Адам қарады: 3287 | Жарияланды: 2018-06-30 05:11:28

Махаббат мазмұндамасы

 

І

Сен менің жүрегімдесің,

Кіршіксіз тілегімдесің.

Дін аман бауырымдасың,

Гүл алаң сауығымдасың.

Бір айтар өз үнімдесің,

Мұңайтар сезімімдесің.

Бар жақсы шаттығымдасың,

Алғашқы махаббатымдасың.

Жазбаған жырымдасың сен,

Маздаған ғұмырдасың сен.

Жетпеген армандарымдасың,

Көптеген мұңымдасың сен.

Арайлы қабағымдасың,

...әне, ойлы жанарымдасың.

Жүйкемде, миымдасың сен,

Тереңде, қиырдасың сен.

... Сен мендік болсаң болды,

Мейілі, бұйырмасын дем!

 

ІІ

 

Қанатын көбелек боп қаққанда арман,

Бүршігін сені көріп бақтар жарған.

Айдан да аспандағы ажарлысың,

Сұлусың сарғайып бір атқан таңнан.

 

Ширек кем кірпігіңнен күміс Күн де,

Шашыңды ұқсатамын пүліш түнге.

Қызғанып жаным, сені кеткен кезде,

Бұл жерде жүре алмаймын тыныш мүлде...

 

ІІІ

 

Сен болып батты міне, күлгін кешім,

Жоғалтқан бейбақпын мен бұл күнде есін.

Қат-қат мұң... кеудем қайтіп күмбірлесін,

Қонақтап қап-қара бұлт қабағыма,

Өртейді өзегімді бір білмесім...

Сол қайғы жауар бұлттай жабырқатар,

Жайраңдап жүр менімен жаным, қатар,

Білте үміт сөнер ме екен лып-лып етіп,

О, қашан көрер екем таңымды атар?!

 

ІV

 

Сен менің жай таппайтын жанымдасың,

Сонымды байқатпайтын шағымдасың.

Бір шөкім ақша бұлттай арымдасың,

... Түсімдесің, елес пен сағымдасың.

 

Жүзің сенің жарқ етсе қара торы,

Жүрегім қайтіп қана дамылдасын.

...Тап осыған тағдырым, ризамын,

Басымнан сорым мейлі, арылмасын.

 

V

 

Тағдырым-ай, тап болдым қайдан саған?!

Сен болмасаң қайтіп мен сайран салам?!

Көзін алған көрсоқыр көбелектей,

Саған келем...

Жоқ басқа айлам, шамам.

 

Сені көрем дүниенің бар тұсынан,

Зеңгір көктен жарқылдап, жалт ұшырған.

Сені көріп сарқылмас қуат алам,

Жалыққанда өмірдің талқысынан.

 

 

Сен барсың жайма шуақ күндерімде,

Баяғы балдан тәтті түндерімде.

Сен барсың түкпірінде жүрегімнің,

Жанымның аласұрған бір жерінде...

 

Ғашықпын жүрегіммен, жанымменен,

Мәңгілік сөнбейтұғын жалынменен,

Бәрі-бәріне қойдың сен құштар қылып,

Бұл өмірде өзіңнің барыңменен.

 

VІІ

 

Тағдырым шайқағанда,

Теңселмес тұғырым болдың.

Таусылмас байқағанға,

Бір ғажап ғұмырым болдың.

 

Еліктей сен еркемсің,

Қалдырма көңілімді.

Қызыққа кенелтесің,

Қып-қысқа өмірімді...

 

VІІІ

 

Баяғы шақтың,

аяулы шақтың бәрі ұмыт,

Қатал өмірге қайтіп біз кінә артамыз?!

Басқа бір жанның босағасында жүрсең жабығып,

Кінәмді кешір,

Кінәмді кешір, қалқа қыз!

 

Ерінімде әлі ерініңнің шырын бал дәмі,

О, жаным,

Оны ұмыту енді мүмкін бе?!

Ақан серінің де Ақтоқтыға деген арманы,

Ішқұса болған екеуімізге аян бұл күнде...

 

...Қаһарлы қысқа ұласар ма екен мына қар?!

Желтоқсанда ұшқан жапырақ дегейсің осы хат.

...Бөлмеңде бейуақ ағыл да тегіл жылап ал,

Баянсыз біздің махаббатымызды есіңе ап!

 

ІХ

 

...Мен сені жақсы көремін,

Аяулы шақтарымдай,

Ауылдың ақ қарындай,

Аңсатқан жастығымды,

Алматы бақтарындай.

... Мен сені жақсы көремін,

Шілденің жаңбырындай.

Теңіздің балдырындай,

Өзіңе жолықтырған,

Талайлы тағдырымдай.

... Мен сені жақсы көремін,

Көктемнің белесіндей,

Өткеннің елесіндей.

Сағынтты кірпіктерің,

Садақтың жебесіндей.

... Мен сені жақсы көремін,

Сәуірдің шуағындай,

Сәбидің сұрағындай,

Көздерің мөлдірейді,

Киіктің лағындай.

...Мен сені жақсы көремін,

Махаббат дастанындай,

Қап-қара шаштарыңдай.

...Мен сені жақсы көремін,

Араның гүлге ғашықтығындай,

Гүлдің Күнге ғашықтығындай.

 

Х

 

...Сан тарау жолдар бітпеді,

Айырды бізді қатал күн.

Мен қашан қоям нүктені,

Соңына мынау сапардың.

 

Ақындар шалқып өледі,

Сөнеді қайтіп бұл жалын.

Газетте жарық көреді,

Сен жайлы жазған жырларым.

 

...Ішіп те кеттім күйгеннен,

Түсінбедің ғой арманым.

Мен шындап сені сүйгенмен,

Сен шындап сүйе алмадың...

 

ХІ

 

... жұлдызды көрдім

Кеудесін жақұт құрсаған.

... бір қызды көрдім

Көздері ұқсап тұр саған.

Мадоннадан да, Джульеттадан да сұлусың,

Шықтан да сұлу гүл-гүл жайнаған түрің шын.

 

Кірпігің – таңның шапағы,

Туған Ай-қасың,

Тең келмес саған Қожа Хафиздың Ләйласы.

Шагана құсап шырайын кіргізген Шираздың,

Күнеске түскен Күннің нұрындай жайнашы.

 

Садаға кетсін, Моно Лизаның кескіні,

Есуас етер ерке қылығың естіні.

Сағдиға ұқсап сағынып жүрмін сондай мен,

Сырымды ұғын, сырқатыма сенсіз қонбайды ем...

 

... Күндіз-түні ойнап күрең жүзіңде Күн табы,

Дірілдеп бойым... діңкемді менің құртады.

Хорезм шахтың кәнизагынан қымбат мен үшін,

Жұпар аңқыған қара шашыңның бір талы...

 

Артықсың ару Ақжүнісімнен...

Құртқамнан,

Клеопатра да тырнағыңа түк тұрмайды,

Сұлулығына он сегіз мың ғалам сұқтанған....

 

ХІІ

 

... Ол жайлы ешкім білмейді,

Білмейді тіпті не екенін.

Бетінде жердің жүрмейді,

Көрмейді тұрақ-мекенін.

 

Хабарсыз онан дос түгіл,

Жанымда жатқан жарым да.

Аңсаумен соны жас ғұмыр,

Айналып кеткен сағымға...

 

Төсінен ұшқан қасқалдақ,

Теңіздер жатыр дөңбекшіп.

Көзінен көктің жас парлап,

Іздейді күзгі жел де өксіп...

 

Сан жылдар бойы жаңғырып,

Аты жүр тілдің ұшында.

Мекені оның мәңгілік,

Мінекей, жүрек тұсымда!

 

ХІІІ

 

О, жаным,

Кім бар сенен құдыретті,

Бойымда бір жұмбақ сыр діріл өтті.

Тап басып айта алмайды ешкім оны,

Рембрант сала алмайды ол суретті...

 

ХІV

 

Жеткізем қайтіп бұл сезімді,

Мен үшін артықсың өзгеден.

Кезінде албырттау өзімді,

Түсірдің бір атып көзбенен.

 

Айналдың өстіп жарқырап,

Асқарға қол жетпес бір биік.

Әкетті түбіне тартып ап,

Қап-қара көздерің тұңғиық...

 

ХV

 

Мұң билеп жүрегімді,

Күлкімді кем.

Көрдің бе, қайтіп жанды сілкіндірем?!

Ашатын жүрегіңнің құпиясын,

О, қашан табар екем кілтіңді мен?!

 

ХVІ

 

Атыңды ақ құмшыққа жаздым жаңа,

Сонан соң сияқтанып мәзбін бала.

Жарға да... есікке де шимайланды,

Махаббат жайындағы мазмұндама.

 

Есіне енбейтұғын шара басқа,

Асыққан ержетуге бала қасқа.

Баяғы бәдізшілер ізіменен,

Таудағы таңбаладым қара тасқа.

 

«Жүгенсіз бала» деген жұрт та қызық,

Жаулаған жүрегімді Құртқа қыз, ұқ.

Енді мен есіміңді елге жаям,

Жер түгіл,

Ақ мақтадай бұлтқа сызып...

 

ХVІІ

 

Көзіңде жалт-жұлт етіп тұнған арай,

Бөлеген мені бейуақ нұрға талай.

Бөтеннен сені жаным қызғанамын,

Мен жаққа кеттің міне, бір қарамай.

 

Жүректі жұдырықтай дүрсілдеткен,

Қызғаныш қиянатсың құрсын, неткен.

Қарамай кеттің тағы есігімнен,

Мәңгілік азаптанып жүрсін деп мен...

 

ХVІІІ

 

Өрекпіп өр кеудеңді түсірмейсің,

Маған жат, өзгеге дос кісімдейсің.

Соғады сен деп қана сорлы жүрек,

Дүрсілін ол байғұстың түсінбейсің.

 

Ғашықтық қайғы-қасірет түсінгенге,

Жетер ме, өмірім сені түсіндеуге?!

Қарақшы сияқтымын

Үркітіп ап,

Қондыра алмай жүрген құсын көлге.

 

ХІХ

 

Қалайша асау сезім іркем басын,

Көзіңнің көл боп аққан сүртем жасын.

Ойлантпай қоймайды әлі оңашада,

Ох, маған ой туғызған бір тал шашың.

 

Бір тал шаш бақытыма құйған арнаң,

Ішіме, сыртыма да сыймады арман.

Ғашықпын мен ежелден бір тал шашқа,

Жұпарын махаббаттың жинап алған.

 

ХХ

 

...Аппақ-аппақ сай мен дала,

Бір ғажайып жан-жақта аңыз.

Жауып жатыр жаймен ғана,

Жапалақтап қар-мақтаңыз.

 

Қосып қырау самайыма,

Қос жағамның шетін көміп.

Қонып жатыр маңайыма,

Ақ парашют секілденіп.

 

Арса-арса тосын, әні,

Кеше ғана жасыл ағаш.

Жаңа жылда қосылады,

Жаным, тағы жасыңа жас.

 

Қартаям деп қайғырма түк,

Жыл өткенде батып ойға.

Сенің күлкің Ай... Күн... бақыт,

Баршасына татымай ма?!

 

Аз қуанып, көп күрсінумен,

Өтеді өмір... нелер ертек...

Бізден кейін бұл өмірге,

Сен сияқты бір сұлумен,

Мен сияқты келеді еркек...

 

 

Қазақ тілінде жазылған