Адам қарады: 9234 | Жарияланды: 2018-08-10 02:36:55

Бірге тумақ болса да, бірге өлмек жоқ…

Екі көріністі драма

Қатысушылар;

Қайсар- қырықтың  үстіндегі   кәсіпкер жігіт

 ( бейнесі  сахнадан  көрінбейді)

Айша-оның әйелі

Қайрат –Қайсардың   елуді  еңсерген  үлкен ағасы

Шолпан-Қайраттың әйелі

Гүлбарам- Қайсардың қарындасы

Қанат-Қайсардың інісі

Айгүл- Қанаттың әйелі

Самат- Қайсардың інісі

Сәлима-Қайсардың бірінші әйелі

Сәлім- Сәлиманың екінші күйеуі

( Ауруханадағы дәрігерлер, медбикелер)

( Сахна төрінде жазық дала  .  Алыстан мұнартқан  тау сілемдері көрінеді.  Жасыл жапырағы самал желмен жайқалған ағаштар. Көк аспан жүзінде  құстар қалқып ұшып жүр. Тамаша бір махаббат сезіміне толы сазды   ән шырқалады. Әйелдің сыңғырлаған күлкісімен қосыла «Мен бақыттымын!». «Қайсар,сүйіктім мен бақыттымын!» деген  дауысы естіледі.  «Неткен мына  ғажап өмір! Мен сені сүйемін, Қайсар жаным!» деген  әйелдің дауысы жасыл  тау- беткейін  жаңғырықтырды. Осы кезде қара жолда  қатты екпінмен жүріп келе жатқан  жеңіл машинаның дабылы  естіледі. Сахна төріндегі ойнақы әуен күшее түседі.  Бір кезде  «Мына қыз қайдан шықты?» леген жігіттің ащы дауысы естіліп, машинаның тежегішінің   сықырлап барып, апатқа ұшырап, соғылып, аударылғаны естіледі. «Қайсар!Қайсар!» деп айғайлаған әйелдің  ащы үні  айналаны  көшіреді.

         Сахна шымылдығы баяу ашылып  аурухананың кең дәлізі көрінеді.  Осы кезде  сахнаға шашы жалбыраған, қолында орамалы бар  есі шыққан әйел жүгіріп шығады.   Ол  арлы-берлі   жүгіріп, аласұрып, біреуді іздегенін аңғартады. Сол жақтан екі-үш ақ халат киген дәрігерлер мен медбикелер асыға  басып шығады.)

         Айша; (екі қолын жайып, абдырап  дәрігерлерге қарсы  жүгіреді.

жолай кездескен біреуіне)  Машинасы апатқа ұшырап, мана  «жедел жәрдем» алып кеткен  менің күйеуім, жағдайы қалай? Өзі тірі ме? Құдай үшін айтыңыздаршы, өзі тірі ме? Тірі ме?

         Дәрігер; Тірі ғой, (кібіртіктеп) бірақ ес-түссіз жатыр. Қолдан келген көмекті  жасап жатырмыз

         Айша; Көмектесіңдер, жанын алып қалыңдар! (жылап) Қайсар өлуге тиіс емес. Ол...ол әулие адам!.  Жолға шыға келген кішкене қызды қағып кетпейін деп  машинасын жар қабаққа  бұрып жіберді.   Құтқарыңдаршы, жалынамын құтқарыңдар, ( Жалбарына дәрігер жігіттің қолына жармасады)

Дәрігер;(қолын ала қашып) Мен айттым ғой. Біз қолымыздан келгеннің барлығын жасап жатырмыз. Әзірше болжам  айтуға ертерек. Кешіріңіз! (Сахнадан ол асыға басып шығып кетеді)

 Айша; (есін жинай алмай, өз-өзіне) Мен түс көріп тұрмын ба? Әлде өңім бе? Қайсар, жаным бұл қалай болды? Неге сен? Неге мен емес ,неге  сен бұл апатқа ұшырадың? Жоқ, бұл әділетсіз! (айғайлап) Бұл әділетсіз! Мен сенбеймін. Сен өлмейсің! Естисің ба? Өлмейсің?  Мен  рұқсат етпеймін! Мен сенсіз өмір сүре алмаймын! (екі қолымен бетін басып,жылап,  жүресінен отыра кетеді)

(Осы кезде сахнаға асыға  басып,сасып-салбырап, жүздері әлем-тапырақ болып,  Қайрат пен оның әйелі Шолпан шығады)

Қайрат;  Айша, не болды? Қайсарға не болды?

Айша; (жылаған күйі) Білмеймін, әлі ес –түссіз жатыр.

Шолпан; (жыламсырап) Алда, жарығым-ай, жаны қалса болды.

Қайсар; Дәрігерлер не дейді?

Айша (ашулана) Білмеймін, өзіңіз сөйлесіңіз! (ол басын ұстап, орындыққа  сылқ етіп, отыра кетеді)

Шолпан;( Айшаны иығынан құшақтап, жұбата ) Сабыр ет қарағым, жаны аман қалса болды. Алда, жарығым-ай!

         (Осы кезде сахнаға екі дәрігер  шығады.)

Қайрат; (Оларды көріп, қарсы жүреді) Амансыздар ма? Мен апатқа ұшыраған жігіттің туған бауырымын, жағдайы қалай?

Дәрігер; (басын шайқайды) Өте ауыр,  шындықты айтамыз. Бір бүйрегі езіліп кеткен, ота жасап алып тастауға тура келеді. Жасанды аппаратқа қостық.  Ал, екінші бүйрегінің қаншалықты зақымдалғанын анықтап жатырмыз. Кешіріңіздер көп сөйлесуге уақытымыз  жоқ. (Олар шығып кетеді)

Айша; (есін жиынқырап, қайнағасына қарап ) Олар не деді? Дәрігерлер не деді?  Айтсаңызшы!

Қайрат; (көзіне жас алып) Қарағым-ай,  жаны қиналып жатыр-ау! Бір бүйрегін алып тастайды екен. Екіншісін тексеріп жатқан көрінеді.

Шолпан; (көзін орамалымен сүрткіштеп) Жарығым-ай, жаны аман қалса болды.

Айша; (Шекесін ұстап)  Енді не істейміз? Не қолымыздан келеді? Екінші бүйрек те зақымдалса  Қайсар өле ме?

Қайрат;( қайғырып) Қай-қайдағы  жаман сөзді айтпа, қарағым, Алла жар болсын!

Шолпан; (қосарланып)  Ия, сабыр етейік. Біз  хабарды ести салып, малды тастап шұғыл жеткеніміз осы болды. Ана Қанат пен Айгүлде Астанадан  ұшып келе жатыр. Гүлбарамға да хабар бердік.  Осындай кезде бауырының қасында болсын.  Жаратқан Алланың ісіне не істерсің?

(Сахнада бір сәт үнсіздік орнайды. Айша өз ойымен өзі әлек болып, дел-сал күй үстінде. Басын жерге салбыратып, қайғы кешкен Қайраттың жанында, көзіне іркілген жасын сүрткіштеген Шолпан келіп отырды. Осы кезде  дәрігерлер қайта сахнаға шығады)

Қайрат; (оларды көріп орнынан үшып тұрды) Не айтасыздар? Бір жақсылық бар ма?

Дәрігер;( өкінішпен) Біздің болжамымыз дұрыс болды. Екінші бүйректе қатты зақымданған. Әзірше жасанды аппаратқа қостық. Егер донор табылса, жанын аман алып қалудың  мүмкіншілігі бар.

Айша; (басын көтеріп алып, дәрігерге жақындап) Бүйрек керек пе, менікін алыңыз. Дайынмын!

Дәрігер; (әйелге қарап)  Бұл айтуға оңай ғой. Бүйрек сәйкес келе ме, жоқ па оны сараптама көрсетеді.

Айша; Тексеріңіздер. Мен келісемін. Қайсар тірі қалса болды!

Дәрігер; Жақсы, тағы да  біраз   туысқандарыңыз  келісімін беріп, тексерілсе  дұрыс болар еді.

         (Осы кезде сахнаға Қанат пен Айгүл жедел басып шығады)

Қанат;  ( Қайратты көріп, құшақтай алады) Аға, Қайсар қалай? Дәрігерлер не дейді?

Қайрат; (көзі жасаурап) Жағдай қиын, бір бүйрегін алып тастады. Екінші бүйрегі де зақымданыпты. Жасанды аппаратқа  қосты.

Айша; (дауыстап) Донор керек демейсіз бе? Әйтпесе  Қайсар өліп қалады.

Шолпан; (ренжіп, шекесін ұстап ) Ойпырма-ай, жаман сөз  айтпашы! Жүрегім дірілдеп , қан қысымым көтеріліп тұр.

Айша; (ашуланып)  Қайсар өлім мен өмір арасында жатқанда , шындықты айтпай қалай тұрамын! Қанат, бүйрегіңді бересің бе?

Айгүл;( ренжіп) Тұра тұршы, Қанатты жағасынан алмай. Ақылдасайықта, ойланайық. Не болды Айша соншама?

Айша; (айғайлап)  Ал, ақылдасыңдар, ойланыңдар, толғаныңдар! Ал, ана жақта Қайсардың  өмірінің соңғы сағаты соғып жатыр.

Дәрігер; (Айшаға) Жүріңізші, Сізге  тыныштандыратын екпе еккізейін. Сабыр сақтаңыз, күрделі мәселені шешу де көп күш-жігер керек. Жүріңіз!

         (Дәрігер Айшаны зорлағандай қылып алып кетеді)

Шолпан;( түрі бұзылып) Мына қатын жындыұрайын деді. Бұрында жайдан жай  екі иінімен жұлынып жүруші еді. енді тіпті  айдаһарға айналыпты.

Айгүл; Ия,соны айтамын да  соншама не көрінген? Тіпті амандаспай жатып Қанаттың жағасынан алғаны несі? Бұның да шекесі қызып келген жоқ,  жол бойы ұшақ ішінде жылап келді.

Қайрат;(жиналғандарға қарап) Бос әңгімені қойыңдар, қандай ақыл қосасыңдар. Не істейміз? Мен бүйрегімді берейін бе?

Шолпан; (баж етіп, орнынан тұрады) Отағасы, не деп тұрсың? Екі бірдей бүйрегің ауырып, неше рет  емделгеніңді ұмыттың ба? Сен олай –былай болсаң шиеттей бала-шағаң қайда қалады? Бұл   тығырықтан шығатын жол емес. Басқа амалын қарастыру керек.

Қанат; Ағасы, мен бүйрегімді берейін. Денім сау ер азаматпын ғой. Әрі бауырластармыз, менің  бүйрегім донорлыққа жарап қалады.

Айгүл; (қаһарлана)  Қанат, есің дұрыс па? Қайсарға бауырың езіліп тұрғаныңды білемін, бірақ менімен неге санаспайсың? Ана үш балаңның біреуі де аяқтанған жоқ. Ойлансаңшы, басқа жолдары бар емес пе? Неге пұлын беріп  донор таппаймыз? Қайсардың  жиған-терген байлығы жетеді емес пе?

(Осы кезде сахнаға шыққан  Айша Айгүлдің  соңғы сөзін естіп қояды)

Айша; ( алақанын кекесінмен  соғады)  Жарайсыңдар! Өлмей жатып Қайсардың байлығын есептеп жатырсыңдар ма?

Айгүл;(ыңғайсызданып) Бүйрегін беретін донор  іздейік дегенім ғой. Пұлын берсе  неге донор табылмайды? Табылады ғой.

Айша;  Бүйректің ең арзан құны 100 мың доллар екен. Қазір естіп келдім.

Шолпан мен Айгүл; (қосарланып, таңдана )  100 мың доллар!

 Қайрат; (басын шайқап) Оңай қаржы емес екен.

Қанат; Айша, сендерден ондай қаржы шықпай ма?

Айгүл; (қосарланып) Ия,  соны айтамын да жоқ болса үш қабатты үйіңді кепілдікке қойып несие алуға болады ғой. Шешудің жолы бар емес пе?

 Айша; (ашулы пішінмен жан-жағына  қарап) Мен жоқта айтылған  әңгімелеріңе нүкте қояйын.  Қайсардың барлық есеп-шотына, меншігіндегі дүние-мүлкіне  әлде қандай жағдаймен  құқық қорғау органдары шектеу  қойып тастаған. Яғни, арест салынған. Осы мәселені шешемін деп шапқылап жүріп, Қайсар апатқа ұшырады. Мен ешқандай іс-әрекет, қозғалыс жасай алмаймын. Аяқ-қолым матаулы. Тек қана   жараса ағзамдағы бір бүйрегімді беруге шамам келеді. Болды ма! Бәрің түсіндіңдер ме?

Шолпан; ( қапалана) Қап-ай!

Қанат; (өкініп) Шынымен бұл шырғалаңнан  шығар жол  таппаймыз ба?

Айша;  Табамыз! Неге таппаймыз? Бір тәулік ішінде 100 мың доллар жинасақ, донор  сатып аламыз.

Қайрат; (шарасыз кейіппен)  Ондай қомақты ақшаны  қалай таба аламыз?

Айша; (ашулана) Біздің барлық жүз қаралы ірі қарамыз, мыңнан астам   ұсақ малымыз Сіздерде емес пе? Шұғыл сату керек. Мүмкін 100 мыңға оптом  сатып алатын   қалталы  азамат табылар.

Шолпан; (шошып кетіп) Қой, қарағым. Ондай пұлға сатылатын мал  бізде қайдан болсын? Жоқ қой.

Айша; ( ызалана, қарқылдап күліп)  Солай ма! Мені  бір ақымақ әйел санап тұрсыздар ма? Қайсардың көзі жұмылмай жатып байлығын қолды  қылуға асықтыңыздар ма? Біздің малымыз қайда сонда?

Қайрат; (ренжи) Қойыңдар, түге. Бұл дәл қазір  жасайтын әңгіме емес қой.

Шолпан;( қостап) Мен де соны айтып тұрмын ғой.  Басқа жолын іздеу керек.

Айша; (Қанатқа қарап)  Онда ана жылы  Қайсар  сендерге сыйлаған үш бөлмелі пәтерді сатып, ақшасын маған қарызға бере  тұр. Осыдан Қайсарды ажалдан алып қалсам бір тиынына шейін қалдырмай санап  қайтарып беремін.

Айгүл; (шошып кетіп, Қанаттың ауызын ашқызбай ) Не? Қайдағы пәтер,  сол кезде-ақ сатылып,  ақшасын ұстап қойғанбыз. Жоқ пәтерді  бықсытып, әңгіме қылғаның не?

Айша; (кекесінді) Солай ма? Түсінікті болды.

         (Осы кезде сахнаға медбике жүгіріп шығады.)

 Медбике; Ауру кісі есін жиды. Кім кіреді?

Айша; (асығып ) Мен кіремін.

(Айша ақ халат киіп, сахнадан шығып кетеді. Шолпан шеткерек тұнжырап отырған Қайраттың жанына жақындайды)

Шолпан; (бәсең дауыспен) Отағасы, малдың санын айтып қойып жүр ме? Мына келініңнің түрі жаман, егер қайыным олай-бұлай болып кетсе бізді сотқа беруден тайынбайды. Беталысы жаман!

Қайрат; (ашулана) Қай-қайдағын айтпа?

Шолпан; (қамқор дауыспен) Тегі айтқаным қой, олар малды бағып өсіріппе? Оның қиындығын, ыстық-суығын көріп  жүрген біз емеспіз бе? Ия, Қайсар жылма-жыл қаражатын беріп  тұрды. Ал, мал баққанға бітеді деген де сөз бар ғой.

Қайрат; (ренжи) Қойшы, жоқтан өзгені бықсытпай  көрерміз.

( Сахнаның екінші шетінде  Айгүл  Қанаттың  құлағын бұрап жатты)

Айгүл; (бәсең дауыспен)  Неменеге бүйрегімді беремін деп еметайың елжірей қалды. Бауырың ол бүйректі салғанда жазылып кететініне кім кепілдік береді? Ана қатыны тапсын 100 мың доллар, бәрі аресте тұр дегені өтірік, мен сенбеймін. Шығын шығармаудың амалын жасап отыр. Пәле емес пе?

Қанат; (ренжи) Сен де өтірікті соға салдың ғой, пәтер сатылып кетті деп,  Қайсардың жаны қиналып жатқанында  көмек қолын созбасақ, кім болғанымыз? Ақша деген келетін, кететін  қағаз емес пе?

Айгүл; (ашулы) Сен не деп тұрсың? Менің ойлап тұрғаным қара басымның қамы ма? Ертең ұл-қызыңды кім жеткізеді? Бүйрегіңді беріп, ауру болып қалсаң кім зардабын тартады? Ойланшы? Мен де барлық жүкті көтере беретін қара нар емеспін! Ал, байлық пен барлықтың жөні бөлек. Ақшаң бар болса адамсың, жоқ болса  бейшара пендесің!

Қанат; (  мұрын астынан міңгірлеп) Қайсардың  бізге жасаған жақсылығын қалай ұмытамыз?  Елден ұят емес пе? Талай рет ауызынан жырып берді емес пе?

Айгүл; (мізқақпай) Байлығы шашылып жатқаннан кейін , бар болғаннан кейін   бізге аямай берді. Не сол үшін енді өміріміздің соңына шейін қарызбыз деп өзімізді есептейміз бе? Не болды соншама! Біз ешкімге де қарыз емеспіз!

(Осы кезде сахнаға  бода-бода болып жылап Гүлбарам шығады)

Гүлбарам;(Қайратты көріп) Аға, Қайсардың жағдайы қалай?

Шолпан; (жақтырмай) Қалай болушы еді? Нашар. Бүйрек керек болып жатыр. Төрт балаңды қалдырып қалай үйіңнен шықтың?

Гүлбарам; (жылағанын баса алмай) Көршіге тастап кеттім. Ести салдым да таксиге отырдым. Саматқа да тілефон шалдым. Ол да ұшақпен ұшып келеді. Бүйрек керек болса менікін алсын, беремін.

Айгүл; (зекіп) Не айтып тұрсың? Жалғыз бүйрекпен өмір сүріп жатқаныңды ұмыттың ба? Жынымды келтірмеші? Бауырыңның жолында ажалға  басыңды тікпексің бе, бейшара!

Гүлбарам; (одан әрі солқылдап жылап, Қанатқа қарап ) Енді не істейміз? Шұғыл түрде біреуміз бүйрегімізді бермесек ол өліп қала ма? Барлығымыз  төрт көзіміз түгел тұрып, ажалдан алып қала алмаймыз ба? Қайран, бауырым!

Қанат; (шарасыз кейіппен) Білмеймін. Өзімнің де қаным шапшып миыма шықты.

         (Осы кезде сахнаға  «бауырым-айлап» өгіздей өкіріп жылап  Самат шығады. Иығына ілген сөмкесін лақтырып жіберіп,  жерге аунап жылай кетеді.)

Қайрат ;(ашуланып, Қанат екеуі Саматты тұрғызып, сілкілейді) Не болды? Адамның зәресін ұшырып не болды? Пәтшағар неме? Не болды? Тұр орныңнан!

Шолпан; Көрмейсіздер ме? Өзі  у-дай мас қой. Мұның ауызы арақтан босап көріпеді?

Айгүл; Бәсе, мұның неғып ет жүрегі елжірей қалды десем. Мас екен ғой.

Самат;(орнынан тұрып, жан-жағына қарап) Ия, іштім, ішпей кәйтейін? Ішім күйіп барады. Бәрімізден артық, жанашырымыз, қамқоршымыз Қайсар өлім ауызында жатыр дегенді естігенде есімнен танып қалдым.  Қайсардың орнына мен өлуім керек еді. Ол үлкен әріппен аты жазылатын адам . Ал, қалғанымыз оның  байлығын теріп жеген қоңыздармыз. Естисіңдер ме, қоңыздар!

Қайрат; (ашуланып) Болды енді,  ауызыңды жап!Сені арақ сайратып,  батыр етіп тұр ғой. Есіңді жи, бәріміздің шекеміз шылқылдап тұрған жоқ. Жүйкемізді жұқартпа?

Айгүл; (кекесінді үнмен) Нағыз бауыры екеніңді білейік, енді бір бүйрегіңді Қайсарға  беретін шығарсың. Бүйрек керек болып жатыр.

Самат;(екіленіп) Беремін, бауырым үшін жаным пида!  Қайсар, сендерге ұқсамайтын ерекше жан. Қамқоршымыз, панамыз! Бәрімізге қол ұшын берді, балаларымызға шейін көмектесті. Енді бір бүйректі әңгіме жасап тұрмыз ба? Алсын менікін, кәне қайда барайын?

Қайрат; (қолын сілтеп) Қанат, мына итті  сыртқа алып шығып, беті-қолын жуып  есін жидырып әкелші. Басымызды әңкі-тәңкі етті ғой. Қайдан ғана келіп еді?

Шолпан; Сонау Сібірдегі орыс қатыны қалай  жіберді екен? Осы маскүнемнің бүйрегі жараса мен  мұрнымды кесіп берейін.

(Қанат Саматты бой бермегеніне қарамай  сахнадан алып шығады. Осы кезде  сахнаға жылаған Айша шығады)

Барлығы қосарланып, жан-жақтан; Қайсардың жағдайы қалай? Есін жиды ма? Көзін ашты ма? Сөйлеп жатыр ма?

Айша; (басын шайқап)   Халі мүшкіл, әрең сөйлеп жатыр. Сәлимаға хабар бер, шақыр дейді.

Айгүл; (таң қалып) Ол  бір кезде тастап кеткен қатынын  кәйтеді? Пәленбай жыл өткен соң онысын неменеге іздеп жатыр? Қызық екен!

Айша; Кешірім сұраймын дейді.

Шолпан; (жыламсырап) Алда қарағым-ай, жаны қиналғанда  Сәлиманы   есіне түсіріп  жатқанын қарашы,

         (Осы кезде сахнаға Қанат пен Самат қайта оралады)

Самат; (Айшаны көріп, құшақтап) Қайран жеңешем, Қайсарды алғанша  ажал орнына мені алсын.! Мен бүйрегімді беремін. Тек қана жараса болды.

Қанат; (зекіп) Тұра тұршы,  сәйкес келе ма, келмей ма  білмейміз ғой.  Уақыт кетірмей  донорға тиын-тебен жинауымыз керек.

Самат; (жиналғандарға қарап)  Қанша керек?

Қайрат; Сен түсіңде де ол ақшаны көрген жоқсың? 100 мың доллар.

Самат; (айналасына қарап, таңданып) 100 мың доллар! Осы ақшаны әңгіме қылып тұрсыңдар ма? Қайсардың сендердің әр қайсыларыңа  жасаған сый құрметі 100 мың  доллардан әлде қайда асып кетті  емес пе? Мысалы, Қайрат аға Сізге эмираттан 200 мың доллар тұратын Джип айдап әкеліп, алпыс жылдығыңызға сыйға тартты емес пе? Соны сата салсаңыз жетіп жатыр ғой.

Шолпан ; (ашуланып) Қойшы, қай-қайдағын қоңсытпай, арағыңды ішсеңде ақылыңды ішпе. Біздегі шаруаң не? Береміз бе, қоямыз ба, оны өзіміз білеміз ғой. Ақылгөйсынуын!

Самат; (таңдана, жан-жағына қарап) Мен бәрін түсіндім. Бәріңнің ұнжырғыларың түскені соншалық  қалтамыздан  пұлымыз шығып кетеді-ау деп іштей  қиналып тұр екенсіңдер ғой. Әй, өңшең Шығайбайлар. Сендердің қандай крахобор екендеріңді Қайсардың білмегені тәуір болды-ау. Нағыз бет жүздеріңді көрмегені тәуір болды. Тәуір болды...

Қайрат;(ашуланып) Мына қызталақ, қоя ма, жоқ па?  Жоқ, әлде  арқаң қышып тұр ма? Шықшы былай.

Самат; (екіленіп) Соғасың ба? Соқ мені, шындық жандарыңды  күйдіріп барады ма? Бірде-біреуің бүйректеріңді бермек түгіл соқыр тиын  қалталарыңнан  шығарғыларың келмей тұр. Сөздеріңнен ұғып тұрмын. Рас па, Айша?

Айша;  ( үнсіз басын изейді)  Мен  қатты шаршап тұрмын, оның үстіне  Сәлимамен хабарласуым керек. Сіздердің дау-майларыңды  тыңдап  тұра беруге шамам  жоқ. Кеттім.

Самат; (соңынан ере жүріп) Айша жеңеше, менің бүйрегім сәйкес келсе беремін. Шын айтамын. Ақшам жоқ, бірақ менің бауыр деп соғатын жүрегім бар.

Айша; (шаршаған дауыспен) Онда менімен жүр, Зертханаға барайық.

(Олар шығып кетеді. Сахнадағы адамдар  ала көлеңкеде тұрып қалады,)

                            Екінші көрініс

(Сахнаның қараңғылаған бөлігінде  барлығы үнсіз тұр. Сахна сыртынан  Қайсардың дауысы естіледі)

Қайсар;(дауысы қырылдап шығады) Сәлимаш, келдің бе?  Сенің жүзіңді де көретін күн бар екен ғой. Менің халімді көріп тұрсың,  бір аяғым анда, бір аяғым мында.  Сәлимаш,     саған жасаған барлық  қиянаттарым үшін  кешірім сұраймын. Мені кешіре гөр... Сенімен бақытты өткізген күндерім бүгін көз алдымнан  бейнебаяндай  тізіліп өтіп жатыр. Кешір, мені, жаным.  Кешір, мен  ғұмырымда үлкен қателікке жол бердім. Сені жылаттым, Махаббатымды  саттым, сені саттым, балаларымнан бас тарттым. Бұдан үлкен қиянат болмас. Енді санаулы сәт қана  жарық күнім қалғанын сезіп жатырмын. Әттең, өкініш жанымды жеп жатыр...

Сәлиманың абыржыған  дауысы естіледі;  Қайсар,жо-жоқ, сен өмірден көшпейсің. Бұл әділетсіздік, өмір сүруің керек. Біз әлі күресеміз, мен  кәйтсемде бір жолын табамын. Естисің бе, табамын.  Сенің жер бетінде жүргенің мен үшін зор бақыт еді. Берілме жаным, берілме...

Қайсар; (дауысы тұншығып) Сәлимаш,  айтшы мені кешіресің бе, жоқ па? Айтшы маған жасырмай. Кінәмнің өте ауыр екенін білемін.  Тура жолдан алжастым. Сенің және ұлдарымның көз жасына қалдым. Соның зардабын бүгін тартып жатқан жоқпын ба?

Сәлима;  (жылап)  Жоқ, мүлдем олай емес. Кешірдім, кешірдім жарығым, сен  бізге алаң болма, ұлдарың өсіп жатыр, Саят Атырауда қызмет жасайды.ал Санат шетелде білім алуда. Бізде бәрі дұрыс, Тек сен аман болсаң болды. Сен аман бол.

Қайсар; (сыбырлай шаршаған дауыспен) Рақымет жаным, саған ризамын. Қиындықта шыбықтай майыспай, сынбай қайта түледің. Сенің жүрегіңнің кең дәрия екенін сезетінмін. Әттең... сол кезде  сенің қадіріңді білмеппін, кешір жаным, кешір...Қош бол.

(Сахнаға   жылаған күйі Сәлима шығады. Оны көрген Айша жанына келеді.)

Айша; ( бәсең дауыспен) Сәлима,  хабар ала салысымен  жүгіріп келгенің үшін саған үлкен рақымет.  Қазір басымызға күн туып, жанымыз қысылып тұрғанда  сенің жанашырлығың Қайсар үшін өте маңызды. Мені де кешір. Басқа адамның бақытсыздығына  бақыт шамын жағып бақытты болуға болмайды екен. Оны кеш  түсініп тұрмын.  Сәл  сызат түскен ара қатынастарыңды пайдаландым. Қайсарды торыма түсіру үшін жанталастым. Жалған сөзге де екі жүзділікке де бардым.  Дәл бүгін өзімді өзім ақтап адвокат болғым келмейді. Кінәм бір атанға жүк болады.

Сәлима; (салмақты дауыспен) Бұл қазіргі айтатын әңгімеміз емес. Бүйрек табылатын болды ма?

Айша; (басын шайқап)  Жоқ.

Сәлима; ( туысқандарын меңзеп)  Ана кісілердің біреуі де  көмектесе алмай ма?

Айша; (ащы мырс етіп)  Оларды менен артық  білесің ғой. Жақсы күнімізде  төрімізді бермейтін, енді басымызға күн туғанда  бүйрек тұрмақ,  қаржы  жоқ деп ауыздарын қу шөппен сүртіп тұр. Мен бүгін  қиындықтың алдында торға қамалып жалғыз қалғандай болып тұрмын.  Бар болғаныңда барлығы ағайын, жоқ болғаныңда  барлығы жамағат болып сырт береді екен.  Бұл қара үңгірден  шығатын жол табылар емес.  Қараңғы жолдың соңында  әлсіреген сәуле де көрінбейді.

Сәлима; (абыржыған үнмен) Енді не істейміз? Жиылып алып, Қайсардың соңғы демін шыққанын  тосамыз ба? Бір қаракетке көшейікте, мен бүйрегімді бере аламын, үлкен ұлымды шақыртамын. Басқа қандай шарам бар?

         (Сахнаға шыққан Сәлім әйелінің соңғы сөзін есітп қалады)

Сәлім; ( таңдана, әйеліне) Баланы неменеге шақыртасың? (жиналғандарға қарап) Аман-есенсіздер ме?  

Сәлима; ( шаршаған дауыспен) Қайсарға шұғыл донор бүйрек таппасақ, жағдайы өте қиын. Біздің көмегіміз аса қажет. Егер жараса  бүйрегімді  беремін. Ал, басқаша болса...

Сәлім;(қатты кейіп) Ал, басқаша болса баласы берсін дейсің бе? Ал, менің рұқсатым керек емес пе? Ол менің атымдағы ұл емес пе, мен қағаз жүзіндегі әкесімін. Мен  ержеткен ұлымның  денсаулығына  Қауіп-қатер төндіре алмаймын. Естисің бе? Бұл біз  баратын қаракет емес.  Ұлымның өз өмірі,өз болашағы   бар.  Ажал ауызында  жатқан туған әкесі болса да  мұндай   қадамға баруға үзілді-кесілді қарсымын. Қарсымын, естисің бе?

Сәлима; (жыламсырап) Енді не істейміз? Ана жақта Қайсар қатты қиналып жатыр, жасанды аппаратпен ғана өмірі жалғасуда, ал сен... оған көмектесуге қарсысың ба?

Сәлім (ашулана) Жоқ, мен қарсы емеспін, алайда оның туған-туыстары қайда? Неге олар көмек қолын созбайды?

Айша; (көзіне іркілген  жасты сүртіп) Самат екеуміздің  бүйректеріміз  сәйкес келмеді. Донор іздейік десек қаржы таппай тұрмыз.  Қалған сөздің  барлығы пайдасы жоқ бос далбаса әңгіме. Шарасыздыққа  тірелдік. Алдымыз ор, артымыз жар.

Сәлима; Қайсардың бір тәуліктік қана ғұмыры қалды. Ары қарай бәрі бұлыңғыр.  Донор бүйрек іздеуге де уақыт қалмай бара жатыр. Уақыт бізге қарсы жұмыс істеп жатыр.

Сәлім; (  ойланып тұрып, бір шешімге келіп) Онда мен бүйрегімді берейін.

Сәлима; (таңданып) Сен бересің бе? Неге? Сенің қандай  қатысың бар?

Айша; (қосарланып) Бересіз бе? Сіз берсеңіз біз ақшасын  төлеп береміз.

Сәлім; (ренжи) Не айтып тұрсыз? Ақшаңыздың қажеті  жоқ. Ұлымның  бүйрегі туралы әңгіме жасағандарыңнан жүрегім аунап түсті.  Одан гөрі   өз  бүйрегімді бергенім жеңіл   шығар.  Кіндігімнен шықпаса да  мәпелеп өсіріп, туғанымдай тәрбиелеген  баламның етіне айттым ғой  пышақ тигізуге рұқсат етпеймін.   Оданда тәуекел,  сәйкес келсе менің бүйрегімді алсын.

Сәлима; ( әлі сенбей) Сонда қалай болғаны? Сенің не қатысың бар? Сәлім, мұныңды мен түсіне алмадым. Мен үшін мұндай қадамға барма, өтінемін. Бір амалы табылар. Өтінемін, керегі жоқ.

Сәлім; Сен  ұлдарыңның әкесін құтқарғың келе ме?

Сәлима;(келісіп) Ия, бірақ мұндай бағамен емес. Бұл дұрыс емес. Неге сен беруге тиіссің?

Сәлім; ( Сәлиманы құшақтап) Жаным, сен дүрыс түсін,  ол кісі маған бөтен емес, екі ұлымның әкесі емес пе? Бір бүйрекпен де адамдар  өмір сүріп  жатыр ғой. Жанымда өзіңдей аяулы  жарым  және  мені  сыйлайтын мейірімді  ұлдарым   бар. мен  өте бақытты адаммын.  Осындай мамыржай өмірім үшінде мен оған қарыздармын.  Кәне, зертханаға мені кім ертіп барады?

(Айша мен  Сәлім сахнадан шығып кетеді.. Ойға шомған Сәлима шекесін  ұстап отырып қалады. Оның жанына Шолпан мен  Айгүл жақындайды)

Шолпан;  Аман-есенсің бе? Халің қалай қарағым? Осындай  жерде кездесеміз деген мүлде ойымызда болған жоқ.  Келгенің жақсы болды. Ұлдарың дәу жігіт болды ма?

Айгүл;( жарымсақтанып)  Ия, сен  тұрмыс құрды  дегенде қатты қуандық. Дұрыс қой, мына Айша деген жәлеп қатын  сен есіктен шықпай жатып, Қайсардың басын шыр көбелек  айналдырып алды емес пе? Біздің қолдан келер шарамыз болмады.

Сәлима; (басын көтеріп алып, кекесінді дауыспен) Солай ма?  Қайсардың  ажырасқан  себебі  Сәлиманың бұрыннан көңіл қосқан  нақсүйері  бар екен деп өтірік өсек таратқан мына сен емес пең?

Айгүл; (шошып кетіп) Қашан ? Олай айтсам қатып қалайын. Бұл жалған сөз! Дұшпандарым таратқан өсек. Әйтеуір  менің  тұзым жеңіл бірдеңкеге ілінемін де жүремін.

Сәлима; (қолын сілтеп) Жарайды, сендер аттарыңа  кір жұқтырасыңдар ма? Ештеңе де өзгермепті.  Бәз-баяғы өсек аяңмен күн кешіп,  нан жеп, өмір  сүріп жатыр екенсіңдер.

Шолпан; (сыбырлай ) Өзіңе ғана айтамыз. Мына Айша деген төбемізге шай қайнатты емес пе? Әйтпесе әкесін балаларынан бас тартуға біз мәжбүрледі дейсің бе? Қарағым-ау,  біздің жазығымыз жоқ, өзімізде  бала-шаға ұстап отырмыз ғой. Бізге өкпеле ме? Көңіліңде қара қазандай қара өкпе жүргенін білеміз.

Сәлима; (таңдана) Солай ма?   Ақ келін келді, бақ келін келді деп  Айшаға шашу шашып той жасап жатқандарыңызды естіп,  мен есімнен танып, құлап, ауруханадан бірақ шыққанмын. Көп жылдардан  бері Қайсардың ұлдары өсіп жатыр  ғой, ұрпағымыз еді деп  балалардың бетінен  Қайрат аға екеуіңіз келіп, сүйіп кетсеңіз кеуделеріңіздеп итерген жерім жоқ қой. Үлкендіктерің қайда, көргендіктерің қайда.? Сіздерді ренжіткен, алдарыңыздан кесе көлденең өткен  жерім жоқ еді ғой. Әлі күнге шейін маймөңкеліктің   ауруынан арыла алмай жүрсіздер. Енді келіп, өтірік көлгірсудің қажеті қаншалық?

Шолпан; ( кібіртіктеп) Қайдан?  Айша естіп қоя ма деп сескендік қой, әулетіміздегі жанжалдың бізге қажеті шамалы болды. Қайсар жетелеп келген қыздан біз қалай бас тарта аламыз? Қалай дұрыс емес деп қарсы шыға аламыз? Бізді де түсінші.

Сәлима; (кекесінді күліп) Солай ма? Оданда Айшамен арақатысымыз бұзылса , олардан төгіліп жатқан нәпеқадан айырылып қаламыз ба деген бақай есеп болғанын неге айтпайсыз? Кімнің  арқасында   байлыққа ие болып, балқып-щалқып өмір сүріп жатқандарыңызды мен білмейді дейсіз бе?   Енді менен аулақ тұрыңыздар, барыңыздар. Онсыз да ойым онға, санам санға бөлініп тұр. Қайсардың жаны қиналып жатқанда сендермен өткен күннің көк түтінін будақтатып, қоңсығын  қазбалап  әңгіме-өсек құратын шамам жоқ. Осы уақытқа шейін  маған жабылған өсек-жалаларыңыз бір машинаға жүк болды ғой.  Енді  менен де ұлдарымнан да аулақ болғандарыңыз жөн.

Қайрат; (алыстан қарап тұрып, жанына келген Шолпанға ) Ана келін  не дейді?

Шолпан ; (ашулана) Қайдағы келін? Басқа біреудің етегінен ұстап кеткен  қатынды келін дегенің не?

Айгүл; (қосарланып) Бізге өз-өзінен тиісіп,от болып  тұтанып тұр ғой. Қандай жазығымыз бар, біз  Қайсармен ажырастырыппыз  ба? Күйеуім қыдырып, көзіме шөп салды деп   балаларын алып  алды-артына қарамай  кетіп қалған   мына өзі емес пе? Енді келіп бізді кінәлауы дұрыс емес.

Самат;( манадан бері екі жеңгесінің әңгімесіне құлақ түріп тыңдап тұрып ) Неге дұрыс  емес ? Барлығың жабылып  алғашқы күннен-ақ Сәлимаға күн көрсетпеуші едіңдер ғой. Түрі  ұсқынсыз, кедей жердің қызына қалай   Қайсар  үйленді? Ондай да сондай деп Сәлиманың асын  ішіп,  барлық жақсылығын көріп алып,  соңынан ағаш атқа мінгізетіңдеріңді ұмытып қалдыңдар ма? Іштеріңдегі қызғаныштың қызыл иті  күн құрғатпай  үріп тұратын. Мен ол кезде бозбала жігіт едім, бірақ бәрін көріп, біліп жүрдім. Ақыры екеуінің арасына  жыбыр-сыбыр сөзбен от жақтыңдар.  Олардың ажырауына себепкерлердің ішінде  мына екеуіңде барсыңдар!

Шолпан; (жағасын ұстап) Астапралла! Бұл сөзіңді ешкім естімесін, қарағым. Садағаң кетейін, онсызда бізді тілдеп тастады.. бетімізден алды! Өткенді қоңсытып,  ары қарай өрт тұтатпа, садағаң кетейін!

Айгүл;( оған қосыла) Ия, ия, іштен шыққан жау жаман деген осы. Ауызыңды жап! Өткен   нәрсе өтті ғой, енді келіп біткен жараның ауызын ашып, тырнаудың қажеті бар ма?

Қайрат; (ашуланып) Мына  ит не деп тұр? Үйдегі  түтін шаланы сыртқа шығарып не басыңа күн туды!

Самат;( екіленіп) Сыртқа  шығармайтындай не қалды? Қайсар өлім халінде жатқанда байлықтарыңды аяп,  дауда-май туғызғандарың   дәл бүгін емес пе? Өлсе Қайсар өле берсін, байлығымыздың мұрты ойылмаса екен деп жан таласып .тұрсыңдар. Аға болсаң астыңдағы Джиптің кілтін  Айшаға беріп,   Қайсардың жанын алып қал деп неге айтпайсың? Саған бауырдан темір жақын болып тұр ғой.

Қайрат; (ашуланып) Мына қызталақ, не дейді?  Таяқ жегің келіп тұр ма?

Самат; (райынан қайтпай)  Шындықты айтқаным үшін жесем таяқ жейін, ақыры осы отбасының ең  жаман адамы мен  ғой. Екеуіңде әйелдеріңнің көйлегінің  етегіне оралып  шыға алмай жүрген  ағасымақсыңдар. Ана Сәлиманың өкпесі орынды, оның балалары  ұрпағымыз ғой, әкесі тастап кетсе де ағасы сендер бар емессіңдер ме, неге осы уақытқа  шейін  қол үшын беріп қамқор болмадыңдар?  Мен білсем екі ұлда шыққан тектерінен бейхабар.  Енді келіп отбасының үлкенімін деп кеуде кересің.  Текті атаның  ұрпағымыз деп кеуде қаққанда   танауларың делиіп кетеді. Сонда  тектілік тәлім-тәрбиелерің қайда қалады.? Байлық пен барлықтың  көмбесіне көміліп қалды ма?

Қанат; (басу айтып, араға кіреді) Самат қойсаңшы,, бауырымыздың жаны қалған соң  өкпе-назымызды айтып  айызымызды қандырып алармыз. Өткен күннің бықсық   әңгімесін  жаңғырта бермеші, өтінемін.  Даудан өрт шығып кетеді.

Шолпан; (қосарланып) Соны айтамын да, ағаңның  қан қысымы көтеріліп кетті ғой.  Сен келген сайын неше түрі жанжал тудырасың, оданда  сол Ноғайсібіріңде жатқаның дұрыс еді. Бұл біз үшін  тып-тыныш болар еді.

Самат: Өзімде бұлан кейін сендердің жүздеріңді  көрмеймін.  Бауырлардың    жігерсіз  қылықтарын  көріп, күнде өлгенше сол Сібірде   көзім соқыр, құлағым керең болып өмір сүргенім  дұрыс.

Гүлбарам; (жылап)  Қойыңдаршы,Сіздерге  не болған? Ана жақта Қайсардың жаны қиналып жатқанда  жанжалдасқандарың не? Оданда донор табылсын деп  Құдайдан тілейік.

(Осы кезде сахнаға Айша мен  Сәлім шығады. Бәрі оларға сұраулы пішінмен  қарап қалады.)

Айша; Мына кісі  сараптама тапсырды, енді бүйректің сәйкестігін анықтау үшін уақыт керек.

Сәлім; (әйеліне) Сәлима, жүр, үйге қайтайық,  шаршағаның жүзіңнен  көрініп тұр.демалуың керек.

Сәлима; (басын шайқап) Жоқ, ешқайда   бармаймын, мен осында қаламын.

Сәлім; Қалғанда  не істейсің? Сараптамалар тек бес сағаттан кейін дайын болады дейді.

Сәлима; (келіспей)  Жоқ, қайтпаймын. Сен үйге қайтып дем ал, мен осында боламын. Сараптама қорытындысы дайын  болса  саған хабар беремін.

Сәлім; ( әйелінің бетінен сүйіп) Жақсы жаным, көп қайғыра бер ме? Сен маған ғана емес, ұлдарыңа  да керексің.

(Сәлім саханадан шығып кетеді.)

Қайрат; (өзгелерге қарап, шекесін ұстап, шаршаған дауыспен ) Біз де демаламыз ба? Мұнда жиылып алып отыра бергенің пайдасы жоқ қой.

Айша; (қабағын шытып) Қайта беріңіздер.Мен осында Қайсардың  жанында  қаламын,

(Олар үнсіз сахнадан шығады, Сахнада қалған Айша  Сәлиманың жанындағы  орындыққа  отырады. Екеуі де ауыр ой құшағында )

Сәлима;(орнынан тұрып) Мен  Қайсарды көргім келеді.  Медбикеден рұқсат сұрап  көріп келейін.

Айша; Ол  дәрі еккен соң, ұйықтап жатыр ғой. Сенің  жанына барғаныңды  да білмейді. Сезбейді.

Сәлима; Жоқ, ол бәрін біліп жатыр. Тек қана көзін аша алмайды, көңіліндегі  қайғы-мұңын айта алмайды. Бәрі бір оның жүзін көріп, алған тынысын тыңдағым  келеді.  Жамандыққа қимай, көңілім қан жылап тұр.  Қатты сағынып қалыппын.  Ол жанымда жоқ болса да мына жарық дүниеде бар екенін біліп жүрудің өзі бір бақыт екенін қазір біліп тұрмын. 

Айша;(көзіне іркілген жасты сүртіп) Бара ғой. Менің сені ұстауға  қақым  жоқ.    Қайсардың жанында  болғаның дұрыс шығар.

         (Сәлима ішкі  бөлмеге кіріп кетеді.)

Айша; (өз-өзіне)    Сенің бақытыңды ұрлаған ұры сияқты сезімде тұрғаным бір өзіме мәлім. Қайсар ешқашанда меніке болмапты, оның   жалғыз  қалаулысы сен болған екенсің, ол сені сүйген  екен.  Осыны кеш білгеніме өкініп тұрмын. Енді не істеймін? Оның өмірі қыл үстінде тұрғанын  көріп отырмын.  Егер ол олай,бұлай болып кетсе,  қалған ғұмырымның айдыны қайғы мен жалғыздық шығар (ол үнсіз отырып, жылайды)

(Осы кезде махаббат туралы қоштасу әні  орындалады. Іштен  екі көзі жасаураған Сәлима шығады)

Сәлима; ( қайғырып)  Бір қалыпты тыныс алып, жас баладай ұйықтап жатыр.  Самайына ақ кіргенін жаңа көрдім. Ол қандай ажарлы жігіт, бір көрген қыз  ғашық болып қалатын. Езуінен әзіл-қалжыңы  төгіліп жүретін. Ал ақ көңілдігінде шек жоқ еді.  Қалайша мұндай жағдайға душар  болды. Бүйрек сәйкес келмесе не істейміз? Бұл өмір үшін күресте  бізді алып  шығар  қандай  жол   бар?

Айша; (қинала) Білмеймін. Ертеңгі  бұлыңғыр күнімді  бүкіл жан дүнием дірілдеп  ойлауға қорқып отырмын.  Менің   өмірде жасаған ең басты күнәм үшін  Қайсар зардабын тартып жатыр деген ой жанымды жегідей  жеп барады.  Ең бастысы сенің  шаңырағыңды шайқалтыппын. Сәлима мені кешірші, балаларым үшін кешірші. Өтінемін, кешірдім деп айтшы.

(Айша жылап, Сәлиманың алдына дізерлеп отыра кетеді.)

Сәлима; (сасып қалып)  Айша, әрине кешіремін.  Орныңнан тұр.Өткенді айта бермеші, бүгінгі күнімізді ойлайық. Арыстай азамат  ажалмен арпалысып жатқанда  өткен  күннің  өкпе-ренішін теріп кәйтеміз? О жаратқан, бұл сынақтан қалай өтеміз?

Айша;( орнынан тұрып, Сәлиманы құшақтайды)   Рақымет саған,  қиын сәтте жанымнан табылдың?Сен Қайсарды шын сүйіпсің,  хабарды ести салысымен  өткен күннің   қара өкпесінің  пердесін жұлып  тастап, бір сәтте ойланбай   шұғыл жеттің. Ал, күйеуің ше? Нағыз азамат екен.  Жігерсіз бауырлары мұрын астынан міңгірлеп тұрғанда  ойланбастан  көмек қолын созды.

Сәлима; (мазасызданып) Тек қана Сәлімнің бүйрегі сәйкес келсе екен.

Айша; Сәйкес келмесе де бәрі бір рақымет. Ары қарай құдайдың  басымызға салғанын көреміз

Сәлима; Олай деме, өмір үшін күресте  Қайсардың  қанша  уақыты бар?

Айша;( қынжыла) Тіптен  жоқ. Шетелде оқитын ұл-қызым да мына жағдайдан бейхабар.  Айта алмадым. Батылым жетпеді.  Олар солқылдаған тал шыбықтар.Менің жағдайым өте қиын. Барлық үй-мүлкіміз, есеп-шотымызға құқық қорғау орындары  шектеу қойып тастаған.  Ары не істеймін білмеймін? Маған көмекші болатын бауырларын менен артық білесің ғой. Абысындарым тұрғанда маған басқа дұшпандардың қажеті  жоқ.  Мұны  неге екенін қайдам  сыр қылып тек саған ғана айта аламын. Оның себебі өресі биік ,жақсы әйел екеніңді көзім алдамайды көріп тұрмын. Әттең... өткен барлық іс-әрекетіме  өкініп тұрмын. Қайсарды ұлдарынан ажыратуға бар күш-жігерімді салдым. Мен егерде Қайсарға тұрмысқа шықпасам, ол ойланып-толғанып, қәтелігін түсініп,   мүмкін  саған,  яғни бала-шағасына қайта оралармеді? Кешір.

Сәлима; (мейірлене) Болды, енді өткенді қазбалап  айта берме.  Өз кінәңді  кеште болса түсінген  сенде жаман адам емессің деп ойлаймын.  Туысқандарды көйтесің олар бар болсаң көре алмайды, жоқ болсаң бере алмайды.  Бұрында солай болған, қазірде айна-қатесіз солай болып тұр. Бұл  пенделіктің бұзылмас қағидасы шығар. Еш нәрсені  өмірде өзгерте алмаймыз.

Айша; (ренжи)  Қанат бүйрегінің сәйкестігіне  сараптама жасатайын десе  әйелі Айгүл  бетбақтырмай қойды. Алматыдағы  біз сыйлаған  пәтерін сатып, пұлын бере тұр десем өтірік айтып  жалтарып шыға келді.  Жақыным осылай жасап тұрса, жатқа қалай барамын?

Сәлима; Айгүл ме? Оның нағыз бет жүзін ешкім білмейді. Шын айтамын көрген емеспін. Қыз күнінде әлдеқандай  жігіттен   екіқабат болып, баласын туып  перзентханада тастап кеткен безбүйрек әйелден не күтуге болады? Күні ертең  Қанат ауру-сырқаулы болса  қарамақ түгіл, ойланбай тастап кететіне күмән келтірмеймін.  Олар жасанды өмір кешуде.   Әйелі   Айгул  тура бір театр актрисасы сияқты.  Өмірдегі өз ролін шебер орындайды. Нағыз бет пердесін ешкімге көрсетпейді.

Айша; ( таңдана) Осы шындық па?

 Сәлима;  Маған дәл қазір жалған сөйлеудің  құны  қанша? Мен анық білемін,

Айша; Мұны Қанат біле ме?

Сәлима; Әрине білмейді.  Сен оған өкпеле ме? Қанаттың  асты-үстіне түсіп жүріп, қос-қостан бала  тауып беріп, әйелі  ноқталап алды. Жақсы жігіт еді. қазір әйелі отыр десе отыратын, тұр десе тұратын бейшара болып қалды. Мен де бұл жайды кездейсоқ білдім.  Барлығы жабулы қазан жабулы күйінде қалды.  Ол бір бөлек әңгіме, реті келгенде айтып берермін.

Айша; Ал, Шолпан тәте ше, әлден-ақ  малдарың жоқ деп ауызын қу шөппен сүртіп,  шаруа қожалығымыздың маңына жолатар емес. Егерде Қайсар олай бұлай болып кетсе менің бала-шағама ен нәрсе татырмайтынын  әлден-ақ біліп отырмын. Сонда не істеймін?

Сәлима; Ол  биілігі бар адуынды әйел ғой, қалай  айтса дәл солай болады.  Ағамыздың  ешқандай шаруаға әмірі жүрмейді. Шолпан тәте  елден қалаған дүниесін алуға келгенде  алдына  жан салмайтын пысық әйел.  Өтірік еміренгеніне алданып қалма.  Оғанда дайын бол.  Күні ертең  қолыңдағы қалған дүние-мүлкіңді алдап-сулап иеменденіп  кетіп  жүрмесін. Балаларың бар  сан соғып қалма, абай бол.

Айша;   Осының бәрі рас болса онда мен  жан-жағымды қоршаған жаулардың ортасында жалғыз қаламын-ау. Сәлима  балаларымыз бауырластар ғой, қандай жағдай болмасын мені  жалғыз қалдыра көрме. жарайма? Есім барда саған  айтар осы тілегім болсын.

Сәлима;   Ары қарай өміріміз не боларын, қалай боларын өзімде  білмеймін? Ол бір қараңғы тұңғиық түбіне   жатқан  беймәлім дүние  көзім жетер емес. Қайсар мені тастап кеткен соң көп  қайғырдым, күйзеліске түстім. Көп ауырдым, жарық дүниемен қоштаса жаздадым. Дүниедегі ең қиын нәрсе сатқындық екен. Ол мені   сатып кетті.  Мұндай күйге тап боламын деп  үш ұйықтасам түсіме кірпепті.

Айша;( әйелдің қолынан ұстап)  Қайсарды кешірші, ол кінәсін біліп жатыр. Мені де кешір. Балаларымыз үшін  бұдан былай  бас араздыққа жол бермейік.  Екі ақылды әйел барлық қиындықты жеңуге, барлық түйінді шешуге  тиіспіз. Біз осындай тар жолдың үстінде кездесіп  сынаққа түсіп тұрған шығармыз.

Сәлима; ( ойланып)  Біздің ажырасуымызға сен жалғыз себепкер болған жоқсың. Өзіңді бекер кінәлай берме. Оған Қайсардың өзі де кінәлі. Мені бағалаған жоқ,  бір кездегі жалындаған махаббатты сақтай алмай  жоғалтып алдық.  Ал, оны қайта іздеп табу жалғызілікті болып қалған менің  қолымнан келген жоқ. Бір сәтте екеуміз бөтен адамдар болып шыға келдік. Менің жанымды  қатты қинаған  тұсы  осы болды.  Кәсіпкерлікпен айналысып, мол қаржы таба бастаған күннен бастап ол қатты өзгеріп кетті. Айналасында күмәнді дос-жолдастары пайда болды.  Күнде думан, күнде қыдырыс, арақ-шарапқа мас болып жүрген ол бала-щағасымен санаспай  бізді  мүлдем ұмыта бастады.  Үйелмелі-сүйелмелі кішкене екі ұлдың  барлық ауыр жүгі менің мойнымда болды. Ауызымды ашам деп ұрысқақ,  жұмсам тырысқақ жаман әйелдердің санатына қосылдым.  Өзара сыйластық,  сенімді қарым-қатынастан  қол үздік. Мен оның маған деген көңілі  суып кеткенін түсіндім. Өзара иттей ырылдасып өмір сүргім келмеді. Мұндай   отбасылық өмір өз-өзімді қорлап, төмендетумен  пара-пар еді.   Біраз уақыт қатты  ойланып,  жұптық өмірімнің өткен күндерін қимай   көп қайғырып  жүрдім. Ақыры бір күні шыдамның да жібі үзіліп кетті. екі ұлымды жетектеп кетуге жиналдым.  Байқасам  абысындарым да  маған мысқылдай қарап, табалағандарын жүздерінде  жасыра алмады. Сүйген жарым сатып кетті, абысын-ажынымдарым дұшпан болып шықты. Енді бұл отбасында мен бөгелетіндей ештеңе қалған жоқ.

         Балаларымның киім-кешегін жинастырып үйден кетіп бара жатқанымда  әлдеқандай хабар құлағына тиген ғой деймін жеңіл көлігіне отыра салып, Қайсар жетіпті. Түрі өрт сөндіргендей;

         -Кетсең кете бер! Балаларға ай сайын мол  алимент алып тұрамын деп ойлайтын шығарсың, Түкте бермеймін,-деп айғай салды.

         -Жарайды, онда ұлдарыңнан бас тарт!-дедім менде ашуланып.  шақыртқан таксиге  сөмкелерімді салып жатып.

         -Бас тартамын!- деді  ол   жеңіл көлігінің есігін сарт еткізіп жауып. Сөзінде тұрды, менімен ерегісіп балаларынан  бас тартты. Бұл сұмдықты да бастан кешірдім, көрдім. Ашумен айтқан шығар деген  болжамымның күл-талқаны шықты. Содан кейін балаларымның басынан мейірлене сыйпайтын ер азамат іздедім. Сүймесемде  жанымда сүйеніш болар ер адамды  көргім келді, таптымда, бірақ мына жұрек құрғырда бір жылу жоқ. Оты сөніп қалған щала  жанымдағы жарамды ауыртып түтіндейді де тұрады.  Оны жағуға менің күшім  жоқ. Өзімнің өзіме  әмірім жүрмейді. Бұдан қиын нәрсе жоқ шығар.

Айша; (кібіртіктеп)  Қайсардың қиянат  қадамға баруына мен де кінәлімін.  Алимент төлемейсің ұлдарыңнан   бас тарт деп ақыл бердім. Күнәһар болдым. Бүгін ащы шындықты айтпасам жарылып кететін шығармын. Балалардың  орны бөлек екенін өзім балалы болғанда  бірақ білдім. Ол сен келеді, аяғыма жығылады   ұлдары үшін менен көмек  сұрайды деп көп күтті. Бірақ, олай болмай шықты. Сен келмедің. Өзің қызметке тұрып, ұлдарыңды ешкімнен кем қылмай  өсірдің.  Бақытыңа қарай жақсы салт басты жігітпен тұрмыс құрдың. Өз қызығың өзіңде болды.  Мұны  түсінген білген кездегі     ашудан түтігіп жүрген Қайсардың бетіне қарауға қорықтым.  Ақиқатын  айтамын ол ашумен барған сол бір  қадамына  кейін қатты өкінді. Бірақ,   төреші  уақыт дөңгелегін ешкім кері айналдыра алмайды екен. Күндер  кетіп қалған еді. Енді басына күн туып қиналғанда сені көргісі келді.  Мен оны бірден түсіндім,  жүрегінің терең тұнғиығында   зорлықпен өшірілген сезім оты өшпей  әлі түтіндеп жүр екен.Сені  әлі күнге шейін қимайды екен.  Адамның жұмбақ дүниесін  кім жете түсініп болған? Қиналған сәтте кешірші деген жалғыз сөз де  емнің орнына жүре ма деймін.   Сәлимаш ( иығынан құшақтап) жүрегің қандай жұмсақ еді. Осыдан Қайсар жазылып кетсе, ұлдарының да алдына  барып кешірім сұрайды. Ол  балаларын  ылғи сағынып жүретін.

         (Сахнаға дәрігер шығады, қолындағы қағазын  көрсетіп)

Дәрігер; Сәлім  Қапасовтың бүйрегі сәйкес болып шықты. Біз ол кісіні шақырттық. Отаға екі адамды да дайындаймыз,

Сәлима; (қуанып) Рас па? Аллаға шүкір.

Айша; (қуанып)  жақсы болды, жақсы болды.

         (Осы кезде  сахнаға  Қайрат, Қанат, Самат, Шолпан, Айгүл, Гүлбарам, Сәлім шығады)

Жан-жақтан дауыстар естілді; Жақсы болды.  мына кісінің бүйрегі  сәйкес келді, құдай бар екен.

Сәлім; (Сәлимаға)  Мен олай-бұлай болып кетсем, балаларға ие бол, жаным.

Сәлима;  Қай-қайдағы жаман сөзді айтпа, бәрі дұрыс болады. Біз осында  күтеміз. Сәлім, қандай абзал азамат едің. Мен сені өті қатты сыйлаймын, жақсы көремін, жаным.

Айша; ( абдырап)  Сәлім, Сізге рақымет. Біз бұл жақсылығыңызды ғұмыры ұмытпаймыз.

Барлығы бір ауыздан қоштап; Ұмытпаймыз. Осыдан Қайсардың жаны аман қалса болды.Рақымет.  Алла жар болсын!

(Сәлімді дәрігерлер іш жаққа ертіп алып кетеді..Барлығы  сахнада үнсіз  тосып қалады. Біраз уақыт   сызылған музыка үні естіліп тұрады: Бір кезде ота жасайтын бөлменің есігі сарт ашылып іштен  абдыраған екі-үш медбике жүгіріп  жиналғандардың жандарынан өтеді. Одан кейін есік баяу ашылып, іштен  жүздерін тұмшалаған маскаларын шешіп  шаршаған екі дәрігер шығады. Барлығы  оларға үрейленіп қарап қалады)

Айша; (үрейленіп) Не болды? Не болды?

Сәлима; (қорқып) Не болды? Не болды?

Дәрігер; (өкінішпен басын шайқайды) Үлгере алмадық. Өмірден көшіп кетті.

Жан-жақтан үрейлі дауыстар естіледі; Кім? Кім? Қайсысы? Қайсар ма? Сәлім бе? Кім өмірден көшті? Кім? (Сұрақтар ауада жаңғырып  тұрып қалады)

( Айша мен Сәлима  жолын бөгеген  медбикелерге қарамай ішке ұмтылады.)

Айша; (айғайлап) Қайсар!, Қайсар!,Қайсар!

Сәлима; (айғайлап) Қайсар өмірден көшті! Қайсар кетті! Мен оны көріп тұрмын, қолын бұлғап кетіп  барады.  Қайсар, кетпе! Қайсар ,   мен сенсіз өмір сүре алмаймын!  Қайсар,  бұл өмірдің  енді маған қажеті жоқ! Тоқташы мені ала кет! Мені қалдырма, ең құрығанда сол жақта бірге болайық!  Тоқта... Тоқта... тоқта...

(  Қолын  әуеге   созған Сәлима ұзыннан  құлап түседі.  Үстінен төнген  дәрігерлер мен медбикелер жанұшырып, көмек көрсете бастайды.Қаралы музыка ойнап, сахна пердесі жабылады)

   Соңы.

                                                       

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған