Адам қарады: 96 | Жарияланды: 2018-06-12 04:14:35

Шер мен шел

Хикаят

    «Бұл не? Қайда жатырмын? Ау, ағайын, айтсаңдаршы, мен қайда жатырмын?!» Қап-қара түнек. Иненің жасуындай да жарық жоқ. Топырақтың сызды исі ғана мұрынды жарады. Әлгі жанұшырған сөздерді өктемсіген дауыспен барынша айқайлап айтқан сияқты еді. Бірақ оны өз құлағы да естіген жоқ. Кенет күңгірлеген қоңырау сияқты ызғарлы үн естілді.

    − Мен көрмін! Мен бейтаныстар мекенімін, мен жалғыздар мекенімін, топырақ мекенімін, құрт-құмырсқалар мекенімін. Саған қош келдің деп айтпаймын, менің үстімде өмір сүретін пенделердің арасындағы ең жек көретіндерімнің бірі едің, енді саған менің не істейтінімді көресің!

    − Жо-жоқ! Өйте көрме, мен түзелемін. Мені жіберші, көр!

    − Кеш, кеш қалдың. Ей, адам баласы, мені қалай ұмыттың?! Менің жалғыздықтың, тылсым сыр мен қорқыныштың мекені екенімді білмедің бе? Білдің. Бірақ сен дүние боқтың соңына түсіп, сол боғыңа шыландың, сасық неме! Халықтың ақшасын, еңбегін жедің, олардың қанын теспей сордың, ей, қандала жан. Халқың кедейшіліктен,жоқшылықтан азап көргеніне сен рахаттандың. Алламның берген лауазымын сен жаманшылыққа, қатігездікке жұмсадың. Сенің мойныңда қаншама адамның обалы жатыр. Әнеу қолдарың қанға былғанған. Әнеу көздеріңді шел басқан. Өзіңнің қызыңмен жасты талай қызға зорлық қылып, зина жасадың. Сені жер-ана қалай қабылдап отыр. Мен соған таңмын. Жерді жалпағынан басып ойыңа не келсе соны жасадың. Басқа-басқа ата-бабаң, тегің, қаның тамырлас ұлтыңды да аямадың. Тілін, дінін, ділін қорладың. Жеке басыңның пайдасы үшін, жалған абыройыңды биіктету үшін Ислам дінінің нұры түсіп тұрған қасиетті топыраққа секталарды қаптаттың. Қорқау қасқыр сияқты мемлекеттің қазынасын тонап, кір, лас ақшамен байыдың. Жемқорлық пен парақорлықтың ұйығына баттың.

    Көрдің күңгірлеген үні сәл толастап еді, Ғұмырбек есімді пендеге қайтадан тіл бітті.

    − Рас, рас, мұның бәрі рас. Бұл істегендерімнің бәрі күнә екенін де білдім. Бірақ бұл лас істерді істемесем мені мына лауазымды қызметтерде бір күн де отырғызбай қуып шығады ғой. Содан кейін қалай күн көремін? Бала-шағамды қалай бағамын? Мына қымбат көліктерді қай ақшама сатып аламын? Көріп жүрмін, адал, таза жүрген достарымның көбісінің жағдайлары мүшкіл. Біразы арақ ішіп кетті. Кешір, кешірші мені. Мені қинамашы!− Ғұмырбек сөзінің аяғында осылай жалбарына бастады.

    − Мен сенің ақталған жалынышты даусыңды естігім де келмейді. Оған уақытым да жоқ. Қазір саған Мүңкәр және Нәкір деген періштелер келеді. Оған дейін менің азабымды көр!

    Астындағы жер қозғалып, екі жағынан қыса бастағанда Ғұмырбектің жаны мұрнының ұшына келгендей болды. Сөйлемек түгілі айқайлауға шамасын келтірмей жер екі жағынан қысқанда сүйектері сықырлап, екі жақ қабырғалары сығылыса айқасты... Міне, осы кезде жанының соншалықты ауырғанын сөзбен жеткізе алмас. Өзінің құлындай шыңғырған дауысынан өз құлақтары бітелгендей. Мұндай азапты өмірінде ешқашан, еш жерде сезінбегенін сол кезде қалай жеткізер?!

    ...Шошып оянды. Жанында Самал. Оның қарақат көздерінде де шошынудың ұшқындары тұнып тұр. Самал жас тоқалы ғой. Әсем әні мен сұлулығына ғашық болып дүйім елге жария етіп үйленді.

    − Самал сенбісің? Мен... мен... үйде жатыр екенмін ғой. Ойпырмай-я, тура өңімдегідей.− Ғұмырбектің денесімен бірге үні де дірілдеп естілді.

    − Отағасы-ау, енді қайда жатушы едің? Үйдесің, өзіңнің үйіңдесің. Дауысың бүкіл вилланы жаңғыртты. Мұндай қорқынышты да үрейлі дауысты өмірімде бірінші рет естіп, айдаладағы менің денем де әлдебір суық лептен бе қалтырап қоя берді. Мен ойладым жер сілкінген болар деп...− Самал екпіндей сөйлеп ішкі әсерін тауыса алмай әзер тоқтады.

    Ғұмырбек жан-жағына ақтарыла алақ-жұлақ қарап, әлі де бұл дүниеде өмір сүріп жатқанына сенбегендей рай танытады. Етжеңді денесін қайта-қайта сыйпалайды. Қабырғалары да орнында. Үсті-басы шылқымай тер. Он екі мүшесі де орнында. Есін жиып, енді қайта қараса гүл-гүл жайнаған Самалы бұған күлімдейді.

    − Түс көргенсің ғой. Айтшы, өте қорқынышты түс пе ол? «Түс− түлкінің боғы» демеуші ме еді ата-бабаларымыз.− Самалдың осы қазақылы ғой Ғұмырбектің жан дүниесін жылылыққа бөлейтін. Әй, қайдам... Бұрын-соңды мұндай түс көрмеппін. Түлкінің боғы емес, бұл түс. Бұл Алланың ескертуі. Иә, Алланың қаһары бұл. Тым құтырып кеттім. Ойыма не келсе соны істедім. Менің көзімді шел қаптады, Самалым. Бұлай өмір сүруге болмайды! Тоқта, тоқта, Ғұмырбек!

    Жаңа әзірде ғана үрей құшағынан жайлап шығып жайбарақат қалпына келе бастаған күйеуі аяқ астынан тұлан тұта қаһарланады деп күтпеген Самал оның даусынан селк ете қалды. Шындығында ол күйеуінің бұлай үрейленіп, абдырап сасқанын бірінші рет көруі. Қоңыр көздері ұшқындап тұратын Ғұмырбек пен екеуінің жас алшақтығы едәуір. Жиырма алты жас. Бірақ шымыр да, еңсегей бойлы, шаштары кірпідей тікірейіп тұрар, қыр мұрынды, өткір көзді, батыл мінезді осы кісіні қалай сүйіп қалғанын өзі де байқамай қалды. Өзіндей өнер адамдарымен бірге жатақханада тұрды. Атағы да жоқ емес болатын. Алайда халыққа танымал әншінің жағдайы мәз емес еді. Бір күні Құдай берем десе бере салады екен ғой. Кезекті концертін беріп жатты. «Қала әкімі Жанқалиевтің өзі келіп отыр. Әніңді шабыттанып айт!» деді ұстазы бұған сыбырлай үн қатып. Көрді, алдыңғы қатарда отыр екен. Аса мән бермеді. Концерт соңында Самалға бір құшақ алқызыл гүл жіберіпті қала әкімі. Конверт ішінде көп көк ақша. Доллар! Мұндай көп ақшаны өмірінде көрмеген әнші қыз сасып қалды. Ақшамен бірге тілдей қағаз шықты. «Бүгінгі жаңа әніңізге көрімдік. Тамаша ән екен! Мен сіздің әндеріңізге ғашықпын!» деп атын жазыпты. Жүрек құрғыр лүп ете қалды.

    «Мұнысы несі үп-үлкен адамның ғашықпын дегені! Фу-у, қарай гөр!» деді. Бірақ көп ақшаның буымен жүзі алаулаған Самал әлгі әсем сөзді жылы қабылдады. Бұл оқиғаны енді ұмыта бергенде «Сені қала әкімі пәлен уақытта шақырады» деп шақырушы келді. Таң қалды. Есіне конверт толы көк долларлар түсті. Қанша өркөкірек болғанмен пенде ғой. Әнші қала әкімінің қабылдауына баруға шешті. Әкімшіліктің алдында бір жігіт күтіп алды. Бұған қарап жымың-жымың етеді. Іштей тыжырынса да үндеген жоқ. Толқып тұр. Қалай болса да бір үлкен қаланың әкімі ғой. Бұл өзі анау-мынау емес атақты әкім. Облыс әкімі де болған кісі. Ауыр есікті әрең ашып кірді. Тай шаптырым кабинет. Мұны көрген әкім аға ұшып тұрып бұған нық-нық адымдап қарсы жүрді. Қолы үлкен де қарулы екен. Мұның нәзік қолдарын аялай ұстап қарсы алдына әкеліп отырғызды. Мыңдаған көрермен алдында еркін жүріп ән салатын Самал тамағы аузына тығылып, берекесі кетті. Маңдайы тершіп, қолдарын алдына сыйғыза алар емес. Үлкен кісінің, атақты әкімнің пысы басып тұр. Көздері өткір екен, мұның өңменінен өтіп кеткендей.

    − Жағдайың қалай, Самал!− деді ол. Дауысы жып-жылы.

    − Жақсы, жақсы ағатай.− Бұл құмыға жауап қатты. Даусы естілер естілместей сыбырлап шықты. Сол сәтте хатшы қыз келіп, үстелдің үстін әпсәтте жайнатып жіберді. Қымбат кәмпит, шоколадтар...

    − Кофе әлде шәй ішесің бе, Самал?

    − Шәй болса болды.− Самал үлкен де лауазымды адамдармен бірге болмаған. Жауабы өзіне жабайылау естілді.

    − Сүт қатқан шәй әкел. Самал ауылдың қызы ғой,− деп Ғұмырбек ағасы мұны құтқарды. Үнсіздікті Самал бұзды.

    − Мені жай шақырдыңыз ба?− Бұл сұрағының оқыс шыққаны соншалықты әнші қыздың беті ду етіп, қызарып кеткендей болды. Әкім жымиып қойды.

    − Әніңе ғашықпын деп жаздым ғой. Сол сезім жалыны суыған жоқ. Халықтың сүйікті әншісіне айналдың, Самал. Біз әкім сіздерге жағдай жасамағанда кімге жасаймыз? Сен жатақхананың тар бөлмесінде тұрасың. Бұл жарамайды. Сондықтан саған қаланың орталығынан кең үй қарастырдым. Үш бөлмелі үй.

    − Үш бөлмелі үй?!− Самал қуанғаны ма әлде мұндай тосын сыйды күтпеді ме әкімнің сөзін бөліп жібере даусын шығара дыбыстап жіберді. Әкім тағы да жымиды.

    − Иә, Самалжан бұл сенің түсің емес, өңің. Үйің құтты болсын!− деп кілтті шылдырлатып, табақтай ордерін де Самалға ұсынды.

    − Мен бұны алмаймын!− деді оқыстан Самал сәл кейін шегініп. Әкім аң-таң, аңырап қалды.

    − Неге, Самалжан? Ыңғайсызданба, ал. Халыққа еңбек сіңірдің дегендей.− Енді Ғұмырбек сасқандай. Өйткені мұндай ғажайып сыйды оның өмірінде ешкім қайтармаған. Ал мына бәлекей қыз...

    − Ғұмырбек аға! Әрбір адамның өмірінде қадірлейтін асыл жандар болады. Менің ұстазым Қабыланбек ата мен үшін сондай қастерлі жан. Рас, орыстан әйел алды. Орыстанған зұлым балалары оның пәтерін тартып алып, өзін қарттар үйіне өткізді. Ғұлама жан, ұстазым мен қиналғанда талай үйінде паналатты. Өмірден күдер үзген шақтарымда сабырға шақырып, жігер, рух берді. Ол кісі қазағымның бар аспаптарында ойнайды. Ұстазым менің әнші болып қалыптасуыма көп еңбек сіңірді. Домбырамен, қобыз тартуды да үйреткен сол Қабыланбек атам. Сондықтан әкім аға осы үйді шын маған беріп тұрсаңыз оны Қабыланбек атама сыйға бергім келеді. Мен далада тұрып жатқан жоқпын. Тар да болса да бір бөлме жатақханам бар.

    Ғұмырбек әнші қыздың сөзін тебірене тыңдады. Көп әнші қыздардың ішінен ұнатып, ғашық болған Самалдың ерекше жан екенін қазір де бағамдады. Мұндай ғажапты өз өмірінде бұрын-соңды басынан кешпепті. Осы сәт нағыз сыналар шағы екенін аңғарып, батыл шешім қабылдау қажеттігін ұқты Ғұмырбек.

    − Самал айналайын, ойың маған ұнады. Кез келген адам мұндай сыйды өзгеге сыйлай алмайды. Олардың көбісінің дүние қоңыздығы ондай ерлікке баруына кедергі жасайды. Дегенің болсын. Бірақ саған да көп ұзамай үй беремін. Келші, маңдайыңнан сүйейін...

    Бұл сөзде ұшқары ой емес, ағалық кеңдік барын сезініп Самал ақша маңдайын тосты...

    Ертегі сынды басталған Самалдың басындағы осы оқиға әрі қарай ертегі сынды жалғасты. Әкім уәдесінде тұрды. Қабыланбек ата қарттар үйінен шығып, жап-жаңа үйге кірді. Сенерін де, сенбесін де білмей қатты қуаныпты. Ал Ғұмырбек ағасы Самалды да ұмытпады. Уәдесінде тұрып оның қолынан жетектеп одан да әдемі пәтерге апарып кіргізді. Алдын ала дайындалыпты. Үш бөлмелі кең пәтердің ішінде көздің жауын алған жиһаздар, табанға жұмсақ тиетін әдемі иран, араб кілемдері.

    − Мұның бәрі маған ба?− деді Самал қарақат көздерінен қуаныш нұры себезгілеп.

    − Иә, саған Самалжан. Бірақ бұл байлықтың бәрі сенің бір әніңе татымайды,− деді Ғұмырбек ағасы күлімдеп. Байлықтың буына мас болған сұлу қыз әр жиһазды бір сипап, бөлме-бөлмені аралап тоймай жүр.

    − Құдайым, берем десе желдеткіштен бере салады екен-ау. Мұның өтеуін Ғұмырбек аға-ау, қалай қайтарамын?− Қыз күлді. Ағасына наздана қарады.

    − Маған өмір бойы ән айтып, жанымда жүрсең болды.− Ғұмырбектің сөзі салмақты шықты. Самал Ғұмырбекке жалт қарады.

    − Сіздің әйеліңіз, бала-шағаңыз бар. Сізді әкім ретінде бүкіл республика біледі ғой. Мендей қаңғыбас әншімен бірге жүргеніңізді ел білсе «моралдық жағынан азғындаған» деп ғайбаттайды. Әйеліңіздің тарапынан да, бастықтарыңыз жағынан да таяқ жейсіз. Сол жағын ойладыңыз ба?− Сынай қараған қыздың әдемі жанарларында аяушылық па, әлде еркелік нышаны ма оны Ғұмырбек айыра алмады.

    − Самалжан, мен барлығын да сенің жолыңа тәрк етемін. Жүрші, дастархан басына. Сенің үйіңді жуайық. Бәрін-бәрін ұмытайықшы бір.− Екпіндей сөйлеген жігіт ағасы елпектеп қыздың алдында қос қолын жая үстел жақты нұсқады. Үстелдің үстінде неше түрлі тағам, арақ-шарап бәрі-бәрі бар еді...

    Екеуі ұзақ отырды. Әңгімелері жарасты. Самалдың ұтқыр әзілдері, әні Ғұмырбекті одан сайын өзіне тартып, ғашық ете түсті. Қыз іштей қанша сақтанамын десе де шараптың қызуы біртін бірге бойын ала бастағанын сезді. Ол әкімдер өнерден, әдебиеттен мақұрым деп ойлайтын. Ғұмырбек ағасын енді танымай дал. Мұқағалидың жырларын ағасы нәшіне келтіре оқығанда қыз жүрегі лүпілдеп, оны ұната бастағанын іштей бағамдады. Іштей қорықса да, сезімнің нәзік шырмауықтары оны өзіне баурап тартқанын және ол беймаза жанын рақатқа бөлеп тұрғанын да анық білді. Қыз бірақ соңғы тұяқ серпер өтінішін сыбырлай айтты.

    − Ағатай, мені өмір бақи тастамаңызшы...

    − Самалжан, уәде беремін!− деді нық сөйлеп Ғұмырбек...

    Иә, ол уәдесінде тұрды. Көп ұзамай Самалға үйленетінін жария етті. Бұл бүкіл елді шулатты. Біреулер мұны ерлікке баласа, екіншісі ақымақтық деп ғайбаттады. Шынында да Ғұмырбек махаббатты жоғары қойды. Бір ғажабы Самал бұл әрекетке көз жұмып барса да, кейін онысының дұрыс екеніне көзі жете бастады. «Мейлі, жұрт не десе о десін, мен Ғұмырбектің жары болғаныма өкінбеймін» деді ол достарына. Әрине, қаймана жұрт белгілі әншіні «дүниеге қызығып, әкімнің басын айналдырып алды» деп өсектеді. Иә, ол екеуі туралы неше түрлі өсек өрті көпке дейін басылмай, қайта уақыт өткен сайын өрши түскендей еді. Көп ұзамай екеуі ресми түрде үйленіп, алып коттеджге біржола көшіп алды...

    Ғұмырбектің өміріндегі, жан дүниесіндегі бұл ұлы өзгеріс тағы бір дауылды өзгеріспен толықты. Ол өзгеріс шынында да дауыл сынды оның жан дүниесін алай-дүлей етті. Бұған кінәлі тағы да Самал. Жап-жас келіншегі анда-санда қайдағы бір әңгімелердің ұштығын шығарып қоятын. Ол әңгімелерінен өткірліктің, батылдықтың ауаны есіп тұратын. «Біз мынадай жұмақта сүріп жатырмыз. Ал әкім мырза, қазір ауылда нанға жарымай отырған отбасылар бар. Кебек жеген адамдарды да білемін. Неге соларға көмектеспейміз?» деді бір күні Самал. Бұл таң қалды. Мұндай деректің өтірік екенін, келіншегінен ондай қараңғы жайлардан қашық болуын өтінді. «Әніңді салып жүре бер. Жұрттың өсегінде не шатағың бар? Сен отбасың жаман өмір сүріп жатқан жоқ қой» деді Ғұмырбек үзілді-кесілді. Келіншегінің сөзін өсекке балады. Бірақ келіншегі мұнымен тоқтамады. «Біздің ауылдағы көршіміздің он баласының бесеуі бірден кәпір болып, Иегова деген сектаға кіріп кетіпті. Олар намаз түгілі әруақтарға Құран бағыштап, жеті күлше пісіртуге де үзілді-кесілді қарсы. Кеше бесеуі бірден мойындарына алтын крест тағып келіпті. Біздің мүфтиіміз «Осындай өз дінін сатқан қаракөздердің саны жарты миллионнан асты» деп жария етті. Бұл сұмдық қой. Алматы қаласы сол секталардың басты ұясына айналғаны қала әкімін мазаламай ма?»

    Ғұмырбектің аузына әп дегенде сөз түспей, тамағына шашалып қалды. «Өй, өй, осындай бәле-жалалы әңгімелерді қайдан естисің-ә?» деп, сонан соң өзінен өзі тұлан тұтты. Ашуланғанда көтеріліп кететін. Ғұмырбек жуық арада басыла қоймай бұрқ-сарқ қайнайтын. Бұл жолы неге екенін кім білсін тез басылды. Бірақ күні бойы жұмыста Самалдың сол әңгімесі есінен кетпей қойды. «Шынында да жарты миллион қазақтың өз дінін сатып, кәпірге айналғаны масқара ғой. Біз өзі қайда қарап отырмыз?» деп ойлады. Бірақ бұл ой түс ауа ойында анда-санда қылаң берді. Көп ұзамай ол да шенеуніктік көп жұмыстың астында қалды.

    Иә, бұл оқиға ұмытыла бергенде Самал тағы бір сұмдықты көрсетті. «Ғұмкеш, мынаны қарашы» деп «Караван» деген қалың газетті тастады.

    − Бұл не?− деді Ғұмкеші аса назар аудармай.

    − Қарасаңызшы, ештеңе көрмейтін болыпсыз ғой. Көзіңізді ашыңыз,− деді Самал газетті қайта бұған ысырып. Қайта қарады.

    − Е-е, мынау ма, емшегін салбыратып тыржалаңаш қыздарды «Караван» соңғы кезде жиі жариялап жүр ғой. Бұлар ұятсыз, оңбаған газет!− Ғұмырбек күректей алақанымен «Караван» газетін сарт еткізе ұрғаны болмаса, аса зор айбат көрсетпеді. Самал шыр ете түсті.

    − Ғұмкеш-ау, біз мұсылман елміз. Мынау әдейі беріліп отырған сұмдық, бейәдеп сурет. Осы арқылы біздің халқымыздың салт-дәстүрлерін, асыл дінімізді қорлап отыр. Мұны сіз тоқтатуыңыз қажет. Оған шамаңыз жетпесе неғып отырсыз әкім болып!

    Ғұмырбек жас келіншегінің мына батылдығына, ой-өрісіне тағы да таң қалды.

    − Ашуланба, Самалжан! Мен мұның мәселесін қараймын. Тек бар ғой, бұдан да маңызды мемлекеттік мәселелер көп. Білесің бе, солардан қолым бір тимейді ғой, бір тимейді.

    Самалдың бұл жауапқа онша көңіл көншімегені көрініп тұрды. Бірақ сабыр сақтап үндемеді.

    − Самалтай, осындай мәселелермен басыңды неге ауыртасың? Әніңді сал. Бейне-баяндарыңды шығарып жатырсың. Не кием, не жеймін демейсің. Айтпақшы осындай көрегенділікті қайдан, кімнен үйреніп жүрсің?

    − Түу-у, ұмытып бара жатыр екенмін-ау. Айтқаныңыз жақсы болды. Маған осы көрегенділікті үйреткен кісі Қабыланбек ата бүгін бізді қонаққа шақырып отыр. Ол кісі асты өзі дайындайды. Мәселен қуырдақтың жүзден аса түрін біледі екен. Соның бүгін біз білмейтін бір түрін пісіреді. Қалай барамыз ба?

    Самалдың қиыла қараған түрін көріп:

    − Мақұл, барсақ барайық,− деді Ғұмырбек амалсыздан...

    Қабыланбек атаның Ғұмырбек әперген пәтерінің іші тым жұпыны. Самалдың өтініші бойынша қызметкер әйелді жалдаған. Шалдың киімін жуып, үйін тазалайтын сол. Иә, пәтердің негізгі дүниесі кітап. Қабырға-қабырғаға сықастыра жинаған сан түрлі кітаптар көздің жауын алады. Қарттар үйінен шыққан соң атаның шәкірттері, балалары лақтырып тастаған кітаптарды жинастырып осында тасып әкелген. Атаның енді бір бөлмесі тола саз аспаптары. Домбыраның неше атасы самсап тұр. Балаларға арналған кішкентай домбырадан бастап алып Тұран домбыраға дейін бар. Ескі қобыздың бірнеше түрі ілулі. Көнетоз күйсандық, мондолин, гитара дейсің бе, бұл бөлмені шағын мұражай дерсің.

    − Ой, пәлі, музейге кіріп кеткендей болдық қой,− деді Ғұмырбек. Ата сақалын сыйпап өзінше мәз. Төргі үйге шағын дастархан жасап қойыпты.

    − Мына тұрған пәпкілердің іші тола тарих. Әл-Фарабидің саз ілімі дейсің бе, бәрін жинағанмын. «Ескіліктің көзі, феодализмнің сарқыншағы, жапонның тыңшысы деп түрмеге де тықты. «Халық жауы» деген қара дақтан тазарсам да, үш әріп кешегі тоқсаныншы жылға дейін соңымнан қалмай қойды... Сондағы жазығым ұлтымның рухани мұрасын жоқтап, жинағаным ба?− Қарт мұңайып отырып қалды.

    − Жә, тәуелсіз ел болдық қой, ақсақал. Енді сіз тәрізді ескінің көздеріне қамқорлық жасалынады,− деп Ғұмырбек аузын толтыра сөйлеп еді, Қабыланбек ата қыран бүркіттей шаңқ ете қалды.

    − Қашан, қашан жасалынады сол қамқорлық?!− деп ол кісі аяқ астынан айбарланып шешілсін келіп. Шынында да Самалды «улап» жүрген осы кісі екен. Тоқсанды алқымдаса да тып-тың Қабыланбек атаның сөзі әкімнің жанын тебірентіп, көңіл көзін ашқандай болды.

    − Ойпырмай, осы айтылғандардың мен бұрын қалай байқамай келгенмін. Ащы шындық қоймасын қопара ашып, көз алдымда жайып салғандай болдыңыз ғой, атажан. Сонда мені көрсоқыр қылған қандай зұлмат күш?− Алғашқы келгендегі әкім Ғұмырбек бар болғаны бірнеше сағаттың ішінде адам Ғұмырбекке айналып, басын қайта-қайта шайқай береді. Ар-ожданы оянды, намысы тұтанып, рухы оянғандай бейне. Күйеуінің «уланғанын» сезген Самал жұмбақ жымиды. Ата жаңа ғана қобызын күңіренте тартып болып, сәл тыныс алған.

    − Балам, дүние боқ адамның жан дүниесі әлсіз болса көзіне шел қаптатады. Ол пендені тек байлыққа қызықтырып, еліктіреді, жамандықты жақсылық етіп көргізеді, тәкаппарлық пайда болып қарапайым халықты менсіндірмейді. Жүрегін тасқа айналдырып, имансыз етеді. «Махаббатсыз дүние бос» деген сөзді Абай Алланы, оның хикметтерін ұмытқан адамдар үшін айтқан. Қызмет, байлық қолдың кірі. Жер жаһанды дірілдеткен қызыл империяның көсемдері қайда? Жарты әлемді табанына басқан Шыңғыс хан, Ақсақ Темірлер қайда? Абайдың Ескендірін оқысаң бір көздің ауырлығы бар дүниеден ауыр екенін босқа көрсеткен жоқ. Шел деген сол! Сенің көзіңді әкім мырза, шел басқан!

    Ғұмырбек бетіне біреу мұздай су шашып жібергендей селк ете қалды... Үйге жеткенше ол ләм-мим деген жоқ. Самалдың сұрақтарына күңк ете қысқа ғана жауап бергені болмаса...

    ...Сол түні, иә, сол түні Ғұмырбек түс көрді. Қабір азабын басынан кешті. Шошынды. Жүдә, қатты шошынды. Жан дүниесінде дауыл тұрды. Әлдебір құдіретті жан бір түнде ота жасап басқа ми, басқа жүрек, басқа көз салып тастағандай күй кешті. Әкім болып одырайып істеп жүргенінің бәрі бос, әулекі тірліктей көрінді. Миллиондап жинаған байлығының бәрі өзінікі емес, өзгенікі сияқты болып, олардан баз кешті. Өзекті жанның әйтеуір бір өлетінін, сөйтіп төрт-ақ метр кебінін сүйретіп о дүниеге аттанатынын, жай аттанбай жауап беретінін, бұ дүниеде жасаған күнәлары үшін қатаң түрде жазаланатынын білді. Сол түндегі түсіндегі құлындаған, шыңғырған даусы... айқасқан қабырғалары... тартылған жұлыны... ә-әй, естен кетпес, сірә.

    «Ауырдым» деп әкім Ғұмырбек үш күн жұмысқа бармай жатты. Үш күні үш айдай ауыр жылжыды. Сол ауыр жылжыған уақыт еншісінде бәрін-бәрін ой елегінен өткізді. Пәк кезі балалық шағы, жалындаған жастығы... Содан кейін-ақ өзінің пендеге айналғанын сезді. Кішкентай күнәлар басталыпты. Өзінің алып құрдымға айналғанын, жо-жоқ ешқашан тоймайтын қанағатсыз айдаһар болғанын, оның араны ешбір тоймағанын көргенде өзінен өзі жиіркенді.

    Тоқсаныншы жылдары өзінің халқын зар жылатып соңғы тышқақ лағына дейін тартып алған қатігез жан кім? Техниканы темірімен, төрт түлік малды түбірімен жұтқан аждаһа жан кім? Ғасырлар бойына өз ұлтының жан ұясы ауылын тонап қана қоймай, ойпа-тойпа етіп бұзып тас-талқан еткен зұлым кім? Тігерге тұяғы қалмай, жейтін бір жапырақ наны болмай ала қоржынын арқалап күн көрістік қамымен нәпақа іздеп қазекең астанаға келгенде теріс айналғандар кім? Әрине, солардың бірі де бірегейі кеше ғана ауылдан шығып, көзін шел басқан соң өткеннің бәрін ұмытқан осы өзі емес па? Бала шағасымен тұрар баспанасы болмағандықтан басқа істер амалы таусылған қазақтар Алматының шетіндегі бос жерлерді басып алып шағын құжыралар салып өмір сүре бастады. «Аға, осындай жағдай болып жатыр. Не істейміз?» деген қызметкерлеріне «Полициямен оларды үйлерінен шығарып, заттарын лақтырып, тұрғызған құжыраларын трактормен сүріп тастаңдар!» деді бұл қаһарлана бұйырып. Тіптен тәртіпке бағынбай осындай басбұзарлыққа салынғандарды көруге бір рет өзі де барды. Әкімге жағынғысы келді ме полициялар қарапайым адамдардың жанұшыра жасаған қарсылықтарына қарамай оларды зорлық-зомбылықпен құжыраларынан итеріп шығарып, содан соң заттарын лақтыра бастады. Әсіресе әйелдер шаштарының жұлынғанына қарамай шыңғырып, босағаларынан тырмыса ұстап шықпауға тырысты. Аяқтарына жармасқан балаларды да далаға лақтырған полицейлер тәртіпті бұзғандармен аянбай шайқасты. Мұның қаланың әкімі екенін білген бірнеше әйел бұған жақындады. Көйлектері жыртылған, шаштары қобыраған, беттері қан-қан әйелдер өте қорқынышты еді.

    − Әй, Ғұмырбек! Сені де мен сияқты ана туды ғой. Мына зұлымдығыңды тоқтат! «Арқада қыс жылы болса арқар ауып несі бар?» дегендей біз мұнда туған ауылымыздан безіп, арып-ашып еріккеннен келген жоқпыз. Сен соны жақсы білесің ғой. Әнеу жандайшаптарыңды ауыздықта! Біздің бала-шағамыздың аузынан жырып салған лашығымызға тигізбе! Ертең қыс келеді, шиеттей бала-шағамызбен біз қайда бармақпыз, айтшы сен! Қазақ деген атың бар емес пе? Өз бауырыңа өзің зобалаң жасап о не істегенің? Астыңдағы тағың, басыңдағы мансабыңды өз халқыңның болашағын қиратып, оларды қыру үшін берді ме? Жоқ, сен халықтың арқасында Ғұмырбексің. Көзіңді ашып қара! Халық қарғаса жерге кіріп кетесің. Есіңді жый! Көктабан шұбырынды болып келген қазағыңды ая, аяла! Тоқтат, зұлымдығыңды, әй, әкім!

    − Бұл менің әкемнің емес, мемлекеттің жері, әй, қатын! Маған бағынба, заңға бағын. Ауылда малыңа ие бола алмаған өзіңнен көр. Шылбырың шұбатылып жүре беретін ауылыңдай емес қаланың заңы қатал, адамдары зұлым. Сондықтан осы тойғандарыңмен ауылдарыңа қайтыңдар! Әйтпесе жерді басып алып, мемлекет заңын бұзғандарың үшін бала-шағаларыңмен бірге қамап тастаймын!− деді бұл зілді дауыспен доқ көрсетіп.

    − Қама! Өлтір! Қыр! Бүйтіп әркімнің шұлғауы, әкімнің торғайы болғанша өлгеніміз артық. Мен халықпын! Жер халықтікі, қазақтікі. Бұл қасиетті жерге менің бабамның қаны, әжемнің көз жасы тамған. Қаңғып келген келімсектердің алдында құйрықтарыңды бұлғаңдатасыңдар. Қазаққа зәрлеріңді төгесіңдер. Қазақ көнбіс, момын, қонақжай, сабырлы болғаны үшін кінәлі ме? Тумай туа шөк сен, көзіңді шел қаптаған Ғұмырбек! Құдайыңды ұмытқан кәпір! Сені қарғыс атсын!..

    Түс... түс... жоқ! Жоқ! Ол түс емес аян, шындық, ақиқат! Көз алдына шашы қобыраған, беті қан-қан, жүзі әжімге толы ананың қаһарлы жүзі, қылыштан да өткір сөзі миын, көкірегін тепкілеп, шық-шық, шәңк-шәңк етіп үнемі мазалап тұрды. «Тумай туа шөк сен, көзіңді шел қаптаған Ғұмырбек! Құдайыңды ұмытқан кәпір, сені қарғыс атсын!» Ана қаһарлы, ана қарулы, сұсты полицейлерді кәрі ағаштың бұтақтарындай тарамыс қолдарымен серпіп жіберіп айтқан мірдің оқтарындай сөздері көкірегіне, жүрегіне кірш-кірш қадалғандай бейне...

    Әкім Ғұмырбек үш күн қиналды. Үш күн қатарынан қабір азабын көріп шықты. Әр көрген сайын құлындаған даусы шығып шыңғырды, қатты қиналғаны соншама қара терге малшынады. Таңертең тұрайын десе тұра алмайды. Бір алып дәу түнімен соққылап тастағандай қабырғасы қаусап, омыртқалары шыт-шыт жарылып, жұлыны үзіліп, аяқ-қолдары күйрей сынғандай тұра алмайды. Қарға аттам жердегі әжетханаға жете алмай алып вилласын күзеткен екі жігіт қолтықтап әзер сүйреп апарды.

    − Дәрігер шақыртайын, Ғұмкеш. Өлуге жақындапсың ғой. Саған не болды соншама аяқ астынан. Қой, дәрігер шақырмасақ болмайды,− деп Самалы өбектеп, телефон құлағын көтеріп еді, сұлқ жатқан Ғұмырбек басын жастықтан жұлып алды.

    − Әй, Самал, тоқта!− деді қатқыл дауыспен,− Мені дәрігер емдей алмайды. Егер емдесе Құдай емдейді. Ал емдегісі келмесе...

    Самал Ғұмкешіне жалт қарады. Қарақат көздері үрейге толы. Сезімтал келіншек әлдебір жақындап келе жатқан жамандықты сезгендей күйеуінің жанына көз ілеспес жылдамдықпен жетіп барып, оны құшақтай алды.

    − Ғұмкеш-ау, мынауың тым жаман сөз. Өйтіп айтпашы. Тұршы, серпілші! Үш күннен бері қозғалмадың, тамақ ішпедің. Халқың сені іздеп жатыр ғой.

    − Халқым!− Ғұмырбек айқайлап жіберді.− Жо-жоқ, мені халқым жек көреді. Білесің бе, Самалжан-ау. Маған олар қарғыс жаудырды ғой, қарғыс!

    Ғұмырбек жылап жіберді. Күйеуінің жылағаны келіншегіне таңсық көрінді. Тіптен жараспайды екен! Пілдей әкім жылап жатыр! «Байлар да жылайды» деген сериалды Самал көрген еді бір кездері. Әкім де жылайды екен-ау. Әйтпесе өзінше бір патша емес пе?! Ақша деген өзен сияқты құйылып жатыр. Дипломатпен толтырып әкеледі тіптен. Айтпақшы ақша демекші алғаш рет дипломат толы доллар ақшаны көргенде ерке келіншек:

    − Ғұмкеш-ау, мынау ақша кімдердің көз жасы?− деген. Күйеуі таңданып тұрып қалды. Ашудан жарылардай қып-қызыл болып кетті.

    − Не деп тұрсың сен? Көз жасы деген не пәле?− деді ол тұтыға сөйлеп.

    − Жәй, әзілдегенім ғой,− деп жуып-шайған Самал күйеуін құшақтай алған...

    Ғұмырбек балаша жылады. Өзін өзі тоқтата алсашы. Самалдан да ұялмады. Соңғы рет қашан жылады? Иә, иә, анасы қайтыс болғанда осылай тоқтамай еңкілдеп жылаған. Онда өміріндегі ең аяулы жан анасын жоғалтқан. Енді ше? Кімді, нені, не үшін? Халқын, аяулы ұлтын жоғалтты емес пе? Иә, ол да біле білсе аяулының аяулысы екендігі сөзсіз. Лауазымнан басы айналып, көзін шел басып бәрін бәрін ұмытқаны рас.

    − Жыла, жыла, Ғұмкеш, жыла! Жеңілдеп қаласың,− деп Самал әппақ сүйріктей саусақтарымен оның аққан көз жасын сүртумен әлек.

    − Я, Аллам, мені кешіре гөр мына құлыңның күнәларын! Кешіре гөр, мен халқымның алдында көп күнәлар жасадым. Я, халқым, мені кешіре гөр, сен де мына ұлыңды. Көзімді шел басты. Кешіре гөр, Аллам!..

    Осы сөздерді қайта-қайта айтып, Ғұмырбек ұзақ жылады. Жылаған сайын кірлеген жан дүниесі тазарып, кеудесіндегі кептелген түйін тарқатылып, тынысы жеңілдеп келе жатқандай сезінді. Иә, дәл солай! Үш күн, үш түн бойына үстінен жаншыған зіл қара тас пәле бу болып еріп әлдеқайда ұшып кеткендей. Денесі жеп-жеңіл, құп-қунақ. Ұшып тұрды. Арпалысқан Ғұмырбекпен бірге қиналған Самалын ол құшақтай алып, нән бөлмеде оны шырқ айналдырды.

    − Самал, Самалтай, Аллам маған тағы бір мүмкіндік берген сыңайлы. Мен енді жаңаша өмір бастаймын!

    Ол терезені айқара ашып жіберді. Таудан соққан самал жел ішке лақ ете құйылып одан сайын оның көңілін сергітті. Көкке басын тіреген ақбас Аспантау бұған ақ сақалы желбіреп мейірлене қарағандай.

    − Аспантау, мен енді жаңаша өмір бастаймын! Батаңды бер, мына ұлыңа! Сенің ақша қарыңдай әппақ болып тазарамын! Бата, бата, батаңды бер!− Ғұмырбек қолын жайды. Әппақ тістерін жарқырата күлген, жүзі шуаққа толы Самал да қолдарын бірге жайып:

    − Бата, бата бер, Аспантау баба!− деді сыңғырлай сөйлеп...

 

                                                           

 

                                                          ***

    Ғұмырбек тай шаптырымдай кабинетіне мүлдем басқа адам болып кірді. Зыр жүгірген қызметкерлері қоғадай жапырылып, «ләпбай, тақсыр!» деп мұның бетіне жағымпаздана қарап бұйрық күтті. Үш күннің ішінде қағаз-құжат таудай болып үйіліп қалыпты. Оны күректей қол бір жағына ысыра салды. Көмекшілеріне бұйрықтарын қардай боратты.  Жер, тұрғын үй басқармаларын пәлен уақытқа, бос жатқан жер учаскілерін қайта-қайта жаулап тыным таппай жүрген халық белсенділерін түген уақытқа жинауды шегелеп тапсырды. «Караван» газетінің редакторын да ұмытпады. Дін бөлімімен, қауіпсіздік қызметкерлерімен, қазақ тілінің жанашырларымен тез арада кездесуді жоспарға кіргізді. Әкімшіліктің жастар бөліміндегі қызметкерлерін жезөкше қазақ қыздарының бұл қара жолға қалай түскендігін зерттеуге жекті. Мектеп жасындағы балаларға дейін улап, қанды тырнағын аямай салған есірткі майданының басында кім тұр? Базарлардағы бағаны асқақтататын, қара халықты зар қақсататын рэкеттер әспенсіп ешкімге бағынбайтыны неліктен? Ең қызығы қала әкімі оппозиция өкілдерімен кездесетіндігін айтқанда көмекшілері сәл іркіліп қалды. Алматының үлкен көшесінің бірінің екі жағында самсап тұратын құлдардың дені тек қазақ екендігін біліп Ғұмырбек қатты шамырқанды. Осыншама қазба байлығы бар елдің соншалықты кедей тұратыны әкімнің басына сыймады. Бір дипломат долларды сықай толтырып төрге бұл мақтанышпен лақтырғанда Самалдың: «Мына ақшада кімдердің көз жасы жатыр?» деп мысқылдауында зор мән бар екен-ау. Бұрын иттің етінен жек көретін оппозиция өкілдерімен кездескісі келетінінің аржағында болашақ жеке жоспары жатқаны өзіне ғана аян.

    Ғұмырбек жұмыс соңында Қабыланбек атасына соқты. Қобызын сарнатып мұңға батқан ақсақал мұның келетінінен бейхабар болса да абдыраған жоқ. Әке мен баладай шүйіркелесіп екеуі ұзақ отырды. Баласы өзінің жоспарларын айтып еді, шал одан сайын шырайланды. Сарабдал ақылын қосты. Шешімдерінің дұрыс екенін шегелеп берді. Атадан бата алды. Үйден қанаттанып, зор сеніммен шықты. Шығар есікте атаның айтқан мына сөзі енді жадында жаңғырығып келеді.

    − Мынадай әрекеттеріңнен кейін зор шу басталады. Әрбір қадамыңды жасағанда жаныңда сенімді адамдарың болуы тиіс. Мен ұмытып барады екенмін, мына Аспантаудың көркем баурайына ғаламат шабуыл басталды. Алматының апортындай әлемде алма жоқ. Алмалардың патшасы Эдем бағында өседі. Ол бақ осында. Тәжді апорт немесе төре тұқымды деп те атайды оны. Атақты Марко Поло, Гильон Рубруктер мұнда мекен еткен оғыздар бұл күннің өзінен айнымайтын адам басындай алмаларын қасиеттеп, киелі санағанын айтады. Патшалар басқа патшалыққа қонаққа барғанда қызыл алмаларын әдіптеп сыйлық ретінде апарған. Қазір өзін байқаған шығарсың сол қасиетті алма бақтардың ағаштарын түп тамырымен қопарып, байлар алып үйлерін салып жатыр. Бүйте берсек алмалардың патшасының түбіне жетеміз, балам...

    Дұрыс айтады ақсақал. Алма ағаштары, ғажайып бақтардың көбісі зұлымдықпен шетінен оталып жатыр. Оған өзі де кінәлі. Талай дәулерге үй салуға рұқсат беріп, ақшаға құныққанын қазір мойындап жүрегі ауырып келеді. «Бұл апатты тоқтату керек!» деп күбірлеп ойы сан-саққа бөлінді. «Караван» газетінің басшысына бейәдеп суреттерді бермеуге қатаң тыйым салғаны оған ұнамады. Бүгін қала әкімінің газетті заңсыз қыспаққа алғаны жөнінде мақала жарқ етті. Сондай-ақ олар мұның ұлтшылдығын да бетіне басыпты. Жерді тек қазақтарға беріп, өзге этностарды кемсітіп жатыр-мыс. Тек Алматы ғана емес бүкіл ел ішін ірітіп-шірітіп жатқан секталар шынында да талай қазақтың баласын көз алдында сүйреп әкетіп, мүлдем жат адамдарға айналдырып жатқанын білгенде Ғұмырбектің төбе шашы тік тұрды. Айтпақшы бір қолы қалт еткенде өзін қарғап-сілеген әйелдердің үйлеріне соқты.

    − Кешір, інім! Біз ашумен біраз жерге барыппыз. «Мал ашуы жан ашуы» дегендей әлгі полицейлер ғой біздің ашуымызды тудырған. Өз аналары іспеттес біздей әлсіз жандарға зорлық-зомбылық жасауы санамызға сыймады, айналайын. Саған деген енді алғысымыз шексіз. Астананың іргесіне еліңді қоныстандырып жатырсың. Біздей жаны жүдеу жандарға одан артық қамқорлықтың қажеті жоқ. Алланың разылығына бөлен!− деп бұрын қарғыс жаудырған ана енді шын жүректен алғысын айтып, бетінен сүйгенде Ғұмырбектің көздері боталады. Әкімге халықтың алғысынан артық ештеңенің қажеті жоқ екендігіне оның көзі жетті.

    Бірақ әділдіктің туын көтеріп, әділетсіздік жасағандарды тәубесіне түсірем деген кезде олар бұның өзіне тарпа бас салды. Кешегі доссымақтар бүгін жау. Кейбіреулері жағасына жармасса, енді біреулері ту сыртынан пышақ салуға тырысып баққанын Ғұмырбек сезбей жүр дейсің бе? Сезеді. Президентке де арыздар қардай борады. Шыншыл, ақиқатшыл болудың қиын екендігін ол жан жүрегімен сезінді. «Мыңмен жалғыз алыстым оны да ойла!» деген Абайдың айтқаны қандай ғажап! «Хан емессің қасқырсың!» деп қаһарланған Махамбет ше? Есесіне олардың жаулары бірін өлімші етіп сабады, екіншісін басын кесті. Бұрын осындай аяулы жандарға қалайша зұлымдық жасалғандығына басы жетпейтін. Енді аңғарғандай. Шындықтың жолы қиын екен-ау.

    Ең қиын нәрсе келімсектердің өзіне дөңайбат көрсетуі екен. Шырылдап көздері жасты, көңілдері мұңлы, өз елінде, жерінде ішер асқа жарымай, баспанасыз далада қалған өз ұлтының адамдарын өз қамқорлығына алғанда келімсектер мұны жақтырмады. «Караван» тырдай жалаңаш жезөкшелердің суретін беріп қазақтың салт-дәстүрлерін, иманын табандарына жаныштауын тоқтатты. Олар Ғұмырбектің қаһарынан сескенді. Ким деген алпауыт байдың заңсыз істерін бетіне басып еді, ол бұған тарпа бас салды. Шайқасты. Ол да аямады, бұл да аянбады. Әбден сілікпесі шықты екеуінің де. Бүкіл БАҚ «Қай жеңгенің менікі» дегендей ұлардай шулады. «Караван» сияқты желкелері гүржиген газеттер Кимнің сойылын соқты. Қазақтың баспасөзі Ғұмырбекті жақтағанмен әлжуаздау болды. Орыстың БАҚ-тары дес бермеді. «Мыңмен жалғыз алыстым...» деген Абайдың күңіренген үні, Махамбеттің қыран бүркіттей шаңқылдаған даусы үнемі құлағында естіліп тұратын. Жәй естілмейтін, рух беретін Ғұмырбекке. Ким шегінді. Жеңілген төбеттей қыңсылап құйрығын екі бұтына қыса Ресейге қарай жылыстады. «Райымбек! Райымбек!» деген үн бүкіл қазақ даласын жаңғырықтырғандай болды. Бұл зор жеңіс еді.

    Қып-қызыл алмаларды паршалап, оның ағаштарын қопарғандармен күресті. Ким сияқты жалғыз жарым емес, олар көп еді. «Абай жолы» кітабындағы «көп ит пен көк ит» деп сипаттаған Мұхаңның тапқырлығы еске түсті.

    − Айналайындар-ау, бұл Аспантаудың баурайы төрткүл әлемдегі бүкіл алмалардың патшасы апорттың мекені ғой. Ғасырлар бойына бабаларымыз қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай бізге аялап жеткізді. Ал сіздер еш аямастан сондай асыл ағаштарды қопарып жатырсыздар...

    Бұл шын жүректен төгілген сөздер оларға әсер етпеді. «Мынау не деп тұр? Жындының сөзін айтады ғой өзі» деп ойлап аңтарыла қарағандай болды.

    − Сен, сен кіммін деп отырсың ақымақ, бейшара әкім? Біз сенің үстіңнен қарайтын адамдармыз. Бұл жерлер бізге баяғыда-ақ бөлініп қойылған. Кет былай, жолымызды бөгеме!− десті лауазымды шенеуніктер әспенсіп.

    Ғұмырбектің көздерінен ыза ұшқындары лыпып тұрса да, өзін іштей сабырға шақырды. Осындай мықтылардың болатынын біліп, алма бақтарына тимеу туралы жарлыққа президенттің қолын қойдырып алған.

    − Мә, оқы! Оқы да бұл жерден тайып тұр!− Жаңа ғана желкесі күжірейіп тұрған дәу әп-сәтте бетегеден биік, жусаннан аласа болып, зытып кетеді. Немесе:

    − Мен президентке барып бәрібір осы жерден, дәп осы жерден үш гектар жер алмасам менің атым өшсін!− деп байбалам салып, бұған доқ көрсетіп еді. Ғұмырбек әдетінше мырс ете күліп, оған міз бақпай сынай шүйіле қарайды. Біздей өткір көзден кім болса да тайсақтап, бүгежектеп қалады.

    Ой, пенделерім-ай! Қорыққанын ғана сыйлайтын, күштінің алдында қарғадай қалбаңдайтын өз құлқынының құлдары-ай! Бұлар елді, ұлтты қайтсін! Оның салт-дәстүрлерін, тілін, дінін құлқының қамы үшін тәрк етеді. Мұны Ғұмырбек жақсы біледі. Өзі де сол қап-қара әлемге кіріп, қап-қара күнәға малынған жоқ па? Иманы әлсіз қандастарын топ-тобымен жұтып жатқан секталардың ордаларына да шабуыл жасағанда небір сұмдықтарға тап болды. «Қойдың терісін жамылған қасқырлар сынды мұндай ордаларды әп дегенде ондай жаманатқа қимайсың. Сырты, аты-жөні жып-жылтыр, сұп-сұлу. Мемлекеттің саясатымен ымы-жымы бір деп ойлайсың. Бәрі де заңды түрде тіркелген. Бейбіт, момақан, адами сипаттың бояуын аямай жағып алған ордаларының қоясын ашып, үңілгенде сасық иіс мүңк ете қалады. Жап-жас, сәби мемлекеттің әлі де шатқаяқтап тұра алмай жатқандығын пайдаланып, оны кедейшіліктің, жоқшылықтың қоршауында қалған адамдарын ақшаға қызықтырып, торын жайған өрмекшідей тартып алып құрбандығын қайта айналып шықпастай ететін жағдайға жеткізген. Ондай құрбандықтар біреу емес, жарты миллионға жеткен! Олар мемлекеттің ішінде өмір сүріп жатыр, бірақ ол енді мемлекеттің адамы емес. Мемлекет саясатына мүлдем қарсы, жат адамға айналды. Мәңгүрт! Өз анасын да аямайтын мәңгүрт адамдар. Осындай басқа діннің торына шырмалғандармен сөйлесіп көрді. Жалғыз өзі емес, мешіттен білімді діни адамдарды жанына алып отырып, олардың миына құятындай имани сөздер айтып сөйлесті. Оларды өз қазығына оралтқысы келді. Масқара! Олар қара тас сияқты жібімеді. Жібімейді де, қайтпайды да. Бауырларынан тірідей айрылғанын білгенде Ғұмырбек сол түні көңілі босап ұйықтай алмай дөңбекшіп шықты. Кім, кім кінәлі? Әрине ұлт, мемлекет болашағын ойламаған өздері кінәлі. Тәуелсіздік ала сала Дін туралы заңды асығыс шығарып жіберген мемлекет кінәлі. Ол заң миссионерлерге жайлы қызмет жасаған. Солардың пәруайынан шыққан заңға қолдарын қоя салған парламент депутаттарын кім деп ойлаймыз? Бұл білместік пе, сауатсыздық па әлде сатқындық жасап әдейі жасағандық па? Иә, иә, сол секталар ордаларының аржағында кімдер тұрғаны Ғұмырбекті тағы да шошытты. Мұхиттың ар жағы мен бер жағындағы Америка мен Еуропа, кәрістер де бар. Оларға Ғұмырбек түре тиіскенде мемлекет заңы оларды қорғап шыға келді. Тіптен мемлекеттің лауазымды орындарда отырғандар да бұған қабағын шытты. Пай, пай, қалай ұйымдастырған десеңші! Енді қазақ топырағына тамырын жайып ешкімге дес берместей жағдайға жеткен. Ғұмырбектің пайымдауынша іштей алапат соғыс жүріп жатыр екен, көзге көрінбейтін соғыс! Бәлкім үшінші дүниежүзілік соғыс деген осы шығар. Іштей соғыс. Қарсыластары да осал емес. Қазақты шыт-шыт бөліп, бір-біріне айдап салатын өте қауіпті соғыс. Бұл дүниеде көзге бадырайып көрініп тұрған дұшпан жақсы екен ғой. Ал көрінбейтін жаумен қалай шайқасасың? Ғұмырбек осы шақтарда көлеңкесімен күресіп жатқандай сезінді өзін...

    Жауы көбейді. Досы азайды. Күрес шиеленісіп, күрделенген сайын достарының көбісі ұрыс алаңын тастап мұның жанынан кете бастады. Күндердің күнінде бүйте берсе Ғұмырбек жалғыз қалатынын сезді. Мейлі, енді Ғұмырбек осы жолдан айнымайды. Мыңмен жалғыз арпалысқан Абайдан жаны артық па? Алып Абай мен батыр Махамбеттердің алдында бұл кімнің шікірәсі? Бүгін астындағы тағын тартып алса Ғұмырбек ешкім емес. Осы тағынан айрылмай тұрғанда ол ойға алған көп істерін жедел бітіріп алуға тырысты.

    Бір күні ол күдігі де расқа айналды. Президент шақырды. «Алматының іргесіне ел толтырсам деп едім. Сол елдің қорасына мал толтырсам деп едім...» Ғұмырбек осылай күбірлеп, өкініші ішіне сыймай келе жатты.

    − Елдің ішін ала тайдай бүлдіріп бара жатырсың ғой. Астананы саған сеніп тапсырғанда маған жасаған жақсылығың осы ма? Сен қайда асығасың, Ғұмырбек. Мына істеп жатқандарың болашақтың істері ғой. Біз азбыз. Теңелуіміз керек. Өспесек өшеміз. Солтүстігіңде орыс орман тұр. Оның аржағында қит етсе болды тарпа бас салатын аюы тұр. Дұрыс, Алматының іргесінен ауылдан келгендерге жер бергенің дұрыс. Қалғандарында не шатағың бар? Анау тау болып жатқан қағаз хаттарды көрдің бе? Олардың бәрі сенің үстіңнен түскен арыздар. Тоқтат, оларға тиіспе!

    Ғұмырбек үндемеді. Шыдауы тиіс. Тек әзірге орнынан алмаса игі. Президент алдымен осылай зіркілдеп ұрысты. Сонсоң жұмсарды. Ақылын айтты. Бұл басын изей берді.

    У-ф-ф! Далаға қуанып шықты. Орнына қалғанына қуанғаны креслосына қызыққандықтан емес, тағы да елі үшін біраз іс тындыратыны үшін.

    − Аллам, сен қандай мейірімдісің! Менің тілегімді орындадың. Бүгін жұма намазға барамын. Одан әрі намаз оқитын боламын. Шүкір, шүкір, Аллам!

    Мамырдың шуағы жанын жадыратты. Аспантау жақтан лүп етіп самал есті. Сона-ау таудың аржағынан Райымбек бабасы қарап тұрғандай сезілді. Жо-жоқ, бабалары қарап тұр. Көп-көп. Абай, Махамбет...  

    − Бабаларым, сенімдеріңізге көп рахмет!..

    Ғұмырбекті жұма намазға жиналғандар танып, мешіттің төріне қарай жол ашты.

    − Жо-жоқ, мұсылман бауырларым! Мені олай әспеттемеңіздер. Мен бұл жерде жай ғана қарапайым мұсылманмын!− деді ол күлімдеп. Қатарға тұрды. Көкірек қақпасы ашылып, жүрегіне сенім оты үздіксіз құйылғандай. Нық тұрды. Нық отырды. Жұртпен бірге маңдайын сәждеге тигізді.

    Алматы шаһарының ана шеті мен мына шетіне шындығында да кәдімгідей ел қоныстанып қалыпты. Негізінен ауылдан келгендер. Олардың арасында шеттен келген қандастар да жетерлік. Қызметкерлеріне олар салған үйлердің тәртіппен орналасуын, тағы да қатаң тапсырды. Кеңсесіне бас сұқса кілең ығай мен сығайлар жиналып қалыпты. Түннің бір уағына дейін сан түрлі адамдармен жүздесті. Самал қоңырау шалды. «Шалым-ау, бізді ұмыттың ғой» дейді сыңғырлай күле еркелеп. «Біздің» дейтіні аяғы ауыр. Әне-міне босанғалы отыр. Жүрегі лүпілдеп қоя берді. Балалары жоқ емес. Ал мынау келетін сәбиі ерекше сияқты көрінеді. Арақ-шарапты біржола қойғаны жақсы болды. Осы баласы сол пәленің иісін сезбей өссе екен дейді.

 

                                                          ***

    Қабыланбек ақсақалға қолы қалт еткенде соғу Ғұмырбекке әдетке айналды. Айлық алмайтын нағыз қоғамдық кеңесші. Дана қарт қай мәселені айтса да шешуін көңілге қонымды етіп қолмен қойғандай айтып береді. Осылай талай сұрқиялармен егесіп шаршағанда, сабыры сарқылғанда Қабыланбек атасынан зор күш алып қайтады. Бүгін де екеуі түн жамылып ұзақ отырды.

    − Халқыңа қажетсің. Өзіңді сақта, айналайын! Әнеу жоғарыдағылар мына ұлтшылдығыңды ұмытпас. Сенің жақсы да игі істеріңді жауларың патшаға тонын айналдырып жеткізеді. Әсіресе орысшылдар жаман. Іштен шыққан жаудың ең қатерлісі солар. Аямайды. Қазақтардың астанаға көптеп келіп қоныстануы оларға жақпайды. Шүкір, қазақ мектептері көбейіп келеді. Бұлардан ертең мың-миллион қазақтар шығады. Ұлттың, мемлекеттің қорғаны рухы мен тілі. Осы қастерлілерімізді сақтамасақ бәрі бекер...

    Ертеңіне алма бақтарын аралап жүргенде біреу, біреу болғанда жат дауысты бейтаныс біреу қоңырау шалды.

    − Кеттің орныңнан. Біз сені кетірдік!− деген нығарлап айтқан сөзінің артынан бейтаныс кеңк-кеңк күлді. Жүрегі шым етті.

    − Әй, антұрған кімсің сен?!− дегенше анау сөзін үзіп жіберді. «Кеткені несі?» деп ойлағанша болған жоқ тағы да телефон шыр етті.

    − Әкімшілікке тез жетіңіз, аға! Үкіметтен адамдар келіп жатыр,− деген хатшысының үрейлі даусы Ғұмырбекті одан әрі қобалжыта түсті.

    Шынында да бас уәзірдің орынбасарының өзі келіпті. Түрі өрт сөндіргендей. Мұның сәлемін сүлесоқ алды да, қатқыл дауыспен:

    − Қызметкерлеріңізді, мәслихат депутаттарын тез жинаңыз,− деді.

    − Неге?− деді бұл қасқайған күйі.

    − Содан соң білесіз. Президенттің жарлығымен таныстырамын...

    Бұл жай жарлық емес екенін ол бірден аңғарды. Әлгідегі қоңырау шалған адамның «Кеттің!» деген сөзі есінен кетпей қойды. Иә, дәл солай болды! Өзін жұмыстан шығару жөніндегі жарлықты Ғұмырбек сабырлы қарсы алды. Алайда ешкімге сыр білдірмесе де ішінде өкініш бар еді. Ол жұмыстан шығаруға деген өкініш емес, «көп жұмыстарымды аяғына дейін жеткізе алмадым-ау» деген өкініш табы. Жаңа әкімді жалбаңбайлар құттықтап жатты. Сол көрініске үнсіз қарап тұрды да, ол басын шайқады. Осыдан бір-екі сағат бұрын ғана мұның қасынан қалмай «Ғұмеке! Ғұмеке!» деп жаны қалмай жүргендердің бәрі сол жаңа әкімнің қасында жүр. Тағы да басын бір шайқап баспалдақпен төмен түсіп кетіп жатты. Өзіне қадалған сан жанарларды байқап келеді. Аяп, мүсіркеп қарағандай ма? Иә, иә, солай! Лауазым алдында адамдар қалай әлсіз-ә? Жүрегін әлдекім инемен шанышқандай шым етті. Ішкі дүниесі боп-бос. Ішіндегінің бәрі жаңа зал ішінде төгіліп қалғандай. Дәл қыр желкесіне үнемі мініп түспей жүретін зілмауыр да сол жерде сыпырылып түскендей. Өзін жеп-жеңіл сезінді. Бірақ үнемі ду-ду ортада жүретін адамға саяқ қалу біртүрлі екен. Артына қарады. Ақорда бұған үңірейе қарап тұрғандай сезілді. Бұрын жылыұшырап тұратын. Енді сұп-суық, жат. Оған барар жол жабылған. Көңілі құлазыды. Ақша қар жапқан айдалада көк бөрі көзіне елестеді. Ғаж-жап! Ұлып тұр. Бұл не? Мынау машиналары сапырылысқан алып қалада жүріп көк бөрі көргені несі? Жо-жоқ! Көк бөрі әне-еу тәуелсіздік мұнарасының үстінде отыр. Алтын адам аржағында. Көк бөрі ұлиды, ұлиды келіп! Орталық алаң. Бұл жерде қазақтың қаны жатыр. Ол қанды ешкім кетіре алмайды. Кенет, кенет көк бөрінің үні сап басылды. Оның орнына улаған-шулаған қалың елдің гу-гу үні естілгендей бейне. Мұхиттың, дауылды мұхиттың үні. Ойпырмай, мынау таныс үн ғой. Қай, қай жерден естіп еді? Футбол стадионындағы ма? Жо-жоқ, тіптен мүлдем басқа!

    Ох! Осы қанды алаңда болған оқиға ғой. Желтоқсан көтерілісі. Иә, Желтоқсан көтерілісінің буырқанған үні бұл! Осы үн кезінде Ғұмырбекті ұйқысынан оятып, өз ұлтына бетін қаратты емес пе? Таң қалғаны кіп-кішкентай ғана қазақтың қыз-жігіттерінің бүкіл төрткүл әлемді көзіне ілмейтін Мәскеуді шошытқаны. Шошыған емей немене, таңдаулы әскерін лек-лек етіп Алматыға төкті. Дүниеде ең жаман нәрсе өзіңнің кішкентай балаларыңа қауіп пен зұлымдықтың төніп тұрғанын көріп, қолыңнан ештеңе келмейтіні. Қауқарсызсың. Қол-аяғың бос, бірақ қараулыққа, зұлымдыққа қарсы келе алмайсың. Көздері шыныдай жансыз генералдар сол түні Мәскеудің командасын күтіп тұрды. Ғұмырбек соңғы сәтке дейін Мәскеудің адамгершілдігіне сенді. Әскерилер тек қорқыту үшін, сақтық үшін әкелініп қойылды деп сенді. Әйтпесе өзінің көсемін қазақтан болуын қай ұлт қаламайды? «Көсеміміз Ленин жасасын!» деген плакат көтеріп шыққан әлсіз де бейбіт балалардың түк жазығы жоқ қой. Ештеңені бүлдіріп жатпағанын мына көз көріп тұр. Жолындағысын жаншып кететін мына әскерді жіберсе онда не болатынын сол сәтте Ғұмырбек жақсы білді. Алайда қауіптеніп, мана екі кештің арасында алаңдағы жастарға барып тілдесіп қайтқан.

    − Айналайындар, енді тарамасаңдар бес қаруы сай әскер тұр. Тараңдар, көкелерім, әйтпесе жаншып жоқ қылады сендерді. Аямайды бұлар!− деді бұл жанашырлықпен.

    − Кеудеңізде кішкентай намысыңыз болса, бізге қосылыңыз, аға! Олай етпей қорықсаңыз бұл жерден тайып тұрыңыз!− деді бір інісі мұның бетіне түкіріп жібергендей өткір сөйлеп. Бұл не айтарын білмей тосылып қалды. Ғұмырбектің қала басшыларының бірі екенін олар қайдан білсін? Білсе де олар тайынбай осы мірдің оғындай сөздерін айтатыны сөзсіз еді. «Қап! Мынау мені қатырды-ау. Бірақ әділін айтты» деген жасындай ой жанын осып жіберді. Ғұмырбек өзін бүйіріне тас тиіп қаңқ ете зытып беретін үлкен төбетке ұқсатты. Ашулана алмады. Не десін, сәл тұрды да бұрылып жүре берді. Өзіне де сол керек! Ақиқатты бала айтса да оның алдында әлсізсің. Еріксіз бас иесің. Осы бір екі ауыз сөз өмір бойы есінен кетпеді. Ылғи қамшылап, жүрегін шабақтайды да тұрады.

    Ғұмырбек сол желтоқсанның 18-іне қараған түнін өмірбақи ұмытпайды. Атаңа нәлет Мәскеу мұның есекдәмесін, сенімін, үмітін жылдар бойына қат-қат етіп жинаған оған деген махаббатын күл-талқан етті. Бұйрық беріліпті! Қаланың орыс әкімі осылай дегенде жүрегі кеудесіне сыймай атқақтады. Көзі бұлдырап, жанын қайда қоярын білмей жанталасты. Орнында отыра алмай бөлмесінде тордағы арыстандай әрі-бері жұлқына жүрді. Бәрібір бөлмесіне де сыймады. Сыртқа жүгіре шықты. Алаң жаққа көз салды. Прожекторлар жалт-жұлт ете қап-қара аспанды тілгілеп, қайта алаңға түсіп мазасыз күй кешіп жатты. Бірақ манағы қаһарлы үн одан да күшейе түскендей. Жо-жоқ, қаһарлы үнмен бірге түн пердесін быт-шыт ете жыртқан қыздардың шыңғырған дауыстары да мұның құлағына жетті. Басталыпты! Жаны одан әрі ышқынып кетті. Түн сияқты түксиген генералдарға қалай жеткенін өзі де білмей қалды.

    − Тоқтатыңдар! Қалалық советтің атынан бейбіт митингіге шыққан балаларды жазалауды, жаныштауды тоқтатыңдар! Талап етемін!− деді бұл жанұшыра айқайлап. Түксиген генералдар мұның жанайқайын шыбын шаққан құрлы көрмеді. Алып мониторға рахаттана қарап, өңкиіп-өңкиіп тұра берді олар. Мониторда жап-жас өндірдей қазақ жастарын киіктерді прожектормен аулағандай қып-қызыл қанға бөктіріп қалқанды солдаттар өткір күректермен аямай соққылап жатты.

    − Тоқтат! Тоқтат деймін!

    − Мынаны есік алдына лақтырып тастаңдар!− Генерал бұйрығын күтіп тұрған еңгезердей-еңгезердей бірнеше солдат келіп Ғұмырбекті тік көтеріп әкетіп, шынында да сыртқа лақтырып жіберді. Төменгі қабатқа қарай домалап бара жатқан бұған солдаттар қарқылдап күлді. Қатты назаланды, қатты қорланды. Басы зеңіп, көзі қарауытып кілем үстінде отырып қалды. Сәт өтпей ызадан жарылып кете жаздағаны соншама орнынан қалай ұшып тұрғанын өзі де сезбей қалды.

    − Бұдан да өлгенім артық! Менің орным алаң! Сол жерде жастығымды ала өлейін! Атаңа нәлет бұл өмірдің!− Осы бір сөздер Ғұмырбекке ғаламат күш берді. Ызғарлы жел костюмшең шыққан оның қойын-қонышын тінткілей жөнелді. Оған қараған жоқ. Теңіздей буырқанып жатқан алаңға нық адымдады. Адам-қамалға келіп мұрны тірелді. Бойлары екі метрдей қаз-қатар қол ұстасып тұрған солдаттар міз бақпады.

    − Әй, солдат, мені жібер! Мен қалалық советтің төрағасымын! Міне, міне, куәлігім!− Солдаттар да мұның сөзін елемеді. Күшпен өтем бе деген дәмесін тағы да шорт үзіп, мұны қарау солдаттар кейін қарай серпе итеріп жіберді. Шалқасынан құлай жаздап әрең бойын түзеді.   

    − Оңбағандар! Фашистер! Кішкентай балалардың жазығы жоқ қой, жазығы жоқ!− Шырылдаған өз даусын өзі естімеді. Гу-гу-гу! Адамдардың дауыстары, қыздардың шыңғырған, жанұшырған дауыстары, танктің гүрілі, жедел көмек машиналарының үрейлі үндері... Басын біреу келіп темір қышқашпен қысқандай қатты ауырып кетті. Құлағының іші шың-шың. Көзі қарауытты. Өзінің соншама қауқарсыздығына ызаланды. Мәскеудің зұлымдығына жаны түршікті. Жеме жемге келгенде олар бұларға құл сияқты қарайды екен-ау. Римдегі құлдар көтерілісі есіне түсті. Олардың көбісі қан майданда шайқасып өлді. Өлмегенін бағаналарға қолдарын керіп, ит-құсқа жем қылып іліп қойды. Мына балаларды да ертең сөйтеді-ау. Жүрегіне біреу тағы да ине сұққандай. Аяушылықтан ба, ызадан ба, өзі де білмейді, жылап жіберді. Мәскеу өзіндей шенеуніктердің мойындарына қарғы бау салып, шынжырлап өз халқына үргіздіріп қоятынын жаңа сезгендей. Өзінің сол төбеттен артықшылығы неде? Азын-аулақ тамақ беріп, сүйек-саяқ лақтырып, алдаусыратып, мақтап, одан қалды кеудеңе жылтыр темір-семірді іліп сылдырлатып қояды. Шетелге барғанда шемпион иттердің кеудесіне медаль тағып қойғанын көргенде таң қалған. Олардың бұлардан несі артық? Осылай алдап-сулап өз ұлтыңа қарсы айдап салып қарап отырады. Олардың көңілінен шықсаң жаның өзіңде қалады. Тіліңді орыстандырады. Рухыңды ұмыттырады. Қарсы келсең көретін құқайың осы! Болмаса алаңға өз еліне өз көсемдерін қоюға, тілінің жойылып бара жатқанын айтуға ғана шыққан ана сүті еріндерінен кетпеген мына жас жігіттер мен қыздардың не кінәлары бар? Бар болғаны бейбіт түрде көшеге, алаңға шықты. Мәскеу үрейленді, тас-талқан болып ашуланды. Енді мінеки қырып жатыр, турап жатыр!

    − А-а-а-ей! Құдіреті күшті Тәңірім! Көмектесші, құтқаршы, мына балаларымды!− Қатты айқайладым деп ойлады. Ұлан-асыр шу оның әлсіз даусын жұтып жіберді. Не істерін білмей жанұшырды. Көз алдында болып жатқан қанды зұлымдықты көріп тұрып, ештеңе жасай алмау сұмдық қой!

    Әрі-сәрі күйде аяқтарын сүйрете басып кабинетіне бет алды. Жолай жаңа патша Колбинге кіргісі келді. Қолын бір сілтеді. Генералдарға бұйрықты беріп отырған сол емес пе? Сол, сол, бәрін бүлдірген. Мәскеудің құйыршығы!..

    Ұзақ уақыт бойына төсек тартып ауырғандай ертеңіне денесі дел-сал, нәумез халде жүрді. Түнімен кірпік ілмегендігі, түндегі басынан кешкен қорлығы мен зорлығы Ғұмырбекке өте қатты соққы болды. Өмір бойына Ленин, коммунистік партия, Мәскеу деп соққан жүрегі мен көңілі бір-ақ түннің ішінде нілдей бұзылып, көкірегіне кек болып түйілді. Тәкаппар саяси бюро мен генералдар оның ұлтына, қазағына ешқашан аяушылық көрсетпейтініне осы түн көзі жетті. Осы бар жан-дүниесін тондырған азалы желтоқсан түні, төгілген қан оны өмірге қайта әкелгендей қатты әсер етті. Тарихқа үңілсе қаншама осындай көтерілістер, оларға қарсы жасалған қатал да аяусыз басу-жаншулар болғанына және бостандық, тәуелсіздік үшін ата-бабаларының аянбай күрескеніне көзі жетті. Және бұл көтеріліс соңғы емес, әлі алда талай бас көтерулер, қантөгістердің болатындығын жүрегі сезді. Жүрегі сезіп қана қоймай Ғұмырбек ширығып, өзіндік күрес жолын таңдады. Ең бастысы қазір сабыр қажеттігін ұқты. Иә, қазақтар ешкімге қажет емес. Қажет пе, қырып тастай салады. Тек күшті де қуатты, өзіңе өзің сенімді болғанда ғана жеңіп шығасың, бостандығыңа қол жеткізесің.

    ...Иә, сол күндері бүкіл қазақ жұртын қап-қара түнек басып тұрғандай болды. Түстері сұп-суық әскерлер, тіптен жылдар бойына бірге өмір сүріп келе жатқан орыс ағайындардың жетесіз жігіттері қолдарына келдек темір ұстап, көшелерде қазақтарды аң сияқты аулап, білгендерін істеді. Талай қазақтың қыздарының қызғалдақ ғұмырларын солдырды. «Мен қазақпын!» деген адамның еңселерін езетін қара тастан да ауыр сезім мен көңіл күй Ғұмырбектің де көпке дейін есін жидырмады. Үнемі осы зарлы үн, қан-қан болған бауырларының машинаға тиелген денелері, шашынан тартып сүйрелген қыздардың шыңғырған жан дауыстары оған маза бермейтін. Осы ауыр көріністер түсіне жиі кіретін. Әсіресе бір қарындасының жылап айтқан мына сөзі оның ойынан кетпей қойды. Қыздарды «ұрпақ әкелмесін!» деп мұз цемент пен асфальтқа сағаттар бойына отырғызып қойғанын Ғұмырбек қалай ұмытар, қалай санасынан өшірер?!

    − Аға! Ағатай, сүйінші!− Бұл не дауыс? Сүйіншісі несі? Өзендей ағылып жатқан машиналардан қалай өткен? Жаңа көшенің аржағында тұрған сияқты еді. Мұны машиналар қалай баспаған? Есін жиып, жан-жағына қарап тұр. Жаңа жиналыстан шыққанын, содан көк бөрінің ұлығаны, Желтоқсан көтерілісі кезіндегі гуіл, ондағы басынан кешкендері бәрі-бәрі есіне түсті.

    − Ағатай, сүйінші!− Таныс дауыс. Ә-ә, жүргізуші баланың дауысы ғой мынау. Әудем жерде ақсия күліп бұған қарай далаңдап жүгіріп келеді. Ентігіп тұр. Жүзі бал-бұл жанады.

    − Тү-үу, аға, сізді зорға таптым ғой. Мұнда не істеп жүрсіз? Сізден сүйінші алайын десем таптырмайсыз, жүдә.

    − Не болды? Сүйіншің не?− деді Ғұмырбек өзінің әрі-сәрі күйін білдіргісі келмей.

    − Самал апам босанды. Ұл! Шекесі торсықтай ұлды болдыңыз, аға!

    − А-а-а! Не дейді? Ой, жарайсың! Құдайым-ау, мың, мың шүкір саған! Мә, мә, саған сүйінші!− Ғұмырбек қалтасындағы ақшасының бәрін шашып жіберді де, бала сияқты секіріп, секіріп қояды...

    Жұмыстан шығып, көңілі құлазып тұрғанда Самалдың ұл босанғаны оны шексіз қуанышқа бөледі. «Бұл Алламның бір үлкен сыйы ғой» деп ұлының атын Рахманқұл қойды.

 

                                                       ***

    Ғұмырбек сонымен жалғыз қалды. Не деген жаман еді жалғыздық. Оның айналасындағы кешегі улыған-шулаған қоғадай жапырылған жағымпаз жандар бүгін жоқ. Олар өзге бір лауазымды мықтыны тауып, соны жағалап жүргендері анық... Оларға Ғұмырбектің өзі емес, оның тағы ғана керек екен. Бір жақсысы олардың кім екендіктерін бұл білді. Уақытша достар, уақытша туыстар. Бұрын оларды қалай көрмей, білмей келген? Адамдар не деген зымиян едіңдер. Бетперделерін шешіп тастап, жеме жемге келгенде, мұның басына күн туғанда тайып берді.

    Ішім өлген, сыртым сау,

    Көрінгенге деймін-ау.

    Бүгінгі дос− ертең жау,

    Мен не қылдым, япырмау?

    Осындай қиындыққа, ауыртпалыққа тап болғанда, жалғыз қалғанда Ғұмырбек Абай бабасымен сырласатын болды. Ғажайып қой, шіркін! Өмірдің тылсым сырларын көкірек сарайына жинаған Абай бабасы қазағына ащы айтқан, күйіне айтқан. Қазақ сол Абай кезіндегі қазақ күйінде қалған тәрізді көрінеді оған. Әрине ол кездегідей күпісі, тымағы жоқ, оның орнын орыстың, батыстың, қытайдың, киімі жаулап алған. Жан дүниесі сол күйі қалса да ол кездегі қазақты бұл қазақ менсінбейді. «Артта қалған, феодализм» дейді. Әсіресе қазір жаңа қазақтар дегендер шықты. Олар қазақ бабасының тілінен, ділінен, затынан ғана безіп отырған жоқ, атынан да безуге даяр. Бір топ байшікештер «қазақстандық ұлт» боламыз деп өзеуреп, қол қойып үндеу де жариялады. Ағылшын тілін орыс тілімен бірге еңгізейін деп отыр. Тіптен ол тілді үйретуді балабақшадан бастайық деген пәлені шығарды. Ұлтшыл азаматтардың қарсы болғанын олар шыбын шаққан құрлы көрмеді, ақыры ол біртіндеп іске асып жатыр. Біртіндеп кіріп қазекең атынан да, затынан да айрылып тына ма деп қорқады Ғұмырбек. Сол қорқынышы жыландай сумаңдап кіріп жатыр өмірге. Тағы да жан дүниесінде баяғы қауқарсыздық. Жас шенеуніктердің дені орысша сөйлейді, орысша, батысша ойлайды. «Мемлекеттік тіл» деген дабырайған аты бар қазақ тілі шетқақпайланып, қазақ өз тілін мазаққа айналдырып жатқанын көріп те, біліп те жатыр. «Тіл мәселесін балабақшадан бастау керек. Әзірге ағылшын тілін енгізіп бүлдіршіндердің миын ашытпайық» деген ниетпен шыдамай білім министрлігіне ат басын бұрған. Қайдағы-ы? Аты дардай, атағы республикаға танымал бұрынғы әкім, бұрынғы министр Ғұмырбекті жас шенеуніктер танымады әлде танығысы келмеді. Зорға дегенде министрдің орынбасарына кірді. Ашуын, аптығын басып бұл әдемі сөздермен өрнектеп ойын жеткізді. Ал орынбасардың әуселесін әп дегенде байқамапты. Қазақшаны сындырып әзер сөйледі. Көздерінде жан жоқ жас жігіт бұған «Жаңа айтқандарыңызды орысша қайта айтсаңыз» деп қарап тұр!

    − Қайран сөзім қор болды-ау,− деп Ғұмырбек Абайша күңіренді. Анау бұған да түсінбеді. Жаны жабырқап, қатты түңілді. Түтігіп кетті. Үстелді тарс ұрып, шалт қимылдап тұрды да, есікті сарт еткізіп жауып шығып кетті.

    − Ойбай-ау, мына біздің білімімізді кім басқарып отыр!− деп күйіне ойлады ол жол-жөнекей. Көпке дейін өз-өзіне келе алмады.

    Ем таба алмай,

    От жалындай,

    Толды қайғы кеудеге.

    Сырласа алмай,

    Сөз аша алмай пендеге.

    Босқа ұялып,

    Текке именіп,

    Кімді көрсем мен сонан.

    Бетті бастым,

    Тұра қаштым

    Жалма жан!

    Иә, енді не істесін қашпағанда. Ыза буып әлгі шыныкөз қазағын буындырып өлтіріп жіберсе арты не болар. Оның ұққаны қолыңда билігің, астыңдағы тағың болмаса сені тыңдайтын, өзіңді ұғатын кейінгі толқында жастардың қалмағаны. Күйінетіні де сол. Елдің, ұлттың жағдайын олардың енді ойламайтындығын ұқты. Ұқты да қатты қорқып кетті. Қазақтың тағдыры, болашағы ұлтының тілін, салт-дәстүрлерін білмейтін, дінін сыйламайтын осындай жандары қараң, кеуделері боп-бос, батысшыл, орысшыл жастардың қолында екендігі оның жүрегін ауыртты. Мынау сұлу да әсем, бірақ сұп-суық, қарапайым халық кіре алмайтын ақ ордалар ертең бар жақсылық біткенді, ұлттың баға жетпес құндылықтарын жұтып жіберетіндей көрінді Ғұмырбекке. Егер осы сұлулық, осы көздің жауын алған, қараған кезде қалпағың түсер биік-биік үйлер, оның ішіндегі лауазымды тұлғалар халыққа қызмет етпесе онда бәрі-бәрі құриды дей бер! Кітап оқымайтын, компьютербасты жансыз көзділер сенің жаныңды, арың мен намысыңды қайтсін?! Қайран, Абай бабам-ай, бәрін айтып кеткен сіздің жауһар жырларыңызды оқитын жастар енді бола ма, болмай ма?

    Заманақыр жастары,

    Қосылмас ешбір бастары.

    Біріне бірі қастыққа−

    Қойнына тыққан тастары.

 

    Саудасы ар мен иманы,

    Қайрат жоқ бойын тыйғалы.

    Еңбекпен етті ауыртпай,

    Құр тілменен жиғаны...

    Ғұмырбек күбір-күбір етіп, кеудесіне назасы сыймай оны Абайымен сырласу арқыды сыртқа жалын етіп шығарып келеді. Дүниеде ең жаман нәрсе өзіңнің қандасыңмен өз тіліңде сөйлесе алмау екенін бұл Ғұмырбек пақырдың ұққаны қашан! Сөйлейсің, сөйлейсің, ол сөзің жаңғырығып тасқа соғылғандай өзіңе қайта келеді.

    Естісем үнін,

    Білсем деп жөнін,

    Көп іздедім қаңғырып.

    Баяғы жартас− бір жартас,

    Қаңқ етер, түкті байқамас.

    «Қаңқ етер түкті байқамас!» Осы сөздерді іштей күбірлеп қайта-қайта айтты.

    Бас басына би болған өңкей қиқым,

    Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?

    Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

    Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.

    Осы бір өлең жолы тағы да қазіргі заманның күйтін жырлап тұрған ба деп ойлайсың. Қазақ неге екенін кім білсін билікке құмар. Қарапайым ауылды алайық. Рас, ауылды таратып, талан-таражға салдыруға жол берген сол кездегі үкімет. Ғұмырбек сол үкіметтің неге мұншама қатігездікке барғанына әлі күнге дейін түсінбей дал. «Бөлініңдер!» деген бұйрықтың түсуі мұң ауыл белсенділері бір-бір пәпкі ұстап бастық болып шыға келді. Елдің сиқы бұзылды, олар бір-біріне бағынбады, кейін бірен-сараны болмаса қалғандары мұзға отырысты. Ауыл тігерге тұяқсыз қалды, самсаған техниканы да құртты. Түксіз қалған халық бір түйір нан үшін қалаға шұбырды... Ғұмырбектің көз алдына тағы да Шаңырақ пен Бақайдағы мұны даттаған әйелдер түсті. Қазір шүкір Алматының айналасын қалың қазақ қоршап, орналасып алды. «Мұның да артының қайыры бар» деген осы-ау.

    Мұны қызметтен босап қалғанының да артында да қайыры болып тұр. Қолы бос. Самалы мен Рахманқұлы қасында. Ғұмырбек Рахманқұл десе жанын береді. Қылығы да өзгеше бала. Тәтті! Тәтті болғанда қандай! Қағілез, құймақұлақ. Төрт жасында Әліппені білді. Талпынысы ерен. Тіпә, тіпә, тілі тасқа. Абай, Мұқағалидың өлеңдерін жатқа біледі. Қасиетті дұғаларды да құлағына құйып алды. Жұма күндері Самал жеті күлше пісіргенде Құранды өзі оқи береді. Әкесі намазға құлағанда ол да кіп-кішкентай болып қасында отырады. Алты жасында мектепке барды. Көп өтпей мұғалімдер оны үшінші сыныпқа бірден көшірді. Бұрынғы әйелінен де бір ұл, бір қызы бар. Олардың қалай өскенін білмейді. Жұмыс, жұмыс деп күні-түні жүрсе қайдан білсін оны. Әрі оларды анасы орыс балабақшасына, мектебіне берді. Кейін үйдегі орыс тілділермен күресіп-ақ еді, кеш қалыпты. Әйелі оған: «Балалардың миын ашытасың!» деп үзілді-кесілді қарсы болды. Бұл бір өзі бір жақ, ал балалары әйелімен екінші жақ. Ара жік ашыла берді. Көңіл суыды. Ақыры ажырасты.

    Рахманқұлы таза қазақ болып өсіп келеді. Оның бойынан, мінездерінен кішкентай кезіндегі өзіне ұқсастықтарды табады. Табады да елжіреп, алпыс екі тамыры ийді. Сол кездері өзі көрмеген әкесі есіне түседі. Соғысқа кетіп, оралған жоқ. Оның түс-келбетін ескі суретінен ғана біледі. Әпкесі екеуі ғана. Әрине, мұның анасындай төзімді һәм мейірімді ана бар ма екен мына фәни дүниеде. Балалары үшін күйеуге де тимеді. Есін білгенде биік-биік тауларды көргені есінде. Күрегейлей қоршаған биік-биік таулардың ортасында үйлері шашылған тастардай әр төбешікке орналасқан мұның ауылы жататын. Қандай сұлу табиғат десеңші! Бір жұтқанда ұйқыңды шайдай ашар саф ауасы қандай! Туған жерінің жаз, көктемгі сұлулығын тек жұмаққа ғана теңерсің. Қыстағы үйлерді түгел жауып тастайтын әппақ қасаты қардың өзі ғажайып емес пе еді. Бойжеткендей сыңғыр-сыңғыр ете күліп аққан бұлақтары да өздері тәрізді тым тентек болатын. Ауылда Ғұмырбек сияқты жетімдер көп-тін. Сондықтан «Сен әкеңді туа сала жұтып қойғансың!» деп саусақ безеушілер ілуде болмаса кездеспейтін. Ондайлар кездескеннің өзінде «Тәйт!» деп айтатын күміс сақалдары алдына түсетін айбарлы да данагөй ақсақалдар баршылық еді, шүкір. Ғұмырбек оларды сол Аспантаудың жыл он екі ай қар басқан шыңдарына ұқсататын. Олардың кеуделері ғажайып әңгімелерге толы болатын. Бала кезінен сол ғажайып байлыққа сусындап өсті. Ғұмырбектің мәңгілік есінде қалғаны аспанмен таласқан Хантәңірі тауы. Иә, ол таулардың патшасы сияқты еді. Таңертең тұрғанда таулардың патшасы Хантәңірінің күн ананың шұғыласына шомылып рахаттанғанын көретін. Иә, иә сол кезде сары алтын тәжді тау патшасы ғажайып сұлулықтың символына айналатын...

    Ғұмырбектің балалық, жастық шақтарында еске алатын өмір үзіктері жетерлік. Осы Рахманқұлы тәрізді қағілез, ізденгіш, талапшыл, пысық бала болып өсті. Әрине, ол бөлек заман еді. Октябрят, пионер, комсомол... Идеологиясы бөлек еді ол кеңес заманы ағысының. Өмір иірімі бүкіл халықты өз дәргейіне бағындырып толайым тарта білетін. Ол иірім орысты, Мәскеуді, Ленинді жақсы көруге, соларды өлердей сүюге үндейтін, үйрететін, тәрбиелейтін. Бүкіл болмысың, жан дүниең әлгі идеологияның тезінен өткен соң қып-қызыл коммунистке айналғаныңды өзің де сезбей қалатынсың. Ғұмырбек те сол қан қызыл иірім идеологиясының жемісі болып өсті. Ол Мәскеу үшін жүрегін ойланбай жұлып беруден тайынбайтын. Энгельстің, Маркстің, Лениннің кітаптарын Құрандай көріп, ондағы ілімдерді шашау шығармай көкірек сарайына жинауға тырысатын...

    Осы оқиғалар тізбегі Рахманқұлға байланысты өрбіп жатыр ғой. Бұрын балаларымен бірге болуға уақыт таппаса енді қолы бос. Бұл да болса Рахманқұлдың бақыты шығар. Онымен бірге болуға өзінің де жаны құмар. Самал үшеуі қыдырып зоопарк, паркке де барды. Сондағы қараша халықтың өзіне деген шынайы пейіліне риза болар еді. Жапырласып сәлем беріп, жағдайын сұрап жатады. Самал да қазір әншілігімен даңқы шығып жатыр. «Қос жұлдызбыз ғой» деп әзілдеп қояды олар. Қастарындағы кішкентай жұлдыз да мектепте белсенді, домбыра тартады. Өзінше көкесінің жанында отырып өлең жазады құнжыңдап. Тәп-тәуір өлең. Кітапты, соның ішінде ертегілерді жаны сүйеді. Көкесі Рахманқұлдың арқасында талай ертегіні біліп қалды. Нәшіне келтіріп оқыған баласын құныға тыңдайтын болды. Шіркін, өмірдің бәрі ертегідей болса ғой. Кейіпкерлері қиналып-қиналып келіп ақырында олардың өмірі бақытты болып аяқталады.

    Өлең демекші өзі де шабыттанып, жас кезіндегі «Жазушы болсам» деген арманына міне, алпысқа жақындағанда тым кеш қол созды. «Қолымды мезгілінен кеш сермедім...» деп Абай айтқандай түндер бойына ақындардың кітаптарын ақтарады. Тек орыс, қазақ емес, сона-ау шығыстың шайырларының да шығармаларын құныға оқыған. Күнкөрістің қамы күйкі тіршілікпен тек аттан түспей өткізген өткен өмірін босқа тәрк еткендей көрінді. Енді Ғұмырбек жана рухани жолына түскендей. Күн, ай, жыл өткен сайын жан дүниесін байыта берді, байыта берді. Бірақ ылғи мазасын ала беретін бір мәселе бар. Мына алмағайып заманда бұрын тілге бөлінсе, енді дінге, руға бөлініп, алауызданған ұлтының болашағы. «Бұл қазақты Кенесары да, Абай да, Махамбет те, кешегі алаш көсемдері де жөнге түсіре алмаған. Мен кіммін оны жөндейтіндей» деп қолын бір сілтеп, осы тапқан жолымен жайбарақат жүре берсе де болар еді ғой. Әрі толғанды, бері толғанды, қызуқанды, өршіл жан Ғұмырбек ақыры шыдамады...

 

                                                           ***

    «Қалың елім қазағым, қайран жұртым!» деп қазағының бүге-шүгесін түгендеп кеткен Абайға тағы да жүгінді. Өзінің қазағынан өлердей таяқ жеп, тоналса да ол өз жұртынан безді ме? Оның қара сөздеріндегі жайттардың әлі де ескірмей бүгінгі күнмен жалғасып жатқанына қайран Ғұмырбек. «Осы мен өзім− қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем қылықтарын қостасам керек еді. Уә әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ. Егер жек көрсем, сөйлеспесем, мәжілістес, сырлас кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, не қылды, не болды?» демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді. Бұларды жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім жоқ. Бұлардың бірі де жоқ. Бұл қалай? Бұл айтқанның бірін тұтпай болмас еді...» Абай бабасының өмірде тығырыққа тірелген күйін Ғұмырбек те кешіп жүр. Бірде әрі-сәрі бір халде жүреді де, қазағын жек көріп кетеді. Ондайда басына күн туғанда жат жерге кетушілер сынды бәрін тәрк етіп елден біржола кетіп қалғысы да келеді. Ол «...жатты өз қылып, үйір боларлық қайрат жалын сөніп те қалған екен» деп күйінсе де ел ішінде қалуды көңіліне дәт санаған хакім Абайдың ойын әрі қарай жалғастырады. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген халық мақалы жадын жаңғыртып, тағы да қиқы-жиқы бір ой сүрлеуіне түсіп кете барады.

    Ғұмырбектің уайымының бір саласы қазағына Аллам берген жер қойнауындағы мол байлығының қайдағы бір ит-құсқа жем болып жатқаны. Қай жерде қазына болса содан қарпып қалуға үйренген Батысың анау, одан қалды жұлдызды Америка, іргедегі Қытай мен орыс бәрі тіміскілеп, жалаңдап жүр. Олар ештеңеден тайынбайды. Ақшаны да аямайды. Себебі мол қазынаға тұмсық тыққан кезде ол берген ақшаң мың еселеп қайтатынын бұл алпауыттарың жақсы біледі. Көріп отыр, жарты ғасырға жуық уақытты енші етіп алып, ата-бабасының құйқалы жерінің әр пұшпағында олар құзғын күшіген тәрізді қонжиып-қонжиып отыр. Жәй отырған жоқ, тегін ен байлықты сораптап сорып қоятын емес. Күні-түні! Ол байлық менің байлығым, мына балаларымның болашақ ырыздығы, халқының қазынасы. «Қоя жесең қой қалар, тия жесең тай қалар, қоймай жесең нең қалар?» дегендей бүйтіп үздіксіз сорыла берсе Жер-ана кеудесінде сақтаған қазынасы таусылмай ма? Әрине, таусылады. Сонда ол ұрпақ не харекет етпек? Молада жатса да рухы аспанда ұшып жүріп ұрпағын бақылап отыратын өзі тәрізді аруақтар қандай күйде болады? Әрине, назаланады. Ен байлықты жат елдіктерге беріп қойған бұларға қарғыс айтып, сатқындықтарын беттерін баспас па? Басқандай қандай!

    Ғұмырбек шошып кетеді мұндайда. Шошитыны бұл кір, лас істе өзінің де «үлесі» бар. Жасыратын не бар, мемлекет байлығына бұл да қол салған. Қазір үлкен коттеджде өмір сүріп жатқаны да, астында қымбат машинасы бары да, не ішем, не кием демейтіні де сол кезінде лас жолмен жинағаны. Аспантаудың етегі жұмақпен тең десек, ол жерлерде қазір байлардың алып үйлері саңырауқұлақтардай бой көтерген. Ғұмырбек олардың денін біледі. Бәрі де жасанды байлар, лауазымды орындарда отырғандар. Олардың қалай байығанын бұл жақсы біледі. Күшіген сияқты тырнақтарын боқ дүниеге бірге салған өзінің сыбайластары ғой. Сыбайлас кездерінде Ғұмырбектің қолына су құятын ғана дәрежеде еді, бұған жағымпазданғанда табанын да жалайтын ол мұндарлар енді қарашы кеуде көтерулерін. Пах, пах, күндердің күнінде бәрібір ахиретте есеп беретінін білмейді-ау олар.

    Отыз жыл патша болған марқұм Димаш отыз жылда отыз тиын жемегенін білгенде Ғұмырбек таң қалған. Қаланың мері болып тұрғанда ол кісіні сотқа да берді Мәскеу. Қаншама жегенін тексеріп, өзін итжеккенге айдап жібергісі келді. Білесіз бе, Димаш аға бар айлығын өмір бойы жетімдер үйіне жіберіп отырған. Жібергендігі құжат болып қатталып тұрыпты. Өзінің басында бір мүлкі жоқ. Тіптен үйі де, машинасы да жоқ. Үйді үкімет берген. Міне, адалдықтың нағыз үлгісі! Қалайда соттап жіберуге жоғарыдан тапсырма алған соттар сассын! Амал жоқ оларға бар шындықты Мәскеуге жайып салуға тура келді. Ол кісі сотталмай аман қалды. Бірақ Димаш ағасына тексеру кезінде жасалған қорлаулар ауыр тиді. Жүрегі сыр берді. Ғұмырбек сондай сын сағатта араша бола алмады. Тағы да қауқарсыздық танытты. Өз басының жағдайын күйттеген жоқ, «сен тыныш отыр!» деді жоғарыдағылар. Мұның қолынан келгені арзан машина әперуге себі тиді. Сыйлайын деп еді, ол кісі үзілді-кесілді қарсы болды.

    Ал бұл ше? Әлі де лас жолмен келген боқ дүниенің ішінде отыр. Қимайды. Алладан келген аяны мазасын алып, Ғұмырбек көзге көрінбес ауыр салмақтан үнемі жаншылып жүретін. Бір күні шыдамады.

    − Самалжан! Мына лас ақшамен келген үйді балабақшаға бергім келіп отыр. Мен үшін лас ақша болғанмен негізі ол халықтың ақшасы. Қорықпа, біз далада қалмаймыз. Сенің бір концертің немесе бір тойға барғаның пәлең мың ақша. Менің өз кәсібім бар дегендей. Сен менің ақшама, байлығыма, қызметіме қызығып тимеген боларсың,− деді Ғұмырбек жымия қарап.

    − Алғашқыда ондай ойдың болғаны рас. Кейін саған шын ғашық болдым, Ғұмеке! Мен саған шын ғашықпын. Ал мына шешіміңді мен де қолдаймын. Тазарғаның дұрыс.− Самал сенімді сөйлеп, Ғұмырбегінің бетінен шөп еткізіп сүйіп алды.

    − Көріп қойдым, көріп қойдым!− Бұл Рахманқұл. Үшеуі құшақтаса кетті. Мәре-сәре...

    Үйде отырған адам ойшыл, уайымшыл болады екен. Ойлап отырса қазаққа жау көп. Сол жаулар іште де, сыртта да жоқ емес. «Орыспен дос болсаң, айбалтаң қасыңда болсын» деп ата-бабамыз неге айтқан? Ол ескерту сөзді ХХ ғасырдағы нәубеттер дәлелдеді. Айбалтасы жоқ қазақты орыстар жаппай қырғынға ұшыратты. Осындай зұлымдықтардан соң қазекең Ресейден аяғын тарта ұстау қажет қой. Құдай берген тәуелсіздіктің арқасында алдымен орыс идеологиясынан ада-күде құтылудың орнына оның тілін ресми тіл деп қойды. Қаптаған орыс ақпараттарын аластатудың орнына шаңырағының астына кіргізіп алды. Өз тілінде тәулік бойына көрсететін телеарнасы жоқ бұл қандай бейшара халық? Ұлтын шырылдап қорғаған бұған «Караваннан» бастап тарпа бас салды емес пе? Солтүстігің анау. Орман орыс сыңсып отыр. Шеттегі қазақтарды лек-легімен әкеліп, сонда жіберу керек. Там-тұмдап келген бауырлар орыс тілін білмегендіктен қазақтың қалың ортасын қалайды. Ертең Ресеймен алда-жалда ищайласып қалсаң қауіп солтүстіктен. «Бізге автономия бер!» деп ақиланып шыға келсе не істейсің?

    Миллиард басты аждаһа ел Қытайдың бір үлкен арманы ғасырлар бойына маза бермеген көшпенділердің ұрпағы қазаққа тырнағын салу. Бұл арманы Кеңес империясының қорғанынан аса алмады. Енді қалай жаулаудың жымысқы жоспарын жасап та қойды-ау шамасы. Әкім болғанда мұның кеңсесіне Қытайдың бір топ өкілдері келді. Жоспарлары ауқымды. Біздің мемлекетіміздің заңын жаңғақша шағады. Қырық тоғыз жылға жалға жер сұрайды. Мұның өзін де құр қалдырмайды. Ақшаны бұл ойлағаннан да жоғары төлемекші. Ғұмырбектің ашуланғаны осы жер. «Ақшаға сатылатын мен сатқын емеспін! Шығыңдар!» деген бұл арыстанша ақырып. Шығып бара жатып олардың бастығы бұған сес көрсетіп кетті. «Келісуің керек еді. Қазақстан енді аз уақыттан соң біздікі болады. Осыны есіңде сақта» деді. Біреу маңдайынан періп жібергендей бұл сілейіп тұрып қалды. Қазір ондай улы өсек солтүстіктен соққан ызғардай еседі. Енді бір азғана уақыттың ішінде Қазақстан Қытайға қосылады-мыс. Ғұмырбек олардың алдын ала жасап қойған картасын көріп, төбе шашы тік тұрды. Ашуланды, долданды. Бірақ ойланып қараса олардың біртіндеп мысықтабандап кіріп жатқанына қарағанда ол өсек-аяң шындыққа айналуы әбден мүмкін. Хуацяо алдымен базарын, одан соң әр-әр жерден банктерін қылтитты. Қазақтың біраз мұнайлы өлкелері қазір Қытайдың тырнағының астында. Қытай-Еуропа жолына тартылатын тұрбаларын салуға ақшасын аямай төкті. Қазақ қыздарына үйленіп жатқан қытай күйеу балалар да көбейіп келеді...

    Ең зор қауіп осы деп біліп, одан қалай құтылудың жолын іздеген Ғұмырбектің басы асқабақтай болды. Әлде орыспен осылай дос болғанымыз дұрыс па? Ойлап отырса орыс қазақтармен шынайы достаса алмайды. Олардың әлі де қайта империя боламыз деген жаман пиғылдары бар. Қазақты олар бұратана халықтың санатында санайды. Өзін төмен санаған ұлтпен қалай дос боларсың? Өзіңді қой деп санайтын, өзін қасқыр санайтын ел ертең оңдырмасы анық. Тығырыққа тірелген Ғұмырбек Қабыланбек атасына жол тартты.

    Күннің ыстығы қайтып, күн-ана ұясына қонар сәтте Қабыланбек ата аяңдап сыртқа шығып, үй алдындағы скамейкада отырар еді. Кейде бұл кісі үйіне тиіп тұрған паркке барып жайлап қыдырып жүретін. Атасын үйінен таппады. Үйдің алдында да жоқ. Содан паркті шарлады Ғұмырбек. Әйтеуір тапты-ау. Мұның сәлеміне жылыұшырай жауап берген қарт қуанып қалды.

    − Бұл сауал мені де мазалайды,− деді Ғұмырбектің сауалына сергек жауап беріп қарт,− Өте қиын мәселе, ауыр сауал. Бірі аю, бірі аждаһа делініп жүрген қос алып елдің аттары өздеріне сай қойылған. Жаңағы айтып отырған пікірлерің орынды. Дос болып, оларға арқа сүйеуге тырысудың қажеті жоқ. Рас көрші ретінде жылы қатынас орнат, сауда-саттығыңды жасай бер, аралас-құралас. Бірақ оларға болашақ тағдырыңды тапсыра көрме! Онда өзіңді өзің өлімге байладым деп ұқ.

    − Сонда басқа не амал жасаймыз? Осылай екі дәудің біріне жұтылып кете береміз бе?− Қабыланбек ақсақал қауғадай сақалын тарақтап біршама отырды да, содан соң әдетінше басын шалт көтеріп, інісіне қызық сауал қойды.

    − Біз азбыз. Бірақ бізден де аз елдер ешкімге жалтақтамай өмір сүріп жатыр. Біз кімнен кембіз? Олар несімен артық? Кім көрінгенге бас шұлғи беретін қазақты меңдеген ауру қандай ауру? Соған жауап берші, Ғұмырбек мырза?

    Бұл жөнінде Ғұмырбек не жауап берерін, не бермесін білмей сасып қалды. Жауап берсе жартыкеш жауап беріп ақсақалдың көңілін қалдырам ба деп қорықты. Ақсақал мұның іштей мазасыз күйге түскенін білді ме, әйтеуір әрі қарай сөзін сабақтады.

    − Мысалға дәрігер ауру адамды емдеу үшін оған нақты диагноз қоюға тырысады. Егер науқастың ауруын нақты таппай далбасалап емдесе онда ол адамды өлтіруге дейін барады. Менің айтайын деп отырғаным да осы. Қазақтың ауруының нақты диагнозын қойып, оны емдеу.

    − Сіз рухани дәрігер ретінде қазақтың ауруына қандай диагноз қояр едіңіз?− деді Ғұмырбек арадағы үнсіздікті бұзып.

    − Қазақтың бүгінгі ауруы үш ғасырға жуық орыс империясының отарында болудың нәтижесінде пайда болды. Осы кезең ішінде қазақ халқы өзінің еркін ойлы, кемеңгер, елдің ертеңін ойлайтын асылдарынан айрылды. Дүниежүзілік жөйт масондық ұйымдардың ойымен, орыстардың қолымен істелінген отаршылдық құйтырқы саясат өз дегеніне жетті. Сөйтіп ол қазақ халқының біраз бөлігінің ойлау жүйесіне құлдық психологияның улы дәнін егіп кетті. Ол ауру оның қанына, тіптен сүйегіне дейін сіңді.

    − Қабыланбек ата, оны нақтылап, жілік жілікке бөліп айта аласыз ба?

    − Онда бала, тыңда! Құл дегеніміз не, соған үңілелік. Оның басты арманы қарнын тойғызу. Қарны тойғаннан кейін күндіз-түні ұйықтауды әдетіне айналдырады. Олар соған қарамастан бірін-бірі менсінбейді, бір-біріне сенбейді, мақтауды жақсы көреді. Өтірік мақтанды шын көріп, марқаяды. Құлдар дарақыланып, өзгелерден өзін ақылды, данышпан санайды. Олар өздерінің ойына, сөзіне, көзқарасына, дене қимылына, іс-әрекетіне есеп бере алмай, қадағалай алмайтын дәрежеге жетеді. Құлдардың басы бірікпейді, бас-басына би болады. Нақтылап айтсам олар бір-бірінен қорқып, үркектеп тұрады. Құл өзіне жұмыс, тамақ берген адамды қожайын санап, одан өлердей қорқады. Қожайыны не бұйрық берсе де, оның мәніне үңіліп жатпайды, орындауға тырысады. Мысалға біреуге жала жабуға, басқа да озбырлықтарға, тіпті өлтіруге дейін барады. Өз қожайындарының қас-қабағын бағып, олардың ойын айтқызбай орындауға ұмтылады. Құлдар қожайындарының тілін үйреніп алып, тіпті, олар жоқ болса да өзара сол тілде сөйлеуді өздеріне мақтаныш, мәртебе санайды. Қожайын үшін ең жақсы құл ол өз тілін, дінін, ділін ұмытқан құл. Бара-бара ол шынында да мәңгүрттік дәрежеге жетеді. Құл қанша күшті, қуатты болғанына қарамастан жалтақ, қорқақ, жасқаншақ болады. Себебі оларда рух, намыс жоқ. Олар қожайындары ауыздарына «шайнап» салып берген көкейкесті мәселелерді жерге түсірмей ит сияқты қақшып алудың хас шеберіне айналады. Олар кішігірім ұсақ-түйек болса да дабырайта мақтанышпен айтып, өзін де, өзгені де орындатуға мәжбүрлейді. Құлдың қожайыны ол үшін Құдайға айналады. Сөйлегенде жағымпазданып Құдайды айтпайды, қожайынын атайды. Қожайының атын аузынан тастамай айта беруге машықтанады. Құлда ұят, ар, ұлттық сезім жоқ. Қожайындары өзін, елін қалай атаса да соған көнеді. (Мысалы: мәмбет, баран, қара көтен, киргиз, қайсақ, казах... т.с.с). Құлдарды бір-біріне айдап салу оп-оңай: оны қожайындары жақсы қолдана біледі, жоқ жерден проблема тудырып, оны екі жақты өрбітіп, қоздырып, әбден «шайнап» екі топ құлдың аузына салып беріп, оларды бір-біріне айдап салады. «Бөліп алып билей бер» деген осы!

    Қабыланбек атаның «құл» деген атауға осыншама себеп-салдарды төгіп салғанына Ғұмырбек аң-таң. Бір жағынан ол бұрын осындай құлдардың бірі болғанын іштей мойындады. Атасы сәл жөткірініп алды да, тағы сөйлеп кетті.

    − Айналайын, Ғұмырбекжан, бұлардың бәрін неге айтып отырғанымды түсінген боларсың. Біздің көпшілігіміз әлі де құлдық қамыттан біржола кеткен жоқпыз. Ой еркіндігі бойымызды билемей тұр. Рух, намыс жоқ. Міне, біз осы жаман әдеттерді жойып, рухтансақ ешкімнен қорықпайтын дәрежеге жетеміз. Үркектік, үрейлену жойылады да, қытай, орыстан қорықпайтын боламыз. Бізден бірнеше аз мемлекеттер де қорықпай, үрікпей өздерінше өмір сүріп жатыр ғой. Ендеше біз неге олардан қорқуға тырысамыз. «Ағайынды алыстан сыйлас» дегендей басқа мемлекеттермен алыстан сыйласуды үйренгеніміз абзал.

    Қабыланбек атасымен бұл әңгімесі Ғұмырбекке үлкен ой салды, ішкі жанын өзгертті. Ішкі жан дүние өзгерген соң ойы да өзгерді. Жаңаша өмір сүруге бел байлады. Яғни күрес жолына түсуді мансұқ етті. Бірақ қалай күресуі керек? «Жалғыздың шаңы шықпас» дегендей көшеге жынды адамдай айқайлап шықпайды ғой.

    Алдымен «Ұлттық идеологияның» бағдарламасын жасады. Оның басты тармақтарының бірі өзіңнің ұлттық байлығына, қазынаңа өзің ие болу. Оның жолдарын әлем халықтары әдемі пайдаланып, игілігін көріп жатыр. Мысалға Кувейт мемлекетін алалық. Олардың негізгі байлығы мұнай. Олардың жергілікті байырғы тұрғындары аса көп емес. Бірақ негізгі байлыққа ие қожайын солар. Заң-зәкүнді ешкім бұлтартпастай етіп жасап алған. Байырғы ұлт адамдары банктерде, қаржы корпорацияларында ғана жұмыс істейді. Азаматтығы жоқ кувейттер, эмигранттар мұнай бұрғылайтын мұнараларда, жанармай дайындайтын зауыттарда, басқа да қара жұмыстарда істейді. Оларды банкке, кеңсе жұмыстарына жолатпайды. Араб эмираттарында да солай. Халқы бай, жаңа туған сәбиге ұлттың есепшоты ашылады, жетім-жесірлерге барлық жағдай жасалынған, қайыршылары жоқ ел. Тәртіп бар. Әрбір ағашқа су әкеліп қойған. Құм үстіне таңғажайып жұмақ қалалар салып тастаған. Ал бізде керісінше. Келімсектер банктер мен қаржы корпорацияларында жүр. Байырғы тұрғындар қара жұмысқа жегілген. Құлға айналған қазақ кедейшіліктің, жоқшылықтың зардабын тартып, қалаларда баспанасыз қаңғырады. Әділдік қайда? Ғасырлар бойына қанын да, жанын да берген ата-бабаларының осыншама жерді қорғап, сақтап келген жазығы ма бұл?!

    «Оппозиция» деп өздерін айбарақтап жүргендерге барды. Мұның бағдарламасын олар оншалықты қолдамады. «Ұлттық» деген сөзді алып тастауға олар ұсыныс жасады. «Тіл мәселесімен ойнауға болмайды. Орыс-орманды ренжітіп, үркітіп алсақ, онда біздің тобымыз азайып қалады. Әзірге бұл мәселені қоя тұралық» деді көсемсіп. Пәлі, сонда мұның тілі өмірбақи есік жақта жүрмекші ме? Бір топ байшікештердің «Қазақстандық ұлт болайық» деген ұсынысы да Ғұмырбектің ызасына тиді. Мұндайда бірден Қабыланбек атаның құлға берген мінездемесі сарт етіп есіне түсе кетеді. Қалай дәл айтылған-ә?!

    «Байлар, олар өздері де бір күн болса да, дәулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Өзінде жоқты малымен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, адамдық, ақыл, ғылым, білім− ешнәрсе малдан қымбат демейді. Мал болса, Құдай тағаланы да паралап алса болады дейді. Оның діні, Құдайы, халқы, жұрты, білімі, ұяты, ары, жақыны− бәрі мал. Сөзді қайтып ұқсын, ұғайын десе де қолы тие ме?»

    Бұл Абай бабасының сөзі. Алып, қосары жоқ. Тек байлықтың жөні басқа. Уақыт басқа болғанмен сол пиғыл, сол көзқарас, сол жаны ашымастық. Оппозициядан күдер үзіп еді, тағы да жалғыз қалды. Газеттерге өткір-өткір мақалалар жаза бастады. Өзі қызығы мен шыжығын бір кісідей көрген билікке ойларын айтып, бағдарламаларын қолмен қойғандай жасап жіберді. Ол жақтан да тырс еткен жауап болмады. Шіркін, патшаға бір барып әңгімелессе, ойындағысын айтса бәрі орын-орнына келетіндей көрінді. Шенеуніктердің қолдан жасаған алып қорғанынан өту қиынның қиыны болып шықты. «Ойпырмай, бұл не деген сұмдық! Мүйізі қарағайдай бұл өзі ол қамалдан өте алмай пұшайман болғанда мына қараша халық қамалдан қалай өтпек, кімге мұңын шақпақ?» деп ширықса да, оның тығырыққа тірелгені анық еді. Қараша халық бала сияқты. Өзінің жағдайын күйттеген, ойлаған адамды халық жақсы көреді, оған мұңын шағады. Бұрын қолында билігі мен бишігі тұрғанда оларға талай көмектесті. Енді несімен көмектеспек? Кім мұны тыңдайды? Бәрібір Ғұмырбекті көпшілік іздеп келетін болды. Мұның себебі бұл да халықтың бір бөлшегіне айналды. Құрығанда ақыл-кеңесін береді, мұң-шерін бөліседі. Оларды түсіне отырып, бірлесуге шақырады.

    Ғұмырбек жанына қарақылды қақ жаратын заңгерлерді жинады. Халықтың жоғын жоқтап, күштілерден қорғап соттарға да барып жүрді. Ғұмырбектің атағы ешкімнен кем де емес еді. Енді атағы одан сайын аспандады. Ол әділетсіздіктің қорғанына айналды. Өзін Робин Гудтай сезінді. Ең басты қуанышы өзінің халыққа керектігі. Бұрын Ғұмырбек шынын айтса бәрінен қорқатын. Патшадан, Мәскеуден, өзінен жоғары бастықтардан. Енді тек Алладан ғана қорқады. Сона-ау машқарда жолығатын, ахиреттегі, қабірдегі жан шошырлық жазалаулар есіне түскен сайын пендешілік әрекеттерін қылышпен кескендей тиятын. Тәніндегі, жанындағы, тамырларындағы кір, лас кеткен сайын жеңілдеп, өмірге деген құштарлығы да арта түсетін. Халықаралық «Әділет» қоғамдық ұйымының даңқы Еуропаға да мәшһүр болып, ол жақтан да әділеттік іздегендер бұған келіп арнайы жолығатын. Еуропа, Америка дейсің бе, жаңа қоғам қайраткеріне есіктерін айқара ашты. Бұған қақпасын тарс жапқан биліктің есігі де ашылып, мұны кездесуге өздері шақыратын болды. Бағдарламасын қабылдап, кейбір тармақтарын назарларына алатынын естігенде кәдімгідей көңілі түсті. Әйтеуір, мынау Жер-ана бетінен ұлты жойылып кетпесе болғаны. «Жаным саған садақа, халқым!» дейтін еміреніп. Жанын шүберекке түйіп ұлтының жоғын жоқтаған тарихта жалғыз емес қой бұл. Әлдебір жаны ашығандар қоңырау шалып қояды: «Байқаңыз! Тым шекарадан өтіп кетіп барасыз. Әйтпесе мойныңызға қыл шылбыр салатындар табылады. Сақ болыңыз!» Сұп-суық, ызғарлы сөздер. Бірақ неге екені белгісіз жүрегі селт етпеді. «Ажалым жетсе Алла қазір-ақ алып кетеді» дейді бұл ащы жымиып.

    ...Қоңыр күзде Рахманқұл екеуі қыдырғанды ұнататын. Желп еткен самалдай алтын жапырақтар сау етіп төгілген жаймашуақты күннің бірінде, күн-ана ұясына еңкейген шақта әке мен бала тағы да қыдыруға шықты. Екеуі де мәз. Томпаңдап жүгірген Рахманқұлы алтын жапырақтарды жинауға құмар. Арасында шіңкілдек дауыспен жыр жолдарын да айтып қояды.

    Сен дағы жерден нәр алдың,

    Мен дағы жерден нәр алдым.

    Біреуден сен де жаралдың,

    Біреуден мен де жаралдым.

    Тілің жоқ, жанды қайың− сен,

    Айырмашылығым− Адаммын.

 

    Мендегі бары бір жүрек,

    Беріпті жүрек саған мың.

    Сондықтан ұзақ жасайсың,

    Құрдасы келер Заманның...

    ...Ақ қайыңның үш-төрт жапырағын кішкентай қолдарымен уыстай ұстаған Рахманқұл екі беті бал-бұл жанып, көздері шоқтай жана бүкіл бақты басына көтере күледі.

    − Айналайын, ақ ботам!− деп Ғұмырбек елжіреп баласының тер-тер кекілінен қайта-қайта иіскейді. Екеуі бақты аралап жүріп уақыттың қалай өткенін байқамай қалды. Күн ұясына батып жан-жақтарынан қараңғылық қаусырмалай бастады. Қаланың шамдары да самала жарықтарын төккенде ғана барып екеу асығыс-үсігіс үйлеріне жиналды. Машинадан кәдімгідей ұзап кетіпті. Кенет... иә, кенет Ғұмырбек тура жон арқасынан біреу біз тығып алғандай әсерде болды. Тынысы тарылып, Рахманқұлын қыса ұстап келе жатқан қолын жібере салды. Екінші біз тура желкесінен қадалғанда ауырсына дыбыстап, дізесі бүгіле берді. Бұл не? Бұл не, Құдайым-ау?

    − Ләйлаһа, Ләйл...− Дізерлеп отыра қалып кәлимасын екінші қайталауға шамасы жетпей Ғұмырбек әлденеге қақалып қалды. Аузына жылымшы бірдеңе келді. Қан, қан ғой! Артына бұрыла қарағанда ағаштың тасасында тұрған қара киімді сұлбаны көрді. Ол да бұған үңіле қарағандай болды. «Зұлым! Ең болмаса баламның көзінше өлтірмесең нетер еді. Әй, зұлым-ай!» деп ойлады да, соңғы күшін жинап. «Әке! Әкетай! Саған не болды? Тұршы, тұршы орныңнан!» деп шырылдап, мұның иығынан тартқылаған Рахманқұлын қорғаштап, кеудесіне басты. Сыбырлай сөйлеп соңғы рет тіл қатуға Раббысынан іштей жалынып, жалбарынып медет сұрады. Аузы тола қанға шашала ұлына соңғы қоштасу сөздерін айтып қалды.

    − Ұлым! Қорықпа! Менің ұйықтайтын кезім келді. Сен мамаңа телефон соқ. Мә, телефон! Сен батырсың, жылама! Сен мені ұмытпа, балам! Адал бол, адам бол! Қош-ш! Ләә иләәһа илла Аллаһ!− Әке, әкетайым! Тұршы, тұршы, ұйықтамашы!− деген Рахманқұлдың жанұшырған дауысы әке құшағында құмыға шығып жатты.

 

                                                           ***

    ...«Мен бейтаныстар мекенімін, мен жалғыздар мекенімін, топырақ мекенімін, құрт-құмырсқалар мекенімін. Менің үстімде өмір сүргендердің ішінен өзіме қатты ұнаған жандардың қатарынан едің. Қош келдің, бүгін маған келдің және қойныма ендің, саған енді не істейтінімді көресің» дейді қабір. Сөйтіп көзі жеткен жерге дейін қабір кеңейтіліп, оған жәннатқа есік ашылады.

    Ақыретке бет алар кезде оған аспаннан жүздері күннің сәулесіндей нұрлы кіршіксіз ақ періштелер түседі. Өздерімен бірге жәннаттың хош иістерінен хош иіс және жұмақ киімдерінен бір киім ала келеді. Мәйіттен көз жетерліктей ара қашықтықта отырады, сосын өлім періштесі ғалейһис салам, оның бас жағына жайғасып: «Ей, жақсы нәпсі-жан. Алла тағаланың разылығы мен кешіріміне шық!» дейді...

    Біз мұны Аллаһтың елшісі Мұхаммед пайғамбар ғалейхиссаламның хадистерінен білеміз. Тәубесіне келіп, көз шелін сыпырған Ғұмырбекті о дүниеде жақсы жан ретінде Алла тағаламыз осылай қабылдаса деген біздегі игі тілек қана. Сол игі тілегіміз қабыл болғай!  

 

Қазақ тілінде жазылған