Адам қарады: 684 | Жарияланды: 2018-05-22 02:17:52

Мен – қазақпын

Табиғаты ерекше жаратылған,

Ат жалынан қазақпын ала туған.

Найзағайдай жалғанды осып өткен,

Махамбетпін, ақынмын – дара тұлғам.

 

Шабыт келсе маздатып жалынымды,

Хан алдында жимаймын айылымды.

Бауыржанмын – дұшпанның мысын басқан,

Дос – жаранға мырзамын, қайырымды.

 

Асан қайғы, Абаймын ой үстінде,

Ақан сері, Біржанмын той үстінде.

Бөрі – ана емізген көкірегін,

                     Ер түрікпін – ырзығы жол үстінде.

 

Қарақұстың қаптаған жаласынан,

Мен Қайратпын мертіккен – бала қырын.

Мұқағали аңсаған періштедей,

Сәби болып қайтадан жаңа туам.

 

Бересімді көп пішсе аласымнан,

Тағдырыммен аулақпын таласудан.

Ана тілді, киелі Ата жұртты,

Қорғап өтем жаулардан аласұрған!

Қазақ тілінде жазылған