Адам қарады: 850 | Жарияланды: 2018-07-30 04:48:30

Алтын Аралдың Арғымақтары

 

«Алтын аралдың Арғымақтары» өлең-романында Алтай тауының ақыры, арысы Аратөрік, Баркөл өңірін мекендеген қазақтардың бір бөлшегінің ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басқы ширегінде басынан кешкен келешегі күдік пен күманға толған тағдыр талайы, зорлық-зомбылықтан тартқан тауқыметті ғұмыры суреттеледі. Өзіндік биліксіз, ішкі бірліксіз, басқаның боданындағы елдің басына күн туған екі талай алмағайып заманда қараңғы, қанды, қатал қапастан тура жол тауып шығу, адастырмас шешім шығарып бір байламға тоқтау, барар бағытын, қонысын анықтау, болашағын болжау, ішкі бірлікті, ұлттық тұтастықты сақтау сияқты салмақты сауалдар ат үстіндегі ел бастаған азаматтардың басына түскен үлкен сын еді. Осы жағдайлар сол заманда ел ауызына іліккен шаңия Шудабай би Майлыбайұлы Топайдың айналасында өрбіп, өлеңмен өрілген көркем шығармаға айналған.

Өлең-роман

Бірінші тарау

Шудабай би. Түс. Аян

...Қиял шалқып,

ой қалқып...

көңіл аптап,

Шалдыртып ат,

дамылдап демін баспақ.

Жата кетті Шудабай көп шалғынға,

Шалқасынан алшайып, ерін жастап...

 

«...Қобыз даусы естіліп кере тартқан,

Қозы даусы үн қосты керебақтан.

Күңіренді көркіне көз тойғысыз,

Көне кісі күрең бет кіре жақтан.

 

(Көне кісі):

«Білесің кім, Ақ киік, Құмайды атқан?

Ат сүрінсе батыр да құлайды аттан?!

Кесесінен кещенің су ішкен мен

Кем қылыпты кемелді құдай атқан.

Төріңдегі енгендер терістіктен,

Көмбе қазып, көр қазып жанын баққан.

Тұтқындағы Ақ киік Еркіндіктің,

Шіркін бағы, Eр қайда Елін баққан?

Бейпанасыз тыныштық, бассыз малды,

Қарпып та жер, тартып та ебін тапқан.

Жолсыз түзде, сорлы жүз зарлы жүрек,

Морсыз үйде, алты ауыз ала бақан.

Тілгілеген көніңді кәуір есер,

Тірі жеген, тәніңе тасын атқан.

Қай жағадан шығарып тастар екен,

Қаһарлы су тағдырың тасып аққан?»...

 

Шалғындағы ат алаңдап,

Көк төрінен,

Әлде Алатау, әлдеАлтай бөктерінен.

Тар заманда түсірмес тасқа үйірін,

Қысы ұзақ, қызығы аз көктемінен,

Сөз де жетті күркіреп өткенінен:

 

(Көне кісі):

«– Арлан едің, бөрі еміп асылданған,

Азу тісін қандаған ашынғаннан.

Алдыңа кеп, кезеніп, атпақ түгіл,

Атауға да жасқанған атыңды адам...

Ей, балапан, сары езу, ебіл есің,

Өткен күннің зарынан не білесің?

Ақ киіктер ақша бұлт аспандағы,

Жауып өтсе жасына көмілесің.

 

Күнің туар, сұралар есеп бер деп,

Түнің тынар, тынығар төсек терлеп.

Әңгір ес кеп аңдыған оқ табатын,

Ұшар жалқы Қаз қоңыр қаңғылестеп.

 

Төзім бірде морт кетер ұрты басым,

Түгендемей төбелді ұтыласың.

Темір екеш тапталып тебіннің тас,

Табанында үгіліп, мытылатын.

 

Бар байлығың береке, басыңды қос,

Жат-жалаға жібер ме алтынды бос.

Дейтін бір жан болмай ма, ел боласың,

Бола алмайды бодандық халқыңа дос».

 

(Шудабай би):

«–Аңқам кеуіп менің де жаным шөлдейд,

Ескен жел де, өскен бел өстіп сөйлейд.

Көз ілейін деп едім көктен келіп,

Күңіреніп, гөй-гөйлеп, әй дейд, өй, дөйт!

 

Аңыратып қобызын гөй-гөйлеткен,

Дүниеден данагөй дөйлер өткен.

От қарудай лапылдап оятасың,

Кімсің өзі, кім едің, сөйлер өктем?!».

 

(Көне кісі):

«–Шығармайсың тағдырдың сен кесімін,

Байтағымның байырғы пендесімін,

Жидебайды қыстаған Шыңғыстауда,

Құнанбайдың құрдасы, жерлесімін.

Арқадағы айбарлы аға солтан,

Ұмытпаған бұл күнде жел де есімін».

 

(Шудабай би):

«–Қажырын да қайратын ұмытпас хан,

Төсеген жол қияннан қиып тастан.

Топаймысың, ителі Толыдағы,

Құнанбаймен тұсында иықтасқан?».

 

(Топай Ата):

«– Құнанбай де?! Қарадан, аптап маңы,

Шұлғытқан ер қаһарлы ақ патшаны.

Ерлі елдің еңселі есесі тең,

Елжірейді азаннан аппақ таңы.

 

Білмейсің ғой Топайдың кім екенін,

Бітім, текті білмеудің мін екенін.

Құлқың болса тыңдауға құлағың тос,

Жорта атап өтейін бір-екеуін.

 

Көк майсада көбелек қуған жері,

Мысыр шаһар әр кімнің туған жері.

Ел жиылып – Жиынбай,

Жидебайым,

Жидебайда қыстауда туған еді.

 

Тереңдіктен нәр алған тамырымыз,

Күн иеге байланған тағдырымыз.

Әке кепті күзеуде дүниеге,

Ор бойында оймалы қалды ізіміз.

 

Құлын толып желіге, қына тасқа,

Сенген жұртпыз кейінгі іні, жасқа.

Екі бала болыпты мінгендері:

Бірі – теңбіл, жер баспас бірі  – қасқа.

 

Сылқ-сылқ күліп, жалтылдап өң, бедері,

Сөйлегенде сыңғырлап теңгелері.

Тергеп: «Маңғыл, Теңбіл көк тай» деп атап,

Кеткен екен кермиық жеңгелері.

 

Сол Маңғылтай атанған Маңғытайың,

Сол Теңбілтай атанған Таңғытайың.

Кімнің аузын, қарағым, аңдытайын

Деп жатса да «аузыңа саңғытайын».

 

(Шудабай би):

«– Екі тайдан ерке өскен таралыппыз,

Самалынан Арқаның нәр алыппыз.

Өзің қайдан, біз кімнен жаралыппыз,

Ақиқатты айта кет қаралықсыз.

 

(Топай Ата):

«– Күні бүгін сағынам ескен желін,

Шыңғыстау ғой еркелеп, өскен жерім.

Мен туыппын мандытсам Маңғытайдан,

Елегенің емес пе, ескергенің.

 

Қалбатауым, түңкелі атырабым,

Қызылжардан жаралған топырағым.

Торыққанда мал толып, тарылып ел,

Толыға кеп топтанып, тоқырадым.

 

Ереуілді жүретін жетегімен,

Жетелілер туады жетеліден.

Бес Күйіктен Бесшалдың мұрын боғы,

Сыңайлысың шалғайлы, етегі кең.

 

Танауға ұрып талайын тоқыраттым,

Өзім жұттым тозаңын топырлақтың.

Ал бүгінгі бірден-бір иесі сен,

Атамекен аталған топырақтың. 

 

Үйір болма үр дінсіз шоқынақпен,

Мандымайды жүрісің шоқырақпен.

Жолсыз жерде жасайды қалдырған із,

Көктегі – Мен,

Төменде топырақ – Сен!».

 

(Шудабай би):

«– Арыдан тарт, естісін...».

(Топай Ата):

«– Тоқыратпа!

Кім мәңгілік, табиғи осы баққа.

Болса-дағы алтын мен алмас денең,

Оранады бір күні топыраққа».

 

(Шудабай би):

«– Пәлсапасы қазақтың, ұзын әрі...».

(Топай Ата):

 «– Білем – кеуде, білеуге ұрынады.

Ісіндірер ібіліс білек оны,

Неге жұртың көк бөрі ұлымалы?!

Білесің бе?!».

 

(Шудабай би):

...

 

(Топай Ата):

 «– Білмейсің көрсетейін:

Анау тұрғы өшпеген көпке дейін...,

Сүйеніш, күш-қуаты КөкТәңірі,

Көне түрік... ұлыстар көкке бейім.

 

Кібіртіктеп мәні аз аяңдаудың,

Қаңғай, Кентей, саясы Саян таудың.

Қабыр, зират, балбалдар қолат қойны,

Келіп-ақ тұр реті баяндаудың».

 

(Шудабай би):

«– Жұлығымыз тұрғандай тегі күліп,

Жетемізге қадалған жегі, сүлік.

Жат ұстаған бұйдамыз, тізгініміз,

Мәуе ағаштың барады жемісі іріп?».

 

(Топай Ата):

«– Есіңде ме, жеткен жан қолы көкке,

Құлақ аспай сөзі есті Тоныкөкке».

(Шудабай би):

«– Бұлттан шыққан құлагер, құла қасқа-ай,

Жеткіздей ме, жаратқан соны көпке?!».

 

(Топай Ата):

«– Тыңда, тосып. Құлақ түр. Өңшең жасыл,

Көз жіберші көк ирім, неткен нәсіл.

Жанын қиған мал емес, Сүйем Жерге,

Сенің түбің, сүйегің сенсең асыл.

 

Ұпсы, Бұйра, Тұлба көл, Көпсулы көл –

Адал сулы айдындар қандырған шөл!

Көз жасы ғой тілекші қарындастың,

Қажет тұтсаң осыған көңілің бөл.

 

Орхон, Онұн, Керулен  – енең, бөлең,

Тамыр, Тула, Қобдан ғол, Селеңгі өзен.

Төбе, белге жайқалтып тігілсе ту,

Құрсақтағы ұл-қызы елеңдеген.

 

Балбалды үстірт бәдізді айғақтары,

Сайгез жігер ерлердің сайғақтары –

Жөн сұрасаң дүркіреп күрең жалдар –

Жөнеледі күркіреп сайрап бәрі».

 

(Шудабай би):

«– Не дейді екен?».

(Топай Ата):

«– Тілемен сүрең дауды...

Күреукесі күдері күрең баулы.

Өңкей жалын, от кешкен әне... келді...

Көрмейсің бе, тау тұлға,  кілең дәуді!

 

Кәрі Марғұз, айбарлы дана Білге,

Ер Күнтегін, ал оны бала Бірге.

Жол ортадан қайырмай елдің тегін,

Ажыратпай арасын сана бірге.

 

Өзгеріс көп өткеннің  өнімінде,

Бұлаң құйрық бүлдірді өрімін де.

Өмір сүрген Тұғұрұл, Таян, Бұйрық.

Өтукеннің өлеңді өңірінде.

 

Өзен бойлап, құм қыстап, тау жайлаған,

Еркін ел ед дұшпанын шаужайлаған».

 

(Шудабай би):

«– Қолқа салсам айта ма, шешенге мен,

Дәм бе тартқан, сол жерден жау ма айдаған?».

 

(Топай Ата):

«– Артып одан адамда тумаған жан,

Тұрғысына тоғыз жал Ту қадаған.

Торғын сауыт киінген ерлерінің,

Торына кеп түсетін тулаған аң.

 

Бір Тәңірден бұйырған құсына тек,

Оған куә мына жер, осынау көк.

Бытыраған боржұғұн ойылдағы,

Басын қосқан Тұғұрұл тұсында бек.

 

Көмкеріліп жататын таң менен түс,

Тоғай толған киелі аң менен құс.

Бұлақ сайын былқыған бұлғын, сусар

Тағдырына бұлардың жазбаған қыс.

 

Хандық тегі болмаса тумысында,

Қамұқ Хас Сақ ұйыр ма уысында.

Қалар еді,

Мейлі ақта,

Мейлі датта,

Хан Шыңғыс та бір таудың қуысында».

 

(Шудабай би):

«– Шын-расул:

Түбіміз –

Шоң бабамыз –

Ысқақ, Әннас, Әбіл дейд сол ма нағыз?».

(Топай Ата):

«–Бары рас,

Қайырын берсін Тәңір,

Бертінтіден қосылған ондай аңыз.

 

Көп дәріден көңілдің қошы тың күш,

Бас Қағанат,

қарағым, –

Жошы – Шыңғыс.

Бар түріктің бір туға басын қосқан,

Біл!

Білге хан бірегей, осы тұңғыш.

 

Дегізбестен ешкімге еншің кімнен,

Еділ бойлап еліміз еркін жүзген.

Ақ Жайықтың айдыны, ақ орманы,

Ер көңілін еселеп желпіндірген.

 

Шыңғысханмен қандай жан теңеседі,

Ессіз ғана онымен егеседі.

Әз Мұхаммед Арабтан, әліп-Құран,

Әліп білген Шыңғыс жат демес ері.

 

Дешті қыпшақ – біреуге мекен аңыз,

Көкжиекпен шектелген шекарамыз.

Алаңсызғып баласын бақты дана,

Еділ, Ертіс ежелден екі анамыз.

 

Ана –

Атырау,

Алатау –

Ата – Алтай,

Ана шеті Хан Кентей, қалқан Қаңғай.

Әлім, Сақтан жасаған қонысымыз,

Құла Құммен жалғасқан жал-жал таңдай.

 

Анау –

Нарын,

Бетбағым,

Мынау –

Нәрін,

Қара,

Қызыл,

Сары Арқа,

Түз, Құмдарым,

Құс жетпейтін басына құз-шыңдарым,

Сүтін, нәрін сыйлаған Сүйдім бәрін.

 

Қоңсы қалды қопалы қорығында,

Ата-бабаң басы бар қорымында.

Алтай асып, Алты арыс Арқаға ауған,

Хан Шыңғыстың алапат жорығында.

 

Бота боздап шұбырған еру елден,

Тайлақ қалған жібектей керуеннен.

Төңірегін төбелсіз түнек торлап,

Күдер үзген келешек, серуеннен.

 

(Шудабай би):

«– Алты арыс кім? Атаңыз».

(Топай Ата):

«Уақ-керей,

Қыпшағыммен жалғасқан қият – мерей,

Найман, меркіт, жалайыр, паң қоңырат.

Жылағанын жат демей, уат демей...

 

Жалтылдаған тұра ма алтын қолда,

Төтеп берген жиылып халым зорға.

Батыс-шығыс кезінде басын иген,

Қайда Ұлыс қаһарлы Алтын Орда?

 

Осылардың ойласаң бәрі сабақ,

Осыған мән бермеді өңкей салақ.

Көкейінде Ерлердің тұрды сұрақ:

«Қала ма жер бетінде,– деген,– қазақ?»...

 

(Шудабай би):

«– Бүгін жоқ па, сең бұзған кешегі екпін,

Бойымызда бара ма еселеп мін?

Құпиямыз қалыңдау, жұмбағы мол,

Сол сұрақтың түйінін шеше кетін?

 

(Топай Ата):

«–...Арда азамат,

Аспан, жер Ұйық, Арлы,

БІРЛІК деген бір сөзге ұйығанды.

Алты Алаш алқалап Хан тауында,

Ақ киізге көтермек Ұлы Ханды.

 

Жәнібек пен ер Керей екі арыстан,

Кезекпенен жауынан кек алысқан.

Кектенгеннің кептіріп кенезесін,

Шу бойына тоқтаған, кеп алыстан.

 

– Кім  болады, ханымыз, – Жәнібек пе?!

Керей ме, әлде, белгісіз әрі көпке.

– Бере гөр, – деп береке, жиылған ел,

Алақанын жайып тұр әлі көкке.

 

Зар қазақтың тағдыры шешілмекші,

Сынақты сәт, қаламас кесім кешті.

«Қалмаса екен дұшпанның табасына»,

Деген күдік барады ап есіл дертті.

 

Иіліп тұр бар қазақ даласына,

– Бірлік бер, – деп, – Хан Шыңғыс баласына.

Түспесін, – деп тілейді қос сұлтанның,

Қызғаныштың от тілі арасына...

 

Берген құдай ақ ақыл санасына,

Жол ұсынған ер Керей ағасына.

Хан көтерді қалың ел Жәнібекті,

Сауын айтып бар қазақ баласына...

 

Ата мұра жалғасып ұлық жосық,

Айдалада қаңғырмай ұлып, босып.

Хан тауына Ту тіккен міне осылай,

Тарамдалған тағдырдың басын қосып.

 

Алқымдаған, ілсем деп қармағына,

Анталаған ит пен құс жан-жағына.

Құмға сіңіп, құрдымға кете барған,

Шыдай алмай бірліктің салмағына...

 

Әз Жәнібек, ай керім Хан Керейі,

Майсыз жерден өсіпті Ел мерейі.

Өзі билеп, тағдырын өзі шешкен,

Өзгелерден болмапты тең келері!...

 

«Енді неден, – деп тұрар, – именесің»,

Кімге десін жіберсін, кірген есі.

Қыста жауған жаңбырдай қар аралас,

Хандығына қол салған іргелесі.

 

(Шудабай би):

«Оларың кім?».

(Топай Ата):

«– Төрт ойрат – бауыр қалмақ.

Жат санамен жеріңді жаулап алмақ.

Оң мен солы оларды қойт-қойттаған,

Белге түскен зіл батпан, ауыр салмақ.

 

Бедерінде, белінде әр қыраттың,

Мөлдіріндей шығының таңғы бақтың.

Суымаған табы бар табанының,

Сансыз сарбаз, сандал кер арғымақтың.

 

Әлхисадан басталып айтылады,

Аңыз болып ерліктің ай тұмары.

Ап-анық-ақ, алайда, ұстатпайтын,

Көл ішінде күмістей ай тұрады.

 

Жау өтінде желбіреп жалау қолда,

Жанған бұлттай жалындап алау жолда.

Ойран салған жауына ойдан, қырдан,

Оғыландар оймауыт анау жонда.

 

Көзі ашылса көкейдің тұнжыраған,

Ақиқатқа аяңмен жылжыр адам.

Өкінішпен бұл күнде еске аламыз,

Ай жылаған, жылдарды жыл жылаған.

 

Ағайыннан, жұртынан айырылған,

Қазақ қарын үзбеген қайырымнан.

Қамал болған халқына қас батырдың,

Жау жебесі төсінде майырылған.

 

Әр жүректе жүреді жасыл арман,

Хан баласы демеген басым аман.

Қамын жеген қазақты қас қылады,

Басын имес бір туға масыл надан.

 

Қаққан дала қазығын қаңлы, ғұндар,

Қанына жау қаңсыған қанды қырлар.

Қысқа таңы аттандап, шулай атқан

Қалды артта қапалы қанды жылдар.

 

Бабаңның бар рухы ана көкте,

Иіске балам, иісі бар мына шөпте.

Бой шымырап, шығасың құмарыңнан,

Сондай жанды қолдайды Тәңір Көк те.

 

Жаудың төрін тілгілеп ескен жебем,

Жау бүйрегін бүлдіріп кескен жебем.

Бабаң менмін, азуы алты қарыс,

Бітеу асып, бұланды бұзбай жеген.

 

Қанмен ғана ал мынау бұлдаған – Жер,

Айдарларын асқанның тұлдаған – Жер!

Арам қанды иттердің ақ сауытын,

Ат үстінен қиғаштап тураған – Жер!

 

Аққан қаны дұшпанның сұйылған – Жер,

Жылғаларға сарқырап құйылған – Жер!

Кесілген бас кезеңде арқырап кеп,

Ойпаң жерге үйіліп, жиылған – Жер!

 

Астамдардың тағдыры тыйылған – Жер!

Жетелері желкеден қиылған – Жер!

Топырағын аймалап, тозаңын да,

Сүйіп бабаң мәңгілік сыйнған – Жер!

 

Бір Тәңірден бақилық бұрыннан Жер –

Алты Алашқа басымен бұйырған Жер!

Әсте емес, шырағым, ас-алтынын,

Аннан-мұннан құнығып, құйылған жер!».

 

(Шудабай би):

«– Құй құлқыма! Құя түс!».

(Топай Ата):

«– Тағдыр айдап,

Сырға келдік шұбырып, андағайлап.

Бақ таппады босқан жұрт еру елден,

Баптатпады басынып, қалбағайлап.

 

Орға жеттік жауыздық күтті небір,

Терістігі қаптаған түкті шөгір.

Ым-жымы бір қалмақпен аузы жүн-жүн,

Түсі сары тынымсыз түртті шегір.

 

Орал жатыр ішке сыр жасырған көп,

Басымнан бұлт бір түйір асырман деп.

Әлгі шегір іргеден көр, ін қазып,

Аңдиды екен жымысқы қасыңнан кеп.

 

Атқылады ақ мылтық асынған кеп,

Бұлан етін бұйрықсыз басынған жеп.

Оқтын-оқтын Оралдан асып жауған,

Тас бұршақтай жондағы тасыған кек...

 

Құлақ түрер табылмай күйсе өнер,

Күн туады басыңа ит өрелер.

Әбілқайыр жас пері, оқталған мір,

Ордабаста бас қосты би-төрелер.

 

Бас біріксе болады қол жілікті,

Ақылға сал, құр далбақ, қой жінікті.

Арулаған қан кешкен қасыретіңді,

Қайратыңды жасытқан қай жымысқы?

 

Билік – індет орнықсыз, керіп есік,

Пәтуәсіз сөйлейді ерікті есіп.

Әбілқайыр марқадам табамын деп,

Кетті жырақ шегірмен серіктесіп.

 

Қағын аңсап құйғытар құлан жүйрік,

Тас ғасырдан келеді Тұранды үй қып.

Бақыт іздеп батысқа бармағанды,

Бейбастақты басқанды жылан құйрық.

 

Ордан қайтты керейдің кекті елі,

Көнені іздей көгеріп бек түледі.

Кенерелей даланы желі құрып,

Күншығысқа, Көкшеге бет түзеді.

 

Талайлардың тағдырын қосқан айдын,

Бекер төкпес төбеден бостан ай мұң.

Шиі көктеп шаншыған шыға келер,

Топырағы торғын ғой Қостанайдың.

 

Шырын балдай шайыры қарағайлы,

Асты толған жерінің қара майлы.

Осы жерге табаны тиген жандар,

Басқа мекен, жер көксеп қаламайды.

 

Қос бұрымдай қос өзен, қос таналы,

Торғай, Ырғыз толымды тостағаны.

Торы қыздың толғаған толғауындай,

Аққуы мен қазының қосқан әні.

 

Аяр дауыс аспанын кескілеген,

Аң-құсы әлі сияқты естімеген.

Аймалаған алабын таң құшағы,

Киелі жер екен бір ес түлеген.

 

Терістіктен жын шашып, тұрса дауыл,

Түрегелген түнеріп мың сан ауыл.

Түндей қара сойқанды сол дауылмен,

Тіреседі қыпшағым, қылшаны ауыр.

 

Қайта оралды аманат ақтағандар,

Ауған кеше Арқадан ақтабандар.

Туған жердің түгі де өзгеше екен,

Аяқтанды аяқтан ақсағандар,

 

Есіл, Ертіс егіздей Нұра, Тобыл –

Сағасында қара нор құла, шоғыр.

Сал-серісі өзінің, ешкім оған,

Қайдан келген демейді мына тобыр?

 

(Шудабай би):

«– Тағы сөйле, өндіре айт, тоғысқанды,

Кімдер, қайда мекендеп, қоныстанды?».

(Топай Ата):

«– Бодан етіп арымды, байлығымды,

Болғамын жоқ отты оқты орысжанды!

 

Әдірем қап әзәзіл, оңды іс өнді,

Әр түтіннен он жылда он кісі өрді.

Жайылған мал жыпырлап, жайлаған ел,

Байтақ жерге шашылмай оңды-солды.

 

Жерұйығы жалғанның жайсаң, жайлы,

Басқан бабам жер шалып Асан Қайғы.

Он екі Абақ,

төске өрлеп Ашамайлы,

Жарау,

Емес ол шақта аса майлы.

 

Көрінгенде көп жылдай көксегені,

Көсегесі көгеріп көктер елі.

Бойжеткеннің бөркінің үкісіндей,

Бұлбұлы ғой көзінің Көкше жері.

 

Балқаш, Омбы, Баянтау, екі арасы,

Байтақ бұйрат Шұбартау, Бақанасы.

Шыңғыстауға бір шеті қоңды шіреп,

Шырайланып қып-қызыл шақанасы.

 

Майлыбайдың мекені аштың ба сыр,

Бір қырқаның әнеки астында тұр».

(Шудабай би):

«– Сол қырқаны қақ жарып қытай, орыс,

Қырық жылдай қия бір бастырмай тұр».

 

(Топай Ата):

«– Теңселгенде таяғым, шуақтадым,

Жылағанда сүйеген, уатқаным.

Сыңарым ғой жаны бір егізімнің,

Баянауыл-Баянтау уақтарым.

 

Баян десем шымырлар арқа-жоным,

Атан түйе секілді арқары оның.

Алтай қызыл түлкідей түлеген жер,

Аяз өтпес шекпенім, алтын тоным.

 

Қаңтарылса ұлыстың Еркіндігі,

Жабылғаны емес пе ел түндігі.

Ұлан байтақ өрістің түп қазығы –

Ұлы тауым Ұлы Орда жер кіндігі.

Алыстаса аңқылдап сағынары,

Сөз мәйегі салмақты, мағыналы–

Ұлытаудан ұлардай байып тапты,

Ергенекті балталы, бағыналы.

 

Қыз құлаған, өлген жер аңшы құлап,

Қасиетті Арасан, Тамшыбұлақ.

Алатаудың алқалы теріскейі,

Әр шөбінің дәруін алшы сұрап.

 

Сол Қапалға матай мен садыр келді,

Сан жылдарға шегерген сары желді.

Нұр жауады деген бар баталыға,

Тілегімді Тәңірім қабыл көрді.

 

Онан әрі Үш арал, Тарбағатай,

Асып түссең Ақсуат, арғы Алтай.

Қойы менен қоңыр аң қатар өрген,

Жер сарасы тағынған алтын алқа-ай.

 

Қара керей осында заты малды,

Тайы төбел қашаннан аты жалды.

Барқытбелде төртуыл, төлегетай,

Қаратайлар қайқайып, өрге салды.

 

Жеті судың желегі Текелі екен,

Жидектері жесеңіз шекер екен.

Жолбарысы жосыған жынысында,

Жер жұмағын жерсінбеу бекер екен.

 

Танылатын тағдыры талайынан,

Көшелі көш жадыран-жалайырдан,

Тіреп қонды тұмсығын Текеліге,

Тар заманның әлегі жол айырған.

 

Қарағанды, Балқан тау, Қарқаралы,

Қайыңынан, талынан бал тамады.

Сайын дала, шалқар көл, қазағыма,

Тарлық қылмас болса да қанша малы.

 

Атығайлап, айдыны арын желді,

Арқам-айлап, арқырап арғын келді.

Қаракесек, қуандық, қарауыл боп,

Арғы ғұннан жалғасқан жарғым келді.

 

Қаракесек қонысы Қарқаралы,

Қарауылым емес пе хан қамалы.

Сағындырған Сары Арқа, сары жонға,

Бауыр бұрып, бүйрегім тартады әлі.

 

Бетегелі өлеңді талап, күші,

Сүйіндікпен тобықты, тарақты-сы,

Ереймен тау бауыры елге толды,

Кеңге көсіп тақымын барақ-құсы.

 

Қайманасы аралас көбесі өңді,

Шешіп тастап көсілді төре теңді.

Арқа үсті алқалы, ала шұбар,

Сөгілмейді елімнің көбесі енді.

 

Сары атаны қайығы жүзген күндер,

Осылай дейд сар тарих, күрең күздер».

(Шудабай би):

«– Күліктерін күдір бел күркіретіп,

күн түбінде жалтылдап жүрген кімдер?».

 

(Топай Ата):

«Еділ бойлап, ел қалды, Жайық жайлап,

Астрахан, Сарытау қайырлы аймақ.

Көк теңізбен көбесі көмкерілген,

Асты мұнай, бай өлке үсті қаймақ.

 

Азауды алған, аямас теріс жанды,

Арғымағы азбаған тегіс жалды.

Азу тісі бақандай алты қарыс,

Күнбатыста тас болат беріш қалды.

 

Алмас қылыш нетейін, алқымда тұр, –

Атырауда құт құрсақ, алтын жатыр.

Аймағында ақ білек, ақ найзалы,

Адай, баршын, алты бас, алшын жатыр.

 

Әлім, Байдан оқталған оғлан – құт,

Омыртқасын орыстың опырған Ұрт.

Нарын құмның ойнаған ор құланы –

Жетірудан жасқанып, опынған жұт.

 

Алтын, жаппас, кердері, жағалбайлы,

Сансыз малын көптіктен баға алмайды.

Шекті, керейт, шөмекей, шеркештерім,

Затына мін ешбір жан таға алмайды.

 

Бірі – байтақ, бірі – көл, егіз теңіз,

Бетпақ пенен Аралдың жері семіз.

Сырдың келіп балығы өзі түсер,

Аузыңды ашып, жата кет, ерінсеңіз.

Сүт ағады елінің езуінен,

Жер ананың емшегін емізсеңіз.

 

Қазағымның мына өлке Қазығұрты,

Татқан жанның түгінен майлы мұрты.

Пайғамбардан басында кеме қалған,

Дымын құртқан басқаның көздің құрты.

Бөле жарып жарамас шулатқаным,

Қаратауда даладай дулаттарым.

Қоңыратым тегіннен текті сұлу,

Құрғатпаған Бөртенің құндақтарын.

 

Аспан бұлттан ашылса ай сынды екен,

Қысыр емген жылқыда тай сынды екен.

Аму мен Сыр арасы көз тойғысыз,

Жер жаннаты Жиделі байсын мекен.

 

Сезе ме екен сөйлесем соны қауым,

Сыздап тұрар желінім, омырауым.

Тәшкен бойы қалың ел қаңлыларым,

Қадым жылдан жеткен бұл қоңырауым.

 

Көне Тараз, Үш Меркі, Сусамыры,

Бұл мекенде боласың тусаң ірі.

Топырағына бір аунап тұрсаң егер,

Мәңгі кетпес жадыңнан жусан үні.

 

Мін болмайтын биінде, бектерінде,

Алатаудың аршалы бөктерінде.

 «Көп,– демейтін, көршісін»,

сары үйсін ,

салқын төскей Алмалы көк белінде.

 

Жолың болып, сіз-дағы бір келіңіз,

Сартап жатқан табанды, іргеліміз.

Жер жаннаты Жетісу жұмақта екен,

Суан, албан, сырманақ, сіргеліміз.

 

Батпаған ел бұларға орсақ тісі,

Жерқайысқан қонса атқа оншақтысы.

Балқаш бойы,Үш қоңыр шапырашты,

Ысты – ырыс, төрт ата ошақтысы.

 

Мансап қуған, мал қуған төрені ойлар,

Құс ұйқылы, қырағы өрені ойлар.

Хан Тәңірі алқымы суан, албан –

Ақиқаты іздеген терең бойлар!

 

Бірі – бауыр, жұртымның бірі – бөле,

Бірлік – ырыс, береке, бірі – көне.

Түмен баптың иесі Түркістаным,

Қайың ердей қайнасқан қожа, төре.

 

Алты алаштың  тағдырын алған қолға,

Ай қасқасын амандық, шалған жолға.

Түлеп жатқан қазақтың жерін көрдім,

Астымда атым – ақша бұлт – арман – жорға.

 

Амандасып, ай көрсе, бақ сынайтын,

Ешкімі де жатырқап, жатсынбайтын.

Қонақ келсе бәйек боп, жайып көрпе,

Жаяуыма қазағым ат сыйлайтын.

 

Тау суындай тап-таза қарғып аққан,

Аумай қалған қазақпыз арғымақтан.

Қазақ жері – түркінің түп қазығы –

Түп атасы –  Күн мен Сақ, арғы Мықтан.

 

Алаулаған өткізбе, жасыңды құр,

Аттай желген әкетер ғапыл ғұмыр.

Бұрынғының сөзіне құлақ ассаң,

Ол да бір доп демей ме, басың жұмыр...

 

Жазмышынан жалтарған, кім құтылып,

Ай қорғалап, ащынған күн тұтылып.

Әдірем қап айласы бармақ тістеп, 

Ақырында кеткенді түн жұтылып.

 

Беу, Балқан тау, Балқан тау қалдың қайдан?

Арқалы жұрт Арқада арғын, найман.

Аларады өскендер мал мен бағы,

Демеуші едік тарылып, келдің қайдан?

 

«Жер екенін білмей ме ақы иелі,

Артылыпты Алтайға жат иегі.

Датымыз бар айтатын Абылайға»,–

Деп  ағайын ордаға бас иеді.

 

Ескі жұрты ежелгі кеңес кешкі,

Есті бір ой керейде көкей тесті.

Бозынгендей желігіп, жер көксеген,

Боздаған күй «Бозінген», «Көкейгесті».

 

Өліңгірі өзектен өшкен бе еді,

Ене Ертісті өрлей кеп өтсем деді.

Өріс кеңіп, өзіне өзі би боп,

Өрттей қаулап, өркендеп өсем деді.

 

Абылайға әуелі ақыл салып,

Хан алдында қалауы мақұлданып.

Алтай тауын бетке алып, барлай көшті,

Көшкен сайын барады асылданып.

 

Кермесінен кетпеген мың сан күлік,

Жігітіне жінтікті жер шалдырып,

Елдің шетін ерте-кеш қорғай қонды,

Ереуілге түнғатқан ер салдырып.

 

Бұрын-соңды тоқтатқан бурыл ханды,

Бұқар бабаң бұзылып, буырқанды.

«Керей, қайда барасың?!»,– деп ақырып,

Шар бойында шарпысып, бұрылғанды.

Ақырса да қарт баба Бұқар налып,

Көшті керей бөлінбей, бұтарланып.

Жылдай көшті, толассыз айлай көшті,

Бірлікке бай қашанда ұтар халық.

 

Алтай  күтті ауасы жұпарланып,

Аман жетсе алғаусыз жұтары анық.

Аз ойратты аялай, арбай көшті,

Азға қамсау болар ма жұқарған ық.

 

Болашақтың қонысын ойлай көшті,

Жайсаң суын жағалап, бойлай көшті.

Аңсағаны атажұрт Алтай болып,

Ара қонып, аршаса тойлай көшті.

 

Көріппе еді қазағым ондай көшті,

Қонар жерге ерулеп қонбай көшті.

Түнде өскен емендей күн де өскен,

Сағыныштың сазына тоймай көшті.

 

Өзендерді, өрлерді бұрып көшті,

Елеңдерден ертемен тұрып көшті.

Қыста аялдап, көктемде көк бел қалып,

Жазғытұрым, күзеуде қырық көшті...

 

Көштің сәні ол-дағы тазы, қыран,,

Өте қонды Жоңғардың жазығынан.

Тұрғы керек тұратын өрден көздеп,

Қалмау үшін қол үзіп қазығынан.

 

Тіреген бір кез еді төбе көкті,

Көгедайды көтеріп төре етті.

Абылайдың алдынан ақ бата алып,

Аларғанның  кеудесін төмендетті.

 

Сыралғылы салқын тау, асып жонды,

Сырдақ шетін мұңғұлдың басып қонды.

Есесіне Еженді едірейтіп,

Ене Ертістей көктемгі тасып қонды.

 

Қайтпайды ғой қарысып, көктемесең,

Дұшпаныңа, жауыңа кеткен есең.

Құдай оңдап, ниетін рух қолдап,

Ескі жерге ел еңіреп жеткен есен.

 

Дәті жетпес жанына жан басуға,

Айттырыпты Абылай ханға сауға.

Көштің туы Керейде Ер Жәнібек,

Қалған екен қалқан боп Қалбатауда.

 

Осы міне тарихың тосын тұсы,

Он ұлыстың Қазағым қосындысы.

Ардақтысы  жанынан –

Ар –

Таза мұң.

Тау қопарған

Тасқыны,

сосын күші.

 

Салдырмаған санаға, досқа құрық,

Он-он саусақ жұмылған

Қос жұдырық.

Он саусағың жұмылып бірікпесе,

Опынуың оңай-ақ босқа құрып.

 

Табан тесіп, тер төгіп, еңбек еттім,

Амандықта еңбекпен мен де жеттім.

Тастап кеткен Майлыбай айдау малдан,

Бір саулықты он  жылда мың қой еттім.

 

Ауысады уақыт жылдан жылға,

Арқау болған атауы өлең. Жырға,

Бізді елдің қонысы Өр Алтайда,

Сары терек, Үш көл мен Сарқабырға».

 

(Шудабай би):

«– Жал-құйрығын төгілтіп, осы жырдың,

Ат жаратып бәйгеге қосып жүрмін.

Ел шетінде елгезек, өнгеніммен,

Өңменіммен жел өтін тосып жүрмін!

 

Әне, Ақ қорған тағбашты қорғап қалған,

Аттылардан тақымы бордақталған.

Міне, Алаш –

Қазағың

Пайғампардың

Ботасындай қиырда боздап қалған!

 

Атты әулеттің ту тіккен Орамалдан,

Айналасын от қару орап алған.

Алтын аймақ, Кең алқап бас көтерсе,

Оқ жауады оң-солдан, борап алдан.

 

Түткен жүндей бірлік те қобырады,

Иесіз ел іргесі қожырады.

Сескеніп қап қой-ешкі желіні ісіп,

Ақсырады аңырап қозы-лағы!

 

Мұндай ұлтты, қатындай талақ қылып,

Жаулай салу:

Өзіне талаттырып,

өзін-өзі, өзге емес көзге шұқып,

танауға ұрып,

талдырып,

қанаттырып».

 

(Топай Ата):

«– Настанғансың!

Таусылмас тірі де арман.

Тәңір емес іріткен, бөліп, жарған!

Адасқанды ақылсыз аямаған,

Асай салған ашынса

Бөрі –

Жалған!

 

Сен сөйлеме, сөйлейін, құлағың тос,

Жатысыңмен өткізбе өмірді бос.

Уысыңда тұрмайтын ол бір сағым,

Уақыттай айнымас табылмас дос».

 

...Жантайғаны қайқы бас сүйек төсек,

Күпі көрпе ішінде ойын көсеп.

«Аян берді-ә?!»,-- Шудабай күбірледі,

Ұйқылы-ояу, бармаққа иек төсеп.

 

Келе жатыр сібірлеп бозала таң,

Нұр ендіріп жабықтан, босағадан.

«Не пайда бар, кеберсіп, кеже қатып,

Кеміктеніп, бор болып босағаннан?».

 

Деп ішінен сызылып тұрды орнынан,

Тартқандай бір сиқырлы нұр қолынан.

«Рас! Рас, құдайға, АЯН берді,

Адаспайын ендеше бұ жолымнан.

 

Түйткілдің шеш түйінін, жасып ықпа! 

Бұрынғының адамы-ай, зады мықты, ә?

Арасында ашыққан мес бүйінің,

Жаным қалмас, жапанда жатып ықта.

 

Бұндай күймен түспейді иықтан қыс,

Кім өлмеген, жасқан ба, тұйықтан шық.

Үзенгі бау үзілмес сегіз қабат,

Өмілдірік, өтті өмір құйысқан нық.

 

Алтайым-ай, сен үшін жаным құрбан,

Қол бұлғайсың асырып қалың қырдан.

Сүйегімді күн ертең кім сұрайды,

Сәл тәуірлеу бүгінгі қалім құрдан.

 

Арым үшін жаным да күйсем дейді,

Құдайға рас, шындығым, кім сенбейді?

Көк қорада іңірде туған құлын,

Аунап, құшып, көңімді сүйсем дейді.

 

Тынысыңды тарылтар ыстан жаман,

Бұлбұл көзден, саялар ұшқан заман.

Кірме атанып, күн көріп, көктеу тегі –

Жеті қабат желкелер жұттан жаман.

 

Алтайды асты әбжылан, мыстан заман,

Адам алар ашыққан құстан жаман.

Қадап атар ол емес қаңғырған оқ,

Төнді төрге запыран құсқан заман.

 

Естіледі түбінде, жаңа шулар,

Таусылғанмен бір толқын жанашырлар.

Түрегеліп түбінен жасыл баулар,

Түңгі жүріс дүбірі таң атырар.

 

Маздау керек лапылдап, мұтылмайды,

Өртті ықтаған өртенер, құтылмайды.

Ата жауға, әлбетте, атқан оғың,

Ата жұртта әсте ол, тұқырмайды!»...

 

Жұмажан сері. Қара жорға

 

Құлын ембес жұпар төс, суы балдай,

Тобылғысы түйедей, құры нардай.

Мынау сұлу өлкеге сұғын қадап,

Ішіп-жейді ашкөздер құны бардай.

 

Көктеп кеткен қыналы төстің тасы,

Көп бұлақтар кәдімгі көздің жасы.

Үлбіреген қыпша бел бойжеткеннің,

Үкісіндей ырғалар шөптің басы.

 

Арқыраған сайынан өзен даусы,

Арғымақтың азанғы озанындай.

Айдын беті сарғыштап апамыздың,

Айран ұйтқан қаймақшып қазанындай.

 

Жер ошақтан жылтылдап жанған оттар,

Көк жүзінен сияқты тамған оқтар.

Жетісудың құны мен құндызындай,

Жартастағы жабысқан жарғанаттар.

 

Ақ саулықтар жататын қырға симай,

Алатаудың ақ мойнақ құлжасындай.

Анау жүзген көлдегі қыз-қырқындар

Аққу-қаздың кәдімгі құрдасындай.

 

Кербез жандар керіліп үй тігеді,

Көкейінен кейінің күй түледі.

Кер жорғаның киімі кежіміндей,

Келіншектің келер ме бір тілегі.

 

Ай мүйізін көтерген төбесіне,

Ақ серкесі айналған төресіне.

Ақтылы қой апамның құрты сынды,

Шаша салған жаймалап өресіне.

 

Құлын жатыр құлаштай бие бауда,

Мырзасындай талтайып, байдың шіреп.

Желі басы желікті, киелі аула,

Сауылады шелектеп саумал тілек.

 

Қабағына жиылып жасырын мұң,

Құшағына тығылып ғашығының,

Арулардай мүлгіген сәйгүліктер,

Ойлап тұрған ымыртта асылын мың.

 

Көбелек те көл-көсір өңірі тоқ,

Ләззат тапқан тасадан көңілі боп.

Шоқы ұшына шоңқиған жаңа тұрғы,

Күншығыстан көрінді өмірі жоқ.

 

Бірі шауып, аяңдап, қаумаласып,

Тойда табар салымды сауға, нәсіп.

Шұбырған ел шұрқырап:

Бірі белден,

Балақты өрлеп, ал бірі таудан асып.

 

Ауылына іші де, сырты да асыр,

Шудабайдың дүркіреп түсіп жатыр.

Шығыс тұрғы қарайды сан-санатты,

Ішіндеу бұрқырып, тысында әтір.

 

Ай қасқа ерден күміс нұр жарқыраған,

Ал аспанда қалқыған, шалқыған ән.

Екі жақтап, қырындап, тілеп майдан,

Аласұрып азбандар арқыраған.

 

Қалы кілем құды бір жайылғандай,

Жерден күпір деп сұрау жайың қандай?

Жетектеген ақ толқын көлдің беті,

Майдан торта кілкітіп айырғандай.

 

Сәбилер жүр сүйкімді тете міне,

Шешесінің ілесіп жетегіне.

Қарамайды маңғаздар қағып-соға,

Ұрысқан сайын оралып етегіне.

 

Босағаны жаулаған ол қарақтар,

Кілең қызыл, күрең бет домалақтар.

Кінәратсыз көкейде лаулап арман,

Жиып жатыр төр жақтан мол-мол ақпар.

 

Мән бермейді аландар борбайға аса,

Жарық шеке, кекше бай, торғай – қаса.

Дейтін дейін қалады-ау айыз қанбай,

Осы тойда осылар болмай қалса.

 

Жер ошақтың басында жарқын қарас,

Тырқылдаған тынымсыз қатын-қалаш.

Бүйірінен білініп сылбыр қыбыр,

Бүлкілдейді әредік батыр алаш.

 

Қойшы қайсы?

Даяшы,

Бала ғашық?

Мидай мүлде кетіпті араласып.

Ақ жаулықты арсыздау ала күшік,

Есіреді, еркелеп ала қашып.

 

Қазан жақтан қабарып, қақсағансып,      

«Қара құрттап» қояды қара қаншық.

Қуған болып, қуланып қалған қаңсып,

Нуға еніп барады қара басып...

 

***

 

Жерден биік, бесінде, күннен бері,

Өңкей қасқа, ала аяқ мінгендері.

Төртеу шықты әндетіп белегірге,

Сейіл, думан ерте-кеш жүрген жері.

 

Анар төстің танадай түймелері,

Жалт еткенде ай тілі күрмеледі.

Алтын-күміс құймалы жалтылдайды,

Айыр шоқтың айшықты сүрмелері.

 

Саптама етік былғары тігер елі,

Сірі өкшелі қақтаған тіремелі.

Сегіз қабат таралғы үзенгіні,

Жарасады шалқаяа шірегені.

 

Ақ тамақты алаң қып, именбеді,

Алқалы кит, ақ торғын кигендері.

Сары сүйекті сияқты балқытатын,

Байқаусызда серінің тиген жері.

 

Әдеп көркем күлімдеп көркіндегі,

Бұлғақтайды үкісі бөркіндегі.

Аты алған аумақты, әлем жерді,

Бөлек бітім бұлардың төркін-тегі.

 

Ірге түріп біреу жүр кісін сайлап,

Тілін тістеп, тыржиып, тісін қайрап.

Қара қатын қарайды қиығымен,

Іші жылып, исініп, тысы жайнап.

 

Жер ошақтан желіге ауысқаны,

Жымың қағып, құмығып дауыстары:

Деп қояды тұқырып, сықылықтап,

«Жұмажанның қара ала сауысқаны»,–

 

Тамағында бұлардың жұмағы әннің,

Жасын тиып, жұбатқан жылағанның.

Өсті тете өзгеден өнерге елтіп,

Төрт ұлы да өлеңші Жұмажанның.

 

Өрге салса өршелеп, төске өрлеген,

Той-думанда ешкімге дес бермеген.

Өмір көркін шетінен әнші, зергер,

Өлең, күймен өрнектеп, кестелеген.

 

Төрт қырынып, күніне жасайтын мұрт,

Сөзбен түйреп, сыртынан матайтын ұрт:

«Жұмажанның  қара ала сауысқаны»,–

Десіп, көсеп, айдарлап атайтын жұрт.

 

Құс кеуделі, қимылы қиығында,

Домбырасы үкілі иығында.

Анау сері ылдымды, ыңғай жастан,

Мысқыл жортқан қияқты миығында.

 

Жалпақ белбеу жас сері қынай буған,

Қу түлкідей көрінер құмай қуған.

Ақыл-естен алжасып, адасып тұр,

Қара қатын банадан құдай ұрған.

 

Жамбас сылай өткенде қатты cасты,

Ұшыменен сары ала сапты қамшы.

Тана көзден түлеген нұрға толы,

Өз мекенін кірпіктен тапты тамшы...

 

– «Сылдыр моншақ, шырайлы айыр шоғым»,

Жеттің бе есен, кел төрлет, айқай бозым.

Отыр жұртың,– деді Би,– әнге шөлдеп,

Қоздат кәні, тосылма, тойдың қозын.

 

Сөзге ұста, айдынды мысы басым,

Шудабайдың алған соң ықыласын.

Сал-серілер тежеліп, тосылар ма,

Бастырмалап бір-бірін, ұтыласын.

 

– Қара алалар, біледі құтылмасын...

Бұл – Жарылғап, сөйлеген жұтып асын.

– Бәске тіккен байлардың бәйгелерін,

Мықты болса топ жарып ұтып алсын!

 

– Жұмажанмын, білмейтін алқынғанды,

Ұнатамын өнерге талпынғанды.

Оңай емес, ән салу қорғалаймын,

Ақиықтың алдында алтын жалды.

 

Шудабайдың әскере елі діншіл,

Діншіл адам сауыққа келер міншіл.

Тамыр басып, биінің бақты аңысын,

Соны меңзер тақуа, ерлер сыншыл.

 

– Асқар шыңның болады алқымы саз,

Келді десіп сал-сері халқымыз мәз.

Ән-жыр, күймен атырған дала таңын,

Әлімсақтан,– деді Би,– салтымыз наз.

 

Әнмен жоқтап, қайғысын, қасыретін,

Әнмен жұбап, уанып бас иетін.

Әнмен айтып өлеңін, өсиетін,

Әнмен сыйлап ырза еткен ас иесін.

Айтқанымен надандар бұза алмас,

Қанға сіңген қазақтың қасиетін.

 

Егей сиреп, арадан ескі кетті,

Егіз туып болмайды ешкі көпті.

«Жылама да жырлама» деген дінді,

Ет құлағым еш жерде естімепті.

 

«Дедім бе мен, Жұмажан, жынға үйікті,

Бұ қазақтың жауы кім, кім сүйікті?».

Тым ызғарлы естілді Бидің үні,

Шыңғыртқандай бұғаулап, қыл құйрықты.

 

Арзан машық емес бұл есіл өнер,

Бірі екінің оп-оңай есіп, өрер.

Өнер тектен тұтанып тек өзінің,

Ошағының басында өсіп-өнер.

 

– Жібек жолдың бойымен кіре жүрер,

Көргені мен білгенін түйе жүрер.

Жын-шайтанды жанына жолатпайтын,

Шудекеңнің бойында кие жүрер.

 

Қаныменен атаның,

сүйегіме –

Ана сүті дарыған кие міне.

Біздің қарыс бүгінгі бұрынғының,

Жетпей жатса кем түсіп сүйеміне,–

 

Деді сері Жұмажан,– айып етпе,

Ақындарың алдыңда сүйе, міне.

Жарасып тұр қара сұр, етсіз бетке,

Күміс сақал көмкерген иегіне.

 

Айтты сонда Шудабай:­ – Қан­ – мұралық,

Көктеп кетер күн түссе тамыр алып.

Әсем ән мен нәрлі сөз әмсе игі,

Құлағыңның құрышын қандырарлық.

 

– Айтыла ма аталы сөз бекерге,

Сөз жетер ме, ертеңге бөз жетер ме?

Ата жолын туған ұл қуса игі... ,

Кім біледі ертеңге көз жетер ме?

 

– Қасиеті қазақтың сарқылмаған,

Көңіл хошы ем-дәру аңқылдаған.

Абай – дана, әкесі Құнанбайдан

Деседі екен ол-дағы артылмаған.

 

«Абай»,– депті, деді ме, абайлаңдар,

Осы сөздің өзінде талай мән бар!

Бекер Абай, Ыбырай аталған жоқ,

Үлкен сұрақ туады, қалай да аңғар.

 

Толқындармен толқындар жалғасады,

Толқындармен толқындар алмасады.

Жауқазындар ерте гүл жарғанымен,

Жағасына әзәзіл жармасады.

 

Болмапты Ұлы Абайдан асқан ақын,

Адам екен Һәр сөзін жастанатын.

Жүрек керек һәр неге саф ақылды,

Аяқты ми емес қой басқаратын.

 

Абай  екен ақылдың ақ балдағы,

Темір қазық  жұлдызың аспандағы.

Абай – қапас жүректің күндізі екен,

Нағыз ойдың тұнбасы қасқалдағы.

 

Көп нәрсенің көзі бар бірлігіңде,

Әркім хәкім болмайды тірлігіңде.

Айтқан мінін Абайды жақтырмаған,

Амырақ қой аралар түрлі гүлге...

 

– Оу, шаңия, би аға, Абай кім?– деп,

Біреу отыр оң жақта босағада,–

Ақыт ба, ол, алтайлық Үлімжінің...,–

Жұрт ду күлді әлгіге, осы арада.

 

­– Абай Мый да, ал Ақыт жұлыны екен,

Басқа ақындар Айбоздың құлыны екен.

Ағайынға шет жүрген жаңа жетті,

Ұланғайыр, байтақ қой ұлы мекен.

 

Һәр ойынан таппайсың сірә да мін,

Мың толғанып, жүз ойла, сына бәрің.

Жақсы сөзге жармасып, құлақ асып,

Жөн шырағым, білмекке сұрағаның.

 

Шаршы топта іркілмес асқақ жігер,

Жақсы жандар жас тайын баптап жүрер.

­– Абайдың бір әдемі өсиетін,

Балапаным, бас көтер, бастап жібер.

 

Осылайша ерте-кеш баққаны бақ,

Сұңғақ тұра, сұлуша, сұңқар құлақ.

Атасының құшақтап оң тізесін,

Жатқан бала қисайып, жастанып ап.

 

Атып тұрды, кең маңдай, ойлы қабақ,

Қыр мұрынды, жұқа ерін, бойлы қарақ.

Қағып алар, қағылез, сіміріп сөз,

Көз сүйсінер сәбилік жүзін қарап.

 

Төске қойып кішкентай алақанын,

Баласына бас иіп әр атаның.

Сәлем берген сәтінде  Бидің баққан,

Сынап отыр көпшілік балапанын.

 

«Атасынан ана бір жазық маңдай,

Сарғыштығы анасын танытқандай.

Шудабайдың осы ма сары ұғұлы,

Өлеңіне жүретін халық қанбай?».

 

Байқалмайды ықыстап, жасқанғаны,

«Бөлек екен өзінің баптанғаны».

– Ал, айта ғой...

– Айта ғой...

– Айтып берем...

 «Ғылым таппай, Сіздерге, мақтанбаны».

 

Құс үніндей ап-ашық дауыс ­– құлын,

Бір тамаша болып тұр қауыс бүгін.

Жалт қараттып жақсының зерделерін,

Құлақ күйдің жөнелді басып қылын.

 

Шаңыраққа қарады тартқан сымдай,

Тас түлектің жанары қарасындай.

Сылаң қағып, сымпиып жарағаны,

Сәйгүліктің шаң тимес баласындай.

 

Жағып ілім жап-жаңа жарқын тілек,

Тоқтағанда аршындап, алсын түлеп.

– Тағы-тағы, қайтала, тағы бірін...,–

Салды қолқа шаршы топ,– айтсыншы,– деп.

 

Әсерленіп өлеңге сағымдана,

Тау менен тас, мүлгіген сары дала.

Жаңа тершіп танауы екпін алған,

Саңқылдаған сол тұста сары бала.

 

Найзағайдай қақ жарған бұлт арасын,

Көзбен бағып биліктің ишарасын.

Өлең – өнер, тірілтіп өшкеніңді,

Сергітетін сезімнің бишарасын.

 

 «Тартпан игі, айта ғой, талабыңды»,–

Қағып алып атадан бала ымды.

Ағызды-ай бір өлеңнің ақ бұлағын,

Әлдилеген нәр сөзі нала-мұңды.

 

– «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым»...

– Жарықтық-ай,–десті  ел,– пай-пай бұл кім?...

Бар қазақтың екен ғой қамын жеген,

«Аузыңа,– дейд, алынбай, түсті мұртың».

 

Қалдырмаған қадірлі жосынды мұт,

Жасқа өнеге кейінгі болса бір құт.

Сөзге тоқтау қашаннан бұ да кәсіп,

Сәл гуілдеп, дабырлап, тосылды жұрт.

 

«Бұдан артық айтылған бар ма, балам»,

Ұйып тынды, шұлғып бас, арда ғалам.

– Бір кірпішсің жалғанда сен де,– дейді,

Кетігің тап, кетікке бар да қалан!

 

Өзін салды тыңдаушы елегіне,

Тыңдай алмас құлақтың керегі не?

Әркім мүлгіп, тыншыған теңіз дейін,

Ойдың шөкті тұңғияқ тереңіне.

 

Абай сөзі жасамыс, жасына ұнап,

Кәрісінің жаулады бар ынтасын.

Бата берді Жұмажан:

– Жасың ұзақ,

Тәңірің,­– деп, әманда, жарылқасын!

 

– Ал, шырағым, аты кім бұл сарының?

– Шоң атаның ұланы, ұрпағымын,–

деді, бала жақамай сала сұсын:

­– Сом алтынның сынығы, ұнтағымын.

 

– Жә-жә, қойдық, ендеше, қата сыным,

Тисін бәрі халқыңның батасының.

Өзіндей боп аһ деген ауызынан,

Түсіп қапты бұ бала атасының.

 

­Қабыл алдым, қарағым, өкпеңізді,

Жаңғыртады жас буын өшкен ізді.

Артып Сізден балаңыз тумаса да,

Басады екен Шуда-еке, өкшеңізді.

 

– Жаман болмас, тартса егер даласына,

(Ата сыншы, әрине, баласына).

Бір биікке түбінде шығады ғой,

Абай сіңсе адамдық санасына.

 

Әр бір сөзі Абайдың аса мысты,

Болған шығар осындай жаса күшті.

Баулиды Абай адамдық ізгілікке,

Жасыңды да, оқысаң жасамысты.

 

Көкей-көзі ашылмас түнегіне,

Күн түсірмей, жеткізбей сүйегіне.

Сол қапастан құтқарар Абай сөзі,

Ұялаған ұққанның жүрегіне.

 

***

 

Жұпарлы ақыл айтса жөн мінге кесім,

Ұсынады ойсызға түн кесесін.

Өрнек ­– ғашық, ол – жұмбақ,

Көз тілімен

Дәті жеткен сырласып, тілдесетін.

 

Зергер оның тумысы, туадан мәрт,

Мына отырған хас шебер Жұмажан қарт.

Алшақ демей, жастарым, жас арасы,

Тартсаң сусын шыңырау тұмадан тарт.

 

Кім аунатса тарих дөңгелегін,

Сол өзгертер ақиқат өң бедерін.

Ақыннан сөз, зергерден қалса өрнек,

Көне ойдың табасың көмбелерін.

 

Шырынын ап тікенді үр гүлінің,

Үкі тағып басына бір күнінің.

Ақын, зергер бақиға апарады,

Әр бір сәтін момақан тірлігіңнің.

 

Сәулелі ойды таңсықтау түс-реңі,

Ойып хатқа, тасқа да түсіреді.

Ондай істі оты бар, ойы зерек

Жандар ғана тоқыған түсінеді.

 

Таниды әрі табады дәрі іздеген,

Нәсіліңді, тегіңді бәдіздеген.

Өнер деген өшпейтін ұлттық мұра,

Келе жатқан көнеден кәрі ізбенен.

 

Жайқалдырып жанды сөз жал-тұлымды,

Жалғастырар жаһанға жалқы үніңді.

Үйрендік пе, осы біз бағалауды,

Мыстымыс деп, алтын деп алтыныңды.

 

Саф Ақылмен не жетсін табысқанға,

Қайта ойысты Шудабай данышпанға.

Ақыл кені арыдан ашылады,

Абаймен кең әрине танысқанға.

 

...Ескі сарын естілді, ою ымдап,

Көмескі әуен, жып-жылы қою ырғақ.

Сан мың мұңлық күбірі күткен жарын,

Қоңыр белден күн салып, қолын бұлғап.

 

Көк жиегі күмбездің мұнарланып,

Күбір-күбір, күмбірі тұр әлі анық.

Сары даласы жамылған сағым – жібек,

Сағыныштай көрінер тұмарланып.

 

Құйып-ақ тұр құдырет сәулелетіп,

Күннің нұрын молынан мәуелі етіп.

– «Қара жорға»,– деді жұрт,–«Қара жорға»,–

Асқақтата шырқашы, әуелетіп.

 

Сары қымыз шипалы, көркі балдан,

Қанып ішкен қызара бөртіп алған.

«Қара жорға» деп тастап есіл сері,

Еңірете жөнелді қарт Жұмажан.

 

Күн сап ана қараса қара жолға,

Көз ұшында бұлдырар Қара жорға.

Саз сызылып сағыныш төгілгенде,

Теңселіп-ақ кетеді дала, мола.

 

«Жылқым жатыр, тебіндеп теріскейде,

Бақпай қойсам мал шіркін өрістей ме?

Ұстап мініп ішінен саңылағын,

Әнге салсам беу, шіркін, келіспей ме?»...

 

Деп салатын жылқышы ала таңнан,

Дәмесі бар ал қызыл балапаннан.

«Қара жорға» жолданған ән-құсы ғой,

Ғашығына ұшырып алақаннан.

 

Иіледі ән тыңдап қайың басы,

Бар ма оның адамнан айырмасы?

«Қара торқа кигенім, «Қара жорға

мінгенім» деп келеді, қайырмасы.

 

«Қара жорға» қимаған ойын-бағы,

Қалқатайдың айтылған тойындағы.

«Қара жорға» қалқаның ақ жаулығы,

Желбіреген қара жол бойындағы.

 

Тұнып тұрған тұңғиық киелі ой,

«Қара жорға» тайпалған күй еді ғой.

Тайғақ жолда тас қылып, темір еткен,

Тағдырыңды сол жорға сүйеді ғой.

 

Күй тартылды, күй аты «Қара жорға»,

Қара тауды қалғытып салады ойға.

Қысқалығын жалғанның деп сөйлейді,

Оралыңның, балалар, барында ойла.

 

Майдай еріп жан жүйе кілкіді де,

Қалды ілініп бір тамшы кірпігіне.

Бой шымырлап, тән еріп, көңіл толқып,

Сіңіп дәуір барады күй тіліне.

 

Қара шалдар бас изеп сүйінеді,

Қара бура хан басы иіледі.

Қара айғыр арқырап қыр астынан,

Қарт батыр да аттандап, киінеді.

 

Қара інген боздап кеп исінгенде,

Қара тулақ жібиді ій сіңгенде.

Қара жартас қабарып, қара жер мен

Қара  аспан жылайды, күйсін пенде.

 

Қайғы тамып қарындас қарасынан,

Қалың ойлы қалың бұлт арасынан.

Қабырлардан боздақтар көрінеді,

Қорғап жүрген кәуірдің қаласынан.

 

Қара ұршығын шешелер иіретін.

Қан жылап іш, құмығып күйінетін.

«Қара жорға» өйткені кетпес естен,

Қара боран, қара дәу үйіретін.

 

Қай жылғада қалмады тиегені,

Кімнен қорлық көрмеді киелі елі.

Сонау ұзақ ғасырдан жеткен мұра,

«Қара жорға» қарт тарих сүйегі еді...

 

Бірде түсіп жорғаның бауырына,

Бірде жатып жорғаның сауырына,

Ет тартады жорғамен билеп жігіт,

Той қып жатқан Шудакең ауылына...

 

Бүкіл буын би десе иіледі,

«Қара жорға» билердің биігі еді.

Сұлу ырғақ, тәтті күй, әлем әуен,

Жан-тәніңді ерітіп, үйіреді.

 

Бұлақ сыңсып, бусанып сай құшағы,

Қалың тоғай, қара ну қайысады.

Қан жүгіріп бойына қараша үйдің,

Қатқан жібіп, қара ағаш майысады.

 

Еһіленіп еліріп, Есіл есіп,

Еңбек сөйлер термеден кекілі өсіп.

Есті аттар елеңдеп кермедегі,

Елігеді кісінеп, есінесіп.

 

Ту дүрілдеп құлыпты сандықтағы,

Билеп кетер тау-таста аң-құс, тағы.

Қара тас та қозғалып былқ етпейтін,

Жан тимеген қанайды таң пұшпағы.

 

Билеп кетер бақсыдай тегенесі,

Киіз үйдің түндігі, керегесі.

Даланың да далада түмен бидің,

Қозданады иесі, делебесі.

 

Былқылдайды бұралып келіншектер,

Бұрымды да болмайды шегіншектер.

Буындарын сиқырлы сыртылдатып,

Боз өкпе де билейді еріншектер...

 

Қаз даусымен үндессе жүйелі бір,

Тылсым күшке айналып киелі күй.

Қасиетпен тәңіри тілдестіріп  –

Тазартады басудан жүйені кір.

 

Алыс-алыс заманнан көне жақтан,

«Қара жорға» ән дейді келе жатқан.

Қай заманнан, беймәлім құпиясы,

Қазан төбе сықылды көмбе жапқан.

 

«Қара жорға» – Еркіндік, білесің бе,

Қасаң жұрттың жадында жүр есінде.

«Қара жорға» қазақтың даласында,

Еңку-еңку желеді Іле-Есілде...

 

Жаманы да, жақсысы билесін кеп,

Біреу кекейд: «жындылар жиды есін,– деп,

Ителінің құс қанат бақсылары,

Ойнап кетіп, абайла, жүрмесін»,– деп.

 

Күй тіліне күйігін жасыратын,

Әнмен қазақ, ақ таңын атыратын.

Басы ауырып, балтыры сыздағанда,

Бақсы жынын күйменен шақыратын.

 

Таң емшегін жебелеп түн емгенде,

Тығырыққа жаны үшін тірелгенде.

Бақсы ойнатып адамдар медет табар,

Көкейдегі жарығы, күн өлгенде.

 

Тың танымға қастерлі үйір ері,

Жерден жырақ кетпеген бүйірі елі.

Бақсы ойнату жан үшін ескі наным,

Және рас иманын үйіреді.

«Қара жорға»...

 

Белдесу

 

...Теңселтеді қанатын қайыстырып,

Жуан аттың жотасын майыстырып.

Келіп қалды балпаңдар, балуандар,

Басталады мінеки, сайыс-қызық,

 

Дүр сілкініп қырандай күллі аумақ,

Ши басынан сыпсыңдап сағым саулап.

Екі жойпан бурадай шабынысты,

Құлай түсіп, тайпалған аттан аунап.

 

Жауға алдырмас осылар, қабыландар.

Бақ та байдың баптанған бабын аңдар.

Бір-бір атан түйенің етін жеген,

Бұқа мойын, май мұрын балуандар.

 

Бірі – қара сарлықтың бұқасындай,

Ал сан еті бұзбаған ұшасындай.

Ат өтердей бұтының талтақтығы,

Жайса қанат құды құс ұшатындай.

 

Бірі – қара бурадай ызыттанат,

Шұнақ құлақ, бұжыр бет, бұзық қабақ.

Тым-тырыс жұрт, жел өкпе, шу басылды,

Ал, қанеки, міне айқас, қызыққа бат...

 

Дегенінше болған жоқ, «құлады, өлді»,

Сарлық жығып, ойнақтап шыға келді.

Сүйінші жүр шапқылап қыр қойнында,

Қиқулатып құраулап құла белді...

 

– Қайда әлгі! Доғарсын, отырысты,

Нұртазасы Топайдың оқымысты?!–

Жарылғап бай гүр етті,– кеткен сірә,

Әлжуаз боп,– деп жүрсек осы мықты.

 

Аял бермей Нұртаза алысқанға,

Жағасына жармасып жабысқанға,

Тік көтеріп шүу-шүулеп үйіретін,

Құды ұқсап айбарлы арыстанға.

 

Қоян қолтық күресте ұстау – теңдік,

Жаратпаған жасаған, құдай кем қып.

Әлсіздіктің тартады жаны қайғы,

Қояа ма елді, біреуге, әлде жем қып.

 

...Біреу келер туадан бастан бөлек,

Дүниеге жадысы жастан зерек.

Сондай жанның бірі еді Нұртаза да,

Бестісінен оқыған дастанды ерек.

Таңғалдырып тұстасын, бақталасын,

Баста тұрмас бақилық бақ та басым.

 «Тілмен көзден, сақтасын,– дейтін ана,–

түфәй-түфәй, құлынның ақ сансын!».

 

Қалам жасап құстастан дала – бақта,

Жазды жазу қара тас – қара тақта.

Жүйрік атпен қусаң да жеткізбейтін,

Нанбайды жас сол күнге, ғаламатқа.

 

Еншісінде еркіндік толық азық,

Ойын қуып, тау кезіп, қозы бағып.

Кетеұғын асыр сап айдалаға,

Жарысқанда дүркіреп озып-ағып.

 

Нұртазаның мінгені ақ табанды,

Қысы-жазы оны өзі баптағанды.

Қара танып үш жаста, жеті жаста,

Құран-шәріп Мақаннан жаттаған-ды.

 

Біраз бала ауылда тететұғын,

Ойын қуып, құрдастар кететұғын.

Қырқай шалып кейбірін алып ұрып,

Тұра қашса Нұртаза жететұғын.

 

Жеті жаста бойына құран дарып,

Молайғанды білімі құрандалып.

Сөзге жүйрек Нұртаза һәм балуан,

Ілім алған бас шаһар Тұрпан барып...

 

Ата-ананы қуантар санасының,

Саңылаулы болғаны баласының.

Молласы аз, қазақтың, моласы көп,

Мықтан қалған мұралы даласының.

 

Нәрін емсе ескінің нанасың ба,

Естілік көп болады баласында.

Молласы аз сол заман далалықтың,

Мұсылмандық бар еді санасында.

 

Бидің үйі бір мектеп көсем еді,

Аласырмақ төріне төсегені.

Мақан молла ортада аға ұстаз,

Көргені көп, кемеңгер көсегелі.

 

Шудабайдың ол тұста өскен елі,

Ондай жанға қызғаныш өш келеді.

Жақсысы да жетіліп, жаманының,

Мал мен жаны молайып көшкен еді.

 

Мал молайса табалап дара бағын,

Дегісі кеп тұрады талап алғын.

Бөрі шапса өзектен, өзінікі,

Ала жұлып қашатын қара лағын.

 

Құбыласы тең болса көргеніңнің,

Өңі түспес түрленген өрмегінің.

Қаншама рет қиналды адам таппай,

Жаназасын шығарар өлгенінің.

 

Жердің жүзі құлпырып көктегенде,

Бал арасы жүреді көкше белде.

Басыңа кеп қона ма, бақыт құсы,

Үйде жатып әншейін көксегенге?

 

Зарыққанда қысылып өкпе демге,

Бақилыққа пәниден беттегенде.

Әр бір пенде мүмін боп аттансам дер,

Жеткенде бар, осыған жетпегенде.

 

Білімділер іліммен салады өрнек,

Бір ғанибет, ел танып, қала көрмек.

«Бес жасынан оқуға қытайшаны,–

Өкіл келген ауылға,– бала бер»,–  деп.

 

Қытайша оқу ол да бір қақпан құрған.

Қытайшасын кей надан мақтан қылған.

«Бұғанасы қатпаған талай жастың,

Жас санасын жат ілім жаттандырған».

 

Бұл жайында Шудабай көп ой кешті,

Көктен дәме қылатын көбейді «есті».

Бала оқыту жердегі зерделінің,

Арманына айналған көкейгесті.

 

Шудабайдан бұ елде зор дидары,

Кісі жоқты тоқыған, мол жиғаны.

«Болу керек» дейтінді көз ашатын,

Әр ауылдың сауатты өз имамы.

 

Барлығының ителі Күйік тегі,

Бес жігітті ауылдан іріктеді.

Оң мен солын бұл күнде анықтаған,

Үміт артқан боздақтар сүйікті елі.

 

Өр Алтайдан Зуқаұлы Шерияздан,

Төске салса, ол жүйрік өрге озған.

Нұртаза мен Сүлеймен, Сарқыт, Қапақ,

Күдір жолға шыдамды өңкей азбан.

 

Әр бір үйдің ардасы, таза кілең,

Айқаспақшы қазақтың азабымен.

Терісіндей төзімі күдерінің,

Күдерін мұң кернеген арда күрең.

Ана жайып жаулығын, ақ жармасын,

Айтып сойып ағайын Ақ сарбасын.

Ақ жол тілеп, бесеуін ауыл-аймақ,

Аттандырған жол, жосын атқарғасын...

 

                        ***

 

Асауға дес береді арқан жұмыр,

Қайда жығар білмейсің тарпаң ғұмыр.

Ойғырдың төрт атақты шаһары бар:

Құлжа, Қотын және де Тұрпан, Құмыл.

 

Тұрпан – тұнған тарих, Үрімге сай,

Көне шаһар көрікті ілімге бай.

Жарқырайды тұс-тұстан көз ұшында,

Күмбездерге күмістей ілінген ай.

 

Жамбыл жапқан, балшық там жетегінде,

Шұбар, бұйрат таулардың етегінде.

Қабылдаған қазағын, қайманасын,

Қарындасы, қардашы есебінде.

 

Аңғарылар әмбебап, бай базарлы,

Отырықшы бағзыдан тай қазанды.

Мешіті мол медетті көне шаһар,

Дұға оқыған ақшамда айға зарлы.

 

Тірлігіне тынымсыз таң қаласың,

Шығармайтын сияқты тамнан басын.

Қырғыз, дүнген, торғауыт, қазақсың деп,

Алаламас ағайын жан баласын.

 

Медіресе мәрмәрдан мұра қалған,

Сарай сайын мұнара тұра қалған.

Сары уайым сабасы сарқылмаған,

Саналыға сап-салқын мына жалған.

 

Ақ самалды ақ таңы аңқылдайды,

Азаннан жұрт әдемі ән тыңдайды.

Алған тыныс мәуелі бақтан ұйып,

Алыс жолда һәманда алқынбайды.

 

                  ***

Қар ерітіп, құрсаулы өкпек желмен,

Қара жерге мөлдіреп көктем келген.

Жүргенінде жазы өтіп, күзін күтіп,

Нұртазаның тілегін көктен берген:

 

«Табан сөгіп, тер төгіп, баққан мал ақ,

Шөлейт кезіп, білім қу, қақтан нәр ап.

Жұмыр тұяқ, жараған құр құнандай,

Ойлап басып, жарыққа аттан қарақ.

Шәрбат судың оқыған дәмін татпақ,

Үйде жатқан ол суды қайдан таппақ.

Қаңсып қатқан, сары тап кенезенің,

Хақ жолында мақсатың көзін ашпақ.

 

Күңіренген дала қарт, өмір кені,

Ой сүйегі мүжіген, кеміргені.

Ілім гүлден ірге ши тоқып әкеп,

Аңыраған боранды көм іргені.

 

Күнімнен де бұл күнде түнім қалың,

Мол жинап кел, бойына ілім балын.

Қу даланы қиқулап қуып жүр сор,

Алайын деп аямай шыбын жанын.

 

Кенезесі қаңсыған атыраптай,

Талықсыған су аңсап топырақтай–

Кер құланым, сынаптай білім – сәуле,

Ұстау керек зердеде қопыратпай.

 

Қаншама алсын қурады әз ұядан,

Қанып ішпей қақ суы, дариядан.

Жұлдыз жастай қаншама ағып, сөнді,

Суға ұмтылып, жете алмай Азиядан.

 

Жүрісінен Кер құнан сеп ілебі,

Көне дүбір, кербездік сезіледі.

Болдырмаса тұманды түн ішінен,

Жол сілтейтін бір жарық кезігеді.

 

Ішкен ілім құнығып, күш жәннаты,–

Пайғамбардың ғарышқа ұшқан аты.

Ойға қайнап бабымен піскен білім –

Қарыспайтын қанша ұшса құс қанаты.

 

Тағдырыңды талапты таныр ұлан,

Сарнағанда сайғақтар қабырыңнан.

Сары бүрге, айнала қара қоңыз,

Қансорады қарғаның тамырынан.

 

Ақ бас атан кірекер, асыл табан,

Алыс жолдан талып бел, тасырқаған.

Жайған төсек, көк майса, жақпас жасаң,

Тас қоғамға тарылып, жатырқаған.

 

Кең даланы кер заман долдандырды,

Жын ұрғандай жұлқылап оңды-солды.

Кек пенен шер кеулеген кең кеудесін,

Киіктері даланың тоңды сорлы.

 

Жамасам деп жыртықты алан-ашық,

Шарқ ұрады шырақты көкей ашық.

Жағасына жуанның жармасса да,

Не өндірер өнерсіз өңкей жасық.

 

Ақылсыз бас сандалып, тынықпайды,

Бабын таппай темір де шынықпайды.

Дүмше молла дін бұзар, имамшылау,

Теріс езу қатерлі тіл ұқпайды.

 

Дүниеге қараңғы жатқан тарап,

Құран нұрлы, нұрлы ғой баққан талап.

Көгертіп бек шөлейтті, шөл өлкені

Қандыра алсаң мейірін мақтан қарақ.

 

Ұғынуға мимырттап, жеттік әрең,

Жаратқанға әр қашан шексіз сәлем.

Һәр ғылымның қайнары, басы – аят,

Мағыналы әр қарпі түпсіз әлем.

 

Айналаң өрт, өмірің от болғасын,

Іздегені иттердің боқ болғасын,

Далалықтың қорқытып құтын құртты,

Құмалақтай құйылған оқ қорғасын.

 

Біреудікін біреулер сатары анық,–

Көшке нүкте қоймақшы сахаралық.

Жердің жүзін белшеден басты келіп,

Оқ жасаған опынтып шақар алып.

 

Құмалақтай ойпырмай, қорғасынға,

Байланған шақ тағдырың-жолдасың да.

Аспанынан қанатты қалай ағып,

Зіркілдейді орсақтар ордасында».

 

Деп тілеген ел-жұрты қоштасқанды,

Дұшпан күйіп, осыған дос таңданды.

Өнер қумай алыстан үй күшік боп,

Ұнатпайды бұ жалған бос қалғанды.

 

Жүрек шағып, жүйке де ауырады,

Жауыр, қасаң халықтың ауыр әлі.

Бар медеті құдайы, одан кейін,

Ата-баба сенгені аруағы.

 

Алды арсыз, суық қол шаужайынан,

Жылан енді кеңістік шалғайынан.

Қамыс іші қайысқан толған сыбыс,

Жарым ырыс жарылып таңдайынан.

 

Көзі кетіп ескінің жолы қалды,

Жолдан шипа жортқанға жолығады.

Айналаның аңысын салса ақылға,

Сырттың сырын сұңғыла сол ұғады.

Қорыққанға тал түсте қос көрінер,

Берекесі кеткен ел босқа өлінер.

Туған жердің табанға батқан тасы,

Алыстаған адамға дос көрінер.

 

Жалбыр түздің жыртығы, жан азабы,

Қансонарда жетіліп, жамалады.

Торсылдаған, күнсіген тыртық тері,

Шылғиланса жасарып, жаңарады.

 

Ұласпалы сарынды назды жұрым,

Көңіл күңгірт көгіне жазды сырын.

Боз даланы қартаймай әжім басқан,

Жасартады жаңбырлы жазғытұрым.

 

Өмір – майдан, өтеді үзіліссіз,

Тірлік бар ма, әзәзіл, ібіліссіз?

Мал кеткенде қорадан дос та кетер,

Бұл тағдырға не етесіз, түңіліп сіз.

 

Біреу жүрер жақсыға туысқан боп,

Кірі-қоңын тазалап, жуысқан боп.

Отын болып, от болып жарымайды,

Құйысқанға қысылып, ұйысқан боқ.

 

...Жеңіс – жүлде, шарапат кит жұғысты,

Қажеттілік ұстатқан күйтті құсты.

Салғыласып жатады, жаға жыртып,

Білмейтіндер күресте ит жығысты.

 

Ақыл, білім болмаса сүйеніші,

Түкке тұрмас бойдағы түйе күші.

Домбыраға қос ішек тағылғанда,

Қыл айналмас көре алмас күйеді іші.

 

Байталға да бақ тайса таласады,

Орда орнына теріскей қала салды.

Тоқтамады озбырлық оныменен,

Байкалды алып, Арқаға жара салды.

 

Алтай алаң мұнарлы әлімсақтан,

Жерін сатқан жебірлер, бәрін сатқан.

Шегір, шөгір қысады қос өкпеден,

Ендігісі ішкізбек зәрін сатқан.

 

Көк Түріктің кербез тау, кер даласын,

Жаратпаған Тәңірім кем баласын.

Талап жатыр күштілер, ай бетіндей,

Ен даладан еншіңе неңді аласың?

 

Тілін тістеп отыр-ау, шыдап бәрі,

Айтылмайды шындықтың шын ақпары.

Жай түсірмес жастары жуан белге,

Түрік болса құрышты құлақтары.

 

Ірге жауы дайын тұр жан алуға,

Кірпік ілмесс, бел шешпес қарауылда.

Бір бишіктің күшімен кетіп жатыр,

Бірікпеген батырлар әр ауылда.

 

Түгі жасып, қайтпаған меселдесі,

Түмен жылдан жалғасып төселді есі.

Бір тал түктің түбінде бек түлері,

Темір үзген тебінсе кесел десі.

 

Ойланбаса адамзат неден ғаріп,

Несібеңді түсірер немең қағып.

Ермек етер ерікті, есі кемді,

Емшегі тас, етексіз енең бағып.

 

«Қара күштің, (қашанда) қайласы аз,

Дана істің (көл-көсір) пайдасы жаз.

Қайласыз жан (баяғы) бір көртышқан,–

Дегенді айтқан Ақытың қандай сырбаз»...

 

Көкейінен кетпейтін өрт қойса да,

Аунап жатып тыңдаған көк майсада.

Аз ғұмырдың амалы аз, айтағы көп,

Мекен болған сондықтан Көк Ғайсаға.

 

Тоқтамайды тірліктің доңғалағы,

Қашан тартып қуантар оң қабағы.

Мына даңғой, шуы мол топқа қарап,

Шудабай би осы еді толғағаны.

 

               ***

Кейбірінің түстері бояма анық,

Атты-жаяу ентелеп, қораланып.

Кеуделерін желікті жел кеулеген,

Бара жатыр алаңды боран алып.

 

Айтағымен алкеуде әлде кімнің,

Ісін қылып қияңқы әулекінің,

Жарсалып жүр бір-екі атты, жаяу,

Шырқын бұзып, бұ тойдың сәулетінің.

 

Жарылғаптың тіліне ашуланып,

Екі көздің оттары жасылданып.

Жынын шашып бурадай күркірейді,

Ащы тілін азуға жанып-жанып.

 

– Ой, Нұртаза, көтбасты жан емес пе,

Оқығанның бәрі де паң емес пе.

Білек түріп, күрессе несі кетед,

Тамырында аққаны қан емес пе?!

 

– Не деп тұрсың, ей, Шағыр, аузыңды тый,

Қысып тұрса шығарам артыңды қый.

Тіл тигізбе сетердей арысыма,

Саған не жоқ, өмірі көрмеген сый!

 

– Намысшылын!

Ұрайын намысыңды!

Күрес – сынақ, кәдімгі тақ үшінгі.

Жарылғаптай ер сөзін елемейтін,

Өзің қандай немесің жабы сынды?!

 

– Шаншаңдамай, ей, Шағыр, тарт тіліңді,

Білем сенің жетеңді, мәрт түбіңді.

Жұдырыққа, кеселге жерік пе едің,

Ұмыттың ба, әлде сен, сарт күніңді?!

 

Нағашыға Шағырда тартып еді,

Ол нағашы Құмылдың сарты еді.

Ұшы шықса бұ жайдың шамданатын,

Шағырыңның бұрыннан салты еді.

 

Атып шықты ортадан жарып көпті,

Аш бурадай жараған зәрін төкті.

Ашу қысып, ауыздан шығып кеткен,

Сарт дегені жанына батып кетті.

 

–Қатынмын ба, берейін қалуыңды,

Бет қып, кәні, күститіп танауыңды!

Тиылмасаң, тығамын борбайыңнан,

Жұлып алып аузыңа анауыңды!...

 

Ә, әкеңнің... , неден мен тайынайын,

Талысыңды талқан қып айырайын!

Жақ пен басты айырар сен емессің,

Мойыныңды сілімтік, қайырайын!...

 

Аяқасты ақ шаңға малшынып нұр,

Қамшы көкке бұзау тіс шаншылып тұр.

Қашан тиіп үлгірді,

Көргені елдің,

Шекесінен Шағырдың қан шығып тұр.

 

Сол-ақ екен сатырлап аттанды ұлыс,

Қызыл шеке әп-сәтте басталды ұрыс.

– Аттан!

– Аттан!

– Аруақ, Он екі Абақ!

(Баяғыдан  жалғасқан жаттанды «ұлы іс»!).

 

Ойран топыр от басты етек жақты,

Қатын-қалаш ойбайлап, бәйек қақты.

Ауашалау отырған Шудабай би,

Жұмабайға шабарман иек қақты.

 

Кезі еді бұл төбелес, шылық қызған:

– Қара таппай ұрынар, шырық бұзған,

Жөнін білші, қайсысы,

Белдескенде,

Білектерін көрсетсін шынықтырған?...

 

– Жығылып қап тауаны шағылғандар,

Жілік ұстап, жінігіп, шабынғандар,

Жарылғаптың айтақшыл жігіттері,

Қызыл қасқа ортада Шағыр да бар.

 

Атағы мен айбыны асқан қырдан,

Жетімі мен жесірін шаттандырған.

Тіл, жағына сүйенген қарасын Би,

Айдынымен адам ед жасқандырған.

 

Күміс күптеп мойнына таққан тұмар,

Шудабайдың мінгені шаңқан шұбар.

– Аял қылып, артымнан ер шуламай,

Қайсының бар, бітімшіл, іске құмар!–

 

Кірді ұрысқа дей салып бөгесіннен,

Тау төнгендей топырдың төбесінен.

Шашқандай-ақ жалынды отқа суды,

Сөгілді ұрыс, сетінеп көбесінен...

 

– Келсін,– деді, шүйіліп,– екі тентек,

Болмай тұрған шағында ертеңге ертек.

Айырбастап баспа-бас қанды қызға,

Әперейін, есерді екшеп-теңшеп!

 

Шұп-шұбар төс, шоң шонжар, шұбар балақ,

Көрмегендер көз алмай тұрар қарап.

Шудабайдың шамырқап бұ сөзіне,

Төсте жатқан көлденең көсіп аяқ,

 

Шамданды бай, шырт етпе Жарылғап дүр,

Намыс үшін бұ байқұс, барын сап жүр.

«Жарайсыңдап Шағырды құптап қойып,

Үрер болсаң,–  дейді іштен,– кәрің сап үр!».

 

Ақыл толса жасы не, кәрісі не,

Шудабай би тынысты әр ісіне.

Жарылғап бай дөңгелеп жамбастайды,

Симай, түтеп, қара сұр терісіне:

 

– Жыртсын!– десем Нұртаза, намысыңды,

Тасытайын дегенім табысыңды!

Бойдан басқа түгі жоқ боқ қарынды,

Күрестірдің Ителі сағы сынды.

 

– Елдің есі тұрады бірлігіңде,

Айдап салып отырсың кімді-кімге?

Ызың-шусыз бір тойды өткізбедік,

Мән бола ма, бес күндік тірлігінде?

 

– Намыс қайда, құдай-ау, жанымай ма,

Ұран шықса қайнайтын қаны қайда?!

Әлде оқыған, Нұртаза,

Молда болып,

Жат-жақынын, тамырын танымай ма?!

 

Артық одан екі жеп шоқығаным,

Осы болса жетістік оқығаның.

Жырта алмаса жыртысын туғанының,

Бүйткен білім, құрысын тоқығаның!

 

– Әй, Жарылғап, аялда, ақылың бар,

Зауқы бар ма?– деді Би,– шақырыңдар.

Ірге жақтан деп қалды жатып атдар:

– Арқандаулы көнбесең атыңды ұрлар.

 

...Ойқастап ой, шапқылап ойға, қырға,

Бек бұзылды мамыра маза мына.

Аты мәлім, мағұлым Мақан молла,

Алтай, Қобда арасы қазағына.

 

Молда – бәлгер, молда – ұстаз тіршілікте,

Дем салады дерттіге үшкіріп те.

Болады деп дәтіне ол да шипа,

Иланатын қазақ қой түшкірікке.

 

Айтылған бір жұпарлы сәресіде,

Шудабайдың бір бата әлі есінде.

Нұртазаның ыразы қаламына,

Берген бата ықылас, кәдесіне.

 

Тірелгендей өмірдің өткеліне,

Кім қуанар уақыт өткеніне.

Сырт айналып, жотасын беріп отыр,

«Мақан молла не дейді, өкпелі ме?».

 

Сонау жылдар Шудабай өртеңге сап,

Елге қорған, болатын ертең жасақ.

Оқытқанды ауылдың бар балсын,

Қос үй тігіп, қыстауда мектеп жасап.

 

Төккен тері еліне құрметтетті,

Қылған еңбек желге ұшып құр кетпепті.

Бір неше жыл ішінде сексен бала,

Қара танып, таусыпты бұл мектепті.

 

Мақан – ұстаз, шоң молла, қақпан ірі,

Талай шәкірт алдынан хат таныды.

Шудабайдың сол Мақан сырласы еді,

Жерде қалып көрмеген қатқан үні.

 

– Жөн сілтегей, түзуге, керек бүгін.

Нұртазаның аңғарып зеректігін.

Хақ жолына зиынын арнамаққа,

Келісіп ек, бір имам керектігін.

 

Дегенінде Шудабай:– Қалағаным,

тыныштық қой, сертім, серт, қара қамын.

Мақан айтты:

– Тартылар таразыда,

бірін-бірі қоймаса талағанын.

 

Ашады есік адалға ұжымақтан,

Құмар қуған құриды гүлді бақтан.

Жанға кешкен көп сауап күнәкәрін,

Басталады барлығы ынтымақтан.

 

Қара орманнан өседі шынар биік,

Көп ішінде болады тұмар киік.

Емес әсте ол тарпаң талыс керген,

Шын білімді ортадан тұрар биік.

 

Көк теңізден өтетін жүзгізбейтін,

Дарын да сый, ғайыптан біз білмейтін.

Біреу жүрер арада, көптен бөтен,

Бейқоғамды іліммен тізгіндейтін.

 

– Жер былғанды,– деді Би,– басқан жаман,

Абұйырсыз аранын ашқан заман.

Ел қартайды арбаға есек жегіп,

Қары уықтың қайысып қашқан заман.

 

Ескермесе дертке дерт жамалады,

Күрес жолы –

күрделі, амал алды.

Қолсыз, жолсыз, ғылымсыз Соқа батыл,

Құтыла ма құрықтан?

Қамалады.

 

Күресу тек ұстасып, белдесу ме?

Күрес – ауған жүгіңді теңдесу де.

Қаймақсыз су – құр жаттау құран сөзін,

Жарамаса жиылып, елдесуге.

 

Болмаған соң береке, тақта ханың,

Кебежеңнен кетеді сақтағаның.

Билік беру түп тегі белгісізге,

Қасқа айғырды қаңтарып, ақтағаның.

 

Бір мезгілдік баянсыз білектегі,

Ақылсыз күш ол да жұт, түнек тегі.

Арлы жанға құс қонып, құт байланар,

Саф ниетке саналы жүректегі.

 

Қалыптасқан қазақы әдеті ме,

– Аға,– деді Нұртаза әкесіне,–

Бұрқылдайды бықсыған күлі екешім,

Ат қойғанның айдарлап әтешіне.

 

Мақан ұстаз, не шара, кешіріңіз,

Біздің ұнар сізге де шешіміміз.

Егес те бір ібіліс ірге бөлер,

Жерде қалмас, аяқсыз кесіміңіз.

 

Запыранын құстырған өтті үріп,

Көрген қазақ жығылып, көп сүрініп.

– Бұқты дейді, жөн, бала, күрескенің.

Жарылғап бай шалқайды жөткірініп.

 

Алшы түсті асығы қуанышты,

Қозғап қойды, қоразсып жуан ішті.

Бөліседі жықса бұл сауғаны да,

Жатысында жан жоқтай бұдан күшті.

 

Жатпас ешкім сауғада саудаласып,

«Біздің жақтап» жетеді қаумаласып.

Ат үстінен салт еді тарататын,

Бәйгелерді алысар сауғаласып.

 

Әммесі мен жәммесі әне келіп,

Нұртазаға тұрғаны мәйегі еріп.

Бәрінің де сауғадан дәмесі бар,

Келсе тұлпар бәйгеден мәре керіп.

 

Бір жетектен шеткері Мақан қалмас,

Моллалығы қос ұпай, атан жанбас.

«Алтын көрсе періште жолдан тайған»,

Мұны сезіп тіл тістеп, мұқалды алмас.

 

Уақытпен жарысар күрес – ағыс.

Хан талапай басталар үлес алыс.

Жығылғанға жымиып, жыққанына,

Бола қалар тілеуқор жүре таныс.

 

Бір бай жүрер кеуделеп, кердең басып,

Бәсім басым түсті деп қарынын қасып.

Мына тойда жер қылып ұтқанына,

Бақталасын иықтап, келген тасып.

 

Сегіз қырлы, бір сырлы алуандық,

Үлкен өнер – күш сынау, балуандық.

Қай қазақтың бойынан табылмайды,

Қатар жүрер қасында қалу аңдып.

 

Бәйге де емес, тоғыздан алатұғын,

Әр бір іште бір мүйіз жаратұғын.

Осы жерде тұқыртып қалсам дейтін,

Бақталастық  бір пәле қара құйын.

 

Қайта гүлдеп көңілдің хошы арылған,

Нұртазаға жақындап ошарылған.

Әулекілер тым-тырс тына қапты,

Бірдің бетін әлгінде жоса қылған.

 

Қылған еңбек ынтасыз қарық қылмас,

Сүйген ісі адамды жалықтырмас.

Нұртаза айтты: – «Ит жүрмес иен түздей,

қыршаңқының қасында халық тұрмас».

 

Машыққанның бір іске қайласы мол,

Дағдылы істің өнімі, пайдасы зор.

Ауылдастан аты озып алшаңдаған,

Асыра алмас халықтан айласын ол.

 

Шеке жардың, не таптың төбелестің,

Күйін кештің көр соқыр көбелектің.

«Даңғыраған көп кеуде өкінішті,

Шетінен зор, қарамайд төменге ешкім».

 

– Жөн сөз, тура!

– Өнерлі ұтар жайлап!...

– Шық Нұртаза!  Ұрандап... Бұқарбайлап!

– Күресіп көр, қайтарма ел тілегін,...

– Қаламыз ба, қарағым, жерге қарап!...

 

Көк тырналар қиқулап қырдан ұшты,

– «Пай-пай тағы жанисың құр намысты!».

Бас қосу да тойыңда басыңа сын,

Қойсақ нетті, осы бір қызғанышты.

 

Жә, тоқтаңдар, жарайды, (өтім істі),

Күлімсіреп қабылдап өтінішті:

– Ағайынға әйтеуір өкпе ылайық,

Кететіні асқынып өкінішті.

Орда бұзар жастағы жүрісі нән:

– Ақырғы алыс,– деді ол,– шыны  – шыдам.

Тойың, елім, торқалы тарқамасын,

Менің жолым: Хақ жолы – Дін-ислам.

 

Құсалы аңдар, қамақта қайырылған,

Арманынан мәңгілік айырылған.

Адасады адам да бағытынан,

Бағдарынан жаңылса, қайырынан.

 

Мақан молла сөйледі:

–Кіл күйреуік,

Көптің түрі,

Жай бұлты күркіреуік.

Үлкен өнер, қайыру қашағанды,

Үркітпей-ақ топ қазды дүркіреуік.

 

Бөлекшелеу жаратқан елден нарқын,

Бұл ұстазы,

ақылы –

белден алтын.

Сонда айтты Нұртаза:

– Құдай сөзі –

Бар уәде, ұстазға берген антым.

 

Дуілдеді дауыстар үһ деді де:

– Тартпағырдың тартуы-ай түп-тегіне...

Әнжер-мінжер осылай күңкілдеген:

– Ұмтылғалы тұр, қарашы, «тпұт» деді ме.

 

– Е, бекерге қамшыңды иіресің,

Тезге түссе түзелер иір есің.

– Ішің күйіп бара ма, айтшы өзіне,

Тәубаңа кеп өзің де иілесің.

 

– Парқың жетпей не қадар осығанда,

Тектіліктің жұпарлы қошы қанда.

Ол айналып кетеді әулиеге,

Күркіретіп  құранды оқығанда.

 

Құйма құлақ бала ғой төбеде өскен,

Түңіліп ед түстегі төбелестен.

Медет алып сейілті ел ылаңын,

Көкейдегі көрікті төбел естен.

 

– Ұмтыл, жетер, қарағым, жағым талды! –

Шудабай би сөз тиып шамырқанды.

Жарылғап бай керіле сылап мұртын,

Қақты шапан шалғайын, шабын, шаңды...

 

Көзден атқан ортада шарпысып нұр.

Айғырлардай екі еркек тарпысып тұр.

Бір-біріне оқталып, керіп кеуде,

Екі рулы ел, екі тап тартысып тұр.

 

Шайқасқандай күйекте кіл бұғылар,

Сатыр-сұтыр, түр жүдә тілді ұғынар.

Бір-бірін жұрт толқыған жатыр сүйеп,

Кім жығады, бәймәлім, кім жығылар?

 

– И, бор кемік, түк жоқ қой бойдан басқа,

Адам айла жасарда ойланбас па?!

– О, байқұс-ай, ырсылдап қорқылдауын...

– Не көріпті бұ сорлы қойдан басқа?!

 

Намыс симай тасиды арнасына,

Көтерілді аяқтан шаң басына.

– Әй, қырқай шал, қағып қал тірсегінен,

Үйіріп соқ, сал асау жамбасыңа!

 

Екі арыс алысты, жығыспады,

Сүт пісірім уақыт ығыстады.

– Ей, Нұртаза, бәлсінбей күрес!– деді,

Жарылғаптың жатпады, жыны ұстады.

 

Айла қылып Нұртаза арылы-берлі,

Баурап алды өзіне барлық елді.

Қарық болды, бір жасап, көпшілік те,

– Ай-һүй,– десіп, гуілдеп жарлы, шерлі.

 

Артық етсіз Нұртаза тығыршықтай,

Ұстағанын үйірер тік ұршықтай.

Тарпа бас сап қысқанда қарсыластың,

Сүйектері сықырлар ыңыршақтай.

 

Кеуделеп кеп итеріп, қырқай шалып,

Қырынынан, бүйірлеп жамбасқа алып.

Талай жойпан жайынды жалманынан,

Түсіретін қылтадан іштей қағып.

 

Қоян қолтық айқасып ұстасқанда,

Қара жердің құйқасы ұшты аспанға.

Балуанның болмайды етінде май,

Болбыр бұлшын, жұп-жұмсақ құстастан да.

 

Жауырыны, тізесі жерге тимес,

Алтын басын маңдайлы ешкімге имес.

Жараған жас қаңтарда буыршындай,

Тұп-тұнық тер тамады түймеш-түймеш.

 

 «Біздің тілеу,– деді іштей,– бауырласым,

Алсын бәйге алашым, ауылдасым».

Анау мардым, кейкиіп, керді кеуде,

Солақ екен гу-гу өрт дауылдасын.

Жарылғап бай: «Қап,– деді, қайрап тісін,

Нұртазаның қылығы қайнатты ішін.

«Ымыралас екен, ә, ым-жымы бір,

Таңдаушы еді қу тірлік қайраттысын».

 

– Менсінбеді...

– Жол берді...  пай-пай лақап...

Біреу жатыр күрес деп айқайға сап...

– Әуіп!... Әне, айттым ғой, алып ұрды...

Ал, ителі, шүйінші, қайқая шап!

 

Айқай шықты, аруақ, қабыл айлап,

«Бұқарбайлап», ұрандап «Абылайлап»!

Тағы бір той, бақ келді атқарады,

Тілеу тілеп, жиылып ауыл-аймақ.

 

Қазақ осы бағзыдан баяны ән,

Той тойлауда аузынан май ағызған.

Той жасайды сүрі мен көтен асып,

Төл басын да ырымдап баяғыдан.

 

Желпілдетіп отаудың түңілігін,

Көкке атады көбең де түкірігін.

Ай да толқып аспаннан тыңдап тұрар,

Әнмен, күймен оқыған түн ілімін.

 

Ұран

 

Ақ бұлақтай ойнаған қарғып аққан,

Қарғып түсті бір үміт арғымақтан.

Бақ шаппаса қу намыс, алар бағы,

Еңіретіп ерлерді зар жылатқан.

 

Ат дегенде жүректер дүк-дүк, дүк-дүк,

Айдалған ат айналар жерден күндік...

Жік болмайды қыл өтер арасында,

Бәйге – ғұмыр жарысқан,

Бәйге – тірлік.

 

– Ат қайтты... еһ-ей!...

Тарғыл шың,

Қабыр – бақ та,

Тау жаңғырды, жаңғырды арғы жақта.

Құлап жатыр тайғанап талай мықты, 

Мінемін деп асығып, қарғып атқа.

 

Кәрісі де ұмтылды, жасы қалмай,

Сорғалаған көздердің жасы қандай.

Қопарылды бір демде отырған жұрт,

Сүт қазаннан бұрқырап тасығандай.

 

Бет-бетіне далбақтап, қиын да атып,

Біреулер жүр шапқылап, құйындатып.

Ат тұяғы құйқаны қиып, асап,

Қалмайтындай даланың қырында түк.

 

Желігеді ол дағы сөзге еріп жел,

Бара жатыр жол үсті, өзгеріп жер.

Ат қайтар тұс жеткізбес жердің түбі –

Көмбе, әнееу төбеде, көз көрім жер.

 

Қанша қайғы басса да қабағын мұң,

Аты келсе алдымен қазағымның:

Ақыл-естен адасып, жасын төгіп,

Кәрін мұтып кетеді аза күннің.

 

Ат келеді, қасына қырау қатып,

Біреуге сор, шаңынан мұң аулатып.

Біреуге бақ-бақытын ап келеді,

Аруағын атаның мың аунатып.

 

Ат келеді, құйғытып, ат келеді,

Біреуге сор, біреуге бақ келеді.

Бақ та бір түс жалтылдақ алақанға,

Түсерінде жарқ етіп, жалт береді.

 

Тырмысқан жұрт, өрмелеп өлі шыңға.

– Кімнің аты көрінген көз ұшында?

– Боз ба?..

– Ақ па?..

– Шіркін-ай, баран ба екен?

– Мынауыңның нақташы, сөзі шын ба?!

 

– Ол оттайды.

– Не дейді-ау?!

– Не деп тұрсың?

– Сен ғой көйтіп, кербаққан сөзің құрсын!

– Мұның көті қашаннан зор емес пе.

– Мені емес, тап сол сөз өзіңді ұрсын!

 

– Мә, ендеше зорыңды... көрсетейін!...

Өз көтіңді өзіңе көсетейін.

Осып өтті құлаштай жоталатып,–

Жан екенсің жанжалға өте бейім!

 

– Алда, ойбай, өлтірді! Ол құлады...

Құлап жатып жер бетін орғылады.

Қара нардай осы сәт Шудабайдың,

Шыңылдады оң емес, сол құлағы.

 

...Ұлы дүбір:

Теңселген

Жер де,

Көк те,

Кеткен сынды жеңілдеп жел боп өкпе.

Қызыл өмір бір түлкі бұлаңдаған,

Жеңген жаққа бұлт етер жекпе-жекте.

 

Айлакердің ісінің бұлаңы бар,

Әрбір жолдың өзіндік бұраңы бар.

Айғай шықса арқалы Қазақ тұрмас,

«Алаш!» дейтін алапат Ұраны бар!

 

Сол ұранға ішіңіз тұрар  жылып.

Селт етіп жау, сескеніп, тыныс тынып.

Ұранынан ел егер айырылса,

Қуаты да бойдағы тынар құрып.

 

Ар жұтаған, малы мол дінсіз жерде,

Маймыл милы көгерген ділсіз зерде.

Діні жоқтың көкейде дымы да жоқ,

Адамзаттың жаманы тілсіз пенде.

 

Жегі жүрер мүңкіген нілсіз демде,

Күлме күйіп, іш құса күрсінгенге.

Жетектеп ап санаңды жөнелетін,

Жын деген бір жымысқы ділсіз жеңге.

 

Ұран шықса:

Қазақтың есіп тегі,

Баласыда бұлқынып бесіктегі.

Күңіреніп, күркіреп көн тулағы,

Көтерілер күлі екеш есіктегі.

 

Ұран салса, арыңды қорғайтұғын,

Жанболмайды арқасы қозбайтұғын.

Ұран ұлттың айбары –

Ұран – қуат,

Қайдағыңды бойдағы қозғайтұғын.

 

Қазақ үшін ой да арман, той да – мұрат,

Бойда қуат болғанда ой да туат!

Ұран тастап, шақырып, ұран салып,

Ұрандаса жанады бойда қуат!

 

Ұрандаған ерлерім Елі үшін!

Ұран салған батырлар Жерің үшін!

Сонда ғана жасқанып, бойға сарқып,

Тұрса керек оқталған жезі күшін!...

 

Ат келеді шұбаған, ирек-ирек,

Аспан астын барады ұран билеп.

Бұлыт басты, көк тасты жердің бетін,

Арғымақтар тұяғы балшықша илеп.

 

Діні – Тәңір сыйынған,

Пірі – аруақ,

Он екі ата мұндағы Керей Абақ.

Басы Ителі,

Атаның –

Жасы Cарбас,

Абақ Ана болыпты бір Ару Ақ.

 

Тасына да тағдырлы әлі көксеп,

Тасыған ел тастаған дәні көктеп.

Жер төсінде түрленген жасыл ала,

Кетті Керей түгелдей «Жәнібектеп!».

 

Қара желін тағдырдың жарып өкпек,

«Алар кегім дұшпаннан әлі көп»,– деп.

Өңнен өрген көк шулан қалың күшік,

Келе жатыр ұрандап, «Жәнібектеп!»

 

Бойы жылып, дөңгелеп табанда аймақ,

Аппақ шытын шекеге таман байлап.

Хатқа жүйрік қадымнан, қонған қалам,

Ұлы келед найманның «Қабанбайлап!».

 

Келген жауы кеуделеп, жұтынатын,

Иіріміне Іленің жұтылатын!

Албан бала ұраны: «Райымбек!»,

Алдағы аттың түрі жоқ құтылатын.

 

Әуелетіп әуенін байқайды әр тап,

Айқай-шуды тербейді, алқайды алқап.

Аты озу қазақта асқан бақыт,

Өтті бір ұл өрлете «Байтайлақтап!».

 

Бұ ұраннан айықпас аспан айлап,

Тікесінен тік тұрды жатқан аймақ.

Ұшқан құстай құлдырап, зымырайды,

Қара қасқа қанатты «Қаптағайлап!».

 

Жетіп дәті табылар сынар көпті,

Жапқандай бір қиқулап ұлар бетті.

«Бұқарбайлап!» боздаған озды торы,

«Шақабайлап!» шырқаған шұбар жетті.

 

Ой мен қырды ойпырмай, ода керген,

Есіменен ер жігіт озады ерден.

Ту көтермей тұра ма шұбарайғыр,

Шықса дауыс шарықтап, «Қожаберген!».

 

Ат көзінен иіліп тамшы жасты,

Іліп алған көріп пе ең мұндай жасты?

Қара бала, әнеки, «Шақантайлап!».

Қан жиренге қайқая қамшы басты.

 

Бүйірінде Қаратау – абайлы адам,

Анау жартас секілді қалайланған.

Кер құламен сыдыртып қара жалды,

Көн садақтың ұлы ғой «Жабайлаған!».

 

Қонар жерін ұшады жобалай бақ,

Әне қалды әдемі қоғалы айлақ.

Жастабанның жеткіншек жетелісі,

Желдей ұшты, желкілдеп, «Жобалайлап!».

 

Астындағы шаңқан боз сылаңдаған,

Күндік жерден көрінсе қылаңдаған.

Шимойынның қаршадай шабандозы,

«Әлмембеттеп!» шырқырап, ұрандаған!

 

Табиғатқа тіл бітіп, күбір-күбір,

Тамырынан жар болса көктер түбір.

Жәдік біткен дүркіреп, қанаттанды,

«Жанаттаған!» жанасып жетті дүбір!

 

Атың келіп бәйгеден, ұл – саңылақ,

Айғай, шудан ашылса тұмса құлақ.

Одан артық бақ бар ма тірлігіңде,

Меркіт кетті, мінеки, «Құлсарылап!».

 

Шалқып дала, шаттанып жасанды алаң,

Ұлышуға масайрап, масаңдаған.

Қара көкті құйғытып бара жатыр,

Молқы біткен толқиды «Машандаған!».

 

Арындаса арғымақ қайғыны аттап,

Аяр шығар алдынан ай құлақтап.

Төртуылдың бір ұлы көк тұйғындай,

Кер құлатпен келеді «Баймұраттап».

 

Салған қынға сәнімен оймақтатып,

Сары мойнақ, сар желіс салды ойлатып.

«Сартоқайлап!» сатырлап шапты сарбас,

Солқылдатып ұраны сазды ойнатып.

 

Өспес елдің туады ұлы аласа,

Көңіл ауған қобықтық құлаға аса.

Қан торысы қаншырдай торғауыттың,

Қуған жетпес оқыста құламаса.

 

Тапсыратын сейілтер тұманыңды:

«Тастама,– деп анасы,– тұмарыңды»,

Жолбарыстай созылып, бүктетілген,

Бір қарагер қусырды тым алымды.

 

Үстіндегі шабандоз қасқыр – қарақ,

Ат артынан ұшады тас – құмалақ.

Кер төбелдің сенімді шамасына,

Жетіп келе, жанаса бастырмалап:

 

– Әй, Бөлтірік, түстім-ау тірі сынға,

Күрмеліп тұр, тіреліп тіл ұшында.

Мұтып қалдым шақырар ұранымды?...

–  Маған есе үзілсін тынысыңда!

 

Тірелген тұс, ой пәлі, бай-байға кек.

– Айтып па еді, иесі айғайла деп?!

Үміткер ұл бәйгеден изеді бас,

Ұмтылады шын жүйрік айғайға бек.

 

Құнанында озғаның, тайда озғаның,

Келер екен жарқырап қай боздағың?

Қос құрбының көздері түйілісті:

– Кімнің аты, андағың?!

– Байзолданың!

 

– Ондай болса оттай бер, «Байзолдалап!».

(Қаршадай ұл, қызғаныш қандай жәлап?!)

– Мықты болсаң жетіп көр!– қысты тақым,

Кер төбелден ұшқан шаң қардай борап.

 

Сәл босатты тізгінді мықтыны көр,

Ор қояндай ойнақтап, ытқыды кер.

Саумалындай сырылдап сары күздің,

Сапырғандай ауаны ыстығы жел.

 

Жазираны жапты ұран, жауған аспан,

Шыққан ойдан, тұс-тұстан, таудан, тастан.

Жініккен жұрт шапқылап әрлі-берлі,

Ақыл-есі бәрінің ауған бастан.

 

Көз ұшында сағымнан құрап өрген,

Құйын тұрды әуелі құла белден.

«Озар ма екем, о құдай, бағым жанып,

Ошарылған ормандай мына елден?!».

 

Деген үміт бәрінде қайнап жатыр,

Әр түбектің түбінде қайрақ жатыр.

Біреу жатыр біреуге шағымданып,

Біреу оны желкелеп, шайнап жатыр...

 

Бірде баран, бірде боз қараны арбап,

Ат келеді алыстан аламандап.

Хас көкейді қанжардай тұрған түйреп,

Қонарма екен басына қалаған бақ?...

 

Екі ат шықты қара үзіп,

Бозбалада

Басым күдік, бая жоқ: «Боз қала ма?!».

Егес – ездік, егейлер ерлігі ізгі,

Небір боздақ өткенді боз далада.

 

Садақ сынды тұлпарлар қазыналы,

Бүктетіліп, иіліп, жазылады.

Табылады іші тар қызғаншақтар,

«Озғаныңа ор,– дейтіндер,– қазылады».

 

Оңай емес қайыру құрақ елді.

Оңай бірақ жылату жұмақ елді.

Хас жүйрікті қаласың қалай қорғап,

Мына елден құлатқан құлагерді?

 

Аңыратып, боздатып, құба белді,

Қызғаныштың көрігі қыза берді.

Бас имеген ноқтаға талай боздақ,

Қазған орға қайырсыз құлап өлді.

 

– Озған қайсы, боз ат па?

– Жанды бағы,

Жарылғаптың ала аяқ арғымағы.

– Тарлан келді, тарлан,– деп гуледі көп,–

Сол емес пе даяшы аңдығаны.

 

Тор құрған кім, тойында адастырып,

Ермен ерді бір жемге таластырып.

Біреу жатыр құнжыңдап, бақсысына,

Құмалақ сап, жалынып, бал аштырып.

 

– Даяшы кім, ұстаған?

– Жарымжаны,

Көпе көрнеу жағынан жаңылғаны.

Майын мінген бір аттың сол боқ қарын,

Шудабайға жағымсып, жағынғаны.

 

Күз көшіріп жайлауға желді қырау,

Құз басына қапыда енді қылау.

– Балуанның бағана шырқын бұзды,

Аттың дауы – аламан, енді мынау.

 

Қарқылдаған, үриттеп, қарға қаптас!

Қолтығына бүрікпей су қарап жатпас.

– Қайткені бұ, басыну, әзір жүгін!

– Бар. Көріңдер, көсемін, қарға тартпас!

 

Қыл айналмас ішіне қалың үркек,

Бір-бірінің істіктеп, шабын түртет.

Қосарға алып көк ауыз көк төбетін,

Шапты биге шамырқап шағын бір топ.

 

Басқа қайғы – бірліктен безу неден?

«Боз озды», – деп, борбайлап, езулеген.

Ереуілші етікші кері Құспан,

Екі арадан ол бір сұм жем іздеген.

 

Ала ұмтылар жұдырық – басы желік,

Жуан қардың қар-мұзы жатыр еріп.

Ол да пенде, жарықтық, қуанғанды,

Жарылғап бай бәйгеден аты келіп.

 

Қызған темір –

Қызғаныш қызған қаны,

Оттан шыға басылар – қызарғаны.

Қызыл үміт үкілі байға тиіп,

Басылар да ашылар қыз арманы.

 

Надан билер нәпақа, шатақ қуып,

Сын айтылса ширығып, шашар суық.

– Сөйле, Құспан,– деді Би,– маман емен,

Таңданатын мұндайға мадақ буып.

 

Аузын жапса жаманның қолы төнер,

Құспан айтты:

– Ала аяқ торы төбел.

– Тап соны айтқан, айтып бар, алжасыпты,

Соны неге білмейді соры көп ел!

 

Кімнің тойы, әй, Құспан?!

– Той Сіздікі...

– «Жараспайды басында ойсызға үкі».

Ұят қайда, ар қайда, теңдік қайда?!

Мен-мен, мен-мен дей беру ойсыздікі.

 

Жан жыласа жалынар жалбызға да,

Дерт ішінде жаманы жаңғыз жара.

Бұзылмайтын ақиқат бұйрықты іс көп,

Дау болар ма озғанда жалғыз қара.

 

Өзіміздің жылқы ғой торы төбел,

Бозға берсін бәйгені оны сөгер!

Шулап кетті, дүркіреп қостай дені,

Тап күткендей банадан соны көп ел.

 

Тамылжиды тыныстап, тынады аймақ,

Бола алмайды тыртыққа тырнақ айғақ.

Қызыл танау тойшылар сауғаласып,

Тарап жатыр тау-тауға тырағайлап.

 

Сай-салаға сіңеді, қатты өсектеп,

Андыз-андыз көрініп, ат жетектеп.

Айдаһар кеп жемей ме, ай далада,

Ойламайды аю да ап кетет деп.

 

Қашан бұлар топтанар есіл іздеп,

Бас біріксе, жүргені кесір індет?!

Алдың күмән, артыңа ой жіберсең,

Тайғақ кешу, тар жолда жесір із көп.

 

 

Айтыс-тартыс

 

Жеп жүргені жұрт қамын атын жайды,

Ел ішінде кім қайғы, ақын қайғы.

Ауыл түгіл аңырақ жел біледі,                         

Ақын бала атанған Ақылбайды.

 

Жатса-тұрса жүргені өлеңдетіп,

Шөңгені де, шөпті де елеңдетіп.

«Жарый ма,– деп кейде ұрсар қайран шеше,–

Жатқа оқыған қисамен көбең-кетік».

 

Қара торы Ақылбай қатал ақын,

«Әділ сөзді» деп те ол аталатын.

Қарияға, ақсақал қартқа дана,

Тақпақ айтып зулатып, бата алатын.

 

Үкі сәнді үлпілдек ұлпасымен,

Сөз тартымды сөйленген ұйқасымен.

Құлақ берсе Ақылбай үлкендер жақ,

«Беріңізші,– дейтінді құйқасымен».

 

Жарасатын өзіне мырза қылық,

Жаратылған өзгеше жырға құлық.

Алдыменен алады асату дән,

Үлкендердің көңілін ырза қылып.

 

Әжесінің әндетіп иіретін.

Ұршығынан көз алмай сүйінетін.

Көне сарын естілсе күбілерден,

Кәдімгідей күрсініп, күйінетін.

 

Кейде ертемен ұйқыдан оянады,

Айқай салса басылар ой алаңы.

Түз ұлы ғой кей кезде қасқырша ұлып,

Таң нұрынан шуақты ой алады.

 

Тамашалап тұлғасын, ұтқан жасақ,

Талай сурет салғанды бұлттан қашақ.

Тауға құмар баласы тау еркесі,

Қайыңнан ер, әкеден ұққан қашап.

 

Өтсін апта өнермен күні мейлі,

Өнсе өнім ұста әке күлімдейді.

Оттан өріп Ақылбай өлең жолын,

Көрік баса отырып күбірлейді.

 

Қызыл отта қайнаса темір балқып,

Қаймақ алған әжедей сүттен қалқып,

– Иі қанған іс қана иіледі,

Ұста,– дейді ұлына әке шалқып.

 

Тамшылап тер тұп-тұнық қуланады,

Қара қайыс ажары буланады.

– Оралыңның барында ер қамшылап,

Таба алмассың мен кетсем бұлдап әлі.

 

Ұстасы бар әр ненің жүгінетін,

Өте нәзік жібі бар үзілетін.

Тастың екеш жұп-жұмсақ құстасы бар,

Үйкегенде жұқарып, мүжілетін.

 

Білген жанды өз әлін «ұста» дейді,

Болмасаң да сондықтан ұқса дейді.

Әр бір әке өз ұлым жүзімдегі,

Әжімдердің  тылсымын ұқса дейді.

 

Он саусағы ұстаның тегіс жорға,

Тердің нәрі түсірмес теріс жолға.

Өмір деген өр, еңіс өткелекті,

Тер шығармай түспейді жеңіс қолға.

 

Аққанда тер жібиді қалған күйіп,

Алпыс екі, алты сай, тамыр иіп.

Қызыл оттың ал қызыл таңдайынан,

Алаулайды ақ өлең темір сүйіп.

 

– Ұста деп тұр, аты екеш, жарығым, нан,

Уысыңды толтырып жалынынан.

Ұқпай қалсаң тер сіңген істің құнын,

Құр қаласың жалғанның жарығынан.

 

Жарық жұлдыз жаманға көрінбейді,

Құныққанның қызыл құрт көзін жейді.

Қанша кесіп жатсаң да кереметі,

Өзен суы еш қашан бөлінбейді.

 

Жасқанатын жадынан жасын, жайын,

Қайда ондай сары алтын, ақыл дайын.

Шудабайдың анада есіңде ме,

Айтқан сөзі сендерге, Ақылбайым?

 

«Мына тұрған жер емес көмбе деген,

Дін үйренсе Нұртаза жөн бе,– деген.

Саған айтты, Ақылбай, діріл үнің,

Ал ақындар қалмайды кенде деген.

 

Абай сөзі дегенді: «күнгейлі бек,

Жаман адам заманға күйлейді деп.

Ал заманы жаманды қабағына,

Қарамастан қамырша илейді деп».

 

Ұста болсаң, ісіңе, сүйінесің,

Ұстағанды ұршықтай иіресің.

Күстә болсаң егерде өз ісіңе,

Заманыңа мойын сал иінесің.

 

***

 

Бес күн, әттең, бес күндік дүние жалған,

Ақ балықтай күн мен түн аударылған.

Біреу озып тірлікте біреу қалып,

Жеткізбейтін қашаған алдау арман.

 

Бейім келер тірлікке тай, құсы да,

Серілікке шертиіп байғұсы да.

Қазағымның өмірі өлең-өрнек,

Өлең-өрнек қуаныш, қайғысы да.

 

Бас жарылса қалады бөрігінде,

Көп өнердің үні бар көрігінде.

Басқа пенде бар ма екен жер бетінде,

Өлеңменен жоқтайтын өлімін де.

 

Баратұғын бақытқа жолы қашық,

Мүсәпірге мүләйім қолы ашық.

Жүдеп келген шығатын жүректеніп,

Қайырымды қазағым қылған машық.

 

Арқаланған ат десе көмбіс елі,

Қиы теріс созылған көк ішегі.

Әнге ауған тыңдаушы миы түгел,

Иықтасып мінеки өбіседі.

 

Қосылмаса  шын жүйрік жаратылып,

Қан сорпасы шығады қара, тұрып.

Алтын аймақ, тайпа елдің қамын жейтін,

Ақындар да арғымақ дара тұнық.

 

...Ақшам кезі...қасына жақындар кім,

Басталмақшы айтысы ақындардың.

Бала-шаға, қыз-қырқын, алыс жақын,

Бәрі осында  жиылған жақындардың.

 

Ұста – Ақылбай, ал бірі – Тұрар ақын,

Тым алыстан тұзағын құрар ақын.

Өрге шауып, қайқайса төске өрлеген,

Тоғаныңды талқандап бұзар ақын.

 

Бірі – Боғда бетінің, бірі – Алтай,

Ақтаңгері, қоштай гөр, қолда құдай!

«Шайнасып қал, шарпысып, жұлысып ал,–

Шулайды жұрт,–болмайды күнде бұндай».

 

Ай күмістей айдарлы атақтары,

Бір басына жетеді шатақтары.

Ұмытылған әуелгі азан аты,

Ел еркесі қаралас жатақтары.

 

Айтыс – сайыс, айтыста өлең – қару,

Өлермендей ел ғашық өнерге ару.

Шыққан елге шыжғырған шөлден есі,

Айтыс – сусын, шерліге әрі дәру.

 

Түріп тастап іргені жатқан жандар,

Шыққан сөзді ауыздан баққан жандар.

Түнді түріп, түндікті ылақтырып,

Талай өстіп тыңдаумен атқан таңдар.

 

Алмау үшін абайсыз құрық басып,

Қарамайды бара ма қырықты асып.

Қарамайды кемпір ме, шал ма сарып,

Сөзді сілтеп, алады қылыштасып.

Даңғыраған даладай дара көмей,

Арасында болады бала-кеней.

Қарақылды қазыдай жарып айтар,

Нағыз ақын ханбысың, қара демей.

 

Дәргей жетпей айтуға жақынына,

Ашу-ыза жеткенде ақырына.

Запыранын сахара салты солай,

Ақтартады ақыртып ақынына.

 

Айтыс десе Тұрар ма қамалатын,

Қандауырдай шаншылып қан алатын.

Ақылбай да осал ма, онан өткен,

Мір оғындай мүлт кетпей қадалтын.

 

Алмас үшін әуелі жалықтырып,

Қалжыңдасты күлкіге қарық қылып.

Іліп қалса әредік абұйырды,

Ісіп-кеуіп кетеді халық тұрып.

 

– Ай, ақтаңгер, Ақылбай, сәйгүлігім,

Әр бір сөзің балындай май гүлінің.

Қисық қазған жарлаудан ақым дайын,

Келмес деме басқа бұл қайғылы күн.

 

Асырмай ма, алапат сең қайласын,

Алтай қайда, атажұрт, сен қайдасың?

Шүршіт берген төрт қырлы көк тасыңның,

Көріп тұр ма, тайпалы ел пайдасын?

 

Жыра салған мініссіз аттарың құр,

Жақын жерден базарың, заттарың пұл.

Жарға тіккен жападай қонысыңыз,

Соны ішіңіз сеземе ме шарттарың бұл?

 

– Не дейд, мына, пақырың?!

– Егер екен!

– Тыңдағайсың тағы да не дер екен?

– Бер шықпайды-ау, қу көсе, қужақ содыр,

Көрсететін көзіне не жер екен?!

 

Тұрар ақын дауысты елемеді,

Мына тобыр оларға не демеді.

Алып қашпа, кер ауыз, елірмесі,

Ішінде аз ба «е» десе, «ме» демегі.

 

Шудабай да жиған би бөтенді мол,

Жұртқа қарап, шүйліге көтерді қол.

Мықтымсыған әлгіде мүсін майып,

Шұқып жерді кекеніп, жөтелді ол.

 

 

Тұрар ақын сол мезет тап тұсынан,

Қағар сәтін меңзеді топшысынан.

Атадан сөз, ақ бата алған шынар,

Тайсалмады Топайдың топтысынан.

 

Тиген жері мерт қылар беттегенін,

Жатқан кетпен кетпесе кек дегенің.

Тілерсектен інісін отыр іліп,

Бетке басып елінің шеттегенін.

 

Ақылбай да аталық мол мұрасын,

Алды қолға қарагер домбырасын.

Сөйлеп кетті желдіртіп, тақымдай ма,

Келтіріп ап күйінің оң бұрасын:

 

– Алтай, Қобда ақыры Аратүрік,

Оң-солыңа құлақты қара түріп.

Берекеміз бермеген тізгін зорға,

Ыстық асты жөн болар ішкен үріп.

 

Ара қонсам, Бұлғынның бағасы нән,

Ат суарам кешкісін жағасынан.

Арамызда әзірге жоқ қой кезең,

Аттанамыз түстеніп сағасынан.

 

Керегемнің түсірмей көгіне кір,

Батыр болсаң еліңнің шебіне жүр.

Қатын болсаң артымнан сығаламай,

Айбарымнан жасқанып, шегіне жүр.

 

Жәнібектің жалғадым саламатын,

Орындадым Абылай аманатын.

Ақ қорғаннан бұл күнде кісінейді,

Арғымағым, ақ табан қазанатым.

 

Шекпенім бар, иықта шенім де бар,

Хүкіметке сүйенген сенім де бар.

Қарасаң көз бұл өлке тоймайтын жер,

Тарқамаған, Тұрар-ау, шерім де зар?

Тарлық етсе көңілің болады екен,

Көп жұлдызды сидырған көгің де тар.

 

Құрық шықпас қурайдан жонсаңыз да,

Ойғыр акаң қой демес қонсаңыз да.

Артым мұңғұл-қалқасы, алдым дүңген,

Айлы түнде шүршіттен қорқамыз ба?

 

Жұқтырмасын құдайым, желіге кір,

Ынсап берсін құрттардың тегіне кіл.

Жетсе Тұрар бұ сөзім зердеңізге,

Тартып тізгін, түс аттан, шегіне біл.

 

– Қақасы бар құлағым, болжағайсың...

– Бәрекелді! Бұ айтат!

– Ой, жарайсың!

– Осы иттің отпенен шатасы бар...

– Талай басты, Ақылжан, олжалайсың!

 

– Хан, төре деп ақының бөгелер ме,

Тұрар тілі дөп тиді төбелерге.

– Оныкі құр, әншейін, бопса екен,

Басқа шапшып не керек, сөгер елде.

 

– Шын жүйрікке арынды арқан құрад,

Мынау соған ұқсайды қалқаң құлақ.

– Ақылбай ма, Ақылбай, қара да көр,

Тоқтатпса ананы талқан қылат!

 

Сетінеген емжерсіз сабыр қалып,

Дуілдеп жұрт дегбірсіз дабыра ғып.

Сыбап білек, жорғалап, шайқап басын,

Тұрар кетті шыдамай шамырқанып:

 

– Жөн сөзіме жүгінбей жасқайсыңдар,

Нені біліп, не сезіп, қақсайсыңдар?

Астар сөзбен ұшығын шығардым мен,

Ашып айтсам аяқтан ақсайсыңдар.                                 

 

Күлбілтелеп күңкілдеп кемтігіңді,

Дауырықпай баса тұр ентігіңді.

Неге іздеп ел болып таппайсыңдар,

Күндескенше көмусіз жемтігіңді?!

 

Айналаны  ащы тіл аптап қылған.

– Жемтігі не, құдай-ау, оттап тұрған?!

– Жап де аузын, өзі бір даукөс екен,

Жейді таяқ тап менен құдай ұрған!

 

Дүрлікті жұрт шығады сөзден бүлік,

Дес бере ме тізгінге қызған күлік.

– Жемтік – Меден, өлімін меңзегені.

Қалғаны отыр шырықты бұзғанға үріп.

 

Күйіп тұрған жараның тұсын қасып,

Даукестердің делебе, мысын басып:

– Ақық сөзім,– деп қалды тағы Тұрар,

Жалаңашта деймісің тысыңды ашып...

 

– Көлден ұшса қаз-үйрек қаршыға ілед...

Тап берді бір қарасұр қамшы білеп.

– Бұндай қорлау бұрындар естіп пе еңдер?!

– Жарып мына пәлені, алшы іреп!

 

– Сөз сүйектен... көп екен күйе ағашы...

– Не деп отыр мынауың, Би ағасы!

– Жемтік деді әлгінде аяр неткен,

Айтыс деген дауы емес үй арасы!

 

Тірліктегі бұл емес анық кетік,

Ұзынына бұл жоқтың халық жетік.

Ел боп іздеп Меденді таба алмаған,

Тау өзені тасыған алып кетіп.

 

Сүйектен сөз өткенде ақын қайда,

Жынын жастап аялдап жасыл жайда.

Ащы терін маңдайдан жұлып тастап,

«Ай» деп ала жөнелді Ақылбай да:

 

– Нең бар еді, Тұрар-ау, аруақта,

Ер салғандай болдың-ау жауыр атқа.

Тірілердің аз емес кемістігі,

Сөйлегейсің жүйелі әр уақта.

 

Ала жіпті абайсыз аттағаның.

Ит терісін басына қаптағаның.

Адастың ба, таныттың тантық сөйлеп,

Босағадан бойыңның аспағанын...

 

Жарқыраған ай сүттей үйге сіңді,

Жанға жайлы тыныштық үйлесімді.

Ел де тынып төр жаққа жалтақтайды,

Бір жауабын берер деп би кесімді.

 

Құды құстай қомданған қанатты иіп:

– Сабыр! – деді, Шудабай қабақ түйіп.

Түсі нарау, әр сөзін ақындардың,

Таразылап отырған санат биік.

 

Көптен оғаш Жарылғап, тебітеді,

«Көз шығарып, бас жармақ не бітеді».

«Алып тұрған бәйгемді бермедің» деп,

Биді атып көзімен жеп-ішеді.

 

Әңгіменің күдікті шаңын қақты.

Аңқау Тұрар аузымен жалын қапты.

Көкейінде көңірсіп қалған көптің,

Демеп кетті желді сөз Жарылғапты.

 

Желді сөзді тектемей шыдай ма елі?

Шудабай би тұнжырап былай деді:

– Ақиқатын әр істің Алла білер,

Әуелі хақ бәріне құдай,– деді.

 

– Боз даланың сөйлесе боз бағаны,

Шындығыңа береді сол бағаны.

Жалын шықса ауыздан жан ауыртар,

Жатқан іште шеменнің қоздағаны.

Қай толқында қалдырды мінген қайық,

Ақиқатқа жетпеген бізден айып.

Жауыны мен шашыны мол келетін,

Көңіліміз көпсіген күзге лайық...

 

– Жапқан шығар ауызын нығарлап-ақ.

– Естімедік, далада, шығарда қап.

– Би ағамыз төтеден кесті берік,

Түсірмеді пәлен деп Тұрарға дақ.

 

– Ақылы алжып, апыр-ай, қурады ма?

Ту ұстатып Ертістің қу жағына.

«Осы бидің өзінің түбі шикі»,

Әйтпегенде тартар ед туғанына.

 

Шығар-шықпас Құспанның мүлдемге үні:

– Бар ма,– деді, қасқайып жүрген күні,–

Атын алып Шудабай Жарылғаптың,

Құлға берді ақың деп түнеу күні.

 

Біреу айтты: – Әй, Құспан, есің сау ма,

Килігесің көсемсіп несін дауға?

Біреу айтты:  – Жымысқы, осың да бір,

Су тұрмайтын ішіне тесік қауға.

 

Ашу, ыза бұрқырап күл бетінен,

Жарылғап бай гүр етті бір шетінен:

– Жұдырығын мынауың түйіп кепті,

Бер жазасын, жалақор, биге өтінем.

 

Тілдеп сонша неткені, «жемтік»,– дейді,

Тоғызыңды ырзамыз кем тік мейлі.

Ши жүгіртті шәншиіп арамызға,

Бостан-босқа бұ пәле ентікпейді.

 

Жырып жеген бойыңа қона ма асың,

Жолдан сөзін кескестеп тонағасын.

Шудабай би жарқ етіп, жалт қарады,

Тарттырғандай қиядан томағасын:

 

– Айтыс қой бұл, абайла, шырақтарым,

Айтекеш деп өздерің құлақтадың.

Ащынса ақын ішінде сөз қала ма,

Айтып салмай ақтарып шын астарын.

 

Жазғытұрым жалт етіп жас жалында,

Құбылатын құбылыс қас-қағымда.

Жарылғаптың жандайшап әлгі ұрты,

Биді бұрды бітімгер басқа ағынға.

 

Сарқылмас та, таусылмас өмір әні,

Тыншымай тұр талапкер көңілі әлі.

Тартты десті тыңдаушы Тұрар жаққа.

Шудабайдың байыпты сөзі ләмі.

 

Сатпаған би сары алтын, арын баққа,

Аяғына жығылып жалынбақ па?!

Азулы айғыр желкеден алар деген,

Аң-таң болып отырды Жарылғап та.

 

Қар түседі бұлт шалса тау басына,

Әділдігін қазының дауда сына.

Ауғандығын солына теңі бидің,

Анық болды ағайын, заузатына.

 

Түсі суық, тіксінсе тоңдыратын,

Жыли қалса жайлауға қондыратын.

Би тынысын тіл тістеп, баққан Тұрар,

Безілдетті бебеулеп домбырасын.

 

Бірде отырып, иіліп, бірде тұрып,

Басты Тұрар айқайға, сүлде құрып.

Құлақшынды қойынға тыға салып,

Жармасты жұрт жабыққа, ірге түріп:

 

– Ай, жарандар, әділ би, не сөйлейді?

Егесті ел еш қашан есеймейді.

Уәжін  шешкен қараның ханға бармай,

Мұндай жанды халықта көсем дейді.

 

Ай, әділ би, қарасы не сөйлейді?

Ділмар, ұтқыр адамды шешен дейді.

Дүниені ойлаған дүмше қазы,

Дау шешкен боп, мол асап, кесек дейді.

 

Сөздің шыны ақиқат еш өлмейді,

Сары жонға қайқайып көш өрлейді.

Тегінде жоқ шалдырды, қысасаңда,

Төрт аяғын тең басып төселмейді.

 

Бір-біріне жақсы адам кектенбейді,

Қақиқаттың қоздағы бек сөнбейді.

Тамшылаған терімнің моншақтары,

Шын айтады биіміз деп сөйлейді.

 

Мен де айтайын, айтайын, не дейінді,

Иірейін ұршықтай кенейімді.

Ай, әділ би, ағатай, мұрсат бергін,

жібітейін сусындап көмейімді...

 

Жарасқандар бірлік пен ынтымағы,

Жалды келер жігері, жінтік, әлі.

 

Ай сәулесін жамылып, дүрлігісіп,

Биге ентелеп төрдегі ынтығады.

 

Күтілмеген бақшаны шөп басады,

Көпірменің дәнінен көп масағы.

Би қарасы теңшеген жұрт аңысын,

Тамыршыдай әйгілі дөп басады.

 

Тастамайтын қолынан мол мұрасын,

Келтіріп күй, құлақтың оң бұрасын,

Біртізеге қондырып Ақылбай да,

Безілдетті ешкі ішек домбырасын.

 

Машығы сол ескі әдет жасындағы,

Жеңгелерін шымшып қап қасындағы.

Отыратын Ақылбай қалжыңдасып,

Сүртіп терін ақ шытпен басындағы.

 

Айырайын дегенде есесінен,

Пышақ сынар, морт кетіп жетесінен.

«Ай, Ақылбай, енді сен иге көнбе!»,–

Шытын тартты қаттырақ шекесінен.

 

 «Ақ ниетті көңілді кір шалмасын,

Қолда құдай, қолдайды бишарсын!».

Айналасын арындап, шолып шығып,

Бидің күтті баяулап, ишарасын.

 

Ителінің бұл күнде сары белі,

Басын изеп Шудабай қалып еді.

Ақылбайдың жарқырап жасырынған,

Шыға келді маңдайдың қалы бері.

 

Арындатқан ал шағыр шұбар атын,

Батырдай-ақ жеңіске құмар ақын.

Әу деп тырнақ төсіне батырмай-ақ,

Айбарланды тұсынан Тұрар ақын.

 

Жараспайды жігітке ойын ылғай,

Марқаяды мал бітсе мойын – ырғай.

Тілмен қазақ бірігіп, табысатын,

Шоқпар сілтеп, сотқары сойыл ұрмай.

 

Айналасы желіккен ду болғасын,

Тізгін тартып, ірікпей су жорғасын.

Зор дауыспен шырқады өлеңдетіп,

Ақтарылды аузынан уқорғасын.

 

Бойжеткеннің желекті жеңгесі ыржақ,

Төсіндегі ақ күміс теңгесі ымдап.

Дәметеді тәтті дәм ерін тартып,

Домбырада ойнаған теңдесі ұнап.

Айналасы түрленген гүл-бәйшешек,

Көк торғындай табылмас мұндай төсек.

Қайын – қылжақ, майсада қыр астына,

Айыл қытық, аулақта «үйбәй, шешек!».

 

Домбыраның тесердей тар шанағын,

Тамады тер осы деп аңсағаным.

Кенеп алып тамағын, күн-түнғатып,

Жырласа да сездірмес шаршағанын.

 

– Дем аласың ентігіп иығыңнан,

Күліп мен де отырмын миығымнан.

Жау түсіріп келгендей мастанасың,

Жайсаңдықты көрмедім қылығыңнан.

 

Іздесуге келіп пе ең жоғымызды?

Үрлесуге келіп пе ең шоғымызды?

Бас пен жақты сенбісің айыратын,

Байланбаған қуалап тоғымызды.

 

Жібітейін деп пе едің тоңымызды,?

Ірітейін деп пе едің тонымызды?

Тауып әлде Алтайдан келіп пе едің,

Ізсіз-тозсыз жоғалған жоғымызды?

 

Жоқ ізеумен, жортумен он барғанмын,

Арқа бардым, айналып Ор барғамын.

Түскенім жоқ салбырап көктен бүгін,

Жолымды  Алла көпсінбе оңғарғанын.

 

Жоқ іздедім Алатау арасынан,

Самырсынды сайы мен саласынан.

Қос дария, қос өзен,

Қаратаудың,

Қазағымның қайырлы даласынан.

 

Төгіп-шашып малтаңды торсығыңнан,

Қазақ едік тағдырын толқын ұрған.

Бітеу жара ауызын тырнағанша,

Демеп жібер одан да қолтығымнан.

 

Іздеймін мен, белгілі тынымасым,

Бірдің емес, жоғалған мыңның басын.

Жолдастыққа сыйласар әрі демен,

Жүрегімде жырғаудан мұңым басым.

 

Жоқ іздермін, аз да емес тапқандарым,

Талқандадым талайдың қақпандарын.

Басқа жұртпен терезең теңелгенше,

Жоқ іздеңдер, жас өскін –

Атқан таңым.

 

Жоқ іздеңдер, Хан Кентай, Керуленнен,

Іздегенің табылар еру елден.

Батыс пенен шығысты жалғап жатқан,

Жоқ іздеңдер, маң басқан керуеннен.

 

Жоқ іздеңдер, аюдың із-мөрінен,

Жылы сөзді жыланның жүзгенінен.

Балбал тасқа сүйеніп мұңын шаққан,

Арулардың  қаралы жүздерінен.

 

Жоқ іздеңдер, қамалдан шығыстағы,

Ақ қайыңның сүтінен жыныстағы.

Мықтың үйі сан мың жыл сақтап келген,

Көз жасынан тостаған ыдыстағы.

 

Сен де бірі сол жоқтың үйірілген,

Ақ боранда адасқан үйіріңнен.

Ойнас болып, опынба тым елеспен,

Нәжіс шығып кетпесін бүйіріңнен...

 

...Түтінді іннен кіртиіп сенделектеп,

Шыққан түлкі сияқты меңзең, ептеп.

Тұмар отыр түтігіп, түсін салып,

«Мына итті сұлатар ем керек» деп.

 

Қозғады би сол кезде оң қанатын,

Сөз бастарда осылай қомданатын.

Бағып бидің қабағын және отыр,

Оң босаға лып етер толған ақын.

 

Сап тиылды елеңдеп, дүрліккен ел,

Бір басшыға бағынған бірлік кемел.

Желдіртіп кеп тоқтады Ақылбай да,

Ынтымаққа тыңдаушым сен де кенел.

 

– Тартқан маржан тереңнен тұнық сөзді,

Шын ақының болады қырық көзді.

Артық сөйлеп асам деп, тантық сөйлеп,

Жарасама отыру жұлып бөзді.

 

– Дұрыс емес!–  Бұл даусы Жарылғаптың,–

Мә, өтімді, менің де жарып ап тын!

Қайда Меден, қайда жоқ, әй, Ақылбай,

Таптым дейсің, қай көрден қазып апсың?

 

–  Адам емен, Бай-еке, талғамым жоқ,

Ауызға да Меденді алғамын жоқ,–

Тұмар шықты шыр-пыр боп,– Шамға тисем,

Басым міне, кессең де, арманым жоқ!

 

– Мойынға алу ажалды оңай деп пе ең?

Әлде ителі қолыңа қолай деп пе ең?

Тыныш жатқан ояттың аруағымды,

Қой дегенге мына жұрт  қояр деп пе ең?!

 

Би: –Жарылғап, қойсайшы, шоқырақты,

Шашпа, жұртқа, еліңе, топырақты.

Кетесің-ау, сен дағы тантып кейде,

Халық қойсын өзіне о сұрақты!

 

Дауыс шықты:

–Білуші ем бір сырын мен.

– Былғама елді балшығың, былшылыңмен.

– Бұйырады ажалды жаназа аққа!

– Айтқаның ба,тәйір-ау, бұл шыныңмен?!

 

Шудабай би: – Шуақты көлеңкеден,

Іздемейді, не өнер келекемен.

Қиналасың тоқуда, бұзу оңай,

Бекітеді бірлікті береке мен.

 

Бар дедің бе, Тұрарым, қолда қаның,

Анықталар барында бойда қаным.

Жарылғап бай, айтарым араздықты,

Ат, айыпқа ылайық қолдағаның.

 

Көк тасы бар, күші бар талғамында,

Бидің мысы алайда Ар бағында.

Тоқалдыққа Жарылғап жарлы қызын,

Жолын кескен тағы би алмағында.

 

Ақ балығын, қойнынан сұм арманды,

Суырғандай қолқасын қып алғанды.

Суы кетіп Жарылғап мойынынан,

Сілеген бір сол уақ бұ жалғанды.

 

Қу нәпсіні тимаған сордың пірі,

Қоздырады дүние қолдың кірі.

Жарылғапқа шопақ па жарсыз жасты,

Морт сындыру көрместен қурай ғұрлы.

 

Сол оқиға сап етіп есіне еніп,

Ер кезегі – үш. Ашудың төсін еміп.

Ақылдан да адуын күшке бейім,

Кетті тіпті Жарылғап еһіленіп.

 

Айға өптірген балауса балғын сағым,

Аймаламақ алқымын қара шалың...

Жұлдырады жұлысса арқасынан,

Белдесуге бименен шама шағын.

 

Шудабайға жүретін басып тісті,

Өмірінде көрмеген жасып тіпті.

 

Осып-осып жіберіп қамшысымен,

Жарылғап бай есіктен атып шықты,

 

Ат байлаған бір өмір кермесіне,

Не жетпейді алланың пендесіне?

Шудабай би:

– Есікті, әй, Жарылғап,

Қатты жаппа, сенім жоқ келмесіңе?!–

 

Деген еді екеуі тететұғын,

Жанкештілер биікке жететұғын.

Бөктердегі ойнаған киігіне,

Кейде басың оп-оңай кететұғын.

 

Әділ болсам деуменен әуреленді,

Қашан елі соны ұғып сәулеленді.

Отыратын сөзге ұйып, сөзді өрнектеп, 

Қолдан шығып бара ма дәурен енді?!

 

Керінің кесірі

 

Үріккен аттай өзінің құлағынан,

Жырақ кетіп Жарылғап тұрағынан.

Ел қарайды естіге бұ қалай деп,

Жұрты қалған аңырап, құлазыған?

 

Бірге көрген бақытты, қайғыны да,

Сағынышқа балаймыз айды мына.

Қонар ма екен қоңыр қаз қайта айналып,

Үркек үйрек мекені – айдынына.

 

Болмайды ғой жайса бес саусақ бірдей,

Азған ақыл адасқан, қаусап гүлдей.

Жат қылады жақынын жарты тиын,

Малды жаннан ақылсыз алшақ жүргей.

 

Қаншық итті ұрғандай қаңқылдатып,

Мылтығыңды не пайда жасынға атып.

Үмітіңнің үкісін бұлғақтатып,

Үлгілі ісің әкелер жақындатып.

 

Әлсіздерге әлбетте таңдау қиын,

Көнбіс – надан, құнарсыз – күнде жиын.

Қанша қадам көшпелі қалды ғұмыр,

Түн айналаң ұсынар қандай сыйын?!

     

Бауырына баласын құшқан қия,

Алтын сарай әркімге ұшқан ұя.

Жарылғапқа баркөлдік ителінің,

Жақсысынан тіл келді үш қайыра.

 

 

Сәлем жетті, үшбу хат:

«Үйірімнің

бүлдірме! – деп бүтінін бүйірімнің».

Жарылғап бай кергіді:

«Білмеймін бе,

Батырарын тереңге иірімінің».

 

Арықтаса арғымақ атың тулақ,

Қазан-ошақ шағама қатын тулап.

Қатты-қатты қайырды Жарылғап бай:

«Шудабайын әуелі алсын турап!».

 

 «Аздай азап, менің де күйік, қайғым.

Арыла ма көкейден мұны ұқпай мұң.

Мұнысы не дүнген, сарт бұзылғанда.

Заманы емес кең толғар Киікбайдың».

 

Қыл өтеме жігіне залым тақтың,

Азғыш келер егесі қарын қаптың.

Айдап салған қойт-қойттап Шудабайға,

Сүйеніші Мадаран Жарылғаптың.

 

Бата қылмай аруақ, моласына,

Қазақ-қалмақ қайшы кеп жорасына.

Түскен барып Жарылғап қарашада,

Қыстау жері Баттөрдің қорасына.

 

Жарылғапты торғауыт-қалмақ шапқан,

Басынғанға ол емес қалбақ қаққан.

Қай заманнан жалғасқан қағида ғой,

Бөлінгендер жем болып, қармақ қапқан.

 

 «Болса-дағы азары ағайынның,

Безері жоқ,– қалайша тағайын мін».

Деген оймен Шудабай қайырмақшы,

Кеткен елдің басқанда талайын мұң.

 

Күз мезгілі ақ қылау жапқан қырды,

Шемен болып іштегі жатқан сырды,

Ақылдасып елінің естісімен,

Азаматын қалмаққа аттандырды.

 

      «Ес жиюға ерлерім көмектессін,

      Бытырасаң бұдан зор төнед көшкін.

      Елін жиып, ерлікпен кисін кебін,

      Елемейді үй күшік көбекті ешкім».

 

Өз баласы, еңсегей сардар – Кәрім,

Қара күштің атасы, заңғар дарын.

– Өз еркімен қозғаңдар, көнген көшсін,

Көнбегенін матама, байлап бәрін.

 

Айдап әкел, жоқ қазір ауылда рең!

Абайлаңдар, арқасы жауыр білем,–

Дегенді Би ерлерге қарағайдай,

Асқан сайман көк болат ауыр кілең.

 

 «Қайта шауып,–  ойлаған,– кек аламын»,

Үйіріне мастанып көк аланың.

Құлай түсіп атынан дөңгеленіп,

Көрген жерде Жарылғап ел адамын,

 

Әдірем қып, әкеткен күз өңдісін,

Қансыз,

Сөлсіз,  жараған түгел мүсін.

Еңіреп кеп, еңкілдеп Жарылғап бай,

Құшты танып Кәрімнің үзенгісін.

 

Айырылған жүйрігі, жетегінен,

Сорлы мүлде қартайған кешегіден.

Солған мүше, шырт етпе сақа қыран,

Тартып тұрып Кәрімнің етегінен.

 

Қырғауылдай алдында жорғалаған,

Секілді еді кезінде зор қараған.

Сексеуілді құмдақта үйме-жүйме,

Қалың борша, қараша қорғалаған.

 

Пешенеге еместі басылған мөр,

Малсыз – мола алақан,–Ашылған көр,–

Оттың басы кіналау, күңкіл-сүңкіл,

Қатып қалған жағаға ащынған тер.

 

От қойғандай кезінде гүжілдегі,

Ажарынан айырылған жүзіндегі.

Өлміші үміт қалтырап, дірілдейді,

Жапырақтай саудырап, үзілгелі.

 

Жарылғап бай жылады, тепкіледі,

Жауын боқтап, пергілеп, кескіледі.

Безілдеуі байлығы, малын жоқтап,

Бес қырқаның астынан естіледі.

 

– Жаздым,– деді,– жаңылдым, езеді ме,

Дүниенің келгені кезегі ме?!

Айдап кетті жауыздар тұяқ қоймай,

Зәру етіп бір түйір тезегіне.

 

Ағып, батты айлы түн сирек жүзген

Тағы жұлдыз құйрықты күдер үзген.

Табаны жер искемес қалған екен,

Ер-тұрманын арқалап, сүйреп жүген.

 

 

Қуған, жеткен Жарылғап мал алаңы,

Құмның құйы адассаң жан алады.

Жау қарулы, жінтікті, жеткен пісіп,

Жеті адамды желкелеп жаралады.

 

Құмның құйы құйтырқы ойын құмар,

Шұңқыры бар, оппалы ойығы бар.

«Мойыныңа жыландай оралады»,

Сақ-сақ күліп сайтандар «сойылы бар!»...

 

Таңып кеткен көлденең қара іңгенге,

Жарылғапты салған соң бәрін жөнге.

Ботасына қыстауға боздап келген,

Сол қара іңген түн жүріп Нәрін дөңге.

 

Саңылаусыз жаратса құлығыңды.

Мәз боласың сүйретіп тұлыбыңды,

Сындырады құрыққа білеу етіп,

Жалғасаң да сұмпайы сырығыңды.

 

Толып жатқан алуан қорында аңыз,

Өмір деген өлімнің жолындамыз.

Асықпасын тас жүрек, қылық құймыр,

Бес күн жалған, осыны мойындаңыз.

 

Қорқақ сұмның қан талар қарашығын.

Қалың қолмен қоршайды қалашығын.

Қара тобыр аумағын қаумалаған,

Құды боққа үйілген қара шыбын.

 

Зарлағанда азаға жер жылады,

Жарылғаптап аңырап жел жылады.         

Жарылғаптар сияқты адамдар,

Азамзаттың баласын жер қылады!

 

Жын ба, соққан, бақ қайтып, оралмады,

Быт-шыт, талқан талайы, ой-арманы.

Өті аузына кім білсін, құйылған ба,

Содан дертті Жарылғап оңалмады.

 

Жатыр еді бүк түсіп, күбірлесіп,

Таусылар дәм ертең бе, бүгін десіп.

Атып тұрып, бой жасап, атқа мінді,

Келді деген шуылды, дүбірді естіп...

 

Ажал жетсе асарсың ақырында,

Бұйырмайды бұлдаған ақымыңда.

Түскен Кәрім бесінде Кер төбелден,

Күскі, сойыл қыстырған тақымында.

 

Бай Жарылғап жатсынған жақынын да.

Мұңын шақты, шын жылап, ақырында.

Кешкі қызыл, шымшыған  жалын қайтты:

– Кәрім түссін, тілегім ақымыма.

 

Қыл қобыздан мұңлы әуен сызылған-ай,

Келген бақтың кезеңнен бұрылған-ай.

Қайғысы мен қазақтың қасыреті,

Жібек жіппен көркемдеп ызылғандай.

Жарылғаптың ойылып жазылды аты,

Сексеуілдің діңіне қызыл қандай.

 

Жазды есімін барын сап, Кәрім әрлеп,

Әрбір жолдың әрпінде айтар мән көп.

Бір төбешік үстінен құлазыған,

Жалғыз сайғақ сарнайды бәрін әндеп.

 

Сексеуілдің боз рең сабағынан,

Боз торғайдың әуезді тамағынан,

Ескі әуезді сарнайды қадым, жадид,

Құбаның қан аңқыған қабағынан.

 

Сұбыханы бойынан ұшып кеткен,

Ашылмайтын қасырет қысып, тепкен,

Ауылды үрей, қайғының бұлты жапқан,

Кешегі тоң мінез жоқ ісіп-кепкен.

 

Кеше қайсар, қаталға темір елі,

Қу тізесін құшақтап, кеміреді.

Қайғы-мұңсыз, алаңсыз қара суға,

Деген рас екен-ау семіреді.

 

Қылқындырар жат жерлік қыстақ – қарғы,

Күйесімен күйіктің ыстап та алды.

Малсыз ел бір меңіреу жансыз мола,

Құмның ішін со жылы ел қыстап қалды.

 

Шалыс басса шалатын Құбы жойқын,

Қара желі қақсатпай қайдан қойсын.

Құйға батқан құландай сорып жатыр,

Құлқыны зор қара жер қайдан тойсын?!

 

Мал ашуы деген ғой жан ашуы,

Талдырады тәніңді тараса уы.

Қай жеріңнен білмейсің қадаларын,

Қатар жүрер қайғысы жанасулы.

Жорық көксеп кермеден қоңқылдайды,

Ереуілі Кәрімнің таң асулы.

 

...Құлаш арыс қайыңнан сүйек-ені,

Қазақ арба қатарлап сүйрегені.

Қызыл күрең қос өркеш, өңді, етті,

Шудалары жер сызған түйелері.

 

Құла дала кеш құрым сөнген өрттей,

Құмды кешіп ілгіген шөлден көктей.

Шөлді кесіп батырлар тауға ілінді,

Әудем жердің арасы жер мен көктей.

 

Қылаң жуып ашылар құмары артқан,

Таң сол күні сұрланып жылап атқан.

Хан Шыңғыстың қызығып құлан қуып,

Құлар жері осы тұс шұбар аттан.

 

Осы ойпаттан көрінер тұлға-сұлбаң,

Басқан ізін тазартып құм жасырған.

Бармақ шайнап, шыңғыртып

Сосын:

– Әй, қап!

Сыңсу... сыңсу сұлаған сұм ғасырдан.

 

Мәйек кетіп, қайырсыз құлжасынан,

Көтергені кептердің мұң жасынан.

Шұбатылған көлбірей күміс жібек,

Құм төбенің шыққандай мұржасынан.

 

Кері құлан, қаптағай, қара құйрық...

Мекен еткен мың-мың жыл даланы үй қып.

Қайда жанын қоярға жер таппай жүр,

Қаныпезер берген соң қала бұйрық.

 

Бүлк етпестен бүйірі нағыз батыр,

Сынға сырбаз мүлгіген жазық жатыр.

Жерден басын көтермей аза-жырын,

Қалың аңы шиырлап жазып жатыр.

 

Байтақ дала, қалың аң, атырабы ән,

Шашу сынды бытырап, шашыраған.

Кең даланың кер мінез киіктері,

Милиярдты, мыңдарды асыраған.

 

Қалың тері, қатық сүт: безенгенді,–

Қару-жарақ, ақ мылтық кезенгенді –

Қаны жерге тамбайтын қайран мүйіз,

Асқындырған тағбашты, ежендерді.

 

Көңіл алаң... бұлқынып бойдағы қан,

Шаң шығады құланның ойнағынан.

Осылдырар ойынын қапелімде,

Қауіп-қатер төнетін таң жағынан.

 

Керей тымақ төрт сайлы кигендері,

Жігіттермен жарысқан жирендері.

Жер ошақтың орнындай ай тағалы,

Тұлпарлардың тұяғы тиген жері.

 

Алты малта ұртында, суыт дәрі,

Жау қоржында қызыл жент, уыс тары.

Тоны көктің қақшиған жұртындағы,

Құлыптастай ерлердің тұрыстары.

 

Ертегінің өңкей бір алыбындай,

Именбейтін кесірлі залым ыңғай.

Көзі оты жасындай иреңдеген,

Найзағайдың жарқылды жалынындай.

 

Саптама етік, кең етек жеңіл ішік,

Өтпейтін оқ түйе жүн шекпен-күшүк.

Қызыл жалын, аязда шымырлардың,

Саусағында шала алмас сенсең үсік.

 

Таңдау тәмам. Жеті бас жұт қиын ба,

Жұдырықтай жұмылған мықты ұйымға?

Торғауыттың төтелеп төресіне,

Тиісті Кәрім бір түнде тұтқиылда.

 

Ор төбетін тұмсықтан ұрып жықты,

Бір сойылмен сұлатты үйін мықты.

«Дэрэмч, хасгууд ирэв үү?!»*...зәрін шашып,      «Дэрэмч хасгууд ирэв үү?!»* –«Тонаушы, қазақтар жетті ме?»

Үйден төре желбегей атып шықты.

 

Қатыны мен қосақтап, еңіретіп,

Шібікшінін* ханымның теңі етіп.                              Шібікшінін* – күңі

Жай түскендей төренің жайрады алды,

Қас-қағымда рахат өмірі өтіп.

 

Қолақпандай Баттөрдің бір білегі,

Денелі екен, айқасса кім біледі?...

Бар еді аздап Кәрімнің қалмақшасы,

Бір-екі ауыз төре де тіл біледі.

 

Төбе үшін түскен күн түндік жерге,

Түнереді жан таппай түтіп жерге.

– Жылқы қайда?

– Арырақ Ақ қорғаннан

Асырмақпыз, айдалған, күндік жерде.

 

Жеп тынар шер болады қайнаса мұң,

Ердің құны жүз жылқы айдатамын!

Кәрім айтты:

– Жексен қып айлыңды*,                                       Айлыңды* ауылыңды

Құрша тізіп шетіңнен сайратамын!

 

Баттөр айтты:

– Тамырлық қайда таным,

Бір тұяқ та тастамай айдатамын!

– Кемітіп көр! – тап берді Байтаза да,–

Түбірімен еніңді шайнатамын!

Қозы-лақтың еніне тойған дене,

Жатыр ит боп бүк түсіп қайран дене.

Күн көріпті бұ заман кім үрікпей,

Қара пәле келеді қайдан деме.

 

Алған малын кепілге таратпаған,

Таламақты төре де жаратпаған.

Сауға сұрап желпініп келгендерді,

Бір тайдың да бетіне қаратпаған.

 

Таңғаларлық тоқ бүйір, күйлі кілең,

Үш жүз жылқы жабысы, жүйрігімен.

Қыстан есен, ит-құстан шыққан аман,

Торысыда аласы үйірімен.

 

Қысқы тоқсан аязды артта қалып,

Ұзақ келіп, қыр елі аққа жарып.

Үштің айы ақпанда туысымен,

Өбірғоби* төл өрген басқа байып.                                Өбір ғоби*  – ішкі гоби құмы

 

Батыр балпаң, бас сардар бет бұрды елге,

Сарысаптап  Баттөрді таңып ерге.

Барымтаға қайтарып кеткен малын,

Сыймай келед шұбаған шаңы жерге.

 

– Не істетпейді жер үшін ашынған қан,

Арын сатпау – азамат, асылға тән.

Босат ерді, Байтаза, қос ат берді,

Таппаймыз-ау, марқадам басынғаннан.

 

– Кәрім, сенің тым биік кісілігің...

Өзіңді ойла, жоқтамай кісі күнін.

– Бассыз елі болса да, сүйенгені,

Зор емес пе, нәрсе емес кішігірім.

 

– Қарасаңшы, қолыңа, хал-қарыңа,

Зар боласың, абайла, талқаныңа.

Басы бүтін алдың ғой айдағанын,

Азуыңды көрсетпе арқарына.

Аман болса пәледен ертеңгі күн,

Айналады қалмақтар қалқаныңа.

 

– Батырлар ант өлсе өлер екі ішпейді,

Ер шекіспей, деген бар бекіспейді,–

деп Байтаза кергіді көсемшілеп,–

Жүре тұрсын аз күнге өті іспейді.

 

Аласарды алыптар сеңгір-сеңгір,

Кекшіл шыңдар күдір жон, дегбір дір-дір.

Кекілі мол торы аттың төбеліндей,

Торғауыттар ойдағы селдір-селдір.

 

Құдай неге бұларға қасарысқан?!

Ойрат десе көзіне жас алысқан.

Құмға сіңген ғасырлар мұқым зары,

Тор шайнаған Баттөр бір жас арыстан.

 

– Жылтып жүрген мен едім бүйіріңді,

Батыстан да қара бұлт үйірілді.

Алақандай қорыған жердің қамы,

Айдаттырған қурайлап* үйіріңді.      қурайлап*  – «хуурайлах» (көне моңғол тілінде) «аттандау, шу көтеру, ұрандау»

 

Ала сауыр атандай сыйынғаны,

Апай төстен андыздап, сұйылғаны.

Қорқытады қылымси құжалардың*                       құжалардың* – қытайларды моңғолдар «хужа» деп те атаған.

Қара құрттай түстіктен құйылғаны.

 

Қожыраған бас ие, бұйың*-бағы,                                          бұйың* – «бақ», «дәулет» (моңғол тілінде).

Дәуір келді моңғолға қиырдағы.

Бұл дала да қайтейін, ақы иесі,

Саған-маған, әй, Кәрім, бұйырмады.

 

Жетектер ем жетімің, жесірің мен,

Жем боп барам шіл боғы кесірінен.

Өлтіріп кет,– деді ол,– азаптамай,

Жер дауына қарама кешіріммен!

 

(Қашқан жауды артынан атпа бірден!).

Жері жоқ-ты жебесіз жатқа күлген.

Батыр еді, ер, егей он бесінде,

Билік айтып, бақ қонып, атқа мінген.

 

Бұл аймақтың иесі қалқан, абай.

Морт кеткені қапыда нар қарағай.

Иіскемеген балуан тізесі жер,

Басындағы айдары қарқарадай.

 

Қыннан шықса қылышы қалыспан деп,

Алды жауды астыртын алыстан кеп.

Айтқанына дөп келді абыз Ақыт,

«Айлалы адам, (қайлалы) арыстан» деп.

 

Бір тайпа елдің арқасы, көп телімді,

Ат артына бөстектей бөктерілді.

«Түсті жерге шаңырақ – үй төбесі,

Ашып кетті тал түсте көттеріңді».

 

Дейд бақталас не деген кердең дейім,

Қара үзіп бәйгеден келгендейін.

Шіренеді шалжиып қыбы қанып,

Шырт түкіріп, қойқаңдап өлгендейін.

 

Берекесіз шашылған шілдің боғы,

Іштен іріп бүлінген білдің де оны?

Ұтты ақыры, ұрымтал жерден тиіп,

Бек білінді бүгінде Бірдің жоғы.

 

Баспайды алға, бақ қайтты ұтылаған,

Ағайынды жетінің жұты жаман.

Байталдан да басымдау бас қайғысы,

Сыбырлайды құлаққа: «құтыл аман».

 

– Бақ әкелген, Байтаза, қырыс кімге,

Суырмайсың қыныңан қылыш күнде.

Бер мылтығын, қатерге өңін тосып,

Жүрген жан ғой ар-жаны қыл үстінде.

 

Азаптама аз елдің ақ тұйғынын,

Жауыма жоқ, жамандық жат пиғылым.

Ел іргесі, көршіміз,

кісім емес

кетісетін шорт кесіп ат құйрығын.

 

– Ертең келіп өзіңе оқталмай ма?

Өңіріңе, өріңе от қоймай ма?!

– Жауы ортақ елміз ғой, басынбашы,

Жігіт деген бір сөзге тоқталмай ма?

 

Азамат қой бұл да бір күміс тіні,

Елін баққан ұйқысыз күндіз-түні.

Жетер осың, Байтаза,– деді Кәрім,

Мінгізіңдер, әкеліп жүрістіні.

 

Қай жігіттен Баттөрді кім кем десін,

Бағалайды дұшпанын білген десін.

Атын беріп, достасып, аттандырды.

Жаратқанның жаңылған бір пендесін.

 

– Барам,–  деді ер Баттөр,–қол ұсынды,–

Қозғама елді суытып қонысыңды.

Айтсаң болды, бір ауыз ағайынға,

Аямаймын, беремін қол ұшымды.

 

***

... Тұяқтары атқылап қызыл батпақ,

Мейірімнің сәулелі нұрын жасқап.

Бірінен соң кісінеп, бірі келед,

Бие біткен безектеп құлын тастап.

 

Ақпан – амал, жыл басы, үштің айы,

Ұзақ жеткен, бұлтты күн құстың жайы.

Ел шетіне түс ауа ілінгенді,

Арылған шақ ақ жілік, іштің майы.

 

Бөрі іледі бөлініп, бүлінгенді,

Тон етегі қысқарып бүрілгенді.

Жылқы келді шұрқырап, ал табиғат,

Жарата ма иіні бүгілгенді.

 

Жылқы келді бастаған пірі дері,

Аман-есен тайы да ірілері.

Бала шулап, айқайлап, асыр салып,

Шықты алдынан дүркіреп, дүйім елі.

 

Жылқы келді, жыл өтіп, жылтып елді,

Көзайым қып жоғалған жылты келді.

Жүгіреді бір бала:

– Қарашы,– деп,–

Жүр ішінде көк тайым жыртық ерні!...

 

Айыбына басымдық, барымталық,

Баттөр берген жүз қара алым-салық.

Атанбақшы Аңсаған атпай мерген,

Әкелгендей сол жүзді жанын салып.

 

Жау түсіріп, женгендей тар саналы,

Жарылғаптың кергіді Аңсағаны:

– Әкем құны, таратпан бірде мал,– деп,

Салды біте қиғылық мал санағы.

 

– Баламаймын мен сені мүгедекке,

Не деп жауап беремін мына көпке.

Бодауынан ар таза, аларым жоқ,

Жанды түйіп әкелдік шүберекке,–

 

Деген Кәрім бір-бірден меншігіне,

Берді сауға кедейі-кепшігіне.

Аңсаттырған амал не ұлдың жылты,

Кеткеннен соң көткейін көпшігіне.

 

 – Тараттың ит, қызылдай бар малымды,

Көтергенім аздай-ақ салмағыңды.

Алмақпысың әкемнен кегіңді өсте-еп,

Өзің төстеп, шайнатып бармағымды?!

 

Ана көңіл әр қашан мәлім, жайлы:

– Ер ертеңін, қарағым, пайымдайды.

– Бүгін малым, көзіңше, таланды, Апа,

Жаналудан ертең бұл тайынбайды!

 

– Ен-таңбалың, құлыным, аман екен,

Қайтесің сол бос келген бес байталын.

Дегізбеші ниеті жаман екен,

Болмады ма еңбекке еш қайтарым?!

 

– Араласып қайтесіз, ер ісіне.

Зар ед кеше бір тайдың желісіне.

 

– Менің малым, өтеуі әкем құны!

Симай тұр ол тарылған терісіне.

 

– Әй, құлыным, Аңсаған, айтар елі,

Алыспасаң арыспен қайтер еді.

Би ағасы, білесің, жақынға сел,

Бір тайпа елдің тірегі, бәйтерегі.

 

Қу дүние, ит тартыс, жұлыстырған,

Ағайынды арада ұрыстырған.

Ақырында ақ азу, іріп нар тіс,

Арасында болады ұлыс құрбан.

 

Жарылғаптың ізі деп ел сенетін,

Бұлаңдаған бұрыңғы ерке жетім.

Секілденді Аңсаған лапылдаған,

Ашуына өзінің өртенетін.

 

– Жарылғаптың,– деді ол,– бетін жаппай

Жатып алдың жағадан неміз жақпай.

Лақтырып кет, одан да ана құздан,

Ай, Шудабай, әкеңнің етін... шатпай!

 

Сұңқылдайды маңдайдан суалмай мұң,

– Тірі жүрсем мен сірә қуармаймын!

Алқымыңнан аламын, кеңірдек пен

Өңешіңді суырмай тұра алмаймын!

 

Шапты сонда Кәрімнің қан басына:

«Ақыл салып, айланба жан басына.

Ерік сенде бұ итті аялдатпай,

Бассаң болар енді асау жамбасыңа».

 

Деген ойға шалымды келді Кәрім,

Шолып өтіп жиналған елдің бәрін.

Қанжығадан ала қыл арқан алып:

«Елеуіреу – ессіздік, ендігі әнің».

 

– Арсылдатпай, Байтаза, таңып таста,–

деді Кәрім,– амал жоқ бұдан басқа.

Кетіреді көшіңнің берекесін,

Өз обалы өзіне жатсын «қасқа»!

 

Көш тізбегі шұбырды қайтқан қаздай,

Қара желдің сыңсуы айтқан наздай.

Қара қайыс, қаңғырық қара түнек,

Аңсағанның жатысы жатқан нардай...

 

Ақ маңдай бел, көрінді жасыл өңір,

Қуаныштар, жанданды ғашық өмір.

Балбұл жанып жарқырап шыға келді,

Көл суындай көбейіп тасып көңіл.

Құм көмкерген өлкенің қаптал тіні,

Күндізі де көрікті мақпал түні.

Айдындағы лағылдай мөлдірейді,

Ару көктің ашылған ақ балтыры.

 

Дамылдаған, тынығып, жаны сергіп,

Тамылжыған табиғат таныс ендік.

Болмағандай тап-таза бұл әлемде,

Зауал, зардап, қылмыстар қан ішерлік.

 

Имандылық танылып бүршігінен,

Нұры саулап жұлдызды кірпігінен.

Саф самалы гүлі мен бүлін үрлеп,

Сөйлеседі табиғат түн – тілімен.

 

Бір тәңірдің тәсілі, амалы бай,

Жанды әлем сөйлейді, саналы Ай.

Туған жердің иісі қасиетті,

Жас уызды Ананың анарындай.

 

Жарылғаптың Құбыдан елі келді,

Жер жаңартып, егіздеп желі керді.

Кеңіген шақ етегі, ел арқасы,

Дәл көкекте жас біткен желігеді.

 

Таңырқатып өзіне тамсанғанды,

Қуаныштан құла таң ән салғанды.

Күрс еткізіп Байтаза тастай салды,

Ат үстінен байлаулы Аңсағанды.

 

Жиырылып, жазылып жылан құрттай,

Қан татыған ашудан қанып ұрттай.

Естісін деп ел түгел бар дауыспен,

Зарлап жатыр Аңсаған:

– Тынбан, құртпай!...,–

 

Мен бе едім, о тоба, жарақты жау,

Бара жатыр таусылып тағат мынау.

Ай, Шудабай, шулаған иттеріңе,

Тірідейін тепкілеп, талаттың-ау!

 

Бір ұрттаған Шудабай кесесінен,

Ұрғандай-ақ шашалып төбесінен:

– Тілі зор боп, шығыпты ә, әй, Әтібай,

Мына иттің, па-па-па, әкесінен!

 

Байтаза жым,– деді іштен: «оны аядың,

Балтырыңнан алатын жолды аяғың».

– Іргеге әкеп,– деді Би,– қыңсылатпай,

Босатыңдар, ананың қол-аяғын!

 

 

Қандай асау алдында бас имеді,

Бір шүйіліп, түзеліп қас ирегі.

Бәйбішенің мейірімді ымын танып,

Би Шудабай үн қатпай бас изеді.

 

Қайнап ашу, қайратсыз зығырданы,

Кімге керек қауқарсыз жұлынғаны?

Шөке түсіп Аңсаған түнереді,

Езуінен жылтиып зұлым қаны.

 

Жетелеген мезгілді жол жайлауға,

Қор боп жатыр еріксіз қол байлауда.

Құптамады еш кімі «қарғам-ай»,– деп

Қан қарайып, өртеніп іш қайнауда.

 

– Кім шығарда,– деді ана,– баладардан,

Қалған бұл бір тұқұм ғой қара нардан.

Құйұңдаршы, жуынсын қарына су,

Дастарханға жақында, қане қарғам.

 

Сонша неге түтеттің қаңғырығын,

Тастамаған тазы ғой паң қылығын,–

Деді кейіп Әтібай,–кел, қарағым,

Кім тыңдайды жартастың жаңғырығын?!

 

Жарылғаптың Аңсаған жалғыз еді.

Жан дертінің жаралы жалбыз емі –

Қыс жүйкені жібітіп, ерітетін,

Әтібайдің әдемі бал мінезі.

 

«Ішсем бе,– деп Аңсаған бір ойлады,–

Ішпесем бе, еселеп құр ойбайды».

«Ас аттаған оңбайды,– деп ішінен,

Түрпектейді «іш-іш» деп бір ой тағы.

 

– Иман берсін, әкеңе, ол да мүйіс!

Өз қолымен Әтібай ұсынды иіс.

Иіс иісі келгенде танауына,

Бара жатыр өзінен жылынып іш.

 

Айналсоқтап бұрынғы ұшпаған бақ,

Тостағанды қос қолдап ұстағанда-ақ.

Сорғалап тер самайдан жосылғаны,

Екі жұтып, ақ шайдан ұртағанда-ақ.

 

Бөгелді жас мөлтілдеп көзін керіп,

Төгілуге жібермей төзім берік.

Көңілінің кірбіңді күртігіне,

Ұялады сүйкімді сезім – керік.

 

Азабындай баялап боқтағанның,

Шара толып, жанарға тоқтаған мұң.

Тамып кетті дірілдеп тиген де ерін,

Ернеуіне жып-жылы тостағанның.

 

Сағағына сырғанап, ыққан терін,

Іліп тастар ілезде саусақ-келін.

Жұтты қосып иісті шаймен күрең,

Көз жасымен жылыстап шыққан шерін.

 

«Өз уымды ішкізіп, жең түреді,

Құлаған соң қормарал, ел тірегі.

Қасарысып көмбесем, көрде де тұр,

Көк лақтай созғылап өлтіреді».

 

Ойын өлім шырмаған, шиырлаған,

Аңсағанның ақылы жиылмаған.

Іштей тынып, ішінен қарғанды ақыр:

«Деуі қалды, бас иіп, сыйын маған».

 

«Көк ала үйрек оралды көлден ұшқан,

Азады адам ақылы шөлден қысқан».

– Ішін жылтсын,– деді Би,– тоңған екен.

«Торға түсіп, айнымас көнген құстан».

 

Қамқа шапан сыртынан жамылғаны,

Сүйенгені мүйізді ай төсегі.

Жоғалғанның жақсылық табылғаны,

Шудабай би көсіле ой көседі:

 

– Сен де майлы тоқпандай жіліксің ғой,

Әке орнын басатын үмітсің ғой.

Бері  таман жақындап отыр, шырақ,

Таңдайыңды қаңсыған жібіттің ғой.

 

Байтаза  отыр сия алмай кенеріне:

«Жылы сөздің бұл итке керегі не?

Соқса болар төрт бұтын керіп қойып,

Бір жылғаның апарып тереңіне!».

 

Оспадарлық ойына кім ереді,

Оған қарап Би түндей түнереді.

Сұсты бидің шықшытты, шүңгіл көзі

Маңдайына тигендей тіреледі.

 

– Жау жақында,– деді Би,– лай ағынды,

Жалмап өтер барыңды, саяғыңды.

Ескертеді аңдасаң сай-саладан,

Байқап бас деп аптықпай аяғыңды.

 

Қиын шақта қырқысқан шамаңды ойла,

Баяғыдай кеуделер заман қайда.

Жиын болу етек-жең басты сауап,

Кемің толар жан тұрса аман бойда.

Бірлік қылып, ен жайла көліңді енді,

Бөр жейді бүлініп, бөлінгенді.

Белдеу қиып, үй жығып, түндік түріп,

Көсей бермей көр-жөрді, көрінгенді.

 

Бір қойнауда отырып ірге көміп,

Жұдырықтай жандардай бір кемелік.

Ертеңіңді ескеріп, қымтай қонғын,

Жау-жарды да жалғасып бір көрелік.

 

Айып болмас, батырдың байлағаны,

Асау болса қайтеді айдағаны.

Не істеу керек, асауға, айтшы өзің,

Тасып тұрса оның да бойда қаны?

 

Тас түлектей жүнжіген ырғақтағы,

Тұқырайып Аңсаған тіл қатпады.

– Бар еліңе,– деді Би,– қарайламай,

Тыныштандыр жұртыңды бұлғақтағы.

 

...Арың қымбат алқаған арам бақтан,

Жоқ ақымақ жалғанда адамзаттан.

Сыңсиды мұң өрілген сырмақтағы,

Нәлілі өкше қадалып қажап жатқан.

 

Көк тиынға татымай тың істерің,

Сорғалаған самайдан күміс терің.

Адал күштің төлемей ақы майын,

Сорған қоғам сормаңдай жұмыскерін.

 

Арманында жарқырап мият бағы,

Қақ суындай тостаған, тұяқтағы.

Күйін шертті жарлының жалғыз тамшы,

Үзілуге шақ тұрған қияқтағы.

 

Қазан құлап айраны төгілгендей,

Қабырғасы қақырап сөгілгендей,

Болып еді,оралып Құбыдан ел,

Қалқыды ән аспанын, көгін керней.

 

Елдің шеті іріген бүтінделді,

Көк інген де көп иіп сүтін берді.

«Бер,– деп,– майды,  бұлданбай ұртыңдағы»,–

Орталықтан оспадар үкім келді.

 

«Жиып отын әскерге сексеуілден,

Берсін,– деді,–түйелі ел, көш керуен».

Ел билігін қырдағы менсінбеді,

Ес мазасыз қалалық ескеуілден.

 

Атан түйе, ақ жілік ат жинады,

Көнбегеннің көзін ап бек қинады.

Ауылдарды аралап шапқылады,

Әңгір таяқ ажалдың ақ сирағы,

 

Көлге айналып тамшы су тамсағанда,

Адам болар ағаштар шаршағанға.

Бағанадан айтқаны Шудабайдың,

Ертегідей естілді Аңсағанға.

 

Сансыраған сан-саққа сая таппай,

Аңсағанның ақылы шатқаяқтай.

Кер бестіні алшайтып мінгізді Би,

Тіп-тік тұяқ, еріні сапты аяқтай.

 

– Күрсінуі көбейіп өмір – көктем,

Тыныш кетті,– деді Би,– төңіректен.

Шашырамай сай-сайға жиын жүргін,

Алғалы тұр мүлт кетсең кеңірдектен.

 

Құлағынан үркеді құла құнан,

Сөздің жақсы майлысы құрғағынан.

Ата қоныс, апай төс жатқан қырды,

Кім сақтайды заманның бұлғағынан?

 

Пұшпағындай қожырап елтірінің,

Ел ежелгі ұмытқан ЕрТүрігін.

Бағынғаны бақталас, іштен іріп.

Талап жатыр тас тағдыр бөлтірігін.

 

Кімге жыртыс болады кісімсіну,

Бұйығы ел бұйдасыз, ішінде у.

Ат үстінен дейтін кез түспесін ер,

Тыныш өмір адамға үшін сүру.

 

Күнде кеңес қылса да Күлтөбеде,

Бағасызды көтерер кім төбеге?

Ерлер қайда дейтұғын ту жайқалтып,

Тірі болсақ боламыз бір төбеде?

 

Қан да бір от мазасыз жүрген заулап,

Ірігеннен салған жөн іргеңді аулақ.

Хақ тәңірі бұйырып, дабыл қақпай,

Ұстай алмас ол қанды ешкім де аулап.

 

Көктен келген, ол бір от көкке кетер,

Жеті қабат cол көкті көктеп өтер.

Арсызсана адалды ноқталайтын,

Ақ сөз ғана адамның көпке жетер.

 

Баста байып болмаса орын-тұрақ,

Қол-аяқ бір балапан, балғын құрақ.

Әуенінен жаңылтар бұрынғы әнді,

Басымшылық жоқ жерден ойын құрап.

Замананың көрдің бе құбылғанын,

Төгіледі не үшін қызыл қаның?

Ал біреуге пайдалы  қазір-қазір,

Қыл үстінен қиылып, қырылғаның.

 

Қоғам – асау,

Болбырап, шатысқанды,

Жаратпайды, сүймейді батысқанды.

Бейбіт қазақ ақыры үрке қашып,

Үйренгенді алысып, атысқанды.

 

Кім үйретті қазаққа атысуды?

Алпауыттың тісінің жартысы улы–

Кісіні алды әуелі нысанаға,

Елішінде әйгілі, аты шулы.

 

Дүниенің жартысын билеп алған,

Алды-артына оралып иіле қалған.

Ал қамшының қу ғұмыр сабындай-ақ,

Кімге мәңгі бұйырған дүние жалған?

 

Құн өтеyі

 

Ер жігіттің естісі ынтымақты,

Сырттандары сайланып жылқы бақты.

Сақтайтындар осылар бер бәйгіні,

Қош көрмейді құдай да жылтырақты.

 

Тебінгісін ерітіп терге малып,

Аяқ жетпес айшылық жерге барып.

Ауған аз ба ұрлыққа бар ынтасы,

Барымтамен көрмеген ел де жарып.

 

Қабадай боп баланың қарын шашы,

Бітісетін қайғымен қарымтасы.

Қазақ та бір қам көңіл, саяқ халық,

Тиылмаған ішінде барымтасы.

 

Анау тұрған ақ бас тау көлдің басы,

Айғыз-айғыз бұлақтар көздің жасы.

Оған куә сан мың жыл сақ жайлаған,

Қарт Алтайдың қара орман, қорым-тасы.

 

Жегізеді бейғамдық мысы қатты,

Қашанда опық, желкелеп ысырапты.

Айдап кеткен ұрылар кер жорғалы,

Жалғыз түнде үйірлі қысырақты.                                                             

 

...Аттан-аттан, айғай-шу, ашу қайнап,

Атқа қонды абдырап ауыл, аймақ.

Дүрлікті жұрт дүркіреп даңғазадан,

Біреу жаяу шапқылап, біреу жайлақ.

Жантаятын ерте-кеш құран жастап,

Айғай салып әр кімге ұран тастап.

Бақан ұстап бір шал жүр үй артында:

– Қайда пәле, келсінші ұрам жасқап!

 

Кеткен жауға кегіңді алайын дер,

Қуаласаң ар жағы ағайын ел.

Қорықпайды, болмайды қаскөйде ар,

Жаушықты ма, жау болса сазайын бер!

 

Ұры қалай үйінде бұғып жатпақ,

Жақсы ұста темірдің суын таппақ.

Ізге түсті қуғыншы әккі тархан,

Сырда тыңдай әркімнен суыртпақтап.

 

Көк тұманы шұбаған жолға асығып,

Жатыр әне қайқая жонға асылып.

Көсіледі кербез тау, кезең көлбеп,

Кеткен екен жылқыны Қобда асырып.

 

Бұ сөзімде болмасын тым асылық,

Құла тайды көміпті тым асығып.

Сойып жеген шамасы, сирақ – сайғақ,

Барымташы батырлар жолда ашығып...

 

Қоғам түрі ұқсайды көбелекке.

Ел  сенбейді ертегі, көп елеске.

Бір шырпыдан тұтанар көп егесте,

Намыс деген қураған шөп емес пе?

 

Таң дегенім түннің ол төлі емес пе,

Күн түнеріп бүлінді төре кеште.

Қуғын жетіп жылқыға құла белден,

Ұласты ұрыс, сатырлап төбелеске.

 

Ерлігіне ел болып таңдай қаққан,

Батырларды құлатқан қандай қақпан?

Талайларды тағдырдың қаласынан,

Аман қалса дейміз-ау құдай қаққан?!

 

Ақыл емес шашыңның ағарғаны,

Алтын сағым адамның ақ арманы.

Анық болды үйірін қысырақтың,

Тары бидің алғаны шабарманы.

 

Тары би де көрсетті өктем күшін.

«Кеткен екен қағайын көктеп тісің,

Ұры атандым ұрламай,– деді дағы,

Киікбайдың алдыртты Көк бестісін.

 

Баптамасаң, бақпасаң, құда кеңес –

Бақ, дәулет бір қонбайтын бұ да елес.

Ителіні билеген онда зәңгі,

Ел ағасы Киікбай бұла белес.

 

Тапқан екен тәйірі талар жерді,

Қайсы жағы пәлеге қалар енді.

«Әкетті,– деп, әйгілі Көкбестіңді».

Киікбайға сол күні хабар келді.

 

Сөз тоқтай ма, қазақтың даласына,

Жат қуанды жайсаңдар таласына.

«Бермесе,– деп,– атыңды атып таста!»,

Мылтық берді Киікбай баласына...

 

Адал ақыл аязда тоң жібіткен,

Май кетеді азғанда тоқ  жіліктен.

Әбдірахман ойнатып Көкбестіні,

Шықты алдынан Қасымның топ жігітпен.

 

Тілі ащы қашанда ашынғанның,

Айғайсалды Қасым да: – Атымды алдың.

Жұмырыңа жұқ болмай үйір жылқы,

Асып кетті басымнан басынғаның!

 

Сарт еткізді қамшысын Әбдірахман,

Басыпқалды Қасым да шүріпені.

Омақасып көк бесті жалманынан,

Қарғып жатты аттардың үріккені.

 

Кім түңіліп тірліктен әмір тапқан,

Балды болмас әр бір таң әнмен атқан.

Ат жығылып атылған қия бетте,

Домалап жүр додада Әбдірахман.

 

Екі көзді қан талап қара басып,

Шоқпар, сойыл сартылдап, араласып,

Қата тимей бір сілтеу бата тиіп,

Әбдірахман мерт болды омақасып...

 

Қара атанға сүйекті артып алып,

Қалы кілем, жетек ат артық алып.

Тары биге Киікбай келген еді,

Шапса даудың насырға арты анық.

 

Ауызынан Тарыны таныр елі,

– Көк шегірім, бүлдірдің тағы нені,

Келіпсің ғой артынып-тартынып сен,

Түбің тыныш емес-ау, арғы-бергі.

 

Сөз ұстаған, арбаның бел ағашы,

Жәнтекейде Тары би ел ағасы.

–  Ердің құнын, ат-шапан, айыбын ал,

Бүлінбесін, ағайын ел арасы.

Дей жығылды Киікбай аяғына,–

Ердің құны жүз жылқы қалауыңа.

Сөз бұйдалап Тары би табан асты,

Сарсүмбенің* сілтеді қарауына.                       Сарсүмбе* – қазіргі Алтай қаласы, сол заманда әкімшілік орталығы

 

Дау шешілмей арасы көпке кетті,

Өнбес істің өзегі көп себепті.

Қызыл шеке екі ру, ырың-жырың,

Ет-сүйекті талай сөз көктеп өтті.

 

Бастан асты құн үшін жұмыс деген,

Нұртазаның алды ерін күмістеген.

Атан түйе, ат беріп жасатқан ер,

Әзір бүгін белгісіз кім істеген.

 

Малын алар, құным деп тайын да алар,

Алу үшін әуелі дайындалар.

Шешіп алған көк сауыр кебісін де,

Жолын тосып Кәрімнің қайын барар.

 

«Басыма-бас, адаммен құн өте»,– деп,

Естіп пе еді қазақтан мұндай дерек.

Құныкерлер қозғалмай жатып алды,

Сарысүйек, сар қасқа құда еді бек.

 

Бірлікті ел ежелден кеніш еді,

Айран-сүтін, ас-суын тең ішеді.

Құдай ұрып, кеткенде жете кері,

Жөнге келмей жебірдей тебіседі.

 

Құн бертін шаңия би Шудабай,

Ителіде иықты Ақымер бай.

Бұл екеуі бұрыннан ұяласқан,

Екі арланы даланың ым-жымы сай.

 

Кенен түздің күлтелі бүйірінен,

Аңқыған сүт кез еді үйірілген.

Ақымер бай: – Айғайсыз алсын,– деді,                       

– Таңдағанын тартынбан үйірімнен.

 

Қорасы қос өркешті толған түйе,

Күйігі ителінің қонған кие.

Аруақтың жолына және атады,

Асына деп құр шыққан неше бие.

 

Құныққанда алтынды үйіп алдан,

Алақанға салады киік-арман.

Оттай ыстық һәм тәтті көрінеді,

Мың құбылған қып-қызыл дүние жалған.

 

Құныкердің қимылы бұл бір түлкі,

Қылатындай сайраған бұлбұл күлкі.

– Үйір алман, аламын,– дейді кергіп,–

Әр бір үйден таңдаулы бір-бір жылқы.

 

Ақылына көнгендей бәрі мастың:

– Биің, байың, кедейің, кәрі, жастың,

Жүрегіне қадалып,– деп соғыпты,–

Жас жазаның оқ болып зәрі жатсын!.

 

Әділдіктің демеді нәрі артсын,

Кәрі тиер демеді кәрі, қартсың.

– Біреу емес,– деді олар,– екеуі емес,

Ердің құнын, ел болып бәрі тартсын!

 

Шудабай би «мұнысы мін»,– демеді,

Жатып алды тым-тырыс үндемеді.

Білімсіздің көзге айтып білместігін,

Бетке басып, артынан күндемеді.

 

Арабы аттай айдарлы келген бабы,

Шудабайдың өрісін керген шағы.

Тар заманда талайды көрген басы,

«Қайтқан-ау,– деп түйді іштен,– сенген бағы».

 

Жат көрініп жақыны жанындағы,

Қайтар бағы нәпсіқор ханныңдағы.

Су сіңірген құмменен бірдей екен,

Дүниеге құныққан жанның жағы.

 

Дауды қуса дүрілдеп дауырықпа,

Жем боларын білмейді сан ұлыққа.

Таластырып екі ру елді ішінен,

Екі басты мәз-мәйрам самұрық та.

 

Арқалаған замана аманатын,

Ердің құны жүз жылқы саналатын,

Заң жоқ еді кербағып, кегі қайнап,

Жанға жан деп жазғырып, жан алатын.

 

Қарға тартпас даналық, затына жай,

Ісіменен танылар атына ер сай.

Үш шоқысы Баркөлдік ителінің–

Шудабай би, Киікбай, Ақымер бай.

 

Ұшқан құсы сұңқары ұясынан,

Таңдап мінген сәйгүлік құласынан.

Күн түс ауа ерулеп аттанған күн,

Бәйтіктегі күзеуде құдасынан.

 

Жастай жеген жетімдік бір ықпайды,

Қосарланып қат-қабат күйік, қайғы.

Табылмайтын бас еді басынан мін,

Бебеулетті бір пәле Киікбайды.

Түйнеп іші, тұрыстан тау жаңылып,

Аттан түсті асыл ер аударылып.

Ақшам түсе ақсиып ажал жетті,

Ақ биенің кешкілік саумалы іріп.

 

«Кіммен,– десті,– соншама өшесіп ең?!»

Көрген көздің кетпейді кеш есінен.

Көкейінде әркімнің қалды сұрақ,

Аң-таң, келген ажалға төтесінен.

 

«Күнелтпеген көшелі ел үптеп еппен,

Ұрмайды ол иілген бүкке кетпен.

Жылдан жылға ұласқан жесір дауы,

Сол да мүмкін болуы түпке жеткен.

 

Бір әдеті қазақтың жылқы айдап,

Жат малымен жасанып, мұртын майлап.

Әлімжеттік жағында жүреді екен,

Ақылы аз, әумесер жылты жайлақ.

 

Беделдінің парасыз беті жүрмей,

Күшті көрсе әлсіздің иті де үрмемей.

Ұшып желге қор болды есіл үміт,

Қаза тауып азамат екі бірдей.

 

Ындын нәмсі бабамыз құлпы деген,

Дүниенің ындынды құрты жеген.

Ағайынды ел арасын бұлыт басты,

Алма кезек шабысып, құн тілеген.

 

Әз уақыт басады мысыңды енді,

Әлсіретіп кеудесі ісінгенді.

Кекшіл жанды жарасы мерт қылады,

Жетілгеннен жарылып ішіндегі».

 

Шудабайдың бар тапқан болжалы осы,

Тапқан байлам, бас сылтау, олжа да осы.

Жасыл үміт жол үсті тағы алдап,

Қала берді қарайып қайран досы...

 

Өтті өмірден осылай Киікбайда,

Ел тізгіні ендігі Шудабайда.

Кісі өлтіріп қарымта құныкерлер,

Душар болды Шудабай қиын жайға.

 

Өзі дімкәс, өлген шал Жүніс еді,

Шудабайға арыдан туыс еді.

Кек алам деп келген бір төбелесте.

Шейт кетті жарықтық тыныс еді.

 

Сарсүмбеге Шудабай аттанады,

Істің мәні көкейде жаттамалы.

Құныкерлер Шудабай қайтпайды деп,

Жау түсіріп келгендей мақтанады.

 

Сарсүмбенің оралды, мысын басып,

(Шайқасып көр тұрса егер күшің тасып).

Екі жаққа тең бөлген тапқан пұлын,

Мориға әкеп Шудабай отын сатып.

 

– Бер де құтыл, алмағын, тыншымады,

Берген байып, жұтамай тың шығады,

Алған азып, айлы күн қара қанның,

Қаласына жолығып тұншығады.

 

Барымта үшін айыпқа елу кесті,

Құнның құны елуден елу десті.

Пәтуаға иланып, ең ақыры,

Бис өзіне құныкер ерулесті.

 

Жылан жаттап сай өрлеп ел көшеді,

Елдің қамын ойлайды ел көшелі.

Он неше жыл созылған осы дауды,

Ерте тыйса он адам өлмес еді.

 

Көштің алдын болжайды ақылды адам,

Ақылсыз бас әкелер ақыр заман.

Он неше жыл созылған осы дауды,

Шудабай би осылай ақырлаған.

 

Отарда 

 

Қалың бұйрат, қопалы, арқар жалақ,

Бұйра орман, бұйырғын бұлғын балақ.

Кіреукелі телегей Құбы шеті,

Ақ алтындай кілкіген қандай ғажап.

 

Көмкеріліп көк пенен көлбеген бел,

Қызыл сынды, қыр асты межеген жер.

Қарға сіңіп қарыған кеткен сынды,

Қаңғып жүрген банадан кезеген жел.

 

Көк мәуелі аспаннан мөлдірейді,

Көйлегінің етегі көлбірейді.

Ынтығы артып ымына жер исініп,

Ымырасыз тіліне көнді дейді.

 

Сансыз жұлдыз жақындап шашу шашқан,

Сүттей жарық мөп-мөлдір айлы аспан.

Сайын дала секілді жатқан ашық,

Жас сұлудай жап-жаңа мауқын басқан.

 

Шудабайдың мінгені манат шұбар,

Жер баспайтын құр азбан қанат шығар.

Аттан түсті таяп кеп қосқа жақын,

Апыр-топыр ымыртта саятшылар.

 

Отар отты сексен үй малы оттаған,

Әр қолтықта қарайған бір-бір қостан.

Тамырындай баққандар сексеуілдің,

Кәрім, Ысқақ, Мұстафа, Әрмен, Қошпан.

 

Бірі – білек жетілген,

Бірі – жүрек,

Бір ауылды осылар тұрған тіреп.

Қошқар тұмсық, ат жақты, қияқ мұртты,

Азулары алмастай, құды күрек.

 

Кәрім, Ысқақ, Мұстафа, Әрмен, Қошпан,

Дүр сілкініп, дүрілдеп шықты қостан.

Көк бұлтындай көктемгі күркіреп кеп,

Амандасты бесеуі хормен қосқан.

 

Ақымер бай, Құйқабай, би Шудабай,

Бірлікшіл қып үшеуін берген құдай.

Жан сүйінер, еңсегей, өңкей сұсты,

Қаңтардағы қасқайған қарт бурадай.

 

Бірі байды қолтықтап,

Бірі бидің,–

Жер иіскетпей табанын ылдым-жылдым.

Отырғандай жайғасты төбе билер,

Алты қанат, төрінде киіз үйдің.

 

Абылайдың атақты қара қосы,

Қақ ортада қайнаған қара мосы.

Сан мың жылдық сынақта піскен иі,

Даладағы киелі пана досы.

 

Құсты жеке қос тігіп отырғызды,

Қара қостың сексеуіл оты қызды.

Қоректенген әр жігіт аң етімен,

Әкетердей бір түнде отыз қызды.

 

Малы жатыр қорада сексен үйдің,

Оты қандай маздаған сексеуілдің.

Ел келгендей еліріп, көңіл тасып,

Желпілдейді түндігі сеңсең үйдің...

 

Қостың басы, қормалы осындағы,

Орта бойлы адамдай отырғаны.

Кәрім анау түйедей түйе отардан,

Отын болар оп-оңай опырғаны.

 

Талай тұлпар бәйгеге қосқан осы ұл,

Жылқы отардан жігерлі Қошпан отыр.

Опыр-топыр дөңгелек оттың басы,

Сөз жеткені сөйлеп қап, қоштап отыр.

 

Ағайындар жазбаған жұбын әлі,

Қой отардан кең қолтық Жүгірәлі.

Көкшіл көзді, алпамса, ұзын тұра,

Күші қаптал, иықты, жұлын әрі.

 

Қарағанға қатулау ойлы түсі,

Сары атандай қайқайған бойлы кісі.

Азын-аулақ жасайтын саудасы бар.

Бірді екеу қып жүретін қойлы кісі.

 

Байтаза отыр батырдан туысқаны,

Жаратылған ерекше уыс қаны.

Аспандағы шындаса ай қармайды,

Қисаймаған ол бір жан құйысқаны.

 

Түздегінің төбесі, иесі осы,

Балта батпас тұяқтың көбесі осы.

Табылмайтын теңеуге басқа ұйқасы,

Бұқарбайдың деседі киесі осы

 

Жүзі жалын, апай төс кең иықты,

Ширақ қарын, түлкі мұрт, кер миықты.

Оты оқтай қадалса сауыт бұзар.

Ілуде бір кезігер мұндай мықты.

 

Жаяу мысқыл, әзіл қой жарқын адам,

Күлісі оқшау азбандай арқыраған.

Жұмыршағы қазандай, қары шойын,

Жалпақ  маңдай  қалқандай жарқыраған.

 

Сұр мерген де сындарлы осы батыр,

Жайшылықта жұмыстан босы батыр.

Арқаланып арысқа анау шетте,

Сеңсең төсеп жамбастап досы жатыр.

 

Ылғи сығай арқаның жыны буған,

Айыналайық анадан бұны туған.

Елдің  жүрек тамыры, қолқалары,

Ел дегенде бойдағы жаны құрбан.

 

Көріп, сынап ерлердің қуат, күшін,

Күрең тері күптеген шуақ тысын.

«Ері сайдың, жері аман, елі де бай!».

Бай менен би мұздаған жұбатты ішін.

 

Дуылдасып, алқалап, арқа қағып,

Бүгінгі кеш таң ата тарқары анық.

Тоқтай алмай тыпыршып, ақын отыр,

«Әйт, шүу» десе жөнелгей арқаланып,

Бір күйден соң, бір әні еміктіріп,

Қозғалмасты билетер желіктіріп.

Ақылбайдың әндер-ай, тыңдағынды,

Әкететін әсерлі еліктіріп.

 

Аруақтап, Аллалап, а Құдайлап,

Жауға шабар қазағым «Абылайлап».

Ән айтса да шырқатып, әуелетіп,

Қазағымның айтады қамын ойлап.

 

Міне солай Ақылбай әнге салды,

Арасында боздатып «Кеже талды».

Айтсыншы деп тағы да тыңдаушының,

Құлағының құрышы қанбай қалды.

 

Кеңіп көні, жазылып құрыстары,

Ашылқандай бітелген тыныстары.

Жусап тұрған мүлгиді аңдай бәрі,

Қанып құлақ ән-күйге құрыштары.

 

Ауыл алыс көк мұзда желіккендер,

Қара  тапай ұрынар еріккендер.

Қиянпұрыс  қабақты құды нарға,

Ұқсайтұғын аң қуып деміккенде.

 

Қысы жұмсақ Құбының жасырғанға,

Жан түршігер түнде құм ақырғанда.

Араласып кетеді жер менен көк,

Құмды дауыл қотарып сапырғанда.

 

Дүниеден кеткендей мүлде тірек,

Күнде түнек, тәулік те, түн де түнек.

Аяқсызды әкетер ала қашып,

Ажал кезер даланы түзге түнеп.

 

Ысылдаған дабысы құды жылан,

Ширатылған  жан шошыр қылығынан.

Үйірінен адасып есі кеткен,

Жолығады жортқанға құлын-құлан.

 

Құм жауады қарменен араласып,

Жаныңменен ойнайды ала қашып.

Жер көшкендей зілзала, зеңгір быт-шыт,

Басқа мекен табады жан адасып.

 

Мұны көріп еңіреп, егілесің,

Оңай жау ма, ол – дүлей, жеңілетін.

Сүйегіңді кеміртіп тірідейін,

Ал етіңді жеңбесең жегізесің.

 

Құрлық ауып, құрдымға көшкендей жер,

Қылдан дойыр бес сала ескендей жел.

Қызылыңа қызықққан мынау жайын,

Қаныңды ішіп, етіңді сескенбей жер.

 

Үйір-үйір шұрқырап, жылқы ығып,

Жынданады зор дауыл жұлқып ұлып.

Салар бар күш, салмақты ойды осыған,

Ал арыстар майданда жатпас бұғып.

 

Жатқан солай арыстар дауыл күтіп,

Өңкей арлан, күдір жалауын түтіп.

Жеме-жемде желкелеп шөңдей арзан,

Жібереді соқтыққан жауын түтіп.

 

Мұнда дәстүр далалық ұлық талғам,

Мыңдаған жыл осылай сұрыпталған.

Жібі жатып жігіттер ызылмаған,

Бестісінде асаудай құрықталған.

 

Темір төстей бұлшықты шымыр кеуде,

Екі иығын дайын тұр жұлып-жеуге.

Бапан*батыр, боздақтар шеттерінен,                      Бапан*– зор, үлкен, алып.

Әр қайсысын лайық пірім деуге.

 

Қондырмаған өлеңнің төріне түн,

Адамзаттан ақын боп бөлінетін.

Асқақтата бебеулеп ән салғанда,

Көмекейі жабықтан көрінетін.

 

Домбырасын шап-шағын елеңдетіп,

Ес сергітер жабықса өлеңдетіп.

Ақын отыр, дегізер, басыңды и,

Тыңдай алсаң түбіне өрең жетіп.

 

Сұлу сазға салмақты құлақ тұнбақ,

Жан құрышын қандырар қуатты ырғақ.

Аспандағы елжіреп ай толықсып,

Жұлдыз біткен жамырап жылап тұрмақ.

 

Жеткен дауыс шарықтап күн түбіне,

Кейде ұқсап жүректің бүлкіліне.

Қыса түсер шеңбектеп биялайды,

Ұйықтамай құс елітіп гүл тіліне.

 

«Шыңында өскен Алтайдың, мен бір шынар,

Бір көруге жүзіңді болдым құмар... ,–

Деп, дәй-дәй-лап салғанда бордатай-лап»,

Көл боп кетпей көңілің қалай шыдар?

 

Бірде дауыс боздайды ботадайын,

Бірде асқақтап Алтайы жотадайын,

Сай сүйекті езілтіп, сырқыратып,

Бірде ағады қып-қызыл жосадайын.

Күнде мұндай күлкі мен думан қайда,

Жылы сөзге жылаған уанбай ма.

Мал бітеді баққанға, арандатып,

Екі араны жүреді қуған пайда.

 

Тамсандырып термелеп, ерін мақтап,

Арындайды ақын да екі жақтап.

Нартай жүздер албырап, балбұл жанып,

Тақылдайды таңдайлар тақ-тақ, тақ-тақ.

 

Шудабай би ортада, көңілі қарық,

Бір төбедей, бір өзі төрді алып.

От басынан опырған ұнатып қап,

Ойыншықтай сүйекті көрді де алып.

 

Тиған іш те қыңсылын, өмір күліп,

Бой жылынып, көн кеңіп, көңіл жібіп.

Темір табан тұлпардай  Шудабай би,

Әңгімеге жұртты отыр көмілдіріп.

 

Қата кетпес қармаса қаршығаны,

Сөйлеп кетсе тілінен бал шығады.

Сылаң қағып, сұп-сұлу ой ашылды,

Сан қайырып салғандай қаршығаны.

 

Ойлы көзі аңғартар епті істі,

Оймақ ауыз, сақалы көкшіл түсті.

Ойы-қырын он жұрттың ойлап абыз,

Құптайтұғын жасалмақ көпшіл істі.

 

Тірі жанның басында бар арманы,

Беретұғын және де алар малы.

Көп тыңдаған, аз сөйлеп, сөзге сергек,

Құйма құлақ, Шудабай шабарманы.

 

Қара қоста танылар, қас та, дос та,

Не жетеді тірлікте көңіл хошқа.

Неше жылдың алдында Шудабайдың,

Түсті есіне болған жай осы қоста.

 

...«Түлкі сойып, Жұмабай асығады,

Жемдемесе қос қыран ашығады.

Отырыстың сондағы ішіндегі,

Осы жігіт боз бала, жасырағы.

 

Ат үстінде алты құрт – азық-тамақ.

Қан, терімен оны әркім қазып табад.

Желмен жеткен жыртық сөз құлағына,

Соны бүгін Шудабай анықтамақ.

 

– Неше десің, Жұмабай?...

Мойын беріп,

Бидің түпкі Ақымер ойын сезіп:

– Бәрекелді, көтерсін меселдесін,–

Деді ізгілік, ілтипат бойын кезіп.

 

 

– Бар ма, балам, қысылма, ұнатқаның?

Көңіліңді емес жай жұбатқаным,–

Жұмабайдай болар-ау анық керең,

Қанын шудай жалғыз сөз тулатқаны.

 

Ертегідей сияқты естігені,

Екі құлақ бітеліп ес түледі.

Күйіп-жанып, өртеніп, еріп барад,

Бұл емес ед тап биден естімегі.

 

Ал қосшылар күркіреп жымыңдасты,

Жанып жатыр жан-жақтан жұлын жасты:

– Би-аға айтса, әрине, сезіп айтар...

– Бәріміз де пендеміз жұмыр басты.

 

Сипай берді Жұмабай түлкі жүнін,

Алқымына жасырып күлкілі үнін.

– Енді өзгейіс енеді өмійіңе,

Бітті, Жұмаш,– деді Әрмен,– үкі күнің,

 

... «Боп жүрмесін құдай-ау, бопса, қайрау...

Көз алдына кешегі келді жайлау.

Ой жеткенге, опынтып, қол жетпеді,

Кедейшілік үмітке болып байлау.

 

Жүзді көрді мұңайған көрікті айды,

Бара жатты іштегі еріп қайғы.

Бой дуылдап, ет қызып, ес мәңгіріп,

Шымырлата жөнелді желік сайды.

 

Ат суарып, су алып бұғып тасқа,

Түк көрінбей көзіне бұдан басқа.

Қара басып алғанды жазылмайтын,

Пәле тауып құнығып құнықпасқа.

 

Көңіл жүйрік, қиялы терең сайда,

Суалған сол күлім көз енді қайда?

Теңбіл шұбар, қызыл ат дайын қосар,

Тұрсадағы, жел көңіл бермес пайда.

 

Дейтін дәрмен және жоқ «жүр мінелік»,

Төмен қарап, дәт жетпей, тіл күрмеліп.

Өзін өзі қажайтын іштей мүжіп,

Кедейшілік қу өмір ол бір өлік.

 

Қыз да үнсіз, үнсіз бақ –дала мына,

Жастығылар намыс жеп, тамағына.

Қоштасады, қинайды сымсыз үміт,

Бір-бірінің қараумен қабағына.

 

Қыз кететін қос шелек суын алып,

Балғын мүше мың мәрте суып, жанып.

Қандыра алмай қалқадан шөлді үдеген,

Жігіт қалар намысын буып нарық...

 

Япырмау тұр ма екен демеп бір дем?

Сауап Бірден, ендеше себеп кімнен?».

Жұмабайды жұлмалап тағы сұрақ,

Ойын бұзды қасқырлар жебеп, күлген.

 

 Би сөз алды:

 – Қарағым, басыңа сын,

Түскен екен, несіне жасынасың.

Торып жүрген жоқпысың әлде кімнің,

Қалың берген айттырып, ашынасын?

 

– Сықсаңыз да, Би-аға, сөлімізді,–

Екі етпеспін өмірі сөзіңізді,–

Ырза көңіл кенеттен батылданып,

Басын иді тізерлеп, төзім ізгі.

 

Қарық қылып күлкіге басқаларын,

Томсырайып, түйді де қас-қабағын.

«Ағат бассам, не дедім, азулы Би,

Білемін ғой арқамнан таспа аларын».

 

– Жан екенсің, шырағым, жалың майлы,

Шешен,– деді Құйқабай,– жаңылмайды,–

Қара қылды би сөзі айырса да,

Ал кесімі екіге жарылмайды.

 

Би кесімі екіге жарылмайды,

Жеті өлшеп, бір кескен жаңылмайды.

Маңдайынан күн сайын сыйпасаң да,

Кірі ішінен кекшілдің арылмайды.

 

Бәйтеректей  мәуелі тамыздағы,

Алыптардай ертегі, аңыздағы.

Мәрмәр тілден төгілген мәйек сөздің,

Арасында болмайтын аңызғағы.

Отырысы шалдардың Өр Алтайдай,

Ор өзендей көкпеңбек тамырлары.

 

Қара сұр жүз шырайлы өзі нығыз,

Шудабайдың қайыңдай сөзі тығыз.

Мәймөңкелеп отырмай Ақымерге:

– Сіздің жүрер, Байеке, құзырыңыз.

 

 

Көтеріліп қалсын бір көсегеміз,

Жұмабайдың отауын көтереміз.

Бай, баланы жақсылап күйлендіріп,

Құдалыққа өзіңіз төтелеңіз!

 

– Ала жүріп қосарға бір қараны,

Кәде-сыйың кейін деп бұлдамалы.

Соға жүрсек қыстауын сол ауылдың,

Қойсақ болар қосақтап бұ баланы.

 

Орағандай ойнақы от денені,

Жарлы жастың жүрегі морт келеді.

Жұмабайдың жалыны шықты бетке.

Ал Ақымер малымыз жоқ демеді.

 

Деді Ақымер,– Би аға, мұның пайда,–

Жүгірәлі, қарағым, жұбың сайла.

Екеуетіп біреуді өркендетіп,

Көмектесек несі айып құлын-тайға.

 

Ай сығалап жармалы есік жақтан,

Қызыл жартас үңіліп таңдай аққан.

Салиқалы түн еді, ешкі еркелеп,

Қостың басып етегін қымтай жапқан.

 

– Жұмабай жан,– деді Әрмен,– бәйекелді,

Іздеп мұндай тапбассың дәнекейді.

Бес тоқтының біз жүйміз күйін күйттеп,

Қалың деген қалың дау, пәле кейді.

 

Саңылаудан сәулелі тысты қарап,

Би сұрланып, сылап мұрт, шытты қабақ.

Мәлім болды қалжыңды ұнатпады,

Әрмен жаққа бұрылды сұсты қабақ.

 

– Дөп тигізген мір оғын ерге – садақ,

Жарасады жас сұлу қызға – мадақ.

Еске тұтып, әркімің білгін оны,

Топ ішінде құрбыңды қылма мазақ...

 

...«Бір киімдік қоржынға пұл салдырып,

Жетегінде кер бесті қусаң күлік.

Даладай боп жайылып етек кетті,

Ер көңілін жылы сөз бусандырып.

 

Болатындай кешікпей ердің теңі,

Көрінендей жел жетпес, жердің шегі.

Екі танау ашылған есіктей кең,

Тебінгідей делдиіп желбіршегі.

 

Би сөзіне семіріп, марқаланып,

Бара жатыр бозбала арқаланып.

Айықты сұс реңнен жалынышты,

Шиеленген бір байлау тарқады анық.

 

Мойынынан түскендей қарғы тақтай,

Түннен үміт тұтанып жанды бақтай.

Қарғып шығып қашадан қақшаң қаққан,

Жүрек шіркін тулайды арғымақтай.

 

Жонда жортқан ұқсап бір кекілікке,

Келіп отыр кеткісі секіріп те.

Өмір гүлін өлгенше аймалайды,

Шын ба, мынау, құдай-ау, өтірік пе?!»...

 

– Міңгірлеп бұл Жұмабай, мыжымасын,

Қуаныштан көзінде мұңы басым.

Бір гәбі бар,– деді Орақ,– мына жайдың

Қырғи жейді түбінде мұның асын.

 

Екі мойнақ, екі бел асқан жерде,

Бір түлкі бар ұстатпас қақпанды ерге.

Ізге түсіп күн-түні соны аңдыған,

Шамасынан шалықтап тасқан кеуде.

 

Бір пәлеге егескен ұрындырат,

Ұлың қырат, болса игі қызың мұрат.

«Кеше барып тағы да тамыр басып,

көрді»,– дейді көздеген ұзын құлақ.

 

Қуанбайды сондықтан Жұмабайың,

Ана пәле барады жұма сайын.

Ол біреудің байлаулы алғыншағы,

Ат терлетіп құр босқа жүрме, ағайын.

 

Алыс емес аттыға үй арасы,

Болмайды екен байқасаң түйе аласы.

–  Жұмбағының төркінін ұқпадым мен,

Не деп отыр, мына Орақ, Би ағасы?

 

Сөзге сараң Ақымер байыпты еді,

Сұрап жатса анықтап айып па еді.

Кең  етегін нығарлай жамбасына.

Баяу сөйлеп,– не қылад жайып,– деді.

 

– Әй, Жұмабай,– деді Би,– мына Орақ,

Не деп отыр алдым мен артымды орап.

–  Мені жұмса, Би аға, керегіңе,

Деді Қапыш,– жұмбақтап тартынды Орақ.

 

Би көзімен баршасын түгендеді.

Қалай болар Қапыштың тіленгені? 

Насыбайын ернінен жұла Орақ:

– Қатын алғыш,– деп қалды,– кім елдегі?

Қатын алғыш, қара шал, қатып-семген,

Күмістеген жасынан қасық емген,

Сөзі қыңыр, мінездің қырысы бар.

Бөлінем деп бөрі жеп қатып өлген.

 

– Ой, Орақ-ай, ұрайын тымағыңды,

Туып қойдық, жездең ғой, жұмбағыңды,–

Деді Құйқабай шымшып,– атай алмай,

Тастап қояа жаздадың құмағыңды?...

 

Шудабай ма мұндайда қамалатын,

Қарасы оқтай тасқа да қадалатын.

Кірпіктері кететін түрегеліп,

Қандауырдай шаншылып қаналатын.

 

Кең адамдар демейді сырмақтамын.

Кем адамдар тағады сыбатқа мін.

– Айтып алып айтуын, Орақ батыр,

Сонша неге,– деді Би,–сырдақтадың?

 

Жесір даудан бұл заман аймақта іс көп,

Жанталасқан жау да көп қармақ істеп.

– Басқа пәле тілден дейд, Би ағасы,

Бастап қалып, отырмын бармақ тістеп.

 

Айтылмайды мұндайда құрғақ кеңес,

Орып сөйлер Орақты қылжақ демес.

– Айыбы жоқ, арандап қап жүрмейік,

Көзіңе  сен,– деді Би,–құлаққа емес.

 

Ұшқат жарға, ұшпалы қияға өсет,

Талпынғанның қияға қияғы өсет.

Көз – шын, құлақ – өтірік, бар-жоғы сол,

Қыран құстың қанатын қияды өсек.

 

Тобық жұтып қойғандай домаланып,

Ауызына сөз түспей қобаланып.

Былай деді,– Жұмабай, тым-тырс жұрт,

Отты айналып отырған қораланып:

 

– Көздеген боп күніне бір інгенін,

Жүргенінде көзіне ілгенмін.

«Аттап басаң сындырам аяғыңды»,–

 Деді не үшін білмеймін бүлінгенін.

 

«Жел соқпаса қозғалмас шөптің басы,

Кеудесінде кетті ме кектің тасы.

Талай жарлы, Би аға, жеген зар ғой,

Нақақ аққан жібермес көздің жасы».

 

– Бәлкім беті ендігі қайтқан болар,

Мүмкін мұны әзілдеп айтқан болар?!

– Тасқа тиіп тұмсығы жатса да, Аға,

Дегенінен ешқашан қайтқан ба олар.

 

– Сырығы ұзын ол да бір жатқан құрық,

Күні бұрын қойды де қақпан құрып.

– Тілдеп кеткен күзеуде шабарманы,

Қамшы ойнатып басыма жасқандырып.

    

Малға достық – доңыздық, тоң құмағы,

Берекені кетіріп тоздырады.

Қызыл иті іштегі қызғаныштың,

Намыссымақ пәлесін қоздырады.

 

    Қызғаныш бір қызыл от, қызыл залым,

    Таптайтын да осылар қыздың арын.

    Сәуле көрсе жылт еткен жаны шығар,

    Не әкесінің кім білсін құны барын?

 

Қағар жерін біледі шегені ол,

Болсадағы азаптан жегені мол.

Би қарады қоралы жігіттерге,

«Бұ не қылған бассыздық?» дегені ол.

 

... Көкейінде піспеген шала арманы,

Шауып келу, ап келу бағар малы.

Шаптығады бір күні жарылардай,

Жарылғаптың шарқая шабарманы.

 

Шаш ал десе бас алар даусақ безек,

Айтақтаса атылар аусар тезек.

Не ормайды, тепеңдеп, не қоймайды,

Жұмабайға шүйлігіп, саусақ кезеп.

 

Екі етегін сабалап дабыл қақты:

– Білемейсің-ау, сен осы Жарылғапты,

Жұта салар сендейді шайнамастан,

Құдай сақтап, бейшора, жаның қапты.

 

– Не дейді екен,– дедім мен,– Жарылғабың,

Жарылғабың бере ме, жанның бағын?

Қатты кеттім мен дағы көрейін деп,

Шабарманның өтінің жарылғанын.

 

– Асқаның ба, қайткенің, тасқаның ба,

Бар мен жоғың,– деді ол,– қас-қағымда.

Жолын кесіп нең бер ед жолбарыстың,

Өлім іздеп молаға қашқаның ба?.

 

– Іште ұстар мал емес жан аласын,

Жазаласа дедім де жазаласын.

– Танымасаң танытам...,– дегенінде,

Деген едім, құдай ма ол, жан алатын?!

Әзірейіл, әлеміш, сен бе едің,

Күшті болса көрейін сенген ерің.

Жаналмақтың көн түгіл, арқан есем,

Ішегінен шындасам деген едім.

 

– О, әкеңнің... Жұмабай, тіл өтіңді,

Қалай таспа менен көр тілетінді.

Көк шыбынды көзіңе үймелетіп,

Асқызайын қазанға тірі етіңді!

 

– Тарт тіліңді, жыртамын жұрыныңды...

– Тілің тұрмақ жұламын, жұлыныңды!

 – Семіргенің әулекі ненің боғы,

Жұқтырмай-ақ жоқ етем, жұғыныңды!

 

– Шаңияның жетпесін құлағына,

Қаның жуып жүрмейік бұлағына.

Байқұсым-ау, абайла, кетпе құрып,

Татымайсың шыбыштың лағына.

 

– Саған жетер, ескерттім, ентігіңді,

Баса сөйле, аласың сен тілімді.

Бір жыраға апарып тастай салам,

Таппай қалып жүрмесін жемтігіңді,–

 

Деп шабарман қарадай еһіленген,

Асқанынша айқайлап екі дөңнен.

«Ойнама,– деп кеткенді,– айғырменен»,

Содан бері өмір жоқ мекіренген.

 

Жазды күні сарғайып жасыл беткей,

– Сізге айтуға Би аға, батыл жетпей...

– Шешесіне мұң шағып, дүркін-дүркін,

Барған Жұмаш,– деді Орақ, баса көктей.

 

«Бармаймын» деп жылапты, аңғал қылық.

Жібереме сорлыны салған құрық...

Осылайша ақпанда озды бір кеш,

Бимен байды кездейсоқ таңғалдырып.

 

Жасамайды жұмылып, асар әр күн.

– Жә, Жарылғап жасапты жігіттігін.

Жөнін тауып желігін басар бәлкім,

Бізден бөтен бұл жәйді біліпті кім?–

 

Деп Шудабай ашуын ноқталаған,

Ләм демеді, тіс жарып топтан адам.

«Астамдыққа,– деседі,– бар ма дауа?»,–

Бөрткен беттер іш қызып, от жалаған.

 

– Қашан болды? Оқиға?

– Қарашада!

– Қайта айналып, батып па, тамашаға?

– Кетіпті іздеп Қаптыққа отты мекен,

Қар басып қап ... ертерек... бала-шаға.

 

Жалын – түлкі жалтақой, ыршып ұшқын,

Өмешегін талдырып кәрі құстың.

– Малы көп қой, қыдыру жан басы да,

Биылғы жыл қаһарлы зәрі қыстың.

 

Құрық баспас айлалы, даушы қызған,

Болмасыңнан болдырып бау-шу ызған.

Ормандай боп көрінер он жасағы,

Атқан судай арынды даусы құздан.

 

– Жау да, дау да, тайың да, тұсағың да,

Кәрі қыстың қысулы құшағында.

Жарылғапқа жырынды Сәтбекті сал,

Туысшылай барғанның мысалында.

 

Деп Ақымер сөз қосты,– жұтап жатса,

Шелі арылып, май кетіп қауызынан.

Ашта берген бір тілім құйқаңыздың

Дәмі кетпес тойса да ауызынан.

 

– Тыңдайтұғын жер емес ояу жатып,

Құмнан шығар асықпай, баяулатып.

Алысқаны жақсы емес, ұстаған жөн,

Аяғына отырып аялдатып.

 

– Алып қашсын, жарасар жасқа бұл ән...

– Доғар, Орақ, құйрығын баспа жылан.

Әр кім аяқ абайлап анық бассын,

Азба басты торлаған басқа бұлаң.

 

Тәуелдіміз үрейлі бөзді сұмға,

Қолы  қында, үйлеспес сөзі шынға.

Жүрген жанбыз қиялап, жар жағалап,

Бір жарық бар, үміт сол көз ұшында.

 

Күрсінді би: – Басқан із, жүргеніміз,

– Дей алмаймын, мығымбыз, іргеліміз.

Бөлінгеннің бір-бірлеп басын қосып,

Етек жиып, жөн өмір сүргеніміз.

 

– Қызды алалық,– деді Бай,– таным бапты,

Жылатпаңдар, күшке сап Жарылғапты.

– Қаңғалақтап қаңбақтай тұрақтамай,

Жүргені анау тегінде зады қатты.

 

Мен барсам да,– деді Би,– асты дейді,

«Тізеге сап Шудабай басты»,– дейді,

 

Сен барсаң да, Бай-еке, иіледі-ау,

«Тазы қуған қояндай, састы»,– дейді.

 

Сәтбек барса, қияңқы күйінеді,

Жат тегіне щұқшиып, шүйіледі.

Қарт бурадай тісімен тілін турап,

Құсқа түсер қырғидай түйіледі.

 

Қамқа жауып, ат беріп, киіндіріп,

Қайтара ма туысын сүйіндіріп.

Қайқаяды-ау, тісіне ұртын қайрап,

Екі сөзбен жіберер сүріндіріп.

 

Дағдысы бар жарлыны бағынатын,

Ақы бермей қақсатып, қағынатын.

Ақымер бай:

– Иә ол, оңай жаңғақ

Емес,– деді қысқанға шағылатын.

 

Тартысып та көрген би төременен де,

Көп қой көрген, әлі де көрмегенде.

– Әяпаңды,– деді Би,– салайын мен,

Ел жайлауға екпіндеп, өрлегенде.

 

...Шудаекеңнің Әтібай бәйбішесі,–

Дей алмайды ешкім де жәй кісі еді.

Бауырынан талай жан пана тапқан,

Ықтыны мол, адамның жайлысы еді.

 

Сөйлейді екен берсін деп обырға ынсап,

(Түбі Мық-ты қазақ қой, оғыз, күн, сақ).

Жиырма бесте келін боп көтеріпті,

Үш ұл бала, алты қыз – тоғыз құрсақ.

 

Мағырипа тұңғышы жан қияры,

Тоты құстай Торғынжан, Тайтұяғы.

Бану, Қаду ақша қар, нағыз ұлпа,

Туған айдай Жамалдың қас қияғы.

 

Жасауларын жайнатып гүл түсіндей,

Бақты-қақты жанына зіл түсірмей.

Алты бұлақ еркелеп ағатұғын,

Алты қыздың сыңғырлы күлкісіндей.

 

Алтауынан ай-жұлдыз ой алатын,

Алтын белдер аулақта боянатын.

Алтауының шолпысы сыңғырымен,

Алты ауыл ұйқыдан оянатын.

 

Алтауының айнадай алқымдығы,

Аппақ таңға теңейді халқым мұны.

 

Алтауының айдында аунағаны,

Аунап жүрген секілді алтын құны.

 

Алтауы өріп шығатын киіз үйден,

Алыс қырдан қарайтын көзін сүзген.

Ақ бесігін идіріп ару талдан,

Адал отпен аластап күйгіздірген.

 

Ару күнге алтауын сүйгізгенді,

Ақ бұйра ішік астарлап кигізгенді.

Айнып сірә адасып баспайтұғын,

Алты ақ жорға тайпалтып мінгізгенді.

 

Ақысына ат беріп жүктеп бірден,

Ақ күміспен тұрманын күптетірген.

Айыл бас пен таралғы, бел тоғасын,

Ақ жамбыны ерітіп түптеттірген.

 

Ақ қайыңнан қас шебер қақтап, құрған,

Арқар ерін алтынмен аптатырған.

Ат көрпесін, айдарын, ай тұмарын,

Ақ торғынмен шашақтап қаптатырған.

 

Ай көркіне қандай жан таласады,

Арғымаққа ақ кежім жарасады.

Ағылғандар алыстан іздеп келіп,

Айналсоқтап алтауын жанасады.

 

Бой жетті де алтауы үлде, бүлде,

Жат көрінді жасаулы үй де мүлде.

Қоңыраулы қос сандық құлағына,

Қоңыраулап тұрар деп «түнде гүлде».

 

Басқан ізін білдірмей қоюлатып,

Сыбдыр шықса сыр тыңдар ояу жатып.

Оны сезген анасы оюында,

Отау тікті ойбасым оюлатып.

 

Көрінеді төрінен қуатты аспан,

Табысатын төр осы суат басқан.

Қыз Бұлғынның қып-қызыл қайыңынан,

Шаңырағы –

Күн бейне шуақ шашқан.

 

Оқтай түзу уықтар – жұмыс кеген,

Қарын иіп, қақтаған күміспенен.

Ат үстінен көтерер жігіт сойы,

Көздің жауын алады кім істеген?

 

Сүйек төсек, түскиіз, алаша ырғақ,

Ақ шымылдық, жібек бау жараса ымдап.

 

Кірсең ішке көрмедей кілең өрнек,

Сыбырлайды сыр тартып ала сырмақ.

 

Мін бола ма ағайын кесімінде,

Жеті өлшеп бір кескен шешімінде.

Алты қырдан асырып ата салтпен,

Атастырған алтауын бесігінде.

 

Ата жолын деп тұрса бұра баспан,

Ата-анада бар ма арман бұдан асқан.

Жердің алыс, қарамай жақынына,

Қандай жақсы жақсымен құдаласқан.

 

Асау жылдар аумалы арпалыста,

Арман әсте қалмайды қалтарыста.

Алдын Алтай асырып қалың алып,

Алты қызын ұзатқан алты арысқа.

 

Мамырханнан Әтібай, Әбдірахман,

Һәм қуантып інісі, һәм жылатқан.

«Оң жағымды қызартып кетемін» деп,

Күтеді екен таңнан гүл әр бір атқан.

 

Алты қызын алысқа ұзатқанда,

Осы жайды еске алып күз, ақпанда.

«Жалғызымның әніме қосып атын,

Сыңсу айтып аттандым ұзақ таңға.

 

Сендерге мен білмеймін бұ мәнді ме»,–

Деп бастайтын Әтібай бір әңгіме:

Тоқсан, мезгіл, толғанда байлауыңа,

Қыз тоқтамас бой жеткен жайлауыңа.

 

Күліп келіп, жылатар құрдасың бар,

Досы азбен оңаша сырласыңдар.

Түртіп қалып бүйірден тек тұрмайтын,

Тілдеріңді жеңгелер құрғатыңдар.

 

Жалғызымды ойласам басты уайым,

О, Күн Ана, Көк Тәңір, тақсыр айым!

Аса қамды ағайын, жеңгелерім,

Ата-анамды сендерге тапсырайын.

 

Жылағанда жұбатып, жем берерім,

Қисайғанда сүйенер дем берерім.

Жарда жалғыз – бауырым,

Ағатайым,

тайпа-жұртқа бір басын теңгерерім.

 

Жалғыздығын жарлының түсінемін,

Күз өткіздім кетпес мен кісі ме едім.

 

Арқам төсеп, аялап, ер жетсін деп,

Аты болып арғымақ кісінедім.

 

Еңірейді дүние бұл бір ағын,

Етегіме оралып бал бұлағым.

Естелікке берейін оймағымды,

Есіңе алып жүргейсің, құрбыларым.

 

Көп жылама, анашым, көпті ойла,

«Көктеген бүл, қайтесің, бітті ойла»,–

Мәтелдейтін мәпелеп, әкем дейтін,

«Бой жеткен қыз, қайтесің, кетті ойла»...

 

Барар жерім бай дейді, көрім дейді,

Көлдің түбі алайда көрінбейді.

Уан десең, ағайын, уанайын,

Көк дөненнен жүйрігі көңіл дейді».

 

Деп аяқтар Әтібай есіліңіз,

 – Әтібиге тоқтап тұр шешіміміз,

Басқалар да пікірін айта жатар,–

Дегенде Би, «жөн»,– десті кесіміңіз.

 

Күле сөйлеп Құйқабай: –Тапқыр әрі,–

деді,– жібін Әтібай жатқызады.

Осы сөзге тоқтаған бір ауыздан

Атқа мінерТопайдың жақсылары.

 

Қалған кезі Шудабай сал бурылдап,

Келген беті қыр кезіп, салбурындап.

Үстемелеп үзбеді сапты аяқтан,

Құлан, киік етінен сар қуырдақ.

 

Шаңырақтың көзінде шуақ тұрды.

Азаматтар алпамса, қунақ құрбы.

Күбір, сыбыр басылып, Шудабайдың,

Айтарына зер салып, құлақ түрді:

 

–Жақсы істі айнытып бұрады кім?

Жеткенімше сендерге құлазыдым.

Үйіріндей торланған торы айғырдың,

Отарларың оңды екен ыразымын...

 

Сеңсең ішік желбегей иығында,

Сұрақ тұрды көзінің қиығында.

Сыртқа шықты серпіліп Би Шудабай,

Жауабы ойдың қайнауда тұйығында.

 

«Жұртын жұтып тынады хан парықсыз,

Тақ құлайды аяқсыз, арқалықсыз.

Ел дегенде етегі көл боп тұра,

Бірлік деген ұғымға зар халықпыз.

Біздің ерлер алмастан сөзі қылыш,

Ар алдында үгілер жаны құрыш.

Қабақ шытпас кессең де ет еттерінен,

Жарасама ондайға мына тұрыс?!

 

Билік бодан, бет кеткен бектерінен,

Қам көбейді без бүйрек шеттерінен.

Ескертеді бір дауыс:«Құтыл аман,

Қан шығармай ер болсаң ет, теріңнен».

 

Өр Алтайдың бүйірлі бөктерінен,

Өрген жұртым өрісті көп көрім ең.

Шоқ-шоқ болып барасың қайырусыз,

Қоржын сынды салақтап бөктерілген.

 

Ішімді дау өртеген, сыртымда жау,

Шешілер дау, үзілсе жалғанар бау.

Алды-артымнан торыған азулылар,

Жаныңды жеп тынатын жалған, алдау.

 

Ел ішінен жоғалған ақ лағы,–

Бір шүйке бас қаласаң табылады.

Ананы айт, жұқарған, жүйкесі мас,

Қамшы білеп, қарашы, не лаңы?!».

 

Таста отырған үлкендеу ат басынан,

Таныс дауыс естілді тап қасынан.

«Қайыр,– дей сап, шеттеген үйіріңді»,

Қағып қалды ақ самал арқасынан.

 

«Қайыр,– деді, қайырлы үйіріңді,

Еркесіндей еркіндік киігіңді.

Қолың жетпей бір күні қор боласың,

Қожыратпа, қоң торғай Күйігіңді».

 

Аспан тұнық, алайда, Ай қарасы –

Сорып қойған жанардай қайғы жасы.

Адам сынды ұсқыны аруланған,

Ақ кебінге оранған айналасы.

 

Бәлкім оны әлде кім буындырған,

Айдың жасы тазартып жуындырған.

Ақырғы дем алғандай алып кеуде,

Ажал сорып етін де суындырған.

 

Азайыпты асқар шың, биік құздар,

Бет-бетімен кеткен бе, киік-қыздар?

Желі қайда, ақ дауыл?

Жайлап апты,

Аласұрған сұм ажал, суық ызғар!...

 

 

Ым

 

Төрт қара үй бөлініп, қыстап шыққан,

Құмның шетін екеуі – Мұқан, Құспан.

Би кәрінен ығыстап бұққан мықты,

Хабар алып ауылдан ұшқан құстан...

 

Бай Ақымер қаңтарып саяқ керін,

Сәлем берді иіліп таяп келін.

Мезгіл еді аш құрсақ түстік астан,

Тие қоймас тарылса аяққа ерін.

 

Есік ашты, именіп, бетін бұрып,

Келін байға тік қарау шетін қылық.

Өскін иба, өстиді бұқпалайды,

Үкім емес, өнеге, өкім – ғұрып.

 

Шай қайнады ашық от мосыдағы,

Тары салды бір уыс осы бағы.

Түрден жұрдай, томпиып торсықтай боп,

Іргеде жүр бортиып қос лағы.

 

–  Мұқанға айт, қарағым, мен келді деп.

– Жә, – деп келін, қызарып, өңденді бет.

Бас изеді иіліп, төмен қарап,

Зорға естіліп, үлбірек әдепті леп.

 

Бай аттанды, биязы келін демеп,

Болар-болмас қыбырлап ерін-бөбек.

– Жақсылық көр, қарағым, ұрпағыңнан!..

 «Бар баланың осынау тегінде бек».

 

Тағы келді, ай өтіп, пана кісі,

Ақ қабақты, айбарлы дара кісі.

Астындағы қой мойын ат та өктем,

Арытпаған адуын дала қысы.

 

Келін шығып, лып етіп, күтіп алды,

Құнжыңдап жүр қожалақ қос лағы.

Төрге жайып қара ала сырдақ салды,

Шай қайнады ілулі мосыдағы.

 

Шайын құйып, бір уыс тары салды,

Қос лағы жабықтан танып алды.

Бай салмақты, қарасы бір қияны,

Шолып отыр. Қоян жон, аты жалды.

 

Кісі еді тұрысты, белді, бекем:

– Келін, Мұқан, сапардан келді ме екен?

– Келді,– деді тұқырып, иіліп ол,

(Ата алдында сөйлеу де ерлік екен).

 

– Айттың ба, әке, Мұқанға мен келді деп.

– Айттым, ата... 

Шаншыды меңзең жүрек.

«Айттым деді, ә, Мұқанға келген күні».

Бай ар жағын мән-жәйдің меңгерді бек.

 

– Мұқанға айт, бүгінде, мен келді деп,

Екі арада жер шалғай сенделді деп.

– Жә,– деп келін иіліп, сызылып тұр,

Шайдай ашық күмбезді дем берді көк.

 

Байды демеп ақырын асқан нұрлы,

Сәлем салып, келіні аттандырды.

«Құтқарса қыс қияңқы қоңсығынан,

 Алып тынар аттатпас қақпан құрды».

 

Келін ойлар, баяғы бай ауылын,

Сауыны мол, түселді, сай ауылын.

Жайып көзге қошқыл бұлт жауыны мол,

Жалғыздықтың шертеді жаяу мұңын...

 

Желкеуледі іңірде тым ықтатып,

Келген Мұқан күйеуі ымырттатып.

Байына мәрт мейірмен ер кеуделі,

Қара шайдан алған соң бір ұрттатып:

 

– Тағы келді, ата,– деп,–тапсырғанын,

Айтты еріне тәмпіштеп,– «тақсыр ханым».

Мұқанның жоқ туысы, көп жақыны,

«Ту сыртымнан орай кеп қапсырғанын».

 

Мырс етті де, ол үнсіз шайнап тісін,

Кетті аттанып таң ата ертеңгісін.

Көзің сенбес, көрікті келіндей жас,

Қатынының жайнаған көрсең түсін...

 

– Армысыз, бай, амансыз?...

– Мұқанбысың?!

Бар бол, балам, кел, төрлет, «жұқа-ау, түсің?!».

Түздің аңы тұрпатты Мұқан да бір,

Оралдың ба, жарайсың, ұшқан құсым?

 

Басы бүтін жүреді ұлықты елдің.

– Ұқтым аға, білместік, ұғып келдім.

 Тау суындай арқырап анау азбан,

Даусынасап гүр етті,– Рух бердің.

 

– «Байласаң да бақпайды oл жылқы-түйе,

Байсың ғой сен, бабын тап, мықты, сүйе!–

дейді биің,– сабауға қол батпайды,

Біз емеспіз бетіне жаққан күйе».

 

«Би сұңғыла, салмақты сөзі ойлы,

Адам ішін ақтарар қырлы-ойлы».

Байға құлақ не дер деп асып отыр,

Мұқан үнсіз тұнжырап, көзі ойлы.

 

– Ішінде жоқ биіңнің қара дағы,

Мен ағайын, қарағым, арадағы.

Жан жарасса табысар, бетіңді бұр,

Жазылады ем қонса жара-дағы.

 

Қораңнан қой демеймін өргіземін,

Сауын бөліп, сорпалық бергіземін.

Майсыз ат мін, азамат, сосын ерге,

Анықтармыз ел болып не керегін.

 

– Аз күйген жоқ менің де өртке денем,

Өткен істен кінә іздеп өкшелемен.

Қатты сеніп қалып ем мен өзіме,

Құдай ақы, сіздерге өкпелемен.

 

Е, бай-еке, қысылдық, қысқанды ұқтық,

Өкпе болды, жоқ бірақ мыстандықтық.

Аңы көп қой ақысыз Құм-құбының,

Соны жеп-жеп қысылмай қыстан шықтық.

 

Жүрек түзу, ісіме көңіл бейім,

Расында кей күні көз ілмеймін.

Көзге шыққан сүйелдей деген едім,

Әр біреуге жексұрын көрінбейін.

 

– Өтеуі мол, өссе мін. Құбылмағын.

Бері десе, ары қарай жығылмағын.

Төккен нұрын көрмеген көктен күннің,

Жұтатады жұлғандай жылы бағын.

 

Мал бақ демес, өзгертпес кәсібіңді,

Тауып жеген даладан нәсібіңді.

Бәрінен де абайсыз сезім қауіп,

Қайта табу қиын ғой нәсіліңді...

 

...Үш күн өтіп, үш түйе жетектеген,

Келді Мұқан үйіне есеппенен.

Көрші күңгірт, ыңылдап, іш күйеді:

«Бекер биді осыған өсектегем».

 

Тұрсадағы іш күйіп, тыстан жүдеп,

Жүк артысып, жымиып Құспан күлед:

– Бермесе де іргелі бай жақсы деп,

Кедей өстіп күн көріп, өмір сүрет.

 

Не марқадам таптық біз бұра тартып,

не демейді демеңіз мына тантық.

«Жарылғаптың төріне түнегенше,

Шудабайдың жұртына қонған артық».

 

– Өгіз болдым, жегілдім, Құспан, саспа,

Жолдасым жоқ, сүйенер құстан басқа.

Айланбасын дегенім соңы мұзға.

– Бұның да жөн, осал ма, қысқан қасқа?!

 

...Тау ауасы, салқын төс, сарқылмаған,

Көңіл де қош көктемдей аңқылдаған.

Бай ауылы, шуы мол, жарқын жамал,

Тұғырында құстары саңқылдаған.

 

Мұқан қоңсы, жиылмас езу бүгін,

Бай өңгертті, еркек қой ерулігін.

Азу басы: үйірлі қоңды, тонды,

Ағайынын жатқылып, жеру бүгін.

 

Балалар мәз. Қатыны сол баяғы,

Жерге тимей жүгірді қол-аяғы.

Ірге бақпай, шапқылап жиі үрді,

Жортып және ұйқышыл «жолды аяғы».

 

Қозы бағып, топқа еріп кетті бала,

Көңіл шіркін көсілген шексіз дала.

Майланды ерін, түйе өркеш торсық пісіп,

Өшіп жатты көкейден ескі нала.

 

Ана қунақ, бала аунақ, шалап ішкен,

Құрт қайнатып, апталап саба піскен.

Ал Мұқанның ойы он, сана қурақ:

«Бұ Шудабай, үндемей шалады іштен.

 

Бай жағалап, желіден кетпегенім,

Ат құйрығын бір жола кеспегенім.

Арқанына осы енді байланғаным,

Мен жіңіліп, Би жеңіп, «кеш дегенім».

 

Қап-қара мұрт қатайған қан арылмай,

Қара жердің болмасын хабарындай.

Қою қара қастары маңдайдағы,

Қара көрдің қатулы қабағындай».

 

Жуытпады қасына арман бағы,

Сүрінгені аз емес, алданғаны.

«Шаңы шықпас жаяудың...» деген рас,

Ұстатпай жүр сағымдай қармамағы.

 

Қыр елінде болмайды қайыршылар,

Ал ағаштың асылы қайың шығар.

«Қайтқан малдың деуші еді қайыры бар»,

Егіз туса екі шөп айыр шығар.

«Бақ па оралған, күлкілі жайым мына?»,

Жетпес сана шегіне, байыбына.

Кергігенмен кедейдің күні қараң,

Не сыйлайды ал Мұқан айыбына?

 

Жапырақтың күздегі үндеріндей,

Көк ұшқаттың дірілдеп гүлдеріндей.

Көкірегі түбінде көк төбеттің,

Естіледі бір дауыс үргеніндей,

 

Естіледі.

Аңызға атырап бай,

Қалған жалғыз жалбырап жапырақтай.

Жер төсектен ер Мұқан жатыр ауып,

Ой тасқырқап жүрмейді тапырақтай.

 

Көкіректің қапалы күндіз күні,

Жымияды жабықтан ымырт түні:

Көмушінің кәдімгі күрегіндей,

Қыли көзі, сояудай қыл, мұрт, тілі.

 

 «Тілегенмен жаумайды аспаннан тон,

Айып етпес, үйірін тапқаннан соң».

Астында тұр жалтармас алдаспанның,

Көкек келер тіріге ақпанан соң.

 

Өнбес кісі малының өңдісін жер,

Бейіт, зират не дейді, белгісіздер?

Жоғалғанын жырылып үйірінен,

Бірі емес екінің ер кісі іздер.

 

Сезсін деп кім екенін ақы иесін,

Қадірін де, қазына қаситетін,

Құнын кешіп, қалт басқан бір тентекті,

Жөнге салған ақылға бас иесің.

 

Құлазыған ел толса қуанды жер,

Жердің көркі, орманы думанды ел.

Ал күреңдеп қызынған айдынды бет,

Айда, шүу деп жеңгедей қуланды жел.

 

«Не істеу керек, жан пида ар алдында.

Әлсіз болып әлде мен жаралдым ба?

Жапан кезіп кеткенде жалғыз үймен,

Жазылып дерт, өзгеріп, жаңардым ба?!...

 

Бүгін достың шынайы қайдан білем,

Шығады ертең жау болып пайда күнем.

Оқи берсін ондайға дұға түнім,

Өмір деген екен ғой майдан кілең».

 

 

Сипай өтті бетінен кереге ашық,

Енген самал іргеден желе басып.

Шағанбұрты манаурап, күрең таңы,

Жайып көкке шуағын келеді атып.

 

Жазғытұрым жетіліп, көбірленіп,

Өзгеше бір су жаңа өмірге еніп,

Жалтылдаған түктері құр аттайын,

Мұқан тұрды төсектен көңілденіп...

 

Байдан мінген жүрісті күрең қасқа,

Жарасады күренге жүген қасқа.

«Қатар тұрған қарамен ел бастай ма,

Тең келмесе алымы түмен басқа?

 

Озық қылып ой берген маңдайына.

Сөзін берген дуалы таңдайына.

Көкірегінің көреген көзі мерген, 

Адамзаттың жолықтым қандайына».

 

«Қалма,– дейді,– енді елдің табасына»,

Қу жалғыздық жабысқан жағасында.

Ойнайды ұшқын жалтылдап жайлы кештің,

Күрең қасқа тұлпардың тағасында.

 

Жаққан малдай езуге сілекейін,

Табыстырған ынтымақ, ым екеуін.

Төбеде еді кешқұрым би менен бай,

Танып отыр өрлеген кім екенін.

 

Байдың сөзі әуелгі:

- Күрең қасқа.

Шаңия айтты:

– Жұқарды рең басқа,

Түсте үптеп кететін бұқаңды кеп,

Болар сүйеу болат қой кілең жасқа.

 

Әр жәндіктің бары рас киесінің,

Әріне сай сөзінің жүйесінің.

Алды еске шаңия ұрлануын,

Үйірінің ұйтқысы биесінің.

 

... «Бесін. Қымыз балқытып, мажауратып,

Мызғып еді, жантайып, ояу жатып.

Барады екен жетекте бір биесі,

Жал құйрығын желпіте алаулатып.

 

Ұры-қары,  бақташы, дана кие,

Ит-құсы да, бәрі де далаға ие.

Бір үйірдің алалы ұйтқысы осы –

Ақ маңдайлы сары ала мама бие.

 

– Әй, бәйбіше.

– Не дейсің?

 – Асың жөнде,–

Би төсектен көтеріп басын демде,–

Шақыр бері, осында, Ысқақ қайда?

Тіс қақпайды, ә?! Қақпайды, алсын кеуде.

 

Ысқақ кірді:

– Иә, аға?...

Бұныңдағы:

«ұрысады, дағдылы бұрыңғы әні».

– Сары ала, ақ маңдай бие-ау деймін,

Жетегінде барады, бұрылмады.

 

Әкесінің мінезі тағы, мәлім.

– Кім екенін анықтап танымадым,

Түс ізіне, абайла, мылтығыңды ал.

Өзің ойла дегені арғы жағын.

 

...Ұры жетті тасамен кешке таман,

Бір қазақы ауылға, еске сараң.

«Қапы қалма,– деді ол өзіне-өзі,

Ал, Ысқағым, қамданғай, жетсе шамаң».

 

Күн жүргенді дүрбілеп, ізіменен,

Иығына асқаны ірі берен.

Жасқанғандай жанары жас баладан,

Ысқақ кірді кідірмей, іңір-елең.

 

Бір атадан қосылар уыс қаны,

Шәй сораптап төрде отыр туысқаны.

Тап өзіндей аспан мен жерге тірек,

Міз бақпайды Ысқақтың жыны ұстады.

 

Шәйға қанып, болған соң бел суытып,

– Алайын,– деп салқында жер-су ұтып.

Сары биесін алды да аттанды Ысқақ,

Азуымен ып-ыстық ашу мытып»...

 

«Ұзын қол» деп атанған сырлы бөтен,

Тау, тас, үңгір қылатын қырды мекен.

Сол ұры да ат сүйреп ажал құшқан,

Бейуаз ел киесі ұрды ма екен?!

 

-Бұ да тағы, жақсыға жақын қасы,

Тау мен дала ұстазы, ақылдасы.

Иен көңіл, табылмай саналасы,

Дейтін жанға еріген жақындашы.

 

Иді басын, май жағып сауырына,

Тарт, үркітпей асауды бауырыңа,-

 

Деді Ақымер,-айлалы тентегің ғой,

Пайдасы мол тиеді ауылыңа.

 

– Түсірейін дедім бе, домалатып,

Адасқанды ашумен обал атып!–

Деді де би зейіні Мұқанға ауып,

Ләм демей сілейді мұздай қатып.

 

Құбылмалы жаралған дара сұсы,

Қошқар тұмсық, еңселі қара кісі.

Қарағанда қабақтың астыменен,

Кірпіктері сияқты қалам ұшы.

 

Солғын алды Мұқанның сәлемін де,

Ойдың қалды Ақымер әлегінде.

Ес-қайраты абдырап сұрақ тұрды,

Ұйтқып соққан Мұқанның әлемінде.

 

Ашуы да, ақылы ақық кісі,

Ойына да келмеген жасытқысы.

«Мұқан емес, ұстайтын үйдің құлы,

Ол намыстың кәдімгі ашытқысы».

 

– Отыр мұнда, жақындап, бері таман,

Жүрсің бе есен, қарағым, елің аман?

Жегізбейді өзіңе ілгеніңді.

Ел торыған көк езу бөрі заман.

 

Кемелдіктен, кемдік көп әлі бізде,

Тыр жалаңаш әндету бәріміз де.

Қайыс тапай қайранбыз кермелікке,

Тіңішкеріп барады әліміз де.

 

Айналасын мүжіген жасқан көптен,

Бағын бапсыз қайтарып, асқан төккен.

Үлде менен шымқанып, бүлдеменен,

Түсе қалған ешкім жоқ аспан-көктен.

 

Бір Тәңірге туадан жалынғанбыз,

Бірліксізден быт-шыт боп жарылғанбыз.

Жалғыз өмір тірлікте сүрмек елес,

Бүтін жүріп, алайда, жарымжанбыз.

 

Күз келеді, жапырақ күзеледі,

Жылағаның ал оның кім еледі?

Өтіп жатыр өң-түссіз бұлыңғыр күн,

Түзеледі деуменен түзеледі,–

Деп Шудабай тоқтады, сұмдық сұсты,

Қозғап қойып қамшысын тізедегі.

 

Жатыр екен көлденең нені ойлап,

Тобылғы сап, бұзау тіс, сары мойнақ?

Бітімменен келісіп табыспаса,

Күш иесі бек мүмкін салуы ойнақ.

 

Мұқан бұлдап, не десін, бас тұрғанда,

Сөз де түспес аузына қасқылғанда.

Зарлысы мол, жол тайғақ, заман бұлғақ,

Бұзылғанға жолығар қасқыр анда.

 

Бір тізерлеп, иілді Мұқан таяп:

– Кешіріңіз, шаңия, жүрген саяқ...,

– Әй, Шуда-еке,– деді бай: – ашуың бер,

Тентегіңнің бір ғой некен саяқ.

 

Шудабай би қырандай ұшқан қалап,

Ақымерге бір қырын тұстан қарап:

– Әкетсем дейд бір-бірлеп қайтіп жырып,

Бірі-екінің бұл күнде дұшпан, қарақ.

 

Берекеге келді кез бірігетін,

Бүгін күн бе, бөлініп, бүлінетін.

Сарт пен дүнген жұлысып жеп жатқанда,

Тірідейін бірінің бірі етін.

 

Шудабай би аспайтын, аңғарлы адам,

Маңайына бастырмас паңды арбаған.

Жиып жүрер жанына жан біткенді,

Әлсізді де әлдилеп тал қармаған.

 

Күн де шығар аймалап таң сағағын,

Таңмен еріп келмейді аңсағаның.

Шудабай би, адамға тыңдайтұғын,

Жайып салар жадының жан самалын.

 

Қандай қымбат аға бар, кешір дейтін,

Түйіншек те емес ол шешілмейтін.

Бес боғданың ерімес басы да емес,

Мұздай қатып, сіресіп, кешілмейтін.

 

– Жан ба бөтен, Мұқаным, кешпейтұғын,

Жайса құшақ мен кіммін, кеш дейтұғын?

Көңіл кірі күйдірген таңба ма екен,

Тасқа басқан бәдіз бе өшпейтұғын?

 

Жылаған іш, боздаған бар. Уанды,

Қоңырсыта бермейік шарбу әнді.

Жарқын жүзің, шырағым, ел қатарлы,

Атқара бер, алаңсыз шаруаңды.

 

***

 

Тазарта ма, шынымен алас жанды?

Жібермейді алысқа Ар асқанды.

Көңілі өсіп, жайланды Шудабайдың,

Үйіріне қосқанға адасқанды.

 

Адасып кеп үйіңді тапқан қандай,

Үміт оты көрініп жаққан шамдай.

Мұқан отыр ығында екі таудың,

Жан-жүйесі нұрланып атқан таңдай.

 

 

 

 

 

-----------------Екінші тарау------------------

 

 

 

 

Көк бөрінің жүрегі

 

Тау арасы тынысты қызыл күңгей,

Қыналы тас қырмызы қымыз гүлдей.

Өзен бойы жынысты, қаласаң ну,

Күрең төсте күбірі күргей-күргей.

 

Күргей-күргей ерікті сынап, бүрген,

Кеш күбірге елеңдеп құлақ түрген.

Боз қайыңды ер исі желіктіріп,

Сай ішінде сылқылдап бұлақ күлген.

 

Жұпарлы дем, жылы сөз, сұлу ырғақ,

Жұлдыз жақын шүпірлеп жылу ымдап.

Жүрегінің аршындап жиілігі,

Су сылдырап ағады сыбыр ұрлап.

 

Балбыраған беймаза іңкәрлі ымырт,

Сай қараңғы шалқытқан аңсарды үміт.

Ұйқы басқан тәтті түн айналаңды,

Судан басқа жанды да дүние жым-жырт...

 

Бір сәуегей күрсінді, ауыр үн нақ,

От басынан мүжілген жауырынды ап:

– Тіл келеді, көресің гөй-гөйлеткен.

– Үй, тіліңе шоқ түскір, аузыңды жап...

 

«– Дөң астынан, о сұмдық...»,

«– Сұрқай неткен?...».

«– Ботадайын боздаған»... оқтай кескен...

Естіледі жалпыға салқын бір ән,

Көкіректі көк сүңгі сұқтай тескен.

 

Ит үргізіп, боздатып боз дауылын,

Жақындады суық сөз – «ой, бауырым!».

Шудабайдың шулатып, тік тұрғызып,

Қотан толы ақтылы қойлы ауылын.

 

Ай тұнжырап, қабарып, шыр айналып,

Сүттей жарық ілезде ылайланып.

Жазым болды аулақта жас құшақта,

Жанған оттар жаңағы тіл байланып.

 

«Бей уақта, япырмай, таянышым,

Құлады екен, қимасым, қай арысым?».

Би Шудабай шаншылды төсін тіктеп,

Кірш  еткізіп алтын сап таяқ ұшын.

 

Артқан сайын жақындап арттан тысыр,

Сап тиылды сөйленген сөз де қысыр.

– Хабаршының алдынан өзің шығып,

Бар, Нұртаза,– деді Би,– аттан түсір.

 

Тынып жатқан далада желді есірткен,

Суық сарын шыққандай жер бесіктен.

Шырамытты келген бұл Шұбар ақын,

«Бауырымдап», еңкейіп енді есіктен.

 

Төр сырдақтың шетіне бір тізерлеп,

Кеткен екен көн түгіл мұрты терлеп.

Сықырлайды сүйегі киіз үйдің,

Керегені кейістің бұлты кернеп.

 

– Қай шаңырақ,– деді Би,– арандалып,

Жабылғаны түндігі қараң қалып?!

«Құлағымның неше күн шақырғаны,

Осы пәле екен-ау мазамды алып».

 

Көтер басты, аман ба, ту ұстарым,

Сүйегімнен өтті ғой суық сарын.

Қаралы сөз, қара түн торып келген

Қайыстырды қара үйдің уықтарын.

 

Бойын тіктеп, Шұбар да келді ырықққа:

– Қара дауыл соғып тұр Белқұдықта...

– Не дейт, мынау?!...Патшағар... Батыр бар ма?!...

– Сонда-сонда сорлаған ел де, ұлық та...

 

– Әй, шындықты соншама көлеңкелеп,

Орағытып, отырсың мәймөңкелеп.

Сырғақтама, болса да қанша зұлмат,

Жерге түскен көрмедік ай дөңгелеп.

 

Оқ өтпейтін сүйектен сөз өтеді,

Сөз өтпесе сұмпайы көз өтеді.

Шудабайдың сөзі өтіп былай деді,

Қылыш тілді Шұбар да өжет еді:

 

– Белқұдық бойы қурады-ай,

Қан толып Талды тулады-ай.

Жаным күйіп барады,

Айтуға дәтім шыдамай.

Апшысын жаудың қуырған,

Аярдың жанын суырған.

Ақпандағы бурадай.

Ай орнына ай болған,

Күн орнына күн болған,

Жарығың өшті шырадай.

Алып тұлға, бурыл шың,

Алмас қылыш, ақ семсер,

Батырың өтті, Шудабай!

 

Қанға қызыл қанды сай,

Мәйітке толды Талды сай!

Аспаныңда ай күйіп,

Айдаһармен арбасқан,

Аюменен шайнасқан,

Қаныңмен біте қайнасқан,

Жай отындай жарқылдап,

Қолға түспес алтын сап,

Жарқылдаған алдаспан,

Батырың өтті, Шудабай!...

 

Шайнағандай Шудабай у қорғасын,

Шырын ойдың шайқалтып су жорғасын.

Шыңылдады сынады-ау, шыдамай ми.

– Алда,– деді ол, – мына сөз шын болмасын.

 

«Арысым ең, нар жүгін арқалаған,

Жан-жағыңнан жат, жақын алқалаған.

Қайран жұртым, не деген сорың қалың,

Қайғысы бір басынан тарқамаған.

 

Дұшпаның да иіліп, бас иетін,

Қайталанбас киелі қасиетің.

Қатары жоқ қарадан адал бастың,

Халқым шегер ендігі қасыретін».

 

Аға жолдас Ер Зуқа һәм андасы,

Шудабайдың сырласы, замандасы.

Өзге аяқты өрлетіп  Өр Алтайға,

Бастырмаған қормарал, қамал басы.

 

Суық хабар жеткізген түн ызғарлы,

Не болады алайда күнсіз халді.

Шудабай би тістеніп, көзін жұмып

Түндей тынып, түнеріп үнсіз қалды.

 

 

Үнсіз қалпы құламас құлып тастай,

Өткен өмір жөнкіді құрық баспай.

Күңгірт тартып дүние сала берді,

Аспанынан тұрғандай туып басқа ай.

 

Сағасы саз, саялы, самалы сыз,

Көрінеді айбарлы алыстан құз.

Ақ қабақты, алынбас алтын қамал,

Алтай қалды ақы ие, арыстансыз.

 

«Алтыным» деп алысқан толғайды енді,

Алтайды кім, ақырып, қорғайды енді?

Қанша ғасыр қасарып, қарысқан құз,

Қақырар ма, қайтеді, сол қайғы енді?

 

Тітіркеніп құйқалы атырабын,

Түн жұлады уыстап жапырағын.

Иеленді жүректің түбін қайғы,

Сарқылдатып, қайнатып запыранын.

 

Тиеп алып қайғының бұлтын уақыт,

Қасырет күйін шертеді тыңқылдатып.

Қорғансыздың сорлайды-ау күнін көріп,

Сырқаттанған сорлы Алтай ыңқыл атып.

 

Шудабай би сөйледі:

– Сынды белім?!... 

Етек-жеңін егесіз жиды ма елің?

Бастың басы дейсің бе, домалады,

Замананың тоқтатқан жынды желін?...

 

Бықыш шешен: «Ақ мылтық асынғанға

Алдыратын,аю,– деп,– ашынғанда.

Атып қана аласың»,– депті дейтін,

Атып алған екен ғой, басынған, ә?!

 

Ақырланып еркіндік, жарқын тұсың,

Енді арылмас басыңнан, халқым, қысым.

Кімге аманат етті екен Ағажайын,

Ұшарында ұядан алтын құсым?

 

...Үйге толды түн демей қарт, қараша,

Сәбилер жүр үрпиіп таң-тамаша.

Қазан жақты қоршаған қатын-қалаш,

Дауыс салды жарыcып «жанталаса».

 

Қопара айтар жаспенен көп деректі,

Шер тарқатар мұндайда сөз керекті.

Ең сұлу ән, сұлу жыр өмірдегі –

Әтібайдың жоқтауы өзгеректі:

 

– Зымырайсың Дүние-ай, дөңгеленіп,

Басқа салған тағдырға көнген едік.

Есірген оқ енесін жалмап кетіп,

Кер даланы еңіреп кезген елік.

 

Сағымданып Сар белім көрінеді,

Көк тұманға көңілім көміледі.

Нендей хабар, қарғам-ау, әкеп отсың,

Қарыс айрылып қабырғам сөгіледі.

 

Мірдің түзу оқталған оғындайтын,

Қойған төске қарсыдан соғылмайтын.

Қасыретті ерітіп, сөнбейтұғын,

Сексеуілдің қызған бір шоғындайтын.

 

Бала жастан Батыр ед жерді ойлаған,

Бала жастан Батыр ед елді ойлаған.

Қамсыз жатып қарашаң қаруыңда,

Бұлғын бойын қыс қыстап, ен жайлаған.

 

Үлкен-кіші тұратын «Қажы-аталап»,

Қоюшы еді бәріне жаңа талап.

Қапияда, қормалым, қор болдың-ау,

Түнде келген, қандай жау жанасалап?

 

Қара жаудың лағынет қастығына,

Жаңбыр жауса басады тасты қына.

Қамын жеумен қараша, қажы атам-ай,

Жар құлағың тимеген жастығыңа. 

 

«Асқар таудан бұл күнде төбе биік,

Шау қарғадан сұңқарлар тартқан күйік».

Зорлықшылдар тізерлеп, төрт аяқтап,

Келуші еді алдыңа басын иіп.

 

Елге тұтқа азулы, арысым-ай,

Мал бақтырған алаңсыз, барысым-ай.

Тау басыңда зарлар ем таң атқанша,

Барар жердің қайтейін, алысын-ай.

 

Күбідегі күрең түс шұбат іріп,

Күлдіреуіш күйіктен ұматылып.

Ақ бас атан барады көз ұшында,

Жібек бұйда жолында шұбатылып...

Е-ее-ее...е...

 

***

 

 «– Кім жібекті, елде деп, кім жілікті,

Жылан бауыр, соны іздеп сұм жүр епті.

Шудабай би ойлайды: – Болды ма өткен,

Одан асқан Алтайда түк жүректі?

 

Өмір сүрді өмірі мақтан қумай,

Отын болды ол әкеп жаққан қурай.

Жарты құртын жарлымен бөліп жесе,

Жадырап бір кететін аққан судай.

 

...Асқақтатып, айбарын, аңыз атын,

Оны көрсе басатын аң ызасын.

Жетесіне жеткізіп батыр жайлы,

Айта алған жоқ әлі бір нағыз ақын.

 

Күркіресе еститін саңырау жан,

Талай қара үй қорғалған қаңыраудан.

Өтетұғын иненің жасуындай,

Қасиеті Зуқаның саңылаудан.

 

Қызықпаған Ақ, Қызыл ақшасына,

Пысқырмаған басқаның патшасына.

Түсетұғын бөрі еді бұзылды ма,

Ұлықтыңда күзетті бақшасына.

 

Байшыкештен босатып байланғанды,

Жарлыларға жақ болып жайланғанды.

Қасаң жұрттың жайлайтын тақтасына,

Жайлауына апай төс айналғанды.

 

Арам қанды аярға «тақсырлаған»,

Ранотын жерінің бастырмаған.

Ат мінгізіп жарлыға, жаяуларға,

Ауыр есік арысқа аштырмаған.

 

Арын басып тіленіп, тасынғанның

Ауыздықтап ұстаған асқынғанын.

Атын сойып өзіне астындағы,

Ас қып берген ал кеуде басынғанның.

 

Аманында елі де аман еді,

Алтай тауын алдырмас қамалы еді.

Асқынып бек, тынысты тұншықтырған,

Енді кімнен табылар заман емі?

 

Қаршадайдан қасат қар күрегені,

Тұрған жанның тұғырлы тірегі еді.

Кеудесінде Қазақ деп соғып тұрған,

Көк бөрінің кәдімгі Жүрегі еді.

 

Бірде егіліп, бірде есіп күн бұзылып,

Бая болып кетіп ед мың құбылып.

Көшіріп ед көңілге зілі кірбің,

Ауыл үйдің иттері күндіз ұлып.

 

Бұлбұл неге тоғайда құмығады,

Оның зарын бұл күнде кім ұғады?

Білетіндер бар ма екен, мына кәуір,

Басқа неге соншама құнығады?

 

Бас кесетін не әдет –

арам қанды?

Талай  арлы асылым арнадалды.

Құм жиналып тау болмас деген бар ғой,

Бассыз қалып бай тамыр тарамдалды.

 

Шытынаған шарасы, бар қалыбы,

Ашылмай ма қазақтың зар қарығы.

Сирақ қалды сынақта жығылмаған,

Сынып жатыр алаштың арқалығы.

 

Ащы сумен уланды егістігі,

Темір түсті тікенді, терістігі.

Жібермейді аярды тамған қаны,

Туған тулақ –

Топырақ Жер ыстығы.

 

Жауырын жақ қып-қызыл қияметтен,

Қиын боп тұр өртеніп құран кеткен.

Ұсынбаса уақыт, Алла ажалын,

Кімнің күші бұрыннан бұған жеткен.

 

Өңменінен ақ жылан ширатылып,

Құйып жатыр зәрлі уын миға тұнық.

Ой-санасы сорлының тұманданды,

Сой панасы қазақтың қиратылып.

 

Батпайтұғын бос белбеу, бұрын жасық,

Тапаншалы шіренген бүгін бастық.

Туар ме екен қазаққа қайта дәурен,

Әумәсірдің қоятын жынын басып?!

 

Тау құлады... қайысты қалың орман,

Қарғып өте ала ма, халық ордан?

Не деп кетті, Ұлы Қан ұрпағына,

Бауыздаудан атқақтап залым орған?

 

Кеттің Көкке, Ұлы Жан биігіңе,

Не тапсырдың даланың киігіне?

Енді еш қашан қарылып бөксе көптің

Көмілмейсің күйініп күйігіне.

 

Суға айнылып сорпалы жақтың әрі,

Абұйырлы алаштың ақсұң Ары.

Басыңа ұрып, басынып жаттың әлі

Басқа біреу қораңда бақ сынады.

 

Сүт жарығын жасырған бұлыңғыр ай,

Тасымайды өзендер бұрынғыдай.

Сылайтұғын айнадай жарқыратып,

Суға жуды-ау арулар бұрымды ылай.

 

Азулының болып тұр қалағаны,

Кер құланы даланың талағаны.

Кім береді зауалын бұның, құдай,

Бүйірінен бөрінің қан ағады.

 

Мақсат па бұл қанішер – құймыр қаншық,

Қыбы қанар илесе мыжып, жаншып.

Шауып тастап, жымиып күліп тұрар,

Ежен ханға бас алу емес таңсық.

 

Сау тамтық жоқ сорлы ұлттың сауырынан,

Солып кеткен алманның ауырынан.

Екі зертең бүйірден қысқаннан соң,

Запыранын құсады бауырынан.

 

Жер тыңдасам ескі үн естіледі.

Қанды тарих қалайша ескіреді?

Аяр келіп аяулы Ақ Ордамның,

Туырлығын тоқып қып кескіледі.

 

Бәйшешектер көктейді белесіме,

Жөнімді айтып өтемін келесіме.

Еңірейді сонда бір ұлар үміт,

Оңалғанда оралып ел есіне.

 

Жатқа жалын жан едім сипатпаған,

Қаным аз ба, қалайша ұйықтап барам?

Көтереді Ел жүгін жігіт қалай,

Жауыр аттай ерғашты сипақтаған?

 

Жын-шайтаннан аластап көк белдерді,

Өңкей арлан, ертіп ап өткендерді.

Келесің бе, Көк Бөрі, бір күндері,

Дүбірлетіп, қаңсыған бөктерлерді?!

 

Бүгінгі жас өткеннен не біліпті,

Көк бөрі Ене Бабамды емізіпті.

Аталарым батырға бұлан етін,

Бұзбай қақтап деседі жегізіпті.

 

Ұлы Дала аймағын ұланына,

Менің Жұртым – мекенім дегізіпті.

Еркіндіктің айналған ұранына,

Сол Кісілер көрді екен не қызықты?

 

Қанып ішер ынталы шөлдеп келген,

Өңі оңып, бозарған өрнектерден.

Батыр иісі бұрқырар тау ешкінің,

Терісінен жасалған жөргектерден.

Балама деп байлаған жүз күлікті,

Жүрегіне қондырып ізгілікті.

Ар алдында идіріп алтын басын,

Айдынында шындықты жүздіріпті.

 

Он жастағы оқ беріп оғыланын,

От ұстатып ойнатып оты барын.

Бір күн бейғам бел шешіп жатпағанды,

Құла түздің қорғаштап ор құланын.

 

Мына төсте талай ер, жатыр кісі,

Әр қадамы алтынға татыр ісі –

Терлігі бір кеппеген Ер бабамның

Емессің Сен, батырым, ақырғысы.

 

Керуенін күймелі керімсалдың.

Күн астынан оралып жеріңді алдың.

Қонысыңа қорықпай басқан бір маң,

Ол салмады, ізіңді Өзің салдың.

 

Жау кесірдің жібермей жағасынан

Өткен қолдың өлгенше бағасы нән.

Өрлер ме екен енді көш мамыражай,

Өр Алтайдың қайқайып саласынан?!

 

Көксегішшіл көт басты басшы күйрек,

Жырау зар жақ, ақ сақал, бақсы сирек.

Өркен жайып қар-мұздан өскен көкті,

Өңменінен өтеді өкпек түйреп.

 

Жауына да жұмсарып құс тастан да,

Сыртын беріп, сыр бермей ұстасқанға.

Өтетұғын айналып ауылынан,

Түкірігін  ататын күшті аспанға.

 

Қашқындарын ала аяқ ақ патшаның,

Ұмытылмас естен еш ақсатқаның.

Қобдалықтар бұл күнде жырғып айтад,

Бейбіт елді солардың қақсатқанын.

 

Көк шолақты көрмеген тепеңдетіп,

Тексіздерге барады-ау, есең кетіп.

Елі сенген ерліктің серкесіне,

Айлы күмбес қоя ма, жетең кетік?

 

«Зуқа елінің сынбады талшығы да,

Құтырынып бұралқы қаншығы да.

Сыздамады,– деуші еді,– көре алмастар,–

Басы ауырып, бір күн де, балтыры да».

 

Бар арманы жері мен елдің қамы,

Ерді тыныш үйінде жатқыза ма?

Елін баққан бөрісін елдің ханы,

Ту сыртынан түнде кеп атқыза ма?

 

Ел, жер үшін Ер жігіт өр келеді,

Суға түсіп, өрт кешіп, өртенеді.

Шүберекке түйіп ап шыбын жанын,

«Теңім» деп ед ол дағы төр, төрені.

 

Арсыз биге аяқтан шалдырмаған,

Аяқсыз дау еш қашан қалдырмаған.

Тоқтамнан тыс асыртып артығымен,

Алман-салық елінен алдырмаған.

 

Пәни – тозақ, ойлы жан, ақылдыға,

Тоздырады  азабы асылды да.

Зар заманның суырар шеге – сұғын,

Аузындағы ақынның сөзі дұға.

 

Заман қырқып қыранның қанаттарын,

Таңып әлек қат-қабат талаптарын.

Аярлықтың алдына көлденеңдеп,

Жаяуларды дейме екен талатпадың?

 

Ақтың ағы жалғанда Ар болады,

Арлы жанға жаратқан жар болады.

Ала жіпті аттаған аярлардың,

Ішкені ірің, жегені зар болады.

 

Ұлық келсе өбектеп көңілшектер,

Арды сатып көзіне көрінсек дер.

Көсегесін елімнің көгертер ме,

Тәпсірі көп, талдырмаш көк ішектер,

 

Сондайлардың ақыры жарысынан,

Айырылды қазағым, арысынан.

Теріп-теріп атумен сұмырайлар,

Аз қалыпты-ау, Алтайдың барысынан».

 

Іші күйіп барады толған ыстан,

Омырауын ыстық жас қарып, ысқан.

Көтерді де жоғары алып басын,

Шудабай би серпіліп толғаныстан,

 

Күңіреніп бастады әл-құрани:

 

Бисмил-лаһир рахманир рахим

Ағзу биллә имаш шайтан

ирражийм, рахман ир рахим...

Ихитина сираталла мустахим

Сираталла...ән ,

Алла акбар!...

 

Тайбурылдй шығарып тынар атын,

Талай тұлпар өмірге туар ақын.

Өтті дейсің, естиік, қалай Арлан,

Айтшы жұртқа, ашығын Шұбар ақын!

 

...Қара аспаннан жұлдыздар зуылдайды,

Қара орман қайысып шуылдайды.

Мыңғырған мал жапқанда күзгі бақты,

Бақытыңды қан тілеп, түн ұрлайды?

 

Шаршатады шабан ат жорғасы жоқ,

Пәре қордың толтырар дорбасын боқ.

Алған малы жарлының маңдайына,

Атылады қайтадан қорғасын боп.

 

Қасыреті, қайғысы зор ғасырды,

Көміп қойды сіңіріп жолға сырды.

Май жұтқандай жұтыпты қайран жүрек,

Жалғыз түйір түймештей қорғасынды.

 

Запыраны құйылып жасыл өттен,

Қара жер де қабарып қасыреттен,

Боздап Ертіс, суынды мұздап Алтай,

Сыздап жарты ай күйінді асылы өткен.

 

Түн жамылған жаналғыш қарақшылар,

Гоминдандық қанішер арапшылар.

Қырғын тапты қолынан қатын-қалаш,

Жөргектегі жас бала, қазақ – шынар.

 

Түнде жеткен құйтырқы жау арынды,

Қалай қоям Тәңірге сауалымды?

Адам атқан айуан, аярларға,

Жібер дедік бар болсаң зауалыңды!

 

Қажы атаның түсіне, сұм кіріпті.

Қасыретін сол түстің кім біліпті.

Жеті жендет жармасып, жабылғанда,

Жайратып сап Қажы атам сіңбіріпті.

 

Қойдай қырған кәрісін, жастарын да,

От ойнады сол түні аспанымда.

Белқұдықтың боймен ал қызыл қан,

Судай ақты таң алды, қас-қағымда.

 

Аңға шықса арланды тазы қуар,

Дүниенің байланар қазығы бар.

Жауыздықта болмайды обал-сауап,

Сәбилердің  ал қандай жазығы бар?

 

Күңіреніп табиғат, тас та егілді,

Анарынан Алтайдың жас төгілді.

Аярлықпен ауырып, ақылы азған,

Қоғам қалай жібітер тас желінді?

 

Жеткен бұ бір көнеден ғұрып деңіз,

Аза тұтып жиналған халық – теңіз.

Көк жүзінде жарқырап еш күнәсіз,

Шалқыды нұр – Мың бір жүз қырық сегіз!

 

– Пана еді ғой, жарықтық, қари-хатқа,

– Күміс көмей, аузы алтын шариғатқа...

– Сұры бұлтпен сүркейлі тату, ә, күз?

Сәйкесу-ай, жазмыштың табиғатқа.

 

Азынайды аңырап қайғы ұлттық,

– Аспандағы,– деді Би,– айды мұттық.

Адам тұрмақ, амал не, қара жер де,

Ауырсынар, қазағым, қайғы жұттық.

 

Бірі еді азайған барысымның,

Алдаспаны алмас жүз Ар ісінің!

Қалқаны еді қазақтың даласының,

Түйіріндей және де тарысының.

 

Алтын сарай сананың тұнығы еді,

Жер өмірден көрінер шыңы еді.

Сенсіз қалған жалғанның сарасының

Жүзі ажарсыз, не деген сынық еді.

 

Бағы жанар күн туар түлек кердің,

Қыңырларды тезге сап түзеп бердің.

Дәл өзі еді, табылмас, дәрісінің,

Әділетпен ауырған жүректердің.

 

Ескен желдей аңқылдап, аңыратып,

Бірде ауыздан лапылдап жалын атып:

– Білесің бе,– деді Би, кім жоғалды?

Көпшілікке көз төлін жамыратып.

 

Зуқа десе алашта кім білмейді,

Домбырасы Керейдің күмбірлейді.

Дендеп енген денеде дерті басым,

Күрдесіз тіл мұндайда кірбіңдейді.

 

– Шалыңдар бір жолына көк қасқаны,

Торғайдың да айбарлы  топтасқаны.

Алу керек алаштан ар жазасын,

Құлатамын деп келіп от басқаны.

 

Нажағайға, жасынға айланыңдар,

Кім қызбайды қанына, қайралыңдар!

Қамын жеген қазақтың қайран арыс,

Қажы атаңнан аяйтын қай жаның бар?!

Алтайға бұлт – қорғасын үйірілді.

Ал құрт болса жеп жатыр бүйіріңді.

Ақыл керек атойдан артық ауыр,

Қорғап қалу үшін де үйіріңді.

 

Алқымымнан жоғарлап алған екен,

Батырдан да бұ жалған қалған екен.

Тоныкөктен жалғасқан тағбаштардан,

Тасқа зарын қашаған талғам бөтен.

 

Тамшылап қан тұрса да көбесінен,

Күлінен де күйіктің көк өсірген,

Күдерліні талаған қандаланың,

Құдай неге ұрмайды төбесінен?

 

Отынсыз да күн түсер қурайға да,

Тиді тілі қан жұтып, құдайға да.

Таппай отыр тар жолда басқа ұстаным:

«Кеш, өзің кеш, Жаратқан, Ұмай Ана!».

 

Ғажабынан жазмыштың азабы мол,

Жаратты ма сын үшін қазағын ол?

Селге төтеп береме, іргесінен,

Қарыс сүйем күн жауса қазады мор?

 

Арылмаған маңдайың, қасың қаннан,

Тілің шықты шаншылып, ашынғаннан.

Битті сықпай, есіртіп, дыртылдатып,

Қанша пайда көк тырнақ қасынғаннан?

 

Салқын сабыр сабылып санасынан,

Аумай қалған зарлаған даласынан.

Қазақ байқұс кеудесін күйік кеулеп,

Айырылған бір бота панасынан.

 

Қанға қасап қызылдап семіреді,

Ынсап кетіп, ындынға жел кіреді.

Лағындай лажсыз елік-киік,

Байқұс қазақ далада еңіреді.

 

Құрбан шалды Шудабай әрі көк деп,

Құран оқып құр атқа, кәрі көктеп.

Жиылатын түрі бар жасақтаса.

Жұмылып жұрт, ұран сап, Жәнібектеп.

 

Отты қару қолында, үкілі айы,

Осы жердің төбесі үкірдайы –

Әліп айтты тасбике белден десі,

Әзір-бүгін құдайға шүкір жайы:

 

– Қайран Зуқа, қаһарым, қайрағым ең,

Қалың түскен қазанда қаймағым ең! 

Бүгін алса қазақтың бас батырын,

Ертең қырар мына сұм аймағыңмен!

 

– Шыр көбелек айналып, дөңгелейсің,

Таушыл аттай биікке өрмелейсің,–

деді Би де, шаншылып, түсін салып:

– Шұбар ақын, сөйлеші, сен не дейсің?!

 

– «Қанға қан» деп аттандап, намыс – жалын,

Солтаншәріп аттанды, арыстаным.

Жинады қол. Жол кесіп жібермеді,

Өр Алтайлық дуалы арыстарым.

 

– Бекер,– деді Байтаза,– бұл істерің,

Жамала ма, жан бермей тігістерің.

Опық жеумен құриды-ау, бұла керей.

Аз болғандай бас кетіп, у ішкенің!

 

Біз Баркөлден бауырдан, ал қасынан,

Алтай тұрса атандай арқасынан.

Әттеген-ай, сүйретіп асқынғанды,

Шығарар ек есіктен шалқасынан.

 

Запы болған дүние өкпегінен,

Ой сабақтап өмірдің өткенінен.

Дей қоймады қабарып, күңіреніп,

Қарттар жағы тіс қаққан «өртке кірем».

 

Сақылдаған сары аяз тоңдыра ма,

Қалың нөпір, топан су оңдырар ма?

Байырғылар тоқырап, баршындаған,

Көрінеді жаңа өскін, соңғыларға.

 

– Абақ деген арпалы, нән деймісің,

Арпалы жер үнемі мәз деймісің?

Атағы жер, қарағым, жарып тұрған,

Тәйжі, үкірдай Алтайда аз деймісің?–

 

Дей бұрылды Шудабай Байтазаға,

– Бұдан кейін бұл сөзді қайталама,

Қызыл қолмен ұмтылсаң қызыл отқа,

Артыңдағы мына жұрт жай таба ма?!

 

Жарым естеу мұнадайда күлген пенде.

Жым-жырт халық құлақты түрген төрге.

Сыбыр-күбір боп кетті босаға жақ,

Жалғастырып сөздерін бірден бірге.

 

Шудабайға жоқ емес наразылар,

Кім болғанын келешек таразылар.

Бір мұқатып топ жерде қалсам дейді,

Көкейіне кек қатқан жаралылар.

– Киікбайым, кісі,– деп Құспан айтты,

Не үшін айтты, оң қаптал тұстан айтты.

– Тілді тістеп, мылқау боп отрымыз ғой,

Білеміз ғой біз дағы біраз жайтты.

 

Жиеніне Жәке би көсем ізгі,

Тәлім беріп, көгерткен көсемізді.

Киікбай ғой, Мондайдың тасын алып,

Елге кеткен қайтарған есемізді.

 

Дегенінде Құспанға шеткеректен,

– Ә,– деді бір ат жақты беттеп еппен,

Шіңгірлеген дауысын жуандатып,–

ел аузында мына сөз ертек еткен:

 

– «Мондай менен Шондайсың,

Сарықамырды жондайсың.

Мондайдың тасын тартып ап,

Киікбай сен, оңбайсың»,– дейтіндері,

Осы екен ғой ел-жұрттың бертіндері.

 

Жоғарыдан құйылар төменге нәр,

Байлары жоқ бола ма көгенге зар.

Есе теңдік жібермес Шудекеңді,

Құйылғанда білесің төбеңнен зәр...

 

Төменгі ел күбірлеп, көгін көктеп,

Шудабайдың жаңағы сөзін тектеп.

Сыбыр-күбір боп жатыр, жұмыр басты,

Әркім өзін санайды бір-бір мектеп.

 

Ие керек қоғамға тыншы кеткен,

Зәңгіліктің күні өткен тіршіліктен.

Билеп тұрған көзірі күшті құзыр,

Би Шудабай ауылды бір шыбықпен.

 

Кесіп айту – ғадылет, серт өнерге,

Кенде емес қазағым серкелерге.

Тапал тартса, тозғындап сойы әр күннің,

Айналады іштегі дерт өлеңге.

 

Өз-өзінен ойнап қап оң бармағы:

«Қайтпас керек қазақтың қонған бағы.

Сірә, ойым ат үсті, ұшқары ма?»

Сөйлемек Би ниеті қомданғаны:

 

– Өскен жұртпыз ырысты ырым бағып,

Заманында Қырымды, Ұрымды алып.

Қанша қатал болса да қасқа тағдыр,

Қазақ қалмас қарт жолдан жырымдалып.

 

 

Көк үйректер күмістей көлден кетті.

Көк атандар, көк белдер шөлден кепті.

Құбы құмын көлденең кешкен ғарып,

Бір үмітке сөнбеген өңмеңдетті.

 

Таңның көзі қызарып, бұлттағаны,

Қырдың қанын ұлықтың ұрттағаны.

Арғымақ ат арқанда арандалып,

Ірімесін іргесі, ұлт тағаны.

 

Бар ғой мөрлі әлі де көк тастылар,

Қаһарлы асу, белестен көшті асырар.

Соның кейі шен, шекпен уландырған,

Көтеремдей сал бөксе көт бастылар.

 

Ұлық десе жалпақтап, жалын түйген,

Болғанымен аты жер жарып жүрген.

Бір топ мешел, топаяқ артын тығып,

Іргесіне көбейді сарып, үрген.

 

Үлпілдетіп, түлетіп жетіміңді,

Бүтіндеген, толтырып кетігіңді.

Кедейіңді кегжитіп, желпіндіріп,

Нәлілеген, ұлтарып етігіңді.

 

Болмады ие ұлықтар бір батырға,

Жем салады толтырып кім ақырға.

Әлде қанша белгісіз қан соғарын,

Отырғызып естіңді кіл тақырға.

 

Бүлінгенің бірігіп, бүтінделіп,

Күйленгенді кедейі күтім келіп.

Қызыл жалын, аязға қарсы тұрып,

Қамын жеген халқының күн-түн желіп.

 

Дегеніне жүгінген дала, қалаң,

Жайлауы еді жарлының қара табан.

Бар абақтың айбары, арашасы,

Ондай жанды енді мен қайдан табам?

 

Тарылтқаны тартылып жеңді сіңір,

Тітірткенткен даланы желді іңір.

Шын еңіреу арысын сүйіп тұрып,

Бастап сыбыр, ерінге ерді күбір:

 

– Турасы сол, айтар сөз...

– Сөзде мүлтік

Болмайды ғой, тілінде күртік-мүртік.

– Бір белгісі сөз еру алыптықтың.

– Жүргендер де жетеді көзге түртіп...

 

 

– Ол кезде мен дардаймын, ес білемін,

Бұл азаның таппайды ешкім емін.

Би ағаны батырдың жасы кіші,

Һәм андасы бопты деп естіп едім.

 

– Бір қазанға сыймады екі қошқар,

дейтін сыбыс көре алмас, күңшіл жоспар.

– Қимайтыны бір-бірін жалған емес,

Қыл өтейтін арадан ескі достар.

 

...Әңгіменің ауаны мал жайына,

Ауды елдің қазіргі жағдайына.

Қормалдығы қайшы кеп тау, дауаны,

Сыйғызбады қазақтың маңдайына.

 

Біреу қарайд есіктен басын сұғып.

Біреу кіріп, жүгіре біреу шығып.

Есі бары жоғы да еңірейді,

Кемпір-кешек үһілеп жасын сығып.

 

Көзі түсіп жайнаған қазы, құртқа,

Көлеңдейді ортада мәз ұлық та.

Түсті Бидің есіне барар жолы –

Алтыншы жыл Зуқаның қажылыққа.

 

***

 

...Жадыратқан жайлауды өмір келіп,

Көктің исі көмексіз көңілге еніп.

Үйір-үйір шұрқырап оңнан, солдан,

Жылқы барад тебіндеп өңірге еніп.

 

Жаңылмаған желіден, бағытынан,

Құлын-тайы құйғытып ағытылған.

Жазғы кештің жасампаз құрылтайы –

Азан-қазан айнала бағы тұнған.

 

Бір төбеде түйедей екі тұстас,

Екеуінің есімін елі мұтпас.

Ителінің бұл күнде жас перісі.

Ауыз, мұрын, қабағы, бас терісі.

Бір-біріне болмысы өте ұқсас.

 

Зуқа айтады:

– Баркөл деп, бағың сынап,

Келер бір күн жақының жаның сұрап.

Шудабай дер: – Ол ортақ сіз бен бізге,

Тұрмас қолда Бақ – бұлғақ, тағың сынғақ.

 

– Жо-жоқ...

– Солай... солай, ә...

– Табандылық?!

Үңгіп жатыр іргеңді арам қылық.

– Рас аға, іргемде жауым жақын.

– Салар бір күн сайлаулы заман құрық.

 

Тағдыр –

жазмыш –

қазақша өзін арбау.

Арбалғанды білесің оңай алдау.

Екі арада жымысқы шайтан жүрер,

Қашан теңдік табушы ед сесі бар дау.

 

– Ажал – арлан, естіртпес айтар әнін,

Айғырға ауыз салады байқағаным.

– Қауым – қалың, емес ол, жай бір қауыз

Үсітпейді шымқанса май табанын.

 

Жолым – бұрыс, ал менің дінім – дұрыс,

Дұрыстықтан естимін үнемі Ұрыс!

Қайғысы ғой қазақтың шайқағаным,

Түсінгісі келмейді соны ұлыс.

 

– Дертсіз дене –

сүйеніш, желді күні,

Сиыр бүйрек қазақтың шенді құлы.

Жатқызбайды кісіні жан сүйген іс,

Атқызбайды киелі кер бұғыны.

 

– Айланышым құрама бір үйірім:

Шабан, шәлкес жайлаған бүйірін мұң.

Малға масық келеді жан кешті жан,

Байлық деген батырар бір иірім.

 

Көп  малдылық кім-кімнің көксегені,

Күдір мінез көсесі көктегені.

Көгере ме, кедейін тонаған ел,

Өгізіне өтімді «өк» дегені.

 

– Пәле тілеп жақыннан бастадыңыз,

Атын сойып неліктен тастадыңыз?

– Тірлік еткен тиіспей ауласына,

Ашық болсын дегенім аспанымыз.

 

Көп ойландым, көп жүрдім, кезең астым,

Бақыты үшін барым сап келер жастың.

Аққан судың болмайды арамдығы,

Адал тауып және де жеген астың.

 

(Сұлу аттың қасасы бай, әулетті,

Шебер шапқан шүршітте най сәулетті).

– Қажылықтың жолына шашатындай

«Қайдан алды,– деп жүр жұрт,– бай-дәулетті?».

 

– Өзіміз ғой оны да жүрген қозғап,

Суайт сөгіп, өсіріп сетіп боз жақ.

Ақиқаттың шырайы күйсе нарттай,

Ар мен Шының жолында кетер боздап.

 

Құлқын деген тап солар дерттен өлер,

Қояр емес қолқалап бек, төрелер.

Молда қылу – тұсаулау – ырықсыз ем,

Қылықтары құйтырқы ит өрелер.

 

Жылу жиып, ұлық та, іні-бала,

Пұлға салды бірісі ірі қара.

Ақыл, нәпсі, ар, ұждан, ындын тұсап,

Болғызбады Зуқаны жүзі қара.

 

– Қажылықтың жиғызған жолына арнап,

«Алла жолы» деп алып, елін алдап.

Етке биыл есерлер бек тойыпты,

Жиған малдың қыс бой бәрін жалмап,–

 

дегені не?

– Естідім, десе десін,

Қайтармадым ешкімнің меселдесін.

Жаңғырды арым сауаптан, жарлыларым,

Бір тойдырып, көгертті көсегесін.

 

– Жауап берсек сұраған көпке не деп?

– «Отырғам жоқ қызылын текке де жеп.

Өз табан ет, өз күшім, маңдай терім,

Апарады көтеріп Меккеге»,– деп.

 

Құба құмнан қабырғаң тұрған тиіп,

Қара құйрық ауладық,

құрбан –

киік.

Жардың торғын торы түс топырағы,

Қан базарда осылар тұрған күйіп.

 

Байлығымен байтағым, өзгермедім,

Барам басқа пұл болар көз көрмедім.

Қайсы бірін тыңдайсың айтағының,

Өзі қалып, қалайтын өзге өлгенін.

 

– Естісі бар, тағатын шешімге мін.

– А-а, сырдақтың дейсің бе, шетіндемін.

– Басты міндет мүддеден жаңылмаспыз,

Іргесінен жел кірмес бекінгеннің.

 

– Тәуекел де жараған ол бір құрат,

Міндет – тірлік, күн көріс,

Мүдде – мұрат.

 

Болмағанда түймедей төзімде ес,

Қалу мүмкін қайықтан мүлде құлап.

 

Жеп қоймақтан шайнамай аулақтандым,

Абағында солардың аунап та алдым.

Анталаған, көздерін қанталаған,

Көрген сайын қарланып, аруақтандым.

 

Сен де кеттің сырғақтап, ірге бөліп,

Келе жатқан кез еді гүлдеп өрік.

Ұлық жібір ұстатсаң тас пәреден,

Бірде көрік, жыртылып бірде бөрік.

 

– Өртеңі өсіп, өңденіп, төбелі ерді,

Баркөл деген бір байтақ көп ел, көлді.

Жайылған ел жылымдай жижи-жылжи,

Тұмсық тіреп қорғанға бөгелгенді...

 

Бірліктіге білекті бата алар ма?

Ақ алмастай қайраты қатал Арға,

Алтай десе аңырап жөнелетін,

Не айтасыз көз көрген Аталарға?

 

–  Аузын ашса ақық сөз, мәтел өрген,

Қарттарымды деймін ғой мәпелер ме ем.

Не айтамыз, Сәбиттен асып тудым,

Дей алмаймын асқара әкелерден.

 

Жер өмірден ырзамын жетегіңмен,

Келгеніңде кісілік мекеніңнен.

Дізе қосып түскен кез отқа, суға,

Мұтылмайды болған зат есебімнен.

 

Құмды, тұзды келеді көл жиегі,

Ойым – дала, жеткізбес көкжиегі.

Көп иттердің көтерем қу жағы да,

Кегежесі кер тартып, кекжиеді.

 

– Күн шығыстан атанып, жортқан заман,

Бараныңнан батыс жақ қорыққан заман.

Әдірем қап, қойныңа қолқа салып,

Қорғасынмен келді ғой қортқан заман.

 

Бара жатыр азайып ырысымыз,

Қорғанарға жоқ мылтық, мырышымыз.

– Желісінде байланған жез керменің,

Жерімшалқар, тарылған тынысымыз.

 

Ертіске енген кәуірің сүзгізбейді,

Еркін тірлік енді кеш, сүргізбейді.

Қайың сауып, кемірген кедей кемік,

Судан шабақ оған да сүзгізбейді.

– Шама-шарық шашылған күштейтұғын,

Бітеу жара мына дерт бітпейтұғын.

– Есесіне есерсоқ жала қалың,

Бүйідей боп ісініп биттей жұғын.

 

Батып шықтым ұлықтың құдығына,

Қайшы келіп қылығым қылығына.

Айналаңа қарашы, жаппай ғаріп,

Дүниенің малтыған былығына.

 

Жасын сүртсем жарлы мен жапырақтың,

Басын күтсем болдырған батырақтың.

Пайдам тисе, ол дағы қылмыс екен,

Өзі болдым ақыры ақымақтың.

 

– Хүкіметің құлайды ай ұрлаған,

Жақсы менен жаманды айырмаған.

Сайда саны, ал құмда ізі қалмай,

Мал далаға кетпес пе қайырмаған.

 

– Ұлықтары ұясын асы майлы,

Алымымен халқының асырайды.

Қадіріне халқымның қарным ашад,

Құл емес қой билікке басы байлы.

 

– Салық ортақ жалпыға, медет зікір,

Беріп тұрмыз бәріміз зекет, пітір.

Демейді ешкім келе ғой, ала ғой бақ,

Берді, алдым әзірше бекет шүкір.

 

– Ел деймін деп таяқты жеп келемін,

Кейде өзімді шыныммен жек көремін.

Солай болар сырықты құрығына,

Ілінбесең сүресің бек-төренің.

 

Ұзақ ғұмыр жасаған сызып атын,

Ұстанымның шағы бар бұзылатын.

Жала –

айласы жоюдың дұспаныңның,

Дүние ме қу билік қызығатын.

 

Еңкеймейтін басыңа тұрар ерек,

Иілмейтін буынсыз арқа керек.

Өрге қарай ұмтылар тасымыз да,

Болса болат, шымыр ой, алқа зерек.

 

Қорқақ патша қос-қостан зындан құрар,

Өтірікке өзін де иландырар.

Әлін білмей әсіре әлектенген,

Жақынын да жәбірлеп, жындандырар.

 

 

Қоқияды жетсе бір алыстан ым,

Алқымынан алдырмас алысқаным.

Қабылдадым төренің тез кесімін,

Жараспас деп жан пида қарысқаным.

 

– Аман жүріп, Ағажан, қош қайтқайсың!

– Көріселік, Шудабай, есендікпен!

Ұлығың мен жарасқан досқа айтқайсың,

Жойылды деп Жалпақтан кесел күткен...

 

Есінде екен қабағын бағып тұрып,

Қоштасқаны төстерін қағыстырып.

Сүйенгенше танылмас таяғыңа,

Шағатыны жыланның шағыстырып.

 

***

 

Алау еді маздаған таза мұзда,

Айналғанда қиялдай ажы аңызға.

Белқұдықтың басынан бұйырды қан,

Зуқа батыр атанған қажы-абызға.

 

Баркөл, Мори, Боғдада, Шонжы, Құмыл...

Шұбар керей көп еді шоғыр – ғұмыл.

Сорғалайды көз жасы сорлы арманның,

«Сорады,– деп, сүзектей шойын құбыр».

 

Сол байтақтың серігі, бек білегі,

Өр Алтайды қамалым деп біледі.

Сеңгір таудың күзеуде сеңі езіліп,

Сексеуіл жер құбының текпіледі.

 

Өкіреді қара орман шашын жұлып,

Қара күшік шошайып, қасында ұлып.

Қара жер де қайғырып, қара жел де,

«Басынды ұлық,– деп жатыр,– басынды ұлық».

 

                       ***

 

Үш арысы Топайдың затына сай,

Бірі – малжан, ал бірі – ақылға бай.

Төресіндей Кісебай, кім дегізбес,

Шудабай би ортада Ақымер бай.

 

Ер тоқымның жарқырап күмістері,

Тоқпақ жалды торы түс міністері –

Тоқ жараған тағалы өздік аттар,

Тегіс аяң, қой жорға жүрістері.

 

Жолға шықса жиылып тоқым қаққан,

Жоқтауы мен қайғысын тоқыратқан.

 

Қалмайтұғын бар салты, бар қазақтың

Торқалы той, өлімді топырақтан.

 

Абдырасы ақ алтын көне батыр,

Алтай атты алдында кеме жатыр.

«Хас батырдың қырқына жетеміз» деп,

Қырық кісі салт атты келе жатыр.

 

Сұсты күштер түнеріп, суық тысы,

Жол тартқандай жорыққа қылық, түсі.

Тұяғынан аттардың от жарқылдап,

Келе жатыр құрамы қырық кісі.

 

Тістері тас, түстері, қабағы – бұлт,

Анау сырттан аңысын бағады жұрт.

Төмендеп кеп төбеден түнерген көк,

Қар аралас сабалап, жауады жұт.

 

Тау күнгейін паналап арқар, құсы,

Ерте түсер ежелден Алтай қысы.

Қазан соңы, кей жылы қарашада,

Ақ мамық боп жатады астар, тысы.

 

Түлкі тымақ кигені кеңдеу пішіп,

Киіз байпақ, суымас сеңсең ішік.

Жүрдек аттың болса да үсті – жұмақ,

Қайғы езген қаралы еңсе кішік.

 

–  Шаңиямыз ат басын тежер ме екен?

Алда Бұлғын, арлы су, гөзал мекен.

Өзен бойы екі ара бақылаулы,

Жөнін білсек өткелдің не дер екен?

 

Қараған жан түрінен түңіледі,

Қайқы кірпік, сұқты көз шүңіл еді.

Байбаламдай шірене үзенгісін,

Бабақұмар ізіне үңіледі.

 

Самайынан сырғыған құлап тамшы,

Ақымер бай тіл қатты, сылап қамшы:

–Әй, Би-аға, тіліндей құмалақтың,

Бақсыңыздың, сөзіне құлақ салшы.

 

Қос етегі жиылмай, салбырақтап,

Бабақұмар бұтып жүр сандырақтап:

– Ойрандайсың дейсің бе, ойрандайын!

Cайлауытын оздырсын, жау жырақтап.

 

Бақсы бардам, мінезі тұнжыр еді,

Тым түкті ғой тас бауыр түн жүрегі.

– Өледі-ау, жетпегір белеңіңе,

 Өле ме екен?  Өлмейді? «Кім біледі?».

 

– Кейде осылай кезі бар шалықтайтын,

Мың қайырып дұғасын жалықпайтын.

Пендесі ғой, қайтесің бұ да құдай,

Сезген шығар бір нәрсе анықтайтын.

 

Кісебайдың нанымды сөзі тура,

Бабақұмар бақсының сесі – бура.

Молдалықтан Нұртаза мол хабарлы,

«Жоламайық»,– дейтұғын,– осы қуға».

 

Астындағы бақсының байшұбары,

Омырауында сарғайған ай тұмарлы.

– Көріп тұрмын, шаңия– деді бақсы,

«Өріп жүр» дейд, өріп жүр, ә-әйт, шү-үу, әрі!

 

Басқан орнын опыртып, оймақтатып,

Құла атты ыршытып, ойнақтатып.

– Би аға?!,– деп дауыстап Қапыш төнді,

Жігіт еді жасынан ойнаққа асық.

 

– Қой демесе бақсыңыз өрлей берер,

Артық та кем әредік сөйлей берер.

Жайлағанда жын билеп жанын шалық,

Болып кетед боздаған гөй-гөйі өнер.

 

Бақсы ұзақ керіліп есінеді,

Бірдеңеге өлгендей тесіледі.

«Жолықтық па пәлеге,– десіп,– насқа?!.

Әр кім іштен топшылар: несіне ерді».

 

Көкейлерден көп сұрақ көктеп ірі,

Көз тігеді үреймен көкке бірі.

Таппай Қапыш тыпыршып жерден тұрақ,

Қылпылдайды қынында көк темірі.

 

Бабақұмар ақылы астаң-кестең,

Тілдескендей қол жайып аспан-көкпен.

Ұрық қуған бақсылық киесі еді,

Өтіп жатыр өмірі бастан кешкен.

 

Олай өтіп бұлқынып, есіреді,

Былай өтіп, тоқтай қап тесіледі.

Баяғыдан бақсылық қалған жұрнақ,

Бүгінгінің шеттелген кесірі еді.

 

Әр түрлі ғой адамда таным деген,

Би Шудабай пір еді пайымы ерен.

Ішіндегі қарайып кетпес түймеш,

Былтырғы бір оқиға жанын жеген.

 

 

... Барлағандай бала отыр төңірегін,

Шаңырақтан төгілтіп, төбеден үн.

Жалынады анасы Тәңіріне,

«Түсе ғойлап», шақырып, көбелегін.

 

Шеше байқұс ұмтылып шаңыраққа:

«Құзға бала құмар ма, амырақ па?!»

– Құлап түсіп, биіктен, әй, құлыным,

Қу шешеңді зарлатып, аңырат па!

 

Төбең тесер, әй, балам, пысық көкең,

 «Құдайым-ай, не еткені, ұшық па екен?!».

– Құламаймын, шешетай, жығылмаймын,

Бақандасаң бар ғой, ә, ұшып кетем.

 

Ана жанын қысады қыс емес күн.

– Ұшатұғын қанатты құс емессің.

– Ұшам! Ұшам! Ұшамын!...,– деді бала,

Құшағында қиялы түс, елестің.

 

Шаңырақтан жанары жалт-жұлт жанат,

Сықырламай үй тыныш алты қанат.

Үйден шеше шыққанда «әй, бәлем» деп,

Құсша құды қомданып, қақты қанат.

 

– Ей, жасаған, құлыным, құлақ түргін,

Өлесің-ау, абайла, құлап бір күн?!

Тыңдамады ұл, талпынып, шеше сөзін,

 – Бар ма өзіңде, еститін құлақ, шіркін?!

 

– Бар. Бар, шеше..., құлағым,– тұр салбырап, –

«Ұш-ұш», – дейді,– ұшамын, қусаң құлап.

Шырылдайды шешесі көңілі алаң:

– Әй, түс бері, түс деймін, не сандырақ.

 

«Ұшам,– дейді,– ұшқанда бара ма айға?!,

Шаңырақта отырған бала қайда?!».

Ойнап отыр баласы кенейімен,

Ойда түк жоқ беткейде, анадайда.

 

«Кіммен құдай, сөйлестім айқайласып?!»,

Аң-таң болды қу шеше, шайқай басып.

«О, жасаған, мен әлде жындандым ба?»,

Қарады аспан тұп-тұнық, шайдай ашық.

 

Күлгін күмән селдіреп еріндегі,

Ақ саулығы үміттің желіндеді.

– Әй, Сағдажан, Сағдажан, айналайын?...

Көңілі сәл жадырап, жеңілдеді.

 

– Шеше, жаңа көрдің бе, қалықтадым.

Көрдің ғой сен? Ұштым мен, шарықтадым?

– Аузыңа бол, қарағым, сөзіңе ие,

Қылжақтама, мен де бір қалыптамын.

 

Берген екен ерекше тіс, көмейді,

Кей үлкенше үстірттеп, үстемейді.

Бір атаны сөзімен «қатырыпты»,

Сонда жасы бар-жоғы үште дейді.

 

Айырады қуларды басқан бармақ,

Қиялымен кезеді аспан шарлап.

Көз алдыңнан көп сурет, өтер бейне,

Өліт кемпір арқаға асқан шарбақ.

 

Сұңқар құстай кәдімгі қалықтайды,

Кейде толқып шабыты шалықтайды.

Өз еңбегін жанымен сүйген адам,

Кәсібінен еш қашан жалықпайды.

 

Құс боп сайрау, аң болып, ат боп үрку...

Баласының әдеті далалықтың,

Балта шабу –

тиым сап,

жасқап, ірку

қызығына қанбайтын балалықтың.

 

Дара қылық, ырықсыз жас құрағы,

Кейде ауылын керемет састырады...

Бір балгерге шешесі жалбарынып,

Жасырып бал баладан аштырады.

 

«Бір түрлі өзі тіленіп түрленгені,

Тыншымады есінеп түннен бері».

Балгер десіп ел-жұрттың жүргендері,

«Қалпе» атанған жалғыз бас біреу еді...

 

Шомылып жүр көп бала, құмды жанжақ,

Су жағалай шапқылап, құлдыраңдап.

Зауқы соқпай бұл іске бал ашуға,

«Қалпе» бала аңысын тұрды аңдап.

 

«Құрыққа бас қашаған игізбеген,

Жалына қол туадан тигізбеген...

Қалған екен мәңгіріп, Сағда барып,

Ұшықтап жүр ол құрым киізбенен...

 

Құс па мынау, жұп-жұмыр тегіс дене?

Құс қанатты, құдай-ау, періште ме?...

Бұзылмаған денесі құнан тұлпар,

Көргенімді көкірек теріс деме».

 

– Балаңызға, бәйбіше, қас қылығы,

Бабасының қоныпты бақсылығы.

Басын жұтып, әй-әй-ай, қояр ма екен,

Бағзылықтың жүректе тапшылығы.

 

Шарықтайды шындаса онан ары,

Ұшып көкке, құс болып оралады.

– «Жастай жанған шалқыма, шырағым-ай!»,

Шылқа болды шешенің орамалы...

 

Жеткізер деп ойлаған жақсылықты.

Сала салды сұм балгер тас құлыпты.

Жоққа мүлдем сенімі шығармайтын,

Ықсырғанмен шын діні бақсылықты.

 

Салмақсыз сөз көбелек сусылдаған,

«Бақсылықты қайтесің, құрысын балам?!

Бақсылықта бар ма бір шын қасиет,

Сырлы әлемнен нәр алып, сусындаған?».

 

Бақсы десе түседі ел есіне

Жынмен шайтан, албасты... келесі не?

Кейбір кезде ауырып, сырқағанның,

Жарап жатар бақсылық кәдесіне.

 

«Бақсы деген бойында жыны бар жан,

Жақсы айтса шығады жыры маржан.

Бақсы үшкіріп, демесе қолтығынан,

Тұрып кетер орнынан жығылар жан.

 

Бақсылықты қайтеді жүрсін аман,

Мен құдайдан жоқ едім жын сұраған.

Бақсы, балгер, құлыным, болмай-ақ қой...».

Жетті ерді – баланы күн сынаған.

 

«Дәруіш боп ел кезіп кеткенінше,

Біреуге ұнар, ұнамас жек көрінсе.

Ат үркітсін болмаса жата қалып,

Тірлік қуып, мұратқа жеткенінше».

 

Ағайынның артық-кем пәтуасы,

Не дер бұған молласы, тақуасы?

Айы туса оңынан, Алла оңғарып,

Бір ақ сарбас дайын ғой, шашу, асы.

 

«Бабақұмар елдегі мықты бақсы,

Айдай келіп айтқаны ықты жақсы.

Соны алдырып, созбалық, ойнаталық,–

Деп келісті, бір топ жан ынтымақты.

 

Қарт бураның қарымы көрген көпті,

Алған құрлы болмасты шөгір шөпті»...

Буырқанып сүркейлеп боза таң да,

Тізіліп құс қиқусыз көлден көшті.

Жел тигізбей балауса, құрағына,

Қамқор болған үйірі, тұрағына.

Ашуланып, күркіреп атқа қонды,

Би де тие бұ хабар құлағына.

 

«Сағдажан ба, Сағдажан,

Әй, қап!

Құрбан!»

Келеді ұшып қарт қыран аңсап қырдан...

...« – Бабақұмар!!!»...

 Сағдажан безіп берді,

 Жаңа ғана жарқылдап ән сап тұрған.

 

– Шеше-шеше, жіберші, бай атамды,

Барып айтсын, жоғалтсын, ана атанды!...

Шырылдатып байламақ ұяға ана,

Алдап-сулап шақырып балапанды.

 

Бара жатыр шақыру жүйкесін жеп.

– Маңдайымнан Би атам иіскесін кеп.

Мен ұшамын, келмеймін, Сағдажанға,

Айтсыншы атам бақсыға тиіспесін деп!

 

Екі көзін көзіңше шоқып алам!

Ойып тұрып жанарын, отын алам!

– Не дейд, мынау, құдай-ау, не дейд мынау?!,

Ана байқұс, дұғасын оқып алаң.

 

Арда емген бала ғой ана емшегін,

Қалай ғана аттасын Ар өлшемін.

Келе жатыр бақсыға тісін қайрап,

«Сыбағаңды берем,– деп,– бәлем сенің!»...

 

Қасыретке, қайғыға дала көнген,

Қазан айы алыстау қара көңнен.

Қарауылдай қақшиып тұрған еді,

Ғайып болды елес пе, бала дөңнен…

 

Үйдің іші ат көпір, айнала бу,

Қызған темір, сарқылдап қайнаған су.

Бір қора жан қоралап, шошып отыр,

Жығылғандай жігерден жайнаған ту.

 

Екі бақсы тап беріп жақындайды,

Сандырақ па, сөйлейді ақын жайлы.

Жасын сәуле жарқылдап көздерінен,

Алма кезек қалшылдап, сақылдайды.

 

Айналып от, 

Қалтылдап, сенделектеп,

Жұтып жалын, шайнайды от ебелектеп.

 

Бабақұмар қамшымен салып қалды,

Топ ішінен біреуді «сен керек», деп.

 

Ананы бір және де салып өтіп,

Алқынады біресе ары да өтіп.

– Бура жыным,– деді ол,– мынаны бүр,

Бара жатыр ақ сүңгі қарығы өтіп!

 

Толғағандай сөйлеп кеп ғашық жырын

Ала бөтен күй кешті, ала құйын.

Тап-тап берді, тарпынып, Сағдажанға,

Аласұрып бурадай шашып жынын.

 

Қыран құстай Сағдажан саңқылдады,

Әлде қанат, әлде қар сартылдады.

Айбалтасын қып-қызыл жарқылдатып,

Бабақұмар тұра ұшты тартынбады...

 

Ойран болды от басы,

жүресінен

қатты екеуі, құрыды сілесінен.

Тырс-тырс тамды тулаққа топтың жасы,

Жаңылды әне ұлыған бірі есінен.

 

Сол шақ еді ауаның суынғаны,

Сап тиылды апшысын қуырғаны.

– Алла-алла... көзім-ай... жасаған-ай,

Түу, түбінен көзімнің суырғаны.

 

Мынау өрт қой, ойпырмай жанып жатқан,

Бұйрық солай, сөкпеңдер, әмір Хақтан!

Ақ сұңқар құс –

Құс екен,

Жыны – жасын,

шықты ұшып шарықтап шаңырақтан,–...

 

Дей күбірлеп бақсы да түрегелді,

Бұл оқиға үркітті түгел еді.

Тілсіз. Тізгін ұшымен келе жатқан,

Шудабайдың кеудесі түнек еді.

 

Ал Сағдажан оянды ертеңгісін,

Өзгертті де өскелең өртең түсін.

Мұңлық кебін үстіне киді мәңгі,

Ғайып етіп пәниден сұңқар күшін.

 

Жоғалатын түрі бар жуықта үміт,

Жүрмес болды жақынға, туысқа үгіт.

Тап сол күннің қып-қызыл іңірінде,

Жеткен би де жиренмен суыт жүріп.

 

 

Сәби қалды мәңгілік көңілінде,

Тамшы тұрды мөлтілдеп өңірінде.

Сол бір кеште іш жанып, тұңғыш рет,

Жылағанды Шудабай өмірінде.

 

Осы оқиға елестеп жол ортадан,

Гу-гу дыбыс шыққандай омартадан.

Осып өтті бақсыны көп көзінше,

Шудабай би ақырып жон арқадан.

 

Қыл дегенедей бақсы да білгеніңді,

Бір молаға беттеді ілгерінді.

Қара құйын шаншылып, ширатылған,

Сонодайдан сонан соң бір көрінді.

 

Көрген көзде жазық жоқ, таңғалдырып,

Арт жағына қоп-қою шаң қалдырып.

Шапқан бойы бір белді асып кетті,

Шудабайға тіл қатпай шамдандырып.

 

Тылсым қуат тағдырын тауысқан ба,

Азып-тозған замана ауысқанда?

Сарып болып халықтың буындысы,

Жолы ашылды, белденіп сауысқанға.

 

Желік кірген кеупая сапырылып,

Жел ығына жығылар, жапырылып.

Кие кетіп иеден,

Не бір зорлар

зындандардың түбінен жатыр ұлып.

 

Кісі қалмай көнеге ашыр жаны,

Бастан кетті тобырдың бас ұрғаны.

Көзге шыққан сүйелдей көрінеді,

Көшті белден аман-сау асырғаны.

 

Кім көріпті өмірге екі келіп,

Төр төменге иілмес мекіреніп.

Алып жатса сұраусыз Арғымағын,

«Е»,– дейді жұрт үйренген еті өліп,

 

Барар жерің жеткізбес иірі-иір,

Бұрыш – доғал,

Жол – доға,

Бағдар – сүйір.

Күн  шығады, таң атып, қай уақытта,

Қараңғыға қашанда қанжар үйір.

 

Қашан көрер күмбезді, мұнараны,

Жартастардан жап-жасыл мұң ағады.

Қия басса аяғын үй артынан,

Қылтыңдайды мылтықтың құмалағы.

 

Шудабай би шайлығар кісі ме еді,

Ол жасыса не болар кішірегі.

Қорқақ адам секемшіл, қашқан – бұлтақ,

Көлеңкелер қоясын түсіреді.

 

– Есті алды ғой, аластап, үрлеңіздер,

Жынмен сайтан иектеп, күлмеңіздер,–

деді Қапыш жінігіп,– қара басып,

Қамсыздықтан қапы қап жүрмеңіздер!...

 

Қапыш өте ішінде жігерлі еді:

– Би ағасы,– деді өктем, жібер мені.

Әкелейін жетектеп, алдыңызға,

Құдай білед бақсымыз шідерледі.

 

Қажытпаған қарасын, қайманасын,

Қапы қалып қалайша тайғанасын.

Қарасымен иіріп, үйіреді,

Шудабай би сұсымен айналасын.

 

Ұраңқайда бір туыс үйірдегі,

Майлығы мол, қаралтым шүйірмегі.

Соған ұқсап түс-өңі Шудабайдың

Іштей зекіп Қапышқа шүйілгені:

 

– Жіберіңдер, байқалық, Қапыш барсын,

Қасына ана Нұртаза молданы алсын!

Айырықта опықты баршын қалыс,

Құдай өзі бұдағы қолдаған сын.

 

***

 

Баладай пәк биязы қозы баққан,

Танауынан құлдилап бозы аққан.

Бұлғын суын төтелеп өтер жерден,

Гомин шерік кезікті тозып жатқан.

 

Кезеніп кеп мылтығын қолға түсті,

Қапыш аттан сыбанып, зорға түсті.

«Өткізбе өрге, тірі жан»,– деген жарлық,

Апты пәрмен сол шерік зор да күшті.

 

– Кімсің өзің?

– Балықшы, бақташымын.

– Атаң басы, мал қайда, нақ па шының?!

Көзі айтып тұр кәпірдің өтірігін,–

– Бар ма және бұл жерде басқа шыбын?!

 

Қапыш төнер төбеден нар шырайлы.

Қара шерік дірілдеп, қалшылдайды.

Бүктетіліп иіліп, әлсін-әлсін,

Бұтынан дым байқұстың тамшылайды.

 

– Басқаң қайда?

– Өзенде балық қуып,

жағада жүр...

Жан сынды жарық қуық.

– Әскер емес, мынауың, шыжың неме,

Елін қорып жарытпас, қарық қылып.

 

«Жылан кессе жолыңды болар бұрыс,

Тегін емес, оңдырмас мынау жүріс».

Қапыш ойлап, қабарып, салып сұсын:

– Екі бөліп, бұл итті тастау дұрыс!

 

«Олай етпе,– деді ойы,– пәлесің дер,

Еркелетіп молырақ пәресін бер.

Алтын көрсе періште жолдан тайған,

Біз кеткен соң тартысып таласып жер».

 

«Ақыл-естен,– деп қойып,– сау шығармын»,

Түсті Қапыш ізіне аушылардың.

Ажал айтып келмейді керегі не,

Тал түсте де дәм бітсе таусылар күн.

 

Ілепіртіп алдынан шұға желді,

Қара көгін ойнатып, бұ да белді.

Арасынан қалың ну, тоғай-ағаш,

Қара бақсы қарқылдап шыға келді.

 

– Ие ұрған, әй, Қапыш, халық кәрлі,

Көрмеймісің мүсәпір, зағиптарды.

Бұдан әрі бақсыға өл деймісің,

Аттан түсір, дем алсын, ағиқтарды.

 

Жындарыммен жарысып, жағаласып,

Барып қайттым жер шолып, бағам асып.

Атысамын дейсің бе, жарытпайсың,

Алды-артымыз арқасыз, алан-ашық.

 

Қиып өтті қара құс, құмай көкті,

Ұнатпайды құдай да құдайы көпті.

– Оянбаймын ертеңсіз от қойсаңда,–

Деді дағы аш бақсы сұлай кетті.

 

Қала берді үн-түнсіз ұқпаған боп,

Күңгей, күрке, қойнауды ықтаған топ.

Қайтты Қапыш лезде түнді ұтып,

Қия басып тобынан шықпаған боп.

 

Тіс жарса егер, бас кетіп, жақ сынады,

Жұмылған жұрт – жұмырық, бақ тұмары.

Жаназасын жас молла Нұртазаға,

Алар жанды аллаға тапсырады...

 

Бара жатыр жақ ашып баяндамай,

Сулы жерге кідіріп, аялдамай.

Көрікті жер, көп елді Көктоғайға,

Желе жортып жөнелді аяңдамай.

 

Ақыт ақын

 

Бағынған бұл ел емес бір еншіге,

Тиіскенде ел емес біл, елшіге.

Керей елі Алтайда аз қолдасы,

Аз болатын бұл елде тіленші де.

 

Ағылған жұрт арналған  үмбетіне,

Асқа келді алланың құдыретінде.

Қонағасы құр жылқы, құнан қойдан,

Хас батырдың қырық күн күзетінде.

 

Аталықсыз денеде сүйек болмас,

Әңгімеде әсерлі тиек болмас.

Қортылғанда кеңесіп, өткен-кеткен,

Қозғалмайтын тілдіде иек болмас.

 

Өмірді де, өзінің жарасын да,

Өңірді де өзгені, санасын да.

Өлімді де еске алып жылап өпті,

Тілім-тілім тірлікті арасында. 

 

Көктоғайдан бұл Асқа Ақыт келген,

Ағартсын деп ел-жұртын бақыт берген.

Ақық сөзден әр кім де алып қалмақ,

Өте шығар білінбей уақыт керуен.

 

Ақыт ақын баласы Үлімжінің,

Нағыз өзі керейде жырындының.

Азайған шақ Алтайдың арыстары,

Көзі де осы сиреген бұрынғының.

 

Дін болмаса, Шудаеке, дым болмайды,

Құмды жерде білесіз жым болмайды.

– Жылатады жаныңды жауапты күш,

Анталаған кәуірден кім қорғайды?

 

– Қараңғы елді басқару оңай дейді,

Оянатын қазаққа орай келді.

 Ойлануға мұрсат жоқ, оян дейсіз,

Алды-артыңды қаумалап, орай келді.

 

Жүк түскендей көтерген иығынан,

Жол тапқан боп тағдырдың тұйығынан.

«Зуқа кетті болды», деп жаным тыныш,

Кейбіреу жүр күлгенсіп миығынан.

 

Әр нәрсеге болады уақыт қазы,

Тым салмақты сөз шықты нарқы, назы:

«Әкем молда болған деп Зуқа алған,

Жоқтамапты екі аттын Ақыт қажы».

 

– Қалғансыз ба, ренжіп тап қойды деп,

Екі атын мешіттің ап қойды деп.

Салмас батыр буынсыз жерге пышақ,

Ажыратып берсеңіз басқа ойлы көп.

 

– Зуқа да жоқ баққанның бірі емес пе,

Зекет малы таратар пұл емес пе?

Босты сөз қып қабаттап қойып көпшік,

Жұрт насырға шаптырып жүр емес пе.

 

Дүниенің кезегін ойлап тағы,

Сөз берелік,– деді Ақыт,–

Ой батпағы,

Арылсын деп жас имам Нұртазаға,

– Қане сабыр, керейдің кер жақтары.

 

Нұртаза да жалт етіп қиядағы,

Қыран құсқа қарады мия бағы.

Үн лепіріп кеп қалды тамағына.

Ол – балапан, ол үшін ұядағы.

 

– Кімге мәңгі дейсіңіз тұлпан-жалған,       

Іздеп ғылым бұ жігіт Тұрпан барған.

Бір баланы оқыту,– деді Би де,

Отырсам да, болғанды тұрсам да арман.

 

Жай сөз емес бұнысы құлаққа ермек,

Қарт ғұлама алдында сынақ көрмек.

Сүйеп қалып сүрінсе, Ақыт қажы,

Мұқтасардан тәпсірлеп сұрақ бермек.

 

Керек енді сөз сөйлеу жасқа лайық,

Әкетеді мына жұрт жатқа жайып.

Төгіледі сарайдан саналы сөз,

Үйлескенде: іс, өнер, бапқа байып.

 

Аты мәлім өзінің айлағына,

Баркөл, Мори, Шонжының аймағына.

«Жығып көрсін,– десті жұрт,–жаңа түскен,

Ителінің жетсе әлі қаймағына».

 

Сөздің асық ежелден тамызына,

Мән беретін, мәйекті маңызына.

Бұрды бірден жас имам саф түйінді,

Пайғамбардың әсерлі аңызына.

 

 

Естіген бар көсемдер бұл аңызды,

Сақтап келген жадында мұрамызды.

«Шаршы топта сыналу деген осы,

Туа қоймас мүмкіндік бұдан ізгі».

 

Айдың сүттей сұлу сөз жарығындай.

Қоңыр үні қобыздың сарынындай.

Жүзінде түс құбылып ауысқандай,

Сахараның сар қызыл сағымындай.

 

«– Тартқан екен ұрқына, қадымына,

Қарасайшы шіркіннің танымына.

Отыздағы дәл өзі Шудабайдың,

Жүйрік жетпес мынаның шалымына».

 

Десіп әркім пыш-пыштап тон пішеді,

Тон пішкенде қазекең мол пішеді.

Арқа жалақ ешкім де айта алмас,

Таза діннің деп бізде мол пішені.

 

Күні қысқа сүркейлеу күздің түні,

Тіршіліктің шаршаған күйбің тіні.

Ұзын тұрар бір шынар мың тоғайдан,

Аңғарылар сөзден-ақ кімнің-кімі.

 

Ақыт ақын барысын бағып отыр

Іштей сынды әркімге тағып отыр.

Жұмып көзін, жымқыра астыңғы ернін,

Әр бір сөзін, имамның қағып оқыр.

 

– Біләлменен кеңесіп, мақұлдасып,

Мүмінімен Мұхаммед ақылдасып.

Баласымен қоштасып бар мұсылман,

Қалмақ болған соңғы рет бақұлдасып.

 

Азан үні шыққанда көкті керіп,

Таң нұрланып, басады шөпті көрік.

Жадырапты Мұхаммед жүзі жайнап,

Мол жиналған мешітке көпті көріп.

 

Жамағатпен сапқа кеп қатарласып,

Тұрған келіп намазға көңіл тасып.

Соңғы сапар бұл мүмкін осы баққа,

Таусылмақшы жақында татар нәсіп.

 

Пайғампарды кейбірі сынайды енді,

Кейбірінің тазарар ылай демі.

Намазадан соң жұртына екі ракат,

Хақ елшісі қадырман былай деді:

 

– Өмірімнің соңы бұл нақышы бар,

Кімнің менде қанеки ақысы бар.

Қияметсіз жасырмай соны кәні,

Әр кімнің де айтуға қақысы бар.

 

Сахабаның ешкімі жұмбақ тағы,

Суырылып елшіге тіл қатпады.

Әр бірінің көзі мен кескінінде,

Түрлі ойлар мөлтілдеп бұлғақтады.

 

Мүмін арап бір туар, сай талабы,

Әлгі сөзін неше рет қайталады.

Бар болса да алары кім кіналап,

Қай сахаба бетіне айта алады.

 

Айта алмады, тартқандар ішке демін,

«Ақым бар,– деп,– кетті деп сізде кегім!».

Тұрды Үккаша оңаша соқа басы,

Тапты елші тұп-тура іздегенін.

 

Ду етті жұрт: «Басты,– деп асыл арды»,

Пақырды пәк Мұхаммед қасына алды.

Алла білер, қылықтың артық-кемін,

Саудаласа сатқындар асына арды.

 

Жағынғанмен жаманның озбас бағы,

Көрмей жанды елшіден ол басқаны.

Жанарына жас толған мұң иіріп,

Аспай-саспай Үккаша сөз бастады:

 

– Ескерткен соң елшіміз лажсыздан,

Арылайын деп күнә, лай-сыздан.

Сөйлеп тұрмын, айтайын ақиқаты,

Құдай өзі сақтасын құдайсыздан.

 

Жанталаста жан берген сізбен түйем,

Соғысып қап оқыстан, әулие ием.

Ұшып түстім түйемнен, ә дегенше,

Аударылып мұздай боп бүкіл жүйем.

 

Сізге ұмтылдым, айтуға «Жаншыңыз!» деп,

Осып өтті жотамнан қамшыңыз кеп.

Қала бердім, қалың шаң арасында,

«Қара жерге қазықтай шаншыңыз»,– деп.

 

Сонда мені әдейі ірейін деп,

Тартыңыз ба, сұңқарша ілейін деп.

Босамадым сол арман – қыл арқаннан,

Бата алмадым мәнісін білейін деп.

 

– Ей, Үккаша, адалым, әдебі үлек,

Сені қалай ұрайын әдейілеп.

Жүруші едім өзіңе сенім артып,

Сенен есті жұпарлы әдемі леп.

Әкеліңдер, қамшыны, сүйінеді,

Фатиманың сақтаулы үйінде еді.

Аң-таң болып сонда жұрт солған сұры,

Үккашаны жазғырып күйінеді...

 

Біреу бәлкім, қуанып тұшынады?!

Пайғамбарға қамшыны ұсынады.

«Бір пәлеге, аралас жалған, шыны,–

Деп ойлады,–  сормаңдай ұшырады».

 

Пайғамбар да тайсалмас ерік құрып,

Үккашаға қамшыны беріп тұрып,

Тосып жонын: – Жауыңдай асат!– деді,–

Құлашыңды құлаштай керіп тұрып.

 

Көркем мінез, досқа адал ол бір пақыр,

Көлденеңдеп алдында Әли жатыр.

– Ұр мені,– деп,– Үккаша, аямай-ақ,

Түсті араға зар илеп Әбу Бәкір.

 

– Көтергенді саған қол тұсайын,– деп,

Қанатың боп қаласаң ұшайын,– деп.

Жолыңды бер, бұ жолғы сынағыңның,–

деп Хасан мен тосты жон Құсайын кеп.

 

– Шіркеу болар мұныңыз мына бетке.

Тоқтау айтты сабырлы Мұхаммед те.

– Мен сендерді көрмеймін ала бөтен,

Алла бөлер ерекше сый-құрметке.

 

Ос, Үккаша, тартынбай иіліңіз!

Сағың сынып, түспесін иініңіз.

– Ол кезде мен едім ғой тыр жалаңаш,

Бөгет боп тұр мына бір киіміңіз!

 

«Алжасты ма»,– десті ел ер есінен,

Жай түскендей қайткені төбесінен.

Шешінгенде Мұхаммед шашылғандай,

Аппақ сәуле ақ сүттей денесінен.

 

Мұхаммедтің бар еді айдан анық,

Қоңыр қалы арқада пайғамбарлық.

Көзге оттай сол мөрі басылады,

Таң-тамаша, үнсіздік, бейғам халық.

 

Қарғи ұшты, ұмтылды құды киік,

Өр кеудесін Үккаша түйіп-түйіп.

Мұхаммедті қапсыра қыса құшып,

Алдылезде қалынан сүйіп-сүйіп...

 

– Сый атының қарайтын ен-тісіне,

Сұм надандық жазылған еншісіне,

Мен емеспін, ойлашы, қандай адам,

Қол көтерерТәңірдің Елшісіне.

 

Бар арманым өмірлік қалыңыздан,

Сылап тұрып Сүйюдіжалыңыздан.

Жеттім міне аңсаған арманыма,

Қайырлы күн, қайырлы халіміз нән.

 

Сонда елші тақуа, шебер кісі:

Мейірімді нұрланып өңі-түсі.

– Қара,– деді,– халайық,Ұлы адамға,

Көргің келсе жұмақтан егер кісі.

 

Ұлы жолды таңдаған Хаққа барар,

Таң-тамашажиылған сахабалар.

Ал Үккаша жырғаулы жас балаша,

«Сый алдым,– деп,– ғұмырлық баққа балар».

 

Аңшыдайын шып-ширақ саяттағы,

Оқып іштей бір пара аят тағы.

Баяу үнмен байыптап, қоңырлатып,

Әпсанасын Нұртаза аяқтады.

 

Өр Алтайда дария, дара имам,

Рухани жұртына пана жиған.

Алдына кеп арыстың сыннан өтіп,

Үйірілді ұйтқыдай санада иман.

 

– Пайғамбардан, тамаша қалған із көп...

– Түкке тұрмас жалаң сөз, жалған ізет.

«Молда-екелеп» іргелес тағы бірі,

Қолқа салды өңмеңдеп: – Жалғаңыз,– деп.

 

Жаутаңдамай, жалынбай ешкімге енді,

Жаңғыртуда жақсы ғой ескіргенді.

Осы аңызды Шудабай ертеректе,

Әпендінің аузынан естігенді...

 

...Иті де жоқ үретін...жүйесі дін,

Жақыны кім, белгісіз иесі кім?

Жалғыз басты, ешкімде қақысы жоқ,

Ел аралап Әпенді жүретұғын

 

Қаза етпес намазын, құлшылығын.

Сарайынан төгілер сыршыл ұғым.

Бір қарайды, сабырлы, екі шоқып,

Көтеріп жүр беймәлім кім шығынын?

 

 «Әңгімесі шариғи әсерлі деп,

Дін білгірі, ислам әкелді» деп,

Білмейді ешкім ал оның аты-жөнін,

Атап кеткен ел іші «Әпенді» деп.

 

Жауын-шашын, күн-түнге қарамайтын,

Ол емес жан сұрыптап, алалайтын.

Ара қонып, ауылға, енге түнеп,

Жаяу-жалпы аймақты аралайтын.

 

Еш нәрседен секем ап ықпайтұғын,

Ұшып кетер күзінде құстайтұғын.

Шудабайдың әредік еліне кеп,

Кейде күзеп, кей жылы қыстайтұғын...

 

...Жал-құйрығын жібектей желкілдетіп,

Сүмбілдей қып жаратып еркіндетіп.

Көк жорғаны мінгізіп келініне,

Жіберген жыл Алтайға төркіндетіп.

 

Жәжән, Кәрім, Әпенді серіктесіп,

Езуінен аттардың көбік көшіп.

Сөреліктен үшеуі аттанған-ды,

Әпендінің әсері – берік несіп.

 

Бағдат, Мекке толғайды Мысыр жайлы,

Бойындағы болса егер қысыр қайғы.

Бар-жоғына тірлікте дүниенің,

Қымтырылып, сірәда, қысылмайды.

 

Көрінгенмен шорқақтау сынға тағы,

– Әй, Кәрім,– деп арада тіл қатады, –

Күні бойы ыңылдап, ыжуламай,

Құлақ сал,– деп бір аят тыңдатады...

 

Бұған қандай құдайым сана берді,

Құшағына ап сар жазық, дала, белді.

 «Табады, – деп,– қайдан да іздеп ием»,

Иен түзде қош айтып қала берді.

 

Көпке дейін кетпеген әсерлі үні,

Көрген бір жан болмапты  Әпендіні.

Кетті ме екен сахара, безіп түзден,

Алғысыз боп ақырғы әсем діні.

 

Жалғап ұшын жапанға бақи хаттың,

Дәнін екен далаға шариғаттың.

Аз ғұмырын мәңгілік жұмсаған жан,

Ілім үшін ізгілік қақиқаттың.

 

Бұхардан ба, Қазаннан, қайдан екен,

Әлде Бағдат, Самарқан, Шамнан ба екен?

Қайда қалды сүйегі,

Мұта алған ба,

Кіндік қаны тапты ма тамған мекен?

 

 

Жан болмады ол жайлы сұраған бір,

Оны жоқтап көрмеді жылған қыр.

Келді-кетті, Әпенді, қайда кетті?

Ғайып болды сағымдай бір адам дүр.

 

Жүре берген сияқты жанды кебін,

Тектемеген төркінін, арғы тегін.

Кімсің?– деген бір де жан болмаған соң,

Мәліметін даланың алды тегін.

 

Төр ұсынып, кімдерге бас бермеген,

Байтақ елім, көкейін жас кернеген.

 «Әпенді» деп әукелеп құрақ ұшып,

«Әулие» деп оны да қастерлеген.

 

Күйлендіріп ән, күймен мәңгі десін,

Ай алқаған алаштың мәнді кешін.

Аспан, Көкпен Әпенді астастырып,

Бастайтұғын сүйкімді әңгімесін.

 

Баран түсті, бұлшық ет тарамысты,

Білезікке тағыпты таза мысты.

Оң саусақта ортан қол сүйелденген,

Көп ұстаған белгісі қаламұшты.

 

Ой, есіңді ойы бар түлеткісі,

Батпас елге басынғыш білек күші.

Тарап қойған тақуа Ақ ілімнің

Таза, мінсіз сол еді тілекшісі.

 

Сонау алыс араптан сахабалар,

Сарқыны да соңғысы осы болар.

Жұпар самал аңқыған Ұжымақта,

Үйіріне бабасы қосып алар...

 

Біріктіріп қабағын, қасын имек,

Әрегідік көз жұмып, басын изеп.

Ақ әлемге кісілік заты жақын,

Ұйып Ақыт қалыпты жасыл үйрек.

 

Бір бастаса тоқтамас ұзын жырды,

Оң жағына Ақыт сәл жүзін бұрды:

– Іс көрікті ниетпен орындалған,

Болады екен, Шудаеке, ұлың пұлды.

 

Ақ ілімді әлдилеп әлпешімен,

Жаңылмаған өмірлік әліппесінен.

Жасыл шуақ Ақыттың төгіліп тұр,

Ұжданды түр, келісті әлпетінен.

 

Жым-жырт ауа, жасыл нұр сорабы анық,

Үй ішіне тарады қораланып.

Қонып жатыр әр көктің түйісіне,

Әз жүректі жыр-иман орап алып.

 

Жұпар леппен жеткенде сезім емі,

Ұйыған бір айрандай сезіледі.

Айтушының тамылжып таңдайынан,

Ағыл-тегіл аңқыма сөз үдеді.

 

Қиялымен ұшқандай көкке арманы,

Қарасымен бір шолып көпті алдағы.

Шаңыраққа көз тіккен би Шудабай,–

«Иман – шуақ қайнары»,– деп қалғаны.

 

Қойнауы құт Алтайдың салқын жазы,

Ал басында кигені алтын тәжі.

Сол Алтайға ұқсатып Шудабайды,

– Не, дедіңіз? – дегені ақын-қажы.

 

– Әңгімеге әдемі әсерленіп,

Көрінгендей бей мәлім әсем көрік.

Қара жер мен тоғысып ал қара көк,

«Ай, Шудабай!» дегендей әкем келіп.

 

– Алланың мол мейірім, шапағаты,

Ал адамның иман ғой махаббаты.

Адал жүрек иманға шын ұйыса,

Көрінеді Алланың ғаламаты.

 

Білім күші, қуаты байқалады,

Неге аңызды бұ жігіт қайталады?

Ілгерілеп, кемелдеп, көгергендер,

Қирағатпен құранды айта алады.

 

Сәуле енсе жүрекке таза жарық,

Айналасын тұрады нұрға малып.

Арсыздарды құдайы ұрған ғұрып.

Айнал соқтап жүреді мазаны алып.

 

Иман деген күн емес көрінетін,

Имандының түнемес төріне түн.

Иман білім сіңірсең кетпейтін құт,

Ол су емес шайқасаң төгілетін.

 

Кеткендейін күллі әлем ақық затқа,

Кері іркілген айналып уақыт бақта.

Таңдай қағып, тамсанып көптің жүзі,

Төңкерілді түгелдей Ақыт жаққа.

 

Ақыт – Байкөл, сан бұлақ құйып жатқан,

Аңсап тұрар өлгенше дәмін татқан.

Адам жаны нұрланса ілімменен,

Қан тірілер тамырда ұйып қатқан.

Ақыт – имам арналы, ар ұясы,

Өлең сөздің таусылмас дариясы.

Алтай таудың анау шың, асқарына,

Ақиқаттың жазылған жариясы.

 

Жариясы: биікте құз басында,

Тұрған сынды кәдімгі күн қасында.

Хас батырдың кеудесін құрсаулаған,

Зерлі зере сауыттың құймасында

 

Боз жігіттің тұрады не белінде.

Боз жусанның көрінер бедерінде.

Сайғақ сөйлеп, қаңғыбас қаңбақ жортқан.

Боз даланның боздайды не желінде.

 

Жариясы: Таңғы шық жанарында,

Ақиқаттың ақ дәнді анарында.

Үр емшектің ұшында үлбірейді,

Махаббаттың отындай жанарында.

 

Аңқау адам аңдамас қандай бақыт,

Іздеп таппас алтынның кені – Ақыт.

Адасқанды Алламен табыстырған,

Шыққан сөздің аузынан дені – жақұт.

 

Шудабай шоң, лаулаған оты жаққан,

Тау боранын тұсаулап тоқыратқан.

Жаратылған  ойлы ақыл, арлы есі –

Алтын, күміс аралас топырақан.

 

– Ел иманды,– деді Би,– жігеріміз,

Күдері бау үмітті күдеріміз.

Жұрт қолқасы, ал қажы, саф салауат,

Толғап-толғап арыдан жіберіңіз.

 

– Би, төренің бұ сөзі сыр болады,

Көтермесек көңілі кір болады.

 «Біссмілә ғой,– деді Ақыт,– сөзім басы,

Тәңіріміз талайдан бір болады.

Көкейдегі көмілген көздің жасы,

Ақыт айтса ағынды жыр болады.

Ғарып Ақыт тоқтамай жырлай берер,

Дүние қалар артыңда күн болады.

Туғаныңмен өмірге жыл, ай келер,

Туған өлер тұз бітіп күн болады»...

 

– Қамы болды қара бас әлегіміз,

Кетпесе игі сұйылып мәйегіміз.

Жанымызға жазылмас жара салған,

Заманалық зұлматтың әлегі біз.

 

Айтқан сөзін ұқпайтын ала құла,

Алтай таудың ілінді балағына.

Терістіктің тебеген мұзы көктеп,

Жаутаңдатты жанарды жарағына.

 

– Танылады,– деді  Ақыт,– ер түгінен,

Талай тайғақ жолдарда мертігіп ең.

Бақилықтың бас иіп құрметіне,

Сен келіпсің кісінеп жер түбінен.

 

Салбырайды кеудеме басым түсіп,

Қайраңдаймын қасырет тасын құшып.

Сиреп құрбы, сен деген ерім кеміп,

Торуылдап мені жүр жасын – ұшық.

 

– Өкпек желдің үй тіктім өңменіне,­

Қаратып Би өзіне өзгені де:

– Батыр өлсе шайқасып өкінбес ем,

Қапияда өкінем өлгеніне.

 

Келгендер көп сиремес қыбырлары,

Түстері де бір түрлі құбылмалы.

Ас жемейді, бас жейтін көнін сүрлеп,

Танымайтын тажалдар құбыланы.

 

Асқан аят дәру ме, алты мыңнан,

Жаратылдық бозторғай, жалқы мұңнан.

Сайтан енген бір індет санасына,

Алып тұрған қазақтың алқымынан.

 

Қырдағы қыс, қашатын ебелектеп,

Бірің ­– жүрек, жұдырық,

бірің – мектеп,

Қос шыңы едің Алтайдың қойнауы құт,

Баурайында баласы тұрған көктеп.

 

Ашылмаған қарығы ақындармыз,

Табыларма, ем болар ақық жалбыз.

Қалды сорлап заманның азабына,

Арқада – Абай, Алтайда – Ақыт жалғыз.

 

Өрнектеген үйректей әсем көлді,

Қуаты да  шын сөздің әсерлі еді.

Иманды жүз нұрланып, Ақыт ақын,

Қымтай жауып тізесін былай деді:

 

– Дес бермеген ойы оқшау құймыр жұтқа,

Кісісі еді адамның тұғыр-тұтқа.

Алақанды амал не жайсаңдағы,

Қайырымға келмейтін ғұмыр қысқа.

 

Азғырмаған асқанның жем-тарысы,

Адам еді ту тіккен жеңсе арысы.

Сен тимесең деп жүрер мен тимеймін –

Өздік күші, өресі кемтар ісі.

 

Сан жүректе сарқылмас, сақталатын,

Тауы тұрар ұлықтап, аспан атын.

Ажал –  нүкте, жақсының жаңа өмірі,

Бас әріппен мәңгілік басталатын.

 

Жақындатқан қол жетпес алысыңды,

Қазағымның қаһарлы қары сынды.

Қара сөзден қал кетті қайыруға, 

Жұртым шашқан тауыққа тары сынды.

 

Күн өткізбес басымнан күймем еді,

Өрген елдің, батырым, сүймені еді.

Абақ Алтай, Қобдада аз жыл сайран,

Құрып бейбіт өмірін сүрген елі.

 

Азулыға азулы көмектесіп,

Алам дейді миыңды төбең тесіп.

Желдей есіп жүйткіп жүр жаман аңыз,

Неден кәсіп, білмедік неден несіп.

 

Мұртын басып Мұзды таудың қалтырама,

Етегінде ерімей қар тұра ма?

Құйып жатса толмайтын құлқыны ашық,

Алтын тақта алшайып хан тұра ма?

Төрден тұрақ кеткен соң ес төбеден,

Замананы зорлықпен кестелеген.

Көрден ажал «көр-көр» деп жымияды,

Сары мырыш қаймықпас ештеңеден.

 

– Заманыңның Ақыт-ай, Хадишасын,

Көп жырладың арабтың падишасын,–

Деп Шудабай қостады,– жер ананың

Зарын айтып ағарды қалың шашың.

 

Жырлағаның  және де «Сейфүлмәлік»,

Әйдік жырды тыңдадық өліп талып.

Назиралап нелерді қайран қылдың,

Ғазалыңнан көрген жоқ көңіл қалып.

 

Торы, Шыңғыс, Керейді көксейтін кез,

Абылайдай арыстан өтпейтін кез.

– Қол соз дейсің тым биік, аспандарға,

Күндейсің, ә... ұзақтар жетпейтін көз.

 

Ғұмыр берсе жырлармыз, тұрса қанбай,

Құрыштары,

Жыртылар жұқа таңдай.

Толып жатыр тарихи тақуалар,

Бөке қандай?

Бүгінгі Зуқа қандай?

 

Болашаққа, ертеңге жетеміз деп,

Ел аралап, жер шалып, мекен іздеп,

Бөке батыр Талқы асып, Құлжа барды,

Сырын бүккен ішіне сенсең із көп.

 

Жақындатып жалғанның жарық күнін,

Оңалам деп ойлаған, жарықтығым.

Оталса да отырған орман бүгін,

Жарылғаннан жалданып, жарыпты кім?

 

Ақиқатқа елеңдеп тұмса құлақ,

Арасында мұнартып мұң шағырмақ:

–  Қанша саны,– деді Би,– қайтқан қаздың?

–  Шамасындай бар жоғы мың шаңырақ.

 

–  Айырғандай дәнегін қауызынан,

Үлкендердің данагөй ауызынан.

«Бұлұнай» деп бір сөзді естігемін,

Адамы аз болатын жауызынан.

 

–  Жұпар иісі сағынсаң туған жердің,

Жөргек түгіл аңқиды кермегінен.

Бөке елінің Бұлұнай барған жаннан,

Басы аман, бүп-бүтін келгені кем.

 

Ертеңінен еңіреп ер түңілген,

Жеткені бұл жеменей жер түбінен.

Жел сүрінген, ел тұрмақ шатасқан мың,

Қырылған ел қиянда жемтігінен.

 

...Алдай, Алдай...таулардан арман қалап,

Қасыреттің орнында қалған сарап.

Үмбет – үміт, үңіліп ұғар бұны,

Сірік аршып, тазалап, шөбін тарап.

 

Тас тағдырға, тар жолға ұрындық мың,

Күшіменнен қорғасын, мұрындықтың.

Бүтін бауыр бауыры бар ма ауылда?,

Қызыл оты шалмаған зұлымдықтың.

 

Көрдің иісі мүңкіген күбірінен,

Аман қалған алапат дүбірінен.

Орман көркі шынардың балапаны,

Көктеп кетер кессеңде түбірінен.

 

Дала боздап, сыңсымай тынар ма ұрты,

Ақы иесіз қалғанда ұлар жұрты.

Кер даланың көз құрты көгі тұнық,

Көк аттының сияқты жұлар мұрты.

 

Көкірегінен сөйлетіп «Көкем-ай»-ды,

Күңірентіп көктегі көсем айды.

Ширек ғасыр осыдан бұрын өткен,

Сөз қозғалды сабырмен Бөке жайлы.

 

***

 

...«Жының бүркіп,– дегенді,– Бөкені үркіт»,–

Шығыс шығай, шытырман –

Қала,

Шүршіт.

Жолыға ма шұғыла арасынан,

Қалың түбіт, қарлы тау, қара бүркіт.

 

Түнгі түсін ырымдап, егейге ерген,

Көңіл күйін күрсініп көмейге өрген.

Батыс жақта жерұйық, құбыламыз,– 

Деп, Көк тауды бетке алып жөней берген.

 

Ақ бұлтына аспанның мұртын малған,

Арқаланған артында жұрты қалған.

Көк жиек пе, әлде ол жердің шегі,

Барып кім бар, жерұйық жұртын шалған?

 

Айырылып ағайын, бүлінгеннен,

Туған жұрттан не пайда түңілгеннен.

Қаңырығы жібімес қаталаған,

Құр құдықтан су шығып үңілгенмен.

 

Бірліктіні біреулер ұната ма?

Баласы алты Алаштың бір ата-ана.

Жат-жақынға жері жоқ кәрін шашқан,

Қоныс алған қойнынан бұратана.

 

Түрткен түлен неғайбыл қу ма, сұм ба,

Көз ұшында көк айдын су ма, бу ма?

Әлде асуы алынбас Абылайдың,

Әлде мұнар жайылған у ма, Құм ба?

 

Шырғалай ма, тағдыры шұрғалай ма,

Ой ақылдан алжасып сырғанай ма?

Ұзын сонар бір сабақ пәк, уәжсіз...

Толғанды ұзақ бұл жайлы Шудабай да.

 

Тарихта болмайды шымқай шындық,

Қата жазып ай, күнді ұқпайтын қып.

Тұйықта тұр ұрқы еді Айдынды ата,

Ал Бөкенің өмірі, пай-пай, сұмдық.

 

Жарау құйын – замана  табытыңды,

Үйіреді ұршықтай шабытыңды.

Қалау – жеңіл, алайда таңдау – қиын,

Айырықта тапқанша бағытыңды.

 

Адаса да Ақылды арды аспайды,

Арсыз жеңген арлыны Алаш-қайғы.

Қан тілеген қылышты қала шуын,

Қасыретпен қазағым аластайды.

 

«Аппақ сүттей абайсыз айран тамған,

Алтай-Алтай, туған жер, қайран қағбам.

Қарай көзге қайта бір көріне ме?»...

Көштің бойы көрістей зарлай салған.

 

Әуенге сап бағзылық нарт бүгіліп,

Толғайды Ақыт ол жайлы шарт жүгініп.

Тыңдағанды тыңайтып, таң қылып кіл,

Бас бұрылып, еңсе иіп, қапты үңіліп.

 

... «Жер жаннаты екен» деп өнген көп гүл,

Ұлы таудан жер шалып көрген Көккөл:

Баурап алған Бөкені тебіреніп,

Күрең шашын күлтелеп өрген бөктер.

 

Жырынды кек қайнаған, өңірге енген,

Жырақ кетіп жайланбақ темір өңнен.

Жырғатпақшы артынан ерген елді,

Жемқор тақтан құтқарып жемірі өнген.

 

Түн түрілер түрінсе ел білегін,

Кигені– көн, жамылған езгі – кебін.

Сыпырсам деп сойқанның бас терісін,

Бөке батыр мінгенді жез күреңін.

 

Мың-мың түтін мал-жаны мыңғырылып,

Ауды Алтайдан. Аңдиды шынжыр-ұлық.

Кеудеге жас көзінен қотарылып,

Қаршығадай қарайды мың бұрылып.

 

Ел кеткенде жер жетім өскен кербез,

Бұ пәниден бақиға өткен келмес.

Жағасынан жыртылса жайдақ болар,

Ертіс суы өзгеге өткел бермес.

 

Батырлары бүлінсе ұйығынан,

Ақ кіреуке түспеген иығынан.

Ит айтақтап қит етсе қосып ұлық,

Мысқыл үріп мәз отыр миығынан.

 

Шу асауды тоқтатқан алты таспа,

Өрмесі арқан үзілер тарқатылса.

Жолығады саяққа небір тархан,

Айлалы ажал амырақ алтын басқа.

 

Соғып алар сойқанын құйрығы бар,

Ежен ханың құпия бұйрығы бар.

Ұлып ас бер, ал қазақ күнің келді,

Болатұғын бұрынғы күніңе зар.

 

Сауын айтып төменгі, өрдегіге,

Ас беретін той қылып өлгеніне.

Ит пен құсқа жем қылмай босыған ел,

Ырза болар өлгенін көмгеніне.

 

Ескі жұртқа ес жиып келем деумен,

Теңін шешпей тіресіп емен дәумен.

Ауған елі Бөкенің мекен етті,

Ерен тауды екі жыл елеңдеумен.

 

Саймандардың сайланған сұстысынан,

Ажал ашты аранын тұс-тұсынан.

Көзге шыққан сүйелдей көрінді де,

Қыли көзін сықсиып қысты тұман.

 

Көккөл көріп көз ілсе түрпі тағын,

Ұсынады көлгірсіп түлкі сағым.

Көбелекті көрікті көктем келіп,

Күйдіреді көк көйлек түн құшағын.

 

Ай мамырлап жұлдызға тұрған қайып,

Қашқан қажып, із тозсыз қуған ғайып.

Таң атырып тағы да анталайды,

Шешіндіріп жаңадан туғандайғып.

 

Жақын, жат деп жауларды сұрыптар ма?

Қазақ опақ қашанда ұлықтарға.

Қуа берсе болады қорқақ батыр,

Қолға түссе әзір тұр құлыптарға.

 

Жолдан алып тастамақ күреп бірден,

Жолыққаның бәрі де білек түрген.

Зорыққанның қуғында үміті әлсіз,

Жілік майы жұқарған, жүдеп түрден.

 

Құйын ұрып, замана, жел есірген,

Кермек тағдыр кетпейді ел есінен.

Бөке елі жөңкіді босып тағы,

Қазақ орын – Көккөлдің елесімен.

 

Шошытады түс, елес түнегенін,

Аңызғақ жел кептіріп, тіледі ерін.

Ұлық қайдан қазақтың басын қоссын,

Берген құдай төтеден тілегенін.

Шешелердің шеменді отты анары,

Жібімеді жасымен жуса дағы.

Бөтен жердің таныса тасыменен,

Қайсар ерлер төсімен оқ қағады.

 

Ұжымақтай екен-ау, жарық түні,

Алтайдағы кембағал ғарып күні.

Іші-бауыр езілген өлсе жалқақ,

Көргенде бар ем үшін жарып мұны.

 

Кебежеде изектеп елең есі,

Кепкен сәби кеберсіп кенезесі.

Кеткен күйі күйістің, күмістің де,

Ашылмастай түнектің терезесі.

 

Ыстық қарып, түтетіп қаңғырығын,

Тар кебеже қажаған қабырғасын.

Ырғалады ыңырсып денесімен,

Әрең-зорға көтеріп ауыр басын.

 

Қара қатын қарғады асылын да,

Тілдеп байын, басқасын, батырын да.

Бір түйір қан ол да жоқ ала нарқын,

Бүлкілдейтін жыл сайын жатырында.

 

Арман таудың ауылы жалықтырды,

Жеткізбейтін түндегі жарық сынды.

Қапа мұңға батырып сазды дауыс,

Ақырында зар болып жарып тынды.

 

Жылқы жұтап, қой тозып, түйе, тайлақ,

Кәрі-жасты барады індет жайлап.

Кәрін төгіп, қош көріп қаламай тым,

Қабылдап тұр Бөкені Тибет-аймақ...

 

Өңмеңдетіп қасырет, жемір кебін,

Күтіп күн-түн көз ілмей кемірмегін.

Құз басынан, шоқыдан үйдей қара,

Құс созады үңіліп, кеңірдегін.

 

Тынықпады тозған ел бір сәт үһ деп,

Атқан оқ та тайсақтап, тимеді үстеп.

Батыр Бөке сөйтсе де алдырмады,

Ала алмады дұшпан да ілген іштеп.

 

Құмды қауып қорғасын құмалағы,

Қуған қытай соңынан тұралады.

Аңызға аты айналып Ер Бөкенің,

Таңырқайды Тибеттің қыр, алаңы.

 

Бұйыра ма, бес күндік ару жарық?

Арман – аман, аман-сау қалу – қауіп.

Бес жүз әскер із кесіп ұтылаған,

Мұртқа шейін мұздай боп қаруланып.

 

Бейуаздың боздатып үр інгенін,

Сезсе де тән сездірмей бүлінгенін.

Шайқасады Бөкелер баудай жайпап,

Қарауылға ұшырып ілінгенін.

 

Әлде неден ақ арман жасқанады,

Айлап ұшқан ақ бұлттан жас тамады.

Жаттың тасын жастық қып жасыл шөптей,

Шепті бұзып шәйт ерлер жастанады.

 

Ақ сұңқар құс ұшады отқа күймей,

Торға түспей, көздеген оқ та тимей.

Алысады  аярмен ат-тұлпар күш,

Еркін басқа өтпекке ноқта кимей...

 

Қу денені қимайды ақ сұңқар жан,

Алыстамай айналып Ат-тұлпардан.

Қорған болып қорғансыз қоғамына,

Қасықтай қан зар илеп ақсын қалған.

 

Ер ме толса жабырқап жасқа етегі?

Өлім  түнді әлдилеп тербетеді.

Көму үшін жаратып тәнді илеп,

Жаратылған жарықтық жер де тегі.

 

Бөке батыр жасын да көрсетпеді:

«Не боламыз қайғыға көнсек тегі?

Антқа адал, аманат, сертке берік,

Бір шұңқырда қаламыз өлсек», деді...

 

Мың шаңырақ шайқалып, майып болды,

Жұбатқаны: жаназа, «шәйіт болды».

Қарт Тибетке қалың көш қайқайғанда,

Қар үстіне қарайып мәйіт толды.

 

Жердің шаңын үйіріп, жыртып әрі,

Жынданып жел жапаны жұлқылады.

Жас сәбидің дерт меңдеп, жатқан күйіп,

Жанарында от жансам деп бұлқынады.

 

Қарап жатып қадалып сұп-сұр көкке,

Ажал күткен айтқандай мына көпке:

– Әке,–деді жас сәби,– әкеліп пе ең,

Түу Тибетке қаңғыртып, өлтірмекке?!...

 

... Тасқа айналған сияқты тұлға, басы,

Тибеттің шоң, атақты ламасы.

Басқа тірлік бұ жаққа баспай қалған,

Бұлұнайдың қар-мұзды құламасы.

 

Запы болған зорлықшыл, кесір жаудан,

Бөке барды Лхаса есіне алған.

Бөз бөктертіп Лхаса аттандырды,

Бөрте қалды бес күндік есіл жалған.

 

Жалған ғұмыр жазылды хатқа есімі,

Ашылды кең о жақтың қақпа-есігі.

Мәңгі бақи әлдилеп, тербетуге,

Күтіп тұрды Қорқыттың Ақ бесігі.

 

Көккөл болып мұраты мазалаған,

Қалқып тұрды Тибетте ғазал –

Арман.

Қарауылға қырағы ілінбейтін,

Өлді Бөке!

Бөкені ажал алған!

 

Батыр өлді, ажалсыз нарау қандай,

Топырақты үйдіріп қарауланбай.

Бақ батқанда Тибетте қанғып шөкті,

Қара нары кері бағып қалау жанбай.

 

Қош, қош деумен кейінгі қалғанына,

Ілінді де, сұм ажал қармағына.

Өлді Бөке іздеген қазақ орын,

Ақыреткі жете алмай арманына.

 

Бөке тәні осылай тынышталды,

Медиенде еңіреп туыс қалды.

Қаптап келген қытайлар «шын өлді ме,

Көрін қазып көрем» деп тынышты алды.

 

Өлмеді деп күмәнді қинайды жау,

Куәтартып көлденең ұлғайды дау.

Бөке сынды батырды досы түгіл,

Өлді деуге жауы да қимайды-ау?!

 

Бадырайтып қып-қызыл мөрін жазып,

Жаға ұстатып, жасыған елді азып.

Суырып ап, сұмдық қой, басын алды,

Хас батырдың жауыздар көрін қазып.

 

«Бас көтерші, бәлем..., деп, осыдан мықтың»,

Еркіндігін еншілеп Бостан жұрттың.

Сөйтіп,

Сұлу Бөкенің Басын кесті.

Басы оның бас еді –

Бостандықтың!

 

...Айдау азап:

Тасырқап, тәні күйрек,

Қызыл табан тамтығы жанын сүйреп,

Жыбырлаған сорлыны «Жүрмедің» деп,

Жалманынан түсіред түйреп-түйреп...

 

Көкірегінен қан соқта ғасыр ұлып,

Жылға көрсе паналап, жасырынып.

Көнеріпті бұл күнде танылмастай,

Қалған көштен Тибетте жасыл ұрық.

 

«Көккөл» атты көгілдір үміт те өлген,

Тағдырына назалы тұнып, көнген.

Сол бір көштің жұрнағы жасайды әлі,

Тілі, діні түгелдей түбіттенген...

 

– Бөке батыр баласы Рабайды,

Көзден атқан сұр мерген құралайды.

Кетер мүмкін, кім білсін, әттең, естен,

Тектеп, қазір тірі жан сұрамайды?!...

 

Шертілді бір ескі күй аяндай нық,–

Деп Шудабай күрсінді,– баянда анық.

Рабайдың үйінде сонау жылы,

Бел суытып, түстеніп, аялдадық.

 

Бұл адам кім? демейді күркіретіп,

Жүрседағы тұсынан күн, түн өтіп.

«Рабайдың» бәйге сап томарының,

Таптұсынан қиқулап дүркіретіп.

 

...Көктоғайға байлатпай қотыр атын,

«Қашқын»деп жұрт атынан шошынатын.

Қаңғып келіп, қадалып түскен оқтай,

Өзен бойлап жалғыз үй отыратын.

 

Бұлғын бойлап еңсесін құлатпаған,

Жырғылтыға Рабай тұрақтаған.

Бұл күндері затына жарты ай асық,

Бір тарих осылай жырақтаған.

 

Арғы беттен Арғынбек

 

Сөзге құлақ асқанды

Жақын көкке,

Ұнатады арқалы ақын төкпе.

Сөз тізгінін өзі алған Шудабай би,

Енді назар аударды Арғынбекке:

 

– Өтті өмірден Алашта Ар бұрағы,

Жастық көрмей жасынан жар құлағы.

Апашбайдың ақ тұлпар Арғынбегі,

Сөйле сөздің арабы арғымағы.

 

 

Қиын дейді қызылдар, жұмағыңа,

Тоқтатпапты топырақ, тұрағыңа.

Не күйде екен о жақта аға-бауыр,

Жетіп жатыр жыртық сөз құлағыма?

 

Бар ма, алашта аязда тоңбағаны,

Ойран сапты орыстың оңбағаны.

Аянышқа алыстап аңызданған,

Берер бір күн Амандық оң бағаны.

 

– Найманның бір серісі осы мырза,

Көкейінің маздаған оты мұзда,

Келген еді Арғынбек,– деді Ақыт,

Орда бұзар керейге отызында.

 

– Мақтау сөз де кей шақта батады арға,

Ақыт аға айтса жөн, қата бар ма?

Жиналған жер керейде шоң-перілер,

Жауап қатпай Арғынбек маталар ма?

 

– Паң-перілер?!– деді Би,– табасын-ай,

«Жер – адамның,– депсің ғой,– анасындай».

Жетті бізге жан езер сағынышың,

Түңіліктің жабылған азасын-дай.

 

Кім сағынбас туған жер, бөлек пішін,

Алқабегін, Дерелі, Теректісін,

Желектісін жесір қып, елін қуып,

Орыс масыл алыпты керектісін.

 

Қаламаған тағдыры бағынышты,

Арғынбектер сар қайрақ сағынышты,

Еркіндік пен киені қатар қойып,

Аман сақтап қалуға алып ұшты.

 

Қасиетті мекені Жер дегенде,

Толқымайтын жан бар ма ел дегенде.

Мына сөзі босатты Шудабайдың,

Талай жанның көңілін шер-шеменде.

 

Туған жері қып қызыл шоққа айналған,

Көкірегіне көк шегір оқ байланған.

Босқанда ел «Елім-ай», «Ағажай»-лап,

Сағыныштар– сары өзен отқа айналған.

 

Кер заманның кесірін бүгіп бүгін,

Қажыса да қажырдың үгіп түгін.

Жұт қонақтап көшсе де Көкірекке,

Туған елге жалғаған үміт жібін. 

 

Көзден ұшқан бұлбұлы, не келетін,

Не қия алмай қалықтап, бөгелетін.

Сағынышын сақтаған құтыдағы,

Ертіс алып батысқа жөнелетін.

 

Сарық іштен сап-сары сағыз қанды,

Торсылдатып тоқымға тамызған-ды.

Ертіске сап еселеп сағынышын,

Елге жет деп есен-сау ағызған-ды.

 

Сары сүзек ылайлап асыл қанды,

Құсалықтан талай ор қазылған-ды.

Өт-бауыры жарыла жаздап барып,

Арғынбек те нәр ішіп жазылған-ды.

 

Оралғанда көктемде тағы құстар,

Оянатын бақ-бақ-бақ сағыныштар.

Оранғанда қырмызы қыр сағымға,

Отау тігіп жататын шағылыстар.

 

Кірен-сызық – қасырет, қағысқан мың,

Жанарына жазылмас жабысқан мұң.

Асқандарды азаппен арғы беттен,

Паналатып туыстай табысқан кім?

 

Қазақстан – арғы бет, зындан дейді,

Бергі бетті, о заман – Шыңжан дейді.

Зары саулап мір тілді қалам ұштан,

Қалап жатыр өткенге жырдан белгі.

 

– Бай таланып, кедейіп, егестіріп,

Ер, әйелді  жатыр ма теңестіріп.

Арғы беттің ауаны не күйде екен,

Айта отыр ел-жұртқа кеңес қылып.

 

Шетте отырған жеңілтек, өзі арық,

Әлгі сөзді лып етіп, іліп алып.

Тілі сондай уытты, зілді ауыр-ды,

Былай деді, дауыстап, киіп-жарып:

 

– Еркектері түйеше сиеді дейд.

Қазақ біткен шолақ тон киеді дейд.

Тоқалдары байлардың өзі сүйген,

Жарын тауып, қаласа тиеді дейд.

 

Осы рас па, не дерсің жармағанға,

Небір сұмдық естисің паң ғаламда.

Еркектікін жартылай кесіп алып,

Қатындарға ұзартып жалғаған ба?

 

– Тәйт!–деп қалды әлде кім,– қылжақтама,

Бізге жеткен бұл қылау, қырбақ қана.

– Есек дәме бізге де тиер деген,

Қайдан білем, арзандап қымбат баға.

– Рас,– деді Арғынбек ерулеген,–

Ел құлағы естіген елу деген.

Басталыпты болшабек пәле лас –

Үлкен шеру ескіден жеру деген.

 

Қысыр сөзді жақсы ғой созбағаны,

Ішімнен от шыдатпай қоздағаны.

Арғынбектің шыққан сөз көмейінен,

Қыл қобыздың сияқты боздағаны.

 

– Шындық сөзді бұруға, мансұқтанбан,

Қаспақ кетпес қазандар қаңсып қалған.

Өңі түзу, ақ білек қатындарға,

Қызыл әскер жағалы – паң сұқтанған.

 

Айыр таудың ақ иық қос шынары,

Жырым-жырым орылған топшылары.

Аңыраған айдалып ақ саулығы,

Қаңыраған қора мен қопсылары.

 

Күйіп-пысып, өртеніп, жанасың-ау,

Зарын айтсам қазақтың нанасың-ау.

Көздің оты көмескі, күрделенген,

Әкесіне етіпті баласын жау.

 

Сақау шығып тұлпардың шықты жасы,

Мүжіліпті мыңқ етпес Мықтың тасы.

Белгілі жай санасыз, саналыға,

Салқын түспей шөпке де шық тұрмасы.

 

Мына жырды тыңдаңыз: «Мүдделер мен

Кешегі тек, бекзаттық мүлдем өлген.

Көз сүрінер жүрсеңіз айлы түнде,

Көмілмеген сай-сайда мүрделерден.

 

Қарт Алтайдың қарқара атты құзы,

Мұзды таудың жай түсіп ақты мұзы.

Қатын суға ары үшін алқалы елдің,

Ағып өлді алаштың затты қызы.

Қойнауында қазына мықтың тасы,

Қадау-қадау қалыпты құттың басы.

Боз інгендей боздайды ботасы өлген,

Ойнақ салып жататын Бұқтырмасы.

 

Қыз бұрымсыз, қалыпты ұлың жасып,

Байды талап, тамтықтар ұжымдасып.

Аққан судай кінәсіз қара қанға,

«Аузы түкті» алады қыбын басып.

 

Арқа төсі ал қызыл тегіс майдан,

Алақанын алапат теріс жайған.

Бауыры тас бұйырған талайына,

Оқ отаған оңалсын өріс қайдан?

 

Құм астынан сыңсиды ұят, дарын.

Атқан жұмыр аяулы тұяқтарын.

Анау қырдан арыға аспасын деп,

Қиған қанат, қыранның қияқтарын.

 

Ұлар шулап, ығысып, өнем дейді,

Шөп те шіркін үрейлі өлең дейді.

Беріспейді, беркініп, өліспей дем,

Белденерлік ертеңгі елеңдейді.

 

Болмас кезек күткенге келмейтұғын.

Таппайды-ау аярға ел көнбей тыным.

Қайрайды тіл тісімді қайтпайсың деп,

Бүйірімді бір бөтен кернейді ұғым.

 

Бәйтеректер оталып сұлап жатыр,

Біздің жерге бір пәле сынап жатыр.

Жүріп өткен жолында болшабектің,

Қызыл қанмен жазылған сұрақ жатыр.

 

Екі бұтын талтайтып кере енер,

Қырым тонды қоқиып ере келер,

Кесірінен күл талқан, көрген азап,

Көгі кеткен сөгіліп керегелер.

 

Отаныма от қойған оңбасын біл,

Тас бауыр боп талай ұл ор басып жүр.

Қасыреттің қадаған қарғыс атқыр,

Жүрегімде түймештей қорғасын жүр.

 

Балағыма жармасып, өрген биттер,

Әйт деп қалсаң бүрісіп жанын күйттер.

Көккептерді көсеулеп кекті қылып,

Солар бопты, көшеде үрген иттер.

 

Империя –

Тойымсыз Нәпсі –

бүлік!

Бұрынғысы өліп ед іріп-шіріп.

Ши жүгіртті жаңасы көбесінен,

Тектің тәнін тебенмен тепшіп іліп.

 

Аңыраған мал-жансыз жұрты қалып,

Ана кеткен о да жау тұтқындалып.

Жеген ит пе, жегізген адам етін?!

Азияның төсінде бүтін ғаріп...

 

Ұра! Ұра! Бұдан зор Ұран бар ма?!

Орған орақ, арысты ұрған балға!

Аяқ баспай үркеді ат жер өмірден,

Толыпқалған қызыл сай Құрбандарға!

 

Тастап байды қоқысқа, биді боққа,

Кеше бегзат ал бүгін киді ноқта.

Қанға илеп, қаланған сүйектерден,

Қызыл қоғам күйдірген қызыл отқа.

 

Аз ұлт – төстік,

Шыжғырған мас шоғына.

Қызыл жаудың тілегі басты оңына.

Қызыл ұран ұр да жық:

Ор! Шап! Ат! Ұр!

Қатын-бала қарама, аш-тоғына.

 

Иығына темірі нарқы надан,

Түсі жылы көрмедім жарқын адам.

Жерге түсіп түн болса ай-жұлдыздар,

Сайдан, құмнан, жылғадан жарқыраған.

 

Қызыл жалын,  қып-қызыл жапқан сұмдық,

Отқа оранды терістік, жарты құрлық.

Сал алаштың ақ жаулық аппақ жарын,

Салып қойды сарыға жалшы-құл ғып.

 

Керек болса сендерге егер шыны,

Әй, бес күндік, ғұмырдың көгершіні.

Диірменнің тасындай айналады,

Тарихтың дөңгелек тегершігі.

 

Міне осындай жай-күйі арғы беттің,

Мен бер жаққа қан кешіп, қарғып өттім.

Тұмар тағып туған жер топырағынан,

Аярлардың бетіне саңғып өттім»...

Дегенінде дауысы өртке суды,

Құйғандайды шелектеп Арғынбектің.

 

Солай болған бұрын да, солай болды,

Асау заман аударып киген тонды.

Шымшуырсыз от көсеп әлі де көп,

Бүтінделмей өтерін білмес сорлы.

 

Түспей қалып заманның пышағына,

Ел, жерінен айырылған құсалыға,

Екі сөзсіз жолығып асыл қанды.

Күннен ыстық алғанды құшағына.

 

Ел деп келген еңселі емендерге,

Сары алтын саналы кеменгерге,

Пана болған кезінде Зуқа батыр,

Дауа болған шеменді, шерменді ерге.

 

Торғай тоз боп қорғансыз тоңғандарды,

Қорғап жанын қызылдан тоздғандарды.

Тойындырған қормарал тоғай еді,

Қойны-қоншы, қотаны толған жарлы...

 

«Аға шайыр Арғынбек өзім атым,

Сүйегіміз дөртуыл, найман затым.

Қонақ болып құдайы Талдысайда,

Көріпедім қажының рахатын.

Қажы Зуқа Абақтың бұлбұл еді,

Берсін жанның құдайым саламатын!».

 

– Бәрекелді, Арғынбек, сөзің алтын,

Жолың ашық, бар болғай, түсің жарқын.

Сен не дейсің, сөйлеші,– дейд Шудабай,–

Рамазан, атанған Шұбар ақын.

 

– Сөздің басын бастайын бір Алладан,

Сызық бітсе бізден де бітер жалған.

Араласты азалы жасым қанға,

Ақпайтұғын екеуі бір арнадан.

 

Алып ерен көп жүрдім қасында мен,

Сарқытын да көп жедім, асында мен.

Шабарманы ем батырдың өкінемін,

Болмай қалдым сол түні осында мен.

 

Болмысы да бітімі ардан тұрған,

Майландырып малсызды малдандырған.

Жарлы жұрттың киелі пірі еді,

Жайландырып жалсызды жалдандырған.

 

Зарын сөйлер затты еді ел-жерімнің,

Егіз десем, егейі ерлерімнің.

Су тұнығын ішкізіп, шөп шүйгінін,

Жегізген ер, ескерер Еңбегін кім?

 

Қонағына құйғаны қымыз суат,

Аш тұрмаған адамы қызылсырап.

Аштырмаған адымын асқынғанның,

Сүйемдей жер, жақсы ат, қызын сұрап.

 

Баққан малы, қайырып, қарағаны,

Бауырына, барына балағаны,

Алтай, Боғда, Жайырдың тұрақтары,

Ал ол болса қазақтың қара нары.

 

Жатқа жерін бермеген телім, елі,

Шөлдегенді қандырған көлім еді.

Арқасында ел алаңсыз тусып жатқан,

Алынбайтын арқалы белім еді.

 

Арлы ақылдың шаң тимес пырағы еді,

Адасқанға жағылған шырақ еді.

Жазық маңдай жайлаудай, жан мінезі,

Кең дария жағасы құрақ еді.

 

Құштарлана күтетін құла белі,

Шешендіктің шын жүйрік құлагері.

Айналасын әдіптеп, сүрмелеген,

Айран ішкен қыс-жазы құрама елі.

 

Шұбарың да қимайды, тәуіп дедім,

Көкрегім күйеді кеуіп көлім.

Етегіңді қымтанып, жинай отыр,

Ендігі өмір болады-ау қауіпті елім...

 

– Жә,– деді Би,– Шұбарым, болды-болды,

Жарылқасын Тәңірім, көңіл толды.

Бар ғой ерлер батырдан алған бата,

Танымасқа танытар оңды, солды.

 

Ақыт айты: – Ертеңгі ел, күнім дейді,

Күнсәулесі кессең де үзілмейді. 

Жегізген көк жетіліп тамырынан,

Жеген ауыз өзінің күлін жейді.

 

Ана отырған баталы біздің Оспан,

Бәйгесіне батырдың өзі қосқан.

Жалғыз өзі сұлатып ұрған жігіт,

Төрт ұрыны төтелеп ізін тосқан.

 

– Толған бала батырдың талғамына,

Осы мырза,– деді Би,– болғаны ма?

– Осал емес,– деді Ақыт,– олпы-солпы,

алған бата арпаның ол қабына.

 

... Су төгілмес құйылған кесесіне,

Мініс батпас су жорға жетесіне.

Алақандай батырдан егістік жер,

Бидай алып бір бақыр есесіне:

 

«Берем,– деген,– екеу қып», еселесін,

Қайтармаған қажы да меселдесін.

Ойлап жүрді жаз бойы Оспан ұдай,

«Ұрындым,– деп,– осы мен кеселге шын».

 

Егін бітік, жаз жайлы, атырапқа,

Ырза Оспан ырысты топыраққа.

Көңіл – балқаш, көктемдей жасыл ала,

Кенелгені кедейдің жалқы баққа.

 

Қызыл бидай қызықты қырман басы,

Шырайланып тер сүрткен кәрі-жасы.

«Он қап, мүмкін, орары одан да көп,

Домалады, деседі ел өрге тасы».

 

Батыр келді ақ қабақ, қара сақал,

Мінген аты көрінер қасқа тапал.

Екі сөзсіз, ақ пейіл, досқа адал,

Кісі дейтін серт бұзса аса қатал.

 

Қыршын тісі қадалса тасты оятын,

Басады екен дұшпаннан жеп тоятын.

Адамдар ғой асырып кемшін істі,

Артық айтып, артына леп қоятын.

 

Арпа, бидай жұғымды жоңышқадан,

Бота-тайлақ емес пе борышты адам.

Өңгерткенде иықтап бір қап бидай,

Ілгерілеп тоқтады ол үш қадам.

 

Жарасымды кең иық, мүсін – пішім,

Қарау – ғайбат батырдың сағы, түсін.

Шаншылып кеп түсердей тақ төбеден:

– Әкел!– деді,– екеудің тағы бірін.

 

Ала ұмтылды Оспан да асқа кенен,

Былқ етпеді, күдір бел қасқа дөнен.

«Берсе тәңір бір қапқа болар ынсап,

Бай емес пе шенеспес басқаменен».

 

«Қу құдай-ай, тал түсте тонармысың,

Мына пәле, сілейген болар мүсін.

Ұрынбайтын, Оспан-ай, жерге ұрынып,

Басқа-басқа, осыған жолармысың?!».

 

«Адам,– десті,– арт жақтан жаппай жарлы,

Қай қылығы апырмай, жақпай қалды?».

Ат үстінен төңкеріп екі қапты,

Зуқа батыр аударып тастай салды.

 

«Мұнысы не?...», аузына салған құлып,

Жұрт сілтідей, Оспан да қалған тынып.

–Сен бердім де, қарағым, алдым дейін,

Аллауакпар!.

Жасалды:

Арлан – қылық!

 

– Мынау ісің мәрттікке лайық ғұрып,

Аяр бұлтын жүргейсің айықтырып...

Берді Зуқа Оспанға Ақ батасын,

Ат үстінен алақан жайып тұрып.

 

Алай-дүлей ішінен қаңтар ұлып,

Тайып бағы, арайлы таң тарылып,

Тулап кетті тұрғандар аң-таң болып,

Алып-қашпа ойлары қаңтарылып.

 

«Пәле келді»,–дескендер, есі қашып,

Кері айналып тығылды бетін басып.

«Бәрекелді, пай-пай-пай, бәрекелді!»,–

Десіп жатыр, жар құлап, Ертіс тасып.

 

Құйды, жауды, нөсерлі мол алғысын,

Жасап жатыр тәубалап, жоралғысын.

 «Өстімесең, өр мінез, қормалым-ай,

Зуқа, Батыр,–деседі, болармысың!»...

 

Осыменен күмілжіп бір таң атты,

Сынуға шақ әзер тұр діңке қатты.

Көкірегінің түбіне түн ұялап,

Бата жасап, тарасты өңкей затты.

 

          Ағаның ақылы

 

Ұлар бекер ұяда шуламайды,

Жүрек босқа лоблығып, туламайды.

Оңашалап ортадан сол бір кеште,

Солтаншәріп шақырды Шудабайды:

 

­– Қаза жетті, қайтейін қапияда,

Кегі кетті әкемнің Жақияда.

Жамағаты жан үшін жаутаңдаған,

Мойынсал боп ұлыққа, жат ұяға.

 

Таңғы шөптің тамызда шық басында,

Масақ теріп мылтықты шықты атызға.

Тасқа шыққан болмайды қына нәпіл,

Әке кетіп айналды ық та сызға.

 

Жұрт айтады: «Алтайдың өр төсіндей,

Ақ атанның ақ жілік, өркешіндей.

Жаурағанды жылытқан,– дейді Сізді,–

Қазағымның түйе жүн көрпесіндей».

 

– Болғаның ба, сақсынып, менен абай,

Қой, қарағым, майда сөз, мұның қалай?

Төтесін айт, «арқадан қақанға ұлық

мәз болады болысың»,– деген Абай.

 

– Піскен біз бір салбырып егін дайын,

Түбі оппа орады ерін – жайын.

Ақ мылтықтың оқтаулы аузындамын,

Қыл үстінде мәлім ғой, менің жайым.

 

Ұстатпайды уақыт сағым көлдей,

Әкем сізді көретін сары белдей.

Айтатұғын жарықтық: «Салса сөзге,

Желеді,– деп, Шудабай сары желдей».

 

«– Шарапатын көп көрген суатының,

Мыңнан жалғыз тұлпар ол туатұғын.

Ендігі елдің мұндағы сен әкесі,

Әке жолын жырынды ұл қуатығұн».

 

– Талай жерде тарпаңды түзедіңіз,

Әке жолдас әрі дос сіз едіңіз.

– Бақи достық айнымас, ол бір сынақ,

– Қайысқанда қабырғам сүйедіңіз.

 

Көзден таса көк жендет қылар емес,

Түймедейді түйе қып тынар егес.

Сүйенетін сұйылды сүйегіміз,

Дәтке қуат көк шулан қылаң елес.

 

Атқа қондым, кектеніп, ерді жұртым,

Қан татиды шайналып екі ұртым.

Райласып дұшпаным сертін берді,

Еңірейді Белқұдық ескі жұртым.

 

Ермегенін тізелеп, күштемедім,

Бердім қалау бәріне түсдемедім.

Ертең қытай бас салып басына ма,

Ергенін қайт, жолыңа түс демедім?!

 

Қайда екенін білмеймін жарқын бағы,

Ақ арманның аңсаған алтын тағы.

Аман алып дұшпаннан қалсам деймін,

Ұрпақтарын әкемнің артындағы.

 

– Байлауы жоқ, белдеусіз заман – ғайып,

Арманыңды бұлт шалды алаң байып.

Алла – қамқор, қайда да дала – тірек,

Таға алмаймын, қарағым, саған да айып.

 

Алпауыттың зорайып кеңірдегі,

Алтыны ғой Алтайдың кеміргені.

Қаймананың қалқиып құлақтары,

Замананың есейді еліргені.

 

Қорқыт бабаң ажалдан құтылмаған,

Жұртың аман, тәуба де, құтың аман.

Қорқыт!– дейді, қорқытар баран қоғам,

Орнықты жұрт ұлғаусар ұтылмаған.

 

 «Алдың алып Ақ қорған тұрқы бұраң,

Аярлардың қылығы түрпі, бұлаң.

Атасының басы бар әлімсақтан,

Алтайынан кетпейді түрік ұлан».

Құмы жақын, суатты кәуірге де,

Тұрақ болар тұрақ пен тәуірге де.

Баркөл мекен, бабабамыз бағып, қонған,

«Таркөл» ме екен сарт-сауан жауы іргеде.

 

Қызыққанмен Баркөлдің өрісіне,

Жүйрік жетпес көк шақай желісіне.

Айым аман күндерде тісі батты,

Амалым жоқ айнала бөрі ісіне.

 

Орталықтан ұлықтар отыр байқап,

Қонысының қазақтың шеті жайпақ.

Жиғанымды тірнектеп күн-түн қатып,

Қызыл аяқ бір күнде кетті жайпап.

 

Үйірліні үркітіп ит үрмейді,

Ойын білмес опық жеп от үрлейді.

Пәлекеттер пәрмені пышақ үсті,

«Тілің тістеп, құшынып отыр»,– дейді.

 

Құртың артық сарт-сауан шекерінен,

Барлық артық бәрінен бекерінен.

Дүниенің тозғанда не күтесің,

Қозғалғанда орнықты мекеніңнен.

 

Өзің тәйжі, өзің би, Бек те Егейсің,

Етегіңнен баса отыр, сөкпегейсің.

Қызу қанның көз байлар жетегімен,

Қарағым-ай, ғапыл боп кетпегейсің.

 

Жарасады жас қайың, бұлғақ талға,

Қанып ішкен қара су қымбат, қарға,–

Берген баптап тарысы, шекерінен,

Жат жерліктің жымиып, бұлғап балға.

 

Аққу қонбас ауылдас, туысқандай,

Айдын беті мамырлап тынышталмай.  

Баркөл бапты түбінде мекен болмас,

Бұлғақ заман, Солтаным, дұрысталмай.

 

Жан қысылса болады оймауыт тар,

Күңгейіңнен төнетін зор қауіп бар.

Ақ қорғанды құм кешіп, кетті ауып,

Қошауыт пен қоң торғай торғауыттар.

 

Алтай тауын айнала жүрген жортып,

Тарылатын кез келіп үлкен қолтық.

Үлкен үйін паналап үстіртегі,

Ауып кетті торғауыт бізден қорқып.

 

Тұрқы бойшаң, ерлері тархан еді,

Жоңғария жұрнағы байтақ елі.

Аңқылдаймын қалғандай іргем шисіз,

Сыртымнан ық, боранға қалқан еді.

 

– Қол жиюға көндірмес заман асау,

Қорғасыннан қоршаған қалама сау?

Өкінемін суым тез қайттып қалып,

Шегініп бір талпынып қадам жасау.

 

...Сырғып,сусып барады уысынан,

Айырылып қонысы, туысынан.

Сұр қоғамның сұрқия өңі ішінде,

Ұн сұраса орнына у ұсынған.

 

Үміт сәуле кең байтақ атырабы,

Күншығыстан мұндалап шақырады.

Сары мойнақ саптама қонышында,

Қылпылдайды, онысын жасырады.

 

Аңыраған анасыз бота, тайлақ,

Қата басу – өкініш, ағат ойлап.

Абызынан ата дос ақ таяқты,

Ақыл сұрау – естілік, ағатайлап.

 

Қысым лепті, жүрмейді қаралық құр,

Қос өкпеден шаншылып, қадалып тұр.

Дегенін қып, діні де десі қатты,

Қандауырлап даладан қан алып тұр.

 

Заман келді бас кетер бас имесең,

Ақылгөйсу жілігі тати ма екен?

Ауып келіп Боғдадан алған тұрақ,

Болса игі босқынға бақи мекен?..

 

– Сауыр, Сайхан, Кендірлік, түмен Жайыр,

Тартынатын, Солтан-ай, түрің қайыр.

Атқа қонып ашынса ел қоғам бұзар,

Ұйықтатпас түрткілеп түбінде айыр.

 

Түйгені көп өмірден кемел басы,

Дариядай байыпты кең арнасы –

Ағалардың ақиық кенерелі,

Орнын басып алымды келер жасы.

 

Жайлы болса жазира –

Қонышында,

Бақыт, байлық тұрады қол ұшында.

Танытпаса ағайын, елің кеңдік,

Тарылады тынысың, қонысың да.

 

Қолға оңай түсе ме ала балық,

Үй күшікке бәрі бір алал, арық.

 

Біз бес кісі жер шалып Баркөл, Мори,

Шығыс шепті сонау жыл араладық.

 

Ішкендей бір сулары шұбат дәмді,

Шағанбұты жайлауын ұнатқанды.

Бұл жүрістен Бейжін де хабар алып,

Іргедегі Үрімжі құлақтанды.

 

Қоюланып бараны,

Кенересі –

Керілген жер керейдің керегесі.

Болып тұрды арада тосын да жай,

Шүршіт, қытай, қалмақ пен ерегесі.

 

Күтуменен күн кештік жай, дауылды,

Басып қонғай мен барда жайлауымды!

Жең ішінде неше рет қолым сынды,

Ұқтың ба, ұлым, сөз осы, байлауымды?–

 

Деп Шудабай қайырып, қаңтарды сөз,

Ашықтайды арғы ой, аңсарды көз.

Тартып демін тереңнен Солтаншәріп.

Жауапты да шалымғай қайтарды тез.

 

– Енді, сірә, кәпірмен келіспеспіз,

Құбылмалы ауасы, өрістеспіз.

Көрісерміз, қауышып, мүмкін, аға,

Мәңгі, бәлкім, ажырап көріспеспіз!

Хош болыңыз....

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

---------------------Үшінші тарау-------------------------------

 

 

 

 

 

Ұябай қажы

 

Әр жотаны ой күдір қиялайды,

Бақ та бапқа қонақтап ұялайды.

Қажы атаған Меккеден қайтпаса да,

Ауыл-аймақ ұмытпай Ұябайды.

 

...Сарқылмаған суалып, қайнағаннан,

Қалғандығы белгісіз қай заманнан.

Қай патшаға бағынып, қараса да,

Ас кетпеген қазақы тай қазаннан.

 

Ақ табандап, ас қылып алты құртын,

Қайта тапқан қастерлі ата жұртын.

Алтайға аяқ асырған Абақтардың,

Ақтылы май толтырған екі ұртын.

 

Қалатұғын құмарың жесең қанбай,

Нулы-сулы құйқалы мекен қандай.

Таңы атқан арудай күліп кіріп,

Шөбі шүйгін татқанға шекер балдай.

 

Тең құрбыдай сөйлескен кәрі, жасы,

Аңға толы сай-сала, тау мен тасы.

Салтанат жоқ қазақта көштен көркем,

Сара дәулет аманда мал мен басы.

 

Жаз келгенде жел бітіп, асқар асып,

Жорға мініп, құлпырып, ат жаратып.

Ақ көйлектер көлде өрген аққу, қаздай,

Жанарыңды әкетер жалт қаратып.

 

Жас жігіттер жарқылдап жас перісіп.

Кербез қыздар бәлсиді қас керісіп.

Қызыл таңнан кәрісі қымыздатып,

Атақ қуып, ұрандап, ас берісіп.

 

Көл жайлаған күз келсе құс та кетер,

Тоқтап тұрмас табандап уақыт бекер.

Иә, құт боп, немесе, иә жұт боп,

Жаз да өтер, қаһарлы қыс та жетер.

 

Қырың да ойнақ, болмасын ойың да ойнақ,

«Жұт» дегенің жұтатын жайын болмақ.

«Жұт» атаған өмірлік тергеніңді,

Жинай жүр деп, бел буып, жайыңды ойлап.

Төбесі бар, төре елге мерейленіп,

Ел ішінде қызылсыз кедей кеміп.

Ене Алтайдың теріскей, күнгей беті,

Кемелденген шақ еді керейленіп.

 

Жатпайды бай үйінде сал буындап,

Дәулет маза берме ме, май қуырдақ.

Мал соңынан отарға аттанады,

Құс көтеріп, қыс бойы салбурындап.

 

Қалар бұйрық хас қыран кеуде керген,

Құлан үркер құйғытып көлденеңнен.

Қайысады ойында қара құйрық

Қаз, үйректей шыбарлап көлден өрген.

 

Қосшы отыр кешкісін тояттанып,

Қосты тігіп ықтасын қолат тауып.

Аршын төсті айқара алан-ашық,

Алаулаған ал қызыл мол от қауып.

 

...Киерінің кемері оқаланып,

Әрі сері Ұябай жоталынып.

Оң-солына атағы, аты жеткен,

Отызында үй бөліп, тоқал алып.

 

Алтай таудың жаңғырған байырғы әні,

Қыста қыран ерлері қайырады.

Бақ та кейде басқа сор алыстырып,

Бас пен жақты арада айырады.

 

Қара үзіп қарадан жақсы атағы,

Қырына алса байлық та қақсатады.

Қоғалы су, көлінен айнып қуы,

Шын жүйрікті қызғаныш ақсатады.

 

Көзі тұнып қарайды қиядан ай,

Түңкелі көл, мекені – ұядай жай.

Өзек қыстап, даралы тау жайлаған,

Заузаты мен шалқиды Ұябай бай.

 

Ұмтылатын ұрттауға жан арындай,

Суы қандай жас бота жанарындай.

Шалқып жүзген аққудың шалқақ төсі,

Көз қарығар сұлудың анарындай.

 

Жақсы мінез адамды жат қылмайды,

Бұйырмаса кісенді бақ тұрмайды.

Тұлба көлдің тулаған балықтары,

Суға жылқы үркітіп жаптырмайды.

 

Ұябайдың дегізбес күйі мінді,

Көсіп ішер жылқысы иірімді.

Қырындаған қырқындар жылқышыға,

Қыздырады суыған бүйіріңді.

 

Белді атта жорға да, желіс те бар,

Бедел де бар, беретін бөліс те бар.

Байлығыңның барында кім ойлайды,

Болармын деп байтақтан өріске зар.

 

Қардың басы келеді қылауменен,

Талай заман өтіпті жылауменен.

Ұябайдың түп тегі Қожаберген

Адас еді әйгілі жырауменен.

 

Жүрген жақсы жақсының тілегінде,

Малтығанша жаманның түнегінде.

Білеме екен адамзат жазу барын,

«Алла» деген адамның жүрегінде.

 

Күйі келмей ұшырма құсыңды аңға,

Араша алтын бола ма қысылғанда.

Дәулеттінің сынайтын бақ пен дәтін,

Ол бір парыз қажылық мұсылманға.

 

Қайыр-зекет қаза етпей мақұлдасып,

Туғанменен ағайын ақылдасып.

Қажылыққа Ұябай малын салып,

Аттанғанды ел-жұртпен бақұлдасып...

 

Ақ сары жүз, ақ еті нағыз ұлпа,

Сұңғақ бойлы талдырмаш белі қыпша.

Беріп жатып қамшысын Ұябайдың,

Құшты аяғын жас келін Мағырипа.

 

Мағырипа Шудабай тұңғышы еді,

Бір өзінің бағасы мың кісі еді.

Тап өзіндей жаңадан туған айдың,

Ақ сұңқардай адамда бір құс еді:

 

– Жаппарымыз, жүректе есіліміз,

Жадымызда жазулы есіміңіз.

Сәтті болсын, ата жан, сапарыңыз,

Ағаттығым болды ма, кешіріңіз!

 

– Ғұмырлы бол, қарағым, арда балам!...

Жұртқа қарап Ұябай қаумалаған.

– Хош бол, елім, мекенім, қалған жұртым!...

«Қайтпай қалсам, сапардан зәуде ғалам!»...

 

Шудабай би Баркөлде, бөлек ірге,

Қоныс алыс болса да тілек бірге.

Ауылынан аулақта айғай жетер,

Аялдап тұр арыстай белегірде.

Құйылғандай қазаннан ақ қорғасын,

Ұябай бай тербелтіп ақ жорғасын,

Ақ жұлдыздай жарқырап жөнелді ағып,

Тебініп қап нөпірді топ жарғасын.

 

Бір ғұмырдың нәресте шалықтауы,

Қандай қалып сиғызар анық жауы?

Бара жатыр біреудің ішін қарып,

Ұябайдың жұлдыздай шарықтауы.

 

Біреу лағып, тамсанып, таңдай қағып,

Түсін салып, оқталып, ізін бағып.

Күбірлейді ішінен, «тап мынадай,

Маған неге бітпейд, – деп, – маңдай нағып?!».

 

Біреу тантып сөйледі: – Қайран қалдым,

Құдыреті, күші ғой жиған малдың.

Ойпырым-ой, қарашы, жүрісіне,

Пырағымен ұшқандай Пайғамбардың!!!...

 

Жалт бұрылды Шудабай оқыс тоқтап,

Отты көздің қарасын оған оқтап.

Жұлып түсер қаңтарлық бурадай бір:

«Шіркін, настық, тұр екен не деп оттап!».

 

Жас перінің қарақты мысы басып,

Отты көзден қадалған қалған сасып.

Тілін тістеп, тиылып анау тұрды,

Іші ірің, тырысып тысы сасық.

 

Ұябай да құбылтып күрең түсін,

Қағыстырды қапталдан үзенгісін.

Шудабай би толқиды ат үстінде,

Шоң денелі, шойындай рең мүсін.

 

Жастайынан бас болған кәрі, жасқа,

Шудабайдың ұстаным, жолы басқа.

Шабысы жоқ, қаншардай, арты алшақ,

Мінген аты майда жал торы қасқа.

 

Ай қасқалы, қасалы торы мінген,

Дау мен шарда дуалы қолы жүрген.

Торы түсті, тұлғалы адам еді,

Кең даланың көсемі жолын білген.

 

Қара көктің деседі тұқымы нақ,

Тұрған кезі дәуірлеп, жұтынып-ақ.

Бір таңыңа шапқанда алқынбайды,

Бір ашылса тынысы тұқырып ап.

 

Қиыстырар қиядан, ойдан қармап,

Төгілетін сөйлесе ой маржандап,

Шудабай би естіді арт жағынан:

«Байырқалап,– дегенді,– бой жазған бақ».

 

Жақсы сөзге кермеген ауызы жарып,

Оны айтқан жан еді жүрген ғаріп.

Тынып жатқан Тұлбаның тұла бойын,

Бара жатыр мына сөз мұздай қарып.

 

 «Бой жазған бақ, түу, түфу!», ойын бұрып,

Опырылып сынғандай шойын құлып.

Ұябайды әуелі сөзге тартты,

Кенеп тамақ, Шудабай мойын бұрып:

 

Тәңір сыйы –

Мына су, тұлға-мекен,

Талдырмаш бел арудай сырға бекем.

Топан судан тартылған тұнып қалған,

«Тұлба» деген Ұябай, «тұнба» ме екен?

 

 

Зер аудартпас зердеге сұрақ па ұсақ,

Ұябайдың өрісін сынап-қысап.

Мөлтілдейді төменде Тұлба көлі,

Ойлау жерге төгілген сынап құсап.

 

Қарасына сиғызып малды, көлді,

Қоңыр өлең, қой тасты жалды белді:

– Тұлба-толбо, тұнбаңыз тыстық тұрпат,

Қалмақша атау, қазақша қалды-меңді.

 

Батыс пенен шығысты тоғыстырған,

Ай-жылдар аз Алтайда соғыс қынған.

– Сонда қалмақ Тұлбаны қай заманнан,

Қанша ай, жыл мекендеп қоныс қылған?

 

– Ер Жәнібек: «Ертістен өтемін деп,

Ескі жерге айтыпты жетемін» деп.

Меншіктеніп сол жерді ел келгенше,

Мұңғұл-қалмақ жүріпті мекенім деп.

 

Сөз төркінін түгелдеп, салса маңыз,

Жемісіндей мәуелі сарша тамыз.

Болашаққа бармайды арзандары,

Жеткен бізге жібектей қаншама аңыз.

 

Байқамайды ондайды көңіл тайғақ,

Өшкен ізге өткеннен жерің айғақ.

«Қара таудың басынан көш келеді»,

Деген зарлы ән бар ғой «Елім-айлап».

 

Іш ортаймас, тарқап шер кеңеспесең,

Ақиқат та ашылмас егеспесең.

– Қос жырауды, құда еке, білесіз ғой,

Сіздің баба, соны айтқан емес пе екен?

 

–Адырнасын аталар оза желден,

Аңыратып заманда соза керген.

Тарихында қазақтың іркес-тіркес,

Екеу екен айтысы Қожаберген.

 

Тасқа өскен көрінер шынар керім,

Жастың көп қой қатпарлар сынар белін.

Бертінгісі белгілі нақ бабамыз,

Үшінші атам болады мына менің.

 

«Арғы баба, атақты о да мерген,

Көк бурылдай көсілер дода көрген.

– Шіл боғындай шашырап, шашылма»,– деп.

Айттады екен, атамыз Қожаберген.

 

Сары езудің келеді сылтауы ұлы,

Самал желдің тиеді сазы жылы.

– Кішіге жөн үлкеннің сын тағуы.

– Айдай келер айтқаны назы-жылы.

 

Құдай елеп ағызған қанды жасын,

Деп үмбетім тентіреп қаңғырмасын.

Бауыздауы қанымен қас қалмақтың,

Шылғилаған бабалар қанжығасын.

 

Орып асар атыздан егін емес,

Жан алысып, жан берген небір егес,

Болған екен тарихта қадірі асыл,

Халық айтса қата айтпас, тегін емес.

 

Тарихаттан тимейді тиесіміз,

Қалар қалғып, бақпаса иесі міз.

– Қос қожаның сапарда ұрқы қолдап,

Қабыл болсын қажылық ниетіңіз!...

 

Аз әңгіме осылай ақтарылды,

Уақыт қысып, созуға шақ тарылды.

Қайырылып Ұябай қаршығадай,

Көлден көзін ала алмай қаңтарылды.

 

«Тағат таппай күтуші ем таң сәріңді,

Сезесің бе, Тұлба көл, аңсарымды?!...».

Ұябайдың қылығын бағып тұрған,

Нөкерлері «несі деп» аңтарылды.

 

– Тұлба көлім, толқының ирек-ирек,

Ұябайың ұшар бір көк ала үйрек.

Айдыныңа айналып қонар ма екем,

Қобалжулы, көңілім неге күйрек?

 

– Не дейді, үй,– шылбырын қармай тартып,–

Қажылыққа құдай-ау, бармай жатып,

Мынауың қай, бай-еке, алжасқаның?!...,–

Деп біреуі киіп кеп салды айтып.

 

Тілеп түсер құрылған қақпанға кеп,

Қашқан түлкі қорқыныш басқанда бек.

Шудабай би көкпенен ұштап ойын,

Тікті көзін сүркейлі аспанға көк.

 

Өткен ер ғой талайдың талқысынан,

Пұшпақ тұмақ төрт сайлы алшысынан.

Қасқа ердің қадалған қапталына,

Тобылғы сап сары ала қамшысы нән.

 

Көктен тоят тәңірі тілегендей,

От қарасы лапылдап түлегендей.

Үнсіздікке ешкімнің жоқ таласы,

Мына кейпі әлгіні ірегендей:

– Қайсының бар, кім жүйрік, ескі ілімге,

Тұлба көлді, қарағым, естідің бе?!

Ұябайдың ерекше толқуының,

Байқамадың мәнісін ешкімің де!

 

Дабылдатқан дауылда ор баспаған,

Аламанда бабаңыз қол бастаған,

Жаныңа Алла жар болсын, ердей бекі,

Жардан басқа табылмас жолдас саған.

 

Естігенмен ертеден көрмеген жер,

Кезікпесін кесапат, көлденеңдер.

Естіменен кезігіп, кіл қабысып,

Көрінерсіз ту тіккен көмбеден кер...

 

***

 

Қоңыраулап өтті алты сары ала қаз,

Қоңыр белден еседі налалы наз.

Қоңыр желдің үрімен  қоңырлатып,

Шертті күйін сезімал сары ала жаз.

 

Қоңыр әуен қалықтап жер бетінде,

Қоңыр өлең қоштасты тербетіле.

Қоңыр дөнен арқырап, Қоңыр өлең,

Қоңыр күннің жазылды келбетіне.

 

Нәрі қалды арудың үрпісінде,

Әні қалды бойжеткен үкісінде.

Сөзі қалды көкейде, өзі шыңда,

Исі қалды түйе жүн күпісінде.

 

Қаңқылдасып, тағы өтті қоңыр қаздар,

Қоңыр десе көңіл де қоңырқайлар.

Қоштасып тұр өлкенің төресімен,

Қауқылдасып қормарал, қоңыр шалдар.

 

Асып тауға аруша көл білегін,

Қыбырлайды жұп-жұқа мөлдір ерін.

Сағынышын сарқа алмай саңқылдаған,

Талып жеткен алыстан қаз ғой – келін.

 

Базарыңды бағала бұзық бұрып,

Кетпей тұрып жел қуып, бұлыт жұлып.

Бұрымын құз биіктен ылақтырады,

Құтқармайтын арқандай қылық қылып.

 

Күн көзімен даланы қиық нұрлы,

Алқымынан аймалап сүйіп тұрды.

Бар болмысы зулаған бұ ғаламның

Қарасына ойлының сиып тұрды.

 

Сүтке толып арудың құмырасы,

Сүйген сайын балқытып шұғыласы.

Суарылған сазымен салқын мұңның,

Саумалдай ақ ойлының құбыласы.

 

Аз ғұмырды әуелі күйіп бастап,

Аяқтарсың бір күні түйіп тастап...

Арт жағына бір атым топырақты,

Аттұяғы барады іліп тастап.

 

Ақ гүлдер де тұрмысын мұтып жайлы,

Сәлделі тау сағағын қытықтайды.

Күндер өтер дүркіреп, айлар өтер,

Бір күн жайлы, ал бір күн жұтып қайғы.

 

Үңгірінде ұлулар тыңаяды,

Тасбақаның тағдырын кім аяды?

Сылқылдаған күлкішіл сұлу бұлақ,

Төстен түссе етекте мұңаяды.

 

Жылқылы жер келеді бүгелекті,

Иісі жұпар гүлдердің тікенекті.

Қанға бояп бүлдірген тобығыңды,

Талықсытар таңсығы мүшеңді епті.

 

Айдындағы естілмес қудың даусы,

Құлай аққан бұлақ қой қыздың жасы.

Ақиқатты айтатын азайғанмен,

Өлекселі өлкеде құзғын – жаршы.

 

Тынысынан ақиқат шырын ағып,

Тап төбеңе бозторғай шығып алып,

Жерге қонбай ол сорлы шырылдайды,

Заман өтер айта алмай шыныңды анық.

 

Шарықтаған шалықтап қиял айды,

Шешкізеді қолдағы биялайды.

Мың-мың рух көктегі мейірленсе,

Мың мұң ойға жердегі ұялайды.

 

Пәнилігің –

Түстегі кемпірқосақ,

Соқыр жаңбыр –тірлігің жемтір жол сап.

Арсыз  туы жайқалып, ұят іріп,

Кемсеңдейді жер ошақ, кемпір босап.

 

Бақилық та болжаусыз қап-қара түс,

Аспаныңды торып жүр тас қара құс.

Бар қайраны жасаған қасаң жұрттың,

«Жаратқан, деп жалынар, аққа ара түс».

 

 

Жапырақта жаз болса көппіз дейді,

Жаңбырсуын жабылса өткізбейді.

Аянышты ауысып аспан жаққа,

Аққан жұлдыз өзді-өзін өртпіз дейді.

 

Ошағыңды қоритын оқ та бөтен,

Қайран қылар осыған жоқ па бекем?

Басқа қолға еріксіз өткен билік,

Басқа киген баяғы ноқта екен.

 

Айдағанда сиырды өк дейтұғын,

Түйе болмас шөк десе, шөкпейтұғын.

Тамырсыз тас емес ек ілкі кенде,

Көк едік қой үзілсе көктейтұғын.

 

Күн еңкейіп қыратқа, ілінгенді,

Алыс емес, таяуда іңір де енді.

Үздірмейді күдерді Өмір тіні,

Қорғалаған үлпілдек үр індегі.

 

Қайта айналып жаңарар жаз желегі,

Тұлба көлге қаңқылдап қаз келеді.

Шудабайдың тоқ мойын тор қасқасы,

От ойнатып табаннан сар желеді...

 

Көтермейді Әз жүрек, аспан кірді,

Ұялатқан төріне Хақ Тәңірді.

Ұябайды жаз шыға қажылыққа,

Ұзақ жолға ұлыс боп аттандырды.

 

 

 

Чүлтім лама

 

Аман қалған ажалдан бунақтары,

Құрғамаған әлі де құндақтары.

Аз ұраңқай, торғауыт... қорын қалмақ,

Өліт, байыт – Жоңғардың жұрнақтары.

 

Қараңғыда жыбырлап иектері,

Жұлдыз-қонақ жылғалар жиектері.

Үйдей қара үңіліп құзғын тонап,

Құзда қалған қураған сүйектері.

 

Ажал үрген арпылдап оқтығынан,

Қара бұлттай басқанда топты тұман.

Қалған сарқын Алтайдың қойнауында,

Тасқып ұстап тағдырдың шоқтығынан...

 

Үлгілі Алтай, Қобдаға Чүлтім елі,

Үркек аттай, үдеріп, сілкінеді.

Үлбір қылау жотаға жауған жазда,

Үрей дертін әуіре сүртіп ері.    

 

Қайталай ма жазмышы аспақталып,

Сай сағалап, күн көрген тас жастанып.

Дәру еткен жанына қасқыр етін,

Діңі берік мойыр ма асқақ қалып?

 

...Қып-қызыл бет бақпайтын қинаса міз,

Совет, моңғол сыбайлас қимас егіз.

Барды Чүлтім жиынға Батырдағы*,                                   *Батыр – Ұланбатыр – Моңғолия астанасы

Мың тоғыз жүз жылында жиырма сегіз...

 

Қарқыны зор құрылтай Ұлы жиын,

Түңілдірді, түпкі ойы тіпті қиын.

Сыдырғандай терісін түгін қырып,

Суырғандай суық сөз жұлын, миын.

 

Үгіт ­– сұңқар салуға шақырыпты,

Санасына сіңіріп жат ұрықты.

«Мінбек дәме еркіндік, үміт – тұлпар»

Суға батып, ақылдан ат үрікті.

 

«Бай, молданың сасық дем, ар, ұяты», –

Жас мизамның жалпыға жариясы:

Кері ақпақ, керексіз, жарымаған

Тарихтың мың жылдық дариясы.

 

Ата салты басы екен бүлінгінің,

Дәстүр жауы жасампаз бүгінгінің.

Бас қалқаның қанды ұрты жоғалтыпты,

Тас талқанын шығарып бұрынғы үнін.

 

Аңсай күткен сарылып ұрын күнін,

Әкесіне жау екен тұлымды ұлың.

Кірпігінен мөлдір жас боталаған,

Қолаң шашы кесілмек бұрымдының...

 

«Кебейем деп қол соғып мола тұрды,

Толтырам деп жемтікке қолатыңды».

Осы жиын Чүлтімнің түсіне еніп,

Оқ жыландай мойнына оратылды.

 

Білетіннен, білместен дұға құрап,

Дар астында тұр екен іштей жылап.

Сүйектердің келеді арасымен

Бірде жүріп, сүрініп, бірде құлап...

 

Сұры бұлтты, сүркейлеп таң атыпты,

Чүлтім тұрды қара су, нала тіпті.

«Айтып  қалар іштегі мүмкін сырды,

Сар жыланға бұл дағы талатыпты».

 

Деп ойланған Дәлелхан, азаланған,

Ұйқы шала суық ой мазалаған.

Ұнамаған оған да қалың топыр,

«Табиғаттан өстіп те аза ма адам?».

 

Чүлтім айтты: 

– Ар моңғол* қара да тұр,                                   *Ар моңғол – Артқы яғни Сырт Моңғолия

Пана болмай, Дәлелхан, бара жатыр.

Не хабар бар, күңгейдің күйі қандай,

Түрі жаман мыналар жарады ақыр?

 

Не ататын, тірідей не көметін,

Көнбегеннің аузына құйып өтін.

Арандары ашылып кеткен екен,

Көрсетеді мылтықтың құдыретін.

Хан талапай болады жиған бағы,      

Қандай сұсты қақшаңдап жынданғаны.

Талап жейді барыңды таңданбаңдар,

Қасқыр иттей қанды көз зындандағы.

 

Мәнжі менен қытайың кесел еді,

Көз ашқаным ел десіп кеше еді.

Сары даланы толтырған мұңғұл мұңы,

Көз жасындай мөлтілдейд кеседегі.

 

Күле алмассың той тойлап, торқа киіп,

Жүре алмассың шайқалып жорға мініп.

Қызыл бауыр бұлт көрдім түсімде мен,

Құлап жатыр тобымен орға киік.

 

Сары құстар тояттап, қияқтанды,

Батыстан бұлт басатын сияқтанды...

Осылай деп таң ата Дәлелханға,

Чүлтім лама күйініп, сыр ақтарды...

 

Ұланбатыр – бәймәлім жаңа тұрғы,

Таба ала ма, жат жұрттан жанашырды?

Кеңесумен он төрт күн ірге, жайтты,

Түн асырып, үрейлі таң атырды.

 

Ақ орыстың арнаулы ажалынан,

Аман қалған ақ қырғын базарынан.

Сүкірбайдың барғанды Дәлелханы,

Алтай-Қобда жиынға қазағынан.

 

Алаштың бір ақ сүңгі азулысы,

Маңдайында қанша екен жазулы ісі?!

(Қан жауса да қазақтың құритұғын,

Қақысы жоқ қарлысы, қарулысы).

 

Гоминдандық бас алмақ жетеліге,

Айдап беріп мың жылқы жетегіне.

Сай-салаға бабасы сайғақ қадап,

Келген асып Қобдан қол мекеніне.

Қу жаминге құлдық деп айқайласып,

Қоныс үшін шекісіп, тайталасып.

Қылаң залың* гоминге басын берген,             *Залың – қытайша лауазым атауы

Тұрған шақта әр-сәрі тәй-тәй басып.

 

Дәлелханға бұйырар қандай кәсіп,

Жүрген бұл ер, жас барыс, шайқай басып.

Қыр соңынан бақталас құзғын, қарға,

Қалмай қойды сөйтсе де Алтайды асып.

 

Мақсат анық, моңғолдың төресінің,

Астананың айтулы кеңесінің.

Шерушінің шендісі, үкірдайы –                      

Сү.Дәлелхан,

Сенімсіз, келесі кім?

 

Қазақ,

Қалмақ,

Қарамас кіндігіне,

Қарамайды ұлтына, тіл, дініне.

Қарайды екен атарда қалтасына,

Қарайды екен тонарда тірлігіне.

 

Түзу ұшқан түтіні кесілмеген,

Туырлығы көрінсе тесілмеген.

«Тура!» деген жыртығы бүтінделсе,

Тап  мүддесі деседі, есіл неден?

 

Керегенің көзінен кесір енген,

Жетім менен жел екен жесір өнген.

Керіп сиген ши аяқ еркектері,

Ылғи кәуір үрпі ұшы кесілмеген.

 

«Кім қызылшыл, дейді екен,– дос сол маған»,

Кісі өлтіру күнәсін жоспарлаған.

Қалар ма екен қорада еті тірі,

Ай мүйізді, ай маңдай қошқарлардан.

 

Діннен безген, ескі деп дәргерінен,

Атаулының мәдени бәр-бәрінен.

Күтіп қалған түнеріп, ер кезекті,

Күдер үзіп өмірлік нәрлерінен.

 

Діні – оқтай,

Түбі – бір,

Тамыр қарға,

Жақын жауы қазағы атысарға.

Жүнжіп қалқа, жөн бұзып, жолдан тайып,

Қайдағы бір елеспен шатысар ма?

 

...Ауды Чүлтім мекеннен

Ойын,

Тойын,

Тастап Моңғол Ұлысын,

Бұлғын бойын.

Атасы атын жаратып, келеді деп,

Отырғандай айқара ашып қойын...

 

Шіңгіл бойлап, ат сыйлап шендісіне,

Өр керейдің бүйірден енді ішіне.

Жеті жұт та мұндайда өш келеді,

Құбыласы мал-жанға тең кісіге...

 

Ыза, кегі іштегі қайраулы әлі,

Төрт көз итте ашынған байлаудағы.

Қандай күй бар, тұйыққа тұмсық ұрған,

Мал мен жанда үркінді айдаудағы?!...

 

Иті айдынды,

Ілкімді ірісінің,

Қиюы жоқ істеген бір ісінің.

Табанынан тесілген түйесінің,

Сүйреткені көн тулақ тірісінің.

 

Кептеліскен күйзеліс, жиын күткен,

Көрінбейді бір ауыл үйін тіккен.

Қоныс берген бір жомарт түнеулікке,

Жерін ойып Жәнтекей Сүйіндіктен.

 

Жұтылары белгісіз қай дауылға,

Ауласы тар келмейді айлануға.

Артында жау егесі,

Алдында дәу,

Біртұтам жіп ұшына байлануда...

 

...Ақ күмістен ат-әбзел, сүймендері,

Саптама етік нәлілі кигендері.

Қазақтардан жалбас ат мінген жарау,

Чүлтім лама қаймығып, именбеді.

 

Чүлтім айтты:

– Айналдым ұстамды ұлдан,

Естігенмін базарқұл Ыстанбұлдан.

Байқаттыңыз зор құрмет, затыңызды...

Аман алып, қанатты ұшпас құрдан.

 

Ұраңқайлар Чүлтімдей бас иесін,

Бай Бұлғындық бал, шәрбат ас иесін,

Қасиетін қадірлеп, лама деп,

Барша жұрты пір тұтып, бас иетін.

 

– Қарлы асуды мұң басып қыраулаған,

Қам көңілдің бұлтынан қылаулаған.

 

Қалай аттап,– деді Би,– аттанамын,

Ата досты аулында жыл аунаған?

 

– Бейжің биі, жау шығып іштен ірі,

Сырт Моңғолдың қырылмақ үштен бірі.

– Асқынып тұр Сарсүмбе сары аязы,

«Үрімжінің бұл күнде үстемдігі».

 

–Жыл құсындай баяғы сеземін мен,

Дүниемен бақ-дәулет кезегімен.

Қалқаны апты қаптаған қабаған ит,

Доңыз исі мүңкиді тезегінен.

 

– Хан талапай нанар ма, тағдыр – аңыз...

– Тулақтай жер тарылып, хал, мұрамыз,

Қара жылан күйіміз арбағандай.

Қайда барып, пана іздеп қаңғырмамыз...

 

– Арқада аяз болмаса...,– дейді қазақ,–

– Ауған елден әуелі ақыл азат.

– Тәңірінің рахым, ырзығы мол,

– Қалқа аязы қылатын жанды мазақ.

 

Шолақ мылтық, сар мырыш жастанғандар,

Құдайсыз, жын, албасты бастанғандар,   

Да Күренің* тағына бас болыпты,                           *Да Күре (Да Хүрээ) – Ұланбатырдың бұрынғы атауы;

Қызмет қылар оларға жасқанғандар.

 

Ұрандары: «Ұрамыз! Күйленеміз!

Ұлы орыстан ұғамыз, үйренеміз».

Бардың малын, ал жоқтың жанын алмақ,

Малсыз, жансыз жұрт қайтіп күн көреміз?

 

Қаймақтары қалқаның от басыпты,

Алтын тақты ал қызыл тот басыпты.

Тұздай құртпақ байды да ламаны,

Құдайсыздар тобыры топтасыпты.

 

Түп қалқаға түсіпті масыл жандар,

Алтын ұрық, жойылмақ асыл қандар.

Берсең қолдан, бермесең жолдан алмақ,

Белге мылтық, бердеңке асынғандар.

 

– Дүнген, ойғыр дүрлігіп,

Қарын тоғы

Қатер болып, шарпыды қызыл шоғы.

«Мұнда да оңып тұрған жоқ, талануда,

Қазақ, қалмақ білінді бірдің жоғы».

 

 «Ана Алтайдың ырысты етегі кең.

Екі елге елдессе жетеді тең.

 

Еліктеме еш қашан құр ағымға».

Келген кеңес есінде кешегіден:

 

Алда дейді көретін қысың әлі,

Бір еңбекпен білігің ысылады.

– Зертең тиді менің де бүйірімнен,

Өкпем содан алқынып, қысылады.

 

Салып қырын жүргенге табақ тасып,

Жеті өлшеп отыр Би, санап басып:

– Тай оздырған, тамырмыз, ауылдастан,

Қонсақ қалай Чүлтім гуай*, қанаттасып?                *Гуай – моңғ. тілінде үлкен адамды құрметтеп айтылатын сөз

 

«Кімге тастап кеттің?,– деп ұлар – мекен,

Санаңызды сандалтып тынар ма екен?».

Жұртыңызға, Бұлғынға келіп түссем,

Ұлтыңызға қолқамыз ұнар ма екен?

 

– Тамшылаған тарғыл қан көбесінен,

Тауы аласа заман-ай, төбесінен.

Басам дейсің, Шудабай, қалған жерді

Ұраңқайдың үріккен төресінен.

 

Өздігінен кісі өртке қызынар ма?!

Келіскенде жүгіндік бұрын арға.

Түгі бар-ау, түнекте жүрегіңнің,

Қара таппай жүрсің бе ұрынарға?

 

Сынып қарым, қиылып, кесілді ұртым,

Алтай болып отыр-ау есіл дертің.

– «Бодауында кеттім деп боздайды екен,

Бізден қалған Еділім, есіл жұртым».

 

– Қаныңды ішіп, қаңқаңды отын қысын,

Қақпандарды көрмейтін соқырмысың?!

Қызыл құрған қалқаның тұзағына,

Өзің барып түспек боп отырмысың?

 

– Шығыс суға батқанда, батыс қанға,

Жығатұғын түрі бар жатыс жарға.

Қастасып та, қалатын достасып та,

Үйренген жау жақсы ғой атысарға.

 

– Міне шабар ереуіл,

Жоқтың күнін

Жоқтайтұғын,

Шашпайтын оттың күлін. 

Баяғыдай бай-мырза етегі кең,

Қойны дала, қоңырқай жоқ мұңғұлың.

 

Тозған елдің келеді қатыны зор,

Озған елдің орнықты отыны мол.

Қосылғанның сабадай шелегі де,

Қасынғанның көрінер қотыры мол.

 

Қазақ, моңғол қонағын ырымдайды...

Мына күнің жуырда жылынбайды.

Теріс қарап гоминдан сыртын салып,

Өріс қорып, қазағым, қырындайды.

 

Бір төбе де бұйырмай біз өтерміз,

Бар жер аптап, аптапты түзетер күз.

Алтай тауын ары аттап, бері аттап.

Бір шұңқырды түбінде күзетерміз.

 

Ақылың мол, ағзаң сау, ақ көңілің,

Сазды жердің көгіндей жақсы өмірің.

Бұзылмаған екенсің, абдырама,

Алдырама аузынан бақ бөрінің?

 

Менің бітті мінеки шалықтауым,

Барар жерім қалмады басар тауым.

Айырылды ағынан базарлы елім,

Қожыраған саулықтай халық-қауым.

 

Бұлғын бойлап, Сөңкіл көл, Шірік жайлап,

Уысында жатыр ел бүкіл аймақ.

Жәнтекейде Елеш бай, Көбеш батыр,

Бірі – найза, көтерген бірі – байрақ,

 

Қабыл болсын, қалған құт, қайыр дұға,

Жеткізгейсің шәріңе жайымды ұға.

Чүлтім лама сеп-селдір сылап мұртын,

Сөз ақырын мұңды үнмен қайырды да:

 

– Қазақ биі, кер мінез керейсіңдер,

Тектеріңді бөріге теңейсіңдер.

Бата жасап, бауызда,– деді,–малды,

Біздің асты арам деп, жемейсіңдер.

 

– Туыстықты біреулер көре ала ма,

Сөзіңіздің жаны бар төре-лама.

Бір Тәңірлі, әр дінді Сіз бенен біз,

Табыныппыз кезінде Бөрі Анаға...

 

***

 

Мініс өткен, жеткізген талай ұлды,

Лаудың аты ақ қаптал, ақ айылды.

Асқан алғаш Алтайдан Қобдан қолға,

Көбеш батыр, Елеш бай ағайынды.

 

Қайда жүрсе қазаққа жасын жерік,

Ай қарайтын мұңданып қасын керіп.

Ұраңқайды ықсырып алған қоныс,

Баласының мың атқа басын беріп.

 

Ту қып тіккен түсірмей жасыл өтті,

Ширек міне, одан көп ғасыр өтті.

Би Шудабай сол сәтте есіне алды,

Көбеш ұлы көкбөрі Асылбекті.

 

...Қан тілейді,

Құдайдың қай баласы?

Аспан ауып, есенгір айналасы.

Шыңның тиіп шөмейіп төске иегі,

Қамығуда қазақ та қайманасы.

 

Көбеш батыр көк бурыл берік кісі,

Еңкейген шақ, көп жасап ерік-күші.

– Қайт,– деп,– кері! Алтайға,– тақымдады,

Ежен ханның есірген еріктісі:

 

– Қайт деймісің?!

Биік пе,

Тұрмыс – Ардан?

Атажұртым, – дейд батыр,– Шыңғыс алған!

Асқар шыңым, айдыным, құла белім,–

Ұстатпай жүр талайдан бір құс арман.

 

Түсетіндей түкірсе еріп тісі,

Байызынан басымдау желікті ісі.

– Алдыма сал мың жылқы шаңқан, боздан!

Кәрі көкжал! – дейді Ежен еріктісі,–

Жый деген соң, жеткізіп, жина малын,

Қиянпұрыс қылықпен қинамағын!

Он күн мұрсат, «кәдірлі» кәр басыңа,

Сақалыңды құлаштай «сыйлағаным»!

 

Көнге симай көгеріп жатыр Көбеш,

Күйіп-жанып, көк бурыл батыр Көбеш.

Көрмегенді қамалып, торда қалып,

Еліменен құрады ақыр кеңес:

 

 – Бір үйге де, бір қосқа көсем керек,

Кезеніп кеп, жол кесті бөтен көбек.

Алтай асып, Қобдадан қоныс алдым,

Тірлік кемал, елге жұрт, мекен керек!

 

Жанды жерім жазмыштан зақымдалды,

Кәрі қойдың жасындай жасым қалды,

Ойламасын, көт басты, мешел ме деп,

Ежен* ханның елірген ақымағы.                        *Cол заманда ел ішінде қытай билігін аузы екі тілде солай атайтын

 

 

Мен барамын. Қауғадай алсын басты!

Не қыламын ендігі, халқым, жасты.

Елім тозып, шаңырақ шайқалмасын!

Емеспін ғой қимайтын алтын басты.

 

Желдеткенде Қобданың қара желі,

Ел кеткендей Алтайдың жасыл белі.

Меңдеткенде ел-жұртты Әке сөзі,

Былай дейді Көбештің Асылбегі:

 

– Елің тарау, шымқай боз қайдан жисын,

Бұ сөзіңде әкежан, бар ма қисын?

Балаңды шал, жолыңа батыр емес,

Қиналғанда халқыма пайдам тисін.

 

Сенің басың, әкежан, Елдің басы!

Ол бір – тобыр – бассыз ел ­– көрдің тасы!

Туғанымның Ұл болып пайдасы сол,

Ел деп кетсе армансыз ердің басы!...

 

Жасын текті, жайнаған мың болаттың,

Мың-мың бұлақ,–

Мұзарт шың,–

Мың қолаттың,–

Басын кесті Ма дарын Асылбектің,

Бодауына кәрі боз, мың боз аттың!

 

Желбіретіп кебінін ақыреттің,

Аранымен айлалы ақыл көптің.

Бас биліктің ақыры кесірінен,

Басын алды өктемдік Асылбектің.

 

Бара алмай жұрт дал болды байыбына,

Түршіктірді Еженнің жайы мына.

Алды басын өктемдік Асылбектің,

Ата жұртқа жеткеннің айыбына.

 

Асылбектің жер үшін басы кетті,

Ма дарынның Бас алған несі кетті?

Ар жолында бас беріп қалды қазақ,

Қобда-Алтайда тұрақтап қасиетті.

 

Ердің аты еш қашан мұтылмайды,

Жері бар ел еш қашан ұтылмайды.

Өздік билік жоқ жұрттар өз басында,

Бодандықтан алайда құтылмайды.

 

...Шөкелетіп, шөгеріп Чүлтім ерді,

Еңістетіп қайқайыс, мүмкін өрді.

Белдеуіне бір жүйрік байлады да,

Би Шудабай Бұлғынға жүріп берді.

 

Ыстамбұл қажы. Бұлғын өзен бойында

 

Өткел бермес өзгеге жолы бұрыс,

Бұлғын өзен тоғайлы, бойы жыныс.

Бес биенің балпиған сабасындай,

Ірк-ірк етіп байыппен алған тыныс.

 

Түйе бойлы қып-қызыл қарағаны,

Келіншектей қайысар қайың, талы.

Ақ бұлақтың адамды алқындырар,

Ақ ботадай мөлдіреп қарағаны.

 

Сай-саладан сарқырап аққан сулар,

Тай-құлындай тебісіп біраз тулар.

Жол-жөнекей ілесіп, танысады,

Жолын тосып тасадан жатқан қулар.

 

Тас біткеннің шымырлап түбі қайнар,

Төбесіне шоқ гүлден тіккен айдар.

Жас бұлақты емізіп баласынбай,

Таң – жеңеше, сызылып күліп ойнар.

 

Құйындатқан ноқта ілмес құлагері,

Құлын сауыр құйқалы құла белі.

Көп жасаған алпамса бурыл таулар –

Көп тағдырдың тарихи куәгері.

 

Күтіп жатқан адырлар ақ жауынын,

Алыс-алыс қыраттар ақ жауырын.

Ақ бұлақтар секілді ақ күшіктер,

Ала қашқан жеңгенің ақ жаулығын. 

 

Кейде лақтай сүйкімді ала мойнақ,

Үсті-басы тап-таза тынбай ойнап.

Тамсандырып көркіне, қылығына,

Тастан тасқа секіріп, салады ойнақ.

 

Нар күшіне дегендей тең келер кім,

Көк  сауытты төбеге өң берер күн.

Қарағайы қайқайған қайнысындай,

Қыбын табар қылықты жеңгелердің.

 

Бидайықтың бір мін жоқ бітісінде,

Бойжеткеннің бұлғақтар үкісіндей.

Сар сірігі жондарды жауып жатқан,

Бай-манаптың жабағы күпісіндей.

 

Тарланы мол тағысы талқыласың,

Тамақ қылған тарлау шөп, тас қынасын.

Текесінің жар тастан жау бағысы –

Тосқан шалдай төбеден бас құдасын.

 

...Нулы өзекпен аңқыған денесі әтір,

Желе жортып, топ атты келе жатыр.

Би Шудабай алдарақ өз ойымен,

Ой деген от, алауы алан-асыр.

 

«Қимайтұғын қинайтын ғажап үні,

Бұ жалғанның жалдылау аза-мұңы.

Жаратылған тағдырдың тозағынан,

Кемде емес тірінің таза міні.

 

Тоғайынан түңкелі түңілгеннің,

Түк өнбеске үмітпен үңілгеннің,

Әрекеті қылықтас әумәсірмен,

Көгертем деп суарған түгін көннің.

 

Күрт мүжіліп, мойынсал, күйінгеннен,

Тапқан тәуір сүйенер түйінгеннен.

Алты құлаш өрмелі арқан мықты,

Айғыр боқтай бопырап үйілгеннен

 

Бағынбайтын бытырақ ұртымыз бар,

Баран тартқан байқаусыз жұртымыз бар.

Бассыз кеттік бағынбай бір бірлікке,

Үйір-үйір бас асау жылқымыз бар.

 

Ұры қолы босаса құр тұрмайтын,

Болмағанда өреден құрт ұрлайтын.

Бұрынғыдай бұлғақтар заман емес,

Құбылып мың қит етсе қылтыңдайтын.

 

Қан қысымы апшыса, кім біледі?

Ой жүйесін әуелі бүлдіреді.

Қаңғыған сөз ол бір оқ босқа атқан,

Сөз жүйесін аталы білдіреді.

 

Арқам мұздап, өңімді аяз алды,

Қабырғамда қақырап, шаяр арды.

Күн не болар ереңгі, болжау қиын,

Күнгейіңді ырсиып аяр алды.

 

Төрт түстіктен түнерген түн шырайлы.

Ұйқы бермей тынымсыз шымшылайды.

Күйіміз бар еріксіз түрмедегі,

Бұдан ары қапасқа кім шыдайды?

 

Өзен өздік, алайда қауғалайды,

Қайран жұртым, қаперсіз, жауға жайлы.

Қара шыбын ызылдап, қадап мұртын,

Құны бардай құнығып, қаумалайды.

 

Қайқы қылыш көрмедім жолын кесер,

Көз алдымда көк жендет, көбейді есер.

Көп қарғаның киелі тұғырдағы,

Көбік сөзі кесірлі көбе тесер.

 

Пұлсыз көрік –

Жоқтаусыз құнсыз өлік,

Әлсіздерді кім әндер көңіл бөліп.

Әлімжеттік –

Әрдайым көтін керсе,

Кеткен сынды оған да етің өліп.

 

Санаспады еліңмен көзге іліп.

Ақиқаты айтылған сөзге күліп.

Санаспады жетелі жылтыңмен де,

Мысық тілеу тынса дейд көрге кіріп.

 

Адам тігіп, сынады мергендігін,

Жан айқайың ауада сенделді үнің.

Тірлігіңде тозаққа құсалана,

Бара жатыр айналып көрген күнің.

 

Қасы сынып қайың тоз құранды ердің,

Төбе шашын шырылдап жұлам жердің.

Кетті қолы жауының жағасында,

Бармақ тістеп талайлы Құлагердің.

 

Қасымханның қайда екен қасқа жолы,

Омырауы жерімнің жасқа толы.

Я өмір деген кез, я өлім –

Бұра тартар жоқ елдің басқа жолы.

 

Жақсы сана жан қинап кештеу келед,

Алыстағы ағаңнан бар ма дерек?

Ирелеңдеп іргеңде жүрген Сұмға,

Сұқыметсіз заманда не істеу керек?

 

Не істеу керек? Білікті күшің бар ма,

Көрсететін күштіге тісің бар ма?

Азаматың қазағым, қайда екен,

Қара нардай тартатын ісіңді алға?

 

Қолда бары: қолақпан, қара сойыл,

Бұзау тісті, сым өзек қамшы, дойыр.

Бүршік бүйір, қазандай қайың шоқпар,

Ұстағандар жау жүрек өңкей дөй ұл.

 

Оқпен, отпен ойнамақ қып-қызыл қол,

Оқ пен отқа төтеп те бола ма ол?

Арасынан қыл өтпес алған күрмеп,

Айналасын қазақтың шырмаған тор.

 

Арман бүрлеп түсінде жас өнгендей,

Аш өзекке балқытып ас енгендей.

Жымыңдайды жыртыңдап, билеп, күйлеп,

Өмір атты бұраңдап әсем жеңгей.

 

Көркі сұлу жалғандық алдайды әрі

Құбылып мың күлкісі, арбайды әні.

Құлап түсер, құтылмас қандай мықтың

Құйдай тартар биліктің балдай дәмі.

 

Арлы ақыл әуелі іске керек,

Сол ақылды демейтін күш те керек!

Құсқа тартқан шырғадай сорлы күйім,

Етегінен тағдырдың тістеген ек!

 

Қалау – ниет, бірақ та еркімде ме?

Таңдау – қақым, ол да бір есек дәме.

Жатын оймен желініп күн өтуде,

Ақыл, Қайрат, Тәуекел, Есеп қане?

 

Күн туады қылышың қысқаратын,

Өзің барып, қақпанға ұсталасың.

Қанша азап шексе де айдыны мен

Тастап сірә кетпейді құс даласын.

 

Арыстандай тордағы аласұрған,

Қазағыма қалды ма, жанашыр жан?

Қайран жұртым, не деген ит жанды едің,

Төсін тосқан балғаға таласа ұрған.

 

Сұлатуда есепсіз емендерді,

Бас көтерер осы-ау дегендерді.

Атқа мінер, жақсысы, беделдісі,

Шеттерінен тізіліп көгенделді.

 

Алтын жандар кетті ғой шоққа айналып,

Ақ сүйектер сай-сайдан оттай жанып.

Бет сипаңдар, ұландар, қалың баулы,

Бейітті жерді көрсеңдер тоқтай қалып.

 

Кер заманға кез болдық ақылы азған,

Шығып қолдан барады дүние жалған.

Белді шешіп көз ілмей күн өткіздік,

Терлік шіріп, тебінгі, тақым тозған.

 

Күнім күйіп, түнде айым тұтылады,

Жау аңшыдай жан жақтан ұтылады.

Қазақ сорлы панасыз құдайым-ау,

Қайда барып пәледен құтылады?

 

Қара күн-түн қамталдан жұпталуда,

Қара басты болады құтқаруға.

Қалай халық қапастан қалады аман,

Қара настан сүйенген күш қаруға?»...

Асау Күрті ақ бұйра жатқан тасып,

Ақ көбігін күркірей аспанға асып.

Ақ бурадай қайқайып шабынады,

Көк шуландай алғандай қақпан басып.

 

Уысына түскенін тасқа ұрады,

Естімейді кереңдей тас құлағы.

Өршелене өкіріп ұрған сайын,

Әлсізіңді әпсәтте ас қылады.

 

Қайнары пәк, мұзарттан ақ тұмалы,

Жазғытұрым ашуы асқынады.

Ардың асау дес беріп ағысына,

Қандай ажал қапыда қас қылады?

 

Күні бар ма, ащы ойдың иі қанған,

Түс көреді Шудабай тісі қан-қан.

Бұ жалғаннан өткенді талай сүлей,

Таппай есік шығарға күйіп-жанған.

 

«– Өмір – сүргін,– дейді ой, қайғы жемей,

Дегеніме көнбейді зарлы көмей,

Мүшеміздің кемдігі жоқ он екі,

Не жетпейді, ендеше неден кеней?

 

Мен де ойнап, еркіммен күлгім келді,

Менің кімнен дүние, мүлкім кемді.

Басып қалған зіл батпан қалай, қайтіп,

Ерттеулі аттай көтерем сүлкінді енді?

 

Қалың сұрақ күрсінткен жүрегімді,

Үзген үміт, жан емен күдерімді.

Балқытатын жасын от, күн де туар,

Ей, қасапшы, көршілдер, күрегіңді.

 

Ақ нұрымен жумақ па көр ғасырды,

Айдың жүзі албырап көлге асылды.

Аллаға аян алақан, құдай көрмей,

Кім көреді сорлаған көз-жасымды?

 

Запы қылды бас алып, жасқап әбден,

Адам басы тең бе еді асқабақпен?!

Ойлайсың сен, оспадар, бір басыңды,

Ойнайсың сен доп қылып басқа баспен.

 

Талқан қылар тасыса көшкіндерміз!

Шапса көктеп, шыңдалған өскіндерміз!

Мәңгі бақи бәлкім біз жасау үшін,

Бір ғасырға мүмкін біз өшкіндерміз?!

 

Арқа сүйер ағайын бар ма жайлы?

Аяр торын ұят пен арға жайды.

Жарық көрдім, Сары дала сағымы емес,

Тау жарығы алыстан алдамайды.

 

Айналамыз әбжылан, тұрыстықты,

Қынабында қаңсыған қылыш күтті.

Жүрегіме және де тіленейін,

Жүйкеме бер, Тәңірім, тыныштықты.

 

Келер адам өмірге сүру үшін,

Көктеп, өніп, көк болып сіңу үшін.

Қанша жерге шабады кілең шабан,

Қайрағаннан не пайда сүңгі ұшын?

 

Қытай, орыс, қысық көз мына мұңғұл

Бұларда да көбейді шылдыр, сыңғыр.

Бүтін киіз үйіңе жаптырмайды,

Осылардың қолында тізгін, шылбыр.

 

Бақыт қонар байпағы жыртылғанға,

Бақыт сағым емес қой ұмтылғанға.

Бақытты емес байыған, семіргендер,

Толтырғандар алтын тіс, ұртын қанға.

 

Жанған қиын құтылу оттан орай,

Бірігуден бөліну топтан оңай.

Болмағанда біреуі ойламаса,

Бордай болу, бопырап боқтан оңай.

 

Барларға мен сенбеймін екі анасы,

Уақытың болмайды шекарасы.

Жалған деген ертеңмен ұласулар:

Тумақ, өлмек өмір ғой екі арасы.

 

Ата салты үйреткен сүрлеп жеуді,

Түйіншекті, шешуді күрмеулерді.

Тағалы аттар таймайды көк тайғақ мұз,

Сары сірік, басқанда сүрлеу жерді.

 

Уысында тұрғандар жарты ғалам,

Дейді, бәрін жолыңнан тартып алам.

Қайраңдаған құмдағы қайық сынды,

Алды қараң, қарусыз халқым алаң.

 

Ойдағы ісің тұйықтап, тосылса – жұт,

Қол мен ойың қос қанат, қосылса – құт,

Жүйесіз сөз қапалы жүйкеңді жеп,

Отырарсың өзіңе тұт деп, тұт-тұт.

 

Қарсы алады кім жайып жолға кілем,

Жолым күдір, бұралаң зорға жүрем.

Көргенім жоқ тірлікте тегіс жерді,

Жөнелетін кілкілдеп жорға күрең.

Қарға болып қалған мен құтқанынан,

Қорек тауып қырық жыл қыртқанынан.

Қыран болып, құйылып, құзды соғып,

Бір саңқ етіп, жарқ етіп, Ұшқаны нән!

 

Көкейімді тестің ғой көптен менің,

Қарағайың, қайыңың неткен керім!

Бұлұнайды бүлінсе аспас демен,

Бұлғын суын кешегі кешкен елім.

 

Белін буса, қазекем, білек сыбап,

Тұрыс берер неге де жүрек шыдап.

Төрт түстіктен келеді бүрістіріп,

Төңірегін қоршаған түнек сынақ»...

 

Алқынады арындап Асау Күрті,

Ақ найзадай шаншылып көкке мұрты.

Тас құлатып тасыған тау өзенін,

Тағдырына балайды аңқау жұрты.

 

Қанша ғасыр, күзгі жел, көктемгі өкпек,

Өкпесінен, төсінен өткен көктеп,

Бабаларым, аязға шалдырмаған,

Түнде гүлдеп, үзілмей күндіз көктеп.

 

Қабақ шытпай алса да еттен кесіп,

Тілеген ел Тәңірі Көктен несіп.

Құй дария, тасыған құй өзеннен,

Ат малтатып, көпірсіз өткен кешіп.

 

Асау Күрті шырқайды ариясын,

Екі жиек, екі өмір, ар, ұятын.

Солай кешіп келеді ер қазағым,

Өмірдің де өзенін, дариясын.

 

Ақ көбіктер аспанда тұрды асылып,

Шудабай би қайрылып, тым асығып,

Салды ағынға секіртіп тор қасқаны,

Сауырынан бұп-бұйра суды асырып.

 

Шыбын жанын алды екен кім кепілге?

Көрсетпейді жынды су суретінде.

Ат құлағы ақ судан қылтияды,

Адам отыр ағынды су бетінде.

 

Екі сушыл құлан жал ат жетектеп,

Қамшыбай да кеп қалды көлденеңдеп.

– Қанды су бұл,– айқайлар,– ап кетеді,

«Көзсіз батыр тап мұндай көрмегем» деп.

 

Асау Күрті арғы жақ –

Кіші шірік,

Түнкелі жер шүйгінді тұрған іріп.

Өр жайлаудың ақ қорым алқымдығы,

«Шірік» деген сондықтан халқым біліп.

 

Мұзды таудың етегі мият томар,

Шілдеде де шық түсіп, сирақ тоңар.

Жер атауы  алашта жетеді есті,

«Чийрэг» моңғол, қазақша ширақ болар.

 

Елеш байдың жағалап елі отыр,

Өр Керейдің осында белі отыр.

Қажы Ыстамбұл Елештің сүт кенжесі,

Түсері мол қашаннан опыр-топыр.

 

Қанды көйлек, қаракөк, аруақты,

Арғы атасы атақты Қотырақ-ты.

Жан жолдасы бата алмай Жәнібектен

Ертісті өтіп, Алтайға тоқырапты.

 

Әжелердің күн сүйген күндігінен,

Желі ескен ел екен түндігінен.

Бірі – батыр,

Бірі– бай,

Елеш, Көбеш,

Ер Қотырақ таралған кіндігінен.

 

Шөлде тайлақ, қалдырмай қақта құнан,

Аман өтіп жазмыштың қақпанынан.

Елеш, Көбеш Қобдадан қоныс алған,

Жылқы өргізіп алалы қапталынан.

 

Көктей жөнеп аспан тау, атырапты,

Артқа тастап, тар қысаң, шоқырақты.

Ақыры деп Алтайдың Бұлғын бойлап,

Татып баба тоқтапты топырақты.

 

Аз шықпаған ішінен даналары,

Жәнтекейдің жетелі балалары.

Өр көкірек осылар күшке тығын,

Қаптал ердің қасындай аралары.

 

Қарт Ыстанбұл қажының жеткен шағы,

Тұнық ішіп, тауда өскен ол бір тағы.

Жүретұғын панасын ыңғай ықтап,

Бұлбұлы ұшып басынан кеткен бағы.

 

Қоңсысында болмаған жарым, ғаріп,

Мекке барды аямай малын салып.

Күреукесін тескізіп, алтын басын,

Алған мекен кескізіп жанын салып.

 

 

Тісің алмас болса да тіл егейді,

Ыстамбұлдың маңайы кіл егейді.

Зауал тілеп отырар дәніккен мен

Зорға қалқып жұтатын кілегейді.

 

Жырғылтының бұғысы, кер маралы,

Аңырайды жаңғыртып кең даланы.

Жауды өкшелей қуғанда құбылатын,

Ыстамбұлдың қан сорпа кер балағы.

 

Жау түсірер сайлаулы азаматтар,

Жауырынды сөйлетіп алады ақпар.

Ел-жер үшін олар да барын салған.

Қара сорпа, жан жолдас қазан аттар.

 

Армандары астасқан биіктермен,

Араласқан аң-құсы киіктермен.

Құт мекеннің батырлар содыры мен

Сотқарларын күшімен тиып келген...

 

Өңменінен оқ шашып, дауыл бүркіп,

Алтай асқан неше рет ауыл үркіп.

Үйренген жау «ес жи» деп іргедегі,

Ара тұра алатын сілкіп-сілкіп.

 

Әр сөзі нық, даладай

Әлқам сарай –

Ұлы өмірдің күдірін көрген талай.

Кең, келісті, сүйекті,  кісі екен,

Қошқар танау, ат жақты алпамсадай.

 

Сөйлеп кетсе жаңылмас көсем ұртты,

Сауып сұйық Ыстамбұл сақал-мұртты:

– Жеті дүркін,–деді ол,–жау шапқан-ды.

Өр Алтайға өлермен өткен жұрты.

 

Бөрі – тірлік бұққанды айтарынан,

Айырады аймағы, байтағынан.

Атқарылса іс ақылмен жұт алар ма,

Алтынды сай алқалы қайтарылған.

 

Қаратпады өлгеннің жыл, қырқына,

Арада тұр аларып жыңғыл сына.

Жиды қайта Бұлғынға босқан жұртты,

Елеш ұрқы көш түзеп Жырғылтыға.

 

Төрдің көркі келе ме, қариясыз,

Жапалақсыз жұтайды жар ұясыз.

– Ежен ханның белсенді өкілісіз,

Патшаға жақ пайымды шаңиясыз.

 

 

Оңай жау ма кең етек, орақ етік...

Ауыздағы отыз тіс ол да кетік.

Барлай келдің Бұлғынның ой мен қырын,

Алтай асып, айналып, орап өтіп.

 

Тұлба барып естілер, қайтқаныңыз?

– «Түсінікті бүкпеңіз, айтпағыңыз».

Шалдым сыртын, қария, Мұзды таудың,

Бойжеткедей пісіпті байтағыңыз.

 

Тартып тұрар Алтайға бір сары із,

Көп елдерден аз жұртпыз біз санымыз.

Жатқан жоқ па, аттандық аят оқып,

Бағыбұлақ бейтінде бір шалымыз.

 

– Мұзы таудың балағы құйқа майлы,

Қызыл белдер, құмайтты қысқа жайлы.

Өліт, байыт, мекені аз жағышын,

Бізге мүлде тұрпаты ұқсамайды.

 

Арқын, жібін жат болар қиғызады,

Жақсылар жат болғанды жиғызады.

– Шудабай би, бай-мырза Ақымердің

Бір үйірін былай да сыйғызады.

 

«Бір үйірін дегенде...» қызу қанды,

Шудабай би тіксініп, шамырқанды.

Зағиып Қажы көкірек көзі терең,

Жайлап қана тізеден басып қалды.

 

Анықтайды пайымы, адамды ұғым,

Әр кім ойлар болса аз деп алаң күнім.

Алақанның жұп-жұмсақ тіліменен,

Айтты жүрек Ыстамбұл адалдығын.

 

Білген мәрттік әркімнің өзі мінін,

Өмір бақи сүйремес өгіз інің.

Шудабай би тез тартып, шапшаң жиды,

Шалт қимылын бұрқ еткен сезімінің:

 

– Баяғының өліттер қалмағы ғой,

Соры қайнап елдігі қалмады ғой.

Дөрбет, байыт, жат көріп торғауытты,

Жандар емес суысар, жар жағым ғой.

 

– Айқын мөрің тасында Бұлғыныңның,

Тарқатылған бірі өзің мың бұрымның.

Е, қытайдан қармаулы, ұзын құрық,

Шапаны кең, шалғайлы мұңғұлыңның.

 

Төбелессең тең түсіп қырындасып,

Ит жығыс боп, аунасып, ырылдасып.

Не істесе де кең толғап, кең пішесің,

Табысасың андасып, ырымдасып.

 

– Жоғалады, өшеді, құрымайды,

Дегендер де көк тиын құны майлы.

Құмырсқадай қайнаған қалың қытай,

Қылғи салды шүршітті, Құбылайды.

 

«– Соны менің сезген ғой аталарым,

Оны ұғуға керек пе аса дарын?

Ірге бөлме біріңнен бірің кетіп,

Деп қайырып отырар баталарын».

 

Ой астарын қабақтан танығандай,

Ақ қылышты алмасқа жанығандай.

Қажы ойының Шудабай түсті үстінен:

– Шіркіндердің асыл ед қаны қандай!

 

– Болам  деген кезінде жел жақтан ық,

Сөзге құлақ аспаған кер жақтанып.

Аманатын атаның ақтаған бар,

Елдің шетін күзетіп, ер жастанып.

 

Барған жерің Баркөл ғой, бағың жанған,

Құмы жақын Құбының сағымданған.

Зуқа батыр, Бөкеден артықпысың,

Қайтып аман, қайранмын, жаның қалған.

 

– Өкіметтен алманды аямадым,

Сол алманның сағасын саяладым.

Құзғын тілек: «қалад дер қашан қатып»,.

Сары ноқтамен азайды қара малым.

.....................................................................

.....................................................................

Бір бойжеткен шырайлы қымыз құйяр,

Айниды әрі, қиғаш қас, құндыз дидар.

Дөңгелек жүз, алқымы аппақ нұрдай,

Тоқтап тұрмай жалтылдап әркімге ұнар.

 

Қарағаннан суырып жан алғандай,

Арайынан сұлулық жаралғандай.

Әлпетінен әсемдік,

Әйдік сан мың

Сәуле –

Сезім шуағы таралғандай.

 

Кірпігіне көрген жан көмілердей,

Көздегі көл мөлтілдек төгілердей.

Ішу сиреп, қыбырсыз көру қалап,

Тыныс тынып, шалқиды көңіл өрлей.

 

Тұншығып сес, талып тіл жиылғанда,

Ес кетеді, айналып қан құйынға.

Сырлы аяққа оюлы сары ожаудан,

Сары қымыз сыбырлап құйылғанда.

 

Қиық аңдып текапар амырақты,

Қара құсы қарайды шаңырақты.

Нәпсі –

Бетің мың жерден тіліңгірі,

Жайып салып бар сырын жамыратты.

 

«Тұқымы ғой, жақсы ата, жақсы ананың,

Атастырып, бұйырса, аттанамын».

Шудабайдың отынан қапқан аңын,

Көңілі өрт шалғандай қарт ананың.

 

– Күләпия,– деді Ана,– отым, айым,

Өзім құя қымызды отырайын.

«Шүйіледі, сұқты екен, мына қарас,

Салды-ау ауыз, өтке у-тотияйын»...

 

– Тасқа шыққан нәр алған миясынан,

Көлге төнген Сөңкілдің қиясынан.

Айып болмас,– деді Би,– көрдім сұңқар,

Ұшайын деп талпынған ұясынан.

 

– Әй, бәйбіше, келтірген дұшпанды кім,

Аялдап кеп алқымнан қысқан бұл кім?

Кешіктірме кеселін кешкі күнге.

Түсіп кетті қабағы Ыстамбұлдың.

 

– Айналады Ақ серке шәйт дегенде,

Ұша қоймас ақ сұңқар әйт, дегенге.

Аяқ бауы байлаулы босағадан,

Би қаласа берер ең, әйтпегенде.

 

– Ай, Шудабай, барады мысым құрып,

Отыр едім қуанып, ішім жылып,–

Деді қажы түксиіп,– әлем пәле,

Жатырма еді көк қасқыр ішіңде ұлып.

 

Бір қолқаға қажы да шыдар мейлі,

Қылп еткенді сұр мерген жібермейді.

Қас жүйрікті қанатты, құлан жалды,

Тұсамыстап, танымас шідерлейді.

 

Арайланған айнымас дала таңы,

Ата-ананың ақ жібек алақаны.

Түспейдіоңай жапанда жайған торға,

Ақ сұңқар құс ағиық балапаны.

 

– Ай он бесі болғанда құсым лайым,

Биікті аңсап, самғайды. Ұсынайын.

Ай мен күні толғанда ала таңнан,

Сіздің жаққа сол құсты ұшырайын.

 

Алтай таудың әр тасы, саласы аңыз,

Қасиетіне сан жетпес санасаңыз.

Әдейі іздеп алыстан аршап келдім,

Құда болғым келеді қаласаңыз.

 

Заман обыр меңзетпес ертеңіңді,

Жиғызбайды желдетсе желкеніңді.

Белдеуіңе байладым майда қоңыр,

Жылқы ішінде сетері жетегімді.

 

Емес мүлде жастарды адастыру,

Атастыру арқылы матасты ру.

Ата салты ежелден айып болмас,

Бесігінде баласын атастыру.

 

Асықтық дерт дуалар ақыл есті.

Аяқталар кей кезде қасыретті.

Сүйіп қалу – махаббат,

Алғашқысы –

Болуы да бек мүмкін ақыреткі.

 

Өмір жолы, өр, еңіс, сан асулар,

Бейтаныстар табысып жарасу бар.

Тағдыр –  жазмыш, өтпейсің оны айналып,

Болмай қоймас және де адасулар.

 

Өтер жерде өзеннен ағаш тұрмас,

Он бесінде болады адам бір мас.

Жауратпайды ғашықты жаңбыр түні,

Атастыру ақ жолдан адастырмас.

 

Көздің жауы жайнаған гүл де күшік,

Күндіз көктер, балбырап түнде пісіп.

– Еріккеннен дермісің қызып жүр дүр,

Қолқа салмас үйіңе күнде түсіп.

 

– Би түсуі,– сонда Ана, несіп,– деді,

Сауалына жауабы кешікпеді.

Күлиманды ұйғардым, қаласаңыз,

Ақ сұңқардың қияғы бесіктегі.

 

Жасын іркіп көзінің шарасына,

Елдік жолын сиғызып санасына:

– Алтын көпір, –деді ана,­­–болсын балам,

Алтай, Қобда екі жұрт арасына...

 

Жымиып жүз, жөргектен ес түледі,

Жылымықтың уыздай есті лебі.

 

Әне-е, жұлдыз аспанда шүйіншілеп,

Жүйткігені жүрекке естіледі...

 

Жол үстінде

 

Заман ағып, зулайды жылды ұрлап,

Ал уақыт құлындай құлдыраңдап.

Баяғыдай далиып дала жатыр,

Жатырқауық бұл күнде бұл да бірақ.

 

Күміс сағым алыстан буланады,

Аунапт үсіп түлкідей қуланады.

Сол сағымның алқымнан өзін қысып,

Өлтірсем деп көз шіркін суланады.

 

Сары езу, уыздай тамағынан,

Мін табылмас сүріктей сабағынан.

Шөпілдете сүйіп бір алғың келер,

Ақ бал тамған, аңқыған сағағынан.

 

Соңымнан ер дегендей тұрсың нағып,

Сырғанаса сылаңдап, сусыл қағып.

Емексиді кеберсіп, кепкен таңдай,

Бір жұтсам деп жіпсіп бой, сусын қанып.

 

Қусыр барып, құшақта, құрақ ұшқан,

Оқыранбай азбанша құр алыстан...

Сағым қуып сандалма, қорым бетте,

Айға шабар, ой тұнған кіл арыстан.

 

Кіл арыстан ауысқан тағын арға,

Ондай жандар іздесең табылар ма?

Көпшік құмар көсемі күңіңе ерсе,

Тастан тәңір тұрғызар табынарға.

 

Кер белестер, кеңістік, кең әсері,

Кілтін тапсаң көсіліп кеңеседі.

Күнің түссе көпіріп кеңкелестер,

Тау мен төбе деседі теңеседі.

 

Жоя алмаған уақыт жылжып аққан,

Келе жатқан бәдіздер жыл жырақтан.

Біруі оқтан, бірі оттан,

Төбешіктер,

Құлағандар сен үшін біреуі аттан.

 

Қайғысы бар қазақтың, арда бауыр,

Қара жерден асатын салмағы ауыр.

Жаулықтай ақ пиғылы тазасы нәр,

Тазаға кір тырнақтай салма бауыр.

 

 

Қарт тарих қазына қалың қатпар,

Талпынғана тарысын жемдей шашар.

Жерге тығып жіберген ақтаңдақты,

Ақ жаулықты уақыт – жеңгей ашар.

 

Тарихыңды дегендей сана арыдан,

Көне заман көрініп жанарынан.

Балбал ана белшеден батқан ойға,

Жап жасыл жас тамшылап анарынан.

 

Бесік – дала балбалды тербетеді,

Бошалаған ойыңды төлдетеді.

Дана ұлын мың мәрте мұңға бөлеп,

Саналының жан, тәнін терлетеді.

 

Мәз боласың кебінсіз көмгеніңде,

Ойнағанда сұм шұбар өңменіңде.

Қызыңды күң, ұлыңды құл қылады,

Басыбайлы тірлікке көнгеніңде!

 

Жаны бар бұ қазақтың жөргегінде,

Бар өнері сайрайды өрнегінде.

Ақыл кірер наданға деп ойлама,

Көрге төніп жақсыны көргенінде.

 

Аяқ бассаң: үтір көп, бұдыр, нүкте...

Өтеміз бе, жарамай болбыр, түкке?

Жалпы бізге не істеу керек еді?

Не тындырдық өмірде, бұ тірлікте?

 

Қайыры аз ісіңе толғаныстың.

Бәрі өтпелі өмірлік қозғалыстың.

Буылған тіл, қиынды қия басу,

Пұлы артты заманда қолғабыстың.

 

Таңда туар тамаша алтын айлар,

Алтын – атақ, абырой,

Алтын – айбар.

Қайда Сауыр кешегі

Қанас қайда,

Ата ғұндар, хас сақтар алтын айдар?!

 

Айдарынан желкілдеп жел ескендер,

Тәңіріммен тілдесіп, кеңескендер,

Қайдасыңдар, қапталың көзге ілмейді,

Сақ пен ғұңның сарқыны емеспеңдер?!

 

Қаймағыңды қасырет қалқыды ма?

Қалмады ма ұлылық сарқыны да?

Ала ауыз боп өз ара, ұрындың ба,

Май аққанда құралай салқына?

 

Қашан көрем санаңды жалтылдаған,

Қашан қайтып оралар алтын бағаң?

Қашан көрер екеміз көк тіреген,

Ордаларды күмбезін алтындаған?

 

Бөрі басты байрағым Тік тұрғанда,

Теңдігімді тексізге ұқтырғанды.

Айлық жерден айдындап, жарқылдаған

Сұсы!

Сұмның қоясын құстырғанды.

 

Беу, беу, менің бөрі бас көк байрағым,

Кесірлерге кеткен мен кекті ойладым.

Жаудың құтын жасыны қашырған Ту,

Сілкінші бір, сілкінсін текті аймағым!

 

Бақсылардың барында кім есірген,

Су тоқтатып, тасқа да гүл өсірген.

Балбалдарды бүлдіріп, бетіндегі,

Бітіктерін біргелкі кім өшірген?

 

Мықтың Үйін қопарып кезбелері,

Қаңыраған сол мықтың көмбелері.

Жалмауызға тап болды қайран елім,

Іші жайын, ал тысы жез бедерлі.

 

Бірі – қысық, бірі – көк екі көзді,

Ұстарадай жалтылдақ екі сөзді,

Толтырам деп қазағым, титықтады,

Толмайтұғын екі көз, құй ма өзі?!

 

Біліп алған қазақтың олқы тұсын,

Оңдырмайды түбінде осы қысым.

Әр атаның шулайды он баласы,

Қыран торда, қапалы тоты құсым.

 

Қазақ деген даланың киігі елі,

Құндыз жаға, қамқа тон киіп еді.

Туған жердің тек қана топырағына,

Алтын басы ерлердің иіледі.

 

Алтын басқан бауырға, Алашым-ай,

Алтыныңа аш көздер таласу-ай.

Қайғы шектім, қаны ақты жүрегімнен,

Ақыл, естен барам ба адасып-ай!

 

Алтын Алтай жайылған жапырағы,

Бар түркінің бас қосар шаңырағы.

Бастан жұтап, ел еркі қолдан кетсе,

Басқа кімге Тәңірден шағынады?

 

 

Душар болған дертке бір ешкім емдей

Алмайтұғын,

Күй кешті ес кіргендей.

Тізгін тартып Шудабай құлақ салды,

Тәңір даусы жырақтан естілгендей:

 

«Бала емессің, абай бол, жаңа туған,

Жете бердім, жер бердім жанатымнан.

Қойны толған жеріңнің көк қорғасын,

Қорғансын деп қорғасын жаратылған.

 

Ат үстінен ойнадың қуалап доп,

Қорғансыздар тың іске тым олақ топ.

Бастадың да тастадың отты қару –

Құйяа алмадың бір түйір құмалақ оқ.

 

Теміртіңнің темірі бағалы әрі,

Таппай зарсың, тасырқап таға, нәлі.

Ал ұрпағың: алайда келіспеймін,

Талай мінді саған да тағады әлі.

 

Қақшаң қаққан қарулы жүрістері,

Жақынды да жат қылу үрдістері.

Өкінбе, арғы құрлықтың өшті деген,

Желінген көк жетілген үндістері.

 

Жеріңді сүй, шын сүйсең, үндісше сүй,

Желпінеді түндігі би түссе үй.

Жұртыңды сүй, сүйе біл, жебірейдей,

Жұмыл жұмыр, оңалар күн түссе күй!

Ей, менің сүйген, құлым!».

 

 

 

 

 

-----------------------------Төртінші тарау---------------------------

 

 

 

 

 

 

                  Ай астындағы алтын

 

Жасыл қанға қанғанша суарады,

Жарақты жау сүңгісін су қараңғы.

Жалаңаш қол көшпенді жиылмаса,

Қақ суындай бір ұрттам суалады.

 

Тоныкөктің дауасын көк тастағы

Көзге ілмей көсемдер от басқаны.

Жарылғаннан жалданып ұтқан бар ма,

Мыңдап шалсын құрбандық көк қасқаны.

 

Саналы жұрт, сапалы, ұстамды арға,

Сайтан түрсе желігіп тұштаңдар ма?

Жұмылмаған жұрт та бір жосықсыз жұт,

Жем болмас па жасанған дұшпандарға.

 

Кешегі Көк күмбезді түріктердің,

Оғыланы дауа еді бүліктердің.

Қалған сарқыт солардан Шудабай би,

Кептірмеген терін бір күлік кердің.

 

Аймен болжап алысын жаңа туған,

Ақ найзаға ту байлап қара қылдан.

Ақ сахардай божыған қара кегі,

Ала бота күлінен жаратылған.

 

Қай туысы қой-қойлап қойын баққан,

Қойып кетсе түнекке қолын қаққан.

Қара тасқа қалдырған ойын жазып,

Қара бала қаперсіз ойын бақан.

 

Үріккен елдің жұрты да тулап жатыр,

Тұтап ошақ, қоңырсып тулақ жатыр.

Замананың жалмауыз жез тырнағы,

Тіске түскен тірісін турап жатыр.

 

Шырылдайды сансыз жан аспанға ұшқан,

Бас сауғалап, сай-сайда қашқан-пысқан.

Қойынына от түсіп, қотанына,

Көк бөрілер матаулы қақпан қысқан.

 

Жан алғышқа татиды қаныңда бал,

Жапырылған табанға жүйесіз жал.

Жан ұшырып, бытырап сай-салаға,

Құмалақтай шашылған иесіз мал.

 

      Cасқан қарға түседі тұзаққа өзі6

      Сұм биліктің бітелген құлақ, көзі,

      Жетім құлын еңіреп құла түзде,

 Жетім бота зарлайды, лақ-қозы.

 

Шаңға батып шылауыш, шаш баулары,

Шағылыпты қазаны, астаулары.

Шашылған мал шаштан көп, адамының

Пана тауып үлгірген жастаулары.

 

«Қонағымнан жерітті қырқыстары»,–

Деп шулайды түнде үріккен жыл құстары.

Жарып еркек ең семіз тоқтысын жер,

Ең шығыстың түн жортқан жыртқыштары.

 

Бақыт, бағы осылып бастан ауған,

Жан сауғалап жазықсыз жаудан қашқан.

Сарт пен сауан орнықты олжа тапты,

Ұсақ жинап шашылған тау мен тастан.

 

Берері жоқ құдайдың мейлі қарған,

Біреудікін қағынып біреу алған.

Жалмағанның жағында жазмышың да,

Зарлағанға –

көрінер дүние жалған.

 

Жатыр мәз боп тойғандар қайғыны ақтап,

Жарыместер жынданып, ай құлақтап.

Жылмыңдайды жанығып, итаршылар,

Құрым қайғы жамылды айдын аппақ.

 

Сығар битсіз жер емген көрген қызық,

Қара сирақ қайқайды қой өргізіп.

Кер далаға кейбірі кеткен безіп,

Келер күннен түңіліп, күдер үзіп.

 

Айналса да теріске тегершігі,

Көкейінде қалқыған көгершіні,

Он жығылса, он тұрып, көрінбейді,

Кер құланның ноқтаға көнер түрі.

 

Жер де кеткен қуарып жерінгеннен,

Көрдің исі мүңкіген сезім жеңген.

Көрінбейтін жапқанда көл үйректен,

Көріс айтып, қасырет жезін көмген.

 

«Жұтса», дейді қорғасын қадағанды,

Жұта-жұта қара жер қара қанды.

Торғай-тозы шыққан ел бұта, бүрген,

Паналаған болады қарағанды.

 

Осып келіп, ышқынып желдің өтін,

Үстеген оқ жидырмай елдің есін.

Аумай қалған құсалы қарт анадан,

Тіліп түсіп, тыншиды жердің бетін.

 

Күн шығыстың көзі улы жымыңдаған,

Көп өсімдік күйреді гүлін жарған.

Айналды жұрт көкпарға көк лақтың

Терісіндей тартылып жырымдалған.

 

Адам түгіл аярдан жиренген жел,

Ал атуды жыртқыштан үйренді ер.

Қалай төтеп береді қарулыға,

Жайлап жатып, жай тұрып күйленген ел?

 

Ойда олжа ­есірген құзғын тойы,

Толтырам деп әуіре құрдымды ойы.

Тісін қайрап боранды түнде жортқан,

Көк шуландай кекті еді қырдың сойы.

 

От ойнатқан орғыса табанынан,

Қар жауады Кер құлан қабағынан.

Сақылдаған сары аяз, сары мырыш,

Ажал саулап алып тұр сағағынан...

 

                          ***

 

      Мың тоғыз жүз отыз бір лаңы еді,

      Қорлық көрсе қолында тұра ма елі.

      Қожанияз жұмсаған Жолбарысты,

      Шауып кел деп көнбесе біраз елді.

 

1931. Көктемі еді,

Жер де биыл жетіліп көктемеді,

Жаңбыр емес, қазақтың оқ құшады,

Мұсылманды қолдамай шеттегені.

 

                          ***

 

Аза кернеп ауаны, айналаны,

Ажал келіп әлдилеп аймалады.

Зар илетіп Торғынды толғақ қысты,

Тамғалы тұр аспанға, айға қаны.

 

Қызыл іңір:

Мал күйсеп...

Тау жылаған...

Ел орынға отырған маужыраған.

Сыбырласа сыпайы жасыл моншақ,

Сығалайды сұм ажал, жау жырадан.

 

Кімі ойлаған...

Түрік ел, ауыл маңы,

Суық хабар – су қызыл жайылмалы.

Ит ұлыды кеулетіп ескі іргені,

Ішін тартып жылқының жайылғаны...

 

– Аттан!

– Аттан!...

Әп-сәтте ауыл үсті

Азан-қазан, айғай-шу, жасын түсті.

Үй өртенді келтірмей әрекетке,

Ымсыз ымырт,

Жер үстін жалын құшты.

 

Кетті безіп, қаңқылдап лағып күшік,

Жұлдыз біткен жатқандай ағып түсіп.

Оқ құйып тұр оң-солдан қашсаңдағы,

Құтқармайтын аузынан отын құсып.

 

Қатын-қалаш, безілдеп бала-шаға,

Жаққа босты беті ауған бар ма шара.

Аңырайып адамдай есі ауған,

Ай қарайды мұңайып «тамашаға»...

 

Еркек кіндік қолына қару алып,

Тас тасалап атысқан аулақ барып.

Шығыны аз оралды қайраттанып,

Шытыменен қан сүртіп аруақтанып...

 

Қысып алып баласын тасқып ана,

Жауды жаншып өліпті жастық ала.

Алты жерден аямай кескіленген,

Жол үстінде және де жатыр шаға.

 

Арсалаңдап ақымақ жел билейді,

Ал ақ жаулық ашулы желбірейді.

Аямаған аярлар, ай, жыл өтіп,

Ағайынсып, қылымсып елжірейді...

 

Ойнайтын қыз үй тігіп жас күнінде,

Елестеді ыза бар ашты үнінде.

Жаралыны шыңғыртып ащы толғақ,

Торғын жатыр қиналып тас түбінде.

 

Қан ағады қасқа төс, бұғанадан,

Тура келген ажалдан бұға ма адам?

Тасқа тиіп тайған оқ ысқырады,

«Шық-шық, шық»,– деп тезірек бұл арадан.

 

Торғын сорлы дөңбекшіп, пана сұрар,

Жанын қорып, тыпырлап аласұрар.

Туушы еді өркендер көңге өніп,

Табылмады қасынан жанашыр жар.

 

Құлатпан деп зарлайды шаңырақты,

Қан аралас қара тер жаңбырша ақты.

Тісі сынды тістеніп, ерні қанап,

Кісі сынды өшпейтін шамшырақты.

 

Қара жерге қан зарлап ұйып жатты,

Торғын тулап, ай сүйеп... ұлын тапты.

Тап сол шақта торы айғыр үйірінде,

Қулық бие құлагер құлындапты.

 

Өлім ойнап мәз майрам қыршын жаспен,

Шықты үні жарысып ыршып жаспен.

Әз кіндігін әлсіреп нәрестенің

Қиып түсті бір періп, қыршып таспен.

      Айналдырып бар жанын мәнді үмітке,

«Ей, сұм жалған, жап-жаңа әнді үгітте».

Деді де Ана, нәресте ауызына,

Салып үрпін аттанды мәңгілікке.

 

Айлы түнде ақ уыз арқыраған,

Сынағандай тіріні жалпы надан.

Ал Сәбиге ай жапты алтын жөргек,

Күндік жерден көрініп жарқыраған.

 

Ай астында нәресте жарқырайды,

Ана анарын тырнайды, жалқымайды.

Оны сезсін суыған Ана қайдан,

Еміреніп, исініп, балқымайды.

 

Ар сананы жалғанның нарқын ұқпақ,

Қасыретті туадан  қарпып, ұрттап.

Дүниенің дүбірлі ашты есігін,

Көк таңбалы, көк түрік, алтын ұрпақ...

 

Тұл атындай шолтиған тұлдыр кеш-ті,

Жалғап әлек жас сәби Ғұмыр көшті.

Шудабай би абайлап келе жатқан,

Ала тайдай ақ сәуле бүлдірді есті.

 

– Ай, Жұмабай, тор төбел неге осқырды,

Сезім жоқ па, ой аллау, осы ат құрлы?!

Шудабайдың шабарман-ақылдасы:

– Кезетін кез, Би аға, елес қырды.

 

«Елес-елес... өр-еңіс өміріміз.

Елестерден қалғанды көңіліміз.

Айналды ма, айнала, тағы елеске,

Ала шапқын, алапат өңіріміз.

 

 Алатыны алқымнан анық ақпар,

Тасырқаған тағасыз арық аттар!

«Мынадан,– деп айта алмай өліміміз»,

Мұңдасады ымыртта арғымақтар.

 

Тірлігіміз тырысқан көн секілді,

Көмілетін көріміз көрсетілді.

Бар ма, қазақ, қалмады-ау, қылар қайлаң,

Алжып төре, төрт би де

Төр сетілді.

 

Қайда кетіп барасың, қайран Абақ!

«Артың соқпақ,–депті Абай. Алдың қабақ!».

Адасқан жұрт күйез боп айлана алмай,

Қараңғыда, қапаста қалды қамақ.

 

 

Қалды қамақ қапаста, қараңғыда,

Жалауға да шамаң жоқ жараңдыда.

Қалың ұржар – ұры жар құлан өтпес,

Қара қорым қалаң да, алаң бұ да».

 

– Үй, Жұмабай?! Жақында...

– Асыл зат, ә?!

– Алдың ба сен ананы ажырата?

– Мен білсем, Би, па-па-па, өлік-қырғын...

– Адам жатыр... жалаңаш... болмас қата.

 

– Мен байайын,– деп қалды,– айтсам жорып...

Тілі р-ға, келмеді,– Сайтан жорық...

пісіміллә..., жүрмесін..., пісіміллә!...

Мөлдіреген қарайды ай таң болып.

 

Түзесең де бұзылмас түйе сыны,

Тағаладан маңдайға тиесілі.

Табиғатқа табынған тағдырлы жұрт,

Топырақтың деп көрер киесі ірі.

 

Жон терісі бұқаның тебінгісі,

Бұрхан тәку мұңғұлдың кейінгі ісі.

Бұрынғыдан тағы бар қалған жосын,

Бұза ала ма сүйегін, тегін кісі.

 

–Бұндай сұмдық сен бұрын көріп пе едің,

салты солай жұққан бұл бөліп белін,

иен түзге апарып тастайтұғын

көмбей ашық мұңғұлдар өліктерін.

 

Жатырқайтын мекен ғой басқа иені,

Әрбір түйір бұл жерде тас киелі.

Боп жүрмесін, абайла, байқа балам,

Торғауыттың  тастаған бас сүйегі.

 

Үркек халық, өйткені заман жайын,

Ағат басса алдында ажал дайын.

Аттан түсіп Жұмабай бүкшек қағып,

Аңға ұмтылған жөнелді адамдайын.

 

Шудабай би тебінді, қалсын ба құр,

Ат басындай жалтырап алтын жатыр.

Ат басады аяғын үркіп зорға,

Ал қорқыныш тығылып алқымда тұр!

 

Адам нанбас айтқанға мына қылық,

Уысында адамның ұматылып,

Алқымында қылқынып, оратылып,

Шұбар жылан жатқандай шұбатылып.

 

 

Састы көріп, мынаны мысы құрып,

«Пісіміллә». Дірілдеп, іші де ұлып,

Алтын перде үстіне арнап жапқан,

Ашылғандай ақырын ысырылып.

 

Ана жатыр, мөлдіреп, қарасы зар,

Қызыл шақа, жалаңаш баласы бар.

Қара бұрым тоқпақтай сауырында,

Құды жылан оралған қара шұбар.

 

«Сайтан!» деген сайтан ой тынышты алды,

Сөйтседағы жылжыған түріп қарды.

Дауаламай жүрегі бас салуға,

Бір ұмтылып Жұмабай тұрып қалды.

 

Үсті-басы қожалақ, мұрын, қабақ,

Нәрестесі әлсіздеу қыбырламақ.

Ақ анарын иіскетіп, айға қарап,

Жатыр ана қыңқ етпей, қырын қарап.

 

Түн найзасын сұлуға сұғындырып,

Ай нұрымен сәбиді жуындырып.

Ал анасын қап-қара бұрымымен,

Өлтіргендей әлгінде буындырып.

 

Үкі ме екен алыстан байғыз ба екен,

Дабыс жетті даладан зарлы, бөтен.

Бота көзі мөлдіреп лағынан,

Айырылған жылайды жалғыз бөкен.

 

Түймеш-түймеш жанардан жас тамшылап,

Сорлы ананы паналап, жатқан сұлап,

Езуіне сәбидің қатып қапты,

Анарынан ананың аққан бұлақ.

 

«Тудым, дей ме, кім білсін, тірі неге?».

Байқұс бала білмейсің, күйіне ме.

Қасыреттің деді ме күйін шертем,

Келмей жатып, шырылдап, дүниеге?

 

Аранына жұтылған асыл мұрат,

Азуында шайналған жасыл құрақ.

Адамзаттың қанына құныққанның,

Айта алмаймыз қашаннан жасын сұрап!

 

     – Жолың болды, Жұмабай, құдай берді,

Айға шабар алан ғой мынау енді.

Кісі еді табатын тар жерде айла,

Шудабай би атынан құлай берді.

 

Көлбеңдеген жарыққа көбелектей,

Ербеңдемей далада ебелектей,

Құйрығынан шұбарды шұбатылған,

Күн туа ма ілетін дегелектей.

 

– Тірлік бар ма?

– Білмедім, беймағұлым.

Қайтсін, қатып ішегі қалған мұның.

– «Жауған оқтан жаңбырдай жаның қалар,

Қуантайын десе егер Алла құлын».

 

Келді де би жақындап жетегімен,

Алғандай-ақ ақ мамық төсегінен:

– Бұ не тұрыс,– деді де, нәрестені,­

Орап алды лезде етегімен.

 

Арасымен бұлттардың арда қайғы,

Зымырайды, зулайды, алғалайды.

«О, Тәңірім, қонды бақ, бақты қош қыл!»,–

Деп Шудабай алақан айға жайды.

 

Шығып кеткен дүние кіл есінен,...

Отыра қап толғады жүресінен.

Жанарында толқыған ерек жас бар,

Бастап кетті Фатиха сүресінен.

 

Бұдан биік білмедім деп асқанды,

Таза дінге бертінде көз ашқанды.

Зор әуені жақындау хаулилауға,

Шарлап кетті шашырап кең аспанды.

 

Сонан кейін, Тәңірі, көкке қарап,

Ұлыды кеп қасқыр боп көзі қанап.

Кес-кестеді маңайға бөрі толып,

Бір заматта елбектеп өкпе тарап.

 

Ана тұстан, ұлыды бұ да жай ма?!

Мына тұстан ұлыды бұ да айға.

Таяп келді көп бөрі арасынан,

Бір көк шулан қыңсылап Шудабайға.

 

Шебер алла шексіз ой, арды тауып,

Тілін тапса табиғат несі қауіп.

Сапты аяғын Шудабай шешіп белден,

Екі емшегін арланның алды сауып.

 

Қызыл қанға болса да жауыз қарық,

Бір көк өнер көктемде қауыз жарып.

Кетті ұйқыға нәресте өзек жалғап,

Көк бөрінің сүтімен ауызданып.

 

Куәгері көк аспан, ақ таң, аумақ,

Жағасын ұстап, Жұмабай жатқан аунап.

 

Шудабайдың өскендей бауырынан,

Қызыл шақа шалықтап, жатты алаулап.

 

Үй қаңқасы жұрттағы ұйық пана,

Ақтарылған ұқсайды жұмыртқаға.

Жауға түсіп желіккен жанып жатыр,

Бәлкім кеше, не түнде, ымыртта ма?!

 

Ағатұғын қыналы тасынан бал,

Аһұрады қырқалы, ашынған жал.

Беті ауған бытырып ауған бетке,

Бей-берекет тозғындап, шашылған мал.

 

Еш кәперсіз еркін жел еркелейді,

Есіргенді кім келіп желкелейді.

Шудабай би дамылдап отыр еді,

Шоң бітімін ой басып еңсегейлі.

 

Маңдайына жазылған сорлы жалған,

Кеуіп қалған күдері сорғып арман.

Өлгені өліп, тірісі безіп кеткен,

Қаңыраған ауылдың орны қалған...

 

– Әй, Жұмабай, жылармыз, ашынармыз,

Артымызда қалар бір асыл аңыз.

Қане қозғал, күн қызбай, Анасының,

Осы жерге, денесін, жасырамыз...

 

***

 

...Енгізгендей сүйсінер әтір айна,

Ұсқыны оның ұқсаған әсілі айға.

Құтболсынның жұпарын бұрқыратып,

Ұсынды би қос қолдап Әтібайға.

 

Кесілгені көгеріп, көктегенді,

Терлігі бір шуақтап, кеппегенді.

Бұ қазақтың басынан тепкілесе,

Бағы ауып еш қайда кетпегенді.

 

Қою шайын қоя сап, ұрттай беріп,

Құрақ ұшып, тәубалап, құптай келіп.

Қатар жайып, ұсынып алақанын,

Алды Әтібай шақаны құттай көріп.

 

Жан жыртығын жамаған, желімдеген,

Әже Әтібай еңбектен ерінбеген.

Бәжікенің Жәжәні бауырына,

Салды әкеліп жуырда жеңілдеген.

 

Көзге жылы көк таңба сауырында,

Жалпақ қара қалы бар жауырында,

Егіз өмір еш қамсыз шалықтайды,

      Мейірімді ананың бауырында.

 

Алауымен әр күнгі ала таңның,

Сезіне алмай жылуын алақанның.

Қоңқылдайды қобалжып, қоңыр өмір,

Аттың жалы, қомында қара атанның.

 

Тартып та алмас балыңды таңдайдағы,

Әлденеге уақыт таң қалмайды.

Заңы солай табиғи жаратылыс,

Су ішері бар ғана тал қармайды.

 

Жалықпаған жаулықтан сауық жалған,

Жұртта  қалған, жоғалған, тауып алған.

Талай жерді жан беріп, қамал бұзып,

Қазекемде, қасқайып шауып алған.

 

Жоғарыдан бағалы байып кетіп,

Төменгіні сорлатқан айыпты етіп.

Зордан құлақ тік шығып қалқайған-ды,

Жолдан тұяқ тар жерде тайып кетіп.

 

Шекісу

 

Ел аралап, Шудабай отан бағып,

Жаңылдырар ізінен осыл бағыт.

Биліктің бұ сақ құлақ, кереметі,

Жансыз ба әлде жылдамдық от алған ит,

 

Тұрған заман билік те, тірлік те іріп,

Тіл жеткізіп, ұлықты дүрліктіріп.

«Қожанияз бүлігін қолдайды» деп,

Түн ішінде жүрген кім түндік түріп?

 

Өршітпесе өсірмес елдің зарын,

Құрық баспас Ма даран ол бір залым.

Жеті жендет қасында жетті жедел,

Оның сыры қашаннан елге мәлім.

 

Сұп-сұры адам сұмпайы өлік тысты,

Шыжытатын темірді көрік күшті.

Шала ішкізіп ауылдың таң сәресін,

Ақ мылтығын асынып келіп түсті.

 

Жалбарыну ұлыққа міндет пе еді,

Жасанып ол келердей мін көп пе еді?

Мамық төсеп астына Ма дарыңның,

Ауыл болып алқалап құрметтеді.

 

«Өзен тұрып,– деді Би, суға жарып,

Көрмегендей абдырап, шуламалық».

Ықтай-жалдап аярды арбамаса,

Жем болады жүгенсіз сұмға анық.

 

Үй тіктіріп оңаша, қонақ етті,

Бүлдіреді бұза алмас олақ етті.

Таппаса да шарасыз атарға оқ,

Тартпадан да тар жерде орақ епті.

 

Шақырылды күйшілер, дастаншылар,

Қысылғанда зарлы жас тастан шығар.

Сона еді Ма даран тамырдан қан,

Сорған сайын масайған, мақтан құмар.

 

Ет-сорпамен еліріп, оқшырайып,

Өз қолымен көседі отты барып.

Жем тілеген қарадай желік кернеп,

Ойын тапты мастанып, оқ шығарып.

 

Біреуі отыр балбырап, жағын керіп,

Қорғауға әзір ұлықты жанын беріп.

Би Шудабай қасында шабарманы,

Аттан түсті іргеге жақын келіп.

 

Маңдайына жалғыз оқ жазылғандай,

Жетектейді сұм шайтан жанын арбай.

Тарс еткені әлде не жанарды от қып,

Аяғының астынан жарылғандай.

 

Күйлі топты күйлеген, көп есірген,

Көтергендей қопарып көбесінен.

Кер төбел ат тік қарғып үйді соқты,

Жай түсіріп «төрелер» төбесінен.

 

Бара жатты балқыған іріп дене,

Батырсыған жан керек бүрікке де.

Ғұмыр шіркін ілініп тұрады екен,

Сұқ саусақтың ұшында шүріппеде.

 

Бұт арасын сыздатып зерік билеп,

Маза кеткен жендеттер ерік күйлеп.

Атып тұрды дауыстан шабын қармай,

Жатқан жетеу жантайып енін илеп.

 

Қапелімде үркітіп күдікті елді,

«Шығармаса игі еді бүлікті енді?!».

Шудабай би оқ шайнап, от ішкендей,

Шарын жардай, шалқақ төс кіріп келді.

 

Сөз созбайды ұзаққа, көсілдіріп,

Менменсімес барсынып төсін де ұрып.

Майдан қылшық сөйлесе суырғандай,

Кететұғын кімді де шешіндіріп.

Шешен тілдің тең ескек қайығы еді,

Өзен көлдің Жайсаңы, Жайығы еді.

Кет Бұғадан көсілсе қайыратын,

Асыл сөздің кеніші, шайыр еді.

 

Есе қайрат қыла ма ер бекінбей,

Су тамбаған әлпеті жер бетіндей,

Кіріп келіп құды бір қара жартас,

Қатып қалды қалшиып тербетілмей.

 

Абың-гүбің аунаған аусар ұлық,

Алдында тұр жеті ажал аңтарылып.

Аһұрады атжалман алты құрал,

Аузы көкке қараған қаңтарылып.

 

Жыртық борбай болса да өте сұсты,

Қарулы жан өте өктем, өте күшті.

Алды олжалап, Шудабай алты мылтық,

Жеті жендет бүрісіп, шөке түсті.

 

Қос етегі самұрық қанатындай

Қазір басса астында қалатындай.

Жарық әлем дүние кемесінен,

Жұлып-жұлып жандарын алатындай.

 

Сылқ-сылқ күліп, сызылды тау бұлағы,

Бітіп қалды бір иттің сау құлағы.

Тап тізеден өкірте тай тепкендей,

Ақиып көз, айғыздап ау жылады.

 

Тағдыр – тарпаң, қаласа қызығасың,

Танытады кім-кімнің құбыласын.

Түскен астай қарпытып аш қарынға,

Көрген түстей әп-сәтте құбыласың.

 

Адамзаттың қанына ашына адам,

Еңірейді өмірі жасымаған.

«Бас алам» деп батырсып келген дәме,

Құтылса дүр өзінің басы аман.

 

Жанның бойда барында тартқаны азап,

Құлдығыңа көнбейді тарпаң азат.

Талдырады өзекті талқан аз-ақ,

Тірлігіңде көргеннің бәрі тозақ.

 

Ойын қылды опасыз қасқырды ұрып,

От қаруы нәпсісін асқындырып.

Аяқ асты ақылы болған заман,

Адам атты арзандап бас құндылық.

 

Үніңді де шығартпай үйіп жерлер,

Тапаншасын саусақпен үйіргендер.

Тірі кесті тілесе түйе өркешін,

Жіп ширатып бұрымнан иіргендер.

 

Қапияда қалт кетіп, танды арманы,

Қабаған ит, «қап» деді, жандарманы.

«Қорқыратып, бір-бірден бауыздайды»,

Міне, қазір, өшеді жанған бағы.

 

«Хасахалар* – қасқырлар, туысында,                    *Қытай қазақты «хасаха» деп атаған

Бойындағы бөрі қан суысын ба?!.

Деп ойлады,– тіл тартпай, кетеміз бе,

Мына иттің, итінің уысында».

 

Мән бермепті тұрқына туған айдың,

Қысып барад алқымнан буған айбын.

Бүкіл қытай түскендей уысына,

Бір оғы жоқ атарға Шудабайдың.

 

Жылан көріп есінен жиі адасып,

Жатқан құстай қалтырап ұя басып.

Жасық шоққа қанжардай жанар төніп,

Жалт етуге мұрша жоқ, қия басып.

 

Шөп, қурайдай үгілген жігер – шеге,

Батып суға кеткендей мінер кеме.

Тарт дер емес бір жердің қуысына,

Тығып-тығып бір-бірлеп жіберсе де.

 

Қаншама адам өлтірді, лақтырды,

Көрмей тышқақ маңырақ лақ құрлы.

Енді міне екпеттеп, жерді иіскеп,

Шудабайдың алдында жылап тұрды.

 

Шудабай би атылып кіргенінде,

Жабылғандай жарыққа қара перде.

Шошығанда Ма даран зәресі ұшып,

Кіріп кете жаздады қара жерге.

 

Күңгірттеніп көз алды тұманданды,

Неше ұмтылап, итініп тұра алмады.

Қалған сынды жабысып май құйрығы,

Қара ала сырмаққа құралмалы.

 

«Осы»,– деді көтіне өңгерілген,

Қорықпайтын қара бұлт төнгенінен.

Қаңтардағы қыранның жанарындай,

Өтіп барад өткір сұқ өңменінен.

 

Басы айналған алтынға амырақ боп,

Не көп? Өктем тірлікте сандырақ көп.

Жерге түскен мылтығын алмақ еді

Иекеміне келмеді салбырап қол.

Бір ашылса біразға жабылмайтын,

Қызыл оттай жалаңдап жалындайтын.

Зәрлі тілі құмықты құдай ұрып,

Қанша үрсе күрмеліп, жаңылмайтын.

 

Кекті қанға қайтты ма, суарған бақ,

Көбік сөзді, көпірме суалар жақ.

«Құртам» деудің орнына келе берді,

«Құрыдым-ау» деген ой сумалаңдап.

 

–Ма мырза,– деп кеңкілдеп, күлді зорлап,

Жаңа ғана тұрған жан күнді торлап.

Ал Ма даран жия алмай ақыл, есін,

«Басынасың,–деді іштен,– кімді қорлап?!».

 

Шыбын жанын оп-оңай қия ма адам,

Күмән бұлты көзіне ұялаған:

«Ора салу, тамақтан, ойла, сөзбе,

Жетпей жатыр байқұстың қиялы оған,–

Деп ойлады Ма даран,– бопсалады,

Сорлы қазақ, қорғансыз бос қамалы.

Шығып кетсе уыстан ұстатпайды,

Құмға сіңіп бір түнде жоқ болады».

 

Нәпсі – менмен, бір сәтке үгітілген,

Жидіп жатыр түбіне түбіті ілген.

Сұры – өлік, тоңқаңдап, ләпайған,

Жеті жендет өмірден үміт үзген.

 

Қырық жігіт қырқадан көрінгенді.

«Өкір дей ме, мына иттер көріңде енді».

Мұны байқап есіктен Ма даран да,

Өзін-өзі бұйырды өлімге енді.

 

Деуге келмес қырықтың майда есебі,

Тиеме екен, тимей ме, пайда себі.

«Кеңесеміз оңаша»,– дегенде ұлық,

Шудабайдың жасаған қайласы еді.

 

– Бұныңыз не, шаңия, кімге зақым,

Айтып едім барам деп күзге жақын.

– Өкіметті қорғайтын адамдарым,

Айтатұғын, Ма мырза, сізге датым!

 

– Байқаусыздан... атылды... тазалап ем...

– Бүгінгі дос, бұзылды базар әлем,

Кімнен, мырза, алдыңыз қыңыр ақпар,

Мен қай заман ұлықты мазалап ем?

 

Шай қайнатқан еш кім жоқ төбемізге,

Бүлікшілге баянсыз көнеміз бе?

Бір тайтұяқ бізден сый деп білерсіз,

Жөні түзу ұлыққа, төремізге.

 

«Шаңиясы бірінің көп саланың,

Сары ізіңе, асықпа, шөп саламын.

Адамымын өкімет, деуін залым,

Ма даранның жаларсың кеп табанын!».

 

– Толсын іші дәнге деп күрең сандық,

Түріп етек, – деді Би, түрен салдық.

Тыныш, берік, орнықты ел іргесі,

Төлеп отыр әр түтін түгел салық.

 

Мал жайымен қозғалып таңнан кешке,

Қайқаямыз мимырттап жайлау, төске.

Жаны таза, жақсы дос, судай қайнақ,

Алаң болмас, Ма мырза, біздің көшке.

 

«Қажет емес жаның да, жайлағың да,

Қажет емес, құрулы сайманың да.

Адам аулау қазаққа әдет емес,

Аман жүрсін әркім өз айлағында».

 

Мадаран – бұлт, ойлап кеп қамын іштей,

Бағытынан әуелгі танып, үстей.

«Қасарысқан бір беткей бұзық халық,

Бас білмейді, тоқтамас, қанын ішпей.

 

Қызыл иек күлкілі қақпаныңа,

Зар қылармын аман таң атқанына.

Бой жасайды жарқырап семер гүлің,

Кім түспеді ал менің қапқаныма».

 

– Ха-ха, ха-ха, ғаламат, қалай-қалай,

Сөйлейді Би, сөйлейді орай-орай.

Ақырды ол өзінің жендетіне:

–Аттаныңдар, тездетіп, қарайламай!

 

Жетер осы сыймыз, тойғанымыз,

Жөн болады, ойынды қойғанымыз?!

Келген қонақ сыйлайды отағасын,

– Жоқ, Ма мырза, бүйтпеңіз, қой, қалыңыз?

 

Келтірейін басқасын...қошты қымыз...

Асыл тас-ау, мына бір оттығыңыз...

Қыр қазағы өзіңе сүйенеді,

Мызғымасын мың жылдық достығымыз.

 

Ма Мырзажан, жаюлы түкті кілем,

Бір ынжықтың желбуаз тілі білем.

Шаңияны шын болса, байлатыңыз,

Жалған болса езуін тіліп ілем.

 

– Ай, Шудабай шаңия, аян маған,

Ерсің ғой cен, ел үшін аянбаған.

Артпа босқа басыма адам құнын,

Бел суытып жөнегей аялдағам.

 

...Кесірінен ел кезген жалған – құлақ,

Тыйды демін тілден боп талай Боздақ.

Елдің шырқын бұзып жүр ессіз біреу,

Ер тимеген астына бұты бордақ.

 

Жол жобасыз, жаңылды жайсаң халық,

Базарлы бақ келе ме қайта айналып?

Ұлық көрсе жағымсып, өбектеген,

Өрге тасы жүгірген сайтан ғаріп.

 

Адалдықпен атқарған аманатын,

Естіртпеген әлемге жаман атын.

Аман-есен бұлғақтан құтыл ма,

Қасаң халық ас қылған қанағатын.

 

Құс жолымен бойлата қуған арман,

Дау шешерде қолына құран алған.

Үмітіне сүйеніп өмір сүрген,

Үкілі айы бұл жұрттың туа ма алдан?

 

Жанған оттың тіліне сұрақ құрып,

Дүріліне екешім құлақ түріп.

Жаратушы құдайдан жәрдем тілеп,

Жайды алақан аспанға жылап тұрып.

 

Запы жүрек елеңдеп, зәре ұлғайып,

Салтанатты кешегі күні ғайып.

Өз бетімен күн кешкен өр мінезді,

Тағыға да тағылды бүгін айып.

 

Қызық кеткен, қылықты қыр қызынан,

Күліп атып, жылаған қырмызы таң.

Сан ғасырға созылған сара жолдар,

Жауын шайып, сел жырып, кіл бұзылған.

 

Жамбас сипар құмарлық ентікпелі,

Дәме-нәпсі әп-сәтте мертіккені.

– Ай, Шудабай, көзісің өкіметтің,

Болса кешір ісімнің артық-кемі.

 

– Пәлі-пәлі, Ма мырза, сіз көреген,

Келе жатқан мініс ат біз көнеден. 

Ар жағында болмайтын ашу, кегі, 

Арсалаңдап жүгірген біз көбеген.

 

– Алғыс айтам асыңа, ат-матыңа...

Үш күн өткен бипоздап жатқанына.

– Әлде біраз асықпай баптаныңыз.

Бүлінбеңіз, Ма мырза, мәтқапыда.

 

– Аяқасты қарашы аңыз туып...

–Үйренген ел, Ма мырза, ауыз буып.

– Сүйкенгенді сүйегім қаламайды,

Басыңызға түспесін мына уық.

 

Таға алмай тұр сүрініп, айып тағы,

Суыртпақтап өз ісін байыптады.

Қара тастай бір түйткіл көкейінде,

Қала берді беріш боп, айықпады.

 

Арлы-берлі Ма даран теңселеді,

Бас алудың аймақта ең шебері.

Барса қолы қынына қалтырайды,

Бір құдырет, аса паң, еңсереді.

 

«Кезек екі...,– деп түйді,

күрең күзде,

кезігерміз жайғызам кілем түзге?!

Қоштаспаймыз, қайда ұзап кетем дейсің,

Қайта шапқан жау жаман, күдер үзбе!».

 

Аттанды бек қайнайды запыраны,

      Күліп тысы, ал іші аһұрады.

Шудабайдың көзіне елестеді,

Күздің күрең күйікті жапырағы.

 

«Қою керек, көп ұйықтап, баптанғанды,

Құп көреді құдай да сақтанғанды.

Енді айналсам басыңды бөктерем» деп,

Анық еді Ма даран аттанғаны...

 

«Бұзылыпты іс жүктеп жан басына,

Баркөл батып майланған жамбасына».

Сүрлендірген шірімес тұзы мықты,

Өсек, өтірік қоя ма нанбасына.

 

Осы емес пе ұлықтың іздегені,

Жөн ғой жалды өсірмей күзегені.

Қыңыр біткен бұтақты кесіп алып,

Тезге салса тепкілеп түзеледі.

 

Азар барған, құтқармақ қысылғанды,

«Қолдады,– деп,– бүлікшіл мұсылманды».

Үрімжіге көп асап, мамық құшып,

Болам деген арманы ұшырғанды.

 

Ма даранның ол Азар сұм барағы,

Майға тыққан майпоздап құмалағы.

 

Түкірген ит су ішкен құдығына,

Суды лайлап кеткенді тұмадағы.

 

«Аңдыған жау алады іске бейім,

Ер кезегі дейтінді үшке дейін».

Орнықпады ақыл-ой алтынға мас,

Ұйқтағандай мең-зең боп түске дейін.

 

«Үркіндікпен өте ме, дүние жалған,

Өкіметтен үркіткен көңіл қалған».

Шудабай би соңынан Ма даранның,

Ұзақ қарап тұрды да үйге барған.

 

«Сары ізіме сайтаны салды шөпті,

Су ішерім бар екен азды-көпті.

Қыбырлаған қалың жау қабақ асты,

Қадым жылдық ұйыған қанды кекті».

 

 

Үрімжіге жеткен үрейлі хат

 

 

Жүрісінен, жүйріктің терісінен,

Мін іздеген мінезі, желісінен.

Танылмайтын тауаны, тәні қылап,

Жымысқы көп жалғасқан жең ішінен.

 

Адам іші, мал тысы ала, шұбар,

Азған жұрттың жолында аза тұрар.

Шынайы бақ басына қонарында:

Іні – тірек, ірге дос, аға – тұмар.

 

Әтібайдың ескісін таласып ап,

Өңі түзу киімін және сұрап.

Ажындардың көрсетіп кигендерін,

Қалжыңдауы тұрады жарасып-ақ.

 

Ел жайлауға орнығып етектегі,

Жаздың шуақ күндерін есептеді.

Әтібай да сұңғыла жан емес пе,

Сөз іләмін шалының екі етпеді.

 

Шаңқай түсте парықсыз қалғиды ұлың,

Ұйқы бұзар ойласа сан-қилы ұғым.

Жылқылардың жиылған ала таңнан,

Күзеттірді жетілген жал-құйрығын.

 

Жазғы өнімді жіктетіп, бөлді есеге,

Қамдасын деп көнсе де, көнбесе де.

Арқан-жібін даярап алсын деді,

Ертең көшке кенжелеп ермесе де.

 

Анау сырттан жағымсып, жамандар деп,

Түрінде жоқ қобалжу, алаңдар кеп.

Берді жұртқа қанарлап жабағы жүн,

«Жыртығыңды бүтіндеп жамаңдар»,– деп.

 

Сап тиылып көңілді бұзған желік,

Желі, қосақ, кермені жылдам керіп.

Қолқа жасап, бұйда есіп, шом жаңалап,

Қара ала арқан есілді қылдан берік.

 

Ірі қараның жасалған терісінен,

Бұйым бұлды шебердің тері сіңген.

Бұрынғыдай бейғамдық байқамаған,

Кетісі тез болды Азар келісінен.

 

Келсе де іздеп кеткенін қайдасың деп,

Көрседе көл көз жұмып пайдасын көп.

Берсе-дағы жақпайды бермесе де,

Айтылатын ақыл да байға сын көп.

Бермесе бай отырар шығай десіп,

Тұтата алмас ал өзі қурай кесіп.

Тісі өткір, тілі үшкір адамдар көп,

Бұ байларды құтыртқан құдай десіп.

 

«Бәрі жалған, дегені базар үшін,

Неменге жұмсамақ бұлар күшін?».

Жаңалап үй Әтібай жаптырмаған,

Үлкен олжа, бұл дағы Азар үшін.

 

«Үлкен біткен мәймөңке, құшағы гүл,

Аумақ елдің айшықты нышаны бұл.

Шудабай би тұзақ та, құрық баспас,

Қай бағытқа әуелі ұшарын біл.

 

Арқан-жіптен болмайды асқан айғақ,

Кемпірдің де кеңескен сөзі тайғақ.

Сарт сәлемі қызыңды алғаныша,

Жатасың-ау құдықта сорың қайнап.

 

Жүн-жұрқаны апарып сартқа сатар,

Сауда достың созылмас күні батар.

Әліппенен құдандал, ал ендеше,

Қалағаны бұлардың басқа сапар?»...

 

Әліп берген жүз атты «Қожаға,– деп,

Айғайлауды доғар деп қораға кеп.

Баласның мұсылман құдайы бір,

Қосыламын мен дағы додаға,– деп.

 

Бұл қылығын Шудабай жақтырмаған,

Жан болса да жақынын жат қылмаған.

 

«Қазағыңа жақсылық қыла қоймас,

Гоминің де, сартың да қасқыр маған».

 

Шудабайдың ішкі ойын Азар білмес,

Қарадайын жұлысып жүрген күндес.

Ма даран да сұңғыла, осы екен-ау,

Бақа тілдес, дейтіні, балық үндес.

 

Көрсетіп тек қарасын елге баран,

Көптен саяқ жалғыз үй жүрген жаран.

Жанға сырын ашпайтын бітеу жара,

Білері мол, Азардың сөзге сараң.

 

Жүрісі де үнемді бүлкектеген,

Етін кесе ер еді былқ етпеген.

Түзден тауып тоятын, алыс жақтан

Ерте бастан соғымдық жылқы ептеген.

 

Тіні ширақ, тындырған істі түнде,

Тастай құлпы екі елі ерін мүлде.

Қызығады қыз-қырқын деп, «елде жоқ,

Қатынының кигені үлде-бүлде».

 

Білдірмейтін ұры иттей тынысын мол,

Тірі жанға қоспайтын жынысын ол.

Көрінетін іске ыспар, санасы алаң,

«Қойшы соны, тәйірі, құрысын ол!»,–

 

Дескен елдің батпайын таяқ, тісі,

Тумысынан дара өскен, саяқ кісі.

Бар мен жоғын бауырға басып жейтін,

Құла түздің сияқты қарақшысы.

 

Азар әсте бұзбайды ол қалыпты,

Алты ай кетсін, ай кетсін «жоғалыпты,

Демейді ешкім, деп қояр, бөлінгеннің,

Қайсы бірі өмірде оңалыпты».

 

Мәз боп ұлық арқаға қаққанына,

Жеткендей боп биіктің асқарына.

Шудабайға ұстатпай шылбырынан,

Ма даранның түскенді қақпанына.

 

Тамырынан үзілген құлайды арман,

Бұл оқиға әуелде былай болған,

Қаймағының қазақтың басын алған,

Заманы ғой Ма дарың құдай болған.

 

... Аңдығанын алудың ебін тапты,

Елдің жайын бұрын да естіп жатты.

– Шудабай!– деп, орнынан Ма дарың сақ,

Атып тұрып, барды да есік жап ты.

Шудабайды алыстан матап көрген,

Шаңиялық әуелі атақ берген.

«Аңдып жүріп бір күні алармын»,- деп,

Неше түрлі айласын жасап көрген.

 

Шудабай да сезгенді арбалғанын,

Талай ердің бұл мансап алған жанын.

Шекпен киіп, марсиып шен алғанның,

Кім білмейді, опық жеп алданғанын...

 

Енді міне келіп тұр алдына Азар,

Елестеді көзіне қанды базар.

«Кешіктірмей көнбейтін «алтын басын»,

Кезі келді,- деп түйді, қағып алар».

 

Азар тұрды алдында қара сүмек,

Түз аңына болмайды қала тірек.

Екі иығын ойпырмай, жұлып жердей,

Ма дарың өрт боп кетті қара түнек.

Алтай, Боғда адамын қынған ұғып,

Қан сидірген қаһарлы дүңген ұлық.

«Ма» дегенде қазақтың үні шықпай,

Иті екешім кететін інге кіріп.

 

Бетіменен жер басып ауылынан,

Айырылған түсті шақ қаруынан.

Аш қасқырдың Ма даран аяры нақ,

Қатып-семген қаншырдай бауырынан.

 

 – Шудабай де, Шудабай,..«кәрі қақпас!,

Боранды күн деуші еді бөрі жатпас.

Жүрегіне оның да тимейді екен,

Тап сенікі болады келесі бас!

 

Асып-тасқан немесі кісі дейін,

Байтаза де «енеңді тісігейін».

Қарашы иттің тек жатпай көтін беріп,

Сабасына оны да түсірейін».

 

Сұсы қайтып, кенеттен, түсі жылып,

Орсақ тісін ақсита тұрды күліп.

Қабақтағы қар-мұзы жасырынып,

Мишығына мыстан ой зыр жүгіріп:

 

– Көз ашқаннан көргені азап еді,

Қойнымызға енгенді қалап елі.

Бұ қайткені, тоңғаны, тойғаны ма,

Қатыны көп, малы мол қазақ еді?

 

– Бай, манабын, балуан, бақ құмарын,

Маңып кетер шақырып бақсыларын,

 

Той жасады, оқудың сылтауымен,

Жиып елдің,– деді Азар,– жақсыларын.

 

– Жақсы хабар, әкелдің Азар бүгін,

Өкіметке сенімді адалдығың.

Жатсам-тұрсам жүректе, көңілдесің,

Мол болады алатын базарлығың,–

 

Деп Ма дарың шайқалып, ырғалады,

Жоғарыға, төменге бір қарады.

Қағып кеткен есуас немедейін,

Қарқ-қарқ күліп Азарды шырғалады.

 

Азар қайдан біледі ары қандай,

Бетке пышақ көсе еді жанығандай.

Әлде шошып, Азар тұр, әлде үркіп,

Күлмің қағып өтірік, жаны қалмай.

 

– Жақсы болды келгенің ала таңмен....

Ойнағандай құды бір балапанмен

Қақты арқадан Азарды Ма дарың жай,

Екі мәрте сұп-суық алақанмен.

 

Марсияды қаққанға сорлы қазақ,

Содан кейін өзіне орды қазат.

Ұлық ырза, «біріңді бірің же,– деп,

Кетпеген бұлт басынан, қорлық азап».

 

Ойсыз пенде опасыз киіт киіп,

Өз бұйдасын есірер өзі қиып.

Жолмен де емес және де жолсызбен де,

Қайтты Азар ұлыққа сөзі сиып.

 

Арзан ақыл аз пұлға азғырылып,

Ауық-ауық ішінен тағдыры ұлып,

Көк торғайы кеудеде шырылдайды,

Шыңылдайды сол құлақ қалғыр құрып.

 

Бірде тоқтап, қобалжып бірде аттады,

Жолықпады алдынан ұнатқаны.

Ел шетіне іліне елеңдеткен,

«Байтаза-ау, басқа кім қыраттағы».

 

Қос көрінер қорыққанға ойлағанда,

Билетпеуге тырысты бойды алаңға.

Астындағы аяңшыл ат болдырып,

Ауысқанды екеуі ойлы аяңға.

 

«А, құдай-ай, сездіріп әдісімді,

Қай тасаға бағып ең тағы сұмды?!».

Қарсы алдында шіреніп Байтаза тұр,

Қара тастан шығатын Мәді сынды.

– Ой-ой, пәлі, ой-ой-ой, Азармысың,

Ауыл-аймақ, ой, құрдас, аманбысың?

Қалғып-шұлғып не жетті, мына түрің,

Ат отырған сияқты адам-мүмін?!

 

– ...

 

– Атың жарау, өзіңнің көзің білеу?!...

– Жоқ қарадым, екі-үш күн... өңім жүдеу.

– Ұрып-соғып тастаған жоқ па екен,

Ұры айғырдай батырдың өзін біреу?!

 

–  Түнеп шықтым дала ғой, оқ қағарым,

Жау айдағыр жоғалды жоқ хабарым.

–  Қоржын анау, толтырған шай мен пұлға,

Шімірікпей, әй, иттің, оттағанын.

 

– Шақырды ма, әй, біреу сені дауға,

Сәлем берсең атаң дейд саңырауға...

Қатын жанды жалаған қазан-ошақ,

Немесің ғой жақындау жаның ауға?!

 

– Қатын дей ме, немене, жын деймісің?!

– Абайсыздан... қалжың ғой, жүндеймісің?!

Шудабайдың итімен алысатын,

Бәтіреке-ау, өле алмай жүр деймісің?!

– О, нас неме, нас неме, иті дейді?!

Ондай неме таяқты битіп жейді.

Тартып қалды Азарды жон арқадан,

– Жәй жемейді, жегенде үйтіп жейді.

 

– Сендей итке айтуға сөз аядым,

Жан бағамыз, жан салып өз аяғым.

Сендейсің бе, қыс-жазы бай мен бидің,

Босатқанға мастанып мәз аяғын.

 

– Барып тұрған, сен нағыз ит екенсің?!

Балақтағы жабысқан бит екенсің!

–Өзін өзі шақырған көкөк мыйлы,

Бақылдатып қойған-ай, бір текесін...

 

Әр руы қазақтың би, төрелі,

Ноқта ағасы –керейдің ителі елі.

Тиіп кетті шабына көкек деуі,

Байтазаның сүйегі Ителі еді.

 

Ителінің шықпайтын шатағы көп,

Шатағынан бітімгер атағы көп.

Айтады екен біреулер Итжеккеннен,

«Ителі» деп келген соң  аталды деп.

 

Бел-белеске қалмақтар оба соғар,

Күз келгенде шөп қатып, қоға солар.

«Италия» атауы «ит-елі-иә»,

Деген деп те қазақпыз соға салар.

 

Ел ішінің егесі басылған ба,

Тойдан қалып, қымызын ашынғанда.

Көлге құйып ителі атанған дейд,

Көрсетем деп байлығын басынғанға.

 

Қасқыр емген қазақпыз арғы атасы,

Лақтырғанда қадалған жарға тасы.

«Ит» дегенге шамданар түгі жоқ ед,

Тілдегені сүйегін бар қатасы.

 

Сым жүгіртіп оқтыққа қамтып өрген,

Алты қырлап бұзау тіс – шарты мерген.

Байтаза шалт бұрылып, сыр еткізіп,

Суырды сұр жыландай қамшы белден.

 

Үлгірмеді қорғанып, өңге келіп,

Құша берді ат жалын өңгеріліп.

Сол заматта жерден шаң көтерілді,

Азар жатыр ыңырсып, дөңгеленіп.

 

Пысығы артық адамның сылбырынан,

Кім құтылған жалғанның шынжырынан.

Ойнап шыққан тақымнан осқырынып,

Байтаза ілді тарпаңды шылбырынан.

 

Не болады сойқанның арты мына?

Жолықты Азар қу тірлік сарқынына.

Жылап аққан самайдан қою қара,

Шекеден қан құйылды алқымына.

 

«Жұпар исі аңқыған өлөң-шөбі,

Аяқасты тарылтып кең өлкені.

Қайткенің бұл»,– дегендей әне таудан,

Күн келеді қуалап көлеңкені.

 

Қанға бояп қақсатпа мына белді,

О, қызыл күн, қызыл күн сына ерді.

Байтазаның қан көрсе қаны қызар,

Екі көзі қан талап шыға келді:

 

– Тұр өлтіріп, өсжерде кет демесең!

– Қайтқан шығар қан көріп ептеп есең,

Соқтыққан сен, албасты, жын ұрғандай,

Сендей сірә, пәлеге беттемес ем!

 

Бес күн жалған қас қағым, өзі қысқа,

Жеме, жесең жегенді қайта құспа.

– Жынмын, жарып, жайратып тастайын ба,

жем қып құзғын, құмырсқа, ит пен құсқа?!

 

– Шудабайдың құтырған шәуілдегі,

Ит ішінде сен төбет тәуірлеуі.

Ал өле қал, бұтына ақ құрт түскен,

Құтырған қу сәуірік сәуірдегі.

 

Қу тілімен пәлеге ұрынды ақыр,

Қағып Азар етегін тұрып жатыр.

«Үндеместен шығады үйдей пәле»,

Долданған кек ішін жеп, жұлып жатыр.

 

Күшік емес Байтаза «тәуір» дейтін,

Үйге тығып құйрығын шәуілдейтін.

Қасқыр құды ашықса қанға әуей,

Алқымнан ап, шапты орып, қауып жейтін.

 

Керейде бар аз ғана ноқта ағасы,

Емес ел ғой қадірі, жоқ бағасы.

Сөз сүйектен өтеді, белгілі енді,

Байтазаның тәк-тәкқа тоқтамасы.

 

Бай ығында ол рас Байтазаның

Жүрген кезі еңсеріп қайғы, азабын.

Шағып алды тілімен «шәуілдек» деп,

Тегін меңзеп, шаққандай тай қазанын.

 

Ру десе ұшатын ұран салып,

Ой санасы барады тұманданып,

Жазым болса біреуі әлде қалай,

Кім тектейді қолына ап құран-шәріп.

 

– Жақпай тұр ма, жаныңа тегім менің,

Жанға батты итшілеп тебінгенің!

Тілің неткен зор еді, біз, тебендей,

Өтіп кетті тас емес терім менің.

 

Және тартты Байтаза жон арқадан,

Сыққандай бал алқымдап омартадан.

«Қайдан ғана кез болдым зәнталаққа,

Жолықтың сұм, обал жоқ жол ортадан.

 

Бұ кәпір ме, көрмеген ешкімді аяп,

Ит баласы сезеді естімей-ақ».

Деп ойлады Азар да, ал мына жер,

Баспайтұғын иен түз ешкім аяқ.

 

– Боқ аралас Байтаза, жегенің бал,

Болысатын әрине, әмірің бар.

Менімен сен теңбісің, сенің адам,

Сүйенетін ал менің Тәңірім бар.

Аңқиттатып өрістің суыр аңын,

– Еһ, енеңді... тіліңді... суырамын!

Құлағыңды жұлып ап шұрайыңмен

Өз майыңа шыжғырып, қуырамын!

 

Түршіктіріп тұп-тұнық таза таңды,

Талақ етем дегендей тамашаңды.

Тарпа бас сап, суырып сұғы нәрін,

Талағандай ақ үрпек балапанды.

 

Қона кетіп Байтаза алқымдады,

Түйгіледі Азарда тартынбады.

Таманшасы Азардың түсті есіне,

Шығарында мұрнынан алтын жаны.

 

Қойнындағы қорғасын наган мылтық,

«Жүрмесін деп әлде кім жағаң жыртып,

Қажет болар тар жерде жан қорғауға,

Барады екем, иә-иә, тағы мұтып».

 

Білегінен Ма дарың ұстағанды.

«Ұнатамын жауымды мықтағанды,

Оңашада орайын табарсың» деп,

Шудабайды нақтылап нұсқағанды.

 

Қорыққан мен жан үшін үріккеннен,

«Өлтіреді-ау», деген ол күдікпенен,

Қолын салды наганға, аңғармады,

Тартқан сәтін нағанды шүріппеден.

 

Жалын оқтың қорғасын күші баурап,

Алты айырығынан тері саулап.

Қара дәудей зор дене үстіндегі,

Оң жағына Азардың түсті аунап.

 

 Ажал үні ап-ащы түрлі демді,

Тап құлақтың шыңылдап түбіне енді.

Жалғыз оқтың жапанда дауысынан,

Жаға, жартас аллалап, күңіренді.

 

Өз тағдырың болмасын өмірде өкпең,

Ғұмыр жетпес жеріңе көңіл жеткен.

Неткен мынау қияңқы заман еді,

Бұлт, бұлт емес көгінен көмір көшкен.

 

Тас шыңғырып, түс қашқан төңіректен.

Тілі симай аузына ерні кепкен,

Байтазаның ақ азу саусақтары,

Қысып қалды Азарды кеңірдектен.

 

Жазмыштан ба, жете алмай арманына,

Сұм ажалдың ілінді қармағына.

ЖатырАзар көгеріп, көбік құсып,

Байтазаның жаншылып салмағына.

 

Аспан жақта бозарып ай батқанды,

Тілін тістеп, аңырып аймақ қалды.

Ал Азарды тамызда Байтазаның,

Азуында ақыры шайнатқанды.

 

...Қымсына кеп отырған жарасынан,

Қарасы көп көзінің аласынан,

Байқады би бір сұмдық,

Қанталаған

Байтазаның қадалған қарасынан.

 

Суыруға, сұғына батыл бармас,

Көкейінде көлденең жатыр алмас.

Ішке бүккен сырларын сыртқа жаймай,

Көз жанары адамның жасыра алмас.

 

«Шайнағанмен ас болмас піспегенді,

Дәм бұйырса ішесің ішпегенді.

Құтылмайсың мойныңмен көтересің,

Өз қолыңмен ақиқи істегенді».

 

– Жан бітіпті Би аға, аяр ерек,

Ақыр нүкте әкелдім қояр керек.

– «Жазым етіп жүрмегей, ойлан, шын ба?!».

– Сол Азардан нақтылы даяр дерек.

 

Тапаншадан жанымыз аман қалып...

Шудабай би қолына наганды алып:

– Ә, пәтшағар, күдікті...  жапаншасы... 

Бізді осылар деседі «надан халық».

 

 Иә, батыр, тағы не?!

– Мүмініміз,

Қалжасынан қоянның түңіліңіз.

– Кімді сонда болғаны көздемекші?

– Бек күмәнсіз екен-ау, күдігіңіз.

 

– Жанды қоймас сылтау қып сылтығымды,

Жат жамамас жабылып жыртығымды.

Жазмыш солай болыпты,

жасағансың.

Жайлап сақта, ары таман мылтығыңды.

 

...Қан ішпен деп қара жер қыржияды,

Қалыңдаған қисапсыз қыр қиялы.

Қуысынан көрініп тау мен тастың,

Көлеңкелер қылқиып, қылжияды.

 

 

Күшіктетіп көбеге күбірткіні,

Күңгірттіні түңілтіп үміттіні.

Жемге ұмтылар барыстай жер бауырлап,

Кележ атыр мимырттап жым-жырт түні.

 

Балапандар бағулы бапты үйдегі,

Қозы-лағы ойнақтап, ақ түйнегі.

Қалыс қонып, ел-жұрттан саяқтанған,

Тақымына Азардың ат тигелі.

 

Жақ та болған жел соқса өкпегіне,

Сап та болған тесесі, кетпеніне.

Сауда үйреніп сауаннан жылы сөйлеп,

Жарылғаптан біраз жыл кеткеніне.

 

Ет піседі кептірсең тұзға қанып,

Болады екен жасауға мұздан да ық.

Шудабайды жүрісі тоңдырғанды,

Түнейтіні Азардың құзға барып.

 

Терісі артық тоқпышақ асыл пұлдан,

Құлықсызға айтылған ақыл құрбан.

Демей жарлы, жақыбай, жағам жатқа,

Біраз жұртты Шудабай жақын қылған.

 

Айтқанынан шықпайды еңселі елі,

Ері төнген қатерді еңсереді.

Ары азған адамға жолыққанда,

Ақ қанаты қырқылып теңселеді.

 

Жам жағалап, Азар да есейгенді,

Өссем деген бір пиғыл көкейге енді.

Бір дәмесі Азардың көптен бергі.

Көк ала тас ұстап та көрсем дейді.

 

Жаз да өтер, желдетіп күз келеді,

Ел ішінің керекті бір дерегі.

Бір базардан Азарға жолыққанды,

Ма дарыңның осы еді іздегені.

 

Шолып айтып, Ма даран шұғыл ісін,

Ұқтырады заманның құбылысын.

Әр бір қимыл, жасайтын әрекеттің,

Ойлы, шұңқыр көрсетіп бұрылысын...

 

Түн кетеді, сұрақ жоқ, «–Азар қайда»?

«–Анда-мұнда,– десетін, базар жайда».

Күн кететін, аң аулап, түн кететін?

«–Шай-тұз үшін, шапқылап жамға жай ма?».

 

Күйген шала от болмас жайлы, күйлі,

Жылыта ма мүсіркеу жалқы күйді.

Сай ішінде, аулақта, жеке дара,

Қара қосы Азардың – жалғыз үйлі.

 

Бір тамшы су бұйырып азығына,

Таусылмаған дәм-тұзы, жазымына.

Есті жылқы иесін тастамайды,

Алып келді Азарды қазығына.

 

Дене қызып, дірілдеп, сандырақтап,

Мас адамдай ырғалып, екі жақтап.

Елестетіп көзіне барар жерді,

Оты қайтып барады таң жырақтап.

 

«Қайталамас мен қылған қатені ешкім,

Киесіне ұрындым адал естің.

Би аға айтыңдар,– деген екен,–

Өз обалым өзіме, қателестім».

 

Қош көре ме, құдай да бос жатқанды,

Арамдықпен алжасып достасқанды.

Үш күн жатып үйінде тіс жармастан,

Ұлы өмірмен Азар да қоштасқанды...

 

Жетім қозы маңырақ, маңырар да,

Жетіледі табиғат заңы арда.

Жесірге жел амырақ, аңырар да

Жетіледі қайратын жанып арға.

 

Келе жатқан тұқымды өніп-өсіп,

Арам пиғыл қияды ерегесіп.

Бір тырнағын алайда ішке бүгіп,

Біреу сүйер жесірді өліп-өшіп.

 

Жұқарған шақ жілігі, несібі де,

Жетімімен Азардың жесіріне.

Шудабай би жұмсады Байтазаны,

Қалмайын деп кәрлінің кесіріне.

 

– Жоғалтпасын Азардың көшірмесін,

Түндік түріп, ес жисын, есілмесін.

Бір күпірлік өтіпті, бір пікір боп,

Ошақ отын дегейсің өшірмесін.

 

Арам ақыл ол да бір аяр жегі,

Бар ма енді байқұстың барар жері.

Қозы ауылға кештетпей әкеліп қос!

Саяқ жүрген, демеңдер, таяқ жеді.

 

Шәріпхан мен Баймолда

 

Баркөлдің мін болама ағашында,

Қоңыр адыр, Ашқара саласында.

Ойғыр, дүнген қытаймен араздасып,

Қалған қазақ екі оттың арасында.

 

Тыныш кетіп керім сал тұрағынан,

Арқырайды аулақта құла құнан.

Баркөл бойы босқан ел үркін, қорқын,

Дүнген затты Ма-Фуңның ылаңынан.

 

Жолдың бәрі сары аяқ жабылғанды,

Атып кетер саяқты, қағылғанды.

Оңнан ойғыр бұйырып, ойдан гомин,

Айналасы алапат қағынғанды.

 

Сар сүзектей созылып індет жеткен,

Мұсылманға мақсатын міндет еткен.

Сары аяздай сақылдап жатып алып,

Баркөл елін безгектей дірдектеткен.

 

Ол бір баңқыр* арсылдап, абалаған,                              Баңқыр* – мұңғұлдардың ор иті

Байлауынан босанса жарады адам.

Босып Баркөл, Моридың жайлауынан,

Ел Қаптықты ілгерлеп паналаған.

 

Түрік кезі күні-түн құлақтың да,

Құмылға ерсе сіңеді мұрат құмға.

Моңғолия мұнартып мұндалайды,

Әй, дейтін жер, қарға адым, қыр астында...

 

Ара Түрік, Ажбоғда екі арасы,

Түрік пенен түнектің шекарасы.

Содан бергі кеңістік ұланғайыр,

Ер Түріктің ежелгі ен даласы.

 

Ермес есті жырынсыз, ез шірікке,

Зәру көңіл шақ еді емшілікке.

Ел ішінде келген жүр Үрімжіден,

Шәріпхан мен Баймолда елшілікке.

 

Үкіметтің Шәріпхан ақылшысы,

Өзі төре, халқына жақын кісі.

Босқан елді бұқтырып алам деген,

Байқалмайды тысынан салқын түсі.

 

Елшілердің күмілжіп келісіне,

Симай отыр азапты ел терісі не...

Бала Бәміш түсіп ап ермек етер,

Шәріпханның астаудай кебісіне...

 

Мал сойылған, төр жақта кеңес қызған,

Қазаққа жат болады демес бұ заң.

Бірде төре сөз алып, бірде биі,

Төстен түлкі баққандай, шалып қырдан.

Жатыр тас боп жүректе зәбір, қайғы,

Тозағынан өмірдің қабір жайлы...

Созбақтамай Шудабай бүлк еткізді,

Есіне сап төренің Кәдірбайды...

 

...Кесіп алса қан шықпас көн беттері,

Жазалаушы  Гоминнің жендеттері.

Кәдірбайды қой баққан ұстап алып,

 «Не істемек,деп, Шудабай, ел бектері?

 

Астына алып айт-айттың» тепкілейді,

Бетін тіліп, құлағын кескілейді.

Адам да бір айуан, зор одан да,

Ақылы азса, айналып ес кірмейді.

 

Ақымақтық, аярлық кеткен асқақ,

Алмақ елдің жүрегін күшпен жасқап.

Өлміші етіп, тепкілеп Кәдірбайды,

Бір жыраға лақтырып кеткен тастап.

 

Тарихқа айналар өтсе дерек,

Тасты жерге шығады ексе терек.

Сол соққыда сорлаған Кәдірбайдың,

Ет, бауыры езіліп кетсе керек...

 

Шудабайдың түсініп ишарасын,

Сайлап келген Шәріпхан бір шарасын.

Берді өкімет жазасын ол иттерге,

Деді бәсең, білер деп би шамасын.

 

Шәнге* барған Шудабай шақырылып,     

Шән дегені Баркөлдік әкім ұлық.

Қолдайсың деп қайтарған өкіметті,

Иті оның да ішінде жатыр ұлып.

 

Кінә табар күндеумен айналысқан,

Десе жетер жасапты най қамыстан.

Шудабайға жабылған үлкен пәле,

Жантайлақпен, Зуқамен байланысқан.

 

Өзі тағы ойғырмен құдандалы,

Деген өсек тағы да қылаңдады.

Бала оқытқан Тұрпаннан тамыры мол,

Қандай айғақ керекті бұдан әрі.

 

Жылқы кетсе өрістен керме бекер.

Салмасыз үй, басқұрсыз желге кетер,

Анталаған жан жағы қасқыр дұшпан,

Қысыр сөзді заман ба ермек етер.

 

Тізе берсе жетеді мұндай қайғы,

Әңгімелеп, еске алды Құдабайды.

Қазақ байқұс тартылған көкпар сынды,

Жан-жағынан әркім кеп жұлмалайды.

 

Қос бүйірге тепкілеп көбең керді,

Тастай суық бір күні хабар келді.

Дүнген әлде қытай ма айырмаған,

Кетті деген жау шауып төменгі елді.

 

Тумысында көрмеген құр ат мініп,

Дүнген, қытай, сарт-сауан тұр асқынып.

Сұрағанын бермесең әбден мүмкін,

Тұқымыңмен кетуің бірақ құрып.

 

Жала қайдан демеңдер, пәле қайдан,

Дөң астында қиқулы әне майдан.

Жатып алды Құдабай теріс қарап,

Айырылып арысы Мәнебайдан.

 

Құс дегенде Құдабай жанын берген,

Айнымайтын атқаны және мерген.

Жылқы малдың әр түлі дертін емдеп,

Жатпайтұғын жан еді жанын жеген.

 

Көзін жұмса көреді алтын елес,

Ал ажалдан ақ сайтан тартын демес.

«Жаным менің, жаратқан,–дейд Құдабай,

Жалғыз інім Мәнеден артық емес».

 

Елдің кегін есерден кім алады?

Көрдей суық көргісіз түн алаңы.

Көншітпеді көңілді құдай ұрғыр,

Бестен түспей балгердің құмалағы.

 

Кең даладан кетпейді безіп елі,

Боздақтардың болмайды белі кемі.

Мәлім болды жұртына Құдабайдың,

Ұлы өмірден баз кешіп жерігені.

 

Бір басыңда тұрмайды ұдайы бақ,

Бір күн ол да құлайды сырнайлы тақ.

Құса меңдеп Құдабай күңіренді,

Десек дағы адалға құдайы жақ.

Қан сонардың қараша кезі еді,

Тастан түлкі қаққанда кезігеді.

Құдабайдың құсасын Шудабай би,

Көңіл сұрай келгенде сезіп еді.

 

Ашқаралық Құдабай малымен мас,

Шудабайға табылмас ондай жолдас.

Сынға салған құдайдың бір ұлы еді,

Құрғамаған көкірек көзінен жас.

 

Тырнағынан құтылмас түз тағысы,

Тау, даланың жетпейтін қыран құсы.

Күші дию түсетін қоңыр аңға,

Кер даланың бұл нағыз шөл сарысы.

 

Өмір – өрнек әp ізден тоқылады,

Кеппеген кек Мәнебай топырағы.

Көкшегірін көтеріп Шудабай би,

Бір байламға бекініп тоқырады.

 

Аты мәлім Kөкшегір аймағына,

Даңқы жеткен құс еді айлағына.

Көкшегірді Шудабай Құдабайдың,

Оң жағына би деді байлады да:

 

– Жүрген күндер желге ұшты басып алшаң,

Өңін бермес қурады жасыл аршаң.

Сенген ерім сен едің, ел қайтеді,

Сен бүрісіп, бүк түсіп, жатып алсаң?

 

Осылай деп Шудабай аттанады,

Айтам десе аз емес жаттағаны.

Ішке сақтап сүйектен өтер сөзін,

Кете берді қозғамай дат, жараны.

 

Салқын түссе саз жерді тоң алады,

Қайғы түссе қан жүрек тоналады.

Сағат сайын саңқылдап сарығумен,

Босағада құс отыр томағалы.

 

Сағынады құс дағы жайлау күнін,

Түсіне де кірмейді сайрау бұның.

Адам болсын, аң болсын азаттық қой,

Аңсағаны бәрінің байлаулының.

 

Үміт шоғын үрлесе таң самалы,

Желпінеді жетердей аңсағаны.

Тартар екен кім келіп томағасын,

Таңдайына татып дән тамсанады.

 

Ұстап тұрар кім байлап шырын-бақты,

Көкіректен көк жалын шығып жатты.

Жиі-жиі қыраннның сарнағаны,

Құдабайдың құйқасын шымырлатты.

 

Құсқа таман Құдабай келді жақын,

Көкшегір бұл шығарған елдің атын.

Алақаны тигенде арқасына,

Жүзінен нұр лап етіп шықты жарқын.

 

Құсты қолға сол еді қондырғаны,

Жүзін бұрды, жанын жеп тоңдырғаны.

«Қатар,–деді,–қайғыға қарсы ұшалық,

Бұ Жалғанның болмаған оңдырғаны!».

 

 

 

***

 

Сақ сөйлейді өкілдер Үрімжілік,

Өкіметін ақтайды қызыл жінік.

Асыл сөздің қыстырып, ашуланса,

Тастайтынын сездірді жүнін жұлып.

 

Сөз төркінін өзі ұғар саналы адам,

Көлеңкені көгермес сағалаған.

Қайтып жатыр біраз ел мекеніне,

Бәйтік, Қаптық тауларын паналаған.

 

– Керей аға барасың, қайда шұбап,

Келіп тұрмын алдыңа бұқаршылап.

Табиғат та теңдікті ұнатады,

Теңіз тынып, күн туар жайма шуақ.

 

Қарасының қадаған отын мұңға,

Он жігітін балайтын қосын-мыңға,

Шудабай би жайылған өресіне ой,

Ұзақ тыңдап елшіні отырды да:

 

– Егініме түсті деп малды алады,

«Салық» деген білесіз қандаланы.

Сары аяқтың шерігі құтырып тұр,

Жақын барсаң жамбылға жанды алады.

 

Берекесіз немене көрген күнім,

Белден ары аспайды өнген үнім.

Сарт саудагер тыйылған іздеп келіп,

Жазғы қойдың алатын өлі жүнін.

 

Екеу болса күн келді бірігетін,

Бөтен болса жатсынбай кірігетін.

Айналамыз ашынған аш қасқырдай,

Жегелі жүр өзінің жұлып етін.

 

Мылтығым жоқ, тастаман таяғымды,

Шашау шыққан жинадым саяғымды.

Артым ұра, алдың ор болған заман,

Қия бассам қиясың аяғымды.

 

Жетімімді жинадым, жесірімді,

Еш бір жанға тигізбей кесірімді.

Ағайынды азарда ашу билер,

Бір-біріне болған жөн кешірімді.

 

Көк шолақтан көрмедік жақсылықты,

Талай зорлық көрсетті лас қылықты.

Кірген ізің болғанмен айпарадай,

Шыққан із жоқ, түрмеден тас құлыпты.

 

Жаурағанға пана боп жылтып едің,

Бүгілмеген бір мысқал жылқы белің.

Керей ту ғып көтеріп еркелеткен,

Көгедайдың көк тасты ұрқы едің.

 

Көрсеткенін кәуірдің көресің ғой,

Шәріпхан-ау, дуалы төресің ғой.

Құтқара ма, құрдымнан ағзамыңыз?

Төресі айтса Шудабай көнесің ғой.

 

Оқшау терек орманнан қағыр әрі,

Бір күн отқа оталып жағылады.

Қайырғанға қасармай тоқтау керек,

Құлайтын ор қашқанға табылады.

 

– Сөз жеткенге, шаңия, қолқа бар ма,

Бұлақ құйған көл судан орталар ма.

Ел оралсын еркімен мекеніне,

Қан тілемей тұра ма қан сонарда.

 

Жаттан тимес жазғанға жан шуағы,

Жазмыштың да жағылар шам-шырағы.

Өкіметтің өлкелік күші өктем,

Ма кеудесі кешікпей жаншылады.

 

Тасқа ұрылған шағылар жұмыртқадай,

Үзілмесін, шаңия, үмітті арай.

Бұрқылдар да басылар, не қылады,

Қалың қолға қарулы құмырсқадай?...

 

Сөзін сүзер төренің қарт қырағы,

Батыра айтса ат басын жалт бұрады.

Елім деген ерлерді ертең, әттең,

Тексіз біреу артынан атқызады.

 

Сол емес пе септігі отанына:

Жарылмаса бөлініп, қотарыла,

Қалған мына иесіз елде әркім,

Ие болса өзінің қотанына.

 

«Құбы қыстап, қалу құп, баспаналы...,

Бұзылмайды күшке сап тас қамалы».

Шудабайдың қылатын қарулыға,

Жоқ еді ғой «жә» деуден басқа амалы...

 

Жақын келіп Баймолда жанасалап,

Тінтіп көзбен төрені тамашалап:

– Батырмадың тізеңді неткенің бұл,

Кеткенің не бұзықты аршалап?!

 

– Қарға емес тапқанын басып жейтін,

Сұңқар екен алғанын шашып жейтін.

Тік қарауға түсіне дәтің жетпей,

Маған келіп тізеңді батыр дейсің.

 

Сөзі астарлы Кісі мәрт, іші кекті,

Оңай емес тойтару мұндай бекті.

Ауыл екен табанды, тіс батпайтын,

Шылбырынан ұстатпас қандай епті...

 

Көк жорға ат басады ойлай ойнап,

Топтан озды Шәріпхан одағайлап.

Сезіп барад ішінен көксесе де,

Көріспесін бұл елмен айлап, жылдап.

 

***

 

Тағдыр бір тез, салмағы ауыр сыны,

Ал қазақтың арқасы жауыр, шыны.

Қыстың қалған қытымыр уысында,

Аққу құстай қырқылған қауырсыны.

 

Алғандай-ақ құмарда қазақты ұтып,

Қарық болды гоминдан қамап, мытып.

Үсті-басын көк ала қойдай қылды,

Тұс-тұсынан тажалдар талап, түтіп.

 

Табиғат та қысады толғағымен,

Жүрісінен жаңылды жорға күрең.

Байып-баға қалмады қытайдан да,

Күнде билік өзгеріп, оңғанымен.

 

Сау тамтықсыз сауырдан көк тарланы,

Көңілден де, көзден жас көп парлады.

Баба Алтай аймағы басы кесік,

Көк серкедей көрінер көкпардағы.

 

Ала тайдай бүлдіргіш елдің жұты,

Қисық қылыш сияқты сөздің ұрты.

Болсадағы болымсыз алақандай,

Ордалы жер қашанда көздің құрты.

 

Сарбас сона жармасып азабына,

Қара шыбын үймелеп қазанына.

Қайран Алтай, Қара Ертіс қазыналы,

Қайғы болды жазмыштан қазағыма.

 

Борбайы ши, бор кемік қорынсын ба,

Тартуға екеш зар болды қонышын да.

Көк өгіздің тілініп терісіндей,

Күлге аунаған түйедей қонысында.

 

Суық жүзі мүрдедей табыттағы,

Суық сайман сұғынды қарық бағы.

Орсағың да, ойдағы орысың да,

Оң қабағын ешкімі танытпады.

 

Уын алып жаратып жер өтінің,

Табынғанның таратты жел үкімін.

Көнсең де осы, көрерің көнбесең де,

Көк күбіртке жеп жатыр көбе түбін.

 

Зіркілдете құстырып қылықты үнін,

Пышағында жайнатып қырықтығын.

Келе жатты батыстан:

Ел – бір егін,

келе жатты шығыстан

қырып түгін.

 

Жалтақтайды артына мың бұрылып,

Жалақ төсте жайылған мыңғырылып.

Жанып жатыр жан-жақтан жалын қарып,

Шыжықтайын қазағым шыжғырылып.

 

Ізгілікті ұрлаған мыстан ұры,

Адамзатқа қаны қас ұстанымы.

Арғымақ та бір тулақ арықтаса,

Шоқып жатыр шошаңдап құс та мұны.

 

Жазмышына бұралаң иір, күрмеу,

Жарықсыз жол, жазылған қиыр сүрлеу?

Түз аңындай жөнкіген үйір-үйір,

Жұртты күнә бет алды қиын күндеу.

 

 

----------------  Бесінші тарау  ----------------------------------------

 

 

 

 

Кеңес

 

Уақыт бір асау ат, алып қашар,

Қараңғыға шырақ жоқ жарық шашар?!

Баға-байып қалмаған ел ішінде,

Сандалды жұрт жер таппай анық басар...

 

Алдын барлап отырар ақылы ердің,

Шығарады тарапқа атын елдің.

Кеңесерде әдеті Шудабайдың,

Ойлы күйін тартқызар Ақымердің.

 

Кімнің қанша кім білер су ішерін,

Жорғалайды саусақтар күміс ерін.

Домбырасын Ақымер тыңқылдаты,

Бостау бұрап үстіңгі бір ішегін.

 

Құсайынның толғады «Кенже талын»,

Көңіл төрін баурады демде сарын.

Көзі ашылмай көкейдің санадағы,

Кемелді ой, төгіліп келмес арын...

 

Күй деген бір тылсым күш құдыретті.

Қапастағы боздатар жұмыр етті.

Күй деп тұр ғой, күй десе күйесің ғой,

Күйіп, сүйіп қаншама ғұмыр өтті.

 

Ел орынға отырған...үн бағалы,

Түсіп кеткен салбырап түн қабағы.

Сап-сары айдан саулаған сары мұңға,

Малып-малып алғандай түз, даланы.

Жұпар аңқып, жаралып сара мұңнан,

Кілкіп шыққан домбыра шанағынан,

Күз бейнелі қоймалжың күрең әуен,

Сұлу талдың сүйіп тұр сағағынан.

 

Жүрек қортып, ми тоғап, ақыл жиып,

Үйге толды қорғасын ойлы ауа.

Аян сөзге аяттай басыңды иіп,

Дертіңе тап дегендей енді дауа.

 

Өкіметтен өң кетіп, тебінді айтақ,

Аспаны кең болса да жері байтақ.

Әні сазды, көбейді зарлы көріс,

Жармасады жағаға енді қай тақ?

 

Елді, жерді тапсырып аманатқа,

Қайран жұрты жүгенсіз мінген атқа.

Қапияда қиылды  небір емен,

бірі – манап, бірі – бай және датқа.

 

Қалмап па еді Ел зары «Елім-айда»,

Ер Керейдің мекені жері қайда?

Ер Көкшенің ежелгі елі қайда,

Елдің дертін емдейтін ері қайда?

 

Құлын кетпес бауынан желі қайда?

Құлын ембес шырынды шөбі қайда?

Көк аспаннан келетін пері қайда?

Елдің зары көшіпті «Керім-ау, айға».

 

Көзі жасты көш сайын құлыншағы,

Жұртта қалған, қызығы, қуыршағы.

Жұтып жатса толмаған қара жер мен

Қара шұбар жыланның жұмыршағы.

 

Жер табылмас жасырар жемтігіне,

Жаһан кезіп, барса да жер түбіне.

Қос өкпеден қадалған қанды зертең,

Үдей үрген жетеді жел түбіне.

 

Өркөкірек, қисық көз, көне дұшпан,

Ширатылып шыққандай көзе ыдыстан.

Қатып қалған секілді бір орында,

Үркер аумай оңына төбе тұстан.

 

Мынау тұнық, тұңғиық зеңгір көктен,

Көп ағады жұлдыздар ол неліктен?

Есесіне от жауды жердің бетін,

Елдің өтін кескілеп зеңбіректен.

 

Жатама жұрт жарылқау жардан күтіп,

Есірді жау емілді жүндей түтіп.

«Қара арғымақ сүрініп қу томарға»,

Тұлпар болмақ дәмелі қалған-құтық.

 

Ол аманда мый аман, білек берік,

От айдаған тамырға Жүрек – көрік.

Абақ керей ақ сеңсең тон еді ғой ,

Жылағандар жылынар, жүдеп келіп.

 

Мола – қорған, обалар, құлып тастар,­–

Түбірімен түркінің рухтастар.

Балбал қайда, баяғы баба қойған,

Тікенбе олар кез-келген жұлып тастар?!

 

Елдің шеті қонысы ежелгі ата –

Керіп сиген кезігер кезеңді аса.

Сұм дүние тұрса да сұғын қадап,

Санам зауал, демейді межем қата.

 

Қаннан қажып, күнәсіз жер жылады,

Ашыла ма алланың көр құлағы?

Тасбақадай тасқа ұрған шырқыратып,

Жүрек түгін шыңғыртып шер жұлады.

 

Баркөлдің бал, балауса ем құрағы,

Мекен қылған сол жерді не бір аңы.

Төбедегі ойнаған әңгір таяқ,

Кімге тағы белгісіз жем қылады?

 

Ой мүжіген дыңылдап көңіл қылы,

Сол дыңылдан естілер өңір мұңы.

Қоңыр күйден қуат ап шырайланып,

Шыға келер бозарған өмір гүлі.

 

Кім айтады хүкімет қияметін,

Зар жылатқан аузына құйып өтін.

Күй айтады мұңлықтың қайғы-зарын,

Қос ішектің танытып құдыретін.

 

Ала жазда ақ қайың үсініп тұр,

Жапырағын шілдеде түсіріп тұр.

Қарт бурадай хүкімет запыранын,

Үнбетіне үскіріп, түкіріп тұр.

 

Төнген кезде төбеден қылыш – қайғы,

Толтырғандар жемсауын жылыстайды.

Төрден тыным кеткенде, 

Төменгінің,

Түріп түсер айбатты жыны ұстайды.

 

Ынтымақсыз, сорлы жұрт ұғыспайды,

Қалса дәулет әкеден ұл ұстайды.

Айдатуға әзірлеп алыстан мал,

Әккі қулар әдейі ұры ұстайды.

 

Ашаршылық көргендер, қош қарағым,

Астан алмас деседі қос жанарын.

Жаугершілік азабын көрген адам,

Тастан алмас деседі қос жанарын.

 

Жаратқанмен жабыны жүйрік болмас,

Бисіз елде береке, бірлік болмас.

Төбесінен төгіліп күн төнсе де,

Білімсізде жырғаған тірлік толмас.

 

Күй тоқтады. Айдан мұң үңілгендей,

Тырс етті ішек тамшы жас үзілгендей.

Шудабай би алдында ұйыған жұрт,

Пәтуаға тапжылмай жүгінгендей:

 

«Қалды ма дейд, Еркіндік, иіліңіз,

Қара торы, қам көңіл үйіріңіз.

Алтайға қайт, ішкі ойым, қаңғы ма дейд,

Торғын бұйрық, Тәңірім, бұйырыңыз!

 

Ақылшым кім?

Жаратқан – күнім маған.

Жұлдыз ба, әлде, жырақтан жымыңдаған.

Түнді түрмей арайлы таң атқан ба,

Бергелі тұр жылуын кімім маған?!

 

Маңдай соры қазақтың бес елі еді,

Тауып бізге кім айтар бес енені.

Теріс бұрып тағдырдың тегершігін,

Қолдан келмес өзгерту пешенені.

 

Көзіндегі кәуірдің сүйеліміз,

Дейтін жан жоқ сүрінсек сүйеніңіз.

Боз дорбада бас кетіп, қам жемесек,

Қалар бір күн көмусіз сүйегіміз».

 

– Не көрмедік көне көз қарт ғұмырда,

(Ай маңдайлы зәру жұрт алтын ұлға).

Аушысы көп азғындап арғы дүнген,

Бұзылып тұр бір тамыр сарт Құмылда.

 

Сарт айтады: – Шың – тағдыр, ұшындамыз,

Бір Мұхаммед үмбеті мұсылманбыз.

Қол ұшын бер, ат-көлік, азық-түлік,

Жеңіс жақын қайырлы, қысылмаңыз.

 

Күн құрғатпай сабылтып шабарманын,

Үшбу хатқа сидырып мөрлі арманын.

Азаттық,– деп,– төгеді ащы зарын,

Бар ма ниет, бұл жолға салар малың?

 

Неше шауып хүкімет ала алмаған,

Қаруы мол деседі жалаңдаған.

Сарт артынан салпаңдап ермесек те,

Көңіл соған тынымсыз алаңдаған.

 

Сарт сылтауын көтеріп жалаң қағып,,

Дүнген шапты бейуақ, арандалдық.

Ереуілге ер салмай жайлақ мініп,

Құм жамылып құтылып, аман қалдық.

 

Күрке тігіп не пайда жайлағаннан,

Күдер үздім күн де ылаң айналамнан.

Торы қасқа таң асқан қоңқылдайды,

Торықтым деп тыңаймай байланғаннан.

 

Ат үстінде ас ішіп, ойылды сан,

Еті дәмсіз жемеген қойдың жусан.

Гомин салар жеп тынар жендеттерін,

Сарт-сауанға іш тартып, мойын бұрсам.

 

Отын-суын гоминнің дайындадық,

Аштырмады адымды алман-салық.

Жеп-жұтқаны халықтан жұмырына,

Жұқ болмайды не деген жайын балық.

 

Алманға деп ат алды асқан зорлық,

Өкіметке өбектеп жаққан болдық.

Адам болып серттескен антқа берік,

Жанымызды ләпайлап баққан болдық.

 

Місе оны да тұтпады жалын қызыл,

«Жан бағысың жолыма малыңды қыр»,

Дейді білек, көрсетіп жұдырығын,

Қызықтырған оларды қаның қызыл.

 

Жаның еді ендігі алмағаны,

Келе жатыр оны да жалмағалы.

Мекен біздік! Алайда мекендеуге

Тулақтай жер жан жейді қалмағаны.

 

– Бар дейді бір барсаңыз түнкелі жер,

Түстігінде Боғданың іргелі ел.

– Жат мекені жақсаң да жайлы болмас,

Етегіңнен оның да түртеді жел.

 

Елден ерте бөлініп, жырақтаған,

Бөке батыр барған жер ұнатпаған.

Сол марқұмның бейдене алтын басы,

Алтайға кеп ақыры тұрақтаған.

 

Күрескендер бойлық пен ендік үшін,

Ала тайдай бүлдірді елдің ішін.

Қан тілейді қараған билігің де,

Қанмен өлшеп халықшыл ердің ісін.

 

Қытай, дүнген, сарт-сауан талап, қыспақ.

Қалады өзен, тау – жайлау, алап, қыстақ.

Із суытып, әзірше құм бауырлап,

Аман қалу жолында талап қылсақ.

 

Шоқ-шоқ елің арқалы таныс тапшы,

Қай жауымен айқасып, алыспақшы.

Қалқан болып қияғы жарыта ма,

Құлаштан да қарулы қарыс жақсы.

 

Гоминнен де бақ қайтты ағып құлық,

Күннен күнге барады лағып, құрып...

Білдірді би осылай Мұқыр жаққа,

Бет аларын аңдатып, бағыт бұрып.

 

Алтайды аңсап, аңырап көз ілмеген,

Көк дөнен ғой көсілген көңіл деген.

Меңзегені кең көзді керегесі,

Қалың керей бірлігі сөгілмеген.

 

Көрінбейтін бір күш бар орта дейтін,

Әркім білмес төс қимас қолқа кейпін.

Сырт Моңғолды жалпылай Шыңжанның да,

Қазақтары, «Мұқыры толқа» дейтін.

 

– Неге Мұқыр,– деп біреу майды отқа,

Құйған болды,–тән ел ғой бар мен жоққа.

Қашып шығып қытайдан, орыс басып,

Барып түсті қып-қызыл жанған шоққа?

 

– Қырыпты деп естігем ламасын,

Әлде  өтірік, әлде шын бұл арасын,

анық-қанық білмейміз, олай болса,

Мұқырыңды, Шуда еке, құдай атсын!

 

Сол мұңғұл ғой, демессің мұны жалған,

Қазағымның атадан құны қалған.

Ақынбектің ана жыл тірідейін,

Көнтерісін кеп қылып, сылып алған...

 

... Көрген қазақ талайды, көлденеңді,

Айуандық тап мұндай көрмегенді.

Аяқ асты пайда боп бір алапат,

Айдағанды азаптап көнбегенді.

 

Ақ патшаның ол нағыз кесегі екен,

Қазақтарға жолдаған кеселі екен.

Құба қалмақ Да лама Дамбижансын,

Жұрт «құбылған Жалама» деседі екен.

 

Тас жүректі симаған кеудесіне,

Қарғыс атты, қоя ма өлмесіне.

Басын кесіп сол патша Жаламаның,

Петербордың әкеткен көрмесіне.

 

Тіс қақпайды ұрса да жарға басын,

Осысына қазақтың таңғаласың.

Мұтпау үшін биікке қашау керек,

Елім деген Ерлердің жарнамасын!

 

Ақынбектей ер бар ма жер бетінде,

Көн терісі Прага көрмесінде.

Адал затын әлдилеп ал қара жер,

Аруағын көк аспан тербетуде.

 

– Тән,– деді Би,– бола ма жан жарасыз,

Жаңа мұңғұл, жалмауыз Жаламасыз.

Халқы қасаң, өзінде құзыреті –

Жер бетінде ел болды баламасыз.

 

Бүгін еркін, құтылған түнектен жұрт,

Төріне түн біз қазақ түнелткен жұрт.

Мекенінен қозғалмай малын бағып,

Көшіп-қонып мұңғұлдар күнелткен жұрт.

 

Баркөл, Мори, Шонжыны сағынамыз...

Шарасыздық заңына бағынамыз.

Басып жаншыр шарқы да шамалы ел,

Ламасын мүсіндей не қыламыз.

 

Жегені ет, мұңғұлдың мінгені ат,

Түбі түркі ондай ел болмайды жат.

Шамасы да шамалы езіп кетер,

Өмір сүріп жатқан ел сау, саламат.

 

Алтай таудың алды-арты қалың керей,

Айран алып шығады, жалын демей.

Қалың қазақ қаймағы бұзылмаған,

Ағайыннан табады жаның мерей.

 

Одан ары қол созым қазағың бар,

Абай сынды сақталған адамында ар.

Күндердің бір күнінде құдай оңдап,

Түбі солар болады керейге жар...

 

Моңғол менен қытайдың екі арасы,

Бекімеген шақ еді шекарасы.

Алтай, Баркөл ата жұрт, атамекен,

Баяғы Көк Түріктің ен даласы.

 

Тіл айқасқан.

Алтайға мекеніне,

Сенім кәміл бұйыртса жетеріне.

Басы шағын, мұңғұлдың жері байтақ,

Қосып алмақ жан санын есебіне.

 

– Ат қобызда қос ішек, тиек-сүйек,

Алқымынан тұр дейді тіреп күрек.

Болар демен мықтының тамаша арты,

Орысқа алған мықтысы иек сүйеп.

 

Жанды бар ма жалғанда өлмейтұғын,

Байсын жерін баратын көрмей тұрмын.

Бір құдайдың бұлдағы бұйырғаны,

Соқпақ бар ма соқтықпай өрлейтұғын.

 

Атасынан мұңғұлдар текті еді,

Бостандыққа деседі бет түзеді.

Біз бір торғай панасыз боранда ыққан,

Кім мұратқа, арманға жеткізеді?

 

Аш айдаһар ашуы айдан асқан,

Қылтаныңмен қылғытар шайнамастан.

Айтыңдаршы пәтуа, пайдалы аңыз,

Қайсының бар тұйықта айлаң асқан?!

 

Сүйенгенді сабырға мақтан етем,

Күнің бар ма, кәпірден қайтқан есең.

«Орын таппай, орнығып, баптанба» деп,

Абай хәкім, данышпан айтқан екен.

 

Жеке шырақ ұнайды жаққанымен,

Мұқыр толқып теңіздей жатқанымен.

«Ене тепкен құлынның еті ауырмас»,

Күйдірсе де керейің аптабымен.

 

Келер күнді кең толғап есептесек,

Төмендеме, төрге ұмтыл, етектесек:

Ырысымыз шайқалып, ұматылып,

Құйға батып, құрдымға кетер кесек.

 

Деп жүргенде кімдерден кем боламыз,

Құжынаған құртқа біз жем болармыз.

Зәрі де жоқ ақыры сымбылдың да,

Жерге айналар белгісіз кең моламыз.

 

Алдырады ақылсыз ойың қортық,

Жатпас үйде ел басы ноян қорқып.

Болған жердің күн беті, болады екен

түн бетіде,

ақ, қара қоян қолтық?

 

Қалмау үшін бұлғақта шайнап бармақ,

Аж Боғданы біраз ел жайлап қалмақ.

Қоныс сайлап қоныңдар, құм жиектеп,

Жеті жұлдыз қарақшы соны барлап.

 

Тұра бермес толықсып қолда тамыз,

Осы ойымды құптаңыз, қолдасаңыз.

Оң мен солдың ауанын байырқалап,

Малды құмда биылша қоздатамыз.

 

Алынбайтын асу жоқ мақсаттыға,

Ара қонып, жетер жер салт аттыға.

Дүрліктірмей баяулап көшесіңдер,

Жаңылдырмай жарлыны, жаңсақты да.

 

Бүгін, ертең сергелдең сабылармыз,

Іздегенге өткеннен табылар із.

Кетсек жырақ бөлініп өр керейден,

Жұлдызынан жазылған жаңылармыз.

 

Айтты бітті, Би сөзі кесті үзілді,

Тыңдамайды енді Би кешкі үніңді.

Үнсіз құптау, мақұлдап – берілген серт,

Көрсететін ішіңді кеспіріңді.

 

Шудабай би ауыр ой, қиял құшқан,

Ақиықтан аумайды қиянға ұшқан.

Құзар шыңның басына ұя салған,

Қияқ қалар артында қыран құстан.

 

Жол айырығында

 

Боталатып жол бойы үр інгенін,

Белдің жазып, дамылдап бүгілгенін.

Үздік-создық созылған керуеннен,

Жиып-теріп соңынан үзілгенін.

 

Алды-артын байқастап ерулеген.

Жер ұтпайды ұлы көш желуменен.

Бәйтік таудың жеткенде түтін саны,

Әлде екі, әлде үш жүз елу деген.

 

Шырқ иіріп Шудабай кілең ұртын,

Шығарғанын тезге сап қылтың-сылтың.

Жүгірәлі үйінің қарасы жоқ,

Түгендесе, түстесе түмен жұртын.

 

Күндік жерден көрінер күміс ері,

Жүгірәлі алымды інісі еді.

Аршағанда арқасы сүйенері,

Шаршағанда ауасы, тынысы еді.

 

Щудабайдың бұйрығы нарау, қатты, 

Жұмабайға би деді жарау атты:

«Жүрсе, жайлап жөнімен айдап әкел!.

Ал жүрмесе, сарпастап байлап әкел!».

 

Арқа тірер сүйеуі ауыл басы,

Шабарманның елгезек шаруасы –

Бидің тілін екі етпей орындаса,

Көншіп көңіл, бойына сіңер асы.

 

Зар желдіріп, салдырмай мойнын жерге,

Қоңырлатып, толтырып қойнын желге.

Әсте емес Жұмабай әпер бақан,

Шықты ойнатып қоңырын торғын белге.

 

Жер апшысын қуырып, алар түтіп,

Ұшқырына шүу десе қанат бітіп.

Ұшты алдынан жалбақтап Жүгірәлі,

Отырғандай келерін қалап, күтіп.

 

– Уай, Жұмаш?!.... деді ол салса қармақ,

Жылы жүзбен қайырмақ аңсар аңдап.

– «Әй-и, әтәңнің... саяқтың бөйтектеуін,

Ерке иттей бұлаңдап, арсалаңдап!».

 

 – Ағаға айт, азғана малым тұрақ,

Баяу жылжып, келемін қалыңқырап....

– Күйдірме, сен, ағаңның күшаласын,

Кел деген жоқ, амандық, халің сұрап!

 

Қызыл танау Би аға қарбаласта...

Кері сиіп түйеше жарға баспа!

Кім іздейді ертең күн жемтігіңді,

Тинамдай мый андағы бар ма баста?!...

 

...Атып кетер аяусыз ат қораңда,

Ала құйын заманда жат, жораң да.

Ақылы артық адамнан арғымақ ат,

Адастырмас иесін ақ боранда.

 

Бөлінгеннің бұлтиып бөтегесі,

Көрінгеннің көгермес көсегесі?

Адасқанға әр қашан ажал үйір,

Азып тынар ашынып көшелі есі.

 

Бақ тұрмайды баянды күсті қолға,

Бірдеңені бүлдірген істі жорға.

Түйе шомдап, кідірмей үйін артып,

Жүгірәлі үн-түнсіз түсті жолға.

 

Бас ие еді аталық мұрасына,

Жеткендей бір көксеген мұратына.

Еру елді көргенде Жүгірәлі,

Қамшы басты қарадай құр атына.

 

Еру елдің шетіне тартқан күшті,

Оқ тигендей домалап аттан түсті.

Асағандай ал қызыл отты именбей,

Би ұмтылды сұрланып ақпан түсті.

 

Күйініп те ызадан терлеп кенет,

Көнін ашу кеулеген кернеп келед.

Бірге туған тіріде бір биікте,

Бір шұңқырда дәм бітсе өлмек керек.

 

Туған іні өзегі, өртеңі еді,

Қайманаға не дейді, өртенеді.

Үйірінен жерініп, безінгендер,

Ажалынан алайда ерте өледі.

 

Жол – айырық. Жазмыш та Қалау – жалғыз,

Жүретұғын заман ба жадау, жалғыз.

Кезең үсті, кезегін шешуші сәт,

Арты шүңейт, оппа құй, зындан ­– жар-құз.

 

Белдеспесе бәрін де жұтар нарық,

Қарға – қыран, жүргенге бұтарланып.

Жолықпаған зауалдың кәр зәріне,

Жұдырықтай жұмылған ұтар халық.

 

Жаз ортасы жайлауға қырау түсті,

Түн қабағы сыдыртар дырау түсті.

Жетіп келген інісін қандым сапты,

Тартып қалды қашымен бұзау тісті.

 

Осып өтті ашуы ойлатпайды,

Тор қасқасы сыралғы ойнақтайды.

Аққан қанын шекеден жосалатып,

Жүгірәлі алдында жорғақтайды.

 

Жараспайды жасымсу... баба тайлақ,

«Басты албасты мал үшін ағат ойлап».

Жанын қояр қорғалап жер де таппай,

Ұштыртып жүр, зар илеп «ағатайлап».

 

Жетпей дәті еш кімнің арашаға.

Үркердей топ,­ секірген бала-шаға.

Қызықтайды ерулі ел құр сыртынан,

Ит арқа мен күрке, қос, ауашада.

 

Сәл озбырлық болса да мынау ісі,

Бидің бұсы ­әлбетте шыңау ісі.

Шықты қостан Шудаекең бәйбішесі,

Сызып жерді мұнтаздай шылауышы.

Түсі жылы, көлкіген көңілде жас,

– Бер қаш, кенжем,– дей берді,– бер таман қаш!

Салмағы ауыр киелі сапты қамшы,

Жүк болады бір түйе белдіге аш.

 

Қапияда қала ма, кеселіне,

Қайтарар жер, Ана алды есе міне.

Жүгіріп кеп әй-шүй жоқ Жүгірәлі,

Еніп кетті жеңгенің етегіне.

 

Қаңтардағы жараған бурадай бір,

Төніп келді тоқтамай Шудабай би.

Сезсе де енді көтерген қол батпасын,

Тік қарғытып, торысын шыдамай тұр.

 

 – Әй, Би аға, шаштың ғой ащы уыңды,

Тарқат енді, жетеді, тасуыңды.

Біз де белді орданың бел ағашы,

Бер, кәнеки, бізге бір ашуыңды?!

 

Бәйбішенің Бас Ана жолы басқа,

(Көтерген қол күл болсын, тисін тасқа!)

Шыр көбелек ұршықтай айналады,

Құлан жалды Би мінген торы қасқа.

 

– Әй, Би аға, келді ғой, санатына...

(Ақылды кір жуытпас ана атына).

Бораныңнан ықтап кеп тоңғанында,

Тығылды ғой, тиме енді, қанатыма!...

 

Қасиетті салтыңа басыңды ій,

Жаздырмас Бел жарлыға ноқталы күй.

Жүйелі сөз естіге ерен тоған,

Айдындап кеп,айналып тоқтады Би....

 

Шуағы мол Әз ана қалыпты айдын,

Иығынан әлпештеп қағып қайнын:

 – Бекер шалды,– деді де,– мазаладың,

Жә, жарайды. «Жығылды, қажытпайын».

 

Ағаңыздың айдынды, жылы кәрі,

Қыстың тоңы тоқтар ма жібір әлі...

Би үйіне беттеді, сызып әнін,

Жымиып сәл миықтан Жүгірәлі.

 

Тайкешкен

 

Әркім келер алдына қалбақ қаға,

Салиқалы, саргідір, салмақты ана.

Торғауытпен талай жыл қоңсы болған,

Жүйрік еді Әтіби қалмақшаға.

 

Жүзіп өтті Жалпақтың жайлы кешін,

Сәулесімен сүйеді ай кісесін.

Бұлғындағы үкімет келді үйіне,

Қарқарадай қасына ап бәйбішесін.

Қандай мінез қалқалар* көрсетеді,               *Қалқа (халх) – моңғолдың негізгі ұлты    

Ел келгенін Шудабай әйгілесін**.               ** Чулуунбатын А. Ховд хязгаарын хил хамгаалалтын

                                                                                              товч түүх оршвой. Улаан бааатар хот. – 2003 он.- 46, ..............................................................................................51 беттер;

Офицері қалқаның ол бір жалын,

Қара қайыс, қаңылтақ, ерні қалың.

Төтесінен сұрақты тура қойды ,

–  Жасырмаңыз, жан санын, қанша малың?

 

– Ынтымақты, аралас кәрі-жасы,

Жиырма үш үй, бір туған, ердің қасы.

Ұзын саны бір тайпа ел, бес жүз болар,

Орта айтсам он түмен малдың басы.

 

Офицер:

Бұрғыстымен өттіңіз, бауға келдің,

Сіз емессіз ақыры ауған елдің.

Шудабай:

Қалай мұтам қадірін бабам жатқан,

Қасиетті қайыңын сауған жердің.

 

***

 

«Бұла Бұлғын сәлем де өзеніне,

Бал шырыны былқыған өзегінде.

Бойжеткеннің бөркінің үкісіндей,

Бұлғақтаған бетеге кезеңінде.

 

(Арлы ақылды ағайын шәй дескен бе),

Cәлем деңіз белдегі Тайкешкенге.

Қайтқан қаздай мамырлап келіп қалдық,

Жеті күнде жетеміз жай көшкенде»...

 

Тайкешкен кім? Тайкешкен? Кім еді ол?

Бидің ісі түсетін тірегі ме ол?...

Түз тұмасын, қағынан ішетін мұң,

Ер Тайкешкен, даладай жүрегі мол.

 

Тайкешкеннің мекені қып-қызыл тау,

Қызыл бұйрат, қырмызы, қып қызыл бау.

Қыз мекенді қоруға ер шыдайды, 

Ел арасы –

Шекара қып-қызыл дау.

 

Екі енені телі емген ерке-ай дескен,

Терістікпен жымдасқан Ер Тайкешкен.

Түстік тұсы қара түн тілсіз қауіп,

Тілін тауып, жарасқан елші-ай, дескен.

 

Ешкімге де иіліп, басын ұрмай,

Ертегінің құды бір батырындай.

Құла түздің қожасы ғұмыр кешкен,

Ұйық мынау өлкеде жасырынбай.

 

Досқа анда сүрінсе сүйеседі,

Бел, асудың киелі иесі еді.

Еркіндікті енші еткен ұстамы тас,

Арқалаған аманат түйесі еді.

 

Мына жағы демейтін ана жағы,

Алтын көпір елші-тін арадағы.

Ардақтыға аяулы қарғы таққан,

Ағайынның басында қара дағы...

 

Жібек жіптей созылып көшін керіп,

Бұлғын судың ел келді бойына еніп.

Салды ойнақ ақ жайма ақпа өткелде,

Су сарқырап, құны аунап, ойын елік.

 

Сәлем жетті батырға ардағы нар,

Атан азбан көтермес салмағы бар.

Оң мен солда аңдысқан екі кекті:

Қармап түсер қалт кетсе қармағы бар.

 

Жалтақтамай Тайкешкен қонды атқа,

Жер баспайтын қан торы маңғыл қасқа.

Дес бермейтін кері езу жөпшөкімге,

Сайрамдағы сиқты қоңды датқа.

 

Қарағайдай көрінер түз өңдісі,

Жер сызады шіркіннің үзеңгісі.

Қызықтаған қадалып қыз қарадай,

Шақ келместей күшіне түмен кісі.

 

Ерулікке арда емген екі енеден,

Ту биесін көк ала жетелеген.

Қан торысын жөнелді бүлкілдетіп,

Тура тартып ауылға төтеменен.

 

Қызыл бұйрат, тарғыл төс, мола мына,

Көңі күнсіп күпінген қора, қына.

Қас қараймай Тайкешкен келіп жетті,

Шудабайдың шұбырған қонағына.

 

– Амыр-аман,– деді Би,– Бұрқан сау ма?

Қара нор ел, қайырсыз қалмас дауға?

Апта, айлап, жыбырлай жиын-терін,

Аман жеттік, шығынсыз Бұлғын суға.

 

Солға да ауып, толқыны оңға да ауып,

Соғып заман өтеді ауық-ауық,

Қалмақ айнып сөзінен қалған жоқ па,

Алдымызда ар тезі, бар ма қауіп?

 

– Аздап еңбек, тер төктік сол үшін біз,

Қуанышқа, би аға, толы ішіміз.

Бие бауға, жайлауға жанға тұрақ,

Бағулы тұр, Баяннұр қонысыңыз.

 

Төрі – темір өкімет, қысқарды аяқ,

Ескі көздер, ел тұтқа некен саяқ.

Ескі тамыр ұраңқай, торғауыттар,

Қалсын Сізден ес көрер несін аяп.

 

– Аузыңа май!– десті жұрт:

– Бәрекелді!

– Сертке жетіп сәйгүлік мәре керді...

– Не деп жатыр қалқалық мұңғұлдарың,

Деп жатыр ма, жер тескен пәле келді?

 

– Әй, Ақылбай,– деді Би,– сабыр сақтап,

Ақырын күт, сөз бөлмей атқалақтап.

Сырттан келген ағайын, туыс отыр,

Алу үшін жан салып, жаныңды ақтап.

 

–Жүйесіз жыр бола ма, келте дастан,

Би ағамыз ел қамын ерте бастан,

Оңалтыпты қапысыз, мұңғұл жұрты,

Ел емес пе ежелгі еңсесі аспан.

 

Шақтап кисе жарасар тонды бойға,

Жая білер салған жөн шоңды қойға.

Қимыл қылмай аспаннан алтын жаумас,

Шудабай би бір мезгіл шомды ойға...

 

... Төгілгенде Бас кетіп айран бағы,

Бассыз қазақ қайықтай қайраңдады.

Кешегі құл есіріп есіктегі,

Етігімен төрге өтіп тайраңдады.

 

Үрімжінің  көбейді бас алғаны,

Өр Алтайдың өлгелі қас арланы.

Айналмалы ауыру малдай сорлап,

Қазақ қия аяқты баса алмады.

 

Қазақ үшін бір қимыл жасалмады,

Қалды жайда бағы мен бас арманы.

Құйылып құм өзекке, қағына ащы,

Көзі түспей құдай да қасарғаны.

 

Арадағы ақ қорған, жал бұзылған,

Күлімсі иіс, көз жауған ал қызыл қан.

Сорлы қазақ зорыққан зарлы анадай,

Айырылған аңырап жалғызынан.

 

Кер даланың киелі шулайды аңы,

Күйікті күй тартады қурай-дағы.

Домалаған ел еді өрге тасы,

Қаңырады қуарып нулы аймағы.

 

Бұтарланып, бөлініп бар амалы,

Құлдырар ма құлдилап бұлай бағы.

Қиығымен болмаса қарамады,

Құрығанда құдырет құдайдағы.

 

Ашылама, алдынан шырай бағы,

Басылмапты мұңғұлдың ылай лаңы.

Ат тұяғы астында қалды қайран,

Алты алаштың артында бір аймағы.

 

Қу дүние бір тұтам, уәжіп түн,

Аялы жоқ тоқтаусыз уақыттың...

Жазғанына жазмыштың бас иіп тұр,

Бұйырғаны,

Алады уатып кім?

 

Қандай тағдыр келешек әкеледі,

Әлі жеткен әкетіп, «мәпеледі».

Шудабайдың шулады оң құлағы,

Ол батаның жылымық әсері еді...

 

Ырайыстың елшілікке баруы

 

Бұл қазақтың аз ба еді көрмегені,

Тартып жатыр сазайын көнбегені.

Ақ түтектен ығыстап Шудабайдың,

Кеткен кергіп, теріске өрлеп елі.

 

Қатар жүрген қанаттас тиянағы,

Үкірдайы бір елдің сый адамы.

Оңайлықпен түспейтін құрған торға,

Қыран Әліп қырағы қиядағы.

Айналасын алапес алған құрсап,

Ұйғыр, дүнген, гоминдаң бермес мұрсат.

Шекараны қорғауға еркі барды,

Жүз қаралы қолында жасақ ұстап.

 

...«Әттең»,– деді шайқап бас Әліп бұған,

Әуенінен жаңылған қалыпты ән.

Тірек болмас түңілген бұ тірлікке,

Ортасында үш оттың жанып тұрған.

 

Әзір Әліп ел үшін шоқ басуға,

Әзір әрі түсуге отқа, суға.

Түптен келген көп әскер түндей түнек,

Түскен бұйрық ауғанды тоқтатуға.

 

Басшы қылып баласы Елісханды,

Отыз тоғыз ер қосты жеңіс жанды.

Теріскейді бетке алып жүріп берді,

Тілемеген жігіттер тегіс қанды.

 

Орға түсер омалса ой тарыққан,

Бір тайпа елді ың-жыңсыз тойтар ыққан.

«Арттан қуғын алапат шықты» деген,

Шудабай би алды тіл орталықтан.

 

Қадалар оқ иесін қараңғыда,

Қаңғыған оқ табады алаңды да.

Арттан жеткен аярлы жайсыз хабар,

Алатыны айналса аян бұ да.

 

Алтай таудан іздеген болашағын,

Басты жұртты қарлы аяз, қараша мұң.

Отты қару бар-жоғы бірен-саран,

Атысуға ажалмен шама шағын...

 

                       ***

 

...Мал қорыса табанды, тақымды бек,

Сарайынан аңқыған ақылды леп.

Келді жетіп Ырайыс кешіктірмей,

Шудабай би ағасы шақырды деп.

 

– Өшірмекші өзіңді, үніңді де,

Үкірдай ма, белгісіз Үрімжі ме.

Жолаушыға атқосшы, лаушы болып,

Аттанасың, таң ата күмілжіме.

 

Пайдаланып үлгерсек ашық күнді,

Құтқарамыз қуғыннан қашып кімді?!

Шудабайдың шығынсыз елі дерсің,

Ажбоғдаға өтті деп асып кілді.

 

Тәппіштеуін Нұртаза түсіндірсін,

Құдай қолдап, жар болсын мысың, күшің.

Тіс жармайсың, осы ғой тоқ етері,

Ал басқасын, жол болсын, ішің білсін.

 

 «Жоқ»,– демейтін жан еді Ырайысы,

Сөзге сараң, іске ылдым, ығай кісі.

Басын изеп, қоштасып шыға берді,

– Е, бұ да бір болды деп құдай ісі.

 

...Шоқы-шоқы бұйратты иір белден,

Құлан жалды қызғылт құм үйірілген.

Селк еткізді сарт етіп жетіп келген,

Қара атты, қара адам бүйірінен.

 

– Ау, ағатай, Ырайыс, жолың болсын!

Қатарласып қапталдан.

– Әлей болсын!

Аттандырды ағайын, сағынды ғой,

Қайыншылап келсін деп қайын жұртын.

 

Салушы едім өзім де әнді көрім,

Көрінеме жан алғыш әлгілерің?

Бітсе игі құрбандық меніменен,

Мен екемін оқ қағар, «әлділерің»?!

 

– Ұйып қалған қоп-қою арам қанша,

Жауырныңнан піспектеп мазаңды алса.

Басқа әрекет мұң болып таппағанда,

Шор-шор алтын тайпа елің аман қалса.

 

– Қандай екен аймауыт, жабынтағы?!

Кең пейілді кем пейіл тарылтады.

– Берген екен, ха-ха-ха, асасынан,

Берен екен, Тәңірім, жарылқады.

 

– Сұрыпталған шөбінен шалаңдары,

Көрінеме көріңнің барандары?

Қанын ішіп, жесе де кісі етін,

Тоймайды-ақ кәпірдің арандары.

 

– Жынданарсың зынданда жұтыласың,

Мүмкін мүлде есіріп, құтырасың.

Қалың гомин, қанқұйлы қаулаған өрт,

Жүрсең ғана қарсы оған құтыласың.

 

Үрей мүңкіп көкпенбек өмір өңі,

Үңіледі жүзіне төңірегі.

– Қашсаң өлдің қапыда қарасынан,

Қозы көштен бесінде көрінеді.

 

– Аһ, пәлекет, ендеше, келді деші,

Қозы көш жер –

Тап берме, иек асты?!

Жөнге түспей бұлданып кергіп есі,

Ойға батты Ырайыс ие басты.

 

Күңгір-күңгір әлдекім кеңеседі,

Күміс сағам, сүйкімді жел еседі.

Бір заматта ұйқыдан оянғандай,

– Жалғыз тастап кетті дейд неге сені?

 

– «Қыз Жібектің» осы ма, Қос обасы,

Кімді айтасың, қай қара, отағасы?

– Ұры жарлы, осы жер тору шебі,

Бағып жүрген Байтаза босағасы!

 

– О, жасаған, өзіңнің дұрыс па есің,

Шығарады шиіңді бұрыс шешім.

– Құмға сіңіп кетті ме, қайда, қашан?

«Шынында да, ой, алда, дұрыс па есім?»,

 

Ер адамға ер қайрат, жүректілік,

Өнер – керім, еншілес үр ептілік..

– Өлер жерім, апыр-ай, осыма еді?...

Білек түріп келеді, жүдеп, күліп.

 

 

Дәм таусылса бәрі де мәтіреке,

Арғымақ ат, азбаны әсіресе.

– Бір Алданың болады жазғаны да,

Қойшы,– деді Зиябай, бәтіреке!

 

Бұйырғаны болады тағдыр ана,

Қарадайын қысылып, абдырама!

Құдай білед, қабылан ия құлды,

Жаздырама, құлатып алдырама!..

 

...Жаңылысты Ырайыс бермек ақпар,

Әлде даттар, болашақ, әлде ақтар.

Сүтпісірім уақыт желдірткенде,

Ақ айран боп алқынып, терледі аттар.

 

Әуе айналып төбеден төніп тұрды,

Жер қақиқат, жұтады тұнық нұрды.

Белге екеулеп екпіндеп шыға келіп,

Ат-әбзелін асықпай тынықтырды.

 

Білегіне алмас жүз балта асынған,

Күліп қарар бұларға ару – жалған.

Қоршап қалды бір кезде сатұр-сұтыр,

Ылғи қазақ мылтықпен қаруланған.

 

Ат үстінен лезде қара күшті,

Жұлыпалды әуелі Ырайысты.

Зиябай да жалма-жан қарғып түсіп,

Қарын сыбап жарына тұра ұшты.

 

– Тоқтатыңдар, қазақтар, не етпексіңдер?!

Бұларың не, сендер ме, тектейтіндер?!

Жөн-жосықсыз, жолаушы тонайтұғын,

Шектен шыққан не деген тентексіңдер!

 

– Соқтықпайтын сен бе едің хан баласы.

– Мына қатын күдікті, паң қарасы.

– Ителі екен Топайдың адамдары,

Қызыл айыр, қараңдар, таңбалы аты.

 

– Жаннан безген жүреді жар үстімен,

Ана антұрған танимын арысты мен.

– Қашқындардың қанына боялмалық,

Сатқындардың түсіппіз тап үстінен!

 

Айғыр жоқта үйірге ат арындар,

Жібітеді ағзаның қаталын бал.

– Ажуалап, әзірше тиіспеңдер,

Елісханның алдына апарыңдар.

 

Шудабай би айбарлы, күміс керней,

Көлге төнген күдір бел мүйістердей.

Ақымердей алпауыт апаны бар,

Ит тұмсығы өтпейтін жыныс дей бер.

 

Ел көрдің бе, саяқтап, сырғақтаған?–

Жақын келіп, жөн сұрар, қыр жақты адам.

– Арыны асып, ашыққан әпер бақан,

Мыналарға жақпайды қылжақтаған.

 

Асан қайғы жаралған мұңнан абыз,

Алаш ізі астарлы тұңған аңыз.

– Бізбіз,– деді, Ырайыс, батыр сардар,

Айтып сіздің аужайын тұрғаныңыз.

 

Аж боғдадан дауа іздеп жарасына,

Қалың қалқа-мұңғұлдың арасына,

Барып ауыл қоныстап, тұрақтаған,

Сәлем деді сұраған баласына.

 

– Елің қапты шалғайда, Әз Боғдада,

Онан әрі былшылдап сөз қозғама.

Өзің мұнда не боқ жеп жүрген жансың,

Алып қашып жүрмісің «қыз», «бозбала»?!

 

Салып сұсын, Ырайыс зекімеді,

«Бай тұл түгіл, бас қайғы», бекінеді:

– Төркіндетіп жұртына бәйбішемді,

Бара жатқан, қарақтар, бетім еді...

 

Көгереміз, өсеміз, ескіреміз,

Әр бір жайды тіл шолақ кеш білеміз.

Қожамберген ауылы Бәйтік таудың,

Аяғына келді деп естігенбіз.

 

–Сағаныштан, десейші, көнім кепті,

Артағы елін аңсаумен көз ілмепті.

Деп тұрғанда алапа әр кім тауып,

Елісханның тобы да келіп жетті.

 

Еңгезердей ­Елісхан жігіт еді,

Қазағыңның қара көк бірі тегі.

Білім алған қытайша, судай жорға,

Қаттыны да сөйлесе жібітеді.

 

Бұл бауырын Зиябай біледі екен,

Елісхан бір тайпа елдің жүрегі екен,

Ала бөтен, айдарлы туған ұлдың,

Тілеулес боп сыртынан жүреді екен.

 

– Бауырым-ай, бармысың, көрдімбе есен,

Аман ба ауыл, ағалар, әке-шешең?

Құрмет тұтқан қария ұлы, кішім,

Сирек туар, мыңнан бір әттең, көкем.

 

Жаттай сыйлау өзіңді басты сенім,

Қадіріңді білмейді басқа үй сенің?

Апайыңмын, Елісжан, танымасаң,

Жәнтекейде тас жарған Тасбикемін.

 

Амандасып Елісхан басын иді,

Етегіне Зиябай жасын үйді.

Нардай қара жігітті шөкелетіп,

Дала аңқыған маңдайын, қасын сүйді.

 

Асып кеттік, қарағым, алтын баған,

Үміт те бір арасан сарқылмаған.

Көремін бе, деп едім, көрмеймін бе,

Ел-жұртымды іргелес жақындаған.

 

Жарасады мәміле, шатағынан,

Елін ойлар жігітке атағы нән.

– Тірісіне елімнің сәлем беріп,

Өлгеніне деп келдім бата қылам.

 

Өзі сұлу Зиябай керік еді,

Шешесінің жентіне жерік еді.

«Елім-жұртым дегені жақындаған»,

Қожамберген тасбике елі еді.

 

Жаушылары болар деп енді қызық,

Келген болды мыналар кілді бұзып.

Қытай және моңғолдың шекарасы,

«Алтын баған» – тартылған ара сызық.

 

– Қайтты кері, Қожа ағам, апатайым,

Бізбен бірге жүресіз, апарайын.

– Кебер, кетер бір күнгі аттың тері,

Абай болшы, шырағым, жазатайым…

 

... Дөңгелейсің, дүние зымырайсың,

Ашып қабақ, япыр-ау, жылымайсың?

Тарпаң тағдыр танаудан шұрайланып,

Жұлыстырған жалғанды сұмырай сұм.

 

Аң-құс толып жатқан шақ шулап айдын,

Бір жаңасы көкекте туған айдың.

Барады арты елінің ұбап-шұбап,

Асса осыдан екі бел Шудабайдың.

 

Құбыласы төрт тұсы тегіс жанның,

Қылығы бұ кесімі Елісханның.

«Киесіне үлкеннің ұрынбайын,

Қанын жүктеп күнәсіз туысқанның.

 

«Қайыншылау» нанымсыз, шықты ұрлығы,

Шудабайдың ұтымды, ұтқырлығы,

Қапелімде қағылез, қай заманнан,

Шалдырмайтын шапшаңды ұшқырлығы.

 

Ақылы арқау алтын жал арыстанын,

Кең даланың кермиық данышпанын,

Қыр соңынан атқылап жөн болмайды,

Шекараның үстінде алысқаным».

 

Алысқанды жұлатын қасқырдайын,

Қапияда Елісхан тапқыр лайым.

«Қожамберген көшке ерген қайырылды,

Ителіге өзімді қаптырмайын».

 

Серке бұлттар көк белдеу сетер керік,

Бұзылды аспан реңі мекерленіп.

Тарты шұғыл еліне сырт айналып.

Кілге жақын келгендер секемденіп.

 

Жол аштырып сенгенсіп, жауырынға,

Қалың қорық Бәйтіктің бауырында.

Қайыншылап келген боп қалды Ырайыс,

Қожамберген тасбике ауылында.

 

                     ***

 

Қара жерге қайтса бақ көл сіңеді,

Аз ғұмырын ақылсыз көпсінеді.

Әлімжеттік кесірі шектен шығып,

Әкімгердің танауы көк тіреді.

 

Ашкөздердің ұлғайып көкірегі,

Ағайынға ағайын жекіреді.

Көк жұлынын жазықсыз үзгендердің.

Кеудесінде ащу уы өті ірі еді.

 

Жер ананың бетіне қан бүркіліп,

Қасиетін таптауда паң түркілік.

Сырлы саздар айналып жоқтау, жырға,

Арулардың төсінде қалды іркіліп.

 

Сырттан келген сыпайы, сыйлы күйеу,

Қаралы елге қамыққан ол да сүйеу,

Ел қыдырып Ырайыс жайды аңғарып,

Сезігі жоқ шынайы жүрген біреу.

 

Жатқан қунап, жайылып, жата жайлап,

Дүрсілкінді қара жер, ауыл-аймақ.

Талқан қылған рахат, тыныштықты...

«Аттан» шықты әр тұстан «Шақабайлап!»....

 

– Аттан!

– Аттан!

– Жәнтекей!

– Ұл, ағайын!

Қырды ауылды қытайлар қынадайын!

Нәрестені жайратып, найзаға іліп,

Атты көзден ай маңдай құралайын!

 

Жүрген жылдар қазағың жасын кешіп,

Жазылмаған жауыздар ақыл несіп.

Асын шашып, қан ішіп қарық болып,

Алып кеткен Әліптің басын кесіп!

 

Өксіп-өксіп қара аспан күрсінеді,

Төбе шашы тік тұрып түршігеді.

Бала-шаға қап-қара қанға бөккен,

Бәйтеректің балауса бүршігі еді.

 

Құтқармайды қасаптан қырыңды үгіт,

Атқа қонды Елісхан, қырық жігіт.

Азуларын асаудай қаршылдатып,

Құрсағында құтырған құлынды үміт.

 

Сыртқа салып сарбаздар мұздай түсін,

Оқтай жонып, қайраған әр бір тісін.

Аттарынның тостаған тас тұяғы,

Жүндей түтті құйқасын, қыр қыртысын.

 

Азамат қой Ырайыс кең арналы,

«Мен – қонақпын құдайы» дей алмады.

«Келейік,– деп, жауменен кескілесіп»

Кеукеуледі кеудеден ел арманы...

 

Бұ жайында бар жазба баяндаған,

Оқиғаны ұзартып аялдаман.

Шудабайдың көшіне оралайын,

Не болар деп алды-артым алаңдаған.

 

***

 

«Төркіндету» ішкі есеп, ол амалы,

Шудабайдың оңалып жорамалы.

Ырайыс пен күзеуде Зиябайы,

Аман-есен еліне оралады.

 

Үлкен-кіші лақапқа ынтық құрбы,

Жөнелгенді жаман ат жүйткіп қырды.

Артқы ел жайлы түгелдей құлақтанып,

Қара желі Қобданың ұйтқып тұрды.

 

***


Шудабай би қасында қарт Қабдолда,

Біртоп адам төбеде мәрт молда да.

Ырайыстың азалы әңгімесі,

Аңыз болып өткені қолдан қолға.

 

Шудабай би көп көрген ондай жайды,

Шоң денесі сын тастай қозғалмайды.

Жарылардай көк өті зорға отыр,

Бауыр еті балқыған толған қайғы.

 

«Ширек ғасыр болады-ау бірге жүріп,

Тәм-тұзымыз жарасып, күнге күйіп.

Алдырар күн, япыр-ау, жаздырды ма,

Отыратын сақ еді ірге түріп?

 

Құрық баспас, амалды айлаң керім

Өрге салса төске озған қаракерім.

Қатын-бала, қараша қамын ойлап,

Қартайды ма, қара нар қайран ерім?!».

 

Көз алдында көлбеді өрісте кең,

Кеңестері керіспей келіспеген.

Жан Шурынның жандайшап өктемдігі,

Жетіп жатты жер-жерге жеңіспенен.

 

«– Сартқа бүйрек,– деді Әліп,– бұрсам ба екен,

Етің дәмді болады жусан жесең.

Қуаттаған баласы дін-мұсылман,

Қарашәрі, көлбеген Бисан мекен.

 

– «Жан Шурынның қарулы дәсі бекем,

Қанды болар, қайтейін, осы мекен».

Ойыңыз да, Әлеке, екі-ұшты,

Күдігіңіз үміттен басым екен.

 

– Қожанияз қадалып қабырғадан,

Қантілеп тұр, бермейді сабырға мән.

Жалаңдаған жасауыл халін ескер,

Нулы ақылым суалып қағырлаған.

 

– Қожанияз өткінші, тасыған су,

Қанша тұрар желбіреп  жасылдан ту.

Басыңды исең, басыңды ап басынатын,

Сұм қытайың құтқармас сасыған құй.

 

Жылдар жылап, өте ме, мөңіреп күн,

Түрі түнек, түнерген төңіректің.

Түп елден тым жырақтап кетіп қалдық,

Түбі тесер түрпідей темір екпін.

 

– Өр Алтайды, өткенді көксейсің бе,

Онда барып, оңалып, көктейсің бе?

Үш мың үймен бір сайға сиямын ба,

Көре тұрып осыны көш дейсің бе?

 

– Құм астында қалады қаңғырған із,

Қабысқан жөн Алтаймен қабырғамыз.

Кісінесіп табысар өз керейің,

Талап қойсақ тарылмас тағдырға біз.

 

– Ақыл қосып, ағайын сегіз кісі,

Ешкімге де келмейді берілгісі.

Сөй дей ме екен көк тасты шаңиямыз,

Мәмілекеттің көз-құлақ сенімдісі?

 

– Елдік жолы, Әбеке, ең ізгісі,

Көлдің жайын ойласа теңіз кісі.

Жан беруге әзірше асықпағын!

Амандық қой адамның негізгісі.

 

– Жә, Шудеке, сөзің жөн, ноқта ағасы,

Пәтуаңа ешкімнің жоқ таласы...

Күңірентіп, күйдіріп Күңіректі,

Байланды де Әліптің оққа басы.

 

– Аз күн қоныс адамға ажал ығы,

Тағдырымыз тәңірі базарлығы.

Келіп, кетіп жататын дүниеге,

Бір керегі іргенің тазалығы»...

 

Кеңкілдеді көп сөзсіз Қабдолда қарт,

Үндемен деп өзіне қойған ба шарт?

– Сарқыт қайда жүр екен, Ырайыс жан,

Сарасы еді жігіттің ол да бір мәрт?

 

Зарлатқанда «Арманды» күй сеңгірін,

Тау болады күйіктің үйсең күлін.

Ермей көшке аман ба қалған елі,

Кімді көрдің ұрқынан Дүйсенбінің?

 

– Жау жайлаған ел жұрттың көңілі ала,

Арасынан шақырып қалың бала.

Шырамыттым шынақтай Азанбайды,

Би атасын сұрайды қара бала.

 

Жеті жасар, мөлшері Азанбайдың

Көкірегінен естіл ер озандай мұң,

Би атасы есінен кетпейді екен,

Онан әрі көз жасын соза алмаймын.

 

– Жарықтықтың жап-жақсы балалары,

Түзу еді қыл өтпес аралары.

Шудаекеңнің кер тарты тілін алмай.

Келмей кетті жетуге шамалары?!

 

Айырықта абдырап арман быт-шыт,

Шырқ иіріп келмейді деуге шықпырт.

Жармақтанып тұрған сәт өмір кеші,

Жарылардай жақ пен бас, екі шықшыт.

 

«Пайғамбарлық жасымда зәрлеріңе

Қалмаймын, деп қалаусыз кәрлеріне».

Шудабай би Мұқырға өтерінде,

Ерік берген есеппен бәр-бәріне.

 

Харам жолмен алынған пұл таза ма,

Жұдырықтай жұмылған ұлт аза ма?

Ерік берген әуелі тұңғыш ұлы,

Мына отырған имамы Нұртазаға.

 

Кеңес біткен, келісім аяқталып,

Ой өрбімей, әңгіме сабақталып.

Сарқыт үнсіз, тұнжырап қалыс қалған,

Кететұғын топ көрсе абаттанып.

 

– Сарқыт сенің байқаймын басыңа сын,

Түсті білем, жаймайсың, жасырасың.

Ұлы таңдау – үлкен сын, жол айырық,

Айт турасын, мәрт мысың жасымасын!

 

Қалауы ардың, ағайын қиналмасын,

Көңіліңде тинамдай кір қалмасын.

Қара нардың қайыспас бірі едің

Айналдырған ұршықтай қырман тасын.

 

Деп тоқтады бар іште білсе есебі,

Шудабай би жеті өлшеп бір кеседі.

Болған байдың боқ қарын оңай ұлық,

Тиер дейсің қаймана кімге себі.

 

Табындырған тылсымды шыңды ұшығы,

Кеберсіген жібіткен тыңды шығы.

Кенжесі еді бұ Сарқыт Дүйсенбінің,

Торы айғырдай Топайдың тұңғыш ұлы.

 

Беймағұлым ғұмыр жас, түс те жалған.

Таусылады үзіліп, түсте де арман.

Сарқыт сонда тағдыр ғой, қырық күндік,

Нәресте екен әкеден іште қалған.

 

Арылмаған ажын мен абысынның,

Пыш-пышы да сыбыры әр ісінің.

Бірге туған шақырып қайындарын,

Қырқын беріп біткен күн арысының.

 

«Қайдан пайда бұ пәле бола қалды,

Байы өлді, қаңырап мола қалды, –

Деп жүрмеңдер, тапты ма күлге аунап,

Құрсағымда, мінеки, бала қалды»,–

 

Деген екен Дүйсенбі бәйбішесі,

Ақыл-сөзге бір тоға, бай кіселі.

Отырды ойы шіркіннің тартып кері,

Ата көзі – сол Сарқыт, Сарқыт сері.

 

Топай ата Дүйсембі  тоғызынан,

Орталаған осылай толығынан.

Сол тоғыздан Ақылбай бір отау үй,

Топты жарған айында торы құнан...

 

Жүрген кезде мекендеп Құлыншәрді,

Тізе қосып, бірігіп ұран салды.

Шудабай би ел жиып ертеңінде,

Әліпке арнап Көк қасқа құрбан шалды.

 

Мезгілі еді желсіз күн құлан аулар,

Алыстаған бір мезгіл алаң, аужар,

– Әліп бекке бағыштап, әр шейітке,

Нұртаза сен,– деді Би,– құран аудар.

 

Құлазиды көңілдің дала белі,

Қобда Алтайдың аңырап қара желі.

Отырғандай бөтенді шырамытып,

Әкесіне Нұртаза қарап еді.

 

«Аймақты елдің айналған қорғанына,

Түскен құстай күйің не торға мына?!

Күрсінесің, бұзылып күмбірлі үнің,

Толмай тұр-ау, толқындар талғамыңа.

 

Қонақтаған бойыңа үш хат ниет,

Қабағында қарлығаш құс – қасиет.

Қазыбектен қаңқылдап жеткен бізге,

Қаз даусыңа шу асау күш бас иет.

 

Тарпаңдардың түзетіп қаталарын,

Қатар шапқан әділдік, қатал арын.

Тозды ма екен дамылсыз тегершікте,

Тау деп сөйлер алдыңғы аталарың?

 

Талай ақпан өткерген талай тамыз,

Ұлылық деп тағы да нені айтамыз?

Басымызға етекті бүркендік те,

Дүниені өзіміз тарайтамыз.

 

Қайнауменен шер болды зығырданы,

Қайрауменен мүжілді, құрғыр бағы.

Аз күнге аял тапса да ереңгі күн,

Ел-жұртты ойлап қиналды қиырдағы.

 

Заманында еркіндік – жылқы затын,

Алысатын Ар үшін жұлысатын.

Бұлтқа жазып кететін жыл-жыл сайын,

Жерден ұшқан жыраққа жыл құсы атын.

 

Мынау жалпақ далаңмен егіз дейін,

Бабалар-ай, толқыған теңіздейін.

Жалғастырып ізіңді, ие болып,

Жатпай-тұрмай жаныңа ем іздеймін.

 

Ордаларым, ормандай алтын басқан,

Жел де, сел де далаға даңқын шашқан.

Пұшпағыңа тіріліп татыр ме екен,

Ұрпақтарың ұйымсыз нарқы қашқан?

 

Татыр ма екен келер жас тырнағыңа,

Қожыраған қоңыр ән, жыр да мына.

Шаршадың ба, шау тартып, шайыр-ақын,

Көңіл толмай көген көз жұрнағыңа?

 

Төгілмесін десеңдер адал жасың,

Аттап басқан қоя біл қадамға сын?».

Деп ескертіп ұдайы отырушы ең,

– Шәйіт Әліп, иманды замандасың!

 

– Е, қарағым, Нұртаза, Әліп сынды,

Сирек келер бір туар ғаріп мұңлы.

Алда жүрген Кісі еді өңірге алаң,

Жалғыз қара «А» деген әріп сынды.

 

Қозы бағып, ұйықтап қап қойындасып

Өспесекте тебісіп, ойынға асық.

Қамықтырмай қояа ма қайғы мұндай,

Өтіп едік мақсатты мойындасып?

 

Күйіп жатыр күрең күз жапрыағы,

Ақы иесіз аңырап атырабы.

Ақ дұғалы қолымнан бұйырмады –

Туған жердің бір уыс топырағы.

 

Алыс та емес, әне тұр, бәрі бекер,

Айғайсалсаң әудем жер дауыс жетер.

Бір аяқтан ас ішкен ағайындар,

Бір-біріне ал бүгін қауіп-қатер.

 

Ары-бері тірі жан бастырмайтын.

Түсті араға шекара астырмайтын.

Адам түгіл даланың аң-құсы да,

Аса алмайды адамға қасқылмайтын.

 

Бір атаның бөлінбес баласы едік,

Екі көздің ағы мен қарасы едік.

«Бірі – моңғол,

Бірі – Ежен болар»,– деген,

Айдай келді Ақыттың наласы едік.

 

Үйір болып соқыр ат, соқыр атқа,

Өктемдік, күш не дейсің ақымаққа?!

Бүтін жұртты қақ жарып, бөліп алды,

Қылаяғы жеткізбей топыраққа?....

 

Абайла

 

Тәңірі берген Алтайдың байлығы бар.

Байлық та бір басқа сор қайғы қуар.

Сол Алтайдың елінің кедейінің,

Құрығанда бір ұрттам шайлығы бар.

 

Қоңыр аңы Алтайдың қойдай өрген,

Жаңылады есінен оны көрген.

Аң мен малы кетеді араласып,

Ағылғанда ерте, кеш ойдан, өрден...

Салқын ауа аймалап талаураса,

Түлкідей боп түрленіп таң аунаса.

Қыс қызығы қиқулы таусыла ма,

Күңгей қуып, құс салып, аң ауласа.

 

Аппақ нұрға жуынып, қунап, аунап,

Ауашада аса сақ құстан аулақ.

Қу құлқынның құтылмас жетегімен,

Тойып алып бір түлкі тышқан аулап.

 

Керіп төсті тоятты келіншектей,

Жайлы төсек– ақ мамық керім беткей.

Мажауырап алаңсыз жатқан ықта,

Ұйқылы-ояу, көз жұмымып еріншектей.

 

Тапқан пұлың таусады тістің нәрін,

Бір сызыққа байлаулы түстік әлің.

Сол түлкінің кездейсоқ тап үстінен,

Түйе жиған түйедей түсті Кәрім.

 

Жаңа еді, жанын жеп жетілгені.

Жазираның жазықсыз жетімегі­ –

Аппақ қардың үстінде таза қан түс,

Оттай аққан ақ мата бетіндегі.

 

Түйешінің қарашы салымына,

Бұйырды олжа нар қызыл қарымына.

Күш қосады қызыл от таяқ ол да,

Бозтайлақтың алымды адымына.

 

Өршіп құрты адамның масалары,

Көрсе қызыл ашылар аш араны.

Ақты түлкі жұлдыздай жан ұшырып,

Қазір майдан қып-қызыл жасалады.

 

«Зытсам жетер... құтқарар құдай қағып,

Көрейін,­­­– деп ойлады,­– бір айла ғып».

Түбіне еніп, тығылып тасалады,

Үйдей тасты өтті де бір айналып.

 

«Бер-бер,– дейді жан алғыш,–желкеңді ие,

Әзірейіл адам бас екен түйе.

Мынау байтақ өрісі көкше белең –

Өзі емес пе өзге емес мекенге ие.

 

Қуса да аулап, қырғындап күші білем,

Осында ол жан баққан күшігінен.

Басқадан бақ туадан аңсамаған,

Бар жазығы – көз құрты түсі күрең.

 

Болмаса да ешкімге еш залалы,

Адалдыққа ажалдың өш пе араны.

Анық көрді ақсиған оның сұсын,

Жез тырнағын айзадай бес салалы.

 

Дес бермейтін тегінен жуырғыға,

Дүлей тәртіп жан-тәнін қуырды да,

Тасқа тіреп табанын шірей тартып,

Қаңқылдатып сирақтан сурырды да,

 

Перді Кәрім түлкіні айналдырып,

Жіберердей пәрмені тасты жарып.

Айналаны әп-аппақ таңғалдырып,

Пәк жанардан жап-жасыл ытты жарық.

 

Күлтеленіп күн түсті лаулап балақ,

Көмкерілген көкпенен аумақ қанап.

Аппақ дала аяқтай төңкеріліп,

Ашық аспан төбеден аунап барад.

 

Күн еңкейген ызғырық, жылан көзді,

Шұнақ аяз шым-шымдап қылаң берді.

Оңға тастап, ыжулап отыр Кәрім,

Орман қызыл құлаштай бұраң белді.

 

Жағасына жармасқан масыл күлкі,

Өшіктірген өзгені асыл мүлкі.

Мына мекен, ақ басты ана жайлау,

Өзі де бір жұтынған қызыл түлкі.

 

Кәрім ойда...

Құмарлық жеңгей кешкі.

Боз тайлағы босанған желдей есті.

Бұлаң құйрық төбелін бүлкілдетіп,

Келді әке, кенеки, не дейді есті.

 

Қызық ­– дұшпан, құмарын елпілдеткен,

Көтермеген тап мұндай көңіл көптен.

– Не отырыс!

Бұйрықтай ту сыртынан,

Таныс дауыс саңқ еткен естілді өктем.

 

Жалт бұрылды...,

– Аға-еке, асықтырман...

Әкесі ашу бурадай шашып тұрған:

– Жаяумысың?!

–  Бар, аға, тайлағымыз...

Тайлақ кеткен қай заман асып қырдан.

 

Күргейлей кеп батысты тұрпы мінсіз,

Күннің күрең жауыпты кірпігін сыз.

Жер сыздырып құйрығын қанжығаға,

Байлатты да Шудабай түлкіні үнсіз.

 

Сарт еткізді етектей тебінгіні,

Миығынан мырс етіп көңіл күлді.

Алтын шоқтар ақ қарға шашақталып,

Ай тағадан жалтылдап төгілді ірі.

 

Көк пен жерді өз ара үндестіріп,

Қисайыпты күндізгі күн де ескіріп.

Құлын – үміт, қиылды ынсап, дәме:

«Алар,– деген,– әкесі мінгестіріп».

 

«Тон пішсін,– деп,– толмапты, тұнық ішкен»,

Би барады, бұрылмай, күйіп іштен.

Аңқау қазақ опық жеп осындайдан,

Аузы күйіп, асын да үріп ішкен.

 

Барады әке бараны мұң тіл қатып,

Ақ кебінін даланың бұрқылдатып.

Бұ тірліктің білгенге бәрін қортып,

Ымырт түсті қызарып, бір күн батып...

 

Жұлдыз ағып түсердей тоссаң жайып,

Тағамыз-ау, тірлікте аспанға айып.

Айдала аппақ жуылған құс етіндей,

Аяғыңды аңдамай бассаң тайып...

 

Еркіндіктің ақырғы нүктесі

 

«Бармасам ба, барсам ба, осы тойға?».

Ағытылса ой - қосақ тоқырай ма?

Шудабай би көк бурыл, сой сүйегі,

Отыз төрттің күзі еді отыр ойда.

 

Олай-бұлай аунаған дүние-алқап.

Әне Бәйтік, Ажбоғда, Қаптық-Жалпақ.

Туған мекен бергісі немересі,

Ұлы шөлге ұласар ұлы байтақ.

 

Аңы алуан, ұры жар, жықпылы мол,

Сиыр бүйрек бұйраттар жыртығы зор.

Бір бұрау да алдырмай бұйдалаған,

Баспалаған ұрыға жылқылы қол.

 

Әлде шындық әлем жер төсіндегі,

Әлде елес көлкіген есіндегі.

Бай Баркөлдің төсінде бөріп отыр,

Бесті қымыз секілді бесіндегі.

 

Жанға дәру көрмеген ем іздетіп,

Төл өсірген ескі өлке егіздетіп.

«Ахахайлап ән салсам естір ме екен,

Неміз қалды кешеден неміз кетіп?...

 

Аттау үшін алға да шегінетін,

Кез болады азатын семіз етің.

Шорт кесіліп керуен, күре жолдар,

Тартылды ұлыс талабы шегіне сым.

 

Елсіз жұртта еркіндік жазың қайғы,

Енді құлаш көсіліп жазылмайды.

Өз мекенің болған соң өзіңе жат,

Көк желкеңнен көк боран азынайды.

 

Күре жолдың бойында тағаң қалды,

Күрең белде қасаң із –табан қалды.

Қалауыңша Алтайды алты айналып,

Көшкен заман осымен тамамдалды.

 

Шығар есік, тесіктер сығымдалған,

Асу, кезең, мойнақтар тығындалған.

Үш бөлінген Алтай тау жотасынан,

Темір тормен тікенді жұрындалған.

 

Алқау алды алаштың жұбын жарған.

Ал қазаққа қадауда сұғын жалған.

Мәскеу, Күре, Үрімжі түрмесінде,

Арыстары алаштың жұлындалған».

 

Арты –  қоршау,

Қызыл от қылады асар,

Қалмады жер қазаққа қия басар.

Елесі де жоқ бүгін арлы Түрік,

Жарды бұзып, қиратып қияны асар?!

 

Қашу-пысу тең нәрсе өлгенімен,

Өлгендері көбейді өнгенінен.

Қара жерді қапысыз сүйгізеді,

Қарсы ұмтылса қадалып өңменінен.

 

Көрді заман көмдірген тоңға табыт,

Бұйырмады бағына оңған уақыт.

Ақ сөңкеге айналды төзім – емен,

Солға жол жоқ бұрылар,

оңға бағыт.

 

Алласы жоқ, келесіз еру елі,

Селдіреген оның да серуені.

Соқпағы жоқ беймәлім жолға түсті,

Қоңыраулы бағзылық керуені.

 

Балалары керейдің ғаріп көрік,

Латынша хат танып, әріп теріп.

Елең екен Қобданың қазақтары,

Елге орыстан Бабай мен Әріп келіп.

 

Әріп келген керейге Бабай келген,

Сұмдықтарды бұрында талай көрген.

Қатындардың қанжармен шашын қырқып,

Сәуіріктей ширығып жарай келген.

 

Жамай келген жыртықты, жарап келген,

Жаңа мизам дейтұғын жәлапқа ерген.

Кедейлердің кеуреген әлгі емшісі,

Жаны ауырса жасын от – шарап берген.

 

Адам жаны танылмас ашылмай сыр,

Бабай, Әріп көк сирақ жақыбайшыл.

Дәулеттіден дәт кетіп, мысы құрды,

Екі әйел ермегі, насыбайшыл.

 

Дәнін екен коммуна елесінің,

Өкіл әке өлкелік кеңесінің.

Жанын салып жандардың тыраштанған,

Жаттап алған бала да ел есімін.

 

Ұнатпаған көп болған ұнатқаннан,

Кедей кергіп, кердеңдеп құлақтанған.

«Талтаңдама, тапсың» деп Бабай, Әріп,

Байды сүйреп құлақтан сұраққа алған.

 

Партияда кеуреген кілең кедей,

Жылпос енген, сұрқия күрең көмей.

«Өңкей жындың енді бас,– деп жүр ділмәр,

Байды болмас дегендер жүгендемей».

 

Адам тартар азапты құныққаннан,

Аярлар да алпауыт құрықталған.

«Бабай» десе ауылдың қатындары,

Ауын басып, тіл аузын құлыптаған.

 

Бұған шыдар ішінен жыламай кім?

Басты бетін ұяттан шыдамай күн.

 «Тиіспе арыма, жадыма»,– зарлайды ел,

Маған десе халқымды қынадай қыр.

 

Бір күндері келешек сұрауы шын.

Жауап берер сол сұмдар мынауы үшін.

Табанына таптаған, отқа жаққан,

Дар айырып ананың шылауышын.

 

Ол бір заман пұл да хат шылауыштық,

Қадалғандай жүрекке мынау істік.

«Десе дағы,– кимейсің кимешекті»

Көнеді ғой, тартар ед шылғауыш қып.

 

Қара көктің қаны асыл құранды елі,

Қайран қалды қырдағы қыран-бегі.

Қатындарды қораға иіріп ап,

«Еркекпен тең еркіңді қылам» деді.

 

«– Мынаның зор не деген көкірегі,

Құдай, не деп, бетім-ай, көкігені?!

Жетпегені, аздай-ақ, қорлағаны,

Ұрғашының ендігі көті ме еді?

 

– Өз қатыны жалаң бұт, еркексінген,–

Деседі жұрт, тұлданған желкесінен.

– Аумай қалған арқада аздырып жұт,

Арықтаған тау ешкі текесінен.

 

– Со қатынын дейді ғой елінде елік,

Еркек қысын сонысын енін беріп»,–

Деп қатындар сыбырлап ертек қылар,

Екеу ара кеңессе ернін керіп.

 

«Қалдығы,– деп, ескілік, бұрынғы әнің»

Құлаш-құлаш қидырған бұрымдарын.

«Енді ел қайта көрмейтін болсын, деді,

Өртеп жібер табанда бұның бәрін!».

 

Келіншектер ұяттан жатты құлап,

Күн көрмеген ақсиған ақ жем құлақ.

«Ақ жем құлақ, ерсі екен, әрі жүр» десіп,

Бірін-бірі қатындар мазақ қылад.

 

Күн тимеген алқымдар оттай қарып,

Ай нұрындай түндегі сүттей жарық.

Бұрын-соңды бұндайды көрмегендер,

Аң-таң болып қарайды тоқтай қалып.

 

Шылауышсыз, кемпірлер, кимешексіз,

Құр бақадай жалаңаш неткен епсіз.

Кербез, керім кешегі келіншектер

«Инелікпіз, деп күлер, инелікпіз»...

 

...Жанын қояр жер таппай назаланып,

Келін кірді ойбайлап, мазаны алып.

Шие еріні көкпеңбек күлдей боп тұр,

Жал-құйрығы күзеліп, жазаланып.

 

Жатқан сиқы елінің тазаланып,

Айналаны белгісіз мазар алып.

Лүп-лүп еткен әженің әз жүрегін,

Бара жатты қап-қара аза қарып:

 

– Жә, қарағым, күйініп, қапалан ба,

Шашты қойшы, өседі, бас аманда.

Өтер нөсер, өркенің лаулайды оттай,

Не жазды екен бейбіт ел, жасағанға?!»...

 

Кесілмейді аққан су, бөлінбейтін,

Елім деген ерлер еш көз ілмейтін.

Бір заманға тап болды Би Шудабай,

Ат құлағы тұманнан көрінбейтін.

 

***

 

...Бесін өте бөктерлеп төментіннен,

Көрінді екеу шыққандай терең түннен.

Үйге түспей төбеге тарты тура,

Асқан олар төтелеп Өлеңтімен.

 

Төбедегі төбедей биге тартты,

Үйді аттаған көрмеген мұндай шартты.

Жөн білмесе бұл елдің кісісі емес,

Бүліндірді жүрісі бурыл қартты.

 

Біреуінің маңдайда тыртығы бар,

Қарайды үйір жылқыға жылқы құмар.

«Жаушы ма, жоқ, кезеңші қалқа шерік,

Мығым келер қашанда мылтығы бар».

 

Амандасты қатар кеп аттан түспей,

Шудабай би алды аман, даттап іштей.

Үрке-үрке мүжіліп тозды арманы,

Дүрмегі көп дүние көрген түстей.

 

– Жә, қарақтар, аттан түс, меймансыңдар,

Жақындаңдар, жайланып, жайғасыңдар.

Қазақ пенен қалмаққа бірдей жосын,

Ауыл тұрып кешкісін қайда асығар.

 

«Саф ақылды сандалтқан айла шығар,

Аяғыңнан алады қайласы бар.

Жөн білмейтін сары ауыз балапанға,

Жай сөйлеудің аптықпай пайдасы бар».

 

Күнін көрген қазақтар кеңессіз де,

Кезген заман сәбеттік елес түзге.

– Ителінің,– деді әлгі, – бас адамы,

Шудабай би деген сіз емессіз бе?

 

– Енді барсам, ана төр, айға барам...

Сұқ саусағын шошайтты...,– сайра балам!

«Қоқиланып, сұрланбай түсің жібіт,

Қорқыт көрі қашқанда қайда барам?».

 

Удай сөзін көмейде тығындады,

Шудабай би мүйістей сұғымдағы.

Толқып келген доғарып ойын жана,

Жұдырығын тарс жұмып сығымдады.

 

Тұрған еді шіреніп ерді керіп,

Аттан түсіп, үшбу хат берді шерік.

«Шерік екеш шертиіп, шенденеді,

Тозған әдеп бұрынғы белді, берік».

 

Әлсіздерді әулекі күшті арбаған,

Алмас пышақ жатама ұсталмаған.

Қыңыр келсе қылыштың тәні қынға,

Қинар жүзі денені ұшталмаған.

 

«Іштей ауыр күрсініп, «үһ» дегесін,

Білгеннен соң кезеніп, күштемесін.

Шудабай би үңіліп, үшбу хаттың

Жазды асықпай, абайлап бүктемесін.

 

Көзге жылы, құсни хат, бәдізделген.

Әзәзіл-ай, көлеңдей әзіл жеңген.

Көк сияда кескіні кесек азу,

Көмейінен әркімнің бәле іздеген.

 

«Өте-мөте мынаның таныс қолы,

Кеудесінде кім екен қамыс толы?

Қаршып алып, әкетердомалатып,

Тау суындай тасыған дүние долы.

 

Не істетпейді жан тәтті қиналғанда,

Шырқырап кеп қол жұмсар иманды арға.

Өмірден де, өлімнен парық кетер,

Жынды-жыпыр бірігіп жиналғанда.

 

Қайсы қасым, қадаған қара сұғын?

Мұндай көркем кім бар-ды жазатұғын?

Бауырына енсең де бала болып,

Неге заман бермейді маза, тыным?

 

Жақын, жаттан кім маған өкпелі еді,

Жә, оны қой, ақыры тектеледі?».

– Айта ғойшы, қанеки, әскер балам,

Кім иесі бұ хаттың, көп керегі?

 

Торғауытша әр сөзін толықтады,

Бір ауыз сөз «метік гүй»* бар ұққаны.                    «Метік гүй»* _ қалмақ тілінде «білмеймін» деген сөз

Құс  иықты, шалқақ төс, қыран қарас,

Қолбасшыдай отырыс жорықтағы.

 

Аңырды әскер арбалып таңдай қаға,

Тақта отырған тәңіри хандай жанға.

Жетектегі артағы арғымағы,

Қағып қалды тұмсықпен қара санға.

 

Селк етіп ол, шегініп, одан сағы,

Иықтағы мырышқа қолын салды.

Кешкі күннің көзіне шағылысып,

Жалтылдайды белдегі қорамсағы.

 

«Сар мырышын кезеніп күріштеймін,

Дегендермен адалмын, түйіспеймін».

– Саспа ерім, қой деген өз атың ғой,

Тиіспесең сен, мына мен, тиіспеймін.

 

Кең-мол пішкен, ұзын жең, бау сырылып,

Хан шапанын сыртынан қаусырынып.

Сыртқа салған айбарлы кілең сұсы,

Төніп келе жатқандай тау сұғынып.

 

Алты сайы Алтайдың саласындай,

Хан бүркіттің қарлары қанатындай.

Төбесінен төніп кеп қара жартас,

Қаңтарылды, тапжылтпай қалатындай.

 

Қаны қашып әп-сәтте түріндегі,

Ет жүрегі шеріктің дірілдеді.

«Хасағ жауыз,– деген сөз санадағы,

Жарқ-жұрқ етті,– ислам дініндегі».

 

Тастай мығым, жолығып қайманаға,

Бұрып жүзін еріксіз ай далаға:

– Тұрамыз,– деп,– әлі де хабарласып,

кетті шерік... аттанып...

«– Әйд-дә, бала!»...

 

Қайта отырды Шудабай тас тағына,

Көз жүгіртті ой – өмір асқарына.

«Қару асқан, не сұмдық, дос көріп пе ең?

Тағы төнді-ау, қара бұлт аспаныма.

 

Пайдам тисе деп едім ұлт қамына,

Жетегімен Раббым пұшпағыңа.

 

Жетіп  едім, Алтайым, етегіңе,

Қонақтатпай тағдырым қысқаны ма?!

 

Атажұртын демеді көксеп кепті,

Бел суытпай жатып-ақ көтке тепті.

Болды мәлім мұңғұлдың ішкі беті,

Екі-ақ шерік ерікті төстеп кетті.

 

Ұнатпаған жатқылар жақыныңды,

Жасытады қорғасын жасыныңды.

Айтқанына көнерсің, бұлдайсың ба,

Қайың шоқпар қыстырған тақымыңды?!».

 

Міне, тағы су шықты ұйығынан,

Даңғыл қысқа тағдырдың тұйығынан.

Тусып кеткен сірікке сусып түсті,

Шудабайдың шапаны иығынан.

 

Хан иесі қалшылдап, дірдектеген,

Кімдер келіп Алтайға кім кетпеген.

Топ қазаққа тоғайы болмай пана,

Жасқа жуған, заман-ай, кір кеппеген.

 

Қасиетті, киелі қайран, мекен,

Салатұғын сайында сайран бөкен,

Шыққаны ма шынымен уысынан,

Алтын басын идірген сайман бөтен.

 

Үш күн бұрын құстан да ұшқан жылдам,

Шіріктегі тіл келген Ыстамбұлдан.

«Ығып барам ырықсыз өртке кез боп,

Болмайын деп мекенде ыстан құрбан.

 

Құтқуырға құл болды асау қауым,

Қоймай қойды шеріктер қоқаңдауын.

Жүрісіміз жыбырлақ, жалқау-ырғақ,

Сүйретіп көш барады бақан, бауын.

 

«Бол-бол» деумен демігіп, жамбасымның,

Еті ойылды, айдалған жан да шығын.

Болмысымыз езіліп бордай болды,

Айдаушымыз өзі екен қандасымның!».

 

Жиіркенген жер ластан сілкінеді,

Естіледі күштінің күркір лебі.

Шудабай би Ыстамбұл сәлемінің,

Әр сөзіне тоқталып, іркіледі.

 

«Көш-көш,– дейді,– ішкерлеп, таңда, кеште,

Ереуілдеп, ерулеп, теңің шешпе!

Қатал жаза берілмек еш сұраусыз,

Әскери сот алдында шегіншекке»...

 

Төр қазақта үлкен мен қонақ үшін,

Хабаршы отыр қасында қола-мүсін.

– Қылышбай, сен көріпкел қажы атаңның,

Кенже ұлы мұтпасам, боламысың?

 

Танытады күйіңді тамшыдай мұң,

Сусағанға көрінер таң шығы айдын.

Қойып жатып қолдағы тостағанды,

– Мен,– деді ол,– мұтпапсыз, Қамшыбаймын...

 

Дегізгендей жүзіңді жолдасқа бұр,

Ойын бөлді етекке жармасқан ұл.

Би төбеден балаға мойын бұрды:

– Не берем ғой, балшекер, марғасқа бұл.

 

Жеткізбейді ұшпаққа табыс қана,

Бойға қуат, болады намыс – пана.

Төл сүйкімді көрінер, Шудаекеңнің,

Балшекерім дегені Бәміш бала.

 

Қызық көріп бал тілін келсе жетіп,

Үлкен-кіші ойнайды еркелетіп.

Әзілдейді әр ісін, күлкісін де,

Әр қылығын жыр қылып, ертек етіп.

 

Бала дейміз қатпаса бұғанасы,

Өте шындық айтылар бұл арасы.

«Жаман Бәміш,–дейді екен,– жаман Бәміш»,–

Сөйлетпек боп қызықтап бір ағасы.

 

Сонда Бәміш, түсін сап, жүдемеген,

Томсырайып, қабағын түйіп ерен:

«Келгенше әкем, жаман боп,– дейді екен,–

Жаман болып, қайтесің, жүре берем»...

 

Оқудағы кезі әке Нұртазаның,

Тыңдайтұғын тік тұрып жұрт азанын.

«Әке» десе Бәміштің түсі суып,

Ақыл-ойын билейтін бір таза мұң.

 

Би алдында сол Бәміш, ол қанаты,

Молда Мұқан Баймолда қойған аты.

Жігіт болған, көктеген қиялы зор,

Қозы бағар кәдімгі қолғанаты.

 

– Бәрекелді, тұлпардай тұрасы тақ...

Осы сөзге кеткендей ұласып бақ.

«Ен сап қойса болғандай, айдарыңнан»...

Деді ішінен Қамшыбай ұнатып қап...

 

Қара шайдың бал болар борлағаны,

Бола бермес адамның болжағаны.

Құдай сонда аузына салды ма екен,

Қамшыбайдың нақ келді ойлағаны.

 

Тылсым сырды алмаймыз неге есепке,

Ілгер заман, айтылар келешекте.

Ақиқатқа айналды айтса сенбес,

Бұрғамыз жоқ, шын сөзді, қане сөкпе.

 

Алты бала арада гүл ибалы,

Аялаған жүрегін нұр иманы.

Он сегіз жыл осыдан өткен шақта,

Қамшыбайдың кім ойлар Күлиманы.

 

Жақындатып тағдырлы от арасын,

Теңселдіріп, қуантып қос анасын.

Оң аяқпен Күлиман аттайтынын,

Нұртазаның келін боп босағасын...

 

Амандасқан әлгінде аттан құлай,

Табыстырып тұрғандай

Аспан – Құдай.

Пайғамбардың әулие жасындағы,

Шудабайдың төрінде жас Қамшыбай.

 

Қаламайтын Шудабай бұғынғанды,

Тұрғызуға жақ еді жығылғанды.

– Мынау зорлық, солай ма,– деп, қиянат...

Қамшыбайға денемен бұрылғанды.

 

– Сайман сұсы мыс басып қызу қанмен,

Қызыл қолмен не пайда қызынғаннан...

– Кеткен екен кәпірдің ыстығы асып,

Пайда болмас дүние бұзылғаннан.

 

Жүре барлап, жөн болар көнгеніміз,

Шеріктері көп пе екен, сенгеніңіз?

– Ит арқалы сар жағал бөріктері.

Тоғыз әскер тобымен көргеніміз.

 

– Жүргендер де ұрынды құрық баспай,

Мұңғұл алды етегін, қылып тастай.

Мұртын енді өлсе де балта кеспес,

Шерігі тұр шебінде құлып тастай...

 

Туы – Тәңір,

Алынбас нарқы – қамал,

Аламаны сертке нық, антына адал.

Қос мұхиттың ортасын жарып шыққан,

Жаны сірі жаралған алтын арал.

 

«Қайла» атты пырақпен қарғып өткен,

Баркөл, Бұлғын арасын шаң қып өткен.

Тірлік емес елінің бірлігі үшін,

Кеше келді Алтай деп арғы беттен.

 

Қару қылып қамшысын, қанды кекпен,

Қорғай келді қорлықтан арды тепкен.

Бәйге тікті алтынды бастарымен,

Болмайды екен бақ құсы – мәңгі көктем.

 

Көңілде күй көрпедей құрақ қырық,

Күшті елде мәңгілік тұрақтылық.

Бірсіз халық бейшора сорлайды екен,

Сол қайғы екен мың рет құлап, тұрып.

 

Бір түйнекті нүктелеп шешем бе деп,

Бір бидайды бірігіп ексем бедеп,

Келіп еді керейге Бұлғын бойлап,

Берекелі еркіндік кешем бе деп.

 

Сенім кенде, айдалды, ісі пенде,

Сар мырыштың зәнталақ күші кем бе?

Ыстамбұлдың ымының жөнін ұқты,

«Тарқатылар жиектің ұшы менде».

 

Тағдыр дәмі татымас ылғи кермек,

Тұрған заман өрінен ылди дендеп.

– Бір сөзіңіз жеткізем, шашау шықпас,

Біздің ауыл аялдап, жылжи бермек.

 

Ала алмаған үйірден арлан – қақпан,

Құла аттан көз жазбай тарлан тартқан.

– Жібің түзу, Қамшыбай, шүбәланбан,

Сөзің – мәйек сорпадай айран қатқан.

 

Бір көрсем деп жүруші ем, жолықтым, ә?!

Мына тарлан емеспе, «Жорық құла»?...

– Жоқ, шаңия, құланың бұл інісі,

Ағасынан қалыспас толық тұра.

 

– Өзі ме деп қалдым мен сол құланың.

Көргендеймін даланың ор құланын.

Сөз болғанын сезгендей өзі жайлы,

Құла бұрды дыбысқа оң құлағын.

 

 ...Құмар болған даңқына құда, келін,

Көру арман аңыздың куәгерін.

Ыстамбұлда бар дейтің ғажап бір ат,

Адастырған Ақанның Құлагерін.

 

«Жорық құла» қажының өздік аты,

Мыңнан шыққан сәйгүлік бөлек заты.

Қажы Ыстамұл ол тұлға, дара туған,

Азамзаттың ішінде ғаламаты...

 

Құдай деген адамды қызыр қолдар,

Көк бөрі жон күбірлеп, күдір жолдар.

Құлады ғой не түрлі Құлагерлер,

Құрбаны боп қызыл көз, қызыл қолдар!

 

...Қос жанары ертерек арандалған,

Таусыла ма қу үміт, адамда арман.

Болама деп алладан қайыр,үміт,

Қажы Ыстамбұл емделмек, Қазан барған.

 

«Жорық құла» мінгені аппақ жілік,

Айшылық жер Алтайдан жеткен жүріп.

Жорыса да түсін бір жақсылыққа,

Көкейінен кетпеген бірақ күдік.

 

Тумысынан дарыған арда сауат,

«Бос жатыс бұл, қонбайды дауа, сауап»,–

Деген екен бір күні ат қосшысы,

Шүкірханды шақырып ауашалап.

 

Айналасын бажайлап басқасын да,

Құла ат тұрған татардың бақшасында.

Ал Шүкірхан ат қосшы күндіз-түні,

Жатады екен тапжылмай ат қасында.

 

Құла атты сыртынан сынаған дейд,

(Қорған – қала, сырланған, сылаған бейіт).

Құла аттың қоқымдап ай тұрғанда,

Қылшығы да қоңы азып сынбаған дейд.

 

Атты көріп байлаулы қоқымдаған,

Татар дәргер бір күні тосылмаған:

– Кезігеді адамға нелер ерен,

Құла аттың бітісі тосын маған.

 

Берсең егер, құла атты, паң қыраным,

Сусыныңды аңсаған қандырамын.

Екі көзің ашылып мұратыңды,

Жалғыз күнде шырадай жандырамын,–

 

Депті сонда Ыстамбұл: – Жасым қасаң,

Жолдасыммен, әпендім, ақылдасам.

Бастан құлақ садақа пысқан құлға,

Бір күн мұрсат алайын мақұлдасаң!

 

«Жердің келдім тән үшін қиырынан»,

От ұшқындап жалтылдап қиығынан.

Cу қараңғы жанарын тұман бүркеп,

Сырт айналып күледі миығынан.

 

Дәргер кетті, қазақтың ісін күндеп,

«Құла атын қақпанға түсірдім» деп.

– Әй, Шүкірхан, елің тап есің барда,

Тұрғанын көр тұп-тура түсімнің кеп,­–

 

Дептідағы кесетіп: – Бекем болғай,

Атыңа ие табылды, шетен борбай,

Аттанамыз, дайындал, «ақ боз туа»,

Тұрғанында сұмдығы секем алмай!

 

Баппен ішкен бал татыр қара суы,

Жан қоя ма, жазмыштың таласа уы.

Қажы солай, түңіліп, елге қайтқан,

Мал ашуы, демей ме, жан ашуы.

 

Сол құланың көзіндей бұйрық бұ да,

Мына тұрған керіктей жүйрік құла.

Бар ма екен қазақтың даласында,

Бұған жетер шын жүйрік құйрықтыда...

 

«Мынау жүрген ежелден бөрте керік,

Ырыздығын еркімен жесін теріп»,–

Демеді ғой деміккен екі шерік,

Түспей аттан түнеріп төсін керіп.

 

Қанның исі шығады шекпенінен,

Қан шықпайды тілсе де беттерінен.

Сол халықты қақсатып, зар жылатса,

«Халық» күйін не пайда шерткенінен?

 

Сәні кеткен қаңырап сырлы аяқтың,

Әні кеткен салқын төс, сая-бақтың.

Халық ұлы шалғаны, құрбандары,

Өте өзімшіл, көкірек саясаттың.

 

Сүйремейді сірәда өрге сені,

Оқ тілімен адаммен сөйлеседі.

Қырына алса сот-мотсыз «тырс-тырс»,

Беретұғын жауабы, дөйге есебі.

 

От көсейді деу күнә қапы қалып,

Заты зарлы, мақсаттың аты жарық.

Отырғаны өлетін күнін санап,

Қоян жүрек –

Қоңторғай запы халық.

 

«Көш-көш» дейді көсеулеп, әкіреңдеп,

Жазылмайтын дерт қонды әсілі емдеп.

Құлазиды ел кетіп Бұлғын бойы,

Аз керейдің төріне кәкір ендеп.

 

                           ***

...Ерулесе қазақ қой желі керіп,

Жайлау десе кететін тері кеңіп.

Байыннұрды жағалап қонып жатқан,

Шудабайдың сол күні елі келіп.

 

Қара жермен қара көк көк түйісіп,

Аспандағы ай менен көл сүйісіп.

Жұрт жаңалап жайлауға қонған қандай?

Танау керіп таза ауа, шөпке исініп.

 

Көктің буы көлбеген жібек күміс,

Көптің шуы көпіріп, үдеп тыныс,

Көрінбейді көркінен кішкентай мін,

Жайылуы аз, көбейген күйек, күйіс.

 

Көгілдірік, көгілжім көлде үйрек,

Көбелекке елеңдеп бірге билеп.

Епті аралар есіріп өң жаңалап,

Еліреді хас сұлу гүлге күйлеп.

 

Ақ дидарын ал қызыл жапқан қына,

Көк ала етек, бөп-бөрте тастай бұйра.

Көрінеді күйсеген қоралы қой,

Мамыра жай жамырап жатқан мына.

 

Тоқып бақыт өрнегін ұйығынан,

Жылтиып ет шақайдың жұлығынан.

Қой шетінде ұйқылы қойшы жатқан,

Қарын жастап, қылжиып қырынынан.

 

Сан мың сағым үймелеп кірпікке кеп,

Көк лақ кеп кетеді түртіп кенет.

Тілеп жатыр Тәңірден «үйірімнен,–

Адастырып, Алтайдан үркітпе» деп.

 

Атқа көті тимеген, мысы тартық,

Алашта жоқ еңбексіз кісі артық.

Қайқы құйрық аюдай ақ төбеті,

Атып тұрды, ұлыды ішін тартып.

 

Ауырғандай қойшымыз тап бір жері,

«Тақсыр белім» деп өзі тәпсірледі.

Қабақ шытып, ұғардай итке налып:

«И-и, табаның, и кәпір, тартқыр»,– деді.

 

Қарғап алып, ішінен аяп келед.

– Көшүк-күшүк, келе ғой, әй, Ағ төбет...

«Ит-ғұс ба екен, көрүнгөн? Сездің нені?

Айдалумен ісінген аяқ – көнөк».

 

Адам үшін арқа етін арша етіп жүр,

Жанарынан жап-жасыл жарқ етіп нұр.

«Жетті қауіп»дегендей кетті шауып,

Ақ төбеті үрді де арс етіп бір.

 

Мал соңында жүреді жазы-қысы,

Адамға адал дос еткен тәңірісі.

Аса сергек, сезімтал хайуанның,

Болжауында болмайды жаңылысы.

 

Барады ытқып Ақ төбет не қылайын,

Аңға түскен созылып тазыдайын.

Айдың көлдің мүлгіген ақша беті,

Анықтайды ертеңгі жаз райын.

 

Төбе жерден тосатын тоқтай-тоқтай,

Жота, жоннан ақты ит атқан оқтай.

Ал қызыл тіл атқақтап аранынан,

Жалтылдайды кәдімгі шашқан оттай.

 

Малды тастап келмеуші ед кел дегенде,

Тура тартты Ақ төбет көлдегі елге.

Шапқан сайын үдеріс еһіленді,

Ертегідей естілер көрмегенге...

 

***

 

Еркін жүзген балықтай көл ішінде,

Бір мүлтіксіз жаттыққан төл ісінде.

Жазып жатқан Нұртаза құран сөзін,

Иі қанған тау теке терісіне.

 

Бұл жазбаның беретін жемісі не?

Замананың байланбас желісіне?

Құдайсыздар құранды отқа жағып,

Талатарын сезді ме бөрісіне?

 

Ғұмыр жасы қамшымен өлшенеді,

Қол жазбасы, кітабы өртенеді.

Қалай да бір белгі артта қалу керек,

Қалай ұрпақ таниды өлсе өнері?

 

Жазып жатыр қотарып құран сөзін,

Әр ноқатқа қадайды екі көзін.

Әр қарібін қатасыз жазу үшін,

Жанын салған, жауапты неткен төзім.

 

Арасында елжірер күлкілі ме?!

Бұ жалғанның жетіпті кім түбіне?

Шүңейтіне кетеді ойдың сүңгіп,

Жүрек жасы ілініп кірпігіне.

 

Алып отыр жан жақтан аяр ақпар,

Аулап келед адамды ала аяқтар.

Судай сіңіп, құрдымға кетпес үшін,

«Сеніміңді,– деп жазды,– аялап қал!».

 

Жазып жатыр теріге құран сөзін,

Құлшылыққа арнаған жанын, өзін.

Жатыр десе жау шауып мыңқ етпейді,

Не қылады дүние қызыл бөзін.

 

Анық басың осы үшін кесілері,

Құран сөзін теріге көшіреді.

Мүмкін жарып бір жерден шыға келер,

Басқан шақта қоғамның көші ілгері.

 

Міне, соңғы нүктесін қойып, жапқан,

Қапқа салып, бұрышын оюлатқан:

– Қос кебеже кітапты сақтау қиын,

Мынау мұра болды дөйіт, батпан!

 

Алып жатып қос қолдап бәйбішесі,

Аппақ нұрдан жаралған әр мүшесі:

– Не көрінді көзіңе... деп қалғаны,

Ақылына заты да сай кісі еді...

 

***

 

Шудабай би шыққанды дәл өтіне,

Намаз алды әдепкі дәретіне.

Жұлдыздайын жарқырап ұшқан тағы,

Киліккені бұзылмас әдетіне.

 

Қыңсылында қысылған шаншу – ырғақ,

Еркелесе құйрықты тұрар бұлғап.

Шапшуырлап жармасты шалғайына:

– Үйт, әумәсір, мал қайда, қалың жұмбақ?!

 

Түсінісу – адамға асыл ұғым,

Түйсік болса алады ақыл ұлың.

– Неге бұздың, Ағаю, көңілімді,

Не деп тұрсың, хайуан, мақұлығым?

 

Ит шапқылап, шығарып ұлы қылық,

Тоқтай алмай, жер тырнап, ұлыды үріп.

– Келгендей-ақ қайткені, беттен алып,

Тапа түсте жау шауып, ұры кіріп.

 

– Келіп тұр ма, хайуан соны ұқтыра,

Қоңыр аю қойшыға, жолықты ма?

Әтібай да елеңдеп:– Тек емес, деп,

Отағасын сөйледі толықтыра.

 

Құлай сүйген тіл әкеп адамына,

Тайып тұрды ит таулы өлке тарамына.

Үйді тіреп еңгезер бойыменен,

Би ұйыды бесіндік намазына.

 

Би ұйыды, бесіндік пайдалы әні,

Ұмыттырды намазы айналаны.

Дүниенің арылып азабынан,

Дамылдады запыран  қайнағаны.

 

Ақ иманға ұйыған бөпесімен,

Бүктетіліп сәждеге шөкесімен.

Тепкендей тап маңдайдан

Естіледі,

Аттұяғы дүбірі шекесінен.

Делебесін қоздырып итаршының,

Қояр емес үдетіп, ит арсылын.

Шудабайдың жайылған алдындағы,

Жайнамазы сияқты бір шаршы мұң.

 

Жатқандай-ақ тап қазір жан шыққалы,

Түрегеліп  қылшықтың талшықтары.

Әмір таппай әнекей абалады,

Ала төбет, ақ аю, қаншықтары.

 

Адам – бидай, асайтын диірмен – жер.

Бойға иманын үкімсіз үйіргендер:

Шоқ түссе де жұпарлы түйсігіне,

Ақ сәждеге қыңқ етпес иілгендер.

 

Меңірейген мүрделер әлде мүсін,

Балбал сынды қашалған мәрмәр пішін.

Жел аңырап далада, түндік желпіп,

Ала бұлттар өзгертті аспан түсін.

 

Күні бойы үй бетін көрмей ойнап,

Қабдыл, Бәміш кететін салып ойнақ.

Қайтқан кезіп бір шолып жердің шетін,

Арасында әндетіп «Керім-ау-айлап».

 

Үрген иттен лаңғада,тұман алды,

Үріккен тайдай үрпиіп тұра қалды.

Түстік тұстан бір қора атты шерік,

Құйындатып, шаңдатып құлағанды.

 

Ана төсте жатқандай сілкініп жар,

Ұшты Бәміш аталап мір тілі бал.

– Қаптап келед мойнақтан қалың шейік,

Ата, ата-а, бәйінің мылтығы бар!

 

Жегендердей шептегі көптің қамын,

Айғайымен көтеріп көктің таңын.

Бәміш, Қабдыл сүргектеп түсті беттен,

Бездек қағып, шығарып төстің шаңын.

 

Жаршысы емес бұл айқай жаңалықтың,

Жүректерге кіршіксіз жамалып мұң,

Шырқыраған дауыспен шығып жатыр,

Қош айтысып күндері балалықтың...

 

***

 

Жаңылдырған жадынан есі барды,

Кербез келін кір жуған. Есік алды.

«Не бүлдіріп қос тентек келеді», деп,

Оқиғаны өткен бір есіне алды...

 

Қызықтағыш шағы ғой жас жүйенің,

(Қажетіне балаға ат-түйенің).

Жіпке тізіп ап келген Бәміш, Қабдыл,

Әлде ненің ақ сөңке бас сүйегін.

 

Қылық шығар не түрлі қыршын жастан,

Түнде оятып сәби ғой ұйқыңды ашқан.

Қатындарды қой сауған шуылдатты,

Әлгі басты көрсетіп қымсынбастан.

 

Сауыншының жүзінде алаң басым,

Қурап қалған көрмеген адам басын.

Басын тығып, бажылдап, қосағына,

«Қараң қалғыр» де жатыр қара қатын.

 

Жарылқаған Ана Алтай халқын емген,

Самал ескен саумалдай салқын белден.

Алтын тауып алғандай мәз-майрам боп,

Адам басын балалар алып келген.

 

Қайдан білсін сәбилер ненің басы,

Әрине жоқ, басылған ен-таңбасы.

Тал шөп үшін қиылған бір бас үшін,

Төгілді екен қаншама көзің жасы?

 

Еркелеткен есімдер Қабдыл, Бәміш,

«Елді сүйсең әуелі жермен таныс».

Деп үйреткен Би Ата балаларын,

Қасына алып айтқаны, толғай алыс:

 

-- Таудай болсын білмекке талаптарың,

Ол жерді енді баспасын аяқтарың.

Қандай тағдыр кім білсін жазылғанын,

Бас сүйегі адамның, қарақтарым.

 

Ішкен суы ащы жын, асы бөтен,

Кімге тұрақ бомаған осы мекен.

Бетін ғана жасырып кете барған,

Жер қорғаған әлде ердің басы ма екен?!

 

Ала бақан, ала жіп, аттамаған,

Құлқы сүймес, құр сөзді жаттамаған.

Қазағымның алдарақ қасиеті,

Қылшығында жат жерге тастамаған...

 

«Болды ма бір кемісі қаныңда лай,

Шыдап бұған жүр екен жаны қалай?

Қайран бас-ай, қаңырап қалды неден,

Қара жер де қойды ма қабылдамай?

 

Діні басқа әр ұлттың ділі басқа,

Ұқтырған жөн болады мұны жасқа.

Тастайтұғын салты бар ұраңқайдың,

Өлгендерін иенге, тау мен тасқа»...

 

Қанаттарын ұшуға қағып, жайып,

Сәбилерге талпынған тағып айып,

Ұрыспады,

Тұтатып құрым киіз,

Ұшықтаған екеуін жуып-шайып.

 

***

 

Қатып көзге қаламы кергіді уық,

Жөнемекке ел жиналған белді буып.

Көш деген хат жолдай сап, үш күн өтпей,

Оншақты әскер желпініп, келді қуып.

 

Аспанға атты мылтығын, бірден затын,

Байқатқандар, қарғытып мінген атын.

Ытқып жатыр үй-үйден бала-шаға,

Бақырауық, бас бүркеп інген-қатын.

 

– Не қылғаны-ей, тал түсте мынауысы,

Демеді ғой, алдында ел, тұрау кісі?!

Шықты бидің шіреніп бәйбішесі,

Жерді сызып шаңқан боз шылауышы.

 

Қарсы шыққан алдынан қатын көріп,

Топты шерік таңқалды қасын керіп.

Ырсияды қан жұққан тырнақтары,

Жасырмаған жан алғыш затын көрік.

 

Қалпақтысы басқадан бөтен еді,

Тура соған Әтібай төтеледі.

– Ей, еркегің, тұр солай, қан қапты ма?!...

Ақырады, әредік, жөтеледі...

 

– Бүйтері бар хат жаздың үндеп несін?!

Жан алсаң да, шырағым, тіл кеспессің?!

Жаңа мизам жасауыл жігітіне,

Ұрғашымен деп пе еді тілдеспесін?!

 

Жөніңді айт, қайдансың, қайрап тісін,

Келген қазақ, қағынған қалмақпысың?

Қаруың – от, шаншылған шайпау сөзің,

Шауып бізді немене алмақпысың?!

 

Атыңнан түс, әуелі аяқ суыт,

Жан екенсің шөлдеген жүрген суыт.

Кезіккенің беймарал, бейуаз ел,

Жақпайтын жұрт, жау тілеп, аяққа уыт.

 

Діні қатты келеді зілі ауырдың,

– Бар ма, еркегі бастайтын бұл ауылдың?!

– Ел иесі, қарағым, намазда тұр...

«Батуын-ай, кісәпір, бұрауының».

 

Жаман ырым, жаман ой – басқа қайғы,

Басын адам қос қолдап жастамайды.

– Жүр, қарағым, анаңмын,

қазақ ас пен аруақты

білесің  аттамайды.

 

Ұсынған нұр, ақ жаулық, аппақ тысы,

Бәлкім ана әулие басты мысы.

Қайырып тұр қадалар кек қармағын,

– Болмайд, шеше,– деп қалды қалпақтысы.

 

– Айналайын, әй, ұлым, атыңнан түс,

Аруақты аттама, асымнан іш.

Байқап қалды Әтібай жүдегенін,

Ұшырмастай болса да басынан құс.

 

Сау дүние қалды ма бүлінбеген,

Көз көрмейсің жарқылдап, күлімдеген.

Тісі – темір,

Тілі – оқ,

Төрі  – түрме,

Адамды адам заман-ай, бүріп жеген.

 

Сана – бұзық, адасқан тектерінен,

Мінез – дөкір, дүрегей шеттерінен.

Ұғып, ұқпас ілімге иген қайып,

Кесіп алса қан шықпас беттерінен.

 

Ата жора мың жылдық салтқа кері,

Әпербақан әулекі баққан елді.

Адамзаттың ойласаң қата жолы,

Атқа мінген ақылды атқан ерді.

 

Елдік, теңдік, еркіндік арманы мол,

Қас қыраннан тұтқандар қарғаны зор.

Қандай орға апарып құлатады,

Алтын сара атанған ақ түтек жол?

 

Мына тұрған Кенжебек асқан қару,

Мұны дағы бір қазақ тапқан ару.

Атты көкке, пәтшағар, дейме екен,

Қорғасынға бейуаз аспан зәру.

 

Үміт – медеу әркімге үйреншікті,

Барқыт шапан қоңырқай киген түкті.

Киіз есік биіктеу көтеріліп,

Шудабай би аптықпай үйден шықты.

 

Шойын мінез, шоң мұрын, салалы ісі,

Көнін керген кезінде дара күші.

Шырт түкіріп, асықпай сіңбірді ол,

Қарағайдай Шудабай қара кісі.

 

 

Атақ-даңқа оп-оңай сатылады,

Адамзаттың ақылсыз ақымағы.

Жайлап атып, Шудабай насыбайын,

Үркер топқа аяңдай жақындады.

 

«Қайратым аз менің де ескіргенім,

Ел демейді, жер демейд ешбір бегің.

Жасыл шыңды шыңғыртып жар салсам да,

Айқайымды жан бар ма естір менің?!

 

Еркіндікпен жырғаулы бес күн демің,

Бір дәуірдің байқаймын ескіргенін.

Көтеремін келешек жүктесін мін,

Елге ие бол дер ем Ес білгенің».

 

Кенжебек тұр шақпақты шартылдатып,

Көк мылтықтың кезеніп жарқылдатып.

Қатын-қалаш, сәбилер, бала дардай,

Би сыртына жылыстап, жатыр қашып.

 

Көк лақтай тартылған әр санаттың,

Құлы еді жұрт темір тін әр талаптың.

– Шудабай ма?!

– Кенжебек?!..Мен боламын!

«– Такапарын, ойпырмай, кәр талақтың!».

 

Бір өкімет көрмеген күнім деген,

Естігені өктем үн күрілдеген.

Шудабайдың оқталды от жанары.

Кенжебекті тесердей кіжіңдеген.

 

Құшары нақ қарысса қорғасынды,

Жайқақтау да жараспас жорға сынды.

– Алған болсаң мынауың қай отырыс,

Алмадың ба, Шудабай, қол хатымды?!

 

«Қызыл өзен еді мен кешпеген су,

Бұ да қызыл, қызыл қан көксеген сұм».

– Алдық, алдық... жуықта... Ар ма, балам?

– Алсаң неге отырсың, көшпегенсің?!

 

Гоминданның қорлығы, зорлығынан,

Талай тағдыр тар жолда болды құрбан.

Көшіп келед елді елге қасамын деп,

Қарсы алдынан кім тағы торды құрған?!

 

– Бір үй емес – қара нор, Бұлғын бойлап,

Сері емес, сал емес, өңшең бойлақ.

Кешіккен ем, асықпай артым жиып,

Көшіп келем, бүгінім, ертеңді ойлап.

 

Шешен сөзден бар ма екен талған таңдай,

Адам азып, барады талғам қалмай.

Мәннен гөрі сөзінде Кенжебектің,

Айғай басым: – Көш!– деді,– таңнан қалмай!

 

– Е, Кенжебек,– деді Би,– келгенің бе?

Келмей жатып сен мені жерледің бе?

Айтпадың ғой, көшірер мақсатыңды,

Сабырға кел, кеудені, кергенің не?!

 

Күшке салсаң күйзеліп ел күрсінбек,

Елмен бірге күңіреп жер күрсінбек.

Құртқан осы «сен кімсің» қазағыңды,

Бәлсінбеймін, мен саған «Сен кімсің?!» деп.

 

 Көрсе күйлер, сұқтанып жас қатынды,

Жақсы білед Кенжебек қақсатуды:

– Көш деген соң көп сөзсіз көшпеймісің,

Не етпек едің, қайтесің мақсатымды?!...

 

«Нең бар еді, Шудабай, не керек деп!

Қарсы келіп, қайтесің көгеректеп,–

Ойлады би ішінен,– оның күйі,

Отқа түсіп өлетін көбелек кеп».

 

Қасаң шама кеудеде тұншығады,

Тәңірінің бұ дағы тың сынағы.

Кенжебек те қол салды тапаншаға,

Қимылынан құлан жал қымсынады.

 

Батқан сорлы замана былығына,

Кім сүйсінер Кежебек қылығына?

Амал бар ма, өгіздей өңкілдетіп,

Жетпейтіндер айдады жұлығына.

 

Қу заман-ай, інгенге атан шөккен,

Түсті ме бұл Кенжебек, аспан-көктен?

Қыл мойынына ілгені құл аманат,

Жұрттың ойы ол жайлы астан-кестең.

 

Коммунисті деседі көк қалпақты,

Қалқан қылған қысық көз көп қалмақты.

Білмейді ешкім руын, ата тегін,

Дегеніне көніп жұрт көлкек қақты.

 

Қоясың ба, міз бақпас міскінге сын?!

Қызыл жалын сайқалдың тісіндесің.

Желге кетіп, айтпағы, былай деді,

Сөз ұқпасын би дағы түсінгесін:

 

– Баспаған жер баруға болар қашық,

Мәселе ғой, кеңесіп шешер ашық.

Қатын бала, қараша үй, қалың малмен,

Не марқадам табады шет ел асып.

 

Таласпаймыз ешкімнің тағына біз,

Үдесінен сол тақтың табыламыз.

Сөзіміз сөз, ішкен ант, сертіміз серт,

Өкіметке не айтса да бағынамыз!

 

Бағынамыз қабылдап, құзырыңды,

Бір көрмекпіз ащыңды, қызығыңды.

Бабын сақтап мал-жанның баяу келем,

Байқадың ба, бір оғаш қылығымды?...

«Айдап келед белгісіз түбі, тегі,

Айдалған ел алдынан не күтеді?

Көнбей көрсін күштінің айтқанына,

Табанында жаныштап үгітеді.

 

Жер-су тұрмақ сабақтас үні, түбі,

Мұңғұл жанған алыстан үміт еді.

Болмас сірә бағытым – баянсыздық,

Тыныш болсын, айдаудың, түбі тегі».

 

Төңкерілген әнеу тас көң құшақтай,

Көрінеді кәдімгі көк тұсақтай.

Сол екешім үріккендей мінәсіп пе,

– Көшесің ғой, Шудабай, көп қысатпай?!

 

– Жөн, Кенжебек, айбарлап, ұрысқаның,

Қалың шерік, қол бастап ту ұстадың.

Босқа тозып, ел үркіп, түсінікті,

Шашылмасын дегенің уыс қаның.

 

Ақ ажардың шалмаған қылау ұшын,

Түзей жүріп ақ шаңқан шылауышын.

Таяп келіп Әтібай былай деді,

Кенжебектің кежесін сынау үшін:

 

– Көрінуші ед бір сәуле алыс қырдан,

Құдай шығар сіз, бізді табыстырған.

Бала екенсің уыздай жүзің ізгі,

Ел арасын сөз көп қой шағыстырған.

 

(Ымыменен шалының құдай қосқан),

Ырыс басы ынтымақ, райласқан.

Үйге жүріп дем басып, шай ішіңдер,

Әй, келінжан, дастархан жәйіп жібер.

 

Кенжебек те ет жүрек, арбалғандай.

Асылық қып, түсуге арланғандай.

Қаһарынан қайтпады, қызылдардың,

Құйрығы еді қызылға қалған қанбай.

 

Кер болса да кесірлі барыптұрған,

Шымырлады жотасы, жарық нұрдан.

Би сөйледі ұмтылып:

– Тарқасалық,

татуласып ақ сарбас шалып құрбан.

 

– Айтпа! Айтпа, Шудабай, тыңдағам жоқ,

Баяғының байындай мұнда адам жоқ!

Көшпеймісің? Көремін! «Мойынымды,

Бір сарбасқа бағалап, пұлдағам жоқ!».

 

Тамамдалды осылай айтылмағы,

Адам бар ма болжаулы, айқын бағы.

– Бидің сөзі, Кенжебек, біреу болад.

– Біреу болса жайлауда Сайқындағы

 

Көл басында Көкғолда жолығалық.

– Жолығалық, Кенжебек, жолың анық.

Таспа алады жонынан жолықпаса,

Басталады сонда нақ жорық алып.

 

Боран соқса ықтасын елге жүдеу,

Шыға келді қара атты белге біреу.

Кеш жүретін, ер жастап, қиыр жатып,

Байтаза еді, Бай Бұлғын, елге сүйеу.

 

Бағанадан бұларды бақылаған,

– Ата,– деді Бәміші,– батыр ағам,–

Кенжебек те тіксініп, ықыстады,

Болсадағы жан керек батыл адам.

 

Үркердей топ барады шоқтай қарып,

Байтаза атын қарғытып, тоқтай қалып.

Зымырады жұлдыздай құйындатып,

Астындағы қара аты оттай жанып.

 

«Сабыр,– десті үлкендер,– сабыр батыр,

Мына пәле қаныңды сапырғал тұр.

Батырлықты бір оқтық күш санама,

Арындама, алдырма масылға сыр».

 

Болады көп бос кеуде пенде де екпін,

Батыр ұлын айтады кенде деп кім?

Сұсыменен мылтықтың ұрсып тұрған,

Қан тілейді көкейі Кенжебектің.

 

– Оқ шығармай, Кенжебек, шақырыңыз!

Бақанымыз, сүйенген пақырыңыз.

Елін қорып, қайтарып жаудың бетін,

Бағып жүрген ел шетін батырымыз.

 

«Тазарта гөр, нәпсісін лайынан,

Қайтара гөр, жасаған, райынан.

Пәлекет қой, ашыққан ми шағып жер,

Қорықпайтын қолбала құдайынан».

 

Кенжебек тұр атуға дайындалып,

Бидің сөзін, сөз дей ме, пайымға алып.

Іштен жеген ақ құрттан жауың жақсы,

Атысатын аңдысып, айыз қанып.

 

Туған жердің аумаған жартасынан,

Атқызбайды дұшпанға арқасынан.

Өр кеудесін Байтаза оққа тосты,

Шудабайдың көрініп қалқасынан.

 

– Айтқанды істе, әй, батыр, алақтамай,

Арлы-берлі ат қинап, далақтамай!

Бүгіп қалды Кежебек жатқан іште:

«Тұрғанымда,–дегенді,– тамақтамай»...

 

                        ***

 

...Аян мүмкін...

Кенжебек түсінде өпті,

Өткен бір күн әкесін... түсінбепті...

Қызыл айдар, қыл мойын, қызыл шақа,

Қырық әтеш түк қоймай түтіп жепті...

 

***

 

Таң қуарып шығыстан сызылғанда,

Таудың түсі малғандай қызыл қанға.

Түйе шомдап, ат ертеп, артылды жүк,

Тағдырына тауқымет сызылған ба?

 

Кең даланың бейуаз көгершіні,

Ұзамайды мекені ­­­­– өлер шыңы.

Жазылғанды маңдайға бұза алмайды.

Тағдырының тасырлақ тегершігі.

 

Азынап жел, айдалды ел, тұлдыр ғұмыр,

Алқа төстер арттағы бұлдыр-бұлдыр.

Тайса жолдан қазулы, сайлаулы көр,

Көш келеді шаңдатып, салдыр-күлдір.

 

Ойпат қалды ойысып, жота ұлып,

Көшті таңнан көшкіндей қопарылып.

Келе жатыр бейтаныс бір аймаққа,

Бір тайпа ел түбімен қотарылып.

 

Келе жатыр өрелі, шідерлі де,

Кезіксем деп жөн білер жігерліге.

Кедір-бұдыр, салалы алдағы жол,

Жеткізеді қайсысы Жиделіге?

 

Еркіндігі шектелген Ел айдауда,

Есесіне еліріп жел зарлауда.

Сыбызғыдай құмыққан сарғайрақтап,

Қоңқылдайды қойнаулар ен жайлауда.

 

Зарласыншы ерікті құбылған жел,

Шулаған мал, қара нор шұбырған ел.

Ат-көлікті, көліксіз жаяу-жалпы,

Қыннан қылыш қырқада суырған ер.

 

Қайрайды тіс,

Қайырсыз сайдан сайғақ,

Шайнай-шайнай шолтиған қайран бармақ.

Бар бақытын бағыныш, байлаған тыс,

Болмас ауыр бұлжытпас бұдан салмақ?

 

Емес мұқтаж, ел еді зәру аққа,

Аттамаған ала жіп әр уақта.

Айтып сойып, аттанған көк қасқаны,

«Аман қыл» деп Аллаға, аруаққа.

 

Тілегенін Тәңірі берер ме екен,

Қалауына тағдыры көнер ме екен?!

Дәм-тұз, тартып топырақ, қала-зират,

Қайта айналып мекенге келер ме екен?

 

Оңы қайсы, адасқан, солы қай жақ,

Көш келеді созылып соры қайнап.

Көп шерікпен сол көштің соңын торып,

Кенжебек жүр сабалап, соғып айдап.

 

Аялдады ел айнала қорған екен,

Қолбаң-Солбаң деседі Қобда мекен.

Әлімсақтан әйгілі аян бағы,

Жеремес-ті қазаққа ол да бөтен...

 

                       ***

 

...Қыздан қалар қылықты қырмызы түн,

Өңсіз еді сол күні қыр гүлі тым.

Ұландаба асатын мойнағында,

Кенжебекті Бұлғында қылғыды түн...

 

Естімедік Кенжебек ер дегенді,

Кім еді ол? Қобдаға жерлегенді.

Сол қазақтың кім іздер сүйек, етін,

Қоя тұрып, жазғырып, жерлегенді?...

 

Алтай таудан бұйырып топырағы,

Кенжебектің тағдыры тоқырады.

«Кенжебек кеп айдаған заман» десіп,

Ел ертек қып бұл күнде отырады...

 

                    ***

 

Оңы, солын ораған зордан қыспақ,

Қызыл түтін  – ащы у қолқаны ыстап.

Күзеп Солбаң босқан көш есін жиып,

Оралады мекенге Қолбаң қыстап.

 

Ыңғай асау ерікті, жиды есін,

Құрық көрсе құтырып, желігетін –

Жас келіннің жайнаған жасауындай

Бұлғын күткен байырғы жер Иесін.

 

Алтын аймақ, құшағын ашты айлағы,

Ақ қайыңға алшайтып ат байлады.

Ақ күмезді таулардың Ай басында,

Алаулады қазақтың Ақ байрағы.

 

Ұлы мұрат үзілмес сүйінгені,

Бармақ тістеп Шудабай күйінбеді.

Тізгін іркіп, тамамдап есіл күнін,

Еркіндігін Алтайда түйіндеді.

 

Арты аяз, азынақ үсті желік,

Айналасы қан қызыл сұсты көрік.

Бір абақтан амалмен босап ерік,

Бір қақпанға бір тайпа ел түсті келіп.

 

Дауыл өңнен ызғарлы,

Отан ұлып,

Жайпап келед терістік қотарылып.

Ысырылып мендік дер кеңістіктен,

Қайрап тісін, зарлауда отар – ырық.

 

Қара мұрттың қан ішіп қыбы қанды,

Шынның даусы өзекте құмығады.

Көк бөрілі байрағы көтеріліп,

Қашан қазақ бірігіп, шынығады?

 

Бай Бұлғынның бағзы жұрт саласында,

Екі ұшты арман көктеген санасында.

Кезең үсті кез болып кері заман,

Ел сандалған екі оттың арасында.

 

Шекаралық  аумақтың таласы мол,

Алма кезек екі дөй салады қол.

Алтай таудың ақырғы шалғайынан,

Қарпып қалар молырақ шамасы зор.

 

Арам жерге түлен де түнемейді,

Арлы болмай ақыл да түлемейді.

Ел тұтқасы жиналды Сөңкіл көлде,

Ел тағдырын шешпекке түбегейлі.

 

Ұраңқайдан келгені Амыр, Баян,

Ұзақ жылға жалғасқан тамыр, ноян.

Ителінің иесі Шудабай би,

Базарқұлдың Тәшкені елге аян.

 

Отыз бестің тамаша жазы еді,

Төр жайлауға белін ел жазып еді.

Айналасы Шіріктің мықтың үйі,

Ат шаптырым апай төс, жазық еді.

 

Тамылжыған табиғат, мамыр айы,

Шұрқыраған көп жылқы, құлын-тайы.

Алты қанат төрінде ақ боз үйдің,

Баяндалды әуелі елдің жайы.

 

«Көзімізге шөп салды, күрең ізге,

Құдай үйі күйреген Хүрээңіз де.

Бес жыл болды бел шешіп тынықпадық,

Айдалумен сандалып жүреміз бе?

 

Енді бұған не шара қыла аласың?

Домалайды қай жерде мына басың?!

Қырып тастап қынадай қыңқ етпейді,

Арқаңғайда* өзінің ламасын.                                 *Арқаңғай – өлке атауы;

 

Деуге келмес өргі бет ес түзеді,

Өктем дауыс зорайып естіледі.

Сылтау тауып сыныққа қаптап шерік,

Енді айдаса қызылға өткізеді.

 

Қонысымыз тарайды, өрісіміз,

Есесіне көбейді көрісіміз.

Қой терісін жамылған қасқыр сынды,

Түсінбедік төр жақтың көп ісін біз.

 

Қажет боп тұр қалай да амал етпек,

Үш бу хатпен тіл жалғап, хабар кетсек,

Тебе қоймас өзектен өз елің ғой,

Төрт би менен төреге аман жетсек».

 

Ананы да сөз қылды, мынаны да,

Бірін-бірі  бір шалып, сынады да.

Сілтідейін тып-тыныш тына қалды,

Шудабайдың шындығы ұнады ма?!

 

– Өнеміз  бе, әлде біз, өлеміз бе?

Ай тұра ма мәңгілік төбемізде?!

Болашақтың ботасы боздамасын,

Осы сұрақ меңдеген денемізде.

 

Айтылғанның бәрі рас, бәрі де жөн,

Өкіміне патшаңның көнеміз бе?

Алтай-Алтай, Алтай* деп аңырайсың,              *Ел Алтай тауының күңгейін Алтай, теріскейін Қобда дейтін;

Алтайда жоқ, төрт би де төреңіз де!

 

Құмға сіңген арманы сағым болып,

Беc жүз үйлі ұраңқай, қалың қобық* *Чулуунбатын А. Ховд хязгаарын хил хамгаалалтын товч түүх оршвой. - 50 б;

Жайлы болса Арқадан ауа ма арқар,

Ол да келді паналап, жанын қорып.

 

Шаш ал десе есіріп басын алған,

Үрімжіні Шың шы сай басып алған.

Қолтығынан үрлеген оның да орыс,

Қорқатұғын өлердей жасыл Арадан!

 

Ашынбайды улы тіл, таңдай құрдан,

Ашындырған Алашты  маңдайға ұрған.

Осында ойын істеген Бабай дейді,

Қаны жерге Құмылда тамбай тұрған.

 

Жаның Тәшкен, артық па Жантайлақтан,

Елін жомарт жан еді жаздай баққан.

Басын апты оның да кешелі күн,

Құр қаламыз, халайық, қандай бақтан?!

 

Бері тартасың, біреуің ары тартасың,

Ана есікке сыймай тұр арқар басың.

Көбелектер көзіне күйік болмай,

Жатқан жөн ғой жастанып Алтай тасын.

 

Еркіндігім ырқында сесті иенің,

Немді бұлдап күштіге шекшиемін.

Басым бодан, бас иер жерім кие,

Жаным кетіп, қалатын ет-сүйегім!».

 

                           ***

 

Алтай таудың ақыры шалғайына,

Көнбейтін Арғымақ шаужайыңа.

Еркіндіктің Шудабай өшпестей қып,

Басты мөрін жартастың маңдайына.

 

                          ***

 

Жаматының жағасы кемел есі,

Жанған оттай Бұғыты кенересі.

Келді өмірге,

сұп-сұлу

Сұмдық енді,

Шудабайдың шырқырап немересі!

 

Қаралы шақ толтырған қарамға ұртын,

Шудабай би жиып ап алаң жұртын.

Мың тоғыз жүз жыл еді отыз сегіз,

– Қалсын ұрпақ, десеңдер, балам-ұрқым.

 

Айға шауып артымнан арандал ма!

Істемеске бұйрығын шараң бар ма?

Түгел қырып тастайды тамырыңмен,

Қазір тісің батпайды қарамдарға.

 

Біз бір кеме теңізде тербетілген,

Ертеңіңді көремін келбетіңнен.

Не болса да патшаңның әмірін тұт,

Кетпес үшін жойылып жер бетінен.

 

Аман болсын, туған жер, қасиеттім,

Қарт Алтайым, бесігім, несіп еттім.

Саған мұра, ел-жұртым, табыстарым:

Қамшы, белдік, қаламым, өсиетім.

 

Тор құлынды туа үйрет талмас күшің,

Арға сақтап Рухтың алмас ұшын!

Бүгін көрген дұшпаннан қорлығыңды,

Ертең мұтып ұрпағым қалмас үшін!...

 

Аялай біл, жеріңді, мекеніңді!

Ұмытпағын Көк Түрік екеніңді!

О, Қазағым, қазағым, баянды бол!...

деп орнынан Шудабай түрегелді.

 

***

 

Адал Ары, киесі нарқына пар,

Алаш атты адамзат халқына жар.

Алтын жалды мекені Арғымақтар,

Алып құрлық арада Алтын Арал!

 

Қош-қош айтып артында қала берді!

Қара тұман бүркеді дала, белді.

Қара бұлттың ішіне сіңді барып,

Кісінетіп, күдір бел қарагерді.

 

***

 

Айтылар сыр, ашылар қалың қаптар,

Аз да болса оқушым алдың ақпар.

Айқай, Алтын Аралдан келешекпен,

Кеңеседі алтын жал Арғымақтар.

 

Зуқа батыр баласы Солтаншәріп,

Күндік жерден көрінер алтын әріп.

Құтқарам деп қытайдың зорлығынан,

Түркияға жеткенді халқын алып.

 

Ақиқатқа әрине уақыт қазы,

Төрт мезгілдің төресі күннің жазы.

Үрімжінің өліпті түрмесінде,

Отыз тоғыз жылында Ақыт қажы.

 

Әлі күнге хабар жоқ Ұябайдан,

Қажылыққа жарықтық қай жыл барған?

Қайтып өлді, қай жерде, жұмбақ сырлы,

Болып қалды ұрпаққа ол бір арман.

Мәнін ашқан моңғолдық бүкіл жайттың,

Ұраңқайдың ламасы Чүлтімді айттым.

Қырық екіде атылды Үрімжіде,

Тату тамыр, өзі еді шіркін мәрттің.

 

Елі үшін күресіп, алысқанды,

Дара туған атадан арыстанды,

Үрімжіде азаптап, 43-те,

Өлтіріпті қылыштап Шәріпқанды.

 

Батыр Оспан тағдыры елге мәлім,

Тізіп айтпан тәмпіштеп, мұның бәрін.

Қызыл қытай атқанды елу бірде,

Елге, ерге ішкізген уын, зәрін.

------------------------------------------

-------------------------------------------

------------------------------------------

 

 

1938. Қаралы тамыз айы,

Қуғын-сүргін сорлатқан елдің жайы.

«Шудабай би, Нұртаза, Ақымер бай...

................................................................

Халық жауы!!!

Сенімсіз құлын-тайы!!!».

 

Удай ащы жайлаған күйік ішін,

Тау тұрпатты бір туар тентек пішін.

Тұяқ серппей қой құрлы кете барды,

Тұздай құрып тұқымы кетпес үшін...

 

Ертеңінен үзбеген ес, үмітті,

Ел тұтқасы, егейлер десі мықты.

Он тоғызы күнінде жаз тамыздың,

Жазаға ауыр, жазықсыз, кесіліпті...

 

Күйіп-жанып күйіктен дала жатқан,

Сары мырыштан жез ыршып жалаң қаққан.

Сурет көрем бейуаз көнгендерді,

Өлтіруге әкетіп бара жатқан...

 

Ескен құлдар асқынып бұлдан қылды,

Ақ ажалы әкеткен Ыстанбұлды,

«Көрін қазып көрем» деп әлек салған,

Бұрын-соңды болмаған бұндай жынды...

 

Не бір зұлмат басынан күндер өткен,

Жақсылар ғой жалпы елді іргелі еткен.

Би де емес, бай да емес Қабдолдалар....

Ұсталып  Шудабаймен бірге кеткен.

 

Жақсылардың ізінде от қалады,

Жаманнан мір жақсыға оқталады.

Аман қалған атудан Қамшыбайлар....

Он бес, жиырма жылдарға сотталады...

 

Зарлап Ана, сөгілді қабырғалар...

Қай ұлын да қара жер қабыл алар.

Арыстарды атыпты құм ішінде,

Қалмас үшін артында із тауып алар.

 

Тарихтың да кешірген қаталарын,

Бейіті де жоқ бұл күнде, Аталарым!

Құм ішінен іздемей қасиетіңді,

Мен де қалай тып-тыныш жата аламын.

 

Арқалаған замана қасыретін,

Қанын судай, ағызып жасыл өтін!

Болашақтың жан берген бақыты үшін,

Мың атаның жыр қылдым қасиетін!

 

Арылмайды тектілік сүйекті елден,

Арғымақтар алтын жал сүйеп келген!

Қойсам деген Рухыңа Сөзден белгі,

Тамам болды бір арман ниеттенген.

 

                       ***

 

Тартпасын деп азабын бодандықтың,

Бабаларым, бел шешпей боранды ұттың.

Кісінеген кермеден жұмыр Бесті,

«Бармын,– дейді жер тарпып,– болам мықтың!».

 

(01.12.2009 жыл. 01 сағ. Талтүс

22.02.2018 жыл.22cағ. Кеш).

Алматы қаласы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған