды, жоғарғы шенді адамдар келе жатыр. Олардың алдынан жүгіріп шыққан сарбаз жетекшісі рапорт беріп, ұшуға дайын екендіктерін баяндауда. Кенет екі жігіттің көзі өздеріне жанары жасаурай телміріп қарап тұрған Бекболатқа түсті. Ол көпшіліктен озып, бұларға жақын келмеді. Алыстан, көз жанарлары арқылы ғана қоштасуды жөн көргендей суық тұр.

         Келген адамдар сарбаздарға бір-екілі тілектерін білдірген соң, кері қайтуға бекінді.  Олармен бірге Дамир мен Эльдарды елге  аман оралулары керектігін де осы бір келісінен байқатқан Бекболат екеуіне жылы ұшырай қарап, басын изеп қоштасты. Оның жанарынан «Бауыржан батыр бабаларыңдай қайратты болыңдар!» дегенін тағы аңғарғандай болған екі жігіт өздерінің иықтарын қомдап, неге болса да әзір екендіктерін байқатты.

         Ұшақ әуеге бойлай көтерілген кезде, алыста қалып бара жатқан туған жерлерін қимаған сарбаздардың барлығы көздері жаутаңдай бір-біріне қарап, үнсіздік сақтауда. Миналанған жерлерді минадан тазартудың барлық жолдарын білгендерімен де, өте қауіпті тапсырмамен кетіп бара жатқандарына өздері де іштей қобалжулы. Келісім-шартпен кетіп бара жатқан соң, неге болса да әскери міндетіңді орындауға тиістісің. Тек Дамир мен Эльдар өздерін ол жақта ненің күтіп тұрғанын білмейді. Ұшақтың артында өздеріне тиесілі тауарды екеуі  түскен бойы жасырулары қажет. Байланыс үшін қажетті минаны анықтайтын  қару-жарақтың бір жәшігі ғана болатын. Арадағы келісім бойынша олар Ирак жерін минадан тазарта жүріп, қару сатумен айналысатын топтың ортасына түсулері тиіс. Солар арқылы шетелдіктермен байланысы бар, Қазақстандағы ұйымдасқан қылмыстық топтың жүйесін анықтау осы екі азаматтың мойнында. Бұл қолдарынан келе ме, жоқ әлде бойларындағы үрей жеңе ме, екеуі де әзір ештеңені артық ойлағысы келмегендей көздерін жұмды.

Дамирдің көз алдына анасының бейнесі келді. Жаулығының шетінен шығып кеткен ақ самай шаштарын жинай жүріп, балаларына еміренуде. Әне, Дамирін де құшағына алды. Көзінен аққан жастарын сүртпестен, баласын бауырына қысып алып босатар емес. Тіптен әкесіне де  жіберер емес. Ананы қара! Назгүлі өзіне қарай аяңдай басып келе жатыр. Неге өз үйінде емес,  қалайша әке-шешесінің қасында жүр, ә? Бәле, біреу келіп, қылқындыра тұрып, бетінен сүйіп жатыр. Бұл қайсысы?... Итерейін десе, ап-ауыр. Тынысы тарылып барады. Ай... Көзін ашса, Эльдар басын бұның иегінің астына тірей, қатты ұйқыға кетіпті.

Жаңағы көргендерінің барлығы да түсі екеніне көзі жеткен Дамир досының басын ақырын орындықтың арқалығына сүйеді. Көзін жұмып, қайтадан ой елегінен жаңағы көргендерін өткізе бастады. Назгүл... Назгүл... Назгүл...сені тағы бір рет кездестірсем ғой, айтатындарым өте көп еді. Енді аман-есен оралсақ жақсы болар еді, сені қайтсем табар едім. Ал аман келемесек ше... онда мені күтпей-ақ басқа адамның қолынан ұстағайсың. Дамир көзінен ағып жатқан жасын байқатпай сүрткенімен, сағыныш жастары бір-біріне қосылмай, аққан үстіне ағып, үдей түсті.

Иә, елден кетіп барады, алдағы тағдыры белгісіз, неде болса нар тәуекелге бел буған жоқ па. Сол үшін небір дайындықтардан өтіп, ауыр сынақтарды бастарынан өткерді емес пе. Соның бәрін қолданып, пайдаланбаса, текке  дайындалды ма? Отан алдында берген анты қайда? Досының да бар үміті өзінде, өзінің үміті досында емес пе? Қайтсе де екеуі  аман-есен елге оралулары тиіс. Босаңсыма, Дамир! Босаңсыма!

         – Неге босап отырсың, есіңе Назгүл түсіп кетті ме?

Бағанадан ұйықтап кетті деген Эльдары ояу отыр.

          – Көзім ілініп кеткен екен, оянып кеттім. Есіңе ауыл түсіп кетті ме? Ол ақырын досының қолын қыса ұстады.

         – Біздер үлкен міндет пен ауыр жүк әкетіп барамыз. Егер тірі қалатын болсақ, кейін үйленіп, балам болған кезде, тек қана сенімен құдаласатын боламын.

         – Ал екеуіміздікі де ұл бала болса ше?

         –  Онда қыз асырап алып, бәрібір сенімен құда боламын. Әрі дос, әрі құда. Мәңгілік достар болып қаламыз.

         –  Ал, құдағилар тату болмаса ше?

         –  Онда, құдағиларды екеуін екі қораға қамап ұстайтын боламыз ха-ха. Досының жанын жадыратқан қалжыңының астында қимас достықтың жатқанын Дамир сезді де, түсінді.

         – Иә, біздерді бұл жолы тек асатыннан келген ажал ғана айырар. Эльдар, қайда жүрсек те, бір-бірімізден көз жазбауға тырысайықшы, ұқтың ба? Бізді осы жолға дайындаған ұстаздардың айтқанынан бөлек, біздер доспыз, жау қолында қалсақ та, басқа жерде жүрсек те,  хабарсыз қалмайық. Бірімізсіз-біріміз ештеңе өндіре алмайтынымыз анық. Сондықтан менен алыстама, қасымда жүруге тырыс.

– Сен өзің кішкентай баланы үйреткендей  айтып-ақ отырсың ғой.

Еркелей сөйлесе де, Эльдар досының әрбір сөзін жадына сақтаумен болды.

Сарбаздар мінген ұшақ  Бағдад қаласына үш жүз шақырым жердегі кішкентай қалашықтағы алаңға келіп қонды. Ирак территориясына кірдік деген кезде-ақ отырғандар арасында үрей туындай бастады. Бірі бізді бомбаласа қайттік десе, екіншісі самолетті жаудікі деп ойлап, атып түсірер ме екен дегенді үрейлене жеткізді.

Даурығысқан  әртүрлі дауысқа елеңдеген сарбаздар жетекшісі Бақыт Алдамжаров оларды мәпелеп, уатып немесе бастарынан сипап жатпады. Бұлай қорқатын болса, сарбаздар қатарына қосылып, қолдарына қару алмаулары, үйлерінде бала-шағаларының, әке-шешесінің қасында  тыныш отырулары керектігін ескертіп, шегінетін жердің жоқтығын, не болса да қалғандарымен бірге көретіндерін айтып, сасқалақтыққа бой алдыртқан жігіттерді су сепкендей басып тастады. Өзі де іштей қобалжығанын ешкімге сездірмеді.

Бұлай соғыс жүріп жатқан жерге кім келіп көріпті. Жаттығу кезінде алдын ала дайындап қойған жерде жаттығу жасап, соғыс тактикаларын үйренгенімен, іс жүзінде кездесіп отырғандары осы. Сондықтан не болса да ұшақтың дөңгелегі жерге тигенше, сабыр сақтау керек.

 Сарбаздардың даурығысқан сөздеріне араласпай, ерекше сабырлық танытып отырған мынау екі жігітті бұрын өз отрядында көрмегені және көктен түскендей, соңғы екі күнде ғана қосылғаны Алдамжаровты  ойландырғандай. Соғыс болып жатқан жерге өз еріктерімен келді деуге ауызы бармайды. Олай ойламайын десе, екеуінің дене бітімдері қатардағы жауынгерлерге қарағанда тым кесек, әрі қимылдары да ерекше жылдам. Аяқ алыстары, сөйлеген сөздері, жинақылықтары бір түрлі күдік тудыратын сияқты. Бірақ қазақша мақалдап-мәтелдеп сөйлеген кезде адамды жаңылдырады. Бақытты екеуінің бір-біріне ымдарымен түсінісіп, артық сөйлемеуге тырысатыны, сосын ылғи алысқа көз салып ойланып қалатындары, әсіресе қолдарының темірдей  тегеуріні мен алақандарының сүйел шыққандай қаттылығы, ауылда тек қана  күрек ұстап өскен балаларға ұқсамайтындықтары таңғалдырды.  Өздері иықтарын қомдап, ұшатын құсқа ұқсап отырған кезде қазақтың хас батырларына ұқсап та кететінін қайтерсің. Иә, көз жанарларында мейірім бар бұл екі жігіттен тек батылдықты күтуге болатын секілді. Алдамжаров өз-өзін осылай демеді.

         Ұшақ Ирак жеріне келіп қона салысымен, бұларды  араб әскерилері қоршап алды. Ішіндегі аудармашылары Қазақстаннан келген көмекке Ирак үкіметі тарапынан алғыс айтатынын, оларды арнайы әскери  бөлімге апарып орналастыратынын жеткізді.

Бірнеше  соғыс техникасымен келген ирактық әскерилердің киім киістері мен өмірде көрмеген қару-жарақтарын көрген қазақстандықтар қатты таң қалса да  сырт көзге білдірмеді. «Айбынды сарбаздар» Ирактағы соғыс техникасы мен жерді минадан қалай тазарту керектігін жақсы  игергендерімен, сырт елге шығып,  көзбен көру ғанибетін бастарынан кешірмесе де, сырларын іштеріне бүгіп қалды. Ендігі жерде  еліңе аман-есен оралғың келсе, өте абай, қырағы, өз ісіңе берік,  тыңғылықты болу міндеттері екенін де сарбаздар жақсы түсінді.

Қазақстандық әскерилер арнайы дыйындалған казармаға келе жатып, жолай құлаған үйлер мен қираған көліктердің, әр жерде жартылай өртенген кішкентай ғимараттарды, топтаса бұйлығып, оншақты адамнан жиналып тұрған ұзын етекті  арабтарды көрді. Бір түрлі сезік тудыратындай.

         ... Әскери бөлімге орналасып жатқан сарбаздардың көзін ала Дамир мен Эльдар осы жерге жеткізілген жасырын қаруды қайда тығарларын ойластырып үлгерді.  Өздерімен әкеле жатқан мина тазартатын әскери қарулардың арасында жасырын келе жатқан тауарды қалай да аман-есен шетке шығаруды ойлаған екі жігіт сақтықпен, әрі тез қимылдауға көшті. Бірінің-тілін бірі ұқпай, абыр-сабыр болып,  әркім өз ісімен болып жатқан жағдайды пайымдап үлгерген жігіттер тауарларын казарманың шетінде минаға түсіп, істен шыққан ауыр танкінің астына апарып жасырып үлгерді. Өздерімен алып келген тікелей елге шығатын байланыс құрылғыларын да елеусіз жерге орналастырды. Казармаға орналасқандарына бір-екі күн уақыт өтсе де, әлі алаңға, мина тазартуға шыға қоймады. Оқтын-оқтын атылып жатқан қарулар мен жарылып жатқан миналар әлі де толастар емес. Қос сарбаздың  басты міндеттері – арабтардың іс-әрекеттерін бақылап, орталық алаңға шығып, шетелдік екендерін көрсету.  Соғыс жүріп жатқан жерде шетелдік азаматтардың кез келгенін шпионға балап, түрмеге  тығу қай елдің болса да тәжірибесінде. Алайда Дамир де, Эльдар да өздерін үкімет адамдары еместігін көрсетіп, соның ішінде қару-жарақпен айналысатын қылмыстық топтың ортасына түсіру. Ол үшін базар жақтан жансыз  табу керек.

         Арада жарты айдай уақыт өтті. Сарбаздар Ирак жеріне көндігіп, жерді минадан тазарту ісіне кірісіп кеткелі де бірнеше күннен асты. Бүгін  басшылары Бақыт Алдамжаровтан рұқсат алған  екеу орталыққа қарай бет алды. Базар деген аты ғана. Таяу арада ғана Америка әскерлері жүріп өткен  жерде бүтін тұрған үйлер саусақпен санарлықтай ғана. Біреулер ескі-құсқыларын тамаққа айырбастап жүрсе, енді біреулер қайдан алғаны белсіз жаңа тауарларын алдыңа тосып әлек.  Арабша киінген екі жігіт базардың қақ ортасына келіп кірді. Жан-жақтарына бажайлап қараған кезде әр-әр жерде шоғырланып тұрған еркектерді байқады. Соғыс жүріп жатқан мемлекетте тұрақты жұмыс жоқ болғандықтан, еркектердің көбісі базар маңын жағалайтыны белгілі. Олардың көп мөлшерде шоғырланғанын көрсе, американдық солдаттар күшпен болса да таратуға тырысып, топ адамдарды қуғанша асығады. Өйткені, жанкештілер өздерін-өздері жару арқылы американдықтардың біразының көзін құртқан болатын.

         Дамир Эльдарға ымдап, шеткері тұрған үш-төрт сезікті деген адамдарға қарай бет алды.  Тобырға жақын келе бере бір-бірімен қазақша қаттырақ сөйлесе бастады.  Дауыстарының қатты шыққанына елеңдеген үш еркек құлақтарын тікті.  Орталарында шетелдің азаматтары жүргеніне көздері жетті ме, олар да бұларды жағалай жақындай түсті. Осы кезде ышқырына  әдейі іле салған пистолеті жерге түсіп кеткен Эльдар өтірік сасып қалған сыңай танытты. Ол көз ілеспес жылдамдықпен пистолетті ышқырына жасырып үлгерді де,  жылдамдата басып базардың шетіне қарай ығысты. Өздері орналасқан лагерьге қарай бет алған екеуді артынан еріп келген бағанағы үшеу көздерімен ұзатып салды.

                                       ***

 

         Ирактағы  содырлардың штаб-пәтерінде Дермене қатты ой үстінде отыр. Оның есін шығарып отырған – жоғарыдағылар.  Таяу арада Африкадағы күштеріне апара жатқан қару-жарақ пен есірткі тиеген көліктеріне тұтқиылдан шабуыл жасалып, өздері атысып жүріп, өлгені өліп, тірі қалғандары жан-жаққа қашқан болатын. Абырой болғанда, қолға тірідей ешкім түспеді.  Ауғанстаннан келетін тауардың басым көпшілігі Мұстафа айтқандай болмады. Жолшыбай бірнеше мемлекеттен өтіп келетін есірткі, бұлардың қолына тигенше жолай сатылып, сарқыны ғана тиесілі болып жүргені Дерменені қойып,  оның «әкесінің де» қатты ашуын туғызды. Дермене де, Әл-Хамид те қыспаққа Хо Ша Тоны алуда. Өз тауарына жауакерсіздік танытқан Мұстафамен басқаша сөйлеспек.  Мынадай соғыс өрті лаулап тұрған шақта бұларға қару өте көп мөлшерде керек-ақ.  Хо Ша То таяу арада Қазақстанға туристік сапармен өзі аттанбақшы. Ол  ойын әзірге нақты атай қоймаса да,  банда басшылары түсініп отыр. Дегенменен әзірге Қазақстаннан өздеріне  бір жол ашпайынша, Хо Ша Тоны жібермей қоя тұру қажет. Оның ол жаққа баруы Дермененің жоспарына кесірін тигізуі мүмкін. Дермененің адамдары Хо Ша То мен Мұстафаның  тауарына қол салатын астыртын жолын тапса, жедел олардың көзін жоймақ. Сондықтан да жасырын топтың ізіне  дөп түсулері қажет. Ондай мүмкіншілік әзірге Дерменеге бұйырмай тұр.

        

                                       ***

         Өздерінің соңына түскен адамдарды байқаған Дамир мен Эльдар іске кірісетін кездің жеткенін сезді. Ақырын  ешкімді байқамағансып, белдерінде жүрген қаруларын әдейі казарманың сыртқы жағына топырақ астына тықты да, көз ілеспес жылдамдықпен казарма ішіне қарай кіріп кетті. Олардың қарасы көрінер-көрінбестен із кесушілер тығылған пистолеттерді алып, олардың су жаңа Ресей мен Хо Ша Тоның қарулары екеніне көздерін жеткізді де, орнына қайта тығып қойды. Бұл кезде ішке кіріп кеткен Дамир де оның артында қалып қойған Эльдар жасырылған қаруды белгісіз біреулердің көріп, орнына қайтадан тыққанын байқады. Демек енді өте сақ болуы қажет. Бұлардың қару сатумен айналысатынын  біреулер сезді деген сөз. Ол – үлкен істің шетінен басқаны...

         Дермененің адамдары қолдарындағы бар заманауи техникаларды пайдаланып, өздері түсірген сурет бойынша екі жігітті тексеруге кірісті. Эльдар мен Дамирдің қай жерде туғанын, қалай, қайда тәрбиеленгенін, қандай мамандық иелері екенін, олардың ешқандай жоғары білім алмағынын білген кезде күдік туғандай болды. Бірақ  қарақшылықпен айналысып, бір-екі рет құқық қорғаушылардың қолына түсіп, ешқандай дәлел болмағандықтан босап кеткендері, кейіннен өздері сұранып әскер қатарына келгендері жазылған ақпар  қарақшыларды біраз сабасына түсірді. Сонда да үнемі сақтық пен қырағылықты сақтаған дұрыс. Ендігі Дерменді мазалаған ой – ол бұл екеуден не күтуге болатындығы. Ол тез арада Әл-Хамидті шақыртты. Әл-Хамид барлау жұмыстарын жетік меңгерген, кезінде Америкадағы бір ірі атом зауытында қызмет істеп, кейіннен Дерменнің қыспағымен осында келген еді. Оның басты рөлі, қару-жарақты таңдау кезіндегі шеберлігі мен біліктілігі. Жаңа техникамен әуестенуі қашанда оны биіктіктен көрсететін. Бүгін де оның көмегі аса қажет. Дермен оған жасырылған пистолеттердің маркасын көрсеткен кезде, Әл-Хамидтің көзі жайнап, езуіне күлкі оралды.

– Мынау – Ресейде соңғы жылдары шыққан жаңа маркалы қарулар. Ал мынау – Хо Ша Тоның бізге жіберетін қарулары ғой.  Бұлардың қашықтыққа ату мөлшері кейбір қаруларға қарағанда өте жоғары. Бұны қайдан түсірдіңіздер?

– Бұны Қазақстаннан келген екі әскери жігіт ұстап жүр. Біздің ойымызша, олар – базарды аралап, осы қаруларды сата алмай жүргендер. Екеуін де тексерген кезде білдік. Қазақстанда жақсы өмір сүрмеген, қарақшылықпен айналысқан, бұзақы жігіттер көрінеді. Туған-туыс, іздеушісі жоқ болғаннан кейін, осында көп ақша табу үшін минадан тазартуға келіпті. Жай келмей, өздерімен қару ала келген тәрізді. Бұлар оңай олжа көрінбейді. Бер жағы ғана болуы мүмкін. Өте сақ қимылдағанымыз абзал. Мүмкін біреулердің жансызы болуы да ғажап емес. Сондықтан сақ қимылдап, оларды тағы бір рет тексеру қажет. Тіптен болмаса, көздерін жоя салу да қиын шаруа емес.

Дермененің асығыс шешіміне Әл-Хамид разы болмады. Ол төмен қарап ойланып отырып:

– Мырзам, осы екеудің біреуін ұрлап әкетіп, Қытай асырсақ, қалай болады? Бұлар Қытаймен қоян-қолтық араласып жатқан мемлекет емес пе, соғыс тактикасы мен әскери және агенттік жұмысқа үйретсек, сосын Қытайдағы Хо Ша Тоның қару алатын жеріне жіберсек, кейіннен біздің қарумен саудаласуымызға көп көмегін тигізбей ме? Өздерінің түрлері де қытайлардан аумайды екен.

Әл-Хамидтің бұл ойын Дермене не құптамады, не қоштамады. Теріс қараған күйі қалың ойға еніп кетті. Оның үнсіз қалғаны жалғыздықты қалағаны екенін сезген ол  жылыстай басып, есікті сырт жағынан жапты.

 Көмекшісінің сөзінің жаны бар.  «Әкесінің» қаһарына бір ұшырасаң, одан екінші рет құтылып шығу өте қиын болмақ. Дерменені мазалаған ой осы. Келіп жатқан қару-жарақ пен есірткі  «әкесі» тұрмақ Дермененің өзінің көңілінен шыққан жоқ. Хо Ша Тоның тауарларының жолай басқа арналарға бұрылуы бұлардың қалтасын азайтады. Оның үстіне жан- жақтан кеп жатқан тапсырыстардан бірнеше миллион доллар ұтуға әбден болатын еді. Демек Әл-Хамидтің айтқанын істеп, Қазақстаннан келген адамдарды қалай болған да да өздерінің талаптарына көндіріп, қайтадан Қазақстанға  діни секталардың бірінің басшысы етіп жіберу керек. Ол бірден телефон тұтқасына жармасып, Әл-Хамидті шақыртты.

– Тез арада көздеріңе түскен екі солдаттың біреуін ғана ұстаңдар да, айтқандарыңа көндіріңдер. Оны көндіру үшін үш күн уақыт беремін. Жауабын үшінші күні кешкісін естірмін. Дермен Әл-Хамидтің аузын ашырмаған қалыбы есікті мезгеді. Ол да тез түсінді. Сыртқа атып шығысымен, жандайшаптарын шақырып алып, өздері орталықтан көрген екі солдаттың қайсысы көздеріне түседі, соны ұстап алуды бұйырды.

 

            Ирактағы жорыққа елінің амандығын сақтау үшін келген екі сарбаз жолдастарының ортасында Ирак жерін минадан тазартып жүргендерімен, бар ойлары Бекболат берген тапсырманы орындауда. Бұлар үшінші рет орталық базар жаққа барғандарымен, ештеңе өндіре алмады. Тек арттарынан аңдушылар екеуін базаға дейін шығарып салғандары болмаса. Уақыт тым аз. Сондықтан екеуі де шешуші  іске кіріспек. Ол –  қолдарындағы қаруды  не болса да сату.

         Қасындағы жолдастарына өздерінің Ирак жеріне қандай жұмыспен келгенін еш білдірместен, Дамир мен Эльдар төртінші рет базарға шықты. Бұл жолы екеуі де өздерін еркін ұстады. Базардың шетіне жете бере, адамдардың ерекше көптігі мен әскери солдаттардың тым тіміскіленіп жүргендері аздаған қорқыныш  ұялатса да, артта қалған туыс пен сүйіктілеріне деген махаббат осы бір мойындарына алған істі тезірек бітірулеріне маза бермеді. Дамир  досына ақырын сыбырлап, беттеріне бүркеншек жауып алған бір топ ер адамдарға қарай жүруді ымдады да, адамдардың арасымен алдыға түсіп жүріп кетті.  Сақ болуды ескерту үшін артына бұрылғанда, Эльдардың жоқ екенін көріп, шошып кетті. Сонда да сыр алдырмады. Арттарынан аңду бар екенін білгендіктен, жігіт өздеріне қандай да бір қауіп бар екенін мана  сезген. Ендігі кезек  Дамирдікі.

          Қазақша, арабша бірдеңелерді айтып,  айқайлап шақырған болды, онысынан ештеңе шықпады. Ары жүгіріп, бері жүгіріп таба алмаған соң, ақыры жылдамдатып казармаға қайтты. Соңынан аңдушы түскенін сезген жігіт қолайлы сәті келгенде,  көз ілеспес жылдамдықпен жасырынып үлгерді.  Бағана аздап есін ұрлатқан Дамир не істесе де, ойланып істеу керектігін ұқты. Сондықтан тығылған жерінен шықпай, Эльдарды ұрлаған адамдардың соңына түскенін көрген ол енді өзі оларды аңдымаққа бел буды. Қайтсе де досының қайда екенін білуі керек.

         Түн. Қаланың көшелерінде жарық жоқ. Бомба түсіп қираған үйлердің қаңқасы әр-әр жерде шошайып, үңірейіп тұр. Қасынан өтейін десең, бейнебір ішінде қаруы бар бандалар торуылдап отырғандай. Дамир досы үшін қорқыныштың не екенін ұмытты. Ол үшін басты қорқыныш –Эльдардан айрылып қалу.  Осы сапарға дайындаған Алексей Васильичтің әрбір сөздері осы сәтте есіне оралды. Қай кезде де, ең бастысы, сабырлы болу, қырағылық, жылдамдық, алғырлық негізгі ұстаным шарттары. Дамир қазір сабырлы да қырағы келеді. Бағанағы өзі соңынан түскен адамдар оны қаланың шетіне алып келген. Маңайынан адамның төбесі көрінбейтін дуалмен қоршалған, аузында бірнеше жасырын күзеті бар үлкен үйде досының отырғаны сөзсіз. Сондықтан қайтсе де ішке енуі қажет. Ол мысықша жоғары өрмелегені сол екен, ақырын дыбыс берген сиренаның үні шығып, ауланың іші жарқырап кетті. Есін тез жиған жігіт дуалдан кері шегініп, жасырынып үлгерді. Дуалдың шетіне  дабылқаққыш токтың жүргізілгенін ол енді  ғана білді.

         Тығырыққа тірелген Дамир көп ойланып жатпады. Басын қатерге тіксе де, досын құтқаруы қажет.  Ол қалтасында жүрген бір өзі мың түрлі әрекетке  жарайтын жіңішке темірді алғаны сол еді, жүзі өткір пышаққа айналды. Ақырын мысықша басып, дуалдың екінші жағына қайта өрмеледі. Абайлай жүріп, токтың әлсіздеу жерінен қиды да, көз ілеспес жылдамдықпен арасын ажыратып, белгілеп қойды. Енді не болса да ішке енуі қажет. Екі қалтасына толтырыла салған оқ пен бір пистолеттен басқа қаруы жоқ жігіт не болса да басын өлімге тікті.

Үй маңайында жүрген қарақұрым күзетшілер мен Әл-Хамидтің адамдары Дамирдің досының артынан келетінін біліп, әдейі осы тосқауылды қойғанға ұқсайды. Үйдің төбесінде де мергендер орналасқаны белгілі. Кенет  жігіт қолындағы пистолетіне дыбыссыз атылатын құралды кигізді де, төбені аңдыды. Әне, бір мерген шылым тұтата бастады. Ал қасындағысы көрінбейді. Егер ол жалғыз болса, оны алу өте оңай. Сондықтан Дамир мысықша қарғып, төбеге лезде шығып үлгерді де, тез жасырына қалды.

         Ол өз көзіне өзі сенер емес. Мына үйдің төбесі қару-жарақ арсеналдарына толы ірі қойма дерсің. Жерде жиналған мина, түрлі автоматтар мен көздегіш қарулар. Тіптен қап-қап болып үйіліп жатқан оқтар ма, әлде есірткінің түрлері ме. Оны неге төбесіне жасырғанына құтқарушы жігіт басын қатырып жатпады. Қолына қаруын кезене ұстап, жыландай жиырыла күзетшіге жақын келді. Енді байқады. Күзетшінің аяғының астында көлемі 1,5 метрдей әйнектен қапталған терезе  жатыр екен. Ішіндегі оқиғаны жанына таман барып көрмесең, жақын көруге еш мүмкіншілік жоқ. Дамир енді біраз ойланса, уақыт ұттыратынын білді де, пышағын күзетшінің жүрегіне кезеді. Көз ілеспес жылдамдықтан соң өзі де күзетшіні жерге құлатпай ұстап қалды.  Барлаушы жігіт қайтсе де оның қолындағы қарудың атылуына, ең бастысы, терезенің үстіне құлап кетпеуіне жол бермеуге тырысты. Үлгерді де. Күзетшіні қараңғылау бұрышқа жасырар-жасырмастан ішке көз салған кезде, оның көзі қарауытып кеткендей сенделектеп кетті.

         Аспа ағашқа керілген жан досы есі кіресілі-шығасылы болып асылып тұр. Әбден таяқ жегенге ұқсайды. Аузы-басын  сақал басқан біреу одан қаруды не үшін сатып жүргенін, кім екендерін сұрап әуре. Эльдар әйтеуір аузы жыбырлап бірдеңе  дегендей болғанымен, оны ешкім естімеді.  Жандайшап оның сұрағына қанағаттанбағандай, іштен бар күшімен келіп  тепкені сол екен, Эльдар шалқалап құлап бара жатып, төбедегі өзіне төніп тұрған Дамирді көріп, басын шайқап, кет дегенді ымдап үлгерді. Үнсіз қалғаны өзіне қауіп екенін сезген Эльдар арабша Иракқа минадан тазарту үшін келген топтан екенін, қаруды Қазақстаннан ұрлап алып шыққанын,  көп емес, санаулы ғана қару екенін, бәрін-бәрін айта бастады. Бір кезде үйге сақал-сақал  біреу кірді де, жандайшап оның алдында басын иіп,  асылып тұрған жігітті көрсетіп  түсініксіз түрде айта бастады.  Ал келген кісі оның сөзін көп тыңдаған жоқ. Қолын көтеріп, оған тоқта дегендей белгі берді де, тұтқынның  қасына жақын келді. Бет-жүзін қан жуған жігіт танымастай болып кетіпті. Ол ақырын оны иегінен көтеріп, қазақша:

           – Сен қазақсың ба? – деп сұрады. Эльдар жауап берудің орнына басын изеді. Әл-Хамид оны айналып өтті де:

         – Саған жан тәтті ме, әлде Отаның тәтті ме? – деп тағы зымыстан күлкісін үйіре сұрады. Оның өзін сынап тұрғанын сезген Эльдар ойланбастан:

          – Әрине, Отаным,– деді қасқайып тұрып.

– Ха, Отаныңды ақшаға сатып, Ирак жерін минадан аршуға келіп тұрсың ба? Минаға түсіп, жарылып өлсең, Отаның сенің сүйегіңді еліңе апара ма, әлде осы жерге шашып кете ме?

– Ол жағын білмедім.

– Білмесең мен айтайын, минаға жарылып өлген сенің сүйегіңді жинамақ түгілі, шүберекке орайтын ештеңе таба алмас.  Сенің мына сатып жүрген қаруыңды қасыңдағы жолдастарың өмірі көрмеген. Сонда сен бұл қаруды  қайдан алып, қалай Ирак жеріне өткіздің?

– Бұл қарулардың бәрі көлемі жағынан кіші. Жаңа қаруды өзіңіз айтқандай, ешкім бұрын көрмегендіктен де, минадан аршитын қарулардың арасына салып жібердім.  Бұрын қару сатумен емес, елімізге келген қаруларды иелеріне берумен айналысып келдім. Бастығым қайда жұмсаса, соны істедім. Мына қаруларды сол кезде ақырындап іркіп қалып жүріп жинадым. Ыңғайы келген кезде, сатпақ болдым. Бірақ кімге, қалай сатарымды білмедім. Ақыры Иракқа еріктілер отряды құрылып жатыр дегенді естіп, осы жаққа жеткізсем, соғыс болып жатқан ел емес пе, қаруымды қымбатқа сатармын деп дәмелендім. Мен шындықты айтып тұрмын. Мырзам, мені босатыңызшы.

Әл-Хамид Эльдардың бір сөзіне сенбеді. Секемдене қарап, оны айналып көп жүрді. Тіптен қолында тасын санап  тұрған таспиығын саусағының басына іліп алып, шыр айналдыруға көшті. Бұл оның ашуланғанда  көшетін әдеті екенін есік аузындағы күзетшілер білгенімен, Эльдар сезбеді де. Кенет жердегі басын көтерместен, көз ілеспес жылдамдықпен ол  жігіттің жүрек тұсына бір қатты затты сұғып алғандай болды.  Тұтқынның жан дауысы шықты. Бірақ қан ақпады. Қаныпезер оның жүрегінің тұсын кездіктің сабымен ұрған еді.

  • Тағы бір рет өтірік айтсаң, екінші жағын тығатын боламын.

–   Сонымен, ешқандай бүкпесіз қолыңдағы қарулар туралы және қасыңдағы досың туралы толық мәлімет бересің. Әрбір өтірік айтқан сөздерің үшін тырнақтарың бір-бірден жұлынатын болады.

...Төбеден төніп тұрған Дамир досының қиын халде екенін сезгенімен, оны бұл жерден шығарып әкете алмайтынын білді. Десе де ол төмендегі досына өзінің оның қасында екенін байқатқысы келгендей, терезеге төне түсті.   

– Досың және өзің туралы әңгімеден баста. Әл-Хамид теңселіп жүрген сайын, оның ойында Эльдардың бар шындығын білу тұрды. Осыны  жігіт те сезді. Ол енді  бәрін – Қазақстандағы өзі үйренген тарихын баяндауға көшті.

– Біз досымыз екеуіміз Жаңаөзендегі балалар үйінде тәрбиелендік. Менің әке-шешем жол апатынан қайтыс болыпты да, Дамирді анасы тастап кетіпті. Сол балалар үйінде жүріп, кейіннен мектепке барғаннан кейін ақша тауып, өз-өзімізді асырамақшы болдық. Ол үшін кейбіреулерге ұқсап, ұрлық немесе басқадай жат қылықтар көрсетпедік. Біз тек спортпен айналыстық. Кейіннен мектеп бітіретін шақта орталық базардағы рэкеттерге қосылдық. Соларға ілесіп, Астанаға келдік. Сол жерде жүріп, бандалардың ортасына түстік. Біздің  беріле жұмыс істейтінімізге сенген бастығымыз өзінің жеке жандайшабы етіп алды. Оның аузынан шыққан әр сөзді орындауға тырыстық. Сөйтіп жүріп, азды-көпті ақша жинадық. Бірақ бұл аз көрінді. Енді бастығымыздың жасырын қару сататын  әдетін игеруге тырыстық. Оның қарудан қыруар ақша табатынына көзімізді жеткіздік. Ақырындап жасырын арналарын білдік. Кейіннен  біздің бандалық топтың жіберген жүк көлігін жол ортадан өзіміз тонадық та, бес-алты автоматты қалдырып, ішкі істерге хабарладық. Ондағы ойымыз – полицейлер  ұстап алды дегенге сыйғызу еді. Ойымыз жүзеге асқан соң, енді қалай, кімге сатарымызды білмедік. Қару сатып алушылардың тізімі мен жеке телефондары тек қана бастықта болатын. Ақыры оны сата алмай жүргенде, Иракқа шақырту келе қалды да, сол қаруды осында алып келдік. Мырзам, мен еш бүкпесіз бар шындықты айттым.

– Сен жаңа ғана бастығымның қаруларын біреулерге апарып беретінмін дедің ғой. Сонда олар кімдер? Қазақтар, орыстар әлде тағы басқа ұлттар ма?  Ол қарулар қайдан келеді және қайда барады?

Эльдар тосылып қалды. Дайын жауапты да айтатын еді. Бірақ бәрі жылдам шешіліп жатқандай, тым сенімсіздік тудыратындай.  Арадағы үнсіздікті оның жалған айтуға дайындығы деп ұққан Әл-Хамид  оның басынан қолындағы қанжарының сабымен салып қалды.

 – Ойланбастан жауап бер! Қаруды кімнен алып, кімге беруші едіңдер?

– Аты-жөні кім екенін білмеймін, әйтеуір қытайдың жігіті деп естігенмін. Сатып алатындар қарамағында бандалық топтары бар шенеуніктер мен шетелдің азаматтары.

– Сенің еліңдегі сатып алушылардың тізімін бер!

         – Оларды білмеймін. Біз олардың жансыздары немесе делдалдары арқылы іс бітіреміз. Бұл жолы Әл-Хамид үндемеді. Тек ары-бері жүрісін көбейтпесе, азайтпады. Оның осы жүрісін аңдыған Эльдар ышқына басын көтеріп, төбедегі терезеге үңіле қарады да, басын сол жағына қарай меңзеді. Оның «тез кетіп қал» дегенін түсінсе де, Дамир орнынан қозғала алмады. Жүрегі жұлынып, жаны  досымен бірге қалып бара жатқандай болды. Кетпесіне амалы да таусылды.  Өр жігіт не де болса жауының айтқанына көніп, солардың ішінде қалуға бел буды. Оның бұл шешімін досы да қоштады. Өте қиын да қауіпті қатерге басын тіккеніне өзін кіналағандай болды. Досының орнында өзі қалуы тиіс еді. Олай ойлайтыны  жолдасына қарағанда   жылдам әрі сабырлы. Эльдар – қызба жігіт.  Бойын ашуға тез алдыратын, бірақ кез келген қиындыққа төтеп беретін азамат. Ендігі жерде оған қалай қол ұшын берсе екен? Дамир казармаға мысықша басып кіргенде, өзін  тосқауылдың күтіп тұрғанын сезбеген-ді. Бақыт Алдамжаров бастаған Қазақстан әскерилері мен Ирактың  солдаттары құрған тұсағы оны тыпыр еткізбеді. Дамирдің қорыққаны – өздері тығып қойған қаруды байқап қалдыма деген ой еді. Ол ойынан тез қайтты. Қуанғаны олардың  қолында ешқандай бөтен қару көрінбейді. Әрі түрлері де тым сабырлы.

– Сен досың екеуің таңертең базарда не істеп жүрдіңдер? Соңдарыңа түскен адамдардың кімдер екенін білесіңдер ме? Эльдар Байтұрғановтың Ирак  жеріне қару мен есірткі алып келгені жөнінде не білесің? – сауалды созбақтамай тікесінен қойғанына қарағанда, оларға да бұлардың Иракқа келу жоспарларының бір шеті таныс болғанға ұқсайды. Енді Дамирді де Эльдарды да ешкім аямайды. Шындықты да ешкім білмеуі тиіс.

Бақыт Алдамжаров әу баста осы екі жігіттің ым-жымдарының бір екенін түсінгенімен, қазақтың балаларының қолынан ондай сатқындық пен қылмыс жасау тіптен де келе қоймас деп өзін-өзі тоқтатқан. Бірақ шектен тыс сабырлылық пен сақтылыққа ерекше мән беріп, әрбір сөйлеген сөздерін ойлап, істеген істерін саралап үйренген жігіттердің тәртібі де оны алаңдатқан болатын. Түннің ортасында казарманы аралап жүрген кезде өзі бірнеше рет екі жігіттің орнының бос екенін байқаған. Бірақ істің соңын тосқан. Оларды ешқандай арамдыққа қимаған да. Шетелде жүрген қандастар қашанда бір-біріне ыстық тартады. Бақыт та екеуін ешқандай содырлыққа қимайтын. Ең бастысы, шет жерде қазақ баласының қылмысқа баратындығына жүрегі де, өзі де сенбеген. Енді, міне,  арабтар қазақ солдаттарының қару мен есірткі сатып, қала базарында жүргенін хабардар еткен кезде, тағы осы екеудің орнында жоқ болғаны үстінен түсті. Бүгін кімдердің  ұстағаны белгісіз, Эльдар мен Дамир іс-түссіз жоғалып кетті. Эльдар жоқ.  Дамир казармаға жалғыз оралды.

         –  Сонымен қасыңдағы досың Эльдар Байтұрғанов қайда?

– Білмеймін. Екеуіміз бірге базар жақты аралап қайтайық деп шыққанбыз. Ол аяқасты жоғалып кетті.

 Дамирдің шындықты бүгіп отырғанын барлығы айтпай-ақ түсінді. Өздерінің әскери тәртіптерде адамды ұру мен оны қорлауды әдетке айналдырған  арабтар жылдам қимылдады. Көзді ашып-жұмғанша  жігіттің бет-аузының қан-жосасын шығарды. Бұрын әскерилердің арасында мұндай айуандықты көрмеген басқа қазақстандықтардың жүзінен қорқыныш сезілді.

         – Шыныңды айт, сендер не үшін базар жаққа бардыңдар? Оған кім рұқсат берді? Базарға не үшін бардыңдар! Егер сүйектерің осы жерде қалсын демесең, шындықты айт! Досың қайда?!

          Командир Бақыт Алдамжаровтың жан дауысы шықты. Ол өзінің жігіттерін қалай да аман алып қалуы тиіс. Енді біраз үнсіздікке бастаса, Дамирді көз алдарында өлтірулері де ғажап емес. Сондықтан не болса да шындықты айтқызғаннан басқа амал жоқ. Болмаса, бұлардың  сүйегі де Ирак жерінен ешқайда шықпайды.

 Арабтардың іс-әрекетіне Бақыт қарсы тұра алмады. Өйткені, келісім шартқа отырып, достық қатынаста ирактықтарға құрылған ажал оғы – минадан тазарту үшін шарт жасасқан екі мемлекеттің әскерилері де әскери  ережелерге сәйкес қызмет атқарулары тиіс-ті. Өкінішке орай, ирактықтар өз жерлерінде қожайындық танытып, казармаға баса-көктеп кіріп, қазақ солдатын соққыға жығуда. Оған ешкім де ешқандай уәж айта алар емес. Айналдырған жүзге жетер-жетпес отрядтағы  сарбаздарды олардың мыңдаған әскери күші тырп еткізбеді.

 – Бауырым, шындықты айт. Әйтпесе, мыналар сені тірі қалдырмайды. Командирінің аянышты шыққан дауысы қансырап тұрған сарбаздың жүрегін шым еткізді.

– Менің қолымды босатыңызшы.

 Дамирдің қинала шыққан сөзін аударар- аудармастан Бақыт  күзетте тұрған сарбазға иегімен «босат» деген ишара жасады. Әл-дәрмені кеткен жігіттен олар ешқандай қарсылық күткен жоқ. Қолы босаған Дамир екі жақтың солдаттары мен басшыларының өзара не айтып жатқанын  шала естісе де, қалай қарай, және қайда қашу керектігін саралап үлгерді. Енді біраз кідірсе, аяқ-қолына қайтадан шідер түсетінін сезген жігіт көз ілеспес жылдамдықпен өзінің Алексей Васильевичтен үйренген әдіс-тәсілдерін қолдана жүріп, екі жақтың жауынгерлеріне бой берместен, казармадан қашып шықты. Қашып келе жатып алдынан шыққан күзетші қазақ солдатына:

 – Бауырым, командирге айт. Елдегі басшыларға тез арада біздің жоғалғандығымыз туралы хабар берсін... Осы сөзді үзіп-үзіп айтқан ол қараңғыға сіңіп, ғайып болды.

Күзеттен оралған сарбаз казарманың астан-кестеңі шыққанын көріп тұрып қалды. Істің мән-жайына енді түсіне бастағандай. Даладағы анда-санда атылған  автомат дауысы  мен әскерилердің қатты шыққан дауысынан бір оқиғаның болғанын сезді. Көп ұзамай қайта оралған сарбаздар да жерлестерінің не себепті  мынадай оқыс оқиғаға тап болғандарын біле алмай дал болды.  Әркім әртүрлі айтуда. Енді біреуі  өкіне жүріп, казарманың ішін жинастыруда. Тек Бақыт Алдамжаров қана бір нәрсеге түсіне алмай дал. Қас-қағым сәтте бірнеше жүздеген солдаттармен жалғыз өзі айқаса жүріп, қашып шыққан Дамирдің ерекше әскери дайындықтан өткеніне көзі анық жетті. Командир шынымен қатты састы. Қарапайым қазақ жігітінен мұндай тегеуріні күшті қимылды ешқашан көрмеген еді. Бейнебір кинодағыдай  көзді-ашып жұмғанша жоқ болды.

– Жолдас командир...

Бақыт  жарықшақтана шыққан дауысқа бұрылған кезде, күзетте болған сарбаз екенін көріп, бірден «сөйле!» дегеннің ишарасын жасады.

– Жолдас командир, жаңа казарманың алдында күзеттен келе жатып, аяқасты Дамирмен кездесіп қалдым. Ол маған: «Командирге айт, елдегі  басшыларға біздің жоғалып кеткенімізді хабарласын»  деді де, қайда кеткенін білмеймін, жоқ болып кетті.

– Оның қасынан Эльдарды байқамадың ба?

– Жоқ, жолдас командир, байқамадым.

– Дамирді көргеніңді, оның не дегенін ешкіме тіс жарып айтушы болма!

– Құп, командир.

Командир жігіттерін жаманшылыққа қимады. Қасындағы жолдастары десе ішкен асын жерге қоятын, кез келген қиындықтан жол тауып кететін елгезек...тоқта...тоқта. Осыдан үш күн бұрын  отряд кезекті минадан тазарту операциясын бастаған болатын. Сол кезде жерді тексеріп келе жатқан сарбаздың біреуі мина жатқан жерді дұрыс анықтай алмай, үстінен дөп түседі. Бұрын мұндай жағдайды басынан кешірмегендіктен, сарбаздар сасып қалды. Бақыттың да есі шығып кетті. Кенеттен Эльдар жігітті жеңінен тартып тоқтатты да, өзінің аяғын оның аяғының астына қарай жылжыта айырбастап, «аяғыңды менің аяғымның үстіне қой» дегенді ымдады.  Мұны байқаған Дамир көз ілеспес жылдамдықпен оның қолындағы мина тексеретін аппаратты артқа қарай лақтырып үлгерді де, өзі Эльдардың қатарына тұра қалды. Енді үш жігіттің өмірі де қатерге тігілді.  Ұтымды сәтті пайдаланған Эльдар алдыңғы сарбаздың аяғын өз аяғына айырбастады да шпагаткаға отырғандай оны  аттатып, кері серпіп жіберді. Енді қозғалуға болмайды. Оңтайлы сәтті құр жібермеген Дамир оң аяғын мина үстіндегі Эльдардың аяғына қойып, өзі де жартылай шпагатқа отыра, ақырын аяқ астындағы минаны аршып, залалсыздандырды. Мұның бәрі көз ілеспестей жылдам орындалды. Осы бір оқиғаны елестеткен командир Эльдар мен Дамирдің тегін адамдар еместігіне, олардың Ирак жеріне босқа келмегендерін, кімнің болса да, әйтеуір біреудің тапсырмасымен жүргендер екеніне көзі жетті. Сонда  кімнің болуы мүмкін. Не үшін? Не істеу керектігін де білмеді.

Десе де  дәл қазақтың жігіттерінен мұндай күшті дайындық пен парасаттылық, ақылдылық пен сабырлықтың иесін өз көзімен көремін деп ойламаған Бақыт, шынымен де, таңғалды. Ол қазақ азаматтарын қашан да ұяң, көбірек басын төмен иетін, айтқаныңды екі етпейтін, біртоға деп бағалайтын-ды.  Дамир мен Эльдардың әрекеті тіптен басқа қазақтарды  ерекше қырынан көрсеткендей. Бағанағы Дамирдің көз ілеспес жылдамдықпен шығыс жекпе-жегінің небір қимылдарын көрсете жүріп, бірнеше жүздеген әскердің қоршауынан қашып шыққаны, өзіне бірнеше жерден атылған оқтарды дарытпауы, ирактықтарды қойып, қазақтардың өздері  тұрған жерлерінде қозғалмастан қатып қалғандай. Шын мәнінде, барлықтарының да  қастарында жүрген көп сөзі жоқ, ұяң жігіт Дамирден осындай батырлық пен жанкештілікті көреміз деп ешкім ойламаса керек-ті.

Жайсыз жағдайға тап болғанын басшыларға айтудан басқа  отряд командирінде еш амал қалмады. Енді іздегенмен,  таппасын да білді. Жігіттерді іздестіруге ирактықтар рұқсат бермей отыр. Егер олардың айтқанына көнбесең, арадағы достық келісім шартты бұзған болып есептелінесің. Оның арты тұтқынға түсумен аяқталары да сөзсіз. Қазір күні-түні казарма күшті бақылауға алынған.

Болған оқиғаға түсінбеген қазақстандықтар не істерлерін білмеді. Кейбір сарбаздар не болса да қаланы шарлап шығу керек, тапсақ таптық, таппасақ бір дерегін білерміз деп шешсе, енді бірі  қайтсе де табу керек десті. Бірақ казармадан тыс ешқайда ешкім шығарылмайды.

Бақыт Алдамжаров рация арқылы Қазақстанмен байланысып, бас штабқа екі сарбаздың жоғалғандығы туралы хабарлады. Ал бұны Қазақстанның Қауіпсіздік комитеті «сатқындық» деп бағалап, дереу ұстауға интерпол арқылы жарлық таратты.

 

                                      ***

Тағы да өзен жағалап, әңгімелесуге шыққан Бекболат пен Әділ Әшірбекұлы Ирактағы орын алған оқиғаны сараптауға кірісті.

– Егер Эльдарды олар қолдарына түсірсе, онда біз жоспарлағандай болды. Олар  оны қайтадан біздің елге тыңшы етіп жіберу үшін бар амалдарды қолданады. Тек Дамир оны құтқарамын деп  қиындыққа ұрынып қалмаса боп-ты.

– Бекболат, сен неге осы екеуіне тым қатты сенесің? Олар да  ет пен жүректен жаратылған пенде  ғой, қатты азапқа шыдамай, сынып кетсе қайтесің? Онда біздің жоспарымыздың күлі көкке ұшпасына кім кепіл? Ана «көзің түскен сұлудың» халі қалай?

– Ол ақырындап өз шаруасын тындырып жатыр. Менің адамдарым оның екінші бетпердесі бар екенін анықтады. Яғни, көлеңкесі. Ол өзінің барлық шаруаларын осы көлеңкесі арқылы іске асырады. Ұялмас – лақап аты болғанымен, негізінен ол – Әскербек Оғашов. 1960 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Горький қаласындағы ОБХСС қызметкерлерін даярлайтын бөлімде «біздің сұлумен» екеуі бірге оқыған. Кейіннен пара алмақшы болып,  ұсталып, төрт жылын жазасын өтеу мекемесінде отырып шыққан. Отырғанда да оны осы «сұлу» шығарып алған көрінеді. Өте тәжірибелі, әккі, спорттың көптеген түрлерінен хабардар, дайындығы мықты, өз ісінің хас шебері болып саналады.

 – Ал олардың сырттан байланысатын адамдарын анықтай алдыңдар ма?

– Анықтай алдық, бірақ олар осы  жердегі ұсақ делдалдар. Нақты іскерлерінің төбесін көре алмай отырмыз. Енді Эльдар мен Дамирден бір хабар болғанша, шалт қимыл жасамауымыз керек.

– Дегенмен де өте абай болыңдар. Ақша, қару, есірткі ешкімді аямайды. Оның соңында жауапты адамдар бар екенін естеріңнен шығармаңдар. Бекболат, шамаң жеткенше, ана екі жігітті сақтап қалуға тырыс. Оларды судан таза күйінде алып шығу керек.

Сөйтіп, ұзағынан жүрген басшы мен қосшы тағы бір тапсырмаға тірелді. Ол – Ирактағы екі жігіттен қайтсе де хабар алу. Бекболат бұл іске Бақыт Алдамжаровты араластыруды жөн санады. Сабырлы, өз ісінің білгірі, жүректі әрі білікті әскери басшы.

 

                                     ***

Дамир өзіне қажетті әскери құрал-жабдықтарды тыққан жерлерінен әкету үшін казарманың маңын торуылдауда. Ирак солдаттары мен қазақстандық күзетшілердің қырағылықтарынан жігіт көпке дейін орнынан қозғала алмады.  Ақыры ол мысықша басып, казарманың екінші жағына алыстау жерге мина қойды да, өзі орнына келіп жайғасты. Тек таң қылаң бере ойлағаны жүзе асып, солдаттардың ауысу мерзімі басталған тұста мина жарылып, казарма маңы қиқуға толып кетті. Осы сәтті пайдаланған  жігіт тығулы жатқан сөмкені аршып алып, енді орнынан қозғала бергенде, желкесінен қадалған қарудан кілт тоқтап қалады.

– Сен кімсің? Қазақша қойылған сауал мен дауыстан оның минашылар командирі екенін бірден таныды. Аузын аша бергені сол еді:

– Жақ ашушы болма, сұрағыма тез жауап бер, сен кімсің, не үшін бізбен бірге осында өттіңдер, мақсаттарың не?

–Жолдас командир, менің сізге  бәрін түсіндіріп жатуға уақытым жоқ, тек бар айтарым, біздің тірі екенімізді елге жеткізсеңіз боп-ты. Сіздер Қазақстанға қайтқанша  жаңа ақпарат болса, осы жерге хат көміп кетемін. Соны тиісті жерге тапсырсаңыз болды.

 Ол осыны айтты да, көз ілеспес жылдамдықпен сөзін бейқам тыңдап тұрған командирдің пистолетін қағып түсіріп, қарудың оқшантайын бөлек алып, қолына ұстата сала, қараңғыға сүңгіп, қарасын көрсетпей кетті.

Жігіт сол жүгіргеннен тоқтамастан қаланың шет жағына мина түсіп қираған үйдің үйіндісінің астынан тапқан панасына келеді.  Бұл жолы да қателік жасамас үшін, алдымен оның төбесінің түсіп кетпейтініне көзін жеткізу мақсатында үйіндінің үстіне шығып, құлағалы тұрған тамды итеріп құлатады. Там құлап, кіретін тесікті  бітеп тастайды. Керегі осы болған жігіт жертөлеге кіретін тесікті ойып, арнайы сұйыққа топырақты езіп, оны шүберекке жабыстырып, жаңағы есігін жер іспеттес етіп жасайды. Бұл оның сақтығының бірі ғана.

Сөйтіп, жер астына түскен қазақ  азаматы әкелген сөмкесіндегі аппараттарды, шағын қаруларды шығарып, Қазақстанмен байланыс орнатпақшы болғанымен, онысынан түк өнбеді. Әбден қалжыраған оның  түкке шамасы келмей, отырған жерінде көзі ілініп кетті.

Қатты ұйықтап кеткені сол еді, түсіне Эльдар мен оны азаптап жатқан жанкештілер кірді. Қиналып жатқан  досы аузын жыбырлатып бірдеңе айтпақ болады. Дамир оның не айтып жатқанын білгісі келіп, ернінің жыбырлағанын аңдиды. Ақыры ол досының тезірек Ирактан кетуін айтып жатқанын түсінді. «Тезірек Ирактан кет!!!». Өз дауысынан өзі шошып оянған оны компьютерлік рациясының шиқылдаған үні есін тез жиғызды. Жалма-жан келіп түскен хабарламаны дауыстап оқыған ол өз көзіне өзі сенбеді. Өйткені хабарламада да «елге қайт» деген жасырын сөз бар еді. Жоғарыдан тікелей бұйрық алғандықтан, одан бас тартуға болмайтынын түсінсе де, өзінің бала күнгі досын бөтен елге тастап кете алмасын сезген ол қайтсе де оны құтқаруға бел шешті. Бірақ осының бәрін минашылар елге қайтқанша атқарып үлгеруі тиіс.

 

                               ***

Бет-аузының ісігінен түрі адам танымастай болған Эльдарды Әл- Хамидтің адамдары әлі азаптауда. Білгісі келген сауалдарға алған жауаптарына қанағаттанбаса да, тағы бір жіптің шетінен ұстайтындай қинай түсті. 

– Шыныңды айт, қару-жарақты не үшін біздің елге әкеліп сатпақ болдың? Қалғаны қайда? Қасыңдағы сыбайластарың кім? 

– Ешқандай сыбайласым жоқ, осында қымбатқа өтеді дегесін алып келдім. Көп емес, үш-төртеу ғана, оны да өздерің тартып алыпсыңдар ғой.

– Араб тілін қайдан білесің?

– Бізді осында минадан тазартуға дайындаған кезде арнайы оқытқан. Оның үстіне, Құранды жатқа білетін адам үшін араб тілін  үйренбеу мүмкін емес қой.

– Құранның неше сүресін білесің?

– Қанша сүре болса, соншасын білемін. Осы кезде ішке жүгіріп кірген бір адам Әл-Хамидті оңаша шығарып алып, тұтқын жігіттің айтып отырғандары бәрі рас, Жаңаөзендегі жетімдер үйінде тәрбиеленген, бала кезден құқық қорғау органдарының назарында болып, көше қаңғып, адамдар тонап, төбелеске үйір болғандығын, ешқандай жерде оқу оқымағанын, есесіне, өздігінен түрлі әскери жаттығуларды үйренумен әуестенгенін жеткізді. Ал қасындағы еріп жүрген досы да сол өзі секілді қалта пайдаларын ойлап, ақшаға бола Ирак жерін минадан тазарту жұмысына өз келісімдерімен келген. Келе жатып, өздерімен жасырып жүрген бірнеше қаруларын осы жақта сатып, қомақты қаржы түсірсе, мүлдемге  қалу ойларының да болғандығын жеткізді.

Қазір қолдағы тұтқынның досы казармадан қашып кеткенін де жасырмай жайып салды. Ақырын  жігітті босатуды ыммен көрсеткен ол асықпай орындық әкеліп, қарама-қарсы жайғасты.

– Сенің артыңда іздеушің жоқ, жетім деп естідім, сол рас па?! Тек шындықты айт!

– Иә, мен жетіммін. Балалар үйінде тәрбиеленгем.

– Егерде саған бар жағдайды жасап, өзіңе қосымша қаражат тауып, байлықтың жолына түсудің ретін тапсам, келісер ме едің?  Мысқылдай қараған Әл-Хамидтің кекесінінің артында аман қалудың да жолы жатқанын сезген жігіт бірден көзін жайнатып, қомданып кетті.

– Егерде тірі қалдырып, осы жақта қалуыма көмектессеңіздер, қолымнан келгеннің бәрін жасаймын.

 – Бұл жаққа қалуға неге құмарсың? Себебі не, неге қалғың келеді?

 – Қазақстанға қайтатын болсам, мені тура соттайды, немесе мен қастық жасаған адамдар міндетті түрде өлтіреді. Одан да осы жақта қалғаным жақсы ғой.

– Оған асықпа! Сенің әр басқан адымың есеп пен ақша болады. Тыңда! Егер сен араб тілін қаншалықты тез үйренсең, соншалықты қытай тілін де тез үйрене аласың. Ал ағылшын тілінде онсыз да жақсы сөйлейсің, оған менің күмәнім жоқ. Сондықтан әзірге менің қарауымда боласың. Үш ай уақыт беремін, осы уақыттың ішінде қытай тілінде еркін сөйлеп, ана тіліңдей білетін күйге жетесің. Тағы да бірнеше әскери жаттығулардан өтесің. Егер мүмкіндік туса, еліңе барасың!

– Онда мені тірідей өртеп жібереді ғой, одан да осы жақта қалдырсаңызшы!

Шырылдай сөйлеген Эльдардың дауысынан Әл-Хамид оның шынымен де елінен безінген адам екендігіне көзі жетті. Бір адам болса да  Хо Ша Тоның сырын ашуға көмектеседі деп ойлады. 

– Мынаны босатып, тамақ беріп,  Әбуге тапсырыңдар. Қалғанын Әбу өзі ыңғайластырады. Күзетті күшейтіңдер. Жолда байқаңдар! Егер мынадан айырылсаңдар, Дермене өзінің көзінің орнына сендердің көздеріңді ойып салады. Осыны ұмытпаңдар! ол осыны айтты да, шығып кетті. Жандайшаптар әбден әлсізденген тұтқынды  салбырап тұрған жерінен түсіріп, көтермелеп әкеліп орындыққа жайғастырды да, темір торды бекітіп, шаруаларымен шығып кетті.

Өзімен-өзі қалған жігіт енді не болдыммен отырып қалды. Осы кезде  жерге түскен көлеңкеден  төбеден өзіне төніп тұрған досын көрді. Жалма-жан үстіндегі ақ майкасын шешіп жіберіп, үстелдің шетінде шығып тұрған шегеге сұқ саусағын ұрып, қанын сау еткізді де, сол қанмен ақ майкаға «Елге кет, сол жақта кездесеміз!» деп жазды да, қолымен ымдап, мен сенімен біргемін дегенді білдірді. Досының дұшпандардың ортасында қалатынын сезген Дамир оған көмектің қай жерде тұрғанын, ымдап өздеріне белгілі ишараттармен түсіндірді. Бұл соңғы кездесуде екі дос та бір-бірлерімен шынайы қоштасқандарын сезді.

 

                                  ***

Ұялы ордасына мысықша басып, соңынан ерген ешкімнің жоқтығына көзі жеткен соң ғана кірген Дамир бірден рацияны іске қосты. Ол өзі жіберген жасырын сөздер арқылы Эльдардың  арабтардың қолында қалғанын, одан әрі оның тағдырының не боларына көзі жетпейтіндігін, алдағы уақытта не істеу қажеттігін жазды да, жауап күтіп, отырған жерінде көзін жұмды.

Көз алдына ат үстінде шауып келе жатқан үш жасөспірім: Эльдар, Дамир, Назгүл. Кең жазира байтақ даланың самалына шаштары жалбыраған үшеу, бірінен-бірі оза жарысып барады. Әне, Назгүлінің сыңғырлаған әсем күлкісі мен желмен бірге желбіреген шаштары, назданған қылықтары аттың үстінде қалқып бара жатқандай көрінді. Оның  жадырай қараған жанары мен жымиғаны Дамирдің де жүрегін елжіретті.... Назгүл... Бір кездері екеуінің айлы аспан астында, құрақ шөптің үстінде аймаласып жатқандары, олардың бір-бірлеріне өлердей ғашық екендіктері «жаным, сүйіктім» деген сөздермен-ақ білініп жатты... Енді бірде көзі боталап, үнсіз өзін әскерге шығарып сап тұрғаны көз алдына келді.

А, міне, ақыры көптен күткен жауап та шиқылдап, компьютердің бетіне түрлі ою-өрнек болып түсіп жатыр. Оны тез арада қағазға түртіп жазып алған жігіт үңіле отырып, оқып шықты. Ары-бері  бөлменің ішінде сенделектеп біраз жүрген соң, тағы да шалқасынан түсіп жата кетті.

– Қалайша мен елге кетемін?! Эльдарды қайда тастаймын? Мұнда басқа жоба бар депті, ол қандай жоба болмақ? Досымды шетелге тастап кеткеннен басқа мен ешқандай жұмыс бітірмедім ғой. Дамир көп ойланып отырып қалды. Алдында жатқан қағаздарға әлденені сызып, өзінше бір карта жасағандай. Елге кетсе де, Ирактан Сирияға немесе Түркияға өтіп барып, Қазақстанның шетіне жетпесе, тікелей бұл жерден кете алмасы да анық. Сондықтан ол енді шынайы картаны алып, Иранмен шектес елдерге көз салды.

Дамир өзінің Қазақстанның ішіне еніп кете алмасын біледі. Берілген тапсырмада шет елдермен байланысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтарды, соның ішінде қазақстандықтарды әшкерелеу – басты мақсаты. Бұл жерде Ресейге де бара алмасы анық, бірден көзге түседі. Мұсылман елдерге, Тәжікстан немесе Қырғызстанға тоқтауы, мүмкін, қауіпсіздеу болар. Ең бастысы, оған енді ирактық немесе шетелдік төлқұжат керек. Өйткені, ол ТМД елдеріне қазақ болып кіре алмайды, керісінше шетелдік болып барса, қазақстандықтар сезіктене қоймасы анық.

Дамир осы ойын жедел түрде жасырын шифр арқылы компьютер беттеріне терді де, жауап күтіп, қисая кетті. Көп ұзамай жауап та келді. Онда оның ойын қолдайтыны, төлқұжат алуға белгілі бір адамдардың көмектесетінін және олармен қай жерде, қандай белгі арқылы кездесетіндіктерін жазады. Бұл үш күннің ішінде орындалатындықтан,  жігіттің қарап жатқысы келмеді. Ертеңінде арабша киініп, қала ортасына қарай бет алды. Ағылып жатқан американдық әскерилер мен  әр жерде бетперде киіп, қару асынған ирактықтар көрінеді. Базар маңы, әдеттегідей, қарттар мен әйелдерге лық толы. Саудагері бар, жай жүргендері бар, әйтеуір құжынаған халық. Жігіт неге базарға келді, не істемек ойы бар, ол жағын әзірге өзі де білмеді. Тек болып жатқан оқиғаны үнсіз бақылауда. Кенет қаперсіз келе жатқан  оны  алыстан естілген снарядтың дауысы шошытып жіберді. Қай жақтан атылғаны белгісіз,  тіптен жақын маңға келіп жарылды. Американдық солдаттар бірден шептерін құрып, атыса жүріп, техникаларын алаңға қарай жинай бастады. Оқ тиген қарапайым жұрт бірі оқтан, екіншісі оттан қашып, не қансыраған жақындарын тастай алмай, сол маңды у-шуға толтырып жіберді.

 Жанары қыранның жанарындай жарқылдап, маңайына жіті көз салған жігіт неше түрлі ыңырси шыққан дауыстарға елеңдеп үлгергенше, құлаған там арасынан басы қылтиып көрінген сәбидің қолын ербеңдетіп көмекке шақырғанын  байқағаны сол екен, жауып тұрған оққа қарамастан, балаға қарай ұмтылды. Арпалыса жүріп, үйінді астынан баланы суырып ала бергенде, ар жағындағы қуыстан  мерт болған әкесінің денесі көрінді. Дамир көз ілеспес жылдамдықпен мәйіттің қалташасындағы құжаттарды алып, сәбимен бірге далаға қарай ұмтылғанымен, үлгермеді. Дәл қастарынан жарылған кезекті снаряд жарылысынан есінен танып, құлап бара жатқан ол, баланы бауырына қыса ұстап, жерге құлатпауға тырысты.

Арада қанша уақыт өткені белгісіз. Есін бір жиғанда, Ирак дәрігерлерінің дереу оған ота жасау керектігін айтып жатқанын естіді. Жігіттің бетінің  тең жартысын оқ жарықшағы сыдырып кеткенімен, көздері аман. Біраздан соң тарсылдаған темірлердің сартылы, қазақ жігітінің өмірі үшін ойнап кетті.

 

                                        ***

Ұялмас Астананың ортасынан  элиталы үйлердің бірінен алған пәтерінде. Соңғы үлгідегі жиһаздармен іші көмкерілген үйінің сымбатына масаттана қарап, диван үстінде шалқасынан жатыр. Оның көз алдына өзінің түрмеде отырған шағы келді. Маңайындағы кісі өлтірушілерге қарсы келіп, айтқандарына көнбегені үшін талай жұдырықтасып, бір мәмілеге келе алмаушы еді. Бір кездері Ұялмастан өштерін алмақшы болған олар оны өлтірмекші де болды. Алайда қолдарынан ештеңе келмеді. Өйткені қауіпсіздіктің оқуын оқығанда, неше түрлі теорияларды жаттап, тәжірибе жинақтағаны бар-ды. Алған білімі мен тәжірибесі бүгінде іске асуда. Ол масаттана орнынан атып тұрды. Киімін жүре киініп, «жигулимен» қала сыртындағы   екінші ауылдағы үлкен цемент қоршауы бар көлік жөндеу техникалық стансасының ауласына кірді. Бұл стансаның астында оның жасырын қоймасы, спорттық жаттығу бөлмесі және көздеп ату орны мен ақша салынған сейф қоймасы бар-тын. Жасырын есік арқылы төменге түсіп, спорттық киімдерін киіп, жаттығумен айналысу үшін үлкен спорттық залға келді.  Оның үстіне, Жылқыайдаровпен кездеседі, соған барынша тыңғылықты дайындалуы қажет.

АҚШ. Хо ШаТОның штаб-кеңсесі. Хо Ша ТО қатты абыржу үстінде. Оның ойы жүзеге аспай қалды. Қытай, Қазақстан арқылы жіберген  қару- жарақтары не Ресейге, не Тәжікстанға жетпестен жол ортада қолды болған. Онымен қоймай, Иракқа жеткен соғыс құралдары, жол бойына айырбасталып, сапасыз күйде Әл-Хамидтің қолына түскен. Егер  бұл жағдаят Дерменеге аян болса, онда ол оны аямасы анық. Өткен жолғы кездесу барысында да  алған есірткі мен қаруларының сапасы сын көтермейтіндігін айтып,  мұның мойнына біршама несиені ілген болатын. Оны өтеудің уақыты да тым аз. Ең бастысы, қаржы қаншалықты қалтасына құйылса да,  әлемнің он бес мемлекетін қамтамасыз етіп отырған мұның тауарларына жол ортада қол салынып, арналарды бақылауда ұстап отырған қай жерде, кімдер екенін өзі де білмей дал.  Егер оның басында Аслан Жылқыайдаров отырған болса, онда ол бірден білер еді. Ал арнаны өзгертемін десе, онда оның жолы Қазақстанда жабылып қалмақ, өзгертпесе, басқаларға жем болып, қолына түсетін қаражаты азаяды. Не болса да қазақстандықтарға жол ашып беріп отырған хабаршыны анықтау керектігін де ол жақсы түсінді. Сондықтан мазасы кеткен Хо Ша То дереу өзінің жан-жақтағы байланысшыларына қоңырау соғып, нақты тапсырмалар берді. Онда қайткен күнде осы жолғы кететін керуендегі тауарлар таза әрі салмағын еш жоғалтпастан тиісті орынға жетуі тиіс.

 

                              ***

 Орман ішіндегі Жылқыайдаровтың саяжайы маңында екі аңшыға ұқсас және бір-бірінен аумайтын екі адам отыр. Бұлар – Ұялмас пен Жылқыайдаров. Өте сақ сөйлесуде.

– Өткен қаражаттарды тиісті жерге апардың ба? Ешкім өздеріне тиесілі ақшаға реніш білдірген жоқ па?

–Ауғанстандық адамының көзінен қанағаттанғанын байқамадым. Ләм деместен тез кетіп қалды.

– Мұстафаның тауарының артында одан өзге тағы біреулер еріп жүр. Егер оны анықтай алсақ, біз үшін пайдалы болмақ.

– Менің ойымша,  ауғанның бас оққағары тұрған тәрізді.  Негізінен ақшаға келген адамды қорғап жүрген – сол оққағар. Ал ол оққағардың ымымен ғана жүр. Пешкі секілді. Егер оның көзін жойсақ, онда Мұстафаның өзі тікелей біздің арнамызға бағынатын болады.

 – Хо ШаТоның қару-жарақтарындағы өзгерістерді де біліп қалса керек. Оның адамдары жуықта Қазақстанға енуі мүмкін. Сондықтан абай бол.  Қытайлықтың тауарларына қатысты деген адамдардың көзін құрт. Қазақстанда бізден басқа ешкім оған көмектеспеуі керек.

– Меніңше, Дермене   қытайлыққа қысымшылық жасаса, онда ол тауарын Қазақстаннан алып, басқа жол іздеуге мәжбүр болады. Сондықтан әзірге оның тауарларына соқтықпай, діттеген жеріне жіберіп, кейін Дермене тыншыған соң, өз ойымызды жүзеге асырсақ та жеткілікті болар еді деп ойлаймын.

– Әрине, ойың дұрыс. Бірақ ол қаншалықты ұзаққа созылмақ?

– Жуықта Дермене, Мұстафа, Хо Ша То бас қосып, тауар мәселесін талқылаған. Сол кезде Дермене ХоШаТоның тауар сапасының төмен болғаны үшін бірнеше миллион доллар мойнына ілген. Бұл, міндетті түрде,  қытайлыққа ұнамаған. Енді ол өзінің жолына тұрған адамдардың кімдер екенін анықтамақ ойда көрінеді. Демек біздің елге Мұстафа мен Хо Ша Тоның адамдары келеді деген сөз.

– Ұлттық Қауіпсіздік комитетінде де бір өзгеріс бар секілді. Әзірге тым үнсіз отыр. Олар бір жақтан жауап күтіп отырған тәрізді. Ол жағын өзім анықтап байқармын. Ал сен алаңдамай, өз істеріңе мығым бол. Не істесең де, артымызда із қалмасын. Осыны қадағала.

  • Жақсы. – Орындарынан тұрған екеу саяжайға қарай бұрылды.

         Ирак. Аштық пен соққыдан әбден қалжыраған Эльдарды әлдебіреулер алып кетті. Қайда әкеле жатқанынан хабарсыз оны қала шетіндегі ірі әскери техникалар және  жасақтармен қоршаған үлкен ақ ордалы үйге кіргізді.  Жертөлеге апарып, алдына тамақ беріп, жуынатын бөлмеге енгізіп  жіберді. Сосын беттеріне паранжа киген әйел адамдар келіп,  денесіндегі жараларына дәрі жақты. Бірақ дем алдырып үлгертпеді. Тағы бір-екі әскери адам оған өздерімен бірге жүру керектігін ескертіп, жол бастап кетті.

         Эльдар үлкен екі ашпалы есіктің ар жағында креслода теріс қарап отырған бір адам мен кешегі Әбуді  көрді. Бірақ сөзді өздері бастасын деген ниетпен басын төмен тұқыртқан қалыбы көтермеді.

– Біз сені Қазақстанға Қытай арқылы өткізбекпіз. Алдымен Қытайдағы белгілі бір ортада жұмыс істейсің де, солар арқылы Қазақстанға өтесің. Атқаратын  тапсырмаңды уақытында алып отырасың. Сенің келісіміңді сұрамаймыз. Сондықтан ақша жасап, жақсы өмір сүргің келсе, біздің айтқанымызды екі етпей орындайтын боласың. Бүгіннен бастап сен – Әбудің құлысың. Ол саған не айтады, нені үйретеді, соның бәрін санаңа сіңіріп ал. Бір жерден қате жіберсең, басыңды шабамыз.

 Ол осыны айтып, бетін бұрған кезде, Эльдар шошып кетті. Бір көзінің орны ғана бар адам – бағанағы Әл-Хамидтің айтқан Дермененің  нақ өзі. Жігіт үнсіз жаутаңдай Әбуге қарай берді.

– Мынаның жонынан таспа тілсең де, қытай тілін тез үйретіп, олардың ортасына жіберіңдер. Сендерге бір жарым ай ғана уақыт беремін. Сапалы нәтижесін көрмесем, бәріңді бірге құртамын.

 Дермене сөзін жүре аяқтады. Осы сәтті күтіп тұрғандай, Әбу мен оның әскері қаумалаған қалыбы Эльдарды тысқа алып кетті. Бағанағы өздері кірген қақпадан емес, сол қоршаудың ішіндегі жер асты жолынан шығып бара жатқан әскери техникалар қоршаған Дермененің көлігін көзі шалып қалған жігіт тірі қалғанына қуанды.

... Ауыр   жараланған Дамир бет-аузы таңылған күйінде есін әрең жинады. Қатты шөлдеп жатыр екен, су сұрауға маңайынан адам таппады. Жан-жағына бір көзімен зер салғанда байқағаны, төбесінің топырағы түскен бір тамның ішінде жатыр. Басын қозғалтпақ болып ақырын орнынан жылжығаны сол екен, қасында тұрған аппарат шиқылдап қоя берді. Жаралы адамның  тірілгенін сезген дәрігерлер мен медбикелер қаптап кетті. Арабша сөйлегендерінен ұққаны: оны енді жансақтау бөлмесінен жалпы  палатаға айырбастауға болады екен. Тек ем алуын қадағалау қажет. Осы кезде қасына жақын келген дәрігер:

 – Сен жақын маңнан жарылған минаның жарықшағынан зардап шектің. Өкінішке орай, жарықшақ көбіне бас жағыңа тигендіктен, бас сүйегің аман, алайда бет-әлпетің адам танымастай болып өзгерді. Бетіңнің жартысын мина сыдырып әкеткендіктен, сан теріңізден алып жапсырдық. Қапаланбаңыз. Осы жерден аман-есен Сирияға өтіп кетсеңіз, сол жақта жақсы дәрігерлерге қайтадан ота жасатуға толықтай мүмкіндігіңіз бар.          Дәрігердің мына сөзінен жаны түршіккен Дамир үнсіз қалды. Оны мазалаған оның бет-әлпетінің өзгергені ғана емес, Эльдардан көз жазып қалғаны. Қалайда ауруханадан шығуы керек. Ол орнынан тұрмақшы болып ұмтылып еді, басы айналып қайта құлап түсті.

Қазақстан. Ойға алған істерінің оңға басқанын сезген Бекболат ақырын Бақыт Алдамжаровтың жеке құжаттарымен жіті танысып шықты. Ішкі түйсігі оған сенуге болатынын сездірді. Ақыры ол рация арқылы Иракпен байланысқа шығу үшін соңғы технологиялармен арнай жабдықталған бөлмеге келді. Ол жерде ол тікелей командир Алдамжаровқа мүмкіндігінше Дамирді Ирактан  басқа жаққа алып шығу қажеттігі турасында бұйрық берді.

Бұл кезде Ұялмас Хо Ша Тоның адамының соңына түсіп, артынан аңдып келеді. Ол – қазақ қызына осында он-он бес жыл бұрын үйленіп, қазір Қазақстан азаматтығына қол жеткізген Ю Ми. Қазақстанда ол Юра есімімен танымал. Екі қыздың әкесі. Қытайдың Қазақстандағы елшілігінде аудармашы болып қызмет істейді. Қызмет істейді деген аты ғана болғанымен, көбіне сыртта жүреді. Хо Ша Тоның қаруын Жылқыайдаровқа сатудан бастап, кейіннен баюдың басқа амалын қарастырып, жеке тұтынушыларға жұмыс істеп, Жылқыайдаровтың қалтасының ортаюына әсер етті. Енді, міне, тағы да елшілікке келе жатқан беті. Соңына түскен аңдушының барын сезген Юра бірден елшілікке кіріп, сондағы бейнебақылау камерасына түскен барлық көліктердің нөмірін жазып,  көліктердің кімдерге тиесілі екенін компьютерден көре бастайды. Көзіне оттай басылған, бір көліктің Ұялмастікі екенін анықтаған ол, өзіне төнген қауіпті анық сезінді. Алдын болжап үлгермеген Юра артынан ерген жансыздың көзін құртпаққа бекініп, кабинетіндегі қаруын қалтасына салған аудармашы көп аялдамастан кері қайтады. Бұл кезде Ұялмас оның арам ісін сезгендей бой тасалап үлгерді. Юра да қарап қалмай  Жылқыайдаровқа хабарласып, өзінің артындағы аңдушының оның адамы болса, онда барлық құпияның беті ашылатынын ескертіп, қоқан-лоқы көрсетеді.  Бұл кезде Жылқыайдаровтың атынан барлық жауапкершілікті мойнына алған Ұялмас Юраны  жер астындағы құпия орынға кездесуге шақырады. Өзіне қандайда бір қастандықтың ұйымдастырылғанын сезген Юра үйіндегі барлық құпия құжаттар мен ақшаны сейфке салып, кілтін және әйелі мен екі қызының шетелге кетулерін өтінген хатын әйелінің халатының қалтасына салып үлгермейді. Үй ішіне тығылған аңдушы, оны ұрып, құлатып, шалажансар күйінде алып кетеді.

Бұл кезде Ұялмас Жылқыайдаровтан нақты тапсырмалар алып отыр. Басты мақсат – Юраның жолдан қосылған қару-жарақ сатып алатын  арналарының қай қалаларда екенін білу. Алайда қанша қинаса да Юра тіс жарып, өзінің қылмыстық жолдарының бетін ашпады. Ақыры, ешқандай нақты жауап ести алмаған Ұялмас оны өлтіріп тыныш табады.

Ирак. Алдамжаров өзіне келген бұйрықты орындау мақсатында жоғалған сарбаздарды іздестірмекке, қасына Ирактың  әскерилері мен қазақстандық жауынгерлерді ертіп іздеуге шығады. Ол мина жарылған жерлерді аралап, жолай кезіккен адамдардан олардың фотосуреттерін көрсетіп, жөн сұрағанымен, мардымды жауап естімейді. Ендігі кезек осы өздері тоқтаған қаладағы жалғыз лазареттік емхананы сүзгіден өткізу. Жігіттің мұнда, мұнда еместігінен бейхабар қазақ командирі жағалата жатқан жарылыларға, ерекше үмітпен қарайды. Ойы – өзіне ыстық жерлесін көру.

 Бұл кезде есін енді ғана жиып, өз-өзіне келе бастаған Дамирдің көзі анадайдан тініткілеп, өзін іздеп жүрген отандастарын көреді. Екі көзін ғана қалдырып орап тастаған қазақтың жігітін туған анасы да мұндайда тани алмас еді. Тек төсегінің аяқ жағынан өтіп бара жатқан Алдамжаровтың көз жанарымен көздері түйіскен кезде ғана, екеуі де кімнің кім екенін бірден түсінді. Өзін ешкімнің танымауы қажет екенін командиріне ыммен білдірген Дамир «бөгелмей кетіп қал» дегенді білдірді. Мұндайда сақтықтың маңыздылығын байқаған білікті басшы жатқандарды аралаған болып, оның жастығының астына ақша мен қару тығып үлгереді. Іздеушілер кете салысымен, орнынан әрең тұрған сарбаз тезарада жиналып, шығар есікке қарай беттеді. Десе де бет терісі екі түрлі болып тігілген жігіттің адам танымастай болып өзгергеніне Дамирдің өзінен басқа ешкім қинала қоймады. Ол өзінің жасырын баспанасына келген бойда, Қазақстанмен байланыс орнатып, арнайы жасырын кодпен Сирия арқылы Түркияға, сосын Тәжікстанға өтетінін жеткізді.

                                           ***

Арада өткен алты ай бойына бір хабар ала алмаған ата-ана қатты алаңдаулы. Күніге бір бірінен жақсылық хабар күткен олардың жанарлары жасқа жиі толады. Ұлдарының фотосуреттерін төсіне басып, иіскеп, мауқын екі көздерінен алған аналары бірге жылап, бірге күлсе, Астанадан қандайда бір хабар болып қалар ма екен деп жолға телмірген екі әкенің алаңдаулы кейіптерін Назгүлден басқа ешкім аңғармайды. Дамир мен Эльдарды шетел асырған соң, осы ауылға ат басын тіреген Бекболат соңғы келген кездесуінде Назгүлді де ақырындап елорда жаққа тартуды ойлаған еді. Спортпен жетік айналысқан бойжеткеннің де жерлес екі жігітке көп көмек бере алатынына тым сенімді. Өйткені осынау ауылдас үш адамның ойы, мақсат-мүддесі еліне адал қызмет атқару болатын. Өздерінің жігер-күштерін арттарынан еріп келе жатқан жастарға үлгі етіп көрсетіп, солардың бойына рухани біліктілікті, патриоттық сезімді дарытсақ деп армандайтын. Сол арманды іске асыруға Дамир мен Эльдар кірісіп кеткенімен, Назгүл кешеуілдеп жатыр. Оған себеп – ауылдағы қарт ата-анасын тастап кете алмауы. Баласының бағы жанып, жолы болғанын кез келген ана да, әке де армандайды ғой. Қыздарының тағдырына тосқауыл болғылары келмесе де, басқа қарайтын ешкімінің жоқ екенін түсінген қыз оқуын кейінге шегеріп отыр. Бір жағынан  әскерден жігітін күтіп, сонымен оқуға бірге аттанса, екінші жағынан, үйден кетсе, Дамирден келетін хат қолына тимей қалатындай. Арада бір жылға жуық уақыт өтсе де, ол жігіттен бір хабар-ошар болмады. Назгүл әйелге тән нәзіктікке бой алдырып, ел көзінен таса жерде көз жасына ерік беріп, жылап алатынды шығарды.

                                        ***

Қасындағы баскесерлерге Юраның денесін өртеп жіберуге бұйрық беріп, ауылдағы үйіне кері қайтпақ болған Ұялмас мүсәпір, кедей адамның кейпіне еніп, «жигулиіне»  мініп, белгісіз бағытты бетке ұстап, қаланың шетіне қарай шығып кетті. Біраз жүрген соң ол артынан еріп келе жатқан джипке ауысып отырды. Жылқайдаровпен кездесіп, болған оқиғаның мән-жайын егжей-тегжейлі түсіндіріп, Юраның ешқандай ақпарат бермегенін жеткізді. Сонда да сақтық жасаған Жылқыайдаров жуық арада елге Хо Ша Томен тағы бір екі адамның туристік сапармен келетінін естігенін, оны сырттай күтіп алуға дайын болу қажеттігін қатал ескертті. Басты мақсат – онымен жасырын кездесіп, Қазақстан арқылы өтетін керуеннің жолын бір арнаға түсіру және Қазақстан шекарасына дейін тауардың толықтай келуін қамтамасыз ету мәселесін шешу. Бұл кездесуді қайда және қай кезде, қандай жағдайда ұйымдастыру мәселесін Ұялмас пен Жылқыайдаров ұзағынан сараптады.

Хо Ша Тоның Қазақстанға келетін сапары турасындағы ақпаратты алған Бекболат пен Әділ Әшірбеков те қарап қалмау жағын ойластыруда. Туристік сапарды желеу еткен американдық бизнесмен Қазақстанда белгілі бір адамдармен кездесу үшін келе жатқаны анық. Сондықтан басшы кездесуге дейін ауылға барып, жігіттердің ата-аналарымен жолығуды жөн санады.

.... Аудан орталығындағы саябақтағы салқын бір бөлмеде Балқия мен Ерсін және Дамирдің әке-шешесі Бекболатпен кездесті. Бір кездері өздерінен жол сұрап келген құдайы қонақ жігітті бірден шырамытқан Балқияның көзі бақырайып, шошып кетсе, ештеңеден хабары жоқ Дамирдің анасы жалтақтап, әрбіреуіне бір қарайғыштай берді. Есіктен кіре салысымен қазақша «Ассалаумағалейкүм» деп амандасқан қазақи жігіттің мәдениеттілігінен аса алмаған  үлкендер жағалата қойылған диванға жайғасты. Кездесуді небәрі 5-10 минут уақытқа өлшеген Бекболат сөзді көп созбады.

 – Құрметті тәтелер, ағалар! Мен сіздердің балаларыңыз Эльдар мен Дамирдің тікелей басшысы боламын. Сіздердің балаларыңыздың дін аман екенін, олардың  Отан алдындағы борыштарын асқан адалдықпен атқарып жүргенін айтып, жүректеріңізді сабырлыққа шақырғым келеді. Аналарының қатты қапаланып жүргенінен жақсы хабардармын, десе де сабырлық сақтауларыңызды сұраймын.

 – Балам-ау, айдың-күннің аманында бұл не қылған сақтық?

 – Сақтық  Дамир мен Эльдардың бас амандықтары үшін қажет. Алда үлкен жауапкершілікті талап ететін ауыр сын күтіп тұр. Оған сіздер де, біз де дайын болуымыз қажет. Дамирден жуық арада жақсылық хабар естиміз деп ойлаймын. Ал Эльдардың жауабы біраз кешігетін болады. Қандай хабар болса да, сіздер оны тек менен ғана ести аласыздар.

– Айналайын-ау, біздің балаларымыз қайда өзі? Сен нені мезгеп отырсың, елдің баласы бір жылдың ішінде үйіне келіп жатады, біздің балалардың хат жазуға да мұршасы жоқ, бұл не қылған қызмет?!

 – Екеуіңіздің де балаларыңызға мемлекет үлкен сенім артып, ауыр да қиын тапсырма беріп отыр. Олар соны орындауда. Сондықтан сабыр сақтап, Дамир мен Эльдар туралы ешкімге тіс жармауларыңызды, олардан жиі хат-хабар алып тұратындарыңызды және жуық арада олардың үйге оралатынын айтумен ғана шектеліңіздер. Дабыра жасап, ұлдарыңыздың жұмысына кедергі жасасаңыздар, олардың басына қауіп төнетінін де жасырғым келмейді. Сіздер – оқыған, көзі қарақты адамсыздар, неде болса, балаларыңыздың тілеуін іштей тілеңіздер. Жергілікті билік, құқық қорғау органдарының, тіптен қарапайым адамдардың балаларыңыз туралы сұраған сауалына жоғарыда мен айтқан жауапты айтумен ғана шектеліңіздер. Артық айтқан әр сөз екеуін сіздерден айырып әкетуі де мүмкін. Мен осыны ескертейін деп едім. Қазір бейбітшілік заман, балаларыңыз аман-есен орталарыңызға келеді деп сенемін. Сіздер де сеніңіздер!

 Сөзінің соңын түсін суыта аяқтаған Бекболат орнынан көтеріле берді. Бәрін түсінікті қылып жеткізсе де, бір сөзін ұқпағандай кейіп танытқан екі әйел күйеулеріне жалтақтай қарап есіктен шығып бара жатты.

– Ағалар, сіздер бір минут кідіре тұрыңыздаршы! Екі әкені қайтадан диванға отырғызған ол: – Ағалар, балалардың аналарына қамқор болуларыңызды сұраймын. Сіздер ер-азаматсыздар ғой, мықты болыңыздар. Эльдар мен Дамир аса жауапты істе жүр. Олар – ерекше батыл, алғыр, ақылды жігіттер. Тіптен аман-есен орталарыңызға оралған күннің өзінде олар үкіметтің адамы болып, аса жауапты тапсырмаларды атқаратын болады. Сондықтан ұлдарыңызға үлкен үміт артып, олардың амандықтарын бірге тілейік. Сіздерден өтініп сұраймын, тілдеріңізге берік болыңыздар.

Сөзін аяқтаған Бекболат әкелермен құшақтасып, қоштасты. Аудан орталығынан шыға бере ол көлігін тоқтатып, Назгүлдің телефон нөмірін терді. Бейтаныс нөмірді байқаған бойжеткен сүйіктісі екен деп қуанып кеткені сонша, тұтқаны көтерер-көтерместен «Дамир» деген сөзді айтып үлгерді. Айтуын айтса да, онысына ұялғандай үнсіз қалды. Бекболат өзінің кім екенін қысқаша ғана таныстырып өткен соң, қызға кездесу жоспарын айтып, мекенжайды көрсетті. Назгүл ештеңеге түсінбесе де, алдында бір жақсылықтың күтіп тұрғанын сезді. Ол қолына су толы шелегін алып дала шыққаны сол еді, ауылдың автобусынан Эльдар мен Дамирдің әке-шешелерінің бірін-бірі қолынан демеп, түсіп жатқандарын көрді. Ақылды қыз, өзіне де қандай да бір жұмыстың табылғанын және оның достарымен байланысы болатындығына қуанды.

Ирак. Қолдарына түсіріп, еріксыз ырықтарына көндірген Эльдарды Әл-Хамидтің адамдары аяусыз дайындық жұмысына салды. Жігітті алдымен қытай тілін игеріп, түрлі әскери жаттығуларды, жасырын ақпарат жинау әдістерін жетік білуге үйрете бастады. Көбіне Эльдар өзіне тікелей басшылық жасап, барлық әскери құйтырқы әрекеттерді үйрететін  түркиялық жігіт – Әбудің жанқиярлық  іс-қимылына таңдана жүріп, барлық  құпия әскери тактикаларын үйренуге өзі де бар күшін жұмсауды қолға алды. Қолға алған кітаптар мен  ұйымдағы қытай жігіттерімен қытайша сөйлесу арқылы  күншығыс елінің тілін жетік меңгеруге тырысты. Кезінде Алексей Василичтен жаттығу үстінде қытайша біршама үйренгені бар-тын. Нәтижесі де жаман емес. Енді мына  сабақ оған жеңілірек тиюде. Сонда да өзінің қытай тілін білетінін олардың білмегені дұрыс деп шешкен  жігіт үнсіз тіл үйренуін жалғастыра берді.

Артында аңдушы әрі бақылаушы үлкен күштің тұрғанын сезген  қазақ өзінің  содырларға шынайы берілгендігін көрсеткісі келді. Айтқандарын екі етпей орындап, шамасына қарай көзге түсуге  белсенді. Бұл, әрине,  оның  қарақшылардың қолшоқпарына айналғанының белгісі еді.

 Осындай сынақ кездерінің бірінде Әбу шекаралық аймаққа барлауға алып шықты. Ирактың негізгі ішкі әскери базасына жақындамақ болған олар американдық әскерилерге кездейсоқ соқтығысып қалып, аяқ астынан атыс басталып кетті. Қарша борап тұрған оқтан бас көтере алмаған жанкештілер кері шегінуге бел байлайды.  Кезекті бір оқ жаудыру кезінде Әбу қатты жараланады. Өзінің нағыз сынақ үстінде тұрғанын сезген жігіт  жолдасын жауға қалдырғысы келмей, соғыса жүріп, іздерін жасырып үлгереді. Сөйтіп, таңға жуық әлсіреген Эльдар Әбуді сүйрелеген қалпы жасырын базаға оралады. Оның қалай соғысып, қасындағы серігін қалай аман-есен базаға алып келгенінен хабардар болып отырған Әл-Хамид  ендігі жерде сенім артуға болатынына көз жеткізді.

Араға үш ай салып,  мықты дайындықтан өткен Эльдар- Ю То деген атпен Қытайға өту құжаттарын қолына алды. Көзі сығыр қазақ болса да, қытайлыққа ұқсас деп оны шетел асырып отырған Дермененің адамдары Эльдар арқылы Хо Ша Тоның Қытайдағы жансыздарын анықтап, өздеріне тиесілі тауардың Қытай мен Қазақстанның қайсысында қолды болатынын анықтауға кірісті. Қайткен күнде де Хо Ша То-ның өздеріне адал қызмет көрсетіп отырғанына көздерін жеткізгісі келеді. Ертең Америка басқа  мұсылман елдеріне қоқан-лоқы көрсетіп, қару көтере қалған жағдайда  жасырын жатқан экстремистердің бас көтеруі үшін көптеген қару түрлерінің қажет екені белгілі. Сондықтан арсеналдардың қорын көбейтіп, есірткі мен қару саудасын қыздыра түсу үшін осы жұмыстарды олар Эльдарға тапсырды. Десе де қулығына құрық бойламайтын Дермене мен Әл-Хамид өздерін алдап кетпес үшін, Қазақстандағы агенттері арқылы Эльдардың шынайы отбасының бар екенін білсе де, оны айтпаған-ды. Ендігі қолдағы көзірлері – оған ауылдағы ата-анасының, інісінің фотосуреттерін көрсетіп, оның тыпыр етсе, барлық туыстарынан айрылатынын ескерту ғана қалады. Осы мақсатқа қол жеткізген Әл-Хамид Эльдарды жеке шақырып, оған нақты тапсырмаларды береді де, оның Қазақстаннан арнайы  дайындалған сарбаз екенін әу баста-ақ білгенін, енді оны өздерінің мақсаттарына пайдаланбақ болып отырғанын жеткізеді. Ең соңында алдына барлық туыстарының фотосуреттерін лақтыра салады да,   әрбір жіберген ағаттығы үшін отбасының бір адамынан айырылатынын хабардар етеді. Өзінің нағыз торға түскенін мойындаған  қазақ жігітінің айтқандарына көнуден басқа амалының жоқтығын білдіреді. Көрсетілген қоқан-лоқының жай еместігін жақсы түсінген жігіт олардың баскесерлер ғана емес, білікті де білімді, әлемнің жартысын қарумен қамтамасыз етіп отырған нағыз үлкен ордалы экстремистік топ екендігін түсінді.

Әл-Хамидің артындағы Дермене де, тіптен қарапайым Хо Ша Тоның өзі де, сонау Ауғанстаннан байланысын үзбей отырған Мұстафа да – кез келген дүниенің түкпіріне қолдарын жеткізе алатын құдіреттері күшті адамдар. Ақша үшін жанындағы жақынын сатып жіберуден тайынбайтындар үшін қазақ жігітінің ғұмыры бір-ақ минуттық екенін, олардың қолында Эльдар тек қана пульттің тетігі болатынын да бетіне басты. Егер Қытайдағы адамдары арқылы өздері сатып алып отырған жойқын қарулардың Қазақстан мен Қытай елі арасында жоғалып кетуіндегі сырды ашу және Мұстафадан келетін есірткіні тікелей Иракқа жеткізудің көзін анықтаса, онда олар Эльдардың кез келген өтінішінекөнетіндіктерін жеткізді. Алайда олардың астарлы, жымысқы ойларының артында не тұрғанын абзал азамат жақсы түсінді. Егер олардың  айтқанын орындамаса, онда отбасынан айрылатынын да білді. Ақша мен мансап құлқынын тескен озбырлар, ішкі және сыртқы саясаты қалтылдап тұрған мемлекеттерге от тұтатсаң соғыс өрті лап ете түсетін болса, онда қару-жарақ сатудан бұлар ақшаға кенелетінін де айтпай-ақ түсіндірді. Ең бастысы, осындай ірі керуен көші жүретін жолды тазалау тапсырмасын жүктеген арабтар оның өз міндетін мүлтіксіз атқаратынына сенімді. Өйткені қаны үшін жанын беретін қазақ ұлтының мінез- құлқын Әл-Хамид жетік зерттеген-ді. Сондықтан ол өз таңдауына өкінбеді.

Бет-әлпетін өзгертіп, қарапайым азамат кейпіне енген Эльдар көп ұзамай Бейжіндегі  жұтаң қонақ үйлердің біріне орналасты. Өзінің қатал бақылауда екенін есінен бір минут шығармаған қазақ жігіті қалай да ебін тауып, Бекболатпен байланысқа шығып, алдағы тапсырмасын алуға кірісті.

Бұл кезде Дамир мен Эльдардан еш хабар ала алмаған Бекболат жасырын кабинеттегі байланыс компьютеріне отырады. Жан-жақтағы ақпарат көздеріне екі жігітке арналған «тірі болсаңдар, хабарласыңдар» деген хабарламаны лақтырады. Арада он минут өтпестен, Эльдардан «Мен Қытайдамын, Бейжін... Ли қонақ үйі... 15» деген хабарлама келіп түсті. Қытайға өтсе, істің насырға шапқаны деп ұққан Бекболат дереу Эльдарға қайтадан Қытайда кездесетіндіктерін айтып, жасырын код  жіберді.

Сонда да ішкі түйсігі алаңдаушылық танытқан басшы  көл жағасына келіп, не істеу керектігін ойланады.  Ойы сан-саққа кетіп, қандай жоспар құрарын білмей отырған Бекболаттың ойын кенеттен келіп түскен телефон қоңырауы бөліп жіберді. Бұл – ауылдағы Дамирдің әкесі еді. Мазасы кеткен әкейдің сөзінен ұққаны, белгісіз бір отбасының (ұлты қазаққа ұқсамайды) өздеріне көрші болып орналасқанын, қимылдары өте сақ әрі қылықтарынан сезіктілік танытатынын және жуық арада Дамир мен Эльдардың үйінен олардың фотосуреттерінің жоғалғанын ескертті. Кенеттен естіген жайсыз хабарға алаңдаған Бекболат жедел жиналып, ауылға аттанып кетті.

... Аға-жеңгесінің ауылына ат басын тіреген жігіт амандық-саулық сұрасқаннан соң, ағасына атын ерттеп, дайындауды сұрады. Жұмыс басты болып, еш дамыл таппайтын інісінің атпен біраз ауыл шетіне шығып, қыдырыстап қайтқысы келген ғой деп ойлаған ағасы сөзін екі етпеді. Жеңгесі де бар дәмін сөмкесіне салып берді. Сөйтіп, ауыл адамдарының кейпіне енген Бекболат ауылдан шыға бере сақал-мұрт жапсырып, кәртеміс адамның бейнесіне еніп, екі жігіттің ауылын бетке ұстап, атын шоқыта жөнелді. Ауылдың шетіне кіргені сол еді, алдынан ат арбасына орағын салып,  шеңгел шабуға кетіп бара жатқан түр-тұлғасы  жас жігітке, ал бет әлпеті шалға ұқсас ер адамның, ширақ отырысына таңғалған Бекболат өзінің іздеп келе жатқан адамының алдынан шыққанына сасып қалды. Есін тез жиған жігіт ағасы кенеттен жоқ іздеп жүрген адамның кейпін танытты. Бірақ шоқытып кетіп бара жатып, қарама-қарсы өткен адамның жат қылық танытпағанына көзін жеткізді. Ешқандай сезік тудырмастан бірден есігінің алдында шөп жинап жүрген Дамирдің әкесі Әділғазыға жолығады да, мән-жайды анықтайды. Үйіндегі балалардың фотосуреттерінің аяқасты жоғалғаны мен көршісінің сезікті іс- әрекеттерінің бір байланысы барлығына күмәнданатынын жеткізген әкені Бекболат сол үйге барып, әйелін сөзге айналдыра тұруын өтінді. Әділғазы да Астанадан Бекболаттың тегін келмегінін түсініп, оның айтқанын екі етпестен көршісінің үйіне бет алды. Ондағы ойы – көрші әйелді сөзге тартып, уақыт ұттыру.

         Әділғазы көрші үйдің қақпасына кіре салысымен, Бекболат та асқан жылдамдықпен бақша арқылы қорасына кіріп үлгерді. Асыға қалтасындағы металл іздегіш затымен тығулы тұрған жасырын ақпарат таратушы аппараттарды тауып алады да, оның жасырын кодын көшіреді. Сонымен қатар алыстан және жақыннан көретін дүрбілер, бірнеше қару-жарақтың түрлерін және еркек адамның бет-бейнесін өзгертуге арналған сақал-мұрт, париктерді дереу суретке түсіріп алады да, тыңдағыш түймені сол жерге жасырылған телефон ішіне тығып, келген ізімен кері қайтады. Әділғазымен келісілген орында кездескен Бекболат оның күдігінің расқа шыққанын, олардың өміріне қауіп  төніп тұрғанын ескертті. Әзірге екі жігіттен бір хабар болмайынша, бұл адамның да орнынан қозғалмайтынын, қандай да бір бөтен қылықтар көрсететін болса, жедел хабарлауын өтінді. Сонда да сақ болуын тағы бір шегелей жеткізген ол Дамирдің әкесімен құшақтасып қоштасты.

Ауыл шетіне шоқытып шыққан Бекболат жедел Астанаға жетуге асықты. Ирак жеріндегі содырлардың қазақстандық екі жігіттің соңына түскенін, олардың барлық туған-туыстарына қауіп төндіру арқылы екеуін аямай бопсалайтындығын жіті түсінген  басшы қандай шара, амал-шарғы қабылдарын білмей, иен далада атының басын еркіне  жіберіп,  шауып келеді.  Қазақтың кең жазира даласы мен тынысыңды ашатын алқапты иісті ауасы аттың да, қауіпсіздік қызметкерінің де жанын сергітіп, ойына жаңа ойлар мен мақсаттар енгізді. Кенет, есіне бірдеңе түскендей Бекболат атынан секіріп түсті де, жердегі борпылдақ топырақты қамшысының ұшымен дөңгелетіп сыза жөнелді. Дөңгелектің сыртын тағы бір айналдырып өтті. Ортасына Е және Д деген әріптерді жазып оның қоршауына ата-аналарын жазып, оның сыртына содырлардың аттарын жазды. Ал стрелканың ұшын ҰҚК-ге тіреді. Онысы егер Бекболат бұл істі дереу қатал бақылауына алмаса, онда жауыздар ақырындап екі жігіттің отбасын өлтіре бастайды. Яғни,  жылдамдатып олармен байланысқа шығуы керек. Ол үшін тез арада дайындықтан өткізіп, Назгүлді Эльдармен кездесуге Қытайға жіберу қажет. Ең бастысы, мына ауылдағы үйлерді қарауылға алып, анау жаңа көршіден сақтап қалуы тиіс. Астананың шетіне кіре салысымен Бекболат Назгүлдің телефон нөмірін терді. Бұл кезде бойжеткен саябақта дем алып отырған еді. Ата-анасы осыдан жарты ай бұрын  алып шаһардағы туысқанының үйіне алып келіп, бас-көз болуларын аманаттаған болатын.  Бекболат саябаққа кіргенде, Назгүл орнынан көтеріліп, кетуге жиналған беті еді.

– Назгүлжан, сәлеметсің бе, айналайын! – деген мейірімді дауысқа жалт қараған кезде, осыдан бір жылға жуық ауыл шетінде өзінің екі досының әкелерімен кездескен жігіт ағасын бірден таныды.

 – Сәлеметсіз бе, ағай. Менің қанша сізге керегім болып қалды екен?         –  Айналайын, халің қалай?

  • Рахмет аға,  бәрі жақсы.

 – Ендеше ашық әңгімеге көшсек, қалай қарайсың?

 Дауысының соншалықты қатал шыққанына Бекболат таңданбады. Осылай қатал және ашық сөйлескенде ғана сөздерінің бір арнадан шығатынын іші сезеді. Бойында өжеттік пен ауылдың инабатты тәрбиесін меңгерген  қыз қатты таңданса да, үлкен адамның сөзін бөлмей үнсіз тыңдады.

 – Айналайын,  маған сенің бір кішкентай ғана көмегің керек болып тұр. Ол сен Қытайға барып, емделген боласың да, сол жақта Эльдармен кездесесің. Саған да,  денсаулығыңа да ешқандай қауіп төнбейтінін өзім қадағалаймын. Осы іс қолыңнан келе ме?

 – Аға, неге бұл іске мені ғана таңдадыңыз?

 – Өйткені сен Эльдар мен Дамир секілді сенімді жансың. Оның үстіне, ол екеуін сен ғана жақсы танисың. Неге екенін білмеймін, алғаш үшеуіңді көрген кезде, үш егіз секілді менің жанымды өздеріңе баурап алған едіңдер. Қазір менен көп ештеңе сұрамай-ақ қой. Оны білудің де қажеті шамалы. Алдымен осы іске келісетін болсаң, маған хабарласарсың. Жауабын ертең кешке дейін күтемін.

Алдында не күтіп тұрғанынан бейхабар бойжеткен тым болмағанда Эльдармен кездесетініне іштей қуанып кетті. Бекболаттың қандай тапсырма туралы айтқанына ден қойғысы да келмеді. Жол қаражаты мен қасына еріп баратын адамды өздері тауып берсе, неге Қытайға барып, аралап, қыдырыстап келмеске деп жеңіл ойлады. Сондықтан ағайға келісімін бергені дұрыс болар.

Иә, Назгүл көп ойланбады, бірден Бекболатқа келісетіндігін жеткізді. Бойжеткеннің атүсті айтқан жауабына қанағаттанбаса да, Бекболат онымен екінші рет кездесіп, тапсырманың тым жауапты екенін қатал түрде ескерткен кезде барып, қыз ойланып қалды. Енді артқа шегінуге болмайды. Келісімін беріп қойды. Іштей тым болмаса Эльдарды көрермін деген үмітін үкілеген бойжеткен алдындағы басшының әр сөзін мұқият тыңдауға кірісті. Екеуара ұзақ сөйлесіп, ертеңінде Бекболат қызды Эльдар мен Дмирді барлық дайындықтан өткізген Алексей Васильевичке алып келді.

Олар да ұзақ сөйлесіп жатпады. Оқиғаның қалай болатынын алдын ала жоспарлау бойынша басшы нақты тапсырмаларды беріп, Назгүлді көрсетіп, бірдеңелерді айтып жатты. Екі азаматтың арасында ишаратпен сөйлескен сөздерінен түк ұқпаса да, Назгүл өзінің келген ғимараттың небір әскери дайындыққа арналған үй екенін таңдана да таңырқай көзімен аралап шықты. Қызды алдағы тапсырмаға дайындаудың қажеттігін қатал ескерткен басшы да, қайта-қайта келісімін берген жаттықтырушы-оқытушы да біраз сөйлескеннен соң барып, қыздың қасына келді.

 – Назгүл, Алексей Василич сені барлық қажетті дайындықтардан өткізеді. Бір айыңды осы жерде жаттығу үстінде өткізесің. Қасыңда арнаулы дәрігер мамандар, бірдеңе бола қалған жағдайда көмектесетін адамдар болады. Тұрып жатқан туысыңа басқа өңірге бір танысыңның үйіне кеткеніңді хабарла. Қытайға тура осы жерден кетесің. Екі досыңа көмектескің келсе, Алексей Василичтің әр сөзін, ісін, үйретіндісін жадыңа жақсылап сақтауға тырыс. Сонымен қатар  кейбір әйелдер білуге тиісті әскери дайындықтардан өтесің. Келістік пе?!

 Не айтарын білмеген бойжеткен көзі жасаурап, тұрған жерінде отыра кетті.

 – Аға, мен бұл тапсырманың осыншалықты жауапты екеніне мән бере қоймап едім, сіздер, шынымен, менен жүректі, жауапты адам шығады деп  отырсыздар ма?

 Бекболат қыздың сауалына жауап қатпады, біраз оның көзіне көзін қадап тұрды да:

 – Айналайын, дәл осы жерде Дамир мен Эльдарды дайындап шығарған кезде мен оларға «Бауыржан аталарыңдай қаһарлы, батыл болыңдар» деп тілеген едім. Саған не дерімді білмей отырмын. Спортпен айналысатын әрі ат үстінде еркін шаба алатын ауылдың қыздары батыл келеді деп ойлаушы едім. Егер қолыңнан достарыңа көмектесу келмейтін болса, онда боссың, – деді де оны өзінен кері шегіндіріп жіберді. Назгүл де қарап қалмады, қайта ентелей ұмытыла түсіп:

– Егер аман-есен Қазақстанға қайта келуіме, достарыммен кездесуіме мүмкіндік жасауға уәде берсеңіз, тапсырмаңызды орындауға мен де уәде беремін, аға,– деді дауысы дірілдей.

– Келістік. Айтқаның болсын. Ол осыны айтып Василичке   белгі бергендей ымдады да, сыртқа жеделдете басып шығып кетті.

Басшы есіктен шығар-шықпастан Алексей Василич Назгүлдің қолына телефон тұтқасын ұстата қойды. Онысы: «туыстарыңды алаңдатпа» дегені еді.

 

                       ***

 

Сирияға босқындармен бірге өтпекші болған Дамир жертөлесінде отырып, соңғы рет байланысқа шықты. Онда өзіне арналған «хабарлас» деген хабарламаны оқи сала, өзінің Түркия арқылы Әзербайжанға, сосын Тәжікстанға өтетінін жасырын сөздер арқылы  жіберді де, барлық байланыс құралдары мен аппараттарды қиратып, жарамсыз етіп, өзіне қажетті қару жарақтары мен құжаттарын алып, шығып кетті. Түнделетіп жүріп Сириға өтетін босқындардың ішіне қосылған қазақ жігіті болашағын болжай алмады. Түрі де адам көргісіз болып өзгерген. Тіптен тауып алған құжатта Ирак азаматы екендігі көрсетілген. Есімі де бөлек – Аббар Хазал. Жолшыбай бала жетектеген бір келіншекке көмектесіп жүріп, Дамир Сирия шекарасынан еш кедергісіз өтіп кетті. Жолы болған жігіт енді көп аялдамастан Түркия шекарасына қарай бет алмақ.

Түн. Маңайда өлі тыныштық орнаған. Босқындардың көбісі шаршағандықтан, қалың ұйқыға кеткен. Тек оншақты ер адамның от жағып, соны айнала қоршап, қызу бір әңгімеге кіріскенінен секем алған  Дамир тың тыңдағандай жақын орналасты. Олардың бірде ақырын, бірде қатты шыққан дауыстарынан жуық маңда қандай да бір топтың бұларды күтіп алатынын, жас қыздарды бөлек, балалы әйелдерді бөлек, ал жүруге жарамды еркектерді бөлек әкететінін айтуда. Бұлардың тегін адамдар еместігін, олардың еркектерді қайтадан Ирак жеріне соғысқа, ал қыздарды жезөкшелікке, әйелдерді күңдікке сатуға дайындалғандарын сезді. Неге екені белгісіз, көк аспандағы жұлдыздарға қарап, туған елін есіне алған жігіттің көз алдына көзі жасаураған сүйіктісі Назгүлі мен анасы келді. Құдай бетін ары қылсын, егер мына содырлар Қазақстанында алшаңдап жүрсе, олардың күні не болар еді деген сауалдан жаны түршігіп, орнынан атып тұрып, қайта бұғып жата кетті. Дамир өзінің де босқын екенін есіне алды. Ақырын жылыстап, бағанағы өзі көмектескен келіншектің қасына келіп, жас қыздарды ақырындап бір жерге шоғырлануын, әйелдердің балаларынан бір елі ажырамауын өтінді. Өзіне күдіктене қараған келіншектің сенер-сенбесін білмей таңданып қалғанын көрген қазақ жігіті анау от жанында отырғандардың құрып отырған  жоспарларын естігенін жеткізді. Әйелдер мен қыздарға олардың әкелері мен аға-туыстарына қауіп төніп келе жатқанын естіген әйелдер шошыса да, бір-бірлерімен ымдаса жүріп, бір жерге шоғырланды. Олардың арасынан қолдарында пистолеттері бар төрт-бес отағасы да табылды. Өзінің отбасын сақтаймын деген еркек кіндіктілерді ымына көндірген Дамир от басына  жиналғандарды тұтқындап, таң қылаң бере келетін үлкен жүк көлігін өздері күтіп алу керектігін түсіндірді. Десе де тым сақ отырған  керуеншілерге жақын келу мүмкін болмады. Иен далада қайда кетер дейсің дегендей босқындарды еркін демалуға жіберген олар мылтықтары мен автоматтарына сүйеніп, қаперсіз отырғандай көрінгенімен, оларды күзетіп тұрған екі қарауылдың назарына ілігіп кету қаупі де басым болды. Таң атуға бір-екі сағат уақыт қалғанда, Дамир ақырындап олардың қасына келеді. Бет-аузын қан басқан, өзі ақсаңдап әзер жүрген жігіттен күдіктенбесе керек,  ешкім оны елең қылмады. Осы сәтті  пайдаланған жігіт мысықша атылып келіп, бәріне бұйрық беріп отырған бағанағы қаба сақалды керуенбасын қылқындырып, дымын шығармады. Соның бұйрығымен маңайындағыларға қаруларын тастаттырып, өздерін байлап-матап тастады. Енді көп бөгелуге болмайды, әркім тау-тасты паналап, өзін қорғауы керек екенін түсіндірген Дамир содырлардың бірінің ақшаға толы дорбасын іле кетті. Бала-шағаларымен шұбырған босқындар тау тастың арасына жасырынып та үлгерді.

Қайдан шыққаны белгісіз, біреу етегінен тартқан кезде селк ете түскен Дамир өзіне көмектескен келіншекті баласымен көрді. Еркектерге көмектесіп, бағана содырларды байлап-матар кезде бұл келіншек те олардың арасында жүрген еді. Енді ғана байқады, шекесінен қан ағып тұр. Тегі біреуінің аяғы немесе қаруы тиген болуы керек. Дамир оларды бір тастың қуысына жасырып үлгергені сол еді, қарша бораған оқтан басын көтере алмады. Оқ жаудырғандар  қыз-қырқындарды сатып алуға келген саудагерлер еді. Әр-әр жерде атылған автомат пен мылтықтың дауысы күшейіп, атыс басталды. Таң ата адамдарға жан-жаққа қашыңдар деген кезде, олар оны ұқпаса керек-ті. Бәрі шоғырланып, бір жерге жиналып алыпты. Ал ол үлкен қырғынға әкелетінін сезген Дамир келіншек пен баланы сол жерге қалдырды да, басқа босқындарға көмектесуге ұмтылды. Тау-тастың арасында өскен ауылдың баласы үшін таудың қалқаны зор еді. Ол бойына оқ дарытпастан бағанағы өзіне көмектескен арабтарға келіп қосылды.  Қолдарында автоматтары бар еркектерді маңына жинаған жігіт не болса да соғысып, олардың көзін құртпаса, Түркияның шекарасына қарай өздерінің де тірі өте алмайтындықтарын жеткізді. Сөйтіп, содырлардың көзін құртуға бекінген  адамдар өліспей беріспеске ұмтылды. Осыны байқаған Дамир қасына мықты деген екі азаматты ертіп, олардың ту сыртынан соққы беруге  байлам жасады. Бар-жоғы он шақты содыр бастан-аяқ мықты қаруланған. Оқ та толассыз қарша борауда. Арасында айқайлап-шыңғырған дауыстар да естіледі. Балалар жылап, әйелдер шулап,  маңай қиқуға толып кетті. Бұрқыраған көк түтіннің арасынан кімнің кім екенін ажырата алмай да қаласың. Сонда да атыса жүріп, бес-алты содырдың көздері жойылған соң, қалғандарынан айырылып қалармыз дегендей, кері шегінген қарақшы топтың алдынан шыққан Дамир бастаған үш-төрт жігіт олардың да көзін құртты.  Мұндай кездейсоқ соққыға жиі тап болатын босқындар үй-іштерін түгендеп, қалғандары жаралыларға көмектесіп кетті. Біраз тыншыған соң,  жаралыларды жетектеп, балаларды көтеріп, жүздеген адам шекараға  қарай аяқ басты.

Әр елдің шекарасы өзінше қатал ережеге толы. Түрік еліне оңды-солды кіріп жататын сол маңдағы мұсылмандарға деген тексеріс ерекше. Бұл жолы да шекарадан өту оңайға түспесі анық. Алайда, Дамирге  бұл жолы  өзі көмектескен балалы келіншек қол ұшын берді. Ол шекара түбегіндегі жасырын жол арқылы Дамирді алып өтіп, өзімен бірге  Түркияның сол маңға жақын бір қалашығына алып келді. Қаланың шетіндегі  кішкене жатаған үйде әке-шешесі тұрады екен. Келіншек бейтаныс жігітті оларға өзінің қорғаушысы деп таныстырып, біраз күн үйлерін паналайтынын түсіндірді.

Бет-аузының қалай-болса солай тігілгенінен, жарасының мазасын алып жүргенін сезген келіншек екі-үш күннен соң Дамирді алып, Стамбулға қарай жолға шықты.  Өзінде Ирак азаматының құжаты болғандықтан, қазақ  жігітіне төнген күдік пен қауіп зор еді. Соны білсе де, асқынып бара жатқан бетіндегі жарадан тез арада құтылмаса, іс насырға шауып, Дамир қайғылы жағдайға тап болудың аз алдында тұр. Қайда барса да тексерістен өте алмайтынын сезген жігіт ем-шараны үйден алмаққа бекінді. Ол қасындағы түрік келіншектің яғни Райфаның көмегіне сүйеніп, Стамбулдағы ең үлкен клиникалардың бірінде пластикалық ота жасаудың хас шеберімен кездесті. АҚШ долларының шетін көрген дәрігер-хирург Дамирге пластикалық ота жасауға бірден келісімін берді. Осының барлығы біршама уақыт алатынын білсе де, қазақ жігітінің басқа амалы болмады.

Дәрігер көп созбады. Келісілген мерзімде жігітті операция столына жатқызды.  Бетінің іріңдеп, жарасының асқынып бара жатқанын көрген ол дереу кешенді ем-дом алу қажеттігін түсіндірді. Ота да сәтті аяқталды. Бірақ беттегі дәкені шешу үшін кем дегенде жарты ай уақыт күту керектігін айтқан кезде жігіт үйден келіп-кетіп ем-шара алуға сұранады. Ондағы ойы – қайткенде де Әзербайжанға өтудің жолын қарастыру еді. Ақшаның күшімен, әрі дәрігердің келісімімен өзіне таныс үйге келген кезде ол өз көзіне өзі сенбеді. Райфа мұның жатын бөлмесін тазалап, ішін әдемілеп, мол дастархан жайып күтіп отыр. Әке-шешесі де, бала да мазасын алмасын дегендей, бөлменің есігі қатты жабулы. Өзіне деген игі құрметті содырлардан алған қаражаттың жартысын бергендіктен болар деп ұқты. Тек Райфаның өзіне деген ерекше ықыласы мен жаудырай қараған жанарындағы  сүйіспеншілікке толы сезімді бойына дарытқысы келмеді. Сүйіктісі Назгүлі санасын босатар емес. Райфаға қараған сайын, еліндегі аяулы қараторы қызы есіне түсіп, мазасы кетеді.

Қытай. Бейжіннен Қазақстанға шекарасы таяу, Шыңжан өлкесіне қоныстанған Эльдар ондағы қандастарын көріп, балаша қуанып қалды.  Берілген тапсырмаға орай, өзінің қазақ екенін ешкімге білдірмеу керек болғандықтан,  қытай тілін ана тіліндей етіп сөйлеуге дағдыланған-ды.  Сонда да қазақтардың қазақша сөйлескенін көрген кезде, өзі де оларға араласып кеткісі, қазақ екенін айтқысы келді. Бірақ олай етуге құқы жоқ. Оның мақсаты басқада. Шыңжан өлкесіндегі ұйғырлардың құрған топтары астыртын қару сатып алумен айналысатынын, оны осы Қазақстан арқылы ішкері өткізетінін, қарудың Америкадан келетінін және оның артында Хо Ша Тоның тұрғанын білді. Демек, Қытай елінде тұратын ұйғырлардың Хо Ша Тоның қаруларымен жасақтанатынын ешкім білмейді. Оны білетін бір-ақ адам бар. Ол – Ю Ли болатын. Қазақстандағы Қытай елшілігінде аудармашы болып қызмет атқаратын  Юра. Америкадан жеткізілетін қару-жарақты тиісті орындарға жеткізумен айналысатын Хоның ең сенімді серіктерінің бірі болатын. Оны Қазақстанда Ұялмастың қолынан өлгенін әзір ешкім білмейді. Эльдарға да осы сәтті пайдаланып, Хо Ша Тоның кезекті Қазақстанға өткізілетін қару толы керуенін әшкере етуі қажет.  Сөйтіп, Әл-Хамид пен Дермененің көңілінен бір шықса, екіншіден, өзіне берілген тапсырманы орындағаны. Оны мазалайтыны ауылындағы туыстарының басына төнген қауіп еді. Бұл турасында басшыларының хабардар екенінен күмәні бар жігіт туыстарын қалай аман алып қалу керектігін де жан-жақты ойлады. Бастысы, сол ауылдағы жансыздан бұрын өзінің қимылдауы керек.  Әл-Хамид пен Дермененің айтқандарына әзірге көне берсе, ақырындап елге де бір аяғы жетері сөзсіз. Эльдар өзінің жалдап алған пәтеріне келген кезде, үйдің ішіне тінту болғанын сезді. Көзге оғаш ештеңе көрінбесе де, ол өзінің қол компьютері мен басқа да заттарға түскен адам қолының іздерін байқады. Яғни оның Қытайға келгенін жергілікті тыңшыларда сезген. Үйдің ішінде де бақылау камерасы болуы мүмкін деп шешкен жігіт тым сақ қимылдауға көшті. Соңғы технологиялардың бірі – қол сағаты компьютер-рациясы болатын. Ол осы қол сағаты арқылы әлемнің кез келген жеріне хабар тастай алады. Неге екені белгісіз, осы бір сағатты ол ешқашан кәдесіне жаратпаған еді. Енді, міне, қытайлықтардың аяғы көп жүретін көшелерінің бірінде сағатымен әуреленіп келеді. Ол Бекболатқа жасырын сөздер арқылы өзінің нақты қай қалада және қандай мекенжайда орналасқанын хабарлады.

 

                                ***

Өзіне берілген тапсырманы тыңғылықты орындауға үйренген Назгүл Василичтің әр сөзі мен ісін қалт жібермеуге тырысты. Білгенінен білмегені көп екенін осы жаттығу барысында түсінді. Түсіне жүріп, алдағы кездесуге қажетті дайындықтардан өтумен қатар, жекпе-жек ұрыстарына тиісті спорттық шеберліктерін де жетілдірді. Айналасы бірер айдың ішінде бойжеткен өзін нағыз әскерилер қатарына қойды.

Эльдардың аман-есен Қытай елінде, соның ішінде Шыңжан өлкесіне орналасқанын естіген Бекболат дереу Назгүлмен бірге жолға шықпаққа дайындалды. Облыстық емханадан Қытай дәрігеріне көріну үшін қажетті құжаттарды еш кедергісіз жасатып алған екеу ерлі-зайыптылардың кейпіне еніп, Шыңжанға баратын ұшаққа отырды. Межелі жерге жеткен кезде, оларды қазақтың екі қариясы қарсы алды. Туыстар. Алдын ала дайындаған, Эльдар көрсеткен мекенжайға жақын орналасқан үйден пәтер жалдаған Назгүл мен Бекболат жұмыстарын алдымен емханаға көрінуден бастады. Ондағы сенімді серіктердің көмегімен емхана бөлмесінің алдында Эльдарды күткен екеу ұзағынан отырды. Ақыры, күткен адамы келмеген соң, олар дәрігердің қабылдауына кіріп, еріксіз үйлеріне қайтты. Бұл кезде қазақ жігіті де ауруханаға келген болатын. Сақтық жасап, артында аңдушының бар-жоғын білмекке басқа  дәрігердің қабылдауына кірген-ді. Ол соңынан ерген ешкімді байқамаған соң барып, сыртқа беттеді. Емхана алдында таксиге отырып жатқан Назгүл мен Бекболатты көрген кезде, еріксіз көзінен ыстық жас өз-өзінен ағып қоя берді. Еліне, жеріне, туған топырағына деген сағынышты мынау шөкімдей ғана келіншек өзімен бірге ала келген тәрізді.  Жүрегі орнынан қозғалып кеткендей. Көзіне қара көзілдірігін кие, басқа бағытты бетке алған Эльдар жолшыбай Ирактан өзіне еріп келген Әбумен кездесіп, оған Хо Ша Тоның қаруларының қай арнамен және кімдерге кетіп жатқанын хабардар етті.  Сондай-ақ тағы бір арнаның ұйғырлардың ұйымдасқан топтары құрып отырғанын да жасырмады. Енді жуық маңда Қазақстанға өтетін ірі қару-жарақ пен есірткі керуенін өзі бақылауға алатынын және оны мына жақтан кімдердің жіберетінін, ал Қазақстанда оны кімнің күтіп алатынын білуге ұмтылыс жасайтынын, ең бастысы, ол қарулардың Әл-Хамид пен Дермененің қолына қалай және қашан жететінін анықтайтынын жеткізді. Бұл хабарға қуанған Әбу Эльдардың қолына қомақты қаржы ұстатты.

Назгүл мен Бекболат екеуі көлікке отырып жатқан кезде,  сақшының қырағы көзі емхананың алдына асыға шыққан Эльдарды  шалып қалды. Сақтық үшін кездесуге келмегенін түсінген жігіт келіншегін көлікке отырғызып жүріп кетті. Олар ертең де осы жерде кездесетінін жүректерімен сезді.

Бағанағы Назгүлді көргеніне іштей қуанған Эльдар досы Дамир үшін марқайды. Нағыз қазақ қызына тән ибалық пен қайсарлықты көрсететін батыл жан. Көз алдына үшеуінің ауылдағы қораға жиналып, каратэмен айналысып жатқандары немесе ауыл сыртында үшеуінің атпен шапқылап жүрген сәттері елестеп, көңілі босады. Алайда қайсар жігіт алдағы жауапты тапсырмаларды орындау үшін орнынан сергек көтерілді.

Ертеңгі уақытта әйелін дәрігерге көрсетуге алып келген Бекболат кезек күтіп отырғандардың арасында Эльдардың да отырғанын көрді. Оны Назгүл де байқады. Бірақ қатал ережені ұстанған екеу оны танымайтын кейіп көрсетіп, Эльдарға қарама-қарсы тұрған орындыққа келіп жайғасты. Осыдан бір жыл бұрын өзі автобусқа шығарып салған балаң жігіттің айбарлы азаматқа айналғанын көрген Назгүл өз-өзін ұстай алмай басын Бекболаттың иығына төсеп, жылап жіберді. Бұл көрініс дәрігерге кіргісі келмей, қиналған ерке келіншектің түрін көрсетті. Бір-бірлеріне бес-он минут уақыттай үнсіз қадалып қараған үшеудің ойын кабинетке шақырған дәрігердің қатқыл дауысынан селк ете түскен Назгүл орнынан атып тұрам дегенше  шалқалақтап құлап бара жатты. Осы сәтті пайдаланған Бекболат пен Эльдар оны екі жағынан сүйемелдеп, дәрігерге алып кірді. Есіктен кіре бере айқасқан ыстық құшақтар мен ағыл-тегіл аққан көз жастар Бекболат пен Эльдардың бір-біріне нақты ақпараттар беруіне кедергі келтірмеді. Ол екеуі ауырсынып, әдейі ойбайлап креслода жатқан келіншектің екі жағына тұрып, ең қажетті хабарламаларды айтып үлгерді. Ең бастысы, бұл жолы Эльдар ирактыктар үшін ғайып болып, керуенмен Қазақстанға өтетінін баяндады. Сонымен қатар ауылдағы туыстарына қауіп төніп тұрғанын да айтып үлгерді. Арасында алақанындағы Назгүлдің қолынан қатты қысып, бетінен де сүйіп қояды. Дамир туралы білгісі келгенін ишаратынан білдірген келіншекке оның тапсырмалармен ішкері жақта қалғанын жеткізгенімен, оның көз жанарынан одан еш хабары жоқтығын Бекболат жақсы түсінді. Уақыттары тым қысқа болса да, Бекболат алдын ала дайындаған Зайсан шекарасы арқылы қалай өтуге болатын схеманы ұсынды. Бұл да болса жігіт үшін үлкен көмек еді. Сондықтан Эльдар көз ілеспес жылдамдықпен оны конфеттің жылтыр қағазына орап таңдайына жасырды.

Сөйтіп, айналасы үш минутай кездескен жігітті дәрігер кабинеттен кезек күте тұруын өтініп шығарып жіберді. Қайтадан орнына отырған Эльдар кезегі келгенде, дәрігерге қайта кірді. Бұл жерде ол дәрігерден өзінің алдын ала қалдырған ақшаны Назгүлге бергенін естіді. Көзді ашып-жұмғандай ғана болған кездесудің әсерінен Эльдар үйіне қалай тез жеткенін білмей қалды. Есіктен көңілдене кіріп, киімі мен сөмкесін стол үстіне қоя бергені сол еді, бірнеше ұйғыр азаматының тегеурінді күшті қолдары оны тыпыр еткізбеді. Олар қытай тілінде не үшін тіміскіленіп жүргенін, қайдан келгенін және қандай жұмыспен жүргенін сұрап, бұның басын тұқыртты. Алайда олар қанша қинаса да, ешқандай  нақты жауап ала алмады. Үйдің ішіне қойған камераларынан да, тыңдағыш аппараттарынан да ешқандай бөтен мәлімет ала алмағандарын ұйғыр тілінде бір-біріне жеткізген сөздерінен жігітті қатал бақылауда ұстау керектігін, сондықтан үйдегі камералар мен тыңдағыштарды әзірге қалдыра тұруын айтысты. Сонымен қатар ұйғырлар арабтардан бұрын Хо Ша Тоның қаруларын қолға түсіріп, оны  осы елде алып қалу қажеттігін де айтысты. Оның  Хо Ша Тоның қаруларының соңында жүруі  әбден мүмкін екендігінен күдіктенетіндерін де жасырмады. Десе де олар жігіттің кімнің адамы екенін анықтап алмайынша, оған тиіспеу керектігін де ескерді.

 

                                          ***

Түркия. Дамир – Аббар Хазал Стамбулдың шетіндегі қараша үйдің нағыз қожасына айналғандай. Бос жатқысы келмеген ол Райфаның көмегіне жүгініп, сол маңайдан базардан киім-кешек сататын дүңгіршек ашты. Оның негізгі тауарлары Әзербайжаннан әкелінетін болғандықтан, Дамир өзіне Түркиядан Бакуге еркін баратын кәсіпкердің куәлігіне тапсырыс берді. Бұл құжаттар оның Әзербайжаннан тауар сатып әкелуіне жол ашады. Ал оның арғы жағын Дамир басқаша жобалады. Ол өзінің бетіндегі дәкені шешкенше, Бекболатқа хабарласып, жуық арада Бакуде жолығатындарын белгіледі. Сөйтіп, жарты ай уақыт өткен соң, Дамир мен Райфа дәрігердің алдында отырды. Дәрігер де асығар емес. Дегбірсізденіп отырған қазақ жігітінің бетіндегі дәкені асықпай шешуде. Үнсіз көзін жұмып,  бір Алладан бет-бейнесін сол қалпында қалдыруын іштей тілеп отырған жігіт көзін ашқан кезде, қуанғанынан күліп жіберді. Бір көзі сәл-пәл кішірейіпті, ал бетінің бір жағында құлағына дейін тыртық пайда болыпты. Сонда да түрі әжептәуір өзгеріске ұшырағанына жігіт «тәубе» деді. Енді оған Қазақстанмен байланысқа шығуына толықтай болады.

 

                                                 ***

Ұлттық қауіпсіздік комитетінде істейтін жасырын адамымен Ұялмас қаланың шетінде ашық әңгімеге кіріскен. Ол адам белгісіз бір себептермен Бекболаттың өзінің әйелімен емес, басқа бір келіншекпен (туысы) Қытай еліне барып келгенін баяндады. Сонымен қатар олардың Ұялмасқа да, Жылқыайдаровқа да айып тағатындай ешқандай дәлел-айғақтарының жоқ екенін, сондықтан әзірге жағдай ешқандай қауіп тудырмайтынын жеткізді. Осылайша бір шама уақыт сөйлесіп, алдағы жоба-жоспарларын ортаға салған жігіттің сыбағасы деп қалтасына АҚШ долларының бір бумасын салған Ұялмас алдағы уақытта үлкен бір керуеннің келуіне тікелей жол ашуға көмек керек екенін, алатын ақшасының осындай үш есеге көбейетінін айтқан кезде, байланысшының көзі жайнап кетті. Ол келген ізімен тез кері қайтты. Ал Ұялмас бірден басқа бағыттағы Жылқыайдаровтың пәтеріне қарай бет алды.

Бір-бірлеріне қатты ұқсайтын Аслан мен Ұялмас-Әскербек  билярд ойнап жүріп, әңгімелерін жалғастыруда. Айналасы бір-екі айдың ішінде үлкен үш жүк көлігімен Қытай шекарасынан Зайсан арқылы қару-жарақ пен есірткі тиелген көліктердің жасырын шатқал арқылы жеткізілетінін, ол үшін сол маңдағы өздеріне тікелей қызмет ететін  шекаралық шенді басшылардың алдын ала аузын алып, тиісті ақшаларын беріп, жолды еш кедергісіз ашатындай етіп, әрі көліктердің аман-есен ішкері өтуіне барлық жағдай жасаулары қажеттігін талқылап, Аслан Ұялмасқа осы істермен тікелей өзінің айналысуы қажет екенін тапсырады. Бұл дегені – Аслан көптің көзіне түсіп, Астанада жұмыс кабинетінде отырады, ал Ұялмас оның формасын киіп, шекарадағы шенеуніктермен келісуге сапар шегеді деген сөз. Бұл жағдай бірінші рет емес, осымен үшінші рет қайталанып отырғандықтан, бұл тапсырманы Ұялмас еркін атқаратынына екеуі де өте сенімді. Онымен қоймай, Аслан Ұялмасқа шетелден қандай да бір қоқан-лоқы жасайтын адамдардың болуы мүмкін екенін де ескертіп, өздерінің заңсыз бөліске ортақтасқандарына кешірім болмайтынын айтты. Бұл дегеніңіз ешкімге ұнамайтыны белгілі. Аслан да, Ұялмас та мұны жақсы түсінді. Бірақ қалың ақшаның жолында және қазақстандық арнаны ұстап отырғанда, бұлар да ештеңеден тайынбайтындықтарын езулеріне үйірілген мысқылдарымен жеткізді.  Десе де Аслан мен оның жандайшабы Хо Ша Тоның сенімді серігі Юраның көзі жойылғаннан кейін, енді Иракқа қарай жол тартатын  оның қаруларын қолға түсіріп, Қазақстанда ізім-қайым жоғалтып жіберіп, оны басқа елдердегі содырларға  қымбатқа сатуға болатынын да ескерді. Екеуі де осында туристік сапармен келе жатқан Хо Ша Томен қалайда кездесіп, істі басқа жолмен шешу керектігіне тоқталды. Өйткені Қазақстан арқылы тек қана бір адамның тауарлары емес, Ауғанстаннан  есірткі, американдық қару-жарақтардың керуенімен қатар, Ресей мен Қырғыз ағайындарда арасында бастарын сұғып қояды. Десе де екі керуеннің тізгінін өздері ұстап отыру үшін Ұялмас пен Аслан Хо Ша Тоны өздерінің ырқына көндіруге бел байлады.

 

                                          ***

Америкадан  қару-жарақ тиелген керуеннің жуықта Қытайға жеткізілетінін естіген Дермене мен Әл-Хамид бірден Хо Ша Тоға телефон шалып, істің оңды шешіліп келе жатқанын жеткізді. Енді сол керуенді оның өзі Қазақстанда күтіп алып, Орталық Азияға қарай өткізу қажеттігін тапсырады. Жан-жақтан қысымшылықтың келе бастағанын түсінген Хо Ша То жылдамдатып, мәселені өзі шешпекке туристік жолдамаға тапсырыс берді. Оның Қазақстан шекарасынан өтуге тура екі ай уақыт бар.

 

                                        ***

Стамбулдағы киім-кешек дүкенін Райфаның атына жаздырып, Әзербайжан шекарасынан әйелі екеуінің атындағы жалған құжатпен өткен Аббар Хазал-Дамир Бакудегі ауқатты адамдар орналасатын қонақүйге келіп түсті. Дәл осы қонақүйдің басқа бөлмесінде жергілікті патриот- шенеуніктердің көмегімен Бекболат пен Назгүл орналасқан еді. Сырқаты асқынған Назгүл осындағы атақты емшіге көрінуге келген болатын. Сондықтан олар Қытай еліне қарағанда, мұнда өздерін сәл де болса  еркін сезінді. Оның үстіне, бұл екі адамды сыртынан қорғап жүрген адамдарда жеткілікті. Алдын ала келісілген тәртіп бойынша Бекболат пен Назгүлдің бөлмесіне Дамир қонақүй қызметшісі болып кірді. Айнала қойылған бейнекамералардан асқан ептілікпен ішке кіріп үлгерген жігітті басында екеуі де танымай қалды. Тек көз жанары жасқа толып кеткен қазақтың жігітінің аузынан шыққан «амансыздар ма» деген сөзінен екеуі де естерін тез жинап ала қойды. Алдымен Бекболат Дамирді  «Бар екенсің ғой, бауырым сол!» деп айқара құшақтай алды. Айналасы бір жылдың ішінде, түр-тұлғасының адам танымастай болып өзгергенін көрген Назгүл ішін ұстаған қалпы орнынан тұра алмай, қобалжып кетті.

– Жаным менің!

Сүйіктісін ыстық құшағына алған Дамир оны аймалап сүйе берді, сүйе берді. Қыздың көзінен толассыз аққан жастан басқа, аузынан сөз шығар емес.

Қазақстандық үш патриот өзара ұзақ сөйлесті. Елге келмекші болған Хо Ша Тоны, Қытайдан жасырын жол арқылы өтпекші болып отырған Эльдарды, екі жігіттің де отбасының басына төнген қауіптің алдын алуды жоспарлады. Басты мақсат: Аслан Жылқыайдаровты нақты айғақ-дәлелдермен құрықтау екенін де ұмытпады.

 – Мұндайда, – дейді Дамир басшысының көзіне тік қарап, – ең алдымен Ұялмасты ұстау керек, сосын сол арқылы Асланды құрықтаған дұрыс. Ол үшін Ұялмастың Асланмен байланысатын жасырын ұялы телефонын, кездесетін нақты ұяларын анықтап, ол жерлерге қатал бақылау қойып, олардың кездесетін жерлерін жер серігі (спутник) арқылы анықтап отыру керек. Екеуінің де соңғы техникалық ақпараттардан хабары бар көзі ашық, не нәрсені болса да аса сақтықпен жасайтын әккі адамдар екенін естен шығармаған абзал. Сондай-ақ Қазақстанда Хо Ша То Асланмен емес, оның екінші сыңары – Ұялмаспен кездеседі. Олардың не айтқандарын мүмкіндік болса тыңдаған абзал.

 Өз ойын ортаға салған Дамир арасында сүйіктісін құшақтап, маңдайынан сүйіп қояды. Өз көзіне өзі сенер емес. Ол екеуінің оңаша қалғысы келіп отырғанын түсінген Бекболат Дамирдің үстіндегі киімдерін өзі ауыстырып киіп, бөлмеден шығып кетті.

 – Назгүлім, сені енді көрмейтін шығармын деп ойлаған едім. Олай болмағаны қандай қуанышты. Мен бақыттымын. Сені көрдім. Енді Эльдарды көрсем болғаны.

– Бет-аузыңа не болған? Жалпы сені кім осынша түбегейлі өзгерткен?  Менің бір кездегі балаң Дамирімнің ересек еркекке айналуына не себеп?

 – Жаным, ең бастысы –  біз біргеміз ғой. Қалғаны – азаматтарға тән шаруалар. Алаңдама, бәрі жақсы болады.

– Мен жақсы болатынына сенімсізбін. Жасап жүрген шаруаларың жай адамдардың шаруасы емес, аса қауіпті жұмыстар екенін түсіндім. Сондықтан күні-түні сені бір көрсем деп армандадым.

Назгүл тілін тістей қойды. Ол Бекболатқа берген уәдесін естен шығарып, сүйіктісіне бар болған-көргенін айта бастағанын  сезді. Келіншектің де өз ісіне мығымдылығын байқаған Дамир оны қайтадан аймалап кетті.

– Білемін, жаным, білемін. Қытайға барып, Эльдармен кездестіңдер. Жақсы,  енді өз-өзіңе сақ бол. Қаражаттан таршылық көрмейсің. Сәті түскенде, үйлену тойын жасармыз. Әзірге осы істі шегіне жеткізсек болғаны. Бүгін кешке елге қайтасыңдар. Мені көргеніңді ешкімге айтпассың. Көктен түскендей бір күні қасыңнан табылармын. Оған аз уақыт қалды. 

Сүйіктілердің көп отыруына мұрша болмады. Есіктен абайлай басып кірген Бекболат ажырайтын уақыттың келгенін өзінің ымымен түсіндірді. Қонақүй қызметкерінің киімін қайта киген Дамир Назгүлдің қолын алып, Бекболаттың қолына ұстатты. Ондағысы «оның өмірі сіздің қолыңызда»  дегені екенін үшеуі де түсінді.

Дамир бөлмеден шығып, қызметкерлер бөлмесіне кіріп, киімдерін ауыстырғанша, Бекболат пен Назгүл де қонақүйден шығып кетті. Олар атақты балгерге кіріп, сол жерден нақты ем-дом шараларын алған соң, бірден әуежайға тартты. Жүрегін қуаныш кернеген Дамир Райфаны ертіп, Бакудің көрікті жерлерін аралады. Оған бір-екі бағалы сыйлық тарту етті. Онысы – «көрсеткен жақсылықтарың үшін рахмет» дегені. Дамирдің тегін адам еместігін Райфа алғашқы Сирияның шекарасынан өтер кезде-ақ білген. Оның әскери дайындығы, жылдам қимылдайтыны, не нәрсені ойланып барып істейтіндігі, әйел адамдарға деген ерекше құрметі оның жаман адам еместігін көрсеткен. Осыдан кейін өзінің де оған деген ішкі сезімінің бұлқынып, бой бермей жүргенін, өзін Аббар Хазалмын деп таныстырған жігіттің нағыз араб еместігін де сезген-ді. Бірақ кім болса да, жаны таза адам екеніне көзі жеткен. Сондықтан болар, оның қасында жүргеніне іштей тәубе дейді. Ал бүгін ол ерекше қызмет көрсетіп жүр.  Көңіл-күйі де тым көтеріңкі. Арты  жақсылық болғай.

Келіншектің өзіне дегені сезіміне селкеу түсіргісі келмеген жігіт  Бакуде уақытша қалатынын, ертең оны Түркияға шығарып салатынын, ондағы бизнесті   Райфаның өзі басқаратынын түсіндіріп көріп еді, ағыл-тегіл жылап қоя берген ол Дамирдің қолынан ұстай алды.

– Сенің кім екеніңде шаруам жоқ, тек менің қасымда, біздің үйде жүрші. Қаласаң, артық ештеңе сұрамайын. Бизнесің де өзіңде қалсын. Бізге берген қаражатыңды да қайтарайын, тек осында қаламын демеші, Түркияға бірге кетейікші.

– Райфа, сен ақылды әйелсің. Батылсың. Менің араб емес екенімді сездің де. Бірақ бұл біздің кездесуімізге кедергі келтірмеді. Маған көп жақсылық жасадыңдар. Екеуімізде ерлі-зайыпты деген құжат та бар. Сендер – менің  екінші үйімсіңдер. Міндетті түрде келемін. Тек біраз шаруаларымның шеті шығып қалды. Соны аяқтайын. Келемін, уайымдайтын, жылайтын ештеңе жоқ.

 Иә, әйел әйелдігін көрсетіп, ағыл-тегіл көз жасына ерік берсе, азамат азаматтығын көрсетіп, оны жұбатумен болды. Екеуі бөлмеге келген кезде, Райфа оны төсекке қарай жетеледі. Түрік келіншегінің кетер кезде өзімен жеке болғысы келетінін түсінген Дамир ақырын ғана маңдайынан сүйіп, басқа артық қимылға бара алмайтынын  қараған көз жанарынан сездірді. Неге екені белгісіз, өзін кеудесінен итергендей болған жігіттің артық қылыққа бармайтынын түсінген Райфа да оны қинамады. Тек теріс қарап үнсіз жатып қалды. Ертеңінде, айтқанындай, екі адам Баку-Стамбул ұшағына отыру үшін әуежайға келді. Қасындағы жүрегінен орын алған азаматтың шетелде қалып бара жатқанына жаны ауырса да, Райфа босаңсымады. Жүрегімен ұнатқан қазақ жігітін қатты құшақтап, бетінен сүйді де:  «Бәрібір мен сені күтемін, Стамбулдағы үйден ешқайда көшпей, бір өзіңді тосатын боламын», – деді. Дамир де көп жақсылығын көрген аяулы жаннан ажырап бара жатқанына қиналса да, білдірмеді. Тек соңғы рет оны ыстық құшағына ала бетінен, ернінен аялап ұзақ сүйді.

Сөйтіп, Райфаны ұшаққа отырғызып жіберген Аббар Хазал-Дамир көп бөгелместен қонақүйге келіп, сөмкелерін жинастырып, Өзбекстанның астанасы Ташкентке жол тартты. Ондағы ойы тездетіп Қазақстанға өтіп, ауылдағы туыстардың басына түскен қауіптің алдын алу болатын. Алған тапсырмасы да осы.

 

                                ***

Қытай ұйғырларының өзіне көрсеткен қысастықтары мен өзара сөздерінен Эльдар Америкадан келетін қару-жарақ керуенін осындағы Әл- Хамидтің адамдарынан бұрын,  мынау ұйғырлардың тосып алатынын ұққан болатын. Оның үстіне, уақыт та тығыз. Сондықтан ол жедел түрде Бекболат көрсеткен картадағы Зайсан арқылы өтетін жасырын жолдың қанша уақыт алатындығын анықтап көрмекке шекараға қарай бет алды. Жолшыбай Тарбағатай тауының бөктерінде орналасқан қойлы ауылға ат басын тіреп, маңайына шолу жасады.  Бұл ауыл айналасы он сегіз-жиырма шақырым Шығыс Қазақстан облысына таяу жатыр. Негізінен, Үржар ауданына қарасты Бақты бекеті облысқа  тым таяу болғанымен, неліктен Зайсан өңірінің алынып отырғаны түсінікті. Өйткені ол жермен үлкен Қытай-Алматы трассасы өтеді. Трассаның бойымен күні-түні ағылып жатқан жүк көліктері қару-жарақ тиелген керуеннің осы жолдың бойымен басқа  сүрлеуге түсетінін аңғартпауы да мүмкін. Контрабандалық керуенді тек Эльдар ғана алып өтуі тиіс те және бекітілген жоспар бойынша бұл жолда қазақтың жігіті ғайыптан оққа ұшады, немесе ізім-қайым жоғалып кетуі тиіс-ті.

 

                           ***

Хо Ша Тоның Астана әуежайына келіп түскенін Ұлттық қауіпсіздік те, Ұялмас та, Аслан Жылқыайдаров та біліп, аңдып отыр. Қасына ерткен әйелі ме, әлде қызы ма, белгісіз,  жас келіншек бар. Олардың артында өздерін бөтен адамдардай көрсеткенімен, «қонақтың» оққағарлары екенін білдіріп тағы екі-үш жігіт еріп келеді. Қонақтар шетелдік туристер екенін көрсеткісі келген адамдай еш алаңсыз, алдарына келген таксимен Астана қаласындағы ең әдемі қонақүйлердің біріне түсті. Алыстан келген  шетелдіктерді ерекше ықыласпен күтіп алған қонақүй қызметшілерінің төрт-бесеуі Ұлттық қауіпсіздіктің адамдары болса, қалғандары – Ұялмастың қойған адамдары. Алдын ала қауіпсіздік тексерген тізімдегі адамдардың Хо Ша Тоның келуіне екі-үш күн қалғанда өзгеріске ұшырағанынан қызметкерлер олардың  үлкен мафияның өкілдері екенін анықтады. Демек осы топ Аслан мен Ұялмастың Хо Ша Томен кездесуіне мүмкіндіктер жасайды деген сөз. Яғни, Ұлттық қауіпсіздіктің бір көзі келген қонақтарда болса, бір көзі Ұялмастың адамдарында болуы қажет.

 Бекболат кабинетіне кірген бойда Дамирге қоңырау соқпаққа бірден далаға, ел қарасы көп жерге қарай бет алды. Дамир де қол сағатына қарай бергені сол еді, басшысының қоңырауы келіп түскенін көрді. Ол жалмажан сағатын шешіп, оны түзеген болып, бастығынан тез арада Астана қаласына жетуі керектігін естіді. Түркия елінің азаматы, кәсіпкер Аббар Хазалдың құжаттарын қайтадан қолына алған Дамир де Ташкент әуежайына келіп, Астана қаласына баратын ұшаққа отырды. Екі жылға жуық елінің бір уыс топырағына зар болған азамат өз Отанының ұшағына отырып, дәл қарсы алдына, ұшақ төріне ілінген көк байрақты көрген кезде, еріксіз орнынан тұрып кетіп, қайта отырды. Оның көз алдында сол балалық шақтағы үшеу, ат үстінде шапқылап, немесе тау мен тасқа өрмелеп шығып жүргендері. Әне, ата-анасы көз жасын сүртіп, бұның фотосуретіне қарап тұр. Ол ұйықтап кетті. Тек борт серік қыздың ұшақтың енді бес минуттан соң Астана әуежайына келіп қонатынын хабарлаған кезде ғана Дамир көзін ашты. Алдын ала келісілген ереже бойынша ол да Хо Ша То орналасқан қонақүйге келіп, оның бөлмесіне көршілес бөлмеге орналасты. Ешқандай артық сезік тудырмастай болып, қаннен-қаперсіз бөлмесіне келіп орналасқан қазақ жігіті, бірден әжетхана бөлмесіндегі арнайы алдын ала қол жуатын раковинаны орнынан жылжытып, оның артына жапсырылған плиталарды ақырын бір-бірлеп алып, Хо Ша Тоның бөлмесіндегі әжетханаға апаратын жолды тексерді.  Әзірге сезікті ештеңенің жоқтығын сезген жігіт Хо Ша Тоның мейрамханаға кешкі асқа баратын мезгілін  күтсе де, ол бөлмеде американдық бизнесменнің бір адамының күзетіп қалатынынан хабардар еді. Шегінетін жер жоқ, не болса да қауіпке бас тігіп, Дамир бөлмеге жасырын жол арқылы кіреді. Бағына қарай, күзетшінің еш алаңсыз, теледидарды бар дауысына қойып, музыка тыңдап отырған үстінен түсті. Осы сәтті оңтайлы пайдаланған жігіт, оны талып қалатын дәрімен тұншықтыра иіскеткен соң, небәрі үш минут ішінде тың тыңдау аппараты мен бейнекамерасын бөлменің орталығы мен әжетхана ішіне қойып, келген ізімен кері қайтып үлгерді.  Бұл кезде есін тез жинаған күзетші не болып, не қойғанын өзі де ұқпай қалған болуы керек,  сол бойы ешкімге жақ ашпады.

Мейрамханадан келген қонақтар қыдыру сапарын жалғастырмастан бұрын Ұялмаспен байланысқа шығу қажеттігін ойластырады. Қауіптің алдын алу үшін, Хо Ша Тоның қасындағы оққағарының бірі әжетханаға кіріп, суды сарылдатып ағызып қойып, Ұялмастың ұялы телефонына қоңырау шалады. Қатты сарқыраған судан түк ести алмаған Дамирдің бар ұққаны – олар Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ауданындағы демалыс орнына баратынын, кездесудің сол маңда болатынын ескертеді. Мұны естіген Дамир бірден Бекболатпен жасырын кездесіп, Ұялмастың түр-түсімен, бар білетін қасиеттерімен жіті танысты. Түрі сұсты, дене бітімі өзінен үлкен адамның бейнесін көрсететін Ұялмастың әскери және еркін жекпе-жек спорттарының шебері екенін бастығынан жаңа естісе де, Дамир селт ете қоймады. Кез келген батырдың  бір осал тұсы болатынын ол жақсы біледі.

 Күтімге алған қонақтардың бөлмесіндегі үнсіздікті, артық қимыл-әрекеттің болмағанын жеткізген Ұялмас адамдарына, ол жерден кету керектігін ескертті.  Қонақтардың Катонқарағайда кездесуге шақырғанын қабыл алған жандайшап өзінің адамдарына, Катон жеріндегі демалыс базасын тексеріп, қажетті қауіпсіздікпен жасақтауды қатаң тапсырды. Сөйтіп, екі  адам:  бірі – Ұлттық қауіпсіздік болса, екіншісі, – ұйымдасқан мафиялық топтың Қазақстандағы баскесері Хо Ша Томен кездесу үшін Катонға қарай бет алды.

Шығыстың төріндегі атақты Рахман қайнарына дем алуға келе жатқан Американың атақты бизнесменін өңірдің әкімшілігі бар ықыласпен қарсы алып, оның осы  туристік сапарынан үлкен жарнама жасау мақсатында барлық мүмкіндіктерді пайдаланып қалмаққа ұмтылуда. Бүкіл баспасөз құралдары мен операторлар, әкімшіліктің адамдары, оққағарлар, басшылар бірнеше көлікпен Хо Ша Тоны алып жүр. Бұл Ұялмасқа көмек болмаса, еш кедергі келтірмеді. Ал, керісінше, Дамир олардың қасына жолай алмады. Оның да күткені – Ұялмаспен осы жерде кездесу еді. Бірақ ол ауаға тарап кеткендей қарасы көрінбеді. Рахман қайнарының көрікті бөлмелерінің біріне орналасқан облыс әкімі мен Хо Ша То екеуінің арасында бір-бірлерімен ынтымақтастықта жұмыс істеу турасында келісім шарасын өткізу жоспарланғандықтан, ойға алған істі жүзеге асыру үшін құрметті қонаққа қазақи қонақжайлылық көрсетілді. Солардың бірі – марал мүйізінен алынған қанға, яғни пантаға түсу. Бассейнге келген кезде өздігінен ішке кіре алмасын білген Дамир қайткен күнде де тыңдайтын аппаратты Хо Ша Тоның пантаға түсетін жеріне қойып үлгеру керектігін естен шығармасада, Ұялмастың да бассейін ішінде жүргеніне күмәні болмады. Мұндайда, сақтық аса қажет. Жылқыайдаровтың тікелей бұйрығымен астыртын қойған қызметкерлерге өз адамы екенін ескерткен Дамир панта бассейніне еркін кірді.  Кіруін кіргенімен, тыңдағыш құрылғыларды қайда қоярын білмеді. Кезіндегі Василичтен алған дәрісі осы жерде іске жарады. Жіті қимылдаған қайсар жігіт тезарада бассейн іші мен сыртына жасырып үлгерді. Енді тағы бір маңызды жер, ол – шайынатын бөлмеге де құрылғыны орнату.  Дамир аяғын мысықша басып, бөлмеге жақындай бергені сол еді, ол жерден асқан сақтықпен шығып бара жатқан адамды көріп, жасырына қалды. Бұл Ұялмас болатын. Оны Дамир де айтпай-ақ таныды. Қылмыскер ұзай бергенде, бөлмеге енген қазақ жігіті тыңдағыш құрылғыны ағаш арасына жасырып үлгергені сол еді, оның қайтадан кіріп келе жатқанын көрді. Қайда жасырынарын білмеген Дамирдің есіне кенет Ирактағы Эльдарды қамап ұстаған ғимараттың төбесіндегі әйнекке керіліп жабысқаны есіне түсіп, сол қимылды қайталап, босағаның үстіндегі төбеге керіліп тұра қалды. Төбеге қарауға мұршасы болмаған Ұялмас әкелген заттарын қоя салысымен, кері шығып кетті.

 

                                                 ***

Ұялмастың Шығыс өңіріне кеткенінен хабардар Бекболат сонау ауылға барған жолдағы  бетперделерін жапсырып, өзі ізіне түскен қылмыскердің үйіне қарай бет алды. Ондағы ойы – оның қаладағы пәтері мен ауылдағы үй-жайына жасырын тінту жүргізіп, Асланмен тікелей байланысатын телефонды табу болатын.  Әккі қылмыскердің пәтеріне еркін кіруге бет алған Бекболат пәтер есігіне біліндірмей жапсырылған жіңішке жіпті байқады. Оның құйтырқы сақтығын сезген  қызметкер де асқан сақтықпен қимылдап, пәтердің еш жеріне қолының ізін тигізбестен, алдымен көзімен шолу жасап, сосын барып, тексеруге кірісті. Алайда сезікті ештеңе таппады. Қырағы көзі, төбедегі ауа өтетін тордың ішіне түсіп, жасырылған пәтер құжаттарын алып, оны фотоға түсіріп алды. Ендігі кезек қала шетіндегі үй екенін түсінген ол келген ізімен кері қайтып, бағанағы жіпті орнына жапсырып, есіктен шығып кетті. Қала шетіндегі оның үйіне жақын келген кезде, көлігін көзге елеусіз жерге қойып, тінтуді қора-жайдан бастауды жөн санады. Асқан жеңіл қимылмен қимылдағаны соншалық, оның жүрісін есік алдында байлаулы жатқан үлкен ит те байқап үлгермеді. Қораға жылдам жасырынып үлгерген Бекболат телефонды қайдан іздеуді білмеді. Үй ішінде байланыс құралын жасыруы мүмкін емес. Әйелі, балаларына сезік  тудырмас үшін оны не осы  өзі ғана кіретін  қора-жайға немесе басқа жаққа тығуы ғажап емес. Қызметкер көп ойланып тұрмады. Қуыс-қуысты, ағаштардың артын, сезікті деген жерлерді бәрін қарап шықты. Алайда түк таппады. Кенет оның көзіне төбеге ілініп тұрған ескі костюм түсті. Костюмді абайлап қолына алған кезде байқады, жағасының астында жасырын телефонның белгісі келетін түймедей құрылғы жапсырылыпты.  Киім ілінген бөрененің түбінде кішкентай ғана телефон жасырылғанын көрген Бекболат тіптен қуанып кетті. Көп  аялдамаған ол жылдам өзінің қалтасындағы құрылғы мен телефонның кодына Ұялмастың құрылғыларының кодын көшіріп алып, ешкім білместей етіп қайтадан орнына қойды. Үлкен іс тындырған батыл басшы келген ізімен кері қайтты.

 

                                ****

Міне, қасына ерткен бірнеше оққағарларымен Хо Ша То бассейнге кіріп келеді. Облыс әкімі мен бірнеше мемлекеттік қызметкер ірі бизнесменге қонақжайлылық танытып, құрақ ұшып жүр. Олардың арасында қолында  алдын ала келісілген бойынша белгісі бар, орамалды иығына артқан Ұялмас та жүр. Оны Хо Ша То бірден осы орамал арқылы таныса да, танымаған кейіп танытты. Ешқандай сезік тудырмас үшін Дамир өз бөлмесіне келіп, тыңдағыш құрылғыларды іске қосып, келген қонақтардың әңгімесін тыңдауға көшті. Жалпы, кездесу барысында әдетте артық ештеңе айтылмайтын болғандықтан, әңгімелер облыс әкімімен екеуі арасында аудармашы арқылы ғана өрбіп отырды. Бір кезде ар жақта Ұялмастың дауысы естілді. Онда ол алыстан келген қонаққа шайынатын бөлмеге баруына болатынын, ол жердің дайын екенін ескертті. Бұл ескертуге елең ете қалған әкім де бірге бармақшы болып еді, Хо Ша То кешірім сұрап, жалғыз өзі жылдам шайынып шығатынын жеткізді. Панта бассейнінен жеңіл көтерілген Хо Ша То Ұялмастың соңынан еріп, шайынатын бөлмеге енді. Дамир де құлағын тігіп, бар дауыстарды жазып алуға тырысуда.  Бөлмеге ене салысымен, Хо Ша То бірден қаһарына мініп, кездесуге неге Асланның өзі келмегенін, Қазақстаннан кеткенше қайткен күнде де оның өзімен кездесуі керек екенін талап етті. Сонымен қатар Қазақстан каналдары арқылы өтетін қару-жарақтардың сапасының төмен болатынын, оны жол ортада кімдердің айырбастап алып қалып отырғанын, керуеннің не себепті Қазақстанда көп тұрақтап қалатынына жауап алатынын да қатал ескертті. Алдағы келетін тағы бір керуеннің тікелей Иракқа өтуіне бар жағдайды жасамаса, онда Асланның да және оның басқа да жандайшаптарының да бастарына қауіп төнетінін Хо Ша То жайлап отырып жеткізсе де, кездесуді осы соңғы үш-төрт күннің ішінде ұйымдастыруын ызғарлана талап етті. Ол көп отырмады, шайынатын бөлмеден жылдам кері оралды.

Дамир болған әңгімені жедел түрде Бекболатқа жіберді. Бекболат өзінің тікелей басшысы Әділ Әшірбекұлымен бірге тыңдап, ендігі жерде Аслан мен Хо Ша Тоның кездесуін тыңдап, таспаға жазып алса, бұлтартпас айғақтың көзі сол болар деп шешті.  Сонда да екі ақшақұмар содырдың кездесуінің болмай қалуы да мүмкін екенін естерінен шығармады. Сонда да уақытты оздырмай Бекболат тікелей арнаулы адамдары арқылы оларға электриктердің киімдерін кигізіп, Аслан мен Ұялмастың жасырын үйлерінің маңайына бейнекамералары мен алыстан дауыс күшейткіштерін іске қосу жұмыстарына кірісіп кетті. Осы кездесу барысында Аслан Жылқыайдаровқа тиесілі барлық дәлелдер жинақталса, онда оның көп ұзамай қолға түсетіні де белгілі.  Не болса да асықпай, әр адамның өмірін қауіпке тікпей, бұл жоспарды іске асыру операциясын Әділ Әшірбекұлы мен Бекболат тікелей асқан құпиялықпен қолдарына алды. Олар әр минутты, әр істелген жұмысты жіпке тізгендей етіп қадағалады. Мұндайда, әрине, сабырлылық сенімді серігің екені белгілі. Бекболат Дамирге қоңырау шалып, ойға алған істерінің оңды аяқталғанын хабарлап, енді Эльдарды күтіп алу жоспарына дайындалуды  тапсырды.

                             ***

 

Шыңжаннан  бірнеше шақырым жол шығып, Үржармен шектескен шекарадан Зайсан арқылы өтетін шекараға дейінгі жол аумағын зерделей зерттеген Эльдар керуеннің өтетін жасырын жолын да байқады. Ол Қара Ертіс бойымен өтетін қара жол еді. Демек керуенді Зайсан шекарашылары бекеттен емес, сол жердегі шектеліп жатқан Маңырақ пен Сауыр таулары арқылы өткізетінін, ол жерден оларды  Қазақстандағы қару-жарақ пен есірткі саудасымен айналысатын үлкен топтың күтіп алатынын да білді.  Егер де  контрабандалық керуенді жолдан бұрып әкетіп, жасырын керуенді осы жолға түсіріп жіберсе, онда Эльдар өз-өзін із-түзссіз жоғалтып жіберуіне мүмкіндік алады. Егер оның тірі әрі Қазақстанға өткенін білсе, Дермене мен Әл-Хамидтің құрған торына өзі де, туған-туыстары да түсетіні белгілі жайт. Оның соңы үлкен қарулы қақтығысқа да әкелуі мүмкін.  Сондықтан қауіпсіздік комитетіне де, Дерменеге де, тіптен  Қытайдағы арабтар мен соңына шам алып түсетін ұйғырлар үшін де ең ұтымды уақыт өзін-өзі жоғалтып жіберу. Жоғалғанда да ол еліне келіп жасырынбақ. Осыны ойлаған кезде қазақ жігіті еріксіз басын шайқап-шайқап жіберді. Бір жағынан, жүрегін жайлаған туған жеріне деген сағынышы болса, екінші жағынан,  өзінің және туыстарының өміріне төніп тұрған үлкен қауіптен сескенді.

Келген жолымен кері қайтқан Эльдарды тағы да кешегі ұйғырдың  содырлары қарсы алды. Есіктен алаңсыз кірген қазақты  аяусыз соққыға жығып, қол сөмкесін ақтарғанда, іздегендерін таппады. Шыңжаннан неге шет шығып келгенін сұраған кезде де, Эльдар ауылдың шаңы шыққан тыныс-тіршілігін сағынғанын, сондықтан да жаз жайлауға барғанын жеткізді. Қазақ жігітінің айтқан уәжін құлақтарына да ілмеген ұйғырлар керуенді аман-есен қолға түсіру үшін, мына жігіттің көзін жою керектігін, егер мұны өлтірмесе, оның үлкен кедергі келтіру мүмкіндігінен қорықты. Сөйтіп,  асқан жылдамдықпен Эльдардың қарсыласқанына қарамастан, қол-аяғын байлап, шалқасынан ванна ішіне жатқызып, суды ағызып кетеді. Есін тез жинаған батыл жігіт бар күшін жинап, ванна ішінен басын көтеріп шығарады да, сосын денесін сыртқа шығарады. Артқа қарай шалқайып, шұлығына жасырылған өткір лезвияны алып, алдыменен қолын, сосын өзін арқаннан босатады. Бірден суды өшірген Эльдар жедел Бекболатқа екі үш күннің ішінде керуенді ұстамақшы болған Қытай ұйғырларының көзін құртатынын, сосын керуенді Дермене мен Әл-Хамидтің берген жоспары бойынша Зайсан шекарасына қарай бастап апаратынын хабарлады. Бұл хабарды ала салысымен, Бекболат пен Әділ Әшірбекұлы қауіпсіздік қызметінің білікті басшыларымен бас қосып, үлкен жасырын жиналыс өткізді. Олардың арасында Асланның жансызы бар екенін білетін Бекболат жиналғандарға Зайсан бекеті арқылы Қытайдың қару-жарақ тиелген контрабандалық керуенінің өтетінін және бар күшті сол Зайсан бекетіне шоғырландыру қажеттігін түсіндіріп, жалған ақпарат береді. Асланға бұл хабарды жеткізетін адамның кім екенін іштей сезген қауіпсіздік қызметкері оның соңынан аңдушы қояды. Сезігі секем тудырмаған басшының айлалы әрекетінен бейхабар қызметкер сол кабинеттен шыққан бойына өзінің кабинетіне барған жерден бірден Асланның телефонын тереді де, болған жайтты баяндайды. Ал оның артында алдын ала кабинетке кіріп, жасырынған қауіпсіздік қызметінің басқа чекисі телефондағы әңгімені үнсіз таспаға жазып үлгерді. Осы кезде кабинетке баса көктеп кірген Бекболат бастаған бірнеше адам қылмыскерді жасырын жол арқылы ғимараттан алып шығып, арнайы адамдар отыратын жерге қамайды.

Жансызынан алған хабардың анық-қанығына көз жеткізе алмаған Аслан Ұялмастың телефонына қоңырау шалады. Хо Ша Тоның демалысы аяқталып, ол облыс орталығынан Астанаға бет алған уақытында, Ұялмас та оның артынан ерді. Алайда Астанада оның Асланмен кездесемін дегені орындалмады. Қасындағы оққағарларының бірі Қытай ұйғырларының Дерменеге сатылған қару-жарақты қолға түсіруге әрекет жасап жатқандарын хабарлады. Бұл жайсыз хабарды ести салысымен, Хо Ша То өзінің жасырын технологиясы арқылы Әл-Хамидке болған жайды хабардар етеді. Сөйтсе де, келе жатқан үлкен керуеннің Қазақстанға аман-есен өтуіне қытайлықтардың кедергі болатыны Хо Ша Тоны біраз есеңгіретіп тастады. Егер қару мен есірткілер Дерменеге жетпейтін болса, онда бұл жолы Хо Ша Тоны ешкім аямайды. Алыстан тізілген көліктердің соңын аңдып келе жатқан Ұялмас  жол бойына тоқтап, көліктің артынан алынған арнайы аппараттармен сөйлесіп тұрған Хо Ша Тоны дүрбісі арқылы анық көрді. Оның аузының ашылып-жабылғаны мен еріндерінің қимылына қарап, араб тілінде келе жатқан керуенге қауіп төнгенін  айтып тұрғанын түсінді.

Бұл жағдайдың барлығын Ұялмас Асланға баяндаған сайын, олардың арасындағы әңгімелерді Бекболат өзінің кабинетіндегі қосалқы бөлмедегі аппараттар арқылы естіп-біліп отырды. Өз кезегінде басшы Қытай чекистерімен келісімге келіп, олардың керуенді Қазақстанға қарай өтуіне көмек көрсетулерін және күншығыс еліне ұйымдасқан қылмысқа қатысты мәліметтерді беретінін уәде етті. Басты талап – Эльдарға екі жақтың адамдарының көмегі керек.

Аслан Ұялмасқа Шығыс өңірінде қалып, Зайсан бекеті арқылы өтетін керуенді қарсы алуын, ол жақтағы шекарашыларды ың-шыңсыз айтқанына көндіріп, керуенді ішкері  алып өту керектігін қатал тапсырып, Бекболаттың берген ақпаратын тағы бір тексеруді ұмытпауын өтінді.

Өскеменнен тікелей Зайсанға қарай тікұшақпен ұшқан Ұялмас жолай Асланға тиесілі шендік киімдерді ауыстырып киіп, шекараға министрдің өзінің келе жатқанын хабарлады.

 

                                                           ***

Америкадан қару-жарақ пен есірткіге толы үш үлкен жүк көлігін, жергілікті баскесерлерден құралған әскери күштердің қоршап-қорғап келе жатқанынан хабардар болып отырған ұйғыр азаматтарының күткеніне бүгін екінші күн. Алыстан ор қазып, сонда орналасып, заманауи қарулармен қаруланған ұйғырлардың орналасқан жерін нақты тапқан Эльдар тез арада Әбу арқылы Әл-Хамидке хабарлап,  Қытай жеріндегі  содырларын көмекке жіберуді сұрады. Жедел хабар жеткен оның адамдары лезде Эльдардың маңайына  тез арада шоғырланып үлгерді.  Барлығы қатаң әскери дайындықтан өткен  қанішерлер болғандықтан, олар Эльдардың айтайын дегенін ымынан ғана түсінді. Алдын ала Хо Ша Тоның өзі айтқан күдігінің расқа айналғанын білген Дермене мен Әл-Хамид керуенді қайткен күнде Қазақстанға өткізу керектігін Эльдарға қатаң тапсырады.        Ұйғырлардың жатқан жерін қоршауға алған арабтар олардың көздерін атысып емес, білектесіп жауламаққа бекінді. Өйткені, атыс-шабыстан бүкіл Қытай елі дүрлігетін болса, керуеннің шекараға жетпей қалу қаупі де жоқ емес еді. Сондықтан қарулы топ  қараңғы түнді бағындырып, содырлардың жатқан жеріне түнделетіп басып кірді. Олардың басшылары өздері ваннадағы суға тұншығып өлдіге жорыған Эльдардың тірі екенін көрген кезде, осынау қазақ жігітінен текке күдіктенбегеніне өзі де таңғалды. Төбеден түскендей болған қатты қақтығысқа сасқалақтап қалған  содырлар қарсыласамын дегенше, соғыстың барлық қулық-сұмдығын жетік білетін арабтар тыпыр еткізбестен көздерін жойды. Ақыры Дермененің айтқаны орындалып, керуен аман-есен арабтардың қолына тиіп, енді оны Қазақстанға өткізу ғана қалды.  Қазақстанда Хо Ша Тоның жасырын керуенін Зайсан бекетінде ішкі істер министрінің өзі қарсы алып, ішкері жібермек. Бұл, әрине, Асланның Ұялмасқа берген тапсырмасының бірі ғана. Егер керуен аман-есен Қазақстанның ішіне кіріп, қолды болса, онда Ауған жерінен келетін есірткі керуенін күтіп алу да ұзаққа созылмас. Жоспарлары мықты шенді мен оның жандайшабы ақша үшін өздерінің қандай қауіпке бастарын тігіп отырғанын сезбеген де тәрізді.

Керуенді Қазақстанға өткізу операциясын қолына алған Эльдар жасырын жол арқылы Зайсан бекетіне таяу орналасқан Маңырақ пен Сауыр тауларының арасындағы құпия асу арқылы бастап жүрді. Контрабандалық көшті бастап келген жігіттің қазаққа ұқсастығы және интерпол арқылы іздеуде жүрген жігіт екеніне әзірге ешкім назар аудара қоймаса да, оны қазақстандық шекарашылардың адамы деп санаған болуы керек, қазақтар жағынан ешқандай қарсылық көрмеді.  Демек елдегі екі үлкен қанды қылмыскерді айғақпен ұстап, алдарына қойған мақсаттарына қол жеткізсе, үлкен ерлік болмақ. Түнімен жүрген көліктер таң ата шекара түбіне де келіп жетті.

Дәл осы маңда екі керуенді айырбастап үлгерген екі жақтың патриоттары қару-жарақ тиелген керуенді Зайсан бекеті арқылы, ал іші бос керуенді тау асулары арқылы алып өтпекке бел байлады. Бұл аса қиындыққа толы жасанды операцияның негізгі мақсаты – Аслан мен Ұялмасты нақты айғақтармен ұстау екенінде дау жоқ. Қытайға аман-есен келген керуеннің енді бір-екі түнде Қазақстанға келетінін естіген Хо Ша То жедел түрде   өз еліне кетуге мәжбүр болады. Ойлаған ойы іске аспаған бизнесмен бұл елдің де оңайлықпен өзіне құшақ ашпайтынын түсінгендей. Оның Асланмен кездесе алмай кеткеніне қауіпсіздік қызметкерлері іштей қынжылса да, алдағы операцияны жоспар бойынша іске асырса, онда Қазақстандағы ірі көлемдегі мафиялық топты құрықтауға мүмкіндік зор екенін, сондықтан бар күш-жігерді осы жолы аямау қажеттігін Бекболат та,  Әділ Әшірбекұлы да жақсы түсінді. Бір оқпен екі қоянды атып алса, сол үлкен жетістік болар еді. Қазақстандағы бүкіл наркотропикалық жолдарды басқарып, жан-жаққа кететін қару-жарақтарды оңды-солды сатып, қаншама адамдардың көзін жоюға, қаншама адамдарды жазықсыз түрмеге қамауға зор ықпал етіп отырған мафиялық күш Аслан Жылқыайдаров пен Ұялмас-Әскербектің қолында болғандықтан, осы екеуіне қолдарына кісен, аяқтарына тұсау салса, сонда үлкен іс бітіп, Қазақстанның қауіпсіздік қызметі өзінің кезекті ірі операциясын сәтті аяқтаған болар еді. Шіркін... Бекболатты мазалаған ой тек қана бұл емес болатын.

Эльдарды бұлтартпайтын, айтқандарын істетуге мәжбүрлейтін қарулы банда ауылда оның үйін мылтықтың ұшында ұстап отыр. Ал Дамир болса қайтсе досының Қазақстанға аман-есен өтуіне күш салмаққа, шекараға қарай асығып келеді. Назгүл де, өзі хабардар болғандай, Эльдардың үй-ішіне төнген қауіптің алдын алуға ауылына қарай асығуда. Бәрі тым қарбаласып кетті. Эльдардың отбасын аман сақтап қалу үшін қауіпсіздік қызметі аянып қалмауға бекінді. Бекболат жасырын киініп, бет-әлпетін өзгертіп шекараға келген кезде, Аслан Жылқыайдаровтың шенді киімін киген Ұялмас-Әскербекті бірден таныды. Сондықтан оны осы киімімен шекара бекетінде, қылмыс үстінде тыпыр еткізбей ұстаса, ар жағы жеңілірек болмақ.  Аса сақ, әккі Ұялмас өте сабырлы қимылдауда. Әр сөзі мен әр  бұйрығын нық әрі нақ беруде. Өздері алдын ала дайындаған шекаралық шенділер зыр жүгіріп, айтқанын орындауда. Олар бүгін түнде керуенді күтіп алмақ.  Кешкісін өздерінің шекаралық адамдарын керуеннің алдынан шығуға бұйрық берген Ұялмас-Аслан бекеттегі барлық жолдардың ашылуын, керуеннің еш кедергісіз бекеттен өтіп кетуіне қам жасауда. Олар жол бойында тұрған барлық көліктерді ығыстырып, бір қатарға қойды да, керуеннің өтуіне жол ашты. Ал Ұялмастың өзі қасына екі-үш адамды ертіп,  тау асулары арқылы өтетін керуенге қарай бет алды. Қауіпсіздік қызметінің айлалы шарасынан айналып өтпек болған Ұялмас не болса да асудан өтетін керуенді аман- есен ішке алып өту үшін басын бәйгеге тігіп, түнді бағындырып, Маңыраққа қарай келе жатыр. Жолшыбай көліктері сезік тудырмас үшін, оларды шатқал ішіне жасырып, тау-тас арқылы керуеннің алдынан шығуы үшін жаяу кетті.

Бұл кезде Ұялмастың барлық ісінен хабардар болып отырған Дамир оның күзетшілерімен бірге асудағы керуенді қарсы алуға кеткенін, ал өзінің нақты керуеннің соңынан Астанаға қарай бағыт алғанын  Бекболатқа жеткізіп үлгерді.

Әне, алыстан Қытай көліктеріне тиелген тауарларымен  төрт-бес көліктен құралған керуен легінің қарасы да көрінді. Көліктердің алдынан шыққан Ұялмас қолын көтеріп, оларды тоқтатпаққа ниет еткен кезде, екінші көлікте отырған қауіпсіздік қызметкерлері мен шекарашылар қылмыскерлерді қоршап үлгерді. Өзінің қолға түскенін сезген Ұялмас бірден қаруына жармасып, атыса жүріп, тауға қарай қашты. Оның соңына түскен Эльдармен бетпе-бет айқасқа түскен  дұшпанға ешкім де оқ ата алмады. Екеуінің біреуін жазым етуден қорықты. Сәті келгенде, белдесе айқаса кеткен Ұялмасты Эльдар алып-ұрып, астына қарай бүктегені сол еді, әккі қылмыскер жанында жүрген қанжарымен үстіндегі Эльдардың санын осып-осып жіберді. Сонда да бар күшін жинаған жігіт содырдың сойқанын шығарып, қолына кісен салды. Ай жарық болса да, қараңғыда айқасқан екі адамның қайсысының оққа ұшқаны белгісіз, шекарашылар тауға қарай лап қойған кезде, Эльдар жартастан секіріп, жасырынып үлгерді.

Бекболат  бастаған адамдар оқиға орнына жеткенше, Эльдардың түр-түсі анықталынып, оның Ирак жерін минадан тазалау үшін келісім-шартпен кетіп, сол жақта казармадан қашып кеткен қылмыскер екенін дәлелдейтін айғақтармен дабыл қағып, қауіпсіздік қызметкерлері жалпы іздестіру операциясын бастап кеткен болатын. Қолға түскен Ұялмас-Әскербек Оғашов жедел түрде тікұшақпен Астана қаласына жөнелтілді.

        

                                         ***

Ауылға Астанадан оқудан келген қыздарына құдайы ас беру үшін көрші-қолаңды жинаған Назгүлдің ата-анасының қуанышында шек жоқ. Кішкентай ғана дастархан басына жиналған көршілердің арасында Эльдардың әке-шешесі – Балқия мен Ерсіннің жуықта ғана көшіп келген қанішер көршісі де әйелімен отыр. Түрлерінен ешқандай алаңдаушылық білінбейді. Жаңа көршілерден көзін алмай, қыздың қаладағы ағасы болып келген қауіпсіздік қызметкері де стол басынан орын алған.  Сырттағы ошақтан сорпа құйып жатқан Назгүл  сол маңнан шыққан телефон үніне құлақ салады. Онда белгісіз адамның:  «Ертеңге дейін тосамын, сосын олардың барлығының көзін жоямын» деп асығыс жауап берген адамның жаңа көршісі екеніне күмәні болмады. Сезік тудырмайын деген болуы керек үйге қайта оралған қылмыскер үй иелерінен тез арада үйіне қайтуы керек екенін, қандай да бір шаруасының шығып қалғанын ескертіп, әйеліне  «сен отыра бер» дегенді ымымен түсіндіріп, үйден шығып кетті. Бұл қанқұйлы адам туралы алдын ала толықтай мағлұмат алған Назгүл оның аса қауіпті екенін және де бір қанқұйлы істі шешпекке бел буғанын түсінді. Ол жылдамдата басып, Эльдардың үйіне жақын орналасқан жат көршінің есігінің алдына ізін білдірместен келген кезде, үй иесінің қораға кіріп бара жатқанын және ол жерден қолында орап ұстаған бір заттарымен атқа мініп, ауыл шетіне шығып кеткенін байқады. Ештеңені аңғарып үлгермеген келіншек жылдамдата басып, қора ішін тінте бастаған кезде, алыстан иттің үріп, үй иесінің қайтадан қораға кіріп келе жатқанын көріп, жасырынып үлгере алмай қалды. Не істерін білмей сасып қалған Назгүл қолына тиген ашаны ала салып, өз-өзін қорғауға бекінді. Қарақшы да не болғанын бірден түсінді. Өзінің сезік тудырып алғанын, енді артқа шегінер жолдың жоқтығын да анық байқады. Барлық құйтырқы істерінің әшкере болғанын білген ол не болса да Назгүлдің көзін жоймаққа бекініп, қаруын ала бергені сол еді, қайдан тап болғаны белгісіз, Дамирдің қарулы қолы оны анадай жерге ұшырып жіберді. Есін жиғызбастан соққыға алған Дамир қарақшының қол-аяғын лезде байлап-матап тастады. Қорқыныштан тілін жұтып қойған  қыз мелшиген қалыбы тұрып қалды. Ол тек Дамир өзін ыстық құшағына алған кезде ғана есін жиды.

 – Жалғыз өзің жаудың соңынан еріп кеткенің қалай, өліп қала жаздадың ғой. Неткен ақымақ едің.

– Мен оның сендерге қандай да бір тор құрып жүргенін телефондағы сөздерінен естіп, ойланбастан соңынан жүріп кеттім ғой. Сен қайдан, қалай жетіп үлгердің?

 – Мен сендерді құтқару үшін келгенім жаңа ғана. Кешігіп қала жаздағанымды көрмейсің бе. Батыл болған жүрегіңнен. Ешкімге сездірмей, тездетіп ата-анаңның қасына бара ғой. Түн ортасында өзіміз кездескен талдың түбіне келерсің. Жаным, мен сені сүйемін, сен соны білесің бе?! Назгүлдің қуаныштан жанары жарқырап кетті. Ауылды дүрліктіріп алмас үшін аяғының ұшымен ғана жүгірген  бойжеткен қараңғыға кіріп, жоқ болып кетті.

Баскесердің қорасындағы арнайы жасырылған соңғы техникалар мен  тыңшылық әрекетке аса қажет құрал-жабдықтардың түр-түрін көрген Дамир оның аса жақсы дайындықтан өткен жанкешті екеніне көзін жеткізді. Ауылдағы оқиғаны шашауын шығармай сәтті аяқтаған қауіпсіздіктің жігіттері қылмыскерді үй-ішімен бір түннің ішінде Астанаға алып кетті. Дамир Бекболатқа қоңырау соғып, ауылдағы Эльдардың ата-анасына құрылған қастандықты ауыздықтағанын қуана жеткізгенімен, досының үшті-күйлі жоғалып кеткенін естігенде, жүзін тағы мұң шалды. Шындығында, Эльдар қауіпсіздік шарасын алдын ала ойлағандықтан, керуенді сайдың ішіне кіргізіп, оны Бекболаттың адамдарының тоқтататын межесіне таяған уақытта көліктен жасырын түрде  түсіп қалуы керек еді. Ол ойы жүзеге аспады. Ұялмас қашпағанда, бәрі солай болар еді. Өкінішке орай, іс насырға шауып,  керуенді тоқтату операциясына қатысқан адамдардың ішіндегі  бір қызметкері Эльдардың жоғалғаны турасында дереу орталыққа хабарлап үлгереді.  Өйткені, Ирак жерін минадан аршу үшін арнайы келісім шартпен кеткен екі қазақ жігітінің сатқындық жолмен шетелде қалып қою фактісі бойынша қылмыстылар жіті іздестірілуде болатын. Эльдардың Қазақстанның шетіне келіп, із-түзсіз жоғалуы осы фактіні айғақтағандай болды. Дамир мен досының бастарына аса зор қауіптің түсетінін сезген Бекболат дереу ауылдан Дамирдің кетуін және шығыс өлкесіне қарай қайтадан жолға шығып, Эльдарды іздестіру керектігін баса тапсырды.

Досына қатысты мәселеге бейжай қарай алмаған жігіт дереу жасырын түрде Назгүлдің үйінің терезесінен сығалап, алдымен өзін сағына да сарғая күтіп жүрген ата-анасын көріп, жан-жүрегі езілді. Олармен құшақтасып, бет көрісуге де болатын еді, бірақ сақтықтың аты сақтық, артық қимыл-әрекет жасауға болмайтынын және Назгүлімен сөйлеспей кете алмайтынын да білді. Айтылған уақытта белгілі жерде кездескен екі ғашық көпке дейін құшақтарын ажыратпады. Көздерінен аққан ыстық жастар екі  адамның көрген қиямет-қиындықтарын көз алдына әкелгендей тоқтаусыз ағып жатты. 

– Жаным, екеуіміз үйленіп, баламыз болған кезде, есімін Ахмет қояйықшы, өтінемін. Иракта мен құтқарып қалған баланың есімі Ахмет еді. Сол сәбиді құшақтап тұрып, сені есіме алып, барлық қиындықтарға қарсы тұрдым. Сендер – менің бойымдағы күш-қуатым мен асыл махаббатымсыңдар. Жедел түрде кетіп барамын, көп ұзамай тағы кездесетін шығармыз деп үміттенемін.

Асыға сөйлеген Дамир сүйіктісін аузын аштырмастан аймалай сүйіп, келген ізімен кері қайтты. Өң мен түстің арасында не болғанын түсініп үлгермесе де, Дамирдің аса жауапты істе жүргенін есінен шығармаған қыз оның артынан ақ жол тілеп қала берді.

                                              ***

Астана шетіндегі өзінің жекежайына келген Аслан Жылқыайдаровтан маза кеткелі қашан. Қайта-қайта Ұялмастың телефонына қоңырау шалғанымен, оның телефоны жауап қатар емес. Ары-бері кабинет ішінде сандалып жүрген ол теледидарды қосқан кезде, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан елді мекенінде Қытайдан  басқа бағытқа кетіп бара жатқан үлкен контрабандалық керуеннің толықтай қолға түскенін арналардың барлығы жарыса хабарлап жатқанын естіді. Әне, өзінің оң қолы әрі  егіз сыңарындай болған Ұялмас бұның шенді формасын киген қалыбы қауіпсіздік қызметкерлерінің қолына түсіп, кигізілген кісеннен босамаққа бұлқынып, қарсылық танытып жатыр. Өзіне келген үлкен зобалаңды сезген Жылқыайдаров үстел үстіндегі тізімге толы құжаттардың көзін жоймаққа пешке қарай лақтыра бастады. Қолы-басы дірілдеп, біресе біреуге қоңырау соқпақ болса, енді бірде қағаздарын ақтара жөнеледі. Бірақ өзінің не істеп жатқанын өзі түсінбеді. Кенет суырмадан ол пистолетін алып шықты. Аялай сипап, бір сүртіп өтті. Сосын үстел үстіндегі отбасылық фотосуреттерге қарап, оларды да бір сипап қойды. Әне, терезе пердесінің саңылауынан ҚР Қауіпсіздік министрінің орынбасары Әділ Әшірбекұлының бірнеше адамдармен қақпасынан еніп келе жатқанын көрген ол көп ойланбады. Қаруды басына қарай апарып, шүріппені басып қалды.

                                           ***

Зайсан бекеті маңында құрықталған контрабандалық қарулы керуеннің ішінен бір сатқын қазақтың із-түзсіз жоғалып кеткенінен хабардар Қазақстанның барлық күшті құрылымдары жұмылдырылып, іздеуге кіріскелі де бірнеше сағаттың жүзі болды. Аспаннан тікұшақтар мен жерден  заманауи техникалармен жабдықталған құрылым сарбаздары иттерімен қоса Зайсан ауданының әр тасы мен жотасын тіміскілеуде. Оларға бұйрық беріп, басқарып жүрген Бекболат іштей Эльдардың қолға түсіп қалуынан қауіптеніп, қатты абыржулы.

Жігіт те тым сақ қимылдауда. Оның үстіне, киген тас үстіндегі қынаға ұқсас киімдері бірнеше рет қасынан ұшып өткен тікұшаққа байқатпай, аман алып қалды. Зайсан көліне қарай бет алған ол өзін көлдің астында сақтай алатынына сенімді. Әне, алыстан еміс-еміс естілген иттердің дауысы мен техникалардың гүрілдей шыққан дыбыстары жақындап келеді. Бар күш-қуатын аяғының басына жинаған жігіт жүгірген қалыбы жартастың басынан Зайсан көліне қарай қарғыды. Суға қатты бірдеңенің шолп ете қалғанын естіген солдаттар бірден көлдің маңына шоғырланып кетті. Су бетінде түрлі қайықтар мен катерлер қаптады. Күннің батып бара жатқанына қарамастан, барлық жарық прожекторлар іске қосылды. Су астында ұзақ шыдай алмайтынын білген Эльдар судың шетіндегі тастардың арасына шығып, жылдам рюкзагындағы ауаға толтырылған баллонды иығына іле сала, қайтадан көлдің астына қарай бойлап кетті. Ол судың ортасына қарай бармады. Керісінше, тастарды паналай, көлдің шет жағына қарай сүңгіді. Өйткені көлдің ортасынан сүңгуіршілер мұны іздеп кеткен болатын.

Кеш батып, жер бетін алакөлеңке басты. Түн көзге түртсе көргісіз тым қараңғы. Жан-жақты жарықпен камтамасыз еткен катерлер Эльдарды су бетіне шығарар емес. Сонда да қатты шаршаған жігіт амалын тауып, бір тастақты жерге, қалың батпақтың арасына кіріп, тек ауа алатындай етіп, танауын ғана шығарып, үстін-басын батпаққа көміп тастады. Осы кезде аспаннан ұшып шыға келген Бекболат отырған тікұшақ тура Эльдардың төбесіне келіп, шыр айналып тұрып алды.

Жігіттің де осы маңда екенін сезген Бекболат тікұшақ ұшқышына жарықты жақпай, тек түнде ғана көретін арнайы линза арқылы қарауды тапсырды. Өзі де басына сондай линза орнатылған шлемді киді. Тым асықпай көлдің жағасын аралап, қарап келе жатқан Бекболаттың көзі кенет батпақ арасында жатқан ақшыл бірдеңені көзі шалды. Былай қарасаң, тасқа ұқсас, ал жақындай қараған кісіге адамның қолы екені байқалады. Мұның Эльдар екенін бірден сезген Бекболат ұшқыштың иығынан қағып қалып, «кеттік» дегенді ымдады.  Басшы бірден барлық адамдарды осы маңнан алыс әкетудің қамын жасап, рация арқылы солдаттар мен полицейлерге кері қарай жылжып, алдағы тау-жоталарды тексеруге бұйрық берді.

Сөйтіп, өзіне төнген қауіптің сейілгенін сезген қайсар жігіт біраз дем алған соң, көздеген бағытына судың астымен қайта жылжыды.

Таң жаңадан атып келе жатқан кез. Жартастың арасына жасырынған Эльдар алдымен жарасын таңып, жол қапшығынан темір қалбырдағы еттен жеп, біраз жүрек жалғады. Ол өзінің шекарадан көп ұзап кеткенін қолындағы карта салынған сағатынан қарап біліп отыр. Осы маңда қойлы ауыл болуы мүмкін. Бірақ оларға мына үстіндегі әскери киімдерімен бара алмасы анық. Сондықтан шешіп, ішіндегі спорттық киімдерін біраз кептіріп, киіп, басы артық заттарының барлығын жартастың ішіне ешкім таба алмайды деген жерге жасырды. Тек тілерсегінен төмен қарай ораған қайыс қынға қанжарлардың бірнеше түрлерін тізіп салып алады да, қалған қаруын да осы жартасқа көмді. Аса сақтықпен үңгірден шыққан қайсар азамат мойнындағы дүрбісімен жан-жақты шолып өтті. Өзінен он-бес шақырымдай жерде үлкен трассаның жатқанын, оның үстімен ағылып жүріп жатқан көліктерді байқады. Енді бір жағына қарап еді, түндігінен түтіні шыққан екі үйлі қойлы ауылды көрді. Басына киген кепкасының астарына жасырылған теңгенің бір-екі мыңын оңайға шығарып, қалтасына салып қойды да, ақырын тау басынан етекке қарай түсті. Жолай өскен қараған мен шеңгелді паналап, үйлерге жақындауға жүрексінген жігіт қойлы ауылды айналып өтіп, басқа бағытқа қарай бет алды. Арасында дүрбісіне көз салып, картасына қарап, орталықты бетке алып келеді. Тағы біраз жүрген соң, шаңы шыққан қара сүрлеу жолды көзі шалды. Не болса да біраз тынығып алмаққа бекінген Эльдар қалың шеңгелдің арасына жата кетті. Бір кезде жақыннан шыққан «шөгейт-шөгейт» деген жіңішке әйел адамның дауысынан шошып оянған ол, тағы қайталаған қыз баланың дауысын естіп, күліп жіберді. Басын көтергенше болған жоқ, үстінен төніп келе жатқан аттың тұяғын көрген жігіт атып тұра берем дегенше, ат та үркіп кетіп, қызды ала қашты. Жан дауысы шыққан қыз жүгеннен айырылып қалды да, ат алды-артына қарамай шаба жөнелді. Қалың шеңгелден өте алмаған тұлпар бір орнында тыпырлап, аспанға шапшып, қайта тұрам деген сәтте аяғы тасқа тиіп, алдыңғы екі аяғын бүгіп омақаса құлай бергенде, үстінде  отырған қыздың аяғы үзеңгіден шығып кетіп, анадайға ұшып кетті. Жерге құласа, басы тасқа тиетінін білген жігіт қызға қолын жая өзін оның астына қарай лақтыра, тастың үстіне құлады. Жұмсақ жерге топ ете түскен қыз басы тасқа тиіп, есеңгіреп қалған жігітке қандай көмек берерін білмей, сасқанынан, жылап жіберді.

– Ағатай, көзіңізді ашыңызшы, тірісіз бе?!

 Осы кезде таудың екінші басынан түсіп келе жатқан әкесін көрген бойжеткен айқайлап шақыра жөнелді. Анадай жерде екі аяғын баса алмай кісінеп жатқан ат пен сұлап жатқан жігітті көрген қойшы атынан түсе қалып, қызының қасына жетіп келді.

– Балам-ау не болып қалды? Аманбысың?! Мынау кім?

 – Өзім де білмеймін, әке, осы жерде ұйықтап жатыр екен, көрмей қалдым, атым үріккен кезде ғана байқадым. Аспанға шапшыған тұлпарымның жүгенінен ұстап үлгермедім. Ол тасқа соғылып омақаса құлай бергенде, аяғым үзеңгіден шығып кетіп, анадайға ұшып кеттім, ал мына жігіт болса, өзі мені үстіне құлата тасқа соғылды. Осының арқасында аман қалдым, әке.

Қызының дірілдей, жылап тұрып айтқан әңгімесіне басын шайқай сенген әкесі, шынымен де, бейтаныс адамның далада кезіккеніне таңғалды.

 – Қызық екен, иен далада неғып жүрген адам өзі? Қойшы көп ойланбады. Жігітті атына өңгеріп, үйіне алып келді. Барлық ем-домды жасап, басын таңып, арқасындағы тас кірген жері мен тілініп кеткен санына тастың майын жағып, орап, байлап тастады. Жігіт есін жиған кезде іңір болып қалған кез еді. Оның көпке дейін оянбағанынан күдіктенген қойшының отбасы енді біраздан соң дәрігер шақырмаққа бел буып отырған болатын.  Көзін ашқан кезде, өзіне сұраулы кейіппен қарап отырған бүкіл  жанұяны көрген Эльдар сәл жымиған болды. Онысы ештеңеден қорқып, үрікпеңіздер дегені еді.

– Балам, не қылған адамсың? Біздің қойлы ауылдың маңында не істеп жүрсің?

 – Әкей, кешіріңіз. Мен геолог едім. Мынау Зайсан өңірі мен Шіліктінің маңайында әлі де зерттелмеген жерлердің көп екенін білесіздер ғой. Біз әзірге бір ғана алтын адамды таптық. Осы маңда әлі де бірнеше  алтын адамның көмілгенін білемін. Соны зерттеп шыққан бетім ғой. Тау-тастың арасында көлікпен жүре алмайсың. Анау, жол қапшығымдағы заттарды көрген боларсыздар, карта, жер сызбалары мен бірнеше зерттеуге арналған құрылғылар. Артық ештеңе жоқ. Кешіріңіздер, өзім Алматы маңынан келген едім, жерді зерттеймін деп жүріп, сіздің қойлы ауылға тап болдым.

 – Мұндайда адам көптеп жүрмеуші ме еді, сенің жалғыз жүргенің қалай?

– Көп адамдарды бірдеңе тапқан кезде ғана әкелемін. Әзірге олардың көмегі шамалы. Алдымен өзім іздеп табамын, сосын бүкіл зертхананы әкелемін ғой.

Өзінің уәжінің жасанды шыққанын өзі ұққанымен, иығын қиқаң еткізген қойшы да, оның отбасы да ештеңені түсінбеді. Әйтеуір, жиі-жиі кездесе беретін геологтардың тағы бірі болар деп арқаларын кеңге салды.

– Жақсы, балам, қызымды бір ажалдан құтқарып қалдың, енді сені күтіп-баптау – біздің міндетіміз. Қазір біраздан соң кешкі ас ішеміз, оғанға дейін даладағы қолжуғышқа жылы су құйып қойғыздым, жуынып-шайынып ал. Сосын кеңінен әңгімелесерміз.

Отағасы жанұясымен бірге тысқа шыққан кезде, оларға қарсы бағанағы бойжеткен кірді. Қолында түкті орамалы бар.

 – Мына сүлгіні алыңыз. Жараңыз қатты мазаламай ма?

 – Жоқ, уайымдама, бәрі жақсы.

 – Қайдан жақсы болсын, мені құтқарамын деп тасқа жаман соғылдыңыз ғой.

– Ондай-ондай бала кезімізде жиі болушы еді. Сондықтан еш қорқынышы жоқ. Өзің қалайсың, бәрі жақсы ма?

 –  Менде бәрі жақсы. Бірақ сіз өліп қалады екен деп қатты қорықтым. Жүріңіз, жуынып алыңыз, сосын тамаққа отырайық.

 Олар үйден шыққанда, ауладағы сәкі үстіне жайылған дастархан басында буы бұрқыраған бір табақ етті орталарына алған қойшының  отбасы мүшелері айнала отырыпты. Қолжуғышқа қарай қарай ақсаңдай бет алған Эльдардың сілекейі шұбырып, өзінің анасының күнде пісіретін  етінің иісі мұрнына келіп, жұтынып-жұтынып жіберді.  Астан кейін балалардың барлығы жатып қалған соң, үй иесі мен әйелі арасындағы әңгіменің соңы қызу тартысқа айналды.

 – Мына жігіттен айырылмайық, ана қызымыздың нағыз теңі секілді. Екеуін далада құдай айдап кезіктіргенін көрмейсің бе? – дейді сыбырлай сөйлеген отанасын:

– Жындымысың, қайдағы танымайтын біреуге қызыңды таныстырмақпысың? – деп үй иесі тыйып тастады.

 – Жоға да, олардың өздері далада танысқан жоқ па, қызымыздың да жасы болса кеп қалды, жүре ме, ұстасын бір еркектің етегінен.

– Сонда не істемексің?

 – Ана жігітті ешқайда жібермеу керек. Сен еркек емеспісің. Ертең еркектер сияқты сөйлес. «Әлі толықтай жазылған жоқсың, біраз осында жатып тынық» де. Бір төрт-бес күн осында болса, қызымыз екеуі тіл табысып кететініне сенімім зор.

 – Әй, сенде бір... жындының сөзін сөйлеп! – қолын жүре сілкіген отағасы үйге кіріп, жатып қалды.

Ертеңінде ерте тұрған жігіт жараланған саны аяғын ауыртса да, туған жерінің таза ауасымен кең тыныстап, біраз дене жаттығуларын жасаған соң, үй иесінің құйып қойған бір шыны айраны мен бәтер нанын жеді.

– Астарыңызға, көрсеткен игі құрметтеріңізге көп рахмет. Рұқсат болса, мен енді жүрейін,– деп орнынан көтеріле бергені сол еді, үй иесі әйел қолынан ұстай алды.

– Асықпа, балам, әлі  бір үш-төрт күн осында бол. Толықтай жазыла қойған жоқсың. Әсем, әй, Әсем! Мына қонақ балаға сорпа дайындап беріп, біраз күт. Қоңданып алсын. Сенің амандығың үшін басын қатерге тіккен баладан еш күтіміңді аяма, қызым.

 Айқайлай сөйлеген анасының дауысынан қаймықты ма, әлде қонақ жігіт шынымен кеткелі жатыр деп алаңдады ма, Әсем шашын жүре түйіп, үйден атып шықты. Отағасының қойды өріске айдап әкеткенін сезген Эльдар  ақсаңдай басып, қора жаққа қарай жүріп кетті. Көзіне жас толған батыр жігіт ақырын жерден бір уыс қойдың құмалағын алып, алақанына үйкеп-үйкеп қойды. Сиыр сауып, шелегін майыса көтеріп келе жатқан анасы, қойларды тырқыратып қуып жүрген бауырлары көз алдына келіп, еріксіз жанарын жасқа толтырды.

– Шіркін, анашымды бір көрсем ғой!

– Анаңыздың қасынан келгеніңіз жаңа ғой, сағынып үлгердіңіз бе?– деп дәл қасынан сыңғырлай шыққан Әсемнің үніне селк ете түссе де, сыр білдірмеді.

– Ананың орны ерекше ғой, Әсемжан. Үйден үш күнге шығып кетсем де, анамды сағынып тұрамын.

– Сіздің атыңыз кім, біздер құрдастарға ұқсайтын секілдіміз. Сіз, біз демей, сен деп сөйлессек, тез тіл табысып кетер едік деп ойлаймын. Сіз қалай ойлайсыз?

Эльдар иығын қиқаң еткізіп:

 – Менің есімім – Еркебала, – деді де, қораның ішіне қарай еніп кетті. Ол ақсаңдай басып, қораның бұрышына ұйлығып қалған бұзау, жаңа туған қозы-лақтарды бері, үлкен шарбақтың ішіне, арнайы шашылған шөпке қарай еркін жіберді. Оның малжандылығын байқаған қыз да таңғалғанын жасырмады.

– Байқаймын, Еркебала мал баптау жағының маманы секілді ғой, – деп әдемі жымиып қойды.

– Бір қазақтың баласы емеспіз бе. Мал өсіріп үйренгенмін.

Олар көп тұрмады, Эльдар аяғын ауырсынып, әзер басып тұр. Сонда да ауырғанын қасындағы қызға көрсеткісі келмеді. Әрі көптен бері адамдармен ашылып сөйлесе алмай, Бекболаттың берген тапсырмасын орындау жолында біраз қиындықтарға тап болғандықтан, сана сезімі мен тұла бойы, шынымен де, қатты шаршаған болатын. Оның үстіне, кешегі тасқа құлағаны бар, біртүрлі әлсіздік бууда.

– Әсемжан, ренжімесең мен анау сырттағы сәкінің үстіне барып жата тұрсам бола ма, өне-бойым өзіме бағынар емес.

Қасындағы жігіттің алабұртып тұрғанын көрген қыз оны қолтығынан демей, сәкіге әкеліп жатқызды.

 – Ештеңеге алаң болмаңыз, қазір сорпа дайындаймын. Бір-екі күн қозғалмай жатыңыз, сосын тәуір болып кетесіз.

 

                             ***

Ауылынан ат терлетіп шыққан Дамир Зайсан өңіріне дейін таксимен үш күн жүріп, әрең жетті. Зайсанға жетер-жетпестен жолай түсіп қалған ол бандалық керуеннің құрықталған жерін карта бойынша қарап, солай қарай жаяу кетті. Жолшыбай қойлы ауылдарға соғып, бір үйір жылқысының жоғалып кеткенін, содан із кесіп жүргенін айтумен болды. Алайда сақтықты да қатты ескерген жігіт досының суға құлаған жартасына екі күн жүріп, әрең жетті.  Өздеріне үйренген әдет бойынша  Эльдардың  белгісіз бір жерге жол қапшығын, жасырғанын және сол қапшықтың ішінде маңызды ақпарат барлын да біледі. Сондықтан ол досынан бұрын оның жол қапшығын іздеп, әуреге түсті. Маңайдағы барлық тау-тастардағы үңгірлерді қарап шығып, тек бесінші үңгірге келген кезде ғана тапталған табан іздерін көріп, қуанып кетті. Жалма-жан қалтасындағы металл іздейтін құралын іске қосып,  көп қиналмастан Эльдардың жол қапшығын тауып алды.  Қару-жарағымен қоса, Ирак баскесерлерін қарумен қамтамасыз етіп отырған американдық Хо Ша То мен оның жүретін керуен жолдарының картасы және Қазақстандағы жол картасының сызбасын жедел түрде суретке түсіріп алған Дамир көп ойланбастан Бекболатқа жіберді. Ал өзі сол жерге қалта телефоны мен сағат рациясын тастап кетті.          Орталыққа түскен хабарламаның аса маңызды екеніне қуанған Әділ Әшірбекұлы мен Бекболат бір-бірлеріне қарап, риза көңілменен  жымиып қойды. Қазақстан арқылы өтетін ірі контрабандалық жолдар белгілі болып, ол қатал түрде бақылауға алынатын болды. Ендігі кезекте Ауған жерінен келетін үлкен есірткі керуенін күту ғана қалды. Ұйымдасқан қылмысқа қатысы бар деген аталмыш транзиттік жол бойындағы бекеттердің, барлық шекаралық әскер басшылары бірінен кейін бірі қолға түсіп, тұтқындалды. Көбісінің Астананың төрінен екі-үш қабатты үйлерді иемденіп, қалталарын арам ақшаға толтырып, қаннен-қаперсіз алшаңдай басып жүрген шенеуніктер екені анықталды. Бекболат пен Әділ Әшірбекұлы тікелей Елбасының қабылдауында болып, атқарылып жатқан жұмыстары турасында баяндама жасады.  Осы бір сәтті  пайдаланған Бекболат егер Дамир аман-есен Эльдарды тауып алып келсе, онда олардың атын жарияламай, жасырын түрде ата-анасымен кездестіріп, ақырын басқа елдердегі ерекше тапсырмаларды орындауға аттандыру үшін, президент тарапынан қолдау қажет екенін жасырмады. Ең бастысы, осындай өз елінің патриоты, батыл да алғыр, жан-жақты дайындықтан өткен, өз ісін жетік меңгерген тұлғалы азаматтарға үкімет тарапынан көрсетілетін көмектер арқылы ғана қолға алынған істі сәтті аяқтауға болатынын екі ауыз сөзбен жеткізді. Басты мақсат – олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Елбасы да өзінің сенімді қорғаушыларымен жылы шырайлы әңгіме-дүкен құрып, ел тәуелсіздігі мен ішкі және сыртқы тыныштығын қорғау жолында атқарылатын кез келген ауқымды жұмыстарға қолдау көрсететінін айтып, екі басшының қолын алып, қоштасты.

Бұл кезде Дермене арсыл-күрсіл Әл-Хамидтің ордасына  кіріп келген кезде, оның соқыр көзі де ашылып кеткендей, маңайындағыларға үрей туғызды. Хо Ша Тоның керуені Қазақстан шекарасында ұсталғанын, бірнеше миллиард ақша тауарының қолды болғанын, бастысы, өздері уәде еткен қылмыстық, экстремистік топтардың қарусыз қалғанын, өздеріне «әкелерінен» қауіп төнгенін түрінен-ақ көрсетті.

– Тақсыр мырзам, біздің қолымыздағы қазақтың да өлі-тірісін біле алмай отырмыз. Оның Қазақстанға өтуі мүмкін емес, өйткені  елінен қашып, іздеуде жүрген адам. Соңғы рет Әбу көрген. Ұйғырлармен  соғысқаннан кейін, керуенді Шығысқа қарай алып жүрген. Сол кезде қазақстандық шекарашылармен қақтығысып, оққа ұшқан тәрізді. Ал оның әке-шешесін өлтіретін адамымыз да қолға түскен секілді.

 Күмілжіген Әл-Хамид Дермененің алдында дірілдеп кетті. Бұл екі баскесердің де бір-бірлеріне айтары болмады. Бірақ екеуі де ертең «әкелерінің» алдына барғанда тірі шығатын шықпайтындарына көздері жетпеді. Әлемді уысына ұстап отырған адамның тапсырмасын орындамаған кез келген қанішердің тірі қалуы мүмкін емес-ті.

...Дамир де көп бөгелмеді. Бірден сүрлеу іздеп, Эльдардың ізіне түсті. Асқан сақтық танытқан досының  өзі тұрмақ, ізін таба алмаған Дамир кенет жолшыбай иттерімен дала кезіп, із кесіп жүрген қауіпсіздік қызметкерлеріне тап болды. Жылдам жасырынып үлгерген ол үстіне ит иісін ала алмайтын сұйықтықты сеуіп, қалың бүргенді шеңгелдің арасына жасырынды. Мұндай нулы жерге бастары тұрмақ, аяқтарының ұшын әрең тығатын шеңгелге қызметкерлер батылсынып кіре алмады. Сондықтан олар сырт айналып, алыстан алабұрта көрінген қойлы ауылға қарай бет түзеді. Із кесушілердің ұзап кеткенін көрген жігіт те көп бөгелместен, шаңы шығып жатқан трассаға қарай бет алды.   Досы ашық аспан астында, иен далада көп жүрмейді, ол ендігі ішкері жаққа қарай өтіп кеткен болар деген ой еді. Сөйтіп, қарапайым ауылдың адамына айналған жігіт елеусіз жолшыбай көлік тоқтатып, қалаға қарай кері қайтты.

                     

                             ***

Арада өткен үш-төрт күннің ішінде Эльдар көп-көрім тынығып қалды. Орнынан ауырсынбай көтеріліп, түрлі жаттығуларын жасап, денесін шынықтыруда жеңіл қимылдайды. Таң атпай үй иесіне көмектесіп, қойды бір талай жерге дейін ұзатып тастайды.  Ал енді бүгін сол отарды өзі жаймақшы. Оны да үй иесінен жалынып сұрап алды. Бірнеше ешкісі бар, текесі бар қойшының қойлы отары шарбақ қашадан шыға салысымен өздері жайылатын жайылымға қарай дүркірей жөнелді. Артынан қоса қиқуға сала ұмтылған қайсар жігіт қойларының шашауын шығармастан айдап жүріп кетті. Біршама жүрген соң атынан түскен жігіт үстіндегі жеңіл плащын жерге төсей сала, жантая қисайды. Арасында басын көтеріп, қойларына «айт-айт» деп ақырып қояды. Неге екені белгісіз, жүрегі сезгендей, ойынан Дамир шығар емес. Ирактағы өзін құтқармақшы болып жүрген досының бүгінгі тағдырына толғанды. Кенет оның есіне жартаста қалған жолқапшығы түсті. Мүмкін, оны біреулер тауып алып кеткен болар. Байқап көру керек екен.

Түс мезгілінде қара қасқа атына мінген Әсемді анадайдан байқаған Эльдар қуанғанынан күліп жіберді. Жүрегі дүрсілдеп, жиі соққаны соншалық, қалай орнынан атып тұрып, бойжеткеннің алдынан жүгіріп шыққанын өзі де аңғармай қалды.  Әсем де Эльдардың өзіне қарай жүгіргенін көріп, қуанып кетті. Келе аттың бауырынан қызды қаңбақша көтеріп алған Эльдар оны көпке дейін жерге түсіргісі келмей, көтерген қалыбы тұрып қалды. Мұнысының әбестік екенін білсе де, құшағын ашқысы келмеді. Соңғы екі күн бойына осы бір талдырмаш қызды көп ойлады. Не істесе де, артынан қарап, бақылап отыратынды шығарды. Оның бұл қылығын аңғарған  анасы да қулана жымиып қойды. Несі бар, тәрбиелі бала секілді. Қызының теңі.

 – Сіз үйге соқпай, қора жақтан өріске бірден кетіп қалыпсыз. Сондықтан түскі ас әкелдім, – деп есін тез жинаған бойжеткен ақырын бұлқына жерге түсті.

– Қамымды ойлағаның үшін рахмет. Кел, екеуіміз бірге тамақтанайық. Сен дастарханыңды әзірлей бер, мен қойдың басын қайырып қояйын. Атына секіріп мінген жігіт алысқа ұзаңқырап бара жатқан отарының басын қайырып, қолын жуып кеп, Әсел дайындаған жер үстелге отырды.

 – Далада ішкен тамақта ерекше ғой, бойыңа сіңеді. Эльдар сөйлей отырып, қыз қолынан шай алды.

– Сізден сұрайын деп едім, негізі, есіміңіз Еркебала емес, басқа, неге өтірік айттыңыз?

– Еркебала деп анам еркелетуші еді. Сол анамның мейірімін сағынғасын айтқаным ғой. Негізгі атым – Тоқтар. Тоқтар Бекболсынов.

 – Анаңызды қашаннан бері көрген жоқсыз?

Не айтарын білмей сасып қалған Эльдар нанын қарбытып асап жіберіп:

 – Көп бола қойған жоқ. Небәрі бір айдай болды-ау деймін. Бәрібір сағынады екенсің.

 – Иә, Еркебала деп атауына қарағанда, ерекше бала боларсыз.

 Әсем де ақырын күліп қойды. Екі жас ұзағынан отырып әңгімелесті. Жусап жатқан қойлар да күннің ыстығынан жүргенге ерінгендей, бұйлығып-бұйлығып, орындарынан қозғалар емес, күйістерін қайырып, маңайындағы шөп-шаламды жатып алып күйсеуде.

– Әсем, сен ауылдың қызы болғаныңмен, қалада өскен адам секілдісің. Немен айналысасың?

Сұрақ кезегі өзіне ауғанына бойжеткен қымсынбады.

– Иә, бірінші сыныптан бастап әкем мені қаладағы интернатқа оқуға берген. Сол жерден университетке түстім. Қазір жазғы каникул болғандықтан, демалыста жүрмін. Ағылшын тілінен сабақ беремін.

 Эльдар қалжыңдап ағылшынша  сөйлемек болып, аузын аша беріп, қоя қойды. Сақтықта қорлық жоқ. Әсем осыдан кейін көп отырмады. Үйде де атқаратын шаруалар бар екенін ескертіп, кері қайтты. Ал  жігіт болса сол орнынан қозғалмастан, ұзап бара жатқан бойжеткеннің соңынан көз алмай қараумен отыр. Жүрегі оны қазірден бастап сағынуда. Кенет оның көзі қыздың қарсы алдынан шыққан шекарашыларды шалып қалды. Әне, олар бойжеткенмен сөйлесуде, арасында, иығын қиқаң еткізіп, «ештеңе білмеймін» дегендей жауап  беруде. Қастарына еріткен бірнеше қарулы шекарашылары бар қызметкерлер енді Эльдарға қарай жүрді. Қонақтар келгенше,  жігіт бет-аузына топырақ жағып, басындағы телпегін теріс аударып киіп, шалбарының балағын бірін сыртына шығарып, бірін ішіне кіргізіп, бейнебір үй-күйі жоқ малайға айналып кетті. Аузында кезінде Иракта өзін азаптаған кезде маңдай тістерін қағып алғаннан кейін, оның орнына алмалы-салмалы таңдай тіс салдырған болатын. Сол тістерді де байқаусыз топырақ астына көміп үлгерді. Шекарашылар жанына  таяғанда, ол өтірік ұйықтап жатқан адамның кейпіне енді. Қасына жақын келіп, аяғынан теуіп қалған кезде, шошып оянған адамның сыңайын келтірген  қойшы тістері жоқ аузын ашып, ыржиып күле берді. Өздері іздеген адамға мүлдем ұқсамайтынын көрген сақшылар ашудан ыза болды. Ыза болмай қайтсін, қапырық ыстықта бес-алты сағат күн астында жүріп көр. Оның үстіне, өзін мазақ етіп тұрғандай, ыржиып күліп тұрған  жынды сүрейдің түрі мынау. Азып-тозып, сусап, іздеген жоқтары табылмай келе жатқан сақшылар «тазы өшін тырнадан аладының» кебін келтіріп, Эльдарды тепкілеп тастады. Қатты керзі етіктің тепкісінен жігіт орнынан қозғалмай, талып қалады. Оны тек қана кешкісін Әсем тауып алды.

 

                               ***

Қыс айы қытымырланып тұрған кезі. Астананың шет жағындағы Бекболаттың саяжайына орналасқан Дамир өзін үй иесіндей сезініп, жуынып-шайынып, түскі асына отыра бергені сол еді, есікті өз кілтімен ашып, кіріп келе жатқан бастығын көріп, құшағын жая қарсы ұмтылды. Көптен бері көрісуге мүмкіндіктері болмаған екі қазақ әңгімені шай үстінде бастады. Басшы Эльдардың бір қойлы ауылға тоқтағанынан хабардар екенін және оның Шығыс өңірі, Зайсан елді мекені маңайында екенін де жасырмады. Неде болса жігіттің ол аймаққа ұзаққа тоқтауына бір нәрсенің кедергі болғанын, қалай да  оны тауып, қажетті көмектер көрсетіп, келесі тапсырмаға дайындау қажеттігін де  ескертті.

 Сол күні Дамир басына тымағын, аяғына саптама етігін киіп, Зайсан шекарасына қарай тағы жолға шықты. Өскеменнен автобусқа отырған ол Зайсан қаласына келіп, қонақүйлердің біріне тоқтап, сосын асықпай досын іздеу қамына кірісуді жоспарлады. Қолындағы картасына үңілсе, Эльдар сол маңнан кем дегенде 100-150 шақырым аумақта жүр.  Көлік немесе жаяу іздеп таппайтының анық. Сондықтан досын атпен іздеген абзал. Бастысы, діттеген жеріне жетсе болғаны. Қанша уақыт жүргені белгісіз, көзі ілініп кеткен екен, кенет орын алған айқай-шудан оянып кетті. Сөйтсе, автобус қарға батып қалыпты. Көзге түртсе қараңғы, қырық градус аязда тоқтап қалған автобус кем дегенде үш-төрт сағат тұрса, мүлдем қатып қалады. Ал оның ішінде елуге тарта балалы-шағалы адамдар отыр. Киімдерін жүре түймелеп, далаға шыққан Дамир ұйлығып тұрған еркектердің қасына келді. Даурығыса шыққан дауыс:

 – Ана отырған жолаушылардан ақша жинап беріңдер, жақын маңдағы ауылдан солярка әкеліп береміз де, анау тоқтап тұрған тракторды жүргізіп, жолды қардан аршып  береміз, – деп екіленуде. Қайсар жігіт маңайына қарап еді, анадай жерде қаңтарылып тұрған жол тазартатын трактордан  басқа жылт еткен жарық көрмеді. Сонда олар қайдағы ауылдан әкелмек.

 – Жігіттер, ішінде балалар отыр, енді бір-екі сағатта олар да үсікке ұшырауы мүмкін, сол ақша демей-ақ көмектессеңдер, нелерің кетеді. Аясаңдар етті!

 – Жоқ, ақша әкеліңдер, әйтпесе осылай бәрің қатып, қырылып қаласыңдар, ертең телеарнадан туыстарың сендердің үсіп, өліп қалғандарың туралы хабар еститін болады. Автобустың алдында екі-үш жеңіл көлік, артында бір-екі жеңіл көлік тоқтапты. Олардың ішінде де әйелдер мен балалар отыр. Жағдайдың тым ушығып тұрғанын сезген жігіт көп ойланбады. Қалтасындағы қауіпсіздік қызметкері деген  жеке құжатын көрсетіп, жүргізушіге маңайдағы жеңіл көліктердегі адамдардың барлығын автобусқа әкелуін тапсырды. Өзі  асықпай көліктің артын айналып, анау саудаласып тұрған адамдардың қаршанасының біреуіне мініп, белгісіз бағытқа қаша жөнелді. Аяқасты қаршанасынан айырылған жігіттер не істерлерін білмей абдырап қалды. Басына түнде ғана көретін линзалы көзілдірікті киген Дамир енді алыстан бағанағы жігіттерді аңдыды. Әне, олар тиеліп, қаршаналарына отырып, оңтүстікке қарай бет алды. Жігіт те жарық жақпастан, көзілдірігінің көмегіне сүйеніп, олардың артынан ерді. Көп ұзамады, қарақшылар сол маңда құлаған жертөлеге орналасқан екен. Ішінде адам аяғы сыймайтындай кішкене  ғана орын. Ортада шамасы 70 литрден болуы керек үш-төрт бөшкеде солярка тұр. Айтпаса да түсінікті, бұлар – жолда осындай қар құрсауында қалғандарға солярка сатып, нәпәқаларын тауып жүргендер. Бірақ адамдар үсіп-өліп жатса да, олар тегін бір литр солярка татырмайды. Керісінше, жолда қалған көліктерді тонап, ондағы жанар-жағармайларды ұрлап, қызығын көруде. Дамир жақын келгенде, олар бір-бірімен жанжалдасып, қызылкеңірдек болып жатты. Енді біреуі ауылдан көмек шақыртып жатыр. Сондағы уәждері –белгісіз біреу қымбат тұратын қаршанасын теуіп кетсе, екіншісі ешкім ақша берер емес деп бажылдауда. Дамир көп ойланбады, олар анау тракторды жолаушылардан ақша алу үшін әдейі қаңтарып қойғандарын ұқты. Ұқты да, көп ойланбады, қолындағы қаруын кезеніп, жігіттерге бөшкелерді көтеріп, далаға шығаруды бұйырды. Өзінің органда істейтінін, сондықтан қарсыласудың артық екенін де ескертіп қойды. Олар  мына тұрған түсі суық адамнан қорықса да, немесе қарудан шошыса да, айтқанын екі етпей бөшкелерді далаға шығарды да, қаршанаға тиеді. Дамир жылдам қимылдап, қаршананың бірін жетегіне алып, жанар-жағармай тиелген  көлікті өзі айдап, қаңтарылған көліктерге қарай жүріп кетті. Келе автобустың жүргізушісі мен ішінде отырған еркектерге, жолдағы жеңіл көліктерді жол шетіне шығарып, автобусқа жол ашып, жылдам жүру керектігін ескертті. Тіптен балалары бар  әйел адамдардан да көмек сұрады. Өйткені автобусты жылдам іске қоспаса, онда бәрінің көмек келгенше үсіп, қатып қалу қаупі барын ескертті. Мұндайда адамдар ұйымшыл келетіні белгілі, бәрі Дамирдің айтқанын екі етпеді. Араларынан трактордың тілін білетін бір азамат шығып, ол жол күрейтін тракторды от алдырып, автобустың жолын арши бастады. Бөшкедегі солярканы іске асырып, автобус гүрілдеп, жол енді ашылып, адамдардың да жүздерінен қорқыныштың белгісі кете бастағанда, қайдан тап болғаны белгісіз, бағанағы үш  қарақшы жігітке енді бесеуі қосылып, автобустың алдында тұр. Арасындағы бастығы болуы керек, шермиген бір жас жігіт:

 – Үйлеріңе жылы жеткілерің келеді екен, әр нәрсенің сұрауы бар, солярканың ақшасын төлеңдер! – деп кіжірейді.

– Әйтпесе, автобустарыңмен қоса құртамын. Өзіне-өзі өте сенімді секілді.

– Жігітім, бұл –табиғат апаты, сен сол апаттан мына адамдарды аман-есен алып шығу үшін талпынудың орнына, бұлардан ақша талап етіп отырсың ба? Қарашы тең жартысы – аналар мен балалар. Оларға жаның ашымай ма?

 – Ашыса, ақшаны сен төле!

– Жігітім, азаматтық борыш деген болады, сен соны түсінесің бе?

 – Сен, көп былжырап, ақылгөйси берме. Еріккеннен ешкім жүрген жоқ. Біреудің меншігіне қол сұғатындай сен кімсің? – деп күжілдеп жақын келе бергенде, көз ілеспес жылдамдықпен Дамир оның қолын артына қайырып, жерге тізерлетіп отырғызып тастады. Осы сәтте артынан келіп қалған екінші бұзақы қолындағы темірмен Дамирді арқасынан ұрып құлатты. Жанашыр азаматқа көмекке басқа да жүргізушілер мен әйелдер жабыла жүгірді. Ақыры, қалтасындағы қаруын алып үлгерген жігіт оқты аспанға атып, қанды төбелесті тоқтатты. Қарудан қорыққан қарақшылар қараңғыға сіңіп, қашып кеткенімен, жолаушыларға да тоқтауға болмайтынын ескерткен Дамир көліктерін оталдыруларын сұрады. Тракторшы жігітті де автобусқа кіргізген азамат тетік кілтін өз қолына алды. Автобустың алдын біраз күреп, жол ашып, көлікті жолға шығарып қоя берді. Қалған  машиналар да бірінің соңынан бірі кетті.

 Қарлы боран мен үскірінді аяздың қыспағына шыдамаған тракторы аяқасты сөніп қалып, ауылшаруашылық техникасынан еш хабары жоқ Дамир не істерін білмей абдырап қалды. Бағанағы қаршана да жоқ. Тек анадайда солярка құйылған бак қана көрінеді. Тірі адам қашанда өмірі үшін жанталасады, қиыннан қисынын тауып, өлместің қамын ойлайды. Дамир де солай, не болса да қардан басы қылтиып шығып тұрған талға солярка тамызып, соны өртеп, аздап болса да бойын жылытты. Өзінің ұзап кетіп бара жатқан автобусқа көңілі толса да, басына түскен қауіптің алдын алу қамына кіріседі. Оның ойына бағанағы бұзықтардың жертөлесі түсіп, қиралаңдай басып солай қарай жүрді. Арқадан алған ауыр соққыдан аяқтарының жаны кетіп, жігіт қайта-қайта құлап қала береді. Сонда да сүйретіле алға қарай жылжуын тоқтатпайды. Әне, бір-екі адым аттаса болды, жетеді... Жоқ, әлі келеді, бірақ жете алар емес. Есінен танған Дамир жертөленің үстіне келгенде, құлап түсті.

Қай кезде есін жиғаны белгісіз, әйтеуір жылы төсектің үстінде жатыр екен. Басы таңулы, қасында бет-аузын сақал басқан, аузында бір тісі жоқ қаба сақалды  бір жігіт бұның аузына су құйып, күтіп жүр. Өзі еңкілдеп, теріс қарап жылап алады.

 – Мен қайда жатырмын, Зайсандамын ба?

–  Иә, сіз Зайсанға 150 шақырым қашықтықта жетпей жатырсыз. Дем алыңыз. Тыныш ұйықтай беріңіз, мен сіздің ұйқыңызды күзететін боламын, – дейді тағы да көз жасына ие бола алмаған қаба сақал.

Маңдайы, көзінің айналасы бәрі тыртыққа толы бұл адам кім? Дауысы да бір түрлі қарлығыңқы. Жаз кезінде өзін соққыға жығып кеткен шекарашылардан соң бұл осы қойшының үйінде қыстап қалған Эльдар  болатын. Аяғы жүруге жарамай, көп бейнет тартты. Ақыры, үй иесі бір емшіні әкеп, емдеп жазған. Жазылған соң кетейін деп еді, Әсем жібермеді. Өзінің мұны сүйетінін айтып, кетпеуін өтінді. Өмірінде бірінші рет ғашық болған аяулы қызының тілін алып, ол да қойшының қатарына қосылған еді.  Іздеушілердің келетінін білсе де, орнынан қозғалмаған Эльдар біраз ес жинап алмақ болып,  қойлы ауылда қалып қойды. Жуықта ғана тұмаудан тұрған ол текке жата алмады. Оның үстіне, кеше  түнде қойға қасқыр шауып, қашаны бұзып қашқан қойлар бөлініп кеткен болатын. Соларды таң атқанша іздеп тауып алайын деп, атын ерттеп жолға  шыққаны сол еді, көзіне өртенген тал түсіп, иен далада тал өртеген кім, әлде қасқырға тап болған біреу ме деген оймен қолына мылтығын ала сала солай қарай шаба жөнелген. Жақын келгенде, жертөленің үстінде құлап жатқан осынау адамды көріп, үйге алып келгенде таныды, өзінің досы – Дамирі! Содан бері елін, жерін, аяулы отбасын сағынған жігіт досының басын құшақтап ағыл-тегіл жылау үстінде. Дамир көзін жұмып жатқанымен, мынау адамның іс-қимылын қойшының қылығына ұқсатпады.

 – Су ішкім келеді.  Ондағы ойы осыдан үш жыл бұрын үш дос қолдарына сіріңкенің күкіртін сулап отырып, «ДНЭ» деген әріптерді күйдіріп жазған болатын. Соны тексермек ниетте. Су ұсынған білектегі ерекше жазу «ДНЭ», «Дамир, Назгүл, Эльдар» деген үш әріпті көргені сол екен, ол суды қағып жіберіп, Эльдарды құшақтай алды.

 – Бар екенсің ғой, бауырым-ау! Бар екенсің ғой!  Екі дос құшақтасқан қалыбы ұзақ тұрып қалды.

 – Мені іздеп шығамын деп өліп қала жаздапсың ғой. Шығыстың шыңғырған қысы ешкімді аямайтынын білмеуші ме едің?

 – Білемін, қайдағы бір жол  бұзақылары тап болып, кідіріп қалғаным, – дейді күлімсіреген Дамир.

 – Келші, сағынышымды басайын! Екі достың құшағы тағы айқасты. Әсемін қасына ерткен Эльдар мен Дамир үшінші күні жолға шығып, кезіккен таксиге отырып, Астанаға қарай бет алды. Астана әуежайында оларды Бекболат пен Әділ Әшірбекұлы қарсы алып, көліктерінің басын белгісіз бағытқа қарай бұрып әкетті. Бұл атақты Бурабай курортының маңы болатын.  Оқжетпес тауының етегінде орналасқан оқшау тұрған екі қабатты үйге алып келгенде, қақпаның ар жағында тұрған Эльдар мен Дамирдің ата-анасы және Назгүлді көрген кезде, үшеуі де таңданып қалды. Баласын анадайдан танитын ана жүрегі ұлдарына қарай алып ұшты. Бұл екі жарым жылдың ішінде өткізген ата-ана үшін қорқу мен жылауға толы, ұлдары үшін өмір мен өлімнің арасындағы арпалыс уақыт болғанын түсінгенімен де, жақ ашып айта алмады. Тек жылап келіп, құшақтары айқасты.

 

                                            ***

Осылай қыстың соңғы айы мен көктемнің шуақты күндерін қарсы алған екі отбасы өздеріне қойылған басты тапсырмаларды  нақты орындады. Олар ешқандай артық қимылсыз, ұлдарының келесі тапсырмаға тыңғылықты дайындалуына мүмкіндіктер жасады. Балаларын уақытымен тамақтандырып, артық мазасын алмауға тырысты. Бар мүмкіндіктерін  сүйікті ұлдарының қасында өткізуге тырысты. Олар да әр минутты бос жібермеуге дағдыланса да, белгіленген мөлшерде өздеріне қажетті әскери дайындықтарға жаттықты. Соңғы шығып жатқан технологияларды меңгерді. Бұл жолғы тапсырма да оңай болмайтыны белгілі. Бекболат  қазақтың екі чекист жігітін тағы да алыс сапарға аттандырмақ. Бұл жолы олардың қатарына Назгүл қосылды. Бірақ ол бұлардың ісін Қазақстанда жалғастыратын болады.

...Әне, Астана әуежайы. Көппен бірге шетелдік екі самолетке қарай екіге бөлініп кетіп бара жатқан қазақтың жігіттері (Отанын сүйген екі қылмыскер) жол ортада тұрып, әуежайдың ғимаратына қарады. Олар өздеріне қол бұлғап тұрған Әсем мен Назгүлге тек қана елеусіз бастарын изеуге ғана мүмкіндік алды. Алдағы атқарар тапсырма да ауыр әрі сындарлы. Иә, келесі кездесу де  сәтімен болсын!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған