Адам қарады: 927 | Жарияланды: 2018-05-25 04:54:24

Бір тамшы қан

Осы кітабымды 1992 жылы Монғолиядан көшіп келіп, Тарбағатайдан пана тауып, алайда тағдыр тауқыметінің сынағына шыдай алмай шорт сынған қандас бауырларым, жас жұбайлар Қуат Берден мен Айшагүл Мұхтарханның рухына  арнаймын.

                                          Автор.                                                                                                               

 

 

...Адамды сүйгенің, бүкіл  адамзатты сүйгенің.

                                                                                                                        Абай

 

– Балам, Сымбат қайтыс болып,  қызы Саясы  жалғыз қалды. Не істейсің, қолыңнан қандай көмек келеді? – деген анамның телефонның ар жағынан дірілдей шыққан үнінен сескеніп, жүрегім дір ете түсті.

Сымбаттың дүниеден ерте озғандығы, жасына жетпей ажалын ерте шақырып, өзіне-өзі қол жұмсағаны, оның әлсіздігі дегеніммен бұл дүниеге сыймай кеткені, қасіретін бөлісер маңайында бір жанның қалмағанынан. «Қазақстанға Монғолия жерінен көшіп келіп, пана тапқаныменен бақытын жоғалтып, өмірден өз орнын таба алмай, басына түскен тағдырдың тәлкегіне шыдай алмағандығанан ба?» деген қалың ойға да қалдым. Адам тағдыры Алланың қолында деп, отырушы еді жарықтық апам. «Сымбаттың дәм-тұзының ерте таусылғанын да Алланың бұйрығы шығар», - деп топшыладым. Кеше ғана бір нанды бөлісіп жеп, туған бауырымдай болып кеткен азаматты «бүгін жоқ» дегенге сенгім де келер емес.

         ...1992-1993 жылдар болатын. Күздің қара суығы  денені  қалтыратып, құлақ-шекені қарып тұрған кезі еді. Монғолия мен Қазақстанның арасындағы  қандастарымызды Қазақстанға қайтару жөніндегі келісім-шарт жүзеге  асып, ағайындарымыздың алғашқы легі Қазақстанның бір шеті біздің ауылға да келіп жеткен беті  де осы қара күздің басы болатын.

Ауыл азаматтары  кеңседе  шұғыл бастарын қосып,  қызу мәселені талқылап естері шығуда. Ал, кеңсе сыртында төрт-бес отбасы тиелген жүктерімен, «Қайда тап болдық?» деген кісіше жан-жақтарына жаутаңдай  әрі таңырқай қарап, бірдемелерді айтысып жатыр. Бұлар Монғолиядан алғаш рет  өздерінің ата-бабаларының кіндік қаны тамған, ұзақ жылдар бойына қанша армандаса да қолдары жетпей бір уыс топырағына зар болған, қандастарымыз – оралмандар еді.

– Ал, жігіттер, босқа қызыл тер болып қайтеміз. Әрқайсымыз анау далада күтіп тұрған отбасыларын бөліп-бөліп өз қарауымызға алып, көмек көрсетейік, үкіметтің тапсырмасы сол ғой, келіңдер соны орындайық, – деп  сөз осымен аяқталсын дегендей ауылдың сол кездегі бастығы Секен Әсетов орнынан көтерілді.

Бәрі де  далаға шығып, көп ойланбастан көшіп келушілердің қастарына барды да өздеріне жаутаңдай қараған қаракөз ағайындардың бір-бір отбасыларын ертіп үйді-үйлеріне тарасты. Кеңсенің кілтін таба алмай кідіріп қалған Секен аялдап барып далаға шыққан кезде өз көзіне өзі сенбей тұрып қалды. Түр - тұлғалары балаға ұқсас қыз бен ұл бала қол ұстасқан қалпы аяқтарымен жер түрткілеп төмен қарап, бастарын көтерместен көліктің қасында тұр. Таяп келіп байқағанда, өрімдей ғана  екі жастың ерлі-зайыптылар екенін  айтпай-ақ түсінді.

– Танымайтын жерге қандай ата-ана көзі қиып екеуіңді жіберді екен ә? – деп таңданыспен сұрағын да қойып үлгерді.

 – Екеуіңді аналар баласынып тастап кеткен ғой. Маған кездескен бақтарың бар бала екенсіңдер, жүріңдер кеттік біздікіне.

Осылай көштің басын өз үйіне әкеп тіреген Секен машинадан түсер-түспестен әйелі Гүлмайраға айқай салды.

- Майраш, сүйінші! Балалы болдық!

Үйден атып шыққан Гүлмайра қазақы  үлгіде киінген екі жас баланы көріп,  аңтарылып тұрып қалды.

– Қарғаларым-ау, құдайдың бере салғандары-ау, сендерді мұнда қандай жел айдап келді? – Сөзін шұбырта бере, басын шайқап айналып-толғанып жатыр.

– Майраш, балалардың қарны ашқан болар әрі  өздері тоңып та кетті, тездетіп күтіміңе алсаң жақсы болар еді.

Қазір-қазір деп апалақтап қалған ол жығыла-сүріне ұйықтап жатқан балаларын оятуға асыға төргі бөлмеге ұмтылды. Міне,  менің жанұяма  Монғолиядан   қоныс аударған алғашқы отбасыларының бірі – Сымбат пен Данагүл  осылай келіп қосылған-ды.

– Балалар, тездетіп тұрыңдар, тез! Бауырлы болдыңдар, үйірлеріңе тағы адам қосылды! – анамда жан жоқ.

Қуанышы мен қорқынышын жас балаларға деген аяушылығын көлкілдеп тұрған көз жасынан да көрсетіп қояды. «Бауырлы болдыңдар»  деген жақсы сөзге төсектерінен атып-атып тұрған бауырларым шала-пұла киіне далаға  жүгіре шыққандармен ошарылып тұрысып қалды. Кіп-кішкентай болып басына кексе әйелдерше (біздің жақта басына орамалды 35-40 жастан бастап тартады) орамал тартқан, үстінде ұзын көйлегі, оның сыртында монғолдардың үлгісімен  қолдан сырып тіккен  қалың шапанды келіншекке,  қасында басын төмен тұқырта ұстап  жерге қарап қалған, айналасын айландыра түлкінің терісін тартып тіккен бөркі бар, үстіне сырылған  бірақ қысқарақ етіп тіккен қалың шапаны, аяғында саптама етігі бар жігітті көріп, зоопаркке кіріп кеткендей әсерде   бәрі  аң-таң тұрысып қалды.

– Неменеге түк көрмегендей таңқалып тұрып қалдыңдар, тез беті-қолдарыңды жуыңдар да мына балалардың үйін тігісіп беріңдер, – деп әкем Секен екі баланы қолдарынан жетектеген қалпы ас үйге кірді. «Туысты болдыңдар»  дегенге мәз болған менің бауырларым да қуанышқа кенеліп, тез-тез жуынуға кірісті. Дастарқанына бар-жоғын салып, арасында таңдана басын шайқап қойып анам екі балаға алма-кезек қарайды.

–  Айналайындар-ау, ата-аналарың қайтіп екеуіңді қиып Қазақстанға қоя берді  екен ә?

– Менің Монғолияда алыс ағайындарымнан басқа ешкімім жоқ. Ал, мына Данагүлдің отбасында сегіз бала және әке-шешесі де тірі, сол жақта қалды, – деп Сымбат бірден  өздерімен  танысуға құмартып отырған Секеннің балалары мен Гүлмайраға кезек қарап қойып әңгімесін сабақтады.

– «Қазақстанға көшетіндер бар ма?» – дегенде алдыменен мен барамын деп ұмтылдым. Қазақтардың барлығы көшеміз десіп жатыр. Не болса да  атамекенге  жетейін, арғысын көре жатармыз деген оймен келіп қалдық.

Жас болса да оның үлкен адамдарша сөйлеп отырғанына қарағанда едәуір есейіп кемелденіп қалғанын байқағандайсың. Ал,  келіншегі сол төмен қараған қалпы басын көтерер емес.

Үнсіздік жайлаған бірер минут өтер өтпестен шешем  Данагүлдің алдындағы кесесін алып, суып қалған шайын төге салды да, қайтадан жаңалап шай құйып берді.

– Балам ештемеден қысылма, көріп отырсыңдар ғой менің де сендер секілді балаларым бар. Енді сендер де солардың бірі боласыңдар, бірің – ұлым, екіншің – қызым. Мен сендерді не күйеу, не келін демей-ақ қояйын.

Данагүлдің жарқ ете қалған жанарынан қуаныштың ұшқыны байқалып қалды. Осы кезде үстелді  жағалай  жайғаса бастаған бауырларым да   қонақтарды ортаға ала  қоршай отырысты. Бәрінің екеуіне  әрі таңдана, әрі қуана қарап отырғандары бесенеден белгілі. Өйткені, «бауырлы болдың» деген сөз  «туғаның» дегенмен бірдей. Сондықтан да  әкемнің де, шешемнің де, бауырларымның да жүректерінде көз алдымызда жәудіреп отырған, кішкентайлықтарына қарамай бір мемлекеттен екінші мемлекетке өтіп, өздерінің болашақ жарқын өмірлерін Қазақстанда өткіземіз деп келген екі жасқа деген  елжірегендік  сезім тұрды.

– Балапаным - ау, шәйіңді түгесіп ішсеңші. Біз де өздеріңдей қазақпыз, сендерді де мен секілді ана тапқан болар, ештемеден жасқанып қорықпаңдар, үй өздеріңдікі, – деп  анам елпілдеп жатыр.

– Иә, ештеңеден ұялмаңдар, балаларды көрдіңдер ғой. Мынау отырған Бірлік, анау отырған Ержан, Жанна, Жанат, Әсел деген тумаларың осылар. Данагүл айналайын басыңды көтеріп, еңсеңді түсірмей дұрысталып отырып шәйіңді қанып ішіп ал, сосын барып үйлеріңді тігерміз, асықпаңдар. Егер жолдан шаршап келсеңдер дем алыңдар,  кейінгісін көрерміз. «Дем алыңдар»  деген  әкемнің сөзіне екеуі де шошып кеткендей жалт қарасты.

– Жоқ аға, біз алдыменен үйімізді тігейік, сосын дем ала жатармыз, – деп  Сымбат сөз бастап еді, оны келіншегі  сол басын көтерместен  қостағандай болды.

– Сымбат  киіз үйдің қалай тігілетінін сен білмесең, мен білмеймін. Киіз үй өзі қалай құрылады а? деген  Бірліктің балалық сауалына ол таңданған жоқ. Ал, Данагүл болса басын көтеріп ақырын үнсіз жымия оған көз тастады. Осы мезетті аңдып отырғандай:

 – Балам-ау, сөйтіп басыңды бір көтеріп қойсаңшы, – деп әкем  күле орнынан көтерілді.

– Біздің жақта әйел адам  кісі бетіне тура қарап сөйлемейді, салт солай. Монғолиядан келген жап-жас келіншектің соншалықты ата салты мен дәстүріне беріктігі  расында да бәрімізді қатты таңдандырды.

– Салт-дәстүрдің солай екенін біз де білеміз балам. Бірақ бұл – Қазақстан. Ал, Қазақстанда Кеңес үкіметінің құрған  өз заңдылықтары бар. Біз көбіне сол  үйреншікті дағдыға сіңген заңдылықтарға бағынамыз. Салт-дәстүрдің сақталғаны да, ұмыт болғаны да, тіптен құрып кеткені де бар. Үйрене келе  оған да көздерің жетер, – деп анам да шәугімін көтере орнынан тұрды.

– Жүріңдер тездетіп үйлеріңді тігіп, соны жөндеуге кірісейік. Ержан орнынан тұра кәселерін  бірін-біріне қосып  жинай беріп еді, неге екенін қайдам жас келіншек оның қолынан кәсесін көз ілеспес жылдамдықпен жұлып алып,  ыдыс шаятын тегенедегі суға салып жуа бастады. Таңданып қалған Ержан орнына  қайтадан отыра беріп:

–  Данагүл ыдыс жинағанды анамыз ұл-қызымызға бірдей үйреткен, онда тұрған түк жоқ. Сен қонақсың. Дастарқанды  мен жинай салсам түгім кетпес, – деп күлді.

– Жарайды жинай берсін, біз үйді тігейік, – деп өзіне - өзі енді келе бастаған  Сымбат бауырларымды ертіп далаға шығып кетті. Данагүлдің қолынан тартқандай етіп Жанна кеселерді алды.

–  Сен отыршы, біз өзіміз жинайық.  Одан да  Қазақстанға қалай жеттіңдер? Жол ауыр болды ма, қиыншылықтар кездесті ме? Сол жайында аздап әңгімелеп берсеңші. Данагүл   басын төмен түсірген қалпы ақырын ғана сыбырлай сөйлеп кетті. – Жолда ешқандай кедергісіз келдік, бірақ қайда барар екенбіз деп қатты қорықтық.

–  Сымбат екеуің қашан үйленіп жүрсіңдер?

–  Үйленгеннен кейін үш күннен соң осылай қарай аттанып кеттік.

–  Бәле, мамаң мен папаң қалай сені жіберді?

–  Әкем мен анам маған сенің сүйегің ғана біздікі, Сымбат не айтса, соны істейсің деген соң кетіп қалдым.

– Айналайын, мына қыздардың бәрін өзіңнің бауырларыңдай көр. Білмегенің болса сұра,  ұялма. Бетімізге тік қарап сөйлей бер, онда тұрған түкте жоқ, – деп анам да сөзге араласып жатыр.

– Апай  қанымызға сіңіп кеткен салттан асып кетуге болмайды ғой. Әкем  мектепте  мұғалім болған адам, сол кісінің айтуы бойынша қазақ қай жерде де қазақтығын сақтағанда ғана қазақпын деп, айта алады деп отыратын. Бірден көндігіп кетуім де мүмкін емес шығар, үйрене келе көрерміз. Бағанадан үнсіз отырған келіншектің тоқтаусыз сөйлеген бір ауыз сөзіне, дауысын естігеніне бәрі мәз болып қалды.

           Данагүлдің салтты  берік ұстайтындығы, қарапайымдылығы және әйелге тән ұқыптылығына ешкімнің шүбәсі болмады. Жетпіс жыл бойына Кеңес үкіметінің айтқанына көніп, айдағанына жүріп, өзінің тілін де, дінін де, ата-баба салтын да ұмыта бастағанымызға оралман туысқанға қарап ұялсақ та,  ешқайсымызды қынжылта қойған жоқ. Өйткені, «заман солай» деген сөз көмейде өз - өзінен бүлкілдеп тұрды. Оның адам бетіне тік қарамай сөйлеуі, дауысын шығара күлмей үнсіз ғана  күйеуімен келісуі  бауырларым үшін жат нәрсе болғанымен оған түсіністікпен қарады.

Алты бөлмелі үлкен үйдің қасында аппақ шаңқандай болып киіз үй тігіліп жатыр. Керемет бір әдемілік пен сәнділікті қатар құрап тұрғандай. Ауылдағылардың көбісіне киіз үй тігу таңсық болғандықтан, мынадай оюланған ақ киіз үйдің ерекше сымбаттылығы мен әсемдігі, сол үйді тігіп жатқан жандардың тіптен мерейін тасытқандай. Киіз үйдің иесі не айтса, Бірлік пен Ержан оның айтқандарын бұлжытпай орындап зыр жүгіріп жүр. Әкем де үйдің уықтарын шаншып анама:

– Майраш, сен маған қарап күлме, уықты қайда  шаншу керектігін сен де ұмытқан боларсың, – деп әкем өзінің Сымбаттың айтуымен жүгіріп жүргеніне ыңғайсызданғандай кейіп танытып жатыр.

– Айналайын, мына ағаңа сене берме қарғам. Бізден киіз үйді тігу қалғалы қашан, ертең үйің құлап жатпасын ұят болғанда, – деп анам да  шынын жасырмады. Дегбірсізденетін жөні бар өйткені, киіз үйді көбіне  қойшылар ғана тігеді. Ал, менің әкем секілді ферма меңгерушілері  киіз үйді құруды білгенімен, нені қайда орналастыру керектігін ұмытып та қалған сияқты.

 «Монғолиядан қазақтар көшіп келіпті» деген сөз бүкіл ауылға  бес минуттың ішінде тарады. Күннің қара суығына қарамай ауылдағы жасы, кәрісі бар барлығы үй тігісуге   білектерін сыбана кірісіп кетті. Қазақта «асар» деген қанатты сөзді ешкім ұмыта қоймаған. Сондықтан да бүгін біздің ауыл да асардың нағыз қызған шағы. Бірін-бірі танымайтын, шет елден келген қандастардың үйін тұрғызу, әр ауыл адамына ерекше қуаныш сыйлағандай. Кішкентай балаға дейін күннің суығына қарамастан шапқылап алып кел, барып келге жарап жүр. Сол күні келген алты отбасының үйлері түгелімен  бір уақытта ауылымыздан бой көтерді.

Арасында: «бұл Монғолияның қазақтары қандай екен?» деген көздеріндегі сауалдарын да жасыра алмай қалады. Оралман бауырлардың үйін тігіп жатқан кезде әкем бір малын шалып, ішек-қарнын әйелдерге тазалатып, анама қазан көтертіп, үйді тігуге келген адамдардың бәрін асқа  шақырды. Өзінің маңайына адамдарды жинап, оларға ет асып жатқан анам да,  әкем де бауырларымның қарсылығына қарамастан қонақтарды күтуге  дайындалды. 

            – Ержан, Бірлік кәне Сымбат пен  Данагүлді шақырыңдар да келіп тамаққа отырыңдар деген әкемнің шақыруына олар қозғала қойған жоқ.  Өйткені, «алдыменен үлкендер ішсін, сосын барып біздер отырамыз» деген сыңайлары еді. Бәрібір әкем қоярда қоймай алғашқы келген оралман-қандастарды үйге кіргізді. Есіктен алдыменен кірген Сымбаттың артынан енген   әйелі босағада тұрып қалды. Күйеуін төрге жіберіп: – «Ал енді  Данагүл өтсін» деп жол беріп орындарынан түрегеліп тұрған үлкендерге қарап Данагүл басын иді де, сол кірген жеріндегі бос орынға отыра кетті. Елдің бәрі алыстан келген қонағын сыйлап үйренген қазақтар емес пе:

–  Данагүл қарағым төр сенікі, сен төрге шық, – десіп қалбалақтап қалды.

– Біздің жақта келіндер үлкендердің алдын орап төрге  озбайды, – деп әйелінің жағдайын  күйеуі түсіндірді.

– Ендеше,  біздің жақтың келіндері бізден бұрын төрге ұмтылады, қай жердің дастарқанында дәмді мол, сол жерде келіндер жүреді, – деп өзінің көзқарасын  бір көршіміз білдіріп қалды. Үлкендер жағы  Данагүлдің тәрбиелігіне разы болып жатса да, осындай көне салтты  жастығына қарамай ұстанғанына  аянышпен қарайтын да секілді. Өйткені, біздің жақтың келіндері бастарына орамал байламақ түгілі, ата менен ененің алдына шәйді тарс еткізіп қойып немесе алакөзденіп, ызбарланып отыратындары да қаншама. Тіптен бәленшенің келіні енесімен жұлысыпты, атасын итеріп қап жығып тастай жаздапты, тіптен екеуіне де тілі тиіпті деген келеңсіз жайттар біздің әдетімізді қойып, қанымызға сіңіп кеткендей еді. Орыстанудың заңдылықтары қазақтың ұлтын ғана емес, тілін де, дінін де ұмыттыруға шақ қалған кезде барып тәуелсіздігімізді алып, қазақтығымызға қайтадан оралып жатқандаймыз. Бүгінгі Данагүл мен ауылға келген қандас ағайындардың әйелдеріне қарап, олардың инабаттылығы мен имандылықтары ауыл әйелдері мен жас келіндеріне талай ой тастағандай.

Әрине, жас келіншектің шектен тыс инабаттылығы мен ата дәстүрді берік ұстайтындығы адамды мезі етіп жіберетіндей. Кеңес үкіметіне мойын ұсынып, соның тәрбиесінде жетілген  біздер Данагүлдің қылығына шыдауға тура келді. Десе де олардың ауламыздың ішіне үйлерін тігіп,  қоныстанғанына ерекше қуаныштамыз.

– Мама, Сымбаттың үйіне қонайыншы, – деп  Бірлік есіктен сөйлей кірген кезде дастарқан басында отырған  күйеуі мен әйелі қуана жалт қарасты. – Мен бүгін ағайындардың отау үйінде жақсылап тұрып ұйқымды қандырмасам ба? Бірлік еш қалжыңсыз  айтып отырғанымен, оның түнімен от жағылмаған киіз үйде таң атқанша тоңып, дірілдеп шығатынына сенімді әке-шешем үнсіз күліп алды. Сымбат та бірдемені ескертпекші болып жатыр еді, оны әкем ақырын ымдап тоқтатты.

– Жарайды, жатсаң жата ғой. Бүгінше Сымбат пен Данагүл біздің үйдің қонағы сондықтан  үлкен үйге қонады. Ал, сен  оның үйіне қона бер, – деп әкем жымиыңқырап қойды. Өзінің киіз үйге қонамын дегеніне мәз болған Бірлік ерте бастан дайындыққа кірісті. Бұрын киіз үйге жатпақ түгілі басын сұғып көрмеген  ол  енді екеуінің мазасын ала бастады. Шифонер қайда тұрады, үй домалақ төсекті қалай саласыңдар, тоңазытқыштарың жоқ етті қалай сақтайсыңдар сынды сұрақтарын бастырмалатқан кезде, әкем оң қолын көтеріп оны әрең тоқтатты. Сонда да соңғы сауалын қойып үлгерді.

–  Сонда етті қайда сақтайсыңдар?

– Оны мына   үй иесінен сұраңдар етті қалай сақтау керек, сүтті қалай сақтайды оның бәрін осы кісі жақсы біледі, – деп жымиып қойды Сымбат. Бірлік енді жауапты сен бер деген кісіше  Данагүлге қарай бұрыла беріп еді:  –  Әй, Бірлік болды шәйлерін ішсін, мазасын алма, – деп әкем оны тағы тыйып тастады да орнынан тұрып, қалған қандас ағайындарың халін білуге сыртқа беттеді.

– Аға сізбен бірге мен де барып келейінші.  Жүре киінген Сымбат әкеме ілесіп бірге үйден шығып кетті. Данагүл сол басын көтермеген қалпы төмен қарап отыр.

            – Қарғам сен басыңды көтер, ер адамның бетіне тік қарамағаның әрине жақсы, бірақ Қазақстанда ондай салтты келіндер ұстанбайды. Мұндай салтты ұстанғанға сен тым жас секілдісің. Біздің келіндер де енесі мен атасын сыйлайды, алдынан кесе көлденең өтпейді. Сенде енді осы жақтың адамысың, біздің жақтың талабына қарай жүргенің өзіңе жақсы болар. Қазір мына бауырларыңнан басқа бөтен ешкім жоқ, басыңды тік ұстап отырып шәйіңді іше ғой.

         Анамның осыны айтуы мұң екен,  ол ақырын  көтеріліңкіреп отырды.

            – Ойбай-ау көп-көрім келбетің бар екен ғой өстіп отырсаңшы, – деп сөзге қушыкеш бауырым Ержан араласа кетіп еді, Данагүлдің басы сылқ етіп тағы төмен түсіп кеткені. Енді бәрі Ержанға ала көздене қарады:

 – Сенің кеселің.

Келіншектің   мінезіне таңданған Жанна:           

 – Жалпы, кісі беті түгілі күйеуіңнің бетіне дұрыс қарай алмасаң, қалай Сымбат екеуің тіл табысып жүрсіңдер өзі, – деп қойып қалды. Бауырларым енді біраз қазбаласа, олардың киіз үйде қалай түнеп шығатындықтарына дейін сөз болатынын сезеген анам:

– Әй, болды енді тұрыңдар, мына жерді жинастырып мал жаққа шығыңдар. Тергеушіден бетер оны   қысағандарың не? Одан да Данагүлден  үлгі алыңдар, ерте кезде ата-бабаларымыз осындай салтты ұстанған. Апаң атаңның түрін көрмей-ақ тұрмысқа шыққан. Сол ата мен ападан міне сендер таралып отырсыңдар ғой, не жаман ба ә? деп анам жартылай күлімдеп, жорта ашулана орнынан тұрды. Оның артынан әңгімелері енді қызып келе жатқандай болғанда, үзіліп кеткеніне қынжылса да бауырларым  да орындарынан тұрып, мал жайғауға далаға шықты.

Сөйтіп, Монғолиядан келген  қандастарымыздың алғашқы тобы осылай біздің ауылға қоныстанды. Бір Данагүл емес, қалған бес отбасының әйелдерінің ұстанған салты да бір-бірінен бір аусашы. Айыбы олардың жастары  үлкен болған соң ба, аздап ашылып сөйлесе береді .

Үстілеріне киген шапандарының өзі адамға біраз ой тастайды. Қазақстанның жастары тізенің үстінен келетін шолтырайған күрти мен шалбар, басымызға еркектердікі секілді құлақшын киетінбіз. Данагүлдің шапаны әрине бізге ерсілеу болып көрінді. Бірақ іші-сыртын асыл бұлмен (атлас) қаптаған тонның тігісінде де, әдемілігінде де мін жоқ. Алып келген бір түйір малы жоқ болса да, бір үйдің, яғни қыз балаға тән жасауымен  келген  оның үйінің іші де тез арада жиналып болып қалды. Монғолия қазақтарының үйді жинағандарына дейін ерекше екен.

            Қандастарымыздың тағы бір қасиеті еркектері темекі шеккендерімен, ауыл адамдары арақ құйып еді ешкімі аузына алмады. Бірақ ауыл адамдарының әрбір айтқан әңгімесін қалт жібермей тыңдап, зерделеп жадына түйіп отыратындары да ұнады. Соның ішінде бар ынтасын беріп отырған адамның бірі – Сымбат. Қандай әңгіменің түрі болсада, араласып, әлдекім  туралы айтыла қалса руы кім екен, ата тегі қай жақтан деп  қызыға сұрақ қоюмен болды. Кеш батып, бастарын жастыққа тигізгенше асық болған ауыл адамдары  үйлеріне де ертерек  қайтты.

          Әбден шаршаған бауырларым бастары жастыққа тиісімен қалың ұйқыға кірісті. Кенет Жаннаны біреудің пысылдап, сыбырлаған дыбысы оятып жіберді. Ақырын басын көтеріп қараса,  оралман күйеу киімдерін жастанып жерде жатыр.

            –  Ой, сен неге жерде  жатырсың?

            –  Данагүл ұят болады деп қуып шықты. Артқы жақтан  әйелінің мырс етіп күлген дыбысы естілді.

            – Жындысыңдар ма ерлі-зайыпты емессіңдер ме жата беріңдер, біздің жақта жұбайларды бөлмей бір төсекке жатқыза береді.

            – Бізде де солай, бірақ үйде кісілер бар ғой, – деп  келіншек көрпе астынан сөйлеп жатыр. Олардың әдеп сақтап «бірге жатпаймыз»  дегендерін өздерінше түсінген бауырларым Сымбатты мазақтай жөнелді:

            –  Әйеліңнің сөзіне еріп атамекенге келген алғашқы түніңді ағаш еденде өткізбекшісің бе? Бұның дұрыс емес. Осы бастан біздің жақтың заңдылықтарын бойларыңа сіңіре беріңдер. Қазақтарда әр балаға бір бөлмеден деген жоқ. Сондықтан төсектің тұсына шымылдық құрылады,  қысылмаңдар деген Ержанның сөзі жанына қамшы болып тиді ме, орнынан атып тұрған  Сымбат Данагүлді итере ығыстырып,  қасына жатып алды да құрулы шымылдықты түсіріп жіберді.

            Көпке дейін бірінің сыбдырынан екіншісі оянып кеткен Секен балалары мен Сымбат арасындағы қызу әңгіме толастамады. Бауырларымды қызықтырған сауалдардың басымы: олардың Монғолияда қандай жағдайда өмір сүргендері, алған білімдері мен тәлім-тәрбиелері жайлы.  Олардың айтуына қарағанда, Данагүлде сегіз жылдық білім бар екен, монғол тілін шала біледі. Ал, Сымбат  әскерде қызмет атқарғандықтан монғол тілін жақсы меңгергенге ұқсайды. Осылай әңгімелесіп жатып, олар  қонақ жігіттің әңгімесінің соңын ести алмай  қалғып кетті.

                – А-ах-а, Бұл киіз үйге қонып шыққан Бірліктің дауысы. Таза ауаның астында  тоңғанына қарамастан қатты ұйықтағанға ұқсайды.

            – Не, тоңып қалдың ба? Әрине күздің қара суығы от жанбаған үйді жылытушы ма еді, оның үстіне әне, іргесін де жаппай жатып қалыпсың, – деп әкем күлімдеп ұлының үстіне жылы киімдер жауып жатыр.

            – Жоқ киіз үйде ұйықтаған керемет екен, – деп Бірлік намысына тыртысып есі шықты.   

            –  Үйдің артында Данагүл  неғып отыр? Мал жайғап келген  Ержан абыржи сұрады.

            – Данагүл ме, оған не болыпты? Біз оларды ұйықтап жатыр екен деп отырмыз. Тұрып кетіп пе?

            – Балам-ау, сен қашан тұрып кеткенсің үйге жүр, суық жерде неғып отырсың?

Анам мен әкем екеуі екі жақтан  келіншектің «қазір барамына» қарамастан үйге алып келді. Дастарқан басына отырған соң,  барлықтары үнсіз шайларын қолдарына алды.

            – Ештеңеге қамықпа балам, ел-жұртыңды сағынған боларсың. Енді біздің жаққа дәм айдап келіп қалған екенсіңдер, елден қалмай тіршіліктеріңді істейсіңдер. Ертең совхоз өздеріңе тиесі малдарды бөліп береді, бір-бір қыстауға үй салдыртып қойды, үйге керекті мүліктерді де, заттарды да бәрін үкімет беріп жатыр. Оның үстіне,  дүкенге келіп жатқан импортный нәрселер алдыменен сендерге, сосын барып жергілікті халыққа сатылатын болады. Өзім тікелей араласып жүретін болғандықтан, алдыменен екеуіңді қамтамасыз етуге тырысамын. Ешқашан жасып, кейіндеп қалмаңдар, ана Монғолиядан келген   отбасыларының адамдары керемет өжет екен. Үкіметтің бергенінен ешкімі бас тартпастан алып жатыр, сендер де жайбарақат жүріп қалмай,  керек заттарыңды жанталасып алып қалуға тырысыңдар жарай ма?

          Данагүл үнсіз шайын іше отырып, басын изеумен болды. Әкем расында қолындағы бар көмегін аяйын деп тұрған жоқ, бірақ тоқырау заманы адамды да, малды да алалап тұрған еді. Дүкендердің бәрі бос. Аудан орталығына келген тауарлар болса, сол кездегі ауылдағы   дүкен сатушысының өзінен, немесе оның туыстарынан аспай қалатын. Әйтеу халықты аш қылмай ұн-шайы үзілмейтін. Сатушы ауданға тауарға кетіпті десе болды, ауылымыздағы кішкентай дүңгіршек дүкеннің алды түніменен  кезекке тұрған адамдармен күзетіліп тұратын.

            Таң атқанша  бүрсеңдеген  әйелдердің аузынан өсек те, әңгіме де, бейпіл  сөз де, бірін-бірі жамандаған көк езулік те,  бәрі де осы  кезекке тұрғандардан шығып жатушы еді. Әрине, басты әңгіме –  меңгеруші. Ол – менің әкем.

            – Әй, сол Секенді қойшы әне, екі монғолды үйіне кіргізіп алды. Ал, енді не істер екен? Жарайды таудан бір үй алып берер, одан әрі қайтпек? Одан да мына біздерге көмектеспей ме қайдағы бір монғолдарға жүгіргенше, тентіреп түніменен дүкен күзетіп тұрғанымыз дірдектеп!

            – Бастық дегенге құтырып алған. Қолынан түк келмейді, келсе неге ана бәленшеге көмектеспейді. Өзінің де  байып кеткенін көрген емеспіз, не елге артығын бермейді.

            – Көрерсің, ертең ана монғолдар деп алдыменен соларға бәрін бергізеді де, біз тағы құр қол қаламыз.

          Айтса айтқандай, әкем совхоз орталығына барып, сол жерден  сатушыны тосып алып, жаңадан келгендердің тиесілісін алып қалып, басқа машинамен ауылға келіп оралмандарға өзі таратып берді. Әкеміз бастық еді деп, біз де ештеңеге ұмтылмадық. Өйткені, бұл тауарлар тек қана Монғолиядан келген қандастар үшін арнайы әкелінген.

             Жүк тиелген ауыр ЗИЛ машинасының  қандастарымыздың үйіне қарай бұрылғанын көрген Бірлік  өз үйіне қарай ұшты. – Данагүл  тез болсаңшы! Құр қалып қаласың ғой, – деп  оны асықтырып, шырылдап жүр. Расында алдыменен балалы- шағалы  болып келген отбасыларын қамтамасыз етіп, бұл жолы  екі туысқанға азық-түліктен басқа ештеңе бұйырмады.

            – Сендер өз үйлеріңдесіңдер ғой, мына шиттей балалары бар оралмандарға киім-кешектерді бердім. Сендерге келесіде әкелермін ренжімеңдер, – деп  оларды машинасымен өзі үйге алып келді. Қап-қап қант  пен ұн, күріш, қара құмықты көріп есі шығып кеткен Данагүл: – Мынаның бәрін біз қайтіп тауысамыз, сіздер өздеріңіз алыңыздар, – деп бізге қарай итермелейді.

            – Балам, ертең мал алып қыстауға кетіп қалсаңдар азық көп қажет. Тордың үсті, қайта-қайта шекарадан өткізе бермейді. Сондықтан азықтарыңды осы бастан дайындай беріңдер, – деп анам да сөзге араласты.

            – Бүгін ауданға барып,  сүйінші бауырлы болдың деп, Көкетайға телефон соғып едім: «Баламды дәрігерге көрсетіп жатырмын, қалай бітеміз, тездетіп ауыл жаққа барып қайтатын шығармын» – деді, тегі көп ұзамай келіп қалатын шығар, – деп әкем  аудан орталығына текке бармай тағы бір шаруасын бітіріп келгеніне мәз.

            – Е, оның құлағына тиді болды, бір-екі күнде осы жерде болады, – деп анам да қызын сағынғанын білдіріп жатыр.

Көкетайы – мен. Менің есімім – Гүлназ. Секеннің үйіндегі үшінші баламын. Қыздардың үлкенімін. Тұрмысқа шықаныммен дәміміз жараспай, баламыз екеуміз бөлек бір жатақханада тұрамыз. Жалғыз  қызымды  туғаннан бастап, аяғы қақсап ауыратын болған соң, күніге дәрігерге барып, соны емдетумен әуреленіп жүрген жайым бар. Ауылдан әкем телефон шалып: «сүйінші бауырлы болдың» дегенде, басында тілден айрылып қала жаздадым. Қайдағы бауыр? Ол кім? Әлде әкемнің басқа жақта баласы болып, сол келді ме? Жүрегімде мазасыз беймәлім сезім  бүлкілдей жөнелді. Кім болса да бауырым.

Бірақ қанша қуансам да ауылға тез жете алмадым. Айшамның аяғына жасатқан ем айға созылып кеткендіктен асықпадым. Алдыменен баламды дұрыстап емдеп алайын, сосын туыстарымды көрермін деп ойладым. Ақыры қарашаның соңына қарай ауылға да жеттік. Менің келгеніме бауырларым қаншалықты қуанғандарын қайдан білейін, жиендерінің келгеніне өте қуанышты. Қолдан - қолға көтеріп, қайта-қайта бетінен сүйіп , айналып - толғануда.  Данагүл мен Сымбат мен үйге кірген кезде өздерінің отауларында екен.

Ортасына  пеш орнатып, өз күндерін өздері көріп жатқан көрінеді. Бірақ ас ішу біздің дастарқаннан. Біраз әке-шешеммен табысып, болып жатқан жаңалықтарды естуге жайғасып отырдым.  Осы кезде есіктен бойы аласа келген жас жігіт кірді, бірден пайымдадым – Сымбат деген батыр осы. Артынан имене кірген Данагүлді де бірден таныдым. Құдайым - ау қандай кішкентай, қалай бір адамға жар болып, өз өмірін соның қолына тапсырып, қорықпай Қазақстанға келіп жүр деген таңданыс сезім  бойымда жүріп өтті.

            – Көке міне, бауырларың Монғолиядан келген біздің ұлымыз бен қызымыз. Анам жайнаң қағады. Қуанышты. Балаларының қатарына бала болып қосылған  екі жастың, анам мен әкемнің қол астына келуінің өзі бақыт шығар деп қалдым. Өйткені, өзінікінен де артық сыйлайтын, осынау жас отбасын өз баласындай көру екінің бірінің қолынан келе бермейтін сезім.

            – Жоғарлатыңдар келіңдер кеңінен отырып танысайық, мына кісілер менің кім екенімді айтқан болар сендерге, бауырлы болдың деген соң жеткенім осы, – деп күлдім. Олар да үнсіз бастарын төмен ұстаған қалпы  ақырын күлімсіреді. Басында «бауырлардың» қайдан тап болғанын түсінбеген басым, кейіннен «оралмандар» болып шыққанына ерекше қуандым. Шыны керек, жат жерден жандарына  қамқорлық іздеп келген осынау екі жастың, пананы менің ата-анамнан тапқанына шын жүрегімнен қатты қуандым.

            – Данагүл басыңды төмен қаратпа, біздің жақтың салты орыстанып кетсек те дастарқан үстінде басыңды көтеріп отырып, әңгімелескенге не жетсін. Сондықтан бізбен бірдей аралас-құралас отырып, шәйіңді ішсең сонда асың бойыңа жақсы жұғады. Айтқан сөзім оларға түрпідей тиеді деп ойлады ма әкем арамызға шырылдай түсті.

– Балам, тым қатал сөйлеме.

            –  Аға, егер атамекенге келген екен, біздің дәстүрге қарай мойын бұрғандары дұрыс қой. Жарайды салтты ұстансын-ақ, дәстүрге берік болсын делік, бірақ мұнда  ешкім ондай   әдептілікті ұстамайды. Ертең өздеріне қиын тиеді.

            – Десе де бірден Данагүлді олай бұзба қызым. Ақырындап бәрі орнына келер, адам бірден бойына сіңген қасиетті қалай сылып тастасын, біртіндеп біздің жақтың салтына да үйренер, – деп сөзге анам араласты.

– Қазір біздер тәуелсіздігімізді енді алып жатқан жас мемлекетпіз. Өзіміз де заманның қалай қарай бұрылатынына көзіміз жетпейді. Сендер де біз секілді жас адамсыңдар. Егер Қазақстанда тұрып қаламын десеңдер, онда  бізге ұқсап өмір сүруге тырысыңдар. Отырып қалмаңдар малдарыңды өсіріңдер, жандарыңды көбейтіңдер. Әке-шешемнің қолына келгендеріңнің өзі – бақтарың. Бұл кісілер жақсы адамдар. Әкем не айтса соны істеуге тырысыңдар, – деп сөзімді аяқтадым. Әр сөзді нығарлап айтуға  тырыстым. Тоқырау заманда өмір сүру «екі иығыңды жұлып жеумен» бірдей. Екеуі де осы бастан қатал сөзбен іске үйрене берсін деген оймен бастырмалата сөйледім.

 Біздің тәуелсіздігімізбен қатар келген заман ағымы, адамдарымыздың психологиясына да өзіндік ерекшеліктерін ала келгенін жасыра алмаймыз. Елбасымыздың саясаты тұғырында нық тұруы үшін, Қазақстандықтар нарықтық экономикалық  дағдарысқа төтеп беру жолында аянбай еңбектенуге кірісті. Қолынан іс келетіндердің барлығы қарап жатпады. Әр қазақстандық өзінше өмір сүруге тырысып бағуда. Тіршіліктің көзі – еңбекте деген сайын, адамдардың өмірге деген көзқарастары өзгеріп, алға ұмтылды. Бізбен бірге елімізге оралып жатқан қандастарымызда көбейген сайын, қатарымыздан қалмауға тырысып бағуда. Еліміздің түкпір-түкпіріне келіп қоныстанып жатқан оралмандардың тіршіліктің ағымына қарай бірі сауда-сатықпен айналысса, екіншісі мамандығы бойынша жұмыс тауып жатты. Бірақ үкіметтің жұмысынан гөрі, сауда-саттықтан пайда көп. Сондықтан орысшаны білмесе де аянып қалғылары келмеген ағайындар, әсіресе қалалы жердегілер саудаға шықты. Ал, ауылда тұрақтағандары мал өсірумен шұғылданды.

 – Көке апай сіз келеді деген соң сақтап қойған етіміз бар еді, бүгін соны асып ағам мен тәтеге, барлықтарыңызға үйімізден дәм татырайық, үйге келіңіздер, – деп Сымбат бізді үйіне шақырды. «Көке апай» дегеніне күлкім келгенімен, оның астарында өзімшілдігі мен сыйласымдылықтың жатқанына іштей қатты қуандым.

           Мәселе асқа шақырғанында емес, олардың менің туыстарымның алдында айтар алғысын осы дәм арқылы  жеткізгелі тұрғанын сездім. Кешке қарай малды жайғап болған соң, бәріміз Данагүлдің жерге жайған дастарқанын айнала қоршай отырдық. Дастарқан бетіне  Монғолиядан алып келген құрт-ірімшігін, қант-кәмпитін, бауырсағы мен ыстық шелпегін мол ғып үйіп  жайып салғанда, өмірі ондай тамақ ішіп көрмеген адамдай бауырларым  бірден асқа бас қойды. Олардың сол тамаққа ынтығып отырғанына Сымбат та Данагүл де қуанысып қалды. Өйткені, жатсынбай өздерінікіндей  көріп ішке еніп, өзімсіне ұмтылған бауырларымның қылығына екеуі де мәз.

            – Аға - тәте, Данагүл екеуміз ойлана келіп, Монғолиядан алып келген анамыздың берген сәлемдемесі бар еді, соны сіздерге берсек деп отырмыз. Сіздердің бізге көрсеткен жақсылықтарыңыз үшін рахмет! Келіншек орнынан  тұрып, сандық үстіндегі ораулы  мата мен орамалды алып анамның қолына ұстатты.

            – Қарғаларым - ау өздерің енді қоныстанып жатқанда, бізге ештеңенің керегі жоқ, – деп анам  абдырап қалды.

            – Мұны анам елден кетер де «өздеріңе көмектескен жақсы адамдар болса, сол кісілерге берерсің» деп ерекше атап берген. Данагүл осы сөзді айтар айтпастан жылап жіберді. Оның елін, ата-анасын, туған-туыстарын сағынып отырғанын бәріміз де сездік. Сондықтан да біздің де көзімізге жас толды.

 Иә, бірден ата-анадан ұзап, туған жерін мәңгіге тастап кету деген адам үшін ауыр сынақ. Ал, адам деген «ит жанды» деуші еді үлкендер, неге көнбеген.  

            – Жалғыз қалсам ойға түсіп кетемін. Қайта сіздер қасымдасыздар сол жақсы болды, ой бөлініп дегендей, – деді  жылағанына ыңғайсызданған ол ақырын сыбырлай сөйлеп.

            – Олай көп ойлана берсең балам ішқұсалық  ауруға шалдығасың. Сондықтан көп ештеңені ойламауға тырыс. Жалғыз қалсаң міне, қасыңда шешең бар әне, бауырларың соларға қосыл. Үйде жалғыз қалушы болма.  Сымбат, үш сиыр мен он бес қойды алып тордың үстіне шығасың ғой деймін қыстауға, сосын совхоздың біраз малын қосып алып бағасың. Еңбекақың болады және көмекші қосып береді, – әкемнің осылай деуі мұң екен:

 – Оған көмекшінің керегі не? Одан да мен барайыншы. – Бірлік орынан атып тұрды.

–  Есің бар ма балам, сенің мектебің бар емес пе?

– Ой, сол мектепті қойшы мама, арасында оқып тұрамын. Есесіне Сымбатқа көмекші боламын.

–  Болды, жетер. Алдыменен мектебіңді аяқта,  көмекші болу ешқайда қашпайды. Арасында тауға шығып   тамақ, азық-түлік тасып тұрасың.

– Ура-а! Бірліктің есі шығып кетті. Қуанғанынан ыржалаңдап күле береді.

Біздің тамсанып жеп жатқанымыз оларға ұнап кеткен болуы керек, «бұл монғол сиырының еті»  дегенде аузымыз ашылып отырып қалдық,  Аузымыздағы етті не ары қарай жұтарымызды, не бері шығарып тастарымызды білмей,  әйтеуір толғап-толғап әрең жұттық.

            – «Монғол сиыры»  деп бекерге айттың ғой Сымбат, оданша  үндемей - ақ отыра бермедің бе, – деп тәтті еттің дәмі кетіп қалғандай өкпелей сөйледім. Данагүл де ыңғайсызданған болуы керек:  «Тыныш отырмайсың ба?» – дегенді көз қиығымен танытты.

            –  Жарайды, ол да мал ақырын жеңдер, ұшынып қалып жүрмеңдер. Олар елінде  осы етті жеген. Енді біздің сиырлардың етін жейді онда тұрған не бар? Ет болса болды емеспе а Сымбат? – деп әкем қулана күлімсіреп қойды. Ол кісінің де ішінің бүлкілдеп отырғанын түсіндім, балаларының ұшынып ауырып қалмаса екен деп іштей тілеп отырғаны бесенеден белгілі еді.

            –  Е,  бұл балалардың арқасында монғол сиырының да етін жедік. Құдай дәм татқызамын десе қазір-ақ екен ғой. Анам таңдана қозғалып қойды. Дастарқандағы етті алып орнына шай келген кезде, бәріміз енді шәй туралы не айтар екен деген кісіше әкем мен Сымбатқа сезіктене қарадық. Осыны түсінген әкем бізге қарап:

 –  Іше беріңдер шәйді біздің дүкеннен алған, өзіміздің Қазақстанның шәйі ал, ана бауырсақтан жемей - ақ қойыңдар оны Данагүл пысырған, – деп күліп жіберді әкем.

 Ол кісінің  етті жемей қойдыңдар, енді бауырсақты да Монғолиядан келген Данагүл пысырды десем қайтер екен деген оймен айтып отырғанын бәріміз түсініп, бір күлісіп алдық. Бірақ ешқандай қоспасыз таза пісірген   үй иесінің бауырсағына басқа ешкімдікі  жетпес еді. Қазақтың ұлттық тамағының бірі құрт қой. Сол құртты сақтауы, пісіруі де, өзінше бір ерекшелікпен істелінген. Әрі жұмсақ, әрі тәтті. Ал, біздің жақтың құрттары шегедей болып қатып жатады. Жастығына қарамай, осыншалықты пысық болып өскен Данагүл бір ошақтың от жағары болуға лайық жан екенін,  Сымбаттың текке оны  жар етіп таңдамағаны да белгілі.

 – Қой  Майраш  біздер қайтайық, балалар өздері отыра берсін.

Әкем мен шешем бірін-бірі үнсіз ұғынысып алғыстарын айтып, баталарын беріп үйден шығып кетті. Ендігі дастарқан басының үлкені мен болып қалдым.  Кезек маған келген секілді, бағанадан бері екі жастың қылықтарын үнсіз бақылап, біздің Қазақстан мен шет елден келген адамдардың арасындағы үлкен айырмашылық: салт-дәстүрдің қалай сақталғанын байқап отырмын. Сондықтан да көкейіме келген бір сұрақты қойып қалдым.

– Сымбат сен маған мынаны айтшы, осы елге келгендеріңе екі айдай уақыт болып қалыпты, көңіліңе жақпаған не нәрсе? Жалпы  атамекенге келгеннен бері не нәрсе ұнамай жүр? Тек жасырмай шыныңды айтшы.

Олар екеуі де біріне-бірі жымия үнсіз қарап қалды. Менің зілсіз  қойып отырған сұрағыма олардың бір жауаптары бар екенін сездім.

–  Шындықты айтсам ренжімейсіздер ме?

Бәріміз бірден:

 – Неге ренжиік, айта бер!

            – Айтсам, менің көңіліме жақпаған бір жайт, ол сіздер қыз бала – әйел адам болып елдің бетіне тік қарап сөйлеп, сосын жыртыңдап көп күле бересіздер. Үйдегі еркек адам даланың ғана жұмысымен жүруі керек. Ал аға бастық болса да, үйде қаншама адамдар отырып,  үлкен кісіге от жаққызып қояды екенсіздер. Осы жағы ұнамады. Сосын сіздер ашық-шашық, қалай болса, солай жүре бересіздер. Ата, қайнаға, қайын ініні атымен атайсыздар.

Біздер бір сәт үнсіз қалдық. Сымбаттың айтып отырған келеңсіздіктеріне қарсы тұрғым да келді, бірақ оның да өз түйгені, өзінің тәрбие алған ортасы болғаны, олардың салт-дәстүрді  қатал ұстанғандарына  іштей назалана  келістім.

            – Көке апайды ренжітіп алдық қой деймін, – деп үнсіз қалғаныма Данагүл ақырын сыбырлап қояды.

            – Жоға, несін ренжиін, сендерде өздеріңше дұрыс айтасыңдар. Бірақ, оның бәрі тәрбиеге де байланысты. Сендер  Монғолияда қазақы салт-дәстүрді сақтай білдіңдер.  Біз мұнда орыстардың салтына бағынып, ер адамды – еркектей, әйел адамды – әйелдей бағалай  алмаған болармыз. Қыз баланы әке ерекше еркелетіп, көбіне бетінен қақпайды. Сондықтан да қыздарымыз ер мінезді, алғыр, айтқан бетінен қайтпайтын мінезді болып өседі.

Ал, ұл балаларды сол қыз баланың қамқоршысы, қорғанысың деп оған көмекші етіп үйретеді. Ол дегенім ұл бала бұл  үйде от та жағады, тамақ та пісіреді, еден де жуады,  кей кездері кірін де өзі жуып алады. Сендердің  айтқандарыңа жүгінсек, әйел адам –күң ретінде жүруі керек те, еркек адам даладан үйге кірмеуі керек секілді. Негізінде біздер дұрыс пайымдай алмайтын да шығармыз. Қазақстанда мынадай бір қағида бар, ол «әйел мен еркек тең құқылы» деген. Әйелдер жағы осы құқыққа қатты назар аударып, өздері де еркекше  жұмыс істеп, үйіндегі еркегін де бос жатқызбауға тырысады. Бір сөзбен айтқанда еркек пен әйел Қазақстанда тең.

– Десе де сіздерде атаның, қайнағаның,  қайын ініні атымен атай береді екенсіздер. Ол біздер үшін үлкен күнә болар еді, – деп келіншек те өзіне жақпаған  келеңсіздікті жасырмай жайып салды. Бағанадан бері  бәрімізге үнсіз жымия қарап, әр сөзге басын изеп, қолдау көрсетіп отырған  Ержан :

 – Данагүл, мен сенің атаңның атын білемін. Мысалы, әне  анау жерде «Қоян» қашып бара жатыр, сонда сен не деп ол «Қоянды» басқаша атар едің ә?

  •  Мен не үнсіз отыра берер едім, немесе, тікқұлақ кетіп бара жатыр дер едім.

Оның аяқ асты сөз тауып кеткеніне бәрімізде масаттана күлдік.

            –  Жоқ, – дейді Ержан жеңілгендігін мойындағысы келмей, бұл жақта тікқұлақ дегенді ешкім ұқпайды. Қоян қашып бара жатса сен «ой, тікқұлақ кетіп бара жатыр» – деп аспай-саспай отыра берсең, оныңды ешкім ұқпай ауыздары ашылып, қояның қашып кетеді ғой.  Сонда қайтпексің?

            – Қайтемін, қашса қаша берсін.

Данагүлдің жайдарлана күлгеніне  біз де қосылдық.

Бабаның салған ізімен жүру кімге болса да парыз. Бірақ Қазақстандық адамдардың сол ата-бабаның салып кеткен іздерінің көмескіленіп бара жатқанына ешкімнің қынжылмайтындықтары мені таңдантады.  Соның бірі – өзіммін ғой. Күн  біраз ысып кетсе болды, «ойбай  ыстықтадық» деп шешініп тастаймыз. Төсіміз жартылай ашық, жартылай жабық, санымыз жарқылдап, қысқа етек көйлекпен жүре береміз, немесе денемізге бірдемені мода деп жапсырып аламыз.

            Заман талабы солай деп үлкендер де осының бәріне мойынұсынып кеткен. Немесе баласының елдің қатарынан қалмағанын ойлаған ата-ана оны бетімен жібереді. Шет елден келген қазақтар да, ыстықта етек жеңдерін түсіріп, бір ашық жер көрсетпей киініп жүрсе: «Ту, мынадай ыстықта...быршып» – деп сөз қыламыз. Әркім өзінше түйіндейді. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екеніне ешкім де назар салғылары келмейді. Бірақ та  шет елден келіп жатқан қазақтардан біздің алар тәрбиеміздің, үйренер үлгілеріміздің, игерер талай біз білмейтін дәстүр мен сананың жатқанын түсіндім. Тек соны бізге жеткізе білетін біреу болса.

  •  Көке апай, ойға түсіп кетті.

Сымбаттың сөзінен мен есімді жия қойдым. Расында да тереңдей тұңғиық арман жетегіне еріп кеткен едім.

           – Сымбат, Данагүл екеуіңді мен Қазақстан  халықтарының тұрмыс-тіршілігіне қарай тәрбиелейін. Ал, екеуің мені ата-бабамыздың салт-дәстүрлеріне қарай бұратын боласыңдар осыған келістік пе, – деп күле орнымнан көтерілдім. Тұра бере сылқ етіп құлап түстім. Сөйтсем, жер дастарқанға тізе бүгіп отырып үйренбегендіктен, аяғым ұйып қалыпты да, буыным ұстамай ұшып түскенім ебедейсіз болса да,  маңайымдағыларды еріксіз күлдірдім.

            – Міне, Көке апай, сізді дастарқан басынан бастап тәрбиелеу керек – деп олар күлкіге бөкті. Өзім де олармен қосыла күлмесіме амалым болмады. Шіркін, қазақтың кең пейіл мінезі - ай, осындай кеңдік пен дарқандылықты шеттен келген қандас бауырларымнан  көремін деп кім ойлаған. Шет жерде жүрген  қандастарды жат адамдардай қараушы едім. Оларда  атамекендегі ағайынға деген мейірбандылық пен жылулық жоқ шығар деп ойлайтынмын. Өйткені, сол ата-бабаларының ізімен келе жатқан адамдар ғой. Оның үстіне мен үшін шет елде жүрген қазақтар Қазақстанға өкпелі  жандардай  көрінетін.

             Іштей үңіле келе, олардың  атамекендеріне бабаларының қаны тамған жерді аңсап, сусап келгендерін түсіндім. Аталарының туған жеріне бастарын иіп тағызым етуді армандап өткен талай қазақтың сүйегі шет жерде қалып та қойды ғой.

            Қазақстан деген үлкен мемлекеттің шетіне де жете алмай, жетсе де шекарадан әрі өте алмай көз жанарлары жасқа толып қалғандары қаншама. Біздер – Қазақстанның азаматтары, Қазақстанның тумалары туған жерге деген қадір мен қасиетті әлі ұғына алмай келеміз, оны ұққан мына кішкентай ғана ерлі-зайыптылар. Монғолия жерінде дүниеге келсе де туған-туыстарын тастап, ата-бабаларының исі сіңген жерге келді. Өздерінің өмірлерін атамекендерінде   жалғастырып, ұрпақ өсіріп, сол тәуелсіз мемлекеттің бір азаматы болып қалыптасып кетеміз деп жан ұшырған екеу де осы – Сымбат пен Данагүл.

            Бір-бірімен қол ұстасып Қазақстанға келсек көзіміз ашылады, шет жердегі өгейліктен құтыламыз, ата-бабамыздың салып кеткен соқпағына түсіп, дүниеге келген ұрпаққа, шет жерде жүргеннің қандай екенін айтып өтеміз деп алға ұмтылған екеу де – осылар.

           Ботадай боздатып анасын, сақалынан жасын саулатып әкесін, боз інгендей аңыратып әпкелерін тастап, алды күңгірт, арты жар, сол аяулы туыстарын енді мәңгі көре алмай қалу қаупі болса да өздеріне - өздері сеніп,  алғашқылардың бірі болып, Қазақстанға өтіп кеткен де осы  жас жұбайлар.

          Осы екеуінің алдында не күтіп тұр? Көндігіп кете алар ма екен. Қазақстанның орыстанған салтына, ұстанған қағидасына төзе алар ма? Бойларына сіңірген атаның салты мен ананың тәрбиесі бар  Данагүл төменшіктеп жүріп алысқа ұзай алар ма екен. Қазақстанның білімі жоқ  болса да мемлекеттік қызыметке жарамайтын, қолынан қойшының таяғын ұстау ғана келетін  Сымбат та  қиындықтарды жеңіп шығуға төзімі жетер ме? Олар жол ортадан сынып кетіп, бірдемеге ұшырап кетпес пе екен? – деген сан-алуан сұрақтар  бірінен кейін бірі алмасып мені тығырыққа тірегендей әсерде қалдырған еді. Әрине, бұл алғашқы әсерден туған күмәнді ой болатын-ды.

Қандай қиын, адам төзбес ауыр тағдырлар. Жақыныңнан жалғанда өлідей де, тірідей де айрылған қасіреттің не екенін   екеуі де жақсы білетін болар.  Және ту қиян алыста, арманда қалған  ата-ана ғана білер.

            Сондықтан да  бұлардың ата-анамның қолтығының астына келгендеріне қуандым. Егер олар өздері жаттық көрсетпесе анам да,  әкем де ол екеуін ауланың сыртына «сен бөтенсің» деп шығара қоймасын білемін.

            –  Көке апай неге қалың ойға батып отырсыз?  

Данагүл ақырын келіп менің қасыма отырды. Біраздан соң  Сымбат келді. Кешкі астан кейін ауылдың салқын самал желіне бетімді төсеп, дем алып отырған бетім. Екеуі де жатар алдындағы сейілдерін менің қасыма келіп өткізбекші болды ма, әлде мені неге қалың ойға кетіп отыр деді ме, әйтеуір ақырын жақындап келіп, қасыма жайғасты. Екеуіне кезек қарап шөкімдей келіншекке жаным  ашыды. Заты әйелдігін дәлелдегендей, күйеуінің айтқанымен жүреді. Сөзін қостап, қолтығынан демейтін туысы да, арқа сүйер азаматы да  жалғыз – Сымбат. Егер араларында  түсініспеушілік бола қалса, алдыменен Данагүлдің жүрегі жараланады. Екеуініңде көңілдеріне қаяу түсіріп алмайын дегендей абайлай сөйледім.

  – Сымбат бауырым, мені тыңда. Мынау біреудің маңдайға басқан қызы сенің қолыңнан ұстап, әке мен шешесін, туыстарын алысқа тастап саған еріп келуі әрине үлкен ерлік. Бұл жерде жыласа басын сүйейтін, құласа демейтін, шалқайса арқасын тірейтін, мұңайса мұңын шағатын адам жалғыз сен ғанасың. Әйел затының көңілін қалдырып, бетіңе түкіртетін бір-ақ нәрсе, ол – сенген азаматыңның сатқындығы. Сондықтан Данагүлді жылататын болсаң, екі дүниеде оңбайтыныңды түсін. Алыс жерде ағайыннан қашықта екеуің ғана бір-бірлеріңе қамқорсыңдар, сол себепті айналайын екеуіңнің отбасыларыңның мықтылығы көбіне саған келіп тіреледі.  

Мұны неге айтып отырғанымды екеуі де айтпай-ақ түсінді. Өйткені, олар Қазақстанның шетіне ене бере өздеріне – өздері ғана үлкен қамқоршы екенін сезген-ді.

Бір кездері өзімнің тұрмыс құрып, ауылымнан алыс, туыстарымнан қашыққа кетіп, соларға деген сағыныштан ішқұсалыққа салынып, бір көруге зар болғаным есіме түскен кезде көзіме жас келді.

Қазақстанның  батыс өлкесі жағына тұрмысқа шықтым. Айшамның әкесі бар жақсылықты басыма үйіп-төккен соң, арадағы сезімге бой алдырып еріп кеткен едім. Оның қолына өзімнің денсаулығымды, өмірімді табыстадым. Туыс-туғаным алыста қалып, мен де жалғыздықтың жапасын қатты шектім. Ең өкініштісі, Айшамның әкесі мені аялағанның орнына қайта қажап, кім көрінгеннен қызғанып, жанымды жегідей жеді. Көпке шыдай алмадым, ақыры  ажырасып тындым. Данагүл де менің тағдырымды қайталамаса екен деген оймен Сымбатқа сөзімді батыра жеткіздім.

         Алыстан келсе де, бізді жатсынбай ортамызға қосылған екі жастың  тәуелсіз еліміздегі өмір жолдары осылай басталды. Бірнеше күн ата-ана, бауырларымның ортасында болдым да қалаға өз үйіме қайттым. Әсіресе жаңа бауырларыма көңілім толып, қуанышпен оралдым. Бұл уақыт нағыз тоқырау заманының ең қиын кезі  болатын. Халықтың бәрі жаппай саудаға шығып, кім қандай істі алып жүрерін білмей, тығырыққа тіреліп тұрған  уақыт еді. Көзі ашық  орыс тілді азаматтар өмірден өз орындарын тауып, бір-бір фирма ашып, үйден-үйді алып жатқанда, біздер қазақтар қорқақтап, ертеңгі күніміз не болады деп ойланумен  жүрдік. Жаппай жұмыс орнында қысқартулар басталып, елдің бәрі жұмыссыз қалып жатты. Совхоздар таратылып, тиесілі техниканың бәрі кім-көрінгеннің қолында кетті. Қолынан келгендер бірді алдап, бірді арбап өздеріне жеке меншікке қолдарындағы барын аударып алып жатты. Кітапхана мен клубтардың төбелері ойылып,  шатырлары қолдан-қолға сатылып,  немесе кірпіштері бұзылып бастықсымақтардың үйлерінің алдында жиналып тұрды.

Ауылдағы бас көтерер азаматтар қалаға қарай ағылды, саудамен айналыспақ. Әйелдері сол ауылда отырып- ақ темекі, арақ, спирт сатумен күндерін көрді. Ең сұмдығы, сол кезде бір тайыншаға бір тонна көмір, бір қойға бір  қап ұн алатынсың. Құнсыздық пен заңсыздық екеуі ұштасып жатқан  мезгіл  еді.  Ең бастысы, жұмыс істеп, ақша табу.

Ал, қолынан түк келмеген ауылдың  босбелбеу кейбір азаматтары  бастарын құныға араққа тігіп, күндіз ұйқымен, түн баласы карта ойнап, арақ ішумен уақыттарын өткізді. Дастарқанға турап салар нан таба алмай отырып, қорадағы бес ешкісі мен бес қойының қозысын картаға тігіп, араққа бөгіп, бөтелкенің түбіне түсіп кеткендер де аз болмады. Әуре-сарсаң заманы деген де осы. Елдің басын бір арнаға бұратын азаматты азамат, әйелді әйел етіп көрсететін  кезде әйел еркектің орнына саудаға шығып, еркек әйелдің орнына үйдегі бала-шағаға қарап қалды.

Жергілікті қазақтардың өзі «енді қайттік, не істер екенбіз?» дегендей  дағдарысқа ұшырап, не малын өсірерін білмей, не оны не болса соған айырбастап жіберерін білмей естері шықты. «Қалада сауда жақсы екен, сонда бару керек» дегенді бірінен – бірі естіген қазақтың жас отбасылары бірін - бірі ауылға тастап, екіншісі дорбасын арқалап, қай жерде пайда мен табыс көзі бар солай қарай ағылды.

– Бүгін үшінші оралман Семей жақтағы туыстарына кетті, – деп  әкем үйге ренжіп келді. Оралмандардың оралғандарына  сегіз - тоғыз ай болса да, әлі де көндігіп кете алмай, немесе Қазақстанның басқа түкпіріне туыстары келіпті дегенді естісімен, сол туыстарын жағалап көшіп кету дағдыға айналған. Енді қайтсін. Жалғыздықтан гөрі туысын жағалағаны да абзал. Қазақтардың өз тұрмыстары мәз емес кезде, оралмандардың тұрмыстары шынымен де ауыр еді.

Малдың иісін білсе де, Қазақстанның жер жағдайын, мал жайылымын білмейтін  ағайындарымыз, алдарына салып берген малдарынан айрылып қалып жатты. Жансақтау қиыншылығы ел мен жердің, табиғаттың жағдайынан бейхабар қандастар үшін өзіндік  ауыртпашылығын түсірмей қойған жоқ. Шиеттей балаларына қолдан тігілген шапан-тондарын кигізіп, киіз үйді паналап отырған оралмандардың ішінен біреуі суырылып, «Ел басымыз осылай деп еді, біздерге беріліп жатқан көмектер қайда, немесе сендер неге бізге тиесілі дүниені талан - таражға саласыңдар?» – деп айғұлақтанып шығатын да ешкім болмады. Сол қазаққа  тән ұяңдық немесе «елмен бірге көрерміздің» кебі.

«Оралман» деген құлаққа түрпідей тиетін атаққа ие болып, еліміздің есігін қаққан ағайындарға  жергілікті тұрғындар да аянышты көзбен қарайтын. Бірақ кім даяр асты қарпып қалғысы келмейді. Ауданға келіп түсіп жатқан шет елдік аяқ киімдер мен оралмандар үшін бөлініп жатқан дүние-мүліктер, ақшалай қаржылар аудан әкімдері мен совхоз басшылары, одан әрі сатушылардан  аса алмай жатты. «Не өзі тоймайтын, не өзі тойсада көзі тоймайтын» тоғышар піркәшіктердің  қалталаларының қалыңдап, арандарының ашылған үстіне ашылып, дәурендерінің жүріп тұрған уақыты да осы кез.

 – Әке  Сымбат келді.

Бұл  туысының келгеніне алып-ұшып қуанып жүрген Бірлік. Ол аузын жұмғанша  бауырымыз үйге кіріп келді.

 – Ассалаумағалайкум аға, ой,  Бірлік қалің қалай? Сен өзің біздің жаққа келгенді сиретіп кеттің ғой,  Данагүл күнде жол қарайды. Сені күтіп жүр.  Мә, мыналарды алда апайға бер,  апайың беріп жіберді. Ол қолындағы үлкен  қапты  Бірлікке ұстата берді. Осыдан үш-төрт ай бұрын үкімет берген малды алдына салып,  жас жұбайларды қыстауға көшіріп апарып салған Секеннен маза кетіп жүрген еді. Өйткені, өздері қанаттарының астына алған екі жасты шекараның үстінде, иен таудың арасындағы жалғыз үйде қалай отыр деген уайым мен алаңдаушылық басым.

– Мынаның ішіне тас салып алғансың ба? Не деген ауыр.

Мөшекті мықшыңдап көтеріп алған Беріктің жаны қиналып кетті.

–  Данагүлдің сүті мен құрт майы ғой. Екеуміз түк жей алмаймыз, текке обалды болып кетеді ғой деп сіздерге жіберді.

– Расында да қыстауда отырған екі-ақ адам не жесін, тамақтарының тоқ болғаны да жақсы.

– Аға, не, Әскендерді де көшіп кетті дей ме? –  Отырып жатып,   Сымбат әкеме сөз салды.

–  Иә, Әскен кетті. Барғаны да жақсы, туыстарымен табысқан да жақсы ғой. Негізі ағайынның бір жерде отырғаны,  бірлесіп тіршілік жасағанға ыңғайлы. Әрине, туысына қосыламын десе ешкімнің қарсылығы жоқ ал, не туысы жоқ, не жанашыр ешкімі жоқ, ана жақта жақсы, мына жақта жақсы деп естідім деп көше берген де  дұрыс емес. – Әкем ол адамдардың жақсы тұрмыс құрып кететіндіктеріне шүбәләна  сөйледі.

            – Иә, бекер-ақ кеткен екен. Мен  ана қалған екеуіне барып келейін, сосын келермін.

– Шәй ішіп алсаңшы, туыстарыңа сосын барарсың, – деп  Бірлік те оны жібергісі келмей шәугіміне жармасты.

– Анам ауданға кеткен, түс қайта қайтатын шығар.

– Сымбат, – Әкем темекісін түбіне дейін кең тыныстай сора түсіп: – Сендердің жағдайларың қалай?

– Біздің жағдай жақсы, аға.

– Бірдеме керек болса тура маған хабарлас, «менде көшемін» деген сөз аузыңнан шықпайтын болсын.

– Көшкенде мені қай әке-шешем күтіп отыр дейсіз, қайда барамын не болса да осында көретін шығармын.

– Дұрыс айтасың балам, көшпелі елдің жайы оңған ба? Оның үстіне мына заманда, бір жерді тұрақтап тұрмасаң заман  қиын, тоздырып жібереді.

Әкем басқа оралмандардың ауылдан кетіп бара жатқанын, өзінің әлсіздігінен деп түсінеді. Оларға қажетті көмекті бере алмадым, сондықтан да олар қиындыққа шыдамай кетіп қалды деп өз-өзін қажайды. Ауылымызға келген  қандастарымыздың ең үлкенінің жасы 49-да екен, қалғандары олардан жас. Қандас ағайындарымыздың бірі Семейдің жері нағыз жер, немесе Талдықорған Алматыға жақын, сауда-саттық жасап тіршілік істеуге болады десе, енді бірі Ақмола – Астана болады екен, осы бастан сол жаққа жылжи берейін деп ақырындап жылыстап кетті. Соңында жаңағы  көшбасшымыздың өзі менің де туыстарым Аякөзге келіптіні сылтауратып, қалғандарын тастап  ауылдан кетіп тынды. Қалғаны үшеу-ақ. Ол үшеудің келген ешкімі де жоқ. Өздері де аталас екен. Ал, Сымбат олардан мүлде бөлек. Ешқайсысының туысы да , туғаны да емес.

«Бастыққа  ұл болды, ауылдың дүкеніне келген нәрсе алдыменен соныкі» деп көре алмаған жұрт оларды  біраз жерге апарып та алады.

– Өзіміз әрең жан сақтап отырғанда бұл оралмандарды шақырып, – деп бірі Елбасымызға қарсы шықса, екіншісі «битке өкпелеген баладай» жағдайымызды жасаса, өзіміз-ақ оралмандарсыз баланы топырлатып табар едік – деп кергиді.  «Үкімет қазағым көбейсін деп оларды алдырып, соларға бар жағдайды жасауға әмір берді, ал өзінің қазақтарының күні оралмандардан да төмен», – деп үшіншісі ақылсиды. Міне, осы күнгі  көгілдір экранда да, ел аузында да елімізге келіп  жатқан қандастарымыздың жайы.  Қытайдан келгендер «қытай», Монғолиядан келгендер «монғол» атанып шыға келді. Басқалар киген таз телпекті киген Сымбат та, «монғол Сымбат» атанды.

 Ал әкемді, Сымбат та елден қалмаймын деп, басқа жаққа көшіп кете ме деген ой  мазалайтын.

– Мына қалған екі туыс та алдағы айда көшетін секілді ғой аға, сізге ештеңе демеді ме? – Қайта оралған Сымбаттың қабағы қатулы келді.

–  Жоқ, маған ештеме демеді. Бірақ, қолындағы бар малын сатып жіберіпті. Үйіндегі жаңадан алған дүниелерін де арзанға беріп жатқан көрінеді, кеше кіріп: «Тым болмаған да бір бұзаулы сиыр мен балаларың жататын төсекті қалдырсаңдаршы», – деп айтып кеттім.

Секеннің мазасызданатын жөні бар. Өйткені,  бір жерді мекендеп қоныстанған  оралманға сол жердің жергілікті әкімшілігі үкіметтен бөлінген барлық қаражат –мүлкін беріп көмектеседі. Сол көмекті алғаннан соң, екінші жерге көшетін болсаң, ол жақта саған ешқандай мемлекет тарапынан көмектер болмайды.  Бұл сен бір рет алдың, екінші рет аузыңды ашпа дегендік. Жайлы жер іздеген ағайындар басында ойланбастан үкіметтің берген азын-аулақ мүлкін арзан бағамен жергілікті жұртқа сатып, артынан опық жеп саусақтарын сорып қалғандары да, сандарын соққандары да жиі кездесетін.  Бүгінгі ауылдан көшкен ағайындарды да  сергелдең өмір күтіп тұрғаны бесенеден белгілі-тін.

– Кетсе кете берсін. Басқа жаққа барғанда оларды осылай қарсы алады деп еш ойламаймын, жылы орнынан қозғалған кімге жеңіл тиер дейсіз, өзім ешқайда кетпеймін. Бұл сөзді  Cымбат әлдекімге ашулы екенін  көрсете айтты.

– Ой,  олар көшеміз дегенге сен жалғыз қалам деп ойлап отырмысың? Еш қорықпа біз тұрғанда, әлі-ақ  Данагүл екеуің «мынауский» бай болып кетесіңдер, – деп бас бармағын көрсете мәз болды Бірлік.

– Әлі сенің балаң болса бізге бақтыртып қоясың – дейді   не айтып  жатқанына өзі де мән бермей. Тек,  оның аузынан «кетемін» деген сөз шықпаса екен дегендей тыпыршып  тұр.

– Жоға, мен қайда барам? Тек Бірлік еріп кетем демесе.  – Ойланыңқырай  қараған Сымбаттың  санасында осыған  Бірлік не дер екен деген сұрақ тұрған-ды.

–  Неге? Жақын жерге көшсең еріп кетер едім. Алыс жаққа кетсең бармаймын.

– Қой Бірлік,  жаңа ғана біз тұрғанда қорықпа деп шіреніп едің, ал енді бара ғой Сымбатпен бірге.

Әкемнің бұл сөзіне бәрі күлісіп алды.  Оралман жігіт ауылға келген шаруасын тез бітірді де, соңынан қалмай жүрген  Бірлікті ертіп тауға қайтып кетті. Екі езуі екі құлағында,  ат үстінде шоқалақтап кетіп бара жатқан ол артынан емірене қарап тұрған туыстарына қолын бұлғап қояды. Тор дегеніміз – шекара. Қолдарында осы шекарадан ары-бері өтуге рұқсат деген құжаты бар адамдар еркін өте береді.  Сымбат пен Бірлікті де ешкім бұл жолы тоқтатқан жоқ, оның үстіне  Бірлікті олар жақсы танып та алған. Ары-бері өткен де еркін жіберсін деген кісіше алдын ала темекі, жұмыртқасын апарып беріп, ауыздарын алған. Сондықтан да әкем оны анда-санда  «парашы» деп қояды.

Созыла жатқан Тарбағатайдың етегін ала Көксеңгір деген үлкен тау бар, сол таудан аса, тағы бірнеше жоталардан ары  Сымбаттың қыстауы орналасқан.  Даланың суық болғанымен, тау іші үнемі жылы. Алыстан үйдің төбесінен шығып жатқан түтінді көрген  Сымбат Бірлікті ұмытып кеткендей, далақтап үйге қарай шаба жөнелді. Артынан қосарлана жүгіріп жеткен Ақтөс те өзінің ұяластарын көріп аймаласып жатыр. Аттан түсе ыржалаңдап үйге кіріп келген  Бірлікті көрген  Данагүл де құшағын аша ұмтылды.

– Сен неге көптен бері келмей кеттің, а? – Бетінен сүйер сүйместен ол да шәугіміне жармасты. Үйдің іші жып-жылы,  әрі жинақы, ыстық су қайнап пештің үстінде тұр, тамақ дайын, тегі  Сымбаттың келетінін біліп, күтіп отырса керек.

– Қолдарыңды жуыңдар да асқа отырыңдар. Тоңып кеткен боларсыңдар,– деп үй иесі дастарқан  үстін толыра  бастады.  

Осынау Монғолиядан келген кішкентай ғана келіншекті өзінің туған әпкесіндей көріп, оған мейірлене қараған Бірлік  Данагүлдің асын шыныменен қатты сағынғандай алдына шай келместен, біресе құртты тістеп, біресе қаймаққа нан батырып, аузына қарай ытқытып әуре. Әйелінің Бірлікті көргеніне көңілі көтеріліп қалғанын байқаған Сымбат та оған тағы бір сый жасағысы келгендей:

– Биыл қайта күн жылы ғой. Қыс та сондай аязды емес, енді біраз күнде көктем де келіп, қар да кетіп, көңіл де көтеріліп, мал да өріске шыға бастайды.  Бірлік бір жұмаға келді, сен шаруаң болса ағамдардікіне барып кел, екі - үш күн жүріп келсең де болады, ертең сені шекарадан өзім өткізіп жіберейін, жарай ма?

– Рас па? Жақсы болды ғой, тәтеме күртеше тігіп қойып едім, апарып беремін. Апама да көйлек пішіп қойдым, бірақ тәтеме көрсетіп отырып тікпесем болар емес. Данагүлдің  «ағам, тәтем, апам» деп меншіктей сөйлегені  Бірлікке жағып кеткен болуы керек:

– Шынында да,  сені келмеді деп анам да   уайымдап отыр, барсаң барып кел, біз Сымбат екеуміз бұл жақты қатырамыз. «Қатырамыз» дегенде аш қалады деп ойлама, өзіміз күнімізді көре аламыз деген сөз.

  Данагүл осыны түсініп, мырс етіп күліп қойды. Аузындағы асын жүре шайнап, суып қалған шайды ішер - ішпестен  Бірлік те Сымбаттың соңынан мал жайғауға далаға ұмтылды.

– Бірлік, асықпай асыңды ішіп алсаңшы, сосын барасың ғой – деген  қандас  әпекесінің сөзіне құлақ та аспастан жүре киініп шығып кетті. Олар кеткен соң, жалғыз қалған  келіншек дастарқан басында алдына бір кесе шайды алып, шайқап отырып қалың ойға кетті.

Данагүл бір үйдегі төрт қыз, екі ер баланың ортаншысы. Әкесі  өздері тұрған Бұғыты сумының мектебінде мұғалім болған, көзі ашық, көкірегі ояу білімдар адам еді. Анасы да шебер, ісмер, балаларының бар киімін өзі қолдан кесіп-пішіп, тігіп киіндіріп алатын. Алты баласын ер жеткізген шағында, әне-міне тұрмыс құрады деп отырған кезде екі әпекесі бірінен кейін бірі құрт ауыруына шалдығып қайтыс болды. Аңырап қалған ана да, ботадай боздаған әке де Алланың жазымышына түк істей алмады. Оларға көмек болып, көңілдерін жұбатып отырған  қыздары жасы жиырмаға толар толмастан Сымбатпен кездесті.  Оның тұрмысқа шығатынына қимастықпен қарағандарымен, күйеу балаларының инабатты екендіктері жандарын жұбатты. Сымбат бір әкеден жалғыз бала, әкесі Қадірдің екінші әйелінен туған.  Қадірдің бұрынғы әйелінің балалары інілеріне салқын қабақ танытқандықтан, анасы о дүниенің табалдырығын аттағаннан бастап жетімдіктің қамытын мойнына ілген еді.

Әкелері көзінің тірісінде бетінен қақтырмаса да,  анасының жоқтығынан ешкім Сымбатты бауырына тартпады. Оның өміріне араласпады. Кейіннен әкесі қайтыс болғаннан кейін  ол, шынымен де, жалғыз қалды.

Сымбат та «мен жетіммін» деп мойымады. Ақыры сөйтіп жүргенде Данагүлге көзі түсіп, оның жолын торып, бір күні оған өзінің жүрек қалауын жеткізді. Өзінің сезімін жеткізгенімен қоймай, оны алысқа Қазақстанға алып кеткісі келетінін де қоса айтты.

– Данагүл, маған тезірек тұрмысқа шықшы, Қазақстанға көшетіндерге көмек көрсетіп жатыр. Ол жақта да үй алып, мал ұстауға бар жағдайды жасайтын көрінеді.

– Туыстарымды қайтып тастап кетемін? Менсіз олардың күні не болмақ?

– Олар жалғыз саған ғана қарап отырған жоқ қой, басқа да балалары бар. Оның үстіне бұл кісілер де бірер жылдан соң Қазақстанға көшкелі отырған жоқ па, әзірге біз барып орналаса берейік, сосын бұл кісілерді де көшіріп аламыз.

Сымбаттың сенімді түрде айтып жатқанының бәрі бір ертегідегідей болып барады.

– Қазақстанды білесің ғой, Назарбай деген басшылары жер - жердегі қазақтарды қайтарып алып жатқан көрінеді. Еш қорқыныш жоқ, жалғыз біз емес, бүкіл Монғолиядағы қазақтардың бәрі сол Қазақстанға көшеді әлі.

Сымбаттың сөзінің де жаны бар секілді, расында Монғолиядағы қазақтарды көшіреді деген қауесет шыққаннан бері қазақ пен монғолдардың арасы ашыла бастаған тәрізді.  Өйткені, етене араласып кеткен қазақ бауырластарының Қазақстанға кетеміз дегенін Монғолияның халқы бірден құптай қойған жоқ.

– Монғолдар әлі бізге күн көрсетуден қалады, сондықтан да көштен қалмай Қазақстанға көше берейік.  

Данагүл оны құптағандай тек басын ғана изей берсе, күйеуі оның қолынан ұстаған қалпы сөйлей берді, сөйлей берді.

– Ол жаққа кеткенде өміріміз жақсы болып кетсе  тәуір ғой, егер бір нәрсе болып қалса қайтеміз? Не ешкімді танымаймыз.

– Елмен бірге көреміз.  Қазақстан әйтеу өзіміздікі ғой, мына жерде кірме болып жүргеннен, өз еліңде басыңды тік көтеріп жүргенге не жетсін. Сосын ол жақта молшылық, жұмыс істеп күнімізді көріп кетеміз.

– Сонда да мен ол жақтан қорқам, көрмеген, танымайтын жер мен ел, қайтіп сіңісіп кетер екенбіз.

– Екеуміз бір - бірімізге сүйеніш болып өмір сүреміз, – деп жігіт ақырын қолын қыздың иығына артты. Бойжеткен именіңкіреп барып,  жігіттің қолтығына кіре берді.

– Тек екеумізде бәрі жақсы болғай, мен сен үшін ғана, саған сеніп баратын шығармын. Егер мені ол жақта жалғыз тастап  жылататын болсаң, білмеймін өліп қалатын  секілдімін.

– Қайдағыны айтпа. Екеуміз ғана  бір-бірімізге сүйеніш болатын. Қалайша мен сені жылатып кетем. Ондай жаман сөзді айтпақ түгілі, ойыңа алушы болма, әлі балаларымызды дүниеге әкеліп, үлкен отбасы болып кетеміз.  

Данагүлдің бойындағы қорқыныш, Қазақстанның заңдары мен ол жақтағы тәртіп. Қазақстанда ата дәстүріміздің кейбір заңдылықтырының ұмыт болып кеткенін, салтымыздың да бірталайы сақталмай орыстанып кеткен бүгінгі Қазақстанның тағдырын мектептерінде  тарихтан оқып білгенімен, нағыз Қазақстанның соның ішінде қазақтардың халін, жай – жапсарын, күнделікті өмір сүру салттарын бұлар әрине жақсы білмеуші еді.

Сондықтан да олар бізді өздеріндей көріп,  ақтарыла сеніп отыр. Алдағы асулары бұлыңғыр, күңгірт тартып тұрса да, әйтеу ол жақта өзіміздің «қазақтар ғой» деген сөз жандарын жылытып, көңілдерін серпілтеді. Тек Монғолиядан кетіп, Қазақстанның шетіне енсек, арғы жағы жеңілдеу болып кетер деген ой  Сымбатты шырмап үнсіз қалдырды.

– Ол жаққа барғанда мал-мүлікті қайтеміз?

– Бүкіл дүниеңмен көшесің. Тек малың ғана болмайды, ал мал мен жұмысты Қазақстан өздері береді дейді.Тегін. Данагүл  кетіп қалайықшы, сен маған сенсең болды арғы жағы өзі-ақ белгілі болады. Шын айтам.  Данагүлдің үнсіз қалғанына Сымбат келіспейді деп ойлап қалды  ма белгісіз, әйтеуір қайтседе оны көндіріп Қазақстанға алып кетсе болды, арғы жағы...

Енді міне, сол бойжеткен Қазақстанның бір түкпір таулы аймағына келіп, үйлі болып, малдарын алдарына салып, түтін түтетіп отыр. Бірақ көңілі алаңдаулы, маза да бермейтін бір нәрсе, елге көшеміз деген туыстардан  еш хабар жоқ, Олар тірі ме, өлі ме, келгелі жылға жуықтап қалды, бір хат ала алмады. Ол жақта не болып жатыр екен? Жүрегіндегі ата-ана мен туыстарына деген сағыныш,  Данагүлдің көзіне еріксіз жас алдырды. Күнде осылай, Сымбат асын ішкен соң малға шығып кетеді де, Данагүл  жалғыз өзі шәйін құйып алып, үнсіз қалың ойға батады. Сол шәй соңында ішілмей қалады да, төгіледі. Көңіліне бір ғана демеу, ол туыс орнына туыс, ата-ана орнына әке мен ана болып отырған Секен аға мен Гүлмайра апайдың өздері мен балалары. Алла Тағала сол кісілерге ғұмыр берсін. Ол ақырын күрсіне орнынан тұрып, жылы киінді де далаға шықты. Қора жаққа келген Данагүл де айырашасын алып шөп суыруға кіріседі деп ойлап қалса керек:

–  «Сіз неге қора жаққа келдіңіз? Өзіміз малды жайғаймыз ғой. Үйге қайта беріңіз» деген  Бірліктің шыр-пырына күле қараған келіншек,   оның шын ниетімен жаны аши сөйлеп тұрғанын көріп, емірене әрі сүйсіне  қарады.

– Бірлікжан – әдейі еркелете сөйледі. Монғолияда болса бауырларын осылай еркелететін еді, амал не. – Мен мал жайғайын деп шыққан жоқпын, жәй сендерге қарап тұрайын деп келдім.

– А-а, ендеше, міне менің қозыма қарай тұрыңыз, ана үлкен қойларға қосылып кетіп оны сүзіп жүр.  Сымбат басын шайқап күлір тұр.  Данагүл де Бірліктің қозысын танымай, басқа бір кішкентай қозыны көтеріп алғанына шегі қата күліп жіберді.

– Ау, Бірлікжан, мына кішкентай қозы сенікі емес, сенікі әне үп-үлкен болып кетті емес пе, неғып өз қозыңды танымай қалғансың?  

– Бәсе деймін-ау, мына қозы маған қарай жүгіргеннің орнына кері қашып болмайды, сол екен ғой бөтендігін көрсетіп тұрғандай.

 Бірліктің балаша ренжігеніне  екеуі тіптен күлді. Өмірбақи малдың ортасында мал бағып өскен олар өздеріне берілген меншігі болсын, үкіметтікі болсын мейлі, малдарын түсін түстеп, бірден таниды. Мал десе қазақ алдындағы асын төңкере сала жүгіреді, бұл  қандастарымыз да сол сияқты.      Сымбат бірер күнге ауылға кетіп еді, иен таудың ішінде қасына үш итті ертіп алып, жанына мылтығын оңтайлай ұстаған  Данагүл ештеңеден де қорықпастан, түнде екі рет малдарын түгендеп, қора-жапсарын тексеріп шықты. Үйге келген соң да, көпке дейін елегізіп, ұйықтай алмай дөңбекшумен болды. Ойына әкесінің күлкі ұялаған жылы жүзі келсе, шешесінің көзінің жасы мөлтілдеп отырған кезі елестеп, өзі де көзінің жасына ерік береді. Осылай ала таңды ұйқысыз Монғолия мен Қазақстанды кезек елестетіп жатып, таң ата көзі ілінді. Бірер сағат мызғып алған соң малдарын түгендеп, алдарына жем-шөптерін төсеген соң,  күйеуі оралады-ау деген мезетте үйге кіріп ас әзірледі. Өзі де ашықты, өйткені, кеше  Сымбат кеткеннен бері аузына нәр салмаған. Ішкісі келмеді.

–  Сен үйге қайта бер, біз  Бірлік екеуміз шөптерді төсеген соң барамыз деген  жұбайының сөзін естімеген кісіше  қораны айналып кетті. Иен даланың еш қоспасы жоқ таза ауасы анда-санда  өзінің туған жерінің ауасына ұқсап кететін сыңайы бар-ды, дәл бүгін де сондай ауамен  кеудесін кере тыныстады да, шапанын қымтана түсіп, байлаулы тұрған атына мінді.

– Данагүл қайда барасың? – деп соңынан айқайлаған  күйеуіне де қарамастан атының сауырына қамшыны екі басып еді, аты желіп ала жөнелді. Шоқытып келе жатқан  биені  Данагүл  аяған адамдай жотаның үстіне ақырын аяңмен шықты. Айналасына ұзақ көзін тіккен ол анадайдан Монғолияның кең даласы көрініп қалатындай көзін көлегейлеп алысқа, шығыс жаққа  ұзағынан қарады. Көкірегін кернеген сағыныштың ащы өксігі тамағынан бунап барады. Анау «таз жотаның» басына шығып, туғандарына дауыстап ішкі сырын айтқанша асықты. Неғұрлым дауысын қаттырақ шығарып сөйлесе, соғұрлым бойы жеңілденеді.

«Менің өстіп жол торып сендерді қашан келеді деп жотаның үстіне шығып қарайлайтынымды білесіңдер ме әке, апа, апайларым! Сендерді сағындым ғой. Енді біраз көре алмасам өліп кететін адамдай өз-өзімнен қиналамын. Тым болмағанда хат жазсаңдар етті, әлде ұмытып кеттіңдер ме? Қазір  сағыныштан жылап, көз жасым бетімді жуып тұрғанын байқайсыңдар ма?! Сол үшін  Сымбатқа көрсетпейін деп таудың басына шығып кеттім, оған да оңай емес. Көңіліме бір қараса, қайтіп күн көрер екенбіз деп екі ойланады, оның да өз басына жетерлік қайғысы бар. Сондықтан да айдалада сендермен осылай ашық тілдескім келеді. Сөйлескім келеді.  Сендерді қатты сағындым, Апа-а-а!»  Данагүл өз дауысының апа деген кезде қатты шығып кеткенін, атының осқырына қарағанынан сезіп қалды. Алыстан мұнартқан Маңырақ тауының артында ата-анасы қолын бұлғап тұрғандай, ол тағы біраз алысқа сүзіле қарады да, ақырын аяңдап жүріп кетті. Сабасына түсіп, тағы біраз ат үстінде қыдырыстады да  үйіне қайтты.

 Әйелінің анда-санда осылай атына мініп тау  аралайтын әдетін білетін  Сымбат та оның елін, ата-анасын сағынып жүдеп жүргенін де, сол себепті оған көрсетпей тау жаққа барып жылап келетінін де сезетін-ді. Сондықтан да үндемеді.

– Данагүл атқа мініп қайда кетті? – деген  Бірліктің сауалы да жауапсыз қалды.

Ақырын аяңға басып, атының басын бос қоя беріп қалың ойдың жетегінде келе жатқан  келіншектің түрін көріп, Бірлік   оны қатты аяп кетті.  Оның мұңды жүзін көріп тұрғаны  да осы еді. Салы суға кетіп, өмірден түңіліп кеткендей сыңай көрсетіп келе жатқан осынау шөкімдей ғана келіншектің ата-анасынан жырақта жүргені жанына батып, жүрегін сыздататынын  пендені қойып,  жануар екеш  жануар ат та түсінгендей жай жүріп келеді.

– Данагүл, тоңдың ғой тез үйге кір.

Күйеуінің сөзін естімегендей ол жүгенді діңгектің басына арта тастады да қамшысын шарбаққа іле салып, үйіне қарай  үнсіз жүріп кетті. Бірлік  бірдеме деуге оңтайлана бастап еді,  Сымбат оны  ымдап сөйлетпеді.

– Бірлік,  Данагүл анда-санда осылай есіне  ата-анасы түскен сәтте атқа мініп, тау аралап жылап-жылап  алатын әдеті бар. Оған мен ештеме демеймін. Түсінемін. Оның осы түрін көргенім өзіме де қиын тиеді. Кейде ата-анасынан текке бөліп алып кеттім бе деп те өкінемін. Ол түсінсе  осының өзін көру мен үшін өте ауыр.

– Неге сен оның ата-анасына хабарластырмайсың? Ауданға барып хат салсын, телефон арқылы сөйлессін. Қазір хабарласудың жолы көп емес пе?

– Ол жалғыз тек сендердікіне ғана барады, ауданға менсіз өлсе барар ма екен, онымен бірге кетсем мына малға кім қарайды?

– Мен-ақ  қарай тұрайын. Бір күнге түгім кетпес. Ал, сен  Данагүлді ертіп ауданға барып кел, бірақ үйге соқпай тура осында қайтыңдар.

Сымбат  біраз ойланып қалғандай болды. Осыдан әрі әңгіме өрбімей екеуі шарбақтың есіктерін жауып үйге қайтты.

Жып-жылы үй мен жинақы әрі таза  бөлмеге ену, қандай шаршап келген адам болса да, сол шаршағанды тез жадырататын өзіндік қасиеті бар дүние ғой. Бағанағы   келіншектің бетіндегі қалың ой мен мұңның ізі де қалмаған, күлімсірей жүріп шайын демдей бастады.

– Бірлік ертең бір күнге малға қарай тұрайын, сендер аудан орталығына барып Монғолияға хабарласып келіңдер дейді, мүмкін расымен де екеуміз барып келерміз. Хат келді ме екен соны білейік.  

Данагүлдің жалт етіп қараған қуанышты жанарынан оның қарсы еместігін түсіне қойған  Бірлік басын тек изей берді.

– Малға  Бірліктің жалғыз шамасы келе ме?

– Ертемен тұрып өзім малды жайғасып кетем. Бір күнге жайылымға шықпаса мал қырылып қалмас, шөбін салып қойса болды емес пе?

– Барыңдар, бара беріңдер, малға алаң болмаңдар. Қорада тұрған малға ештеңе де болмайды, қозыларды бір-бір салып алсам болды, – деп  Бірлік Данагүлге жалтақтай қарады. Бар ойы тек осы бір кішкентай келіншек жыламай, ауданға барып туыстарымен сөйлесіп, көңілі көтеріліп, жаны жадырап келсе деп тілеуде.

Мына тұрған облыс орталығы Өскемендегі үлкен әпекесінің кішкентай қызын сағынған кезде, өзектері өртеніп кете жаздайтындары есіне түсіп кетті. Ал,  Данагүлдің жағдай мүлде бөлек. Оның туыстары шет елде. Барып келемін десе де жол жоқ. Жол бар, жағдай жоқ.  Иә, өте аянышты жағдай, туысын көре алмау деген қандай ауыр десеңізші.

– Сымбат, ертең ертерек тұрайық, маған төсек салып беріңдерші ұйықтай берейін, – деп  Бірлік ертеңгі күннің қиындығына  алдын ала дайындала бастады.

Кішкентай ұлдың малға жалғыз қаламын дегеніне разы болғанымен, Сымбатта бір алаңдаушылық бар. Ол егер ауданға ертемен кететін болса, шекараның өзі күндізгі сағат онда ашылады. Ал, жабылуы кешкі төртте. Ауданға жетіп үлгерер, қайтып үлгермейді, сонда  Бірлік қайтпек?

Бармай қалайын десе  Данагүлін де аяйды. Неде болса  баруы керек. Ал,  Бірлікті ерекше ертең дайындап, үйрету қажет.  Егер кешке келмейтінін айтса, ол да қорыққанынан келіспей қоюы мүмкін, сондықтан да ештеме демей-ақ кетіп қалу керек. Осылай өз ойымен өзі болған ол   көпке дейін дөңбекшіп жатып көзі ілінді.

Бұл кезде Секен балаларының ортасында  телевизор қарап отырған-ды. Экранда «Санта Барбара»  жүріп жатыр. Оның әрбір сериясын көрмей өткізіп алсаң қатты уайымға қаласың. Өйткені, алғаш рет  ұзақ телесериялдың жүріп жатқаны бүкіл ауыл-аймақты дүрліктіріп, теледидардың алдына жіпсіз байлап тастады. Қыздарына қосыла Секен де , Гүлмайраш екеуі қатарласа отырып Крузды сөз қылып, соны жерден алып, жерге салуда.

– Япыр-ау, мына Круз ана Мэйсонға неғып шамасы жетпей жатыр? Полицей емес пе? – деп Гүлмайраш қарадай күйінсе: –  Мэйсондыкі дұрыс – деп оны қолдап Секен отыр. Осы кезде төбеде темір төсектің аяқтарынан құрап істеген антенді жел қозғады ма, «Санта Барбара» шашырап, түк көрсетпей кетті. Қиналыстың көкесі енді басталды: – Сен бар, сен бар – деп бірін - бірі жұмсап естері шыққан Ержан, Жанна, Жанаттардың  телевизорды шұқылап әлектенді де қалды.

– Осы  Алла Тағалаға мен түк риза емеспін, – деп күйінген Жанаттың отыра кеткеніне, шошып кеткен ата-анасы:

– Е, не болып қалды? – деп қатарласа сұрады.

– Не болды дейді ғой, – деп кейіді Жанат. – Мына «Санта Барбара» біткенше, ана антенді Алла Тағала ұстай тұрса несі кетеді екен – дегенде отырғандар орындарынан тұра алмай күлкіге бөкті.

Иә, Жанаттың аздап қушыкештеу мінезі бар-тын, бірақ оның түрінен күлкінің ізін емес, киноға деген берілгендікті сезген туыстар тіптен күлкілерін тыя алмады. Енді «Санта Барбара» емес Жанаттың сөзі олар үшін киноға айналғандай. Ақыры антен бұзылып ештеңені телевизордан жарытып көре алмаған соң,  кітаптарын ұстап бөлмелеріне тарасты.

– Бірлікке қандай рахат! Сымбаттың үйінде, салқын жерде өзі би, өзі қожа болып үшеуі карта ойнап отырған шығар ә? Жаннаның сұрағын жауапсыз қалдырмайын дегендей Жанат төсегін салып жатып:

 – Е, қойшы соны, қайбір қатты қарта ойнап қарық қылар дейсің – деді де көрпенің астына сүңгіп кетті. – Одан да Мейсон не болды екен ә? – деп қайта басын қылтитқан кезде, оның әлі киноны дұрыс көре алмағынына қатты өкініш білдірген жүзін көріп, тағы біраз күлісіп алды.

            – Ертең Бірлік келсе, қораның төбесін күреп тастау керек. Ұйқысы келмеген  Ержан ертеңгі күннің жоспарын құруға кірісті.

            – Иә, саған ол  ертең келеді деген. Тіптен он шақты күнсіз келе қоймас.

            – Жынды ма, ағама айтып шақыртып алу керек.

Осылай өзара күбірлесіп жатып,  көздерінің қалай ұйқыға кеткенін өздері де сезбей қалды.

            Таңғы сағат бесті көрсеткен кезде  Сымбат ақырын орнынан тұрып, киімдерін сыбдырсыз киініп, далаға енді бет алғаны сол еді,  Бірлік те басын жастықтан жұлып  алды. Ол ақырын «мен қора жаққа бара берейін, сен келе бер» дегенді ымдады да шығып кетті.

            – Бірлік сен алаң болма. Малдың алдына енді түске таман, сосын кешке қарай өстіп шөп салсаң болды. Түс кезінде  бір рет суғарып ал, сонымен қамап таста да үйге кіріп отыра бер жарай ма?

            – Жарайды, оған несін алаң боласың? Мен жаңа қалып жүрген жоқпын ғой, – деп бала сөзін нығыздап қойды.

            – Бірлік албаты қорықпа, ешкім де, ештеңе де тиіспейді. Қаласаң иттерді үйге кіргізіп ал. Әрине, өзіне-өзі қатты сенімді  Бірлік Сымбаттың сөзін жүре тыңдады. Олар  үйге келіп, таңғы шәйлерін ішуге отырысты.

– Кешке дейін қарның ашып қалмасын. Ана жерде суыған ет тұр, жер кезіңде жылытып ал, суықтай жеп ауырып қалма. Отыңды өшірме, көмірді де үнемдеп жақ. Тек тоңып қалма жарай ма? – деп  Данагүл де барын айтуда.

Сымбат Бірліктің пимасын киді,   әйеліне де табандаған бір пима табылды.  Уақыт өткізбей жылы киінген олар атқа қонды.

            – Біз кешігіп бара жатсақ кешке малды өзің жөндей бер, әйтпесе қараңғыға қалып қалармыз, – деп  Сымбат атын тебініп жүріп кетті. Оның соңынан жорға жүріске Данагүл де басты. Қандастарын  үш итімен қонақ бала  ұзатып шығарып салды.

            Енді түскі малдың қамын жасағанша не істемек? Айналаның бәрі қу медиен дала, жалғыз, өзінен  басқа тірі пенде жоқ.  Бұлай жападан-жалғыз бірінші рет қалуы, әйтпесе көбінде  Данагүл екеуі қала беретін.

            – Қой, неде болса біраз мызғып алайын, сосын түскі малға шығайын, – деп қайыра үйге кіріп, есіктің күршегін іліп орнына келіп жатты. Көзі тез ілініп кеткен екен. Бір кезде  сағаттың неше болғандығынан хабарсыз ол не істерін білмей далаға шықты. Атасының төбедегі күнге қарап сағатты біліп тұратыны есіне түсіп кетті білем, ол да көзін көлегейлеп аспанға қарады. Шақырайып төбесінде тұрған күнді көрсе де сағаттың  дәл уақытын бәрібір болжай  алмады. Малдар алдарындағы шөбін жеп тауысыпты, сусап тұрса керек  оны көріп есікке қарай ұмтылды. Маңырай жамырағандарынан түс уақыты болғанға жорып,  қойларды алдына салып суарып қайтты. Иен далада бір қора малдың ортасында жалғыз өзі қалғанына басында мән бермеген еді, қас қарайып кеш батып шекараның жабылатын мезгілі өтіп кеткен соң, кешіккен  Сымбат пен Данагүлге алаңдай бастады.

            Малдарды қораға қамап, арасында оттары өшіп қалмасын дегендей  пешке көмір салып қойып,  Бірлік қайта-қайта жол торумен әуре-сарсаңға түсте бастады. Олар кешіккен сайын мазасызданды. Он төрт жасар ер бала болса да, тау ішіндегі жападан жалғыз тұрған үйге жалғыз қалып қонуды  ойлаған сайын денесі тітіркеніп қорқа бастады. Ертерек үйдің ауызғы бөлмесіне үш итті де кіргізіп, оларды тамақтандырып, өзі де оң жағына пышақтарды оңтайлап, сол жағына таяқ, темір, басы үшкір ашаны әкеп, неге екені белгісіз үрейге дайындалған сыңайы. Есіктің күршегін ілгенімен қоймай, оны  төргі үйдің есігіне байлады. Ал, өзі киімшең қалғып-шұлғып, төсек үстінде шоқиып тың-тыңдауда.

            Бір кезде сықырлаған қарды басқан аяқтың  дыбысын естіп, иттер үйді басына көтере абалап үре бастады.

– Ақтөс, Ақтабан, Ақбақай, бұл мен, жат! – деген әкесінің дауысын естіп,  Бірлік сасқанынан байлаған арқанын шеше алсашы.

–  Ұлым, қорықпа, бұл мен ағаң ғой, – деген әкесінің таныс дауысын естіп  Бірліктің көзінен жас шығып кетті.

– Аға мен қазір есік ашайын, – деп қолындағы пышақтың көмегімен арқанды әрең шешкен бала, есікті ашқан кезде қасы-көзін қырау басқан әкесін көріп құшақтай алды.

– Балам-ау,  иен далада жалғыз неге қалдың? Қорқамын деп ойламадың ба?

Сұрақтарды жаудырмалатып жатқан әке ұлының онсыз да қорқыныштан өз-өзіне келе алмай тұрғанын байқап есін тез жиды.

Үстінде киініп алған киіміне таңдана қараған әкесі енді байқады,  бір жерде пышақ, мына жерде балта мен аша.  Бірлік қамсыз емес екен, бала болса да оның неге дайындалғанын көріп әкесі масайрап қалды.

– Жігіт екенсің, Бірлікжан, азамат болған деген осы. Әкесінің шекара жабылып қалса да тордың сыртына өтіп келгеніне қатты таң қалған ұлы ештемеге түсінбей әлі де болса өң мен түстің арасында қалды.

Аудан орталығына барған Секен кешке қарай үйге қайтқалы тұрғанда поштадан шығып келе жатқан  Данагүл мен Сымбатты көріп қатты таңданып қалады. Кішкентай  Бірлікті иен даладағы үйге тастап, мына екеуінің жүрісін қара!

            Машинадан түсе сала екеуін қуып жетіп, тауда тек Бірліктің ғана қалғанын біледі. Сөйтсе,  Данагүлдің туыстары Монғолиядан Қазақстанға өтіпті дегенді біреулерден естіп, ертең ертемен аудан әкіміне кірмекші екен, тауға қайтпауының себебі де сол. Олардың түрлерінен еліне деген бір құштарлық сағынышты  сезген Секен үнсіз машинасымен тура  шекараға қарай бет түзейді. Шекараның бастығын жақсы танитын ауыл басшысы, оған келген шаруасын айтып,  соның машинасымен  Сымбаттың үйіне жақын жерден түсіп қалады. Өйткені, машина Сымбаттың үйіне дейін жүре алмайды, тау арасындағы тастар кедергі. Сонымен түнгі  он екіде әкелі-балалы екеу үйдің иесінің дастарқанға дайындап кеткен ертеңгілік асты түнде ішіп отырған жайлары бар.

            – Бұлар малдарын нешеде жайғаушы еді?

            – Таңғы алтыдан бастап.

            – Е, ендеше  әлі төрт сағаттай мызғып алуға уақыт бар екен, кеттік балам ұйықтайық.

Әкесі қасында болған соң  Бірлік алаңсыз ұйқыға кірісіп кеткенімен, Секеннің ұйқысы келер емес. Көз алдында қол ұстасып поштаны жағалап жүрген екі жас – Сымбат пен Данагүлге қарадай жаны ашыды. Ата-анасынан жыраққа кетіп, көріп-білмеген жерге келген екеуінің бір-біріне сүйеніп, ай далада, жалғыз үйде тұрып жатыр. Тұрмыстары жақсы болғанмен, көңілдерінде кірбің бар. Ол кірбің екеуінің де еңсесін көтерер емес. Сымбат ер адам және Монғолияда қимайтындай туысы да жоқ шығар. Ал, тай-құлындай бірге өскен  туыстары мен әке-шешесін  Сымбат  үшін тастап келген  Данагүлге жаның ерекше ауырады.

            Сондықтан да оларға Секен түсіністікпен қарап, ұрыса алмады. Есесіне өзі  осылай қарай ұшты. Ертесінде ертемен  тұрған  әке мен бала Сымбаттың малдарын жайғап, үйге от жағып, таңғы шәйін ішуге кірісті.

– Аға,  Данагүлге керемет жаным ашиды, кеше атқа  мініп кетіп, біршама уақыттан соң келді. Ол ылғи өстіп кетіп қап, жылап-жылап ішіндегі шерін  шығарып келеді дейді Сымбат. Мен түсінбеймін, неге өйтеді?

– Е, балам жалғанда әке-шешең мен туыстарыңнан не өлідей, не тірідей ажырама. Қасіреттің ең үлкені туысыңды бір көруге зар болу. Біздің де айтатынымыз осы ғой,  «ағайын тату болса, тау қопарады» деген сол. Жақының секілді қолыңнан келсе көмектесіп, мейрімді болсаң, ертең бәрі саған мейіріммен қарайды. Мен бір әкеден жалғызбын.  Серағам менің әкемнің інісінен жалғыз, сол екеуміз бір әкенің балаларындаймыз. Бізден тараған сендер де бір-біріңе жақынсың. Туыс деген осындай болуы керек. Тәубә.

            – Данагүлге расымен де жаным ашиды, сендердің біреуің осы Ресейдің бір түкпірінде болыңдаршы, барып келу түк емес. Ал, бір мемлекеттен екінші мемлекетке өтіп кету деген, оның үстіне екеуі ғана, бұл әрине кімге  болса да ауыр. Құдай басқа бермесін, балам.

            – Аға, менің де керемет жүрегім ауырады. Әсіресе  Данагүл ешкімге сырын да айтпайды, мұңын да шақпайды.  Сымбатқа да сыр бермей іштен тынады.

            – Онысы әрине дұрыс емес, шешеңе айтайын сол сөйлессін. Әйел баламен әйел адам сөйлеспесе болмайды.

Ол екеуі әңгімелері таусылмай осылай отыра берер ме еді, кім білсін, иттер үріп анадайдан  оралман балаларының төбесі көрінбегенде. Атынан секіре түскен  Сымбат бірден үйге жүгіріп кірді.

            –  Бірлік, барсың ба? Шай ішіп отырған әкелі-балалы екеуіне кезек қараған оны, итере кірген  Данагүл де ұмтылып барып босағада тұрып қалды.

Тауда қалған бала жайын түнімен уайымдағандықтан таңның атысын күтер - күтпестен, поштаға келген хатты ала сала ашып, оқымастан тауға қарай шапқан-ды. Әкімнің қабылдауын да күтпеді. Онсыз да түніменен Бірлік не күйде? – дегенге бастарын қатырып шықты. Оның үстіне Секен аға да оларды аудан орталығында жүргенін көрді ғой. Сағат сегізде поштаның ашылуын күте салысыменен екеуі де қайтадан атарына қонды. Бұлар да шекараның қақпасына келген кезде солдаттар да есікті аша бастап еді. Тордан өте шауып жеткендері де осы.

            – Біз сені түніменен не болды? – деп қатты алаңдадық қой. Осыны айтты да  Сымбат сылқ етіп босағаға отыра кетті.

Олардың Бірлік үшін жанталасып жеткендерін түсінген Секен одан әрі шырқын алғысы келмеді де:

– Данагүл ештеңе болған жоқ. Сабыр сақтаңдар, еліңнен хабар ала алдың ба? Соны айтшы, – деп бауырына кінәлі көзбен қарап қалған Данагүлдің ойын бөлді.

            – Алдым! Данагүлдің   жанары жарқ ете түсіп, бетіне күлкі үйірілді. Жүре шешініп, қалтасынан хатты алып Секенге берді.

            – Аға өзіңіз оқысаңыз.  Хатты  Секеннің қолына ұстата салған Данагүл үнсіз «мен тыңдап отырмын» деген кісіше  иегін таянып отыра қалды. Секен хатты алып  оқи бастады.

«Қымбатты баламыз Данагүл, Сымбат. Күйлі қуаттысыңдар ма? Мұндағы әке-шешең, туыстарың бәрі аман. Қазақстанға көшеміз бе деп едік, биылша доғара тұрғанды жөн көрдік. Ұлбосын, Серік, басқа туыстар да аман, сендерге  амандық жолдап жатыр. Жайлауға шығып кетіп, содан көпке дейін хат жаза алмадым. Апаңның қалі жақсы, қан қысымы анда-санда көтеріліп тұрады. Бар уайымымыз сендерсіңдер. Секен ағаңның дені сау болсын, дұғай сәлем де сендерге жақсылық жасаса құдайдан қайтар, балалары аман болсын. Өздерің де аман жүріңдер. Алла амандығын берсе келесі жылдары кездесіп те қалармыз. Сәлеммен әкең Ділдахан.» Хаттағы әрбір сөз Секеннің аузынан шыққан сайын  Данагүлдің көзінен аққан жас бетін жуып отырды. Асықпай хатты оқып болып, төртке бүктеп  Данагүлге ұсынған Секеннің де көзінде жас тұрды. Жасы егде тартса да, әкеге деген сағыныш ол кісінің де жүрегін шарпып өткен еді. Әкесінің ұл балаға орны ерекше дейтін болсақ та, қыз бала үшін де өзіндік орны бар екенін  келіншектің көзінен аққан жасынан көріп, ақырын оны өзіне тарта  құшақтап  бетінен сүйіп, көзінің жасын сүртті.

            – Балам, тым көп уайымға салынба. Туысым жоқ  деме біз бармыз, бауырым жоқ деме, міне кішкентай болса да үйіңе ие болып  Бірлік қалды. Әлі де туыстарың келіп мауқыңды да басарсың.

Есін енді жиған Сымбат үстін жеңілдей шешініп далаға шығуға беттеді.

            – Ағам екеуміз малдың бәрін  жайғап қойдық, бармай-ақ қой – деген  Бірліктің үнінен «неге мені алдап, тастап кеттіңдер?» дегендей өкпе – наз ұқты.

            Данагүл шешіне салысымен үлкен қазанды отқа қойып,  ауызғы бөлмедегі тұрған қойдың етін жамбасына қоса, сүбе қабырғасы мен бір жілікті қасына қосып, үлкен бір табақ етті асуға кірісті. Жүрісінде жылдамдық пен ширақтық бар. Үйінен жақсылық хабар алып, көңілі орнына түскен  ол енді қонақтарын күтуге  белсене кірісіп кетті.

            – Балам, ештеңеге әуре болма, ауыл не болып жатыр? Біз қайтайық,  Бірлік те сабағынан қалмасын.

            – Жоқ аға, бір-екі сағат бөгелсеңіздер ештеме ете қоймас, қазір тамақ ішіп бірақ аттанарсыздар.  

Данагүлдің көңіл-күйінің өзгергені үй ішіне өз шуағын шашқандай. Үй иесінің пейіліне қарап, асын ішу керектігін сол кездегі қонақтардың бәрі білетін-ді. Тамаққа қарамай кетсе, алдыменен   ұл мен келіні ренжитіндей көрінді. Сондықтан да Секен үнсіз аттарды қамдап жолға дайындалды. Сүрленген  еттің исі, далада мал қамында жүрген  Сымбат пен Бірліктің қарадай қарындарын ашырып жібергендей. Қайта-қайта бізді асқа шақырмай ма деген кісіше  екеуі бір-біріне ақырын қарап қояды. Түннің бір уағына дейін алаңдап еш нәрсеге тәбеті шаппай, есік пен далаға құлағын түрумен болған ол  қарнының ашқанын енді сезгендей.

            –  Данагүл апай, көмірлеріңіз бітіп қалған, енді қиларыңыз бар ма еді? – деп өзін кінәлі адамдай сезінген  Бірлік әңгімені  Сымбаттан бұрын бастады.

            – Бітсе біте берсін көппен бірге көрерміз.

– Егер көмірлерің бітсе ауданға өтініш беріңдер әкімге, алдыменен маған жазыңдар, сосын оны  ары қарай жібереміз.

– Ол жағын таза тақыр қалған кезде көрерміз, аға.

– Көрген де көрген, негізі енді бір төрт - бес күнде Көке де келіп қалар қаладан, сол кезде сендер де келіп қайтыңдар жарай ма?

– Жарайды, көке келген кезде барамыз. Екеуінің аузынан шыққан қуанышты дауысты естіп  Секен де жадырады. Қарындарын тойғызып ұлы мен қызына қонаққа келген адамдай масайраған Секен мен Бірлік біраздан соң Көксеңгірді бетке алып бара жатты.

Тарбағатайдың өркеш-өркеш таулары мен бақалы дейтін сайлары, одан қала берді  неше бастаулар осының бәрі жолда кездесетін табиғаттың берген сұлу өңірлері. Оған қоса  қаздай тізілген шекараның көрінісі тіптен кітаптағыдай әсерге бөлейді.

Бұл таулардың арасында тұрақтап тұратын елді мекеннің қысы  жылы, жазы  ыстық. Малы өрістен түспейтін кішкентай ғана ауылдың өзіндік тарихы мен тыныс- тіршілігі бар.

Шемонайхыдағы малдәрігерлік курсты бітіргелі бері осы ауылда  мал дәрігерліктен бастап, ауыл басшысына дейін көтеріліп, қызмет істеп жүрген Секеннің туған жеріне деген махаббаты да ерекше. Осы жерде туды. Әкесі кезінде НКВД -ның  қызметкері болса да, халық ашаршылықта қалған кезде тау асып кетіп, арқар атып әкеліп ашаршылықтан құтқарған адам. Анасының ауылнай болып, ат үстінде жүріп жұмыс жасаған жері де осы Тарбағатай өңірі. Өзінің қанынан тарайтын он ұрпақ та осы жерде дүниеге келді. Иә, Секен туған топырағына шынымен де разы адам. Иншалла, ендігі жерде тек ел-жұрты аман - есен болғай.  Осылай қалың ойдың жетегінде кеткен Секенді атының осқырына  орғып, үріккені селк еткізіп оятып жібергендей болды. Жалт қараса  Бірліктің де аты екі құлағын қайшылай тік шаншып алған екен. Баласын шошытып алмайын деген ол  ұлының  алдына орағытып шыға келді.

– Бірлік ақырын асықпай жүр, менен қалма. Қасқыр ма, бір пәле жүр, байқа сақ бол, балам. Ең бастысы атыңның  тізгінінен айрылып қалма.

Бірлік әкесі қасында болған соң ба, қорқынышын білдірген жоқ. Ал, Секен расымен де   абыржи бастаған тәрізді. Өйткені, әкесінің  батырлығы баласына дарымағанын өзі де сезеді. Кезінде қолында еш қаруы болмаған 73 жасар әкесі Әсет қасқырмен жалғыз өзі айқасып, қасқырдың ірленген  терісін ауылға алып келіпті-мыс.

Әкесінің осы ерлігін есіне алған ол, атының үзеңгісін оңтайлай ұстап, жаумен айқасқа түсердей дайындала ат үстінде  қомданыңқырап отырды.

Шекараға келген кезде солдаттар өзара әңгімелесіп тұр еді. Ауыл басшысының құжатын тексермейтін әдеттеріне салып, Секенді анадайдан таныған олар қақпаны ашып, алыстан амандасып өткізіп жіберді.

Ат үстінде қоқиып отырып тоңып кеткен әкелі-балалы боп беттері балбырап үйге кірген кезде бірден қызырып кетті. Суық сорып, оның үстінде үш сағаттай селкілдеп отырған соң ба, алдарына келген асты шаршап отырып әзер ішті.

– Балам-ау,  тамағыңды іш те жатып ұйықтай ғой дем ал. Секен сен неге ауданға кетіп аяқ асты  Сымбаттыкінен бір-ақ шықтың а, ештемеге түсінбей қалдым ғой?

Шынымен де Гүлмайра  күйеуінің көлігінің шопырынан оның тордың үстіне өтіп кеткенін естіген-ді. Бірақ, не үшін кеткенін сұрамады. Жұмыс бабы болар деп өзінше тон пішіп, албаты дегбірсізденбеді де. Өйткені, ол  жұмысы солай болғандықтан тауға да, жайлауға да қонып қала береді.

– Оның хикаясын сен сұрама мен айтпай-ақ қояйын, біраз тынығып алайын бойым жылынсын, сосын контор жаққа барып келмесем болмас.

– Мейлің, бірақ түніменен менде маза болмады, – деп Гүлмайра шалына аялай қарады.

– Айтпақшы, көке екі-үш күнде келіп қалар, кеше телефон шалғам.

Менің келетінімді естіген туыстарым осы үш күнді әрең өткізгенге ұқсайды. Ауылдың ортасындағы жалғыз дүкеннің алдына келіп тоқтаған автобусты бүкіл бала-шаға тосатын да, сосын шығарып салатын қашаннан әдеті. Бүгін мені де  кішкентай кенже сіңілім мен  көрші қыз күтіп алды. Алдыменен баланы, сосын сүмкелерімді көтеріп алған сіңілілерім үйге қарай дедектетіп ала жөнелмесі бар ма. Біздің келетіндігімізге алаңдаған әкем есіктің алдында жүр екен, төбемізді көре салысымен «құлынымдап» құшағын аша ұмтылды.

             Мауқымызды басқан соң біздің үйдің әдеті, жердегі төселген кілемнің үстіне айнала  отырып әңгімеге жел жібереміз. Бүгінде бәрі біздің аузымызды аңдуда. Сұрақ жауаппен біразға дейін отырдық. Келгелі бері іштей мазаланып та отырмын. Ол Сымбат пен Данагүл жайын білгенше асыққандық еді.

– Аман, олар да бәрі  жақсы, тек  Данагүл сарыуайымға салынып, туыстарын, әке-шешесін көп ойлайды.

– Неге ойламасын аға, мына тұрған Өскемендегі өзіміз анық үш ай көріспесек «не болдымға ұшырап» ауылға қарай ұшамыз. Оның қасында  Данагүл мықты екен, ата-анадан бірден қол үзіп кету екінің бірінің қолынан келе бермейтін батырлық қой.

- Е, ондай батырлықты...

Сөз төркінінен  Данагүлдің де, Сымбаттың да  қиналып жүргендерін түсіндім. Иә, бір іштен шыққан туыс қашанда – ыстық.  Секен мен Гүлмайра неше жерден жақсылық пен мейрімділіктің шуағын төкенімен, оған өзінің ата-анасындай болу қайда? Оларға қараған сайын туыстары есіне түсіп, көңілі құлазиды. Қиял мен арман, сағыныш пен зар ішін өртеп барады. Бірақ, кімге мұңын шағар. Не болса да іштен тынған абзал. Данагүл өз өзін осылай қайраттандырады, ешкімге мұңын шағудың қажеті жоқ, нең болса да ішіңде. Анамның айтуынша Данагүл бұрынғыдай емес, ашылған тәрізді. Қазір бетіңе тік қарап ойындағысын бүкпесіз жеткізеді, арасында өзімсіне, еркелей назын да айтып қалады.

Оралман әпекелерінің таудан жіберетін сәлемдемесін мұндағы бауырлары асыға күтеді. Ұзақ уақыт еш хабар болмай қалса, Бірлік олардың үйіне қарай шабады. Ең бастысы, Сымбат пен Данагүлді ойлайтын адамдар бар. Арада үш күн өткен соң артынып-тартынып  көптен күтіп сағынып жүрген бауырым Сымбатым есіктен ыржалаңдап кіріп келді.

– Біліп едім көкенің келіп қалғанын, – деп алдыменен маған ұмтылды. Екеуміздің амандық сұрасқанымыздан, аймаласып құшақтасқанымыз ұзағырақ болды. Сағынысып қалыппыз. Әкем бірден тергеуге ала жөнелді. Алдыменен сұрағаны:

–  Көмір барды ма? – Сол көмірге ауданның әкіміне кіріп едім:

«Таяу арада болып қалады» – деп отыр ғой. Оның сөз аяғын жұтуына қарағанда «түк жоқ»  дегені екенін бірден түсіндім.

– Айта қойшы, жалпы жағдайларың қалай? Қазір сендерге көмек көп келіп жатыр ғой?

– Ой, көке-ай, көмек деп аузын толтырып айтқандарымен, ол бізге дейін жетпей қалады ғой. Әне, кеше ғана ауылдың  піркәшігі  тауға үйге келіп тұрып, «сендерге импортный етік келді, бірақ ол тауға жарамайды, оның орнына мен сендерге советтің етігін берейін, бірақ сендер импортный етік алдық деп қолхат жазып беріңдер», – деп қолхат жаздырып алды. Егер тексеру келіп қалса: «Бәрін уақытында алып тұрамыз деп айтыңдар» дегенін айтам-ау, – деп  жайдарлана күліп қояды.

Тағы бір түйгенім, ауылға оралмандарға деп бөлініп келіп жатқан тауарлар мен киім кешектер әлі сол піркәшіктерден аспайды екен. Не деген сұмдық? Қашанғы «түйені түгімен жұтатын» піркәшіктерге қор болмақ?  Ай, аңқау да, аңғал қазағым-ай деймін іштей күйіне. Неткен пейілің кең, дарқан жүректі едің. Өз аузыңнан жырып, тойымсыз тоғышардың жемсауына азық болып отырған түрің мынау бола тұра, арқаңды кеңге саласың. Жайраңдап күлесің, неткен кеңдік. Іштей  Сымбаттың әңгімесін тыңдап отырғаныммен ойым сан-саққа  шашырап кетіп жатыр. Мынау тіршілік деген дүние, малдың тезегі сияқты лап ете түсіп, ғайып болып кететін ғажайып әлем. Осы әлемнің есігі біреуге кеңінен қанатын жайып ашқанымен, біреулерге тарылып қалатын ежелгі әдеті. Бірақ та сол есік тоғышарларға кеңінен ашылып, жаны жайсаңдарға тарылып қалатынына таңым бар. Сымбаттың қарапайым саудагердің алдауына түсіп қалғанына қаным қызды.

Іштей  мазалаған ойлар адамды тұншықтырар сезімдер мен қиналыстар  қолыма түннің біруағында қалам мен қағаз ұстатып, дастарқан басына әкелді. Сол кезде енді ғана  тәуелсіздігімізді алып жатқан жас мемлекетімізде аты елдің аузынан түспейтін бірнеше партиялар құрылып, халық үшін жанталасып, белсене жұмыстар істеп жатқанын күнделікті ақпарат құралдары, газет - журнал, теледидарлар арқылы жұртшылық кеңінен білетін. Соның бірі – «Азат» партиясы еді. Басшысы Дос Көшім деген қазақтың белгілі ұлтжанды азаматы болатын. «Азат» партиясына халық үлкен үмітпен  және сеніммен қарайтын.

Біздегі жергілікті қазақтардың бойында  қандай қиындықтар болса да төзе  алатын дағды қалыптасқан. Өйткені,  еліміздің табиғаты, заңы, жай-жапсары, ең болмағанда су мен ауаның құрамында не бар екеніне дейін білеміз. Ал,  қандас бауырларымыз нені біледі? Желдің басы қалай соқса, солай қарай қисаяды. Жаңа Қазақстанның тарихын білгенімен, көздерімен көріп, қолдарымен ұстамаған соң, ештеменің парқына бара алмайды. Сондықтан да аузындағы асынан айрылып қалып жатыр. Оған көмектесетін біздің ағайындарымыздың да араны ашылып бара жатқаны өкінішті-ақ. Осы оймен мен аудан әкіміне домалақ хат жазуға отырдым. Хатым «домалақ» болмаса, ертең әкем Секенге зияным тиіп кетер деп қорықтым.

«Құрметті Әкім мырза! Мен Алматыдағы «Азат» партиясының мүшесімін. Бір жұмыстармен сіздің Тарбағатай ауданына келгенімде, өте келеңсіз оқиғаның үстінен түстім. Сізге деп сеніп жіберілген Монғолиядан келген бірнеше отбасылары қиындыққа төзбей ішкі жаққа көшіп кеткен. Әр ауылда саусақпен санарлықтай оралмандар қалған екен. Олардың да жағдайы өте мүшкіл. Президентіміз өзі қолдау көрсетіп, осы  қандастарға бөліп жатқан көмектердің бәрі  аудан орталығынан аспай, шашырап  кетіп жатыр. Өз көзім осының куәсі болдым. Мысалы,  «Жуалы» фермасындағы тауда  мал бағып отырған жас  семья  Сымбат пен Данагүлдің не жағарға көмірі, киерге тоны, аяғында бөлініп берілген пимасы жоқ. Осының бәрін кімнен сұраймыз? Неге қандас ағайындар өздеріне тиесілі үкіметтің көмегінен қағылып, қағажу көруі керек? Онсыз да тағдырдың тауқыметін арқалап, елімізге еркелеп жеткен туғандарымызды ішке тартпай, сыртқа тепсек біздің кім болғанымыз? Ертең Алматыға қайтамын, бірақ осы жайттардың барлығын «Азат» партиясының азаматтарына айтып шара қолдануларын талап ететін боламын. Егер біздер ағайыншылық танытпасақ, елдігімізден не пайда?», – деп қолымды өтірік қойдым да, үй-ішіме шаруам бар еді, – деп ауданға барып, пошта жәшігіне хатымды салып жібердім.

Салуын салсам да менен маза кетті.     Мұндай   қорқақ болармын ба, не істеп, не қойғанымды білмеймін.   «Мына хатты жазған сізсіз, сізден басқа ешкім жаза алмайды», –  деп мені әкетіп бара жатқан милициялар елестесе болды, жаным түршігіп сала береді.

Десе де демім ішімде, тым-тырыс жүрмін. «Бұл неге көңілсіз, не болып қалды?» дегендей ата-анам ақырын көздерінің астыменен маған барлай қарап қояды. Арасында «нем бар еді?» деген сауалды  қоямын да, «дұрыс істедім, әйтпесе алыстан ат арытып жеткен ағайындардың күні қараң қалмақ» деп тағы өз ісіме қайраттылықпен іштей жауап табамын. Сонда да әліптің артын бағамын дегенше, олардың күндері күннен - күнге нашарлап кететінін де жақсы түсіндім.

 Түн. Қанша  уақыт өткенін қайдан білейін, бір кезде дабырласқан екі-үш ер адамның дауысынан оянып кеттім. Жүрегім тас төбеме бірақ шықты. «Біттім, маған келді қазір алып кетеді». Ақырын киініп алдым да, жақындап есікке таядым.

– Секе,  кеше «Азат» деген парияның мүшесімін деген  бір қатын шекарадан өтіп кетіп,  Сымбаттың үйіне барып, бәрін сұрапты. Олар бәрін айтып беріпті. Таңданып қалғанын әкемнің үнсіздігінен сездім.

– Бәрін? Сонда нені айтыпты, бәрін дегенің не?

– Ол «Азат» партиясыменен ойнауға болмайды, өте халыққа жаққан партия. Аудан әкіміне ол қатын  «асығып бара жатырмын» деп хат тастапты. Бірер айдан соң тағы келемін деп кетіпті. Қатты шырылдай сөйлегеніне қарағанда, ауыл активіне ауданның әкімі төніңкірегенге ұқсайды.

– Өзі бір керемет әйел болса керекті.  Енді тордың үстіне қалай өтіп кетіп жүр екен? Шекарашылар ол әйелді қалай өткізіп жүр? Соған таң қаламын.

Мен туралы болып жатқан әңгімелердің барлығына қорқып тұрсам да, «Әп-бәлем, біраз болса да осылай мазасызданыңдар, оралмандарды шырылдатқанды әлі көрерсіңдер», – деп аздап масаттана бастаған едім:

– Қайдан білейін,     шекараның үстіне ол әйел немен өтіп барып келіпті өзі? – Әкемнің сауалы да қызық, бірақ үнсіздіктен бұл да жақсы.

– Немен өткеніңіз не? УАЗ – бен өтіпті.  Сымбаттарға барыпты.

– Сымбат та көріп пе ол әйелді?

– Білмеймін, ертең  оны ауданға алып барамыз. Бізге берілген тапсырма осы, ауылдың  сатушысы да  бізбен бірге барады.

Ішім қылпылдап, көзім қарауытып, басым айналып кеткендей. «Біттім» деймін өзіме-өзім. Сымбат: «ешқандай әйелді көргенім жоқ» десе, мен екенімді бірден біледі. Ауылда менен басқа әкімге дейін шығып хат жазатын ешкім жоқ...енді қайттім?!

            – Жарайды таңның атқанын көрейік, сосын тағы ақылдасармыз.

Бәрі орындарынан тұрып тарқасқаннан кейін өтірік көзімді уқалай бөлмеден шықтым.

– Бұл кісілер не істеп жүр, түннің бір уағында?

– Жәй, бір партияның әйелі тор үстіндегі оралмандарға барып жағдайларын көзімен көріпті де, әкімге арыз жазып кетіпті.

Әкемнің маған сезіктене қараған көзіне тіктеп қарай алмадым да, еріксіз жанарымды тайдырып әкеттім.

– Менің ойымша шындықты жасырмау керек. Оралмандарға келіп жатқан қыруар көмектің бірі осы Сымбаттарға тиіп көріп пе екен. Деуін десем де өзімді ұстап берген адамдай тұрып қалдым да, тез-тез басып үйден шығып кеттім.

Әкемнің темекісін ұзақ тартқанына қарағанда бір қауіпті сезіп отырғандай, тіптен қорқа түстім. Сол түн мен үшін мәңгілік түн болғандай әсер етті, таңды атыра алсамшы. Қай уақыт екенін білмеймін, бір кезде барып көзім ілініп кетіпті. Орнымнан тұрып далаға шықсам, үлкендерден үйде ешкім жоқ, тек анам ғана далада мал жақта жүр екен.

– Гүлназ әкеңді, ауылдың бетке ұстарларын,  Сымбатты ауданға алып кетті. Не болғанын білмеймін, бәрі  қатты мазасызданып жүр.

– Алаңдамаңыз, өз істеріне жақсы болса неден қорқамыз. Әкім оларға ұрсар да қояр.

Құдайым-ай, нем бар еді,  Сымбаттарға көмектесемін деп әкемнің обалына қалдым. Кезінде коммунистік партияның  мүшесі болған, өз еңбегіне адал-ды, енді қиын болатын болды-ау деген қынжылыстан ішім удай ашып кетті. Ақырын дастарқан жайып, бауырларым орындарынан тұрғанша шәй іше берейін деп едім, онымнан да түк өнбеді. Ойым «ауданда не болып жатыр екен ?» деген сұрақта.

Затым  әйел болғандықтан ба, менде  бір ерекше мейрімділік пен адамға деген жан ашығыштық мінез  бар. Монғолиядан келгендерді қойып, көшеде өтірік қайыршы болып, садақа сұрап тұрғандарды білсем де, қалтамдағы соңғы тиыныма дейін беріп кетемін. Сауабы баяғы  жалғыз қызыма тисін деген ырымым.

Шәй ішілмеген соң ақырындап үйдің ішін жинастыра бастадым, уақыт деген нәрсе осындай да алға жылжымай қалатын әдеті емес пе? Не істеп жүргенімді өзім де білмеймін.

            Түскі астарын дайындап дастарқанды  енді жая бергенде, үйге сау етіп бір топ азаматтардың кіріп келгені. Бәрі көңілді, аздап тентек судан ішкен тәрізді, әкем де қызулау, өте көңілді. Даурығыса сөзге дес бермей сөйлегендеріне қарағанда бәрі жақсы болған секілді.

– Секен аға, кім болса да ана тордың үстіне   шығып кеткен әйел пәле қатын екен. Көрмеймісіз,  Сымбатқа бір күнде коммунизмді орнатып кеткенін.

– Жоқ, ана аудан әкімі  әйелден емес «Азат» партиясынан қорқып қалды, сосын ғой осының бәрін тиеп жібергені.

– Кім болса да адамгершілігі жоғары адам екен, басқасын білмеймін  Сымбатқа көмектескені тіптен тамаша болды. Өзім ол әйелді жақтаймын. Бұл – менің әкемнің сөзі.

– Гүлназжан, шәйің болса әкелші.

Түскі асты үйден ішеміз, рахмет, – деп келген ауылдың бас көтерер азаматтары наннан ауыз тиді де кетіп қалды. Үнсіздікті тағы мен бұздым.

– Өзі не болып кетті?   Сымбат, маған дұрыстап тұрып түсіндіріп берші.

Бағанадан бері екі езуі құлағына дейін жетіп мәз болып отырған бауырым бақыттан басы айналғандай тілі сөйлеуге әрең келеді.

– Не болушы еді, Көке апай, бір «Азат» деген партияның әйелі  бізге барып қалымызды, қалай тұратынымызды көріпті де аудан әкіміне хат жазыпты   «егер оралмандарға көмектеспесеңдер көрсетімін» – депті. Сонымен мені, мына кісілерді ауданға апарып, әне бір машина көмір, телевизор, бір қап ұн, қант,  Данагүл екеумізге екі тон, екі пима, тағы магнитофоны бар, матрас дейсіз бе тиеп беріп қоя берді. Өздері совхозға дейін алып келіп, ол жерден импортный етік, тағы біршама киімдер кигізіп жіберді, – деп қуануда.

– Өзің ол әйелді шыныменен көрдің бе?

– Көргем жоқ,  көрмедім десем де ешкімді сендіре алмадым ғой.   Көрмесең ол әйел сенің жағдайыңды қайдан біледі? – деп болмайды.

– Содан не болды?

– Не болсын, әне бір машина тауарымен аудан әкімі «енді тағы біреу келсе, жауабыңды дұрыстап беретін бол», – деп шығарып салды.

– Өзің разысың ба?

– Әрине разымын! Кім болса да баласының қызығын көрсін. Алла Тағала оның жолын оңғартсын, одан басқа не айтайын – деген кезде «Әмин» деген сөз аузымнан шығып кеткенін өзім де аңғармай қалдым.

Асын ішіп болғанша әкем ләм деп аузын ашпады. Сымбатты да сол көңілді қалпында тауға аттандырып салдық. Бүгін  Данагүл мен Сымбаттың шаңырағында қуанышты той болады. Ол көмірі түсіп бойлары жылынса, телевизор көріп, радио тыңдап сауаттарын ашады. Өз ісіме өзім разы бола бастағандаймын. Міне, осылай болуы тиіс-ті.

– Балам, осының бәрі сенің ісің бе?

Ұйықтап жатыр деген әкем ояу екен, сасып қалдым.

– Иә, менмін, аға.

– Ертең біліп қойса не болатынын білесің бе?

– Жауапты өзім беретін едім, аға, негізі қатты қорқып кеттім. Кеселім тиіп кетіп обалыңа қалам ба деп те қорықтым. Жазбасыма болмады,  Сымбаттар сияқты осы ауданның барлық оралмандардың жағдайлары да мәз емес екендігін білгендіктен жаздым.

– Иә, бүгін тоғыз оралманды осылай жарылқады. Бәрі саған сиынып, рахметтерін айтып жатыр. Жақсылық жасаған жақсы ғой, бірақ бұлай жасырын түрде істемейді, ашық түрде ешкімнен жасырынбай әкімге өзің кіруің керек еді, балам.

– Аға, мені әкімің тыңдай ма, оның алдына осы оралмандар күнде барып жатқан жоқ па? Көмектессе сол кезде неге көмектеспеді? «Азат» партиясынанмын деген де барып, «сасқан үйрек артымен жүзеді» демекші, бәрін разы-қош қып қайтарыпты. Әділдік деген жоқ, жандары қысылған сәтте шырылдап кетті.

– Жә, балам, қызуланба, дымың ішіңде болсын, ешкімге тіс жарушы болма. Біліп қойса үлкен дау боларын білесің ғой.

Әрине, мен үнсіз келістім. Дегенмен өз - өзіме қатты разы болдым.   Мен қатырдым! Осылай ауылға барған бір жұма уақытым, көзді ашып жұмғанша өте шықты. Тек «қалаға қайтадан қайтқалы жатыр» дегенді естіп  Данагүл келіп сәлем берді.  Сіңілімді көріп өзім де қатты қуандым, шынымен де бауыр басып қалыппыз. Келгеніне жылға жуық уақыт болса да, Данагүлім еш өзгермепті. Сол баяғы ұяң қалпы. Біраз болса да өзгерсеші деп ойладым. Әкесі   Ділдахан Бұғұты сумынының  мектеп  мұғалімі болған адам. Отбасындағылардың бәріне білім берген кісі. Бір сөзбен айтқанда көздері ашық, көкіректері ояу жандар. Өзінен кейінгі  бауырлары да Ділдахан  атаның  ізіне басып, білім алып, оқыған адамдар. Бауырына басып шығарған балаларының барлығы дерлік ауыл мектебінде оқып, сауаттарын ашқандар.

Монғолдың ұлттық киімдеріндегі нақыштарын өздерінің шапандарына ою қылып енгізіп, солардың үлгісінде киімдер тіктіріп, солардың тәрбиесі мен заңына қарай жығылған қазақтардың тағдыры ол жақта да  оңалып кеткені шамалы. Мұнда көшіп келгеннен соң да Қазақстан заңының бірін түсінсе, екіншісін түсінбей орыс тіліне келгенде тілдері күрмеліп, басқа планетаға келгендей қараптан-қарап еңселері түсіп, әркімге бір жалтақтаумен жүрген  қандастарым көзге бірден түседі. Бір тиыннан екі тиын құрайын десе, басына тартқан көрпесі аяғын жабуға жетпей, қабырғасы көтерілген, бірақ төбесі  жабылмаған үйді пана тұтып, ашық аспан астында қалған үйде отырғандар да  осы қандастар. Қазақтардың өзімен қазақша  тұщынып әңгімелесе алмай, бастарын тауға да соғып, тасқа да ұрған, бірақ мен заңды білемін, мені Елбасы қолдайды деп өлермендікпен алға ұмтылыс жасап жатқан да осы  қандастар.

Атажұртына қазақтардың саны азайып бара жатыр, демографиясына септігімізді тигіземіз деп келіп жатқан да осы оралмандар. Шет елде жүріп есімдерін айдай әлемге танытып, сол елдің намыс туын көтерген  азаматтар,  Қазақстанға келіп  суға батқан тастай жып-жылас, іздеушісі, жоқтаушысы  жоқ болғандықтан  сағы сынып, тағдырына көнген оралмандар.

Оралман қазақ дегенді естіген кезде көзімізді төңкеріп ала жөнелуші едік қой. Тек президенттің  алдыға қойған қатал талабынан ғана қорқып, биліктегілер оралмандарға заң тұрғысында ғана көмектер жасап жатты. Сол уақыттың ішінде мен бір де бір қалталы азаматтың: «елімізге келуіңмен, немесе  оралуыңмен» деп бір  баспананы бір оралман қазаққа беріпті дегенді естімеппін. Қайта  көзіміздің қиығымен қарап,  немқұрайлылық танытқанымыз болмаса.

Данагүлдің  ерекше ұяңдығы  әрине ашуымды келтірді. Бірақ мен де оны жақсы түсіндім. Егер маған салса, мен  оны он күннің ішінде орыстың тәрбиесімен тәрбиелеп шығарушы едім, бірақ ол біз секілді шала қазақ емес, нағыз қазақ. Сондықтан да ол ешқандай ата жолын аттап өтпейді, артық қылыққа бармайды.  Менің де мысымды басқан тұс осы.

Сонда да қаладан алып келген жаңа үлгідегі кофтам мен юбкамды үлкен күмәнмен Данагүлге кигіздім. Ол айнаның алдына барып, өз түрін көріп өзі таң қалды. Қазақстанға келгелі ат үстінен түспеген  оның мұндай киімдерді қалдырғалы қашан. Атқа ыңғайлы деп ұзын етек көйлегін тастамайтын. Енді міне, сол баяғы Монғолиядағы Данагүлдің нағыз бейнесі шыға келді.

– Масқара, менің мына түрімді көрсе әкем маған ұрсады ғой.

– Неменеге ұрсады, сен енді жаңа Данагүлсің, тәуелсіз Қазақстанның оралман –жаңашыл  Данагүлі боласың, – деп ақырын оны қолпаштап та жатырмын.

– Жоқ, көке мен мұндай киім кие алмаспын. Өйткені, мына юбка мені атқа мінгізбейді де, түсірмейді де. Одан да өзімнің көйлегім артық.

– Данагүл, десе де осы киімдерді өзіңмен бірге алшы, ертең тойға,  тағы бір жерлерге барғанда киерсің, керегіңе жаратарсың.

– Рахмет көке.

 Бұл жолғы сіңілімнің  жаңаша бетбұрысқа кет ары еместігі мені де қуантты.

Күн артынан күн, ай артынан ай жылыстап өтіп жатты. Қазақстанның ішкі тәлім-тәртібі мен тәрбиесі  Сымбат пен Данагүлді уақыт та өз дегеніне бағындырды. Басында  әйелі десе Сымбат алып-ұшып тұрушы еді, енді байқауымша  ол уақытының көбін   совхоздың немесе аудан орталығында өткізетін көрінеді.

Жалпы, пендешілік дегенді қойсаңызшы. Заманның қиындығына төзе алмаған жергілікті ағайындарға қосылып, тіршілігінің күнделікті  тәртібінен ауытқып бара жатқан монғолдық бауырдың мінезі әке-шешемді де,  әйелін де қатты алаңдата бастағандай. Басында таудың ішінде отырған бір үйдегі екі жан бірі үшін бірі өмір сүруші еді. Енді Сымбатты ауылға қарай белгісіз бір сезім  жетелеп тұратындай болып жүр. Ол сезім араққа деген тәуелділік. Алғашында аздап ұрттаудан бастаған Сымбат ащы суды енді жиірек аузына алатын болыпты.

Бұрын Монғолия жерінде шайтан судан аузына алып көрмеген Сымбаттың Қазақстанға келіп  араққа салына бастағанына  ешкім таңданбады. Өйткені, әрбір екінші үйде спирт сатылып, қолдан арақ жасалынатын. Жұмыстың жоқтығы, ауыл еркектерінің бос қалуы оларды күнделікті карта ойнап, «тон жамылғаннан» тоя ішіп, көңіл көтерулерін жиілетті. Сымбат та сол көпшілікке еліктеп кетті. Соңғы кездері Секеннің үйіне қонбайтынды шығарып жүр. Данагүлді ойға салып жүрген де  күйеуінің көбіне Секенді жақтырмай, оның істеген ісіне үнемі көңілі толмай сөз  қозғау еді. Тіптен бір күні ол үйге ашуланып келді:

– Қайда барсам осы Секеннен көретін болдым. Елдің бәрі сен оның «кірме ұлысың» деп мазақтайтынды шығарды. Ол аздай ауылға бара қалсам болды, ана Бірлік пен Ержандар «үйге жүр» деп дікілдейтінді шығарыпты. Сонда мен не олардың «екі туып, бір қалғаны ма едім». Олардың түрін көргім келмейді, жек көремін! Сен де қатты араласқанды қой, тағы жұрттың «өгей бала» деген сөзіне қаламыз. Осы сөздер-ақ мезі етіп болды.

Сымбаттың ренжитін де жөні бар. Тауда өзінің  уақытын мал мен Данагүлдің қасында ғана өткізетін ол анда-санда ауылға келген кезде бірден етене араласып кеткен жігіттердің үйіне барады. Түніменен даурығыса отырып, арақтан бас көтермей ішіп, карта ойнаған олар әбден қызады. Ойынның соңы әжуа мен бірін-бірі қағытуға әкеледі. Таяқтың бір үші міндетті түрде Сымбатқа тиеді. Ол – Секеннің өгей ұлында ешқандай проблем жоқ, бақыты бар жігіт немесе «дайын асқа тап келген жолы болғыш» деген сүйектен өтетін сөздерге қарадай қорланды.

Оның қазір ештемеден тарығатындай кезі жоқ. Азық-түлігі үнемі молынан. Малына да жем-шөп демейді. Бірақ, ол да ел қатарлы ауылдың ортасында тұрғысы келеді. Оған ауылда бос үй, оның үстіне малды қолға алса, меншік шабындық жері жоқ. Сымбатқа кейін мал өсіру қиын болады. Осыны Секен оған қанша түсіндірсе де   оның ұққысы келмейді.

– Бастарың жас, екеуің әлі қатарға қосылу үшін біраз болса да мал басын көбейтіп, қамыңды ойла. Ауылға келгенде саған да, Данагүлге де жұмыс жоқ, не істемексіңдер? Сондықтан шыдап, біраз болса да айтқанға көніп қоң жинаңдар, – деген ақылды ұққысы келмеген Сымбат Секенге дұшпанындай қарады. Оған «Осы Секен неге мені таудан түсірмейді, өзіне масыл болады деп отыр ма?»  – деген арам ой келді. – Жоқ, мұның есесі жетеді, етекке түсіп, ел қатарлы боламын.

Сөйтіп, Қазақстанға келіп енді ел-жұртпен араласа бастаған затынан зерек  Сымбат өзіне досты да, жолдасты да тез тапты. Бұрынғыдай Секеннің үйіне келуді сиретіп, достарының үйінде қалып қойып жүрді. Иен таудың ішінде  әйелін жалғыз өзін тастап ауылға жиі келетінді шығарды. Тауда жалғыз қалған Данагүлдің халі қалай, не күйде, ешкімнің шаруасы жоқтай. Қолындағы бес қойы мен екі сиырын мал деп есептемеген Сымбатқа  осының бәрі Алла Тағаланың  мазағындай  болып көрінді. Азғындық жолға түсемін десе, қазір-ақ қой. Мінез-құлқының айналасы бір жылдың ішінде тез өзгеріп кетуіне Данагүлдің де, мемлекеттің де, тіптен менің әке-шешемнің де еш кінәсі жоқ. Оған кінәлі ойнаған карта, ішкен арақ, шеккен шылым, сырттай айтылған өсек, шетелдік бейнефильмдер. Бір сөзбен оны еліктіріп өз тұңғиығына батырып бара жатты.

Ішімдікте өмірдің бар мән-мағынасы тұрғандай бастарын көтерместен салынғандар қаншама. Кеш батса болды қолдарындағы санаулы малын қораға кіргізе сала, әйелінің ренішін  елеместен үйді көк түтінге оратып, таңға дейін картаның қызығына кіріседі. Қолдарында ақшалары жоқ болған соң амал бар ма, қорадағы қой мен қозы картаға тігіледі. Арақ бір жағынан, темекісі тағы бар, ойыннан жеңіліп қорадағы малы кеткеніне ызасы қосылған дардай азамат бар өшін  үйіндегі отбасынан алып, әйелі мен балаларына қырғын тигендей қылады. Бұл әдетке айналып бара жатқан үлкен дерттің бастамасы ғана еді. Солардың бірі – елге келіп, ертеңіне балтасын дайындай бастаған Сымбат болды.  Данагүлдің тау ішіндегі жағдайы күннен күнге нашарлап бара жатқан соң Секен оларды ел ішіне көшіріп алды.  Өйткені, иен тауда Данагүлдің жалғыз  жиі қалатынынан әкем қорқа бастады. «Жаман айтпай жақсы жоқ», ит-құс шабуылдап Данагүлді жазым етер деген қауіптен сақтанды. Біздің көңілімізге медеу болған Данагүлдің аяғының ауырлығы. Үлкен қуаныш. Монғолиядан екеу болып келіп, бастарына бас қосылып енді үшеу болмақшы.  Есіктің алдына үлкен киіз үй тігіп, бар дүние-мүлкін сонда қойып, өздері Секеннің қолына қайта кірді.

–  Мен саған Секеннен бойыңды аулақ ұста демеп пе ем, неменеге оның үйіне тағы кіріп алдың? – деп Сымбат есіктен кіре ешкімнен амандаспастан келіншегін шетке шығарып алып сілкілей бастады. Ол аудан орталығына белгісіз себептермен кетіп қалып, тауға бір жұмадай бармай қалды. Данагүлдің иен тауда жалғыз қалғанын Секен біреулерден естиді де Сымбатқа қатты ашуланады. Сұрастыра келе оның аудан орталығында жатқанын біледі.  Мұндай бассыздыққа шыдамаған Секен Данагүлді өз үйіне көшіріп алып келді.  Сымбаттың қаһарына мініп, Данагүлге зіркіреп тұрғанының себебі де осы.

– Сымбат, Данагүл үйге кіріңдер! – Әкемнің дауысы зілді шықты. Екеуі де, басқалары да үнсіз үлкен дастарқанды жағалай отырды.

– Сымбат, аудан орталығында не себепті көп айналдың? Үкіметтің малын Данагүл емес, сен бағамын деп алдың емес пе? Бұл не қылғаның? Аяғы ауыр әйеліңді қаншама малмен тауға тастап кетіп, қаңғып кеткенің қалай? Сонау Монғолиядан араққа салынып, қаңғу үшін келгендей мұның не? Менен неге қашқақтайсың, елдің сөзіне неге ересің? Ертең басыңа іс түссе алдыменен ел емес, мен жүгіремін, сен соны түсінесің бе? Балалардың да  сендер дегенде жандары қалмайды, тым болмағанда Данагүлді неге ойлап, жаның ашымайды? Бүгіннен бастап Данагүл осы үйден ешқайда бармайды, қашан босанып, қол-аяғы жеңілдегенше осында, қолымда болады. Сен де арақ ішкеніңді қоясың, елмен қатар оны-мұны жұмыстар істеп күніңді көресің. Ал, қазір үкіметтің малын Ерденге өткіз де, өз малыңды әкеліп осы үйдің қорасына кіргіз. Ар жағын кейін көре жатамыз.

 Ешкім әке сөзін бөлмей тым-тырыс отырып тыңдады. Ләм деп ауыз ашылмады. Әкем айтарын айтқан соң, қолына темекісін қыстырып шығып кетті де қалғандары үнсіз отырып қалды.

–  Сымбат, шынымен де елдің сөзіне еріп сен де....дей берген Ержанның сөзіне көзін алайтып, «енді сен бастамашы» дегендей қолын жүре сілікіп, Сымбат үйден атып шықты. Көзі  бақырайып Данагүл жаутаңдап қала берді.

– Өй, кетсе кете берсінші...дәсердей болды ғой, – деп Бірлік   оның сыртынан сөйлей бастап еді Данагүлдің мұңайған түріне көзі түсіп, үнсіз қалды.

Дегенменен өзгені өзегінен теппейтін қазақ емеспіз бе, қандай тентек болып бара жатса да  әкем  Сымбатты ешқайда шығармай өз үйінде ұстауға тырысты.

Монғолия жерінде ешкімге бой бермей өскен Сымбат Қазақстанға келген соң да еркіндіктен айрылғысы келмегендей ешкімді тыңдамауға тырысты. Таудағы малын өткізген соң, оның басы мүлде араққа салынып, елдің үйінде түнеп қалатынды шығарды. Басында Ержан мен Бірлік сүйрелесе де үйге алып келетін-ді, кейіннен олар да  шаршады. Тек алыстан сүйенішім болады деп сеніп келген азаматын қимаған Данагүл ғана сыртынан бақылап, түн ұйқысын төрт бөліп, алаңдаумен таңды атырып жүрді. Сымбаттың Секеннен неге соншалықты безінгенін Данагүлде түсіне алмады.

Оларды көре алмаған қатарластары өсекке жел жіберіп, «кірме» деп мазақтады. «Күшік күйеу» деген айдар тақты,  «Секеннің жетімі» деп атады. Қағытқан кекетпе сөздерге намысшыл Сымбат аттай тулап жүрді. Басы текетіреспен басталып, соңы арақ ішіп татуласумен тынатын.  Кейде жатып алып қалың ойға қалатын. Сонда осы айтылған сөздердің бәрі рас секілді көрінетін де, қайта тіптен ашуланатын. Ол енді Секеннің үйінен бөлек шығуды армандай бастады. Балаларының тәрбиелі болып өсіп келе жатқаны Гүлмайра мен Секеннің бар қуанышы. Осы қуанышқа енді  Данагүлдің сәбилі болатыны қосылды.  Монғолияда отбасын құрап, Қазақстанға келіп сәбилі болатындықтарын үй-ішім «Ақсарбасқа жорыды». Дегенменен сәбилі болатыны Сымбатты да, Данагүлді де селт еткізбеген тәрізді. Өйткені,  Сымбаттың Данагүлді шеттетіп бара жатқаны жанына батып, жүрегін ауыртса да көп әйелдердің біріндей суықтық таныта қарап: –  «Әйелсің бе, бала табу міндетің!»  – деген кісіше мардымсығанына іштей назаланды да.  Сөйтіп, олардың арасында қара мысық жүріп өткендей бірін-бірі  сыйлаудан қалып бара жатқанын өздері де сезбеді.  Осының бәріне алдыменен Гүлмайра, сосын Секен қынжылады.

– Сымбат, мені белгілі бір себептермен екінші фермаға меңгеруші етіп жібергелі жатыр. Сол фермаға таяу жерде қыстау бар. Данагүл екеуің сол жерге барып қоныстаныңдар, малдарыңды бағып, жеке отау болып тұрасыңдар. Біз көшсек, бірге көшеміз, – деді бір күні дастарқан басында Секен.

– Жоқ аға, біз көшпей осы жерде отыра берсек қайтеді, үйренген жеріміз дегендей,  – деп  Сымбат ойын білдіре бастап еді:

– Бұл жерде жалғыз қалғандай боламыз ғой, кетсек бірге кетпейміз бе? – деген Данагүлдің аузынан сөзі шығуы мұң екен Секен де оны іліп әкетті.

– Балам, – Секен дауысын бәсеңдете сөйледі. – Балам, Данагүлдің әке-шешесінің орнына біз әке-шеше болып отырмыз. Алғаш келгеннен бастап сендерге бауыр басып кеттік. Ендігі жерде «не болып қалды екен?» деп күнде алаңдағанша, бір жерде отырғанымыз да дұрыс шығар. Сондықтан  қылтыңдағанды қой, еркек адамсың, сенің түгің кетпес бірақ, Данагүлге  бізсіз қиын болады. Негізі сендердің көшкендерің дұрыс.

Көп ұзамай екінші фермаға да көшіп тыныш таптық. Бұрынғы үйдің орнына  хан сарайындай алты бөлмесі бар үлкен үйге келіп орын тептік. Уақытты тоқтатып тұру мүмкін емес қой. Ағаларымның екеуі де үйлі-баранды болып, алдыңғысы әке-шешеме немере сыйлап та үлгерді. Тұңғыш немере атасынікі. Ата да, апа да бақыттан бастары айналғандай ерекше шалқар күй кешуде. Данагүлдің де уақыты таяп қалған кезде оны қалаға шақырттым. Дәрігерлердің айтуынша, қаны азайып кеткен көрінеді. Баланы дүниеге әкелуі қиын болады деген-ді. Сондықтан қалалы жерде босанса қауіп те азаяр деген оймен шақыртқан едім. Өкінішке орай, оны Сымбат қалаға жібермек түгілі, әке-шешемнің үйіне де, тіптен аудандық ауруханаға да жатқызбаған көрінеді.

Данагүлдің жағдайына алаңдағаныммен, оның да өзінің отбасы, отағасысы бар екендігі, олардың арасына кірісуімнің еш негізсіздігі аузымды аштырмады. Әліптің артын бағуға  көштім. Үй жақтан біреулер қатынасса болды, алдыменен Сымбат пен Данагүлді сұраймын. Дегенменен Сымбат бөлек отау болып шыққаныменен сол қаңғып кетуді әдетке айналдырған. Аяғы ауыр Данагүлге ішіп келіп бір-екі рет қолын да көтерген секілді. Бірақ  Данагүл ешкімге тіс жармаған.

Тағы да сол қу жалғыздық. Қыстау дегені болмаса, қазіргі көшіп келген үйлері де жанға жайлы, жылы.  Бірақ, жанға демеу болатындай көрші-қолаң жоқ. Секеннің тұратын ауылы көзге көрініп тұрғанымен жаяуға біраз жер.

– Әкеңнің.. – Есіктен балағаттай кірген  күйеуінің тағы мас екенін сезген Данагүл көздері жәудірей оның аузына қарады.

– Әкеңнің... Дүниеде бала туатын жалғыз сендей, неменеге бүкіл Секеннің ұрпағын аузыңа қаратып алғансың? Мені көрсе болды, сені сұрайды. Барып қолына тағы кіріп алсаңшы.

Данагүл үнсіз шәйнегін алып далаға шығып кетті. От жаққан болып сыртта біраз жүрсе, мүмкін Сымбат та ұйықтап қалатын шығар. Еңкейіп бүгіле бергені сол еді, іші бүріп ауырып барады. Екі иіннен дем алып, маңдайынан шып-шып суық тер шықты. Әне, тағы іші бүріп ала жөнелді.  Ол дірілдеп кетті. Бұрын бала көтеріп көрмеген  оның бойын қорқыныш биледі. Далада босанып қалса қайтті? Үйді жағалай келіп, кірген кезде байқады Сымбат жерге жығылған жерінде ұйықтап кетіпті. Жұлқылап  Сымбатты оятпақшы болып еңкейе берген кезде оның қолы басына сарт ете түсті.  Масайып ұйықтап кеткен  Сымбат не істеп, не қойғанын түсінбейді. Көзі де жұмулы. Сондықтан оның қолы жаңсақ тиді деп есептеген Данагүл одан еш қайыр-көмектің болмайтынын түсінді де, ішін астынан тарта байлап, ыңқылдай жүріп, атқа қонып Секеннің үйін бетке ұстап  желе жүріп кетті.

Анадайдан ат үстінде басындағы орамалы желпілдеп, желе жортып келе жатқан Данагүлді көріп, Секен,  Гүлмайра балаларымен қоса оның алдынан жүгірді.  Ат үстінде  не қиналып келе жатқаны,  немесе жылап келе жатқаны белгісіз, әйтеу, дауыстап келеді. Оның жүрісінен  Сымбаттың тағы мас болып жатқанын сезген Секен де Данагүлге бірдеме болғанын түсініп, екі аяқты ат арбасына қарай ұшты.

– Аға! – Данагүлдің жан дауысы шықты.

– Балам-ай, қатты жүрме, не болып қалды?

Секен енді арбасын тастай Данагүлге қарай ұмтылды. Бұл кезде Ержан да оны сүйемелдеп аттан түсіріп алып жатқан.

– Аға, ауырып барамын. Данагүл Секеннен басқа ешкімді байқар емес.

– Құлыным-ай, қазір шыда, ауданға дәрігерге алып барамын. Гүлмайра, Данагүлді дайындай беріңдер, қазір кетеміз, – деп далаға жүгіре шықты. – Ержан, тез атты жек арбаға, тездетіп  баланы ауруханаға жеткізейік.  Секен жанұшыра Данагүл мен Гүлмайраны   ат арбасына отырғыза аудан орталығына қарай шапты. Олар ауданға келіп акушер дәрігерге Данагүлді ертіп жібергендерімен, Секен де, Гүлмайра да ауруханадан кете алмады. Бағанағы асыққан кезде ұмыт қалған керекті заттарды жеткізіп беру керектігі естеріне түскен кезде ғана олар аттың басын кері бұрды. Жолай Сымбаттың жағдайын білуге қыстауға бет алды. Олар аулаға келіп аттан түскен кезде Сымбат та есін жинап көзін енді ашқан-ды. Күн алакөлеңкеленіп, үйдің ішін қараңғылық басып, мең-зеңі шығып жатқан Сымбат есіктен кіріп келе жатқан Секен мен Гүлмайраны көрген кезде көзі шарасынан шыға шошып кетті.

– Аға, не болып қалды, Данагүл қайда? – Сасқалақтап орнынан тұрмақшы болғанымен тұра алмады. Оған аяй қараған Гүлмайра жақ ашпады. Бірақ, Секен шыдай алмады. Ол жерде жатқан Сымбатты орнынан жұлып алды.

– Данагүлді аудандағы ауруханаға апарып жатқыздық.  Толғағы келіп, қысылғанынан біздің үйге қарай  шапқан. Сенің жатысың мынау. Мүлде ұятты ұмытыпсың. Тым болмағанда әйеліңді аясаң етті.

– Аға, менде нелеріңіз бар?  Неге тыныштық бермейсіздер? Оны өлтірем бе, тірілтем бе, менің әйелім ғой. Өзім білемін! 

Оның ышқына айқайлағанынан Гүлмайра шошып кетті.

– Балам, саған жамандық ойлаған жеріміз жоқ. Иен  үйде әйеліңді жалғыз тастап кешке дейін қаңғып кетесің. Ішкенің арақ, ойнағаның карта. Қорадағы бес қойың мен бес ешкіңді де картаға салыпсың. Ертең күндеріңнің не болатынын білесің бе?

– Тәте, сіздерден шаршап біттім. Данагүлге ақыл айтып әбден басын қатырып тастағансыздар. Қит етсе болды сіздерге қарай жүгіреді. Аузындағы айтатын әңгімесі де сіздерсіздер!

– Сендерге қолымыздан келгенше  жақсылығымызды жасап, бауырымызға тартқаннан басқа не жаздық? Данагүлдің сенен, бізден басқа тағы кімі бар? Кімді таниды? Сенің алқаш, карташы жігіттерің бе танитыны. Жетті, енді тура үйіме, қолыма көшіріп аламын. Жинал.  –  Секен шыныменен ашуланды.

Сасып қалған Сымбат «көшесің» деген кезде есін тез жинады.

– Аға, мен арақты қоямын, кешіріңіздерші. Ертең Данагүлге барып келемін. Бәрі жақсы болады.

Өзіне-өзі келе бастаған Сымбаттың сөзіне сенбеске амалдары қалмаған Секен әйелін қасына ертіп үйлеріне қайтты.

Оларды  шығарып салған Сымбат қайтып үйіне кіргісі келмеді. Алысқа, енді ұясына кіріп, батып бара жатқан күннің артынан ұзақ қарады.  Монғолияда да жүрген кезде  күннің осы бір қызара батқанына қызығып қараушы еді. Қазір де дәл солай. Шаңы шыққан тақыр жерде ойнаған желдің әсерінен ұшқан топырақ аралас құйынды да алыстан осылай бақылап тұрушы еді. Анау жерде Данагүлдің әкесінің үйі бар-ды, сол үйді де Данагүл үшін көп торыды емес пе.  Әне, атына екі аяғын салақтатып мініп алған жиені шауып барады.  Анау кішкентай ғана арықтың жағасында өзі де сан рет атын суарып, аяқ-қолын жуушы еді ғой. Шіркін, сол туған жерді тағы бір көріп, ауасын құшырлана  жұтар ма еді.  Сымбат көзіне келген жасты жасырғысы да, оны сүртіп құрғатқысы да келмеді. Ағыл-тегіл дауыс шығарып  жылап алды.

 – Апа,  неге мен өстіп қалдым.  Неге мені жетім етіп қалдырып кеттің, ешкімге керексіз болып қалдым ғой. Мұнда бақытымды табам ба деп ойлап едім, сол бақытты жоғалтып бара жатқандаймын, апа! Маған не болды? Неге мен Монғолиядан кеттім екен, сол жерде өліп қалсам да неге жүре бермедім, шаршап кеттім ғой,  апа.  Қалай өмір сүру керектігін де білмеймін, ертең балам болады, оны қалай асыраймын, апа?! 

Көпке дейін солығын баса алмай жылады. Секенге де, оның үйіне қашып барған Данагүлге де ашулы. Неге  олардың бәрі  бұны тәрбиелеуі керек? 

Жаздың шыжыған ыстық күндерінің бірі еді. Данагүл босанды дегенді естіп, ауылға жеткенше асықтым. Айша екеуміз ауылға келіп, әке үйінде қонақ болып жатқанымызға екі-үш күн болып қалды. Есік алдында тұрып алысқа көз жібергенде, анадайдан  шығып жатқан түтінді көріп таң қалдым. Бірақ оның қайдан шығып жатқанын  айыра алмадым.

 – Көкетай,  дайындалыңдар, қазір ат жегіп беремін. Жұлдызды, балаларды алып, аттың божысын Ержанға ұстатып, сендер  Данагүлге барып келіңдер.  Сымбаттың үйінде бүгін той. Анау түтінді көрдің бе, ол  соның ошағының түтіні.

Әкемнің жанарында бір түрлі қуаныш бар, оның жүрегі туған балаларына ғана емес, баласындай болып кеткен  Данагүлге де қатты қобалжып тұрғанын сездім. Мен қуанғанымнан, не айтарымды білмей қалдым:

 – Шыныменен   шілдехана жасағалы жатыр ма?

– Иә, қыз бала дүниеге келді. Жұлдыз кіндік шеше болды. Берік қой сойып жатыр. Сендер барып шілдеханасын өткізіп келіңдер, біздер шешең екеуміз  артынан жекелей тағы барармыз жарай ма?

– Аға, – деймін қуанышымды жасыра алмай.  – Данагүл мен Сымбат қандай  қуанып жатыр екен а? Не апарсам  болады?

Үйге жүгіре кіріп Айшамның бүкіл кішірейіп қалған киімдерін жинастыра бастадым, күрти, етік, тон, мынаны  қара, жаңа туған кезде киген ит көйлегіне дейін жатыр. Жанталасып елден қалып қоятын адамдай тез-тез жинала бастадым. Менің дегбірсізденгенім  қуанышым қойныма сыймай қуанғанымнан еді.

 «Той дегенде қу бас домалайды» демекші, әке - шешемізден басқамыздың бәрі арбаға міндік. Күннің ысып тұрған кезінде айналаңның бәрі жап-жасыл  шалғынға малынып, арбаның сүрлеу жолының жан -жағын алып жатқан шилерден атты адам көрінбейтін нудың ішінде келе жатқандай әсер аласың. Мен секілді қаланың асфальтынан басқа түк көрмеген адамға ат арбаға отырып, бір ауылдан екінші ауылға бару дегеніңіз керемет әсерге бөледі.

Көңіл-күйді қойсаңшы, даланы басыма көтеріп ән салғым да келеді.  Арба қатты селкілдеген кезде  одан секіріп түсіп қап, біраз ұзатып алып, жүгіріп келіп қайтадан мінгім келеді. Бір сөзбен айтқанда, апасы мен атасынан қалмай келе жатқан кішкентай сәбидің алаңсыз мінезі маған жұғысқандай.            Ауылға таяй бергенде Ақтөс бастаған иттер алдыменен абалап қарсы алды, сосын барып  Сымбат жүгіріп  шықты.

– Ура, кіндік шешесі келді, кіндік шешесі келді. Мені көріп қап:

– Бәле, көке апай, сіз де келіп қалғансыз ба? Бәріміз құшақтасып қауышып жатырмыз.  Данагүлді тезірек көрсем екен дегендей соны іздеп тұрмын.

– Апай,  Данагүл үйде дем алып жатыр, бала да қайта-қайта жылаңқырап тұрғаны.

Мен Сымбаттың   сөзін шала ести үйге ұмтылдым. Төбесінде шатыры жоқ  екі ғана бөлмесі бар кіші-гірім  тоқал там екен. Кіре көзіме оттай басылғаны шашылып жатқан үйдің іші. Әншейіндегі ұқыпты деген Данагүлдің  үйінің терезесінің алдында, төсектің үстінде де  жиналмай шашылған кір киімдер.

Бұларға не болған?  Төсектен тек Данагүлдің қылтиған басы көрінеді, өң десе өңі жоқ, жағы қушиып ішіне кіріп кеткен. Алайып екі көзі ғана қалған.  Жылап жібере жаздап оны құшақтай алдым.

 – Жаным, аман-есен босануыңмен, енді бәрі жақсы болады.   Данажан, алаңдама, енді бәрі жақсы болады дей берем. Оның бетінен сүйген кезде ернім  жақ сүйегіне тақ ете түскендей болды. – Неге осынша жүдегенсің, Данагүл? Не жетіспеді? Ол ақырын басын төмен салып күлімсіреп қояды.

– Ал, балаларыңның бауы берік болсын! – Мұны айтып, Данагүлдің бетінен сүйіп құттықтап жатқан менің жеңешем Жұлдыз.

– Келгендеріңіз жақсы болды ғой, ағам мен тәтемдер де келді ме?

– Олар бізді жіберді, өздері артынан келмекші.

– Алдыменен сол кісілердің осында болғаны дұрыс еді ғой, менің ол кісілерден басқа кімім бар? – дегенде Данагүлдің көзі боталап, жас үйрілді. Оған қосылып Жұлдыздың да иегі кемсеңдеді.

Бұл  жолғы Данагүл  өмірден жасыған, аздап ашынған, сонда да үндемей іштен тынатын әдетін тастамаған сыңайлы көрінді.

Көңілім құлазып далаға шықтым.  Данагүлдің мүшкіл халіне Сымбаттан басқа ешкімнің кінәлі еместігін сездім. Көзіммен  оны іздедім. Ол  жер жұтқандай зым-зия.  Ауылдың, әсіресе қойшы ауылдың тойы ерекше ғой. Жалғыз  үйдің айналасы ат пен атарбаға толып кеткен. Анадайда жиналып  тұрған бір жал  тезектің ығында иттер көлеңкелеп жатса, мына жағында малы жайылуда. Дархан даланың ауасына қосылған ошақ астындағы тезектің иісін айтсаңызшы, қанша жұтсаң тоярмысың. Үйдің көлеңке жағын сыпыртып жіберіп, үлкен дастарқанды жерге жайып, үстіне өзіміз арнайы әзірлеп  алып келген шілдехана тағамдарын шығарып, даярлай бастадым. Жұлдыз да көмектесіп жүр. Ол өзі кіндік шеше болғанына да  шексіз қуануда. Барын дайындап алып келіпті. Салаттың түр - түрі, шелпегі мен бауырсағы, тәтті-дәмділері,  оның үстіне  Данагүлдің де дайындап, сақтаған құрт - майы әп-сәтте дастарқанның бетін жайнатып жіберді.

Келген қонақтардың бәрін отырғызып,  Данагүлді де төрге шығарып, тамақты алдымызға енді ала бергенде  Сымбаттың анадайдан басы көрінді. Қасында тойға келген екі-үш жігіт бар. Бәрі удай мас.

Қазақтардың қыр соңынан қалмай көлеңкесіндей бірге ілескен, өзге ұлттан жұққан жаман  әдеті бар. Үйге той жасаған кезде алдыменен еркектерді ешкімге білдірмей тасалау жерге апарып араққа тойдырасың, өйтпесе той той емес. Бұл үрдіс күні бүгінге дейін қалмай келе жатыр. Қай тойға барсаң да сап-сау барған азаматтар біраздан соң басын салбыратып,  езулерінен ақ көбік ағызып қылжалақтап отырғанын көресің. Қай кезде кім тойдырып үлгерді, аңғармай да қаласың.

Жаман дәстүр тез сіңісті, бұны Сымбат та игерген тәрізді. Қатты-қатты даурыға сөйлеуі  соны аңғартқандай. Шілдеханадан елдің бәрі тарқады-ау деген кезде, енді  онымен оңаша сөйлесейінші деп іздегенімде сан соғып таппай қалдым.

– Ол сізден қашып кетті, – деді  Данагүл баласын емізіп отырып.

– Данагүл, айтшы саған не болған? Сен бұрын мұндай емес едің ғой. Неге салғырт қалғансың. Жинақы, таза едің ғой, мыналарың не? – деп  шашылып жатқан киімдерді көрсеттім.

– Көке, мен әбден шаршадым. Сымбат араққа тым салынып кетті. Малға да өзім қараймын. Ауданға кетсе бірнеше күндеп жоғалып кетеді. Мінезі де өзгерген. Мені босанған соң ауруханадан  алып кетпей, үш күн артық жатып қалдым. Екі көзім төрт болып терезеге телмірдім де отырдым. Сіздерге,  тәтемдерге айтайын десем ұялдым, сонсоң үндемедім. Мен ауруханада жатқанда үйге кімдердің келіп карта ойнағанын білмеймін, келгенде  өзім таң қалдым. Мынадай  үйінді-қоқыстың үстінен шықтым. Балам жоқ  деп еді, балалы болды, енді не керек? Өзім де білмеймін.

Жүрегім шаншып кеткендей дір ете түсті. Сонау Монғолия жерінен бір азаматтың етегінен ұстап, өзінің өмірін соның қолына табыстап, туған - туыстарын тастап, Қазақстанға келгенде «сенген қойым сен болсаң—күйсегеніңді ұрайын» дегеннің кебін кидіргенін көрмеймісің. Мен де Айшамның әкесіне еріп, бірнеше облысты артқа тастап Қазақстанның бір қиырына барғанымда да осы  Данагүлдің көргенін көрген едім. Бірақ ол Сымбаттай салынып арақ ішкен жоқ, есесіне қызыл көз қызғаншақ, жоқтан өзгеге жұдырығын ала жүгіретін  әпербақандығы басым-ды.

Жалғанда сенген адамың сеніміңді ақтамаса, одан өткен  өкініш болмайды. Данагүлдің де алдыға ұмтылайын десе, тірелетіні жалғыздық, артқа шегінейін десе де тірелетіні жалғыздық. Оның сары уайымға салынып, осынша жүдегеніне  Сымбаттың кінәлі  екеніне менің толығымен көзім жете түскендей.

Данагүлді ауылға алып кету керек. Осы ойымды Жұлдызға білдіріп едім, ол қуана келісті. Көнбей бас тартқанына да қарамастан киімдерін өзіміз жинап, артық қалған тамақтардың бәрін арбаға тиеп алып,  Сымбатқа керекті дегендерін тастадық та, Данагүлді түнгі онда  қызыменен үйге алып келдік.

– Құлыным-ау, қарғам-ау, –  әкем  оны көріп шұбырта жөнелді. Біресе балаға, біресе Данагүлге ұмтылады. Сөйтсем,  Данагүлді үйге әкеп алайық  дегенге анамнан сескеніп отыр екен. Бізді көріп қатты қуанғаны соншалық, бәрін ұмытып кішкентайын құшақтап иіскелей берді. Анам да мәз. Қайтадан дастарқан жасалынды. Бәріміз жабылып жүріп алдыменен баланы суға түсірдік.  

 Бауырларым мен сіңілілерімнің бірі кішкентайдың көйлегін үтіктеуге кіріссе, екіншісі қойдың майын ерітіп әуре болып жатыр, үшіншісі шылапшынға су жылытып оны әзірлеп анамның алдына қоюда. Анам он  құрсақ көтерген адам ғой, сәбиді бір қолымен көтере ұстап легендегі суға салып жібергенде бәріміз бірдей «ой» деп қалдық.

– Бәріңді де өстіп суға түсіргем, ой дейтін түкте жоқ,

– Ана Жаннаны екі рет легенге құлатып алып, содан басы  дұрыс істемей қалған жоқ па, ие, а? – деп әкем бір көзін қыса анамызға қарап қояды. Онысы өзінің сүйікті қызына деген еркелету – қалжыңы.

Десе де,  Данагүл тыпыршып әрең отыр. Қайтер екен, құлатып алар ма екен дегендей орнынан тұрып-тұрып кетеді. Тұзды суға түскен кішкентайдың денесі балбырап, жылағанын қойып, анамның ырқына көніп сүйсініп жатыр. Бәріміз оны қызықтап  көзімізді алар емеспіз. Алдына төсеген жаймаға баланы жатқызып қойып, «өс - өсін» айтып, анам баланы біраз шынықтырды. Онысы сәбидің жауырыны   жабысып қалмасын дегені. Әбден маймен сылап-сипап баланы титықтатып барып, анасының омырауына салды.

Ана сүтінің иісін сезген сәби бірден тынышталып ұйықтап кетті. Алдын ала дайындаған төсегіне жатқызып, бәріміз дастарқанға қайта отыра  бергеніміз сол еді, есіктен ақыра  дауыстап Сымбат  кіріп келе жатты.

– Жеті әкеңнің...Данагүл, шық бері, Секеннің үйін паналайтындай сен не, жетім бе едің? Ол ешкімді көрмей, төрде отырған  Данагүлге тұра ұмтылды. Ержан   Сымбатты  жерге алып ұрды да, құшақтаған күйі  үлкен үйге апарып, кеудесінен басып отырып тыныштандырды да, біраздан соң ұйықтатып тастады. Кешегі ұяң да, кішіпейіл, біртоға азаматтың осыншалықты құлдырауы менің жанымды қарадай түршіктірді.

Атамекеніне келіп, өзінің туғанынан алған тәрбиесін, салт-дәстүрін,  мұндағы жұртта етек ала бастаған көргенсіздікке, шылымқорлық пен араққорлыққа айырбастап алған мына жігіттің, кешегі ұяң әйелін алақанына салып ұстап отырған, жас болса да көпті көрген отағасыларымен санасатын  Сымбаттың бүгінгі бейшара дәрменсіз халі менің  жанымды жегідей жеді. Япырма-ау деймін өзіме -өзім «адам азамын десе, оған бәрі талақ екен-ау...талақ екен-ау».

Ертесінде ертемен тұрып, есіктің алдына шықсам, басын қос қолымен ұстап Сымбатым отыр. Мені көріп көзін тайдырып әкетті.

– Араққа салынғаныңа көп болды ма?  – Ақырын жаймен сұрай қасына отырдым.

– Көке апай, сізден әбден ұят болды, кешіріңізші, қояйын десем қоя алмай жүрмін түбі қоям ғой.

– Сымбат сен алғаш  біздің үйге келген кезде қандай едің, біздер сені төбемізге көтердік қой, сен өзіміз болып кеткен бауыр емес пе едің, жаным-ау саған не болған? Анау  Данагүлді Қазақстанға барсаң бақытты етемін деп, алып келіп  далаға тастағаның азаматтығыңа  жатпайды ғой, туысын көрмегеніне төрт жыл болды. Не хат, не хабар жоқ, Оның үстіне сен ішіп алып миын жейсің, осының адамгершілік пе, құдайдан неге қорықпайсың а?

– Арақты қоямын, көке апай, тек  Данагүл үйге қайтсыншы.

– Жоқ, бала қырқынан шыққанша осы үйде болады. Сен де малыңа біреулерді таста да осында кел. Данагүл сорпаланып, қырық күн шілтер терін шығарсын. Баланың есімін кім қоймақшы едіңдер?

– Сая.

– Тамаша есім. Саяң әзірге осында қалсын.  Сен азамат емессің бе, әйеліңді ая.

Ол ақырын сүйретіле орнынан тұрып, атына  қарғып міне берем дегенде, шалынып жығылып қала жаздады. Оны Ержан ұстай алды.

– Тоқта, қазір монша жағамыз, дем ал. Әлі айыққан жоқсың, таңғы асыңды ішіп дұрыстал, сосын барып қайтасың.

Сымбат басын шайқап бірдеме дей беріп еді, Ержан оны үйге қарай итеріңкіреп жіберді де, атты алып қораның ішіне кіргізіп байлап тастады. Ержанның  Сымбатты қаттырақ итеріңкіреп үйге қарай бұрғанына разы болып қалдым. Онысы туысқандық базынасын көрсетіп жатқаны. Біраздан соң екеуі суға барып келді. Байқаймын, пысылдап үнсіз монша жағысып жүрген Сымбат өзіне-өзі енді келе бастаған тәрізді.

Күйеуінің үйде жүргенін көрген  Данагүлдің де көз жанары да сәуле шашты. Олардың көңілдеріндегі қуанышты көріп, біздің үйдің ішінде де мерекенің иісі сезілгендей әсерде болдық. Әкем мен анам да екеуі алдын ала ақылдасып алғандай,  бірі бауырсақтың нанын илеп жатса, әкем тағы бір қойын союға әзірлеп жатыр.

– Көкетай, жас нәрестеге көрші –қолаңды шақырып, шілдеханасын біз де жасап берейік деп, шешең екеуміз шештік. Сен де салат, тәтті - дәмдіңді даярлай бер құлыным, түске шақырып жіберейік.

Ата-анамның пейілдерінің кеңдігі, балаларына деген сүйіспеншілігі қандай керемет еді, неткен жомарттық ! – деп шексіз риза пейілмен үйге кірдім де ұйықтап жатқан кішкентай сәбилерге де қарамастан айқай салдым:

– Тұрыңдар! Түске бүкіл ауылды шақырып қойдық, тездетіп дайындалайық. Бүгін той енді біздің үйде жалғасады. Бауырларымның бірі өзіне тиесілі жұмысқа зауқы соқпай ыңыранса, екіншісі көзін қуана тырмалай ашты.

– Көке, кеше ғана жасадық емес пе, тағы шілдехана жасап қайтеміз ? – деп Данагүл де баласын көтеріп төргі бөлмеден  шығып келеді.

– Баласы үйге босанып келіп жатқанда, қандай ата-ана үнсіз қалады, а?

– Тұрыңдар су керек, анама бауырсақ пісіргенге ағаш жару керек, малдың ішек- қарнын кім арши алады, сол тұрсын. Сосын көршілерден үстелдер жинап әкелу үшін атарбаны дайындау керек, – деп тапсырмаларды бастырмалатып жатырмын.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демей ме. Балалы үйге той жасау да қиын болып па, бір баланы үлкендерді шақыртуға шапқылатып жіберсек, екіншісі столдарды тізіп, қаз-қатар қоя бастады. Қыздар жағы дастарқан үстін толтырумен айналыстық. Көп ұзамай  Секеннің үйінде ауыл адамдары да  даурығысып, сәбиге бауы берік болсын айтып, ыстық ықыластарын білдірісіп жатты.

Сәбилеріне деген ізгі тілектерді естіп жандары масайраған Данагүл мен Сымбат та ерекше көңілді. Көзі дастарқан үстіндегі шарапқа жиі түскенімен, бізден жасқанды ма Сымбат шарапқа жақындамады. Бірақ, көз ала беріп байқағаным, Сымбат Данагүлге үстемдігін жүргізіп, арасында тілдеп, елдің көзі жоқ жерде тісін қайрап та қояды.

Бұл екі жастың арасына түскен қандай әзәзіл екеніне көзім жетпеді, дегенменен аралары алшақтап, суынып бара жатқанына, Данагүлдің үнсіз қалың ойдың жетегінде жиі кететіндігінен байқау қиын болмады.

            Соныменен   дуылдатып шілдехананы  да өткердік.  Жас нәрестеге Сая деген есімді де бердік.  Сымбат та Данагүлдің «белі бекігенше   осы үйде болсын» деп малына өзі жалғыз кетті. Көңілім жайдарланып, ата-анамның қасында біраз болса да тынығып, қызымыз екеуміз араға екі-үш күн салып қалаға қайттық.

            Данагүл қырық күн үйде болып, ата-анам тағы да көршілерді шақырып, қырық шелпегін жегізіп,  Сымбаттың арбасына отырғызып қоя береді. Артынша әкем барып, оларды өздері отырған ауылға жақын тағы бір үйге көрші етіп қондырады.

Бүгінде Данагүл жалғыз емес. Көршілері көп бала тәрбиелеп өсірген, алпысты алқымдап қалған, жандары жайсаң  адамдар еді. Олармен тез тіл табысып, араласып жақын адамдардай болып кетті.

Саясы да алғыр, өжет болып өсіп келеді. Әкесіне тартып жылқыжанды болғыдай. Көрші атасының да, кезі келсе өз әкесінің де ат үстінде келе жатқанын көрсе алдынан шығып мінгесіп, алдына отыратынды шығарды. Кей кездері байқаусызда аттың астына түсіп кетердей жандары қалмай қорқады. Ауылға атасы мен апасының үйіне келгенді ұнататын көрінеді. Үйдегілердің бір жаққа жиналғанын көрсе, қолына әкесінің қамшысын ұстап, есік алдында дайын тұрады деп күлдірген еді бірде шешесі.

Біздің үйдің тойы  Данагүл мен Сымбатсыз өтпейтін. Бәріміз жаз кезінде жиналсақ, салып ұрып машинаға да отырмай, атарбамен  Сымбаттыкіне қыдырып баратынбыз.  Ол кезде халықтың жағдайы түзеліп, халдері жақсарып, малдарына мал, бастарына бас қосылып, алды машина алып, үй салып жатқан кез еді.  Шыр бітіп, майлы сорпа ішуге Сымбаттың  ғана жағдайы  жетер емес.

            Данагүл сол жүдеу қалпынан бір өзгермеді. Үнемі қабағы ашылмай қалың ойдың үстінде жүреді. Баяғы ұяң келген, кісінің бетіне тура қарамайтын  Данагүл емес, басын тұқыртып алып кешке дейін  Сымбатқа бірдемелерді айтып ұрсып жүргені. Не жетіспейді...не жетпейді?

Оның ренжитін де, сөйлейтін де жөні  бар. Сымбат  бұрынғысынан да қатты өзгеріп кетті. Ішімдікке  әбден салынған. Бүгінгі таңда үйдегі бала-шаға, мал-жан  ол үшін түк емес. Әр туған қозысы мен бұзауын картаға тігіп, үйдің берекесін алатынды шығарды. Оның ақжүректілігін байқаған кейбір арам пиғылдылар пайда көріп, қолындағы барын алып қалуға тырысып бақты. Данагүлді ашуландыратын да, ашындыратын да осы қылығы. Қолдарында өздері қарап отырған бес қойы мен бес ешкісінен айрылса күндері не болмақ?  Келіншегі осыдан қорқады.

– Өзің ішкеніңмен қоймай қорадағы малды да картаға салып бітірдің. Ертең балаң сирағын қажай ма, соны неге ойланбайсың? Қалай күн көреміз?

Әйелінің қарсы сөз айтқаны Сымбаттың шымбайына тиіп кетті.

– Қалай күн көреміз дегенше елдің қатындары құсап ауданға барып нан сатып ақша таппайсың ба? Жалғыз менің тапқанымды жеткізе алмасаң мен жазықтымын ба?

– А, сен ақша тауып жүрсің бе? Мен қорадағы қойлар өздері картаға кетіп жатыр екен десем...

Соңғы сөзін айтып үлгермеді. Басына тиген ауыр соққыдан көз алды тұманданып бара жатты.

Анасының дастарқанды сүйрете құлап бара жатқанынан шошыған Сая шыңғырып жіберді. Сымбат баласы мен әйеліне қараған да жоқ, далаға шығып кетті. Данагүл көзін ашқан кезде басын құшақтап Саясының шырылдап отырғанын көрді. Оның әкесінің қылығынан қорқатын жөні де бар.  Осыдан екі-үш күн бұрын ғана Сая анасының қасында аяғын апыл-тапыл басып ойнап, екеуі қыр басынан тезек теріп жүрген. Кенет шаңды  аспандата бұрқыратып қастарына шауып жеткен Сымбат келе  әйелін қамшының астына алды.

– Әкеңнің...далада қаңғып, үйде отырмай...

Арқасын ысылдай осып жатқан қамшыдан қашқан Данагүл баласын қолтығына қыса тезегін тастай үйге қарай жүгірді. Атты адам қойсын ба, қамшының ұшы тиген сайын жанұшырған әйелі шырқыраған баласы екеуі кіретін тесік таба алмай бүкшеңдей жүгіреді. Осының барлығын қойын иіріп,  дем алып жатқан көрші Демесін ата енді байқады. Қолындағы баласын енді болмаса, аттың астына түсіріп алатындай болып жанұшырып келе жатқан жас келіншекті де,  оны қамшының астына алған Сымбатты да көз жазбай таныған ол атына қайтадан қарғып мінді. Қарсы шауып Данагүл мен Сымбаттың арасына тоқтаған кезде барып, ат үстінде масаң отырған Сымбатты лақтырып жіберді. Екі өкпесін қолына алып,  қатты ентігіп кеткен Данагүлдің мұрнынан қан саулап қоя берді. Сол тұрған жерінде баласын бауырына қысқан күйі жерге отыра кетті. Домалап жатқан Сымбатқа ешкім қарамады. Демесін қарт екеуін атына отырғызып, өзі Сымбаттың атына мініп, оны жатқан жерінде қалдырып үйге келді. Жол бойы өксігін баса алмаған Данагүл үйге келген соң да мүлдем тіс жармады.  Монғолиядан келгеннен бері Сымбаттың «Қазақстанның қатындарына ұқсай қоймадың, өлексесің...» – деп жер жебіріне жете тілдейтіні аздай, таяққа жығатыны жанын қамшыдан бетер тілгілесе де, шағынар жері болмаған соң осылай іштей қыстығып қала береді. Екеуінің арасына түскен де өсек сөздер.

Араққа бөккен азаматтар бірі үйлеріндегі әйелдеріне шаң жуытпай мақтаса, екіншісі «ол сондай» деп даттап жатады. Сөз соңында бәрі айналып келіп, Данагүлдің ибалығы мен имандылығына, әдептілігіне, салт-дәстүр, ғұрпын сақтаған жақсы келіншек ретінде мақтап келеді де, «ондай өлексе қатын отбасын кері сүйрейдінің» кебін кигізіп, Сымбаттың намысына қамшы басады. Ақыры соңында үйіне келген соң бір кездегі сүйіп алған аяулы жарын көрген кезде жаңағы сөздердің барлығы құлағында шыңылдап тұрып алады. Сөйтіп, есіктен кіре жуан жұдырықты столдың үстіне қойып , «Қазақстанның әйелдері шеттерінен пысық, ақша тапқыш, күйеулерін сыйлағыш, тойдың гүлі, үйдің сәні. Ал, ол болса кемпір секілді басыңда орамал, үстіңде бешпет, аузынан бөзі түскен үндемес, мылқау, надан»  тақырыбында құлағының етін жейді.

Данагүлдің қан-қан қолына су құйып тұрған көрші Әтір апа да оған аяй қарап басын шайқайды. Көрші болғалы бір талай уақыт болса да ашылып сөйлеспейтін томаға-тұйық келіншектің басындағы тауқыметінің шетін көргелі жүрегі қоса ауырады.

– Балам, неге осынша  күйеуіңді басыңа шығардың? Ертең мына түрімен өлтіріп тастаса қайтесің?

– Апа, тезірек өлтіріп тынса екен, өмір сүргім келмейді. Мынау кішкентай қызым ғана мені тірі жүргізген. Әйтпесе, баяғыда ана дүниеде жатар едім.  – Ашына айтқан әрбір сөзі Әтірдің жанын  түршіктірді.

– Балам-ау, осы балаң үшін өмір сүруге тиіссің ғой. Сен жоқ болсаң, балаң кімге керек?

– Әкесі бар емес пе, сол жеткізер...

Сол оқиғадан кейін  әкесінің мас болғанынан шошынып қалған Сая алдын ала шырылдайтынды шығарды.

–  Данагүлдің халі жақсы емес, қарғам, ойсоқты болып кете ме деп қорқамын. Оның үстіне  Сымбат та ішкілікке салынып, анда-санда  әйеліне қол көтеретін сияқты. Бірақ  ол ештеме деген емес. Жасырып айтпайды. Бір жолы осы үйге келгенде  Данагүл от жақбақшы болып, тезек әкеле жатқанда қай жақтан сайтандай сап ете қалғанын білмеймін  Сымбат келіп Данагүлді тезек-мезегімен лақтырғаны. Содан Ержан ашудан жарылардай болып, Сымбатты шалқасынан түсірген еді. Әйтеуір, Бірлік  арашалап алып қалды. Ертеңінде  Данагүлді алып қалып, малды ауылға өзін жалғыз қоя бердік. Енді не істейміз? Бірде болмаса, бірде ішіп келіп,  қолы қата тимей, бата тисе қайтеміз деп қорқа бастадық. Осының бәріне «Біз кінәлі емеспіз бе?» деген сауалды да өзімізге жиі қоятын болдық. Бірақ, көзімізбен көріп отырып, шыдау мүмкін емес, – деген анамның жалынышты сөзінен кейін мен Данагүлдің өмірінде үлкен өзгерістер болып жатқанын, олардың кешегі қол ұстасып бастарын төмен салып, аяқтарымен жер шұқып тұрған жас  отбасы емес екенін түсіндім.

Біз де тым оларды қолпаштап кеткен секілдіміз. Сымбат өз бетінше өмір сүргісі келеді. Данагүл болса менің  әке-шешемнің қасынан  кеткісі  келмейді.

Жалғыздық онсыз да оның жанында. Ал, ауылға келсе, көңілі бір көтеріліп қалады.

Саясы да атасы мен апасына еркелеп, олардың алдына асыр салып ойнап, жадырап көңілі марқаяды.   Ал, Сымбатқа осының бәрі жат сияқты.

– Сен  Секеннің екі туып бір қалғаны емессің, оған соғырлұм неменеге талағың жабысып қалған? Сол Секеннен сен немене пайда көрдің, өзіңмен - өзің өмір сүріп жатырсың. – Иә, Секен десе төбе шашы тік тұратын Сымбат Данагүлге де Секен деген сөзді аузына алдырмайды.

– Біз өз күнімізді өзіміз көріп отырмыз. Олар бізге ақыл айтқаннан басқа  түк бітірмейді, кешке дейін сенің басыңды дуалағаннан басқа... Не себепті Секеннің үй-ішімен байланысып алғанын ешкім жете түсінбесе де өзінің осы тұрмыс-тіршілігінің барлығына, араққа салынғандығына да, Данагүлдің осындай мипалау мінезіне де Секеннің үй ішін кіналайды. Секен Данагүлді жақсы көріп, Сымбатты  сыйламайтындай көрінеді. Оның айтқан әрбір ақыл сөзі оған түрпідей тиеді де, ол оның бәрін керісінше істеуге тырысады.

«Әйелің де Секеннің үйінен шықпайды, бәрі жиналып-ап кешке дейін сені жамандайды, өздерінен алтын кісі жоқ» ха-ха-ха...қытығына тиетін сөздер бірінен кейін бірі ойына оралуда.  Кей кездері  түннің ортасында үйіне келсе не әйелі жоқ, не дайын тамақ жоқ, сұп-суық үй, тас қора дерсің...тағы әлгі әкеңнің...Секен қақпастың үйіне кетті.

Араққа бөккен  Сымбатты осылай арақ жолдастары жел сөзбен қолпаштап, оның шоғына май құйып әуре сарсаңға түседі. Картаға тігетін түгі де қалған жоқ. Жалғыз тайыншасы мен бес-алты қой- қозысы бар еді,  Данагүл баласымен ауруханада жатқан кезде оны да ұтқызып жіберді.

Монғолиядан көшіп келгелі алты жылдай уақыт өтті, осы  уақыттың ішінде  бұл үйге бір жапырақ мата немесе бір қасық кіріс кірген емес, бәрі сол  Данагүлдің анасының қолынан шыққан көрпелер мен жастықтар. Ыдыс–аяқ та сол  Данагүлдің анасынікі. Қазақстанға келгелі бір дүние  үйлеріне сатып алмапты. Тозығы жетіп тұрған тұрысы енді мынау.

Әу баста келген кезде  біршама малдары болған  олар тордың үстінде  өздерінше жақсы-ақ тұрып келе жатыр еді, етекке көшіп келгеннен бері  жүрісі көбейіп,  ауылдың тәртібіне көндігіп, «тон жамылғаннан» тоя ішкенді тәуір көретін әдет тапты. Бас көтерер азамат осындай болған соң, жалғыз  әйел не істесін. Қиналғанда медеу тұтып, менің ата-анамды жағалайды.

Қандасымыз да елге бірі-біріне сүйеніп, осындағы туысқандарын арқаланып, тіптен өз күштеріне сеніп болса да,  көптеп келе бастады.  Алғашқыдай емес ұлтымыздың  алтын діңгегінің қатая түсетіндігіне көзіміз жеткен сайын қандастарымыздың келгеніне қуана бастадық.  Келе қолдарынан келетін  жұмысқа белсене араласып, тіршіліктерін істеуге көшті.  Елімізге оралған қандас ағайындарымызды жергілікті ағайындардан ажырата айту ежелден әдетке  айналған. Алпысыншы жылдарда Қытайдан келген ағайындарды бертінге дейін «Қытай» деп  атайтынбыз. Ал, бүгінде бұл үрдіске «Монғұл» деген ат қосылды да басқа жақтан келгендерді « ауып келгендер» дейтін болдық.

Бірақ, «Қытайлардан»  жергілікті қазақтар үйренері өте көп екенін түсінсе де мойындағысы келмеді. «Қытайлар» алғыр, жанкешті, қолдарынан келмейтін ісі жоқ, ең бастысы қандай жұмыс болса да арланбай істей береді. Бір таңданарлық нәрсе, бәрі дерлік жоғарғы білімділер. Жер жағдайы таңсық болса да етене кіріп кетіп, өз орындарын тауып, етікші немесе сатушы болып, көштен қалмай тіршіліктерін жасауда.

Ал, Монғолиядан келген «мұнғұлдардың» көбісі аузын ашып, «не салар екенсіңге» тіреледі. Өздіктерінен артығырақ қимылдағысы келмейді. Өкімет бізге уәде еткен деп көбірек өкіметтің қаражатына сүйенгенді артығырақ көреді. Оқығандары аз, есесіне дінге берік, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа берілген қазақтар. «Мұнғұлдардың»   мінез-құлқы, жадағайлықтары жергілікті қазақтарға ұқсас. Қолдарынан мал баққаннан басқа көп ештеме келе қоймайтын, «көш соңынан ере берсек, бір жерге барып тірелерміз» дегендей  енжарлықтары басымдау.  «Қытайлар» керісінше мал баққаннан қашып, есесіне бір жерден дүкен, яки тағы бірдеме ашып, кәсіпкерлікпен айналыссам деп еңбектенген ағайындар.  

Ал өзіміздің жергілікті тұрғындар өкіметтің алдымызға қойған талабына орай жұмыс істеп үйренгендіктен артық шаруаны көбінде ертеңге қалдыратынбыз. Бір сарынды өмірдің жетегіне еріп, болашағымызды да үкіметтің қолына тапсырдық. Тәуелсіздік алып, өз қолымыз өзімізге жетіп, бүкіл еліміздің халықтары нарықтық экономика бағытында жұмыстар істеп түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айрылып, бар болмысымызды еңбекке арнадық. Сонда да  қанға сіңген әдет арқаны кеңге салғандықтан көпке дейін арыла алмай, келіп жатқан қандастарымызға мұрындарын шүйіріп, менсінбей, төбесінен қарайтын. Кейіннен сол оралмандар етік тігетін шеберханалар, жиһаз жасайтын мекемелер, дүние сататын орындар ашып алғаннан кейін жаңағы мұрнын шүйіріп жүргендер қалай сол оралмандарға жұмыс істеп жүргенін өздері де аңғармай қалды. Міне «дүние кезек» деген осы. «Монғұл Сымбат»  – бұл сөз Сымбаттың намысына тиетін-ді.

 Сондықтан да жергілікті қазақтардың үйіріне  тез қосылып, солардың жаман әдетін тез меңгеріп алған «мұнғұл бауыр да осы Сымбат». Орыстың ащы суына бөгіп, бөтелкенің түбіне түскен Сымбат енді, әйеліне  балта алып жүгіретін мінез тапты.

 Ең бір таңқаларлық нәрсе, қай жерге барсаң да ол сол жерден танысын тауып отырады. Және жөн сұрасқанда үнемі  адамның аты-жөнінен емес, ата тегінен , руынан, елінен барып танып жатады. Алты жылда ол Тарбағатайды мекендеген қанша ру бар, соның арғы-бергі тегін түгелімен біліп алған болатын-ды.

Монғолияда малын бағып, туыстары ортасында еркін  өскен Сымбаттың тез өзгеруіне кімді кінәләрімді білмедім. Атамекеніне оралған қандас бауырымның  әйеліне деген ыстық ықыласының сууына, отбасына деген махаббаты мен сәбиіне деген сезімінің түпсіз тұңғиыққа  батып  бара жатқаны жанымды қынжылтса да, өзіндік себебін таппай қиналдым.

Әлде жұмыссыздықтан басы қатып, отбасын қалай асырарын білмегендіктен ішімдікке салынды ма, болмаса әйелінің жергілікті қазақ әйелдері секілді білегін түріп тастап саудаға шығып, өзі мен баласын асырай алмады деген кінә таққысы келді ме, не себепті Данагүлдің жанына жара түсіруге асығатынды шығарды?

Сымбат күнделікті ішкілікке салынған соң үйдің де бей-берекеті кетіп, Данагүлді мүлде мұң торлап, матап алды. Басында сәбиіне қарап «тәубә» деуші еді, енді сәбиі де оған пана болар емес. Монғолияда қалған туыстарынан алты жылдың жүзі болса да ешқандай хабар-ошар жоқ. «Анасы тірі ме?  Әкесі ше... апа-бауырлары қалай екен? Шіркін, алыстан болса да бір көрсем-ау, сендерді зарықтым ғой, сағындым ғой. Сымбатқа сеніп еріп кетпегенде менің өмірім осылай болар ма еді? Жырақта жүріп сендерге зар болдым-ау туыстар».  Данагүлдің басына күнделікті келетін мың сан ой  сартап сағыныш . Арқа сүйеп, сенім артып келген күйеудің түрі анау. Өмірден ала алмаған өшін содан алардай оған ұмтылады, ұрмақ болады.

Тағдырдың тәлкегі-ай. Егер әке-шешесі қасында болғанда,  Данагүлдің жанарынан жас тамып, кермек мұң кеудесіне кептелер ме еді? Ендігі жерде сәбиі  Саясы аман болса екен. Алла-ай, ол ішін ұстап бүгіліп отыра кетті. Ауырып кетті ғой...

– Мама, саған не болды?

– Ботам, бар көрші апаңа бара ғой, қорықпа, маған дәрігер шақыртсын. Кішкентай қыз анасының жанының қысылып кеткенін, көзінен ағып түскен тамшы жастан байқады да, үйден зыта жөнелді. Көрші апада жүгіріп жетті, ат арбасын дайындап атасы да келді. Арбаның үстіне көрпесін төсеп,  Данагүлді жатқыза сала атына қамшы басып, аудан орталығына қарай шаба жөнелді. Артта көз жасы мөлтілдеп көрші апасының қолынан ұстап  Саясы қалып бара жатты.

«Егерде мен өліп кетсем,  Саямның күні не болар екен, артынан іздеп келер туысы да жоқ. Маскүнем әкесінің жүрісі анау, оның да пана болатын тіреп тұрған туысы жоқ. Сонда  Саям  кімді паналар екен... О, құдай! Ышқына  жылаған  Данагүл тағы қысылып кетті.

«Апа! Жаным қиналып барады, маған не болған апа! Сендерді бір көрмей, Саямды сендерге табыстамай өлгім келмейді, мына жарық дүниені қимаймын. Жалғызымды қайттім? О, Алла, бар екенің рас болса, қол ұшыңды берші маған! Жанымды қинамашы, менің  өмір сүргім келеді... неге ақырын келеміз, неге жылдамдатпайсыз, ата?» Дауысы шығар емес.

Атының басын аудандық ауруханаға тіреген Демесін ата жан ұшырып емхананың есігін қақты.  Ішкі жақтан ешқандай тіршіліктің белгісі  білінбеген соң тоқтаусыз тарсылдата бергенін жаратпағандай қабылдау бөлмесінің есігін  тыжырына ашқан  етжеңді медбикенің төбесі көрінді.  Қозғалғанының өзі бір сағат.   Алдында дегбірі қашқан қарт адамды көрді де, аузын әрең  қимылдатып бірдеме дегендей болды. « Сендер де бір уақсыз уақытта ауырып» дегенді айтпай-ақ  емеуріннен білдіріп тұр. Арба үстінде ішін ұстап, бүктетіліп жатқан Данагүлге көзінің қырымен бір қарады да, дәрігерді шақыруға қайтадан кіріп кетті.  Біраздан соң етек жақтарының түймесі  ағытылған халатының етегі жалпылдап дәрігер де келіп жетті. Данагүлдің   алдыменен қан қысымын өлшеді де, сосын барып  «қай жеріңіз?» дегенді ымдап  ұғындырды. Данагүл шырылдап қалай, қай жері ауырып тұрғанын әрең, әр сөзінің басы бар, аяғын жұтып  айтып берген болды. Дәрігер «түсінікті» дегендей  әлденелерді  жазды да,  аяғын еріне басатын мейірбикеге ұсынды да ләм деместен шығып жүре берді.

Өз денесін өзі әрең көтеріп жүрген мейірбикенің әрбір қимылы іш пыстырардай. Орнынан әрең дегенде көтеріліп, шкафтың ішінен  укол  алып Данагүлді екті де, орнына барып қайта жайғасты.  Сәлден кейін  маңдайынан суық тер бұрқ ете түскен Данагүлдің бойы бусанып сала берді. Көзі шырадай ашылып, жан-жағына қарап, атасын енді іздей бастады.

– Апай, айтыңызшы, маған не болған?

– Не болушы еді, өт жолыңдағы тас ұстап қалып, содан приступ болған.

– Енді не болады, ол тасты қайтіп түсіремін?

– Ең бастысы  майлы тамақ жеме, ауыр зат көтерме, режім сақта. Дұрысы, әлі де асқынбай тұрғанда операция жасатып алдырып тастау керек.

– Қалай?

– Солай, бар енді үйіңе қайта беруіңе болады. Енді ауырсаң осылай қарай тезірек жетуге асық, әйтпесе өтің жарылып кетсе, біткенің!

Медбикенің айтқаны рас болса, өт жолындағы тасты түсіру екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Жарайды, режімін сақтар ал, ауыр көтермей,  қимылдамай қалай отыра алады. Сымбаттың түрі анау. Осылай екі ойлы болып, көрші атасына еріп қайтадан арбаға мінген Данагүлдің ойы жан-жаққа шашырап кетті. Үйге жеткен кезде, сағат түнгі он бірлерді көрсеткен еді.

Ауызғы үйге кіре бере жүрегі зырқ ете түскен келіншек  босағада тұрып қалды.

– Мынау тағы мас, енді не болар екен? -деген қорқынышпен жаймен үйге кіре бергенде, төрдің алдында екі көзі ежірейіп, басы қазандай болып бір қолымен мықынын таянып, ырылдаған қасқыр иттерге ұқсап үстелдің үстінде басы ғана жатқан Сымбатты көріп Данагүл шыныменен шошып кетті.

– Сен, әкеңнің... қайда жүрсің, бала қайда?

– М-м-мен ауырып, көрші ата мені ауданға дәрігерге апарып келді. Бала көрші апаның қасында қалған. Сен оны әкелген жоқсың ба?

– Сен тап әкеңнің ғана... менің үйде жоқтығымды пайдаланып, тағы ана Секен қақпастың үйіне барып қыдырып келдің бе, олар саған тағы ақыл үйретті ме? Сол жақта неге ауырып өліп қалмадың, а? Ыңырана тұрған Сымбат тәлтіректеп, қасына жетіп келді де, онсызда қорқыныштан дірілдеп тұрған Данагүлді жағасынан алып, қылқындыра бастады.

– Сен, сайқал қайда бардың дедім ғой, тамақ қайда...бала қайда?!

Қатты қорыққаннан сөйлеуге тілі күрмеліп келмей қалды. Жылап жіберді. Өне бойы дірілдеп кетті. Жүрегі суылдап қысылып кеткендей...көзі қарауытып барады. Бір кезде басынан тиген ауыр соққыдан көз жанары жарқ ете түсті де, ары қарай есін білмей құлап бара жатты.

Оның былқ-сылқ еткен денесін жерге лақтыра итеріп жіберді де, есіктің алдында жатқан балтаны ала сала көрші үйге ұмтылды. Көзі қанталап кеткен әкесін көріп Сая шыр ете түсті де, кемпірдің артына  тығылды. Тағы бір сұмдықтың болғанын көрші шал сезді де, қолына түскен затты Сымбатқа қарай жіберіп қалып еді, тура аяғына тиіп, тізесі бүгіліп кетті де отыра қалды. Осы сәтті пайдаланып, ілулі тұрған қамшының сегіз өріммен өрген жағымен мықтап байлап тастады. Кемпір баланы жетектеген күйі Данагүлге ұмтылды.

            Жүгіре кірген Әтір апаның көзі шарасынан шығардай болып тұрып қалды ал, бала шырылдап үнсіз жерде жатқан анасын құшақтай үстіне құлады. Өз білгенінше дем салып, жерде жатқан келіншектің бетіне су бүркіп, есін жиғызған кемпір Данагүлдің көзін ашқанына қуанды.

            – Сұмдық-ай, балам-ай осынша сорлы болармысың, мынау сені өлтіріп тастай жаздапты ғой, енді қайттік?

            – Мені ағамдікіне жеткізіңіздерші.  

Ағасы Секен екенін бірден түсінген шал мен кемпір үнсіз тағы аттарын арбаға жекті. Көзінен жас орнына қан ағып жатқан  қаршадай келіншек тоқтаусыз жылаумен болды. Қарқарадай ғып арқа сүйеп келген азаматының мына қылығы оның жанына қатты батты. Қазақстанға келіп несі бар еді, қане тапқан бақыты? Не опа тапты Қазақстаннан,...ата-анасын тастап кім үшін тентіреп келді осы жерге...қандай сор айдап әкелді...осынша қорлық көретіндей Аллаға не жазып еді?

 Қазақстанға келгенге дейін арақ дегеннің не екенін Сымбат біліп пе, карта ойнаудың не екенін Данагүл біліп пе еді, жақсы қасиеттерінің дарымай, жамандарының басына үйіп-төгіп бере салғанын көрмеймісің. Тым құрымағанда  құшақтап жылап алатын бауыры да қасында болмады ғой.  Данагүл Секеннің табалдырығынан аттағанша зар еңіреп, жылаумен болды. Жалғыз пана тұтары  Секеннің үй-іші. Саясын да осылар бағар, егер бірдемеге ұшырай қалса.

            Есіктен шұбатылып түнгі  бірлердің шамасында кіріп келе жатқан топ адамды көріп, Гүлмайраның есі шыға қорқып кетті:

 – Алла-ай, ойдағы-қырдағы балаларым аман болса етті. Өз ойын жинап алғанша жарықты жағып қалған Секен шекесінен сыздықтап аққан қаны бар  Данагүлді көріп тұра ұмтылды. Ата-анасының даурығысып жатқан дауыстарына балалары да оянып кетті. Гүлмайраның құшағына кірген  Данагүл енді дауыс салып жылауға кірісті. Дауысының қатты шыққаны соншалық, ішіндегі шерін сөзбен айтып жеткізе алмаса да, осы дауыс салуымен-ақ шемендей қатқан шермен де мұңын ұқтырғандай еді.

            Кеселдің  Сымбаттан келгенін бәрі түсінді. Тістерін қайрап, жұдырықтары түйілді. Бірақ өз қолыңды өзің кесе аласың ба, ол да біздің бөтен емес, бауыр болып кеткен адам, оған қалай қолың көтерілер. Жан-жақтан қаумалап жүріп, кері қайтып кеткен көрші атасы мен апасына рахметін айтып, Данагүлді ортаға  алды. «Қатын сабау – өнер» дейді қазақстандық қазақтар. «Қатынның кеткені – қамшының сабы сынғанмен бірдей» дейді Монғолияның қазақтары. «Қатынның өлгені – ошағыңның ойылып ортаға түскені» дейді Қытайдың қазақтары. Осы үш сөзден-ақ қай елдің қазақтарының әйелге деген көз қарастарының қандай екенін   топшылауға болады.

            Ертесінде үйдің ішінің шашылып, ортаға үйіліп жатқанын көрген Сымбат басы мең-зең болып орнынан әрең тұрды. Тамағы кеберсіп, тілі құрғап тұр. Ішейін десе құдайдың қара суы да жоқ. Жан-жағына қарап, үй-ішінің қайда кеткенін,  түнде не болғанын есіне түсіре алмай  дал болды. Япырмай, тағы да Данагүлге қолын көтерді  ме, бұл өзі не болып кетті? Неге мұндай күйге түсті? Баласы, жалғызы  Саясы қайда? Ол алақ-жұлақ етіп үйден далаға атып шықты. Есіктің алдында от жағып шай қайнатып отырған көрші апаның қасына келді.

            – Апа, Данагүл қайда?

            – Данагүл кетіп қалды.

Апаның онымен сөйлесуге зауқы  жоқтығын сезді. Қайтадан үйге кіріп, бүк түсіп жатып қалды. Көз алдына балалық шағы өткен ауылы, туып өскен жері, құлын үйретіп шапқылаған таулы-қырлы аймағы, монғолдармен  ойнаған ат жарысы, мектептегі бақытты шақтары бәрі көз алдынан кино лентасындай тізбектеліп өтіп жатыр...өтіп жатыр. Қу тақыр, топырағы борпылдаған қара жердің шаңды желі мен бұрқасынды қаһарлы қысының  бет қаратпас аязы оның мылжа-мылжасы шыққан бетінен сипап өткендей.

            Өзінің озбыр ісіне не деп себеп іздерін білмеген оған анасының басынан сипап, маңдайынан өпкен аялы алақаны мен ыстық ернінің табы білінгендей. Енді бір кез мұны қамшының астына ала сабап жүрген ағасы Әнуар елестеді.

            Әкесі мен анасынан ерте айрылған екі бала бір–біріне қаншалықты жақын болғанымен, мінезі қыңыр Сымбат ағасы Әнуардың айтқанына көп көне бермейтін. Әнуар да бір рет айтқанын екінші рет қайталамай, тым-тырыс үнсіз қала беретін. Сымбат Данагүлге үйленіп, Қазақстанға кетемін дегенде де «өзің біл» деп қана қойған еді. Сол өзің білмен күні бүгінге дейін не өлісін, не тірісін білген емес. «Бауырым бар еді» деп ол іздеген емес, «ағам бар еді»  деп  бұл да іздеген емес. Ақыры міне, жападан-жалғыз иен далада оқ тиіп, қансыраған  қасқырдай жатқан жатысы мынау.

            Данагүлді қанша сыйлайын десе де, оның айтқанына  көнейін десе де мына жақтың әйелдердің өжет те, алғырлықтары, бірбеткейліктері, тіптен  күйеулерін «бір шыбықпен айдайтын» долылықтары, «ақша табам» деген өлермендіктері Данагүлдің бойына бітпеген. Кейде ол оның босбелбеу ынжықтығына қарадай ыза болады. Елдің әйелдері бір сиырдың сүтін сатып ақша жасап, бала шағаларын асырап отыр. Ал, Данагүл болса, үйден аттап басар емес.

            Арақ ішкен сайын есіне түсетіні де, ұрынып ізденетіні де жалғыз Данагүл. Дүниенің кілтін сол ұстап отырғандай бар өмірге деген өшін  әйелінен алуға тырысады.

            – Сен неге ана Советтің  әйелі секілді ауданға барып, нан немесе құрт-майыңды сатып ақша жасамайсың а? Неге кешке дейін менімен есептесіп үйде отырасың?

            – Мен саудаға шықсам, сен немен айналыспақсың, қолыңда ең құрымаған да тышқақ лақ та жоқ. Ішкенің арақ, қолда бардың бәрін айырбастап сатып жіберген жоқсың ба. Бір сиырдың сүті жарты литр шығарады, соны сат деп отырсың ба?! Сөздің соңы ылғи осылай ұрыспен, төбелеспен аяқталады. Ақыр соңында  бұл  еркек екендігін көрсетіп, оның арғы-бергі тегінен түгін  қалдырмай түгендеп шығады. Күнде ішкен арақ миын улап, өз-өзіне келе алмай шытырман түрлі елестердің соңына түскен  ол өмірден түңіліп те кетті. Кешегі өзімен бірге ішкен  арақ жолдастардың сөздері де  етінен өтіп, сүйегіне жетті.

            – Сен – дейді анау Берік деген қойшы. – Монғолиядан осы  Қазақстанға немене іздеп келдің? Күтіп тұрған туысың жоқ, не қатының пысық емес, біздікілер сияқты жоқтан – бар жасайтын. Бір күні арам қататын шығарсыңдар.

            – Ана қатыныңды кешке дейін бүкшеңдетіп кемпір құсатып пеш жаққызып, сүт сапыртқанша жұмысқа шығарып, елдің әйелдеріне ұқсатып, бетіне опа-далап  ерніне бояу жаққызып саудаға шығарсаңшы, – дейді Совет көсемсіп.

            – Осынша дәстүрге беріктік не керек? Дәстүр - салтты ұстаймыз деп надан болып қалғансыңдар ғой түге, әйтпесе, неге елмен араласып бастарыңды тік көтеріп жүрмейсіңдер. Мен білсем осының бәрі  әйелге байланысты ғой. Егер әйел жол көрсетіп отырмаса, біз еркектер не білеміз? – деп бір жақтан Болат мүләйімсиді. Үйге де келеді, сол баяғы бір қалыпты  өмір, есіне айтқан, естіген сөздер түсіп, Данагүлді тәрбиелеуге кіріседі.  Бара-бара ол күнделікті дағдыға айналып кетті.

Осыдан төрт-бес жыл бұрын өмірлері осыншалықты адам сенгісіз өзгерістерге ұшырайды деп кім ойлаған. Біреудің алақанда әлпештеген еркесі болған Данагүлдің, «өзі би, өзі қожа»  Сымбаттың  Қазақстанға келіп, мүсәпір күйге түсетіндерін болжап білген де емес. Тіпті үш ұйықтаса түстеріне кірмеген.

 Сымбат Данагүлді кінәлайды, «елдің әйелдеріне ұқсамайсың», – деп. Бірі- ата-баба  салтын серпіп артқа лақтырып тастап, қазақстандық тәртіп пен тәрбиені бойына тез сіңірген ер адам болса, екіншісі сол әдет-ғұрыптан ары аса алмай, басын төмен ұстаған қалпы,  соған дағдыланып қалған қазақтың әйелі. Қайсысы кінәлі?

Данагүл иен үйде қалған Сымбатты ойлап, көз жасы көл болып жатыр. Өзінен басқа панасы да барар жері де, арқасын тірер тірегі жоқ екенін білгендіктен де оны аяп жан-дүниесі езіле түседі. Неліктен ата-анасынан бөліп әкетіп қорлап ұстап отыр? Осыны бір түсіне алмай-ақ қойды. Жақсы ел қатарлы отбасы болып-ақ келе жатыр еді ғой. Кім араларына от салып жүрген, қандай өсек? Бәрінің айтатыны Секеннің үйіне кірген кірме-Сымбат. Осыған ызаланады. Данагүл сонда  кетсе болды,  Сымбат іріген сүттей бұзылады. Айдалада қол ұстасып тұрған екеуін баласындай көріп, үйлеріне әкеліп паналатқан, бауырына басқан Секен мен Гүлмайрадан бұлар  не жаманшылық көрді? Секенді көре алмаған жұрт  айналып келгенде Сымбатты бүлдірді.

Бұл жалғанның адам төзбес арамдығы да, адам сиынар тазалығы да жетерлік қой.

Біреу сен жақсы бол деп алға сүйрейді, біреу сен жақсы болып кеттің, ол саған көптік етеді – бұзыл деп азғырады. Осы екеуінің ара жігін аша алмаған мәңгүрттік ақыры келіп бұзады. Осыдан барып от басына іріткі түседі, сүт ашып, ашымал төгіледі. Май еріп отқа тамады. От лаулай түсіп жанады, бірақ оны сөндіруге су патшасының қолынан да түк келер емес. Өстіп екі жан, екі жақта бірі көз жасына ерік беріп, сәбиін құшақтап жылауда болса, екіншісі «шақшадай басы – шарадай» болып  жерде домалап жатыр. Осындай өмірді Қазақстанға көшіп келгенде басымыздан кешеміз деп екеуі де ойлап па еді?

– Балам, сен басыңды тік көтеріп ұстайтын кезің келді, «бұға берсең, сұға беретін» адамның әдеті. Заман талабы қатал, осы заманға сай сен де өзгеруге тиістісің. Мынау сәбиді жеткізу үшін де сенің мықты болғаның керек. Сымбат қолын ала ұмтылса қарсы тұр. Сонда барып ол ақырын жасқанатын болады. Өзіңе сенбесең кімге сенесің, қасыңда үнемі біз жүрген жоқпыз. – Әкем артық бірдеме айтып, көңілін қалдырып алам ба дегендей ақырын, абайлап сөйлеп отыр.

– Сымбат келіп, өзі кешірім сұрап алып кетпейінше осында боласың.  - Осыны айтты да, сен сөйлессеңші дегендей Гүлмайраны түртіп қалып, өзі далаға шығып кетті.

Қаршадай келіншектің өздерін пана  тұтып жылап отырғаны Гүлмайраның жүрегіне шемендей батты. Гүлмайраға салса  Сымбатты түрмеге отырғызып, Данагүлдің басына бостандық әперер еді. Амал не? Ол қазір жанына батқан соң келіп отыр, сан рет өлімші болған кездері келмеген Данагүл,  осында қал дегенге қалар деймісің. Өз ойымен отырған Гүлмайра да көзінен жас тамшыларының үзіліп түскенін байқамай да қалды. Әттең, ата-анаң қасыңда болар ма еді, балам-ай  дегенде өзі де еңкілдеп қоса жылады.

Екі жасынан анасынан айрылып, жетім қалған Гүлмайраны біресе атасы, бірде әкесінің қарындасы тәрбиеледі. Өгей ананың қаталдығынан  ыққан ол туыстарын паналап жүрді. Бой жете келе атасы Секенге атастырып, ұзатып жіберді. Бағына қарай құдай қосқан қосағы адал азамат болып шықты. Екеуі он бала тәрбиелеп өсірді. Бірақ  бертіндері екі азамат ұлын қара жердің қойнына  бергені  сағын сындырмай, белін бүктірмей қоймады.

Қазір өзінің балалық шағын  Данагүлдің өмірімен ұқсастырып егіліп отыр. Жалғыз ағасы екеуі ғана біріне-бірі сүйеніш болған. Бұл оның тілеуін тілесе, ол  Гүлмайраның тілеуін тіледі. Бірін –бірі күніне бір рет көрмей қалса, «не болып қалды екен?» дегендей алаңдап жүргені.  Жалғыз болса да бір туысыңның болғанына не жетсін.

– Данагүл, шайыңды ішкен соң барып жат та  деміңді ал, күйеуіңді ойламауға тырыс. Өзің мен балаңның қамын ойла, балам.

Гүлмайраның айтқанын екі етпеді. Арада бірнеше күн өтсе де  Данагүл қайтам демеді. Кішкентай  Саясы ғана анда-санда «папалап» қояды. Тек алтыншы күн деген де ғана  «іздеушісі» келді. Анам да, әкем де, бауырларым да тіс жарып ештеме демеді. Бәрі Данагүлдің шешімін күтті.

– Сымбат, не басыңа күн туды,  Данагүлді өлтіре жаздайтындай? Не үшін қолыңды көтересің? Артыңнан еріп жүрген осы екеуді де көп көріп жүрсің бе? Бұлар саған азап болса,  Данагүл осы үйде қалады. Ал, сен  жолыңды тап!

Әкем қатал сөйледі, бірақ аздап дауысында діріл бар секілді.

– Данагүл, балам, егер  Сымбат арағын қоймайтын болса, сені бір күні өлтіріп сотталады. Ал, бала жетім қалады сондықтан ойланғаның дұрыс болар. – Осыны айтты да анамызды ертіп шығып кетті.

– Қойыңдар, сөйлессін, біз де шығайық, – деп  Бірлік бастап, қалғандары қоштап  оларда далаға беттеді. Данагүл сол баяғы тұқырған қалыбы, басын көтерер емес.

– Данагүл, жүр үйге қайтайықшы...

– Сен арақты қоймасаң, бармаймын.

– Қоямын, тек үйге жүріңдерші.

– Ағам мен тәтемнен әбден ұят болды ғой, бізге жақсылықтан басқа жаманшылық ойламайтын адамдарды жазықсыз жазғырып. Саяның  бір қабат киімін әперді, саған Ержанның тонын берді, маған да қыздардың киімдерін  кигізіп, әне, бір  қапқа  толтырып  буып-түйіп қойды. Бұл кісілердің еш жазығы жоқ қой бізге.

– Қойшы, соларды айта бермей, жүрші өзі үйге қайтайық...тозып кеттім. Саямды сағындым. Жүр, мен ат арбаны алып келейін.

Ол осыны айтты да жауабын да тоспастан үйден шығып жүре берді. Есіктің алдында отырған ата-анама  да, бауырларыма да қараған жоқ.

– Аға, тәте, мен сонау Монғолиядан осы  Сымбат үшін деп келдім ғой. Барайын, өлсем сүйегімді Сымбаттың өзі шығарар, маған ренжімеңіздер, рұқсаттарыңызды беріңіздер. Бәрі оңға басса жиірек келіп тұрамын ғой.

Данагүлдің ақылдылығының өзі күйеуін сыйлағанында тұрғанын жан-тәнімен ұққан  әкем оны ақырын ғана құшағына алды.

– Балам-ай, қасыңда біз жүрген жоқпыз. Әлгіңнің түрі анау, не айтайын, бір құдайға тапсырдық. Сол үшін келген соң, сонымен бірге болғаның да дұрыс шығар.

Гүлмайра үйге барғанда жерсің деп, бір таба нанына қоса  тәтті-дәмдісін салып берді. Киім - кешектермен  ат арбаға отырып жатқан  Данагүлдің оларға қараған жанарынан мәңгілікке қоштасып кетіп бара жатқандай жүректері сыздап қала берді. Сол алып кеткеннен кейін  Сымбат, Данагүлді Секеннің үйіне жолатпады. Үйінен де шығармады. Бұрынғы бұрынғы ма,  араққа  басыбайлы салынып алды. Тек бір күні  Данагүл қатты ауырып  аудандық ауруханаға түсіпті деген хабарды естіген кезде, анам барса, тубдиспансерге түскен екен. Өкпе ауруы. «Данагүлдің шүңірейіп екі көзі ғана қалыпты», – деп анам маған хат жазып жіберіпті. «Балам, бар арманы ата-анамды бір көрсем деп зар жылайды. Шамаң жетсе әкесіне хабарласып,  Данагүлдің сырқат екенін айтасың ғой деймін» – депті тағы да. Менің де жан жүрегім езіліп кеткендей болды. Данагүл өзімнің артымнан ерген сіңілілерімнің біріндей еді. Оны «Қазақстандық» қыламыз деп қаншама бояп-сыласақ та, өзінің әдептілігінен озбай,  инабаттылығын сақтап ешқайсымызға еріп, «Қазақстандық» бола алмады. Ата-салтын, дәстүрін қатты сақтаған әдетінен айнымады. Қаншама оралмандар келіп, жаңаша өмірге  бейімделіп жатқандары да болды. Бірақ,  Данагүл еш өзгермеді. Табиғат сыйлаған мінезі де, қылығы да сол ата-анасынан алған тәрбиесімен ұштасып, сол сыйымдылығымен  де бізге ыстық. Әсіресе маған. Көп ойланбастан бірден Монғолияға Бұғұты сумына, әкесі  Ділдаханға хат жаздым.

Хатты ашына жаздым. «Аға, жер бетінде тірі жүрсеңіз неге балаңызды артынан бір іздеп хат салмадыңыз? Балаңыз сіздерге деген сағыныштан-ақ  ішқұсалық сырқатқа  шалдықты. Келгеніне алты жылдай уақыт болды. Осы  мерзім ішінде тым болмағанда хат жазып тұрсаңыздар да  Данагүлге кәдімгідей демеу болар еді. Тездетіп хабар беріңіз. Шамаңыз жетсе келіп қайтыңыз», – деп  хат жолдарын аяқтадым.      Өзім де  «не халде екен, көзіммен көріп қайтайын»  деп ауылға аттанып кеттім. Қолымнан келсе қалаға әкеліп емдетпекпін. Мұндайда жаныңа жақын адамың ауырып жатқанда қыдыру, дем алу деген бола ма, бірден өзіме таныс ауруханаға соқтым. Барсам  төсектің ортасында жатыр. Дем алысы да ауыр. Мені көріп көз жасына ие бола алмады. Сымбатты сұрап едім, қолымен ымдап оны атамаңызшы, оны айтпаңызшы дегенді  түсіндірді.

Данагүлдің мына жатысы ұнамады. Десе де сыр бермей, «бәрі жақсы болады, таяу арада әкеңмен сөйлестім, шамасы келсе келіп қайтамын деді» деп жұбатқан болдым. Жанарынан үміт отының сәулесін байқадым. Орнынан тұрғысы келгесін сүйемелдеп едім, басын көтеріп отырды. Құйып берген шәйімді аздап ұрттаған болды.

Палатада бірге жатқан науқастардан ақырын сұрағанымда, Сымбат ауруханаға бір рет те қарасын көрсетпепті. Саясы да балалар жататын жерде  жатқан көрінеді. Ауру балалардың ішінде   оның жатқаны қалай деген сауалыма медбикенің:  «Саяны сақтық үшін уақытша жатқыздық»  дегенін естідім.

            Данагүлдің қасында біраз  отырып, «тағы келемін ғой» деп «сау бол» айттым да, аурухананың  бас дәрігеріне кіріп шықтым. Дәрігердің айтуынша,  ауруын қатты асқындырып барып түскен көрінеді. Қолданылған ешқандай емге көнбей бойын жайлаған дерт  оны  түпсіз тұңғиыққа  тартып бара жатқанын да  ұқтым. Ең бастысы, осындайда жанына жақын болар, арқа сүйер Сымбаттың оның қасынан табылмағаны жаныма қатты  батты. Қиналысым көзімнен аққан жаспен жуылды. Тездетіп  Данагүлді Монғолияға әкетемін немесе  әкесін алдыртамын.  Тым болмағанда сарғайған сағынышын бассам, ол үшін оны тірі кезінде еліне  әкесіне жеткізсем бұл дүниеге разы болар еді.  Бейкүнә асыл жанға қайтсем жақсылық істей аламын дегенде жанымды қоярға жер таба алмадым.

Үйге барғаныммен  оның аянышты халі көз алдымнан кетпеді. О дүниеге бетін бұрған екен, ендігі жерде қанша ғұмыры қалғанын бір Алланың өзі білер, тек мен үлгерсем екен деп іштей тіледім.

            – Сымбатты қой, адам емес екен. Тағы бірде  Данагүлді қатты соққыға жығып, ақыры көршілері милицияға беріпті.  Данагүлді ауруханаға жатқызған да көршісі екен, содан  бейшара бала шықпады ғой. Бір - екі рет балаларды жіберіп шақыртып едік, жібермепті. Сосын олардың арасына кірісіп қайтеміз? – деп шешең екеуміз үндемедік дейді әкем.

            – Аға, шамам жетсе,  оны Монғолияға апаруға тырысамын, қаражат жағынан сендер көмектесесіңдер ме?

  •  Қалай, балам-ау, онда сені қалай жібереді?

Байқаймын  әкем мен анам абдырап қалған секілді.

            – Қалаға жетейін, сосын көрерміз дедім. Не істерімді өзім де білмеймін. Тек бар ойым  қайтсем көмектесемін, тым болмағанда әкесін көріп қалса жақсы болар еді деген  мақсат санамды жаулап алды. Түніменен дөңбекшіп ұйықтай алмай шықтым. Ертеңінде қайтадан жолға шықтым. Қалаға келе облыстық көші-қон басқармасының бастығына арыз ала кірдім. Онда « сізде  бала ұстап отырған адамсыз, бойыңызда балаға деген әкелік сезім болса,  Данагүлге көмектесіңіз. Тым құрымағанда әке-шешесін соңғы рет көріп, бақилық сапарға өкінішсіз жөнелсін, соған көмек жасаңыз», – деп қысқа қайырдым. Ол болса екі алақанын жайып, «түк қаражат жоқ, қалай сіз ол жаққа барасыз, визаңыз да жоқ көрінеді» дегенді сылтауратты.

            – Виза жасату сіздің қолыңызда тұрған жоқ па, жас келіншектің уақыты санаулы. Мына жалған дүниеден арманда кетпесін, мұсылман емеспіз бе? Бір көмегіңізді жасаңыз, қаражатты да өзім табайын, тек құжаттар мен көлік тауып берсеңіз болды.

            – Айналайын, осы маңда Монғолиямен төте жол арқылы қарым-қатынас жасап жүрген саудагерлер жетерлік, соларға хабарлассаңызшы, – деп өзіме ақыл айтты.

            – Солармен сіз хабарласып беріңіз өйткені, сөзіңіз соларға өтеді, ал мені кім тыңдайды, – деп  енді жалына қарадым.

Бірақ оған сөзімді әрі айтып, бері айтып өткізе алмадым. Ақыры ашуға булығып,  көзімнен жасым сорғалап кабинетінен жылап шықтым. Басқа кімге барамын, кім көмектеседі?

             Ертеңінде ертемен тұрып, баламды қасыма ерттім де,  сол жылдарда қалаға келіп орналасып жатқан Монғолиядан келген азаматтарға жолығуға бел байладым.

Олардың сауданың шетінде жүретінін білетінмін. Ақырындап соларға келіп қандай көмек бере аласыңдар? Осындай бір жас келіншек зарығып, төсек тартып жатыр. Ата-анасына жеткізейін десем, жағдай мынадай деп, бар оқиғаны тәптіштеп айтумен болдым. Басында бәрі  менімен қоса қайғырып көздеріне жас алады да, соңында «қалайда бір көмектерің болса, қол ұшын беріңдерші» деген кезде, лезде түрлері бұзылып, әр нәрсені сылтауратып  теріс айналып кетеді.

            – Ниеттеріңнің бұзылғаны-ай – деп жазғырайын десем, шала шабылып  бірін екі ете алмай жүргендерін көріп, іштей аяушылық білдірем де үнсіз кете барамын. Жалпы, пенде тойынған сайын тоғышар бола ма деп ойлаймын. Ал, тоғышар адамнан қайбір жүрегі кең, мейрімді, рақымдылығы мол адам шығады дейсің.

Біреудің қайғысын көтерісу үшін адам, сол адамның қайғысын басынан кешіру керек секілді. Сонда ғана аяушылық сезім де, құдайшылық та, рақымдылықта  болатын тәрізді. Қасіретті әрине ешкімнің басына бермей-ақ қойсын, десек те қазіргі  кезде  адамдардың пейілдерінің тарылып, өзінен басқа ешкімді көрмей, қолында бар кезде, туысын да менсінбей қалатын мінез пайда болғалы қашан. Шырылдап жылап қалған сәби де, мүгедек адамдарға да, тіптен көшеде біреулер жабылып бір адамды соққыға жығып жатса да айналып өтеміз.

            Данагүлдің мүшкіл халі адам төзгісіз өте ауыр. Ата-анасынан тірідей айрылып,  жастай қосылған күйеуінен де жақсылық көрмей, қол-аяқтан айрылып, кім көрінгеннің қолына қарап қалғаны, қасында жүрген менің туыстарыма, көздерімен көріп отырған көршілерінің ғана жанына батты.

            Қанша шырылдағаныммен менің де қолымнан түк келер емес. Кімге барып жалынамын «сіз көмектесіңізші»  деп. Айналып келіп өзімді мазақтағандай болады.

 Енді не болса да әкесін шақыртайын деген оймен көші-қон басқармасының табалдырығын тағы аттадым.

            – Сіз енді тым болмағанда әкесіне хабар салып беріңіз, – деп менің келгенімді жақтыртпаса да тіктей көзіне қарадым. «Осы келіншектің несі күйіп кетті?» дегендей маған басын шайқай қарап,  Данагүлдің әкесінің аты-жөнін жазды да, телефон тұтқасын тере бастады. Ары қарай өзі жалғастырар деген үмітпен, оның үстіне кедергі келтірмейін дегендей мен жылыстап шығып кеттім.

            Үйге келсем  телеграмма жатыр: «Балам,  Данагүлдің халі мүшкіл, ауруханадан үйге шығарып тастады» делінген. Төбе шашым тік тұрды, үлгермейтін болдым! Енді қайттім. Басымды қос қолыммен ұстап отыра кеттім. Көз алдымда көзі боталап «Көке, бар үмітім сізде...» – дегендей жаудыраған Данагүлдің жанары.

            – Жаным-ай десеңші, ішқұсалықтан тапқан пайдаң, өзіңді соңынан әкетіп бара жатқаны-ай. Дереу жолға дайындалып, ауылға аттандым. Жолай үйге соғып баламды қалдырдым да, ат арбамен  Сымбаттың үйіне түн қатып жеттім. Есіктің алдында бірнеше адамдар жүр, анадай жерде, қызы  Саясын құшақтап  Сымбат отыр. Ешкімге қарауға мұршам болмады. Данагүл  жатқан бөлмеге кіріп бардым. Кіп-кішкентай болып шөгіп кеткен оның қолдарын  менің анам сипап отыр екен. Мені көріп «сен көрінбе» дегенді ымдап сездірді. Мен  тез бөлмеден қайыра шығып кеттім. Көз жасыма ерік беріп, есік алдындағы кесілген томардың үстіне келіп отырдым. Қасыма ақырындап келген  Саяның бетінен сүйдім де, Сымбатқа қарадым. Арақтан бет-аузының бәрі көлкілдеп ісініп кеткен, «енді не болар екен ?» дегендей сұраулы кейіппен маған қарайды.

            – Данагүлдің ажалын уақытынан бұрын жақындатқаныңды сезесің бе, Сымбат? Тым болмағанда жаны қысылып жатқан кезде қасынан табылмағаның не, соншалықты Данагүлді неге қорладың? Неге аямадың? Осы істегеніңнің бәрі кейін алдыңнан шығатынын білдің ғой, бұның бәрін Алла Тағала саған текке жібермейді. Адамның көз жасын жазықсыз шығарған адам да еш оңбайтынын түсінуің керек еді ғой. Енді қайттің? Мына қаршадай қызды  ойлауың керек еді ғой. – Мен сөйлеп отырып, ботадай боздап жылаумен болдым.

            – Жүр,  Данагүлдің соңғы сөзін естиік.

Оны ертіп, анам қарсы болса да, Сымбатты алып үйге кіре беріп едім, Данагүл көзін ашыпты. Мені көріп қолын созды, мен де қолынан ұстай алдым. Бір кезде менің артымнан басын төмен салбыратып тұрған  Сымбатты көріп, көзі шарасынан шығып, «Сен кет! Сасықсың! Жолама маған, мен сені екі дүниеде кешпеймін...кешпеймін!» деді. Одан әрі ештеме айта алмады, тағы қысылып кетті. Сымбат  үйден атып шықты.

            – Міне, балам, үйге келгелі бір жұмадай уақыт болды.  Данагүл Сымбаттың төбесін көрсе өстеді, маңына жолатпақ түгілі бөлмеге енгізбейді. Не болғанын өзім де білмеймін, оның зәбірі әбден  өтіп кеткен болуы керек.

Осы кезде  Данагүл ышқынып тағы көзін ашты. Мен де,  анам да ұмтылып, оның қолын сипалай жөнелдік.

            – Тәте, көке апай, жалғызым  Саям...аманат..көз қырларыңызды сала жүріңіздерші, сіздерге разымын. Осыны айтты да демі үзіліп жүре берді. Соңғы рет ышқынып қалған кезде көзінен ағып жатқан жасты сүртіп үлгердім. Анам менің қолымнан ұстаған күйі  далаға шықтық. Есік алдындағы үлкендер де   қаралы хабарды сезгендей беттерін сипап, үйге кіре бастады.  Данагүлдің о дүниелік болғанын білген  Сымбат түн жамылып,  иен далаға сіңіп  жоқ болып кетті. Оны іздеген адам да болмады. Әкем мен  анам бастаған адамдар  Данагүлді соңғы сапарға шығаруды өздері міндеттеріне алып, іске кірісе бастады.

Менің  бір сәтке де бұл үйде қалғым келмеді. Сымбатқа деген ашу-ыза мен аяушылық сезім екеуі қатарласып жүрегімді шымырлатып жатты. Оның үстіне Данагүлдің әкесіне деген өкпем де қара қазандай. «Осындайда тас жүрек адамдар болады екен-ау» деген ой шырмауықша шырмады. Данагүл  мезгілсіз өмірден өткен соң маған да бәрібір секілді көрініп, баламды алып жетісіне де, қырқына да қарамай қалаға кетіп қалдым.  Келгеннен соң әкесіне ішімдегі өкпе-назымды айтып хат жаздым. «Сіздердей тас бауыр ата-ананы түсіне алмадым. Шырылдап, алыстан болса да бір көрсінші деп ойлап, Монғолияға да апармақшы болдым. Қолымнан ештеме келмеді. Хат жазып, хабар салдым, онда да үнсіз қалдыңыздар. Енді тыныш жата беріңіздер, сіздерді іздеп аңсаған Данагүлдеріңіз арманда, бір көруге зар, көкірегі шерменде болып, қызы  Саяны бізге тапсырды да, бұл өмірден өтті. Артының қайырын берсін», – деп жазып, Монғолияға қоя бердім.

            – Бұл пенде дегенді қойсайшы шіркін, – деп өз-өзімнен сөйлеп қоям. Адамның жанын түсіну, оған көмек беру, аяу,  тіптен қайырымды сөз айтуға да жарамай бара жатқанымызды айтам-ау. Құдайдан жаныма саулық бере көр деп тілеймін, басыңа іс түсті ме, туысың көмектессе бір рет көмектесер, екінші рет қайырымға келмес. Басқа ешкімнен жақсылық күтпе. «Заманың  түлкі болса, тазы  боп шал» демеуші ме еді. Міне, тура солай.

            Арада он шақты күн өтті. Баламыз екеуміз туыстарымызды аралап үйге келсек, телеграмма жатыр. Монғолиядан сөйлесуге келіңіз деген шақырту. Келсем  Данагүлдің әкесі  Ділдәхан  ата екен.

            – Балам  Данагүлге не болды? Хатыңды жаңа ғана алдық, бұрындары ешқандай хабар алған жоқ едік, өзі тірі ме? – деген атаның алыстан жылап тұрғанын сезіп, ашуға бой алдырып ағат кеткенімді сонда сездім.

            – Ата,  Данагүлдің алдынан жарылқасын! Оны мәңгілік сапарға аттандырып салдық, енді өздеріңіз мықты болыңыздар, – деп  көңіл айттым да өзім де көз жасыма ие бола алмай егіле бердім.

            – Балам-ау, тым болмаған да ертерек неге хабар салмадың? Бірдеме етіп баратын едім ғой, енді қайттім? – деп зар жылады ата. Жұбатар сөз таба алмай қиналдым. Ол кісі біраз дауыстап жылап барып телефонды орнына қойды.  Жанды жаралайтындай, үкім кескендей хат жазғанымды енді түсіндім. Бірақ «айтылған сөз – атылған оқ». Ең бастысы, Данагүлдің хабарын естіді. Бірақ баласы бар екенін білмейді-ау тегі, өйткені сұрамады ғой деп ойладым.

            Жаздың ыстық аптап күндерінің бірі еді. Қала тұрғындарының әдетімен шорты мен жұқа кофта киіп, түскі асты әзірлеп жатқам. Кенет даладан: –  Гүлназ деген бала осында тұра ма? Мен Монғолиядан келдіп едім, –  деген дауысты естіп, терезеден далаға қарасам,  бойы еңкіш тартқан,  жасы алпыстарды алқымдап қалған  бейтаныс адам машинадан түсіп жатыр екен.

Көз алдыма  Данагүлдің осы  қатқан қара шалды аңсаумен  жылап өткені есіме түсіп, далаға атып шықтым.

            – Ата! – Құшақтай алдым.

            – Балам, Гүлназім сенсің бе?  Данагүлім, ботам қайда балам? Оны маған бір көрсетші, – деп ботасынан айрылған бозінгендей боздаған  дауысы менің жанымды одан сайын тілгілеп сай-сүйегімді сырқыратты. Көрші әйел  жылап көріскен екеумізге басу айтқанда ғана сәл солығымызды басқандай болдық.

– Гүлнәз атаны жылата бермей, үйге кіріңіздер. Шалғай шеттен келген адамға жол да ауыр тиген болар, қане, үйге кіріңіздер, – деп сәл қатулана сөйлеген сөзінен  есімді жинап төбеме қарасам,  көп қабатты үйдің тұрғындары таңданыспен терезелерден бастарын шығарып  бізге қарап тұр екен.

Күн жексенбі болатын. Елдің бәрі үйлерінде демалып жатқан кез.  Оларды ертіп үйге кірген кезде білдім, үстіме ебедейсіз  киім киіп алғанымды. Тездетіп төргі бөлмеге өтіп, қайтадан киініп шықтым. «Бұл үлкен,  әсіресе ер адамдардың алдында саныңды жарқыратып, төсіңді ашып отыру қазаққа жат қылық», – деп  Данагүлдің үйреткен өнегесінің бірі болатын.

            – Балам, мән –жайды айтшы – деді ата шыдамсызданып.

            – Ата,  алдыменен жеңілденіп, шешініп отырыңыз. Шәй әкелейін, сосын асықпай мен сіздерге бәрін айтып беремін. Жол ауыр болған шығар. – Қоярда қоймай, қарсыласқанына да қарамай ата мен жас жігіттің үстіндегі киімдерін жеңілдетіп, қолдарын жуғаннан кейін дастарқанға шақырдым.

Тағы бір ағаттық жібердім. Ол – атамыз қазақ дастарқанды жайғанда мол етіп үйіп-төгіп,  барын үлкен табаққа салып, дастарқанның ортасына қойған ғой. Ал, мен орыстығымды істеп, әр тәлеңкеге бөлек-бөлек етіп тамақ салып бердім. Басында атаға жат көрінген болар, қасықты қолына алмады.

            – Ата ренжімеңіз, кешіріңіз біздің кейбір салттарымыз  орысшалыстау болып, көңіліңізден шықпай жатса, маған айтыңыз, – деп ақталып қоямын.  Ол кісі үндемеді. Тек менен  Данагүл жайын естігісі келіп отырғанын сездім де, ақырындап болған жайды  баяндап бердім.

            – Біз бірнеше рет хат жаздық қой, өздеріңізден ешқандай  хабар болмады. Сосын жер ауыстырып кетті ме деп ойладық.

Сол Секен деген кісінің қолында болды ма?

            – Секен мен Гүлмайра менің ата-анам, қазір  Саясы менің үйімде көрінеді.  Сымбат не істеп жүргенін білмеймін. Данагүл  қайтыс болғаннан кейін ол балаға деген менің көңілім суып кеткендей.

            – Сая – қызы ма? Ол неше жаста? Артында баласы қалып қойды ма – дегенде атаның жүзін тағы жас жуып кетті. – Қарғам-ай десеңші, не күйге түскенсің?  Сымбат сені әкеліп, қандай жағдайға тап қылған?

            – Ата, Алланың жазымышы осы шығар қамықпаңыз. Сіздер дем ала беріңіздер мен ауыл жаққа баратын көлік қарастырып келейін. Бір күн болса да бөгелмей аттанып кетейік. Сіздерді өзім ертіп апарамын. Баламды ерте салып, таксилер тұратын жерге келіп  такси ұстап, ауылға ел орнына отырып, көз байланған кезде келіп жеттік. Ата мен туысқанын тура әкемнің үйіне алып келдім.

            Менің қасымдағы бөтен кісілерді көріп әкемнің көзі шарасынан шыға жаздады.

            – Аға,  Данагүлдің әкесі – Ділдахан ата мен туысы, – деп жанындағы жігітті таныстырдым. Данагүлдің Монғолиядан туыстары келіпті дегенді естіп, түнге қарамай көрші-қолаңдар сәлем береміз деп үйге кіріп шықты. Әкем де бір малын шалып, қазан көтертіп жатыр. Біз үлкендер өздері сөйлессін деген оймен жастар жағы ертерек асқа қарамай жатып қалдық.

         Таң ата жолға шығып, Сымбаттың  үйіне бет алдық.  Бәріміз үйге кірген кезде Сымбат таңғы шәйін баласы екеуі ішіп отыр екен. Орнынан атып тұрып тұра ұмтылып еді, Ділдахан ата оған қараған жоқ. Бірден төргі бөлмеге өтіп, құрылып тұрған жалғыз төсекті құшақтай құлады.

 

Иісің сіңген жастықты,

Иіскедім кеш Құлыным.

Ести алмай даусыңды,

Үзілгендей жұлыным.

 

Анаң берген көрпеге орандың ба,  жарығым,

Сағыныштан көз жасқа бояандың ба, жарығым.

Ата-анаңды көре алмай аңсадың ба, жарығым,

Анаңның берген сүтіне тамсандың ба, жарығым.

 

Бір сүйе алмай бетіңнен арманда қалдым, жарығым,

Суың құрғап ертерек сор маңдай болған, жарығым.

Көз жасы көл боп етекке  анаң қалды- ау, жарығым,

Алпысымда аңырап атаң қалды-ау, жарығым.

 

Үзіліп түскен уақсыз,  Данагүлді алған құдайым,

Жастығыңды құшақтап, егіліп енді жылайын.   

Зарлатқан соң бұл Алла, жыламай не қылайын,

Зар жылап, қарғам, бәрі үшін, жылайын мен жырлайын.

 

Қаралы үйге ер адамның анадайдан дауыс салып, жылап келіп көрісетінін білеміз, бірақ мына құсап зар жылап, жоқтау айтқанды естімеген де көрмеген де едім.    Данагүлдің әкесінің  қызының төсегінің үстіндегі көрпе мен жастықты бауырына алып, зар жылағаны сол жерде тұрған бәрімізді егілтті. Ешкім де  оған «қой»деп басу айтпады. Арада өткен сегіз-тоғыз жылдың сағынышы мен арманы  айтылып жатқан зарлы  жоқтауды  тым-тырыс тыңдадық.

         Тек бәрімізді селк еткізгені – Саяның  атасының қасына барып, қолынан ұстап тартқылағанын көрген кезде ғана есімізді жинағандай болдық. Су әкеліп беті-қолымызды жуып, атаны ортаға алып, бәріміз оқылып жатқан мақамды құранға құлақ  түрдік.

         Ақырын көз  қиығыммен атаға қарап едім,  Саяны иіскелей  екі иығы селкілдеп үнсіз еңкілдеп жылап отыр екен. Сымбаттың бетіне қарамады. Не болғанын іші сезгендей. Ертең  қырқы. Әйелдер жағы бауырсақтарын пісіріп,  дайындық қамына кіріскен. Ал, біздер Данагүлдің  мәңгілік мекенініне барып, рухына тағзым етуге жолға шықтық.

            Қызыл кірпішпен қаланған зиратқа әкем бастап алып барды. Сақалынан жасы  сорғалаған кейуана әке тағы қызының  қабірінің үстіне құлады.

            – Құлыным-ай, саған Қазақстанның бір уыс топырағының бұйырғаны-ай. Осы топырақты жастанып жатайын деп келіп пе едің ботам? – деп  Ділдахан ата қайта-қайта  жердегі топырақты алып мыжғылай берді.

            Қабір басында ішіндегі шерін біраз болса да тарқатып, Данагүлінің зиратының қаланған кірпішін сипалай орнынан көтеріле бере атаның көзі сыртына ілінген тақтайшадағы жазуға түсіп тағы егілді. « Ділдаханның Данагүлі» деген тақтайшаны бетіне басып ұзақ отырды.

Құдайдан «ей, Алла, бала-шағамды аман ете гөр!» – деп, жалбарына сыйынатын ата-ананың баласынан айрылған қасіретін ешкімнің басына бермесін.  Ділдахан атаның басын төмен тұқыртқан осы қайғыны ата қалай көтерер екен деген сенімсіздік те басымызға келді. Сондықтан атаны аялай тағы ауылға өз үйімізге әкеліп қонақ асын бердік. Дәстүр бойынша алыстан келген қонақтың алдына  қойдың басы тартылды.

            – Аға,  Данагүліңіздің дәм татқан үйі де осы біздің шаңырақ. Сіз де балаңыз отырған жерде отырып, бізбен бірге болыңыз. Құдай басқа салған соң көреміз де көнеміз, басқа амал бар ма аға? Данагүл өзіміздің баламыздай болып кеткен еді. Амал не, ажалына ара түсіп алып қала алмадық. Енді өздеріңіз берік болыңыздар. Ендігі жасамаған жасын қызы  Саясына берсін.

            – Айналайын Секенжан,  Данагүлімнің аруағы разы болсын. Сендердің  қызыма істеген жақсылықтарыңды естіп жатырмын. Құдайдан қайтсын, басқа не айтайын, мына балам Гүлназдің де бір баласы бар екен. Иншалла,  Гүлназ осы қызының қызығын көрсін. Данагүлім үшін зар жылаған адам анасымен мен болсам, үшінші адам Гүлназ екен. Мұндай жүрегі кең адамдарды сіздерден көріп отырмын, бір құдайдан сіздердің амандықтарыңызды тілеп өтермін, – деп ата тағы кемсеңдеді.

            Атаның батасы мен үшін ең керекті де қажетті бата еді. Менің де жалғыз тілегім бір тал қызымның амандығы. Иншалла,  Ділдахан атаның батасы қабыл болсыншы деп іштей қайталап, тілеумен болдым.

            – Данагүлімнің хал-жағдайын, қалай өмір сүргенін Гүлназдан естіп-білдім. Аянышты болған екен. Сымбатқа еріп кетпе деп біздер зар жылаған едік, тыңдамады. Енді келіп жатқан жерін көрмеймісіздер...топырақ тартып тұрған ғой. Сымбат берсе баласын алып кетейін, бермесе өз еркі...әкесі ғой.

         Ертесінде бәріміз  Данагүлдің қырқын бердік.  Данагүлдің әкесі келіпті дегенді естіп, Монғолиядан келген оралман ағайындар да ат арылтып келіп жатты. Қырқын бергеннен кейін «баламның төсегіне бір күн түнеп шығайын» деп ата сол үйге қонып қалды да, ертеңінде Семей арқылы Астанаға жүріп кетті.

            Кетіп бара  жатып тағы да алғысын жаудырып, батасын берумен болды.

            – Ата мен өзім сіздерге хат жазып тұрайын, тек алдым деген сөзбен, тірліктеріңізді білдіріп тұрыңыздар, – деп тілегімді айтып қалдым. Бірақ ол кісінің жүзінен мен «жарайды» деген  ишаратты байқамадым.  Өмірдің қуанышы мен қызығы – Данагүлі бұл өмірден өткен соң басқасын керек етпеді ме, ата бәрімізді құшақтап жыласа да, суық қоштасты. Сымбатқа тіс жармады.

            Қайын атасының сонау Монғолиядан келіп, жақ ашпай кеткені Сымбатқа ауыр тиді. Бірақ, ол ешкімді кіналамады. Соңғы кезде араққа салынып, Данагүлге де сырт қарап, ол ауруханада жатқанда да басын сұқпағанына іштей қиналды. Бәрібір көкірегінде зіл батпан ой, өзінің осындай баласын құшақтап жалғыз қалғанына да Данагүлді кінәлады. Егер ол болмағанда... Сымбат өз ойынан өзі шошыды. Көз алдына ұяң келген, ат жақты,  қараторы Данагүлі елестеді. Екеуінің Қазақстанның шекарасына келген кездегі қорыққандары есіне түсті. Өйткені, оларды алдыменен орысша сөйлеген қазақтар қарсы алған-ды. Тіл білмеген қандастарымыз көздері бақырайған  кейіпте түкке түсінбей  дал болған-ды. Осы сәт Сымбаттың есіне түсіп күлкісі келді. Бірақ, күлкінің орнына Данагүлге деген сағыныш жүрегін шымшып өтіп, көзіне өкініш жасы толды.

Оның «екі дүниеде кешпеймін!» деген сөзі  мен бұл дүниеден бетіне түкіріп кеткенін өзінің араққа салынғандығынан көрді. Иә, сыйлай алмады. Данагүлін төбесіне көтеріп, арқасын тосар жарым деп қорғай да, қолдай да алмады. Жаны қысылғанда панасы да, саясы да болмады. Аттың бауырына алып жүріп, қамшының астына  алса да ешкімге тіс жармады. Қайта Сымбатты аяп, оған қамқор болуға тырысып бақты. Бірақ, бұл оған қандай опа берді?... Монғолиядан алып келіп, Қазақстанда сүйегін қалдырды. Қандай өкінші мол тағдыр!

            Осылай қалың ойға кеткен Сымбат күндіз де, түнде де көз шырымын алып ұйықтай алмады. Көзін жұмса болды, бір қолында Саясын жетектеген Данагүл есіктен қарайды да тұрады, немесе мұны мазақтағандай ыржиып күлмек болады, кей кездері басын шайқап бір нәрселерге өкінішін білдіреді.

            Қарын боратып қыс та, сылдыраң  суын ағызып көктем де өтті. Жадырап жаз да келді. Ауылға барған сайын Айшама кішірейіп  қалған киімдерін Саяға  таситынмын. Ол анасы  Данагүл секілді өте  нәзік еді. Тек өжеттеу болып өсіп келеді. Әкесінің қасынан  бір елі қалмайды. Мас болып жатса да, аш қалып жатса да, тіптен әкесі басын көтермей үш күн ұйықтаса да оның қасынан шықпайды. Сап-сары қыз  Сая тура әкесінен аумай қалған, мінезі де  тура  әкесі. Анасы  Данагүлге бір жері тартса, табандылығы болар.

            Арада айлар өтіп, жылдар  жылыстап жатты. Сол араласпаған күйі  Сымбат бізден мүлде қол үзіп кетті. Секен мен Гүлмайраның  және оның балалары неге  Сымбатқа жақпай қалды, кім білсін? Әлде, Данагүл екеуінің арасына түскен іріткі арақ емес, Секеннің отбасы дей ме екен, немесе Данагүлдің оны кешірмей кеткенін де бізден көріп жүр ме, кім білсін. Әйтеу ауылға келеді,  бірақ үйге соқпай кетеді,  Саясын да жібергенді қойды.

            – Тек аман-есен жүрсін, араласпаса  араласпай-ақ қойсын, сол арағын ішпей дұрыс жүрсе болды. Бізге оның араласып құраласқаны да керек емес, – деп әкем де өкпелеп қояды. Бірақ іші қандай жамандыққа болса да оны қияр емес. Бір күні болмаса да, бір күні Сымбат қайтып оралатын секілді болып тұрады.

            Арада өткен жылдар өз өрнектерімен ізін қалдырып жатты. Сая да мектепке баратын болғандықтан кіндік шешесі  жеңгем Жұлдыз бәріміз болып, жаздың бір күні бәріміз ат арбамен тағы Сымбаттың үйін бетке алып жолға шықтық.  Саяға бастан-аяқ мектепке баратын киімдерімен қоса дастарқанға көршілерін шақырса керек болып қалар деген азық-түлікті  де молдау ала келгеніміз жақсы болыпты. Дастарқанында қара наннан басқа түгі жоқ  Сымбат бізді таңдана қарсы алды. Саяны жүгіртіп көрші апасыныкіне жіберген екен, апасы бір кішкентай кесеге кілегей мен қантын салып әкеліп, бізге шай берді.

            Баяғыдағы апа мен бауыр, туыс адамдардай араласқан адамдар секілді емеспіз. Арамыздан қара мысық жүгіріп өткендей бәріміз тым-тырыс, үнсізбіз.  Осылай отырып шәй ішілді. Баяғыдағы Бірліктің «Ей, Сымбат-ей»  дейтін еркелігі де, Саяның алдымызға шығып, мойнымызға оралатын назды қылықтары су сепкендей басылған. Сәби болса да жалтақтап Сымбатқа қарай береді. Шыдамады білем, Жұлдыз:

– Саяжан, келші мен саған әкелген киімдерімді кигізіп көрсетейін деп орнынан қозғалған кезде бәріміз оны қостағандай әкелген сүмкеге жармастық. Сол кездегі  Саяның күлімдеген жанарындағы қуанышты зағип адамның өзі анадайдан сезері анық еді. Баласының осы қуанышты сәтіне елітті ме, Сымбат  шоланнан кепкен ет әкеліп турай бастап еді, мен туратпадым.

            – Сымбат, ештеңеге әуре болма, турама да. Бұл қазақтың салты, оның үстіне  Саяң ертең мектепке барса ұялмай барсын деген оймен бірер қабат киімдерін алып келдік.

Шәй беріп күту сенің міндетің емес. Данагүл  болғанда жата-жастана жатар едік, ренжіме біздер қайтайық, – деп орнымнан тұра беріп едім,  Сымбат еңкілдеп жылап қоя берді.

Оған қосыла жеңгем  мен көрші апа да көзіне жас алды. Жыламай отырған  Сая екеуміз ғана.

Екі иығы селкілдеп жылаған Сымбатты ешқайсымыз жұбатпадық. Алдымызда баяғы өр кеуде Сымбаттан, бейшаралық халге түскен, мына жалған дүние де қалай өмір сүрерін білмей есі шыққан, Саясын  енді қалай жеткізер екенмін деген сұрақтан қорыққан, бір сөзбен айтқанда Данагүлдің жоқтығы жанына батқан  оның жылағанына ешқайсымыз селт етпедік. Өз қатесін енді түсініп, қатты өкінетінін сездім.

            – Тағдырыңа өкпелемесең, кімге өкпелейсің. Көп жылап,  Саяның жүрегін ауыртпа.  Уақыттың өзі емші. Тірі адам тірлігін істейді. Ендігі күш-қуатыңды, өміріңді  қызыңа арнауың ғана қалды. Данагүлді жоқтатпай, қызыңа жетімдіктің ащы уын ішкізбеуге тырыс. Данагүлдің аруағын қорлатпа, тым болмағанда ана дүниеде тыныш жатсын- дегенді нығарлай айттым. Бұл сапар  Сымбаттың үйіне барған соңғы сапарым болып қалды.

            Сол жолы үйінің тозып тұрғанын, әйел адамның көзі кеткеннен кейінгі Сымбат  пен Саяның жағдайының адам төзгісіз ауыр болғанын, өмірлерінің бәрі жаңағы көрші апаларының қолына қарап қалғанын сездім.  Тіптен үстілеріне киетін киімге де, не ішер тамаққа жарымай ашқұрсақ  қалған екен.  Данагүлдің жалғыз  зейнетақысы не болсын. Өйткені, Сымбаттың да істеп отырған  тиянақты жұмысы жоқ. Әйтеу қойлы ауыл болғандықтан елдің малын қосып, соны бағып қоңырқай тірлік кешіп жатқан жайы бар.

            Біреудің «табан ет, маңдай терімен» тапқан табысын да көре алмаймыз ғой. Сымбаттың малына малын қосқан ағайындар баласы мен екеуіне көмектескеннің орнына араққа тойғызып мәз. Оған арзанқол арақ әперсе, сол оның бір айлық еңбекақысы. Ол аз болғандай, Сымбаттың ақжүректілігі мен мастығын пайдаланған доссымақтары оның малының ішіндегі семізін алып, арағын тастап кететінін қайтерсің.

            Арақ ішкен кезде бар қайғысы ұмыт бола бастайды да, ішпеген кезде басындағы қара бұлтты сейілте алмайды. Қай жаққа қараса да көз алдында Данагүлдің қатулы жүзі мен боталаған жанарын көреді. Үйіне келсе қызы Саясы тұлымшағы желбіреп мұны айналшықтап жүгіріп жүреді. Бар сенері көрші апасы мен атасы. Кей кездері сол апасының іргесінде жатады. Саяның  мектепке баратын уақыты да болып қалды. Енді ойланбаса болмайды. Данагүлдің көзі тірі кезіндегі жиналған азын-аулақ малдың бәрі біткен.  Арақты қойып, аудан орталығына бармаса болмайды. Сымбат ертемен жуынып-шайынып алды да аудан әкіміне келді.  Тарбағатайға 1992 жылдары келген оралман ағайындардың ішінде тұрақты мекендеп қалған осы Сымбат екенін әкім білетін-ді. Сондықтан да оның өтінішін қабылдап, бір көмектің болатынын айтты. Егер аудан орталығынан пәтер алып, дұрыстап тіршілігін жасаса көпке бармай ел қатарлы өмір сүріп кетері хақ. Ең бастысы, арағын қойса болғаны. Әкімнен үлкен қуаныш арқалап шыққан Сымбат алдыменен дүкенге кіріп, қалтасындағы соңғы ақшасына қызына тәтті тоқаштан алып үйіне оралды. Есіктен кіре қанатын жая ұмтылған қызын құшағына басып ұзақ отырған соң екеуі шүйіркелесіп отырып тоқашпенен шәйларын ішті.

Түс ауа атына мінген Сымбат Данагүлдің  бейітіне бет алды. Өзі тұрғызған бейіт көзіне шалынысымен жүрегі өрекпіген  ол атынан анадайдан түсіп, тұсаулап қоя берді де жаяу қабірге таяды.  «Данагүл Ділдахан»  маңдайшадағы жазуды алақанымен ұзақ сипады. Жүресінен отырып дұғасын бағыштады да, есігін ашып ішіне енді.

– Мен келдім Данагүл. Шамаң жетсе тап осы жерде жанымды алып қал. Болмаса сөзімді тыңдағайсың.  Ақымақтың ақылы түстен кейін демеушіме еді бабаларымыз, енді өкінгеннен пайда жоғын білсем де тілімді шайнап, шашымды талдап жұлғым келеді. Сен кеткеннен соң, өз өзіме қол жұмсап екі-үш рет өлмекші де болдым, Саямды қимадым. Жалпы, осы фәнидің адамы емес екенімді мойындаймын, тезірек сенің қасыңа келіп тыныштансам екен деп армандаймын. Бірақ, Саямды қайтемін? Соны ойлап қамығамын. Сенің өміріңнің ерте қиылғанына да үлесімнің үлкен екенін білемін. Елге қарайтын бет жоқ. Басқа жаққа кетсем сенің қасыңа жете алмай қалатындай қорқамын. Біздер о дүниеде де бірге болуымыз керек қой. Сондықтан бүгін аудан орталығына барып келдім. Саямды біраз жеткізген соң көп ұзамай сенің қасыңа келетініме сенемін. Біраз шыда...

Таң қалғаны Сымбат бағанадан нені айтып отырса да көзінен бір тамшы жас шықпады. Ол Данагүлдің алдындағы анты «мәңгі бірге боламыз» деген сөзінде тұратындығына сенімді секілді.   Көп ұзамай әкімнің көмегімен ол аудан орталығына қарай көшті.  Көршісі Демесін ата мен Әтір апаның Саяны немерелеріндей жақсы көріп кеткендерін, енді сағынатындарын айтып көздеріне жас алды.  Тіршіліктің қамыменен және баласының тағдырын ойлаған Сымбат атаның ат арбасына бар мүлкін тиеп алып орталыққа көшіп келді. Арағын қойып, қызының қамын ойлаған Сымбаттың  өмірге деген құлшынысына шыныменен қатты қуандым. Арамыз ашылып кетсе де олардың тағдыры үнемі ойға қалдырып, мазалап жүретін. Оның үстіне қайда барсам да, қай жерде жүрсем де Сая мен әкесінің өміріне алаңдағанымды тоқтатқан емеспін. Данагүл есіме түскен сайын Сымбат пен Сая қосарлана көз алдымда тұрады. Аяулы балаларын қара жерге берген ата-ананың күйі қандай, аз да болса да көңілдеріне медет қылсын деген ниетпен бір күні  Монғолияға хат жаздым.

            «Ата - тәте, аман-есенсіздер ме? Мұндағы балаларыңыз  Гүлназдан  хабар алсаңыздар, айтайын дегенім:  Данагүлден қалған біртал қыз Саясы мектепке баратын болды. Жағдайлары жақсарды. Өздерімен өздері өмір  сүріп жатқан  жайлары бар. Сіздер алаң болмасын деген оймен хат жазып отырмын. Өздеріңіз аман-есенсіздер ме,  елге келесіздер ме, осы жағын білгім келеді. Маған хат жазсаңыздар, жаңа  мекенжайымды берейін» деп сыртына мекенжайымды толық жазып хат жолдадым. Бірақ, бұл жолы да, келесі жолы да ешқандай хатыма жауап ала алмадым.

Данагүлін жоғалтқан ата-ана үшін Қазақстан жат елге айналғандай еді. Басында  бабаларының кіндігі кесілген жерге оралғанды армандаған Ділдахан ата алған бетінен қайтып, «өлсем осы жерде-ақ өлейін, қартайғанда сүйегімді салдыратып қайтемін, Қазақстанға барған да мені кім күтіп отыр дейсің? Данагүлім де қара жердің қойнауына кетті» деп еңірегенде етегі толған ата атының басын тартқан-ды.

            Бәрібір бауырыңа басқан бауыр болған соң қимайды екенсің, ауылға барған сайын Сымбат пен  Саяны сұрап есім шығады. Бір күні анам кәдімгідей ренжіді.

            – Балам, енді қайтіп сол Сымбатты сұрамай-ақ қойшы, әнеу күні ана көршінің үйіне Саясы екеуі келіп тұрып, үйге соқпай кетті. Сәлем бере салса несі кетеді, кезінде шала шабылған жоқ па едік, соның бәрі бір күнгідей  ұмыт болған секілді. Кердеңдеп әуелі амандасуы ауырлап барады. Енді қайтіп оны сұраушы болма, – деп қатты ескертті.

            Анамның да, әкемнің де өкпелейтін жөндері бар. Өз  балаларынан кем көрмей асты-үстіне түсті. Несі болса да аяғына дейін шыдар еді, егер кісікиіктеніп, Сымбат бөлініп кетпегенде. Оның таңдауы бөлек болды. Жандарына бататыны да осы.

            Намысшыл, өрмінезді Сымбат аудан орталығынан алған үйіне бір кісідей-ақ жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ішін әктеп, төсек-орындарын жинап, кәдімгідей бір үй болды. Қуанышы қызы Саясымен екеуі ғана енді жаңа өмірді бастағандай.

– Папа, келесіде маманың ақшасына үйге әдемі кілем алайықшы, – деген қызының ақылына қуанып та қалды. Иә, тіршілік істеп, елден қалмай өмір сүру керек. Баласын бауырына басып дем алып жатқан Сымбаттың есіне тағы Данагүл түсті. Данагүл есіне түскен кезде Сымбат бір орнында байыз таба алмай арлы-бері жүріп кететін әдет тапқан. Дәл қазір де сол әдетіне басты. Қолына темекісін қыса ұстап далаға атып шықты. Жан-жағына ойлана қарап біраз тұрған соң атын ерттеп, Данагүлдің қабіріне қарай жүріп кетті.

– Жақтырмасаң да тағы келдім. Саған жақсы, тып-тыныш ұйықтап жатырсың. Ал, мен сені ойлаған сайын жаным қоса қиналып тыныштық таба алмаймын. Көрсеткен қорлықтарым мен аузымнан шыққан әрбір  бейпіл сөздеріме налимын. Жалғыздықтан шаршадым, Данагүл. Саям үшін ғана жүрмін. Егер ол болмағанда баяғыда-ақ сенің қасыңда жатар едім. Ендігі жерде  біраз болса да тіршілік істеп, Саямды аяғынан тұрғызған соң қасыңа келетін шығармын. Жаным сенің жаныңмен бірге екенін енді түсіндім. Кеш болса да  айтқаныма ренжіме. Саған берген уәдемді орындай алмадым. Сол үшін де өзімді өзім кіналаймын. Өз кінәмді қасыңнан орын тепкен кезде бір-ақ жуатын шығармын деп ойлаймын.

Ішіндегі шермене сырын аяулы жарына бүкпесіз шығарып келе жатқан Сымбатты жолдың шетінде қасында ерткен қызы бар, қолындағы ауыр сөмкесін мықшыңдай басып көтере алмай кетіп бара жатқан жас келіншек елеңдетті.  Күннің қатты ысып кеткеніне қарамай баласымен жүрген бұл кімдер деген сауалмен желе жортып қастарына таяғанда барып таныды. Бұлар өздері алғаш Монғолиядан көшіп келген жылдары қоныстанған  Жуалыдағы Мәдештің қызы – Сәбира. Сымбат жатырқаған жоқ, атынан секіріп түсіп, қызды атқа отырғызып, ауыр сөмкені аттың қанжығасына байлап өзі келіншекпен қатарласа жүріп кетті. Аудан орталығына дейін әлі екі-үш шақырым жер қалғандықтан олар бірін-бірі білетін ескі таныстардай шүйіркелесіп, әңгіме жібін сабақтады. Сәбираның әңгімесінен түйіндегені күйеуінен ажырасқан, қызымен екеуі ата-анасымен бірге тұратындықтарынан хабардар болды. Ұзақ жолды жаяу жүріп өткен екеудің ішінде бүгіп ештеме қалмағандай. Ат үстінде қалғып-шұлғып келе жатқан қызға да қызыға қараған Сымбат оны Саясына ұқсатты. «Саясы анасыз қалса, мына кішкентай қыз әкесіз. Неткен тағдыр?» – деп  таң қалса да оны  ешқайсысына білдірмеді. Осы кездесуден кейін де үш-төрт  дүркін кездесіп жүрді де, Сымбат Сәбираны бір күні қызы Саясына «ендігі жерде сенің анаң – осы әйел болады» – деп таныстырды.

Баланың жүрегін қашан кір шалған. Құшағын ашып, Сәбираны «мамалап» қарсы алды. Бала өміріне толыққанды отбасылық тіршілікті ұсынған Сымбат та өзінің қызы мен әйеліне еріп келген қызды бөліп-жармай екеуіне бірдей әкелік мейіріммен қарады. Қолынан келгенше оларға қуаныш сыйлауға тырысты. Ауылда тұрақты жұмысы болмағандықтан ат арбасын пайдаланып, елдің анау-мынауысын түсіріп,  азын-аулақ тиын-тебеннің басын құрап әйелінің қолына ұстатады.

 Өзім де бұрынғы жатақханадан кетіп, екі бөлмелі үй алдым. Монғолиядағы Ділдахан атаға осы жаңа үйдің мекенжайымен хат жазып жібердім. Енді біраз жұмыстар істеу керек деген тоқтамға келіп, саудаға шықтым. Кешке отырып кітап жазумен айналысамын. Баяғыдағы аудан әкіміне жазған жасырын хаттан кейін ондай іске араласқанды мүлде қойғанмын. Небір келеңсіздіктерді көріп тұрсам да, үндемей құтылатын болдым. Артық сөйлеп қалсаң қасыңдағыларға кеселің тиіп, жұмысыңнан айрылып қалуың да ғажап емес.

            Бірақ ауылға барған сайын бәрібір Сымбат жайлы білмей кетпейтінмін. Бір жолы жазда баламды алып ауылға барып жатқанмын. Ата-анаммен табысып, ұзақ-сонар әңгімеден кейін енді  жантайып дем алайық  деп жатқан кез еді. Сағат түнгі он бірлердің шамасы болатын. Бір кезде саудыр етіп екі-үш милиция кіріп келгені. Орталарында Сымбат бар.

            – Аға, Сая сіздердікіне келмеді ме?

Аман-саулық сұраспақ түгілі бірден сұрағын төтелей дүңк еткізді. Бір жайсыз оқиғаның болғанын сезген әкем:

– Жоқ, Сая мұнда келмеді, Сымбат, не болды?

Сымбат столға таяу тұрған орындыққа отырар отырмастан еңкілдеп жылап жіберді. Сөйтсе  ол жұмысқа кеткен кезде өгей анасы Саяны шашынан жұлып отырып, тепкінің астына  алған көрінеді, оның арасына түскен  Сымбат та әйелін сабап тастайды. Әйелі  күйеуін милицияға тапсырады. Ол түрмеде екі күн жатып қалған кезде, үйге Сая да келмейді.

            Содан баланы бүкіл аудан болып іздеуге шыққан беті екен. Аудандық радио торабы да іске қосылып,  Саяны үйіне келуге шақырды. Әкесінің іздеп жүргенін де айтты. Сол кезде Сая небәрі тоғыз жаста ғана еді.

            Осы оқиғадан кейін-ақ мен Саяның өмірінің дұрыс болмағанын сездім, жаным ашыса да бөтен отбасының ортасына  кірісуге қақым жоқ. Сондықтан да үндемей бейтарап қалдым.

            Анама қарап, анасыз біздің күніміз не болмақ? – деген сұраққа жауап іздегендей әкеме ұрлана қарадым. Әкем үнсіз маған қарайды.  Өйткені, осы  Сымбатқа байланысты әңгімелер қозғаған кезде «Әкенің ең жақсысы – жездедей-ақ» деген мәтел сөз жиі айтылушы еді. Сол есіне түскен болса керек.

            Болған оқиға жүрегімізді ауыртты. Саяның тағдырының қандай екенінің шет жағасын осылай  естідік. Сымбаттың бұл әйелмен  бірге тұруы ел көзіне тату-тәтті отбасы секілді көрінгенімен, нағыз  ерлі-зайыптының соғысы осы үйден кетпейтін көрінеді. Басты себеп – Сая. Саяны өгей шеше жақтырмайды. Ал,  оның әкесінен басқа ешкімі жоқ, қайда бармақ?

            Әйелінің сөзіне салса, Саяны үкіметтің қарауына беру керек секілді. Оған Сымбат өлсе келісер ме. Данагүл екеуінің қол ұстасып атамекенге кетер алдындағы өздері құрған  шаңырағының алғашқы уығын қалай көзінен таса етсін.

Онсыз да Данагүлдің ажалына өзін кінәлі санайтын Сымбаттың жан-дүниесі  езіліп маза бермейді. Жалғыздығын бөлісетін осы Саясы ғана. Алғаш отау құрған кездері бәрі жақсы секілді еді, араларына тағы қандай «қара мысықтың» кіргенін кім білсін, Сәбираға Саяның әрбір отырысы да, тұрысы да ұнамайды. Қит етсе алакөзденіп балаға зеки сөйлейтінді  шығарды. Сәбираның қызына аяушылық танытар деген үміті күннен-күнге алыстап барады. Өстіп жүріп күндердің  күнінде Сәбираның аяғы ауырлап дүниеге ұл бала әкелді. Жалғыз қызы Саясының артынан ерген бауыры болғанына қуанған Сымбат ауруханада босанып жатқан әйеліне  бармастан,  Данагүлдің бейітіне қарай тартты.

Оның шөп басып кеткен қабірін сыйпалай, жүрегі шымшылап көз жасын тыя алмады.

 – Данагүлжан, көптен бері келе алмадым, ренжіме. Бүгін мен қатты қуанудамын. Саямның артынан ерген бауыры бар, енді ешкімге алаңдамаймын. Сен тыныш ұйықтай бер, көп кешікпей қасыңа келермін. Ол иығы селкілдеп ұзақ жылады. Көп болды Данагүліне келіп сырын айтпағалы, сағынып та кетті. Неге екені белгісіз Сымбатты бір ой үнемі қатты мазалайды. Ол Данагүлдің  қабірде жалғыз жатқандығы. Оның санасын өзі қолынан жетелеп ата-анасынан бөліп, Қазақстанға алып келіп,  бақыт сыйлаудың орнына қорлық пен жапа шектіріп, ажалына  себепкер болғандығына өкініп, оның алдындағы күнәсін Данагүлдің қасына келіп жатқанда ғана жуармын деген сезім билеп алған-ды. Неге осылай ойлайтынын өзі де түсінген емес. Данагүлдің басына келген сайын «Кешікпей мен де келемін» деген сөзді жиі айтып кетеді.

Қаншалықты ешкімге білдірмейін дегенмен Сымбатты мазалаған өкініш оны да  өмірден түңілдіріп жіберді. Күнделікті үйдегі ұрыс. Қызы мен өгей ананың тіл табыса алмауы. Осының бәрі Данагүлдің  айтқан лағнатындай құлағынан кетпейді. Көбіне  өзінің екі баласы мен әйеліне еріп келген қыздың тағдырына алаңдайды.

Қаршадай қыздан ұры шығарып, «анасын жұтқан қыз» атандырды. Өгейлігін күйеуінің көзінше ашық көрсете білген Сәбира ештеңеден қаймықпады. Данагүлдің аруағын да  сыйламады. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығарды. Мәңгілік ұйқыдағы  бейкүнә Данагүлге де тілі тиіп жатты.

Ақыры жан-жақтан анталаған туысы көп  Сәбира Сымбаттың өмірін теңіздің терең тұңғиығына батыра бастады. Сымбаттың ештеңеге де, ешкімге де шамасы келмей  мысы құрыды. Өмірдің мәнді уақытын Данагүлмен өткізген шағы екенін түсінген Сымбат, балалары үшін тіршілік ету керектігін де жақсы білді.  Не істеу керек? Бой жетіп өсіп келе жатқан қызы Саясы анау, оның артынан жас шыбықтай жетіліп келе жатқан ұлы тағы бар. Қалай осы балаларын бақытты ете алады? Күндегі үйдегі айқай-шу да жалықтырып бітті.

– Ой, Сымбат бармысың –ей?!  Халің қалай? – Өзіне таныс дауысқа елең ете түскен Сымбат машинадан түсіп өзіне қарай құшағын аша жүгіріп келе жатқан Бірлікті көріп тұрған жерінде қозғала алмай қатып қалды. Сол баяғы өздерімен иен таудың ішінде жалғыз қалатын кішкентай Бірлік. Өсіп, жігіт болып қапты. – Мүлде хабарсыз кеттің ғой, ауылға да ат ізін салғанды қойдың?

Бірлікті көріп сасқалақтап қалған Сымбат не айтарын білмеді.

– Бірлік, кешірші, кешіріңдерші. Ағам мен тәтемнің жүзіне қарайтын бет жоқ. Сендер жақтан біреудің төбесін көрсем анадайдан қашамын. Әбден ұят болды.

Бірлік Сымбаттың неге осынша дегбірі кеткеніне түсінбей дал.

– Соншалықты бүлінген ештеме жоқ, Саяш қалай, өсіп кеткен шығар, ие?

– Иә, Сая биыл  сегізінші сыныпқа көшеді. Бауыры да Алла амандығын берсе мектепке барып қалар.  Ағам мен тәтемнің алдында кінәлімін, Бірлік. Екінші, ағаларың қайтыс болған кезде топырақ салмақ түгілі, көңіл айтуға жарамадым. Сені көріп, ұяттан өртеніп тұрмын.

Бірлік енді түсінді. Бірде  дастарқан басында  Сымбаттың көптен жоғалып кеткендігін, баласынан да еш хабарын біле алмай отырғандарын, бірақ ұзынқұлақтан оның ішкілікке тағы салынғанын үйдегілер айтып отырған-ды.

– Оны әркімнің өз жағдайы біледі ғой, Сымбат, оған еш алаңдама. Қайтадан басыңды құрап, біздің алыс ағайынымыздың қызын алып, қайта жезде болған екенсің, арақты қойып ел қатарлы өмір сүр.

Кешегі атының артына міңгесіп қой бағысқан бала Бірлік бүгінде зіңгіттей азамат болып ақыл айтып тұр. Дүние кезек деген осы. Олар көшенің ортасында көп тұрмады. Біраздан соң салқын қоштасып, Бірлік машинасына отырып жүріп кетті. Сымбат сол орнында қозғалмай әлі тұр. Көз алдына Секен мен Гүлмайраның бұларды алғаш келген күні күтіп жатқандары, балалардың бір-бір уықты алып алып киіз үйді тіге алмай жүгіріп жүргендері, кешкісін ауылдың үлкендерін шақырып Секеннің Данагүл мен Сымбаттың құрметіне мал шалғаны бәрі-бәрі көз алдында тоқтаусыз өтіп жатыр. Дүниенің есігін шыр етіп ашқан Саясын Гүлмайра тік көтеріп, өс-өсін айтып, суға түсіріп жатыр. Аналық қуанышын жасыра алмаған  Данагүл  қызына  сүйсіне қарайды... Енді бірде қызын қолтығына қыса қашып келе жатқан Данагүлді ат үстінде қамшының астына алып сабап келе жатқаны есіне түсіп кеткен кезде, жол шетіндегі тастың үстіне отыра кетті.  Әне,  қатты науқастан тек сүлдері  ғана қалған Данагүл төсекте жатыр. Бұл мас болып келіп, оны жұлқылап төсектен домалатып жіберді. Қызы Саясы шырылдап жылап әкесінің  аяғына жармасуда. Оны да итеріп жіберді... Данагүлдің қазасы... үй толы адамдар. Сымбатқа кінәлай қараған жанарлар...

Сымбат орнынан көтеріле қалтасын ақтарған кезде қолына жүз теңгеге жетер-жетпес тиын түсті. Жан-жағына алақтай қарап алды да, қарсы алдында тұрған дүкенге кіріп кішкене құтыдағы арақты алып шықты. Аудан орталығынан шыға бере Данагүлдің зираты бар-ды және сол зиратқа таяу маңда Сәбираның әкесінің үйі бар. Неге екені белгісіз,  Сымбат қолындағы арағын жүре ішіп, адымдай басып Данагүлдің бейітіне қарай келеді.

– Данагүл, мен келе жатырмын, саған көп күттіріп қойдым-ау. Енді күтпейсің мен келе жатырмын. Екеуміз қатар жатуға тиістіміз. Бақытты боламыз, өмір сүреміз – деп ертіп келген Қазақстанда топырақ жастанып жататын болдық. Балаларымды құдайға тапсырдым! Соңғы сөзін айқайлап айтқанда дауысы даланы жаңғыртты. Кенет, ол өзінің масайып кеткенін сезді. – А, Данагүл, сен ішкенімді жақтырмайды екенсің ғой, ендеше қайын жұртыма кеттім. Сол жақтан саған келермін.

Тәлтіректей басып келе жатқан Сымбаттың көзіне талайдан бері ат ізін салмай кеткен Секеннің ауылы түсті. Анау шетте сол кісінің үйі. Ол қолын көлегейлеп ұзақ қарады, бірақ ешкімді алыстан болса да көре алмады. – Мен де бұл дүниеден кетемін, аға, тәте! Елдің сөзіне еріп сіздердің «өгей ұлдарыңыз» болғым келмеді. Ат терлетіп алыстан келгенімізде бауырларыңызға басып, бетімізден қақпадыңыздар. Әсіресе Данагүлімді туған қыздарыңыздай көріп, Саяма да сая болдыңыздар. Алдарыңызда қарыздар болсақ, сол қарызды мойныма іліп кетемін. О дүниеде ақтармын. Бізге жасаған жақсылықтарыңызды ұмытты десеңіздер қателесесіздер. Ешқашан ұмытқан емеспін. Тек, мойындауға құдіретім жетпеді ғой. Айтқан ақылдарыңызды құлағыма да ілмедім. Араққа салынып, бауырларыммен де араздастым. Қадірлеріңізді ұққым келмеді. Соным үшін кешіріңіздер!

Ол көзінен аққан жасты сүртпеді. Атасының үйіне қарай төтелеп жүргендіктен оны ары-бері ағылып жатқан жүргіншілер де байқамады. Енді біраздан соң атасының үйіне де келеді.  Соныменен бәрі бітеді. Жоқ! Алдыменен барлық туған-туыстарымен тілдесіп алсын, сосын атасының үйіне бір-ақ барар. – Ділдахан ата, Меркіт апа, Данагүл үшін қандай мені қарғап-сіледіңіздер екен, бәрін мойындаймын. Қыздарыңызға жақсылық жасай алмадым. Қазақстан Монғолия емес, мұнда бәрі өзгеше. Мен сол қазақстандық боламын деп осындай күйге түстім. Бәрібір Қазақстандық бола алмадым, жолдан  тайып кеттім. Данагүлді жоғалтқанымды  еш кешіре алмаймын. Сондықтан оның қасына жетуге асығып келемін. Сіздер де кешіріңіздер!

Ол орнынан сүйретіле тұрып тағы жүрді. Жаяу жүріске шаршағанын да білді. Десе де әне, мал қораның шетіне де ілікті. Иттер мұны көріп, басында абалап жүгіргенімен, қасына келе Сымбат екенін танып құйрықтарын  бұлғап өз жөндеріне кетті. Айналасына бағдарлай қараған Сымбат малдың өрісте жатқанын, қораның бос екенін көрді. Асықпай қораға ене беріп, шарбақтың басында ілініп тұрған бұзаудың моншағын ала кірді. Алакөлеңке қораның ішінен ол ыңғайлы ештеме таппады. Сымбат төбеге қағылған үлкен көршегені байқады. Жалма-жан қолындағы бұзаудың моншағын шегеге күрмеп жақсылап байлады да, мойнын сала беріп тұрып қалды. Сая! Мақсат! Есіне екі балапаны түсіп жерге отыра кетті. Балапандарым, кешіріңдерші! Саяшым, сені далаға тастағандай болып барамын, кешірші, ботам! Мен кеткен соң Сәбира сендерді жылатпайтын шығар. Барлықтарың да бақытты болсаңдар екен. Саяшым, саған біздің өмірімізді еш тілемеймін, құлыным! Бауырың бар, сен әлі бақытты болып кетесің! Анаң Данагүлдің жалғыз жатқанына бір шама уақыт болды, соның қасына барғым келеді. Мен оған уәде бергенмін. Сол уәдемді орындағым келді, балам. Сымбаттың көз алдына өзіне қолын созып, күлімдеп тұрған Данагүл елестеді. Қайраттана орнынан сергек көтерілген Сымбат мойнын асылып тұрған жіпке сұға берді....

Данагүлдің қырқына Монғолиядағы атасы келіп, алып кетемін деген кезде «әкеммен қаламын» деп ермей қалған Саясы биыл он  беске толып, тоғызыншы сыныпқа баратын кезде аяулы әкесінен айрылып, қара жерді сипалап қалды. Осының бәріне кім кінәлі? Қоғам ба, отбасы ма немесе Алла Тағаланың  туғанда пешенесіне жазған жалған дүниеде татар дәмінің таусылғаны ма?

            «Сая жалғыз қалды» дегенді ести сала ауылға аттандым. Ата-анам мені көздері жасқа тола қарсы алды. Жұмысым көп болғандықтан ауылға да ат ізін салуым сиреген. Осы жолы  Сая үшін келгенімді ол кісілер айтпай-ақ түсінді.

– Балам, сенің бірден олардың үйіне  барғаның қалай болар екен? Ана өгей шешесі ертең сен кеткен соң тағы  бейшара қызға күн көрсетпей жүре ме деп қорқамыз. Әкесінің бұл фәниден кеткені онсыз да оған оңай тиіп тұрған жоқ.

Ата-анамның  осы қаршадай қыз үшін неге қорқып отырғандарын түсіндім. Өйткені, өгей ана мен өгей қыздың жүректерінде  бір-бірлеріне деген еш жылу қалмаған. Ана өгей болса да, қаршадай қызды құдайдан қорықпай, ешкімі жоқ екендігін біле тұра үйден қуса, қызы өгей ананың аяусыздығына дәрмені жеткенше   қарсыласып бақты. Осыдан барып арада бітіспес кикілжің орын алды.

Ата-анамды қасыма ертіп, ертесінде Ақжарға,  Саяның мектебіне  бардым. Келе  ауызғы бөлмеде отырған кезекшіден өзімнің арнайы Өскемен қаласынан келгендігімді, тікелей Саямен, сынып жетекшісімен сөйлескім келетіндігін айтып едім кезекші жүгіріп кетіп, Саяны және сынып жетекшісін тез  шақырып бергені.

– Сәлеметсіздер ме – деген нәзік үнге жалт қараған менің көз алдымда  Сымбаттың бейнесінен айнымаған қаршадай қызды көрдім. Көзімнен жасым боталап, Саяны бауырыма қысып ұзақ тұрдым. Баяғыдағы тұлымшағы желбіреп жүретін сары қыз бүгінде шашын жая тарап,  маңғаздана, үлкен қыздарша амандасып тұр.

– Халің қалай, жаным?

– Жақсы.

– Не күйдесің, жағдайыңды естіп сен үшін келдім, не айтасың?

– Түк айтпаймын.

– Анаң саған күн көрсетпейді деп естідім,  рас па?

– Рас...

Үкімдей сөзді естіген де жүрегім шым ете түскендей болды.

– Сәлеметсіздер ме, мен  Саяның сынып жетекшісімін. – Қарсы алдымда ұзын бойлы, арықтау жас жігіт өзін Дәулетпін деп таныстырды.

Мен өзімді  қалалық телеарнада  тілші болып жұмыс істейтіндігімді, Сая үшін арнайы келгендігімді қысқа да нұсқа етіп баяндап болған соң, бірден  сұрақтарды бастырмалата жөнелдім.

– Дәулет, Саяның хал-ахуалы жайлы не білесің, сынып жетекшісі бәрін білуі тиіс қой.  

– Солай ғой, апай,  Саяның әкесі  қайтыс болған соң жағдайын өз көзіммен көрейін деп, ешқандай ескертусіз екі-үш рет үйіне  де  бардым. Сол кезде байқадым, балаға тыныштық жоқ. Үйдің оты мен кіріп күлімен шығып жүргені. Әкесі бар кезде сабағын жақсы оқушы еді, қазір тіптен  төмендеп кетті. «Анам ана-мына жұмысқа  көп жұмсайды, сабақ қарауға да кейде мүмкіншілік болмай қалады» дегенді өз аузынан естісем де көзіммен көрдім.

– Дәулет мектепке анасын шақырып сөйлеспедіңдер ме?

– Одан еш нәрсе шықпайтын болды, оның үстіне, тағы балаға тиісіп жүре ме деп жасқандық.

– Маған не айтасың? Мен не істейін?

– Шамаңыз жетсе  Саяны алып кетіңіз. Үкіметке тапсырасыз ба, көзіңіз ашық адамсыз ғой. Қыз баланың тағдырына қазір араша түспесек, Сая   ойсоқты болып кетуі мүмкін.

– Саяның   келешегінен қорыққандықтан да мен осындамын ғой. Ендеше, Дәулет  Саяның өзімен сөйлесейік.

Жанары жаудырап, боталап тұрса да тағдырына бағынғандық сыңайы бар, басына түскен ауыртпалыққа төселіп «ысылып қалған» балапан баламды қасыма шақырдым.

 – Саяш, сені Өскемендегі балалар үйіне алып кетсем, барар ма едің? Мына жерде саған дұрыс оқу да, өмір де  болмайтын секілді. Сенің басыңа бар бақытты үйіп беремін деп айта алмаймын, жаным, қолымнан келетіні өзіңді  қанатымның астына алу. Менің әке-шешем бар, туыстарымыз болып саған көмектессек қабыл алар ма едің?

– Апатай, мені осы жерден тезірек алып кетіңізші! Мен ана үйде тұрғым келмейді. Шешем күнде интернатқа кет деп  күн көрсетуді қойды.

– Сен сабағыңды аяғына дейін оқы, сосын үйіңе барған кезде мен де барармын, анаңмен ауызба – ауыз сөйлескім келеді. Дәулет, баланың жауабын естідік. Айналайын енді бірер ай шыдасын көз қырыңды сала жүр. Қалай құжаттары дайын болады, солай баланы Өскеменге алдырамын. Туыстарын да табармын. Ең бастысы баланы осы жерде қалдырмай тезірек  әкету керек.

– Апай сізбен үнемі хабарласып тұрамын. Алаңдамаңыз. Рахмет сізге, Саяның сіздей қамқоршысы болса, жетімдіктің ауылы  қоңсы қонбас.

Дәулеттің   жылы лебізі  маған дем бергендей. Саяның тағдырына  неліктен алаңдап тұрғанымды түсіне алмаса да, қазбалап ештеңе сұрамады.  Сая секілді өзімнің де Айшамның жетіліп қалғаны, оған қол ұшын беріп көмектессем сауабы осы біртал қызым Айшама тисін дегендіктен еді. Қандай жағдайда да мен  оны жалғыз қалдыра алмас  едім.

Түс ауа Сая тұратын үйге келдім. Сыртын қызыл кірпішпен қаптаған еңселі үйдің алдында мықынын таянып тұрған жас жігітті көрдім де қалт тұрып қалдым, өз көзіме өзім сенер емеспін. Сая құдықтан су тартып шығара алмай әлек,  бейтаныс  жігіт азамат басымен оған сынай қарап тұр. Менің қалт тұрып қалғаныма аңтарыла машинадан түсіп келе жатқан бауырым Бірлік  те мына жағдайды көріп, жігітке тұра ұмтылды.

Өзіміздің қонақ екенімізді, қазір қатты бірдеме айтсақ, ертең Саяның   «сазайын тартатындығы» Бірлікті де, мені де тоқтатты. Жымия амандасып, үйге кірген мені жасы отыздар шамасындағы  бойшаң келіншек қарсы алды. Амандасып, жөн сұрасып отыра беріп байқағаным, төргі бөлмеде тағы да екі азаматтың теледидар қарап жатқанын байқап жүрегім тарсылдап кетті. Сая өңкей азаматтардың ортасында жалғыз жүргендей әсер қалдырды.

– Шамалауымша сен Саяның  мамасы боларсың, – деп  мүмкіндігінше сыпайы сөйлеуге тырыстым.

– Иә, мамасымын.

– Халдеріңіз қалай? Соны білейін деп келдім.

– Жақсы рахмет, жаман емес. Сая оқуын оқып жатыр, халі жақсы. Қарсы алдымда жымия қарап отырған келіншектің озбырлығы қай жерінде? – деген сұрақ санама қайта-қайта келе берді.

– Сендердің жағдайларыңды өз көзіммен көрейінші деп Өскеменнен арнайы келдім. Саяның туыстарын қарастырып жатырмын, табылып қалар деген үмітім де жоқ емес. Сенен өтінішім, бірер ай шыда, қалай құжаттары дайын болады, солай Саяны Өскеменге алдыртамын. Оғанға дейін айналайын, жалынамын басынан бір тал шаш түсіре көрме, – деп сөзімнің аяғын дауысым дірілдей зорға айттым. Біз әңгімелесіп аз –  кем отырған кезде Сая дамыл таппады. Тымпың қағып біресе су кіргізеді, біресе тағы бірдемелерге айналады.

– Апай, сіз менің папамды білесіз бе? Қолында әкесінің суретін  ұстаған кішкентай ұл бала менің алдымда тұр. Түрі айнымаған Сая. Бірден түсіндім.  Сымбаттың осы әйелден көрген екінші баласы – Мақсаты.

 – Әрине, сенің папаңды ешкім мендей жақсы білмеген шығар, – деп баланы алдыма алдым. Кісіні жатырқағанды білмейді екен.

– Балам, апайдың мазасын алма, бар.

– Есіміңізді естуімше Сәбира деп атайды ғой деймін, ренжімесеңіз маған Саяның қолыңыздағы барлық құжаттарын көрсетіңізші. Ертең маған керегі болар, кейбірін жазып алып кетейін. Ол  жылдам орнынан тұрып, бір дорба құжаттарды алдыма әкеп тастай салды. Құжаттарды ақтара  отырып түсінгенім,  Сәбира мен Сымбат заңды некеге отырмаған. Үй  Сымбаттың атына тіркеліп, рәсімделген. Артындағы мұрагерлері  қызы мен ұлы.

            –  Сәбира, алдымдағы құжаттарға сүйенсем, сен мына үйге таласа алмайды екенсің, негізгі шешім  Саяда болуы керек. Сондықтан балаға тиіспей, бірер ай шыда, жарай ма?

Соңғы сөзім  өзінен-өзі ызғарланып шықты. Осыны айттым да орнымнан тұрып,  Саямен  шығар есікке беттедім. Келіншек мені  көлікке дейін шығарып салды. Кетіп бара жатып,  тағы да оның аналық жүрегіне сенетіндігімді айттым да қоштастым.

Үйге жеткенше әке-шешем де, бауырым да, өзім де еш тіл қатыса алмай өз ойымызбен өзіміз отырдық.

– Балам, енді не істейтін ойың бар? «Жалғанда көмектессең – жетім мен жесірге көмектес» деген нақыл бар, сауабы тиер қолыңнан келгенді аяма, балам. Анамның қиналып айтқан сөзінен бір адамның тағдыры енді маған тірелгенін  байқадым.

– Анашым, жаным тірі болса, оны осы жерден алып кетемін. Қолымнан бар келген жақсылығымды жасауға тырысамын.

Үйге келген соң да ешқайсымыз шешіліп сөйлесе алмадық.  Бағана Ақжардағы АХАЖ бөлімінің меңгерушісімен сөйлескен кезде де өтініп сұрағаным, Саяның рұқсатынсыз ешқандай құжаттар толтырылмаса екен деп тілек айттым. Оған да ешқандай басы артық құжаттарға қол қоймауын өтіндім. Бұл менің баланы өзімше сақтандырғаным еді. Жүрегім сыздап, көкірегім  қарс айрылып, қалаға сол күннің ертеңінде қайтадан  қайта оралдым. Мұнда келген соң алдыменен облыс әкімі  орынбасарының атына өтініш хат жаздым. Онда Саяның жағдайын айтып, сол баланы Өскемен қаласына алдыртуыма көмек көрсетуін өтіндім.

Үш күн өткен соң маған жауап хат келді. Онда осы жағдайға  облысымыздағы  лауазымды үлкен екі мемлекеттік мекеменің басшылары  Дауыл Жасағанов пен Виктор Васильевтің бекітілгенін көрсетіпті. Жұмыс жағдайымен,  кештетіп компанияға келсем мені Жасағановтың күні бойы іздегенін айтты.  Саяға байланысты болған соң қалдырған телефон нөмірін теріп,  ол кісінің үйіне түнгі тоғыздарда  қоңырау шалдым. Тұтқаны кім, қандай адам көтерер екен, маған не дер екен? – деген беймаза сұрақтармен тұрып қалсам керек. Ар жақтан :

– Сөйлеңіз сізді тыңдап тұрмын, – деген жайдары дауысты естіп есімді тез жинадым.

– Мен Гүлнәз Секенқызы едім, не себепті  іздегеніңізді білейін деп қоңырау шалып тұрмын.

– Ойбай-ау Гүлназ қайда жүрсің? Күні кешке дейін өзіңді іздедім ғой. Әлгі қаршадай қызға жүрегім ауырып. Сенің әкімнің орынбасарына жазған хатыңды алдым. Рахмет, сен секілді жетімге жаны ашитын адамдар бұл күнде сирек кездеседі. Менің де жанымды ауыртып тұрған ана баланың  мүлде жалғыз қалғандығы. Дүйсенбі де менің кабинетіме келші, сол жерде екеуміз осы сұраққа түбегейлі шешім іздестіріп көрейік.

Телефон тұтқасын орнына қойғанан кейін соңғы кездері лауазым иелерінен тоңторыс мінезді көп көргендіктен, өзім жаңа ғана сөйлескен бейтаныс адамның, жаны жайсаң, жүрегі нәзік екен деп іштей ризашылығымды жасыра алмадым. Менсіз де   Саяға жанашырлар, әлі де болса көмектесетін адамдар бар секілді. Ал, туысын қалай тапсам екен? Шіркін,  Ділдахан атаға хабар жетсе, ол кісі әрине алып кетем дер ме еді қайтер еді? Саяш туыстарының арасына барып, үйірін тауып қосылса, өмірі жеңілденер  еді. Сансыз ойға малтығып  жатып көзімнің қалай ілініп кеткенін байқамай да қалдым.

         ...Түсім екен деймін. Баяғыдағы ауылдағы өзіміздің үлкен үйіміз. Әне, тауға қарай Данагүл алыстан күлімдеп атпен шапқылып бара жатыр, оның соңынан  Сымбат кетіп барады. Сая кішкентай үш жасар бала екен деймін, менің қасымда бей-жай болып құрт жеп тұр. Ана кетіп бара жатқан екеуге қарамайды да. Бір кезде ұзын бойлы бір адам қасымыздан өтіп бара жатып, қолы қойылған кішкентай қағазды  менің қолыма ұстата салды да,  артына қарамастан ғайып болды.  Қағазға қарасам ұзынша етіп жол салған да, аяғын неге екені белгісіз садақтың үшы құсатып аяқтапты. Оянып алып неге жорырымды білмедім. Қара торы бойшаң келген кісі кім? Неге ұзын жол салынған қағазды ұстатты? Сая неге әке-шешесінен қалып бара жатып жыламады. Түсімді жори алмай біршама уақыт арпалысып жатып, қайта ұйықтап кеттім.

Ертесінде орнымнан тұра алмай бағанағы түсіме қайта оралдым. Бойшаң адам бұрын көрмеген адамым, ендеше, ол қалай менің түсіме еніп жүр, ол кім?

– Қой кім болса, ол болсын әйтеу, бір жолды мезгеген біреу болды ғой деген шешімге келіп, Саяның туыстарын іздеуге бел будым.

Қайтсем  Саяны үйіріне қосамын деген үмітпен Монғолиядан келген қаладағы қандастарды іздеуге, солармен сұқбаттасуға көштім. Көп адамдармен сөйлессем де  ешкім не Сымбатты, не  Данагүлді білмейді. Әбден салым суға кетіп, үйге кеш келдім. Ертең әлгі Жасағановқа барамын. Ол не деп «мизам соғар» екен деп қиналып қоямын. Баяғыдағы  Данагүл үшін шырылдаған кезде басшылардан бір көмек болмай аузым күйіп қалғандықтан ба, осы Жасағановқа деген сенімімде де күмән бар. Оның үстіне ешқандай туысын тауып қоспасам  Саяға менен басқадай көмектің қажеті де шамалы сияқты.

«Қандай жағдайда жақсылық жасап, Саяның көз жасын құрғата алармын, кімнен және неден бастауым керек?» – деген сауалмен  Жасағановтың кабинетіне келіп қалғанымды да аңғармадым. Ол кісі де ескі танысын көргендей есіктен басым көрінер-көрінбестен:

– А, Гүлназ кел, кел жоғарылат, – деп орнынан тұрып, қолын ұсынып амандасып жатыр. Маған жақындаған кезде күлкімнің келгені соншалық, өз-өзімді әрең тежедім. Өйткені, алдыңғы түндегі түсімде көрген бойшаң кісі осы адам еді. Міне ғажап!

– Аман-есенсіз бе, Дауыл Жасағанұлы, – деп ресми түрде амандастым. Өзімді тағы бір таныстырып өткеннен соң, ол кісі столға шұқшия тесілген қалпымен:

– Сен  Саяны өз көзіңмен көрдің бе? – деді.

– Иә, сол үшін ауылға барып келдім.

– Сен, сенесің бе, ана жас әйелдің  бауырларына, олар  Саяға шабуылдап жүрмей ме, мен содан қорқып отырмын.

– Ол ойдан мен де қорқамын, басқадай амалым жоқ, заңды түрде құжаттарды дайындатып барып алдырмасақ.

– Менен қандай көмек керек?

– Сіздің көмегіңіз сол болсын, ауданның әкімі тікелей араласып,  істі тездетіп бітіртіп, баланы қалаға жеткізсінші.

– Ендеше, Гүлназ, сен   журналистсің ғой. Екеуміздің атымыздан аудан әкіміне хат жаз, факспен жіберейік. Сенің көзіңше мен ол кісімен ауызба-ауыз сөйлесейін. Дауылдың сөзіне бірден келіскендіктен орнымнан тұрып хатшы қыз Бағиланың қасына бардым да компьютерін  аз-кем уақытқа бере тұруын өтіндім. Істің мән-жайына Бағила қанық болса керек, бірден келісті.

            – Апай  Саяның халі қалай екен? Мен де Монғолиядан келгенмін, қазір Бозанбайда тұрамын.

Туысымды көргендей қуанып кетсем керек, болған жайды Бағилаға баяндап тастадым.

– Бағилаш сен де оралман болсаң, Сымбатты ешкімнің танымауы мүмкін емес, құлың болайын, көмектесші.  Саяға бір туысын тауып берсем жақсы болар еді.

– Қолымнан келген көмегім болса аянбаспын апай, – деп ол ақырын шығып кетті. Осы кезде байқадым, жылтыратып тарай өрген  бұрымы тілерсегін соққан, талдырмаш бойлы әдемі келген осынау бойжеткен, неге екені белгісіз маған Еңліктің бейнесін елестетті.  Қолаңшашты қазақтың нағыз қызын бірінші рет көруім. Бояусыз таза бейне. Пәктігі мен тазалығы тұла бойына тұнып тұрғандай. Айыбы заманына сай шалбар кигендігі болмаса мен оны Еңлік деп қалар едім.

Аудан әкіміне хат жазып болған соң, Дауылдың кабинетіне қайта бас сұқтым.

– Кел, Гүлназ, қазақ айтқан ғой «жетімді жарылқасаң – сауабы тиеді» деп, қолымыздан не келер екен, байқап көрелік.

 Тарбағатай ауданы  әкімінің телефон нөмірін теріп отырып, ақырын көзінің астымен маған қарап қояды. Мен туралы не ойлап отыр екен? Жақсы ма, әлде жаман ба? Әлде, Саяға соншалықты бұның несі күйді екен деп отыр ма?...

– Алло, бұл аудан әкімі ме екен? Мен Жасағановпын ғой....

Аудан әкіміне болған мән-жайды айтып түсіндіруге кірісті. Баланы тездетіп қалаға әкелу керектігін де баса айтты. Басының изеуіне қарағанда  ар жақтағы әкім де көмегін аямайтынын айтты-ау деймін. Саяның тағдырына  бей-жай қарамай қол үшін беруден тайынбаған мәрттігіне риза болдық.

– Гүлназ, осы баланы неге өзің асырап алмайсың? – деді кенет  Жасағанов маған тік қарап.

            – Ол ойымда болды, басымда баспанам болғанымен өзім жалғыз қызымды әрең оқытып  отырған кезде  Саяның обалына қалсам қайтемін, – деп шын ойымды айттым.

–  Шіркін,  әйелім тірі болғанда мен сөзсіз бұл баланы өзім асырап алар едім.

Әрбір айтар сөзіне аузын ашқан кезде ар жағынан жүрегі көрінетін мұндай адам кемде-кем шығар. Өзін бастықпын деп менменсінбей, алдында отырған қарапайым келіншектің ауырып отырған жанын түсінуге тырысып,  сонымен бірге жанын сыздатып отырған Дәкеңнің адалжандығы мен мейрімділігі мені одан сайын өзіне тәнті етті.

         Осыдан алты-жеті жыл бұрын  Данагүлді ата-анасына қайтсем апарам деп шырылдап жүрген кезде осы адамға кездессем,  ойланбастан қол ұшын беретін жанның бірі еді. Қазір өкініп отырмын кешірек кездескеніме, кешірек танысқаныма шыныменен өкініп отырмын.

Москвада оқып білім алған, кейіннен түрлі лауазымда  ұзақ жылдар қызмет атқарған осынау қарапайым жанды, өзінің төрт баланың әкесі екендігін, кенжесі қызы Саямен жасты болғандықтан да,  қыздың тағдырына жаны ашитындығын әңгімелесу барысында түсіндім.

Ал, айналайын ендігі көмекті тікелей өзіңнен күтеміз,-деп сөзін аяқтаған Дәкең телефонның тұтқасын орнына қойып, маған тағы да тесіле  қарады. Күлімдей қараған жанарынан қаймықсам да алғысымды жаудырып, ризашылығымды білдірумен болдым.

 – Сен несін маған алғыс айтасың. Жүрегінде балаға деген әкелік сезімі бар әр азамат көмектесе алады ғой. Мен де сондай азаматтардың бірімін.

– Жоқ, – деймін ол кісімен келісе алмай. – Көптеген адамдардың алдына сан рет бардым. Сіздердей азаматтар мол болса  Монғолиядан келген  Сымбат пен Данагүлдің тағдыры, Саяның тағдыры мұндай аянышты халге түспеген болар еді.

Жасағанов менің нені мезгеп тұрғанымды әрине түсінді.

– Біздер басымызға  қайғы түскен кезде ғана,  басқаның қайғысын түсінетін  қашан да әдетіміз ғой,-деп сөзімді  дәлелдеу үшін жалғай түстім. – Жоқшылықтың дәмін татып, ашқұрсақ жүрсек, бәлкім бізден қайрымдылықтың жылы  желі жиі есер ме еді? Немесе басқа бір адамға тәуелді болып, сол адамның есігінде жүрсек кім болар едік? Алла Тағала берген екен, соған шүкіршілік жасағанның орнына бола берсе екен деп тыртанақтаймыз да жатамыз. Мал мен атақ, мансап пен байлық қолына қонса  адамгершілік пен рахымдықты ұмытып кететін де кездеріміз болады. Ал, жетім мен жесірге көмектесу, олардың сауабын алу дегенге көп мойын ұсына да бермейміз. Қоғамымыздағы бұрынғы Кеңес үкіметі кезіндегі мейрімділік пен рақымшылдық осы тәуелсіздік алғаннан бері жоғалып кеткендей. Талап солай ма, әлде тәрбие солай ма, жетім мен жесірді қойып, туған -туысыңа қайрылмайтын қатыгездеу қазақ болып бара жатқандаймыз. Әлде заман ағымына қарай осылай қатал болғанымыз да дұрыс па?

Менің  ашына айтқан әңгімемді  күлімдей тыңдап отырған Дәкеңді көріп, алдында артық бірдемелер айтып қойдым ба деп  абыржып қалдым.  Сая үшін алаңдап отырғанымды түсінген ол сылти басып қасыма келіп:

– Қайда жүрсең де аман жүр, Гүлнәз, сенімен әңгімелесіп-танысқаныма қуаныштымын. Қандай шешілмейтін мәселе болып жатса, маған именбей келе беруіңе болады.

– Сіз де аман болыңыз Дауыл Жасағанұлы. Енді сізбен  жиі хабарласып тұрамын.

Дауылдың кабинетінен ерекше бір қуанышпен шығып, бірден жұмыс орныма тарттым. Жолай Саяның жағдайының тезірек шешілетіндігіне қуанып келемін. Енді аудан орталығымен хабарласып, Саяның халін білуім керек, алда каникул келе жатыр. Мүмкін менің әке-шешем оны үйге алып кетер, ескерту керек деп шештім.

Қуанышты жүзімді байқаған  жас журналист қыздар мені  қалжыңмен қарсы алды.

– Апай бүгін таң атпай қуаныштысыз ғой, жақсы адаммен танысқаннан саусыз ба, әлде бір ескі танысыңызды көрдіңіз бе?

– Ой қыздар, сендер сұрамаңдар мен айтпайын қандай адаммен танысқанымды. Бұл дүниеде жақсы адамдар  әсіресе креслода отырғандардан сондай адамгершілік қасиеті жоғары мамандар бар деп еш ойламаған едім. Тап қазір сондай адаммен кездескеніме өзім де не таңданып қуанарымды немесе «алдамшы үміт» – деп өз-өзімді жұбатарымды білмей отырмын, – деп асықпай бүгінгі кездесуімді бүге - шігесіне дейін  баяндап бердім.

– Ту, апай мұндай адамдар сирек кездеседі ғой. Қазіргі кезде бөтен біреуге көмектеспек түгілі, үйімізге туысымыз келсе қабағымыз түсіп кетеді, – деп өзінің шынайы ойын білдіріп  қояды Әдемі.

Әдемінің, әрине, айтып отырған сөзі оның қатыгездігінен емес, бүгінгі жастардың жұмыстарының ауырлығы. Отбасының тауқыметі таңды қолға ала қызметіне келіп, кеш бата үйіне қайтатын әр жас маман өз ойларын Әдеміше қорытады. Мен оларды түсінемін.

Кеңес өкіметі кезіндегі сегіз сағаттық жұмыс пен бір сағаттық үзілісті бұл жастар білмейді. Жұмыстары осындай қауырт, үнемі ізденіс пен шығармашылық жолда жүреді. Кейде өздерінің жас екендіктерін ұмытып, күйбең-тіршіліктің соңында кетіп, айналасындағы  болып жатқан жаңалық  хабарлардан беймәлім қалатынымызды қайтейін.

Жығылып-сүрініп жүріп кештетіп үйіне жетеді де, не қызы немесе ұлы дайындаған тамақты шала іше төсекке құлайды. Мұндай жағдайда расында да басы артық адамды күтпек түгілі, өзіңе қарауға мұршаң жоқ. Осыдан барып өз ойыңызды түйіндей беріңіз, қайрымдылық пен рақымшылдықтың ауылы алыстап кететінін. Сондықтан да пенденің бойындағы ізгіліктің  қасиеті мен таза пиғыл бойларын сирек көрсететіндігі.

Дауыл Жасағанұлының аузынан мен осындай жақсылықтар істеп едім, я болмаса, мен осындай қызметтер атқарып едім,  тіптен мен сондай адам болғанмын дегендей аузынан бір «мен» деген сөзді естіген жоқпын. Тек бір жолы  студияда кездесіп отырған үлкен мейманымның аузынан ол туралы өте жақсы лебізді естіген кезде таңданбасыма болмады. Сөйтсем, ұзақ жылдар бойы бір ауданының әкімі болып, талай  игілікті істерді атқарған екен. Тағы бір кездескенімде Дауыл Жасағанұлынан:

– Неге мен сіз туралы басқа біреулерден естимін де, өз аузыңыздан ештеме естімеймін, – деп ренжи сұрадым. Алдыменен шалқалай қарқылдап күліп алды да:

– Гүлназ-ау, онда тұрған не бар? Қызмет солай болды, халық үшін жұмыс істеу керек болды, істедік... – деп сөзінің соңын тағы да аяқсыз қалдырды. Осыдан барып мен ол кісінің өзін-өзі еш мақтап айтпайтындығын түсіндім де, қазбаламадым.

Арада бір жұмадай уақыттың қалай өтіп кеткенін де білмей қалдым. Қалалық орталық сөйлесу пункітіне келіп, ауылға Саяның халін білмекке телефон шалдым. Тұтқаны сынып жетекшісі Дәулеттің өзі көтерді.

– Апай, телефон шалғаныңыз қандай жақсы болды. Бүгін түнгі үште Саяны өгей анасы үйінен қуып шығыпты. Бала маған телефон шалып, мен оны өзімнің үйіме алып келдім.

Дүние төңкеріліп түскендей миым солқ ете қалды:

– Бала қайда?! – дегенге тілім әрең келді.

– Баланы бүгін аудандық интернатқа өткіздім. Қазір сонда.

– Дәулет, айналайын, бас-көз бола тұршы. Бір хабарын өзім берермін.

Сөйлесу пункітінен шыққанымда өзіме-өзім келе алмай кеудемді ащы өксік қысты. Жүрегім қан жылап, Саяның бейшара  келбеті көз алдымнан кетпеді.  Көзімнен аққан жасты да елер емеспін. Алыстан  жанары жасаурап, аманат етіп баласын тапсырып тұрған Данагүл елестесе, «мен бұл дүниелік емеспін, Саяны сендерге қалдырдым» деп қамсыз артына қайрылмай кетіп бара жатқан Сымбаттың  бейнесі келеді. Енді бірде, өгей анасынан естір сөзін естіп,  даладағы  лапастың ішінде қараңғы түнде жападан жалғыз бүрісіп отырған Сая.  Не істеу керек? Енді қайттім?

            Маңайыма бажайлап қараған кезде байқадым, облыстық көші-қон басқармасының алдында тұр екенмін. Енді  неден тайынамын, шешінген судан тайынбас деп бірден бастықтың орынбасарына кірдім.

            – Сізден көмек сұрап келдім, – дедім бірден. Көмейіме лықсып келген сөзді, көзімнен аққан жас айтқызбаса да, түсіндіруге тырысып бақтым.  Болған мән-жайды толық айтып болған соң:

– Маған мына баланың Монғолиядағы туыстарының қайсысы тірі, соны тауып беріңіздер, хабар салыңызшы. Саяның бұл дүниеде жалғыз қалғандығын естісін. Туысы табылса  бала да жетімдігін сезінбес, маған көмектесіңізші, – деп жалбарына сөйлей қарсы алдындағы орындыққа сылқ етіп отыра кеттім.

– Сіздің осыншалықты қатты қиналатындай ол кіміңіз еді? – Әлі де болса істің анық-қанығына түсінбей отырған орынбасар таңдана сұрады.

– Біріншіден, мен анамын, екіншіден, менің де осы баладай тәрбиелеп отырған  қызым бар, үшіншіден, Сая ата-анасынан маған аманат болып қалған бала. Сіз дәстүрді-ғұрыпты берік  сақтаған жерден келген адамсыз ғой. «Аманат» дегеннің не екенін түсінетін боларсыз? – деп бетіне тік қарадым.

Жүзінен «Мына келіншектің, қайдағы бір Монғолиядан келген оралманның баласына соншалықты неменеге емешегі үзіліп қалған?» – дегендей сыңайды байқаймын ба деп ойлаған едім, қателесіппін. Ол бірден телефонды қолына алып, жан-жаққа қоңырау шала бастады. Бір сағат  телефонның құлағын бұрағанымен ар жақтан көңілге қуаныш орнайтындай жақсы хабар  бола қоймады.  Бесіктен белі шықпай жатып анасынан айрылып, қасірет-қайғысы аз болғандай әкесін де қара жер қойнына алды. Жетімдіктің қарғыбауын мойнына таққан бейкүнә сәбидің тағдырын тірі жанның басына бермесе екен деп тілеп өксідім.  Саяның   балаң жүзінен мойынұсынғандықты байқасам да, жүрегінің қан жылап жүргенін, оған қолымнан келер көмекке, дәрменсіздігіме налып  жыладым. Оны асырап алу үшін, өзімнің әлсіздігіме қинала жыладым. Өгей ананың қатыгездігіне  жирене лағнат айттым.

Тұлымшағы желбіреген кішкентай жетім қызға қорғаныш бола алмаған,  қараңғы түнде  баланы далаға  қуып шыққан мейрімсіз тасжүрек өгей анаға ешкімнің ештеңе демегеніне, үнсіз қалған көршілерінің бейтараптықтарына  нали жыладым. Құдайдан қорықпаған, аяусыз адамды «ана» деп атап отырғаныма өкіне жыладым. Тек ендігі жерде Алла Тағаладан маған денсаулық пен ғұмыр бер, қолымнан келгенше Саяға көмектесейін, қуат бере гөр! – деп  жалбарына жалындым.

– Дауыл Жасағанұлы менің сізбен жолығуым керек болып тұр, – деп Дәкеңнің демалысы болса да түннің бір уағында үйіне телефон шалдым. Менің бекер қоңырау шалмағанымды бірден түсінген болуы керек, ертемен ертерек жұмыста болатынын айтып тұтқаны қойды.

Менде басқа амал қалмады. Менің де баратын панам да,  ақылшым да, маған дем беретін қолтығымнан демейтін демеушім де осы бір ұзын бойлы, бурыл шашты, жасы алпыстың ар  жағындағы егде  адам  сияқтанады да тұрады.

Ертеңінде ертерек жиналып Дәкеңнің алдында мән- жайдың  барлығын бастан-аяқ асықпай  баяндап беруге тырыстым.

Саяның басына қара бұлтты өгей анасының төндіргенін естіген ол,  орнынан ашулана тұрып, сенделіп  үн-түнсіз жүрді де қойды.

– Неткен  безбүйрек еді. Баладан құтылу үшін түннің бір уағында қуған ғой, – деп  ызалана сөйлеп қояды. Бір кезде аудан әкіміне қоңырау шалды:

– Ассалаумағалайкүм,  Айбек, бұл мен ғой Жасағанов.  Сымбатқызы Саяның жағдайын естіген боларсың, сенен өтінішім баланы тездетіп қалаға жеткізші, қалғанын сосын көрейік. Құжаттарды артынан жөндерміз. Ана өгей шешесімен сөйлесіп, бір шара қолданыңдаршы. Бұл дегенің қатыгездік қой.

Дәкең тоқтар емес, ашуға булығып алған. Бір кезде  сабасына түсіп, әкімді тыңдай бастады. Басын шұлғи беруіне қарағанда олардың да қарап жатпай Саяның құжатын жөндеп жатқандықтарын, Алла қосса жұманың аяғына таман баланы қалаға әкелетіндіктерін айтқанын Дәкеңнің жүзіндегі қуаныштан байқадым. Орнынан тұрып келіп, иығымнан құшақтап:

– Әлсіздігіңді көрсете берме, жаныңның ауыратынын түсінемін, өзіңді де күтуге тиістісің. Әлі алда талай сындарлы шақтар тұр. Соған дайын болуың керек.

Бұдан ұққаным, енді менің мойнымда бір баламның екеу болатындығы да, міндетімнің де ауырлай түсетіндігін сездіргендей еді.

Жалғыз қызыма өмірде таршылық көрсетпей, ел қатарлы тәлім-тәрбие беріп жеткіземін деп, небір қиналыстар мен қиыншылықтарды, күйзелістер мен күрсіністерді, қайғы мен ауыр мұңды басымнан өткергендіктен бе, өзімді қайратты   жанның санатына қосатынмын. Бірақ, кішіпейілдік пен таккапарлықты да қатар ұстауға тырысатынмын. Ал, Саяның тауқыметті тағдыры менің өміріме, тыныс-тіршілігіме өзіндік өзгерістерін енгізеді деп ойлаппын ба.

Кіп-кішкентай бейкүнә адам баласының басына да осыншалықты ауыр қайғы-қасіретті үйіп-төгіп бере салады екен-ау! Саяның еншісіне түскен ауыр қайғысының жүгін өзім бөлісіп, мойныма ілемін деп кім ойлаған. Дәл қазір Саядан бетер қиналыс үстіндемін. Көз алдымда оның жасты жанарын жуған бейнесі елестеген сайын көкірегім қарыс айрылады. Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден қалғандаймын. Тіптен өз-өзіме қайрат пен жігер беріп қайрауға да шамам жетер емес. Бар ойым  Саяны   туыстарына қосып, бұл жалған дүниеде жалғыз қалдырмасам деп армандадым. Сондықтан да бар панам – Дауыл Жасағанов, осы кісіні жағалаймын да жүремін.

– Кез келген уақытта Саяға қатысты жағдай болса келе бер. Менің есігім сен үшін әрқашан да ашық, – деп ол кісі бір жақсысы күліп қарсы алып,  күліп шығарып салады.

Онысына да рахмет.  Саяны облыстың орталығындағы «Үміт» балалар үйіне  орналастыруға құжаттарын дайындауға арнайы адам бөлініп, айналысып жатыр. Тек біраз уақыт күту керек. Сол біраз күн күткеннің өзі де шыдам мен төзімімді тауысқандай. Оныншы күн дегенде түскі үшке таман үйге бір жігіт қоңырау шалады.

– Гүлнәз апай, бұл – мен  Дәулетпін ғой, Саяны алып келіп едім, не істеймін? –дейді.

– Не істегенің не айналайын-ау, әкел, тура менің үйіме алып кел! – дедім қапелімде аузыма сөз түспей. Өзім де, қызым да қуанып жатырмыз, көптен күткен  Саямыз келді. Арада бір шама уақыт өткен соң  жаңағы жігіт тағы қоңырау шалды:

– Апай, маған  Саяны сіздің үйіңізге емес, уақытша орналастыратын бөлімге апаруым керек екен, мен енді сонда кеттім.

– Айналайын, баланы алып менің үйіме келіңдерші. Далада сендерді күтіп жүрмін, сосын сендермен еріп өзім де барайын.

– Жарайды, қазір жетеміз.

Асығыс үйге кіріп қайтадан киініп, барлық құжаттарымды алып, далаға шыққанымда, Сая  мінген жеңіл машина да есіктің алдына келіп тоқтады.

            – Жаным-ау, аман-есен жеттіңдер ме әйтеу?   Саяны құшақтап бетінен сүйіп едім, сүлесоқ қана бетін тосты. Жанарынан «мына кісінің айтқанына еріп, бекерге келдім бе?» деген сұраққа толы ойды оқыдым.

            –  Саяжан, менің қасыма келдің ғой. Ендігісі жақсы болады, тек біраз шыдауымыз керек, жарай ма? – деп оған өзімше  жуып-шайған болып жатырмын. Жол-жөнекей мен ғана сөйлеп, олар үнсіз ғана бастарын изеп, әлгі айтқан орталыққа да келдік.

            – Сұмдық-ай, мына жері несі? – деген сөз аузымнан еріксіз шығып кетті. Айнала темір тор. Есікте күзетшілер. Біздің өзімізді әбден тексерген соң әрең дегенде ішке кіргізді. Мынадай жерге онсыз да көресісін көріп келген қаршадай қызды әкелгеніме өзім де сенерімді де, сенбесімді де білмей дал болдым. Саяға осындай тозақты уәде етіп пе едім деген сұрақ жанымды жегідей жеді.

            Ішке кірген соң бастық әйел өзінің бізді тосып отырғандығын, ауданнан Саяның келетінін хабарлағанын айтты.

– Мына жер, қандай жер? – деген сауалыма:

            – Бұл жер уақытша балаларды паналататын жер. Ал, паналайтын балалар үйінен қашқандар немесе ата-анасы ішкілікке салынып далада қалғандар.. тағы басқадай жағдайлармен түскендер.

            Сөйтіп, басынан бағы тайған он  бес жасар  қыз баланы мен осылай аузында күзеті бар «уақытша орталыққа» біраз уақытқа қалдыра тұруыма тура келді. Заң бойынша солай. Саяның үсті-басын қарап, әкелген заттарын тексеріп жатқан кезде қасымыздан жиыны он бес шақты бала асханаға қарай өтті. Жаудыраған көген көздер мен жүздерін мұң басқан қыз балаларды көргенде тағы сол баяғы әлсіздігіме басып, іштей қобалжыдым. Сүйкімді сәбилер. «Уақытша орталықты» өздеріне пана тұтып, үкіметтің ұсынған ақ төсегіне жатқанның өзі, тордың арғы жағы болса да тастанды сәбилер мен қашқын балалардың таптырмас орындары. Алайда, әр түрлі қиыншылық пен қасірет тауқыметін бастарынан өткеріп барып, осы жерден бірақ шыққандары олардың жаутаңдаған жанары айтып тұр.

Саяның  ісімен облыстық газеттің бірінде журналист болып істейтін қандас ағамыздың бірі Бөкенге шығып, Саяға қатысты қандай көмек бере алатындығын сұрағанымда,  сөзге келместен бірден қол ұшын беретінін айтты. Айналасы екі-үш күннің ішінде мен Сымбаттың ағасы  Әнуардың бар екенін, нағашы атасы Ділдаханның сол Монғолияда, Баян Өлгий аймағы, Бұғұты сұмында Қату деген жерде, Құйған деген қыстауды мекендеп отырғандығынан хабардар болдым. Санада қуаныш үміті жылт еткендей. Туыстарының көзі тірі, жүректерінде балаға, туысқа деген сезімдері болса бір хабарын берер деп үміттендім.

            Монғолиядағы азаматтар арқылы және Бөкеннің көмегімен Әнуар мен Ділдахандарға Саяның өмірде жалғыз қалғандығын жеткіздім. Бірақ Монғолиядан еш хабар  болмады. Ал, Сая болса тоғызыншы күн әлі сол темір тордың ар жағындағы «уақытша орталықта» жатыр.    Баланың халін анда-санда телефон арқылы білгенім болмаса, өзімен  кездесуге рұқсат жоқ. Тәртіп солай.

            Шыдамай Жасағановтың алдына тағы бардым. Есіктен ұнжырғам түсіп мұңая кірген менің түрімді көріп, шошып қалды білем:

            – Амансыңдар ма, ертелетіп неғып жүрсің? – деп орындық ұсынды.

            – Ренжісеңіз де, ренжімесеңіз де сізден басқа барар жерім жоқ, тағы да көмек сұрай келдім. Сая анау «уақытша орталықта» он бес күн болды ұзақ жатып қалды. Өзіңіз араласпасаңыз болатын емес.

            – Қалайша?! Әлі күнге дейін ол жерден ешкім әкеткен жоқ па? – Жан дауысы шығып кетті. Уақыт таңғы сағат сегізді енді көрсетіп тұр. Бірден ұялы телефонын алып білім   басқармасының нөмірін терді.

            – Алло, Виталии Василич, кешіріңіз Жасағанов қой, Сымбатқызы  Саяны не себепті әлі балалар үйіне жібермегенсіздер?

Біраз уақытқа дейін  суық сөйлесіп отырғаннан кейін түсі жылып  сала берді. Жақсылықтың ұшқынын сезген менің де көңілім орнына түскендей өрекпуін қойды.

            – Осылар қызық ей өзі, – деді тұтқаны орнына қойып жатып: – Ұмытып кетіпті.

Әрине, жетім қалған баланың іздеушісі жоқ  дегендік пе, сондықтан да ұмытып кеткен ғой. Біреу қан жұтып бала үшін шырылдап жүрсе, сол баланың тағдыры тікелей өзіне қатысты болған бастық мырзаның есінен шығып кеткендігін, ол адамның адам тағдырына жауапсыздықпен қарағандығы да.

            – Жарайды, Саяны қайтсем де бүгін балалар үйіне жібертемін, – деп менімен жылы қоштасты.   Неге екенін білмеймін соңғы кезде Саяның тағдырына мазасызданып күйінсем болды-ақ, алдыменен осы адамға жүгінетін әдет таптым. Бұл адамсыз  қанатсыз құстай алдыға басқан аяғым кері кететіндей күй кешемін.

            Әрине, пенде болған соң жақсылықты көре берсем екен деп тілейтініміз де рас, тек соны пайдаланып кетпесек болғаны да. Саяның жолында осы бір бурыл шашты адамға жолыққанымды «жолымның болғыштығы» деп ұқтым.

            Журналист мамандығы мен ойлағандай оңай жұмыс емес екен. Мектепте оқып жүрген кезімнен жаныма жақын пәндер болғандықтан қызыға әрі іздеп жүріп оқитынмын. Ауылдың шағын кітапханасында мен оқымаған кітаптар  қалмаған да шығар деп ойлаймын. Кейіннен қаланың мектебіне ауысқаннан  соң да түрлі  үйірмелерге қатысып, өзімді   әдебиетке өте жақын екендігімді көрсетіп бақтым.

Бір оқыған кітабымды екі-үш рет қайталап, саралап оқуды дағдыға айналдырдым. Жазушылардың жазу  шеберліктеріне назар салдым. Оқи отырып, олардың тілдерінің шұрайлылығына, оны қолдану тәртібін зерттей, зерделей оқыдым. Сөйтіп жүріп өзім де қолыма қалам  алуды дағдыға айналдырдым.

Осындай бір күндері мені таныстарым «Қалкен» телеарнасына журналист болуыма шақырды. Шығармашылық талантың болмаса, журналист болуың да екі талай. Бұған да ізденіс пен төзімділік, жанкештілік пен талант өте қажет. Ең бастысы, халықтың назарына ұсанымын деген жұмысың жағымды жаңалық болуы тиісті.

            Өзімді жазушылық қырымнан сынап жүрсем де, журналист ретінде қалыптасу басында қиындау болды. Қасымдағы әріптестерімнің көмектерінің арқасында аз уақыттың ішінде телеарнаның жұмысын алып кеттім. Телеарнада жұмыс істей жүріп, қолыма алған  кітаптарымды да аяқтап жарыққа шығардым. Жанкештілік еңбекті ғана қанағат тұтатын жазушы мен журналист мамандығын  өзара тығыз байланыстылығын  сонда түйсіндім.

            Менің еншіме тиген телехабарлама тіл саясаты болғандықтан,  қазақ тілінің мәртебесін көтеремін деп талай таяқтарға басымды тосқан күндерім де болды. Саясаттың аты саясат, еліңнің заңын қатал сақтауға тиістісің. Сондықтан басқа ұлттардың намысына тиіп алмай «ақырын сөйлеп, аңдап бастың» кебін киетін де кездер болды. «Сен ұлтшылсың», – деп бетіме басқандары да баршылық. Жалпы, бір құпияны айтқым келеді, ес білгелі оқуда жүрген кездері де, кейіннен телеграфист мамандығында жүргенім де де осы «ұлтшылсың» дегенді көп естіп, сынға түскен едім. Неге екенін қайдам маған сен «ұлтшылсың» дегенде қарадай жүрегімді қуаныш кернеп, мәртебем асып, іштей: «ұлтымды сүйгенім – ол менің оған деген махаббатым», ал махаббатты ешкімнің өшіре алмайтындығына сенемін дейтінмін.

            – Гүлназ, біз көп ұлтты мемлекетте тұрамыз, сондықтан бағдарламаңды жүргізген кезде абайлап сөйле, біздің де үстімізден байқап отыратын адамдар бар, басқалардың шамына от түсіріп алма, – деп Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Зарыққан Әбілқасымұлы бір күні төбемнен жай түсіргендей болды. Өте орынды ескертпе.

            Бірақ өзгенің намысына от саламын деп жүріп, қалайша өзімнің ұлтымның тілін, оның тағдырын айтпаймын. Онда не үшін менің мемлекетім, Қазақтың мемлекеті болып отыр деген ашулы ой да келеді. Тағы да көмейіңде бүлкілдеп тұрған қазаққа  қатысты бір талай мәселенің шетін шығарайын десең, артыңда жеке меншік телеарнаң мен өзіңнің қызметің кепілдікте тұрады. Міне, журналистің жұмысы осындай кедір-бұдыр оқиғаларымен бетпе-бет кездесуі үйреншікті жайт.

            Осыдан бұрын жазумен шұғылданып, отбасынан алыс кете алмайтын үй әйелі болсам да, өз жұмысыма деген қызығушылығым мені бұған тез үйретті. Өзімде де алға қарай жүрсем деген ұмтылыс басым. Өстіп жүріп Саяжанның  тағдырына ара түсуіме де осы қызметім тікелей өз көмегін тигізді. Жалпы, мен өміріме риза адаммын. Дүниеде алсам дегеннің бәрін ала алмасың белгілі, бірақ бір мөлшерде мен қажетімнің көбіне қол жеткіздім. Ол ең алдымен өзімнің өмір деген дарияда әлі де болса жүзіп келе жатқандығым.

            – Апай, сізді телефонға шақырады, – деген Мөлдір есімді аудармашы қыздың дауысынан ойым үзіліп кетті. Тұтқаны қолыма алар алмастан ар жақтан:

– Гүлназ, ау Гүлназ, сүйінші! Саяны бүгін сағат бірде  «Үміт» балалар үйіне алып кетті  деген Жасағановтың қуанышты дауысын естіп, сылқ етіп отыра кеттім.

            Тағы да Дәкеңнің көмегі тиіп кетті. Алғысымды есім шыға жаудыра бергеннен басқа түк айта алмадым.

            – Ау, сабыр сақтасаңшы, тоқташы, мені тыңдашы, – деген Дауыл Жасағановтың қатқыл дауысын естіген соң барып аптығымды бастым.

            – Не болды сонша? Балаға көмектеспесек, біз несін азамат деген атқа лайық болып жүрміз. Енді екеуміз  кездесе аламыз ба, білмеймін,  Гүлназ, Сая үшін шырылдаған жүрегіңнен айналайын, алдыменен мен саған алғысымды білдіргім келеді. Қазіргі безбүйрек қоғамда сендей жаны ашитын адамдардың барлығы жақсы ғой. Сондықтан да сен аман бол. Ал, қол үшін беру - біздерге міндет. Енді сау бол, – деп ол кісі менің сөзімді тыңдамастан телефон тұтқасын қоя салды.

            Бағанағы алып-ұшқан  қуанышымды «енді сөйлесеміз бе, сөйлеспейміз бе білмеймін» деген Дауылдың сөзінен кейін ең қымбат бір затымнан айрылып қалғандай мең-зең, беймәлім күйде қалғандаймын. Енді-енді адаммен танысып, білісіп келе жатқан кезде жол ортадан «пышақ кесті» қылып тастағандай болды.

            Десе де, «жақсы адамның жақсылығын айт, нұры тасысын» деген емес пе, ол адамның жақсылығын айту менің алдымдағы міндет. Орнымнан тұрып, енді Саяны жиі көретін болдым деген ойдан жүрегімді қайтадан қуаныш кернеп, киініп алып көшеге шықтым. Қала орталығында болып жатқан жәрмеңкеге барып, Саяға жаңадан біраз керекті заттар сатып алдым. Ертең барып қайтпақпын.

            Түскі үзілісім бітіп, жұмысыма келіп «Үміт» балалар үйіне қоңырау шалып, Саяның халін сұрадым, «ертең аманшылық болса барып қалармын» – деп ескерттім. Менің «Қалкен» телеарнасының тілшісі екендігімнен хабардар болып отырған балалар үйінің  директорының орынбасары әлі де болса, рұқсат қағаз алуым үшін біраз құжаттарды жинауым қажет екендігін айтып түсіндірді. Және қырық күндей Саяның мазасын алмаңыз, бала жаңа ортасына үйренуі керек. Сізді көрген соң  көңіл күйі бұзылады деп ескертті.

            Тағы да күту.  Сая екеуміздің кездесуіміз  біраз уақытқа созылып кетті. Заң талабы солай. Балалар үйінің де өзіндік ұстанып отырған ережесі мен қағидасына қол сұғып, оны бұзуға менің құқым жоқ. Сондықтан шыдау керек деп шештім де, құжаттарымды жөндеуге кірістім. Аналық махаббат сезіміммен, кішкентай  қыз Саяға пана бола алсам мен үшін ол үлкен жетістік болар еді. Шамам жеткенше оған жетімдіктің дәмін татқызбасам... Ол өзін жалғыз сезінбесе... Ақылды бойжеткен болып өссе...

Сол күні кешкісін менің бағдарлама ма әдеттегі келісім бойынша осы «Үміт» балалар үйінен екі кішкентай орыс баласы келді.

            Екеуі де бірінен бірі өтетін, бірі бесінші сынып, екіншісі алтыншы сыныпта оқитын Таня мен Витяны көріп, жүрегім езіліп тағы бұзылдым. Әсіресе, аздап болса да тұтығып сөйлейтін Витяға жаным ашыды. Осындай ақылды да, көрікті балаларды да тағдыр неге аямайды екен деп күйзелдім. Шіркін, Алла Тағала маған аспаннан мына баланы асырап ал деп қаражат пен қандай да бір көмегін жаудырса,  мен ойланбастан осы Витяны ұлты басқа болса да асырап алар едім деп армандадым.

Оның аузынан шыққан әрбір қазақша сөзі  мені өзіне елітіп, таңдандырып отырды.

Қандай жолмен жетімдердің қатарына қосылғанын қайдан білейін, бірақ осы кішкентай ұл бала менің жүрегіме өзінің сәбилік пәктігімен тағы бір шоқ тастап кетті.

            – Қойшы, мама, алдыменен  Саяны  үйірімізге қосып алайықшы, саған не болған, әлемде миллион бала жетім болып жүр, соның бәрін көрген сайын асырап аламын деп шабыласың ба? – деп өзіне майын тамыза Витя жайында айтып отырған менің аузымды қызым бірақ жапқаны.

            Қаршадай болып саралап ойлау мен қаталдық менің балама қайдан келген?  Жалғыз бала өзімшіл ме? Бірақ, сіңілілерімнің балаларын өзінен артық көреді. Туысшыл әрі бәрінің басын қосатын да осы қызым. Өмір сүріп отырған қоғам мен сол заманның талабы ұрпаққа өзіндік тәрбиесін беретінін білеміз.  Бірақ та қазіргі заман талабы жас ұрпақты қатыгез, аяусыз, мейрімсіздікке бұрып бара жатқандай ма деген сауалда санама еріксіз оралды.

            Бұрындары мейрімді, біріміз үшін, екіншіміз жауап беруге даяр тұратын едік, көмек пен рахымшылдық біздерде басым болатын. Ал, қазіргі балалар алдыменен өздерін, сосын туысын ойлайды. Үйдегі ең үлкен бала, соңғысына үлгі-өнеге де, солардың тағдырына жауап беруші болып тәрбиеленетін. Қазіргі жастар оны ұқпайтын секілді, қайта кішісін жылатып, керектісін қамтып қалуға асығатын тәрізді.

            Бірақ соларды ата-анасы сен осындай мейрімсіз бол деп еш тәрбиелемейді, өйткені ол ата-ана. Үйдегі мейрімді бала, далаға шыққан кезде басқаша болып өзгеріп шыға келген де таңданып қаласың. Өзінен басқа ешкімді көрмейді.

            Батыстың мәдениеті мен тәрбиесі қазақтың ұлттық санасына өзінің зәрлі уын осылай сіңіруде. Қалыптасып қалған үрдіс пен келіп жатқан жаңа технология өзінің қандай да бір тәрбиесін жастарымызға ала келетінін де түсінсек те,  ішіміз ашыса да, көзімізді жұмып көнеміз. «Сонда Қазақстанның болашағына қандай жастар ие болып қалады?» – деген қорқынышты сұрақ та басыңа келеді. Кешегі әжелеріміз киген кимешек пен аталарымыз киген тымақты бүгінгі күні жастар қандай киім екенін  ұмытқан. Кешегі бабаның «атқамінерім, қамшыұстарым» деп ұлына еміренгенін, «құлыным, күнім» деп қызына еміренетінін бүгінгі жастар білер ме екен?

            Егер қазақтың ұлттық киімдері мен бабалардың ұлағатты сөздері ұмыт болса, онда қазақпын деп айтудың не қажеті бар екен деп те ойлаймын. Ұлттың ұлттығын сақтайтын тілі мен ділі, діні.  Оны бүгінгі  ұрпақ жете түсінбесе, Мұқағали Мақатаев айтпақшы «архивтердің бірінде қалған қазақтар» болып қалады-ау сірә. Осы «Мен қазақпын» дегендердің артқы жағында жетімге деген мейрімділік пен жесірге деген қамқорлық, еліне деген ұлы махаббат пен жеріне деген табынушылық, әрбір тауы мен тасына құрметтілік басым болатын. Ал, қазір ше, болашақта ше? Мені осы ой қатты толғандырады.

            Бір күні  Қымбат деген қыз бала қоңырау шалды.

            – Гүлназ апай, мен Саяның сыныптасы едім, ол ауылын сағынып жылап жүр, мектепке келіп кетесіз ғой деймін.

Мен шошып кеттім. «Сая  үйге кеттім» деп интернаттан қашып кететін секілді көрінді. Неде болса, ешкімге байқатпай мектебіне бармасам болмас деп ереңінде ертемен тұрып, қаланың бір шетіндегі № 42 мектепке жеттім. Сынып жетекшісіне жолығып, Сая екеумізді кездестіруімізді өтіндім.

            Мұғалімдердің бөлмесіне Саяны шақырып келді. Есіктен арсалаңдай құшағын аша ұмтылған бейкүнә  қызымды көріп еріксіз жылап жібердім.

            – Құлыным-ау, мені келмей кетті деп жатырсың ба? Әзірге рұқсат етпейді екен, құжаттарым дайын болғанша шыдайық, Саяжан, аз уақыт қалды ғой, – деп жұбатуға кірістім. Ол тек үнсіз басын шұлғи береді.

            – Саяжан, саған енді артқа қарайтын жер жоқ, сен жалғыз екеніңді мойындауға тиістісің. Ауылды сағындым дегенді қой, ініңді сағынғаныңды білемін, шыда. Сен жалтақтайтындай ешкімің тұрған жоқ. Менің қолымнан келетіні саған ақыл айту ғана, шамаң келгенше жаным, оқы, оқы, білім ал. Сенің болашағың білімде ғана. Өзіңді көрсет. Өзіңнен басқа ештемені ойламауға тырыс. Денсаулығыңды күт, сабағыңды тыңғылықты оқы. Сосын әдебиеттен ғылыми жоба жазып, соны қорға. Кітап жаз. Мен көмектесемін. Достар тауып, солармен көбірек әңгімелес. Тұйықталып, іштен тынбай, жадырап, жайдарланып жүр. Енді біраз шыдайтын болсақ, әлі-ақ бірге боламыз. Сені үйге алып кетіп тұрамын. Оның разы болған түрін көріп, әкелген заттарымды беріп, бетінен сүйіп, «сау болымды» айтып  кері қайттым. Көкірегім қарс айрылып, қатты қиналып қайттым. Саяның жанарынан үзіліп түскен әрбір тамшы сағыныш жасы мен алды бұлыңғыр беймәлім дүниеге мойынұсынған бейнесі көз алдыма келген сайын жүрегіме қанжардай қадалды.

            Жұмысыма келген соң бірден Жасағановтың  кабинетіне телефон шалдым:

            – Мазаңызды алсам ренжімеңіз, мен бүгін  Саямен кездестім.

            – Ойбай-ау, Гүлназбысың,  халің қалай? Телефон шалғаның жақсы болды ғой. Мен де сол балалар үйінің директорымен жаңа ғана ауызба-ауыз сөйлесіп, Саяның халін білдім, бәрі жақсы дейді. Сен енді алаң болма. Егер  келіссең, алда Жаңа жыл мерекесі келе жатыр, соған қарсы екеуміз сыйлығымызды алып,  Саяға барып қайтайық, жарай ма?

            – Жарайды, мен үш қайтара келісім беремін, тек  барсақ болғаны. Дауылдың қуанышты дауысын естіп, Саяның артында маған қоса тағы бір  қамқоршысының тұрғанын білдім.

            Осындай бойында адамгершілік қасиеті жоғары азаматтарымыздың  барлығы, Саяның бағына қарай кездескені, маған тиген  үлкен көмегі болды. Іштей «сіздей әкесі бар балалар да бақытты шығар, қайда жүрсеңіз де аман болыңыз», – деп тіледім.

  Аллама тәубәшілік еттім. Тағы да жүзімді мұң басып, көзіме жас толды. Ол ойыма түсіп кеткен  Саяның анасы  Данагүлдің бейнесі еді.

«Саям қалып барады, сіздерге аманат, көз қырларыңызды сала жүріңіздерші» деп барып, осы өмірмен қоштасқан сәті елестеді. Кірпігін әрең қимылдатып жатып, соңғы күшін жинап, қызын аманат қылып айтып үлгерген ананың жүрегі осындай болуы тиісті.

«Аманат» деген киелі сөз қазақтың ұғымында саған тапсырылған үлкен міндет. Аманатты қабылдадың ба,  оны орындауың керек.  Өйткені, оны орындай алмайтын адамға аманат еш тапсырылмайды. Данагүлдің де жарық дүниеден кетіп бара жатып жалғыз қызын «аманат» етіп тапсырғаны бізге, Секеннің балаларына  сенгендігі болар.

Тек Алла Тағала денсаулық пен ғұмыр берсе,  Саяны бірдеме етіп адам қатарына қосарымды білемін. Егер балалыққа салынбай, түсіністікпен қарайтын болса, жеңбейтін қиындық жоқ. Екеулесек жолдарымызда кездескен «шайтан көпірлерден» сүрінбей өтіп кететіндігімізге де сенетін тәріздімін.

            Өмір деген қия жол. Сүрлеуінен дұрыс өте алсаң, барамын деген межеңе тез жетесің. Бұралаң жолда тайып кетсең, түзу жолға түсу де қиындау болар. Менің кеңесіме құлақ асып, өзінің анасындай көретін болса, Саядан еш аянарым жоқ. Жалғыз қызым   Айшамды  қалай сүйіп, ол үшін жанымды беретін болсам, Сая үшін де талай жерге баратыныма сенемін. Тек Жаратқан ием жар болсын.

            Туыстарын да табармын, олармен де араласатын уақыт алыс емес.  Сая өзінің тегінің кім екенін де білер. Атасы мен нағашы атасын да көрер. Ағалары мен бауырларын да таныр.

            «Болашағыңа сен, жақсы адам боламын деп алға ұмтылсаң, жерде қалмайсың», – деп апам жарықтық маған үнемі шегелеп айтып отырушы еді.  Саяны   болашағына сендіре алсам, оқуын жақсы оқыса, өмірден өз жолын тауып кететіндігіне сенемін. Осы әңгімені оқи отырып көздеріңізге жас толатынын білемін,  «Саяның  тағдыры не болды екен?» – деген жауапсыз сұрақты қоятындарыңызды да білемін.

Сая   қазір жаңа ортасына үйренген, «Үміт» балалар үйінің намысын қай жерде болса да қорғап, қоғамдық істерге белсене араласатын өнерлі бала болып шықты. Кейінгі тағдыры жайында болашақта   Сая   өзі жазып, өзі айтар деп үміттенемін.

         Иншалла, жақсылыққа  үміттенсек бәрі жақсы болады. Өмір деген қимайтын асыл қазынаң, сол өмірде Алла тағаланың бергеніне қанағат  тұтып, имандылыққа бет бұрсақ, ата салтын, ғұрпын ұстансақ, әр азамат құдайына сенсе, рақымшыл болса,  бәрі жақсы болады. Ал, «аманат» дегенге салғырт қарауға болмайтынын маған әжем мен атам санама құйып кеткен. Екі ғасырдың адамы, екі ғасырдың тәрбиесі менің бойымда болғандықтан да, оралман бауырларымнан қалған аманатты шамам жеткенше осылай орындаудамын.  «Әкелі бала – мақтаншақ, әкесіз бала – жасқаншақ» демекші, Саяның жасқаншақ болмай, өз өміріне өзі баға бере алатындай, болашағына жауапкершілікпен қарайтындай саналы азамат болуын бар аналық жүрегіммен тілеймін. Сіздер де жетімді жебеп, жесірді елеп, жарлы-жақыбайларға демеу болсаңыздар Алла Тағала өз мейірімі мен шапағатын аямас деп ойлаймын.

 

 

Қазақ тілінде жазылған