Адам қарады: 35118 | Жарияланды: 2018-06-12 03:20:40

Гонг сыңғырының орнына немесе ұрланған бокс қолғаптары

Жантайдың көкесінің әңгімесі

Мен де боксшы болуды армандадым. Бірақ ол арманыма жете алмадым. Балам да менің арманшыл еді. Талай-талай Арман-тұлпардың жалына жабысты. Ең соңында боксшы болуға тоқтады. Мың-миллион соққылардан ұлымды қорғағым келіп шыр-пыр болдым. Күшім жетпеді. Бұл  жолы ол Арман-тұлпарға нық мініпті. Одан түсіре алмасымды, оның бокс қолғабын шеше алмасымды ұқтым. Ұқтым да, батамды бердім. Қарлы боран, шыжыған ыстыққа қарамай он екі жасынан бастап кештетіп жаттығуына кететін ол: «Көке! Мен әлем, олимпиада чемпионы боламын!» — дейтін арсалаңдап. «Боласың!» дейтінмін. Болатынына, арманына жететініне нақ сендім!

Әттең-ай, әттең... Бір күні ұлым оралмады. Шарқ ұрып іздедік. Түн ортасында телефон шырылдады. Көшеден өтіп, үйге асығып келе жатқанда машина апатына ұшырапты. Бар болғаны он бес жасында ұлымнан айрылып қалдым. Айналайын, ұлым! Артыңда боксшылар туралы альбомың қалды. Күнделігіңді таптық. Екі жұп  қолғабыңды сандыққа салып тастағанбыз. Сол қолғаптарды бір күні біреу ұрлап алыпты. Кім екенін білесің бе оның? Ендеше, әлгі қолғабыңды алған кішкентай ұрының күнделігіндегі жан тебірентерлік жайларға құлақ түрші, Жандосым! Сіз де балақай (үлкендерге де рұқсат), өзіңнің замандасыңның таңғажайып күнделігін оқуға асық!

I раунд

Ажал неге үрейлі?

Біздің үйге түскен найзағайдай сол қасіретті мен ешқашан да ұмыта алмаймын. Мәңгіге! Әрине, ол кезде мен тым кішкентай едім. Бар болғаны алтыдамын. Дәл сол шақта «ажал» деген сөздің мәнін толық түсінбесем де, оның сондай қорқынышты, үрейлі екенін, адамдарға кө-өп қайғы-қасірет әкелетінін түсіндім. Мен бұрын жылау дегенді тек еркелегенде, біреулерден таяқ жегенде, зорлық-зомбылық көргенде болатын нәрсе деп ойлаушы едім. Әлемдегі ең қимас адамдарыңның бірі дүниеден өткенде, жан-жүйең босап, еріксіз жылайды екенсің. Ондай қайғылы сәтті ешкімге бермесін. Кейін де сол ағатайым еске түскен сайын, оның тірі кезінде айтқан жан жадыратар жылы сөздері, іс-қимылдары ойға оралған сайын көзімнен бырт-бырт жас тамшылары ытқып шығып, жиі-жиі жылап алатынмын.

 

Жаным, ағатайым! Мен сізді қатты сағындым. Бәріміз сағындық. Әсіресе, апам. Түсіме де жиі кіресіз. «Сарконым! Көкешім!» деп тура тірі кезіңіздей маған мейірлене қарап, басымнан сипайсыз. Қызық! Қазір он үштемін. Ал түсімде бес-алты жастағы бала қалпымдамын. Жандос ағa, мен қазір ол кездегідей шибұт бала емеспін. Бойым сырықтай болып өсті. Көкемнің бойымен бірдей. «Әй, сары бала, қайда кетіп барасың?» деп көкем әзілдеп қояды. О-о-й, ағатайым! Сізсіз мен үшін қандай қиын болды десеңізші! Сiз бар кезде ешкімнен қорықпайтынмын. Мен достарыма ылғи мақтанып: «Менің ағам бар. Ол боксшы. Көре қалыңдар, ертең-ақ ол әлем, олимпиада чемпионы болады!» — дейтінмін.

Есіңізде ме, Жандос аға, сіз екеуміздің жекпе-жектеріміз. Бұл туралы кейін айтармын. Айтпақшы, аға, сіздің күнделігіңізді анам берді. Қатты тебіреніп оқып шықтым. Өте ұнады. Міне, байқаған шығарсыз, мен де ойларымды күнделікті ақ қағазға түсіруді әдетке айналдырдым. Мектепке барып, есім кіргеннен кейін анамнан сіздің қалай қаза тапқаныңыз жайлы, өзіңіз туралы сұрағанмын. Анам бірде жылап, бірде мұңайып мына әңгімені айтып берді. Күнделіктің екінші күнпарағына сол әңгімені түсірдім.          

 

 

ІІ раунд

Әлемде менің көкемдей жақсы адам жоқ!

 

Әрине, анама сіз туралы айту оңай болған жоқ. Ұзақ толғанды. Өзіңіз туралы айтқанда көз жасын жиі-жиі төгіп отырды.

— Жандос тек балам ғана емес, сырлас, мұңдас досым да болды. Көп қиындық көрдік. Тіптен бір түйір нанға да зар болған қиын күндерді де бастан кештік. Әкесімен ажырасып кеткен едім. Кейінірек машина апатынан қайтыс болды, бардық, Жандос ол кезде бес-алты жаста еді. Есі кірмеген бала қайдан білсін әкесінің қаза тапқанын. Бірақ кейін білді. Бәрін айттым. Атасы, әжесі, бауыр, туған-туыстарымен таныстырдым. Ол бауырмал болатын. Есейген соң каникулдарда өз жұртына барып тұратын. Біз қалада күнімізді көре алмаған соң ауылға кеттік. Сөйтсек, ол жақта да жетіскен ештеңе жоқ екен. Жұмыссыздық жанымды жеді. Ақыры мұғалім болдым. Азын-аулақ ақша ештеңеге де жетпейтін. Үлкен ауыл адамдары күнкөрістің қамымен қалаға босып көшіп жатты. Қайта біздің ауыл түгел тараған жоқ. Көрші ауылдардың ішінде түп-тұқиянымен жоқ болып кеткендері де бар. Қиын күндерді бастан кештік. Мектеп директоры менің орныма біреуді әкелгісі келді ме, мені жұмыстан шығарды. Қайта Алматыға келдік.

Пәтерден пәтер жалдадық. Бір таныстарым арқылы балабақшаға жұмысқа орналастым. Жандос та осы балабақшаға барды.

Күндердің күнінде біздің өмірімізге үлкен өзгеріс әкелген адаммен таныстым. Ол да отбасымен айырылысқан. Екі жарты, бір бүтін болдық. Бұл  жігіттің аты Тайыр. Сенің көкең. Менен он шақты жас үлкен. Менің, Жандосымның бағына қарай Тайыр жақсы адам болып шықты. Ең қуанғаным, Жандос сенің көкеңе тез бауыр басты. «Менің көкемдей жақсы адам жоқ бұл  дүниеде!» дейтін Жандос. Тіптен көкесін жақсы көргендігі соншалықты, бір күні ол:

— Көке! Мен сіздің фамилияңызға көшкім келеді, — деді. Көкесі сасып қалды. Біраз ойланып отырды да:

— Мен бұл  сөзіңе қатты қуанып отырмын. Бірақ аруақтар алдында тірілердің парызы деген болады. Сержан — сенің әкең. Сен сол азаматтың жалғыз тұяғысың. Әрине, мен де сенің әкеңмін. Өзіңді жанымдай жақсы көріп кеттім. Егер мен сені өз атыма ауыстырып алсам, сенің атан мен әжең де бауырларың да ренжиді. Өйтуге менің хақым жоқ қой, ұлым! — деп ол Жандостың бетіңен сүйді.

Жандос шидиген арық болатын. Өзінше өлең шығаратын. Бірақ спортқа жаны құштар еді. Бір күні сабақтан соң танауы делдиіп, үйге ентіге кірді.

  • Апа-а! Мен бүгін көркем гимнастика мен акробатика үйірмесіне жазылдым.
  • Е-е, жазылсаң дұрыс болған. Соншама жүгіргенің не? — дедім мен оның басынан сипап.

Алғашқыда үйірмеге ет қызуымен жиырма бала қатысыпты. Кейін қиын жаттығуларға шыдамаған болу керек, біртіндеп азая бастайды. Ақырында үш-ақ бала қалады. Содан соң екеу. Бір күні Жандосым көңілді келді:

  • Апа! Үйірме тарайтын болды. Балалар келмей қойды, — деді мұңайып.
  • Жарайды, мұңайма! Домбыра үйірмесіне қатыспайсың ба? — дедім мен оның ойын басқа жаққа бұрғым келіп.
  • Домбыраны да үйрену керек. Бірақ мен боксшы болғым келеді... Қарашы, мен сондай арықпын. Боксшыға алдымен күш, күш керек! — деп ол ұшьш тұра қалып, әдетінше ауаны осқылап, бокстай жөнелді...

Мен ойладым, бұл әшейін баланың қызығушылығы деп. Сөйтсем, олай емес екен. Жандос футбол ойнағанды да жақсы көрді. Мектептің құрама командасының мүшесі болды. Жақсы жүгіретін. Жеңіл атлетикаға да қатысты. Бірақ мұның бәрі боксқа дайындық болып шықты.

—  Апа, осы әр түрлі спорт түрлеріне неге қатысып жүрмін. Білесіз бе? — деп бір күні ол маған сұрақ қойды.

Осы жерден әңгіме үзілді. Апамның асығыс шаруасы шығып, мен тағатсыздана күткен әңгіме екі күндей айтылмай қалды.

 

ІІІ раунд

Мұхаммед Әлиге жазылған хат

Анам екеуміз тағы да әңгімелесуге отырдық. Көкем іссапарда еді. Кішкентай қарындасым Дәрігүл ойыншықтарымен ойнап жүр. Жандос аға! Бұл  өзі тілазар, тентек қыз. Өзінше ақ қағазға бірдеңелер салмақшы. Әсіресе қоянның көжегін салғанды жақсы көреді. Осы тентек қыз апамды сабасына түсірді. Әйтпесе, аға, апам сізді ойлап жылай беретін, жылай беретін. Менің анам білесіз ғой, Жандос аға, өмірі шаршамай-ды. Үйдің бітпейтін күйбің шаруасымен бір тыңбайды.

—  Қай жерге келдік, балам? — деді ол менің басымнан сипап.

—  Жандос аға сізге сауал қойды. Әр түрлі спорт түрлерін неге қатысып жүргендігі жайлы, — деп мен сабақ айтып тұрғандай тақ-тақ еттім. 

  • Иә, иә, Жандостың сондай сауал қойғаны есімде. Мен оған әзілдеп жауап бердім.
  • Олардың бәрін жақсы көресің, жаның сүйеді. Шынында да, балам, олардың бәріне қаншама уақытың кетеді. Онан да тек боксыңа қатыспайсың ба? Бір күні зорығып құлап қаларсың, қара бала! Өзің жауап берші, неге бәріне қатысып жүрсің?

Жандос тез жауап берді. Сірә, ол осындай сауалға жақсы дайындалған болуы керек.

—  Боксты мен қатты зерттедім. Біріншіден, күшті, қарулы болуға тиіссің. Сенің жұдырығың ұрғанда темір сияқты болу керек. Мысалға, Тайсон өте күшті адам. Мен күшімді көбейту үшін әнеу үйдің алдындағы ауыр тастарды көтеремін. Белтемірге тартыламын. Жұдырығымды тастай етуге кірпішті олай-бұлай ұрамын. Үйдің алдында ілулі қабым бар. Көп пергілегеннен қайта-қайта жыртылады. Екіншіден, шаршамауың керек. Күнде таңертең жүгіріп жүргенім сол. Жеңіл атлетикаға, футболға, баскетболға қатысатыным осыдан. Үшіншіден, мысық сияқты епті болған жөн. Гимнастика мен акробатикаға қатысқаным өте пайдалы болды. Қызыл жолбарыс атанған Василий Жировтың әке-шешесі, жаттықтырушысы оны күшті гимнаст болады деп үміттеніпті. Мұхаммед Әли балаларға өзіне тас атқызған. Бекзат аға нағыз желаяқ болған. Константин Цзю кішкентай болса да жұдырығы тастай, әрі өзіне соққы дарытпаған. Ермахан аға еңбекқорлығымен олимпиада чемпионы атанды.

  • Aпa, қарашы мына мықтыларға, — деп Жандос дәу альбомын алдымызға қойып парақтай бастады.
  • Шіркін, осы боксшылар сияқты мен де даңқты болар ма екенмін? — деп әдетінше ол ауаны осқылап-осқылап жіберді.
  • Боласың, неге болмайсың! Қазақ «Талапты ерге нұр жауады» демей ме? Талабың бар. Тек бір Аллаһ жар болсын, — деп мен оның басынан мейірлене сипадым.

Жандос боксын өмірден кеткенше тастамады. Арық, шибұт бала көз алдымызда бойы сорайып, денесі де сомданып келе жатты. «Апа, қарашы менің бұлшық еттеріме!» деп ол мақтанатып. Мен «тпә, тпә, тіл-көзден сақта!» деп түкіріп әуремін. Біз кешке кішкентай сені де арбаға салып, көкең, Жасын ағаң, Жандос бәріміз мектепке баратынбыз. Олар футбол ойнайтын.

Жер үйге көшіп келген соң бокс үйірмесін Жандос таппады. Содан ол Халық шаруашылығы институтына барады. Жаттықтырушы әу баста қабылдамапты. Ұнжырғасы түсіп, көңілсіз отырғанын көріп көкесі:

  • Жандостай, неге көңілсізсің? — деп бәйек болды. Сол сол-ақ екен, ол солқылдап жылап жіберді. Бәріміз жабылып тоқтата алсақшы.
  • Мәссаған, мына жігітімізді «он үште отау иесі» деп келесі жылы үйлендіргелі жүрсек, әлі де бала ғой. Жігіт деген жыламайтынын білмейсің бе әлде? — деді көкесі өтірік ашуланғансынды. Жандос намысшыл еді. Бірден көз жасын тыйды. Болған жайдың бәрін айтып берді.
  • Е-е, солай демейсің бе? Барып сөйлесіп көрейік, — деп көкесі оның арқасынан қақты. Ертеңіне көкесі екеуі барып жолығып келді. Жандос қуанышты.
  • Ура! Мама, мені үйірмеге қабылдады. Көкеме рахмет! Ура, ура! — деп қолғаптарын киіп, көкесін жекпе-жекке шақырды.

Екі дәу үйді шаңдатып жіберді. Байқаймын, көкесі жорта анда-санда соққылар жасап, қорғаныста жүр. Дегенмен қара тер болды.

—  Тіпә, тіпә, Жандостан боксшы шығады. Мен де ауылда боксшы боламын деп істемегенім жоқ. Қаладағыдай емес, ауылда жағдай жоқ қой. Әкемнің жұмысшы қолғабының ішіне шүберек, мақта салып тігіп, бокс қолғабын жасадым. Трактордың дөңгелектерінен зілтемір жасап, соны көтеретін де жататынмын. Белтемірім де болды. Шүберектен доп жасап, футбол ойнайтынбыз. Қаптың ішіне ескі-құсқы киімдерді тығып, соны ұратынмын да жататынмын. Бір күні дене шынықтырудан оқытатын ағай қаладан екі жұп  нағыз бокс қолғабын әкелді. Ой, қуанғаным-ай! Ауданға, тіптен облысқа бір peт барып жарысқа қатысып қайттым. Содан соң университет қабырғасында жүргенде боксқа қатыстым. Жеңіп те, жеңіліп те жүрдім. Разрядым бар. Кейін тастап кеттім. Бекер тастаппын. Ол кезде біздің өзіміз еліктейтін боксшыларымыз болды. Мұхаммед Әли сол кезде бүкіл әлемді шулатып жүрді. Вьетнамға соғысқа бармай қойғанын газеттер жазды. Біз оқып, Мұхаммед Әлиді қолдап хат та жаздық. Әбдісалан ағамыздың да даңқы жер жарып тұрды. Мына өлеңді біз сол кезде жатқа айтатынбыз:

— Менің атым Әбдісалан,

Жұдырықтан саспаған.

Сенгенім менің Қажымұқан,

Ә дегенде бассалам!

Жандос көкесінің бұл  әңгімесін қызыға тыңдады. Әдетінше сұрақты жаудырып жіберді. Бұл  әңгімеден кейін де біраз уақыт сырғып өтті. Ұлым күнде кешке жаттығуға барудан жалықпайды. Баратын жері үш шақырымға жуық. Соған барғанша, келгенше жүгіреді екен. Әсіресе қысты күні оны аяп кетемін.

—  Бұл  дегенің жақсы ғой. Жаттықтырушы Айбар аға Цезарьдың мына сөзін бізге жиі айтады: «Сұлу болғың келсе — жүгір! Күшті болғың келсе — жүгір! Епті болғың келсе — жүгір!» Көрдіңіз бе, қандай ғажап сөз!

Базарға барғанда мен оны ертіп аламын. Жүктің бәрін мықшиып өзі көтереді.

  • Жартысын маған бер, — десем азар да безер болады.
  • Мең спортшымын, маған ауыр көтерген пайдалы, — дейді.

Спорт тауарлары бөліміне келгенде көзі жайнап кетеді.

—  Апа, ақша артылса ананы әпересің ғой, ә? — дейтін ол өтініп.

Сөйтіп ол қос жұп  қолғабына қоса асай-мүсейінің бәрін алды; дулыға, тіс қорғағыш, ұрғыш қап. Оған қоса футбол добы, ракетка, бәрі-бәрі бар...

Жоғарыда айттым ғой апамның үйдегі шаруасы жетіп артылады деп. Әңгімеміз тағы үзілді.

 

IV раунд

Мен қалай боксты жақсы көрдім?

Досымның аты — Нұрлан. Сабақты нашар оқиды. Бірақ спортты жақсы көреді. Нағыз қара бала. Денесі шып-шымыр. Қолы тастай. Балалардың бәрі одан жасқанады. Екеуміз көршіміз. Сабақтың денін менен көшіріп алады. Ал ауызша сабақтардан жауап бере алмай тұрғаны. Оқы десем де оқымайды. Ал мен әлжуазбын. Неге екенін білмеймін, спортқа қырым жоқ. Бірақ шахматты шағамын. Мектепте чемпионмын десем де болады. Бір күні үйде сабақ дайындап отырғам, Нұрлан ентігіп кіріп келді.

—  Жантай, білесің бе? Мектепте кикбоксинг үйірмесі ашылыпты! Жүр, жазылайық, — деді. Мен үзілді-кесілді бармайтынымды айттым. Кешке көкеме айтып едім:

—  Барсаң бар. Әйтпесе қарашы, ап-арықсың. Жиі ауырасың. Жандос ағаң да соңдай болатын. Кейін көрдің бе, спорттың арқасында дәу, шымыр жігіт болды.

Қызық болғанда ертеңіңе көкем айнып қалыпты.

—  Кикбоксинг кез келген адамның айналысатын спорты емес. Сен үлкен ғалым немесе ел басқаратын адам болуың керек, Нұрлан досың кикбоксингпен айналыссын. Сабағы нашар. Өзі былай шып-шымыр. Сол баладан чемпион шығады. Бірақ сен де қарап қалмауың тиіс. Таэквандо немесе каратэге барсаң жөн болар. Себебі, мына қиын заманда өзіңді-өзің қорғамасаң сені кім қорғайды? Сөйт балам! Кик-боксингті қой!

Бұдан былай ондай әңгімені естімейін.

Мен көкемді үнсіз қостадым. Сол түні бір таңғажайып түс көрдім. Жандос ағам мені әдейі іздеп келіпті. Ыржиып күліп:

  • Саркон, жағдайың қалай? — дейді тура өңімдегідей.
  • Аға, сағындық қой. Неге келмей кеттің? — деп мен оның құшағына кірдім. Арқамнан қағып, басымнан сипап жатыр.
  • Жылама! Жігіт адам жылай ма екен? — деп ол мейірлене сөйлейді. Бойы алпамсадай. Қолдары күректей: Денесі тастай қатты.                                           
  • Әй, Саркон, мұның жарамайды. Қандай әлжуазсың. Білектерің қыздың қолындай. Ұсташы менің бұлшық еттерімді.                                                                 j

Ұстап көрдім. Қол батпайды. Өзімнің әлжуаз денеме қарап, қатты ұялдым.

—  Мен мұнда да бокспен айналысам. Әттең, менен қорқып, олар әдейі мені машинамен соқты. Қазір олар боксты тастап, қылмыс әлеміне кетті. Біз, аруақтар, бәрін көріп тұрамыз. Біз деп отырғаным, мұнда жақсы адамдар көп. Мысалға, Өзтүрікті білесің ғой. Атақты таэквандошы. Сол кісінің қасында жүремін. Бекзат аға да бізбен бірге. Тағы да көп атақты адамдар бар. Сендер бізді өлді деп ойлайсыңдар. Қайдағы, нағыз өмір біз жақта.

—  Аға, сізді кімдер машинамен соқты? Шынында да ол жақта біз сияқты өмір бар ма? Өзтүрік, Бекзат ағаларды бетпе-бет көрдіңіз бе?

Жандос аға менің автоматша қойған сауалдарымның қайсысына жауап берерін білмегендей ойланып қалды.

  • Ол қаніпезерлер күндердің күнінде бізге, мына әлемге келетіні анық. Оның ағасы өте зұлым адам. Мойнында каншама жанның қаны бар десеңші! Атын айтпаймын, бауырым. Маған ол: «Інімнен жеңіл» — деді, Мен қалай жеңілем? Финалдық жекпе-жек. Арманым чемпион болу емес пе? Айқын басымдықпен жеңдім. Екі рет інісі нокдаунға түсті. Жаттықтырушым Айбар менің бетімнен сүйіп, қатты қуанды. «Сен чемпион боласың. Осылай еңбектене бер, айналайын!» деді. Менің қуанышымда да шек жоқ. Бірақ сәт өтпей қабағынан қар жауған ағасы менің жаныма келді де:
  • Ескерттім. Енді өз обалың өзіңе! — деді ол зілді дауыспен. Неге екенін білмедім, қорықтым. Содан кейін ол қорқынышым тез ұмытылды да, қуанышымды көкем мен анама жеткізейін деп үйге үкідей ұштым. Үйдің жанынан өтетін үлкен көшенің ортасынан енді асқанымда, қап-қара машина маған төне берді.
  • Атын айтыңызшы, аға, — деп мен шыр ете қалдым.
  • Жоқ, Саркон. Айтуға болмайды. Саған зияны тиіп кетеді. Олардың жазасын бір Алла береді. Көкем дұрыс айтты. Өзіңді-өзің қорғайтындай өнерің болған дұрыс. Сен мен жетпеген биікке жет. Чемпион бол! Нұрлан досың екеуің кикбоксингке жазыл. Екеуің де ертең атақты кикбоксшы боласыңдар. Әрине, оған дейін еңбек етулерің керек. Сарайдағы сандықта екі бокс қолғабы бар. Соны ал. Оны жоғалтпа, бауырым! Бірақ сақ бол. Атақтылардың жауы көп. Ал қош, Саркон! Мен кеттім. Жұмысым көп! — деп Жандос аға бетімнен сүйді де, көзді ашып-жұмғанша ғайьш болды...

Көзімді ашсам, түсім тура өңімдегідей. Таң қалдым: қалайша өлген адам сөйлейді? Ағамды өлтірген кімдер? Мен оларды қалайда табуым керек. Ұйқым шайдай ашылып кетті. Көкеме түсімді айтсам ба екен? Көкем боксқа баруыма үзілді-кесілді қарсы ғой. Мен екі оттың ортасында қалғандай болдым. Неге екенін білмеймін, мен осы таңда боксқа ғашық болып ояндым.

Ертеңіне Нұрланмен барып кикбоксинг үйірмесіне жазылдым. Дәл осы күннен бастап қиын да қызық, ауыр, бірақ жаным сүйетін нағыз ер-азаматтың жолына түскенімді білдім.

 

V раунд

Жандос аға күнделігінің соңғы беттері

 

Анам бір күні маған қалың дәптер берді.

— Мынау — Жандос ағаңның күнделігі. Оқып көр, қажетіңді аларсың, — деді ол ерекше мейіріммен. Дәптер мұқабасының сыртына «Менің күнделігім» деп жазылыпты. Оның астында «Ашпа! Ешкімнің оқуға қақысы жоқ! Жандос» деген ескертпе тұр. Сыртында Бекзат ағаның суреті жапсырылған. Күнделіктің бірінші, екінші беттеріне алғы сөзін келтіріпті. Өзін-өзі таныстырған. Күнделікті жазу себебін айтқан. Аздап үзінді келтірейін.

«Бокс менің өмірім десем де болады. Бұл  —  нағыз күштілер айналысатын спорт түрі. Көп адамдар боксты қара күшке теңейді. Оған ақылдың қажеті жоқ, тек соғу керек дейді. Рас, боксқа күш ауадай қажет. Бірақ тек қара күшпен алысқа бармайсың. Айла, әдіс, тәсіл керек. Олардың бәрі ақылмен келеді. Және ол ақылды көзді-ашып жұмғандай жылдамдықта қолданбасаң және болмайды. Шалт, қағілез бол! Содан кейін боксшы психолог болғаны дұрыс. Қарсыласыңнан не істейтінін, қандай әдісті қолданатынын қас қағым сәттерде сезіп отырсаң жеңіс өзімде деп біл. Оның шаршағанын, қорыққанын, үрейленгенін де біл. Мен мұның бәрін білгішсініп өзім айтып тұрмын деп ойлайсыз ғой. Жоқ! Кітаптардан оқыдым. Мына күнделікті де осындай өзіме, өзгеге қажетті мәселелерді жазу үшін бастадым. Әрине, күнделік жазуды кішкентай қезімнен бастап әдетке айналдырғам. Ескі күнделіктерімді өртедім. Бірақ оның ішінен қажет-ау дегендерін ерінбей көшірдім. Кейін қария болғанымда, балаларым, немерелерім оқиды. Әрине, оны бір Алла біледі ғой. Сонымен жоғарыда өзімді таныстырдым. Күнделігім күліп тұрсын.  Мен жазуға ерінбейін. Сәт сапар!»

Мен де ағамның жазбаларының бәрін келтірмеймін. Ең маңыздысын, ең қажеттісін алуға . тырыстым. Ағам кішкентай кезіндегі басынан кешкен оқиғаларын да жазуды ұмытпаған.

 

1996 жыл, 17 желтоқсан

Білесіз бе, меңің апам Желтоқсан кетерілісіне қатысқан. Бұл  күнді әрбір қазақ білуі тиіс.  Ал мен бұл күңді мәнгілік ұмытпаймын. Себебі, бүгін менің туған күнім!           

Сонымен, сіз Желтоқсан көтерілісі жөнінде білесіз бе? Ал білмесеңіз, құлақ салыңыз. КСРО — империя. Бұл  империяның қожайыны — орыстар. Осы орыс империалистері біздің қазақ халқын 300 жыл табанына салған. Ал соңғы 70  жылда өкімет  басына Ленин бастаған большевиктер келген. Олардың зұлымдықтары шектен шыққан. Әсіресе қазақ халқын жер бетінен жойып, жіберіп, территориясын түгелдей өздеріне қаратуға тырысты. Мен апамнан бұл  жөнінде әбден сұрастырып, біліп алдым. Себебі, анам тарихтан сабақ береді. Білмейтіні жоқ. Қазақтарды қойша қыру 1921 жылы басталған. Осы жылы аштықтан қасақана 1 миллионнан аса қазақ қырылған. 1929 жылы байларды тәркілеп, ит-жеккенге айдаған, 1932-33 жылдары 3, миллионға жуық қазақ аштықтан қырылып қалды. Қаншама қазақ ақтабан шұбырынды болып шетелдерге қашты. 1937-38 жылдары қазақтың ең ақылды адамдарын репрессияға ұшыратып атқан, дарға асқан, итжеккенге айдаған. 1941-45 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыста жарты миллионнан аса қазақ оққа ұшып, мерт болды. Қазақтың көп жерлерін Ресей өзіне қосып алған. Міне, көрдіңіз бе, қаңдай зобалаңдар болғанын. Апамның айтуынша егер осындай қырғындар, нәубеттер болмаса, қазақ халқы қазір елу-алпыс миллионға жетеді екен. Дүниежүзіндегі қазақтарды қоса есептегенде, қазір барлығы 12 миллион екенбіз.

Содан кейін орыстар қазақты орыстандыруға тырысқан. Дінін жойды. Қазақ тілін қолданудан шығарып тастаған. Қазақ мектептерін жапқан. Қазақ екінші сортты халыққа айналды. Міне, осы зұлымдыққа қарсы 300-дей көтеріліс болыпты. Ең соңғы зор көтеріліс бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Ол — Желтоқсан көтерілісі.

Бұл  көтеріліске білесіз бе, мен де қатыстым. Әй, бала, өтірік айтпа дейсіз ғой. Жоқ! Қатыстым деген соң қатыстым! Менің анам ол кезде ҚазМУ-де оқыды. Тарих факультетінде. Аяғы ауыр екен. Апам қыздармен бірге алаңға барған. Анамның ішінде жүрген мен де алаңда болдым. Енді өтірікші демессіз. Тіптен таяқ та жедім. Оны қазір айтып жеткіземін. Көп адам жиналыпты. Кешке әскерлер су шашып, жастарды қуған. Жастар ашуланып, су шашқыш машиналарды өртеген. Қарулы әскер қойсын ба? Көтерілісшілер тым-тырақай қашыпты. Қолдарындағы резеңке шоқпармен жастарды аямай ұрған. Соққылар апамның басына, арқасына тиіпті. Апам қатты қорыққаннан мені ерте босаныпты. Тура 17-ісінен 18-іне қараған түнде. Шала туған менің әлжуаз болғаным сондықтан.

Айтайын дегенім, Желтоқсан көтерілісін біз ұмытпауымыз керек. «Тәуелсіздікті жақындатқан — Желтоқсан көтерілісі» дейді біздің апайымыз. Дұрыс. Апам айтады: «Біз тіл, дін үшін алаңға бардық. Ал қаланың балалары кіл орысша сөйлейді», — дейді. Бұл  да дұрыс. Мен оқитын гимназияның балаларының көбісі орысша шүлдірлейді. Кейде апайымыздың өзі де оларға қосылып кетеді. Апам маған туған күніме деп дәу машина сатып әперді. Әй, зуылдаттым-ау, әрі-бері. Көрші балалар менің машинама қызыға қарайды. Рахмет, апа!

1997 жыл, 25 қаңтар

Көптен бері күнделігіме қарайтын жағдайым болмай кетті. Ауырдым. Желтоқсан көтерілісі жайлы мына оқиғаны есімнен шығарыппын. Апам мені босанғаннан кейін ауылға келеді. Онда атам мен әжем бар. Папам Сержан қалада жұмыс істейді. Бір күні апам үйде отырса, екі милиционер кіріп келіпті.

  • Сіз Желтоқсан көтерілісіне қатысыпсыз. Тергеуге Алматыға алып кетеміз, — дейді олар әй-шәй жоқ.
  • Кім айтты? — деп апам жасырғысы келген екен, суретін керсетіпті. Сөйтсе, апамды алаңда жүргенде жасырын камерамен түсіріп алыпты.
  • Мен жақында ғана босандым. Қалай барамын? — деп апам жылап жіберіпті.
  • Ештеңе білмейміз. Киініңіз, жүріңіз! — деп милиционерлер зілдене үн қатқан. Сөйтіп, бейшара апамды машинаға мінгізіп қалаға алып кетті. Бір айдан кейін апам бір-ақ келген. Түрмеге қамапты. Ауыл дүрлігіп кетті. «Гүлшар халық жауы екен!» деп көрші-қолаң қатынасуды қойыпты. Бәрі де қорыққан. Мені жұрт «Халық жауының баласы» деп атап кетіпті. Ал апам қалай құтылған десеңші! Тергеуші жақсы адам екен. Апамның жылап тұрып айтқан әңгімесін естіп аяпты. Әсіресе емшектегі баласы бар дегенін естіп, бар құжатын, суретін жойып жіберіпті. Әйтпесе сотталады екен. «Халық жауы» деп түртпектей берген соң, апам мені алып нағашы атам мен әжеме кетіпті. Оның үстіне папам мен апам күнде ұрсысады екен.

Мен көп ауырыппын. Нағашы әжем Гүлжан болмаса кім білсін, өліп те қалуым мүмкін екен. Апам мектепке жұмысқа тұрыпты. Мен бес жасқа келгенде қолды-аяққа тұрмайтын пысық болыппын. «Халық жауының баласы» деген атым жойылып, «табыскер бала» атаныппын. Ересек балалар сол кезде темір-терсек, алюминий өткізіп ақша табады. Өйткені, ауылда жоқшылық. Әлгі тапқан-таянған темірлерді өткізіп балалар азын-аулақ ақша алады. Мен де солардан қалмаймын. Кішкентайлығымның пайдасын көп көрдім. Кез келген тесікке кіріп кетемін. Әйтеуір, бірдеңе тауып қайтамын. Ағаларым мәз. Сосын жинаған темір-терсегімізді өткізіп ақша аламыз. Маған да өз үлесімді береді. Оны біз «доля» деп атаймыз.

Бір күні ат ізін салмай кеткен папам келіпті. Қаладан бір бөлмелі үй алыпты. Біз Алматыға көштік. Бірақ папам басқа әйел алыпты. Кішкентай үйіміз болса да, енді өз үйіміз бар. Апам балабақшаға жұмысқа тұрды. Мен бірінші сыныпқа бардым. Апамның ақшасы аз.

Сондықтан мен де  сабақтан кейін көшенің бойынша шемішке сатамын. Менің қасымда «крышам» бар. Ол Соня әжей. Екеуміз отырамыз. Апам жұмыста. Кешке дейін біраз табыс табамын. Кейде күл-қоқыс төгетін жәшіктерге келіп қарап, тәуір аяқ-киімдер табамын. Тіптен апама әп-әйбәт туфли  тауып әкеліп едім, ол кісі қатты қуанды. Байлар неше  түрлі заттарды жап-жаңа күйінде тастай салады. Ал бізге, кедейлерге ол жарап жатыр. Бөтелкелерді алқаштар қоймайды. Кей күні epте тұрып барғанда, біраз бөтелкелер жинап аламын. Өткіземін. Кәдімгідей ақша. Апамның азғана ақшасы ештеңеге жетпейді. Ой, білесіз бе, бай болғым келеді. Егер мен байысам, кедейлерге, әсіресе ауылда тұрған бауырларыма  көмектесер едім. Арман деген жетеді менде. Шемішке сатып тұрып, ойланып кетемін. Үлкен-үлкен машина мініп жүрген байларға қызыға қараймын. Білесіз бе, менің ең жек көретін адамдарым — милиционерлер. Соня әжейдің жылағанына, менің «ағатайлап» шырылдағаныма қарамай шемішкемізді талай тартып алды. Не деген зұлымдық! Ертең үлкен болғанда көрсетемін!

 

10 наурыз

Папамды жақсы көрмеймін. Біздің үйге анда-санда келеді. Әнеу зұлым әйелінен өлердей қорқады. Мағай бәрібір, ол келсе де, келмесе де. Бірақ күнде үйге келетін папаң болса жақсы ғой, шіркін! Ал ол... ту-уу көзімнен жас шығып кетті ғой. Көп нәрсе жазғым келген. Осымен тоқтатайыншы.

 

25 наурыз

Папам машина апатына ұшырады! Жылағым келді, жылай алмадым. Анда-санда болса да бетімнен мейірлене сүйетін бір адам жоқ. Апам екеуміз ауылға бардық. Атам, әжем бәрі көп жылады. Апам да жылады.

2 мамыр

Бір күні апам маған бір үлкен ағаны таныстырды.

— Тайыр! — деді ол маған күлімдей қарап. Неге екенін білмеймін, Тайыр ағаны бірден жақсы көрдім. Ол біздің үйге қонды. Мені ол құшақтап жатты. Mен де оны құшақтадым. Иісі қандай ғажап! Әрине, ол менің болашақ көкем екенін білмедім. Бірақ оны іздейтінді шығардым. Апам да әдемі ақ көйлегін киіп, күтеді. Үйдің алдындағы орындықта отырып күтеміз. Жымиып күліп келе жатқанда, бүкіл дүние күліп тұрғандай болады. Жүгіріп алдынан шығам. Мені тыраңдатып көтеріп алады.

8 шілде

Ура, менің енді өзімнің әкем бар! Апам екеуі үйленетін болды. Мен оны «көке» деп атап жүрмін. Басымнан аяғыма дейін киіндім. Белсебет әперді. Бір бөлмелі үйді тастап, үлкен үйге көшіп келдік. Аса бай болмасақ та, бұрынғыдай емес, тамағымыз тоқ. Кешке ағамдар бәріміз барып футбол ойнаймыз. Қазір гимнастикамен айналысып жүрмін. Көкемді жақсы көріп кеттім. Іс-сапарға кеткенде сағынып қаламын. Мен жоғалтып алған өз әкемді қайта тапқандаймын.

24 қыркүйек

Неге екенін білмеймін, боксты жақсы көре бастадым. Гимнастиканы тастағым келеді. Бірақ ағай айтады: «Сенің болашағың зор. Сенен күшті гимнаст шығады. Тек сен жалқауланба!» Бәрібір боксқа кетемін. Боксшылар туралы кітаптар оқи бастадым. Киноларды жібермеймін. Арнайы альбом жасадым. Бірақ боксшы болу оңай емесін білдім.

1998 жыл, 15 қазан

Бүгін мен қуаныштымын. Әсіресе көкем мәз. Жантай деген бөпеміз сап-сары алтындай болып дүниеге келді. Мен енді ағамын. Менің бауырым бар. Ура! Ура! Мен оны еркелетіп «Capкон» деп атадым. Ой, иісі қандай әдемі! Иіскей бергім келеді, иіскей бергім!

17 желтоқсан

Мен он екідемін. Көкем әзілдеп қояды. «Ендігі жылы үйлендірем. Он үште отау иесі деген емес пе?» дейді. Бүгін Қуаныш ағайым қатты ренжіді. Себебі, гимнастиканы тастап, боксқа кеттім. Жүрек қалауымды істедім. Көкем айтты: «Бокс — өте қатыгез спорт түрі. Миыңды шайқалтады. Барма оған! Қуаныш ағаңнан айрылма!» — деді, Менің бәрібір өз дегенімнен қайтпайтынымды біліп, батасын берді. Мен, сөйтіп, өз туған күніме осылай сыйлық жасадым.

1999 жыл, 6 наурыз

 

Қыс шаршатып барып кетті-ау. Қар аралас жаңбыр жауып тұр. Біз жер үйге көшіп келгенбіз. Халық шаруашылығы университетінің ішінде бокс секциясы бар екен. Көкем барып әзер дегенде жаттықтырушыны көндірді. Рахмет көкеме! Студенттермен бірге жаттығамын. Өзім құралпы балалар да бар. Жаттығудан қалмаймын. Үш шақырым жүгіріп барамын, қайта тағы да жүгіріп қайтамын. Күніне 6 шақырым жүгіремін. Алғашқыда ентігіп қалушы едім. Енді жеп-жеңіл, қиналмаймын. Қайта жақсы болды. Бұлшық еттерім қатайды. Күшім де молайды. Шіркін, қашан чемпион болар екенмін?

10 маусым

Каникулға шықтық. Бокс қолғаптарымды, басқа да асай-мүсейімді арқалап, ауылға кеттім. Ол жақта да тастамаймын боксымды. Білгенімді құрдастарыма үйретемін. Әзірге сау бол, ару Алматым!  

22 желтоқсан

Кеше тұңғыш рет рингке шықтым. Аудан мектептерінің арасындағы жарыс. Орыс бала қарсыласым екен. Өз мектебінің чемпионы. Қатты толқыдым. Көкем менің жарысыма қатысып отырды. Халық шу-шу етеді. Құлағым бітеліп қалды. Енді тым-тырыс. Жаттықтырушым бірдеңе дейді. Естімеймін. Бір кезде ол басыма сарт еткізіп ұрып жіберді. Құлағым ашылып кетті. Гонг! Қарсыласым соққыларын жаудырып жіберді. Ішкі толқуымды баса алмаған мен анда-санда ұрғаным болмаса, қаша шайқасып жүрмін. Бірінші раунд әзер бітті. Мына түріммен нокаутқа түсіп қалуым мүмкін. Құдай сақтады!

— Әй, не болды саған? Робот сияқтысың. Қимылда! Әйтпесе секциядан қуамын, — деді жаттықтырушым. Селт етіп оянып кеткендей болдым: шынында да робот сияқты болып қатып қалыппын ғой. Екінші раундқа кәдімгідей қунақ шықтым. Бұл раунд тең болды. Өзіме-өзім сенгендеймін.

—  Қолың ұзын әрі жұдырығың қатты. Соны пайдалан! — деп Айбар аға ақыл айтты. Қайдан келгенін кім білсін, жойқын бір күш келді маған. Аямай соқтым. Қарсыласым шаршаған сияқты. Үстін-үстін шабуылдадым. Иектің астынан көтере періп жібердім. Ол есеңгіреп тұрып қалды. Төреші санап жатыр. Нокаут! Секіре беріппін, секіре беріппін. Жеңіс! Жеңіс! Алғашқы жекпе-жегім осылай аяқталды. Көкем жылап тұр. Мен де жыладым. Жеңіс деген осындай қымбат болaды екен-ау...

2000 жыл, 27 сәуір

Атағым шыға бастады. Екі-үш турнирді жеңіп алдым. Аудан бойынша өтетін жарыс өте қиынға соқты. Алғашқы жекпе-жекті үш ұпай айырмашылығымен әзер жеңдім. Басым зеңіп, үйге әзер жеттім. Көкем, апам бәйек болып жүр. «Әй, әй, айттым ғой, балам, бокс деген пәлеге жолама деп. Қарашы бетіңе, көкала қойдай таяқ жепсің» деп көкем басын шайқайды. Ертең финал! Бүкіл мектеп келеді. Менің сыныптастарым Олжас, Санат, Бақдаулет, Алтынбек, Талғат, тіптен сынып жетекшіміз Халида апай да келмек. Әсіресе, Мақпал келер ме екен?

 

 

 

Халық мұншама көп болар ма? Қарсыласым — былтырғы аудан чемпионы. Тығыршықтай дәу бала. Едіреңдеп тұр. Мен де секіріп-секіріп, ауаны осқылап-осқылап қоямын. Мақпалды көзім шалып қалды. Бүкіл денем дуылдап сала берді. Гонг сыңғыры естілді. Басталды! «Қалай да жеңуім керек!» деп тістеніп шықтым. Қарсыласым еркін. Соққы үстіне соққы жасап жүр. Мен де есемді жібермей жүрмін. Иә сәт! Қайта-қайта иегі ашыла берді. Бар күшімді оң жұдырығыма жинап, көтере соқтым. Жаңа ғана мазамды алып тұрған қолдар сылқ ете түсті. Қалт тұрып қалды. Арадай гуілдеген жұрт тым-тырыс. Қарсыласым кескен теректей гүрс етіп құлады. Бір, екі, ... бес, ... тоғыз! Жеңіс! Аспанға бір-ақ секірдім. Чемпионмын!

Әне, көкем, одан соң сыныптастарым, Халида апай. Мақпал бастаған қыздар. Гүл жауып кетті, Мен бір әлем чемпионы сияқтымын. Ертеңіне мектеп директоры шақырып алды. Гүл, сыйлық берді. Одан аудан шақырьш, марапаттау қағазын сыйлады. Бұл  деген зор сенім. Оны мен қалайда ақтауым керек.

 

5 қыркүйек

Тауелсіздік күні қалалық чемпионат болмақ. Ауданнан  менен басқа әр салмақ дәрежесінде балалар қатыспақшы. Ертеңнен бастап дайындық басталады. Арнаулы жаттықтырушым бар. Айбар аға да көмектеседі.

17 желтоқсан

Менің бүгін туған күнім. Бірақ көңілсізбін. Себебі, кеше ащы жеңілістің дәмін таттым. Жеңіс менікі сияқты еді. Соққыларды да көп жасадым. Тіптен бір рет нокдаунға жібердім. Төрешілер жеңісті қарсыласыма берді. Түсінбедім. Жеңіп тұрса, өкінбес едім. Неге өйтті екен? Менің бапкерім қатты ашуланды. Біздің балалар да наразылығын білдіріп жатты. Көкем:

— Ұят емес пе? Басқа-басқа, балаға әділетсіздік жасаудан ұялмайсыңдар ма? — деді айқайлап. Қанша өзімді ұстаймын десем де, жасымды тия алсамшы. Мақпалдар көрсе ұят болды-ау. Түу, жеңіліс деген қандай жаман!

 

18 желтоқсан

Апамды мектеп кездесуте шақырды. «Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қаһарман» деп жазып қойыпты. Менің апам — батыр. Апам алаңға қалай барғандығы жөнінде айтып берді. Әңгімесі балаларды зор әсерге бөледі. Мен мақтанып тұрдым.

 

2001 жыл, 21 ақпан

Сенің жекпе-жектерімнің саны 24-ке жетті. Кәдімгідей  тәжірибе жинадым. Биыл он жетіге толып, кәмелеттік жасқа келемін. Мектепті бітіріп, дене тәрбиесі институтына түсемін. Содан кейін ересектер қатарында рингке шығамын. Айтпақшы, қыркүйек айында республикалық жарыс болмақшы. Соған маусым айында тағы да қалалық турнир өтпекші. Қалайда жеңуім керек. Тағы да үлкен қуанышым бар. Жастар арасында спорт шеберлігіне кандидат атағын жеңіп алдым.

 

22 маусым

Көкемнің білмейтін нәрсесі жоқ. Аграрлы университетте сабақ береді. Мамандығы — инженер. Газет-журналды көп оқиды. Үйде кітап көп. Бұрынғы әйелімен дәм-тұзы жараспапты. Екі қызы бар. Тәтелерім жақсы. Көкемді іздеп телефон соғып тұрады. Сол кезде мен трубканы көтерсем, мені еркелетіп, жылы-жылы сөздер айтады. Ал  олардың мамалары менімен сәлемдеспейді де. «Әй!» дейді өте дөрекі түрде. Дауысы жуан. Epкектің дауысы сияқты қыр-қыр етеді. Мен де қырсығып қаламын. Сонымен, көкем өте білімпаз адам. Міне, бүгін маған соғыс туралы әңгіме айтты. О-ой, қандай қорқынышты! Айтпақшы, мұндай әңгіменің шығуына түрткі болған жай — бүгін екінші дүниежүзілік соғыстың басталған күні. Неміс фашистері таң атпай КСРО жеріне кіріпті. Әлемде бұрын-соңды мұндай үлкен соғыс болмаған. 30 миллиондай адам қырылған. Біздің Қазақстаннан 1 миллионнан аса адам соғысқа кеткен. Соның жартысы қаза тапқан. Соғыс болмасыншы! Енді үш күннен кейін қалалық турнир басталады. Жаттығу, күнде жаттығу. Қалай да чемпион болуым керек!

 

29 маусым

Ертең жарыс. Бүгін жаттығу залынан шығып келе жатыр едім. Алдымнан алпамсадай аға шығып, менімен сәлемдесті.

  • Жандос! Кел танысайық! — деп атын айтты. Дәу машинасы бар екен, сонда ертіп келді. Алдыңғы орындығына отырдым. Артымда тағы да түрлері қорқынышты адамдар.
  • Мына конвертті ал, ішінде екі мың доллар ақша. Арғы күні білесің — финал. Менің інім — сенің қарсыласың. Сен жеңілуің керек. Бізге женіс керек, бала! — деп ақ конвертті менің алдыма тастады. Менің ойыма осы кезде америкалықтардың қорқынышты фильмдері түсіп кетті. Оларда да осындай оқиғалар болушы еді ғой. Дегенмен мен саспадым. Конвертті лақтырып жібердім.

—  Керек емес! — дедім үзілді-кесілді.

—  Браво! Браво! Қарай гөр. Өзі кедей. Үйлері ескі құлайын деп тұр. Ал ақшаны алғысы келмейді. Намысқойын! Ойлан, бала! Мына ақшаны алып, мамаңа апар. Ол кісі қатты қуанады. Үйлеріңді жөндеңдер! Ха-ха-ха! — деп қарқылдап күліп, күректей алақандарымен менің иығымнан қағып-қағып қойды.

—  Жігіттер! Бұл  балаға бір күн уақыт берейік. Ал айтқанды істемесе өз обалы өзіне. Солай емес пе?

— Солай! Солай! Ха-ха-ха! — деп олар да жағымпазданып өтірік күлді.

—  Бар, Жандос! Ойлан! Ертең осындай кезде кездесеміз. Бірақ одан кейін аяу болмайды...

Мен, міне, ойланып отырмын. Көкеме айтсам ба екен? Бұлар өлтіруден тайынбайды. Тәуекел! Көреміз. Мен ойымнан қайтпаймын. Құдай қаласа чемпион боламын!

30 маусым

Олар тағы да келді. Мен жұлқынып шықтым да, қаша жөнелдім. Жігіттері тарпылдап қуып еді, анау:

—  Қумаңдар! Әй, бала, егер жеңілмесең, өлесің! Ажалың менен! — деді айқайлап...

Мен мұны неге жазып отырмын? Кім білсін ертең не боларын? Қорқамын. Бірақ мен жігітпін ғой. Олармен өзім күресуім керек. «Ерді намыс өлтіреді» демей ме қазағым. Мен қалайда жеңуім керек! Әзірге сау бол, сыр күнделігім!»

 

Күнделік осылай біткен. Менің ағам тек күнделігімен ғана емес, бізбен де қоштасқандай.

Ол зұлымдар ертеңіне жекпе-жектен кейін менің ағамды машинамен басып өлтірген. Бұлар кімдер? Мен қалай да қаніпезер зұлымдарды табамын! Адамды өлтіріп, қалай ғана жер басып жүреді екен ә?

 

Гонг сыңғырының орнына немесе

Әке батасы (Жантайдың көкесінің әңгімесі)

Сандықтағы қолғаптардың ұрланғанын білдім. «Әке — балаға сыншы» дейді ғой. Жантай да тұра ағасы Жандос сияқты. Қайсар болып шықты. Кикбоксингке жасырын барып жүргенін сезіп қойдым. Қатты ашуландым. Осыған ұқсас спорт түріне жіберем деп бір ұлымнан айрылдым. Ішімде қайнап жатқан күдігім көп. Біреулер қасақана өлтірген сияқты көрінеді. Кім олар? Ішкі істер мекемесіне арыз бердім. Олар таба алмады. Жандос ұлым туралы түс көрсем, ылғи оны ұрып жатқан жаман адамдарды көрем. Жанұшырып қорғайын десем, жете алмаймын, Қиналып жатып оянып кетемін. Енді қарашы мына баланы. Үйірме ашылғанын маған айтқан. Ал мен үзілді-кесілді қарсы болдым. Енді, міне, ол бәтшағар үйірмесіне қатысып жүрген көрінеді. Әрі-бері ойланып, ашуым басылған соң Жантаймен сөйлесуді шештім. Шақырдым. — Жантай, жағдайың қалай? — дедім жәймен.

  • Жақсы, көке. Тек сіздің алдыңызда кінәм бар. Үйірмеге жазылдым. Өзіңіз айттыңыз ғой өзіңді-өзің қорғайтын спорт түрімен айналысу керек деп. Мен ойланып-ойланып, осы спорт түріне тоқтадым. Кешірші, көке! — деді Жантай менің алдымды орап кетіп. Мен не ашуланарымды, не ашуланбасымды білмей қалдым. Айтқаным рас. Кикбоксингке емес, бокске қатыспа дедім.
  • Ой, қу бала! Жарайды, қатыса бер. Бірақ мамандық ретінде қарама, балам, — деп аяқ астынан батамды бердім.

 

VI раунд

Аға өлімінің құпиясын кім ашады?

Мен өзімді «ойшыл» адаммын деп ойлаймын. Мұны қиылшыл деп те, тіптен уайымшыл деп те айтуға болатын тәрізді. Бір нәрсені ойға алсам, сол көкейімнен кетпей тұрып алады. Ол орындалуы немесе ол үзілді-кесілді кейінге шегерілуі керек. Мысалға, мені осыдан екі жыл бұрын екі ой қатты мазалады. Біреуі, өздеріңіз білесіздер, кикбоксингке деген құмарлықтың, қызығушылықтың оянуы. Екіншісін мақсаттан гөрі уайымға ұқсатуға болар. Біріншісі — орындалды. Нұрлан, Сырым достарыммен келісе отырып, үйірмеге жазылдым. Уайымым да осы үйірмеге жазылғаннан кейін іле-шала басталды. Ол — көкеме айтпай осы істі жүзеге асырғаным. Апам қолдады, бірақ біздің отбасыда көкемсіз ешқандай іс жүзеге аспайды. Ол кісінің келісімі керек. Кешкі шәй кезінде бәріміз талқылаймыз. Содан кейін ғана барып ол мәселе орындала бастайды. Ал мен бұл  ережені бұздым.

Бүгін мен қайткенде де шынымды айтуға бекіндім. Қызық болғанда, көкем өзі шақырды. Жүрегім бірдеңені сезгендей, ерекше лүпілдеп соқты. Көкемнің көзқарасынан менің қулығымды біліп қойғаны сезілді. Сол сезімім алдамапты. Көкем де шыдамай, бұл мәселеге нүкте қоюға шақырыпты. Менің жағдайымды өте қатқыл сұрады. Ал мен бұл кездесуге қаншама дайындалдым десеңізші! Әңгімені бірден төтелеп бастадым. Бәлкім, дел осылай бастамасам, менің арманым орта жолда күйреп қалуы да мүмкін ғой. Шүкір! Шүкір! Бір Аллаға шүкір! Көкем сәл кейістік танытқанымен, батасын берді. Ур-ра-а!

Мінеки, осыдан кейін-ақ өзімді жеп-жеңіл сезіндім. Білесіз бе, жаңбырдан кейін ауа тазарып, табиғатта ғажайып бір шақ басталады ғой. Мен де сондай көңіл-күйде болдым. Көкемді құшақтап бетінен сүйе беріппін. Көкем сасып қалып:

— Ой, ой, сары бала, саған не көрінді? — дей берді.

Міне, менің өмірімде жанаша, тың бетбұрыс пайда болды. Ол — Жандос ағамның түсіме кіруі. Бұл түске ешкім  сенбеуі де мүмкін. Тура өңімдегідей таңғажайып түс деген атау бердім оған. Шындық ашылды. Ағамның қалай қаза тапқандығы жайындағы шындықты айтамын. Ағам бірақ кімдердің өлтіргенін ашып айтпады. Маған зиян келеді деп ойлағанын бірден сездім. Мен ол құпиясын ашуым керек! Көрдіңіз бе, менің алдымда өзінен-өзі зор да қиын мақсат пайда болғанын. Өзімше іштей серт бердім. Бірақ ол қалай ашылады? Кім ашады? Әрине, оны мен ғана ашуға тиіспін. Бұл жөнінде көкемнің де, апамның да білмегені дұрыс. Осылай шештім. Ендігі мақсат — мен өзімді-өзім күшті де, батыл, айлакер етіп тәрбиелеуім қажет. Мұның біріншісі — рухани жағынан күшті болу. Көкем айтады: «Адамның ең бірінші қасиеті — ар-ұяты, ожданы, иманы». Бұл болмаса ол Адам деген атқа лайық емес. Ұятсыздықтан, ождансыздықтан, имансыздықтан қорғайтын нәрсе — Рух. Рухтың екі қанаты бар: бірі — тіл, екіншісі — дін. Тілімізді білемін. Біздің үйде тәртіп қатал. Тек қазақ тілінде сөйлейміз. Екінші қанаты дін де қазір біздің үйдің төрінде. Көкем намаз оқиды. Бірақ біреулер сияқты сыртқы ортадан қол үзбеген. Домбыра тартып, отырыстарда ән айтады. Спортпен айналысады. Футбол ойнайды, таңертең бірге жүгіреміз.

Мен осы жерде өзіме ұнайтын нәрселерді айта кетсем деймін. Ес білгеннен бастап батыр да, дана бабалардың суреттерін жинаймын. Бір күні менің туған күнімде көкем мен апам:

  • Саған не сыйлайық, Жантай? — деді. Мен көп ойланбай:
  • Маған бабаларымның суреттерін сыйлаңыздар, — дедім. Содан көкем іздесін, әзер тауыпты. Ал мен бұған қатты қуандым, сонымен бірге қасиетті дұғаларды, сүрелерді жаттадым. Бұл маған ұнайды. Көкеме бір күні ойымды айттым:
  • Көке! Менің намаз оқығым келеді, — дедім аяқ астынан. Көкем ойланды, бір күннен кейін рұқсатын берді.
  • Балам, мен бұған қатты қуандым, бұл өте қасиетті Алланың жолы. Осы жолдан өмір бойы айрылма!— деп батасын берді. Мен қазір намаз оқимын, Нұрлан мен Сырым достарым да дайындалып жүр.

Құпиясын ашу үшін енді тағы бір қажетті нәрсе — спорт. Ақылмен бірге айла-әдісің, күшің болсын. Мінеки, оның жолы да оңай табылды. Кикбоксинг мені түбегейлі өзгертті. Күшті, батыл болуға үйретті. Жігіт адамға енді тағы бір қажет нәрсе — өнер. Домбыра үйірмесіне де қатыса бастадым. Біраз күй үйрендім. Екі-үш ән де шырқаймын. Міне, осы жерде ешкім білмейтін жеке құпиям бар. Домбыра үйірмесіне апарған да сол күш. Ол... ол... айтсам ба екен? Мейлі, айтайын. Күнделіктің серті сол құпиялығында емес пе? Ендеше, оның аты Сәния. Сүп-сүйкімді, көзі аспанға ұқсайды, көгілдір көзді, шашы сары алтындай, тістері күріштей әппақ, екі бетінің ұшында қызғылт реңкі. Сабағын да жақсы оқиды. Мінеки, сол Сәния домбыра үйірмесінде қатысады. Енді түсініп отырған шығарсыз. Домбыра үйірмесіне Сәния үшін бардым. Барғаннан кейін домбыраға да ғашық болдым. Көкем маған ыңғайлап орташа көлемдегі домбыра сатып әперді.

Сәниямен бізді жақындастырған тағы бір маңызды мәселе бар. Өте маңызды! Оны келесі раундта айтайын. Мақұл ма?

 

 

Бокс қолғабыңды жоғалтпа, бауырым

(Хикаят)

(Екінші кітапша)

 

VІ раунд

Мен қалай нағыз еркек болдым?

 

Шынында да нағыз еркек қандай болуы керек? Маңызды мәселе жөнінде айтпас бұрын, спорттың маған жасаған ықпалын айтайын. Менің өте әлсіз бала екенімді сіз менің алғашқы раундтарымнан жақсы білесіз. Ең жаманы, сыныптастарыммен күш сынасқанда жеңіліп, төбелескенде кім көрінгеннен  таяқ жеп қалатынмын. Осы әлсіздігіме шынында да ызам келетін.

Кикбоксингке келгенде де саған қойылар бірінші талап  — күшті, қажырлы, қайратты болу. Сәбит ағай (жаттықтырушымды айтамын) менімен алғашқы танысқанда жымиып күлді. «Қабылдамай қоятын шығар» деп зәрем зәр түбіне кетті. Бірақ ол кісі арқамнан қағып:

— Атың Жантай болса, өзің зор тай болуың керек. Mен де бала кезімде сендей әлсіздеу болғанмын. Күлген себебім сол, жаттықтырушым маған да күмәнмен қарады. Дегенмен үйірмеге қабылдаған. Кейін мақтағаным емес, ең күшті боксшы болдым. Сен әлі жассың, спортпен айналыссаң күш өзінен-өзі келеді. Тек жалқау болма! — деді мейірлене сөйлеп. Ал соңғы сөзін қатқылдау айтқан сияқты көрінді.

Ой, алғашқыда қандай қиын болғанын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Алғашқы жаттығудан кейін бүкіл денем ауырды. Аяқтарым өзіме бағынбай, талтаң-талтаң етеді. Тастап кеткім келді бәрін.

 

Менің көзім жасаурап кетті. Мақпал тәте де тез бұрылып, кетіп бара жатты. Байқаймын, жылап барады. Ал менің ішім алай-дүлей. Қандай қиын, аға! Сізден айрылдым, енді, міне, жеңешемнен мәңгіге айрылдым.

Мен ешкімге ішкі сырымды айтқан емеспін, бүгін өзіңізге ғана айтамын жеке құпия сырымды. Бәлкім, мұны махаббат сыры дей ме екен, оны өзім де түсінбеймін. Бізде Сәния деген қыз бар, жақсы оқиды, әрі өзі әнші, домбырашы. Осы қызды ылғи көргім келіп тұрады. Домбыра үйірмесіне неге қатысып жүргенімді енді білген боларсыз. Тағы бір манызды мәселені Сәния екеуміз бастадық. Біздің балалардың көбісі өзара орысша сөйлеседі. Сынып жиналысын жасап осы мәселені талқыға салдық. Жиналысқа директордың орынбасары Бәтима апай мен сынып жетекшісі Әсем апай қатысты. Алғашқыда балалар жиналыста өздерін тәкаппар ұстап, бізді менсінгісі келмеді. Сәнияның жігерлене, әрі әсерлі сөйлегені соншалық, сыныптастарымның көтерілген мәселеге көңілдері ауа бастағанын аңғару қиын емес еді. Шындығында да, тілің болмаса, сен ешкім емессің. Яғни, сол халықтың болашағы жоқ. Тілін жойғаннан кейін талай халық жер бетінен жойылып кеткен, оны жоюшы құлға, мәңгүртке айналған — өзінің ұлдары. Сәнияның әңгімесіндегі мәңгүртке айналған батырдың өз анасын өлтіруі балаларды қатты әсерге бөледі.

— Осындай бейшара халге түскен тілімізді қалай қорғауымыз керек? Оны кім қорғауы тиіс?

Жоқ! Намысым жібермеді. Оның үстіне Жандос ағама берген уәдем, өзіме-өзім қойған серт әлсіздігімнен күштірек болды. Ауыр жаттығулардан кейін көзім қарауытып құлап та қалдым. Бірақ тістеніп қайта тұрамын. Ернім қанап кететін. Бір рет тау асып жүгірген кезімде есімнен танып қалыппын. Жігіттер сүйреп әкеліпті.

  • Осылай үйреніп кетесің, әлі талай құлайсың, шынығу мектебі деген осы! — деді Сәбит аға маған жігер беріп.

Уақыт өткен сайын шынында да бірте-бірте шынығып келе жаттым. Бұрынғыдай ентікпеймін. Бүкіл көкірегім тазарды. Ағам жасаған турникке тыным бермеймін, кішігірім зілтемірлерді ауырына ауыстыра бастадым. Бос уақытымда қолғаптарды тастамаймын. Қазір қарным тартылып, бұлшық еттер пайда болды.

  • Көке, қарашы, қарнымның бұлшық еттерін! — деймін мақтанып.
  • Ой, Қажымұқанымай! Мықты-мықты, тастай! — деп көкем ұстап көріп, мәз бола күлетін. Екі аяғымды екі жаққа керіп тастаймын. Көпір жасап ұзақ тұрамын, акробатикалық небір қимылқозғалыстарды жасаудың шеберіне айналып келе жаттым. Мұның бәрін біліп отырған боларсыз, бұл — үлкен кикбоксингке барар жол. Әрине, Сәбит аға бізге осы спорттың әліппесін үйретті.

Ең бастысы, спорт менің көкірегімде өзіме деген сенімді оятты. Бұрын қандай істе болсын жасқаншақтық сезім алдымнан шығатын.

— Жігіт адам — ең алдымен өзінің отбасының қорғаны. Содан кейін елінің қорғаны болуы тиіс. Еркек адам өзін-өзі қорғай алатын, жау келгенде күресе алатын сегіз қырлы, бір сырлы болмаса ұят. «Әй, мынау ңағыз еркек екен!» дейді адамдар риза болғанда. Нағыз еркек болу үшін кішкентайыңнан шынығып өскенің абзал. Қазақ бабаң мына кең-байтақ даланы білектің күшімен, найзаның ұшымен сақтап келді, балам. Балаларын жастайынан ерлікке, ептілікке, батылдыққа, әділдікке тәрбиелеген. Сен де нағыз еркек, азамат болуға тиіссің! — деген көкемнің сөзін мен жазып та қойдым, көкірегіме түйіп те қойдым.

Жандос аға, сіз көзге көрінбейсіз, бірақ аруақтар ұшып жүреді дейді ғой. Өзінің отбасын сырттай бақылап, қиналса шыр-шыр етіп қорғап, Аллаға жалбарынады екен. Мен қай жерде жүрсем де, сіз менің қасымда жүргендей сезінемін. Үнемі сіз маған жігер, рух беріп тұрасыз. Сіздің күнделігіңізде Мақпал деген тәтенің аты бар. Сіз Мақпалды жақсы көрдіңіз, сезіміңізді де жасырмапсыз. Мен Мақпал жеңешемді көрдім, сұлу екен. Ол да мені көрді, жаныма келіп:

— Жандосқа ұқсайды екенсің, тек сарысың. Сабағыңды жақсы оқы, сонда ағаң да саған риза болады, — деді  Мақпал тәте жылы сөйлеп, басымнан сипады.

Тілімізді ешкім сырттан келіп қорғап бермейді. Шетелдіктерге біздің тіліміз, салт-дәстүріміз, тіптен өзіміз де керек емеспіз. Оларға біздің жеріміз, қазынамыз қажет. Ол үшін бізді мәңгүртке айналдырса жетіп жатыр. Ең қорқыныштысы, сіз бен біз мәңгүртке айналып барамыз. Мәңгүрттіктің басты белгісі — өзінің тілін менсінбей, өзге тілде сөйлеу. Мысалға, сабақтан кейін бірден орысша сөйлей бастаймыз. Намысымыз қайда? Өз тілін менсінбеген біз қандай бейшарамыз! Біз, қыздар, дәл қазірден бастап қазақ тілінде сөйлеуге серт еттік. Ұлдар, сендер сондай батыл қимыл жасай аласыздар ма?

Сәния әңгімесінің соңын осылай бізге, ұлдарға арнады. Сонда да біз мәңгүртпіз бе? Сонда бізде намыс жоқ па? Қыздар емес, біз осы мәселені көтеріміз керек емес пе? Сәниядан кейін жасқанып қарап тұрған мен ортаға қалай шыққанымды білмей қалдым. Түнімен ұйықтамай дайындап шыққан баяндамам айдалада қалды. Сөйлеп жатырмын, сөйлеп жатырмын. Сәнияның әңгімесінен кем щықпағанын балалардың от ұшқындаған көздерінен көріп тұрмын.

Жиналыс керемет өтті. Орысша сөйлеп жүрген мәңгүрттерді ұстайтын арнаулы топ құрдық. Оның атын «Намыс» деп қойдық, қабырға газетін шығаратын болдық. Бірнеше күннен кейін мектепте біздің бастамамызды қолдаған үлкен жиналыс өтті. Залға балалар сыймай кетті. Сәния екеуіміздің бағдарламамыз өткендегіден де әсерлі шықты. «Намыс» тобы үлкен топқа айналды. Газеттерден тілшілер келді, біздің мектеп балаларының бүкіл республикаға арнаған үндеуі де ықшамдалып жарияланды.

Міне, осындай қызықты оқиғаның соңы тағы бір шулы оқиғаға айналатынын, «үш ноян» атанғанын мен, Нұрлан, Сырым әрине білген жоқпыз. Күнделіктің 8 раунды өте қеш жазылды. Біз мәңгілік тұтқынға айналып, хабарсыз кеткендердің қатарында жүрер ме едік, кім білсін? Әрине, Құдай сақтады. Енді, қадірлі оқырманым, шиеленіс жолын барынша шынайы түрде күнделік беттеріне түсірейік.

 

Гонг сыңғырының орнына немесе үш ноянның аяқ астынан жоғалып кетуі

(Жантайдың көкесінің әңгімесі)

Мен жұмыстан келдім, ойымда ештеңе жоқ. Кішкентай Дәрігүлім жүгіріп алдымнан шықты.

  • Көке! Жантай ағам әлі келмей жатыр, — деді ол. Оның артынан жарым Гүлшар да осы сөзді қайталады.
  • Бұлай кешікпейтін. Нұрлан мен Сырымның да үйлеріне телефон соқтым. Олардың ата-аналары да үрейленіп отыр. Енді не істейміз, а? — деп Гүлшар маған қарады.

—  Сәл күтейік. Келіп қалар. Бала ғой әлі. Ойнап кетуі де әбден мүмкін, — деп мен үмітімді үзбей.

Уақыт өте берді. Нұрлан мен Сырымның ата-аналары жаттықтырушыға хабарласқан екен, ол кісінің өзі де таң қалыпты. Барлығы кешкі сегізде шығып кеткен. Енді шын қорқайын дедік. Енді қайда хабарласамыз? Гүлшардың көзінде жас. Түн ауды, ұйқы жоқ. Неде болса да таңға дейін күтуді ұйғардық. Ұйқы арсыз ғой, шіркін! Таң алдында көзім ілініп кетіпті.

Жандосты көрдім, аппақ болып киініп алыпты. Басында аппақ дулыға, қолында қылыш. Қылышын сермеп-сермеп қалғанда, найзағайдың оты тәрізді жарқ-жұрқ етеді. Жүзінде айбарлы сұс.

—  Көке! Жантайды іздемеңіздер және уайымдамаңыздар. Олар өздері келеді, қазір оларды ешкім таппайды. Бір Аллаға сыйыныңыздар, ол мені машинамен таптаған зұлымдардың қолында. Aпама айтыңыз, Жантай әйтеуір бір келеді. Ал мен кеттім, Жантайлардың қасында боламын.

Қызық! Әп-сәтте көз алдымда ғайып болды.

— Жандос! Бауырыңды жауға берме! — деп  қатты айқайлап жібердім...

— Көкесі-ау, кімге айқайлап жатырсың? Жандосты көрдің бе түсіңде, қөзің жас қой? — деп Гүлшар маған төніп тұр екен. Мен Гүлшарға түсімді айтып бердім. Күнделігінде айтқан зұлымдар болды ғой. Кім, кім олар? Біз оларға не істеп қойдық соңшама? Бір баламды алдың, енді мына кішкентайымда не әкеңнің құны бар, әй, зұлым?! Қайтар баламды!

—  Не болды? Неге үндемейсің? Түрің бүзылып кетіпті ғой, байқашы, жүрегіңе салмақ түседі. Ойпырмай, енді не істейміз? Біз не жаздық? — деп Гүлшар солқылдап тұрып жылады.

  • Жылама, жаным! Жандос келеді деп айтты ғой, келеді. Тек сен мықты бол! — деп Гүлшарға жігер бере сөйледім. Бұл сөзіме өзім де сеніп қалдым, бірақ көңілімнен күдік, қорқыныш, үрей кетпей қойды.

Біздің үйге Нұрлан мен Сырымның әке-шешелері келді. Мамалары жылап жүр, әкелерінің жүздері сұсты. Нұрланның әке-шешесінің аттары Құсайын, Баян да, ал Сырымдікі — Әскербек, Гүлсім. Ол атына сай әскери адам болып шықты. Құсайын — кәсіпкер. Базарда сауда жасайды, дүкені бар. Біз дереу барып арызымызды полицияға тапсырдық. Олар бірден іздеу сала бастады. Біз де жан-жақтарға, туыстарымызға хабарластық. Әзірге көңіл көншітетін бір жылы хабар жоқ. Заң орындарының қызметкерлеріне ішкі күдігімгі айттым. Жандостың күнделігіндегі зұлымдардың осы іске қатысы болуы әбден мүмкін екендігін дәлелдеуге тырыстым. Олар да өздерінің күмәндерін, алда болып қалуға тиіс жайттарды да жасырмады.

—  Олар сізге немесе басқа балалардың әке-шешелеріне телефон соғуы мүмкін. Сол кезде саспаңыздар, олардың айтқанына көнгенсіп, ақылдасамыз деп бізге хабарласыңыздар, — деді Ербол деген заңгер азамат.

Көңіліме медеу тұтатын нәрсем — түсімдегі Жандостың жұбатуы. Басқа ешқандай жұбаныш та, үміттің ілгегі де жоқ. Гүлшар көп жылайды, әбден жүдеп кетті. Не деп жұбатарымды білмеймін. Дәрігүл ағасын күн сайын сұрайды. «Ауылға кетті, келеді, құлыным!» деймін көңілім босап. Нұрлан мен Сырымның әке-шешесінде де тыным жоқ. Үміттеніп күніне жүз рет телефон соғатын шығар.

Күн өткен сайын үмітіміз үзіле бастаған сияқты көрінгенмен, таңертең үмітпен оянасың. Ұшып тұрып, баламның бөлмесіне барамын. Төсегі бос, үмітім тас-талқан. Көзім жасаурайды. Кейде менен бұрын Гүлшардың тұрып, баласының төсегінде жатқанын көремін. Баламның жастығының су-су болғанын көргенде, көзімнен жас парлап, тоқтата алсамшы өзімді.

—  Жандосымды алдың бір Аллам, Жантайымды қайтаршы, — дейді Гүлшар жалынып. Мен де осы тілекті іштей қайталаймын. Жұмысқа да онша көңілім жоқ. Қызметтестерім де мені түсінгендей рай танытып, қолдарынан келгендерінше көмектеседі. Күн сайын жұмысқа барғанда «табылды ма?» дейді бәрі үмітпен. Мен төмен қараймын, телефонға да тыным жоқ. Бәрі-бәрі сұрайды, ортақтасады, жұбатады.

Бір күні бізді елеңдеткен оқиға болды. Әлдебір адам маған телефон соқты:

  • Сен Тайырсың ба? — деді қырылдақ дауысты адам өктем сөйлеп.
  • Иә, менмін, — дедім.
  • Сен болсаң, мені тыңдап ал! Үлкен ұлыңды құртқан — біз, кіші ұлың біздің қолымызда. Әнеу екі досы да бізде. Іздеп әуре болма. Таба алмайсың, ақымақ!

Аң-таң күйде сұлқ отырып қалдым. Гүлшар жүгіріп келді:

—  Кім, кім олар?

Көпке дейін есімді жинай алмадым.

  • Жантай, Жантай, — дей беріппін, ұлымның атын қайталап.
  • Не болды? Балам тірі ме? Кім ол? — деп Гүлшар менің айналамда шыр-пыр болып сұрақты жаудырып жатыр.

—  Зұлымдар! Жандосты өлтірген зұлымдар! Жантай солардың қолында, — деймін мен айқайлап.

  • Тірі ме? Айтшы, тірі ме Жантайым? — Гүлшардың көздерінен үміт ұшқындары себезгілейді.
  • Тірі! Тірі, баламыз! Бірақ қайтармаймыз деп отыр...

Бұл оқиға бізге ерекше күш, таусылмас үміт сыйлады. Жан-жақтан іздеу салып жатқандар да жұмыстарын күшейтті. Бірақ одан кейін хабар үзілді. Үміт, үміт үзілмесінші!

Ал біздер алты айдан астам дегдірсіздене күтіп жүргенде Жантайлар қайда болды? Оларды кімдер ұстап отырды? Бұл әңгімені, әрі сұмдық оқиғаны Жантайдың баяндауынан оқиық.

 

VІІІ раунд

Қорқынышты қамалға бізді кім апарды?

Біз шынында да батыста Америкада болып жатқан адамдардың жоғалып кетуі, құлға айналуы жөнінде оқиғаларды жиі естігенмен, оған мән бермейтінбіз. Ондай оқиғалы кинолар көп. Ал басымыздан өткен мынау оқиға ажал бұлтындай біздің басымызда ұзақ тұрды.

Әдеттегідей кезекті жаттығудан Нұрлан, Сырым үшеуіміз бірге келе жаттық. Жолда бірде әңгіме айтамыз, бірде үшеуіміз өзара шайқасып қаламыз. Көңілдіміз, алдымен Нұрланды шығарып саламыз, содан соң Сырым екеуіміз жүгіргеннен жүгіріп үйге жетеміз. Көршіміз. Үшеуіміз де кикбоксингті жақсы игердік. Салмағымыз бойынша үшеуіміз де чемпионбыз. Мектепаралық, аудандық жарыстарға да қатысып жеңімпаз атандық. Былайша айтсақ, атағымыз дүрілдеп тұр.

Нұрланның аялдамасына жақын қалдық. Мына шоқ ағашты жарып өтетін жалғыз аяқ жолмен жүрсек, аржағы қол созым жер. Шоқ ағашқа кіре беріп едік, алдымыздан он шақты алпауыт жігіт пайда бола кетті. Бізді қаумалай қоршап алды да, екі-екіден бөлініп, үшеуімізді әлдебір жаққа дедектете сүйрей жөнелді.

—  Бізді қайда апарасыздар? Сендер кімсіңдер? — деген Нұрланның жан даусы шықты.

—  Жіберіңдер! — деп жұлқынып едім, тегеурінді қолдар одан сайын қыса ұстағандай болды. Үш джип машинасы күтіп тұр екен. Әрқайсымызды бөлек-бөлек отырғызды. Менің де екі жағымда екі дәу жігіт. Көзімді байлап тастады, жүріп келеміз, жүріп келеміз. Ұзақ жүрдік.

  • Сендер кімсіңдер? — деп едім, біреуі нұқып қалып:
  • Үніңді шығарма, өлесің! — деді гүр етіп. Мінеки, тоқтады. Тағы да дедектетіп ала жөнелді. Сықыр етіп темір есіктер ашылып жатты.
  • Төменге апарыңдар! Ертең сөйлесеміз, — деген өктем дауысты адамның бұйрығынан кейін бізді баспалдақтармен төмен сүйреді. Тағы да темір есіктар сықырлай ашылды. Көзімнің байлауын шешіті. Арқамыздан итеріп-итеріп,  бір үлкен бөлмеге кіргізді, төсектері бар.

—  Осында жатасыңдар! Қазір тамақ әкеледі. Таңертең сөйлесеміз, — деді қысқа бөйлы мұртты жігіт.

— Біздің не жазығымыз бар қамайтындай! Біз сендерді сотқа береміз! — дедім мен қоркытпақшы болып.

  • Атаңның басы бересің! Бұл қамалға кірген із бар, шыққан із жоқ. Арыстан туралы ертегіні білесің бе? Ха-ха! — Бізді әкелген жігіттер қарқылдап күліп мәз болып қалды. Есік сарт жабылды. Үшеуіміз үрпиіп бір-бірімізге қарадық.
  • Бізді мұнда не үшін әкелді? — Қызық болғанда, үшеуіміз осы сауалды бір-бірімізге қойдық. Жауап жоқ.
  • Бұлар адам жегіштер емес пе? — деді сәлден сон Сырым шопып кетіп.
  • Олар балаларды әкеліп, неше түрлі тамақ беріп семіртеді. Сөйтіп ортаға алып, біз сұғып, қанын ағызып жейді екен, — деп Сырым одан сайын шошытты.
  • Ойбай, бізді тек бұған таңдағаны несі? Мен арықпын, Сырым да жетісіп тұрған жоқ, Нұрлан ғана семіздеу, — дедім мен әзілдеп, достарымды көңілдеңдіргім келіп.
  • Балалар! Мен жақында мынадай сұмдықты оқыдым... Біз сияқты денсаулығы күшті балаларды ұрлап алып, оның дене мүшелерін шетелге сатады екен. Мысалға, бір жүректің өзі үш мың доллар тұрады. Мен қорқып тұрмын. Бізді ешкім құтқара алмайды-ау, иә? — деген Нұрланның даусы құмығып естілді. Бадырақ көзінде жас үйіріліп тұр. Менің де жан-дүниеме қорқыныш кіргендей. Егер мен қорыққанымды білдірсем, бітті, екеуі бақырып жылап жіберетіндей. Бойымдағы бар күшімді жинадым.

 

— Нұрлан, Сырым, жан достарым менің! Біз қорықпауымыз керек, содан кейін айла-тәсіл керек. Нұрлан сен дұрыс айттың. Біздің әке-шешеміз қарап қалмайды. Он үште отау иесі, енді сен жігіт болдың, сондықтан біз жас емеспіз. Әрине, ең бастысы, бір Аллаға сыйынайық. Сыйынсақ бізді Алламыз құтқарады, қолдайды, бір Алладан тілек тілейік, кәнеки, сыйынайықшы! — деп тізерлеп отыра қалып, іштей мінәжат ете бастадым. Екі досым да қатар отыра қалып, қолдарын жайып, тілек тіледі. Мұнымыз дұрыс болды. Өзіме, достарыма рух келді. Бұл көңілімізді көтерді, сөйтіп, тәтті ұйқыға кетіппіз.

Жандос ағам қасымда отыр. Әдетінше жымиып, жылы жүзбен қарайды.

— Сарконым! — деді менің басымнан сыйпап. — Қорықпаңдар! Бір Аллаға сыйынғандарың дұрыс болды. Өмір — күрес. Өзің айтпақшы, көкем мен апам, бәрі-бәрі, тіптен полиция да сендерді іздеп жатыр. Ең алдымен аспай-саспай мына зұлымдардың айтқанына көнгенсіп, қашудың шарасын іздеңдер. Сендерге сенемін, oл жолды табасыңдар. Қорқаулардың ордасын сендер талқандайсыңдар.

Жандос аға жымиған қалпы маған қоштасу мезіретін жасады да, шегініп кете барды...

Таң атып келеді екен. Екі досым пыс-пыс етіп ұйықтап жатыр. Басым сәл ауырғандай ма, қалай? Жандос ағамның тура өңімдегідей қасыма келіп айтқан әңгімесі маған ерекше рух берді. Достарымды оятып, олармен ой бөліскенше асықтым. Оларға Жандос ағамның жігерге толы сөздерін тезірек жеткізіп, көңілдендіргім келді. Бірақ көпке дейін тәтті ұйқыда жатқан оларды оята алмадым...

 

IX раунд

Қорқаулардың ордасындағы төбелес

Есік салдыр-гүлдір етіп оқыс ашылды. Түнде бізді әкелген екі аға келді. Көңілді.

  • Шығыңдар, әлем чемпиондары! — деді қабандай күжірейген сарысы.
  • Біз қайда келдік? — деді Нұрлан.
  • Қазақтың Голливудына келдіңдер. Мұнда бәрі бар, жұмақ деген осында. Тек айтқанға көніңдер. — Бұл тырна сияқты тыриған арық ағаның сөзі. Қашып кететіндей, біреуі артымызда, біреуі алдымызда, сыртқа шықтық. Шынында да жұмақ дерсің. Биік-биік ағаштар, шыршалар, қарағайлар. Ауа тап-таза. Айнала биік-биік таулар күрегейлеп қоршап тұр. Жолға төселген қабыршақ тастар, ертегідегі сынды жалт-жұлт етеді. Екі жағында неше түрлі гүлдер, сылқ-сылқ күліп бұлақ жатыр. Қапырық ауалы бөлмеден шыққандықтан ба, кәусар ауаға тұншығып қала жаздадым. Жаздың күні болса да сап-салқын. Жан-жағымызға алақ-жұлақ қарап, қай жерге келгенімізді білмей, өң мен түстің ортасында біздер келе жаттық. Тұрқы жұмыртқаға ұқсас үлкен үйге жақыңдадық. Есігі жоқ. Жақындағанда байқадық, көзге көрінбес бір нүкте тұр екен. Қабан сары қалтасынан қаламсабын алып тигізіп еді, бір жағына сырылған пердедей есік ашылды. Жан-жағы жарқылдаған коридормен жүріп келеміз. Тірі пенде жоқ. Тағы да әлгі қаламсабын алдағы қабырғаға тигізіп қалып еді, лифті пайда бола қалды. Зыр-зыр етіп төменге қарай зуладық білем. Лифт ашылғаны сол, танауымды дәмді тағамның исі жарып жібере жаздады. Үлкен зал, қара-құра адамдар бар екен. Бізді тамақ ішуге әкелгенін ұқтық.

Екеуі сөйлемейді. Ерегіскенде, біз де сөйлемей қойдық. Өзіміз қорқып отырсақ та, қарнымыз ашып қалыпты. Тойып алдық.

  • Енді бастыққа барамыз. Сендердін тағдырларың шешіледі, — деді қабан сары сұқ саусағын бізге безеп.
  • Біздің үйге қайтқымыз келеді. Бастығыңызға соны айтыңыз. Бізге ешқандай жұмақтың қажеті жоқ, — дедім мен қорықпайтынымызды білдіріп.
  • Иә, иә, үйге қайтамыз, — деп екі досым қосарлана қостады.
  • Мамаларыңның емшегін еміп, әбден үйкүшік болғансыңдар. Үйге қайту дегенді ойламаңдар. Оның жөнін қазір босымыз айтады. Көп мылжыңдамай, аяқтарыңды тез-тез басыңдар. Ол кісінің әр минуты қымбат, — деп қатқан қарасы қатқыл сөйледі. Жалт-жұлт еткен, ащы ішектей жұбатылған коридормен ұзақ жүрдік. Лифтімен жоғары көтерілдік. Ішіне әскери адамдар кіргізіп тұрады екен, робот сияқты. Күлмейді, артық-ауыз ештеңе айтпайды. Ақыры бізді үлкен бөлмеге кіргізді, жайлы креслоларға жайғастық.
  • Күте тұрыңдар. Қазір босс келеді, — деп қабан сары аузын жиям дегенше қабырға қақ жарылып, аржағынан гүрілдеген дауыс шықты.
  • Заходите!
  • Кеттік!

Тай шаптырым зал. Ортада ұзын үстел, екі жағында қаз-қатар тізілген әдемі орындықтар. Әне-ау аржағында бір қап-қара кісі отыр. Алғашқыда негр екен деп қалдым.

  • Садитесь! — Тағы да гүр-р етті әлгі кісі.
  • Менің атым Федя. Сен кимсіңдер? Ат ким? — Атымызды сұрап тұрғанын біліп, мен атымды айттым. Екі досым да менен қалысқан жоқ. Федя ағай содан соң орысша сөйлеп кетті.

—  Вы — будущие чемпионы!  Вы — будущие миллионеры! — деп бастап ұзақ сөйледі. Біздің қысқаша ұққанымыз кикбоксингтен жарысқа қатысады екенбіз. Мектеп осында, тек қазақша емес орысша, ағылшынша оқимыз. Америкаға, Еуропаға, Қытайға және басқа әлемдік жарыстарға қатысып, чемпион боламыз. Қызыл, қара белбеулердің иесі болсақ, әрқайсымыз ақшаның астында қаламыз. Яғни, миллионер болып байимыз. Неге екені белгісіз, менің жылап жібергім келді.

—  Біз үйге қашан қайтамыз? — деп Нұрлан жыламсырады.

Қара дәу біздің ешқашан қайтпайтынымызды қатал түрде кесіп айтқанда, үшеуіміз аң-таң күйде бір-бірімізге қарадық. Көздерімізде жас. Менің ішім алай-дүлей. Дүние бейне төңкеріліп бара жатқандай. Достарымыз да сондай күйде екенін ұқтым. Жандос ағамның түнде көрген түсімдегі сөзі естілгендей болды. «Сендерге сенемін. Қорқаулардың ордасын сендер талқандайсыңдар!»

  • Кетеміз, біз қайткенде де кетеміз! — деп қызба мінезді Нұрлан ұшып тұрып айқайлап жіберді.
  • Оңбағансыңдар! Ұрысыңдар! Ертең полиция сендерді тауып, соттайды, — деп Сырым аса бір әбжіл қимылмен үстелдің үстіне секіріп шығып кетті.

Біэден ешқандай чемпион шықпайды. Жіберіңдер оны! — деп үстел үстіңдегі Сырымды бүре ұстап көтерген қабан сарының бүйірінен  секіріп барып, аяғыммен соққы бердім. Соққының қатты тигені соншама қабан сарының «а-aһ!» деген жанұшырған дауысы шықты. Сырым да босап, ішінен соққылады. Қара жігіт маған ұмтылғанын көріп, оны қарсы алуға сілеусіндей қалт тұра қалдым. Ол мені менсінбей, қолдарымен қармап ұстауға тырысты. Ол еңкейе бергенде мен әбжіл қимылдап бетінен тептім. «Оһ!» деп шалқасынан құлап бара жатты. Қабан сарыға ұмтыла берген Нұрланға:

—  Қаштық! Нұрлан, Сырым, тез! — деп ашық тұрған есікке ұмтылдым. Сыртта әскерлер тұрғанын ұмытып кетіппін. Екеуі бірден маған тарпа бас салды. Мені ұруға шамамды келтірмей, резеңке таяқтарымен үстін-үстін соғып жіберді. Ар жағы есімде жоқ...

Көзімді ашсам, біреу үстімнен төне қарап тұр. Сақалы қауғадай шал. Жүзі мейірімді.

  • Е, е, батыр, есіңді жидың ба? — деген қоңыр дауыс жүрегімді лүпілдетті. Ауылдағы атам ғой. Біз құтылған екенбіз ғой. Ура!
  • Әбден ұрып тастапты, бәтшағарлар! Бала деп аямады ма, ең болмаса, — деп кейіді атам. Басым қатты ауырып тұр. Солқ-солқ етіп жанымды көрсеткендей. Ойым да үзік-үзік. «Атам қалай келді? Көкем мен апам қайда? Нұрлан мен Сырым ше?» Ұйықтап кеттім бе, әлде қайта есеңгіредім бе, атамның даусы гүңгір-гүңгір етіп алыстан естіледі.
  • Тұр, тұршы, Жантай! — деген Сырымның даусы мені оятып жіберді. Басымның ауырғаны сәл басылыпты. Екі досым екі жағымнан маған төне қарап қалыпты. Heгe екені белгісіз, Сырым басын таңып алса, Нұрлан қолын асынып алған.

—  Атам қайда? Сендерге не болған? Мен қайда жатырмын? — деп сұрақты жаудырып жібердім. Екеуі аң-таң.

—  Қайдағы ата? — деді қосарлана олар.

—  Бағана менің қасымда тұрған атам ғой. Әлде түс көрдім бе? Жо-жоқ, өз көзіммен көрдім.  Оқыс қозғалып қалып едім, бүкіл денемді біреулер мыңдаған инелермен шаншып-шаншып жібергендей болды. Қабағым тыржиып кетті-ау деймін, тағы да достарым қосарлана:

— Қозғалма! — деді. Содан кейін Нұрлан сөзін сабақтады.

— Ол сенің атаң емес. Біз онымен осы жерде таныстық. Гүл өсіруші ата. Аты Жұмабай. Саған қарап, түнімен ұйықтамады. Жаңа әзірде ғана қетті. Ол кісіден көп жайларды білдік. Сәл жазыл. Содан соң ақылдасамыз. Қара дәудің бөлмесіндегі төбелесте Сырым басынан, мен қолымнан жарақат алдым. Ең көп жарақат алған сенсің. Өйткені, сен ниндзялардың өздерімен шайқастың. Ал олар сені аямай есіңнен тандыра төпеледі. Бізді ана екеуі ұстап тұрды. Қара дәу: «Өлтіріңдер оны! Оның ағасын да өлтірген менмін. Маған қарсы келген адамның болашақ тағдыры осылай аяқталады» — деді барқылдай сөйлеп.

Басымды оқыс көтеріп алып едім, қатты ауырып кетті.

  • Сол екен ғой, қанішер, Жандос ағамды өлтірген. Мен оны өлтірем! — дедім айқайлап. Ызаланғаным соншама, жылап жіберіппін.
  • Жылама, Жантай! Бәріміз бірігіп Жандос ағаның кегін қайтарамыз. Ата айтты: «Байқаңдар. Мұнда кілең басбұзарлар жиналған. Өлтіруден еш тайынбайды. Сендердің бостандыққа шығуларыңа көмектесемін» — деді.

Нұрлан мен Сырымның уақыттың ішінде өте салмақты да сабырлы болып кеткеніне таң қалдым. Өзімнің ызақор, жеңілтек екеніме қатты ұялдым. Бәлкім, бұл кемшілік жанымды көзіме көрсеткен аурудан болар. Қалай болғанда да ұят.

 

X раунд

Қанмен берілген ант

Тез жазыла бастадым. Алғаш тұрған кезде басым айналып, құлап қала жаздадым. Құлайтын да едім, екі досым сүйеп қалды. Жұмабай атамен де таныстым. Шынында да Жұмабай ата менің Жүсіп атама ұқсайды екен. Қоңыр даусы, сақалы, бетінің әжімдері, жүріс-тұрысы, бәрі-бәрі ұқсайды. Ол кісі көп біледі екен. Мына жер улке-ен алпауыттың қалашығы болып шықты. Мұнда адам жанына қажеттінің барлығы бар. Алып жасанды көллер, спорт кешендері, мейрамханалар, шағын зауыттар, сауналар, қонақ үйлер. Тағы бір қорқынышты нәрсе — бес қаруы сай жасанған әскер де бар осында. Бірнеше тікұшақ әрдайым ұшуға дайын тұрады екен. Басқа жақта ракеталары, ұшақтары да бар көрінеді. Қалашықтың сырты биіктігі үш метр қорғанмен қоршалған. Үстінен тоқ сымдары жүргізілген бұл  қорған күні-түні компьютермен бақыланады. Қысқасы, сыртқа тышқан да өте алмайды. Атаның өзі де тұтқын. Отбасысы Алматыда, өзін ұрлап кеткен. Кінәсі — неше түрлі гүлді өсіруге шебер. Атаның қарамағында қазір елудей адам бар. Оларға гүлді өсірудің әдістерін үйретеді.

— Сендер мен айтқан бұл құпияны ешкімге айтпауға тиіссіңдер, — деді қарт сыбырлай сөйлеп. — Өздеріңді мұнда не үшін әкелгенін білгілерің келе ме?

— Иә, — дедік үшеуміз де бірдей үн қатып. Сақалын салалай сипаған ата аз-маз ойланып қалды да, сауал қойды.

  • Сендер кикбоксингпен айналысасыңдар ма? — Тағыда «иә» деп жауап бердік.
  • Ендеше мынаны ұғып алыңдар. Жаңа сендерге айттым ғой, спорт кешендері бар деп. Сол кешендерде ережесіз жекпе-жектер болады. Оны сендер батыстың киноларынан көріп жүрсіңдер. Мұнда да сондай. Бір рет барып көргенмін. Рингке шыққандар бірін-бірі өлтірмей тынбайды. Өте қорқынышты. Өлген спортшыны зембілге салып алады да, кейін өртеп жібереді. Мұнда «әлем чемпионы» деген атақ үшін де шайқастырады.
  • Ал шайқаспай койса ше? — дедім мен.
  • Онда өлтіреді. Мысалға, сені сәл-пәл болмаса өлтіре жаздады ғой. Мұнда адам өлтіру тышқан өлтіргеннен оңай. Біздің елімізде байлар көп. Абай бабаларыңды білесіңдер ме?
  • Әрине білеміз!
  • Білсеңдер, сол бабаларың мынандай керемет асыл сөз айтқан: «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық — аздырар адам баласын», — деп. Біздің байлар да осындай. Еріккен олар ойына келгенін істейді. Біздей кедей адамдар: «Қалай аштан өлмесек, қалай күн көреміз?» — деп ертеңіне үреймен қараса, бұлар «ертең қандай қызықпен айналыссақ екен» деп бас қатырады. Бұл — адамдар арасындағы байлықты әділетсіз бөлуден шығады. Мысалға, араб елдерінде жер асты байлығын адамдарға бірдей бөледі. Ал бізде әзірге ондай болмай тұр. Жә, сендердің миларыңды ашыттым, білем. Ережесіз жекпе-жектер — осындай еріккен қаніпезерлердің ойлап тапқаны. Тіптен әлемдегі керемет әншілерді де миллиондаған долларға жалдап, осында әкеледі. Мұндай ермектерден олар ештеңе аямайды. Міне, сендерді де құрбандыққа шалуға әкелді.

— Қалай? — деп үшеуміз ұлардай шуладық.

— Солай. Осында әр елдерден балалар да келеді. Солармен ережесіз жекпе-жекке шығасыңдар. Сендерге «Өлтір!» дейді. Өлтіресіңдер. Өлтірмесеңдер өздерің өлесіңдер, — деп ата әңгімесін аяқтады. Ал біздің көзіміз бақырайып үрейге бөлендік. Ата сақалын сипалап, ойға шомып отыр.

  • Ата, біз не істейміз? Бұл жерден қалай қашамыз? — деп үнсіздікті Сырым бұзды.
  • Оны білсем, бала-шағама өзім қашпаймын ба? — Енді қарасақ, ата кемсеңдеп отыр.
  • Келгеніме жылға жуықтады. Мені өлді деп, жерлеп те қойған шығар. Балаларымды, немерелерімді сағындым. — Атаны үшеуміз қаумалап, құшақтап біз де жыладық. Атамыз ақырында:
  • Жігіттер, қойыңдар! Онан да қалай қашудың, мына зұлматтан қалай құтылудың жоспарын жасайық. Ол үшін біз өмір-бақи дос болып, құпиямызды ешкімге жария етпеуге ант берейік.
  • Дұрыс. Қалай ант береміз? — дестік біз.
  • Ол үшін біз «Бостандық» деген ұйым құруымыз керек. Бұл ұйымға осында жүрген адал адамдарды тартайық. Сонда ғана зор ұйымға айналамыз. Кәне, бұған қалай қарайсыңдар? — деп Жұмабай ата күшейіп алды. Қабағы қатулы. Жаңа әзірдегі көзінен жас парлаған мыжырайған қарт емес, айбынды батыр тұр алдымызда. Біз де жадырадық. Ата бәкісін алып, сұқ саусағын шертіп жіберді. Қан тамшылады. Бәріміз сұқ саусағымызды ұсындық. Өлім немесе өмір! Төрт адамның қаны араласты. Енді жанымыз да бір. Біз осылай анттастық.

 

XI раунд

Алғашқы ережесіз жекпе-жектер

Жұмабай атамызбен күнде біздің жатақханада кездесеміз. Айтпақшы, біз үшеумізге арнайы бөлме берген. Шынында да, ата айткандай біз сияқты жетім балалар мұнда көп екен. Арнайы секциялар ашып қойған. Ережесіз жекпе-жекке бізді дайындап жатыр. Кикбоксинг сияқты емес, мұның әдістері қатаң. Неше түрлі күрестің әдістерін алып, ботқа етіп жіберген. Босаңси алмайсың. Жаттықтырушымыз — еңгезердей, танауы шелектей негр. Аты Майкл, америкалық. Қорыққанымыздан, неше түрлі жойқын әдістерді меңгере бастадық. Мұздай суға түсіреді. Әскери тәртіп. Жатақханада да қатаң өмір салты. Уақыт деген сырғып өтіп жатыр. Үйімізді әбден сағындық. Оңашада жылап-жылап аламыз. Жылауық күз де өтіп, желтоқсан айы келді. Жаңа жылда алғашқы жекпе-жектеріміз өтпек. Жақындаған сайын жүрегім өрекпиді. Өмір сүргіміз келеді. Ал ол рингтің тәртібі қатаң: өлім мен өмір тайталасады.

Жандос ағам да түсіме кірмей кетті. Есесіне көкем, апам, қарындасым түсіме жиі кіреді. Үнемі үйде жүремін. Еркелетеді олар. Қыдырамыз, тауға барамыз. Күлеміз, ойнаймыз. Сондай бір қызық жеріне келгенде оянып кетемін. Жан-жағыма алақтай қарап, ата-анамды іздеймін. Қайдағы?.. Көңіл-күйім бұзылып, ұнжырғам түсіп кетеді. Достарым Нұрлан мен Сырым ұйқы құшағында жатады. Кейде олардың біреуінің апалаған, мамалаған үні бүкіл жатақхананы дүр көтереді. Жатақхананың басқа бөлмелерінде де жылаған балалардың даусы шығып жатады. Кейде бүкіл қалашықты басына көтерген қайдағы бір қыздардың шыңғырған құлындағы дауысы жаныңды түршіктіреді. Сондай кезде Сәния еске түседі. Сәнияны ұмытып қалған жоқсыз ба? Менің сыныптасым домбырашы әрі әнші қыз ше? О-о, оның сызылта салған әнін тыңдасаңыздар ғой. Еһ, шіркін, Сәнияның өзіне ғана емес, әніне де зар болдым-ау.

Мінеки, осылардың бәрі есіме түскенде, көзімнен жас саулап береді дейсің. Бірақ қазіргі өміріміз мені де, достарымды да қатігездендіріп бара жатқандай. Өшіңді қарсыласыңнан аласың. Он екі-он үш жас балалардың ойынды ғана ойлайтын ерке шағы емес пе? Ал біз ерте есейдік. Соңғы бес-алты ай тым баяу жылжып өтіп жатты.

Қолымыз боста Жұмабай атаға барамыз. Ол кісі бізге келеді. «Бостандық» ұйымына тағы да үш кісіні қабылдадық. Гүл егетін Дариға мен Несіпкүл тәтелер. Бізден екі жас үлкен Сәбит деген бозбала. Сәбитпен етене араласып кеттік. Оған он бес емес он сегіз, он тоғыз жасты бересің. Бойшаң, денесі тастай Сәбитті екі жыл бұрын зорлықпен әкелген. Көнбепті. Қайсар бала: «Мені өлтіріңдер!» — деп айқайлап жатып алыпты. Бір ай қамап тастаған. Дүремен соққылаған.

Аштан қатырған. Ақыры көніпті. Қазір кез келген қарсыласын жайпап тастайды. Осы бетімен кете берсе, АҚШ-тағы жыл сайын өтетін әлемдік додаға қатысады. Бірақ Сәбитке даңқ емес, бостандық қымбат. Екі рет қашуға әрекет жасамақ болады. Әрекеті сәтсіз аяқталады.

Бұгін жекпе-жекке шығамыз. Алып залдың іші лық толы. Жұмабай атаның сөзі ойыма оралды: «Еріккен байлар ермек үшін сендерді құрбандыққа ұстап отыр. Бұл да бизнестің бір түрі және сендерді адам ретінде көрмейді. Сендер құлсыңдар». Әне, мені жекпе-жекке шақырып жатыр. Өзім құралпы қазақ баламен шығамын. Ал Нұрлан мен Сырым басқа ұлт балаларымен шайқаспақ. Менен бойшаңдау қарсыласым алғашқы сәтте-ақ үстін-үстін соққылар жасап, серпінді ұзын аяқтарымен мені есеңгіретіп тастамақшы болды. Көнетін оған мен бе, бойым қысқалау болғанмен, серіппедей секіретін әдісім бар. Қас қағым сәтте қарсыласымды ес жиғызбай, аяқпен жойқын соққы жасаймын. Ол соққыдан аман қалса, тастай жұдырықтарым және бар. Дәл басына тиген аяқ соққымнан қарсыласым есеңгіреп қалғанын бірден сездім. Иектің астынан бір соқсам кескен теректей құлайтынын және білдім. Көрермендер араның ұясындай құжылдады. «Өлтір! Соқ!» дейді екіленіп олар. Мен салқынқандылыққа беріліп, жайбарақат тұрдым. Ол да мен сияқты біреудің баласы ғой. Ережесіз жекпе-жектің қатал заңын жақсы білсем де, балалармен өзара келіскендей қарсыласымды бақылап, қалт тұрып қалдым. Шынында да, қарсыласым қатты есеңгірегені соншалық, сылқ етіп отыра кетті. Бокстың тілімен айтсақ: «Нокаут!»

Нұрлан мен Сырым да қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді. Нұрлан арық үндіспен, ал Сырым бадырақ көзді семіз негрмен шықты. Қатты қорықтым. Екі досымнан айрылып қалсам, менің жағдайым не болмақ? Бір Алладан екі досымның жеңуін тіледім. Әр досымның жеңісі маған шексіз қуаныш сыйлады. Жас ыршып кетті көзден. Жұмабай атаны құшақтай беріппін.

Кешке тамақтан кейін бізді қара дәу Федя қабылдады. Мен ішімнен атарға оғым болмай кіжініп отырдым. Жандос ағамды өлтірген осы қанішер ғой. Не жазығы бар еді ағатайымның? «Мен қалайда кек аламын» деп өз-өзіме серт бердім сол сәт. Қара дәу бізді мақтады. Мен оған сұрақ қойдым.

— Егер біз чемпион болсақ, үйге жібересіз бе? — Қара дәу қарқ-қарқ күлді. Біздің екі кузетшіміз де бірге қарқылдады. Тура қара қарғалар сияқты.

— Әлем чемпионы боласыңдар. Сол кезде жіберемін! Ха, ха, ха! Хи-хи-хи!..

Біз олардан үмітімізді үздік. Енді қашудың басқа жолдарын іздеу керек.

 

ХІІ раунд

Бостандық жоспарын қалай құрдық?

Шынында да, біз қарап жатпадық. Қешке жорыққа шығамыз. Қыдырған болып жұмбақ қалашықты аралап, қашатын жерлерді іздедік. Қалашық ондаған гектар жерді алып жатыр. Жан-жағы бұрын да айтып кеткендей, биік қамалдармен қоршалған. Оның үстінде сым темірлер, ол сым темірлермен жоғары қуатты тоқ жүріп жатқаны белгілі. Яғни, сыртқа тышқан жорғалап шыға алмайды. Жұмабай ата мен Несіпкүл, Дариға тәтелер де қарап жатқан жоқ. Сәбит аға бұл операцияға қатты кірісті. Бастығымыз сол. Білмейтіні жоқ.

—  Артық-ауыз қимыл жасамаңдар. Бұлар - фашистер. Міне, мынау — жезөкшелер үйі. Мына тұрған үй — казино. Бұдан да басқа неше түрлі көңіл көтеретін жерлер көп. Еліміздің біраз байлығын осылар иеленген. Мұнай да, мыс та, алтын да уран да бар бұларда. Қарсы келгендерді жоқ қылып жібереді. Біз олар үшін құмырсқамыз. Табанына салады да, мыжып тастайды. Айтпақшы, мен қашудың бір жолын таптым, — деді Сәбит кенеттен әңгіме арнасын басқа жаққа бұрып. Біз елең ете қалдық.

—  Қандай? — деп жарыса сұрадық.

Сәбит аға ойланып тұрды да, орнынан ұшып тұрды.

—  Кеттік! Спорттық киімдеріңді киіңдер! Біз аң-таң күйде, дәп қазір үйімізге баратындай жүректеріміз дүрсілдей соғып, апыл-ғүпыл киіне бастадық. Төртеуміз далаға тез шықтық. Сәбит аға бізді спортзалға ертіп келді.

  • Коньки алыңдар, сырғанаймыз! — деді. Бұрын да жасанды көлге барып сырғанайтынбыз. Түсінбесек те, бұйрықты айтпай орындадық. Бірақ Сәбит аға бұл  жолы жасанды көлге емес, мүлдем басқа жаққа тартты. Қалашықты жарып ағып жатқан өзенге келдік.
  • Кеттік! — Мұз өзеннің арнасымен жағалай сырғанай жөнелдік. Екі, 3—4 метр ғана өзен қамалға жақындағанда әрі қарай құзға құлайды. Сол жерге дейін мұз болып қатқан. Ар жағы кісі қорқатындай сарқырама. Төмен қарауға қорықсақ та, шыңның тура жиегіне келдік. Өзеннің суы төменге құлаған соң, әрі қарай қайтадан бұрқ-сарқ қайнап ағып, бір шақырымнан кейін қамалдың астын кеулеп қала жаққа бет алғандай.
  • Бізден гөрі су бақытты. Олар бостандыққа ұмтыла алады және ол бақытқа ие болып отыр, —  дедім мен төменге мұңая қарап.  

—  Оһо! — деп Сәбит аға айқайлап жіберді.

—  Сенің ойың менің ойыма ұқсап тұр. Бізді бостандыққа сол су алып шығады, жігіттер. Мен жазда қамалға дейін жүзіп бардым. Қаніпезерлер ол жерге темір тор жасап тастаған.

Бірақ мен амалын таптым. Су астындағы жүзгіштердің киімін маған бір кісі берем деп отыр. Оны тапсақ, онда бостаңдыққа шықтық дей беріңдер. Темір торды кесеміз!

Бәріміз әп-сәтте шаттанып сала бердік. Үміт оты оянды.

—  Қазір су суық қой, — деді Сырым кенеттен.

—  Дұрыс. Көктем, жаз шыққанын күтеміз. Оған дейін дайындық жұмыстарын жүргіземіз. — деді Сәбит аға жайбарақат. Денесі тығыршықтай Сәбит ағаның жүзінде сенімділік бар. Біз үшеуміз әйтеуір бір үміттің барына жұбанып, іштей қуандық. Жаңа ғана бұрқ-сарқ қайнап ағып жатқан өзен енді аса қорқынышты көрінген жоқ.

—  Сәбит аға, мен де бір ой болып тұр, — дедім мен. Көкейімде «ана қанішер қара дәуден қалай кек аламын?» деген сауал ешқашан кетпейтін. Соның реті келгендей.

—  Ол нe ой? — деп Сәбит аға және екі досым маған қарап қалыпты.

— Қашудың бұл жоспары маған ұнап тұр. Бірақ біз мына қаніпезерлерді қалай құрту керек екенін ойламаған жоқпыз. Бұларды құртпасақ, олар бізді бәрібір өлтіреді. Бұл жерде біздің оларға шамамыз жетпейді. Соңдықтан менің ойым, бұлардың қылмыстарын ашып, оны жоғарыдағы ағаларға жеткізсек қана біз аман қаламыз, — дедім мен тез-тез сөйлеп.

  • Жантай өте дұрыс айтады, — деп Нұрлан айқайлап жіберді. — Қашып шықсақ, онда бұл  қанішерлерді ерегестіріп аламыз. Үйімізді де, өзімізді де өртеп жібереді.
  • Иә, иә, солай, — деп Сәбит аға ойланып тұрды да, маған қарап. — Оларды құрту үшін Жантай сенде қандай жоспар бар?
  • Осы қалашықтың картасын түсірсек. Жұмабай ата айтты емес пе, бұлардың өз әскері бар деп. Ол әскер не үшін керек? Киноларда көрсететіндей, төңкеріс жасау үшін емес пе?
  • Оһо! — деді Сәбит аға менің сөзімді бөліп жіберді. — Біз жазға дейін осы қалашықты түгел зерттеуіміз керек. Бұлардың бастығы Федя қанішер емес, ол пешкі, мұның қожайындары — жоғары шенді генералдар. Оларды мен бірнеше рет көрдім. Менің офицер досым бар. Өзі боксшы. Арақты жақсы ішеді. Соған арақ ішкізіп, бар құпияны біліп аламыз.

Нұрлан да, Сырым да біраз ойларын айтты. Үлкен жоспар құрдық. Ол жоспардың да атын «Бостандық» деп қойдық.

Жатақханаға тез оралып, оны Жұмабай аталарға жеткізуге асықтық...

 

ХІІІ раунд

Қашуға дайындық

Біздің өміріміздегі ен ұзақ, ең қатігез, ең суық, ең жеккөрінішті қыс та өтті-ау, міне. Наурыз да өтіп барады. Енді екі-үш күннен соң сәуір айы ееледі. Кеше Нұрланның туған күнін атап өттік. Бұл  кешке Сәбиттің екі досы қатысты. Бірінің аты — Берік, екіншісінікі — Сағат. Сағат әнші екен. Одан біздің Сырым да қалыспады. Дариға, Несіпкүл тәтелер қосылып ән айтты. Осы кеште «Бостандық» ұйымына аталған екі жігітті мүше етіп қабылдадық. Соңғы үш-төрт айда елең еткізер жаңалық болған жоқ. Сабақ мектептегідей болмаса да, кейбір техникалық сабақтарды арнайы мұғалімдер оқытып жүр. Ағылшын тілін тереңдетіп үйретеді екен. Ережесіз кикбоксингтің небір айла-тәсілдерін үйреніп жатырмыз. Бұлшық еттеріміз бұлт-бұлт ойнайды. Бұл жердегілердің мақсаты — ішкі жан-дүниеміз емес, біздің күш-қуатымызды арттыру арқылы кісі өлтіруге, төбелеске баулу. Сөздің қысқасы — біз құлмыз. Бізге адамға тән нәзік сезім иірімдері жат. Тамақ жейсің, бірақ ойланбайсың, сезімге берілмейсің. Адамға деген өшпенділік егіледі. Қарсыласыңды жойқың соққылар арқылы құлату, тіптен өлтіру саған өлшеусіз ләззат сыйлайды. Біз осылай еркімізден тыс дөрекіленіп бара жатқанымызды сезгендейміз. Жарты жыл емес, жылдар бойына түрме-өмірде осындай құлдық тәсілдер қолданыла берсе, біздің болашақта кім болатынымыз өзінен-өзі белгілі екендігін ойлағанда, жынданып кете жаздайсың. Өйткені, сен адам емес, екі аяқты мәңгүрт хайуанға айналасың.

Біз осы сұмдық жағдайдан қашу үшін бар ой-жігерімізді жұмсадық. Небір қанқұйлы оқиғалар жасалып жатқан қалашықтың немесе орданың құпиясын ашуға тырыстық. Сәбит аға ақыры қоймай жүріп, офицермен сырласты. Шынында да, бұл жер өзіше патшалық болып есептеледі екен. Өзіндік заңы, өзінің әскері, өзіндік тертібі бар. Әскерлері әлемдегі ең соңғы қару-жарақпен қамтамасыз етілген. Ел билігін жаулап алмақшы. Осыны естігенде, біз шошып кеттік. Калашықтың орналасу тәртібін, макетін ақ қағазға түсірдік. Жер астында да құпия нүктелері бар екен. Жерасты жолдары үлкен қаламен байланысады. Бұл қалашық олардың уақытша астанасы болып есептелінеді. Бүлікшілердің адамдары астанада да үлкен қызметтер атқарады. Яғни, тарих сабағында айтылатын әскери төңкеріске әзірлік қызу жүріп жатқаны белгілі болды.

Су асты киімі де дайын. Мінеки, мамыр айының соңына да жақындадык. Айтпақшы, осы өткен уақыт ішінде біз бірнеше рет жекпе-жекке шықтық. Нұрлан бір рет тас-талқан боп жеңіліп, өліп қала жаздады. Сырым да өлесі болып таяқ жеді. Мен жеңіліп көрмесем де, соңғы жекпе-жекте әзер жаным қалды. Біттім ғой деп тұрғанда қарсыласым өзінен-өзі құлап түсті. Берік ауруханада хал үстінде. Сәбит пен Сағат қана тек жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Қай жекпе-жекке шықсақ та, біз бір-бірімізбен құшақтасып, қоштасамыз. Солай, мұндағы рингтің заңы қатал. Тек жеңуің керек. Сонда ғана өмір сүресің!

Қашатын күніміз де белгілі. Жаздың алғашқы күні тас-түйін дайын болуымыз тиіс. Берік пен Нұрлан жазылып, қатарға қосылды. Су астындағы киімді Сәбит пен Сағат аға сүңгитін жерімізге барып тыққалы қашан. Кеше олар қуанып келді. Тесік жасалыныпты! Бәріміздің жүзімізге қан жүгірді. Толқығанымыз соншама жылап жіберіппіз. Тіпті Жұмабай атам да жылады. Апалар көпке дейін өздерін тоқтата алмады. Бостандыққа шығуымызға екі күн қалды. Тек бір Аллам сәтін салсын!

Қас қылғанда Федя қара дәу ертеңіне бізді шақырды. Жарты айдан соң Америкаға жарысқа барады екенбіз. Сәбит, Сағат және мен Соған дайындықты күшейтпекші. Сыр білдірген жоқпыз. Бос уақытымызда қайта-қайта суға түсіп, дайындық жұмысын күшейттік. Су астында неғұрлым ұзақ болуға тура келеді. Тынысың тарылып, өліп кетуің де мүмкін ғой... Мейлі, мұндай қапаста жүргенше, өлген артық.

 

ХІV раунд

Су астындағы өмір жолы

Соңғы сағаттар өтіп жатыр. Бүгін жексенбіде жаттығу жоқ болатын. Қырсыққанда, кешкі жетіге біздің Америкаға баруымызға байланысты қосымша жаттығу сағатын қосыпты. Қашуды сағат сегізге емес, oнғa жылжыттық. Тек үлгерсек болды. Картаны Сәбит аға өзі алып өтеді.

— Ең бастысы, асып-саспаңдар. Тесікке қарай тартылған сымнан айрылмаңдар. Одан өткен соң су ағынымен он шақты метр жүзіп өтесіңдер. Тасқа соғылып қалудан сақтаныңдар. Бастарыңды судан шығарған соң жан-жақтарына анықтап қарап алыңдар. Прожекторға түсіп қалмаңдар!

Бұл  Сәбит ағаның сөзі. Күнде ерінбей, бір қайталап өтеді. Әрбір сөзін біз жаттап алдық десек те болады.

Жаттығуда сыр білдірмеуге тырыстым. Алып негр Макс неге екені белгісіз, бүгін маған көп көңіл бөлді. Ағылшынша кәдімгідей сөйлеймін. Сондықтан Макспен түсінісе беремін.

—  Сен әлем чемпионы боласың. Жан... Мүмкіндігің де, шеберлігің де, күшің де жетеді. Тек тырысу керек. Сенің сол қолың тек нокаут жасау үшін жаралған сияқты. Мәселен, менің де сол қолым күшті. Талайды құлатқанмын, — дейді Maкc. Сегізден аса Макстен әзер құтылып, жатақханаға келсем, бәрі күтіп отыр екен.

Жұмабай ата, Дариға, Несіпкүл тәтелердің көздерінде жас.

— Айналайындар! Жолдарың болсын! Қызыр бабам қолдап, Ғайып ерен қырық шілтен шылауларыңда болсын! Елімізге зор қауіп төніп тұр! Сендер ғана оны құтқарасыңдар. Аман-есен жетіңдер, әйтеуір. Аллам жар болсын! — Жұмабай ата әрқайсымыздың бетімізден сүйді, батасын берді.

—  Біздің, осындағы бейшаралардың тағдырлары сендердің қолдарыңда, көкелерім. Мына қаніпезерлер мен зұлымдардан бізді құтқарыңдар! — Бұл  Дариға aпa. Кемсеңдеп жылап тұр. Несіпкүл апа көзінен жас парлап тұрса да бәрімізге басу айтты:

— Жыламаңдар! Біреу-міреу көріп қойса бар істегеніміз зая кетеді. Ал жолдарың болсын!

Басқаларды қайдам, менің жүрегім кеудеме сыймай барады. Көкем мен апам мені өлдіге санаған болар. Шіркін, жетіп барсам, есінен танып қалатын шығар. Дүниеде бостандыққа ештеңе жетпейді екен ғой...

Сарқыраманың гүрілдеген үні төңіректі жаңғырықтырып тұр. Ағаш-ағаштың арасымен жүріп келеміз. Кенет қараңдаған біреулерді көргендей болдық. Әне, біз тұрған жерге  жақындап келеді.

Біз жата-жата қалдық. Бес-алты адам тура жанымыздан өтті. Демалып жүргендер сияқты. Қызу, мас. Ақыры діттеген жерімізге жеттік-ау. Биік қамалдың арғы түкпірінен жарқ-жұрқ етіп әлсін-әлсін прожектор жолақтары түскенде тығылып қаламыз. Бірінші болып Сәбит аға кетті. Судың шолп еткен дыбысын ғана естідік. Әп сәтте ол көзден ғайып болды. Екі минуттан кейін Берік, содан соң мен... Мінеки, менің кезегім. Толқып тұрсам да тынысымды тереңнен алып, мұздай суға қойып кеттім. Судың тубіне тез-ақ жетсем де сымнан қолым ажырап кете жаздады. Әнеки, тесік. Бір адам еркін сияды екен. Зымырап өте шықтым. Оншақты метр. Басымды көтерсем екі адамның сұлбасын көрдім. Сәбит ағаны танығанда, қуанып кеттім. Мені олар тез көтеріп алды.

Әбүйір болғанда, алтаумыз да аман-есен судан шықтық. Сәбит ағаның бастауымен ағаш-ағаштың арасымен қалаға тарттық. Таңға, жақын қалаға кірдік. Мінеки, құрметті оқырманым, сенсеңіз де, сенбесеңіз де менің басымнан кешкен ауыр хикая осылай аяқталды.

 

Гонг сыңғырығының орнына немесе қорқаулар ордасының талқандалуы

(Жантайдың көкесінің әңгімесі)

Біз шаршадық. Үмітімізді үздік.  Жантайымыздың өлі-тірісін білмей далбасалағалы жылға жуықтады. Бармаған жеріміз, ашпаған есігіміз жоқ. Өткеннен де, кеткеннен де сұраймыз. Жоқ! Хабар-ошар жоқ. Анасы Гүлшардың самай шашы ағарды. Денсаулығым темірдей мен жиі ауыратынды шығардым. Кішентай Дәрігүліміз ғана көңілімізді аулайды. Көңілге демеу тағы бір нәрсе бар, ол Жандос баламның түсіндегі жұбатуы. Содан кейін түсіме кірмейтін болды. Уақыт өткен сайын ол түс те көмескілене берді. Жантайдың сыныптастары Нұрлан мен Сырымның әке-шешелері де әбден қалжырады. Алғашқыда жиі хабарласып тұрдық. Ең жаманы тірідей айрылу екен. Өлсе бейітіне барып, мейіріңді басасың ғой. Мысалға, Жандосқа, оның бейітіне барып тұрамын. Құран бағыштаймын. Іштей сырласасың, әйтеуір. Ал Жантайымның ізі де, өзі де жоқ. Ең өкініштісі де осы.

 

Кенеттен үміт әбден үзілген шақта жақсы хабар желдей есіп жеткенде, білесіз бе, адам баласы қандай күйде бодатынын. Өлдіге жорыған балаң таң атпай есік қағып тұрса, бұған сенесіз бе, сенбейсіз бе? Міне, аяқ астынан осындай қуаныш, шаттық келді үйімізге. Жантайымыз қайта тіріліп келді! Е,  Аллам, шүкір, шүкір! Мен де, Гүлшар да қуаныштан жыладық. Жантай жалғыз келмеді, алты бала бірден сау ете қалды. Сасып қалдық. Сәбит деген аға тауыпты олар. Жасы он алтыда ғана. Сол бозбала жігіт бірден болған жайды жайып салды. Сұмдық жағдайларды естіп, біз жағамызды ұстадық. Тек біздің отбасыларымызға ғана емес, мемлекетімізге зор қауіп төніп тұрғанын жан-жүрегімізбен сезіндік. Нұрланның әке-шешесі Құсайын мен Баян, Сырымның әке-шешелері Әскербек, Гүлсім келді аңырап. Сәбиттіңде әке-шешесі жетті көзді ашып-жұмғанша. Жоғалғандарымыз табылып, бір қуансақ, елге төнген қауіп барын білгенде тағы да үрейлендік. Дереу ақылдасып, балалар әкелген карта, құжаттармен заң орындарына, әкімшілікке шаптық.

Көп өтпей шындық ашылды. Қорқаулардың ордасы талқандалды. Оны бүкіл халық естіді. Сол орданы талқандауға қаршадай ғана алты баланың қосқан үлестерін, олардың ерліктерін ешкім білген жоқ. Менің де, Жантай баламның да  ең қуанғаны — Жандосымыздың кегі қайтқаны. Қазір балалар оқуында. Кикбоксингті тастаған жоқ. Біз жұмысымызға  алаңсыз кірістік.  Ал сол оқиға көрген нашар түстей  анда-санда мазалап қояды. Өмір раундтары жалғасып жатыр. Гонг сыңғыры да өшпек емес...

 

 

Қазақ тілінде жазылған