Адам қарады: 25259 | Жарияланды: 2018-08-27 05:39:15

КемПІР

Архепсихологиялық тарихи драма

Бөгембай әкем аты, Кемпір едім,

Өлеңді кәсіп қылып тентіредім.

Дауысымның келмейтұғын мәнісі сол,

Бақырдан «ұрлық» етін жеңкіредім.
                                        Кемпірбай Бөгембайұлы.
 

Қатысушылар:

Абыз,

Қияқ (Пір) - отағасы,

Құсни (КемПір) – Қияқтың жамағаты,

Жақай/Пірадар – Қияқтың жамағайыны,

Ақай /Әмеңгер/Молда – Қияқтың ағайыны,

Келін/Немере келін,

Кемпірбай ақын Бөгембайұлы – Қияқтың шөбересі,

Малшы бала,

Жарапазаншы/бала,

Дауыс/тар,

Жаңғырық.

 

БІРІНШІ КӨРІНІС

 

Дауыс:

Ер адамның пірі – Бір Жаратушысы.

Әйел адамның пірі – байы, қосағы.

Сол әйел жаратылысының пірсіз қалуы мүмкін...

 

Сахнада қараңғылық. Шүпірлеп жұлдыздар жамырайды. Біреуі жанып, біреуі  сөніп жатады. Міне, осы тұс аспан төсінен Ай көрінеді.

Толған Ай...

Сол сәтте жауады. Әппақ дегенде әппақ. Бұл жай жауын емес еді ...

Көктен нұр жауып тұр еді...

Сол ай нұры ішінен көрінер-көрінбес ақ  кебінді Қияқ көрініп қояды. Сол  нұрға ұмсынған Қияқтың аузы көрінеді.

Нұр әлгі ауызға құйылып жатады...

 

Дауыс:

Ажал шіркінге себеп көп. Оның от болып келуі мүмкін, су болып келуі мүмкін. Әрі-беріден кейін ұйқыдан оянбай кеткендер қаншама?

 

Жаңғырық:

Қа-ан-ша-ма-а?..

 

Қобыз сарыны естіледі. Гөй-гөйлеген дауыс күшейе түседі. Сонан біртіндеп алыстай береді.

 

Дауыс:

– Қорқыт дәде де қырық жыл көз жұмбағанымен ажал құрығынан қашып құтылмады...

Жаңғырық:

– Құтылмады!..

– Құтылмады!..

– Құтылмады!..

 

Сахна төрінен адалбақан көрінеді.  Төсекте сұлап Қияқ жатыр.

Бас жағында таспиқ тартып Жақай пірадар отыр.

Отырғанда зікір салып отыр:

– Ләй-и ил Алла,  ләй-и ил Алла, ләй-и ил Алла...

Аяқ жағында отырған Құсни көрінеді.

Қияқ сөйлей алмай иегімен аяқ жағын меңзейді.

 

Құсни (сыбырлай сөйлеп):

– Алар келген екен ғой. Пірімнің аяғына ісік кіріпті...

Жақай пірадар (таспиығын тартып):

– Сүбіһан Алла, Сүбіһан Алла, Сүбіһан Алла!

Жаратқан Алла...

Жаратқан Алла үмбетін бақилық қылар бұрын хабаршы қылып аларын жібереді. Алардың үш күндік ғұмыры бар білем...

Құсни (сыбырлай сөйлеп):

– Бұған да, шүкір. Хабаршысын жіберген Көктен көз алмай жата беруші еді. Қабыл алған екен ғой тілеуін. Аяғынан тұратын кез келген екен. Қой, дәрет суын дайындай берейін.

Жақай пірадар:

– Әлһамдүли Алла, Әлһамдүли Алла, Әлһамдүли Алла...

Бой жазу дәрет суымен басталып мейрам суымен тоқталады...

Құсни:

– Жаратқанның кеңшілігіне, шүкір...

Құдай қаласа тілге де келіп қалар. Сартап болып төсекке таңылғанына да үш жылдың жүзі ауыпты-ау. Сол үш жылда үш күн нәр сызды ма екен?! Әйел адамның шырақшысы Шәмші, ер адамның шырақшысы Қамар деуші еді. Қамардың нұры да бұл күнге жеткізген...

Жақай пірадар:

– Әлбетте... Әлбетте...Әлбетте...

Бәрі де Бір Алладан!..

Науқастың тілге келетін түрі бар.

Әкеліңдер!..

Шалыңдар!..

Ақсарбасты!..

 

Бала-шаға аяғына шалынып жүгіреді. Қойшы баланың біреуі қара тоқтыны жетелеп келіп, көтеріп кіреді.

 

Жақай пірадар:

– Бұл не қылған бастақтық?!

Қайта кіргіз!

Бұл жай қой емес, ақсарбас ғой...

Өз аяғымен кірсін...

 

Көктен көз алмай жатқан Қияқ басын көтермекші болады. Құсни демеп басын көтереді.

 

Қияқ:

– Кіріп қойды!...

Жақай пірадар:

– Алла-ау Әкбар!..

Алла-ау Әкбар!..

Алла-ау Әкбар!..

Тілге келді деген осы!

Ақсарбас!..

Ақсарбас!..

Ақсарбас!..

 

Жақай пірадар сапысымен тоқтының алқымын орады. Ел қабыл болсын десіп беттерін сипайды.

Тоқтының жаны шыққан соң Жақай пірадар қайта оралады.

Ең алдымен тоқтының кеңсірігін кесіп алады.

 

Жақай пірадар:

– Дем болсын!..

Дауыстар:

– Дем болсын!..

– Дем болсын!..

– Дем болсын!..

 

Жақай пірадар тоқтының тұмсығын ұстаған күйі Қияққа оралады.

Қияқ тұмсықты алып иіскейді.

 

Қияқ:

Пейіштен жаралған ғой бұл жарықтық...

Жарықтық, жұмақтың жұпар иісі шығады...

Дауыстар:

– Жұмақтың жұпар иісі шығады...

– Жұмақтың жұпар иісі шығады...

– Жұмақтың жұпар иісі шығады...

 

Малшы бала тоқтыны іреп жатады. Жақай пірадар қайтып оралып, қойдың құйрығын білемдеп кесіп ала бастайды.

 

Жақай пірадар:

– Құйрықтан да пейіш иісі шығады. Шикідей жей берсең де болады.

Ем болсын!..

Дауыстар:

– Ем болсын!..

– Ем болсын!..

– Ем болсын!..

 

Құсни құстай ұшып Қияққа барады. Тоқтының білемделген құйрық майын Қияқтың башайларының арасына қыстырады. Табанына құйрық майын орап тастайды.

 

Құсни:

– Қорек болғай, Жаратқан Ием!..

Жақай пірадар:

– Қияеке!Байеке!

Әупілдек шақырайықшы!..

Әуп-әуп...

Әуп-әуп...

Әуп-әуп...

Құсни:

Әуп-әуп...

Жақай пірадар:

–Бай-бай, Байеке!

Май басыңыз, Қияеке!

Құсни:

–Басты, басты!..

Бай басты!..

Май басты!..

 

Қияқ төсегіне қайтып жайғасады. Тіс жармай ұз-а-қ отырады. Кереге көзінде ілулі тұрған қойкөз өрмелі  қамшысын алдырады. Алқа-қотан отырған жұрт ортасын ашады. Қияқ қамшысын ортаға тастайды.

 

Қияқ:

–Жазудан қашып құтылған ешкім жоқ. Сол жазу бізге де келді білем. Байқасаңдар кеңсіріктен иіс тартып сарайым ашылды.  Бәрін ішіп-жеп қоятындаймын. Бірақ бір тоқтық бар. Ішпей-жемеген. Ондай тоқтық пейіште болады деуші еді ескі жарықтықтар...

Жақай пірадар:

– Пейіште...

Дауыстар:

– Пейіште...

– Пейіште...

– Пейіште...

Қияқ:

– Басымды оқ жыландай бірден көтердім. Сол кеңсірік тартып тұр өзіне.

Бар мүкамал таусылады. Менің де таусылған жайым бар.

Аяққа алар кірді білем. Май басқан аяқ енді жер басар деймісің!?.

Сен, Пірадар, кебіндігіңді дайында!

Сен, Құсни, тебіндігіңді дайында!

Сен, Ақай, мейрамсуын тазабұлақтан алдырыңдар!

Сүйекке бесеу түссін.

Үшеуі жекжаттан болсын!

Екеуі – Жақай мен Ақай болсын!

Жақай:

– Ләббай, Байеке!..

Ақай:

– Шүкір, Алла...

 

Жұрттар тарай бастайды. Оңашаланып Жақай пірадар мен Ақай қалады.

 

Жақай:

– Әмеңгерге шығып тұрмыз ба?

Ақай:

– Шығып тұрмыз...

Жақай:

– Жолыңды бересің ғой...

Ақай:

– Ата жолына салсақ жол менікі болып шығады ғой...

Жақай:

– Қайтып?

Ақай:

– Мен ағайынмын!

Жақай:

– Алғаш болып мені атады ғой...

Ақай:

– Аузына түскені сол болар...

Кездейсоқ...

Жақай:

– Алла түсіріп тұр...

 

ЕКІНШІ КӨРІНІС

 

Дауыс:

– Атшабар!..

– Атшабар!..

– Атшабар!..

Жаңғырық:

– Атшабар!..

– Атшабар!..

– Атшабар!..

 

Сахнада ығы-жығы халық. Біреуді біреу танып болмайды. Қаралы киіз үй анық көрінеді. Белдеуге найза ілінген. Басына қара ту байланған. Онысы төмен қарай түсірілген.

Қияқтың жылы беріліп жатыр.

Пірдің жылы беріліп жатыр.

Асқа жиналған жұртта қисап жоқ.

Иасин сүресі әлсіз естіліп тұрады. Ел алақанын жаяды.

Іле жұрт киіз үйге лап қояды.

Біреу құрықпен, біреу қамшымен киіз үйдің уығын сабалайды.

 

Ақай әмеңгер:

– Түсіріңдер шаңырағын!

Ортасына!...

Жақай пірадар (әлсіз дауыспен!):

– Әлбәтте...

Әлбәтте...

Әлбәтте...

 

Осы кез есік шалқасынан ашылады. Құснидің қолынан Қияқтың қамшысы көрінеді. Елдің дуы күрт басылады.  Құсни көтерген қамшысын ортаға тастайды.

 

Құсни:

– Пірімнің рухы ризалықта болар...

Ауыл болып, жұрт болып, ел болып аза тұттық.

Жұма аунатпай дұға бағыштадық.

Оқыған құранымыздан тастамадық.

Пірім бұ дүниелік тауқыметінен құтылды.

Берген садақасымен, жасаған қолқайырымен, салған зікірімен, құлшылық ғибадатымен.

Сол ауыртпалық енді төрт көгенкөзім мен менің мойнымда қалды.

Мен сол ауыртпалықты мойыныма алам!..

Мен әйелдік болмысымнан бас тартамын!..

Бүгінгі күнге дейін қырық шырағымның бірі де сөнбеп еді.

Сол қырық шырағым бүгін сөнсе де бейілмін.

 

Сахнаға жарық кіреді. Қырық шырақ жамырап қоя береді. Барып-барып жүрек бейнесін тұспалдайды.

Кенет қырық шырақ бірден жалп етіп сөнеді.

Сахнаны бір сәт қараңғылық жайлайды. Барып-барып Ай көрінеді...

 

Құсни:

– Қамарым менің!

Пірім менің!

Ендігі менің шырағым сендерсіңдер!..

Дауыс:

– Енді сен түнде де күндізгідей көретін боласың!

Жаңғырық:

– ...Күндізгідей көретін боласың!

– ...Күндізгідей көретін боласың!

– ...Күндізгідей көретін боласың!

Дауыс:

– Ақал келді...

Жаңғырық:

– Ақал келді...

– Ақал келді...

– Ақал келді...

 

Сахнадағы Құсни теріс айналады. Желкесінен айжарық көрінеді.

 

Дауыстар:

– Ақал келді!..

– Айжарық келді!..

– Үшінші көз келді!..

 

Сахна төрінде Құсни отырады.

Киіз үйдің белдеуіндегі қара ту алынады.

Үй ішіндегі Пірдің тұлданған мүкамалдары шығарылады.

Ішігін біреу алады.

Тымағын біреу алады.

Саптамасын біреу алады...

Елдің бәрі алып бітеді.

Алмаған екеу қалады.

Жақай мен Ақай...

 

Дауыстар:

– Әмеңгер!..

– Әмеңгер!..

– Әмеңгер!..

 

Сахна төрінде үшеу қалады.

Құсни.

Жақай.

Ақай.

Құсни ортаға Пірінің қамшысын тастайды.

 

Құсни:

– Міне, ақырға да келіп жеттік.

Сүйекке екеуіңді түсірді. 

Күні кеше марқұм болса, бүгін аруақ!

Тірінің ақыры аруақ ақыры болып менің мойнымда тұр!

Мен Пірімнің ақырына, аманатына адал болғым келеді!

Пірімнің таңдауы менің таңдауым!

Мен ешқайсыңның басыңды кемсіте алмаймын!

Пірімнен артықсыңдар деп тағы да айта алмаймын!

Пірім сендерге берген таңдауды маған да берді!

Мен сендердің екеуіңнің біреуінді таңдауым керек!

Және таңдаймын!

Бұл менің Пірімнің маған берген кеңшілігі!

Сендер таңдамайсыңдар!

Мен таңдаймын!

Мен таңдасам кемпірлікті таңдаймын!

Мен әйелдік болмысымнан бас тартамын!

Мен бүгіннен бастап пірі кем КемПірмін!

Дауыстар:

– КемПір!..

– КемПір!..

– КемПір!..

КемПір:

– Ендеше сендер бүгіннен бастап менің әмеңгерім емессіңдер!

Дауыстар:

– Әмеңгерім емессіңдер!..

– Әмеңгерім емессіңдер!..

– Әмеңгерім емессіңдер!..

 

Құснидің бейнесі алыстай береді.

Сахнада екеу. Жақай пірадар мен Ақай әмеңгер.

 

Жақай пірадар:

– Енді  не істедік?

Ақай әмеңгер:

– Әліптің артын бағайық.

Жақай пірадар:

– Ақылым алтау, ойым жетеу болып отыр. Осының бәріне ақылы жетті деп айта алмай отырмын.

Ақай әмеңгер:

– Қайдам? Осының артында иесі тұрған сияқты.

Жақай пірадар:

– Қайдағы иесі?

Ақай әмеңгер:

– Аруақты айтамын...

 

 

Бұлдырап көрінген Құснидің бейнесі жақындай түседі.

Міне, сахна төрінде тағы да үшеуі қалды. Орталарында қойкөз қамшы жатыр.

 

Құсни:

– Аруақтың ақырына аяғына дейін адал болғым келеді.

Аруақ әмеңгерім деп екеуіңді атады.

Мен екеу емеспін ғой!

Жақай пірадар:

– Біз таласып отырған жоқпыз!

Құсни:

– Таласпағаны қалай?

Жақай пірадар:

– Ақай жолын берді...

Ақай әмеңгер:

– Қашан жолымды беріппін?..

Құсни:

– Дүкенімізді қайырайық.

Ешқайсың да тізе құшақтап отырған жоқсыңдар.

Ақырымызға да ақырына дейін адал болайық.

Аруақ сүйегінің де ризалығын алалық!

Пірім құрметтеген екеуіңді мен де құрмет тұтамын!

Сол құрметімнің өтеуіне не берсем де, не сыйласам да көптік етпес еді.

Екеуіңе бар болса екі сіңілімді берер едім!

Бірақ артымнан ерген ондай шашқапты болмады!

Сонда да ақырыма адал болғым келеді!

Ендігі таңдауды сендерге беремін!

Енді сендер таңдайсыңдар!

Таңдаңдар!

Құда түсіңдер!

Тап қазір жаушы жіберіңдер!

Жақай пірадар!

Саған бір қырық жеті атадым!

Ақай әмеңгерім!

Саған бір қырық жеті атадым!..

 

ҮШІНШІ КӨРІНІС

 

Сахнадан сансыз ашылып-жабылып тұрған алақандар көрінеді.

Арғы төрден аса таяқты Абыз көрінеді.

Ол алақанын жаяды.

 

Абыз:

– Ей, Жаратушы Ием!

Сен қашанда жарылқаушымызсың!

Сен қашанда есіркеушімізсің!

Бір Саған ғана табынамыз!

Бір Саған ғана сыйынамыз!

Сен қашанда кеңқолтықсың!

Бүгін де Сенен кеңшілік сұраймыз!

Сен бүгінгі бақилық болған үмбетіңнің пірісің!

Сол үмбетің Құсни жамағатымыздың пірі болатын.

Сол Құсниымыз кем пірлі болып отыр.

Еркектің пірі айнымайды!

Ол Бір Өзіңсің!

Құсни жамағатымыз да айнымақ емес!

Піріне адал болып қалмақшы!

Сенің берген кеңшілігімен...

Сенің берген нығыметіңмен...

Құсни есімін қайтып тергемекпіз.

 

Сахнада Абыз бен Құсни қалады.

Абыз Құсни құлағына тақап айқайлайды:

– Сенің ныспың КемПір болады!

– Сенің ныспың КемПір болады!

– Сенің ныспың КемПір болады!

Дауыстар:

– КемПір!..

– КемПір!..

– КемПір!..

Абыз:

– Бүгінгі күн Сенің пірің кем!

Сен Кем Пірлісің!

Сен бүгін Пірің арқылы Пірлі болып отырсың!

Сенің Піріңнің пірі Бір Жаратқанның өзі!

Сен бүгінен бастап КемПірсің!

Сол КемПірлігің баянды болғай!

Алла оңдасын!

Аруақ қолдасын!

Алла-ау Әкбар!..

Дауыстар:

– Алла-ау Әкбар!..

– Алла-ау Әкбар!..

– Алла-ау Әкбар!..

 

Ашық алақандар жабылады.

 

ТӨРТІНШІ КӨРІНІС

 

Сахнада шылаушынды, кимешекті әйел жамағаттары көрінеді. Аққол әйелдер екені анық байқалады.  Өйткені ауыздарынан «Бибәтима анамыз қолдасын» деген сөз түспейді.

Толғағы келген әйелдің қол-аяғын босата алмай жатады.

 

Арқанға тартылған келіншектің жан дауысы шығады:

– КемПірді шақырыңыздаршы...

Дауыстар:

– Ойбой-оу, КемПір бар екен ғой.

Бала жүгіртіңдерші...

Бала теріс келіп тұр деп хабар салыңдаршы...

 

Сахнадан әппақ болып киінген КемПір көрінеді.

 

КемПір:

– Менің қолым емес, Бибәтима маманың қолы...

Бисмиалла...

Бисмиалла...

Бисмиалла...

 

Кенет шар еткен баланың дауысы шығады...

 

Дауыстар:

– Сүйінші!..

Дүниеге шақа келді!..

– Дүниеге он екі мүшесі сау шақа келді!..

– Бауы берік болғай шақаның!..

– Ғұмыры ұзақ болғай шақаның!..

– Сізге де жұғысты болғай Пір Ана!

– Көтек, онысы несі?..

– КемПірдің немересі Бөгембайдың үйіндегі келін ішті дейді ғой...

– Әумин!..

Дауыстар:

– Бибәтиманың қолы!

– Бибәтиманың қолы!

– Бибәтиманың қолы!

Дауыстар:

– КемПірдің қолы!

– КемПірдің қолы!

– КемПірдің қолы!

 

Сахнадан жайлауда отырған ауыл көрінеді. Дала тіршілігінің тағы бір қарбалыс сәті. Ауыл келін түсіріп жатады. Жар-жар айтылады.

 

Дауыстар:

– Қазір келін батасы беріледі!..

– Келін батасын сұраймыз!..

– Жақай пірадар берсін!..

– Ақай молда берсін!..

 

Тағы да сандаған алақан ашылып, жұмылып тұрады. Оның ішінде екі алақан – күйеу жігіт пен қалыңдық алақаны анық көрініп тұрады.

 

Жақай пірадар:

– КемПір берсін!..

Ақай молда:

– КемПір берсін!..

Көп әйелдің бірі:

– Көтек...

Қар қашан бата беретін болған?

Көп әйелдің тағы бірі:

– КемПір болғаннан бері...

Көп әйелдің бірі:

– Әйел бата бермейді деген қайда?

Көп әйелдің тағы бірі:

– Ол қар емес!

Көп әйелдің бірі:

– Енді кім?

Көп әйелдің тағы бірі:

– КемПір!

 

Сахнада енді бір-ақ алақан қалады.

Ол КемПірдің алақаны.

КемПірдің алақаны жұмылады.

Одан кейін жігіт пен қалыңдықтың алақаны жұмылады.

Одан кейін сандаған алақан жұмылады.

 

Дауыстар:

– Үбірлі-шүбірлі болыңдар!..

– Үбірлі-шүбірлі болыңдар!..

– Үбірлі-шүбірлі болыңдар!..

 

БЕСІНШІ КӨРІНІС

 

Сахна төрінен адалбақан көрінеді.  Төсекте сұлап КемПір жатыр.

Бас жағында таспиқ тартып Жақай пірадар отыр.

Аяқ жағында отырған Ақай молда көрінеді.

 

КемПір:

– Менің де ақырым келген екен. Азды-көпті жалғанның жарығында бір-бірімізге ащы келмеппіз.

Пірімнің артында қалып, бала-шағамның алдында кетіп бара жатырмын. Соған мың шүкіршілік айтып жатқан жайым бар.

Мен артыма қарайлайтындай ештеңе қалмаған сынды.

Дегенменен бір жайтты екеуіңе айтпасыма тағы болмайды.

Ол жайт...

Түсімде Дәуіт ғалейссаламды көріппін. Бір қолында қаламы бар, бір қолында қағазы бар. Бөгембайдың үйіндегі келінім ішті еді.

Соған көрініп тұр-ау.

Бірі есікті ашып, бірі есікті жауып келеді-ау...

Сонда ат тергеңдер.

Біреуіне Жақай деп...

Біреуіне Ақай деп...

 

Жақай пірадар мен Ақай молда оңашаланады.

 

Жақай пірадар:

– Бәрі дұрыс-ау...

Бір түстісінен болмаса қайтпекпіз?

Ақай молда:

– Оның да есебі бар.

Оның да ақырына біз де адал болайық.

Жақай пірадар:

– Қайтып?

Ақай молда:

– Біреуін Құсни деп, екіншісін Кемпір деп атаймыз...

 

Жақай пірадар ішке кіріп кетеді. Ақай молда сыртта жалғыз қалады.

Кенет сахнада жарапазаншы бала пайда бола кетеді.

 

Жарпазаншы бала:

– Сүйінші! Сүйінші!..

Бөгембай көкемнің үйі кішкентайлы болды.

Дүниеге егіз келді...

 

Жақай пірадар:

– Құсни іздеп жатқан болар.

Ақай молда:

– Бой жазып жатыр ғой...

 

Жақай пірадар үйді бетке алады.

Біразға дейін үй жақтан Иасин сүресі естіліп тұрады.

Тағы біраздан кейін Жақай пірадар шығады.

 

Жақай пірадар:

– Бәріміз баратын жаққа бізден бұрын кетті...

Жаны қиналмай кетті...

Ақай молда:

– Киген шылаушынындай кіршіксіз еді...

 

АТЫНШЫ КӨРІНІС

 

Қабірстан.

Бай мен КемПірдің басы.

Қияқ пен Құснидің басы.

Құлпытас алдында домбыра ұстаған, үкілі бөрік киген Кемпірбай ақын көрінеді.

 

Кемпірбай:

– Бөгембай – әкем аты, КемПір едім,

Өлеңді кәсіп қылып тентіредім...

 

Шымылдық.

 

Шымылдық сыртында Әсет ақынның Кемпірбай ақынмен бақұлдасуы айтылып жатады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


 

Қазақ тілінде жазылған