Дүние ай
Тарихи драма
2-бөлімді
Қатысушылар
Жәлменде би - ел ағасы 50-55жас
Пышан ақын - 18-38жас
Бақай батыр - 98жас
Бақтыбай ақын - Жәлменде бидің замандасы
Қайша - Жәлменденің бәйбішесі
Балқия - Жәлменденің әйелі
Жақан - Пышанның досы
Сәулембай ақын - ел ағасы
Майқара қарт
Артықбай - Жәлменде бидің замандасы
Жантөре - Пышанның досы
Тәтен - Пышанның досы
Құрама - жас жігіт
Әпежек - жас жігіт
Түрме бастығы
Командир
1 ші және 2ші жігіт
1 ші және-2 ші өкіл
Эпизодтағылар, әскерлер.
1ші бөлім
1ші көрініс
/Сахнада Жетісу жерінің көрінісі.Алыстан Алатау сілемдері көрінеді.Қаратал өзенінің арнасы,қызғалдақты дала.Қазақы кілем төселіп, бай жиһазбен жабдықталған Жәлменді бидің үйі.Арқадан келген Жәлмендінің үйінде жиналған көңілді жұрт арқын- жарқын.Жәлменді бидің кеудесінде алтын «медаль» жарқырайды.Сабадар қымыз сапырып отыр.Қымыз ішіліп той болып жатыр./
Артықбай Қалың қазақтың басы қосылған арқадағы съезде Жәкеңнің абыройы асып қайтты
Бақай батыр Арқада атағы аспандаған Құнанбайдың елі аман ба.
Жәлменде Аман,аман. Жердің шалғайлығынан екі күн кешігіп бардық.Абай досым бұл дауды жалайырдан Жәлменде би ғана шешеді деп тостырыпты.
Майқара Ақындығымен қалың қазаққа мәшһүр болған Абай қалай екен.
Жәлменде Абайдай ақылман дос ардақ тұтып шақыртса, сөз құдіретін білетін ақынға қалай риза болмассың.Абай хатшылықта отырды. /күлімдеп/
Артықбай Біздің Жәкең,бес дуан елдің дауын шешетін аға билердің құрамында болды,съездің төрағасы етіп қойды.
Мәуленбай Жәкең жеті уезд бас қосқан съезде төраға болып ереже шығардық.Жәкеңе патша «челтан» алтын орденін берді.
Майқара Ойпырай ояздың тілін олар қалай түсінеді екен.
Жәлменде Біздің сөзімізді Абай аударып отырды.
Бақай батыр Бәрекелді,ел абыройын асырыпсың.
Мәуленбай /шабыттанып/ Би болды Балпық пенен Ескелді асып,
Жәлменде тұтқа болды орнын басып
Майқара Ой сабазым ай.
Жәлменді Әй Мәуленбай,айтуын жеткізесің ау. /сыпайы күлімсіреп/
Мәуленбай Әр ауылдың өз тентегі болады деген, сол ауылдың тентектері біздің алдымыздан тасыраңдап шығып тілімізді ала қоймады.Жәкең мыналарың не бейбастық деп еді.Бір үлкені ұялғансып,қызарып.
Біздің жақ тас болады
Қымыз ішіп жігіттер мас болады деді
Сол кезде Жәкең шыдай алмай
Біздің жақтың жері құм болады
Үлкен айтса кішісі жым болады
Үлкен тілін алмайтын,
Тасыраңдаған мына иттерің кім болады деп еді, әлгі тасыраңдаған тентектер тым-тырақай жоқ болды.Әй Жәкең ай. /барлығы Жәлменде де күледі./
Артықбай Жәлменді ағамызға қалың арғын, найман қошемет көрсетіп,баласы Пышанды көреміз деп жиналды.Көрді.
Мәуленбай Жәкеңнің Арқаға барғаны жалғыз бұл емес.Қоянды жәрмеңкесінде де бірнеше рет болып сауық құрып еді ғой.
Жәлменді Иә атақты Ақан сері,Үкілі Ыбырайдың әндерін тыңдадық қой.Арқаға мына Пышанды да алып барғам.Осы баламда сол сал серілерге тартқан дарыны бар ау деймін.Әнді жақсы айтады.
Артықбай Ән айтады деп жүрсіз.Пышанның серілігі сол Ақан сері,Біржан салдан кем танылып жатқан жоқ қой.
Жантемір Па шіркін сән салтанаты да кем емес.
Мәуленбай Жетісудың жұрты түгел біліп қалды ғой кәзір.Пышанның мінгені бір түсті арғымақтар.кигендері бір түсті құндыз бөрік,оқалы бір түсті шапан,кілең сайдың тасындай сері жігіттерді көрдік деп ауыздарының суы құрып айтып жүр ғой ел.
Жәлменде би /Пышанға қарап күлімсірейді/
Артықбай Кәне Пышан көрсетші өнеріңді біз де көрейік.Әу деп жіберші
Пышан /домбырасын алып,ән айтады,өзінің «Қоғалы ай» әнін салады/
Артықбай Па шіркін не деген дауыс
Мәуленбай Ой пәлі ай
/Осы кезде Бақтыбай кіреді қолында домбыра,қасында екі жігіт ағасы./
Жантемір /ұшып тұрып/ Кәне Бақтыбай көке төрлетіңіз
Мәуленбай Сәтімен келе қалғанын қарашы Жәкеңнің қызығына
Жәлменде би Жоғарылат,ат көлік аман жеттің бе. Бүгін бір ән мен күйдің тиегі ағытылсын енді
Бақтыбай Той десе қу бас домалайды.Алыстан ат арытып келгенде, жақсыдан шет қалмайын дегенім ғой.
Жәлменде би Ай айтулы Бәкем ай,сұңғыласыз ғой.Отырысымыздың сәні кіретін болды.
Артықбай Жәкеңнің арқадан мәртебесі артып келді
Бақтыбай /жаныдағы жігіттерді таныстырып/ Бұл жігіт Бекбол Садыр Жақанбайдың ауылынан келіп отыр.Ал мына жігіт Матай елінен Шиырбай шешен жолда кездестік.
Жәлменде би Матай өзімізбен іргелес жатқан құдандалы ел ғой Шиырбайды естігенмін білемін.
/Шиырбай мен Бекбол қатарласып сәлем береді кеудесіне қолын қойып/
Бекбол Жақанбай замандасыңыз дұғай-дұғай сәлем айтты.Әттең барар едім құдалыққа жүретін болып бара алмай отырмын.Менен арнайы сәлем айт деді.
Жәлменде Саламатта болсын /күлімсіреп/ Жаңағы ат арытып деген сөзден шығады.Шынында мына қара атым кешегі ұзақ жолда сыр бергендей болды.Жақанбай досыма айтатын бір бұйымтайым бар осыны жеткіз.
Бекбол Әрине Жәке жеткіземін
Жәлменді би Тыңда онда
Сәлем де Жақанбайға бір ат берсін
Жеті жыл мінілмеген құр ат берсін
Биіктігі зорлығы мендей болсын
Семіздігі Жақанбайдың өзіндей болсын
Сұлулығы Аппас төредей болсын
Жүрісі Жанқожаның сөзіндей болсын
Қырағылығы Жексенбайдай болсын
Көрген адамның көңілі толсын
Ақ қаптап, ақ айша болмасын
Қисық құйрық мүкіс болмасын
Берсе берсін,бермесе өзімнің қара атыма қуат берсін. /күледі/
/ барлығы қарқылдап күліп жатыр/
Бекбол Болды,болды Жәке жеткіземін
Бақтыбай Сөзбе-сөз жеткіз
Жәлменде би /Шиырбайға бұрылып/ Матай болсаң үш Матайдың баласын білесің бе.
Шиырбай Сұраңыз білсем айтайын
Жәлменде би Қаптағайда Маман деген бар дейді ол қандай адам
Шиырбай Маман ақса дария, тоқтаса көл
Жәлменде би Па шіркін нағыз құт сол екен.Кенжеде Мүсәпір деген бар екен ол қандай жан.
Шиырбай Ішсе тоймайды,құйса толмайды.
Жәлменде би Ту пәлі шын батыр екен. Аталық Шиырбай деген бар екен ол қандай адам.
Шиырбай Қашса құтылады,қуса жетеді
Жәлменді би Япыр ай сол шешен сен боларсың: Шын шешен екенсің сөзіңді алыдырып алма
Шиырбай /ойланып қалған/ Жалайырдың Бәйшегірі мен Найманның Матайы ежелден құдандалы іргелес жатқан елміз,алыстағы Садырдан ат сұратуыңыз қалай болды Жәке.
Жәлменде би / салмақты ойлы/ Матай,Садыр елі бір туысқан,осы екі ел арасын суытқалы біршама уақыт озды. Бітісер жайлары жоқ,қайта өрши түсуде.Үш Матайдың басын біріктіріп басқарып отырған Маман құт,Мүсәпір батыр және өзің Шиырбай бітістірсеңдер ойларыңа келмей жүр ме.
Шиырбай Жәке ай тура түстіңіз ғой,атамыз қазақтың арағайындық асыл қасиетін алға тартқаныңыз ақыл болды ау.Сіздің де көңіліңізде жүр екен ғой
Жәлменде би Түбіміз бір болғасын,тату болғанға не жетсін.
Бақтыбай Ой сабазым ай
Шиырбай Осыны Маман бай да біліп, Жәлменді аузына ел қараған би ғой, не түйгені бар екен білерсің деп еді.Арқаңызға батып жүр екен айтамын,алла жарылқасын айтамын.
Жәлменде /көңілденіп Бақтыбайға қарап/ Ал алдымызға айтулы ақын келіп отырғанда,ән-жырсыз бола ма.
Артықбай Әу деңіз Бақтыбай аға.
Бақтыбай Жәкең арқадан ат арытып келгенде ән-жырымды несіне аяп қаламын /домбырасын қағып-қағып жіберіп,бастап кетеді/
Майқара Әй бәрекелді
Бақтыбай /домбырасын ала салып/
Айт дейсің қандай өлең Жәкең қалқам,
Басасың аяғыңды талтаң-талтаң
Қызырдың басқан ізін басып келіп,
Алтынға күміспенен толды қалтаң.
Кенелді Балқаш елі Жалайырға
Алаштан асып тұрған сіздің арқаң
Ақтотыдай сайрайсың айт дегенде,
Бағланым Жетісуда жалғыз мархам.
Әй,Жәке артық туған туысым ай,
Шайқалып боз жорғадай жүрісің ай
Ашулы қаһарына мінген шақта,
Сияды Үйсін, Найман уысыңа -ай.
Жанарал жарым патша сізден аспас
Тәңірдің риза бол мұнысын ай.
Артықбай Жарайсың Бақтыбай
Мәуленбай Ай сабазым ай
/Қымыздар құйылып, ішіліп жатыр./
Жәлменде /Ырза қалыпта/ Бақтыбай осы сенің тойыңды қашан дуылдатып өткіземіз.
Бақтыбай /күрсініп/ Е Жәке кедейлік деген кер қырсық,қалмай қойды ғой соңымнан
Жәлменде Ұнатқаның бар ма еді.
Бақтыбай Мәйкедей бір сұлуға сөз салып ем.
Жәлменде би Жақсы екен
Бақтыбай /домбырасын алып/
Жәлменде болыс аман ба
Адамға адам сүйеніп,
Жан бақпақ еді әмәнда
Әрбір ханның тұсында
Бір сұрқылтай деген ғой
Қатарында Балпық би,
Ескелдіге көз салған
Қасына ерген заманда
Жанақ,Түбек аманда
О да өзінің тұсында
Көрген күнім күн емес
Жәке менің бұрынғы
Өзіңіз де білесіз
Қалтамда жоқ пұлымда
Айтайын деп келіп ем
Алдыңызға мұңымды
Ел мен ерді қуат қып
Жалайырдың ішінде
Ашты құдай жолымды /тоқтап домбырасын жанына қояды/
Жәлменде би Бақ қонбайды жасыққа
Көңіліңді ақын жасытпа
Жігіт адам жетеді
Шын шамданса бақытқа
Құмарлық іс ғашықта
Мен аяман Бақтыбай
Келгенін саған қолымнан
Байқоржын тарақ жалғасып
Мәйке кетпес еш жаққа
Туғызып айды оңынан
Бұрылып сенің жолыңнан
Бақтыбай /риза боп жадырап/ Жау төңкерер Жәкем ай,жанымды бір желпінттің ау
Жәлменді Мәйке қай елге атастырылып еді
Бақтыбай Мәйкені айттырған Бектемір байдың адамдары.Бірақ біз Мәйке екеуміз сөз беріп серттестік, айнымаймыз деп.
Жәлменді Бектемірмен бітімге келуді маған жібер.Барып Мәйкемен кездесіп жүре бер, уайымдама бәрі жақсы болады.
Бақтыбай Ойпырмай Жәке өзіңіз болмасаңыз,бұл тірліктің түйінін кім шешер еді.Мәртебеңіз арта берсін.
Артықбай Бәке сөйлетіңіз домбыраны
Мәуленбай Шырқа Бақтыбай
Бақтыбай /домбыраны қағап-қағып жіберіп/ Жәлмендіге арналған мадақ өлеңін термелете жөнеледі/
2ші көрініс
/ Дала көрінісі.Алатаудың етегі,Қаратал өзенінің жағасы.«Сиязтөбедегі» жиын,адамдар жиналып жатыр./
Халық Не жиын екен бұл.
Мәуленбай Жәлменді би,ағасы Бименді екеуі Меккеге қажылыққа барады екен,сол ұзақ сапар алдындағы елмен жүздесуі.Билікті баласы Пышанға қалдырыпты.
Артықбай А болсын,болсын.Пышан Жәкеңмен бірге жүріп көпті көрді ғой.Өзі де болатын жігіт қой,елге қадірі бар.
Майқара Жөн-жөн, Жәлменде жаңылыса қоймас.
Мәуленбай Пышан кәзір нағыз шағында ғой.Жәкеңдей болса жаман болмас. /басын шайқап/ Ой әулием ау әулием.Жәкеңді айтам да.Кешегі Дулат еліндегі астағы бәйгеде торы төбел ат бірінші келді.
Артықбай Бәйгеге не тікті
Мәуленбай Бірінші келген бәйгеге жүз түйе беріледі
Майқара Иә сонымен кім алды
Мәуленбай Жәкең сол бәйгені алған аттың біздің ауылдан ұрланғанын дәл тапты ғой
Жантемір Қалай сонда
Мәуленбай Жәкең туайын деп тұрған биені ұрылар ұрлап кеткенін айтады.Көпшілік аң-таң қалады.Жәкеңнің сөзін жыға алмаған олар биліктің тізгінін найман Ақселеу биге береді.Жеңілген адам жүз түйе төлейтін болады.Ақселеу би ең алдымен көгендегі жүз қозының ішінен егіз қозыны табу керек дейді.
Майқара Сосын
Мәуленбай Жәкең аралап жүріп оп-оңай тауып береді.Ақселеу енді осының өрістен енесін тап дейді.Жәкең енесін тауып қозыларға жібергенде енесі қозыларды емізіп тұрғанын бәрі көреді.
Артықбай Ой сабазым ай
Мәуленбай Аттың иесі шыдай алмай шынында бие құлындайын деп тұрғанда ұрылардың өзіне сатқанын айтады,сөйтіп жеңілген жақ жүз түйе төлейді.Оны Жәкең кедей кепшікке таратып беріп бәйге атты елге алып келді.
Майқара Азаматым ай
Артықбай Енді Жәкеңе құдай берген ғой өзі,қалай мақтасаң да жарасады.
/ Сахнаға Жәлменде шығады жанындағы 98 жастағы Бақай батырды екі жағынан сүйеп алып келіп отырғызады.Қасында баласы Пышан жанында әнші,сырнайшы жігіттері бар.Барлығы ерекше сәнді, бір түсті киінген сері жігіттер.Барлығы жамырап Бақай батырмен сәлемдесіп жатыр.
Жәлменде Уа халайық мына Пышан балам ер жетті,Елдің сөзін сөйлеуге жарап қалды. /Пышан иіліп сәлем береді,қолында домбыра/
Майқара Әрине Пышанды білеміз ғой.
Мәуленбай Пышан елдің азаматы ғой.
Жәлменде Ақсақалдармен ақылдасып ел тізгінін қолына алса,ел бірлігін сақтап еңбек етіп,елге пана болса деп едім.
Бақай батыр Ер намысы,ел намысы.Атадан ұл туса игі,ата жолын қуса игі.Аруақ жар болсын дейміз де.
Артықбай Жәке дұрыс бұныңыз.Өнері мен ерлігі артып туған Пышан болмағанда кім болады.
Бақай батыр Жер иесіз болмайды,ел киесіз болмайды.еліңнің панасы бол.
Майқара Я құдайым жарылқай гөр.Кәне ақсақал. /Ақсақалға қарап/
Бақай батыр О жаратқан.Берсең бекем бер.Ұрпағыма енші болсын. Өмір бойы ара жігі ашылмасын.Ырысы шашылмасын.Ынтымағы ажырамай,барлығың да бір кісінің баласындай өмір сүріңдер.Аумин.
Артықбай Айтқаныңыз келсін.
Жантемір Ал Пышан,құтты болсын.
Артықбай Кәне бір ән салып жібер енді
Пышан Өзінің әні «Ала қарғаны» салады
3ші көрініс
/Қалың қамыс өскен дала.Маңыраған мал,азан-қазан шу.Мылтық дауысы./
1-ші жігіт /қамыс арасынан сығалап/Әне айттым ғой атып жатыр,айтсам сенбейсің
2-ші жігіт Мыналарың ешкімді де аямайды екен.Қара атты /Тарс еткен мылтық дауысы естіледі.Пышан шығады қасында Жантемір,Тәтен бар.Ана қамыс арасындағы солдаттарды аңдып жүрген екі жігіт Пышандарды көріп қамыс арасына бұғып қалады.
Пышан Ал мынау не,қайдан келген қасірет.Бұл не қылған әсекер,не қылған мылтықтар қырып жатқан.
Тәтен Осылай мал бермеген адамның өзін атып жатыр бұлар
Пышан Ағайынымызды атып талап жатса,болыспасақ қазақтық қасиетіміз қайда кетті
/Қамыс арасындағы жігіттер бастарын көтеріп,Пышанға жақындайды мылтық дауысы естіліп тұр/
1-ші жігіт Аға бұлар аямайды малын бермегендердің кез келгенін атып жатыр,рас
2-ші жігіт Біз өз көзімізбен көрдік,жаңа ғана біреуін атты, жан айқайы шықты байғұстың,әне анау жақта қамыс арасында. /қолын шошайтып арт жақты көрсетіп/
/Тарс еткен мылтық дауысы шығады,Пышан жүгіре басып кетеді/
Пышан Ой әкеңді...
/Жарық сөніп атыс күшейіп,жарық қайта жанады.Сол көрініс./
Пышан /ентігіп тұр,мылтығын кезеп ызғарлы/ Сендер не істеп жүрсіңдер
Командир Это кто
Байтөре Бұл Пышан мырза
Командир Свой человек,он почему возбуждается
Пышан Кетіңдер.Сендерге керегі мал болса алыңдар,бірақ жазықсыз елде нелерің бар
Командир Сен мені билет. /кеудесін саусағымен нұқып/ Мен красный командир.Мен выполняю задания власти.
Сен убери оружия,нельзия поднимат оружия человека власти /қадала қарап,қасындағы екі солдат қаруын Пышанға кезеніп тұр/
Пышан / Қаруын көтерген күйі, қатуланған қалпында./ Сұмдық бұл сұмдық,қауіпті жерде қаперсіз отырма деген.Өзімізді өзіміз тонаймыз ба енді.Бұл менің адамдарым, мен саған атуға жол бермеймін
Байтөре /мысқыл күлкімен/ Пышан сен неге кәмәндірді тыңдамайсың
Пышан Ей Байтөре өз адамдарың болмағасын саған бәрібір болып тұр ма.Қалай шімірікпей айтып тұрсың атылып жатқан өз қазағың емес пе
Байтөре Пышан сен не айтып тұрсың, біз екеуміз енді бірінші бәлшебекті ойлауымыз керек емес пе /көзін сығырайта мысқылдай қарап/
Жантөре Өзгерсе өкімет өзгерді халық орнында ғой.Қарашы сатқын кеше ақпен, бүгін қызылмен тіл табысып кетті
Пышан Ей Байтөре.Біз қай кезде де халықпен біргеміз.Қалың ел бізді қорған болады деп қоймап па еді билікке.Ата бабамыздың аманатын ұмытамыз ба /өктем сөйлеп/
Командир Может прекратим этот разговор,нам надо работат
Пышан Камандир,бұлай істеуге болмайды.мен бұған жол бермеймін,тоқтатыңыз /мылтығын кезеген күйі/
/Байтөре командирдің қасына келіп бір нәрсе деп сыбырлап жатыр,Пышанға ала көзімен қарап қояды/
Жантемір /шулап/ Жарайсың Пышан,жол бермейміз
Аудармашы сөзге араласып Товарищ командир, он тот самый Пышан Жәлмендиевич который государству отдал пятьсот бычков
Командир А-а, помню.Вам благадарен Пышан Жалмендиевич вы свой человек /Жан-жағына қарап бұйрық беріп/ Прекратите там, все соберитес сюда /солдаттар жүгіріп кетеді.Пышанға басын изеп/ Пойдемьте
Тәтен Осылай дұрыс болар. /сүйсініп/
Байтөре /жақтырмай бір түкіріп Пышанға алая бір қарап кетеді/
/Барлығы шығып кетеді/
Пышан /артына Байтөреге қарап тұрып/ Бабаларымыздың анты ұрар сені, қазанбұзар қорқау.Сенің бір қора қойың халқыңнан қымбат па.
4ші көрініс
/Сол сахнада,Жарық сөніп қайта жанады.Пышан мен Жақан.Айнала тыныштық/
Жақан Досым білемін көңілсіз ойларға берілетін болыпсың.бұрынғы жайсаңдығыңды жоғалтып алмашы.Мұндай емес едің ғой
Пышан /иығына қолын салып/ Жақан мына жаңа өмір кедей бай демей жалпыға бірдей жайлы бола ма деп едім.Жұмбағы көп па деп ойлап қалдым.
Жақан Аңқылдаған ақжүректілердің алдын тосар аярлық қай кезде де қалмайды екен ғой досым, әсіресе сен сияқты елім жұртым деп жүрген азаматтарды алдымен торуылдайды екен.Заман зәкүн, қанша ауысса да осыған көзім жетті.
Пышан Біліп жүр екенсің ғой.Бай кедей деп бірімен бірін теңестірсең де көрсоқыр қызғаныштан,жау қайдан да болса табыла береді екен ғой.Кешегі кембағал деп мүсіркеген кедейің шыға келді мінеки жау болып.Құдай бас бермегесін қиын екен ғой.
Жақан Дұрыс сезген екенсің досым.Байтөренің астыртын айласын асырғысы келгенін білдің бе.
Пышан Неге білмейін.Баяғыдан белгілі Байтөре емес пе, бүгінге дейін бірге келген жоқпыз ба.Ол баяғы әдетіне қайта басқан сияқты.Ол өкіметке өзі мал бермей кедей байғұсқа қысастық жасап алып жатыр малды.
Жақан Оған ел жұрт керек емес
Пышан Білемін әлі сол байлық пен үстемдікті ұстап қалғысы бар
Жақан Оған бәлшебектер көне қояр ма екен
Пышан Ол жыланның да тілін табады.Белгілі Байтөре ғой.
Жақан Мүмкін кедейлердің өзі қырық бөлініп жатқанда бәрін күтуге болады.
Пышан Жарайды.жарбаңдаған жалпақ шешейлікпен енді ұзаққа бара алмас.
Жақан Ай аңғал досым ай дегенменен абай болу керек.Ол уәкіл, өкілдерді көп жағалап жүр,тіпті қастарынан қалмайды.
Пышан /жадырап көзі от шашып,Жақанды құшақтап/ Жүре берсін солай. Ел жұрт өзі бағалап түсініп алады
Жақан Ылайым солай болғай.
/жарық біртіндеп сөнеді/
5ші көрініс
/ Пышан үйіндегі аңшы,саятшы,сері жігіттер отырысы.Көңілді ду-ду әңгіме.Ән салған жігіттер./
Жантемір Көптен бері ән салмай сағынып қалыппыз ғой
Жақан Қараталды бойлап бір жасап қалдық.
Пышан Көптен бергі желігіміз бір басылды ау. Өмірдің қызығы осы дә.
Тәтен Мырза мына олжамды сіздің қанжығаңызға байладым. /қасқырдың терісін алдына тастайды/
Пышан Жігіттер сендердің арқаларыңда бір дем алып қалдым
/сырттан Құрама мен Әпежек кіріп келеді.Құрама әндетіп/
Құрама Ассалумаәлейкум сәлем бердім
Сәлемін қабыл алғын, айтулы ердің,
Қазаққа аты мәлім Пышаным ай,
Арнайы ауылыңа іздеп келдім
Самырсын,арша өседі өр жағалай
Көркіңе талай сұлу көз қадады ай
Басыңа бақыт құсы келіп қонсын,
Батырым асыл туған бекзадам ай
Ыстының жігіті едім Құрама атым
Жақсыға байлықпен мал құралатын.
Жалайырдың жампозы Пышан төре
Бауырың ем сөзіңді құп алатын
Бір көріп дидарыңды көңілім толды
Сәтті күн кездесетін бүгін болды
Тұлғаңа келбетің сай, абзалым ай,
Ризамын кәнеки берші қолды
/құшағын жайып келіп/
Пышан /алдынан құшағын ашып екеуі құшақтасып жатыр,жарқылдап / Армысыңдар.Жақсыға әр кез төріміз дайын.Кәне төрлетіңдер./ашық-жарқын/
Құрама Әндерің Алатауды асып Арқаны шарлап жатыр.Жақсының жақсы аты жата ма,салтанат құрған серілігің біздің елге де жетіп жатыр.Өзіңді бір көруге бет түзеп сонау Шудан келеміз.
Пышан /Иығына қолын салып құшақтап отыр/ Кешегі бай-қуат заманның кезінде кездеспегенімізді ай./ойланып қайта сергіп/ жарайды./есік жаққа қарап дауыстап/ Қайша,Балқия қадірменді қонақтар келді,қазан асыңдар. /Қайша,Балқия келіп сәлемдесіп дуылдап жатыр/
Пышан Әкелші домбыраны./көңілді өз әні «Қоғалыайды» орындайды.Бәрі әнге қосылады көңілді арқын-жарқын/
Құрама Па шіркін
Әпежек Не деген дауыс
Құрама Әдемі ән екен,Тағы да бірін айтшы.
Пышан /сабырлы/ «Әлі ақ өтер заманым» әнін айтады/
Құрама Керемет
Әпежек Мұңлы ән екен
Пышан /ойлы/ Заманның өзі құбылып тұр ғой
Құрама Ел басына күн туған заман болып тұр ғой.Ел егесі ер болған соң, өзіңді арқа тұтып елдің ау жайын ақылдасып әндеріңді тыңдап қайтайық деп келдік.
Пышан /көңілдене көтеріліп/ Ой бауырым ай,Көріп тұрғасын айтып жатқаным ғой заман да орнына келер.Кәне жігіттер көңілді отырайық /Құраманың арқасынан қағып/
Құрама Біздің жақта осы.Дүрбелең
Жантемір Мына мылтықтылар келіп біраз мазамызды алды.Бұл қызылдар дегенің тынымсыз халық екен ғой.
Тәтен Тек алу, қашан тыйылады бұл алу
Пышан Сабыр етейік бұның да сырын білерміз.Елді аман ұстайық.
Құрама Қызылдар тым сақ әрекет етеді екен
Әпежек Сонда да есесін жіберіп жатқан жоқ,бар малымызды алып біті ғой
Жантемір Құдай қылды деп қырыла береміз бе
Жақан Өзіміздің жандайшаптар жасап жүрген жоқ па осыны
Пышан Бұл сынақтан ешкім қашып кете алмайды.Бәрі өздері ақ белгілі болады,ақырын күтейік.
Жақан Ақыры не боларын кім білсін.Ана Байтөреңнің не ойлап жүргені түсініксіз,кімнің сойылын соғып кімді алдап жүргені белгісіз.
Тәтен Мен де күдіктене бастадым.Екі сөйлейді.
Жантемір Не күдік бәрі белгілі ғой.
Пышан Бәріңе де белгілі бола бастапты ғой.
Жақан Белгілі емей қайда барсаң Байтөре араласып жүр.Ана кедейлердің аузын аңқайтып.
Құрама /Пышанға күлімсіреп қарап/ Мырзаға қуат берсін.
Әпежек Мырзаның қасында болайық /Пышанға қарап/
Пышан Отырыстың әңгімесін айтыңдар,кәне домбырамды әперші. /Өз әні «Әләлімді» айтады./
Құрама Шіркін дүние
/Барлығы ойланып қалған.Ән айтылып болған кезде бір топ әскер кіріп келеді.Барлығы аң-таң.Дағдарып қалған.Қайша мен Балқия үрейлі ұшып тұрып қалған./
Әскер /мысқылдап/ О,о.Көңілді отыр екенсіңдер.
Пышан /орнынан тұрып/ Іздегендерің мен шығармын
Әскер Пышан Жәлменді ұлы қайсың
Пышан Мен, міне алдыңда тұр.
Әскер Сіз тұтқындалдыңыз.Үстіңізден арыз бар
Қайша /үрейлі/ Сұмдық.Не дейді
Балқия Қалайша не жазып қойыпты
Жақан Ол не арыз
Әскер Оны ана жаққа барғасын айтамыз.Кәне алып жүріңдер /Екі солдат қолына кісен салып жатыр/
/Қайша мен Балқия қолдарына жармасып жатыр/
Пышан /Қайша,Балқияға Жантемір,Құрама мен жігіттерге қарап / Бұл түсінбестік болар.
Жақан /Пышанға/ Пышан сен жазықсызсың,жалақорлардың құрбаны боп барасың,абақтыға барған соң жоғарыға жаз,мен де қарап қалмаспын.
Құрама,Жантемір /қосарлана/ Бұл қалай болды мырза.
Жақан Айтқанымыз айдай келді
Әпежек Солардың ісі ме
Жақан Әрине
Жантемір Қап жауыздар ай.
/Әскерлер Пышанды алып кетіп барады.Қайша мен Балқия жылап қалады//
Құрама /артынан айқайлап/ Мырза біз сізді қаматып қоя алмаймыз.бұл масқара.
Жантемір Ертерек білмедім ғой өзім ақ жайратып салар едім /тістеніп/
Жақан Пышан біз қасыңдамыз
/Жарық сөне береді/
2ші бөлім
6 шы көрініс
/Сахнада ақ пен қызылдың ортасында қараңғы түнек абақты.сығырайған әлсіз шам жарығы.Түрме бастығы отыр, оған қарсы теріс қарап өкіл командир отыр. /
Командир /түрме бастығына/ Мен сізге арнайы тапсырам Пышан Жәлмендиевичке қатаң бақылау жасаңыз
Түрме бастығы Оны халық жақсы көреді екен.
Командир /саусағын көтеріп/ Міне көрдіңіз бе,сол үщін де
Түрме бастығы Оны қамауға алғанымызға халық наразы.Пышанға деген халық ықыласы ерекше.
Командир /орнынан тұрып/ Халық бөлек./көзін сығырайта сынай қарап/ Сіз коммунистік партия мүшесісіз,осыны ұмытпаңыз.
Түрме бастығы Халық партия бір емес пе.
Командир /дауысы дірілдеп зіркілдеп/ Коммунистік партия,ол ана жақта, бізге мұны жоғарыдан арнайы тапсырып отыр.
Түрме бастығы Ол біз талап еткен тірлікті түгел орындаған жоқ па.Керек десеңіз өзінің бес жүз бас өгізін де беріп отыр.
Командир /дауысы қатқылданып/ Ол солай болуы керек, бірақ біз Пышаннан айрылып қалмауымыз керек.Мен сізге осыны арнайы тапсырамын жолдас абақты бастығы.Ол сіздің қолыңызда кәзір.
Түрме бастығы Әрине.Мен толық жауаптымын.
Командир /саусағын жоғары шошайтып/ Байқаңыз. Ана жақты. /Сол теріс қараған күйі орнынан тұрады,жарық баяу сөніп,қайта жанады/ Сол көрініс,сахнаға жарық біртіндеп беріледі.Пышан отыр қалың ой үстінде /
Пышан /алдындағы жазған қағазына қарап/
Қолыма хат жазуға алдым қалам
Көкіректе уайым,қайғы санам
Ауылдан мен шыққалы үш ай болды
Үйдегі не болды екен қатын балам
Мұнан барсам сәлем де Теңгешіме,
Тең көрмеуші ем көкемді өңгесіне
Тұла бойым тұңғышым көкем Теңгеш
Салғанына алланың көнесің де
Нұр құсындай сәлем де жалғызыма
Көзі жетті тәтесін көрмесіне
Шиліқарын ауылым даласында
Талдықорған жатырмын қаласында
Сексен тайлақ,жүз байтал берген Қайшам
Екі көзің жәудіреп қаласың ба
Үш қайтара сәлем де дұғай,дұғай
Мен Пышанды танитын жанашырға /тебіреніп алдыға жүріп/
Аман бол Қайша жолдасым
Отыз жеті жасымда
Ісіңді құдай оңдасын
Ажалдың түстім тезіне
Мұнан барсаң сәлем де анамызға
Қарңғы үйде қамалып қаламыз ба
Қараңғы үйден қамалып шықпай қалсақ
Дұға оқы қол жайып балаңызға
Әппақ сүтін емізген қайран ана
Бір көруге зар болдым қараңызға
Баласы Жәлменденің атым Пышан
Бұл өзі еш жақсылық емес нышан
Дүние көзді ашып жұмғандай ақ
Алланың ақырына мысал қылсам
Ол кезде біздің ауыл жайлауда еді
Нұрқасынның жиені байлауда еді
Құс төсек мамық жастық жатқанымда
Сегіз солдат келді де айда деді
Аяғы Бәйшегірдің ойдым-ойдым,
Қызығыңа дүние қашан тойдым
Баласы Жәлменденің Пышан едім
Заманында ақ сұңқар кісі ақ едім
Кісіге кісі ақысы кетпес деген
Қызыл тілім талайды тұсап едім /Жарық жайлап көмескіленіп зарлы әуен ойнайды/
Пышан /ойлы халыққа қарап отыр/
Амалым бар ма құдайға
Жаңылдым бата тәубемнен
Келіп түсіп бұл жайға
Тірі болсам құдай ау
Жоламас едім мұндайға
Дұғай-дұғай сәлем де
Ағайын мен туғанға
Шығандап мыңға жетем деп
Душар болдым бұл жайға
Подвальда жатып қор болдым
Епінбеуші едім дариға ай
Қызық дүние қуғанға
Қамыс құлақ қара көк
Тайып кетіп табаны
Қазулы орға кез болды
Естуші едім бұрын да
Дүниенің қысқасы ай
Отыз жеті жасымда
Дүние деген тез болды
7ші көрініс
/Түрме бастығының бөлмесі.Бөлмеде абақты бастығы отыр.Есіктен Жақан кіреді.Амандасып./
Түрме бастығы Келіңіз келіңіз,айта беріңіз
Жақан /толқып/ Жағыдай қиын болған соң жаным тынбай келдім.
Түрме бастығы Иә ол не жағдай
Жақан Пышан Жәлменді ұлы менің досым
Түрме бастығы /орнынан ауыр көтеріліп/ А,а.Пышан білемін
Жақан Жоғары жаққа жазып едік хабар жоқ, үш ай болды кінәсіз жанның нақақтан отырғаны жанымызға батып бәрімізге ауыр тиді
Түрме бастығы /қадала/ О-о, сіз нақақтан отыр дейсіз бе.Оны осы халық кедейлерге зорлық жасады деп қаматып отыр,сіз заң орындарын олай деп кіналамаңыз жолдас
Жақан Мен үкіметті кіналап отырған жоқпын,Пышан қай кезде де халық деп өмір сүріп еді, мен білемін үкіметке адал қызмет жасады.Керек десеңіз өз малын берді кедейлердің орнына.Осыны неге ескермейсіздер
Түрме бастығы /қатуланып/ Олай демеңіз.Оны мен шешпеймін /саусағын жоғары көтеріп/ ана жақта шешеді,аноу жоғары жақта
Жақан Білемін дегенмен сіз де бір ықпалды адамсыз ғой
Түрме бастығы /сұрланып/ Не айтайын деп едің /қадала/
Жақан Сізді не хабар бар біле ме деп жатқаным ғой
Түрме бастығы Мен орындаушымын.Маған қатысты нәрсені сұраңыз
Жақан Жарайды.Кезінде ішпегенді ішіндірген,кимегенді киіндірген Пышан досым еді. Жақсылығын ешкімнен аямайтын асыл азамат еді.Жолына жаным құрбан.Қанша бер десең берейін,кепілдікпен екі үш күнге шығаршы өзім кепіл боламын.Қашып кетсе мені атыңдар. /ашына дауысы шығып/
Түрме бастығы /мысқылдап/ Ол кім, сен кім /тіміскілей қарап./ Бізге сен емес Пышан керек, ол қауіпті адам
Жахан Пышан қауіпті адам.О тоба.
Түрме бастығы Ол халық жауы.
Жақан Астапралла.Осы уақытқа дейін халыққа Пышаннан жақын адам жоқ еді, енді ол қалай бір пәсте халық жауы боп қалды. /басын шайқап/ Білмеймін.
Түрме бастығы /сынай сығырая қарап/ Кепілдікке жай шығара салмаймыз.
Жақан /қуанып дегбірсіздене/ Ия не дейсіз,
Түрме бастығы /столды тықылдатып,күлімсірейді
Жақан Беремін қанша дейсің
Түрме бастығы Тек онымен шешілмейді.Орнына кепілге адам қалдырасың,онсыз болмайды.
Жақан Кімді қалдырам /ойланып/
Түрме бастығы Өзің отырасың кепілге Пышан келгенше,болмаса балаларыңды қалдырасың
Жақан Мен үйіне апарып Қайшамен,балаларымен жолықтыруым керек қой.Болсын.
Түрме бастығы Сонымен кім қалады кепілдікке
Жақан Балам қалсын
Түрме бастығы Бір бала ма.Онда бір күнге жіберемін.
Жақан шырылдап Басеке Жаман айтпай жақсы жоқ,бір күн не болады
Түрме бастығы Енді не бір аптаға жіберейін бе /атып тұрады ашулы/
Жақан Басеке сабыр етіңіз.Тағы да үстіне ақша беремін
Түрме бастығы /жүзі жылып күлімдеп/ Екі күн бола ма
Жақан Екі баламды қояйын кепілдікке,үш күн беріңіз енді /кұмілжіп/
Түрме бастығы /ойланып тұрып/ Жарайды.Тек үшінші күні таң ата осында болсын
Жақан /шыдамсызданып/ Мен,мен кәзір /жан-дағына қарап/
Түрме бастығы Алдымен товарищ Жақан, кепілге қоятын адамдарыңды алып кел
Жақан /ұшқалақтап/ А иә,иә мен кәзір кеттім /шығып кетеді
Түрме бастығы /Мысқылдап қарап қалады артынан/
8ші көрініс
/Татар досы Жақанның үйі.Пышан,Қайша,Жақан/
Пышан /Қайшаға/
Басыңды көтер Қайшажан төсегіңнен
Бүгін көңілің пәс болды кешегіден
Шықпайтындай тереңге түстім Қайша
Көре алмаған дұшпанның өсегінен
Көтерші Қайша басыңды
Күннің көзі ашылды
Дариядай көңілім
Су сепкендей басылды
Таң мезгілі боп қалды шапақ жарып
Бүгін ұйқым келмейді менің неғып
Қызылшұбар әжекем жолбарысы
Қайда кеттің сыртымнан жүрген бағып
Әжекем кеп түсімде жетеледі
Дариядан өткізіп кете берді
Дариядан өткізбей тастап кетсе
Қалар ма еді бір жаным не етер еді
/Қайша солқылдай жылай береді/
Өзіңді –өзің Қайшажан жасытпағын
Жасып тұрған көңіліңді пәс қылмағын
Қайша саған айтатын бір арманым
Сұңқар орнын қарғаға бастырмағын
Құлақ сал Қайша сөзіме
Отыз жеті жасымда
Ажалдың түстім тезіне
Өлі тілін тірі алмас
Артыма қолым байланды
Пышан енді жүре алмас
Сегіз солдат айдады
Неғылғанмен балшебек
Жұрт екен ғой айлалы
/осы кезде далада ат дүбірі естіледі/
Пышан
Құдай да құдіретін білсін деген
Жалғанда пенде болмас күрсінбеген
Қайшажан сағат сегіз боп қалды ма
Не пәле даладағы дүрсілдеген
/кіріп келген солдаттардың бірі/
Солдат Пышан сөзің неткен зарлы еді /күрсініп/ Біз далада тосып қалдық.Сен ер емес пе едің.Мұнша жасығаның қалай
Пышан /киініп Қайшаның жанына келіп құшақтап/
Пышан деген батырмын
Бұрын батыр, бүгін тақырмын
Постой тоқта тауарыш
Қош айтысып жатырмын.
Аман бол Қайша қосағым
Жиырма бір жыл өзіңмен
Біргелесіп жасадым
Қош аман бол Қайшажан
Ақыреттік болды Пышаның
Ақау Қайша жайсаңым
Қайсы бірін айтамын
Ертең сағат тоғызда
Дүниеден қайтамын.
/ Пышан бұрылып ауыр қозғалып, есікке қараған күйі шығып кетеді/
9шы көрініс
/Абақты іші,қараңғы алакөлеңке бөлме.Пышан тұр.Сырттан бауырларының таныс дауысы естіледі,өздері көрінбейді. Ортада абақты есігі,ар жағында екі солдат бер жағында Пышан тұр.Пышан тор есікке құлағын тақап тыңдап тұр/
Еркек дауысы Біз Жәлмендіұлы Пышанға келіп едік,кездесуге
Күзетші Болмайды, оған кездесуге болмайды
Еркек дауысы Неге болмайды үш айдан бері көрген жоқпыз. Көрсетіңдер неге көрсетпейсіңдер.
Әйел дауысы Бір ауыз тілдесуге болатын шығар
Күзетші Оған рұқсат жоқ.
Еркек дауысы Неге рұқсат жоқ сонша не бүлдірді.
Екінші күзетші Бүлдірген, көп нәрсе бүлдірген
Еркек Ой әкеңді сен бүлдіріп отырсың қарашы бұны
Екінші күзетші орыс /мысқылдап күліп,мазақтайды/ Оны көріп чо,қайтесіңдер.Ол өлген адам.Ертең «Пух,пух» атады. /қолымен көрсетіп/
/Пышан тыңдап тұрып шыдай алмай,есікті ұрғылайды,айқайлап/
Пышан Ей жауыздар./Екі жақ қосылып шу боп кетеді/ Аш есікті. /Есікті тепкілейді,есік құлап түседі.Мылтық атып кіріп келген екі солдат ай-шайға қарамай келгендерді ұрып-соғып қуады.Мұны көрген Пышан атылып барып екі солдатты ұрып мылтығын тартып алады.Өздеріне қарсы жұмсайды.Екі солдат өліп бірі қатты таяқ жейді.Осы кезде бір топ солдат келіп Пышанды ұрып соғып қатты жаралайды.Қатты соққыдан есінен танған Пышанды камераның түкпіріне лақтырып тастайды./Жарық біртіндеп сөнеді./
10шы көрініс
/ Сол сахна пистолет жарығымен Пышан орнынан ыңырана баяу қозғалып тұрады./
Пышан Алланың өзі кешірсін бұл қиянатымды.Бисмиллахи ир рахмани рахим. /өзімен-өзі теңселіп тұр./
Пышан /өзімен өзі өлең оқиды,пистолет жарығы Пышанды көрсетіп тұр/
Таң сарғайып келеді шапақ жарып
Бүгін ұйқым келмейді мұнша неғып
Әжі атамның аруағы-Жолбарысы
Қайда кеттің сыртымнан жүрген бағып
Түсімде әжі атам жетеледі
Дәриядан өткізіп кете берді
Өткізбей ақ бер жаққа тастап кетсе
Атылмас па ем,кім біледі... нетер еді...
/Жарық біртіндеп жанады.Алдында тұтқындар тұр.Пышан шетінен құшақтасып маңдай,сақалдарынан сүйіп қоштасып жатыр /
Мен енді бұл дүниелік емеспін.Азды көпті дәмдес,тағдырлас болып қалдық.Арыздасайық,қоштасайық.Менің жазам бөлек. Сендер азды көпті жаза алып,оны өтеп ағайынмен қауышатын уақыттарың алыс емес.Сонда мені сұрағандарға дұғай, дұғай сәлем айтыңдар.Ұл боп туып, намысын қолдан бермей мерт болды дегейсіңдер.
/ Баяу қойылған «Дүние ай» әнінің әуенімен,қимай қоштасып жатыр.
11ші көрініс
/Сол абақты алды.Сот.Үкім орындаушылар.Солдаттар.Пышан тордың арғы жағында тұр./
Сот /халыққа қарап/ Куәлар толық жиналды ма.Біз бүгін еңбекші халықтың арыздануымен,өз билігін асыра пайдаланып халыққа зорлық-зомбылық көрсеткені үшін қылмысқа тартылған тұтқынды жазалаймыз..Еңбекші елдің партиясына қарсы шығып, үкімет адамына қол көтергені үшін, халық жауы Пышан Жәлмендіұлын кеңес одағының заңымен жазалауды іске асыруға жиналып отырмыз. Әділ үкім шығару үшін сіздерді куәлік етуге шақырдық.Әрбір ауылдан келген адамдардың ішінен он адамнан куәлікке шығыңыздар.Сіздер ортаға шығып үкім орындалсын,және кешірім берілсін деп қол көтересіңдер. Сол арқылы шешім щығарамыз.
Жақан /шырылдап/ Пышанның жазған арызының жауабын неге күтпейсіздер./халыққа қарап айқайлап/ Халайық бұл дұрыс емес әділдік керек.Бұған жол бермейміз
Тәтен Олай бола ма екен
Жантемір Үкіметтің қаулысын неге күтпейді
Байтөре /Жантемірге қарап/ Үкімет,сол сен емес пе
Өкіл Кәнеки тынышталыңыздар
Халық Мен куәлік ете алмаймын
Жантемір Мен куәлік етемін /шулап шыға бастайды/
Тәтен Мен шығамын
Өкіл Жолдастар Тынышталыңыздар.Кәне ортаға шығып тұрыңыздар,атылсын дегенде немесе кешірім берілсін дегенде қолдарыңызды көтересіздер.Біз соған қарап анықтап шешім шығарамыз.
/халық ортаға шығады / Мен қәзір атылсын,атылмасын деп үш рет айтамын.Сіздер үш рет қол көтересіздер.Санап шығамыз қайсысы басым болса соны орындаймыз. Кәне /Жарық сығырайып,.жаңғырыққан зор қайғылы музыка үдеп көтеріліп барып бірден тоқтап, атылған мылтық дауысы тарсылдап кетеді..Жарық өшіп,аз ғана көмескі жарық түсіп тұрады./
/Бәр пәс тыныштық орнап Пышанның күрсінген «Беу дүние ай» деген дауысы естіледі.Аз ғана көмескі жарықтар,жалт,жұлт етіп ауыр қайғылы музыка ойнайды. Мылтық әлі атылып жатыр./
Қайша,Балқия Жоқ,жоқ Пышан /Шыңғырып қосарлана еңіреп алға ұмтылады /
Жантемір,Тәтен,Құрама,Әпежек /Айқайлап үрейлі/ Пышан /алға ұмтылып/
Жақан Жоқ,жоқ.Мүмкін емес Пышан./екі жұдырығымен абақты сеткасын ұрып жатыр. Бір кезде сылқ етіп отыра кетеді,сұлқ түсіп,халыққа қарап/
Жантемір Хош бол.Асыл дос. /орнынан көтеріле/ Біз сенің мәрттігіңді сыйлаймыз,өнеріңе бас иеміз.Енді қайдан табамын сендей досты.
Құрама Не боп кетті мына дүние /кемсеңдеп/ «Дүние ай» әні орындалып тұр.
/Артынан бір шал шығып жылап тұр./
Әпежек Енді Пышандай ер қашан туады.
Жақан /басын изеп/ Бақұл бол.Аяулы дос.Дарының мен өнерің бір басыңа бақ болып,өр мінезің мен өткір сөзің,сор болған қайран Пышан.
/қолтығынан келіп екі жігіт сүйеп отырғызады.Қайғылы музыкамен жарық біртіндеп өшеді. Пауза /Музыка біткен соң,қайта жарық беріледі.Бір сәт баяу «Дүние ай» әні орындалып тұрады/
/асығыс екі әскери өкіл кіріп келеді/
Өкіл /қолындағы қағазды көтеріп/ Пышан Жәлмендиевтің туыстары бар ма.
Жақан /аңырып қарап тұр./
Жантемір /жылдам атып тұрады/
Өкіл Алматы губерниясынан телеграмма келді «Стрелять нельзия помиловать» деген.
Екінші өкіл Заң орындары күнәсіздігін анықтап атылмасын деп қаулы шығарыпты.
Жантемір /ызалана қолымен басын ұстап, өкінішпен күйіне/ Қап
Жақан /аң-таң,түрі өзгеріп/ Ол,ол үш ай бұрын арыз берген еді ғой./күйіне/ Қайша /еңіреп/ Сол қағазды бір сағат ерте жіберсе болмас па еді. /өкілге қарап екі қолын жайып жылап еңіреп/
/Сахна ортасында үнсіз тұрған Жақан басын кілт бұрып,қолын өкілге созып/ Кәне. Әкелші бері. /қарап көріп,екі жұдырығын түйіп ышқына ызаланып/ Ей сұм қағаз сені кім қайда жасырып қойды ./қолына көтеріп/ Бір сағат бұрын келсең болмас па еді. / Екі қолымен қағазды қысып ұстап,аңырап/ Тоқта.Тоқта. /кілт тоқтап,таңырқап/ Бұл қағаз қалай таң атпай келіп қалды.Бір екі күннен бері алыстан хабар келгенін естіген жоқпыз ғой. /Ойланып/ Бұл, бұл.Яғни бұрын келген, бұрын бұрын /айқайлап,есінен танады/ Қап. /басын ұрғылап/
/ Ауыр сарындағы музыка фонында «Дүние ай» әні орындалып тұр,ән бірте,бірте күшейе түседі./
Соңы