Қайыршының миллиардер досы
моно-роман
ЖЕР АСТЫНА САЯХАТ немесе СҮТСІЗ ҚОҒАМ
Құрбақалар бірін-бірі тыңдамастан жарыса құрылдап, шегірткелер де шаттана шырылдап жатқан маусымның тамаша түнінде Қайыршының есігін әлдекім солқылдата ұрды. «Бұл уақытта кім болуы мүмкін?» деген сезікті оймен орнынан сергек тұрып шағын саңылаудан сыртқа тесілді:
- Кім-ей бұл? - деді немкетті үнмен үрейлі екенін сездірмей.
- Сізді бастық шақырып жатыр, - деді арғы жақтан гүрілдеген таныс үн.
Қайыршы есікті тым байсалды қалыпта ашып:
- Ол кісі сендерге бастық, маған дос-аға, бауыр! - деді мақтанышты дауыспен. Сосын, өзінің мәртебесі жоғары екенін сездіргісі келгендей:
- Ас үйде отыра тұр. Мен киініп алайын, - деп төргі үйге өтіп кетті. «Көлікте күтем» деген сөзге мән берместен ең қымбат киімдерін таңдай бастады. Бойында бір алапат қуаныш бар, осы күнді талайдан күткен сыңайы анық байқалады.
Қайыршы сыртқа шыққанда көзі тостағандай болды. Көлемі жүк көлігіндей болатын қара машина бар сән-салтанатымен көлденең тұр. Көздің жауын алады. «Қырсыққанда осы қалпын бір көршісі көрмей, қаперсіз ұйықтап жатыр-ау. Бұлар бір күндіз келмей діңкені құртқанын қарашы!»
- Көлік құтты болсын! - деді ол, артқы есіктен артыла мініп жатып.
- Айтсын, ағасы!
- Ол кісіде мұндай көлік жоқ сияқты еді, жаңадан алған-ау деймін? - деді, неғұрлым таңданысын, қызығушылығын жасыра сөйлеп. Ол кісінің несі бар, несі жоқ, бәрінен хабардар адамның кейпімен. Оққағар денесіне лайық емес ептілікпен артына жеңіл бұрылды. Өз көлігін мақтағандай лепіре сөйлеп отыр.
- Иә. Арнайы тапсырыспен жасаттық. Біздің елде мұндай көлік үш-ақ адамда бар. Терезесінен оқ өтпейді. Ішінде бір аптаға жететін азық-түлік пен екі кісілік жатын орны тағы бар. Моторының қуаты 500 жылқының күшіне пара-пар!
Бұлар қаладан ұзап шығып, бір қамалдың қақпасына келіп тірелді. Қымбат тастардан өріп тастаған қоршауынан іште не бар екенін, не болып жатқанын көріп-білу мүмкін емес. Әр бағанның басында жарқырап жарық пен мойны сорайып бейнебақылау қондырғысы тұр. Іштен арсылдаған иттердің үні ғана естіледі.
- Қайда келдік? - деді бұл шын таңданыспен.
- Жұмаққа! Мұндай жерді сіз әлі түсіңізде де көрген жоқсыз!
Сықырлап қақпа ашылды да іштен екі дию шығып екі жаққа тұра қалды. Олардың соңын ала бере қолына айна тәрізді әлдене ұстаған тағы біреу келіп көліктің асты-үстін айналдыра қарай бастады. Оққағар терезеден басын қылтитып:
- Жаңа ғана бастықты әкеліп тастадым ғой. Қайта-қайта тексере бересіңдер ме? - деп еді, екі дию құлағына ілмеді. Жұмысын аяқтаған үшінші ғана «Бұл біздің міндетіміз!» деп қысқа қайырды. Көлік ішке кірген соң көп жүрмей, киіз үйдің орнындай алаңқайға тоқтады. Қайыршы үйреніп қалған дағдысымен бірінші түспек болып есікті аша бергенде:
- Қозғалмаңыз, - деген дауыстан жүрегі тоқтап қала жаздады. Қолын есіктің тұтқасынан алар-алмасын білмей, оққағардың бұйрықты үні қалжыңы ма, шыны ма, ажырата алмай, әзілі болса оңашада мазақ қылады-ау деген ой жылт етіп:
- Қозғалмаңыз, ұсталдыңыз деп қойсаңшы, - деп, ойынды түсіне қойған адамның күлкісіне салды. Алайда еш жауап болмастан, көлік сол тұрған бойында төмен түсіп бара жатты. Қайыршы енді шындап қорқайын деді. «Қайда тап болдық, қайда келе жатырмыз? Бағана үйдің есігін ашпай-ақ қоюым керек пе еді?» Көңілін «Дос-аға да осында ғой» деген ой ғана аздап тыныштандырады. Жылға татыған ұзақ уақытта, мүмкін, көзді ашып-жұмғанша көлікті арқалаған шағын алаңқай төмен құлдилап келіп жап-жарық бір әлемге табан тіреді.
- Енді түсе берсеңіз болады, - деді оққағар. - Біз қазір жерден жүз метр төмендеміз. Бірақ, айналаға қарап олай деп мүлде ойламайсыз, иә?
Қайыршы сыртқа шығуын шықты. Тек, қозғалуға шамасы жоқ. Айнала күндізгіден жарық, айнала ерекше шуақ шашып тұр. Жып-жылы. Бұлардың алып көлігі қайтадан жоғары көтеріліп кетті де, жандарына ертегідегі күймені сүйреткен ақбоз ат келіп тоқтады. Көшір секіріп түсіп, шағын есікті ашып қошемет көрсетті. Бағанағы үрейден әлі толық арылмаса да мына құрметке тоқмейілсіп қалған Қайыршы маңғаздана барып орнына жайғасты. Расымен-ақ ертегілер еліне топ ете қалған сияқты. Шығыс үлгісімен киінген көшір, күйменің баспалдағында тік тұрған оққағар, шалқая түскен өзі - құдды бір ханзада секілді. Бұл өмірде көрген қиыншылықтары мен жоқшылықты сәтке болса да есінен шығарған Қайыршы - осындай тосын сыйларымен анда-санда көшпелі бақытқа кенелтіп тұратын дос-ағасына шексіз риза болған Қайыршы - тоқ көңілмен жан-жағына қарады. Көшір төңірегін ауыз жаппай таныстырып келеді.
- Оң жағыңыздағы су қоймасында көк кит бар. Өзіңіз де білетін шығарсыз, ол әлемдегі ең ірі тіршілік иесі. Ұзындығы шамамен отыз үш метр болады. Ал, суды Тынық мұхиттан арнайы алдырған.
Хайуанаттар бағынан ғана кездестірген аң-құсын қойшы, бұрын мүлде көрмеген хайуандарының түр-түрі жүр. Піл, қолтырауын, түйеқұс, панда, арыстан, дельфин, акула сияқты бұрыннан таныс жабайы достарына Қайыршы көз қиығын салмады. Теледидардан ғана көрген түрлі тропикалық ағаштар мен өсімдіктер жап-жасыл болып жайқалып тұр. Көзге оғаш ештеңе жоқ. Бәрі жарасымды, бәрі аса көркем. Олар жоғарыдағы зәулім сарайдан әдемі бір ғимараттың алдына аялдады. Бұл енді таң қалмауға, өзін сабырлы ұстауға, мұндайды талай көрген жан болуға барын салды. Әттең, ондай қасиет о бастан жоқ еді. Екіншіден, төңірегіндегі таңғажайып жарасымға тамсана қарамау мүмкін емес болатын. Іштен бір қызметкер шығып, күйменің есігін ашты. Сосын, оққағар екеуін бастап ішке жүрді. Іште тек балауыз шамдар жанып тұр. Олардың көптігі сонша, электр жарығынан артық сәуле шашады. Оққағар тағы өзіне тән емес ептілікпен мұның құлағына жақындады.
- Сарай ішінде он үш миллион он үш мың он үш балауыз шам бар екен. Соның бәрін жағу мен өшіріп шығуды айтсаңызшы, - деді.
- Қазір дамыған технология заманы ғой. Сондай бірдеңемен жағып, өшіретін шығар, - деді бұл салмақты үнмен. Дегенмен, қызығушылық жеңіп барады. - Сонша шам бар екенін қайдан білдің?
- Бұл аймақты жер асты хандығы деп атайды. Ашылуына әлемнің әр түкпірінен ең құрметті қонақтар келді. Ойбай-ау, небір байлар, шетелдік әншілер, тіпті, президенттер мен министрлер, бәрі жүр. Біз үстінде қалдық. Ешкімнің оққағарын астына түсірмеді. Осында бір апта тойлады-ау деймін. Кейін біздің бастық бар, тағы он шақты адамға сарай ішін толық аралатты. Шам жайлы сол кезде естідім. Қызығы, мұнда бәрі он үшпен аяқталады. Он үш жолбарыс, он үш мың пальма, он үш мың он үш қызметкер деген сияқты.
- Неге он үш екен?
- Үлкен кісі он үшті кие санайды екен. Содан бәрін солай үйлестіріпті. Мына сарайда да он үш мың бөлме бар. Бөлме деген аты ғой әрине. Әрқайсысы бір-бір стадионнан кем емес.
- Келдіңіздер, қонағымыз осында, - деді қызметкер тағы бір сиқырлы есікті ашып. Мұнда да самаладай жарқыраған, әр затынан мысыңды басар құндылық пен паңдық аңқыған ат шаптырым бөлме тұр. Суы бұрқылдаған хауыз ішінде дос-ағасы жатыр екен. Екі жағында екі қолын уқалап екі қыз отыр. Бұлар жақын келіп, амандық-саулық сұрасты.
- Келдің бе, бауырым? Қалай, ғаламат әлемге еніп кеттің бе?
- Айтарға сөзім жоқ!
Дос-ағасы ақжарыла күлді. Өзің көрген Грекияда, Мысырда, Қытайда жоқ мұндай сарай! Келісесің бе?
- Иә, әрине. Не дерімді білмей тұрмын...
- Ештеңе айтудың керегі жоқ. Тек, көз суару керек мұндай сұлулыққа. Армансыз тамашалау қажет. Бәрібір тілмен жеткізе алмайсың. Солай емес пе?
- Иә, солай екен. Мен өмірі көрмеген талай дүние жолықты жол-жөнекей...
- Оның рас. Тіпті мен ойламаған қызықтар толып жатыр бұл жерде. Ал, иесінің кім екенін білдің бе?
- Жоқ. Сұрауға да шамам келмеді...
- Үлкен кісінің өзі!
- Патша ма?
- Жоқ. Одан кейінгі кісіні естуің бар шығар?
- Аа, иә. Сізден естідім ғой талай рет...
- Жер астынан мұндай сәулетті сарай салу, әр әшекейіне дейін биік талғамды талап ету, іші-сыртын дүниенің барлық асылымен толтыру, қымбат тастармен безендіру тек сол кісінің ғана қолынан келеді емес пе? Қане, сол кісінің құрметіне бір көтеріп жіберейік! - деп, дос-ағасы сәл көтеріліп отырып, қолына бокал алды. Дос-ағасы бұл сөздерді аса көтеріңкі дауыспен айтып шықты. Себебі, кез келген заттың түбінде жасырын камера тұруы әбден мүмкін. Үлкен кісінің «Барлық құпия сақталады, не істесеңдер де өздеріңнен басқа ешкім білмейді. Қауіпсіздік толық қамтамасыз етілген» деген сөзіне сене беруге болмайды деп ойлады дос-аға. Екеуі стақан қағыстырып, қымбат шараптан тартып жібергеннен кейін: - Бұл Италиядан арнайы алдырған шарап. Бір шөлмегі он мың доллар тұрады, - дегенде, Қайыршы теңселіп кетті. - Енді шешін де суға түс. Қаласаң, ана қыздардың бірі осындағы әр затпен таныстырып шығады. Ол әрине сәл кейінірек. Ал, сен өзің білетін жақта бол!
- Құп болады! - деп, екі метр оққағар екі жастағы баладай томпаңдап есікке қарай жүгіре жөнелді. Қайыршы жан-жағына ішіп-жеп қарады, қараған сайын «Шіркін...» деген саналуан ой санасын кезіп, тамсана түседі. Рас, дос-ағасының арқасында жер шарының біраз жерін аралады, түрлі ғажапты көрді. Бірақ, мына жердің көркемдігінде шек жоқ-ау. Селтиіп тұрған Қайыршыны екі қыз асықпай шешіндірді, жетелеп барып суға түсірді, сосын, армансыз булап, үйеңкі жапырағымен көк желкесінен қара табанына дейін сабалады. Жақсылап жуындырды, күллі денесін уқалап шығып, бал жақты. Мұның бәріне Қайыршы әбден үйреніп алған, әлемнің әр түкпірінде мұндайдың талайын көрген. Сондықтан, бұл жолы жасанды кейіпке енбей-ақ бәріне қалыпты жағдайдай қарап, манаурап жата берді. Арада бірнеше сағат өтіп, толық қанағаттанған Қайыршы мамық халат жамылып, дос-ағасының жанына келді.
- Қалай, жақсы демалдың ба?
- Иә, жеп-жеңіл болып қалдым!
- Бұл әлі басы ғана, қазір тағы бір қызық бар. Жүр, оған дейін жүрек жалғап алайық!
Екеуі мол дастарқанның басына келіп отырды.
- Құстың сүтін ішіп көріп пе едің? - деді дос-аға. - Мен де дәмін татып көрмегем. Міне, соны осы жерден кезіктірдім. Қане, ең жақсысынан алып келіңдерші!
Онсыз да ас та төк дастарқанға алтын жалатылған құмырамен сүт келді, көздей ғана тостаққа құйылды. Қайыршы ыдыс шетінен дәм татып көріп еді, алып бара жатқан ештеңесі жоқ екен. Соған қарамастан, «Күнде ішіп жүрген сусыным емес қой» деп, көзін жұмып түгел тартып жіберді.
- Мұндағы әр сурет, әр мүсін, әр сыйлық түгелдей түпнұсқа. Ана суреттің өзі аукционда жүз миллион долларға бағаланған. Оны қойшы, қызыл кітапқа енген аң мен құстың, өсімдік атаулының бәрін осы жерден таба аласың. Ғажап емес пе, иә?
- Рас... - деді бұл, әйтеуір үнсіз отырмау керек болған соң.
- Енді ең қызығын айтайын, осы жер асты хандығының көлемі еліміздегі ең үлкен қаланың көлемімен бірдей. Бірі теңізге шығатын, бірі құмды алқапқа бастайтын және бірі әуежайға апаратын үш жерасты жолы бар. Осының бәрін салуға қанша миллиард доллар кеткенін өзің есептей бер!
- Жерасты жолы... Бұл ел метро жолының өзін елу жыл салды емес пе? Мынаған қанша уақыт кетті екен?
- Осы дәрежеге жеткізуге бес-ақ жыл жұмсалды! Қолыңда билігің мен ақшаң болса аз ғана уақыт жетіп жатыр, бауырым!
- Бүкіл елді шулатқан халықаралық көрмелер мен әлемдік жарыстарға мұнша ақша жұмсалмаған болар. Қалай ойлайсыз?
- Оларды бұл жермен салыстыруға келмейді. Ертең қирап қалатын, ел көзін алдау үшін тұрғызылған сапасыз құрылыстар көп. Есесіне, соған жұмсалды деген есепсіз ақша есебі бар жігіттердің қалтасына түсті.
Дос-аға қарқылдай күлді.
- Дегенмен, мұндайды көп сөз ете берме. Бәрін есіңнен шығар да, жақсылап демал. Еліміздегі әр бастама - мемлекеттің абыройын көтеретін, ертеңгі күні ұрпаққа естелік болып қалатын тарихи маңызға ие! - деді сөзінің соңын тағы көтере сөйлеп.
Қайыршының басы айналайын деді. Мастықтан емес. Бұл кісілермен бірге отырғанда өліп кетсең де мас болмауың керек. Мас болдың екен, ертегі әлемінен біржола кетесің. Ертең сені ешкім танымайды. Тіпті, бұл күнде өзімсініп сөйлесіп, әзілдесуге жарап қалған манағы еңгезердей оққағардың өзі-ақ сирағыңнан ұстап, басынан екі-үш айналдырып күншілік жерге лақтырып жібереді. Қысқасы, мастықтан емес, осынша байлықты ақылына сыйдыра алмай басы мең-зең болып барады.
- Мұнда әлемнің әр елінен арнайы келіп демалатындар бар. Біздің елдің басшысы да осында болуы ғажап емес. Өйткені, мұнда барлық жағдай жасалған. Жер бетіндегі кез келген климаттың әдемі бір бөлігін осыннан таба аласың. Ең бастысы, мұнда барлық қауіпсіздік сақталған. Біреу тосыннан суретке түсіріп алады-ау, әлдекім сыртымнан көріп қояды-ау немесе қастандық жасайды-ау деген күдік жоқ. Әркім өзі қалаған аймақта жайбарақат демалып жатыр!
Екеуі жақсылап тамақтанды, шөл басты. Қайыршы дос-ағасының сырын бір кісідей біліп қалған. Сондықтан, өзін белгілі дәрежеде еркін сезініп отыр.
- Енді мен екі-үш сағат көз шырымын алайын. Сен айналаны бір шолып шық. Тек, бөлмеден шығам деп арандап қалма. Мұнда рұқсатсыз ешкім кіріп-шықпайды!
Дос-аға екі қыздың ортасында тербеліп кете берді. Мұны бір қыз балауыз шамдарға қарай бастады.
- Мына шырағдан батыстан арнайы алдырылған. Он жетінші ғасырда патша сарайында тұрыпты. Қазіргі құны...
Жолбастаушы қыз әр заттың жанына аялдап, арғы-бергі тарихын айта келіп, бағасына тоқталғанда Қайыршы талықсып кетеді. Сосын, жер бетіндегі, өзінің ақыл-ойы жететін дүниелермен салыстыра бастайды. «Сонда мына кішкене құмыраның бағасына менікіндей он үй алуға болады екен-ау!» «Мына әшекейді сатсаң тәп-тәуір байдың бірі болып шыға келесің ғой!» Осындай қиялдың жетегіне ерген Қайыршы бірнеше хауыздың жанына келіп тоқтады.
- Мына хауызда жылқы сүті, ана хауызда түйе сүті толтырылған. Мұнда ешкі сүті. Ал, ана ең шеткісінде ана сүті...
- Ана сүті несі? Кәдімгі әйел адамның сүті ме?
- Иә. Жаңа босанған әйелдердің сүті.
- Ойбай, мына хауызды толтыру үшін қаншама сүт керек?
- Иә, дұрыс айтасыз. Көп сүт қажет. Ең бастысы, мұндай хауыз бұл жерде біреу ғана емес қой!
- Сонда қанша?
- Жалпы санын білмедім. Бірақ, өте көп екені анық!
- Мәссаған! Таппайтындары жоқ-ей. Мынау мен мүлде ойлап көрмеген қызық нәрсе екен! - деді Қайыршы таңданыспен және «Мен де бекер адам емеспін!» дегенді аңғартатын мақтанышпен.
- Оның несі қызық? Елімізде қаншама сәби уызына жарымай өсіп жатыр. Қаншама ана босана салып, еркінен тыс есепке алынып, баласын ең болмаса бір рет еміреніп емізе алмай, қақтап сауылып, сүтін осында жіберіп жатыр...
Бұл сөздер Қайыршыға әсер етпеді. Мүмкін бір кездерде, расымен-ақ қайыршы кезінде жүрегі селт етер ме еді, ал қазір, байлыққа әбден құнығып алған, мен де осылардай бай болсам ғой деген арман күні-түні жанына маза бермейтін шақта ол өзінен төмен адамдарға пысқырып та қарамайтын. Оларды тек ақпарат алуға, жұмсауға, түрлі қажеттілікке пайдалануға арналған деп есептейтін.
- Сонда бұл күнде жаңартыла ма?
- Әр адам түсіп шыққан сайын жаңартылады!
- Адам түсіп шыққан сүтті не істейсіңдер?
- Шынымды айтайын ба?
- Әрине!
- Негізі, бізге сарай ішін таныстырудан өзге ақпаратты таратуға болмайды. Сіз өзгелерге ұқсамайды екенсіз. Сондықтан, айтайын, ана сүтінен басқасын біз қайнатып ішеміз!
- Не-ме-не?
- Иә. Осында он мыңдаған жұмысшы бар. Солардың бәрі қарық болып жүр деп ойлайсыз ба? Бәріміз сіздерден қалған тамақтармен күнелтеміз.
- Бізден қалғанды жесеңдер бақыттысыңдар ғой. Әне, дастарқанның шеті бұзылмай сол күйі қалды.
- Түсінбедіңіз. Бүтіндерін сақтап қоямыз. Тек, тістелген, жартылай желінген тағамдар мен ұртталған сусындар ғана бізге бұйырады.
- Оның өзі де жаман емес!
- Менің жұмысым аяқталды. Енді былай жүріңіз, - деді Қайыршыдан күдер үзген жолбастаушы қыз. Ол қалған сүтті жоғарыға шығара алмай отырғандарын, байлар бір шомылып шыққан сүттің өзіне жер бетінде талай адам зар болып жүргенін айтқысы келген. Амал қанша? Артында өзіне сұқтана қарап келе жатқан Қайыршыдан аз да болса үміт етіп еді. Ол да көптің бірі екен. Керек десеңіз, мұны түсінбек түгіл, ту сыртынан құшақтай алып, шетке сүйреді.
- Мен тек жолбастаушымын. Ондай қызметке басқалар бөлінген. Бағана бері өзіңіз де көрдіңіз ғой. Қаласаңыз қазір-ақ шақырып берейін, - дегеніне қарамады...
БӘРІҢІЗГЕ ТАНЫС ИІС
Қайыршы өте көңілді. Көңілді болмай қайтсін, дос-ағасының жанында. Ішкені алдында, ішпегені артында. Уайым, қайғы жоқ. Айналасына паңдана қарайды. Дегенмен, паңдана қарайтынын дос-ағасынан жасырады. Дос-ағасының дәрежесіндегі адамдардан да жасырады әрине. Ал, басқаларды тапап өтуге бар. Кісімісің, итпісің демейді. Бар арманы, дос-ағасындай өтімді болу. Солардай шалқып-тасып жүру. Дос-ағасы осы елдегі кез келген жерге рұқсатсыз, тексерусіз кіре беретін санаулы адамның бірі. Өз елі ғана емес, бірнеше көрші елге емін-еркін қатынай алады. Чартерлі ұшақ айтқан аймағына тегін апарып тастайды. Өте шұғыл шаруасы болса жол сақшылары бастап жүруі мүмкін, бірақ, тоқтата алмайды. Қарапайым халықтың зықысын шығаратын газ, жарық, су тәрізді әлеуметтік төлемдердің бәрінен босатылған. Босатылмаса да тексерушілер қақпасының маңынан жүре алмайды. Үй-жайларын айтпағанның өзінде, қара басын бес оққағар күзетеді. Ел бір көлікке жанармайды зорға тауып жүрсе, дос-ағасының көлігінің соңынан жол талғамайтын екі көлік бостан босқа салақтап ереді де жүреді. Бұл сән бе, сақтық па, Қайыршының миы жеткен емес. Бірақ, осы сән-салтанат өзіне ерекше ұнайды. Алда-жалда жолға шыға қалса, терезені ашып қойып, «Мені көрдіңдер ме?» дегендей, шіреніп-ақ отырғысы келеді. Амал қанша? Терезені ашуға болмайды! Көңілі түскенде әр нені сөз етіп, қарқылдап күліп отыратын дос-аға керек кезінде көзінің қиығымен-ақ бәрін зыр қақтырады. Бойлары көк тіреген оққағарлары айтарға сөз таппай қипақтап кетеді. Ал, әлдеқандай шаруамен қабылдауына келген адамдар өзін-өзі айыпты сезініп, ісі біткенше берекесі қашып болады. Сол дос-ағасы бүгін сәл тұнжыраңқы. Яғни, өзі әлдене демесе тіл қатпау керек. Ең бастысы, жанында жүр ғой. Қайыршыға соның өзі үлкен олжа!
- Бүгін бір ерекше жерге барамыз, несімен ерекше екенін барғанша айтпаймын. Қызығы кетіп қалады! - деді дос-ағасы. Енді сөйлей беруге болады, өзі соны қалап тұр.
- Қала маңы ма?
- Жоқ, қаладан ғана емес, біздің елден жырақта. Жырақта болғаны өте дұрыс болған негізі!
Ол ақтарыла күліп алды. Ештеңенің байыбына бармаса да Қайыршы ілесе күлді.
- Бір көңілді жер-ау деймін?
- Болжап бақ. Түрлі болжам жаса. Бәрібір таба алмайсың. Бірақ, бұл күн есіңде мәңгі қалатынына бәс тігем! - деді де дос-ағасы тағы күлді. Бағанағыдай емес, қабағы ашылайын деген сияқты. Сосын, есіне әлдене түскендей жан-жағына қарады да:
- Дәретке барғың келген жоқ па? - деді. Басқа басқа, бұл кісіден дәл осындай сауалды өмірі күтпепті. Қапілемде не дерін білмей қалды.
- Барғың келсе, жоқ, барғың келмесе де дәретханаға кіріп жақсылап жеңілдеп алғаның жөн!
Дос-ағасының сөзі талқыланбайды. Қайыршы құлдыраңдап жүгіре жөнелді. Шаруасын тындырып қайта оралғанда жандарына күзет бастығы келді.
- Басеке, бәрі өзіңіз айтқандай дайын болды!
- Онда не тұрыс? Кеттік, ерте барсаң, ерте қайтасың деген! Кәрі мыстаннан тез қайтуға барымызды салайық!
Ол жылы жымиып көлікке беттеді. Оққағарлары дос-ағаны есікті ашып күтіп алып, отырған соң, есікті жапты да өз көліктеріне қарай жүгіре жөнелді. Қайыршының қай көлікке отыратыны дос-ағаның көңіл күйіне тікелей байланысты. Ол кейде бір іске риза болып, беталбатты сөйлеп отырғанда мұны жанына алады. Ал, әлденеге алаң болып немесе оңаша ойланып отырғанда көлік жүргізушісімен ғана жүреді. Ондайда Қайыршы арттағы екі көліктің біріне қонжияды. Қайыршыға бәрібір. Дос-ағаның алдында күй талғамайды. Қалай қаласа солай істейді. Дос-ағаның жанында сақтана сөйлеп, ретімен күліп отырады да, оққағарлармен бірге кетсе сәл еркінсіп, маңғаздана қалады. Олардан сыр суыртпақтап, аңызға бергісіз небір оқиғаларды сұрап біледі. Алайда, олар тым сақ, сөзге өте сараң. Бұған көздері үйреніп, өзімсіне бастаған кейінгі жылдарда болмаса алғаш мүлде ашылған емес. Әуелі түксиіп отырған түрлерінен бұл кәдімгідей сескенетін. Олармен оңаша қалмауға тырысатын. Қазір ғой сампылдап сөйлеп, ретті-ретсіз әзілдеп қоятынды шығарып жүргені. Қысқасы, ол бұл жолы дос-ағаның көлігіне жайғасты. Тыста жиі сөйлеп, жиі күлген ағасы қайтадан тына қалыпты. Көліктің бірқалыпты ызғытқан үні ғана тыныштықты бұзып тұр. Бір жамбасыңнан екіншісіне аунап түсудің өзіне батылың бармайды. Қаладан шыққан соң қалыптасқан тәртіпті өзі бұзып, дос-ағасы терезені ашты.
- Пах, неткен таза ауа! Құдай-ау, осының да қадірін білмей отырған қаншама нақұрыс бар мына әлемде! - деп сақылдап күлді. Қайыршы ілесе күлді. Дос-ағанікі қаншалықты шынайы болса, Қайыршының күлкісі соншалықты жасанды еді. Бояуы әлі қашпаған жап-жасыл даламен асқан жылдамдықпен сырғыған көліктер тізбегі екі-үш сағатта шекараға келіп қалды. Осы кезде арттағы дәу көліктің бірі бұларды басып озып, кеден қызметкерлерінің жанына тоқтады. Бұлар кеден қақпасына келіп үлгергенше ол айқара ашылды да, көліктер тоқтамастан зуылдап өте шықты. Көрші елдің халықаралық жолымен тағы үш сағаттай жүрген көліктер тізбегі үлкен жолдан бұрылып, тау баурайына бастайтын жіңішке жолға түсті. Жол жіңішке болғанымен теп-тегіс екені, жиі жаңаратыны көрініп-ақ тұр. Оң қол жақта, шамамен жиырма, отыз шақырым жерде алып қала қол бұлғайды. Біраз жүрген соң дос-аға терезені жапты.
- Енді жаппаса болмайды. Қош болып тұр саф ауа!
Қайыршы күле бастап, тоқтай қалды. Себебі, бұл жолы дос-ағасы күлмеді. Сәл шалқайып, аяқтарын созды да алдына мағынасыз қарап отыра берді. Зулаған көліктер өзі талай көрген алып сарайлардан көп айырмасы жоқ бір ғимараттың алдына келіп тоқтады. Күзетшілер шығып, алғашқы көлікті толық тексерді де ішке кіргізді. Қалған екі көлік сыртта қала берді. Қақпадан көп ұзамай үш қабатты үйдің алдына келіп тоқтағанда дос-ағасы Қайыршыға қарады. Мұндай көзқарасты күтпеген ол не істерін білмей дегбірсізденіп кетті.
- Қандай жағдай болса да өзіңді мықты ұста. Ештеңеге сыр берме!
Сөйтті де жүргізушісі ашқан есіктен сыртқа шығып бара жатты. Ескерту сөздің мағынасын ұқпаса да Қайыршының мұрнына ашық есіктен бір иіс келді. Өте таныс иіс! Оны бажайлап жататын жағдай қайда? Ол да секіріп түсіп, аяңдап бара жатқан дос-ағасын қуып жетті. Әлдене дегісі-ақ келеді, әттең, батылы жетпейді. Оларды есік алдынан егде тартқан бір кісі күтіп алды. Түр-келбетінен, киім киісінен, қолындағы асыл тастармен көмкерілген таяғынан бай-бағылан екені анық байқалады. Екі төре құшақтасып амандасты, бір-бірін талайдан көрмей сағынысқан жандарша, құшақтарын бірден ажыратып жібермей ұзақ арқа қағысты. Содан кейін барып дос-аға артына бұрылып, бұған қарады.
- Мына жігіт, әлгі өзіңізге айтқан әңгімем есіңізде ғой...
- Иә, иә. Ала келген екенсің ғой. Қане, батыр, қолыңды бер!
Қайыршы қос қолын ала жүгірді. Өзін мынандай мықты сырттай біледі деп кім ойлаған? Үй иесі тым қатты тебіренбеді. Өзі сұрап алған қолды өзі қомсынғандай, бір сілкіп қоя берді. Бұған да мың шүкір!
- Дұрыс, балам. Үлкен азаматтық жасағансың! - деді бетіне көз тоқтатып қарамай. - Ал, енді не тұрыс? Үйге кірейік.
Өзі бастап ішке енді. Бұған дейін Қайыршы дос-ағасына ілесіп талай жерге барды, рас. Дегенмен, әр жерден алған әсері әртүрлі. Бірі бірінен өтетін, бірі бірін қайталамайтын немесе бір тосын дүниесімен ерекшеленіп тұратын бұл бір ғажайып әлем еді. Енді міне, тағы бір молшылыққа кірді де кетті. Үйдің қабырғаларына алтын-күміс жалатылған. Ортадағы бағаналар тек лағыл тастармен көмкерілген. Қарапайым бір зат табылсашы маңайдан. Тек, барлық жерден жаңа өзін күтіп алған бір иіс, таныс иіс шығады. Олар үлкен ас бөлмеге кірді. Дастарқан әдеттегідей сықай толып тұр екен.
- Француз шарабын қош көруші едің ғой. Міне, бірнеше түріне бір-ақ тапсырыс бердім. Анау-мынау емес, тап отанынан алдырдым!
- Көп рахмет! Сіздің жоғары талғам иесі екеніңізді жақсы білем!
- Саған рахмет! Қарт адамдар сәл ғана жылы сөзге масайрап қалады. Қане, тамақ алыңдар!
Қайыршыны тағамның саналуан түрі баурап-ақ алып барады. Қара, қызыл уылдырық, басқа да теңіз өнімдері тәбетті ашып, сілекейді шұбыртып тұр. Әттең, сол иіс... Дастарқанда сағатқа жуық әңгіме-дүкен құрған меймандарды бастап, үй иесі қонақжайға қарай жүрді.
- Басқа бөлмелерді, бақты сен талай араладың ғой. Ол жақта көп өзгеріс жоқ. Қызық міне, мұнда!
Олар қонақжайдың іргесіндегі жуынатын бөлмеге кірді. Жуынатын деген аты болмаса көлемі кішігірім спортзалдай екен. Ең ғажабы, хауыз да, қолжуғыш та, унитаз да, айнаның жақтауы, есіктің тұтқасы дейсіз бе, бәрі-бәрі алтыннан жасалыпты. Қайыршы ғана емес, мына көрініске дос-ағаның өзі таңырқап қалды.
- Өткенде үлкен кісілермен дастарқандас болдым. Бәрі де айтылды, саясаттың қазіргі беталысы, экономика, мұнай дейсің бе, бәрі. Сонда ерекше қызық естідім. Үндістанда бір бай таза алтыннан жейде тоқытып киіпті.
- Иә, естігем. Көп ұзамай өлтіріп кетті.
- Солай ма? Қап, онысы болмаған екен. Неге сақтанбады а? Қорғаушылары қайда? Жарайды, ол өз шаруасы. Менің айтайын дегенім, тағы бір елде унитазын таза алтыннан жасатқан бай бар дейді.
- Иә, білем.
- Осы сенің естімеген, білмеген бірдеңең бар ма өзі?
Екеуі қосарлана күлді. Қандай таза, қандай жарасымды күлкі. Қайыршы екеуіне қызыға қарады.
- Дұрыс. Білген жөн. Сенің жасыңда мен де көп білетінмін. Қазір қартайдық. Дегенмен, сен менен көп білесің. Ұзаққа барасың!
- Осы жетістіктің бәрі сіздердің арқаларыңыз!
- Әй, қу бала! Сөз табасың! Сонымен, қалай? Солардан қалам ба деп, осының бәрін жасатып тастадым. Жөн емес пе? Келген-кеткен кісілер көрсін, біздің елдің байлары қалай тұратынын, ешкімнен кем емес екенін. Солай емес пе?
- Әрине!
- Осы ілгері-кейінде біздің ұлтта осындай аты шыққан бай болды ма? Одан хабарың бар ма?
- Баяғыда ақша жаңа шығып жатқан уақытта екі атақты бай қағаз ақшамен самауыр қайнатудан жарысқан деген сөз бар. Ал, дәл мынадайды рас естімеппін...
«Дәл мынадай оспадарлықты естімеппін де, көрмеппін де» деп-ақ айтқысы келді. Амал қанша? Ондай сөзді дос-аға айта алмайтын жерлер де бар еді. Сондықтан тезірек кетуге асықты.
- Сізге келсем әкемді көргендей бір жасап қалам. Әттең, жиі келе беруге мүмкіндік жоқ. Қазір де уақыт тығыз еді, рұқсат болса біз жүрейік...
- Әй жастар-ай! Асығасыңдар да жүресіңдер. Әлгі біздің жалғыз ұл да қапылып жүреді. Тындырып жатқан ештеңесі жоқ.
- Неге олай дейсіз? Шаруасына мығым ғой.
- Жоқ, ол маған тартпаған, тартпаған деймін. Әр ісінен-ақ білініп тұр.
- О не дегеніңіз? Қимыл-әрекетіне дейін өзіңіз емес пе?
- Түр-келбет пен қимыл-әрекетті қойшы. Тірлігін айтам. Мәселен, ол үлкен дәретке жұмыстан немесе көшеден отырып келеді...
- Айтқансыз, ағасы, айтқансыз. Амал нешік...
- Әй, айтпақшы, әлгі жаныңдағы бала қайда? Оған ескертіп пе едің?
- Ескертілген. Үйден шығарда ол да, мен де дәретханаға арнайы барып, қыжалатымызды өтеп алғанбыз.
- Онда ол қайда кетті?
- Қайда кетсін? Әне, ту сыртыңызда суреттерді тамашалап жүр.
- А, иә, ал онда мен осыннан қалайын. Сендерді балалар шығарып салсын!
- Иә, сіз әуре болмаңыз. Жаңа шығып қарсы алғаныңыздың өзі бізге үлкен мәртебе! Әттең, ана жүгермектер көрмеді. Бір мақтанып қалар ем...
- Ә, достарың ба? Оларды тым суқаным сүйе бермейді. Көпшілік бас қосқан жерде болмаса әңгімеміз жараспас. Байлық қуған, билік қуған қулар өңшең. Ал, сен, сен жарайсың!
Екеуі тағы біраз қауқылдасып, дәл келгендегідей ұзақ арқа қағысты. Сосын, күзетшілердің бірі бастап, бірі қостап шығар есікке беттеді. Көлікке жақындай бергенде дос-ағасы жанай жүріп, сыбырлап: «Сол жақ қапталыңдағы дәу бөшкеге анықтап қарашы» деді де жүргізушісі ашқан есіктен көлікке сып берді. Дос-ағасының жанында жүріп біраз қулық-сұмдыққа жетік болып қалған Қайыршы жүрелеп отыра кетті. Күзетшілерге байқатпай аяқ киімінің бауын ағытып жіберіп:
- Бауы түскір шешіліп кете береді, - деді.
Күзетшілердің ойында ештеңе жоқ. Құлақтарына тыққан байланыс құралдарының дыбысын тексеріп, жанында жайбарақат тұр. Бұл осы сәтті пайдаланып дәу бөшкеге ұзақ қарады. Шамамен он тонна болатын алып бөшке биік тор шарбақпен қоршалыпты. Шарбақтың ішінде екі төбет бос жүр арпылдап. Көзге ілігетін басқа бәлендей ештеңе жоқ. «Нені байқамай қалдым?» деп қуыстанған Қайыршы бұдан ары бөгелудің ретін таппай көлікке отырды. Үнсіздік. Көлік зулап келеді. Күре жолға жақындағанда дос-ағасы терезені ашты.
- Ар ма, саф ауа!
Қайыршы ештеңенің байыбына бармастан танауын жарған таза ауаны құшырлана жұтты. Шынымен-ақ тұмса табиғаттың, әр тал шөптің бойынан аңқып шыққан таза ауаға не жетсін!
- Не байқадың? - деді дос-ағасы.
- Тор шарбақпен қоршалған алып бөшкені, бос жүрген екі итті... басқа ештеңе байқай алмадым, - деді Қайыршы күмілжіп. Кейде бір тауып кеткенінде «Еркек! Сенен бірдеңе шығады!» деуші еді дос-ағасы. Бүгін оның реті келмейтін сияқты.
- Ал, иіс қалай? Иіс таныс па?
- Иә, таныс!
Дос-ағасы қарқылдай жөнелді. Қайыршы ілесер-ілеспесін білмеді. Жаман десе жаға ма, жақсы десе жаға ма? Ол жағын ажырата алмады.
- Таныс болса, қолқаны қабар сол мүңкіген иістің ортасында бықсып-шіріп тұрып жатқан ана ағаң өзін әлемнің кіндігі санайды. Атаңа нәлет, сасық теке!
- ...
- Өзін ғана емес, айналаның бәрін бүлдіріп болды. Мына жер қандай керемет еді. Табиғаты сұлу, ауасын айтсаңшы. Қалаға тиіп тұр. Ең бағалы жердің бірі. Ел басшысының асты-үстіне түсіп жүріп иемденіп, қоқысқа айналдырды. Қоқыс бер жағы ғой, шошқа қора қылды.
- Сонда қалай?
Қайыршы тілге келді. Үндемей отыра берудің еш реті жоқ еді.
- Солай. Бұл сараң ит тезегін төгуге қимайды. Ана тұрған дәу бөшкеге үлкен дәретін жинап жатыр. Осы күнге дейін толуға айналған шығар. Ал, иісі, иісін жаңа өзің көрдің, жер-әлемге жайылып кетті. Анау толса немесе алда-жалда төгіле қалса бәріміз уланып өлеміз!
- Сонда оны өзі сезбей ме?
- Сезбеуші ме еді? Жер астындағыны сезеді ол! Тек, өзін өте жақсы көреді. Өзгелер де жақсы көреді деп ойлайды. Әуел десең қызметкерлерін ғана емес, келген қонақтарын бақылап отырады. Жиіркенсең немесе тыжырына қалсаң біттің!
- Онда не үшін барасыз?
- Бармайтын шама қайда? Бұлар аждаһа ғой. Қарсы келген күні жұта салады. Жер астындағы хандық есіңде ме?
- Иә, есімде!
- Ол жаққа да үш айда бір рет барып өз еркіңмен тоналып қайтуың керек. Бағасы ғой удай! Мына жерге де алты айда бір келіп сый-сияпатыңды бермесең, өз обалың өзіңе! Туыс-туғаның сүйегіңді таппай қалады!
- Абырой болғанда ұлы өзіне тартпапты...
- Оны кім айтты?
- Жаңа өзі айтты емес пе? Ренжіп тұрды ғой...
Дос-аға ақтарыла күлді.
- Әй, бауырым-ай! Алма алма ағашынан алысқа түсе ме? Ұлы әкесінен өткен ит. Нағыз бықсықтың өзі. Әкесі тезегін далаға тастауға қимай үйіне жинап жүрсе, баласы үйдегі дәретхана толып кетпесін деп, үлкен дәретке жұмыстан немесе көшеден отырып келеді. Бағана ол соны айтты. Ұқсамаған түрі осы!
- Ааа...
Қайыршы расымен-ақ қайран қалды. «Ойбай-ау, қанша отырса да ана байтақ дала үрім-бұтақтарына жетпей ме?»
- Дарақы неме! Жуынатын бөлмемді алтындадым деп мәз. Кім көреді оны? Кімге таң қазір ондай салтанат? Бәрі келгеннен кеткенше асығады. Бұл жақты сыртынан «Тозаққа сапар» деп атаймыз. Керемет атау емес пе?
Дос-ағасы тағы күлді. Бұл жолы зілсіз, шынайы күлді. Қызықсыз сапардан аман-есен қайтқанына риза сияқты.
- Ең жақсы моншаға тарт. Мына киімдерді өртеп, өзіміз әбден тазаланбасақ ауруға ұшырармыз. Сен көлікті жақсылап жуғыз, аналарға да солай де!
- Ұқтым, басеке!
КӨРШІ ЕЛДЕГІ АХУАЛ
Қайыршы бүгін тағы шекара асты. Бұлай болады деп ғұмырында ойлап көріп пе? Өз еліне өзі қонақ болып келе жатыр, айналасына жұтына, емірене қарайды. Дос-ағасының арқасында шекарадағы жүйкені тоздыратын тексеруді, кезекті көрген жоқ. Бағдаршамнан өткендей зу ете қалды. Керек десеңіз ешқайсысы көліктен түспеді. Бір күн ішінде дос-ағасы бірнеше жерге кіріп шықты. Бұл баруға болатынына ілесе барады, болмаса, көлікте жүргізушінің жанында қалады. Қағанағы қарық, сағанағы сарық. Көңілі қош!
Арада бір күн өтіп, шаруасының бәрін реттеген соң дос-аға:
- Бір жерге кіріп шығу керек. Қаламасақ та баруға тура келеді, - деді. Қай жер екенін, не үшін баратындарын айтпады. Оны тәптіштеп сұрап жататын шама қайда? Үйдей үш көлік тізіліп тауға қарай жүйтки жөнелді. Қаладан ұзап шығып, тау бөктеріне көтерілгенде күзет бекеті жолықты.
- Тоқтаңдар! – деді дос-аға. - Сен ана көлікке ауыс. Бізді осында күтіңдер!
- Құп болады!
Оққағар көліктен түсіп қалды. Артта ілесіп келе жатқан екі көлік сол жерде қала берді. Жүргізуші үшеуі ғана отыр.
- Неге өйттіңіз? - деді Қайыршы біртүрлі жалғызсырап. Өмір бойы оққағарлармен жүргендей көңілі қоңылтақсып-ақ қалды. Мына сұрағым орынсыз болды ма деген ыңғайсыздық та жоқ емес.
- Бұл жақтың талабы солай. Қазір сенің еліңнің нағыз қорқауына барамыз. Оған күзетпен барсаң «Мені шауып алуға келдің бе?» деп, айықпас дауға іліктіреді. Өзіңді дұрыс ұста. Сұрақ қоймаса сөйлеме. Артық, оғаш қимыл болмасын!
- Ана жақта қала беруім керек пе еді?
- Жоқ. Сен жайында біледі. Бір келгеніңде ерте кел деген!
Қайыршы шын сасайын деді. Баяғыда көшеде жалғыз келе жатқанда біреу ту сыртынан ысқырса «Кім екен?» деп зәресі ұшатын пақыр бәрінің алдында шалбарын бүлдіріп алмаса жарар еді...
Көлік тауды бөктерлеп келіп бір қайқаңға шыға келді. Қолмен тегістегендей қозы көш жер ашық жазық екен. Жап-жасыл болып ерекше көз тартады. Айналаны асқақ қарлы шыңдар қоршап жатыр. Жазықтың төрінде зәулім сарай тұр. Айналасы кәдімгі әскери алаң сияқты. Әр жерде екі қабат үйге жете қабыл қарауыл мұнаралар. Үстінде қарулы күзетшілер. «Құдай-ау, қайдан келдім? Бұл мені неге сұрай қалды? Менде несі бар? Қазір ол не сұрауы мүмкін, мен не деп жауап берем?» Қайыршының басы қатты. Көлік сырғытып келіп сарайдың алдына тоқтады. Күре жол осы жерге келіп бітеді екен. Ары қарай ешқайда бастайтын жол жоқ. Іштен күзетшілер шықты.
- Кіре беріңіздер! Біз аса құрметті меймандарымызды тексермейміз!
- Көп рахмет! - деді жүргізуші. Күзетшінің бірі көлікке отырып, жол бастап жүрді. Мұнда жәй адамнан, қызметкерлерден қарулы әскер көп сияқты. Әр бұрышта бірден тұр. Әлде бір майданға дайындалып жатыр ма? Ұғып болмайсың. Көлік үйдің екінші қабатына дейін көтерілді.
- Сіздер осында күте тұрыңыздар! Ұлы-ағам қазір келеді! - деді де жолбастаушы көлікпен қайта төмен түсіп кетті. Дос-ағасы екеуі терезеден сыртқа қарап тұр. Қайыршының көңілінде сан сауал сенделіп жүр. Тек, қоя алмайды. Жайшылықта ретін тауып қоюға болар еді. Ал, мынадай қабылдауларда артық сөйлемек тұрмақ, жөнсіз жөткірінуге болмайды. Оны Қайыршы біліп алған. Көп ұзамай жаңағы күзетші қайта келді.
- Кешіріңіздер, сіздерді Ұлы-ағам бақшаға шақырып жатыр. Ас дайын болғанша серуендей тұрайық дейді!
- Ұлы-ағамыз қалай десе, солай болады! - деп, суық жымиды дос-аға. Дос-аға бұлай әлденені жаратпағанда жымиятын. Қайыршының жүрегі солқ ете қалды. «Маған артық қимыл жасама дейді. Өзі бірдеңені бүлдіріп алмаса жарар еді...» Балалардың ойыншық көлігінен сәл үлкен машинаға дос-ағасы екеуін салып алып, күзетші бақшаға қарай тартты. Мұндай көліктерге дос-ағасы гольф ойнағанда Қайыршы талай мініп көрген. Сондықтан, тым таңсық дүние емес. Олар жеміс ағаштарының ішімен біраз жүріп, тауға сұғына барып тоқтады. Құстың үнін тұншықтырып иттердің ызалы арсылы үздіксіз естіліп тұр. «Осылар итке неге сонша құмар екен? Қайда барсаң кемі екі төбет алдыңнан шығады» деп ойлады Қайыршы. Анандай жерде қолында шикі ет бар, ұзын зерлі шапан киген аласа бойлы қасқа бас біреу тұр. Шіренген түріне қарағанда Ұлы-аға осы. Жанында екі оққағары, дәу тегене тиеген қоларбасымен бір жұмысшы бар. Бұлар жақындап қалғанда иттердің үні тына қалды, зерлі шапан иесі етін ыдысқа салып, қолын майлықпен жақсылап сүртті. Әдеттегідей бұл екі мықты да құшақ айқастырды, ұзақ арқа қағысты. Бір-бірін жібермей ұзақ қарасып, қайтадан кеуде түйістірді.
- Қош келдің, бауыр! Сені осы елдің құрметті азаматы деп жариялаймын ба деп жүрсем, жоқ болып кетесің. Әлде ойың бұзылып жүр ме?
- Жоға. О не дегеніңіз? Ойым неден бұзылсын?
- Білмеймін, білмеймін. Кейбір азаматтарың біздің елден бизнестерін алып кетіп жатыр деп естимін. Қаржыларын да біздің банктерде сақтамайтын болған ба, қалай?
- Ол жағын естімедім, Ұлы-аға!
- Естисің. Неге естімейсің? Өз еліңдегі ғана емес, бұл елдегі ахуал да сенің назарыңнан тыс қалған емес! Қалай, шаруаң дөңгеленіп тұр ма?
- Иә, бәрі сіздің арқаңыз! Сіздің арқаңызда Алтынтаудан он гектар енші алдым, енді соны игеру керек!
- Игеру керек дейсің иә? Игер, игер. Берілген мүмкіндікті қалт жіберме. Бірақ, бізбен санасуды ұмытпау қажет. Солай емес пе?
- Әрине. Бұл елде сіздің келісіміңізсіз түскі ас ішкен емеспін!
Екеуі жарыса күлді. Сәтті қалжың Ұлы-ағаға жақса керек.
- Дегенмен, елдегі қазіргі ахуал қитығыма тиіп бітті. Байқаған боларсың, күзеттің санын арттырдым. Балақтағы бит басқа шыға бастады. Соны сенің жерлестерің де сезіп, «Есің барда еліңді таптың» керін келтіріп жатыр. Ел тынышта келді, байлықты кенеше сорды. Енді ел басына күн туғанда зытам дейді. Олай болмайды! Оған біз жол бермейміз! Маған жеткен ақпар бойынша, бірді-екілі байшыкештер шекарада ұсталыпты. Ондай ұсақ-түйекке мен араласпаймын. Ол өкіметтің жұмысы. Ал, сен сияқты алпауыттар тікелей бақылауымда! Бұл әрине саған қатысы жоқ әңгіме. Сен жақсы жігітсің, опасыз емессің. Бірақ, «қызым саған айтам, келінім сен де тыңда» деген бар емес пе?
Ұлы-аға қарқылдай күлді. Дос-аға да ілесті.
- Сеніміңізге бек ризамын. Ісіммен ақтап жүрмін, ақтай берем деп ойлаймын!
- Ойласаң, көмегің керек. Сол үшін шақырдым. Мына малғұндарды күш алып кетпей тұрғанда тыныштандыру керек. Соған еріктілерден арнайы жасақ құрып жатырмыз. Осы жерден нан тауып жүрген жерлестеріңнің басын қос. Ол сенің қолыңнан келеді. Қауіпсіз жерді өзім тауып берем. Он миллиард доллар жинап бере алсаңдар біз де тыныш, ел де тыныш. Сендер де алаңсыз осында қала бересіңдер!
- Ойланатын дүние екен!
- Ойланатын түк те жоқ. Осы елдегі келімсектердің бәрінің тізімі менің алдымда жатыр. Бір ғана сенің еліңнің өзінен үш жүзден аса қайыршы менің еліме келіп адам болды. Бәрі шетінен миллионер! Ал, солар кеше кім еді? Мынандай топалаңның алдында соның бәрін тыр жалаңаш жіберсем маған ешкім қой демейді. Бүлік шығып жатқан елден әлгі не деуші еді, «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» дей ма? Ешқайсысы қайта келіп дүниесін даулай алмайды. Тірі кеткеніне қуанар қайта!
- Ол жағы түсінікті ғой. Мен тек ойланып іс қылайық деймін.
- Аа. Оның жөн. Оны асықпай ойланамыз. Ал, қазір менің нағыз адал достарыма қарашы! Қане, ашыңдар, - деді ол оққағарларына. Сол кезде өздері тұрған жерден екі-үш адым қашықтықта жап-жасыл көкорай ақырын жылжып, ашыла бастады. Қайыршы ештеңе түсінер емес. Есік пен төрдей жер қақ айырылып, төменнен терең ұра пайда болды. Бағана өздері келе жатқанда арсылдап жатқан иттердің үні енді осы ұрадан ап-анық естілді. Бұлар таяп қалғанда жаба қойған секілді. «Бәсе, мана үздіксіз арсылдап жатқан иттер жер жұтқандай неге тына қалды десем, расымен-ақ жер жұтқан екен ғой» деп Қайыршы таң-тамаша.
- Міне, осы ұрада менің ең сенімді серіктерім өмір сүріп жатыр. Бұл ұраның өн бойында қаншама құпия жасырынып тұр. Оның бірін білмейсіңдер сендер. Қане, етті берші.
Ол бағана қолына ұстап тұрған етін қайта алып, ұраға еңкейді.
- Қане, қане, қайсысың барсың? Арландарым, арыстандарым! - деді де кері бұрылды. - Арыстан демекші, бұларға арыстан мен аюыңның өзі түк емес. Көзді ашып-жұмғанша тас-талқанын шығарады.
- Бұлар сізге не үшін керек?
- Не үшін? Сен де кейде баланың сұрағын қоясың. Мәселен, мынау - деп, Ұлы-аға жұмысшыға қарады. - Өзін өте зор санайды немесе менімен санасқысы келмейді. Ескертуді елемейді, салық төлемейді. Сонда мен не істеуім керек? Әрине сенімді достарыма жүгінем. Түсіндің бе?
- Иә, түсіндім!
- Жоқ, сен түсінген жоқсың. Сендерге көрсетпесе түсінбейсіңдер! Қане!
Ол оққағарларына иек қақты. Екі оққағар ербиіп тұрған жұмысшыны алды да тырбаңдатып апарып ұраға лақтыра салды. Төменнен, Құдай басқа салмасын, төбе құйқаны шымырлатар сұмдық ащы дауыс сәтке ғана шығып, сап тиылды. Тек иттердің ырылдасқан, сүйектерді қарш-қарш шайнаған үні естіліп тұр. Дос-аға мен Қайыршы тілге келмей мелшиіп қалды. Тұла бойлары өздеріне бағынбай дір-дір етеді. Ұлы-ағаның көздегені осы болса керек. Баяу келіп дос-ағаның арқасынан қақты.
- Міне, өмір деген осы. Өмір деген қас қағым ғана сәт. Оның қайдан басталып, қайда аяқталары бір Аллаға ғана аян!
Дос-ағада үн жоқ. Тыныш тұрмай жазықсыз біреудің өліміне себепші болғанына сене алар емес.
- Қалған етті тастаңдар да ұраны жаба салыңдар!
- Құп болады!
Ұраның беті тағы баяу жылжып, бәрі қаз-қалпына келді. Теп-тегіс жер, ештеңе байқалмайды. Жаңа ғана мұнда түк болмағандай. Ұраның беті жабылса иттің үні бірге өшеді екен.
- Ал, бауырым, ақыры сен менің бір құпиямды көрдің. Екіншісімен де таныс бол!
Олар шағын көлікке отырып, жылжып кетті. Көп жүрген жоқ, шағын ғана бассейннің жанына келіп тоқтады. Байлардың ауласынан талай бассейнді көріп жүр. Түбі көрініп, тұп-тұнық болып жатушы еді. Мынаның суы тым лайсаң екен. Түсі қашып, берекесі кетіп қалған қайыршы тізесі дірілдеп тұрып осылай ойлады.
- Ал, мұнда не бар деп ойлайсың?
- Балық шығар, - деді дос-аға қорыққанын сездірмеуге тырысып.
- Балық болғанда нағыз жауыздың өздері. Қане, бірін іліп алшы, - деді ол оққағарына қарап. Мұндайға әбден төселіп алған ба, оққағар шетте жатқан темір тор байланған сырықты алды да суды көсіп кеп жіберді. Сосын, торды Ұлы-ағасына жақындатты.
- Судағы қасқырларым менің! Жалмауыздарым! Міне, көрдің бе? Өздерінің көлемі бір-ақ уыс. Ал, жабыла кетсе жыртқыш деген акуланың өзін парша-парша қылады. Нағыз қанішердің өзі! Шетелден арнайы алдырдым. Пираньи дейді атын. Тез көбейеді. Сұмырайлар өте ашкөз. Көзіне көрінгеннің бәрін қылғыта беруге құмар. Қане, бірдеңе әкеліңдерші!
Ұлы-аға әлдене іздеп айналасына қарағанда Қайыршы бұл өмірден күдерін үзді. Өйтпегенде қайтсін, осы арада тұрғандардың ішінде іздеу-сұрауы жоқ өзінен басқа сорлыны көрмей тұр. Екі оққағар ғой циклоптай дәу, яғни, өте керек. Дос-ағасы осы елдің байлығын сапырып отыр, ол да қажет. Ал, мұның бағанағы жұмысшыдан несі артық? Қорыққанынан қалшылдап-ақ кетті. Абырой болғанда оққағардың бірі шыңғыртып бір торайды алып келді.
- Суын ауыстырмаған ба бүгін?
- Айыптымыз, Ұлы-аға!
- Қап, ештеңе анық көрінбейтін болды. Бопты, асығыс емеспіз. Суын ауыстырыңдар!
Оққағарлар зыр қақты. Жұмысшылар келді. Бәрі әлекедей жаланып тұр.
- Оған дейін бізге шарап әкеліңдер. Ең жақсысын!
Көп ұзамай бассейннен тым алыс емес, ағаш түбіне дастарқан жасалды. Жемістің алуан түрі, Қайыршы бұрын көрмеген дәмі тіл үйірер тағамдар тәбетті ашып-ақ жіберді. Бірақ, қол созуға дәрмен жоқ. Бойын қуалаған үрей әлі сейілер емес.
- Мына шарапты Франция елінен арнайы жіберіпті. Нарықтағы құны сұмдық енді. Нарық болғанда, арнайы тапсырыспен жасату құнын айтам!
- Рас, тамаша екен!
- Сені тек шарап ішеді деп естимін. Оның не? Таза араққа не жетсін, шіркін! Виски, коньяк дегендеріңді де ұнатпаймын. Айтулы отырыстарда болмаса татып алғым келмейді.
- Осы сәтті пайдаланып, өзіңізге арнайы алып келген сыйымды табыс етейін. Қабыл алыңыз!
Дос-аға қойын қалтасынан жіңішке, ұзын қобдиша шығарды. Жалт-жұлт еткен гауһар тастары бар қобдиша «Мені көрдің бе?» дегендей күн көзімен ойнап тұр. Ұлы-аға сыйлыққа тосырқай көз салды. Немкетті көрінгісі келгенімен, «Бұл не болды екен?» деген қызығушылығы жоқ емес! Асықпай айналдыра қарады. Сосын барып ашып, ішінен сағатты алды.
- Қымбат екені көрініп-ақ тұр. Мұным әбестік болар, бірақ біз доспыз ғой. Дос ретінде өз бағасын айта қойшы.
- Швейцариядан арнайы алдырдым. Ол жақ сағаттың отаны емес пе? Жалпы құны үш жүз мың еуро!
- Үш жүз мың еуро деймісің? Жөн! Өте жақсы сыйлық!
- Игілігіңізге тағыңыз!
- Мұның өтеуіне менен не сұрайсың?
- Оныңыз не, Ұлы-аға? Біз бауырлар емеспіз бе? Бауырлар сыйлықты есеппен бере ме екен? Сізге құр қол келмейін деп, алдым емес пе?
- Ааа, олай болса осы үшін бір тартып жіберейік!
Екеуі ішімдіктен бір-бір ұрттап, орындарынан тұрды.
- Жүр, мына қызықты қара. Бұл немелер судан шығып қалса да талай уақыт өлмейді екен. Қарашы, солықтауларын. Осы жатқанда жау іздеп жатыр. Жандарынан бір тіршілік иесі өте қалса қауып түседі. Ал, қан иісін сезсе құрғақта жатқанына қарамай жанталасып кетеді. Міне, осылай күніне бір рет суын алмастырамыз. Бірақ, өздері тұнықты аса жарата бермейді.
Лайсаңды түгел ағызып жіберіп, бассейн түбінде ары-бері шоршып жүрген пираньилерге жұмысшылар таза су жіберді. Олар енді манағыдай емес тұнық суда анық көрініп жүр. Бір орнында аялдамай аядай жерді олай-бұлай тынымсыз кезеді.
- Қане, енді тастаңдар!
Суға торай шолп ете қалды. Сол-ақ екен өзімен өзі жүрген балықтар тұс-тұстан анталап, торайды бас салды. Байқұстың тұмсығы судан анда-санда бір шығып жанұшыра шыңғырып жүр. Әне-міне дегенше торайдан түйірдей ет қалмады.
- Өңешінен өтсе сүйегін жұтуға бар. Әттең, оған шамалары жоқ, - деп Ұлы-аға сақылдай күлді. - Дегенмен, ақсөңкесін ғана қалдырады. Қалай, менің достарым ұнады ма?
- Достарыңыз сұрапыл екен!
- Рас, дәл қазір біздің елге осындай сұрапылдар жетіспей тұр. Құл-құтан құтыра бастады.
- Билік не әрекет жасап жатыр?
- Билік не істесін? Бізге аузын ашып қарап отыр. Осы жолы тайынбаймын. Егер бүлік шығаратын болса қару қолданам! Болмаса ұлтаралық, дінаралық жанжал туғызам. Кешегі сесінен, өктем тілінен айырылғысы келмей отырғандардың, әр елдің өз тілі болуы керек деп жанығып жүргендердің немесе бір дінді қырыққа бөліп алғандардың қолтығына су бүріксем болды емес пе? Бізде оған толық мүмкіндік бар!
- Ол қалай болар екен? Қарапайым халыққа обал емес пе?
- Обал? Олар сол обалды біле ме? Алдыңдағыны тартып жейін деп отыр. Жарайды, бұл менің шаруам. Ал, сен жаңағы өтінішті ұмытпа! Бәрін тиянақтап, толық бітіруге үш ай жете ме?
- Әрине жетеді.
- Осындағысы бар, өз еліңде отырып басқаратындар бар, бәрін жина. Жақсылап түсіндір. Тізімді қолыңа көмекшім ұстатады. Не істеу қажет, қалай істеу керек, сол арқылы байланысып отырамыз. Бұл бәрімізге ортақ мәселе. «Өгізге туған күн бұзауға да туады» демекші, ертең сендердің елде не болатынын кім білсін?
- Оныңыз рас!
Әңгіме осы тұсқа келгенде әлдеқандай дауыс шықты. Қайыршы айналасына қарап еді, ештеңе көзіне шалынбады. Көп ұзамай-ақ төбеден екі кісілік шағын тікұшақ көрінді. Аспанда аз-кем айналып тұрып, қолсозым жердегі ашық алаңқайға қонды. Ішінен бес-алтыдағы бала мен ер адам түсті. Ұшқыш сол орнында қалып, бала бері қарай жүгіре жөнелді.
- Әке, бүгін мен тікұшақты өзім басқардым!
- Алтыным менің! Қане, ағаңа амандас! Міне, менің мұрагерім! Нағыз көкжалым! Айтпады деме, өзімнен өтеді, мен бағындыра алмаған қамалдарды осы ойрандайды!
Ол баласын мейірлене бауырына басты. Жаңа ғана адам өлтірген жанға ұқсамайды. Кәдімгі жүрегі езілген қамқор әке!
- Ал, балам, ағаңа көрсетші. Жауды қалай жазалайтыныңды!
Баласы құлдыраңдап жүгіріп кетті де бір қарыс балауыз бен оттық алып келді. Сосын, ешкімге мән берместен балауызын тұтатып алып, төңірегіне қарады. Іздегенін тапқан сияқты. Балауыздан еріген әр тамшыны дәлдеп, жерде қыбырлап жүрген қоңыз, құмырсқа, шегіртке сияқты жәндіктерге тамыза бастады. Ып-ыстық тамшы тигенде олар қозғалуға шамасы келмей шыжғырылып қалып жатыр. Қараудың өзі қиын.
- Міне, көрдің бе? Менен өтіп кетейін деп тұр. Мұны оған ешкім үйреткен жоқ. Бір күні сыртынан байқап қалдым. Көрдім де жағамды ұстап таң қалдым. Әлі беске толған жоқ. Ал, сойқандығы қазірден-ақ байқалып тұр. Солай емес пе?
Солай емес деуге қауқар жоқ еді. Дос-аға үздіксіз бас изеді.
- Ендеше бүгінге осы жетер. Менің жарты сағаттан соң америкалықтармен кездесуім бар. Реттеліп алайын. Мені бұлай қарсы алды деп ренжіме. Сен өзімізсің ғой.
- Әрине, әрине. Ол не дегеніңіз!
Екеуі құшақ айқастырып біраз тұрды. Бұл жасанды салт екенін, екеуінің де емешегі езіліп тұрмағанын бәрі біледі. Бірақ, осылай істеу керек. Олар қимай қоштасып, енді бұрыла бергендерінде:
- Айтпақшы, ұмытып барады екем, мына баланы танымадым ғой, - деді Ұлы-аға. Бітті ме, бітпеді ме деп, зытуға асығып бара жатқан Қайыршы селк ете қалды. Бұрылмасқа шара жоқ.
- Бұл әлгі өзіңізге айтқан, өзіңіз ала кел деген, сіздің елдің... - деп, Дос-аға болмайтын жерден ойын сабақтай алмай қалды.
- Аа. Иә, иә. Өзі қалақтай ғана бала екен. Дегенмен, азамат! Біздің елдің жігіттері міне, шетінен осындай! Бәсе, менің аумағыма емін-еркін кіріп сайран салып жүрген бұл кім деп қоям?
Екеуі дарақылана күлді. Қайыршы не күлерін, не жыларын білмей тұр. Тағы бірдеңе ойлап таппай тұрғанда кетсе болар еді.
- Ал, жақсы. Қайта-қайта қоштаспайық. Ырымға жаман! - деді де Ұлы-аға кері бұрылып жүріп кетті. Бұларды бағанағы күзетші шағын көлікпен қақпа сыртына дейін алып келді. Оларға бас изесіп қоштасқан дос-аға көлігіне отырды да Қайыршыға қарап, сұқ саусағын ерніне тақады. «Дымыңды шығарма» дегені. Қайыршыда онсыз да сөйлейтін шама жоқ еді. Мынадан кейін тіпті тыныс алғаны білінбей отырған жеріне шөге берді. Көлік бұл жолы мүлде баяу жүріп келе жатқан тәрізді. Әне-міне соңдарынан біреулер қуып жетіп, «Сіздерді кері қайтсын деп жатыр» дейтін сияқты. Артына бұрылып қарамақ тұрмақ, артық дем шығаруға мұршасы жоқ. Құлағынан жұмысшының ащы даусы мен торайдың шыңғырғаны кетер емес, кезек алмасады. Алмасқан сайын Қайыршыны қара терге түсіреді. Өне-бойы әлі қалтырап келеді. Ұзаған сайын басылудың орнына үдей түскендей. Қайтер екен деп жібере салып, біраз ұзаған соң иттерін босатып қоя беретіндей зәре-құты қашады. Көлік әрең дегенде күзет бекетіне келіп жетті. Күзеттегілер рациямен әлдене деп жатыр. «Жібермеңдер» деп жатқан жоқ па екен деп, Қайыршы пұшайман. Бекет қақпасы ашылды-ау. Дайын тұрған екі көлікті соңына ертіп дос-ағаның көлігі құстай ұшып келеді. Дос-ағасы осы үндемегеннен шекарадан асып, өз елдеріндегі бір қымбат мейрамханаға жетіп аялдағанша жақ ашқан жоқ.
- Бәрің ішке кіріңдер, - деді ол көлік жүргізушісіне. Сосын, өзі бастап жүріп кетті. Бір-біріне хабарлап, оққағарлар түсті топырлап. Түсуін түсіп, ішке кіруін кіргенмен не істерлерін білмей олар ошарыла тұрып қалды.
- Бері жүріңдер! Бәріміз бір столға жайғасамыз. Емін-еркін ішіп-жеңдер. Бүгін бір еркелеңдер, бәріне рұқсат! - деді дос-аға. Бұлар аң-таң. - Сендер не, сөз түсінбейсіңдер ме? Отырыңдар қане!
Бәрі жағалай отырды. Жандарына келген даяшыға дос-аға бұрылып:
- Ең қымбат арағыңды әкел. Бүгін бізде үлкен той, - деді. - Бар жақсыңды, бар дәмдіңді әкел. Сосын, неге жалғыз тұрсың. Шақыр басқа даяшыларды да. Бір өзің үлгермейсің. Ал, біз үлгермегендерді жақсы көрмейміз, - деді. Көп ұзаған жоқ, әр адамның жанында бір-бір даяшыдан тұрды. Қызыл шарап қана ішетін дос-ағаның өзі бастап, оққағарларына, тіпті, көлік жүргізушіге арақ ішкізді.
- Ішіңдер, жігіттер, жеңдер. Өмір деген қас қағым!
МАРСҚА САПАР
Бұл сапар жайлы Қайыршының өзі түгіл жеті атасы ойлап көрген емес. Талай ел мал айдап өтіп, базарына апарып саудалап жүрген іргедегі көрші елге бір туысы барып көрмепті. Құдай-ау, шоқпыттарын сүйретіп ауыл арасында жүре берген ғой. Содан болар ел алдында сөз алған ешкім жоқ екен тұқымдарында. Іштерінен суырылып шығып осы Қайыршы қалаға келген, аз білімі керегіне жарап оқуға түсті. Туыстарымдай бейшара болып қалмайын деп жанталасып, өлген-тірілгеніне қарамай жұмыс істеді. Еркекке бақ сыйлайтын көркін қажетіне жаратып, бір марқасқаның қызын алды. Содан кейін-ақ қызметі өсіп жүре берді. Талай арзан киноларда кездесетін осындай кездейсоқ сәттілік еңсесін оп-оңай тіктеді. Басы жап-жақсы басталып, жеке үйге қолы жеткенде қара басты. Әлдекімдерді дос тұтты, солармен араласуды өзіне абырой санады. Солардай мейрамханаларда асып-тасып отырғысы, сауналарда сағаттап жүргісі, тіпті, казинода бақ сынағысы келді. Осы сиқырдың бәрі оны арбап тереңіне тартып бара жатты. Өзінің белгісіз бір құрдымға жұтылып бара жатқанын аңғармаған Қайыршы қошеметке мастанып, кеу-кеуге еріп, азғындап-ақ кетті. Күнде жөнсіз қыдыру, күнде дарақы әзіл-қалжың, күнде жын-ойнақ, арақ-шарап. Ол айналасындағы кейін тапқан достарын бай деп ойлады. Дүниенің кілті осылардың қолында, осылармен бірге жүрсем өлмеймін деп түйді. Олай ойламағанда қайтсін, ең қымбат мейрамханалар, ең таңдаулы түнгі клубтар, ең қымбат көліктер осылардың еншісінде. Түнгі үш-төрттен кейін қаладағы ең үлкен көшені азан-қазан қылып көлікпен жарыс өткізеді. Соғылса да, кісі қақса да көп ұзамай іс жабылады. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Жауға баратындай бәрінде бір-бір тапанша. Көліктерінің артында кейде шолақ мылтықтар жатады. Осының бәрі Қайыршыға тосын еді. Осының бәрі Қайыршыны өзінің құрдымына қол бұлғап шақыра беретін. Байлыққа деген сұрапыл құштарлық оның көзін байлап тастаған еді...
Ол алданып жүріпті. Байлық деген ол емес екен. Мұның көріп жүргені тек көлшіктер, ары ұзаса көлдер екен. Теңіздер мен мұхиттар, қанша ақса да арнасы бір құрғамайтын дариялар бар екені мүлде ойына кіріп-шықпапты. Қайыршының дос-ағасы сондай теңіздің бірі ғана емес бірегейі еді. Екеуі жолыққалы Қайыршының байлыққа деген қызығушылығы бұрынғыдан да арта түскен, алайда, көп дүниеге көзқарасы кәдімгідей өзгерген. Бұрынғыдан көп өзгерген. Қазір ол дос-ағасы жоқ жерде салиқалы жан. Әттең, онысын дос-ағасына көрсете алмайды. Көрсетсе күлкі болатынын, тіпті, дос-ағасын жерітіп алатынын беймәлім бір түйсікпен сезеді. Міне, осы күнге дейін сол кісінің арқасында ол Канар аралдарын, Сахара шөлін, Поляр шұғыласын, әлемнің жеті кереметін көрді. Осы тіршілікке бойы үйренейін деді. Бірақ, бұл әлі ойлап көрмеген тосын сыйлар баршылық екен.
- Осы сен аспанға ұшып көрдің бе? - деді дос-ағасы.
- Өзіңіздің арқаңызда, (Бұлай сөйлеуді Қайыршы бұл күнде толық меңгеріп алған) өзіңіздің арқаңызда тік ұшақтың түр-түріне, үлкен-кіші ұшақтың да талайына міндім ғой.
- Жоқ, оны айтпаймын. Кәдімгі зымыранды айтам. Білем, оны ойлап та көрген жоқсың. Бүгін соның реті келіп тұрған сияқты.
- Қалай сонда?
- Марсқа ұшамыз. Әрине, сенің орныңа таласушылар көп. Дегенмен, мен сені таңдадым. Өйткені, жеңгең ұшудан қорқады. Балаларым мен жақындарым барып қайтқан. Достардың өздерінің де шамасы жетеді. Әріптестерді ғой масыл қылғым келмейді. Ал, сенің Марсқа баруға еңбегің сіңді деп ойлаймын.
- Кәдімгі Марсқа ма?
- Иә. Кәдімгі жеті планетаның бірі, өзің астраномиядан өткен Марсқа!
Қайыршы дос-ағасының жөнсіз әзілдеспейтінін білетін. Бірақ, мынауы ақылға сиятын емес. Дегенмен, артық сауал оны шамдандыруы мүмкін.
- Ұшуын ұшамыз ғой. Тек, бұл қалай болар екен? Ғарышкерлер арнайы дайындықтан өтіп жатушы еді...
Дос-ағасы бір күліп алды.
- Сен көп артта қалып қойыпсың, досым. Ол заман өткен. Дегенмен, таң қалатын жөнің бар. Өйткені бұл шынымен-ақ құпия сапар!
- Құпия?
- Иә. Бұл сапарды қара халық білмейді. Жә, қойшы, қалғанын бара көресің. Кеттік.
Дос-ағасы «Кеттік» дегенде жан қалсын ба? Марсты санасына сыйғыза алмай тұрса да бүлкілдеп ілесе берді. Олар бір тәулік дегенде ғарыш айлағына келді. Шағын ұшақпен бір-екі сағатта-ақ ұшып келетін жер. Әттең, дос-ағасы ұшақ пен тікұшаққа беттемейді. Түн ортасы болғанмен айлақта адам қарасы мол екен.
- Көрдің бе мына адамдарды? Осылардың бәрі бізбен сапарлас болады.
- Тым көп емес пе?
- Әрине көп. Адам санына байланысты жылына үш-төрт рет ұшатын да кездер бар.
- Сонда қалай? Адам толғанша тосып тұра ма?
Дос-аға ақтарыла күлді.
- Қожанасырым-ай. Адам толғанын тосып тұратын бұл автобус па саған? Алдын ала ақшаңды төлеп, кезекке жазыласың. Олар сол тізім бойынша қашан ұшатыныңды хабарлайды. Сол кезде басқа жоспарыңның бәрін ысырып қойып, жолға дайындаласың. Сенің бағың бар екен. Міне, дәл жүрер күні менің бір асыл ағам ауырып қалды. Ал, жолдама босқа күйіп кеткелі тұр. Сені ертпегенде кімді ертем?
- Көп-көп рахмет, сізге!
- Жә, болды. Енді мен не істеймін, соны қайталай берсең өлмейсің.
Дос-аға алда, Қайыршы бір адым кейін қалмастан артта келеді. Олар алдымен шар тәрізді дәлізге кірді. Сол жерден жолдама дей ме, билет пе, бір жапырақ қағаздарын тескізді. Сосын келесі дәлізге өтті. Ол жерден, О, Құдайдың құдіреті, кәдімгі скафандрлар алды. Алдымен бір кабинаға кіргізеді екен де есігі жабылып, қызыл сызық сыр етіп басыңнан аяғыңа, аяғыңнан басыңа жүгіреді екен. Көлденеңдеп және бір-екі жүгіріп өткен соң есік ашылады. Сөйтсе ол бойың мен көлеміңді есептеп, өзіңе шақ скафандр беру үшін керек екен. Оны алған соң тағы бір дәлізге өтті. «Осында киінетін шығармыз» деп ойлады Қайыршы. Алайда дәліз есігі жабылып, шар жоғары өрлей бастады. Жерден бір-екі жүз метр көтеріліп есігін қайта ашқанда фантастикалық кинолардан талай көрген алып құбыжық алдыларында тұрды. Үйреніп қалғандар болса керек, жолбастаушыға қарамай кейбір адамдар еркін адымдап ішке еніп жатыр. Бұл да дос-ағасына ілесіп ілгері басты. Дос-ағасымен бірге жүріп талай сұмдықты көрген. Талай ес-түсі қалмай қорыққан, талай рет таң қалған. Бірақ, қазіргі қорқыныштың жөні мүлде бөлек. Марсқа барам деп кім ойлапты? Ең болмаса оқушы кезінде бір рет «Өскенде ғарышкер болам» деп шығарма жазып көрмеген бала күтпеген жерден көкке ұшып бара жатыр. Олар тағы бір дәлізден өтіп, кең алаңқайға шықты. Мынау зымыранға еш ұқсамайды. Арнайы тапсырыспен жасалған шағын кафе сияқты. Тек, дөңгелек терезелері, ауа жұтуға арналған түтікшелер, тағы бір түсініксіз құрылғылар болмаса, мынаумен жоғары ұшуға болады дегенге адам сенбейді. Бұлар өз орындарына келіп жайғасқан соң:
- Қорқып тұрсың ба? - деді дос-ағасы.
- Жоқ, - деді бұл даусы тарғылданып.
- Түрің боп-боз болып кетіпті ғой. Алғаш мен де үрейленгем, кейін үйреніп кеттім. Кішкене су ішіп жібер. Бәрі қалпына келеді. Кәдімгі ұшақта кетіп бара жатырмын деп ойла.
- Ал, неге құпия ұшамыз? Соны түсінбедім.
- Оның түсінбейтін несі бар? Әуе кемесі аспанға бір көтерілгеніне қанша қаржы кететінін білесің бе? Оны қойшы, бір адамның жол пұлы қанша екенін шамалап көрдің бе?
- Жоқ...
- Міне, оған сенің шашың жетпейді. Ал, оны өзі де қиналып отырған қара халық білсе не болады?
- Халық көтеріліп кетуі мүмкін бе?
- Негізі, біздің халық тым көнбіс. Көтерілетін талай жағдайлар болды. Көзі ашық серкелерін айдың, күннің аманында атып тастады. Шіркін, қандай жігіттер еді. Балиғатқа толмаған балаларын ұл-қыз демей әркім әуреледі. Иен байлықтың үстінде отырып, қайыршы күй кешті. Құқығын қорғамақ болып еді, аямай жаныштады. Соның бәріне шыдап, үнсіз отыр. Намыссыз дей алмайсың. Бұған да шыдар, егер біліп жатса. Бәлкім шыдамас, шыдамның да шегі бар емес пе?
- Есіңізде ме, біздің елге барғанымыз? Ұлы-аға деген біреуге...
- Аа, ол ит неме қайдан есіңе түсті?
- Сіздің сөзіңізден ойыма келе кетті. Сол жақта да халық көтеріледі деді ме, қару қолданам деп еді ғой.
- А, ол жақтың жөні бөлек. Дегенмен, сенің елің мен менің елім қатар жатыр ғой. Ахуалдары бірдей. Еркіндікті бірге алып, қиындық пен қызықты бірге көріп, қал-қадірінше тіршілік етуде. Расына келсек, екі халықтың да шекесі қызып тұрғаны шамалы. Ақылдасып алғандай билігі қанап, елі азап шегіп отыр. Бірақ, сендер жақтың байлары тым шектен шығып кетті. Соның зардабын көп ұзамай тарта ма деймін. Халық ашына бастады. Әр жерден шағын да болса бүлік шығып жатыр. Мәселені соған жеткізбей шешу керек еді. Ал, олар халыққа қару жұмсамақ.
- Сіз ол елге неге жиі барасыз?
- Ол жақта менің байлығымның қайнар көзі жатыр. Олар шикізатты дәл біздегідей қорыта алмайды. Ал, мен соны істеп беріп отырмын. Бір сөзбен айтқанда мен оларға, олар маған тәуелді. Билік ауыса қалған күннің өзінде басшылыққа ақылды азамат келсе мені сыртқа теппейді деп ойлаймын!
- Ал, қазіргі билікпен байланысыңыз қалай?
- Қазіргі билік қуыршақ қой. Ұлы-аға сияқты сол елдегі санаулы мешкейдің қолындағы жанды қуыршақ.
- Сонда Ұлы-аға деген кім? Ол ондай билікке қалай жеткен?
- Ол ұзақ әңгіме, бауырым. Дегенмен, бізге қазір ұзақ әңгіме керек-ақ!
- Тым ұзақ ұшамыз ба?
- Барып қайтқанымызға жиырма күн кетеді. Не, тығыз шаруаң бар ма еді?
- Жоға. Жәй сұрағаным ғой.
- Алғаш үш ай кететін. Қазір әлдеқайда ілгерілеу бар. Ғарыш кемесі жылдан жылға жақсарып, мүмкіндігі артып келе жатыр. Мұнда қазір кемі бес жүз адам бар болар. Қызметкерлерімен қоса есептегенде алты жүзге жетіп жығылады. Яғни, жер бес жүз залымнан уақытша болса да құтылды.
Дос-аға сақылдап тұрып күліп алды. Осы күлкісі жақсы. Ешкімге зияны жоқ, соңында зілі жоқ, таза күлкі. Ал, мысқылмен күлгенде немесе бір миығынан суық жымиғанда достарының өзі жан таппай кетеді. Бұл кісіге мұндай айбарды ақша сыйлады ма, әлде, туа бітті қасиеті ме, Қайыршы ол жағын ұққан емес.
- Сонымен қай жерге келіп едік?
- Ұлы-ағаға!
- Аа. Сол иттің аты аталса жүрегім солқ ете қалады. Нағыз қансыздың өзі. Оның жансыздары осында да жүруі әбден мүмкін!
Ол айналасына тінте қарады. Қайыршының зәресі ұшты. Марсқа барам деген көңілі пәс тартып, жүзі қуарып кетті. Баяғы сәтті әлі ұмытпағаны, есінен шықпай жүргені бірден байқалады.
- Ау, бауырым, сенің түсің қашып кетті ғой. Ұлы-ағаң келіп қалды дедің бе? Қане, су ішіп жібер!
Дос-ағасы тағы күлді.
- Қорқатыныңдай-ақ бар. Сен емес менің үрейім ұшты. Әсіресе ана бейшараны иттерге тастай салғанда жүрегім тоқтап қала жаздады. Ол оның бәрін әдейі істеп отыр. Маған әдейі сес көрсетті. Бізді қонақжайда емес саябақта күткенінде де мән бар. Бәрін алдын ала ойластырып қойған. Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан дегенді ашық меңзеп отыр.
- Жұмысшының не жазығы бар еді?
- Ол қонақтарының құтын қашыруға арналған кезекті құрбандық қой. Іздеу-сұрауы жоқ құрбандық. Атынан ат үркетін небір дөкейлерді жоқ қылып жіберіп жатқанда қарапайым жұмысшы оған не қылсын?
- Сонда оған ол елде қой дейтін ешкім жоқ па?
- Өз елін қойшы, осыдан екі-үш жыл бұрын оның түкірігі жерге түспей тұрды. Қазіргіден айбынды еді. Сол кезде мұнай өңдеу зауытын алған шетелдік инвестор бәленбай миллионды жымқырып, зытқалы тұрған жерінен ұсталды. Содан елдегі барлық инвесторлар мен шетелдік бизнесмендерді шақырып, ежелгі Грекиядағы сияқты сайыс өткізді. Әлгі бейбақты жалаң қылыш беріп, аюға қарсы салды.
- Содан?
- Содан не болсын? Өмірі қағаз бен қалам ғана ұстап жүрген бейшара қылышты бір сермемей-ақ мерт болды.
- Сонша шетелдік ештеңе істей алмады ма расымен?
- Біріншіден, бәрін еш техникасыз кіргізген. Суретке, видеоға түсіру мүмкін емес. Екіншіден, бәрінің осы елде алып отырған қомақты үлесі бар. Үшіншіден, олар да пенде. Пендеге жан керек. Ал, байлардың жаны тіпті аяулы болады, есіңде болсын!
- Мынауы сұмдық екен...
- Ең сұмдығы, аю талап тастаған сол инвестордың сүйегін туыстарына он миллион долларға сатты. Ешкім ештеңе деген жоқ!
- Сізге байларды ұйымдастыр, ақша жинап бер деп еді ғой. Оны қайттіңіз?
- Міне, бұл өте қиын жағдай. Әркімге барып, өзіме жаңа жау тапқым келмейді. Ұлы-ағаңның тапсырмасын да аяқсыз қалдыра алмаймын. Екі оттың ортасында қалдым деп осындайда айтатын болар...
- Неге жау табасыз? Бұл жерде сіздің кінәңіз не?
- Кім кінәлі деп сараптап жататын уақыт па? Не Ұлы-ағаңмен сыбайлас деп, не соның атын жамылып іс қылып отыр деп айыптай салу оп-оңай. Оның үстіне Ұлы-ағаңның дәуірі қаншаға созылары тағы белгісіз. Мына бүлік жалпыхалықтық деңгейге көтеріліп кетсе ешкімге оңай болмасы анық. Солтүстіктегі көрші елді білесің ғой, он бес жылда үш-төрт президент ауыстырып тастады. Бұл басқа елдерге де үлгіге айналып бара жатыр.
- Үш ай ғана берген. Оның жартысы өтіп кетті. Ал, сіз мына жақта жүрсіз. Ертең қиын болмай ма?
- Көмекшісі хабарласып отыр ғой. Әлі біраз уақытым бар.
- Ал, неге Ұлы-аға? Шын аты кім?
- Шын атын білуге құмартқан емеспін. Кеңес кезінен көзге түскен, ана жақты талай рет көріп келген, екі әлемде де абырой-беделі асқақтап тұрған адамды серіктері «Великий вожд» деп атаған. Біз сол лақап атты өз тілімізге ыңғайлап Ұлы-аға деп кеткенбіз.
- Ана жағыңыз түрме ме?
- Түсініп отырсың!
- Онда бізді расымен-ақ Құдай сақтаған екен!
- Оның рас. Балықтарға келгенде, балық деппін ғой, балықтан садаға кетсін, пираньилерге келгенде ендігі кезек сенікі ме деп, дегбірім қашты. Мені тастамайтынына сенімдімін. Алдынан кесе көлденең өткен емеспін, салығын уақтылы төлеп жүрмін. Ең бастысы, әлі керек адаммын. Сондықтан, саған алаңдадым, қайдан ғана ертіп алып едім деп.
Қайыршының көңілі босап кетті. Дос-ағасын құшақтап алғысы келді. Әттең, болмайды. Иә, ол ондай әлсіздіктерді жаратпайды. Сәл үнсіздіктен кейін «Белбеулеріңізді тағыңыздар» деген дауыс естілді. Дос-ағасынан қалмай Қайыршы белбеуленіп алды.
- Жерден көтерілгенше таға тұру керек. Сосын, кеме ішінде емін-еркін жүре беруге болады, - деді ағасы. Қайыршының денесі бір ысып, бір суыды. Ғарыш кемесі орнынан солқ етіп қозғалғанда тұла бойынан бір тоқ жүгіріп өткендей, сосын, бұтына жіберіп қойғандай күй кешті. «Шынымен-ақ солай болып, масқарам шығар ма екен?» деген оймен ол қолын ептеп сырғытып, жамбасының астына салды. Ештеңені ажыратып болар емес, тұла бойы орындыққа жабысып қалған. Тіпті, ауа жетпей бара жатқан сияқты. Осындай әлемтапырақ сезіммен қанша уақыт отырғанын білмейді, дәл құлағының түбінен таныс дауыс:
- Енді белдікті шеше берсең болады. Жердің тартылыс күшінен толық ажырап шықтық, - деді. Сонда барып Қайыршы өзінің әлі тірі екеніне көз жеткізді. «Уһ» деп терең тыныс алды да:
- Жерден алыстап кетсек ауаны қайтеміз? Бәрімізге ауа жете ме? - деді.
- Ауаның керек екенін енді біліп жатсың ба? - деп күлді дос-ағасы. -Қорықпа, оның бәрі есептелген.
Олар өз ойларымен өзі болып үнсіз қалды. Дос-аға өз еліндегі және көрші елдегі жағдайды іштей сараптап отыр. Көрші елдегі қаржыны қайтсе төкпей-шашпай шетел асырады? Абырой болғанда негізгі капиталды сенімді жерге тапсырды. Қалғанының өзімен ол жақтағы шаруаны дөңгелентуге болады. Бірақ, алағай да бұлағай заман туа қалса біраз шығын шегейін деп тұр. Ұлы-аға тұрғанда бәрін сыпырып-сиырып алып кете алмайды. Ондай ыңғайын байқатқан күні-ақ мүрдем кетер. Ал, серіктестерінің өткендегі ұсынысы тіпті нанымсыз. Ортақ ақша шығарып, баскесер жалдайық дейді. Астыртын сыр тартып, мұны сынап отырулары да мүмкін. Олай болмаған күннің өзінде сауысқаннан сақ Ұлы-аға баскесерге мүмкіндік бере қояды екен! Қысқасы, жақсылап ойлану керек. Әзірге ол елге аттап басуға болмайды. Өз елінде алаңдайтын ештеңе жоқ. Ақшасының бәрін шетел асырған. Ең қауіпсіз бес елде үй-жайы бар, бизнесі жүріп жатыр. Елдегі қалған байлығын тастай қашса да мұртын балта шаппайды.
Қайыршының да ойы сан-саққа жүгіріп отыр. Бүгін неге екенін әйелі есіне түсті. Рас, алғаш ажырасқан жылдары жиі еске алатын. Өзегі өртене өкінетін. Дос-ағасына жолыққалы оны мүлде ұмытқандай болып еді, бүгін оқыстан есіне түсті. Әлде осы сәтімді ол көрсе ғой деген мақтаныш сезім бе, жоқ, бір әлемнен екінші әлемге кетіп бара жатқанда жүректің түбінде жасырынып жатқан сағыныш еріктен тыс бас көтерді ме? Ол жағы беймәлім. Студент кезде танысқанда көп қыздың біріндей қабылдаған. Бір-екі мәрте жолығармыз, жолымыз бір болса көрерміз, болмаса, қылым қисаймас деп ойлаған Қайыршы оны биге шақырды. Тәуір-ақ билейді екен. Ал, Қайыршы ғой ары өткен, бері өткенді құр жібермейтін нағыз кәнігі еді. Жас әулекіге керектің бәрін шамасы келгенше меңгеріп алған. Шебер билейді, өлеңдетіп сөйлейді, ән салады, бірнеше аспапта ойнай алады. Бильярд, боулинг, коньки, шаңғы, атқа міну дейсіз бе, бәрін бір кісідей біледі. Осының өзі анау-мынау қызды ойлантып қоюға жетіп жатыр еді. Болашақ жары да ә дегеннен кетары болмады. Екеуі тез тіл табысты, тез жарасты. Күндердің күнінде қыздың өте бай отбасының жалғызы екені Қайыршының құлағына жетті. Ары қарайғысы көзі ашық жұртқа ежелден белгілі ғой. Ол енді басқа шаруаны ысырып қойып, осы аруды қолға түсіруге шындап кірісті. Бесаспап жігіттің төккен тері, күндіз-түні ойланып тапқан түрлі әдісі зая кеткен жоқ, қыз сөзін қабыл алып, тұрмысқа шығуға келісімін берді. Алайда, Қайыршыны қыздың ата-анасы қатты қомсынды. Олай болатынын бұл алдын ала білген. Психологиялық дайындығы мықты еді, бәріне шыдап бақты. Расымен-ақ, бар көңілімен құлаған қыз жеңіп шықты, жалғызының көңілін әке-шешесі қалдыра алмады. Ұлан-асыр той болды. Қайыршы жағынан сүт бетіне шығады-ау деген екі-үш-ақ адам келді. Олардың өзінің той киімін, тойға саларын Қайыршы реттеп берді. Тойдан түскен ақшаның өзі көп еді. Оны азырқанғандай қыз әкесі орталықтан бір үй мен бір көлік сыйлады. Күтпеген жерден дегеніміз өтірік болар, Қайыршының есебі дұрысқа шығып, әп сәтте адам қатарына қосылды да шыға келді.
- Жүр, айналаны тамашалайық, - деді дос-ағасы Қайыршының ойын бөліп. «Айналаны тамашалағаны несі? Автобуста немесе пойызда келе жатқан жоқпыз ғой» деп бұл аң-таң. Дегенмен, орнынан тұрып ілесе берді. Сыртқы киімін шешіп, жеңілдеп алған дос-ағасы алдыда еркін басып кетіп бара жатыр. Салмақты қадамы жерде жүргендей өте сенімді. Олар қабырғаға жақын орнатылған құрылғылары мол қаракөлеңке бөлмеге кірді. Жақындағанда байқады, телескоптар екен. Әрқайсысының жанында он шақты адамнан кезекте тұр. Бұлар да адамы аздау біреуінің жанына аялдады. Кезек сырғып жеткенде дос-ағасы қолын жайды:
- Ал, бауырым, айналаны асықпай шол. Сен мұндай аспан әлемін ғұмырыңда көрген жоқсың!
Ағасы ұсынып тұрған соң несіне тартынсын, Қайыршы ұмсынып келіп телескопқа қадалды. Құдай шебер! Баяғыда жайлауда, түннің бір уағына дейін жасыл шалғында жатып алып сансыз жұлдызға қарайтын. Ай толғанда дүрбімен айды тінтитін. Аспан әлеміне көз тігуден жалыққан емес, қарай бергісі келетін, аңсары ылғи ауып тұратын. Бірақ, мынаның жанында оның бәрі далбаса екен! О, тауба, жұлдыздар қол созым жерде ғана тұр. Қандай жарық, қандай ғажап сұлулық! Қайыршының бақыттан басы айналды. Өзіне әкесі жасамаған жақсылықты жасап жүрген дос-ағасының қолын алып ризашылықпен сілкіп-сілкіп жіберді. Ондайды күтпеді ме, ағасы қолын жедел тартып алды.
- Не болды? Ұнады ма?
- Ұнағанда қандай! Сізге не айтарымды білмей тұрмын тіпті...
- Ештеңе айтпай-ақ қой. Қане, енді мен көрейін. Ғарышқа осы үшін ғана ұшам мен!
Олар біраз уақытқа дейін телескопқа кезек үңіліп, құмарларынан әбден шықты. Содан кейін ғана дос-ағасы:
- Жүр енді тамақтанайық. Сенің ғарышқа сапарыңды атап өтейік, - деп алға түсті. Бұлар жеделсатымен біраз төмен түскен соң тар дәлізбен ас бөлмесіне өтті. Мұнда да біраз адам бар екен. Шетелдің әуені баяу ойнап тұр.
- Қайда барсаң осылардың музыкасы, - деді Қайыршы кейіп.
- Күштінің арты диірмен тартады дегенді білетін боларсың. Үстемдік әр кезде өз дегенін істейді. Қазір жерді қойып, Марста ортақ тіл ағылшын тілі. Олай болмасқа жол да жоқ!
- Иә, біздің тіл өз елімізде дамымай жатқанда Марсқа қайдан жетсін!
Қайыршының сөзі дос-ағаға майдай жақты-ау деймін. Аузын басып ұзақ күлді. Арасында көзін сүртіп қояды. Аяқ асты ағасын сонша риза қылғанына, оған өзінің бейшара күйдегі туған тілі себеп болғанына Қайыршы мәз.
- Екі елдің тілін Марсқа екеуміз апара жатқан жоқпыз ба? Осыдан аман-есен жетсек, Марсты басымызға көтеріп, ана тілімізде сөйлейікші, - деп досы тағы күлді. Екеуі жақсылап тамақтанды. Бір шөлмек қызыл шарапты қылдай бөліп тартып алуды да ұмытқан жоқ. Қайыршы негізінен шараптан көрі арақты қош көреді. Заманында тәуір-ақ сілтеді. Қазір де дос-ағасы жоқ, өзімен өзі жүрген сәттерде бір кісідей ұрттайды. Бірақ, мұнда олай еркінсудің реті жоқ.
- Енді ұйықтауға болады. Өзіңді ғарыш кемесінде емес, үйдемін деп есепте. Сонда жеңіл болады, - деді ағасы. Сосын, орындарына келді. Орындықтың қалай төсекке айналатынын асықпай көрсетіп берді. - Қисая берсең болады. Бұл жақта қай уақта жатып, қай уақта тұру мәселесі қарастырылмаған. Сондықтан, алаңсыз демала бер. Әлі-ақ жиырма күннің қалай өте шыққанын білмей қаласың! Ал, жақсы ұйықта!
- Сіз де жақсы демалыңыз!
Әр түнін аспан әлемін тамашалаумен, әр күнін асқан таңданыспен өткізген Қайыршы Марсқа келіп жетті. Орасан зор әуе кемесіндегілер белбеулерін тағы тағынып, тағы солқ етіп барып, тына қалғанда:
- Скафандрды киетін уақытқа жеттік, - деді дос-ағасы. - Әуелі сені киіндірейін, бұл ойнайтын шаруа емес!
Бұл сөз Қайыршыға оңай тиген жоқ. Ойнайтын нәрсе болмаса, өліп қалуы ғажап емес қой. Дегенмен, шегінетін жер қайда? Ол скафандрын киіп, арқасына шағын құрылғыны тағынып алды да, бетін жапқан шыныдан дос-ағасының әрекетіне қарап тұрды. Ағасы тым еркін қимылдайды. Әп сәтте бәрін ретке келтіріп, елмен бірге тысқа беттеді. Бұлар тағы шар тәрізді шыны ыдыстың ішіне енді. Аздан соң есік жабылып, шар төменге қарай зырылдай жөнелді. Бәрі анталап сыртқа шығып, шар қайтадан жоғары кетті. Әне-міне дегенше Қайыршының табаны сусып жатқан құмға тиді. «Енді не болар екен?» деген үрейлі ойдан арыла алар емес. Қолсозым жерде шынжыр табан көлік тұр екен, көпке ілесіп, соған барып жайғасты. Шынжыр табанына қарап, ауылдағы тракторлар сияқты баяу жүретін шығар деп еді, мынау жолсызбен заулай жөнелді. Көз жететін жердің бәрі қарақоңыр құм тәрізді, жасыл желек немесе су назарға ілігер емес. Біраз жүрген соң ол нағыз алып шыны ыдысты көрді. Марстың бір бөлігін түгелдей шынымен қаптап тастаған тәрізді. Бұлар таяу келгенде әйнек қақпа сыр етіп түрілді де, көлік бөгелместен ішке кіріп кетті. Олар шағын аялдамаға тоқтап, есік ашылғанда елдің алды скафандрларын шеше бастаған еді, Қайыршының көзі шарасынан шығайын деді. «Мұнысы несі? Өле алмай жүр ме?» Дос-ағасына қарады, ол толық шешініп болыпты. Бұған «Қане, тездет» дегендей қолдарымен ым қақты. Амал нешік, Қайыршы ауаны мол қылып жұтты да іске кірісті. Екі ұртындағы ауа қаншаға жетсін, қызарып, булығып бара жатқан соң іштегі демін шығарып, судан шығып қалған балықтай аузын ашып айналасына қарады. Мұны байқап қалған жолаушылар күліп жатыр екен, дос-ағасы арқасынан қақты:
- Бұл жерде қорықпасаң болады. Мына алып шыны аспанның іші адамдардың құзырында. Қане, кеттік!
Дем жетпегендей алаңдап тұрған Қайыршы терең күрсінді, күлкі болғанына көңіл бөлген жоқ, тірі екеніне шүкір айтты.
- Қазір біздің көлік келеді. Сонымен, Марстың адамға бағынған аймағын түгел аралап шығамыз.
- Бағынғаны қалай?
- Қазір түсінесің. Жаңа біз ғарыш кемесінен түскен маңда ауа жоқ. Ал, мұнда өзің көріп тұрсың, жердегідей емін-еркін жүре беруге болады. Міне, өзі де келді. Жүр, қалғанын жол-жөнекей айтып отырам.
Олар жердегіден көп айырмасы жоқ шағын көлікке мінді.
- Қош келдіңіздер!
- Қалай, бауырым? Көңіл күй жақсы ма?
- Жақсы, ағасы. Рахмет!
- Үйренейін дедің бе?
- Иә, үйреніп алдым. Жерде не жаңалық?
Қайыршы аң-таң. Марста бұлар өз тілінде сөйлейді деп кім ойлаған?
- Танысып қойыңдар, жігіттер! - деп, дос-ағасы екеуін қол алыстырды. - Бұл менің Марстағы сенімді өкілім. Бар шаруаны осы ыңғайлап отыр. Үш, төрт тілді жетік меңгерген, соңғы технологиядан толық хабары бар. Құрылыс, сәулет өнері, дизайн, озық техника тілі дейсің бе, бәрін шашады. Нағыз жаңа өмірге керек адам!
Дос-ағасы осыны айтып, Марстағы жігіттің арқасынан қағып қойды.
- Енді біздің меншікке тіке тартпай, дұрыс деген тұстарды аралай жүр. Қонағымыз айналамен таныссын!
- Түсіндім, - деген жаңа таныс көлігіне оталдырып, сырғыта жөнелді. Көзі алдыда болғанымен ауыз жаппай сөйлеп келеді.
- Мынау ағылшындар жүргізіп жатқан құрылыс. Сән-салтанаты мен бағасына кісі қызығады. Жердегі байлығын түгел тасып алған ба дерсің. Ал, мынау жапондардың иелігіндегі аймақ. Жерде де техникасымен әлемді тамсантқан жапондар мұнда мүлде жаңа қырынан танылып жатыр. Бір құрылысы бір құрылысына ұқсамайды, қарап тұра бергің келеді. Мұнда немістер, тазалықты, ұқыптылықты сүйетін немістер әр метрді бос тастамай, түгелдей қажетіне жаратқан. Алысқа бармай-ақ керегіңді тауып ала аласың. Алдымыздағы үйлерді өздеріңіз-ақ бірден таныған боларсыздар, жердегі сәулет өнерін сол қалпында мұнда алып келген қытайлар аймағын жасылдандыруға шындап кірісіп жатыр.
Ол осылай әр аймаққа өткен сайын төңірегін зор ықыласпен таныстырып келеді. Бір ұлттың меншікті жерінен екіншісіне ауысқанда жалпақ қызыл сызықтың үстіне көлік бірер минут аялдайды екен.
- Бұл қауіпсіздік үшін қажет. Жердегідей кеден салу, бастан-аяқ тексеріп жату мұнда жоқ. Осылай тиісті орынға тоқтатады да лазермен бір сүзіп шығады.
- Бәріне жер, жер деппін ғой, Марс тең бөлінген бе?
- Иә. Бәрінің жер көлемі о бастан бірдей көлемде. Байқасаңыз, бәрімізді қоршап тұрған шыны ыдысқа әр елдің аумағы барып тіреледі. Бұл дегеніңіз, ортақ келісім бойынша, толық игере алса ары қарай жерін үлкейтуіне, халық санын арттыра беруіне болады деген сөз.
- Сонда қазір мұнда қанша мемлекет бар?
- Шамамен отыздан асады. Мемлекет дегеннен көрі, соның таңдаулы бір бөлігі деген жөн шығар. Бүкіл мемлекетті көшіріп әкелуге шама қайда?
- Соның ішінде сіздердің ел де бар ма?
- Әрине бар. Дамыған отыз елдің қатарына кіруіміз керек дегенде, патшамыз жердегі өмірді айтып жүр деп ойладыңыз ба?
Дос-ағасы мен жаңа танысы жарыса күлді. Қайыршы өзінің орынсыз сауалына берілген сәтті жауапқа аздап шамданып қалды.
- Біздің ел ше?..
- Сенің еліңнен де қолдан жасалған талай ақсүйек осында жүр. Ертең игере ала ма, онда шаруасы жоқ. Гектар, гектар жерді сатып алып тастады.
- Міне, мынау біздің аймақ. Бұл жерде біз де ешкімнен кем тұрмаймыз!
Жаңа танысы бұл сөздерді желпіне айтты. Үнінде мақтаныш сезімі бар. Осы сезімге өзінің де ортақ болғысы келіп, Қайыршы көліктен асыға түсті. Айналасын асықпай шолып, жүз гектардан асатын аумақты толық аралап шықты. Өз еліне бүйрегі бұрып, ол жаққа да мойын бұрған. Қарны ашып қайтты. «Қағынан жеріген сорлылар-ай. Қай елдің маңынан өтсең де құрылысынан, сәулетінен, ою-өрнегі мен ғимаратын безендіруінен, тіпті, адамдарының киімінен-ақ қай ел екенін бірден аңғаруға болады. Ал, бізде ше? Бәрі рас, жарқырап-ақ, көз тартып-ақ тұр. Бірақ, кімдікі екенін, қай ұлтқа тән екенін туына қарамасаң біліп болмайсың. Ата-бабадан қалған мол мұраны, көркемдік пен бекзаттықты алғашқы кірпіші қаланып жатқан жаңа мекенге неге көшіріп әкелмеске?» деп шамырқанды ол. Осы ойын дос-ағасына айтып көріп еді:
- Ең бастысы, сапалы, ыңғайлы болса болды емес пе? Басқасының не керегі бар? - деді.
- Мұнда қай тілде сөйлейсіздер?
- Дәл жердегі сияқты ғой. Халықаралық тіл - ағылшын тілі.
- Жоқ, оны айтпаймын. Мына, өз аймақтарыңызда деймін.
- А, мұнда ма? Мұнда көршіміз италиялықтар мен шведтер болып шықты. Бұрынғы алып көршілерден құтылған сияқтымыз. Енді осы екі тілді үйрену қарқынды жүріп жатыр.
- Неге, олармен халықаралық тілде сөйлесе беруге болмай ма?
- Болады ғой. Дегенмен, артық болмас деген сақтық шығар...
- Сенің сұрағың көбейіп кетті ғой. Біресе ұлттық бренд дейсің, біресе тіл дейсің. Жүр, одан да мына қызықты қара!
Дос-ағасы Қайыршыны ертіп оңашаға шықты.
- Мына жатқан бос жер менікі. Аз күнде әлемде жоқ құрылыс бастаймын. Қу жаныңа керектің бәрі осының ішінде болады. Енді бір келгенде қайда тап болғаныңды білмей, айран-асыр боларсың.
- Сіздің ұлттың адамдары мұнда көп пе?
- Тым көп емес. Дегенмен, басқа елден жер көлеміміз де, байлығымыз да еш кем емес. Еліміздегі ең таза ауаны, ең сапалы дүниелерді, байлықты, ақшаны аз ғана уақытта осында жеткізіп үлгердік.
- Сонда түбі адамдар басқа планетаға көшеді деген сөз рас болғаны ғой.
- Әрине рас. Бірақ, күллі адам баласы көшеді дегенге күмәнім бар.
- Неге?
- Біріншіден, оған бәрінің шамасы жетпейді, мұнда ең арзан жер телімі бір миллиард долларға сатылады. Екіншіден, басы артық адаммен бұл жақты да жердегідей лаң жасаудың не қажеті бар?
- Сонда оларды кім, қалай іріктейді?
- Халықаралық талап бойынша мұнда әлемнің ең таңдаулы байлары, кез келген бір пайда әкеле алатын ғалымдар, қолынан іс келетін денсаулығы мықты жұмысшылар, бір сөзбен айтқанда, Марстағы өмірдің дамуына үлес қоса алатын санаулы ғана топ пен сол топтың бар сұранысын қанағаттандыра алатын жұмыс күші ғана келе алады.
- Қалған жұрт ше?
- Қалған жұрттың не істейтінін ойламаппын. Жер құрып біткенше тіршілігін жасай беретін шығар...
Қайыршы өмірден түңіліп кетті. Мұнда ешқашан келе алмайтыны айдан анық еді. Бірнеше күншілік жерді алып жатқан, кеседей төңкерілген шыны аспанның астындағы мына өмір, шынымен-ақ қазандай қайнап жатыр. Жаңа өмір! Барлық жерде қарқынды жұмыс, барлық жерде көңілді адамдар, айналадан жоқ-жітік жанды немесе тозығы жеткен бір дүниені кезіктіре алмайсың. Бәрі жаңа, бәрі өзгеше. Көңілі құлазып тұрған Қайыршының ойын:
- Енді ана тұсқа барып көрші, - деген дос-ағасының сөзі бөлді. Қараса, досы өз жерінен сәл арырақты меңзеп тұр екен. Қайыршы біраз жүрді де, артына қарады. - Алдыңдағы қоршаудан менің жерім бітеді. Дәл сол жерден қызық та басталады. Қоршаудан аттап ары өт немесе еңкейіп басыңды қылтит!
Қайыршы қоршаудан аттап өтуге жүрексінді. Досының тағы нені жұмбақтап тұрғанын кім біледі? Бұлар үшін жердегі адамдардың тағдыры түк емес. Ендеше, мұны да ермек үшін ертіп келгені анық. Дегенмен, дос-ағасының айтқанын істемеуге болмайды. Қайыршы аласа қоршаудан ұстап тұрып, асқан сақтықпен еңкейді. Еңкейгені сол ауа жетпей тұншығып бара жатты. Ол дереу басын тартып алды. Дос-ағасы мен жаңа танысы қарқылдап күліп жатыр екен.
- Не болды?
- Қоршаудың арғы жағында ауа жоқ қой, - деді Қайыршы.
- Иә, ауа жоқ.
- Сонда қалай? Ортаны шыны ыдыс емес, аласа шарбақ қана бөліп тұр ғой. Ауа ол жаққа қалай өтпей тұр?
- Міне, Марстағы үлкен жетістіктің бірі осы. Сен өз меншігіңе ауаны өзің толтырасың. Біреудің ит болып жүріп тасыған ауасына ортақтаса алмайсың!
- Мен шыны аспанның ішінде ауа толық бар деп ойласам...
- Жоқ, жердегі бүкіл жұртқа ортақ таза ауа, таза су, күн мен айдың жарығы бұл жақта жоқ. Оның бәрі тек ақшамен келеді. Пұлың болса, бәрін сол жақтан тасып әкелесің де, өз меншігіңде ханзададай өмір сүресің. Пұлың болмаса ешкім де шекарасынан сығалатпайды.
- Қызық екен...
- Мәселен, жерден құнарлы қара топырақ, ең көрікті табиғаттың таза ауасы мен суына дейін осында жеткізіп алған байлар бар. Статистикаға жүгінетіндер алдағы уақытта триллионерлер пайда болады дейді. Ондай триллионерлердің мұнда қаншамасы жүргенін көрсе талай адам жынданып кететін шығар.
- Сонда ана жерді сатып алған адамның ауа әкелуге шамасы жетпеді ме?
- Шамасы жетер еді, әне көрдің бе, құрылысқа қажетті дүниесінің бәрін әкеліп қойған. Енді ауа тасуға кірісем дегенде патшаға бір ісі ұнамай қалып, қамауға алынды.
- Қап. Марсқа аяғы жеткен адамның патшаның көңілін табуға амалы жетпегені ме?
- Соны айтсаңшы. Бізде бір астамсып кететін әдет бар ғой. Ол бәріне қолым жетті, енді маған ешкім кедергі бола алмайды деп ойлап қалды. Таза ауаны да басқа өңір құрып қалғандай патшаның жайлауынан алмақ болыпты. «Өлетін қарға бүркітпен ойнайды» деген сол.
- Енді соңы не болады?
- Кім білсін? Қомақты сый-сияпатпен алдынан өтсе кешіріп те қалар. Бірақ, мына жеріне көз тігіп отырғандар оған жеткізе қоймас.
- Мұнда да сондай тартыс па?
- Басқа елді қайдам? Біз ондайды Марста да қоймаймыз.
Дос-ағасы ақтарыла күліп алды да, - Қой, саясатты не қыласың? Марстағы тағамнан дәм татайық, - деп, жүріп кетті. Қайыршы аласа шарбақ жаққа тағы қарады. Шынымен-ақ, құрылысқа керектінің бәрі ретімен жинаулы тұр. Ауа жоғы енді анық аңғарылғандай, көрер көзге тым суық.
Қайыршы Марста таза үш күн болды. Шыны аспанның астын көлікпен де, жаяу да армансыз аралады. «Кімсің, қайдан жүрсің, рұқсатың бар ма?» дейтін ешкім жоқ. Жолыға қалған адамы ұлтына қарамастан жылы жымияды, бас изеп амандасады. Ешқандай үйде, ешқандай ғимаратта, көшелерде темір немесе тас қоршау жоқ. Айнала тап-таза, бәрі ретімен орналасқан. Шыны ыдыстан шығып, шынжыр табан көлікпен ауасыз өлкені де аралап көрді. Ту сыртыңнан біреу қарап тұрғандай, әлдекімнің меншігіне рұқсатсыз кіріп кеткендей ыңғайсыз күй кешеді екенсің. Бір кездерде тіршілік болған дегені рас-ау, қалалардың, алып құрылыстардың орындары сайрап жатыр. Көл, теңіздердің табаны сияқты терең ойпаңдар аз емес. Дегенмен, биік қабақтан қарағанда алып шынымен көмкерілген етектегі адамдар мекені түнде ерекше көз тартады екен. Түрлі жарық көз арбап, «Бізді көрдің бе?» дегендей жымыңдайды. «Бұл өлкені де жерді тонағандай тоздырып жібермей, қадірлеп ұстаса екен» деп ойлады Қайыршы. Өзінің бұл маңға енді келе алмайтыны есіне түссе өзегі өртеніп-ақ кетеді. Жерде шалқып өмір сүре алмаған сорлы басы, бұл жақты армандап қайтсін? Енді ауасы мен тұнық суынан, құнарлы топырағынан айырылған қара жерде өзі сияқты көппен бірге маңдайға жазғанын көріп, қала берер...
ЖЫЛАНДЫ КӨМБЕ
Бір елде «Қуды қу, сұмды сұм табады» деген мақал бар екен. Соны кім шығарса да түк қателеспеген. Күндердің бір күнінде талайды қан қақсатқан алаяқ пен жыбырлаған тіршілік иесінің бәрінің тілін білетін сиқыршы жолыға кетті. Мүдде ортақ. Таусылмас қазына табу. Алаяқта аңқауды алдап түсірген, әлсізден әлімжеттік жасап тартып алған, алаңғасар байды мақтап жүріп тапқан байлық пен министрлерге пара беріп, көлеңкедегі көкелерді сағалап жүріп қол жеткізген мансап бар еді. Анау-мынау мансап емес. Алып бір шаһардың қожасы. Тек, атадан қалған ашкөздіктің көмейі бітелмей ұдайы бүлкілдейтін де тұратын. Сиқыршыда да бақ-дәулет жоқ емес. Жан-жануар, ұшқан құс, жүгірген аң, жәндік біткеннің әр сөзі мен ымын аңдып жүріп ол жер-ананың қойын-қонышын тонап біткен. Әсіресе сауысқан біткен одан әбден зәрезап болып кетті. Жылтырағанға құмар құстар ұясына тасыған бар дәулеттің қызығын Сиқыршы көреді. Өмір осылай бірі алдап, бірі арбап өтіп жатқанда сауысқандар жиналып, Сиқыршыға келді.
- Біздің саған айтар бір құпиямыз бар!
- Қане, құлағым сендерде!
- Жоқ, құпияны айтпас бұрын сен біздің бір шартымызды орындауың керек!
- Ол қандай шарт?
- Біздің үрім-бұтағымыздан өмір бойы аулақ жүресің. Біз өз тапқан-таянғанымыздың қызығын өзіміз көреміз. Сосын, құпияны саған біз жеткізгеніміз ешқашан әшкере болмасын!
- Құпияларың сол уәдеге татый ма?
- Құны асып түспесе кем соқпайды!
- Бердім ендеше уәдемді!
- Бұл аздық етеді. Ата-баба, зәузатыңды, қандай жан аямас құндылығың бар, соның бәрін көлденең тартып, ант бер!
- Сендер тым тереңдеп, тым еркінсіп кеткен жоқсыңдар ма?
- Ерік өзіңде. Біз бекер топтанбаймыз, оны жақсы білесің!
- Бопты, тоқтаңдар! Бұдан былай сендердің несібелеріңе сұғынсам және арадағы сырды ашсам, бойымдағы бар қасиетімнен ада болайын! Ризасыңдар ма?
- Ризамыз! Енді тыңда! Мына таудың күнгейінде жалғыз қойтас бар, қаладан тым қашық емес. Оңай табасың. Сол арадан жыланның ордасын көресің. Әлемдегі ең көп және ешкімге залалсыз жыландар сол жерде. Залалсыз дегенге дәрменсіз деп ойлама. Өзіне тиіскенді оңдырмайтын әл-қуаты бар.
- Төтесінен тартыңдаршы, сендердің ертегілеріңді тыңдап тұратын уақытым жоқ!
- Қысқасы, сол жыландар бауырын төсеп жататын таусылмайтын қазына бар. Буының өзі сағым болып күншілік жерден қол бұлғап жатады. Бірақ, оны пенделер көре алмайды!
- Мыналарың расымен-ақ тосын жаңалық екен. Ал, оны мен қалай қолға түсірем?
- Ол сенің шаруаң. Біз оған араласа алмаймыз.
- Түсінікті. Мұның бір амалы болуы керек!
- Ал, біз кеттік. Қарғысқа ұшырап, ерекше дарыныңнан айырылғың келмесе уәдеңде тұрарсың!
- Бар, барыңдар. Көрмегенім сендер болыңдар!
Сауысқандар шаттана шықылықтап жөндеріне кетті. Сиқыршыны ауыр бір ой басты. «Не істеу керек?» Күн ойланды, түн ойланды. Ақыры, нартәуекел. Бара көрмек болып шешіп, бүк түсіп жата кетті. Ертесі бір қараңғы, бір жарықта тауға аттанды. Ел көзіне түспей, ешкімге күдік туғызбай қаладан оңай сытылып шықты. Өйтпесе тағы болмайды, мұның малтапқыштығын байқаған ұры-қары мен қарақшы ізін аңдып жүретін. Осы жолы қапы қалдырған болар. Көп ұзамай сауысқандар айтқан жерге келіп жетті. Қолмен қойғандай етіп айтып бермесе кісі баласының көзіне шалына қоюы қиын-ақ екен. Межелі сызықтан өтіп кетті ме, алдынан ысқырып екі жылан шықты.
- Саған не керек, адам баласы?
- Патшаларыңа жолықсам деп едім...
- Не бұйымтайың бар?
- Оны өзіне жеке айтуым керек!
- Сәл күте тұр!
Бірі келген ізімен кері кетіп, екіншісі кірпік қақпай дегеніміз жалған болар, тапжылмай Сиқыршыны бақылап тұрды. Шай қайнатым уақытта қарауыл жылан қайтып келді.
- Соңымнан ер, адам баласы!
Ол ирелеңдеп мүлде басқа бағытқа тартты.
- Оу, біз басқа жаққа кетіп бара жатырмыз ғой?
- Соңымнан ер. Артық сауал қойма.
Кейде бір лепіріп отырғанында бәрінің тілін ғана емес, ойлағандарын да біле алам деп күпірлік қылатын Сиқыршы қорқайын деді. «Зәлім сауысқандарға қайдан ғана сене қалдым. Менен құтылу үшін осы отқа әдейі итерген екен ғой» Тұра қашсам ба деп бір ойлап еді, соңынан жаңағы екі жыланға ұқсамайтын тағы екі қара жылан еріп келеді екен. «Біткен жерім осы!» Ол сан-саққа жүгірген ойымен алысып келе жатқанда құрық бойы алда ирелеңдеп бара жатқан жылан тоқтапты. Аз болмағанда басып кетіп, шынымен-ақ өз түбіне өзі жете жаздады.
- Ана қара тасты көрдің бе, адам баласы?
- Иә, көріп тұрмын.
- Ендеше, соған жақында. Патшамыз сені күтіп отыр!
Сиқыршы әл-әзір өле қоймайтынына қуанып кетті. Жыланды айналып өтіп, тасқа қарай ентелей ұмтылды. Таяп келгенде анық байқады, қара тас дегені алып қара жылан екен. Ол енді шындап сасайын деді. Мынау бір қылқытса сүйегі тамағын жыртпай өтеді ғой.
- Қош келдің, адам баласы!
- Қош көрдік, жыландар патшасы! - деді даусы тарғылданып.
- Неге қорқып тұрсың?
- Қорыққам жоқ, даусым өзі сондай...
- Маған оңаша айтар әңгімең бар дейді ғой.
- Иә, иә болғанда, әңгіме емес, үлкен өтініш еді...
- Ішім сезеді. Дегенмен, өз аузыңнан естиін. Көп созбақтамай айта бер.
- Иә, айтайын... Сіздің патшалықта таусылмас қазына бар екен...
- Оны кім жеткізді саған?
- Ешкім! Ешкім жеткізген жоқ!
- Онда қалай білдің? Бұл сан ғасырлар бойы адам баласы білмеген құпия ғой.
Сиқыршы сауысқандарды сатқысы келіп бір оқталды да, сиқыршылық қасиетінен айырылып қалам ба деп қорықты. Бірақ, мына байлыққа кенелсе енді ол қасиеттің не керегі бар? Жоқ, байлыққа әлі қолы жеткен жоқ қой. Бермей қоюы әбден мүмкін. Түсі тым суық екен. Сондықтан, ерекше дарынды жоғалтып алмай қоя тұруы керек. Осының бәрін қас қағымда ойлап үлгерген Сиқыршы:
- Аян берді, түсімде аян берді, - деді.
- Ол да мүмкін. Түбі бір келетіндеріңді, бізді жайымызға қоймайтындарыңды бабаларымыз жиі айтушы еді.
- Жайына қоймағаны қалай? Менің сіздерге зорлық-зомбылық көрсетейін деген ойым жоқ!
- Сен бұл сөзді әлі қазынаны көрмегендіктен айтып тұрсың. Құдай бізге берген бақ-дәулетті көргенде мүлде басқаша сайрайсың!
- Ант етейін, жеті ата, жетпіс жеті зәузатыммен ант етейін. Менің сіздерге тырнақтай залалым тимейді.
- Жердің асты-үстін түгел жалмап болған адам баласы, баянсыз мақсат-мүдделері үшін бірін-бірі аяусыз қырып жатқан адам баласы, аяғы ауыр әйелдің, періштедей баланың, қауқарсыз қарттардың көз жасына селт етпеген адам баласы, өзі отырған бұтақты өзі кесіп жатқанын біле тұра қыңқ демейтін адам баласы жорғалаған жыланды жарылқайды дегенге кім сенеді?
- Сіздің сеніміңізге кіру үшін не істесем болады?
- Мен үшін ештеңе істемей-ақ қой. Біз сендердің көмектеріңе зәру емеспіз. Әттең, көз көрмес, құлақ естімес бір жаққа кетер едік, туған жерді, бабадан мұра болған туған жерді қимаймыз. Бұл күнде адам аяғы ластамаған ондай тұмса табиғат та қалмады. Қазір сені тұсаулағанмен, ертең тағы біреу, оның арғы күні тағы, тағы келе береді адам баласы. Бабаларымыздан жеткен өсиетте ақырзаман боларда еншіңе адам ортақ болады деген сөз бар еді. Сол күн дәл мен патшалық құрған дәуірде келгеніне қапамын. Сенің көкейіңді тескен қазына бізді жер жаратылғалы шуаққа бөлеп келіп еді. Оны сақтап қалатын дәрмен енді бізде жоқ. Өйткені, мекеніңе алғашқы адам аяқ басқан күні ұлы дәурен аяқталады. Одан кейінгісі адам баласының нәпсісіне байланысты деп еді. Сондықтан, сен маған өз шартыңды айт, мен саған өз шартымды айтып, ортақ келісімге келейік. Мен соғысып, халқымды босқа қырғым келмейді.
- Онда алдымен, ол қандай қазына, соны білсем. Алтын-күміс пе, ақша ма дегендей...
- Ақша бізде қайдан болсын. Ол табиғат тарту еткен саф алтын. Көлемі бір отар қойдың қотанындай.
Сиқыршының тілі байланып қалды. Тай тұяқ немесе бір уыс, ұзаса ат басындай алтын дегенді естіген. Қоралы қойдың орнындай алтынды көзіне елестете алар емес.
- Көрмей жатып, естігеннен-ақ есің кетті. Сен оның өтеуіне не бере алар екенсің?
- Оның өтеуіне жарар... өтеуіне жарар ештеңе ойыма келмей тұр. Мәселен, ол мұра, бабаларыңыздан қалған мұра сіздерге несімен құнды? Яғни, мұралығынан басқа не қызмет атқарушы еді дегенім ғой. Соны білсем...
- Ойыңды ұқтым. Біз байлыққа құмар емеспіз. Ол алтынды сатып та пайда таба алмаймыз. Өйткені, алтын адамнан басқа ешкімге керек емес. Ал, адам баласы бізбен еш түсініспеді. Жолыққан сәтте өлтіруге құмартып тұрады. Қысқасы, алтын бізге шуақ сыйлайды, жылу сыйлайды, біз соған бауырымызды төсеп жылу аламыз, мейірімге бөленеміз.
- Болды ма?
- Бұл аз ба?
- Ойбай-ау, оның жарасы жеңіл ғой. Қазір жиырма бірінші ғасыр. Ауылдарға дейін жылу тартылып жатыр. Жарық қой бізде о бастан бар. Демек, біз түсінісе аламыз. Мен сіздерге ешкімге білдірмей жылу мен жарық түсіріп берем. Сіздер маған алтындарыңызды бересіздер. Келістік пе?
- Оған сенің шамаң жете ме?
- Әрине жетеді. Қала деген әне. Қол созым жерде тұр. Ертең-ақ бәрін алып жетіп келеміз.
- Сенбеймін саған, адам баласы. Сенбеймін. Әттең, сені өлтіргеннен іс бітсе, қазір-ақ жұта салар едім. Амалым қанша!
- Менің рас айтып тұрғаныма ертең-ақ көзіңіз жетеді. Жан баласына білдірмей бәрін реттеймін.
- Қайдағыны айтпа. Ізіңді аңдып үш-төрт қарақшы мен ұры-қары жүргенін білмейсің бе? Олар сені ана жарқабақтың артында тосып отыр. Қазір мен сені өлтірсем де, тірі жіберсем де бар құпия жария болып үлгерді. Менің сенімен келісімге келейін дегенім содан. Оның үстіне біздің тілімізді білетін жан сен ғана. Сондықтан, сен арқылы адам баласымен келісімге келеміз деп ойлаймын!
- Мынауыңыз табылған ақыл. Бірақ, мұны күллі жұртқа жария қылып қайтеміз? Мен сіздерге жарық пен жылу жеткізуді мойныма алайын. Сіздер, ана ұры-қаралардың көзін жойыңыздар!
- Жоқ, адам баласы. Өз мүддеңе бізді пайдаланба. Біз сен үшін қан төкпейміз. Біздің бәрін бейбіт және заңды шешкіміз келеді. Ал, ол сенің қолыңнан келмейді. Сондықтан, мені тыңда!
Өз айтқаны бола қоймайтынына көзі жеткен Сиқыршы амал жоқ басын шұлғыды.
- Иә, құлағым сізде!
- Бұл алып шаһардың мыңдаған жылдарға кететін тарихы бар. Бұл қалада қара қылды қақ жарған әділ билеуші де, қылышынан қан тамған қанішер хан да, өнер-білімді қош көрген ғұлама басшы да болды. Кескілескен қырғынды да, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманды да басынан өткерді. Ат байлайтын ағашына дейін көктеп сала беретін жерұйық мекен қазір әбден тозды. Төбесіне кетпестей болып байланған қара түтіннен халқы аспанды, ай мен күн бұл шаһарды көруден қалды. Суы тұнып ақпағалы талай уақыт өтті. Адам баласына жаным қатты ашиды. Неге сонша адасты? Қарғысқа ұшырады ма әлде?
- Мүмкін, - деді Сиқыршы тыпыршып. Оған қазір алтыннан басқа әңгіме қызық емес еді.
- Жаныңды қоярға жер таба алмай тұрғаныңды білем. Бірақ, есіңде болсын, бұл алтын енді бізге де, сендерге де опа бермейді. Ол жердің астында ғана тыныш жатыр. Ертең шыққан күні әлем астаң-кестең болады.
- Жоға. Жан баласына білдірмейміз ғой. Ол жағынан мен деген...
Жыландар патшасы сөзді кесіп тастады.
- Жә, тоқетерін айтайын. Сен қазір бөгелместен шаһар басшысына барасың. Бізге керектіні сол ғана жасап бере алады. Бәрін түсіндіріп айт. Келісім әділ болсын. Жылу мен жарықтан менің ұрпағымның ұрпағы тарықпайтын қылсын. Өзінен кейінгі билеушілер де осы келісімді бұзбасын. Өйткені, біздің алтын оның өтеуіне толық жетеді.
- Ол жағын өзім-ақ...
- Тоқтат! Бұдан артық мәймөңкелеме. Сенің аман тұрғаның тіл білгеніңнің ғана арқасы. Осыны ұмытпа!
- Ұқтым. Ал, ана баскесерлерден қалай айналып өтем?
- Олар біздің бақылауымызда. Сен барып, істің бәрін шешіп келгенше олар осында болады.
- Келістік. Онда мен жүрер алдында алтынды ең болмаса сыртынан бір көрсем.
- Өтің жарылып кетсе де іс бітпей ештеңе көре алмайсың. Ал, енді бар!
Сиқыршы келген ізімен дедектеп бара жатты. Осының бәрі өңім бе дегендей, арт жағына жалтақ-жалтақ қарап қояды. Қызығушылық жеңіп, ұры-қарыларды көре кетейін деген оймен жолы қиыс болса да жарқабаққа қарай тартып еді, бір түп шеңгелдің арасынан есік пен төрдей жылан ысқырып шыға келді.
- Жаныңның барында қалаға жет!
Сиқыршының жүрегі тоқтап қала жаздап, өне-бойы қалтырап кетті. Шыбындаған атқа ұқсап, басын изектеткен күйі төмен қарай безіп барады. Сүт пісірім уақытта қалаға да жетті. Тізімге жазылып, кезекте қона-түней жатып, кіші шенеуніктерді паралап жүріп үлкен шенеуніктерге, олар арқылы шаһар басшысына жетті-ау ақыры. Мән-жайды толық баяндап болғанда билеуші қарқылдап тұрып күлді. Көзінен жасы аққанша күлген, екі иығы селкілдеп біраз уақытқа дейін тоқтай алмаған әкімді Сиқыршы жындыға балады. «Бәлен миллион жұртты мынау қалай басқарып отыр. Бойы бір қарыс, қарны ғой екі қарыс. Түріне қарасаң әр емшекті аңдыған аяқ-қолы шидей, қарны қапақтай, тойғанын білмейтін жетім қозыға ұқсайды» деп тыжырынды.
- Жыланмен сөйлестім дейсің бе? Бір күні сендер өзге планеталықтарды ертіп келетін шығарсыңдар.
- Құрметтім, рас айтам. Бұл менің ешкім білмейтін ерекше дарыным!
- Тоқтат. Сендер бізді ерігіп отыр деп ойлайсыңдар ғой деймін. Мен мемлекетіміз бен үкіметіміздің алдындағы қыруар міндетімді атқармай сендердің ертегілеріңді тыңдап отыруым керек пе? Кім кіргізді сені? Мұндай бассыздыққа жол беріп жүрген кім?
- Тоқтай тұрыңызшы, бір-ақ минут тоқтаңызшы. Осы мекемеде тордағы құс бар ма? Бөлмелерде құстар болушы еді ғой...
Бұл ой әкімге де қызық көрінді ғой деймін, ашуынан тез тиылып:
- Қазір, қазір сенің әуселеңді көрейік, - деді де жұмыс столындағы қара түймені басты. Сол-ақ екен, есіктен бөксесі мен омырауын әлемдік дәрежеде мақтан етуге болатын бір келіншек көрінді.
- Осында бір тіршілік иесі бар ма?
- Иә, бәрі бар. Бәрі өз орнында отыр, аса мәртебелім.
- Ой, олар құрып кетсін, мен құсты айтам, құс бар ма?
- Қандай құс, аса мәрте...
- Тордағы құс немесе кесіртке, тасбақа дегендей. Осындай мекемелерде болушы еді ғой, - деді Сиқыршы асығып-аптығып.
- Ааа, - деді көркем келіншек жылы жымиып, - Менде аквариумдағы балықтар бар ғой.
- Балық бола ма? - деді мына іске шындап кіріскен шаһар басшысы.
- Болады, әрине болады. Тек, оңаша болса жақсы болар еді...
- Бір-екі жұмысшы шақыр да аквариумыңды осында кіргіздір. Тездет!
Бөксе мен омырау әп-сәтте көзден ғайып болып, кабинетті ауыр тыныштық басты.
- Осыдан сөзің жалған болса менен жақсылық күтпе!
Сиқыршы бағана жыланға сауысқандарды сатып жібермегеніне қатты қуанды. Сатпаудың да пайдасы бар екен ғой деп ойлады сосын. Сәлден соң есік ашылып, екі жұмысшы ішке үлкен екі қызыл балық пен майда бес-алты алтын балық жүзіп жүрген аквариумды алып кірді.
- Сендер боссыңдар, қайта беріңдер. Ал, сен бізге ешкімді кіргізбе! - деді әкім қатаң дауыспен. Білсем деген құмарлық жеңіп тұрған келіншек бұртиып өкпелеп қалды. Алайда, жанарында «Несін жасырасың? Бәрібір өзің-ақ айтып бересің ғой» деген сенім бар. Есік тарс жабылды. Әкімнің көзі Сиқыршыда.
- Қалдарың қалай, судағы бауырлар? - деді Сиқыршы.
- Қаліміздің қандай екенін өзің де көріп тұрсың ғой, адам баласы. Біз осы тар қапасқа түскелі көңіл аударған алғашқы жан сенсің. Қайдан келдің, кім боласың? - деді ішіндегі жасы үлкен балық.
- Мен де өздеріңдей бір ғаріппін. Мына әкімге ісім түсіп келіп едім, сөзіме сенбей жазалағалы отыр. Содан сендерге жүгінуіме тура келді.
- Бостандықтан алыстап қалған біздей мүсәпірден саған қандай көмек болсын?
- Рас, сендер ғана көмектесе аласыңдар. Менің жан-жануардың тілін білетінімді мынаған дәлелдеп берсеңдер болғаны.
- Әй, сен неменеге бүкшеңдеп, аузы-басыңды қисаңдатып тұрсың?
- Сөйлесіп жатырмын, аса мәртебелім!
- Оттапсың. Кімді ақымақ қылғың келеді? Олай деп баланы алдарсың!
- Рас айтам, сенбесеңіз не дегенін айтайын.
- Оның шынымен олай дегенін мен қайдан білем? Одан да сен оларға су бетіне шық де! Сонда сөзіңе сенейін!
- Аа, мұның жарасы жеңіл!
Сиқыршы балықтарға қайта еңкейді де:
- Сөзіңді дәлелдегің келсе балықтар су бетіне шықсын деп жатыр. Өтінем, су бетіне шыға қойыңдаршы.
- Адам баласы, сен өтінесің. Біз орындаймыз. Ал, біз өтінсек кім орындайды?
- Мен орындайын. Не өтініштерің бар?
- Бізді алған жерлеріне қайта апарып тастасын.
- Қайдан алып еді?
- Мен қызыл теңізден келдім, мен Атлант мұхитынан...
Олар жамырап өздері келген су әлемін айта бастады.
- Апарып тастаймын, маған сеніңдер. Өзім апарып тастаймын.
- Біз құрғақ уәдеге сенбейміз. Әсіресе адамдар берген уәденің орындалуы өте қиын.
- Оны кім айтып жүр сендерге? Сенбейтіндей кімнен алданып едіңдер?
- Әл-әзір бізді ешкім алдай қойған жоқ. Бірақ, біздің осы ғимаратта тұрып жатқанымызға сандаған жылдар болды. Сол аралықта бірде бір өтініштің, бірде бір уәденің, тіпті, жоғарыдан келген бірде бір бұйрықтың толық орындалғанын көрген емеспіз. Бәрі сөз жүзінде, қағаз жүзінде ғана тастай болып шыға келеді.
- Оу, сендер тым арыға кеттіңдер ғой. Ерекше жаратылыс ретінде бір жақсылық жасай алмайсыңдар ма сонда? Мен бейшараны өз қолдарыңмен, ой, қолдарыңмен деппін ғой, көз алдарыңда өлімге байлайсыңдар ма?
- Жарайды, адам баласы. Бір өтінішіңді орындайық. Сен де біздің өтінішімізді ұмытпағайсың.
Олар осыны айтты да қалқып су бетіне шықты.
- Мәссаған! - деді таңырқаған әкім. - Енді су түбіне түссінші.
Сиқыршы ым қағып еді, балықтар бір демде су түбіне шөге кетті.
- Енді бірінің артына бірі тізіліп айнала жүзсін!
Сиқыршының ымымен балықтар енді тізбектеліп жүзе бастады.
- Мына ғажапты қара! Сен оларды сиқырлап тастаған жоқсың ба?
- Жоқ. Қаласаңыз, басқа тіршілік иелерін алдыруыңызға болады, - деді еркінси бастаған Сиқыршы.
- Жоқ, осы жарар. Қане, сен жаңа не дедің? Басынан бастап дұрыстап айтшы!
Қала басшысы орнына барып отырды. Бұл жолы сұстанбай тым жайбарақат отыр. Осы көңіл күй Сиқыршыға да жұғып, оқиғаны төндіре, қоюландыра, өзінен дүниенің тұтқасын ұстап тұрған керемет бір тұлға жасай отырып, бұл болмаса жағдайдың соңы қиын болып кететін қылып суреттеп берді. Өйтпеске тағы амалы жоқ. Қолында билігі бар неме қазынаны көрген соң, мұны ұмытып кетуі кәдік қой. Әкім бәрін мұқият тыңдады.
- Ал, біз оларға жылу мен жарық бермей-ақ, бар алтынын жәй ғана тартып алсақ ше?
- Онда табиғат заңдылығы бұзылады, аса мәртебелім! Олар тым көп. Қаланы жылан жайлап кетеді.
- Сонда сен бізді қауқарсыз деп ойлайсың ба? Жыбырлаған шылаушынға шамасы келмейді деп отырсың ба?
- Жоқ. Ол не дегеніңіз? Менің айтпағым, бұл құпияны басқамен бөлісіп не істейсіз? Егер сіз тартып алсаңыз, жыландар қалаға лап қояды. Жұрт шулап, бұл ақпар жоғарыға жетеді. Сонымен, елдің бәрі құлақтанады. Ал, мен айтқандай шешсеңіз, құпия екеуміздің арамызда ғана қалады.
- Бұл сөзің көкейге қонады. Онда солай істейік. Қане, не тұрыс? Мені сол жерге апар. Көзіммен көрейін, содан кейін ғана іске кірісеміз!
Сиқыршы мен әкім жолға жиналды. Кабинеттен енді шыға бергенінде «Уәдеңді арыңа аманаттадық» деген дауысты құлағы шалып, Сиқыршы мырс ете қалды. Олар ел танып қоймас үшін қарапайым киім киіп, иықтарына саяхатшыларға ұқсап жүкдорба асып алды. Әне-міне дегенше межелі жерге келіп жетті. Манағы орнынан тапжылмаған ба, әлде, бұлар келетін мезгілді хабаршылары жеткізді ме, жыландар патшасы сол қалпы оратылып жатыр екен. Шөптің сыбдырын естіп басын көтерді. Әкімнің зәресі ұшып кетті. Ел басқарып отырған көсемнің алдында бұлай ықпаған шығар. Оның да сесі зор, келген шаруаңды ұмытып, мақтай бересің бас ұрып. Дегенмен, мынаның сұсы басып-ақ тастайды екен. Ол бағана ғана жақтырмай, зіркілдеп отырған Сиқыршысына енді жарамсақтана қарады.
- Мені таныстырсаңшы...
- Ол сізді таниды.
- Рас па? Қайдан?
- Бағана бері сізді тосып жатыр емес пе?
- А, иә. Онда мән-жайды айт. Менің келіскенімді жеткіз. Тек, алдымен алтынды көрсетсін!
«Адам баласы неге сонша азып, азғындап кетті. Мынау ел басқаратын адам ба? Бұл қара басын дұрыстап алып жүре алмайтын жан ғой. Пах, билеуші дегенде көлденең келгенді көз қиығымен-ақ қағып тастар сұс, ашу-ызаға бой алдырмас парасат-пайым, ел сүйінер түр-тұлға, сөйлесе сөзден сүріндірер білім-білік, ұстасса жауын жер жастандырар күш-қайрат тұтасып тұрса ғой. Амал қанша? Ісіміз бақа-шаянға түсіп тұр» деп ойлады жыландар патшасы. Бұл үндемеген сайын екі адамның дегбірі қашып барады. Мыстарын баса түсейін деген бе, әлде, сақтығы ма, арқан тастам жердің бәрінде қазықтай қақшиып бір-бір жылан тұр.
- Уа, жыландар патшасы, - деді Сиқыршы, осылай сөйлеу керек шығар деп ойлады өзі іштей. - Уа, жыландар патшасы! Біздің билеуші алдымен алтынды өз көзіммен көрсем дейді!
- Сен шартты толық жеткіздің бе?
- Түгелдей жеткіздім. Тіпті, сіздердің болашақтарыңыз үшін өзім де кей жайды қосып айттым.
- Қосып айтар ештеңенің керегі жоқ. Біз ертең-ақ бұл орынды босатып беріп, ана тақыр күнгейге көшеміз. Жазда жылы, қыста қары тез еритін ық мекен. Бас-аяғы бір үйдің бау-бақшасындай ғана жерді ыстықпен, жарықпен қамтыса болғаны. Бізге одан артық ештеңенің керегі жоқ. Бабалардан қалған асыл мұра ұрпағының бодауына кетсе, тыныштығы мен амандығы үшін жұмсалса менің де жаман патша болмағаным. Осыны басшыңа айна-қатесіз жеткіз. Басы артық сөз қосушы болма!
Осыны айтты да, жыландар патшасы жұтып жіберердей төніп келді. Бұл сөзім бұрмаланып кетпесін деген сақтығы еді. Сиқыршы мен әкім шалбарларын былғап алудың аз алдында тұр. Тісі-тісіне тимей қалшылдаған Сиқыршы кекештенсе де естігенін түгел серігіне жеткізді. Анау мүлде тілден қалыпты, кеудесіне қолын қойып қайта-қайта тағзым ете береді.
- Ендеше, күллі пенденің көз құрты болмақ алтынды көретін сәт таяған сияқты. Соңымнан еріңдер, - деп, жыландар патшасы алдыға түсті. Бас көтеруге жарамаған екі пақыр сүмеңдеп келеді. Олар біраз жүріп, сауысқандар айтқан дәу қойтасқа маңдай тіреді. Бұл тастың жер бетіне шығып жатқан ширек бөлігі ғана екен. Қалғаны кісі еңбектеп кіре алатын апанмен жапсарласып, жерге сіңіп кетіпті. Жыландар патшасы бөгелместен ішке кіріп бара жатыр. Екеуі не істерін білмей, бір-біріне қарап тұрып қалып еді, бағанағы қара жыландар ысқырына бастады. Мұны көріп шошынған әкім алғашқы болып апанға өзі ұмтылды. «Жалмауызға да жан керек» деген осы болса керек. Басшының ізін ала Сиқыршы да еңбектеп келеді. Сырттан құйылып тұрған жарық бірте-бірте азайып барып, айнала қара түнекке айналды. Бағанағы қорыққан қорыққан ба, екеуі енді шындап үрейлене бастады. Әне-міне қойын-қоныштарына жылан толып кетердей зәре-құттары қашты. Тіпті, тыныстары тарылып бара жатқан сияқты. «Бұл итке сеніп нем бар еді?» деп өкінді әкім. «Тозаққа өз аяғыммен бара жатқаным ба?» деп бармағын шайнады Сиқыршы. Дегенмен, ол әкімге қарағанда бір үмітке иек артатын сияқты. Себебі, жыландар патшасы қатты күйзелді, көп толғанды ғой. Екеуі үшін бұл еңбектеу өмір бойы аяқталмайтындай болғанда алдыдан бір сәуле көрінді. Күннің нұрына ұқсамайды, алыстан көрінген шамның жарығы сияқты. Екеуі де көңілденіп сала берді, қозғалыстарына жан бітіп, тыпырлап алға ұмтылды. Апан іші де кеңіп, тыныстары қалыпты бола бастаған сияқты. Бірте бірте жарық молая берді де апан іші анық көрінетін дәрежеге жетті. Алдыдан сары жалқын молынан құйылып тұр. Бұлардың екпіні күшейейін деді. Әттең, тұра салып жүгірер еді, үңгір іші тарлық қылып тұр. Дегенмен, манағыдай емес, тізерлеп жүруге болатын кеңдік бар. Апанның әңгімесін арқандай созып қайтеміз, екі пақырдың көзін қарықтырып, үңгірдің біткен жерінде қолдан құйылғандай теп-тегіс саф алтын жатты. Апан іші кісі бойынан биік екен. Расымен-ақ қоралы қой сыятын кеңістік бар. Соның бәрінде алып айнадай жарқырап, көз шағылысатын таусылмас қазына жатыр. «Бетіндегісінің өзі осынша жерді алып тұр, төменге қаншалықты кетті екен? Мынаның бәрі таза алтын болса...» деп, әкім көз мөлшермен есептей бастады. «Алтынның қаншасы маған бұйырар екен? Мыналардың ойы бұзылмай тұрғанда өз үлесімді алып, шетелге қарамды батырсам ғой» деп, Сиқыршы тыпыршыды. Екеуі де алтынды өлкеге аяқ басуға жүрексініп, өздері келген үңгірдің шетінде әлі тұр состиып. Үріккен қойға ұқсап тұрыстарында мән бар еді, олар осындай үлкен алтынды ғана емес, осынша көп жыланды өмірлерінде алғаш рет көрген болатын. Жыландар патшасына ілесіп, бұл екеуі кіргенде күллі жылан біткен бас көтеріп, осылай қарай лап қойған. Ішінде он құлаш болатындай ұзыны, алты жасар өгізді бұйым көрмей жұта салар жуаны, жіптей жіңішкесі, қарыстай қысқасы, ағы, сұры, қарасы, аласы дейсіз бе, саналуаны өріп жүр. Бәрі таяу келіп сабыр тапқанда жыландар патшасы сөз бастады.
- Сан ғасырға созылған тыныштық, бейбіт өмір аяғына келіп жетті. Жерді астаң-кестең қылып, заманақырды тездетіп жатқан екі аяқтылар міне алдыларыңда тұр. Жыландар жылнамасында жазылғандай, енді алтын үшін жан аяспас айқас басталуы тиіс.
Сиқыршының жүрегі солқ ете қалды. «Сонда бағана бері мына тажал бізді алдаған ба?»
- Алайда, менің оған жол бергім келмейді. Мен үшін сендердің әрқайсысыңның амандығың қымбат. Және бұл соғыста біздің жеңіліс табатынымыз анық. Сондықтан, мен адам баласымен келісімге келуді жөн көрдім. Мынау осы елдің патшасының жақыны, етектегі шаһардың қожасы. Олар бізге қызуы мен жарығы осы жерден еш кем емес жаңа жай салып беретін болды. Есесін біз осы атамұрамен өтеуіміз керек.
- Оларға сенуге бола ма? - деді жыландардың бірі.
- Аңыздарға сүйенсек, талай мәрте алдап немесе сатып кеткенін көреміз. Бірақ, бізде басқа амал жоқ.
- Егер бұл екеуінің және басқа куәлердің көзін жойсақ ше?
- Мәселе бұларда ғана емес. Тағдыр тақтасына жазылған «Алдымен біреуі, артынан тағы біреуі, сосын тағы келеді. От тұтатып, жерді аршиды. Тас құмға айналып, атадан қалған алтын сынады. Патшалық құлап, жыландар әр тарапқа жосиды» деген сәт осы.
Олар ұзақ үнсіз қалды. Содан кейін барып жыландар патшасы Сиқыршыға бұрылып:
- Міне, бәрін көздеріңмен көрдіңдер. Дәл осындай жағдай жасау қолдарыңнан келе ме? Билеушіңнен сұра, - деді. Сиқыршы әкімге бәрін сөзбе сөз жеткізіп айтты.
- Жасаймын. Бұдан да зор қылып жасап берем. Астыларына жылылап еден төсетем, үстілерінен жарық төгіліп тұратын болады. Керегелерге, тіпті, еденнің астына жылу құбырларын жүгіртем. Су керегі жоқ па екен? Сұрашы, - деді әкім басшысының алдында есеп беріп тұрғандай тақылдап. Сиқыршы біресе жыланға, біресе әкімге сөздерін тасып беріп, ортада тұр.
- Суының керегі жоқ. Қорегімізді өзіміз тауып жейміз. Бізді тек жылу мен жарықтан қыспасын!
- Жарайды, дегендерің болсын. Жылу мен жарық қана десеңдер, оның жарасы жеңіл!
- Олай болса, кісі баласына тіс жармай іске кірісіңдер. Сендер бәрін реттеп болдық дегенде біз мына жерді босатамыз.
- Келістік. Бүгін тым кеш болып кетті. Ертең-ақ жұмысты бастап кетеміз!
- Енді бұл күн сендердің естеріңде мәңгі қалуы үшін біз бір рәсім жасаймыз.
- Ол қандай рәсім?
- Дәл ортаға барып жатыңдар!
Екеуі жарыла жол берген жыландардың арасымен қорқақтай басып барды да алтынды аймақтың дәл ортасына тоқтады.
- Енді араларыңа қамшы сабындай жер қалдырып, жатыңдар. Осындағы күллі жылан үстілеріңнен бір жүріп өтеді.
Сиқыршының тұла бойы жыбырлап кетті.
- Бұл күнді мен онсыз да өмір бойы ұмытпаймын, аса мәртебелім!
Жыландар жан-жақтан ысқырынып кетті де Сиқыршы жан-дәрмен шалқасынан жата кетті. Әкім не болғанын түсінбесе де серігінің істегенін қайталап:
- Не болып жатыр? - деп сыбырлады.
- Мыналардың бәрі үстімізден жүріп өтіп, содан кейін ғана жібереміз дейді.
- Олар жүріп өткенше жүрегім жарылып өлетін шығармын...
Жыландар патшасы өзі бастап келді де екеуінің үстінен ирелеңдеп өте бастады. Бірі жылдам өтсе, бірі салмағымен жаныштап біраз жатады, енді бірі мойынға оратыла кетсе, кішкентайлары қойын-қоныштан кіріп, жалаңаш денені сұп-суық денесімен тітіркендіріп, шыбын жанды шырылдатып-ақ жатыр. Екеуі осы ғұмырында мұндай азапты бастан өткеріп көрмепті, бойлары мың суып, мың ысыды, жүректері мың тоқтап, мың соқты. Есеңгіреп, талықсып кетеді де, беттеріне сарт ете қалған жылан құйрығынан естерін қайта жияды. Екеуі өлген жеріміз осы шығар дегенде жыландар рәсімі аяқталды.
- Енді барыңдар. Сендер ауыздарыңа берік болсаңдар, біз залалсызбыз. Бізге көр қазсаңдар, сол жерде өздерің бірге жатасыңдар, - деді жыландар патшасы. Екеуі бастарын тоқтаусыз шұлғып, сыртқа қарай еңбектей жөнелді. Содан өздеріне өздері келе алмай бір аптаға жуық ауырып жатты. Сандырақтайды, қайта қайта шошып оянады, бір нүктеге қадалып мәңгіріп отырады. Сиқыршыны қайдам, әкімді ең үздік дәрігерлердің өзі келіп тексеріп, ештеңе айта алмады. Амал жоқ, бақсы-балгерлерге жүгініп көріп еді. «Қатты шошынған» деді олар бір ауыздан. Оған әкімнің атқосшылары ғана емес, бала-шағасына дейін ішек-сілелері қатқанша күлді. «Бұл біреуді шошытпаса, өзі шоши қоймас» деп әйелі әзілдеп те қойды. Не керек, жұмадан жұмаға қараған күні әкім өзіне өзі келді. Сиқыршыны астыртын шақырып алып, жасырын кеңес құрды. Жүректері шайлығып қалған екеу бір апта ауырып жатқанымызды олар білмей, бізді сатып кетті деп қастық қылар ма екен деп қауіп ойласты. Әсіресе осы ой әкімді иектеп алғаны сондай «Мынаны жанымнан жібермейін. Бұл жоқта келіп қалса не деп ақталам? Мынау ең болмаса тілдесе алады ғой» деп шешті де, сиқыршыны көмекші етіп жұмысқа алды. Сонымен, тау бөктерінен бір құпия құрылыс басталып кетті. Қала басшысының айналасындағылар «Ең болмаса тегіс жер емес, беткейге үй салғалы жатқаны несі?», «Әкімге расымен бірдеңе болған ба? Жер жетпегендей» деп күңкілдеп жүрді. Қолдарына түсе қалған жаннан жұмыстың ыңғайын естіп-білгендер «Талай дүние сиятын қойма жасап жатыр. Ел көзінен тасаға жасырғанын қара», «Күнгейге қаратқанында сыр бар. Жылыжай болады-ау» деп болжап та жүрді. Бәрі сәтімен бітіп, қаладан жылу мен жарық тартыла бастағанда атқосшылар тіпті абдырап қалды. Олардың бар ынта-тілегі сол аймақты бір барып көру. Бірақ, әкім жыландар патшасына берген уәдесінде тұрып, бұл маңға құрылысшылардан басқа ешкімді маңайлатпаған. Жұмысшылардың өзін шетелден алдырған, жұмыс біткен күні ешқайда шашау шығармай өзі аттандырып салмақ. Дегенмен, адам жүрген жерде сыр жата ма? Келіп көрмесе де, қолы ұзындар әр нені түртпектеп, келген-кеткенді айналдырып, бір бірінен сөз суыртпақтап, жоғарыда айтылған болжамдарын өрістетіп жатқан. Арада екі ай өткенде келісілген жұмыстың бәрі бітті. Әкім мен сиқыршы бастан-аяқ аралап көрді. Әкімнің тапсырмасы бойынша ортадағы үлкен алаңқайдан бөлек шағын бөлмелер де жасалған. Бұл жыландар патшасына дайындаған тосын сыйы еді. Бір отар қой еркін сиятын жер самаладай жарқырап, едені мен керегелерінен жылу есіп тұр. Екеуі бәрін қайтарып жіберді де, қаладан келер жолға күзет қойып, қараңғы қоюланғанда жыландар патшасын шақырды. Әкімнің жүзінде мақтаныш лебі бар. Ол жұмысшылар күдіктенбесін деп және өзім келіп тұрғандай болсам деп, кірер есіктен бастап, алаңқайға шығатын ұзын дәлізді түгелдей биік етіп жасатқан. Бұрынғыдай еңбектемей емін-еркін кіріп шыға алады, ал, шығар ауыздағы алып тас шөп арасындағы құрылғы арқылы есік ретінде жабылады, ашылады. «Бұларға бұдан артық не керек? Маған шексіз риза шығар» деп ойлады әкім. Жанында оқтаудай қарауылдары бар, бір кезде жыландар патшасы келді. Сиқыршы оған қақпа тасты көрсетіп, қызметін түсіндіріп жатыр.
- Міне, мына кішкентай тасты бассаңыз, қақпа тас жылжып ашылады. Іште де сондай нүкте бар. Қысқасы, қақпа тасты іштен де, сырттан да ашып-жаба аласыздар!
- Бұлар жасаған дүние басшылары келіп, көріп кеткеннен кейін іске жарамай қалушы еді ғой. Бұл да сондай емес пе? - деді оқтаудай жыланның бірі.
- Сондықтан, өзімізге ыңғайлы қосымша есік жасауымыз керек. Сақтықта қорлық жоқ, - деді жыландар патшасы. Олар ұзын дәлізді бойлай жүріп отырып, ішке кірді. Ортадағы дәу алаңқайды, қосалқы шағын бөлмелерді, бәрін асықпай тегіс аралап шықты.
- Жарық мол екен, ол дұрыс. Алайда жылу аздау. Бізге жылу мол керек. Соны жеткіз, - деді Сиқыршыға қарап. Ол өз қызметін тағы бастады.
- Қазір күздің басы болғаннан кейін, күн жылы ғой деп, - деді әкім.
- Жер қойнауы жазда салқын екенін, ал, алтынның қызуы қысы-жазы бірдей болатынын ескеріңіз!
- А, иә, оныңыз дұрыс қой. Мен бара салып, жылуды күшейткізем. Оған енді алаңдамаңыз!
- Сосын, мынадай қосалқы бөлмелердің не керегі бар еді? Біз сендердей емес, тапқанымызды бөліп жеп, басқа түскенді бірге көреміз.
- Тіпті болмаса қарттар мен жас босанғандар... - деп қалды әкім.
- Олар да көз алдымызда болады. Олай бөлектесек өздерін керексіз сезінеді ғой. Жарар, енді бізге үш күн мұрсат беріңдер. Үш күннен соң алтын сендердікі. Оған дейін мұнда адам баласы аттап баспайтын болсын! Жыландар көшін көрген адам не шексіз бақытты болады, не қарғысқа ұшырайды!
- Онда сол бақытқа мен бөленсем болмай ма? - деді сиқыршы, тегін бақыттан кім дәметпесін.
- Біз өз еркімізбен көшіп бара жатқан жоқпыз, адам баласы. Сондықтан, бақыт табатыныңа шүбәм бар! Ал, жолдарың болсын! Енді біздің жолымыз түйіспес деп үміт етем!
- Сау болыңыздар! - деп әкім мен сиқыршы қалаға қарай тартты. Тезірек үш күн өтсе, алтынды опырып алып, құшағыма қыссам деп екеуі екі түрлі ойдың жетегінде кетіп барады. Қалаға баруын барғанмен сиқыршы әкімді сырттай бақылаумен болды. Мені сатып кете ме, үлесімді бермей қоя ма деген күдік жанына тыныштық берер емес. Не дегенмен қолы ұзын емес пе? Әкім ертесі-ақ мүмкіндігі мол көрші елден сенімді серіктес тапты. Алтынды құпия қаздыру, құпия өңдеу, құпия түрде көрші елге өткізу сияқты келісім құжаттарының бәрін жасатып, бағасына келісіп қойды. Төртінші күннің таңы рауандап атып келе жатқанда көшпелі шағын зауыттың құрылғылары басылған жүк көліктері қойтастың маңына келіп тоқтап жатты. Сөзді созып қайтеміз, жолын тапса бұл елде кез келген заңсыздыққа көз жұмып қарау қалыпты жағдайға айналған. Сол әдетпен тағы да бір іс, өте ауқымды іс басталып кетті. Бір мемлекетті кемі бір ғасыр ешкімге телмеңдетпей асырайтын асыл қазына айдың-күннің аманында тоналып жатты. Табиғат қорғаушылардың, экологияға жауаптылардың, жер иелерінің, зауытқа керекті су, электр сияқты қажеттіліктердің бәрінің басшыларының қалталарына салатынын салып, ауыздарын жапты. Бәрін қойшы, екі-үш-ақ жылдың ішінде саф алтын шекарадан еш тексерусіз көрші елге өте шықты. Бұл елде бармақ шайнап өкінетін жағдайлар, өзгеге кеткен есе, алынбаған ақы, өтелмеген қарыз өте көп еді. Соның бірі осы болса керек. Ен байлықтың үстінде отырып қайыршы күй кешкен халықтың тағы бір несібесі осылайша көзден бұлбұл ұшты. Істің бәрін өзі көздегендей етіп, оңынан шешкен әкім өте көңілді еді. Сиқыршының жақсылығын ұмытпай, көл-көсір байлыққа кенелткен қала басшысы қымбат вискиді енді қолына ала бергенде үйіне бұрын еш жерден көрмеген, танымайтын, білмейтін белгісіз бір топ басып кірді. Ештеңеге түсінбей қалған әкім күзетшілерін шақырып үлгермеді. Қанша айғайласа да олардан еш қайран жоқ еді. Бәрін алдын ала есептеп, әр қадамдарын аңдап басып келе жатқан белгісіздер бұл үйге кездейсоқ келмеген.
- Сіздер кімсіздер? Сіздерге не керек?
- Бізге сен керексің!
- Егер ақша керек болса, қанша сұрасаңдар да берем. Тек, өлтіре көрмеңдер.
- Біз сендердей баскесер емеспіз, қорықпа. Қане, бізбен бірге жүр.
- Қайда? Не үшін? Мен деген білдей әкіммін. Ертең-ақ мені жер-көктен шам алып іздейді. Одан да алатындарыңды алыңдар да жөндеріңе кетіңдер!
- Енді сені ешкім де іздемейді. Сені іздейтіндермен қазір өзің барып қауышасың!
Әкім тіпті сасайын деді. Астыртын шетел асырып жіберген алтынын біреулер патшаға жеткізген болды-ау. «Қап, тым өзімшіл болмай ат басындай алтынды сый-сияпат ретінде апарып беруім керек еді. Менде қанша алтын қалғанын ол қайдан білсін? Сонымен құтылар едім» деп ойлады ол. Мыналар әй-шайға қарар емес. Қолын артына байлады да, басына қара дорба кигізіп, кинолардағыдай екі жағынан екеуі жетелей жөнелді. «Бұл үйдегілердің бәрі қайда жоқ болып кеткен. Ең болмаса біреуі тырс етіп белгі бермеді ғой.» Көп жүрді ме, аз жүрді ме, ойымен әлек болып отырған әкім уақытты есептей алмады. Көлік тоқтап, екі жігіт мұны тағы қолтықтай кетті. «Қап, сол алтыныммен бірге мен де жоғалуым керек еді. Ұрпағымның ұрпағына жететін байлыққа кенеліп отырып, осы орынның несін қимадым? Ендігі тағдырым не болмақ?» Олар бір ғимаратқа келіп кірді, басындағы қара дорбадан ештеңе көрінбесе де, жарық жерге келгендерін сезді. Жылжымалы сатыға тұрғанда мүлде айдалада жүрмегендеріне көзі жете түсті. Бір кезде олар тағы бір есіктен ішке енді де, мұның қолын шешіп, басындағы дорбаны алды. Көзі жарыққа үйренбей аз-кем алақанымен көлегейлеп тұрған әкім айналасына қарап, шошып кетті. Патша және күллі басшылар осында екен. Оларды қойшы, жиын-тойларда, салтанатты қабылдауларда ғана көріп, көзайым болатын ханшалар мен ханшайымдар да осында жүр. «Біткен жерім осы!» деп күңіреніп кетті әкім. «Бұлар менің астыртын істеген ұрлығымды о бастан білген. Біліп қана қоймай, қайтер екен деп соңына дейін күткен. Енді міне, мен бәрін сәтімен шештім деп алақайлап отырғанда олар маған құрық салды. Бірақ, шетелге шығаруыма неге жол берді? Әлде дәл сол мен келіскен компания басшысы осылардың адамы ма? Иә, иә. Дәл солай! Басқалай болуы мүмкін емес!» Ол патшасының алдына таяу барды да:
- Қазір өлтірсеңіз де қолыңыздан қағар ешкім жоқ. Менен бір қателік кетті! - деп тізерлеп отыра кетті. Әне-міне қаһарына мінер, жеті атасынан түк қоймай сыбар деген патшасы әлі үнсіз. Тіпті осындайда көрініп қалуға құмар жандайшаптары да бір ауыз сөз шығармады. Он, он бес минуттай басын жерден алмай тізерлеп отырған әкімнің іші кебейін деді, тас еден тізесіне бата бастады. Бұлай отырмағалы, бұлай отыруға болатынын ұмытқалы қай заман. Қанша қорқақтаса да ол басын жерден баяу көтеріп, алдына қарады. «О, тоба!» Патша отырған орнында жоқ. Ақырын айналасын шолып еді, байлыққа малынған қымбат қонақ үйдің ең үлкен залында адам өте көп екен. Бәрінің жүзі таныс, бәрі шенді-шекпенді, ішінде қарапайым бірі жоқ. Ал, ұлы мәртебелі патшасы терезе алдында тысқа қарап тұр екен. «Тілге келмегеніне қарағанда қатты ашуланған-ау. Қап! Бір ширегін ғана берсем шексіз риза болар еді ғой. Ендігі күнім не болмақ?» деп, өмірден біржола түңіліп кетті. Сол тізерлеген қалпы терезеге қарай жүрді. Тас еденнен қалы кілемге тізесі тигенде қамқоршысы маңдайынан сыйпағандай күй кешіп, жүрісі өне бастады. Ол сол қалпы төңірегіндегілерді елең қылмастан Ұлы мәртебелісінің жанына келіп тоқтады.
- Аса мейірімді патшам, сіздің арқаңызда осы дәрежеге жеттім. Елдегі ең үлкен қаланы басқардым. Сіздің демеуіңізбен адам болдым. Сөйтіп жүргенде қара басып... шайтан азғырып, - дей бергенінде патшасы оқыс бұрылды. Жүзі түтігіп кетіпті. «Біткен жерім осы» деп ойлап үлгерді әкім.
- Сен мені мазақ қылайын дедің бе, иттің ғана баласы!
- Жо-жоқ. Мен сізге тосын сый жасайын деп ойлағам...
- Тосын сыйыңмен қоса құры!
Әкім тосылып қалды. Алақтап айналасына қарады. Біреу болмаса біреу өзін жақтар, араға жүрер деген дәмемен әркімге бір жәутеңдейді. Қызметі жоғары болғанымен бизнестері осы қалаға тәуелді талайлар мұнымен сүйісіп амандасушы еді. Олар да мыңқ етер емес. «Өздері ештеңе ұрламағандай, ешкімге қиянат жасамағандай кісімси қалғандарын қарашы» деп кіжінді іштей. Өстіп мүсәпір күй кешіп тұрғанында патшаның әйеліне көзі түсті. Бұған қол созым жерде сынай қарап отыр екен.
- Ханшам, құрметтім, жүрегінен тек мейірім төгілген асыл анамыз, мені басқа болмаса да сіз жақсы түсінесіз ғой. Маған сіз талай рет қамқорлық көрсетіп едіңіз ғой, талай қиындықта сүйеу болып едіңіз ғой. Осы жолы да сөзімді аяғына дейін тыңдаңызшы. Мен ол алтыннан керемет мүсін жасатып, сіздерге әлі ешкім көрмеген, әлі ешкім ойлап та үлгермеген тосын сый тарту етейін дегем! Сеніңізші сөзіме!
Ол осылай жарты сағат тоқтаусыз сөйледі. Патшайым жарты сағат бойы одан көзін айырмай қарап отырды. Сөзім әсер етті-ау, бұған айтқансып, патшаға да ойымды жеткіздім ғой деп масаттанған әкім еңбектеп барып патшайымның қолын сүйді. Сосын үлкен үмітпен жүзіне қарады. «Бұларға не болған?» Патшайымның көзі жаңа әкім тізерлеп отырған нүктеге әлі қадалып тұр екен. Көңілін аударсам деген үмітпен қолынан тағы сүйгіштеді, селт етер емес. Не болса сол болсын деп, осы іске шындап кіріскен қала басшысы енді қолды алдымен ауыртпай, артынан жанға бататындай етіп қатты тістеп көрді. Сол кезде ғана патшайым өзіне өзі келгендей болып, етек-жеңін жинады. Бұл кезде әкім қайтадан бейшара кейіпке ене қалған еді. Мына түрін көрсе елдегі ең дәрменсіз адамның өзі аяушылықпен қарап, қолындағы соңғы дәнін осыған тастап кететіндей.
- Патшайым!
Патшайымның көзінде еш белгі жоқ. Кешегі көзінің қиығын да салмайтын тәкаппарлық та, мысқылдай қарайтын жылтыл да, қылымси қалатын жасанды көзқарас та, төбеңнен қарайтын астамшылық та жоқ. «Сен кімсің?» дегендей түсініксіз бедірейеді.
- Ханшам, бұл мен ғой. Өзіңіздің өкіл балаңыз!
Осы кезде иығынан біреу түртті. Селк ете қалған әкім әдеппен бұрылып артына қарады. Қорғаныс министрі екен. «Мүның менде несі бар? Менімен айналысса Ішкі істер министрі немесе Жемқорлыққа қарсылар айналысуы керек еді ғой»
- Қойсаңшы, болды ғой енді.
- Қойғанда министр мырза, Ұлы мәртебелім мені дұрыс түсінбеген сияқты. Менің бар ойым...
Осы кезде оны тағы біреу келіп қолтығынан ала кетті. Орнынан көтеріліп бара жатып, көз қырын салып еді, жүрегі зырқ ете қалды. Патшадан басқаға бағынбайтын, ешқандай қызметке тағайындалмайтын, кімнің көзі жойылып, кімнің темір торға кететінін реттеп отыратын қандықолдың өзі. «Біткен екем. Бәсе, патша сөйлескісі келген жоқ. Үкімімді сыртымнан шығарып қойған екен ғой. Онда неге үйімде-ақ жаһаннамға аттандыра салмай мұнда алып келді? Ммм, онда да сыр бар. Біріншіден, мені бәрінің көзінше күлкі қылғысы келді. Онысы орындалды. Сыртымнан тісін қайрап жүргендердің әбден-ақ айызы қанған болар. Екіншіден, басқаларға сабақ болсын деді. Бұлардың ойы осы!»
- Мен шамамның жеткенінше сізге адал болдым. Салығымды уақтылы төледім. Бір қателігіме бола мені өлімге қисаңыз, көрші елге кеткен қазынадан ертең бір тиын сіздерге бұйырмайды. Соны ойлаңыздар, - деп айқайлады ол екі тегеурінді қолдың қыспағында кетіп бара жатып. Олар келесі бөлмеге кірді. Бұл да өте үлкен екен. Ұзын қылып дастарқан жайып қойыпты.
- А, түсінікті. Мені құрбан етіп, өмір бойы жинаған байлығымды бөліп алып, өздерің мына дастарқанда шалқып-тасып отырмақ екенсіңдер ғой.
- Есіңді жи! Өзіңе өзің кел! Онсыз да не істерімізді білмей отырғанда аузыңа келгенді көкіме!
Әкім қандықолдың бұл сөзін түсінбеді.
- Не істерімізді білмегені несі?
- Сен әлі ештеңе түсінбедің бе? Біз бәріміз мырзақамақтамыз! - деді Қорғаныс министрі.
- Мыр-за-қа-мақ-та? Кім бізді қамап отырған?
- Кім екенін білсек осылай қол қусырып отырар ма едік? - деп кіжінді қандықол.
- Сонда, сонда патшам да? - деп, әкім сұқ саусағын жоғары көтерді.
- Бәріміз. Сен танитын, сен білетін игі жақсының бәрі осында!
Әкімнің жүрегі орнына түсті. Мына жағдайға ол түк ренжіген жоқ. Қайта түлеп, кәдімгідей сергіп қалды. Тек, көңілінде «Қап. Бағана алтын жайында бекер айтыппын-ау» деген өкініш бар. Сергімей, қуанбай қайтсін? Патшасы күшінде болса, мына қылмысы үшін аямай жазалайтын еді. Ал, бұларды қамап отырғандармен келісуге болады ғой. Бұл елде сатылмайтын, ақшаға шешілмейтін не бар? Осы ой санасында жүгіріп өткен қала басшысы үсті-басын ретке келтірді де дастарқанға барып, өзіне ішімдік құйып алды. Сосын, екі жақтасына (мүмкін енді жақтас та емес шығар) қарады да, қолын көтеріп, ілтипат жасап, ішімдікті қалдырмай тартып жіберді.
- Мырзақамақ, мырзақамақ, - деп күбірлеп қояды. Сосын жынданған адамша қарқылдап күледі. Мұнысы бағанағы тізерлеп жүрген бейшара кейпіне налыған ызаға толы күлкі еді. Қолтықтап келген екеу мұның бұл қылығын неге жорырын білмей состиып тұр.
ХАНТАЛАПАЙ
Кәрі патша өзінің дәрменсіздігіне әлі сенер емес. Айналасынан, әлде киімінен әлдене іздегендей жан-жағына алақтап, қалталарын қармана береді. Нұры тайған жанарын бір нүктеге тұрақтата алмай көзімен-ақ төңірегін түгел тінтіп отыр. Таныс біреуді іздейтін сияқты, әне-міне қаһарына қайта мінетін секілді. Мына аласапыранның бәрі түсі тәрізді. Қай жерден қателесті, қай жерден сүрінді, қай күні, қай жерде бұларға мүмкіндік беріп қойды? Бұлар сонда осы күнге дейін қайда жасырынып жатқан? Қалай ғана білмей қалды? Миы жетер емес, ойланған сайын жүрегі алқынып, қаны басына шапшиды. Әшейінде денсаулығы сәл сыр берсе Еуропаның ең таңдаулы ауруханаларына, ең білікті дәрігерлерге жүгінетін қайран басы жарылып кетпей қалай отыр? Қалай? Үлде мен бүлдеге оранған ет жақындарын, ең сенімді серіктерін, бәрін-бәрін шып-шырғасын шығармай қалай түгел ұстап алған? Елде өзіне бәсекелесе алатын осындай алапат күш бар ма еді? Мүмкін емес! Көзін жоятынын жойып, менмін дегендерін шетел асырып, қалғанын енді бас көтере алмайтындай етіп еді ғой. Тұқымымен, тайлы-таяғымен жоқ қылам десе қарсы келер кім бар еді бұған? Олай болса, мына отырысына жол болсын!
Ақ үйдегі қарбалас әлі басылар емес. Жиырма төрт сағат тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр десе болғандай. Бірақ, шаршадым деген, мойынға жүктелген шаруаны ауырсынған жанды кезіктірмейсің. Бәрі жанығып алған. Осы күнді талайдан күткені, осы жолда жанын құрбан етуге бел шешкені әрқайсысының жүзінен анық байқалады.
- Жоғарыдағылардың қалі нешік?
- Бәрін өзіңіз айтқандай қылдық. Ең қымбат қонақ үйге орналасты, қалаған тапсырыстары түгелдей орындалды. Бір тал шаштары түскен жоқ.
- Байланыс мәселесі қалай?
- Жарықтан басқаның бәрін ажыраттық. Іштен де, сырттан да еш ақпар ала алмайды.
- Сағат үштегі кездесуге дайын болыңдар!
- Құп болады!
Түскі үште белгісіз топ кәрі патшамен және күллі жақтасымен жүздесуге келді.
- Сіздер ештеңе айтып әуре болмаңыздар. Айтатындарыңызды осы отыз жылда айтып болдыңыздар. Енді мені тыңдаңыздар! Халықты тыныштандырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бәрін ретке келтіруге бір ай ғана уақыт кетті. Бұл әлем тарихындағы ың-шыңсыз және қантөгіссіз жүргізілген алғашқы төңкеріс болар. Мен туған халқыма шексіз ризамын. Бұл жалаң сөз емес және есеп беру де емес. Тек, сіздер сол халықты бағалай алмадыңыздар, адам қатарына қоспадыңыздар, өздеріңіздің қандарыңыздан жерідіңіздер. Осы елдегі әр адамның нәпақасын аузынан жырып алып, шетел асырдыңыздар. Көп асқанға бір тосқан! Міне, соның жауабын беретін кез жетті. Әрқайсысыңызды халықтың алдына алып шығып, өлім жазасына кесуге айғағымыз жеткілікті. Ақ патшаны атқандай бәріңізді бір жерге қамап, бір-ақ сәтте жаһаннамға жіберуге болар еді. Бірақ, біз сіздердей қорқау емеспіз. Сондықтан, бір шарт қоямыз, соған құлақ асыңыздар!
Белгісіз топтың басшысы жанындағыға иек қақты. Ол да дайын тұр екен. Бір адым алға жылжыды да:
- Сіздерге елде қалуға бір жыл уақыт беріледі. Осы уақыт ішінде бірде біреуіңізге қастандық жасалмайтынына кепілдік бар. Белгіленген мерзімнің алғашқы алты айын елдің ең тозған, қараусыз қалған аймақтарын аралаумен өткізесіздер. Сол жердегі тұрғындар не жеп, не киіп отыр, соның бәрін бастарыңыздан өткересіздер. Қалған алты айды бейшара күй кешіп отырған бір ауылда өткізесіздер. Қалай күн көреміз деп алаңдамаңыздар. Еліміздегі ең төменгі жалақы бәріңізге төленеді. Балалы болып жатсаңыздар жөргекпұлдан да қақпаймыз. Ал, бір жылдан кейін қайда кетсеңіздер де жолдарыңызға тұрмаймыз. Тек, басты шартымыз, осы уақыт ішінде шетелдегі барлық капиталдарыңызды елге қайтарасыздар. Ештеңені бүгіп қалам деп ойламаңыздар. Тиісті топ әрқайсысыңыз туралы ақпаратты толық тексеріп жатыр. Бәрі аяқ асты және тез болғанын ескерсек, сіздер қапыда қалдыңыздар!
- Ендеше, сөзді көп созбайық. Ғажайып өмір осымен аяқталды. Ертең ертемен жолға шығасыздар! Өздеріңіз басқарған елде ел қалай өмір сүріп жатқанын асықпай көріңіздер. Ал, бүгін жақсылап тойлауларыңызға толық мүмкіндік бар!
Белгісіз топ келген іздерімен кері кетіп, кәрі патшаның маңында өлі тыныштық орнады. Мына атшаптырым залда бес мыңға жуық адам бар дегенге сырттан тың тыңдаған адам сенбес еді. Бәрінде «Қалай болып кетті өзі?» деген жауапсыз сауал бар. Іштерінде «Баяғыда тайып тұру керек еді» деп өкінгендері де, «Бала-шағаны шетелге көшіріп жібергенім қандай жақсы болған. Жаным аман болса бір жылда қауышармын» деп шүкір еткендер де, «Мұны білгенде қалған ақшамды да шетел асырып жіберер едім ғой» деп бармақ шайнағандары да, «Кәрі қақпасқа сеніп жүре бергенім-ай» деп алакөзденіп тұрғандары да, «Өлтірмесе бопты. Қалғанын көріп алдым» деп қайраттанып алғандары да, «Шетелдегі жақтастар қол қусырып қарап отырмас. Ертең-ақ бәрі орнына келер. Әуселелерін сол кезде көрерміз» деп үміт етіп отырғандар да жетерлік еді.
Белгісіз топ әр адымын есеппен басып, жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, ішкі-сыртқы саясатты бір ізге түсіруге шындап кірісті. Ал, кәрі патша бастаған топ бөлініп-бөлініп елдің ең мүсәпір күй кешіп жатқан аймақтарына жөнелтілді. «Қашу туралы ойламаңыздар. Осы күндеріңізге зар болып қаласыздар!» деген ескерту бәрінің құлағында шыңылдап тұр. Шынымен-ақ мына шұрық-тесік жолмен, иесіз жатқан даламен қашқанда қайда бармақ? Әрқайсысының жанында бір-бір қарауылдан тағы бар. Қысқасы, олардың бір тобы ауыз суға жарымай, сары лайды тұндырып ішіп отырған ауылға тап болды. Намыстан және жиіркенгендіктен олар алғашқы екі-үш күнді нәр татпай аш өткізді. Әттең, төбеден өткен күн, азынаған жел өркөкіректі сабасына түсіреді екен. Олар қанша қасарысып бақса да аштық пен шөл жеңіп ел ішіп отырған суды ішуге мәжбүр болды. Бірі көзі алайып құсты, бірі ішін ұстап дәретханаға жүгірді, бірі ұшынып ауырып қалды, енді бірі «Мыналарың әділетсіздік қой. Адам құқын қорғау ұйымына арызданам» деп жылады, бірі әлдекімді қарғап-сіледі. Қызық. Бұлар да кәдімгі адам баласы екен. Төрт, бес миллион доллардың көлігін мініп, ең озық елдердің ең қымбат қалаларынан үйлер сатып алып, шетелдердегі қамалдарды иемденіп, ең айтулы аралдарда демалып жүрген кезде олар мүлде басқа планетаның тіршілік иелері сияқты көрінетін. Иә. Олардың өмірі мен қарапайым халықтың өмірінің арасында кемі жүз жылдық қашықтық жатыр еді. Енді міне! Олар көрді: ауылдарда ешқандай жағдайдың жоқ екенін, мектептер мен балабақшалардың, ауруханалардың тозығы жеткенін, қоғамдық монша дегеннің баяғыда қирағанын, мамандар жетіспейтінін, бірде-бір жолдың жасалмағанын, халықтың ақылға сыймайтын аз ақшаға күн көріп отырғанын, бәрі қағаз жүзінде ғана керемет болып, жоғарыға жалған есеп беріліп келгенін өз көздерімен көрді. Алайда, халықты осы күйге түсіргендеріне өздерін айыпты санағандар өте аз еді. Көпшілігі мына қоғамнан, мына өмірден жиреніп тұрды. Амалын тапса қазір-ақ тайып тұруға, мына жерде бір секунд та аялдамауға бәрі дайын еді. Ал, халық, әй, айналып кетейін көпшілік тым жұмсақ қой. Алғаш келіп түскенде осы бір таңдаулыларды үйлеріне қонаққа шақырғысы келді. Оған рұқсат етпеген соң дәмділерін көтеріп тағы келді. Үгіт-насихат қанша жүрсе де, «Бопты енді, өзіміздің қанымыз ғой. Кішкене жүрек жалғап алсын», «Кім қателеспейді, қойыңдаршы. Енді түзеліп кетсе де кеш емес» немесе «Бізді кім қанамады, бізді кім тонамады. Ол заманнан да аман қалғанбыз. Олардың қасында бұлар деген өзіміз емес пе?» деп келіп тұрады. Әділін айту керек, «Біздің түбімізге жеткен сендерсіңдер, тұқымдарыңмен тентіретіп жіберу керек!», «Бұл аз сендерге, жегендеріңді желкелеріңнен шығарамыз әлі» деп дүрсе қоя бергендер де табылды.
Бір жыл деген біреуге көзді ашып жұмғандай тез, біреуге ғасырдай ұзақ. Мәселен, белгісіз топқа өте жылдам өткендей болды. Ойға алған істің әлі оннан бірі орындалған жоқ. Дегенмен, нәтижесіз де емес. Ең бастысы, өктем елдермен қарым-қатынас түзу. Ешқайсысы мемлекеттің ішкі жұмысына араласпайтын болды. Сыртқы қарыздардың мерзімін ұзартып берді. Бұл дәл қазіргі жағдайда толағай жетістік еді. Бірақ, әбден тоналған, өз жеріндегі байлықтың қызығын өздері көре алмай мүсәпір күй кешкен елдің, мүлде құлдырап кеткен ішкі экономиканың тамырына қан жүгірту оңай шаруа болмай тұр.
Ал, айдың-күннің аманында тауқымет тартып отырған қара халықтың ішіне топ ете қалған бай-бағылан үшін бұл бір жыл тозақтан кем болмады. Іштеріне дендеп еніп алған менмендік сонда да оларға «Халықтың осы күйіне біз кінәліміз-ау» дегенді ойлатқан емес. Жарты нанын бөліп бергісі келіп тұрған ауылдықтардан әлі оқшауланып тұрады. Реті келсе нұқып жібергісі, сәті түссе жұмсағысы, керек десеңіз, қолына әлдеқайдан қару іліге қалса шетінен атқысы келіп жүргендері. Дәл осы елде неге билік пен халық бір-бірінен соншалықты алыстап кеткен? Неге бұл билік өзінің туған халқын сонша жек көрді, адам қатарына қоспайды? Бұл сауалдарға ешкім жауап бере алмайтын. Ешкім бас қатырып та көрмеген болар. Бәрі де солай болуы керек сияқты қабылдап қалған.
Айтпақшы, арада алты ай өткенде белгісіз топтың басшысы мен кәрі патша оңаша жолықты. Оған басты себеп, туған халқына, бейбіт шеруге шыққан жұртқа оқ атқан басшыны бірде бір мемлекет қабылдамаймыз деп шешім шығарыпты. Кәрі патша көзі қарауытып, талықсып кетті. Ол сырттағы жақтастарына қатты сенім артып отырған. Ертең-ақ бәрін астаң-кестең етіп, орныма қайта отырам, сол кезде бұл қызталақтардың терісін күллі жұрттың алдында тірідей сыпыртам, басқаларға үлгі болатындай аяусыз жазалаймын деген ойы тас-талқан болғанына сене алар емес.
- Ешкіммен хабарласа алмаймын ба?
- Бір жылыңыз аяқталғанша ешкіммен тілдесуге, хабарласуға мүмкіндігіңіз жоқ!
- Бұл не қылған әділетсіздік? Мен осы елді отыз жыл басқарған адаммын. Мені сыйлауларың керек!
- Біз сізді сыйлағандықтан үйқамақта ұстап отырмыз. Негізі, сізді бақташы қылуға толық құқымыз бар еді.
- Бұл істеріңді аяқсыз қалдырмаспын!
- Қазір сізде бір ғана мүмкіндік бар. Оны сыбырлап айтайын, - деді де белгісіз топтың мүшесі айналасында ешкім жоқ болса да кәрі патшаның құлағына еңкейді. Осылайша екеуінің әңгімесі тәмамдалды. Белгісіз топтың басшысы ұшы-қиыры жоқ ішкі-сыртқы шаруаларды реттеуге, кәрі патша өзін әбден мезі еткен үйқамаққа кетті. Күнделікті үш уақыт тамақ Қарттар үйіндегі ас мәзірі бойынша дайындалатын. Күні бойы ең сұрықсыз елдімекендерді аралатады. Ауылдағы тозығы жеткен көлік, ой-шұқыры таусылмайтын жол түбіне жетіп болды. Кәрі сүйегі сырқырап, денесі дел-сал болып, зорығып бітті. Баяғы қызара бөртіп тұратын бет суалған, көздің алды көлкілдеп ісіп кеткен, күтіммен жүрген дене арса-арса болып бойынан ет қашқан. Алғаш көргенде именіп жүрген жұрт бұл күнде мүсіркейтінді шығарды. Әуелі, топталып келіп, оның бостандыққа шығуын, адам сияқты күтімге алынуын талап еткенде тас болып қатып қалған жүрегі жібіп, көзінен жас шығып кетті. «Бұл қорлықты көргенше өлгенім жақсы еді ғой!»
Әр жерге бөлінген әр топтың тірлігі бір-біріне өте ұқсас еді. Өйткені, бұл елдің алыс аймақтары, шалғайдағы ауылдары бірдей күй кешіп жатқан. Бірінде жарық жоқ болса, бірінде ауыз су жоқ, енді бірінде орталыққа қатынайтын жол да жоқ. Соның өзінде барымен базар болып, туған жерін, өскен ортасын тастап кетпей отырған ел бай-бағыландардың көзіне ақымақ болып көрінді. «Мына азапты өмірге қалай шыдап жүр? Неге қалаға кетпейді? Неге жақсы тұрмысқа ұмтылмайды? Жиырма бірінші ғасырда да осылай бейнет кешіп жатқандар бар екен-ау» деп таң-тамаша. Дегенмен, бір жылда олар кәдімгідей сабасына түскен. Атылмай аман қалғандарына шүкіршілік айтып, тұрғындармен жылыұшырай тілдесіп жүргендер бар, жыл аяқталуға жақындаған сайын қуаныштары қойындарына сыймай, әзіл-қалжыңға әуестене бастағандар да жоқ емес. Қаны қатып, қайтсем баяғы күніме оралам деп жатса-тұрса кешегі қауқарын аңсағандар мен осыдан шекарадан өтсем көрмегенім осы ел болсын деп серт байлағандар да толып жүр еді араларында.
КЕК
Кәрі патшаның адамдарына кесілген бір жыл өте ауыр болды. Әсіресе өмірі қара жұмыс істеп көрмеген, істейміз-ау деп ойламаған жас жігіттер мен қыздар алғашқы айларда-ақ азып-тозып кетті. «Жарылған беті-қолдарыңызға жағарсыздар» деп, ауыл адамдары әкеліп берген кілегейге жирене қарап отыратын сылқымдар көп ұзамай таба нан мен сары майды аңсайтынды шығарды. Түтін мен қидың исіне бойлары үйренді. «Үш күннен кейін көрге де үйренесің» деген мақал бар ғой, көрді қайдам, бұлар күллі қарапайым жұрт кешіп жатқан қоңыр тірлікке амалдарының жоғынан бойұсына бастады. Әйелдері сиыр сауады, бұрынғы боялған, егелген жарты метр тырнақ сынып біткен. Еркектері жаяу мал бағады, дәретханаға көлікпен баратын күндер келмеске кеткен. Солардың бірі өзімізге жақсы таныс - қала басшысы. Әкім болып тұрғанында түкірігі жерге түспеген бейбақ қазір бір табын сиырдың соңында жүр. Жазда, ыстықта оқыралап кеткен әр сиырды қуалаймын деп өкпесі өшуші еді, күз түсіп, күн салқындағалы жаны сәл де болса жай тапқан. Таң мен кеште аздап тоңатыны болмаса, күндіз мизамшуаққа шомылып маужырап отырады. Сиырлар оның мүшкіл халін ұққандай жаздағыдай ары-бері сабылмай күзгі жаңбырмен қайта көктеген отта күйіс қайырып жатады. «Әйелім не істеп жүр екен? Ит қатын бөксесін бұлтыңдатып, билігі бар біреуге қылымсып отырған шығар.» Әкім мансабы өсіп тұрғанда талай сылқым келіншекке сөз салған, сөзі елеусіз қалмаған күндерді ойлап, дәл қазір алып қалада белгісіз топ та солай сайран салып жатыр-ау, сол сайранда менің көрікті келіншегім де талайдың көз құрты болып жүр-ау деп ойлады. Ойлады да зығырданы қайнады. «Неге ғана алтынды өткізіп біткен күні қатын, балаларымды алып тайып тұрмадым?» Дегенмен, алтынды еске алса, мына қиындық, азапты өмір сәл де болса жеңілдегендей болады. Ертең-ақ ретін тауып қашып, шекарадан өтсе, мұның бәрі көрген түстей болмай ма? Ал, ол жаққа барғаннан кейін отбасын алдырып алу аса қиынға түспейді. Сосын, сосын не Франциядағы Леопольд вилласына немесе Мадагаскар аралындағы саяжайына тартып кетеді. Әттең, қазір-ақ жаяу жоғалар еді, соңында көлеңкесіндей қалбаңдап бір күзетші жүр. Қолында мылтық, тарс дегізуден тайынбайды. Бір-екі рет көл-көсір ақша берем деп, тамырын басып көріп еді, маңайлатпады. Әуелі ұрып жібере жаздап, әрең тоқтады. «Ақымақтар, қалағанша пұлын алып, ебін тауып аттандырып жіберіп, бір сылтауды айта салмай ма? Белгісіз топ жарылқайды деп жүр ме екен? Белгілі ғой, бәрі билікке келгенше әділмін дейді де, таққа отырған соң өңеші құрғамайтын, не салса да толмайтын меске айналады. Сол кезде өкінерсің» деп күзетшіге қарап іштей кіжініп те қояды.
Кәрі патшаның адамдарын әбден қажытып, кешегі қолдан жасалған ақсаусақтықтан ештеңе қалдырмай тонап, уақыт шіркін қысты алып жетті. Ауыл балалары алғашқы қарды қызықтап, қар атысып ойнап, улап-шулап мектепке бет алғанда әр үйден шыққан бірді-екілі сиырды жинап, әкім де өріске тартып бара жатқан. Үлкендердің айтуына сенсе, енді бір-екі қар түсіп, жер қатса, сиырлар қолға қарап қалады. Яғни, қала басшысы бақташылықтан құтылады. «Дегенмен, бұл иттер мені шалжитып жатқызып қоймас. Әй, ақымақ басым-ай» деп терең бір күрсініп алған әкім ауылдан ұзап шыққан соң қолтығындағы көпшікті томаршаға төседі де отыра кетті. Жаңа жауған қар көз қарықтырады. «Бұрын қалай байқамағам? Табиғат, таза ауа, алғашқы қар неткен ғажап! Шіркін, тек еркіндік болса жақсы бір ішімдіктен ұрттап қойып, қара да отыр.» Ол бұдан да сұлу жерлерде болғанын, көркем табиғатқа тамсанатын талай уақытын босқа жібергенін, ештеңенің қадірін білмегенін ескермеді. Әлі қатып үлгермеген күпсек қар шөлдерін басып, күзден қалған шүйгінді оңай аршып жеп, бейқам жатқан табын қала басшысын ары-бері көп дедектетпеді. Күн түске тырмысқанда баяу соққан жел тынып, мамыражай бір жылылық есті. Ала шыққан түскі асын жеп, бойы маужыраған әкім қалғып-ақ кетіпті. Қанша ұйықтағанын кім білсін, оянғанда кеудесінде тұрған оқтаудай қара жыланды көрді. Алғаш түсім шығар деп ойлаған, құстардың үні, сиырлардың мөңірегені, жыланның тәп-тәуір салмағы түс емес екенін аңғарта бастады. Күзетшіні көмекке шақырайын десе немесе сәл қозғалайын десе қара пәле бас салайын деп тұр. «Менің жазығым не? Мен әкім болып отырсам, сендерден немді аяр едім. Қарасаңшы, өзім қаңғып қалдым ғой» деді кемсеңдеп. Осылай істесем, жаны ашыр деген үміт те жоқ емес. Алайда тоқтаусыз ысылдап тұрған жылан мұның көз жасына елең етер емес. Ол да бірдеңе айтып жатқан сияқты. Бірақ, екеуіне тілмаш болатын сиқыршы қайда? Сиқыршыны алдырар құдірет қайда? «Сен жылу мен жарықтың құнын уақытында төлеп отырсаң немесе біреуге аманаттап қойсаң, жаңа билік ештеңе істемес еді ғой» деп ысылдаған жылан әкімнің бетіне төне кетті, қолын ербең еткізген қала басшысы орнынан лезде көтеріліп, беті ауған жаққа жүгіре жөнелді. Оның беталды маңып бара жатқанын байқап қалған күзетші атына ұмтылды. Атын қамшылап жарты шақырым жерден күзетші жеткенде әкім жерді маңдайымен сүзе жығылып, екпетінен жатыр екен. Мана ұйықтаған орнынан көп ұзай қоймапты. Қала басшысын шалқасынан аударған күзетші шошып кетті, өліктің мойнында оратылып жылан жатыр. Мылтығының ұңғысымен түртіп көріп еді, тамаққа жабысып тұрған басы салаң ете қалды. Келмеске кетіп үлгеріпті. «Қыста қайдағы жылан?» деп ойлады әкімді атқа өңгеріп жатқан күзетші. Сосын, басшылар сенбей жүрер деп, жыланды қоржынға сала салды. Бұл қара жыланды әкім бірден таныған, сол баяғы жыландар патшалығындағы күзетке, қорғанысқа бекітілген оқтаудай қара жыландардың бірі. Алтынға әкім толықтай қожалық етіп, оны қорытып, жуып-шайып, таза күйінше көрші елге өткізіп болғанынша арада екі жыл өткен. Сол екі жылда ол жыландар туралы ұмытып кетпесе де, ойламауға тырысатын. Өзінің билігі жүріп тұрғандықтан жыландар патшалығына кетіп жатқан жылу мен жарықтың есебін ешкім сұраған емес. Жүрегі дауалап кім сұрасын? Әуел десең, ол жақта не бар екені, не болып жатқаны ешкімге аян емес еді. Содан күндердің бір күнінде шаруасының бәрін сәтімен бітіріп, марқайып отырған әкімді белгісіз топ ұстап әкеткені естеріңізде болар. Сол белгісіз топ елге әкелген тәртіп бойынша қаланы толық тексеруге кіріседі. Сөйтсе, қара халықты қайта-қайта қадағалап, сәл кешіксе жылуы мен жарығын, суын қиып отыратын қызметкерлер тау бөктеріндегі қамалдай үйлердің бірінің де есігінен сығалай алмайды екен. Үйлер ғана емес, олардың меншігі болып есептелетін мейрамханалар, казинолар, демалыс орындары, сауық-сайран орталықтары, алып сауда кешендері, бәрі-бәрі бір тиын төлемей, халықтың, салықтың есебінен шалқып-тасып отыр екен. Осыған толық көзі жеткен белгісіз топ бір күнде бәрінің жолын қиды. «Бәленбай жылға созылған қарыздар мен айыппұлдар толық төленбейінше бірде-бір нысанға әлеуметтік қызмет көрсетілмейді!» Осының ішінде әрине екі жылдан бері ештеңе төленбеген жыландар патшалығы да кетті. Жыландар қатты ашынды, ашынатын жөні бар еді. Өйткені, ғұмырларына жететін ақысын төлеп тастаған болатын. Әттең, адамына жолықпапты... Олар алдымен сиқыршыны іздеп тапты. Ол байқұс бәрін тәптіштеп айтып берді.
- Мен кішкентай адаммын. Өз үлесімді алдым да жайыма кеттім. Ал, жарық пен жылуға әкім жауапты. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер.
- Иә, оның рас. Бірақ, осының бәріне себепші болған сен ғой. Мүмкін енді айтарсың, бізді кім сатқанын?
- А, иә. Оны сол кезде айттым емес пе? Аян берді дедім ғой...
- Қазір өлгің келмесе шындықты айт. Егер шыныңды айтсаң, жаның аман қалады. Алтынымызды да дауламаймыз. Жөніңмен кетесің!
Сиқыршыда шегінер жол қалмады. Негізі, оған енді сиқыршылықтың керегі шамалы еді. Жағдайын толық жасап алған. Негізгі қорын шетел асырып, сенімді жерге өсіммен беріп қойған. Сөйтіп отырып, қайдағы бір сауысқандар үшін өліп кетпек пе?
- Сауысқандар, сіздер туралы маған сауысқандар айтып берді, - деді ол.
- Түсінікті, - деп ысылдады жыландар патшасы. «О, тоба!» Сиқыршы тек ысылды ғана естіді. «Мүмкін ол расымен-ақ сөйлемей құры ысылдап тұрған шығар» деп, біраз күтіп еді, бәрібір ештеңе өнбеді. Ол жыландарды түсіне алмады, ол сол сәтте-ақ жан-жануардың тілін ұғатын қасиетінен айырылыпты. Жыландар уәдесінде тұрды. Сиқыршыға тиіскен жоқ. Бірақ, қарғысқа ұшыраған сиқыршы ерекше дарынынан ғана емес, есте сақтау қабілетінен де айырылып қалған еді. Өзінің кім екенін, қайда тұратынын ұмытып, беті ауған жаққа жүріп кетті. Ал, жыландар, талай ғасырлар бойы жұп жазбай бірге келе жатқан жыландар азынаған алып сарайдан еш жылу таба алмай жан-жаққа тарап жатты. Топтана кеткендері де, жалғыз-жарым жолға шыққандары да аз емес. Тек, жыландар патшасы мен осы орданың тыныштығына, амандығына жауапты күзетші жыландар әкімді іздеп шығыс пен батысқа, солтүстік пен оңтүстікке жолға шықты. Оларды күздің қара суығы, алда келе жатқан қаһарлы қыстың ызғары тоқтата алған жоқ.
Міне, содан бері жыландар өте көп болып топтасып өмір сүрмейді екен. Күнкөрістің қамымен баяғы патшалық шағын ордаларға бөлініп кетіпті. Оның үстіне жан-жаққа жіберген шолушылары дәл баяғыдай қызуы мол алып алтын көмбесін таба алмапты. Ал, әр өңірден табылған, адамдардың көзіне түсе қоймаған кішігірім алтындардың күллі патшалықты жылытуға шамасы жетпеген. Осылай дүниені кезіп кеткен жыландар сауысқанды ғана емес, құс біткенді жаратпайды екен. Қолдарынан келгенінше арбап немесе ұяларына өрмелеп, баяғы өшін алуға тырысады. Адам баласынан да қашық жүруге, олармен істес болмауға, байланыспауға барын салады. Арадағы баянсыз келісімді білмейтін адамдар да өздерінің опасыздығын ұмытып, оларды көрсе өлтіруге құмар екен. Жыланның залалы жоғын, өзіне тиіспесе өз бетімен шабуыл жасамайтынын, ал алтынға қазына-байлық деп емес, сұп-суық қандарын жылыту үшін ұмтылатынын, бәрі жек көретін, бәрі сескеніп тұратын, өзінен теріс айналған ортадан жылу көрмеген көңілдерін алтынның буымен алдандыратынын адам баласы расымен-ақ білмейтін де, білгісі де келмейтін.
«НҰХ ПАЙҒАМБАРДЫҢ КЕМЕСІ»
Белгісіз топтың басшысы мен кәрі патшаның оңашадағы келісімі бойынша әлемде жоқ алып кеме жасалды. Биіктігі жиырма қабат үйге пара пар ғаламат су көлігінің ішінде не жоқ дейсіз? Футбол, теннис, волейбол мен баскетболға арналған алаңдарды қойшы, гольф ойнайтын аймақ пен атпен серуендейтін күре жолдардың өзі көрген адамды еріксіз таңдай қақтырады. Кесілген бір жыл міне бітті. Келісім бойынша олар тобымен елден кетулері керек. Амал қанша, бұларды бірде бір мемлекет қабылдамайтын болды. Сондықтан, екеуара оңаша жүздесуде олар кемемен ашық теңізге шығып кетуге уағдаласқан. Келісімшарт бойынша, кәрі патша сырттағы барлық капиталды елге қайтарып, ал, елдегі дүние-мүліктерінің үштен бірін ғана кемеге сыйғанынша басатын болған. Қу дүниені көзің қиып тастап кету оңай ма? Ол жақтастарымен ақылдасып отырып, кемені барынша үлкен етіп жасауға тапсырыс берді. Тек, кемені жасауға кететін шығын да өздеріңнен деген тұсы жандарына қатты батты. Не керек, ешкімнің ойына кіріп-шықпаған орасан зор кеме күншілік жерден көзге шалынатын еді. Ең астыңғы қабаты алтын-күміске, басқа да бағалы заттарға толды. Одан кейінгі қабат он жылға мөлшерленген азық-түлікке толды. Азық-түлік болғанда екінің бірінің қолы жетпейтін таңсық астар. Тағы бір қабатта ішімдік пен сусынның түр-түрі айтпаса да аузы-мұрнынан шығып тұр. Одан кейінгі қабат тек киім-кешекке арналған. Сылқымдардың үлдесі мен бүлдесі, мырзалардың бір киері осында. Одан кейінгі қабат көңіл көтеретін, казино сынды құмар ойындар ойнайтын, жын-ойнақ жасап әуейіленетін зал. Одан жоғарыдағы қабат концерт, кино, театр өнерін тамашалауға арналған. (Өнер адамдарын жіберіп тұруды белгісіз топ мойнына алған) Бұдан жоғарыда мейрамхана, шағын кафе, барлар орналасқан. Оның үсті өздеріңіз де біліп отырсыздар, соңғы үлгіде жабдықталған жатын орындар. Ал, кеменің үсті жоғарыда айтылды, адам демалуға арналған барлық қажеттіліктермен жабдықталған. Атыңды мініп серуендейсің бе, балық аулайсың ба, бассейнге түсіп, күнге қыздырынасың ба, ерік өзіңде.
Кеме расымен-ақ ғажап еді. Мынандай көз тартар сұлулыққа қарап тұра берудің өзі бір бақыт емес пе? Жайшылықта осы кемеге мініп, әлемді аралауға осы бай-бағыландар алғашқы болып ұмтылар еді. Өлген-тірілгеніне қарамай құны қанша болса да билетін сатып алар еді. Мүмкін жарына, әлде көңілдесіне күтпеген сый жасауға барын салар еді. Шынымен-ақ бейбіт заманда бұл кемеге отыру әркімнің-ақ арманы еді. Өткен ғасырлардағы «Титаниктің» өзі талайдың аңсарын өзіне аударды емес пе? Мына кеменің дақпырты одан асып кетті. Не дегенмен жиырма бірінші ғасыр емес пе? Айналаға ақпарат тез тарады. Жан-жақтан саяхатшылар, журналистер мың-мыңдап ағылып келіп жатты. Әлемнің назарын өздеріне аударғанын байқаған белгісіз топ шекараны ашып қойды. Бұл мемлекетке жасалған тегін жарнама болды. Келімді-кетімді жұрттан түскен қаржының өзі айтарлықтай көп еді. Қонақ үйлерге жан бітіп, барлық қызмет орындары аяғынан тік тұрып қызмет етті. Дүниенің төрт бұрышына аңызға бергісіз ақпараттар легі тоқтаусыз тарап жатты. Кеме қанша уақытта жасалды, қанша қаржы жұмсалды, нақты салмағы қанша, ұзындығы мен ені қандай, неше тонна жүк көтере алады, қанша адамға қызмет көрсетеді, алғашқы сапарға кімдер шығып барады, олар қалай іріктелді деген сияқты бітпейтін сауалдар мен жауаптар әр тілге аударылып аспан астын жаңғыртып тұрды. Алғашқы және соңғы жолаушылары кімдер екенін білгенде дүние тіпті теңселіп кетті. «Мұндай да жаза болады екен-ау?», «Олардың ендігі жағдайы қандай болмақ?», «Бұған жолаушылардың өзі не дейді?», «Өз елін өзі қанаған билеушілерге мұндай үкім шығару тарихта болған ба?», деген сияқты сұрақтар мен бағалаулар жер бетіндегі басқа мәселелердің бәрін - бітпейтін соғысты, аштықты, дағдарыстарды, бәрін-бәрін тұншықтырып тастады. Күтпеген жерден осынша танымалдыққа, пайдаға кенелген белгісіз топ кемені тағы үш ай айлақта ұстай тұруға шешім қабылдады. Кәрі патша мен жақтастары тістерін қайрап, лажы құрып шалғай ауылдарға жол тартты.
Кеме жолға шығатын межелі күн де келіп жетті. Келісімнің бір тармағы бойынша әр жолаушы өзімен бірге бір ғана тіршілік иесін ертіп кете алады. Белгісіз топ пен кәрі патша дәл шығар ауызда қатар отыр. Күзетшілер тізім бойынша жолаушыларды кезегімен шақырып жатыр. Әбден өзімшіл болып кеткен бір қызы итін жетелеп өтті. «Не қылған ақымақ. Сонда өмірін осы итпен өткізе ме?» деп қалды белгісіз топтағы егде тартқан біреу. Топ басшысы артына алая қарады, кәрі патша жынын алған бақсыдай естісе де естімеген болып, еденге тесіліп қапты. Жетпісті алқымдаған бір бәйбіше отызға толмаған жігітті, алпыстағы ақсақал он сегіздегі қызды, отбасына адалы әйелін, басым бөлігі көңілдесін ертіп кіріп жатқан топтың ортасын ала бере жігіт жетелеген жігіт те қара көрсетті. Бағана бері ішінен тынып отырса керек, кәрі патша қарасұр тартып кетті.
- Иттің ғана баласы, енді жария жүрейін дедің бе? Өзің азғаныңмен қоймай бүкіл елді...
- Бүкіл кемені деңіз, - деп жымиды белгісіз топтың басшысы. Ұят та болса бұл жолы бәрі әдепті ұмытып айналаны бастарына көтере күлді. Жігіт нағыз сабаздың өзі екен.
- Бұл менің таңдауым. Оған ешкім шек қоя алмайды, - деді.
- Өз қолыңызды өзіңіз кесесіз бе? Оның үстіне сіздің билікте мұндайлар толып жүр емес пе? Оны білмеуіңіз мүмкін емес! - деді белгісіз топтың басшысы. Үнінде ызбар бар еді. - Өзіңізбен бірге өрістеген лас әдет өзіңізбен бірге кеткені жөн!
Кәрі патша мүлде үнсіз қалды. Дәрменсіздігіне налығандай, әлдекімге шағынғандай, мына бейшара қалпына әлі илана алмағандай еркінен тыс терең күрсінгенде үні құмыға шықты. Көп ұзамай бәрі толық жайғасты. Кемеде он жылға жететін азық қоры бар еді. Осы уақыт ішінде бір ел қабылдап қалуы мүмкін деген үміт жоқ емес. Оған дейін ашық теңізде жүрулері тиіс. Ешқандай елдің жағалауына жақындауына болмайды. Ал, елге қарай бағыт түзесе зымыранмен атқылауға қол қойылған. Бұл екі жақты келісімнің соңғы тармағы болса керек.
ЗАУАЛ
Дос-ағаға Ұлы-ағасы берген үш ай аяқталуға жақын. Бұл осы уақыт ішінде ештеңе істемеді десе де болады. Көмекшісі бірнеше мәрте хабарласты, дос-аға соның бәрінде көңілге қонатын себептер айтып, оны сендірумен болды. Бұл Ұлы-ағадан расымен-ақ қорқатын, одан оңай қашып құтыла алмайтынын да білетін. Алда-жалда мұның ізіне түсер болса туған елі де араша бола алмайтынына, биліктегілердің өзі-ақ байлап-матап береріне көзі анық жететін. Өйткені, олар бір-бірімен өте жақын дәрежедегі сыбайластар еді. Осының бәрін біліп отырған дос-аға о баста біраз адамдарға шығып көрген. Ақша жинап берейік, солай сол елдегі билікті де, өзіміздің бизнесті де сақтап қалайық деген. Мұны қолдай кеткендер өте аз болды. Әуелі «Ұлы-ағаңа қастандық жасайық» деп өзін азғыра бастады. Бұл ұсынысты сауысқаннан сақ дос-аға сынақ деп түсінді. Өзін торға түсіру үшін жасалып отырған іс. Бірақ, аналар «Бұл билік енді ұзақ тұрмайды. Жақында өз түптеріне өзі жетеді. Сол кезде өзің өкінетін боласың» деп қояр емес. Ол елдегі саяси жағдайды саралап қарар болса, бұлардың сөзінің де жаны бар. Екі оттың ортасында қалған дос-аға сондықтан Ұлы-ағасының бұйрығын ұзын арқан, кең тұсау етіп, созбақтап жүр еді. Жинамаймын деп нақты бас тартуға әл-әзір шамасы жоқ, «Ал, жинаңдар» деп көпшілікке тағы жаманатты болғысы келмейді. «Бәріне ескертіп қойдым. Межелі күні өзім хабарласам» деді де Марсқа ұшып кетті. Дос-аға ғарыштан оралғанда ең айтулы үш жаңалық күтіп тұр еді. Біріншісі, көрші елдегі шағын бүліктер тұтана келе жалпыхалықтық қарсылыққа ұласыпты. Бұл жәйт оған «Ұлы-ағадан құтылуым мүмкін-ау» деген үміт және «Жаңа билік орнығар болса маған бұрынғыдай мүмкіндік берер ме екен?» деген күдік сыйлады. Екіншісі, дос-ағаның еліндегі билік көрші елді тыныштандыру үшін (Ақиқатында биліктегі жақтастарына көмек қолын созу үшін) әскер шығарыпты. Бұл дос-ағаға аса ұнаған жоқ. Екі елдің ішкі әскері Ұлы-ағаны бұрынғыдан ары желпінтіп жіберсе, ақшаны уақытында жинап бермеген дос-ағаның жағдайы мәз болмайды. Енді үшінші жаңалыққа тоқталайық. Бұл мүмкін үшінші емес, бірінші айтылатын жаңалық па еді? Дос-ағаның елі, талай жылдар не өлі екенін, не тірі екенін білдірмей жым-жырт жатқан елі көрші мемлекетке әскер жіберуге қарсы болып әр қалада бейбіт шеруге шығыпты. Бұған дейін талай соқталы мәселеге отбасы-ошақ қасында күңкілдегенмен жұрт болып бас көтеріп, селт етпеген халық, «Шекара бөліп жатқанмен бір туған халыққа оқ атуға қарсымыз. Балаларымыздың да жазықсыз от кешкенін қаламаймыз. Елге қайтсын!» деп талап қойыпты. Дос-аға осы соңғы жаңалыққа қатты таң қалды. Достарына хабарласып көріп еді, «Біздің халықтан не күтесің? Айлықтарың мен зейнетақыларыңды көтереміз десе, ертең-ақ бәрі сабасына түседі» деді бірі. «Көрші елдегі жағдай қатты ушығып тұр. Жалыны біздің елді де шарпуы мүмкін. Мен бала-шағаммен шетел асып барам. Тілімді алсаң сен де кет» деді саясаттан хабары бар тағы бірі. «Билік деген машина ғой. Ары кетсе бір аптада көрші еліңді сабасына түсіреді. Сосын, біздің ел де бәз-баяғы қалпына келеді. Билікпен ойнауға болмайды» деді шенеуніктерден әбден зәрезап болған үшіншісі. «Екі елде бір уақытта бірдей бүлік шығуы мүмкін емес. Мұның артында біреулер тұр» деп болжам жасағандар да болды. Түрлі пікірді көңілінде таразылаған дос-аға отбасын түгелімен шекара асырып жіберді де өзі әліптің артын бағып қалды. Өйтпейін десе көрші елде ғұмырына жететін байлығы қалып барады. Билікте кім болса да ретін тауып, бизнесін сақтап қалуы керек. Тек, тағдыр енді Ұлы-ағамен жолын түйістірмесе екен.
Жағдай күн санап ушыға түсті. Ұлы-аға, Ұлы-аға болғанда, сол етене араласып отырған көрші елдегі билік дос-ағаға айтқан сөзінде тұрып, халыққа қарсы оқ атты. Талай бейбіт адам жазықсыз оққа ұшты. Бірақ, осы қадамы арқылы билік қатты қателесті. Ішкі әскер сол күні-ақ халық жаққа шығып кетті. Билік сонда да өзіне өте сенімді болатын. Өйткені өз жағында кімге болсын оқ атуға даяр жалдамалы жендеттер мен дос-ағаның елінен келген сансыз әскер бар еді. Енді болмаса жасанған қос тарап ашық майданға шыққалы тұрды. Қара халық билік озбырлықтан тиылса кез келген келісімге дайын еді. Бірақ, әбден дегені болып, халықты итпісің, кісімісің деп көзге ілмеуге үйреніп қалған билік осы сәтті ұтымды пайдаланып, бәрін бір илеп алуды, енді бас көтере алмайтындай етіп тұқыртып тастауды көздеп тұрған. Әскерлерінің халық жаққа шығып кеткеніне ашынып, оларды да жүндей түтіп, көрші елдің әскери күшін мүмкіндігінше сарқа пайдалануға бел байлаған. Әсіресе, Ұлы-ағаның көзіне қан толып жүр еді. «Алып берген билікті дұрыстап ұстап отыра алмадың» деп, ел басшысына да талай төніп келген. Бұлар осылай бір-екі рет итжығыс түсіп, енді қалың қолды бетпе бет әкелеміз деп жатқанда дос-ағаның еліндегі бейбіт шеру де шегіне жетті. Билік талаптарын орындамақ тұрмақ, әр қалада тәртіп сақшыларына тапсырма беріп, шерушілерді қызметтік көліктерге қойша тоғыту басталып кеткен. Бұл сонша жыл азапқа да, тозаққа да «Тыныштық керек» деп төзіп жата беріп, бір-ақ күнде түлеген халықтың ашу-ызасын туғызды. Олар бұрынғыдан да молайып, билікке қарасты ғимараттардың бәрін қоршап алды. Әскерін көрші елге жіберіп, қамсыз отырған патша халықтың мына әрекетіне қатты қорланды. «Мыналар қайтер екен десе...» деп тепсінді. «Сонда бұларға не жетпейді? Көрші елге неғып қималары қышыды? Мен бұларды қазір-ақ сабасына түсірейін» деді де әр қаладан шеруді ұйымдастырған адамдарды атуға бұйрық берді. Шаш ал десе бас алатын Ішкі істер басшысы жақсы атты болайын деп, бұйрықты артығымен орындады. Қанды көрген көпшілік тіпті ашынып кетті, талай ғимарат қирады, талай басшылық бас сауғалады, патшаның өзі талайдан бері ұмытқан қорқу, біреумен санасу, әбігерлену деген сезімдерімен қайта қауышты. Қауышты да, «Қой, есімнің барында әскерімді шақырып алайын» деп шешті. Біреудің күйін күйттеймін деп жүріп өзіне ор қазып ала жаздаған патша көрші елге хабаршы жіберді. Міне, дәл осы тұста біз белгісіз топ деп атаған жандар орайлы сәтті оңынан пайдаланып, кәрі патшаны күллі жақтастарымен, әр саланы басқарып отырған сенімді басшыларымен қосып тірідей қолға түсірді. Қалың әскер елге аман-есен қайтып оралып, халық та сабырға келді.
Бүгін дос-аға өте, өте көңілді. Әрине, біреудің ажал құшқанына біреудің қуануы жөн емес. Бірақ, соған жеткізетін жағдайлар болады. Дәл қазір дос-ағаны серпілткен сондай тосын жаңалық еді. Көрші елден жеткен хабарға қарағанда дос-ағаның елінен келген әскер кері қайтқан соң, халық билікті толықтай қуып шыққан. Және елді қанап отырған санаулы бай-бағыландарды өздеріне лайық дәрежеде жазалапты. Мәселен, дос-аға амалдың жоғынан барып жүрген бөшке толы тезегі бар ханзаданы ұлымен бірге дәл сол бөшкесіне тірідей тоғытып жіберіпті. Мұны естіп дос-аға не жыларын, не күлерін білмеді. Ал, елге ойына не келсе соны істеген Ұлы-ағаның баласын көзінше жыртқыш балықтарға, өзін иттеріне тастапты. Дос-ағаның ғана емес, мұны естіген жұрттың бәрінің денесі түршікті. Халықты ондай қатігездікке қимады. «Ашынған жұрт, әбден екіленіп алған көпшілік ашу-ызамен не істеп, не қойғанын білмей қалады. Осыған жеткізген биліктің өзі» деп ақтады оны талайды көрген сарапшылар. Ең бастысы, дос-аға Ұлы-ағадан оңай құтылғанына қуанды. Енді бәрі ретке келіп, саябыр тапқан соң қисынын тауып жаңа билікке шығатын жол іздеу керек. Оған дейін өз еліндегі жағдайды сараптап алғаны жөн сияқты. Билікті оп-оңай алмастыра салған белгісіз топ қайдан келді? Олар кімдер? Көзқарастары қандай? Билікті шашау шығармай қолға түсірген мықтылар бұл сияқты байларға қалай қарайды? Осындай сан сауал шетелге кетіп үлгермеген барлық байларда бар еді. Белгісіз топ бұл күнде шекараның бәрін жапқызып, елде карантин жариялаған болатын.
Көп ұзаған жоқ, байлардың басын қатырған сансыз сұраққа жауап берілетін күн жетті. Белгісіз топтан дос-ағаға да шақыру келіпті. Бармасқа амал жоқ. Ол тым жасанбай, жанына жүргізушісінен басқа ешкімді ертпей және біреумен қосарланбай саяқ барды. Көзге түсіп қалмаудың бар амалын жасап бақты. Салтанатты сарайда екі жүзден аса адам отыр. Біразы етене таныс, көбінің жүзі таныс, мүлде көрмеген, әлде, елемеген адамдары да көп екен. Бәрі бір-бірін өбектемей, алыстан бас изесіп қана қойды. Бәрінде бір ғана ой: ештеңеден сезік алдырмау, ешкімге сыр бермеу. Төрде, бұларға қарама қарсы үш адам ғана отыр. Біреуі егде демесеңіз, қалған екеуі қырықтың ол жақ, бұл жағындағы жігіттер.
- Мен сөзді көп созбай, төтесіне көшейін. Өйткені, уақыт тым тығыз. Бүгін осы қаланың өзінде сіздер сияқты жандармен төрт кездесу өткіздік. Ал, сіздер сияқтылар әр қалада баршылық. Солардың бәрімен аз ғана күнде тілдесіп үлгеруіміз керек, - деді ортадағы жігіт өзіне өте сенімді дауыспен. - Сонымен, қазір менің әріптесім сіздердің толық аты-жөндеріңізді, елдегі және шетелдегі байлықтарыңызды атайды. Мұқият тыңдаңыздар. Мүмкін біз қателескен болармыз!
Егде кісі орнынан тұрды да тізім бойынша бәрін айта бастады. Мәссаған! Дос-ағаның күллі құпиясының сексен пайызға жуығын дәл айтты. «Бұлар қайдан шыққан пәле? Мұның бәрін қайдан біліп отыр?» деп ойлады дос-аға. «Мыналар бізді өлтіретін шығар!»
- Сіздер бір-бірлеріңізден ғана емес, кейбір құпияларыңызды отбасыларыңыздан да жасырасыздар. Оны біз жақсы білеміз. Бірақ, бүгіннен бастап бәрі жария жүретін болады. Өйткені, ешкімнің ата-бабасынан мұраға миллиардтаған байлық қалған жоқ. Қалса да оны Кеңес одағы түгін қалдырмай тартып алған. Ал, еркіндік алған ширек ғасырда осынша байлықты сіздер табан ақы, маңдай терімен тапты дегенге бесіктегі бала да сенбейді. Ол байлық сіздерге халықтың еншісін меншіктеумен, қазынаны, шикізатты тонаумен келді. Сондықтан, ол байлықта біздің де үлесіміз бар. Мұны қарақшылық деп емес, әділдік деп түсінсеңіздер қос тарапқа да жеңіл болады. Яғни, сіздер сырттағы капиталдарыңызды түгелдей елге әкелесіздер, біз сіздерді салықтан босатамыз. Сіздер ел экономикасының дамуына ақша саласыздар. Сіздерден түскен мол ақшаның айналымнан шығып қалғанын шетелдік банктер қаламайды әрине. Бірақ, оның жолын біз табамыз. Қазірдің өзінде әлемге ықпал етіп отырған бес алып мемлекетпен толықтай келісімге келдік. Яғни, біздің өз азаматтарымызға қойып отырған талаптарымызға ешқандай сыртқы күш араласа алмайды. Кез келгендеріңіздің елдегі ғана емес, шетелдердегі қаржы көздеріңізді бұғаттай аламыз. Ал, бізбен жұмыс істегісі келмей, шетел асам дегендер болса біз білетін байлығының жетпіс пайызын қазынаға құйсын да кете берсін. Біз ешкімді зорлап ұстамаймыз! Бұл талапты осы елдің бұрынғы патшасы мен күллі жақтастары толық орындағанын бәріңіз жақсы білесіздер!
Осы бағытта біраз сөйлеген жігіт жылы қоштасты да орнынан тұрды. -Біз бұрынғы билік сияқты ешкімге тұсау салмаймыз. Елде бизнесіңізді дамытуға толық жол ашылады. Бұл өйткені сізге ғана емес, елге пайда әкелетін іс. Сондықтан, бір-бірімізді дұрыс түсінеміз деп ойлаймын. Бәріңізге бір ай беріледі. Сол уақыт ішінде не шешкендеріңізді айтыңыздар. Оған дейін шешім қабылдағандар болса мына кісіге жолығыңыздар, - деп, егде кісіні көрсетті. Дос-аға бұл жігіттің сөзінен «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» дегенді ұқты. «Бұрынғы билік жақсы екен ғой. Пара берсең бәрі шешіледі. Сосын, сен дорбалап ұрлап жатсың ба, арбалап ұрлап жатсың ба, шатағы жоқ.» Дос-аға сияқтылар шынымен-ақ тығырыққа тірелді. Арада он күн өтпей-ақ оларға «Шоттан ақша ала алмай отырмыз» деп шетелдегі бала-шағаларынан жеделхаттар, «Сіздің меншігіңіздегі дүние-мүлік мемлекет қарауына уақытша өтті» деген ескертулер әр елден келіп жатты. Белгісіз топтың өткендегі ескертуі бекер емес екеніне, жалпы, бұлардың барлық жағдайға өте сауатты дайындалғанына, қолдары өте ұзын екеніне дос-аға сынды шіріген байлар анық көз жеткізе бастады. Бұлардан да ауқатты, бұлардан да қуатты топтың кәрі патшамен бірге қаңғып кеткенін жақсы білетін дос-ағалар енді белгісіз топпен санаспау өздеріне көр қазу екенін толық сезінді.
ҚОШТАСУ
Әлемде алғашқы болып жылқыны қолға үйреткен, алғашқы болып түрлі металлды қорытуды, өңдеуді меңгерген, өзіне тиіспесе кісі баласына қысастық жасамаған, жанды мен жансыздың обал-сауабын білген, туған жері мен ұрпағы үшін жанын пида еткен, жер жаралғалы талай зобалаң мен тауқыметті басынан өткерген, әсіресе соңғы үш жүз жылда біржола жойылып кетуге шақ қалып, ажалмен сан мәрте бетпе-бет келген тағдырлы ұлт тәуелсіздік алып, өз қолым өз аузыма жетті-ау деп бөрігін аспанға атқаннан кейін де жат емес, жақынының тепкісінде ширек ғасыр жатқан еді. Қолдан жасалған аштықтан да, сүт бетіне шығарын қалқып алып, қынадай қырған зұлматтан да, ірілі-ұсақты соғыстан да аман қалғанымен, әбден жасыған, намысы тапталған, кешегі өр рухынан аяулы естеліктер ғана қалған халық о баста «Енді ешкімнен кем болмаспыз» деп үміттенгенімен, осы ширек ғасырда өз билігінен мүлде күдер үзіп, жерініп кетіп еді. Әбден қалжырап, бұрынғыдан да көнбіс тартып, «Не болса сол болсын!» деген дәрменсіздік қамытын мойындарына ілгенде белгісіз топ та келіп жеткен. Олардың кім екенін, мұнда қайдан тап болғанын, мақсаттары не екенін халық болжап біле алмады. «Бұл билік енді еш өзгермес. Өзі кетсе де орнына өзі сияқты тағы біреуді қояды» деп шешіп қойған көңілдері тосын жаңалықты қабылдай алмады. «Билікті бере салу оңай дейсің бе? Ертең-ақ патша қайта атқа қонар. Құрсын, соғыс болып кетпесе екен. Тып-тыныш жатқанда бұлар қайдан келе қалды? Кешегі күнімізге зар болып қалмайық» дегендер де болды. Рас, халық әбден басылып қалған еді, халық ешкімге сенбейтін болған еді, халық әр жаңа істен жақсылық күтпей, «Арты қалай болар екен?» деп үрейленіп отыратын еді, біреуі теперіш көре қалса да «Үндемей қоя сал. Өзіңді сүйреп әуре етеді ертең» деп, іштен тына салуға бейіл болып алған еді. Осындай бейшара деңгейге құлдырап кеткен халықты сілкінтудің жолын белгісіз топ ұзақ іздеді. Балиғатқа толмаған ұл-қызын жәбірлеп кетсе де, айлығын айлап төлемей қойса да, сырттан келген келімсектерге мыңдаған доллар айлық қойып, жатын орны мен асханасын соңғы үлгіде жасақтап, бұларды қара нан, қара сумен қатырса да, тілдерін ғана емес, туларын қорласа да мыңқ етіп, бір-біріне үн қоспаған халықты қайтсе оятады? Шынымен-ақ өте қиын шаруа еді. Ұзақ ізденістен кейін, әлемдегі ең мықты саясатшылармен таңды таңға ұрған мәслихаттардан кейін, әлемді алақанында ұстап отырған алпауыттармен ұзаққа созылған келісімдерден кейін белгісіз топ өз елдеріне өздері басып кіретін болды. Бұл белгісіз топ үшін де, дамыған елдер үшін де өте оңтайлы кезең еді. Себебі, соңғы ғасырларда әбден есіріп, өктемдігі шектен шыққан бір империя дос-ағаның елімен қатар жатқан. Озық елдер осы империяны сабасына түсіру үшін белгісіз топты пайдаланбақ болды. Яғни, осыларды қолдау арқылы қарсыластарының күтпеген тұсынан азулы мемлекет жасап шығармақ. Назардың бәрін соған аудартып, керек болып жатса, екі ел арасында соғыс өртін тұтатып жібереді. Бұл, билігі енді ауысып, жаңа дамып жатқан елге жақтасып, әскер кіргізулеріне, қарсыластарын солай біржола тұқыртып, ұсақ мемлекеттерге ыдыратып жіберуге таптырмас амал. Қысқасы, дос-ағаның еліндегі төңкерістің осындай қитұрқы тарихы бар еді. Бұл белгісіз топтың күш алуына зор септігін тигізді. Олар озық елдердің қолдауымен елдеріндегі ахуалды толық қадағалап отырды. Сосын, астыртын әрекет етіп, Ұлы-ағаның елінде бүлік туғызып, соңын жалпыхалықтық қарсылыққа ұластырды. Саясатшылардың болжамы дұрысқа шығып, кәрі патшаның әскері көрші елге көмекке аттанғанда, «Ұлдарыңды ажалға өз қолдарыңмен байлап бересіңдер ме? Бұл сендердің соғыстарың емес» деп, ел ішіне үгіт-насихат жүргізіп, біржола бойкүйездік билеп алған халықты оятуға барларын салды. Әр үйден болмаса да, үш-төрт үйдің бірінен баласы әскерде жүрген ел сонда ғана есін жинағандай болды. «Расымен-ақ жалғыз ұлым өліп қалса қайтем? Қой, құрсын, одан да елден қалмай көшеге шығайын. Оның үстіне бейбіт шеру деп жатыр ғой. Бізге ештеңе істей қоймас» деп, көпшілік әр-әр жерде қауымдаса бастады. Алғашқы күні билік назар аудармаған соң қаралары көбейіп, дауыстары зорая бастады. Дегенмен, дәл осы жерде белгісіз топ та, халық та күтпеген іс болды. Билік көпшілікке оқ атты. Билік сонша опасыз, билік халықтан соншалықты алыстап кеткен деп кектеніп жүрсе де, оқ атады-ау деп ойламаған белгісіз топ өздерін кінәлі сезініп, тосылып-ақ қалды. Ал, өктем елдерге бәрібір еді. «Әскер қайта оралғанша бүкіл билікті басып алыңдар» деп, кімнің қайда отырғанын, қалай қолға түсіруге болатынын қолмен қойғандай қылып айтып берді. Солардың қолдауымен әр ісін аңдап жүзеге асырған белгісіз топ еш қантөгіссіз бір-ақ күнде билікке келді. Билікке келді де айналдырған бес-ақ жылда ширек ғасырда жасалмаған қыруар шаруаны тиянақтап тастады. Озық елдердің көздегені болып, өктем көршісімен кеуде қағысатын дәрежеге жетті. Өктем көршінің тілі бұл елдегі үстемдігінен айырылып, отбасы-ошақ қасындағы тілге айналған ана тілінің бағы жанды. Сыртқа шығып кеткен байлықтың басым бөлігі қайтып, елге жан бітіп, әл-ауқаты көтеріліп, өзге елдердегі қандастар туған жерге тоқтаусыз ағылып, халық саны осы бес жылда айтарлықтай өсті. Мұның бәрін баяндай берсе, ертегіге көбірек ұқсап кетер. Ең қиыны, бұл әрекеттің бәрі дос-аға сынды ірі байларға оңай тиген жоқ.
Ешқайда шықпай үйінде қамалып талай күндер жатқан дос-аға бір күні Қайыршыны шақырып алды.
- Өзің де көріп-біліп отырсың. Менің бұл елдегі дәуренім аяқталды. Баяғыдай шалқып-тасып жүруге, дегенім болады деп кеуде керуге қазір еш мүмкіндік жоқ. Жаңа билік аяғымызды аттатып басқызбайды. Ал, мен ондайға үйренбегенмін. Бәріне қол сілтеп, Марсқа, жаңа әлемге тартып кетейін десем, бұл кәззаптар біздің елдің адамдарына ол жаққа баруға тиым салып тастапты. Әуелі, ол жақтағы еншімізді толықтай мемлекет меншігіне өткізуге бұйрық шығарады екен деген сыбыс бар. Қысқасы, бәрімізді құсқызып жатыр. Шетелдіктердің осының бәріне жол беріп қойғанына, жол бергенің былай тұрсын, қос қолын көтеріп қолдап отырғанына таңым бар.
- Сонда бұлар қайдан пайда болды? Бұрын мүлде ешкім естіп-білмеген адамдар дейді ғой.
- Е, бауырым, оған енді бас қатырып қайтесің?
- Бұрынғы билікпен жақсы едіңіз ғой, бұлармен де әлі-ақ тіл табысып кетерсіз...
- Жоқ, олармен істес бола алмаймын. Жолымыз мүлде бөлек.
- Адалсыз, еңбегіңізбен мал тауып жүрсіз. Ешкімге қиянатыңызды көргем жоқ. Осының бәрін олар ескерер...
- Сеніміңе рахмет. Мен мүлде басқаша тәрбиелендім, бұлардың ұстанған жолы менікі емес. Сондықтан, елден кетем деп шештім. Жаңа биліктің жарлығы бойынша, елден кеткісі келген жан байлығының жетпіс пайызын қазынаға өткізуі керек. Бұлар қазірдің өзінде менің жиғанымның сексен пайызға жуығын тап басып тауып отыр. Енді қалғанын қазбаламай тұрғанда өз еркіммен есеп айырысып, табанымды жалтыратқаным жөн болар. Сен жақсы жігітсің, бірақ, соңғы уақытта байқап жүрмін, байлыққа қатты қызығасың. Оны рас, байқатқың келмейді. Дегенмен, мен талайды көргем, сенің не ойлап, нені қалап жүргеніңді өзіңнен артық білем. Олай болуыңа мен кінәлі шығармын. Кетер алдында бір ғана ақыл айтам, көңіліңе тоқысаң да, ұмытсаң да өзің білерсің. Мына өмірде еңбекпен тапқан наннан дәмді ештеңе жоқ, қара шай болса да арқа-жарқа болып бірге ішер жардан артық ешкім жоқ, бай болсаң да, кедей болсаң да сені шексіз жақсы көретін әке-шешеден жақын адам жоқ, ұрлықсыз, алдап-арбаусыз келген табыстан адалы жоқ, осы аз ғана дүниесі бар адам бақытты, сол адамның ұйқысы тыныш, барының қадіріне жетіп, тәуба айтқан адам пайғамбар.
- Мені алып кете алмайсыз ба? - деді Қайыршы. Бұл өтініші мүлде қисынсыз екенін іші сезіп тұр, бірақ, дос-ағасынан мүлде айырылғысы келмейді. Тіпті, бағана бері айтылған сөзге мән бермеген сияқты.
- Жоқ, ол мүмкін емес. Ол жақта мүлде басқа өмір. Ол жақ бізді еркелетіп қоймайды.
- Иә, түсінем...
- Байлығымның тең жартысын осында тастап кетіп барам. Саған үндемей-ақ кете беруіме болар еді, оған арым жібермеді. Кезінде шексіз жақсылық жасадың, оны ұмытқам жоқ. Шамам келгенінше рахметімді айттым, өтеуін аз да болса бердім деп ойлаймын. Дегенмен, ойыңда жүрген өтінішің болса айт. Қолымнан келсе, жасап беріп кетейін.
- Жоқ, ол не дегеніңіз? Сіздің арқаңызда жеті атам көрмеген кереметтерге куә болдым. Ең жақсы ауданнан үй, су жаңа көлік сыйладыңыз, түк істемесем де айына алатын мың долларым тағы бар. Одан артық не керек?
- Соңы бұлай аяқталарын кім білген? Мүмкін жолымыз тағы түйісер, оған дейін міне мынаны қанағат тұт. Мұнда бір миллион доллар бар. Керегіңе жарат, адам болудың қамын ойла. Отбасыңа қайта қосыларсың, болмаса, басқа жақсы бір жар табарсың. Менімен бірге жүргелі әке-шешең туралы бір айтқан емессің, бәрінен жеріген сияқтысың. Соларды тап, адамға туыс керек. Бізден көргенің ет пен терінің арасындағы желік. Сен оны қайталама, ал енді бар!
Қайыршының көзіне жас толып кетті, еркінен тыс ағып жатыр. Мұны көргенмен көрмеген болып, дос-ағасы қолын қатты қысты да теріс айналып кетті. Сосын, шағын столдан қызыл шарап құйып алып, терезеден сыртқа қарап тұрған қалпы:
- Адам бол, бауырым, - деп қолын сілтеді. Бұл «Кет енді» дегені екенін Қайыршы анық түсінді. Дос-ағасының жанында жүрген жылдарда әр қимылы қандай белгі беретінін әбден меңгеріп алған. Тек, жанын ауыртып тұрғаны, бұл ең соңғы бұйрығы екені. Енді оның сақылдап күлгенін, тоқтамай сөйлегенін, көзінің қиығымен-ақ айналасын зыр қақтырғанын көре алмайтынына нана алар емес. Есіктен сүйретіліп шығып бара жатып, өзі әзілдесуге жарап қалған диюдай оққағармен ұшырасып қалды. Оның да ұнжырғасы түсіп кетіпті, шығар есіктегі орындықта басы салбырап отыр екен.
- А, сен бе? Дос-ағаңнан шықтың ба? - деді.
- Иә. Сен мұнда неғып отырсың?
- Басекем жұмыстан біржола босатты. Шетелге кетем дейді.
- Иә, айтты. Мен де қоштасып шықтым.
- Бірге кетейін, еш салмақ салмаймын, ол жақта да бір оққағар керек қой десем, көнер емес.
- Иә, мені де ертпеді, - деді де, Қайыршы қысылып қалды. Мұны не үшін ертуі керек? Оққағарды ертсе, пайдасы бар. Жұмсаса да, қорғанса да. Бұдан не пайда? Ол жақта да масыл болмақ па? Абырой болғанда оққағар бұл сөзге мән бермеді.
- Әбден бауыр басып қалыппын. Талай байларды көріп жүрмін, оққағарларының өзі тісін қайрап жүреді. Ал, біздің басеке нағыз жігіт қой. Бәрін қас-қабағыңнан біледі. Алдымен отбасыңды қамда, отбасы дұрыс болмаса жұмыс ақсайды деп, әрқайсысымызды қадағалап отырушы еді. Елдің оққағарлары қайда отыр, не жеді, көңіл-күйі қандай? Өзінің жігіттерінің жағдайы нешік? Бәрін білетін. Мә, енді ештеңеге зауқым жоқ. Керегіңе жарат деп, екі жүз мың доллар берді. Алмай қойдым. Мені ақша үшін ғана жүрді деп ойлай ма?
Қайыршы қатты ығайсызданды. Жанын жалдап күн демей, түн демей қызмет еткен ең адал серігі, екі жүз мың емес, екі миллионға лайық оққағары ақшадан бас тартыпты. Бұл болса өтірік жыламсырап, бір миллионды құшақтап кетіп бара жатыр. Ұят-ай.
- Мен де енді не істерімді білмей отырмын. Жалғыз өзім жұртта қалып қойған адам сияқтымын.
- Сол ғой. Бар қызық осы кісімен бірге кетіп бара жатқан сияқты...
- Сендер мұнда неғып отырсыңдар? - деген дауысқа екеуі де елең ете қалды. Дос-ағасы қатып тұрып киініп алыпты. Оққағар орнынан қарғып тұрды.
- Сізді ұшаққа дейін шығарып салуға рұқсат етіңізші!
- Менің енді ұшақ пен тікұшаққа отырмаймын дегенімді ұмыттың ба? Дегенмен, басқа амал жоқ, отыру керек! Ал, қане, кеттік онда!
- Иә, - деді екеуі жарыса. Дос-ағасы сақылдай күлгісі келді, бірақ, бұрынғыдай шынайы шықпады. Бұларды арқасынан қақты да, көлікке қарай өтіп кетті. Екеуі баяғы жарқын күндердегідей бір-біріне қарап жымың ете қалды да қуана адымдап, дос-ағаның соңынан ерді.
Көлік әуежайға қарай сырғып бара жатыр. Үшеуі үнсіз.
- Келіп тұратын шығарсыз? - деді сәлден соң оққағар.
- Әзірге ондай жоспарым жоқ. Елді, сендерді сағынғанда келмесем, бұл жақта енді не істеймін? Байлығымның өзіне тиістісін толық алдым. Ал, көрші елдегі еншім түгелдей жаңа биліктің қарауына өтті.
- Оны сіз адал жүргіздіңіз емес пе?
- Бауырым, біз мүмкіндікті қалт жібермей дер кезінде пайдаланып қалған адамдармыз. Әйтпесе, ол елде алты аласы, бес бересіміз жоқ. Қысқасы, екі елде ешкімге өкпелемеймін. Сол елдегі байларға ұқсап ит өліммен өлсек немесе өз еліміздегі бұрынғы билік сияқты айдалып кетсек, не болар еді?
- Оныңыз рас. Әсіресе, сол елде небір сұмдық болыпты ғой.
- Айтпақшы, жер астындағы хандықтың қожасы қайда? Сол кісі туралы еш жерде айтылмайды ғой.
- Иә, нақты ақпар жоқ. Бірі, жер асты жолымен қашып шығып кетіпті дейді. Енді бірі, жұмысшылары жазалапты дейді. Анығын ешкім білмейді.
Көп ұзамай көлік әуежайға келіп кірді. Дос-аға жылдам түсті де:
- Екеуің осыннан қайтыңдар. Ешқандай қолпаш пен құрметтің керегі жоқ. Аман болыңдар! - деді де, оққағарға бұрылып, - Ақшадан бас тарттың, оның болмады. Дегенмен, менің қолым ұзын екенін ескермедің. Ол ақша енді келіндікі, шотында жатыр. Ал, сен мына көліктен бас тартпассың. Өзің талай міндің, осыны көзімдей көр, - деп, көліктің құжаттарын қолына ұстатты. Алпамсадай оққағардың көзінен жас шығып кетті. - Ей, мұның не?
- Аға, қашан келсеңіз де хабарласыңызшы. Ол жақта бірдеңе болып қалса да хабар беріңізші. Жолыңызда өлем, - деді оққағар кемсеңдеп. - Мен сіздің қасыңызда дүние үшін жүргем жоқ, аға...
- Білем, бәрін білем, бауырым. Ал, қайқайыңдар!
Дос-аға осыны айтты да қолжүгін сүйретіп кете барды. Оққағар мен Қайыршы шын жылап тұрды, қимай тұрды. Олардың өміріндегі ең сәулелі сәттер осылай аяқталған еді.
Әуежайдан қайтып келе жатып Қайыршы дос-ағасымен ең алғашқы жүздесуін есіне алды.
Қайыршы тәп-тәуір жұмысынан шығып қалып, бар жиған-тергенін казиноға салып, күн құрғатпай ішіп жүрген кезде әйелінің әкесі келді де, басындағы үйді, астындағы көлікті тартып алды. Бұл сол күні-ақ ешкімге керексіз болып далада қалды, күні кеше ғана асты-үстіне түсіп жүрген достары әр нені сылтау қылып кездесуден қаша бастады. Өзінің арқа-жарқа болып жүргені табысты жұмысының, беделді қайын жұртының арқасы екенін, олар болмаса қара басы ешкімге керек емесін кеш ұққан Қайыршы енді шындап іше бастады. Баспанасыз адамның ішкені құрсын, біресе аялдамада, біресе жертөледе қалып, аз ғана айда шынымен-ақ қайыршыға айналып, бұрыннан танитындар мүсіркей бастағанда, ауылдағы ағасына хабар жетті. Ол жөн білетін біреуді ертіп келіп, қаланы адақтап жүріп, мұны көпірдің астымен өтетін жылу құбырының үстінде ұйықтап жатқан жерінен тауып алды. Моншаға апарып жуындырып, киіндіріп, ауылға алып келді. Тамағын беріп, бірер айда адам қатарына қосты, сосын, мал төлдетуге көмектес деп, қыстауға апарып тастады. Мұның айдағанға жүріп, айтқанға көнгеннен басқа амалы жоқ еді.
Айдаладағы қыстауда ерлі-зайыпты көмекшілерге қоқиланып қойып, бір отар қойдың буазын үй маңында қалдырып, қалғанын өріске шығарып, қаннен қаперсіз тұрғанында гүрілдеген дауысты естіді. Анда-санда бір өтетін ұшақ немесе аң қуған тікұшақ шығар деп, айналасына қарап еді, расымен тікұшақ екен. Соңына қою түтін тастап, құлдилап келеді. «Мә, мынау құлайды-ей қазір» деп ойлап үлгерген жоқ, тікұшақ алдындағы белді асып көзден ғайып болды. Айдалада жападан-жалғыз жүріп іші пысқан Қайыршы қой торыны сабалап белге қарай шаба жөнелді. Белден асып түскенінде бір қырындай құлаған тікұшақты және жаңағыдан да қоюланып кеткен түтінді көрді. «Әне-міне жарылып кетуі мүмкін-ау» деген ой басына келмеген Қайыршы тағы жақындай түспек болып атын тебініп еді, машинадан басқа техника көрмеген қой торы үркектеп алға баспай қойды. Атын бір сыбап алған Қайыршы секіріп түсті де, тікұшаққа қарай жүгіре жөнелді. Келсе тікұшақтың алдыңғы әйнектері күлпарша болыпты, екі адам бір-біріне жантая құлап ес-түссіз жатыр. Бұл терезе жақтауында қалып қойған әйнектерді сындырды да еңкейіп біреуін өзіне тартты, сәл тіктеп, екі қолтығынан алып, оп-оңай суырып алды. Сосын ес-түссіз жатқан адамды көтеріп жеті-сегіз қадам жерге апарып, екіншісін алып шығуға бұрыла бергенде тікұшақ лап ете қалды. Жаңағы қою қара түтін қызыл жалынға ұласып, тарс етіп жарылғанда Қайыршы да құлай кетті. Біраз уақыттан кейін есін жиып, өзіне өзі келген Қайыршы қоржындағы суды әкелмек болып белге шықты. Ат та, қой да тосын үннен үркіп, біраз жерге ұзап кетіпті. Амал жоқ, жаңағы орнына қайтып келді. Құтқарып алған адамының шекесі, мұрны, сол жақ беті тілініп кеткені болмаса, басқа жері сау сияқты. Бұл не істерін білмей дегбірсізденіп тұрғанда ол ақырын көзін ашты.
- Мен қайдамын?
- Сіз біздің қыстаудасыз.
- Сен кімсің?
- Қойшымын.
- Ммм, - деп біраз тістеніп жатқан адам жағдайды толық есіне түсірді-ау деймін, - Тікұшаққа не болды? - деді.
- Тікұшағыңыз жанып кетті.
- Ұшқыш тірі ме?
- Оны құтқарып үлгере алмадым.
- Ммм. Сенде телефон бар ма? Көмекке біреулерді шақыратын.
- Бар ғой. Ауылға хабарлассам, қазір-ақ жедел жәрдем келеді.
- Жоқ, жо-жоқ, жедел жәрдемнің керегі жоқ. Одан да маған телефоныңды бере тұр.
- Онда мен үйге барып, телефонымды алып келейін...
- Үйің қайда?
- Әне, ана таудың етегінде. Жарты сағатта барып келем.
- Жақсы, тек тездетші. Жаным көзіме көрініп барады. Сосын, мына жағдайды ешкімге айтпай-ақ қой. Құпияны сақтай алсаң, сыйлығың қомақты болады.
- Иә, мен қазір келемін, - деп үйге қарай жүгіре жөнелген Қайыршы «Маған не беруі мүмкін? Не сұрасам болады? Қымбат телефон десем бе екен, әлде, мың доллар бер десем, беруі мүмкін бе? Мә, мың доллар берсе...» деп, түрлі қиялға берілді. Жолай атын ұстап мініп, мал-жанның амандығын біліп тұру үшін беріп қойған бәріне ортақ қол телефонды алды да Қайыршы қайтадан кері қайтты. Ала келген суын берді, ішкеннен қалғанымен беті-басын жуып берді. Тікұшақтан құлаған адам орнынан қозғалмай, ауыр тыныстайды. Беті-басына ғана емес, басқа бір жеріне де зақым келген сияқты. Телефонды сол жатқан қалпы алды да, номерді тере бастады. Сосын, бұған бұрылып, өзінің қайда жатқанын сұрап алды. Әлдекіммен ұзақ сөйлесті, әлдене деп бұйрық берді. Содан қайтадан сұлқ түсіп жата кетті. Қайыршы жүгіріп барып аткөрпесін алып келді.
- Көктемнің суығы астыңыздан өтіп кетеді, мынаған жатыңыз, - деп көрпеге аударып жатқызды, кеудешесін басына жастады. Күртешесін шешіп, үстіне жауып қойды. Арада бір жарым, екі сағаттай өткенде тағы бір гүріл естілді.
- Ана тікұшаққа белгі берші, - деді жаралы. Қайыршы ыршып тұрып, белге жүгіріп шықты да тікұшаққа қол бұлғап, айғайлай бастады. Бұлсыз-ақ әлі түтіні басылмаған жердегі тікұшақты кез келген адам байқайтын еді. Етектегі жазыққа үсті алабажақ үлкен әскери тікұшақ қонып, ішінен жиырмаға жуық жігіт секіріп түсті. Арасында қобдишаларын көтерген екі дәрігер бар. Мына тікұшақтың жанында жаңа құлаған тікұшақ ойыншық сияқты, тым кішкентай екен. Дәрігерлер алғашқы медициналық көмектерін көрсетті, ауруды басатын уколдарын салды. Жігіттердің бірі жаралының басын көтеріп, темір құтыны қолына ұстатты.
- Қане, ішіп жібер. Өзіңе өзің келесің!
Жаралы темір құтыдан екі-үш ұрттады. Ашырқанғанына қарағанда арақ болса керек. Қайыршы айналаны түгел шолып тұр. Бағанағы жігіттер алдымен өртеніп болып, бықсып жатқан тікұшаққа ақ көбік шашып, түтінді біржола басты. Сосын, құмдауыт жерді сартылдатып қаза бастады. Әп сәтте киіз үйдің орнындай жерді тереңдеп, сол шұңқырға сүйреп апарып әлгі тікұшақты тастады да үстін тегістеп көміп шықты. Ішінде адам бар-ау, ертең біреу іздейді-ау деген ешқайсысы жоқ. Айналада көзге ілінер ештеңе қалмады. Бағана ғана осында тікұшақ құлады десең ешкім сенбейтіндей. Осының бәрі лезде атқарылғаны сонша, Қайыршы етектен жол талғамайтын қап-қара көлік келіп қалғанын аңғармай қалды.
- Ерегісіп қайтесің, тікұшаққа отырсаңшы. Біріншіден, қалаға тез жетесің. Екіншіден, селкілдемей жайлы барасың, - деді жаралының басын сүйеп отырған кісі.
- Жоқ. Енді көрмегенім тікұшақ болсын. Машинамен барам. Айттым, бітті.
- Өзің біл. Бірақ, мына екі дәрігер жаныңда болсын!
- Жарайды. Айтпақшы, - деп, жаралы жан-жағына қарады да, Қайыршыны тауып алды. - Мына жігітті өздеріңмен бірге ала жүріңдер.
Қайыршының зәресі ұшып кетті. Ақша немесе бірдеңе беретін шығар, қазір мыналардың көзінше арқамнан қағып, мақтайтын шығар деп дәметіп тұрған байқұс басы енді қайтпек?
- Мен, мен бара алмаймын. Қойды кімге тастаймын, - деді даусы тарғылданып.
Жаралы жымиып еді, бәрі қарқылдай күлді.
- Керек болса ол жақтан саған мұндай қойдың мыңын тауып береміз, - деді бірі.
- А, иә, қойын, басқасын да реттеп беріңдер, - деді де жаралы екі жігіттің демеуімен көлікке барып отырды. Сосын, қалаға қарай дәу қара көлік ызғытып ала жөнелді. Міне, дос-ағасымен ол осылай танысып еді. Сол күннен бастап оның өмірі жұмаққа айналып жүре берген. Енді міне, бәрі де көрген түстей қас қағымда өте шықты...