Адам қарады: 605 | Жарияланды: 2018-06-27 06:26:50

Тоқал әйел

 Кейіпкерлер:

  1. Айсұлу, тоқал әйел, қабылдау бөлмесінде хатшы, жасы 20-да.
  2. Күнсұлу, тоқал әйелдің сыныптасы, құрбысы, қабылдау бөлмесінде хатшы, жасы 20-да.
  3. Ақылбай, кәсіпорын басшысы, кәсіпкер, тоқал әйелдің күйеуі, жасы 55-те.
  4. Ақылбайдың бәйбішесі, Майгүл, ұстаз, жасы 50-де.
  5. Айсұлудың әкесі Сабыр, жүргізуші, жасы 53-те.
  6. Айсұлудың анасы Алтын, үй шаруасында, жасы 48-де.
  7. Баян, көрші, өсекші әйел.
  8. Қызылгүл, көрші, өсекші әйел.

 

   Оқиға Астана қаласында өтеді

 

(Ақылбай мен Майгүлдің түрлі жиһазбен жабдықталған пәтері. Майгүл дастархан мәзірін жасап әуре. Есіктен асыға, үйге күйеуі кіреді).

                                      Бірінші көрініс

Ақылбай: Мына қарашы. Мына қарашы. Біздің бәйбіше қандай, ә. Өзін алтынға теңесең де, күміске теңесең де жарасып кетпей ме? (қасына тақап бетінен иіскейді). Өзіңді көрсем Майгүлді ғана емес, еркек біткен шарқ ұрып іздейтін француз әтіріне жолыққандай сезінемін.

Майгүл: (ыңғайсызданып, ұялған сыңай танытып) Рас па?

Ақылбай: (одан сайын көңілдене сөйлеп) Жаным-ау, рас болғанда қандай?

Майгүл: (ерінің мойынына асылып) Сонда түк те өтірігі жоқ па?

Ақылбай: Құйттай да өтірігі, қоспасы жоқ. Бір мінезді, тура, тіліп сөйлейтін әкем марқұм бойдақ боп жүрген жылдары ақылды үйіп-төгіп көп айтатын. Ылғи маған «қаланың қағынған қыздарына қырындап, опық жеп отырып қалма. Жүрегіңнің екінші бөлшегін тәрбиенің тал бесігіндей, алыстағы ауылдан ізде», деуші еді жарықтық. Қазіргі жастарды қайдан білейін, біз кезінде әке лебізін алланың сөзіндей ардақтадық, құдайдың сөзіндей қуаттадық. Сөйтіп өзіңді таптым ғой ақыры. Азан шақырып қойған атың қандай. (Бәйбішесін бауырына басып) Жарық дүниедегі айым да, күнім де өзіңсің.

Майгүл: (дастарханға шақырып) Ас суып қалар. Түскі тамақты уақытылы әрі молынан, тоя жеген дұрыс. Медицина кітаптарында да тура осылай жазылған көрінеді. (Ерінің үстіндегі костюмін шешіп бір қабырғаға іліп қояды) Түсіндің бе отағасы.

Ақылбай: Әрине, әрине түсіндім. (тамақ ішіп отырып, бәйбішесіне бұрыла қарап) Майгүл маған тура қарашы.

Майгүл: Ақылбай қойшы. Елуден асып, алпысты алқымдасаң да бала қылығың қалмағандай. Әлгінде ғана сен өзіңнің әкеңнің, менің атамның салиқалы, салмақты сөзін мысалға келтірдің. Орайы келгенде мен де айтайыншы. Ал, менің әкем «қазақ тамақ ішіп отырғанда тақылдап сөйлемейді. Орыссың ба» деп одырая қарайтын.

Ақылбай: Торғай жағында ақын, шежіреші, жырау Ахметхан есімді ақсақал болыпты. Білгіш, әңгімешіл екен. Үнемі үлгіре алмай әуреге, түсемін. Адамға, құдіретті құдай бірден екі ауыз берсе ғой. Біреуімен тамақ ішіп, екіншісімен әңгіме тиегін ағытып отыратын деп армандапты ылғи.

Майгүл: Қызық екен шынында.

Ақылбай: Білесің бе Майгүл. Қызмет қолдың кірі. Тірі пенденің баянды бақыты тек отбасында. Ерлерін төрге сүйрейтін де, көрге сүйрейтін де әйелдер. Саған өте разымын. Жар сыйлаудан жаңылысқан күнің жоқ.

Майгүл: Өте әсірелеп, майын тамызып мақтамашы. Әуелден-ақ әйел жаны-нәзік гүл, әйел жүрегі-ып-ыстық мейірім. Соны ерлер жағы еш уақыт естерінен шығармаса қандай ғанибет.

Ақылбай: Тамаша айттың. Сол нәзік гүлді майыстырып алмау үшін, ып-ыстық мейірімді суытып алмау үшін күні, түні жүгіріп жүрген жоқпын ба жаным. Шынымды айтсам түскі тәтті тағамнан гөрі сенің ықыласыңа тойып, сүйіспеншілігіңе сүйсініп аттанбақшымын. Сен ылғи есікті күлімдеп ашып, жымиып шығарып саласың сыртқа. Кей әйел мүлде бөлек. Біз араласып, құраласып, шынайы досқа айналып кеткен белгілі Беркімбайдың әйелі ше? Дүңк еткізіп, дөрекі сойлейді. Күйеуі «өй», «әй», «оңбаған», «ақымақ», «милау» деген сөздерді күніне пәленбай мәрте естиді. Алғашында бұрқан, тарқан ашуланған екен. Қазір бойды үйретіп алғаны соншалық, әлгі былапыт, боқтық, қоқтық сөздер айналайынмен пара-пар көрінеді. (ыдыс-аяғын жинап жатып) Олай болса менің жарым келіншектің көбінен көш ілгері, озық тұр. (әйеліне назар сала, жымия қарап) Ақылды әйелге сүйсіне қарап отырып қызметтен кешіккен ерлерді құдай өзі кешіреді дейді.         (Екеуі риза бола рахаттана күледі).

Майгүл: (сәл ойланып) Марқұм, атамның біздің отау тігу тойымызда айтқан тілегінің түйіні, тағлымды тұсы есіңде ме отағасы.

Ақылбай: (қуана сөйлеп) Неге ұмытайын. Есімде әрине. Үйлерің жанға, қораларың малға, қалталарың ақшаға толсын деп еді ғой.

Майгүл: Ол сөзін білем, білем. Бірақ одан да гөрі, маңызды лебізін мақал-мәтелімдей жаттап жүрмін.

Ақылбай: (басын қасып, қиналып) Ол не болды екен. Қалай жадымнан шығарып алдым.

Майгүл: Ойлан, ойлан. Үлкендердің үлкен тағылымға толы сөздерін тез ұмыту кешірілмес қате.

Ақылбай: Жаным, ойлануға уақыт жоқ. Қызметтен қалып барамын. Шыдамымды тауыспай айтсаңшы.

Майгүл: Жарайды, айтайын. Ата отау тойында «жүзі, тайпасы, руы бір болып, бір әке, шешеден туып, туыстық туын төмен түсіріп, қасіретке қауышып, мұңға малынып жүргендер жалған дүниеде жетеді. Бейнелі түрде айтсам сыйластық деген ру бар. Сол аймақта ғұмыр кешіңдер қос құлыным» деген жоқ па?

Ақылбай: (басын шайқап) Жарайсың. Ата сөзін ұмытпағаныңның өзі ұп-ұзын ұлағат. Сен бала жастан сөзді сыйладың, сүйдің. Қазақ тілі әдебиеті пәні мұғалімі болдың. Оқу, есту, зердеге тоқу қабілетің күшті. Ал, мен болсам ол жағынан мүлде ұяттымын. Бірақ мен жаңа заманға сай адаммын. Кәдімгі кәсіпкермін. Күреп ақша табамын. Бизнесім билеп тұр. (сағатына қарап, асыға киінеді) Саспа сары бәйбішем. Қымбат құндыз тонның талайын тоздырасың әлі. Алтын дүкен ақ жайлауыңа айналады.  Қытайдың қырында, түріктің төрінде, Египеттің елінде жүретініңе түк күмәнім жоқ. Қазекең «ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда» деп бекер айтты ма?                                          (көңілдене сөйлеп, кетіп бара жатып) Ана жолы ақкөңіл, елгезек достарымыз Махмуд пен Роза қыздарын қазақы сән-салтанатпен ұзатқанда «біз екеуміз, біз екеуміз» деп ән шырқап, жиналған жұртты шексіз риза етті. Солардан мәтінін сұрашы. Үйреніп алайық. (сағатына қарап) Ал мен кеттім. («Біз екеуміз, біз екеуміз» деп ыңылдап бара жатады).

               (Сахнада көрші әйелдер шүйіркелесе сөйлеседі)

                                       Екінші көрініс.

Баян: Амансың ба көрші?

Қызылгүл: Шүкір, шүкір жүріп жатырмыз ғой жұрт сияқты.

Баян: Сап-сау екеніңді көріп тұрмын ғой. Не жаңалық бар? Соны айтсаңшы зарықтырмай?

Қызылгүл: Е...е...е...

Баян: Не боп қалды?

Қызылгүл: Жаңалық жетеді. Қайсысынан бастасам екен деп қиналып тұрмын біртүрлі.

Баян: Қызық екенсің өзің. Сол да сөз бе? Мейлі басы, мейлі ортасы, мейлі аяғы бастай бер.

Қызылгүл: (маңайда естіп тұрған ешкім жоқ па дегендей жан-жағын шола қарап сөз бастайды). Үкіметтің үлкен үйі жағында да жаңалық баршылық. Айтқым келеді, бірақ айтпаймын.

Баян: Айтпасаң айтпай-ақ қой. Оның себебін мен білемін. Әйдіктер жайлы әйдік лақаптарап кетсе, ұл, қыз, күйеу бала қызметтерінен қуылады деп қорқасың. Осы сөзімде бір түйір өтірік болса құлағымды кесіп беремін.

Қызылгүл: Өз құлағыңды өзің кесіп не көрініпті. Тимей-ақ қой. Жалғыз құлақпен жаңалық есту қиын болар, жә, жарар. Негізгі шаруаға көшелік. Жаңалықтарды айтпас бұрын, бір нәрсенің басын ашып алайықшы. Осы маңның адамдары екеумізді неге «өсекшілер», «өсекшілер» деп жүр.

Баян: мүмкін дұрыс шығар.

Қызылгүл: Түк те дұрыс емес.

Баян: Неге?

Қызылгүл: Қазір таяққа сүйенген шал да, оған ерген кемпір де, құдайдай сыйлар құда, құдағи да, аралас құралас абысындар да, тіпті тік жүрген, шетелдік машина мінген басшылар да ерсі әңгімеге әуес. Қазақстанда егін, мал, өндіріс жағын білмеймін, өсек шаруашылығы өте жедел дамып тұр.

Баян: Иә, дұрыс айтасың. Сенің сөзіңді толықтыра түсейінші. Қазір ақынның: «өткізу үшін шындықты, өтірік қостым ішіне» деген даналық өлеңі бар. Зерттеп, зерделесең өсектің көп пайызы шындық боп, шырылдап шығады. Және бар ғой, мен айтқан, сен айтқан, анау айтқан күллі өсектің бәрі қаз-қалпында баспа сөзде жарық көрсе, біраз газет-журналдар жиып, терген беделдерінен бірден айырылып, титтей шөбі жоқ тақырда қалмақшы. Жарайды, құрысыншы бәрі. Ақырындап өз ауламызға оралайықшы.

Қызылгүл: Оралсақ оралайық. Айтпақшы әлгі бәріміз білетін, құрмет тұтатын Нұрекеңнің ортаншы ерке қызы, серке қызы екі күйеуді «кет», «көрінбе», «жоғал» деп кері, өңменінен итеріп жіберіп, үшіншісін тауып алып, ыстық құшағында тал-бесіктей тербетіп жүрдеген сөз гу-гу әңгімеге айналды.

Баян: Тасташы. Әріге бармайық та. Бізге бер жағы да жетеді.

Қызылгүл: Қалауың білсін. Онда бер жағын айтайын. Свежи огурцы, свежи помидор деген сияқты ең свежи өсек бұл. Гитлер үшін құрбан бола жаздап, тіл үшін тіресіп жүрген «Аңыз адам» журналының Бас редакторы Жарылқап Қалыбайды жақтаушы Қазақстан қазақтары жуырда көтеріліс жасайды екен. Әйгілі әнші Бибігүл Төлегенова жақында баспасөз бетінде қазіргі эстрада жұлдыздарын әбден жамандапты. Әнші кемпірден қайтсек кек аламыз деушілер көбейген деседі. Теледидар басшылары Мақпал Жүнісова ән айтатын кештерге телеоператорларды жібермеуге шұғыл шешім қабылдапты.

Баян: Ал, мен мынадай сұмдықты естіп, аң-таңмын. Әріптес әншілер Алматыдағы бір үйдің бұрышында, қараңғыда, тасада Қайрат Нұртасты қоршап, ұстап алып «сен неге бізден көп ақша табасың» деп жұдырықтарын көрсетіп, төпелеп ұра жаздапты.

Қызылгүл: Біз тұратын үйдегі кейде сәлемдесіп, кейде сәлемдеспейтін Алматылық бастық бар емес пе? Білесің. Өзінде, әйелінде, ұлында, қызында да әйдік қап-қара джиптері бар. Таяуда қызы тұрмысқа шығып, ұзатылып, той үстінде күйеу баласына Астана қаласының солтүстік жағынан, жаңа үлгіде салынған екі бөлмелі пәтерді сыйға тартыпты. Бастық болған жақсы ғой. Еңбек ақылары жоғары шамасы. Қайда, қалай шашса да жетіп жатады әйтеуір.

Баян: Қарсы үйдегі Қырықбайдың баяғы қисық аяқ, айлығы шайлығына жетпейтін, қыз табудан жүлдені бермейтін әйелі София кердеңдеп кетіпті. Қатарынан үш күн үш көйлекпен көрдім. Және арзан емес, шетінен қымбат. Түк түсінбеймін. Қайдан келіп, қайдан құйылып жатқан қарды. Әлде ақша шығаратын жерде жезделері, балдыздары жұмыс істей ме?

Қызылгүл: (сықылықтап күледі) Қойшы. Сен де қайдағыны қозғайсың. Кім біліпті, құпия бизнестері бар шығар? Одан да мынаны тыңда? Алматыдан Астанаға қызметке ауысқан басшы, кәсіпкерлердің біразы пәтер иеленсе де, толық көшпепті. Әйелдерін отбасы мүшелерін түгелдей әкелмепті.

Баян: (таңданып) Онысы несі тағы?

Қызылгүл: Түсінбейтін түгі де жоқ. Өздерімен бірге тоқалдарын әкелген. Әйтпесе жаңа Астанадан жаңа тоқалдарын тапқан.

Баян: Сонда қалай?           

Қызылгүл: Сонда былай. Негізінен қызметі, тұрмысы елордада. Тоқал төңірегінде. Кейбірі есейіп қалған бала-шағасын тастап, екінші әйелдің етегіне жармасқан. Ал, кейбірі Алматыдағы әйелдеріне орысша айтқанда «любовник» есебінде барып, мауқын басып, жылы жақты іздейтін құстардай құтты мекеніне қайта оралады деп естідім.

Баян: Сұмдық қой. Ұят, ар-ождан қай жаққа қаңғып, лағып кетті?

Қызылгүл: Кім біліпті бір құдайдан басқа. Жуырда таныс құрбымның танысы өз ерінің ерсі қылығын айта отырып, таңданатын ештеңе жоқ, ерлердің жетпіс пайызы «гулящии» дегені есімде қалыпты.

Баян: Қызылгүл-ау. Біздің үйде тұратын мұғалім Майгүлдің күйеуі, басшы, кәсіпкер Ақылбай да ақ махаббат жолында адасып, шатасып жүрген көрінеді.

Қызылгүл: Басқа басқа, дәл сол кісіні солға бұрылады деп мүлде ойламаппын. Өзі қандай көрікті, сымбатты. Сәлемдесуінің өзінен ибалық, ізеттілік сезіліп тұрады. Майгүл апай май гүліндей құлпырып жүреді. Араларындағы ала мысық, қара мысық қайдан пайда болды екен.

Баян: Білмедім тіпті. Еш қатесіз естігенім өте жап-жас қызбен көңілдес дегенді құлағым шалып қалды.

Қызылгүл: Сонда Астанада қайда жұмыс істейді? Көңілдесі неше жаста екен?

Баян: Ол жағынан әзірге бейхабармын. Өсекті өрбітпей тұра тұрайық. Әліптің артын бағайық.

Қызылгүл: Ертең кешкілік кездесейік онда.

Баян: Кешке уақытым жоқ.

Қызылгүл: Неге? Немене алтын іздеп, көмір қазып жатырсың ба?

Баян: Үндінің «Келін» фильмінің соңғы сериясы көрсетілмекші.

Қызылгүл: Сен де қызық екенсің. Өсек оқиғасы үнді фильмінен кем дейсің бе? Кел кешке. Күтем сені көрші құрбым. (екеуі жүгіре басып сахнадан шығып кетеді)

                            (Басшы кабинеті. Қабылдау бөлмесі)

                                          Үшінші көрініс.

Ақылбай: (кабинетте телефонмен сөйлесіп отырады). Алло, тыңдап отырмын сізді Мәке. (телефон арғы жағындағы үлкен басшы дауысы естіледі). Астана қаласының орталық көшелері оңды. Түп түзу. Жолдары кең әрі тегіс. Бұл жағынан молодецсіңдер.

Ақылбай: (рахаттана күліп) Тірегіміз, панамыз өзіңіз ғой. Алдымыздағы қамқор ағаларды ақ басты Алатаудан биік көреміз. Сіз сенім артқан соң жауапкершілікті күн сайын сезінемін. Кәсіби маман боп алдық қой. Сіз қанаттан демесеңіз біз қомданып, көк аспанға ұша береміз, ұша береміз.

(телефон арғы жағындағы үлкен басшы дауысы естіледі) Астананың шеткі көшелері нашар. Асфальты аз. Жаңбыр жауса жұрт баспақ кешеді. КТК пергілеп ұрып жатыр. Бұл жағынан молодец емессіңдер. Қаржыны аямай беріп-ақ жатырмыз. Игеруге икемсіз боп кеттіңдер.

(Ақылбай көңілсіз, үнсіз. Телефон байланысы бірде үзіліп, бірде қосылғандай болады)

(Телефон арғы жағындағы үлкен басшы дауысы естіледі). Алло Ақылбай, Алло Ақылбай? Естіп отырсың ба? Неге үндемейсің?

Ақылбай: Естіп отырмын Мәке. Жасымнан үлкен кісінің сөзін бөлмейтін әдетім бар еді.

(телефон арғы жағындағы үлкен басшы дауысы естіледі) Оның жөн. Енді тыңда мені. Орайы келіп, ретін тапсам сен басқарып отырған жол басқармасына келесі 2015-нші жылға тағы мол қаржы бөлгіземін. Нақты цифрды жуырда еститін боласың. Шеткі жолдарды түгел жөндеп бітірейік. Қала жұртшылығы, қала әкімі алдындағы абыройға екеуміз қатар ие болайық. Соны ұмытпа.

Ақылбай: Мәке, мынауыңыз ғажап болды. (асып, сасып сөйлейді). Сіз маған әкемдей, шешемдей...Кешіріңіз әкемдей боп кеттіңіз. Қамқорлығыңызды сезінген сайын марқұм әкем есіме түсіп, толқимын, тебіренемін. (қалтасынан бет орамалын алып, көздерін сүртеді). Қазір де дәл сондай күй кешіп отырған жайым бар.

(телефон арғы жағындағы үлкен басшы дауысы естіледі). Ештеңе емес. Бәрі қызмет бабындағы шаруалар. Өзіңе бір ғана өтініш сапаны санадан шығармайық. Жолға бөлінген бюджеттің қыруар қаржысын толық игеруге екі басшы үнемі ұқыпты қарайықшы қарағым.

Ақылбай: Ұқтым, ұқтым Мәке. (байланыс үзіліп, телефон трубкасы қойылады. Хатшы қыз ыстық шай әкеледі).

(Басшы хатшы Айсұлудың сәл аялдауын өтініп, орындықты ұсынады).

Ақылбай: (жиырма жастағы қызға сүзіле қарап отырып, үн қатады). Білесің бе, көгілдір экраннан сөйлейтін диктордың дауысына қоса түр әлпеті де ескеріледі. Өйткені ол миллиондаған көрермен алдына шығады). Сол сияқты мен басқаратын мекемеге де адамдар көп келеді. Қабылдау бөлмесінде отырған хатшы қыз сымбатты түрі, сүйкімді сөзі, қызығарлық қылығымен жұрт назарын аударуға тиіс. Көп қыздың ішінен сені таңдадым. Бізге қызмет істегеніңе өкінбейсің бе?

Айсұлу: (сәл қысыла) Жоқ ағай. Қайта разымын, өте қуаныштымын. Бастықтар қатаң, өркөкірек, ешкімге бас имейді деуші еді. Сіз басқа адамсыз. Көзіңізде ылғи мейірім мөлтілдеп тұратын сияқты.

Ақылбай: Шай суып қалды ғой деймін. (кесесін қызға ұсынады)

Айсұлу: Қазір, қазір...(қыз шай әкеліп, кетуге ыңғайланғанда басшы үн қатады).  

Ақылбай: Мына кабинетте мен жалғыз, ал қабылдау бөлмесінде сен жалғыз. Кейде келуші кісілер жоқ кезде екі жерде жалғызсырамай қатар отырып, қою шәй ішсек жарасымды емес пе? Қалай ойлайсың?

Айсұлу: (екі беті қызарып, алауланып) Ыңғайсыз, ұят сияқты.

Ақылбай: Ешқандай қысылма. Мұнда бастық мен ғой.

Айсұлу: Сонда да біртүрлі.

Ақылбай: Біртүрлі десең, біртүрлі бола береді. Оның бәрін біртіндеп ұмытуға тырыс. (сәл ойланып барып) Жалпы хал-ахуалың қалай өзі. Қайда тұрасың?

Айсұлу: Әке, шешеммен бірге тұрып жатырмын. Өте сәулетті болмаса да, Астананың шет жағында шағын жер үйіміз бар. Әкем Сабыр жүргізуші. Анам Алтын ғұмыры жұмыс істемеген. Үйдің ұлы да, қызы да мен боламын.

Ақылбай: Түсінікті. Жалғыз бала ерке болушы еді. Өзіңнен ондай қасиет байқалмай тұр.

Айсұлу: (күлімдеп) Еркелік бала кезде болмай ма? Есейгенде кімге еркелейміз?

Ақылбай: Қалай кімге? Жігітіңе еркелеу керек.

Айсұлу: Жігіт жоқ менде.

Ақылбай: Ә, солай ма? Ештеңе емес. Көл жиегіндегі жасыл құрақтайсың. Жассың әлі. Мынандай ай мен күнге кім қызықпайды. Саспа, талай жігіттер сөз айтатын болады өзіңе.

Айсұлу: Махаббат туралы ойлануға маған әлі ертерек сияқты. Колледжден кейін сырттай институтта оқып жүрмін. Соны үлгілі тәмәмдауым керек.

Ақылбай: Содан кейін...

Айсұлу: Содан кейін көрерміз.

Ақылбай: Содан кейін, содан кейін... Қартайып, отырып қалған қыздардың қатарын қалыңдатпайсың ба?

Айсұлу: (жымиып күледі) Сіз мені манадан бері келістіре мақтадыңыз. Сөйте отырып теңімді таппай, тұрмыс құрмай қалады-ау деп, күмән, күдікпен қарамаңызшы. (Басшы, хатшы ақылдасқандай қосыла күледі).

 

                                         Төртінші көрініс.

                                 (сахнада екі құрбы қыздар)

Күнсұлу: Сәлем!

Айсұлу: Сәлем!

Күнсұлу: Менің бастығым бар ғой, өзі қап-қара, дәу кісі. Жасында палуан болған. Тұйықтың тұйығы. Мінезі түбірінен түсініксіз. Ол орнында отырғанның өзінде кабинетте ешкім жоқ тәрізді. Сөзге сараң. Сауал қойсаң үн қатады, әрине. Шай әзірлеуімді меймандар келе қалған сәтте өтінеді.

Айсұлу: Менің бастығым мың болғыр жан. Қызмет дәрежесіне байланысты бөлмейді. Ең бастысы адам жатырқамайды. Әсіресе қабылдау бөлмесіндегі маған мейірімі бөлек, қамқорлығы шексіз. Тіпті кейде кабинетінде бірге шай ішеміз.

Күнсұлу: Масқара. Қызық қой мына көрініс?

Айсұлу: Қызық болғанда қандай. Сөзге шешен өзі. Адамдар туралы философиялық ойларды тудыруға талантты. Қазіргі қыз, ұлдар жөнінде өзіндік түсінігі бар. Ақындар Мұқағали Мақатаев, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Тұманбай Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов жырларын, жатқа соғады. Өлең оқу шеберлігі тәп-тәуір. Ақ махаббат жайлы шумақтарды көп біледі. Қатар отырып мұқият тыңдасаңыз, поэзияның мұхитында мың жүзіп, теңізінде жүз тербелгендей боласыз.

Күнсұлу: Сен өзің бастығыңды шын ұнатып қалғаннан саусың ба?

Айсұлу: Кетші әрі. Қайдағыны айтып. Ол үлкен кісі емес пе?

Күнсұлу: Есіңде болсын. Үлкен қателіктер үлкендердің өздерінде де болады. Бір күні өзіңе көз салса қайтесің. Байқа, айдынынан айырылған аппақ аққу балапанындай болып қалма.

Айсұлу: Қайдан білейін. Әзірге екінші әкемдей шын мәніндегі қамқоршы. Адамның ішіне кіріп, әлемін аралаған пендені ұшырата қоймадық. Ұшқыр уақыт, қызметтегі жұмыс бәрін саралап, таразылайды.

Күнсұлу: Менің бастығым шала қазақ. Туған тілге теріс қарайды. Пошташы келген кезде газет-журналдарды түк ойланбастан, қаққа бөліп, қарап отырамыз. Яғни орысша басылымды бастық оқиды. Қазақшаларын жинап, теріп мен алып кетемін. Біздің тірлік осы.

Айсұлу: Менің бастығым нағыз қазақ. Мемлекеттік тілде шығатын басылымдардың ешқайсысын қалдырмай парақтап отырады. Кейде мені «Встреча» дүкенінің жанындағы «Жас Алаш» деп аталатын дүңгіршекке жұмсайды. Кемінде 600-700 теңгеге қазақша газет-журналдарды сатып әкеліп, столының үстіне қоямын. Кейде қағазға қол қойдыруға барғанда мұқият оқып отырғанын көремін. Өте зиялы жан.

Күнсұлу: Бастықтар зиялы және зиянды болып екі топқа бөлінеді. Сенің басшың алғашқысына кіреді. Екінші топтағылар жайын ауызды жемқорлар, қазақ тілінен тітіркеніп, ислам дініне иілмейтін, іске икемсіз, алма піс, аузыма түс дейтін жалқаулар. Ондайдың бетін аулақ қылсын.

Айсұлу: (арманды көзі күлімдеп) Бастық аса кішіпейіл, өте мейірімді болғанына және онымен хатшы қыз ортақ тіл табысқанға не жетсін шіркін.

Күнсұлу: Өзің тіпті қиялшыл боп барасың ба, қалай?

Айсұлу: Текке таңданба құрбым. Кез келген арудың көңілі көкті қалайды. Бұлтсыз арман аспанын аңсайды. Бәрі қанатты құстардай қалықтап, самғап ұшуға құмар. Мен де солаймын.

Күнсұлу: (күледі мәз болып) Кей сөзің күлкілі Айсұлу. Адам арманшыл екенін білемін. Тәңір бізді басқаша жаратқан. Пенде қанша ұмтылып, қанша әрекет жасаса да құстарға ұқсап ұша алмайды ешқашан.

Айсұлу: Жо-жоқ. Бұл пікіріңе түбегейлі қарсымын. Адам ұша алады. Арманшыл жандарда қиял қанаты болады. Ол құстардан да биікте, ай, жұлдыздың айналасында самғайды.

Күнсұлу: Сенімен келіспеу, сөз таластыру бекер әурешілік екен. Айсұлу сен бұрынғыдан да қиялшыл боп кетіпсің. Нақтылы, нандырып сөйлеуді үйреніпсің. Осының өзі ғажап.

Айсұлу: (күле, көңілдене сөйлейді) Енді қалай? Білікті, беделді басшы әрі көркем сөз құдіретін түсінетін Ақылбай аға жанында жүрген жоқпын ба? Бірдеңе жұққан шығар.

Күнсұлу: Ел аузынан естуімше ертеректе он сегіздегі қызды көрген тоқсандағы шалыңның өзі орнында қозғалақтап, жалтақтап, жанарымен сүзіп, қутың қаққан. Байқа, байқа. Қапылыста қармаққа түскен ақ шабақтай тулап қалма.

Айсұлу: Мені қойшы. Өз тірлігің қалай? Ана жолы керемет жігітпен таныстым деп едің. Не болды?

Күнсұлу: Иә, таныстым. Және ойда жоқта. Есімі Алик.

Айсұлу: Ойбай, орыс па?

Күнсұлу: Қайдағы. Қап-қара қазақ. Шын аты Әлібек. Әке, шешесі еркелетіп Алик деп атап кеткен көрінеді. Папасы...(жымиып күледі) Паханы бір базардың директоры. Шешесі заңгер. Алик жаман жігіт емес. Мейлінше ақкөңіл. Мәнәй себептермен жоғарғы оқу орнын екі мәрте тастап кетіпті. Жұмыс та істемейді. Бірақ қалта толы ақша. Айыбы ащы суға әуестеу. Менімен жүздессе болды, сәлемнен кейін мен мұндалап тұрған мейрамханаға қолымнан жетелеп апарады. Ұялы телефонымен достарын шақырып алады. Жәй күннің өзі туған күн кешіндей дүрілдеп өтеді.

Айсұлу: Қандай бақыттысың Күнсұлу құрбым. Ақшалы жігіт тауыпсың. Айтарым етегінен мықтап ұстадың ба айырылма, айырылма. Қазір қасыңда қаражатты қалқан, құлағың болса бәрі, бәрі шешіледі. Соны бір сәт ұмытпа.

Күнсұлу: Сенен несін жасырайын. Аликті жақсы көрсем де, кейде түрлі-түрлі ойға шоматыным да рас.

Айсұлу: Неменеге?

Күнсұлу: Отбасын құрайық десе де қарсылық білдірмей, үнсіз келісуге әзірмін. Көбіне ішіңкіреп, қызулау жүреді. Түбі араққа салынып, айдалада қалып қоймаймын ба деп те күдіктенемін.

Айсұлу: Сол да уайым ба? Іше берсін. Дүкеннің арағын, қалтасындағы ақшасын аяйсың ба? Ең бастысы елгезек, ақкөңіл дедің ғой. Өзіңді сыйласа болғаны да. Қалғанын қайтесің?

Күнсұлу: Жарайды Айсұлу. Сонымен махаббат дастанының бір бөлімін оқып бітіргендейміз, сірә.

Айсұлу: Солай, солай. Махаббат дегенің ғажайып поэма, ғажайып поэма толқытпай қоя ма, уақытты аяма, көзіңді аяма оқып шық қолыңа түссе бұл поэма.

Күнсұлу: Кеттік онда.

Айсұлу: Қайда?

Күнсұлу: Әрине, махаббат поэмасының қалған бөлігін оқуға, зердеге тоқуға.    

 

                                            Бесінші көрініс.

        (Сахнада Ақылбай пәтері. Ері мен әйелі диванға жайғасқан)

Майгүл: (конвертті еріне қуана, құрақ ұша көрсетіп) Отағасы бүгін отбасында қуанышты күн. Шетелде оқитын ұл мен қыздан хат келді.

Ақылбай: Кәне мен ашайыншы?

Майгүл: Жоқ мен ашайыншы.

Ақылбай: Мен балалардың әкесімін ғой.

Майгүл: Ал, мен балалардың анасымын ғой.

(Хатты екеуі таласа тармаса ашады. Фотосуреттерін көреді)

Ақылбай: Аңыз аймақ америка. Вашингтон қаласының нағыз өзі. Суретке көрікті жерде түсіпті. Пәлендей жүдемепті. Жүздері жадыраңқы. Мына қара. Ұл мен қыз жеке де, ағайынды адамдар ретінде бірге де түсіпті суретке.

Майгүл: Отағасы зер салып қарашы. Кімге көбірек ұқсайды балалар?

Ақылбай: Ұлымыз Азаматтың дене бітімі, екі көзі, қою қастары аумаған әкесі. Орысша айтқанда «копия верно» деген сияқты.

Майгүл: Солай-ақ болсын. Енді қызымыз Еңліктің түріне көз салыңдаршы. Шашты күту, бояу тәсілдерін тек өзімнен үйренген. Ерініне дейін еріксіз ұқсап түр.

Ақылбай: Айналайындар тым алыста. Арғы ата-баба табандары тимеген жерде. Аман жүрсін әрдайым. Бірі банк қызметкері, ал екіншісі инженер болып елге есен-сау оралса екен.

Майгүл: Текке, бетіне лағып сөйлемеші. Ортаға оралмайтындай не көрініпті оларға?

Ақылбай: Жәй сөйлеп отырғаным жоқ. Бұлқынса да бұлтартпас, жұлқынса да жібермес деректерім бар. Түрік, Германия, Америка, Қытай, Ресейге оқуға барған арулардың біразы өзге ұлт азаматтарына көңіл қосып, тұрмысқа шығып, біржола қалып қойып жатыр? Тағдыр трагедиясы кімді тәлтіректетпеген.

Майгүл: Тура осыдан екі, үш күн бұрын Астанадан жарық көретін бір журналдан «Негр бала» аталатын мақаланы оқып, өзім де қап-қара боп кеттім. Негрге тұрмысқа шығып, бала тапқан бейбастақ, бетпақ, сайқалдар туралы жазылыпты. Тірі пенде жер басып жүрсе, бәрін де көреді екен. Әлгі ұлттық намыстан жұрдай, ұятсыз, арсыз аруды ойласам, тілімді тістеп, үнсіз іштен тынамын.

Ақылбай: Ұятсыз ұл, қылығы қызық қыз туралы хикаятқа қашан нүкте қойылған. Құрысыншы бәрі. Одан да саған ұнайтын жаңалықтар легін төгілдірейінші.

Майгүл: Иә, сөйтші, сөйтші.

Ақылбай: Трест бастығы телефон арқылы хабарласты. Келесі жылға мекемеге, жаңадан асфальт жол салуға бюджеттен көп мөлшерде қаржы бөлінбекші. (Алақандарын ысқылап) Несібе, несібе бәйбіше. Ерің ерлейді құдай бұйыртса. Майгүлдің де ауызы дұрыстап майланады. Айтшы өзің. Сенің Ақылбайың нағыз заманға сай азамат. Заман жүрегі және Ақылбай жүрегі бір кеудеде дүрсілдеп соғады.

Майгүл: Шамала, шамала. Соңғы кезде мақтаншақтау болып кетіпсің ғой өзің.

Ақылбай: Жұрт көре алмайды. Іштерінде қызғаншақтың қызыл иті арпылдайды. Балақтан тартуға бәрі бейім. Қазақ бірін-бірі көбіне көз жұмған соң мақтайды. Ал, шындығы өзімді өзім сияқты ешкім де мақтай алмайды.

Майгүл: Қатырасың отағасы, қатырасың. (ерлі, зайыптылар рахаттана күледі)

Ақылбай: Өзіңді көрсем, әйелімнің әсем әлемін араласам бақыт балын қомағайлана жұта беремін, жұта беремін. Тәттілік қайда десе жарда дер едім. Сұлулық қайда десе арулардың ақ жүрегінде дер едім. Шаттық қайда десе шат-көңілді шаңырақта дер едім. Ажырамас, лайланбас ақ махаббат қайда десе...(көзі күлімдеп ойға қалады)

Майгүл: Иә, онда не айтар едің?

Ақылбай: Онда...онда ойланбастан ақ махаббат, пәк махаббат мына, менде, мына сенде...яғни Ақылбай мен Майгүлде дер едім. (Ері әйелін ақырын бауырына қыса бергенде ұялы телефон шырылдайды)

Ақылбай: Түсіндім, түсіндім. Қазір, қазір барамын. (Телефонын қойып, әйеліне бұрылып)

Ақылбай: Сәл қызметте болмасам бітті. Бәрі шуылдап, дуылдап іздей бастайды. Орынбасар оңбай тұр. Құр сөз оныкі. Берілген тапсырманың өзін құн-жын қылады. Өзім бармасам болмайды. (Асығыс киініп) Кеттім жұмысқа.

                                     

                                        Алтыншы көрініс.

                                      (Бастықтың кабинеті)

Ақылбай: (хатшы қызды оңаша шақырып алады) Күнделікті қызмет, жұмыс өз деңгейінде қайталанып, жүре береді. Басқа бастықтарды білмеймін. Мен қызметкерімнің жұмысына ғана емес, әлеуметтік, тұрмыстық жағдайына да жауапты болуға тиістімін. Қазіргі еңбек ақың көңіліңнен шыға ма? Шай, пәйыңа жетіп жүр ме? Бірақ 40 мың теңге еш жерде далада шашылып жатқан жоқ қой.

Айсұлу: Солайы солай. Бірақ Астана қымбат қала. Аз-мұз еңбек ақы жұқ болмайды екен. Білмеймін...мүмкін тағы бір қосымша жұмыс іздеп көретін шығармын. Еден жусам да.

Ақылбай: Мынауың масқара емес пе? Жұрт сүйсіне қарайтын сұп-сұлу арудың еден, есік, терезе жуып жүргенін көру сұмдықтың ішіндегі, сұмдық. Айналайын арыл бұл ойыңнан.

Айсұлу: Тіршілік бәріне көндіреді. Онда тұрған не бар. Менің құрбыларымның көбісі мекемелерде еден жуып жүр. Солардан артық емес шығармын.

Ақылбай: Жоқ, сен артықсың.

Айсұлу: Қалайша?

Ақылбай: Былайша. Өйткені сен сұлусың. Есіңде болсын сұлу еден жумайды.

Айсұлу: Енді не істейді?

Ақылбай: Қиылған қабақтарымен күлім қаққан көздерімен, үлбіреген ерінімен, ерекше дене бітімімен ерлердің назарын аударады. Осының өзі жұмыс емес пе? (Ақылбай хатшы қызға тақап қолынан сүйеді)

Ақылбай: Мына нәзік саусақтар еден жууға емес, сүйсіне сан мәрте қарауға, сипауға, сүюге жаралған.

Айсұлу: (ұялып, екі беті қызарып) Қойыңызшы. Сізді ондай кісі деп ойламаппын. (бастығының аймалауға тырысқан қолдарын кері итеріп) Жіберіңізші, жіберіңізші.

Ақылбай: Мен емес сені аймалап, құшып тұрған.

Айсұлу: Қызық екенсіз. Енді кім?

Ақылбай: Жүрек. Арманшыл жүрек.

Айсұлу: Үлкен адамдарда да арман болады ма?

Ақылбай: Болғанда қандай.

Айсұлу: Егер құпия, жасырын болмаса ол қандай арман екен?

Ақылбай: Ол өте көп арман. Өзгені қайдан білейін, өзімнің жеке пайымдауымша үлкен адамдардың арманы да жылдар жылжыған сайын үлкейе береді, үлкейе береді.

Айсұлу: Мен оны өте жақсы түсініп отырмын. Яғни көбірек бала, көбірек немере сүйіп, көбірек қызық көру шығар армандарыңыз?

Ақылбай: Иә, иә ол ойың да айна-қатесіз дұп-дұрыс. Бірақ одан басқа да арман баршылық.

Айсұлу: Түсініңкіремей тұрмын. Ол қандай арман тағы. (сәл ойланып) Таптым, таптым. Қызметте жоғары лауазым иелену, әп-әйдік коттеджде тұру, мол теңге, дорба-дорба долларға жолығу...

Ақылбай: Ол да керек. Қазіргі жағдайда байлық та біреуге қолжетпес арман, ал екінші біреулерге күнделікті, қалыпты, қайталана беретін тіршілік тынысы. Құдайға шүкір өзімнің тәп-тәуір тіршілігім бар қазір. Ақшасыз өмір-ай, жұлдызсыз, сәулесіз, адасып айдалада қалатындай қап-қара түнмен тең.

Айсұлу: Мен сізден бірдеңе сұрайыншы. Бірақ ренжи көрмеңіз.

Ақылбай: Жарайды келістік. Қысылма. Айта бер.

Айсұлу: Жұрт айтады байлар сараң, ал кедейлер жомарт болады деп. Сол рас па?

Ақылбай: Толық емес, жартылай қуаттаймын бұл пікірді. Мәселен мен. Мен ақшалы адаммын. Бастық болған соң еңбек ақым да қомақты. Қосымша шаруашылығым бар. Мешітке барып тұрамын. Жетім-жесірлерді ұмытпаймын. Былайша айтқанда сараңдар сапындамын дей алмаймын. Саған да көмектесуге, жәрдемдесіп жіберуге әзірмін.

Айсұлу: Жоқ, жоқ. Ештеңе керек емес.

Ақылбай: Неге керек емес, керек. Сен он екіде бір гүлі ашылмаған ажарлы арусың. Саған сәнді киіну қажет. Бояуларыңның өзі қымбат тұрады. Соны ұмытпа. (Айсұлуға тақап тұрып, оның қолына ақша қыстырады. Және қолын жібермей біраз ұстап тұрады)

Айсұлу: Мынауыңыз мүлде ұят екен. Мен ақшаға сатылатын қызға ұқсаймын ба?

Ақылбай: Олай ойламаймын. Ақша түгіл, алтынға да айырбасталмайтыныңды аңғарғам.

Айсұлу: Ендеше бұл әрекетіңізді қалай түсінеміз?

Ақылбай: Өте оп-оңай. Өзге арам пиғылдан аулақпын, кәмпит алып жесін дегенім ғой.

Айсұлу: Сонда қалай? Мені кәмпит жемей жүр деп ойладыңыз ба?

Ақылбай: Жоқ, әрине. Қызға ер адам әперген кәмпит ерекше тәтті болатын көрінеді.

Айсұлу: Қолымды жіберіңізші. Саусақтарым ауырып қалды. Ештеңе керек емес. Ақшаңыз өзіңізге.

Ақылбай: Жоқ болмайды. Аласың. Егер көнбесең қолыңды босатпаймын.

Айсұлу: (әбден шаршап, терлеп) Қызық кісі екенсіз. Сізді дәл осы әдепсіз, түсініксіз, жат әрекетке барады деп ешқашан ойламаппын.

Ақылбай: Өзім де ойламаппын.

Айсұлу: күлкіге айналдырмаңызшы.

Ақылбай: Күлкі емес. Бір ақын өлеңі ойға оралып тұр. «Көңіліме сенбеймін көңіліме, көңіл деген қай жаққа жетелемес» деп жазған ғой шалқар шабыт иесі. Мен де сол ақын сияқты тебіреніс теңізінде тербеліп тұрмын. Ниетімді теріс емес, дұрыс түсін. Сый ғой. Қабыл ал. (осы сөзді айтып, дауысы дірілдеп, көңілі толқиды)

Айсұлу: (үһілеп дем алып) Мен барайын. Жұмыстарым бар. (Орнынан көтеріліп, қабылдау бөлмесіне қарай беттейді. Ақылбай ақшаны ақырын Айсұлудың қалтасына салып жібереді).

Ақылбай: (кабинетінде оңаша. Есігі жабық. Өте көңілді) Сонымен алғашқы белес бар деп есептейміз. Келесі белеске әзірленгенім жөн. Махаббат тауына көтерілуді мұрат тұтқан ер адамдар тағдыры да алпинистерге қатты ұқсайды. Төзімді, шыдамды болу керек. Кездескен кедір-бұдырды жеңе білген жөн. Жас қой. Қайдан бірден көне қалсын. Негізі кет әрі емес сияқты...

                                          Жетінші көрініс.

                           (Сахнада көршілер, өсекші әйелдер)

Баян: Бері кел, бері кел. Үйдің май басқан үйрегіндей мамырламай аяғыңды тезірек бассаңшы.

Қызылгүл: Бір орында тұрған жоқпын ғой. Жүріп келе жатырмын. Екі құлақ елеңдеулі. Айта бер.

Баян: Жау интернаттың ішінен шығады демекші, біз тұратын үйдің адамдары бұзылып жатыр.

Қызылгүл: Е...не боп қалды?

Баян: Әлгі Ақылбай бастық егде тартқанда ақылынан адасыпты.

Қызылгүл: Денсаулығы бірқалыпты болатын. Жай, күйіне арызданғанын естімеппін. Не сонда, психтер ауруханасына түсіп пе?

Баян: Жоқ, ойбай. Басқа, басқа ауру.

Қызылгүл: Қояншық болып па?

Баян: (түрі бұзылып) Одан да жаман.

Қызылгүл: Онда ісік ауруы шығар.

Баян: Одан да жаман.

Қызылгүл: Әбден зарықтырдың ғой. Айтсаңшы тезірек.

Баян: Ақылбай бастық өзінің хатшы қызымен жүретін көрінеді. Аз мезгілде айналдырып алыпты.

Қызылгүл: Таста. Өтірік болар. Өсекке айналдырды деп бізді кінәләп, пәлеге қалармыз.

Баян: Қалмаймыз. Бәрі ып-рас.

Қызылгүл: Өзің көзіңмен көрдің бе? Соны айтшы маған.

Баян: Жоқ, әрине.

Қызылгүл: Ендеше неге бөсіп, өсіп, есіп сөйлеп тұрсың?

Баян: Текке емес. Фактым бар, фактым. Яғни сол мекеменің еден жуатын әйелі, Қарқынбайдың қара қатыны көріпті.

Қызылгүл: Ол қалай куәгер болып жүр?

Баян: Терезедегі жұқа перденің арғы жағынан көрсе керек. Қызықтап тұрып жуатын еденін ұмытып кете жаздапты. Айтуына қарағанда күбір-күбір көп сөйлесіпті. Ақылбай Айсұлудың қолынан ұстады дей ме, тамағына тақады, шашын иіскеді, аймалады дей ме? Және осы көрініс біраз уақыттан бері жұмыс арасында, кешкісін қайталанып жүр дейді.

Қызылгүл: Ақылбайдың әйелі, ұстаз Майгүл қандай керемет жар. Мектеп мақтанышы. Балалардың аса мейірімді анасы. Ақылбай екеуі тату, тәтті тұратын. Ыдыс, аяғы қозғалды деп естімеппіз. Қай құдай шатыстырды, көз тиді ме, не болды екен?

Баян: Еркектің көбі солай ғой. Үйден қырық қадам ұзаса қызық іздейді. Әйелдерінің көздеріне шөп салады.

Қызылгүл: Қайдағы. Бұрын шөп болса, енді шөмеле салады.

Баян: Ата-баба «қазақ байыса қатын алады» деп бекер айтпаған-ау сірә. Ақылбай да ақша буымен алшаң басқан жан.

Қызылгүл: Дұрыс, дөп айттың. Хатшы қызға қаражат жағынан көмектесіп тұрады екен. Бір бөлмелі пәтер алып бергелі жатыр деп те естіп қалдық.

Баян: Ойбай онда настоящий, нағыз тоқал ғой.

Қызылгүл: Ақырын сөйле. Біреу-міреу естіп қалар. Өсегің өкіріп тұр екен. Жүр, жүр. Біздің үйге барып қою сүтпен, қою шай ішіп отырып жалғастырайықшы қалған әңгімені. (екеуі қол ұстаса шығып кетеді)

                                         Сегізінші көрініс.

                                       (Сахнада екі құрбы)

Айсұлу: Күнсұлу адам айтса нанғысыз оқиға болды.

Күнсұлу: Бастығың Ақылбайға байланысты шығар?

Айсұлу: Оны қайдан білдің?

Күнсұлу: Сенің сөзіңнен, бастығыңның ана жолғы отырыстағы дастархан басындағы қимыл, әрекетінен біраз нәрсені байқап қалғанмын.

Айсұлу: Қалай пәлесің. Неге айтпадың маған.

Күнсұлу: Қыз жүрегі сезгіш. Мен хабарлама жасамай-ақ өзің бәрін біледі деп ойладым.

Айсұлу: Арыз жазып, жұмыстан кетіп қалсам, жылы жер табу оңайға соқпайды. Осы бетінен қайтпай, сүйретіліп соңымнан қалмаса не істеймін? Материалдық жағынан демеп тұруға әзір екенін де жиі мәлімдейді.

Күнсұлу: Бітті онда. Басқа саған не керек. Жалтақтама жан-жаққа, жағдайыңды түзеп ал.

Айсұлу: Мәселе онда емес қой. Отбасы, бала-шағасы бар. Жасы үлкен кісі.

Күнсұлу: Туу, сен өзің қызық екенсің. Сенің, менің қатарымдағы жігіттерден не үміт, не қайыр. Көбі қызбен сөйлесу мәдениетінен нөл. Кинотеатр, шатханаға да апара алмайды. Қалталары бос. Өздері жарымай жүргені. Есіңде болсын, ересек, бастық, ақшалы ерлер қай жағынан да тиімді. Бастығыңның ықыласы саған қарай ауды ма көңілін тап, өкінбейсің. Бірден құлама. Әп дегенде қабақ шытып, ашылмай, салмақты күй кеш. Емпелеңдеп ерінге ұмтылса бетіңді басқа жаққа бұрып әкет. Қолын созса өте қатты емес, жайлап кері итер. Бауырына тартса бұлқынған сияқты ырым жаса. Басы қатты болса, аяғы тәтті болады.

Айсұлу: Өзіңнің миың толған философия, тұла бойың толған ақыл ғой. Шетелге шауып кетіп қалмай Астанада неғып жүрсің.

Күнсұлу: Қойшы, кекете бермеші.

Айсұлу: Кекетпеймін. Жай сөз ретінде айтып жатқаным ғой. (ойланып) Жарайды сенің айтқаның болсын. Сонда бастықтың отбасы не болады?

Күнсұлу: Түк те болмайды. Оның қауқары екеуіңді ұстауға да жетеді. Кей белсенділер екі әйел алу жөнінде заң шығару қажет деп текке қақылдап жүр. Алматы, Астана, Қарағанды, Қостанай, Шымкент, Павлодар, Жезқазған қалаларындағы әйдік лауазым иелерінің көбінде некеге тіркелмесе де екінші әйел баяғыдан бар. Так что все  нормально.

Айсұлу: (құрбысына күлімдеп қарайды) Бір адамнан гөрі екі жанның пікірі әрқашан салмақты. Таразы басын тартады. Сөйлесерміз, ақылдасармыз тағы. Хош әзірге.                                                                                                             (екі құрбы сахнадан шығып кетеді)

 

                                           Тоғызыншы көрініс.

                (Ақылбайдың пәтері. Отбасы. Ері диванда жатыр)

Майгүл: Келе сала диванға құлағаныңа жол болсын. Бұрын ондай емес едің ғой. Ашыла сөйлемейсің. Бір уайым бар сияқты өзіңде? Түсіндірсеңші?

Ақылбай: Нені түсіндіремін. Түк уайым жоқ. Қызмет бабы мәселесі ғой. Талап күшейді. Жұмыс көбейіп кетті. Содан, соңғы кезде қан қысымым жиі көтеріледі.

Майгүл: Өлшегіш бар үйде. Дәріхана тура есік алдында тұр ғой. Барып келе қояйын.

Ақылбай: Жо-жо. Әуре болма. Сәл мызғып алсам оңалармын бәйбіше. Тек үстіме жұқа көрпе жаба салсаң болғаны. (Майгүл айтқанын орындап, көрпе жауып, үн-түнсіз кетіп қалады. Ақылбай тез ұйықтайды, қорылдайды. Сандырақтап сөйлей бастайды)

(Ері ұйықтап жатып, сандырақтайды. Оны үйде жүрген әйелі естиді. Жақындап барып құлағын тосады)

Ақылбай: Айсұлу өзің қандай ажарлысың. Дене бітімің де ғажап. Саусақтарың қалай нәзік еді. Ыстығы қолымды жылытып, жүрегіме, бүкіл бойыма тарап барады.

(Әйелінің шыдамы таусылып, айқай салады)

Майгүл: Тұр, тұр. Қан қысымы көтерілген еркек. Бәрі белгілі енді. (төсегінен жұлқылап, оятады. Шапшаң оянған ері түк түсінбейді. Аң-таң)

Ақылбай: Әй, не болды?

Майгүл: Оны мына сенен сұрауымыз керек.

Ақылбай: Денің сау ма, жындандың ба?

Майгүл: Менімше дені сау емес те, жынданған да сенің өзің. (түрі бұзылып, ашуға басып, екі көзіне жас үйіріледі) Иә, енді баянда бәрін.

Ақылбай: (әлі диван үстінде отыр) Нені баяндаймын, нені?

Майгүл: Баянда. Баста Айсұлу жайлы хикаятты.

Ақылбай: (диваннан шапшаң түрегеледі) Сен не деп тұрсың. Қай Айсұлу? Қайдағы Айсұлу?

Майгүл: (жанынан ашулана, ызғар шаша тақап) Түк білмейсің, ә. Түк те.   

Ақылбай: (екі иығын қатар қозғалтып) Білмеймін ештеңені.

Майгүл: Әйелмен жүріс, любовник, тоқал жайлы әңгіме айтсаң еркектің бәрі азар да безер болып, бастарын шайқап тұрып алады. Қатырып рольде ойнайды. Сендерге бар ғой, сендерге Қазақстанның халық әртісі деген атақты алты минут ойланбастан берген дұрыс. Кел тақа. Өзің бері қарашы.                                                                                            (Ері қысылып жарына қарайды)                                                                Жасырмай-ақ қой. Бәрін, бәрін ана бақырайған екі көзіңнен ап-анық көріп тұрмын.

Ақылбай: Нені көріп тұрсың?

Майгүл: Айсұлуды, сені, екеуіңе қызмет жасаған жайлы бөлмені, қауышқан ыстық махаббатты көріп тұрмын. Сен оны өңің түгіл, ұйқыда жатып та ұмыта алмайды екенсің. Жаңа ғана сандырақтап сөйлеп, өз үйіңде өзге қыздың есімін бірнеше мәрте атадың.

(Ері тез жиналып, үнсіз кетуге ыңғайланады).

Майгүл: Қайда барасың. Асықпа ақ махаббат иесі. Мәселенің басын ашып алайық. Не менімен, не тоқалыңмен тұратын боласың. Неге қан қысымың көтерілетінін енді түсіндім. Өзі Айсұлу болса, өзі жап-жас болса сендей алпысты алқымдаған шалдың көзіне қалай түспесін.                 (Ері тез, үнсіз кетеді)

Майгүл: (көрерменге қарап) Соғыстың түрі сан алуан. Азамат соғысы, ұлы Отан соғысы, Ауған соғысы. Бірақ ең қиыны ерлі-зайыптылар соғысы. Мылтықсыз майдан басталды деп есептейік. Нартәуекел. (сахнадан шығып кетеді).

 

                                          Оныншы көрініс.

Баян: Қайда жүрсің? Біраз тосып қалдым ғой.

Қызылгүл: Ерігіп жүр дейсің бе? Дерек, дерек жинап жүрмін жан жақтан. Дерексіз керексіз адаммын ғой саған.

Баян: Ә...солай ма? Онда түсіндім құрбым, түсіндім. Құр қол келмеген боларсың? Әлгі жиғаныңды жинақтап, тергеніңді түгендеп, естігеніңді ептеп баянда енді.

Қызылгүл: Асықпа, саспа. Айтамын ғой бәрін. Одан бұрын бірдеңе дейінші саған.

Баян: (таңданып) Де...де...Демей жүрген күнің бар ма сенің.

Қызылгүл: Жалпы мен бүкіл әңгіме, бүкіл сырымды бүгіп, жасырып қалмай саған ғана айтамын. Күйеуіме де, дым демеймін. Оған айтсам әлгі әңгіме ертесіне барлық еркектердің ауыздарында жүреді. Ашықауыз. Қазір еркек біткеннің ауызы ертемен жыбыр-жыбыр. Қысқасы оларға ешқашан бірдеңе айтуға болмайды. Екеуміз, өзіміз бір-бірімізге сенейік те. Сені қайдан білейін, өзім өкіртіп өсек айтқан күні алаңсыз, рахаттанып ұйықтаймын. Айтпақшы саған айтпаппын ғой. Жақында тосыннан тілім ауырып, ащып, мазам кетті. Дәрігердің садағасы кетсін. Сенімен сұхбаттасқан соң құлан-таза айықтым. Сосын бұл өзі дене шынықтыру екен ғой. Ақырын жүрген күнім жоқ, ылғи жүгіріп, зымырап жүремін. Гүр ететін моторы бар, бірақ жанар майсыз жүретін машина сияқтымын. Және жол ережесінің маған түк қатысы жоқ. Қайта ала таяқ ұстаған полицияға өзім қарадай тиіскім кеп, кейде тақап барып, екі көзімді шарасынан шығара бақырайтып өтіп кетемін. Ал, өсек айтпаған күні басым ауырып, қан қысымым көтеріліп, қол, аяғым сырқырап берекем қашады. Бұл да бір жұмыс-ау өзі.

Баян: (күліп) Әрине жұмыс. Бірақ еңбек ақысыз, премиясыз. Бәрі құрысын. Бүгін не жаңалық бар? Соны айтшы?

Қызылгүл: Ақыры Ақылбай бастық ақылынан адасыпты. Хатшы қызбен әлі әмпәй-жәмпәй көрінеді.

Баян: Дұрыстап айтшы өзің. Әмпәйің не, жәмпәйің не?

Қызылгүл: Соны да білмейсің бе? Әмпәйі қызды сүйеді, ал жәмпәйі сол үшін күйеді деген сөз. (екеуі қосыла күледі)

Баян: (көңілді) Сенің де ойлап таппайтының жоқ екен. Ал, айтшы қалай сүйіп, қалай күйетінін?

Қызылгүл: Баяғы неке суын күнде ішкендей тап-таза боп жүретін  Ақылбай бастық «левый» жаққа ләйліп кетіпті. Естуімізше хатшы қызға ессіз, түссіз ғашық. Екеуінің оңаша кездесуіне сол мекемеде жұмыс істейтіндер куә болыпты. Ақылбай әуелден мол пішілген. Зор денелі. Соған әлгі құйттай, биттай қыз кенедей жабысып алыпты.

Баян: Бұған кененің қандай қатысы бар?

Қызылгүл: Бейнелеп, көркемдеп айтып жатқан жоқпын ба? Бірақ бұл шағатын кене емес, ләззат алатын кене.

Баян: Естімеген елде көп. Ләззат алатын кене болады деген сөзді бірінші рет сенің аузыңнан естіп тұрмын.

Қызылгүл: Болады, болады, болғанда қандай. Сол кене-қыз дұрыстап, мықтап жабысқан көрінеді.

Баян: Ақылбайдың әйелі Майгүл майда мінезді әйел. Өзі өнегелі ұстаз. Ерін баладай мәпелей біледі. Қандай қасірет, қандай қайғы, қандай трагедия. Серілік құрып, сенделіп жүрген ерінің махаббат гүлі екінші мәрте бүршік жарғанынан жары Майгүл хабардар ма екен. Біле ме?

Қызылгүл: Біледі ойбай. Ақылбайдың өзі айтып қойыпты.

Баян: Кетші. Ондай да бола ма?

Қызылгүл: Болғаны да.

Баян: Қалай сонда?

Қызылгүл: Былай сонда. Өз үйінде ұйқысұрап жатып әлгі қыздың есімін бірнеше рет қайталап, оны әйелі естіп, ашуға басыпты.

Баян: Сосын...

Қызылгүл: Сосын отбасында ойран болыпты.

Баян: Айырылысып кетіп пе?

Қызылгүл: Ол жағын толық білмеймін. Ажырасуға әзірлік жұмыстары жүріп жатса керек.

Баян: Майгүлді бір жағынан түсінемін, екінші жағынан түсінбеймін.

Қызылгүл: Неге олай дейсің?

Баян: Түсінетінім ерлі-зайыпты арасындағы ақ сезімді қараға айналдырып, бауыр еті балаларға әдепсіз әрекет байқатып, ұйып тұрған шаңырақты шайқалтқан, ауа райындай құбылмалы, ала-құла еркектен құтылған жөн. Алаңсыз ғұмыр кешу үшін. Түсінбейтінім тіршілік тұтқасы қаржы. Майгүл материалдық жағынан мұңайып қалмай ма деген қалың ойға бата беремін.

Қызылгүл: Ештеңе емес. Көшеде сұлап, құлап, өліп жатқан жан жоқ. Шылқыған бай да, шыбын жаны шыға қоймаған кедей де өмір сүріп жатыр. Шетелдегі балалары оқу бітіріп келіп, оңды қызметке орналасса бәрі ойдағыдай болады. Мәселе ақшада емес.

Баян: Жоқ, бұл пікіріңмен келіспеймін. Қазір, тап қазір, біз өмір сүріп отырған құбылмалы қоғамда мәселе ақшада. Тіпті айта беретін ар, ұятын, кісіге керек кісілігің, жан дүниеге күнделікті ауа азықтай қажет адамгершілігің содан кейінгі орында.

Қызылгүл: Осы бар ғой, қазір айнала толы ақылшы. Кез-келген бастықта кеңесші. Ал, енді жұмыс істеуге бәрі жалқау, немқұрайлы. Сен де кейде соларға ұқсап, ұқсап кетесің біртүрлі. Философияңды айқайлап айта бермеші құдай үшін. Қалтаңа сап, тігіп таста. Кейін көркем сөзді қадірлейтіндер көбейе қалса сиқыршылар сияқты біртіндеп шығарарсың.

Баян: Не, ренжіп қалдың ба құрбым.

Қызылгүл: Жоға. Саған кейіп қайтейін. Өзге ренжитін адамдар да жетеді ғой. (қуана сөйлеп) Екеуміздің арамызда әрқашан алтын көпір. Оны ешкім бұза алмайды.  

(Адамдардың айқай-ұйқайы естіледі)

Баян: Тағы бірдеңе болып жатыр ғой.

Қызылгүл: Қайда? Қай жақта?

Баян: Анда, анда. Жүр тезірек. (Екі құрбы сахнадан шығып кетеді)

 

                                         Он бірінші көрініс.

                              (Майгүл әйелі үйде. Ері келеді)

Майгүл: Өте жақсы. Дер уақытында келдің. (қасына көзін ойната қарап) Сұраққа жауап беретін шығарсың деп үміттенемін әрине.

Ақылбай: Әйелі күйеуіне дікеңдеп, зіркілдеп сөйлей ме екен?

Майгүл: Сөйлейді. Неге сөйлемейді. Сен...(қолын шошайтып) Сен бар ғой... Сен енді экс күйеусің.

Ақылбай: (шошып кетіп) Қайдағыны айтпашы. Біреу-міреу, көрші-мөрші естіп қап, масқара болармыз.

Майгүл: (айқайлай сөйлейді дауысын көтеріп) Естісін, естісін бәрі.

Ақылбай: Ең құрғанда даусыңды сәл бәсеңдетші. Тамағыңа микрофон орнатып алғансың ба? Саңқ-саңқ етесің.

Майгүл: Мына қара. Мәдениеті мәуелі, әдебі әйдік азамат бола қалыпты. Ұмытқан ұятты, аяққа басқан арды есіне түсіріп тұрған сен бе?

Ақылбай: Жарайды, қойшы, шамалашы.

Майгүл: Түк те шамаламаймын. Менің биязы, жібек, жұмсақ мінезімді талай көрдің. Енді жауынымды, дауылымды, боранымды да байқа, сезін бастық мырза.

Ақылбай: Сонда не істемексің?

Майгүл: Бәрін де істеймін. Қазақша айтсам оп-оңай. Орысша айтсам «очень просто». Бәтеңке, шұлығыңнан бастап бүкіл киіміңді өзіңе ере келген ескі чемоданға саламын да, салтанатты жағдайда табалдырықтан әрі шығарып жіберемін.

Ақылбай: Астапралла. Сен ғұмыры ондай емес едің ғой Майгүл.

Майгүл: Енді сондаймын. Сен өзгергенде мен өзгермейді деймісің. Қара да тұр, егер қажетсінсем мен де қарап қалмаймын. Әлі өтімді тауардаймын. Қатарлас біреуді тауып аламын.

Ақылбай: (екі көзі бақырайып, шошып) Таста. Балалардан ұят емес пе?

Майгүл: Мәссаған. Мына бейбақтың сөзін тыңдаңдар. Әйелің, балаң бар екені, ұят болатыны енді есіңе түсті ме? Қазақта «ақсақ қой түстен кейін маңырайды» деген мақал бар еді.

Ақылбай: (ызаланып) Құдай қосқан жарыңды қорадағы қойға теңегенің қалай болар екен. Артық кеттім шалыс бастым деп ойламайсың ба?

Майгүл: Ешқандай. Сені неге теңесе де артық емес. Ұятсыз... Арсыз... Бетсіз... (жылайды) Ата-анаң атыңды азан шақырып, айқайлатып Ақылбай деп қойса да, әлі ақылдан алшақ, жырақтасың. Мен кімнен, қай әйелден кеммін, айтшы?     

(Ері тақауға әрекет жасайды)

Жақындама, жолама. Бұдан былай өткен шақпен сөйлеймін. Ақылбай деген күйеуім болған. Енді ол мүлде жоқ мен үшін. (жылауын тоқтатпай, сөзін одан әрі жалғайды) Қадірлі ата-атаның бір кездегі қызғалдақ қызы едім, өсіп, өніп келе жатып аяққа тапталдым. Әуелде сүйікті, сүйкімді жар едім, енді сүйкімсізге айналдым. Мен де жұрт сияқты мейірімі мұхит абзал ана едім, тосыннан тартылып, сарқылып барамын. Және, және өз перзенті түгіл, өзгелердің балаларын аялаған ұстаз едім, ұятсыз күйеу арқылы ұяттан өртенгелі тұрмын. Ұлағатымды қалай ұрлаттым. Орта сыйлаған отауға кімнің көзі тиді...

(Ері әлгі сөздерді мұқият тыңдап, түк айта алмай үнсіз үйден шығып кетеді)

 

                                         Он екінші көрініс.

                       (Бастық пен хатшы қыз мейрамханада)

Ақылбай: Бүгін сенің туған күнің. Құтты болсын. Мына роза гүлін қабыл ал. Ал, сыйлығым кәдімгі француз әтірі. (ұсынып жатып қолынан сүйеді)

Айсұлу: (таңданып. Гүлдерді иіскеп) Ғажап. Менің роза гүлін жақсы көретінімді қалай біліп қалдыңыз?

Ақылбай: (күлімсіреп) Кеудедегі жұдырықтай жүрек не үшін. Сезеді бәрін. Қыз құпиясы ылғи құлыпта. Кідіріссіз іздеп кілтін тапсаң болғаны.

Айсұлу: Сіздің тәжірибеңізде қалай? Кілтті қиналып табасыз ба, әлде тез табасыз ба?

Ақылбай: Қалай айтсам екен саған. Негізі былай. Бұл өзі дүкеннің кілті емес қой. Қыз жүрегінің кілті. Алдымен қинала жүріп кілтті табамын. Бірақ оны ашу үшін ару рұқсаты керек. Сол ғой, сол ерлерді ертелі, кеш мазалайтын.

Айсұлу: Күшті айтасыз. Журналистер, жазушылар сияқты бейнелі сөйлейсіз. Сыйлықты қатырдыңыз. Мұндай сый-сияпатты ешкімнен көрген жоқпын. Ризамын шексіз. Енді тост айтпайсыз ба?

(Ақылбай алдында Қазақстан конягы, ал Айсұлудың алдында вино. Түтікпен ішеді)

Ақылбай: Жалпы мен қыздарға сыйлық аларда (Айсұлу сөзін бөліп жібереді)

Айсұлу: көпше «қыздарға» деп қалдыңыз. Таныс қыз-келіншектеріңіз соншалықты көп пе?

Ақылбай: Жоқ, әрине. Сөз жобасына қарай айтып жатқан жоқпын ба?

Айсұлу: Тыңдап отырмын. Құлағым сізде.

Ақылбай: Сыйлық аларда біраз ойланып барып, іске кірісемін.Сен құлпырып, жайнап жүрсін деп роза гүлінің бірнешеуін таңдап алдым. Әтірді әдейі әкелдім. Өзін Қазақстанда емес, Францияда жүргендей сезінсін деп.

Айсұлу: (күлімдеп) Мына әрекетіңіз қызық екен.

Ақылбай: Сөздің түйіні жиырма жас жарық дүниедегі жақсылықты, бақытты, шаттықты үйіп-төгіп бір басыңа әкеле берсін, әкеле берсін. Сол үшін ішелікші. (екеуі стақан түйістіреді)

Айсұлу: (көңілді түрде) Енді мен бірдеңе дейін бе?

Ақылбай: Әрине. Сұлу қыздың сұлу лебізін естуге деген ықыласымыз ерекше.

Айсұлу: Мен сіз сияқты сөзге шешен емеспін. Жөндеп айта алмасам айыпқа бұйырмаңыз. Кейде ақын, жазушылардың өздері де сөз білеміз деп, артығырақ айтып, бояуын өте қалыңдатып жібереді. Өзім жүрек түкпірінде, көңіл көгінде не тұр. Соны айтамын.

Ақылбай: Өте дұрыс айтып отырсың.

Айсұлу: Онда былай болсын. Алдыңыздағы аруды арзан санамағансыз сірә. Қымбат қызға қымбат сыйлық сыйладыңыз. Рахмет оған. Мен сияқты қабылдау бөлмесінде хатшы боп жұмыс істейтін құрбым Күнсұлу бастығын тұйық, түсініксіз адам дейді кілең. Бұл жағынан менің айым оңынан туды. Сіз өте қарапайымсыз. Кеуде кермейсіз. Маған бірде бір қабақ шытқан емессіз. Жылу төгіп жүресіз. Адамды, (күлімдеп) аруларды өзіңізге тартатын магнитіңіз бар. Назар аудармау, бұрылмау мүмкін емес. Магнит адам үшін алайықшы.

Ақылбай: Сөз білмегенің осы ма. Тауып айттың, сосын көркемдеп айттың.

Айсұлу: (рахаттана күліп) Сізден біртіндеп бірдеңе жұғып келе жатқан болар.

Ақылбай: Жұққанына өкінбейсің бе?

Айсұлу: Бір адамның бойындағы жақсы қасиет екіншісіне жұғып жатса кім жадырамайды. Мен өте қуаныштымын.

Ақылбай: Сенің туған күнің үшін.

Айсұлу: Қуаныш үшін.

(Музыка ойналып, екеуі биге шығады. Мейрамхана жарығы жартылай сөнген. Екеуі құшақтасып, билеп жүріп, сөйлеседі)

Ақылбай: Денең электр тогынан да ыстық екен.

Айсұлу: Олай айтпаңызшы. Мен ұяламын...

Ақылбай: Бұрын да әдемі едің. Бүгін туған күніңде тіпті сымбаттанып, сұлуланып кетіпсің. Киген көйлегің де керемет. Матасының өзі жұп-жұмсақ. Саусақтарым тиген сайын санамды сан түрлі ойлар мазалайды. (тамағына тақап) Әлгі француз әтірінің жұпар иісін де сезгендеймін.

Айсұлу: Қойыңызшы. Жұрт қарап тұр. Ұят болар.

Ақылбай: Мейлі. Көбіне өздері оңашада осындай бақытқа қол жеткізбегендер әдейі бұрылып, қызығып, армандап қарайды. (Екеуі қосылып күледі)

Айсұлу: Сізге бір сұрақ қояйын ба?

Ақылбай: Қоя бер. Мың сауал қойсаң да мыңқ етпей жауап беремін.

Айсұлу: Біреулер «жоқ», «жоқ» деп жауап қайырудан жалықпайды. Екіншілері «бар», «бар» деп бажылдайды. Сіздің пікіріңізше махаббат бар ма, жоқ па?

Ақылбай: (сәл ойланып) Бас қатырып қажеті не. Бар әрине.

Айсұлу: Бақыт ше?

Ақылбай: Ол да бар.

Айсұлу: Құпия болмаса мекенін айтасыз ба?

Ақылбай: Жасырмаймын. Саған ашық түрде айтамын.

Айсұлу: Қайда сонда?

Ақылбай: Тура осы жерде. Саз ырғағында екеумізбен бірге билеп жүр. (Ақылбай мен Айсұлу бір-біріне жабыса түседі. Саз ойналып тұрады. Сахна шымылдығы жабылады).

 

                                      Он үшінші көрініс.

                       (Сахнада екі көрші, өсекші әйелдер)

Баян: Кеше саған телефон шалып едім ғой. Екі әйел алу туралы теледидар хабарын қосуды ұмытпа, көр, қара деп.

Қызылгүл: Айтқаның қандай жақсы болды. Жуып жатқан кірімді тастай салып, теледидар алдына жайғастым ғой.

Баян: Қалай ұнады ма?

Қызылгүл: Былай ничево. Шынымды айтсам ана бір депутат әйелдің сөзі қатты ұнады маған. Ол мәселені турасынан қойды ғой. Егер екі әйел алу заң жүзінде бекітілсе, онда әйелдерге де екінші күйеуге шығуға рұқсат берілсін деді ғой. Жүрегінде түгі бар әйел екен.

Баян: Менімше өте дұрыс айтты. Тепе-теңдік керек. Еркіндікті еркектерге ғана беруге болмайды.

Қызылгүл: Сосын бар ғой, әжелер айтады баяғы ерлердің жөні, жүріс, тұрысы, мінезі мүлде бөлек болды деп. Ол кезде бәйбіше мен тоқал апалы, сіңлі сияқты сыйласыпты. Екеуі тарапынан жағымсыз, ұсақ, түйек бірдеңе көзге түсе қалса, шалдары шатақ мінез танытып, алара бір қараса жетіп жатыр екен. Қазір ше? Еркектің қара қасының арасынан қара танкы гүрілдеп, дүрілдеп шықса да қорықпайды ғой әйелдер.

Баян: Кешегі теледидар хабарында ең басты бір мәселеге мән берілмеді. Еркектердің саны аз. Көбі ауру. Статистиканы қараңыз. Ерлер ерте көз жұмып жатыр.

Қызылгүл: Және бар ғой. Құлағыңды әкел бері. (сыбырлайды) Екі әйел десе жымың қаққанымен еркектердің біразы белінен ауырады, әлсіз.

Баян: Бірақ Ақылбай бастық дәу ғой. Екі иығына екі кісі мінгендей. Қол, аяғы балғадай. Оң жақты да, сол жақты да қамтып, қарық қып жүрген шығар.

Қызылгүл: Онысын кім білген. Жұрттың айтуынша Ақылбай мен Майгүлдің махаббаты астан-кестен болыпты. Бұрын бір-біріне күндей күлім қақса, енді түндей түнерген. Қателеспесем Майгүл өте ашулы, бетінен қайтатын түрі жоқ, ерінің киім-кешегін жинастырып, чемоданының бүйірін бұлтитып қойыпты деп естідім.

Баян: Бұл қалай сонда. Оңды отбасы шаңырағы ілезде шайқалып, ілезде опырылып түспек пе? Шалыс баспайтын пенде бар ма? Кінәні мойындап кешірім жасау, ағаттықты адамдық ақыл таразысына салып өлше, теріс қарап түңіле бермей, түсінісу болмаушы ма еді.

Қызылгүл: Нені айтып тұрсың? Сен біртүрлі қызық екенсің өзі. Ақылдасу, мақұлдасу, татуласу деген арғы заманның қыстауында қалып қойған. Қазіргі адамдардың іші іріген сүттей. Жүйкелері жұп-жұқа. Әбден тозған. Ашуды ақылмен басу қалғалы қашан. Қысқасы Ақылбай мен Майгүл арасындағы сүйіспеншілік жоққа тән.

Баян: Сонымен соңы не болмақшы?

Қызылгүл: Не болсын. Көңілдес қыз көксегеніне жетеді. Бажылдап бәйбіше қалады. Тоқал тоқтамастан төрге озады. Махаббат машақаты деген сол.

Баян: Екеуі де ақыл тоқтатқан жаста. Балалы, шағалы. Әлгі теледидар күнде тақылдағандай айтуға оңай. Ақылбайдың азапты, Майгүлдің мазасыз күндерінен дедектеп жүріп деректер жинайық. Жүр кеттік.

Қызылгүл: Кетсек кеттік құрбым. (Екеуі сахнадан шығып кетеді).

 

                                        Он төртінші көрініс.

(Ақылбай бастықтың үйі. Шетелдегі студент балаларынан хат келген қуанышты сәті)

Майгүл: (конвертты асыға ашып, хатты оқи бастайды) Сүйікті әке, сүйкімді ана. Амансыздар ма? Сабақ жақсы. Тұрмыс та тәуір. Астананы, сіздерді ойласақ көкіректі керемет сағыныш билейді. Ана сенің жуырда иеленген Қазақстанға еңбегі сіңген халық ағарту ісінің озаты белгің құтты болсын. Сіз шын мәнінде ерекше беделді, ұлағатты ұстазсыз. Өз балаларыңыздың қауырсын қанаттарын қатайтып қана қоймай, өзгенің перзенттерін де тәрбиелеп жүрсіз. Әке қалай? Кейде қан қысымы көтеріліп кететіні бар еді. Дәрігер көмегі сыртында, өзің де байқап қой. Екеуіңіздей пәк, ақ махаббат иесі, өнегесі өркенді, сыйлы отбасы, аяулы ата-ана аз, сирек. Сіздерді біз өте қатты сағындық. Келесі айда демалыс беруі әбден мүмкін. Ана сізден бір өтініш. Бізге әкем екеуіңіз жуырда түскен фото суретті салып жіберіңізші. Ол бізге сіздерді сағынып кеткенде аса қажет. Сау болыңыздар. Ұлдарыңыз Ұлан, қыздарыңыз Қызғалдақ.

(Есіктен ері енеді. Майгүл хатты тез жинап, қалтасына жасырады)

Ақылбай: Майгүл!

Майгүл: Өтінемін. Менің атымды атамашы.

Ақылбай: Мынауың масқара ғой. Мынандай морт сынған мінезіңді ғұмыр бойы көрмеппін.

Майгүл: Өкінбей-ақ қой. Тірі жүрсең көресің әлі.

Ақылбай: Нені сонда?

Майгүл: Өзің нені тілеп алдың, соны көресің.

Ақылбай: Құдай қосқан қосағымсың. Мүмкін бір мәмілеге келерміз.

Майгүл: Қытай сабынындай қолға тұрмайтын, көпірігі күшті көркем сөзіңді текке қор қылма. Айттым, бітті. Шынымды айтсам өзіңді көргім келмейді, сөзіңді естігім келмейді. Заттарың түп түгел дайын. Жылдамырақ жоғал. Бар, бар. Анау Айсұлуыңмен ай, жұлдыздың арғы жағын армансыз араларсың.

(Ақылбай үндемей тұрады, Майгүл тағы сөйлейді)

Майгүл: Аузын ине, жіппен тігіп тастағандай тілін табанда шайнап тастағандай, түнеріп түн жамылғандай, дым білмегендей мелшиіп тұрғанын қарашы.

Ақылбай: Енді не істеуім керек. Билеп тұрайын ба?

Майгүл: (жалма жан жанына жетіп барып) Дұрыс айттың. Биле, биле. Бүгін сенің билейтін күнің.

Ақылбай: Туу Майгүл. Қойшы енді құдай үшін.

Майгүл: Қоймаймын дегесін, қоймаймын. Баяғыда «біз екеуміз, біз екеуміз» деп әндеткеніңді, сәндеткеніңді ұмыттың ба? Енді не, «біз үшеуміз, біз үшеуміз» деп шырқауымыз керек пе? Ақ махаббат иесі едік, балшығыңмен былғадың. Ел сыйлайтын ерлі-зайыпты едік, абыройды айрандай төктің. Не дейсің маған. Есіңде болсын, мен кешіре салады, үйге кіргізе салады деп ешқашан ойлама. Махаббатына адал емес еркек, махаббатына адал әйелден әмән алшақ, қашықта жүргені жөн. Шынымды айтсам, дәл сен Ақылбай орта жолға келгенімде маған махаббат машақатын көрсетеді деп ойламаппын. Көргенсіз...

Ақылбай: (ашуланып) Кінәм бар шығар. Бірақ өте ауыр сөз айтып тұрсың маған. Кішкене тіліңді тартып сөйле.

Майгүл: (кекете сөйлейді) Ойбай, мынау сөз төркінін түсінеді екен ғой. Намысы бар екен ғой. Бұған дейін ол қасиеттің бәрі қаңғып қайда жүрген?

Ақылбай: Мен басшымын. Өзіндік бедел, абыройым бар. Осы жасымда көргенсіз деген сөзді бірінші рет сенен, әйелімнен естіп тұрмын.

Майгүл: Оған түк таңданба. Қызметіңде шаруам жоқ. Отау отын сөндіріп, жарды жылатып, балаларды әке мейірімінен айырған еркекті көргенді дейміз бе, әлде көргенсіз дейміз бе? Айтшы, айтшы кәне.

(Ақылбай киім-кешегі салынған чемоданын көтеріп, артына бір қарап алып үйден шығып кете береді)

Майгүл: (есікке қарап сөйлеп) Мен есікті ашып, жауып тұратын келіншектер тобына жатпаймын. Кеттің бе, келме енді. Келсең де кіре алмайсың. Кеше ғана жаңадан құлып сатып ап, кілтті ауыстырып қойғанмын. Хош атына әрекеті сай емес Ақылбай мырза.

 

                                          Он бесінші көрініс.

                              (Сахнада Айсұлу мен Күнсұлу)

Күнсұлу: Халың қалай Айсұлу.

Айсұлу: (қылымсып) Өте жақсы. Жаман боп не көрініпті.

Күнсұлу: Дұрыс айтасың құрбым. Заманды кінәләп, зарлайтындарды түсінбеймін өз басым. Қазір қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мезгіл ғой. Өкпелейтін ештеңе жоқ. Бәрі бар, бәрі. Әсіресе сенің жағдайың тіпті тамаша. (Айсұлудың үстіндегі көйлегін көрсетіп, тақай түсіп жанына) Жаңа көйлек алыпсың ғой. Құтты болсын. (қолымен ұстап көріп) Арзан дүние деп ойламаймын. Еңбек ақың өсті ме, әлде...

Айсұлу: Өтірік қылымсымашы. Білесің ғой, бәрін де. Демеушің күшті болса дедектеп қайда бармайсың. Қазір қымбат тауар сататын дүкендерге, арзан тағамы аз мейрамханаларға жиі баруға үйреніп келе жатырмын. Дағдыға айналды деуге де болатындай.

Күнсұлу: Қандай күшті. Ең бастысы ақшалы адамның жанында жүрсің. Әмияның әрқашан қалың. Теңге топырлап, доллар домалап жатса одан артық не керек. Бақыттысың Айсұлу.

Айсұлу: (сәл күлімсіреп әрі терең ойланып) Білмеймін. Бақыттымын ба, әлде жоқ па? Несіне жасырайын сенен. Қанат қаққан қуанышпен бірге, мың мазалаған мұң да бар...

Күнсұлу: Түк түсінсем бұйырмасын. Мұңы несі?

Айсұлу: (біраз ойланып барып сөзін бастайды) Ештеңе естілмей қалмайды. Түбі әке, шешем не күйде болар екен? «Бұл не сұмдық. Өз теңің таусылып қалды ма десе» не деп жауап қайырамын.

Күнсұлу:  Ой, қойшы. Бекер қиялдана бермей. Жалғыз сен дейсің бе? Дөкейлермен жүретіндер жетеді мұнда. Және... Және махаббат ешуақытта жас ерекшелігіне қарамайды. Тіпті отбасы болса да...

Айсұлу: Күнсұлу, дәл осы сөзің артығырақ сияқты. Шамала, шамала.

Күнсұлу: Шамаламаймын. Неге шамалаймын. Кім болса да жүрек әмірімен ғұмыр кешеді. Сүйіп, күйіп, өліп, талып тұрса не істейміз. (сәл күлімдеп) Өзің де Ақылбай бастық екеуіңнің араңдағы жүріс, тұрысқа пәлендей өкінбейтін шығарсың.

Айсұлу: Білмеймін ол жағын. Бірден, батыл түрде айта алмаймын. Уақыттың өзі төреші. Көрерміз жұмыр басқа не бұйырғанын.

(Айсұлудың ұялы телефоны шырылдайды)

Айсұлу: (ұялы телефонын құлағына тосып) Мен тыңдап тұрмын.

Ақылбай: (телефонның арғы жағынан) Кездесейікші.

Айсұлу: Дауысың өзгеріп кетіпті не болған саған.

Ақылбай: Кешелі, бүгін көңіл, күй жоқ. Әрі қарай өмір сүру қажет пе, жоқ па деп ойға батамын.

Айсұлу: Айтшы, айтшы. Не болды саған бәрінен біржола түңілетіндей.

Ақылбай: Бәйбішемен хош айтыстым. Томпаңдап тоқалға тарттым. Сосын... Сосын соны жудым дұрыстап.

Айсұлу: Арақ іштің бе?

Ақылбай: Енді қайтемін. Еркектер екі жағдайда, яғни қатты ренжігенде, әйтпесе ерекше қуанғанда ащы суды аңсайды. Мен де сөйттім.

Айсұлу: Шаршап тұрсың. Мүмкін кейінірек кездесерміз.

Ақылбай: Жо-жоқ. Тап қазір жүздесейікші. Сені көрсем төбемдегі тобыр бұлттар ыдырап, арғы жағынан алтын күн күлім қағып шығатын тәрізді. Кешікпе. Күтемін сені. Соңғы кездескен жерімізге жетсең болды.

Айсұлу: (Күнсұлу құрбысына қолын көтеріп, қоштасқан сыңай байқатып) Жарайды, жарайды. Тос мені сол жерде. Барамын қазір...

(Айсұлу мен күнсұлу хош айтысады)

 

                                    Он алтыншы көрініс.

             (Саханада көрші әйелдер. Баян және Қызылгүл)

Баян: Кеше мен Ақылбай бастықтың әйелі Майгүлді көрдім. Мәссаған. Саған өтірік маған шын, өзгеріп кетіпті. Толықтау сияқты еді, талдай иіліп, майысып, талдырмаш боп қапты. Өңі сынық. Бір бетінде әжім сызықтары пайда болған ба, қалай? Бұрынғыдай ашылып, ағынан ақтарыла сөйлеспейді. Төмен қарап амандасты да бұрылып, өз жөніне кете берді. Қызық.

Қызылгүл: Қызық түгі де жоқ. Сүйгені сүйкімсіз боп шықса сүмірейіп қалмай қайтсін. Майгүлдің өзі майда мінезді жар, ақ шуақты ана, ұлағаты мол ұстаз екенін көбі біледі. Әттең жастайынан қалаған жары жарға жығып, көздің жасын көлдетіп кетті.

Баян: Е... е... Еркектердің дені солай. Бәрі бір мектепті бітіргендей ғой. Өтірікті өкіртіп айтқанда анау алыстағы, Торғайдағы Айсадан аумайды. Алдап кеткенде Алдардың артында қалған пәленбайыншы ұрпақтары дерсің.

Қызылгүл: Шындығы бар ғой, шындығы бүкіл еркекті түзу жолға саламыз деп сандалмай-ақ қояйық. Бізге жалғыз Ақылбай бастықтың өзі жетеді. Баян білесің бе, мен кейде топырағы  торқа болғыр кеңес дәуірін біртүрлі аңсап кетемін.

Баян: Неге? Мына сөзіңе әбден таңданып тұрмын, құрбым.

Қызылгүл: Сен таңдана бер. Ал, мен болсам қайран Кеңес кезеңінің кейбір кереметіне тамсанудан, таңдай қағудан жалықпаймын. Бәрін тізіп, түгендеп әуреленбеймін. Ұйқыдан оянғаннан ұзақ күн бойы моральдық кодексті жаттадық. «Адам адамға дос, жолдас және бауыр» деген ұранды сөзді әлі ұмытпай жүрмін. Әр сала мамандарын қызметте жоғарылатып, үлкен лауазымға орналастырар кезде жеке өмірін зерттеп, отбасы татулығына дейін назар аударатын. Бәрі бұлдыраған сағым болып қалды ғой. Ал, қазір... Ал, қазір мораль мергеннің көзіне түскен марал сияқты оңбай оққа ұшты.

Баян: Тауып айттың Қызылгүл құрбым. Еркектер есінен айырылды. Мысалы Ақылбай. Ақылға бай деуге ауыз бармайды. Майгүлдей әдемі, әдепті әйелді енді қайдан табады?

Қызылгүл: Енді қайдан табады деген сауалыңның өзі сұп-сұйық. Тапты. Табысты. «Ақшаң болса қалтаңда талтаңдасаң талтаңда»

Баян: Солай екен-ау өзі.

Қызылгүл: Солай, солай. Ақылбай сияқтылар сері-көңіл, қыдырғыш, жүргіш еркектер тобына қосылады. Әйел, қыз-қырқын көрсе маңдайдағы екі көздері қанталап кетеді. Қойларға шабатын аш қасқырдай атылуға әрқашан әзір.

Баян: Оның дұрыс шығар. Бірақ біз еркек, олар әйел болып көрген жоқпыз. Сол себепті бір-бірімізді түбірінен түсіну, тереңнен ұғыну мүмкін емес шығар.

Қызылгүл: Былай болсыншы. Егер сені Аллатағала ер адам етіп жаратса не істер едің?

Баян: (Алдымен шек-сілесі қатып күледі) Онда... Онда ма? Дене шынықтырумен айналысар едім.

Қызылгүл: Не деп кеттің сен.

Баян: Қазір еркектің көбі семіз. Өздерінен бұрын қампиып қарындары көрінеді. Мен жіптіктей жігіт болғанды қалаймын. Оның несі айып.

Қызылгүл: Сосын не істер едің?

Баян: Сосын ба, сосын. Қазақы тәрбие көрген қызға үйленіп, медаль бермесе де көп балалы әке атанар едім. Сүйгенімді сыйлап, сүйем жер солға бұрылмас едім. Сосын, сосын дей бермесей маған. Ал, өзің еркек бола қалсаң не істер едің?

Қызылгүл: Адам ешқашан екі мәрте өмір сүрмейді. Ақылбайдікі дұрыс бір жағынан. Дүниені дүрліктіріп, шалқып шайқағанға, балқып сайран құрғанға не жетсін, шіркін. Әйелді қос-қостан алар едім. Ебін тауып, ауадан ақша жасар едім.

Баян: Сәл, сәл ғана төменірек түспейсің бе?

Қызылгүл: Түспеймін. Өзім жаңа ғана көтеріліп тұрғанда неге төмендеймін.

Баян: Сенің еркек емес екенің қандай жақсы. Егер бола қалсаң бәріміз де біттік қой онда. Қызарған қызғалдақтарды тамырынан үзіп, қырқып тарта беретін шығарсың. (Екеуі риясыз, рахаттана, мәз мәйрам бола күледі)

 

                                         Он жетінші көрініс.

                 (Сахнада Айсұлудың әкесі Сабыр, анасы Алтын)

Алтын: Әлгі үнемі зыр қағып жүретін, өсектен өрмек тоқитын, ауыздары құрғамайтын екі өсекші әйелдер бар емес пе? Баян мен Қызылгүлді айтам. Бәрін, бәрін көрген түстей баяндап берді.

Сабыр: Нені, нені?

Алтын: Сен мейірім төккен әке, ал мен болсам ақ сүт берген ана сапына қосылмаппыз. Зая кеткен қайран маңдай тер...

Сабыр: Жасырмай, бүкпей, астарламай айтсаңшы тезірек. Айсұлуға байланысты ма? Ештеңе сезіп тұрғаным жоқ. Өлім емес шығар, әйтеуір.

Алтын: Одан да жаман. Осы суық хабарды естіп, естен танып, есеңгіреп, көз бұлдырағанша мына жарық дүниемен біржола неге хош айтыспадым. Тірі пенде деген атым ғана. Өлі жандаймын.  (шыдамай жылап жібереді)

Сабыр: (әйелін бауырына басып)  Не болды Алтын? Менің де ішім астан-кестен. Жамандықтың жаман тонын жалпылдатып біреу жүрген сияқты маңайымызда. Айсұлу аман ба өзі.

Алтын: Әке мен шешені тірідей жерлеп үлгірді. Мұндай қыздың барынан жоғы. Өлсе де өкінбеймін.

Сабыр: (екі қолын кеудесіне басып) Астапралла. Алтын, олай демеші құдай үшін.

(Айсұлу үйге көңілді енгенімен әке, шешенің тұнжыраған түрлерін көріп, қалт тұрып қалады)

Алтын: Не болды, не болды деп тақылдайсың маған. Не болғанын сұра мына керемет, кербез қызыңнан. Бұл қазір бетіне лаққан бетпақтың нағыз өзі. Теңін таппай тентіреген. Әкесінен үлкен Ақылбай деген бастығына бауыр басып қалыпты. Мол ақшаға басыдұрыстап айналған.

Сабыр: Осының бәрі рас па Айсұлу?

(Қызы әбден қысылады. Ләм демейді)

Сабыр: Неге мелшиіп қалдың. Өлген қыздың қабіріне қойылған тас мүсін емес шығарсың. Тілің қайда, тілің?

Алтын: Тілі қайдан болсын. Әкені әрі итерген, шешені шеттеткен, бауырлардан бетін аулық ұстаған, махаббат пен ақшаны шатастырған шала қыз не деп сайрасын.

Сабыр: Ата-ана албырт қызды атастырып, сақалы сапсиған шалға сүйреп апаратын зымиян заманға уыстап топырақ шашқалы қашан. Өз қатарың таусылып қалды ма? Шешеңнен бір сыбысты естігем. Жұқалтақ, мінезі майда жігіт соңыңнан қалмайтын еді ғой. Есімі есіме түспей тұрғанын қарашы. Ә... Әлібек, Әлібек. Жап-жақсы азаматты қалай ғана уысыңнан шығарып ап жүрсің?

Алтын: Ал, жауап бер әкеңнің сұрағына? Әлібек екеуің неге жараспадыңдар. Не жетпейді сендерге. Ізетті, инабатты емес пе еді.Не болды айтсаңшы?

(Біраз үшеуі де үнсіз тұрады)

Алтын: Естисің бе? Саған сұрақ қойып тұрмыз ғой. (ашуланып, дауысын көтере сөйлеп) Жауап, жауап бер. Әлібек қайда деймін?

Айсұлу: (қинала жауап береді) Кетті.

Сабыр: Қайда кетті. Әскерге ме?

Айсұлу: Жоқ. Басқа қалаға қоныс аударды.

Алтын: Хабарласып, хат жазысып, телефон шалып тұрмайсыңдар ма? Айсұлу: Мүлде хабарсызбын. Екеуміз енді кездеспеуге келіскенбіз.

Сабыр: Әп-әдемі еді ғой. Несі ұнамай қалды саған?

Айсұлу: Момын. Ынжық. Икемсіз. Қызды құрметтеуді, онымен оңашада ашық, ақтарыла сөйлесуді білмейді. Басқа қыздардың жігіттері мереке сайын мейрамханаға шақырады. Керек десеңіз, Әлібек екеуміз асханадан бір рет тағам татып көрмеппіз.

Алтын: (сәл жымиып) Түсінікті, түсінікті. Кемшілігі көп екен. Ал, қазіргі дәуің кім? Оны қайдан тауып жүрсің?

Айсұлу: Аты Ақылбай. Мен жұмыс істейтін мекеменің бастығы.

Сабыр: Болса қайтейін. Ары құм болған, ұяты ұрланған жан екен. Қазіргі бастықтар мекеменің маңызды шаруасынан тысқары қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыздармен айналысатын болған ба?

Алтын: Солай боп тұр. Бастыққа сағат сайын апаратын ыстық шай ыстық махаббатқа жолықтырған ғой сонда. (қызына тақап сөйлейді) Маған мынаны айтшы? Әкеңдей, тіпті әкеңнен де үлкен адамға қалай арбалдың?

Айсұлу: Өте пысық адам. Шебер сөйлейді. Шынымды айтсам, қалай көнгенімді өзім де байқамай қалдым. Соңғы кездегі кей іс-әрекетіме өзім де толық түсінбеймін. (Жыламсырайды)

Сабыр: Әкең, яғни мен ғұмыр бойы машина жүргіздім. Оқу, тоқуым жоқ. Соған қарамастан аз-мұз қаражатпен қара домалақтарды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірдім. Байлыққа бас имедім. Ал, сендер бәрін ақыл емес, ақша арқылы шешуге шешініп кірісесіңдер. Қазір... Тап қазір үйден кет. Құдіретті құдай маған қыз арқылы қызық көріп, құрақтай құлпыруды бұйыртпаған екен. Қайтейін. Өз қолымды өзім пышақпен тілгілеп, кесейін бе? Жоғал, жоғал, көрінбе көзіме.

Алтын: Атыңа сай болмадың Айсұлу. Айналама аруым, қызым арқылы ай мен күннің күміс сәулесі шашыла ма деп жүрсем, айналам түнек, тас қараңғы боп барады. Мен де сені бұдан былай бір күн көргім келмейді. Кетші Айсұлу, кетші.

(Айсұлу түк айтпай сәл тұрады. Сосын бір нәрсеге жерік, аяғы ауыр адамдай жүрегі айнып, лоқсиды. Сыртқа жүгіре жөнеледі)

Сабыр: Бұл не нәрсе тағы? (әйеліне сұраулы жүзбен қарайды)

Алтын: Мен қайдан білейін.

Сабыр: Шеше тәрбиесін көрмеген көргенсіз қыздан көретініміз әлі алда шамасы. Бәріне сен кінәлісің, сен. (қабырғада ілулі тұрған қамшыны қолына алып, Алтынды, әйелін қуа жөнеледі. Жары қашып бара жатады) Тоқта, тоқта. Әкеңнің ауызын...

 

                                         Он сегізінші көрініс.

(Күтпеген кездесу. Ақылбай мен тоқалы Айсұлу тұратын пәтерге әйелі Майгүл келеді. Есікке звонок беріледі. Үйде Айсұлу ғана болады)

Айсұлу: (есікке тақап барып) Бұл кім болды екен?

Майгүл: (есіктің арғы жағынан) Ашыңыз, ашыңыз?

Айсұлу: Сізден сұрап тұрмын ғой. Кімсіз өзіңіз?

Майгүл: кім екенін білесіз сосын. Ашыңыз, ашыңыз?

Айсұлу: (сөйлеп бара жатып есікті ашады) Есіктен енбей жатып, дауыс көтеріп, мінезін көрсетуін қарашы? Кім өзі.

Майгүл: (есіктен кіре, ашулы сөйлейді) Менің есімім Майгүл. Білетін шығарсың?

Айсұлу: (таңданып) Білмеймін. Бірінші рет естіп тұрмын.

Майгүл: (таңданып) Солай ма? Өзің нағыз әртіс екенсің. Сахнадағыларда шаруам жоқ. Ең қауіптісі сен сияқты өмірдегі әртістер.

Айсұлу: (ашуланып) Сіз... Сіз маған тектен-текке тиісіп тұрсыз.

Майгүл: Мынаның айтып тұрған сөзінің түрін қара. Тектен текке дейсің бе?

Айсұлу: (көзі ежірейіп) Әрине. Тектен текке.

Майгүл: Олай болса тектен текке тиісіп тұрмағанымды дәлелдейін. Ақылбай бастықты танитын боларсың?

Айсұлу: Ә... м... Білем, білем. Ну что?

Майгүл: Бетің шімірікпейді. Ұятсыз әйел екенсің. Әке, шеше, мұғалім тәрбиесін көрсең де, ештеңені түсініп, ұқпағаның байқалып-ақ тұр. Басқа сөз аузыма түспейтіндей. Бетімен кеткен бетпақсың!

Айсұлу: Тіліңізді тартып сөйлеңіз.

Майгүл: Тартпасам ше?

Айсұлу: Онда оңбай ұтыласыз. Ауызыңа қолымды салып жіберіп, тіліңді табанда суырып аламын. Қайшымен қырш еткізіп, кесіп тастаймын. Түсіндіңіз бе, әлде жоқ па?

Майгүл: (Айсұлуға ұмтылады. Шашына жабысады) Не дедің?

Айсұлу: Тіліңді кесіп тастаймын дедім.

Майгүл: Кесіп тастағанды көрсетейін мен саған. Арсыз, көргенсіз. Әкеңдей адамды айналдырып, біреудің отбасын ойран етіп, тоқал болғанша өз теңіңді таппағаның неткенің.

(Екеуі бірінің шашын бірі жұлып, жұлқыса бастағанда есіктен Ақылбай кіріп, аң-таң боп, жедел екеуін ажыратуға кіріседі)

Ақылбай: Бұл не масқара. Әйел төбелесті деген не сұмдық. Қойыңдар, қойыңдар.

Айсұлу: Ана бажылдаған бәйбішеңе қой де.

Майгүл: Ана топас тоқалыңа қой де.

Ақылбай: (Майгүлге тақап) Сенің жасың үлкен ғой. Қойшы енді.

Майгүл: Ажарлыңды, аяулыңды, ардақтыңды, тәтті махаббат сыйлап жүрген тоқалыңды аяп кеттің бе?

Ақылбай: (Айсұлуға тақап) Сенің жасың кіші ғой. Қойсаңшы енді.

Айсұлу: Ә... Балғын кезден бауырыңда балқыған, шаңырағыңда шалқыған, тап қазір кәдімгі асыранды үй үйрегіндей мамырлап қалған қымбаттыңды, сымбаттыңды бәйбішеңді аяп тұрсың ба?

Ақылбай: (қиналып, екі қолымен басын ұстап) Туу миым ашып кетті ғой.

Майгүл: Сөзін қара мынаның. Майгүлім, Майгүлім деп жүріп, мекемедегі қызмет бөлмесін махаббат алаңына айналдырған, жарды жарға құлатып, балаларды бақытынан адастырып, менің миымды ашытқан кім екен?

Айсұлу: Әуелден сүзіле көз тігіп, соңымнан қалмай жүгіріп, ыңғайыма қарай жығылып, қармағына қара судың ақ балығындай іліндіріп, іліп әкетіп, оң, солымды аңғаруға мүмкіндік бермей менің миымды ашытқан кім екен? Менде жасырын сөз жоқ босағадан жылтыңдаған. Турасын айтам, Аха бәйбішеңді қимай жүрсең өзің біл. Әйтпесе мына кісі далақтамай дамыл берсін бізге.

Майгүл: Су жұқпайтынның нағыз өзі. Сумаңдап тұр ғой мынауың. Тақылдама.

Айсұлу: (кекете сөйлеп, Ақылбайдың жанына барып тұрып) Мен білсем енді ештеңе өзгермейді. Бекер дауыс көтересіз. Бекер шарайсыз. Бекер, бәрі де бекер. Сөзіңізге нақты жауап. Тақылдаймыз, тақылдаймыз. (Ақылбайға тақап, қолынан ұстайды) Сосын, сосын былай жақындаймыз. Есіңізде болсын бәйбіше бұрынғы кәмпит, ал тоқал бүгінгі кәмпит.

(Майгүл әрі қарай шыдамай, қатты ашуланып, екеуіне алара қарап, аяғын тез-тез басып кетіп қалады)

 

                                        Он тоғызыншы көрініс.

(Сахнада Айсұлудың әкесі Сабыр, шешесі Алтын және қыздары Айсұлу)

Сабыр: Баяғыда ауылдың бір айтқышы қыз баққаннан қой баққан-әлдеқайда жеңіл депті. Өте дұрыс айтқан. (Айсұлуды ата-анасы ортаға алады) Бері тақа. Ата-ана жүрегі кең. Көрмейміз десек те, көрісіп тұрмыз. Неге теңіңді таппайсың. Соны айтшы маған?

Айсұлу: Олар әлсіз, қауқарсыз.

Алтын: Неменеге?

Айсұлу: Қаржыны, материалдық жағдайды айтамын.

Сабыр: Сонда қалай? Махаббатқа мөлдір сезімнен бұрын, сытырлаған ақша керек пе?

Айсұлу: Әрине, қазір солай.

Алтын: Жастарда да ақша бар емес пе?     Заманға бейімделген         кәсіпкерлер қаншама?                             

Айсұлу: Общым былай. Ақылы барлардың ақшасы жоқ, ақшасы барлардың ақылы жоқ.

Сабыр: Сонда әлгі Ақылбайыңда соның барлығы да бар ма?

Айсұлу: Бәрі де бар. Бүкіл жағдайымды жасады. Пәтер де,машина да әперді. Ең қымбат киімдерді киіп жүрмін. Көйлек көк, тамақ тоқ, уайым жоқ.

Алтын: Ал, махаббат ше?

Айсұлу: Қазіргі заманда бірінші планда ақша тұру керек. Әмияның теңгеге толып тұрса, кейде долларға да жолықтырса, ештеңеге алаң болмайсың. Сіз айтып тұрған махаббат содан кейін. Яғни екінші планда.

Сабыр: Бір нәрсе түбірінен түсініксіз. Сонда осы шалмен шалқып, тасып, баянды бақытқа жолығамын деп ойлайсың ба?

Айсұлу: Әке, әке. Мен өте кішкентай емеспін. Өз тағдырымды өзім шешуге құқылымын ғой.

Алтын: Өстің, өндің, бойжеттің. Енді ата-анаңды кеуделерінен итеріп, құқым бар деп құтылғың келіп тұр ма?

Айсұлу: Жо... Жоқ. Мүлде олай емес. Есейдім. Ержеттім. Менің де ақылым, санам бар екенін естеріңізге салайын деп едім.

Сабыр: Тағы да Түсінбедім. Ақылы арбадан озбай тұрып, санасы шана боп сүйретіліп кеткен сұлудың бұл сөзінен не ұғуға болады?

Айсұлу: Сіздер мені түсінбейсіздер. Түсінгілеріңіз де келмейді. (жыламсырайды)

Алтын: Сөзін қарашы. Сен бізді неге түсінбейсің?

   (сәл үнсіздік)

Сабыр: Жылайсың ба, өкіресің бе, шалқисың ба, шаттанасың ба өзің біл. Бұдан былай қарай әкем бар деп әсте ойлама. Мен сен үшін жоқпын. Сөз осымен бітті.

Алтын: Аналық ақ сүтім табаныңның астында тапталды. Жүрегімді жүз пышақ тіліп тастап қара қан сорғалап тұрғандай. Қызығын көрер қыз тудым ба десем, шыжығын көрер шала бірдеңе тауыппын. Бұдан былай қарай анам бар деп алаңдама. Ұмыт мені, ұмыт.

(Айсұлу бетін екі қолымен жауып, қатты жылайды. Сахна шымылдығы жабылады)

 

                                  Жиырмасыншы көрініс.

                              (Сахнада Айсұлу мен Күнсұлу)

Күнсұлу: Амансың ба Айсұлу. Не болды саған? Өрт сөндірген адамдай қып-қызылсың ғой!

Айсұлу: Дәл таптың құрбым. Шынында оты лаулап жанған өрттің ішінен келе жатырмын.

Күнсұлу: Қайдағы өрт. Кімнің үйі өртенді?

Айсұлу: Ешкімнің де.

Күнсұлу: Енді не деп былжырап тұрсың?

Айсұлу: Ғашықтық дерті, махаббат өрті.

Күнсұлу: Арғы жағын айтпай-ақ қой. Түсіндім, түсіндім. Ана кісіге байланысты-ау шамасы. Әйелі шығар өртті тұтатып жүрген. Кезіктіңдер ме?

Айсұлу: Кезіккенде қандай!

Күнсұлу: Әрине, саған гүл шоғын ұсынбаған болар.

Айсұлу: Ұсынған жоқ. Мен де оған көктегі күндей күлім қақтым деп айта алмаймын.

Күнсұлу: Сонымен конкретно не болды, айтшы кәне?

Айсұлу: Қойнындағы еркегін ебін тауып тартып алған аруды кім құшақ жайып қабылдайды. Арқаның адуынды, дүлей боранындай боратып пәтеріме жетіп келді. Мекен жайымды кімнен естіп, қалай тапқанына аң-таңмын. Аты Майгүл екен. Мамандығы мұғалім болса керек. Арсыз, ұятсыз. Көргенсіз деген кезекші сөздерді көпіртіп, көпіртіп, көкіді-ай кеп.

Күнсұлу: Сен ше? Атылған оқты қабылдаған қарапайым, қатардағы жауынгердей міз бақпай тұра бердің бе?

Айсұлу: Жоға. Әп дегенде сәл-пәл әдеп сақтап, үнсіз тұрдым. Боранның басылар түрі жоқ. Мен де ақ жауынға айналдым. Жай емес, кәдімгі қар аралас жаңбыр ғой. Екеуіміздің де қақпамызға ақ ит кіріп, көк ит шықты. Былайша айтқанда Ахаңның екі сүйгені бір-бірімізге дауыс көтеріп айқайладық, армансыз арпылдадық.

Күнсұлу: Нақтылы, нақтылы. Нәтиже не болды сонымен?

Айсұлу: Бастықтың қатыны бас салды маған. Бірден шашыма жармасты. Қос бұрымым болғанда сүйретіп әкететін еді. Қысқа шаштың рахатын сол күні көрдім.

Күнсұлу: Сен де ұмтылмадың ба?

Айсұлу: Ұмтылғанда қандай. Оның екі қолы, менің екі қолым іске кірісті. Ашық төбелес басталды. Еркектердің періскендері жай. Әйелдер төбелессе әлем тоқтата алмайтындай екен.

Күнсұлу: Әйтеуір қан болған жоқсыңдар ма?

Айсұлу: Оған үлгірмедік. Қан мен жан шыққанша Ақылбай келді үйге. Не бәйбішесін, не тоқалын қорғарын білмей, абдырап, араша түсіп, әбден әуреленді байғұс. Қай жағынан қарағанда да тірегім, сүйенерім емес пе? Өзін біртүрлі қатты аяп кеттім.

Күнсұлу: Сосын не болды өзі? Құдай үшін түйінін айтшы? Кім жеңді, кім жеңілді?

Айсұлу: Әрине мен.

Күнсұлу: Қалайша?

Айсұлу: Солайша. Баяғы байы бәйек болып, төсекше төселмеді. Менің де түрім тұманды, көздерім ақшиып,өзім қақшиып кеткем.Ақылбай екеумізді екі жаққа әрең айырып, ахылап, ухылеп, моншақтаған маңдай терін қос орамалмен сүйкей сүртіп тұрған мезгілде Майгүлі жұлқына қозғалып, боқтық, қоқтық сөздерді бората, бетіне лағып кетіп отырды.

Күнсұлу: Ал, сен ше?

Айсұлу: Махаббат та майдан. Мен бе, мен... Мен кәдімгі Берлинге ту тіккен жауынгердей ақырын ғана жымиып тұрдым. Жалпы бәйбішелердің, бірінші әйелдердің біразы өздерін ылғи ақылды санайды. Шылғи өтірік. Тоқал мен бәйбіше бәсекесінде кім жеңіп, кім желпілдеп жүргенін жұрт жақсы біледі. Бәйбіше баяғының адамы. Ал, тоқал тәуелсіз мемлекеттің жаңа адамы, заман ыңғайына қарай бейімделген пендесі. Тоқал тоқпақтан томпаңдап қашпайды. Және, және небір еңселі ерлерді тоқалдар тобы басқара бастағанын ешқашан ұмытпаған жөн-ау.

Күнсұлу: Мына ойларың өте керемет екен. Саған сайран құрып кеткен ерлерін ерекше сағынып, жанарлары солғын тартқан, жесір бәйбішелерге дәріс оқуға да болатындай. (Екеуі қосыла күледі)

Күнсұлу: Жүр кеттік. Жеңісті атап өтейік.

Айсұлу: Жарайды құрбым. Айтқаның болсын. Кеттік, кеттік.

(Күнсұлу, Айсұлу сахнадан шығып кетеді)

 

                                     Жиырма бірінші көрініс.

                                     (Сахнада екі өсекші әйел)

Баян: Сонымен бәрі де бітті. Ақылбай мен Майгүл ақыры ажырасып тыныпты. Маған бәйбіше кішкене жалко сияқты.

Қызылгүл: Маған түк те жалко емес.

Баян: Олай сөйлемесей. Әйелдің нәзік жанын ең алдымен арулар ұққаны дұрыс.

Қызылгүл: Ұқпаймын. Сөйлей беремін. Еркек өз үйінен текке безіп, текке кетпейді. Мүмкін мақтап жүрген Майгүлің Ақылбайдың көңілін қалдырып, бабын таппаған шығар. Кім зерттеп, кім біліпті оның барлығын.

Баян: Айтпақшы кеше киім дүкенінен Айсұлуды көріп, мүлде танымай қалдым. Өзгеріп кетіпті.

Қызылгүл: Өзгергені несі.

Баян: Қымбат киімнің бәрі үстінде. Бейне салон аралағандай күй кешесің. Қазақстанда емес, ғажапстанда тұратын тұрғын сияқты. Жүрісі, күлкісі де өзгерген бе, қалай?

Қызылгүл: Рас айтасың ба?

Баян: Рас, рас. Өтірікті өрбітіп не көрініпті.

Қызылгүл: Қойныңдағың, ыстығың білдей бастық болса, қосымша мейрамхана, сауна күні-түні қызмет жасаса киінбегенде, қыдырмағанда, сайрандамағанда қайтесің. Өмір бір-ақ рет беріледі адамға. Айсұлу ақымақ емес. Ақшаны Ақылбайдан артық жақсы көреді. Және дәлелдеп те жүр.

Баян: Дәлелдеп демекші, тағы, бір сыбыс естідім. Ақылбай қаладағы мейрамханасын сүйікті Айсұлудың атына аударып жазыпты.

Қызылгүл: Мәссаған.

Баян: Мәссағанның көкесі әлі алда. Ақылбай мен Айсұлу Анталияға бал айын өткізуге барғалы жатқан көрінеді.

Қызылгүл: Шын ба?

Баян: Шын әрине.

Қызылгүл: Кім айтты саған?

Баян: Бұл жаңалықты біз тұратын үйдің адамдары тұгел естіпті. Бүкіл Астана айқайлап, шулап жүр ғой.

Қызылгүл: Тағы да біртүрлі бәйбіше Майгүлді аяп кеттім. Байғұс Көкшетаудың оқжетпесінен әрі қадам басқан жоқ. Айсұлудың алғашқы әйелдің несібе, ырысын аузынан жырып, іліп әкеткенін қарашы.

Баян: Шіркін шынайы махаббат ғажап қой. Жас, кәрі деп бөлінбейді. Егер сезім селі тау суындай тасқындаса, ерлі, зайыптыларды да екі жаққа айырады. Несін айтасың қазір орысша «любовник», қазақша көңілдестер көбейді ғой, көбейді.

Қызылгүл: Құрбым, шын сырым саған. Кейде тоқалдардың да тұрмысына тәнтімін. Қызығып кететін кездерім де бар.

Баян:(күліп) Қойшы, тәйірі. Қайдағыны айтып, жүрек сезу үшін, ал көз көру үшін керек екенін білемін. Бірақ, бірақ шаманың шарасынан асып төгілу, артық шалқу абырой әпермейді. (тағы да күліп, құрбысына бұрыла қарап) Жасырмашы, сенің де ойың бұзылып жүрген жоқ па өзі?

Қызылгүл: Неге олай дейсің. Алла сақтасын. Аманбыз әзірге ондай-мұндайдан.

Баян: Қызылгүл, ана жаққа қарашы. Кім, қай әйел асығып, үсігіп жүрген?

Қызылгүл: (көзін тіге қарап) Ойбай, ойбай. Қара көзілдірігін баса киіп, қара асфальтпен қақшаңдап келе жатқан әлгі Айсұлу ғой.

Баян: Тағы да өсек айтты, өсіріп айтты деп екеумізді кінәләйді. Табанымызды тезірек жалтыратайық.

Қызылгүл: Дұрыс айтасың. Кеттік, кеттік, (Екеуі сахнадан шығып кетеді)

 

                             Жиырма бірінші көрініс.

(Ақылбай тоқалының үйінде. Айсұлу пәтердегі заттарды ретке келтіріп, гүлге су құйып жүреді. Сырттан асыға басып Ақылбай келеді. Көңілі көтеріңкі.)

Ақылбай: (ішке сөйлей кіреді) Бүгін ауа райы қандай тамаша.

(Айсұлу жүгіріп кеп, киімдерін іліп, мойнына асылады)

Айсұлу: Мен де әлгінде терезеден қарап, шексіз сүйсіндім. Күн күлімдеп тұр. Неге олай білесің бе?

Ақылбай: Қайдан білейін. Тәңірдің сыйы шығар?

Айсұлу: Таппадың. Ал, мен нақтылы білемін.

Ақылбай:(таңданып) Қызық екен. Сенің көріпкелдік қасиетің де бар ма еді.

Айсұлу: Бар болғасын айтып тұрмын. Махаббат сезімі күшейіп, қос жүрек бір кеудеге лүп-лүп соққан соң екеуміздің құрметімізге аспандағы күннің өзі күлімдеп, сәуле шашатын тәрізді. (Айсұлу Ақылбайдың құшағына ене түседі)

Ақылбай: Лирика тілімен сөйледің. Күшті айттың Айсұлу. Мен де тебіреніс теңізінде шалқығандаймын. Сенімен дидарласып, танысып, табысқан күндерім ешуақытта ұмытылмайды. Басқа әлемнің адамындай сезінемін өзімді. Атын жадымда сақтамаппын. Бір ақынның жыры ойыма оралып тұр. Өлең мәтіні менің сенімен жүздескен, ессіз ғашық болған сәтті есіме түсіретіндей.

Айсұлу: Поэзияны мен де сүйемін. Ынтықтырмай оқышы өлеңді?

Ақылбай: Жарқ ете қалған сезімге,

                   Жалт ете қалған кезімде,

                   Аунады асау бір толқын

                   Арманды сенің көзіңде.

Айсұлу: Ғажап өлең екен. Ақын болған қандай жақсы. (сұраулы жүзбен қарап) Сіз... Сен неге ақын болмадың?

Ақылбай: Ақын алланың жіберген адамы. Құдай құрыштан құя салған табиғи талант иесі. Кез келген жан ақын болмайды. Бірақ әр қазақтың бойында өлең жолдарыжүреді. Ақын-жазушылар шалқар сезімін баспасөз, кітап арқылы жеткізсе, қалған адамдардың айтар ойлары іштерінде, құлыптаулы қалады.

Айсұлу: Егер сен ақын болсаң мен туралы да жазар ма едің?

Ақылбай: Осы да сөз болып па. Әрине жазар едім.

Айсұлу: (күлімдеп) Мені не нәрсеге теңер едің?

Ақылбай: Он ойланып, мың толғанбастан жер бетіндегі, аспан көгіндегі сұлулықтың бәріне теңеуге жалықпас едім. Мәселен төбедегі ай, жұлдызға, жердегі шоқ гүлдерге, өзендегі аққуларға... Жете ме?

Айсұлу: (қуанып, толқиды. Ақылбайдың бауырына ене түсіп) Жетеді, жетеді жаным.

(Айсұлу Ақылбай құшағынан босанып, музыка қосады) Менің бүгін көңілім көкте. Билегім келіп тұр. Жүр кеттік.

Ақылбай: Сәл демалсам қайтеді?

Айсұлу: Жоқ, жоқ. Билеудің өзі демалыс емес пе? (қолынан сүйрелеп, ортаға алып шығады. Әйгілі «Қызыл өрік» әні орындалып жатады. Екеуі билеп жүріп сөйлеседі)

Ақылбай: Мен кезінде Шәмшінің әндері ырғағында вальс билеген адаммын. Қазіргі билерге қырын қараймын. Түк икемім жоқ.

Айсұлу: Қысылма. Бүгінгі күннің билерінде қатып қалған ереже жоққа тән. Екі қолды екі жаққа сермеп, бөксені бұлтыңдатып, қисайып, қиқалаңдай берсең болғаны. Тойда арақ, шараптан тартып алғандар тіпті таңдай қақтырып билейді.

Ақылбай: Би емес, саған қарай бергім келеді.

Айсұлу: Неге, неге?

Ақылбай: Сен әуелден әдемісің. Ал, музыкаға беріліп, билеп жүргенде сұлудың ішіндегі сұлуысың.

Айсұлу: Өте жоғары көтеріп, аспандатып жіберген жоқсың ба?

Ақылбай: Олай деп ойламаймын. Ер адамдар аруларды аялау үшін жаралған. Арман-құсын қай қияға қалықтатсаң да жарасымды емес пе? Сендерді биіктету, сүйікті ету ерлердің маңызды міндеті.

Айсұлу: Кешір, егер ренжімесең бір сөз айтайын ба?

Ақылбай: Айт, айт.

Айсұлу: Алда-жалда өзім қатарлас,замандас жігітпен көңілдес болсам осы сөздерді естімес едім.

Ақылбай: Неге олай дейсің?

Айсұлу: Солай. Өйткені олардың көбі сөзге мүлде шорқақ. Таяз. Қазақ қыздарымен орысша сөйлеседі. Этиканың етегінен ұстап көрмеген.

Ақылбай: Жарайды, қайтесің оларды. Бері қарай бұрыл, бері қарай.

Айсұлу: Ал, сенің орның ерекше. Қазақ сөзін қатырасың. Аруды аялау жағынан алдыңа жан салмайсың. Ішкі әлемің әмән сұлу қалпында.

Ақылбай: Солай ма?

Айсұлу: Солай, солай. Сенімен танысқалы шындығы еш уайымым жоқ. Не ішейін, не киейін демеймін. Өмір айдынында шалқып жүрмін, қалқып жүрмін, балқып жүрмін.

(Айсұлу Ақылбайдың құшағына енеді ақырындап.  Екеуі үнсіз музыка ырғағында билейді азырақ. Ақылбай ақша салынатын сейфты ашады жүгіріп барып.)

Ақылбай: Мынаның ішіндегі теңге, долларлар қайда? Бір досым автокөлік алғалы жатыр. Аз уақытқа көлемді мөлшерде қарыз сұраған. Енді не істеймін немді беремін. Естисің бе Айсұлу. Сейфтегі ақшалар қайда деймін.

Айсұлу: Мен қайдан білейін.

Ақылбай: Сейфтің кілті екі-ақ адам қолында. Менде, сосын сенде. Сонда кім алуы мүмкін.Күмәндіні қайдан іздейміз шарқ ұрып, өз сейфімнен өзім ұрламайтын шығармын. Мүмкін ақиқатын айтарсың Айсұлу.

Айсұлу: (не істерін білмей, сасып, абдырап үн қатады) Мен аштым сейфты. Мен алдым теңге, долларды.

Ақылбай: Түк түсінсем бұйырмасын. Не үшін сонда. Ашсың ба, жалаңашсың ба? Көп ақша саған неге қажет болды?

Айсұлу: Несиелерін жаба алмай жабырқап жүрген екі құрбыма үлестіріп бердім.

Ақылбай: Сонда мына менен, ақшаның иесінен лұқсат сұрау қажет деп есептемегенің ғой, солай ма?

Айсұлу: Олай емес. Аз уақытта әкеп береміз деген соң тез көндім. Кешіктірмей орнына салармын деп ойладым. Саған айтуға батылым жетпеді.

Ақылбай: М... м... Түсінікті. Бірақ сейфты ашуға, ақшаны қиналмай алып, жан жаққа таратып беруге батылдығың жетіп тұр, ә. Не айтсам екен. Осы сен менен гөрі ақшаны әлдеқайда жақсы көретін сияқтысың.

Айсұлу: Мұның қате. Сені жақсы көріп, сүйіп, құшып жүрген жоқпын ба? Ақшаны жақсы көрмеу мүмкін емес. Онсыз тірлік тас қараңғы. Саған қарағанда жаспын. Сары уыз балапанмын. Қанатым қатаймаған шығар. Алғашқы қателігім. Өтінемін кешірші, кешірші. (Ақылбайдың қасына тақап барады. Ол оң қолымен Айсұлуды кеудесінен итереді.)

Ақылбай: Тоқта, тоқта. Адамгершілік шекарасынан сытылып шығып кеткен адаммен қалай сұхбат құрамын деп қиналып тұрмын.

Айсұлу: Жалынамын, жалбарынамын. Ондай ойға бармаңызшы. Сен мені сүйесің. Мен сені. Бәрі орнына келед. Бәрі реттеледі.

Ақылбай: Иә, бәрі реттеледі. Мектептен таныс бәйбішем қалды қамығып. Балалар да бауырымнан алыстап, көз алдымда ғайып бола бастады. Сенгенім, сүйгенім тоқалым тоқпақпен бастан ұрғандай, есеңгіреп ес жия алмай  тұрған түрім мынау. Сонда бұларға еркектен бұрын, ақша керек екен. Біраздан бері бірге тұрып жатқан Айсұлу сейфтегі ақшамды ұрлады. Түбі не болар екен.

Айсұлу: Ол ұзамай қайтып оралатын ақшалар. Уайымдамашы, құдай үшін.

Ақылбай: Тақылдама, сайрама. Кім екеніңді көрсетіп үлгердің. Қателік үлкен, кіші деп бөлінетін болар. Бірақ, бірақ, есіңде болсын, қателіктің бәрі қауіпті. Қазір қоғамның өзінде ақыл мен ақша ашық алаңда айқасып, күресіп жатыр. Кім жеңер екен деп күнде елеңдеп жүрмін. Сонымен тоқал торға қамады. Ақ махаббат айдынынан, адамгершілік ауылынан адастың Айсұлу.

(Ақылбайдың жүрегі шаншып құлап түседі. Айсұлу телефонға жүгііп, жедел жәрдемді іздейді. Үнсіз жатқан Ақылбайдың басын сүйейді.)

Айсұлу: (Көз жұмған Ақылбайды құшақтап, жылап отырып сөйлейді) Жалған өмір... Жалған дүние... Жалған махаббат... Жалған, бәрі жалған. Махаббатты, бақытты енді түсіне бастап ем. Айрылдым асылымнан, азаматымнан. Өмір қамшының сабындай қысқа деуші еді ғой. Одан да қысқарып кеткен сияқты. Тағдыр нендей сый-сияпат жасайды соған амалсыз көнесің. Қуанып, шаттанып болдым шамасы. Енді...  Енді көңіл нала жүрек жара...Өкінішті өмір басталмақшы. Хош тәтті күндерім, сәтті күндерім. Хош маңдайыма сыймай кеткен сабазым, Ақылбайым.

 

(Драма оқиғасына арнайы жазылған өлең домбырамен, терме әуенімен сахнадан тыс айтылады.)

Сезім барда санасы бар дір етті,

Сары алтындай сағынышын үдетті,

Махаббат деген от-құшақта қосылу

Жаралау және жазықсыз, жайсаң жүректі.

 

Әдептілерді әдемі сана, бақ сана,

Әсем өмірді өлгенше сүй, ластама,

Махаббат деген аппақ көңіл, ақ ниет

Сатыла көрме ала дорба ақшаға.

 

Сүйгені үшін нар жігіттер күрескен,

Секунд, минут шығармайық мұны естен,

Махаббат деген бірыңғай қызыл гүл емес

Бар оның және тікенегі де тік өскен.

 

Күміс сәуле құятұғын күн-құты,

Қашықтағы қия, шың ертең кімдікі,

Махаббат деген қуаныш-құсы емес тек

Бар оның және бүріп алатын бүркіті.

 

Көркем фильм әрбір пенде ғұмыры,

Кісілігі күшті кіші емес, кіл ірі,

Махаббат деген төселген тегіс жол емес

Бар оның ылғи кедірі менен  бұдыры.

 

Тіршіліктің тебірентпес қай әні,

Момын қазақ мол өлең мен бай әлі,

Махаббат деген мөп-мөлдір өзен емес қой

Бар оның және бақасы менен шаяны.

 

Киелі топырақ көтеріп бәрін тұрады,

Көл жиегінде көгере берсін құрағы,

Махаббат деген шуағы-шашу күн емес

Бар оның әмән бұлттары менен тұманы.

 

Түсінер кім шаттығымды, мұңымды,

Түсінер кім толқытатын жырымды,

Бақытты біреу бәйбішесімен баяғы

Бақытты біреу тоқалыменен бүгінгі.

(Шымылдық жабылады).

 

 

                                                                                                        

 

 

Қазақ тілінде жазылған