Махаббат музасы
Жеті перделі драма
Кейіпкерлер: Жасын – 20 жас шамасындағы ақын жігіт, Айсезім –18-19 жасар бойжеткен, Асқар -22-23 жас шамасындағы жігіт, Жандос – 20-дағы жігіт, Райхан тәте, базардағы сатушы әйелдер жас шамасы -36-40 жас, Тамада – 24 жаста, қыз-жігіттер – Айсезімнің құрдастары, Айсезімнің ата-анасы – 50-60 жас шамасындағы кісілер, Айсезімнің ағасы – 25 жаста, Асқардың анасы – 55 жаста.
I акт
Базар iшi. У-шу. Пістe сатқан, кеңсе затын сатушы, ұсақ-түйек сататын саудагер
әйелдер отыр. (Оларға бip жігіт жақындайды)
-Армысыңдар, алтындай асыл жеңгелерім! Саудаларыңыз сәтті болсын, қалталарыңыз ақшаға толсын!
-Ау, ойпырмай, неге тұнжырап отырсыңдар? Бүгінгі күн тамаша емес пе?!
Әйелдер (жамырай):
-Е, әзілқой, ақкөңіл қайным-ау, бармысың?!
-Сауданың да cәті түспей ұнжырғамызды түcipin тұр ғой!
-Осы міне сен келеді деп кеше ғана өте әсем ұсақ-түйектерді ала келдім емес пе,
қарашы! (әйелдер «менен де ал» деп жамырасады)
-Әй, мынау әлгі әумесер ақын жігіт емес пе? Қой мына гүлге бола (7 гүл) жүргеніме бір сағат уақыт болды, одан да осыған бip амалын тауып өткізіп үйге қайтайын. (жігітке жақындайды)
Жасын:
-Райхан тәте, аманбысыз? Денсаулығыңыз, мал-жаныңыз қалай?
Райхан:
- Ой, інім-ау, несін айтасың, біp Құдайға шүкіршілік айтып жүргеніміз осы. Айтпақшы, ылғи қасыңда жүретін сұлуың қайда, неге жалғыз жүрсің?
Жасын:
-Айсезімді айтып отырған боларсыз, оның бүгін туылған күні. Сондықтан да көңілім шаттықтан шалқып тұр. Соған байланысты арнайы гүл алайын деп келген едім. Жеңгелер көңілін жықпай, азын-аулақ тиын-тебенімді жаратып қойған жайым бар, асыл тәтешім.
Күндерім де көп болды сырғып өткен,
Ағытайын жырымды шын жүректен.
Тәтешім-ау, асылым, ардагымсың,
Сондықтан да мәртебең тым бөлектен.
Аңқылдайсың кіршіксіз шын көңілден,
Әсем даусың үйлескен гүлдepiңмeн.
Қолыңдағы гүліңнің бәрін алам,
Қалтамдағы барымды қағып саған!
Райхан:
-Ойбай-ау, көңілімді тасытып жібердің ғой! Періштедей пәк көңіл сабазым-ай, садағаң кетейін осы гүлді тегін-ақ ала ғой, тек сүйіктіңе ұнаса болғаны!
-Көңіліңнен айналайын, ақ тәтем-ау! Ниетіңе рахмет, бірақ мен өлеңімді бұлдамақ емеспін.Сіздей жандарға жүз өлең арнаса да артық болмас. Ғұмырым жеткенше аналарды аялап, төбеме көтеріп, жырлаумен өтер ем!
(Сахнаға милиция қызметкерлері кіреді)
Милиция:
-Тараңдар, тараңдар! Бұл не бассыздық! Көшенің ортасында сауда жасап, заңды бұздыңдар! Абақтыға жабылмайын десеңдер, жылдам тараңдар! Жинал! (заттарды лақтырады, қиратады)
Жасын:
-Бауырым, бұларың не? Аналарыңдай адамдардың суыққа тоңып, зарығып тапқан нәпақаларын шашып, берекесін қашырғандарың не?! Күні бойы торыққан жүздерінен, тоңған кейпінен аяқ тартсаңдар нетті?!
Милиция:
-Ұялатын, қысылатын жайымыз жоқ! Біз заңның адамдарымыз, бұйрьқты орындап
жатырмыз.Ештеңе білмеймін, айтқанды істеңдер!
Жасын:
-Tyһ, неткен қатыгез едіңдер! Ah, айтқанда не, айтпағанда не?!(әйелдерге заттарын
жинасады да, қол сілтеп кетіп қалады)
Райхан
-Қап, әлгінің гүлі қалды ғой, аты кім еді? - Әй, жігіт, тоқташы! Қарғам-ау, мынаны ұмыттың ғой!
II акт
Туылған күн кеші. Үстел басында қонақтар. Жиналған жұрт ырду-дырду. (Жасын үйге кіріп келеді)
Бір- екі жігіт:
-Ау, мынау Жасын ғой, кел, кел, төрлет! -Kешігіп келген ақынға айып тағылсын!
Тамада жігіт:
-Қоя тұрыңдар! Мұнда сөз бастар жан, сөз берер тұлғаң тұрғанда килікпей орындарыңды білгендерің жөн болар, жігіттер!
-Көктемдей көрікті, айдай сұлу аруымыз Айсезімнің туылган күніне жиналған құрбы-құрдастар! (көпшілікке қарап). Сонау қаланың арғы басынан ат арылтып, Айсезімнің ай дидарлы жүзін көруге асығып, алтындай уақытын қиып, сый-сияпатын арқалай келген жомарт жігітіміз Асқарға сөз кезегін берелік! Асеке, сөз сізде!
Аскар:
-Алдымен, тамада мырза, сөз бергеніңізге рақмет! Айсезім, туылған күніңмен! Қалада анда-санда көріссек те, ауылда балалығымыз біpге өткен ауылдас едік. Сол жақындығымды пайдаланып, «қыздың көзі - қызылда» демекші, мына бір кішігірім алтын алқаны саған жарасар деп алып ем, келші аққу мойыныңа тағып берейін (алқаны таға алмай абыржып қалады) Әй, мынауы қандай еді өзі? (жылпос жолдасы ұшып тұрады)
Жандос:
-Әкеліңіз, Асеке, мен-ақ тағып жіберейін (алып тағады) Ойхой, неткен керемет! Паh, шіркін, біздің Асекеңнің талғамы деген... Tyh, Сезімжан, мына алқа сенің жанарыңа нұр құйғандай-ау!
Бір-екі жігіт:
-Тамада жігіт, енді билейік!
-Тек сөзбен шектелмей, билейік!
Қыздар жағы:
-Қашанғы лекция тыңдай береміз, енді билейік те!
-Жалығу үшін емес, көңіл көтеру үшін келдік қой!
-Жігіттер, билейік!
Бір-екі жігіт:
-Маэстро, музыку!
-Тогда дамы, приглашают кавалеров!
(жастар биге шығады.Айсезім мен Жасын билеп жүр)
Монолог
Жасын:
-Айсезім, асылым, қазір жанымдасың десем де қол жетпес алыстасың. Тұңғиық жанарыңның түбіне бойлау, асқақтаған арманыңды орындау - асыл мұратым ғой.Жүрегімнен үзіліп шығып, ғарышты шарлаған ғаламат ғашықтық сезімімнің сергелдеңге түсіп жүргенін білсең, сезсең, шіркін! Мүмкін, тәкәппар жүрегің жібір ме еді?
Айсезім:
-Арыстай ардағым-ау, сенің жалын атқан жүзіңнен жасындай жарқыраған мөлдір көзіңнен ғашықтықтың тас қамал бұғауынан қалай шығарыңды да білмей, не шешімін де таппай жүрген түйткілді көңіліңді жан жүрегіммен сезем, білем. Осы «бірақ» деген сөзді жаным сүймейді. Ақылымды айран, ойымды ойран қылған екі жақтың ата-ана мен махаббаттың таразысында тұрмын емес пе? Тек менің де жүрегім, тәуекелшіл, мәрт жігіттің соңынан ермекке келісіп тұр! (Би аяқталады.Жастар үстел басында отыр)
Жігіт:
-Тамада жігіт, баяу әнге билеп, жабырқап кеттік қой, тек қызметіңізге қол сұқты демеңіз, сізге бір ұсыныс.
Тамада жігіт:
-Жо-жоқ, айта беріңіз.Сіздердің айтқандарыңыз заң емес пе, біз үшін!
Жігіт:
-Жасынның жалын атқан өлеңдеріне сусаған жұрт та көп сияқты.Жасын, қане жанымызды жадыратшы, құрдас!
-Иә, сұранамыз!
Жасын:
-Туылған сенің күніңе,
Айта алман сөзді шаттанбай.
Теңеймін жұмақ гүліне,
Арайлап атқан ақ таңдай.
Жаратқан сені бұл күнде,
Аллаға Расул мың мадақ!
Шешуі жатыр күлкіңде
Жұмбақтың сыры мұндалап.
-Әсемділік, әдептілік, сұлулық - бәрі тоғысқан Айсезімге бүгінгі күні не айтсақ та
артық болмас деп ойлаймын. Мықты денсаулық, көңіліңізге шаттық, жүрегіңізге
тазалық, қуаныш нұрын төгер күндердің көп болғанын тілеймін.
Жігіттер, қыздар жағы:
-Ой, бәрекелді, міне жігіт!
-Паһ, тума талант қой мынауың!
-Осындай тілекті жігіт бәріміздің арманымыз емес пе?
Асқарлар жағы:
-Құрғақ сайтани сандырақты сонша қошаметтеп не көрінді?
-Сыйлығы болса, бір сәрі!
Жасын:
-Менің сыйым - сөз сүлейлерінен құралған сырбаз поэзиям. Ізгі ниетім, биік үмітім де кіршіксіз таза көңілге құрылған. Салмағы емес, сапасы ауыр сыйлығым - сөзім. Айсезім:
-Таза көңілмен берілген гүлден артық не болушы еді? Қыз жаны гүлді аса жоғары бағалар, мен үшін де солай!
Жігіттер жағы:
-Жігіттер, босқа даурығып сөз таластыра бергенше, сыртқа шығып сергіп қайталық. Жандос:
-(қыз құлағына келіп сыбырлайды) Айсезім, тек айып ете көрме, бар ойым Асекеңнің сәлемін жеткізу. Асекең сені жалғыз талдың түбінде күтем деді. Ебін тауып барарсың. (перде жабылады)
Үйдің ауласы.(Қыз бен жігіт сөйлесіп келе жатыр)
Айсезім:
-Бүгін жұлдыздар неткен әсем, аспан да шайдай ашық, ауа-райы да тамаша!
Жасын:
-Иә,айнала әсемдікке толы.Жұлдыздар да адамадармен ұғысады екен дейді ғалымдар.
Айсезім:
-Рас па?
Жасын:
-Әрине
(жалғыз талдың түбінде тұрған Асқар ашуға булығып)
Асқар:
-Иә, тіл табыса қалыпсыңдар ғой! Айсезім, мұның қалай? Күттіріп әбден зарықтырдың ғой!
Айсезім:
-Сәлеміңізді алдым, бірақ келем деп келісім бермеген сияқты едім ғой.
Асқар:
Жігітім, саған айтар оңаша сөзім бар еді.
Жасын:
-Айсезім, кешір бір-ақ минут
Асқар:
-Әлемде қыз қалмағандай мұның не?! Желпіндірген желік сөзге бола қыз менікі деп ойлап жүргенің бе?! Менің оны сүйетінімді біле тұра бұл қай қылғаның?
Жасын:
-Ха, сүйем дейсің бе?! (мысқылдайды) Сен сүйсең қыз сені сүйетініне сенімдісің бе?! Осы жалпы сүю деп қылқылдап менен талап ететіндей, сен ол сөздің байыбына барып, бағалай да алмасаң керек!(Асқар Жасынның тұмсығынан періп жібереді) Айсезім:
-Бұларың не, жігіттер?! Тұмсық бұзысатындай не көрінді? Асқар,саған не болған? Асқар:
-Айсезім, бар ауруым, дертім өзіңсің! Есалаң етіп естен тандырған, жұдырық жұмсауға мәжбүр еткен де өзіңе деген махаббатым! Өзіңді ессіз сүйетінімді қалай байқамайсың?!
Айсезім:
-Саңырау жандай естімеген кейіп танытып не керек? Менің жанымның калауы сен емес екеніңді алғашқы кезден-ақ білесің ғой. Енді, осы тоқтамға кел, қиналма! (Жасынға бәйек болып, бет орамалымен бетінің қанын сүртеді)
-Қатты жарақаттанып қалған жоқсың ба?
Жасын:
-Жо-жоқ, о не дегенің, сен үшін жарақаттанбақ түгілі, жанымды алса да разымын.
Асқардың жолдастары:
-Асеке, Асеке, не болып қалды?
Асқар:
-Тарт қолыңды, кетші әрі!
-Бәрібір сен менен құтыла алмайсың, қанша шарықтасаң да қолыма қондырамын сені,
Айсезім есіңде болсын!
Жасын:
-Айсезім, кешір, айып менде, ең бақытты күніңде көңіліңе кірбің түсірдім-ау. Тек
рұқсат етсең, айтар сөзім бар еді.
Айсезім:
(Айсезім ештеңе түсінбеген кейіп танытады)
-Ештеңе етпес, жай түсініспеушілік қой.
Жасын:
-Жоқ, жай түсініспеушілік емес, бұл жағдайдың астарында бұғауланбас ғаламат сезім
жатқанын да ұққайсың. Сезіміме қанат бітірер жылт еткен үміт болса, онда менен
бақытты жан болмас еді. Айсезім, тек селт етер сезімің болмаса қиналма, оны да
түсінемін.(Айсезім ұялып, қызарып кетеді)
-Махаббат - алып күш деген,
Сезімге сызат түспеген.
Сорлылар дәмін білер ме?
Ғашықтық уын ішпеген.
Беймаза тылсым күй кештім,
Бойда бір қуат бағынбай.
Өзіммен өзім тілдестім,
Жоғалма сезім сағымдай!
Айсезім:
-Жасын, найзағайдай жарқын жырларың жүрегімді тілгілеп өткендей. Нәзік болмысың мен арынды ақындығың астасып жатпаса, жаныңдағы жандарға жаймашуақ нұрын шашпаса, сезіміді селт еткізіп, күйбеңі мен күңгірті мол тіршілігіме қозғау салмаса, жауыннан кейінгі жапырақ діріліндей өрекпіген көңілімнің кілтін таппаса, саған ғашық болар ма едім?
Жасын:
-Жаным, сәулем, сонда сен де мені сүйгенің ғой! Дәл қазір жүрегім қарс айырылып, жарылып кетсе де арманым жоқ.
III акт
Айсезімнің үйі. Ағасы ашулы. (ерсілі-қарсылы, ары-бері жүр)
Әкесі:
-Қарғам-ау, дегбірсізденіп, бәрімізді де біртүрлі күйге түсірдің-ау, отырсаңшы, енді!
Ағасы:
-Отыруға мына жайттың маза бермегені ғой. Егер ақылга салып ойлаған есті адамның талқысына салса, бұл үлкен мүмкіндік. Мүмкіндік емес-ау, бақ қой бақ басқа қонған, түсінген адамға! Сезіммен алысқа барған адамды көрген жоқпын, әке! Сондықтан да қызыңа жөні түзу таңдау жасауға көмектессеңдерші!
Әкесі:
-Сен мансапқа ұмтылды екен деп жалғыз қызды құрбан ете алмаймыз.
Анасы:
-Жалғыз бауырың емес пе? Тағдырын тәлкек ететіндей не күн туды, қарағым.Әкесінің байлығына мастанып, тәкаппарлыққа тынған ұр да жық бәлеге жалғыз қарашығымызды қалай қиямыз?
Ағасы:
-Оның отбасының қандай олқылығын көріп тұрсыңдар? Ағасы - прокурор, әкесі-білдей аудан әкімі, анасы да текті жердің адамы. Ал, Асқардың өзіне келсек, мамандығы-экономист, үлкен диплом алып мансапты орынды ойып тұрып алады, бұл аз емес, білмей-ақ қойсын деп едім. Өмір болған соң барлық нәрсе болады екен. Мекеменің кем- кетігі есепші болғаннан кейін менің мойныма ілінетіндігі белгілі. Қойшы енді, бәрі сендердің қамдарың ғой, мынау даңғарадай үйді қандай ақшаға салды дейсіңдер! Істі болған жайым бар, соны жабу керек болды. Оңтайлы істің оң шешіміне Асқардың ағасы септігін тигізіп, қарыздар болып қалған жайым бар. Сондықтан боздай бермей, ана қыздарыңды көндіріңдер!
ІV акт
Біршама уақыт өтті. Асқардың үйі. (Асқар масаң күйде үйге келеді)
Айсезім:
-Қайда жүрсің? Уақыттың қанша болғанын білесің бе? Анаңды ойласаң етті, тағатсыз күте-күте ол да жаңа жатты. Мұның не, кеше ғана соңгы рет деп уәдеңді берген емес пе ең? Үйдің де берекесін кашырып біттің ғой!
Асқар:
-Болды, болды, бастырмалата берме! Жұмыста қызметкерлермен отырып қалдым. Сен не маған үйде отыр демексің бе? Ал, азын-аулақ көңіл көтеріппіз, онда тұрған не бар?
Айсезім:
-Сонда не, сенің көңіліңді түсіріп жүрген мен бе? Қыдырудың да шегі бар емес пе?!
Күнде ырду-дырду, ішкілік мұның бәріне ақшаны қайдан алып жүрсің?
Асқар:
-Онда шаруаң болмасын! Сен не менің ақшамды есептейін дедің бе? Біле білсең, агаң
сені менің алдыма жалынып-жалпайып әкеліп берген.
Айсезім:
-Не айтып тұрсың өзің?! Соңғы кезде сөзің іріленіп бара жатыр ғой! Менің алдымда
әбден төмендеп қадірің қалмағанын білсең етті!
-Болды , жетер енді, көп сөйлемей тамағыңды әкел, қарным шұрқырап барады.
Айсезім:
-Тұр ғой әне, отыр да іше бер!
Асқар:
-Ей, сен не деп тұрсың? (иіскеп көреді де тамақты лақтырып жібереді)
Айсезім(жылап тұрып):
-Бақытсыз етсе де қорлауға дейін бара қояр деп ойламап едім.
Асқар:
-Жап аузыңды! (бір ұрып кетіп қалады)
V акт
Асқардың үй іші. Үйде Айсезімнің ата-анасы, Асқардың анасы ғана отыр.
Асқардың анасы:
-Құдағи, айып етпеңіз, үй болған соң бәрі болады.Бәріміз де жас болғанбыз, бұлар да әлі жас қой, соның әсерінен шамалы түсініспей жатқан болу керек. Балалары болған соң, бәрі орнына келеді. Шаңырақтары шатыққа толып осының бәрі көрген түстей болары сөзсіз.
Айсезімнің анасы:
-Сіздікі жөн емес дей алмаспын.Бірақ жауқазындай гүліміздің күннен- күнге солып, аппақ қудай солғын тартқан жүзін көріп менің де жүрегім қарс айырылып отыр. Ендігі соңғы сөзді қызым айтар. Сол жауапқа біз де сөзсіз келісуге ана ретінде мәжбүрміз.
(Асқардың анасы мұңайып, қазір деп көрші бөлмеге шығып, Асқарға телефон соғады)
-Асқар, балам, Айсезімді әкеткелі жатыр. Ол да кетем деп болар емес, қайтеміз?
Асқар:
-Кетпесе, кедергі ұрсын!Немене әлемде маған қатын табылмай қалып па? Кетсін ұстама, тоқтатпаңыз! (телефонды қойып қояды)
VI акт
Айсезімді ата-анасы алып кетеді. Айсезімнің ата-анасының үйі. Айсезім теледидар
қарап отыр. (Жасын туралы естиді)
Диктор:
Сәлеметсіздер ме, құрметті көрермендер! Бүгінгі күннің мәдени жаңалықтарымен таныс болыңыздар. Жас ақын Жасын Айменовтің жүрек тербетер жаңа туындысының тұсау кесері болып өтті. 2000 дана тиражбен жарық көрген бұл кітап «Айсезім» деп аталады. Жас та болса ''кестелі сөздің шебері, өрмелі өрнектің хас падишасы'' деген пікірлерге ие болып жүрген Жасын Айменовтің ерекше жан екендігі жұртшылыққа мәлім. Оның өлеңдерінде биік сезім мен кіршіксіз таза көңіл атты ізгі қасиеттер үнемі орын алды. Тұсаукесер рәсімі барысында журналистерге өз шығармашылығы, жаңа туындысы жөнінде әңгімеледі. Осы тұста оның қызметі жөнінде де айта кеткен дұрыс болар. Жастығына қарамастан, іскерлігінің арқасында қазіргі кезде «Журналистер одағының» төрағасы қызметін атқарып жүр. Жас ақын жаңа кітабының қаламақысын түгелдей балалар үйіне аударғанын білдік. Сондай-ақ келесі күні өз туган жеріне жол тартпақшы ойы бар екенінен хабардар болдық.
(Бөлмеге анасы кіріп келеді. Айсезім сыртқа асығып шығып барады)
Анасы:
-Қызым-ау, шай дайын болғанда сонша асығып қайда барасың?
Айсезім:
-Жасын, Жасын... біздің ауылға келіпті. Мен онымен міндетті түрде кездесуім керек. (жүгіріп шығып кетеді)
VII акт
Жасын қасында екі жолдасымен (қолында бір құшақ гүлі бар) келе жатады.(алдынан
Айсезім шығады)
Жасын:
-Айым, бұл сен бе? Қалай қатты өзгеріп кеткенсің? Сені көрем деп ойламаппын, халің қалай?
Айсезім:
-Сенің келгеніңді жаңа ғана естіп, жүгіріп шығып едім. Бір рет қана көрсем ғой деп талай рет армандап едім. Кешір, саған менің опасыздығымды кешір демек түгілі, көрісуге де хақым жоқ екенін білемін. Дегенмен кешіре алсаң , кешір... Жасын:
-Оның не, Айсезім? Мен сені ешқашан кінәлаған емеспін. Бәлкім, жағдай солай болған шығар.
Мәңгі бақи қосылмаймыз екеуміз, Өзгелерге тосын жаймыз екеуміз. Өкінішпен, сағынышпен күн кешкен
Біз екеуміз ғашықтармыз жылаған,-деген ән жолдары ойыма оралып тұр.
Айсезім:
-Оңашада сені жолықтырсам, көп нәрсе айтпақшы болушы едім. Қазір міне түк
таппай тұрғанымды қарашы.
Жасын:
Сені талай рет түсімде көрдім. Өзіңді ойласам болғаны ойыма тек жыр жолдары оралып, саған деген ынтық сезімім өлең боп өріліп, жыр болып төгіледі. Әрдайым сені ойлаған сайын, қосылуды армандаған Естайдай көңілім құлазыса да, білетінім сезім - шынайы, пәк, кіршіксіз таза алтындай асыл, қымбат қазына екендігі. Ал, қазына тек бағалай алар жанның қолында ғана тұрақтайды. Менің қазынам - бір өзіңсің.
Айсезім:
-Асылымды ардақтай алмағаным, бағалай білмегенім-ай!(жылайды)
(екеуі құшақтасады. Сахна жабылады).