Қарауыл төбе
Біз мінгескен ақ есек Айманталдың тұсында ирелеңдеп ағып жататын арықтан шөлін басып алды да,жорға жүрісін тағы да жалғастырды. Біз дегенім – Алпысбай және мен. Сол жылы жазда Алпысбай алтыншы сыныпқа,мен төртінші сыныпқа аяқ басқанбыз. Ақ есекті тұлпарға,өзімізді ертегілердегі батырларға ұқсататынымыз да бар. Алпысбай есектің жүгенін тартқылап, «шүу-шүулеп» қояды,ал мен шолақ қамшыны сілтеп қоямын. Шыжғырған күннен сақтану үшін Алпысбай атасының ескі қалпағын,мен маңдайы ұзын шапка киіп алғанбыз. Ол кездері Алпысбайдың атасы Дәулетбай шал кеңшардың жоңышқасын қарауылдайтын. Жоңышқа комбайнмен орылып, ауылдың жиегіндегі үлкен сүт фермасына жөнелтілетін . Ал Дәулетбай ата осы жоңышқалықты малдан,ұры – қарыдан қызғыштай қоритын. Еңгезердей ,екі иығына екі кісі жайғасқандай,алпамса денелі,қияқ мұртты қария бір қарағанда түрі сұсты көрінеді. Көп сөзге қыры жоқ,көбіне томаға тұйық жүреді.Жасы жетпісті алқымдап қалған болса да, әлі бақуат еді. Жирен қасқа атына қонып,күн сайын ауыл мен жоңышқалықтың арасында желіп жүргенін көресіз. Тік құлақты Лайка ізінен бір елі қалмайды.
Жайылым жер тапшы болғандықтан ,ауыл адамдары малдарын қорада байлап ұстайтын. Қажет шөптерін түрлі көлікпен тасымалдайтын. Жаз шыққалы Алпысбай екеуіміздің талабымыз ақ есекпен жоңышқалықтың жиегінен шөп орып тасу болды. Әдетте азанғы және кешкі салқынмен шығатынбыз.
Айманталды айналып өте бергенімізде,қара есек мінген кісі бізбен қатарласты. Ол ауылдағы дүкендердің бірінің қарауылы Тыныштық деген кісі еді. Шөп оруға шыққан беті екен,есегінің еріне байланған орағы жалт – жұлт етеді.
- Ау,балалар,шөп тасуға ма? – деді ол бізге көздерін сығырайта қарап.
Біз бас изестік.
- Сен Дәулетбай шалдың немересі шығарсың? Ал мына бала кім? – деді ол Алпысбайға мені иегімен нұсқап.
- Қадірбай мұғалімнің баласы,-деп Алпысбай маған мойнын бір бұрып қойды.
- Жарайсыңдар! Әкелерің қаршадайыңыздан еңбекке баулып жатыр екенғой – ә?! -деп Тыныштық есегіне бір қамшы басты да,алға озып кетті.
Әне, Қарауыл төбе «мен мұндалап» тұр. Дәулетбай атаның шәйласы орналасқан төбені өзімізше осылай атап кеткенбіз.Қарауыл шал атымен желдіртіп,жоңышқалықты аралап шыққан соң, осы шәйлаға келіп тынығатын. Шағын ошақта қара құман қайнап тұрады. Шал осы жерде жайғасып отырып,шәй ішіп шөлін басатын. Жан – жағымызда қызылды – жасылды құлпырған кілемдей жоңышқалар көздің жауын алады.Ал біз жоңышқалықтың жиегінде өскен шөптерді орамыз да,есекке артып алып, ауыл қайдасың деп ,өлеңдетіп тартамыз. Жоңышқаны оруға ата тиым салып қойған. Кейде шал бізді жанына шақырып алады.
- Бір қысым шөп орсаң да, өз еңбегіңмен орғаның жөн,балалар, - дейді ата бізге мейірлене қарап. – Еңбек етуге үйренгендерің дұрыс.
Ұрлыққа жаны қас, «Ұрлық түбі - қорлық» дегенді жиі қайталайтын.
- Кісінің ала жібін аттаушы болмаңдар! – дейтін бізге сұқ саусағын кезеніп.
Жоңышқалыққа жетіп келдік те,әдетімізше шөп оруға кірістік. Әр күні осы көрініс қайталанып тұратын еді. Дегенмен бір күні күтпеген жағдай орын алды. Дәулетбай ата атына мініп, жоңышқалықты аралауды жиілетті. Шәйлада да байыз тауып отыра алмады.
Бұл жұмбақ жайдың шешімін ауылға қайтар жолда Алпысбай айтты:
- Кеше біреу қапысын тауып,жоңышқаны ұрлапты. Үйдің орнындай жерді орып алып кетіпті. Атам соған қатты ашулы.
Ал менің ойымда «Қызылды – жасылды құлпырып тұратын жоңышқаны таптауға,оруға кімнің көзі қиды екен?» деген сұрақ мазалап келе жатты.
Арадан бір аптадай уақыт өткен еді. Күндегіше шөп орып жатқанбыз. Күн кешкіріп,салқын тарта бастаған. Бір кезде Лайканың шабаланып үргені, ізінше Дәулетбай атаның айқайлаған дауысы естілді. Екеуіміз жалма – жан төбеліктің басына жүгіре шықтық. Ұзағырақ жерде Дәулетбай ата мен бір кісіні көзіміз шалды. Лайка тынымсыз үріп жүр. Жақын келгенде тани кеттім,бұл әлгі дүкен қарауылы Тыныштық еді.
- Сен ар –намыс,ұяттан жұрдай екенсің! – деді Дәулетбай ата оған бар зілін төгіп. Кеңшардың мүлкіне қол салуға ел – жұрттан ұялсаң етті.
Тыныштық басын төмен салған күйі,үн –түнсіз сілейіп тұр. Әрине,оның бізге қарауға беті жоқ еді.
- Ұрыда ұят болмайды, - деп енді Дәулетбай ата қолын бір сілтеді. – Осы ісің үшін заң алдында жауап бересің! Айттым,бітті!
Осы кезде Тыныштық шарасыз күйде тізерлеп отыра кетті. Дәулетбай атаның бетіне мөлие қарап жалынышты үн қатты:
- Кешірім өтінемін,аға! Шиеттей бала-шаға деп жүрмінғой. Сол үшін де кешіріңіз бір жолға.
«Бала – шаға» деген кезде Дәулетбай атаның жүзіндегі ашудың табы сейілгендей болды. Мүмкін Тыныштықтың отбасындағы сегіз баласы ойына түскен болса керек.
Арада азғана жым – жырттық орнады.
- Мейлі, - деді Дәулетбай шал сәлден соң жұмсарған үнмен. – Ұрланған шөпті өзім мойныма алармын. Ал ендігәрі сені бұл маңайда көрмейтін болайын.
- Рақмет ,аға! – деп Тыныштық орнынан жалмажан тұрды да,сусыз үлкен арықтың ішіне еніп кетті.
Ал біз тобымызбен Қарауыл төбеге қарай тарттық.
Тыныштық көп кідірмей қара есегін сүйрелеп шықты. Есегіне секіріп мінді де, «шүу - шүулеп» бізден ұзай берді. Лайка біраз жерге дейін үріп «ұзатып салды».
Қарауыл төбеде Дәулетбай, Алпысбай,мен,жирен қасқа,Лайка ғана қалуға құқылы едік.