Адам қарады: 227 | Жарияланды: 2018-06-30 05:18:58

Балапан

 Жаз басталғалы есіл – дертім рогатка соғу болды. Өйтпегенде ше! Қазір қай баланы жолықтырсаңыз да,қолында рогатка. Ана Мүсіреп мергендігімен танымал,нені көздесе де дәл тигізеді. Саматтың көрген кісі қызығатын әдемі рогаткасы бар. Тек менде жоқ.

  Үйдің артында үлкен екі тал өсіп тұр.Осы талдан жіңішке аша бұтағын кесіп алдым. Енді оған резинка қажет. Қоймаға кірдім,қолыма велосипедтің ескі камерасы іліне кетті. Күн батқанша әлектеніп,рогатка соғып алдым. Алақай! Енді көшенің балаларына мақтана берсем болады.

  Таңертең Мүсірепке бардым. Ол рогаткамды қолына ұстап көрді де:

  • Мықты! – деді мені қолпаштап. – Мен торғай атып жүрмін. Кеше біреуін атып түсіріп,мысығыма бердім. Бірақ дәл тигізу қиынның қиыны...

  Мүсіреп сөзін аяқтаған жоқ,әкесі шақырды да,үйіне кіріп кетті.

   Мені енді торғайды атып түсіру мазалай бастады. Жолдың жиегіндегі майда тастардан қалтама салып алдым. Әне, қораның басында үш торғай қонақтап отыр. Рогаткаға тас салып,атып жібердім. Торғай деген сергек болады – ау,мен атам дегенше ұшып үлгерді. Осылай жүргенімде түс әлеті болды. Әлі бір торғай да атып түсірмедім. Мүсірепше айтсақ, «қиынның қиыны» болып тұр.

   Кенет үйдің артындағы талдан торғайдың балапанының дауысы естілді. «Шип – шип!» Жүгіре басып талға келдім. Рогаткамды «оқтадым». Бірақ талдың қалың жапырағынан балапан көзіме түсе қоймады. Дауысы қайдан шығады,сонда рогаткамды кезеніп,мұқият қараймын. Жоқ,көрінбейді. «Шип – шип!» дегені анық құлағыма келіп тұр. Әлден уақытта оны байқадым,қуанып кеттім. Балапан қонақтап отырған бұтақтың дәл астына келдім. Ол алаңсыз отыр,сезіктенген жоқ. Рогаткамды дәл көздеп тартып жібердім. Балапан жерге қанатын жайып жалп етіп түсті. Түсуден шыр айнала бастады. Тез жетіп келдім де,қолыма алдым. Балапан аузын ашып, көздерін қайта – қайта ашып жұмады. Ажалмен арпалысып жатырғаны айдан анық. Кесемен су әкеліп, аузын бастым. Алайда оның су ішуге шамасы жоқ еді. Сәлден соң балапан бар күшімен ақырғы демін алды да, жан тапсырды. Жаңа ғана сайрап тұрған балапан енді жоқ. Анамның мені еркелетіп «Балапаным» дейтіні ойыма оралды. «Не үшін мен оны аттым?» Бұл сұрағыма жауап таппадым. Сол сәтте рогаткам көзіме жиіркенішті көрініп кетті. Қолыма алып, аша бұтақты екі айырып,лақтырып жібердім. Әрине,мына балапанның ажалына рогатка емес,тек қана өзім кінәлі едім.

 

 

Қазақ тілінде жазылған