Мейірім
Қыс мезгілі болатын. Шамамен, бұдан алты-жеті жыл бұрын. Үйде жолдасым Бейбіт екеуміз тұратынбыз. Ол кезде балалы болмаған ек.
Мен университетте түске дейін сабағымды берем де, түстен кейін көбіне бос болам. Алайда сол күні ректордың педагогтармен өткізген жиналысы ұзаққа созылып, таңнан бері нәр татпағаннан болуым керек, басым ауырып үйге кешкі сағат алтыға таман әрең жеттім. Келе сала кешкі ас дайындап, үйімді жинап, кірімді жудым. Бейбіт жұмыста кідіріңкірегесін, тамағымды ішіп алдым да, ноутбугымнан қағаздарымды жазып, принтерден басып шығармақ боп ыңғайланып жатқанда, есік қоңырауы шыр ете қалды. Компьютер орындығынан тұрып бара жатып, дәліздің қабырғасында ілінген сағатқа көзім түсті. Сағат тілдерінің қысқасы 10-ды, ұзыны 30 минутты көрсетіп тұр. Уақыттың мұншама кеш болғанын аңғармай қалғанымды көріп, есік құлпына қарай ұмтылдым.
Өткен аптада ғана алған былғары етігін қисаңдап барып, шешті-ау ақыры. Арақ исі мүңкіп тұр. Менің де сол сәтте көкшіл мінезім ұстап, оның үстіне басым ауырып, шаршағаным тағы бар, «неге іштің?» деп бір ауыз тіл қатпастан, жұмыс жасап отырған бөлмеге кіріп кеттім. Ол да үн-түнсіз жуынатын бөлмеге кіріп, суды шарылдатып ағыза бастады. Оның ішкеніне ашуым келіп, «ешкім де ерігіп жүрген жоқ, ең болмағанда ішуіне бұл жолы не себеп тапты екен?» деп іштей ызалынып, өзіммен өзім күбірлей кеттім. Өйткені соңғы күндері бұл қылығын жиі «тамашалап» жүргем. Кейде оны да, өзімді де аяп кетемін. Біздікі сол баяғы уайым – бала сүйе алмай жүргеніміз. Сол үшін де оны аяп, ішкен күндері «күйінгеннен болар» деп көбіне үндемей құтылатынмын. Бірақ ойлап отырсам, ол екеумізге ортақ проблема емес пе? Керісінше бір-бірімізге қолдау көрсетудің орнына, өзі ішіп бәрін бір сәтке ұмытқысы келеді, ал мен ше? Мен қалай бәрін ұмытпақпын?
Жеті жыл – біреу үшін аз, ал біреу үшін тым көп. Бірақ мен үшін аз да, көп те емес секілді. Аз дейін десем, кей сәттерде «бала көтеремін» деген үміт оты күте-күте сарғайтқанымен қоймай, өзімді жаныммен қоса өртейтіндей, уақыт тым созылып кеткендей көрінеді, ал енді көп дейін десем, анда жүгіріп, мында жүгіріп емхана табалдырығын тоздырғанымызға қалайша жеті жыл болғанын сезбей қалғанымды ойласам, аң-таң боламын. Кейде өмірден баз кешіп кеткім келеді, әсіресе, осындай сәттерде. Бала жалғыз маған керектей, менен басқа ешкім қиналып жүрмегендей көрінеді. Басқалардың сәби сүйіп жатқанын көргенде, қатты қызығамын. Бірақ ешқашан қызғанған емен. Өйткені мені Алланың құдіретіне деген сенім үнемі алға жетелеумен келді. Адам ниетінен табатынын, ешқашан есімнен шығарған емеспін. Сол себепті үнемі ниетімді түзеп, Алладан күні-түні бала сұраумен болдым. Дәрігерлердің: «Сенде бәрі жақсы, тек жолдасың ұзақ емделуді қажет етеді», – деп айтқанына, міне бесінші жыл. Мүмкін, бір жағынан сол үшін де болар, ата-енем маған бір ауыр сөз айтып көрмеген. Керісінше олар: «Көрер қызығың әлі алда, қызым», – деп жылы сөздерімен жаныма медеу бола білді. Төркіндерім де тілегімді тілеп: «Шыда, шыда, бәрі де жақсы болады», – деп жұбатумен болды.
Бейбіт екеуміз махаббат шарабына мас болған жандардай сүйіп қосылғанбыз. Менің он тоғызға қараған шағым, ал ол жиырма жаста. Екеуміз де студент бола тұра, ата-аналарымыз біздің шешімізді қолдап, ақ батасын жаудыртып, нәтижесінде үлкендердің тілегі қабыл болып, шаңырақ көтердік. Сол кездің өзінде-ақ Бейбіттің еңбекке деген сүйіспеншілігі – мені оған назар аудартпай қоймады, сонымен бірге ақ көңіл мейірімі мен пәк сезімі – жүрегімді біржола баурап алды. Осылай біз де жас отбасы атанғанбыз.
«Үйлену оңай, үй болу қиын» деп үлкендер тойда да, былайғы күндері де бізге ақыл айтып, бағдар көрсеткенмен, бізде аса бір дау туғызып, екі жақты дүрліктіретіндей, жаман сөздермен айтысып, айқай-шу көтерген күндер орын алған емес. Мүмкін, ата-енемен тұрғанның басты құпиясы да сонда болар, үлкендер мұндай жайттардың орын алуына жол бермейтін секілді. Өйткені олар бар жерде, жолдасыма өңмеңдеп артық ауыз әңгіме айтпайтынмын. Мейлі, оныкі дұрыс емес екенін біліп тұрайын, сонда да мені ұят деген нәрсе тартып жібермей тұрғандай, онымен қоса әке-шешімнің өмірлік сабақ болған тәрбиесі мұндайға жол бергізбейтін.
Осылай ата-енем, қайныммен бірге төрт жыл тату-тәтті өмір сүріп, қайным «үйленемін» деп сүйіншісін сұрап келген күннен бастап екі ай ішінде, ата-енем бізге көрші шағын ауданнан екі бөлмелі пәтер сыйлап, еншімізді беріп, бөлек отау қылды. Сөйтіп бөлек тұрып жатқанымызға сол кезде екі жылдай болып қалған.
* * *
Ойды ой қуалап, бір-бірімен жарысқандай, қу қара басыма енді тыныштық бермейтінін сезіп, жуынып жатқан Бейбітке ызылы дауыспен:
– Тамағың пісіп тұр, өзің салып ішерсің, – деп айғайладым да, қазір үйде отыра берсем, мұның түбі айғай-шуға ұласатынын біліп, ашуымды баспақ болып сыртқа шығып кеттім.
Оған қоса үйде таңертең жейтін нанның жоқтығын көріп, өзіммен бірге әмиянымды ала шықтым. Дүкенге бармақ оймен үйдің тасасына қарай жүре берсем, дүкеннің шамдары сөніп тұр, есігі тас жабық.
– Уақыттың сонша кеш болғаны ма? Жауып кеткені несі? – деп бір сәт ойланып қалдым.
Біздің үй орталықта орналасқан. Үйдің артында кішігірім парк бар. Сосын сол жерге барып, орындыққа отыра кеттім. Жазда бұл паркте түнімен мысықтар мияулап, жастар улап-шулап, кейде жаңғырған музыканың даусы тыныштық бермейтін, ал қазір керісінше тып-тыныш. Өз демім өзіме ғана естіледі. Парк шамдарының жарығынан тек қылаулап түскен ақ қар ғана байқалады.
Біраздан соң, тоңази бастағандаймын, оның үстіне құр отыра берген жарамас деп, ойымды бөліп, бір жағынан жылынбақ боп, орнымнан түрегелдім де, қарды біресе олай, біресе бұлай ысырып, аяғымның ұшымен қарға сурет салмақ боп жатқан едім, кенет қытырлаған дыбыс естілгендей болды. Адамның қадамы, бірте-бірте жақындап келе жатқандай. Мен бұрылып қараймын дегенше, әлгі адам қар үстімен «ғырт-ғырт» етіп келді де, қасыма тоқтай қалды.
Қарасам, бала тұр. бес-алты жас шамасы. Жүрегім дір етті. Өйткені естілген қадам мүлдем баланыкіндей емес еді. Қараңғыда, ол маған үндемей бірнеше секунд қарап тұрды да, жаңа ғана мен тұрып кеткен орындыққа барып жайғасты. Мен сол түсініксіз қалпымда селтиіп тұра бердім. Бірақ көзілдірікпен қарап тұрсам да, бет-жүзін анық көре алмадым. Оның үстіне басына күртесінің капюшонын киіп алған. Қылаулап тұрған қар, тағы бар. Неге екенін білмеймін? Мүмкін, күтпеген жерден келіп қалғаны ма, жоқ әлде мұндай уақытта баланың жалғыз жүргені ме, дегенмен бір нәрсе мені алаңдата бастады. Біртіндеп бойымды үрей биледі. Жүрегім одан әрі дүкілдей түсті. Тіпті ауызымнан сөз де шықпай қалды. Содан соң алды-артыма қарамастан лезде бұрылдым да, үйге қарай бет алдым. Әйтеуір тезірек үйге жеткім келді. Бірақ жылдамдығымды қосқан сайын, қар да «ғырт-ғырт» етіп, үрейді күшейте түскендей, құдды бір бала артымнан еріп келе жатқандай. Жолдасыма деген ашу-ызам сол мезетте су сепкендей басылды. Керісінше, оның жанына асықтым.
– Нем бар еді, ашуланып?!- деп қоям арасында. Осылайша үй жаққа бұрылып бара жатқан едім, мені бір ой кілт тоқтатты. «Әмияным қайда?»
Есіме бірден орындық түсті.
– Қап, сонда қалдырып кеттім-ау... – дедім.
Кері баруға мәжбүрмін. Уайымым – әмиянымдағы ақша емес, ішіндегі құжаттарым ғана. Содан манағы орындыққа қайта бармақ боп, кері бұрылдым. Көңіліме соңымнан бала ере жөнелгендей көрінгенмін, артымда ешкім жоқ екен. Қорықсам да, баруды ұйғардым. «Бала ендігі жоқ та шығар» деген ой да келді. Амалдың жоқтығынан, аяғымды баяу басып, барғым келмегенмен, межелі жерге әп-сәтте жеттім. Әлгі орындыққа жақындай түсіп едім, бала әлі отыр. Алайда көзіме оттай басылғаны – бала емес, оның қолындағы қызыл әмияным. Менің жақындай түскенімді көріп, қолындағы әмиянымды қыса түсті. Бергісі келмегендей кейіп танытты.
– Әй! – деп шыдамай ашумен айғайлап жібердім. Бірақ айғайлағаныма бірден бармақ тістеп қалдым. Өйткені санамды «қазір бермей қашып кетер» деген жаман ой торлап, – бұл менің әмияным, қане, бере ғой! – деп жәймен сөйлеп алдамақшы боп едім, әлгі бала орнынан атып тұрды да, жүгіре жөнелді. Мен де қалыспай артынан жүгіріп, капюшонына қолымды соза бергенімде, бала мұзға тайып, шалқасынан жерге сылқ етті. Капюшоны шешіліп қалды.
– Мына қылығың не?! – деп, әмиянымды алмақ боп оған қарай ұмтылып едім, бұл жолы ол қарсыласпай жерге тастай салды. Еңкейіп, әмияныма жабыса кеттім. Сонда ғана баланың бет жүзін көзім анық шалды.
Оң жақ бетінде үлкен тыртығы бар екен. Мұндайды көрем деп ойламағандықтан болар, тілім байланып қалды. Артынша ашу-ызаға толы көңілім, аянышты күйге ұласқандай болды.
– Бетіңе не болған сенің? – деп саусағымды тигізе беріп едім, бала екі қолымен мені итеріп жіберді. Ал мен артқа қарай ұшып түстім.
Сондағы бала емес, едәуір ересек кісідей, күшінің көптігі, жүгіріп кеткендегі қимылының шапшаңдығы, көзін айтсаңшы, көзінің жарық түскендегі мөлдірлігі – мені қатты таңғалдырды. Бала көп ұзамай, көзден ғайып болды.
Ал мен бір түрлі есінен танған адамдай, «жетер, үйге барғым келеді» деп қорықаннан көзіме жас алып, әмиянымды қолтығыма қысқан күйде, бар жылдамдықпен қайтадан үйіме қарай жүігіріп бара жатқанмын, кенет ұялы телефон қоңырауы шыр етті. Таныс дыбыс... «Бірақ менің телефоным үйде емес па еді?» деген күдік селт еткізді.
* * *
– Шынар, Шынар, оянсаңшы! – деп бетімнен біреу былшылдатып сүйіп жатыр.
– Мұнда не істеп отырсың, тоңып өлейіндіп пе едің, жаным? – деген сүйікті дауыс естілді.
Көзімді әрең ашсам, Бейбіт тұр. Не болғанын ұға алмай, бетіне бақырайып қарап қалдым. Әуелі түсім бе деп ойладым.
– Сені іздемеген жерім жоқ! Түн ішінде парк жаққа кетеді деп мүлде ойламаппын. Қараңғыдан қалай қорқатыныңды білемін ғой. Қызық, қалай ұйықтап қалып жүрсің? – деп ол маған таңғала қарады.
Мен одан бетер таңырқай түстім де:
– Менің телефоным қайда? – дедім бірден.
– Қалай қайда? Өзіңде шығар. Үйде жоқ. Мен қанша рет соқтым, сен көтермегесін уайымдап, іздеп шыққанмын сені, – деді ол алаңдаған түрмен.
– Мүмкін емес! Сен соқпасын деп, мен оны үйге тастап кеткем. Соқшы, соқшы тағы! – дедім қаттырақ дауыспен.
Телефонын қолына алып, менің нөмірімді тере бастаған ол:
– Мама, қорқытпашы Шынар! – деп, мені әзілдеп отыр деп ойлап, онсыз да ішкендігі бар ол, әңгімемді күлкіге айналдырғысы келіп еді, жақын маңайдан естілген телефон дыбысы күлкісін еріксіз тыйдырды. Тіпті содан мастығы жазылып кетті-ау шамасы...
Нокиа әуені одан әрі тыңылдап, біртіндеп күшейе түсті. Екеуміз жан-жағымызға жалт қарастық. Ешкім жоқ. Бірақ анадай жерде, беті жанып-сөніп жатқан телефон көрінді. Жолдасым сол жерге бірден жүгіріп барды да, телефонды маған алып қайтты.
«Бұ қалай?» – деп, мен мән-жайды түсінбеген қалпымда жолдасыммен үйге қайттым.
* * *
Бейбітке болған жайды сол түні баяндап бердім. Бірақ ол «қорыққанға қос көрінер» деп, маған бәрі жәй ғана солай көрінгенін айтып, үйге қалдырған телефонымды, өзіммен алып кеткеніме сендіріп, маған ешнәрсе ойламай ұйықтауымды сұрады. Сосын өзі мені құшағына алған күйде ұйықтап қалды. Ал мен: «үйге бара жатқанмын, қалайша ұйықтап қалдым? Телефонды мен үйге тастап кеттім ғой?» деген түсініксіз құбылыстардың себебін іздеумен, түнімен дөңбекшіп, таңды көз ілместен атырдым. Сол біртүрлі түннен кейін, күндіз жалғыз қалған күндері, үйде біреу жүргендей қорқып, өз-өзімнен жылайтын әдет шығардым. Мұндай халге түскенімді жолдасымнан басқа ешкім білмейтін. Ол менен бұл жайтты енеме немесе анама айтуымды өтінді, алайда мен қарсы болдым. Мені олар «уайымнан жын қақты ма?» деп ойлап, өздері сары уайымға салынғанын қаламайтынымды айттым. Дұға еткен ұзақ түндерден кейін, ақырындап өз-өзіме келе бастадым. «Бұл түнді ешқашан ұмытпайтын болармын» деп ойлағанмен, жадымнан бәрі шыға бастады. «Жұмыс, жұмыс» деп жүріп, соңғы күндері ешнәрсе ойламайтындай болдым. Бәрі сондай жақсы бола бастаған еді, алайда бәрі мұнымен біте қояды деген ойым қате болыпты. Өйткені енді мен емес, жолдасым бүртүрлі қылықтар көрсететін болды.
Баяғы ақ жарқын көңілмен жұмыстан оралатын ол, өз-өзімен тұйықтана түсті. Сұрақ қойсам, мүлдем жауап бермейді. Жұмыстан уақытында келеді, бірақ тамағын ішіп отырғанда тұңғиық ойдың жетегіне кеткендей, бір нүктеге қадалып біраз отырып қалмасы бар ма? Сосын мен шыдай алмай, бір күні жұмыстан келе сала сұрақ астына алдым.
– Бейбіт саған не болған? Айтшы, жаным! Неге менен жасырасың? Мен емес пе, ең жақын адамың? Бір нәрсе болып қалды ма? Мүмкін мен саған көмектесе алатын шығармын, бәлкім бұл жағдайдың шешімін бірге табармыз... – деп, оның мойынына қолымды созып құшақтап, басымды кеудесіне қоя салып едім, ол сол сәтте жуан дауысымен еңірей кетті. Бұрын-соңды ер адамның бұлай жылағаны түгіл, көзіне жас алғанын көрмегендіктен бе, мен үшін олар мүлдем жыламайтын темірдей мықты болып көрінетін. Алайда, сол түні ер азаматтардың да бойында күлумен қатар, жылау қабілеті бар екенін, олардың да жүрегі кей сәттерде сыр беретінін, санасы қанша «мықтымын», «жыламаймын, өйткені мен еркекпенпін» деп қайталай бергенмін, кейде жүрек шіркін қатты тулағанда, ешнәрсеге дес бермей бәрібір өз дегенін қылатынын түсіндім. Ол тек көз жасы көл болып одан әрі, жылағаннан басқа ештеңе айта алмады. Бірақ мен бұған қатты қуандым. Іште жатқанның бәрі, сыртқа жас боп шыққанына шүкір дедім. Әйтпесе, енді болмағанда, жынданып кетер ме еді...
* * *
Ымырт үйірілген уақыт. Көше бойымен ерсілі-қарсылы жүрген адамдардың арасынан көлігімен бағдаршамға тоқтап тұрған Бейбіт тағы да оны көргендей болды. Басқалар әрі немесе бері жүріп бара жатқанда, ол жәй ғана қозғалассыз тұр. Көз алмастан қарап тұрған балаға, Бейбіт те бұл жолы еш қорықпастан сұқтана қарады. Мұны сезгендей, бала ақырын оған қарсы жүріп жақындай беріп еді, жүзіне түскен көше шамдарының жарығы бетінің тыртығын анық көрсетті. Бейбіт те көлігінен түспек болып жатқан еді, артынан тізілген көліктердің «пампылы» оған мүмкіндік бермеді. Іштегесін ақтаруға асыққан ол үйге ынтыға кірді де маған:
– Келші, мында отыршы, – деп ас үйдегі үстелдің жанындағы орындыққа сілтеді.
– Білесің бе, Шынар? Сені қорқытқым келмеген, бірақ сен мұны білуге тиіссің! –деді де, әңгімесін бастап кетті.
Есіңде ме? Сол күні сағат даусын естімей, таңертең ұйықтап қалғанбыз. Асыққаннан таңғы асымызды ішіп үлгерместен, сені әуелі университетке апарып, одан соң өзім жұмысқа қарай бағыт алғанмын. Бастықтан сөз естігім келмегендіктен жылдамдығымды қосып, көлікті қатты айдап келе жатқан едім, жұмыстың жанындағы ғимараттан кейінгі бұрылыстан бұрылып қалғанымда, бір адам қаптал тұстан жүгіріп шыға келіп еді, көліктің шамдарына бала бейнесі түсті. Мен де бірден тежегішті басып үлгергендей болдым. Бірақ сыртқа шығып қарасам, жолда ешкім жоқ. Мен тоқтағанда, бала да тоқтап қалған болатын. Қас пен көздің арасында оның қалай жоқ болып кеткенін түсінбей аң-таң болдым. Басында мен оны кәдімгі бала шығар деп ойлап, жұмыс бойы есімнен кетпей қойды. «Оған бірнәрсе болған болса қайтемін?» деп өз-өзімді жегідей жей бердім... Сол күні ішіп келгенім де содан болатын, кафенің жалғыз орындығында отырып сан түрлі ой келді. Адам өлтіріп, қашып кеткен күнәһардай сезіндім өзімді. Оның үстіне кішкентай періште бала емес пе?
Ол аз дегендей, әлгі жолы сенің басыңнан өткен түсініксіз жайттар мені одан әрі үрейлендіре түсті. Сол түні сен мені ұйықтап қалды деп ойлаған боларсың, бірақ мен де ұйықтай алмадым. Менің бар ойым тек сені одан сайын қорқытып алмау еді. Сол себепті жәй ғана ұйықтаған кейіп танытқанмын, – деп ол сөзін қайырды.
Мен қорыққаннан, дірілдеп, «тек ештеңе естімейінші» дегендей алақыныммен құлағымды жауып, құшағына тығыла кеттім.
* * *
– Жаңабаева, жағдайың қалай? – деп таң атпай айқайлап кірген медбикенің дауысы палатадағы аяғы ауыр келіншектер үшін тірі будильникке айналғалы қашан?
Өз фамилиясын естіп, ұйқыдан күлімсірей оянған Шынардың жүзіне палатаның үлкен ағаш терезесінен, күн сәулесі шақырая түсті. Алғаш ана болатынын білгенде бақыттан басы айналып, өзін қоярға жер таппай тыпырлап кеткені ауық-ауық есіне түссе, өз-өзімен күліп алады. Бейбітке сүйінші жаңалықты жеткізем дегенше, ішіне сыймай жарылып кете жаздағаны, ал мұны естіген Бейбіттің, одан бетер балаша қуанғаны көз алдына қайта-қайта келе береді. Неткен ұмытылмас күн десеңші?!
Кішкентайынан әлсіздеу болып өскен Шынар үшін баланы шілденің аяғында босанатынын естігенде, жаздың аптап ыстығына шыдай алмайтындай көрінген. Бірақ бойындағы бөбегінің салмағы өскен сайын, бәрі өзгеріп сала бергендей. Баяғы әлсіздіктің ізі де қалмады. Керісінше тұла бойын ерекше күш билеп, жаңа ашылған гүлдей жанданып, құлпыра түскендей. Жанындағы жақындары да, айналасындағы бөтен адамдар да, тіпті бұған дейін еш мәні болмаған қу тіршіліктің те оған мейірленіп, сүйсіне қарағандай, дүние басқаша күйге оранды. Жүзінен қорқыныштың лебі тіптен байқалмады. Алғашқы босануы болса да, ол барлық ақпаратты құрбыларынан және екі анасынан естіп, қала берді ғаламтордан оқып, керегін суша сіңіріп алғандай, босануға дап-дайын көрінеді. Дегенмен, өзі үшін емес, ішіндегі бөбегі үшін алаңдап, жүрегі ара-тұра шым-шым етеді. Алайда ол Алладан тілеп алған байлығы үшін, бәріне де дайын екенін әлдеқашан ұққан. Сондықтан болар, күні жақындаған сайын, жүрегі қуанышқа бөленіп, сәбиін қолына алар сәтті асыға күтуде.
Таңғы астарын Шынармен бірігіп ішкен екі жас келіншек, оны қайтадан сөзге тарта бастады.
– Сонымен кешегі әңгімеңнің жалғасы не болды? – деді қарсы қарап таңғы асын тәбетпен ішіп отырған екі келіншектің бірі.
– Ол бала кім болды екен? – деді екіншісі қосыла.
– Ол баланың кім екенін өзіміз де біле алмадық. Кейде «сол шынымен бала болды ма екен?» деген күдікті ойлар да маза бермейтін. Не керек, одан кейін қайта көргеніміз жоқ. Дегенмен ештеңе бекер емес, бәрі бір-біріне себепші демекші, сол оқиғадан соң, күн ұзартпай жолдасым екеуміз мешітке барып, дұға қылдық. Мешітте кездескен молдаға болған жайтты баяндап, кеңес те сұрадық. Әрине, молда үшін, бұл таңғалатындай нәрсе емес еді, мұның бәрі уайымнан болуы мүмкін екенін айтып, дегенмен білгенімен бөлісіп, әрі қарай қандай іс-әрекеттер жасау керегін ескертіп, батасын берді. Сондағы молданың ең басты айтқаны: «Неліктен бала асырап алмасқа?» деген ұсыныс болатын. Әрине, осы күнге дейін біз де бұл туралы ойламаған емес ек, ойладық. Алайда бұған біздің батылымыз бара қоймаған. Не үшін? Өйткені біз қорықтық. «Баланың тегін, әке-шешесін білмей қалай алмақпыз? Ол кейін қандай бала, қандай адам болмақ?» деген сан түрлі үрейдің болғаны да рас. Оның үстіне жұрт та осы тектес күдікпен айтқан сөздерімен бұл әрекетті қоштай қоймады, бір жағынан баланы алдық делік, кейін оны асырай алмай қалатын күн туса, аманатқа қиянат еткендей, обалына қалғымыз келмеген еді. Қысқасы бәрі жиналып, аяғымызға тұсау салып келді. Бірақ әлгі молданың батырып айтқан сөздері, жүрекке қадалды, сүйектен өтті. Сөйтіп, Бейбіт екеуміз нақты шешім қабылдап, сол айдан бастап барлық қажет құжаттарды жарты жылдай уақыт ішінде жинап, сұратқан орындарға тапсырып, нәтижесінде облыстық қараусыз қалған бөбектер үйінен 5 айлық Қуандық атты ұлымызбен бірге үйімізге аттандық.
Баяғы кішкентай Қуандық бүгінде 7 жаста. Бұйырса, бір айдан соң, мектеп табалдырығын аттамақ. Мен ауруханада болғандықтан, ол әкесі екеуі ата-әжесінің үйінде. Қайнымның балаларымен сөзі жарасып, олармен бірге ойнағанды қатты ұнатады. Үнемі «Ата-әженің үйіне барайықшы» деп өтінеді, – деп Шынар сөзін жиып үлгерместен, телефон қоңырауы шыр етті. Көтерген бойда арғы жақтан шулаған балалардың даусы шықты. Артынша:
– Ой, мыналарды-ай, жан-жақтан шулап сөйлетер емес, – деген Бейбіттің дауысы естілді. – Қалайсың, Шынар? Бәрі жақсы ғой иә?
– Иә, уайымдама! Шүкір, менде бәрі жақсы! Үй-іші, балалар қалай?
– Естіп тұрғаныңдай, олар да жақсы, тек үйге қарындасының келгенін асыға күтіп жүргені болмаса? Тіпті неше түрлі есімдерді ұсынып қояды өздері. Сен өзің соқпағасын алаңдап, хабарласып жатқаным ғой. Үйдегілер де сенің тілеуіңді тілеп отыр. Бірақ сен бізді ойлама, өзіңді, іштегі сәбиді ойла. Сенің бізге амандығың керек. Сосын бір нәрсе керек болса бірден айт... бәрін жасаймын, қызыма дүниенің бәрін сыйлаймын! – деген жолдасының мейірімге толы дауысын естігенде, бақыттан Шынардың көздері еріксіз жасқа толды. Ол бұл сәтті қанша жыл күткен еді...
Бұл көріністі бірнеше минуттар бойы бақылап отырған екі келіншек, телефон тұтқасын қимай қолымен қысып отырған Шынарға қарап:
– Біз сенің бұл оқиғаны айта отырып, не дегің келгенін енді ұққандаймыз. Сенің өміріңде сол жайт орын алмаған болса, бұл бақытты күннің ауылы алыстап кетер ме еді, мүмкін, тіпті сол ауылға жету өміріңнің соңына дейін арман болып қалған болар ма еді, кім біледі? Демек бәрін жеңген – мейірім. Әуелі Алланың пендесіне, жігіттің жарына, ананың бөтен болса да, туғанындай жан-тәніммен жақсы көре білген сәттегі «балаға» деген мейірімі... сол шексіз мейірім нәтижесінде басқа бір періштенің жарық көруі адам баласын таңғалдырмай қоймас. Мейірім құдіретін айта берсең бұл тізім одан әрі созылып, жалғаса бермек.
Тек кейбір мейірім төгер сәттерде, тегін нәрсені cатып алып жатқандай басқаларға беруге аяп, қолда бар бақытты бағалай алмайтынымыз өкінішті... – деп олар да үйлерінде күтіп отырған жақын жандарын есіне алып, жас үйірілген жанарларын бастарындағы орамалдың ұшымен, кезекпен сүрте берді...