Көк қақпалы үй
Тоқсананыншы жылдардағы ауыл трагедиясы. Сол қиын қыстау кезеңнен өткен барша қайсар жүректі аналарға арнаймын
Біздің ауыл, қаладан мың шақырым,
Міне оралдым, бойға сыйып батылым.
Мен келгенде күн ерекше құбылып,
Аппақ жауын жауып тұрды ақырын.
Таныс көше, сыры таныс бұл маңның,
Таныс жолдар, ізі жатыр мұңды әннің.
Бір кездері осы жолға жалғасқан
Көк қақпалы, анау үйде тұрғанмын...
Бәрі осында, кіндік қаным тамғаны,
Анам көрген ауыр жолдың салмағы.
Бәрі осында, ыстық бөлке аңсаған
Көрші қыздың арманы...
Жұпыны едік,
Тойып тамақ ішпедік,
Қатқан нанды кезек – кезек тістедік.
Біз бір үйде жетеу едік сондықтан,
Анамызға түсуші еді жүк келіп.
Көк қақпалы үй,
Ал шатыры құлаған,
Сәби кездер, бір мейірім сұраған.
Анау төсек сыртқа шығып қалыпты,
Бір кездері, астында мен жылаған.
Ауыл түні тым ұзаққа бататын,
Жан болмады бауырына басатын.
Мынау сол жер, әкем ішіп келгенде
Белбеуімен шешемді ұрып жататын.
Мұны көрген бауырларым шошынып,
«Әпкетайлап» үйден сыртқа қашатын.
Буырқанып, ашуына мың мініп,
Тұншығатын, тұрса аспаннан түн күліп.
Менде әкемнен таяқ жеп ем талай рет
Шешемді аяп, қорғаймын деп ұмтылып.
Қамшы астына қалған кездер есімде
Жер иіскелеп, бұлқынып...
Міне, бүгін қайта келдім осы үйге,
Бір кездері жиіркеніп, қашынғам.
Өткен өмір ұмыттырмайды екен – ау
Өткен күнді, өткен істі басыңнан!
Сезе алмастан солқылдауын басымның,
Оны несін он жеті жыл жасырдым.
Сол бір күндер көз алдыма оралып,
Жастар төгіп, жылай да алмай жаңбырдай
Бір күркіреп басылдым...
Міне, келдім, жүрегіммен ашынған,
Менің үйім, өткенімді жасырған.
Қаңыраған үй ішінен іздедім,
Қайда әкем, отты көзін қадаған,
Қайда анам, тағдырына бас ұрған?!
Жалғыздықтың мойынына асылған
Қайда анам, тағдырына бас ұрған?!
Өтті осылай он жеті жыл арада,
Бауырлардың қазір бәрі қалада.
Ай күмбезбен ауыл шетін бойлаған,
Келіп тұрмын маған жақын молаға.
Қос төмпешік,
Әкем жатыр, анам жатыр қасында,
Өмір деген бір сәт екен расында.
Өткен күннің естелігі болсын деп
Бақбақ қойып қайттым бүгін басына.
Біздің ауыл, қаладан мың шақырым,
Жылап тұрмын, естіместен жат үнін.
Мен кетермін, ауыл қалар артымда
Ақ жауыны жауып тұрған ақырын.