Адам қарады: 27862 | Жарияланды: 2018-08-08 05:06:13

Орбұлақ, Орбұлақ, Орбұлақ!

   Ертегі

          Бұл бір  қызық оқиғаларға толы менің  басымнан өткен хикаят, Сенсеңіздер де, сенбесеңіздер де  өз еріктерің.  Ал, шынтуатқа келсек бәрі жайбырақат  кұндердің бірінде болды.  Бесінші сыныпты  ойдағыдай бітіріп, жазғы демалысым басталған еді. Анам күні ұзақ жұмыста. Көп жағдайда  үйде өзім би., өзім қожа болып  жалғыз қаламын. Жалғыз  қалған соң, өз еркім өзімде  емес пе   плашетімді  қолдан түсірмей , неше түрлі  оқиғаларға  толы  бейнефильмдер әлеміне кетіп,    уақыттың қалай жылжып  өткенін білмей  қаламын .  Әрине, бұлайша   мәнсіз  уақыт  өткізгенімді    анам ұната бермейді. Қызметінен келе салады да ;

         -Жазғы  демалысың  кезінде бір мезгіл кітап оқысаңшы. Қазақ тілі, әдебиеттен, тарихтан   жыл он екі ай бойы алған бағаларың  нашар. Күн ұзақ қолыңнан  планшет түспейді.  Оның ішінлегі  жалған атыс-шабыстан не үлгі-өнеге аласың?-,деп  маған жатып келіп  ренжиді.. Анамды  тыңдамасқа амалым жоқ. Сол сәтте-ақ  үйдегі  сөреде  тізіліп тұрған көп кітаптың біреуін алып, өтірік шұқшия қалып, беттерін парақтаймын. Оны көрген  анамның  көңілі біраз  орнына түсіп, түскі асын ішіп жұмысына кетеді.  Сол мезгілде анамның кеткенін күтіп тұрғандай  есіктің қоңырауын шылдырлатып , көрші үйдің баласы Әлем   келеді. Ол  менен ұш  жас  кіші  екінші сыныпты биыл бітірді.  Өзі  жуастау, не айтсаңда көзін жыпылықтатып,  келісе беретін  тәрбиелі  бала.  Бір  отырған орнында  күн ұзақ  қозғалмай  отыра беруге бар  Оның  осы   жайлы мінез-құлқы  маған  ұнайды. 

Бүгін  ол  өзі келгенімен қоймай,  құйрығы бұлғаңдаған  дәу  сары мысығын  соңынан  ілестіре  келіпті. Басынан мысықты суқаным сүймейтін мен;

         -Өзің келсең кел, мына мысығың не?-десем.

         -Мысықтың да іші пысады ғой. Бір мезгіл қыдырсында.  Ол  жай мысық емес, ғалым мысық ,-деп қызғыштай келіп қорыды. Амалсыз келістім.  Екеуміз  қатар отырып, планшеттен  біраз атыс-шабысқа толы бейне көріністерді  көрдік.Алайда ол біраздан    соң;

-Маған мұндай құбыжық   бейнефильмдер көруге болмайды,-деп  орнынан  тұрып кетті.

         -Енді не көргің келеді?- дедім оның  жасы кіші екенін ескеріп,

         -Білмеймін, мамам тарихи кітаптар оқы деген,-деп Әлем    мұрынын тарқыштады.

         -Оқысаң, менде ондай кітаптар жетеді, біреуін алып  қара,-дедім. Ол  шығармалар текшеленіп жиналған сөренің жанында  әр кітаптың атауын оқып  көп тұрды. Сары мысығы да бірдеңке түсінетіндей мияулап, құйрығын бұлғаңдатып,оның  аяғына оралып  жүр. Одан кейін мұрны пышылдаған  Әлем   бір кітапты алып, ішін ақтара бастады.

         -Орбұлақ шайқасы,-деп атауын дауыстап оқыды. Сонан соң   төсекте планшеттегі оқиғалардың  қызығына түсіп  жатқан  маған қарап:

         -Бека, мынау жақсы кітап ба?-деп сұрады. Ызам  келіп кетті,

         -Не мен оқыды деп тұрсың ба? Мамам ғой не болса соны жинай  беретін. Оның ішінде жазылғандардың барлығы өтірік,-дедім дауысымды көтеріп.

         -Қалайша?-деп  таң қалған   Әлем   қара  көздерін  жыпықтатып бетіме  қарады.

         -Солай,  ХУІ- ғасырда не болғанын кім біліпті?  Біреу өтірікті шындай қылып жаза салған ғой,-дедім жайбырақат. Осы кезде сары мысық бір оқыс мінез көрсетті.

         -Мияу, не айтып тұрсың!-деп  маған қарап жотасын күжірейтті. Өз құлағыма, өз көзіме өзім сенбедім.

         -Не мысығың сөйлей ма?-деппін сасқанымнан  орнымнан атып  тұрып Әлемге   жалт қарап.

         -Жоға, мысықтың тілі жоқ қой,-деді Әлем  кітапты парақтап тұрып,- Біздің әскер  Орбұлақта не фашисттермен соғысқан ба?

         -Мен қайдан білейін, Орбұлақта  нең бар?  Қойшы!-деп  ашулана қайта төсегіме  сұлап жантая кеттім.

         -Недеген  ұятсыз баласың,-деген  тағы мысықтың дауысы  ту сыртымнан шықты. Орнымнан  қайта ұшып  тұрдым. Қарасам мысық менің бетіме өшпенділік  толы  қысыңқы көкшіл көздерімен бағжырая қарап тұр.

         -Сенің не тілің бар ма?-деппін сасқанымнан.

         -Бар,не мысық сөйлемеуі керек пе? Орбұлақ шайқасын өтірік екенін қайдан білдің?-дейді ол маған зілдене.

-Білемін, бәрі өтірік,-деймін  аяқ астынан  тіл біткен сары мысыққа жыным келіп,

-Жарайды,жалған емес екенін дәлелдеймін,-деп  ол сөренің жанында  кітапты парақтап  тұрған Әлемнің   аяғына  пырылдап барып  сүйкенді. Сонан соң мен жаққа  шағыр көздерін қадай қарап, жотасын күжірейтті. Мен мысықты келеке қылып, тілімді шығардым.

                            Айға ма, сайға ма әйтеуір ұшып кеттік

 Осы кезде бір күтпеген  оқыс оқиға болды. Бөлменің төбесі  қақ жарылып, бір алып күш мені аспанға атып жіберді. Қорыққаным соншалық   бар дәрменіммен шыңғырып жібердім. Жан-жағымды  біресе қара тұман, біресе ақ тұман орап алып,  үрейден шарасынан шыға жаздаған көзімнің алдында дүние   төңкеріліп кете берді. Әйтеуір қол-аяғымда ерік жоқ, бір кеңістікте  зымырап құстай ұшып келемін. Қанша ұшқанымды бағдарлай алмай мәңгіріп кеттім. Бір кезде қара жерге топ ете қалғанымды білдім. Жалма-жан  қол-аяғымды тыпырлатып,   басымды көтеріп  жан-жағыма қарасам, бір ен  сары далада  сұлап жатырмын. Қайда екенімді болжай  алмай, үрейленіп  жалма-жан  үсті-басымды қақыштап  орнымнан тұрдым. Осы кезде жаныма  тағы бір нәрсе   топ етіп түсе қалды. Жалт қарасам құшағында кітабы бар Әлем. Қатты қуанып кетіп, жүгіріп барып  орнынан тұрғыздым. Өзі  есеңгіреп  қалыпты. Беті-аузы шаң-топырақ, көзі жылтырап әрең көрінеді.

-Біз қайдамыз?-деп  мұрнының астынан міңгірлейді.

-Айдамыз,-дедім ашуланып,

-Мияу-деген дыбысқа жалт қарасақ,  жанымызда  түк болмағандай  құйырығын бұлғаңдатып сары мысық тұр

.-Не тағы мысық сөйлей ма деп таңқаласың ба? Көріп тұрсың ғой, тілім бар,-деп ол  менімен ерегіскендей   кергіді.

-Тілің болса бола берсін. Одан бізге не келіп, кетеді. Сен айтшы біз қайдамыз?-дедім тағатсызданып жан-жағыма көз жіберіп.

-Білмеймін, мүмкін айдамыз, мүмкін сайдамыз, мен қайдан білейін?-деп мысық  кәдімгідей қырсығып.

-Ой, мен қорқамын, мына сары далада жан жоқ қой, қайда барамыз?-деп діні жуас  Әлем   жыламсырай бастады.

-Қорықпа, бір жолын табармыз,- дедім айналаға  көз жүгіртіп,-  Ештеңе көре  алмай  тұрмын, ұшқанда планщетім түсіп қалған-ау шамасы,қап! Оданда  бұл жерде тұра бермей  алдыға қарай жүрейік.

-Жүрсек-жүрейік,-деді мысық керіліп,-Мана азанда сүтке тойып алмағаным-ай, енді  мына жазық далада маған кім тамақ береді дейсің. Қаңғып жүрген бір сары  бейшара мысық болып қалдым ғой.

-Мысығым, қайғырма. Біз сені аш қалдырмаймыз,-деп Әлем   оның арқасынан сыйпады.

- Мысық тұрмақ мына ен далада өзіміз аштан қатармыз,-дедім күдігімді жасырмай. Бұл жолы Әлем де, мысықта үндеген жоқ. Біз күн әудем жерге  көтерілген, ыстық леп алқымымыздан алған ,  тіршіліксіз  кең далада ілби басып,  алдымызда  сағым болып көрінген жотаға бет алдық.  Ақырын соққан ыстық жел  дала төсінде  қурап қалған   тікенектердің жанын қоймай  домалатып алып барады. Аяқ астымыз сусылдаған сары құм, басқан сайын  жалаң аяқ табанымызды күйдіріп, шыдай алар емеспіз. Әлемге  қарасам оның да шекесі шықылдап келе жатқан жоқ екен.  Маңдайынан моншақтап аққан терден  беті-ауызы айғыз-айғыз.

-Ой,  көзіңе қарасаңшы,-деген шиқылдаған дауыстан селк ете қалдым.Тоқтай қалып, жолға үңілемін, көзім ешнәрсені   көріп тұрған жоқ.

-Өзің ебдейсіз екенсің, зорға қашып үлгердім,-дейді аяқ астынан шыққан жаңағы  шіңкілдек дауыс.

-Бұл кім?-деп  аяқ  астындағы  сары құмға қайта  үңілдім.  Мысықты ерткен Әлем   сәл  кідіріп,  маған таң қала қарап қалыпты.

-Мен ғой, сарышұнақ тышқанмын.  Әрірек тұрсаң, ұямнан басымды қылқитайын,-деген дауыстан соң қарғып оң  жаққа шықтым.

- Туу, таптап кете жаздадың ғой.  Өзің  дәу қара екенсің,-деп жолдағы  сары құм тесілді де ар жағынан көзі жылтылдаған кішкене тышқан көрінді.  Оны көрген мен қуанып кеттім.Жалма-жан;

- Тышқан, тышқан айтшы, біз қайдамыз?-дедім.

-Сендердің қайда екендеріңді білмеймін, мен Аламантауының етегіндемін  ,-деді  бізден қауіптің жоқ екенін көрген сарашұнақ тышқан  ұясынан жүгіріп шығып.

-Ал, Аламантау деген қай  жерде орналасқан?-деді Әлем  кебірсіген ерінін жалап.

-Ой, не деген балаларсыңдар.түк білмейтін. Бұл Алтынемел шыңының маңы  ғой.   Тышқан   атамның  ежелгі  қонысы болған, енді мен  мұнда қожамын. Ойбай, мынау менің қас жауым  мысық қой,-деп  соңымыздан  ерген  сары мысықты көріп  тышқан ініне  зып беріп   қайта кіріп кетті.

-Ол саған тимейді,  бұл тышқан жейтін мысық емес, өзі ғалым,-деп мен соңынан ұясына  айғайладым.

-Ия, саған сенейін деп тұрмын. Ақымақты тапқан екенсіңдер. Өз жөндеріңмен кетіңдерші,-деген тышқанның сөздері жер астынан күңгірлей шықты. Біз амалсыз алға қарай  ілбіп жүріп кеттік. Әуе айналып жерге түскен  аптап ыстық маңдайымыздан өтіп,  тіліміз таңдайымызға жабысып, шөлдей бастадық.  Ілбіген жүрісімізде өнбей қойды. Көз алдымызда  сағым  ойнап , алдымызды  болжай алмай келеміз. Сары даланың   соққан ыстық лебі  еріксіз тынысымызды тарылтты.

- Бека, сенің үйіңе келіп, мені түлен түрткенін айтсаңшы. Қазір өз үйімдегі жұмсақ төсегімде пырылдап  ұйықтап жататын кезім еді.  Әй, ақымақ басым-ай,-деп мияулаған  сары мысық тыныш ілеспей  енді  өкіне бастады.

- Сені мен қонаққа шақырдым ба? Барлық пәле сенен басталды ма, деген күдігім бар,-деп  көңіліме келген сөзді  ірікпей айтып салдым.

-Оллаһи, билаһи, менің  бұл оқиғаға  ешбір қатысым жоқ, өзімде  сендер сияқты зардап шегіп келемін ғой, көріп тұрсың, мияу,-деп сары мысық шоқиып отыра салып қарғана бастады. Оған ашуланып, қолымды сілтедім. Осы сәтте;

-Ей, жарандар кімсіңдер өздерің?-деген дауысты естіп, біз   тоқтай қалдық. Маңымызда тірі жан жоқ. Әлем  екеуміз таңдана  иығымызды көтеріп,  бір-бірімізге қарадық.

- Ей , балалар аспанға қарасаңдаршы дәл төбелеріңде  айналып, ұшып жүрмін ғой,-деген жіңішке   дауысты естіп жоғары қарасақ. Құрттай бір ақ  бозғылт құс  шынында төбемізде айналып, ұшып жүр  екен.

-Сәлем бердік, бозторғай!-деп Әлем   неге екенін қайдам қуанып кетті.

-Сәлем алдық, не адасып жүрсіңдер ме?-деп бозторғай дәл жанымызға қонып, кішкене көздерін жылтылдатып,басын  қиқаңдатты .

-Жоға, болашақтан ұшып келдік. Енді не істерімізді білмейміз? Бұл жер қалай аталады?-дедім  абыржығанымды жасырмай.

-Ой, тұра тұрыңдар, алдымен қалталарыңда  бидайдың дәндері жоқ па? Күні бойы ұшып жер –көкті шарласамда талғажау қылатын ешбір нәрсе таппадым. Қарным ашып шұрылдаған соң, жоңғардың жасақтарының маңына  ұшып барып едім. Өздері бір оңбағандар тамақтарының қалдықтары маңына да қондырмай тас лақтырып қуып жіберді. Мен оларға  әлі-ақ көресінді көрсетемін,-деп құс  қанатын көтеріп қоқиланып қойды.

- Бізде сен жейтін  тамақ жоқ. Сонда мына түріңмен  оларға не көрсетесің?-деп мен күліп жібердім.

-Жоқ, сендер мені білмейді екенсіңдер, Шайқас басталса болды мен  олардың  аттарының  тұмсықтарына   қонып, көздерін аштырмай қоямын. Сол  сойқандарды   қойшы, айта бермейік, сонымен неменеге тоқталдық .Аһ,  сұрақтарың есіме түсті. Мына жердің аты  Орбұлақ,-деп бозторғай  маңғаздана арлы-берлі  сарықұм бетінде өрнек іздерін қалдырып, жүре бастады.

-Орбұлақ?-деп Әлем   екеуміз бір-біріміздің бетімізге таң қала жалт  қарадық.

-Орбұлақ шайқасы өтірік деген мына сен емессің бе?-деп манадан бері құм төсіне жата қалып, пырылдап ұйықтағандай болып, манаурап жатқан    сары мысық  көзін ашып алды. Оны көрген бозторғай  сескеніп әуеге ұшып көтерілді,

-Ой-бай, мынау кім? Жолбарыс емес пе? Түрі сұсты ғой.-деп ол тағы да  төбемізді айналып ұша бастады.

-Жоқ, ол менің мысығым ғой,-деп Әлем   мысығының  арқасынан сыйпады.

-Жарайды кеттім. Көмек керек болса, ысқырсаңдар болды жетіп келемін.  Бір пәлеге ұрынбай  тұрып жөнімді табайын,- деп бозторғай  әуелей көтеріліп   ұшып ілезде  көзден ғайып болды. Бозторғайдың жоңғарлар туралы айтқан сөздеріне  аса мән бермедім. Біздің ғасырда жоңғарлар қайдан болсын? Олар бәз-баяғыдағы тарихтағы соғыста қырылып  қалды емес пе?

                             Дала кезген сарбаздар                        

 Осы кезде дәл ту сыртымыздан  дүбірлей шапқан аттардың дыбысы  естілді. Жалт қарасақ.  Алыстан  екі   атты адам  ақ тер,қара тер болып бізге қарай шауып келе жатыр екен..Зәреміз ұшып кетті. Қатты шошып кеткен  Әлем   менің тасама тығылды.  Үстеріне  алба-жұлбасысы шыққан  теріден жасалған киімдер киген, жүздерін  ақ матамен тұмшалап  алған  адамдар  бізге жете бере  мінген  аттарының ауыздықпен алысқан  жүгендерін тартып, жердің шаңын көтеріп барып, кілт  тоқтай қалды.

-Сендер кімсіңдер?-деген жіңіщке қаһарлы дауысты естідік.

-Бала-лар-мыз,-дедім дауысым  тұншыға шығып, қорыққанымды білдірмей.

-Көріп тұрмыз, балалар екендеріңді. Жоңғардың тыңшылары емессіңдер ме?-деп  қолында өрілген қамшысы  бар   жігіт  аттан секіріп  жерге түсті.

-Қайдағы жоң-ғар-лар?-деп  ту сыртымда тұрған  Әлемнің   қатты  қорыққанынан тістері  сақылдап кетті.

-Не жоңғарларды білмейсіңдер ме? Олар біздің жауымыз, жерімізді  басып алғысы келіп жүр,-деді  алғашқы болып тіл қатқан жіңішке дауысты талдырмаш денелі «жігіт»  таң қалғанын жасырмай

-Кәне, біздің артымызға  міңгесіңдер, сендермен  тәжікелесіп, жолымыздан қалып  бөгеле алмаймыз. Кез келген  жота астынан жоңғардың жол  шолушылары шыға келіп, қақпанға түсіп қалармыз. Ауылға  барған соң, кім екендеріңізді анықтаймыз,-деді жерге түскен жігіт атына  шапшаң қарғып мінді, Біз Әлем   екеуміз  еш нәрсені түсіне алмай бір-бірімізге үрейлене  қарап қалдық.  Осы кезде мысық;

- Аттыларға мінгесіңдер  әйтпесе  таяқ жейсіңдер ,-деп сыбырлап үлгерді. Қорыққаннан денеміз қалтырап екеуміз  ертоқымның  артына жармасып әрең дегенде аттыларға  мінгестік. Ал, мысық болса  ерекше ептілікпен өз бетінше  қарғып шығып,  Әлемнің   арқасына жабысып алды.  Жүргіншілер   қамшыларын оңды-солды  сілтеп,   дала төсін дүбірлетіп, алға шаба жөнелді.  Осы уақытқа шейін атқа  мініп көрмеген  басым  қатты шабыстан  ішек –қарыным ақтарылып, жерге түсіп қала жаздады. Сонда да дыбысымды шығармай, тістеніп,  ертоқымның артқы доғалынан  мықтап ұстап, тырысып бақтым.

Бір кезде алдыдан екі –үш қоңырқай киіз  үйлер көрінді. Далада   ересек  адамдар біз жаққа көздерін күннен көлегейлеп қарап тұр екен.. Шеткі  қараша  киіз үйдің  маңына келгенде  ат үстіндегілер бізді жерге түсірді. Шынымды айтсам, әлім құрып жерге жата  кеттім. Бүкіл он екі мүшемнің барлығы зар қақсап қоя берді. Жүрегім лоқсып, құсқым келді.

-Бұ, недеген балалар?-деді шапанын желбегей жамылған  бір егде ақсақал бізге таңдана қарап.

-Жолда келе жатыр екен, тоқтап алып келдік. Жоңғардың тыңшылары ма деген күдігіміз бар,-деді аттан қарғып түскен жас жігіт бетіндегі орама матаны шешті.Ал, екінші аттан түскен  ер адамша киінген қыз екен.  Оны бас киімін шешіп, қос бұрымын арқасына жібергенде бірақ көрдік. . Өңі  қараторы жүзді, қарақат көздері  күлімсіреген,  талдырмаш әдемі  қыз .

-Жоқ,  бұлар  жоңғарларға ұқсамайды ғой, киімдері де бір түрлі, жүздері де әппақ,- деп ақсақал  нұры тая бастаған көздерімен бізді мұқият  қарай бастады. Қатты қорқып кеткен ғой деймін, Әлемнің  түрі әлем-тапырақ, жылаудың  сәл-ақ  алдында тұр. Әйтеуір қолындағы сары мұқабалы кітабын тастамай құшақтап алыпты.

-Оу, балалар жөн айтыңдар!-деп  ақсақал киіз үйдің алдында тұрған биіктеу  орнына барып жайғасты.

-Біз  Қазақстаннанбыз,-дедім ауызыма басқа сөз түспей.

-Ол қай ауыл?-деді ақсақал таңқалғанын жасырмай. Осы кезде бізді әкелген қыз бен жігіт, ақ кимешек киген  апа және  садақпен қаруланған   бір неше сарбаздар     жанымызға келді.  Киіз үйдің тасасынан қара домалақ бір-екі  балалар  бастарын қылтитты.

-Ата, ол ауыл емес, ұлан-байтақ іргелі  ел.  Миллиондаған  халық тату-тәтті тұрады,-дедім   шала-пұла білетіндерімді айтып

-Онда жоңғарлар жоқ па?-деді күдіктеніп  бір  жас жігіт.

-Қайдағы жоңғарлар?  ХУІ- ғасырдағы  қалмақтарды айтып тұрсың ба? Жоқ, олар сол көне ғасырда жеңіліп,күл-талқаны шыққан, -дедім енді тарихты  аз білетіме осы жолы іштей   өкініп,

- Аумин!-деді ақсақал  жүзін сыйпап ,-Айтқандарың шындық па?

 Осы кезде мені тасалаған  Әлем  түртіп, сары кітабын көрсетті. Қуанып кетіп, қолынан жұлып алдым.

-Міне, Орбұлақ шайқасы туралы кітап, біз  тарихын білсін  деп  жазып  шығарған,-деп ақсақалға кітапты ұсындым. Ол кісі алған жоқ, тек қана күдікті көзбен  қарады да қойды.

-Шын ба,-деп  жас қыз  мен ұсынған кітапты алып, мұқият қарай бастады. Осы сәтте;

- Бағзыгүл, затын қайтарып бер. Улап әкелген шығар,-деп жас жігіт қызға зекіріп тастады.

-Не айтып тұрсыз? Біз бейбіт өмір кешкен елміз. Ешкімге жамандық жасамаймыз,-деп кәдімгідей абыржып қалдым.

- Солай болса, солай шығар.Ал,  жоңғар жауымыз жар астында,-деді жігіт нығыр сөзбен

-Сенің атың кім?-деді енді ақсақал маған қарап.

-Бекболат, ал мына баланың аты Әлем,-дедім өзімізді таныстырып,

-Есімдерің жақсы екен, ал бәйбіше мына балаларға сусын бер.шөлдеген шығар кешкілік тағы сөйлесемін,-деп ақсақал  етегін қағып орнынан түрды.

                                      Х  Х Х

Бізді киіз үй ішіне кіргізіп, жерге жайылған дастарханнан  кесе  толы  айран мен бір    жапырақ қара  нан берді.  Өмірімде мұндай тәтті тамақ жемеген шығармын. Шұрылдап  қарнымның ашқанын жаңа сездім. Әлемде  үн-түнсіз айранын ішіп, босағада жайғасқан мысығына қарап қойды. Соны байқады ғой деймін, бізбен ілесе кірген Бағзыгүл  қыз мысыққа да ақ құйып, кішкене нан тастады.  Одан кейін бізге бұрылып;

-Сонымен қайдан, қалай келгендеріңді түсіне  алмай тұрмын?-деп  жылыұшырап қарап қойды.

-Өзімізде білмейміз, қалай ХУІ -ғасырға тап болғанымызды?-деп күрсінген Әлем  білгенін  қызға  шатты-бұтты айтып берді. Ауызы ашыла тыңдаған қыз естігенінің біріне сенсе, біріне сенген жоқ.  Күдігін де, күмәнінде жасырған жоқ.

-Сонда сендер болашақтан келдіңдер ме? Ол жақта керемет өмір басталған екен ғой. Шіркін-ай, біз армандаған  өмірді  көргендер бақытты ғой.

-Ия, қазір онда ХХІ- ғасыр,  алып ракеталар жер шарын айналып, ұшып жүр.Көп қабатты үйлер, жүйірік машиналар көшеге сыймайды, Компьютерлер, теледидарлар, кез келген жақпен  хабарласа беретін ұялы байланыс телефондар бар,-деп білгенімізді жасырмай жарысып айтып жатырмыз. Осы кезде ішке кірген жігіт  манадан бері іргеден  әңгімемізді тыңдаған ғой деймін.

-Осының барлығы рас па?  Ол жақта  жер бетінде бозторғай жұмыртқалаған заман орнаған ба?. Ал, біз мына іргедегі жоңғар-қалмақтарды жеңе алмай үреймен өмір сүрудеміз,-деп  қинала басын шайқады.

-Оларға не керек?-дедім ақырын ғана.

-Жеріміз керек, қызымызды күң, ұлымызды құл етуі керек.  Қазақ деген ұлтымызды  жер жаһаннан жойғысы келеді.Ал, біз оған көне алмаймыз.  Батыр Қоңтайшы бастаған  ойрат-қалмақ  елу мың қолымен жуық маңда бізді шаппақшы. Оған төтеп беретін  қалың қолды қайдан жинаймыз?-деп жас жігіт шарасыз кейіппен басын ұстады.

-Жеңесіздер, мына кітапта жазылған,-деді батылдық қайдан біткені  белгісіз  Әлем  сары кітабын көрсетіп.

-Бұл не, шежіре ме?-деді жігіт алғаш рет кітапты қолына ұстап, сыйпап көрді.

-Бұл тарихи кітап, бірақ біз онда жазылған оқиғаларды жалған деп ойладық,-дедім шынымды айтып.

- Ал, болашақтың қыздары  әдемі  шығар?-деді ойға шомып қалған  Бағзыгүл күрсініп қойып,

-Әрине, әдемі.  Соңғы киім үлгісімен киінеді.. Білім алады, қызмет жасайды,  көлік айдайды. Барлығы шеттерінен сұлу, -дедім әңгімеміз жарасқанына қуанып.

-Көліктері ат-арба ма?-деді  жас жігіт бізге қарап,-Менің есімім Ырғайбек

-Жоға, кәдімгі үлкен  машина,-деп Әлем   құшағын  жазып көрсетті.

-Ақымақтар, олар машинаны білмейді. Бастарын ауыртпаңдар,-деген құлағымыздың түбінен мысықтың мияулы  үні естілді.

- Болашаққа келсеңдер талай ғажап  нәрселерді көресіңдер,-дедім мен олардың жүздеріне аянышпен  қарап.

-Ол қашан болады?  Біз оны  армандай да  алмаймыз Ал, жоңғарлар қара ормандай болып  бізді шауып алуға  дайындалып  жатыр,-деді жеңіл күрсініп Ырғайбек басын шайқады,-Ал, енді жатып ұйықтаңдар. Түнде қашып кетеміз деген ой қаперлеріңде болмасын. Ауыл маңында  елуден астам  сарбаздар   күзетте тұр. Сақ ұйықтаймыз. Қуып, жетіп ұстап алса, жағдайларың қиын болады.  

Әлем  екеуміз бір-бірімізге қарадық. Олар шығып кетті.  Киіз үйдің ішіндегі  жұпыны дүниеге  көңілде аудармай,  қатты шаршағаннан көне жастыққа басымызды қойып қисая кеттік. Сол кезде кітап есіме түсті.

-Әлем , кітап қайда? Берші ,-дедім сыбырлай сөйлеп,

-Оны кәйтесің?

-Оқимын. Егерде Орұлақ шайқасының тарихын білмесек бұл жерден шығып, өз заманымызға орала алмаймыз,-дедім күдігімінді жасыра алмай.

-Сонда не, соғыс болса жоңғарлар бізді өлтіре ме?-деді Әлем  үрейлі дауыспен.

-Әрине, өлтіреді.  Соғыстың аты соғыс қой. Жоңғар-қалмақтар жерді жаулап алу үшін  үлкенді де-кішіні де , әйел мен кемпірді де, бала-шағаны да   ешкімді де аямайды,мияу,-деді мысық  сөзге араласып, оны естіген Әлемнің  көзі жасаурап кетті.

-Өзің бір жақсы сөз айтпайтын мысық екенсің. Мысық тілеу деген сөз сенен шыққан-ау, сірә,-деп мен  қатты ашуланып кеттім.

-Осының бәрі менің кесірімнен болды ма? Өзің ғой Орбұлақ шайқасы жалған  деген. Енді  көзіңмен көресің, барлығының шын екенін,-деп сары мысықтан сөз артылған ба, айтарын айтып пырылдап,   үюлі тұрған  жүктің  жылылау тасасына кетті. Мен  сөз таппай тосылып қалдым. Одан кейін жалма-жан кітаптың бетін парақтап, оқи  бастадым.

- Жоңғарларға қарсы күресте  Есімханның ұлы Салқам Жәңгір хан 1635 жылдың  шайқастарының бірінде жеңіліс тауып, тұтқынға түседі. Жәңгір өзара бітімнен соң босап, қазақ даласына оралады,-деп дауыстап оқи бастадым.

-Сонда Жоңғарлар түтқындағы  Жәңгір ханды да азаптаған ба?  Ол қорлыққа қалай шыдаған?-деді тыңдап жатқан Әлем  басын көтеріп,

-Әрине, бірақ ол батыр ғой, мойымай  қайта елге оралып,жоңғарларға  бітіспес жауға айналады.  Осыны естіген жоңғар-қалмақтар  қазақ даласын біра жолата жаулап, халқының көзін жою туралы  құрылтай өткізген. Ал, Жәңгір хан болса жоңғардың қалың қолын  жеңіліске ұшырату үшін қатты ойланып, неше түрлі айла-тәсілге барған,-дедім білгенімді  шатты-бұтты айтып

-Қандай айла-тәсіл?-деп Әлем  орнынан тұрды.

-Мысалы, ат бойындай  ор қазған, оқпаналар  сол кезде-ақ пайда болған,. Жоңғар  жасақтарының   аттарын уландырған, улы оқтар жасаған,- дедім кітап ішін тез-тез ақтарып,

-Қандай қызық кітап неге үйде жүргенде оқымадық?-деп  Әлем шындап өкінді.

-Енді өкінгенмен не пайда? Тура сол тарихи шайқас  болатын жерден бір-ақ шығыппыз.  Енді не істейміз?-дедім шарасыз кейіппен.

-Сендерде  енді  жоңғар-қалмаққа қарсы шайқасқа қатысасыңдар ма? Тарихта  есімдерің қалатын болды ғой,мияу,-деп   тасада жатқан сары мысық  шағыр  көзін сығырайтып, бізді кекете сөйледі..

- Біз қалай соғысамыз? Атқа да міне алмаймыз, садақта ата алмаймыз. Мен кісі өлтіре алмаймын,-деді Әлем   шын пейілімен қайғырып, жыламсырады.

-Ал, мен соғысамын. Тек қана үйретсе болды,-деп  жігерленіп жатып көзім ілініп кетіпті.  Ұйықтап жатып шым-шытырық түстер көрдім.  Оянғанда бірі де есімде қалмапты.

                    Салқам  Жәңгір ханмен кездесуіміз           

Ұйқым қанып, орнымнан тұрсам  жанымда жатқан  Әлемде ,  тасадағы сары мысықта жоқ. Тұрып кетіпті. Жейдемді желбегей жабылып, далаға ытқып шықтым.  Киіз үйдің алдында кешегі ақсақал, бірнеше тағы бөгде адамдар жерге жайылған дастарханда таңғы шайларын ішіп отыр екен. Мені көріп;

-Балақай шайға кел,-деді. Сонда байқадым  Әлемде  дастархан басында мадлас құрып отыр екен. Менде  келіп жанына  тізе бүктім. Барлығы маған таңырқай қарап отырғанын сездім.

-Сен кеше жоңғарларды жеңесіңдер деген сәуегейлік айтыпсың, оны қайдан білесің?-деді ішіндегі қаба сақал денелі адам  маған күдікті көзімен қарап. Неге екенін қайдам бірден қолбасшы ғой деген  іштей болжам жасадым.

-Мына тарихи кітаптан  оқыдым. Сіздер  ХУІ- ғасырда  болсаңыздар, біз ХХІ - ғасырдан, болашақтан  келіп тұрмыз. Бәрін білеміз,-дедім шай құйылған кесені қолыма алып,  Дастархан басындағылар  бір-біріне таңдана қарады.

- Сен өмір сүрген ғасырда қазақтар бар ма?-деді шеткірек отырған ер тұлғалы адам.

-Бар, бәріміз қазақпыз.  Жеріміз бай, еліміз ешкімге де тәуелді емес.  Ел мен жерімізді қорғайтын  армиямыз яғни Сіздерше айтқанда сарбаздарымыз жетерлік, Жау келсе жайрата салатын, оқ-дәріміз, қаруымыз, танкіміз, ұшағымыз бар.. Ешкімнен де қорықпаймыз, жасқанбаймыз,-дедім алғаш рет  батылдығым ұстеп, мақтанып кеттім.

-  Айтшы, жоңғар-шапқыншылығы туралы не айтасың?

- Білгенімді айтып берейін, қазақ даласындағы жоңғар-қалмақпен болатын соғыс  жүз  жиырма  жылға созылады.  Алайда қазақ батырлары щайқасты қаза тапса да , жер жастанса  да жерлерін жауға бермеген,-дедім тарихтан дәріс беретін  апайдың сабақта айтқан сөздері есіме түсіп.

-Солай ма!-деп отырғандардың жүзіне жылышырай жүгіріп, риза болып, қозғалысып қалды.

-Өзің қай тумасың?-деді бір ақсақал, кесесін дастарханға төңкеріп жатып.

-Қазақпын,-дедім атаның сұрағына түсінбей.

-Сонда ру-руға бөлінбейсіңдер ме?

-Бөлінеміз, мысалы  ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз,-деп тарих сабағынан бір кезде оқығаным есіме түсіп.

-Ал, жеті атаңды білесің бе?- деді екінші бір үлкен адам.

-Әрине, білемін.  Ең түпкі атамның есімі Сүлеймен-мерген болған деседі,-деп бастап ары қарай шұбыртып ала жөнелдім. Байқаймын  дастархан басында отырғандар қозғалақтап қалды.

-Әкең бар ма?

-Дәл қазір жоқ,-дедім шынымды айтып

-Не соғыста қаза тапты ма?-дейді бір бала дауысы ту сыртымнан

-Жоқ, тірі бірақ анам екеумізді тастап кеткен. Ал, атамның атасы Сағымбек соғыста ерлікпен  қаза тапқан. Білесізлер ме, жоқ па біздің еліміз Гитлерлік фашисттермен төрт жыл соғысқан. Жиырма миллион адам жер жастанды. Бәрі бір біздің Советтік армиямыз жеңіске жетті. Жылда 9 мамыр күні – Жеңісті тойлаймыз,-дедім ауызыма түскен  дерек сөзді шұбыртып тоқтамай айтып жатырмын.

-Ия,  толық түсіне алмасақта әңгімелерің қызық екен.  Хан иемде сендерді көргісі келіп отыр.біз алып кетуге келдік. Балаларға дұрыс киім беріңдер. Жол шалғайлау маңдайларынан күн өтіп  кетпесін,-деп шеткерек отырған адам уақытының тығыз екенін  білдіріп,  орнынан тұрды. Сонда байқадым беліндегі қайыс белбеуінде  садақ салынған жебе қорабы  салбырап тұр екен.

Сонымен Әлем  екеуміз жүннен тоқылған шалбар күрдеше ,   дулыға іспеттес  бас киім кидік.  Бізді тосып қаңтарулы тұрған аттардың енді ертоқымына отырып, артымызға  Ырғайбек пен Бағзыгүл  міңгесіп жүріп кеттік. Әйтеуір ұшы-қиыры жоқ, төбе-төбесі көп,  құмы  көшіп сусылдаған  сары даламен ұзақ жүрдік. Бір неше рет тау-жотаның татасына аттарды қаңтарып қойып, Ырғайбек пен әлгі қарауылшы жігіттер  алдымызды шолып келді.  Онысы  жол тосқан  жоңғар жасақтары  жоқ па деген сақтық шаралары  екенін бірден түсіндім. Әйтеуір ымырт үйіріле жолай жолыққан  неше  дүркін  күзетші топтармен кездесіп, бір үлкендеу ауылға келдік. Ауыл деген аты ғана екен, әр жерде тігілген киіз үйлердің маңы толған  қарулы жасақтар.

Бізді бір үйге кіргізіп, тамақ берді. Бір-бірімен ымдасып, ишаратпен  түсінісе беретін адамдарды  бірінші рет көрдім. Ешкім мұнда қатты дауыстап  сөйлемей,  әркім өз шаруасымен айналысып жүре береді екен. Әсіресе  аттар  байланған ома ағаштардың   маңында   сірескен  күзеттер тұр.  Ауыл айналасында да жасақшылардың қарасы жетерлік . Бел шешіп енді демала береміз дегенде қараша  үйге екі жігіт кіріп келіп, иек қақты.

Ырғайбек, бізге ілесіңдер  дегендей ишарат білдірді. Әлем  екеуміз сөлбірейіп, соңдарынан ердік.  Алды,-артымызды  қоршаған екі-үш адам бізді алты қанатты ақ үйге алып келді. Іші өзге үйлердегідей күңгірт емес, жап-жарық. Балауса шамдар жарқырап жанып тұр.  Төрде, биіктеу жерде  отырған  жалт-жұлт еткен қымбат   құндыз терілі  шапан жамылған денелі адам маңында оншақты адамдар қаздай тізіліп  сақшыдай қақайып   тұр. Үстеріндегі киімдеріне көз жүгіртіп, әскер басылары екенін  түсіндім.

-Ассалаумағалейкум,-дедім қолымды көкірегіме қойып, бір кезде нағашы атамның үйреткені есіме түсіп,

-Уағалайкумассалам,-  деді  жиналғандар бір ауыздап.

-Әлгі балалар осылар ма?-деді төрдегі шоқша сақалды   түрі  сұсты кісі.

-Ия, хан ием,-деді есік көзіндегі  жігіт  қолын көкірегіне қойып, басын иіп,

-Ал, балалар сөйлеңдер, қайдан келдіңдер, не білдіңдер,-деді  төрдегі адам. Ол кісінің кім екенін біле қойдым. Жәңгір хан ғой!   Қатты толқығаннан, жүрегім дүрсілдей  соғып, маңдайым терлеп кетті. Салқам Жәңгір ханның дәл өзі! Осыны кейін сыныптастарыма айтсам ешкім сенбес еді. Ал, тарих бетінде ерлігі жазылып қалған ханды көру менің пешенеме  жазылыпты! Жанымда тұрған  Әлемге  қарасам, жаным ашып кетті, ындыны жуас бала ғой. Үрейленіп,  дірілдеп ернін жалай береді. Үнсіздік біразға  созылған соң, тамағымды кенеп:

-Былай  ғой, біз ХХІ - ғасырдың балаларымыз. Болашақтан келіп тұрмыз. Ол болашақтың аты-Қазақстан.  Біздің елде бейбітшілік орнаған,  Тәуелсіз мемлекетпіз, Көк байрағымыз, Ел таңбамыз, тіпті Әнұранмызда бар. Мектепте Әнұранды  күнде шырқаймыз,-деп ілес дегендей Әлемді  түртіп қалып;

         - Менің елім, менің елім,

Гүлің болып егілемін.

Жырың болып, төгілемін, елім,

Туған жерім менің-Қазақстаным!- деп бар даусыммен әндетіп ,

айтып шықтым.  Қаздай қақайып  тұрған ханның қолбасшылары күле ма деп ойлап едім. Ешкім езу де тартқан жоқ. Барлығы сұраулы пішінмен  төрдегі Жәңгір ханға қарады.  Хан басын ұстап ойланып отыр екен.

-Айтшы балақай, Орбұлақ шайқасы туралы не білесіңдер?-деді енді хан маған  өткір көзін қадап.

-Шынымды айтсам күні кешегіге дейін  ештеңе білмедім, тіпті Орбұлақ шайқасы жалған оқиға дегенде сөз айттым,-дедім шынымды жасырмай -Ал, бүгін мына кітапты оқып, Сіздер  ел мен жерді  қасық қаны қалғанша қорғаған ңағыз батырлар екендеріңізді білдім.  Кешіріңіздер. Жуырда  біздің өңірде Жәңгір ханға  халық ескерткіш тас қойды. Арнайы еске алу ас берілді,

 Айналаны  аз-кем үнсіздік басты. Хан қозғалып:

- Жақсы , келешек ұрпақ бізді үмытпайды екен. Бұғанда тәуба, шүкір дейміз. Жарайды , тағы қандай   деректерді білесің?

-Екі таудың ортасына жоңғарларды алдап кіргізіп, қатты соққы бересіздер. Түбінде жеңіске жетесіздер,-дедім  ары не айтарымды білмей мүдіріп  тоқтай қалдым,

-Олар  елу мың қолымен бізге шапса да  жеңеміз бе?-деді отырғандардың бірі күдікті дауыспен.

-Ия, айла-тәсілмен жеңесіздер. Ақиқатын айтып тұрмын.  Мына  тарихи шежіре кітапта барлығы жазылған.  Батыр Қоңтайшы жасақтары  қатты жеңіліске ұшырайды. Он мыңнан астам  адамынан  айырылады,-дедім кітаптан шала-пұла  ұққан мәліметімді жеткізіп.

-Болашақтан келгеніңе сенейін, сен маған мынаны айтшы,-деді хан риза болғанын білдіріп,- Қазақ деген халық  сенің ғасырыңда  қалай өмір сүріп жатыр?

-Жақсы өмір сүріп жатырмыз. Ұлы дала елінің ұрпағымыз.  Ел іргесі аман, жұрт тыныш,  жастар  білім алып, талай асуларды бағындыруда.  Ғарышқа  алып ұшақтар ұшырып, жүйірік көліктермен кез келген жерге барамыз, жер шарының  барлық нүктесімен  байланысымыз бар,    дала төсінде    сән-салтанатты әсем  қалалар  бой көтерген. Төскейіміз төлге,  қамбамыз дәнге толған, бай-қуатты елміз Бір сөзбен айтсам, қой үстіне бозторғай  жұмыртқалаған  тыныштық  заман,-деп жауап бердім.

-Ә, дұрыс екен. Біздің қазіргі жан беріп, жан алысатын шайқасымыз бекер болмайды  екен. Ең бастысы ұрпағымыз аман қалып, өсіп-өрбиді екен, осығанда тәуба  деуіміз керек,.-деп  Жәңгір хан әр сөзін қалт жібермей  мұқият тыңдап тұрғандарға қарады. Олар келіскендей бастарын шұлғыды.

         -Сен мынаны айтшы,  түпкі атам Сүлеймен мерген депсің, осы жерде ондай есімді бір жігіт бар. Сен сол Сүлейменнің  болашақта өмір сүріп жатқан ұрпағы емессің бе?- деді қаздай тізіліп тұрған қолбасшылардың бірі. Мұндай тосын сұрақ күтпегендіктен жауап бере алмай қалдым.

         -Білмей-мін,-дедім маңдайымнан  суық тер бұрқ ете қалып.

         -Алдағы болатын  шайқастан  Сүлеймен мерген аман-есен шықса, өзіңді  іздеп деп тауып алады,-деді төрдегі хан әңгімені ары созғысы келмей.

         -Жүріңдер,  әңгіме  баянды болды,  шығайық,-деді желкемізде тұрған Ырғайбек сыбырлап, бізді  сыртқа  алып шықты. Жәңгір ханмен кездескеніме сене алмай мең-сең болып, жақсы  бір әсер құшағында қалдым. Ал, түпкі атамды көремін деген ой мүлде ақылға сыйымсыз болды.  Осылай өмірде бола ма? Түс көріп жатқан жоқпын ба? Басымның ішіндегі миымның  тамырлары шатасып , бір қызық сезімнің қалың орманына кіріп кеткендей болдым.

                                       Кері  жол- тайғақ кешу  болды                   

         -Бұларды  не істейміз?-деді сыртқа шыға бере Ырғайбек  манағы қарулы адамның бірінен жөн сұрап

         - Күні ертең қара ормандай  болып келетін жоңғарға шабуылға аттанамыз. Бұйырса, хан иемнің өзі қол бастайды.  Бұл жерде қалу сендер үшін аса қауіпті, дәл қазір  кері қайтыңдар. Түн ішінде қалмақтар жол тори қоймас,-деді әлгі адам.

         -Онда  Бағзыгүл  екеуміз  бұларды алып қайтамыз, -деп Ырғайбек қысқа жауап қатты.  Қайта жолға шығатынымызды естіп, ренжіп қалдым. Шаршағаным соншалық, осы жерге құлап, ұйықтап кетуге әзір едім. Амал жоқ, берген тамақтарын шала-пұла ішіп, Әлем екеуміз қайта атқа иіндік. Түн көз түрткісіз тас қараңғы,  Ырғайбектің қалай жол тауып қайтатынына таң қалып келемін. Бірақ, түнде жүріп үйренген бе? Ол жігіт  сыр берген жоқ. Әлем Бағзыгүлдің артына мінгесті.

         -Мияу,-деген дыбысқа жалт қарасақ. Сары мысық дәл қасымызда пырылдап тұр.

         -Жолдас  деген сендерсіңдер ме? Мені айдалаға тастап кеткендерің не? Мияу,-деп  ол кәдімгідей өкпелейді.

         -Сен қалай жаяу жеткенсің?-деп  қосарланып Әлем  екеуміз таң қалдық.

         -Оның сырын сендерге айтамын ба? Оданда арттарыңа мінгесемін аяғым талып кетті,мияу,-деп ол біздің жауабымызды күтпей-ақ атқа қарғып мініп,  Әлемнің  арқасына жармасты.

         Мұның бірін байқамаған Ырғайбек пен Бағзыгүл  аттарын қамшылап, жедел жүріске басты. Түн      қараңғылығы қоюлана түсті.  Қанша жол жүргенімді білмеймін Көзіме ұйқы тығылып  қалғып кеткен екенмін,  мініп келе жатқан атымыз әлде қандай қиқудан  шошып, аспанға қарғығанда  жерге мұрттай ұшып  түстім.  Қабырғам уатылып кеткендей жан дауысым шықты, Сол сәтте;

-Бағзыгүл, алға шап, жоңғарларға жолықтық мен оларды бөгеймін,- деген  Ырғайбектің дәл жанымнан  шыққан  дауысын анық естідім.   Қараңғылықты елең етпей  жан-жағым сатырлап шапқан  булары бұрқыраған  аттыларға толып кетті. Осы аттылар мені таптап кетеді-ау деген үреймен шетке қарай басымды бұғып, еңбектей жөнелдім.   Бөгде дауыспен әлдекімдер айғайлап жатты.  Сөздерін түсіне алмадым. Бір-екеуін аттан   Ырғайбек құлатқан-ау деймін, аналардың да  қараңғыда апыр-топыры шықты. Аттары кісінеп, аспанға қарғып, жасақтарды  ала қашты. Одан кейін тым-тырыс бола қалды. Он екі мүшем  жарақаттанбай аман-сау қалғаныма сенбей, жатқан жерімнен басымды көтеріп  едім. Қараңғылықтан шыға келген   әлдекімнің қарулы қолы желкемнен бүріп ұстай қалды. Тырп етуге шамамды келтірмей;

         -Ә, қанішерлердің тұқымы! -деп  балағаттаған  адам   ат үстіне мені лақша   өңгеріп алды. Күн ұзақ денем ауырды дегенім бекер екен. Көресінді енді көрдім. Ішім солқылдап, . жаным  көзіме көрінді.   Ат үстінде;

         -Жібер мені, жібер!-деп бар дауысыммен   тепкіленіп, ешкідей бақырып келемін. Алайда оны қаперіне ілген  әлгі пенде  жоқ, жүйірік аттар  тасырлатып алға шауып ала жөнелді. Қанша уақыт  шапқанымызды бағдарлай алмай қалдым.  Бір кезде  жарықтары  өлеусіреп жылтырай жанған   қонысқа келіп кірдік.   Ат үстінде отырған дәу қара мені жерге бір керексіз зат  сияқты лақтырып жіберді.  Денемнің жансызданғаны соншалық  ыңқ етіп жерге  бар салмағыммен түссемде, ауырғанын білмедім.Ол аз болғандай  алакөлеңкеде  әлдекім мені иығына салып көтерді де тас қараңғы  үй ішіне тастай салды.  Есімнен танып қалыппын. Қанша уақыт жатқанымды  білмеймін, әлдекімнің  алақаны маңдайымнан сыйпағанын сездім. Көзімді ашсам, беті-ауызы жырылып, қан-қан болған Ырғайбек төбемнен төніп қарап тұр. Қуанып кетіп;

         -Ырғайбек, біз қайдамыз?-деп тілім икемге әзер келіп, сыбырладым.

         -Дымыңды шығарма,жоңғарлар бізді  тұтқынға алды,-дейді.

         -Енді не істейміз?-дедім жүрегім зу ете қалып.

         -Көреміз, бұлардың да күні бітуге таяу қалды,-деді Ырғайбек үстіндегі  алба-жұлбасы шыққан киімін бүтіндеп. Менің де шекем шылқылдамапты. Үсті-басым жұлым-жүлым болып, тері киімім жыртылып кетіпті.

         -Ал, Бағзыгүл мен Әлем  қайда?-деймін жан-жағыма қарап,

         -Олар құтылып кетті ғой деймін.  Жоңғарларды мен бөгеп қалдым,-

         -Сен нағыз батыр екенсің! Енді не істейміз?

         -Ештеңе, денемізден етімізді кесіп алса да деректер  бермеуіміз керек.  Менің тұтқында болуым бірінші рет емес. Ретін тауып қашып кетеміз,-деп Ырғайбек  бетінің қатып қалған қанын сүртіп. Мен жүрегім дүрсілдеп  шынымен қорқа бастадым. Егер жоңғар  жаналғыштары  мені соғып, дүрелей  бастаса не боламын деген ойдан өзім шошып кеттім.  Қап, ең құрығанда ақылдасатын сары мысықта жоқ деп  оның айтатын сөздерін   жақтыра бермесемде  іштей өкініп қалдым,

Киіз үй  іші лас екен. Мұның алдында қозы-лақ қамаған ба, жаман иіс  тұншықтырып, қолқаны атады. Киіздің саңылауынан жіңішке сызықша жарық түсіп, таң ағарып атқанын білдірді.  Осы кезде есік сарт ашылып, ішке еңгезердей  екі   қарауыл  кірді. Қойны –қоныштарыңнан барлығы қару-жарақ, бет –ауыздарын түк басқан бейне мен көріп жүрген бейнефильмдегі  албастылар дерсің. Олар  Ырғайбек екеумізді  сыртқа  шығыңдар дегендей иек қақты. Жаңа байқадым, екеуміздің де аяғымызға  арқан тұсау  салып тастапты.

         Далаға шықсақ, күн әудем жерге көтеріліпті.  Көлеңке  үшін жасалған шатыр астында  түрлері өрт сөндіргендей,  тұрапаттары бір түрлі , бет-ауыздары  ұстара тимегендіктен   жүн  басқан  бір талай  жасақтар   жағалай  тамақ ішіп отыр екен. Ішім шұрылдап, ауызымнан  сілекейім шұбырып  қоя бергені.  Төрде отырған  теріден қаптама киген  қолбасшылары ғой деймін, бізге қарап былдырлай сөйлей жөнелді.  Бір сөзін ұққаным  жоқ. Қамаудан алып шыққан  қарауыл    бізді желкемізден сығымдап ,  олардың алдында  дізерлеп отырғызды.  Ал, Ырғайбек жаудың  тілін жақсы білетін болып шықты. Былдырлап бірдеңе деп  зілденіп, жауап беріп еді, төбесінен төніп  қарап тұрған әлгі денелі қарауыл   оны шүйдесінен жұдырығымен бір қойды. Ырғайбек бетімен жерді сүзе құлап түсті.  Жанында осыны көріп тұрған   менің ыза болғаннан   көзім қанталап, қаным басыма шапшыды.

-Қандықолды қарақшылар, фашисттер күндерің бітуге тақау, өлсеңдерде қазақтарды жеңе алмайсыңдар.  Бәрің қырыласыңдар, жер бетінен тұқымдарыңда жойылып кетеді,-деп   ызадан қалшылдап айғай салдым.

-Мына сілімтік не дейді?-деген дауысқа жалт қарасам еңгезердей жоңғардың әскери адамы маған жақындап келеді екен.

- Бәрің өлесіңдер, қырыласыңдар. Күндерің  санаулы  қалды,-деп айтарын айтсамда тілімді тістей қалдым.

-Оны сен күшік қайдан білесің?-деді әлгі қазақ тілін бұрап сөйлеген жоңғар елең етіп.

-Білемін, өйткені мен болашақтан ұшып келдім. Тарих сабағынан  оқығанбыз,-дедім сөзімді салмақтап.

-Солай ма? Ол болашағыңда қазақтар бар ма?

-Бар, әрине   бүкіл  жер шары таныған ірі мемлекетпіз. Дамыған, жайнаған елміз,-дедім айтқанымнан қайтпай. Жоңғар бұрылып, төрде отырғандарға былдырлап бірдеңке деп еді, барлығы   маған  маймыл көргендей көздерін ежірейтіп  қарап қалды.

- Не сен,  арамызға  арандатуға келген шайтан емессің бе?- деп ана жоңғар дәу қолымен құлағымды бұрап алғанда, жан дауысым шықты.

-Қайдағы шайтан мен қазақтың болашағынан келген баламын,-деп айғайға  бастым. Төрдегілер бір деңке деді ме,  білмеймін. Әлгі жоңғар құлағымды жібере салды. Дызылдап ауырған құлағымды ұстап тұрып;

-Танымай жүрген әкелеріңді танисыңдар, фашисттер,  жендеттер, біздің әскер сендерді  әлі  тырқыратып қуады, көресіндер,-деп ауызыма келген жігерлі сөзді  ірікпей айтып жатырмын.

- Айтшы, балақай  сол болашағыңда  ауызбірлігі  жоқ, тоз-тоз болған  қазақтардың басы қалай бірікті?  Өтірікті шындай қылып тұрған жоқсың ба?-деді көп ішінен бір жоңғар  күмәнді дауыспен былдырлап.

- Кейін Абылай хан бастаған қазақтың  үш жұзі  бірігіп, жоңғар-қалмақ  жауларына  қарсы шығып жерімізді босатып, елімізді құлдықтан құтқарды,-деп  екі иінімнан  демалып бір тоқтадым. Осы кезде тарихты тіпті жақсы білмейтінім есіме түсіп, өкініштен  тілімді тістей қалдым.  Менің  жобалап, ойдан құрастырып тұрғанымды білсе мына  жау жасақтары   аямайтынын  ішім сезіп тұр.

–Қазір ірі мемлекетпіз,шекарамызды қорғайтын  әскеріміз, ұлан-байтақ  гүлденген өлкеміз бар.  Білгілерің келсе, жер шарын айналып ұшатын ракеталар мен спутниктерде  біздің  жерімізден ғарышқа ұшырылады.  Қазақ -мәңгілік елге айналуда, Сондықтан қазақ жерін жаулап аламыз деген райларыңнан қайтыңдар,-деп  олар үндемегенге тіпті екіленіп кеттім. Отырған жасақтардың бірі;

         -Мынау ақылынан адасқан  ауру бала ғой,-деп  шекесін нұсқады.

         Оның сөзіне  барлығы  жырқылдай  күліп, қолбасшысы қолын сілтеді.  Әлгі жоңғар  қарауылы  менің мұрныма сасық жұдырығын тақап тұрып;

         -Боқмұрын, не деп тұрғаныңды білесің бе? Бізде елу   мың қол бар. Ал,  бір-бірімен өзара жауласып жүрген, бірлігі жоқ  қазақтарда  сарбазда  жоқ, әскерде жоқ.  Күні ертең барамыз да бәрін қырып,  кеудесінде жаны шықпағандарын  байлап-матап әкеліп құл қыламыз. Олардың мал мен жері біздіке, қазақтың күшігі осыны біліп қой!-деп басымнан  бір соққысы келіп оқталғанда.  Мен де қарап қалмай ;

-Тоқта, бәстесейік. Жәнгір ханның сарбаздары  сендерді жеңеді.  Тіпті жерімізден  тырқыратып қуады,-деп жан дәрменімен айғай салдым.  Отырғандар бұл  сөзіме  тағы да ду күлді.   Күннен қарақошқылданған жүздері, қысық көздері, ауыз-бастары жүн қаптаған жоңғарлардың  қарқылдап күлгендегі  түр-сұрапаттары     тіпті  көзіме қорқынышты көрінді.  Қанша қоқилансамда денем дірілдеп, көңілімді үрей торлап алды. Төрде ет жеп, қымыз ішіп отырғандар бірдеңе деді ме, әлгі қарауыл маған жақындап келіп;

-Бүгінше жаның олжа, ертең біздің  жасақтар  ханның  саобаздарын  быт-шытын шығарған соң, қайта оралып сені аяғыңнан анау  ағашқа асып қоямын. Сен сияқты талай қазақтың күшіктерінің қанын сорғалатқанмын,-деп қорбаңдап   мені  қаңбақтай көтеріп , қолтығына қысып алып,  қайтадан киіз үйдің ішіне  әкеліп, жерге лақтырып  жіберді.  Содан жатып-жатып аяқ-қолымды  әрең жидым. Бір қарасам қан жоса қылып, дүре салған Ырғайбекті де менің жаныма сүйреп әкеліп тастапты.  Өзімнің шарасыздығыма  күйініп, жылап жібердім. Алба-жұлбасы шыққан жейдемнің  етегін жұлып алып, жігіттің қан аққан арқасын сүрттім. Ол ыңыранып жатып,  есін жиды.

         - Мана жоңғардың қолбасшысына айтқандарың шындық па?-деді  ол қатты таяқ жегеннен  ісіп жұмылып кеткен көзін  аша алмай жатып.

         - Бәрі рас, бізді тарих сабағынан  солай деп оқытқан,-дедім жігітке жаным ашып,

         - Онда жақсы екен.  Ертеңгі шайқаста біздің  сарбаздарымыз  жеңсе болды,-деп ол ыңырси сөйледі.  Осы кезде бір шиқыл естідім. Үңіліп қарасам, іргедегі   іннен тышқанның көздері жылт-жылт етіп маған қарайды. Бірден таныдым, сары шұнақ тышқан.

         -Тышқан, тышқан бері шық қорықпа,-деп шақырып алдым.

Ол жүгіріп  інінен  шықты. Біздің  мүшкіл халімізді көріп, шошып қалды.

         -Бұл оңбағандар ешкімді аямайды. Көріп жүрмін ғой. Қарыңың  аш шығар, мен қазір келемін,-деп  ол ініне зып етіп, қайта кіріп кетті. Көп уақыт өтпей-ақ, тісімен бір кішкене   умаждалған  матаны сүйретіп  келді. Ақырын ашсам, ішінде бір уыс дән..

         -Тышқаным, рақымет,-деп риза болдым. Дереу  бес-алты дәнді  алып, Ырғайбектің ауызына салдым. Ол таң қалып, көзін ашты.

         -Жей ғой, әл жинайсың,-деп  бәйек болып,жатырмын  ол риза кейіппен көзін қайта жұмды.  Уысым толған дәннің барлығын жігітке бердім. Өзім тек қана бір нешеуін ғана шайнап  дәмін алдым. Шикі бидайдың мұндай тәтті болатынын ешқашанда білмеппін. Болашақта қалған өз үйімдегі ішетін тамақтарым есіме түсіп кетіп, көзіме ыстық жас іркілді. Анамның да жылы жүзі  көз алдыма келді. Байқұс анам не күйде екен?  Мен ауырып қалғанда  шырылдап, асты-үстіме түсіп, емдеуші еді. Ал, енді үйіне келсе ұлы  жоқ. Осылайша  қайғылы ойға шомып жатып көзім ілініп кетіпті. Әлдекім бүйірімнен түртеді. Көзімді ашып алсам  жанымда бір керемет айдай сұлу қыз тұр. Таңқалғаннан ауызым ашылып қалды.

-  Балақай, танысайық, атым Күнқыз,-деп  ол майысып, маған әппақ қолын ұсынды, Үстіне киген киімдерінің барлығы асыл таспен өрнектелген, шашына таққан шолпысы сылдыр-сылдыр етеді.  Білегінде екі-үш білезік, саусақтарында  жеті-сегіз асыл тасты сақина. Түкірігіме шашалып,  сөйлей алмай тұтығып қалдым. Ол  бал тамған тілімен сөзін жалғастырды.

-Мен сені ертіп  кетуге келдім. Күні ертең шайқас басталады, Ал, сен жақсы бала екенсің, босқа ажал құшасың  ғой. Жүр менімен.  Бостандық аласың, осы  батыр Қоңтайшының жалғыз қызымын.  Кейін  өскенде маған үйленесің, барлық өлшеусіз   алтын, асыл  байлыққа, ұлан-байтақ жерге, мыңғырған мал мен жанға  иелік етесің. Бұған көнбесең, жер жастанасың, бейшара  қазақтарды қорғап кәйтесің? Оларды менің әкем жаулап алып, жоқ қылады. Қазақ  деген  ел енді болмайды,-деп   айдай сұлу қыз   күлімсіреп маған қарап тұр. Тіпті қара мойылдай көздері мені арбап-матап  есімнен тандыра жаздады,  Бірақ, бойымды  ілезде жинап алдым.

-Сен не деп тұрсың? Қазақ ешқашанда жер бетінен жойылмайды. Біз мәңгі жасаймыз! Жәңгір хан батыр  Қоңтайшының   әскерін жеңеді,-деп  ашуланып кеттім,

-Оны сен қайдан білесің?- дейді әлгі қыз  менің сөзіме сенбей

-Білемін, мен болашақтан келіп тұрмын. Біздің ата-бабаларымыз  кең-байтақ жерін ұрпағы үшін сақтап, мұра қылып тастап кеткен,-дедім нық дауыспен.

-Бекболат, балақай , шежірені тарқатып  қайтесің? Ол болашағыңда байлық керек емес пе, ендеше  ат басындай алтын берейін, алда еліңе қайтып кет,-деп енді сұлу қыз басқаша сайрай бастады.

-Жоқ! Мен ел-жерімді алтынға  сатпаймын. Әрі қандасымды  айдалаға тастап кетпеймін,-деп кесіп айттым.

-Өзің  бір беткей оңбаған бала екенсің,- деді енді сұлу қыздың өңі  бұзылып- Мен  сұлу қыз кейпіне кірген қарғамын, ертең сен өлген соң етіңді шоқып жеймін .

     Шынында сұлу қыз көз алдымда жоғалып,  орнына қара қарға пайда болды. Содан кейін қанатын қағып, терезенің кішкене торынан ұшып шығып кетіп қалды. Таңқалғаннан ауызым ашылып қалды.

         -Ол әзәзіл сайтан ғой. Сенің басыңды айналдырып, құртқысы келді,-деп жерде сұлап жатқан Ырғайбек басын көтерді.- Бекболат, сен нағыз болашақтағы қазақ баласы екенсің.     

Жас жігіттің дауысында  ризашылық сезімі тұрды. Мен оған көңіл аударғаным жоқ.

                            Табанды  тілген қия жол

-Ырғайбек оданда айтшы қалай біз мына қапастан құтыламыз?-дедім      сасық қорада жатып-жатып, шарасыз дауыспен

-Мана таң азаннан әскерлердің аттарын  сайлап,  дүбірлеп жорыққа шыққанын   сезіп жаттым. Олар біздің елді жаулап алуға аттанды. Мына қоныста бір-екі күзетші қарауыл қалғанға ұқсайды. Не болса да бүгіннен қалмай қашуымыз керек. Мен қайтар  қия жолды жақсы білемін,-деді әжептеуір әл жиған Ырғайбек түрегеліп отырды.

         -Ең алдымен мына тұсаудан босануымыз керек, Тісімізбен болсын арқанды кесу керек,-деді ол ойланып  маған қарап

         -Қалай?-дедім  аяғымдағы саусақтай жуан  арқан  тұсауға  көз жіберіп,

         -Жуан болса да, ол жүннен ширатылып жасалғанын білмеуші  медің?-деп  ол еңкейіп, арқанды тістелей бастады. Мен де қарап  қалмадым. Аяғымды тұсаған арқанды тісіммен тістеп көріп едім, сасық иісінен  құсып жібере жаздадым.  Алайда бар күш-жігерімен жас жігіттің арқанның әр бір жібін тісімен қиып жатқанын көріп, қайта іске кірістім. Ауызымнан шүбырған сілекейімді  арқанның сасық дәмімен  бірге   жиркеніп  жерге түкіріп отырдым. Әлден уақытта ісіміз оңға басты, бір-екі есілген жіп қиылған соң, арқан босай бастады. Осы кезде  өрілген жіпті тартып  қолымызбен үзе бастадық.   Ырғайбек  нағыз тапқыр екен  ең алдымен аяқтарын босатты. Содан кейін еңбектеп келіп,  маған көмектесіп, менің аяғымдағы арқанның жіптерін жеке-жеке тістерімен тістелеп, қия  бастады.

Бір  уақытта әйтеуір арқанның жерге үзіліп түскенін көрдім де қатты қуанып кеттім. Ырғайбек  енді киіз үйдің  шаңырағындағы түңлікті, кішкене терезені зерттей бастады. Ойланып көп тұрды. Мен ештеңе сұрағаным жоқ, Өйткені оның не  айла қолданатынынан бейхабар едім. Бар білгенім кішкене терезеден сығалап, қарап бұл маңнан ешкімді байқай алмадым. Барлығы жорыққа аттанғаны белгілі болды,  тіпті бізді ұмытып кеткенге ұқсайды.

         Осы кезде есік  шиқылдай ашылып ішке бір адам кірді. Біз дереу ұйықтаған болып, жерге  жата қалдық.  Көзімді сығырайтып қарасам, өзімғұрыптас жас бала. Қолында бір жапырақ наны, шәугімі бар. Итаяққа  ұқсас  іргеде тұрған ыдысқа  су құйды. Содан кейін үндемей бізге қарап бақылап  тұрды. Осы сәтті пайдаланған Ырғайбек оны аяғынан ұстап, құлатты да жерге жығып, дыбысын  шығармай  ауызын басты.  Аңырайып қарап қалған маған жерде шұбатылып жатқан арқанды бер деп  ымдады. Мен жан таласып, арқанды  алып ұсындым.  Ол асқан ептілікпен тыпырлағанына қарамай баланы қылғындырып, ауызына шүперек тықты да аяқ-қолып байлап тастады. Мен мұндайды көрмеген басым үрейленгеннен  зәрем ұшып кетті.

         -Жүр енді,- деп Ырғайбек мені сүйрелемесе есеңгіреп  тұра берермедім кім біледі.  Екеуміз есік көзіне жан-жағымызды шоли  қарап ептеп  еңбектеп  шықтық.  Жақын маңда ешкім  көрінбейді , Айнала  тып-тыныш. Сонан соң  жалаң аяғымызға шөңке-тікен кіргеніне  қарамай  басымыз ауған жаққа қарай   безе жөнелдік. Әудем жерге жеткенде соңымыздан шу шыққанын естідік.

         -Ана   тасы екшеленген тау жаққа жүгірейік, оған   қуғыншы аттар шыға алмайды,-деп  Ырғайбек алдыма түсіп алып, аяғы-аяғына тимей  безіп  келеді. Менде жанталасып, одан қалмауға тырысып келемін. Соңымыздан аттардың  дүбірі естіліп, тіпті  жақындап қалды.  Бір кезде құлағымның түбінен әлде қандай  нәрсенің зу еткенін естідім.

         -Садақтарын атып жатыр. Тез ана таудың жотасына  тастардың арасымен жетуіміз керек, онда  тығылатын  үңгір бар,-деп  Ырғайбек  кейіндеп қалған  мені одан әрі асықтырып,  жан таласып  алдымда ,жүгіріп келеді. Қатты жүгіргеннен алқынып, демім бітіп кетті. Тіпті әлім құрып,  құлауға шақ қаддым.  Оны сезген  Ырғайбек менің қолымнан шап беріп, сүйрелей жөнелгенде аяғым жерге тимей құстай ұша жөнелдім. Жыңғыл-жыңғыл  дәу тастардың сағасымен  биікке өрлеп келеміз.  Біраз, жүрген соң  сәл кідіріп, төменге қарасақ қуғыншы  екі атты адам етекте  тау беткейіне шыға алмай арлы-берлі шауып жүр екен.

         -Құтылған сияқтымыз, егерде олар бері көтерілетін болса, тастарды домалатып, аттарын үркітеміз,-деді әзер демін алған жігіт,қан жоса болған аяқтарын сыйпалап, Менің де  шекем шылқылдап тұрған жоқ. Екі табаным тілім-тілім болып, жанымды көзіме көрсетіп дызылдап,  жан шыдатпай ауырып  барады. Тасадан  басымызды шығарып, етекке  көз жіберсек, Бір атты жотаны қиялап  бізге көтеріліп келеді екен. Ырғайбек  дереу иек қақты, жалма-жан екеуміз кішігірім тастарды жинап, оның алдынан  тиетіндей етіп ,домалата бастадық. Төбеден домалаған тастардан  көтеріліп келе жатқан ат үркіп, жан дауысы шықты да мөңкіп ала жөнелді. Үстінде отырған жоңғар  қия белдегі тастың үстіне ұшып түсті де қозғалыссыз жатып  қалды. Шамасы жан тәсілімін берген-ау деймін. Екінші атты қуғыншы  оны көріп, ауылына қарай атын қамшылап шаба жөнелді.

         Біз «УҺ» деп демімізді алып, текше  тастардың үстіне отыра кеттік. Үсті-басымыз қара терге шыланып кетіпті.  Бірақ, Ырғайбек мені  көп  демалдырмады.

         -Біз осы қай маңдамыз,-деп жан-жақты шоли бастады. Жерді бағдарлай алмай шарасыз күйге түскенін көріп тұрмын.

         -Қалай қарай жүргенде  өзіміздің  сарбаздарға  шығамыз,-деп ол ойланып тұрғанда  ана күнгі кездескен бозторғайым есіме сап ете қалды. Дереу ақырын соққан жел лебімен сәл ысқыра салдым. Ешкім жоқ. Ырғайбек мені есінен ауысқан жоқ па деп  күдіктене қарап қалыпты. Қарап отырмай тағы ысқырдым. Бұл жолы ысқырығым қатты шықты. Аспанға қараймын ұшқан құс көрінбейді. Бозторғай менің көңілімді аулап, өтірік айта салған ғой деп ұнжұрғам түсіп қалды.  Ырғайбекте үн жоқ менің жаныма келіп отырды. Осы кезде  дәл құлағымның түбінен;

         -Ордалы жаудың қонысы маңында  неғып жүрсіңдер?-деген бозторғайдың шиқылын естідім.

         - Оны айтып отыруға уақыт жоқ. Кейін әңгімелеп берермін. Бізге сенің көмегің керек, қалай біздің сарбаздарға   жол табамыз. Әрі қысқа, әрі  тез жететін  жол болсын,-дедім шаршаған дауыспен.

-Мен бәрін білемін,-деді бозторғай  біздің өзінен көмек сұрағанымызға масаттанып,- Қоңтайшы бастаған ойрат пен қалмақ  бұдан  елу-алпыс  шақырым жерде кетіп барады. Өздері қатты қаруланған, асығар емес аттары шайқалып әзер  қозғалады. Сендер ол жолмен жүрсеңдер, оның  шолушы жасақшыларының қолына түсесіңдер. Ал, мен білетін төте жол бар. Қия-бел, тау-тастың арасымен жүру керек. Қиында болса қауіпсіз жол.

         -Адасып кетпейміз бе?-деді Ырғайбек бозторғайдың сөзіне күдік білдіріп.

         -Ой, не дегенің жас жігіт,-деп бозторғай қанатымен сермеп, тастың жотасымен арлы-берлі жүре бастады,-Мен бұл әуе жолымен сан рет ұшып өткенмін. Мен ғана емес әкем мен анамда ұшқан. Қорықпаңдар, өзім төбелеріңде ұшып жол көрсетемін.

         -Әттең қаруымыз жоқ,-деді жас жігіт өкініп,

         -Неге жоқ, жаңа ғана аттан құлап, мойны үзілген , иманды болсын жоңғардың қаруын төмен түсіп алып алмайсыңдар ма? Керек болады ғой,-деп  бозторғай ұшып, орнына қайта қонды.

         -Қару аламыз деп  қайта ұсталып қалмаймыз ба?-дедім мен үрейленіп.

         -Қажет болса мен әуеден барлап келейін, ешкім жоқ болса тез қимылдап, өлген жоңғардың қаруларын алып алыңдар,-деп  бозторғай бізге ақыл айтып, өзі ұшып кетті. Содан біз төменге  көз жүгіртіп тұрғанда ол  қайта ұшып келді.

         -Тез барып алыңдар. Бұл жақын маңда жан баласы  жоқ,-деді  Неге екенін қайдам Ырғайбек

         -Сен бармай-ақ қой, өзім-ақ барамын,- деп мені тоқтатып, өзі тастан-тасқа  қарғып, төменге кете берді. Мен демімді алу үшін тасқа қайта отырдым. Қарасам бозторғай жанымда шоқиып отыр.

         -Бозторғай, неге бізге көмектесіп жүрсің?-дедім қарап отырмай.

         -Ой, бұл жоңғарлардан алмаған өшім бар емес пе? Бала-шағасына шейін бұзық. Әкемді, бауырлас інімді   маңдарына  тамақ іздеп барған екен, ырысын ішкендей  таспен атқылап өлтірді. Оның қайғысынан анам өліп қалды. Сөйтіп мен жапанда жалғыз қалдым,+деп құстың көзінен бір тамшы жас ағып түсті.  Мен кішкене құсты аяп кеттім. Ол оны сезді ғой деймін, иығыма  келіп  қонды.

         -Бозторғай, елге қайтсам сені ілестіре кетер едім,-дедім жаным  елжіреп.

         -Рақымет, мен бара алмаймын,-деді ол ұшып тасқа қайта қонды.

-Менің туған жерім осы дала, .тастап кетсем мына жоңғарлар жайлап алмай ма? Жоқ, мен бара алмаймын. Өлсемде осы дала көгінде өлемін,,-деді бозторғай  қанатын сермеп  қойып. Құстарына шейін туған жерінің көгін сатпайтын бұл не деген қасиетті өлке  еді деген бір ой санама келе қалды. Осы кезде  иығына қаруларды асынған, қолында найзасы бар, ентіккен  Ырғайбек жетіп келді.

-Тез кетейік, ана жақтан шаңдатып, бір неше қуғыншы  аттылар келеді. Неғылса да  екінші қарауыл  хабар жеткізген, біздің соңымызға түспекші,-деді ол. Біз дереу тас-тастың арасымен  безіп ала жөнелдік.  Аспанға ұшып шыққан құсқа да қарауға шамамыз болмады.  Қанша жүргеніміз белгісіз.

-Енді оңға бұрылыңдар, сол жерде бір үңгір болуға тиіс,-деген дауысқа көкке қарасақ бозторғай дәл төбемізде  айналып ұшып жүр.

-Әлгі жоңғарлар бізді қуып келе ма?-деп Ырғайбек әуедегі   құстан жөн сұрады.

-Жоға, олар өлген қалмақты  алды да  қоныстарына қайтып кетті. Сендерді мына жыңғыл-жыңғыл тау-тастың арасынан  қайдан табады, тәйірі,-деп ол біздің көңілімізді тыныштандырды.  Сол кезде қарнымыз ашып, қатты шаршағанымызды сездік.  Бір тастың тасасында аялдап, Ырғайбек  әлгі жоңғар  қуғыншыдан алған дорбасының ауызын ашты. Ішінен әжептеуір нан, құрт шыққанда қатты қуанып кеттік.  Жалма-жан тамақтарды алып жей бастадық. Осы кезде әуедегі бозторғай есіме түсті.  Ақырын  ысқырып едім. Ол жетіп келіп, жаныма қонды.

-Бізбен бірге тамақ же, жол алыс,-дедім нан қиқымын шашып,

-Рақымет, мана үйден  азандағы шайымды  ішіп шыққанмын,-дейді. Өз құлағыма өзім сенбедім.

-Құс шай іше ма?-деппін таңқалып.

-Әрине ,ішеміз, Көп емес, бес-алты тамшы,-деді бозторғай нан қиқымдарын теріп жеп, қанатын сермеп қойды. Мұны ертең сыныптастарыма айтсам, бірі сенбейді-ау деген ой санама келді..

                     Қазақ пір тұтқан-Барыс

-Ал, жолға шығайық,-деді  Ырғайбек жоңғардан алған садағын асынып,   маған найзаны ұсынды. Қолыма алсам әжептеуір ауыр екен. Ұшы өткір найзаны тұңғыш рет көруім. Бірақ, үндемей  алып Ырғайбектің соңынан ілестім. Ыңғыл-жыңғыл тау-тастың арасымен жүріп келеміз. Жаздың аптап күні  батысты қызғылт түске бояп, еңкеюге  айналғанда ,  екеумізде құр сүлдеміз қалып, қатты титықтадық. Осыны  сезді ғой деймін, әуеде бізден қалмай  ұшып келе жатқан кішкене құс;

-Енді демалыңдар, қараңғыда бәрібір жүрістерің өнбейді,-деген ұсыныс жасады.  Ырғайбек екеуміз бір-бірімізге қарап, құстың  айтқанына құлақ түріп,  тоқтай қалдық.  Текшелі  таудың  биігіндегі   адам бойымен таласатын дәу  қой  тастардың арасынан өзіміз түнеп шығатын орын іздедік.  Маған бір қызғылт түсті өрнектері бар екшелі    тастың қуысы қатты  ұнады.   Асты да, үсті де  жылтыр тасты үңгір  көзіме  әдейілеп салынған үйшіктей  көрінді.

- Біз осы жерге түнеп шығайық,-дедім  Ырғайбекке қарап, ол басын изеді де, ал  өзі таспен қоршалған үңгірдің  шығар  жағын таңдап алды. Оны мен айтпай-ақ түсіндім,  «Сақтықта-қорлық жоқ» деген  түнде ит-құс келсе  қорғанып,  жатайын деген шығар деп ұқтым.

-Мен ұяма кеттім, азанда ұйықтап  қалмасам, қайта ұшып келермін,-деп бозторғай біраз отырды да әуеге ұшып шығып, ілезде  көзден ғайып  болды.

-Недеген  ақылды құс еді,-деді  Ырғайбек  ұсақ тастардың үстіне керіліп жата кетіп. Мен де  әлгі үңгірдің ішіне  кіріп, жантайдым.  Бүгінгі өте  беймаза күн мені қатты шаршатыпты.  Кірпіктерім шыланып, көздерім өз-өзінен жұмылып, тұңғиық бір әлемге кіріп кеттім. Қанша көз шырымын алғаным  белгісіз. Бір кезде бөгде дыбыстан селк етіп оянып кеттім. Жалма-жан ұшып тұрсам дәл жанымда есік пен төрдей болып, бір ірі аң маған қарап, ойдақ-сойдақ тістерін ақситып  тұр. Зәрем зәр түбіне кетті. Неге екенін қайдам  үңгірдің іші жап-жарық сияқты көрінді.

-Сен кімсің?-дейді әлгі  ала шұбар  аң   тәккепар дауысымен  

-Мен Бекболатпын,-деймін дауысым дірілдеп.

-Бекболат, мұндағы менің ұямда  неғып жатырсың?-дейді әлгі аң   ысылдап.

-Жай әншейін, жоңғар –ойраттардың тұтқынынан қашып келеміз.  Түнеу үшін осында аялдадық,  жатын орныңызды  пайдалансам кешіріңіз,-деп қорыққаннан тісім-тісіме тимей сақылдап кетті.

-Балақай, қорықпа,  қасиетті аңның бірі -Барыспын. Осы тау менің мекенім. Ешкім мен тұрғанда бұл маңға  өз бетінше келе алмайды, айбарымнан сескенеді,  -деп ол жерге жайғасып ұзынынан  сұлап  жата кетті.

-Барыс!- деп қатты қуанып кеттім.- Біздің еліміз Барысты қатты  сыйлайды, жақсы көреді.

-Ол қандай ел?-деді  Барыс  көздерін ашып-жұмып, самырқау

-Қазақ елі, мен сол болашақтан келдім. Қазір бізде  көп ұлтты ел бір адамдай тату-тәтті өмір сүреді. Мен мектепте оқимын,  бағаларым да жақсы,-деп сасқанымнан ауызыма келген сөздерді тоғытып айтып жатырмын.

-Сендерде соғыс жоқ па?-деп  Барыс маған күдіктене қарады.

-Жоқ, оның бетін ары қылсын.  Өткен ғасырларда  жерімізде көп қантөгіс, соғыс  болған. Ал, қазір  заманымыз тыныш, бейбіт өмір сүрген   қазақ деген  ұлт мекендеген елміз. Барыс ата Сіздің суретіңіз ұлттық таңба ретінде  біздің төрімізде  ілулі тұр. Оның басты себебі  біздің халық Сізді  қасиетті,  текті, батыл деп пір тұтады.тіл-сұқтан сақтайды  деп ойлайды,-дедім  барыс  туралы аз білетінме тағы қатты өкініп,

         -Дұрыс екен,ал  береке-бірлік, ынтымақ сол елде бар ма?-деді Барыс  енді   шағыр көздерімен маған сынай  қарады,

         -Әрине, бар, Сол ынтымақтың арқасында «Мәңгілік ел» болуға ұмтылып жатырмыз. Еліміз көгеріп, көктейді. Халқымыз ғасырлар бойы жасайды,- деп барып бір демімді алдым.

         - Жақсы, енді бата берейін бе?

         -Қасиетті Барыс ата , дәл қазір  Сіздің айбарыңыз, батылдығыңыз, тектілігіңіз  біздің халқымызға аса қажет. Беріңіз батаңызды,-деп алақанымды көкке жайдым.

         - Ұлт бірлігі нығайып, ұрпағы  ел мен жерін қорғайтын батыл да батыр болсын! Жортқанда жолдарың болып,  мына жұртқа  бейбіт өмір орнасын!-деген   Барыстың көздерінде ерекше бір мейірім пайда болды. Сонан кейін текті аң кері бұрылып, үңгірден шығып, жоғалып кетті. Осы кезде  Ырғайбек ішке кіріп келді.

         - Саған текті аң барыстың келгенін жақсылыққа жоримыз. Бұл маңда барысты көрген адам жоқтың қасы, жолымыз болады екен,-деп  ол қатты қуанды. Жаңа  көргенімнен  есімді әрең жиып, далаға шықсам таң ағарып атып келеді екен. Мен  барысты түсімде көргендей  болып мең-зең күй кешіп біраз тұрып қалдым. Киелі аңды көру  бақыты маған бұйырғанына сенгім келмей, көңілім алабұртып кетті.

                    Жоңғарлармен жан-берісіп, жан алысқан шайқас              

         -Жолға шығайық,-деді Ырғайбек мазасыз күй кешіп,- Кешігеміз, жау біздің жерімізге  тақап  қалды,

         -Бозторғай ұйықтап қалған ғой,-дедім аспанға көз жүгіртіп.

         - Құсың  өзі  қаласа  бізді қуып жетеді. Жүр кеттік, -деп ол тастан тасқа секіріп алдыға түсті.  Кешегідей емес, екеумізде жақсы тынығып қалыппыз. Әудем жерге жеткенде бозторғай бізді  шынында да қуып жетті.

         -Байқаңдар, алдарыңда жоңғар  тыңшылары қаптап жүр. Оданда ана таудың сағасымен жүріп отырыңдар,-деп бізге құс тақылдап  ақылын айтуды тоқтатпады.  Ырғайбек  етекте  тым жүйірік екен, алды-артына қарамай безіп келеді. Иығыма қойып алған найзаның салмағын  енді сезе бастадым. Сонда да білдірмей  намысыма  тырысып, ілесіп келемін.  Бір кезде алдымыздан  түйенің қос өркешіндей қатар-қатар тау сілемдері көріне бастады.

         -Біздің  өңірге  жақындап қалдық,-деді Ырғайбек қуанышын жасырмай. Күн ұзақ жүрістен сілем қатып шаршаған  маған  жігіттің мына  сөзі   жігер берді. Қайдан күш алғаным белгісіз аяғым-аяғыма тимей жүрісімді жеделдеттім,  Бұл кезде күн ұясына қонуға айналып, айналаға қараңғылық шымылдығын құра бастады. Сонда да болса  алдымда келе жатқан сарбаз жігіт жүрісін баяулатпады. Ырғайбектің төзімділігіне, шыдамдылығына  тәнті бола бастадым.  Нағыз батыл да батыр жігіт. Сыртынан қарасаң тура Робот дерсің, өзі  шаршауды  білмейді екен. Осы кезде  дәл жанымыздағы қалтарыстан    екі атты адам шауып шықты. Жүздерін  тұмшалап  алыпты. Оларды көріп, біз бұға қалдық. Бірақ кеш еді, олар бізді байқап қалып,  тасырлатып  жанымызға шауып жетті. Жоңғарлар  екен деп мен қатты қорықтым. Алайда олар  Ырғайбекке   жете бере , ақ тер қара тер болған    аттарының тізгіндерін тартты. Олардың  біреуі бетін көлейлеген орауын шешіп;

-Ырғайбек , сенсің ба?-дегенде мен  қуанғаннан жылап жібердім. Біздің сарбаздар екен.

- Қонақ бала екеуміз  жоңғардың тұтқынынан әрең қашып құтылдық, Олар жылы қоныстарынан қозғалып, қара қарғадай қаптап бізге қарай келе жатыр. Өздері бақайшығына шейін қаруланған, тез кетпесек шолушылары осы маңды кезіп жүр,,-деп жылдам сөйлеген  Ырғайбек  бірінші  атты  адамның артына мені мінгестіріп өзі де екінші аттының артына қарғып мінді.

 Аттылар тебініп,  түн қараңғысына қарамай тасырлатып,  алға қарай шаба жөнелді.  Тағы да қанша жүргенімізді бағдарлай алмай қалдым. Әйтеуір ат үстінде отырып, жаяу жүргеннен осы дұрыс екен деп  іштей түйін жасап қойдым. Бір кезде шаршап-шалдығып  діттеген жерімізге жеттік-ау. Өзімізді алғаш алып келген қараша үйді бірден таныдым. Тек қана айнала тас қараңғы, әлгі таныс  ақ кимешекті апа алдымыздан шықты.

         -Аман-есен келдің бе, қарағым ,-деп Ырғайбектің анасы ғой деймін бетінен сүйді. Мені көріп, жылыұшырап  басымнан сыйпады.  Көңілім босап жылап жібермес үшін ернімді тістеледім. Жан-жағы қатты тұмшаланған қараша үйге кірсек, кішкене жылтыраған шам өлеусіреп жанып тұр.  Жерге жиналған жүк жанында  құлағы қалқиып  Әлем  отыр.  Жанындағы  бір қара бала да маған таңырқай қарады. Мені көріп Әлем қуаныштан  жылап жіберіп құшақтай қалды.

-Қайда болдың?-дейді мен бір қыдырып кеткендей.

- Кейін бәрін айтып беремін,Мысығың қайда?-деп  Әлемді  қорқытқым келмеді.

-Осындамын, қайда болушы едім,мияу, -деп тасадан құйрығын бұлғаңдатып, сары мысық шықты. Ана қара домалақ бала ;

         -Мен  Қойбекпін,-деп маған қолын ұсынды.

         -Әлеммен  жақсылап таныстың ба? Ойнаған шығарсыңдар,-деп  кішкене досымның жалғыз болмағанына қуандым.

         -Ойын  ойнауға уақыт  бар ма?  Күн ұзақ қозы-лақ бақтық. Мына қонақ бала  малдың  түр-түсі тұрмақ,  аттарында білмейтін болып шықты.  Күлкіден бәріміздің шегіміз түйіліп қала жаздады.  Ешекті көріп, аттың баласы  ма дейді.  Сиырды  көріп, карава  ма деп сұрайды. Тіпті қымызды недеген ащы сүт , айранды кафир дейді.   Мүйізі бар қошқардан қорқып тұра қашты,- деп  Қойбек сөзшең бала екен  бәрін баяндап жатыр.

         -Біз тұрған қалада  сүт өнімдерінің барлығын дүкеннен сатып аламыз. Сондықтан қаланың балалары  жылқы, сиыр, қой дегенді  түсінде тұрмақ, өңінде көрмеген,-деп мен тігісін жатқызып жатырмын.

         -Солай ма? Сонда  бұл балалар немен айналысады?

         -Мектепте оқиды, білім алады. Содан кейін  компьютер деген  құрал бар, сонымен бүкіл жер әлемде болып жатқан жаңалықтарды біледі. Мысалы  біз өмір сүріп жатқан жер шары дөңгелек  доп сияқты,- деп мен баланың сұрағына жауап беріп.

         -Қалайша дөңгелек  оны қайдан білдіңдер?- деп Қойбектің көзі шарасынан шыға жаздады.

         -Ғалымдар анықтаған, одан кейін  алып ракетаға мінген Юрий Гагарин деген косманавт  жер шарын айналып келді,- деп Әлемде өз білгенін айтып үлгерді.

         -Жер шарын айналып келсе, ана жақтағы  жаратушыны да көрген шығар,-деді Қойбек саусағымен   киіз үйдің төбесін көрсетіп.

         -Ол жағын білмейміз. Біз бұл сұраққа жауап бере алмаймыз,-дедім мен

         -Өкінішті, егерде  сол биікте жаратушы болса бізге  жауды жеңу үшін  көп сарбаздарды көмекке жіберер еді,-деп Қойбек жеңіл  күрсініп қойды. Мен оны қатты аяп кеттім.

         - Жуырдағы шайқаста  Жәңгір хан жеңіске жетеді. Біз оны  тарихтан жақсы білеміз.  Сәл ғана шыдау керек,-дедім баланың көңілін аулап.

         - Бұл шайқас қанша адамды ажал құштырады екен?  Менің  әкем мен он алты жастағы үлкен бауырымды  жоңғарлар тұтқындап әкетіп, өлтіріп тастады. Қазіргі отбасының үлкені менмін, анам мен екі қарындасымды қорғау үшін менде  соғысқа аттанамын,-деп Қойбек есейгенін білдіріп. Жоңғарлардың  үлкен мен кішіні де аямайтынын көзімен көріп келгендіктен  өзінің отбасын қорғауға дайын мына қара домалақ балаға жаным ашып, ет жүрегім елжіреп кетті. 

 Осы кезде қолында бір құмған суы бар, леген ұстап Бағзыгүл ішке кірді.

         -Жуынып ал,  қазір жаңа киім беремін,-деп ол  жүктің астын ақтара бастады. Әлем  құмғаннан су құйып, мен беті қолымды жудым. Денем сергіп жақсы болып қалдым. Үстімдегі алба-жұлба киімді шешіп, үлкен болса да қыздың берген  көйлек –шалбарын киіп алдым.

         -Енді көрші үйге жүріңдер, тамақ дайын,-деді қыз бізді шақырып, Ол үйде бір талай адамдар дастархан басында отыр екен. Араларында жуынып, киініп алған  Ырғайбек бар.   Біздің басымыздан өткен оқиғадан бәрі хабардар екенін бірден  ұқтым. Алдымызға қойылған жылы- жұмсақ қой етінен бас алмай Ырғайбек екеуміз асап  жеп жатырмыз. Тіпті қатты ашыққанымыз соншалық жан-жағымызға қарауға мұршамыз болмады. Одан кейін тіл үйіретін қымыз келді. Үйде жүргенде ауызыма татып алмайтын сусынды сіміріп жібергенде маңдайымнан ыстық тер бұрқ ете қалды. Байқаймын  Әлем  ток екен, алдына қойған  етті  мандытып жеген жоқ.

         -Ал, енді былай болсын,-деді төрдегі ақсақал біздің тамақтанғанымызды  тосып  отырғандай,- Мына екі  бөтен баланы Ырғайбек  таң қылаң бере  келген жақтарына шығарып саласың. Бізді алдымызда қандай қанды қырғын, шайқас  тосып тұрғанын бір құдай біледі.  Жазықсыз  балалардың қаны бекер төгілмесін,-деп     келістік па, дегендей жас жігіттің бетіне қарады. Ол басын иземеске амалы қалмады.

-Жоқ, мен қайтпаймын. Жоңғарлармен менде соғысамын. Тарихи  шайқас болайын деп жатқанда қашып кеткеніміз қалай болады?-деп  ойымдағы сөзімді шашып алып, төтесінен қойып қалдым.

         -Жоқ, болмайды. Соғыс ойыншық емес екенін тұтқында болып көріп келген шығарсың. Мына сенің  ниетің дұрыс, бірақ бастарыңды   ажалға тігуге қақымыз жоқ,-деп әңгіме аяқталғанын білдіріп,  ақсақал  орнынан  тұрды. Олардың қарулы екенін көріп,  щайқасқа аттанып бара жатқанын түсіндім. Барлығының жүрген жүрістері де білінген жоқ, анадай жерде қаңтарулы тұрған аттарына мініп, түн суытып жүріп кетті. Мен шарасыз халде қараша үйге оралдым..   Үйге кірсем сары кітабын құшақтап  Әлем отыр, алдында сары мысық жайғасып алыпты.

         -Үйге қайтқым келеді. Мамам мені іздеп ұрсып жатқан шығар,-деп  ол жылауға шақ қалды.

         -Менде   қайтпасам болмайды. Қаншама мультфильмдерімді көре алмай қалдым,мияу,-деп сары мысық керігеді,-Мұнда  соғыстан басқа қызық жоқ екен, күні-түні барлығы таудың бер жағынан ор қазып, шат-шәлекке түсіп жатыр. тіпті балаларының да сөйлесуге уақыттары жоқ, бос емес.

         -Сондықтан біз де қайтпаймыз, көмектесеміз.  Жәңғір хан  жеңіске жеткенде бірақ кетеміз,-дедім өз шешімімді айтып, Осы кезде ішке Ырғайбек пен Бағзыгүл кірді. Бір жаққа жиналғанға ұқсайды екеуіде қалың  теріден жасалған киімдерін киіп алыпты.

-  Біз  ауыл айналасына түнгі күзетке шығамыз. Ал, сендер жатып демалыңдар, ертең жолдарың ауыр болады,-деді жігіт қатқыл дауыспен. Біз үндеген жоқпыз. Мен оларға өз шешімімді айтқан жоқпын. Түн тыныш өтті, Қатты шаршаппын, ұйықтап кетіппін.  Таң қылаң бере  даладағы аттардың дүбірінен оянып ұшып тұрдым. Қарасам барлық ауыл жиналып, бір жаққа жөңкіліп көшіп барады. Дереу Әлемді  оятып, жетектей менде далаға ытқып шықтым.  Жан-жағыма қарасам Ырғайбекте, Базғыгүлде көзіме түспеді. Содан Қойбек көзіме түсіп,  шап беріп ұстап алып, жөн сұрасам.

         -Жоңғар айналып, ту сыртымыздан шаппақшы , Тез жиналып, бұл маңнан кетпесек болмайды,-деп ол асыға-үсіге  жауап берді. Жөңкіле қашқан ауылдың бала-шағасына ілесіп бізде амалсыз  кете бердік. Қайда бара жатқанымызды өзімізде білмейміз, әйтеуір топтан қалып қоймау керектігін түсініп келемін.  Бір кезде алыстан мұнартқан  қос таулар  жақтан аттардың дүрсілі,  қиқулаған дыбыстар ен даланы жаңғыртты. Ақ түтек шаң аспанға шейін көтеріліп,  бізге жетіп, көз аша алмай қалдық.  Осы кезде  бас көтерер бір сарбаз   атпен дүрсілдетіп шауып келіп;

- Бала-шағаны аулаққа  ығыстырыңдар. Біз жаудың әскерін уландырып жатырмыз.  Сендерге сол уды жел айдап келуі мүмкін,-деп айғай салды. Енді   жылаған бала-шаға мен әйел, кемпір-кепшіктер басқа жаққа қарай бытырай қаштық.  Қатты жүгіргендіктен қол ұстасып алған Әлем  екеуміздің өкпеміз өшті.   Қанша жүгіргеніміз белгісіз  таулардан аулақ кетіп,   қашқан жұрт бір жерге келгенде жерге жата-жата кетіп, дамылдай бастады.  Мұндайды басынан кешпеген  Әлемнің екі көзі бадырайып, үрейленгені сонша сөйлеуге ауызы  икемге келмей қалды. Бір қарасақ жанымызға қайдан шыққаны белгісіз сары мысық жетіп келді.

-Мияу, кетпесең құримыз.  Жоңғарлар келіп бәрімізді қырып салады,-деп зәремізді ұшырды.

-Не болды саған? Елді үрейлендірме !-деп мен зекіп тастадым.

-Мен бәрін естідім. Жоңғарлар  елу мың қол болса, ал мына жақтың  сарбазы  небәрі 600  адам. Ал, кім жеңеді ойлап көріңдер, құрыған жеріміз осы болды,мияу,-деп  ол жер бауырлап жата кетті.

-Мен қайтпаймын, Жәңгір ханның сарбаздары жеңіске жеткенде ғана кетеміз, -дедім  кешегі түнгі сөзді қайталап.

-Сен мынаны біл, егер үшеуміз бірдей ХХІ-ғасырға  қайтамыз деп шешім қабылдасақ қана қайта орала аламыз. Әйтпесе, осы жерде қала береміз. Ал, мына кішкене бала Әлемнің  не жазығы бар? Аясаңшы, ал менше? Мияу,-деп мысық  жағымпаздана  менің аяғыма оралды.

 Осы кезде ;

-Бекболат, Бекболат,-деген дауысты естідім.   Жалт қарасам Ырғайбек пен Бағзыгүл атпен   дүрсілдетіп, шауып келеді екен. Беттерін тағы да матамен тұмшалап  алыпты.

-Жүріңдер сендерді қауіпсіз жерге шығарып салайық,-дейді жігіт кешегі берілген тапсырмасын орындайын  деген оймен аптыға сөйлеп

- Біз ешқайда бармаймыз,  Мына халықпен бірге  боламыз. Мен тарихтан оқығанмын, Жәңгір хан жеңіске жетеді,-дедім салмақты үнмен бір беткейлікке басып

-Онда өздерің біліңдер біз өте асығыспыз, жауды жеңу үшін көмекке  кетіп барамыз,-деді Бағзыгүл  ат үстінен бөгелмей

- Тұра тұрыңдар, мен сендермен бірге барамын. Әлем, мысық екеуің мына жұрттан ажырап қалмаңдар! Кейін сендерді өзім тауып аламын, деп жүгіріп барып, үйреніппін  ат үстіндегі  Ырғайбектің артына қарғып мініп  алдым. Ол жауап беремін дегенше ауыздықпен алысқан аттар шайқас жүріп жатқан тау жаққа шаба жөнелді.  Соңымыздан келе жатқан Бағзыгүл мойындағы орамалын шешіп, маған ұсынып, бетіңді жап деп белгі берді.  Тез арада менде бетімді тұмшалап  алдым.

                    Қылыш ұстаған  жау   өз қанына  тұншықты

Шайқас болып жатқан тауларға  жақындаған  сайын,  қатты дырду -шу, «Аттан!», «Аттан» деген  қиқулар  кең даланы жаңғырықтырып,, жараланып құлаған әскердің аттары жүгендерін шұбыртып, бос шауып жүргенін көрдік. Айналамыз ақ шаңнан түк көрінбейді. Жер-жерде жараланып құлап, ыңыранып  жатқан жасақтарға қарап жатқан ешкім жоқ,   Мыңдаған жау қолымен екі таудың ортасында  Жәңгір ханның сарбаздары жан алысып, өліспей-беріспей шайқасып  жатыр. Неге екенін қайдам  Ырғайбек пен Бағзыгүл тауды айнала шауып, етегіне келгенде секіріп түсіп,  аттарын  бос жібере салды. Менде олардан қалыспай жерге қарғып түстім. Біз енді тауға өрмелеп, алға ұмтылдық  Сол кезде шайқастың   қанмен боялған  жантүршігерлік суретін көрдім.  Екі таудың қыспағында жүздеген жоңғардың  жасақтары құлындағы дауысы шығып шыңғырған аттарымен  шығарға жол таппай, аппақ шаң арасында     айналып шауып жүр.  Өртенген даланың  түтіні өкпені қауып тұншықтырып барады.  Адам санын біліп болмайтын жоңғардың  жасақтары  дәл   төбеден   садақ атқан, найза  сілтеген Жәңгір ханның  жауынгерлерінің  қаруынан  жайрап  бытырлап  сұлап  жатыр, құлап жатыр.

-Жау тауды айнала шауып бізді қыспаққа алмақшы. Төбеден тас домалатыңдар!-деген бір қатқыл дауыс әмір етті.  Сонда көрдім ішінде  Қойбек   ғұрыптас балалар, жігіттер бар топтар  тау етегін айнала шауып келе жатқан жаудың  сансыз атты жасақтарына   қой тастарды домалата бастады. Менде  солардың қатарында  қолыма іліккен тастарды төменге қарай бар күшіммен итеріп жатырмын. Тік таудың өрінен домалаған ірлі-ұсақты тастардан  етектегі  аттар үркіп, аспанға қарғып,кісінеп,  мөңкіп үстіндегі  ойрат-қалмақтар жерге омақаса құлап жатты.    Жараланған  аттардың құлындағы дауысы,  «Аттан!»,»Аттан!», деп айғайлаған адамдардың  қиқуы  айналаны   құлақ тұндырар  дыбысқа толтырып, тау іші жаңғырықты..   Бір  кезде;

-Жоңғарлар шегінді!

-Жоңғарлар  қашты! –деген дауыстар естілді. Қуанғаннан  жылап жібердім. Төмендегі   екі жақтың найзаларының сартылынан, шайқасынан айғай-қиқуынан  құлақ тұнады. Қап-қара түтіннің  бұлтына    ауыздыққа бағынбай кісінеген  аттардың дыбысы қосылғанда бүкіл қазақ даласы  ұлып жатқандай  болып  кетті.  Әлі де болса етекке тастарды домалатып жатырмыз.

-Тоқтаңдар! Жетеді !-дегенде барып зорға демімізді алдық. Жан-жағыма қарасам  Ырғайбек пен Бағзыгүл көрінбейді.  Бір шетте  балалармен қатар отыра қалған Қойбектің жанына барып, дізе бүгіп, маңдайымнан моншақтап аққан терімді сүртім. Ол да беті-ауызы  айғыз-айғыз тер басып, қатты қалжырап, шаршапты. Алайда  көңілі көтеріңкі;

- Жоңғарлардың біраз жазасын бердік-ау,-деп маған иек қағып қояды.

 Мұндай қанды  шайқасты бұрын  көрмеген   басым  бір мезет  қазір  өңім емес, түсім сияқты көрінді. Қиялап Қойбек екеуміз етекке түскеніміздеде тіпті зәрем зәр түбіне кетті. Түтін  будақтаған алаңда тау-тау болып өлген, жараланған  адамдардің денелері  жайрап жатыр.   Кейбіреуі  кеудесінен жаны шықпағанға ұқсайды,  ыңырсиды.  Жау жасағы қалың қолымен ажал құшқан қоңтайшыларын да алмай  кейін шегініпті.

-Бекболат, сен мұнда екенсің ғой, Жүр қайтайық,-деген дауысқа жалт қарасам  қасыма Ырғайбек  келіпті, өзі  ентіге дем алады. Ар жағында Бағзыгүл келе жатыр. оның да жүзі әлем-тапырақ.

- Жәңгір хан «Бұл жерге қылыш көтеріп келгендер, өз қанына өздері тұншығады»,-деген еді.   Міне, сол рас екен,-деді жігіт жан-жағына қинала қарап.

-Бекболат, айтшы осымен біз жеңіске жетеміз бе? Сен болашақтан келгенсің ғой,-деді қыз менің жүзіме  үңіліп.

- Әлі де толық жеңіс болмайды. Жалаңтөс Баһадүр жиырма мың  қолымен  осында көмекке келе жатыр.   Алайда Жәңгір хан айла-тәсілмен  тапқырлық  көрсетіп, жаудың алғашқы  шабуылын тоқтата білді.  Ол екі  таудың арасында  терең ор қазып, оқ пана  жасап,  жауды  тықсырыта қуды , өздерің көріп тұрсыңдар ғой,-дедім білгенімді тәпіштеп айтып. Олар маған таңырқай қарап тұрды. Осы кезде дәл жанымыздан;

-Бекболат деген бала қайда?-деген  қарлыққан дауыс шықты. Жалт қарасам   атын жетектеген  алып денелі  жігіт ағасы   жанымызға жақындап қалыпты. Таң қалғаным сонша;

- Мен мұндамын,-деп дауыстап жібердім. Мына қалың  қанды қырғында мені біреу іздейді-ау деген  ой қаперімде болмапты.

-Сүлеймен мерген, шайқаста жараланып қалған жоқсыз ба?-деп Ырғайбек  әлгі кісінің алдынан шығып, атының шылбырын алды.

-Жоға, тәйірі, Біз әлі жоңғарлармен соғысамыз.  Өліспей-беріспейміз.Жеңеміз,-деді әлгі түрі  сұсты болса да көздерінде мейірім оты бар алып денелі  жасы жер ортасынан ауған адам  маған  қарап,-Сүлеймен мерген менің арғы атам деген сен баласың ба?

-Ия,-деп ауызым ашылып қалыпты.  Қойбекте  таң қала маған қарап қалды.

-Онда сол атаң мен боламын, ал сен менің  алдағы ғасырларда өмірге келетін ұрпағым екенсің.Келе ғой, балам  басыңнан бір иіскейін,-деп мені кеудесіне басқан  мергеннің көздері жасқа шыланып  кетті.  Мен алғаш рет ет  жүрегім елжіреп, көзімнен ыстық жасым сорғалай ақты.  Арғы атамның  киімінен шыққан күйік пен  түтіннің иісі мұрныма келді.  Жылдар бойы күндіз-түні ат үстінен түспей жаумен шайқасқан нағыз батыр бабам екенін түсініп тұрмын. 

-Жылма, балам!  Ұрпағым жыламасын деп   алысқанмен алысып, шабысқанмен шабысып   жүрмін ғой.  Жаным тірі болса жауға  туған жерімді таптатпаймын,-деп  түпкі атам   қатты толқып кетті ғой деймін, дауысы жарықшықтанып шықты.

-Ата, ата менімен жүрші, сені  бақытты өмірге, жарқын болашаққа алып кетейін,-деп  мен  жаңа ғана кездестірсемде жан әлемімді  толқытып, астаң-кестеңін шығарған   атама деген  қимастық сезімім көңілімді жайлап алды.

-Олай болмайды балам, көріп тұрсың жаудың әлі қанаты қайырылған жоқ.  Құралайды көзден ататын мерген атаң   талай жоңғарды жайратуы тиіс, Осындай ұрпағым бар болатынын білгенімнің өзі мен үшін, зор күш-қуат,-деп  Сүлеймен мерген   тарамыстай қатты күс  қолдарымен менің көзімнен тарамдап аққан жасымды сүртті,- Сендер бейбіт аспан астында  өмір сүруге тиіссіңдер.  Сол алдағы ғасырлардағы  тыныштық үшін бүгін жаным пида болса  менде арман жоқ. Осыны білгенің абзал.  Ал, енді көп бөгелуге уақыт жоқ, қош бол ұрпағым!

Атам Ырғайбек ұстап тұрған атына мінді де  соңына қарамай, қараңғы тау беткейіне  кете берді.  

-Ата, ата , кетпеші, қаншама айтатын  әңгімем бар еді,-деп соңынан жүгіріп,  көз жасыма тұншығып жылап қала бердім.  Көңілі бос екен менімен бірге Қойбекте жылап қоя берді. Алдағы шайқастың бірінде Сүлеймен мергеннің  ажал құшатынын кітаптан оқып алғанмын.  Мен де тарихтың дөңгелегін  тоқтата  алатын күш жоқ  екеніне қатты өкіндім. Алайда  осы батыр атамның бір бұтағы көктеп-көгеріп  алдағы жарқын болашақта  түлейтінін  өзімнен көріп тұрмын. Мүмкін «Мәңгілік ел » деген осы шығар.

-Болды, көп босаңсуға уақыт тығыз, кеттік,-деп жаныма Ырғайбек келмесе қанша жыларымды кім білсін?  Көз жасымды сүртіп, тез бойымды жинап алдым.  Түп атамды кездестіргенімді кейін   кімге айтсамда сенбейді-ау. Басты өкінішімнің бірі  осы болды.

  Содан кейін  Ырғайбек пен Бағзыгүл  Қойбек екеумізді  аттың   артына мінгестіріп,  жол-жөнекей қаптаған қалың сарбаздарға  қарамай манағы ауылға алып келді.  Үрке қашқан біраз бала-шаға қайта оралған екен. Бізді анадайдан көрген Әлем  пен мысық алдымыздан қуанып жұгіріп шықты.

         -Үйге қайтамыз ба?-деп менің  жылағаннан ісіп кеткен жүзімді көріп  қатты үрейленген  Әлем  жалына қарады. Бала ғой, небәрі екінші сыныпты бітірген. Қатты аяп кеттім.

         -Қайтамыз,- дедім. Осы сөзімді тыңдап тұрған Ырғайбек пен Бағзыгүлде қуанып кетті. Ал, бізге  аз уақыт ішінде бауыр басып қалған ба Қойбектің көзі жасаурап сала берді.

         -Қалай қайтамыз?-деді енді екі көзін жыпықтатқан  Әлем. Осы кезде көзім бізді мұқият тыңдап тұрған  сары мысыққа түсті.

         -Бәрін бүлдірген сенсің енді ХХІ- ғасырға жол баста,-деп әмір еттім.

         -Мен ба, мияу ,-деді ол  мүләйімсіп.

         -Әрине, сен бұларды алып келгенсің , енді қайтар жолды да сен жақсы білесің,-деген әуеден шиқылдаған дауыс естілді. Басымды жоғары көтерсем, аспанда бозторғай ұшып жүр.

-Қап, саған  рақымет айтуды ұмытып кетіппін ғой,-дедім кінәмді біліп.      --Қырғын соғыстың арасында жүріп, қалай алғыс айтасың, Мен сендердің қайтатындарыңды біліп, жол көрсетіп қоштасуға келдім,-деді бозторғай  шіңкілдеген дауысымен.

         -Жүріңдер кеттік, сендерді болашаққа шығарып салып, ұрыс даласына қайта оралуымыз керек,-деді жігіт  атының үстіне қарғып мініп, маған қолын созды. Қыз әдеттегідей Әлем  пен мысықты мінгестіріп  алды. Бозторғай  төбемізді айналып ұшты. Ал, Қойбек  бізді шығарып салуға жиналған балалармен бірге  соңымыздан қарап тұрып, қолын бұлғады. Бұл кезде күн ұясына қонуға айналды. Айналаға қараңғылықтың шымылдығы құрылып қалған еді. Бір  талай жерге шауып келгенімізде сары мысық;

-Мияу, тоқтаңдар, ары қарай  басқа ғасыр басталады, Шығарып салушылар қалсын, -деп баж етті.  Бәріміз аттан түстік. Ырғайбекке қарасам жүзі бір түрлі болып, бізді қимай тұр екен. Бағзыгүлдің  тіпті көзіне жас іркіліпті. Әуедегі бозторғай қанатын бұлғап, қоштасты.

         -Болашақтағы ғасыр  жастарына  бізден сәлем айт.  Біз бәріміз  жер жастансақта  кең байтақ жерімізді жауға  таптатпаймыз.  Жоңғар-қалмақпен екі жүз жыл  соғыссақта жеңіске жетеміз,- деген Ырғайбектің дауысы дірілдеп шықты.

         -Біз оны білеміз,  ата-бабалардың  және сендер сияқты  батыр қыз-жігіттердің  арқасында асты-үсті байлыққа толы кең байтақ жерде  еліміз  бақытты өмір сүріп жатыр. Біз сендерді ұмытпаймыз.  Мәңгілік елдің ұрпағы ретінде  сендерге  мың тағызым! Мың алғыс!-деп өзімде жылап жіберудің аз-ақ алдында қалдым. Олар кейінде  қимастықпен қол бұлғап  сағым болып қала берді. Біз үшеуміз алдымыздан шыққан жалғызаяқ  жолмен жүріп кете бердік.

 Осы кезде аспан  қақ айырылғандай болып, найзағай  сияқты  нәрсе жарқ етті.   Мен, Әлем , мысық үшеуміз тағы да   аяғымыз жерге тимей   аппақ кеңістікте ұша жөнелдік.  Ауыз ашып, үлгергенімше төсегіме топ ете қалдым. Көзімді ашсам, жанымда Әлем  ежелеп кітап оқып отыр, мысығы аяқ жағында  пырылдап ұйықтап жатыр. Есік ашылып, бөлмеге анам кірді.

-Балалар күн  батты  ғой,  Кешкі ас    ішпейсіңдер ме?-дейді ол  жайбырақат үнмен.

         -Қой мен үйіме кетейін, қазір ата-анам жұмыстан келеді -деп  Әлем орнынан тұрды. Сары мысық маған қарап көзін қысып  құйрығын бұлғаңдатып  соңынан кетті.  Өз-өзіме келе алмай  өңім бе, түсім бе деп аң-таң болып  ойға шомып жатырмын. Орбұлақ шайқасына қатысқанымды  кімге айтсам екен? Басымнан кешкен бұл  оқиғаға кім сенеді?

         -Мама,-деймін ақырын ғана,- Қазақ елінің тарихын жете білгім келеді.  Рухани тану деген өзіңді-өзің тәрбиелеу емес пе?

         -Ия, , балапаным., Көп білгенің өзіңе пайдалы,-деп  анам бетімнен сүйді.  Бар-жоқты ,өтірікті шындай етіп көрсете беретін  планшетімді өшіріп ,

жаба салдым. Мен өзімді  көпті көріп  есейген  басқа адамдай сезініп, орнымнан тұрдым.  Шынында да бір сәтте керемет ержетіп кеттім.   Енді  туған  елімнің тарихын толық зерттеп білгім келді.  Неден бастасам екен, Орбұлақ шайқасынан ба? Бұл тарихи шайқас  қазақтың батырлығының символы   екен ғой. Мына  бүгінгі кең байтақ жеріміз, мамыржай өміріміз үшін біз ата-бабамызға  бас игеніміз жөн-ау!

          Ойланып жатып, тағы да ұйқы құшағына еніп  кетіппін.  Түс көріппін. Түсімдегі  көне суретте   «Орбұлақ! Орбұлақ! Орбұлақ!» деген ұранмен кең далада  Жәңгір ханның сарбаздары  жаумен  өліспей, беріспей шайқасып жатыр екен. Қарасам Ырғайбек пен Бағзыгүл де  ойнақшыған ат үстінде   қолдарындағы  қылыштары жарқылдап,  қалың жау жасақтарына қырғидай тиіп, тықсыра қуып барады.  Осы  кезде қолында желбіреген жеңіс туы бар Қойбекте   «Орбұлақ!Орбұлақ!Орбұлақ»» деп   аюдай ақырып,   жирен қасқа  атымен қалың жоңғарларға қарсы шауып  шыға келді.  Менің де делебем қозып, «Орбұлақ!Орбұлақ!Орбұлақ»» деп  солардың  қатарына ақбоз атқа   қарғып мініп, қосылып кетіппін....

                                                         

 

 

 

 

 

        

Қазақ тілінде жазылған