Жұмақтың топырағы
Ол 930 жыл өмір сүрді.
***
Жаратылыс тамырланған.
Біреуі нұрдан.
Біреуі оттан.
Қалғаны топырағы еді.
Топырағы не, балшығы не?!
Оны сол балшықтан жаратқан. Он сегіз мың ғаламдағы барша мақұлықаттан асырып. Және бәрі бір-біріне тәуелді еді.
Бұл бір-біріне сүйенген тіршілік еді.
Ол да тәуелді еді. Өзін бар қылғанға.
Ол шүкіршілік айтып, сыйынды. Бар қылғанға.
Оның қанағатшылдығы жиексіз еді. Соған орай Ол ештеңеге мұқтаж болмады.
Өзекті жанның бәріне өлім деген бір тыншу бартын. Одан ешкім де қашып құтылмаған. Оны ешкім де күтіп отырған жоқ. Алайда өлім ертелі-кеш өзі жетеді.
Мінсіз жаратылыс жоқ.
Оның да екі кілтипаны болды.
Бірі – кіндігі...
Тағы бірі – қабырғасы...
Оның кіндігінде бір түйір барды. Топырақ еді ол түйір. Жұмақтың жұпар аңқыған топырағы еді. Соған шүкіршілік етті. Сол топыраққа қайтып айналатынына бақытты еді. Сол күнді асыға күтті...
Бір күні періштелер шу ете қалды.
– Ол өлді, – деп.
Анығын Әзірейіл періште білуші еді. Өйткені ол жан алушы ғой.
– Өлді, – деді ол.
Алайда Оның жанын ал деген пәрмен алмағанды. Оның қалай өлгенін білейін деп қайтып ұшқан.
– Жүрегі тоқтап қалыпты! – деді періштелер
– Қалай? – деді Әзірейіл.
– Таңқ етіп түшкірген екен... – деді періштелердің біреуі.
– Жүрегі тоқтап қалған онда, – деді Әзірейіл.
– Сонда қалай болғаны?
– Өлген жоқ, – деді Әзірейіл қайтып, – жанын ал деген пәрмен болмады...
– Келтірейік алдымызға...
Періштелер дереу келтірген.
Ол өздеріндей-періштедей нұрланып жатыр екен. Топыраққа айналатынына қуанғаны көрініп тұр. Жоқ, қанша жерден жан алушы болса да Оның жанын ала алмайды. Оның өлімі өзіне байланысты болады.
– Оның өлімі өзіне байланысты болады...– періштелер бір ауызды еді.
Жазудан ешкім де қашпайды.
Оған бақилық жоқ. Алайда ұзақ жасаушылыққа кеңшілік жасауы мүмкін.
Періштелердің бәтуасы Бар болушыға да жеткен.
Қанша жасағысы келесе – сонша жасасын.
Оның өмірі Өзіне байланысты болсын. Ал Оның Өзін неден жарату керек. Топырақтан? Жоқ! Не де болса Оның өзінен жарату керек. Қайтіп?!
Оның бір қабырғасы ерекше көзге түсіп тұрды. Қисық еді оның өзі. Шайтан шалғанын жазбай таныған. Бұл қабырғаны Одан аластайды. Алайда Шайтанға бере алмайды.
Сол қабырғадан Өзі жаралды! Ай десе аузы, күн десе көзі бар еді Өзінің!
– Жәрекемалла! – деді Өзі.
Бұл Өзінің тұңғыш сөзі еді.
– Әлхамдүлилааллаһ ! –деп Ол да орнынан тұра берген.
– Ол тірілді! – деп шулады періштелер.
– Ол өлген жоқ, – деді Әзірейіл періште.
– Өзі тірілтті! – деді періштелердің бірі.
– Бір қисық біткен қабырғасынан тірілтті! – деді екіншісі.
– Оның ендігі ғұмыры Өзіне тәуелді, – деп жатты тағы біреуі.
– Жоқ, – деді алғашқысы, – Өзі деген Оның өзі ғой, ендеше Оның өлімі Өзіне байланысты.
Мұны Ол да түсінген.
Мұны Өзі де түсінген.
– Әпшһи!..
Таңқ етіп Ол түшкіреді.
– Жәрекемалла!..
Өзі де тақ ете қалады.
Оның жүрегі соғысынан жазбайды...
Бұған дейін олар бір адам болған.
Алғашқыда Өзі жоқ – Ол болатын.
Оның жүрегі тоқтаған күні олар екеу болды.
Ол және Өзі болып!
Анығы сол Ол Топырақтан жаралған.
Анығы сол Өзі Оның сүйегінен жаралған.
Өзі Сүйектен жаралған!..
Алайда Сүйек те Топырақ қой!
Ол үнемі сол бір қисық қабырғасын жоқтап жүретін болды.
Қисық қабырғаның орны бір басқа!
Өзінің орны бір басқа!
Әдемі еді Өзі. Ондай сұлулық он сегіз мың ғаламда жоқ болар...
Алайда қисық қабырғасы Өзіден де сұлу болатын!
Ол бұған дейін толық болатын! Бәрін өзі шешетін.
Бүгінде қарапайым нәрсенің өзін шешпейді.
Өйткені жарма болып қалған!
Өйткені жартыкеш болып қалған!
Оның қисық та болса бір қабырғасы жоқ...
Қандай шешім қабылдаса да сол бір қисық қабырғасымен кеңесетін. Сонда ғана шешімі кемел болатын.
Міне, қызық, бұған дейін ол жаратылыстан тәуелдімін деп келген.
Енді келіп Өзіне тәуелді болып отыр.
Ұзақ жасаймын десе Өзінің тілеуін тілеу керек.
Қазір бәрі жақсы.
Бұрын одан да жақсырақ болатын.
Бұрын ешкімге де тәуелді емес еді.
Алайда Өзісі мұның өзінен гөрі бұған көбірек тәуелді!
Өйткені ол мұның Сүйегінен жаратылған.
Өзісіне бір нәрсе болып қалса оны айтқызбай біліп отырады.
Өйткені жоқ қабырғасының орны сыздап қоя береді.
Шайтан Оны азғырған. Алғаш қисық қабырғасы болып. Соңынан Өзі болып. Ақыры жұмақтан қуылды.
Жер үстінде де өмір бар екен. Екеуі екі жаққа түсіп қалғанымен бірін бірі іздеп тапты. Олар қайтып бірге болды. Дүниеге сәби әкелді. Ұрпақ жалғады.
Жылжып жүздеген жылдар өтті. Олар бақытты өмір сүрді.
Ол қанша жыл өтсе де сол жас күйінде қалды.
Өйткені Ол Топырақтан жаралған!
Бетіне Өзінің шимайланып әжім түсті.
Өйткені Өзі Сүйектен жаралған!
Ақыры Өзі балауыз шамдай барып, барып түгесілді.
Енді Ол жер бетінде жалғыз қалды.
Ендігі өмірі қожырайған.
Өйткені Ол толық емес еді.
Жарма еді.
Жартыкеш еді.
Оны топырағы тартқан.
Жұмақтың топырағы.
Бар қылушы Оны қабыл алды.
– Әпшһи!..
Ол түшкірген.
Соңғы рет.
Жәрекемалла деп ешкім айтпады.
Он сегіз мың ғалам үнсіз қалды.
***
Ол тағы да 930 жыл өмір сүре алатын еді...
Ол соның бәрінен жұмақтағы бір күнін артық санады.
Ол жұмақтағы Топыраққа айналды.