ТЕЗ БАЮДЫҢ ТУРА ЖОЛЫ
Дағдарыстың «тұмауы» жүріп өткелі бері кедей түгілі байдың өзі иттің аузындағы сүйекке таласатын болып алды ғой. Жұмыссыздық дейтін жалмауыз мені де иектеп алғаннан кейін кіргізгендердің есігін, кіргізбегендердің терезесін тоқылдатып жүріп шаршадым да, естіден бір, есерден екі күдерімді үзіп, өзімше баюдың жолын қарастыра бастадым. «Іздеген табады, аңдыған алады» деген сөз рас екен, мен де таптым. Аз күннің ішінде ертегідегідей байып шыға келдім де, ешкімнің езуіне қарамайтын халге жеттім. Құдайға шүкір, мен өзі көпірден өтіп алғаннан соң көкесін танымай кететіндердің санатынан емеспін. Тез баюдың жолын сіздерге де үйретейін.
Сонымен, түкірігіңіз жерге түспейтін шіріген бай болу үшін әуелі тиын-тебеніңізді шығындап бір жақсы қойын дәптер сатып алыңыз. Сол дәптерге мен ұсынған тәртіп бойынша айна алдында тұрып мына сиқырлы сөздерді жазып жүрсеңіз, айналасы алты күннің ішінде әлемдегі ең бай кісінің жалғыз өзі болып шыға келесіз. Ал кеттік!
Дүйсенбі
Бұл күні қойын дәптеріңіздің бірінші бетіне әдіптеп тұрып: «Бұл қойын дәптердің иесінде кез-келген кісінің бағына біте бермейтін мынадай-мынадай қазыналар бар» деп ескертіп қойыңыз да, астына «АҚША БАР!!!» деп үлкен әріптермен баттитып жаза салыңыз. Сосын сол сөзді айна алдында тұрып алпыс рет қайталап айтыңыз. Шынымен де ақшасы бар адамның қалпына келіп, ақшадан жүрегі айнитын дәулеттің иесі сияқты сезімге бөленгенше қақсай беруіңізге әбден болады.
Сейсенбі
Бұл күні қойын дәптеріңіздің келесі бетіне: «МӘНСАП БАР!!!» деп жазыңыз да, оны жетпіс рет дауыстап, жетпіс жеті рет іштей айтыңыз. Айнадағы кейіпіңізді көргенде дәп бір қара бұқараға жаны ашымайтын тоңмойынмен бетпе-бет келіп қалғандай іші-бауырыңыз жиырылып қалатын болсын. Сондай күйге жеткенше сарнай берсеңіз, сізді ешкім тоқтатып жатқан жоқ...
Сәрсенбі
Бүгін дәптердің үшінші бетіне бұрынғыдан да үлкен әріптермен батиттып тұрып: «АТАҚ БАР!!!» деп жазып қойыңыз. Бұл сөзді сексен рет салмақты кейіппен, сегіз рет жиіркенішті түрде, сосын сегіз жүз рет көзіңіз кіртигенше айта беріңіз. Жалпы, атақ деген пәле адамның басын айналдырып, көзін қарауытпай қоймайды.
Бейсенбі
Бейсенбі күні түске дейін шалжиып жатыңыз да, түс ауа төсегіңізден ауыр қозғалып айна алдына беттеңіз. Қолыңызда қойын дәптеріңіз болсын. Сонан соң бүкіл бір елдің тағдыры қолыңызда тұрған адам құсап қабағыңызды түкситіп тұрып: «БИЛІК БАР!!!» деп жазып қойыңыз. Бірер рет үстелді тоқпақтап немесе айнаны қойып кеп жіберсеңіз де артық емес. Билік жарықтықта сондай сестің болатындығын ұмытпағайсыз. Шынымен де «ақ дегені - алғыс, қара дегені - қарғыс» болатын қуатты кісілер құсап мығым түрде бұл сөзді бес-ақ рет айтыңыз. Жетіп жатыр! Ләжі болса сол күні кісі баласымен балпылдап сөйлеспеуді, елдің айтқанын жүре тыңдауды дағдыға айналдырыңыз.
Жұма
Бұл енді қасиетті күн. Иман тілеп, ақиретін ойлайтын құлдар бұл күнді құлшылықпен өткізеді. Ал, сізге иман-шиманның керегі не, сіз баюға бет алған пендесіз, солай болса да періштелерден сәл төмен, пенделерден едәуір биік кейіппен қойын дәптеріңізге: «ДЕНСАУЛЫҚ БАР!!!» деп жаза салыңыз. Алда-жалда қойын дәптеріңізді парақтап оқи қалса, сіз құсап байлық ойлағандардың іші күйсін, былайғы жұрт иманы түгел кісі екен деп ойлап қалсын.
Сенбі
Сенбі - ең шешуші тәулік! Бұл күні айна алдына мамырлай басып келіңіз де, өзіңіздің сықпытыңызға маңғаз түрде көз тастаңыз. Арық-семіз болуыңыз шарт емес. Бастысы, сізде бәрі бар. Бес күн бойы бипаздап жазғаныңыз бар, зар қақсап айтқаныңыз бар, шүкір, сізде әйтеуір ел аңсаған талай қазынаның басы құралып қалды. Шіреніп тұрып қойын дәптеріңіздің бетіне: «Менде бәрі бар! АҚША, МӘНСАП, АТАҚ, БИЛІК, ДЕНСАУЛЫҚ, БАЙЛЫҚ бар!!! Жер жүзіндегі ең бай, ең бақуатты, ең дәуелтті кісің - МЕНМІН!!!» деп жазыңыз да, сол күні сол сөздерді айна алдында да, басқа жерде де дауыстап болсын, не іштей, не күбірлеп болсын, әйтеуір, санаңызға сіңіп қалғанша мыжып айта беріңіз.
Сенбінің кешінде өзіңізді мейманасы тасыған мырза болуға әбден дайындап, жексенбінің таңын жер-дүниеде жоқ дәулетті адам болып атырамын деп сеніңіз. Тіпті, мен құсаған шидей арық болсаңыз да, қозғалуға қарыны кедергі жасай беретін қам семіздер құсап ырқ-ырқ етіп әрең қимылдаңыз. Жатарда дүңкиген денеңізге жетпей жүрген адам құсап бір көрпемен аяқ жағыңызды, екіншісімен бас жағыңызды қымтап, қос көрпені қатар жамылып жатыңыз.
Жексенбі
Сүйінші! Сіз мына дүниедегі жалғыз - миллионерсіз! Есесі кеткендерге еріп елірмейсіз, дағдарғандармен бірге далақтамайсыз, сіз - дәулеттісіз! «Жоқшылық», «Таршылық», «Жетіспеушілік» деген ұғымдар сіздің сөздік қорда атымен жоқ. Сіңірі шыққан кедейдің сөзі тұрмақ, ондай адамдардың бұл жалғанда бар екендігінен де бейхабарсыз. Мына әлем қызылды-жасыл құлпырып тұр, өйткені, сіз ең бай адамсыз! Сіз - МИЛЛИОНЕРСІЗ!!! Олай болса, «анау жоқ, мынау жоқ» дейтіндер мен «ұрлап жатыр, сорлап жатырмыз» дегенді көп айтатындарға құлақ аспаңыз. Сіз төрт құбыласы түгел жансыз ғой! Бітті, сіз енді беймарал күн кешуге әбден лайықты мырзасыз. Барды батып ішіп, балды жатып жалап өміріңізді тып-тыныш сүре беріңіз!
Әгерәки, «Жазған-ау, не деп тұрсың, менде тыныш өмір сүретіндей не бар еді?!» деп күмәнданатын болсаңыз, онда қойын дәптеріңізге қараңыз!..