Адам қарады: 390 | Жарияланды: 2018-07-26 07:29:40

Жұлдызды-Жұматай

 

Жұматай ақын – жігіт кезі және 45жас.

Зайда жары-жас кезі және 40жас.

Айкүн-7-8жас

Шора 28жас-ағасы

Салиха – 24жас,жеңгесі

Нұржәмила қарындасы -18жас

Бақытай қарындасы-16жас

Жайлаубай-досы,жас жігіт,жігіт ағасы кезі.

Нұрқасым-жас журналист

Аманбол –досы,жас жігіт

Қарау-жағымсыз күншіл

Жарау-жағымсыз күншіл

Паша-орыс жігіті

Аслан-шешен жігіті

 Эпизодтағы- /жас кездері/  ақындар Әуезхан,Гүлнар,Мейірхан,Әбіш /Әбубәкір/,Есенқұл,Қайрат,Бауыржан,Байбота,Қазыбек,Светқали,Темірғали,Есжан,Бауыржан,Айсұлу,Нүсіп,Нұрлан.

 

                                                                  Алғашқы көрініс

 Сахнаға біртіндеп жарық беріледі. Жетісу жері.Алатау баурайының сұлулыққа малынып тұрған таңғажайып табиғаты төгіліп тұр.Мыңбұлақ жайлауының көрінісі.Сахнаның ортасы ашық,бір жағында пандуспен бйік етіп жасалған биік төбе, алдыңғы көрермендер жағы жар қараңғы.Жардың асты авансцена. Ортада кілем төселген,көрпеше жастық  қойылған.Дәптер,қаламсап жатыр.Домбыра. Жұматай Мыңбұлақ жайлауында табиғат аясында жалғыз тебірене жыр шумақтарын оқып тұр.

Жұматай  Туған жерім сені ғана түсінем

                    Судың емес,қайнарысың күшті әннің.

                    Жабайы алма,жасыл шетен ішінен

                    Тамылжиды таңғы арманы құстардың

Туған жерім,әлемдегі ел түрлі,

Таңдай қаға қарауы үшін мың сан күн

Әспеттеуге,бейнелеуге көркіңді

Тілімнің бар акварелін жұмсармын.      /Музыка күшейе түседі.Жұматай ойлы шабыт құшағында/

  

Мамыражай жақсы уақыт туды шын

Қараталға,Керуленге,Он-онға

Қаза бермей атамыздың қылмысын

Жүр,інішек,күй тартайық одан да

 

Күй тартайық,күйде біздің қолдағы үн

Сарноқай ғой шығысым һәм батысым

Жақсы болды менің ақын болғаным

Мына бір шөп,мына бір боз ат үшін.         

   /Ат кісінейді.Жұматай домбыраны алып,өзінің күйі «Жұматайдың жұпбасарын»орындайды.күй біткесін домбырасын жанына қойып,өлең оқиды шалқып тебірене тұрып жалғастырады//Жүзі жадырай күлімдеп/

 

Жан-жағы толы тау, суға

Толы бір жүйрік атқа да

Көйлегі жасыл маусымда

Көздері болса қап-қара

   Көк ала пішен жиғаны

   Шыбынсыз заңғар тауында

   Мейірімді қыздай ибалы

   Мен туған құйттай ауыл бар

Береді асын дәмді етіп

Сыйлайды бәрі барынша

Ішесің жейсің әндетіп

Көңілің қалағанынша

   Еркінсің барлық үйде сен

   Мас болып беттен сүй мейлі

   Біреуге өзің тимесең

   Ешкім де саған тимейді        /Жүзі жадырап,еркін шалқиды,көңілді екпінді/

Жұматай  /қолымен алдын көрсетіп/ 

Әне, анау кішкене құйттай ауылда,мені дүниеге әкелген анам Сара,әкем Сағади тұрады.Күн сайын Мыңбұлаққа көзін салып қарайлап жүрген шығар.  //елжіреп толқып/

/Музыка.Күй.Ат тұяғының дүбірі.Бәйге,қиқу./

Жұматай      Па шіркін көк жайлаудың қызығына не жетсін.  /Ат дүбірі күшейе түседі/пауза/

Жұматай  /Кенежирен өлеңін оқиды/

Алдынан сөре,артынан қиқу таяса

Бұзау тіс қамшы бұтынан шақса шаянша

Құлажирен ат құйқылжып шығып баянша

Құла бір дөңнен құлдырар еді қоянша

   Арқасы қызса ылди ма өр ме елемей

   Зымырар еді сындарлы сырлы жебедей

   Ауаны тесіп аспанда ұшқан кемедей

   Немесе безіп түрмеден қашқан немедей

Зырқырар еді,сүрінем деп те қорықпай

Тоқтатар оны кедергілер де жолықпай

Сөрені бетке ап,үш күндік жерден зорықпай

Құйындар еді құланын көрген қодықтай

   Ән болып біткен Құлагер әлгі күліктей

   Бәйгеден келсе, кернейшілер де ілікпей

   Алшаңдар еді ала аяқтары бірікпей

   Қылықты қыздың қасынан келген жігіттей     /Ат дүбірі кұшейе түскен/

Жұматай /Айқайлап/  Кенежирен.Аман болса бәйге біздікі.  /Жарық алмасып жатыр.Артына қарап.Ат дүбіріне ілесе барып/     Шап жануарым. /Қызыға қарап қалған.Музыка ат шабысы күшейе түскен./

/Келесі көрініс.Шораның үйі.Салиха аулада жүр.Сырттан Шорабек аттың ерін алып кіріп келеді,жерге қойып./

Шора  /Салихаға/  Ана Жұматай Кенежиреннің арқасында күнде той,күнде бәйге, жатыр дейді жайлауда.Жұмыспен ісі жоқ.Не істесем екен а.

Салиха   Одан да ауылға келіп жұмысқа тұрып алса жарар еді.

Шора  Жұмыс істейтін адам олай жатпас жаз бойы.

Салиха  Енді жұмысқа тұрса кеш емес қой,деп жатқаным да

Шора   Салиха не істейміз онда.Кенежиреннің иесі мен ғой.Әкеліп байлап қояйын ба.

/Салихаға қарайды ол үнсіз/

Салиха    Жұматай да Кенежирен десе жанын береді.Бауырың ғой,келісіп көрерсіңдер.

Шора  /дауысы өзгере/  О-о,келісетін адамды тапқан екенсің Жұматай ма келісетін.Ол өлсе айрылар Кенежиреннен.Оны өзіне білдірмей есебін тауып құртпасаң айтсаң бітті. /ойланып/  А-а,Таптым.Тоқта,тоқта осы Кенежиренді бір бұзаулы сйыр,бір құлынды биеге айырбаста деп жүрген адам бар. Болды. Жұматайдың бос  жатқанынан қымыз ішіп жатқаны дұрыс қой бізге.Мен Кенежиренді соған айырбастап жіберемін.Болды.

 Салиха   Өз бауырың ғой алдымен айтсаңшы.

Шора  Тапқан екенсің айтатын адамды.Оған айтсаң бітті құртады.Жұматай жайлауда сайранын салып жата берсін.Кәне әкел,шылбырын.Жүген қайда.

/Музыка.Күй орындалып тұр.Ат дүбірі,ат шабысы,қиқу.Свет күңгірттеніп барып жарық түседі/

/Келесі көрініс.Шора мен Салиха тұр әбіржулі /

Салиха /дегбірсіздене/   Енді қайттік Жұматай бүткіл ауылды шулатып келеді дейд.Сұры жаман дейді көргендер, енді не істедік.

Шора    /кекесінмен/ Не істейсің.Болары болды.

Салиха  /Сасқалақтап,қысылып/  Бұлай болады деп ойламап едім.Не істейді енді

Шора    Жатқанның көкесін енді көресің.

Салиха  /ұяла дегбірсізденіп/  Бекер ақ айырбастаған екенбіз.Енді қайттік қайтып аламыз ба Кенежиренді.

Шора   Кім береді екен Кенежиренді енді қайтып.Ешкім де бере қоймас.

Салиха   Ойпырай а.Жұматайдың  Кенежиренге сонша  бауыр басып қалғанын кім білген.Енді қайттім барамыз ба.

Шора   Қайда

Салиха  Ана Кенежиренді алғандарға

Шора   Не болды сонша  /Салихаға бұрылып,осы кезде Жұматай шығады,ызалы түрі өзгеріп  кеткен./

Жұматай  /Шораға/   Шөке, Кенежирен қанатым еді.Қалай ғана саттың көзің қиып /тістене,ызбарлы./

Шора    Желігің енді басылады.Әбден әуейі боп бітіпсің ғой өзің. /жақтырмай/

Жұматай  /Жалт бұрылып,қолын жайып/ Шоке..Мынау сұмдық қой.

Шора    Не сұмдық сонша не болды.

Жұматай   /қатайып/  Соған қарап қалдыңыз ба.Қалай ғана көзіңіз қыйып саттыңыз.

Шора    Болды.Сонша неге таусыласың ол адам емес қой,мал ғой

Жұматай /күйіне/   Кенежирен. Адамнан артық еді ғой,адамнан артық.  /Басын ұстап/

Шора    Жә жетер енді  зарлама.Есіңді жый.Басыңа желік бітіп,бәрін ұмыттың сен.Ана бие аман болса сондай тұлпар тағы келер дүниеге.

Жұматай  Құрысын.Биең де бұзауың да.Кенежирен. /өзімен-өзі,теріс айнала.Алдынан жеңгесі шығады/   Жеңеше ағам екеуің астымдағы атымды алып,не болды сіздерге.Кенежирен айырбастай салатын  көп аттың бірі емес еді ғой. 

Салиха  /дағдарып,күмілжіп/   Енді бұлай болады деп, кім ойлаған.

Жұматай  Әй әттең,қарашы өзім болмағанымды. Аламанда алдына жан салмаған арғымақ еді.Алпыс атқа айырбастасаң да аздық ететін тұлпар еді ғой.Қалай ғана көздерің қыйды.Кенежирен. Ондай ат қайда енді.   /дауысын көтере дірілдеп,қолын көтеріп, Салиха  артынан ілесе барып тұрып қалады,Жұматай алға жүріп барып тоқтап.Салиха артынан қарап үнсіз тұр.Шора  сыздана қарап қалған./

Шора   /Дауысын көтеріп/  Қарашы мұның соншама күйзелуін.Кетсе келді ғой орнына.бір сиыр,екі жылқы аз ба.Рахат осыныкі салқын жай.күн сайын той, қызық думан.Бұған одан артық не керек.  /қолын сілтеп/

Салиха   Шора  қой, ұрыспашы

Жұматай  /Шораға/   Сені жіберу керек еді Кенежиреннің орнына. /басын ұстап/

Шора   Болды енді боздамай.Жетер.  /Ызалы тұрып қалған./ 

Салиха    /Шораға   қарап шошына қорқып үнсіз тұрып қалған./

 Жұматай /Шораға  бір қарап,көрермендерге бұрылып алдыға жүріп өлең  оқиды.күйзеле өзімен-өзі../ 

Жирен тұлпар-іштен туа қасқа бас

Молда мінсе,дұғасынан тастамас

Бермейтін ақ атым еді кәйтейін

Бес моторлы самолетке баспа –бас

 

Таңда өзі ашып тақтай қақпа есігін

Шыбынға да тигізбейтін кесірін

Жабағыдай жатағандау болғасын

Кенежирен қойып едім есімін

 

Митыңдатып мінгенім бе енді есек

Бүйтер болсақ,бұл өмірге келмес ек

Жұбымызды неге жаздың бауырым

Екеуміз де бәйгемізде теңдесек                 /Шора  кіжініп тұр/

 

Жер бетімен жирен жұлдыз ағарда

Жұрт жаутаңдап иесіне қарар ма

Сал Қуандық сан жырлаған Сарноқай

Енді мені есті жігіт санар ма

 

Құбыладан қайтқан атты тосарда

Қуаныштан көңіл енді босар ма

Аламанға ат қосқанда жігіттер

Жиренім жоқ,қара итті енді қосам ба

 

Көрмегенің жұрттан қалған мал білем

Жиренім жоқ,енді менің қалды нем

Жұрт ағасын айырбастай бастаса

Шөке,сені өткізер ем алдымен.    

   /Жұматай ашулы шалт бұрылып Шораға  қарап,қолымен көрсетіп./

Шора    /Қамшысын алып қысып ұстап ақырып тұрады/  Жоғал.Мал мен жанды айыра алмаған ақымағым менің.  /ызалы тізерлеп отырып қалады,Жұматай қарамай шығып кетеді./

/Роза Әлқожаның, Бақыт Беделханның сөзіне жазылған  «Кенежирен» әні орындалады./

Көрініс ауысады.Алғашқы көріністегі  Мыңжылқы жайлауы сахнасы.Жарты айға жуық уақыт өткен.Жайлауға Шора,Салиха,Нұржәмила мен Бақытай келеді.Жұматай жатыр.Шора шығады/

Шора   Әй не жатыс бұл.ауылға барып малға қарамайсың ба.

Жұматай   /Орнынан тұрып/  Жатырмын, әкем Сағади айтқан сен ешнәрсе істемей ақ қой. Атағымды шығарсаң болды деп.  /селқос қырсыға/

Шора   /мырс етіп/  Әкең сәлем  беруді айтпап па еді

Жұматай  /үнсіз барып қолын алады/

Салиха   Көкем ау  /амандасады/

Жұматай   /Нұржәмила,Бақытайды көріп қуанып құшақтайды.Нұржәмила,Бақытай қатар екі жағына келіп тұрады/

Нұржәмила   Самарқанд ағам,Марат,Бақтыбай бәрі сәлем айтып жатыр.

Шора   Ағаңды айырбастап жіберіп көңілің орнына келді ме.

Салиха   /Шораға/  Қойшы енді сен де

Жұматай   /Шораға /  Оны сіз білесіз есепшісіз ғой.Бір атқа төрт мал айырбастап алып пайда тапқыңыз келді ме таптыңыз.Енді не дейсіз.

Шораға   Жә жетер енді.шалжиып жата бермей жүр ауылға.

Салиха   Жұмаш а,у бізден бір қателік кетті.

Жұматай  /ренішті қарамай/   Тұлпар мен торпақты, ажырата алмайтын халге жеткеніміз бе

Салиха     /үндемейді/

Шора    Жетер енді түнере бермей.

Нұржәмила   /Жұматайға/    Жүріңізші ауылға

Жұматай /ширығып алға аттап төменге қарап қолымен айналаны көрсетіп,Шораға қитыға / Әне ауыл жатыр. Ауыл менің алтын қазығым.Қарашы ауыл алақандағыдай көрініп тұр әне.Осы жерден ақ қарап жата бермеймін бе ауылға. /жан-жағына қарап күлімдеп,бәрі күліп жібереді./  Шора,Салиха артқа қарай жүріп барады./

Нұржәмила  /қасына келіп/  Жүріңізші қайтайық.

Бақытай            /қасына жүгіре басып келіп,күлімдеп құлағына /  Аға ертең ауылға сізді іздеп Ләйлә келеді екен.

Жұматай   /Күрт өзгеріп,елең етіп, дауысы қатты шығып/  Ләйлә, қашан

Нұржәмила    Ертең келеді

Жұматай    / асығыс абдырап,қалады/    Ләйла.    /жүзі нұрлана/   Ләйлә саған самғап ұшқым келеді. /жалт бұрылып/     Бақытай киімдерімді алыңдар.Нұржәмилә.

/Баяу музыка ойнайды./

Жұматай  /көңілденіп/ Жирен де.Жайлау да бүткіл Жетісу естен шығатын жер ме./Шораға бұрылып/ Аға, жеңеше құлын тай болсын,тай тұлпар болсын.  /күлімдей қарап/  Қайтайық ауылға.

/Шора,Салиха,Нұржәмила,Бақытай  сәл ұзап барып қарап қалған/

 Салиха  /Жадырап елгезектеніп/  А,иә.Жарайды.

Жұматай  /көзі ұшқындап алға шығып,өлең оқиды/

Қиялым едің қаршадай кезден жастанған

Көретін болдым өмірден енді түрлі сын

Сүюден сені жоқ еді менде басқа арман

Қызыққа сол бір қызығып,күліп жүрмісің

   Күле ғой жаным күрсініп шыққан өр үнге

   Гәнжәуй жазған жырдағы қызбен аттас ең

   О,Ләйлә,егер болмасаң өзің өмірде

   Басқа мұратты бас қатырсам да таппас ем      /қуана бұрылып кетіп барады/

/Қалың ат дүбірі,тасқынды күй,кісінеген аттар,сықылықтап күлген қыз күлкісі фонограммада /

Шора   /Музыка бәсеңдейді.Алдыға шығып ойланып қалған/  Бауырым Кенежирен сенің қанатың екенін білсем де.Кенежирендей арғымақты жүз биеге айырбастасаңда қайта тумайтынын неге білмедім екен. /музыка баяулап,жарық баяу сөніп, көрініс ауысады/

 

Келесі көрініс. /Түнгі мезгіл.Би алаңы.Музыка.Жастар билеп жатыр.Жұматай,Жайлаубай мен Аманбол үшеуі тұр, арт жақта би болып жатыр./

Жайлаубай  /Жұматайға/  Ләйла деп келіп едік неге бармадың, ол кетіп қалды ғой.

/Жұматай үнсіз/

Аманбол  /Жұматайға/  Ләйләмен ең болмаса бір рет те билемедің,ол ренжіп кетті.Бұл не істегенің,Жұматай.

/Жұматай үнсіз,Жайлаубай мен Аманбол жауап күтіп қарап қалған./

/Осы сәтте орыс,шешен жігіттері  орыс қызды би алаңынан сүйреп шығады.Қасында бір қыз еріп жүр шырылдап.Жұматай үнсіз солай қарай жақындайды.Артынан Жайлаубай мен Аманбол келеді.Қызғанып қызды жұлқыған шешен жігітіне Жұматай тосқауыл болады./

 

Жұматай /шешен жігітіне,жақындап/   Отпусти ее.

Аслан    /менсінбей қарап/   Вали отсюда

Жұматай  Ты слущай. Төбелесте көп сөздің керегі жоқ. Не қыздан кешірім сұрайсың.Не біз сені ұрамыз.

Аслан   Сен бе бізді ұратын

Жұматай  Мен.

Аслан  /қолын иығына созып/ Ты крошка

/Жұматай көз ілеспес жылдамдықпен иектің астынан салып жібереді,Аслан шешен жігіті сұлап түседі.қараңғыда төбелес  басталып кетеді .Үш төрт,орыс, шешен жігіттерімен Жұматай мен Жайлаубай,Аманбол  төбелесіп қыздар улап-шулап қараңғыға көрінбей кетеді.Свет біртіндеп өшіп қараңғы болып,қайта жарық түсе бастайды.Тым-тырыс.дүсірлетіп бес-алты боп олар қайта келеді.Жұматай мен Жайлаубай,Аманбол  тұр.

Жұматай  Жайлаубай мыналар қайтып келеді.

Жайлаубай  /төбелеске ыңғайланып/  Жаңағы қонақтар ғой,келсін.

Жұматай  /оң жаққа шығып қарап/  Дайындалыңдар

Аманбол   Кәзір жақсылап көріп алайын

Жұматай  /алдына қарап дайындалып/   Мен бастаймын.  Қарсы алдымда келе жатқанын тіке соғып өтемін.  Сен сол жақты ұста Жәукен.Аямай соққы бер шыққанына.

Жайлаубай  Жарайды тоқтамай жарып өтеміз.  Олар көп абайла.

Жұматай  Менен сәл кейін мені қорғанып,қимыл жаса.құлап қалмауға тырыс.

Паша   /Келе Жұматайға алдынан тұра ұмтылады/  Ты сапляк

Жұматай  /ұрып түсіреді,төбелесіп жүр/   Лежащего не бъю

Аслан  /бір екі ұрып өтеді,сөйлеп жүр./  Если я у тебя сегодня не выпущу кишки,то завтра на тебя юбку одену.

/Жұматай мен Жайлаубай  үш-төртеуін ұрып,екі шешен жігіті пышақтарын алып шегініп барады.Жұматай мен Жайлаубай,Аманбол  ортада тұрып қалған./

Аслан  /аптыға /  Смотри у них еще ни одной царапины нету,у нас двое в крови.  /Екеуі артқа Пашаны  сүйреп кетіп барады/

Жайлаубай  /Жүгіріп ентігіп келіп,Жұматай мен Аманболдың қолдарын алып жатыр/

Жайлаубай  Қалай саусыңдар ма.

Жұматай   /үнсіз жымиып тұр.Басын изейді/

Аманбол   /ентіге/  Не боп кетті өзі.  Біз осы Ләйлаға келген жоқ па едік.

Жайлаубай   Иә болады мұндай жағдай.

Аманбол  Не үшін төбелестік.Қайдағы бір орыс қызы үшін

Жұматай     Дым емес,жүрдік,   /кетіп барады/

Келесі көрініс.

/Күндіз Нұрқасымның үйі,Нұрқасым мен Зайда кіреді./

Зайда    Нұрқасым сендер әкеме Зайда редакцияда қол қоюды ұмытып кетіпті деп шақырып алып қайда әкелдіңдер. /артынан үйге  Жұматай кіреді/

Нұрқасым  Редакцияда бәрі дұрыс Зәке,артыңызға қараңызшы. /күлімсіреп Жұматай тұр./

Зайда Сәлеметсіз бе

Жұматай Сәлеметсіз

Нұрқасым  Жұмекең  бүгін бізге арнайы келіп еді.Зайданы он алты жасымда көріп едім,алып келші көрейін деді.Зайда ренжімеші үйде отырып шәй ішейікші.

Зайда /еркін,ашық/ Мен бұл кісіні танимын.көргенмін./күледі/

Жұматай  Неге күлесің

Зайда   Мен алғаш Алматыда поэзия фестиваліне барғанымда бұл кісі мені іздеп келген.Әбен Дәуренбеков ағамыз Жұматай Жақыпбаев деген ағаң сенімен танысқысы келеді деді

Жұматай  Иә /үнсіз күлімсіреп отыр/

Зайда   Мен Әбен аға,біріншіден етігім аяғымды қысып әрең отырмын.Екіншіден комсомол комитетінің хатшысы ақындардан абайлаңдар деп айтқан.Таныспаймын дедім. /Жұматай,Нұрқасым бәрі күледі/     Солай     /Жұматайға қарап күледі/


Жұматай   Солай екен ғой.Мен жас қой, қысылған шығар деп едім

Нұрқасым Онда ертеден таныс екенсіздер ғой,шай ішіп көңілдірек отырайық.Жұматай досым осы отырысты қалап еді.

Зайда Мен тіпті ойламаған едім Жұматайды көремін деп /еркін,жымиып/

Нұрқасым   Жұматай сізді көргісі келіп еді

/Жұматай үнсіз тәкаппар/

Нұрқасым  Бұл сіздер үшін жайылған дастархан емін-еркін алып отырайық  кәне

Зайда  Мен еркін отырмын,қонағыңыз болмаса. Өзі көп ойланатын қонақ екен.Не ойлап отыр екен.

Жұматай Сені көргім келіп еді көрдім

Зайда  /мойнын бұрып қарап/ Онда жақсылап көріп алыңыз міне.Мен кәзір қайтамын

Нұрқасым   Әлі күн ерте емес пе.

Зайда  Сендер мені әкемнен сұрап алып кеттіңдер.Енді өздерің қайтып апарып саласыңдар.

Жұматай   /Зайдаға бұрылып маңғаз/   Сен бірден қайта алмайсың.

Зайда  Неге

Жұматай  Сен ақын екенсің ғой.Бір өлең оқышы.өлеңің жақсы шығар.

Зайда Өлеңім керемет.Оқиын.

Қасы да керік,қара алмас көзді ай қабақ

Мойныңа жұқа ал қызыл шарф байлап ап

Алаулап жүзің аса бір асқақақ нұрменен

Алыстан тұрдың көзқарасыңмен аймалап

Қарадың солай,қарадың солай обал не

Қарамадың ба жоқ әлде

   Кетіп те қалмай,кетіп те қалмай содан көп

   Керемет бір ой, кешікпей маған соғар деп

   Балалық шығар,бармадым сенің қасыңа

   Батырлығым басыма бәле болар деп

   Ойладым солай,ойладым солай обал не,

   Қате ойладым ба,жоқ әлде

Қуаныштан күліп,ойым бар шалқып билемек

Кеттім мен сосын күнәсіз арман сүйрелеп.

Қап-қара шашты бала ақын болып тұр екем

Қабырғадағы айнаны көрсем үйге кеп.

Ақын боп кеттім,ақын боп кеттім обал не,

Болмайын ба жоқ әлде     / Зайда Жұматайға  еркелей қылықты қарап./

Жұматай   /күлімдеп/  Ақынсың,ақынсың.

 

Ханшадай өзін ұстаған

Қара алмас көзді бал ерін

Басынан құс та ұшпаған

Бұла өскен асқақ жан едің

 

Қара оқа құсап бұрымың

Жалтылдап әрбір талы да

Жарасып барлық қылығың,

Жараспай пенде жаныңа

 

Көңілің балқып тәтті әнмен

Кірпігің қасың дірілдеп

Өтуші ең жасыл бақтармен

Өтуші ең шалқи күлімдеп

Жадымда қалды жатталып

Бек әсем қызыл көйлегің

Күлуге сол сәт шақ қалып

Қасыңды керіп сөйлеуің

 

Жыр болсын басқан ізің де

Аңыз боп атың әдемі

Тәкаппар аппақ жүзіңде

Тарыдай бір мең бар еді

 

Жаныма бір мұң жетті де

Жабығып өтті уақытым

Тарыдай меңде кетті ме

Таба алмай қойған бақытым

Жұматай  /сырбаздана/   Бұл кімнің өлеңі

Зайда  Бір ағайдікі

Жұматай   Өлеңі жақсы екен.  Ол ағайды танисың ба.

Зайда  /бетіне қарап күліп/  Танымаймын

Жұматай  Танысқың келе ме

Зайда  Жоқ  /күледі/

Жұматай  /Тәкаппар/  Мынау менің жаңа өлеңдерім  /ұсынады Зайда алады/

Зайда  Нұрқасым сендер мені енді апарып салыңдар.Қайтайық.

Жұматай   Онда мына бір күйді тыңдап кет.  / «Зайда келген»күйін тартады./

Зайда   Керемет күй екен.

Жұматай  Бұл күйдің аты «Зайда келген»  Болды.Сені көргім келіп еді көрдім.Бұл кісінің әкесі біледі қайда кеткенін апарып салайық Нұрқасым.

Нұрқасым   Әлі күн ерте емес пе.

Зайда  /Жұматайға еркелей қарап/   Тәртіп.

/келесі көрініс.Зайда үйінде жалғыз отыр.Телефон шырылдайды./

Телефондағы дауыс./Зайда телефонды тыңдап тұр.Жұматайды кәйтесің,әйелін тастаған.Кеше екеуің келген үйге талай қыздарды алып келген  жүргіш, одан аулақ жүр. /телефонды қойып сұлқ түсіп отыра кетеді/

Зайда   /Жұматай берген өлеңдерді ақтарып оқи бастайды/

«Иттен де қалған,құстан да қалған көңілім» ... ... ... /ойланып/ Жырлары керемет.Жап-жас неге сонша көңілі қалып жүр екен.

Зайда  /Орнынан тұрып/Мына өлеңдері маған ұнап барады.Өзі де ұнап бара жатқан сияқты. /ойлы/

/Телефон шырылдайды/

Телефондағы дауыс   Зайда Саламатсың ба.Мен Сейітпін ғой.Жұматай ағаңды танисың ба мен досымын.Ол ауруханаға түсіп қалды.Жүрегін ауыртып қойыпсың ғой./пауза/ Келіп кетші.Ол жұмысқа бармай осында келіп жатып алды.Мен оны ауруханада қашанғы ұстаймын.Сіз келмесеңіз ол жұмысына бармайды,сосын жұмысынан айрылып қалады.

Зайда  Жарайды жүрегі болса барайын. /күлімсіреп/

/Көрініс ауысады,жазғы кафе.Жұматай мен Зайда келеді./

Зайда  Әкеңіздің арты қайырлы болсын.

Жұматай  Иә солай болды.Жалғыз досымнан айрылдым ғой.

Зайда  Құдай алдынан жарылқасын,Сабыр етіңіз

Жұматай Ақынға ақын осылай көңіл айтушы ма еді

Зайда  Енді қалай айтатын еді

Жұматай  /қолымен нұсқап  жазғы кафенің столын көрсетеді /

/келіп отырады,даяшыға заказ береді/    Өлеңдеріңді оқып жүрмін.Ақынды ақын сатпайды.

Зайда  Мен де берген өлеңдеріңізді оқып жүрмін.Жақсы өлеңдер, жақсыны жақсы деп айту керек.Туған жердің тарихын нағыз шығыстық  шайырларша  тасқа қашапсыз.Асқақ жырларды жаным сүйеді.

Зайда  /өлең оқиды/

Ел ескерер ерлігім жоқ не түрлі

Сондықтан да Ләйлә саған жақпадым

Уәйіс сұлтан Жалайыри секілді

Мен әрине нотаны ойлап таппадым

Жұматай   /Жалғастырып/

Годуновқа боярлардай өтімді

Хан көтерген Мәскеудегі әз қауым

Қадырғали Жалайри секілді

Жамиғаттың тауарихын жазбадым

Зайда    Керемет

Жұматай   Бір ғажап сурет көрдім деп ертең мақтанам

                    Бөгеннің жері бөлектеп маған сақтаған

                    Ер қыпшақ Еділ еуропадан да көрмеген

                    Жалайыр Мұқылай таңғұттардан да таппаған

Жұматай   Жарайсың,жаныма үңіле түсіпсің.

Зайда   Өлең жақсы болса,жүректе қалып қояды, солай емес пе.

Жұматай  /стол үстінен қолын созып,қолына тигізіп/   Сені он алты жасыңнан білемін,Зайда. /пауза/   Екеуміз бас қосайықшы,сен маған жар бол,дос болайық.

Зайда  /үнсіз ойда/

Жұматай   Сыртыңнан бақылап жүремін.Менің де сенің де басыңнан біршама өмір өтті.

Сен мені түсінеді деп ойлаймын.

Зайда /күлімсірейді қарап/

Келесі көрініс.

/Авнсценаның екі жағынан тас жартастың астынан Қарау мен Жарау шығады, жартастың астында сығалап қарайды, жоғарыда Жұматай тұр.Жар асты күңгірт,Жұматай тұрған жар үсті  жарық/

Қарау Көрдің бе ол сондай асау,асқақ.

Жарау  Сен егерде білсең,Жұматай табиғаттағы бар сұлулықты  көре білген аса сезімтал жан.Ондай көкірек сезімі бізге бұйырмаған.

Қарау Білмеймін бірақ әйтеуір Жұматай аузын ашса,барлығы соның аузына қарап қалады ғой

Жарау  Сол ғой менің де айтайын дегенім.Енді не істейміз.

Қарау  Не істейміз.Сен не басың сонша,салбырап.Жұматай бізден артық деп пе едің.

Жарау  Сол ғой мені жандырып бара жатқан

Қарау  Сен жанба,неге жанасың, Жұматайда талант болса,бізде айла бар,билік бар, күш бар.Керек болса күйретіп  түсіреміз.

Жарау  Анау «Ләйләсін» сезім әлемінің салтанатты патшайымына айналдырып,барша қазақтың жүрегіне жырымен құя білген ақынды қалай күйрете аламыз.

Қарау   /тістене/   Күйрете аламыз.Біз де білеміз тосатын жерді.Енді абай болсын.

/Жоғарыда Жұматай жыр оқып тұр.Қарау мен Жарау тыңдап тұрып қалған//

Жұматай

Жатырмын ойда шалқамнан

Өртеніп кеткен жырым көп

Ала алмай шылым қалтамнан,

Қор болды ау қолым дірілдеп.

Кім кәзір айтшы дос маған

Өкпесін қастар кеше ме

Ауылды туған еске алам

Көп еді иттер көшеде

Солар ғой мені сыйламақ

Дос боп кәйтем басқамен

Иттерді түгел жинап ап

Оқысам шіркін жақсы өлең  

/Қарау мен Жарау Бір-біріне күдікпен қарап,бұқпантайлап екеуі екі жаққа жар астымен бұқпантайлап қашып барады./Жарық өшіп қайта жанып ауысады. Жұматай тұр жар басында биікте тұр./

 

 

 

/Қағанаттың отырысы.Жұматай ортада.Жазғы кафе./

Жұматай  Біз бүгін,Ұлы Моғол қағанатын құрамыз.Шыңғыс әлемді әскермен жауласа біз қазақтың өлеңімен бағындырамыз.

/Бәрі шапалақ ұрады/  Мен қаған боламын. /ду қол шапалақ/ Әуезхан «Гоуан»,Мейірхан мен Әбіш екеуі «Илхан»,Қайрат,Есенқұл,Бауыржан  «сайыдсыңдар». /орнынан тұрып /  Гүлнардың жанына келіп./  Ал Гүлнар «Бехи», /айнала қарап/ Қалғандарың Бауыржан,Светқали,Қазыбек,Темірғали,Есжан,Айсұлу,Нүсіп,Нұрлан «Ноянсыңдар»  /қолын жайып,күлімдеп/    Бұл қағанатты көресіңдер  әлі,жазушылар одағымен тең болады.

Мейірхан     Көріпкеліңіз бар ма

Жұматай  Ақын адамда бәрі болады әке.Шандор Петефи,Гарсия Лорка,Артюр Рембо,Александр Блок,жанымызда  жүрген Мұхағали Мақатаевтар өлеңдерімен қоса әулиелік қылықтарымен де адамдардың естерінде қалды.Осы жыр қағанатындағы әр ақын ертең елдің есінде қалатын болады.

/Бәрі  шулап/   Жасасын жыр қағанаты

Жұматай  Москвада заманында кабакта отырып ақындар өлең оқыған.Есенин,Блок,Магалар,Мағжанды Москвалық достары «Мага» деп атаған,солар жиналып өлең оқығанда бүткіл Москва тебіреніп кеткендей болады екен.Не деген рух.Өзегі талып жүріп өлең жазған сол  алыптарды,арсыз біреулер «аштан өлген ақындар деп жазды»қазақтың ән жырсыз күні өтпеген.Тыныш заманда өмір сүріп жатырмыз,аш емеспіз.Туған жерімізді жырмен тербеткіміз келеді.

Жұматай   Енді ортамыздағы жалғыз қыз Гүлнарды тыңдайық,  жыр оқысын.Баста «Бехи». / Гүлнар өлең оқиды.

Гүлнар 

Белгілі сенен безбесім

Белгілі кейде жоқ барым

Жердегі мұңды қозғасын

Самсаған сәуле оқтарың

   Мейірім ғана озардай

   Өмірде мынау кіл жарыс

   Жүзіңнен сенің көз алмай

   Қараған мен бір күнбағыс

Алысқа жетер бір үнмін

Алаула жүрек төрінде

Адалдық жайлы жырымның

Ең ғажап деген жерінде

   Жетесің жалғыз бәріне

   Аман бол бақыт от демі

   Махаббат жайлы әніме

   Қайырма болып көктегі

                                       /барлығы қол соғады/

Жұматай  Ех шикарно.Кәне  Есенқұл жалғашы  /Жырға беріліп отыр/

Есенқұл  / өлең оқиды./

Аннан мұннан жұлдыз гүлдер бүр жарып

Ай сырғасы тұрған кезде дір қағып.

Жалаңаяқ нояндары ауылдың,

Алма ұрлауға шығушы едік ұрланып.

   Мысық жүріс ептілікке мастанып,

   Қаншасын жеп,қанша алмасын тастадық

   Сол бір жолы алма ұрлаудың кезегін,

   Әлімбайдың бақшасынан бастадық

Қарқындары қамал бұзар кіл батыр

Қараң құраң қалың баққа кірді ақыр

О,жасаған,масахана ішінде,

Толықсыған толған айдай қыз жатыр.

   «Қарақшылар» қалт тұра қап шетінен

   Қапелімде ауып қалды есінен,

   Ай сәулесі өліп-өшіп сүйіп жүр

   Періштенің тамағынан төсінен.

Бір ғажайып арман күтіп ақ таңнан

Ару жатыр ақ білегін жастанған.

Жаңа ғана көзін ілген секілді,

Бір періште ұшып келіп аспаннан.

Жұматай  /Қол шапалақтап жарқылдай күліп/  Тамаша. Гениальный ақын.

/бір топ ақындар келеді,қолдарында,сок,сусындары бар/

Қайрат   Жыр қағанатына шашу. /қолдарындағыны ортаға қойып жатыр.Дуылдасып кетеді/

Жұматай /жаңа келген Байбота қошым Ноғайға жақындап/  Қағанатқа ноян етіп жас ақын Байбота қошым Ноғайды қабылдаймын.  /Жұматай Байботаның жанына келіп иығына қолын салып тұрып,өлең оқиды/

Ол жайлы алып әр кеште дерек

Қуантам Еділ, Жайықты,

Адамзат болып әлпештеу керек

Байбота Серікбаевты                    /Байбота қымсына қарайды/

/ду қол шапалақтау,қолпаштау/

Жұматай  /риза/    Мына отырысымыз «шикарно»болды.Солай ма әкем. /дуылдап жатыр/

Есенқұл  Бүгін тек махаббат туралы өлеңдер оқиықшы

Жұматай  Онда мына дастарханды жайнату керек.

Қайрат   Немен жайнатамыз,мұнда  сатылмайды  қайдан аламыз

Жұматай  /Темірғалиға қарап/  Темуджин қайдасың әкем. 

Темірғали   Мен осындамын

Жұматай   Темуджин өзі біледі.

Қайрат   Не аламыз

Әбіш   Қайсысынан аламыз.

Жұматай  /Әбішке бұрылып/ 

                                               Қасында еріп жүрсе екі үш сыра

                                                Арақтың төресі ғой «экстра»

Жұматай /күледі/    Жай айтамын жеңіл сусын жетеді жарай ма Темуджин

Темірғали  Болды мен кеттім

/Ақындар көңілді.Сыртта авансценада, екі аңдушы Қарау мен Жарау сығалап қарап тыңдап тұр./

Қарау  Қара мына қызықты қара.бәрінің үйіріле қалғанын қарашы.

Жарау  Көріп отырмын. Бұлар не істеп жатыр.

Қарау  Көрдің бе, думандатып жатыр.

Жарау  Өлең оқып жатқан жоқ па

Қарау  Өлең оқып жатыр.Той да тойлап жатыр.

Жарау Сөзіңнің жаны бар.

Қарау   Жаны барың не,бұларды Жұматай қызыл сөзбен арбап жүр.

Жарау  Ой көрегенім ай,қалай білесің а.

Қарау   Осылардан жөні түзу ақын шықса,мұрнымды кесіп берейін.Тура солай.

Жарау  Әрине солай.  /аузын жауып күліп жатыр/

/Кафеде өзбек әуені ойнайды,Алыста би болып жатыр/

Жұматай   /Музыка дауысы бірте-бірте күшейіп келеді,музыканы тыңдап,саусағын көтеріп,сыртылдатып./    Мен жақында Ташкентке барып қайттым.Өзбек қыздары неткен керемет сұлу.  /өлең оқиды/ 

Шәрбәт емес,енді міне мұңайып,

Арақ іштім атағыма ылайық

Ол-бір күміс,

Алтын болып көрінді,

О Гүлбүбіш,

Өтті менен бір айып.

 

 Қызды қарғау.Дәл осыны үшін мен

Әлішерге қарсы едім ғой ішімнен,

Бүгін міне жалғыз қазақ шығармын

Ұлы өзбекті,бір өзбектей түсінген

 

Қараталдың шыбығындай жіңішке

Қас-қабақпен жетелеп ең ұлы іске

Сары алтын ең,қас қағымда бұралып,

Айналдың да жүре бердің күміске

 

Қазанаттай қабілетім ай барда

Үкі қадап шығушы еді қайдан да

Жоңғарға енді не бітіммен барамын

Қайтіп барам Жалайыр мен Найманға

  

Сорлы басым,құрыдың ғой,құрыдың

Бір жұлдызға жетпей қойды құрығым

Өксігенше өлгенім ақ жақсы еді

Тұзақ қылып бір сұлудың бұрымын

 

Дана барда шындық жерде жатар ма,

Соғыстарын көзбен көрген көптеген

Рузбехан тарихында.Жаһанда

Қазақтардан батыр халық жоқ- деген

 

Шайыр барда шындық жерде жатар ма,

О,Гүлбүбіш қасидам да көп менің,

Ең алғашқы диванымда.Жаһанда

Өзбектерден сұлу халық жоқ дедім

 

Әуезхан   /шапалақ ұрып/   Ғажап.Мен біздің қағанды ежелгі Рим ақыны Валери Катулмен теңестірем,оқып отырып рахаттанамын.Нағыз шығыстық шәйір.

/Ду қол шапалақтау/

Есенқұл  Аға өзбектің сұлулары есіңізді әбден ақ алған екен ғой.

/Жұматай Ләйлаға өлеңін бастап кетеді,бәрі үнсіз отырып қалады/

Жұматай 

Ләйлә саған самғап ұшқым келеді

Қиялым едің қаршадай кезден жастанған

Көретін болдым өмірден енді түрлі сын

Сүюден сені жоқ еді менде басқа арман

/орынан тұрып/

 

Ессіз түссіз...Кездерімде көп мұңым,

Андағайлап шартарапқа кетті үнім

...Қанша ғажап азап шектім «Ләйлә»-деп

Менен артық бақытты адам жоқ,Күнім..

Есенқұл  /қол шапалақтап/  Тағы да аға, тағы бір

Жұматай

Айыбым болса кеше гөр

Асқақтау жердің маралы

Жырладым сені неше жыл,

Жымитып неше қаланы

 

Траптан түссең алға аттап

Тәкаппар асқақ түрменен

Қалың ел сені ардақтап

Қарсы алса деп ем гүлменен

 

Дүние діні,тілі көп

Дүрліге жылда той қамдап

Ләйланың туған күні деп

Ләйлісе деп ем мейрамдап

 

Жетпеспін сонау арманға,

Жеткенмен менде құдірет

Ақынның тілін алған ба

Адамзат ауылы бір рет

 

Есенқұл  Осы ғой менің күткенім,керемет.  /жарқылдап/

Қайрат Ләйлаға неге үйленбедіңіз.Аға.

Жұматай Ләйланың өзін алмасам да сіңілісін алдым ғой.  /Бәрі  күледі,/

/Келесі көрініс/

/Жұматайдың үйі.Жайлаубай кіріп келеді./

Жайлаубай  Бауырым бармысың  /Құшағын жая ұмтылады Жұматайға,Жұматай құшақтап қысып тұр/

Жұматай   Елді сағынып жүр едім Жәукен./қайта құшақтап / Өзіңнен ауылдың иісі аңқып тұр, келші кәне әкем

Зайда  /кіреді қуана/  О Жайлаубай   /келіп құшақтап жатыр/

Кәне жоғары шық

/Жайлаубай сөмкесін алып Зайдаға беріп келіп отырып/

Жұматай   Жәукен.  Ол не қазы ма,ет пе

Жайлаубай  Ет. Енді бір колхоздың бас зоотехнигі ет әкелмегенде не әкеледі    /екеуі қосыла күледі,столға отырады//

Жұматай  Жетісудың жусанын жеген бағыланның дәмін ай шіркін.  /сөйлеп жүр/   Жайлаубай сен Аманбол екеуің Жетісуда малды көбейтіңдер.

Жайлаубай /Жұматайға/ Сен алаңсыз жазшы өлеңіңді,бағлан етін, жылқының жаясы мен қазысын жеткізуді  бізге тапсырсаң болды.Етті қамдай алмасақ несін мал дәрігері болып жүрміз ауылда.  /қарқылдай күледі/

Жұматай  Ет ет,деп жүріп Кенежирендей арғымақ табатын асыл жылқылар кетіп қалып жүрмесін соғымға.

Жайлаубай    Жо-жоқ досым,өзің білесің мен мал танимын ғой.Кішкентайымыздан аттың жалында өскен жоқпыз ба,Сарноқайдың бауырында. /құшақтап күледі/

Жұматай  Ех,соны айт.Көкжайлау.Көкпар.Бәйге.Кенежирен./тамсана/ Кенежирен аттың асылы еді ғой жануар.

Жайлаубай   Ой көріпкелім ай.әулием ай.Есіңде ме.Мыңбұлақтағы тойда. «Құла қасқамды» бүгін бәйгені осы алады деп сынағаның, сол айтқаның дәл келіп «Құла қасқам» бірінші боп келіп еді ғой

Зайда   А солай ма

Жұматай  /шаттана/   А как же.

Жайлаубай  Сол құла қасқам әлі есімнен кетпейді

Жұматай   Неге кетеді олар.Құлақасқа,Кенежирен./ойланып./   Шіркін Сарноқай.Мыңбұлақ.Ойсаз жердің жаннәті ғой./пауза/

Жайлаубай  Әрине досым  туған жер туралы,ел туралы қаншама ғажап жыр тудырдың,осының бәрі қайдан шығып жатыр.

Жұматай  /ойлы Жайлаубайдың иығынан құшақтап/   «Досқа сыр» өлеңін оқиды.

Шетендер сыбдырлы үн барда

Тұратын бір ашық мұңды аңсап

Есіңде болар ау шыңдарда

Рауғаш,қымыздық жұлған шақ

   Сол шақта ішімнен төктім ән

   Соңыра жүретін жолды ұғып

   Тоқым сап біз мінген көк құнан

   Қалатын аздан соң болдырып

Мизам кеп,ойындар қанбайды

Қуратып алса да гүлін күз

Сонда да жабайы алманы

Қағушы ек аюдан бұрын біз

   Жан досым қадірін аз ұқтық

   Туған жер-киелі гүлді аймақ

   Сол мені жасымнан нәзік қып

   Өлеңге кетіпті ыңғайлап.

Көп есітіп сол жерде күйді өрден

Кеудеме күнде бір өлең кеп

Қозыны көгендеп үйренген

Кеттім мен сөздерді көгендеп

   Күте тұр.Күн өтер өрлеумен

   Бұл күндер бақытын берген көп

   Дүние талайды көргенмен

   Жаңа бір жыршысын көрген жоқ

   Көрмесе,бір күні көреді.

  /Барлығы ойланып қалған Жайлаубай үнсіздікті кілт бұзып,бетіне қарап орнынан тұрып құшақтап./

Жайлаубай   /Жұматайға/     Ризамын.Мұны қалай елеусіз қалдырамыз жүріңдер жақсылап бір тойлайық.

Жұматай   /Зайдаға қарап/   Менің Сыпыра жырауым не дейді екен.

Жайлаубай  А Зайда,сенің де жырларыңды сағындық қой

Жұматай  Кәне сыпыра жырауым, жаңа өлеңдеріңнің бірін оқып жіберші

Зайда   /Өз өлеңін оқиды/

Соншама сені сағынам

Қалай өмір сүрмекпін

Ғашықтардың бағынан,

Естимін шуын дүрмектің

   Шаршаған ғашық жүректен

   Жап-жасыл күнін аңсаған

   Жанымды мұнша жүдеткен

   Не істей алам мен саған

Өтпелі бәрі түсінем

Жарамас дертке дауаға

Кірпігімнің ұшымен

Атыңды жаздым ауаға

   Қараңғы көше алыс таң

   Сен келер сонау,күн де алыс

   Жетеді ғажап ғарыштан

   Жылама деген бір дауыс

Қоштасайық қош енді

Махаббат елі мәуелі

Кезеді түнде көшеңді,

Жанымның ғашық әуені.

Жайлаубай  /Зайданың бетінен сүйіп/   Керемет. Бір жасап қалдым ау.Кәне жүрейік ендеше.

Жұматай  Зайдаш жүр өткен кеткенді айтып бір тойлап қайтайық

Жайлаубай   /орнынан тұрып жатып/   Бәрін айта берме, Зайданың көзінше   /қулана/

Жұматай    Айта бер Зайда менің жарым ғана емес,інім,әрі досым./қолын алып күледі,орындарынан тұрып жатыр./

 

Келесі көрініс.  /Кабинет төрінде Қарау мен Жарау отыр./

Жарау Досым бізді сыртымыздан не деп жүргенін білесің бе.

Жарау  Есітіп жүрмін

Қарау  Екеумізді «хальтуршик» дейді екен.

Жарау  Иә естідім

Қарау  Естісең не десе о десін.Қызметің жоғары, өзің бағалы боп тұрсың ғой,сонан соң айтады да

Жарау  Соның бірі Жұматай, кәзір келетін

Қарау  Сол Жұматайың  кімнің арқасында тайраңдап жүргенін білеміз ғой,содан соң да асқақтап сері боп жүргені.

Жарау   /столды тықылдатып/  Қандай сері болса да сенделтіп жіберуге болады.Тек қана арбай біл.Жүйкесін жұқарта біл.

Қарау  Қалай сонда.

Жарау  Азғыр

Қарау   Қалай,кәйтіп азғырам

Жарау  Өсек аяң,сатқындық, арасына жаланы араластыр, болды бір күні топ етіп торыңа түседі

Қарау  Ай сабазым ай. Басын шайқап/

Жарау /масттана/   Осылай.Ойранын шығаруға болады.

Қарау  Әне өзі де келе жатыр.Тысс.

/Жұматай кіреді/

Жұматай  Қалайсыздар.уақтысында келдім бе  /Қол алысып,жайдары/

Жарау Дәл келдің отыр.Түгел қарап шықтым.Барынша  түзеуге тырыстым  /оқы қолжазбаны береді/

Жұматай   Қолжазбаны қарап шығып./түрі өзгере/  Мынаны түзеп емес күзеп шығыпсыздар ғой түгін қалдырмай.

Жарау Енді түзеуге тура кеп тұрса не қыламыз басқа

Жұматай   Түгін қалдырмапсыздар ғой,несіне таршылық жасадыңыздар.Несі қалды енді.

Қарау  /столды қаламымен тықылдатып/  Сен неге бүгінгі жасампаз партияны жырламайсың осы.

Жұматай  /қырсығып буырқанып/  Бүгіншіл бұлбұлым,кешегісіз бүгін бола ма.Мен жырлап жүрген, қазақтың жері,қазақтың елі,тарихы тақияңызға тар келді ме сіздің.

Қарау  Тым асқақ екенсің.Көнсең осы,көнбесең кете бер.

Жұматай /атып тұрып ызғарлы қарап/  Ішіңіз тар ақ екен. /бұрылып кетіп бара жатып қайта тоқтап/   Менің сендерге бір айтарым бар.сізге сыраны көп ішу керек.Сонда ішіңіз кең болады.  /Бұрылып шығып кетеді,екеуі аңырып отырып қалады/

 

/Жұматай денсаулығы сыр берген, өз үйінде жалғыз,өзімен өзі толғаныста отыр./

Жұматай  Қайда барсам алдымнан қауесет сөз,жанымды жеп болды. /кекесінмен күледі/ 

Өңешімнен тамақ өтпей шай батпай

Жаным елсіз кемесі жоқ айлақтай

Екі күнде етім түсті сылынып

Қалғи берем қаңтарулы бәйге аттай

   Шекесіне жебе тиген жандайын

   Шағып тұрып солқылдайды маңдайым

   Апиыны ада болған бәңгідей

   Миым мең-зең,дәм сезбейді таңдайым

Қапқа салып арқаласаң құм да жүк

Мұң да сондай бірақ байғұс жырға азық

Көпестей боп көріндім бе көксақал

Құбашыдай көріндім бе ұр да жық

   Мен тозақта ғұмыр кештім бір апта

   Сен рахат көрудесің жырақта

   Тозаққа сап күйдіргендер бұл мені

   Шығады деп естіп пе едің жұмаққа

/Өзімен-өзі күледі,Зайда артынан үнсіз келіп қарап тұрады// 

 Жұматай   Ләйлә.Қайда.  /аспанға қарап/  Ғашықтық соншама үркек пе.Қара алмас көздерің жүректі жарғанда.Тілім де,үнім де байланып,тек қана жүрегім жырлады Ләйлә деп./пауза/ Ләйлә айтарымды айтып алып сені әуреге салып қойып,сергелдеңге түстім.Менікі сонша не машақат. /ойланып,толқып тебірене,алға жүріп/

Ішім тола өрт.Қайнап жатыр, қалай шығарам.Білмеймін.Білетінім жыр пырағы алып ұшып барады.жеткізер емес, қарауға мұршам  жоқ.  /Зайда үрейлі шошына көзі шыға қарап қалған артынан/

Зайда  Саф,саф. Сабыр.

 / Жанындағы домбырасын алып «Ләйлә келген» күйін шертеді,артынан үнсіз Зайда келіп тыңдап тұрады.Күй аяқталғанда иығына қолын салады.Жұматай бұрылып қарап саусағымен қолын сипайды./

Жұматай  Кеудемді кернеп тұрған не құдірет,жаным жай табар емес,Зайдаш мен Ләйлаға көп обал жасап жібердім ау,жеке өміріне өлеңімнің кесірі көп тиді. /Қолымен жүрегін ұстап отыра кетеді./

Зайда  /шошып/ Не болды

Жұматай  Жай мына жерім шаншып өтті бәрі дұрыс. /күлімсірейді/

Зайда  Сен Ләйләні өз биігінен түсірген жоқсың,сол биікте қалуын қаладың,.Мұның нағыз ерлік. Ләйлә сенің поэзияңның бағы. /Жұматай күлімсірейді/

Жұматай   /шаттана/   Рас айтасың ба.Әдемілікті  жанымдай жақсы көрдім.Сұлу адамдарды көрсем көз алмай қарап қаламын.Өзің де білесің сені талай ренжіттім ау.

Зайда /күлімсіреп/  Ләйланың бейнесі сенің жүрегіңде қалғанмен өзі алыста болды ғой  әрдәйім.Ал сенің Ләйлаң қазақ өлеңінің бағын ашты.Бұл құдайдың берген сыйы емес пе Жұмеке.

Жұматай  Зайда мен кейінгі кездері өлең жаза алмай кеттім.Ләйланы бір көрсетші.Көзімнің қиығымен ғана көрейінші.

Зайда   О,о. Көрсетем Ләйләні әрине.

/Жұматай аңырып тұрып қалған./

Зайда /Көңілді/ Көзіңнің қиығымен емес екі көзіңмен көресің.Сені Мәскеуге Ләйләға апарамын.

Жұматай  /Балаша жүзі бал-бұл жанып/   Мен Ләйлаға барлығын айтамын.

Зайда   /Бастырмалата/   Болды мәселе шешілді.Тіпті баратын уақытың  да белгілі,күзде қазан айында барамыз.

Жұматай  Кәзір жаз, шілде  /қуана/

/Көңілді шалқыған музыка.Шаттық  музыкасы кенеттен тоқтап, күңіренген әуенге ұласады/

Келесі көрініс.

/Күңіренген мұңлы симфония.Арасында «Жұматайдың жұпбасары» күйі ойнайды.Сахнаның арты түнгі аспан жұлдыздар жымыңдайды.Мұңлы әуен жігерлі, әрі буырқанысқа толы жігерлі әуенге ұласады.Қызғылт горизонт.Егде тартқан Зайда шығады байсалды, үстінде ақ көйлек,камзол,басында ақ орамал/

Зайда  Бір-бірін аялаған асыл жүрек .Ләйлә Мәскеуге кетті алысқа.  Жұматай ,/пауза,көзі жасаурап/   Жұматай.Сезімге толы,махаббатқа тұнып тұрған жүрегімен, әлемдегі ең көне тарихы бар ұлы қазақтың,батыр халықтың, қайталанбас кескін келбетін келістре жырлап,сүйікті сәйгүлігі Кенежиреніне мініп, сағымға орап сақтаған музасы Ләйләсын өз тұғырына қондырып.         Жұлдызды-Жұматай, мәңгілік мекені туған жеріне тәнін тапсырып, жаны ғарышқа мәңгілікке аттанып кетті.  Менің Жұматайым.   /Орамалының ұшымен көзін сүртеді.Сахнада аспан гүрілі естіліп,найзағай жарқ етіп,горизонттан бір жұлдыз жарқырап шығып жоғары көтеріле береді,арт жақтан жарық шашып тұр.Аспан жарқырап. Жұлдыздар сапырылысып жатыр./

Зайда   /Артқа қарайды,жанынан Айкүн шығып келеді./  Жарығың неткен нұрлы  еді  Жұматай. Айкүн қара әне жұлдызды.Ғажап./ Айкүнге жұлдызды көрсетіп,құшақтап/  Ай-күн деп қалай тауып қойып еді атыңды. Айкүн қара әне саған ғарыштан нұрын шашып тұр әнеки  /Жұлдызды көрсетіп жатыр.арт жақтағы «Лэд» экраннан Жұматайдың зор бейнесі көрінеді.Қағанаттың ақындары екі жақтан шығып екі бөлініп,ортаны ашып Жұматайдың экрандағы бейнесіне қарап тұрады/

/Зайда,Айкүн алға қарап тұр.Экранда жұлдыздар ортасында Жұматайдың бейнесі.Жұлдыздар  сәулесі сапырылысып жатыр.Фонограммада диктор дауысы.Жұматайдың өлеңі  «Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде» Музыка ойнап тқр. /Алдынан  біртіндеп жарық беріледі./

Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде

Көп кещеге қай бетіммен кектенем

Бізге бақтың қолы сірә жетер ме

Мұхағали,Төлегенге жетпеген

   Байлық менің тие алмайды жыныма

   Құдайсызға керегі не пітірдің

   Мені егер де көзге ілмесе құбыла

   Онда менде құбылаға түкірдім

Менің жаным мейірімге құмар тым

Достарым көп шалқар көңіл сайын үн

Жез шығатын жерден шыққан бір алтын

Жымиысын жиямын деп байыдым.

   Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде,

   Көп кещеге қай бетіммен кектенем.

   Бізге өлімнің қолы, сірә, жетер ме,

   Мұхағали,Төлегенге жетпеген.       

  /Жарық толық беріледі.Ортада Айкүн мен Зайда тұр.Музыка әуені  күшейе түскен.

Арасында  « Жұматайдың жұпбасары» күйі ойнап тұр./

                                                                             Соңы.


 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған