Адам қарады: 2139 | Жарияланды: 2018-08-14 03:28:58

Таңшолпан

         Батыста ма әлде, сонау Латын Америка елінде ме, ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлардан бері жазылған "Отбасылық роман" немесе "Отбасылық ата-тек тарихы" әлде "Отбасылық шежіре" деп аталатын аталардан балаларға неше ғасырлар бойы ауысып келе жатқан кітаптары болған. Ол кітаптар тек сол отбасының ғана емес, солар өмір сүрген өлкенің, елі мен жерінің, ағайын туыс, замандас-достарының, көрші-қолаң, құрбы-құрдастарының да өткені мен кеткені, тарихы мен шежірелеріне де байланысып жатқан.

            Бұл жұмыс өмірбаяндық, деректемелік негізде жазылды.  Автор  өзі және қатарлас жүрген тағдырластары туралы әңгімелейді.Аядай ауылдан түлеп ұшып, арман жолында, жырақ кетіп, қоғамдағы өз орнын тапқан жанның ішкі толғаныстары,ой пікірлері, өмірге деген көзқарастары суреттеледі.  

1. ДӘПТЕРГЕ ТАМҒАН ТАМШЫ

            "Егер Сіз бір дүниені бастасаңыз оны міндетті түрде аяғына жеткізіңіз. Сізді "ешкім оқымайды", көрмейді, "тыңдамайды деген ой мазалағанына қарамастан, туындыңызды жарыққа  шығаруға тырысыңыз.  Егер Сіздің туындыңыз өзінің аудиториясын таба алмаса да, Сіз басқа еш жерден ала алмайтынтәжірибеге ие боласыз. Сонымен қатар егер Сіздің жұмысыңыз назардан тыс қалса да, ол оның нашар екенінің дәлелі емес.Талап пен еңбек кез келген істі соңына жеткізетін дүние. Туындыңызды аяқтасаңыз, өзіңіздің талапты әрі еңбекқор екеніңізге көз жеткізе аласыз. Сіз жұмысыңызды аяқтағаннан кейін өзіңіздің тағы да,жасай алатыныңызға көзіңіз жетеді. Бұл керемет шабыт беретін сезім. Ең бастысы ештемені жарты жолда тастап кетпеңіз және сәтсіздіктерден қорықпаңыз. Мүмкін Сіздің екінші,бесінші,тіпті сегізінші кітабыңыз немесе әніңіз,туындыңыз топты жарып шығатын шығар. Бірақ, біріншісін жазып бітірмесеңіз оны біле  алмайсыз. Бастысы-сағыңызды сындырып алмаңыз"

Әлемдегі ең бай жазушы Джон Роуминг:

 

Күнделігім  тынысым өткен күнім

Әр бетіңе түседі көңіл күйім.

Көп болса да үтір мен қос нүктелер,

Нүктелермен шешілер қиын-түйін.

Күндер, түндер кешегі көрген түсің.

Қайралумен жетілер азу тісім.

Басқан ізің, соқпақты бұраң жолдар,

Баяндалар өзіңде барлық ісім.

Күнделік дәптер. Сағымды жылдар, жазылған ойлар. Көңіл-күй, күйбің тірлік, көрген білген, ұмыт болған оқиға, қышқыл дерек, оңды солды істер маржандай тізіліп дәптерге тамған мөлдір тамшы. Ой ойды қамшылайды. Өзіңмен өзіңсің. Күнделік-есті күндерде есте қалған оқиғалар. Оңаша қалу, жан сырыңды ақтарып, қағаз бетіне жайып салу. Әңгімелесу, айту, сөйлесу. Шешімін таба алмай жүрген мәселені баяндау, ақылдасу. Кейде осы жан сырыңды айтатын адам болмайды-ау, бар болса да себепсіз сырыңды ашпайсың, айтқың келмейді, ашылмайсың. Айтар болсаң, өзіндей түсінбейді, тыңдағысы келмейді. Бәлкім оған керек емес шығар.Тіпті жабырқап жүрсең де селт етпейді. Жаның жараланады. Қуанышың мен ренішіңді бөлісе алмайтын достар да бар. Қалай десек те күнделікке ойыңды айта аласың. Жан сырыңды жайып саласың. Ой бөлісесің. Жазу жазып отырған кезде түсінетін, жан тәнімен ұғатын адам бар екенін сезінесің. Күнделіктің кереметі сол, айтқаныңды ұғады, жауапсыз қабылдайды. Тыңдатасың. Жөніңді жөн дейді, Жөн емес демейді. Жөнсіздікті жөндейді. Шешімін өзің табасың, қорытындысы шығады. Тіпті болмаса түйсігіңе қалдырасың.

 Күнделігім-сырласым мұңдасым, қимасым, құрдасым!  Тыңдашы, білесің ғой, бір күн қалам ұстамасам алаңдаймын. Неге? Айтайыншы. Әке-шешем бұл дүниемен ерте қоштасты. Аға мен жеңгенің қолында қалдым. Тәрбиесін көрдім. Олар жетімсіретпеді. Өздерінен бұрын мені ойлады, балаларынан бұрын мені киіндірді. Дегенмен де, ата-ананың орны бөлек қой. Басқа балалар әкесін айтып, шешесінің тігіп берген көйлегін киіп, алдына қойған сүтін, қойнындағы ыстық күлшелерін көрсетіп мақтанып жатқанда кәдімгідей мұңаясың. Сағындым. Армандадым. Мен неге  балалықтың бал дәмін татып жүрмеймін, неге жадырап, күлмеймін? Неге мұңаямын. Неге олардай емеспін, неге солардай болмадым деймін. Бәлкім көп оқыған кітаптардың әсері ме, өте арманшылмын. Тіпті түсімде қанатым болмаса да, тау-тасты кезіп, екі қолымды жайып көкте ұшып жүремін. Бәлкім тым қиялшылдығымнан болар. Көкейімдегі ойларым, көмейімдегі сөздерім өлең болып күбірлейді.  Қағазға түсіремін, артық кемін кім ойлапты. Десем де жазғым келді. Иә бәрін жаздым. Олай болса, оқиық...

***

1965 жыл.  Менің өмірімде үлкен өзгеріс болды. Арман жолына бір баспалдақ көтерілдім. Күні кеше, иә кешегі күнді еске алайыншы. Сегізді бірге бітірген Мырзабек, Құлатай, Күлкен мұғалімнің қызы Қарлығаш Павлодар қаласына оқуға кетті деп қамығып, үйде жылап отырдым. Олар оныншыға көшіп, жазғы каникулға келгенде де жан-жүрегім езілді.Қызыға да қызғана қарадым. Ауылдан алыс шыға алмадым. Әкемнің жалғызы Нөкеш "оқытатын қаражат"- жоқ деді. Аудан орталығына барып оқи алмадым. Себебі пәтерге тұруға, барып-келуге қаражат жоқ. Тәтем-Нөкеш ағамды тәте дейтін едім.  "Өзің бір-екі жыл жұмыс істеп ақша тап, бәлкім училищеге барып, мамандық аларсың"- деп кесіп айтты. Рас, училищеде тегін оқытады. Жатақхана береді. Сонда қандай оқуды оқимын? Ауылдағы жігіттер тракторшы, комбайнер мамандығын алып келіп, трактор айдап, жер жыртып жүр. Әлде сауыншы болайын ба? Бақтылы сауыншы болып кетті. Оның анасы Кәс Темірова облысқа, одаққа танымал. Өткен жылы  Москваға бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне барып келді. Қызы анасының жолын қуып, ауылда сауыншы. Менің арманым журналист-жазушы, ақын болу. Кім біледі?

Кешкілікте радио тыңдадым.Ақындар өлеңдерін оқыды. Мен оларды танымаймын, бірақ өлеңдерін жатқа білемін. Еліктегенім шығар, бірнеше шумақ өлең құрастырып қойдым. Қолжазбамды кітап етіп, түптедім. Облыстық газетке өлеңдерім жарияланып жүр. Өзімше ақынмын. Әр өлең жарық көрген сайын қанаттанамын. Әкемнің есімі менімен қатар тұр деп шаттанамын. Не істесем екен? Тіпті үйден қашып кетсем бе екен? Қайда барамын? Бұл ақылға сыймайды. Ол ойымнан айныдым. Қолымды қанша созсам да, құлашымды қанша жайсам да арман жеткізбейді. "Арман қуып бұлт шебінде. Құстай ұшты көңілім. Жаза бассам кешірмейді,.  Өмір қатал ол даусыз". Бұл менің алғашқы өлеңім. Дегенмен осы өлеңім алға ұмтылуға бастау болды-ау деймін. Себебі жоқ емес, бір жылдан соң қоңырау үнін қайта естідім. Бұрын ғой, мектепте оқып жүргенде қоңыраудың сыңғырына да мән бермеппін. Қоңырау үні шыққанда жан-жағыңа қарамай, далаға немесе класқа жүгіре жөнелетінбіз. Енді қараңыз, баяғыдай жүгірмедім. Аяғымды асықпай басып, класқа кірдім. Кластан шықтым.  

 Кеше ғана сахманшы, сылақшы болып жұмыс киімін киіп жүрген қыз едім. Енді міне Чернорецкі орта мектебінің 10-шы класс оқушысымын. Жазда қырықтыққа бардым. Күніне 40 50 қойды жүнінен айырдым. Қойлар да қызық. Төрт аяғын байлап, алдыңа өңгеріп, жатқызып қойған кезде біраз тулап алады да, қырықтық тигенде жуасып жатады. Қойдың бас жағынан жүнін сыпыра бастағаннан-ақ өзіңе көздері жәудіреп, бір мейіріммен қарайтын секілді.. Қырықтыққа барғанның өзі мереке. Ауылдан он бес шақырым Үшқұдық  ауылына машинамен апарады. Ерте тұрып, орталыққа барамыз. Кейде үйдің жанына машина келіп тұрады. ЗИЛ-дің қорабына отырар отырмастан өлең айтамыз. Мен айнала жазық далаға қарап қиял құшағына енемін. Бірақ ертең не боларын білмеймін. Еңбекақыны да жақсы төледі. Қаражат жинадым. Қазір міне қоңыр көйлек, ақ фартук киіп, оқушы балалармен қатар сапта тұрмын. Кеше ғана орындалмайтын арман болған мектепке оралдым!

Директор тілдей қағаз берді. Мектеп жанында интернат бар. Жолдаманы интернат басшысына бердім. Бөлмемді көрсетті. Ұзыннан ұзақ коридор. Есіктердің сыртында нөмірлер жазылған. Маған 8-ші бөлме тиді. Төсек-орынды да өздері берді. Мұнтаздай таза. Бөлмеде төрт кереует. Менімен бірге Күләтай, Майра, орыс класында оқитын Гауһар тұратын болды. Кешкілікте таныстым. Олар көрші Черноярка, Сычевка ауылдарынан. Ал мен Кашыр ауданының Қызылтаң ауылынанмын. Негізі интернатта Павлодар ауданының балалары жатып оқиды. Мен болсам басқа ауданнан келдім. Мұнда келуіме мектептің директоры Қапсаттар Жабекұлы Смайлов себеп болды. Ол кісі Қызылтаң ауылының тумасы. Әке-шешемді жақсы біледі, туған апасы Қали бізбен көрші тұрады. Қали Сара анамды сіңлім деп жүріпті. Екеуінің сүйегі бір, руы найман. Апалы-сіңлілер, сырлас жандар болған. Қалидің Қазбек деген ұлы Павлодарда №3 қазақ мектеп- интернатында оқып келді де, қазір аудан орталығындағы интернатқа ауысты.

 Қапсаттар мұғалім газеттегі мақала, өлеңдерімді оқып жүреді екен. Ауылға келгенде сұрастырған көрінеді. Жаздың күні қонақта отырғанда ағам Нөкешпен сөйлесіп, мен туралы сұрапты. Талабы бар, оқыту керек, орта білім алсын, көмектесейін депті. Міне осы кісінің қамқорлығымен осында келдім. Мектепке келе жатқанда тұлымшағына қос-қостан ақ бантик таққан екі қыз қарсы кездесті. Неге екенін білмеймін, көзім олардың киімдеріне емес, бантиктеріне түсті. Жүздерінде қуаныш, қолдарында гүл. Еш алаңсыз кетіп барады. Менің солардай кезім есіме түсті. Олардың жасында анамнан айрылдым. Үшінші класта оқитын едім ғой. Анам көктемде қайтыс болды. Небәрі 44- жаста болыпты. Тағы да мұңайып қалдым. Жоқ мен жақсы адамдардың  жасаған жақсылығын айтуым керек. Қоңырау соғылды. Біз ұзын коридор бойымен класқа беттедік. Партаға отырдық. Мынау сенің класың, тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың. Бұл сөздің мағынасына енді түсіндім. Мектеп табалдырығын алғаш аттағанда тарыдай едім.  Рас екен-ау! Мен қазірдің өзінде таудаймын! Қолымда аттестат болмаса да, соған бір елі жақындадым..

***

Әр күнім жаңалыққа толы. Мұндағы мектеп өмірі мінезімді өзгертті. Тым жасық едім. Біреу-бірдеңе десе, жәбірлеп жатқандай, көзім жасқа толып жылап жіберетінмін. Интернатта тұрып жатқалы, керісінше, өзіме орынсыз тиіскендерге жауап  беретін болдым. Класта 15 баламыз. Үш ұл, он екі қыз. Олар бірін бірі біледі. Бүйірден қосылған мені жатырқамай, жатсынбай, жекелетпей табыстық. Тез үйренісіп кетуімнің де себебі бар, мұндағыларға мектеп директорының туысы депті. Класс жетекшіміз Нұржамал Қонақбаева алдыңғы партаға отырғызды, әрі өзінің қамқорлығына алды. Оны маған деген ықыласынан сезіп жүрмін. Сабақты да қосымша түсіндіріп, әдебиет туралы әңгіме айтып қояды. Мұғалімнің жасы 25-те, тұрмысқа шықпаған. Соңғы кезде өзім де Нұржамал мұғалімге зер салып қарайтын болдым. Орта бойлы, толықша, дөңгелек бет, келбетті жан. Мінезі де салмақты, көп сөйлемейді. Былай қараған адамға қабағын түйіп жүретін сияқты. Бізге химиядан сабақ береді. Әр бейсенбі сайын саяси сабақ өткізеді. Кезек бойынша оқушылар саяси шолу жасайды, шет елдердегі, яғни, әлемдегі жаңалықтарды жеткізеді. Кеңес үкіметінде не болып жатыр, кім-кіммен келіссөз жүргізді. Қазақстанда қандай заңдар қабылданды. Мен бұл тақырыпқа жақсы дайындаламын. Себебі газет оқимын. Қажет болса, газеттен көшіріп аламын. "Білім және еңбек" журналынан Әбдулхамит Мархабаевтың фантастикалық әңгімесін оқыдым. Ол болашақ  ғасыр туралы жазыпты. Қызық. 2000 жылы жаңа ғасыр басталады. Мен кім болар екенмін?  Оны болжай алмаймын. 

"Адамға көбінесе үш алуан мінез жұғады. Бірінші ата-анадан, екінші -ұстаздан, үшінші-құрбысынан. Солардың ішінде қайсысын көбірек жақсы көрсе сонысынан көбірек жұғады"-депті Абай. Маған класс жетекшім Нұржамал ұнайды. Неге екенін білмеймін, көргім келіп, сөйлескім келіп тұрады. Бізді сабақтан кейін егіс даласына жұмысқа апаратын болып жүр. Картоп, сәбіз, қызанақ жинауға көмектесеміз. Бізбен бірге спорт киімін киіп, ол да барады. Бірге жұмыс істейді. Мен мүмкіндігінше қыздардың қасынан гөрі, мұғаліммен  жүремін. Бүгін мұғалім "Сағыныш" деген өлеңді үйренді. Сөзін біледі екен. Өлең айтады екен."Адамның жанынан сырлы, адамның жанынан жұмбақ не бар екен. Үстірт қарасаң, ештеңе аңғарыла бермейді. Ал үңіле кетсең, теңіздей терең бір ғажап. Тұңғиығына сүңги түссең, қызығына кенеле бересің... Кейде асыл іздеп, шылаулы тарғыл тасына кезігесің, кейде ойламаған жерден керемет қазына табасың. Адам неткен кереметсің сен?!". Бұл сөйлемдерді қай кітаптан оқыдым екен? Шынында да Нұржамал мұғалімнің сабақ кезіндегі мінезі мен жұмыста жүргендегі мінезі өзгеше, екі түрлі. Сабақта ашулы отырады. Күлгенін көрмейміз. Сабаққа дайын болмай келсек, ұрсады. Сөзі сүйектен өтеді. Жұмыс кезінде бізге әңгіме айтады. Жолда келе жатқанда далаға ұзақ қараймын. Шеті жоқ, шексіз сияқты. Жайқалып өсіп тұрған егін. Мұғалім де солай, бір сәт үн-түнсіз ойланып қалады. Біз кілең қыздармыз ғой, сондықтан ба екен, бізге отбасын құрып, ұрпақ тәрбиелеу керек дейді. Біз әлі оқимыз, тұрмыс құруға асықпаймыз дейміз. Ол болса, өзінің де тұрмысқа шығу керектігін сөз етеді. Жігіті бар. "Сағыныш" әнін айтқанда мұңайғанын көрдім. Бәлкім жігітін сағынатын шығар. Менің көз алдыма оның болашақ жары келді. Ол жігіт Алматыда нархозда оқиды. Мен оны танымаймын. Бірақ неге екенін білмеймін, кәдімгідей қызғандым.

***

Қызылтаң. Менің өскен ауылым. Мен Куйбышев ауданының Жаңатап деген ауылында туғанмын. Кір жуып, кіндік кескен жерім Жаңатап.. Бұрын шыр етіп дүниеге келген ауылым он төрт деп аталыпты. Бір жасқа жетпеген шағымда осында қоныс аударыппыз. Жаз жайлауы, қыс қыстауы болған кезде біздің семья Ертістің екі жағына көшіп-қонып жүрсе керек. Менің руым-Бәсентиін - Ақтілес. Яғни Бәсентиіннің баласы Балықшы, одан Ақтілес туады. Одан әрі Байназардың үшінші ұлы Қылыштан біздің аталарымыз Қыстаубай, Махамбет және Жақып тарайды. Жақыптың ұлы Байғалы менің әкем. Естуімше Қылыштан тараған Құттықадамның ұлы Жақсыбай деген абыз болыпты. Ол Қызыл суат деген жерде туған. Жақсыбай өзі дана ойлы, ат сүрінгенше ақыл тапқыш ділмәр, ақын екен. Ол кісі өмірінде байлық, мансап қумаған, өзінің ақыл-парасатымен, ұрымтал тұстардағы сөз тапқырлығымен, турашыл, шыншылдығымен қалың бұқараның құрметіне бөленіп, абыз атанған. Менің арғы аталарым Барлыбай батыр, Алпыс батыр туралы да әкемнің шығарған өлеңдері болған. Алайда оның түпнұсқасы бізге жетпеді. Көзкөргендердің  айтып жүргенін ағам Нөкеш жаттап алып, домбыраға қосып айтып жүреді.  

Қызылтаң ауылы үш бөліктен тұрады. Біз Үйсінбай жағындамыз.  Ата қонысымыз  Ертіс өзенінің қос қапталы. Жаз айында Ертістің арғы бетіне жайлауға көшіппіз. Қыстың күні Дірәңке деген жерде саманнан салынған үйлеріміз болыпты. Қазіргі кезде  көшіп-қонбаймыз. Тұрақты тұратын ауылымыз бар. Менің Қызылтаңдағы қараша үйім көзіме ыстық көрінеді. Нөкеш ағам мен Алтынай жеңгем үйленгелі екі қыз бала, бір ұл көрді. Тұңғышы Айсұлу сондай сүйкімді қыз болып өсіп келе жатқан еді. Тілі де тәтті, сайрап тұратын. Мені көрсе болды, "көтер"- деп  мойныма асылатын. Екі жасында  дүние салды. Есімде қалғаны ауырып жатқан баланы қып-қызыл матаға орап тастапты. Дене қызуы көтеріліп, күйіп-жанып жатты. Дәрі беруге болмайды. Артын бағып, Алладан жәрдем күтіп отырдық. Ер адамның жылағанын бірінші рет көрдім. Әкесі қасында отырып, өкіріп жылады. Бір кезде қолына пышағын алып, көрші тұратын Иманғалы ағасының үйіне жүгірді.  Ағамның пышақ алғанынан қатты қорықтық. Сөйлеуге тіліміз келмеді. Сөйтсек, қызының ауырғанын осы кісіден көріпті.

Үй суық, отын жоқ. Тағы да басқа себептерді айтқан болу керек, Молдағам (Иманғалы ағамызды солай атаймыз) ертеңінде бүкіл малымызды айдап әкеліп берді. Кейін естісем, әке-шешеміз қайтыс болғанда, біздің мал-мүлкіміз, әкемнен қалған домбыра, анамнан қалған жез құмаралар, асыл заттар осы кісінің үйіне көшіпті. Нөкеш ағам үйленгенде де ішетін тамағымыз осы кісілердің үйінде болды. Кейін кішкентай жеркепе үйге көшірді. Кішкене Айсұлу өмірге келді. Алайда бүкіл малың үй жөндеуге жұмсалды деп, тіпті бір сиырды да бермепті. Айсұлуға ішетін сүтті Қали апатайымнан алатынбыз. Кішкентай қыз бала шетінеп кетті. 1962 жылы Бағдат туғанда 7 сыныпта оқып жүрдім. 1964 жылы Жұмағали өмірге келді. Сөйтіп ағам өз алдына шаңырақ иесі болып, бала-шағасын асырады. Мені оқыта алмаймын деп шырылдап жүрген жағдайын түсінемін. Жеңгем адал болып кездесті. Краснокутскі ауданындағы Рассвет совхозында әкемнің қарындасы Бақтылы тұратын. Оның өз отбасы бар. Сол кісі ағам Нөкешке бойжетіп отырған көршісінің қызын кәшауаға салып беріпті. Қыстың күні шанамен түлкі тымақ киген жас қызды алып келгені есімде. Жеңгеміз әп-әдемі болып, Иманғалы ағамыздың  босағасын аттады. Той жасайтын жағдай жоқ. Бірге келгендерді күтті. Қыстың күні, қаңтар айы болатын. Көршілер келді ғой деймін. Ақпан айында осы үйде тұрдық та күн жылынған соң ескі үйімізге көшіп бардық. Мені ағам өздерімен ала кетті. "Жалғыз қарындасымды ешкімге бермеймін, өзіммен бірге тұрады"- депті. Тіпті анамның сырласы Қали апатайым қолбала етіп алғысы келсе де, оған да бермепті. Міне содан бері аға-жеңгенің қолындамын. Есейдім, бойжеттім. 

***

Дәптердің ақ парағы тап-таза күйінде тұрсың ба? Бүгін сенің бетіңе көптен бері жазылмаған, жиналып қалған ойларымды жазбақшымын. Мектеп өміріне, интернаттың қара нанына да үйрендім. Сабақты да жақсы оқып жүрмін. Бір қызығы маған ұнамайтын пән жоқ сияқты. бірақ сабақ үстінде әдеби кітап оқып отырамын. Бұл әдет бұрыннан бар. Үйде сабақтың бетін ашпайтын күндерім көп. Мектепте мұғалім не түсіндіреді, соны ойымда сақтап қаламын да, қажет жерінде өз сөзімді қосып, сабақ айта беремін. Әсіресе тарих сабағын оқыған емеспін. Тек кейде тарихи жылдарын ауыстырып  жіберемін.  Ондай кезде Нүркен Қасымов өзі айта жөнеледі. Тіпті өтірікті шындай айтып жатқанымда, тарихты сен жаздың ба, деп кекетеді. Немесе сөзіме сөз жалғап, қайтадан айтып шығады. Сөйтіп мен 5 деген баға аламын. Шынайы баға ма, әлде тағы да директордың арқасы ма, ол жағы маған беймәлім. Ал әдебиетті бір жыл үйде отырғанда оқып шыққанмын.10-шы кластың бағдарламасы қайталау сияқты. Бәрі таныс. Маған химия пәні мен неміс тілі, математика пәндерін оқу қиындау болды. Есептерді түсініп, шығара алмаймын. Ондай кезде кілең 5-пен оқитын Нұрланнан көшіремін. Ол өзі қызғаншақтау жігіт. Мені көрсе,"бомба" келе  жатыр дейді. Оның себебін енді білдім. Мен жай жүргеннің өзінде аяғымды нық басып, бомба түскендей ұрып өтеді екенмін. Сабақ біткен соң картоп жинауға бардық. Тағы да мұғаліммен бірге жұмыс істедім. Нұржамал өзінің кәрі әжесін және шешесін күтіп отырғанын айтты. Жұмыс біткен соң, Күләтай екеуміз Достық деген ауылда тұратын Шерниязданова Дәметерге баруға жолға шықтық. Екі ауылдың арасы 50 шақырым. Дәметер менің өлең жаза бастағанда, ақын деп таныған алғашқы мұғалімім, ақылшым, жол көрсетушім. Дәметер бізді қуана қарсы алды. Нұржамал туралы сұрады. Екеуі педучилищеде бірге оқыпты. Кейін Нұржамал жоғарғы оқу орнына, химия факультетіне  сырттай оқуға түсіпті. Содан мектепке аудандық білім мекемесінің жолдамасымен келіпті. Мектеп директоры совхоздан үй алып берген.. Екі шешесін осында көшіріп әкеліпті.

Нұржамал мұғалімнің пәнін беріліп тыңдаймын. Түсінбеген жерімді сұраймын. өзі де ылғи "түсінбей қалдың ба, қайталайын" деп маған қарайды. Мен өзі күйреуік жан сияқтымын. "Күйреуік сезімнің анасы - әлсіздік, өз күшіне сенбеушілік. Оны бойға жұқтырудың өзі бір қаза. Ал күйінудің анасы үлкен сезім, саналы ой, бұл болмаған жанның күйі-толқынсыз, ырғақсыз, ішіне не құйса да, талғамайтын қуыс ыдыс". Бұл да кітап сөзі. Өзіме ұнаған кітап сөзін көшіріп алатын әдетім. Мен де ыстық пен суықты айыра алмайтын қуыс кеудемін бе? Жоқ мүмкін емес. Күйінгенімнің  себебі бар. Бүгін екі бірдей пәннен екі алдым. Географиядан және тарихтан. Бұл екі пәнді де Нүркен Қасымов оқытады. Мұғалім  қызық. "Сенде тарихтан ешқандай сезім жоқ" деді. Мен тыныш тұрмай, "Сезім дегенді сіз түсінесіз бе, сезім барлық оқушыларда бар, бірақ сіз сездіре алмайсыз" -деппін.  Бұлай неге айттым? Өзім де білмеймін. Енді міне сол айтқан сөзіме дәлел таба алмай отырмын. Сезім деген сөздің тарих пәніне қаншалықты қатысы бар. Білмеймін. "Мұрныңның иісіне де бармайды"-деген сөзі үшін сезімді қосқан шығармын. Сырласым- күнделігім сен не дейсің. Иә, жауап бермейді екенсің ғой. Онда өз түйсігіме қалдырдым. 

            Интернатта тұрған онша ұнап жүрген жоқ. Себебі оңаша өз ойыңмен өзің болып, отыра алмайсың. Қыздардың бірі сабағын оқып отырады. Бірі өлең айтады. Бірі тағы да бірдеңе жазып отырады. Ойың онға бөлінеді. Өлең де жаза алмайтын болдым. Көрші қыздар да келе береді. Бүгін Света мен Дәкен келді. Өмір туралы жігіттер туралы әңгіме бастады. Дәкен "мен сендерге бір сыр айтайыншы,"- деп Нұржамалдың үйіне барғанын әңгімеледі.-Нұржамал менімен дос сияқты сөйлеседі, -деді. Содан кейін Өкен деген қыз туралы айтты. Өкен Смағұлова өткен жылы кластағы  қыздармен бірге оқыпты. Жаздың күні шофер жігітке күйеуге тиіп кетіпті. Нұржамал "қыздар тұрмысқа шығуға әлі ерте, мектепті бітірген соң уақыт болады. Соншама не болды сендерге, біреудің отымен кіріп, күлімен шықпақшысыңдар ма? Әне бір қыздың аяғы ауыр болып қалды. Сендер ондай болмаңдар, -депті. Бұл қыздардан кейін Валя,Тамара, Мәнсия, Катюша, Лидия келді. Бұлардың бәрі менімен тұратын Күләтайға келеді. Менің өсек айтатын уақытым жоқ. Қазір күнделік жазып отырмын. Әрине, амалсыздан құлағым шалды. Кеше класта Қорлан екеуміз кезекші болып, еденді жумай кеттік. Бүгін Нұржамал ұрысты." Жиырмаға келгенше сендерге айтып болмас"-деді ашулы көзбен Қорланға қаратып айтты. Бұл сөз маған қамшыдай тиді. Себебі мен Нұржамалды өте жақсы көремін . Ал жақсы көретін адамның аузынан мұндай сөз есту, мінезін көру одан да қиын. Бізбен сөйлескен соң, биік өкше туфлиімен жер тепкілеп, тарс-тұрс етіп, ашуланып шығып кетті. Көңіліме ауыр алдым. Жылағым келді. Сабақта отыра алмадым. Интернатқа барғым келмей, жолға шығып, Достық ауылына жол тарттым.

***

Біздің класта көршілес Григорьевка ауылынан келіп оқитын балалар баршылық. Ол ауыл орталыққа жақын, небәрі үш шақырым. Бұл жақтағы ауыл атаулары орысша болғанымен кезінде қазақша атаулары болыпты.. Жаңағы Григорьевка ауылы туралы біраз деректі естідім. Бұдан 130 жыл бұрын Қазақстан Ресейге тәуелді болған жылдары Григорий деген бай адам форпос салыпты. Яғни жаңадан қала тұрғызыпты. Оны қазақтар "Жаңа қала" деп атаған. Кейін құжат толтырылған кезде Григоревка деп жазылған екен. Бұл ауылдың балалары мектепке велосепедпен келеді. Негізі оқушыларды тасымалдайтын көлік бар. Кезінде ауылдан қаншама атақты адамдар шыққан. Мектепте мұғалім болып істеп жүрген Кәріпбек Төкенов осы ауылдың тұрғыны. Өзі газетке мақала жазады. Жер-су аттары туралы деректерді көп біледі. "Жаңа қаланың буылдығы мен балығы бар жұртқа жетеді" -дейтін сөздің астарында үлкен мән болыпты. Голощекиндік аштық басталғанда осы орыс, неміс, шешен қазақтарды тоғай жусаны мен жабайы картобы, өзен балығы құтқарыпты. Бұл сөздің жаны бар. Менің әкем Байғалы да аштық жылдары Ертістің арғы бетіндегі балық артелін басқарған. Жергілікті тұрғындарды Ертістің балығымен аман алып қалған. Естуімше, биліктегілер тоғайдағы аңдарды ұстауға да, балықты аулауға да, тіпті жидектерін теруге де рұхсат бермепті.

Кеңес үкіметі қазақ ұлтын біржола жойып, осы өңірді иемденгісі келген саясат ұстанған секілді.. Әрине оны біз қазір ғана ойлап отырмыз. Кәріпбек Төкенұлы әңгімеге өте шебер адам. Жаңағы жайларды біздің құлағымызға сіңіргісі келе ме, әңгіме айтқанда оны аузымыз ашылып тыңдаймыз. Ауғанбай Ахметов болса  физикадан сабақ береді. Көзінен жастық жалыны атқан, шашы қысқа қиылған, бойын тік ұстайтын, әрдайым шапшаң сөйлейтін жігіт. Жаңа ғана оқу бітіріп келсе керек,  әлі үйленбеген. Біздің қыздар сабақ кезінде рұхсатсыз класта жүріп жүреді, тіпті далаға да  шығып кетеді. Жас мұғалімді құрдас көре ме, мұғалім үндемейді, ұрыспайды. Көзінің астымен қарайды да қояды. Мен ыңғайсызданып отырамын. Әрине былтырғы жылым босқа кеткен жоқ. Кешкі мектептің 9-шы класында оқыдым. Менің бағыма мектеп жанынан жұмысшылардың кешкі орта мектебі ашылған болатын. Сабақтан қалмадым. Берген тапсырманы орындадым. Бізге кешкілікте Дәметер Шерниязданова, Мақсұт Әбдірахманов, Лидия Әбдірахманова, Құдайберген Елубаев сияқты мұғалімдер сабақ берді. Бір ғажабы кешкі мектепке жасы үлкен ағаларым жазылып қойып, өздері келмейді. Тіпті Байқоныстан да жігіттер оқиды. Сабақтан қалмай баратын мен болдым. Өйткені менің оқығым келді. Сондықтан сабақты босатпадым. Кешкі мектепте өзіңді оқушы емес, үлкен сияқты санайды екенсің. Мұнда басқаша, сен оқушысың. Сен үшін жауап беретін мұғалім бар.

Сабақ біткен соң маған достық қолын ұсынған қыздардың бірі Күләтайды ауылға апардым. Біздің ауыл өте ұнады. Ауылдың жігіттері туралы ойланбаппын. Сегізінші класта оқып жүргенде, қыздар бір бала қасыңа жақындап кетсе болды, соған теңеп, ойнап-күліп жүретінбіз. Хат жазған балаларға да солай болуға тиіс сияқты қарайтынбыз. Біреуді ұнатып, ол туралы ойлайтындай уақыт болмаған секілді.Енді ғана ойланып отырмын. Негізі мен жігіттермен хат арқылы танысып жүрген адаммын. Олай дейтінім "Ауылым" атты тұңғыш өлеңім республикалық "Қазақстан әйелдері" жорналының 1965 жылғы  алтыншы санында  жарық көргеннен бері маған хат жазатын жігіттер көбейді. Себебі журналды тіпті шет елдегілер де жаздырып алып оқиды ғой. Солардың ішінде Шарбақты ауданының жігіті, қазіргі кезде Мурманскіде әскери қызметін өтеп жүрген теңізші Ертай Шахмановтан құттықтау хат келді. Шет жерде, алыста жүрген Ертайға өлеңім қатты әсер етсе керек, ауылды сағынды ма екен, танысайық, хат жазысып тұрайық деп ұсыныс жасады. Алдында аға деп жазатынмын. Өзінің өтініші бойынша сенге көштім. Суретін де салып жіберді. Қолында гүл. Бұл гүлді саған арнадым депті. Теңізші жігіттен хат алатын адамға ауылдың жігіттері ұнаушы ма еді? Мен өзі сезімтал, қиялға берілгіш адаммын. Маған өзіммен қатарлас балалар емес, үлкен мұғалім ұнайды. Маған физикадан сабақ берген мұғалім ұнайтын. Оның әйелі бар, балалары да ересек. Кешкі мектепте оқып жүргенде оны көргім келіп, үнемі күтіп отыратынмын. Физика сабағында оған арнап поэма жаздым. Әрине өзімше бұл өлеңді поэма деп ойлаймын, өйткені өте ұзақ өлең. Негізінен поэманың қандай болатынын әлі түсіне қоймасам да, өзім оқыған поэмаларға ұқсаттым. 

Аспанға қарап бұлттардың қайда,қалай қарай көшіп бара жатқанын бағдарлап келе жатыр едім, алдымнан он-он екі жастардағы екі кішкентай қыз қол ұстасып, шыға келіп, "сәлеметсіз бе?"-деп амандасты. Мен бұларды көрсем де, кімдер екенін білмеймін. Екеуі екі жағымнан құшақтап тұрып алды.  Бауырыма тарттым. Атың кім, "Бәтима, менің атым Алтын" -деді  жарысып. "біз Сізді білеміз. Сіз ақынсыз ғой",- дейді. Аузыма сөз түспей қалды. Бұлар қайдан біледі? Айтпақшы өткен жолы мектепте концерт болғанда өлеңімді оқығанмын. Енді түсінікті. Қандай сүйкімді қыздар. Бақытты балдырғандар. Мен бұлардай кезімде тамағымды асырау үшін көршінің үйінде жүрдім. Баласын уаттым. Қабырғам қайысып, иығыма мойынағаш іліп, су әкелдім. Бұлар ғой, тап-таза киінген, ойнап-күліп мектептен келе жатыр. Мен оларды шығарып салып тұрып, соңынан ұзақ қарадым.  Реніш пен қуаныш алмасып жүреді деген осы.

Біз бойжетіп келеміз. Сондықтан да шығар әр нәрсеге еліктегішпіз. Соңғы кезде мен де мұғалімдеріме ұқсап, шашымды түйіп алатын болдым. Менің прическам ұнамады ма, Нұржамал мұғалім шақырып алып, "Шашыңды бұлай төбеңе түйіп жүрмегенің жөн, екі бұрым етіп өріп қой "-деді. Шашым өте қалың. Дұрысы сол болар. Ұялып, төмен қарадым. Шынында да оқушыға лайық болу керек қой. Кеше қыздар өздерімен бірге оқыған Тасымова Шөкен туралы айтты. Оның аяғы ауыр болып қалыпты. Оныншыға оқуға келмепті. Енді үйінде отырып, бала табады. Бақытсыз қыз...ол да  гүл сияқты еді ғой. Оны сабағынан кім жұлды екен? Баланың әкесі белгісіз дейді. Мен де он екіде бір гүлім ашылмаған қызғалдақпын. Ерте солмауым керек. Байқап жүруім керек. Аңғалдықтың арты не боларын білемін. Үйде болғанда Шәкен мен Дәмелімен бірге жүремін. Шәкен Жақсылық деген жігіттен хат алып тұрады. Ал Дәмелі ауылда Смайыл деген баламен кездесіп жүр. Менің ғана әзірге басым бос. Яғни ауылда жігітім жоқ.

***

 Кезекші болдым. Парталарды сүртіп, тап-тұйнақтай тазалап шықтым. Интернатқа келе жатыр едім Дәкен кездесті. Қолында бірнеше хаттары бар. Маған Ертайдан хат келіпті. Сондай қуандым. Қызық, хат кешігіп қалса, кәдімгідей күтіп жүремін. Ол теңізге шығып кеткенде хат жаза алмайды. Тіпті теңізде бір ай жүруі мүмкін."Сарғайып күтем сенен, мен сәлем хат. Бар ма деп сол хатыңда бір лебіз шат. Сағынып жатсам-тұрсам бір өзіңді. Кетпейсің көз алдымнан жарты сағат". Мен оның суретін ғана көрдім. Сонда да сол суреттегі бейнесі көз алдымда тұрады. Бұл не? Ғашықтық сезім бе? Суретін көріп ғашық болу мүмкін емес. Білмеймін. Мен қазір бұрынғы өзім емес, басқа сияқтымын. Ойлайтыным Ертай. Бұл не махаббат па? Жоқ, жоқ бұл тек балалық аңсау, сағыну. Бәлкім оқыған кітаптарыма еліктеп жүрген болармын.  Сабақ оқуды қойдым. Алғашқы кезде мұғалімдерге үйрене алмадым. Тақырыптарды түсінуге тырыстым. Ал қазір басқаша. Қызықсыз болып кетті ме өзі?  Бүгін химия сабағында мұғалім тақырыпты  жанын салып түсіндірді. "Бізге түсіндіңдер ме, дегенде бәріміз "түсіндік" деп жауап бердік. Әрине нені түсінгенімізді қайдам? Соны сезгендей "Түсіндім, түсіндім деп, шіріген діңкеге ұқсап қалмаңдар" деп маған қарата айтты. Шынында да мына мақал ой салды. Бос қалатын шығармын. Айтпақшы өзен ағысы күнде өзгеріп отырады. Бір күн қатты ақса, екінші күні моп-момақан бола қалады. Тіпті сағат сайын өзгеруі де мүмкін. Ал біздің өмір де солай емес пе?

Кеше мектепте бізді үлкен залға жинады. Директордың қатысуымен нашар оқитын балаларды ортаға шығарды. Одан кейін сабақтан қашып кеткендерді де шақырды. Ішінде менің де атым аталды. Мен орнымнан қозғала беріп, кілт  тоқтадым. Директор оқу ісінің меңгерушісі Любовь Николаевнаға бірдеңе деді. Осыдан кейін маған орныңда тұра бер деп ымдады. Менің бетімнен отым шықты. Тағы да қорғаштап тұр. Достарым ортада тұрғанда маған ұят секілді. Сабақ үстінде Нұртаза Теміралиннің "Жазушы және өмір" деген кітабын оқып бітірдім. Нүркен Қасымов директорға шағымданыпты, "сабағымда кітап оқып отырады"- депті. Директор не деп ақтап алды екен?  Ол кісі не деді екен? Бөлмедегі қыздар ұйқы бермеді, түні бойы әңгіме айтты. Света 6-шы класта оқып жүрген Лидия туралы айтқаны есімде қалды. Ол немере ағасынан жүкті болып қалыпты. Класс жетекшісін 15 тәулікке жауып тастапты.  Қазір әлгі қыз баласымен үйінде отыр дейді. Жігіт әскерге кетерде  қызды баласымен үйіне кіргізіп кетіпті.

***

Адамның қалыптасуына өзіндік ой түюіне туған табиғаты әсер етеді. Қазақтың мінезінде  өрліктің, кеңдіктің,тектіліктің де көрініс беруі-жерінің кеңдігінде.Тау баласы таумен биік, дала баласы даласымен кең. Бүгін қыр төскейіне трактор жүргізуге бардық. Мектептен тракторшы-егінші мамандығын игереміз, қолымызға куәлік береді. Ауылда ағамның тракторын жүргізетін едім. Доңғалақты трактор айдау қиын емес. Біз  шынжыр таабанды ДТ-54 тракторын жүргіздік. Тракторды оң мен солға рычагпен бұрасың, немесе артқа тартсаң, шегнеді...Әрине қызық, бірақ рычагты тарту ауыр. Ен далада жүріп Күләтай екеуміз келіспей қалдық. "Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады." Мен оны досым дейін десем, бүгінгі айтқаны жанашырлық емес. Кекетіп сөйледі. Мен үндемедім. Көңілім қалды. Енді оған сырымды айтпаймын деп өзіме өзім сөз бердім. Тілде сүйек жоқ. Өзіңнің айтқаның өзіңе пәле болып жабысатынын қайдан білейін. Екеуміз сөйлеспейтін болдық. Тіпті басқа бөлмеге шығып кеткім де келді. Менде кінә жоқ. Кейде қателігімді мойындамайтыным бар. Ол мінез бала жастан серік болып келеді. Кішірейгім келмейді. Комсомолдың туған күнінде ұстазымыз Нұржамал бәрімізді бір открыткамен құттықтапты. Мәтінін оқып берді. 

Математика сабағында қызық оқиға болды. Дәкен  тақта алдында есеп шығарып тұрған. Биғайша Әубәкірова Дәкеннің күнделігін алып, оқып отырғанын Жомарт Ахметович көріп қойды. "Не оқып отырсың"- деді де, күнделікті тартып алды.Тақтада есеп шығарып тұрған Дәкен "күнделік менікі еді, беріңізші"- деп мұғалімнен жалынып сұраса да, бермеді. Содан Рымтай Дәкенге ымдады да, мұғалімді қасына шақырды. Сол кезде Дәкен столдың үстіндегі күнделікті алды да, далаға қашты. Дәкен кете барды. Жорналға екі қойылды. Биғайша қандай ұятсыз. Біреудің құпиясын оқуға болмайды ғой. Ол күнделікте Қайрат Әлжанов туралы жазылыпты. Қайрат Дәкеннің жақсы көретін жігіті болатын. Ол жігітті Биғайша да жақсы көреді екен. Мұны сабақ біткен соң Дәкеннің өзі айтты. Рымтай ақылды қыз. Досына көмек қолын соза білді. Маған Рымтай ұнайды. Күләтай менімен сөйлеспейді. Бірдеңе сұрасаң өзіңе көзін алайтып, ақырып жауап береді. Түрі де бұзылып кеткенде, ырылдаған  мысық сияқты. 

***

Химия сабағында Нұржамал мұғалім Шапатов Майлыбай мен Құрмантайға ұрысты. Олар сабаққа дайындалмай келіпті. "Қызым саған айтам, келінім сен тыңда" дегендей оларға ұрысқанмен сөздің бір шеті бізге тиді. Мұғалім "Сендердің алдарыңа қойған мақсаттарың бар емес пе? Мен үшін оқып жүрген жоқсыңдар, егер оқығыларың келмесе, шығып кетіңдер, оныншы класс қазір жабылса да, маған бәрібір"- деді. Оныншы қазір жабылсада деп неге айтты десем, қазақ кластарының ашылуына директордың өзі себепкер болған.  Барлық ауылдық жерде қазақ мектептері жабылып, орысша кластар ашылып жатыр. Әсіресе Павлодар қаласына жақын тұрған Чернорецкіге қазақ кластарының қажеті жоқ, іргеде Пресной совхозында орта мектеп бар дейтін көрінеді. Әрә бұл ауылда басқа ұлт басым тұрады. Әрине ашуланып айтты ғой, әйтпесе олай демес еді, себебі содан кейін өзі қып-қызыл болып, есікті серпе ашып, шығып кетті. Біз үндемей отырмыз. Негізінде тәртіп бұзған баланы кластан шығарып жіберуші еді, бұл өзі керісінше болды. Өткен жолы Дәкен мен Рымтайды сабақтан шығарып жіберген, онда коридорда селтиіп тұрған үлкен қыздардың қылығын ерсі көрді ме екен, директордың өзі келіп кіргізіп кетті. Бұл жолы ұлдарды шығарып жіберген жоқ, өзі кетті. Әлде өткендегідей директор кіргізіп кетсе, ұят болады деді ме екен. Бір кезде мұғалім қайта оралды. Көзінде жас, жылаған сияқты. Иә, біз мұғалімнің өзін жылатыппыз. Мұғалім болу қандай қиын. Мен ешқашан мұғалім болмаймын. Сол күні зачет тапсырдық. Бірінші тоқсан аяқталды, қорытынды шықты. Екі айдан бері тыңдаған  сабақты  қайталаумен жүріп, әйтеуір жақсы бағалармен аяқтадым.

Ұлы Октябрь революциясының туған күні. Ауылда мерекелік кеш өтті. Бану екеуміз клубқа бардық. Өте көңілді болды. Мені Қайкен (Қайырболат) шығарып салды. Қайкен бізге ата жағынан туыс болып келеді. Қарындасы Қарлығашпен бірге оқыдым. Жол бойы анасы Күлкен мұғалімнің жақсылығын айтумен болды. "Екеуміз дружить етейік"-дейді. Маған бір түрлі болып естілді.Үндемедім. "Ертең келемін, тағы да кездесейік"- деді де ол қоштасып кетіп қалды. Ертеңінде айтқан уақытында кездесуге шықтым. Тағы да сол болашақ туралы әңгіме. Қайкен жігіт ретінде жаман адам емес, бірақ оның ойын әлі түсіне қоймадым. Уақыт өткізу секілді. Өзін-өзі мақтайды. Қолымнан ұстағысы келеді. Маған қорқынышты. Бірақ үндемедім. Каникул біткен соң, Чернорецкіге оралдым. Кешкілікте бөлмеге Көшер мен Қайрат келді. Екеуі де мұғалім. Көшер интернатта тәрбиеші. "Сендерсіз көңілсіз болды"- дейді. Көшер маған қолындағы сақинасын сыйлады. Үш жылдан кейін қайтарып бермекшімін. Менің қайтарып беруіме  Мәжит  куә болды.  Бұл үш жігіт те бойдақ. Қыздарға көз салып жүр ме, сөз салып жүр ме белгісіз. Әйтеуір маған достық ниетпен қарайды. Бәлкім  үстімдегі киген киіміме қарап, кедей, жетім дейтін шығар.

Бұл жақтың бай жігіттері мені менсінбейді. Бірақ сыйлап тұрады. Шынында да киген киімдерім таза болса да, ескілеу. Аяғымнан қара бәтіңке түспейді. Үнемі трикомен жүремін.Киім әперетін әке-шешем жоқ. Осы оқуды оқып жүргеніме де шүкіршілік. Анда-санда облыстық газеттен, республикалық жорналдардан гонарар алып тұрамын.  Ол ақшаларға үйдегі бауырым Бағдатқа  ойыншық сатып аламын. Өткен жолы көйлек апарып бердім. Ол қандай қуанды. Қасымнан қалмайды. Қайда отырсам, сонда келеді. Ал Жұмағали болса, ол ештеңеге түсінбейді. Туғаннан бері аурушаң. Оған тәтті әкелсең болды, соған мәз болады. Бір ғажабы Біржан салдың "Теміртас" деген өлеңін айтсам болды, жылайды. Сезімтал.  Мен домбыраны жеті жасымнан тартып, үйрендім. Маған ешкім үйреткен жоқ, тәңертең тұра салып, төрде ілулі тұрған домбыраны қолыма алып шерте бастадым. Саусақтарым ыңғайлы, кәдімгі "Елім-ай" әнін ойнап шықтым. Содан бері домбыраға қосылып өлең де айтамын. Мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, сахнада ән де орындап жүрмін.

Әкем ақын, домбырашы болған адам. Әкемді көрдім. Көп болса 5-6 жаста шығармын. Толық денелі, шегір көзді, түрі сұсты жан болды.Үйге қонақтар келгенде домбыраға қосылып, "Қараторғай","Гүлдерайым" әнін айтқаны есімде бар.  Ол кезде бұл әннің атын білмеймін ғой. Бірақ әуені есімде қалды. Әкем бес уақыт намазын қаза қылмайтын. Ол кісі намаз оқып отырғанда мен арқасында отыратынмын. Екі аяғын астына қойып отыра қалған кезде арқасына қайтадан жабысып ол көтерілгенде бірге асылып тұратынмын. Жарықтық, мені "Шолпаным, айым, күнім" деп еркелететін. Тағы бір есімде қалған сурет, төрдің алдындағы төсекте  әкем  жатты. Мені қасына жібермеді. Өксіп-өксіп жылағаным есімде. Ертеңінде үйге көп кісілер келді. Мені көрші үйге ойнауға  жіберді. Үйге келген соң, әкемді іздедім. "Көрші ауылға қонаққа кетті"- деп, уыс-уыс қант беріп, Иманғалы атамыздың үйіне қоя берді. Ол үйде Шәкенмен, Дәмелімен ойнаймын.             Әкем ертең келеді деп жүргенде Сталин қайтыс болды. Үйге келсем бәрі жылап отыр. Мен де отырып бірге жыладым. Әкемді сағындым. Неге келмейді деп өкірдім. Ағам Нөкеш "Сталин сенің әкең, сен соны жоқтап жылап жатырсың ба?"-деп мазақтады. Сталиннің кім екенін қайдан білейін. Түсінбесем де жылай бердім. Әкемнің қырқын бергенде ойдан-қырдан туыстар жиналды. Не үшін жиналғанын да білмеймін. Бірақ сол күні әкемнің көк биесі сойылды. Кукә деген иті жоғалып кетті. Кейін естуімше, әлгі ит ауылдың сыртындағы қорымға, иесі жатқан зиратқа барып, күні-түні күзетіп отырыпты. Оны көз көргендер айтып жүрді. Кей күндері үйге соғып, итаяқтағы тамағын жалап кетеді екен. Қырық күннен кейін иттің өзі де жоқ болған. Жақсы ит өлігін көрсетпейді дейді ғой. Неге қорымды күзеткенін үлкендер айтты. Жас өлікті саскүзен қазып, етін жеп кетпесін деп ауыл үй жиі барып тұрады екен. Біздің Кукә сол мндетті атқарған сияқты.

***

Ойсыз өткен уақытым жоқ. Күндіз де түнде де бір ой мазалайды. Сабақта отырып Қайкенді ойладым. Өткенде оған "енді келмесең де болады"- дегем. Айтарын айтсам да, көңіліне келген шығар деп ойлап отырмын. Бір жағынан тісім ауырып, ештеңеге мойын бұрғызар емес. Бану мен Зәуреш келді. Екі қыз да Павлодарда педкласта оқып жүрген. Болашақ мұғалімдер. Кеше мектепте денешынықтыру сабағында  волейбол ойнадық. Рымтай әдейі істеді ме , әлде байқамай қалды ма екен, денешынықтыру пәнінің мұғалімін доппен соқты. Николай Григорьевич Дубинин қатты ашуланды. Рымтайды 20 минут тұрғызып қойды. Біз жалынып сұрасақ та, жібімеді. Сенбі күні тағы да ауылға жол тарттық. Бұл жолы Күләтаймен бірге бардым. Екеуміз татуласқанбыз. Күн боран. Жолда дүкенге соқтым. Айтжан сауда жасап тұр. Кешке жиналамыз, биге кел деп деп шақырды. Маған Айтжан өте ұнайды. Мінезі ашық, қыз сияқты күледі де тұрады. Дос қызыммен келемін дедім. Несі бар, таныстырасың,- дейді. Клубта Қайкен де болды. Биге шақырды. Ананы-мынаны сұрайды, менің сөйлескім келмейді. Сөзіміз таусылған адам сияқтымыз.  Тіпті қарағым да келмейді.

Айтжанды іздеймін. Оның көзіне көзім түйісіп қалса болды, жүрегім бір түрлі, кеудемнен шығып кете жаздайды. Қиылып қарағанда көзі сондай мөлдіреп тұрады. Тұп-тұнық  суға сүңгіп шыққандай боласың. Кеш соңында Қайкен "қыдырып қайтайық"-деп ұсыныс жасады. Мен қарсы болмадым. Осы жолы міндетті түрде, мен сені жақсы көрмеймін деп айтпақшымын. Екеуміз де үнсіз келе жатырмыз. Ол мені жолдан шығарып үйінің қасына дейін алып келді. "Үйге кірейік, ешкім жоқ" дейді. Дауысында діріл бар секілді.  Сыр бермедім. Бірдеңі айтып тастауға шақ қалдым. Не деймін. Ойланып сөйлеу керек. Бірден көңілін қайтаруға, намысына тиюге болмайды. Абырой болғанда көрші үйден далаға шыққан баланың дауысы естіліп, біз кері қайттық. Құдай сақтады. Үйге кірсем не болушы еді? Қайкеннің жақсы көретініне сенімді емеспін. Клубқа қайта оралдық. Жігіттер бізді шығарып салмады. Айтжан бидің ортасында  Қайкенмен кеткенімді көрген соң, үн-түнсіз қалған секілді. Күләтай екеуміз қол ұстасып үйге келдік. 

Мектепте "Бақыт деген не?" деген тақырыпқа диспут өткіздік. Бақыт дегеніміз жалпылама ұғым сияқты болғанымен, әркімнің өз бақыты болады. Бақыт ол сенің өмірге келіп, өмір сүріп жатқаның. Бақыт ата-анаңның бар екені, мектепте оқып жүргенің, мамандық иесі болуың. Бір сөзбен айту мүмкін емес. Диспут кезінде әркім өзінің ойын айтты. Айтыстық, таластық, бір шешімге келгеміз жоқ. Диспуттың соңын Нұржамал мұғалім қорытындылады. Қорытындысында өзінің тағдыры туралы айтты. Аңсаған арманыма қолым жетті, жоғары білім алдым, анам мен әжем қолымда, бақыттымын деді. Кешкілікте орталық клуб үйінде мерекелік концерт болды. Сырнайға қосылып өлең айттық. Нұржамал мұғалім бағдарламаға арнау өлеңімді енгізіпті.  Хордан кейін сахнаға шықтым.  Дауысым да, өзім де өзгерген екенмін.  Бұрын үнім шықпай, дізем дірілдеп, сабақ айтқанда да өзімді өзім танымай қалатынмын. Жұртшылықтың қошемет көрсеткен шапалағы ма екен, кәдімгідей қанаттанып, ұшып кетуге шақ қалдым.  Соңғы уақытта жазған өлеңдерімді бірінші болып, осы Нұржамал мұғалім оқитын болды. Өлеңді жасырып жазып жүрген кезеңді ауылда өткердім ғой. Негізі өлеңді өзім үшін жазамын деп ойлайтынмын. Бірақ олай емес екен, менің бір өлеңімді Күләтай, "менің атымнан жазған екенсің. Мен жаттап алдым, сахнада оқиыншы"- деп сұранды. Әрине мен әлі нағыз сынның не екенін біле алғамын жоқ. Сын айтушылар да керек қой.

Жақында  облыстық "Қызыл ту" газетіне бір топ өлеңдерімді жібердім. Жауабын да алдым. Әдебиет бөлімінің меңгерушісі Мұхаметжан Дәуренбеков ағай " Өлеңдеріңді алдық. Бір екеуін әдебиет бетіне беремін. Сын болмай, мін түзелмейді. Досыма деген өлеңіңнің тақырыбы дұрыс болғанымен ұйқас жағында кемшіліктер бар. Өлең әдемі ұйқаспен көкейге қонымды болады. Өлең ұйқасына абай бол. Сәлеммен Мұхаметжан ағаң,"- депті. Мұндай мазмұндағы хаттарды "Қазақстан әйелдері" журналынан Дәметкен Дәуренбекова, Жұмабике Байтанаева, Мағмұр Бошаевтардан да  алып тұрамын.

Өткен жылы "Қазақстан пионері" газеті жариялаған байқауға қатысып, ерекше жүлдеге ие болдым. Олар мақтау грамотасымен бірге Мәриям Хакімжанованың қолтаңбасымен автордың қалың кітабын салып жіберіпті. Қуанғаным сондай, үйдегі жеңгем де менің жүлдемді көршілерге жәрия етіп, шәйға шақырды. Рауза, Камен, Шәмшүнәр, Қали аптайым  және Еркетай болды. Олар өздерінше шашуын әкеліп, маған берді. Шашуы күміс ақша, ішінде бір сомдық та бар. Бұл көрші апа-жеңгелерім менің бала жасымнан қылығымды да, қызығымды да көріп жүр ғой. Негізі Шәмшүнәр нағыз ауылдың долы да ұрысқақ әйелдерінің бірі. Түрі де сондай қорқынышты. Екі ұрты суалған. Көзінде үнемі ашу тұнып тұрады. Балалары аналық мейірімін көре алмайтын шығар деп ойлаймын. Тұңғышы Қоныспай менімен құрдас. Дене бітімінде кемістік бар. Кекештеніп сөйлейді. Жынды десе жынды. Мектепте оқи алмады. Жазу жазуға, оқуға қабілеті болмады. Бірақ жады мықты. Бір өлеңді жаттап алып, күні бойы соны айтады да жүреді. Екінші қызы Дудәның да есі ауып құлап қалатын әдеті бар. Дәрігерге көрсетпейді. Қалған ұлы мен қызы дұрыс сияқты. Осы Шәмшүнәр менің де сыбағамды берген. Аузынан қара ит кіріп, ақ ит шыққан. Мұндай ұрыстарды ауылдың кез-келген әйелінің аузынан естуге болады. Бірақ Шәмшүнәрдің қарғысы өңменіңнен өтеді.

***

 Әдеттегідей сабақ үстінде Әбу Сәрсенбаевтың"Толқында туғандар" кітабын оқып отырған едім. "Шолпан" деген таныс дауыс естілді. Мен "әу" деп қалдым. Класта отырғандар ойда жоқта шыққан дауысымды естіп, ду ете түсті. Бәрі күліп жатыр. Мен әлгі қылығыма қатты ұялып, қып-қызыл болдым, әрі аң-таңмын. Жаңағы дауыс сегіз жыл бірге оқыған ауылдағы Құлатай деген баланың дауысы секілді болды.Қызылтаң мектебінде отыр екенмін деп қалдым. Мұндай да болады екен? Түстен кейін мектепке келіп, "Ана дерті" деген пьесаға дайындалдық. Мен жігіттің образын шығарамын. Жұман боламын. Ұйымдастырып жүрген класс жетекшіміз Нұржамал.

"Адамның көзі-жанының айнасы" деген сөз бар.  Оның қуанышын да, ренішін де жанарына қарап білуге болады. Мен үнемі Нұржамалдың көзіне қараймын.  Көзге көздің түсуі махаббат отын тұтады дейді. Шынында да жақсы көретін адамыңның көзі де ерекше. Айтпақшы көз дегеннен шығады. Менің әкемнің көзі көкшіл болыпты. Өзі денелі,толық болған. Ал анамның көзі қоңыр екен. Менің көзім анамның көзіне тартқан. Ең алғашқы көрген көздерім осы анамның көзі ғой. Оның көзі ойлы, мұңға толып тұрушы еді. Тегі сырқат болған соң, мұңлы болды ма? Әлде  бойындағы талантын шығара алмады ма? Көрпенің шетін былай тартса аяғына жетпей, олай тартса басына жеткізе алмайтын заманы қажытқан шығар. Анамның көзі шарасыз болатын.

Кез келген адамның бойында  бір әлсіздік болады. Нұржамал мұғалім біздің алдымызда өзін өте жақсы ұстайды, Бойында азаматқа тән мінез де бар. Ал мен болсам жақсы көретін мұғалімнің алдында әлсізбін. Оның мейірімге толы, нұр шашқан көзін көргенде жанарымды бұрып аламын. Ұстаз деген сөзге бұрын онша мән бермеуші едім, енді ойлап отырсам, ұстаз деген құдіреті күшті адам екен ғой.

"Күнде көрем, сенің ойлы көзіңді,

Кездескенде тежеп жүрем сезімді.

 Оқы, оқы және оқы деп күлімдеп,

 Жеткізесің күнде ақыл сөзіңді.

Басып жүрмін. сенің жүрген ізіңді." Ұйқасқанның бәрі өлең емес. Меніңше өлеңде ой болу керек. Ал мына өлеңімде ой жоқ деп кім айтады?.Күнделігім ақиқатын айтшы! Иә, күнделігім сен менің айнымас серігім болдың. Күн сайын қолыма аламын. Егер қолыма алып, жазбасам алаңдаймын. Сені неге теңесем екен?  Ерлердің қаруы, әрине жауға шапқанда, мылтық, қанжар, найза ғой. Менің аспабым қалам.Қаруым күнделігім. Кеше сабақта отырғанда тағы бір жағдай болды. Нүркен Қасымович тарихтан дәптер бастаңдар деген. Менде дәптер болмаған соң, бір парақ қағазға жаздым. Мұны көріп қойған мұғалім: - Сені, әйтеуір жетім қыз дейді, емтиханда үш қоя саламын Саған сол да жетеді"-деді. Түсінбедім. Бұл не сөз? Айтар сөзі таусылды ма екен?  Негізі соғыста болған, мүгедек, оң қолынан жараланған. Сол қолымен баға қояды. Тегінде не деп мұқатарын білмеген секілді.

Кешкілікте дайындыққа бардық."Ұстазым менің -ұстазым" өлеңін қосылып айтамыз. Осы өлеңді айтқан кезде менің есіме ең алғаш қалам ұстатқан, әліппе әріптерін  үйреткен Мәйза Мерғалиева мұғалім есіме түседі. Ол кісі сондай байсалды, өзі көркем адам болатын. Қазір Кашыр ауданында тұрады. Аудандық партия комитетінің хатшысы Әубәкір Ыбыраевтың жан жары. Бұл отбасы біздің бала кезімізде Қызылтаңда тұрды. Жолдасы Алматыда оқуда болды ғой деймін. Шіркін-ай Мәйза мұғалімді көрсем ғой. Мен сіздің шәкіртіңізбін, өлең жазамын, ақын боламын" деп ұялмай айтар едім. Бәлкім менің өлеңдерімді газет-жорналдардан оқып жүрген шығар.

Соңғы сабақ кезінде Қасымәлі Биляновтың "Көл жағасында" кітабын талқыладық. Бұл кітапта мүгедек Жапар мен Жәмиләнің  арасындағы аяулы махаббат суреттеледі. Осы кітапқа байланысты Нұржамал әңгіме айтты. Демалыс күні Жамбыл ауылына бардық. концерт қойдық. Мен "Ұстазыма" деген өлеңімді оқыдым.

***

            Мектеп табалдырығын аттап, коридорға кіргенім сол еді, Нұржамал мұғалім алдымнан шықты. "Шолпан, саған ата-аналар комитеті 40 сом ақша  бөліпті. Соны сен былай істесең қайтеді. Ол ақшаны ал да кассаға салып қой. Үстіңе пальто аламын деп жүрсің ғой. Оны қоя тұр. Қалған бір екі айға осы киіміңмен де  қыстан шығасың. Ертең жоғарғы оқу орнына түссең, ақша жолға да керек," -деді де өзіне қарай мені тартып, құшағына алып, арқамнан қақты. "Жарайды" деген жауабым да анық естілмеді ме екен. Көңілім босап, жылауға жақындадым. Мөлт етіп шыққан жасымды көрсеткім келмей, теріс айналдым. Ол кісі  тағы да " Ертең түлектер кешіне де ақша керек. Көйлек аласың. Сөйткенің дұрыс, 5-6 сом болса да кассада көбейе берсін," деп сөзін жалғап, алдыма түсіп ұзай берді. Менің Алматыға барамын, журналистика факультетіне оқуға түсемін деп жүргенім есінде болар. Соны да ойлады ма екен. Дегенмен де мені ойлайтын жандар бар болғанына да шүкір.  Соңғы сабақта "Достықты қалай түсінесің?" деген пікір-талас диспут өтті.  Әр кім өздерінше айтты. Нұржамал мұғалім болса, Зейнолла мен Нәскен деген достары туралы айтты. Олардың достықтары махаббатқа ұласыпты. Қазір тату-тәтті семья. Достық туралы менің де айтарым болды. Бірақ сөзге көп араласпай, "Досыма" деген өлеңімді оқып бердім. Тегінде менің айтайын деген ойларым өлеңіммен түйінделген секілді. 

Мектеп пен интернаттың арасы онша алыс емес. Күн суықта жүгіріп кетсең, тоңбайсың. Интернаттан шығып мектепке бара жатқан жолда Нұржамалдың анасы кездесіп қалды. "Ой балам-ай, жеңіл киініп жүргенің не?" деп мені орта жолда тоқтатты. Осы кезде анам есіме түсті.  Осы сөзді қырық төрт жасында о дүниелік болған туған анам айтып тұрғандай сезіндім. Анамды сағындым, құшағын аңсадым. Егер бұл кісімен өте жақын болсам, құшақтай алушы едім. Тегінде үйіне барған соң, мұғалімге "ана қызға  жылы киіміңді бер"- дейтін шығар. Амалым не, көз алдыма анамның ашаң жүзі, сопақ беті, сұңғақ бойы елестеді. Қырықтан асқан жас әйелдің қанша ауыр жұмыс істесе де белі бүгілуші ме еді, тік жүретін. Артық сөзі болмайтын. Руым-найман деп көрші Қали апатайымды туысым деп жақын тартатын. Анамның ет жақын аға- бауырларын, немесе сіңлісін, апасын естіп- білген емеспін. Қай жердің қызы, туған жері туралы неге айтпады, білмеймін. Ертістің арғы бетінде Қазалы деген ауылда Мәмәйт деген бауыры, Павлодар қаласында Рамазан деген інісі бар дейтін. Бірақ олар іздеп келмеді. Исі наймандарды нағашы дедік. Байғалы әкеммен қалай табысты екен? Негізі менің әкем көп әйел алған адам. Әрине әйел үстіне емес. Оны Иманғалы айтып отырады. Өзі де бес алты әйелді жіберген, соңғысы осы жеңгеміз Қамен тұрақтап қалған көрінеді.

Сағындым ана сенің келбетіңді,

Жан жүйем мұң бесікте тербетілді.

Бір минут көрсем сені арман бар ма?

Емдер ем дендеп кеткен жан дертіңді.

Сағындым ана сенің құшағыңды,

Пендеге сыйладың -ау құса күнді.

Аялап алақанға қондырып ең,

Көрсең ғой биікке енді ұшарымды. ..

            Интернатта Любовь Николаевна тәрбие жұмысымен айналысады. Украинада оқып, жолдамамен Қазақстанға келіпті. Қала мектептерінде орыс тілінің мұғалімдігіне орын болмай, Чернорецкі мектебіне жіберген. Интернатта тұрады.  Кешкілікте Любовь Николаевна тәрбиелік мәні бар шара өткізді. Бұл жолы өзі туралы айтты. Осында алғаш келгенде  орыс тілінің мұғалімі Майда класс жетекшіміз Нұржамал мұғаліммен таныстырыпты. Алғашқы кезде олардың атын атауға тілі келмеген екен. Тіпті Нұржамал үйіне шәй ішуге шақырғанда кесеге құйылған шәйді көріп таңданған көрінеді. Қазақша ет жеген кезде, қасында отырған Майда не істесе соны істедім. Сөйлеген сөздерін де ұқпадым,-дейді. Біздің Қызылтаң ауылына тың игеру жылдары  чуваштың бір топ қыздары келгені есімде. Олар қой тұратын баздың қасында шала туған қозылар күтетін үйде тұрды. Қыстың күні болатын. Ауылдағылар орыс тілінде сөйлемек түгіл, олардың сөзін де түсінбеді. Ол кезбен қазіргі кезді салыстыруға болмайды.  Чуваштан келген қыздарға біздің ауылдың жігіттері тіл білмесе де, қырындаған еді. Қыдырып жүрсе де, киноға шақырса да, ешқайсысы үйленген жоқ. Олар да тұрмысқа шыға қояйын демеген шығар. Любовь Николаевна  бізбен ауыз екі, қазақша сөйлеседі. Қайрат, Көшер деген жігіттер неше түрлі анайы сөздерді үйретіп кетеді. Бізден орысша аудармасын сұрайды, біз ұялып айтпаймыз. Тегінде аудара да алмайтын шығармыз.

***

 Зейін Шашкиннің "Теміртау" романын оқып бітірдім. Кітап кейіпкерлері инженер Дәмеш пен директор Қайырдың махаббаты өте тартымды берілген. Зейін Шашкин өзі де геолог-инженер. Тегі Қайыр өзі шығар. Басынан өткен махаббат па екен? Кітаптың тілі көркем, оқығың келе береді. Соңы не болар екен деп, бас алмай оқып, бір күнде бітірдім. "Доктор Дарханов" романындағы кейіпкерлер Нұрлан,Мәлік ауылда туып өске жастар. Олар Баян жерін ардақ тұтады. Кіндік  қаны тамған жерін игеруге агроном болып оралған Нұрлан-өмір талаптарына сәйкес болғысы келеді.Ол "Оқу оқып,білім алу-өмірдің даңғыл оңай жолы да,еңбек етіп,күн көру бұлтарысы,сүрлеуі көп шым-шытырық жол екенін сезінеді. Маған  махаббат туралы кітаптар ұнайды. бұл кітапта Айжан Нұрланға ғашық болады. Бірақ өзінің ғашықтығын сыртқа білдірмейді. "Қыз қанша тұйық болса, сонша қадірлі" деп Зейін Шашкин Айжанның образын жақсы жеткізеді. Сол сияқты тағы бір кейіпкер Тайжан ақсақалдың философиясы мені ойландырды. Ол "Дүние көздің құрты.Мен дүниеден безгем. Үстім таза, ішерге тамағым болса, жетеді. Жиған-тергенін көріне  бірге алып кететін кісіні көргем жоқ, дүние жинау, таласып-тармасып өмір сүру-босқа тыртаң." Дұрыс қой. Біздің ауылда Жұман деген мұғалім бар. Ол кісінің үйі де, жинаған дүниесі де керемет. Бірақ үйіне ешкім кіріп шықпайды, қонақ шақырмайды. Өзі де ешкімнің үйіне бармайды. Кешкілікте үйіне жарық жақпайды. Үнемшілдігі ме екен, болмаса, соғыста болған жанның көрген бейнеті оны осындай жағдайға алып келді ме? Десек те, адам болған соң, еңбек ету керек, жақсы тұруды да ойлаған жөн.

Байлық қуатын адамдар басқа тәрбие алғандар ғой. Жайсаңбек Молдағалиевтің "Жүрек қазынасы" деген кітабында Ермек, Күлмәш, Айтжан және Гүлсімдердің ащы да, тұщы өмір жолдары, аяулы махаббаттары  керемет жазылған. Негізі біздің  оныншы класс ерекше класс деп ойлаймын. Соңғы сабақта үнемі емін-еркін отырамыз. Тақырыптар бойынша класс сағаты өтеді. Ұлы композитор Чайковскийдің өмірі мен шығармашылығына арналған сабақта музыка тыңдадық.  Не деген нәзік дүние. Жүрек қылын шертеді. Басқа ұлт екенін сезбейсің. Көз алдыңа әдемі бір көріністер келеді. Нұржамал мұғалім үнсіз ғана ойға шомып кеткен, музыка ырғағы жан-дүниесін баурап алған. Не ойлап отыр екен?  Рымтай, Дәкен, Мәнсияға қараймын. Қыздардың бәрі мұңайып қалыпты. Нұрлан мен Құрмантай күліп отыр. Біздің қылығымызға күлетін секілді. Кешкілікте "Снежная королева" деген  фильм көрдік.  Соңғы кезде сабақ үстінде бір-бірімізге тілхат жолдайтын болдық. Қағазды шиыршықтап , жазған адамға қарай лақтырамыз. Дөп түсірсек, құп қой. Тіпті біріне жазған хат екіншісіне түсіп, қызарып-бозарып қалатынымыз да бар. Осындай бір қылығымызбен Нүркен Қасымовичтің көзіне түстік. Ол кісі хатты қағып алды. Біз ду күлдік.  Шетімізден екі алдық. Өзі контужный адам, қатты ашуланды. хатты алды да оқымастан  жыртып-жыртып, лақтырып жіберді. Өзі есікті тарс жауып шығып кетті. Ашық тұрған жорналға қарасақ, екілік екі есе үлкен. Өшіруге де келмейді. Емтиханда қатыратын шығар. Мүмкін ұмытып кетер.

***

Ауылға келдім. Орталықтан Қайкенді көрдім. "Шолпан тоқташы" десе де, қарамадым. Киноға шақырғысы келген шығар. Оның есесіне үйде жүргенде бір қора аязды алып Айтжан келді. Үй іші сайлауға дауыс беруге кеткен. Мен жалғыз болатынмын. Маған жақындап, құшақтап, сүйгісі келді. Аузынан шығып тұрған арақ иісінен жүрегім айнып, теріс қарап кеттім. Баукен деген жігіт те ішіп келіп, осылай басынған еді. "Мен сені сүйемін, түсінші"- дейді. Жасы он жас үлкен. Түсінбеймін сені"-деп үйден әрең қуып шыққанмын. "Поласатый рейс" деген фильмді көруге барғанда, әлгі Баукен кешірім сұрады. Негізі ауылдың жастары үнемі арақ ішіп, қызып жүреді. Айтжанды ұнатушы едім, одан да көңілім қалып барады. Мас адамдарды жек көремін. Оның себебі де бар. Жездем Әмірхан мас болып жүреді. Оған қосылып әйелдер де ішеді.  Ағам Нөкеш те соңғы кезде ішімдікке әуес болып барады. Бұрын семьясын асырауды ойлап, бір тиын түссе үйге алып келетін. Қазір шөп тасып жүрсе де, біреудің машинасын жөндеп  берсе де сол үйден тойып келеді.

Әмірхан жездем кіші жүздің жігіті. Сегіз жасында әке-шешеден жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленген. Шамалы білім алған соң, бұзақы балаларға еріп, нан табу үшін ұрлық жасайды. Дүкендерге  түседі. Сөйтіп жүргенде  ұсталып, түрмеге қамалады. Жігіт жасына жеткенге дейін түрменің ішінде тамағын асырайды. Неше түрлі қылмыскерлермен достасады. Қызылтаң ауылынан істі болған Мүкәш түрмеге түсіп, сол азаматты әкесіндей көріп, бауыр басады. Екеуі бір күнде босап шығып, Мүкәш жездемізді өзімен алып келеді. Екеуі жылқы бағады. Жездем көмекшісі болды. Сөйтіп жүргенде әйелі Бәзила менің апайым Ырыстымен таныстырып, қырдағы  қоныстарына алып кетеді. Міне содан бері екеуі отбасын құрып, өз алдына семья болды. Баян және Ботакөз деген қыздары өмірге келді. Серік деген ұл көріп, жездеміздің қуанышында шек жоқ. Менің жалғасым бар, менің атым шығады деп мәз болып, күнде арақ ішеді.  Негізі руы адай болу керек, бірақ қазір найманмын деп, бүкіл елді ағайын-туыс қылып ауылға сіңіп кетті. Мен ауылда өссем де, ауылда тұрмаспын. Жоғары оқу орнына түсемін, қалада жұмыс істеймін. Менің алдыма қойған мақсатым осы.  Қазір Миклош Сабоның "Команда Альфа" кітабын оқып жатырмын.

Есіме достық туралы қыздардың  әңгімелері түсе береді. "Мың жолдасың болғанша, бір досың болсын" деген мақал бар. Олай неге айтылды екен. Менің достарым көп. Бәрімен доспын. Бірақ нағыз досты әлі кездестірген жоқпын. Себебі бүгін Күләтәймен дос болып, сырымды айтып, қол ұстасып жүргенмен, кез келген жерде мені сатып кетеді. Тіпті Рымтайман сөйлесе қалсам да, былай шығып мен туралы жақсы сөз айтпайды. Ал Рымтай ше? Ол маған аяушылықпен қарайды. Реті келсе, жекелетіп, Дәкенмен ауыз жаласып, шүйіркелесіп қалады. Басқа да қыздар солай. Ал ауылда қалған қыздар ше? Бәнуді дос санамаймын. Себебі ол менің апайым болып келеді. Бірге жүреміз, әңгіме дүкен құрамыз. Бірақ бір-бірімізге сырымызды ашпаймыз. Қателік жасап қойсам, бетіме басады.  "Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады". "Досыңмын деп ант береді,  Жем іздеген жанама. Жем таусылса жалт береді. Сенерлік дос санама"-деп  Сәкен Сейфуллин де айтты емес пе? Біздің қыздар да жаза бассам жалт береді.  Ішкі сырымды біліп алады. Бірінен бірі асырып өсек айтады. Мен оларға қосылмаймын. Достыққа берік жанды әлі кездестірген жоқпын. Сонымен достық деген мен үшін ашылмаған құпия. Күн аяз. Байқонысқа бардым. "Жұлдыз" жорналын алып келіп үйде оқып отырғанда Баукен келді. Ағам үйде болатын. Сонымен сөйлесті де, маған тілдей қағаз қалдырып кетті. "Қыдырып келейік"- деп шақырыпты. Мен шықпадым. Киноға да бармадым. Каникулдың да екі-үш күні өте шықты. Жаңа жылға да санаулы күндер қалды.

***

            Күнделігім, сырласым менің! Күнделігім  тынысым, өткен күнім, үлбіреген қолдағы көктем гүлім. Қуаныш пен өкініш тағдырым боп, қос нүктемен жалғанған күнім менің. Дәптер бетін парақтап, өткен күндерде не жазғанымды оқығым келді. Жоқ, оқымаймын. Оқитын күндер алда. Әзірге жаза берейін. Үш күннен бері " Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім"- деп шіреніп жатырмын. Ұйқыны қандырып, кітабымды оқып, үй ішін жинастырып, әйтеуір бостан бос отырған жоқпын. Қазір ағам Нөкеш іргелі шаңырақ. Күні кеше ішсек тамақққа, кисек киімге жарымайтын едік. Ауыл үйдің көмегі ме екен, әлде жеңгем Алтынайдың  тәрбие көргендігі ме, қолда барын ұқсатты. Ісмерлігінің арқасында менің киетін киімім бүтінделді. Үшқұдық жақта әкемнің немере інісі Есмұхан тұратын. Әлжан мен Жақып бір туған. Есімхан Әлжанның баласы.  Олар әкемнің шаңырағын үлкен үй дейді. Жыл сайын соғым сойғанда Зура апатайым сыбаға әкеп кетеді. Соғымға соятын малымыз жоқ болса да, қыс бойы сыбағаға жаримыз. Қала берді біздің өзімізді үлкендер жағы омыртқаға шақырады.

            Мен оқудан келген күні Зура апатайым сырқаттанып жатса да, сол әдетінен танбай үлкен үйдің сыбағасын беріп жіберіпті. Бұл шаңырақтың үлкен қызы Сақыш тәтеміз тұрмысқа шығып кеткен.  Қайырбай ағамыз үйленген. Байқоныстан Тілеукен деген қызды Есімхан атамыз өзі барып, құдаласып алып келді. Ауқатты тұратын ағайындар болса керек.   Қайролла  әскери міндетін өтеп жүр. Менен бірер жас үлкен Абылайхан ұлдары дімкәс. Мектепке менімен бірге барғанымен оқуын жалғастыра алмады. Сабақ ұқпады. Содан ғой деймін 4 кластың қағазын алып, үйде отыр. Жеңгем жаңа жылды бірге қарсы алайық деп ет асып, қазан көтерді.  Мен ауыл мектебінде өткен жаңа жыл кешіне бардым. Мектебіме кіріп, кластағы өзім отырған партаны сыйпалап келдім. Сегіз жыл бір мектепте оқыған кластастарың ыстық екен. Бүгін басымыз қосылды. Биледік. Өткен кеткенді, мұғалімдеріміз туралы айтып, біраз күлкіге кенелдік.

            Райхан Әбдірахманов директор, кезінде географиядан сабақ берген болатын. Тақтаға жершары картасын ілгізіп қойып, Американы көрсет, құрлықты айт, жаңа Зеландияны көрсет деп тұрғанда, өтірікті шындай таяқшаны жылжыта беретінбіз. Ол кісі біздің не айтып тұрғанымызға қарамайтын. Бір күні сол таяқша Бахиттың басына тиді. Өтірігі шығып қалды. Бахит осы жазда мал бағып жүргенде күн түсіп қайтыс болды. Кеш біткен соң Елтай  ағамыз "жүр біздің үйден дәм татыңдар" деп үйіне алып барды. Елтай Нәсір деген Әбіш атамыздың бауырының баласы. Туыстығы да бар. Негізі Ләзиза Серғазина жеңгеміз осы Елтайлардың туған жеңгесі болып келеді. Үлкен ағасы Естай қазір Алматыда суретшілердің оқуын оқып жатыр.  София апамыз Песжан ауылында Асаев әулетінің Зекен деген баласына ұзатылған. Өте бай тұрады, жылқы мен қой ұстайды. Ал Тоты апамыз Ахметжан деген орыс тілді азаматқа тұрмысқа шыққан. Орыс тілінен сабақ берген Лидия Жұмажановнаның туған бауыры. Бір ауыз қазақша сөйлемейді.

            Айтпақшы Әмірхан жездем де  қазақша білмейтін еді. Тек басын төмен салып, үндемей жүре беретін. Қазір екі сөздің басын құрап, ойын айта алады. Өзі өнерлі. Түрмеден алып келген балалайкасымен орыс тілінде частушка айтқанда алдына жан салмайды. Тоты Ырыскелді апайымның жан досы. Ырыскелдіні анамыз қайтыс болғанда әкемнің інісі Иманғалы танымайтын жерге ұзатып жіберген. Естуімше Коммунар колхозында тұратын Зақан деген қайын апасының  мерез баласына салып беріпті. Ырыскелді ол үйде бір күн де тұрмай, басқа ауылға  қашып кеткен көрінеді. Содан  Төлеутемір деген жігітке Дәметкен қосыпты дейді. Айгөрім, Айгүл деген екі қызы бар.  Оқуымды бітірген соң іздеймін, қайтсем де оларды  тауып аламын.

***

            Жаңа жыл келді тағы да, күткенмін жылды сағына. Арайлап туды жаңа күн, адамзаттың бағына. Қуаныш сыйлап келдің бе, жалындап тұрған жаныма. Ержетіп келем көрдің бе? Қан жүгіріп бойыма. Үміттен сырға тақтым мен, күлімдеп шыққан таңыма. Арманға алға жетейік,тіледім тілек қауымға.

            Күнделігім, сенің ақ парағың секілді жас өмірімнің жаңа парағы ашылды. Қыс қаһарына мінді. Кеше аяздың беті қайтқандай еді, бүгін алай-дүлей боран. Ауыл үй  көрінбейді. Малды суатқа жетелеп апаратын едік, олар боранға қарсы жүргісі келмейді, тіпті жетегіңе де жүрмейді. Бүгін Мақсұттың құдығынан су тасыдым. Құдықтың айналасы мұз. Аяғың тайып жүре алмайсың. Сырғанап жүріп құдықтан су тарттым. Қауғаның да айналысы қатқан мұз. Қарлы боран жабысып айрылмайды. Өзімше үйге келгенде көмегімді тигіземін деп мал жайлаймын, шөп саламын. Әйтеуір даланың да жұмысын атқарып, жеңгеме қолқабыс көрсетемін. Малдың ішінде жүргенде де неше түрлі ойға берілемін. Өлең айтамын. Сиырлар маған қарайды. Түсінетін шығар. Бастарын шайқап қойып, жердегі шөпті жей бастайды. Әттең тілдері жоқ. Кеш батты.  Қазыбектің туған күніне бардым. Он сегіз жас жігітке онша көп жас емес. Әлі бала сияқты, шешесі Қалиға еркелейді. "Апа-ау"- деп қолтығының астына барып жатып алады.

            Айтпақшы туған күнде сақина жасыру ойынын ойнаған  кезде Айтжан сағатын сыйлады. Күләнда Айтжанды ұнатады. Бірақ Айтжан оған көңіл аударған емес. Сол үшін мені кінәлі деп ойлай ма екен, Айтжан қолыма сағатын тағып жатқанда, ала көзімен қарады. Қайкенді менің жігітім деп ешкім айта алмайды. Оның бірнеше себебі бар, біріншіден маған туыс, екіншіден көпшіліктің  ортасында оған ешқашанда жақындаған емеспін. Тіпті соңғы кезде басқа көзбен қарай бастадым. Өзі жуасып қалыпты. Маған жаутаңдап қарай береді. Менде оған деген сезім жоқ. "Кімді сүю керек екенін жүрек шешеді, кіммен болу керек екенін-тағдыр шешеді." Ойыма осы бір сөздер оралды. Қай кітаптан оқығаным есімде жоқ. Шынында да менің жүрегім селт етпейді. Сүю деген не екенін әлі түсіне қоймаған шығармын. Үйге шығарып салғандардың бәрі жігітің емес қой. Тіпті көңілім бір көтерілмейді. Ой үстінде отырамын. Үй арасында үй жоқ қой, түн ауған соң өзім үйге  кетіп қалдым. Көпке дейін ұйқым келмеді. Азия, Африка ақындарының өлеңдерін оқыдым. Қазақшаға аударылыпты. Жалпы жаман емес.

***

 Каникул өте шықты. Әмірхан жездем жолға ақша тауып бере алмады. Сабақтан қалдым. Иманғалы атадан ақша сұрасам ба екен? Шәкендікіне бардым. Оқуға баруға ақшам жоқ деп айтуға батылым жетпеді. Бір кезде Қазыбек келді. Қатты ашуланып келгені көрініп тұр. Дөңгелек жүзі қоп-қою болып, бұзылып кетіпті. Келісімен атамызға төнді. Арақ ішіп алды дейін десем, он бірінші кластың оқушысы емес пе?  Біз әлі арақ ішудің не екенін  білмейміз. Туған күнінде суға ерітілген юпи мен лимонад іштік. Неге  ашуланды, білмедім. Иманғалының үлкен ұлы Мұқатай Қазыбектің жарымжан апасы Раушанға үйленген. Мәрбану мен Шәкар деген екі қыздары бар. Қоспақ үйдің бір жағында жеке отбасы болып тұрады. Солар туралы Иманғалы атамыз бірдеңе деді ме екен?. Бір кезде Қазыбектің соңынан шешесі Қали апатайым келді . "Шолпан мынаны алып кетші деп",- маған қарап, өтініш жасады. Мен Қазыбекке жақындап, қолтығынан ұстап, далаға алып шықтым. Қауғадай шалға неге төнгенін  білмедім, тіпті ұрып жіберуге жақын қалды. Үйіне бірге бардым. Ыза буған Қазыбек көпке дейін өзіне-өзі келе алмай, диванға барды да, бүркеніп жатып қалды.

Үйге келдім. А.Тургеневтің "Көктем салқыны" деген кітабын оқыдым. Алдағы күндерде  біздің жерге де көктемнің салқыны келеді. Мемлекеттік емтихан тапсырамыз. Оқу керек. "Отырмын ойда бағып таң, Көңілім оймен жабыққан..." Несіне жабығамын. Алданышым бар, кітап оқимын. Күнделігім сенімен сырласамын. "Мы Вас любим" деген киноға бардым. Киноға баруға ақшаны қайдан таптың дейтін шығарсың. Тиын-тебенді ауылдағы достарым төлейді. Ағатайым Нөкеш менің жолыма ақша тауып әкелді. Бір күн сабақтан қалғаным ештеңе етпес. Дәлелім бар. Мұғалім сұраса шындықты айтамын. Ақшам болмады деймін. Күн боран. Тоғыз жолдың торабында автобус келмей, көп тұрып қалдым. Тоңдым. Үстімдегі киімім де жұқа.

Интернат  бөлмесі  азынап тұр. Екі апта ешкім тұрмаған соң, аяз кіріп кетіпті. Әрі пешке от аз жағылған сияқты.  Әмірхан жездем Ырысты деген үлкен апайымның жолдасы деп едім ғой. Олар ауылда жеке үйде тұрады. Мен оқуға кетерде "біз де көмектесіп тұрамыз"- деген. Өзі тракторшы болып  істейді. Бұл жолы еңбекақысын ала алмапты. Ырысты апайым әкем қайтыс болған жылы Байқонысқа Асан деген жігітке тұрмысқа шыққан. Мен апайым үйден кеткенде есімді шала білемін. Сондықтан ба екен, болмаса туысқа деген сезімім сондай ма, мен оларды жақын тарта бермейтінмін. Олар да мені бауырларына тартпайды. Төменгі класта оқып жүргенде Ырысты апайым Байқоныстағы күйеуі Асаннан айрылысып, үйге келген жылдары көрші Үшқұдық ауылында тұрды. Себебі біздің үйге Иманғалы жолатпады. Неге екенін қайдан білейін. күндердің күнінде Әтжәй мені іздеп келді.

"Мен сенің туған апайыңмын"-деп жыламсырады. Түсінбейтін жаста болғандықтан ба, қолыма ұстатқан түйіншекті алдым да, рахметімді айтпастан мектепке жүгіріп кеттім. Кейін тағы бір келгенде жолығуға шықпай қойдым. Тегінде үйдегілер түйіншектегі көйлек-көншекті көрген кезде ұрысқан болуы керек. Ырысты апайым, (тәтем Әтжәй дейді) Әмірхан жездеммен екінші рет тұрмыс құрған кезде Нөкеш олармен араласа бастады. Содан бастап бірге туған апам екенін мойындадым. Негізі менің бойымдағы тағылық мінез  жетімдікпен бірге жабысқан секілді. Күдікшілмін, жасықпын, үрейшіл қорқақпын, тез ренжіп қаламын, өкпелеймін, кекшілдігім де бар. Өзіме қатты сөз айтса, жәбір көрсетсе ұмыта алмаймын. Мүмкін бұл мінездерім де өзгерер, орта тәрбиелейтін шығар.

***

             Бөлме өте суық, үстіме пальто киіп ұйықтадым. Тәңертең мектепке аяғымды сүйретіп, әрең бардым. Сабақ үстінде Сәкен Жүнісовтың "Жапандағы жалғыз үй" романын оқыдым.  Кешкілікте Рымтай екеуміз "Черный бизнес" деген киноға бардық. Айтпақшы, Сәкен Жүнісовтың романынан кейін Андреевтің "Тишина" деген кітабын оқи бастадым. Орыс тілінде жазылған кітаптарды баяу оқимын.  Тіпті оны қоя салып, Бек Тоғысбаевтың "Жаңбырлы күз", Ахмет Жүнісовтың "Жанасыл",  Сыдық Алдабергеновтың" Ар алдында" деген шағын повестерін де оқып шықтым. Әрбір кітап, әрбір тағдыр. Бір кітапты қуанып, шаттанып оқысам, кейбір кезде жылап аламын. Көңілсіз отырамын.  Қасыма мұғалімнің келіп тұрғанын да байқамай қалған кездерім болады. Көбінесе ұрыспайды. Үн-түнсіз қасымнан өте шығады. Ғали Ормановтың "Жүрек" деген кітабын оқып отырғанымда, физикадан сабақ беретін Ауғанбай Ахметович қасыма келіп, мына кітапты оқып бітірген соң, маған бере тұршы, сен сияқты мен де жылайын деп күлді. Шыны ма, әдейі айтып тұр ма, түсінбедім. Кітапты оған қарай ысырып қойдым да, алыңыз, ертең әкеп берерсіз дедім. Сезбеймін ғой, сезбес. Мұғаліммен қалай сөйлесуді де білмеймін. Өзінің дене құрылысы сұрақ белгісіне ұқсайтын жан, маған сұрақ белгісі болып көз алдымда тұрады.

Кальман Миксот деген автордың "Өрескел неке" кітабын түсіну қиын болды. Сонда да оқыдым. Бүгін интернатта кезекшімін. Хорешева Валя екеуміз интернаттың қара нанын кестік. Дастархан жайдық, тағамдарды үстелге қойдық. Тойып жеуге тамақ тапшы. 2-3 грамдап өлшеп тұрғаның. Өз басым асханадан тамақ ішуге сирек барамын. Сенбі, жексенбі күндері ауылға кетемін. Рухани азығым кітап. Сәуірбек Бақбергеновтың "Дина" деген кітабын оқи бастадым. Осының алдында Беляевтің "Қос мекенді адам"деген кітабын оқып бітіргенмін. Дәрігер жігіттің жүрегіне балықтың желбезегін  салып береді. Жігіт сусыз тұра алмайды. Оны қылмыс жасауға да пайдаланады. Ғашық жанның қасіретін оқып шығам деп, өзім де осы жігітке ғашық болып қалған секілдімін. Өте аянышты. Фантастика ғой. Бәлкім болған оқиға шығар. Солай десем де ойлай беремін. Бөлменің суықтығынан ұйқың келеді. Кітапты көбінесе сабақ үстінде оқып бітіремін.  Кітапхананың біраз кітаптарын мұғалім Жомарт Ахметович тартып алып қойған. Қайтарып беретін шығар. Әйтпесе кітапханашы маған кітап бермейді. Ол кітаптардың ішінде Андреевтің "Өмір сүргім келеді, өмір сүргім" романы, "Шалғай шепте" деген кітап,  авторы есімде жоқ, тағы да "Алғашқы раунд", Берқайыр Аманшиннің "Жар мұңы", Вера Ткаченконың "Верность" Лев Киселдің "Бетпе бет" деген кітаптары бар. Өткен жолы қайтарып беріңіз дегенімде орыс тіліндегі кітаптарды оқып бітірген соң, кітапханаға өзім апарып берем деді. Сенейін бе, сенбейін бе? Жомарт мұғалім бізден 5-6 жас үлкен.  Он жас орайлас, бес жас құрдас емес пе? Қыздарға қырындайтын сияқты. Сабақ үстінде  Рымтайдың қасынан табылады. Облыстық "Қызыл ту" газетінде "Адасу" деген әңгіме басылыпты. Оқып шықтым. Кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілген. Өмірден алынған екен. 

***

            Қызылтаң мен Чернорецкінің арасын жіпше жалғап жүрмін. Сенбі күні интернатта ешкім қалмады. Жамбыл селосында тұратын Рымтайлар мен Дәкендерді ауылдан көлік келіп алып кетті. Мен болсам жолға шығамын. Қаладан келетін автобусқа отыруға тырыспаймын. Өйткені қалтамда ақша бола бермейді. Көбінесе жүргізушілер менің оқушы екенімді білгеннен кейін жолақысын сұрамай ауылдың шетінен түсіріп кетеді. Кейде жас жігіттер кездесіп қалады, олардан әрине күдіктенемін. Бірақ амалым жоқ, үйге жету керек. Бүгін келе жатқан жүк машинасына қолымды көтергенім сол еді, басқа ұлттың жігіті тоқтай қалды. Жол қысқарсын деді ме екен, қай класта оқисың, оқу бітірген соң, қайда оқуға барасың деп сөзге тартты. Қандай мамандықты таңдайсың?- деп қояды. Мен де өзімше орыс тілінде жауап беріп қоямын. Солай десем де, жанымды шүберекке түйіп отырдым. Жолақысын сұраған жоқ. Екі ауылдың арасы елу шақырым. Бір сағатқа жетер жетпесте үйде болдым. Үйдің есігін ашқан сәттен бастап, әлгі қорқыныштың бәрі ұмытылады. Шәй ішіп, жылынып алған соң, клубқа киноға жиналдым.

            Кеше Нұржамал мұғалімнің үйіне барған болатынмын. Өткен жолы интернаттың бөлмесі суық екенін көріп, біздің үйге келіп жүр деген. Сол қамқорлығы есіме түсіп, барсам, демалып жатыр. Шешесі қолыма сурет альбомын ұстатты. Көріп отырмын. Нұржамал мұғалімнің жас кезіндегі суреті өте әдемі екен. Шашы ұзын, бойы кішкентай болса да, үстіндегі киген киімі өзіне жарасып тұр. Зейнолла деген жігіттің суреті көбіректеу екен. Тегінде Алматыда оқып жүрген жігіті болса керек.  Ол ұйқысынан тұрған соң, шәй іштік. маған ақылын айтты. Сабағыңды оқы, мұғалімдердің бәрі сенің талантыңды құрметтейді. Көп оқитыныңды да көріп жүр. Мектепті бітіруге аз уақыт қалды. Жоғары оқу орнына түсу үшін білім керек. Сенің түріңе қарап, институтқа қабылдамайды. Институттағылар біз сияқты емес.  Нұржамал сөйлеп отыр, мен басымды төмен иіп тыңдап отырмын. Шынында да айтып отырғаны жөн. Балалығым ба, жастығым ба, жауапсыздығым ба, түсінсем де түсінбеймін. Бұл адамдар менің бағыма кездескен жандар ғой. Бағаламаймын, бағамдамаймын, не деген жансызбын, не деген жауапсызбын. А. Байтанаевтың "Жаңғырды дала" деген кітабындағы кейіпкерлер есіме түсті. Менің тағдырыма ұқсайды. Дастан-инженер-механик, Серік, Бибігүл, Биғаным, тағы да"Алқакөл" совхозының бастығы Ермек туралы айтылған. Егер бұл кітаптардың мазмұнын жаза берсем, дастан болып шығады.

            Оқушылық күндердің де өз қызықтары мен қимас сәттері көп екен. Химия сабағында  бақылау жұмысын жаздық. Тақырыбы "Сірке қышқылы". Парталас достарыма қараймын, дәптерге шүйлігіп алып, бәрі де жазып жатыр. Шіркін-ай олар сияқты мен де химияны жақсы білсем ғой. Әттең, қарапайым ғана альдагид пен онгедридті айыра алмай отырмын. Химия кітабын партаның астына қойып, көшіріп бердім. Мұғалім көрсе де көрмейтін секілді. Төмен қарап ол да жазып отыр. Оныншы класты тезірек бітірсем ғой. Химия, физика деп басымды қатырып отырмас едім. Әдеби кітаптарымды оқып, өлеңімді жазып, емін-еркін боламын деп ойлаймын. "Сыр көктемі" деген кітаптың беті ашық жатыр. Өзімді қызықтырған  кітаптарды тез оқып бітіремін. Мұқан Иманжановтың "Көк белес" деген кітабын бас көтермей кешке дейін оқыдым.  Роман аяқталмапты. Өкінішті. "Алғашқы айлар" деген повесін де оқығанмын. Жарқынбек деген мұғалімнің басынан кешкен қиын да қызықты күндері керемет суреттеледі.Оқығың келе береді. Әрі қарай не болар екен деп, бір екі бетін аттап кетіп, қайта ораламын. Әсіресе жағымды кейіпкер Жарқынбек, сонымен бірге қисық жолға түскен Жарқынбектің сүйген қызы Әсиманың тағдыры қандай аянышты. Шәріп Өтеповтың "Шығыс қызы" кітабы ойыңды он саққа апарады. Онда Шәрбаланың тағдыры жазылған. Батырбек Шәрбаланың ағасы. Оның қасында Қалқатай деген кейіпкер бар. Қазақ қызы Монғолия жастарының арасында  жүріп, қиын-қыстау кезеңді басынан кешіреді. Оқу оқиды. Москваға барып білімін жоғарылатады. Алайда жас кезінде Шәрбаланы әкесі өзінен көп жас үлкен жарымжан  Толқаш деген азаматқа атастырып қояды. Батаны бұзу деген күнә, балалар бақытты болмайды деп әкесі қызды ұзатпақшы болады. "Білімді мыңды жығады, білімсіз бірді жығады"...Шығыс қызының білім алып, ақылды болғаны, жан-жақтылығы, таланты кітапта өте әдемі сипатталған.

***

"Қайран да менің өзі үйім, кең сарайдай боз үйім". Үйге келген сайын осындай оймен босағаны аттаймын. Қараша үй, қарапайым ауыл. Қаладан алыс тұрса да жаңалықтан қалыс қалып жатқан жоқ. Бұрын үйге келгенде радиоқабылдағышты қосып қойып, ән тыңдайтынмын. Қазір үйдің төрінде кішкентай көк қобдишадан, теледидардан  концерт көретін болдық. Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегеновалардың концертін  кинодағыдай бейнесімен көреміз.  Сенбі және жексенбі күндері телевизордан көркемсуретті фильмдер көрсетіледі. Озық техника құдіретінің күштілігі шығар,кешкілікте "Қайырлы кеш!" деп сүп-сүйкімді әдемі жігіт пен келіншек экран алдында отырады. Бірінің аты Еркін Әбішев, ол қазақтың жігіті, орысша сәлемдеседі, екіншісі Нағима Баяділова. Шашын төбесіне түйіп алып, әдемі киініп шыққанда көзің сүрінеді. Сұлулыққа сүйсінесің. Кеше әдебиет пәнінің мұғалімі Кәрім Оспанович Әбілда Тәжібаевтың "Өмір және поэзия" кітабын сыйлады.  Өте құнды кітап. Алайда бұл кітапты мен мектеп бітірген соң оқитын шығармын. Себебі өзімнің басыбайлы кітабым ғой. Кітапханаға тапсырмаймын. Әрі бұл өте күрделі кітап деп ойлап отырмын. Әдеби әңгіме емес. Кітапты түсініп оқу керек. Өткен жолы Гогольдің "Өлі жандар" деген кітабын оқи бастағанмын. Бірінші томын әрең оқып бітірдім. Есімде қалғаны Чичиков деген кейіпкер. Енді кітапты да талғап оқитын болдым. Көктем де жақындап келеді.

Мектепте "Кім боламын?" деген тақырыпқа диспут өтті. Біздің кешімізге аудандық оқу бөлімінен Сайлау Дүкенбаев деген азамат қатысты. Ол кісі бізге сұрақтар қойды. Маған қойылған сұраққа пединститутқа барамын, "филология" факультетіне оқуға түсемін дедім. Неге олай дедім, өзім де білмеймін. Алдында журналист боламын деп жүретінмін. Аузыма түскені филология болды, ал Рымтай мединститутқа барамын деп жауап берді.Көбі пединститутты таңдапты. Әрине бәріміз бірдей оқымысты болмайтын шығармыз. Бұл біздің арманымыз, алдымызға қойған мақсатымыз. Бердібек Соқпақбаевтың "Біз де бала болғанбыз" деген кітабын оқып отырғанда, күні  ертең біздің де тағдырымыз кітап болып жазылады деп қиялдаған едім.  Негізі мен жазушы боламын. Мен өзімді-өзім соған лайықтап, дайындап жүрген  адаммын. 23 февраль совет армиясы күні. Класта небәрі екі ер бала бар. Майлыбай қалаға ауысып кетті.  Сабақ үстінде Құрмантай мен Нұрланды құттықтап, Абай Құнанбаевтың кітаптарын сыйладық. Мұғалімдерге де сыйлықтар бердік. Мектеп директорына кабинетіне барып, открытка қалдырып кеттім. Мерекелік концерт қойдық. Сырнайға қосылып "Арыс жағасында" әнін айттым. Өлең оқымадым. "Жұлдыз" әдеби журналында "Менің көгершінім" деген әңгіме басылыпты. Көгершін мен Тыныштықтың арасындағы шынайы махаббаты, өте тартымды әңгіме екен.

***

            "Шіркін- ай ойда жоқта болдым да кез, дариға-ай, бір қыз көрдім қарақат көз..". Осы бір өлең жолдары әуенімен бірге құлағымда тұнып тұрып алды.. Қызылтаңға барғанымда ауыл клубында Павлодар қаласынан артистер келіп, концерт қойды. Сонда айтылған ән көкейімде жатталып қалыпты. Қарлығаш Жәкетаева сызылтып ән айтты. Назымбек Жылқыбаев сылқылдатып күй тартты. Концерттен кейін алған әсерімнен бе екен, мазасыз күй кештім. Кітап оқыған кезде ойым бөліне беретін болды. Көктемнің де әсері бар шығар. Әлде неге алаңдайтын сияқтымын. Қазақ әдебиетінің классиктерін оқып, тауысып, қырғыздан аударылған романдарды оқи бастадым. Қырғыздың жазушысы Қасымалы Жотошевтың "Қаныбек" романын бастадым. Қаныбек жаулармен шайқасып жүреді. Аумалы-төкпелі уақытта әйелі мен баласын жоғалтады. Бала жетелеген әйел адасып жүріп, қарақшылардың қолына түседі. Олардан қатты қорлық көреді. Есебін тауып, ағайындардың көмегімен қашып жүреді. Еш жерде тұрақтай алмайды. Ол аз болғандай соңдарына діни адамдар түседі.

            Романның желісі бойынша кеңес үкіметі орнағаннан кейін Қаныбек отбасымен табысады. Негізі кітаптың толық мазмұнын жаза берсем, күнделігімнің бетіне сыймайды. Жазылған дүниені қайталап қайтемін. Солай десем де Сейітжан Омаровтың "Күншуақ" кітабы маған ұнады."Күншуақта" жауыннан кейін жамырай шығып,  қыр қызғалдағындай қаулаған, енді ғана құлпырып келе жатқан Балзия мен Мадиярдың бақытты өміріне Асайын, Злиқа сияқты арам ниетті алааяқтар кез болады. Солардың кесірінен жарасты семьялық өмір, өзінің жарқын жалғасын жоғалта жаздайды. Осындай рухани күйреу кезінде Шырынкүл сияқты адал дос, абзал адамның азаматтық әрекеттерінің нәтижесінде екі жас қайта табысады. Қырғыз жазушысының  "Қаныбек" деген екінші кітабында алғашқы баяндалған оқиға одан әрі жалғасады. Бірінші әйелі Бегайымның тағдырына қайта оралып, одан кейін Әшірханға үйленгені жазылады. Әшірханнан Еркін деген ұл көреді. Бақытты өмірдің дәмін таттым ба дегенде,  жақын жүрген достары оны бұрынғы байлардың тұқымы деп, жала жауып, орта жолда қалдырады. Қаныбек жиырма жылға жер аударылып, баспаған тауы, жүрмеген жері қалмайды.

***

            Қар жауып тұр. Аяздың беті қайтқан.  Көктемнің алғашқы белгілері байқалады. Қардың астынан қылтиып бәйшешек шығыпты. Жердің бетін аппақ қар жауып жатқаны болмаса, күн жылынып келеді. Жаңағы ақ қардың соңы, жылымық боранға айналды. Үйге келгелі дамыл көргемін жоқ. Төсек орындарды далаға шығарып, үйді ақ бормен сылап, ағартып шықтым. Кеше кешкілікте Әтжайым "біздің үйдің ішін де ақтап берші, кішкентай болса да, саған Баян, Ботакөздер көмектеседі" деп келіп кеткен. Көкектің бірінде айт  мерекесі басталады. Көршілер айт құтты болсын деп келіп, аруақтарға құран оқып шығады. Әтжайдың үйіне ертең барамын. Түнде "Қайырлы кеш" деген хабарды тыңдап отырып, ұйықтап кетіппін. Радио түні бойы сөйлеп тұрыпты. Әйтеуір күйіп кетпеген екен. 29 наурызда сағат  түнгі бірдің шамасында  Москвадан ХХІІІ сьездің жұмысын  тыңдадым. Бірінші болып  КПСС Орталық Комитетінің Бас секретары Леонид Ильич Брежнев баяндама жасады. Алмалы-салмалы тісі бар ғой деймін. Сөзін кейде ұқпай қаласың. Айтарлықтай жаңалық жоқ. 

            Қазақстаннан барған Дінмұхамед Қонаев қазақ еліндегі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп жатқаны туралы баяндады. Қазақтың байтақ даласының байлығы қайда кетіп жатыр?  Семей жерінде атом бомбасы сынақтан өтуде. Тұрғындар радиация алып жатыр. Екі басты төрт аяқты бала өмірге келіпті деп естиміз. Осының бәрі қалыпты жағдай секілді. Қазір социализм заманы. Брежнев жолдас алдағы жиырма жылдың ішінде коммунизм орнатамыз дейді.Тіпті кейбіреулер коммунизм кезінде бәрі ортақ болады деп қояды. Яғни отбасы жоқшылық көрмейді. Киім-кешекті тегін аламыз, ішіп жейтін тамағымыз да тегін. Сонда жұмыс істемейтін боламыз ба? Бұрынғалар  "Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заманды" аңсады ғой. Егер партияның алға қойған мақсаты орындалса, болашақта  оны да көретін боламыз. Менің көп уақытым кітап оқумен өтеді. "Кітап оқу масаны өлтірумен бірдей"-дейді бір ғұлама. Шынында да уақытыңның қалай өткенін білмейді екенсің. Мен үшін өтіп жатқан уақыт өте қымбат. Ал сабақта отырғанда кітап оқып отырып, сағаттың неше екенін қоңырау соғылғанда ғана білемін. Қазір студент болуды армандап жүрмін.

***

            Негізі қызық адаммын. Соңғы кездері аптаның ортасында ауылға кеткім келіп, жолға шығамын. Күн жылынған сайын үйіме барғым келіп тұрады. Жолақысы 80 тиын. Бүгін тәңертең мінген машинамның жүргізушісі жолақысын төле деп тұрып алды. Менің қалтамда не бәрі 40 тиын. Бар ақшам осы деп, қолына ұстата салдым. Әлгі жүргізуші өзіме кіжіңдеді. Әйтеуір  қашып құтылдым-ау. Енді мектепке келе жатсам, алдымнан директор шықты. "Келуіңмен!" дейді орысша. Мен жауап бере алмай, тосылып қалдым. Ауылдың амандығын сұраған кезде есімді жидым. Бұл кісінің түсі суық болғанымен, маған қабақ шытып, ұрысып көрген емес. Қамқорлығын көріп жүрмін. Қай кезде де кешіріммен қарайды. Күн сайын ауылға кетіп жүргенімді естімей жүр дейсің бе?.Бәлкім өзіне жақсы болса, жүре берсін деп ойлайтын болар.  Әйтеуір бірдеңеге ұрынып қалмасам болды ғой. Негізі "журналисті аяғы асырайды",  демей ме? Мен болашақ журналиспін ғой. Жол жүргенді жақсы көремін. Үйде болғанда "Жұлдыз" журналының үшінші санынан әдеби сынды оқыдым. Тоқтаған Рамазановтың "Бақыт" деген  романы қатты сыналыпты. Өте аянышты. Еңбегі далаға кетті ғой. Бірақ сын жазса, кітап оқылды деген сөз шығар. "Сын түзелмей, мін түзелмейді". Сыншы романды сынаса, соған лайық болғаны ғой. Ал Ақан Нұрқатов болса Мұхтар Әуезовтың жазғандарын сынап тастапты. Тіпті маған орынсыз сын айтқан  сияқты көрінді. Абайдай алыпты халыққа танытқан, қазақтың қазақтығын көрсеткен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді жарыққа шығарған адамның еңбегінің көлеңке жақтарын теріп алу деген әбестік, мәдениетсіздік болар. Сәбит Мұқановтың "Ботакөз" романын оқыдым, өзіме ұнады. Тілі орамды, түсінікті, оқиғасы қызықты. Бір демде оқып шықтым.

            Үйге келдім. Ауыл жайбарақат. Мал өрістен келіпті. Жеңгем сиыр сауып отыр. Үйде қонақтар бар. "Чернояркадан үлкен апайың Бикен келді"-деген соң, амандасайын деп үйге беттедім. Бұл кісінің езуінен күлкі кетпейді, үнемі көзі күліп отырады. Бір сөз айтса, екі рет күледі. Көзкөргендер осы Бикенді әкеңе тартқан, - дейді. Бірақ әкемді күліп отыратын адам ретінде елестете алмаймын. Ол кісі қатал, түрі сұсты, мінезі ауыр сияқты. Мен әкемді тірі кезінде көрсем де, тым жас едім. Бет бейнесі еміс-еміс есімде бар. Шынында да  Бикеннің бет әлпеті әкеме ұқсайды. Мінезі ұқсамайды. Әкем ала көзді, түсі суық жан. Бойында емшілігі болғандықтан ба екен, былайғы жұртқа ұрсып тастайтындай көрінген шығар. Бикен тұрмысқа ерте шыққаннан ба, әлде құдай оған перзент бермеді. Құрсақ көтермеді. Баласы жоқ. Жездеміз Қайролланың да өз кіндігінен бала болмапты. Соғыста шейіт болып кеткен ағасының екі ұлын бауырына салып, тәрбиеледі. Үйлендірді. Жәкен мен Жанаш Павлодар қаласында тұрады. Өздерінің отбастары бар. Немерелері де өсіп келеді.

            Кешкілікте Бикен екеуміз әңгімелестік. Ол  Күләтайдың әке-шешесімен бір ауылда тұрады. Олардың семьясын жақсы біледі. Шәмкен деген жігіт туралы сұрап едім. Бикен апайым Күләтайдың Шәмкенге істеген қиянатын айтты. Әйел өсек айтпайды, әңгіме айтады дейді ғой. Мен де өсекке қалай қосылып кеткенімді білмей қалдым. Бикеннің айтуынан білгенім "Күләтайдың қасына жолауға болмайды. Нашар қыз. Бір апасы былғарысқа (болгар) тұрмысқа шыққан. Күләтайдың ағасы осы жездесін мылтықпен атып, түрмеге түсіпті. Ее өмірде не болмайды. Күләтай інісі туралы айтқан емес. Негізі осы қызбен байқап сөйлесу керек. Енді қалған бір жарым айға шыдап кеткенім жөн. Артын бағайын деймін. Осы мен ылғи да артын ойлап, көп жерлерде үндемей қаламын. Бұдан зиян көргемін жоқ. Бетім ашық. Мектеп бітіруге жақындаған сайын, екеуміздің достығымыз одан да нығая түскен секілді. Тату тәтті, әңгіме айтып бірге жүреміз. Күләтай концерт кезінде "Достарым" деген өлеңімді оқыды.

            "Достар бар достарым, әр қилы, іздерін жақсының басатын. Жүргенде  біреуге боп сыйлы, сырларын басқаның ашатын.  Достар бар әр кімде, әр түрлі, Мінезі баурына тартатын. Достар бар әркімде әр түрлі, саған да бір сенім артатын." Әдебиет сабағында Кәрім Оспанович маған ақыл айтты. Сен болашақта журналист боласың. Талабың бар. Өлеңдеріңді газеттен оқыдым,-деді. Мен кейде өзім де түсінбеймін. Ақын мен журналистің айырмашылығы көп емес пе? Журналист ол маман, бұл мамандықты алу үшін жоғары оқу орнына түсу керек. Ақын деген мамандық жоқ. Мен өлең жазамын. Бірақ өлеңнің орны бөлек қой. Алдымен мамандық иесі болуым керек. Мұғалім менің болашағымды болжап берді. Солай десем де, бүгін сүт техникумынан бір мұғалім келді. Бізді техникумға шақырды. Бәрі тегін. Киім де, тамақ та тегін. Тек оқысаңдар болды дегесін, мен тізімге жазылдым. Ол тізімді директор көріп, менің фамилиямды сызып тастапты. Сонымен мен қалай болсын жоғары оқу орнына түсуім керек. Арман арман болып қалуға тиіс емес.

***

            Ертіс суы арнасынан асып, тасып  жатыр. Тасқын су біздің үйдің іргесіне дейін жетті. Неше жасымда екенін білмеймін, бір жылдары Ертіс суы біздің үйдің есік алдына дейін келген. Жұрт әбігерге түсті. Жардың шетіндегі үйлер судың астында қалды. Көршілер төсек-орындарын буып-түйіп көшуге дайындалды. Біздің үй де әбігерге түсті. Нөкеш ағам мені ләгенге салып, су қайтқанша бөрененің басына шығарып қоятын болды. Ал өздері, үйдің төбесін паналамақшы. Қызық сонда, үй құлап қалса қайтеді? Бұрын көктемде су сонша тасымапты. Тағы бір есімде қалғаны, есейген кезімде ауылдың айналасын су басып кетті. Үйдің малдары судың арғы бетінде қалды. Сиырларды уақытында айдап әкелмедің деп, маған жеңгем ұрысты. Мен жалаңаяқ су кешіп, алыста қалған малдарға кеттім. Жол бойы жыладым. Ауылдың сыртында, дөң басында мүрделер жатқан қорым бар. Су зиратқа жақындаған жоқ. Мен кеш қарайып күн батып бара жатқанда сол зираттың жанына дейін бардым. Аруақтардан, әке-шешемнен, әрине бірінші Алладан көмек сұрап жыладым.

            Сиыр суға түспейді. Аяғын аттап баспай, не шегінбей, не алға жүрмей, басын екі жаққа қайта-қайта бұрып тұрып алды. Мен сиырдың шегінуді білмейтінін қайдан білейін. Құйрығынан тартсам да, табандап кейін жүрмейді.. Ауылда сағат 12-ден кейін жарық сөнеді. Алыстан сығырайып көрінетен жарықтың өзі жоғалды. Таң атқанша жатып қалған сиырдың бауырында, онымен бірге тыныс алып, бүрсиіп отырдым. Көзімді жұмып, ұйықтайын десем оянбай қалатындаймын. Екі көзім бақырайып, қараңғы түнекке қарадым да қиялға берілдім. Ойыма өзім оқыған неше түрлі аңыздар оралды. Құс болып ұшып кеткім келді. Құстар суды кешіп өтпейді ғой. Мына тылсым қараңғылық мені де жұтып қоя ма деп, ертеңгі күнді елестете алмадым.       Таң бозарып атқан кезде жалаң аяқ суды кешіп өтіп, ағам мені іздеп тапты. Аман-есендігімді көріп, көзіне жас алды. Сиыр жатқан жерінен тұрмады. Басын бауырына тығып алып, қанша ұрсаң да тұрғыза алмадық. Ұйқысы сонша қатты болар ма? Біз ағам екеуміз сиырды жонға қалдырып, суды кешіп үйге келдік. Бұл да Алланың маған жіберген бір сынағы болды.

            Биылғы жылы да сол кездегідей Ертіс өзені тасыған кезде арнасынан асып, бос жатқан шабындыққа жайылып, ауылды қоршап алды. Кешкілікте көл жағасына бардым. Жаға деймін ғой, үйдің қасына келген суды бақылап ұзақ тұрдым. Жағалауда қамыс бастары бір-біріне жабысып, үйіліп жатыр. Шөпті көтерсең, астынан қаратышқандар өре түрегеледі. Кәдімгі құндыз жүнділер. Үстері жылт-жылт етеді. Адам көзіне түспесе, үйге де кіріп кете ме деп қорқасың. Бұрын балықтар шоршып көз алдыңда ойнақтайтын. Олар ұйқыға кеткен бе, көрінбейді. Күн желдетіп тұр. Бәлкім жағаға ұрып жатқан толқынның күшімен жел одан сайын қатая түсетін шығар. Ауылдағы жарық түнгі он екіден кейін сөнеді.Үкімет әлі күнге дейін ауыл арқылы электр қуатын үнемдейді. Тіпті шағын ауылдарда жарық та жоқ. Электр сымдары тартылмаған.Керосин шаммен отыр. Мен де жарық сөнгеннен кейін үйдің есігін сипалап жүріп әрең тауып алдым да, үйге кіріп, төсегіме барып жаттым. Дөңбекшіп жатып, таңды атырдым. Көзім ілінді бе жоқ па, ұйқым шәйдай ашылды.Тәңертең тіршілік қайта басталды. Кеше бітіре алмаған істерімді жалғастырдым. Күйбің тірлік деген осы екен ғой.

***

            Емтиханға дайындалып жүрмін. Көңіл күй бір қалыпты емес. Таң атса болды, әлде неге алаңдап, ештеңе істегің келмейді. Ауылда той көбейіп кетті. Үшінші майда Елтай мен Бақтылының үйлену тойы болды. Көрші ауылдың жігіттері келді. Кәксен, Зәуреш, Аманжол, Нұрлан, Текен, Жақсылық. Жаңа келген жігіттер қыздарға көз салды. Мені Текен деген жігіт қайта-қайта биге шақырды. Маған онысы ұнамады. Оның алдында Жақсылық бірнеше рет келіп, сөзге тартып, қолымнан ұстап, айналдырып жүрген болатын. Мен Жақсылықты Клараның жүретін жігіті деп онша мән бермедім. Алайда Клара осымен екінші рет маған ала көзбен қарады. Өткен жолы Айтжанды қызғанып, маған ренішін білдірген. Жалпы мен қыздарды да, жігіттерді де түсінбеймін. Ұшып-қонып, анаған бір-мынаған бір жабысады. Жақсылық "қыдырып келейік" деп бірнеше рет далаға шақырды. Тойдың үстінде отырып, қайдағы қыдырған. Осы тойда Нұрлан, Текен, Аманжол бір мақсатты көздеп келген секілді. Бір қызды келісімінсіз алып қашқылары келді ме, сыбырласа береді. Мен олардан сезіктендім де, өзім білетін Айтжанның қасынан шықпадым. Үйге де өзіміздің жігіттер шығарып салды.

            Ертеңінде жолға шықтым. Соңымнан Жақсылық келді. Жүр апарып салайын деп, маған жол тосқызбай тұрып алды. Келе жатқан автобусты да тоқтатқызбады. Екі-үш сағат салғыласып тұрдық та, әйтеуір бір автобустан кісі түсіп, мен мініп кеттім. Ертеңінде Чернорецкіге іздеп келе ме деп қорықтым. Егер олар мені алып қашса, арманым орындалмайтын еді. Келін болып түскен жеріңнен кетіп қалуға болмайды, ырымға жаман, бағың байланады. Менің оқуым керек. Қаракөл ауылында мынадай бір оқиға болды. Әмина дейтін қызға Ертістің арғы бетінде тұратын жігіт сөз салыпты. Қыстың күні болатын. Тегінде жеңгелері таныстырған шығар. Содан қыз қашып шығуға бел байлайды. Келісім бойынша жігіт ат жегіп, шанасын сайлап, мұздың үстімен ауылға келеді.Келісім бойынша қыз шапан жамылып, көршінің үйіне шыққан кезде, жігіттер шанаға өңгеріп алып кету керек. Осы келісім бойынша үйден Әмина емес, сіңлісі көршінің үйінен сүт алып келуге  шығады. Әмина үйде қалып қояды. Жігіттер әлгі қызды Әмина деп алып қашады. Қыз қанша туласа да болмайды. Қараобадағы ауылға келсе, басқа қыз. Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман, үйіне апаруға болмайды, амалсыздан басына орамал салады. Содан әлгі қыз келін болып қалады. Ал Әмина болса, маңдайыма жазғаны сол шығар деп, ауылдың басқа жігітіне тұрмысқа шығады.

            Алғашқы емтихан. Бес рет қоңырау соғылды. Класқа мектеп директоры Қапсаттар Жабекұлы Смайлов кірді.-Мектеп тарихында Сіздер бірінші түлектер болғалы отырсыздар. Емтиханды өте жақсы бағаларға тапсырып, қалаған мамандық иелері болуларыңа шын жүректен тілектеспін, -деді.  Жүрек аттай тулады. Сынақтың жауапкершілігі өз алдына, біз шығармаға қандай тақырып келер екен деп конверттің ашылуын күттік. "Ертарғын жыры," "Абай жолы", үшінші "Адам деген ардақты  ат". Еркін тақырып. Маған бұл шығармалардың қайсысы болсын қиын емес. Грамматикалық қате жібермесем болды, еркін көсілемін. Көп ойланған жоқпын. "Адам деген ардақты ат" деген тақырып ұнады. Жаздым. Әрине бес алдым. Емтихан деген осы екен ғой. Екінші емтихан орыс тілінен диктант. Тақырыбы " В этом есть подвиг". Менің осал жерім, орыс тіліне шорқақпын. Қателер болуы мүмкін. Диктант жазып болған соң, Күләтай досыма қатесін тексеріп бер деп едім, бұлданып қалды. Мәнсияның жазған диктантын тексеріп, маған уақыт жетпеді деп сылтау айтты. Амал не? Не болса да тапсырдым. Емтиханнан мені ешкім құлата қоймас, дегенмен намысым бар ғой. Мұғалімдерден ұят болмаса болды.

***

             Күнделігім бүгін сені қолыма алдым. Кеше интернатқа қондым. Света, Мәнсия, Күләтай болды. Мен олармен сөйлескім келмеді. Ертерек жатып қалдым. Үш қыз мені сөз қылды. Естіп жатырмын. Күләтай екі жүзді қыз. Мені "Ұлтшыл  Бауыржан" дейді. Білемін түсінемін. Бауыржан Момышұлындай болсам арман бар ма? Ол тұлға. Нағыз батыр адам. Ол кісінің "Артымызда Москва" деген кітабын оқыдым. Рас, өте қатал адам. Бауыржанның алдына ешкім шықпайды, қарсы сөз айта алмайды. Ұнамаған адамын "Налево, шагом марш!" деп қайтарып жібереді. Ол кісі туралы елдің аузындағы қауесет осы. Жамандығын естігенім жоқ. Кеңес одағының батыры атағын осы мінезі үшін бермеген сияқты. Майдангер атамыздың қайсарлығы, бір беткейлігі кейбіреуге ұнамаған болар. Әйтпесе нағыз батыр, қазақтың батыры. Күләтай мені неге Бауыржанға теңегенін түсіне алмадым. Бұл тақырыпқа сөз таластырған жоқпын. Рас кейде олар орысша сөйлеп кеткенде, орыс тілін менен артық білесіңдер деймін. Бұл кекеткенім емес, шыны солай. Орыс тілінен емтихан тапсырған кезде қатесін тексеріп берші деп ем, бұлданды. Бәрібір оның алған бағасын мен де алдым. Төрт деген мен үшін өте жақсы баға.      Бесінші емтиханды да тапсырдым. Өмірде маған жақсылық жасаған адамдар көп. Оның ішінде Нұржамал мұғалімнің орны ерекше. Химиядан емтихан кезінде мені өзі жетелеп алып шықты. Физикадан да көмегі тиді. Емтихан басталғалы, кітап оқуды қойдым. Бір рет "Пепел и Алмаз" деген киноға бардым. Мектеп бітіру кешіне қатыспадым. Себебі үстіме киетін мерекелік көйлегім болмады. Мектеп формасымен баруға ыңғайсыздандым.

            Кәмелеттік аттестатты директордың қолынан алдым. Ол кісі маған тағы да ақылын айтты. Оқуыңды жалғастыр деді. Мен не деймін? Алматыға оқуға жіберуге Нөкеш ағамда қаражат жоқ. Тегінде жоғары оқу орнына кейінірек баратын шығармын. Оның үстіне оқуға түсу үшін екі жыл стаж керек. Яғни жұмыс істеу керек. Заң солай. Екі жылдың ішінде қанша өзгерістер болуы мүмкін. Иә, сырласым, бүгін мектеппен қоштастым. Енді маған жастығым, отырған партам қайта айналып келмейді. Чернорцкіге келген күнім есіме түсті. Бір жылдың ішінде есейіппін. Ойыма ой қосылып, алдыма жаңа мақсат қойдым.  Кластастарым, мұғалімдерім керемет адамдар болып кездесті. Мені ақын деп таныды. Қоштасар кезде көзіме жас келді. Хош бол мектеп, хош бол жастығым менің! Мен енді мектеп бітірген түлекпін, болашақ абитурентпін! Бәлкім студент те болармын. Иә оны болашақ көрсетеді. "Мен жігіт, он бес- отыз арасында, бұл жаста  көп бересім, аласым да. Алдымда толған мақсат, толған тілеу. Алайын анасын ба,  мынасын ба?"-деп Сұлтанмахмұт Торайғыров ақын керемет жазған. Менің де алдымда толған арман мен мақсат тұр. Арман- адамның қанаты. Арман қуған көңілде шек жоқ. "Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?" "Іске асқан дүниеде қандай арман, армансызбын дегеннің бәрі жалған." Менің де бір сәт күліп, масаттанғым келеді. Шаттық! Сен  менің мәңгі сөнбес досым бол! Шынында менің жасымдағылар армансыз болмайды. Арман! Ол тұлпардың тұяғы, сұңқардың қанаты жетпес биік белес сияқтанады. Соған жетемін бе? Мұрат-Биік, Бақыт-Биік."Өмір екі келмейді, бір өмірдің өзін бақытты өткіз" деген Н. Островский. Бұл сөздер маған шабыт береді. Сұлтанмахмұттың сөзі де ой салады.

***

            Қазір Ауылдамын. Күнде той. Мектеп бітірген түлектер кәмелеттік аттестат алғаннан бері, жоғары оқу орнына түсуге дайындалуда. Әбдірман медициналық институтқа түспекші. Қазыбек те Семейге зоотехниктің оқуына барады. Мен болсам туу туралы куәлігім жоқ болғандықтан болашақ оқу туралы ойлана алмай отырмын. Кеше аудан орталығына барып, архивтен құжатымды іздеттім. Қашырда жоқ. Енді Краснокутскіге баруым керек. Нөкеш ағамның айтуы бойынша біз 1950 жылдары Жаңатап ауылынан Қызылтаңға көшіп келіппіз. Онда мен бесіктегі бала екенмін. Әкем мен шешем ерте қайтыс болды. Олар маған құжат алған шығар, көшіп-қонып жүргенде жоғалған сияқты. Сонымен туу туралы куәлігі жоқ қыз, күнде ойын-тойдан қолы босайтын емес. Кешкілікте тағы да би кешіне бардым. Негізі Айтжан маған ұнайды. Алайда ол мені ұнатпайды. Селсоқ, сөзі де мардымсыз. Көзқарасы да өзгеше. Билеу білмеймін,- дейді. Менің алғашқы ұнатқан адамым Айтжан еді. Амал нешік, мен оны ұмытуым керек. Иә мен жігіт туралы ойлауға тиіс емеспін. Алдымда басқа мақсаттарым бар. Әлі он сегізге де толған жоқпын. Айтпақшы құжатым жоқ екен ғой. Менің жасым нешеде? Құжатым табылғанда ғана нақты жасымды білемін. Әттең әкем мен шешем тірі болса, қай күні, қай жылы туғанымды айтар еді. Бар білетінім, есімім Шолпан. Тәңертең шолпан жұлдыз туғанда мен де өмірге келіппін. Бірінші сыныпқа барғанда өтініш жазылады ғой. Мен оқуға барғанда Сара анам тірі, бірақ қол қою ғана біледі. Өтінішті мұғалімдердің өзі жазған шығар.1949 жылы тамыз айының 20-да туған деп жазылыпты. Тегім де Жақыпова Шолпан. Кәмелеттік аттестат құжатсыз толтырылды. Иә, мен өмірде осындай кедергілерге ұшырап жүремін. Қателерді түзетіп келемін. Оған бірнеше дәлелім бар. Тіпті күні кеше тоғызыншы класқа бара алмай, кешкі мектепте оқыдым. Оныншы класты мектепте жалғастырдым. Бұл да түзетілген қателік деп ойлаймын.

 

***

Күн ыстық. Далаға күннің көзіне кесеге су құйып қойсаң қайнап шығады. Үйдің іші салқын болсын деп, перделердің үстіне перде жауып, шынысына газет жапсырып,  тұмшалап қойдық. Далаға шықсаң, көлеңкеден де сая таппайсың. Ыстық күндері үйде болмай жүрмін. Ерте тұрып жолға шығамын.  Краснокутскі селосына бару үшін Песжанға жету керек. Ертіс өзені арқылы өтетін паром бар. Облыс орталығы арқылы баруға айналыс. Әрі оған ақша да көп кетеді. Ертістің арғы бетіндегі аудан орталығын бірінші рет көрмекпін. Бұрын әкемнің қызмет жасаған, жүріп өткен  ізі қалған жер. Бұл жақ менің әкемді ақын, емші, сері ретінде біледі. Тіпті Әуелбек ауылында балық артелінің бастығы болғанын көзкөргендер айтады. Соғысқа дейін ірі қара малдың ішкі майынан, сойылған терісін жинап, майын сылып алып, сабын қайнатқан екен. Кеңес үкіметі орнағалы бұл азаптан құтылдық. Қазір қара сабынды кәсіпорындар шығарады. Молшылық деуге болмайды. Қант тапшы, дүкенге сабын түспейді. Аудан орталығында танысым жоқ. Сондықтан келген жұмысымды бітіру үшін көшені бойлап отырып, архивті тауып алдым. Қай ауылда тудым, қайда тіркелдім маған беймәлім. Архив қызметкері менің айтуым бойынша ауылдардың бәрін қарап шықты. Менің әкемді біледі екен.-"Көк биелі Байғалының" қызысың ба? Апалары мен ағаларың аман ба? Сенің егіз екі ағаң да болған,оларға тіл тиіп қайтыс болды. Жаңатаптың зиратында жатыр,"-деп жалғастырды.

Ақын Қимаш Қызылтаң ауылына келгенде, қонақта отырып, әкемнің көк биесін еске алған еді. Сонда Бежу деген атамыздың  Құлаторысы туралы айтқан. Құла торы Ақан серінің Құлагерінен асқан жүйрік болыпты. Жаңа көшеде келе жатып торы ат жетектеген кісіні көрдім. Бәлкім сол құлаторының тұқымдары шығар., кім білсін?

Бұдан бір ғасыр бұрын арғы атамыз Жақсыбай абыздың немере інісі  Бежу- №3 ауылға қарасты Жаманкөт тоғайды, Оспан Құдайберген Үлкен көлді қоныстаныпты. Бежу жылқы малына көзі мейілінше қырағы, жүйрікті танығыш ат сыншысы, әрі бапкері екен. Бежудің есімін әйгілі еткен оның екі жүйрік аты болыпты. Мұның алғашқысы-торы ат Баянауылдағы аста қыр сәйгүлігіктерінен озып, Бәсентиіндердің мерейін үстем еткен. Бежудің екінші жүйрік аты-Құлаторы дуанбасы Қазанғаптың асында бәйгенің алдында келген.  Кезінде әйгілі атбегі Бежу сыншыдан -Торыларыңыз қашса құтылатын, қуса-жететін асқан жүйріктер екені белгілі. Ал құтыла алмай, не жете алмай қалған кездері болды ма -деп сұрапты. Сонда Бежу: -Екі рет жете алмай қалды. Бірінде, үлкен торы ат Песжан жәрмеңкесінде 40 шақырымға жарысқанда, орыстың мұжығының сары атынан жарты дене қалып қойды. Сары ат тас бүйрек екен, иесі бүйрегін қыздырып әкепті. Екіншіде, Құлаторының бір қасқырды жиектен Үлкен көлге дейін, яғни 80 шақырымдай қуып, жете алмадым. Сөйтсем, ол бір ішек (қорқау, шакал) қасқыр екен

Бежу қайтыс болғаннан кейін Құлаторының да көңіл-күйі болмай, бабы келмей жүреді. Соңғы рет Көкшетауда өтетін ұлы бәйгеге апарғанда, Құлаторы шоқалақтап шаппай қояды. Көкшеден елге оралғанда, Бежудің екі келіні қара жолдан жаяу қарсы алып, дауыстап көрісіпті. Құлаторы қартайып өлетін болған соң, Бежудің ағайындары оны бауыздап, басын көп жыл бойы қорада сақтап қояды. Кейіннен ақтар кетіп, қызылдар келіп, аласапыран заман басталған кезде, торы аттың басын Чкалов атындағы совхоздың Қызыл суат деген жеріне, жардың жағасына апарып жерлеген.

Әрине, іздеген табады.Таптым. Архивтегі ағатайым менің тегімді білгенмен, қағаз жүзінде құжат керек,-деп, мұқият іздеді. Ең ғажабы менің тегім Байғалина деп жазылыпты. Байғалы әкемнің есімі. Әкем өз атына жаздырған сияқты. Қуанышым қойныма сыймай, өкпемді қолыма ұстап, туу туралы куәлігімді кеудеме қысып,  Кашыр жаққа жүретін паромға іліктім. Павлодар қаласына қарай автобустар бар. Кешкілікте үйге жеттім. Енді кәмелеттік аттестаттың көшірмесін алу керек. Ертеңінде тағы да жолға шықтым. Павлодар аудандық оқу бөлімі Павлодар қаласына орналасқан. Іздеп жүріп, сұрастырып әрең таптым. Оқу бөліміне жағдайымды айттым. Рұхсат берді. Нөмірленген кәмелеттік аттестатты қолыма ұстатты. Мектеп директоры демалыста жүрген мұғалімдерді шақырып алып, бір аптаның ішінде қолдарын қойғызыды.

"-Міндетті түрде Кашыр аудандық оқу бөліміне бар, ауыл мектептерінің біріне  бастауыш кластың мұғалімдігіне орналасуға болады. Ағзам Текеновке сәлем айт, мен жіберді дерсің. Оқу оқы, жоғары білім ал, мен саған сенемін. Сенің талабың бар. Әкең де тегін адам болмаған еді жарықтық. Жолың болсын!" деп, -Қапсаттар аға мені бауырына қысты. Менің көзіме жас келді. Мұндай мейірімділікті ер адамның тарапынан бірінші рет сезіндім. Не деген үлкен жүректі, қайырымды жан. Егер қызмет табылмаса маған келерсің дегенде тіпті қанаттандым. Жоқ, міндетті түрде енді өз күшіммен, өз талабыммен болашаққа қадам басамын дедім ішімнен. Маған енді Кашыр аудандық оқу бөліміне барып, мұғалімдік қызмет сұрауым қалды.

Кешкілікте Нөкеш ағам кәмелеттік аттестат алғанымды атап өтті. Бану Қазыбек хат жазбады, сағындым деп жылап жүр. Мен осы екеуінің махаббаттарына қызығамын. Бір-бірінсіз тұра алмайды. Менің махаббатта жолым болмай жүр. "Қазақстан әйелдері" журналы арқылы танысқан Ертай хат жазбай қойды. Теңізге шығып кетсе бір ай жүреді. Келген соң Севестопольге оқуға барамын деген. Мен ол жігітті көргемін де жоқ. Әйтеуір жіберген суретіне қарап, менің жігітім деп қоямын. Бірақ жасы едәуір үлкен. Бұл теңіз флотының  киімін киген жігітке жәй қызығушылық шығар. Ал Айтжанды ұнатамын. Сүйемін деп айтуға аузым бармайды. Бір түрлі ұят. Нағыз махаббат ұялшақ болады дейді ғой. Ауыл кеші сондай әдемі. Айтжанмен қыдырып жүргенде менің көз алдыма Алматы қаласы елестейді Алматыны көрмесемде, кинодан көргенмін, оның гүл көмкерген көшесімен келе жатқандаймын. Қараңғы түн тұңғиығы Алатауға ұқсайды. Тіпті тесіле қарасаң, анадайда тау көрінетін сияқты. Айтжанға осы көрініс туралы айтсам, маған күледі. Қиялымды да дұрыс түсінбейді. Мынаған бірдеңе көрінген шығар деп ойлайды. Иә, ауылдың көрікті жерлері де оны қызықтырмайды. Тіпті махаббаттың не екенін де осы жігіт түсінбейтін шығар.

***

 

            Семейден артистер келіпті. Билет алдым. Бүгінге дейін ауыл клубында көрсеткен кинофильмдерді босатқан емеспін. Мен қазір жылт еткен жаңалықты облыстық газетке жазып жүрген ауыл тілшісімін. Семейлік артистер "Әке тағдыры" пьесасын қойды. Екінші күні "Еңлік пен Кебекті" сахнаға шығарды. Аядай ауыл клубына көрермен көп жиналды. Менің көкейімде артистердің  басшысымен жолығып, сұхбат алу болды. Яғни маған мәлімет керек. Үзіліс кезінде бір жігітті сөзге тарттым. Пьеса біткен соң рольдерде ойнаған артистердің аты-жөнін жазып беруді өтіндім. Бір кезде Бекен Жұманов деген актер(есімін кейін білдім)маған"танысайық, қарындас!" деп жабыса кетті.

            Мен өзімді облыстық "Қызыл ту" газетінің  ауылдағы тілшісімін деп таныстырдым. Әлгі жігіт "Ауылыңды көрсетсейші, қыдырып келейік," дейді. Артистер қыз көрсе қылмыңдап, оңай олжа іздейді деп еститінмін. Дегенмен мына жігіт маған ұнап қалды. Оны өзім де сезбедім. Бір ойым әйелі, отбасы бар шығар, несіне желігемін"-деп те ойладым. Бұлар әлі екі-үш күн өнерлерін көрсетпекші. Маған тегін билет берді. "Әке тағдыры" да, "Еңлік-Кебек" те трагедия. Өте жақсы әсер қалдырды. Әсіресе мен ұнатып қалған Бекен Жапалдың ролін шебер ойнады. Көрермендер жылап шықты. Менің де көңілім босады. Жыладым. Семей артистерінің ішінде Жұман Ұлтабаров деген актермен таныстым. Талдықорғанның жігіті екен. Мен олардың өнеріне ғашық болған сияқтымын. Жолығуға келісім бермедім. Олар кеткеннен кейін өкіндім. Мен тым сезімталмын. Тіпті біреуді ұнатып қалып, соны ойлаумен боламын. Сегізінші класс оқып жүргенде Сапар Бердіханов біздің ауылға мұғалім болып келді. Ән-күйден сабақ берді. Маған мұғалім өте ұнады. Ол баянда ойнағанда қасынан шықпайтынмын. Қазір Сапар мұғалім әскери міндетін атқарып жүр. Маған хат жазып тұрады. Менің сезімімді сезген шығар, бірақ оқушысы ретінде ақыл-кеңесін айтып, хат жазады.

            Сонымен Семей артистері туралы мақала жазып, газетке бердім. Қызылтаң шағын ауыл. 150 түтін, немесе сонша үй бар. Көпшілігі бізге туыс, ағайын. Әйел алмай қартайып бара жатқан ағаларым да жеткілікті. Жақында Банудің Әлібек деген ағасына Байқоныстан бір қызды айттырмақшы болыпты. Бірақ сақа жігітке жас қызды кім беруші еді? Бану маған сен оны үйінен алып шықшы -Әлібек жуас, қызға сөз айта алмайды, алып қашамыз деді. Қыздың есімі Шолпан. Мен Банудің өтінішін жерге тастай алмадым. "Сенде шұғыл жұмысым бар, -сыртқа шығайық деп едім, қызым көп күттірген жоқ, Ол ештеңеге түсінбесе де  маған еріп жүре берді. Дайын машинаға отырғызып Қызылтаңға алып қаштық. Шолпан кімге әйел болуға бара жатқанын да білмеді. Сол оқиғадан кейін ел-жұрт мені сөз қылды. Айтпағандары жоқ. Қыз көніп, ағатайымның үйінде әйел болып қалды. Кейін өзім қатты өкіндім. Байқоныста бірге оқыған Рысайды кездестіріп едім, "ағатайымның қызын алып қашыпсың ғой..." деп бетіме басты. Несіне бардым екен? Жұртқа қарайтын бет жоқ. Ауылға жаман атым шықты.

***

            Қашырға бардым. Аудандық оқу бөлімінің бастығы Ағзам Текеновке кірдім. Ол кісі өте қарапайым адам екен. Менің шаруамды тыңдап отырды да,  "-Оқу жылы басталуға он бес күн қалды. Бос орын жоқ. Шалғай ауылдарға жібере алмаймын. Қызылтаңда аға вожатыйдың орны бос. Мұғалім декретте отыр. Өз ауылыңа бар. Одан әрі тағы көрерміз,"- деді де, көмекшілерін шақырып, бұйрық жазып берді. Бұл кісі де газеттегі мақалаларымды оқиды екен. Тегінде Қапсаттар Жабекұлы телефон арқылы сөйлескен болу керек, әйтеуір пионер вожатыйдың жұмысы уақытша болса да, өзім оқыған мектепте қызмет істейтін болдым. Кешегі өзімді оқытқан мұғалімдердің қатарында болу қорқынышты, солай десем де қуанышымда шек жоқ. Уақытша орналасқаныммен, жұмыс істей тұрайын, содан кейін көре жатармын. Бәлкім ендігі жылы Алматыға оқуға түсуге баратын шығармын. Оны болашақ көрсетеді. Біздің ауылдың жігіттері  Меркен, Айтжан, Қазыбектер жоғары оқу орнына түсе алмады.

            Медицина институтына Әбдірман, Қарағандының қаржы институтына Мырзабек емтихандарын жақсы тапсырып, жоғары оқу орнына қабылданыпты. Мырзабекпен  сегізінші сыныпқа дейін бір класта оқыған едік, өте зерек оқушы болатын.  Әсіресе математикадан үздік оқыды. Немере ағасы Науан бірінші класта бізді оқытты. Әліппені алғашқы үйреткен ұстазымыз. Кейін Мәйза мұғалім жалғастырды. Мырзабектің әкесі ертеректе қайтыс болған, қаржы саласында еңбек етті дейді. Қажу деген ағалары бухгалтер болды. Қызылтаңда әзірге жоғары білім алған жастар жоқ. Құлатаймен Үйсінбай жақта көрші тұрдық. Екеуміз  мектепке бірге бардық Оның Мұқатай деген ағасы Алматыда институтта оқыды деп айтып отыратын. Бірақ ауылға мұғалім болып келген жоқ. Аудан орталығында тұрады.

            Тұңғыш рет ауылда туған күнімді атап өттім. Он сегіз жасқа толдым. Иә, айтпақшы, жаңа туу туралы куәлігім бойынша  он сегіздемін. Мектепке жеті жасымда бардым деп жүретінмін. Олай болмай шықты.  Өмірде не көрдім. Көңілге түйгенім шамалы, білгенім де аз. Білмегенім көп. Ылғи бір қиял құшағында жүремін.  балалық бал дәуреннің қызығын көре алмадым десем де, балалық шақ басымнан өтті. Енді ол кезең сағымға айналды. Дегенмен де болашақ әлі алда. Бүгінге дейін сұлтанмахмұтша айтсақ, өмірден алғаным аз. Мектеп бітірдім, қызметке орналастым. Мектепке барып, пионерлер бөлмесін безендіріп, оқу жылына дайындық жасап жатырмын. Бөлме кішкентай ғана . Оның есесіне Ленин бөлмесі кең, бүкіл көрнекі құралдар, тарихи суреттер сонда ілінген. Ленин бөлмесін неге  біріктірмеді екен. Бәрібір біз Лениннің ұрпағымыз деп сол жолмен жүрміз ғой. Бірақ мектеп директоры ол бөлмені құлыптап қойды. Аудан орталығанан немесе, басқа тексерулер келіп жатса, біздерде мынадай бар, мынадай бар деп көрсетеді. Иә, бүгіннен бастап  өзіме өзім ие боламын."Өскенше тілегіңді өзің де,елің де тілейді, өскен соң өзің тілейсің"- дейді қазақ.

             Кітап-менің досым, сырласым. Күндіз жұмыста жүріп, кітап оқи алмаймын. Кешкілікте, сол баяғы әдетім, қолымнан кітап түспейді. Маған Өтебай Қанахиннің "Жас дәурен", "Заман биігі", "Тұңғыш махаббат", "Сырлы дүние",  "Болмаған уақиға", "Өмір мектебі", "Жастық шақтың ізімен" сияқты  әңгімелері өте ұнады. Түні бойы көз ілмей оқыдым. Қайрат Жұмағалиев "Махабатсыз ешбір жүрек соқпаған. Өмір жолы болмас оған соқпаған. Ақындарды ақын еткен о баста. Махаббаттың әмірі ме деп қалам" деп толғаныпты. Шынында да Абай атамыз айтқандай "махаббатсыз дүние бос". Менің де махаббаттың не екенін білгім келеді. Өзім әлі ұшып-қонып жүрген сияқтымын. Маған өзімнен көп үлкен, әйелі, бала-шағасы бар мұғалім ұнайды. Соны ойлай беремін. Қиялымнан сол бейне кетпей қойды. Енді бірге қызмет істейтін болдым. Оны күнде көретін боламын. Ол менің көңілімді сезетін секілді. Мен жақындаған сайын ол алыстай түседі."Сәтсіз махаббат" деп айдар тағып жазып жатқан өлеңім оны алыстатын шығар. Неге сәтсіз? Себебі... Тағы да түсінбеймін. Мен өзімді өзім түсінуден қалып барамын.

***

            Мектепке келдім. Оқушылар жиналды. Сапқа тұрғыздық. Жаңадан келсем де, бәрін танимын. Мұғалімдер алға шықты. Үстерінде жаңа мектеп формасы, ақ фартук, қызыл галстукті оқушылар...Керемет әдемі көрініс. Жәудіреген көздер, бәрі моп-момақан. Жүздерінде қуаныш. Мектеп директоры жаңа оқу жылымен құттықтады. Мұғалімдермен таныстырды. Менің екі бетім дуылдап, бір ыңғайсыз жағдайда тұрдым. Өзімді қалай ұстарымды да білмедім. Мақтаныш сезім де жоқ емес. Кешегі жетім қыз, міне бүгін мұғалім. Жақсы көретін мұғалімім көрінбейді. Кеше қиялымда қатар тұратын шығармын деп елестеткемін. Жаңалықты мектеп директоры айтты. Менің сүйгенім Байқоныс орта мектебіне мектеп директоры болып тағайындалыпты. Қуанып кеттім. Сонда да көңіл күйім төмен. "Кім үшін мектепке келемін" деген ой санама келді. Жоқ мен оны емес, қызметті ойлауым керек. Сүюге қақым жоқ. "Көңіл шіркін талайларды ұнатар, Жүрек тулап біреуіне тіл қатар. Бірақ, бірақ бала күннің сырласы, Дәл өзіңдей жанымды кім жұбатар". Кімнің өлеңі екен?  Менің "Сәтсіз махаббат" деген поэмам басқаша жазылды емес пе? 30 шумақ. Ол былай өріледі:  Сен маған ең алғаш ұстаз ең, Өмірге жолдама әперген. Ол кезде жас едім, дос едім, Махаббат ұшқынын сезбеген. Арбаумен келіпсің бұл күнде, Жаралап жүректі әр күйде. Болсада арамыз қия-шың, Күдерді үзбедім мен мүлде. Ұзақ жол талмаспын бірақ та, Жетермін мұратқа, арманға. Балауса  нәп-нәзік сезімім Алданба махаббат алданба..." Міне өлең жолдарым осылай жалғасады.

            Егіс бригадасына барып, қабырға газетін шығардым. Газет шығару мектеп мұғалімдеріне тапсырылған. Егін орағы жүріп жатыр. Механизаторлардың аты-жөнін білемін. Егін орағында жүрген дихандардың көрсеткішін контордан жазып алдым. Дайын үлгіні алып, өлеңдетіп қабырға газетін безендірдім. Сын мақала да жоқ емес. Келген кезде аяқтың астында шашылып жатқан бидайдың үстімен жүрдік. Мен өзімше сурет салып, нанның қасиетін сыйпаттадым. Егістікті араладым. Астық бітік шығыпты. Бидай сабақтары беліңнен келеді. Пісіп жетілгені сондай, бидайдың ұзын сабақтары майысып, жерге иіліп тұр. Егістік басы қайнаған еңбек. Шабылып жатқан бидайды бункерден машина  қорабына толтырып алып, қырманға есілі-қарсылы ағылған машина. Қырман басында қызыл бидай тау-тау болып үйіліп жатыр. Газетке жазатын мәлімет бар. Енді әлгі көрген көріністерді суреттеуім керек. Шағын хабар емес, репортаж жазсам деймін. Кешке үйге барған соң, қойын дәптеріме түсірген сандарды сөйлетемін. Мектепке қызметке шыққалы пионерлермен жұмыс істегенімнен гөрі, қоғамдық жұмыстарым көбейді. Директордың тапсырмасы бойынша, ауыл үйді аралап, баспасөзге жаздырдым.Мен үшін бұл жұмыс таңсық емес. Иманғалы ағатайым почта тасиды. Бүкіл газет-жорналдарды алдымен оқимын. Республикалық, облыстық газеттерді, барлық жорналдарды жатқа білемін. Бір отбасы 5-6 газет жорналға жазылады. Газет жорналға жазылған кезде ақшасын бірден жинамаймын. Ферманың конторына барып еңбекақы таратқан күні, ақша жинап отырамын. Мәліметтің бәрі қолымда. Ертең оны газетке мақала етіп жазамын. Бір үй он газетке жазылды деп тақырып қоямын. Негізі ауыл тіршілігі көз алдымда. Кейбіреулер өздерінің аты-жөндерін газеттен оқып, риза болады. Мені де газетке жазшы деп Қонысбай да келіп кетті.

            Менің аңсарым музыкаға ауып жүр. Жүректің қылын шертетін әуендер керемет емес пе? Орыс тіліндегі әндер "Еду я," "Мамалюк", "Королева красоты"...Бір мезгіл домбыраны қолыма алып, ән айтамын. Әнге қосып өлең шығарамын. Әкемнің өлеңін ағам Нөкеш айтып отырады. "Бір күні үйде отырып қалам алдым, Көрген соң Тілеуқабақ күйіп жандым. Егерде Тентағам тірі болса, Хат жазып білдірмей ме, хат-хабарын." Деген өлеңін әкем інісіне шығарыпты. Қасанғалы соғыста хабарсыз кетті. Тілеуқабақ деген жалғыз ұлы нағашы әжесі Ұрлиқаның қолында қалыпты. Анасы Үнзила тұрмысқа басқа жігітке шыққан екен. Әкемнің дәптерге жазылған бір топ өлеңдерін  Алтынай жеңгемнің жездесі Сембай алып кетті. Ол кезде мектепте оқитынмын. Қазір Железинкада тұрады. Егер дәптер қолымда болса, қазір жаттап алар едім. Тіпті қандай өлеңдері бар екенін де білмеймін. Краснокутскі жақта білетіндер бар дейді.  Біз Ертістің арғы бетінде 14-ші ауылда, яғни Жаңатапта тұрдық қой.

            Айтпақшы менімен бір класта оқыған Құлатай ән сабағының мұғалімі болып орналасты. Ол жоғары оқу орнына түсуге бара алмады. Әкесі Темірбек қартайып отыр. Шешесі де сырқат. Қарт ата-ана кенжесінің үйден алыс кеткенін қаламаған секілді. Екеуміз қазір ең жас мұғалімбіз. Әңгімеміз ортақ. Бүгін Құлатайдың ән-күй сабағына кірдім. 8-ші класс оқушыларының ішінен ән айтуға бейімі бар оқушыны тыңдадым. Мерекелік концерт қоямыз. Оған осы күннен дайындық жүргізбесек болмайды. Мектептегі жұмысым күннен күнге қызықты болатын шығар деп ойлағанмын. Амал не, пионерлер сабақтан бас көтермейді. Өзімше жаңалықтар енгізгім келеді. Уақытша қызмет болған соң, не жаңалық ашасың. Бұрынғы жүйені бұза алмайсың. Дружина отрядының жетекшісін қайта сайлайын десем, директор рұқсат етпейді. Звенолар Зоя Космедмьянская, Павлик Морозовтың атында, мен Мәншүк Мәметова, Төлеген Тоқтаровтың аттарын төртінші мен бесінші кластарға бердім. Бос уақыт жоқ, бірақ сабақ арасында пионер бөлмесінде отырып әдеби кітап оқимын. Мейірхан Қуанышбаевтың  "Жанар" повесін оқып бітірдім. Кітап өте ұнады. Қатты әсер алдым. Кітаппен бірге өзімнің қиялым, арманым көкке қалықтады. "Қасы көзі қиылып, қай жерде отыр екен-ай" деп күрсінемін. Көз алдымда әлгі бейне тұрып алды, қазір кіріп келетін секілді. Ия, сол баяғы Елекең  ғой. Мен оны ұмытуым керек.   

            "Қыран бүркіт ұшады аспанменен, таң атпайды мезгілсіз тосқанменен. Кісі жары кісіге жар болмайды, қанша тартып бауырыңа басқанменен". Рас қой. Оның отбасы бар. Менікі жәй жауапсыз махаббат. Мүмкін ол қиыла қарағанда менің сезімімді тұтата түсетінін сезбейтін  шығар. Махаббаттың барар жері үйлену. Алайда мен оны қанша сүйіп тұрсам да, тұрмысқа шығамын деп ойламаймын. Отбасын бұзбаймын. Менің болашағым алда. Маған жоғары оқу орнына түсу керек. Студент атанғым келеді.Мені сүйетін жігіт кездеседі. Оған сенемін. Балалық махаббаттымды ұмытуға тиіспін. Қолыма Бердібек Соқпақбаевтың "Мен қалай үйлендім" кітабы түсті. Түн баласы көз ілмедім. Тәңертең ұйқылы ояу, мектепке жиналдым. Мектеппен үйдің арасы едәуір жер. Жолда Баукен кездесті. Машинамен апарып салайын деп кес-кестеп тұрып алды.Таң атпай жатып, мені аңдығаннан сау ма өзі? Амалсыз отырдым. "Бір жарым жылдан бері сені ойлаумен күнім өтіп келеді. Жақсы көремін" дейді даусы дірілдеп. Менің күлкім келді. Мен оны ұнатпаймын. Қазір алып қашамен деген сөзінен қорықтым. Машинаны тоқтатшы деп жалындым. "Жүрекке әмір жүрмейді. Ағам секілдісің. Мүмкін әйелің бар шығар, әлде айрылысып кеттің бе? Осы жасқа жеткенше үйленбедім дегенге сенбеймін,"-дедім. Маған оқу керек. Алдағы жазда Алматыға барамын" деп жыламсырадым. Жүк таситын машина мектепке жақын тоқтады. Мен биік кабинадан қалай түскенімді білмеймін, жүгіре жөнелдім. Ауылдан тезірек кету керек. Әйтпесе мындағы жігіттер еріксіз әйелдікке алып қалып жүрер. Негізі ауыл жігіттері ағамнан қаймығады. Мына жігіт бөтен ауылдікі. Егін орағына көмекке келген. Кеше кешкілікте клубта "Бродяга" деген кино болды. Бұл жігіт кинода болмады. Бригада басынан таңертең әдейі маған жолығуға келіпті. .

***

Қызылтаң ауылының оң жақ бүйірінен көгілдір қырға бет алған жазғы жол Гүлстан, Ынталы жайлауларына жеткізеді. Бұл жол күзде дихандар, жазда пішеншілерді шабытты еңбекке бастайтын жол. Қазір де жол бойына көз салсаң, қырға егілген екпе шөпті тау-тау етіп тиеген  арба сүйреген ілегін жиі көресің. Ал шабындық басы жаныңа ерекше шабыт сыйлайды. Міне кең жазиралы жазық даланы еңбек күйіне бөлеген үш "Беларусь" тракторы қатар түзеп, екпе шөпке шалғы салып келеді.  Әр трактор екі шалғыдан тіркеп алыпты. Тракторларды тізгіндеп келе жатқан механизаторлардың ісінен қарқын, жүзінен қуаныш аңғарасың.Алдыңғы тракторды аудандық советтің депутаты Масұғыт Сүлейменов, жанаса  келе жатқан Сәкен Темірғалин, Хамит Ораловтардың кез келгені кәнігі пішеншілер. Олар науқан басталғаннан бері күніне бір жарым-екі норма орындамайынша, шалғысын көтеріп көрген жоқ. 1200 гектар жерді алып жатқан телегей-теңіз шабындықтың шалғы тимегені 300 гектар ғана. Шалғы құлатқан шөп бабына келгенде  жиналып жалға түседі. Жалға түскен шөпті маялауда Текен Шайыхов өнімді еңбек етіп жүр. Тайланған шөпті арбаға  ауыл мұғалімі Қ. Әбілқасанов, Е.Какеновтар тиеп жатыр. Ал трактордың қос арбасына тиелген мал азығын шашпай-төкпей қора маңына жеткізу А. Мусиннің үлесінде.

            Қырдағы екпе шөпті қолайлы кезеңде жинап алуға ұйымшылдықпен кіріскен бөлімше пішеншілері тоғай бойының шабындығына шалғы салуды ойластыруда.    -Ерте көктемдегі  тасқын су тоғай бойына мол жайылды. Су жайылған жердің шөбі бітік. Тоғай шөбін дайындауға кірісетін күн де таяу. Техника әзір. Мал азығын дайындауды екі звено қолына алды. Звенолар атқарған жұмыстың өнімділігі мен шаруашылық үшін тиімділігін анықтады. Сондай-ақ әр он күндік сайын озаттарды анықтап, оларға көтерме сыйлықтар беруді де ойластырып отырмыз,-дейді бөлімше басқарушысы Қонысбай Тағанбаев. Іргелі совхоздың үшінші бөлімшесі еңбеккерлері қоғамдық мал азығының берік қорын жасаудағы  алғашқы қадамдары  мақтауға тұрарлық. Гүлстан төскейін трактор үніне, еңбек күйіне бөлеуші пішеншілердің мерейлері үстем, еңбектері өнімді болары сөзсіз.

Кеше ауылдың қойын бақтым. Қойдың кезегін әдейі демалысқа келтірдім. Күн жылы. Қолыма әдеби кітабымды алып, қойларды алдыма салып жонға кеттім. Айнала тыныштық. Ешкім мазаламайды. Қойлар күзгі шөпті құмарта түрткілеп жеп жүр. Маңымнан аса ұзап кетпейді. Жайылып бара жатса соңында жүріп, кітапты бір сәтке ұмытып қиялға берілемін. Соңғы кезде менің басымнан неше түрлі оқиғалар өтіп жатыр. Кеше Жақсылықтың машинасымен Қазыбек пен Бану үшеуміз Пресной ауылына бардық. Ол ауылда Банудің достары тұрады. Алайда ешкімді кездестіре алмадық. Ауылға жақындағанда Жақсылық машинаны тоқтатты. "Бензин" бітті дейді. Содан Қазыбек пен Бану бензин іздеуге кетті. Біз кабина ішінде отырмыз. Үнсізбіз. Мен тағы да күдіктене бастадым. Бензиншілер келмеді. Келісім солай болды ма, Жақсылық бензин жоқ деп мені алдапты. Бізді бір-бірімен сөйлессін деп әдейі қалдырыпты. Әрі өздері де оңаша қалуды ойластырған секілді. Біз көп отырған жоқпыз, жүргізуші машинаға от алдырды. Жол бойы үндемедім. Айтатын сөзім жоқ. Негізі Жақсылық Кларамен дос болып жүретін. Ал Клара Айтжанды сүйеді. Жақсылық менімен жақын дос сияқты еді. Бүгінгі қылығын түсінбедім. Алып қашып кетсе де мен ештеңе істей алмаушы едім. Әйтеуір ондай ойы болмапты. Аман-есен үйге жеттім. "Ертең кездесейік"-дейді. Мен үндемедім. Бұл келіскенім шығар...

            "Туу туралы куәлігім" қолыма тиген соң, аудан орталығы Қашырға барып, паспортқа тапсырыс бердім. Бірінші еңбекақымды алдым. Мұғалімдер қолқалаған соң, Қайкеннің үйіне бардық. Жақсылық Кашырда тұрады. Өткен жолы жолығайық деп ұсыныс жасады да, өзі келмеді. Осы жігіттер де қызық. Естуімше бұл жігіт мұғалім болып келген Шолпанды ұнатады.Біз жас мұғалімдер бірге жүреміз. Күләш мұғалім Құлатайға ғашық екенін ашық білдірді.  Кез келген адамның бойынан әдемілікті көруге болады. Оны бір адам ғана байқайды, ал басқалары оған мән де бермейді. Мысалы мен Күләшқа қарап отырып, Құлатайдың қай қылығын жақсы көреді деп ойладым. Әрине Құлатайдың да  көркем жігіт екеніне сөзім жоқ. Бойы ұзын, ат жақты-аққұба. Ал Күләш болса оған қарағанда өңі қара қошқыл, бойы кішкентай. Алла тағала ұсқынын да келістірмепті. Әкесі Жәкіш елге есімі белгілі мұғалім болған адам. Ол кісінің де өңі қарақошқыл, сұсты болыпты. Бірақ ер адам ғой, алайда мінезі қатал болғанымен, оқушыларға жайлы болған екен. Оны шәкірттері еске алады. Ал анасы Айбике болса, әйелдердің ішінде тұңғыш тракторға отырған батыр әйел.

            Күләштің біз байқай бермейтін әдемілігі көзі күліп тұрады. Қоянның көзіндей жылт-жылт етіп, тәйт десең үркіп кететіндей. Құлатай оған қарайтын түрі жоқ. Бірақ оның сезімін құрметтейді. Әңгімелесіп, сыйласып жүреді. Күләш өткен жолы пионерлер бөлмесіне келіп, өзінің ішкі мұңын шақты. Тегі ғашығы туралы айтса, жеңілденіп қалатын секілді. Айта береді, айта береді. Мен оған "Сенің жасың үлкен, Құлатайдың қызы бар. Қарагөлде тұрады. Құда түсуге барады деп естідім. Үйленеді"-дедім. Алайда оның тыңдағысы келмеді. Маған керісінше, жақындастыр, көмектес дейді. Қалай? Алып қашып кетейік пе? О заманда бұл заман ер жігітті қыз алып қашты дегенді кім естіген. Мына қалпымен біз ел естімеген қадамға баратын шығармыз. Иә, сонымен Күләшқа көмектесудің сәті түсті. Қайкеннің үйіне жиналғанда екеуін қатар отырғыздым.  Сөйлессін, түсініссін, бір-біріне деген сезімдері оянып қалуы да мүмкін  емес пе? Алайда олар қатар отырғанымен екеуі екі жаққа қарап кетті. Бәлкім сөздері жараспады ма екен?  Сонымен махаббаттың әңгімесі біткен секілді. Бірақ нүкте қоюға ертерек...

***

             Мұғалімдер күнін атап өттік. Күндіз Жақсылықпен кездестім. Пионерлер бөлмесіне келді. Қарай береді. Бірдеңе айтқысы келетін секілді. Қабырға газетін безендіріп отыр едім. "Кешке қыдырайық"- дейді. Мен Банумен бірге шығамын, қыдырайық дедім. Келісім бойынша Жақсылық күтіп тұрды. Қызық, ол менен Шолпан  мұғалімді алып шығуымды өтінді. Жігіт сұрап тұрған соң, көңілін қалдырмадым. Шолпанға барып едім, ұйықтап жатыр. Оятып алып, сенімен Жақсылық кездескісі келеді десем, ол шықпаймын деп кесіп айтты. Түсінбедім. Жақсылық екеумізді де алдап жүрген сияқты. Ренжіп қалдым. Бірақ Жақсылықтан гөрі өзім жақсы көретін мұғалімді ойладым. Сонымен кездесуді армандадым.Шолпан бізге биыл ғана мұғалім болып келді. Ол келгелі ауылдың жігіттері соған қарай сабылатын  болды. Мақсұт та соның үйінің алдын күзетіп тұрады.  Қаншайым Жомарт мұғаліммен кездесіп жүр. Қызық, естуімше өзінен он жас үлкен жігітке тұрмысқа шықпақшы. Негізі екеуі бір-біріне ұқсайды. Түрлері де, шаштары да  сары. Несі бар, Жомарт болса, жоғары білімді, мықты математик. Қаншайымның білімі жоқ. Жоғары оқу орнына түсе алмады. ауылда сауыншы болып жүргенше, білдей мұғалімнің әйелі болғаны дұрыс шығар. Мақсұт ҚаНшайымды шығарып берші деп соңымнан қалмай жүр.

            Ауылдың жігіттері қызық өзі, көңіліме қарамайды. Менде сезім жоқ деп ойлай ма екен? Негізі Мақсұт бізге ата көрші. Мені  қарындасым деп сыйлайды.Кеше Байқоныс кеңшарына бардым. Мұнда бірнеше дүкен бар. Іздегеніңді осы кеңшардан табасың. Ойда жоқта сүйгенімді кездестірдім. Өзіме қарсы келіп қалғанда, тілім байланып сөйлей алмадым."Сәлемет пе, Шолпан?" деген кезде, көзім бақырайып, үндемедім. Ыңғайсыз жағдай болды. Өзімнен он екі жас үлкен мұғалімім амандасып тұрғанда, жауап бере алмағаным қызық болды. Тамағыма тас тұрып қалғандай, даусым шықпады.  Абырой болғанда дүкенге Тоқтар жеңгей келіп кірді де, онымен амандасқалы бұрылып кеттім. Керегімді сатып алып, Қызылтаңға оралдым. Көңіл күйім пәс емес, шәй іш деген жеңгеме де жауап қатпастан, кітабымды қолыма ұстап, оқып отырғандай сыңай таныттым. Бір кезде Меркен келді. Маған Шолпанды шығарып бер дейді. Ту, не болып кетті. Шолпан несімен жігіттерге ұнайды осы. Келбетіндегі, дене құрылысындағы әдемілікті жігіттер бірінші көреді-ау өзі. Тегінде ең алдымен бөксесі көзге түскен шығар. Мінезі жақсы, байсалды. Үнемі күлімдеп тұрады. Өзі екі тілде сөйлейді, орыс тілінің мұғалімі. Шолпаннан үміттенетін жігіттердің бірі Меркен. Иә, солай.

            "Қазақстан пионері" газетіне "Пионерлік жарыс" деген мақалам шықты. Оқушылар оқыпты, өздері мәз. Республикалық газетте ауылда тұратын балалардың аттары жүр. Қандай керемет.Түс мезгілінде Москва қаласының жанындағы Барыбинодан телеграмма әкеп берді. Телефонмен сөйлесуге шақырыпты.  Кім болды екен? Аудан орталығына бардым. Қоңырау күтіп, екі-үш сағат отырдым. Кім болды десем, әскер қатарында жүрген Қайролла ағамның жолдасы  Тілектес Темешов. Бұл да еріккен екен. Әлде елді сағынды ма? Негізі ол Шәкенмен хат жазысып тұратын. "Бізді күтіңдер"-дейді. Күлкім келді. Мен оны Шәкен арқылы білемін. Менің онымен қарым-қатынасым жоқ. Қайролла шыұғыл тапсырмамен кетіпті. Ауылдың амандығын біл депті. Иә, маған хат жазатын жігіттер көп. Көкшетаудан Сайлау Көшкенов, Спартак ауылынан Сәткен... Олар менің адресімді газеттен, жорналдан алады. Мен ешкімді де жақсы көрмеймін. Айтпақшы, ұнаттаны адамымның  әйелі, балалары бар. Ол жоғары білімді. Ағасы Қызылорда педагогика институтында ректор, апайы жоғары білім мекемесінде  қызмет істейді. Оның өмірбаянын жақсы білемін. Қолым жетпейтін биікке ұмтылғаным қалай? Жоқ, бүгіннен бастап, ойымды да, көңілімді де басқа жаққа бұрамын. Мен әлі жаспын. Бұл шынайы махаббат емес. Алаңдамайын, есімді жинайын. Десем де жүрекке әмір жүре ме?

***

             Ұлы Қазан революциясының туған күніне мектеп оқушылары концерт қойды. Балаларға "Алдар көсе" пьесасын ойнатқыздым. Ауыл жастарын шақырып, көркемөнерпаздар үйірмесін құрдым. Кешкілікте ауыл клубының сахнасында мерекелік концерт болды. Домбыраға қосылып ән айттым. Ертең бірінші фермаға концерт апарамыз. Шағын пьесамыз бар. Мектепте  пионер вожатый болып істегеніме де көп уақыт болмапты. Бағила өз орныма келемін деп хабар айтты. Енді не болар екен? Пионерлерге үйреніп қалдым. Олар қоңырау аралығында бөлмемнен шықпайды. Сұрақтары да көбейіп барады. Әттең деймін, тым болмаса оқу жылы біткенше осы жұмыста қалсам ғой, біраз жаңалықтар енгізуші едім. Амал не, басқа бір жұмыс беретін шығар. Мурманскіден хат келуді қойды. Негізі бес жыл әскери қызметі биыл аяқталады деген. Мүмкін Шарбақты бекетіне оралған шығар.Үй іші сол жақта тұрады. Әке-шешем жоқ деген. Айтжан менің алғашқы махаббатым. Олай дейтін жөнім бар.

            Айтжан әскер қатарына алынатын болып, үйіне шақырды. Қоштасу кешіне  бүкіл ауыл жастары жиналдық. Биік үстелдің үстінде тамақ, арақ-шарап толып тұрды. Негізі Айтжанның әкесі Жәнібек дүкенде сатушы болып істейді. Екі аяғынан жарымжан болса да, қызметтен қалмаған адам. Сауда саласында істеген адамның үй-іші де ауқатты тұрады. Біздің үйде жоқ тамақтың, тәттілердің бәрі осы үйде. Менің көңіл-күйім жақсы. Айтжан Шолпан мұғалім қарамаған соң, маған көңіл бөлетін болды. Қасымнан шықпайды.Тамақ ішіп болған соң, би басталды. Айтжан билеу білмеймін деп, далаға шығып қыдырып келуге шақырды. Әскерге жүргелі тұрған жігіттің көңілін жықпай, еріп шықтым. Біраз жүрген соң, ол әңгімесін бастады. Негізі Айтжан көп сөйлей  қоймайтын жігіт. Көпшіліктің ортасында тұрғанда көзі мөлдіреп қарағаны сондай, жүрегіңе тиеді. Мен оның көзін жақсы көретін сияқтымын. Мінезі де жақсы. Бұзақылығы жоқ. Қыздарды сыйлап тұрады.Тыңдап келемін.

             Әскерден келген соң, институтқа түсуге барамын. Қаржы саласының маманы боламын. Үш жылдан кейін сен қайда боласың, тұрмысқа шығып кететін шығарсың,- дейді. Мен оған таңдана қарап:- кімге? -деппін. Ол үндемей қалды. -Үш жылда сен жиырмадан асып кетесің, қыздар бұл жасқа дейін тұрмысқа шықпай жүре бермейді ғой,-деді. Иә онысы рас, бірақ мен Алматыға барамын, мамандық аламын деп алдыма мақсат қойдым. Сондықтан тұрмысқа шығуды ойламаймын,-дедім. Даусымда сенімсіздік болды ма, әлде басқа ойын жүзеге асырғысы келді ме екен, Айтжан мені бауырына тартып, үстіндегі жұқа пальтосын иығыма жауып құшағына алды. Менің қарсылығыма қарамастан мектептің қабырғасына қарай ығыстырып, жолдан бұрып әкетті. Жүрегім аузыма тығылып не айтарымды білмедім. Қараңғы түнде айналам одан сайын қараңғылана түсті. Енді байқасам көзім жұмылып кетіпті. Айтжан мені құшақтап тұрды да, еңкейіп ерніме ернін тигізді. Мұндай сезімді сезініп көрмеген басым, жаным қысылып, жүрегім аузыма тығылды. Не болғанын білмей құшағынан сытылып шықтым да үйге жүгіре жөнелдім. Неге жүгірдім, неге қаштым, неден сезіктендім? Түк түсіне алмадым. Артыма қарадым, қараңғы түннің тұңғиығынан оны көре алмадым. Соңымнан жүгірмеген секілді. Көзімнен жас шықты. Жылап келемін. Үйдің есігінің алдына келдім де, демімді алып тұрдым. Тың-тыңдаймын! Ешкімнің аяқ дыбысы естілмейді. Кеш өтіп жатқан үйге барсам ба екен, жоқ, сөзге қалатын шығармын. Өзімнен өзім қуыстандым. Неге соңымнан келмеді? Келсе ғой деп тіледім. Жоқ. Оңаша оймен қалғым келді. Үйге кірдім, түннің біраз уақыты болыпты. Түнгі сағат 12-де жарық өшкен. Төсегімді сыйпалап жүріп тауып алдым. Құрақ көрпеге оранып, дыбысымды шығармай жыладым. Неге жыладым, өзім де білмеймін.

            Әлгі оқиғаны көз алдымнан өткізіп жатырмын. Сонша не болды?  Ештеңе бүлінген жоқ. Ұят болды? Ее, сүйіскенде не тұр екен? Алғашқы рет! Жігітпен сүйісу осындай болады екен-ау!. Мен оны сүйген жоқпын. Жүрегім алып-ұшып көзім ілінбеді. Таң ағарып атқанда қалғып кетіппін.Кеш ояндым.Үйде жалғызбын. Ештеңе істегім келмеді. Айтжан ертең әскерге аттанады. Әлі бір күн уақыт бар. Оны көргім келді. Үйіне барғым келді. Жігіттер мен қыздар мені іздеген шығар. Үйіне апарып салдым деді ме екен? Түстен кейін орталыққа бардым. Ол қарсы алдымнан шықты. Амандық-саулықтан бұрын қолымды ұстап,  кешірім сұрады. Не үшін? Мені зорлап кеткен жоқ. Қайта -қайта "кешірші" дейді. Даусында өкініш бар. Түсінбедім. Сонда қалай болды, неге кешірім сұрады? Әскерге кететін болған соң, мені үміттенбесін, мені ойламасын дегені ме екен? Шынайы сезімі болмаған ғой. Мен жігітімнің шарасыз күйін көрдім. Ол мені сүймейтін шығар деген ой келді. Бұрылып алып, дүкенге кірдім. Ертеңінде шығарып салуға да бармадым. Сөйтіп, бір махаббат жанып, сөнді. Бірақ тәтті сезім қалды.

***

            Директордың кабинетіне кірдім. Ол кісі жағдайымды біледі. Кешкі мектепке мұғалім боласың. Еңбегің азаймайды. Математикадан басқа пәндерден сабақ бересің, -дейді. Тіпті өзінің  географиясын да маған жүктеді. Сонымен күндіз үйде боламын, кешке сабақ беруге мектепке келемін. Жұмыссыз қалғамын жоқ, бірақ  үлкен адамдарға сабақ беру деген маған қолайсыз көрінді. Күні кеше өзім де тоғызыншы класта осы кешкі мектепте оқыдым емес пе?  Павлодарға барып, облыстық "Қызыл ту" газеті редакциясына кіріп шықсам ба деп ойладым. Газет қызметкері Мұхамеджан Дәуренбековке хат жазып ойымды білдіргенімде, келіп кет деді. Мүмкін бір қызмет табылып қалар деп үміттендірді. Мен қазір осы газеттің штаттан тыс тілшісімін. Шәкен әкесінің орнына пошта таратады. Мектепке кіріп шыққан екен, директор сәлем айтыпты. 2-ші класқа сабақ берсін депті. Оның мұғалімі қайда кетті екен? Сырқаттанып қалған шығар. Не болса да түстен кейін екінші класқа сабақ беруге бардым.

            Мұғалім болу оңай емес. Күнде-күнде дәптер тексересің, жоспар жазасың. Апталық, айлық, жылдық дейді. Әйтеуір жылдық жоспарды мен жазбаймын. Оны мұғалімнің өзі жазады. Бірақ неге екенін білмеймін, маған оқу ісінің меңгерушісі жылдық жоспар жазып бер деді. Түсінбедім. Мұғалімдіктің не екенін жаңа түсіне бастаған мына маған, тәжірибесі жоқ кешегі оқушыға жоспар жаз дегені несі? Соңғы күндері көңілсіз жүрмін. Елдің сөзі, өсегі жеп барады. Мойнымды былай бұрсам, мен туралы біреу былай дейді. Сабақ беріп жүргенімді де көре алмайтындар бар. Айнала гу-гу сөз. Жапанда жалғыз қалғандаймын. Айтжанды да ұмыта алар емеспін. Неге шығарып салмадым деп өкінемін. Ұзынқұлақтан естіп жатырмын, менімен болған жағдайдан кейін Айтжан үйіне барып, арақ ішіп мас болыпты. Содан бір қызды құшақтап, ұйықтап қалса керек. Олардың араларында не болды, маған белгісіз. Әлгі қыз әскерге шығарып салыпты, күтемін деп сөз беріпті. "Бақыт еді ол күнде, Алып шығу нан алып. Сол дүкеннің түбінді, Қалды біздің балалық...", иә, балалығым, махаббатым үйге қеле жатып, тағы да қиялға берілдім.

            Екінші кластың балалары да қызық. Мінездерін көрсетіп қояды.Бірі сабақты түсініп, сұрағыма жауап береді. Бірі түк білмейді, көзі бақырайып маған қасқайып қарап тұрып алады. Екінші класқа Қайкен сабақ беріп жүрген. Оны әскерге алып кетті. Енді міне мен оның орнына мұғалім болдым. "Жаман Шолпан да мұғалім болыпты" дейтін көрінеді. Мен сонда жаман екенмін ғой. Сонда өзін менен жоғары санап, мені кемсітіп жүрген кім болды? Бәлкім Орын  шығар. Орын біздің ауылға Байқоныстан мұғалім болып келді. Мектепте қыз қарайтын жігіт жалғыз Құлатай. Оны семьясына байланысты әскерге алған жоқ. Осы Орын келісімен Құлатайдың соңынан қалмай жүр. Жақсы көріп қалыпты. Өзіне қаратып алғысы келді. Бірақ Құлатай оған онша мән бермейді. Оның үстіне Құлатайды Күлаш жақсы көреді, онымен бірге бір секунт отыруды армандап, маған келіп жалынады. Үйлеріңе шақыршы, кеш ұйымдастыршы, киноға шақырайық дейді.

            Менің сөзімді Құлатай екі етпейді. Екеуміз бірге оқыдық қой. Біз бір-бірімізді жақсы білеміз. Мен Күлашпен жүргенін қалаймын. Ал Орын болса, Құлатайды өзіне қарата алмаған соң, ызаланып, өшін менен алғысы келеді. Бақас деген сөзді бір жерден оқып едім. Сол бақас жандар жанымнан табылды. Менің өз жағдайым өзіме мәлім. Ой көп, арманым биік. Айтжан хат жазыпты. Амандық-саулықтан басқа ештеңе жоқ. Ал Шолпанға жазған хатында жақсы көретінін білдіріпті. Шолпан, менің аттасым сүйінші сұрағандай, хаттың мазмұнын айтып берді. Басым жас, несіне уайымдаймын. Алайда, мен тұрақсызбын. Ұшып-қонып жүрмін. Бір де бір жігіт мені әлі шынайы сүйген жоқ. Менің де сезімім ұйықтап жатыр."Жүрегім лүпіл қағып дірілдейді, Себепсіз сезім шіркін білінбейді. Осынша неге арманшыл болдым екен,Түн бойы кірпіктерім ілінбейді...

***

            Қыстың ызғары сезіле бастады, бір күн жаңбыр, бір күн жылымық қар жауса, ертеңінде аяз болады. Бұл айдың мінезі құбылмалы. Тіпті адамдар да, осы айдың әсерінен бе, әр түрлі мінез танытады. Мектеп директоры сабағыма кірді. Оқушыларым кез келген сұраққа мүдірмей жауап берді. Директордың өзі де Ана тілі пәні бойынша Абайдың кім екенін сұрады. Жауаптарына риза болған сияқты.  Мектепте тоқсан қорытындысы бойынша болған педкеңесте менің класымды мақтады. Басқа мұғалімдерге үлгі етіп айтты. Орын мұғалім қабағын түйіп, ұнатпай отырғанын байқадым. Мейлі, іші күйсе тұз жаласын. Облыстық "Қызыл ту" газетіне мектеп директоры туралы мақала жазғанмын. Ол мақала жарық  көрді. Орын болса директорды газетке жазған соң мақтап жатыр деп айтыпты. Мейлі, не десе о десін, өзінің қолынан келмеген істі, біреу жүзеге асырып жатса, іші тарлардың көре алмайтын әдеті емес пе? Менің класым осы тоқсанда жүз пайыз үлгерім берді. Бұрын мұндай  көрсеткіш болмапты. Сондықтан да шығар, мектеп директоры сабағыма кіріп, оқушылардың жауап бергенін өз көзімен көріп шықты.  Негізі кластағы балаларда ынта бар, талаптары да жаман емес. Мен сияқты газетке мақала жазғымыз келеді дейді. Әлі кішкентай болса да, ойлары озық. Әсіресе Асқар  маған өлең арнапты. Жылдың соңғы айының соңғы күндері қарбалас басталды. Көркемөнерпаздар үйірмесі концерт дайындап жатырмыз. Менің класымның қыздары хорға барады. Жеке айтатын әншім де бар. Суретшілерім аяз атаның суретін салып, өрнектеп қиып, шыршаны безендіріп қойды. Әттең бірінші класта өзім оқытсам ғой, бұларды әдемілеп жазуға үйрететін едім. Любовь Николаевна "Букварь күнін" өткізді. Кластағы оқушылардың жазуы маржандай тізілген. Тақпақтарды жатқа айтады. Өзім де оларға қатты қызығамын.

            Мақалаға кейіпкер болатын адам Любовь Николаевна қазақ ауылына келін болып түскен. Жолдасы неміс, өзі орыс болу керек. Неміс тілін жетік біледі. Бізбен қазақша қарым-қатынас жасайды. Үйінде немісше сөйлесетін шығар.Мектепте шырша құрдық.  Ертең жаңа жылды тойлаймыз. Мен аяз ата боламын. Райхан Әбдірахманов бұл міндетті  маған жүктеді. Жоспар бойынша аяз атаның киімін киіп алып, шаңғымен Байқоныс жақтан келуім керек. Ол үшін жеті шақырым шаңғымен жүремін. Балаларды алдауға болмайды. Қасымда Ақшақар болып киінетін оқушы қыз болады. Мектепте оқып жүргенде шаңғы жарысынан бірінші орын алатынмын. Мектебім оны ұмытпапты. Кеше Құлатай  есіме  салды. Негізі Аяз атаның ер адам болғаны дұрыс еді. Құлатай оған дайын болатын. Директордың қалауы мен болдым, амал жоқ, көнесің, әйтпесе қызығып тұрғамын жоқ. Әйгілі ғұлама, салыстырмалылық теориясын ашқан фотоэфект құбылысын  физика ғылымына енгізген, үш жүзден астам еңбектер жазған Альберт Эйнштейн "... Зұлымдық, жауыздық, іштарлық, тағы да басқа толып жатқан жаман қасиеттерді Құдай жаратқан жоқ. Құдай отты жаратты, оттан тарайтын жылу мен жарық сәулені жаратты. Адам бойындағы мейірім мен махаббаттты жаратты. От жоқ жерде өздігінен суық пен қараңғылық орнайтыны сияқты  қай жерде махаббат жоқ, қай жерде мейірім-шапағат жоқ, қай жерде адамның адамға деген ізгі қарым-қатынасы жоқ, қай жерде иман жоқ, сол жерде зұлымдық та, жауыздық та, арамзалық та, ұятсыздық та, іштарлық та, күншілдік те өз-өзінен пайда болады.." деп жазған еді.

            Сонымен арманым, мен үшін жаңалыққа толы болған, шағын адамның өміріне өзгеріс енгізген жылдың соңғы парағын жабамын. Мен үшін тағдырымды өзгерткен 1966 жылға айтар алғысым көп. Бұл жылы құжатты болдым, кәмелеттік аттестат алдым. Мұғалім болып қызметімді бастадым. Газет, жорнал беттерінде мақалаларым, өлеңдерім жарық көрді. Елге танылдым. Адам деген ардақты атты иемдендім. Алғашқы махаббаттың сезіміне бөлендім. Жақсы көрудің не екенін түсіндім. Есейдім, есім кірді. Он сегіз жастың албырттығын, аңқаулығын, қызығушылығын, қиялшылдығын, алданып қалушылығын, арбаушылығын, жаман мен жақсының айырмашылығын  басымнан кешірдім. Жаңа достар таптым, тұрақсыз  достарымды жоғалттым. Ертең жаңа жыл. Жыл ауысады. Алдымда не күтіп тұр?Алланың берер сыйы қандай? Игілігі сол, жаңалығы мен жақсылығы мол жыл болса екен. Алға қойған мақсаттарым орындалып, жоғары оқу орнына түсуге алдымнан жарқын жол ашылсын деп тілеймін. Тілегімді қабыл ет, иманымды кәміл ет. Ескі жыл есіркесін, жаңа жыл жарылқасын. Әмин!

***

            Келді жылым аяңдап, Ұлпа оранды баяу бақ. Құтты болсын айтудан, Талмасын деймін тіл мен жақ... Иә менің асыл арманым! Жаңа жыл жетелей бер, жетектей бер бізді, алға! Арман! Арман деген тастай қараңғы бөлменің төрт қабырғасындағы  жарық дүние. Арманы жоқ адамдар гүлі жоқ даламен тең, бұлбұлы жоқ бақпен тең. Мен бәлкім бесікте жатқанда армандай бастаған шығармын. Адам арманмен бірге туады деп ойлаймын. Қазан астындағы от та, аспандағы жымыңдаған жұлдыздар да, өзің нәр алған анаңның көкірегі де - бәрі арман. Анадан туған нәресте кезімде, алғаш дүние есігін ашқанда жыладым. Бала өмірге жылап келеді. Жылау арқылы арманымды ояттым. Алайда өмірдің қызығын қалай сезіндім, білмеймін. Бірақ түйсігімде байланып жатты.

            Көз жасы мен күлкі, азабы мен рахаты, қайғысы мен бақыты, тартысы мен тыныштығы, бәрі дап-дайын тұрды ғой. Міне өмірдің қызығы да осы. Бесікке байланған моншақтарды, ақ күмістен тізілген шашбауларды сылдыратып, содан кейін керегені ұстап, қаз-қаз тұру, тәй-тәй басып жүру-бәрі арман! Арманның бүрі ерте жарылып, ерте гүлдейді. Өмір сатысы тайғақ та, қилы-қилы. Міне мен бүгін он сегіз жасты артқа тастап, он тоғызыншы жаңа жылды қарсы алдым. Өткеніме қайрылып бір қарағым келді. Есеп бердім. Өткенсіз өмір жоқ. Өткенсіз бүгінгі күн басталмайды. Айтпақшы жаңа жылдық шырша тойына үстіме аяз атаның киімін киіп, қапшығымды арқалап, шаңғымен мектеп алдына келіп тоқтадым. Қасымда Ақшақар. Оқушылар  мектептің алдында қарсы алды. Тәттілерімді үлестірдім. Әсері сондай, бәрі мәз, көңілді ән айтып, залға кірдік. Шыршаның жарығы жанды. Ән салып, би биледік. Сұрақтарыма жауап берді. Бәрі шетінен сайрап тұр. Аяз атаны шығарып салып, олар орман жануарларымен қалды. Оқушылар  Аяз ата болғанымды білмей қалды. Керемет!

            Шырша тойында Құлатай маған қызғанышпен қарады. Соңғы кезде кеудесі көтеріліп, мен-мендік мінезін көрсетіп жүр. Өтірік айтатыны да бар. Күлаш пен Орынды да алдап жүрген сияқты. Оған екеуі де ұнамайды. Бірақ гүлге қонған көбелектей біресе анаған, біресе мынаған барады. Бойымнан ашу байқалатын болды. Оның бір ауыз сөзін көтере алмай қалған кезде ыза буғанын сеземін. Жаңа жыл өз жаңалығымен басталды. Қазыбектің туған күніне Аяз ата болып киініп бардым. Сыйлығымды бердім. Мақсұт көршім  Береговой  ауылынан Күлаш деген қызды алып қашып келді. Қайырлы болсын айтуға бардым. Сүп-сүйкімді, әп-әдемі қыз. Шашы беліне  түседі. Көзі көк.Мақсұттың да көзі көк. Мұнша ұқсас болар ма? Екеуі бірін бірі қалай тапқан? Әдеттегідей қыздың соңынан қуғыншылар келді. Мен "Жұлдыз" жорналынан "Лашынға лайық қарағым-ай" деген әңгімені оқып шыққан едім. Мына қыз лашын құсқа ұқсап кетті. Біздің ауылда әлі күнге дейін қыз алып қашу тыйылмай қойды. Кейде кешкілікте далаға шығуға да, жалғыз жүруге қорқасың. Тезірек ауылдан кетсем екен.

            Ойын тойын үш үйге бөліп берді. Біз жастар жағы Бәнудің үйінде болдық. Чернорецкіден,  Байқоныстан жастар келді. Осы тойдың үстінде Байқоныстан келген Аман деген жігіт менен көзін алмай қарай берді. Далаға шығайын деп жиналғанда соңымнан бірге еріп шықты. Үйіңе шығарып салайын деп қояды.Үйімнің қайда екенін де білмейді.Танысқысы келгені ғой. Әлі осында боламын, үйге қайтпаймын, көрші ойнаймыз деп үйге кіргіздім. Ойын кезінде ебін тауып, бетімнен сүюге де ұмтылды. Өзі жақсы билейді екен. Қайта-қайта биге шақырып, сені ұнатып қалдым деп мазалады. Мас орыс ойындағысын айтады, ол ойын ашық білдірді. Мен одан күдіктендім. Үйге таң атқасын келдім. 

Қайролла немере аға болып келеді.Жуырда әскерден келді. Ауылға жаңадан мұғалім қыздар келсе, жігіттердің әдеті емес пе? Бірінен соң бірі соңына түседі. Қайролла Орын мұғаліммен кездесіп жүр. Маған Орын ұнамайды. Манзура Қайролланың көршісі. Бірақ екеуі бірін-бірі ұнатпайтын көрінеді. Манзураны сөзге тартып едім, ол жігітім бар, Тәліпов Қабдылмәжит деді. Қазір прокурордың оқуын оқып жатқан көрінеді. Жуырда үйленеміз деп сырын айтты. Ал Орын болса, Қайкенмен жүремін деп өзін әшкерелеп қойыпты. Онысы рас па өтірік пе кім білсін. Қазір Қайкен әскери міндетін өтеп жатыр. Орынға хат жазып тұрады. Біздің арамыздағы "махаббат" баяғыда өшкен. Мейлі! Орын Қайролламен уақыт өткізіп жүрген шығар. Құлатай Күлашпен кездесіп жүр. Күлаш оны сондай сүйеді. Отыр десе отырады, тұр десе тұрады. Қасынан бір елі қалмайды. Құлатай сүйеді деп ойламаймын. Осы мен басқалардың тағдырына неге араласамын. Олар не істесе де өздері білсін. Үндемей жүрейінші. Ешкімге ештеңе айтпайыншы.

Айтпақшы, Мақсұттың қыз алып қашып келгенін ауыл тағы да менің қатысым бар деп өсектеп қойыпты. Бәзила апатайым  қаншама сөз айтты. Ұрысты. Тыңдағым келмесе де, амалсыздан тыңдадым. Ақталдым. Бірақ бұрынғы шыққан атағыңа жаңалар жалғана беретінін қайдан білейін. "Қасқырдың аузы ішсе де қан, ішпесе де қан". Иә солай, арманым! Арман сен алға жетелей бер. Арман, қиял таусылмайды.Үй іші маған сырттай оқуға бар дейді. Мен институт табалдырығын аттағым келеді. Білім алсам деймін. Оқи жүре өзім сүйетін музыка жағын толық игерсем. Домбырамен ән айтсам, сахнаға шықсам. Жаңа ән естісем, ішкен асымды жерге қоямын. Соны үйреніп алғанша асығам. Соңғы кезде "Ақсұңқарым", "Ақмаңдайлым" және басқа да әдемі әндер көбейді.

Студенттер туралы да әдемі ән бар. Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған әндер керемет. Жүрек қылын шертеді. Бәрі де мені тартады. Бәрін білгім келеді, көргім келеді. Радио тыңдаймын. Кейде радиодан жаңа ән үйренейік деген хабарда әннің сөзін жаздырады. Әуенін бірге береді. Мен ондай кезде радионың алдынан табыламын. "Дала шұғыласы" деген хабарда Байқоныс кеңшарын сынады. Әсіресе бірінші  ферманы жамандады.  Қашыр ауданы кейде мақталып жатады. Ондайда қуанып қаламын. Ал сынаған кезде көңіл күйім түседі. Журналист болсам, туған жерім туралы кілең жақсы хабарлар жазамын. Жұрт сүйіп оқитын әңгімелерім шығады. Жазушылық-Алланың берген сыйы. Ақын болып, жазушы болып адам туады. Алла оған сондай жүрек береді, сондай тіл мен жақ береді, талант пен дарын береді. Оны "Халқыңның мұңын мұңда, жоғын жоқта, сөзін сөйле" деп береді. Ол- жазушының мойнындағы аманат, борыш. Алланың берген аманатын орындау керек. Ал шеберлігіңді шыңдау дейтін уақыт өте болатын нәрсе. Оқымай, дәнеңе етпей, жазу жаза алмайсың. Білімсіз ештеңе өрге баспайды. Өзіңнің тұрған орныңды, деңгейіңді, алдыңда кімдер бар, артыңда кімдер тұр бәрін білуің керек. Әйтеуір бір арман, бір қиял!

***

Аудан орталығына конференцияға бардым. Бізді қорабы жабық машинамен апарды. Күн суық, тіпті аяз десе де болады. Жолда қатты тоңдық. Отыз шақырымдық жерге мұндай көлікпен апару деген қылмыс емес пе? Үсіп қала жаздадық. Мал емеспіз ғой. Қайтарда жолаушылар автобусына отырдық. Үйге келген соң, жылына алмай пештің қуысында отырдым. Кімге шағымданасың? Мектеп директоры бар деді, біз бірнеше мұғалім бардық, не білдік, не алдық, не көрдік? Есімізде аяғымыздың тоңғаны қалыпты.  Күнделігім, менің бар сырым сенің бетіңе түседі. Сыр-адамның жан дүниесі, оны ұғу оңай емес. Қыз жүрегі сыр бүккіш.Тірі пендеге айтқысы келмейді, тұйық сақтайды, іште ұстайды, сыртқа шығармайды. Ұрыншақ жігіттер де көбейіп барады. Орынсыз әзілдескен жігіттерге тіл қатпастан, көзіңді бір төңкеріп тастап, іштей күліп жүре бересің.

Бүгін Ертайға хат жаздым. Ойымда жүргендерді жаздым. Сырымды айттым. Келешекте кездесеміз бе жоқ па? Кім білсін. Мүмкін әйелі де бар шығар. Осы жасқа келгенше үйленбеді дейсің бе? Мүмкін Шарбақтыда қызы бар болар. Оны мен біліп жатқан жоқпын. Ертай екеуміздің арамыздағы хат жазысу, ол үшін уақыт өткізу, мен үшін теңізші жігіттің атына, киіміне, өзіне деген қызығушылық секілді. Сондықтан енді хат жазбаймын деп шештім. Нәзікен Кенжекеевтің "Кернеген кек" деген кітабын оқи бастадым. Бұл кітап Рахымжан Қошқарбаевтың балалық шағынан басталған өмірбаян секілді. Оның Отан соғысындағы көрсеткен ерлігі, Рейхстагқа ту тіккені де айтылады. Кітаптың бас жағында 1965 жылы  Германияға барған қазақ туралы жазыпты. Кітапты оқып отырып, Рахымжан Қошқарбаев тірі екен деген қорытындыға келдім. Бірақ оның мына өмірде бар екені ашық айтылмайды. Күні бойы оқитыным кітап. Ешқайда бармадым. Кешкілікте далаға шыққым келді.

Түн тып-тыныш. Аспан ашық. Бірінші рет әдемі түнді көрдім.  Көкте жұлдыздар самсап тұр.Мүмкін далада туған қиялымның  куәсі жаңа ғана туған жарық жұлдыз шығар. Оның атын өзім қояйыншы."Еркетайым", жоқ, "Нұр" болады." Иә, бұл жұлдыздың аты Нұр. Жарқырай түс жұлдызым, нұрлана түс!. "Арман, арман кеудемде сен тулайсың, Асқар таусың, ағыны мол судайсың. Көк теңіздей көз жетпейтін жазықсың, Соны бірақ кезінде мен аз ұқтым." Осы бір өлең жолдарын өзім жазғандаймын. Бірақ ойым менікі болғанмен, авторы мен емеспін. Бұл өлеңді сырласым Тұрлыбеков Докторхан жазыпты.  Оның да жоғары білім алғысы келеді.Алдында сансыз бөгеттер тұрған көрінеді. Әлі он жылдық білім де алмапты. Кешкі мектептен білім алып шығамын деп жазыпты.

            Ауыл тілшісімін. Газет шыққан сайын қысқа да болса, елдің тіршілігін білдіретін  хабарларым жарық көріп жатыр.  Қазір төл алу науқаны басталды. Күні кеше сахманшы болғамын. Олардың жұмысын жақсы білемін. Сондықтан жаздым. ...Мерейлі мереке құрметіндегі  жарыс туын жоғары ұстаған Байқоныс совхозының бақташылары мен шопандар қауымы мал қыстатуды ұйымшылдықпен өткізуде.  Шаруашылықта жем-шөп қоры жеткілікті, қора жылы. Малды күтіп, азықтандыру жұмысы дұрыс жолға қойылған. Осының нәтижесінде қоғамдық малда өлім-жітім жоқ. Совхозда төл алу науқаны ойдағыдай өтуде. Майталман шопан, коммунист Қабыш Нығмановтың отарынан 310  саулық қоздап, олардан 390 қозы алды. Сахманшылар Қорлан Мұхамеджанова, Вера Ясинская, Мәпу Нығманова, Қорлан Тұрлыбаева тағы басқалары өз істеріне жауапкершілікпен қарайды. Жас төлдерді мәпелеп, күтіп қатарға қосуда олардың да үлестері бар.

***

 Сөз-адам жанының, ақыл-ойының айнасы. Жан күйі сөз арқылы сыртқа шығады. Ақыл-ой-сөз арқылы  көзге көрінеді. Меніңше өзімнің көзқарасым, әлі де шамалы тәрізді. Олай дейтінім өмірге, дүниеге, махаббатқа терең үңілмеймін. Тек сөйлеуге емес, жазуға ғана шебермін. Ал сыртқа шыққан сөзімде мағына жоқ. Білімім таяз. Оны өзім Шәкеннің туған күнінде тілек айтқан кезімде аңғардым. Білім-өмір. Ал өмір-сарқылмас дария. Қазір адам жанын кітап арқылы біліп жүрмін. Бір адамның өн бойына үңіліп көрдім бе? Жоқ. Әйтеуір үстірт қараймын. Бір жігітті көрсем бірден ұнатып қаламын. Тез жек көріп кетемін. Мүлде қарамаймын. Тіпті оның көңіліне келеді, намысын оятады деп те ойламаймын. Айтпақшы Қайролла ағатайыммен бірге әскерде болған Тілектес Темешев үйленді. Москвадан телеграмма жіберіп, телефонмен сөйлесуге шақырып бір шошытып еді. Сөйлескенбіз. Жайлауағашта үйінде отырған  жас қызды Қайролла екеуі алып қашыпты. Мектепте оқиды екен. Жасы едәуір кіші көрінеді. Обал болған. Біздің ауылдың жігіттері қызық? Қыздарға құда түсіп, құда-құдағи болып, құйрық бауыр жеп, некелесіп үйлену дегенді ұмытып кеткен секілді. Иә, солай. Маған Байқоныстан Құттыбай деген атақты бай адам Тілеухан  інісіне құда түсіп келді. Біздің үйге келуге қаймыққан болу керек, Иманғалының үйіне барыпты. Содан Нөкеш тәтемді шақыртқан ғой. Естіген бойда тәтем Құттыбайдың жер-жебіріне жетіп, қарындасым оқуға барады, жігіт іздеп жүрген жоқ, күйеуге бере алмаймын деп ашуланып шығып кетіпті. Шынында да Тілеуханның кім екенін білмеймін. Тегінде Иманғалы атамыз ауқатты жерге тұрмысқа бергісі келген шығар. Құда түсу керек деп өзім айтып отырып, мына жағдайға күлкім келді. Құда түсу үшін екі жастың арасында келісім болу керек. София деген апайым Песчан ауылына күйеуге шықпас  бұрын жігітті көрді. Кездесті. Екеуі келісті. Содан кейін құдаларды жіберді. Бұл бұдан он бес жыл болған еді, ал қазіргі жастар қызды ұрлап кететін  болды.

Байқоныстағы орталық поштаға барып  "Қызыл ту" газетінен ақша алдым. Жарияланған шағын мақалаларым далаға кетіп жатқан жоқ. Газет бетіне  шығып бір қуантады, ақша жіберіп екі қуантады. Керемет! Айтбай Хангелдиннің "Табысқан тағдыр" деген кітабын оқып бітірдім. Өте ұнады. Онда Кенжебек пен Аяштың арасындағы адал махаббат баяндалады. Мейірхан Қуанышбаевтың "Жанар" деген повесін екінші рет оқып шықтым. Осы кітапты оқыған сайын жақсы әсер аламын. Тамаша жазылған. Жанар мен Бақыттың бейнесі көз алдыңа келеді. Бақыт-жүрегі таза-музыкант. Мен өзім өнер адамдарын жақсы көремін. Мейлі соқыр, мейлі ақсақ болсын, өйткені олар  жүрек қылын шертетін жандар.  Жанар анасының сөзінен шыға алмайды. Өнерді сүйеді, Бақытты сүйеді. "Талаптанған адам орындаймын деген мақсатын орындайды. Мен де арманымды жүзеге асырамын. Өткен жылы "Доктор Дархановты" оқыған едім. Ол жолы дөрекі, анайы айтылған сөйлемдерді байқамаппын. Осы жолы қайта оқығанда, таңданған да, өкінген де кездерім болды. Зейін Шашкиннің мамандығы дәрігер болғандықтан шығар, кейіпкердің жақсы жаман образын ашу үшін қолданған сияқты. Жалпы "Теміртау" романы да оқиғасы қызық, оқуға жеңіл, жақсы кітап. "Бойды билеп бір арман.Түнде маза бермейді.Ұйқымды ұрлап қинайды. Жүрегімді тырнайды. Қиялдағыш бір жанмын. Бұл дүниеде мен бармын. Орындалса арманым. Арайлап атар бір таңмын!" Қашан мен арманыма жетемін. Қашан жоғары оқу орнының студенті болар екенмін?

***

 Күнтізбелік жоспар жаздым. Тәкен Әлімқұловтың "Ақ боз ат" романын қолыма алдым. Тегінде бұл романды да оқыған сияқтымын. Ауыл кітапханасында оқитын кітап қалмады. Үйдегі кітаптарым қаншама! Сәбит Мұқановтың"Мөлдір махаббатын" жетінші класта үй ішіне көрсетпей төбеде жатып оқығанмын. Әсері сондай болды. Әлі күнге дейін осы кітаптың кейіпкерлері көкейімде тұрады. Жұман Мүсәпіров мұғалім  "Әліппе " мерекесін өткізді. Бүкіл мұғалімдер қатысты. Құлатай баян аспабымен хорды сүйемелдеді. Қазір өзін сұбыханым сүймейтін болды. Өтірікші. Қыздарды алдап жүр. Күлаш әлі үміттенеді. Кеше мектеп директоры бастаған мұғалімдер Песчан селосындағы он бір жылдық мектепке тәжірибе алмасуға бардық. Орыс тілінде оқытады.  Оқушы қыздардың бойы менен ұзын. Ұлдары да серейген. Тіпті бәрі мұғалім шығар деп қаласың. Жақында оқушылар Москваға барып келіпті. Қыз балалар сайрап тұр. Барған сапарларын әңгімеледі. Концерт қойып берді. Риза болып келдік. Шіркін-ай біздің мектепте  де озық үлгідегі көрнекіліктер болса ғой. Менің класымдағы балалар  болашақта нағыз ғалым болар ма еді?

 Өткен жолы "Жанар" повесінің авторы Мейірхан Қуанышбаевқа хат жазған болатынмын. Шәкен маған Мейірханнан жауап хат әкеп берді.  Қуанышымда шек жоқ. Қолыма алып қайта-қайта оқыдым. Хаттың басын "Арманшыл Шолпан"- деп бастапты. Ол- кітап. Өмірлік жүректің кітабы. Жанар-нәзік қыз. Бақыт он саусағы салалы, музыка тетігін білетін жігіт. Оның он саусағы клавиштерге арналғандай. Саттар Ерубаевтың "Менің құрдастарым" кітабын түн жарымға дейін оқыдым. Көзім жасаурады. Ол кітаптан алған әсерімді тілмен айтып жеткізе алатын емеспін. Рахман Дәуірұлы, Лида туралы суреттеледі. Аяқталмаған роман. Өкінішті. Қап әттеген-ай, кітаптың авторы қыршын жас Саттар о дүниелік болып кетіпті. Өкінішті, қара жер тағы бір талантты жазушыны бауырына алыпты. Шіркін-ай ол тірі болса мына кітапты аяқтаған болар еді. Рахман әкесімен кездесер ме еді?

Кітап оқыған сайын өзіңді өкіндіре береді. Әттең сұм ажал  жақсыларды жағалайды- ау! Қаңтар айында мен үшін тағы бір жаңалық болды. Облыстық" Қызыл ту" газетінен хат келді. Онда маған арнайы селолық тілшілер толтыратын анкета жіберіпті. Сіз аудандағы  тілшіміз боласыз. Арнайы куәлік береміз депті. Қара сөзбен әңгіме жаз деп те кеңес берген екен. Кеудемді қуаныш кернеп, мектепке де бармай, далаға мал жайлауға шығып кеттім. Айтпақшы, мектепте КВН болады. Оған жауаптымын. Қолымдағы айырымды шөпке шанса салып, киіндім де мектепке бардым. Айтқанымдай 8 класс пен 7 класс жарысқа түсті. "Венера" мен "Марс" командасы. Бұл жолы көпшілік алдында сөйлеген сөзім де жақсы шықты. КВН-ды өзім жүргіздім. Тіпті сөзшең болып кеткендеймін. Тіпті табан астында өлең құрастырдым. Оқушылар да таңданды, мұғалімдер де көздері жыпылықтап, маған бір түрлі көзбен қарап тұрған секілді.

Арманның ешқашан үлкен-кішісі болмайды. Бәрі де асқар қияға, биік шыңға жетелейді. Арман адамды биіктерге бастайды. Менің арманым-журналист болу. Орындала ма жоқ па?-Арманға апарар жолды дәл тауып, жалықпай іздесем, өтпейтін асу, жетпейтін мақсат жоқ. Сол жолды жаңылмай таба аламын ба? Армансыз адам-көзсіз көр. Әрбір адам алдағы күніне үлкен үмітпен, асқақ арманмен қарайды. Ұшқыр ой, алғыр қиял оны алыстағы жарқын жағаларға шығарады. Алғы күнін армандамаған, алдына үлкен мақсат қоймаған адамнан жазда жапырақ жайып, жұртқа көлеңкесін тосатын терек артық. Арман - құс, қиял-қанат. Арман-жастардың жан серігі. Жастардың алдына қойған талабы бар, арманы бар. Сол арман шыңына шығу үшін әркім өзін оқу, еңбек үстінде шынықтырып, жетілдере түсу керек. Ал мен болсам ылғи қара уайыммен өзімді түпсіз шыңырауға батырамын. Қазбек екеуміз бала кезден бірге ойнап өстік. Ол мені ылғи "Кетік" дейтін. Тегінде оның көз алдында менің тістерімнің кетіктігі қалып қойса керек. Мен оған намыстанбаймын "Оны "Қоңқақ мұрын" деп атайтынмын. Қазір ол Бәнумен достасып, үйлену жайын ойлап жүрген жігіт. Солай болса да ол мені әлі күнге дейін бала кездегі қойған атыммен атайды. Бәну оған "Козя" деп ат қойып алды. Мен болсам әдемі ат іздеп жүрмін. Ермек деген жігітке Шәкен "Көк езу" деп ат қойыпты. Шынында да сөйлеген кезде екі езуінен сілекейі шұбырып тұрады. Өзі Шәкенге хат жазып, қыдыруға шақырады. Біз Ермекті көрсек болды Шәкенге "Көк езу" келе жатыр деп мазақтайтын болдық.

***

Қырық градус аяз. Мектепте сабақ болмады.  Үйдемін. Маңайды қар басты. Кешегі боран қар тазалауға мүмкіндік бермеп еді. Бүгін міне алай-түлей боран болмағандай меңіреу тыныштық орнап, күн шаңғытып тұр. Біздің ауыл солтүстік- батыс бағытта тұрғандықтан ба екен, аязды жел  алдымен ауылға жетеді. Есіктің алдының қарын тәтем күреп тастады. Мен де шығып, мал жайладым. "Ертерек мұңмен достастым. Қияға жолым бұрылды-ау. Қуыршақпен де қоштастым, құрбыларымнан бұрындау". Иә, қуыршақ демекші, Ырыскелді апайымның Тоты деген дос қызы болды. Олар бізге туыс. Олардың Алматыда жазушы Ләзиза жеңгелері тұрады. Сол кісі үнемі қыздарға әдемі көйлек, неше түрлі кісі қызығарлық заттар жіберіп тұрады. Тотының анасы Күлпаш мұғалім. Ол кісі де өте әдемі киініп жүреді. Тотының менімен шамалас Бабан, шын аты Шолпан деген сіңлісі бар. Сол Тоты ылғи ағаштан құрастырып куыршақ жасап, оған әдемі маталардан көйлек тігіп бізге ойнауға береді. Көңілі түссе сіңлісі ойнап болған қуыршағын Шәкен екеумізге лақтыра салады. Мен қуыршақ ойнап отыра алмайтынмын. Кішкентай кезімнен үй шаруасына жегілдім. Қала берді көршінің үйіне бала уатуға шақырады.

Менің қуыршағым кәдімгі бесікте жатқан бала еді. Тоғыз жасқа дейін үйдегі балаларды уатып, соларды тербетіп әндетіп отырғаным есімде. Ауыл әйелдері, біздің жеңгелеріміз жасы келіп қалған қыздар тұрмысқа шықпай жүрсе, бұл неге жүр, жігіт жоқ шығар деп ойлай ма екен, үйіне шақырып, таныстырғысы келеді. Шакар деген көрші әйел шәй ішіп кет деп шақырды.Түстен кейін Дәмелі екеуміз үйлеріне бардық. Алдымызға дастархан жайып, әңгіме дүкен құрып отырғанбыз. Әйелдердің әңгімесіне құлақ түріп жүретін осы Дәмелі. Мен өзге біреуге сыр ашқанды ұната қоймаймын.

Шакар сөзді әріден бастап,  өзімнен он жас үлкен жігітке азғыра бастады. Әлгі жігітті мақтады, шофер болып істейді. Шошып кеттім. Егер Шакар сөздің майын тамызып, әріден сөз қозғамағанда, ит терісін басына қаптап, шәйін ішпей тұрып кетуші едім. Үндемедім. Ішім күйіп кетті. Менің түрім өзгеріп кетті ме екен, Шакар әлгі айтқанын жуып-шәйіп, мәймөңкелеп, бейшара болып қалды. Аяп кеттім. Мені азғырып, танымайтын жігітке салып беріп жібергеніне алтыннан сақина таққысы келді ме екен? Кім білсін. Сүйген жігітім бар дедім. Рас, мен әскерде жүрген Айтжанды жақсы көремін. Ол менің алғашқы махаббатым. "Өзің сүйгенге емес, өзіңді сүйгенге бар"  деген мақал бар емес пе? Ол мені ұнатпайды Сондықтан ол жігіттен де күдерімді үздім. Енді міне менің осы жағдайымды біліп қойғандай, өзімнен он жас үлкен танымайтын жігітке тұрмысқа шық дейді. Шакар шәй емес, у қосып бергендей болды. Тезірек ауылдан кету керек. Әйтпесе мына жеңгелерім біреуге байлап-матап,  еріксіз күйеуге беретін шығар.

***

Бір ақынның "Тәтті іздеме төсегіңде жатып ап, Ойлау керек, болмау үшін ақымақ. Сендер үшін өмір әлі ақ дәптер, Жазылмаған кір шалмаған ақ дәптер. Сол дәптерге сөз жазыңдар ақылды. Сонда жылдар ұмытпайды атыңды". деген өлең жолдары мен үшін жазылған секілді. Ақ дәптер сенің бетіңе күнделігімді жазып отырмын. Шәкен екеуміз Кашырға баруға жолға шықтық. Автобус тоқтай қалды. Шофер әйел екен. Бірінші рет көргенім ғой, таң-тамаша қалдым. Содан соңғы орындықтарда отырып, қиял құшағына кірдім де кеттім. Алматыда жүр екенмін. Емтихан тапсырудамыз. Арман алдамайды. ғой. Шіркін-ай арманым орындалар ма екен? Болашақты болжай алмайсың, оймен барлайсың. Студенттік өмірді көру, ащысы мен тұщысының дәмін тату-ол да бақыт. Студенттік өмірдің  қиын да, қызықты  белесінен өтіп, сүрінбейтіндей жолдама алу керек. Ол үшін дайындық, іздену керек. Кейде өзіме сенбеймін. Неге?Талаптансаң алынбайтын қамал жоқ. Менде талап бар, ал жігерсіздігімді қайда қоямын. Әке-шешемнің орнына тәрбие берген аға-жеңгемнің еңбегін ақтау керек қой. Биыл тағы оқуға бара алмайтын секілдімін. Тәтем үй саламын дейді. Оған қаражат керек. Менің мектептен алып жүрген тиын-тебенімді тамаққа киім алуға жаратамыз. Шынымды айтсам, мектепке киіп баратын дұрыс киімім де жоқ. Баяғы   спорт киімі. Костюм, юбка алуға аудан орталығындағы  дүкендерді араладық. Маған лайықты киім табылмады. Олай өлшедім, былай өлшедім,жараспайды. Содан Шәкенмен бірге киім тігетін цехқа барып, заказ бердім.

Жақсы ой адамды алға жетелейді. Ал жаман ой адамды қажытады. Сондықтан мен жақсыларды ойлауға тырысамын. Түнде Тобық Жармағанбетовтың "Нәзік бұлттар" деген повесін оқып бітірдім. Бұл кітапта инженер Теміржанның басынан өткен оқиғалар суреттеледі. Оны үнемі еңбек үстінде көрсетеді. Сүйген қызы Күнсаяны  нәзік етіп  сыйпаттайды. Тағы бір кейіпкер Ілия. Повестің бас жағында ол елеусіз ғана кітаптың ішіне енеді де, басты кейіпкерге айналады.  Оның ұнамсыз жақтары көбірек айтылады. Тіпті оқып отырғанда Ілияны жек көріп отырасың да, кей қылықтарын білгенде аяйсың. Ал Теміржанды жақтағаның сондай, Күнсаяның қылығына ренжисің. Күнсаяны келбетті де биязы жігіт сүйіп тұрғанда, ол оған қарамайды. Егер Ілияның аяғы сынбаса, Күнсая Теміржанмен қалар еді. Ілия Күнсаяға бұрыннан таныс және ол Күнсаяны сүйеді. Күнсая қателік жасайтын қыз емес. Ол Теміржанмен Москвада жолыққанда Теміржан егер Ілиядан бұрын менімен танысқанда..." деген сөзімен "Темір мен сені де жақсы көремін, бірақ Ілиямен бұрын таныстым, ол мені шын сүйеді. Оның маған деген махаббатының қырмызы гүлін таптап, мөлдір бұлағын былғағым келмейді.Түсін мені, қинама мені Теміржан!"деген сияқты сөзін айтады. Күнсая алғашқы жігіті Ілияға тұрмысқа шығады. Осы кітапты оқып отырып, жылап отырдым. Тіпті көзімнің жасын тоқтата алмадым.  Повестің тілі орамды, бояуы нәрлі, оқиғасы өте тартымды.

***

 Түнде кеш жаттым. Кітап оқыдым. Ерте тұрғым келмеді. Түске дейін пионер вожатыйдың жұмысымен айналысамын. Одан кейін 2-ші класқа сабақ беремін. Мектеп директорынан бірнеше рет сөз естідім. Қосымша міндет жүктеп қояды да, еңбекақысын төлемейді. Мені жас бала, ештеңе түсінбейді дейді."Үйренгені өзіне жақсы, істегені бізге жақсы"- деп пайдаланып қалайын дейтін шығар. Биылға оқу жылын аяқтаған соң, бәрібір қалаға кетемін. Оқуға барамын. Бұдан екі жыл бұрын, яғни 1965 жылы  Дәметер мұғаліммен  хат жазысып тұрдым. Ол мұғалім мені "ақын"деп таныған, ақыл айтқан ұстазым, әрі досым, сырласым. Бүгін сол хатты қолыма алып, қайтадан оқып шықтым.

"Арманшыл бол. Әзір тамақтың иесі болма. Адам қиялдамаса, армандамаса мақсатына жете бермейді. Әр нәрсенің себебі болады. Мысалы сенің "Ауылым" деген өлеңің қиялыңнан, арманнан туып тұрған жоқ па? Сенің арманың болашақта ғалым не жазушы болу ғой, ия,соған аспай-саспай жету керек. Кездескен біраз қиыншылықтарға төзе біл. Адамның бойындағы "қайрат, жігер, ақыл, ар, намыс бірдей қызмет етуі шарт. Шолпан бар айтарым "оқы, оқы және оқы." Бұл Дәметердің айтқан  ақылы, әрине кітап сөзіндей. Әр ортада өзіңді ұста, жақсыдан үйрен, жаманнан жирен дейді. Бұл сөзі де әр кез құлағымда тұрады. Қасым Аманжолов айтқандай "Өкінбеймін өмірге, босқа келген екем деп, Өкінемін бір күнде, түк бітірмей кетем, "деп. Арман- талаптыны қырға сүйрейтін, таланттыны шыңға шығаратын өмірдің ұзақ жолы сияқты. Мен көптеген жігіттерден хат алып тұрамын. Докторхан Тұрлыбеков деген замандасыммен  оқыған кітаптарым туралы ой бөлісемін. Онымен "Лениншіл жас" газетіне шыққан "Оқығым келеді" деген мақаласы арқылы таныстым.

Арманшыл жанның мақаласы маған қатты әсер етті. Екеуміз хат жазыстық.  Ол маған "Қаратау" атты өлең арнапты. Ол бір хатында: "Қызды кім жақсы көрмейді, қымызды кім ішпейді"деп данышпан халық өте дұрыс айтқан. Сенің басыңнан кешірген "махаббатыңды" мен де өз басымнан өткерген сияқтымын. Оның бәрі балалық сезім ғой. Мен осы күндерге дейін әлі ешкімді шын сүйген емеспін. Бораншалдың мақаласын мен де оқығанмын. Оның хаты  әжептәуір толғандырып тастады. Бірақ қыздың "аяғына" мін таққаны тіпті көңілге қонбайды. Ол мақаланың артынан іле-шала шыққан "Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу"деген мақала тамаша жазылған. Тән сұлуынан гөрі, жан  сұлуы артық екені жазылған.  Құрбым Шолпан-дейді Докторхан бір хатында"...Әр хатыңа қарағанда "махаббат" туралы түсінігің жақсы көрінеді"-депсің. Оның бәрі газет-жорналдардағы "махаббат туралы" көптеген пікірлерден  жинақтаған түсінігім ғой. Махаббатты ойлау маған әлі ерте сияқты. Сен армандаған арманды мен де армандаймын. Шынында маған да  қазір білім керек, білім... Шолпан хат арқылы өзіміз шеше алмай жүрген жайлар туралы пікірлесіп тұрсақ керемет емес пе? Сенен көптеген қызықты ойлар мен сұрақтар күтемін! " Керемет!  Осы жігіт сондай ұқыпты. Жазуы да маржандай, асықпай отырып жазатын секілді. Күннің ызғары қайтқан жоқ. Әйнектің бергі жағын қырау шалыпты. Табиғаттың құпиясын білу мүмкін емес. Мына аяз ба, әлде суық па әйнекке сондай әдемі сурет салып қойыпты. Алла-тағаланың құдіреті ме екен, қалың тоғай, қар жамылған ағаштар, өрнектердің бәрінде де керемет бейне түсіп тұр..Қызығып қараймын, суретші болу үшін мына суреттерді салсаң да, абырой  атаққа ие болар едім. Ал өлеңмен мына суреттерді сыйпаттап жеткізуге сөзім де,  құдіретім де жетпейді. Әдемілігіне тамсанып отырмын.

***

 Облыстық "Қызыл ту" газеттің 38-ші нөмірінде "Қамқорлық керек" деген сын мақалам жарық көрді. Әрине біраз қысқарыпты, жаңа сөздер қосылған. Солай десем де, маған газеттің штаттан тыс  тілшісі деп жазғандары ұнады. Менен ауыл адамдары кәдімгідей қорқатын сияқты. Мектеп директорының өзі қаймығады. Кеше директор  қызмет істегеніне 25 жыл болғанын атап өтті.Семьясы мектеппен жалғастырылған үш-төрт бөлмелі үйде тұрады. Яғни мектептің бір бүйірі солардікі. Залы кең. Бүкіл мұғалімдерді шақырды. Аудан орталығынан да қонақтар келді. Жастар дастархан жаюға көмектестік. Райхан мұғалімнің әйелі Лида Жұмажанқызы орыс тілінен сабақ береді. Мені оқытқан мұғалім. Кешегі шәкірттер өздерімен қатарлас мұғалім болып жүрміз. Тойдан кейін сырқаттанып қалдым. Қолымда кітап, үйде жатырмын. Әзілхан Нұршайыховтың "Әсем" деген шағын кітабы бар. Ішінде үш повесть. Үшінші повестің аты "Ботакөз". Бұл повесті "Мәдениет және тұрмыс" жорналы жариялады. Ж.Жұмақановтың "Менің қалыңдығым" деген повесін де бұрын оқығанмын. Ал "Ескі дәптері" әңгімесі ұнады. Онда Әлкен мен Қабираның арасындағы махаббат. Семей қаласында тұратын екі жастың тағдыры, өте  аянышты. Екеуі қосыла алмайды. Шешілмеген түйін. Менің қолыма ылғи махаббат  туралы кітап түсетін болды.

Жастар сүйіп оқитын "Лениншіл жас" газеті "Өркен" бетінде мамандық таңдау туралы пікірлер, ұсыныстар мен толғауларын жариялапты. Рас, қазіргі жастар да, мына өзім де алдыма қанша мақсат қойып отырмын. Бұрынғы кезде он бес жасында билік айтып, партизан болып, соғысып, ерлік көрсетіп жатса, бүгінгі онбестегілер оқу озаты болып, қоғамдық жұмыста белсенді болу керек. Ол да ерлікке пара-пар. Менінше, әйтеуір бір арманмен күн өткіземін. Бұрын адамға әр күн қымбат болса, мен осы күндерімнің тез өткенін қалаймын. Көздеген мақсатыма жетсем, әкем жете алмаған өнер шыңына, шықсам деймін. Әкемнің артында қалмаған өлеңдерінің орнын шығармаларыммен толтырсам деймін. Әке есімін кітап бетіне түсірсем. Қазір газет-жорналдарда  шыққан өлең-мақалаларымда әкемнің аты бірге жүр. Әкем өнерлі еді. Оның шерткен домбырасының үні, сүйіп айтатын әнінің әуені құлағыма келеді. Әкем-ақын еді. Бірақ оның өлеңдері кітапқа шыққан жоқ. Ел аузында бір-екі өлеңі қалыпты. "Сенің әкең асқан әнші, суырып салма ақын, домбырашы еді. Кәне, әкеңнің өнері саған мұра болып қалған шығар, кенже қызысың ғой. Айтып жібер, естиік"-дейді әкемді көзкөргендер.

Ертайдан хат келді. Суретін қосып жіберіпті. Оған енді хат жазбаймын дегенмін. Сөзімде тұра алмадым. Бұл хатында мені сүйемін деп жазыпты. Көрмей білмей, даусымды естімей жатып "сүйемін" дегені несі? Солай десем де, өзін кәдімгідей ойлайтын болдым. Тіпті қиялымның да бір шетін иемденіп алыпты. Түн ұйқымды төрт бөлген жанның "сүйемін" дегені, "келемін" дегені ойландырды. Егер іздеп келіп қалса қайтемін. Мені алып-қашып жүрсе. Өйткені оның жасы үлкен, оған үйлену керек. Ал менің арманым әлі орындалған жоқ. Күйеуге шығуды ойлауға тиіс емеспін. Алдымда білім жолы жатыр. Жауап жазба, себебі сенен хат келген кезде мүмкін үйде боламын депті. Енді не істеу керек? Келме деп хат жазамын. Қайда жазамын? Оны күтіп алатын жағдайым жоқ. Үй ішіне "кім келді?" деймін.  Мүмкін әскерден әзір келе қоймайтын шығар. Ол келгенше қалаға кетемін. Сосын іздей берсін... 23 февраль-Кеңестер одағының әскери күштері мерекесі. Мектепте лейтенат мұғалім Жұман Мүсәпіров және аға сержант Мұхаметов Сейфолламен кездесу өткіздік. Олар соғыстағы ерліктерін айтты. Фашистік Германияның байтақ жатқан жерімізді басып-алғысы келіпті. Қазақстанның байлығына қызығыпты. -Немістер қандай адамдар,-деп сұраған оқушыға, кәдімгі біз сияқты адам, біздің ауылда Вебер деген немістің семьясы тұрады, міне солар сияқты, бірақ олардың ойлары зұлымдыққа толы болды деп жауап берді. Оқушылар ауылдағы Веберлерді неміс деп ойламапты. Түрлерінен кәдімгідей таңдану байқалды.

***

 Жыл он екі айдағы ең қысқа ай. 29 февраль төрт жылда бір қайталанады. Ертеңгі туған нәрестелер 1 наурыз деп жазылады. Сонымен қыстың соңғы күні мен үшін оқиғаға толы болды. Бірінші жаңалығым, Рымтайдан хат алдым. Бірге оқыған кластастар туралы жазыпты. Нұрлан Темірғалин мектепті күміс медальмен  бітірген болатын. Әсіресе математикаға жүйрік еді. Жоғары оқу орнына түсе алмапты. Оның есесіне үйленіпті. Григорьевкадан алған қызының аяғы ауыр екен. Той үстінде жедел жәрдем шақырып, қалаға ауруханаға алып кеткен көрінеді. Бәлкім толғақ қысқан шығар. Қорлан Семейдің  зооветренарлық институтына түсіпті. Ал Рымтайдың өзі медицина институтына түсе алмапты. Дәкен болса, кітапханашылардың шағын курсын оқып бітіріп, Жамбыл ауылының жігітіне тұрмысқа шыққан. Өзі болса тойға дайындалып жатыр. Жігітінің аты Даниял. Жоғары білімді, сол ауылдың баласы. Үйлену тойына шақырамын депті. Иә, солай арманым, менімен бірге оқу бітірген қыздар тұрмысқа шығып жатыр. Мен болсам әлі арманыма жете алмай келемін. "Бақ шаба ма, бап шаба ма" дейді ғой. Бағым ашылса, оқуға түсермін, тұрмысқа да шығармын. Ол болашақтың ісі. Айтпақшы, қазір бастықтар отыратын конторда да "Боевой листок" газетін шығарып жүрмін. Конторға келіп, бас зоотехник Смағұлов Сағындықтан мәлімет сұрасам, маған қырын қарайды. Есіме түсті, өткенді "Қамқорлық керек" деген сын мақаламның бір ұшығы осы кісіге тиіпті. Соны кек сақтап қалған секілді. Сонымен журналистік жолымда алғашқы кедергілерге кезіктім. Алғысы мен қарғысы қатар жүретін жұмыс екенін білемін. Бірақ аққа қара жұқпайды. шындықты жазсам, қарғыс тимейді. Өтірік жазудан аулақ болайын. Шындықты жазсаң, бетің ашық болады.          

            Түнде Зейін Шашкиннің "Ұядан ұшқанда" деген кітабын оқып шықтым. Сақа Сағатов туралы айтылады. Әрине бұл кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілген болар. Мен күнделігімдегі адам аттарын өзгерткен жоқпын. Өмірдегі бар адамдар, өзіммен қатар жүрген адамдардың қайсы бірінің атын өзгертейін.Бұл кітап"Теміртау" романының бірінші кітабы екен. Сақаның әкесі Жүністің басқа жолға түсіп кетуінің өзі қасірет. Сақа әкесі үшін бейнет көреді. Соңғы кезде күн аяз болған соң, киноға баруды қойдым. Бүгін Шәкен шақырған соң, "Сыну пора жениться" деген киноға бардық. Үлкен экраннан әдемі табиғатты, биік тауларды, оның етегіндегі гүлдерді көрсетті.Таудан аққан сылдырап аққан бұлақ, тасқын су, әдемі көңіл күй...Мына көріністі көріп, көктемді сағындым. Табиғаттың әдемілігін көрсетудің себебі кино кейіпкері суретші екен. Кинодағы адам, басты кейіпкер суретшінің қыл қаламынан туған дүниелер. Керемет. Ақынға шабыт береді. Тілің жетсе, табиғатты суреттей бер. Суретші жігіт өте ақылды. Әкесі ескінің жолымен жүреді. Киноның әсерлілігі суретші жігіттің ақылдылығы, тапқырлығы, сосын "Махаббат" деген әнді орындаған Мүсілім Магомаевтың қоңыр  даусы керемет болды. Кинодан қанаттанып шықтым. М. Горькийдің "Адамның ақылы  жеткен асқан парасаттылық - әйелді сүйе біліп, оның жан сұлулығына табыну, жер бетіндегі әсемдік атаулының бәрі әйелге деген сүйіспеншіліктен туған"-депті. Рас, суретші табиғатқа ғана емес, әйелге де ғашық.

***

Мектептен  үйге келсем, Әбіш атамыздың үйіне Ләзиза жеңгеміз келіпті. Алматыдан келген жеңгемізге амандасып шығайын деп жар жағасында тұратын қараша үйге бардым. Ләзиза Мешітбайқызы құшағын жайып амандасты. Өзі шашы ағарып, бойы кішірейіп кеткендей сезілді. Бұдан  үш-төрт жыл бұрын келгенде толық болса да, тым ширақ көрінген. Тез -тез сөйлейтін. Кейбір сөздерін түсінбей қалатын едім. Онда Алматының апортын жеу үшін жүгіріп барушы едік. Бұл жолы  көкейімде Алматыға оқуға бару мәселесі тұрды. Екеуміз қатар отырып шәй іштік. Ауылдың жаңалығын, менің жағдайымды сұрастырып отыр. Мектепте мұғалім болып жүрмін дегеніме қуанып қалды. Бірақ мұғалім сенің қолың емес, дегенмен өмір жолыңды дұрыс бастаған екенсің деп жымиды. Ләзиза апайым бұрынғы көргенімдей емес, сөзі салмақты, мінезі де байсалды.

Журналистік оқуға түсу үшін екі жыл жұмыс істеуің керек, әрі газет-жорналдарға шыққан мақала-өлеңдеріңнің тігіндісі керек дейді. Негізі қазір газеттің тілшісі екенсің, енді сол газетіңде бір жыл қызмет жасағаның жөн болады, - деп ақылын айтты. Мен тыңдап отырып, уайымға түстім. Қызметке кім алады, қалаға қалай барамын? Мұғалімдікке үйреніп қалдым. Оқушыларымды да қимаймын. Бірақ білім алу керек. Ләзиза апайым биыл зейнет демалысына шығыпты. Үйде отырғысы келмей, "Қазақстан әйелдері" жорналындағы жұмысын жалғастырып жүр екен. Орнымды жастарға босаттым,- дейді. Ләзиза апамыздың баспа бетін көрген кітаптары бар. Жорнал бетіне шыққан очерктері, еңбек адамдары туралы жазған суреттемелері де оқуға жеңіл. Журналистік қызметі өзгеге үлгі-өнеге боларлықтай. Жеңгеміз  Павлодар облысынан шыққан тұңғыш журналист қыздардың бірі. Оны өзі де айтып отыр. Сен екінші боласың деп қояды. Адамға  жақын тұрады, кішіпейіл, қаншама қыздардың оқуға түсуіне  жағдай жасапты. Жақсының қасында болған жарты сағат, менің өміріме де өзгеріс алып келді. Қасынан кеткім келмеді. Әттең, мектепте сабағым бар. Әйтпесе ол кісіні тыңдай берер едім.       

Кешке қонаққа барады. Ертең кел, -әңгімелесейік деп шығарып салды. Ертеңгі күнді асыға күттім. Сабағымды қалай өткізгенімді білмеймін. Сабақ тақырыбы да осы Ләзиза апай болды. Ол кісінің балаларға арналған кітапшалары туралы әңгімеледім. Шет елдік жазушылардың кітапшаларын қазақшаға аударма жасапты. Шыдамым таусылып, Әбіш атамның үйіне жүгірдім. Есіктен ашып кіріп барсам, Елеусіз әжем жайбарақат шәй ішіп отыр. Ол кісі әлі ұйқысынан тұрмаған шығар деп отыра беріп едім, әжем Ләзиза апайдың жол жүріп кеткенін жеткізді. Не істерімді білмей, мәңгіріп қалдым. Неге кетіп қалды, кеше кел деп еді ғой.

Алматыдан телеграмма алыпты. Әбу Сәрсенбаев жездеміздің қызы Шолпанға құда түседі екен, үйде әйел адам болмаса ұят болады депті. Осы сапарда Ермак  ауданындағы Калинин кеңшарындағы туыстарына да кіріп шықпақшы болған. Олар машина жіберіпті. Соңынан қуып барғым келді. Оған мүмкіндігім жоқ. Күн суық. Көктемнің алғашқы күндерінде қар жауып тұр. Құралайдың өткінші желі әлі алда. Қардың ызғары да өңменіңнен өтеді. Ләзиза жеңгемді суретке түсіргенмін. Енді суретімді тезірек шығарғым келді. Кеше мектеп директоры ұрысты. Сабаққа кешігіп бардым. Оның үстіне бір суреттерді шығарып беремін деп сөз бергемін. Әлгі суреттің пленкасын негативтен дұрыс шығара алмадым ба, бүлдіріп тастаппын. Екі ойлы болып жүрген адаммын ғой. Істеп жүрген жұмысыма да селсоқ болып кеттім. Не болды маған?

Қалихан Ысқақовтың "Менің ағаларым" деген кітабын оқыдым. Қысқа-қысқа әңгімелер.Түнде кеш жаттым. Аудандық "Заря" газетінде мақалам орыс тілінде шығыпты. Тек фамилияды қате беріпті, ештеңе етпес. Мектеп өмірінен орыс тілінде жазылған тұңғыш мақалам Лида Жұмажановаға ұнапты. Ол орыс тілінің мұғалімі ғой. Өзі де аудандық газетке жазып тұрады. Сабақ беру тәсілі, орыстың ақын-жазушылары туралы жазады. Бұл кісі аудандық газеттің ауылдағы тілшісі. Аядай ауылда екі тілші бармыз. Біз сияқты ешкім жазбайтын шығар. Облыстық газетке Құдайберген Жұманаев деген ақсақал да, бұрынғы атақты адамдар туралы жазып жүр. Абылайхан Әлжанов ағамыз да өлең жазып, әдебиет бетіне шыққанын оқыдым. Негізі менің маңайымда жазушылар жеткілікті. мен де солардан үлгі аламын.

***

Халықаралық әйелдер күнімен  оқушыларды да, мұғалімдерді де құттықтадым. Түстен кейін жолға шығып, Чернорецкі селосына дүкенге бардым. Еңбекақы алдым. Жеңгеме сақина сыйламақшымын. Ескерткіш болсын. Жолда бір орыс қызын кездестірдім. Менімен амандасып, көптен білетін адамдай сөйлесіп кеттік. Сөйтсем, онымен бұдан төрт жыл бұрын қой қырқуда бірге жұмыс істеппін. Қалай ұмытпаған. Есімнен шығып кетіпті. Жасаған жақсылығымды айтып, рахмет, - деді. Павлодар қаласында училищеде оқиды. Ол кезде бала сияқты еді, өзгеріп кетіпті. Күн жылып кетті. Қар еріп жатыр. Үйге бір кірген соң, далаға шыққың келмейді. Жеңгеме сыйлығын бердім. Қолыма бүгін дүкеннен сатып алған Нығмет Ғабдуллиннің "Өмір, қымбатсың маған" кітабын алып оқи бастадым. Бұл кітап төрт әңгімеден тұрады. "Оралу" деген әңгіме Ақжол Бекжановтың  басынан кешкен ауыр күндерді баяндайды. Өсекке еріп әйелі Күләнмен араздасып, айрылысуға дейін барады."Белгілі іздер" деген  әңгімеде Көкшетаудың адамдары туралы айтылыпты. Мен Шұңқыркөл ауылынан хат алып тұрамын. Мұнда осы ауыл туралы суреттелген. Егер бұл ауылды білмесем әңгіме маған қызықсыз болар еді.

Менің де туған жерім, өскен ауылым туралы әңгіме жазғым келді. Қай ауыл, қай қаланы алсаң да бір керемет дүниелерді жазуға болады ғой. Сыйпаттайсың, табиғатын көз алдыңа келетіндей, әдемілеп суреттейсің. Адамдары жайында айтасың... Мысалы "Шыңғыс", "Тоқпан", "Солдат көлі", "Ермекбай көлі" деген көлдер бар.  Бұл "Қызылтаң" ауылының маңындағы тарихи орындар. Олардың ашылмай жатқан сыры, мен білмейтін хикаясы бар. Ермекбай біздің ауылдың адамы. Бұл көл екі аяғын соғыста қалдырған Ермекбайдың құрметіне қойылды ма екен? Әлде тарихта болған басқа адам ізін қалдырды ма? Соғыс ардагерінің  ерлігін осы кітаптағыдай сыйпаттауға болады емес пе? Тарихи тұлғаның кім екенін білу керек. Ал оқып отырған  кітабымда "Кестелі орамал" деген әңгіме бар. Онда Досан, Қалима, Оразбек, Нәзия...сияқты кейіпкерлердің арасындағы жағдайлар айтылады. Кәдімгі ауыл өмірінен алынған. Олар бір ауылда көрші тұрады. Досан Кәмәлияны сүйеді, ал Қалима болса, Досанды жақсы көреді. Алайда Досан сүйгеніне үйленеді. Бірақ баянсыз махаббат  опа бермейді. Кәмәлия Досанды тастап басқа жігітке тұрмысқа шығады. Неше түрлі қиындықтарды өткеріп, қилы-қилы тағдырды басынан кешкен Досан келіп Қамиламен қосылады. Осындайда "Өзің сүйгенге емес, өзіңді сүйгенге үйлен" деген де нақыл еске түседі. "Өмір дегенің барлығы шындық, ал әлемдегі  адамдар соны ойнаушы (орындаушы) сахна артистері" депті Шекспир. Шынында да кітапты оқып отырып осы бір сөздерге иланасың. Оларды артистер деп елестетесің. Біз нағыз актерлерміз.

***

            Көктемнің алғашқы күндері қаталдық танытып тұр. Бір күн жылынса, екінші күні қар жауып кетеді. Табиғаттың құбылмалы мінезіне бүгін ғана назар аудардым. Себебі ақ түтек боран соқты. Айнала аппақ. Жапалақтап жауған қар қолыңа ұстасаң еріп кетеді. Жылымық қар аяққа жабысып, адымыңды аштырмайды.Мерекеден соң актив жиналысын өткіздім. Үш тақырып талқыланды. Тоқсан барысы, "Жарқыраңдар жұлдыздар" деген тақырыптағы өнерпаздар, одан кейін спорттық олимпиядадан есеп бердім. Жиналыс жақсы өтті. Айтпақшы Ертайдан хат алдым, оның әскери қызметін жарты жылға ұзартыпты. Әлі жарты жыл бар. Ол уақытта қалада болатын шығармын. Ауылға іздеп келіп, масқара боламын ба деп жүргенмін. Жүрегім орнына түсті. Кешеден бері сайлауға дайындалып жатырмыз. Мектептің залын безендірдік. Бюллетень салатын жәшікті әкелді. Телефон орнатты. Екі-үш күн аудан орталығымен телефон арқылы сөйлесетін  болдық.  Сағат тәңертеңгі оннан бастап, таңғы беске дейін кезекші болдық. Көрші фермалармен сөйлесіп, әзіл айтып, мәрә-сәрә болдық. Негізі сайлау он екіде аяқталады, бірақ бюллетендерді санап біткенше бес болады. Оны сосын ауданнан арнайы келетін машинаға салып, қол қойып аттандырамыз.  Мен бірінші рет дауыс бердім. Ауыл жастарынан құрылған көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшелері Байқонысқа концерт қойып келдік. Мен өзім "Арыс жағасында" деген өлеңді айттым." Келіншек" күйін домбыра оркестріне қосылып орындадық.

             Тәңертең қалың қар есік алдын жауып тастапты. Көктем келді күн жылынады десек, жер беті аппақ қар. Ертай өзінің суретін жіберіпті. Сыртына "Мен мүмкін жүзермін талай күн теңізде, Ренжіме егерде, менен хат келмесе. Ұмытпаймын Шолпаным ойымда бір өзің, Жанымда суретің, сағынып қараймын" деп жазыпты. Өзі ақын. Орыс тілінде де жазыпты. "Шторма резкий, удар тяжел, Сколько раз,сжав до боли зубы. Здесь далекий поход я шел....". Павлодарды, Ертісті сағындым депті. "Я помню твои огни ночные, Горящие на перекрестках в тишине. И сейчас мысли мой бесконечные, Гуляют где-то на Иртыше."  Осындай өлең жазатын жігітті  қалай ұнатпайсың? Бірақ оның жүзін суреттен ғана көріп жүрмін. Оған "Сағындым" деп өтірік жаза алмаймын. Жүрегімнің соғысы оған арналмаған секілді. Лүпілдемейді,тек қиялдайсың? Зейін Шашкиннің "Сенім" романын оқып бітірдім.

            Жазушы Зейіннің бұрын "Ұядан ұшқанда", "Теміртау","Доктор Дарханов", "Өмір тынысы" атты романдарын оқыған едім."Сенім" романында агроном Нұрланның өмір белестері, қиындық көрген кездері сондай тамаша суреттелген. Нұрлан Алматыдан оқу бітіріп келіп, агроном болып орналасады. Дипломының беті бес деген бағаға толып тұрғанын көргенде ауылшаруашылық бөлімінің бастығы Мәлік Асанов жас жігітке сенім артады.  Бірақ облыстан келген маман уәкілдер оның ашқан жаңалығына сенімсіздікпен қарайды. Нұрлан Баянауыл ауданына егін егілмейді деген ұстанымды берік ұстайды. Тың жерді игереміз деп жер қыртысын қопарып, тамырынан қырыққан жер қазір құрғап қалды. Осы жерге  егін салынсын деген нұсқауды Нұрлан өз тәжірибесімен ғылыми түрде дәлелдейді. Нұрлан жалғыз еңбек жолында ғана көзге түспей, адамгершілігімен елге танылады. Ол осы ауылдағы Мәліктің әйелі Раушан Тайжанованы сүйеді. Ала жіпті аттап көрмеген Нұрлан өзінің махаббатын жүрегінде тұншықтырады. Нұрлан өзін жақсы көретін Айжанға көңілін білдірмейді. Себебі сырқатының сыр беріп жүргенін оған айтуды қолайсыз деп біледі. Батылы жетпейді. Облыстық партия комитеті жұмысын дұрыс жүргізе алмады, қисық мінез танытты деп кезекті бюрода партиядан шығарды.  Бірақ соңғы кездегі өзгерістерге байланысты  оның еңбегі ақталды. Партия билетін қайтарып алады. Роман желісі өте күрделі болғанымен, оқуға жеңіл, соңы қалай бітеді деп қызығып оқыдым. Екінші рет оқығанымда одан да қызықты болды.

***

 Шектен тыс қиялшыл болып барамын. Қиял дегенің ол сенің ойың емес пе? Ойсыз адам болмайды. Неше түрлі оқиға да еске түседі. Кітап оқысам, бәрін ұмытамын.  Алматыдағы мұғалімдер дайындайтын  әйелдер институтынан хат келді. Қандай емтихан тапсыру керектігін жазыпты. Алайда менің мұғалім болғым келмейді. Дегенмен институтқа түсу үшін қандай пәндерден емтихан тапсыратынын білдім. Бүгіннен бастап дайындықты бастаймын. Докторханнан хат келіпті. Ол өзінің жазып жатқан әңгімесін маған жіберіпті. Пікіріңді айтшы дейді. Әңгімесінің оқиғасы былай өрбиді....Жас жігіттің аяғы сынып, ауруханаға түседі. Ертеңінде сүйген қызы келіп, сен менің теңім емессің деп, хош айтысады. Әрине мұндай әңгімені мен де жаза аламын. Бірақ кейіпкердің іс-әрекеті нанымды, аяушылық туғызатындай, немесе жігерлендіре түсетіндей сыйпаттаулар жетіспейді екен. Көзбен көргенде тілмен жеткізудің азабы да, қиындығы да білімсіздікте деп ойлаймын. Көп оқыған кітабың шығарма жазуға тамшыдай ғана көмегі бар. "Жұлдыз" жорналының үшінші санында Қалмұхан Исабаевтың "Айқыз" романы басылыпты. Оны оқу керек. "Мәдениет және тұрмыс" жорналының үшінші номерінде шағын мақалам жарық көріпті. Бұл Бораншал Боздамбаевтың "Үйленейін десем..." деген мақаласына білдірген пікірім болатын. 

Бүгін қолыма Ф. Джанузакованың" "Биография только начинается" деген кітапшасы қолыма тиді. Оқи бастадым. Түсінбеген жерімді қайтадан оқимын. Әрине орыс тілінде қарым-қатынас болмағандықтан, ол тілде сөйлеу қиын. Қазақша ойлап, орыс тіліне аударасың. Немесе оқып отырғаныңды қайтадан қазақшаға аударып, түсінесің. 29 март күні тәңертең жолға шықтым. Бағытым Павлодар қаласы болатын. Сейсенбі күні жолға шықпайды дейтіндер де бар. Ал маған керісінше сейсенбі күні жолым болады. Оған имандай сенемін. Автобус келе қоймаған соң, бір жеңіл машинаға отырдым. Ол мені сапаржайдың алдына дейін апарды. Павлодарға бірінші рет келуім емес, бірақ көшелерін білмеймін. Сонда да, нөмір бірінші автобусқа отырдым. "Қызыл ту" редакциясының алдында аялдама бар екен, түсіп қалдым. Дзержинский көшесі, 29 үй. Бес қабатты биік үйдің төменгі қабатында редакция орналасыпты.

Жүрегім дүрсілдеп, есіктерін ашып, табалдырық аттадым. Қарсы алдымдағы есікте  "Мәдениет және тұрмыс бөлімінің меңгерушісі М.Дәуренбеков" деп жазылыпты. Дәлізде ешкім көрінбейді. Неде болса, есігін қағып ішке кірдім. Төрде жасы қырықтан асқан, шашын кейін қайырып тастаған жұқа өңді жігіт басын көтерместен жазу жазып отыр. Сұр костюм шалбар киген адамның ойын бөліп жібергеніме қысылмастан, есіктің алдында тұрып қалдым. Ол кісі мені жаңа көргендей басын көтеріп, жоғары шық, төрлет, -  деді. Әдетте үйге кіргенде айтушы едік, бұл кісі мемлекеттік мекеменің иесі болғандықтан ба, сыпайылық көрсетіп қарсы орындықты нұсқады. Мен орындыққа отыра кетуді жөн көрмей, тұрып сөйлестім. Өзімнің кім екенімді айтқан бойда, "ә білемін, мақалаңды қорытып шығарып жүрген ағатайың мен боламын. Өлеңдеріңді де алдым. Біраз өлеңің газетке беруге тақырыбы келмегендіктен шолудың ішінде атап өттім",-деді. Мен бұл кісінің сөзін зейін қойып тыңдап тұрғаныммен, ештеңе ұқпадым. Тезірек сөйлейді екен. Біраз тұрғанның өзінде қаншама сөз айтты. Тегінде журналист дегендер сөзшең келеді екен ғой деп ойлап қалдым. Орындыққа отырғаннан кейін тапсырмалар берді. Мәдениет тақырыбына жазған кезде ескеретін нәрселерді айтты. Қолымдағы қалың дәптерімді бердім. Ертеңге дейін қарап шығамын,-деді.

Сапаржай маңында тұратын Естай Серғазин ағатайымның үйін іздеп жүріп, тауып алып, сонда бардым. Бұл кісі суретші. Алматыда суретшілер училищесін бітірген. Ләзиза жеңгейдің қайнысы. Сол үйде тұрып оқыған. Әйелі Нұрлығайын өте сұлу келіншек. Мінезі де биязы. Менімен сырласқанды ұнатады. Естай ағатайдың үйіне кірген кезде, төрт қабырғаға салынған суреттерді көріп таң-тамаша қалдым. Ат үстінде отырған батырлар. Сауыт-саймандар.  Кәдімгі көркемсурет музейі сияқты. Ауылда төр жаққа сән үшін үлкен кілем іліп қоямыз ғой. Оның үстіне домбыра, қамшы, түлкінің терісі ілінеді. Ал бұл кісі осылардың бәрін суретке түсіріп қойыпты. Ағамыз бен жеңгеміз үйлері тар болса да, ауылдан келген қонағын жылы жүзбен қарсы алды. Түнде Нұрлығайын екеуміз көпке дейін әңгімелесіп, кеш жаттық. Ертеңінде  редакциядағы өлеңдерімді алдым. Мүмкін тағы бір күн қалатын шығармын,-деп ойлағамын. Әйтеуір Мұхаметжан ағамыз бір-екі өлеңді ұнатып, газетке беремін деп алып қалды. Түс кезінде 1 мамыр көшесінде тұратын Дәметерге бардым. Тұрмысқа шыққан, ұл бала көріпті. Жолдасы қызметкер, түскілікке келді. Бірге отырып тамақ іштік. Қаланың ортасында жер үйде тұрады. Бөлмелері көп. Қолында інілері мен қайын сіңлісі бар. Ауылдан келгендердің бәрі осы үйге түседі. Жездеміздің  сөйлесуге мұршасы болмады. Ол үйден шыққан соң вокзалға барып кешкі автобусқа билет алдым. Вокзалдың кітап дүкенінен Қалмұхан Исабаевтың "Сұңқар самғауы" деген кітабын сатып алып, автобус келгенше оқып отырдым. 

***

 Дала суық болғанымен күннің көзі жарқырап тұр. "Сәуір тумай тәуір болмайды" дегенді оқыған едім. Күннің жылуын сәуірден, яғни апрельден емес мамыр айынан күту керек. Апрель айы қазақша көкек деп аталады. Негізі сәуір деп атасақ қой.  Бірінші көкек-күлкі күні. Мен енді айдың аттарын қазақша жазамын. Мейлі жұрт не десе ой десін. Сонымен мектептегі оқушылар да, мұғалімдер де бірін бірі алдап, мәз болдық. Негізі күлкі күні болу керек. Біз неге алдаймыз, тегінде күлсін деп алдайтын шығармыз. Алданып қалғаның қызық екен, мәз-мәйрам боласың. Құлатай маған "директор шақырып жатыр" деді. Мен тағы да қайда болдың, пионер жұмысы ақсап жатыр деп ұрса ма деп зәре-құтым қалмай директордың есігін қақтым. Ешкім жауап бермейді. Директор тәңертең аудан орталығына кетіпті. Қап, алданып қалдым, енді мұғалімдерге күлкі болатын болдым. Енді Құлатайды қалай алдасам екен?. Түк болмағандай мұғалімдер бөлмесіне бардым. Түстен кейін күлкі күнін ұмытып кеттім.Кітап-рухани азық. Қолым босай қалса, оқып жатқан кітабымды аламын.  Пионер бөлмесінде Ілияс Есенберлиннің "Өзен жағасында" деген кітабы жатыр. Жазушының "Айқас" романын оқып шыққанмын. Тарихи  роман. Жалпы тарихи романдар қызықтырады. І. Есенберлиннің тілі орамды. Өзі мектепті орысша бітіріпті. Бірақ қазақша жазады. "Жұлдыз" жорналының екінші номерінде Сейілбек Қышқышев деген сыншы  осы романды қатты сынапты. Ол М. Горькийдің "Мен жазбастан бұрын өзіме үш сұрақ қоям,-не жазғым келеді, қалай жазам және не үшін жазам" деген қағидасын келтіріпті. Оның сынына мен қосыла алмаймын. Авторды көп сөйлейді деп кінәлайды.

Тарихи роман болған оқиға негізінде жазылады. І.Есенберлин қалай болғанын суреттейді. Оның несі айып? Білмеймін. Мен оқырман ретінде "Өзен жағасында" деген кітабын да қызығып оқыдым. Бұл кітаптағы кейіпкерлер Ахметжан, Ақмарал, Гүлшат, Хамза, Асылбек, Сұлтан. Негізінен Ахметжанның басынан кешкендері арқылы жаңағы адамдардың іс-әрекетін, көзқарастарын  сөз етеді. Жезқазған руднигіне келіп жатқан мамандар. Олардың өміріндегі қайшылықтар. Ахметжан-инженер. Ол денсаулығының нашарлығына қарамастан, цехтың ыстығына күйіп, суығына тоңып бар күш-қайратын жұмсап инженерлік жұмысын беріле істейді. Рудникке жаңалықтар енгізеді. Жүрегі ауырып, сырқатқа  шалдыққан Ахметжан ауруханаға түседі. Мұнда бұрынғы таныс қыздарының бірі дәрігер Ақмарал Ахметжанды ажал аузынан алып қалады. Операция жасайды. Ауруханада жатқан кезде Ахметжанды әйелі Гүлшат тастап кетеді. Повестің соңында әйелі Гүлшат   жолдас жігіттердің бірі, Сұлтанға тұрмысқа шығады. Ал Ахметжан Ақмаралға үйленеді. Мен бұл кітаптың мазмұнын жазып отырмын. Негізі олардың арадағы тартыстары, уайым-қайғылары, қуаныштары мен реніштері  әдемі суреттелген.

Павлодар қаласына жолым түсті. Бұл жолы Шәкен киім сатып алуға барайық деген соң,  редакцияға кіріп шығу үшін бірге бардым. Қаланың жолын  білемін. Газет қызметкері Мұхамеджан аға  өзінде екен, маған ақыл-кеңесін айтты. Мүмкіндік болса, газетке орналасуға көмектесемін. Шақыртуды күте бер деп қуантты. Менің мақалаларым ауыл өмірінен жазылады. Ауылшаруашылығы бөліміндегі жігіттермен танысқым келді. Мұхаметжан аға бөлімге алып барды. Бөлім Бастығы Төлеубек Қоңыров деген жас жігіт екен. Онымен бірге Демешев Ермек аға отыр. Төлеубек орнынан тұрып қарсы алды. Кішіпейіл. "Осында өлең жазатын Қорлан Байжұманова апайың бар. Сол кісімен таныстырайын деп," кабинетіне апарды. Тұңғыш кітап деген атпен өлеңдер жинағы шығыпты. Шашына ақ кіргені болмаса, елуге жетпеген екен. Кітапшасын сыйлады. Редакцияны аралап жүріп, өзімді кәдімгі үлкендерше сезіндім.

Журналистер де керемет жандар екен. Әзілдері жарасып, жадырап күліп қарсы алды. Енді газеттің редакторымен таныстырмақшы болып, сол кісінің кабинетіне бардық. Редактор жолдас облыстық радионың бас редакторымен  шахмат ойнап отыр.  Бұл кісінің де бос уақыты болады екен ғой деп ойладым. Төлеубек аға радиодан өлең оқысаң, қазір осы кісімен еріп бар деді. Мен қысылып қалдым. Радио тыңдауды жақсы көргеніммен, өзім радиодан сөйлеуге,  өлең оқуға дайын емес едім. Келесі келгенде сіздерге кіріп шығамын деп, қоштасып шығып кеттім. Жолда автобус аялдамасында мұғалімім Нұржамалды кездестірдім. "Қуанғанмен жылаған бірдей"- дейді емес пе? Көзімнен жас шығып кетті. Павлодар қаласында оны кездестіремін деп ойламаппын. Күні кеше "Сен журналист  болуға тиіссің. Алматыға оқуға баруың керек,"-деп жол сілтеген осы кісі ғой. Менің ауылда мұғалім болып жүргенімді естігенде қуанып қалды. Қаражат жинап ал, сосын Алматыға бар, - дейді. Өзі жол жүріп барады. Үйлену тойларына дайындалып жатқанын айтты. Жігіті Екібастұз совхозына қызметке орналасыпты. Енді сол жаққа көшемін деді. Біз бір-бірімізді қыймай қоштастық. не деген мейірімді жан. Тіпті мұғалімім емес, жақын досымдай болып көрінді. Бұл мұғалім менен он бес жас үлкен. Дәметер де досым сияқты болған. Ол да үлкен еді. Қазір семьясы бар.

Кешке  Иса Байзақов көшесінде жер үйде тұратын Ажардікіне бардық. Ажарлар туыс болып келеді. Әкесінің руы Ақтілес. Біздің ауылда Қуанышқұл, Қабиден деген екі ағайынды немере ағаларымыз тұрады. Олардың әкелері Орал мыңды айдаған бай болған адам. Тіпті алтындары да болған. Кеңес үкіметі байлардың малын тартып алып, кедейлерге бөліп беріп, өздерін итжеккенге айдаған. Екі ағайынды да кеңестің түрмесінде шіріп қала жаздады. Қуанышқұл жазасын өтеп келгенде сақал-шашы өсіп, арып-ашып, биттеп-құрттап шығыпты. Сақалына түскен битті кісендеулі қолымен түсіре алмай, иегін кемсеңдете бергендіктен, кекештеніп, сөйлей алмаған екен. Мен ол кісіні көрдім. Үйдің іргесінде көрші тұрды. Әр сөйлеген сөзінен кейін "ынта-тынта" деп қосып отыратын. Ал Қабиден ағатайымыз ұзын бойлы, бір көзіне ақ түскен, сондай сымбатты адам. Ол кісі тірі. Бір ұл, бір қызы бар. Кеш үйленген болу керек. Балалары әлі мектепте оқиды. Ажардың әкесі Ыбырай осы кісілермен немере. Әрі әйелі осы кісілердің қарындасы екен. Ажардың ағасы Олжабай қаланың бұзығы болып ержетіпті. Жалғыз бала болған соң, еркелетіп өсірген болу керек. Ерте кетеді, кеш келеді. Ақша салып қарта ойнайды. Тегі қаланың салты солай ма екен? Ажарлардың көршілері  кілең қазақтар. Казкрай деп аталады. Жігіттері шетінен боксер, күрескер. Қай үйді алсаң да, оның баласы күрестен бірінші орын алыпты, бокстан сайысқа барады деп әңгімелеп отырды.

 Әкем мен шешемді көрген адамдар бізді жылы жүзбен қарсы алды. Шәкен екеуміз сол үйге қонып, ертеңінде ауылға оралдық. Айтпақшы Лазори деген біреу Май ауданынан хат жаза береді. Не аты-жоқ. Жасы да үлкен, оны өзі жазыпты. Суретін жіберген екен. Кәрі шал. Өткен жолы егер аты-жөніңді дұрыс жазбайтын болсаң, хат жазбаймын деп жазып жібергемін. Өзі пошта жақта істейді ғой деймін, әйтпесе менен барған хат оның қолына қалай тиеді. Бүгін сол Лазориден хат келіпті. Аты-жөні Ризолла Бұланбаев. Енді түсіндім, бұл кісі де облыстық" Қызыл ту" газетіне өлең жіберіп тұрады. Оның өлеңдерін оқығанмын. Негізінен мысал, сықақ өлеңдер жазады. Осы хатында маған айтпаған сөзі жоқ. Менің өлеңдерімді сынағысы келетін секілді. Қолына жаңа қалам алған жастарға ақылын айтудың орнына, сен сондайсың, сен мұндай екенсің дегені ыңғайсыз. Мен оның жүзін көрген де жоқпын. Мына сурет мүмкін оның суреті емес те шығар. Екі сөйлейді. Өткен жолы жаспын, студентпін деген. Осы жолы электрикпін, ауылда жұмыс істеймін депті. Кім болсаң, ол бол, енді хат жазбаймын. Өмірімді өлеңмен өріп жүрмін. Анама арнап өлең жаздым, Өлеңімді оқып, сынайтын ешкім жоқ. Не болса да "Қазақстан әйелдері" жорналына жібердім.  Төрелігін солардан күтемін.  

***

Шуақты көктем. Міне біздің ауылға көктем келіп жетті. Көктем, қандай әдемі сөз. Жердің беті көгеріп, құлпырып барады. Даладан жайма шуақ жел еседі. Көрші  апатайларым бірі есік алдына шығып, шуақтап, қыстан қалған сүрлерін іліп, кептіріп, құрт жайып, жүн түтіп отыр.   Дәмелі қазір Чернорецкіде оныншы класта оқып жүр. Үйде Молдағам құранын оқып, молдалыққа дайындалып жүр. Негізі арабша оқи алады. Өзі домбыраны да өте жақсы шертеді. Өткен жолы өзім шығарған өлеңім деп, бізге біраз терме айтты. Оның ішінде осы қыздары Шәкен мен Дәмеліні де қосыпты. Армандайды ғой. Осы қыздарымның қызығын көрсем дейді. 1957 жылы туған Ғалым деген ұлы әлі жас. Оның есімін де ғалым болсын деп армандап қойған секілді. Алайда біз, бәріміз оны Ғалым демейміз, Қабдеш деп шақырамыз. Бұл есім де жәйден жәй қойылмаған шығар. Кішкентай кезінде бұл бала қапта тиеулі тұрған ұнды, қолымен тесе береді екен. Содан ей, қаптескіш деп атап кеткен ғой. Қазір бәріміз Қабдеш дейміз. Шәкен де қазір құбылып жүр. Бірнеше жігіттен хат алады. Алайда әкесі оны өзінше бай жерге тұрмысқа бергісі келеді. Ауылдың балаларын Молдағам да, Шәкен де ұнатпайды.

Мектепте оңаша отырғанда Құлатай  сырын айтты. Үйленгісі келеді екен. Анасы Айтжамал Айбикенің қызына үйленгенін қаламайтын көрінеді. Орын деген мұғалім қыз Құлатайдың соңынан жүгіріп жүр. Оның түрін де, өзін де ұнатпайды. Анасы мені айтатын көрінеді. Менің  күлкім келді. Мен Қаракөлдегі қызын еске салдым. Раушан ба, Рабиға ма? Құлатай жігіт ретінде жақсы ғой, алайда дүниеқоңыз, найсапқор,бақай шағына дейін есептеп отырады. Мүмкін жалғыз өзі үйдің тіршілігін мойнымен көтеріп жүргендіктен болар. Қолынан бір тиын шығармайды. Біреуге қарыз берсе, қашан қайтарғанша қыр соңынан қалмайды. Маған адамгершілігі де ұнамайды. Жүрегім қаламайды. Аудан орталығында туған ағасы Мұқатай тұрады. Үйленген. Бірақ балалары жоқ. Әйелі Күлаш та мұғалім. Екеуі де жоғары білімді мұғалімдер. Қазақ мектеп-интернатында бірі меңгеруші, бірі тәрбиеші. Құлатай маған ұсыныс жасадым деп ойлады."Мен ауылда қалмаймын, оқуға барамын" деп жауап бердім. Жүзіне қарасам, бозарып кетіпті, тегінде анасының тілегін айтып отырса керек. Себебі бет-жүзінен не реніштің, не қуаныштың ізін көре алмадым. Ол мұғалімдер бөлмесінде отырып қалды.

Түнде кеш жаттым. Көзім ілініп кеткен екен,түсімде Құлатайды сүйетін Күлашті көрдім. Оның аяғы ауыр. Мен оған аянышпен, әрі таң-тамаша болып қарап тұрмын. Ішімнен Құлатайға тұрмысқа шықпаған еді, бұл қалай болған деймін. Ертең Құлатайға айту керек, үйленсін, біреудің көз жасына қалмасын деп жатып, оянып кеттім. Басым мең-зең. Бұл не өзі, түсім жақсы деп айта алмаймын. Себебі Құлатай Күлашқа үйленбейді. Кеше менімен сөйлескен кезде, Күлашқа неге үйленбейсің деп сұрап қалғанмын. Ол сонда маған да, үй ішіме де ұнамайды деген. Енді не істеу керек. Шынымен Күлаштың аяға ауыр ма? Білмеймін, түсім ғой, ешкімге айтпауым керек. Бүгін клубта "Человек амфибия" деген фильм болады. Кітабын оқығанмын. Қазақ тілінде қойылады дейді. Бару керек. Су перісі, Ихтияндр Гулттера. Басты рольде Владимир Коренев ойнайды. Түрі қазақ сияқты. Қазақ тіліндегі аудармасын Зәмзәгүл Шәріпова оқиды. Фантастика болса да, өзіңді қызықтырады. Аккуланың желбезегін жүрегіне салыпты. Сусыз өмір сүре алмайды. Балық сияқты  Бір жағынан ол адам, оның да адамдарды жақсы көруге, сүюге құқы бар.  Алайда адам болса да жартылай балықтың тіршілігін аңсайды. Қызық. Бұл фильмде Ихтияндрды бір қыз жақсы көреді. Сүйеді. Екеуінің таза махабаттары елжіретеді. Соңында Ихтияндар біржолата теңізге жүзіп кетеді.             Мектептегі жұмысым сол, қазір бір мұғалім ауырып қалса, соның орнына сабақ беремін. Математика, әдебиет, бастауыш кластарға да шақырады. Пионер жұмысы да менің мойнымда. Бағила өз орнына шыққанменен ауыра береді. Газет шығарамын. Пионерлер жиынын өткіземін. Кешкі мектепке сабақ беремін. Тұрақты жұмысым кешкі мектептегі сабағым.Кешкілікте оқушыларым сабаққа келмейді. Байқоныстан Қайролла деген ағай келіп жүрі. Оқу жылы аяқталған соң, аттестат алып шықсақ болды деп ойлайды . Менің еңбекақым жүріп жатыр. Бәрі уақытша. Ертең бәрі өз қалпына келер.

Мектепке аудандық комсомол комитетінен Капкенов Балқыбай деген жігіт келді. Қасында фотограф. Мектеп комсомол өмірі туралы суреттер керек болыпты. Мен сол кісілермен жүріп, комсомол жұмысымен таныстырдым. Кешкілікте аудандық оқу бөлімінен инспектор келді. Оқушылардың білімін тексерді. Мақсаттары оқушыларды емес, біздің білім дәрежемізді тексеру болды ма екен, әйтеуір кешкі мектепке сабақ беретін мұғалімдерге шүйлікті. Сұрақтар берді. Шолпан деген мұғалім мектепті орыс тілінде бітірсе де, олардың берген сұрақтарына орыс тілінде жауап бере алмады. Мен болсам, әдебиеттен сабақ беремін. Олар қазақ тілінде сөйлей алмайды екен, маған математикадан қойды. Бұл тексерістің астарында не жатқанын біле алмадық. Ертең директор айтатын шығар. Сонымен бірінші рет өзімнің еңбек алып отырған жұмысым үшін ұялдым. Білімсіз орға жығады деген осы екен. Дегенмен болашақ алда. Өмірден көргенімізден көрмегеніміз әлі көп.

Маған Нұржамал мұғалім хат жазыпты. Сондай қуандым. Класс жетекшімнен хат алдым деп айқайлағым келді. Қандай кішіпейіл. Ол өзінің хатында "Саған деген алғысымды жеткізуге ақ қағаз бен қалам дәрменсіз бе? деп ойлаймын"-депті. Тағы да "мені туыс ретінде қабылда" дейді. Хатты оқып отырып тебірендім. Көзіме жас келді. Неге маған алғыс айтты екен. Тегінде мұғалім болып жүргенім үшін, өзінің айтқан ақылын жерге тастамағаным үшін  рахмет айтқысы келді ме екен? Мұғалімнің ойын түсінуге өрем жетпеді, бірақ кеудемде мақтаныш сезім биледі. Қай шәкірт мұғалімнен хат алыпты дейсің? Тебірендім. Түнде жалғыз өзім отырып өлең жаздым. Кімге? Белгісіз, әйтеуір жүрегімді кернеген сағыныш па, әлде оянбаған махаббат па, өлең болып  мазамды алды.Жасым болса төрт айдан кейін он тоғызға толамын. Бойымда шынайы сезім жоқ. Көрсеқызарлық, ұшып-қону, тұрақсыздық. Тұрмысқа шығамын, үй боламын деп ойламаймын. Әйтеуір бір беймаза шақты басымнан кешірудемін. Уақыт болса жеткізетін емес. "Қызыл ту" редакциясынан 2 сом 94 тиын ақша алдым. Қарыздарымды тараттым. Мектепте 3 сомымды ұрлатып алғанмын. Кім алғанын білмеймін, әлде қалтамнан түсіп қалды ма? Содан бері дүкеннен қарызға шәй, нан алдым. Мына келген ақша соған жетті де тұрды.

***

...Әсем жиһазды Досымның үйі.  Досым жазу столында жазу жазып отыр. Анасы Айғаным баласының  үлкен қызметкер болғанына мәз... Ендігі арманы - ұлын үйлендіріп, немере сүю. Бірақ, Досым болса ол туралы тіс жарып, ештеңе айтар емес. Енді міне, Айғаным баласына Биғанымның қызы Мәмпәсиге үйлен деп қолқа салды.... Мұнан соң... Ана мен бала арасындағы қақтығыс... Ашулы ана. Айғанымның құдалығы... Сәтсіздік.... Алданған Айғаным... Досым мен Нәсихаттың үйлену тойы.  Шеру тартқан той салтанаты...

Бұл қызылтаңдық ауыл өнерпаздарының алдағы өнер сайысына әзірлеп жатқан  Қасым Аманжоловтың "Досымның үйленуі" атты пьесасынан көрініс.

Ауыл көркемөнерпаздары Ұлы Октябрьдің 50 жылдығы қарсаңында облыстық теледидарға барып, көгілдір экраннан өнер көрсетуі ерекше жаңалық болды. Енді міне биылғы жылы облысымызда тұңғыш рет өткізілгелі отырған көркемөнерпаздардың өнері күні қарсаңында  қызылтаңдықтар аудан бойынша үздік шығып, облыс орталығына баруға жолдама алды. Чехов атындағы облыстық драма театры сахнасынан  өнерпаздардың сахналауында "Досымның үйленуі" пьесасы қойылып, қала еңбеккерлері осы өнерпаздардан құралған домбыра оркестрінің орындауында "Келіншек", "Кеңес күйлерін" тыңдайтын болады.

            Нұрлы көктем. Шабыт көктемі, жырға арқау болатын көктемнің де жылы күндері басталды. Жалаңбас, көйлекшең жүрміз. Тіпті бір күнде жаз шығып кеткен секілді.  Бұл уақытта Ертіс өзенінде сең жүре бастаушы еді. Биыл кешігіп жеткен көктемнің әсері ме, әлі су тасыған жоқ. Мектепке кештеу бардым. Бір кезде кеңседен мені іздеп совхоздың бас есепшісі Бейсенбай ағатайым келді. Облыстық "Қызыл ту" газеті редакциясынан телефон  шалыпты. "Сіздің ауылда біздің тілшіміз тұрады. Сол кісі мүмкіндігі болса бізге тез жетсін"-деп сәлем айтыпты. Жүрегім қатты-қатты соғып кетті. Қуандым ба, абдырап қалдым. Алды-артыма қарайтын уақытым жоқ, директордан сұранып, жолға шықтым. Түс мезгілінде редакцияда болдым. 5 мамыр-баспасөз күні. Сол мерекеге орай ауыл тілшілерімен жиналыс өткізіп, суретке түсуге шақырыпты. Аудандар мен ауылдардан келген тілшілердің ішінде мен әлі бала сияқты екенмін. Сұлтан Ыбыраев деген адам әзілқой жан. Аузын ашса болды, күлкіге кенелтеді. Жасы үлкен болса да суретке түскен кезде "қарындастың артында тұрсам жаман болмайды" деп күлдірді. Күні кеше өзім оқыған Чернорецкі орта мектебінің мұғалімі Кәрпек Төкенов те суретке түсті. Ол да ауыл тілшісі. Газеттің редакторы Сұбыхан Шошановтың жүзі жылы, үнемі күліп тұрады. Өзі үлкен басшы болса да, мінезі бала сияқты. Аппақ шашы бұйра-бұйра, өзіне жарасады. Жиын соңында редакцияның бөлімдерінен тапсырмалар алдық.

             Күн кешкіріп кетті. Ауылға автобус жүрмейді. Қаладаға Дәметердің үйіне бардым. Ренішсіз қарсы алды. Кешкілікте үйінде қонақтар болды. Бәріміз бірге отырып, дастархан басында өлең айттық. Апа жездеміздің  ұлдары Нұрланды көрдім. Өсіп қалыпты. Ертеңінде үйге келдім. Айтпақшы биыл су арнасына жетпей, тез еріп, өз деңгейінде тұрып қалыпты. Шабындықтың үстінде су көлкіп жатыр. Тоғай жаққа жол жоқ. Айналаға қарасаң, әдемі бір көрініске тап боласың. Бұл көрініс уақытша. "Арман арзан болмақ емес" деген пьеса жазып бітірдім. Енді ауылдағы көркемөнерпаздар ұйымының мүшелеріне рольдерін таратып беремін.  Күн жыли бастаса, бұл су кейін қайтады. Биыл Ертіс тасымайтын болыпты. Айналадағы су бір күнде кейін қайтты.  Табиғаттың сырына ешкім түсінбейтін шығар. "Сказ о матери" деген киноға бардым. Басты рольде Әмина Өмірзақова ойнайды. Соңғы күндері кітап оқуды сиреттім. Оның есесіне киноға барамын. Клубқа кірсем болды,  қасыма Әскен келіп отырады. Бұл жігіт Новосібір жақтан көшіп келді. Әкесі сал болып төсекте жатыр. Екі шешесі бар. Туған шешесі жас. Үлкен шешесі едәуір үлкен. Екеуі апалы сіңлілі дейді. Бәйбішесі бала көтермеген соң, сіңлісін алып беріпті.

            Мүзән байдың тұқымы. Бұрынғы кезде Қызылтаң ауылы, Тереңкөл деп аталыпты. Осы Тереңкөлде Мүзәннің әкесі Ильяс болыс болыпты. Кейін кеңес үкіметі кезінде байларды конфескелегенде біраз отбасы ішке көшіп кеткен. Іш деп Новосібір жақты айтады. Байдың баласы ұрпақсыз қалмасын деген болу керек. Қазір екінші әйелінен төрт қыз, үш ұлы бар. Әскен ұлдарының үлкені. Мектепке оқуға бармады. Қарындастары оқып жүр. Үйінде қазақша бақай етек көйлек киеді. Әскеннің көңілі маған ауған. Қарындастары Қарлығаш пен Үмітай үйіне шақырып, ағасына тұрмысқа шық деп азғырды. Сырттай оқисың, Әскен сені жақсы көреді дейді. Үндемей құтылдым. Өткен жолы  Мұрат деген жігіт сөз салып, көңілін білдірді. Мен оған да  қарсылық көрсеттім. Мұрат өте жақсы жігіт, түрі де келісті, ұзын бойлы. Өзі спортпен айналысады. Қазір мектепте денешынықтырудан сабақ береді. Совхоздың бас зоотехнигі Сағындық Смағұловтың балдызы. Амал не, мұндай жақсы жігіттерді ұнатпаймын. Неге екенін өзім де білмеймін. Тұрмысқа шығуды ойлағым келмейді. Оның үстіне ағатайым Нөкештің тұрмысқа беруге жағдайы көтермейді. Әскеннің шешесі "Шолпан келісімін берсе, ойын-тойды өзіміз жасаймыз,"- депті. Онысына рахмет! Бірақ  өзім ұнатпайтын адамға тұрмысқа шықпаймын.

            Бәлкім махаббат туралы кітаптарды көп оқыған соң ба, шынайы жақсы көретін адамды күтіп жүргендеймін. Мамыр айы да аяқталды. Мұхаметжан Дәуренбеков оқу жылы аяқталар кезде корректордың орны босайды. Соған шақырамыз деп үміттендірді. Алматыға бару ойымда болғанымен әлі бір жыл ғана жұмыс істеп жүрмін. Екі жыл жұмыс істеуім керек. Сондықтан оқуға барамын деген арманым биыл орындалмайтын болды. Енді газетке қызметке тұруды армандап жүрмін. Сапар мұғалім әскерден келді. Қазір басқа ауылда мұғалім. Кеше ойда жоқта кездесіп қалдым. Редакция шақырып жатыр деген соң автобусқа отырған едім, жолда ол Қаракөл ауылынан отырды. Мен Жұбан Молдағалиевтің "Айттым сәлем" деген өлең кітабын оқып отыр едім, кітапты сұрап алды да, мына өлеңді оқы деді. Оқыдым. "Дәрменсіз адам даңққұмар, Дәрменсіз көңіл-қызғаншақ. Бағбан талдан бақ құрар, Ұзарар өмір із қалса-ақ." Өлеңнің мазмұны түсінікті. Сапар мұғалім маған неге оқы деді. Нені меңзеді. Мен сонда даңққұмар болғаным ба? Жоқ. Менің арманым әке жетпеген жетістікке жету. Әкемнің ақындық жолын жалғастыру. Ол кезде журналист деген мамандық болмады. Бірақ айтыс өнерімен ел аралады. Елді жырлады. 

            Кеше Манзураға барғанымда оның әкесі Сағадат "Шолпан сенің газеттегі  мақалаларыңды оқып, әкеңе рахмет айтамын. Әкең мен  шешең қандай жақсы адамдар еді. Шіркін сол адамдарды да қара жердің астында дегенге кім сенеді. Балам, қажыма, талма. Әке өнерін аяққа баспа,-деген еді. Иә мен атақ үшін емес, әкемнің айтпаған ойын, жазбаған өлеңдерін жазғым келеді. Байғалының қызы десе, әкемді де еске алғандары, оның рухы риза болады. Даңққұмар емеспін, менің міндетім  әке есімін өшірмей, өмірде ізімді қалдыру. "Өмірді бір із қалса, Сол бәйгеге лайық. Өлең сұлу қыз болса, Өлгенімше қуайын" -дейді Жұбан ақын. Мен де өлгенімше қуанамын. Редакцияда Төлеубек Қоңыровтың кабинетіне келдім. Ол кісі редактордың орынбасары Айтжан Бәделхановқа алып барды. Орта бойлы мығым денелі, көзі адамды сынап,  ызғарын шашып, езу тартып тұрады екен. Маған да сондай сенімсіз көзбен қарады да, Төлеубек ағаға қарап, өтінішін қалдырсын деді. Өтінішімді жазып, кешкілікте тағы да Дәметердің үйіне бардым. Ауыл жаққа қыдырып кетіпті. Үйінде бауыры Бота болды. Абырой болғанда інісін танитын едім, содан Дәметердің жолдасы Қабыкеннің Маржан деген құдашасы үшеуміз  қонып шықтық. Түн ішінде қайда барамын. Үйге оралған соң, мектептегі жұмыстарымды реттедім. Сегізінші класс емтихан тапсырып жатыр. Кешкі мектептегілер емтиханын тапсырып бітті. Енді аттестат алатын күнді күтіп жүр. "Лениншіл жас" газетінің  "Өркен" жастар бөліміне менің "Қыз бала журналист болу үшін нені білу керек?" деген сұрақтарыма "Қазақстан әйелдері" жорналының бөлім меңгерушісі Дәметкен Дәуренбекова жауап жазыпты.  Сондай қуандым. Республикалық газет аты-жөнімді біледі. Ақша жібереді.

***

Ағам Нөкеш асар жасап жаңа үйдің қабырғасын көтерді. Мен су тасып бердім. Күн жылы. Күн батқанша төрт қабырға тұрғызылды. Құрылысшылардың ішінде өзіммен бірге жүрген құрдастырым да болды. Олар тәтеме "қарындасың редакцияға орналасайын деп жатқан көрінеді, қайырлы болсын" депті. Мен қатты қысылдым. Себебі редакцияға өтініш жазып бергеніммен әлі хабар алғамын жоқ. Тәтем қалаға неге барып жүргенімді жаңа ғана түсінді. Алайда ұрсатын шығар деп қатты қорықтым. Не істеу керек, мына үйді бітірмей қалаға бармайсың десе не істеймін? Жарайды бірінші хабар келсінші, сосын көрермін. Күн ыстық, біраз демалайын деп  кітап оқып жатыр едім, үйге дабдырлап Қайролла ағатайым келді. Қасында Рымжан деген жолдасы бар. Чернорецкіге Лебяжі халық театры концерт қояды екен, соған шақыра келіпті. Кешкілікте Қазбектермен концертке бардым. Театр колективінің ішінде бұрын танысқан Бектас Тапалшинов жүр. Жүргізуші осы Бектас. Өзі сондай көркем жігіт. Шашын екіге бөліп, артына қарай жатқызып қойыпты. Тілінен май тамады. Бірінші бөлім біткен соң, әдеттегідей Бектастан газетке жазуға аты-жөндерін жазып алдым. Екінші бөлімде Мақсұтхан Майшекиннің "Біздің үйден шәй ішелік" деген шағын  пьесасын қойды.

Артистер тамаша ойнады.  Концертте Қайрат Жапарханов пен Сейсенбай Балтабаевтың өнерлерін ұнаттым. Әнді жақсы айтады. Сейсенбай баянда ойнады. Түннің бір уағында концерт бітті. Мен Қазбектерді іздедім. Ол Банумен қыдырып кетіпті. Бір кезде келіп тұр. "Сені Рымжан алып қашамын деді, біз әрең ұстап қалдық, -дейді. Сонда қалай, менің келісімімсіз алып қашпақшы болған ба? Ол мені жөнді білмейді ғой. "Шолпанды жақсы көремін, -деп болмапты. Мен ше? Ұнатпаймын ғой. Түрі де келісіп тұрған жоқ. Жағы сопиып, сұрақ белгісі сияқты иіліп тұр. Тезірек ауылға кету керек. Алайда түннің ортасында қайда бармақшымыз. Содан Кәксен деген Банудің дос қызының үйіне қонуға бардық. Менің түні бойы мазам кетті. Рымжанға ыза болдым. Осы жігіттерге түсінбеймін. Әйтеуір үйленуді мақсат етеді. Кімге үйленеді, кіммен өмір бойы бірге тұрады, оны ойламайды. Ата-анасы үйлен дейтін шығар. Асықтыратын да солар ғой. Ауылдың жігіттері болашақ туралы ойланбайды. Қазбек қазір тракторшы болды. Оқуға түсе алмаған соң, күнкөріс керек. Бану де жоғары оқу орына түскен жоқ. Бір жылдық педкласта оқып келіп, бастауыш класқа мұғалім болып орналасты. Мен ертең Павлодарға жол жүремін. Редакциядан хабар алдым. Қызметке алатын болыпты. Ертең менің тағдырым шешіледі. "Көңілімде  жүргені-ай бір қауіптің, Сабағындай шырмайды шырмауықтың. Арманменен, үмітпен тілекпенен, Па, шіркін, барады өтіп, зырлауық күн." Мұқағали Мақатаев деген ақынның осы өлеңін өзім жазғандаймын . шынында да уақыт дегенің  зырылдап өтіп барады.

***

             Күн ыстық. Ауылдан қалаға баратын машинаның қорабына отырдым. Көңіл күйім астан-кестен. Үйдегілер менің қалаға кетемін деген сөзімді сонша қуана қарсы алмады. Алайда кішкентай сіңлім Бағдат "алақай тәтем қалаға барады, маған әдемі көйлек әпереді" деп қуанды. Жеңгем ағамды көндіріпті. "Жұмыс істейді, ақша табады, өз күнін өзі көреді. Болашақта оқуға барғысы келеді. Жолына бөгет болмайық",- десе керек. Машина қорабындағы орындық өзімді олай-былай лақтырған сайын, жүрегім езіліп кетеді. Үйді ойладым, аға-жеңгемнің жүздерін көргім келді. Не істеп жатыр екен? Екеуі мен үшін ұрсысып қалды ма? Оларды орта жолда қалдырып кеткендей болдым. Салып жатқан үйлері біткен жоқ. Жалғыз ағамның тапқан таянған ақшасы құрылыс заттарын, электр жабдықтарын алуға ғана  жетті.  Енді "үйдегі азын-аулақ малының бірін сойып, етін сатып  ақша қыламыз" деп отырғанда, мына мен  аяқ астынан бүлініп,  қалаға кетіп барамын. "Қыз бала жат жұрттық, ол үйдің адамы емес  қой". Олармен бірге тұра бермейтін шығармын.  Менің болашағымды ойласа, қарсы болмайды деп сендім. Сенімім ақталды. Жол жөнекей неше түрлі ойға келдім.

            Сапаржайға келіп жеткен соң,  өзім білетін автобусқа отырып редакцияға келдім. Мені коридорда  жүрген  Төлеубек Қоңыров  қарсы алды. Құшағын ашып, амандасты  да, кабинетіне апарды. Уақытында келдің, әйтпесе сенің көздеген  жұмыс орныңа каникулда жүрген студенттерді аламыз ғой деп  отырғанбыз. Семейдің педагогика институтында оқитын бір жігіт  жылда бізге келіп, жұмыс істеп кетеді, -деп сөйлеп келеді. "Арман  адастырмайды" деген мақаламды оқыпты. Қайталап айтып ризашылығын білдірді. Өзі де Алматыда журналистика факультетінде оқыпты. Қазақтың С.М. Киров атындағы университетіне оқуға түскенде менің қолымда қаражат та болған жоқ. Әке-шешемнен ерте айрылдым. Уайымдама. Бір жыл тәжірибе аласың. Редакцияның қызметімен таныс боласың. Жоғары оқу орнына өзіміз жолдама береміз деп арқамнан қақты. Қуанышым қойныма сыймай редакторға кірдім. Шашы ұйпа-тұйпа болып төрдің алдында газет оқып отыр. Төлеубек аға алып кірген соң ба, бұйрықты дайындасын, 16 маусымнан бастап баспаханада істейсің деді. Пәтер жағын ойластырдың ба, қайда тұрасың деп маған ала көзімен қарады. Алғашқы кезде көргенімде көзі ылғи күліп тұратын сияқты еді. Бұл жолы шегір көзінде аздаған ызғар сезілді. Солай деді де баяғыдай күліп, туыстарың болса, үйде тұрғаның жөн деп орнына тұрып бізді шығарып салды.      

            Қайда барамын? Қалада екі үйді ғана білемін. Бірі Ажардың үйі, екіншісі Дәметер мұғалім. Неде болса тәуекел деп, Дәметердің үйіне бардым.  Мұғалім үйінде екен. Менің жағдайымды естіген соң, уақытша осында бол, болашақта пәтер тауып ал  деді. Көңілім бұзылды. Мен оны түсіндім. Себебі үйінен қонақ үзілмейді. Бүкіл туған-туыстары келеді. Маған қаланың өміріне үйрену керек. Жаңа жер, танымайтын адамдар. Қала өмірі мен ауылды салыстыруға келмейді. Тұрақты үй табу қиынға түсетін шығар деген оймен сапаржайға келіп, ауыл жаққа баратын автобусқа отырдым. Мектептегі жұмысымнан шығып, үйден киім-кешектерімді алып келуім керек.  Бану мен Күлаш жоғары оқу орнына емтихан тапсырып келді. Алғашқы пәндерден құлап қалса керек.

            Айтпақшы Күлаш пен Құлатай достар болып қалыпты. Олардың үйленуіне екі жақтың да ата-анасы қарсы болса керек. Соңғы кезде Күлаш ашуланшақ болып алды. Бір сөз айтсам көзін төңкеріп тастап, ашуланып тұра келетін. Құлатай туралы сұрасаң, айтпашы маған, менде не шаруаларың бар деп көзіне жас алып бұрылып кеткенін көріп таңданып жүргенмін. Ашудан туатын кесір көп. Туған-туыстар арасындағы келіспеушілік, жолдас-жора арасында түсініспеушілік, жұмыс орнындағы үйлесімсіздік осының бәрі адамның ашуының қырсығынан туындап жатады. Егер Күлашқа тағы бір сөз айтсаң, итше ырылдайды. Ашуға булығып, сезімнің шыңына жеткен кезде не сөйлеу керектігін, есеп бере алмайды да, өзі  не сөйлеп тұрғанын да білмейді. Жарайды, оны қойшы, енді өзімнің болашағымды ойлайын. Үйдегілер не айтар екен, жоқ, ешқайда бармайсың, үйде отыр десе не істеймін... Кеш келдім. Жолдан келдім де, жеңгемнің сұрақтарына жауап беріп, ештеңеге мойын бұрмастан жатып қалдым. Ертеңінде шәй үстінде ағам Нөкеш маған тіке қарамастан сөйледі. Ақшасын санады. Мені ақша сұрайды деп ойлады ма, анау керек, мынау керек деді. Мен үндемедім. Мектептен алатын еңбекақым өзіме керек. Пәтерақысын төлемесем де, қаланың ішінде тиын-тебенсіз жүріп-тұра алмайсың.

 

2. ДӘПТЕРГЕ ТАМҒАН СИЯ

 

Аудан орталығына бардым, еңбек кітапшамды алдым. Байқонысқа келіп едім мектептен анықтама керек болды. Сонда да, тіркеу есебінен шықтым. Құжаттарымды түгендеп алу оңай болмады. Қайда барсаң да, өтініш жаз, қайда барасың, неге есептен шығасың деген сұрақтардан бас ала алмадым. Мектепке жолдама берген Ағзам Текенов аудандық мекемеге басшы болып кетіпті. Қазір оның орнында Темірболат Дәйкенов. Бұл кісі де әкемді көзі көрген, негізі Қызылтаң аулының жігіті. Бұл кісі ауыл жағдайын, мектеп директорының мұғалімдермен қарым-қатынасы дұрыс па деп те  сұрады. Тегінді біреулер арызданған болу керек. Менен көп жәйтті сұрап алды. Шындықты айттым. Өтірік айтуды білмеймін. Неге кетіп бара жатырсың дегенде, облыстық "Қызыл ту" газеті қызметке шақырды. Жоғары оқу орнына түсуім керек. Газет жағынан тәжірибе алсам ба деп бара жатырмын деп едім, дұрыс екен деп, бірден қолын қойды. Әйтеуір аудан орталығы мен совхоздың ортасында жолға шығып, жолдан түсіп мектепке оралдым.

 Оқу жылы аяқталған жоқ. Сегізінші класс соңғы емтиханын тапсырды. Енді куәлік беру салтанатына дайындалуда. Үйге келсем тәтем ішіп алыпты. Тегі менімен сөйлесу үшін батылдықты арақтан іздеді ме екен? Кешкі тамақ үстінде көп сөйледі. Өзінше ақылын айтты. Жеңгеме ұрысты. Ертең ел жұрт сен сыйғызбады дейді деді. Жеңгем жылады. Немене жылап отырсың деп қаншама сөз айтты. Мен жеңгемді аядым. Ағам Нөкеш жеңгемді көрінген адамнан қызғанады. Ол жоқта үйге бір ер адам келсе болды, неге келді, онымен сенің бірдеңең бар шығар дейді. Әйтеуір пәле жабады. Содан мен араласамын. Араша түсемін. Енді кетіп қалсам, жеңгеме кім араша түседі? Балалар әлі жас. Олар әкесі ішіп мас болған күні бұрышта бүрсиіп, қояндай  қорқып отырады.

Ертең ерте жол жүремін. Тезірек есін жиып, дұрыс қалпына келсе деп тіледім. Егер осы қалпымен үйден  кетсе, жығыла мас болып келіп түн ортасында есті шығарады. Бір ғажабы ішіп алса ұйықтамайды. Қазір тәтемнің бір қыз екі ұлы бар. 1966 жылы туған Ерлан бесікте жатыр. Жұмағали үш жасқа келді. Денсаулығы нашар. Жыласа талып қалады. Есін жинай алмаған кезде Иманғалы атамызды шақырып әкеліп, үшкіртеміз. Содан кейін демін алады. Нендей ауру екенін ешкім білмейді. Жеңгем Жұмағалиді үйде құрықта асылып тұрып босанды. Өз көзіммен көрдім. Баланың басы үлкен, салмағы ауыр болды. Ауылдағы дәрігер аккушер Розаның ағыл-тегіл терлегенін көрдім. Олай-бұлай жүгіріп жүрді де, бәрі жақсы болады деп өзін- өзі жұбатты. Екі күн толғатқаннан кейін ұлдың даусын естідім. Кім білсін, ұл балаға  іште ауа жетпеді ме, әлде уақытынан асып кеткен соң, жүрегіне кінәрат түсті ме әйтеуір аурушаң болып өсіп келеді. Оның үстіне тәтем ішіп келсе болды, балаларға тиіседі. Олармен ойнаймын дей ме, батыр болсын деп, олай-бұлай лақтырады. Шынымды айтсам, ағам қатты өзгерді. Қой ауызынан шөп алмайтын жуас дейтін көршілер. Жуастан жуан шығады деген осы болар. Өте қияли. Жасынан әке-шешеден айрылып, отбасының ауырлығын мойнымен көтергендіктен бе? Жас үйленді. Мен оның   тұңғышындай болдым. "Қарындасым, жарым жасым" деп тегін айтпаған ғой. Менің қалаға кетіп бара жатқаныма бір жағынан қуанады, екінші жағынан қиналады, қыймайды. Ертең қалаға барып бұзылып кете ме деп те ойлайтын шығар. Ішіне кіріп шыққамын жоқ. Не болса да, алған бетімнен танбаймын Құжаттарым қолымда, ертең жолға шығамын.

Сағат таңғы 4-те  Рауза апатайым терезені қақты. Киініп шықтым да, есік алдында тұрған "Газ-51"машинаның қорабына жайғастым. Күн самал салқын. Ертерек қалаға жету керек. Айтқанымдай сағат 8-дің кезінде 1 мамыр көшесіндегі 305-үйдің табалдырығын аттадым. Дәметердің үйінде Маржан, Шәкар, Бота және жездеміздің анасы шәй ішіп отыр. Менің келгеніме ешкім де қабақ шытқан жоқ. Қол жүгімді бөлмеге енгіздім де, редакцияға аяңдадым.  Айналаға  қарап, жүретін жолымда не бар не жоқ екенін бағамдап келемін. Адасып кетемін деп ойламаймын. Себебі қала үлкен емес. Дзержинский көшесі 1 Мамыр көшесінен алыс емес болатын. Жай жүріп отырып,  қырық минуттың ішінде  редакцияда болдым.

Жұма күні бәрі жайбарақат жұмысқа келіп, кабинетін ашып, орындарына отырып, жазу жаза бастапты. Төлеубек Қоңыровтың кабинетінің есігін тықылдаттым. Қазір Төлеубек аға жауапты хатшы. Ол  орыстарға ұқсамай, есік қақпай кіре бермейсің бе, -деп қарсы алды. Орындыққа өзі отырғызып, қолыма газет қиындысын берді (гранка). Қатесін тексеріп, түзету керек. Оқып отырмын. Қателерді көрмей жаным қысылды. Әйтеуір бір үтір қойылмаған екен, соны тауып, жерден жеті қояндай тапқандай алдына апардым.-Дұрыс, істейтін жұмысың, гранка оқу емес, баспаханада корректорлар бар, ол кісілер газет қатесін тексереді. Ал сенің міндетің оргиналда қалай жазылды соны тыңдап, тексеріп, айтып отыру, яғни подчитчик боласың деді. Тегінде газет қиындысын оқып отырған адамды түзетіп отырады екенмін. Түсінбесем де түсіндім деп басымды изедім. Көзім көріп, қолыма ұстамаған соң, не айтайын. Түстен кейін  Зұфар деген курьер Ленин көшесіндегі баспаханаға жаяу алып барды. Жол бойы маған дүкендерді көрсетті.

Баспахананың іші толған техника, баспа құралдары. Бір кішігірім бөлмеде  Сағадат деген жігіт отыр. Мені күтіп отырса керек, алдында газеттің бір беті жатыр. Қара бояудың иісі  көзімді ашытқандай болды. Таныстырған соң, машинкаға басылған бір топ материалдарды қолыма  берді де, майы әлі кебе қоймаған құлаштай газеттің бетін  өзіне ыңғайлап қолындағы сызғышпен кесіп-кесіп тастады. Бір бөлігін  қолына алды да,  мен оқимын, сен тыңдап, қате оқысам түзетіп отыр дейді. Айтқанындай бәрі таңсық дүние, десем де жұмысқа кірістім. Содан қателерін түзетіп болған соң, жаңағы қиындыны шимай-шимай етіп, линотиптер бөлмесіне алып барды. Олар төрт аппараттың басында жұмыс істеп отыр. Жиенбек деген бастық болу керек, сол апайлардың қасында дөңгелініп жүр. Ол кісінің жұмысын, не істеп жүргенін түсінбедім. Сағат кешкі жетіде бірінші күнгі жұмысым бітті. Сағадат мені үйге дейін шығарып салды. Редакциялық өмірімнің алғашқы күні осылай өтті. Арманымның алғашқы баспалдағы баспаханадан басталды. Бірінші күні қиындық пен қуаныш алма кезек ауысты. Қиындығы жұмыстың байыбына түсіндедім. Қайда жұмсаса сонда зыр жүгірдім. Біресе отырдым, біресе қате түзететін бөлмеге, газет басатын жерге қиындыларды апардым. Сөйтіп жүріп, газеттің қалай өмірге келетінін түсінгім келді. Әлі көрмегенім көп екенін сезіндім.

Газет қалай  шығады? Машақаты көп екен. Неден бастау керек? Шеті мен шегі жоқ. Әйтеуір тәңертең өзім тыңдаған екі бетті қолыма алып, өзімше қателерін іздей бастадым. Ендігі күнім газет бетіндегі әріп қателерін іздеу болар ма екен деп қоямын. Кешегі Жиенбек деген ағатайым жітікөз. Ол мамандық емес, баспаханада басылғалы тұрған  газеттің төрт бетін қайтадан оқып, тексеріп, қол қойып береді. Түнде Мұқатай деген орта жастағы ағай кезекші болды. Ол кісі туралы кеше корректор апайларым айтқан. Баспаханаға келген қыздарға қырғидай тиеді. Байқап жүр, қасына жолама деді. Қорқып кеттім. Жұмысқа түстен кейін шығамын. Ертең демалыс. Енді не істеймін. Ауылға барып қайтқым келді. Дәметерге ескерттім де, сапаржайға барып, билет алдым. Үйдегілер келгеніме қатты қуанды. Бір күн өтпей жатып, сағыныпты. Дүйсенбі күні редакцияға барып, машинкаға өлеңдерімді өзім басып үйрендім. Машбюрода өзім сияқты жас қыздар. Зейнекеш, Бәдиша деген апайлардың машина басқанына көз ілеспейді. Қасында редактордың орынбасары  Жылқайдар Қарпықов орыс тілінен тікелей аударма жасап отыр. Машинистка апайым айтқанын бірден қағып алып, тықылдатып баса береді. Тіпті әріптерді іздемейді де, қолының саусақтары өзі тауып алатын секілді. Мен болсам, әр әріпті іздеп, бір-екі деп отырдым. Несі қиын, үйреніп аламын.

Чернояркадағы Бикен апатайым редакцияда жездемнің қарындасы Бану қызмет істейді деген. Бану Шәкірова жауапты хатшының көмекшісі екен. Оны машбюроға материал әкелгенде көрдім. Аяғын тықылдатып басып, тез, кірді де шықты. Жұмысы көп. Сөйлесуге мұршасы жоқ. Дегенмен бір келгенде Зейнікеш апайым Бану деген апайың осы болады деді. Ол кісі "мені кім іздеді"- деп маған қарады. Таныстығым осылай басталды. Қайролла жездемді, Бикен апатайымды сұрап, екеуміз ортақ танысымыздың болғанына қуанып қалдық. Дәметер күліп отырып, маған ренішін білдірді.-Шолпан  мен саған ренжідім,-деді, -неге десең, өз үйіңе келгендей сезіне алмай жүрсің. Бізбен отырып тамақ ішпейсің, тамақ жемесең денсаулығыңды бұзасың, баспахананың қою бояулары денсаулыққа зиян. Дұрыстап тамақтану керек,- деді. Шынында да баспаханада адам ағзасына зияны тиетін бояулар, қоспалар бар. Газет бояумен басылады. Осында істейтіндерге тегін сүт беріледі. Маған тиесілі сүтті үйге әкелмей жүрмін. Баспаханадағы апайларға беремін, ауылдан келгендіктен бе, сүт ішпеймін. Корректор апайлармен бірге қолымыз босай қалғанда шәйға отырамыз. Аш емеспін.

Әрине аңсаған арманыма жету үшін қиындықтарға көнемін. Төзімді болуым керек. Шыдамдылық керек. Шынында да  пәтерде тұрғалы ішетін тамағымды шектеп алыппын. Біреудің үйінде тегін тамақ ішіп  отыру ұят сияқты. Оның үстіне үлкен әжеміз маған қарап отырады. Дәметер әженің көзқарасын байқап қалды ма екен, "Әжеңнің сөзін елең қылма, үлкен адам сыйлай сал,"-деп қояды. Өзі келін болып түскен жылдары көп қиындықтар көріпті. Үйде жасайтын шаруа көп. Кәрілігі жетіп отырған үлкен адамға күтім керек. Қызметке шыққысы келіп еді, оған жолдасы Қабыкен қарсы болған.-Не жетпей барады, үйде бол,- депті. Қабыкеннің өзі  үлкен қызметкер. Оның бабын табу керек. Тәңертең үсті-басын мұқият тексеріп, киіндіріп, галстугін тағып жібереді. Ертеңгілік қызмет көлігі күтіп тұрады. Түскі асқа үйге келеді. Алғашқы кездері қаланың тіршілігіне үйрене алмай, оның үстіне аюдай ақырған енесінің қылығына шыдамай оңаша бөлмеде  жылап алатын кезі болыпты. Қазір енесінің тілін тапқан. Былай қарағанда екеуі өзара  түсінісіп, тату тәтті ене мен келін. Жалпы Дәметер өте ақылды жан. Түсі суық болғанымен, жүрегі нәзік.  Қаталдығынан гөрі, аяушылығы басым. Енесінің айтқанын істейді. Қарсы сөйлемейді.  Жөнімен жүреді.

Осы мен жүрек жұтқан адаммын. Бөтен үй, танымайтын адамдар, келін болып түскен Дәметерге келіп, оны қолайсыз жағдайға қалдырдым.Жағдайымды енесіне айтып, үйіне тұрғызды. Әрине үлкен әжеге қарсы сөз айтпаймын.  Айтқанына көнемін.  Солай десем де, бұл әжейдің сөзі көп болып шықты. Ұрыспайды, бірақ көп сөйлейді. Жүрген- тұрғаным көзіне түсе береді. Мен ол кісінің сөзін естісем де, тыңдамай, кітап оқып отырамын. Бір мезгіл қиял құшағына енемін. Алматыға баратын болдым. Мен өзім өмірлік жолымды дұрыс таңдадым ба? Қалаға келдім, газетке орналастым. Ауылдан кеттім. Дұрыс жасадым ба?  Иә, қате жүріп, жаза баспайтын адам жоқ шығар.  Бұл ойым да өлең болып өрілді.  

***

Күнделігім, мен сені қолыма алып, жазып жүргеннен бері екі қалың дәптердің бетін жаптым. Ол дәптерлерге "Сырласым", "Арманым" деп ат қойып, айдар тақтым. Бірінші бөлімде өзімнің кім екенімді, балалық шағымды,  жалындаған  жастығымда бастан кешкендерімді аяулы мектебім мен ұстаздарымды термеледім. Ал "Арманым" бөлімінде арман-қиялдарым өлеңмен өрілді. Яғни жоғарғы оқу орнына түссем, оқысам, білім алсам деп армандай жүріп, баспасөздерге мақалалар жаздым. Ауыл тілшісі атандым. Мұғалімдік қызметті қолыммен ұстап көрдім. Алғашқы аттаған еңбек  баспалдағында кездескен жақсы адамдар, достарым, сапарластарым жайында баяндадым. Енді міне ауылды қалаға ауыстырып, жаңа бір қызметтік өмір бастадым. Мен қаншама ұшып-қонып, шырылдауық шегірткеше шырылдап жүрсем де, өзім армандаған журналистік мамандықтың бір шетін ұстадым деп ойлаймын.

"Армансызбын дегеннің бәрі жалған" депті бір ғұлама. Арман адастырмайды. "Арман биік көңіл құсы, қиял- көкті барлайтын. Өміріңнің жаз бен қысы, кең әлемді шарлайтын. Қарлығашша қанат жайып, биік ұшпақ боламын. Жаза  " Міне менің редакцияға жұмысқа орналасқаныма 16 күн болды. Осы күндердің ішінде көптеген адамдармен таныстым. Өзіммен бірге қызмет істейтін тілшілердің  кім екенін, олардың атқаратын міндеттерін түсіндім. Жарты айдың ішінде беймәлім дүниенің сырына қанықтым. Менімен бірге, яғни корректор болып Сағадат Бектұрсынов, Сабира Садықова, Сапура Нығышева деген апайларым істейді. Сәбираның мамандығы мұғалім. Орта бойлы, арықша келген, тез сөйлейді, тез жүреді. Істейтін ісін шапшаң тындырады. Педогогика училищесін бітірген кезде  Қызылтаң мектебіне мұғалім болыпты. Сәбирадан атақты сауыншы, жоғарғы кеңестің депутаты Кәстің қызы Бақтылы Темірова оқыпты. Яғни Бақтылы бізден екі-үш класс жоғары оқыған.  Сәбира мұғалім менің есімде қалмапты. Мен мұнда келгелі апамыз жақын тартып, ауыл жағдайын сұрап, білмегенімді үйретіп жүр. Асығыс-шала істеген кезімді тез байқап қалады. Мұқият тыңда дейді. Мен оның көмекшісімін. Кейде партия сьезінің ұзын сонар материалдарын тыңдап отырып, қиялға беріліп кетемін.Дәл сол кезде,-Шолпан,-деп маған ала көзімен қараған кезде өзімді қоярға жер таппаймын. Сағадатпен газет бетін оқыған кезде, оның даусы зор және ер адам, оның үстіне жас жігіт болғандықтан ба сергек отырамын. Сөз естігім келмейді. Сағадат он бірінші класты бітірген. Жоғары білімі жоқ. Тәжірибесі де аз. Өткен жылы орналасыпты. Уақытша істеп жүрмін дейді. Жиенбек Сәтенов ағамыз  біз дайындап берген төрт бетті өзі оқып шығады. Қоңыр даусы адамның ұйқысын келтіреді.  Әр сөйлемді ежелеп, даусын созып, екі-үш сағат отырады. Негізі газет бетінде әріп қателері немесе сөздер ауысып түссе Жиенбек ағамыздың түр-түсі бұзылып, шыж-пыжы шығып, кабинетке бір кіріп бір шығады.

Мұқатай Әлжанов  толық денелі, домаланған адам. Бет жүзі сұрланып кеткен. Мінезі ауыр. Солай десем де былайғы жұртпен тез тіл табысады. Қашан көрсең де қызып алып, сенделіп, кім көрінгенге тиісіп жүреді. Сәбира апайым"Мұқатайға жолама,-дейді. Қалай жоламайсың, баспаханаға пропускіні осы кісі береді. Сүтке талонды да осы кісіден аламыз. Корректорлардың ішіндегі ең жасы болғандықтан бәрі жұмсайды. Редакцияға барып кел, материал апар, курьер болмай қалғанда  редакторға газетті көрсет...Негізі редакция мен баспахананың арасында Зұфар деген жас бала курьер болып жүреді. Өзі мектепте оқиды. Семьяда бала көп болғандықтан, әрі шешесі Зейнікеш редакцияда машинистка болған соң уақытша орналасыпты. Газет аптасына бес рет шығады. Редакциядан кезекші редакторлар келіп тұрады. Олармен де жақсы таныстым. Редактордың орынбасарлары, секретариаттағы қызметкерлер кезекші болмайды. Қалған бөлімдердің журналистері кезектесіп келіп, газетті оқып, қысқартып, жетпей жатса материал қосып, басы қасында жүреді. Мен де бес күн бойы баспаханада боламын. Тіпті мақала жазуға уақытым жетпейді. Бірінші рет 32 сом еңбекақымды алдым. Бұл жарты айдың ақшасы. Мен үшін аз емес, алайда қалада тұратындарға бұл ақша жетпейтін шығар. Ертең  ауылға барамын. Алғашқы еңбекақыма үй-ішіне сыйлық алсам ба, әлде жаңадан үй салып жатқан ағама берсем бе екен деп көңілім алып ұшты. Сәбира апайым оқуға баратын болсаң, кассаға апарып сал,- дейді.

***

             Әскен маған ерекше  көзбен қарайды. Үйінде қарындастары болғандықтан ба, қыздарға деген ниеті дұрыс. Ауылда жүргенде оңаша кездесіп қалғанда артық мінез көрсетпейді. Басқа жігіттер өзіңді құшақтап, басыңды айналдырғысы келетін қылықтарын байқатады. Ондай кезде  қолыңмен итеріп, маңыңа жолатпай, үркектеп қаласың. Демалыс күндері Әскен келді. Менің жаздың басында ауылға концертпен келген Лебяжі халық театрының жүргізуші Бектас Тапалшиновты ұнатып қалғанымды естіген. Мені сақтандырғысы келді ме, Бектас туралы әңгіме айтты. Кімнен естігенін қайдам.  Бектас 1943 жылғы екен. Екі әйел алып, екеуін де орта жолда тастап кетіпті. Бірінші әйелі Фатихадан бір қызы бар. 1963 жылы туған.  Одан кейін Қарлығаш Жәкетаеваға үйленіпті. Одан бір ұлы бар екен. Көп ұзамай әнші, биші Қарлығашпен айрылысып, Фатихасына қайта келсе, ол тұрмысқа шығып кетіпті.  Сонымен қазір Бектас бойдақ, жол жөнекей кездескен қыздарды қолтықтап жүре беретін көрінеді. Әскен Бектас туралы айтқан кезде ойланып қалдым. Негізі ұнатып қалғаным өтірік емес. Алайда оның соңынан барайын, онымен тағдырымды қосайын деген ойым жоқ. Бірақ көргім келіп, кездескім келгені рас. Қазір бір қызбен жүреді дейді. Майра деген құдашаммен де таныстығы бар.

            Менің де көрікті  жігіттерді ұнатып қалуға құқым бар емес пе? Көз бен жүрек не үшін берілді. Жас қыздың табиғаты аңсау, ынтығу, сүю.  Ал Әскенді жай ғана  ұнатамын, бірақ сүймеймін. Ол маған екі шешесінің кеңесімен келіп жүрген сияқты. Оны сөйлеген сөзінен байқаймын. Жалпы осы Әскеннің денсаулығы онша емес. Жасында созылмалы аурумен ауырыпты. Тамағының асты тесіліп, ірің ағып тұрғанын көрдім. Сүйек сырқаты дейді.Оны  аяймын. Кездесуге шақырғанда барамын, қарсы бола алмаймын. Бетін қайтарып жіберуге батылым жетпей жүр. Әр сенбі сайын ауылға келемін, үйге көмектесемін. Бүгін күн күркіреп жаңбыр жауды. Тәтем салып жатқан үйдің төбесін жауып, енді менің берген  тиын-тебенімді  алып, шифр сатып алуға аудан орталығына кетті. Апатайым үй-ішін сылаймыз деген, оған даладағы жаңбыр бөгет болды. Тәтем пеш салудың шебері болып алыпты. Жаңа үйге жуық арада көше алмайтын сияқты. Әлі жұмысы көп. Газетке жазған мақалаларым жөнді шықпай жатыр. "Домбыра-халық қазынасы" деген мақаламды жаратпай тастады.Тақырыбы айғайлап тұр, іші құр су дейтін  көрінеді.

            Газетке жұмысқа тұрғалы маған талап күшейді. Журналистикаға түсу үшін газетке шыққан өлеңдерім мен мақалаларым керек. Ермек Демешев деген газет қызметкері кезекші болғанда көмектесемін деген. Тіпті болмаса өзімнің жазған мақаламды сенің атыңмен шығарамын дейді. Бұл жігітті әлі жөнді  білемеймін. Әйтеуір қамқор болып жүр. Төлеубек Қоңыров та мені  көрген сайын, баспаханаға келген сайын "Шолпан жаз, жаза бер, қыдыра берме", -дейді. Өткенде 1амыр көшесінде тұратын Қабыкен жездеміздің жолдасы  Мәуленмен бірге қалалық баққа барғанмын. Бірінші рет шәйтан дөңгелекке отырып, қаланың келбетінен жоғарыдан көрдім. Жолда Төлеубек аға кездесіп қалып, -қыдырып жүрсіңдер ме?`- деп қасымдағы жігітке ала көзімен қарады. Үлкен жігіттен қызғанды ғой деймін. Енді міне сол қыдырысты есіме салды. Ағалық қамқорлығы шығар. Әйтпесе екі туып бір қалғаны емеспін. Негізі қыздарды жақсы көреді. Өзінің семьясы, екі қызы бар.

            Мен әлі қала өмірімен таныс емеспін. Көргенімнен көрмегенім көп. Бейсауат жүруге болмайды, қалада бұзық жігіттер көп, казачи крайдың жігіттерінің қолына түсіп қалма деп ескертті. Ауыл жігіттерінен аман-есен құтылдым деп жүргенімде қаланың да жігіттері де қыз алып-қашудан тайынбайды екен. Бұл жөнінде Сағадат ескерткен.Өздері бір жолдасына сапаржайда үйіне кетіп бара жатқан қызды алып қашыпты. Бірақ ол қызбен сөзі болған екен. Алайда сол күні  күйеуге шыға қоямын деп ойламапты. Осындай әңгімелерді естігенде өз өзімнен шошынамы, арманым жоғарғы оқу орнына түсу деп айқайлағым келеді. Баяғыда бір қария жас жігіттен «Арман» деген  не? - деп сұрапты. Жігіт сонда:-Ата, арман деген қиял,-деп жауап береді. Қария:-Жоқ, балам, арман дегеніміз ақыл-ойдың шыңы.-Құс ұшсам дейді, бала өссем дейді, -Қыз көpiктi болсам,-жігіт бақытты болсам,-қарт жүзге жетсем дейді,ақылды дана болсам,ұстаз шәкіртіне үлгі болсам дейді. Арманына адаспаған жетеді, адасқан арманына жете алмай кетеді. Ақымақтың арманы болмайды. Арманына ақылды жетеді, ақымақ бұл өмірден түңіліп өтеді – деген екен қария.

***

             Төлеубек аға университетке түсуге мінездеме жазып берді. Машинкаға бастырдым. Енді редактор мен кәсіподақ ұйымы қол қойып, мөр басады. Газетке шыққан материалдар жеткілікті. Алматыға самолетке билет алу керек. Билет паспортпен сатылады. Бүгін баспахананың бастығы Мұқатайды жұмыстан шығарыпты. Естуімше баспа жағында істейтін қызды зорламақшы  болған. Өзі мас екен. Газет беттеуші Мәдина түстен кейін келді. Соңғы кезде жақын тартып жүр. Қызылтаң ауылында бізбен көрші Саттар деген атамыздың туыстары болып шықты. Мен арқылы қайта табысты. Алматыда апа-жездесі тұрады. Баратын жерің болмаса, адресін берейін, Сәбира деген қыздары бар. Ұлдары Мағауия біздің үйде.. Осында институтта оқиды.  Секретариатта Рымбала деген апайымыз істейді. Бойы бір метр. Екі аяғы екі жағына кеткен, талтақ. Жүрісі шапшаң, жорғалап жүреді. Туғаннан солай. Бір қызы бар. Жоғары білімді. Өте көп біледі. Газеттің макетін қарамай отырып сызып тастайды. Өткен жолы менен қарызға ақша алған. Оқуға барамын деп жүрген соң, қарыз ақшамды алуға редкцияға бардым. Рымбала апайым міне сенің екі мақалаңды газетке беріп жатырмыз. Ақшаңды сосын беремін деп арқамнан қағып шығарып салды. Осы кісі газетке шыққан материалдарға ақшаны өзі қояды. Мүмкіндігі көп. Бірақ ақшаға жарымай жүреді. Біреулер арақ алады дейді. Ішкенін көрмедім.

            Ауылға бармағалы екі апта болды. Тәтемдер үйге келмеді деп, Қайролланы жіберіпті. Аман-есенмін, алдағы демалыста барамын деп шығарып салдым. Жолға шықтым. Автобустан түскен кезде, ауылдың ерекше ауасын сезіндім. Айнала тыныштық. Бұрын көзіме түспеген әдемілікті жаңа көргендеймін. Қамысты көлдің бетінде қос аққу жүзіп жүр. Ауылда тұрғанда анда-санда көретін едік, осы жолы мені қарсы алып тұрғандай болды. Аққу болып көзіме елестеп тұрған жоқ па, мүмкін дала үйректері шығар. Жақындағым келді. Бірақ үркітіп алуым мүмкін ғой. Үйге жету керек. Ертеде Қызылтаң ауылы Қосшы деп аталыпты. Онда он үй, отыз шамалы сиыр, 20 жылқы, екі жүз қой болыпты.  Бұрын жиырма шақты өгіз көлік есебінде пайдаланылған. Негізі Қызылтаңның ежелгі атауы Тереңкөл.

            Алдарында мыңдаған малдары болған уақ руының бай адамы Жанқариндер болыс болыпты. Қазір олардың ұрпақтары мына мені келін етіп түсіргісі келіп жүрген  Ильясовтар отбасы. Әскеннің әкесі Мүзән байлардың тікелей ұрпағы. Олар Кеңес үкіметі орнаған жылдары байдың балалары деп қуғынға ұшырап, іш жаққа, Новосібірге ауып кетіп, қазір атамекенге оралды. Нығманов Қабыш, Әбіш деген ағайындылар да осы соңғы болыс болған  Құсайынның туыстары. Негізі Қызылтаң туралы кітап жазуға болады. Қазір мың жарым сиыр, он мың қой бар. Көлік есебінде машина, доңғалақты, шынжыр табанды тракторлар бар. Шаруашылығы мығым. 8-9 мың гектар дәнді дақылдар мен сүрлемдік жүгері егетін алқаптары ауылды асырап отыр. Бес жүз орындық мектепте өзім оқыдым, кейін мұғалім болдым. Үйге келсем екі аптаның ішінде ағам жаңа үйдің еденіне тақтай төсеп, біраз жұмыстарды тындырыпты. Ауылда едені тақтайлаған үй жоқ. Тақыр жерге алаша төсеп тастайды.

            Ауылдың жағдайы күннен күнге жақсарып келеді. Құйма үйлер салынуда. Үйдегі кішкентай бауырларым мәз. Сағынып қалыпты. Қасымнан шықпайды. Далаға бірге шығады. Жеңгем шәй жасап, бәйек болды. " Жалықтырса ұзақ сапар жат мекен, туған жердің түтіні де тәтті екен". Ауылдың табиғатты көз тартады. Сылдырап аққан судың ағысы, жар жиегіндегі жалғыз теректің сыбырлаған жапырақтары құлаққа келеді. Кеудемді керіп демаламын. Күндіз аптап ыстық болды. Қазір күн батқан соң, меңіреу тыныштық орнапты. Малдар да өрістен тойып келіп, көлеңкеде ырсылдап жатыр. Қазір Дәметердің үйінде менімен бірге Шакар деген қайын сіңлісі тұрады. Үлкен әже екеуі келіспей қалады. Әжеміз оған ұрсып жатқанда, маған ыңғайсыз. "Қызым саған айтам, келінім сен тыңда"-дегендей маған да сөздің бір ұшы тиіп кетеді. Үндемеймін. "Үндемеген үйдей бәледен құтылады". Тезірек басқа пәтер тауып алуым керек. Пәтерге тұру үшін оған ақша төлеймін ғой. Оған менің жағдайым болатын түрі жоқ. Тапқан таянғанымды жолға жинап жатырмын . Дәметер менен пәтерақы алмайды. Шыдай тұру керек. Қалаға қайта оралып,  редакцияға бардым. Маған облыстық" Қызыл Ту" газетінің тілшісі деген куәлік жазып берді. Бұл куәлікпен мен кез келген жерге кіре аламын, газетке мәлімет аламын.

***

            "Арман қудың ба, алдыңа қара, артыңа алаң болма! Өмірдің  өткелін іздеп таптың ба, жүрексінбе, көзді жұм да қойып кет, белді шеш те, кешіп өт. "  Қазіргі менің басты мақсатым осындай. Артыма қарағым келмейді. Бірақ өткен істі де еске алып отырған жөн. Қазір Мәдинаны жақын тартып жүрмін. Ол мені түсінетін секілді. Көзқарасы да өзгеше. Мүмкін ауылдан туыстарын тауып алған соң, жақын тартып жүр ме? Әлде қала өмірінен мақұрым қызды өзінше тәрбиелегісі келе ме? Сағадат маған басқа көзбен қарайтын болды. Мұны мұғалім болған Сәбира байқап, сезіп жүр. Бүгін "Сағадат сені отырғызып кетеді, байқа бала" деді. Жанашырлықпен айтқан болу керек. Қолымыз босай қалса екеуміз  "Колос" кино театрына сытылып кетіп барып, кино көріп жүрміз.Үйге жаяу қайтамыз. Ол мені 1 Май көшесіндегі үйіме дейін шығарып салады. Әңгімеміз Алматыға оқуға баруға дайындығым төңірегінде болады. Бір жерге шақырса, бара қоймаймын, кеш барсам үйдегілерден ыңғайсыз.  Өйткені Дәметер бір жерге баратын болсаң, айтып кет деген. Жұмыстан кешігіп қалсам, неге кешіктің деп сұрайды. Газетке телетайптан материал кеш түсіп, түннің бір уағына дейін баспаханада жүреміз. Маған Сағадат жігіт ретінде емес, қызметтес дос секілді.

            Өткен аптада тісім қатты ауырып, тіс дәрігеріне көріндім. Бірден жұлып тастады. Алдыңғы тістерімді емдеу керек. Жағым істі. Сағадат бет оқып отырғанда, тісімнің ауырғанын ойлап отырдым. алдыңғы тістер бұзылған, оларды да жұлады. Бала кезімде конфетті көп жедім дейін десем, ондай май шелпек маған тиген жоқ. Рас қанттың өзін көзіміз көрмеді. Қазірдің өзінде шақпақ қант қонақ келгенде ғана үстелдің үстінде тұрады. Тегінде тістің бұзылуына басқа себептер бар шығар. Негізі жаңа үйді салып жатқанда төбеге шелекпен балшық көтерген кезде, сырғауыл бетіме тиіп, тісім босап қалған. Тегінде соның зардабы ма деймін. Жасы жеткен журналистер кезекшілікке сирек келеді. Бүгін  Кәрімберген Бекбергенов кезекші болды. Өте сыпайы, мінезі жұмсақ адам. Мәдиналар маған "отауыңды сайлай бер, деп Сағадатқа әзілдеп жатса, ол кісі "Шолпан біздің ондай емес, оқу оқиды" -дейді. Маған сенім көрсетіп, қамқор болғысы келеді. Осындай білімді адамдармен  жүріп, оқуға түсе алмай қалсам, ұят емес пе? Елеусізов деген журналист ағай кезекші болғанда, үнемі ысқырып әндетіп отырады. Өзі әзілкеш адам Алдымен шәртиген қарны көзге түседі. Редакцияда неше түрлі азаматтар бар. Оларды кезекші болған кезде танитын болдым.. Әскерден Тілеуқабақ  ағам балдақпен келген. Оны бірге әскерде болған Көкшетаулық Серік Айтжанов алып келді. Әскери бөлім ерітіп жіберіпті. Текен ағам келе салысымен менімен бірге оқыған Тілектес деген қызға үйленді.

***

            Кейде маған -қайда қызмет істейсің, -деген сұрақтар қойылады. -Тілшімін, облыстық "Қызыл ту" газетінде істеймін деп жауап беремін. Ал сонда осы газеттің тарихын білемін бе, мен сұрақ қойылған кезде осыны ойладым. Ойландым да, күнделігіме  жазып қояйын деп шештім.  Негізі газет 1929 жылдан бері шығып келеді.  "Колхоз" деп аталған газетте Әубәкір Аяпбергенов редактор болған. Павлодар облысы құырылған жылдары жауапты хатшы Әнуар  Әукенов, партия тұрмысы бөлімінің меңгеруші Бәзіл Исабеков, ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Арын Әміров, әдебиет қызметкері Шәйім Башаров қызмет істеген. Одан кейін Әбдіш Баймұрзин, Зейнолла Мұқанов қызметке алынады. Газет  кемеліне келе бастаған кезде соғыс басталады. Газет қызметкерлері майданға аттанады.Хамза Сыздықов, Қаби Көпбаевтардың арқасында газет шығуын тоқтатпайды.  Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталған соң, редакцияға Жылқайдар Қарпықов, Кәрімұхан Бекбергенов оралады.

            Газет күнделікті елімізде, облыс көлемінде болып жатқан игілікті хабарларды жазып, үн қосып отырады. Газеттегі материалдардың  тартымды, әсерлі, қызғылықты шығуына авторлар тобы да өз үлестерін қосады.Облыс орталығынан шалғай  аудан, совхоздардағы жергілікті тілшілер газетпен байланысын үзбейді. Авторлармен бөлім қызметкерлері қарым-қатынас жасап, тапсырмалар береді. Қазір 8 бөлім бар. Партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Әжібек Жүсіпов, үгіт-насихат бөлімін Қапан Сапарғалиев, мәдениет бөлімін Мұхаметжан Дәуренбеков, совет құрылысы  және тұрмыс бөлімін Әділбек Жұмаділденов, ауыл шаруашылығы бөлімін  Төлеубек Қоңыров, құрылыс және транспорт бөлімін Әбдіш Баймұрзин, әдебиет және еңбекшілер хаттары мен бұқаралық жұмыс бөлімін Ермек Демешев, хабар бөлімін Төлеубек Төлеубаев басқарды. Бұлардан басқа жауапты хатшы Бақи Әбдіқадыров, әдеби қызметкерлер, тілшілер Күлбарам Жұмашева, Қорлан Байжұманова, Бәну Шәкірова, Өскенбай Тәстемханов, Бақыт Баймұратов, Есентай Ерботин, суретке түсіруші Еренбақ Әлжанов сияқты білімді азаматтар бар. Негізі редакция ұжымы үлкен. Машинисткалар мен корректорлар, есепшілер, тізім тағы да осылайша жалғаса береді.

***

            Павлодар ауданының Чернорецкі кеңшарына бардым. Кеңсеге кіріп, құжатымды көрсеттім. Облыстық "Қызыл ту" газетінің тілшісімін деп едім, басшысы бәйек болып қалды. Сын материал жазады деп ойлады ма? Сауын гуртіне апарды. Олардың жұмысымен таныстырды. Сауын гурті қырда екен, жазда ауылдағы базға әкелмейді. Өзіме керекті деректерді жазып алдым. Бүгінгі номерде Қызылтаң ауылынан жазған "Масұғыттың маялары" деген көлемді мақалам шықты. Маған бұл жолы ауылшаруашылығы бөлімі тапсырма берген. Репортаж етіп жазу керек. Маған әр түрлі жанрларда жарық көрген мақалалар керек.  Мұхаметжан ағай да халық қажетін өтейтін комбинатқа бар деген. Редакцияның тапсырмасын орындап жүрмін. Мәдинамен дос болып алдым. Онымен бірге Байқонысқа бардық. Совхоз директоры Айдархан Түргелдинов Мәдинаның жездесі. Қой сойып, құдайдай күтті. Мәдинаның күйеуі Әбнәсір  жақсы адам, жуас.Тұрған бойы. Жас кезінде өте көркем жігіт болса керек. Денесі мығым, қою қасты, дөңгелек бет. Мәдинаны сондай сыйлайды, жақсы көреді. Атын да атамайды "Әдәка" дейді.  Қашан көрсең де күлімдеп, жайдары жүреді. Артық сөзі жоқ. Мәдина не айтса соны істейді. Марат және Маржан деген екі баласы бар. Байқоныстың жолында Қызылтаң ауылы бар. Жолда түсіп қалайын деп едім, "бізбен бірге қонақ боласың" деп болмады. Жол бойы Айдарханның інісі туралы айтты. Менің ойымды бөле берді. Тегінде інісіне азғырып отырғаннан сау ма деп ойладым. Алайда жанымдай жақсы көріп қалған Мәдинаны ондайға қыймадым. Солай десем де, қонақ болып отырғанда Айдархан асты-үстіме түсіп, ерекше құрметтеді.

            Газеттің тілшісі болғандықтан олардың ықыластарына онша мән бермедім. Сөйтіп отырғанда маған лайықтап жүрген жігіт келді. Түрін көріп шошып кеттім.Қорқынышты. Мүмкін солай көрінді ме? Мәдинаға қарасам күліп отыр. Жүрегім тулап түсті, аузыма сөз түспей, көзіме жас келіп, далаға шығып кеттім. Жігіт бай шығар, бірақ күйеуге шығатын ойым жоқ. Бұлар неге түсінбейді. Кеудемдегі өксікті шығара алмай далада тұрдым да, Қызылтаңға баратын көлік іздедім. Негізі Байқоныспен Қызылтаңның арасы жеті шақырым, ауылда тұрғанда екі ортаға  жаяу жүре беретінмін. Не болса да, ауыл қайда деп  жаяу тарттым. Мәдина Айдарханның үйінде қалды. Жолда келе жатырмын. Бір кезде артымнан машина көрінді. Әбілмансұр екен, Ол кісіні інісі Мұрат "братка дейтін", Мәдинаның өзі де братка дегесін мен де солай атайтынмын. Машина қасыма тоқтады да, отыр деді.Отырдым:Ауылға барамын дедім. Ол кісі қарсы болмады. Үйге жеткізіп салды. Ертең қалаға қайтуым керек. Жолда соғып ала кетеміз, кетіп қалма деп ескертті. Кештетіп келгеніме үй іші таңданыныс білдірді.Байқоныста қонақта болдым дедім де, бүк түсіп жатып қалдым.

            Тұнжыр ұйқы тұмшалаған бөлмеде жалғыз жатырмын. Көзге түртсе көргісіз тастай қараңғы. Жоқтан өзгеге елегізіп, қай-қайдағың еске түседі. Өлі тыныштық. Әзәзіл ұйқы не тәтті құшағына алып, бал шарабына бөктірмей, не мүлде үміт үздіріп безіп кетпей, төңірегімді торуылдап жүр. Әлсін-әлсін кірпігіме қонақтап, өн бойымды балбыратып, рахат күйге  бөлейді. "Бүйтіп жата берсең, мағынасыз ой қажытып, жаның сансырап, денең салдырап қалады. Дереу тұрып кет". Жоқ, жоқ тынығу керек. Сәл шыдасаң ұйықтайсың. Мен ұйқы шақырып санай бастайын. Әбден сілем қатып, сілікпем шыққанда ғана ұйқының ұйық-жылымына шым-шым батып бара жаттым.

***

            Куйбышев көшесіндегі  101-үйдегі  әжейдің үйінде пәтерде тұрамын. Бұл пәтерді Мәдина тауып берді. Өзі осы көшедегі 99-үйде, бірінші қабатта тұрады. Көрші болдық. Уақыт тауып Мәдинаға көмектесемін. Маратты  мектепке шығарып саламын, Маржанды балабақшадан алып келемін. Әйтеуір қол ұшын беріп, сол үйдің бір қызындай болып жүрмін. Пәтер иесі әжейдің жасы жетпістен асып кетсе де, сондай әдемі киінеді. Боянады, өзін күтеді. Тегінде басшы қызметте болған адам секілді. Туыстары жоқ. Бар болса да кірпияз мінезіне қарай қатыспайтын сияқты. Бауырмал емес. Тік мінез.  Қабағы түсіп, ашуланып жүреді.  Маған тамағыңды өзің істеп іш,- дейді. Менің оған ыңғайым жоқ. Біреудің шыны аяғын сылдыратып жату ыңғайсыз. Екеуден екеу отырып, бөлектеніп отыру да қиын. Әйтеуір оқитын кітабым бар. Оның үстіне емтиханға дайындалып жүрмін. Түнде көп отыруға болмайды, жарықты сөндір, ұйқым келмей жатыр деп зіркілдейді. Бір бөлмелі үйдің ас бөлмесінде отырсаң да, екінші бөлмеге жарық түсіп тұрады. Пәтерақыға 12 сом алады. Менің алатын еңбегім 60 сомға жетпейді. Оның өзін екіге бөліп аламыз.

            Кеше Мәдинамен Павлодар қаласындағы индустриалды институтта оқытушы болып істейтін декан  Еркін ағайға бардық. Ол кісі Алматыда оқыған, КазГУ-дің мұғалімдерін жақсы біледі. Мінездеме жазып беретін болды. Оқуға түсудің әрекетін жасап жатырмын .Бүгін менің  туған күнім, 19 жасқа толдым. Мәдина үйіне дастархан жайды. Марат пен Маржан сурет салып, сыйлық дайындапты. Өзі маған арнайы дүкенге барып, үстіме киетін жейде сатып алып, сыйлады. Бұл үйден мұндай сыйлықты күтпеген едім. "Сізді мамам шақырып жатыр" деп Марат жүгіріп келгенде, жәй жұмыстары бар шығар деп ойлағанмын. Енді міне дастархан жаюлы тұр. Братка жұмыста, ол кісі автобуста жүргізуші.  Мұрат деген бауыры үйде отырмайды. Мәдинаның енесі жорғалап келіп, бетімнен сүйді. Ананың жылы лебі, маңдайыңнан иіскегені қандай ыстық, жүрегімді елжіретті. Күн жексенбі. Ауылға барған жоқпын. Мүмкін Әскен келіп туған күніммен құттықтайтын шығар деп ойлағанмын, амал не, ол ондайды білмейді, ойнайтыны қарт, аңдығаны сөз. Ауылда одан басқа не бітіреді.Туған күнімді ұмытқан шығар. Оны ұнатпаймын. Байдың тұқымы, мінезінде де бір тәкаппарлық бар. 27 тамызға Алматыға билет алдым. Оқуға баруыма байланысты редакция демалыс берді. Егер жоғарғы оқу орнына түсіп жатсам, жол шығынын төлейді. Өткен жолы Мәдина Байқонысқа жігіт көрсетуге апарып, ренжіткен болатын. Туған күнімде сол жайды еске алып, кешірім сұрағандай болды. Мен түк болмағандай, жайбарақат отырдым. Себебі Павлодарда сүйеніш болып, ақылын айтып, қамқорлық көрсететін жалғыз адамға қалай өкпелеймін. Қателігін өзі де түсінді. Менің бақытты болғанымды тілейтін шығар. Бірақ бақыт дегеннің не екенін кім білген. Мүмкін оған тұрмысқа шықсам,  бақытты болып кететін шығармын. Оны бір Алла біледі. Бірақ тұрмысқа шығамын деп ойламаймын. Әлі ерте, маған әлі шын сүюді жазбапты.

***

            Алматыға жол жүрерде Қызылтаңға барған болатынмын. Ырыс апайым-20 сом, Молдағам-10 сом, Мұқатай ағатайым-10 сом берді. Жолға қаражат жинап алып,  Шәкен екеуміз қалаға келдік. Аэропортқа Шәкенмен бірге барып, кешкі сағат сегізден елу минут өткенде АН-24 самолетіне отырдым. Бірінші рет самолеттің ішін көрдім. Қатар-қатар орындықтар. Іші мұнтаздай таза. Стюрдесса орыс тілінде ішкі тәртібімен таныстырды. Бірер минуттан соң жоғары көтерерілеміз деп хабарлады. Қорқынышты болғанымен әйнектен төмен қарап отырмын. Түнгі аспан ашық. Қасымдағылар кітап, журнал оқып отыр. Көзімді жұмып алып, қиял құшағына берілдім. Кеше ғана шіркін-ай Алматыға барсам деп армандаған едім. Енді міне желдей ұшып, аспанды шарлап келемін. Алматыға жақындаған кезде хабарландыру болды. Люминатордан төменге көз салдым. Тұнып тұрған самала жарықтар. Алатау қайда екен деймін?  Көрінбейді. Тауды айналып келе ме? Самолеттің өз жолы бар. Оны әзірге түсіне алмаспын. Самолет жерге қону үшін екі аяғын босатып, бір екі рет секірітті де, желдей ұшып, жүгіре жөнелді. Сағат түнгі он екі. Алматының керемет әдемілігін самолетттен шыққан соң көрдім. Көзіме түскен сұлулықты айтуға тілім жетер емес. Жолдағы көргенімді тамашалап, аузым ашылып, вокзалға кірдік. Редакцияда істейтін Төкен Әліпбаев екеуміз таксимен танысының үйіне бардық. Сол үйге қондым.

            Тәңертең ерте тұрып Ләзиза апайға телефон соқтым. "Кел, кел," -деп қуантып тастады.  Интернациональ  көшесі, 129 үй. Бірінші қабат. Үйде жездеміз Әбу Сәрсенбаев бар. Бұйра шашы желкесіне түсіп, көзіндегі көзілдірігін шешпестен алдымнан шықты. Үйлері төрт бөлмелі. Бір бөлмеде қабырға толған кітап, Әбу Сәрсенбаевтың жеке өзінің жазу үстелі. Екінші бөлмеде Ләзиза апайымыздың кабинеті.. Үстел үстінде журналдар, жазу машинкасы. Осы бөлмеде жұмыс істейді. Демалатын диван. Тегінде осы бөлме жататын орын секілді. Ас үйі кішірек болғанымен екеуі тамақтануға қолайлы,жинақы, артық жүние көрінбейді. Мен келген соң, залға дастархан жайды. Шәй ішетін ыдыс-аяқтары сары алтын. Өзімше қаланың қызындай отырып алмай, үй шаруасына араластым. Десем де жеңгеміздің  шәй құюының өзінде бір өзгешелікті, ерекшелікті  байқадым. Құманды қолына алып, сүтін құйып, демдеп, алдымен отағасына  ұсынды. Шәй үстінде Ұзақ деген кісі келді. Ол кісінің кім екенін білмеймін. Әбу жездемізбен әңгімелесіп отырғанда, Ләзиза апайым  құжаттарымды көріп, жөнін айтты. Университетке баратын жолды көрсетті. "Локомотив" деген стадионнан өткен соң, іздеген университетімді тауып алдым. Киров көшесінде тұр, қасында бас пошта орналасқан. Аллеямен өтіп бара жатқанда музыка үні естілді. Анықтап қарасам, консерваторияның корпусы екен, терезелері ашық тұрғандықтан бүкіл ойналған қобыз, домбыра үні жаңғырып естілді. Бірнеше шығармалар жарыса ойналып тұрды. Жан-жағыма қараумен, жасыл желекті баубақшаның ішімен жүріп, өзім армандаған оқу орнына келдім. Ұзыннан ұзақ коридор, абитуренттер, кіріп-шығып жатыр.Сұрастырып жүріп факультет деканатын тауып алдым. Қосымша әкелген құжаттарымды тапсырдым. Емтиханға әлі екі-үш күн бар. Поштаға кіріп үйге, аман-есен келгенімді білдіріп, хат жібердім.

            Кешкілікте Ләзиза апайдан Алматы туралы, осындағы оқуы, қызметі, жетістігі туралы, ақындар жайында әңгімелерді естідім. Ендігі жататын жерім осы үй, басқа қайда барамын. Ешкімді білмеймін. Университеттен жатақхана сұрап едім, кеш қалыппын. Орын жоқ. Егер біреулер емтиханнан құлап, кетіп жатса көрерміз деді. Емтиханнан құлады  деген сөзді Ақкенже апайым айтқан кезде шошып кеткенмін. Құлата ма деппін. Ол кісі маған бажырайып қарады да қойды.Түнде Ләзиза апайымның залдағы диванында ұйықтап шықтым.Ләзиза "Қазақстан әйелдері" журналында жауапты хатшы болды. Адамгершілігі керемет. Жүзі шуақ шашып тұрады.  Жасы алпыстан асса да, ақсары өңі, иегінде тарыдай меңі сондай сүйкімді болып көрінеді.

            "Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді" дейді ғой, жеңгеміз тектінің ұрпағы. Кезінде Ертіс өңіріндегі Дәмолла-молдалардың молдасы  атанған, он жылдан астам Мекке-Мәдинеде, Ыстамбулда үлкен діни оқу оқып, мешіт пен медресе ашқан Мешітбай қажының қызы. Бауыры   Көзі ашық, көкірегі ояу  әке тәрбиесімен ерте сауат ашқан Ләзиза 14 жасында Павлодар қаласында ашылған қысқа мерзімді мұғалімдер дайындайтын курсты бітіреді. Өз ауылында алты жыл мұғалім болып істейді. Оны "мұғалім  қыз"-деп  бүкіл ауыл  жақсы көреді. Сол жылдары  Қызылтаң ауылының жігітіне кездесіп, біздің ауылға келін болып түседі. Өмірге Бегімбет деген ұлдары келеді. Кейін жолдасының қызмет бабымен Павлодарға барып тұрады. Мұнда №6-шы мектепте ұстаздық етеді.  Коммунистік партия қатарына өткеннен кейін 1930 жылы Алматы қаласында ашылған КомВУЗ-дың журналистика факультетіне оқуға түседі. Бұл кезде жолдасы Рашит дүние салған болатын. Ұлы Бекенді Қызылтаң ауылындағы Әбіш пен Елеусіз әжелеріне қалдырады.

            Ләзиза Мешітбайқызы журналистік еңбек жолын Алматы облыстық "Сталин жолы" газетінен бастайды. 1937 жылы облыстық газет жабылған соң, "Социалистік Қазақстан" газетінде хат бөлімінің меңгерушісі болады. Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып, қожа молдаларды "халық жауы" деп жер аударып, балаларын да "халық жауының тұқымы" деп жарық күнде қолдарына шам алып, қудалап жатқанда Ләзизаның да өмірі шайқалып кетеді. Осы кезеңде Ләзиза Серғазина жазушы Әбу Сәрсенбаевқа тұрмысқа шығады. Алғашқы жолдасы Рашиттың тегінде қалыпты,  фамилиясын ауыстырмады, өзгертпейді. Міне осы фамилиясының арқасында бүкіл Қызылтаң тұрғындары , Алматыға жолы түссе, осы үйдің босағасын аттайды. Қазаны оттан түспейтін, қонақжай шаңыраққа қысы-жазы, күндіз-түні қонақтар көп келеді. Бұл кісі кім келсе де қуана қарсы алып, бәйек боп, асты-үстиіне түсіп, ерекше қамқор болады. Мені көргеннен бастап, ауылдың жаңалығын сұрап, өзі білетін адамдардың амандығын естіп, мәре-сәрә болды. Ләзиза бізге жеңге болса да, Ләзиза апай дейтін болдым.  

            Тәңертең ерте оянып, консультацияға бардым Бірінші емтихан әдебиеттен шығарма. Әзірге жалпылама дайындалудамын. Түнде Ләзиза апайым "Қазақстан әйелдері" журналы редакциясына барып шық деген. Сол кісінің айтуымен Дәметкен Дәуренбековаға жолықтым. Мұнда өзіме хат жазып хабарласып жүретін Жұмабике Байтанаева, Мағмұр Бошаевты көрдім. Редактор Әтина Жәкетаеваға кірдім. Шаштарына ақ түскен апайларым үстел басында орамалсыз отыр. Редактор апай Жұмабике Байтанаеваны кабинетіне шақырып, суретке түсіріп ал деп тапсырды. Суретіммен "Сәт сапар" бермекші болды. Редакциядағылар кілең қарапайым, жүздері жылы, әңгімешіл жандар екен. Қай кабинетке кірсем де, ақылдарын айтып, емтиханды жақсы тапсыр деп тілек айтты. Жақсылардың қаында ұзағырақ болғың келеді. Тыңдай бердім,көңіліме тоқыдым.  31 августе сағат тәңертеңгі 11-де шығарма жазуға отырдық. "Абай образы, "Аңыз" әңгімелер, "Гүлденген Қазақстаным" деген үш тақырып ұсынылды. Мен емін-еркін ойланып жазуға "Гүлденген Қазақстаным" деген еркін тақырыпты таңдадым.

***

            Алғашқы емтиханнан 22 бала құлады. Олардың ішінде жоқ екенмін. Сондықтан екінші емтиханға дайындалдым. Шығарманың бағасын айтпады. Екі емтиханды қосып баға қоятын шығар. Ләзиза апайымның үйіне Гурьевтен қонақтар келетін болды, Әбу жездеміздің "Толқында туғандар" деген романын оқығанмын. Енді міне сол өлкеден туыстары келетін болыпты. Әрине менің оларды көргім келді, бірақ амал жоқ, үйге келетін қонақпен қонақ болып жата аласың ба?  Өзім таныиты Тәкеннің жатқан пәтеріне бардым. Қонақүйге баруға ақшам шамалы. Үш емтиханды тапсырдым. Енді неміс тілінен тапсыру қиын болатын түрі бар.. Көпшілігі неміс тілін оқымадық деген қағаз алып келіпті. Мен ондайды білмедім. Бір ауыз немісше білмей емтихан тапсырмақпын. Қой, одан да аман- есенімде кейін қайтайын. Оның үстіне Төкенмен бірге бір үйде қала беруге ыңғайсыз болды. Кейде екеуміз оңаша қалып қоямыз. Осы ойыммен Павлодарға билет алдым. Құжаттарымды түгендеп болған соң, Алматыны аралап, үйге базарлық сатып алып, аэропортқа жеттім. Сұрағандарға конкурстан өте алмадым деймін. Көңіл-күйім жоқ. Сүріндім. Оған өзім кінәлімін, келесі жылы неміс тілінен оқымадым деген қағаз алып келемін. Бәрібір де журналист боламын. Қиындықсыз өмір болмайды. Журналистикаға баратын екінші баспалдағымды қателесіп аттадым. Ол қателікті келесі жылы міндетті түрде түзетемін. Ілияс Есенберлин: ... адамға үш қасиет керек. Бірі – ақыл, екіншіс – мінез, үшіншісі – білім. Ақыл мен мінезді құдайдың өзі береді. Ал, білімді, адам өзі табады" Әрине өзім талаптанамын, қайткен күнде жоғары білім аламын. Оған сенімдімін.

            Туған жер, қандай ыстық, қандай көркем! Кеше ғана Алматының әдемілігіне көзім тоймай, қыдыра бергім келді. Бірер күн қалуға да болушы еді, оған өзімнің көңіл күйім болмады. Келесі жылы қайтадан келемін,-деп өзімді жұбаттым. Жасым он тоғызда болса да әлі бала сияқты екенмін. Ауылды сағындым. Алматы  ұнамай қалды. Несімен?  Негізі қызық жанмын. Біреуді жақсы көрсем, құлай сүйемін. Егер көңілім қалса, оған өмірі қарамайтындай әсерде боламын. Алматының оған қандай қатысы бар? Бар болғаны астана, студенттерге білім беретін ордалы қала. Келбетіне көзің сүйсінеді. Алатауды айтсайшы, қарт Алатау үнсіз тұрғанымен сырға да ба, жырға да бай. Өзімнің тұрақсыздығым есіме түседі. Мектепте Күләтаймен дос болдым. Оған айтқан сырларым бәрі далаға кетті. Қол ұшын бермеді,емтиханда көмектеспеді. Көңілім қалды. Мүмкін ол міндетті емес шығар. Оған хат та жазбаймын. Жуырда вокзалда кездестірдім. Жамбыл қаласына тұрмысқа шығып барады. Таңдаған жігіті өзінен жеті жас үлкен. Оңтүстікке келін болмақшы. Шақар мінезімен оңтүстікке қандай келін болар екен?  Бірақ адам есейе келе өзгеретін шығар.Менің де санам өзгерді емес пе? Иә өзімше өзгердім деп қоямын. Шындығында қалай өзгергенімді кім білсін! Аэропорттан Шәкен күтіп алды. Екеуміз Қалқаманға бардық. Онда Шәмішпану апайы тұрмыста болатын. Екі күн қонақ болып, Ермак қаласын көріп, ауылға келдік. Әскеннің қарындасы өзінің немере ағасы Жантасқа тұрмысқа шығыпты. Екеуі де он жеті жаста. Уақтар біріне бірі үйлене береді. Негізі жеті атаға дейін қыз беріп, қыз алысуға болмайды деуші еді. Олар қалай үйленді екен?  Әскен кездесуге келді. -Иә, Алматы қалай, деп қояды. Сөзінде кекесін бар сияқты. Конкурстан өтпедім, бәрібір келесі жылы барамын десем, күледі. -Оған дейін күйеуге тимейсің бе, -дейді. Менің ызам келді. Бұрылып алдым да, үйге кіріп кеттім. Енді онымен кездесуге шықпаймын дедім өзіме-өзім.

***

            Редакцияға бардым. Бетімді басып ұялатындай, мен кіммін. Көптің бірі,  көңілдің кірі. Конкурстан өтпегендер жалғыз менмін бе? Бәрінен бұрын істеп жүрген жұмысым бар, оқуға түспедің деп шығарып тастайын деп жатқан жоқ. Қайта редакцияның тапсырмасын орындап, зыр жүгіріп жүрмін. Жазуға біраз үйрендім, Алматыға жол тауып барып келдім. Сондықтан басымды төмен ие бермей, еңсемді көтеріп, жауапты хатшы Төлеубек Қоңыровқа бардым. Ол кісі ештеңе етпейді, далада қалмайсың, оқуға түсемін деп ниеттенген адам, дегеніне жетеді деп арқамнан қақты. Редактормен сөйлестім, сені корректорлыққа ауыстыратын болдық. Жасы жетіп қалған апайларыңның көздері көрмей барады. Сен жоқта біраз қателер кетіп қалыпты дейді.Сағадатты әскерге әкететін болыпты. Оның орнына да корректор керек. Әрине жұмысқа төселіп қалдым. Корректор болмасам да бет оқуға көмектесіп жүрмін.

            Кейде редакция бет оқуға Есентай мен Өскенбайды жібереді. Есентай өндіріс бөлімінде тілші. Өзі өлең жазады. Қарағандының педагогикалық институтын бітіріп, газетке орналасыпты. Ал Өскенбай болса КазГУ-де сырттай оқиды. Педучилеще бітірген. Екеуі де бойдақ. Ал Тәкеннің семьясы бар. Менімен бірге сессияға барды. Университетте сырттай оқиды. Ол Алматыдан келген жоқ. Тәкен неміс тілінен емтихан тапсырмай қайтып келгенімді айтып қоятын шығар. "Өтіріктің өрісі қысқа," деген бар емес пе? Шындық, ақиқат, жазғым келетіні де қоспасыз дүниелер. Алайда кейде қиялыңды шындыққа айналдырып, сылдыратып жазуды білетін сияқтымын. Корректор болып істеп жүргелі еңбекақым көбейді. Дүкенге барып, үйге төсейтін үлкен сырмақ алдым. Диванға ақша төледім. Жантас машина табамын деген, бірақ оның сылдыр сөзіне сенім жоқ. Мәдина Байқонысқа қонаққа барғанда, автобуспен ала барамыз деді.

            Тәтем жаңа үйдің ішін сылатып, пешін салып, қысқа дейін көшуге дайындап жатыр. Қалада тұратындар да дүниелерін жаңарта бастады. Мадина үйдеріндегі ескі шкафты, орындықтар мен биік үстелді қосып жіберемін дейді. Біреудің ескі-құсқысын жинағым келмесе де, олардың бетін қайтара алмадым. Ендігі ойым, телевизор алу. Үйдегі балалар "тәтем жаңа телевизор сатып әкеледі деп ауыл балаларына мақтанатын көрінеді. Әскен байдың тұқымы. Кезінде Ильяс аталары мыңды айдаған бай болыпты. Бірақ бұлар іштен көшіп келгенде ескі кереует, диван және қазақша үстел, кілемдермен ғана келген. Байлықтарын көріп отырғаным жоқ. Мүмкін алтындары. Әлде кеңес үкіметі конфескелеген кезде, бәрін тартып алды ма екен. Бірақ, бұлар бар байлықтарын Ресейге бірге алып кеткен, негізі сақталды ғой. Кезінде осы аталары ылғи алтын мен күмістен жалатқан қазақтың ершіктері мен тұтыну товарларынан көрме ұйымдастырған дейді. Тіпті мамонттың де қаңқасы тұрыпты. Ол көрмені музей сияқты жасапты. Ашық аспан астындағы музей туралы өздері айтады. Музей біздің ауылда, Қызылтаңда болған көрінеді.

***

 Байқонысқа тағы да жолымыз түсті.Жолда алған дүниелерімізді Қызылтаңда қалдырдық. Адам жаңа көйлек кисе де қуанады. Көршілер қайырлы болсын деп мәз болды. Байқоныста қонақ болдық. Бұл жолы Сейітқанды да дастарханға отырғызды. Өткен жолы таныспаймын деп қашып кеткен жігітім қасыма келіп қонжиды. Үркектемейін деп өзімді өзім ұстап, әдеп сақтап отырдым. Өзінше сөзге тартты. Танысайық деп қояды. Ішімнен жек көріп отырмын. Амал қанша. Сейітхан жеке тұрады. Үйіне шақырды. Рахметімді айтып, бармадым. Есебін тауып Мәдина Сейітханмен оңаша қалдырды. Бетімнен отым шығып, ыза буды. Әлгі жігітімнің сұрамағаны жоқ. Бір сөзіне жауап берсем, екіншісіне үндемей қаламын. Сөзі көп сияқты.Алматыға барып келгенімнен де хабардар. Ендігі жылы қайтадан барамын, бар мүмкіндігімді пайдалана алмадым дедім. Өткендегідей далаға шығып кетуге ыңғайсыз. Сөздің тоқ етері "Жігітім бар",- дедім. Ол үнсіз қалды. Сонымен бұл жігіттің үмітін үздім. Өзім де жеңілденіп қалдым. Байқоныста бір қонып, ертеңінде қалаға келдік. Мен соңғы күндері көбінесе Мәдинаның үйінде жүремін. Пәтерге жіберген әжеміз іздеп келеді. Ренжітіп алдым ба деп ойлайды. Ол кісіге пәтерақысын уақытында төлеймін.Бірақ қонбайтын болдым.

Корректор болып жұмыс істегелі екі рет газетте қате кетті. Негізі менен кейін газет беттері дайын болғанда жітікөз Жиенбек аға тексереді. Ол кісі де байқамады ма екен. Газеттің нөмерінен жаңылып кеттік. Маған жазбаша ескерту берілді. Содан бері редакцияға баруға ұялатын болдым. Оның үстіне оқуға түсе алмадым. Бөлімдерден тапсырма да алғым келмейді. Жұмыста түннің ортасына дейін жүреміз. Телетайптан материал күтеміз. Шұғыл жариялайтын, ертеңгілік бетте тұратын ақпараттар жеткілікті. Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев облысқа келгенде таңертеңге дейін газет шығара алмай, суық бөлмеде отырдық. Газеттің беттерін баспаға берген кезде түн ортасы болады. Бізді үйге апаратын көлік жоқ. Түн ортасында жолдың ортасына түсіп алып, үйге келеміз. Пәтер иесі әжеміз түнде есік қаққанымды қаламайды, реніш білдіреді. Сондықтан Мәдинаның үйіне қонамын. Ертеңінде кеш оянасың, жуынып, киінгенше жұмысқа баратын уақыт болады. Күндегі тіршілік осы. Мәдинаның қайнысы Мұрат жақын тартып жүр. Бір-екі рет киноға да апарды. Қаланың орыс тілді жігіті. Өзінше мені ауылский дейді. Киген киіміме сын көзбен қарайды. Маған ол онша ұнамайды. Бірақ Мәдинаның көңілі үшін, мінезімді көрсете бермеймін.

Жасым жиырмаға жақындап қалды, ауыл мен қаланың жігіттерін салыстыруға қабілетім бар. Мұрат өзінше тәрбиелегісі, қаланың жағдайына икемдегісі келеді. Оған кемшілігім, ұяңдығым, ұятты бірінші кезекке қоятыным бөгет болатын секілді. Оның үстіне Мұрат  сау күнінде жоламайды, ішіп келсе болды, өзінің заңын айтып, үйрете бастайды. Негізі ішетін адамдарды ұнатпаймын. Ауылдағы жігіттердің ішкенін көріп, мас болып төбелескендерінен әбден шаршадым. Мұрат теңім емес, бұл жөнінде оның бетіне айттым. Бірақ анасы ызыңдайтын көрінеді. "Шолпан жақсы қыз, келін етіп түсір"- дейтінін ішіп алғанда айтып қалды. Мәдина  қыстамаса да, зорламаса да тұрмысқа шығатын уақытың жетті ғой, ойлансайшы деп жанашырлық білдіреді. Бірақ ашық айтпайды, обалына қаламын дейтін шығар. Өзі он алтыдан асқан кезінде өзінен он жас үлкен Әбілмансұрға күйеуге шығыпты. Бұл үйге оң мен солын білмей тұрғанда келін болған. Қазір жолдасы алақанға салып отыр. Бірін-бірі өте жақсы көреді. Бақытты семья. Жақсы адамдар екеніне сөзім жоқ. Бірақ менің тағдырым бұл үймен қосылуға тиіс емес. Оны өзім сеземін.  Бұл үйден тезірек кетуім керек. 

***

Күзге де жеттік. "Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай..." деп Абай атамыз айтқандай күн райы құбылып тұр. Пәтер ұстайтын әжей түнде "пәтер тауып ал"- деп ашу шақырды. Менің көрші үйде жүргенімді ұнатпайды, сен оларға өсек тасисың деп қояды. Бұл кісі туралы не айтады екенмін. Мәдинаның ол кісімен шаруасы жоқ. Енесі есік алдында отырады. Бәлкім сол кезде екеуі ортақ тақырыпқа әңгіме құратын болар. Осы кісілердің арасындағы әңгіме маған тиіп жатыр. Мен естімеген әңгімелерді айтып, кінәлады. Ызадан жылап жібердім. Түнде үйден кетіп қалуға, қайда барасың, біраз киімдерім мен төсек орнымды қайда апарамын. Ерте тұрып Мәдинаның үйіне бардым. Оларға пәтер іздеймін, осында қалдыра тұрайын деп едім, үлкен кісі, айналайын осында тұра бер, қайда барасың деп жанашырлық танытты. Мәдинада қарсы болмаған соң, көзімнің жасын сүртіп, шәйға отырдым. "Жақында Мұрат әскерге кетеді, екеуміз бір бөлмеде жатамыз, маған да серік керек, - деп әжей бәйек болды. Бұл үйге жетінші адам болып тұратын болдым.  Содан не керек, көңіл күйім түсіп, бей-жай қалпыммен, жұмысқа бардым. Екі көзім ісіп кеткендіктен бе, Сәбира апайым жағдайымды сұрап болмады.Айттым.Ақын-журналист Қорлан Байжұманова апайыңның үйі кең, балалары жоқ, сол кісімен сөйлесейік деп қамқор болатындар да табылды. Ол кісінің күйеуі үлкен жерде істейді. Бөтен адамдармен тұру қиын.Мәдинаның үйі осы күнге дейін өзімнің үйімдей болды. Әйтеуір далада қалмаған соң, бір жөні болар деп сабама түстім. Күннің өзі менің көңіл күйімдей бұзылды. Кеше ғана күн жарқырап тұр еді. Бүгін жауын жауды. Ертең қар жауады,-дейді ауа райы туралы мәлімет. Қыс түспей тұрып, бір жерге орнығып алғаным дұрыс.

            Күндер жылжып өтіп жатыр. Ауылға Бектас Тапалшинов бастаған Семей филармониясының артистері келіп, концерт қойды. Өткен жолы Майра Бектасқа тұрмысқа шыққалы жатырмын деп алдап еді. Бектас өте көркем жігіт. Жүргізушінің келбетті де қылықты болғаны қандай жақсы. Өзіңді тартады. Көзіңді алмай қарап отыра бергің келеді. Тілі де мірдің оғындай. Әзілі де орынды. Қыздардың жүрегін жаулаған жігіт.  Маған да ұнайды. Бірақ жай қызығушылық. Менің ішкі дүнием оянбаған екен, түйсік әлі шамалы. Мәдинаның үйінде тұрып жатырмын. 18 желтоқсанда Мұратты әскерге шығарып салуға барғанда Әнуарды көрдім. "Бану босанды" деп айғай салды. Не айтарымды білмедім. Күні-түні қасында бірге жүрген мына мен, оның аяғы ауыр деп ойламаппын. Тіпті сезбеппін де, көрмеппін. Өткен жолы "Бану сен толып бара жатырсың ба?" дегенде,"иә,тамақты көп жеймін, спортпен айналысайын"-деп едім деп күмілжіген. Ішін қалай жасырып жүрген. Мүмкін мезгілінен бұрын босанды ма? Жаңа жылда тойымыз болады деген. Бануді көргім келмеді. Жеңгем де аңқаусың, ештеңенің байыбына бармайсың, ауылдың жігіттері сондай. Қазбек үйленеді. Ертең тойы болады. Баласын құшақтап отырады. Бұрын соңды естімеген, болмаған жай. Жаңағы сөздерден кейін үйден тезірек қалаға кетуге асықтым. Сөзге ілініп кетпей тұрғанда , жолға шықтым. Кімнен қашып барамын? Өзім де білмеймін.

Жылдар жылжып өтеді, жаңа бір күн жетеді, - дегендей міне жаңа 1968 жылды да қарсы алдық. Жетінші адам болып тұрып жатқан пәтерге Алматыдан Мәдинаның апасының жалғыз ұлы Мағауия келді. Маған пәтер тауып ал деп айтқалы қашан. Кеткім келмейді. Басқа үйге шықсам, қиындық көретін секілдімін. Енді міне амалсыздың күнінен бұл үйден кетуім керек. Тете Шура маған қайтадан кел деп жүр. Тегі жалғыздық жанына батқан шығар. Үйді босат деп қуып шыққанын ұмытып кетті. Менің барғым келмейді. Көңілім қалыпты. Басқа  қайда барамын? Айтпақшы ақын Қорланның үйіне тұрмақшы болдым. Ол кісі қарсы болмады. Жартылай төсек-орнымды апарып тастадым. Бірақ, ол үйге барғым келмеді. Қайтадан Мәдинаның үйіне оралдым. Енесі менің келгеніме қатты қуанды. Шәй қойып, алдыма дастархан жайды. Қалқам, неге өңің келмей отыр, -деп сұрады. Жылап жібердім. Жағдайымды айттым. Ол кісі менімен жатасың, осында қал деп, аяушылық білдірді. Сағадат әскерге кетпекші болып, жұмыстан шығып кеткен. Кеше жұмысқа телефон соқты, ауруханада жатырмын дейді. Әскерге алмапты. Әлде барғысы келмей, ауруханаға жата салды ма? Кіріп шығу керек.

Өткен жолы ауылға барғанымда көрші тұратын Қабыл ағатайымның он бес жастағы қызы ауруханадан шығыпты. Кіріп шықтым. Құр сүйегі қалған. Песжан селосында Петяк деген мықты хирург бар. Сол кісі соқыршекті көзін жұмып тұрып, сылып тастайтын "алтын қолды" адам деп мақтайды. Несіпке операция жасапты. Бірақ ішінде қайшы қалып қойып,  қайтадан жарған екен. Қайта ашқан кезде ішек-қарыны қарайып кеткен. Енді міне күннен күнге төмендеп барады. Укол салатын жері жоқ. Жамбас тесілген. Көңілім сондай бұзылды. Адам болуы неғайбыл. Сын мақала жазуға болады. Бірақ "Алланың жазуына қарсы келмегенім дұрыс". Тағдырдың жазуы шығар. Қазір Пятакты арақ ішіп, операция жасайды деп жазсам, маған кім сенеді. Зерттеу керек, оған уақыт тапшы. Соңғы кезде пәтер мәселесі мәз болмағандықтан, кітап оқудан қалдым. Ауылға барғанда Тұғырыл Қойшыбаевтың "Қоңырат бөктерінде" деген кітабын оқи бастағанмын. Тәтемдер жаңа үйлерінде тұрады. Қыстың күні қырауда үйді жылыту оңай емес. Күні-түні көмір жағады. Еңбекақымды алған сайын, балаларға жылы киім аламын. Осы жолы жеңгеме пима сатып әкелдім. Үйдің  шаруасы жеңгемнің мойнында. Ағам мал жайламайды. Тәңертең  жұмысқа кеткеннен кеш келеді. Көрші үйлерге мая-мая шөп апарды.  бір күн сау болып оралса, ертеңінде тойып келеді. Трактордың  ролінде жүрсе де, ішеді. Ешкім тексеріп жатқан жоқ. Ауыл ішіндегі  тракторшылардың аузы арақтан босамайды. Қазір менің жасымдағы  жігіттер де араққа үйір. Тұрақтап тұратын жерің болмаған соң, көңілің де онша болмайды екен. Қалаға барсам, бос уақытым Мәдинаның үйінде өтеді. Шура әжем тағы да сөйлейтін болды. Неге ол үйден шықпайсың, неге бара бересің,- деп, баяғы жырын жырлайды. Тағы да соңыма түсті. Машһер Гумеровтың "Сүйе ме, сүймей ме?" деген кітабын оқып жатыр едім, тіршілігімді ойлаған кезде, қызық жеріне келсем де, одан әрі оқығым келмей кетеді.

***

Түні бойы ұйықтамадым. Тәңертеңгілік көзім ілініп кеткен екен, түсімнен шошып ояндым. Жылап жатырмын, жастығым су. Күндізгі ойлаған ойым түсіме кірген болу керек. Ерте тұрып алып, редакцияға бардым. Кітапханаға кіріп едім, "Қазақстан әйелдері" журналына менің "Арман" атты өлеңім жарық көріпті. Өскенбай алдымнан шығып, қолыма ұстатты.  Өскенбай әлі үйленген жоқ. Бір жолы киноға шақырды. Жолда өзінің дос қызы туралы айтты. Мен де өзімше сырымды айттым. Ол үнемі "қызық екен" деген сөзді қосып, айта берді. Өте жуас жігіт. Көңіліңді қалдырғысы келмей, басын шұлғып, құптай береді. Екеуміздің  әңгімеміз достардың бір-біріне айтатын сырлары секілді. Қолымыздан ұстау, қолтықтап алу жоқ. Екеуміз екі жолдың екі жағында жүреміз. Біз шығармашыл адамдармыз. Оның үстіне Өскенбай қаланың жігіті. Екеуміздің арамыз жер мен көктей. Айтпақшы Мұрат та ауылдың иісі шығады деп ұнатпайды. Оны өзі де айтып қалды. Қазір үйіне хат жазғанда, сұрайды екен. Өзінше әскерден келгенше біздің үйде тұра берсін, деп ақыл айтыпты. Не ойы барын бір Алла біледі. Бірақ "Сені келін етіп түсіреміз" деп анасы айтқанымен өзіме өзім сенбеймін. Бірімізді -біріміз алдағанда не түседі. Жалпы Мәдина неше ме рет ренжітті.

 Адам болған соң, оның мінезі де болады. Былай қарағанда байсалды, парасатты, кең пейіл деп ойлағаныңмен, қатар жүрген кезде оның басқа жағын да байқайды екенсің. Газет жұмысы оңай емес. Ойламаған жерден кедергілер шығып жатады. Кеше бірінші бетті оқып, тексерген болатынмын. Әдетте бірінші бет түннің бір уағына дейін бірнеше рет жасалады. Бір материал алынып қалады, оның орнына телетайптан түскен саяси хабарлар, маңызды шешімдер беріледі. Сол түні де жағдай солай болды. Ең соңғы телетайптан келген хабарды оқып, қатесін түзетіп, кезекші редактор қол қойған соң, үйге кете бардық. Ертеңінде редакциядан шу шықты. Бірінші беттен, кешігіп түскен мақаладан емес, басқа тақырыптан қате кетіпті. Оны жіті көз Жиенбек аға да көрмеген. Бетті кім оқыды, әрине корректор. Редактор бірінші бетке қатысы барларға жазалау бұйрығын беріпті. Оны апарып көрнекі жерге ілген. Мен жұмысқа шыққанда әріп теруші Роза алдымнан шықты.

 Саған бұйрық берді дейді. "Не жұмыстан босатты ма"- деппін? Мен үшін жұмысымды жоғалту деген, арманымның кесілгені емес пе? Жоқ, әйтеуір аман қалған екенмін. Көп ұзамай Мәдина келді, ол маған бір түрлі көзбен қарағанын сездім. Жек көріп қалған секілді. Мен оны көрген кезде жылап жібердім. Өксігімді баса алмай, басқа бөлмеге кеттім. Ол болса, қасыма да келмеді. Жұбатпады. Ол күйреуік сезімге беріліп жүргенімді жақсы көріп жүр. Сапура апай ғана қасыма келіп, бетің дайын болды, жүр, газетті оқиық деп орнымнан тұрғызды.  Мен үшін бұл жәй соққы емес. Болашаққа басталған жолымның басында кездескен қиындықтардың соңы бұл болмайтын шығар. Себебі өмірдің өзі жақсылығы мен жамандығы қатар жүретін құбылыс. Жасаған қателігіңнен сабақ алу керек. Мәдинаға несіне ренжимін, оның маған аяушылығы керек пе еді? Сүрінген өзім, енді абай боламын. Жүрдім-бардым істеген ісіңнің соңы осылай болады. Мұқият болу керек. Жылап кімді қорқытамын. Бұл жылау біреуді қорқыту емес, өкініш, өзіме өзім ызаланғаннан шыққан жас. Иә, өзіме өзім ыза болып жыладым, ашуландым, сосын сабырға шақырдым.

 Менде де ашу бар. Кәдімгідей ашуландым, Мәдинаны көрместей болдым. Бірақ ашуым басылған соң, ертеңінде үйіне бардым. Есігінің қоңырауын қақтым. Ол есік ашты, алдымда күліп тұр. Секем алғандаймын. Неге күліп қарсы алды? Енді қалай қарсы алу керек."Бәрібір де келдің ғой" деген сөзді айтпаса да, оның жүзінен оқыдым. "Сен маған ренжіме, ол бұйрықты сен келгенше алып тастаймын деп отырған едім, үлгермедім, Роза алдыңнан шығатынын қайдан білейін. Ештеңе етпейді. Ондай бұйрықтың бірнешеуін алғандардың бірі менмін." деп ақталды. Жүзіне қараймын, көзін төмен түсірді. " Сен сонша кімсің дерсің, иә мен сонша кіммін? Сен адамсың! Адам деген ардақты атың бар, адамгершілігің қайда? Мен ұнатқан мінезің бар, жақын тартар бауырың бар, мен ұнататын сырлы да ашық жанарың бар. Иә сен адамсың, бірақ бір жаман қасиетің бар, жеке өзіңді, қара басыңды ойлайсың. Қырсығы тиіп кетеді дедің бе? Редактор шақырғанда неге қорғап қалмадың. Қателік менен емес екенін жақсы білдің ғой. Менен кейін тексеретіндер де бар емес пе? Олар жазаланбапты. Тақырыптың бәрін жітікөз жеті рет оқиды, неге көрмеді. Ең соңғы көз өзің едің, қол қоярда, баспаға берерде қарап шығатын баспагер неге көрмеген? Менің ренішім сол, маған жазықсыз бұйрық берілді.  Бәлкім сабақ болсын деді ме? Енді қандай мінездеме береді. Менің  жылағаным да сол. Енді жұбатып отырсың. Редакторға өзім барамын  деп қоясың, сөзіңді тыңдар ма екен? Тағы да босадым, тағы да  алдыңда отырып жыладым.

***

            Тәтемдер телевизор сатып алды. Қаладан электр қуатын бір қалыпты ұстап тұратын стабилизатор мен кабель сатып апардым. Әбнәсір телевизорды қосты. Ауылдағы көршілер келді. "Человек которые сомневается" деген кино болды. Бұрын қалада болғанда бір рет көргенмін. Оныншы класта оқитын Қазбек деген жігіт қызбен достасып жүреді. Қызды Боря деген жігіт бастаған қарақшылар өлтіріп, сағатын шешіп алады. Алайда қыздың өліміне Қазбекті кінәлайды. Жауапқа тартады, пәле жабады. Айтпақшы Несіп қайтыс болды. Бейнет көрді. Дәрігерлердің кінәсінен қыршынынан қиылды. Өмірден түңіліп кетті. Иманды болсын!  Мәдина ауылға келгенде Әскенді көрсетші деген. Өзінше  соңымнан жүгіріп жүрген жігітті көргісі келіпті. Әскеннің шын аты Аспандияр. Ол Саттар ағатайымның үйіне келді.  Мәдина көріп, әлі бала сияқты ғой дейді. Бойы кішкентай. Үстінде фуфайка, қалың шалбар, басында түлкі тымақ. Былай қараған адамға шынында да бала сияқты көрінеді. Оның үстіне қылығы да бала секілді, еркелеп сөйлейді. Егер қаланың жігіттері сияқты костюм- шалбар кигізіп қойса, атпал жігіт болып шықпай ма? Қалай десе де, бәрібір оны ұнатпаймын, тұрмысқа да шықпаймын. Айтқандар айта берсін! Менің ойым да, арманым да Алматыға барып, қайткен күнде көздеген мақсатыма жету. Былтыр тәжірибем болмады. Емтихан алған оқытушыларға да үркіп қарадық. Батылдық көрсете алмадым. Неміс тілінен бәрібір құлатады деп қорықтым. Шынында да, емтихан тапсырғандар жылап шықты. Оқытушылар немісше сұрақ қойыпты. Тез сөйлейді екен, ештеңе ұқпапты. Егер шығарма сияқты білгенімізді жазсақ, мысалы "менің мектебім, достарым" деген тақырыптарға мен өтіп кетуші едім. Амал не? Жолым болмады. Биыл бәрі басқаша болады.

            Күн үскірік аяз. Қаланың іші болса да, бет қаратпайды. Пәтер иесі бүгін шифонердің ішін кім ақтарды, қойған дүнием орнында жоқ деп, бұлқан-талқан болды. Мен ауылға кеткенде өзі есіктің кілтін жаптым деп, ашық қалдырып кетіпті. Сонда бұл үйге кім келді? Не жоғалды десем, білмейді. Дүниелері түгел секілді. Ақшасын үйде ұстамайды. Кассаға апарып салады. Жасы келген әженің ұмытшақтығы бар. Көршілер кірген шығар, деп маған сезіктене қарайды. Бұл үй  жайсыз болып кетті. Тезірек пәтер тауып алмаса болмайды. Бірақ қыстың күні қайдан іздеп жүремін. Жаз шықсын. Қыстың суығына қарамастан ауылға демалыс сайын барып жүрмін. Қазбек пен Бану үйлену тойларын жасапты. Қарапайым ғана дастархан жайыпты. Арақ ағыл-тегіл болған екен, тәтем мас болып, жеңгемді қызғанып, ұрған көрінеді. Бет- аузы  көгерген. Бір анадан ала да туады, құла да туады. Алғашқы үйленген жылдары екеуі сондай тату-тәтті, нағыз ғашықтардай сыйласатын. Тіпті бір-біріне қабақ шытқанын көрмедім. Тәтем жеңгем не айтса, соны істейтін. Кейінгі жылдары өзгеріп кетті. Бүйректен сирақ шығарып, жерден алып, жерге салады. Қол жұмсайды. Жеңгемнің тілі шығыпты. Қарсы сөйлегенде сөзі сүйектен өтеді. Оған ағам шыдай алмайтын секілді. Кімді ақтап аламын. Жеңгемді аяймын. Осы үйдің оты мен кіріп күлімен шығады. Қолынан іс келеді. Көрпе-жастық, төсек орындарды жаңартты. Көйлектерді өзі тігіп киеді. Балаларға жүн нәски, қолғапты да өзі тоқиды. Текен ағаммен бірге келген Серік сол жолы Шәкенмен танысыпты. Бірін-бірі ұнатқан көрінеді. Енді Серік құдаласуға Көкшетаудан келемін деп хат жазыпты. Шәкеннің көңілі біржола соған ауған. Ал әкесі Иманғалы егер Көкшетауға кететін болсаң, маған топырақ салуға келме депті. Шәкен ауылдың жігіттерін ұнатпайды. Ермек деген жігіт қанша ма рет хат жазды. Кездесуге шақырды. "Боқмұрын, көк езу"- деп бетіне айтады. Ол байғұс үндемей кете барады. Әнуар деген ауылдың жігіті де қанша ма рет, шығарып салды. Оны да әжептәуір жерге апарып тастады. Сонымен Серікті  ұнатыпты. Әкесінің сөзін елейтін түрі жоқ. Көктемде Көкшетаудан құдалар келмекші. 

***

            Бақыт газет оқуға маған көмекші, подчитчик болды.  Ол қаланың қызы. Шофер болып ісейтін Төлегенге тұрмысқа шықпақшы. Бақыт тойға шақырды. Төлеген Бүркіт деген жігітпен таныстырды. Бірнеше рет киноға бардық. Осы менде шын сезім жоқ. Қасымда жүрсе де, достардай сөйлесемін. Жақындағым, қолынан ұстағым да келмейді. Мұрат та ұнамайды. Бірақ қоршаған орта ма екен, сол үйге ыңғайлай береді. Мәдинаның Маржан деген кішкене қызы "Тете Шолпан Мураткина" деп айқайлап жүр. Қой десең қоймайды, тіпті оған Марат қосылады. Кішкене сәбилерге не айтасың. Өзім кәдімгідей ойланып қаламын. тегі әжесі үйретті ме екен, әлде өздерінің ойы солай ма? Мұрат әскерге кеткелі бір жыл болды. Енді екі жылдан соң келеді. Ал мен болсам, алдағы екі жылда қайда болатынымды болжай алмаймын. Мүмкін Алматыда студент болып, жатақханада тұратын шығармын. Оны болашақ көрсетеді. Қалай десек те олар не ойласа да ойлай берсін,  мақсатым оқу. Уақыт деген зымырап барады. Кеше ғана ауылға барып қайтқан сияқты едім, енді міне қар еріп, жер қарайып жатқанда тағы келдім. Ауыл үйдің арасы қыстың күні жақын сияқты көрініп еді, бүгін көшелер кеңіп, көршінің үйі де алыстап кеткен. Жаңалық жерде жата ма? Шәкенді Көкшетаудан Серік іздеп келді.Оларды көргенше тағат таппадым. Шыныменен жердің жеті түбіне, Серіктің еліне кетпекші ме?

            Қыз бала жат жұрттық дейді. Дегенмен ойлану керек еді. Өзінің денсаулығы да шамалы. Бір қолы кішкентай кезінде жер ошақ басына құлап, жарымжан. Оны әкем емдепті.Үй шаруасына жарамайды. Бөтен елге баруға менің батылым жетпес еді. Махаббат дегенге сенбеуші едім, Серіктің алыстан келгеніне қарап, иланғандай болдым. Шәкен сұраулы жүзіме көзінен аққан жасын қолымен сүртіп, төмен қарап жауап берді.Серік Зеренді ауданында Қарсақ деген ауылда тұрады. Бір үйдің жалғыз баласы. Тұрмыстары жақсы. Жетпіске жақындап қалған әке-шешесі бар. Туған-туыстарының бәрі сол ауылда. Келген күні молдағам жігіттерді көргісі келмей, теріс қарап жатып алыпты. Ертеңінде  молдағама 350 сом ақша беріпті. Әкесі ақшаны алмапты. "Қызым сатылмайды" депті. Жөн-жоралғымен келетін болып, күнін байлап, аттанып кетіпті. Мен оларды көре алмадым. Шәкенге хабар айтпадың,, сенімен еріп бармаймын дедім. Ол ренжіді. Әрине бұл жәй айтқаным, негізі Сәкеннің Бурабайына, Оқжетпесіне шығуды кім армандамайды. Жерді білеміз, елді көреміз. Сонда қалай барады екенбіз. Поезға билет аламыз ба, әлде машина жалдайтын шығармыз. Өйткені дүние мүлкін апарамыз. Жеңгем көрпе-жастық тігіп жатыр. Қоржын апарамыз. Қазақтың салт-дәстүрін сақтап келе жатқан біздің ауыл. Темірбек атамыздың Мұқатай деген баласы үйленгенде, бір топ жас балалар басына бөртпе шәлі жамылған келінді бір шақырым жерден шашу-шашып қарсы алғамыз. Күләш келін үйіне дейін жаяу жүріп келген. Ауыл балалары тәттіге тойған едік. Ауылға жәйдан жәй келгемін жоқ, Мағия деген әйел туралы газетке жазбақшымын. Ол әйел есінен ауысыпты. Селолық совет төрт баласын жетім балалар үйіне тапсырыпты. Әкелері қайда? Мүмкін Мағияның есі дұрыс шығар, күйеуі тастап кеткен соң, әдейі ауру болды ма? Төрт баланы асырай алмайтын болған соң, осындай қадамға барған шығар. Мен соның анық-қанығын білуім керек. Мағия әдемі, сұлу келіншек. Менің бала кезімде күйеуге шыққаны есімде. Алпысбайлардың үйінде той болды. Мағияны басқа ауылға алып кетті. Кейін ауылға көшіп келді деп естідім. Енді міне жағдай осылай болыпты.

            Көңіл күйім онша емес. Шәкен күйеуге кетеді дегеннен бері, жүрегім алабұртып, уайымға беріліп жүрмін. Қабағым салыңқы. Оның үстіне өткен жолы пәтер иесі 40 сомым жоғалды деген. Мен ұрлап алды деп ойлай ма екен?  Ол кісінің есігі ашық қалған күні ауылда болдым. Тіпті екі күннің ішінде үй мүлкін ұрлап кетсе де, оның үйінде болғамын жоқ. Енді міне пәтердің  кілтін де алып қойды. Шынында да маған еңбекақым жетпейді. Пәтерге төлеймін, жол жүремін, үйге барғанда бос бармаймын. Әйтеуір ойыншық сатып аламын. Мәдина да суық көзбен  қарайды. Ұқыпсыздығым бар. Бастаған ісімді аяғына жеткізбеймін. Қисық мінезім де байқалып қалады. Ауру қалса да әдет қалмайды. Сүйекпен кеткен мінезімді өзгертуге болмайтынын білемін. Біреуді жақсы көрсем құлай сүйемін. Әрине жігіттерді ұнатып көргемін жоқ. Менің жақсы көретін адамдарым әйелдер. Енді ойлап отырмын, мектепте оқып жүргенде, Дәметерді, ұстазым Нұржамалды жақсы көрдім. Олардың бар жақсылықтарын, сөйлеген сөздерін, тіпті, әдемі қылықтарын көре білдім.

            Қалаға келгелі осы Мәдинаға деген  ниетім ерекше. Оның жаман қылықтарын да көрмейтін болдым. Жақсыны жақсы деу керек деп өзімше сырымның бәрін жайып салдым. Енді міне ойым онға бөлінді. Неге деген сұрақты өзіме қоя бастадым. Бәлкім жақсы мен жаманды көре білудің өзі болашақ мамандығымның бір қыры шығар. Иә, солай. Мәдина "Мұратпен көңіл қоссаң, үй болып кетесің"- дейді. Мүмкін. Бірақ, иә осы бірақтың артында үлкен сыр жатыр. Сондықтан бірақ деген ой жүретін болса, оның болашағы да бола қоймайды.  Корректорлық жұмысым бір қалыпты жүріп жатыр. Бір-біріне ұқсас күндер өтіп барады. Баспаханаға кезекші редакторлар келген кезде ғана, рухани азық аламын. Олармен әңгімелесемін. Газетке шығып бара жатқан әңгіме болса, соны талдаймын. Қапан Сапарғалиев ағамыз кезекші болғанда, кәдімгідей есейіп кететін сияқтымен. Әбдіш Баймұрзин ағамыз кезекші болған күні Машһүр Жүсіптің әңгімелерін айтады. Әзілдің де әзілі бар, оның әңгімесінде анайы сөздері көп. Тыңдамайын десең де, құлағыңда қалады. Мінезі де қызық адам. Кезекшілікке келгенде өзіңе ақыл айтып, оны мұны сұрап, кең пейілділік көрсетеді. Ал жұмыс аяғында ананы үйтпей ме, мынаны бұлай жасамай ма? Суреттің орнына мақала салу керек қой, -деп есті шығарады. Қол қоюының өзі байт пен той.

***

            Сәуір айы түнеріп туды. Күн суық. Көгілдір аспанды қара бұлт жауып, айналаны қараңғылық басқан. Табиғаттың өзі адамның көңіл-күйіне әсер етеді. Мен де жадырап жүре алмай, түнеріп отыр едім, Қапан аға баспахананың басқа бөлмесіндегі қыздарға жұмсап жіберді. Барсам қыздар күледі, мені ешкім шақырмапты. Бүгін "бірінші апрель, ни кому не верь,"-дейді. Қапан ағаны қалай алдасам екен деп, отырып алып жоспар құрдым. Жітікөз болып Өскенбай келді. Бойдақ жігіт болған соң, корректор қыздар оны да мені де ортаға алды. Ол күле береді, ештеңе айтпайды. Жұрт Өскенбайды жуас дейді. Сырт пішіні, сөйлеген сөзі, шынында да байсалды. Салмақты жігіт. Қыздар қызығатын қылығы да жоқ емес. Ал менің көңілім толмайды. Пәтер иесім тете Шура "Колос" театрына билет жыртушы болып орналасты. Бәлкім жұмыс істесе ыңқыл-сыңқылын, сөйлеуін қоятын шығар. Қазір Жиенбек ағаның орнына төртінші бетті оқып жүрмін. Бәрінен бұрын соңғы бет дайын болады. Жиенбек аға еңбек демалысына кеткен, бүгін келді. Әшейінде қалай болса солай киініп, жұмыс халатымен жүретін ағатайым, сықиып киініп келіпті. Үстінде жазғы пальто, аяғында жаңа етік. Өзі бойы кішкентай, арық адам. "Жұмыстан кейін қалыңдар, дастархан жаямын,-" деп қояды. Мәдинаның қалғысы келмеді. Үйде хозян ұрсады дейді. Мен оның бетіне бажырайып қарадым. Қашаннан бері күйеуінен қорқатын болған. Жүремін деген жеріне жүреді, барамын деген жеріне барады. Үйдегілердің Мәдина десе ішкен асын жерге қоятынын білемін. Бәлкім сөзден қашқан шығар. Негізі Әбумансұр Мәдинаны қызғанады. Оны сезіп жүрмін. Шын махаббат-қызғаншақ келеді дейді. Мен оған сенбеймін. Егер ерлі-зайыптылар бір-біріне сенсе, қызғаныш болмауы керек.

            Кезекші Ермек Демешов.Телефон соғылса, кезекші көтереді. Беттеушілердің қасында жүрген едім, корректордың бірі "телефонға шақырып жатыр" деді. Маған телефон соғатындар жоқ, бұл кім болды екен деп жүгіре басып барсам, ар жағынан -"Мен Ертаймын"-дейді. Ертай, қайдағы,оны ұмыта бастаған едім, қайдан келді. Жүрегім дір ете түсті. Не айтарымды білмей толқып кеттім. Үш жыл бойы хат жазысып, жігітім әскерде деп жүрген басым, соңғы кезде хабар болмаған соң, ойлауды қойғанмын. Бес жыл теңізде жүріп, үйіне оралды деп естіген едім. Айналадағы сөзге де мән бермей, сілейіп тұрмын. Ермек, Хасен, Бақыт мен туралы бірдеңе деп жатқан сияқты. Телефон құлағын қоя салып, далаға шықтым. Баспахананың аузында бұрын көрмеген Ертай тұр.

             -Шолпан,-дейді, иә, мен едім. -Ертай дейміз-дағы,-деп күрсінді. Жүзіме тесіле қарап тұр. Тегі мұндай деп елестете алмады ма? Күн кешкіріп бара жатқан еді, оның жүзі қоңырланып, екі көзі сығырайып көрінді. Бойы да аласа, бетінде меңі бар, аузы үлкен, қараторы жігіт. Мін таққыштың өзімін ғой, аузына көзім түскені несі, оның адамгершілік қасиетін көру керек. Жұмыстан сұранып, Ертайға еріп келемін. Осы күнге дейін неге хабарласпағанын сұрадым. Баяғы уақытым болмады дейді. Бір көрсем деп армандаған жігіттің қасымда келе жатқанына сенбейтіндеймін. Ертайды ойлап қанша ма ұйқысыз түндерім, күлкісіз күндерім өтті. Армандадым, жігітім деп мақтанышпен айттым. Енді міне оның барайық деген жеріне бармаймын, мінейік деген таксиге мінбедім, отырмадым. Қасында жолдас жігіті бар. Бәлкім сол бөгет жасады ма? Осы қалада Ертайдың ағасы тұрады екен, сол үйге барайық, таныстырайын, -деді. Мен не деп барамын. Кіммін деймін. Ертайға бірден құлап түсе алмадым. Себебі қиялымдағы жігітті көре алмадым. Жасы үлкен, оған үйлену керек. Менің оқуым бар. Жоқ, үміттендіруге болмайды. Сондықтан шығарып салғаным жөн. Оның үстіне Мұратқа деген үмітім сөнген жоқ. Екеуін салыстырып тұрмын. Тым болмаса, бір көргеннен ғашық болатындай сезімім оянса ғой. Жайбарақатпын. -Қорқасың ба, Шолпан менен, -дейді. Шарбақтыға қонаққа шақырды. Бірден ойланайын дедім. Олар асығыс екенін айта бастады. Тегі Шарбақтыға қарай поезд болу керек. Олар үйге дейін әкелді. Екеуміз салқын қоштастық.Үйге келген соң өкіндім. Неге жібердім. Неге сырымызды бөліспедік. Неге жақын тартпадым. Оның басқа қызы бар шығар. Мені жәй көруге келген сияқты. Ол уақыт, уақыт деп уақытты қуып кете барды. Мен ұйқысыз таң атырдым.

***

            Қар аралас жауын жауды. жел тұрып, дауыл соқты. Әйтеуір мамырда да күн жылынбады. Шәкенді ұзататын болдық. Ауыл үйдегілердің бәрі қонаққа шақырды.  Есмұхан атамдар бізді қонақ қылды. Ол кісі Қайролланың әкесі, менің әкеммен белнемере. Яғни оның әкесі Әлжан мен Жақып бір туған. Зура жеңгеміз дүниеден өткен. Келіні Тілеукен адалынан кездесті. Үлкен ұлы Қайырбай жуас. Қазір бұл үйдің сәнін келтіріп отырған Тілеукен жеңгеміз. Табақ-табақ ет асыпты. Дастархан басында Есмұхан атамыз "Көкшетауға тұрмысқа шығатынын құптамайтынын, көңілінің жібімейтінін айтты. Алайда бата жасалды, қалың малға 500 сом ақша алынды. Енді батаны бұзуға болмайды. "Байғалының балаларының ішіндегі кенжесі осы Шолпан балам адам болады, тәртіпті. Осы баладан бірдеңе шығады деп жасынан үміттенгем, енді міне өз қолы өзіне жетті..." деп мені мақтады. Шәкеннің әкесі естіп отыр. Қатты қысылдым. Мақтағанды ұната қоймаймын. Мен әлі оқуға түскен жоқпын. Газет жағында істеп жүргенім, ол есепке алынбайды. Болашағым алда. Өткен жолы Ертай Шарбақтыға шақырғанда баратын болып поезға билет алғанмын. Алайда қалаға өзі келіп, Мәдинаның үйіне тілдей қағаз қалдырыпты. Онда бір шаруалармен басқа қалаға кетіп барамын деп кешірім сұрапты. Келген соң хабарласамын, -деген еді, содан бері бір жарым ай өтті. Ертай үшті-күйлі жоқ.

             Жантас пен Үмітай үйленді деп едім ғой. Олар бір атаның балалары. Жантас Үмітайды бақытты ете алмады. Қызғаншақтығы ма, күнде ұратын көрінеді. Әскеннің қарындасы болғандықтан, әрі көрші тұрған соң Үмітайға барып шықтым. Өте жүдеу. Мүмкін аяғы ауыр шығар. Оны біле алмадым. Бәну Қазбекпен тұрып жатыр. Марат деген ұлдары өсіп келеді. Екеуміз әлі күнге дейін сөйлеспейміз. Қыз бен жігіт болып жүргенде Қазбектің сағатын сұрап алғамын. Қалада жүрген соң, сағат керек. Енді сол сағатты Бәну сұратып жіберіпті. Мен оны бере алмайтынымды айттым. Олай болса құнын төлесін деген екен. Оларға бере қоятындай ақша қайдан келсін. Редакциядан алатын еңбегім күнделікті тамағым мен пәтер ақыдан қалмайды. Айтпақшы тете Шура пәтер тауып ал, шық дегелі де бір ай болды. Алдын ала төлеп қоятын ақшам болмаған соң, пәтер іздемедім. Сонымен қонарымды сай біліп, ұшарымды жел біліп жүрмін.

            Нөкеш ағам туған күнін атап өткен емес. Мен есейіп, оң мен солымды танығаннан бері, "Тәте бүгін сенің туған күнің" деп сыйлық сатып әкелдім. Қазір қаланың бір тұрғыны болғандықтан жан-жағыма қараймын. Жұрт алып жатқан заттарды сатып алғым келеді. Қалтамда көк тиын қалмаса да ағама қол сағат әкелдім. "Победа" маркалы сағат ешбір дүкенде жоқ. Іздедім, тіпті болмаған соң, бірінші Мамыр көшесінің қиылысына орналасқан "Заря" дүкенінен тамыр-таныс арқылы тауып алдым. Бұл дүкенде Чернояркада тұратын Төлеу деген немере ағамыздың қарындасы сатушы екен. Оның үстіне Қайролла жездемнің келіндері де осы дүкенде істейді. Қазбектің сағатының жыры бітпей жатып, тәтеме әкелген сағатым туралы  өсек ауылға да тарады. Мейлі, кім не десе о десін! Қазір ауылға барсам, қалаға асығамын. Мәдина қабағын бермей жүр. Бүгін баспахананың екінші қабатына көтеріліп келе жатыр едім, әдемі әуенді әнді естіп, тұрып қалдым. Қара бояудың иісінен басқа, көзге түсе қоятын жақсылық болады деп ойламайсың. Сөйтсем облыстық филормония цех жұмысшыларына концерт беріп жатыр. Бұрын соңды, мұндайды көрмеген жұмысшылар, үстеріндегі қара халаттарымен тізіліп отыр. Е, заман өзгерейін деген екен. Тіпті қазақша ән айтатын артистері де бар. Мұндай концерттер ауылдық жерлерге апарылатын шығар десем, қаланың қақ ортасында да қазақша өлең айтылады екен.

            Мұнда келгелі  дұрыс тамақтанбайды екенмін. Тәңертең бір үзім қара нанмен шәй ішемін. Түсте реті келсе Мәдинаның үйі ыстық тамаққа шақырады. Кешкілікте су ішіп жата қаламын. Еңбекақымыз өте аз, оның үстіне екіге бөліп береді. Сағадат әскерге бармады. Корректорлық жұмысқа келмеді, менімен хабарласып тұрады. Тегі  заводқа жұмысқа тұратын шығар. Екеуміз   "Аврора" кинотеатрына Катарина Измайлова деген опералық трагедияға бардық. Билеттің құны 70 тиын. Кинодан шыққан соң, қыдырдық. Сағадат жақсы көретінін айтты. Өзінше құшақтап, сүйгісі келді. Ол жақындаған кезде лебінен жүрегім айнып, құсқым келді. Не болған маған. Сағадатты бұрыннан білемін. Соншама үркетіндей не болды. -Шолпан сен мендік боласың ба? -Шолпан маған өмірлік боласың ба? Не деп жауап беремін?-Сағадат жігітім бар ғой. Сен оны білесің.    -Бола берсін....Екеуміз түнгі 2-ге дейін жүрдік. Мен оған жауабымды бермедім. Маған ренжіген сыңай білдіріп, ертең келемін деп қоштасып тұрғанда, оның жалынышты сөзін сезіндім де, үндемедім. Сөйлеген сөзінен дірілді сезіп тұрсам да, жүрегім жібімеді.

            "Ертең келемін, сені көрмесем ауырамын, -дейді. Сағадат сен мені шын сүйесің бе, әлде жігіттік қылығың ба? Менің қай жерім саған ұнайды, қыздар сияқты сызылып тұрмаймын. Мінезім дүңкілдеп, жүрген жүрісім де, арбаңдаған. " Менің сезімім неге жоқ. Жүрегім де лүпілдемеді.  "19 көкек сағат 12-ден ден 45 минут кеткенде бірінші мен сүйдім"-дейді. Олай емес, "мені бірінші рет Айтжан сүйген. Жұрт сүйген ауызды қайтесің"- дедім. Жалындым. Болмады. Ойың басқа жақта болды ма деп қорқамын. Сен мені сүйгеніңмен, мен сені сүйе алмадым Сағадат! Ренжімейтін шығарсың. Сондай қатал адаммын. Бәлкім ананың аялы алақанын, әкенің айналайынын естімегеннен де болар.Өмір бала жасымнан қатыгез етіп тәрбиеледі. Ес білгелі ананың аялы көзқарасын өзімнен үлкен әйелдерден іздеп жүргенім де сол шығар. Кім білсін! Түнде ұйықтай алмадым. Жүрегім айнып, құсқым келді. Беймаза күйге түскенімді Сағадаттың қайта-қайта сүйгені, жүрегімді айнытқаны болар. Бір түрлі тамақтың дәмі аузыма келеді. Әй, Сағадат, мені ауыртқан сенсің. Бүгін келсең де, кездесуге шықпаймын. Қолыма Шыңғыс Айтматовтың "Қош Гүлсара" деген  кітабын алдым. Мұның алдында, "Ана. Жер. Ана" спектаклін көргемін. Қалаға келгелі кітап оқуға уақыт таппай жүрмін. Баспаханада бос болған кезде отыра қалып кітап оқимын. Көңілім жұмысқа алаңдап отырып оқыған кітабыңның мазмұны есіңде қалмайды. 

***

            Ертіс өзені тасып жатыр. Су үйдің қасына жақындады. Жар биік болғанымен, жазық жерге жайылып кеткен су, үйге дейін жетеді. Әскеннің көңілі баяғыдай. Ауылға келмейсің, сені көруден қалдым деп ренжиді. Менің оған деген көңілімнің жоқ екенін білсе де, соңымнан әлі жүр. Кешкілікте су жағасына барып, қара тышқандарды қудық. Тышқандардың үсті жылт-жылт етеді.  "Бұлардың терісі қымбат тұрады"- деп қояды. "Ұстап алып, сойып сатайық",-деймін. Бір күнде байып шығамыз. Тышқанның терісі кімге керек?. Мүмкін үкіметке тапсырсақ.Бұл біздің қиял ғана. Әскеннің айтатыны бос сөз, бүгінгі өтіп жатқан күндеріне, бір қалыпты тұрмысына риза. Махаббат үйленген соң оянады дейді. Тегі өзі солай тәрбиеленген. Себебі екі шешесі бар. Үлкен шешесі мұны бауырына салып, өзінің ішінен шыққандай, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтығы шоқтырмай өсіріпті. Бір жасқа дейін туған анасына да бермеген. Түнде жылаған кезде өзі орнына тұрып, емізуге апарғанымен, аяқ жағында отырып, тойған соң алып кететін көрінеді. Үлкен анасы бала көтермеген жан. Байдың тұқымы байдың қызына үйленіпті. Содан араларында бала болмаған соң он үшке жаңа толған  немере сіңлісін қолынан жетелеп әкеліп, Мүзән ақсақалға қосқан. Біттей осы үйдің тоқалы емес, басына тақия киіп, қызы сияқты бойжетіпті. Үйге келген қонақтар солай қабылдаған. Сондай отбасынан шыққан Әскен ешкімді ұнатып, құлай сүйетін түрі көрінбейді. Менің де сезімге келгенде, жүрегім тербеледі деп айта алмаймын. Жек көруді ғана білетін секілдімін. Қыз бен жігіт сияқты жүргісі келеді, бірақ арада бір бөгет тұрады. "Маған үйретші" деп қояды. Ондағы ойы бірінші менің жақындауымды, құшақтауымды күтеді. Өзі кеуде ме, әлде шынымен ештеңе сезбей ме екен? Кейде өзім де біреуді ұнатпай, сүймей тұрмысқа шығатын шығармын деп ойлаймын. Кім білсін. Қазір пәтерде жалғыз  тұрамын. Түнде қонуға қорқамын. Елегізимін. Мәдинаның үйіне қарсы есіктегі пәтер иелері Омбыға көшіп кетті. Үйін сатқан жоқ. Маған пәтерге қалдырды. Ол жақта жағдаймыз болмаса, мүмкін қайта оралатын шығармыз депті. Өткен жолы Сағадат өз қылығынан өзі ұялды ма,әйтеуір екі-үш аптадан кейін телефон соқты. Жұмыстан қолым тимей, беттің қателерін түзетіп жүгіріп жүріп, уақытты өткізіп алдым. Енді үйге қайтайын деп шықсам,  вахтада тосып отыр. Жүзінде өкініш пе, қорқыныш па, реніш пе әйтеуір әлем-жәләм. Екеуміз вокзал жаққа бірге бардық. Менің пәтерім сол жақта ғой. Ол Шақатқа барамын, ата-анам сонда тұрады, келесі сенбіге қонаққа шақыра келдім деді. Мен үндемей қалдым. Келесі сенбіде ауылға баруым керек, Шәкенді тұрғылықты жердегі есептен шығарамыз. Қоржын салу тойы болады.

\           Құдалар келеді. Еңбек демалысын алып, Көкшетауға құдалыққа бармақшымын. Редакцияға өтінішімді беріп, еңбек демалысына алатын ақшамды да есептетіп қойдым. Сонымен Сағадат күдерін үзіп, ауылына кетті. Кейде ауылдың жігіттеріне таңданамын. Өзіңнен он жас үлкен жігіттер ұнату, жақсы көрудің не екенін білмей, әйтеуір басы бос қыздарды көрсе, соңынан жүгіреді. Үйленуді мақсат етеді. "Маған осы қыз ұнай ма"- деп өзінен өзі сұрамайды. Мақан деген жігіт дәл солай өзінен бес жас кіші біреудің әлпештеп отырған қызын далаға шыққан кезде, ұстап, алып қашыпты. Тым болмаса бір-екі күн жолығып, келісімін алса бір сәрі. "Басыңа орамал тағылса болды, кейін кетуге болмайды, бағың қайтады"деген қазақтың мақалы талай қыздың сорын қайнатты. "Әйелді бастан, баланы жастан"-деп күйеуінен таяқ жеген көрші қыздың да әңгімесін естіп, жүрегім ауырды. "Неге ұрады"-деймін ғой сонда, оның берген жауабы да түсініксіз. Күні-түні илектегісі келеді, мен оны ұнатпаймын, қарсылығымның бір себебі, осы дейді. Сонда олар қалай үй болып кетеді. Ертең бір баласы болған соң, бәрі де ұмыт болатын шығар.

            Қыстың күні Қаракөл деген көрші ауылда Раушан деген қыз Ертістің ағы жағындағы Әуелбек ауылының жігітімен танысады. Қыз жігітімен сөз байласады. Кешкілікте жігіт ат-шанамен келіп, ауыл сыртында қыздың үйден шығуын күтіп тұрғанда, үстіне шапан жамылып, қыз шығады. Сойталдай екі жігіт қыздың үнін шығармай, шанаға өңгеріп ала жөнеледі. Ертіс мұзы үстінде екі ауылға жол сайрап жатқан кез. Бір сағаттың іішінде жорға аттар ауылға алып келеді.Тұлыпқа орап тастаған қызды шанадан түсіріп үйге алып кірсе, басқа қыз. Сөйтіп әлгі қыз сол үйге келін болып қалады. Жігіттер де қызық, шанаға отырғызарда "Кімсің-деп сұрамай ма? Егер күйеуі бар келіншек болып шықса қайтушы еді. Бірақ маңдайға жазған сол болса қайда барады? Өмір деген сонысымен қызық қой.

***

            Көкшетаудан құдалар келді. Серікті көрдім. Шәкенге несімен ұнаған? Бойы ұзын, қара торы, көзі, қысық. Ерке, шолжаңдап сөйлейді. Той болды. Құдалар қоржын әкелді. Бір жағында ас-су, екінші жағында арзан қол маталар. Әйелдер  қоржынға көңілдері толмай, жол сұрап, айғай-шу шығарды. Сара құдағи, өздерінің салт-дәстүрімен келгенін айтып ақталды. Мен солардың қызығына қарап мәз болдым. Ертеңінде машинаға жүктерін тиеп, үстіне он шақты адам отырдық. Жүргізушіміз Бәкібай. Жол ұзақ. Ауа райы онша емес, жауын жауды. Біз Көкшетауға Краснокутскі арқылы, қырдың жолымен бардық. Бес жүз шақырым жолды күні, түні жүрдік. Жолда жүргізуші қалғып кетіп, аударылып қала жаздағанымыз есімнен кетпейді. Әйтеуір таңертең сағат онның шамасында аман-есен Қарсаққа жеттік. Айнала тау, жол бойы Бурабайды, оның маңындағы біраз көлдерді, Зеренді тауын, Жыланды тауын басып өттік. Оқжетпес  тауының айналасында сексен көл бар деді ғой  Сәкен Сейфуллин. Машинаның үстінде отырып, айналаға көз саламын. Табиғаты керемет. Жол бойы шағын ауылдар кездесті. Оларды өздерінше үлкен совхоз дейді. Себебі  ауылшаруашылығы өнімдерін осы шағын ауылдар өндіреді. Егін шығымы жақсы, жерлері өте құнарлы.  Ең үлкен ауылда жүз шақты түтін үй бар. Бізді дүкеннің жанында қарсы алды. Келінге шашу деп, бауырсақ лақтырды. Біреуміздің шекемізге тиіп, шот маңдай болар ма екенбіз деп, иіліп қоямыз. Бауырсақты қағып алып, жерден көтеріп, аузымызға салдық. Басқа жердің нан дәмі де өзгеше. Алыс жолдан шаршап келген құдаларға бір шәй берді де, демалыңыздар деп, басқа үйге апарды.

            Біз жаңа  түсіп жатқан келін Шәкеннің қасында шымылдықтың ішіне  отырдық. Түстен кейін үйге бірінен соң бірі әйелдер келіп,  шымылдықтың ішін шашуға толтырды. Кешке той. Оған дейін  уақыт бар болғандықтан ауылдың жігіттері Жыланды тауына  апарды. Таудың бір бүйірінен сарқырап бұлақ ағып жатыр. Суды  осы бұлақтан ішеді."Түйе сойған" "Аю өлген" деген таулар бар.  Таудың етегі тұнған жидек. Бірақ әлі пісіп жетелген жоқ. Көк  шалғында отырып, Төлеген, Жолдыбек деген жігіттер елдің   әңгімесін айтты. Бұл жақта қыздар жоқ, жігіттер көп. Неге олай  десек, қыздары ерте тұрмысқа шығып кетеді де, жігіттер бойдақ  болып жүре береді. Кешке осы таудың етегіне алтыбақанға келеміз.  Ойын-тойдан соң, жиналамыз деп ауыл жастары мәз. Біз Дәмелі екеуміз жігіттерді таңдай бастадық. Өздері шеттерінен көркем. Қастары қою, ат жақты, көздері дөңгеленіп, Павлодардан келген құдашаларға жақындағысы келіп, құрақ ұшып жүр.

            Тойға көрші ауылдан да қаншама қыз-жігіттер келді. Ертіс өңірінен таңдап алған Серіктің келіншегін көруге келгендердің назары құдашаларға да ауды. Бөтен жерге келіп, өзімізше құда болып шірендік. Салт-дәстүрлерін көріп, таңдандық. Үш күн қонақтап  жатқанда отыз үй біреуі де қалмай қонаққа шақырды. Шәкен бізге қалыңдар деп жалынды. Қайдан қаласың, маған қызметке шығу керек. Ал Дәмелі болса, жалғыз өзі қайта алмайды. Сонымен жылап еңіреп, Шәкенді жат жұрттыққа қалдырып, аттандық. Ауыл жастары бізді Зерендіге дейін шығарып салды. Үш күн көрген түстей өте шықты. Әр кеш сайын алтыбақан тептік. Ақ сүйек ойнадық. Орта жастағы семьялылар арақты шелектеп ішеді. Қасымызда жәшік-жәшік арақ, күнде -күнде сойылып жатқан мал, үзілмеген қонақ. Қымызы да, шарабы да бәрі бар. Ауыл тұрғындарының байлығы мал. Орталықта дүкен жұмыс істейді. Көрген қызықтарымызды айтып тауысу мүмкін емес. Павлодарға келген соң, құдалыққа барғанымды жұмыстағыларға жыр ғып айттым.

***

             Металлургтердің мәдениет сарайында Алматының академиялық театры спектакль қойды. Келген күні "Ана.Жер-Ана" қойылымына бардым. Келесі күні "Ажал мен Ажар" деген  пьеса көрсетті. 22 күні "Қозы Көрпеш-Баян сұлуға" билет алдым. Соңғы күні ауылдан Әскен келіп, екеуміз концертке бардық.  Мәдина Әскеннің қалаға келгеніне реніш білдірді. Мұрат қайнысымен сөзі бар деп ойлап жүретін. Бәлкім қызғанған шығар. Мен оны шақырған жоқпын. Өзі келді. Маған жалынышты көзбен қараған кезде, өзін аяп кетемін. Көңілін қалдырғым келмейді. Мені білетіндер "Әскенмен сөзі бар"-деп айтып жүр. Өткен жолы Бақтылы да сұрады. Жәй доспыз, деп үзілді-кесілді жауап бердім. Неге сұрағанын білмеймін. Мүмкін өзінің ойы бар шығар. Қайдам, оның ішіне кіріп шыққам жоқ. Жантас Әскеннің күйеу баласы, индустриалды институтта сырттай оқиды. Әскен ауылға кеткен күні Жантас мас болып келді. Аяғын әрең алып жүр. Менің жалғыз тұратынымды біледі. Осында қонамын дейді. Не істерімді білмедім. Шылғи мас адамды қайда жіберемін, содан Мәдинаның үйіне кетіп қалайын десем, үйді бүлдіре ме деп қорықтым. Түнгі он екіге дейін ана-мынаны айтты. Үстелдің үстінде отырып қалғыдым. Қасыма жат десе де, көнбедім. Әйелі Үмітайдың аяғы ауыр. Ертең Әскен естісе масқара ғой. Не істерімді білмедім. Түрегеп отырып ұйықтадым. Ертеңінде Жантас есін жиып, оятты. Кешірім сұрады. Не дерсің оған.

            Көрші үйдегі Мұраттың анасы Жұмаш есік қақты. Шәйға шақырды. Бұл кісі де Мұратқа әперемін деп, өзінше қамқор болып жүреді. Ыстық тамақ дайындаса да шақырады. Үлкен адамның көңілін қалдырғым келмеді. Мұрат келесі жылы әскерден келеді, той жасаймыз деп қояды. Өткен жолы Айдарханның інісіне апарып, көңілімді қалдырғанын жаздым. Сол күннен бері екеуміз сөйлеспейміз. Мен үндемеген соң, ол да жақындамайды. Қарсы келіп ештеңе айта алмаған соң, ойын хатқа түсіріпті. Оқыдым. "Шолпан, депті, мен сені демалыстан келген соң көрдім. Бірнеше күн өткен соң, жақын тарттым. Сен де жақсы көріп қалдың ба, құшақтайтын болдың. Содан біздің үйге Айдархан келді. Ол кісіге Сіздің жерлесіңіз, жақсы қыз деп айтып едім, ініме алып берейік деп жабысты. Мен оған жігіті бар, күтіп жүр десем де, ауылға шақырды. Қайным Мұраттың жәйін жақсы білемін. Орысша тәрбиеленген, сенің көңілің болғанымен, апа сені келін етіп түсіремін дегенімен, ол оған көнеді деп айта алмаймын. Әркім өзінің ұнатқанын, сүйгеніне үйленеді.

            Мен қайнымды зорлай алмаймын. Сондықтан бағың ашылғанын ойладым. Бір қателік менен болды. Менің сенен өтінерім, сені алатын мен емеспін. Ондай жағдайды ойлап басымды қатырғым келмейді." Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу", жүгірген алмайды, бұйырған алады". Шолпан сен біздің көңілімізге қарама, біз саған жолдас болмаймыз, өзіңе өмірлік жолдас ізде. "Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра" дейді. Сен өзіңмен өзің ақылдас. Жақсы мен жаманды айыра білесің. Келешекте ыстық пен суыққа көнгендей, одан қалды сүйдім, күйдім, енді сүймеймін демейтіндей болу керек. Біреу біреудің айтқанымен жүрмейді. Әркім  өз басымен ойлайды. Келешекте өкінбестей бол. Шолпан сен мені білесің, мен ешкімге хат жазып көрмедім. Ауызша айтуға жаңылып қаламын ба, сенің көңіліңе қаяу саламын ба деп қорықтым. - Сәлеммен Мәдина. Міне хаттың мазмұны. Көзіме жас келді. Әр  сөзіне үңілдім, мәнін түсіндім, мағынасын ұқтым. Бір апта бойы өзіме өзім келе алмадым.

***

            Ауылдан жәйсіз хабар естідім. Бесінші класта оқып жүргенде орыс мектебінен Бақит деген бала қосылған еді. Қазақша сөйлей алмайтын. Мінезі ауыр ма, әлде біздің сөзімізді ұқпайтындықтан үндемей отыратын. Сол жігіт қырда мал бағып жүргенде найзағай түсіп қайтыс болыпты. Аттың үстінде отырған екен. Найзағай жарқылдағанда жерге түсіп жата қалса ғой, бәлкім аман қалушы еді. Аянышты. Мектепте сегізінші оқып жүргенде маған "Дружить етейік" деп хат жазғаны бар. Мен оның хатына жауап жазбайтынмын. Кейін екеуміз дос болып кеттік. Оқу бітірген соң ол баянистің оқуына кетті. Мен ауылда қалдым. Ол болса зооветренарлық училищені бітірді. Содан әкесіне көмектесіп мал бағуға шығыпты. Төрт жыл бойы онымен кездесіп, ойнап күліп жүрдік. Демалыста ауылға келгенде  үйдің алдында күтіп тұратын. "Мен бәрібір саған үйленемін" дейтін. Мен оның сөзін қалжыңға айналдыратынмын.

Жұмашева Гүлбарам апай кезекші болған күні, матрицадағы дайын бетті бұзып алып, Люса қайта орналастырды. Корректорлар өз жұмысын бітіріп кетіп қалған. Бір бетті жалғыз өзім оқып, түзеттім. Үлкен адам, атақты журналист Гүлбарам апай подчитчик болды. Баспаға бетті жіберіп, үйге қарай жүрегім аузыма тығылып жүгіре жөнелдім. Автобустар тоқтап қалған. Көшеде тірі пенде көрінбейді. Жалғыз өзім жолдың ортасымен жүгіріп келемін. Үйге жеткен соң подъезден қалай кіремін, біреу-міреу ұстап ала ма деп қорықтым. Алдымнан көлбеңдеп Мәдина шықты. Сөйтсем ол менің келмегенімді  білгендей, далаға шығыпты. Риза болғаным сондай, құшақтай алдым. Көзімнен жас шықты. Неге бұлай босап кеткенімді өзім де түсінбедім.  Екеуміз отырып шәй іштік.

Түннің бір уағында пәтеріме бардым. Ертең Мәдиналар басқа пәтерге көшеді. Мен Куйбышев көшесіндегі 99-ші үйде қаламын, олар Совет көшесіндегі 21-үйдің бірінші қабатына барады. Жоғарғы қабаттан пәтер алмапты, Жұмаш енесі жоғарыға  шыға алмайды. Ауылда Әскен күтіп жүр. Өткен жолы оңашада әскерге неге алмағанын сұрадым. Кішкентай кезімде сүйек ауруымен ауырғанын, көктемде тамағынан тесіліп, сарысу ағатынын айтты. Оның осындай ауру екенін білсем де, білмейтіндей жүре беретінмін. Енді ойлана бастадым. Бірақ ойымды сездіргім келмеді. Маған Әскеннің ұнайтын бір жері бар, ол ұяттан аттап кетпейді. Зорлығы жоқ. Қанша ауыр сөз айтып жатсам да, ренжімейді. Басқа жігіттер болса, оңаша қалғанда, ойына келгенін орындауға тырысар еді. Ондайларды көзіммен көрдім. Мүмкін қыздардың өздері соған жақын тұратын шығар. Әскен болса, келін болып босағамды аттағанша саған тиіспеймін деген. Қыздардың абыройын төкпейтін адамды қалай ұнатпайсың. Мүмкін шынайы сүйетін шығар.

Әдеби кітапты қолыма сирек аламын. Себебі күні бойы газет оқып, қатесін түзетіп, көзімді шаршатамын. Енді кітап оқи бастасам, әлгі кітаптың қателерін теріп кетемін. Бұл әдетке айналып барады. Сондықтан көбінесе киноға барамын. "Десятый шаг", "Чинар на скале" және басқа да толып жатқан кинолар көрдім. Өзім "Бәйшешек гүл жарып келеді" деген новелла жазып бітірдім. Жаз айы болса да, жауын шашын толастамай тұр. Алматыдан Мағауия келген. Ол Мәдинаның апасының жалғыз ұлы. Павлодарда оқитын болыпты. Мен жалғыз өзім бір пәтерде тұруға жалықтым. Қорқатын секілдімін. Енді Мәдинаның жаңа үйіне барып тұрамын ғой деп үміттініп жүргем. Оған Мағауия келіп, үмітімді үзді. Жұмысқа жаңадан подчитчик жігітті уақытша алдық. Семейдің педагогика институтында оқитын студент жігіт. Аты Бақтыбек Құниязов. Өзі сондай көркем. Қасы көзі қиылған. Әдетте қасы көзің қиылып, қай жерде отыр екенсің деп қыздарға айтушы еді. Мен бұл жігітке де осы әнді лайықтадым. Көп сөйлемейді деген жігітім, тіпті сөзшең екен. Екеуміз жұмыстан бірге шығып, қыдыратын болдық. Студент жігіт жұмысқа келгелі ойым өзгерді. Киген киімім, жүрген жүрісім дұрысталды. Айнаға жиі қарайтын болдым. Түнде Шәкенге хат жаздым. Ішкі сырымды ақтарғым келді. Ағынан жарылып, шындықты жаймақшымын. Мен сырымды іште сақтаймын. Ешкімге айтпаймын. Болашағым туралы да ешкімге тіс жарған емеспін.

Адам өмірге не үшін келеді? Адам өмірге келген соң, бұл дүниеге ғашық көзбен қарау керек. Саған он екі мүше, алпыс екі тамыр берілген. Ол мүшелердің атқаратын қызметі бар. Осы мүшелерің арқылы бойыңа қан жүгіріп, сана сезімің жұмыс істеп өзіңе, өмірге әкелген ата-анаңа, отаныңа, қызмет көрсетуің керек. Еңбек арқылы, сезім арқылы  өмірдің қызығы мен қуанышына бөленесің. Өткен жолы есіме түсіп отыр, Өскенбай екеуміз редакцияның тапсырмасымен қарт адам туралы жазып келуге тапсырма алдық. Қала орталығында жер үйде тұрады. Тұрмысы өте жақсы. Елге еңбегі сіңген, үлгілі отбасы. Тоғыз бала тәрбиелеп, оқытып, ұлын ұяға, қызын қияға ұшырыпты. Сол адаммен сұбхат жасап, редакцияға жаяу келе жатқанда  ол қызық сұрақ қойды. -Шолпан тұрмысқа шығамын деп ойландың ба? -дейді. Түсінбедім."Жоқ" дедім. Оны неге сұрады? Дегенмен жуас жігіттің, былайша ешкімге зияны жоқ адамға қарап, өзі пысық екен ғой деп ойладым. Өз пайдасын көздейтін адам екен. Осы жігіт маған ұсыныс жасағасы келіп тұрған шығар деп ойлап қалсам да, жүзіне қарап, жоқ бұл жігіт менің адамым емес деп түйдім. Көп сөйлей қоймайтын  адамның бұл сұрағы ойландырды. Шынында да тұрмысқа шығатын  түрім жоқ.-Тұрмысқа шығасың ба, - деп ұсыныс жасаған  да ешкім  жоқ. Менің де сезімім әлі оянбапты. Кемеліне келген жан ғана шын  сүйе алады. Қыз болашақтың анасы. Қыз алдағы ұрпақтың әжесі  Ақыл-анадан тарайды, адамгершілік әйелден басталады. Қыздан - қылық, тәрбие тәлім туындайды.

***

            Нұрғазының үйіне бардым. Олжабай екеуміз Қабиден ағамыздың жетім қалған балалары Шолпан мен Қайкеннің құжаттарын қазақша мектеп-интернатқа апардық. Қайкеннің әкесі Қабиден кезінде аты шыққан Орал деген байдың баласы. Қазақ байларынан мал-мүлкін тартып алып, ит жеккенге айдағанда Орал ақсақал ат басындай алтынды Тілеубай ауылына бара жатқан жолда тығыпты деген аңыз бар. Кейін алтыннан үміттілер қыр төсіндегі шұңқырлардың бәрін тінтіп шыққан. Оралдың үлкен ұлы Қуанышқұлды да түрмеге салған. Ол кісі сақал-шашы өсіп, биттеп-құрттап ауылға аман келгенде, көзімен көргеннің бәрін ұмытып қалған екен. Әкесі тыққан алтынның қайда жатқанын есіне түсіре алмай өмірден өтті. Енді міне солардан қалған тұяқ Қайкен мен Шолпанды оқытып, адам қылсақ деген оймен интернатқа бермекшіміз. Оқу қыркүйекте басталады. Оған дейін құжаттар қабылданып жатыр. Кеше ауылдан келгенде қатты ауырып келдім.  Мойнымды орамалмен орап алып газет бетін оқып отырсам, корректор әйелдер маған сезіктеніп қарайды. Өзімнен өзім қысылып, әрең шыдадым. Жиенбек аға да қу кісі ғой, маған тамағыңның астына зеленка жағып қой дейді. Тыңдап отырғандар күлкіге кенелді. Бақтыбек бізге жұмысқа келгелі  қасымнан шықпайды. Ауырып тұрмын деп едім, ол менің жұмысымды істей қояйын деп зыр жүгірді. Институтта оқитын, әдебиеттен хабары мол, оқу үздігіне қалай сенбессің. Былай ойлап қарасам, ол менен көп біледі. Күнделігім, бар сырымды жайып саламын, сенімен сырласамын. Әрбір қуаныш, реніштерім жазылады. Сонда саған айтпағым не, айтылған сөз атылған оқ дейді.

            Әскенді ренжітіп кеттім. Енді ауылға келмеймін дедім. Оның себебі де бар. Оның мағынасыз әзілдерінен жалықтым. Маған  Бақтыбек ұнайды. Ол көркем жігіт. Сырты сұлу жанның іші де сұлу болу керек. Әрине оны ұнатқаным қаншалықты екенін білмеймін. Әйтеуір екеуміз бірге жүрсек, алынбайтын қамал жоқ сияқты. Тіпті газет кешігіп, бірінші бетті қайта-қайта өзгертіп жатқанда, ол  қасыммен қабағыма қарап, бәрін тындырып тірек болып жүреді. Бүгін редактордың орынбасары Айтжан аға  куанышты хабар айтты. Маған әдеби қызметкер болып қызмет істейді деген анықтама жазып беретін болыпты. Бұл анықтама конкурсқа түскен кезде ескеріледі. Екінші кезекте редакцияда істейтіндер оқуға алынады. Енді жоғары оқу орнына түсуге дайындалу керек. Жұмыста отырғанда бет дайын болғанша Бақытбек екеуміз басқа бөлмеге барып, қазақ тілінен шығарма жазамыз. Ол маған тақырып береді. Жоспар құруға көмектеседі. Оның алдында шәкіртіндей сезінемін. Редакция ұжымы жыл сайын ауылшаруашылығы өнімдерін жинау науқанында, бізді көмекке апарады. Мектеп балалары ғана қырманға барады деп ойлайтынмын. Енді міне үлкен қызметкерлер Чернояркаға бақшадағы өнімдерді жинауға бардық.

            Ашық аспан астында жұмыс істеген қандай ғанибет! Қасыңда бірге жүргендермен жақын танысасың. Бақи ағамыздың аузы жабылмады. Күлкілі әңгімелерді айтқанда, алдына жан салмайды. Социал Каз ГУ-де журналистика факультетінде оқиды. Қазір редакцияда практикада жүр. Екі жігіттің ортасына түстім. Олар менің қасымда жүрді. Бақи ағаның даусы да керемет. Өлеңді зор даусымен шырқағанда, көрші ауылға естілген шығар. Білімді адамдармен қара жұмыста жүрген қандай жақсы. Жұмыс та бітеді, әңгімеге де жарисың, рухани азық аласың. Кейбіреулер әңгіме айтса жалығып кетесің. Не естігің келмей, сыртқа шығып кетесің. Ал журналист ағалардың айтары көп. Бақи Әбдіқадыров пен Сұлтанмахмұт ақынның немерелес інісі Сәкен Шаймерденов әзілдері жарасқан, өте дос жандар. Бақи аға-майдангер. Ол кісі  өзін өмірдің нағыз сақшы солдатымын деп білген. 

            Бақи аға алғы шепте соғысып  жүргенде өкпесіне оқ тиіп, госпитальға түседі. Өкпенің жарасы ұзақ емдеуді қажет еткен ғой. Осында тағдырдың жазуымен өзін емдеген орыс қызы Анна Матвеевнамен танысып, кейін көңіл қосады. Ерлі-зайыптылардың немере-жиендері де бар.  Құрдасы  Сәкен аға Бақи досының қазақ қыздарына деген сезімін біле тұра, отқа май құя түседі. Сондай бір әзіліне марқұм Бақи Әбдіқадыров былай деп өлеңмен жауап беріпті. -Мен солдат, ол генерал бағынамын, бәйбішемді  рендіжітіп  неғыламын. Аннамды қанша жақсы көрсемдағы, кей кезде қазақ иісін сағынамын.-депті. Осы кісі барған жерінде көзіне іліккен жанды, жансыздарға   өлең шығармай кетпейдІ дейді.. Бір күні үш жігіт редакцияның корректорлар отырған бөлмесіне келе қалады. Үшеуі бірдей сау ете түскен жігіттерге таңырқай қарған корректор қыздарға Бақи аға қарап тұрып:"Болсадағы бастың тері қандай мықты, Екі шал айқасқанын шалмай жықты.Соңы біз болмайық деп серілердің, Ерітіп жүрміз біз, Шәкірат Шалбаевты."- депті. Тіпті болмаса, газетке жазған кейіпкерлері туралы айтады. Түскі тамақты бірге іштік. Ер адамдар Ертіске барып шомылып қайтты. Үлкен ағаларыма қарап отырып, ертең мен де осы кісілердей журналист болар ма екенмін деп қиялдадым.

***

            Оқуға түсуге мінездеме жазылды. Мінездемеде Байғалина Шолпан мектепте оқи жүріп, кейін ұстаздық құрған кезінде де мақала жазып, газетке атсалысып тұрды. Бірнеше өлеңі, қысқа заметкалары, шағын корреспонденциялары жарияланып көзге түсті. "Көп құрметтесі", "Аяулы ана, абыройлы ұстаз"деген корреспонденциялары,"Арнау", "Анама", "Мектебіме" деген өлеңдері 1966-1967 жылдары жарық көрді. Осы  жылдардан бастап газет жұмысына тіелей араласты. Корректор болып қызмет істеді. Ал қазір Байғалина-әдеби қызметкер. Газетке араласқан аз жылдар ішінде Шолпан жазуға едәуір төселіп қалды. Ол"Лениншіл жас" газетінен, "Қазақстан әйелдері" журналынан, "Қазақстан пионерінен " жиі-жиі көрініп жүр. Әсіресе "Қазақстан пионері" газетіне жиірек қатысып, талай рет жүлде алды.

            Облыстық газетте істеген уақыт ішінде өзін жақсы жағымен көрсетіп,  көзге түсті. Жұмысқа ынталы, редакцияның тапсырмасын мүлтіксіз атқарады. Тәртіпті,тәрбиелі екенін танытты. Өздігінен көп ізденеді, көп оқиды. Журналистикаға бейімі бар.Мінездеме Қазақтың С.М. Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсу үшін берілді. Газет редакторы С. Шошанов, партия ұйымының секретары Қ. Бекбергенов, жергілікті комитеттің председателі Ә. Жұмадилденов. Мінездемені қолыма ұстап, қуанышым қойныма сыймай, автобусқа отырдым да, трактор заводына бардым. Ішіне кіргеннен кейін партия ұйымының хатшысы цехқа апарды. Кілең әйелдер істейтін цех. Басшысы орыс жігіті. Содан жұмысшылардың құрал-жабдықтары, жонып жатқан тетіктерін көрдім, жеке өздерімен сөйлесіп, алдағы жоспарларын сұрадым. Сұбхат алдым. Бұған дейін ауыл шаруашылығынан жазған көлемді мақалаларым газет бетіне шыққан. Енді өндіріс тақырыбына жазғандарымды да қосу керек.

            Биыл оқуға баруға мұқият дайындалдым. Демалыстарда ауылға бармадым. Менің келмегенімді ойлады ма, бір жұмыстарыммен жүрмін деп, Әскен іздеп келді. Бүгін қонып кетемін деген. Жұмыстан кейін тамақ дайындадым. Онымен салқын сөйлесемін. Ол менің қабағымды байқады ма, маған ренжіп жүрсің бе, кешірім өтінемін деп қояды. Көңілімнің болмай жүргені түнде онымен бірге қалай қонамын деп уайымдадым.  Жазығы не, ол қасыма да жақындамады. Ертеңінде ұйқымнан қуанып ояндым. Өзіме өзім қанша берік болсам да, кім біледі. Егер ол арамдығын іске асырса, маған оқуға бару қайда? Қызмет те жоқ, оқу да жоқ. Ауылға келін боламын. Алланың жасаған жақсылығы шығар, ертеңінде шығарып салдым. Ішімнен жетпіс жеті тиын садақа атадым.

            "Құмарту, қызығу-махаббат емес. Кейде жауыңа да қызығып, құмартуың ықтимал"-депті Ф.Достаевский. Мен құмартудан қорықтым."Өмірдің қызық, ләззаты достықта, айнымас қамқорлық асыл махаббатта" деп жазыпты "Қызыл ту" газетінде редактор болған жазушы Әзілхан Нұршайыхов. Ол кісінің "Махаббат қызық, мол жылдар" кітабын қызығып оқыған едім. Әскерден оралып, оқуға түскен солдат- студенттің басынан кешкен қызықты да, қызғылықты махаббат хикаялары жазылған. Кейіпкерлері өмірде бар адамдар. Есімдерін өзгертіп алыпты. Басты тұлға автордың өзі. Кез келген романның оқиғасы өмірден алынады. Оны шынайы етіп суреттеп жазу жазушының шеберлігіне, біліміне және байқампаздығына байланысты болатынын білемін.

            Тәңертең  дүкенге шығып едім, алдымнан сығанның әйелі шыға келіп, содан тағдырыңды айтып берейін деп соңымнан қалмады. Өткен жолы жетпіс жеті тиын садақа атағаным бар еді, карта ашса ашсын деп алдына қолымды тоса қойдым. Ол айтып жатыр. Ертай туралы айтты. "Сен оны көп ойлаған екенсің дейді, бірақ ол енді саған келмейді дейді. Қазіргі жігітің сені іштей сүйеді, бірақ сыртқа шығармайды деп тоқтады. Ол кім екен? Отбасыңда бес адам болады. Осы жылдың аяғында тұрмысқа шығасың деді. Сыған айтқан  жігітті Әскен деп ойладым. Өйткені оның іштей сүйетінін білемін. Бірақ биыл оған тұрмысқа шықпаймын. Баспаханаға келген соң, сыған әйелдің айтқанын Бақтыбекке айттым, ол  күлді де қойды. Содан өзінің жүрген қыздары туралы айтты. Екеуміз мәз болдық. Ауылға бармағалы да екі-үш жұма өтті. Бүгін Мәдиналар Саттар ағайдың үйіне қонаққа баратын болып, дайын көлікпен   бардым.

            Шәй үстінде Саттар аға "Мәдинаға Шолпанды неге жалғыз тұрғызып қойдыңдар, үйлеріңнің бір бұрышынан орын табылмады ма?" -деді. Мен ыңғайсыз жағдайға қалдым. Мәдина әлгі сөзді мен айтқызды деп ойлаған шығар. "Шолпан күн батып бара жатыр, шыныңды айтшы, бізге келін боласың ба? Егер келін болсаң,  үйге ертең кіргізіп аламын," -деді. Мен не дерімді білмей, көзім жаутаңдап, оған жалынышты түрмен қарай бердім. Қызық өзі, мен келін болам десем де, ертең әскерден келетін Мұрат не дейді? Алдағы өмірімді болжай алмаймын. Мен"жарайды"- деп келісім берген күнде де Мұратқа сенім бар ма? Ол қаланың орыстарымен бірге жүріп, бірге өскен, орысша тәрбиеленген жігіт. Жолдастары да кілең орыстар. Мүмкін орыстың бір қызын алып келетін шығар. Сондықтан мен ол үшін жауап бере алмаймын. Осы сөздер көмейімде бүлкілдеп тұрса да, айта алмадым.  Көкшетаудан Шәкен келген. Үйін, әке-шешесін сағыныпты. Жат жерде жалғыз өзі қалай жүр деп ойлап жүргемін. Чернорецкіде Түсіп деген туысымыз тұратын. Сол кісінің Сапарбек деген баласы тоққа түсіп қайтыс болыпты. Шәкен өзгерген сияқты. Кешегі Шәкенді көре алмадым. Айтатын сөздері де қырық жыл әйел болған адамның сөздері. Екеуміздің жасымыз бірдей болғанмен ойларымыз жер мен көктей. Қыздар әйел болған соң, тез есейеді екен. Мен әлі баланың сөзін сөйлеймін.

***

            Жиырма жас бүгін шыққан белім менің,қыз болып мың бұралып, керілемін. Бойжеткен жастан асып кеткеннен соң, мен бәлкім кәрі қыз боп көрінемін. Шынында да есейіп кетіппін. Уақытта тоқтам жоқ. Зымырап барады. Қалаға келгеніме де бір жарым жыл болды. Мен өзі арман жолында бір мақсатты көздеген адаммын. Алматыға құжаттарымды жібердім. Өткен жолы тәтем мен жеңгем ұрысты. "Ана жігіттің басын қатырып қойдың. Шешелері келіп кетті. Сөздерің болса тойларыңды жасап берейік"- дейді. Мен ат-тонымды ала қаштым. Күйеуге шықпаймын, тәте өзің айтқандай, "ошаққа бұт болып отырамын"-дедім. Олар не айтарын білмей күлді де қойды. Енді міне Әскен қалаға келіпті. Бір шешімге бекініп келген болу керек, оған мүмкіндік бермедім. Түнде көрші үйге барып қондым. Енді үмітін үзетін шығар.

            Сезім-ыстық шоқ. Не қызып алаулап жалынға айналады, не лаулап жана алмай, бықсып, қара көмір болып сөнеді. Қайтсе де бір қалыпта қала алмайды. Сөнбеуін тілесең шоқты үрлей біл. Ал сөнуін тілесең-бүркеп тұншықтыра бер. Сонда біртіндеп өзінен өзі елеусіз өшіп қалады. Иә, сезім бар болса, сөндіруге әзірмін. Бірақ білмеймін, сезінбеймін. Менің бар ойым, Алматыға барып қайткен күнде де оқуға түсу, білім алу. Егер емтиханнан өтіп кетсем, Алматыда қаламын. Мұндағалармен хош айтысамын. Мәдина туған күнімді атап өтеміз деп тағы да  дастархан жайды. Әмина, Бақыт, Сәбира, Мағауия мен Бақтыбек болды. Тілектерін айтты. Баталарын берді. Адамның басындағы сыр асқар таудың басындағы бұлт тәріздес, жан дүниең биік болса ғана басыңа бұлт оралады. Ал аласа болса, не бұлт қонбайды, не күн түспейді, әр дайым бір күйде, бір қалпында көңілсіз, құбылыссыз салқын тартып тұрады да қояды. Менің де ішкі сырым күнделігім сенің бетіңе түсіп жатыр, жазылып жатыр. Жеңгем Алтынайдың аяғы ауыр. Бұдан екі жыл бұрын жеңгемнің үйде босанғанын көргемін. Қатты қиналып еді. Осы жолы жеңгеме аудан орталығына барып, дәрігерде босансайшы,-деп кеңес бердім. Егер оқуға түсіп кетсем, іштегі сәби бақытты болады. Өзім қамқор боламын, -деп күлдірдім. Қазақ ырымшыл халық қой, мен шынында да, осы сәбиді ырымдадым. Алладан жәрдем күт, Бибәтима анамызға сыйын, -деп әлі өмірге келмеген балаға айдар тағып, ат қойдым.

            "Тыңдадыңыздар, тыңдаңыздар! Павлодар-Алматы бағыты бойынша ұшатын 13-ші рейске отыру басталды" Осы бір хабарландыру бүкіл денемді шуаққа бөлеп, бойымды балқытып жіберді. Әлгінде ғана Бақтыбек маған тапсырмалар беріп, ақылын айтып, жылы сөздерін арнаған еді. "Жанып та барам өртіңе. Қолымды неге қыспадың. Тіледім самолеттің де, кешігіп барып ұшқанын" деген өлең жолдары көкейімді тұрып қалды. Самолеттің ішіндегілерге қараймын. Таныс ешкім жоқ. Алматы аэропортына қонған соң,  қасымдағы қыз екеуміз жатақханаға бардық. Алматыңа таңырқап қарамадым. Қасымдағы қызбен бірге қонып шықтым. Шынымды айтсам, Ләзиза апайымның үйіне баруға ыңғайсыздандым. Өткен жылы хабарласпай кетіп қалдым. Тым болмаса оқуға түсе алмадым деп айтпадым. Бір жағынан ұялдым, екінші жағынан ол кісіден ұрса ма деп қорықтым. Бұл да білместігім шығар. Қазір ол кісіні көргім келді. Әдемі күлкісімен, биязы жимиып қана, Әбу жездеміздің қолжазбасын машинкаға басып отырған шығар. Немесе дәл қазір олардың үйінде  Мұзағам, Жұбан, Жұмекендер отырған шығар. Қанипа ны емдетіп жүр деп естігенмін. Мүмкін үйінде Қанипа Бұғыбаева бар шығар. Бір жыл болсын, газетте істеп, адамдармен қалай сөйлесуді біліп қалғандықтан ба, университетке барып, журналистика факультетінің деканы Тауман  Амандосовқа кірдім. Ол кісі жағдайымды түсініп, жатақханада орын болмағандықтан, "Қазақстан" қонақүйінің басшысы Рахымжан Қошқарбаевқа қоңырау соқты. Ол кісі арзан бағамен орналастыруға сөз берген соң, бардым.  Айтқанындай арзан бағамен үшінші қабат, 512-ші бөлменің кілтін берді. Бөлме іші сондай жарық, төсек-орын мұнтаздай таза, телефон бар, дәретхана ішінде. Бұрын мұндайды көрмеген басым, төбем көкке жетті. Қалтамда ақша бар. Жетпей жатса, телеграф арқылы Мәдина салады. Алғашқы емтихан неміс тілі болды. Өткен жылы есігінен қарай алмай кеткен пәнімді тапсыруға бел будым. Неміс тілінде бірнеше шығармаларды жазып алғамын. Жауап бере алмасам да, шығармаға баға қоятынына сенімдімін. Үш деген баға алсам да жеткілікті.

            Емтиханға дейін төрт күн бар. Келген күні Мәдинаның апасының үйіне бардым. Олардың Сәбира деген қыздары бар. Орта бойлы, екі көзі мөлдіреген, сондай әдемі қыз. Одан кейін Зәуреш деген сіңлісі де сұлу қыз болып бойжетіпті. Мағауия деген ұлдары Павлодарда индустриалды институтта оқиды. Әкелері Мүбәрақ үлкен қызметте, ал Мүнәйра дүкенде кассир. Пәтерлері Масанчи көшесінде. Өте ауқатты тұрады. Үйлерінің бір қабырғасында кітаптар сіресіп тұр. Мен Алматыға кеткенде, Сәбираның ата-аналары Павлодарда қонақтап жүрген. Қазір үйлерінде балалары. Олар маған қон, -деді. Мен Сәбирадан неміс тілінен дайындалуға, оқулық кітаптар алдым да, қонақ үйге келдім. Емтиханның алдында Ақкенжеге кіріп шықтым. Өткен жылы келгенім есіне түсті. Емтиханға кірдім. Неміс тіленен аударма келді. Оны аударып шықтым. Енді "Выдающие люди" деген орыс тіліндегі мәтінді немісшеге аудару керек. Оған жанымдағы қыз көмектесті. Әйтеуір Алла қолдап, неміс тілінен тапсырып шықтым. Ендігі емтихандар қиындық туғызбайды. Себебі өз ана тілімде тапсырамын.

            Тарихтан емтихан тапсырдық. Қызылордадан келген Күлпаризамен таныстым. Бірге келген қызы неміс тілінен құлапты. Жалғыз қалған көрінеді. Екеуміз емтихан тапсырған соң, оның тұрып жатқан пәтеріне бардық. Қызылорданың қыздарымен бірге тұрады екен. Жерлес жігіт Әбдірахман  келді. Шиелінің күрішінен палау пісірді. Шәйді кесенің түбіне бір ұрттам ғана құяды екен. Маған кесені толтыра құйшы деп күлдірдім. Кешке қарай Әбдірахман мейрамханаға апарды. "Алматыда жаңа жауып, жаңа жауып басылған" деген әнді айтып жүруші едік, шынында да Алматыда жауын ашық күнде құя салды. Көлдей жайылып кеткен суды кешіп, жалаң аяқ өттік. Жаңбыр суы жып-жылы.

            Ашық еді, аспан мөлдір тұңғиық, күн сәулесі тұрды жерге нұр құйып. Күңгірт тартып ала бұлттар торлады, көк жиектер қалды ойланып, сыр түйіп. Түсіп жатыр, ұшып жатыр жапырақ, сары кілем жамылыпты топырақ, -деп өлең жаздым. Түнгі Алматының көркіне көңіл тояды. Қызылды-жасыл гүлдері де түнде қауыз ашады. Былтыр келгенде  күндізгі Алматының көркіне тамсанып, гүлзарларын аралап, паркке барған едім. Биыл емтихандарды тапсырып алған соң, бәрі ойдағыдай болса тауға барып, Медеуді көремін. -Мазалап ой  құдіреті жеңе берді, көңілім алабұрт па, жетер енді! Ертеңгі  емтиханнан өтем деген, үмітім алға қарай жетеледі, -деп қоямын.  Күлпариза педучилище бітіріпті. Қарапайым қазақтың қара қызы. Журналист боламын деп армандамайды. Жоғары білім керек,-дейді. Оңтүстіктің жастары бір екі институт бітіруді мақсат ететіні айтты.  Өзі өлең жазады. "Жолдар" деген өлеңін оқыды.

Таусылмайтын жолдарменен жүрелік,

Сол жолдармен жүректерге гүл егіп.

Адамзаттың үміті боп мәңгілік,

Махаббат пен бақыт бізге жүр еріп.

Алға досым, қарайлама артыңа,

Жатыр жолдар мың бағытқа таралып.

Жолдың ұзақ біреуін тек таңда да,

Адамдықты биік ұстап жүр алып." Бұл өлең балалық кезде жазылған еді,- дейді. Мұнда оған Қызылордалық оқытушылар көмектесіп жүрге көрінеді. Әбдірахман көмектесіпті.  Емтихандардан сүрінбей өтетіне сенімді. Төртінші  емтиханды да ойдағыдай тапсырдым. Сол күні жауын жауды. "Қазақстан" қонақ үйі университеттен алыс. Уайысов Келдібай деген жігіт "Алатауға" орналасуыма көмектесті. Мұнда арзан. Әрі абитуренттердің көпшілігі осында тұрады. Асханаға келіп, тамақ алып жатыр едім, алдымнан таныс бейне шыға келді. Оу-Бақтыбек, сен қайдан жүрсің? -деймін. Алматыға келемін деп айтпаған еді, бұл қалай? Хат жазғанда "Шолпанын ойлап жүдеп жадап жүргендер бар. Бұрын таң алдында таң Шолпанмен көрісуші едік, қазір одан қалдық. Не істейін сен өзіңмен бірге ала кетіпсің, енді тек аман-сау тез оралуыңды күтуден басқа шара жоқ." деп  2-ші қыркүйекте хат жазғанда қуанып едім. Күлпаризаға Бақтыбек деген жігітім бар дегенмін. Енді міне жігітім іздеп келді.

Алматыға келгелі бойдақ жігіттер ме, әйелдері бар іс сапардағылар ма, әйтеуір керемет көркем жігіттер құр соңыңнан қалмай жүр. Гурьевтік Қайыржан деген жігіттен әрең құтылдым. Қазір бір курсқа емтихан тапсырып жатқан қарағандылық Хамит соңыма түсті. Кездесуге шақырады. Орыс тілінен емтихан тапсырғанда Пушкиннің, Лермонтовтығ Есениннің өлеңдерін жатқа айтып, бес алдып шығыпты. Қыз іздеп қырқылдап жүрген жігіттер. Ғашық болып өлең жазады.  Ол мені "Жетісу" ресторанына апарды. Соңында қызық жағдай болды, ішкен тамағымызға ақшасы жетпей қалды. Өзім төледім. Содан Бақтыбек келді. Онымен  Панфилов паркін араладық. Біраз жүрген соң, басқа шаруаларым бар еді деп, асығыс қоштасып кетіп қалды. Ертең түстен кейін  сағат 2-де келемін деді. Сол күні оны қонақ үйде күттім. Келдібай шақырып еді, бармадым. Күлпариза үйіне шақырған. Бақтыбекпен бармақшы болатынмын. Уақыт өтіп кеткен соң, телефон шалдым. -Қолымыз тимейді, күтпе, -деп кешірім сұрадым. Ертеңінде тағы келмеді. Сонымен Бақтыбек жалт етті де жоқ болды, көрген түстей, сағымдыай. Тегі Павлодарға, немесе Семейге оралған болу керек.

Алматыда әрине біздің қалаға  қарағанда, кілең қазақ жігіттерін көресің. Бірен саран негрлер де кездеседі. Бірінші рет терісі қоңыр жігіттер мен қыздарды көріп, шалқамнан түсе жаздадым. Жігіттердің көпшілігі абитуренттер. Жәй демалып  отырсаң болды, танысайық деп біреу келеді, оларды жөніне жіберсең, екіншісі келіп қасыңа отырады. Кітап оқуға мүмкіндік бермейді. Ноян деген жігітпен танысып, онымен "Қазақстан" ресторанына бардым. Баяғы жырлары, маған ұнайсың демейді, тіпті біраз отырып, еті үйренген соң, оп-оңайсүйемін деп айта салады. Сенімім жоғалды. Күлпариза Мырзабек деген жігітімен таныстырды. Ауылдасы, өзі жақсы көреді. Осында оқу оқиды. Өтеген Күмісбаев деген жерлес ақыны да Күлпаризаны ұнатады. Махаббат туралы өлеңдері осы қызға арналыпты. Екі-үш кітабы жарық көрген. Сақа жігіт, өңі кәрі көрінеді. Беті түкті-түкті."Алақан" деген кітабын сыйлады.

"Алатауды тастайындай еңсеріп, Бақты кезген бойдақтарға мен серік. Кәрі қыздар бір орнынан қозғалмай, Он сегіздер жүреді ылғи теңселіп". - деп жазыпты. Рас бойдақтың бірі өзі, әрі кәрі, жас қыздардан үміті бар. Өлеңдері керемет. Күлпариза менен ақыл сұрайды. Мырзабек жақсы жігіт, Өтеген ақын. Бұйырғаны сенікі деймін. Мырзабек "Целинный" кино театрына билет алып келді. "Конец агента" деген киноны ауылда көргенмін. Мұнда экраны үлкен. Әсерім ерекше болды. Тіпті бұрын көрмеген кинодай қызыға қарадым. Күлпаризамен бір ай дос болдым. Оның мінезін де түсінгендеймін. Мырзабек шығарып салғанда, өзінің ғашықтығын айтты. Тіпті көзіне жас үйірілді. Мен оны аяп кеттім. -Мырзабек қыз алдында алтын басыңды иіп қайтесің. Дос болып қалатын шығарсыңдар. Ол сені ұнатады, бірақ сүймейтін сияқты,-дедім. Неге айттым, өзім де білмеймін. Екеуінің арасына түсуге менің қандай құқым бар. Ол мені ұнатпай қалған шығар. Қателігімнің  бірі осы емес пе?

Емтихан біткен соң, конкурс болатын күнді күттік Университеттің бас корпусында журналистика факультетінің деканы отырды. Біз үлкен аудиторияға отырып, сол жақтан шақырту күттік. Ақкенже тізім бойынша кабинетке шақырды.Төрдің алдында Тауман Амандосов отыр. Оның қасында Қайыржан Бекхожин. Бұл кісі туралы  естігенім болмаса, көрмеген едім. Тағы да үш төрт әйел болды. Хатшылары болар. Сұрақты Тауман аға бастады, Темірбек Қожекеев мені таныстырды.  Павлодарда газетте қызмет істейді, - деген кезде Қайыржан ағамыз елең ете түсті. Тергеу басталды. Ол кісі қырылдап сөйлейді, газеттің алғашқы редакторынан бастап, басқа да журналистер туралы сұрады. Темірбек Қожекеев Қайыржан ағаға -Шолпан  Сіздің жерлесіңіз екен, қалай оқуға қабылдаймыз ба? -деп сұрады. Ол кісі -әрине, оқысын, болашақта жақсы журналист болады. Павлодардан журналист мамандығын таңдап келіп жатқан қыздар жоқ. Шолпан сен бірінші боласың, - деп мені қуантты. Жерлестікті арқау етіп, басқаларын да өткізіп жатты ма, әйтеуір соңғы шешімді үлкен кісіге берді.  Сөйтіп оқуға қабылдандым. Мен студент болдым. Айтпақшы конкурс күндізгі бөлім мен сырттай оқитындарға бірге өткізілді. Мені істеп жүрген қызметі бар, әдеби қызметкер деп сырттай бөлімге жазыпты. Комиссияның шешіміне қарсы болайын дедім де, ойланып қалдым. Бұрын алысқа шығып көрмеген басым үйді сағындым. Егер қанатым болса, ұшып кетуші  едім. Алматы әсем қала, керемет астана. Егер күндізгі бөлімге қалып  қойсам, жігіттер бірдеңеге ұрындыратындай көрінді.

Оқытушылардың өзі ауылдан келген қыздарды айналдыруға шебер. Негізі Павлодарда жарты жаным қалып қойған секілді, самолетке билет алдым. Сөйтіп қыркүйек айының соңғы парағын жаптым. Үй-іші аға- жеңгем оқуға түскенімді тойлады. Мектепке бардым. Күлшәйім пионервожатый екен. Құлатай неміс тілінен сабақ береді. Күлкім келді. Он жылдық біліммен неміс тілінен қалай сабақ береді. Мектеп бітірген балалар мен сияқты түк білмес болатын шығар. Мектепте  жүргенде тарихты оқымадым. Емтихан кезінде төрт кітап тарихты оқып шықтым. Оның жәй сөздерін қойшы, қала аттары, жылдары, соғыс болған жерлер, уақиғалар есте қалуы қиын болды. Енді міне тарих пәнінен де кешегі оныншы бітірген кластасым сабақ беріп жүр. Білім аламын деген бала өзі оқып, тоқып алмаса, мектебім мынау, класым анау...Бір-екі күн ауылда болып, көрші Еркетай апайыммен қалаға келдім. Алматыдан келген күннен Мәдинаның үйінде жатырмын. Еркетай осы үйге қонақ болып келді. Ол кісі сөздің бір ыңғайы келгенде менен сыр тартты. Өзі көп сөйлей қоятын адам емес еді, -"Шолпан, -деді ол мен ешкімге айтып жатқан жоқпын, біреуің бар ма?". Оны қайтеді, не ақысы бар. Мен үндемедім. -Саған Әскен ұнай ма, үй іші ше?-Жақсы бала,-дедім. Ұнамайды деп қайтемін. -Екі шешесі ғана, ана қыз ертең күйеуге кетеді. Әскеннің сенде ойы бар. Жуырда біздің үйдегі ағатайың сұрап еді, егер үйленетін болсаң, ағасына барайын дегенде "асықпаңыздар..." деп жауап берді. -Менің ешқандай ойым жоқ. Әлі бір жылдай жүре тұрамын. Екіншіден Әскен маған ермейді, қайтемін шешелерін жылатып, қалада үйлері жоқ.  Мен ауылға оралмаймын. Қызметім осында. Оқуға түстім, енді әрі қарай оқуым керек.-Сен әскердегі жігітті күтіп жүрген шығарсың? -Ол да ойымда бар, кезінде көреміз. -Өзің біл. Қайткенмен жігіттің төмені жасы. Қайсыған барам десең де бөтенім емес. Осымен әңгімеміз тәмәм болды.

***

            Ойсыз өткен сәттерді, уақыт деймін бос кеткен. Ой... Мазасыз ой. Отырсам да, тұрсам да миымды шырмап алатын ой. Ойсыз адам болмайды. Ойдың да ойы бар. Сондықтан ойың таза, мөлдір мағыналы болу керек. Не болса соны ойлап өзіңді өзің жеудің пайдасы шамалы. Мен  нені  ойлаймын? Неге сонша әлсізбін, неге сонша дәрменсізбін. Неге сонша оның алдында мүсәпірмін. Айтар сөзімді айта алмаймын. Адам-адамнан қорықпайды, онда  жасықпын ғой. Менен басқа біреу болса, көңілдегісін біреудің жынына тимей жеткізер еді. Айлаңды да, пайдаңды да ойлау керек. Өмір сен мен үшін қиынсың, бірақ тәттісің. Қымбатсың. Менің көп уақытым өкінішпен өтеді, неге? Тәрбиемнің жетімсіздігі, байыптай алмайтыным, тәжірибемнің жоқтығы себеп болар. Бес саусақ бірдей емес. Адам жүре жүре шешен, көре көре көсем болады. Болашағым алда десем де, біраз жасты артқа тастадым. Өткенімнің ізі бар, өзгеге үлгі өнеге боларлық қадамдар жасалды. Ауыл мені ақын, журналист деп таниды. Қызметтестерім де әрбір жазған мақалаларымнан нәтиже күтеді.

            Жиырма жасқа келгенімше, бүгінгі күнге дейін өмірдің ащы дәмін татып келемін. Ес білгелі әкемнің тәрбиесін көрмедім, анамнан да ерте айрылдым. Анамды ойласам іші-бауырым елжірейді. Көз алдыма оймақтай болып отыратын ашаң жүзді, жұқа өңді, арықша келген қырықтағы әйел елестейді. "Әйнегім, шәйнегім, жаным"-деп аймалағаны да есімде. Сара шешем екі өкпесінен дем ала алмай, тұншығып отыратын. Әкем ойын-сауық қуып, ел-елді, жер-жерді аралап айлап кеткен кездері балаларын асырапты.  Жаздың күні беліне арқан байлап алып, арба сүйреді. Күздің күні үйдегі азын-аулақ малдың шөбін тоғайдан қол шалғымен шауып дайындапты. "Сара марқұм шалғы тартқанда алдына жан салдырмайтын. Шөп шабудың шебері еді. Ер адамдар оған ере алмайтын"-деп еске алады Әжікөндер, көзкөргендер. Қыстың күні мал жәйлап, ат суарып, қи шығарды. Көргені бейнет болды. Әлі есімде, анам үйдің қуысында жатты, көрші Қамен апатайым бір тегене қызыл қанды көтеріп сыртқа шығарды. Аппақ қудай анамды барып құшақтадым. Кеудемнен итермеді, керісінше бауырына басты. Ол сол аурудан аман-есен айығып, үйдегі шаруасын өзі істеді. Сол күннен бастап бұғанасы қатып, белі бекімеген ағам оқуын тастап мал бағуға шықты.

            "Жалғызым-ау, мал жайлауға бірге шығайын, саған қиын болды-ау,"- деп кемсеңдеп отырғаны көз алдымда қалыпты. Үйде екі тастан жасалған қол диірмен болды. Бізге бидайдан талқан түйіп беретін. Құр талқанды жеймін деп, қақалып қалғаным бар. Көзімнен жас шығып, демімді ала алмағанда анамның безектегенін суреттей алмаймын. Оны тек көру керек еді. Менің  он жетілердегі бойжеткен апайым неге екенін білмеймін,  анама өте қатал қарады. Бірде анамды аудан орталығына ат арбамен апарды. Ренгенге түсірді.  Өкпесі қарайған деп тауыпты. Содан ауруханаға жатпай, үйге оралған. Дәрі-дәрмектер сатылмайтын кез. Ауруханадан берген пенцилин уколын алып біраз оңалып қалған, алайда бұл сырқатты ұзақ емдеу қажет.Әкемнің қайтыс болғанына да екі-үш жыл өткен. Үйдегі бас көтерер жалғыз ағам, Ертіс мұзы бұзылмай тұрғанда Краснокутскідегі таныс дәрігерден дәрі алып келуге жаяу кетті. Мен үшіншіде оқып жүрген кезім. Күн батар алдында үйге келсем, бөлмелер қап-қараңғы, шам жағылмаған. Анам бұрышта қарайып жатып, "Шолпан, құлыншағым, әйнектегі сүтті әперші,"- деді.Орнымнан қозғала бергенде әлгі апайым:

            "-Әперме, өлмейді! Атаукересін сұрап жатыр,"-деді даусын көтеріп.  Не істерімді білмей сіресіп, қатып қалдым. Әрине бұл сөзді анам естіді. Бұған дейін де осы апайымнан таяқ жегемін. Қорыққаным сондай, бір бұрышқа барып отыра қалдым. Сол қалпыммен жылап-жатып ұйықтап кеткен екенмін, бір кезде айғай шықты. Ұйқылы ояу көзіммен қарасам, түнделетіп ағам келіпті. Арғы беттен дәрі әкеліпті. Ертең дәрігер шақыртып укол салмақшы. Анам тәтеме әйнектегі сүтті әпермеді десе керек. Сол кезде қолына түскен көсеумен апайымды ұрып жіберген көрінеді. Әлгі айғай сол екен. Күнде анамның қасына жататын маған түнде ағам, анда жат деп өз төсегін көрсетті. Содан ұйықтап кетіппін.          Тәңертең қатты жылаған ағамның даусынан ояндым. -Ақ сүтіңді ақтай алмадым-ау, анашым, дәрі тауып әкелгенімді қайтейін, мұндай болатынын білмедім-ау, - деп өкіргенде, төбе шашым тік тұрды. -Не болды десем, -апайым -Анам қайтыс болды,-дейді. Қайтып кеткені несі деп түсінбеген қалпым ауызғы бөлмеге шықсам, тәтем анамың қасында отыр. -Жүгір Молдағамдарды шақыр,-деді. Мен үстіме киім киместен жүгіре жөнелдім. Үйге біраз адамдар келді. Анамды басқа бөлмеге апарып жатқызды. Ауыз үйге қағаз жағып, бүкіл бөлмені аралап шықты. Анам дүние салды. Кейін естісем, ағам үйге келгенде анам сөйлей алмай, әйнекті иегімен нұсқап, көрсетіп ымдапты. Ағам оның сусын сұрап жатқанын біліп, сүтті әперген екен, бір тамшысын қалдырмай ішіп қойыпты. Қасына келген апайыма көзін аларта бір қарайды да, теріс қарап жатып қалады. Ертістің мұзды үстімен жаяу жалпылап, шаршап жеткен ағам жағдайды естіген соң, апайымды ұрып алады. Қыздарға қол көтеріп көрмеген ер адамның ызыланғанда не істеп, не қойғанын білді ме екен?  Апайым сырқат жанды неге аямады? Анасы емес пе? Әлде ауру күтіп шаршады ма екен? . Мен әке-шешеден жетім қалдым. Апайымды Молдағам күйеуге берді.  

             Ағам үйленді. Біреудің өрімдей жас қызы маған жеңге болды, жеңге ғана емес, анамның орнына ана болды. Түнде шошып, жылап оянғанда жеңгемнің қасына барып жататын едім. Ырыскелдінің барған жері бай болғанмен, күйеуі мерез ауру екен. Барған күні түрінен шошып, басындағы орамалын лақтырып, қасына да бармай, көрші ауылға қашып кетіпті. Содан туған үйіне қайтып келуге жол жабылған соң, сол жақта Төлеутемір деген жігітке кездесіп, тұрмыс құрыпты. Ол ана болды, анасына істегені есіне түскен шығар, өкінгенде болар.Кім білсін, жас болған соң, ештеңе ойламаған болар, әдейі істемеген шығар. Менің жасым жиырмада, әлі күнге дейін бір жығылып, бір тұрып, сүрініп-қабынып өмір кешіп келемін. Ағам Нөкеш сегізінші бітірген соң, аудан орталығына оқуға жібермеді. Жағдайымыз жоқ, сені оқыта алмаймын деді. 

            Күні-түні жылаумен көзім бұлаудай болатын. Қақ-соқпен өскен басым, жасық едім. Дәрменсіз болдым. Оқуға барамын десем  кірпідей жиырылатын. Бір күні үйде кереуетте жылап жатқанымда, тәтем ішіп келді. Жеңгемнен -Қыз неге теріс қарап жатыр, -деп сұрайды. Сонда жеңгем оқуға жібермейсіңдер деп жылап жатыр дейді. Ашу қысқан тәтем қолына бір түйір кірпішті алып жіберіп қалған, абырой болғанда кірпіш қабырғаға тиіп, маған тимей жерге домалап түсті. Екі-үш жыл өткен соң, мектеп бітірген кәмелеттік аттестатты алып келген күні қабырғадағы ойық жерді көріп, тағы да жыладым. Ол жаңа үй салғанша менің сол күндерімді еске салып тұрды. Егер қызыл кірпіш менің қабырғамды сындырып кетсе, өмір бойы бейнет көруші едім, мүгедек болмасыма кім кепіл. Құдай сақтады, маған тигізбей періштем қағып жіберді, -деп ойлаймын. Енді міне өз аузым өзіме жетті. Жоғарғы оқуға түстім. Істеп жүрген жұмысым бар. Ендігі жетпейтіні не? Бір пәтерден екінші пәтерге көшіп-қонып жүрмін.Тұрағым, тұратын жерім жоқ.

            Мәдина бірде бие, бірде түйе. Оның мінезіне түсіне алмай дал болдым. Мұрат келгенше тұра бер, сосын келін болып қаласың, -дейді. Мен Мұратқа сенбеймін. Хат жазбайды, әскерге кетіп бара жатқанда бір ауыз жылы сөз айтқан емес. Мінезі тік, ертең сені алмаймын десе, өлгенім ғой. Менің өз ойым өзімде. Пәтер іздеп жүрмін. Бақыт Баймұратов Лермонтов көшесінде бір бөлмелі үйде, әжей тұрады. Егер бірге тұрғың келсе, сөйлесейін деген. Ауыл мен қаланың екі ортасын жол қылып жүрмін. Байқоныста ауыл шаруашылығы күні тойланды. Үй ішімізбен сонда бардық. Мені көрген Мақсұт мұғалім тәтеме -Тілшілеріңмен бірге келіпсіңдер ғой, Шолпан бізді әдемілеп жаз, -дейді. Әскен маған  жетінші қазанда былай деп хат жазыпты.

            "Шолпан! Алматыға барып келіпсің, оқуға түсті деп естідім. Қайырлы болсын! Сен жексенбі күні келіп кетіпсің. Мен ұсақ-түйек шаруамен жолыға алмай қалдым. Кешкілікте үйіңнің қасынан өттім, әйнектің шымылдығы ашық тұрды. Мүмкін көрген шығарсың. Айтпақшы бір өтінішім бар, өзіміз сияқты, замандастарымыздай алдағы өмірде қосылып, өмір  сүрейік. Өтініш сол, ендігі сөзді асыға, өзіңнен күтем."  Иә, Әскен  ауызша айта алмай жүрген сөзін осылайша хат арқылы білдіріпті.  Мен жауап жазбадым. Ол менің ауылға келмейтінімді біледі. Біле  тұра, менімен бірге қалада тұрмақшы ма? Екі оттың ортасында  қалдым. Чернояркадағы апайым Бикендікіне бардым. Жездем  Қайролла тамаша адам. Менің келгеніме қуанды. Өзінің кіндігінен  бала болмаған соң, ағасының екі ұлын тәрбиелеген. Үйлендірген.  Олар Павлодарда тұрады. Осында келген соң 15 сомымды іздедім.  Жолда түсіріп алдым ба? Әйтеуір жоғалтып алдым. Алған  еңбекақымды қайда жеткізерімді білмей жүргенде, ақша  жоғалтқаныма өкіндім. Қуанышы мен реніші қатар жүретін адамбыз  ғой. Жездем апайым Бикеннен тығып 5 сом ақша берді. Оқуға  түскен сүйіншің дейді. Редакцияда кәсіподақтар жиналысы болды.  Бірінші рет сөз алып, корректорлардың отырған жерін, дауыстап  оқығанда бір-бірімізге бөгет жасайтынын айттым. Жұмыс орнымызда жағдай жоқ, кезекші келгенде ол баспаханада отыратын орын таппайды. Бұл менің көпшілік алдында бірінші рет сөйлегенім еді. -Жағдай жасаймыз, баспаханадан тағы бір кабинет  алып береміз деді. Бұл үлкен жетістік болды.

***

Еркелі сөзде сыр қанша, конверттің іші толған күй. Жиірек барып тұрсамшы, құс болып саған, туған үй...Қызылтаңға баруға асығамын. Қалада қалғым келмейді. Қысылып, қымтырылып жүрмін. Олар үй ішімен бірге отырғысы келеді, айтатын сөздері бар, дем алады. Үй ішін жинайды, кір жуады. Қонақ шақырады. Демалыс күндері бұл үйде өзіңді артық сезінесің. Қазір екі-үш ер адам тұрады. Мағауия осы үйде тұрып жатыр. Мәдина пәтер тауып ал,-дегелі қашан. Өзім шынымды айтсам,  кетсем, жағдайым онша болмай қалады деп қорқамын. Бұл үйде  жақсы көретін әжем бар. Мәдинаның жолдасы жұмыстан келгенде, жұмыс киімімен бөлмесіне барып, шешінеді. Менің көзімше ашық-шашық жүре алмайды. Өзі үш бөлмелі үйдің залында Мағауия сабақ оқиды. Әжеміз екеуміз аядай бөлмеде ұйықтаймыз. Ауыл жақтан қонақтар келсе, жататын орын болмайды. Пәтер ақысын төлемеймін, ішкенім де жегенім де осы үйден. Мен ақылды болсам, жақсы атақпен басқа пәтерге шығуым керек. Иә, басқа пәтерге шығатын болдым.

Лермонтов көшесіндегі 125 үйдегі 53 пәтердегі әжейге ақшасын төледім.Көрпе жастығың өзіңнен болсын деген.Сатып алуым керек. Бір бөлмелі үйдің ішінде екі кереует тұр. Әжей мына кереуетке сен жатасың деді. Сонымен Мәдина үйде болмаған кезде  хат жаздым. "Сүйікті де сүйкімді жеңгем, әрі апайым Мәдина! Саған деген алғысымды ауызша айта алмайтын болған соң, хат жазып қалдырып. Сен маған қамқор болдың, сыйладың, Жағдайымды түсініп, қанатыңның астына алдың. Мен ауылдан келген жасық қыз едім. Өзіңнің қасыңда жүріп есейдім. Өзіңмен дәмдес болдым. Сіздің үйде осы үйдің бір адамындай сезіндім. Соған жағдай жасадың. Рахмет! Жақсылығыңды ешқашан ұмытпаймын. Мен өзің айтқан, Бақыт тауып берген әжейдің үйіне пәтерге кеттім. Кінәлі болсам, артық сөз айтып көңіліңді жабырқатсам, кешірім өтінемін. Сәлеммен қыздарың Шолпан." Хатты Маржанның қолына ұстаттым да, көзімнің жасын сүртіп, қия алмай, оларды да  қыймай жүре бердім.

            Жаңа пәтерде тұрғаныма да біраз күндер өтті. Өтіп бара жатқан уақытқа тоқтам жоқ. Күлпаризадан хат келді. "-Шолпан, есіңде болар, жазда Бекеннің барлық жағдайы келеді, тек...деп күмілжуші едім ғой. Өзіңді жаныма жақын тұтсам да айта алмағам. Ол ақсақ болатын. Сол үшін мен оны аяйтынмын, жылатуға қыймайтынмын. Әйтпесе жақсы көрген, сыйласқанның бірі Мырзабектей-ақ болар. "Жоқ, олай болмайды, жақсы достығымызды сақтайық," одан да дегенімде, кіл тағдырыма болмаса ешкімге өкпелеуге тиіс емес екенімді білесің ғой, қандай екенімді есіме салып тәубама келтіргеніңе рахмет. Кешір мені, аспандағы айға қол созған не теңім еді дейсің ғой, бұл қасіретіме сен кінәлі емессің, тағдыр... деп дір-дір еткені әр күн жатқан сайын көз алдыма келеді. Сонда ұйықтап жатса да бұрылып басынан сыйпаймын. Ол көршім, әрі бір мектепте істейтінбіз. Онсызда өміріне өкпелі, өкінішті жандарды өзіңдей адамдар қорласа не болмақ. Содан соң бұлқынсам да кете алмадым. Әрине олар күштеген де, зорлаған да жоқ, ар бұғауы босатпады. Жүрегі талған аш бейшараның қолынан нанды тартып алса қалай болар еді, мені құдай көрген байғұстан өзім сыйлаған бақыт пен қуанышты сыпырып алуға дәтім шыдамады. Сол үшін ата-анамды ренжіттім. Сонымен қатар жүруге қалай ұялмайсың деп кемсітті. Қатал тиым салды. Оған барғанша қаңғып өл деді. Мен қатты күйзелдім." Хаттың мазмұны осындай.  Күлпаризаның тойы болды. Бара алмадым. Ол уақытым баяу өтіп жатыр дейді. Неге? Себебі күні бойы жалғыз отырады. Ешкім қатынаспай қойған. Туыстары да келмейтін көрінеді. Әрине аянышты. Кімді аяймын сонда?

            Мырзабек өте байсалды, білімді жігіт болатын. Тіпті Күлпаризаны жақсы көргені сондай, соңғы рет онымен қоштасып тұрып, көзіне жас алғанын көрдім. Махаббаттың жасы болатынын бірінші рет көріп таңданғанмын. Енді міне жігіттерді жылатқан досым маған келіп кет деп хат жазыпты. Келесі жазда жол түсетін шығар, әрине барамын. Екеуміз екі түрлі адам болсақ та, бізді жақындастырған түсіністігіміз еді. Жаңа пәтерге шыққалы Мәдинадан алыс жүретін болдым. Бүгін келе сала қолыма хат ұстатты. Сыртына қараймын, Садықова Шолпан. Бұл хат маған емес деп таңырқап тұрғанымда қасыма Сәбира апайым келіп -Қайырлы болсын, Садықова болыпсың ғой дейді. -Қашаннан бері Садықова болғансың,- деп Жиенбек ағам қасыма келді. Садықова Мәдинаның фамилиясы болатын. Мен не істерімді білмедім. Үн-түнсіз хатты оқыдым. Өткенде Мәдинаның үйіне Семейден бір туыстары келген, екеуміз танысқанбыз. Бірақ атымды айтқаныммен, фамилиямды білмейтін. Сол жігіт "тисе терекке тимесе бұтаққа"- деп білетін фамилияны жаза салған ғой. Хат сол жігіттен екен. Мадинаның үйінің адресіне Әскен де хат жазыпты. "Сәлемет пе Шолпан? Сенбі сайын ауылға келіп жүргеніңді білемін. Мен сенен күнде жауап күтіп жүрмін. Шолпан, егер екеуміз шын сүйіссек жаңа өмір құрайық. Өзіміздің құрбыларымыз сияқты сен қарсы болмасаң, бірақ қарсы болмайсың деп ойлаймын. Тез жауабын бер",- депті.  Қарсы болмассың деген сөзі менің ашуымды келтірді. 19 -шы қарашада жазған хатына қарсы болмасам жауап жазушы едім. Мен тұрмысқа шықпаймын. Мен оның өтінішін жауапсыз қалдырып келемін, мүмкін жауап бермеген соң, қарсы емес деп ойлайтын шығар. Үмітін үзбеген ғой. Зорлықпен үйленбейтін шығармыз. Оның шешелері мені көрсе болды, үйіне шақырады. Баласының көңілі маған ауғанын жақсы біледі. Мәдинаға айтып, хатты көрсетіп едім: -Мұратты тос, -дейді. Ол әскерден келесі жылы келеді. Негізі осы екі жігітке көңілім толмайды. Менің теңім емес. Бар ойым редакцияның өзіне тілші қызметіне орналасу.

            Редактордың орынбасары Жылқайдар Қарпықовқа кіріп шықтым. Ол кісі аудандық газетке бар, өсесің дейді. Редактор Шошанов штатқа алғысы келмепті. -Істей берсін, тәжирибе жинақтасын, асықпасын деп жауап беріпті. Ол кісі солай десе де мен асығып жүрмін. 22 қарашада редакцияға Дихан Әбілов, Мұзаффар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев келді. Кездесуге қатыстым. Дихан Әбіловтың 60- жасқа толғанымен құттықтадық."Ақын арманы" деген бірінші кітабы шыққан болатын. Енді екінші кітабы баспадан шыққалы жатыр. Бұл сапарда үшінші кітабына деректер жинамақшы. Жасы алпысқа жетсе де, қырықтағы жігіттей  өте ширақ. Ақындар қартаймайды деп естігін едім. Пушкин, Лермонтовтар өмірден ерте кетіп, жас болып көз алдымызда қалды. Сондықтан солай айтқан шығар деп ойлайтынмын. Олай емес екен. Өлеңдерінен де жалын атып тұр. Қасында әйелі мен ұлы еріп жүр. Мұзафар Әлімбаев Маралдыда туған. Павлодардың педучилищесін оқып, бітірген. Тұманбай ақын өзін таныстырғанда, Дихан ағасының атқосшысымын деп күлдірді.

            "Тұманбай болып келіп, Тұма-екең болып аттанып бара жатырмын" деп мақтаныш етті. Өзінің жүзі қандай жылы болса, оқыған өлеңдері де жүрекке жылы тиді. Бақи Әбдіқадыров ағамыз ақындарға мені таныстырды. Ақын Тұманбай "Қыздарды көңілім сүйеді" деп маған көз қиығын тастады. Мүбәрак Жаманбалинов газеттің меншікті тілшісі, балалар ақыны. Үш-төрт кітабын шығарған. Бұрын көрмеген екенмін. Қажымұрат Айтжанов газетте істейді. Ол кісіні де бірінші рет көрдім. Өлең жазады. Мүбәрак ақын жазушылар одағының мүшелігіне өткісі келетінін айтты. Сұбыхан редактор аға қонақтардың алдында құрдай жорғалады. Әсіресе Диқан ағаның жұбайына ықыласы ауып, әңгімелесіп отырды. Алматыдан келген қонақтар Баянауылға жол тартты. Маған бірге еріп жүр деген еді, оған менің корректорлық жұмысымда орныма баратын адам болмады.э

             Газеттің тілшісі болсам, қалай  болсын бірге барушы едім. Сол күні көңіл күйім көтеріңкі болып отырсам, корректорлар бөлмесіне телефон қоңырауы түсті. Редакциядан Бақыт екен. Әйелдің даусына салып, менімен әзілдесті. Өскенбайдың Бақыт деген қызымын дейді. Өскенбай баспаханада жүрген. Оған Бақыттың қызығын айтып едім, мәз болды. Бақыт деген қызым жоқ деп ішек-сілесі қатып күлді. Бақыт Баймұратов өте қушыкеш, журналист жігіт. Бойы ұзын, көзінен күлкі кетпейді. Бала кезінде бір бүйрегін алып тастаған, өзін күтіп жүреді, -деді Өскенбай. Оны неге айтты, біліп жүрсін деген болар. Басы бос қызға кім көзін салмайды дейсің. Олардың не ойлайтынын білмеймін. Білетінім, редакцияның жігіттері жаман емес. Өскенбай қыз мінезді, артық сөзі жоқ, басын шұлғып, күліп тұрады. Негізі мен олармен құрдас емеспін, жастары үлкен. Бірақ әзілің жарасса атаңмен ойна деген мақал бар емес пе? Бақыт машинистка қыздардың жанынан шықпайды. Өскенбай қыздарды көрсе, қашып жүреді. Редакцияда жоғары білімді ақын Есентай Ерботин деген жігіт бар еді, ол радиоға ауысып кетті. Көкшетаулық Сайлау Көшкенов "Жаңа арқа" газетінің редакторы болып істейді. Менімен шамалас. Таныстығымызды бекіте түскісі келді ме екен, менің "Арман" деген өлеңімді поэзия бетіне беріпті. Газет қиындысын салып жіберген екен. Өлеңім  оқырмандарына ұнапты.

***

            Редакция жатақханадан орын алып бермек болған. Қатынас қағазымды апарғам, әзірге орын босаған жоқ деп, үмітімді үзді. Пәтер иесі жетпістен асып кеткен Қайша әжем жатақханаға шығамын дегенімді жақтырмады. -Саған үйреніп қалдым, тұра бер, -деді. 2 желтоқсан күні облыстық теледидардан жас ақын деп өлең оқуға шақырды. Телестудия  қаланың шетінде болатын. Жаңадан салынатын биік үйлердің қазығы қағылған. Телестудияның ішіне кірдім, айнала жарық қойылыпты. Ортада диктор Нағима отыр. Режиссер аға диктордың қасына отырғызды. Үлкен залда екеуміз. Жоқ, басқа да, доңғалақты камераларын қозғап жүрген орыстың жігіттері бар. Студияның ішіне жүрексініп әрең кірген едім. Айнала тыныштық орнады. "Микрофон қосулы тұр", Назар аударыңдыр!" деген белгісі бар жарық жағылды. Диктор  Нағима Баядилова қоңырау соғылған соң, жас талапкер ақын, облыстық газеттің қызметкері деп таныстырды. Қатты толқыдым. Басым айналып, өзімді әрең ұстадым. Даусым дірілдеп "Арман. Адам. Абзал аға. Арнау" деген төрт бес өлеңімді оқыдым. Өз даусымды өзім танымадым. Нағима маған рахметін айтқан кезде ғана есімді жидым. Неге толқыдым. Алдымда көрермен отыфрған  жоқ. Студияда Нағима екеуміз және эфирге түсіріп тұрған екі камера болды. Ал үстіңгі жақта қанша адам жұмыс істеп тұрғанынан бейхабармын. Бар білгенім бүкіл облыс көрді. Біздің ауыл түгел көрді деп ойлаймын.

            Ертеңінде Мәдинаның үйіне бардым. Алдымнан Маржан шығып, маған "Шолпанка, почему ты мне не отвечала," -дейді. Сәбидің қуанышпен қойған сұрағына  толқып  кеттім.  Енді қойған сұрағыңды қайталай ғой, жауап берейін десем, "я забыла" дейді. Өзі сондай тәп-тәтті, алдыма шығып алып, шашымды тарайды. Бетімнен сүйеді. Марат болса, жүр шахмат ойнайық деп қолымнан тартып әлек. Көптен бері келмей кетіп едім, Жұмаш әжем де, шәйін қойып, дастархан жасап қойды. Үйдің ішінде жылылық бар. Үйге кеткім келмей қалды. Себебі пәтер иесі жатақханаға шығамын дегенімді естігеннен бері маған ренжіп жүр. Барсам сөйлеспейді. Екеуміз үн-түнсіз отырамыз. Ертең Алматыға ұшамын деп билет алды. Зайда деген келініне қоңырау соғып, үйін тапсырды. Мен әзірге кетпеймін дедім. Үйге ие бол дейді.

            Қайролла жездемнің баласы Жакеннің әйелі Галина Асановна теміржолда санитарлық станцияда бас дәрігер. Ол маған жатақхана алып беремін деп бүкіл қағаздарымды жинап алған. Оның да әрекеті іске аспады. Қанша қопаңдап, көрпе-жастығымды көшуге дайындап қойсам да, дәм жазбады. Шәкен Кокшетауға тұрмысқа шығып кеткелі екі рет үйіне келіп кетті. Өкінеді, ауылдағы ата-анасын сағынады. Дәмелі екеумізге Серік күйеу бала хат жазыпты. "Шәкен айтқанымды тыңдамайды, екеуміз жиі-жиі келіспей қаламыз. Анамды сыйламайды. Кетемін, -дейді. Не істерімді білмеймін"-депті. Иә Шәкеннің алысқа кеткені бізді де ойландырған. Мен махаббаттың құдірет күші ғой, барған жеріне судай сіңіп, тастай бататын шығар деп жүргенмін. Мінезі бар, ерке өскен қыз. Жат жұртта да сол мінезін көрсетіп жүр. Серік осылай бола берсе, Павлодарға апарып тастаймын депті.

            Шәкенге ақылымды айтып хат жаздым. Өзім де оңып тұрғаным жоқ, тәжірибем жоқ. Қыстың күні суық. Көкшетаудың ауа райы бізден де суық. Төрт қабырғада Серікті күтіп отырады. Үй шаруасына ыңғайы жоқ. Үйіндегі кәрі енесі бәрін өзі жайғастырады. Бөтен елден келген келінге билік тиюші ме еді. Етхананың кілті енесінің қалтасында, соғымның етін санап қояды. Қолына ақша ұстамайды, Серіктің алған еңбегін шешесі алады. Дүкенге бару үшін енесінен ақша сұрайды. Серіктің темекісіне де шешесі санап береді. Ата-енесінің қасы мен қабағына қарап отыру қиын. Қаладан алыс жатқан ауылға келін болып бару өзінің қалауы еді.  Біз үгіттеген жоқпыз. Ауылда да Серіктен артық жігіттер болды, маңдайына жазғаны сол. Енді үйіне қайта-қайта хат жазады,

            Шәкеннің анасы Қамен жындануға жақын. Әкесі Иманғалы Шәкеннің Көкшетауға кеткеніне мені кінәлі деп ойлайды. Себебі оған ақыл айтпаппын. Неге Шәкенмен сөйлестім емес пе? Ол өзі ғой, басқа жігіт жоқтай Серікті ұнатып қалған. Ауылға барғанда Әскенмен жолықпадым. Ол менен жауап күтіп, күдерін үзген сияқты.Күлпариза Алматыға кел деді. Бір курста оқып жүрген Хамит та қысқы сессияға келсең ауылға алып қашамын деп жазыпты. Ол өзі Жезқазғанда тұрады. Аудандық газетте қызмет істейді. Мен қысқы сессияға бармайтын болдым, біріншіден қаражат жоқ, екіншіден Хамиттың қылығынан қорықтым. Тым озбыр жігіт. Кім біледі, сайтанның азғырғанынан адамның азғырғаны жаман. Соңғы кезде корректорлық жұмыстан жалығып кеттім. Жиенбек менің селсоқ жүргенімді байқап қалып, редактордың орынбасары Айтжан ағаға айтыпты. Шолпанның оқыған бетінен көп қате шығады, түзетіп жүрмін десе керек. Ер адам өсек тасығаны несі.

            Айтжан Бәделханов шақырып алып, жағдайды анықтады. Мен мойындадым. Шығармашылық жұмыспен айналысқым келетінін айттым. Шыдай тұр, жақында бір орын босап қалар, ескереміз, -деп арқамнан қақты. Облыстық радиодан жаңа өлеңдерімді оқыдым. Өткендегідей емес, радиодан оқығанда жүрексінбедім. Даусым да дұрыс шықты. Сол жолында Айтбай Мұздыбаев деген ағамыз теледидарға хабар дайындап көрші деп тапсырма берді. Совет Одағының Батыры Мәншүк Мәметова туралы сценарий жаздым. Сценариімді ол кісі ұнатыпты. Енді суреттерін кітаптан алып, Величко деген суретшіге апарып бердім. Бір күннен кейін студиядан қоңырау түсті. Айтбай аға хабарымды жоспарлап қойыпты. Енді өзім экран алдына шығып, хабар жүргізбекшімін. Жаңа жылдан кейін жаңа штаттық кесте келеді. Балалар мен Жастар хабарын ұйымдастыратын редакторды қызметке аламыз. Сен соған дайындала бер деп, мені қуантты. Несі бар, бұрын ешкім қолына алмаған жаңа бір істі бастаймын. Редакциядан да үмітім бар, осында қалғаным да дұрыс еді, не болса да, болашақ көрсетеді.

Таң шапағы құлпырып тұр арайлап,

Қар жамылған Ертісім де, бар аймақ.

Жауып өтті ұлпа қарлар шашыма,

Шыршаларға жерге түсіп, қасыма.

Ақ ұлпадай пәк сезім, ақ қардай,

Махаббатым жүрегімде сақталғай.

Қиындық көп алда талай күтетін,

Күш-қайрат бер ұмтыла бер тоқтамай...

***

             Жаңа жылды  газетте істейтін бойдақтармен бір үйде, үстел басында қарсы алдық. Есентай, Бақыт, Өскенбай, Ләззат, Балшекер...Қызметтестермен әзіліміз жарасып, ойын-ойнадық. Дөңгелене би биледік. Бақыт вальсті жақсы билейді. Өскенбай биге жоқпын деп бізді тамашалап отырды. Жаңа жыл келді, төрімізге шықты. Бір  жасқа есейдік. Бір-бірімізге тілек айттық. Мен үшін өткен жыл жақсы жаңалыққа толы, табысты жыл болды. Жасымнан армандаған журналистік  мамандықтың алғашқы баспалдағын аттадым. КазГУ-ге, жоғарғы оқуға емтихан тапсырдым. Оқуға түстім. Облыстық газеттерге, республикалық "Лениншіл  жас","Социалистік Қазақстан" және басқа да газет-жорналдарда бірнеше өлеңдерім мен мақалаларым жарық көрді. Бәрінен бұрын үміттеніп жүрген жігіттер күдерін үзді. Ауылға оралмайтыныма көздері жетті. Алтыншы қаңтарда телестудияға бардым. Бас редактор Рахат Балтабаевтың кабинетіне кірдім. Елпілдеген жақсы адам. Жұма күні телевизия және радиохабарлары комитетінің төрағасы Хамза Токпановтың алдында болғанмын. Ол кісі дүйсенбіден бастап қызметке шық деді.

            Газет редакторы Сұбыхан Шошанов өтінішіме қол қойғысы келмеді. -Шолпан ойлан, тілшінің орны босаған күні, штатқа аламын, - деді. Шегінуге жол жоқ,телестудияға өтінішімді жазып, бастыққа қол қойдырып алғанмын. Әрине телевизияның жұмысы маған таныс емес. Бәрін өзің ойластырып, өзің жазып, ізденіп, жаңадан бастауың керек. Өткен жолы бір топ өлеңдерімді Мұхаметжан ағаға қалдырып кеткенмін. Ол кісі газетке келуіме себепкер болған адам. Қоштаспай, үндемей кетудің ретін таппадым. Кабинетіне қобалжып, бір түрлі жасқаншақтап кірдім. Ол кісі барлап қарап тұрды да, әрине телевизияның жұмысын білмеймін. Өзіңнің қалауың сол болса, жолың болсын. Егер газетке қайта ораламын десең, қолдау жасаймын деді. Содан кейін "өлеңдеріңе пікір жаздым, газет үшін емес, жеке өзіңе ғана арналған. Мән беріп, асықпай оқып шық, қорытындысын шығару өз еркіңде, -деп, қолымды қысты. Қолымдағы тілдей қағазды ашып оқуға батылым бармай, біраз жүрген соң, үйге келіп, оңашада оқыдым.

            -Жинағыңды бір тармағын қалт жібермей оқып, жөндегенін жөндеп, сызатынын сызып аямадым. Бойжеткен болған соң кәдесіз бола ма? Өлеңдеріңнің ішінде гауһар, маржан, лағылдарың бар екен. Бір ұнағаны өлеңді шағын жазатының. "Қысқалық шеберлік анасы".  Бірақ қысқа жазамын деп түсініксіз, ойсыз, бір қарата сыдырмай жазуға болмайды. Талант дегенің еңбек деген болса, сенде еңбек бар. Жыр жазғанда тыныштық, жалғыздық жақсы. Осы мүмкіндікті (уақытша) пайдаланып, тырысып жүрген көрінесің. Бәрі дұрыс жаза бер. Енді сынымды тыңда. Менің байқауымша, сен ақындардың жырын оқып, солардан үлгі алуың шамалы. Сондықтан болар, шумақтарыңда нақтылықтан гөрі жалпылық басым. Қыз деген қиялшыл ғой. Әлі тақырыбың тар. Бұлттар, жаңбыр, оймен сырласу, жалғыздық, тарығу, аспан кезу, толқу, үміттің жетегіне ере беру секілді солқылдақтық бар. Ақын боламын десең, олардан арыл. Бірер жігітке "құсың түскен" екен. Өмір деген кеңістікте бәрі болады. Ынтығу, қызығу, тіпті ғашық болу соның ісі. Бірақ сен өзің өлеңге, поэзияға ғашықпын деген секілді едің. Айтатын ақылым-өзіңді сүйгенге ынтық. Сонан соң көзіңді "қадамашы"деп күйректік жасама. Өршіл бол. Қыз намысы өршіл, асқақ болу керек деп ойлаймын. Өлеңіңнен осы қасиет көрінсін. Тағы бір байқаған жай. Өлең көркемдеу құралдарын  қолдансаң ғана құлпырып шығады ғой. Сенде жадағайлық басым. Сөздің образдылығы жетіспейді. Тақырыбыңды кеңейт. Күрделі бір дүние жазуға тырыс. Сонда сенің сөз қорың таусылады да ізденесің. Тілің байиды. Өз шырыныңмен өзің пісіп, жасауларыңды ешкімге көрсетпей жүрген қыз екенсің. Құпияңды маған көрсетіп жүр. Қолымнан келгенше аямаспын. Сәлеммен жездең Мұхаметжан Дәуренбеков. 

***

            Телевизия орталығына келдім. Рахат Балтабаев ағамыз өзі алдыма түсіп, түкпірдегі кабинеттегі бос тұрған үстелге отырғызды. Павлов көшесіндегі 11-ші үйдің астыңғы қабаты. Кабинет қараңғы болып көрінді. Жарықты жағып қойыпты. Екі-үш ер адам жазу жазып отыр. Редакторлар екен.  Бірінші жұмыс күні танысумен өтті. Ең қиыны, орыс редакциясымен бірге қызмет істейміз. Ұжымдық жұмыс. Кинооператорлар, суретшілер, басқа да мамандық иелерінің жұмысы бір-бірінсіз бітпейді. Сабақтасып жатыр. Бір хабарды эфирге шығару үшін режиссер, оның көмекшісі, кинооператор, суретші, телеоператорлар тағы басқа да жауапты адамдар қажет. Жиналыс, лездеме орыс тілінде өтеді. Орыс тіліне шорқақпын. Дұрыс сөйлей алмаймын. Мұнда орыс тілінде қарым-қатынас жасауым керек. Орыс тілділердің ортасына түстім. Қазақ тіліндегі хабарлар орыс тілінен екі есе аз. Негізі орыс редакциясына барлық мүмкіндік жасалған. Кабинеттерінде екі адамнан отырады. Қазақ редакциясы автомашинаның өзін олардан кейін пайдаланады. Бір  аптадан кейін Лебяжі ауданында тұрған, мұғалім Тұрсынбай  Ибадуллин қызметке келді. Бас редактор Рахат Балтабаев алдындағы  айлық жоспарға қарап отырып, "Оның екінші мамандығы" атты  хабар дайындауды тапсырды. Милиция аға лейтенанты Қабдыкәрім  Әбдікәрімов туралы хабар ұйымдастырып, эфирге шығаруым керек.  Қасыма суретке түсіретін өзім сияқты жас жігіт Тоқтар Ахметовті  қосып берді де, аязды күні екеуміз көшеге шықтық. Қабдыкәрім  ағаның  облыстық ішкі істер басқармасындағы жұмыс сәтін,  машиналарды тексеріп, жүргізушілерге нұсқау бергенін түсірдік.  Кабинетіне, үйіне бардық. Енді сценарий жазып, өзін шақырып,  эфирге шығаруым керек. Өнерпаз кейіпкерім 1957 жылы Қазақстан  жастарының тұңғыш өнер  фестиваліне қатысып, 2-ші дәрежелі  диплом алыпты. Өзі үлкен театрдың сахнасында ойнаған. Халық  артисі Нүриден Атаханов секілді режиссердің "Амангелді  сарбаздары" спектаклінде Ержанның ролін сомдапты. "Қыз жібек"  операсынан Бекежанның ариясын, "Сұржекей," "Гауһар тасты"  "Абай" ариясын орындаған. Тікелей эфирге берілетін хабарда ол кісі  домбырамен ән айтты.

            Тұңғыш жасаған хабарымда кемшіліктер көп  болды. Эфирге шыққан кезде, кейіпкерім тәжірибесіздігімді  пайдаланып, әрі милиция қызметкері болған соң, үстемдік көрсетіп,сөздің бәрін өзі сөйлеп, тіпті орнынан тұрып кете жаздады. Режиссер Әнуар  Қалиев хабар жақсы шықты деді. Бәлкім көңіліме қарады ма екен?  Әрине мен үшін жаман хабар болған жоқ, тұңғышым ғой. Алайда  төраға кемшілігімді бас редакторға айтыпты. "Дәрежесі үлкен адаммен сұбхаттасуға әлі ерте"- депті. Сондықтан ба екен, маған балаларға арналған хабар ұсынылды. Сөйтіп "Біз Ильичтің ұрпағы" деген хабар дайындадым. Қазақ редакциясында бар жоғы төрт редактормыз. Айтбай Мұздыбаев осында келгелі жаңалықтарды дайындап жүр. Теңдік Елемесов жасы үлкен журналист ағай қысқа да нұсқа жазады. Эфирге шығармайды. Тісі жоқ, сөйлегенде сөзінің бәрі тісінің арасынан шығып кетеді. Қазір жаңалықтарды дайындайды. Жазуы әдемі, маржандай тізіледі. Машинистка Үміт апай менің сөздерімді түзетіп басатын болды. Өз кәсібінің шебері Үміт Теңдік ағаның да сөздерін өзгертіп қояды. Екеуі келісе алмай қалыпты. Диктор Нағима Баяділова жаңалықтарды оқиды. Өзі сондай кішіпейіл. Мені үйіне шақырды.

            Түс әлпетінде Нағиманың үйінде болдым. Қарапайым тұрады. Үш бөлмелі шағын үйде басы артық дүние жоқ. Бәрі жинақы. Екі ұлы Арман мен Бейбіт мектепте. Жолдасы Қайыргелді телестудияда киномеханик. Нағима облыстық газетте корректор болып жүргенде конкурсқа қатысып, сексен адамның ішінде жалғыз өзі дикторлыққа өтіпті. Экран алдында Нағима әрине құлпырып отырады. Үйде де өзіне жарасымды қызыл гүлді көйлек киіп, қолы майысып, шәйін құйып отыр. Теледидарда қызмет істегеннен бері туған апамдай болып кетті. Қазір үйіне жиі баратын болдым. "Қазақстан әйелдері" журналының әдеби қызметкері Әдия Сексенбаевадан хат келді. "Жүрек ұйықтамайды" деген әңгіме жазып, жорналға қалдырып кеткенмін. Әңгіменің қорытындысы көңілге қонғанымен, көркем туынды ретінде сәтті шыққан дүние деу қиын. Әйел адамның үш рет тұрмысқа шыққаны тағдыр талқысы деп түсінгеннің өзінде оқырманның қабылдауы қиын. Нанымды етіп жазу керек еді, сондықтан қайтадан қолға алып, жазып шыққаның дұрыс болар, -депті. Шынында да әңгіме деуге келмейтін дүниемді редакцияға несіне қалдырдым екен, асықпай жіберуім керек еді, амал не, қайтадан жазамын.

***

            Павлодарға СССР халық артисі Роза Бағланова келді. 23 ақпан совет әскерлері күніне концерт қойды. Билет алып Роза Бағланованың концертіне бардым. Әнші Роза ортадан төмен бойлы,  шымыр денелі, өте келбетті жан. Былайғы  жұрт бұл әншіні тәкәппар, кеуделі, қатал адам деп біледі. Айтса айтқандай керемет дауыспен, бойындағы дарынды алып жүру үшін мінез керек қой. Сахнаға жүз құбылып шықты. Аяғын басқан кезде, жер қозғалатын сияқты. Тықылдаған өкшесін көтеріп қойып, көрермен алдына иілгені де өзгеше. Мойнын бұрмайды, кекжиген басы ноқталаған тұлпардай. Бізде бір байтал болды. Арбаға жеккенде тұмсығын көкке қаратып алады да, кекжиіп шаба жөнелетін. Роза Бағланова жұрт алдында жақ ашпады, сөйлемеді. Бір әнді сықылықтап күліп алды да, "Ах, Самара городок" деп  шырқата жөнелді. Сылдырлаған ақ күмістей таза, ашық үніне еріксіз елтисің. Ертеңінде Роза Бағланова телестудияға келді. Жақын келіп әңгімелесуге мүмкіндік туды. "Айналайын жаным" деп сызылып әндектіп сөйлейді. Тікелей эфирден концерт берді. Сұбхат бергісі келмеді. Хабарды диктор Нағима жүргізді. Қандай өлең орындайтынын хабарлады. Нағима кабинетке күнде келеді. Эфирде оқитын тексті алады. Кабинетте сценарий жазып отырған едім, келді де қарсы орындыққа отырды. Тегінде редакцияға келе жатып, ойлап келген болу керек, жазу жаза бастады..

            "Жарқырайсың көктемде шыққан жұлдыздай, сұлусың ғой, көз нұрындай, жез таңдай. Жасырмай-ақ жан сырыңды айтсаңшы, неге өзгердің қар суындай тез сондай." Қағазды қолыма берді де,  жауабын жаз дейді. "Өркен" хабарының сценарийін жаңа бастап жаза бастағанымда, жан алқымға алды. Жауабын жаздым да, қолына бере салып, телевизия орталығына монтаж жасауға кеттім.. Нағиманың не ойлағанын, нені жоспарлағанын кейін түсіндім. Қайыргелді жездеміздің бойдақ жүрген інісі бар екен, Нағима сол жігітпен таныстырмақшы болыпты. Әрине ол ойын жүзеге асырды. Жасы үлкен, жалтыр бас жігіт. Көп сөйлемейді, жуас. Маған ұнады деп айта алмаймын. Дегенмен үндемедім. Ұзынқұлақтан естіп қалдым. Бұл жігіттің бұрын әйелі болыпты. Ажырасып кеткен. Нағима апайым "менің қайныммен таныс, жақын болайық" деген кезде ренішімді білдірдім. Өзі ыңғайсызданып қалды. Саған ұсыныс жасадым, бір үйдің келіншегі болса деп едім, кешірім сұраймын. Енді бұл тақырыпты қозғамаймын, ұмытайық"- десе де, ол үйге баруды сиреттім. Дегенмен қызмет бабында, лездемелерде бірге отырып, өткенді естен шығардым.

***

            Жақында Целиноградтың телестудиясына іс сапарға жіберді. Поезбен барып, вокзалға түстім. Маған қаланың сұрғылт тартып тұрған келбеті ұнамады. Жатақ үйлері көп. Бұл қалаға бүкіл республикадан тың игерушілер келіп, орнығып, "Тың өлкесі" деген атауын алған көрікті қала дейтін. Кезінде биік үйлер салынып, жастар мәдениет үйі тұрғызылып, Есілдің жағасы адам танымастай өзгерген. Ақмола деген атауы Целиноград болған. Вокзалдың қақ төрінде алып сағат, шіркеудің қоңырауындай, яғни Кремльдің курантындай сағат сайын соғып тұр. Оның даңғырлаған үні де  жайсыз тиді. Көкшетауға жол жүріп бара жатқанда, Целиноград қаласының бейнесіне мән бермеппін. Вокзалдағы қоламса иістен жүрегім айнығаны ғана есімде бар. Көше бойлап жаяу келе жатып, ескі үйлерді, құлаған қақпаларды көрдім. Телестудияның мұнарасы жақын көрінгенмен бір сағаттай жаяулап отырып, орталыққа жеттім. Үлкен қақпаның алдындағы күзетшіден бастап, ішіндегі қызметкерлеріне дейін басқа ұлттың өкілдері. Қазақ тілін ұмыттыратын жерге келіп, жалтақтап жан жағыма қарадым. Қаракөздерді іздедім. Жоқ. Қазақ редакциясын сұрадым. Жол көрсетті. Бардым. Аядай ғана кабинетте екі-үш қазақ жігіті отыр. Менің тәжірибе алмасуға келгеніме таңданыспен қарады. Өзіміз де жаңа келген тәжірибесіз жігіттерміз. Телевизияның құпиясын ашуға уақыт керек деп отырмыз. Мына орыс редакцияның қызметкерлері Москвадан оқып келген, режиссерлер мен дыбыс режиссерлері. Біз оларға жазған сценарилерімізді, жоспарларымызды орыс тіліне аударып, түсіндіріп береміз дейді.

            "Москва" қонақүйіне келіп орналастым. Ертеңінде техникалық  жағынан жаңа аппарттары бар монтаждау цехы, кино-прокат цехтарымен таныстым. Бір аптаның ішінде біздің телестудияда жоқ дүниелерді көріп, біраз мағлұмат алдым. Көргенім мен көрмегенім, түсінгенім мен түсінбегенім үшін өкінбедім. Бір кездері тың өлкесінің астанасы болған үлкен қалада, біздің студиядан бұрын жұмыс істеп тұрған облыс орталығындағы телестудияның жұмысы керемет деп айта алмаймын. Әсіресе қазақ тіліндегі хабарлар өте аз, біз сияқты. Қырық процентке жетпейді. Жаңалықтарды үзбей береді. Жастар редакциясы жаңадан құрылыпты. Оған қарағанда біздің жағдайымыз жақсы көрінді.

            Целиноград маған шет ел секілді болды. Қазақша сөзім таусылғандай, орысша сөйлеп келдім. Мен кеткенде қаланың ішінде қар жатқан. Күн жылынып, еріп, кетіпті. Қыстың күні далаға шығарып тасталған қоқыстар жер үйлердің маңында үйіліп жатыр. Солтүстік жаққа көктем кеш келеді. Қаланың ішінде көктем дегенің күннің жылынғаны, қардың ерігені, көшені су басып, аяғыңды батпақтан алып жүре алмай жүргенің ғой. Шіркін ауылға келген көктемге не жетеді дейсің? Шуақты күннің көзі айналаны қызылды-жасылды түрге бөлейді. Қар көбісі сөгіліп, жердің жүзі қарақошқылданып, қар астынан кішкене қар суы жылтырайды. Кейбір жерден жылғаланып, жылап ағып, жерді сызып көз алдыңнан өте береді. Жылт-жылт еткен судың үні қандай нәзік болса, жаныңа да майдай жағылып сезіміңді селт еткізеді. Осындай көріністің құдіретін аспаннан іздейсің. Күннің көзі айнала сәулесін шашып, көзіңді талдырады. Құлағыңа алыстан қиқулаған құстың үні келеді. Қарлы судың сылдырындай жылт еткен кішкентай мұзды шұқылап отырған қос қанаттыларға қарайсың. Ерте көктемде жылы жаққа оралатын ұзақтар. Олар үшін суық жел соғып тұрса да, кішкентай болса қара топырақ тауып, қанаттары желбіреп, бастарын көтерместен  екі шоқып бір қарайды. Бірін бірі қуалайды. Бірінен бірі бес елі алыс кетпейді. Қосарланып жүреді. Қосарланып ұшады. Қол ұстасып бірге келген ерлі-зайыптылар, ғашықтар сияқты. Керемет әсер аласың. Қала көктемі ше? Олай емес. Дегенмен көктем келді, алты ай қыс артта қалды, келді көктем қалаға, келді көктем далаға.

***

Қызылтаңдағы Қайролла ағам менімен бірге оқыған Дәмелімен танысып, сөз байласып жүрген. Демалыс күні Дәмеліні үйге апардым. Қайролла келін етіп түсіргісі келіп еді, ол көнбеді. Екеуі келісе алмады. Ауылға Қимадиден Нығманов келіпті. Қабыл көршіміздің әйелі Мәкөн ақын Қимаштың қарындасы болатын. Сәлемдесіп шыққалы көрші үйге бардым. Ағайды бұрын көрмеген едім. -Байғалының қызысың ба? деді салған беттен жүзіме барлай қарап. Менің жауабымды күтпестен -Кітап жазып жатырсың ба?-деп сұрады. -Кітап біздің түсімізге енуі мүмкін, әлі жаспын ғой, екі-үш курс бітірейін, сосын талаптанып көремін, -дедім. "Қанат ұшса қатаяды", еңбектеніп, оқып-білім алсам, кітап шығару қашпас. Бірақ біреудің жетегіне еріп, азғырғанына көніп кетпесем болды. Қыздарға қырғидай тиетіндер көбейіп кетті. Жалғызбын. Ағам Нөкеш тірегім де, сүйенерім де, қолдаушым да, жанашырым. Ырыс апайым өзінің отбасымен, бала табумен әлек. Жетінші балаға босанды. Ал Ырыскелдіден хабар жоқ. Не өлі, не тірі екенін білмеймін. Бәлкім ол газеттен оқып, біліп жүрген шығар. Телевизордан да көрген болар. Күйеуге кеткелі ауыл бетін көрген жоқ. Ағам да оны іздеп бармады. Өмірдің қаталдығы да осы емес пе?           Менімен  Айтбай, Тұрсынбай, Ғаббас Нәскенов қызмет істейді. 23 ақпан кеңес армиясының туған күніне оларға бір-бір шумақтан өлең жазып, қабырға газетін шығардым.

Ғаббас Нәскенов "Денсаулық", "Бәрі де адам үшін" және "Индустриалды Павлодар" деген хабарларды ұйымдастырады. Ол кісінің мінезі өте жұмсақ.- Әндетіп, ыңылдап жүреді. Ашуланғанын көрмейсің, ылғи күліп жүреді. Жаңа әндерді  сол кісіден үйренеміз. Әйелдерге өте жақын жүреді. Үйдегі істеген тамағы туралы айтады.  Ғаббас ағаның мінезі қыз сияқты. Ал Есентай керісінше ұзақты күн телефонның құлағында отырады. Аудандардан жаңалықтар алады. Күншіліктен "ұзынқұлақ" тосқаны, Өзінің де аз еместің қосқаны. "Балдырғанды" өкпелетіп алыпсың, Радиодан танымайсың басқаны." Шынында да ол қазақ радиосына жаңалықтар беріп тұрады. Балдырған жорналына өлеңдерін жіберуді сиретіп алды. Есентай Қазақ радиосының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі. Айтбай аға повесть жазған атақты адам."Тағдыр" деген кітапшасын шығарған жазушы. Тұрсынбай аға көркем жігіт. Шашы бүйра, көзі үлкен. Езуінде кекесін күлкісі тұрады. Оны қыздар көп жағалайды. Өзі ұстаз болған соң ба, көп біледі, ақылын айтады, оқытушылық әдетін ұмыта алмай жүр.

Телевизорды екінің бірі көреді. Әсіресе жастар хабарын көретін ауылдағылар, үлкен-кіші бәрі қарайды. Екі үйдің бірінде телевизор бар. Ауыл клубына кино сирек келетін болды. Жақында"Құрдастар" программасына Павлодар ауданының Малды асылдандыру станциясынан Дәмет Бияқаевадан хат келді. Онда былай деп жазыпты. Құрметті "Құрдастар"  программасы! "Арманым менің ән мен жыр"-деген Мейрам Ермекбаевтың творчествосына арналған хабар өте ұнады. Өзі музыка аспабында ойнайды, өзі ән жазады. Талантты жігіт. Жүргізуші Шолпан Байғалина Мейрамды Краснокутскі ауданының "Спартак" совхозында мектеп бітірді, көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі деп таныстырды. Әрине өнерін шыңдаған, оқытқан Спартак ауылы болғанымен, оның туған жері Қызылтаң. Менің көз алдымда ержетті. Бастауыш класта сол ауылда оқыды. Оның "Ауылым менің" деген Шолпан Байғалинаның сөзіне жазылған әнін орындағанда ауылымды сағынып жыладым. Керемет өлең. "Құрдастар" жастарға арналған хабарды үнемі көремін. Тәрбиелік мәні жоғары, жастарға үлгі-өнеге болатындай хабар. Келесі хабар қашан болады деп күтіп жүреміз,- депті.

***

Езде жасайды елуді, Ер де жасайды елуді. Бұл мақалды Рахат Балтабаев Ғаббас Нәскенов елуге келгенде әзілдеп айтты. Сөзінің жаны бар. Елуге кім келмей жатыр? Рахат ағам өзі елуге келгенде, облыстық "Қызыл ту" газетінде редактордың орынбасары, ағамыздың құрдасы Айтжан Бәделханов телефон шалды. Маған бір екі ауыз өлеңді жазып алып, бастығыңа бер,- деді. Қолыма қалам алып, жаза бастадым. .Әлқиса, деп басталды, бұдан 50 жылдар бұрын, өмірге бір ер бала келді дейді. Тілекті"құдай" сонда берді дейді. Еш нәрсе жоқ сияқты сенбейтұғын. Бір жаста тілі шықты сөйлейтұғын. Әлқиса, ел жұртынан бата алыпты. Сөйтіп ол "батыр" бала атаныпты. Аштықты, соғысты да көрген солар. Әкелер біздер үшін жеңген болар. Әлқиса, студенттік шақтарым-ай. Панфилов, Горький сынды бақтарым-ай. Деп бүгін жігіттікті қиялдайды, Сонда да сол дәуренді қия алмайды. Тәуекел деп қорықпай белді буып. Сол жігіт екі мәрте ер боп туып. Өмірдің қиындығын жеңді дейді, Елуге ер боп Рахаң келді дейді... Өлеңі аяқталды ма десем, Айтжан аға одан әрі жаз,- деді. ...Түн болса көшелерді құлай өрлеп, Жүруші ең Тастақ бойын қылып ермек. Олжасыз кей күндері оралғанда. Қалушы ең ресторанға болып бермек. Осы жұрт Рақайыңды біле ме екен? Шепеткова көшесін қылған мекен. Бажа боп редакторға жақпақ үшін, Сиырды қалың малға сатқаны шын. Жүргенде базаршылап пароходпен. Тізеге қу таяқтың батқаны үшін. Жалғандікі жалғанда қайтады да. Білмесе бұрынғылар айтады ма? Партшколда ұмытылмас жерің болды. Бой жазуға жас кезде көрім болды. Мәскәу барған сапардың салдарынан. Шепетковтың көшесі хатқа толды. Қапың бар Екібаста жұртқа мәлім.  Кегіңді ал кешікпей болса әлің. Өмірің бір дастанға арқау болар. Жеткізу қиын боп тұр соның бәрін. Қаншама көнбесең де содырланып. Елу кеп көк желкеңде отыр анық. Ал маған бәз баяғы қалыпыңда, ЖЕН-ПИ-ге тұрғандайсың оқыранып..

            Өлеңді машинкаға басып, қолына ұстаттып едім, оқыған кезде жүзінен қуанышты көрдім. Шынында да Рахат ағамыз екі рет операция жасатып, аман қалыпты. Мен ол кісіге: ...Шет жағасын көріп қилы заманның, Төзімді боп қайта өмірге оралдың. Енді очерк тосып жүрміз ағадан. Қызы жайлы жаза ма деп Оралдың,-деп жазып бердім. Бұл кісінің жан жолдасы, әйелі Ақ жайықтың қызы.Рахат аға "Социалистік Қазақстанның" осы өңірдегі тілшісі болған, мықты журналист. Облыстық, республикалық газеттерде суреттеме, очерктері де жарияланып тұрады. Әрине ағамыздың біз  білмейтін  батырлық істері көп.Университетте студенттік шақты бірге өткізген құрдасы Ғаббас Нәскенов елуге келгенде өлең жаздым....Елу- жасы жігіттің, Шығар шыңы биіктің. Қанша жүкті көтерген, Мықтылығы иықтың. Тегін емес, бағаңды,"Әнші дейміз Ғабаңды. Лебізімен әдемі, Баурап алар адамды. Қарамаңыз шашына, Ғабаң жиырма жасында. Бар қыздарды мәз қылар, Отырғанда қасына.Берер Сізге баға көп, Жаса қымбат аға боп. Мәңгі осылай жүріңіз,"Үлкендерге "Ғаба" боп! Иә, телевизия орталығына қызметке келгелі елуге келгендері тойлап жатырмыз.  Өзіміз жас болған соң ба, бұл кісілер бізге кәрі сияқты. Екеуінің әзілдері де қызық. Қатты ойнайтын, батырып, аямай  айтатын. Бірақ бір-біріне ренжігендерін көрмеппін.

            Балаларға арналған хабарымды Чернорецкі мектебінен ұйымдастыруды жоспарладым. Машинаны орыс редакциясы алып кетті. Мен газетте істейтін редактордың орынбасары Жылқайдар Қарпықовтан қызмет машинасын сұрап алдым. Кинооператорды, жарық қоятынды тиеп алып, жүріп кеттік. Директор орынында болмады. Қапсаттар Смайлов қалаға ауысыпты. Директордың орынбасары Зинаида Ивановна бізге кедергі жасады. Қазақ кластарын көрсеткісі келмеді. Нүркен Қасымов Ұлы Отан соғысының мүгедегі. Сол кісі туралы кино сюжет түсірдім. Одан кейін Кәрім Оспановтың сабағына бардым. Кәрім Оспанов  әдебиеттен берген. Сабақта әдеби кітап оқып отыратынымды еске алды.

            "Неге ұрыспадыңыз, тиып тастауға болушы еді ғой, -деймін күліп. Менің сабағымнан бес алатын адамға кітап оқыма деп айта алмадым. Әрі болашағыңның осылай болатынын ойладым,-деп күлді. Менің аяулы ұстаздарым! Мұнда орыс класы басым. Ал қазақ мұғалімдерінің оқытып жүрген кластары азайыпты. Биыл онбірінші жоқ.Өкінішті.. Иә, қазақ тілі өліп барады. Барған жерде орысша сөйлейміз. Лездемеде шолу жасаймын. Менің орыс тілінде тіл байлығым нашар. Бір екі ауыз сөзбен айтамын да, қалғанын орыс журналистері өздері жалғастырады. Нағимамен бірге қызмет істеймін дегелі барған жерде Нағиманы сұрайды. Асыл деген жігіт Нағимамен таныстыршы деп соңымнан қалмай жүр. Семьясы бар адамға сонша ыгтыққан адамды бірінші рет көрдім. Студияға келді. Таныстырдым. Нағимадан көзін алмайды, тіпті қадалып алыпты. Асыл суретші екен. Бәлкім суретін салатын шығар. Әйтпесе мына маған Нағиманың сұлулығын сөзбен сыйпаттау мүмкін емес. Жалпы сұлулық дегеніннің не екенін осы студияға келгелі түсіндім.

            Сұлу адамның ішкі дүниесі де сұлу. Жігіттері Нағима есіктен кіріп келгенде "Қараңғы кабинетті жап-жарық етіп жібердің" -деп жатады. Үнемі күлімсіреп жүреді. Эфирден оқитын жаңалықтардың мәтінін алып кетеді де кешке дейін дайындалады. Кейбір сөйлемдерді жатқа айту керек. Үнемі төмен қарап, оқып отыруға болмайды. Диктордың жұмысы, әдемі киініп келіп, беті-жүзін дұрыстап, шашын реттеп халық алдына шығу ғана емес, мәтінді тыңдаушыға ұғынықты етіп,  жеткізе білу. Нағима жәй жүргенде де  әдемі киініп жүреді. Қыстың күні киген пальтосы жұқа. Көктем шыққалы басына жұқа орамал байлап, жеңіл етік киіп, сәнденіп жүр. Адам көркі шүберек, әйелді киімі де сұлуландырады.

            8 наурыз халықаралық әйелдер күні теледидардың жігіттері банкет жасап, сыйлық үлестірді. Хамза Тоқпанов бір топ редактор әйелдерге алғыс жариялады. Мерекелік хабар ұйымдастырдым. "Әйел ана, әйел-жар, әйел басшы-қызметкер" деген хабарыма Майқайыннан Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мұғалім, Москваға "Қазақстан өнерінің онкүндігіне" барып  сый-сияпат алып келген әнші Бақыт Субекова қатысты. Хабарды мен дайындағанмен  диктор Нағима жүргізді. Қолына сценарий беріп, хабар біткенше режиссермен бірге пульт басында отырдым. Бұл хабарға ақын Қорлан Байжұманованы да шақырдым. Ол жаңа өлеңдерін оқыды.  Бақыт Субекова апайымыз Қайша әжейдің келіні болатын.  Әжей келіннің құрметіне ет асып, газеттен Бақытты, Нағиманы шақырды. Нағима жолдасымен, екі ұлымен келді.  Нағиманың жолдасы шақырған жерге бірге барады. Өткендегі менімен таныстырғысы келген қайнысы әйеліне қайтадан қосылыпты. Шын жүректен қуандым. Себебі Нағиманың көңілін қалдырдым-ау деп ойлап жүретінмін.

***

            Сырласым-күнделігім қолыма алмағалы, ақ шаңқан бетіңе ойымды түсірмегелі бірер айдың жүзі болды. Уақыт өтіп барады. Уақыттың соңынан қуып келемін, өткенім сағымдай бұлдырайды. Уақыт-көзге көрінбейтін терең мазмұн, әлуетті күш, шешегін жармаған гүл, оқылмаған кітап, болуға тиісті оқиға, ашылмаған ғылыми жаңалық. Келешегім көрінбейді. Дегенменен келер уақыттың әр секундында ұлы істердің ұлығы бар. Секунд қашан да өмірге жүкті болып келеді. Босандыру, бойындағы мүмкіншілікті шындыққа айналдыру саналы адамның міндеті. Әрине бұл кітап сөзі. Ал мен не бітірдім? Жаңа ұжымға үйрендім.  Істеп жүрген әрекетімнің қыры мен сырын да түсініп келемін. Қызметіме төселіп қалдым. Аз күннің ішінде іс сапарларға шығып, көрмеген жерді, білмейтін елді  аралап, адамдармен таныс болдым. Жақсы қылықты, нашар мінезді адамдармен де кездестім. Олардың кейбір қылықтарын таразылып, жақсылардан үйрендім, жамандықтан жирендім. Алматыға бардым, емтиханнан сүрінбей өттім. Онда да жақсы адамдарды жағаладым. Басқа облыстардан келген тағдырластарыммен достастым, дәмдес болдым. Өзімнің әлсіздігімді де, батылдығымды да, қайраттылығымды да сезіне білдім. Арман-адамның талмас қанаты да, үміт шамшырағы, ләззат-рухани күш

             Қай мамандықтың болмасын өз ләззаты бар. Оның ыстық-суығын татпай, өміріңді соған бағыштамайынша жеміс жоқ. Ең үлкен ләззат-басқалардың ойынша сенің қолыңнан келмейді дегенді жасап көру. "Тілек-ойдың атасы" депті Шекспир. "Ертең тағы да жол жүремін". Иә, бұл менің күнделікті мәтеліме айналды. Жол, сапар, жол, алға қарай жетелей береді. Бұралаңы да, ойлы-шұңқыры да көп жолдар. Бұл жолы Шәкеннің әкесі мен шешесін Көкшетауға апарамын. Поезға отырып, бір тәуліктен кейін Целиноградқа түстік. Одан кейін жүгіріп жүріп, Көкшетау  бағытына жүретін поезға билет алдым. Көкшеге жеттік.Зеренді ауданының Қарсақ деген ауылына бару үшін такси жалдадық. Есіктің алдына машина тоқтағанда  Шәкен құдықтан су алып жатыр екен, сүйретіліп түсіп жатқан бізді көріп, шелектегі суын төгіп алды. Хат-хабарсыз, тосын келгендерді көргенде, анасын құшақтап, жылап жіберді. Мен Шәкенді қатыгез деп ойлайтынмын. Себебі оның мінезі қатты, аяушылықты білмейтін. Сәбилі болған соң ба, әлде елден алыс жат жұрттықта жалғыз жүргендіктен бе, мені де құшағынан жібермей, өксіп-өксіп жылады. Үй-іші құдалар келді деп, қара қойды жетелеп алып келіп, бата тіледі. Кішкентай ауылды біз келіп, толтырып жібергендей болдық. Кешкілікте ауыл жігіттері Шәкеннен аттай қалап, мерекелік кештеріне алып кетті. Алеша деген жігітпен  таныстым. Өте көркем, бойы ұзын, көзі күлімдеп тұрады. Маған бірден ұнады. Жол-жөнекей кездескен жігіттерді иемдене беруге болмайды. Дегенмен ол маған шын сырын айтты. Кетерде алып қалғысы да келді. Әскерден жуырда келіпті. Мен оның ұсынысын қабылдамадым. Бірақ Павлодарға өзім іздеп барамын, -деп шығарып салды.

Телевизияда қызмет істегеніме бір жыл болды. Баянауыл ауданының Шөптікөл мектебінен дайындаған хабарымды эфирге шығарып, еңбек демалысына шықтым. Аптаның соңғы күні Мәдина іздеп келді. "Ауылдан Саттар ағатайым келді, сенде бір шаруасы бар екен, үйге жүр", -деп тұрып алды. Шегінерге жол жоқ, екеуміз келе жатырмыз: -Шолпан сені алдадым, -деді. Не? Қалайша?- деймін. Сөйтсем әскерден Мұрат келіпті. Бүгін өздерінше дастархан жайыпты. Мен бармаймын, деп орта жолда тұра қалдым. Мұратты көргім келмеді. Жалынды. Мәдина соңғы рет бізді сынамақшы. Үйге бардық. Мұрат аздап арықтап, есейіп кетіпті. Мінезі баяғыдай. Маған "колхоз" деп қарайды. Үй-ішінің қуанышын бұзғым келмеді. Отырдым. Бірінші рет бетпе-бет отырып сөйлестім. Ол орысша сөйледі, мен қазақша жауап бердім. Бір кезде менімен отыра беру көңілсіз болды ғой деймін, жолдастарыма барамын деп үйден шығып кетті.

Мұрат кеткен соң Мәдина қолға алды. -Шолпан сені әдейі алып келдім. Көкейдегі көптен бері жүрген сөзімді сұрайын,бір жауап алайын, -дедім. Мен жаңа ғана жігіттің ыңғайын байқаған болатынмын. -Сендер ұйғарғанмен, Мұрат көнбейді, ол бір, екіншіден несіне асығасыңдар, -дедім. -Өзіңді жақсы білеміз, апа да келін түсіруді армандайды, бәрібір оған үйлену керек, басқа біреуді алғанша, сенімен үйреніп қалдық. -Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады? Бұл менің мәтелім. -Онда баяғы Шолпан едің ғой деп, өз орныңа қоямыз,- деді күлді. Тыңдап отырмын, бірақ сенбеймін.Азғырып отырған жоқпын десе де, оны көңілім қаламайды, жүрегім қуанбайды. Жігіттің көзқарасы  белгілі, маған деген сезім жоқ. Ойланып отырмын. Мен көнсем де ол көнбейді. Екеуміз жарасып кете алмаймыз. шынында да солай. Үйден жауап бермей шығып кеттім. Ертеңінде еңбек демалысымды алып, ауылға кете бардым.

***

Ауылдамын. Күн суық. Үйден шыққым келмейді. Кешкілікте телевизор көремін. Қиялдағанды             жақсы көремін. Мұратты ойлаймын. Тегінде оның үйленетін ойы жоқ. Әйтпесе  бір хабар жетуші еді. Менің де ойым оңып тұрған жоқ. Алдымда екі жол бар. Бірі жылы үй, жайлы семья, таршылық көрмейтін Мәдинаның ұсынысын қабылдау, екінші жол әлі де болса, асығыстық жасамай, әліптің артын бағып, бақытымды алдан күту. Жігіт тарапынан бір шешім болмаса, олардың да әрекеттері бос әурешілік. Себебі жігіт жақтан өзіме деген сезімді көрмедім. Сүйе ме, сүймей ме? Ал менің өзім де, өзімді түсінбеймін. Таразының басы тең түспей тұр. Алда не күтіп тұр? Болашақты елестете алмаймын. Тегінде, алдан қатты дауыл соғатын секілді, алай-түлей боран басталатын шығар. Мүмкін аспан асты шайдай ашылып, сыңғырлаған сәби күлкілерді еститін болармын. Қолыма домбырамды алдым. Күй ойнадым. Күйдің өзі әлденеге үндейтін, ынтықтыратын сияқты. Өмірдің заңы, тұрмысқа шығу керек, -деп безілдейді. Махаббатыңды тап, ізде, отау құр, өмірге ұрпақ әкел, сенің міндетің, әйелдік парызың ана болу. Иә, мен тұрмысқа шығамын. Бірақ кімге? Өмір адамға бірақ рет беріледі. Осы өмірді өкінбейтіндей өткізген жөн. Әттеген-айың аз болсын.

            Бүгін көңіл күйім, қыстың боранды күніндей құбылып, жабырқап отырмын. Жан сырымды ашқым келеді, айтқым келеді. Бір адамның тағдырының куәсі болдым. Ол кеше ғана желкілдеп жүрген, құлпырып өсіп келе жатқан гүл еді. Үзуге қолың бармайтын, көңілің қимайтын нәзік еді. Балғын еді. Осы бір гүл мезгілсіз тамырынан үзілгелі тұр. Оның солып бара жатқан нәзік жанына демеу болар, қуат берер қандай күш бар? Ол әлі бала. Он екіде бір гүлі ашылмаған, жоқ олай демейінші, ол бір күнде есейіп кеткен жан. Шеті жоқ, шексіз теңіздің толқыны оны аты жоқ бұғазға әкетіп барады. Оған өмір сондай тағдыр сыйлапты. Ол мені шақырыпты. Дертіне дауа іздеп, газет немесе телевизия арқылы көмектесер деген үміті бар шығар. Бару керек, көргім келмесе де көру керек. Бардым, көрдім, қолдары тарамыстанып, бетіне әжім ізі түсіпті. Жап-жас баланың, он сегіздегі қыздың бетіне әжім  түсті. Арықтағандыкі болар. Тілі сайрап отыр.

            -Сен мені бала кезімнен білесің, оқуға барып жүргенімді көрдің. Сен маған да сабақ бердің.  Кілең бес алушы едім. не болды маған? Бұл ауру маған қайдан келді? Журналиссің ғой, бір көмегіңді берші? Жазшы, емдеймін, емдеп жазамын, қаржылай көмек беремін дейтіндер табылып қалар, -деді Эльмира тереңге батып кеткен жансыз көзімен маған қарады.. Эх, өмір мұншалық қатал болармысың? Мен оған көмектесе алмайтынымды білдім, бірақ үмітін үзбедім. Көзіме келіп қалған жасты іркіп тастадым да, сен өмір сүресің, сен әлі жазылып кетесің, теңіз кешіп толқынымен жарысасың дедім. Солай десем де, үзіліп бара жатқан нәзік жанын ажалдан алып қала алмайтынымды білдім. Білдім де теріс айналып шығып кеттім. Дәрменсіздігімнен жол бойы жыладым. Үйге келдім. Қолыма Лермонтовтың "Герой нашего времени" деген кітабын алдым. Печерин, Бела... Олар кейіпкерлер ғой.

            Ескі жылды шығарып салдық. Қабағын түйіп, борандатып жаңа жыл келді. Ауыл жастары кеш өткіздік. Әскенмен қарым-қатынасым  онша емес.  Ол маған жалынышты көзбен қарайды. Мен оны аяп кеттім.  Өзім үстелден тұрып биге шақырдым. - Билеу білмеймін. Қашан үйретесің? -дейді ала көзімен тесіле қарап. Оның не айтқысы келгенін сездім. Өзімше музыка ырғағымен билеп жүрміз. -Сен Павлодар қаласының адамы болып кеттің ғой... Тағы да даусы қарлығып шықты. Әскерден жігіті келді деп естіген болар. Жүрексінгенін де сездім. Иә қаланың адамымын. Қызметім де, оқуым да қалада. Сенің денсаулығың жоқ. Неге емделмейсің?  Мен бұл сөзді оған айта алмадым, іштей сөйлестім. Шынында да оның мойнындағы жарасы үңірейін көрініп тұрды. Қазақта ондай ауруды мерез дейді. Әскен менен күдерін үзіпті. Сондықтан енді оны үміттендіре берудің қажеті жоқ. Негізі адал. Егер арамдығы бірге жүрсе, бұдан бір жыл бұрын екеуміз оңаша қалдық қой. Ақылды жігіт. Ол менің болашағымды ойлады. Сымсыз телефон  ойнадық. Сұрақ-жауап, арман мақсатымыз айтылды.

            Маған билет бойынша "қашан тұрмысқа шығасың" деген сұрақ келді. Мен 1971 жылы күйеуге шығамын деп жауап бердім. Ойым қызық, мүмкін биыл шығатын шығармын. Оны бір Алла біледі. Әскен ертең Қарасуыққа бармақшы.Трофимовка кеңшарында апайым Ырыскелді тұрады екен, балалы-шағалы деп естідім. Іздеп барғым келген.Жаман жақсы болсын, апам емес пе? Сонымен Әскен екеуміз бірге баратын болып келістік. Аудан орталығына жеткен соң, қырға, Қарасуыққа қарай жүретін автобусқа отырып, Тегістік  ауылына дейін бардым. Әскен әрі қарай кетті. Мен жолда түсіп қалдым. Ырыскелді осы ауылда тұрады.Жөн көрсеткен адаммен бірге қараша үйге кіріп барғанымда, апайым танымады.--Кімсің? - дейді. Арамыздан суық жел соғып өткендей болды. Жат бауыр болыпты. Мүмкін ренішін жасыра алмады ма?  Жездем Төлеутемір мал бағады. Кешке жұмыстан келгенде сондай қуанды. Қыздары Айгөрім мен Айгүлге "Сендердің нағашы апаларың" деп қасыма жақындата берді. Ақкөңіл, ашық жарқын.Жездем апасының қолында тәрбиеленіпті. Әке-шешесі Ресейде тұрғанда қайтыс болған. Шекара Тегістіктен алыс емес. Демалысым бітті. Күлпариза еңбекдемалысыңда Қызылордаға қонаққа келіп кет деп шақырған. Оған бара алмадым.

            Жұмысқа шықтым. Маған Тұрсынбай Ибадуллин "Дала шұғыласы" хабарын дайындауға тапсырма берді. Ауылшаруашылығы тақырыбына хабар жасап көрмесем де, нар тәуекел деп Краснокутскі ауданына іс сапарға аттандым. Бұл аудан мен үшін ыстық. Әкемнің қызмет жасаған елі, менің туған жерім.  Жолда Мәдинамен арада болған сөз есіме түсті. Мұрат туралы айтқысы келмеді. Сонда да -"қайбір жөнді адам болады дейсің, қазаққа үйленбейді, әйелді орыстан алады,"-дейді. Көңілі қалыпты. Менің иығымнан ауыр жүк түскендей болды. Көңілдеріне қарап, екі ұдай болып жүргенмін. Енді міне басым бос, еркінмін. Ешкімді ойлағым келмейді. Жұмысымды білемін. Бірақ соңғы күндері Андрей деген неміс жігіті пайда болды. Тәңертең жолымды күтіп тұрады. Телестудия қазіргі тұратын пәтеріме жақын. Жұмысқа жаяу барамын. Неміс жігітіне ұнаймын деп ойламаппын. Алдында оны қызық көріп, өзіме жақындатып алдым-ау деймін. -Бүгін сені алып қашамын, -дейді таза қазақ тілінде. -Қазақ қызын қайтесің, басқа ұлттың қыздары бар емес пе десем, маған орысқа үйленуге болмайды,- дейді. Оның ағаларының әйелдері қазақ қызы екен. Өте жақсы тұрады. Сенбесең Шақат ауылына қонаққа апарайын дейді.  Маған жетпей тұрғаны неміс жігіті еді... Қой, ерікпе. Бұл жігіттен құтылудың амалы біреу. Мен оны алдап кетуім керек. Ол үшін кинооператор Тоқтар Ахметовты киноға шақырдым. Андрейге кешке киноға барамыз, жолдасыммен таныстырамын дедім. Ол сенді ме, сенбеді ме, "Октябрь" кинотеатрына келді. Қасымдағы жігітті көрді. Бірақ жақындамады. Мен Тоқтарды қолтықтап кете бардым. Иә, мұндай да қызық болады екен. Ертеңінде Андрейді кездестірмедім. Тіпті жоғалып кетті.

 

3. ЖОЛДАҒЫ ЖАҢҒЫРЫҚ

            "Құрдастар" жастарға арналған хабарым эфирге шықты. Павлодар педагогикалық институтының студентері облысымызға белгілі ұстаз Мүнира Сатыбалдинамен кездесті. Бұл кісі ұстаздық жолы туралы әңгімеледі. Студенттер сұрақтар қойды. Мүнира соғыс жылдары  қиындықтарды басынан кешкен, оқыған-тоқығаны көп білімді, зерделі ұстаз. Хабар-диспутты жылжымалы телевизия станциясы арқылы тікелей бердік.  Апталық шолу кезінде алғашқы хабарым мақталды. Эфирге шыққан телехабар ұжымдық еңбек. Тікелей эфир кезінде артық сөз, тосын қимылдар болмауы керек. Қойылатын сұрақтарың да алдын ала дайындалды. Жауабын білгір ұстаз қиналмай берді. Мазмұнды да, маңызды, тәрбиелік мәні ерекше хабар болды. Металлургтердің мәдениет сарайында жаңадан құрылған "Ертіс еркесі" ансамбліне барып жүрмін. Жетекшіміз Шәкен Рақышев. Домбыра оркестрінде күй ойнаймыз. Күләш Темірболатова ән айтады, біз сүйемелдейміз. Оркестрмен ән айтатын Сәуле Балтина керемет әнші. Музыкалық училищеде оқиды. Қашырдың қызы. Павлодар индустриалды институтынан Дәурен Ахметбеков келіп жүр, өзі ғалым, жеке домбырада күйді сылқылдатып тартқанда, тыңдамай кете алмайсың. Уәсила Дәуренді жақсы көреді. Оның семьясы бар. Бәлкім өнеріне ғашық шығар. Менің ойым болашақта осы ансамбльді "Майра" әдеби-музыкалық хабарына шығару. Алайда әлі тәжірибем аз. Көп нәрсені , білмеймін, үйренуім керек.

Сенбілікке шықтық. Жаңадан көшеттер отырғыздық. Телевизия орталығы маңындағы қоқыстарды сыпырып, тазалап, машинаға тиеп жібердік. Өсіп тұрған ағаштарды ақтадық. Түске дейін далада жұмыс істеп келген соң, түстен кейін кабинеттің терезелерін жуып, бөлмедегі қағаздарды шығардық. Жұмыс аяғында далаға шықсақ, сыпырып, тазалап қойған көшеміз астан- кестен. Жел көтеріліп, үйінділерді ұшырып әкетіпті. Солай десем де, көшенің бәрі тазарып, басқарма маңайы құлпырып тұр. Ауылға бару керек. Павлодар-Качиры бағытына қатынайтын жолаушылар автобусына отыру басталды. Сапаржайға келген сайын осы сөздерді тек орыс тілінде естимін. Шіркін-ай, Алматыдағы сияқты біздің облыс қашан қазақша хабарлар екен.Білдей редактормын. Осы бір мәселені неге көтермеймін.

Павлодар қаласында екі-ақ қазақ мектебі бар. Бір мектеп-интернат және Абай атындағы номер 10-шы  қазақ мектебі. Индустриальды институт бірыңғай орыс тілінде оқытады. Ал педагогигалық институтта қазақ бөлімі бар деп естімедім. Сонда ауылдан қазақ мектептерін бітіріп келген түлектер жоғары оқу орнына қалай түседі, қалай оқиды екен. Бүгінгігі хабарлау маған бір түрлі естілді. Егер түрпідей тиді десем артық болмас. Вокзалдар, вокзалдар... Кездеспеген жандармен кездесесің, сапарлас боласың... Бүгін бір танысымды кездестірдім. Қуанышым қойныма сыймады. Айналаға қуана қарадым. Неге қуандым, неге сонша өзгере қалдым?

            Жауын жаумады. Жердегі шөп сарғая бастапты. Ауылға бара жатырмын. Қасымда отырған көршіме қараймын. Ол өзінше көзін жұмып, ұйықтағысы келген сыңай танытты. Әңгімеге жоқ адам ба, деп қозғалып қойдым. Жоқ, өзі де менімен танысқысы келіп, мойынын бұрды. Есімі-Аманкелді. Жүзіне барлай қараймын, бұрын көрмеген екенмін. Студент, Петропавлда оқиды. Бұрын жүргізуші болып істеген. Енді автомеханиктің мамандығын алып жатыр. Павлодар қаласында тұрады. Ауыл жайлы айтқан кезде, Бақтылыны іздеп келемін, -деді. Енді есіме түсті. Өткен жолы  Қызылтаңның көркемөнерпаздар үйірмесі "Қасым Аманжоловтың "Досымның үйленуі" деген спектаклін телевизордан көрсеткен. Менің ұсынысым бойынша, студияның ішін безендірдік. Сонда Бақтылы көрші үйдің қызы болып ойнады. Аты Перизат. Міне сол көріністен кейін Аманкелді Бақтылыны ұнатып қалыпты. Хат-жазып хабарласыпты.  Енді Бақтылыны ауылға іздеп келе жатыр. "Жерлесі екенсің, жүрегім алабұртып келемін. Бақтылы мені көрген жоқ. Қалай қабылдайды, білмеймін",  -деп мұңайды. ." Бақтылыны көріп, жолығып, кейін қайтамын,-дейді. Бұл не? Мен жігітке қарадым. Бұл жігіттің бойында шынайы сезім бар секілді. Ол сезім махаббат па? Махаббат! Құдіретті махаббат, дүлей күш иесі махаббат, адамның қатыгез көңілін жібітіп, жүректегі мұзды еріткен махаббат. Сен болмасаң дүниенің сәні болар ма екен? Сен болмасаң ұлы адамдар да өмірін мағынасыз өткізген болар еді. Махаббат-адамгершіліктің негізі, инабат тәрбиесі,сезім тұнығы. Сен ғой махаббат, ақын қиялын телегей теңіздің қиыр шетіне апарып тұзақтап ұстап қалған. Сен ғой ақын шабытын оятып, қалам ұстауға, өлең жазуға итермелейтін. Сенсіз жас көңіл қараңғы қапас бөлме. Сенсіз жарық нұр, сәуле жоқ көңілде.

Жатақхана береді деп күтіп жүрмін. Қазір  Ертіс ауданынан келген Әсия деген қыз бірге тұрады. Орысша тәрбиеленген. Мінезі қиын. Қайша әжемен келген күннен бастап қабағы келіспеді. Әжеміз ол қыздың мазасын алды. Отырса опақ-тұрса сопақ. Кешкілікте екеуміз сырласамыз. Маған Әсия ұнады. Мен келгенше тамақ дайындайды, үйді жинайды. Қабдынәсір деген жігіт  келіп жүр. Екеуміз қонақта танысқамыз. Заря совхозының жігіті. Киноға билет алып келсе, үшеуміз барамыз.

Мұрат менің көз алдымда болмаған соң, ұмыта бастадым. Өткен жолы Мәдина одан күдеріңді үз, адам болатын түрі жоқ, орыстың қыздарымен жүреді деген. Тіпті жақсы болды. Қазір жұмыстан басқа ештеңе ойламаймын. Қабдынәсір өзі келіп жүрген соң, кет демедім. Жақында Алматыға екі айға кетемін. Сол кезде өзі де ұмытатын шығар. Бәрі уақытша, пәтерде тұрып жатқаным да уақытша. Әсияның жігіті жоқ. қазақтың жігіттерімен танысқысы, тұрмысқа шыққысы келеді. Қолына таяқ ұстайды. Жарты денесі жансыз. Кітапты көп оқиды. Сана-сезімі өте жоғары. Еңбекқор. Амал не осындай әдемі қызға қиын тағдыр сыйлапты. "Мен ешқашан тұрмысқа шықпайтын шығармын. Кімге керекпін"-дегенде көзінің жасы жерге домалайды. Мен оны жұбатамын. Көмектескім келеді. Қалай? Адамдар от жалындай сөнеді, сөйтіп одан ештеңе қалмайды, оттан қайғы қасірет күлі ғана қалады. "Адам өмірін қысқартуға себепші боп, әсер ететіндердің ішінде қайғы, үрей қорқыныш, күдік, сағыныш, қатыгездік, көре алмаушылық, қызғаныш, жек көрушілік ерекше орын алады, -депті дәрігер Гуфеланд. Рас қой. Өмір үзілмей, үміт үзілмейді.

***

            Ойымды жазып тізбегелі неше айдың жүзі өтіпті. Мен Алматыда болдым. Емтихан тапсырдым. Үшінші курсқа өттім. Реніші мен қуанышы көп болған күндерім артта қалды. Қанша адамдармен кездестім. Өмірден біраз нәрсені көкейіме түйдім. Кейбір адамдардың қандай пиғылда болғанын көрдім. Кеше ғана әсем Алматының көшесін кезіп, гүл көмкерген саябақтарында қыдырып, ақындармен кездестік. Таланттарды тыңдадық. Алатауға бірге шықтық, Медеуге  бардық. "Ауыл" ресторанында отырдық. Енді міне туған жерге келіп, ауасын сіміре жұтып, сенімен сырласып отырмын. Ауыл кішірейіп, үйлері шөгіп кеткен секілді. Бала кезімізде аптап ыстықта  көлге барып шомылатынбыз. Тоғайға барып қойбүлдірген теретінбіз. Әлгінде неше түрлі пиғылы бар адамдармен кездестім дегенім, олар менің ұстаздарым болатын. Курстас жігіттер емтихан алатын жігіттермен бірге жүреді. Олар емтиханға дайындалмай, бестік алып жатса, біз қыздар, Күлпариза, Күлбағила, Райхан түні бойы дайындалып келіп, қанша жақсы айтсақ та, есеп кітапшасына  баға қойылмайды. Емтихан біткен соң, курстас жігіттер бізбен бірге ресторанға жүріңдер, сонда баға қойып береді деп жылатады. Иә, оған да көніп, бірге жүреміз. Баға да қойылады. Алайда арам ойларының бірге жүретіні қыйнады.

            Абдулхамит Мархабаевтың төрт баласы бар. Қыздарды өзі таңдайды. Үгіттейді. Бірақ зорламайды. Әрине құрылған тұзаққа түспей,  аман-есен өтіп, сөйтіп үйге келіп, осыны жазу ерлік емес пе? Бақтажар Мекішев өнертанудан сабақ берді. Университетте "Жеті муза" клубында жетекші. Қолымыз босай қалғанда сол кісінің безендіріп қойған кабинетіне барамыз. Ежелдегі грек мифологиясындағы Зевс пен Мнезомина құдайлардың қамқоршы тоғыз қызы болыпты. Олар Кино-тарих музасы, Трисихора-би, Мельпомена-трагедия, Евтериа-поэзия мен музыка, Каопиопа-эпостар, Талия-комедия, Урония-астрономия, Эрато-махаббат лирикасы музасы екен. Мұның бәрін сол кісі айтты. "Өз мүдесінен қоғам мүддесін жоғары қоятын адам ғана "жеті муза" қоғамына жетекші бола алады депті бір ғұлама. Шынында да Бақтааажар Мекішев өзінен гөрі  қоғам мүддесін жоғары көретін адам. Жаңағы құдайлар туралы ертегілерді айтқан кезде, өзі жазған сияқты. Терең біледі. Артық өнер бас жармайды. Пейілі жақсы кем болмайды. Әрине бұл өнер артық емес, біз үшін өте қажет, білу керек.

"Ең ұлы жеңіс-өзін-өзі жеңе білу"-депті Калдерон. Мен өзімді өзім жеңдім. Бақтыбектің өтірігі, қашқақтап жүретінін білдім. Менің әке-шешем жоқ. Оның ата-анасы бар. Жоғары білімді қызметкер. Үйіне барып ақылдасқанда, жетім қызды қайтесің, бізге құда болатындай атақты, беделді адамдар керек. Кімнің үйіне барып құда түсеміз, ағасы бар дейсің, оның өзінің отбасы бар, қой балам, оқуыңды оқы десе керек. Оны маған айта алмай қиналғанын білдім. Амал не? Оқуына кедергі болмайын, егер өзінің жүрегі мені қалап тұрмаса, зорлай алмаймын. Жолы болсын!

Демеу көріп алғашқы айтқан сөзіңді,

Елестетем күні-түні өзіңді.

Сағынамын, көруге де асығам,

Қарақаттай жаудыраған көзіңді.

Сан түндерді ой билейтін, аяусыз,

Жүрсің бәлкім ал сен бірақ алаңсыз.

Айтшы жаным маған деген махаббат,шыныменен болғаныма баянсыз.-Менің маңдайыма жазылғаны осы шығар. Өзің сүйгенді алма, өзіңді сүйгенге бар дейді емес пе? Ендеше өзімді сүйген адамды күтемін. Пәтерде бірге тұратын Әсия ауруханаға түсті. Ол күннен күнге өзін-өзі қажап барады. Кеше жазылмайтын ауру болғандықтан Ертіс селосындағы үйіне оралды. Іс сапарға осы ауданға бардым. Үйіне кіріп шықтым.

            Әсия Омбыға емделуге кетіпті. Жағдайы жақсы емес дейді інісі Тасболат. Оның өмір сүргісі келеді. Оның ғашық болғысы келеді. Ол өмірге ғашық жан. Қасында бірге жүргенде солай дейтін, ол жазылмайтын дертке ұшыраған. Оның бұл дүниедегі сағаты санаулы. Әттең, кеудесі алтын сандық, бойы асыл қасиетке толы жандарға денсаулық бермейтін тағдыр-ай!  Мен оны көруге келгемін, қасында отырып күшіне күш қоспақшы едім. Амал не? Қонақ үйге келдім. Жүрегім аттай тулап мазамды алды. Әлде неге қуанатын немесе ренжитін секілдімін. Ауа жетпей барады. Жоқ, олай емес, Ертіс селосы солтүстік жаққа орналасқан. Бұл жердің ауасы өте таза, даласына егін егіледі. Ертіс өзені ағып жатыр.Түсінбеймін! Алданыш іздеймін! Шабытым, өлеңім кеудемді жарып жарыққа шыққалы тұрғандай, қиял көгін кеземін! Адам өмірге бірақ рет келеді. Қамшының сабындай өміріңде бәрін білгің келеді. Ізденесің, еңбектенесің.

Ертіс ауданының партия ұйымының хатшысы Уақап Сыздықовтың үйінде болдық. Өте бай тұрады.  Менімен бірге барған кинооператор Тоқтар Ахметовке туыс болып келеді.. Әкесімен аалас-құралас болған. Тоқтардың әкесі кезінде, Дүйсет Лебяжі театрының директоры болыпты. Шешесі басты рольдерде ойнаған. Ет асылды, алдымызға табақ тартылды. Не деген байлық, не деген құрмет. Біз Уақап ағаның балаларымен жастымыз. Бізді бала деп қараған жоқ. Әңгімелесті, сұрады, жағдайды білді. Біз де ол кісіні киноға жаздық. Ауылшаруашлығы хабарына қатысуға шақырдық. Лилия Лещинская орыс тілінде хабар дайындады. Соңғы кезде алыс аудандарға  екі редакция бірге барып жүрміз. Көлік жетіспейді. Барған жеріміз бензин құйып берді. Жағдайымызды реттеп, шығарып салды.

Жол бойы Әсияны ойладым. Қайша апайдың үйінде бірге тұрғанда оның көңіл-күйіне қайран қалатынмын. Түсіне алмайтын едім. Өзін еріксіз бәріне де көндіретін секілді. Оның жаны жаралы болатын. Сырқаты меңдеген кезде, ешкімді көргісі келмейтін. Қасында отырған маған да, далаға шығып кетші, қыдырып келші дейтін жалынышты түрмен. Мен оны не мазалап тұрғанын білуге ұмтылатынмын.  Бірақ ол сездірмейтін. Күлгенін көрмейтін едім. Езу тартса да жасанды болатын. Тіпті ұзақты күн ренішті қалпынан танбай отыратын кезін көрдім. Өзі үнемі мұңайып жүреді. Ол бір рет өліп көріпті. Жиырма жасында жарық дүниемен қоштасыпты. Дәрігерлер бар жанын салып, жүрегіне ота жасап,  қайтадан өмір беріпті. Бірақ жарымжан болып қалыпты. Аяғы жүрмейді, қолы жұмыс істемейді. Институтты бітіргісі келеді. Оқытушылар оның институтқа келгеніне белгі қояды. Бір жылдан кейін ол дипломын алып, Ертіс ауданындағы үйіне кеткен. Мен оның институт бітіргенін көре алмадым. Ол кезде Алматыда едім. Енді міне әдейі іздеп барғанмын. Жолыға алмадым. жағдайын сұрадым, анасы болса онша емес деп  мұңайды. Қанша жыл өмір сүреді оны бір Алла біледі деді. Оның өмір сүргісі келетін. Өмір сүріп жатыр. Мен оның ауруын жеңіп, ана болғанын тілеймін.

4. ЖЫРЛАЙДЫ ЖҮРЕК

 

Махаббат-адам бойындағы ең бір жұмбақ, ең іңкәр сезім. Махаббатсыз дүние бос-деген ұлы Абай атамыз. Адам бойынан махаббат көрінісін ешкім көріп білмейді. Бұл өзі ішкі сезім құбылысы. Ол саған жеткенде  өн бойыңды алапат күш билеп, тағатсыз күйге түсесің. Кенет ғажайып бір жан сенің ең бір қимас жақыныңа айналады. Онымен күн сайын жүздесуге ынтағасың. Оны жаныңда сезіну өміріңнің мәні, тірлігіңнің тірегі болып көрінеді.  Адам бойындағы сезімдердің мынау махаббат сезімі деп қайсысын бөліп алып айта алмаймыз. Махаббатта құштарлық сезім, ынтығу сезімі, ләззат сезімі бар. Сүю-ол адамды толық түсіну. Ал сүйікті болу толық түсінушілік.  Махаббаттың өзін әр түрлі кезеңге бөлуге болады. Алғашқы махаббат. Балауса қыз мен жігіттің арасындағы сезім. Егер ойлап қарасақ, сол алғашқы махаббат отбасы махаббатымен ұласуы мүмкін. Адамдар негізі өзін қоршаған ортадан қажеттілігін іздейді. Адам егер қиял махаббатпен өмір сүретін болса, өзінің сезіміне қол жеткізе алмаса, өмірдің мәні болмайды? Алғашқы махаббат биік, әрі асқақ сезім. Сезім өз жүрегінің еркіне бағыну. Біздіңше, шын махаббат иелерінің жаны мейілінше жомарт, мейірімді, қуаныш сыйлауға әзір болады. Ғашық болу ең биік қасиет. Махаббат сезімі-ең бір  ерлік істерді тудыра алады. Бала жасымыздан естіп, өзіміз жаттап  өскен Ләйлі-Мәжнүн, Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш Баян сұлудың махаббат сезімдері мәңгілік ескерткішке айналып, бүгінгі ұрпақтың, келер ұрпақтың мирасына қалды.  

            Махаббат екі адамның арасында болғанда  ғана шынайылыққа айналады. Ал бір ғана адамның сезімі ғашықтыққа жол бастайды. Оның жолы да қиын болады. Қуанышы мен реніші, өкініші бірге жүреді. Екінші адамға өз сезімін сездіру дегеніңіз, оның қалай түсініп, қабылдауы, өзін ұнатқан адамды жақсы көріп, одан әрі сүйіп кетуі, махаббатқа айналуы бұл жұмбақ құбылыс. Келесі адамның өзгенің сезімін сезіну оңай нәрсе емес. Сондықтан алғашқы махаббаттың сәтсіздікке ұшырауы өмірде жиі кездеседі. Алғашқы махаббаттың өлең болып өріліп, тарих төрінен орын алып жататыны да сондықтан. Алғашқы да, соңғы да махаббатым, менің бақытым да осы дейтіндер сирек болатыны  да екі сезімнің бір-бірін түсінік таба қоймағандықтарынан шығар. Махаббат туа дарымайды. Ең алдымен бала мен баланың, қыз бен ұлдың арасында достық пайда болады. Достықтың басы болашақ отаудың іргесі демей ме? Егер отаудың іргесін достық пен махаббаттан қаласа онда баянды бақыт иелері болары сөзсіз. Жалғыз сезімнің қайығы алысқа ұзай алмайды. Оған жүрек жылуы, ақыл-білім, терең ой көмекке келуі керек. Сонда ғана жас шаңырақтың іргесі мықты, қабырғасы берік болады. Жүрекке жүрек үн қатып, арман мен арман қауышып, қол ұстасып екі жас жаңа өмір жолын бастауға қадам басады. Отау тігіп шаңырақ көтереді. Екі жастың көтерген шаңырағының алтын діңгегі-махаббат. Махаббат-сезімдерді тоғыстырады. Қос аққудай жарасқан қос арманды түйістіреді. Шаңырақтың беріктігіне екі жас қол жеткізеді. Өзара түсінісіп, сыйласып, біріне-бірі қамқор болса, олардың шынайы махаббаттарының белгісі.  Өмір-күрделі құбылыс. Адам өмірі математика формуласына бағынбайды. Оның өз заңы бар.

***

             Мұң жаңарып, қайтадан қайталанар, күйкі өмірдің шытырман соқпағымен. Қайтып қана бақытқа жол таба алар, адасқандар тағдырдың шоқпарымен. Менің аяулы балалығым, менің еркелеп өскен жастық шағым, оралмайтын күндерім! Мен басқа өмірдің есігін аштым. Жиырма екі жастамын! Оралмайтын жастық дәуренім, қия алмаймын. Бірақ өмір заңы. Кім ойлаған. Өмір маған не ұсынғалы тұр? Махаббат! Дүлей күш иесі махаббат, адамның қатыгез жүрегін жібітіп, көңілдегі суық мұзды еріткен махаббат. Сен болмасаң дүниеде  сән болар ма еді. Сен болмасаң дүниеде тірі пенде жіптің күрмеуіндей  ғана өмірін мән-мағынасыз өткізген болар еді. Сен ғой махаббат, ақын қиялын теңіздің қиыр шетіне апарып тұзақтап ұстап қалған. Сен ғой ақын шабытын маңыңа тежеп қаламыңның алтын ұшын өлең, сөз маржанын арнауға ниеттендіретін. Сенсіз жас көңіл қараңғы қапас бөлме. Сенсіз жарық нұр, сәуле жоқ көңілде. Саған ғана табынамыз. Ананың балаға деген махаббаты.

            Ана! Мен сенің құшағыңа сыймадым. Қуаныштарың мен реніштеріңді бөлісе алмадым. Жас едің, небәрі қырық жасыңда мәңгі жас болып көз алдымнан ғайып болдың. Дәрменсіз едім, енді сені көре алмаймын, тек қана жас жүрегімнен жарып шыққан жырымды ғана арнаймын. Ананың ақ сүті ешқашанда ақталмайды. Жансыз суретіңнің алдында отырмын. Тәрбиеңді көрмедім, шашымды өріп бермедің, ақылыңды айтпадың. Суретің маған не десін? Күлімдеп отырсың, махаббатқа толы жүрегің соқпайды. Суретіңе қараймын, нұрсыз көзіңде мейірім қалыпты. Оны сурет те өзгерте алмапты-ау!  Әке! Әкетайым! Жанарыңа қарауға әлі де жасқанамын. Көк көзді едің, қос жанардың ішінде тереңнен толқып ойлар жатқан секілді. Тірі кезіңде шығара алмаған өлеңдерің көзіңде тұнып қалыпты.

            Айтылмай қалған ойларыңды, сыртқа шығара алмаған өлеңдеріңді, жырларыңды мен жалғастырсам деймін! Ол үшін білімімді ұштауым керек, көп үйренуім, білуім керек. Көп ойланып, мың өлшеп, бір пішу керек. Ойланбаған опық жейді. Күтіп отырмын. Жоқ, Бақтыбек келмеді. Ол облыстық "Қызыл ту" газетіндегі ауылшаруашылығы бөлімінен тапсырма алып іс сапарға кетіпті. Оқып жүрген оқуы мұғалімдік болса да, газет жағын жағалайды. Телестудияға келіп хабар ұйымдастырмақшы болып олардан да тапсырма алған.  Күні кеше ол маған қатты ұнаған жігіттердің бірі болатын. Арада біраз уақыт өтсе де оған деген сезімім өшпепті. Күтіп отырмын. Келмеді. Ертеңінде телефон шалдым, өзі көтерді. -Алтай жаққа кетіп барамын, әжем дүние салыпты. сол кісінің жабдығы -дейді. Мен бірге барайын,- дедім. Жоқ, ұят болады, кімім деп сені апарамын деп келіспеді.-Жарайды, мақұл, жолың болсын, келген соң хабарлас-деп телефон құлағын орнына қойдым.

            Жігітім жоғалып кетті. Көрген түстей көрінді де жоқ болды. Келмеді. Ағасының үйіне телефон шалдым, әжесінің қайтыс болғаны өтірік екен.  "Сертке тұру адамдық келбет. Оны бұзу-бізге бітпес ауыр дерт". Ол сертінде тұрмады. Жүрегімді өртеген өкініш пен сағынышты баса алмай, уайымдадым. Ішкен асым ас болмады. Жүдедім. Ғашықтық дертке шалдықтым. Еңсеп түсіп, телестудиядан шығып келе жатсам, алдымнан  мені адам қатарына қосқан мектеп директоры Қапсаттар Смайлов шыға келді.  Күліп келеді. Қуанып кеттім. Адамның мінезі де қызық қой. Жаңа ғана төмен қарап, не істерімді білмей келе жатыр едім, ұстазымды көріп жадырадым. Бір минуттың ішінде бәрін де ұмыттым. Ол кісінің қоңыр даусы мені серпілтті. Бұл кісі негізі орта бойлы болатын, қарасам одан сайын кішірейіп кеткен секілді. Бойым бірдей болыпты. Жасы да жетпістен асып барады.         Маxаббаттан туар қуаныш төрт түрлі болады. Бірі - бір мезеттік қана қуаныш. Ол тек өткінші ләззат сезімінен туады. Екіншісі - аз уақыттың қуанышы. Бұл бірін-бірі сүймей қосылған ерлі-зайыпты адамдардың өмір кешкен алғашқы айлары тәрізді. Үшіншісі - екі адамның жан сезімімен, мінез-құлқымен байланысты маxаббат. Бірін-бірі бір кездерде жақсы көрсе де, артынан суып, тоңази қалатын қуаныш. Бірақ сол құбылмалы мінезі арқылы олар бірін-бірі қайтадан жақсы көрулері де, қайтадан ләззат қуанышына бөленулері де ғажап емес. Ал төртіншісі - шын маxаббат. Бұл маxаббат таза ұстай білсең, мәңгі өзгермейтін маxаббат. Жасың ұлғайып, қартайсаң да, сол жас қалпында қалатын қасиетті сезім.

***

            "Ұрқы мықтылар үндемей жапа шегеді" депті немістің  Шиллер деген білгірі. Ұрқым мықты ма жоқ па, кім білсін. Әйтеуір үндемейтін болдым. Бақтыбектен де күдерімді үздім. Күлпариза "Алдамшы үмітті азық етумен адамның күні өте береді ғой. Мен жаңа жылға қарсы үш күн рұхсат алып, сені күтіп Алматыда болдым. Ол күндердің несін айтайын. Табиғат маған ондай қуанышты артық көрген болар."-деп хат жазыпты. Рас мен бара алмадым. Көңіл күйім болмады. Тоқсан түрлі толғақты ойымды әзірге телевизияның жұмысы бөліп алады. Жұмыстан аса алатын емеспін. Жастар хабарын дайындадым. "Майра" әдеби-музыкалық хабардың сценарийін жаздым. Рахат Балтабаев киноочеркке сценарий жазса болды, маған әкеліп береді. Тексеріп берші, қатесін қарап шықшы дейді. Тегінде  сценарий жазуға төселсін дейтін болу керек.  Әйтеуір бұл кісінің жастарды шығармашылыққа тәрбиелеуде өз тәсілі бар. Даусын көтермейді, ақылмен айтады. Жеке сөйлескісі келсе, кабинетіме келіп, "Шолпан менімен жүрші, әңгіме бар", -дейді. Орындығына отырып алады да, жеке жағдайымды сұрайды, сосын менің бұрыс кеткен жерімді орағытып айтып, олай істемеу керек, ол былай болады деп ақ қағазға маржандай жазуын түсіреді. Мен бір бозарып, бір қызарып отырамын. Ұятым бетіме шығады. Әсіресе режиссерлермен келісе алмай, бір сюжет үшін ренжісіп қалған кезде, ол жағдай бірден осы кісіге жетеді. "Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс". Бас редактор безбендейді. Менің тағдырыма осындай жақсы адамдар кездесті.

            Аға редактор Тұрсынбай Ибадуллиннің мінезі шартпа-шұрт. Тез ашуланады. Мұғалім болған адам ондай болмайды деп ойлаушы едім. Бұл кісі өз оқушысына үйленіп, осы қалаға көшіп келіпті. Содан телестудияға қызметке келіпті. Осының алдында облыстық "Қызыл ту" газетіне мақалалары шығып тұратын. Лебяжі ауданынан жазатын ауыл тілшісі Тұрсынбай ағаймен қызметтес боламын деп ойламаппын. Енді міне қазір бастық. Жазған сценарийімді оқып, дұрыстайды. Бас редакторға жиі барып, менің кемшіліктерімді айтады. Теледидарға орналасқан алғашқы жылдары маған берілетін тапсырмалар онша көп болмайтын. Қазір өз хабарымнан басқа, жаңалықтарға сюжет дайындаймын. Киносюжеттің сөзін жазасың, сосын оны барып монтаждайсың. Кейде кинооператор өзі жасап қояды. Енді оған мәтін жазу үшін, телевизия орталығына барып, экраннан көріп, сөзін жазасың. Көбінесе орыс редакциясының Зоя Бутэрус, Тамара Карандашова, Лилия Лещинская сияқты журналистері монтаж столын босатпайды. Негізі бізбен бірге қазақ редакциясын менсінбейтін ұлтшыл қыздар жұмыс істейді.

            Дүйсенбі күні апталық шолуда орыс тілінде және қазақ тілінде  ұйымдастырылған хабарлар сарапқа салынды. Жақсылығы мен кемшілігі айтылды. Орыс редакциясынан шолу жасайтын редактор қазақ тіліндегі хабарларды жоққа шығарды. Ондайда Хамза Тоқпанов қорытынды сөз айтып, оларға байыппен түсіндіріп, қазақ тіліндегі хабарлардың мазмұнын орысша аударып, үздік хабардың қатарында атап өтеді. Қанша қиянат көремін. Ол рас телестудияға шақырған адамдар қазақ тілінде сөйлей алмай жатады. Қысылып-қымтырылып, алдына төніп келген жарықтан қорқады. Қазақшасынан орысшасы мығым қара көздердің намысқа тырысқанын көргенде ғана көңілің жайланады. Мына қалпымызбен  қазақ тілінің жағдайын жасай алмайтын шығармыз. Енді не болар  екен?   Қазақ мектептері ауылдың өзінде азайып барады. Аралас  мектептердің саны көп. Институттағы студенттер орыс тілінде  оқиды. Қазақ тілінің өрісі тарылды. Жұмысымдағы қиындықтарды  жеңе алмай жүрсем, пәтерге жіберген Қайша әжем қыр көрсеткені ме екен, екі қызды бір бөлмелі пәтеріне жіберемін дейді. Сонда өзі  ас үйге жатпақшы. Не жетпейді? Менен алатын пәтерақыны  азсынатын секілді. Тамағымды өзім сатып аламын, тек жатар орныма ғана төлеймін. Негізі бұл үй маған тар болып жүр. Үйде отырып жұмыс істей алмаймын. Кабинетте де өлең жазбаймын. Тағы да дұрыс пәтер іздеуім керек. Кәсіподақ ұйымының төрағасы Михаил Касаткинге бардым. Бір мекемемен келісіп, жатақханадан орын алып беруге хат жазып беруін сұрадым. Облыстық радиода Уәсила Сержанова дикторлыққа орналасқан. Оның да тұратын пәтері жоқ. Төраға "Жилстройтресініе" хат жазды. Вокзал аймағында жұмысшы қыздар тұратын екі жатақхана бар болатын. Жұмысымызға жақын жерден  орын сұрадық. Қайша әжей менің әрекетімді естіп алыпты. Содан шығар, қыр көрсетіп жүр.

Жүрегім менің! Аттай тулап, алып ұшып барады. Бұл кеудем жүрегіме тар секілді. Еркіндікті аңсайды. Әлде неге қуанатын немесе ренжитін секілдімін. Жүрегім нені сездің,  неге алып ұштың? Ауа жетпей бара ма? Қалада болсам, қаланың шаң-тозаңына тұншығып отырмын дер едім. Ауылдамын. Түсінбеймін! Жүрегім қысады. Миым ашиды. Тоңып барамын. Неге екенін түсінбеймін. Алданыш іздеймін. Қиял көгін кеземін. Жүрегім сыздап барады. Бұл не екен? Әлде ой дариясының тереңдігі ме тұңғиыққа тартып барады. Ой шырмауынан шыққым келеді. Нені аңсаймын? Түнде Әскенмен кездестім. "Өмірді қайтадан, жаңадан бастайық.

-Ойлан Шолпан", -дейді. Қайтадан деген сөзі несі? Бірге өмір құрайық десе бір сәрі емес пе? Өзім сондай аяймын.Түсінгісі келмейді. Мен сені бақытты ете алмаймын. Әрине сен маған ыстықсың, жақсы көресің, жамандыққа қыймайсың, алдымнан өтпейсің, жолымды кеспейсің. Сен маған адалсың. Бірақ саған деген махаббатымды сезіне алатын емеспін. Бәрі де аяушылықтан болған. Жолдастық-достыққа  жеткізеді. Адал достық - асыл махаббатқа апарады. Рас сен өте адал адамсың. Мен сенің махаббатыңа бас иемін. Бірақ екеуміз бірге қатар жүре алмаймыз, екеуміз бірге өмір құра алмаймыз. Сондықтан мені босат. Мен бүгін саған осы сөздерімді айттым. Шын сырымды ақтардым. Міне соның азабын тартып отырмын. Қиналып отырмын. Бәлкім сен де  сондай сағаттарды өткеріп жатқан шығарсың. Бәрінен  бұрын менің сүймейтінімді білдің. Өзіңді өзің босаттың. Енді басқа  қызға үйлене бер Әскен! Шешім сол! 

***

            Тілшілік жолымды бастаған облыстық "Қызыл ту" газеті туралы  реферат  жазуға тура келді. Профессор Хайыржан Бекхожин өзінің лекциясы біткен соң, мені шақырып алып, тапсырма берді. Ізден, мұрағатқа бар деді. Бұл кісі қазақ журналистикасы туралы кітап жазған адам. Сабаққа осы кісінің оқулығын пайдаланып жүрміз. Тегінде келесі жазатын кітабына тың деректер, қосымша мәліметтер қажет болды ма екен, бұл тапсырма маған үлкен жауапкершілік жүктеді. Бәлкім  мені тарихи дүниелерді зерттеуге бейімдеді ме екен, Павлодарға оралған соң тапсырманы орындауға кірістім. Зерттеуімді  Павлодар журналистикасының тарихынан бастадым. 1918 жылы 21 январьда (жаңа стиль бойынша 3 февраль) Совет үкіметі орнағаннан кейін советтік газет құру мәселесі туады. Бұл кезде "Степная речь" эсерлердің газеті болатын. Олар жаңа орнаған совет өкіметіне  қарсы өшпенділік материалдар жаза берді. Осы жылдың бірінші мартында бірінші уездік съезде жаңағы газетті жауып, редакция мен баспахананы конфескелейді.

            Бір айдан соң большевиктердің "Объеденение" газетінің бірінші нөмірі жарық көреді. Бұл газет жұмысшылардың, шаруалардың, казак татар және қырғыз (қазақ) депутаттары советінің органы болған. 1922 жылы   Павлодар журналистері творчестволық өсу, шыңдалу кезінен өткен кезде "Степной пахарь" газетін шығарады. Күн өткен сайын қазақ газетін шығару мәселесі туындайды. Алайда қазақ әріптерінің жоқтығы және басқа себептермен кейінге шегіріледі. 1928 жылғы реформадан кейін  ғана  жылдың аяғында ВКП(б) округтік  комитетінің бюросы газеттердің аттарын бекітті. Яғни "Советская деревня" мен "Кеңес туы" атауымен қазақ тілінде газет шығатын болды. Орыс тіліндегі газет январь айында, ал қазақ тіліндегі газет 15 февральде жарық көрді.

            Қазақ газетінің тұңғыш әріп терушісі  Сыздық Смағұлов қазақ газетінің қалай шыққанын еске алғанын жаздым.. Сол кездегі комсомол комитетінің хатшысы Бәри Мәжитов қаладағы жалғыз қазақ мектебіне барып, Балғабек Есбергенов пен Қажей Әміровты  және өзін баспаханаға қызметке шақырады.  Баспахананың мастері Қанафия Мүліков қазақша әріптер мен газет шығаруға қажетті баспа құралдарын Қазан қаласынан әкеледі. Өзі сол жақтан үйреніп келеді де, әлгі жігіттерді полиграфия әдісіне үйретеді. Сөйтіп қазақ газетінің алғашқы нөмірінің әріптерін теріп Сыздық Смағұлов шығарады. Жазу машинкасы жоқ болғандықтан Самат Нұржанов, Бәуеш Жанбаев, Уәлихан Омаров және Балтабай Асановтар мақалаларды бір-бірлеп теруге көмектеседі. Газеттің алғашқы редакторы Бейсенбай Кенжебаев, жауапты хатшысы ақын Самат Нұржанов, ал, Уәлихан Омаров әдеби қызметкер болған. Сыздық ағаны көрдім. 1967 жылы газетке корректор болып жұмысқа орналасқанда бірге баспаханада істедім. Ол кісі "Звезда прииртышья" газетін шығарушы болды. Әріптерді қолымен терудің шет жағасын көрдім. Нюся Баланда деген қара әйел қолы-қолына жұқпай әріптерді қойып жатады. Тақырыптар қолымен терілді. Қазақ әріптерін жатқа білетін. Ал Сыздық аға орта бойлы арықша келген, шашы ақ, қой көзді, зейнет жасындағы кісі болды. Үнемі жаяу жүретін. Автобусқа отырғанын көрмедім. Баспаханадан түннің ортасында шығып, үйіне жаяу кетеді. Ол кезде үлкен кісінің тарихи адам екенін білмедім. Қызылдар мен ақтардың шайқастарын көрген, ақ түрмеге қамалғандарды тергеуге алғанда тілмаш болған. Бірақ олардың есімдерін атаған емес.

            "Кеңес туы" шаруа газеті, ауыл газеті болғанымен ауыл жақтағылар бұл газетті оқи алмаған. Газет араб ғаріптерімен шыққан. Елдегі сауатсыздықты жою науқанын жүргізуге мұғалімдер жетіспеген. Қазақстанда басталған коллективизация қазақ жазбасында араб алфавитінің орнына латын-қазақ әліпбиін енгізу  реформасымен тұспа-тұс келген. 1930 жылғы 15 февральден 15 мартқа дейінгі бір айдың ішінде Павлодар округінде жаңа алфавитті 11 жарым мың адам меңгерген. Олардың 55 проценті латынша жаза алатындар болса, қалғаны араб әліпбиін білген екен. Осы жылы газет атауын "Колхоз" деп өзгерткен. Газет атауы айтып тұрғандай бағыты да өзгерген. Советтік Қазақстанда губерния, округ емес, 122 ауданға ұсақтаған. Байлар, кулактар тап есебінде жойылса да түн жамылып колхоз малына  қасқыр аузын басқан жыл осы жыл. "Шаш ал десе, бас алатын" әпербақандар "әртелдесін алға басасың, бәрін бір көрпенің астында жатасың" деген сорақы  жыл да осы жыл. Павлодар аудан болып ұйымдасқанда сол жылғы санақ бойынша 14667 шаңырақ болыпты. Онда 71586 адам тұрған. Яғни олардың 63 проценті қазақтар еді. Газет тарихын зерттеу кезінде мен "Колхоз" газетінде тілші болған Хайыржан Бекхожиннің аты-жөнін кездестірдім. Ол кісі газет тарихын зертте деп тапсырма неге бергенін түсіндім. Қазір ол кісінің жасы да жер ортасынан асып кетті. Заман болса күнде өзгереді. Алайда тарихты бастап өзі жазды, бірін болмаса бірін айта алмады, жаза алмады, партия саясаты қатал "халық жауы" деген  жаланы ұмыттыра қоймаған болатын. Кезінде бұл кісі де жазасыз қалмаған.

            Павлодар аудандық партия комитетінде Жигарев, ал советауткомында Сәлемхат Күленов газетті партияның ең өткір құралы етуге күш жігерін жұмсапты. Баспахана жылқышының қосындай тар. Әріп қолымен теріледі. Әрі әріп теруші, әрі верстканы Балғабек пен Хатираларда тізе бүгу жоқ. Редактор Әубәкір Аяпбергенов те бір қолына верстак, бір қолына біз ұстап әріптерді шұқылаумен көрер таңды көзімен атырады. Сол кезде Жұмат Досқараев, комсомол қызметкері Әбілхайыр Баймолдин, жазушы Зейін Шашкин, Ахмет Нұралин, ауыл мұғалімі Ахмет Жаманбаев, Ленин орденді мұғалім Әбдіуахит Нұрғожин газетке колхоздастыру туралы үгіт-насихат матреиалдарды жаздыв,-деп еске алды қарт жорналшы  Сыздық Смағұлов. 

***

Менің мінезім қандай? Өз мінезімді білемін бе? Әрине білмеймін,  кемшілігімді көрмеймін. Десек те өзін өзі білмесе өзгені де тани алмайды. Адам мінезсіз болмайды. Мінездің түр-түрлері болады. Оларды термелесек, қарапайым, салмақты, парасатты, айтқанға көнетін, жетегіңе жүретін момын, жуас, қисық, қырсық, ұрысқақ, айғайшы, сабырлы.Тере берсең кете береді екен ғой. Менің бойымда осы мінездің бәрі де бар. Ол мінез қажет кезінде шығады. Бірақ орынды жерде мінезді көрсете білу керек. Мен жасанды мінезді көбірек қолданатын секілдімін. Ашуым келген кезде, өзімді өзім тежеймін. Адам жалғыз жүріп ашуланбайды. Ашуды оятатын сыртқы ортаның әсері. Ақылға қонымды нәрсені бұрыс деп тұрса, әділ нәрсені теріс деп жала жапса ашуға жол бересің. Әділетсіздікті көріп сезінген адам ашуланады. Ашу үстінде өзі де өз сөзіне, ісіне есеп бере алмайтын күйге жетіп, ойсыз әрекет, әділетсіздік жасап алады.  Бірақ кез келген адам әділетсіздікке ашулана бермейді. Ашуды сырт орта тудырады десем әділетсіздік болады. Ашу жеке адамның тәрбие, мінез-құлықтың қалыптасуы, ниет-мақсатына орай көрінеді. Егер өзіммен қатарлы адам"ақымақсың" десе, ашулануым мүмкін. Себебі өзімді екінші адаммен салыстыра қарап, неге ақымақ деді деп ашулануым мүмкін. Ашуланғаным-өзімнің кем еместігімді көрсету. Мақсатым өзімнің абыройымды сақтау. Сонымен ашуды оятатын-әділетсіздік екен де, ашудың көрініс беруі-жеке басын қорғаушылық болып табылады. Бұдан шығатын қорытынды пікір: жеке басын қорғаушы, өз басының абыройын сақтаушы, өзін өзгеден биік санап қалғандары оған ешбір артық сөз айтпауға тиіс деп ойлаған адам ашуға тез беріледі. Ашу ақыл-санадан шықпайды. Сондықтан ашуланбауға болады. Ашуланған күнде өзгеге білдірмей, үндемей кеткен жөн. Менің ұстанымым бұл.

Менің бір кемшілігім. Өте көңілшекпін. Көңілдерін қалдырғым келмейді. Не айтса да көнемін. Оның ығына жығыламын деп өтірікші боламын. Одан кейін айтқан өтірігімді шынға айналдыра алмай тынышым кетеді. Іштегі сырымды айтқанды жақсы көремін. Бұдан талай рет опық жедім. ...Әр адамның ішкі сыры, берік қойма сақталған. Сол қойманың бір түкпірін, достың досы ақтарған"- деп Сәкен Сейфуллин қалай шынайы суреттеген. Мен де жанымдай жақсы көретін бір досыма жан сырымды ақтардым. Бірақ кейін қатты өкіндім. Өкініш өзегімді өртеді. Неге айттым деп қапаландым, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалдым. Негізі адамның ішінде өзгеге айтылмайтын құпия сыр өзімен бірге кету керек. Оны жайып салу дұрыс болмайды. Ол сыр өзіңе ғана керек. Әрине өзгелер сабақ алатын, мақтанып айтатын, қуанып айтатын сыр емес қой. Иә, мен өкінетіндей қателік жасадым. Қалай аузымнан шыққанын білмеймін. Ол мені мүсіркеді, аяды. Менің үстімнен ауыр жүк түсті ме, әрине жоқ. Қайта одан сайын қиналдым. Одан  жақсы болып кетпедім. Зұлқарнайынның алтын мүйізі болыпты. Алла тағала алтын мүйізіңді ел білуге тиіс емес, құпия сақтай біл депті. Патшаның мүйізін шаштараздар ғана көре алыпты. Сондықтан ол шашын алған шаштараздың басын алып отырыпты. Бір күні өзінің баласына кезек келеді. Туған баласын өлтіруге қимаған патша босатып жібереді. Әлгі бала қырға шығып алып, әлгі көргені ішіне сыймай, айдалаға "Зұлқарнайынның алтын мүйізі бар" деп айқайлапты.  Сол сәтте кең даланың желі ме, адам тыңдап тұрды ма, әйтеуір бүкіл әлемге тарап кетіпті дейді аңыз. Сыртқа шыққан сөз жерде жатпайды. Айналып бір өзіңе қайтып келеді.

***

            Адам өмірге бір-ақ рет келеді. Қамшының сабындай өміріңде бәрін білуің керек, оқуың керек, үйренуің және терең ойға бой ұруың керек. Өлең жазып, шығармашылық жолыңды дамытуың керек. Қазір жиырма екідемін. Әлі өмірден көргенім аз, бәрін білгім келеді.  Кеш қалмауым керек. Ол үшін не істеуім керек. Оқуым, жалқауланбауым, ізденуім керек. Ізденбесең миыңа өзі келіп құйылмайды, ұшып келмейді. Еңбектенуің, алға ұмтылуың керек. Өзіңмен теңдес, өзіңмен қызметтес адамдардың білетінен сенің асып кетуің керек. Олардан асып түсуің керек. Өмір қиындығымен қызық. Өмірді пайдалы өткізу керек. Пайдасыздың не қажеті бар. Жол жетелеп келеді. Мен ой құшағында отырмын. Ойлар бірінен соң бірі алмасып жол сияқты жеткізбейді.  Жүрегім езіліп барады. Ақ жауын илеген балшық секілді. Дәл қазір балық болып су астын шарласам ба екен? Кемеге отырып теңізді кешіп өтсем бе? Құс болып аспанда қалықтасам ба? Дала кезіп келемін. Әне қырдың қызғалдағы жайқалады. Жауын жоқ кездері осы гүлдердің өзі қатайып кетеді. Менің де жүрегім сол гүлдердей неге қатаймайды. Әлі елжіреймін. Өткенді ойлаймын. Мен оны жылатып кеттім. Иә, көзінің жасын көрдім. Маған қадалған көзінде жас тұнып тұрды. Ол теріс айналып кетті. "Дос болып қалайықшы, амандығымыз дұрыс болсыншы, мен бәрібір сенің бақытты болғаныңды тілеймін". Иә, мен осылай дедім. Оның жаны күйзелді. Ренжіді. Жылатқым келмеп еді, амалым қанша. Тағдырымыз қосылмайды. Екеуміз екі басқамыз. Сонда кімді қаладым, кімім бар, кіммен семья құрамын.

             Айтпақшы осы жолы ауылға бармақшы болып вокзалға келіп, билет алдым. Автобус жүруге жарты сағат уақыт бар, киоскідегі газеттерді көріп, әр нәрсені ермек етіп тұр едім, қасыма жас жігіт келіп, ол да газет алды. Алдында олай бір-бұлай өткенімде тесіліп қарап тұрған. Мені танитын біреулер болар, мүмкін телевизордан көрді ме екен, әйтеуір жүзі жылы жан деп өте шыққанмын. Енді міне қасыма келді. Мен отырған орындыққа отырды. "Танысайық"- дейді орыс тілінде. Түріне бажырайып қарадым. Киген киімі дұрыс сияқты. Ұшып-қонып тұрған жоқ. Жәй ғана қызбен танысқысы келетін жігіттің көзқарасын көріп күліп жібердім. Негізі менің түрім суық, сол сәтте көзімде бір ұшқын болған шығар. Шарбақтыға кетіп бара жатыр. Есіме Шарбақтыда тұрамын деген баяғыдан бері жоғалтып алған Ертай орала кетті. Балалық қызығушылықпен сол жігітті де ойлап таңдарымды атырған едім. Қазір қайда екен? Үйлі-баранды шығар. Сұрасам ба екен деп ойлап тұрдым да, оны қайтемін деп өзімді тоқтаттым. Мен Қызылтаңға барамын дегенде, біздің жақта Қызылтаң колхозы бар деп айтып қалды.  Жолымыз бірге деп қуанып қалған секілді. Мен солтүстік бағытқа кетемін, дедім де  автобусқа қарай жүре бердім. Алайда қалада қайда тұратынымды, жатақхананы айтып кеттім. Атымды сұрады, айтпадым. Қоштаспастан кете бардым.

***

 Қашан көрсем де Теңдік Елемесов, Қайырбай Садықов, Нөгербек Біләлов деген ағаларым хабар жасаймыз деп ап-ауыр магнитофонды иықтарына асып алып, кабинеттен шығып, кетіп бара жатады. Күндегісі сол. Ал біз болсақ, кинооператордың камерасы, жарық қоятын қаншама аппараттарды сүйрейміз. Ғаббас аға аппаратураларды " ішек-қарындарымызды" деп сөйлейтін. Іс сапарларға барсақ, төрт-бес адам жүреміз. Кейде режиссерлерді де апарамыз. Әдеби хабарларды режиссермен барып, дайындаймыз. Суреттерін түсіреміз. Облыста он бес аудан болса, соның барлық ауданындарында, совхоздарда болдым. Қай ауылға  барсақ та, амандық-саулықтан кейінгі сұрайтындары телевизордан өзгермей шығып тұратын диктор Нағима. Күйеуі бар ма, балалары нешеу? Өзі сондай керемет әдемі жан. Мінезі де сүйкімді болар, -дейді. Біздің ауылда Қонысбай деген есі кіресілі- шығысылы жігіт бар. Төменгі класта бірге оқыған. Жазу жаза алмайды, Оқу да оқи алмайды. Әріп танымады. Бірақ жады мықты. Тақпақтарды жатқа айтқанда, бір қиссаны аузы көпіріп айтып шығады. Сол жігіт біздің үйге келіп телевизор көріп отырып, шіркін мына әйелді көрсем ғой деп армандайтын. Далада мал жайлап жүрсе де, көшеде келе жатса да сөйлеп жүреді. Немесе тақпағын нақыш-нақышымен айтып келе жатады. Не жынды дей алмайсың, не сау дей алмайсың. Мүмкіндік болса, алыстан болсын Нағиманы көрсеткім келді. Қалаға біреу алып бармаса, өзі бара алмайды, жолды білмейді, адасады. Шешесі Шәмшұнар қызық адам.

 Бірде Рауза аптайым екеуі қалаға барыпты. Шәмшұнар автобустан шығып, мата аламыз деп алды-артына қарамай дүкенге жүгіреді. Бағдаршамның не екенін білмейтін әлгілер өткелден өтемін дегенде, жасыл жарық сөнгенде, әлгілер не артқа, не алға жүрмей ортада тұрып қалады.Машианалар белгі беріп, бірінен соң бірі соғылыса жаздапты. Есі шыққан екеу қалай қарай жүретінін білмей, жаңылады. Машиналардың бәрі қосылып белгі бергенде жай адамның да есі шығып кетпей ме? Не керек есінен Шәмшүнәрді Рауза жыларман болып, өлердегі сөзін айтып, әрең дегенде орнынан қозғап, жолдың шетіне шығарыпты. Енді магазинге кіріп барса, көйлек кигізілген әйелдің қаңқасымен, қуыршақпен сөйлесіп тұр дейді. Ауыл айтқыштарының айтатын әңгімелері жеткілікті. Қызылтаңда неміс ұлтының бірнеше отбасы тұрады. Вебердің, Гетманның үй іші бізбен көрші .Өздері тиянақты, қайырымды, қазақша сөйлеседі. Қазақтың дәстүрін сақтайды. Айтқандарын міндетті түрде орындайды. Шешендер де тұрған болатын.  Олар Қызылтаңға әдемі өрнекпен, бірнеше бөлмелі үй салған. Кейін көшіп кеткен соң, бұл үйді Ораловтар сатып алды.

***

Облыстық "Қызыл ту" газетінде бірге істеген ақын Есентай Ерботинмен бір кабинетте отырамын. Ол редакцияға келердің алдында Әсия деген қызға үйленіпті. Келіншегінің үйі телевизия орталығына жақын. Жаяу барып, жаяу келеді. Ылғи ыңылдап ән айтып жүреді. Есентай кабинетте отырғанда өлең жазады. Балаларға арналған өлеңдері "Балдырған" жорналына шығып тұрады. Жорналдың бас редакторы Мұзафар Әлімбаев маған да өлеңдеріңді жібер деген. Балаларға арнап өлең жаза қойғамын жоқ. "Социалистік Қазақстанға", "Лениншіл жасқа" хат жазамын. Олар маған жауап жазып, басқа да  өлеңдерімді сұратты. Есентай біздің редакцияға ауысқалы оған еліктеп өлең жаза бастадым. Екеуміз өлеңмен айтысамыз. Уәсила кабинетке келген кезде тіпті күшейіп кетемін. Уәсила ақын. Өлеңдері нәзік те сырлы. Өткен жолы Уәсила Есентайға өлең арнады. Айтыс өлең жазудағы шеберлігімізді шыңдайды, ойға ой қосады.

"Ертіс еркесі" ансамбліне дайындыққа барып жүргенде, қолыма домбыра ұстап, табан астында домбырашы Дәуренге, Яшка деген жігітке  жыр арнағанмын. Қазір Қанат деген жігіт келіп жүр. Уәсила екеуміз жігіттерге өлең арнап, домбырамен қосылып айтып жүрміз. Әнді орыстардың частушкасының әуенімен айтқанда, керемет әдемі шығады. Бірінші Уәсила бастайды. -Домбыраны қолға алып, жыр жазамыз толғанып. Көз тастаған жігіттерді, әзілменен қолға алып. Өлеңді мен былай жалғаймын.-Сағат сырт-сырт соғады, күн ұяға қонады. Желаяқ қу жігіттер, терезе алдын торады. Менің әуенімді Уәсила одан әрі жалғайды.-Жас жігітке жанасқан, қызыл шәріп жарасқан. Жұмбақ сырға таласып, қыздар түнде бал ашқан. Қойып қойсаң әдейлеп, қайнар ма көк шәйнек. Тұрса қарным шұрылдап, жүр-жүр дейді көзәйнек. Иә, бізге келіп жүретін жігіттердің бірі қызыл шәріп тағып жүр. Оның үстіне Қанат көзілдірік киеді. Мен былай деймін:-"Қырлар гүлге толады, көбелектер қонады. Ұяла кеп сол жігіт, жүрегімді тонады. Жанымызда ЖДК-а, уәдең қайда, ұмытпа. Уақыт зырлап барады.  Бөгет болған суық па? Күнде келе қалатын, алдадыма сағатың. Бүгін неге кешіктің, таусылды ғой тағатым. Неткен шалбар кең еді, желбең-желбең етеді. Озып кетіп уақыты, асып сасып жетеді."

Жатақханадағы  қыздар осы өлеңді бізден алып, жатқа айтып жүр. Есіктің алдында күзетші отырады. Жігіттерді кіргізбейді. Сондықтан келген жігіттер әйнекке тас лақтырып, немесе ысқырып шақырып тұрады. Қанатты вокзалда кездестіргеннен кейін бір аптадан кейін іздеп келіпті. Атымды білмесе де, телевизияда істейтін, эфирге шығатын қыздарды тұрғындар таниды. Осында тұрады депті. Тіпті вахтерден сұрағанда аты-жөнімді де айтыпты. Бірінші қабатта сені бір жігіт шақырады деген соң, шықсам қызыл бөкебайлы Қанат тұр. Қолында теміржолшылардың мәдениет үйінде болатын киноға екі билеті бар. Киноға шақыра келдім деп, қолыма билетті ұстата салды. "Мен жалғыз емеспін, қасымда дос қызым бар, бірге барамын"- дедім. Билет екеу ғана. Ол билетті әрең алғанын айтып, ақталды. Мен олай болса, киноға бармаймын деп, билетін жыртып тастап, жоғарыға көтеріліп кеттім. Неге олай істедім?. Кейін ойлап отырсам, тәкаппарлығым ба, әлде көрсеткен қырым ба екен. Танысқым келмесе неге онымен сөйлестім деп ойладым. Енді міне ол аптасына бір рет келетін болды. Киноға барамыз, қыдырамыз. Шарбақтыда анасы тұрады. Ағасы әскерден келген соң үйленіпті. Осы жолы маған келгенде қуанышы қойнына сыймай, поштаға барайық, телеграмма жіберемін. Жеңгем босаныпты, ұл бала туыпты. Атын қоямын-деді. Айтқанындай телеграмма салды. Сөйтіп желтоқсанның он бесі күні өмірге Жанат деген ұл бала келді.

***

             Павлодар трактор заводынан жастарға арналған хабар дайындадым. Заводта қазақ жігіттері аз. Қыздар асхана приборлары цехында істейді. Олар туралы да сюжеттер түсірдік. Қасық, шанышқы және басқа да  тұрмыстық құралдар арнайы станоктермен жонылады. Таза қалайы емес. Қосындылары көп. Неге екені белгісіз, бұл өнім неден жасалып жатқанын айтпайды. Ескерткішке бір қасық алып келдім. Радиода Шәкірат Қожахметов деген ағай редактор болып істейтін. Ол кісі қасықты менен қалап алды.  Өзі қыздарға қырғидай тиеді. Әсіресе Нағимамен әзілдері жарасып, бізді де күлкіге қарық қылады. Мені көрсе болды, қашан той болады, күйеу баланы көрсетсейші деп мазалайды. Уәсила Сержанова радиода диктор.Қазір екеуміз жатақханада бір бөлмеде тұрамыз. Жігіттер торып жүреді. Жаңа жылды қарсы алдық. Қанат өзімен бірге Манатты, егізінің сыңарын ерітіп келіпті. Ол жігіт индустриалды институтта құрылыс факультетінде студент. Уәсиланы ұнатыпты. Содан бері киноға шақырады.  Уақыт өткіземіз деп барамыз. Киноны көріп аламыз да, ешқайда бұрылмастан жатақханаға кіріп кетеміз. Артымызға да қарамаймыз. Жігіттер қала береді. Не ойлаймыз сонда? Жұмыста Шәкірат ағам  өлең жазшы деп сұрады. Бір күні болмаған соң, кабинетіне отырдым да үстеліндегі қағазына былай деп жазып кеттім.Жүресің ылғи, жорғалап, асып-тасып. Айтсаңшы одандағы ойыңды ашық.        Қиялдап жүрсің бе әлде тойымда ішер. Бөтелкеден кетті ме миың ашып. Бар дедің, ақындықтан арқаң сенің,Бір сөздің келісінде шортан дедің. Ағатай ескертемін байқап жүрші. Құрылған тұр алдыңда қақпан дедім. Іздейсің келер ме деп тегін пайда.Шалқисың мақтанасың сөзің майда.Ер адам өз сөзінде тұрмай ма екен.Үйіңнен дәм татырар уәдең қайда? Шәкірат аға ақ көңіл, салдыраған, сөзін әзілге бұрып, үнемі күліп жүреді. Бұл өлеңді оқыған соң, Уәсилаға "қарындасым, жарым жасым, ертең газетке бір әңгімем жарияланады. Соның қаламақысын алған соң, жеңгеңе айтып, үйден дәм татырамын, Шолпанға жауап жазып берші"-депті. Сонымен Шәкіраттың  үйіне қонаққа баратын болдық..

***

            Хамза Тоқпанов 1963 жылы 9 мартта облыстық радиокомитеттің төрағалығына тағайындалған. Кейін Павлодар телестудиясының құрылысы бітіп, 1965 жылы пайдалануға берілгенде Хамза Махамбетұлына жаңадан ашылған телевидениеге басшы болды. Яғни радио мен телевидение бірге қосылды. Бұл кісі радиоға басшылық жасайды. Бірақ радионы басқарғанмен олармен апталық жиналыс өткізбейді. Кузьма Тюрин орыс және қазақ редакциясы бастық.  Ол кісінің тәжірибесі мол, бірақ жоғары білімі жоқ. Алпыстан асып жетпіске жақындағанда педагогика институтына түсіп, сырттай оқып жатыр. Кабинеті кітаптарға сіресіп тұрады. Неше түрлі кітаптарды осынан табасың. Бәрін оқып бітірді ме екен? Мүмкін оқыған шығар, жоғары білімі жоқ, білімді. Телестудияның негізін Хамза ағамыз қалады. Біздер жаңа хабарлармен толықтырып жатырмыз. Тікелей бастығымыз  "Социалистік Қазақстан" газетінде  меншікті тілші болған Рахат Балтабаев. Ал орыс редакциясына Омбыдан, Новосібірден дайын, журналист кадрлар келіпті. Олар Вадим Бороздин, Анна Фишер, Сергей Шевченко. Бізді орыстар билейді.  Өйткені олар көп біледі. Бұрын бұл салада қызмет істеген.. Мен теледидарға келгенде кинооператор Тоқтар Ахметовтің те білімі болмады.Суретке түсіруді өздігінен үйренді. Екеуміз кино түсіруге барғанда қолынан нұсқаулық кітап түспейтін. Машинаның ішінде, жолда келе жатқанда, автобустың ішінде  киноны түсірудің қыры мен сырын білуге құмарланып, кітап оқып отырады. Суретімен берілген кітаптарда табиғатты, адамдарды қалай түсіру керектігі туралы жазылғанын көремін. Тіпті пленкаларды  қалай қиып, қалай жалғау, неше кадрдан кейін басын қосуға дейін ол кітаппен жұмыс істейді. 

            Күн аяз, жаңалықтарға кино сюжетті далада түсіре алмайсың. Қар тоқтатудан кино түсіріп әкелген екен, соны орыс тілінен қазақшаға аударып отырсам, Есентай өлеңмен айтысқа шақыра берді. "Ойлайсың ау өзің жүйрік, мен шабан. Көрсетейін ақын жігіт мен саған!-десем, ол маған "Бола қоймас, ойлан Шолпан әлі де. Дей алмаймын, сірә сенен кем соғам!-депті. Жазып отырған сюжетімді былай қойып, айтысқа араластым.  

"Мерген жан жоқ сөзің айтып тұр соны,

Дегендей-ақ кеуде қағып біл соны.

Дөп тигізер кеуделі сөз сияқты,

Бірақ қорқып елемедік біз оны.

Ғұмыр жетсе, бұл өлең жете берер,

Ширатылған шырмаудай кете берер.

Жеңілдім деп, оллаһи, әсте айтпан,

Айтыстың ба, айтысам,беттен қайтпан.

Ертеңге де бар шығар айтатының,

Тыныққаның жөн еді қайта бүгін.

Шығыршығым жалтылдап өлең десе,

Шыға келем, сүрінбе, байқа күнім,-депті. Шынында да Есентайдың ақындығы менен жоғары, ол институт бітірген, қазақ әдебиеті мен қазақ тілі факультетінде оқыған. Менікі есек дәме:

" Шахмат ойналмайды еріккенен,

Мұндайдың өнерлігін көріп пе ең сен.

Мұзымды ерітші деп дәмеленбе,

Жұқармай әлде осы  келіп пе ең сен.

Менен артық ал сенің күйің қандай,

Дірдектейсің тәңірге сыйынғандай.

Телефонның жабысып құлағына,

Отырсың етегіңді жиып алмай.

Мен костюммен, пальтомен сен отырсың,

Елден бұрын уайым жеп тағы отырсың.

Менен күйің жақсылау болса егер,

Буың атып шалқымай неге отырсың.

Екеуге емес үшеуге бөле білгін,

Бұған дейін байқамай неге жүрдім.

Сөзіміз шымбайыңа батып кетіп,

Орныңнан етек жимай түре келдің.

Термеміз екеуміздің келісіп тұр,

Түсінбей мына қызым керісіп тұр.

Қоймаса бұдан былай заржақтығын,

Бір сөзбен екі жігіт көзге шұқыр,

Оданда нүктелермен соңын бітір... Есентай осылай сөзін жалғады. Айтыста көңілде жүрген көп ойлар жарыққа шығады. Өзіңді ақындыққа шыңдайсың Амал қанша, кешке эфирге шығатын мәтінді дайындау керек.. Диктор Нағима қашан дайын болады деп сценариді күтіп отыр. Оның жұмысы сол.

***

             Дәмелі тұрмысқа шығатын болды. Маған болашақ күйеу баламен нағашысы Кәрім Егізбаев келді. Ол кісі беделді қызметкер. Облыстық партия комитетінен "Волга" автомашинасын алыпты. Мені отырғызып алып, Қызылтаңға бардық. Мақсаттары қызды осы машинамен алып кету. Бұл алып-қашу емес, келісім бойынша жасалып отыр. Иманғалы қарсы болмады. Той жасағасы келмеді. Шағын ғана адамдар болды. Қызды шығарып салу рәсімі. Екі сағаттан соң, Дәмеліні киіндіріп алып, жолға шықтық. Заңғардың тұрғындары келін келеді деп, есіктің алдында топтасып тұр. Шәкен мен Дәмелі апалы сіңлілі, үшеуміз бірге өстік. Жол бойы ойым онға бөлінді. Дәмелі Заңғар кеңшарына апасының үйіне барғанда Хамитпен танысыпты. Шәмішпану апасының алты баласы бар, өткен жылы іштегі баласын алғызып тастаймын, деп қапияда көз жұмды. Соңғы кенжесі бір жастан жаңа асқан болатын. Оны бір туысқандары асырап алыпты. Қазір бұл ауылда жездесі Мақсұттың ата-анасы тұрады. Келін түсірген үйге жастар жиналды. Той орысша өтті. Ауыл жастары арақты көп ішеді екен. Әр қайсысы тілек айтқан сайын, "Ащы" деп айқайлады. Келіннің туфлиін ұрлап кетіп, оны қанша саудалады. Ақыры күйеу жолдас туфлиге құйып арақ ішіп құтылды. Мұнан кейін жастардың арасында ұрыс басталды. Кім-кіммен төбелесіп жатқанын білмейсің. Ақыры Тоқтар деген бойы бір тұтам жігіт біреуіне жүрек тұсынан пышақ тығып алды. Намысына тиді ме? Әйтеуір құдай сақтап, пышақтың жүзі жүрекке жетпепті. Осы оқиғадан кейін Дәмелінің келін болып түскен ауылына күдікпен қарадым.Жолдасы әзірге сыр білдірген жоқ, бірақ өзі еңгезердей, осы ауылдың атаманы. Күші жағынан жаңағы төбелескен жігіттерден екі есе. Ол бұл іске араласпады. Себебі Алматыдан келген нағашысынан қаймықты.

            Шайтанның азғырғанынан адамның азғырғаны жаман деген сөзге енді  иландым. Дәмелі бұл жаққа құдашаларының азғырумен келіп қалды. Мүмкін маңдайына жазылғаны осы шығар. Әйтпесе Қызылтаңдағы жігіттері он есе артық болатын. Темірбек пен Әбу деген жігіттері жуас, айтқаныңа көніп жүре беруші еді. Смайл ше? Аяғы талтақ деп менсінбеді. Ауылдағының аузы сасық.. Мына жігітке сенім аз секілді. Қалаға келген соң, Уәсилаға той туралы айттым. Тәңертеңгі сағат жетіде бізді радио,Уәсиланың диктор ағасы Сержанов оятады. 

            Мен жатақханада тұрғалы күнде естігендіктен бе, осы кісінің даусына ғашықпын. Әсершіл, әсемшіл. Ол туралы сұраймын. Үйленбеген, бойдақ. Бірақ жасы үлкен. Жалғыз тұрады. Қиял құшағына енемін. Армандаймын. Көзім көрмеген адамға ғашық боламын деп кім ойлаған. Алматыға барғанда іздеп барамын,-деп қоямын. Уәсила Алматыға кетейін деп жиналып жатқанымда, "мүмкін тұрмысқа шығамын"- деп әзілдеді. Сырын айтамын деп шынын айтты ма?. Мен сенбедім. Бірақ жуырда Талдықорғаннан жігіті Ермырза келіп кеткен. Сонда сөздері болыпты. "Егер телеграмма берсем, келетін бол"- деп қопаңдатып қойды. Талдықорған Алматының қасында. Сол жақтан бара саламын, - деп аэропортқа  кеттік. Вокзалға келсем, залда кешегі өзіміз Дәмеліні бірге алып барған  жаңа  құдам отыр. " Алматыға қайтамын, билетім бар, -демеген еді. Бұл қалай, асығыс кетіп барады. Ол кісіге билет табылады. Үкіметтің адамы. Самолет ұшуға әлі ежәптәуір уақыт бар,  жаңа құдам бізді ресторанға апарды. Кешегі тойдан кейін тамаққа қарағым келмесе де, шығарып салуға келген Уәсила үшін шампанды қолыма ұстадым. Көңілді отырдық.             Самолетке отырғызу басталды. Ішім ашып, жүрегім елжіреді. Самолет аспанға көтерілді. "Жүрек неге дүрсілдейсің аспанда, құпия сырын табиғатым ашқанда. Бір сезімге кеттің бе әлде бой ұрып, туған жердің қырқасынан асқанда. Алаңдаймын кімді кімге қыймаймын, ауа жетпей орындыққа сыймаймын. Асау аттай тізгінімен алысқан, алып ұшып жерге  қолды бұлғаймын." Өлең жазып отырмын, қиялдап отырмын. Алматыда қалып қойсам қайтеді,- деймін өзіме өзім. Күлпариза Алматыда тұрайық, қызметке орналасайық деген. Екі ойдамын. Онда қайда тұрамын? Жаңа ғана жатақхана алып, өз қолым өз ауызыма жетіп жатқанда, Алматыдан үй іздеуім керек. Қой оным бола қоймас.

            Түнгі 12-ден кейін біздің самолет Алматы аэропортына келіп қонды. Менімен бірге ұшып келген үлкен қызметкер құдам Кәрім Егізбаев түнде кімнің есігін қағып жүресің, үйге барамыз деді. Қуанып кеттім. Барар жерім жоқ, қонақүйге түсемін деп жоспарлағанмын.  Құданың үйі орталықта екен. Коммунистік проспекті 115 үй, 53-інші пәтер. Университет бір аттам жерде тұр. "Алматы", "Алатау" қонақүйлерінің қасында жасөспірімдер театры. 

            Хамиттың қарындасы Бақыт алдымыздан шықты. Біздің келгенімізге қуанып, мәз болды. Ауылдың жаңалығын, тойдың қалай өткенін сұрап, біраз уақытқа дейін ұйықтамадық. Ертеңінде университетке барып, сабақ кестесін алдым. Лекция Қазақ телевизиясының қасында,  №23 мектепте өтеді. Қуанып кеттім. Бұйырса өзім дауысына ғашық болып жүрген Уәсиланың ағасын көремін. Тіпті болмаса іздеп барамын. Күлпаризамен кездестім. Тұрмысқа шыққанын хат арқылы білдірген. Күйеуі Бекен туралы айтып, біраз жерге бардық. Шынымды айтсам, екі көзінен сорасы шығып, жалынып отырып алды. Егер маған тұрмысқа шықпасаң, асылып өлемін деді. Не керек, ойлана келе, өзімді құрбандыққа шалдым, оны бақытты еткім келді. Қайрат деген ұлымыз бар. Жасы 1-ге келеді. Анам алып қалды деді. Екеуміз ұзақ сырластық. Сабақтан кейін курстасым Әтипа Ысқақова екеуміз қазақ радиосына бардық. Ол осында қызмет істейтін еді. Мен іздеген кісі кешкілікте келеді, -деп біліп келді. Түнде үйіне оралған кезде телефон соқтым. Баяғы өзіме таныс дауыс. Сөйлестік. Ауылдың жаңалығын сұрады. Уәсиланың жағдайын, радионың хабарлары туралы сұрады. Қайда тұрып жатқаныма дейін сұрап, кездескенше деп қоштасты. Көпке дейін көзім ілінбеді. Қанша жуан болса да, жалғыз ағаш үй болмас, қанша өнерлі болса да жалғыз жігіт би болмас. Осы бір мақал осы кісіге арналған секілді ме қалай?

***

            Ақын Серік Тұрғанбеков менімен бірге оқиды. Лекцияға келмейді. Көшеде кездесіп қалып, ол өзі істейтін қазақ радиосына алып барды. Кабинетін көрсетті. Дикторлар бөлмесіне бардық. Сержановты көргенде шалқамнан түсе жаздадым. Қиялымда оны басқаша елестеткемін. Бойы кішкентай, қасқа бас. Түрінде, езуінде кекесін күлкі бар. Тістеніп сөйлейді. Радиодан тыңдағанда байқалмайды. Оданда көрмегенім дұрыс еді. Ғашық болып жүре берсем, болашақ  өлеңдеріме кейіпкер болушы еді.

Азапқа түстім сезімнің құлы екенбіз,

Болмайды бірақ жалықпай  жетер төте із.

Лоблиды сыймай лықсытып әкеп бір екпін,

Діріл мен бірге толқуын сезем жүректің.

Жүзіңді көрмей үніңе ғашық болып ем,

Қиялға еріп талай түн таңға көз ілгем.

Кездестім бүгін бой ұрмай бағам еркіме,

Жылылық іздеп аңсарым ауып көркіңе.

Дәрменсіз қалдым жаутаңдап кінәм бар ма еді,

Таппадым бойдан шипасы тиер жанға емді.

Жалынға өртеп сынына салдың жастықтың

Қаталсың жаным көңілімді менің басқа ұқтың.

 Мінезім болар қатал деп батыл кетіппін,

Намысын қыздың алдыңда аттап өтіппін.

Өтінем кешір ақылға салмай шыдамның,

Жолынан шықтым жеткізбес шетке бұл ағын. Қазақ радиосының кадр бөліміне кіріп шықтым. Бос орын бар. Ойлану керек. Алайда Уәсиланың ағасы республика көлемінде қызмет істеу, радиоға хабар дайындау қиын болады деді. Себебі іс сапарларға шығу керек. Облыстарды аралайсың. Егер тұрмысқа шықпаймын, осы жұмыстың соңында жүре беремін десең өзің біл. Әлі жассың, отбасын құру керек.

            Әйел адам ана болмаса өмірдің мәні болмайды. Павлодардағы қызметің де жақсы көрінеді. Оқуыңыды бітіріп, нақты орнықаннан кейін ойланғаның дұрыс. Бұл ақылды Мәмбет айтты. Павлодардан ұзап кеткенім жаңа, енді міне қызмет іздеп отырмын. Мұнда не туған-туыс, не семья құратын жігіт жоқ. Бірінші мамырй айынан бастап  "Просвещенец" деген демалыс үйіне барамын. Кәсіподақтан жолдама алып келдім. Оған дейін құданың үйіндемін. "Қазақстан әйелдері" журналы редакциясына кіріп шықтым. Өлеңдерімді алдағы нөмірге береміз деп алып қалды. Күн сайын түстен кейін лекция тыңдаймыз. Бір курста елуге жуық студент бармыз. Әзірге қырық адам лекцияға қатысып жүр.

            Біз журналистика факультетінің 7-8 студенті үнемі бірге жүреміз. Оқуға түскен күннен достасып кеттік. Олар Күлбағила Өмірбаева- Петропавлдың қызы, Марат Ділдебаев-Жамбылдан, Темірхан Әліханов- Өзбекстаннан, Кеңес Юсупов-Талдықорғаннан және дос қызым Күлпариза Ахметова- Қызылорададан келген. Темірхан- Төлеген Айбергеновтың өлеңдерін жатқа айтады. Өлең жазады. Маған айтысайық деп қолқалайды. Айтысты мен бастаймын.

            "Өлең жаз деп қолқаладың, құп алдық.Мойнына әкеп өлеңменен құр салдық.

Өзбекстан жігіттері мақтаншақтау келе ме?Мен демей-ақ жүрген жоқ па бұл халық,-десем ол маған: Мен туралы жаз дедім бе, ол әншейін қалжыңды.Бұлай дейтін дейсің бе әлде алжыды.Бірақ осы ақындардың әзіл сөзі шындай бір. Және дағы өлең десе өзеурейтін бар жыны. Иә, өзеуремей қайтейік, егер бойымызды өлең кернеп бара жатса. "Қайқайғам жоқ, қайта өлең арнадым, Ақын қызбен айтысуға бар ма әлім. Ұзақ сонар сөз айтпаймын доғарсақ.Тектен текке бәйге бермес сыңайыңды байқадым. Жыр жарысқа шақырдың ба сен анық.Қойған жоқ па ек, сол бір әнді доғарып.Тізе берсем қыз атыңды қадірлеп. Жылы-жылы сөздеріңді құп алдық.-Айтыс- өмірді бейнелейтін, көркем әдебиет саласының бірі. Одан адамның қуанышы да, тұрмысы да, дәрежесі де, жеке адамдардың қарым-қатынасы да білінеді. Рас Темірхан менен бір-екі жас кіші болу керек, сондықтан оны іні дедім: Бәріне емес, бірақ жанға иілгем.Мәңгілікке қабыл алдым сол жүректің сыйын мен.Біздер бүгін талапкерміз, мүмкін ертең тұлпармыз.Оны уақыт көрсетеді, теңелерміз кім білген? Артық айтсам жүрмеші әпке өкпелеп.Бұл ініңді жастығы үшін сөкпе көп.

Жанам десең, онда өзің біл, дегенмен.Ақындардың шабыт-отын қай құдірет шектеген, -деп жауап жазыпты.

 Темірхан  "Ауыл" ресторанына шақырды. Курстастардың басы қосылып қалған болу керек, бәріміз бір адамдай тауға баратын автобусқа бет алдық. Құда менің кеш келгенімді ұнатпайды. Әйелінен ажырасқалы жеті-сегіз жыл болыпты. Жалғыз тұрады. Қазір Хамиттың қарындасы Бақыт қасында. Маған жақсы болды. Әйтпесе бөтен кісімен бір үйде қалай тұрушы едім. Тауға жаяу өрлеп келеміз. Айнала жап-жасыл. Төменде Айнабұлақ сылдырлай күліп, ағып жатыр. Жеті судың тоғысқан жері осы маңда дейді. Мейрамхана қазақтың ұлттық жабдықтарымен безендіріліпті. Дайындаған дәмдері де  қазақтың  ұлттық тағамдары. Бізді Есім мен Рашида деген қазақтың өрімдер жастары қарсы алып, төрге отырғызды. Қоңыр әуенмен отырып, өлең оқыдық. Күндізгі сағат төртте отырғаннан кешкі сағат тоғызда әрең шықтық. Кешкі самал салқын, таудың тамаша ауасымен жүре бергің келеді. Көңілің көлдей болғаныммен әлде неге алаңдай беремін.

Ақылсыз ойдың жетегінде үйге келдім де, өзімнің ойымнан шықпай мазамды ала берген жанға телефон соқтым. Үлкен адамның алдында дәрменсіздігімнің ұшығы да қалмапты. Еркін сөйлестім. Ертеңгі футболға барайық дейді. Қайраттың жанкүйері екен. Менің түсінігім аз болса да, несі бар, қатар отырып, қызықтап қайтуды жөн санадым. Түске дейін не істеп не қойғаным есімде жоқ. Кездесуге барамын деген, оны көремін деген ынтығу. Шынымен ғашық болдым ба? Жоқ, мүмкін емес, онымен кездескенде, оны көргенде бетімнен отым шығады. Міне тағы да солай. Аяғым жерді басып келе ме, жүріп келе жатырмын ба, білінбейді. Дізем де дірілдейді. Кездесуін кездессем де қасынан тезірек кетуге асықтым. Менің қасымда қазір алтын асықтай бірнеше жігіттер жүр. Олардың да бірі болмаса бірі сезімдерін білдіруде.

Неге екенін білмеймін, оларға көңіл аудармаймын. Жалт еткен көздеріндегі ұшқынды да көрмеймін. Бар ақыл ойымды басқа жан, жұмбақ жан баурап алды. Не істеу керек? Қоңыржай дауысымен "Әлей болсын, қарындас" деп тұрғандай. Терезе алдына келдім. Бұлтсыз күні Алатау жақындап кетеді. Ал бүгін айналаны бұлт басып кетіпті. Күндегідей көз алдымдағы Алатау көрінбейді. Шыңын ақ шалған, құзы құзырлы тауды іздеймін. Көрінбейді, қайдасың, қайда жасырындың. Оны да бұлт басып кетіпті. Менің кеудемді де  бұлт басып тұр. Ғашық жанның жүрегін жұлмалаған жыр шумақтары екен. Күбірлеймін, сыбырлаймын, Алатау деймін, үндемейді. Алатау деймін, құлағыма өзімнің даусым естілді, қайдасың, бұлтыңнан сейілші, көрінші бір көзіме. Сен не көрмедің? Сен сонау ақтабан шұбырынды да, Елім-айлап жылаған аналардың даусына, туған жерін қия алмай еңірегенде етегі толған қыздардың, қамшыларын жерге ұрып, жата қалып жылаған аталарымның көз жасына куә болғансың. Сен оларға да үндемегенсің. Сені ғашықтар да, пасықтар да, жасықтар да, жасылдар мен асылдар, қызылдар мен қырмызылар да саялаған, қайыңдарың мен қарағайларыңды паналаған. Олар да мен сияқты өзіңнен ақыл сұраған, өзіңнен сырын жасырмаған. Менің де бойымды тұман басып барады. Буылдыр бұлтың сейіліп барады. Менің де көңілімнің көкжиегі көрінді. Иә, қабағым да ашылған сияқты. Армысың Алатау, бармысың Алатау!!!

***

 Орыс әдебиетінен емтихан тапсырдым. "Кавказ тұтқыны" деген повесть. Мектепте оқығаным  есімде қалмапты. Дегенмен атына қарап Пушкин тұтқын туралы жазды ғой деп, өтірікті шындай айттым.  Екінші сұрақ Гогольдің "Өлі жандары" . Дайындық болса, бәрін де айтып шығуға болушы еді, біздің қыдырудан қолымыз тимейді. "Қазіргі қазақ тілінен" лекция тыңдап отырмын. Ойым он саққа бөлініп, қиял құшағына еніп кеттім... Кездесіп тұрмын..."Ауылға жігіттермен бардың ғой". Иә солай, қыздар да бар." Күліп жіберді. Жаңалығың бар ма дейді. Менде қандай жаңалық болушы еді. Айтатын сөзі біткен секілді. Үндемейді. Ертең тауға барайық. Мен "Әлбетте мен Просвещенецке" орналасамын. Ол демалыс үйіне барып, волейбол ойнайды. Кілең шалдар. Өзін шалдардың қатарына жатқызды. Оу мен әлі жаспын ғой. "Дүниеде шын сүйе алатын әйелдер ғана" (Ги де Мопассан). Шынында да солай болар. Мен қазір сүюдің төменгі сатысында отырмын.  Жазушының пікірін бағалаймын. Жалпы Мопассан бұл пікірді өлер алдында өзіне опасыздық жасаған әйелдерді кешіргенде айтыпты. Мендегі сезім өткінші. Ең алғашқы сезім мектеп партасында, оқушы кезде оянды емес пе? Алғашқы да, одан кейінгі сезімдер өткінші, бәрі де өтпелі. Ұмыт болады.  Соңғы сезім болмайды. Ол адамның өз бойында өзімен бірге кетеді. Ол ең аяулы да, өкінішке толы сезім болатын шығар. Ойымды қасымнан өткен оқытушы бөліп кетті.

Ертең емтихан. Білемін. Алматының аспаны соңғы кезде ашылатын түрі жоқ. Денем тоңазып, мойным ештеңеге жар бермейді. Қолыма кітап ұстасам өзіме таныс дауыс құлағыма келеді. "иә, сөйле" дейді ол әсерленіп. Көз алдыма орта бойлы, тік жүретін, түрі сұсты, қатал мінезді жігіт тұр. Ол маған кірпік қақпай ойлана қарап тұрған сияқты. Өзінен қанша жас үлкен шалды жақсы көрген қандай қыз дейтіндей. Түнеріп тұрған күндей мен де ойға шомамын. Жалғыздық құдайға ғана жарасқан. Ол жалғыз, екі бөлмелі үйде жалғыз тұрады. Адам өмірге жолдасымен келеді, екеу болып өмір кешу керек. Ұрпақ өсіріп, артына ізін қалдырмай ма?

Адам ұрпағымен ұзақ жасайды. Оның өмір туралы ойы басқа. Әйел алуға, қызбен жүруге уақытым жоқ дейді. Түнде түс көрдім. Үстіме аппақ көйлек киіппін. Басымда ақ фата. Көңілім ағарар. Ал Күлпаризаға айтсам, өңіңде ақ көйлек киесің, тұрмысқа шығасың дейді күліп. Күлпариза екеуміз диаматтан дайындалдық. Дайындық дегеннің аты ғана, біраз оқимыз да, әңгіме айтамыз. "Сен Серікқалиевті  айналдырсаң қайтеді, -дейді Күлпариза. Ол әйелінен айрылысып кетіпті. Мен ашуланып қалдым. Ендігі жетпегені сабақ беретін, оқытушым еді. Оның да жасы үлкен емес пе? Осы күнге дейін тату-тәтті тұрып келген семьяның шырқы бұзылған. Серікқалиев бала сүйгісі келеді, артымда ұрпағым қалса деп армандайды. Жас қызға үйленгісі келеді. Жалғанда қасыңда келіншек досың болмасын. Олар бойдақ жүрген қызға жаны ашып, ақыл айтады. Күйеуге ти дейді. Жөн айтады. Бұлт аспанды торлап алған. Сылбыр жауын  ашылатын түрі жоқ.

 Бірінші мамыр.  Бүгін сенбі. Көктем мерекесі, бірінші мамыр халықаралық бейбітшілік пен ынтымақ күні. Алматыда күн суық. Жеңіл киініп жүре алмайсың. Аспан асты айқыш-ұйқыш. Бұлт Алатаудың аржағына көшіп барады. Көшеден музыка даусы естілді. Жұрт шеруге жиналып жатыр. Біз курстастармен сағат тоғызда кездесуге уәделескенбіз. Бәріміз алаңнан Дінмұхамед Қонаевты көрмекшіміз. Ол үшін Кірпіш зауытының шерушілеріне қосылдық. Көппен бірге үш қатар саптың шет жағына шықтық. Келе жатырмыз. Алдымыздағы трибунада атамыз тұр. Ұзын бойлы, еңгезердей, үстінде жеңіл пальто, жалаң бас. Шашы аппақ. Бізге қолын бұлғады.

  Кешкілікте "Гүлдер" ансамблінің концертіне бардық. Сара Тыныштығұлова, Айдәулетова деген әншілер  концерт қойды. Гүлдер ансамблі би биледі. Осының алдында Ленин атындағы сарайда өткен Ғарифолла Құрманғалиевтің концертіне барғанбыз. Домбырамен орындаған әндері керемет. Даусы қандай ашық, зор. Халық әндерін орындады. Үлкен залдың іші күңіреніп кетті. Домбыра тартысында ерекшелік бар. Уәсиладан хат алдым. Бізді Медеу Сәрсекеев Семейге шақырған болатын. Онда жас ақын-жазушылардың форумы өтеді. Мен Алматыға кететін болғандықтан Уәсила баратын болды. Тәңертең радиодан жаңалықтарды оқып келіп Уәсила күндегідей  жата қалыпты. Бір кезде есік қағылады. Төменгі жағына орамал орай салып, есікті ашып жіберсе, ар жағында Мұздыбаев Айтбай аға тұр дейді.

Уәсила жатақхананы басына көтеріп, айғайлап жіберсе, қыздар есікті ашып қарап тұрыпты. Жатақханада кілең қыздар тұратындықтан ер адамдар кірмейді. Содан Айтбай аға "далада машина күтіп тұр," деп ұялып шығып кеткен соң, Уәсила бастық жіберген  машинамен жұмысқа келеді. Олар сол машинамен Семейге бармақшы. Қасында Алматы телестудиясынан келген жас жігіт және Боранғали Ырзабаев, Айтбай Мұздыбаев төртеуі Семейге жол тарттыпты. Кешке Семей телестудиясы Ертіс өңірінің  ақын-жазушылары, әншілері, күйшілерінің басын қосып, хабар ұйымдастырған. Бұл хабар тікелей эфир арқылы республикаға көрсетілді. Сен көре алдың ба?-депті. Қайдан көресің, телевизор көріп отыруға уақыт таппайсың. Техниканың қарыштап дамып келе жатқанын осыдан біл. Енді Алматы, Қазақстанның басқа облыстары хабарларын тікелей көрсететін болыпты.

***

Асқақ Алатау, қарлы Алатау, ақ жаулық киген әжем, ақ сәлделі атам, ақ шашты қария, шежірелі Алатау! Мәңгілікке қарлы шыңнан су тамбайтын ақ басты Алатау, сен бүгін көк бұлтыңнан ашылып, жанымды жайландырып сүйкімді қалпыңмен көз алдымда тұра қалдың. Терезені аштым. Тыныштық. Жүрек соғысын естіп тұрмын. Тізгін берер емес. Айтпақшы мен демалыс үйінің төртінші қабатындағы бөлмеде терезе алдында тұр екенмін. Күн жексенбі. Тегін тамағымды ішіп алып, төменге түстім. Қалаға барамын. Бүгін Мәмбетпен кездесемін. Келісім солай. Алдымен құданың үйіне бардым. Мен осында келгеннен бері  құда үйге Сағат деген әйелді кіргізіп алды. Жас шамасы өзінен кіші. Баласы жоқ. Әнші Зейнеп Қойшыбаеваның жақын досы. Қазір опера театрында қосымша топта ән салып жүр. Мамандығы актер. Үй шаруасына ыңғайлы. Келгеннен бері тамағымыз тоқ. Күнде ет асып қояды. Кәрім құда жылқының қазы- қартасынсыз тамақ ішпейді. Бүгін футбол. Келісім бойынша радиокомиететтің қасында кездестік.-Сіз үнемі спорт киімімен жүресіз, танымай қалдым, - деймін күліп. Сықиып киініп келіпті. Жол бойы сөзбен шымшылай берді. Сендердің "Трактор" командаларың оңбай жеңілді дейді. -Кімнен,- деп сұрауға шама бар ма? Онымен сөз таластыра алмаймын, сондықтан күліп қоямын. Абай мен Космонавт көшесінің қиылысындағы Стадионға жеткенше аузы сөзден босамады. Анда-санда маған қарап қояды, иығымнан қағады.

Жасыл алаңға "Қайрат пен Торпедо" командалары шығады. Мен үшін футбол қызықсыз болса да, ер адамдардың арасында отырдым. Ойын басталды. Артымдағылардың ауыздарында дамыл жоқ. Қайраттың ойыншылары алдымыздан жүгіріп өткен сайын, айғайлайды. "Қайрат" қақпаға доп енгізсе, артта отырғандар мені төмен қарай лақтырып жіберетін шығар. Қанша ма қуаттарын жұмсап, өздері ойнап жатқандай сонша неге айғайлайды? Ауыздарына не келіп, не кеткенін білмейді. Орысша боқтай ма керек. Бір жанкүйер темекісін тартып отырып, ойынға беріліп кеткені сондай, алдында отырған тақыр бастың басына, күл сауыт деп ойласа керек, тұқылын басып, сөндіріпті. Анекдот болар. Мәдениет деген болсайшы. Ойын тең аяқталды. Мен үшін тең болғаны дұрыс болды. Алайда қасымдағы жанкүйердің көңіл күйі болмаушы еді. Осының өзінде "Қайрат "жеңу керек еді, әттеген- ай деп есімді шығарды.Футболдағы ойынды қарап  отырғаным болмаса, не ойыншының аты-жөні, не жасаған қателіктерін байқаған да жоқпын, есімде де қалмады. Үйге келгеннен кейін де жігіттердің айғайы құлағымда тұнып тұрды. Демалыс үйінде бір бөлмеде Бэла, Люса деген тағы екі қыз тұрамыз. Олар да сессияға келген студенттер. Тәңертең кетеді, кешке қонуға келеді.

Лекция тыңдап отырғанда  қытайдан көшіп келген, жазуды арабша жазатын курстасым, Тұрдыбек Алшынбаев "сені футболдан көрдім,- деді. "Қасыңдағы адам ағайың ба, ұқсайды екен"- деп еді, мұны естіген Күлпариза "ерлі-зайыптылар ұқсас келеді"- деп сөзді жандыра түсті. -Мен де Бекенмен ұқсаспын деп өзінің күйеуін еске алды. Тұрдыбек түк түсінбеді. Бадырайып маған қарады. Мен ішімнен иә, менің ағам емес, бес қайнаса сорпасы қосылмайды, - деп қоямын. Бірақ оған тұрмысқа шығамын ба, әрине жоқ, ол  мүмкін емес, құдай сақтасын, бұл өткінші сезім деймін ішімнен. Қорқыныштан есім кетті. Демалыс үйі сондай әдемі жерде тұр. Айнала жап-жасыл. Төменде бұлақ ағып жатыр. Волейбол ойнап келе жатсам, алдымнан курстасым  Шорабек шыға келді. Осында тұрып жатырмын, сессия біткенше ұзартып алайын десем, көнбей қойды, енді қалаға барып, қонақүйге орналасамын дейді. Мәмбет жасөспірімдер театрына апарды.

Театр-шын мəнінде жан дүниеңе сілкініс жасап, өзіңнің кім екеніңді алақандағыдай көз алдыңа əкеп беруімен құдыретті. Бұйығып жатқан ішкі əлеміңіз қопарылып,  өзімен-өзі арпалысқа түсетіндей... Айналасы екі сағаттың ішінде анадан жаңа туғандай күй кешесің, рухани тазарып, жаның рахаттанады. Мен де бір рахат сезімге бөлендім.Мен осы спектаклден кейін онымен қоштасқым келді. Енді мазаламаймын, жақында елге ораламын. Алматыда қалмаймын дедім. Мен оны ұмытқым келді. Үйге келген соң өлең жаздым. Ескерткіш болсын.

***

            Алматының ақ жауыны тас жолдарды шайып кетті. Сел болып аққан су арықтарға құйылып, төмен қарай құлдырап барады. Футболға шақырғандар болды, бармадым. Бұл жолы "Қайрат" қарсыласын ойсырата жеңіпті.Құттықтау керек. Мархабаевтың лекциясы болды. Оған мектепте жүргенде кітабыңызды оқыдым дегелі, жақын тартып кетті. Зачет қойып берді, енді емтиханға да баға қойып берейін, тауға барайық дейді. Курстастар күлді. Кеңес Юупов осы кісінің күйеубала болатын ойы бар дейді. Әйелі, бала-шағасы бар адамды маған қосақтайды. Айтақын маған өлең арнапты. Оқып отырмын: Кезің ғой бұл биікке ұшатұғын,

Құшақ та көп сендерді құшатұғын.

Жақсы қызды көргенде бір жыным бар,

Жай таптырмай кеудемді қысатұғын.

Жүрген жан ғой демегін тұрақтамай,

Қарлығашсың ұша бер құлап қалмай.

Сенің жаның қашан да мөлдір болсын,

Таудан аққан болса егер бұлақ қандай.

Болсаң құрдас ақ гүлдің бүршігіндей,

Мен сені тосам құрбым кірпік ілмей,

Сен бұған қуан мейлі күрсін мейлі,

Жүрегім Шолпан үшін дүрсілдейді.

Темірбек Қожекеевтің сабағында отырмын. Ол кісінің көзі  қырағы. Қимылыңды бағып отырады. Алдында отыз шақты студент  отырса да, тіпті артқы жақтағылардың сөйлеген сөзін де естиді.  Күлпариза екеуміз Мархабаевтың жырын жырлаймыз. Ол кісінің  ойы белгілі. Әйелі бар адам мені қайтсін.  Аз күнгі ермегі болсын  дейтін шығар. Марқаның көзі маған ғана түспейтін шығар.  Өмірзақ Жолымбетов  радиода істейді, оны жақсы біледі. Күлпариза  одан Әбеңнің жайын хат жазып сұрады. "мен жұрттың сыртынан  ештеңе айта алмаймын, Шолпанда көңілі бар, соны жақсы білемін"- деп жауап беріпті. Е, солай де.  Айтақын Әбдіқалов та қыр соңымнан  қалар емес.  Тағы да өлеңмен хат жазыпты. Ақын жаны қашанда шалқып тасып.Құштарлықпен жүрмей ме қолтықтасып.Әйелі мен баласы бар екен деп, Кете көрме Шолпанжан қорқып қашып. Жанымды түсін- деп қояды. Үйден қырық қадам аттаған еркек, бойдақ....Айта берсін, жаза берсін!

***

            Жеңіс күнін атап өттік. Демалыс үйінде ойын-сауық кеші  болды. Ақтөбеден келіп демалып жатқан жігіт "Неге көңілсіз отырсың, қарындас" дейді қасыма жақындап. Ылғи жалғыз жүресің, келгелі сыртыңнан байқап жүрмін.  Осындағы қыздардың ішіндегі жібі түзу сен сияқты едің, тіпті амандаспайсың деп қояды. Мен емтиханға дайындалуым керек деп биге қалмай, кетіп қалдым.  Бүгін Мархабаев емтихан алды. Оның қасында жерлесім Бекхожин Қайыржан ағамыз отырды. Мен сол кісіге барып тапсырғалы тұр едім, Мархабаев "Байғалина кел,- деп"  болмай өз алдына отырғызды. Билеттің жауабын білсем де, абдырап қалдым. Жауабын айтқызбай, сұрақтарды төпелеп қойып жатыр. Дұрыс баға алатыныма сенімдімін. Сонда да, сұрақтарына жауабымды төпелей бердім. Ол әрең тоқтатты. -Жақсы біледі екенсің, ертең тауға барамыз, "Медеуге" шақырамын дейді. "Неше қояйын"-деп өзімнен сұрайды. Зачеткамды сонда барғанда беремін, - деп алып қалды. Енді бармай гөр.

            Таңқаев та баға қоймай, соңынан жүгіртіп қойды. Серік Тұрғынбеков бағасын қойып бер деп сұраған соң, үйге келсін депті. Адресін жазыпты. Баруын барамын ғой, үйіне кіргізіп алып, алдап сулап, қармағына түсіргісі келіп отыр ма? Жоқ оған дәті бармайтын шығар. Дегенмен өзі келді деп ойына келгенін істесе не істеймін, жоқ, университетте оқымай тастап кетсем де, намысымды таптата алмаймын. Курстас жігіт Марат Ділдабаевқа бірге барайық деп жалындым. Марат ол кісінің сабағында хат жазып ұсталып қалған. Оны мұғалім оқып қойды. Ол хатта мынадай философиялық ойлар бар еді. Марат өзі ойдан құрады ма, әлде біреудің жазғанын жаттап алды ма, ол жағы белгісіз. Дегенмен Таңқаев екеуміз оқыған цитаттар былай өрбіген болатын.- Қыздар және олардың мінезі, бейнесі, сымбаты, ісі, қимылы,  сыртқы бейнесі туралы философиялық цитаттар. Авторы Марат Ділдебаев. Одан әрі:

            - Киімі қызылдың бәрі қыз емес, ылғал жердің бәрі сыз емес. - Қыздар үшін балтырдың өзі бақыт. Қыздардың құны-тек бір-ақ тілік қауында. Еркектердің ең қатты жері көкірегі болса, әйел қауымының жұмсақ жері- төсі. -Қыз екен деп қызығуға болмайды, барлау мәліметі болмаса. -Балтырлы қыздар бақыт болса, басты қыздар сор болар. -Әйелің семіз келсе, балаң егіз келер. Қоңды қыз құтты болар, қоңды сиыр сүтті болар. -Қыздар мен келіншектердің арасында бір ғана айырмашылық бар. Келіншектердің қақпасындағы есік түнде ғана үнемі ашық болса, қыздардың қақпасы тек белгілі бір мерзімнен бастап ашылады.

            - Келіншектер қыздардан гөрі жиі салмақтанып, тез қоңданады." Әрине осындай цитаттарды жазып оның үстіне философия мұғалімін келемеж еткендей болған Маратты мұғалім құптай қояр дейсің бе? Оның үстіне Марат ол үйге менімен бірге баруға қорықты. Амал жоқ, үйіне бардым. Төртінші қабатқа жүрегім дүрсілдеп әрең көтерілдім. Әрине нендей жағдай болса да, көріп алмақшымын. Есіктің қоңырауын бастым. Аржағынан аяқтың дыбысы естілді. Алдымда шашы жалбыраған қыз бала тұр. Қуанып кеттім. -Үйде ме?-деп аузымды ашып едім, аржағынан мұғалім көрінді. Зачеткамды ұстата салдым. Мың болғыр, философиядан неше күннен бері қоймай жүрген бағасын қонжитып берді. Рахметімді айтып шығып кеттім. Иығымнан бір ауыр жүк түскендей, еңбек демалысын Алматыда өткізіп жүрген Уәсилаға бардым.  Кетерде "тұрмысқа шығамын, -"деп мені алдаған екен. Ол ағасымен бірге қазақ радиосында хабарға жазылып, мені күтіп отыр. Екеуміз екінші қабаттағы буфеттен шәй  ішіп, ауқаттанып алдық. Менің әлі Алматыда болатын түрім бар. Сессия біткен жоқ. Уәсила ағасының үйіне қонаққа шақырды. Екеуміз "Весновкаға" жаяу кеттік. Ағасы жұмыста қалды.

            Уәсила Павлодарға самолетке билет алды. Түске дейін  үйге сәлемдеме аламыз деп орталық әмбебап дүкенге бардық. Іздегенімізді сатып алып, үйге келіп түскі тамақ дайындадық. Уәсила Алматыға келгелі екеуміз біраз жерді аралағанбыз. Түстен кейін қарындасын шығарып салуға жұмыстан сұранып, ағасы келді. Үшеуміз такси шақырып, аэропортқа жөнелдік. Мәмбет қарап қояды, мен салқын тартып кеттім. Уәсила осында болғалы бір рет бізді Айнабұлаққа апарды. Демалдық. Суретке түстік. Одан кейін жолыққан емеспін. Енді міне жаутаңдап қарай береді. Бұрын сезімімді көзімнен көріп жүрсе керек. Бұл жолы жайбарақат, ештеңе болмаған секілді. Аэропорттың хабарландыруын тыңдап келеміз.

            Екі тілде хабарландыру беріліп жатыр. Павлодар бағытына әлі самолет ұшуға ерте шығар деп, тіркеу орнына келдік. Уәсила аузын ашып, жайбарақат жүргенде Павлодарға самолет таңғы бесте ұшып кетіпті. Шіркіндер, неге дұрыстап қарамады екен? Мәмбет олай жүгірді, былай жүгірді. Әйтеуір қолындағы билетті тәңертеңгі рейске ауыстырып әкелді. Көңіл күйіміз түсіп, автобуспен қалаға оралдық. Мен жолда құданың үйінде түсіп қалдым.  Олар өз үйлеріне кетті. Ертеңінде үшінші курстың лекциясын тыңдауға және тапсырма алуға Киров көшесіндегі университеттің бас корпусына бардым. Курстастар тегіс жиналыпты. Тіпті лекцияға қатыспай жүретін  Серік Тұрғынбеков те келіпті. Ол өткен жолы өлең жазып берген болатын. Мен оның қолына өзімнің жазғанымды ұстаттым. Алматыда қала алмадым. Керекуге оралдым. Қалғым келмеді.

***

            Той! иә, менің тойым болды. Қызылтаң ауылының жастары жиналды. Маған ұрлана қараған жандар көп болды. Шолпан, тәкаппар қыз, ешкімге көнбеген, ешкімге бұрылмаған, кімді таңдады?  Мойындарын созады, өздерін  орнына қояды. Бізден асып кетпепті. Орыс жерінде өскен. Сөйлемейді. Қазақша білмейді. Ойларын сездім. Иә, маған бұйырған жігіт, сендердің күйеубалаларың осы жігіт. Мені шын сүйеді, түр келбеті біздің әулетке ұқсайды. Момын, еңбекқор. Сыйлауды біледі. Әдет-ғұрып, салт-дәстүрді өзім үйретемін. Арамызда түсіністік болса, одан артық ештеңе керек емес. Күйеу балаң жөнінде жеті нәрсе біл,-депті үндінің мырзасы. "Бірінші оның білімі, екінші-тегі, мінезі, қамқоры, ажар көркі және жас шамасы-содан кейін басқасына алаң болма." Рас, ағам алаң болмайды. Мен таңдаған жігіттің бойында жақсы қасиеттер бар. Бір кемшілігі, Павлодар қаласында пәтері жоқ. Құда түсуге әкесінің немере інісі Әкеми ақсақал, анасы Қауа, Қаспен деген апасы келіп кеткен.  Қарапайым жандар. "Тағдыр кімнің көнгісі келсе, соны жетелейді және кімнің көнгісі келмесе сүйрейді".

            Иә мені тағдыр сүйреді. Туған үйіңнен өз үйіңе аттанудан қиын не бар дейсің? Бұлаңдаған қыз күнің, еркелеген ауылың. Сені қызым деп бауырына басқан апаларым, қайынсіңлім деп сырларын айтқан жеңгелерім, достарым сәукеле киген келіншек деп бетімнен сүйіп, шығарып салды. Еңіредім, жыладым. Неге жыладым, кеткім келмейді деп жыладым. Қыздар туған үйінен аттанып бара жатқанда неге жылайды, бұрын сыңсу деген болыпты.  Жыр айтыпты."Басыма киген малақай, күйеуге тием алақай"-деп бізді әжуалайтын. Бұл жырдың екі жолы жәйдан-жәй бізге жетпеген шығар. Әрине  қыймайсың. Аяулы анаңды, өскен ұяңды қиып кету оңай ма? Алайда анам жоқ қой. Мен болсам қыз күнімнің өткеніне, бұл күндерімнің қайта айналып келмейтініне жыладым. Қыз күніммен қоштастым. Ойлап отырсам, дәл сол уақыттағы көңіл күйім көзімнің жасымен бірге сыртқа шықты. Мәдинаны құшақтап жыладым. Оларға келін болмағаныма жылағандай болдым. Жат жұртқа бар деп ешкім зорлаған, арқамнан итерген жоқ, өз еркіммен бара жатырмын. Құдалар не ойлады екен? Қыздардың көбі күйеуге кетерде, туған үйімен қоштасқанда осылай жылайды.

            Шарбақты бекетіне келін болып түстім. Күні кеше осы ауылдың жігіті теңізші Ертаймен хат жазысып, бір-бірімізді көрген кезде, екеуміз екі бөлек жандар екенімізді сезініп, көңілімізден алып тастаған едік. Енді міне осы ауылдың келінімін. Үйлену тойымызға телевидениеден Тұрсынбай аға, Социал, Абылай, Айтбай, Уәсила, Күлаштар барды. Орысы көп, шешендері мен немісі тұратын бекеттегі той да өтті. Шараптың күші керемет. Ең ақылды деген адамның өзін рабайсыз айқайлатып, ән айтқызып, күлдіріп, тіпті тапырақтатып би билетеді. Тілек айтылды.Үлкендер бата берді. Тілек айту-екі жасқа жол көрсету болып табылады. Жақсы сөз жарым ырыс. Екі жастың таусылмайтын ырысы болсын, ырызықтары мол, бақытты семья болсын! Ертеңінде Қанат екеуміз Павлодарға келіп, Қабен мен Клараның үйінде пәтерде тұрдық. Қанат энергетика саласында жұмыс істейді. Индустриалды институтта сырттай оқиды. Әрине үлкен семьяның үстіне екінші жас жұбайлар келіп тұру  ыңғайсыз еді. Сондықтан болар, бұрынғы өзім үйренген жатақханаға барып, сонда қонуға қалып қойдым. Кеткім келмеді. Өйткені мұнда менің жан досым Уәсила тұрып жатты.

***

            "Қадірлі Шолпан! Маған жолдаған сәлемдемең келіп жеткен. Өлеңдеріңмен танысып, қыстағы қадамыңнан көп ілгері кеткеніңді аңдап қуанып отырмын. Жасауыңның жалпы әсері жаман емес. Менің ағалық кеңесім: жаза бер, жаза бер. Қаруың -шынайылық, сезім тазалығы, ой тұнығы болсын. Сонсоң бір сақтанатының сөзіңді жұмбақтап, кейде "орысша" ұғыммен сөйлеп кетесің. Ойларың кейде ашылмай күңгірт жатады. Кейбір сөздерді  дұрыс қолданасың, не бұрыс қолданасың. Бұларды менің қолым тиген жерлерден байқауға болады. Өлеңдеріңнің ұнаған ұнамағаны сол белгілерден көрінер. Асылында, өлеңді хатпен талдағаннан қиын жоқ. Жол түскенде кезігіп көрсеткенің жөн болар еді. Жалпы , мен Уәсила екеуіңнен мұндай бес-он бет емес, әлдеқайда мол қолжазба күткелі қашан. Әлде жалқаулық, әлде самарқаулық. Сендердің жастарың екеуіне де қарсы. Осыған ойланып,қызық шақты қызықпен, шабытпен өткізгендерің жөн-ау. Сәлеммен ағаң Медеу. Семей.

            Әрине Медеу ағаның пікірі мені ойландырды. Өлең деген өлкеге аяқ басқаныммен, әлі де болса, оқырмандар талабынан шығып жатсам да, жазу, тақырып таңдау және басқа да талаптан шыға алмаған екенмін. Өлең жайшылықта жазылмайды, өлең қайшылықта жазылады деп Мұқағали айтты ғой деймін. Менің жазған өлеңдерім жайдан жай тумаған. Туған жерге, ауылыма, анама арналған өлеңдер ішкі толғаныстан туды. Ал махаббат жайындағы өлеңдер бәрі сезімнің сергелдеңі, қуаныштар мен реніштер, өкініштерден тұрады. "Ақ Еділдің өзі болмасақ та, бұлағымыз. Ақылдың көзі болмасақ та құлағымыз" дегендей сезімнің құлағы болдым. Ағаның айтқан ақылын ескеремін, ізденемін, жазамын, жаза беремін. Алдыма қойған мақсатым бар.

            Ұлы ойшыл Саллюстин: "Өмір сүруге және өмірдің рахатын көруге лайықты бірақ адам бар. Ол-өзінің алдына ізгі мақсат қойып, соның жолында өнегелі іс тындыратын немесе тереңнен ой толғап, артына сөз қалдыратын адам. Ал әркімнің нақты қандай іспен шұғылданатынын торабы тоқсан түрлі табиғаттың өзі айтып береді", -депті. Жұмысыма берілген жанмын. Алматыда "Жолдас" телевизиялық фестивалі бұл жолы СССР-дің 50 жылдығына арналды. Өндірісті қаланың мақтанышпен айтар, киноға түсірер, кейіпкер болатын жандары жеткілікті. Бұл жолы осының алдында ұйымдастырған "Құрдастар" программасының сюжеттерінің басын қосып, әр түрлі саладан, "Ерікті елдер одағы" деген хабар дайындадым. Хабар он минуттық болатын. Кино тілімен сыйпатталды. Бұл киноға комсомолдық жолдамамен екпінді құрылысқа келген грузин, азербайжан және басқа да ұлт өкілдерінің еңбегі, демалысы, тұрмысы негіз болды. Иә, Алматым менің, аяулы астанам, тағы да саған оралдым. Бұл жолы студент емеспін, журналист, киноочерктің авторымын. Өндірістің алыбы шынжыр табанды трактор шығарып жатқан облыс туралы киноочерк түсірілді, енді осы еңбегіміз арқылы Ертістің Павлодар өңірін республикаға танытамыз. Керемет емес пе?

            Фестивальге тележурналистер, режиссерлер, кинооператорлар және Москвадан да делегаттар қатысты. Кешкілікте дөңгелек үстел өткізіліп, тікелей эфирге шықтық. Әр облыс конкурсқа әкелген дүниелерімен таныстырды. Хабарды жүргізіп отырған бас редактор Жарылқасын Нұсқабаев маған сөз берді. Мен Павлодар телевизия студиясы туралы  әңгімеледім. Ертеңінде Алматының қасындағы шарап шығаратын өндіріс орнына бардық. Жеміс-жидек өсірілетін, алма бағын тамашаладық. Алматының апортының отанында болдық. Кешкілікте әр облыстан келген журналистермен бас қосып, киноларымызды көрсетіп, сын-пікірлермен бөлістік. Бір аптаға созылған Алматыда болған күндерімде бос уақыт болмады. 27 июньде Целиноград телестудиясы және біздің әкелген дүниелеріміз эфирге берілді. Әдеттегідей киноочеркті эфирге берер алдында, өзіміз шолу жасадық. Фестивальдің жабылуында біздің киномыз жоғары деңгейде аталып өтілді. Павлодар телевизиясы Қазақ ССР Министрлер советінің телевизия және радиохабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетінің дипломымен, ал мен Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің құрмет грамотасымен марапатталдым. Бұл менің алғашқы алған наградам емес еді. Мұның алдында Павлодар облыстық комсомол комитеті пионерлер туралы жасаған  хабарларымды арнайы грамотамен марапаттаған,сыйлықтар берген..

***

            Режиссерлік жұмысты жақсы білетін білімді режиссер  Юрий Петров. Ол Москвадан оқып келген, бұл салада тәжіриебесі мол. Сондықтан "Майра" әдеби-музыкалық хабарды ұйымдастыру, әншілерді таңдап алу сияқты жұмыстар Әнуар Қалиевке тапсырылғанмен, техникалық жағын, яғни пультті басқаруға рұхсаты жоқ.  Орыс тілінде емтихан тапсырып, арнайы қағаз берілсе ғана, пультті басқаруға болады. Әрине техника тілін түсіну үшін, оған білім керек. Ал біздің режиссерде ондай білім болмады. Сондықтан біздің жасаған  дүниемізді эфирге орыс режиссерлері беретін. Қабиден Оспанов орыс тілді. Ол қазір пультте жұмыс істеуді үйреніп, ассисент болып жүр. Қазақ редакциясының қызметкерлері жазылған сценариді орыс тіліне аударады.Бұл жолы Краснокутскінің Чкалов совхозының көркемөнерпаздар үйірмесімен әдеби-музыкалық хабар дайындап әкелдім. Хабар әдеби-музыкалық деңгейде шығуы үшін таланттыларды іріктеп, киетін киімдерін лайықтадық. Хабардың сценариін жазып, студияның ішін безендіруге суретшіге эскизін сыздым. Одан қала берді коллективтің қай жерден келгенін жазып, суреттер салғыздым. Тақырыбына қарай студияның іші безендірілді. Мысалы суретші ауылдың суретін салды. Сахнаға айнала отыратын үстелдер қойылды. Бір бұрышқа әншілер өлең айтатын алаң безендірілді. Бұл суреттің бәрін режиссер ойластырды. Тақырыптарды көрнекі етіп жазу  суретшілердің міндеті. Телеарнадағы суретшілер де басқа ұлттың өкілдері. Оларға түсіндіру керек, тіпті эскизін сызып, қазақ тілінде әріптерді бақырайтып жазып береміз. Екі аптаның ішінде дайын болған дүниемізді эфирге шығатын күні, студияны безендіріп, алдын-ала тракт, яғни дайындықтан өткіздік. Бұл дайындықтың өзіне уақыт бөлінді. Бәрі дайын болған соң, эфирге беретін режиссерлер жұмыс істеді.

             Студияның ішінде сымдары шұбатылған төрт бес камера бар. Жан-жақтан жарық қойылды. Микрофондардың да сымдары шұбатылып, әрбір адамға жеткізілді. Студияның ішіндегі жұмысты жоғарыдағы пультта отырған режиссер мен оның ассисенті басқарып отырады. Үстіндегі тіршіліктің бәрі орыс тілінде жалғасты. Себебі сигналды алып тұратындар да басқа ұлттың өкілдері. Киномеханиктің өзі қазақ тілін ұқпайды. Міне осындай қиындықтарды бастан өткеріп, кешкілікте жұртшылық назарына ұсындық. Көркемөнерпазшыларға Қадыр Қасымов деген жігіт жетекшілік етті. Баянда Бейсенбі Мұқажанов ойнады. Құралай деген бишілері мың бұрала биледі. Құрамында жиырмаға жуық өнерпазы бар ұжымның домбыра оркестрі күй тартты. Әрине, эфирден көргендер хабардың қандай қиындықпен дайындалатынын, қаншама адам оған еңбек сіңіретінін білмейді. Шырқата салған әндерді, мың бұрала билеген билерді төрдің алдындағы көк кобдишадан тамашалайды. Таныстарын көреді, өнерлеріне сүйсінеді. Әрине жаңаның аты жаңа, техника саласында күн сайын бір жаңалық туындап жатады. Алматыдан орыс тілінде дайындалған одақ көлеміндегі жаңалықтар, концерттер келіп тұрады. Мүсілім Магомаевтің, Ермек Серкебаевтың орындаған әндері де пленкаға түсіріліп, киномеханиктің киноаппаратурасы арқылы эфирге кетеді.     

            Соңғы кезде қазақ тіліне аударылған көркемсуретті фильмдер көрсете бастадық. Күнделікті жұмыспен жүріп, эфирге шығатын кезде хабарға лайықты киетін киімің, шашыңның прическа, түр-келбетіңді де уайымдайсың Күн өткен сайын тәжірибе де жинақталды. Жұмысқа ерте келемін, кеш кетемін. Жатақханада жататын орын бар. Мен тұрмысқа шықтым, бірақ бірге тұрмаймын. Қанат келіп тұрады. Оған егер дұрыс пәтер тауып алатын болсаң, барамын деп ренжітіп жіберемін. Жаңа үйленген жастардың, яғни бізге үш бірдей ұлдары бар аядай үйде тұру сондай қолайсыз болды. Әрі Қанаттың анасы Қауа да бірге тұрмақшы. Сөйтіп ерлі-зайыптылар арасында алғашқы күннен бастап, түсінбестік басталды. "Үйлену оңай, үй болу қиын"-деп тегін айтылмаған ғой. Менің тағылық мінезім де, отау үй бола қоюға ыңғай бермеді. Қанат болса, жайлы пәтер іздеп, күні-түні сабылды. Осы екі ортада сергелдеңге түсіп жүргенде Алматыға сессияға баратын уақытым болды. Содан  Алматыға самолетке билет алып, ұшып кеттім. Иә, менің бірбеткей, тәкәппар міншіл мінезім алды-артыма  қаратпады, ештеңені ойлатпады.

***

            Уәсила Ермырза деген жігітке тұрмысқа шыққан. Бәрі ойда жоқта шешілді. Талдықорғаннан Ермырза келіпті. Ол жігіттің қалтасы үнемі ақшаға толып жүреді. Уәсиламен таныстығы Лебяжіде тұрған кезде, аудандық газетте тілші болып қызмет істегенде басталған. Ермырза Семейдің жүн-тоқыма училищесін бітіріп, алғашқы жылдары Лебяжі ауданының орталығына жүн-тері жинайтын агент болып орналасқан.. Ол кезде ауылда қой түлігі көп. Оның жүндерін, терілерін жинап Семейге апарып тапсырады. Қойны-қонышы ақшаға толып жүретін жігітті Уәсила ұнатыпты. Тіпті редакцияда бірге істейтін журналист Нәсиполла Есімовтің сезіміне жауап бермейді, елемейді. Қылықты қыз оған қарамайды. Сөйтіп жүргенде Тұрсынбай ағасының шақыруымен, Павлодарға келіп, радиоға дикторлыққа орналасқан. Ермырза негізі Үштөбе деген жердің жігіті. Ақшаның буы не істетпейді, жатақхананың вахтерлеріне сыйлық беріп, ақша шашып, бір бөлмеге келіп жатып алған. Уәсила соның бөлмесінде болып жүрді. Ішкені шампан, күнде рестораннан тамақтанамыз. Ақшасын оңды-солды шашып жүргенін көрдім. Енді міне сол жігіт Уәсиланы қармағына түсіріп, Талдықорғанға алып кетті. Мен Уәсиланың қасына досы ретінде еріп бардым. Туыстарынан ешкім бармады. Тіпті Алматыдағы ағасы да тойда болмады.

            Үштөбе деген жер өте әдемі. Айнала тау, көк шалғынға оранған. Таудың етегі үнемі жап-жасыл болып тұрады. Жергілікті тұрғындармен бірге, кәрістер мен түріктер, өзбектер, қырғыздар да тұрады. Негізі бай жер. Жеміс-жидек егеді. Қауын салады. Уәсила істеп жүрген қызметін, ауылын қалай қиып кетті екен.Павлодарға ораламын, дикторлық жұмысымды жалғастырамын деген. Кім білсін! Негізі бұлардың тұқымы дикторлықты меңгерген адамдар ғой. Мұнда ондай жұмыс жоқ. Қалай десе де, Уәсила күйеуге шықты. Мен жатақханада жалғыз қалдым. Енді менің де ойланатын уақытым болды. Бірақ  қайда, кімге асығамын? Асықпаймын, десем де уақыт асықтырды. Өзіңе өміріңдей қымбат, аяулы жандардың қуаныш үстінде бір ғана жылы лебізімен толқытып, аспандатып, жан жүрегіңді елжіретіп кететіні сирек, сирек болса да сондай жағдайды өткердім. Әрине ол саған жылы сөзді шынайы көңілімен айтып тұр ма, дәл сол минуттарда сен үшін маңызды емес. Шындығында ол өзінің лебізін сол уақыттың үлесіне бере салды. Иә, ол сен үшін солай. Өйткені сен оны жаныңдай жақсы көресің. Дәл осы кезде ол сенің алдыңда тұр. Қолың жетпейтін қуаныш та, бақыт та осы. Сен өйткені оны көріп тұрсың. Ол жаныңда тұрып сенің ішкі-дүниеңнің жырым-жырым жыртылғанын, жұдырықтай жүрегіңнің кеудеңе сыймай тулағанын, жанарыңдағы мөлдіреген мұң жасын сезбейді. Көрсе де, көрмейді. Мақсаты да жақсы тілек айтып, қуанышыңа себепкер болу. Иә, бар болғаны сол. Ол ертеңгі күніңді ойламайды, бақытыңды баянды етпейді. Ал сен үшін ертеңгі күнің көмескі. Ертеңгі келетін жаңа күн қуаныш та, өкініш те ала келуі мүмкін.-Бақытты бол! Сен маған осылай дедің. Жанарыма жас көлкіп, көзімді төмен салдім. Мен неге жыладым. Түсінбедің. Иә мен бақыттымын. Бірақ махаббатымды тұншықтырып тұрғаныма бақыттымын. Шын сүйген адам, сүйгеніне әлсіздігін көрсетеді, дәрменсіздігін көрсетеді. Кешір, менің баянсыз махаббатым. Мен өзімді сенімен бірге  бақытты ете алмадым.

***

            Алматы орнында тұр, анда санда тау қозғалып, жер сілкініп тұратыны болмаса, бәз-баяғы қалпы. Ештеңе өзгермепті. Өзгерген мен, иә, мен Алматыға тұрмыстағы әйел болып келдім. Қыс айы болса да, күн суық емес. Ауасы суланып тұрады. Жылы киінбесең, денең тоңазып жүреді. Көшеде ерсілі-қарсылы шабылған халық. Жазушылар ма, журналистер ме, жас ақындар ма, біраз адамдар коммунистік проспекті мен Калинин көшесінің қиылысқан жерінде тұрған киоскінің алдында кезекте тұр. Алматы нені оқиды екен деп, әдейі бұрылып кезекке тұрдым. Көбісінің алғаны орыс тіліндегі одақтық газеттер, "Алматы ақшамы," тағы да осындай бір-екі ақпарттық газеттер. Құшақтарына алған газеттері сыймай жылжып барады. Іштерінен өзіме таныс ақын ағаларымды да байқадым. Қазағы көп деп ойлайтын Алматы да орыстанып бара жатқан жоқ па? Басқа ұлттар сирек сияқты еді. Заманына қарай адамы. Бұл жолы Күлпариза өзінің тұратын үйіне шақырды. Шәрбек Есмырзаев деген немере ағасы Гагарин көшесінде әйелімен тұрады. Бөлмелері кең. Тұрмыстары жақсы. Екеуі де кітап баспасы жағында қызмет істейді. Күлпариза екеуміз де үйде отыратын жандар емеспіз. Күндіз сабақта боламыз. Абай көшесіндегі Пушкин атындағы кітапханада отырамыз. Қысқы емтиханға дайындаламыз. Әйтеуір уақытымыз босқа өтпейді. Қолым босай қалса, редакцияларға кіріп шығамын. "Лениншіл жастан" тапсырма алып, мақала жазып бердім.

            Ақын Фариза Оңғарсыноваға телефон шалдым. Ақын Фариза "Қазақстан пионері" газетінде істейді. Өлеңдерім пионерлер газетіне беруге келмейді. Себебі махаббат лирикасы болатын. Жөнімді айтып едім, ол кісі үйіне шақырды. Сенбі күні үйіне баратын автобусқа отырдым. Ол кісі Медеуге баратын жолда, тау жақта бес қатарлы үйдің бірінде тұрады. Қолжазбамды оқып шығамын деп алып қалды. Ертеңінде редакцияға барып, жазып қойған пікірін алдым. Ашып оқуға жасқандым. Сонда да көшенің бір бұрышындағы орындыққа барып отырып, оқыдым. "Шолпан, өлеңдеріңді оқыдым. Ойларың бар. Бірақ көркемдік жағы бүгінгі талаптан төмен. Көп оқып, көп үйрену керек. Ұйқас мәселесі мықты емес. Сәлеммен Ф.Оңғарсынов, (16. февраль. 1972 жыл.Тілдей қағазда салмақты пікір жазылыпты. Қайта-қайта оқимын. Өз аузымен айтқандары да есімде.

            "Ақын адамның төл парызы ана тілінің бар құпиялы сырына қанық болу. Ешбір ақын, ешқашанда  ана тілінің қадір-қасиетін түбегейлі сезініп, ұғып, игеріп болмайынша-әлемге танылмақ емес, жалпы адамзаттық мәдени қорға үлес қоса алмақ емес". Әрине мен әлемге танылайын деп өлең жазып жүргемін жоқ. Рас кез келген ақын өлеңнің  ұйқасын сақтайды. Өлеңдерін оқыған сайын, ұйқастары тіліңе оралады. Тез жатталады. Абайдың өлеңдері бір жолынан кейін екінші жолы өзі сұранып тұрады. Мүмкін бала кезден оқып, жаттап, өлеңдерін айтып жүргендіктен бе? Мені ауыл, бүкіл Ертіс өңірі ақын деп танып қалды. Десем де өлеңдерімді өміршең ету үшін көп оқуым керек. Менің өлеңдерім айтыс тұрғысында құрылады. Яғни қарасөз болып кетеді. Сөзімді жеткізе алмай, көп сөздікке кетіп қаламын. Суреттеуден гөрі, нақты айту басым болып келеді. Енді ақындығымды шегіне жеткізуім керек. Баспадан кітабымды шығарсам деп армандаймын. Курстастарым да, қолжазбаларын "Жазушы" баспасына апарып, жарыққа шығаруды ойластырып жүр. Сонда істейтін ақындармен танысып, өлеңдерін, жазғандарын оқытып, талқылайтын секілді. Бүгінгі қадамым да сол мақсаттан туған болатын. Фариза апайым пікірін жазып, баспаға беруге болады деген қорытынды шығарса, мен де іске кіріспекшімін. Амал не, кітабымды баспаға беруге әлі ерте. Асықпайын.

***

            Алматыдан Талдықорғанға поез жүреді. Жаңа жылда Алматыда қалғым келмеді. Уәсила Талдықорғанның жанындағы Киров атындағы совхозда тұрып жатқан. Жеке үйлері бар. Мұнда қызылша егіліп, қант шығарылады. Талдықорғанға  баратыным жайында телефон арқылы алдын ала хабарласу керек еді. Оған мүмкіндік болмады. Бірден поезға отырып, кете бардым. Соңғы кезде көңіл-күйім болмай жүр. Семья жағдайым келіспеді. Алматыда да жігіттер бар. Бірақ олар балалы -шағалы, сонда да соңыңнан бір елі қалмайды. Қатты сөз айтуға көңілдеріне қарайсың. Сондықтан жол жүріп кеттім. Келсем жастар үйлерінде жоқ. Құлыптаулы тұр. Абырой болғанда кілтті көршінің үйіне қалдырыпты. Үстөлдің үсті толған тағам. Жаңа жылға дайындалған секілді. Олар асығыс қайда кетті екен, мүмкін келіп қалар деп, үстел басында отырмын. Сағат тілі он екіге жиырма минут қалды. Минут санап отырмын. Енді он бес минуттан соң 1973 жыл босағадан аттайды. Жаңа жылдың шымылдығы қозғалып тұр. Бокалдар сыңғыры естілетін сияқты. Ескі жылдың әуені екен. Бөлме, төрт қабырға, тыныштық. Қолыма қағаз қалам алдым. Жаңа жылды оңашада, жалғыз өзім, жоқ, қағаз-қаламмен қарсы алмақшымын. Иә, бұл жарық дүниеде мен ғана жалғызбын ба? Бәлкім көрші үйде мен сияқты тағы біреу отырған шығар.

            Жер бетінде қанша миллион адам тұрып жатыр. Өзім көріп отырмаған тұрғындардың денсаулығы үшін! Қолыма су толы бокалды алдым. Радио сөйлей жөнелді. Өзіме таныс, өзіме жақын адамның даусы. Қазақстан халықтарын жаңа жылмен құттықтады. Мөлдір суды мен де сіміре жұттым. Көңілім де, арым да мөлдір судай таза болсын! Елімде тыныштық болсын! Бейбіт күн, бақытты күндер жаңа туған жылмен келсін! Өкініштер мен, ауыртпашылықтар өткен жылдың қойнауында қалсын! Бақытты бол, Шолпан! Өзіме өзім тілек тіледім. Түні бойы өлең жаздым. Өткенімді ойладым. Не бітірдім, не бітірмедім. Есеп бердім. Артыма қайырылып қарадым. Тұрмысқа шыққаныма өзім де сенбеймін. Өкініш те жоқ емес. Өмірлік серігімді дұрыс таңдамадым ба? Қателік жасадым ба? Мүмкін емес. Алдағы күндерді армандадым. Иса пайғамбар. "Адам жанының емшісі - дос. Ақиқатын айтам Сіздерге: кім шын дос тапса, ол жұмақ нығыметінің бірін тапқан адам; нақтырақ айтсам дос - жұмақтың кілті"-депті. Менің шын досым Уәсила саған келіп едім. Сырымды, мұңымды айтқалы келгем. Күтіп отырмын. Ертең Алматыға ораламын. Онда менің курстас достарым күтіп отыр. Жаңа келген жыл біз үшін қымбат жыл болады. Бесінші жыл журналистік білімнен сусындап жүрміз. Келесі жылы жоғары білімді игеріп, қолымызға диплом аламыз. Иә, мейірімің мен жақсылығың көп болсын, жаңа келген сәби жыл!

***

            Тәтемнен, Нөкеш ағамнан хат келді. -Аса қадірлі көретін қарындасым Шолпан денің сау, аман жүріп жатырсың ба?-деп бастапты..- Біз аман саумыз. Бәріміз де тұмаумен ауырып, тұрдық. Әбілтай жездеміз кенеттен қайтыс болды.Әбіштің баласы Бақанның қылығын милиция тексеріп қамап қойды. Маған келіп, кешірім жасаңыз деген, мен өзі келіп кешірім сұрасын дедім. Егер кешірім жасамасам, екі-үш жылға сотталады. Ол жігіттің зорлағаны дәлелденді. Үш аяқты мотоцикл туралы жазыпсың, Алматыдан әкеліп жүресің бе? Кәсіподақта кезекті тұрсың ғой. Асықпа, бұйырса алармыз. Бағлан сағынып жүр, қашан келеді дейді. Мен оған самолет сынып қалды, жөндеген соң келеді дедім. Ол көкте дүрілдейді, қираған жоқ деп болмайды. Бағдатқа өзің велосипед әпергелі күнде бес алып келеді. Жаз айын күтіп жүр. Қазір тамағы ауырып үйде отыр. Аптайың сәлем айтты. Ертең ақша саламын, 100 сом.  Сәлеммен ағаң Нөкеш. 29.І.1973 жыл. Иә мен өзімше ағама мотоцикл алып бермекшімін. Шынымды айтсам, шағын ауылда өсіп, сол ауылдың тіршілігін қалаға айырбастап, адам боламын деп кеткендіктен бе, әйтеуір оларды бүгінгі күнге лайықты жаңаша, өмірге тартсам деймін. Ауылдағы Қайролла ағам мен Жұман мұғалімдегідей үш доңғалақты мотоцикль ағамда да болса екен деп армандаймын.

            Ойлап қарасам, есейіп, қалаға кеткелі олардың да тіршілігі өзгерді. Алдымен жаңадан үй тұрғызды. Бұл дегенің үлкен жетістік. Ескі үйлердің ортасындағы біздің үйдің еңсесі биіктеді. Қарындасы Алматыда оқып жатыр. Күні ертең диплом алады. Әрине олар үшін, жеңгем үшін зор мақтаныш. Совхоз басшылары тарапынан өрескел заң бұзушылық бола қалса, немесе еңбекақысы есептелмей жатса, қарындасымды шақырамын, сендерді газетке жазады, телевизордан көрсетеді деп күштілігін көрсетеді екен. Әрине ондайда басшылар қарсы сөз айта алмайды. Себебі бұған дейін сын мақала жазылды. Облыстық теледидардан қой төлдету кезінде сахманшылардың жаңа туған қозыларды күтімге алған кездегінашар  жағдайы сынға алынып, сюжет берілгеннен кейін, бас зоотехникті партия жиналысына салыпты. Әрине айта берсем, мұндай мысалдар көп. Мұнда жүргенде Кәрім құдаммен сөйлестім. Ол кісі үлкен қызметте, яғни ірі құрылыс компаниясының жетекшісі. Қазір Алматыдағы он алты қатарлы үйлердің құрылысын сала бастады. Болашақта жиырма бес қатарлы үй тұрғызамыз дейді. Оны шет елдік бір компания қолға алатын көрінеді. Павлодар қаласында телевизия орталығында тоғыз қабатты үйлердің ірге тасы қаланды. Телевизия орталығында шағын аудан болады деп күтілуде. Құданың айтуы бойынша, амандық болса, жаз айында бір көлікті Алматыдан алуға көмектеседі. Бәлкім жеңіл "Москвич" машинасын алып қалармыз дейді. Бұл жөнінде әзірге Нөкеш ағама айтуға болмайды. Егер естісе бүкіл ауыл біледі. Өсек деген өрттей лаулайды. Бәрінен бұрын ағам өзі мақтанып, бүкіл елге жаяды.

***

            "Туған жер айналайын келбетіңнен, сен маған ақ бесіксің тербетілген." Қызылтаң ауылына барған сайын осы бір өлең жолдары тілімнің ұшында тұрады. Алматының, астананың әдемі де көркем, көрікті жерлерін аралап, гүл көмкерген көшелерін басып жүрсем де маған ауылымдай болмайтыны ғажап. Алматыда ұзақ жүріп, Павлодар аэропортына самолет қонғанда сағынышымды сеземін. Сыртқа шыққанда жанға жайлы самал желіне бетімді тосып, ауасын сіміремін. Сағынышымды басамын. Қанат Володарский көшесінен 129 үйді  жалдап мені күтіп жүр. Алматыда болған кезімде жер үйге шешесімен көшіп кіріпті. Үй тауып тұрып жатырмын, сені күтіп жүрмін деп  аэропорттан қарсы алды. Шегінерге жол жоқ болса да, бір-екі апта уақыт сұрадым. Себебі маған Қызылтаңға баруым керек. Жеңгеме және балаларға алған базарлығым бар. Оның үстіне ауылда арнайы дайындаған көрпе-жастықтарым, қыздың жүгі әкелінбеген болатын. Әрі Қанатқа деген өкпем тарқамаған, ішімді, өзегімді өртеп барады.

            Алматыға баруға жиналып жүргенімде Қанаттың ағасы Болат телевидениенің басшысы Хамза Махамбетовичке келіпті. Мен туралы айтпағаны жоқ. "Шолпан менің бауырымды менсінбеді, қазір бірге тұрмайды, той жасадық. Қаншама шығын шығардым. Тойдың шығынын өтесін"- депті. Тіпті моралдық жағынан бұзылған, оның теледидарда қызмет істеуге құқы жоқ, жұмыстан шығарылуымды талап етіпті. Ол кеткен соң бастық Рахат Балтабаевпен сөйлесіпті. Рахат аға пәтеріміздің жоқ екенін, жатақханада тұратынымды біледі. Әрі оқуым бар, қызметімді атқарып жүрмін. Егер тұрмысқа шығып, онымен бірге тұрмасам, өзінің себебі бар шығар десе керек. Содан кейін екеуі ақылдасып,  мені бастыққа шақырды. Жағдайымды айттым. Неге бірге тұрмайтынымды дәлелдедім.

            Сессиядан келген соң, өзім пәтер іздеп көрермін деген соң, ол кісі ақылын айтып шығарып салды. Көпті көрген, жастардың жағдайын түсінетін, өзінің де мен сияқты қызы мен ұлдары бар бастық мені түсінді. Жұмыстан шығару туралы әңгіме де болмады. Шамасы жеткенше көмектесемін. Жаңадан салынып жатқан үйлердің бірінен пәтер алуға кәсіподаққа өтініш жаз деді.  Осы әңгімеден кейін Қанатты көргім келмеген. Ренішімнің себебін түсінген ол да  әзірге оралмаймын дегенде ештеңе айта алмады. Мен оның көзінен өкінішті, дәрменсіздікті байқадым. Шын сүйетін адам өзінің сезімін көзіндегі мұң арқылы білдіреді ғой. Менің де бойымнан белгісіз бір қуат жүріп өткендей болды. Неге сонша қаталмын, неге оны аямаймын. Қателікті жасаған ол емес, еді, иә, оның басын әуреге салдым. Жазығы пәтерінің жоқтығы ма? Онымен бірге Шарбақтыда тұруға болушы еді. Жоқ, ағасы да жеңгесі де бізбен бірге тұрыңдар деген жоқ. "Қалаға барыңдар, өз күндеріңді өздерің көріңдер. Біздің бала-шағамыз бар,"- деді. Әкесінен қалған шаңыраққа ағасы ие болған соң, інілері өз жағдайларын жасады. Оның үстіне менің де қызметім қалада, Қанат та жұмыс істейді. Шешімдері солай болған соң, қол жүгімізді арқалап Қабеннің босағасына кірдік. Алайда жағдайымыз болмаған соң, ол үйде тұрмаймын деп кетіп тындым. Енді не болар екен?

***

            Күз. Кеше ғана уақыты жетіп қурап қалған, сары ала жапырақтар қара жерді жауып тастап еді. Жүрген сайын аяғыңа ілініп өзіңмен бірге еретін.  Енді міне солтүстік батыстан соққан жел ағаш жапырақтарын жердегі сары жапырақтармен бірге ұшырып, қала сыртына көшіріп әкетуде. Табиғаттың өзі адамдарға не істеу керек екенін естеріне салатындай. Әдетте көктемде қыстан шыққан қоқыстарды тазарту үшін Ленин бабамыздың туғаны күні   сенбілікке шығатынбыз. Күздің күніне де бір сенбілік жетіспейді. Даладағы қоңыр әлем менің де көңіл-күйіме әсер етіп, еңсемді көтере алмай келемін. Сарыала күздің суық желі құлағыма әлде не деп сыбырлайды. Селтең-селтең етіп, қыз болып құлпырып жүре беруден де жалықтым. Бәлкім осы адасқаным да жетер. Айыбымды мойындап, үйіріме қосылсам қайтеді. Үйдің ішімен де кеңестім. Қасымда ақыл айтатын, жөнімді жөндейтін ата-ана болмаған соң, кімді тыңдайсың? Мен осы қиындықтан қашып жүрген жоқпын ба? Жоқ, олай емес. Үй болу қиынның қиыны. Қанат менен үмітін үзген жоқ. Жұмыстан босаған кезде, жатақхананың алдында күтіп тұрады. Пәтерім бар дейді. Ал махаббатым ше? Мен оны шын сүйемін бе? Әрине, егер жүрегімде аз да болса сезім ұшқыны болмағанда, тұрмысқа да шықпаған болар едім. Тегінде сезімнің болғаны ғой.

            Сезім-ыстық шоқ. Не қызып алаулы жалынға айналады, не лаулап жана алмай, бықсып, қара көмір болып сөнеді. Қайтсе де бір қалыпты қала алмайды. Сөнбеуін тілесең шоқты үрлей біл. Ал сөнуін тілесең бүркеп тұншықтыра бер. Сонда біртіндеп өзінен өзі елеусіз өшіп қалады. Бұлай деп кім айтып еді, е менің жүрегімнен шыққан екен ғой. Тегінде мен ыстық шоқты сөндірмей, үрлеуім керек. Мен осылай ойладым. Нәзік жүрегімнің қалауы осы, соны сезіндім, адаспайыншы, өзімді сүйген азаматты бақытты етейінші. Өкпеміз бауырға айналсыншы. Тағдырыма жазылған адамды құдай қосты емес пе? Дәм-тұзымызды жарастырды. Ендеше ақылды болайын. Тағы да жолға шыққалы отырмын. Республикалық қазақ телевизиясының "Құрдастар" жастар редакциясы облыстағы телевизиялар арасында "Біздің замандастарымыз" атты байқау жариялады. Оған жергілікті жалынды жастардың ел экономикасына қосып жатқан үлесі, шығармашылығы, әйтеуір белгілі адамдар жайында киноочерк дайындалады. Біздің қазақ редакциясы "Шұбартаулық түлектердің мектеп қабырғасынан шопандар бригадасына барамыз деген үндеуі бойынша Баянауылдағы Амангелді Қаңтарбаевтың шопандар бригадасын киноға түсірдік. Очеркті түсіруге қаншама уақыт жұмсадық. Киноға операторы Тоқтар Ахметов. 

            Ауа райының қолайсыздығына қарамастан Баянауылға іс сапарға бардық. Баянның тауларын, әдемі табиғатын тұңғыш рет көрдім. Негізі Дихан Әбілевтің "Ақын арманы" деген кітабынан оқығаным болмаса, Жасыбай көлін, Сабынды көлді білсем де, мұншалықты әдемі екенін кім білген. Киноны Баянауылға жетпей Торайғыр көлінің қасындағы ауылда, қой жайылып жүрген жазықта түсірдік. Бұл жақты біздің өңірдегідей ұзыннан ұзақ керіліп жатқан жазық дала жоқ. Өркеш-өркеш таулы жер, аяғыңның астынан бұлақ көзі жылтырайды. Ол жердің тарихы туралы біле алмадық. Біздің мақсатымыз, кешегі мектеп түлектерінің шопандар бригададасындағы жұмыстары, қой соңында жүрген жастар, қиындықтары мен қызықтары, аспазшы қыздар, кешкі демалыстары. Міне осының бәрі киносюжетте көрініс берді. Түсірілген киноны монтаждау, сөзін келісітіріп жазу, тіпті музыкамен әрлендіру де автордың мойнында. Мен бұл киноны түсіру кезінде, мақала жазған кино түсіруден оңай екенін білдім. Мұнда түнде жарықсыз кино түсіре алмайсың. Қырға орнатылған жарық қуаты жергілікті станциямен беріледі. Біздің жарық аппараттарын қосуға олардың күші жетпейді. Күн шығып келе жатқанды түсіру үшін де таңғы ұйқыңнан тұру керек. Кино аппараттар да, жарық қойғыш та, тіпті барған көлігіміз де ескі. Оның үстіне бізге өлшеп беретін жағар майды да, жетпегенін осы совхоздан құйып аламыз. Сонымен бәрі дайын болды, басшылық киноны көріп шықты. Енді жол жүреміз. Жеке өмірімнің проблемасын келгеннен соң шешуге бел будым.

***

            Үйіме оралдым. Қоспақ үйдің екінші жағында, кішкене ғана екі бөлмелі тапал үй. Есігі бөлек, екі есіктің бірінен үлкен үйге кіресің. Қарама қарсы. Коридоры ортақ. Бұл үйде жеміс-жидек әкеліп сататын базаршы өзбектер тұрыпты. Аулада өрік-мейіз, алма-алмұрт тиелген ұзын қорапты машина тұр. Жазғы үйлерінде екі-үш өзбек тұрады. Сөйлеген сөздері түсініксіз. Мен келгенде олар  қазандықтың астына от жағып, майдың иісін шығарып, палау жасап жатты. Ер адамдардың қазан басында жүргені қызық. Десем де, ендігі тіршілігім, отбасылық өмірімді осында жалғастырамын деп өзіме өзім сөз бердім. Өткен жылы ноябрь айының 12-інде тойымыз болған, міне енді бір жылдан соң, дәл сол күні Қанат үйіне алып келді. Махаббаттың басы да, соңы да сүйіп алған әйелің. Сонымен Қанаттың махаббатының соңы мен болдым.Махаббат - адам тағдыры.

            Махаббат-ол сезім. Лаулап жанған алау. Бала махаббатты да басымыздан өткердік. Ол кезде жүрегіңе бүкіл әлем сыйып кететіндей сезімде болғанмын. Жүрегім алабұртып, іздегенмін. Иә, шала махаббат уақыттар уақыты келгенде өшкенін де білемін. Махаббат-екі жастың сүйіспеншілігі, екі жастың бір-біріне деген сыйластығы. Олай болса біздің арамызда сыйластық пен сүйіспеншлік бар. Қоспақ  үйдің қожайындары Аманжол мен Мараш. Аманжол милицияда істейді. Екі ұл, бір қызы бар. Бөлмелері үлкен, қолдарында тағы бір жігіт, төрт қыз тұрады. Олар ағайындарының жетім қалған балалары. Күн демалыс. Ауылдан көрпе-жастықтарымды, ыдыс-аяқтарымды, біраз кітаптарымды әкелдім. Тәтем мен жеңгем, шешімді құптағы келмеген секілді. Бірақ үндемеді. Енем менен бұрын келіп, өзінің әбдрәсін бірге әкеліп, киімдерін қатарлап салып қойыпты. Түбінде Қанаттың қолында тұрып қалғысы келеді. Өзі пәтер жалдап тұрып жатқан жастарға көмекші болғысы келе ме, әлде үлкен баласының келіні жайсыз болды ма? Маған беймәлім! Десем де, пәтерге жіберіп отырған үй-іші үлкен адамның болғанын дұрыс көріпті. Осының алдында бүкіл жетімдерді бауырына басып, базарда шемішке сатып асыраған аналары қайтыс болыпты. Қанаттың шешесі сол абзал жанның орнын басады дейтін сияқты.

            Қожайындар менің қайда қызмет жасайтынымды біледі. Алдында Қанаттың жағдайымен толық танысып алыпты. Әрине маған бір түрлі каөзқарастарын байқадым. Күнде тәңертең жұмысқа барарда олардың тапал әйнектерінің алдынан өтемін. Жан-жағыма қарамаймын,кеудемді көтеріп өтетін көрінемін. Өзің жақсы болсаң, қасыңдағылар да саған жақсы көзбен қарайды. Үйде болған кезде, енеммен сөйлесіп отырғаннан гөрі, көршінің үйіне барғанды жақсы көремін. Онда менімен шамалас қыздар бар. Бірте-бірте жаңа пәтеріме де, ондағы адамдарға да үйрендім. Негізі мені сырттай көрген адамдар, тәкаппар, кеуделі деп ойлайды. Сөйлесе келе, жақындаса келе бұл пікірден тез айниды. Бұл да менің құбылмалы мінезімнен, көңіл-күйімнен, сезімталдығымна, терең оймен жүретінімнен болу керек. Күз айында "Жолдас" жастар хабарларының фестивалі Семейде өтетін болды. Күнделікті жоспардағы хабарлардан бөлек, көлемді киноочерк түсіріп жүрмін. Алматыда өткен байқауда жүлделі орын алмасақ та, апарған дүниелерімізді атап өткен. Бұл жолы жауапкершілігіміз жоғары. Сценарийді жазып бердім. Енді режиссер Үмітжан Садуова мен Тоқтар Ахметов әрі қарай өздері жасайды.

***

            Шолпан! Сау-саламат боларсыз, соңғы кезде хабарласпай кеттің, өкпелеп жүрген жоқсың ба? Әр кезде әртүрлі жағдайлар болады ғой. Өлеңдеріңді кезінде реті келіп пайдалана алмаған жағдайымыз болар. Жазып, байланыс жасап тұр. Шолпан, өлең жазу жолына қалай түстің, кішкене өмір-тарихың мен ең жақсы деген 4-5 өлеңіңді, бір фото суретіңді осы хатты алысымен кешіктірмей жібер. Соңғы тұрақты адресіңді де білмеймін, осылай еді ғой деп телестудияға жіберіп отырмын. Егер басқа адамның қолына түссе Шолпанға табыс етулеріңізді өтінемін. Сәлеммен бөлім меңгерушісі Жұмабике Байтанаева. "Қазақстан әйелдері" жорналы мені жоғалтып алыпты. Соңғы кезде өлеңдерімді  жібере алмаппын. Үй болған соң, күйбің тірлікпен өлең жазудан да қол үзіппін. Бұрынғы жазған дүниелерімді Фариза ақын іске жаратпай тастады, жоқ олай демейінші, пікірін айтты. Ұйқас жағын мықта деді. Тіл ұшына келіп тұрған өлеңнің ұйқасы өзінен өзі  тіл ұшына келіп қалады. Мен сол ұйқасты қағазға түсіремін. Кейін қайта оқып көрсем, дұрыс сияқты. Негізі өлеңді былай жаз, олай жаз десе де, әр ақынның өз жолы бар емес пе? Ақын, ақын болып туады. Мен ешкімге ұқсап өлең жазғым келмейді. Мұқамеджан ағамыз да, сен өзгелердің өлеңін оқымайтын сияқтысың депті. Қазір оқып жүрмін. Қадыр ақынды, Жұбан ағаны, Фариза ақынды көп оқимын. Соның әсері ме, "Әйел монологы" деген өлең жаздым. Оны жорналға бере алмаймын. Себебі бұл өлеңде менің ішкі толғанысым, ашық айтылған сезімім бар. Бұл өлең жорналға жариялауға келмейді.

            Сын жоқ жерде өсу мен өрлеудің болмайтынын түсінемін. Ұйқаспен, образбен берілетін сұлу өнерді қалай да меңгеремін, ақындығымды биіктетемін. Сол үшін еңбектенемін, оқимын. Қанат егіздің сыңары. Үйге сыңары Манат келіп тұрады. Ол индустриалды институтта оқиды. Жатақханада тұрады. Қанат еңбекақысын Манатқа беріп жүріпті. Үй болғалы мен қарсы болдым. Тамақ ішкісі келсе, осы үйге келіп тамақтансын, көшеден тамақ ішіп ақшасын жұмсамасын деймін. Толстой көшесінің бойында "Заря" дүкені бар. Осы дүкенде үй жиһаздары, тоңазытқыш сатылады. Оны алу үшін ерте тұрып, кезекке тұрамыз. Қолымызға ақша түскен кезде, сағат түнгі үштен кезекке тұрамыз. Тұрғындар бізден бұрын барып, бірінші болып, алып кетеді. Товар аз келеді. Әйтеуір бір кішкентай тоңазытқышқа қолымыз жетті-ау. Енді телевизор алу керек. Өйткені менің жұмысым сол, эфирге шыққан хабарларды көруім керек, шолу жасаймын.

            Апталық кезекші болғанда, телестудияда хабар біткенше отырамын. Орыс тіліндегі хабарларды да көремін. Үйге кеш келемін. Қазір тұратын үйіміз қаланың орталығында. Телестудиядан үйге қайту үшін қанша уақытың кетеді. Үйде енем Қауа бар. Балаларының тамағын өзі дайындайды. Кейде қабағын түйіп қарсы алады. Ыдыс-аяқты салдырлатып, мінезін көрсетеді. Негізі тымырайып, сөйлеспей қоятыны бар. Шыдамды болайын, үй болам деп келген соң, ондай-ондай болады. Бәрінен бұрын Қанат үндемейді, сыйлайды. Анасына да ескерту жасайды. Менің қызметімнің күрделі екенін, халық алдына шығып жүрген адамға бөгет жасама дейді. Шынында да кейде эфирге шығу үшін қандай киім киіп шығатыныңды да уайымдайсың. Аманжолдың үйінде телевизор бар, енем мен дайындаған хабар болғанда сол үйге барады. Тікелей шығамын. Көреді, көршілердің айтуы бойынша, мен экранға шыққанда мақтанып отырады екен. Ішкі пікірі мені жек көрмейді. Жақында Алматыға сессияға барамын. Бұл кісінің астанада бауырлары тұрады. Бірге барғысы келеді. Алматыны көруді армандайды. Бәлкім билет алатын шығармын. Маған бұл кісінің барғаны дұрыс. Біріншіден ел көрсетемін, үлкен кісінің тілегін орындаймын. Сессия кезінде бауырларының, Қанаттың туыстарының  үйінде тұратын боламын.

***

-Тілерім де, айтарым да көп-ау саған, бірақ бәрін қағазға түсіру мүмкін бе? Осы бір қолтаңба қалдыру дегеннің өзі мен үшін қоштасу секілді көрініп отыр. Әрине, Шолпан, сен қазір мені көріп отырған жоқсың, мен екі көзіме әлім келмей отырмын. Неге екенін өзім де білмеймін, жүрегім езіліп барады. Арман қуған албырт шақта танысып едік, табысып едік, бәрі кеше ғана сияқты еді, міне, сынаптай сусып бес жыл да өте шығыпты. Өзің білесің, Шолпан, мен адамға сенгіш, аңғал едім, түк қиыншылық көрмеген ойсыз, бейқам едім. Өмір деген май күніндей мажырасын деп жүргенде бір дауыл соғып өтті. Ал сен болсаң ойлы да, адам жанын түсінгіш үлкен жүректі адамсың. "Жаныңмен жаның қосқандай, ниетін бал қып тосқандай.Қабақтан танып қалпыңды, қалтқысыз ұққан дос қандай,-деп Тұрсынхан апамыз айтқандай бағалаймын, сағынамын. Түсініспей де қалған кездеріміз болған шығар, бірақ айналып бір-бірімізді табушы едік. Сол екеумізді қосып тұрған достық жібі ширай түссін, шыңдала түссін.

Өткен күндерге өкінішпен қарамайық, алғы күндерге үмітпен ұмтылып, жүрген жерімізді жаз қыла берейік. Бізге көп міндет жүктеледі. Өз өмірімізді мәнді өткізумен  қатар, келер ұрпақтың да қамын ойлайық, досым! Ол біздің бақытымыз, болашағымыз, алғы күнге аманатымыз. Айта берсем, осы дәптеріңді толтыруға бармын-ау қазір, өзіңе деген ақ тілегімді жазып жеткізе алмасам, сезімтал жүрегіңмен, көреген көңіліңмен ұғарсың, бауырым! Әрқашанда қадамыңа сәттілік, өміріңе нұр, көңіліңе гүл тілеймін! Әлдекімдердің мағынасыз өткізген алпыс жылынан артық болған бес жылымызды өміріміздің ең маңызды,мазмұнды күндері деп есептерміз! Күлпариза. Алматы. 9.ІІ.1973 жыл.

            Декретке шықтым. Мен ана боламын. Жетпіс үштің жаз айы аптап ыстық. Күн сайын "Заря" дүкенінің жанындағы сусын аппаратынан шөлімді басамын. Шөл шыдатар емес. кешкілікте суды көп ішетінім сондай, аяғым ісіп жүре алмай қаламын. Көршідегі Мараштың да аяғы ауыр. Екеуміз отырып алып күні бойы шәй ішеміз. Кешкілікте Қанатпен бірге демалыс паркіне барамыз, қыдырамыз. Денсаулық-адам бақытының бастауы, басты байлығы. Оны сақтау қиын да, ал жоғалту оп-оңай демей ме? Дені сау бала өмірге келу үшін, ата-анасының да денсаулығы мықты болу керек. Жас кезімде дұрыс тамақтанбадым. Қыстың күні жұқа киіммен жүрдік. . Әйтеуір бұйырғанын көрдік. Ауыр жұмысқа жегілгенімнің арқасында шыдамды болып бойжеттім. Баланың денсаулығы анасының денсаулығына байланысты болады дейді. Енді міне сәбиіміздің өмірге тезірек келгенін күтіп жүрміз. Тұңғышымыз кім болар екен, ұл ма, қыз ба? Негізі Алматыда жүргенде түс көргенмін. Онда басыма ақ фата киіп жүргенмін. Бір рет тұрмысқа шықтым, ақ киімді екінші рет киемін бе деп мазасызданғанмын. Олай болмады, мен Қанатқа қайта оралдым. Екінші рет той жасамаймыз ғой. Қазір іштей ойлап қоямын, тегі қыз болатын шығар.Үйге әйел кірсе жарық әкеледі, еркек кірсе жылу әкеледі, ал бала кірсе бақыт әкеледі. Иә, біз кім болса да, сәбиімізді күтіп жүрміз. Үйіміз әрқашан жарық әрі жылы және бақытқа толы болса екен деп тілейміз.

             Өмірден күтуге болмайтын игіліктен дәмеленгенше өмірді өз қолыңмен жаса депті Лев Толстой. Қазақ редакциясына менің орныма уақытша кісі іздеп жатыр. Телевизияның қыры мен сырын түсінетін, жаза білетін дайын журналистер щамалы. Сондықтан Ғаббас Нәскеновке балалар хабарын дайындау тапсырылыпты. Редактор Ғабең "Барлығы адам үшін, адамның игілігі үшін" деген  әлеуметтік, тұрмыстық хабарларды эфирге береді. Бала тілін түсіне алмайтын, жасы үлкен адам ұйымдастырудан бас тартты. "Мектеп және семья" деген хабарды щтаттан тыс тілшіміз Еңлік Жұматаева жасап жүр. Еңлік мұғалімдер білімін жетілдіру институтында қызмет істейді. Тәжірибелі мұғалімдерді, олардың атқарып жатқан игілікті жұмыстарын барынша мақтап, хабар жасаудың шебері болып алды. Есентай Ерботин Баянауылдың мектептерінен хабар жасамақшы. Демалысқа шықпай тұрғанда Майқайынның қасындағы ЦЭС-ауылындағы мектеп-интернаттан хабар жасадым. Мұғалімдер де оқушылар да  қазақ тілінде сайрап тұр.

Үйдемін. Тәңертең ерте тұрдым. Пешке от жақтым. Түнде даладан көмір әкеліп қойғанбыз. Алғашқы күндері пештің жалынынан, көк түтіннен  басым ауыратын еді. Көмірдің иісіне шыдай алатын емеспін. Ауылда болғанда ағаш жақтық, тезек теріп, отын дайындадық. Көмірді есейген кезде пайдаландық. Оның өзінде  үй жылы болып тұрсын деп көмір салып қоятын едік. Ауылдың ауасы таза болғандықтан, оның иісін сезбегенмін. Енді міне қаланың ортасында тұрып, от жағып жатырмын. Суды үлкен ыдыспен жақын маңдағы құдық-құбырдан аламын. Жетпістен асқан енем қыстың күні үйден шықпайды. Іс тігіп отырады. Құрақ-құрайды, әйтеуір алданыш ететін кәсібі бар. Тіпті шаршап кетсе, Мараштың үйіне барып, белін жазып, шәйін ішеді. Бұл үй қонақжай. Мараш үйдің шаруасын тындырып жүріп, енемнің де көңілін табады. Қаладағы баласының үйінде төрт қабырғаны жағалап, жалғыз отырып жалығып кетті ме екен, енем осы күні Шарбақтысында тұрып жатыр. Үйге олай-бұлай өткен жолаушы туыстар да жиі келеді. Өзім жұмыста жүргенде оларды күтіп алатын уақытым жоқ. Әйтеуір біздің үйге келгендерді Мараш қарсы алып, шығарып салып жатады. Кейде бір қора қонақ кешке келетін бізді тосып отырады. Сонда келетіндер, кімдер дейсіздер ғой, Қанаттың туыстары. Менің қалаға сабылатын туыстарым жоқ. Жалғыз ағам мен жеңгем үйден алысқа шыға алмайды. Қанаттың әкесінің інісі Әкеми атамыз Новосібірде оқып жатқан қарындасының қызы Қаншайымды алып келді. Биыл орта мектепті бітіреді. Ылғи беспен оқиды. Болашағы зор. Мамыр айында Павлодар индустриалды институтына оқуға келеді. Сендермен тұратын болады деп кесіп айтты. Қанаттың әулетіндегі үлкендердің бірі айтып тұрғанда, біз не дейміз. Бізбен бірге студент Манат тұрып жатса да, үндемедік. Әзірге тұрып жатқан үйіміз ұнайды. Көршілермен үйрендік. Уақытында пәтерақысын төлеп тұрамыз.

***

"Дос" деген сөздің төркіні парсының "адамгершілік мораль" деген ұғымына саяды екен. "Махаббат жоғалса, ұрпақ азады. Достық жоғалса, қоғам азады" деп құран хадисінде.  Осы бір қағида менің достарыма да қаратып айтылыпты. Орыс тілді досымның жазып кеткен естелігін оқып, ойға қалдым. Ол былай депті:

Уезжаю я, уезжаю я...

Всех, кого люблю, покидаю я.

За окном моим дожди,дожди-

Только ты меня не жди..."Шолпан!  В жизни бывет разное-красивое и безобразное. Ты должна быть такой, какая сейчас:сильной, строгой, талантливой. Пусть тебе сопутствует твоя звезда, пусть она не заканчивается очень долго. Счастье тебе, любви.  Не забывай о юности-это даст силы жить всегда в том русле, которое ты избрала. К. Исагулова 13.ІІ.73. Иә, күнделігімді жазып отырып ойға қалдым. Биылғы жаз айы ыстық болып тұр. Жаңбыр жаумай қойды. Шілденің әуе айналып жерге түсетін күндері күндіз күні бойы үйде жатамын. Кешкілікте далаға шығып, қасымыздағы саябақты аралаймын. Ештеңе жазғым келмейді. Ойыма өлеңде оралмайды. Тұңғышымды қалай өмірге әкелемін деп уайымдаймын. Әрине қорқыныш та жоқ емес. Неше түрлі түстер кіреді. Бүгін жайсыз ұйықтап шықтым. Ертеңінде күні бойы өзімді қоярға жер таппадым. Мараштың үйіне бардым. Қонақтар бар екен. Бес алты-рет даладағы әжетханаға бардым. Баспасы ілулі тұр. Тегінде қонақтардың бірі отырған шығар деп, күттім.

            Көршінің әйнегінен бес-алты рет өткенімді Бүркітбай көріп отырыпты. Сөйтсем, ол баспаны әдейі ішінен іліп кетіпті. Бүркітбай менімен әзілдесіп жүретін. Содан не керек, толғақ басталды. Жедел жәрдем шақырды. Жаңа ғана жадырап тұрған күннің көзін бұлт шалды. Дәрігерге түскенде қабағын түйіп тұрған күн, тәңертең мен босанған кезде жауын құйып берді. Менің мінезім секілді. Әйтеуір аман-есен қол аяғымды бауырыма алған соң, қасыма кішкентай қызымды алып келді. Шашы желкесіне түседі, көзі әкесінің көзіндей,қоңыр. Шашы қайратты. Қанат сменада болатын, ол да жауып тұрған жауынға қарамастан бір құшақ гүлін алып келді. Әйнектен сөйлестік. Мараш ыстық шәй жіберіпті. Қанат болса әке деген атқа ие қылған кішкентай нәрестенің есімін қоямын деп, қуанып кете барды. Шарбақтыдан Қауа енем де келді. Үйдегілер көп ойланып, толғанып, жереби тартып, тұңғышымыздың есімін Назгүл қойды. Сонымен сәбилі болдық,шілдеханасын жасадық. Кіндігін кескен дәрігер болғанымен, ит көйлегін кигізіп, үйге алып шыққан, тұзды суға шомылдырып, қырық күнін тойлатқан Мараш болды. Жарты жылдан кейін журналистиканың соңғы курсынан емтихан тапсыруға барамын. Кішкентай сәбиімді қалай тастап кетемін? Тым болмаса бір жасқа толмайды. Курстастардан қалып қойғым келмейді. Енемнің бала күтуге ыңғайы жоқ. Жасы да келіп қалды. Тегінде жеңгемнің тәрбиесіне қалдыратын шығармын...

***

            Армандастар, курстастар жыл құсындай көктемде қайта табыстық. Алты жыл бойы бірімізге біріміз бауыр басып кеткендіктен бе, бір түрлі мейіріммен, қайырымдылықпен қараймыз. Мәдениетті сөйлесеміз. Білмегенімізді сұраймыз. Тату тәттілігіміз сондай, түскі тамақ кезінде де бір дастархан басында отырамыз. Күні ертең қолымызға диплом алып, өз елімізе, істеп жүрген қызметімізге ораламыз. Бізді тоғыстырған, таныстырған, бауыр бастырған, достастырған университетке ризамыз.  Бір-бірімізден алыстап кетуге  қыймаймыз, соның белгісі ретінде отырып алып, жаңа дәптерге тілек жазамыз. Қолтаңба қалдыру арқылы, аты-жөніміз, өзіміз естерінде жүрсе екен, кездесетін күн болса, өткенді еске алатындай, өзімізді ұмыттырмайық дейміз. Тілектерді оқығанда жазылған ойлары, кімнің қандай болғаны көз алдыңа келері хақ. Иә, солай болады. Мәмбет Ақатаевты жасы үлкен деп сыйлаймыз,. Әке дейміз. Сол әкеміз былай деп жазыпты:

            -Кең байтақ Қазақстанның екі түкпірінде тұратын екеумізді дәм-тұздас еткен  КазГУ-ге бұдан кейінгі жылдарда да бас иіп жүрелік. Біз төрт ағайынды едік, соның ішінде қыз бала болмапты. Егер бұдан кейін, не бұрын қарындасты маған тағдыр бере қалса, қазақтың бір қызы сендей-ақ болсын! Шолпан атты жұлдызың жарқырай берсін. Мәкеңдей ағаларыңның бәрі біздей адал болсын! Мәмбет Ақатаев. Талдықорған. Әрине мұны қыздарды жігіттерден қызғыштай қорғап жүретін  Мәкең  жазды.

            Қолтаңба! Осы бір сөзде адам бейнесі, оның арман елесі жалт беретін сияқты. Рас адам әр кез өткенін еске алған сайын көңілін шаттық, жүрегін сағыныш кернейтін болады ғой. -Адам әр кез ойлы болса, оның арман мүддесі жоғары, шегер сапары алыс болатыны айқын. Сейтқазы.сол сапарда мұрат тұтқан арман жолында мұқалмас тұяқ, талмас қанат тілепті.(Алматы 7.ІІ.1973 жыл.). Керемет тілек емес пе? Жүрегіңді елжіретеді..Көңіліңді толқытады. Жазам деп саған жыр-шумақ, өзімді өзім қинадым.Қыдырмасақ та, жасыл бақ,осыны саған арнадым.Балауса күндер балғын шақ, басыңнан мәңгі өтпесін.Қуанышты кезең күлкі шат, алыстап сенен кетпесін.Жақсылықтың жолына,Жүрегіңмен жарық ет!Кедергі болса алдыңда,аАрманыңмен жарып өт. Иә мен де достарыма осылай дедім. .

            -Не десем екен, Шөке!-депті Кеңес. Біздің староста болатын. Өте білімді. Екі тілге бірдей. Үлкен жазушылардың романдарын аударамын деген мақсаты бар. "Қарашадағы көктем" деген кітабы шыққан. - Дүниеде мәңгілік ешнәрсе жоқ. Ең алдымен, соны ұқсаң екен. Все течет, все изменяется. Бәрі де тозар, бәрі де қайталанбас кешегі күнге өтер.Мұның бәрін айтып отырғаным, бәрін кезінде бағалай білейік те. Осындай бір сәт бастан өткен сияқты ма? Әлі де өтер ме? Басқа не дейін! Кеңес Юсупов. Рас, өзгеріс болды. Ештеме қайталанған жоқ. Бәрі де кешегі күнге айналды. Кеңес айтұқандай кезінде бағалаған дұрыс. Пенде емеспіз бе? Біріне бірі ұқсамайтын күндерді ертең тағы солай болады деп күтеміз.Алайда күні ертең ол адамдар сол құрамда, немесе сол жерде тұрмайтыны хақ. Сол сияқты саған қымбат сол адам бүгін кездесіп, ертең кездеспей қалуы да ықтимал. Кеңес менің тұрмысқа шыққанымды сезген секілді. Жеке басымыздағы жаңалықтарды жәриялай бермейміз. Оның да өз себебі бар. Біреудің әйелімін десең, ер адамдар батылданып кетеді. Ашық әңгімеге шақырады. Шығармашылықтың адамдары, әзіл-шыны аралас, басыңды әуреге салады.  Одан да қашып жатқан біз жоқ,бірақ алтын уақытыңды босқа жұмсағың келмейді. Отбасыңды ойлайсың.

            -Ақынсың ғой, ақын арманшыл келеді. Сол арманың Шолпан жұлдызындай жарқырап тұрсын әр уақыт. Қаламыңның сиясы кеппесін! ағаң Жайырбек. Бұл курстасым менің арманшыл екенімді айтыпты. Өлеңімнің өзі армандаудан туып жатыр емес пе? Кейде осы өлеңді кім үшін,не үшін жазамын деп ойлайсың. Бірақ өлең өзіңе тақырып болып келіп,ұйқасып  тұрады. Тіл ұшына оралады. Отвра қалып жазып тастасаң,кәдімгі өлең болып, төрт аяғы жер басып тұра қалады.Ал қойшы, сосын жазармын десең болды, қайтып ойыңа оралмайды, ұстатпайды.   -Жас адам үшін алға қойған мақсатына жетуден артық қандай ғанибет болсын! Ендеше сол мақсатыңа-асыл арманыңа жет! Атыңа сай арман асқарында, аспанында таң-Шолпандай жарқырай бер! Жапар. 6.ІІ. Алматы. Үндемей жүретін, ақырын жүріп өзіне қатысты істерін бітіріп жүретін Жапар да аяулы жандардың бірі. Қыздарды еркелеткенді жақсы көреді. Тіпті келе жатсаң тұра қалады, алдыңды кесіп өтпейді. Бірінші болып сәлем береді. Қыздарды сыйлайды.

***.

            -Өмір деген осы екен-ау! Өтеді де кетеді, артына қалдырар ізі бола ма, болмай ма, мәселе сонда ғой. Өмір деген-теңіз ғой, толқыны мен ашуы бар, ал адам қайық сол теңізде қалқыған. Өмірдің бұрылыс-бұралаңы көп, қалтарысы мен қайғысы көп, қуанышы мол ғой. Әттең ақын емеспін, әйтпесе өмір туралы өміршең өлең жазар едім. Айтайын дегенім мынау: Өмір-теңіз, толқынды ағынд, адам-қайық, ескек еседі.Өмір-өткір қылыш, біреуді ерте, біреуді кеш кеседі. Өмір-гүл, өседі де өшеді. Осыны еске алғайсың әрқашан құрбым! Алты жылдың асуларын еске ала отырып, ресторандарға барған шағымыз, тілек айтқан сәттеріміз, кейбір мазасыз сөздерімізді еске алып, күл! Сол күлкі-адам үшін бақытты күлкі. Шаттық күлкі. Жарасымды күлкің әрқашан асқақ шықсын!Ал мына өлең ескеркіш естелік болсын.Сағынсам атамекенім,жанарымда шық тұрар.Қазақтың қазақ екенін,дала мен тұлпар ұқтырар. Көп жазды не, аз жазды не, бәрібір емес пе? Тек өзіңе деген, өмірге деген өзекті ойды жеткізе білгенге не жетсін! Жақсы тілек, шынайы пікір көп болған соң, кейінгіге ескерткіш болсын деп қолтаңба қалдырып отырмын.  Осы сөйлемдерді оқып отырып, күлесің, күрсінесің. Иә күрсінерсің! Сол бір сәт, алты жыл бойы бірге жүрген "қыңыр" мінезді, "қисық" ініңді, "қырсық" сөздерін еске аларсың. Сол еске алғаныңның өзі алыста жүрген мен үшін үлкен бақыт емес пе? Өмірде өркенің ұзақ болсын! Өмірге гүлге, әнге толсын. Марат Ділдабаев.

            Бұл Марат деген жігіт ішіміздегі жасы кіші жігіттердің бірі. Өзі ерке, әрі кенже. Оның айтқаны біз үшін заң. Кейде Маратты сөйлетіп қойып, оған қарап отырамыз. Ол кәдімгі оқытушы сияқты лекция оқиды. Темірбек Қожакеевтің лекциясын аудырмай салады. Сатирикті сатирик болып ойнау тіптен қызық екен. Тамсанып, созылып сөйлегенде қыран топан боламыз. Шынында да Қожакеевке ұқсайды, туыстығы жоқ па екен десек, расында туысы болып шықты. Бір ауылдан. Бәсе дейміз. Әрі азуы алты қарыс Қожакеевті күлкіге айналдыру Мараттың ғана қолынан келеді, соның ғана жүрегі дауалайды. Тіпті оның осылай істейтінін мұғалімнің өзі де сезеді. Сабаққа келгенде ал Мәке менің орныма отырасың ба дейді. Бәлкім арамыздағы жігіттер жеткізе ме? Әлде құлағы түрік жүре ме? Негізі мұғалімнің білмейтіні жоқ. Күншілік жерден, ұзынқұлақтан хабар алып тұрады. Жаңалықтардың бәрін осы кісі айтады.

***

            -Алты жыл бірге оқып, бірге болған күндер ұмыт болар дейсің бе? Бұл қолтаңба тек өткеніңді еске алу үшін қажет сияқты. Күлпариза екеуің менің есімнен еш уақытта кете қоймассыңдар. Сен қызым, мен үшін  Шолпан емес, Темірқазықсың! Жұлдыз боп жерге қараймын, бұлт болып бұрқап тараймын.Мен сонда жерден іздеймін,іздеймін сені арайлым.Естілмей таңғы наз үнің,жым-жырт бір дүние жоқ ызың.Шолпаным емес, сен қызым,болғансың "Темірқазығым! "Өзің теңдес шыңдардан шоқтығың биік болсын! Әкең Сағынболат. Біз оны әке дейтінбіз. Себебі Күлпаризаның әкесінің есімі Сағынболат болатын. .Сондықтан  оны әке дедік. Жасы өзімізден онша үлкен емес адамды әке деген сыйластықтың, шын достықтың, ардақ тұтудың көрінісі ғой. Сағынболат мені Темірқазым деді. Әрине әркімнің өз ойы бар. Бәлкім мені қарындасындай жақсы көрген шығар. Өзгеге ұқсамайтын қылықтарымды көре білген шығар. Әйтпесе мен оның аузына сөз салмадым, маған осылай жаз демедім.

            Ол ақын. Біз машинкаға басылған қолжазбасын талай рет оқыдық. Өлеңдері керемет. "Жазушылар" баспасына құзырым жүрсе, осы кісінің кітабын жарыққа шығарар едім. Жаздың күні Алматыда болғанда осы әкеміз Мұқағали Мақатаевпен бірге дәмханада отырды. Күлпариза екеумізді үстелге шақырды. Бетімізден отымыз шығып, ұялып қастарына бармадық, шақырған кезде сытылып шықтық, ыңғайсыздандық. Оның өзіндік себебі де бар. Каз Гу-дің бас корпусы алдындағы "Аққу"дәмханасына жас ақындар жиі келеді. Комсомол көшесінен төменіректе Жазушылар одағынан шығып, түстік ішеді.  "Қаламгер" дәмханасында орта жастан асқан ақын-жазушылар отырады. Бұл дәмхана орталықта, әрі орналасқан жері өте әдемі. Ауасы таза. Ашық аспан астында, көлеңкеде жайланып отырып, жүзіп жүрген аққуларға қарап өлең оқиды. Сондай кездесулерге Серік Тұрғынбеков, Шөмішбай Сариев, Кеңшілік Мырзабеков, Жұмакен Нәжімиденовтер талай рет шақырып, бірге отырғанбыз.

            Керекудің орыстанып кеткен қыздары деп айтып қала ма деп, сақтанасың,  көлбең-көлбең етіп, алдарынан шыға берудің өзі ыңғайсыз. Оның үстіне өз басым еңгезердей жасы едәуір үлкен Мұқағалидан қорқатынмын. Ол ақын өзіңе қарап тұрып, бет-жүзіңе қарамай ойындағысын айта салады. Немесе өлеңіне қосады. Қорықсам да оның өлеңдерін, қоңыр даусын  тыңдағым келетін. Ертеңінде Сағынболат өлеңдеріне берген бағасын айтып, масайрайды. Шіркін десейші осындай ақындары бар қазақ қандай бақытты. Ертең Керекуге ораламын, тағы да орыс тілінде шүлдірлеймін. Хабар дайындаймын. Әйтеуір күйбің тірлік басталады.

***

-Мына біз өзендейміз басталмаған,

Ал арман көкті кезіп, аспандаған.

Шолпан болып ақ таңда жарқырай бер,

Мөлдір болсын, өзен-көл, аспан-далам. Айтақын Әбдіқалов. Иә, Айтақын мықты ақын. Ойы терең. Ақын жігіттердің кітапханада отырып, иә болмаса емтиханға дайындалып жүргенін көрмейсің. Сондада емтиханнан бес алып шығады. Өлең оқып бере ме, әлде шынында ұғымтал, естігенін қағып алатын құймақұлақ па? Айтақынның семьясы бар. Үйленген. Маған қанша рет өлеңмен хат жазса да, артық мінез көрсеткен емес. Мұқағали Мақатаевтың ауылдасы. Нарынқолдан. Осы кісімен тым жақын жүреді. Өсетін жігіт. Кітабын баспаға берді. Тұңғыш жинағы шығады.

            -Сенің бойыңда адамды еріксіз өзіне тартатын бір абзал қасиет бар. Ол-сенің ақжарқындығың мен ашықтығың болар. Тілейтінім-саған берілген өмір аспаны да әрдайым ашық, бұлтсыз болсын. Жаның жаз, көңілің көктем болып, қуаныш құшағында табыла бер! Өмірәлі. Өмірәлі деген жігіт те ылғи өзімен өзі болып жүреді. Ешкіммен араласпайды. Алматының жақын бір ауданында тұрады. Газетте  істейді. Мақсаты диплом алып шығу.  Иә, Өмірәлі озық ойлы жігіт. Онымен бірге теңселіп жүретін, сөмкесін көтере алмай келе жататын Нағашыбай деген жігіт әскерге кетті. Негізі біз оқуға түскенде елу шақты адам едік. Қазір отызға да жетпейміз. Бірі отбасы жағдайымен оқуын одан әрі жалғастырмады.  Бірі әскерге кетті. Ал қыздар жағында, тұрмысқа шығып, балалы болып, оқуға келе алмағандар бар. Жұмагүл Солтиеваны жиі көре алмаймын.  Ол "Лениншіл жаста" қызмет істейді, Сессияға келуге уақыты жоқ, зачеттарын қойғызып кетеді. Темірбек Қожакеевтің екі сөзінің бірі осы Жұмагүл. Бұрыннан біле ме? Әлде сабаққа келмеген соң, іздей ме? Дегенмен Жұмагүл емтихан кезінде жылт етеді де, жоқ болады.

            -Өмірде ешқандай қиындық жоқ. Шындықтан басқаға бас имеу керек. Мен сенімен сөйлесіп жүргім келсе, сен маған қарамай өмірлік жолдасыңа адал барсаң, ол менің алдымда сенің тұлғаңды биіктете түседі (мысал). Атым ұмытылмаса-сол маған ең алғы ләззат сенің көңіліңде де менің есімім жолдастық үзілмес сүрлеу қалдырса деп тілеймін. Хамит. Бұл Хамит деген жігіт те  емтиханға өмірі дайындалмайды. Кез келген емтиханды өлең оқып тапсырады. Орыс тіліндегі емтиханда Пушкинді, Лермонтовты, Бальзакты суылдатып оқып береді. Бүкіл шет ел ақындарының өлеңдерін жатқа біледі. Біздің курста екі-қыз бар. Солардың бірі-Райхан. Ол маған былай деп жазыпты. "Өмірде есіміңе лайық, бақыттың, сыйластықтың, жарастықтың жарық жұлдызы-Таң Шолпаны болуыңа тілектеспін. Армандас құрбым, өзіңді дәйім қиялдың ең құзыр биігінен көруге тілектеспін. Райхан. Тілегің қабыл болсын, құрбым! Райхан бірге оқыған Хамитпен сөз байласып жүр деп естідім. Райханды айналдырып жүр, түбі ауылына алып кететін шығар.

            Жастығым менің, жанымның жазирасындай,

Өтерсің мүмкін аптығым бір де басылмай.

Өзіңе, досым өлшеусіз ғұмыр тіледім

Аңсатып келген әр күні болсын ғасырдай! Темірхан Әлиханов. Темірхан Төлеген Айбергеновтың өлеңдерін жатқа біледі. Үнемі оқып жүреді. Диплом жұмысын да осы ақынға арнады. Телестудияда Төлегеннің Махаббат деген қызы бар. Темірхан сол қызды іздеп барып кездестіріп, мәліметтер алып, зерттеп жүр. Төлеген ақын алғашқы жылдары Қарақалпақстанда тұрды. Кейін Алматыға ауысыпты.  Темірхан үнемі "Бөтен сөзбен былғанса сөз сарасы, ол-ақынның білімсіз бейшарасы" деп мақалдап жүреді. Бұл сөздің жаны бар. Біз кейде орыс тілін араластырып сөйлейміз. Ауру қалса да әдет қалмайды. Оңтүстіктің жігіттерімен сөз таластыра алмайсың. Олардың екі сөзінің бірі "о-яқ,бұ-яқ" десе, немене өзбек болып кеттің бе?-дейміз. Сөздерін ұқпай қаламыз. Біздің Кереку өңірі таза әдеби тілмен сөйлейді. Әттең орыс тілін араластырғанымыз жаман. Десек те жергілікті диалектіде күлкі болатын сөз жоқ . Ештеңе айта алмайды. Шындығы солай. Әйтпесе шыны аяқты-тайлы бие, шалбарды-сым дейтіндер бар.  Жүрегімнің үкімін ұққанменен, Қимай қарап отырсың көзің талды-ау. Сүйкімді сол қарастан жұпталды өлең, Ақын жаны өзгеден сезімталдау. Иә, сезімтал жаным бәрін де сеземін, сезе жүріп күлемін. Күлкіге, әзілге бұрамын. Осы бір достарыма қарап отырып,  шіркін-ай біраз жылдардан кейін кездесетін күн болар ма екен, деп ойладым. Негізі достың бәрі сенімен қатар жүрмейді. Өзіңмен бірге, бір үйде өмір кешетін досың ол жан-жарың. Ол достың да, серігіңнің де, аяулыңның да орнын толтырады.

***

-Алты ай ауылдан, астанадан алыс жүргенде сенімен бірге болған сәт жалғыздығымды сездірмеуші еді.  Енді міне аттанар шақта Ертістің ерке қызының дос көңілін, гүл көңілінің бір бөлегін жүрегіме жазып кеттім деп білем! Көңіліңнің мөлдірлігі кетпесін! Бикен Мұсабекова. (Павлодар қаласы, 19.ІІІ.1974 жыл.) Шіркін-ай достың қадірін Бикендей түсінген адамды қалай қадірлемейсің. "Адам достықты арман етуі керек. Жақсы досың болмай адам ретінде жетіле алмайсың, өз бойыңның мінін көре алмайсың Ондай мінді өнегелі достың өмірі, тіршілігі аңғартады. Жаңа дос тапсаң, ескі достарыңның да бойын айқын аңғарасың. Саған бір кезде идеал көрінген досыңның міні сонда барып көзіңе түседі. Жақсы досқа деген арман арта түседі, сол шақ. Мұңсыз күйкі достықтың, әшейін үйреніскен жақындықтың, пендешіліктің көлеңкесінде қалып қоюың да ықтимал. Достыққа ұмтыл, жақсы досқа қол соз депті жазушы Мұқан Иманжанов. Адал досың алтыннан да қымбат,

Өмірдің шығып едім белесіне,

Жастығым қалқып қалды елесімде.

Не бердім, нені алдым, бере алмадым,

Жиырма бес шығарыпты төбесіне. Жиырма бес жыл, жиырма бес жас. Айтуға оңай, жәй әншейін айта салатын жиырма бес. Жиырма бес күз, жиырма бес қыс, жиырма бес көктем. Мен жаз айында, күзге аяқ басқанда туыппын. Мінезімнің де құбылмалылығы табиғаттың сыйы. Бірде жаздаймын,  бірде ойламаған жерден желдей көтеріліп, жауын болып жауа саламын. Әлі есімде бес жасымда аппақ болып жауып тұрған ұлпа  қарды көремін деп, қалың қардың үстіне жалаңаяқ шықтым. Сол күні суық тиіп ауырдым. Ыстығым көтерілді. Сандырақтадым. Бірақ оны тез ұмыттым.

Он жасымда жаздың аптап ыстығында  суға шомылып жүріп, шыңырауға батып кеттім. Судың ішінде тынысым тарылып, бір жоғары, бір төмен көтерілдім. Біреу шашымнан ұстап, сүйреп шығарды. Есімді жидым. Тірімін. Есімнен кеткен емес. Қазір суға түсуге қорқамын. Жазда Ертіске шомылуға да бармаймын. Он бес жасымда сиыр іздеймін деп, ауылдың айналасын алып кеткен, тасқын судан өте алмай (судан қорқамын ғой) түнде зираттың қасында қондым. Ұлыған ит пе қасқыр ма, жүгірген аң ба, қоян ба, түлкі ме? Қараңдаған адам ба, мал ма? Қорыққанға қос көрінеді. Сиырдың бауырына кіріп көзімді жұмдым. Көзімді ашсам, дала жарықтанып қалыпты. Ұйықтадым ба жоқ па, білмеймін. Жиырма жасымда қиын да күрделі, әлі ешкім ізін салмаған, көзбен көріп, қолымен ұстамаған тележурналистік қызметімді бастадым. Қатты қиналдым. Орыс тілін жетік білмегенім үшін үлесімнен қағылдым. Жиырма бес жасымда жаным қатты қиналып, толғатып, өзегімді үзіп өмірге сәби әкелдім.

Әрине өткен жылдардың әр сағаты демейін, әр күнінде қаншама  қуаныштарым мен реніштерім, көз жасым мен ұйқысыз түндерім, мазасыз күндерім қалды. Мектеп табалдырығын аттадым. Пионерге түстім. Комсомол қатарына қабылдандым. Өлең жаздым. Ауыл тілшісі болдым. Арман қуып, жоғары оқу орнына түстім. Алғашқы рет басымнан махаббат азабын өткердім. Жүрегіме шоқ түсті, ғашық болдым.  Біреуден жирену,  жақсылықтар мен жамандықтар, арамдық пен арамзалықты көрдім. Қателіктер жасадым. Ескі сүрлеуден шығатын жол іздедім. Таптым. Ауылдан қалаға келдім. Журналистік қызметке орналастым. Астанаға бардым, оқуға түстім. Иә, ойлап отырсам, тізе берсем, жиырма бес жылдың ішінде адам  болып алға ұмтылып, қаншама белестерді бағындырыппын. Тұрмысқа шықтым.

  Бір мың тоғыз жүз жетпіс үшінші жыл менің өмірімді жүз сексен градусқа өзгертіпті. Мен бөпелі болдым. Өмірге сәби әкелдім. Бесігін тербеттім. Мінез өзгермейді деуші еді, алайда менің мінезім өзегірді. Қатал едім, көзімнің жас шықпайтын. Емірене білмейтінмін. Мені сәбиім өзгертті. Өткеніңе қарасаң, ертегі секілді. Арада махаббат оты бар неке ғана бақытқа кенелтеді" депті Лев Толстой. Неке дегеніміз махаббаттың болмысы.Толық кемеліне келген жан ғана шын сүйе алады және мұндай жағдайда махаббат некені өзіне ең жоғары награда деп біледі, неке сәукелесіне бөленгенде махаббат көмескіленбейді, қайта күн нұрына бөленгендей өзінің жұпар исін шашып жайнай түседі.( В.Белинский.) Кеш болса да, біз некеге тұрдық. Біздің куәгеріміз қызым Назгүл болды. Яғни екі жылдан соң, қолыма неке куәлігі тиді. Тегімді өзгертпедім. Әкемнің атын өзіммен бірге, есіміммен қатар аталғанын, бірге жүргенін қаладым. Ешкім қарсы болмады. Дұрысы сол.

***

             Бүгін "Телевизиядағы диктор" деген диплом жұмысымды қорғадым. Комиссия төрағасы Қазақ телевизиясының директоры Қ. Үсебаев. Комиссия мүшелері жәй адамдар емес, профессорлар мен  мен докторлар. Әйтеуір халық алдына шығып, телевизордан күнде сөйлеп жаттығып алғандығымнан ба екен, қысылмадым. Ғылыми жетекшім Рамазан Сағымбеков, рецензия жазған Абдул Сермағанбетов.  

            "-Телевизия бұқаралық информация мен насихаттың баға жетпес құралына айналып отыр,-деп бастадым. -. Сан қилы техникалық мүмкіндіктермен естіп-көру бейнелері арқылы телевизия миллиондаған адамдардың бүгінгі әлемдегі нелер бір қызғылықты оқиға, кең ауқымды информациялық хабарлармен таныстырады. Ал осы телевизияның сапалы да аса қажетті хабарлары көрермен қауымға соншалықты рухани азық болатын, осы хабарды дайындайтын, эфирге шығаратын сандаған мамандық иелері-оның ішінде қиын да құрметті мамандық саналатын диктор -орындаушы жайында қазақ тілінде жазылған еңбектер жоқ деп айтуға болады. Телевизия осы заманғы адамзат баласы үшін ең бір қажетті атрибутқа айналып отырған дәуірде теледикторға, диктор-комментаторға қандай талап тілектер қойылады?

            Диктор қандай болу керек? Жалпы телевизия дикторының жүріп өткен жолдары қандай? Қазақ телевизиясы дикторларының бүгінгі жайы, алдағы асулары, болашағы қандай болмақ?"Дикторлық шеберлік" деген негізгі тарауда диктордың сөйлеу мәдениеті сөз болды. Одан кейін диктор-білгір, әңгімеші, ақылшы дос, шебер насихатшы ретінде сыйпатталады. Келесі тарауда қазақ телевизиясының дикторлар тобының жетекшісі Ласкер Сейітов, қазақ радиосының белгілі дикторы Қазақ ССР-нің халық артисі Әнуарбек Байжанбаев; Павлодар телевизиясында он жылдан астам диктор болып жүрген Нағима Баяділовалар туралы жан-жақты зерттелді. Қазақ телевизиясының бұрынғы дикторы, қазір комментатор ретінде жақсы таныс Қазақ телевизиясының бас редакторы Совет Масұғұтовтың тәжірибесі мен оның пікір-болжамдары ескерілді. Сол сияқты орталық телевизияның диктор-комментатторларының тәжірибелері, пікірлері  пайдаланылды.

            Бұл күндері теледиктор хабар  программасымен таныстырып, соңғы жаңалықтарды оқып, кейбір дайын хабарларды жүргізеді. Ал біраз жылдан соң телевизиядағы жағдай мүлдем өзгеруі ғажап емес. НТВ өмірге келді. Яғни бұл (непосредственное или прямое телевизионное вещание), телевизия программасын жердегі ретрансляторлық станциялардың көмегінсіз, бірнеше спутниктерден  құралған системаның жалғаспалы антенналары арқылы жер шары зонасының кез келген нүктесінен хабар алу. Бір уақытта дүниежүзілік аренаға шығатын хабарға білімді тәжірибелі тележурналист-комментаттор қажет болады.  Бір мемлекет екінші мемлекетке телевизияны күрес қаруы ретінде пайдалануы мүмін. Ал сол кездері теледиктор басты орынға ие болады. Иә болмаса соңғы жаңалықтардың өзін тележурналист оқып, хабарландырудың титрға жазылып берілуі мүмкін. Міне осы сұрақ төңірегінде мамандардың ой-болжамдары, пікірлері айтылды.

            Қазақ телевизиясында дикторлар  өзге журналист дайындаған хабарларды жүргізіп жүр. Алайда одан қаншама өнерін салып, хабарды сәтті шығаруға тырысқанымен жасандылық көрініп тұрады. Диктор-актер болуы керек дейміз, алайда теледиктор актер бола алмайды. Актер болам десе де халықты сендіре алмайды.Телевизия-театр емес. Көрермендерге өзгенің сөзін жеткізу телевизияға күннен күнге жат болып барады. Қорыта келгенде, келешекте экрандағы басты тұлға-диплом жұмысындағы жан-жақты талдаған, кең профильді орындаушылық қабілеті мен журналистік шеберлігі бар диктор-журналист болып қалмақ." Бұл менің диплом жұмысым туралы айтылған сөздерім болатын. Қысқаша түсініктемеден кейін комиссия қаншама сұрақтар қойды. Жауап бердім. Комиссия мүшелері менің дипломдық жұмысымды өте жақсы бағалады. Менің алдымда Әлімбаев болды. Менен кейін Өмірзақ Жолымбетов, Толқынбаев, Ділдабаевтар қорғап шықты. Олар да өте жақсы деген баға алды. Негізі өзіңнің істеп жүрген жұмысың туралы жазғанда қысылмайсың, қыры мен сырын білесің. Сондықтан да мүдірмедім. Диплом жұмысыма бес деген баға қойылды. Енді ғылыми коммунизмнен мемлекеттік емтихан тапсырамыз. Ең қиын пән осы. Дайындық керек.

            Кітапханада отырамын. Жігіттердің де қыздарға қарауға уақыттары жоқ. Диплом жұмысын машинкаға бастырады. Оны түптетеді. Рецензияға береді. Әйтеуір мұрындарына су жетпей жүр. Мен болсам дипломымды қорғадым. Енді ғылыми коммунизм кітабын алдыма жайп қойып, ауылда қалған қызымды ойлап отырмын. Сағындым. Бір жасқа толмаған Назгүлді Қызылтаңға жеңгеме апарғанмын. Алтынай жеңгем сырқаттанып қалды. Сонда да менің көңіліме қарап, оқуын бітірсін деп, кішкентайымды алып қалды. Ауылда телефон жоқ. Менімен сөйлесу үшін олар орталыққа барады. Қанат ауылға жиі барып тұрады. Тамағын апарады. Амандық-саулығын содан естимін. Кімді сүю керек екнін жүрек шешеді. Кіммен болу керектігін-тағдыр шешеді.

            Махаббатым менің! Иә, махаббаттың ауқымы өте кең. Махаббатсыз тіршіліктің мәні болмайды. Адам түгіл құс төресі аққулардың,жер бетінде қыбырлап жүрген жәндіктердің,ормандар мен тау тастарда мекен ететін  аңдардың махаббаттарына куә болып жатамыз. Ананың балаға,баланың анаға,әкенің ұлына, қыздың жігітке,әйелдің күйеуіне ,достың досына ,тіпті адамның жылқы малына,бота-тайлаққа,ит пен мысыққа айналайын деп жатады. Баланың анаға деген махаббатына ешнәрсені теңестіруге болмайды. Аққулар жалғыз жүрмейді. Олар сыңарынан айрылса, өздерін тасқа соғып өлтіреді. Ал мен көгершіндердің махаббаттарына таң-тамаша қалдым. Екеуі бір-бір-бірінен ажырамайды. Әйелі болу керек, ұзаңқырап кетсе, соңынан қуып барып, дөңгеленіп, назарын өзіне аударғанша бәйек болады. Қарап тұрсаң,  сондай әсер аласың. Ағамның қызы Бағдат мектепте оқиды. Маған хат жазыпты. Қызымның амандығын Бағдаттан естіп қуандым. Түнде ұйықтар алдында іздейд,-дейді. Алматыға оқуға кеткенде туған, өзім ырымдаған Бағлан да алты жасқа келді. Төрт жаста Қызғалдақ деген сіңлісі бар. Екеуі Назгүлді ойнатады. Үйдегілер әлі күнге дейін "Шолпанның Бағланы" дейді. Ауылдың үстімен самолет  ұшып өтсе ол да  "тәтем келе жатыр" деп жүгіреді екен.

***

            Телевизия хабарларын дайындап жүрген Айтбай Мұздыбаев радиоға ауысты. Нөгербек Біләлов жоғары білімді журналист, өзі еңгезердей толық адам болатын. Үнемі қызара-бөртіп жүретін. Қан қысымы жоғары болды ма? Әйтеуір бір күннің ішінде о дүниеге аттанып кете барды. Режиссер Әнуар Қалиев зейнет демалысына кетті. Оның орнына Ақмарал Шотанова келді. Жаңадан келіп жатқан редактордың ішінде Бақытбек Құниязов та бар. Бақытбек Семейдің Крупская атындағы педагогика институтын бітіріп, Алтай өлкесіндегі Борлы ауданында мектепке мұғалім болған. Семейде танысып, достасып кеткен  құрбысы Май ауданының қызы  Ғазизаға  үйленіпті. Балалары бар. Кейінгі жылдары әкесі Сәдуақас зейнет демалысына шығып, директорлық орнын баласына берген. Жас жігіт екі-үш жыл директор болып жүреді де, көңілі Павлодарға ауыпты. Содан жазғы каникул кезінде облыстық телевизияға келіп бір-екі хабар дайындайды. Мен екінші қызым Кларамен демалыста отырғанмын. Жастар хабарын, мектеп өмірінен жасаған хабарларын басшылық жақсы бағалады ма, таныстықпен келді ме, мен қызметке оралғанда Бақтыбек редактор болды. Енді екеуміз бір салада жұмыс істеп, бір кабинетте отырамыз.  Әрине жүрегімде қалған оған деген өкпе-реніш ұмыт болғанмен, бәрібір сонау жастық шағыңды еске түсіре береді екен.

            Бақтыбек өзгерген, есейген. Директор болып істеген адамның жүгірінді жұмысқа келуінде қандай сыр бар деп ойладым. Бірақ Ресей орыс жері, түбі ол ауылдағы мектеп жабылып тынатын болған соң, әкесі қазақ жеріне, атақонысына көшкісі келген шығар. Мұнда бір ағасы  индустриалды институтта оқытушы, бірі, әскери штабта еңбек етеді.  Павлодарда Бақтыбектің аты шулы ағалары тұрады. Нағашы жұрты да осында. Қабидолла Тезекбаевтар үлкен қызметте, ішкі істер басқармасында кадрлар бөлімінің бастығы. Телевидениеге солардың  көмегімен орналасқан шығар.  Негізі декретте жүрген менің орным бос болатын. Уақытша жұмысқа алыпты. Енді міне қызметке шыққан соң, оған орын тауып берді. Бірден аға редактор болды.  Сөйтіп мен Құниязовпен бірге қызмет істейтін болдым.  Облыстық "Қызыл ту" газетінде оған бастық болып едім, енді ол менің үстімнен қарайды. Қазір Айтбай Алдоңғаров, Ғаббас Нәскенов, Төлеу Әмірхановтар да қазақ редакциясында жүр. Әр түрлі тақырыптағы хабарларды осы жігіттер ұйымдастырады.

***

            Маған-қызыңның есімін  Клара деп неге орыша  қойдың,- деген сұрақтар жиі қойылады. Қазақша әдемі есім  болмады ма? Әрине болды. Бірақ бұл есімнің кішігірім тарихы бар. Қазақ ырымшыл келеді. Аманжолдың үйінде Назгүл өмірге келді. Кіндік шешесі Мараш болды. Әйелдер босанатын үйге ыстық шәйі мен тамағын тасыды. Шілдеханасын осы үйде өткіздік. Екі-үш айдан соң, біз тұрған үйге Қарағандыдан туыстары көшіп келмекші болды. Содан ол үйді қыймасақ та, босатуға тура келді. Үйренгенім көп еді. Ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластықты Мараш пен Аманжолдан көрдім. Үйлерінде қаншама жан болса да, қабақтарының түскенін, тамақ жетпей жатыр деп ренжігендерін көрмедім. Қашан барсаң да дастархандары жайылып, әңгіме дүкен құрып отыратынбыз. Үйінен қонақ үзілмеді. Бір шеті Баяннан, екінші жағы басқа қалалардан келетін. Оның үстіне пәтерші өзбектер көктем шыға, жеміс-жидектерін артып әкеледі. Жәйрап жатқан алманы, алмұртты жеп тоябыз. Молшылықтың көкесін осы үйден көрдім.

            Затон клубы жанындағы жер кепе үйді ойда жоқта таптық. Бұл үйдің де коридоры ортақ, кіретін есігі бөлек. Көштік. Кемпір мен шал және бойжетіп отырған Үмітай деген қызы тұрады екен. Ерке тотай қыз өздерінің кіндігінен емес. Өкіл шешесі бедеу. Денсаулығы жоқ. Үйде болғанынан дәрігерде жатқаны көбірек.  Әкесі тоқаш жасайтын цехта күзетші. Сменамен жұмыс істейді. Манат бізбен бірге тұрды. Бұл үйде қыстадық. Алғашқы кезде қарым-қатынасымыз  өте жақсы болды. Қыстың күні сыбағамызды жеп, қонақ шақырып, бір үйден екінші үйге қонақтап жүрдік. Қолымыздағы кішкентай Назгүлді Үмітайдың шешесі алып кетеді, мен жұмыста болғанда сол үйде жүрді. Көктем туған кезде екі үйдің арасынан қара мысық өтіп кеткендей болды. Студент жігітімізді ерке қыз ұнатып қалыпты. "Қызым үйде, қылығы түзде,"-дегендей бір күні Үмітайдың шешесі жылап еңіреп, аяғымен жер теуіп бізге келді. Қызымның аяғы ауыр дейді. Ол кезде менің де Клараға аяғым ауыр болатын. Не істеу керек? Манатпен сөйлесіп едік, "үйленбеймін," -деп кесіп айтты. Себебі оған әлі оқу керек, институтты бітірмеген еді.

            Ұрыс-керіс басталды. Қызымды зорлады деп әкесі шықты. Бізді басындыңдар деп шешесі етек-жеңін жыртты. Институттан шығартамын, сотқа беремін,-деп туған ағасы да келді. Неше түрлі ыңғайсыз- ауыр сөздер айтылды. Қанат екеуміз Шарбақтыға бардық. Мән-жайды айттық. Манатты көндіру керек деп олар шықты. Әйтеуір айғай-шумен жүріп, үйлену тойын жасадық.

Той Үмітайдың үйінде болды. Студенттер мен құдалар жағының жастары арасында айтыс-дау басталып, соңы төбелеске ұласты. Арақ-шарап жүргенде ондай-ондай болып тұрады. Әйтеуір бірін-бірі өлтірмесе болды. Жараланып, басы жарылып жатса, ештеңе етпейді. Бас жарылса, бөрік ішінде. Құда мен құдағидың көңілдері жайланды. Біз болсақ тұрып жатқан үйді, жер кепені босаттық. Енді бұл үйде Манат пен Үмітай тұратын болды.

            Жалдамалы үй іздедік. Тауып алған жатақ үйдің төбесінен құмырысқа жауған соң, екі күн тұрмай басқа үйге көштік. Келесі үйден көктемнің сылбыр жауыны тамшылады. Одан кейінгі тұрған үйдің қорасы қирады. Бір үйдің төбесі түсті. Не керек, санамалап отырсақ, көктем айында жиырма шақты үйге кіріп, жиырма үйден көшіп шыққан екенбіз. 1 май көшесіндегі Ақборық деген бәйбішінің жер үйі дұрыс болып еді, қасынан трамвай өтіп, ұйқы бермеді. Содан Қанаттың Қаспен апасының үйінің жанындағы бір бәйбішенің үйін жалдадық. Үй деген аты ғана, жазғы кухня болатын. Міне осындай қиындықтармен декретке шығатын уақытым жетті. Назгүлді ауылға жібердім. Демалысымда бұл үйде қалғым келмей, автобусқа билет алып, ойдым-ойдым, қиқыш-ой-қыш жөндеуден өтіп жатқан жолмен ауылға тарттым. 

            Шаңы аспанға атып жатқан жол өзімді соқты, өзіммен бірге іштегі нәрестені олай лақтырып, бұлай тоқылдатып ауылға апарды. Түні бойы ауырдым. Ертеңінде ағам аудан орталығындағы әйелдер босанатын ауруханаға жеткізді. Не керек, екі күннің ішінде менің ішімді жарып, баланы алды. Бұл айтуға ғана оңай. Қандай қиналдым десейші. Тірі қаламын ба қалмаймын ба, бір Алланың қолында болды. Маған Клара Зиновьева деген гениколог-хирург операция жасады. Әйтеуір қызым кесірдің көмегімен аман-есен өмірге келді. Операцияны көзіммен көріп, біліп жаттым. Дәрі беріп ұйықтатқан жоқ. Жеті айлық баланы алдыма алып келгенде шошып кеттім. Кәдімгі жасы жеткен кемпір сияқты. Бетінің терісі салпиып, бұғағы түсіп, тарамыстай тартылып, бүктетіліп жатыр. Адам бола ма,- деймін түрін көріп. Сөйтіп ана мен баланы ажал аузынан алып қалған дәрігердің есімін қызыма бердім. Иманғалы атамызға азан шақырттым. Аяқ-қолымды бауырма алған соң, Короленко  көшенен тағы бір үй тауып алып, жазғы үйге қайта оралдым. Мұнда есікті ашсаң, әйнектен жел ұрады. Операциядан кейін ішіме, арқама қайта-қайта  мұз басқан. Қан тоқтату үшін, ыстығым көтерілгенін орнына түсіруге әрекет еткен болу керек. Не керек, содан оңбадым.

            Бұл маусым айы еді. Күн ыстық.  Қалаға үйге келген соң естіген жаңалығым, телевизия орталығындағы алғашқы тоғыз қабатты үй пайдалануға беретін болыпты. Біз тұрып жатқан жер кепеге комиссия келді, жағдайымызды көрді. Көп ұзамай  кәсіподақ ұйымының төрағасы пәтер берілетін болды деп, қуанышты хабарды жеткізді. Құжаттарды жинадық. Қанаттың шешесін біздің семьяның қатарына  жаздық. Сонымен екі баламен үш үлкен адамы бар толық семьяға үш бөлмелі үй берді. Үйдің құжаты менің туған күнімде, жиырмасыншы тамызда толтырылды. Сол күні екінші қабаттағы нөмер қырық төртінші үйдің кілтін алып, әлі қоныстанушылардың аяғы тимеген үйге бірінші болып бір баланы жетелеп, екіншісін қолтығыма қысып, босаға аттадық. Ыдыс-аяқ, көрпе жастықтан басқа, кішкентай тоңазытқышымыз болды. Пәтерде жүргенде кереует алмадық. Балаға Мараштың қызы Тоқжан жатқан бесікті әкелдік. Осының бәрі ертегі сияқты.

***

            Бәріне бірдей алғыс білдіріңіз. Жақсылыққа да, жамандыққа да, сұмдыққа да. Өйткені өмірдің өзі сізге баға жетпес сыйлық екенін естен шығармаңыз. Ал ләззат пен ауыртпашылық сол өмір жолындағы кедергілер. Түсінігіңізді өзгертіңіз, сонда сіздің өміріңіз де өзгереді. Қорқыныш, ашу, реніш секілді кездерде оқиғаға басқа бұрыштан қараңыз. Әр жеңісіңізді тойлаңыз. Тіпті кішкентай белесті бағындырсаңыз да елеусіз қалдырмаңыз. Алға қойған армандарыңыз бен мақсаттарыңызға қол жеткізу үшін айналаңызға мұқият мән беріңіз. Өйткені өмір өте қызық нәрсе. Жүре берсеңіз, көре бересіз. Ең бастысы ерінбей еңбек ете білу керек. Әр адам біздің өмірімізге белгілі бір оймен келеді. Ал ол келген оймен біз келісеміз бе, келіспейміз бе өзіміз білеміз. Оның біздің өміріміздегі рөліне байланысты шешім қабылдаймыз. Өз-өзіңізге сеніңіз. Қандай ауыр күндер келсе де, жеңіп шығатыныңызға сенімді болыңыз. Бәрі де ойдағыдай болады. Барлығын бірден жүрекке жақын қабылдамаңыз. Бәз біреулердің іс-әрекеттері өздерінің өмірінен хабар береді. Сондықтан оның сізге ешқандай қатысы жоқ.

            Табиғат дертіңізге дауа болады. Таза ауада серуендеу немесе әдемі пейзаждардың көрінісі басыңыздағы артық ойлардың бәрінен арылуға көмектеседі және көңіл-күйіңізді көтереді. Біреуге ренжулі адам сізді де ренжітуі мүмкін. Бірақ бәрібір оны жақсы көріңіз. Сауығу үшін оны сезіну керек. Өзіңіздің қорқынышыңыз бен осал тұстарыңызды жасырмаңыз. Шындықтың көзіне тура қарау өте қиын. Бірақ оның сізге пайдасы мол. Әрдайым дұрыс жолмен жүре берсеңіз де жалығып кетуіңіз мүмкін. Сондықтан жіберген қателіктеріңізді еске түсіріп, еңсеңізді түсірмеңіз. Басыңыз аман болса, бәрі де жақсы болады. Айналаңыздың бәрін айна деп елестетіңіз. Сіз біреуді жақсы көресіз, демек, өзіңізді де жақсы көресіз. Егер біреу сізді ренжітсе, онда сіз өз-өзіңізге дұрыстап қарауыңыз керек. Өзгенің көңіліне қарап, бақытты қылу оңай нәрсе емес. Бұл өмірде тәуекелге баруыңыз керек. Іштей! (Құран хадистері)  Мен болсам, осы қағидаларды басшылыққа алып келемін, болашақта да ұстанымым осы болмақ.   

Орта бойлы екі көзі қарақаттай, сүйкімді дәрігер келіп жаным қиналып, мең-зең күйге түскен, толғақ қыспаған, еш жерім ауырмаса да қан кетіп әйелдер босанатын ауруханаға  түскенімде жедел қасыма келіп, қасындағы дәрігерге әлде нендей тапсырмалар беріп тұрды. Өзі сабырсыз, әрі асығыс көрінді.  Жеделдету керек дейтін секілді. Сол бір жанның қарақаттай көздері ұшқын атып, менің әлсіз жаныма нұрлы сәулесін төгіп кетті. Маған операция жасайтын болды. Инелер шаншылды,Ұйықтатын дәрі шығар деймін ішімнен. Жоқ ояумын. Өзіме ыстық  көрінген жанарларды іздедім.  Қалшылдап тоңып кеттім. Ыстық укол жіберді. Енді бір сәт өртеніп бара жатқандаймын. Операция үстелінде жатырмын.Төбемнен жарықтар жағылды. Самсаған бірнеше лампалар маған жақындап, төніп келе жатты. Көзім бұлдырады. Екі көзімді жұмдым. Алайда ояу жатырмын. Екі жағыма көздері жылтылдаған ақ халатты дәрігерлер жиналып қалды.  Қолдарын көкке көтеріп, жанымды алғалы келгендей. Көзімді ашып, қайтадан жұмдым.

            -Қалайсың жаным! Көзіңді ашып жат. Біз сені ұйықтатпаймыз. Баланы алған соң, ұйықтайсың.  Өз ана тілімде айтылған жаңағы сөздер менің көңілімді көтерді. Жадырап кеттім. -Операция қалай болады?-деппін. Не деп айттым өзі? -Жақсы болады, сәтті болу үшін сенің көмегің керек. Иә, мен олардың  мазаларын алмауым керек, шыдаймын. Бәрін де көріп жатырмын. Қырық минут өтті. Қарымнан құйылып жатқан системадағы қанға қараймын. Әрине қызғылт болған соң қан шығар деп ойладым, мүмкін басқа сұйық дәрілер шығар.-Скальпельді әкел, тездетейік. Өзіме таныс дауыс. Мен тірімін! Әр секунд қымбат. Көзім жабыла береді, қайтадан ашып маңдайынан тері жылтырап тұрған даусы өзіме таныс, қарақаттай  көзді  әйелге қарадым. Адам өмірі үшін жанын салып жатқанын көріп, жүрегім елжіреді. Баланы ішімнен көтеріп алды. Бала жылаған жоқ. Қасындағы дәрігер алақанымен шапалақтап, тартып қалды. Бала шыр ете түсті. Бір сағат он минут. Күрделі де қиын сәттер артта қалды. Одан әрі ештеңе де есімде қалмапты. Әлде кімнің даусынан ояндым. Қарасам палатада жатырмын. қашан әкелді? Білмеймін. Тегінде бір түн ұйықтаған шығармын.

-Жағдайың қалай, сіңлім, кішкентайлы болдың, балаңды үш күннен кейін әкеледі. Дем ал, орныңнан тұруға болмайды. Операция сәтті өтті, жарайсың! Бәрі де артта қалды. Нәрестенің дені сау, ертең емізуге әкеледі.  Даусы  сылдырлаған дәрігер тым тез сөйлеп, аяғын тық-тық басып шығып кетті. Қасымда жатқан қыздар "Люция Халитовна Сізге қан беріпті" деді. Оны қайдан білдіңдер деймін. Медбике айтыпты. Операция үстөлінде жатқан кездегі әр минутымды есіме түсірдім. Иә, айтпақшы, "қан керек" деп естіген едім. Сонда осы кісі маған қолма қол, қасыма жата қалып қан берген бе?. Операция жасап жатқан адам қалай қанын берді екен. Айтпақшы  баланы ішімнен алған соң, ол кісі бөлмеден шығып кеткенін көрдім ғой. Кескіленген жерімді басқа да ұсақ түйек жұмыстарды  көмекшілері атқарған болар. Сонда менің бойымда осы кісінің қаны бар болды ғой. Менің қандас апайым болды. Біз туыспыз. Аурухана төсегінде жатқан күндері менің бойымда аналар мен балалардың бақыты үшін күрескен абзал жанның  қаны бар екен деп қуандым. Не деген қарапайым, абзал жан. Бөтен адамға қанын өалай бере салды. Әр түрлі жағдайлар бола береді ғой. Маған ыстық қан керек болыпты. Иә, таза қан. Тобым да осы кісінің қанына сәйкес келген ғой...

***

            Рахат іздесең бейнетінен қорықпа, қуаныш іздесең қайғысынан қорықпа деген сөзге иланамын. Бүгінгі күнге дейін бейнет көрдім деп несіне айтамын. Әркімнің маңдайын жазылған тағдыры бар. Өмір бізге де қуаныш сыйлады. Балалы болдық, баспана алдық. Күнделікті қажетімізді түгендеуге жағдайымыз бар. Қанат институтын бітірді. Инженер-энергетик мамандығын алды. Үй жиһаздарын да шамамыз жеткенше сатып алып, қызықтап жатырмыз. Қонақ келсе, еденге жатқызамыз. Телевизиядағы қызметтестеріміз, Нағима бас болып, люстра сыйлады. Қанат энергетик қой, өмірлерің де осындай жарық болсын деп тілектерін айтты. Қызметке шыққан күні өкпемнен суық тиіп ауырып қалдым. Қазір балалармен үйдемін. Емделіп жүрмін. Қоныс құтты болсын айта келушілер де жеткілікті. Тоқтар Ахметов орындық дейсің бе, балаларға кереует дейсің бе, әйтеуір күнде бір дүниесін көтеріп келеді. Үстіңгі қабатқа Мақсат Әлиновтың отбасы, одан жоғары Шаймұрат Ахмеровтер қоныстанды. Бір подъезде 27 үй бармыз. Әр түрлі ұлттың өкілдері қоныстанып жатыр. Көршілеріміз де өзіміз сияқты замандастар.  Ауылдан өзімнің қызым деп жүретін Бағланды алып келдім. Өзім оқытып, тәрбиелегім келді. Бала-бақшаға орналастырдым. Қазір үйде балалар базары.

            Адамның ғұмырнамасы туасы әлдибөпемнен бесік жырынан, ертектен басталады. Адамгершілік, отансүйер қасиет,инабат-иман-не жақсы мінезің,сананың бәрі-ананың  ақ сүтімен,ана айтқан "әлди-бөпемнен, ата-мен әже айтқан ғажайып ертек, аңызбен бойға дариды. Енем Клараны тербетіп отырып, ойдан өлең құрайды. Негізінде ақындық қасиеті бар. Үлкен ұлы Болатқа, егіз ұлдары Қанат пен Манатқа шығарған өлеңдерін айтады. Немерелерінің құлағына сіңе берсін дейді ме екен, қашан көрсем де, іс тігіп отырса да әндетіп отырады. Ана мен баланың арасын көзге шалынбайтын ғажайып сырлы жібі жалғап жатады. Міне сол арқылы бала көңіліндегі қылаудай мұң ана жүрегіне  жетеді, сол арқылы ана баласының бойындағы титтей қуанышын да бар болмысымен сезінеді екен.       Менің сәбилерім тілі шыққанда өз ана тілінде сөйледі. Оған менің жан дүнием ғана емес, ауылдан келген Бағланның да ықпалы болды. Бағлан орыс тілінде түсінбейтін, айтқаныңды ұқпайтын. Балабақшаға апарғанда тәрбиешілер реніш білдірді. Бағлан орысша сөйлемейді деді. Тіпті орысша үйретпесеңдер, әкелмеңдер деп ұрысты. Әрине алғашқы кезде, орысша білмегеніне  намыстандық. Қанат орыс тілінде оқыған, орысы көп ауданда өскен. Күнде кешкілікте қыздарына бір сөйлемнен үйретеді. Бағланның қылығын қызық көріп, мысықты, мясо деп күлдіреді. Ананың ыстық алақанына ештеңе жетпейді. Өзім көрмеген ана махаббатын қыздарыма арнадым. Алайда Бағланды амалсыздан қолыма алдым. Білімді болса деймін. Оның үстіне домбырада ойнайды, өлең айтады. Дауысы әдемі. Музыкалық мектепке бермекшімін. Өзім қолыма кітап ұстаудан қалдым. Өлең жазуды қойып барамын. Өлең дегеннен шығады, Краснокутскі ауданында тұратын рулас ағатайым, Қимадиден Нығманов дүниеден өтіпті. Әлі алпысқа да толмаған еді ғой. Өкінішті. Ол кісіні мен бала күнімде Қызылтаңға келіп жүргеннен білемін. Маған "әкең сенің ақын болған, сен қыздың бойыңда бірдеңе бар,"- дейтін. Мен онда мектепте оқитынмын. Кейін облыстық "Қызыл ту" газетіне жиі келіп, өлеңдерін, мақалаларын табыстап жүрді. "Өлеңдеріңді оқып тұрамын. Жаза бер, қолжазбаңды маған бер, Алматыға барғанда өзім баспаға ұсынамын,"-деп қамқорлық көрсеткені де есімде. Редакцияның жігіттері Төлеубай Төлеубеков, Әділбек Жұмаділденов, Еренбақ Әлжанов ауылдан Қимадиден ағатайым келгенде, "шөлдеп тұрмыз, бір жерге кіріп шығайық,"-деп  ортаға алатын. Төлеубек пен Әділбек ағаларымның мұрындары қызарып жүргендеріне қарап, ішіп алып, қызара бөртіп жүретін ауылдағы ағаларымды еске алатынмын. 

            Жаңа оқу жылы басталатын кезде Қимадиден ағам мені іздеп облыстық телевидениеге келді. Телевизордан өлең оқығысы келген шығар, жаңалыққа бере қояйын деп бәйек болып,  мәтінін сұрап тұрсам, ол кісі өтініш айта келіпті. Қызы сегізжылдық мектепті бітіріп, педучилищеге оқуға түсіпті, маған пәтеріңе алсаң қайтеді,- деді. Не айтарымды білмедім. Біздің үйде Қанаттың туыстарының баласы, менің сіңлілерім, әйтеуір он шақты жан тұратын едік. Үлкен адамның көңілін қайтарғым келмесе де, жағдайымды айттым. Түсінді. Өзімді үйіне қонаққа шақырды. Кейін қызын жатақханаға орналастырғанын естідім.

            Әлі есімде, 1979 жылы Краснокутскі ауданы Естай Беркімбаевтың еске алуға арналған салтанат өткізді. Мен кинооператорды алып осы тойды киноға түсіруге бардым. Айтулы мерейтойда бірнеше мәрте республикалық ақындар айтысына қатынасып жүлде алған, сурып салма, төкпе ақын, лиро-эпостық жырлардың қайсысын болмасын жатқа жырлап беретін жырау, бірнеше ән мен жырдың авторы-әнші композитор, Ұлы Отан соғысының ардагері, аудандық, облыстық, республикалық газет-жорналдардың тілшісі Қимадиден Нығманов "Беташар" айтты. Жүргізуші айтыскер ақынды осылайша таныстырып, сахнаға шақырды. Ол жайлап отырды да әдемі қоңыр даусымен, былай деп шырқай жөнелді:"...Жастарым, бастамаңды құттықтаймын, еске алған ақын-бабаң өсиетін. Белгілеп алдыңыздар Естай күнін, игілік бастапсыңдар жан сүйетін. Атағын ардақтайтын ұрпақ туса, дәріптеп неге әні шырқалмайды. Алдымен туған жерді ескермейміз, қанатын Естайтану тым кеш жайды... -деді де, Естайды ұлықтау туралы айтты.

            Той бітті. Мен Кимаш ағамен бірге Жаңабет ауылындағы үйіне бардым. Он саусағынан өнері тамған ақын ағамыз ауылдың нақ ортасынан жаңадан үй салыпты.  Бөлмелері кең. Бір бөлмесінің сөресінде ақын-жазушылардың кітаптар тізіліп тұр. Әр жылдары шыққан газеттер мен журналдар рет-ретімен, ұқыпты жиналған. Кішігірім кітапхана дерсің. Үстелдің үстінде сиясы кеппеген жаңа жазылған өлеңдер, қолжазбалары жатыр. Бұрышта ескілеу келген қара машинка тұр. Қолыма 1969 жылы "Жазушы" баспасынан жарық көрген "Алпыс батыр" кітабын алдым. Кітап поэма түрінде жазылыпты. Бір демде оқып шықтым. Басты кейіпкері Ұлы Октябрь Революциясына белсене қатысқан, өмірде болған адам, яғни Алпыстың басынан кешкендері, өмірі, халық үшін ерлік еңбегі жырланыпты. "Алпыс сенің де  ағайының"- деді автор. Бұл заманда мұндай кітапты екінің бірі шығара алмайтын еді. Таяуда "Жазушы"баспасынан  "Дала шұғыласы" деген екінші кітабын шығарыпты. Бұл да өлеңмен жазылған поэма және әр жылдары жазылған өлеңдері топтастырылған.

            -Мына бір қолжазбам "Соқпақ жол" деп аталады. "Жазушы" баспасына апарып бердім. Осы кітап шыққан соң Жазушылар одағына қабылдайды деді көзінен ұшқын шашып. Бұл кітапта туған жер, сәулетті заманымыз, еңбек адамдарының тұрмысы жайлы өлеңдер топталған. Сол сияқты "Дархан дала" поэмасы енгізілген екен. Онда тамыры тереңде жатқан халықтар достығы бейнеленіпті.

            Поэзия-ең таңдаулы және ең бақытты ақыл иелерінің ең таңдаулы және бақытты жетістіктерін белгілеген ескерткіш. Амал не, менің шығармашылығым тоқырауға ұшырады. Өлең жазсам, ол кімге керек. Кім үшін жазамын? Өзім үшін бе? Болашақта менің өлеңімді кім оқиды? Кеше ғана туған сәбидің өзі орыс тілінде ауыздануда. Менің орысша сөйлемейді деп, мақтаныш еткен Назгүлім көршілердің қыздарымен ойнап келіп, "дайте пить, молоко хочу" дейді. Ертең мектепке де орыс класына барады. Себебі қалада қазақ тілінде оқытатын Абай атындағы мектептен басқа қазақша мектеп жоқ. Ол мектеп үйден алыс, кішкентайларды  апарып-алып келетін кісі жоқ. Оның үстіне ол мектепке сол маңайда тұратын отбасылардың балалары ғана қабылданады.  Автобус қатынамайды. №3-ші мектеп интернатқа ауылдан келген шопандар мен малшылардың балаларын бірінші кезекте алады. Ауылға жібере алмаймын. Сонымен қасымыздағы №1-ші мектеп бірінші класқа баратындардың тізіміне қосып алды. Бағлан қазір №1-ші орыс мектебінің бірінші класында оқып жүр. Менің қолымда, өзім тәрбиелеп жатырмын. Талабы таудай, жақсы оқиды. Менің жұмысым телевизия орталығы үйден алыс емес. Жаяу барып, жаяу келемін. Түстікке үйге асығамын.

            Күн өткен сайын, телевидениенің мүмкіндігі қарыштап, өсті. Хамза Махамбетұлы 1 миллион тұрғыны бар Омбыға жіберілгелі тұрған түрлі-түсті хабар көрсететін, алдын ала жазып алынатын жаңа аппартураны Павлодарға алдырды. Индустрия алыбына айналған Павлодар өңірі түрлі-түсті хабарлар көре бастады. Көп адамдар қатысатын, елге танылған коллективтерді телевизиялық хабарға алдын ала жазып алу мүмкіндігі туды. Студияның іші өте тар болғандықтан көп кісі қатысатын әдеби-музыкалық хабарларды бөліп-бөліп, таң атқанша жазатын болдық. Оның бір себебі күндіз орыс тіліндегі хабарлар жазылады, олар бізге мүмкіндік бермейді. Алдын ала кезектен тыс жоспарға кіріп алады да, бізді екінші орынға жібереді. Сонымен эфирден кейінгі уақыт біздің үлесімізге тиеді.          Ауылдан телевизияға түсеміз деп келген көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшелері біздің талабымызға көніп, түні бойы сабылып жүреді. Бала емізіп жүрген әншілердің баласын режиссердің көмекшісі Күлтай Әбішева тербетіп отырды. Жазылып болған соң, соңғы нәтижесін күтетін едік. Техниканың аты техника. Жаңадан келген дүниенің тілін білуге, оны түсінуге де білім керек, тәжірибең болуы қажет. Техниктер мен режиссерлердің ортасында жүгіріп жүріп, таңды  атырдық, күнімізді батырдық. Үйдің жағдайы, балаларды тәрбиелеу  екінші кезекте тұрды. Сонда да телевизияның жұмысы қызықты еді, жалықтырмайтын. Ертеңінде тағы да хабар жазуға отыратын едік. Теледидар түрлі-түсті түрге көшкен соң студияның іші тарылды. Жаңа қосымша алаңдар қажет болды. Соған байланысты ескі студияға жапсарлас ғимараттың құрылысы басталды.

            Әйел адамның журналистік мамандықты алып жүруі үшін, оған төзімділік, шыдамдылық, күш-қайрат керек. Іс сапарларсыз жұмысың жүрмейді. Жолға шығамыз, аудандарға барамыз. Жаңа адамдармен танысамыз.Хабар дайындаймыз, кино түсіреміз.  Әрине мен бұл мамандықты ыстығы мен суығына көнеміз деп таңдадық. Диплом алдым. Теледидарда қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш журналистпін. Журналист жұртшылық пікірінің командирі. Енді журналистік қағидаларды іс жүзіне асыруым керек. Мен тәжірибемен теорияны қатар алып жүрген адаммын. Сондықтан ойым орнықты. Негізі журналистің аузынан шыққан сөз оның көзқарасын айқындап тұрады. Әр адам өзінің мінезіне, білім деңгейіне сай әдеби сөздерді қолданады. "Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра" деген мақал бар. Көпті көргенмен әңгімелессең, санаңа сәуле барады. Рухани байисың. Мақал-мәтелдер тұнып тұрған философия. Әр жүргізуші, тілші нақыл сөз, ырым-тиымдарды пайдаланып, мақал-мәтелдеп сөйлегені жөн. Көрермендердің үлгі, өнеге алатын мектебі теледидар болып отыр. Теледидар-тәрбиелік мәні жоғары насихаттық құрал. 

***

            ...Ақындық-киелі қасиет. Кие деген кез келген маңдайға түстене бермейді. Елдіктің, адамгершіліктің, өнердің киесі қонған құйқалы топырақ өз перзентінің бойын уызына жарығандарда болатын кеңдікті тамырынан сіңірер тектілікті дарыта алады,-депті бір кітапта. "Өлеңге әркімнің де бар таласы,теп-тегіс жұмыр келсін айналасы,"-деп Абай айтқандай,әдемі өрілген, жаныңды керемет шуаққа бөлейтін, басқаның да ойын дөп басып, жүрегіне жақын келіп тұратын өлеңді өлең дейміз. Оқи береміз. Содан өзіңнің де көкірегің де өлеңдетіп, көмекейің бүлкілдейді. Жыр шумақтары тіл ұшына оралады. Жүріп келе жатсаң да, отырсаң да, ұйықтап жатсаң да құлағыңда өлең ызыңдайды. Кейде жаза қояйын десең,  басқа іспен айналысып кетіп, өлең шумақтарыңды  ұмытып  кетесің. Түйеге мінген қазақ төрт ауыз өлең шығарады, бірақ оның бәрі ақын емес екені де рас. Құдай берген қасиетті, басына қонған бақты ұшырып алып жататындар аз ба? Ата тегінде болмаса, отбасында, бесігінде өлең әлдиін естімесе ақындықтың ауыр жүгін  көтеру мүмкін емес. Бойыңдағы ақындық өнер арқылы оқиғаларды, көргеніңді ой елегінен өткізгеннен кейін,  ой-толғаулар арқылы өлең туады.

            Ақын жалпақ әлемге жан дүниесін жайып салады. Оның басқалардан айырмашылығы да осы тәрізді. Иә, өлеңдерімнің дені махаббат жайында. Тағы да ұлы Абайға табынамын. «Махаббатсыз дүние бос». Бірақ Абай бола алмаймын. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз». «Махаббатсыз тіршіліктің мәні болмайды. Адам түгіл құс төресі аққулардың, жер үстінде қыбырлап жүрген жәндіктердің, ормандар мен тау тастарда мекен ететін аңдардың да махаббаттарына куә болып жатамыз. Ананың балаға, баланың анаға, әкенің ұлына, қыздың  жігітке, әйелдің күйеуіне, достың досына, тіпті адамның жылқы малына, бота-тайлаққа, ит пен мысыққа айналайын деп, махаббатын білдіреді. Марқұм ақын Есентай Ерботинмен көп жылдар бір кабинетте отырдым. Қолы босай қалса өлең жаза бастайтын. Мен де қалыспайтынмын. Алайда өзімнің жазған өлеңдерімді  көрсетуге ұялатын едім. "Қыздардың жаны нәзік келеді, сенің  тақырыбың, махаббат, жаза бер, лирика қарапайым болғаны дұрыс деп отыратын." Шынында да қарапайым лириканы  оқырман тез түсініп, қабылдайды. Ақын жанын түсіну-азап. Шығармашылық адамының әлем тапырақ жан дүниесін қаз-қалпында ұстау нағыз қиямет. Ойнап-күліп қасыңда жүргеннің өзінде сырын ұғу қиын. Менің кием өлеңім жинақталды.  Алайда  кітап болып шыққан жоқ.  1974 жылы "Жазушы" баспасынан "Көктем тынысы" деген жас ақындардың жинағы шықты. Осы жинаққа өлеңдерім енгізілді. Одан әрі ше? Кітабым неге шықпайды?

            Павлодар облысында қазір жазушылар-ақындар бар ма? Олар кімдер? Жерлестеріміз Мұзафар Әлімбаев, Нұтфолла Шәкенов, Қабыкәрім Ыдырысов, Аманжол Шәмкеновтердің соңынан ерген  ізбасарлары қайда? Әзірге Есентай Ерботин мен Мейрам Асылғазиннен басқаларды көре алатын емеспін. Баянауылдан Төлеген Мұқаев деген жас ақын шықты деп естідім. Айтбай Мұздыбаев "Тағдыр" деген хикаятын жарыққа шығарды. Одан кейін күнделікті телевизиялық хабарларды дайындаудан аса алмады ма екен, кітаптың жалғасы әлі жоқ. Ғалымбек Жұматов ше? Жазушы ма, ақын ба? Оны жұрт журналистік қырынан таниды. Дегенмен жазушылығы басым. "Трактор қалай жасалады?" деген балдырғандарға арналған суретше кітабынан кейін, бір-екі әңгімелер жинағы "Жазушы" баспасынан шықты ғой деймін. Өзім қолыма ұстап, көргемін жоқ. .

            Габриэль Маркес "Жазушылық- бас тарта алмайтын қасиет, айналып өте алмайтын қасірет. Ол қасиет кімге қонды, демек, сол адам жазуға тиіс. Өйткені, бас ауру мен нашар ас қорытуды тек жазу ғана жеңе алады. Ол қасіреттен жазып қана құтыла алады" - депті. Маған жазушылық қонды ма? Ақындық ше? Әрине жазушы кітап жазады. Ал мен ше, нені жазып жатырмын? Әрине күнделікті жаңалықтарды, хабардың сценарийлерін жазудан  тыным таппаймын. Өлең жазамын. Басымның ауруы осы жазулармен жазылмайтын секілді. Телевизия хабарларының шеңбері тар. Қысқа да нұсқа, ойыңды келте қайырасың, бір-екі сөйлеммен айтатыныңды айта аласың. Бұл менің пікірім. Айтар ойым, толғаныстарым, тебіреністерім телевизия хабарына сыймайды. Айтылды, кетті, ұшты, жерге түсті. Ізі қайда? Қысқа да, нақты, шынайы ақпарат, шұғыл да жылдам, шапшаң да жедел жазылған дүние естуге, есте қалуға жақсы. Бірақ ертеңінде ұмыт болады.

            Кітап рухани азық, оны кез келген уақытта оқи аласың. Телевизияның өз ережесі бар. Жазумен қоса экран алдына шығасың, онда да әдемілігің, сұлулығың мен қоса, тартымдылығың, тіпті жастығың ерекше орын алуға тиіс. Көрермен талғамына сай, көңілінен шығатындай сөз айту керек. Тіпті жазып алмай, ауызша айта беруге де болады. Сұрақ қоясың, ол жауап береді. Жауабын жазып бермейсің. Телевизияға хабар жасау күнделікті жұмысым, ал шығармашылығым қайда?  "Телевизиядағы диктор" деген диплом жұмысын жазғанда журналист-комментатор, телевизияның жүргізушісі студияның ішінде отырумен шектелмейді деп сыйпаттағанмын. Оқиға болып жатқан жерден тікелей ақпарат бергенде ғана хабар мазмұнды да сапалы болады. Бұл ақпараттың тағдыры. Ал іс сапарларда жүріп, кез келген жерден, мейлі майдан алаңынан болсын, қолына микрофонын алып, жаңалықты, ақпаратты шұғыл хабарлап тұрса теледидардың беделі артады. Бұл теледидардың беделі. Ал өзім ше?

            Қызметімнің шекарасы кеңігенмен, шығармашылығымның шеңбері тар. Әрі жаңа жыл келген сайын жасыма жас қосылады. Телевизияның жүргізушісі ,экран алдында отырғанда жастық жалынынмен хабар жүргізуі керек. Мен ше, күннен күнге бет-жүзім, сөйлейтін даусым өзгеріп келеді.  Жастық жалыным көмескіленіп барады. Ендеше мамандығымды ауыстыру керек. Қалай? Басқа салаға кетсем бе екен? Не істеу керек? Әрине мамандығым бойынша газет жұмысына бара аламын. Қазір осы жайды ойлап отырмын. Теледидар мені тәрбиеледі. Елгезек журналист, еркін жүргізуші, зерделі комментатор етті. Бірнеше хабарларды эфирге бердім. Киноочерктер түсіріп, республикалық байқауларға қатысып, дипломант, лауреат атандым. Суретші, мүсінші Көкен Темірғалиев, ұшқыш-сынақшы Ғалым Шишов, Социалистік еңбек ерлері Күләй Шарбақбаева, Әнес Ахмедиев, Кеңес одағының депутаттары, академиктер мен профессорлар, әншілер мен күйшілерді, атақты ақындар мен жазушыларды және басқа да мамандық иелері, студеттер мен оқушыларды, мұғалімдерді, дәрігерлерді жұртшылыққа таныстырдым.

            Сұбхат алдым, оларды насихаттадым. Тікелей эфирден көрсеттім. Еңбек жолдарын, өнерлері мен алға қойған мақсаттарын кино тілімен жеткіздім. Кеңес одағының батырлары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Серікбай Мүткенов, Қанаш Қамзиндердің ерліктерін баяндайтын деректі фильм-хабарлар жасадым. Іздеген адамға іздене берсең әлі де талай-талай тақырыптарды өмірге әкелуге болады. Тіпті киносценарист болуға да болады. Оған тәжірибемде, насихаттық қабілетім де, техниканың мүмкіндігі де жетеді. Алайда менің өзіме өзімнің көңілім толмайды, сөйлемдерді келте қайырып, жазу шеберлігімді дамыта алмай қалдым.

            Жазу жазғым келді. Әдеби шығармаларды мен жазбасам кім жазады? Әдебиет -адам тану ғылымы дейді.  Бір шумақ өлеңнен бастап, том-том эпопеяға дейін шығарманың ұйытқысы адам болуға тиіс. Качегар екенсің, көмірді молырақ сал отқа, көздеген жеріңе тезірек барасың. Ақын екенсің, адамды жаз, адамның іс-еңбегін, оның ой-арманын жаз, мыңдаған оқырман жақсыдан тәрбие алады, жаманнан безінетін болады. Гүл туралы да, табиғат  туралы да жаз. Бірақ сонда адам қатысы көрінекі сұлулық деген ұғым да өзгерді. Біз қазір өмірдің  ішкі мазмұнды, тұрпаты сәнді құбылысын ғана сұлу деп атай аламыз. Ұйқастың әдемі болғаны дұрыс. Бірақ солардың көбі ақсақ ойдың балдағы ғана секілді. Ойды ақсатпау керек. Ойлап отырсам, безбендеп қарасам, біздің облыстан талантты ақын қыздар да жазушылар әзірге шыққан жоқ. Неге? Қазіргі кезеңде балаларымыз уызынан өзге тілде сөйлеп, орыс мектептерінде оқып жатыр. Олардың ішінен қазақ тілінде шығарма жазып, тасты жарып шығатын шешек гүлдер болады деп айта алмаймын. Тоқырау болады. Себебі уызынан ана тіліне жарымаған баладан не күтуге болады?          Ертістің Кереку өңірі ақындар мен әншілердің, жазушылар мен ғалым-академиктердің отаны. Тұңғыш академик, алғашқы режиссер, сурып салма өнердің ақтаңгері айтыскер, ота жасаудың шебері хирург- дәрігер тұңғыштардың бәрі осы өңірден шыққан. Күні кеше Иса сияқты айтыскер ақынды, әнші сырнайшы, композитор Майра мен әнші-композитор, ақын Естайды, Қазақстанның кен  байлығын ашып, алтын мен мысты, одан да басқа қазба байлығымызды тапқан, орнын да көрсетіп берген ғалым-академик Қанышты, Марғұланды, кинорежиссер Шәкенді тудырған өлкенің ізбасар таланттары әттең-ай, өшіп қалар ма екен? Олар қайда? Неге көрінбейді. Жарық етіп неге шықпайды. Олар шығады әлі, туады. Әзірге ортаңқолды біздер үлгі өнеге көрсетейік, алға болашаққа қарайық, өзімді жалықтырмайын, өзімізді өзіміз бағалайық. 

***

            Қарағым Шолпан! Хатыңды алып, хабарласа алмай ұзартып алдым. Оған себеп "Жалын" баспасындағылардың бірі табылса, бірін тауып сөйлесу қиынға түсті. Бүгін бөлім меңгерушісі М. Қаназовпен, осының алдында Өтежан Нұрғалиевпен тілдескем. Екеуі мен айтқан соң, жібігендей әлпет білдірді. "Бастау" атты топтама жинақтар қатарына қосып шығаруға уәде етті. 1982 жылға. Өтірік айтса, өздеріне көрінсін дегендей. Жаза бер, жаңа нәрселер тудыруға талаптан. Павлодар өңірінде өткен Майра апай сияқты әйгілі адамдар жайында (Ж.Мұса, С. Махмұт, Естай, В.Иванов, Н.Потанин т.б.) цикл өлеңдер жазып көр. Ағаң Мұзафар. 13.03.81 жыл. Иә, ақын ағаларым қамқорлығын жасап жатыр.  Кітап шығару үшін сол жақта  жүру керек. Басы-қасында болмасаң, алыста жатқан ауыл ақындарының өлеңдері жарық көрмейді. Оған көзім жетті.

            Мұзафар аға кім? Ол кісі Қызылтаң колхозының қасындағы Қызылағаш ауылында дүниеге келген қазақтың атақты да, белгілі ақыны. Бүгінгі күнге дейін бірнеше кітаптарын баспадан шығарды. Балалар тілінде өлең жазады. Сегіз қырлы, бір сырлы. Мақал-мәтелдерді жинап кітап шығарды. Мұзағаның "Естай-Қорлан" поэмасы бар. Естай Краснокутскі ауданының  Ақкөл  деген ауылында дүние есігін ашқан. Атақты композитор, өзі әнші. Біржан сал, Ақан серілермен бірге жүрген. Естайдың шығарған өлеңдерін әнші Байғабыл Жылқыбаев нақышына келтіріп, әдемі орындайтын. Байғабылды жеті-сегіз жасымда көрдім. Қызылтаңға келіп Есімхан атамыздың үйінде қонақ болды. Ол кісі ұзын бойлы, шоқша сақалды өте сымбатты, көрікті адам. Қолында қорапқа бүктеп салған домбырасы болатын.

            Әлі есімде Есімхан атамыздың үйіне бүкіл ауыл жиналды. Үй ауылдың екінші шетінде, бөлме іші кең. Бала болсам да үлкендерге еріп мен де бардым. Байғабылдың әнін тыңдауға келгендер жайғасып отырды. Ол кісі тамақтан соң домбыраның қабын шешіп, шанағын жоғары көтеріп, тиегін орнына келтірді, күмбірлетіп күйледі. Одан кейін асқан шеберлікпен ойнай жөнелді. Қара көлеңке болып тұрған бөлменің іші жарқырап кетті. Әдемі қоңыр даусы құлағымда қалды. Кейін радиодан да естігенмін. Ал бала кезімдегі әсерім керемет еді. "Жағалап Қарт Ертісті Естай ақын, деп салған "Жайма қоңыр" әннің аты, аха-ха-хау" деп біткенде алқа қотан отырғандар ортадағы әншінің малақайына ақшаларын салып жатты. Әбіш атам ба, әлде Елеусіз әжем бе, ортаға жүзігін тастады. Мен онда ол ақшаны неге жинап беріп жатқанын түсінгемін жоқ. Бірақ әндерін тыңдап, бала болсам да керемет әсер алдым. "Бір мысқал" әнінің екі үш жолы ойымда қалды. Түнде әуені түсіме кірді. Домбыраға қосылып айтып отыр екенмін. Ал Мұзафар ақынның поэмасы Естайдың Қорланға деген шынайы махаббаты жайында болатын.

***.

            Жаздың жайма шуақ күндерінің бірінде, яғни 1982 жылдың шілде айында  Павлодар облысында СССР-дің 60 жылдығы құметіне қазақ әдебиетінің күндері өтті. Ақындық пен жазушылыққа жақынмын деп жүрген маған да осы шараның бел ортасында болу бақыты бұйырды. Телевизиялық хабарлар жасау үшін жоспарлар құрылды. Әр кеш сайын эфирден дөңгелек үстелде сұбхат жасайтын болдық.  Қазақ әдебиеті күндеріне СССР Жоғарғы Советінің депутаттары, СССР және қазақ ССР мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары бірге келді. Әрине бізге бірінші кезекте Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші секретары Жұбан Молдақалиев бастаған қалам қайраткерлерімен кездесу қажет еді. Сондықтан ресми кездесулерді жаңалықтар редакциясы киносюжетке түсірді. Келген қонақтар алдымен Павлодар қаласының көрікті жерлері мен өндіріс орындарына барды. Павлодар трактор заводы 1968 жылдан бастап Волгоградтың ДТ-75 маркалы тракторына ұқсас"Қазақстан" тракторын шығара бастаған. Алюминий заводы Торғай бокситінің негізінде жұмыс істейтін. Завод алғашқы тотығын 1964 жылы берген. Бізде  Омбы қаласынан тартылған400 шақырымдық құбыр арқылы келетін мұнай  негізінде арнаулы айыру заводы да ашылған болатын. Келген меймандар Патшалық ЯРесей кезінде тоңмай,сабын, кірпіш өндіретін шағын қыстақ болған жердегі үш қуатты жылу электр станциясын көрді. Бұлар Екібастұз көмір негізінде жұмыс істейтін.

            Павлодар қаласында бұған дейін 1975 жылы жас жазушылардың слеті өткен еді. Ақын-жазушылардың ішінде сол слетке қатысқандар болды. Міне содан бері біраз жылдар өтті. Бұл сапарда ақын-жазушылар топ-топқа бөлініп, облыс аудандарына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Көрнекті жерлерін аралап көрді. Баянауыл ауданына Жұбан Молдағалиев бастаған ақын-жазушылар барды. Әди Шәріпов бастаған топ Шарбақты ауданында болды. Астаналық қонақтарды барлық аудандар жылы жүзбен қарсы алды, ақындар өлеңдерін оқыды, жазушылар алдағы жоспарларын айтып берді. Екібастұз қаласына Қалаубек Тұрсынқұлов, Сәкен Жүнісов,  Иранбек Оразбаевтар барса, Ертіс ауданында Аманжол Шәмкенов, М. Жаманбалинов қонақ болып қайтты. Сол сияқты Железинка, Качиры аудандарына Сәтімжан Санбаев, Жұмакен Нәжімиденов, Кеңшілік Мырзабеков, Қоғабай Сәрсекеевтер барып, кітапханаларын көрді, мектеп оқушыларымен кездесті. Ермак қаласындағы әдеби кешке Нұтфолла Шәкенов, Аян Нысаналин,  Медеу Сәрсекеевтер қатысты. Алды шетелге танымал болған ақын-жазушылар осы сапарда өнер жолына, ақындық жолға аяқ басқан жастардың шығармашылық жолын ашты. Ақыл-кеңестерін, қолтаңба алды. Жергілікті телевизиядан  екі мәрте  хабар ұйымдастырылып, ақын-жазушылар Павлодар облысынан алған әсерлерін, болашақ жоспарларын әңгімеледі. Сөз келісінде жастар болашақта  Дихан Әбілов, Әди Шәріпов, Ахат Жақсыбаев  секілді романдар мен әңгіме -хикаяттар жазуға отыратытын жеткізді.

***

            Адам ақын болмайды, ақын болып туады. «Пешенеге жазылды» деген ұғым, түсінік бар. Ақындық сол пешенеге жазылатын құбылыс (қасиет емес). Қасиетті жүре келе, үйрену арқылы қондыруға болады. Ақын болу қай уақытта да оңай болмаған. Ал енді ет пен терінің арасында жастықтың буымен өлең жазуға болады. Бұл кез келген қазақ өлеңші деген ұғымнан өрбіген сөз. Жас кезде романтикалық, алып-ұшпа көңіл-күймен немесе филологиялық білім алып, өлеңнің жазылу техникасын меңгеру арқылы өлең жазыла да береді. Тіпті XVII-XIX ғасырларда Ресейде «өлең қалай жазылады? Қалай жазылу керек?» деген сабақтар өткен. Мысалы, Пушкиннің кезінде лицейде өлең жазуды үйреткен. Ал кейін XIX ғасырда бір отбасы өзінің үйінде мектеп ашып, өлең жазуды оқытқан. Біреулер бүкіл ұйқастарды тізіп, сол ұйқастарды орнына қою арқылы өлең жазып үйренген. Мысалы, любовь, вновь, кровь деген сөздерді тізеді де, сөйлемді құрай береді. Мысалға, «Елім-айды» алсақ, ондағы ұйқас «көш келеді», «бос келеді», «жас келеді». Міне, ұйқасы болса, сөйлемді құрай салып, өлең шығаруға болады. Бұл–өлең жазуды үйрену. Жазу, бірақ туу емес.

            Ақынға қандай қасиет керек? Ең бірінші, сөз жоқ талант керек. Сосын еңбек, білім керек. Білімсіз ақын-ақын болмайды. Ақынға ақылға қарағанда сезім көбірек қажет. Өйткені, сезіну-адам баласына Алла берген қасиет. Сезімі мен білімі ұштасқан ақыннан интеллектуалды поэзия туады. Ақын көре білгенін ұқсата алса жақсы. Мысалы, мен айды бірде борсық сияқты, бірде аттың жағы, бірде пілдің құлағы сияқты көремін. Көре-білгіштік ұқсата алсаң, жақсы теңеу тудыруға көмектеседі. Ақынға қажет тағы бір басты қасиет-таңғала білу. Мысалы, әдемі бір талды көрді. Талдың бұталары қыздың бұрымы сияқты төмен салбырап тұрады. Соны көрген адам тамсана алса, онда ол адам – ақын. Шабыт пен шеберлік үндессе - шедевр туады.

            Ақынның қарапайым адамнан айырмашылығы неде?  Қарапайым адам да таңдана алады, көреді, сезеді, ұқсата алады. Ақынның осы тұрғыда қарапайым адамнан айырмашылығы-оған  Құдай ұйқастырып өлең түсіретін  құбылыс берген. Байланыспай жатқан сөздер мен сөйлемдерді, дыбыстарды ақын үндестіреді. Ақынның құдіреті сөзді реттеу, үндестіре білу. Егер бейнелеп айтсақ, Алла тағала-бірінші ақын. Ол дүниенің бәрін үйлестірді, күнге- түнді, жақсыға- жаманды, аққа қараны жаратты. Пайғамбарлардың барлығы ақын болған. Егер Құранды ашып оқысаң, оның өзінде поэзия бар. Әрбір сүрені оқығанда, дыбысына құлақ түрсең, ұйқасып, үндесіп жатады. 

            Бала кезде өлең жазу- еліктеуден туады. Бірақ өлең жазатын балаларға Құдайдың бергені бар. Ондайды қазақ «түртіп тұрған бірдеңесі бар» дейді. Ал ол ары қарай қалай дамиды? Мәселе сонда. Енді «түртіп» тұрған құдіретті дамыту үшін не істеу керек? Еңбектену керек. Күйші күйді орындамас бұрын, домбыраның құлағын келтіреді. Ақын да сондай болу керек. Яғни, өзінің ақындығын, шабытын күйге келтіре білсін. Соған көңіл-күйін дайындап, көп оқыған баладан бірдеңе шығады. Ақынға жоғарыда айтқанымдай көру, сезу, таңғалу факторлары жұмыс істеп тұрса, бәрі еңбекпен ұласа береді. Адамзаттың 70 пайызы бала кезінде өлең жазады екен. Өйткені, біреудің өлеңін оқу арқылы өз көңіл-күйін дәл солай жеткізуге ұмтылу- өлең жазуға итермелейді. Поэзияға нақты анықтама жоқ. Ақынның жұмбақ болатыны да сондықтан.

            Ал шын мәнінде «ақын кім?», «поэзия не?» деген сауалға жауап бере алмаймыз. Есте сақтайтын бір нәрсе-ақын болып туу бар, ал ақын болып қалу кез келгеннің маңдайына жазылмайды. «Ал ақын болып қалу үшін не істемек керек" Ақындық күтінуді қажет етеді. Талантты күту керек. Оны отқа да, күлге де сала бермеу керек. Поэзияны күту деген- жетілдіру, оқу, іздену. «Нағашыма», «Бабама», «Тағама» деп өлең жаза берсе, қасиет кетіп қалады. Адамның адалдығы, адамгершілігі бұзылған тұста ақындық та шегінеді. Шабыт кеткесін ерінбеген етікшінің кері болады. Қай жерде кәсіпқойлық басталса, сол жерден шығармашылық қашады. «Қазақ өлеңші халық» деген ұғыммен өлең жазып жүргендер көп. Мысалы, ақ өлең, ұйқассыз өлең, ырғаққа құрылған өлең дегеннің бәрі жалған сөздер. Ұйқассыз өлең жазушылар «бірінші, идея маңызды» дейд. Идея ешуақытта поэзия болған емес, болмайды. Идея философияға, мемлекеттік құрылымдарға керек. Идея саясаттың шаруасы, ақындікі емес. Иә, осы қағидалардың өзі біле білгенге үлкен сабақ. Маған да сабақ болды.

***

            Күнделікті телевизия хабарларын эфирге шығарып, ойнап-күліп жүргенде екінші  қызым мектеп табалдырығын аттады. Пәтерім бар, жағдайым жақсы. Жеті жылдан кейін тағы да нәрестелі болғым келді. Бір рет ота жасалған соң, кейінгі балаларды да ішімді жарып алады деп қорықсам да, дәрігерге көріндім. Жүктіліктің үш-төрт айынан бастап, Люция Ақботина деген әйелдер дәрігеріне көрініп, ауруханасына жаттым. Жеті айға жеткен кезде балалар босанатын үйге жедел жәрдеммен түстім. Қазан айының жиырма екісінде дәрігерлер бала мен ананың өмірі үшін күресті. Қиын операция жасалды.

            Сенбі күні болатын, Тамара Кривошеева деген хирург-гениколог дәрігер шұғыл жасалатын операцияға демалып жатқан жерінен шақыртумен келіп, үш сағат операция үстелінде тұрды. Мен есімді біліп жаттым. Ұйықтатуға рұқсат бермедім. Қан қысымым төмендеп кеткенде, дәрігерлердің, көмекшілердің жүгіргендерін көрдім. Дәрі жіберді. Қыз бала өмірге келді. Қарнымды, кесілген жерімді тікті. Операция бітті. Мұнан кейін таза қан құю керек деген соң, анестизолог дәрігер ме, жай дәрігер ме, қасыма қатар жатып, тікелей қан берді. Қан құйылып жатқанда дәрігер Кривошеева байқамай өкінішін айтып қалды. Естідім, шошып кеттім. Ішімде бірдеңе қалып қойды ма деп зәрем қалмады. Жоқ, олай емес екен, ол үйіндегі нан пісіретін пешке пирог қойыпты да, астын сөндіруге ұмытып кеткен. Қорыққанға қос көрінеді деген осы.

            Әрине үйдегілер ер бала болады деп күтті. Алланың бергені қыз болды. Осы қызыма жүкті болған кезімде Люция Халитқызы Алматыға барып, тексерілуге болады, қазір менің қызым Гүлнәр Салауатовна сол бөлімшеде эксперт-дәрігер деп ақыл айтқан. Ғылымның жаңа дами бастаған кезі. Ішімді айнаға түсіріп қарай ма, әлде қан арқылы анықтай ма, ол жағынан хабарым болмады. Әрі құдайдың бергеніне риза болайын, бұрынғылар да, алдын ала білмей-ақ балаларын өмірге әкелді,- дедім де, ондай қадамға бармадым. Операция ауыр болды, үш-төрт ай бойы өз қалпыма келе алмадым. Жаңа жылда қан қысымым көтеріліп, жүрек-қан тамырлары бөлімшесіне жедел жәрдеммен түстім. Ұйқы-күлкі көрмедім. Күн мен түн бірдей секілді, айыра алмайтындай жағдайда болдым. Аурудың емі дәрі-дәрмек қана емес, мен Роза Сұлтанованың, емдеген дәрігерімнің жылы сөзі мен мейірімге толы жанарымен, үміт отын жағатын көзқарасымен емделдім.

            Әрине сырқатымды ойлап жүріп, екі-үш айдай кішкене Айнұрыма да аналық мейірімімді көрсете алмадым. Жүйкеме салмақ түсті. Дәрігерден шықтым, жаз бойы үйде болдым. Күзге қарай кәсіподақ комитетінен Қара теңізге жолдама алып, Москваға ұштым. Одан Ленинградқа барып, Қара теңіздің жағасындағы Анапа деген курорт үйіне жеттім. Осында демалдым, емделдім. Инемен емделіп жатқандарды көріп, ақша төлеп, үш-төрт сеансын алдым. Бұл әдісті дәрігер жасырын түрде жүргізді. Өйткені рұхсат етілмеген ем түрі болатын. Айнұр жеті айлық болып, шала туған. Жасанды  ана сүтімен өсті. Өте нәзік, аурушаң болды. Өзім күте алмаған соң, ауылдаға жеңгеме апарып бергемін. Бір күні қатты ауырып, ыстығы көтеріліп, ол да балалар ауруханасына түсті. Ұзақ емделді, үшінші топтағы қанды әкесі Қанат берді. Кішкентай қызымыз екеуміз бір жыл аурудан шыға алмадық. Десем де, Алланың мейірімі түсіп, аман-есен өз-өзіме келіп, қызметіме оралдым.

            Жастарға арналған "Құрдастар" хабарын декретте жүргенімде менімен жасы шамалас Айтбай Алдоңғаров дайындап, эфирге шығарып жүрді. Негізі ол зоотехниктің  оқуын бітірген. Жазуға қабілетті. Алматыға барып, Қаз Гу-де сырттай оқуға түсіпті. Журналист болғысы келіпті. Семьясы бізбен көрші Суворов көшесінде тұрады. Бір ұл,бір қызы бар. Әйелі Раукен "Жасыбай" дүкенінде істейді. Қызметіме оралған соң жастар мен балаларға арналған хабарларды өзіме қайтарып берді. Айтбай әдеби хабарлардың редакторы болды. Уақыт өзі емші емес пе, күн өткен сайын бұрынғы қалпыма келдім. Бірақ тез шаршаймын. Бұрынғыдай емес, салмағымды да жоғалттым. Сұлуланып кеттім деп айта алмаймын, солай десем де экран алдына шығатын бет-келбетім өзгерген секілді.

***

            Әрине жергілікті телеарнаның алғашқы телевизиялық хабарлары менің ғана емес бүкіл Ертіс өңірі жұртшылығының есінде болар. Әлі есімде, ауыл тұрғындары айына бір рет клубта көрсетілетін киноны үйдегі теледидардан көреміз деп қуанышқа кенелген. Ол жылдары теледидардың көк қобдишасын дүкендерден сатып алу оңай болған жоқ. Біздің ауылда алғашқы телевизор мектеп директорының үйінде болды. Қалтасында қаражаты барлардың өзі қара қобдишаны қала дүкендерінен  әрең тауып әкеліп, ауылға жеткізгені есімде. Мен алғашқы хабарды көріп отырып, үш жылдан кейін телевизия орталығына қызметке орналасып, тұңғыш бағдарламаларды, яғни теледидар тарихына енген хабарларды жасаймын деп ойламаған едім

            Бұл 1969 жыл болатын. Жаңа дүниелерді жүрексінбей қабылдайтын жастық шағымда бойымда қиындықтарға төзе алатындай күш қайрат болды. Олай дейтінім теледидарда қызметін жаңа бастаған тәжірибелі журналистердің өзі ғажайып та беймәлім қызмет түрімен бетпе бет келіп, іздену мен үйрену, оқу мен тоқуды бастарынан кешіріп жатты. Теледидар арқылы жұртшылыққа ақпарат тарату, газет сияқты жазып бере салумен тынбайтын. Қаламгерлерге таңсық дүниені көзбен көріп, қолымен ұстап, көңілге тоқып, қысқа да нұсқа, түсінікті  етіп эфирге шығару, бұл өзі бастау шегінде тұрған маған оңай болған жоқ. Менің көріп білетін, үйренетін өткен жолым болған емес. Жастарға арналған алғашқы телехабарларды жаңадан ойластырып,  өмірге әкелдім. Тың жерге түрен салдым.

            Павлодар телевизиясы жаңадан эфирге шыққан кезде көркемсуретті фильмдерді көрсетіп, күнделікті жаңалықтарды эфирге  дайындап, шығарды. Екі тілде жаңалықтарды оқитын дикторлардың бейнесі көрінді. Үлкен қатамыздың өзі сөйлеп тұрған телевизордағы адамдарды көріп, бұл қайдан келді, артында біреу тұрған жоқ па, деп қызықтап қарағанын көргемін. Әжелердің өзі "сайтанды сайратып қойдыңдар ғой" десе де, өзі әдемі диктор шыққан кезде қадалып қарап отыратын. Арада біраз уақыт өткен соң таспаға түсірілген қазақша концерттер көретін болдық. Одан кейін Павлодар облысынан тікелей дайындалған өзімізге таныс адамдар да экран алдына шыға бастады. Сөйтіп  орыс тілінде және қазақ тілінде екі хабар көрсетілетін болды.

            Ең бір есте қалған қазақ тіліндегі әдеби-музыкалық "Майра" бағдарламасы болды. 1966 жылдың бірінші қаңтарынан бастап хабар көлемі ұлғайды. Басты бейнелеу құралдары-қара ақ түсті кино мен фото суреттер пайда болды. Әрине кейін біліп отырсам,техникалық жабдықтардың бәрі 100 шаршы метрлік студияға орналасыпты. Оның ішінде КТ-5 үлгідегі телекамера, 3 МЭЗ стационарлық магнитофон, 2 монитор, аспалы журавль микрофоны және устелге қойылатын бірнеше микрофондар  болған. Жаңадан редакторлар қызметке қабылданған.  Мен қызметке келгенде таспаны монтаждайтын, өңдейтін, тексеретін цехтар ашылды.  Бұдан басқа да хабарды дайындауға қатысты техникалар көп болды. Мұны айтып отырған себебім, журналистерге жазу жазып беруден басқа, осылардың бәрін біліп, олармен жұмыс істеп, тіпті экран алдына жүргізуші ретінде шығу керек болды.

            Қазақ редакциясында Рахат Балтабаев бас редактор және Айтбай Мұздыбаев, режиссер Әнуар Қалиев болды. Бұл үш азамат қазақ редакциясының шығармашылық негізін қалады. Әрине бұл арада  дикторлар  Болатхан Сейтқалиев, Нағима Баядилова, дыбыс режиссері Нәсипа Айтбаевалар туралы айтпай кету мүмкін емес. Жастарға арналған"Құрдастар" хабарын мен осы ұжыммен ақылдасып, кеңесе отырып эфирге дайындадым. Алғашқы жылдары редакцияның жоспардағы жұмыстарын атқара беретінбіз. Хабар жаса десе оған сценарий жазатын едік. 1970 жылы Павлодарға  жылжымалы телестанция (ПТС) әкелінді. Бұл техниканың келуімен бірге  мерекелік шерулерді, репортаждарды уақиға өтіп жатқан жерден тікелей беру мүмкіндігі туды.

            1971 жылы Қазақ ССР-інде бірінші болып Павлодар радиотелеорталығы бейнежазу аппаратурасын пайдаланды. Жыл сайын хабар көлемі де ұлғайды. "Құрдастар" хабары айына бір рет шығып тұрды. Онда ауыл  жастарының бос уақыты, оқу орындарындағы студенттермен диспут, кездесулер, екпінді құрылыстағы жастар жайында жарты сағаттық хабарлар дайындалды. Мен қызмет істеген жылдары республикалық қазақ телевизиясының жастар хабары редакциясымен шығармашылық байланыста болдым. Телевидение өнердің бір саласы еесебінде өз бағыт-бетін айқындау кезеңін бастан кешірді. Әр жыл сайын телевизиялық хабарлардың фестивалі өткізілді. Фестиваль программалары көптеген творчестволық тартыстар тудыры, көптеген мәселелерді айқындап ашуға мүмкіншілік тудырды.

            "Жолдас" фестивалі-жастар программасын даярлайтын журналистердің үлкен мектебіне айналды. Республикалық фестивальге киночерктер, теленовеллалар, телерепортаж дайындалып, сараптаулардан өтіп, байқауларға қатыстық. Алматыда өткен алғашқы телефестивальге облыс орталықтарындағы телестудиялардан басқа Москва, Ленинград,Эстония, Қырғыстан, Арменияның телеорталықтары да қатысты. Шығармашылық талдауда киножанрлары, сценарий жазу, кино түсіру секілді мәселелер сөз болды. Бірінші фестивальде күйініштер мен өкініштер көп болса, кейіннен жолдастық шынайы талдаулар мен тәжірибе алмасудың нәтижесінде тек қана арнайы фестиваль үшін дайындалған программалардың ғана емес, сонымен қатар журналистердің күнделікті жұмысының деңгейі, мәдениеті туралы айтылды.

            Республикалық "Жолдас" фестивалі әр жыл сайын облыс орталықтарында өткізілді. 1979 жылы ІХ-шы "Жолдас" телефестивалі  Павлодар облысында өтті. Бұл шараға Қазақстан ЛКСМ комсомол комитеті қолдау көрсетіп отырғандықтан, Павлодарда жергілікті комсомол комитеті ұйымдастыру шараларын қолына алды. Облыстардан келген қонақтарды қарсы алу, қонақүйлерге орналастыру, облыстың ғажайып жерлерін аралату, саяхатқа апаруға жоспар құрылды. Эфирден берілетін хабарлар мен фестивальге әкелінген кинокөрсетілімдерді іріктеу  шығармашылық ұжымға тапсырылды. Олардың құрамында кино саласында қызмет істейтін сценаристер, ақындар, жазушылар, атап айтқанда Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің секретары У. Қасенов, Қазақ телевизия программаларының директоры И. Фидель, Н. Белканова, Ж. Ерманов, Қ. Игісінов болды.  Әр күн сайын  "Жолдас" фестивалінің әдемі сазды әуені (позывные) әр үйдің төрінен естілді. Басқа облыстан келген меймандарды "Ракета" жүзу кемесімен серуендетіп, Ертіс өзенінің арғы жағалауындағы демалыс үйіне апардық. Мұнан басқа өндіріс орындары мен мал шаруашылығы комплексін аралады.

            Алматыдан келген қонақтар біздің шаңырақта қонақ болды. Қазақтың ежелгі дәстүрімен еденге кілем төсеп, дастархан жайып, табақ-табақ ет қойып, қымыз құйып сыйладық. Оңтүстіктен келген журналистер орыстанып кетті деп жүрген қалада шалқиып жатып тамақ ішті. Олар біздің биік үстелде, орындықтарда отырады деп елестетсе керек. Республикалық "Құрдастар" программасының  жетекшісі Жүрсін Ерманов: "Көңіліңе тойдық, Шолпан-жан, Кереку керім жеріңде. "Жолдастың" жырын шалқыттық, шынтақтап жатып төріңде. Лайық екен өзіңе, серігің-Қанат серің де, Төбесіне көтерсін, құрметтеп туған елің де!"-деп өлең шынайы ризалық көңілімен жыр жолдарын арнады.

            Біздің қазақ редакциясы әр жылдары осы фестивальдерге Шұбартаулықтардың үлгісімен шопандар бригадасына барған мектеп түлектері туралы киноочерк, мүсінші Көкен Темірғалиев туралы "Құштарлық" киноновелласын, ұшқыш Ғалым Шишов туралы және Екібастұздың екпінді құрылысынан түсірілген "Қыздар" атты телехабарларды көрсетті. Байқауларға қатысқан хабарлардың барлығы да лауреат атағын алды. Ал "Қыздар" телеочерк облысаралық яғни республикалық байқауда бас жүлдеге ие болды. Ол кездері үздік  телехабарлар Москваның "Время" хабарынан көрсетілетін. Республикалық жастар хабарлары редакциясындағы Жүрсін Ерманов, Нұртілеу Иманғали, Құсман Игісіновтер облыс орталықтарындағы жастар редакциясының хабарларының да сапалы дайындалуына өз үлестерін қосқан жандар. Мәселен Құсман Игісінов менің "Биіктік" деген киноочеркіме пікірін, пайымдауын жазды. Мен ұшқыш Ғалым Шишов туралы   киноға түсірмей тұрып, қолжазбамды қолына ұстаттым. Таңдаған мамандығың-романтикалық мамандық. Демек геройың да романтик болуға тиіс. Ол әрі жас, әрі қалаған -армандаған мамандығын меңгеріп, арманына қолы жеткен жігер иесі. Тақырыбың "Биіктік" деген менің көкейіме "высота" ның баламасы сияқты, орысша естіліп тұрғандай. Қазақ биіктік деп айтпайды, биік, заңғар, т.б. дейді ғой. "Биіктікке шықты демейді, биікке шықты дейді. "Биіктік" деген географияның оқулығындағы термин. Сондықтан тақырыпты басқаша, қазақша алу керек. "Биіктік" деген жаттанды. "Шығар тауың биік болсын "-деп бата береді. "Заңғар" деген жақсы ат.  Болмаса Абайды еске ал,  "Тәңірінің берген өнері, көк бұлттан ашылса..Егер геройдың аты Заңғар болса ғой, керім болушы еді. Қыран, қаршыға,сұңқар ( құстардың аты) "Қанат талмас" "Ғалымның ақ құсы" немесе "Ғалымның қанаты" т.б. Киноның ашылуы лайнердің ұшуға дайындығы, т.б.  Неге бірден анасы сөйлейді? Менің ойымша журналистің толғауы осы жерден бастау алуы керек. Заңғарлық, еркіндік. Геройдың монологы, аспан, бұлт, қалықтаған құс, күн, ай, спутник. Аспаннан қарағандағы жердің сұлулығы, өңірдің әдемілігі,, Екібастұздағы көмір разрезінің үстімен ұшып бара жатқандағы Ғалымның ойлары, монологы синхронмен жазылсын. .Мысалы биіктен қарағанда жап-жазық боп жатқан дала, немесе, жолбарыс жонды таулардың астына бабалар қаншама байлық көміп кеткен десеңші? Осы көріністер журналист сөзімен көркемделгені дұрыс. Ғарифолламен достығын қалай киноға түсіресің? Оны ойлан керек.  Екеуінің серуендеп жүргені депсің. Семьясын да алу керек.  Спортпен байланыстырған жөн. Самолет ұшып кетті, анасы ақ жаулығы желбіреп, қолын бұлғап қала берді. Ол дұрыс. Самолетті жерге қондыру керек. Құс қанша биікке ұшса да, табатын ырызығы жерде емес пе?" Құсман Игісіновтың пікірінен кейін мен киноочерктің атын "Қанат талмас" деп қойдым. Бұл очеркті көлемді етіп жашып, осы тақырыппен облыстық "Қызыл ту" газетіне шығардым. Міне осындай қамқорлық, пікір-алмасулар біздің шығармашылық  жағымыздан өсіп, жетілуімізге, теледидардағы қиындықтарды жеңе білуге үйретті. Тележурналистерді тәрбиелейтін орта қалыптасты..

***

            "Жолдас" телефестивалі менің басқа облыстарды аралап, олардың әдемі қалаларын көріп, тамаша еңбек адамдарымен кездесуіме себепкер болды. Көрші облыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, мәдени,  спорттық өсіп өркендеуі, игілікті істері  дүниетанымымды кеңейтті. Сол сияқты Павлодар облысында да  мен бармаған ауыл қалмады. Басқа республикаларға да жолым түсті. Келесі жылы "Жолдас" телевизиялық фестивалі Ақмола телестудиясында өтетін болды. Бұл жолы Екібастұзға энергетика станциясына комсомолдық жолдамамен келген қыздар туралы кинобаян түсірдік. Режиссері Ақмарал Шотанова. Кинооператор Тоқтар Ахметов екеуміз кино түсіру кезінде көп жаңалықтар аштық. Жаңадан ойлап тапқан дүниеміз де көп болды. Мен сөзін құрастырып, қыздардан сұбхат алдым. Кәдімгі фильм болды. "Тек қана қыздар" деп айдар тақтық, музыкамен көркемдедік. Он минуттың ішінде қаншама тағдырды сыйғыздық, олар әлеуметтік тіршілік қазанында қайнап жатты. Кино түсіретін топқа қала әкімі Даниял Кенжетайұлы Ахметов, комсомол ұйымының хатшысы Ерлан Смайловтар барлық жағдайды жасады. Өздері де сұбхат берді. Бүкілодақтық екпінді құрылыстың бәрін қамтымасақ та, салынып жатқан үйлерді көрсеттік. Қыздармен бірге жатақханаға  қондық. Мәдени шараларына қатыстық. Көрші совхоздарға барып, ауыл көріністерін түсірдік.  Оңтүстіктен келген сылақшы қыздардың ішінде семья құрғандары бар екен. Олармен бірге балабақшаға да бардық. Киноның мағынасы, сөзі мен мазмұны бір-біріне сай,  керемет болды. Монтаждауға отырдық. Синхрондарды жаздық. Киночерк дайын болды.   

            Ақмолаға республиканың он төрт облысынан жастар хабарының редакторлары, кинооператорлар, режиссерлер келді. Қазақ телевизиясының басшысы Камал Смаилов өзі қатысып, фестивальдің ашылуында эфирден сөз сөйледі. Бізбен бірге белгілі жазушы Оралхан Бөкеев, композитор Кеңес Дүйсекеев, әнші Нағима Есқалиева болды. Олар Алматы студиясы дайындап әкелген киноочерктің кейіпкерлері болатын. Байқоңыр телестудиясынан Абдол Сермағамбетов келді. Оның қызметі қазір Байқоңырда екен. Космонавтар туралы кино түсіріпті. Абдол Каз Гу-де журналистика факультетінде бірге оқыған Ләтипа Ысқақоваға үйленген. Абдолды университеттен білемін. Диплом жұмысыма рецензия жазған. Дәстүр бойынша Ақмолалықтар қонақ журналистерді кәсіпорындар мен ауылдарға апарды.

            Академик Бараев атындағы жел эрозиясынан қорғау ғылыми орталығында болдық. Бараевтың лабораториясын көріп, араладық, бидай сорттарын тамашаладық. Кешке қарай "Москва" қонақ үйіне келіп демалдық. Фестивальдің бағдарламасы бойынша студияға хабар көруге жиналып жатқанда сырттан бірдеңе құлап түскендей болды. Қабырға теңселіп кетті. Жүгіріп далаға шықсақ, "жетінші қабаттан адам құлады"- деп тұрғындар дүрлігіп тұр. Дауыс шыққан жаққа бардық. Абдолдың жансыз денесі жерде етпетінен жатыр. Абдол тәжірибе станциясына бармай қалған болатын. Не болғанымды білмедім. Біреу терезеден лақтырып жіберді ме, әлде өзі құлады ма, белгісіз. Не керек, милиция келді, ешкімнен ештеңе сұрамады. Дәрігер шақыртпады. Жұмбақ өлімнің жұмбағы шешілмеді. Биліктегілер редактордың жансыз денесін у-шусыз самолетпен Қызылордаға салып жіберді. Біз таң-тамаша болып, қала бердік.

            "Тек қана қыздар" киноочеркі бас жүлдеге ие болды. Осы сапарда мен бір жыладым, бір қуандым, бір ренжідім, өкініш өзегімді өртеді. Тіпті көңіл күйім болмады.  Біріншіден жас жігіттің кездейсоқ жағдайға душар болғанына қайғырдым. Өте жақсы жігіт еді. Неге бұлай болды? Екіншіден, қасымда жүрген қызметтес досым Ақмаралдың қылығына ренжідім. Ол соңғы аптада Павлодардан режиссер Үмітжанды шақыртып алып, меннен бөлініп, Алматыдан келген Рафаиль Жұмабаевпен, Құсман Игісіновпен армансыз қыдырды.Қонақ үйге қонбады. Қыдырғандарын құпия ұстады. Сырымыз да, жырымыз да бір деп ойлаған қыздардың қылығына таңтамаша қалдым. Сонда да ренішімді білдірмедім. Солай болуға тиіс шығар. Сонымен бас жүлдемізді құшақтап, Павлодар аэропортына келіп түстік. Алдымыздан Ақмаралдың жолдасы Ермек Шотанов шықты. Екеуі сағынысып, құшақтасып, ештеңе болмағандай, бетінен сүйіп қарсы алды. Мен  теріс айналып кеттім. Сонда не ойладым десейші? Есіме Абдол түсті. Әрине, пендеміз ғой,  аман-есен үйге оралғанға не жетсін!

 

4. МЕН  ЖУРНАЛИСПІН

            Облыстық "Қызыл ту" газетіне ауысуға шешім қабылдадым. Қалай болсын газет редакциясына оралуым керек. Жолы қандай? Бұрын өзім қызмет істеп кеткен жерім болса да, қанша мықты журналист болсаң да, әйел адам деп газетке қызметке алмайды. Оны жақсы білемін. Сол сияқты менің редакция  қабылдамайтын, әр түрлі себептері бар. Редакцияда қазір азуын айға білеген, жастары келіп қалған журналистер отыр. Ол бір, екіншіден Балтабай Сейсенбеков журналист емес, мәдениет қызметкері, газетке кездейсоқ келген адам деп есептеледі. Негізі Балтабай Бекжанұлының мінезі биязы, ешкімге орынсыз дауыс көтермейді, әйелдерге сыйластықпен қарайды. Газетке дейін облыстық мәдениет басқармасының бастығы болды. Өте мәдениетті, өзі сымбатты адам. Ұжым редакторды жегідей жеп жүр деп естідім. Тіс қаққан журналист Айтжан Бәделханов, Төлеубек Қоңыров, Әжібек Жүсіповтер редакцияға партияның тағайындауымен келіп қалған редакторды мүйіздейді екен. Редакция алқасы, екі орынбасар мені жақсы білсе де қарсы болуы ғажап емес.Сондықтан облыстық партия комитетінің идеология хатшысы Алма Мұқанқызы Әжібаеваның қабылдауына жазылдым. Партия айтты десе ауздарын аша алмайтынын білемін.

            Билік мекемесіне бармас бұрын айтатын сөзімді, қоятын сұрағымды, өтінішімді жаздым. Партия комитетінің есігін ашып кіру оңай емес. Күзетшілерден  өту үшін хатшының қабылдау бөлмесіне қоңырау түсірдім. Рұхсат берілді, өткелден өттім. Екінші қабатқа көтерілдім. Жүрегім дүрсілдеп, аяғымды алға қарай әрең сүйреп келемін. Шегінуге жол жоқ. Былғарымен қапталған екі бірдей ашпалы есіктің бірінен өтіп, екіншісіне, одан әрі төрде отырған түсі суық, бұйра бас апайыма жеткенше қанша уақыт өтті. Ол кісі орнынан көтеріліп, жылы шыраймен қарсы алды. Алма Мұқанқызы сырттай таниды. Мектепте оқып жүргенде Қашыр ауданында хатшы болған. Газетте жарияланған мақалаларымды, журналға шыққан өлеңдерімді оқып жүреді екен. Телевизияда істеп жүргенімнен хабардар. Өзімді таныстырып жатпадым, тікелей өтінішімді айттым. Себебін сұрады.-Газеттің жұмысы қиын екенін білесің бе?- деді. Газетке ауыссам, өзімше партияға өтуге де мүмкіндік болатынын қосып қойдым. Телевидение қызметкерлерін партияға сирек қабылдайды. Себебі біздің телевизия республикалық қазақ телевизиясының филиалы. Ал газет партияның органы болғандықтан, мұнда қызметтік сатымен өсуге мүмкіндік бар. Не керек, сөзімді өткіздім, ойымды жеткіздім.

            Алма Мұқанқызы тікелей телефонмен редакцияға қоңырау шалды. Арғы жақтан Балтабай  Сейсенбеков телефон құлағын көтердді. Амандық-саулықтан кейін апайым таза қазақ тілінде қызметке қабылдаңыз деп тапсырма берді. Хатшының сөзін редактор екі етпейді, жерге тастамайды. Орын жоқ деп айтуға да батылы бармаған секілді. Орынбасарларымен де ақылдаспады. Партия айтты- заң. Қоштасып шығып бара жатқанда -Хамза Тоқпанов кететініңді біле ме?- деп сұрады. Мен шындығымды айттым. Ақылдаспадым. Ертеңінде келісім бойынша Хамза Махамбетұлына кіріп, өтінішіме қол қойдырдым. Ол кісі қарсы болмады. Себебін де сұрамады.Тегінде Алма Мұқанқызы сөйлесіп, ескерткен болу керек. Сонымен он алты жыл қызмет істеген  үйдің іргесінде тұрған қызметімді қиып, Ленин көшесіндегі №144 -ші ғимараттағы редакцияның есігін аштым.

            Мені аудармашы лауазымына қабылдады. Редакция алқасы солай шешкен болу керек. Әрине мәтінді бір тілден екінші тілге тәржімалайтын аудармашы кәсіби маман болу керек. Бұл мамандықты қазақ тілі мен әдебиетінің кез келген маманы, журналист, тіпті ақын-жазушылар да бірден алып кете алмайды. Екі тілді меңгерген адам ғана талаптан шығады. Бұл кәсіпке өмір бойы үйрену, жаттығу керек. Әйтпесе аудармаға өрең жетпейді. Аудармашының еңбегі ауыр. Бұрын редактордың орынбасары болған Жылқайдар Қарпықовтың газеттің бір бетін машинист апайдың қасында тапжылмай отырып, бір сағаттың ішінде қазақшалап шығатынын көргемін. Ондай болу қайдан келсін. Жылқайдар аға Ертіс ауданыңда 1912 жылы туыпты. Соғыста болған, жарақат алған. Алматының жоғарғы партия мектебінің журналистика факультетін бітірген. Төрт баласы бар. Жасы қазір 73-те. Бұл кісіні аударма бөлімінде ұстап отыр. Хат бөлімінде майдандас жолдасы ақын Қиса Арықов істейді. Екеуінің де әскери шені офицер. 1963 жылы облыстық газет жабылып, "Тың өлкесі" газетіне қосылғанда, екеуі де Ақмолада газетте еңбек етіпті. Кейін 1965 жылы облыстық "Қызыл ту" газеті қайта ашылған кезде елге, Керекуге оралады. Міне содан бері, қарт журналистер газеттің ыстығы мен суығына бірге көніп, аға іні болып еңбек етуде. Екеуі  қатар отыра қалғанда, денелері ірі, еңселері биік, алып та, батыр адамдар секілді. Мінездері де жұмсақ, жүздерінен мейірімділік табы тұнып тұрады. Ақырын сөйлейді, байыппен айтады.

            Әрине маған теледидардағы жаңалықты қазақшаға аударған тәжірибемнің газетке келгенде аз да болсын пайдасы тиді. Бір жақсы жері мұнда үлкен мақаланы, телетайптан түскен орысша материалдарды, шет ел хабарларын емін-еркін көсіліп аударасың. Сөзбе сөз аударма, еркін аударма дегендер бар. Қиын сөздер кездесіп жатса, сөз байлығым жетпей қалғанда Төлеубек Қоңыровқа, Сәлімбай Ермұратовтарға барамын. Олар да аудармаға төселіп қалған журналистер. Білмегенімді сұраймын, түсінбегенімді түсіндіреді, үйретеді. Жаңалыққа жаным құмар. Алайда үйреніп алған соң, кәсібімнен жалығып кететін әдетім қалмапты. Көп ұзамай Қиса Арықов ағаны зейнет демалысына шығарып, мені сол кісінің орнына хат бөліміне ауыстырды.

***

            №2 аурухананың геникология бөлімінің меңгерушісі Люция Халитовна Ақботинамен жақын таныстым.-Әкемнен де шешемнен де өте жас қалдым. Олар ержеткенімізді көруді армандады. Өздері өмір сүрген аз уақыт ішінде болашақ үшін жалынды жастықтарын құрбан етті. Әкем Гурьев  округтік партия комитетінің секретары болып қызмет істеп жүргенде ішкі жаулардың жаласынан мерт болды. Олар өздерінің аңсаған биіктеріне  жете алмай кетті. Менің әкем Халит Ғани Мұратбаевтың досы болатын,-деді. осы әңгімені Люция Халитқызы көзіне жас алып отырып айтты. Түріне қарағанда басқа дәрігерлерден өзгешелігі жоқ орта бойлы, сұлу  да қарапайым, шынашақтай әйелдің жылап отырса да өн бойынан қайраттылықты, төзімділікті байқадым. Бұл дәрігерді қала тұрғындары ғана емес, облыс жұртшылығы біледі. Өйткені оның алдынан қиналып келген қаншама әйелдер, көмек қолын созуын сұрап келетін әкелер өте көп. Соңғы жылдары тіпті көбейіп кетіпті. Бұрын ауылдағы әйелдер айы-күні жеткенде көршілеріндегі әжелерінің, замандас әйелдердің көмегімен, толғағы жеткенде құрға асылып, сәбилерін дүниеге әкелетін. Егер олай-бұлай жағдайлар болып жатса, Алланың әмірімен көз жұмды деп, жылап-сықтап соңғы сапарға шығарып салатын.

            Қызылтаңда Қапар мен Жапар деген ағайынды отбасалары тұрады. Қапардың жан-жары баладан шейіт болып кетті. Жетім қалған сәбиді ағасының әйелі бауырына салды. Кейін сол ер бала аурушаң болып өсті. Әрине қазір заман басқа. Кез келген ана боламын деген әйелдерді дәрігерлер бақылауға алып, ақыл-кеңесін беріп, айы-күні жеткенде дәрігердің көмегімен босандырып, кіндікшеше атанады. Люция осы бөлімде қызмет еткелі Павлодар қаласында өмірге келіп жатқан қаншама нәрестелердің кіндікшешесі болыпты. Мен оның езу тартып, жымиып күлгенін, әдемі де, әсерлі сөйлегеніне куә болдым. Оның қос жанарында "бар өмірімді жақсылық жасауға арнасам, - деген шынайы сезім, ойына алған істі орындайтын батылдық пен жүректілік, сабырлылықты көрдім. "Қысқа жіптей күрмеуге келмейтін өмірімде өзім сүйген мамандығым арқылы  өзгелерге көмектессем, балалардың, аналардың денсаулығына септігім тисе, жоғары атақ абырой дәрежем сол деп білемін"-деді ол. Әрине ақ халатты абзал жан  үшін жоғары атақ  ана боламын деген әйелдерді аман-есен босандырып, қажет бола қалса операция арқылы ажалдан арашалап, ана мен балаға өмір сыйлаудан артық абырой бар ма екен? -Аяқ қолын бауырына алып, бейкүнә  сәбиін емізіп отырған ананың жүзін көру бақыт дейді дәрігер.

            Люция Ақботина 1950 жылы Гурьев облысыныдағы Теңіз  ауданында орта мектепті ойдағыдай бітіріп, Алматыдағы  медицина институтының емдеу факультетіне оқуға түскен. Профессор Полодин мен Қанша Сәтбаевадан тәлім алған. Ол оқуын оқи жүріп лаборант болып еңбек еткен. Оқуға ынталы жас үшінші курста көтермелеу  степендиясын алыпты. Емдеу факультетін үздік бітірген соң, қиындығы мен қызығы мол өзі қалаған мамандығы бойынша Павлодарға келеді. Осында №2 аурухананың геникология бөлімін басқарады. Әрине әйелдер босанатын бөлімді басқару үшін, бұл саланы меңгеру үшін қайтадан дайындық курсынан өту керек болды. Сол кездері тәжірибелі хирургтермен қатар тұрып бірнеше операция жасады. Әр түрлі себептермен өздері босана алмайтын, ішін жарып алатын уақытта соларға көмекке келді. Өзімен бірге М. Ерғазинова, К. Кожубаева, Н.В. Антимова, С.И. Колдасенко сынды тамаша адамдар еңбек еткен. "Мен олар болмаса осы бөлімді озат дәрежеге жеткізе алмайтын" едім", - дейді үлкен жүректі дәрігер. Люция Ақботина үлгілі, өнегелі семья. Жолдасы Салауат Тұрақбаев орденді алюминий заводының құю цехында балқытушы. Қызы Гүлнәр № 3 мектепті алтын медальға бітірген. Ұлы Дамир мектепте. Әрине биік адамгершілік иесі Люция Халитқызы туралы көп жазуға болады. Оның өмір жолы, әкесінің көрген бейнеті жеке бір кітапқа жүк болады екен. Атына затына сай қайсар қыз қазір әкесі туралы материалдар жинастырып жүр. Жазықсыз мерт болған жанның есімін қайта жаңғыртсам дейді.

***

            Бүкілодақтық санақ науқаны басталған кез. Біздің үйге санақшылар келді. Олар сұрақты орыс тілінде қойды. Олардың қолдарындағы анкетада ұлтың кім, қай тілде сөйлейсің, деген сұрақтар болды. Қыздарым жаңағы сұрақтарға жауап бере алмай қиналды. Өйткені орыс тілінде сөйлеген соң, ұлтым орыс деп жазғызу сұранып тұрды. Көптеген қазақ отбасылары солай жазды. Санақ барысындағы мәліметтер құпия болып қалды. Тұрғылықты қазақтардың саны азайтылып көрсетілді. Аралас отбасылар ойланбастан ұлтымыз орыс деп жазды. Орыс мектептерінде оқитын балалар да өз ана тілін орыс тілі деп көрсетті. Тағы бір проблема қазақ азаматтары осы кезеңде жұмыстарынан айрылды. Жұмыссыз қалды. Тіпті заводтардың өзі қазақ ұлтын, қандай маман болса да қызметке қабылдамай, жоғары білімі болса да, кейін қайтарды. Себебі көршілес мемлекеттерден келген кадрлар кедергісіз жұмысқа орналасып жатқан болатын. Билік орындарына да басқа ұлттың өкілдері бірінші кезекте қызметке тұрды. Дәл осы кезеңде зейнеткерлер де қиындықтарға тап болды. Зейнетақылары уақытында берілмеді. Тіпті екі-үш ай бойы төленбегендерге товармен өтелді. Ер азаматтар жұмыссыз қалған соң, үйде отырған әйелдер қаптарын арқалап, ұсақ-түйектерін алып,  базарға шықты. Ауылдағылар жалғыз сиырының сүтін сатып, басқа да сауда-саттық жұмысқа жегілді.

            Қазақ ауылдарында қазақ мектептері бірте-бірте алдымен аралас, одан кейін таза орыс мектебіне айналды. Балабақшалар жабылды. Бірен-саран бақшалар орыс тілінде тәрбиелеуге көшті. Оқырмандар, газетті жаздырып алушылар саны азайды. Әдет-ғұрып, салт-дәстүр ұмыт болды. Дін-апиын, -дедік. О дүниелік болған адамның жаназасын ауылдағы молдалар жасырын түрде, тығылып шығарды. Бала кезімде  қайтыс болған үйге баруға тиым салатын. Сонда да үлкендер көршінің жаназасы болды, Иманғалы молдалық құрды, құран оқыды деп айтып отыратын. Мен ес білгенде ол кісі құранын қолынан тастамай, жатқа оқып, молда болып жүрді. Ораза кезінде ауызашар беріп, құран-қатым шығаратын. Ал қалалық жерде ораза ұстайтындарды  сирек көретінмін. Тіпті жер үйлерде тұратын ағайындардың ауызашар берді дегенін естіген емеспін. Кеңес үкіметінің дін-апиын деп,  молдаларды "халық жауы" деп ұстап әкетіп жатқан кезде ол кісі оқуының күштілігінен аман қалып отырыпты. Естуімше Шәймерден молда Бұқарадан оқып келіп, ауылдағы көршінің қызына үйленген. Оқуы дін болған соң, дінге қарсылық болып тұрған заман болса да, молдалық құрған. Ауру-сырқауларды, жын ауруларын оқуымен қайтарып, ішірткі жазып, мойнына тұмар тағып, тіл көзден сақтайды деп үшкіріп беріп отырған. Молданың алдына барған науқастар дін-аман жазылып кеткен сайын, емшінің атағы елге жайылған. Тіпті көршілес Омбы, Қарасуық жақтан да арнайы келіп, емделген.

             Менің әкем Байғалы дүние салғанда ағамның айтуы бойынша бұрын "Қызыл ту" деген ауылда тұрған Шахман молда жаназасын шығарған екен. Ол кісінің де діни оқуы күшті болған адам. Шахман молданың алдынан сауығып кеткендер әлі күнге дейін біздің ауылда аман есен жүріп жатыр. Кеңес өкіметі қанша тиым салса да, менің әкем де құран оқыды. Ол кісі емшілікпен айналысты.Сынықшы болды. Есімхан атамның Сақыш деген қызы аяғын сындырып алып, жүре алмай қалғанда, әкем барып тобығын орнына қойып беріпті.Бұл әңгімені Сақыштың өз аузынан естідім. Көкшетауға тұрмысқа шығып кеткен Иманғалы атамыздың Шәкен деген қызы да кішкентай кезінде ескі үйдің кірпіштеріне секіріп жүріп, қолын сындырған. Әкем быт-шыт болып сынған қолының саусақтарын орнына келтіреді. Алақан жағындағы сүйегі іріңдей бергендіктен бүрісіп біткенін білемін. Жарымжан болса да, шаруасын істейтін. Менде құран оқу білемін. Әкем құлағыма құйған болу керек, хул-ху-алланы үш рет қайтара аламын. Араб тілін меңгергім келіп, университетте шет тілінің орнына араб тілінен дәріс алдым.

            Бізді арабтанушы Мәрзия Мәженова деген мұғалім оқытты. Сол кезде реферат жұмысына осы Шаймерден молда туралы жаздым. Ол кісіні көзім көрді. Бір аяғын сылтып басатын. Шәймерден молда жаназа шығарып отырған жерге милиция кіре алмайды екен. Естуімше ол кісі дүние-мүлікке қызықпаған. Ар-ұятын сатпаған, өкіметке де, мәдениетке де қарсы болмаған. Ғайбат сөз айтпаған. Сонда да НКВД үш-төрт рет ұстап әкетіп, қайтадан үйге әкеліп отырған. Үйді тіміскілеп, кітаптарын қоса алып кеткен. Бірақ та көп ұзамай кітаптарын құшақтап үйге оралады екен. НКВД-ның қатты кезі.

            Күндердің күнінде Шаймерден молда Байқоныста бір марқұмның жаназасын шығарып отырғанда, жергілікті милиция кіріп келіп, әлгі кісінің екі қолына кісен салып алып кетеді. Селолық жерде күдіктілерді аудан орталығына апарады. Алайда қараңғы түсіп кеткендіктен, конторға апарып қамап, кілт салып кетеді. Ертеңінде милиция барса, есіктің құлыбы ашылып, кісені шешіліп жерде жатыр дейді. Содан салып жетіп үйіне барса, ол кісі жайбарақат намыз оқып отырады. Әйелінен сұраса, үйге келіп сәресі ішті депті. Содан қолына қайта кісен салып, аудан орталығына алып барады. Молданың әйелі тамағын алып барса, алдырмайды. Тіпті сөйлесуге тиым салған. Есіктің арғы жағынан молда әйеліне, "уайымдама жүре бер, тамақты үйден барып ішемін"- дейді. Айтқанындай жабулы кілтті ашып алып, кісенін орнына қалдырып, кешкілікте үйіне барыпты. Милиция он бес шақырым ауылға әлгі молда кісінің қалай жеткенін білмей дал болыпты.  

***

            Қызылтаңға бардым. Жазда қыздарымды ауылға жіберемін. Қазақша сөйлеп үйренсін деймін. Қаланың қапырық ауасынан гөрі ауылда болғаны жақсы. Оның үстіне газет жұмысы, күнделікті хат қорыту, іс сапарларға шығу, партия жиналыстарына қатысумен жүріп, баланың тәрбиесі түгілі, үйдің шаруасына да қараудан қалдым. Тәңертеңнен кешке дейін жұмыста отырамын. Хат бөліміне тілшілер келеді. Келмегендеріне жауап жазамын, арыз-шағымдарын, өтініштерін орындаймын. Соңғы кезде тіл мәселесіне қатысты, балабақшалар мен мектептердегі орын алған келеңсіз жайлар жиі жазыла бастады. Қарттар үйіне ата-аналарын тапсырып кеткен қазақтың азаматтары, келіндері туралы да шағымдар бар. Тіпті тастанды балалардың да қатары көбейді. Бір үйдің қалтарысына сәбиін жөргегімен қалдырып кеткен бір әйелді ұстаған. Есімдерін атамай газетке жаздым..

            Телевизияда жүргенде қысқа да нұсқа жазамын, көсіліп жазғым келеді деп армандап газетке келгенде, енді міне қысқа хабарлар жазумен отырмын. Газетке келгеннен бері "Күлғат" деген көлемді суреттемем ғана шықты. Газеттің жарты бетін алды. Сонда шаштараз туралы не жаздым десем, оның бүкіл өмірбаянын, істеп отырған жұмысын бүге-шігесіне дейін қағазға түсіріппін. Әлеуметтік тұрмыстық бөлімнің меңгерушісі зейнет жасына жетіп қалған журналист Әділбек Жұмаділденов мұндай көлемді мақала жазбайды. Шаршаған шығар. Сондықтан басқа бөлімнің қызметкері болсам да, менің көсіліп жазғаныма қолын да тигізбеді. Тапсырма береді. Қанша жариялылық десек те әзірге жақсылығы мол, адамдарды мадақтап, ауылдың тыныс-тіршілігін жазамыз. Оқырмандарымыз ауылда ғой. Олар да мақтағанды жақсы көреді.

            Жұмыс, жұмыс деп жүріп, үйге кеш келемін. Үйге телефон қою керек. Оған да рұхсат алу керек. Жұмыстан кейін  үйге шаршап келсең, бір қора қонақ отырады. Бұрын пәтерде тұрғанда аядай бөлмеге келіп, екі-үш күн жататын еді, қазір кең үй деп тіпті жиі келетін болды. Енем Қауа үйде болғанда терезенің алдында өткен-кеткенді қарап отырып, таныстарын көріп қалса, үйге шақырып, әңгіме-дүкен құрады. Төрт қабырғаға қамалып жалғыз отыру қиын шығар. Әйтеуір тамақ істейді, шәйін қояды. Күтіп отырады. Ауылда Ырысты апайым сырқаттанып жүр. Қан қысымы жоғары. Дәрісін ішеді де, ауыл үйге қыдырып кетеді екен. Үйде отырғысы келмейді. Алты баласы бар. Жездемнің аузы ішімдіктен босамайды. Ауылдағылардың кәсібі сол. ССРО партия комитетінің, ССРО жоғарғы кеңесінің төрағасы, бүкіл лауазымды жалғыз өзі иеленген

            Леонид Брежнев қайтыс болды. Ертеңінде билік басына Юрий Андропов келді. Ол келген күннен бастап, тоқырауға ұшыраған одақты қиындықтардан алып шығу үшін өз реформасын жүзеге асыра бастады. Ішімдік ішуді шектеді. Қатаң талаптар қойды. Ойын-тойларға шарап қоюға тиым салды. Магазиндерде арақ сатылмады. Оған "темір адам" деген лақап ат берілді. Алайда ол бастаған ісін аяғына жеткізе алмады, Ескілікті сырқатының салдарынан дүние салып, орнына денсаулығы нашар Константин Черненко келді. Ол партияны бір жыл ғана басқарды. Жүрек талмасынан қайтыс болды. Мұнан кейін Михаил Горбачев сайланды. Бүгінгі күнге дейін, бүгіннен кейін де орыс тілі ұлы тіл болып үстемдік құрды, орыс тілі қазақ тілін ығыстырды. Жаңа басшы билікке келісімен өзінің реформасын, демократияны, жариялылықты дәріптеді. Заводтарда тағы да жұмыс орындары қысқарды. Цехтар жұмыс істемеді. Тоңы жібімейтін тоқырау осы болды. Ауылдың да берекесі кетті. Жас семьялар жұмыс іздеп қалаға қарай сабылды. Жұмыссыз қалғандар үйдегі балаларды асырау үшін әйелдеріне қапшық арқалатып, сауда жасауға салды.

***

            Қоғамда біраз өзгерістер болды. Кеңес Одағында жер-жердерде митингтер өтіп, толқулар басталды. Михаил Горбачевтің демократиясы, жариялылығы еркін сөйлеуге, мұң-мұқтажды айтуға жол ашты. Дегенмен партия қайда болса біз сонда болдық. Айтқанын істедік. Аумалы-төкпелі қиын да күрделі дағдарыс уақытында халықтың мұң-мұқтажын ауызша айтқанымызбен, газетке ашып жаза алмадық. Шындықты шырылдап жаза бастасақ, цензура ондай мақаланы да, пайыздық өлшемдерді де, нақты көрсеткіштерді де аямай сызып тастады.  Газетке мақала іздеп, материал жазу үшін трактор заводына, алюминий заводына барған кезде әділетсіздікті көрдік. Денсаулыққа зиянды жұмыстарда қазақ жігіттері жүрсе де, оларға еңбекақысын бергізбей, әлде бір себептерді тауып, жұмыстан да шығарғанын білсек те, үндемедік. Екінші сменада қалып жұмыс істеп жатқандарға жалақы төленбеген. Себебі ақша жоқ. Жұмыс орындары суық, ыстық цехтардағы желдеткіштер жұмыс істемейді.

            Тапсырыспен жазған материалдарымыз редактордың алдына барғанда, өңі айналып шығады. Редактордан қайтып келген мақала, суреттемелерді қайтадан жазатын кездеріміз болды. Қаламы қарымды журналистер  мақала жазуды қойды, олар да тоқырауға ұшырады. Әрине, ұлттың басына түскен ауыртпашылықты әйел-ана, әйел-жар, бүгінгі бойжеткен, ертеңгі болашақ ана, бала өсіріп ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған ақ шашты жұмысшы әйелдер, әжелеріміз көрді. Тіпті кейбір әйелдер жаңа туған сәбилерін балалар үйіне қалдыратын жағдай осы кезде бастау алды. Осының бәрі жасөспірімдердің қылмысқа баруына, қоғамдағы бей-берекеттік пен санасыздықтың, әдепсіздіктің, көргенсіздіктің белең алуына әкеліп соқты. Қылмыс жасап түрмеге жабылғандардың көпшілігі қазақ ұлтының өкілдері  болды.

            Қолдағы ақша құнсызданды. Зейнеткерлер зейнетақысын ала алмады. Осы кезеңде қазақ халқы қайта құрудың аумалы-төкпелі уақытын бастан өткерді. Басына бұлт үйірілген қазақ отбасылар жариялылықты арқа тұтты, ұйықтап жатқан санаға да бір ұшқындар келіп түсті. Орыстанып бара жатқан ел бірыңғай ұлт болудың жолын іздеді. Алға қарай аяқ басқан сайынкедергілерге кезікті. Бұлай болуға тиіс емес, әрекет жасау керек деген ой қазақтарды ұйқысынан оятты.

***-

            -Мен сені жақсы білемін,- дейді кейбіреулер. Таң қаламын. Сонда ол мені қалай, қай жағымнан біледі екен? Мен оны танымаймын,танысам да ол кім? Сонда сыртымнан көріп, тон пішіп, топшылап айта ма, әлде шынында да  кездесіп қалғанда тәкапарлығымды, тік сөйлейтінімді аңдай ма? Әлде кездескендерге назар аудара бермейтін мінезімді байқап қала ма? Болмаса ақиқат үшін шырылдап, әділетсіздікке қарсы тұрып, қиянатқа төзе алмай, тіліме оралған сөзді байыптамай (дұрыс па, бұрыс па, ауыр тие ме), ойланбастан айта салатын кездеріме куә бола ма? «Шолпан сондай, - дейді кейбіреулер. Сонда қандаймын? Осы сөзден кейін өзім де ойланып қаламын. Бәлкім өлеңім, өсекшім, мен туралы айтып қоятын шығар. Өйткені ойларыңның бәрі өлеңге өріледі. Тұңғиық тереңсің бе, кереңсің бе, таязсың ба, саязсың ба, бәрі-бәрі өлең жолдарында айқайлап тұрады. Ішкі пікірім, айтылмайтын құпиям, өлеңге  еніп кетсе, ішкі бойымдағы мінез көрінеді емес пе?  Солай десек те бәрібір де өлеңім кім екеніңді толық айтып бере алмайды. Бәрібір жандүнием өзгеге де, кейде өзіме де беймәлім. Өзімді сондаймын деп айта алмаймын. Менің қандай екенімді құдірет иесі жаратушы Алла ғана біледі,  Аллаға ғана аян.

            Ақындық Алланың сыйы. Алла маған ақындық өнер сыйлады. Бұл мені өзгелерден ерекшелетіп, оқшаулап, қиын тағдыр беріп сынағаны ма, ауыр жүкті артқаны ма? Өзім де білмеймін. Білетінім шыр етіп дүние есігін ашқаннан бері тағдыр аяған емес. Жарық дүниеге келген күннен бастап, маңдайымнан сипаған емес. Өмірдің пенделік тәлкегіне шыдасын, шыңдалсын, ширасын деді ме, ысылсын, төзімді болсын деді ме? Иә мен де басқа балалар сияқты ата-анамның махаббатқа, шаттыққа бөлеп, жыладым, шырылдадым. Олар мен үшін қуанды. Тәңертеңгі Шолпан жұлдыз туған кезде нәрестесіне көктегі жарық жұлдыздың атын азан шақырып қойды. Жылаған шығармын, еркелікпен жыладым. Күлген шығармын, бөбек күлуге тиіс. Адам өмірге жылап келеді. Жылаудың өзінде үлкен мән бар. Көп жылаған бала өскенде өнерлі, өрелі, әнші болады депті ырымшыл әкем. Мен олардың кенжесімін.

            Екі қазақтың бірі ақын деген сөз бар. Рас, өтірік дей алмаймыз. Бізге дейін де өлең жазатындар болды. Бірақ айнымайтын аксиома бар; өлең шығарғанның бәрі әдебиет жасамайды. Шын әдебиетті қадау-қадау адамдар, яғни ірі тұлғалар мен классиктер ғана жасайды. Әрине бұл да ұшқары пікір. Өйткені тек қана ірі тұлғалар мен классиктерден тұратын әдебиет болмайды. Солай бола тұра, классиктері мен ірі тұлғалары жоқ әдебиет нашар, әлсіз әдебиет. Себебі әдебиеттің салмағы сол классиктер мен ірі тұлғалармен ғана өлшенеді. Басқа өлшем болмайды. Әрине бізде классиктер де, ірі тұлғалар да бар. Олардың кітаптары жарық көріп жатыр. Әдебиет дамып жатыр. Әрине жаңа шығып жатқан ақындардың өлеңдерін оқып жүрмін. Күләш Ахметова екеуміз "Жазушы" баспасында бір уақытта кітабымызды апардық. Оның тұңғыш жинағы да, одан кейін өлеңдер кітабы да шықты. Ал мен болсам, әрине Алматыдан кетіп қалғандықтан ба, әлде басқа да себептермен бе "Көктем тынысы" деген жас ақындардың жинағымен шектеліп қалдым. Мені кітабымның шықпағаны емес, топырлатып жазып жатқан ақын-жазушыларды болашақта кім оқиды? Осы мәселе толғандырды.  Жаңағы классиктер мен ірі тұлғалардың балалары орыс тілінде білім алды және де одан әрі орысша оқып жатыр. Балаларым қазақ бола тұра, өз ана тілінде сөйлемейді?

            Қарым-қатынас тілі орыс тіліне айналды. Өз тілімде үйде сөйлеймін. Қыздарым  далада ойнап жүргенде,, мектепте сабақтарын орыс тілінде оқып, шүлдірлейді. Маған жауапты сол тілде береді. Бізбен көрші неміс ұлтының отбасы тұрады. Олардың балалары үйінде немісше сөйлейді. Олардың рухы мықты болғаны ғой. Өзге елде, өзге ұлттың ортасында олар өз ана тілін ұмыттырмайды. Ал біз ше, қанша әрекет етсем де, балалар орыс тілінде сайрады. Не істеу керек? Көкейімдегі сұраққа жауап жоқ. Алайда бұл қасіретті мен ғана емес, елім деп еңіреген қазақтардың бәрі тарта бастады. Алматыда Бауыржан Момышұлы мен Шона Смаханұлы бастаған зиялылар тіл мәселесін көтерді. Жабылып қалған қазақ мектебін қайтадан ашқызу үшін Бауыржан Момышұлы Қазақстан орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында болды. Қазақтың тілі жойылса, ұлтының да жойылу қауіпі бар екені айтылды. Алматының Киров атындағы №12 мектебін қазақ мектебіне ауыстыру үшін тізім жасалып, қол жиналды. Абырой болғанда көптің талап етуінің арқасында әлгі мектеп қазақ мектебіне айналды. Павлодар қаласында мұндай қозғалыс жаңа ғана белең ала бастады.

            Павлодарда тұңғыш рет металлургтер мәдениет сарайында облыс ақындары қатысқан айтыс өтті. Оның өтуіне негіз болған республикалық қазақ телевизиясы болатын. Осының алдында төрт облыстың ақындары келіп, дауылпаз ақын Құдайберген, күміс көмей, суырып салма дүлдүл ақын Исаны тудырған өлкеде айтыс ұйымдастырған. Телевизорға түсірген. Айтысты сағынған халықты ел көрді. Тракторжасаушылардың мәдениет сарайында ине-шаншар орын болмады. Сол жылдары телевизордан оңтүстікте, Алматыда өткен айтыстар көрсетіліп жатқан еді. Оған Қалихан Алтынбаев, Әсия Беркенова, Надежда Лушникова, Көкен Шәкеев, Манап Көкеновтер қатысқан. "Ана тілің арың бұл, ұятың боп тұр бетте. Басқа тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте" деп ақын Қадыр Мырзалиев айтқандай ақындар өз тілін құрметтеуге шақырған. Астарлап айтқан. Сөздің астарына түсінетін адам жаңағы өлең шумағынан тіліміздің мүшкіл халін айтқызбай-ақ түсінген. Павлодардағы айтысқа бұрын теледидардан ғана көрінген Көкен, Манап, Шынболат, Тәушандар келді. Осы заманды жырлады. Әзілдесті. Жұмбақтап айтысып, елдің рухын көтерді. Тіл жағынан мақауланып қалған көрермендер айтыстан кейін ойланды. Сатирик ақын Шона Смаханұлы, Марат Тоқашбаевтар да тіліміз құрып барады деп ашық майданға шыққанын естіді. Павлодарда қазақтардан гөрі басқа ұлттың үлес салмағы басым. Өзім газетке жазғандай жүз жиырма ұлттың өкілі бар. Олардың бәрі үйлерінде, өзара өз тілінде шүлдірлесе де, былай шыға орыс тілінде сөйлейді. Бұл тіл ортақ тіл болып барады. Не істеу керек? Сонымен тіл үшін майдан басталды.

***

            Ресейдің қарамағындағы, қол астындағы одақтас  республикалар коммунистік партияның саясатына қарсы шығып, елдегі жағдай күн сайын өршіді. Прибалтика, Украина, Латыштар ереуілге шықты. Бұл үрдіске басқа республикалар да үн қосты. Билік басында отырған Михаил Горбочев жаңағы жағдайдан кейін одақтас республикаларларға өзінің сенімді адамдарын басшылыққа қоя бастады. Бір күннің ішінде Алматыда шұғыл пленум өтіп, Қазақстанды жиырма жылға жуық басқарған Дінмұхамед Қонаев орнынан алынып, оның орнына Геннадий Колбин тағайындалды. Тіл үшін басталған майданның ұшқыны сабақтарын орыс тілінде оқытуға көшірген жоғарғы оқу орындарының студенттеріне, жұмыссыз қалған қазақ тілді оқытушыларға тиді. Олар Қазақстанды орыс басқарады дегенді естігенде, бұл жаңалықты қабылдай алмады. Қазақстанды неге орыс басқарады, бұл әділетсіздік, - деп көшеге, бейбіт шеруге шықты. Сол күні мыңдаған жалынды жастарға жан-жақтан жұмысшылар да келіп қосылды. Орыс ұлтының Қазақстанға басшы болып келуін жастар, студенттер, ұлтжанды қазақтар құптамады.       Үкімет үйінің алдына жиналғандар Қонаевтың қайта орнына келуін талап етті. Бейбіт шерудің соңы көтеріліске ұласты. Үстеріне темір сауыт киген, бақай шағына дейін қаруланған солдаттар жазықсыз жандарды таратып жіберу үшін әрекет етіп, газбен уландырып, қудалады. Редакцияда газет шығарып отырған бізге алдымен Қонаевтың шығарылғаны, орнына Колбиннің келгені туралы ақпарат түсті. Телетайпта дамыл болмады. Мұнан кейін бейбіт шеру емес арақ ішіп, мас болған, наркоман жастардың іс-әрекеті делініп, дүкендерді қиратып, ішінен заттар ұрланып жатқан суреттерімен материалдар келді. Әйтеуір неше түрлі жәйсіз ақпараттар тынымсыз түсіп жатты. Бұл материалдардың қайсысын газетке басу керек екенін білмей дал болдық. Жоғарыдан нұсқау күттік. Түні бойы редакция мен баспахананың ортасында жүрдік. Редакция баспаханамен жапсарлас болатын. Биыл газет редакциялары отыратын төрт қабатты ғимарат салынған. Қазір сонда жеке-жеке кабинеттерде отыратын едік. Үкіметтегі ауыс-түйіс туралы газеттер жарыса жазды. Бізде қалыс қалмадық. Көлденең материалдарды газетке беруге тиым салынды.    

            Жастар қозғалысының ұшқыны облыстарды да шарпыды. Қазақтар мен орыстардың арасында қырқыс басталды. Автобустың ішінде екі-үш қазақ топтаса қалса, орыстар оларға  күдікпен қарады. Милициялар мен қауіпсіздік органының қызметкерлері күні-түні кезекшілікте жүрді. Солтүстіктің желтоқсан айындағы қақаған суығы денемізді мұздатып, әр қазақтың бойын қорқыныш биледі. Үш күнге созылған қозғалыстың соңы қыршынынан қиылған жастар мен үшті күйлі жоғалғандарды іздестіруге ұласты. Алаңда болғандар, жайдан жай көруге барғандар да түрмеге жабылды. Алматыдан Павлодарға алғашқы цинктелген табыт жеткізілді. Ол адамның кім екенін айтуға рұхсат етілмеді. Самолеттен түсірілген табытты  Май ауданына апарып жерледі. Ата-аналары сол жақтағы ауылда тұрады.

            Бұл тақырыпты яғни "қылмыскер" туралы газетке жазуға рұқсат етпеді. Студенттердің көпшілігі жоғарғы оқу орнынан қуылды. Кейбіреуі көгала қойдай болып, тістері сынып, жағы опырайып елге оралды. Біздің сатирик оқытушымыз Темірбек Қожакеевті университеттен шығарғанын естідік.  Неге? Әрине мұндай мәлімет, ақпарат көп болды. Бірақ газет бетінде олар туралы айта алмадық, айтқызбады. Бағлан қасымыздағы орыс мектебін бітіріп, Павлодар индустриалды институтының жылу энергетика жүйесіне инженерлер дайындайтын факультетке түскен болатын. Олар да Алматыдағы желтоқсан оқиғасын естіді. Алайда оқытушылар күні-түні кезекшілік етіп, көшеде жүруге рұхсат етпеді. Негізі бұл институтта қазақтардан гөрі орыс ұлтының өкілдері көп еді.  Ал қазақтар уақытша  аузын жұмғанымен, үндерін өшірмеген болатын.

            Алматыдағы желтоқсан оқиғасының әңгімесі біздің жақта күнен күнге өршіп, әр түрлі сыбыстар айтылды. Туған елінің азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы қазақ жастары көтерілген ызғарлы да, қар аралас жауыны төпелеген желтоқсан күндері қанша ма жастар құрбан болды. Жайдақ машинаға зорлықпен тиеп алып кеткен қаншама қыршындар айдалада үсіп өлді. Олардың аты-жөндері де белгісіз боп қалды. Алматының Чайковский атындағы музыкалық училищесінде қобыз бөлімінде оқыған Ләззат Асанова он алты жасында қыршын кетті. Өрімдей қыз  Ақжүніс пен Құртқа, Әлия мен Мәншүк секілді қазақтың ер жүрек қыздарының ерлігін қайталады. 19 желтоқсанда ауруханаға бас сүйегі мен миынан жарақаттанып түскен  энергетика институтының 2 курс студенті Ербол Сыпатаев төрт күннен кейін есін жимастан, қатты соққыдан дүние салды. Көптеген қазақ жастары "Құйын-86" операциясының құрбаны болды. Қозғалыстың басы-қасында жүрген, оны ұйымдастырды делінген Қайрат Рысқұлбеков түрмеге қамалды. Оның ғана емес, басқа да желтоқсаншыларды айыптау соты жалғасып жатты.

            Жігіттер мен қыздардың көпшілігі баяғы отызыншы жылдардағы"халық жауы" деп атылып кеткендегідей, шет елге, сібірге жер аударылды. Қайрат Рысқұлбеков белгісіз жағдайда түрмеде ажал құшты. Мемлекеттік билік күннен күнге әлсіреді, экономикада дағдарыс тереңдей түсті. Қазақстан өзінің шикізатына өздері ие бола алмады. Жер асты байлығы тікелей Ресейге кетті. Айтпақшы өткен жылы Луначарский көшесінің бойындағы облыстық кітапхананың қасынан өтіп бара жатып, қазақ тіліндегі кітаптардың далаға лақтырып тасталғанын көрдім. Олай-былай қарадым, ешкім жоқ. Еңкейіп Мұхтар Әуезовтың "Абай жолы" романдарын, қазақ ертегілерін көтеріп редакцияға әкелдім. Журналистерге айтып, едім Жұмаш Жұмаділова және Ләззат Кешубаевалар, Гүлжауһар апайлар барып алайықшы деп, өздері көтергенше алып келді. Біраз кітаптарды редакцияның кітаханасына қойдық. Мен орыс тіліндегі "Абай жолының" екі томдығын үйге әкелдім. Бұл кітаптарды неге далаға лақтырып тастағанын білмедім. Өртегілері келді ме, әлде болмаса керек адамдар жинап алсын деді ме екен. Кейін осы кітаптардың неге күресінге лақтырғаны жөнінде мақала жазамын деп ойлап жүргенде Алматыға "Наурыз" айтысқа қатысуға шақырту алдым да, сол жаққа кете бардым. Келген соң, облыстық кітапхананың оқу залы Дзержинский көшесіндегі бес қабатты үйдің бірінші қабатына көшірілгенін естідім. Гүлжиян деген кітапханашыдан сұрастырып көріп едім, ол кісі қазақ кітаптары кімге керек деп, ертеде жарық көрген ескі кітаптарды далаға лақтырдық. Үйге алып кеткендер де болды. Себебі Луначарский көшесіндегі кітапхана библиография бөлімі деп аталды. Кітап қорын сақтайтын жертөлені су басып кетті. Кітаптар сарғайып, шіритін болды деп жауап берді.  Облыстық кітапханалар жүйесін, облыстық кинофильмдермен прокаттардың бастықтары орыс ұлтының азаматтары болатын, олар қазақ тілінде кітап оқитындар мен қазақ тілінде кино көретіндер қалада жоқ деп, облысқа шағымданған секілді. Шынында да қазақ мектептері жабылып жатқанда, ол кітапты оқитындар сиреп қалған еді. Сөйтіп, қазақ ұлты жойылудың аз-ақ алдында тұрғанын сезіндік. Енді ұлтты сақтап қалу, тіліміз бен дінімізді жаңғырту мәселесі күн тәртібінде тұрды.

***

            Жақсыменен дос болсаң алдыңнан шығар елпеңдеп, жаманменен дос болсаң сыртыңнан жүрер өсектеп,-деп Махамбет Өтемісов тауып  айтқан. Алматыдағы желтоқсан оқиғасынан кейін орыс көршілерге де күдікпен қарайтын болдық. Желтоқсан күндері екінші Павлодардағы ауылшаруашылығы училищесінің студенттері де көшеге шықты. Автобустың ішінде де орыс пен қазақ төбелесті. Жанжал шығарғандарды млиция әкетті де, көп ұзамай босатып жіберді.  Қазір тынышталды. Орыстанып кеткен қаланың тіршілігі бір қалыпқа түсті. Түніміз батып, күніміз шықты. Түрмедегі қыршын жастарды еске алдық, уайымдадық. Жоғалып кеткендерді іздедік.  Тұтқынға алынған студенттердің саны көбейіп барады. Көбінесе актерлік мамандықта оқитын жастар сотталды. Газетке олар жайында үзік-үзік хабар жазылып тұрады.

            Мұхтар Шаханов алаңда болған жастардың  әрекеттерін ақтап, араша түсіпті. Тегінде жазушылардың да желтоқсан оқиғасына қатысы болған секілді. Тарихтың түбегейлі өзгерту сәттерінде, яғни халық тағдыры шешіліп жатқан шақтарда жазушылар да, ақындар да халықты құтқаруға басын тіккен. Мысалы,Ташкенттің тас-талқан еткен сілкініс туралы хабарды естігенде өзбек ақыны Ғафур Гулямның жүрегі шыдамаған. Орыс ақыны Левитанский Чешенстандағы соғысқа қарсы митингте сөйлеп тұрып, қайтыс болған. Ал, ақын Евтущенко шешен соғысына наразылық білдіріп,  өкімет наградасын алудан бас тартқан. Мен қазақпын мың өліп мың тірілген деп жүрегі жарыла халқын жырға қосқан Жұбан Молдағалиев желтоқсан оқиғасы кезінде қатыгездікке ең бірінші қарсылық білдірді. Жұбан Молдағалиевті тергеуге алды деп естідік. Үндемей, жасырынып, бұғып қалған ақындар да, басқалар да, органның адамдары да бар екен. Бүгінгі күн ертеңгі тарих. Өткенсіз өмір жоқ. Кеше кім едің? Бүгін кім болдың? Бір сәт, бәр мезет өткенге де қайрылып қараған дұрыс шығар. Қандай жолды таңдадың, қай жолмен жүріп келе жатырсың?

            Тірлікте абырой атақ неге керек, бірінші міндетің ғой мұны білмек. Сен өлсең де артқылар ауызға алар, мынандай елге еңбек сіңді демек. Иә, бірінші міндетің елің үшін, жерің үшін күресе білу керек. Желтоқсаншылардың әрекеті ел үшін жасалған еңбек. Алайда заман оны оыслай бағалап жатқұанымен, тарих ақтап алатын шығар. Менің де мамандығым-мақтанышым. Армандаған арманым орындалды. Журналиспін. Қиындығы мен қызығын көріп жүрмін. Редакция ұжымы  бірыңғай өзіміз болған соң ба екен, бір-біріне сын айтса, өре түргеледі. Сын жоқ жерде өсу емес өшу болатынын білеміз. Біле тұра сенің мақалаң сынға ұшыраса, сынаған адам жау болып көрінеді. Бойымыздан сөз асырғымыз келмейді.

            Бұл мінез қанымызға сіңген. Бәлкім барлық адамдар олай емес шығар, ал шығармашылықпен жүргендердің мінездері құбылмалы. Бір ауыз сөзді көтере алмаймыз. Төлеубек аға нөмірге шыққан мақаламды көзімше мақтайды, ал редактордың орынбасары Айтжан ағаның кабинетіне бара қалса болды, керісінше ол кісінің сөзін құптап, жамандап шыға келеді. Егер мақала дұрыс жазылмаса, өзінің қолында тұрған жоқ па, жауапты хатшы нөмірге жібермей алып қалуына болады ғой. Мүмкін сөз керек пе? Олардың ортасына өсек айтуға Гүлбаршын түссе  болды, несін сұрайсың, гу-гу әңгіме басталады. Жұмыс жайына қалады. Жанымгүл жас болса да, өз есебі өзінде, ағаларына жалтақтап, қалбалақтап жүреді. Әйтеуір бір кабинеттен екінші кабинетке жеткен сөз  сымсыз телефонмен, ұзынқұлақтан өңі айналып бізге жетеді.

            Мен осы журналистерді әлі күнге түсіне алмай келемін. Егер жас тілшілерді, біз сияқты журналист қыздарды жақтайтын бас редактор болмаса, бізді түтіп жер еді. Тегінде бастықтың ерекшелігі сонысымен білетін болу керек. Әйтпесе Айтжан ағамыз неге бас редактор болмайды? Ол кісінің бойында басшылық қызметті ұстап отыратын қабілет жетіспей ме екен? Түсінбеймін. Негізі теледидар маған нағыз мектеп болды. Газетте сол мектептен алған білімімді, тәжірибемді  жүзеге асырдым. Үлкендермен де, жасы кішілермен де тіл баыстым. Артық сөз, артық мінез кімге опа берер дейсің? Үндемей, мәселенің артын бағып отырудың да пайдасы зор. Қалай десем де, мақалаларым, ұйымдастырған беттерім,сынға ұшырап жатса да  жарық көріп жатыр. Өзім де сын мақала жаздым. Жыл сайын  жағдай жақсара түсуде.

            Қайта құру кезіндегі дүкеннен бір кісіге бір килограм қант, бір қадақ сабын, басқа да жетімсіз товарлар талонмен сатылғанын да көрдік. Қазақстанның астығынан мол өнім алып жатсақ та, нан тапшы, екі-үш еңбекақысыз қалған күндер болды. Айтпақшы маған редакция ақшасы жоқ ауылда арақты судай ішетіндер туралы сын мақала жазып кел деп тапсырма берді. Бала кезімнен өз ауылымның жағдайын көріп өстім. Оларды мұқатайын деп емес, жөнге салайын деп  ішімдік ішуден жан салмайтын ауылыма бардым. Бәрі тайға таңба басқандай, кімнің нені қайдан алатынын, қай үйде жиналатынын білемін.. Ойланбастан  көрген-білгенімді жіпке тіздім. Тақырыбы "Арақ жоқ, мастар көп". Аты айғайлап тұрған сын мақалада өзімнің немере ағаларым мен жеңгелерімнің де есімдері тізілді. Мақаламның өткір жазылғаны сонша, партия жиналысында біраз адамдар қатаң сөгіс алды.Кейін жазылған сыннан қорытынды шықты деп ауылды тағы дүрліктірдім. Менің атымнан ауылымның ғана емес, басқа елдің тұрғындары да сескенетін болды. "Ішсең әлдекімге тілеп саулық, біліп қой арақ саған етер жаулық" депті Расул Ғамзатов. Осы арақтың денсаулыққа зиян екенін білсек те білгіміз келмейді. Мен шындықты,ақиқатты жаздым.

***

            "Жастығың, албырт шағың қандай аяулы болса, сендер мен үшін сондай едіңдер. Қайта табысуымыз кездейсоқтық деп ойламаймын, осылай болуы тиіс нәрсе еді бұл. Соның мезгілінің жеткен шағы ғой. Ештен кеш жақсы дейді қазақ. Көп уақыт жоғалтсақ та көңілден бір-бірімізді жоғалтпайтынымызға  еш күмәнім жоқ. Шолпан, тұрмыстың тауқыметі көп нәрсеге мойын бұруға шамаңды келтірмей, дедектетіп алып кететінін жақсы түсінесің. Көш қызығы тарқап, өткеннің кейбір елестерін жүрегің сыздай іздейтін кезде, көз алдыма өзің келетініңді сезер ме екенсің сен. Гүлдейдің сендерді іздеп барғанына өзім барғандай болдым. Шаруаларың қалай? Нәзгүл, Клара, Айнұр, Бағлан балаларым шапқылап жүр ме? Қанаттың жағдайы қалай? Менен бәріне сәлем айтып, қысып-қысып, құшақтап сүй. Біз де жүріп жатырмыз. Өзің көрген Бекен мұғалім. Қайрат мектепте оқиды. Одан кейін Гүлмира деген қызың, Мақсат деген ұлың бар.

             Анам елу бес жасында қайтыс болды. Папам балалардың қолында. Әу баста жолым болғыш адам емес едім, әрі күйгелек, күйрекпін. Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, бірде күліп, бірде жылап жүріп жатырмыз. Газетте істегенмін, кейін ауылдық кеңестің төрағасы болдым. Қазір бәрін тастап Таразға көшіп келдім. Облыстық газетте орын болмады. Бір мекемеге кадр бөлімінің меңгерушісі болып орналастым. Біздің мамандықпен жұмысқа тұру қиын болды. Сені іздеп бара алмаймын. Өзің келіп кет, Жамбылдың ауа райын, керемет қаланы көріп қайтсаңдаршы. Көргенше күн нұрлы болсын! Күлпариза. Тараз қаласы. 1986 жыл.

            Күлпариза Қызылорданың Жалағаш деген ауданында тұрғанда іздеп барғамын. Ата-анасын көргенмін, Киров атындағы ауылдағы үйлерінде аунап-қунап демалғамын. Жерге жайып тастаған дастахан басында, шынтақтап жатып шәй ішкенбіз. Қарақұмға барып, түйелерді көріп, шұбат ішіп, ол жақтың ыстығына күйгенмін. Әлі есімде төрт бес жастағы кезімде ауылдың іргесіндегі Қарамиек деген жердегі түйелерді көргемін. Бала болсам да, бурадан қорқатынымыз есімде қалыпты. Кейін сол жердегі түйелер туралы сөз болмай қалды. Содан бері қаншама жылдар өтті. Тіпті Күлпаризаның ауылында болған күндерім тарих қойнауына өтіп кетіпті.Бір-бірімізді көрмеген соң, ұмытуға айналған кезде Гүлдей сіңлісі іздеп келді. Көзден кеткен соң, көңілден кетеді деген осы шығар. Гүлдей келгенде Көкшетауда демалыста болатынмын. Хатты оқып отырып өткенім мен тәтті күндерім есіме түсті.

***

            Редакцияның тынымсыз тіршілігімен жүріп, міне тағы да біраз жылдарды артқа тастадық. Биліктегілер Балтабай Сейсенбековті зейнет демалысына жіберді. Оның орнына Қызылордадан бұрын газетте қызмет істеген тәжірибелі редактор Әлқожа Мұхаметжанов келді. Ол кісінің келуімен редакцияда темірдей тәртіп орнады. Бұрынғы редактор кезінде неше түрлі жағдайлар болып тұратын. Әсіресе облыстық партия комитетіне домалақ хаттар, арыз-шағымдар жиі жазылыпты. Редакция ұжымының жақсы атағынан гөрі, кейбір қияңқы мінездері, істеген істері, жасаған қылықтары ел құлағында болды. Редакцияның ішкі жағдайы туралы Алма Мұқанқызы ескерткен. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймады. Журналистердің бәрі білімді, бірінен бірі өткен. Келіспеушіліктің көбі бұрыннан қызмет істеп жүргенағалардың өздерінен шығатын.Өз басым бұрынғы редактор Балтабай ағаның байсалды мінезін, мәдениеттілігін, кіші болсақ та, жастарды сыйлап, дауыс көтермейтінін көрдім. Кім не десе де, кеңпейілділік танытатын.

            Көп тыңдайтын, аз сөйлейтін. Әрине бұрын редактор міндетті түрде бас мақала жазатын еді.Бас мақала саяси шолу сияқты еді. Жетістіктер мен жетімсіздік, жақсылықтар мен кемшіліктер сараланатын. "Жаман редактор бас мақалашыл" дегенді  де естідім. Әлде басмақалаға ақша көп қойылатын болған соң, қызғаныш болды ма екен, әйтеуір Сейсенбеков бас мақала жазбайтын. Редактордың бағанына, бас мақаланың орнына жоғарғы жақтан түсетін материалдар қойылатын. Ал жаңадан келген қызылордалық бас редактор Әлқожа Мұқамеджанов та өзі жазғаныннан гөрі, басқаларға тапсырма беріп, басқаша жұмыс істеді. Түсі суық, мінезі өте қатал, жаңашыл, талапшыл екенін байқадық. Көпті көрген, білімді, кез келген мәселені өзі шешіп бере бастады.

            Әрине, газет шығаруға деген талап күшейді. Ол кісі жастардың  жазуына еркіндік берді. Түсі ызғар шашып тұрса да, мінезі қатал көрінгенмен қыз журналистерге қамқорлық көрсетіп, өз қанатының астына алды. Бағыт-бағдар берді. Тақырыптарды кеңейтіп әр журналистің тақырыпты меңгеріп, жазуына жол ашты. Жаңалықты қолдады. Редакцияға Қазақтың Киров атындағы университетінің журналистика факультетін бітіріп, жолдамамен Нұртөре Жүсіпов, Ғалым Омарханов, Фарида Бықай келді. Бұл жас түлектер Сейсенбай Балтабаевтың кезінде менімен қатарлас редакция есігін ашқан болатын. Үшеуі де оңтүстік жақтың тумалары. Қаламдары жүйрік. Жаңа редактор Нұртөреге ауылшаруашылығын, Ғалымға өндіріс тақырыбын жазуды тапсырды. Ауылшаруашылығы мәселесін Қажымұрат Смағұлов, Нәсіполла Есімов те өндіріп жазатын еді, себебі оқырмандарымыз ауылда, әрі ауылшаруашылығана аса жоғары мән берілді. Екібастұздан меншікті тілші Амангелді Қаңтарбаев, Ертіс ауданынан Мүбәрак Жаманбалиновтар да өндірте жазды.

            Газетке оралғаныма екі-үш жылдың жүзі болды. Мен де жазғыш журналистердің қатарынан көріне бастадым. Газетке мақалаң көбірек шыққан сайын, тыныштық болмайтын. Бұрын да сынға ұшырап жүретін басымыз, жазылған жайдан таяқ жемеймін десең де, бір ұшы келіп тиетін. Әрине Қажымұрат пен Айтжан ағамыз бір жерден ілік тауып отырады. Лездемеде шымшып алады. Фарида Бықаеваның тәп-тәуір жазылған дүниелері де сыналады. Өкінішті. Редактор өзімен бірге алып келген Әділбек Жақыпов та кекештеніп ойын жеткізгенше шыр-пыры шығады. Нұртөре Жүсіпов алыстан орағытып, сөзін дәлелді деректерге құрып, жөн сөздерді айтып отырады. Жанат Тұрғанбеков көп сөйлеп, ығыр қылады. Сөзінің тоқ етерін тосып отырғанда, алтын уақытыңның босқа кеткеніне өкінесің.. Жігіттердің талауына түскен кезде, редакцияға неге келдім деп ойлап қаламын. Бірақ редактор Әлқожа әлгілердің аузына су құяды. Газетке шығып кеткен мақаланы ақтап алады. Өзінің тапсырмасымен орындалғанын айтады. Басыңды төмен салып, шыдамдылық көрсетіп бәріне төзіп отырған кезде редактор тарапынан жақсы сөзді естіп, еңсең көтеріледі. Ее, бәрі дұрыс екен ғой деп көңілің орнына түседі.  

            Маған редакцияның мекенжайына, менің тегіме хаттар көп келеді. Таяуда Көкшетаудан хат келді. Шәмшия Айтжанова деген ақын апай жазыпты. Осының алдында өлеңдерін газетке шығарғанмын.  "Шолпан,-депті,  ойыңды бөліп, уақытыңды алғаныма кешірім өтінемін. "Мен 1948-51 жылдары "Жаңаауыл" мектебінен 7 класты бітіріп, Керекудің педучилищесінде оқыдым. Сол жылдары Шарбақтыдағы Жанбас деген жамағайынымның үйіне түсіп, өткен-кеткенде жиі болып жүрдім. Ағай мен жеңгей "бойнада" мал соятын жерде  істеп жүрді. Олар жұмысқа кеткенде екі егіз ұлын ойнатып, ертегі оқып беретінмін. Есімдері  Қанат және  Манат болу керек.

            1951 жылдан бері осы Көкшетауда тұрмыстамын. Елімді, жерімді сағынып өлең жазамын. Жастықта шет жүргенің білінбейді екен. Ұлғайғанда елің дегенде елжірей түсесің. Жоғары білім алғанмын. Көкшетауда облфинотделде кіріс бөлімінде ревизор болдым. Зейнетке шыққан соң Боровой курорытына көшіп келдім. Қызымды қияға, ұлымды ұяға қондырдым. Төрт ер бала, бір қызымнан 17 немере сүйіп отырмын. Асылдың әйелі Дахана менің туған сіңлім. Павлодардың теміржолында Қалиев Асыл деген күйеу балам қызмет істейді. Сен туралы Дахана сіңлім айтты. Хабарыңды асыға күтемін!" Әрине Шәмшия апайыма хат жаздым. Ол кісінің өлеңдері шыққан газеттерді салдым. Өзім Қанаттың жолдасы екенімді жаздым.

***

            Газетке университет түлектері, жаңа леп, жастар қызметке келгелі тың тақырыптар, әдемі айдарлар, сын мақалалар көрінді. Газеттің беті өзгерді. Мен хат бөлімінде отырсам да, "Достық-бақшадан басталады" деген көлемді мақала жаздым. Өзіме етене жақын достықты  балабақшадан бастадым.

            Алғашқы тәрбие негізін ата-ана қалайды. Ал қосымша тәрбие балабақшада қаланады. Бір тәулікте 24 сағат болса, оның сегіз сағаты баланың түнгі ұйқысына бөлінеді. Он сағаты балабақшада,  қалған алты сағаты ата-ананың қасында болады екен. Ал осы жұмыс күніндегі алты сағатта бала ата-ананың қандай тәрбиесін алып үлгереді? Қазіргі балалар өнегелі тәрбиені бала бақшадан алады екен. Мақала осылай жалғасты. Түйін жасалған жоқ. Себебі бұл тақырыптың соңы болмайды. Облысымызда қаншама бала балабақшаға кезекте тұр. Қазақстан Компартиясы ХҮІ съезінде" Мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерінің  желісі жеткілікті қосылмай отыр. 150 мыңнан астам ата-ана сәбилерін балалар бақшасына орналастыра алмай жүр",- деп айтылған болатын. Егер он екінші бесжылдықта бұл мәселе шешімін табатын болса, мектеп реформасының талабы іс жүзіне асатыны анық. Балабақша саналы тәрбие алатын бұлақ бастауы". Міне осындай ойлармен жазылған мақала оқырмандарға ой салды. Олар да хат-хабарлар жазып, өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды.

             Пікір-талас газет бетінен орын алды. Әрине қазақ қашан да жаңа бір дүниені көрсе оған күдікпен қарайтыны белгілі. Біздің де газет бетіндегі жаңа ашылған беттеріміз сынға ұшырап жатты. Дұрыс айтылған сынды дұрыс қабылдауға үйрендік. Егер қабылданбайтын сын болса, үндемей ғана жұмысымызды жалғастырамыз. Мені көп сынайтын Айтжан аға бүгін газетке шыққан бір өлеңімді мақтады. Ұнатып қалыпты. Ол кісінің аузынан мақтаулы сөз  естігенде көкке ұшып кете жаздадым. Өлең гениколог дәрігер Люция Халитқызына арналған болатын. Мінезі қызық Бақыт Баймұратовтың ешкіммен жұмысы жоқ, өлеңдетіп, ыңылдап әндетіп жүріп, имандылық, әлеуметтік мәселелерді жазып жүр. Ғалымбек Жұматовтың мақалалары, көтеретін проблемалары  өзекті, жазуға шебер, қаламы жүйрік. Жақында республикалық "Халық кеңесі" газетінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі болып тағайындалды. Оның орнына кеңес  құрылысы бөлімінің меңгерушіс лауазымына мені отырғызды.

            Бөлімге келген соң, әйелдеріміздің ең өткір мәселелерін, оларды толғандырып жүрген жайларды, әсіресе әйелдердің қоғамда атқаратын биік ролін және  проблемаларын жан-жақты көрсетіп жазу үшін бет ұйымдастырдым. Әйел тек қана отбасы, ошақ қасында отыратын жан ғана емес, олдың ерлермен қатар еңбек ете алатынын, ерлерге серік, жолдас бола алатынын жеткізгім келді. Қазақ халқы басқалар секілді қыздарының бетін көлегейлеп немесе билік тізгінін, батырлықты  ерлікті қыздарынан қызғанбаған кең халық. Беттің атауына "Ақ баян", "Кестелі орамал", "Бәйшешек", "Ертіс әйелдері" деген тағы да бірнеше ұсыныстарды бердім. Алайда редактор "Ардақ" деген атауды таңдады. Бұл атау арыңа дақ түсірме деген мағынаны берді. Сонымен "Ардақ" қыз-келіншектер клубы деп айдар тақтық.

            Егер  жер бетінде су топырақ, оған нұрын төгетін күннің көзі болмаса тіршілік болмас еді. Жер-ана-күн мәңгілік. Адам тіршілігі анадан басталады. Біздің елімізде әйел-аналарды құрметтейді, ардақ тұтады. Әйелдер ерлермен бірге еңбек етеді, өмірге етене араласады. Әйел-жұмысшы, ғалым, ұстаз, тәрбиеші, аяулы жар, бала тәрбиешісі, семьяның ұйытқысы, құты. "Ардақ" қыз-келіншектер клубының шымылдығын осындай сөздермен аша отырып, осы мәселелер төңірегінде ой толғадық, пікір алыстық. Өмірде кездесіп жататын көлеңкелі көріністерге, келеңсіз жағдайларға назар аудардық.  Қыз-келіншектер творчествосы, іс тігу, қол өнері, тағамдар дайындаудың қыры мен сыры және басқа да жайлар туралы кеңес берілді. Газет бетіндегі материалдардың  қызғылықты да, тартымды шығуы оқырмандарға байланысты. Сіздер жолдаған хаттарды асыға күтеміз, -деп алғысөз жаздым.

            Павлодар облыстық Советі атқару комитенінің председателінің орынбасары, облыстық әйелдер кеңесінің председателі Валентина Шершнева клубтың алғашқы қонағы болды. Ол кісі облыстық әйелдер советінің төрайымы еді. Облыстық партия комитетіне барып, сұбхат алдым. Ауылшаруашылығында, заводтар мен фабрикаларда жұмыс істеп жүрген әйелдердің жағдайлары, бала тәрбиесіне қатысты мүмкіндікте айтылды. Әйелдер кеңесі болашақта қиын семьялармен танысып, шаңырақтың беріктігін сақтауға, онда өсіп  келе жатқан жасөспірімдердің дұрыс тәрбиеленуіне көмек қолын созатынын айтты."Тәрбие бесіктен басталады" деген мақала жаза отырып, семья-кішігірім мемлекет. Келешек ұрпақтың тәрбиесі негізінен семьяда қаланады. Бала тәрбиесі мәселесін  көтере отырып, оқырмандарды пікірталасқа шақырамын деп жаздым. Келесі шыққан нөмірлерінде "Сізге қалай қызмет етеді?" деген айдармен шаштараз қыздар, 8 март атындағы тігін фабрикасының тігінші әйелдері, аспазшылар, көп балалы ана, "тастанды бала", "көкек аналар" жайында оқырмандар оқитын дүниелер жазылды."Ардақ" қыз-келіншектерге арналған бет жарық көрген сайын, редакцияның қоржыны хатқа толды. Жаңа авторларымыздың қатары толықты. Мектеп оқушылары, талапкерлер, ақындар да өлеңдерін жіберді.

            Соңғы жылдары жас семья құрушылардың саны көбейгенімен, ерлі-зайыптылардың ажырасуы азаймай отыр. "Ардақ" қыз-келіншектер клубы осы мәселені талдап жазды. Ол үшін облыстық азаматтардың хал-актілерін тіркеу бөлімінің бастығы Нәжімиден Жүнісовпен әңгімелестім. Менің қойған сұрақтарыма ол кісі жауап берді. Бөлім  жаңаша жұмыс істей бастаған. Яғни екі жас үйленуге ниет еткен күні туған туыстан куәгерлер еріп келеді. Осы адамдардың қатысуымен  өтініш қабылданып, бірі қалыңдық, бірі күйеу бала деп аталады. Осы күннен бастап екі жас өздерінің өмірдің үлкен жолына түскенін сезінеді. Куәгерлер де, туған туыстар да  алдағы некеге отыру салтанатына жауапкершілікпен дайындалады. Неке неге бұзылады деген сұраққа нақты жауап беру қиын, -деді сұбхат беруші. Дегенмен оның кейбір себептері өзара келіспеушіліктен, мінездерінің сәйкес келмеуінен, жұбайлар семья құруға дайын болмағандықтан, жеңіл-желпі қараса, кейбіреуі маскүнемдікке салынып, ар-ұяттан безгендер болғандықтан айрылысып кетеді екен.

            Ұрпақ тәрбиелеп отырған әр ата-ананың алдында міндет бар екенін сезіну керек. Жастардың семья болмай жатып, айрылысып кетуіне олардың пәтер мәселесін шешуге келгенде  қиындықтармен кездесіп, семья бюджетін дұрыс есептей алмауы да себеп болады. "Е, жастар өзі біледі?" деген кең пейілділіктің қажеті жоқ. Жастардың семья болып кетуіне ата-анадан бастап, туған-туыс, жора-жолдастары, қоғамдық орындар қол ұшын беріп, көмектесуі керек. Мен аралас неке туралы сөз қозғамадым. Себебі қазір біз, соншама қазақтың жігіті соншама орыс қызына үйленіпті деп айта бастасақ, ол насихаттың бір түрі болар еді. Керісінше біздің мақсатымыз тәлім-тәрбиелік мәні бар, патриоттық сезімді оятатын дүниелерді газетке жазу болды.

            "Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен." Алайда не жаман, не жақсы екенін безбендеп жататын жастар азайып барады. Себебі қазақи тәрбиені шектеп алдық. "Тәрбие басы-бесіктен" дегенді естен шығармауымыз керек. Босағасы берік, уығы мықты семьяларды насихаттау арқылы жастардың сана сезіміне жол іздейміз. Мен телеарнада қызмет істеп жүргенде жастарға арналған "Құрдастар" хабарын диспут-кеш, пікір-талас ретінде де өткізіп жүрдім. "Үйлену оңай, үй болу қиын", "Жас шаңырақ-алтын босаға", "Достықта жоқ - шекара", "Балалы үй-базар", "Ержеткен мен бойжеткен". Бұл атаулы хабарларға студенттер, мұғалімдер, дәрігерлер, басқа да мамандық иелері қатысатын. Мүнира Сатыбалдина, Ақшайым қалиева, Бақыт Субекова, Еңлік Жұматаевалар осы хабарларымның өзегі болды. Жастарға ақыл-кеңестерін берді. "Ардақ"  қыз-келіншектер клубында "Танысу бұрышы" ашылды. Оған жасы отыздан асқанша үйлене алмай жүрген, серік іздегендер хат жазды. Бұл хаттар ауылдан келді. Кейбір хаттарда мекен-жайлары көрсетілмеді, аты-жөндерін жасырды. Сондықтан ондай хаттарға номерлер бердік. Кейін өздері бір-бірлерімен редакция арқылы хабарласып, үй болды. Болашақта танысудың жаңа түрін ойлап тапқым келеді.

***

            Сәлем хат! Аса қымбат бағалаушы бауырларым Қанат, Шолпан, үш гүлім дендерің сау аман-есен жүріп жатырсыңдар ма? Шолпан сенің жіберген газеттеріңді оқып, "Сарыарқа самалынан" ләззат алып отырмын. Сенің мақалаларың мен қазақтан шыққан алғашқы ғарышкер Тоқтар Әубәкіровке шығарған өлеңіңді әнге салып, жаттап алдым. Өте жақсы жазылған. Жиындарда сенің өлеңіңді оқып, мақтаныш етіп жүрмін.

Ардақты ана едім көпті көрген,

Сәті түсіп жүздестім сендерменен.

Құшақ жайып өзімді қарсы алдыңдар,

Орын алдың туыс боп жүрегімнен.

Туған ел өте ыстық жанға жақын,

Есіңе түсіретін ата салтын.

Алпыстың асқарынан асқанымды,

Домбыра сыйға тарттың Шолпан ақын.

Рахмет сыйлығыңа ақын сіңлім,

Жүздесуге құмар боп менде жүрдім.

Көргенде үш гүліңді "қыз жібектей"

Әжелік мейіріммен елжіредім.

Аман бол Қанатыммен бәрің тегіс,

Оң болсын ойлағаның болмай теріс.

Еңбекте жемісті бол алға өрле,

Поэзия жолында болсын жеңіс!

Кеше "Қазақ тілі" қоғамының төрағасы екеуміз  Бурабайда "Тіл мерекесін" өткіздік. "Шәмшия апаайдың қол өнері" деген тақырыппен менің тіккен кілемдерім мен қолыммен тоқыған сюжеттік полотналарды құрып, сандықтар мен әбдіраларды көрсетті.. Менің екі мақаламды да шығарыпсың, рахмет! Сенің жол сапарларда үнемі жүретініңді білемін.Баспасөзге жазылу науқаны шығар. Сондықтан жиі хат жазып мазалағым келмейді Сәлеммен, амандықтарыңды тілейтін Шәмшия  апайың

            Иә, қазір біз жаңалықтарды жарыса жазып, елді елең еткізетін тақырыптар іздеп, тағдырлары қызық адамдарды тауып күнделікті шабылып жатамыз. Партияның сызған шеңберінен шығып кетсең алатын жазаң, қызметіңнен айрыласың. Газет бетіндегі дүниелерімізді цензура тексереді. Заводтың құпияларын жазбаймыз, сандық көрсеткіштер сызылып қалады. Көзге көрініп тұрған қоғамдағы кейбір өрескел жағдайларды жазуға болмайды. Сын мақалының аты өшті. Мақтау-мадақтау көбейді. Біздің бөлім депутат және өмір, адам және заң, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер, әйелдер тақырыбы, бала тәрбиесі секілді мәселелерді қамтиды. Көбінесе ауылдан келген хаттарды пайдаланамыз. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін бөлімнің жүгі ауырлай түсті. Ұлттық сана, ұлттық тәрбиенің жоғалып бара жатқаны күннен күнге белгілі болды. Қаламы қарымды журналистер шындықты жаза алмады. Жалған ақпараттар көбейді. Дегенмен Алматының төрінде болған қазақ жастарының бас көтеріп, бірінші басшының қазақ болуын талап етуінен кейін елдің де ішінде жаңа бетбұрыс басталды.

            Бір мың тоғыз жүз сексен сегізінші жылы Қазақстанда тұңғыш рет жыл басы наурыз тойы тойланды. Күн мен түннің теңелетін күнді шығыс халқы ежелден бері ұлыстың ұлы күні деп атаған. Көктің шығып, аққа аузы тиген кездегі қазақтың  наурызы бір мың тоғыз жүз жиырма алтыншы жылға дейін тойланған. Алайда Кеңес үкіметі дін-апиын, бұл дәстүр ескілікті насихаттайды деп тиып тастаған. Біз наурыздың не екенін, жаңа жыл басы екенін білмедік.Ұшқан құстың қанаты талатын кең де, ұлы даланы емін-еркін жайлап, ата-жұрты мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрін сыйлап өскен бүгінде өзіне ғана тән қасиеттерін жоғалтып алып, қайтадан табысқан үркердей ғана үлкендер тобының еміс-еміс есінде қалған кейінгі толқын ұрпақтың бірі білсе де бірі білмей, біле бермейтін наурыз-ұлыстың ұлы күні-наурыз.

             Наурыз туралы ақын Мұхтар Шахановтың, басқа да ақын-жазушылар  газет- жорналдарға жазды. Оны оқыдық, оқыдық да көңілге тоқыдық. Мұқағали ақынның да өлеңі жарық көрді. Көзі ашық жаңағы өзіміз айтқан үркердей үлкендер бұрын наурызды қалай тойлағандарын еске алды. Сөз шыққан сайын, қоғамда да қозғалыс басталды. Газет-жорналдар айлардың аттарын  қазақшалады. Яғни қаңтар, ақпан, наурыз, көкек, мамыр, маусым, шілде, тамыз, қараша, қазан, қараша, желтоқсан деген әдемі атаулар тілімізге оралды. "Қараша, желтоқсанмен сол бір-екі ай," деп Абай ақын өлеңге қосқандай, шілде мен маусым да тіліміздің байлығы болды. Әрине наурызды жалпыхалықтық мереке ретінде тойлау үшін қылышынан қан тамып тұрған партияның рұхсаты қажет еді. Ол үшін Мұхтар Шаханов Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бас хатшысы Геннадий Колбиннің қабылдауына жазылыпты.

            Наурызды тойлау жөнінде елдің пікірін, арнайы ұсынысын апарған. Бас хатшыға "егер  қазақтардың сеніміне кіргіңіз келсе, осы мейрамын қайтарып беріңіз. Сіз желтоқсаншыларды қудалаған басшы ретінде емес, наурызды қайтарған басшы ретінде тарихта қаласыз,"- депті.  Содан Колбин ойланып отырып, наурызды мерекелеуге бюджеттен қаражат қарастырылмаған деп құтылып кеткісі келген. Алайда зиялы қауым қаражат мәселесін Қазақ ССР-нің Министрлер кабинетінің төрағасы  Н. Назарбаевпен келісіп, алдын ала жоспарға енгізіп, шешіп қойған еді. Сол уақытта Колбин мырза Назарбаевпен тікелей телефон арқылы сөйлеседі. Наурызды тойлауға қаражаттың бар екенін білген соң, ештпеңе айта алмай, келісімін береді. Сөйтіп, Алматыда наурыз тойы тойланады. Оған бес мың адам қатысады. Осы үрдістен кейін Өзбекстан, Қырғызстандықтар да наурызды тойлауға кіріседі.

            Наурыз - жыл басы ғана емес, бүкіл адамзаттың мәңгілік мекені жер-ананың көктем шуағымен қысқы ақ көрпесін серпіп оянып, өсімдік, жан-жануарларға жан біткендей күш-қуат беретін шақ. Бір шетінен екінші шетіне ұшқан құстың қанаты талып жеткен кең байтақ еліміздің оңтүстігінен басталған көктем бізге де ертең жететін мезгіл. Міне содан бастап біздің облысымызда қайта оралған наурыз бүкілхалықтық мереке ретінде атап өтілді. Орталық алаңға киіз үйлер құрылды. Наурызкөже дайындалды. Облыстың аудандарынан келген үлкендер, әжелер тұсаукесер, сүндет той, беташар және басқа да игі дәстүрлерді көрсетті. Наурыз-айтыс ұйымдастырылды. "Достық шеңбері" айтысының шымылдығын  мектепке әлі бармаған қызым Айнұр Қарашашева мен Еркін Бейсенбаевтың ұлы Дәурен ашты. Айнұр домбыра тарту білетін. Өлең сөздерін бір кеште жаттап алды. Әрине кезектесіп айтысуды ұмытып қала ма деп ойлаған едік. Айтқанымызды ұғып алып, "Еркем-ай" әнімен тақылдатып айтысып берді. Көрермен көпшілік ерекше хошемет көрсетті. Айтысқа көршілес Омбыдан, Алтайдан қазақ өнерпаздары қатысты. Құлындының Керей ауылының қазақ мектебінің директоры Маусымбаев домбырамен өлең айтты.

***

             Журналист еңбектену керек. Журналистиканың ақындықтан айырмашылығы – шабыт күтіп отырмайсың. Мысалы, Әзілхан Нұршайықовты журналист еткен – еңбек. Осы жерде алған біліміңнің пайдасы тиеді. Сөйлемді дұрыс құрай алатын болсаң, жақсы журналист болуға болады. Журналистика- қара жұмыс, поэзия секілді элиталық жанрға жатпайды. Оқырманға не керек екенін сезіне білсе, тақырып таңдап, жазу формасын тапсаң, жазғаның оқылымды болмақ. Мысалы, Ә.Нұршайықов Бауыржан Момышұлы туралы «Ақиқат пен аңыз» деген кітап жазды.  Нұршайықовтың бұл жердегі мықтылығы – шығарманы диалог ретінде беріп, формасын тапты. Журналист кейіпкер жанын сезіне алса жақсы. Сондықтан әдемі әңгімеші болу да – журналистке керек қасиет. Журналисті аяғы асырайды. Мақаланы қаламақы үшін жазбаймын. Күнделікті жұмыс. Әрине іс сапарларға шықпасаң, бір орныңда отырып нені жаза бересің?  Колхозды ауылдың тіршілігін жазу үшін жолға шықтым. ССРО картасында бар Маралды көліне 77 бұлақ құяды. Қазір бұл бұлақтардың көбінің көзі бітелгенімен бірнеше саумал бұлақтар әлі бар. Сол бұлақтар Маралды көліне келіп қосылады.

            Маралды қашан көрсең де айнадай жарқырап жатады. Жаз шықса қыр төсінде қоңыр ала, қызғылт қарақаттары, гүл жарып шыққан дән түйіндері көздің жауын алады. Кілемдей құлпырған көкмайсалы Маралды көлінің қолтығына, ойпаң жерге "Қызыл таң" колхозы қоныстанған. Бұл елдің еңбектеген баласынан бастап, еңкейген қариясына дейін Маралдыны мақтаныш етеді. Ел ішіндегі өзгерістерді көру үшін, ауылды араладым. Еңбек адамдарымен сұбхаттастым. Мектебінде, мәдениет үйінде болдым. Үш жүз орындық мәдениет үйі ашылған күні халыққа лық толды. Одан кейін ССРО халық артисі Роза Бағланова келіп концерт берді, сонда ауылдың тайлы-таяғына дейін келді. Жәй күндері мәдениет үйі бос тұратын көрінеді.

             Жылбұлақ селолық советіне қарасты екі ферманың бірі Көлбұлақ, екіншісі Қосқұдық  ауылы. Екеуінің жағдайы екі түрлі. Қосқұдықта 38 семья тұрады. Ферма тұрғындары колхоздың малын арендаға алып, бағып күтеді. Ал Көлбұлақ фермасы ше? Бір кездері "Қызыл таң" колхозымен терезесі тең "Алға" деген атақты колхоздың таратылып кетуіне байланысты ол алдымен бөлімше болды. Кейін жазғы жайлау деп аталды. Алғалықтар қазір жұмыссыз қалды. Күні ертең "Алға" ауылы да атақты ақын Мұзафар Әлімбаев туған Қызылағаш ауылына ұқсап, ескі қыстауға айналып кетпесіне кім кепіл? Мен көлемді проблемалық мақала жаздым. Бұл суреттемем  Халық депуттары облыстық Советі сессиясының күн тәртібіне ұсынылды.

            Ауыл деген шіркін кең пейіл, көңілдері дархан. Тұрғындардың жарқын, қонақжәй мінездерін көргенде, жүрегің елжірейді. Қызыл таң ауылына бармағалы да көп болды. Неге жолым түспей жүр. Оның бір себебі бар. Қабдеш менің әкемнің інісінің баласы. Қамен жеңгеміз дүние салғаннан бері, ол үйге жиі барып жүрген болатынмын. Жұма сайын құран оқытып, еске аламыз. Қырық күнін өткіздік. Жылына да дайындық керек. Байқап отырсам, Сара келінім тоғызыншы балаға жүкті екен. Көпбалалы отбасы, әр балаға өзіндік тәрбие керек. Мектепке баратыны бар, бармайтыны бар, қазір олар бірінің киімін бірі киіп жүр. Бірыңғай ер балаларды бағып қағудың өзі мынандай дағдарыс заманында оңай емес. Содан Қанат екеуміз ақылдасып, Қабдештің Ерқанат деген ұл баласын тәрбиемізге алмақшы болдық. Жиналып отырғанда осы ұсынысты  айтып едім, Сара келінім, қуанып кетті.

             "Алыңыздар, қарсылығым жоқ"- деді. Әшейінде сөз сөйлеуге ынта көрсете қоймайтын бауырым Қабдеш "Ұлдарым әкемнің жапырақтары. Мен бермеймін, бере алмаймын. Өздерің тауып алыңдар"-деп қарап отыр.  Біз не дейміз, мүмкін дұрыс та шығар. Сол Ерқанат қазір сотқар болып өсіп келеді. Қияңқы, ерке. "Мен Қанаттың баласымын" дейтін көрінеді. Нөкеш ағамның машинасының авторадиосын ұрлапты. Ауыл балалары жұмсады ма екен? Егер бұл бала қалада болса, бізден басқа тәрбие алушы еді. Амал не, біздің әзірге ат ізін салмағанымыз дұрыс. Бәлкім бізді ренжітіп алдық деп ойлады ма, Қабдештің Қуандық деген үлкен ұлын біздің үйге алып келіп, техникумға түсір деді. Қолымнан келгенін істейтін әдетім ғой, қазір ол оқуды өте жақсы оқып жүр.  Нөкеш ағамның кенже ұлы Сержан Абай атындағы оныншы мектепті биыл бітіреді. Бізбен бірге осы екі ұл бала тұрады.

            Шәмшия апайымнан хат алдым. Жақында Көкшетау жұртшылығы  Кенесарының тойын өткізіпті. Кенесары үңгірінің ашылу салтанаты өткен. Бурабайдан 14 шақырым жердегі "Абылайхан" совхозында, Көкшенің арғы бетінде, таудың етегіне киіз үйлер тігіліп, ат шабыс, айтыс, күрес өткізілген. Шәмшия  апай жеке киіз үй тігіп, өзінің бүкіл туындысын көрмеге қойыпты. Бәрі де қолдан тоқылған, кілемге кестеленген. Келіп тамашалаушылар өте көп болыпты..Тойдың қорытындысында жеңімпаз ретінде Түркияға жолдама беріпті. Осы тойдың алдында Шәмшия апамыз Көкшетау пединститутында шығармашылық кешін ұйымдастырған. Кездесуден кейін Көкшетау қаласының әкімі  Кәрібжанов екі бөлмелі үй сыйлапты. Қаланың М. Ғабдуллин атындағы қазақ орта мектебі жанынан, республикада бірінші болып, "Ұлттық дәстүр" мектебін ашқан. Қазақтың бүкіл өнерін, жүн түтуден, алаша тоқуға дейін және де бізбен тоқу, ши тоқу, арқан есу, қамшы өру, ер тұрман және басқа да толып жатқан қазақтың ұлттық өнерінен сабақ оқытады.  Шоқан Уәлиханов атындағы пединститутта да осындай лекциясы бар. Әсет Бейсеуовты, Кәкімбек Салықовтың, Шоқанның бейнесін тарту етіпті. Бурабайдың бейнесі мен , Абылайханның, Назарбаевтың кілемге тоқылған суретін де көпшілік тамашалаған. Елбасының суреті өзіне табыс етілген. Суретті бергенде өлең арнапты. -Нұрсұлтан ел ағасы әлем білген, өзіңсің қазағыма шырай берген. Жолынан әділдіктің ауа баспас, жүйрігім топтан озса сүрінбеген.  Жебісін аруағы Абылайдың, көтердің елің үшін жүгін нардың. Қазақтың мәртебесін асыра бер, биікке көтерілсін Ұлы халқың.

             Шәмшия апай Манаттың әйелі Дәметке де хат жазған екен. Олардан жауап келмеген соң, бізге реніш білдіріпті. "Туғаныңды көрмеген, өлгеніңе жыламаймын" деген мақалдағыдай олар мені қайтсін депті. Бір көрген адамды аналап, сыйлап хат жазатын парасатты адамның ғана қолынан келеді. Манатым аман болып, бақыты үстемболып,өзім көргендей жүре берсін.Сырттарыңнан аналық, әкелік жүрегіммен тілек тілеп отырамын,-депті.

***

            Газетке қайта оралғанда аудармашы лауазымына қызметке қабылданғанмын. Біраз уақыт өткен соң тілші болдым. Тоқсаныншы жылы аға тілші деген лауазым берді. Партия қатарына қабылдандым. Кәсіподақтар ұйымында қоғамдық негізде сектор меңгерушісі болдым. Редакцияда жиһаз алуға, әйелдер етігі, басқа да зәру заттарға тізімге жазылып, кезегің келген кезде сатып алуға мүмкіндік болды. Ол заттарды қалалық атқару комитеті мекемелерге қылдай етіп бөлетін. Кәсіподақ комитетінің төрайымы Гүлбаршын Дүрманова басы артық дүниелер келіп жатса, лоторея ойыны сияқты қағазды шиыршықтап сауытқа салып, кезекпен алдыратын. Кімге қай дүние бұйырады, оны өзіміз таласып алатын шардың ішінен оқып білетінбіз. Мен мұндай зәру заттарды теледидарда жүргенде кәсіподақ арқылы Германияда жасалып шыққан қабырғалық стенканы, үш аяқты жаңа мотоциклді  және басқа да заттарды алғамын.

            Редакцияда дүние үшін таласпадым. Пәтерім бар, көлік алдым. Ағама ескі болса да  қызыл күрең түсті "Москвич" машинасын әпердім. Мұндай көлікті ауылда ешкім мінген жоқ. Әйтеуір оқуымды оқи жүріп, ағама мал ұстатқызып, оны сатқызып ақша жинадық. Ағамның тұңғышы Бағдатты тұрмысқа бердік. Ауылда көрші тұратын Махмет деген ағамыздың Мұрат деген баласы екеуі бір мектепте, бір класта оқыды. Екеуінің бірге жүретінін көріп немере ағам құда болайық, қызыңды тұрмысқа балама бер деп айтып жүріпті. Мен бұл құдалыққа қарсы болдым. Негізі өзім де ауылдың жігіттеріне тұрмысқа шықпадым. Әрі әкесі де шешесі де ішімдікке жақын.

            Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер демей ме? Баласы олардан ұзап қайда барар дейсің? Күні ертең ол да ішімдікке әуестеніп кетпесіне кім кепіл. Қарсылығымды Бағдатқа айттым, дәлелдедім. Ол арамызда ондай келісім болға жоқ. Үлкендер өздері ұйғарып жүрген шығар деп безектеді. Павлодар педагогика институтына емтихан тапсырып, конкурстан өтпей қалды. Содан кейін жолдамамен Ақсудағы ауыл клубы қызметкерлерін дайындайтын училищені бітірді. Ауыл жақта қызмет болмады. Содан Байқоныс селолық кеңесінде хатшы болып жүргенде Бауыржанмен танысып, әлгі жігіт 23 февральда алып қашыпты. Соңынан қуып барса, қызым өзім келдім деп жауап берсе керек. Ағамн "мінезі бұзық жігітке барды"- деп уайымдады.

            Той жасадық. Жігіттің әкесі мен шешесін білетін едік, олар о дүниелік болып кеткен. Қазір апалары мен бауырлары бар. Бір жылдан кейін Алмас деген ұл туды. Тату тәтті семья болды. Күйеубала Байқоныстың атаманы, төбелестің төбесін түсіретін атақты жігіт. Одан қорықпайтын адам жоқ. Оның үстіне інілері де спортшылар, күреспен айналысады. Еңгезердей жігіттер, екі-үш жігіттің басы қосыла қалса, клубтағылар олардан қорқып, сытылып шығып кетеді. Ағамның да мінезі оңып тұрған жоқ. Аузына ащы суды татып алса болды, күйеубаланың қылықтарын естіген сайын "қызымды алып келемін" деп өре түрегеледі.

            Қалаға телефон қоңырауы жетті. Күйеубаланың қылығын естідім. Жұмыстан машина алып, бардым да, қызымды баласымен қалаға алып келдім. Жас семья қасымда болсын дедім. Айтқанымдай кешірім сұрап күйеубала да келді. Оларды қаланың іргесіндегі Коряковка ауылындағы құлап жатқан ескі үйді жөндеткізіп, жұмысқа орналастырдық. Жеке өздері күндерін көрсін дедім. Бұл кезде бізбен бірге Қанаттың жиені Қайырпану, немере сіңілім Орынтай тұрып жатқан болатын. Одан қала берді Александровкада тұратын Қанаттың апасының баласы Мұрат та пәтерде еді. Үйдің іші студенттер жатақханасына айналды. Бір тиын алмаймыз. Әйтеуір қаймақ пен майын алып келгендеріне мәзбіз.

            Қызылтаңдағы Қайролла деген ағамның Мейрамғали деген баласы да оқуға түсуге келді. Ерке баланың келген күннен қан қысымы көтеріліп, қайта-қайта дәрігер шақырдық. Бағаланның да денсаулығы жақсы деп айта алмаймын. Біресе тісі ауырады, біресе іші ауырады. Менің қыздарым кішкентай кездерінде ауылда қалай жүрген? Қазір ауылдың балаларының бірі оқу бітіріп кетіп жатса, бірі келеді. Орынтай іс тігушілерді дайындайтын курсты бітіріп, Байқонысқа оралды. Ол да жақында тұрмысқа шығады. Тойға дайындалып жатыр. Күнде бір жаңалықтар туындайды. Әйтеуір жақсылығы көп болса екен. Бауыржан мен Бағдатқа жеркепе уақытша тұруға ғана жарады. Қыс қаһарына мінген кезде басқа үйге шықты. Жас семьяның аяғынан тік тұрып кетуі қиын болды. Бағдат екінші баласына жүкті болатын. Толғағы қатты болып, қиналып босанды. Бала кезінде ауылда тұрғанда аяқ-қолы қақсап, ревматизммен ауырған. Енді міне сол сырқаты да сыр берген секілді.Үйде осынша кісі тұрғанда өлең жазу қайда? Шығармашылықпен айналысуға жағдайым жоқ.  

***

            Құрметті Шолпан! Осы жылдың сентябрь айында Семей және Абай ауданында Абай поэзиясының дәстүрлі мерекесін Одақтық көлемде өткізуді жоспарлап отырмыз. Сол қарсаңда Ертіс бойы ақындарының басқосуын ұйымдастырмақпыз. Мақсат: жергілікті ақындарымыз творчествосын Одақ ақындарына таныстыру, бұл үшін Москвадан бір топ аудармашы белгілі ақындарды шақырмақпыз. Олар Абай мейрамына қатынасуымен бірге Семейде сіздермен кездесіп, мәслихат өткізеді.

            Қысқасы, осыған дайындықты қазірден бастау қажет. Бұл үшін ең алдымен өлеңдеріңізді, поэма, толғауларды іріктеп, олардың ең тәуірінен подстрочник жасатып (өлеңдердің басылған, басылмағаны шарт емес), июльдің  жиырмасынан қалдырмай бізге екі данасын жолдауды өтінеміз. Біз оларды қарап, кем дегенде бір ай бұрын Москваға, шақырылған аудармашыларға жеткізіп беруіміз шарт. Сонда олар Семейге әзірленіп, өздері жұмыс істейтін ақындармен кездесуге дайындалып келмек. Ал, бұл маслихаттың нәтижелі болуынан дәнекер іс. Дайындалған подстрочниктің көлемі бір баспа табақ шамасында, көбірек болса тіпті жақсы. Тоқ етерін айтқанда, бұлар сіздің творчестволық қуатыңызды танытқандай әсерлі, әрі көркем дүниелер болуға тиіс. Сонымен ендігі мәселе өздеріңізде, әзірлік қамында...! Сәлеммен Медеу Сәрсекеев, Қазақстан Жазушылар Одағының Семейдегі облысаралық бөлімшесінің жауапты секретары. 12 апрель,1989. Семей. Әрине бұл хат бойынша бір топ өлеңдерімді жібердім. Подсрочникті Бақи Әбіқадыров жасап берді. Тіпті жолма жол емес, кәдімгі өлең болып шықты. Негізі Бақи ағамыз мықты аудармашы. Өлеңді екі тілде жазады.

             Айтпақшы 1978 жылы "Ертіс толқыны" деп айдар тағып, алпыс шақты өлеңдерімді топтастырып, "Жалын" баспасына апарып берген болатынмын. Ол кезде Мейрам Асылғазин осы баспада "Көкжиек" бөлімінде меңгеруші болып қызмет істейтін.  Мейраммен облыстық газетте бірге қызметтес болғанбыз. Мейрам әңгімешіл, екі сөзінің бірін қалжыңға айналдырып сөйлейтін ақкөңіл жігіт. Жас кезімізде ойын тойда бірге жүрдік. Күйді керемет ойнайды. Жан-жақты, талантты. Газетте істеп жүрген кезінде  оның шағын әңгімелері "Әдебиет бетіне" шығып тұрды."Балалар балалық жасапты" деген әңгімесі өмірден алынған, өте тартымды жазылған әңгіме. Баяғы өзім күнделігімде жаза беретін тақырыбым. Ауылдағы жігіттердің қыз алып  қашуын күліп отырып оқып шығасың. Қазір талантты жазушы болды. Баспадан "Ауылдастар" деген әңгімесі кітап болып шықты.  

            Жерлес ақын-жазушы Қабдыкәрім күз айында елуге келген мерейтойын Павлодарда атап өтті. Осы сапарда мен аға туралы көлемді хабар жасадым. Ол кісімен бірге келген меймандармен  дөңгелек үстел өткізіп, сұбхаттастық.  Туған жеріне бірге бардық. Әрине ол кісі  мені де "Жалын" баспасына қызметке шақырды. Алайда бұдан үш жыл бұрын телеарна арқылы үш бөлмелі үй алғанмын, оның үстіне екі балам бар, кейінірек Алматыға көшудің реті болар деп жүргенде Қабдыкәрім ағамыз дүние салды. Газеттен қаралы хабарды оқығанда, қатты уайымдадым. Қаламдас достары, ақын-жазушылар "Жыр жұлдыз боп аспанға атылатын шағы еді" деп қайғырып көңіл айтыпты, талантты еді. Туған жеріне арнаған жырларын оқи бергің келетін. Теледидарға сұбхат бергенде, жазамын деген дүниелерім көп,-деген. Ақын ағамыз баспа орнында отырғанда жерлестеріне  қамқорлық жасап, бауырына тарта бастағанда қыршынынан қиылды. Сол  сапар оның елімен қоштасуындай  болды.  

            Жазушы жерлесім Мейрам поэзия бөліміне қатысы жоқ болса да, қолжазбамды өзі қолына алып, бөлімге тіркетті. Түстің кезінде үйінде қонақ болдым. Жаңадан үй алыпты. Енді сол кітабыма он жылдан кейін жауап алдым. "Жалын" баспасының бас редакторы Бексұлтан. Нұржекеевтің қолымен "сіздің қолжазбаңызды А. Бөкеновтың тұжырымы бойынша жарамсыз деп тауып, өзіңізге қайтарып отырмыз"-деп жауап жазыпты. Мен баспадағы  А. Бөкеновты  танымайтын едім, танымал адам емес еді. Не атын дұрыстап жазбапты.

            Баспаға ұсынған қолжазбамда заманға сай, өндірісті, ауылшаруашылығында еңбек ететін адамдарды мақтау өлеңдер көп болатын. Әсіресе "Трактор бар жаңа үлгіде шығатын" деп басталатын өлең жолдары, сөйлем құрамы сыни-тұжырымды жазған адамға ұнамапты.Сыннан көзімді аша алмадым. Шынында да өзім оқып отырсам, өлеңдерім айтыстың стилімен, баяндау ырғағымен жазылыпты. Яғни қай тақырыпты алсам да баяндау, мадақтау, мақтану, ал лирикалық суреттеу жағы шамалы. Алғашқы өлеңдерімнің аяқ алысынан кейін сыншы әрі қарай талдағысы келмеді ме, жалпылама газеттің ресми материалдарындай сіресіп тұрған өлең жолдарынан образ бен ой таба алмадым депті. Яғни өлеңдерім репортаж күйінде көрініс берген секілді. Өлең образсыз, ойсыз жазылмайды.  

            "Әнім сенсің -туған жер" деген  тақырыптағы өлеңдерім кітапқа ұсынбай тұрып, республикалық жорнал-газеттерде жарық көрген болатын. Оқырмандар осы өлеңдерім арқылы мені таныған .Амал не сыншы бұл топтаманы да жаратпапты. Мұнысына мен келісе алмадым. Әрине кітап етіп шығарғысы келмеген баспа үшін барлық өлеңдерімнің сынға ұшырауы белгілі жай. Негізі осының алдында "Жалын" баспасы шығарған жас ақындардың" Көктем тынысы" деген жинақ кітабына өлеңдерім енген болатын. Ол өлеңдерімді сынға алған сыншы болған жоқ. Егер жерлес ақын-жазушы Қабдыкәрім Ыдырысов тірі болса, менің бір кітабым емес, екі кітабым баспадан шығушы еді. Оған кәміл сенімді едім. Амал не, дүние бір күннің ішінде аударылып-төңкерілді. Қайта құру, демократия, қазақ тілінің бедел ала алмауы осы кезеңге тұспа-тұс келді. "Адамның басы,Алланың добы "деген осы екен. Басымыздың домалағаны сондай, қай жерге, қай жаққа  домалап барамыз оны бір Алла біледі.

***

            "Адам беделсіз күн көре алмайды, бірақ сол бедел қанша ақиқатқа жеткізсе, сонша адастырады» депті белгілі неміс ақыны Иогани Гете. Құдайға шүкір беделсіз емеспін. Осы беделімнің арқасында біраз белестен өттім. Сүрінген де, етегімнен тартып сүріндіргендер де болды. Амал не, елдің бетіне айта салатын өзімнің кейбір мінезімнен қиындық көрдім. Бірақ ол үшін ешкімді кінәламаймын. Ешкімге күнім түсіп көрген жоқ. Таза өз еңбегімнің арқасында, біреулердің  қолдауынсыз-ақ бұйырған беделге ие болдым. Адасқан да кездерім болды. Өмірдің ащы дәмін татпасаң, тәттінің де дәміне тамсана алмайсың. Біреу мені сынаса, алдымен қатты ренжіп қалатыным бар. Мінезім шапшаң. Көпке дейін өкпемді білдірмесем де, ұмыта алмаймын. Осы мінезімді жүре-жүре өзгертуге тырыстым. Бірден ашуланып, ұрысқа шақырып шыға келмей, естімеген, білмеген сыңай танытатын болдым. Кейбіреу менің осындай мінезіме бейімделе бастағынымды көріп, қалай шыдап отырсың деп отқа май құяды. Сынды бір кісідей көтеруге болады. Бірақ кейде орынсыз мұқатқысы, төмендеткісі, тіпті жоқ қылғысы, таптап тастағысы келіп, өткір сынды қолданатындар да бар.

            Ақын жанын түсіну-азап. Шығармашылық адамының әлем тапырақ жан дүниесін қаз-қалпында ұстау нағыз қиямет. Ойнап-күліп қасыңда жүргеннің өзінде сырын ұға алмайсың. Өмірде өзің бар жерде өлеңің бар, әнің бар, өзгеге болмаса да өзіңе өзің өнерпазсың.  «Жақсымын деп мақтанба халық айтпай. Батырмын деп баптанба барып қайтпай».«Сұңқар тапқан тамағын шашып жейді, қарға тапқан тамағын астына басып жейді." Иә, тұлға деген сөз орысшадан аударып алғанда "личность." Қазақшасы тым күштірек. Дегенмен адамдардың ішіндегі өнерімен, басқа да қабілетімен, өзін тыңдата білетінімен ерекшеленсе, өзін терең білімімен таныта алған адамды тұлға дейді. Адамды тұлғаға айналдыратын оның істеген ісін, қылығын, іс әрекетін батылдығы мен батырлығын, ерлігімен, серілігін көрсете білген адамды  мақтау, мадақтау, жариялау, насихаттау деп ойлаймын.

            Кейде журналист біреуді тұлға етіп жазып көрсетемін деп өзінің де тұлғаға айналғанын білмейді. Сонда тұлғаның қасында өзің де тұлғасың.  Менің  әкем тұлғам еді. Әрине бұл сөз жүзінде ғана. Халықтың ішінен дараланған ірі тұлға туралы әңгіме басқаша.... «Алланың әмірімен тар заман, тайғақ кешу кезеңдерінде ұлтының ұлы рухына айналып, оны ұдайы ерлікке жетелеп отыратын ұранды тұлғалар болады» делінген құран (Мұхаммед Пайғамбардың) хадистерінің бірінде. Машһүр Жүсіп, Сұлтанмахмұт, Абайлар мен Махамбеттер, Мұхтарлар мен Қаныштар, сондай ірі тұлғалар, кемеңгерлер. Кемеңгер адамды қайта-қайта оқи беру керек. Абайды оқи бергің келеді, онда философиялық ойлар тұнып тұр. "Жан-дейді Абай жылжып тұрады. Жас кезінде аяққа барады. Жігіт кезінде кеудеге келеді. Қартайғанда жан-жаққа келеді екен. Жанның тамағы болады, жанның қуаты болады, - дейді Абай. Оның рухани байлығы мықты, қуаты мықты. Чернышевский Толстойды адам жанының шындығын жазатын адам келді деп тегіннен тегін айтпаған болар. Шындықты жазу да өнер. Олардан үлгі алу да, үйрене білу де өнер. Гоголь мен Пушкиннің өмірге келгенін ғажайып құбылыс депті. Кейінгі авторлар алдыңғы авторлардың еңбектерін басшылыққа  ала отырып, өз тарапынан толықтырулар  мен өзгерістер енгізуі сірә көшіргенге жата қоймас.

***

            Ауылдан  Павлодарға келдік. Ырысты апайым қатты ауырып ауруханаға түсті. Облыстық жұқпалы ауруларды емдейтін бөлімге жатқызды. Ешкімді кіргізбеді. Дәріні көп ішкендіктен бе, сарыауру, көзінің айналасы сап-сары болып кетті. Бас дәрігер Гүлзада Мұқанқызымен сөйлестім. Емдеушілердің айтуынша бауыры езіліп кеткен.Ертең ота жасайтынын айтты. Егер жүрегі шыдаса аман алып қалуға тырысамын деп үміттендірді. Бірақ бәріне дайын болыңдар деп ескертті. Операция алдында Рысты апайыммен терезеден сөйлестім. Басындағы орамалы жылжып түсіп кеткен, шашы аппақ, өңі  қуарып кетіпті. Сөйлеуге аузы келмейді. Терезенің жақтауына сүйеніп тұрғанын байқадым. Маған бір жапырақ қағазды әйнектен түсіріп жіберді. Оқып көріп едім, қоштасқаны екен. Қыздарыма бас-көз бол деп тапсырыпты. Екі ұлы туралы жазбапты. Қыздары Баян -тұрмыста болатын. Үйелмелі-сүйелмелі Ботакөз, Бақытжамал, Дәметкен, Ғалия үйінде. Кенжесі Ғалия төменгі класта оқиды.  Ертеңінде операция жасауға басқа корпусқа алып кетті. Жолда көріп қалдым. Есін білмейді ғой деймін. Бірақ менің даусымды естіді ме, жоқ па,"Алла-ай" деп қинала дауыстады. Көрген-білгенім сол. Кешкілікте қайтадан бөлімшеге әкелді. Қасында отыруға рұхсат етілді. Ауылдан Әмірхан жездемді шақырдым. Мен өзім барып отыруға, Қанаттың туған күніне қонақтар жиналып жатқан. Ет асылып, дастархан жайылды. Бұл октябрьдің 29-ы болатын.

            Егіздің сыңары Манат институт бітіргеннен бері Жезқазған жақта құрылыс  инженері мамандығы бойынша жолдамамен қызмет істеп жүр. болатын.. Әйелі Үмітаймен ажырасты. Мінездері жараспады. Айгүл есімді қызы әйелі Үмітайдың қолында қалды. Ұрыспен басталған тойдың аяғы түсініспеушілік пен шынайы махаббаттың болмағанынан ажырасумен  тынды. Жастардың басында баспана болмаса, үй болып кету қиын. Үйлену оңай болды. Үй болып кете алмады.  Үмітайдың анасы жасы жер ортасына жетпестен,  ескілікті сырқатынан айыға алмай, дүние салды. Қиналып кетті, бізге деген, құдаларына деген өкпе-назын өзімен бірге алып кетті. Ол кісі қияли болды, неше түрлі  қылықтарын көрсетті. Мен оны кешірдім. Жаны жәннаты болсын, жақсы адам еді. Қазір Үмітай әкесі екеуі тоғыз қабатты үйден екі бөлмелі пәтер алып, кішкене Айгүлді мойынына мінгізіп, сол үйде тұрып жатыр. Құда өз қанынан ұрпақ сүйе алмады. Үмітай ағасының кенже қызы болатын. Еркелетіп өсірген қыздарының бақыты ашылмады. Манат қаражат жағынан көмектесіп тұрады.

            Енем Қауа біздің қолымызда. Шарбақтысына барғысы келсе, поезға отырып, жүре береді. Екі ортада жүр. Бізге келгенде соңынан бірнеше әжелерін ерітіп әкеледі. Зука деген бәйбішенің аузынан темекі түспейді. Қашан көрсең де, сораптап отырғаны. Нұржамал үшінші ұлына босанды. Мен Болат қайнағамның баяғы қылығын кешіре алмай жүрмін. Нұржамал екеуміздің қабағымыз келіспейді. Негізі Нұржамал ақкөңіл, қолында бар болса, аямайды. Өзінің ата-анасы Қосқұдық деген ауылда тұрады. Қайрат деген бауыры-ауру. Оларға көмектеседі. Қауа енем Нұржамалды ұнатпай, Болаттың тапқан-таянғанын үйіне тасиды деп отырғанын талай рет естідім. Он балалы үйден шыққан, өзінен кейінгілердің бәрі жас. Үлкен ағасы Жиангер үйленді. Оған да осылар шашылып, той жасады.

            Рысты апайым операцияның көмегі болмағандықтан ба, әлде, ішін жарып, жаба салды ма  екі-үш күннің ішінде жоқ болды. Жылап-сықтап, ауылға апарып, мәңгілік мекеніне, Иманғалы атасының қасына апарып жерледік. Екеуі тірі кезінде ит пен мысықтай еді, бірін-бірі жек көретін. Оның көптеген себептері де бар. Басты себебі әкем Байғалы Қызылтаңға көшіп келгенде, Рысты көшке ермей, Жаңабетте қалып қойған екен." Бармаймын, кетпеймін"- деп үйден қашыпты. Содан әкем, оны қолына бишігін алып, көк биенің алдына салып, қуып әкеліпті. Содан Рысты Иманғалыға "көшіріп әкетіп бара жатқан сен кінәлісің" деп қолына түскен затты лақтырған ғой. Міне содан бері екеуі итше ырылдасады. Енді қараңызшы, міне екеуі екі төмпешік болып қатар жатыр. Бүкірді жер түзейді деген осы. Білетіндер, құрдастары бұлар енді "көрде жатып татуласатын шығар"- деп күледі. Өмір сүргің келсе, денсаулығыңды күте біл. Иә, денсаулық-өмірдің басты құндылығы, баға жетпес асыл дүниесі. Рысты апайым денсаулығын ойламады, өзін өзі бағаламады. Анамыз Сара аурудан, емделетін дәрінің тапшылығынан небәрі қырық төрт жыл жасаған еді, ал оның қызы Рысты бар дәрілерді ішіп жүріп, Алланың жазуымен 44 жасында дүниеден өтті. Өмірдің қаталдығы ғой. 

***

            Медеу ағадан хат алдым. Өткенде шақырту алғаныммен бір себептермен Семейге жолым түспеді. Енді міне тағы да хат жіберіпті. Құрметті Шолпан! Алдағы жылдың ақпан айының орта кезінде Семейде Ертіс өңірінің ақын, жазушыларының зональдық кеңесін өткізбекпіз. Оған Москвадан бес әдебиетші,-аудармашы келіп өздеріне лайықты әңгіме, повестерді, поэмалар таңдамақ. Оны өткізе алсақ, аяғы Москвадан бір жинақ болып көрініс бермек....  Осы шаруаны алдын-ала хабарлап отырмыз. Ниет болса, соған лайық дүние болса-жолма-жол аудармасын әзірлей берген жөн. Оларды және бізге жаңа жылға дейін жеткізіп бергендерің жөн. Себебі біз оны астаналық аудармашыларға кем дегенде бір ай бұрын жеткізіп беруге міндеттендік. Мұндай мүмкіндіктер туа бермейтінін ескеріп, осы іске аса ұқыппен қарап, бізге  де ұмытпай бір хабар беруді  естеріңізге саламыз.

            Шолпан ең таңдаулы деген төрт-бес өлеңді аудартуға болады деп ойлаймын. Сондықтан сен бұған аса жеңіл қарама, қайтсең де мүмкіндік тауып, қатысатын бол!          Зор құрметпен Медеу Сәрсекеев, Семей 17 қараша, 1990 жыл.          Иә, салғырттық па, салақтық па әйтеуір  осы өтініш аяқсыз қалды. Орындай алмадым. Өлеңдерімнің ішінен лайықтыларды таңдай алмадым деуге болады. Бәлкім уақыт жетпеген де болар.

            1989 жылы Г. Колбин Мәскеуге, басқа қызметке ауысты. Оның орнына Нұрсұлтан Назарбаев келді. Москвада кезекті, тарихи съезд өтті. Онда саясаттағы, экономикадағы және қоғамдық өмірдің әлеуметтік-рухани салаларындағы жағдайлар айтылып, елдегі дағдарыс сынға алынды. Айғай шумен басталған съезд жұмысы сол кездегі демократияшыл партияның бас хатшысы М. Горбачевтің жеке басын сынаумен аяқталды. Елде тұрақсыздық жайлады. Облыстық газеттер ғана емес, одақтық, кеңестік, республикалық газеттер де ел жағдайын жаппай-жазды. Телетайптан түсетін материалдар нешеме рет өзгерді. Кезекші болған күндері газет жарыққа шыққанша баспахананы күзеттік.

            Демакратиялық қоғамға өтудің басталуы одақтас республикалар мен олардың мемлекеттік құқықтық формациялары арасындағы қатынастарды қайта қарауға әкелді. 1989 жылдың өзінде республикалар кеңестің аясынан өздерінің бөлінетіндігі жайлы батыл мәлімдей бастады. Орталық теледидар, "Правда", "Советская Россия" газеттері Балтық жағалауы республикаларына қарсы науқан бастап, оларда да адам құқықтары бұзылып, Орталық басшылық бұл республикаларға экономикалық және саяси қысым көрсетіп жатыр деген бағытта дауды күшейітті. КСРО-ны жайлаған саяси дағдарыс, одақтың аса ауыр жағдайы ыдырау үдерісіне алып келді. Дағдарыстан шығудың бір жолы-Президенттік қызметті енгізу болатын. Одақтас республикалардың бірі Қазақстандағы экономикалық және саяси ахуалды тұрақтандыру үшін Президенттік басқару қажеттігін дәлелдеді. 1990 жылы Жоғарғы Кеңес "Қазақ КСР Президентін бекітіп, Қазақ КСР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Сөйтіп Қазақстан желтоқсанның оны күні референдум өткізіп, президенттікке Нұрсұлтан Назарбаевты бірауыздан сайлады. Бұл кезде біз де саяси науқанды газетке жазып, сайлаудың ойдағыдай өтуіне журналист ретінде үлесімізді қостық. Қазақстанда Президенттік институт Ресейден бір жыл кейін жүзеге асты. Осы жылы "Мемлекеттік егемендік туралы Декларация" қабылданды. Яғни Қазақстан Ресейден бөлініп, өз тәуелсіздігін алды. Егеменді ел болғаннан кейін Ата заңымыз қабылданды. Онда Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілі -қазақ тілі деп жазылды.  Көп ұзамай Тілдер туралы заң қабылданды. Қазақ тілі -мемлекеттік тіл болды.  Тоқсаныншы жылдар қаһарын төгіп келсе де, қазақ елі үшін тарихи жыл болды.

***

                Павлодар облысы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бөлімшесі ашылды. Бұл бөлімше де  ұлттық қайта жаңғыру, «демократиялық толқын» кезеңінде қажеттілікпен құрылды. Жаңа қоғамды құруға  жоғары оқу орындарының ғалым-ұстаздары, жергілікті ақын-жазушылар, журналистер белсене араласты. Олардың ішінде Павлодар педагогика институтының Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, профессор Ермек Өтебаев, Павлодар индустриалды институты физика кафедрасының доценті, техника ғылымдарының кандидаты Жеңіс Марданов болды.1990 жылы қазан айында осы ұйымның үні "Дауа" газетінің бірінші нөмірі жарық көрді. Оның редакторы "Қазақ тілі" қоғамының төрағасы Жеңіс Марданов болды. Облысымызда қазақ тілінде шыққан екніші газеттің алған бағыты да, жазатын дүинелері де халықтың көкейіндегі дүниелер болатын. Газетке Нәсіполла Есімов, Байтұяқ Жанымбетов, Бақи Әбдіқадыров, Қайыр Жүнісқалиев сияқты журналаистер белсене қатысып, мақалалар жазды.

            Соғыс және еңбек ардагері Қаматай Батталовты мен жақсы таныдым. Ол кісі 1989-1990 жылдары «демократиялық толқынмен» күресіп жүретін. Суворов көшесіндегі жетінші үйде Жұмасейіт Бижанов пен Бақтыбек Құниязовпен көрші болды. Мен де телевизия орталығында ол кісінің үйіне жақын тұрдым. Қматай ақсақал мәліметті көп жинайтын. Қолындағы шиырлап ұстаған газетін бізге көрсетіп, биліктің алдына кіруге сұранып, тілдің жағдайын айтудан қажымайтын. Бір өзі шырылдап жүріп, орыс мектептерінен қазақ кластарын ашқызды. Көбінесе біздің редакцияға алып келген мақалалары билікке қарсы жазылғандықтан жарыққа шықпайтын.

            Газет жігіттеріне "намыстарың жоқ, қазақтың тілі өліп жатыр, сендер ішкен тамақтарыңа мәз боласыңдар"- деп кейіс білдіргенін талай рет көрдім. Тіпті  оның қазақ мектептерінің проблемалары жайында обкомға жазған хаты бюрода талқыланып, сөгіс алғандар да болды. Аға сырқаттанып жатқанда үйіне кіріп шықтым. Алайда ол кісі тез арада өмірден өтіп кетеді деп ешкім ойламапты. Соғыстан алған жарақаты қайтадан асқынып кеткендіктен дәрігерлер ештеңе істей алмады. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Павлодар облыстық ұйымының басқарма мүшесі, қазақ тілінің баға жетпес жанашыры, ұлтжанды азамат Қамантай Батталов дүниеден өтер кезінде балаларының алдында "Қазақтың тілін жоғалтпаңдар, сақтаңдар" деген сөзді қайталап жатып көз жұмған екен.

             "Қазақ тілі" қоғамының облыстық бөлімшесі  "Дауа" газетіне шыққан өткір сын мақалалар арқылы жұртшылықтың қолдауына ие болды. Ұйым басқармасына қазақ тіліне байланысты проблемалар жөнінде ақпараттар жан-жақтан түсті. Оларды шешу жолдары туралы ұсыныстардың түрлі нұсқалары да, қазақ тілінің мәртебесін көтеру мәселесіне қатысты тың идеялар да айтылды. Бұларды мәжілістерде талқылап, дұрыс шешім шығарып, тиісті орындардың назарына ұсыну ұйым басшылығының құзіретіне жатты. Ал, басқарма мүшелігіне енген мемлекеттік органдардағы жоғары лауазым иелері жұмыс уақытында қызметтерін қалдырып, басқарма мәжілістеріне қатысып отырды. "Дауа" газетінің  халықтың сүйікті газетіне айналуына Тілеукен Еңсебаевтың еңбегі зор болды.

            Белгілі шежіреші, ғылым кандидаты Тілеукен Еңсебаев  коғам жұмысын ғылыми негізде жүргізуге баса назар аударып, көп еңбектенді. «Дауа» газетіне  оқырмандардың сұранысына сай келетін тарихи проблемалық материалдардың қомақты бөлігін дайындады.. Ол өзі жинаған және редакцияға түскен шежірелерді, тарихи тұлғалар және оқиғалар туралы деректер мен аңыздарды зерттеп, бір ізге түсіріп жүйелеуде тер төге еңбектенді.  Жалпы "Дауа" газеті Ермак қаласының атауы Ақсуға өзгертілуіне, атаман Ермак мүсінінің алынуына, елді мекендер мен көше атауларының қазақшалануына, қала мен ауданда қазақ мектептері мен алғашқы қазақ балабақшасының ашылуына,   ұлттық мейрам «Наурыз» тойының сән-салтанатпен өтуіне, айтыс өнерінің жандануына тікелей ықпал етіп, ұйымдастыру ісінде басты рөл атқарды.

***

            Тәрбие басы -әйелден. Тәрбиенің негізі-әйел. Тіл-ананың ақ уыз сүтімен дариды. Әр халықтың тарихы мен мәдениеті, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі ұрпаққа - ана тілі арқылы дариды. Кезінде Қазақстанда кеңес үкіметі орнағанда қазақтарды орыстандыру үшін алдымен әйелдерден бастау керек деп, сауат ашуды қолға алыпты. Ананың сүтімен уызданған бала туа сала мамалап, орыс тіліндегі ән-жырмен тербелгенін білеміз. "Орыс тілін білмесе, балаларың нан алып жей алмайтын жағдайда болады"- деп, қазақ әйелдерін үгіттесе, одан кейін аналары да балаларын солай тәрбиеледі. Жетпіс жылдың ішінде түріміз қазақ, оймыз бен сөзіміз, қылығымыз бен былығымыз, тіпті мінезіміз де  нағыз орыс болып шыққаны өзімізге аян. Бесігіміз ащы сумен тербелді. Мұхтар Әуезов те "Алдымен бесігіңді түзе, тәрбие басы-бесіктен" деп тегіннен тегін айтпаса керек. Енді өзімізді өзіміз тәрбиелеуіміз керек. Дамудың дербес жолына түскен қазақ мемлекетіне болашақ үшін алдымен әйел-аналарды тәрбиелеу қажеттігі туды. Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді дейді. Ұрпақтың тәрбиесі аналардың қолында. Осыдан кейін егемен елдің әйелдерін қайта тәрбиелеу басталды. Әйел қандай болу керектігі жиі айтылып, қоғамдағы жағдайлар сарапталды.

            Елім деген, қазақ ұлтының қамын жеген жазушылар мен ақындар, өнер адамдары тіліміз бен дінімізді, салт-дәстүрімізді қайтарып алу үшін бел шешіп кірісті. Мұсылман елдеріндегі әйелдердің озық үлгілері зерттелді. Түріктердің үлгісімен қоғамдық ұйым құру қажеттігі туды. Осының негізінде елуінші жылдары атамекеніне қытайдан оралған биші, қоғам қайраткері Әмина Нұғыманова мен ССРО халық артисі әнші Роза Бағланова Түрік мемлекетінің қолдауымен, олардың тұғырлы тәжірибесімен Алматыдағы зиялы қауымды құрылтайға жиып, Қазақстан Мұсылман әйелдер лигасын құрды. Жарғылар мен мақсат,міндеттері айқындалды. Өнер адамдары қоғамға мүше болды. Олардың әрқайсысына сан-салалы міндеттер бөлінді. Салт-дәстүрлерді насихаттау, қарттар мен жетім балалар үйіне қамқорлық жасау, қыз балаларға қазақи тәрбие беру сияқты жоспарлар белгіленді. Мектептерде қазақ балаларын шоқындырылып жатқаны, қарттар үйіндегі христиан дініне өтіп кеткендігі, мектептерде қазақи тәрбие жоқтығы зиялы қауымның жүйкесіне тиді. Аты-аталған проблемалар лиганың "Ақ босаға" газетінде жазылып, қоғамдық пікір-талас тудырды.

            Жетпісінші жылдары Павлодар облыстық телевизиясына жолдамамен редактор болып келген Ғалия Аюпова осы қоғамды құруға белсене кіріскен әйелдің бірі болды. Ғалия Қайдауылованың мамандығы журналист. Жазудан гөрі, сөйлер сөзге шешен. Кез-келген ортада өзінің сөзін өткізетін батыл әйел еді. Республикада мұсылман әйелдер лигасы құрылған күннен бастап, ол басына орамалын байлап, салт-дәстүрлерді жаңғырту ісімен айналасты. Жолдасының қызмет бабымен Алматыда тұрып жатқан Ғалияның бастамасы бірге қызметтес болған біздерге ықпал етпей қалмады. Басындағы ақ орамалы желбіреп, республикалық телевизияда танымдық хабарлар жүргізіп отырғанын ел көрді.       Мұсылман әйелдер лигасының істеп жатқан жұмыстары, ұмытыла бастаған әдет-ғұрып, салт-дәстүр осы қоғамның газеті мен телевизия арқылы насихатталды. Қазақстанның барлық облыстары Республикада құрылған мұсылман әйелдер лигасының филиалдарын аша бастады. Ондай филиал Ақмола облысында ашылды. Әрине қайта құрудың қиын кезеңін бастан кешіріп, бір ашылып бір жабылып жатқан баспасөзге де ел саясатын оң бағытта көрсету ерекше сын болды. Облыстық телевизия кадрларын қысқартып, журналистер жұмыссыз қала бастады. Газеттер де өзін өзі ақтай алмайтын жағдайда болатын. Демеушісі болмаса мұндай қоғамның жұмыс істеп кетуі қиын екенін білсек те, біздің облысқа да ойлану қажеттігі туды. "Ардақ" қыз-келіншектер бетіне әйелдер проблемасын ашық жаздық. Бұрын айтылмай келген іргедегі атом сынағының зардабы туралы да мәселе көтерілді. Май ауданының іргесіндегі жарылыстың салдарынан қанша ма аналар мен балалардың сырқатқа шалдығып, жарымжан болғанын, емделген күннің өзінде опат болып кеткендер жайында, дәрігерлердің пікірлері берілді.

***

            1991 жылы 26 наурызда республика астанасы Алматыға жолым түсті.  Негізгі мақсатым облыстарда жаңадан құрылып жатқан Қазақстан мұсылмандар Лигасына барып, олардан Павлодар облысында да осындай бір қоғам құру болатын. Лиганың төрайымы Әмина Нұғыманова "Орталық әмбебап дүкенінің қасында тұрады екен. Алматыны жақсы білетін мен үшін оның мекенжайын тауып алуға қиыналған жоқ. Мән жайды айтып, Әмина Нұғыманованың қолы қойылған, мөрі соғылған мандат алдым. Онда "Қазақстан Мұсылман әйелдер одағы алқа мүшелерінің шешіміне орай, одақтың Павлодар облысындағы бөлімшесін ұйымдастыру міндетін "Қызыл ту" газетінің бөлім меңгерушісі Байғалина Шолпанға жүктейді. Алқа мүшелері Ш.Байғалинаға үлкен сенім білдіре отырып, алғашқы ұйымдастыру шараларын жүргізуді жергілікті  ресми ұйымдардың, діни және мәдени орындардың "Қазақ тілі" қоғамының жан-жақты  көмек көрсетуін сұрайды" деп жазылды. Келген соң облыстық атқару комитетінде әлеметтік мәселелермен айналысатын Күлбарам Наурызбаевамен телефон арқылы сөйлестім. Ол кісі құжаттармен бірге Қайырбаев 32 үйдің 402-ші кабинетіне шақырды. 15 мамырда қабылдауында болдым. Мәселені түсіндірген соң біздің ісімізге сәттілік тілеп, құрылтайға дайындыққа көмектесетінін айтты. Ынталы топ құруды ұсынды. Одан шыққан соң Ростов көшесіндегі бірінші үйдегі "Қазақ тілі" қоғамы  мекемесіне бардым. Қоғамның төрағасы Жеңіс Марданов бұл бастаманы құптады.

             Ынталы топ құру жиналысын педагогика училищесінің залында өткіздік. Оған қаланың зиялы әйелдер қауымы, барлығы елу адам қатысты. Серік Құсанбаев бүгінгі қалыптасып отырған жағдайды, тәрбие ісіндегі кемшіліктерді, тілі мен дінімізден айрылып бара жатқанымызды өлеңмен өрді. Мұнан кейін Гауһартас Мейрамова, Рәзия Молдабекова, Хатима Рахметулина, Кәпентай Жұмабаеав және Рәзия Асқарова сөз сөйлеп, баланы бесігінен тәрбиелеу үшін алдымен  әйелдер қауымы өзін-өзі тәрбиелеуді баса айтты. Қоғамдағы дертті емдеу әйелдердің қолынан келетінін айтып, ол үшін қоғам болып жұмыс жасауға шақырды. Жаңадан құрылғалы отырған мұсылман әйелдері қоғамының алдында тұрған міндеттер сөз болды Отан-от басынан басталады. Отбасы-кіішігірім мемлекет. Олай болса үлкен мемлекеттің іргесі кішкентай мемлекеттің мықтылығымен бекиді. Ынталы топ мүшелері аудандарға шығып, ол жақта да осындай қоғам құрды. Әр ауданнан сайланған 5-10 делегат Құрылтайға келді. Осы жиналыста қоғамның жарғысы бекітіліп, ережелері қабылданды. Сонымен  сең қозғалды.

***

            Адамның бар ғұмыры әрекеттен тұрады. Ал оның іске, адал нәрсеге жұмсалуы жүрекпен сана тазалығына байланысты. -Жұмыр басты пенде ең алдымен өзінің ақыл-ойын, күш жігерін адал еңбекке арнауы керек. Мұның өзі жүректегі  иман сезіммен сондағы парасаттылықпен ұштасып тұруы тиіс. Айналасындағылар туралы таза ойда болатын, арам ниеттен ада, жора-жолдастарына қайырымды, әріптестерінің арасында сыйлы, үнемі жайдары жүретін, қастандық пен көреалмаушылықтан алшақ азаматтардың ғана жақсы, ұзақ өмір сүру мүмкіндігі бар. Бұл-өмірде дәлелденген жағдай. Ал үнемі қара бұлтты үйіріп, өзгеден өш алуды ойлап, қаскүнемдікке  үйірсек адамдардың бойында түрлі ауруларды қоздыруға жол ашылады. Олар өз жүйкелерін өздері тоздырып, өзінен өзі шаршап, санасын улайды. Осылайша ауруға қалай тап болғанын білмей қалады. "Әр суреткер өзін өзі жазады", депті Бальзак. Мен міне өзімнің басымнан кешкен дүниелерді жазып отырмын.

            Қызылтаңнан хабар алдым. Әкемнің інісі Иманғалының әйелі Қамен апатайым қайтыс болыпты. Төсек тартып ауырып жатқанын білетін едім. Жағдайы нашарлаған соң, Көкшетаудағы қызы Шәкенді шақырғанмын. Ол екі аптадай қасында отырып, күтіп еді. Көкшетауда қалған бала-шағасын ойлап, қашанғы жата беремін деп поезға билет алып, үйіне кеткен. Енді міне оған да хабар бердік. Бір келіп кеткен соң, енді қайдан келсін. Соңғы күндері естуімше қолындағы келіні Сара Қабдешке "ауру шешеңді күте алмаймын"- депті. Келін болып түскелі сегіз бала көтерді. Сегіз ұл, екі қыз. Балаларының алды әскерде жүр. Енесімен жиырма жылдан астам бірге тұрды. Бір-біріне тілдері тиді ме, әлде жолдасына көрсеткен қыры ма екен? Әйтеуір мінезін көрсетіпті. Қабдеш Иманғалының жалғыз ұлы. Оған әкесі "әскерге алып кетеді, ертерек үйлендіремін"- деп, ауылда бір қыз көрсе соған құда түсіп жүретін.  Тіпті Имакең біздің өзіміз  пәтерде тұрғанда, осы Үмітайды да балама бер деп, әке-шешесінен сұраған.

            Қаланың қызы ауылға келін болып барушы ма еді, әрі Қабдештің ол қыздан жасы көп кіші болатын. Содан ауылдың жігіттеріне ауылдағы веттехниктің қызын алып қашып әкеп беріңдер деп қолқа салса керек. Жігіттерге ойын -той керек. Үлкен кісінің сөзін жерге тастамай, Қабдешті Сараны алып қашуға көндіріп, үйінен дүкенге шыққан қызды мотоциклге салып алып, Үшқұдық деген ауылға тартып отырыпты. Көрші ауылда Сәкен деген ағайын бастық болатын, тура сол үйге апарады. Тұрмысқа шығамын деп ойламаған қыз, тулайды ғой. Кімге келгенін білген соң, одан сайын жылап, көнбей қояды. Сараны Қабдеш алып қашты деп естігенде  сіңлісі Майра Иманғалының үйіне келіп, айғай-шу шығарып, сотқа беремін деп, долданады. Бұл уақытта Сараны Сәкеннің әйелі Мамажай мән-жайды айтып, түсіндіріп, басына орамал салып, маңдайыңа жазғаныңнан аса алмайсың деп көндіріп қояды. Ұл таба беретін келін ерке болады ғой. Қамен апатайым сырқаттып қалғанда, Заңғарда тұратын қызы Дәмелі алып кеткен. Ол қыздың да  жағдайы оңып тұрған жоқ. Жолдасы Хамит ішімдікке әуес. Үйіне бөтелкелестерін алып келіп, Дәмелі оларға аздау бұйырсын деп бірге ішіп, соңынан ішімдікке әуестеніп кетті.

            Арақ ішетін үйде береке болушы ма еді. Бір күні маған телефон соқты. "Апам үйге қайтамын дейді. Дәрігерге көрінгісі келмейді. Реніш етпесең, Қызылтаңға жеткізіп салшы,"-деп жалынды. Амал бар ма? Бізде жеңіл машина бар. Содан Заңғарға барып, төсек тартып жатқан Қамен жеңгемді алып, қыр жолымен ауылға кеттік. Жеңгеміз жол бойы машинаны тоқтатумен болды. Құсты да, жылады да, қызының ішімдікке әуестеніп кеткеніне налыды. Маған алғыстан басқа айтары болмады. Әйтеуір аман-есен үйіне жеткіздік. Сара үйге кіргеннен бастап, "неге әкелдің, күтпеймін, қызына қайтадан апарып салыңыз!" деп айғайға басты. Менің қандай жазығым бар, апар деді, әкелдім, енді не істеу керек?

             Қамен жеңгем енді ешқайда бармаймын, осы босағада өлемін, - деді. Аузы сөзге келмей жатса да, бар күшін жиып үзіп-үзіп осы сөзді айтты. Содан ағам Нөкештің үйіне апармақшы болдым, сырқаты жанына батып тұрса да, Қабдештің үйінен кетпеймін деп еңіреді. Мұндайда болады екен? Ардан безген, намысы жоқ келін мен ұлдың мына түрлерін көріп, қатты қиналдым. Жеңгем Алтынайды алып келіп, тым болмаса, осында келіп, астын тазалап, тамағын беріп тұруын сұрап, қалаға кеттім. Содан Көкшетаудағы Шәкенді шақырттық. Ол Серікпен бірге келіп, аз күн қасында болды, бірақ шыдамы таусылды."Олай-бұлай боп кетсе, топырақ саламыз"-деп екі апта жатты. Қашан өледі деп күткеннен  ауыр азап жоқ шығар.

             Алланың қолындағыны адам болжап біле алмайды ғой. Кешкілікте жеңгем қоныпты, күндіз қасында тәтем отырса керек. Енді міне сексенге қараған шағында көрер қызығы бітіп, сағаты таусылып, ол да бұл өмірмен  қоштасты. Ауылдан хабар жеткен соң, машина алып біз бардық. Қамен жеңгемді жерлеуге дайындық жоқ. Қабдеш пен Сараның тұрмыстары нашар. Қаражат жоқ. "Өлім байдың  барын шашады, жоқтың арты ашады"-деген рас екен. Сол күні сауып отырған сиырларын сойғызып алып, қалаға әкеліп етке өткіздім. Сиыр өте арық болды, ақшасын да аз шығарды. Амал жоқ, азын аулақ ақшасына ақыретін, керек жарақтарын, қант-кәмпиттерін, орамалдар мен маталарын алып, ауылға оралдым. Коммунар колхозында тұратын туыстарына хабар бердік. Жабдыққа ауыл тегіс келді. Жиналғандарды екі-үш үйге бөлдік. Егер Нөкеш тәтем болмаса, Сара мен Қабдеш аналарын соңғы сапарға қалай аттандыруды да білмеді. Заңғардан Дәмелі жолдасы Хамитпен, тағы бір-екі құдаларымен қонақасына қойын өңгеріп ала  келді. Дағдарыстың салқыны ауылды кедейлендірген кез еді, тоқшылықты көрген ауыл жоқшылықты көріп жатқан болатын.

***

            Ақкөл-Жайылма деген жер туралы Естай ақынның өлеңдерінен естіп, білгенмін. Жолымыз түсіп бір топ құдалар келін алуға бардық. Дәметтің ата-анасы Ақкөлде тұрады, олар ағыл-тегіл той жасады. Дәметті аудандық газетте істейтін журналист ретінде білетін едім. Осы тойдың алдында ойда жоқта кездесіп қалды. Ол кезде Манат Жезқазғаннан біржолата келген, Павлодарда болатын. Оны естіген Дәмет "мені таныстыр-деп" құр соңымнан қалмады. Содан үйге келді де, қона жатып, Манатты өзіне қаратып алды. Сөйтіп Дәметтің  ауылына келдік. Өзіміз келін алуға барып тұрып, құдашаның тамада болғанын ешкім естімеген шығар. Бұрын бұл ауылдың тойы қарапайым палаткада, табақ-табақ тартылып, шәй ішіліп, баталарын берумен аяқталады екен. Арасында әншілер өлең айтады. Сөйтіп мен бұл ауылға жаңалық енгізіп кеттім. Сыртта ойнап жүрген балалардың өзі таң-тамаша болып, іргеден сығалады. Осы тойда Исабек- ишан атаның ұлы Жандарбек ақсақал да болды. Отырған көпшілік ол кісіге ерекше құрмет көрсеткенін байқадым. Кейін сұрастырып көрсем, Жандарбектің әкесі Ишан атамыз Баян ауылдағы Мәшһүр Жүсіптің ұстаз тұтқан оқымысты, әулие адамы болыпты. Ол кісі қайтыс болғанда Мәшһүр Жүсіп Көпеев жоқтау жырын жазған.

            Ишан атаның ұрпағы Жандарбек ақсақал болашақта болатын уақиғаларды алдын ала біліп отыратын көріпкел, болжамы дәл келетін сәуегей, әрі емші екен. Қолынан құран, аузынан ақылды сөз шығатын адамның тойға келуі әрине ел үшін, той иелері үшін үлкен құрмет. Менің де ел алдына шығып, батылданып, қанаттанып кеткенім, сол кісінің маған деген жақсы көзқарасы болса керек. Бұл кісі әкемнен жасы кіші болса да, естуімше менің әкемді біледі екен. Той үстінде Байғалының қызымын дегенде, ойланып қалғанын байқадым. Бірақ оған мән бермедім. Сөйтсем, өткен бір елестерді ойына алған секілді.     Жандарбек қожа 1941 жылғы соғысқа қатысыпты. Соғыс кезінде қоршауда қалып, командир немістерге тосқауыл боласың, біз қоршаудан шығудың жолын іздейміз деп атамызды жалғыз тастап кетеді. Содан таң біліне қаптап  келе жатқан немістерді көрген ол кісі, түрегеп тұрып, құбылаға қарап, жылап тұрып, бар даусымен Аллаға жалбарынып дұға оқыпты. Сонда немістер бұл кісіні көрмей айналып өтіпті Бұл әңгімені өз аузынан естідім. Емшілігі туралы Дәметтің әкесі де әңгімеледі. Бір балаға зар болып, сәби сүйгісі келген ерлі-зайыптылардың да тілектері орындалған туралы аңыз емес, шындық. Манат пен Қанаттың анасы Қауа ауырып бұл тойға бара алмады. Келіні Нұржамал енесін күткісі келмей, туласа да, қайда барады, маған екінші рет операция жасады. Айнұрды жеті айлығында операциямен жарып алды. Денсаулығым әлі дұрыстала қоймаған едім. Сондықтан мен ол кісіні күтемін деп айта алмадым, қолымызға ала алмадық. Шарбақты туған жері, бүкіл туыстары осында, өз шаңырағында болсын дедік.

            Енеміз  ұзын бойлы, арықша адам еді, үйдің ішінде жүріп, есіктің табалдырығынан құлап, қолын сындырыпты. Өзі келінім итеріп қалды дейді. Мүмкін. Себебі екеуі тату емес болатын. Болат қайнағам шынында да Нұржамал не айтса соны істейді. Манаттың екінші рет үйленгеніне жолдастары мен туыстары жиналды.  Шарбақтыда тойын қазақша жүргіздім. Негізі бұған дейін қаншама жолдастардың балалары үйленгенде, қыздары тұрмысқа шыққанда қазақша той жүргізетін тамада болдым. Таныстарым көп. Тойды қазақша жүргізіп жүргенімді естігендер, бір шеті Баянауыл, Железинкаға, басқа да ауылдарға алып кетеді. Беташарын да өзім айтамын. Тілек айту- тост көтеру емес. Екі жасқа тілек айту, жол көрсету, ақыл айту.

            Жақсы сөз-жарым ырыс. Екі жастың таусылмайтын ырысы болсын, барлық тілектер орындалсын. Күйеу балаң жөнінде жеті нәрсе біл. Оның білімі, тегі, мінезі, қамқоры, байлығы, ажар көркі және жас шамасы-содан кейін басқасына алаң болмай қызыңды бере бер,-деген үндінің мақалын айтамын. Бірақ сол үйлену тойларынан жүргізгенім үшін ақша алған емеспін. Беташарға басымызға салатын орамал береді. Ал тойды жүргізгеніме үйіп-төгіп тамақтарын салып береді. Басқа не берсін. Тегін той жүргізіп жүріп, екі жастың сүйіспеншіліктерін көрсететін, орыстардан енген "ащы, ащы" деп сүйістіретін, келіннің туфлиін, өзін ұрлап әкету, бос табақты үстелге қойып ақша жинау сияқты қазақ ұлтына жат өзге елдің дәстүрін қолдануды біржолата тыйдым. Тек қана дәстүрлі беташарды айтамын, тілек айтқызамын. Ойындар ойнайды. Сұрақ-жауаптар сайысын енгіздім. Құдаларға ерекше құрмет көрсетіледі. Ән айтқызамыз. Бәрінен бұрын жастарды ойын-сауықпен қызықтырып, билетіп, арасында әзіл-әңгімелер айтып, той үстіндегі төбелестерге жол бермейтін болдық. Қазақтың үйлену тойы қазақтың салт-дәстүрімен өткізіле бастады. Қыз ұзатуды да өзімізше сценарий жазып, сыңсуды ешкім білмегендіктен, одан басқа рәсімдерімен  қызықты етіп өткізіп жүрмін.

***

            "Айта берме сөз біткеннің бәрін де, ойлап сөйле, таңдап дәмін нәрін де," -деп Шығыс ғұламасы Жүсіп Баласұғын айтқандай жаза берсең сөз көп. Дәмі мен нәрін қалай айырарсың? Дегенмен журналистпін ғой. Әңгіме не үшін керек? Әңгіме ата-бабалардың өткен өлшеулі өмірін, ауыр азалы тіршілігін танып-түсіну үшін керек. Бұл әңгіме бүгінгі бақытты бағалау үшін керек. Күнделік қысқа да нұсқа жазылуы керек. Мен көп сөзділікке беріліп кеткендеймін бе, қалай? Қазақстан тәуелсіз мемлекет болды. Қазақстанның Ата заңы қайта жазылды. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болды. Қаматай Батталов бастаған зиялылардың,  ақсақалдардың қазақ мектептері қайтадан ашылсын, балаларымызды қазақша оқытамыз деген ұсыныстар да ескеріліп, қалада №35-ші мектеп қазақшаға көшірілді. Басқа мектептерде бірінші кластар қазақ балаларына есігін айқара ашты. Ол мектептер кейін қазақшаланады деген жақсы ниеттер болды. Орыс тілінің зардабы жанға батқаны сондай, мен де Клара деген қызымды орыс мектебінен алып, Абай атындағы мектепке ауыстырдым. Қиын болса да, қазақша оқысын дедім. Бір мың тоғыз жүз сексен үшінші жылы туған Айнұрды қасымыздағы номер бесінші мектептен бірінші қазақ класын ашқызып, маңайдағы көршілермен бірге апардық. Сең қозғалды.

            Педагогика институтында Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасы ашылды. Оны профессор Ермек Өтебаев басқарды. Институтта қазақ тілінің маманын дайындау ісі қолға алынды. Бағлан институтта орысша бес жыл оқып, Екібастұзға жолдамамен кетті. Ол жақта Манат тұрып жатыр. Қанат жүрегінен сырқаттанып қалды да, біз Манатпен бірге Ақкөлге бардық. Манат үйленген соң, Екібастұзда Дәметтің үйінде тұратын. Қаланың жол жөндейтін мекемесінде білдей бастық. Аз уақыт ішінде Манат Жандарбек атасымен бір емес, бірнеше рет кездесіп, табақтас болып, ауылдың күйеу баласы ғана емес, осы жақтың азаматындай болып кеткен. Жаңа машина сатып алғанда, әдейі барып, атаның батасын алыпты.

            Бір қызығы ол кісі машина сатып алғанын естімей, көрмей тұрып, байғазысын берсе керек. Сонымен жер шалғай, ойдым-ойдым жолменен, селкілдеп отырып, ауылға да жеттік. Ауылдың шетіне қарай салынған үйдің алдына тоқтап, жасқана-жасқана табалдырықты аттаған кезде, атамыз алдымыздан шықты.             "Жаңа ғана мына көрші ауылдың бір шетіндегі үйге шыққалы жатыр едім, біреулер келе жатыр деген аян түсті. Қасиетіңнен айналайын Ишан атам мен Байғалының аруағы аунап түскен шығар деп маған қарады. Манат өзінің сыңары Қанаттың ауырып тұрғанын айтып, көріп беріңізші деп өтініш жасады. Сөз бар ма, кел, мына бөлмеге барайық деп үлкен жаққа алып кетті. Содан үшкіріп, емдеп, кетерде оған "ештеңе етпейсің, жүрегің мазаңды алса, "Ишан атаңның атын ата" деп кеңес беріпті. Одан кейін мен алдына бардым. Маған ойлана қарап отырды да, таяқ,таяқ деген секілденді. Ұқпадым. Мені таяқтайын деп отыр ма деп жүзіне қарап едім, "Жақында айтысқа қатысқан екенсің. Ол жігіт осы өңірден, саған туыс болып келеді. Айтысты бастаған кезде ұмытып қалғандай тоқтағаның есіңде ме, ол әкеңнің тіл-көзден сақтандырғаны. Әлі де талай айтысқа түсесің. Болашағың бар. Елдің адамы боласың. Тек қана қайратты бол, кездескен қиындықтардан сені қорғап жүретін қорғаның бар," -деп батасын берді. Әрине мен болашағымды ойлап жатқан жоқпын. Қанаттың денсаулығы қымбат деп айтқан сөзіне мән  бермедім. Жандарбек ата далаға бізбен ере шықты. Кәдімгі күнде көріп жүрген адам сияқтымыз. Ол кісі Манатқа үйді қоршайтын темір керек деп, тапсырыс берді. Үйдің құрылысы туралы сөйлесті ғой деймін. Мешіт деген сөзі құлағыма келді. Біз Қанаттың денсаулығы жаман емес деген сөзін медеу тұтып кете бардық.

***

            Қазақ халқының атадан балаға, ұрпақтан үрім-бұтаққа мирас болып келе жатқан мызғымас төрт дәстүрі бар болатын. Олар Отанды қорғау, әйелді ардақтау, қарттарды сыйлау, достарды қадірлеу. Осы төрт заңды орындамаған қазақ ежелден қазақ деп есептелмеген. Қанмен сіңген осы қасиеттерді қалайша  естен шығардық. Себебі жетпіс жыл бойы кеңес үкіметінің кері саясаты, олар жүргізген мықты насихат төрт дәстүрді санамызды улаумен ұмытқызды. Имандылығымызға балта шапты. Дінімізге діңгек қойды. Аарабша жазуымызды, одан кейінгі латын әліпбиімізді, оқумызды, жазуымызды, сөйлеуімізді орыстың ғаріпіне көшірді. Бұрынғы жазылған тарихты оқи алмаған ұрпақ мәңгірттенді. Ішкені арақ, ауыздарында боқтыққа үйренді. Бұзақылық пен қылмыстың қыры мен сырымен ауыздандырды. Ұлттық тарихымыз санадан мүлде өшіп бара жатқан кезде жарық етіп күн шықты. Еліміз егемендік алды. Айта берсек, мұның бәрі тарих. Айтайын дегенім өзім қызмет істейтін газеттің өзі же, осында еңбек етеін журналистердің де өзгергені болатын. Әлқожа Мұхамеджанов бас редактор болып келгелі газеттің түрі, көркемделуі, беттелуі де өзгерді. "Қызыл ту" деген газеттің атауы жаралы жанымызға, естір құлағымызға, қазақи жүрегімізге шаншудай қадалды. Өткенсіз тарих жоқ. Алайда, жаңа заманның жаңасы мен жаңалығы болу керек.

             Газет қызметкерлері арасында газеттің атауына байқау жарияланды. Бірі қалмай ойларын айтты. Бірі "Сарыарқа" деді, екіншісі "Ертіс өңірі", "Баянтау" тағы да сол сияқты атаулар тізбектелді. Соңғы сөзді редакция алқасы, оның редакторы алды. "Сарыарқа" атауы әдемі, бұл аймақтың мағынасын береді. Өңірімізде үнемі самал жел соғып тұрады, осы Сарыарқаға самалын қосайық деді. Біздің жазған дүниелеріміз оқырмандарға самал желдей ессін деген тілек еді. Содан бәріміз мақұлдадық. Газет атауы "Сарыарқа самалы" деп шыға бастады. Бұрын аптасына жеті рет шығатын газет екі күнге қысқарды. Күндері қысқарғанмен, көлемі, берілетін материалдарды сыйғызу сол қалпында қалды. Газетке жастар келіп орналасты. Әділбек Жұмаділденов пен Төлеубай Төлеубеков зейнет жасынан асып кеткендіктен демалысқа жіберілді.

            Фото тілші Еренбақ Әлжановтың жасы зейнеткерлікке жеткенімен, уақытша жұмыс орнында қалды. Еренбақ аға Қытай Халық республикасы Шыңжаң ұйғыр автономикалық республикасында туған болатын. Қабанбай батырдың үзеңгілесі болған Боранбай бидің ұрпағы. Еренбақ ағамыз 1954 жылы бір күнге ғана шекара ашылғанда Алтайдан бері асып, Керекуге жетіпті. Міне содан бері отыз жылға жуық осы газетте суретші-фотограф. Еңбекқор, елгезек жан. Ол кісіні үлкен де, бала да жұмсайды. Алайда қабағын шытып, кейіс көрсеткенін көрген емеспін. Иығына фотоаппаратын асып алып, ылғи зырылдап жүреді. Газет бетіндегі анық та, таза, кең көлемді суреттердің авторы осы кісі. Еңбек адамдарын да қай қырынан түсіретінін, тіпті түрі келіссіздердің (бір көзі жоқ, немесе мұрны үлкен дегенім ғой, мысалы аузы мен мұрны дүрдиген) өзін керемет етіп шығарып береді. Әрине зейнетке кеткен қарт журналистердің орны жастарға тиді. Әлеуметтік және тұрмыс бөліміне Нұртөре Жүсіпов меңгеруші болды. Мені жарнама бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындады.

            Газет өзін өзі ақтамайды, алайда, жарнама арқылы газетке кіріс түсіру керек. Ағылшын жазушысы Н. Даулас жарнаманың ғаламдық мән-маңызы туралы: "Ұлттың идеялары туралы оның жарнамасы арқылы болжап-топшылауға болады" депті. Біздің ұлттық идеямыз жарнаманы қазақша сөйлету болу керек. Жарнаманың мемлекеттік тілде,оның әдеби тіл өлшеміне сай берілуі-бүгінгі күннің өзекті мәселесі болу керек. Қазақ тілі-жарнама талабын көтере алатын, сөздік қоры бай, оралымды, икемді тіл.  Осы күнге дейін мекемелердің мөртабандарын, дөңгелек мөрлерін, сыртқы атауларын Төлеубек Қоңыров бастаған аудармашы журналистер қазақшаға аударатын, тиын-тебен төленіп жатса, редакцияның қорына түспейтін.  Енді бұдан былай мемлекеттік мекемелердің, жеке фирмалар мен фермерлердің, жеке кәсіпкерлердің мөрлері мен мекеме маңдайшаларындағы атаулары, мөр табандары, екі тілде бөлім арқылы аударылып, тексеріліп, төлемдері бухгалтерияға түсетін болды.Сол сияқты қазақ тілінде жазылатын бүкіл, кез-келген жарнамалар біздің бөлімнің тексеруінен өтетді. Сөйтіп, Қазақстан нарықтық экономикаға көшкелі газет өзін-өзі ақтаудың алғашқы сатысына шықты. Қазір бөлімнің есігі жабылмайды. Ұзақты күн келгендердің тапсырыстарын қазақшаға аударып, ақшасын төлеткізіп, редакцияның мөрін басып беремін. Жұмыс ауыр емес, бірақ алтын уақытың бір сарынды жұмысқа жұмсалады. Мен негізі игеріп алған жұмысымнан тез жалығамын. Телевизияда жүргенде де, шынымды айтсам, бір сарынды жаңалықтарды жаза беруге жалыққанмын. Оның үстіне киноға мәтінді де қысқа жазатынбыз. Сөйлеген кезде де уақытқа қарап отырып, өзімізді де сұбхат берген адамды да шектеп, кез-келген жерден тоқтатын едік.

            Жарнама бөліміне жетекшілік еткеніммен "Ардақ" қыз-келіншектер бетін ұйымдастыру, басқа да тақырыптарды жазу міндетім болып қалды. Сондықтан бөлімдегі қызметкерде аударма жасайды. "Ардақ" қыз-келіншектер клубына хаттар көп түседі. Редактор хаттарды менің атыма тікелей жібереді. Ал Айтжан ағаның қолына түссе, басқа бөлімдерге, хат бөліміне бытырап кетеді. Оларды хат бөлімі қорытқан әлеуметтік-тұрмыстық  проблемалық мақалалар шығып кеткен кезде көремін. Айтжан ағаныңосындай қылықтарын түсінбеймін. Жақсы жазылған дүниелерді жақсы деп айтпайды, керісінше, титей де болса, жамандығын көріп, сынайды. Сөзді көбейтеді. Үлкен адаммен айтысып, тартыса алмайсың. Тіліңді тістеп отырасың.

            Рахат Балтабаев екеуі журналист мамандығында бірге оқыпты. Екеуі құрдас. Бірін бірі жамандаған кезде, алдына жан салмайтын. Айтжан ағаның әйелі татардың қызы. Өздері ойлап тапқан анекдоттары бар. Мен олардың әзілдерін шын деп қабылдайтынмын. Студент кездеріндегі қыздарға қалай барғанын айтып отыратын. Бірін бірі көре алмайды деп ойлайтынмын. Бірақ былай қарасаң, олай емес секілді. Әрине жұмыс болған соң, еңбек алып отырған соң, бәріне де үйренесің, көресің, көнесің. Шыдамдылықтың шегі болады екен, ренжіп қалатын кездер де болады. Сөз баққан кімдер десеңіз, олар журналистер. "Даралардың жанында дана жүрсе жарасар, жақсылардың жанында жайсаң жүрсе жарасар, қиын-қыстау күндерде тірек болса жарасар, қайыспайтын қайратты  білек болса жарасар"-депті Доспамбет жырау. Қалай десем де, мен игі -жақсылардың жанында жүрмін. Әлқожа редактордан бастап, осындағы алдыңғы толқын ағалардың әрқайсысы бір тұлға. Олар көпті көрген, көп нәрсе жазған. Игі жақсылармен сұбхаттасқан. Негізі жақсылардың қасында жүрген адам, олардан тәрбие алады, жақсылығын көре біледі. Ендеше мамандығыңды қадірлеу керек.  

***

            Жол жүретін күні қар аралас жаңбыр жауды. 1991 жылдың сәуір айының 13-і. Сол күні ауа райының қолайсыздығына қарамастан Павлодардан -Семейге АН-24 ұшағы уақытында ұшты. "Невада-Семей" антиядролық қозғалыстың Павлодар бөлімшесінің төрағасы  Амантай Қалиев, "Звезда Прииртышья" газетінің  тілшісі Николай Петров үшеуміз  Семейдегі "Ертіс" қонақүйіне орналастық. Түске дейін Олжас Сүлейменов өткізген конференцияға үлгермедік. Түскі тамақтан соң  халықаралық журналистерді Семей медицина институтының анатомия кафедрасына апарды. Бізбен бірге жапондық телекомпания (киностудия) делегациясы, ағылшындар, вьетнамдықтар болды. Мұнда алдымыздан шығып  қарсы алған  кафедра меңгерушісі, профессор, медицина ғылымының докторы Жаныбеков Жүнісхан Ескендірұлы сондай кішіпейіл, қарапайым жан екен. Көршілес Знаменка совхозында туған. Әке-шешеден өте жас қалыпты. Өзі де полигонның әсерінен болу керек, сырқаттанып қаламын дейді. Сұраған сұрағымызға байыппен жауап беріп, институт мұрағатына апарды. Не көрсек те, мұрағат жәдігерлерін (мақұлықтарды) құпия ұстауды өтінді. Шала туған бала, аяғының орнына ішек-қарыны, өкпенің орнына жүрек немесе бір мүшесі жоқ қаңқалар түсініктемелерімен  бірге шыны сауытқа салыныпты. Шынының ішінен бір көзді дәу шарана мүрдесін, тумай жатып, туа шөккендерді көріп, жүрегіміз езіліп, көзіміз қарауытты. Бір көзді баланың ата-анасы Семейде тұрады. Олар мұнда келіп-кетіп жүретін көрінеді.

             Келесі сөреде сиам егіздері, қолы жоқ, аузы жоқ әйтеуір мүшелерінің бәрі зақымдалған, атом ойнағынан ғаріп болған есіл сәби мүрделер алдымызда самсап тұрды. Шет елдік журналистер бір көзі дәу баланы қайта-қайта суретке түсіріп, сол маңнан шықпады. Киноға да түсірді. Бізбен бірге жүрген жігіт Солтүстік Қазақстанда ескі дәуірде бір көзді дәулер өмір сүргенін, сол заман бізге оралып жүрмесін деп аңыз айтты. Мұндағы бір көзді баланың аузы жоқ. Нұсқасы келеді. Көргенде өлексені тітіркендім, Зәресін алған көрген бүкіл елдің. Бір көзді дәулер тұрған ертелерде. Сол ғасыр айналып сен қалай келдің. "Музейдегі дүниелерді арнайы жинаған жоқпыз. Осы қаладағы әйелдер босанатын үйден студенттер әкелді"-деді  Орталық зерттеу зертханасының ғылыми қызметкері Евгений Николаевич. 1956 жылы болған атом сынағын да еске алды. Біздің үйдің қасынан өрт шықты,- деді ол.  Әйнектер сынды. Ол кезде бала болдық. Бұл құпияның не екенін түсінбедік. 1970 жылы облыстық ауруханада істедім. Сынақ өткен соң, біздің ауруханаға радиация алғандар өте көп түсті. Гематология бөлімінің меңгерушісі Букина Александра Ивановна да сынақ жылдарын еске алды. Сынақтан кейін осында жатқан ауруларды ота жасап, сынақтан өткізу үшін Москваға алып кететін еді,-дейді. Олар қайта оралды ма, жоқ па, біздің шаруамыз болмайтын,-дейді дәрігер.  Кейін аталмыш аурухананы жауып тастапты.

            Ауылдың жұмыссыз жүрген жігіттері ақша табамыз деп күз айында полигон аймағынан шруфтар әкеліп, сатып жүрді. Көктемде радиация алып, о дүниелік болды.  Қазір олардың бірі де жоқ. Онкологиялық диспансерде бізді бас дәрігер Колкер Александрович Альберт қарсы алды. Аурухананың сырты да іші де ескірген. Көңіліңе қаяу түсіретін жерге барудың өзі қиын. Мұнда төрт жүз кереует бар. Негізінен Семей мен Шығыс Қазақстанның сырқатқа ұшыраған адамдарын қабылдайды. Жылына орта есеппен екі жарым мың ауру жатып емделеді. Ота жасалады. Әрине мұнда цифрларды сөйлету мүмкін емес. Құпия дүниелер көп. Модернизация жоқ, аппараттар ескі. Тіпті кісінің радиация алғанын анықтаудың өзі мүмкін емес. Ядролық жарылыстың салдарынан ауырғанын дөп басып, диагноз қоя алмайды екен.Сәуле ауруына шалдыққандарды басқа диогнозбен тіркейді. Емделіп жатқан балалар да баршылық. Статистика соңғы екі жылдан бері жасалады. Оған дейінгілер есепке алынбапты.

            Орталықтағы "Ертіс" мейрамханасынан екі автобуспен Курчатовқа жол тарттық. Алдымыздан екі милицияның жеңіл машинасы бастап жүрді.  Қаланың сыртында танкілер тізіліп тұр. Көрмеге қойған ба, әлде жаттығу алаңы бар ма, ол жағын біле алмадым. Қаланы жаудан қорғап тұрған сияқты. Сапарға  шығар алдында  Олжас Сүлейменов келді. Көпшілікпен қол беріп амандасып болған соң, сөз сөйледі. Автобустың ішінде полигон құрбаны Күйіков Кәріпбекпен таныстық. Қасында анасы Сәуле бірге жүрді. Кәріпбектің жасы 23-те. Бойы жарты метр, томардай бала аяғымен сурет салады. Шет елдерде, туған жерінде сурет көрмесін ұйымдастырған.  Бұған дейін атом аймағын көзімен көріп суретін салмақшы болып Курчатовқа дейін барыпты.

            Шекарадан әрі жібермеген соң, екі аяғындағы протезін шешіп, сол жерге іліп кеткен көрінеді. Енді міне полигонды өз көзімен көруге бізбен  кетіп барады.  Курчатовтың жолын түнде көре алмадық. Алдымызда милиция машинасы бастап жүрсе де бірнеше рет тексерістен өтіп, сағат түнгі 10-да қалаға жеттік. Мәдениет үйінде баспасөз конференциясы болды. Ертеңінде "Жаппай қарусыздану жолында халықаралық "5-1" деген тақырыпта конференция болды. Мақсаты 40 жылдай құпия болып келген, картада жоқ  Курчатовты тану, полигонды көру, Семей полигонының құпиясын әлемге жайу арқылы әлемдегі қалған 4 ядролық тажалдың үнін өшіру. Акцияның "5-1" деп аталуының өзіндік мәні бар. Әлемдегі ең күшті деген полигон, яғни, Семей, Невада, Муруруа, Лобнар, Жаңа жер. Ал алу бір дегеніміз Семей полигонының үні өшті делінген. Алайда жаңағы Француз полигоны, Қытай полигоны, Невада, Жаңа жер полигондарында әлі жарылыстар тоқтаған жоқ.

            Акцияны өткізудегі мақсат ядролық сынақтарды толық тоқтату, ол үшін полигон бар елдердегі қоғамдық күшті  жұмылдыру емес, Семей полигонының бар құпиясын әлемге жайып, олардың қолдауына ие болу. Сол мақсатта өткізілген акцияға халықаралық форумға әлемнің 10 елінен 120 өкілдер келді. Олардың ішінде журналистер, телевизия, радио компанияларының өкілдері, біздің елімізден антиядролық қозғалыстың белсенді мүшелері, ғалымдар, дәрігерлер бар. Конференцияны Олжас Сүлейменов жүргізді. Ол өзінің сөзінде "Полигон жабылды. Семейде ядролық жарылыстар енді болмайды. Біз маңызды жетістікке жеттік. Бірақ Семей полигонына қарсы күрескенде сынақты Жаңа жерге көшірілуі үшін күрескен жоқпыз. Бұл жеңістің басы ғана. Алдымызда үлкен міндет тұр. 1995 жылға дейін жер бетіндегі қалған 4 ядролық полигонның жойылуы үшін күресеміз. Міндет ауыр, алайда әлем тыныштығы үшін қозғалысқа жаппай қатысса, 1995 жылы "5-5" формуласына қол жеткіземіз"-деді. Кіріспе сөзден кейін Атом энергетикасының өкілі, кеңес төрағасы Велихов Евгений Павлович қару жарақты сынаудың қажеті жоқ, еліміздің қарулы күштерін нығайту үшін қажетті қондырғыларды сынап болдық, -деді. Полигонның бастығы А.Д. Ильенко біздің елдегі полигонның оты өшкенмен, басқа елдер сынақты жалғастырады деп мәлімдеді.

            Профессор Серік Тілеуханов , "Невада-Семей" қозғалысының жетекшісі Марғұлан Хамеевтер сөйледі. Алес Уорнер, Халид Дамитов және басқа да шет елдің белгілі қайраткерлері сұрақтар қойды. Жер-жерден келген журналистер  әлемде 5 ядролық держава бар, солардың бірі-сынақты тоқтату керек десе, ол Семей полигоны болу керек деді.  Баспасөз орталығынан телефон байланысы арқылы жер шарына ақпарат ағыны тарап жатты.             Ертеңінде 1963 жылы атом бомбысынан пайда болған Шаған көліне бардық. Сынақ үшін әдейі жарған бомбының қуаттылығы сондай, аумағы дөңгелек табақтай көл пайда болыпты. -Бұл атом көлінде радиация жоқ,- деді біздің алдымызда жол бастап жүрген сейсмологиялық бөлімнің бастығы Бақыт Дамитов. Десе де біз сияқты құр қол жүрген журналистер қарындарына  дозометр іліп келген жапондықтардың соңынан еріп отырдық. Олардың аппараттары белгі бере  бастағанда ол жерден аулақ кеттік. Біздің топта радиолог Самит Смағұлов, техника ғылымдарының кандидаты, полковник Христенко Леонид Семенович, Берлин парламентінен  физик Севелиян Пфлугбегл болды.  Ғалым-полковник Леонтий Семенович  Шаған көлінде радиация жоқ деп көпшілікті иландыру үшін  тоғыз жастағы ұлымен бірге суға түсті.

            Мұндай ерлікті Амантай Тілеуханұлы да қайталап, күннің түнеріп тұрғанына қарамастан көлге түсіп, сүңгіп шықты. (Шаған көліне шомылғандар марқұм болды). Тажал аузында тұрған Абайдың елінде, Жидебайдың жерінде, Май ауданының бір шетінде төрт күн жүріп полигон құпиясын аштық. 16 қазан күні Дегелең тауының ортасында 1949 жылы термоядролық сынақ өткен жерді көрдік. Айнала сыммен қоршалыпты. 40 минут  тұруға рұхсат берді де, көз ұшында тұрған атом реакторын көрсетуден  бас тартты. Акцияның соңғы күні баспасөз конференциясында атом полигонының картасы көрсетілді. Бес минут ішінде суретке,  киноға түсіргендер жанұшырып басып алғанмен, үлгермегендері өкінді. Сол күндері  Семей полигонының құпиясы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әлемге жария болды. Олжас Сүлейменов бұл акция жалғасын табады деп сеніммен айтты. Төрт күндік сапарда  көргендерім көз алдымнан кетпейді. Екі көзі мөлдіреген қазақ қызы өмірге әкелген бір көзді дәу құбыжық ертегілер елінен келген сияқты көрінеді.

***

            Тартымды сөзді кім сөйлесе жартысы -өзінікі, ендігі жартысы -кім тыңдаса соныкі, - деген екен. Менің қағазға түскен сөздерім өзімнің ойым болғанымен, кейбір сөздерді жазушылар жазып кетуі мүмкін. Олай дейтінім, мен көп оқимын, оқығаным, тоқығаным, ойымдағым қағазға түсіп, жазылып жатыр. Жаңағы айтылғандай сөздердің жартысы ғана менікі. "Екі баланың ортасындағы шал бала болады, екі шалдың ортасындағы бала дана болады,"-дейді қазақ. Өте орынды айтылған. Ақсақал адамдарға қартайғанда бір бала дейді. Оны да түсінуге болады. Немерелерін ойнатып жүріп, солардың істегенін істейді. Бірге ойнайды. Ал екі шалдың ортасындағы бала аталарының айтқанын тыңдап, ақылына ақыл қосады. Ертегілерін тыңдайды, ұлағатты сөздерін тыңдап өседі.

            Біздің кішкентай Айнұр қазақша мектепте оқып жүр. Қанат екеуміздің жасымыз келгенде, ақылымыз толысқан кезде өмірге келген бала. Қазір біздің тәрбиемізді көріп келеді. Өте зейінді, ұғыптал. Сабағын кілең беспен оқиды. Мұғалімі Алмагүл Мыңжасарқызы Әубәкірова өте инабатты, кішкентай балаларды жақсы көретін балажан жан. Әр баланың талабы мен талантын бағалап, бірінші кластан бері сабақ беріп келеді. Мектептегі мәдени шаралардың бәрін осы класс өткізеді. Мектепте  тұңғыш рет наурыз тойы тойланды. Ата-аналар киіз үйдің нұсқасын қолдан жасап, жасандырып, безендірді. Қазақша ет асылып, бауырсақ, құрт, ірімшік, наурызкөже дайындап әкелдік. Наурызкөже туралы оқушыларға әңгімеледім. Қазығұртқа Нұх Пайғамбар кемесі күн мен түн теңескен кезде тоқтапты. Бұл наурыз айының 21-нен 22-не қараған түні екен. Пайғамбар топан су апатынан аман қалғанына шүкіршілік етіп, Құдайы тамақ бермек болады. Кемедегі азық-түлікті қараса, қап түбінде алақандай ет, бір-екі құрт, бір уыс бидай мен жүгері, тары, су, бір шөкім тұз қалыпты. Нұх Пайғамбар: «Тәуекел!» –дейді де, барлығын қазанға салып пісіреді. Тағамды әр былғаған сайын Алланың есімін айтып ұлықтайды. Алла Тағала періштелерге:
            -Көрдіңдер ме? Мен үшін қолдағы барын салып, ас беріп жатыр. Барып, қазанына Кәусар бұлағынан су тамызыңдар, берекемді шашыңдар,-дейді. Пəруəрдігердің пəрменімен періштелер жиналып, қазанға Кəусардан су тамызып, береке шашады. Осылайша жеті түрлі дәмнен жасалған тағам берекелі асқа айналады. Жан-жануар, аң-құс жиналып, Пайғамбар қазанынан дәм татады. Содан бері Нұхтың бұл тағамы «Тілеу көже» немесе «Наурыз көже» деп аталыпты. Наурыз күні адамдар мен жануарларды тойдыру Нұх пайғамбардан мирас боп қалған екен деседі. Олар зор ынтамен тыңдады.
Қазақ класына барған оқушылардың бәрінің талабы таудай. Оқуларын бес пен төртке оқиды. Қыздар ән айтады. Ұлдар спортқа барады, домбыра тартады. Мектептің Наурыз тойында  Айнұр мен Берік айтысқа түсті. Сөздерін өздері құрастырмаса да, біз көмектестік. Айнұр "Еркем-ай" әнімен наурызбен құттықтап, айтысты аяқтады. Біздің мақсатымыз айтыстың не екенін сезіне берсін дегендік еді. Бәлкім болашақта қызымнан айтыскер ақын шығар.Наурыздан түсірілген суреттер облыстық "Қызыл ту" газетінің бетінде жарық көрді. Мектеп директоры басқа ұлттың өкілі болса да сұбхат берді. Теледидардан түсірім тобы келіп, киноға түсірді. № 5-ші мектеп телестудияның дәл қасында орналасқан болатын. Біз оларды наурыз тойдың қонағы ретінде қарсы алдық.

***

            Әйел-ұрпақ анасы. Ұрпақ бүтін ұлтты құрайды. Бүгінде қазақ елі өз алдына отау тігіп, тәуелсіз мемлекет болып, керегесі кең ел болуға құтты қадам жасады. Егемен елдің іргесі берік, оның халқы өзіне көрік, ұлдары батыр болсын десек, әр бір отбасы, ата-ана баласын бесігінен батыр да, батыл, ақылды да, намысшыл етіп тәрбиелеуі керек. Ол үшін әйелдің отбасындағы беделі биік болуы шарт. Рас, қазір әйелдердің отбасындағы ролі төмендеп кеткен шақ. Солай десек те, өткенімізге қайрылып бір қарайықшы? Ата-бабаларымыз қыз балаларын еш уақытта төмендетіп көрген емес. Қыз баланың орны үйдегі төр болатын. Олар қыз баланы ұрпақтың шаңырақ иесінің болашақ анасы деп үкілеп ұстаған.

            Уақыт бір орынында дөңгеленіп тұрмайды. Алға қарай тоқтаусыз жылжи береді. Біздің қазақ қилы-қилы замандардың азабы мен зобалаңын көрген момын жуас халық. Ұлы Қазан революциясы әйелдерді күңдіктен құтқарды, бас бостандығын әперді, енді оның ролі ер-азаматпен бірдей деп даурығып, ар-ұяттан жұрдай бола жаздадық. Тіпті кейбір қыздарымыз еркіндіктің жөні осы екен деп, кіндігін ашып, жалаңаштанып жүруге айналды. Ойлап отырсақ қазақ қыздарына тән қылықты мінезімізді, мойылдай қара шашымызды, боталаған көзімізді, айдай әдемі қасымызды, тотыдай таралған бойымызды, бұлақтай тұнық ойымызды, талайларды таңдандырған ақыл-парасатымыздың бәрін жоғалтқан екенбіз. Әйел ананың көтеретін жүгі ауыр. Бүкіл ұрпақтың, дүйім ұлттың тәрбиесі  ананың ақ сүтінен таралады.

            Жақында Дулат Исабековтің теледидардан бір әңгімесін естідім. Ол кісі қыздарымызды шет елге жібермейік дейді. Түркияға кеткен қыздарымыз туралы сол жақтың азаматы жаман хабар әкеліпті. Онда барған қазақ қыздарын бизнесмендер ақшаға сатып алып, ұлттық намысымызды қорлауда. Қыздардың не істеп жүргенін айтуға аузым бармайды депті. Шынында да шет елге қандай қыздар кетті? Олар ол жақта өздерін дұрыс ұстай алды ма? Ауылдан қалаға келген қыздарды көріп жүрміз. "Тастанды балалардың" көкек аналарының көпшілігі ауылдан келген қыздардан шыққан өнер емес пе? Кеңес үкіметі орыс тілінде сөйлетті, тіпті сауаттылығымыздың деңгейі өскені сондай, орысша сөйлеуден, таза орыс тілінде ойлап жазудан алдымызға жан салмадық. Өлеңді де, прозаны да орысша ойлап, орысша жаздық. Солай десек те  қазақ тіліміз мүлде жоғалып кетпеді. Ауыл қазақша сөйледі. Аудан орталықтарынан алыс ауылдарда қазақ мектептері жабылып үлгермеген еді. Біздің өнерімізбен, өлеңіміз айтылды. Ертегілерді сақтап қалдық. Еліміз егеменді ел болып, өз алдына дербес мемлекет болды. Сөйтіп ескі құрылысты құлатып, жаңа мемлекеттің негізі қаланды. Енді бесігімізді түзетуіміз керек.

***

            "Құрылысшылар" мәдениет үйінде қазақ тілінде жүргізілетін жаңа үйірмелер ашылды. Бұған дейін түрлі-түрлі тақырыптағы кештер, дискотека  және байқаулар орыс тілінде өткізілетін. Мәдениет  үйінің шығармашылық ұжымы мектеп оқушыларымен таза қазақ тілінде "Кішкентай жұлдыз" атты өнерпаз жеткіншектер байқауын өткізді. В.И. Ленин атындағы  балалар қоры демеуші болды. Өнер сарабына түскен бірнеше жас таланттардың ішінен "Кішкентай жұлдызды" таңдап алу әділ қазылар алқасына оңай болған жоқ. Нәтижесінде №39 орта мектептің 3-ші қазақ класының оқушысы Айнұр Есенбекова "Қасқалдақ" әнін орындап, ұпай саны жағынан алға шығып, "Кішкентай жұлдыз" тәжін киді. Мұнан кейін наурыз айында "Наурыз жұлдызы" байқауы жарияланды. Оған демеуші болатын кәсіпорындар шақырылды. Алайда демеушілер табыла қоймады. "Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді" демей ме? "Құрлысшылар" мәдениет үйінде бухгалтер болып істейтін Алмагүл Оқапқызы Жолдасбаева мен Тамара Дмитреевна Жұмабаева намысқа тырысып, "Рада" шағын кәсіпорынына демеуші бол деп өтініш жасады. Бұл шағын кәсіпорын керамикадан құмыра, гүл салғыш, ваза шығарумен айналысатын еді. Сондықтан 20 шақты өнерпазға бір-бірден гүлсалғыш сыйлауды ұйғарды. Байқау шарты бойынша 6 жастан 15 жасқа дейінгі өнерпаздар екі топқа бөлінді.

            Ауылдан келгендер де байқауға жіберілді. Жасөспірімдердің өнеріне баға беру үшін бес адамнан қазылар алқасы  құрылды. Оған әртүрлі танымал өнер иелері мен музыка мектебінің мұғалімдері шақырылды. Ұйымдастыру жұмысын қолға алған Алмагүл мен Тамара  қолдарынан келгенін жасады. Жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Қазылар алқасында үш адам болды. С. Мақышева-музыка мектебінен, Н. Ахметжанов-филармонияның домбыра оркестірінің жетекшісі, Т. Хамзин-"Рада" шағын кәсіпорынының өкілі. Байқау басталды. Әншілер бірінен соң бірі шығып, әндері мен күйлерін орындады. Әділ қазы кім? Ол қара қылды қақ жарған әділетті сарапшы. Оның бойында өзі төрелік етіп отырған  өнерге деген түсінік жоғары болуы керек. Біріншіден сайысқа түсіп отырған баланың жас шамасы, домбыра тарту шеберлігі, домбыра үнімен әнін қосып, көрермендердің  жүрегіне жететіндей етіп орындап беруі, сахна мәдениеті сарапқа түсу керек.

            "Құлақтан кіріп бойды алған" әнге, оны шебер орындаған әншіге жоғары, бес деген бағаны қоюға да білімділік керек. Амал не, бұл арада қазылар тарапынан кемшіліктер көп болды. Үш адамның бір-біріне жалтақтап, сен қандай баға қоясың дегендей көңілге қарайтын сәттерге куә болдық. Соның салдарынан бұдан бұрынғы байқауда "Кішкентай жұлдыз" атанған Айнұр Есенбекова мен музыка мектебінде фортепиано класында үздік оқитын №18-ші мектептің 9 класс оқушысы Динара Нұрымованың арасында дау туды. Кішкентайлар тобында "Бозторғай" әнін айтқан Дәурен Бейсенбаев пен ересектер тобында осы әнді орындаған Айнаш Бекбауоваға бірдей баға қойылды. Екі әншінің орындауында кемшіліктер мен жетістіктер болды. Мысалы Айнаш домбыра тарта алмады,  әрі өзіне лайықты даусымен өлеңді де айта алмады.  Сонымен ұпай саны жағынан екеуі тең түсті.  Өнерге төреші болу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Баға беруге сенім білдірген екен, әркім өзінің жауапкершілігін сезінуі керек.

            "Наурыз жұлдыз" кім болды? Бұл арада қазылар алқасы байқауға кімдердің қатысып отырғанын ескеру керек еді. Амал не? Бала жүрегі - нәзік. Олар қулық, сұмдықты, әділетсіздікті әлі түсіне бермейді. Өзімен өнер сайысына түсіп тұрған екінші бір баланың кемшілігн сол түрінде қабылдайды. Мысалы Жанар Айжанова орындайтын "Қазақ қызы" әнін екі талапкер орындады. Екеуінде де талап болғанымен тыңдаушысын селт еткізетін не дауыс, не әдемілік жоқ. Оларға қарағанда №10 мектептен келген Мырзатаева Әсемнің  орындаған "Анама" әні сондай нәзік те әсерлі шықты. Кішкентай Әсем "Наурыз жұлдызы" тәжін киетін шығар деп үміттенген едік, себебі ұпай жағынан иегер болуға лайық болатын. Тіпті олай болмаған күннің өзінде өзінің шығарған әнін келістіріп орындаған, бағасы өзгелерден жоғары  қызым Айнұр Қарашашеваға "Наурыз жұлдызы" тәжін кигізсе артық болмаушы еді. Себебі Айнұрдың даусы, орындау шеберлігі өзінің тобындағы әншілерден әлдеқайда биік тұрды.

            Сонымен облыстық қазақ гимназиясының оқушысы Толқын Жәлелова "Наурыз жұлдызы" атанды. Екінші, үшінші орындарды "Преснов" совхозынан келген Нұрболат Құсайынов пен Айнұр Қарашашева, Әсемгүл Байбөленова, Динара Нұрымовалар алды. Бейсенбаевтардың триосы  кішкентайлар тобының жеңімпазы болды. "Наурыз жұлдызы" тәжі тоионың әншісі Мәдина Бейсенбаеваға кигізілді.  Сөйтіп балапан қанаттары әлі беки қоймаған, жеке дара озып шыққан нақты кішкентай  жұлдыз танылып тұрса да, оның бағы ашылмай қалды. Алайда әншілердің болашағы алда. Тек тауы шағылып, жасып қалмаса болды. Нағыз талантты әнші тек қазылар алқасының бағалауынсыз-ақ топты жарып, халыққа танылады. Адамның рухани байлығы -өнер. Ал өнерді кішкентай жеткіншектер бойынан көріп, бұлақ көзін ашу біздің міндетіміз.

***

            "Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр, сырымды тоқтатайын айта бермей,-деп данышпан Абай айтқандай өлең деген өмірің. Осы өмірімді өлеңмен жұртқа жайып жүрмін. Кез келген ақынның тақырыбы өзінің күйініші мен сүйініші, өзінің сағынышы мен сағынуы, өзінің қуанышы мен мақтанышы, өзінің мұңы мен сыры. Олай болса елім ақын деп таныды, енді тоқтауға болмайды. Менің өлеңдерімнен оқырмандар өзінің өмірін көріп, сүйсінер де түйсінер, үлгісінен өнеге, күнгісінен ереже алар. "Өлеңім-аялаған құсым менің, қиялап бала кезден ұшып едің" дегендейін бала кездегі ерке мінез өлеңдерім ұша берсін. "Ұя сап бір көңілге қонсаң болды, даңқтың керегі жоқ одан артық" депті ақын Аманжол Шәмкенов. Аманжол Ертіс ауданында туған. 1950 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң" Әдебиет және өнер"("Жұлдыз") журналында бөлім меңгерушісі жауапты хатшы қызметтерін атқарған. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде, қазақ КСР Радио комитетінде, Қазақ КСР Баспа полиграфия және кітап саудасы  істері жөніндегі мемлекеттік комитеті көркем әдебиет редакциясында, "Жазушы" баспасында Бас редактор, Қазақстан Жазушылар одағы көркем әдебиетті насихаттау бюросында директорлық міндет атқарды.

            Аманжол ағаның тұңғыш жинағы "Студент сыры" деген атпен 1951 жылы басылып шықты. 40 шақты кітабы жарық көрген. "Табамын сені","Сен жалғыз емессің","Уәкілдер","Майор Майданов" атты актілі пьесалары сахнада қойылған. Пушкиннің, Лермонтовтың, Хикметтің, Есениннің, Исаковскийдің; Бажанның, Құлеевтің бірқатар өлеңдерін, Г.Тушканның "Жора" романын, Н. Хикметтің "Әпенде",  М.Шатровтың "Большевиктер", В. Розовтың "Өмір жолдары" атты пьесасын қазақ тіліне аударды. Оның аудармасында немістің ұлы ақыны Г.Гейненің лирикасы және кітап болып шықты. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. Халықаралық  ДЖ. Неру атындағы сыйлықтың лауреаты.

            Таяуда редакцияға Төлеутай Ақшолақов келді. Бұл кісі  сонау аштық жылдары редакцияда қызмет жасапты. Айтқан әңгімесі менің жас кезімдегі армандаған  шақтарымды есіме түсірді. Жасынан оқу оқуды армандап Алматыға барады. Еліміздің елеулісі, осы күні  халқымызға мәшһүр болып қалған Қалижан Бекхожин екеуі, зоотехникалық-малдәрігерлік институттың даярлық тобына түсіп, оны тәмәмдап, бірінші курсында оқып жүрген кезінде, ашаршылық апаты басталады. Күнкөріс қиындайды. Елден келер жәрдем жоқ. Мұнда қол ұшын берер таныс-жақындары да жоқ. "Есің барда елің таны" дегендей, оқуды тастап "Кереку қайдасың?" деп елге тартады. Мұнда келсе, ашаршылықтан өліп, жадап-жүдеген адамдардан аяқ алып жүре алмайды. Күнелту үшін қызметке тұру керек болады. Бірінші курста оқыды деген документті қолына алып, аудандық комсомол комитетіне барады. Олар бірінші курста оқыды деген қағазды көріп, қуана қарсы алады. О кезде институтта оқыған жан некен-саяқ. Қолма қол аудандық партия комитетімен келісіп, аудандық газеттің жауапты хатшысы етіп жібереді. Газет қызметінен еш хабары жоқ болғандықтан, жүресініп, бас тартады. Аудандық партия комиетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Бадри Әлімов "білімің бар, үйреніп кетесің деп болмайды. Ол кезде Әлімов газеттің уақытша редактры  қызметін атқарады екен. Ақыры көндіреді.

            Сөйтіп, "Колхоз" газетінің жауапты хатшысы болып шыға келіпті. Сол кезде небәрі 17 жаста екен. Кейін газетке әдеби қызметкер болып  Қалижан ағасы келеді, белгілі журналист Әнуар Әукенов, әрі драматург, әрі журналист Атығай Шанин қызмет істепті. Өрімдей жастар." ...Газетте істеген шағымыз бір қызықты кезіміз екен. Ынталымыз. Білуге, үйренуге деген құштарлығымыз  қандай! Әлі күні сол шақтарымыз жадымызда қалған, есімізден әсте шықпайды. Көп тағлым алдық, әдебиетке, журналистикаға деген іңкәрлік, құмарлық сол кездерден басталды. Қаламымыз да алғаш сонда ұшталды. Газет бізге өмір мектебі болды. Кейін институт бітіріп, мұғалімдік қызметте жүргенде, Жазушылар одағы өкілі ретінде газет төңірегіне бірталай талантты жастарды жинап, әдебиет үйірмесін құрдық. Сол үйірмеде халық ақыны Естай, жас ақындар  С. Анисимов, Х. Зәкіров, журналист Ф. Боярский сияқты талатты адамдар да болды" деп еді. Газеттің тарихы туралы реферат жазғанда мен Төлеутай Ақшолақовтың аты-жөнін атап өткен болатынмын. Енді міне жүздесіп, әңгімелестік. Тарихи адам. Көпті көрген. Қаншама ғылыми еңбектер жазыпты. Гончаревтің "Гамлетін" қазақшалаған. Майра Уәлиқызы, Қажымұқан,Жаяу Мұса,Мәшһүр Жүсіп,Сәбит Дөненьтаев шығармалары жөнінде зерттеу еңбектер жазған. Педагогика ғыоымының доқторы, профессор.  "Қазақстан" баспасында редакторлық қызмет атқарыпты.  Өмірі үлкен өнеге. Иә, жақсылардың қасында отырсаң, олардың әңгімесін тыңдасаң, рухани байлық емес пе?

            Журналистика мектебі-өнегелі мектеп. журналист-саяси, қоғам қайраткері, кемел ойдың, шабытты пікірдің иесі. Идеалардың насихатшысы, үкіметтің дана саясатын іске асырушы. Журналист мамандығы көптеген атақты ойшылдар мен талант иелерінің мамандығы.  Тілші-құрметті адам,өзгені құрметтей білетін,сол арқылы өзін де құрметтей алатын үлкен сезім иесі. Журналист -ғарышкердің де, ғалымның да, жұмысшының да инженердің де диқан мен малшының да досы, серігі. Журналист-жер үстіндегі жаңалықтың хабаршысы. Жақсы журналист бола алмаған қаламгердің жақсы жазушы болуы неғайбыл. Журналистика-үлкен әдебиетке апаратын сатылы баспалдақ. Жазушының тіл шеберлігі  сөзді орамды пайдалану. Мәтінді жазу шеберлігі тілдік бірліктерді орынды қолдануымен білінеді. Тілдік бірлік -стильдік қызмет атқарып тұрады.... Көп нүкте белгілі бір ойдың аяқталмағанын білдіреді.  Құдықты бір адам қазса, одан қанша ма адам шөлін қандырады..."Аз сөзге көп ой сыйғызу керек" депті Некрасов.

***

            Елу бес жыл бойы өз тағдырын туған халқының  өнеріне арнаған адамның бір сәт өзі жазған туындысын сахнадан шәкірттерінің бейнелеуімен көрермен ретінде қабылдап, шынайы ақ жүрегімен мәз болып  отырудан асқан бақыт жоқ шығар. Егер дәл осы минуттарда Кәукен ағаның жүзіне үңілген адам оның ішкі дүниесіндегі құбылысты сезінер еді. Оның туған жерінің ерке табиғатындай буырқанып, өршелене толқып, қайта сабасына түсеті. Ертістің иіріміндей күй кешетін жөні бар еді. Қаукен Кенжетаев 1916 жылы 25 ақпанда Баянауыл ауданындағы №13 ауылда Ақбеттаудың етегіндегі  Айманбұлақтың  жағасында дүниеге келген. Адам-табиғаттың төл перзенті емес пе? Кәукен аға өзінің өнердегі биік белесін туған жердің қасиетімен бағалаған жан. Сондықтан болар, ол өзінің 75 жылдық мерейтойын  перзенттік парызы ретінде ата мекенінде ағайын, туыс,дос-жаран, іні-бауырларының ортасында өткізіп, өткен өнер жолына есеп беруді мақсат етті. Енді міне сол ойы орындалып,көпшіліктің ортасында ,жерлестерінің жананда,өзі жазған "Алдар көсенің айласын" Кереку жерінде  шаңырақ көтерген қазақ музыкалық драма театрынының артистерінің қоюында тамашалап отыр.

            Иә, актер болу-оңай емес. Ол да өнерге жастайынан құштар болды. Кішкентайынан ән мен жырға ,терме мен не бір қызық әңгімелерді тыңдап өсті. Дәл осы бір ұмытылмас сәтте өзі тәрбиелеген өнер түлектері сахнада "Алдар Көсенің айласын" бар өнерін салып, ойнап жатқан кезде,Кәукен ағаның көз алдынан бүкіл өнердегі 55 жыл өмірі кинолентасындай  тізбектеліп өте берді. Адам өмірі минут,сағаттармен өлшенбейді, дегенмен, осы бір жарым сағат уақыт Кәукен аға үшін ұмытылмайтындай әсер қалдырды. Бірде жас тілшілердің бірі М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының артисіне келіп, "мұңайып тұрғанда күліп, ал қуанып тұрғанда еңіреп жібере аласыз ба?" деп сұрақ қойыпты.  Сонда әлгі актер "еңірегенде қандай,қажет болса ,қазір көз алдыңызда ботадай боздап берейін, күлу мен жылау қолынан кеомейтін адамды артист деудің өзі ерсі емес пе?" деп жауап беріпті.

            Кәукен аға да күлкінің қоғамдық-әлеуметтік  сырын, мәнін тамыршыдай тап басып дәлелдеген.  Кәукен ағаның туған күнінде әһ"Алдар Көсенің айласы" атты комедиялық қойылымын жерлестерінің көруіне ұсынуында үлкен мән бар. Мұнда риясыз күлкі емес, әлеуметтік жүгі бар күлкіні өзек етіп, туған күніне куәгер боламыз  деп келген өнерсүйер халықты  күлкіге кенелтті. Сахнадағы қойлымы кезінде Кәукен  аға тәлімгер ретінде шәкірттерінің әрбір қимылына толқып, толғанып отырса, жұртшылық та Кәукен аға үшін қобалжумен болды. Бәлкім, Кәукен аға Алдар Көсенің  ойнаған жас актер Ренат Мәсербаевтың бейнесінен  өзінің жастық шағын іздеген болар, жас актердің кейбір "әттеген-айларынан" өзінің алғашқы сәтсіздіктерін байқаған болар. Спектакль аяқталды. Театр режиссері Ерсайын Тәпенов Кәукен  ағаны сахнаға шақырды. Кештің қызықты да әсерлі осы бөлімін тағатсыздана  күтіп отырған көпшілік мүшелтой иесін орындарынан тұрып,құрметпен қарсы алды.

            Қазақ опера өнерінің үздік өкілдерінің бірі -Қазақ ССР халық артисі, профессор Кәукен Кенжетаевтың тойына,"Заман-ай" әнінің авторы, талантты жас композитор Төлеген Мұхамеджанов, Қазақ театры және көркемөнер институтының музыка бөлімінің жетекшісі Мақсұт Оразұлы Жүнісов, би-балет пәнінен сабақ беретін жерлесі Жар Нұрмұханұлы Қапесов  келді. Қүттықтау сөз Павлодар облыстық Советі атқару комитетінің төрағасының бірінші орынбасары Оралбек Қожановқа берілді. Құрмет грамотасын табыс етіп, шапан жапты. Онан кейін қалалық Советі  төрағасының  орынбасары М. Әлинов шығып, мерейтой иесіне ат байлады. Театр артистері  күмістелген ер-тұрманын сыйлады.

            Аманжол Нұрғалиев өзі жасаған аққу домбырасын сыйға тартты. Облыстық "Қазақ тіліә қоғамы атынан айтыскер ақыг Серік Құсанбаев  пен жер жәннаты Көкшетаудан келген әнші Қажыбай Жакин  жыр шумақтарын арнады. Жас ақын жерлесі Асығат Тұрғанбеков жыр арнады. Абай атындағы № 10 мектеп, Иса Байзақов атындағы филормония, облыстық "Қызыл ту" газеті, облыстық телевизия және радио хабарлары жөніндегі комитет, облыстық өлкетану музейі басқа да ұжымдар жерлес ағаға сый-құрмет көрсетті. Менің 75-келсем де алдарыңызда 25-тегі жігіттей жалындап тұруыма ,өзім сүйетін халқым, өздеріңіз нәр бердіңіздер,дән септігіңдер. Ақбеттаудың әіргесіндегі  сылдырай аққан Айманбұлақтың саумалын  ішкен адамға  кәртаю мүмкін емес. Маған туған жерім қуат береді, менің әрбір өткен  жақсы күнім бір жасқа саналады.Сондықтан өзім мың жасадым деп ойлаймын-деді . Шынында да Кәукен аға  өзі айтқандай, біз осы келісті тұлғалы ағаның таза  жүзінен көріп, бірге қуанып, бірге толқыдық.

***

            Той-тәрбие мектебі. Дүбірлі тойға әр түрлі жастағы аяулы аға, әке, ана кәрілер мен ұлағатты ұстаз, тәрбиелі келін, ержеткен жігіттер мен бойжеткен қыздар, бала да шаға да жиналады. Олар бір дастархан басында отырып, өздеріне ет жақын бауыры, сіңлі-қарындасы, аяулы досы, болмаса, туысқаны болып келетін екі жастың үйлену тойларының құрметті қонағы, тойдың куәгері болады. Тойда ізгі тілектер айтылады. Қазақтың ұлттық дәстүрлері жаңғырып, жаңаша түрмен өрістейді. Тойға ішіп-жеу үшін емес, тілек айтып, ойнап-күліп, ән айтып, сауық-сайран құруға, жаңа сырлас достар тауып, рухани байып, сергіп қайтуға барады. Мәселен ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтың "Абай жолы"эпопеясы, Дихан Әбілевтің "Ақын арманы", Зейтін Ақышевтің " Жаяу Мұсасы", Сәкен Жүнісовтың "Ақан сері" романын оқыған кезде суреттелетін дәстүрлі тойлар ерекше әсер қалдырады.

            Егер біз өткендегі ізгіліктер мен дәстүрлерден үлгі алар болсақ, қазіргі күнгі біздің тойларымыз қандай дәрежеде өтіп жатыр деп ойланамыз. Павлодар қаласында Чкалов көшесіндегі асханада үлкен той болды. Берік пен Гүлмираның үйлену тойын әке- орнына әке, ана орнына ана Дариға Құлатайқызы Ыбыраева жасады. Дастархан басында 250-дей қонақтар отырды. Тамақ та мол, ішімдік те қойылды. Осы тойға келген қонақтардың бір сүйсінгені Дариға Құлатайқызы марқұм болған жолдасы Теміртастың шаңырағынан бөлінген жас отау иелеріне жаңа пәтердің кілтін берді. Келіннің құлағына алтын сырға салды. "Жаңа отаудың ішін дүниеге, сыртын малға толтыратын өздеріңсіңдер, баспананың іші құтты болсын"- деп жүрекжарды тілек айтқанда, отырған үлкендер көздеріне жас алды.

             Ауылдағы тойлар қалай өтеді? Енді осы бір өзіміз көзімізбен көріп, куә болған, көңілімізге қаяу түсірген үйлену тойына назар аударып көрейікші. "Тойдың болғанынан боладысы қызық" дейміз.Лебяжі ауданындағы "Қазы" совхозында тұратын қатардағы еңбек адамы Түскен Қадырханов ұлын үйлендірді. Ауылға келіп кіргенде той болатын үйдің алдында үлкен автобус, жеңіл машиналар қаптап тұрды. Біз тәрбиелі жақсы той болады деп күттік.  Әлгі машиналар орталықтағы мәдениет үйіне барды. Мұнда "Неке қию" рәсімі өтті. Залдың іші жинақы безендірілген. Көп ұзамай неке қию рәсімі басталды. Ортадағы үстелдің басына бес жастағы бала мен Шәйза деген қызметкер келіп жайғасты. Музыка да орыс тілінде, неке сөздері де орыс тілінде айтылды. Залда басқа ұлттың бір өкілі болсайшы? Бір ыңғайсыз жағдай әлгі бала шешесінің етегіне оратылып, жылап, түк естіртпеді. Жастар қандай әсер алғанын кім білсін, менің шығып кеткім келді.  Екі жас қолына неке куәлігін алды да, бәріміз далаға беттедік. Той көршісінің мал қорасында, ашықта өтті. Дастархан үстінде арақ-шарап мол болды. Жас жігіттер мен қыздар байыз тауып бір орында отырмады. Қора-қораның бұрышына барып, темекі тартып, өздерімен өзі болды. Мен той иесінен совхоздың асханасы бос болмады ма?-деп сұрадым.

            -Той өткізуге бірнеше рет сұрап бардым. Бетімді қайтарды. Жазда күрделі жөндеуден өткізілген еді, жастар бүлдіріп тастайды, ыдыстарды сындырады деп-сенбестік білдірді. Қанша төле десеңіздер де, төлеп беремін, бір жеріне сызат түссе өзім жөндеймін деп осынша жалынсам да кәсіподақ комитеті көнбеді. Иә, ауылдағы жастар да өз ана тілінде сөйлемеді. Неге? Алдыңғы толқын ағадан, аяулы деген ападан үлгі-өнеге көрмесе қайдан сөйлейді. Осы тойдың үстінде той асабасы Тынысбек деген студент жігіт тілек айтушыларға тақпақтап сөз беріп жатқанда, дастархан басында отырған ауыл жастары оны ұқпады. Өздерінше орыс тілінде керілдесіп, дастарханның құтын қашырды. Өресіз жастарды, орын алған кемшіліктерімізді  қалай түзетеміз? Не істейміз? Айтпақшы "Құлат" деген ауылда той жүргізгенім бар. Ол той ашық қорада өтті. Тойға келгендер кілең жігіттер. Қыздарың қайда десем, күйеуге тиіп кеткен, олар басқа ауылдың келіні-дейді. Құлаттың жігіттері шетінен бойдақ. Тойда ішуден басқа өнерлерін көрсетпеді. Той-тәрбие ортасы. Олай болса елдегі үлкен ағалар, ақыл қосар аталар мен апалар жастар тәрбиесін қолға алуы керек. Түзелетін уақыт жетті.

***

            Павлодар облыстық Мұсылман әйелдер қоғамын құру жөніндегі ынталы топқа менімен бірге Наурызбаева Күлбарам, Рамазанова Алтын, Зәкия Баймағанбетова, Қасенова Алтын, Мүсинова Рысты, Садықова Зейнеп, Сәдуова Гүлнәр, Жетпісбаева Мәшакар, Чумарова Валия, Зейнулина Айман, Саденова Биғайша, Мүсинова Аққайша, Қамзина Майя кірген болатын.1991 жылдың 22 мамырында Павлодар облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы Валентина Шершневаның қабылдауында болдым. Одақтың мақсаты мен міндетін айттым. Валентина Васильевна облыстық әйелдер  кеңесін басқарады. Бұған дейін "Ардақ" қыз-келіншектер клубына шақырып, сұбхат алғанмын. В. Шершнева бастаманы құптады, құрылтай өткізуге  көмек көрсететінін айтты. Алматыдан Қазақстан мұсылман әйелдер лигасының төрайымын шақыратынымды жеткіздім. Қонақтарға жағдай жасаймыз, мейманғанадан орын береміз, көмектесеміз деп шығарып салды. Сонымен 1991 жылы 13 маусымында Металлургтердің мәдениет сарайында құрылтай өткізілетін болды. Алматыдан келетін қонақтарды  күтіп алу, қонақ үйге орналастыру, аудандардан келген делегаттарды орналастыру мәселесі облыстық мәдениет басқармасына, қаржы мәселесін, демеушілер табуды К.Наурызбаеваға тапсырды. "Комерсант" шағын кәсіпорынының директоры Асайынова Бақтылы Бипановнаға, "Космоформ", "Вест", "Мәди" бизнес орталықтарына В. Шершневаның атынан хат дайындалды.

            Республикалық баспасөздерден келетін журналистерді, орналастыруды партия комитеті өз міндетіне алды. Олар облыстық білім басқармасының "Ағарту" сауықтыру орталығына тегін жайғасатын болды. Маған баяндама жасау жүктелді. А.Зейнулинаға конференциядан соң студенттер күшімен концерт беру тапсырылды. Сөйтіп көңілім жай болып, редакцияға оралдым. В. Шершнева қоғам басшылығына кімді ұсынасыңдар деп сұрады. Мен үндемедім. Бұл қоғамдық жұмыс болғандықтан екі ойлы боатынмын. Менің редакцияда жұмысым бар. Дегенмен кімді ұсынатынымыз алдын ала белгілі болу керек. Кімді сайлайтынын құрылтай шешеді. Редакторға кіріп, өзімнің бітірген жұмысымды баяндадым. Әлқожа ағаның бір жақсы жері жаңалыққа жаны құмар. Осы жұмысты бастауыма да сол кісі себепкер болды. Алматыда наурыз айтысқа шақырылғанымды айтып, рұхсат сұрап барғанмын. Сөзден сөз шығып, мен Алматыда Қазақстан мұсылман әйелдер қоғамы құрылғанын  айттым. Сонда ол кісі міндетті түрде барып, мандат әкелуді тапсырды.

            Айтқанындай айтысқа да қатыстым, мандат та әкелдім. Енді міне игілікті істің басында жүрмін. 8-ші маусымда "Қазақ тілі" қоғамының төрағасы Апысбес Әділханов бүкіл аудандағы әйелдердің басын қосып, аудандық қоғам құруға мұрындық болды. Төрайымын сайлады. Құрылтайға келетін 20 адамның тізімін жіберді. Краснокутскі ауданында, Екібастұз қаласында, Качирда, Ермакта, Шарбақтыда, Успенкада да осындай қоғамдар құрылып, он-он бес адамнан делегаттар келетін болды. Садықова Зейнеп алюминий заводынан 20 адам, Асанова Гүлбаршын Индустриалды ауданнан-20 адам, Қанафина Айым Ильич ауданынан -20 адам делегат баратынын хабарлады. Барлығы 300 адам болады деп шешілді. Олар мұғалімдер, дәрігерлер және заң орындарында істейтін әйелдер болатын. Шақыру қағаздарының мәтінін, мандаттар мен куәліктерді дайындауға редакция көмектесті. 

            Құрылтайдың алдында ынталы топ, баяндаманы және қоғамның жарғысын талқылады. Жарғының мәтіні Қазақстан Мұсылман әйелдер лигасының жарғысы негізінде жазылды.  Құрылтай президумына 18 адам, ал жиналысты Алтын Рамазанова жүргізетін болды. Әмина Нұғымановамен сөйлестім. Ол кісі самолетке билет алды. Ол кісінің жол шығынын Павлодар облыстық партия комитеті мойнына алды. Ұйымдастыру жұмысы аяқталды. Енді Құрылтай өткізу міндеті, жауапты жұмыс мойныма жүктелді. 12-інші маусым сағат тәңертеңгі тоғыз. Алматыдан ұшып келетін самолетке Әмина Нұғыманованы қарсы алуға бардым. Ұшақ уақытында қонды. Екі адам түсті. Қасында өзінің хатшысы Ғалия Аюпова бар. Ғалия менімен бірге телевизияда қызмет істеген. Павлодарды да тұрғындарын да, елді де, жерді де біледі. Негізі Алматы облысының қызы. Жолдасы Қайниден Маңқыстау жақтың жігіті, балықшы. Біраз жылдар отбасымен араластық.  Қонақтарды Ертістің жиегінде жаңадан салынған партия комитетінің қонақ үйіне апардым. Бізді Майя мен Бижамал есік алдында қарсы алды. Жуынып, шәйініп, тәңертеңгі ыстық шәйін ішіп болған соң, меймандар билік орындарының қабылдауына кетті. В. Шершнева бірінші хатшыға апарыпты. Не деп сөйлескендерінен хабарым жоқ. Мен де редакцияға барып, үш күнге жұмыстан сұранып, өтініш жаздым. Былай кете беретін болсам, редакциядағы ағаларым жұмыстан босатылуымды қамтамасыз етуі мүмкін еді. Алдын ала дайындалған тізім бойынша президумға келген қонақтар, мен өзім, Оралбек Қожанов, Мүбәрак Жаманбалинов, Жеңіс Марданов, Кенебай имам Жұматашұлы, Қаматай Батталов  және аудандық қоғамның төрайымдары отырды. Төрбасы қазақ тілінде жүргізуші Алтын Рамазанова  қонақтарды таныстырды. Баяндамашыға сөз берді. Мен облысымыздағы әйелдер қауымының әлеуметтік мәселелері, отбасы тіршілігімен қоғамдағы орын алып отырған проблемалар, яғни тастанды балалар, әйелдердің жұмыссыздығы және басқа да мәселелерді баяндадым. Өңкей жақсы қосылса бітіреді бір істі. Өңкей жаман қосылса көбейтеді егесті.

            Мұнан кейін Әмина Нұғыманова сөз алды. Ол кісі жаңадан құрылған республикалық мұсылман әйелдер одағы туралы кеңінен әңгімеледі. Түркияға барған сапары жайында айтты. 66 мың неміс ұлты ислам дінін, 600-ге жуық ғалымдар да осы діннің адалдығын, өміршеңдігін түйсініп, дін жолына түсті деді. Атақты американдық Майкл Джексен өзінің ислам дінін қабылдағанын әлемге жария етіп, осы дінді дамытуға 20 мың доллар қаражат берген. Түркия мәдениеті биік мәдениет. Өркениетті елден өнеге алуымыз керек-деді баяндамашы.  Жарыссөзге шыққан жазушы, балалар ақыны Мүбәрак Жаманбалинов аналар мәселесіне тоқталды.

            "Аналармен санаспаған екенбіз. Егер әрбір ана өзінің баласының тілін қазақша шығарса, қанша бала қазақ тілінде сөйлейтін еді. Тіл мәселесі өткір проблема болып тұр. Аналардың слеті болды дегенді естідіңдер ме? -деп сұрау салды. Бала өсірушілерге назар аудармаған екенбіз. Баласы көп ананы қадірлеудің орнына, оларға көмек қолын созудың орнына керісінше ойлаппыз. Басшылық қызметте әйелдер жоқтың қасы. Әйелдер еңбекпен қамтамасыз етілмеген. Ауылда мұғалімдер жетіспейді. Бұрын педкласс деген болушы еді, соны да ойластыру керек. "Еркек көктен түскен жоқ, әйел оның анасы. Әйел көктен түскен жоқ, еркек оның әкесі" деп бала тәрбиесін бесіктен бастау керек, бала тәрбиесіне басқаша қарау керек дегендер де болды. Балаларды адам адамға дос, бауыр етіп тәрбиелеу керек.

            Ермактан келген Сайрамгүл Құсайнова бес баласы бар отбасының алтыншы баласы өмірге келгенде киетін киімдері болмай қалғанын айтты. Жаңадан құрылған қоғам Ермак ферросплав заводы әкімшілігіне хатпен шығып, олар көмек қолын созыпты. Песжан балалар үйінде 153 бала болса, оның қырық пайызы қара көздер, ал Павлодар қаласындағы жетім балалар үйіндегілердің алпыс пайызы қазақтар. Тастанды балалар көбейіп барады. "Қызым үйде, қылығы түзде." Мектеп интернатта таяуда Болат деген қазақ баласы асылып өлді. Қазақ ұлтының балалары шоқындырылуда. Олар ислам дінін емес, басқа дінді қабылдап жатыр. Себебі орыстың дін өкілдері балалар үйіне барып, оларды алдап-сулап, тамақтарын, киімдерін беріп, бауырларына тартып өз діндеріне енгізуде. Біз әйел жолдастар жайбарақат отырмыз.

             Батталов Қаматай ақсақал соңғы кезде тіл мәселесіне, жер дауына жиі араласып, қоғамдық пікір тудырып, біраз жұмыстарды тындырып жүрген қоғам қайраткері. Облыстық "Қазақ тілі" қоғамының "Дауа" газетіне қаншама мақалалар жазды. Құпия сақталып, айтылмай келген жағдайлардың бетін ашты. Облыс бойынша 255 мың қазақ балаларының 14 мың 414 ғана қазақша мектепте оқиды екен. Оның өзі ауыл балалары. Яғни 42 мың 942 қазақ баласы орысша оқиды. Павлодарда қазақша мектеп жоқ. Ғалия Аюпова да сөз алды. Қоғам дертінің беті ашыла бастаған соң, жарыссөз тоқтатылды. Күн тәртібіндегі соңғы мәселе басқарма мүшелрі мен төрайым сайлауы болатын Басқарма мүшелігіне аудандық қоғамның төрайымдарының аты аталды, оған қоса Павлодар қаласынан Мусина Аққайша, Қамзина Майя, Асылбекова Қаншайым, Жұматаева Еңлік, Зейнулина Айман, Қожақметова Зәра, Қонаева Нәзкен, Садуова Гүлнәр, Байғалина Шолпан, Сәденова Бижамал, Әмірғалиеав Бақтылы сайланды. Төрайымдыққа екі адам ұсынылды. Бірі мен, екіншісі, Зәра Қожахметова. Дауыс беруге келгенде зал екіге жарылды. Бір ғажабы екі ұсынысқа залдан тең дауыс жиналды. Құрылтайдың мейманы Әмина Нұғыманова залдың толқуын байқады да, екеуі де төрайым болсын, бізде тең төраға деген бар деді. Алайда билік орнында отырған Оралбек Қожанов "қонақтар кеткенше "Қазақ тілі" қоғамында басқарма жиналысын ашып, өзара дауысқа салыңыздар деген ұсыныс айтты. Нүктесін ертең қоятын болыңыздар", -деп тапсырды. Сонымен құрылтай өз жұмысын аяқтады.

            Облыстық мешіттің имамы Кененбай батасын берді. Онан  кейін бір сағатқа жуық концерт берілді. Келген қонақтар үйден дәм татты да, кешкілікте қонақ үйге қонды. Ертеңінде келген қонақтарды "Қазақ тілі" қоғамына жиналысқа апардым. Зәра да келіпті. Жауапкершілікті сезінсе керек. Яғни төрайым болғысы келгенін осы келісінен түсінуге болады. Мен көп ойланып, көп толғанып, төрайым болудан бас тарттым. Менің мамандығым журналист. Сүйген жұмысым арқылы қоғамға бір пайдамды тигізуім керек. Кәсіби қызметтің мазмұны кешенді болып сипатталады.  Содан осы жиналыста қоғамның газетін шығаруға, оның редакторы болуға сөз бердім. Қандай қаражатқа шығарамын, әрине оны ойланып жатпадым. Республикалық әйелдер қоғамының төрайымы Әмина Нұғманова болашақ жұмысымызға сәттілік тіледі. Ақыл-кеңесін айтты. Бірлесіп, қоғамдасып жұмыс істеуге тілек білдірді.

***

            Бұрын соңды бұл өңірде "Жігіт сыны", "Жігіт сұлтаны" деген байқаулар өткен емес. Қалалық мәдениет бөлімі "Наурыз тойын атап өту  шеңберінде осындай байқау өткізуге  қадам жасады. Жергілікті тұрғындар арасынан мұндай сынға түсетін, ата-бабасының әдет-ғұрыпын білетін сегіз қырлы, бір сырлы жігіт шыға қояр ма екен деген күдіктің де болғаны рас. Солай десек те, екі бірдей жоғарғы институты бар, бірнеше техникумдар мен училищелерден, трактор, алюминий сияқты заводтардан  қатысуға ынта білдіргендер көп болды. Байқаудың шарты бойынша бұл сынға жасы 18-бен 25 жас аралығындағы жігіттер іріктелуге тиіс. Екі дүркін іріктеуден кейін 9 жігіт ақтық сайысқа жолдама алды.

            Трактор жасаушылардың мәдениет сарайында Наурызды қарсы алу рәсімі басталды. Ежелгі наурыз мейрамының шымылдығын әсем әуенді жыршы, ақын-жырау ашатын болған. Бұл жолы да тойдың рәсімі бұзылған жоқ. Мұсылмандар мешітінің имамы Кененбай Жұматашұлы сәби жылға  ақ батасын берді. Мұсылман әйелдер қоғамының бір топ  әжелері  шашу шашты.

            -Мешін жылы құт әкелсін, халықтың ырызығы таусылмасын, аузымыздан ақ кетпесін деген тілектер айтылды. Рәсім аяқталған соң жеңгесінің қойған Сылқым жігіт атымен бірінші нөмірлі Мейрамбек Ысқақов, Ерке бала-Мәулен Аханов, Ақ жігіт-Жасқарат Орынбаев, Кенжебала- Ерқанат Ахметов, Кербез жігіт - Қайрат Досбаев, Тентек жігіт - Рүстем Сләмбұлов, Мырза жігіт - Еркебұлан Рахымжанов, Сыпайы жігіт-Бауыржан Төрегелдинов, Тетелес-Қанағат Тілеубаев сахна төріне шықты.  Байқау бірнеше бөлімнен тұрды. Таныстыру, өнерін көрсету және "Мен салт дәстүрді ұстанған жігіт сұлтанымын" деген үшінші бөлім сұрақ-жауап. Әрине орыс мектебін бітірген жігіттерге жұмбақ та, сұрақтар да қиынға түсті. Дегенмен жігіттер намысқа тырысты.  Қамшы өру бөлімі де оңай болған жоқ. Жігіттердің білек күші сайысы да қызу қанды өтті. Әр жігіт өздерінің әлінше сайысты.

            Тетелес деген жігітке Қазақтың қас жауы кім деген сұрақ келгенде, ол тайсалмастан жауыз Ермакты атады. Жуырда Ермак ауданының орталығындағы ескерткіштің алынып тасталғанын тілге тиек етті. Енді ауданның атауын өзгерту қажет, оған Ақсу деген атауды ұсынамын деді. Көрермендер бұл жауапқа қол соғып қошемет көрсетті. Ең соңғы шешуші сайыс, ұлттық киім, яғни сән киімімен сайысу болатын. Сайысқа қатысқан тоғыз жігіттің бәрі де өнерлі болып шықты. Сыпайы жігіт күйшілік өнерін көрсетті. Сайыс аяқталды. Қазылар алқасы жігіттердің өнерін бағалауға кетті. Әрине бірінен бірі өткен жігіттердің ішінен жүзден жүйрік шыққандарды анықтау оңай болған жоқ. Алайда жарыстың аты жарыс, бәйгеден озғанды атау міндет. Әділ қазылар алқасының төрайымы Нұрзия Ғабдулина  өз сөзінде жігіттердің бәріне оң баға берілгенін айта келіп, Еркебала атымен шыққан педагогика училищесінің студенті Мәулен Ахановқа "Керекудің серісі" деген лента тағылып, бірінші орын берілді. Одан кейін мұғалім Мейрамбек Ысқақов, Қанағат Тілеубаев, Бауыржан Төрегелдиновтер жүлдегер атанды. Бас жүлдеге  Орта Азия  және Қазақстан биржалық ассоциациясының президенті Сапарбек Беркетов түрлі-түсті телевизорды табыс етті. Онан кейін Павлодар қалалық жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасы Сейсенбай Жексенбаев, Ильич және Индустриалды аудандар әкімшілігінің атынан Айым Қанафина сыйлықтар үлестірді. Сынға түскен тоғыз жігітке тоғыз жүлде бұйырды.  ,

***

            Қызылтаңнан хабар келді. Ағам Нөкеш тынысы тарылып, дем ала алмай, тұншығып, ауырып қалыпты. Соңғы кезде бойындағы сырқат сыр беріп жүр. Кейінгі кезде анамыз Сараның өкпесі ауырғанын жиі айта беретін. Өзі де сол аурумен ауыратын секілді. Не істеу керек, бәрін тастап, ауылға бардым. Бұдан бір жыл бұрын айнаға түскенде емделуің керек деп ескерткен екен. Бірақ менен жасырыпты. Енді міне жанына батқан соң, қарындасын шақыртты. Екі-үш апта бұрын көргенде жүдеп кеткенін аңғарғанмын, бірақ мән бермеппін. Көзі жасаурап, кіртиіп қалыпты. Тезірек дәрігерге апармаса болмайды. Үйдегі жеңіл машинасының роліне өзін отырғызып, қалаға тарттық.

             Сексен шақырым жолда ауру жанына батып, ауа жетпей қысылып келе жатса да, рольден айрылмады. Жеңгемді қасынан қалдырмайды. Екеуін қалаға әкелдім. Естіуімше, осының алдында Жамбыл ауылындағы емші Үміт апаға барыпты. Ол кісі кезексіз қабылдаған екен, бірақ, "ішкілік ішуіңді қоймасаң, өлесің, өкпеңді арақ жеп қойған"- десе керек. Нөкеш ағамның да бойында әкесінен қалған емшілігі бар. Қанша ауырса да өзін өзі емдеп жүреді. " Мен арақ ішпесем, ауырамын"- деп ақталыпты. Содан емші ападан сөз естіп, енді бұл кісінің алдына бармаймын деп, ренжіп кетіп қалыпты. Сөйтіп үйге келіп өзін өзі емдепті. Енді міне  тынысы тарыла берген соң мені шақырып, дәрігерге көрінемін деді. Негізі тәтем ауруханадан, дәрігерден қатты қорқады. Оның бір себебі де бар.

             Кезінде әскерге бармаймын деп, ауруханаға барып жатады. Тегінде сол кезде өкпесінде кінәрат болды ма екен? Маған айтқан емес. Алайда берген дәрісін ішпей, қалтасына сала берген. Кейін дәрігерде жатудан қажып кетеді де, сұранып шығып, аудандық әскери комиссариатқа барады. Онда Жұмаш деген кісі, өз аяғымен келіп тұрған ағамды, неге әскерден қашып жүрсің деп сұраса, үйде әйелім мен қарындасым менсіз күн көре алмайды. Қарындасым әлі жас, жетім қызды кімге қалдырамын дейді жыламсырап. Содан олай болса, мен сені бір жерге жұмсаймын, барасың ба?-депті. Ағам келісімін берген соң, екі-үш жігітті түнде орыстардың моласына алып барады да, бір адамның көрін қаздырады. Мұндай сұмдықты көрмеген ағамның күрегінің басы жапсарлас жәшікке тиіп кетіп, шошынып, сыртқа атып шығады. Содан көпке дейін есін жинай алмапты.

            Жігіттер дәрігерге апарып, қаншама укол беріп, есін жинатқызған. Міне содан бері дәрігерден қатты қорқады. Ауруханада жалғыз жатпаймын деген соң жеңгемді бірге жатқыздым. Сау адамның ауру адаммен бірге жатуы оңай дейсің бе? Амал не, жеңгем бәріне көне беретін жан. Өзі сондай шыдамды, ағама қарсы келмейді. Айтқанын істейді. Жат десе жатады, тұр десе тұрады. Жамбыл ауылында тұратын емші Үміт апа ағамнан маған да келіп кетсін деп сәлем айтыпты. Мені қайдан біледі? Не айтқысы келді,- деп ерте тұрып, қаладан он бес шақырым тұратын Жамбыл ауылына бардым. Тәңертеңгі жетінің кезінде есік алдында бірнеше жеңіл машина тұр. Күркелеп жауып қойған сеанс алаңына орындықтар қойылыпты. Ішіне кіріп барсам, төрдегі биіктеу баспалдақ-сахнада Үміт апа ем жіберетін жерде бірнеше әйелдер домалап жатыр. Ол кісінің аяғының ұшы, табаны, көйлегінің етегі тиген жер де ем, шипа екен.

            Басыма орамалымды байлап, Үміт апа шығатын есікке қарап, күтіп отырмын. Сағат тәңертеңгі сегізде басына ақ сәлде ораған, мүмкін сәлде емес, жаулық салған, ұзын көйлек қамзолымен жарқырап жылдам басып кіріп келді де жаңағы сахнаға, биіктетілген тақтай үстіне шығып, сеансын жүргізе бастады. Құран сүрелерімен, өзінің сөзімен залда отырған жүз шақты ем алушыларды аластады. Орысша және қазақша емделуге келгендерге өз талабын айтты. Көп сөздерінің ішінен ұққаным, Алланың әмірімен, емшінің алдынан өткендердің бәрі де сауығып кеткен. Бала көтермегендер бала сүю бақытына ие болған. Қырық минут өтті. Жан-жағыма қарасам, біреулер жылап, біреулер ұйықтап отыр. Емші Үміт ортаға жақын келді де, мені көрді. Бұрын жүзімді көрмесе де, алдыма келіп тоқтап, қолымнан ұстап, ортаға алып шықты. "Сенің әкең түсіме кірді. Шоқша сақалды келбетті кісі екен. Ақбоз атпен келді.

            -Менің қызым Шолпанды шақыр," -деді. Сол Шолпан сен екенсің. Бойыңда қасиетің бар. Кісі емдейсің. Қазірден бастап балаларды емде, сенің бір сипағаның ем болады, -деді. Үндеуге шама жоқ, не деп айтамын. Ондай қасиетті бойымнан сезген емеспін. Жастықтың жарқын күндерін әдемілеп өткізіп, ойнап-күліп, шалқып жүрген жанмын. Не деймін? Ол кісі басыма ақ орамал салды. Батасын берді. Ем қабылдап жатқандар маған қарайды, мен де аң-таңмын. Әдейі келген соң, емшімен кең отырып сөйлескім келді. Ойымды айттым. Уақыт бөлді. Кабинетіне кірдім. Сөйлестім, сұхбат алдым. Бұрын емделген шет елдік азаматтардың жазып қалдырғандарын, әр жерден, басқа облыстардан, елден келгендердің пікірлерін жинадым. Суреттерін алдым, суретке түсірдім. Енді кітап жазуға да болады. Әрине бір рет көргенім, әңгімелескенім, жаңа танығаным аз болатын шығар, әлі де естімегенім, білмегенім көп. Әрине әлі жолым  түседі.

***

            Күн өткен сайын заман өзгеріп келеді. Егеменді ел болғалы көп мәселелерге өзгеше көзбен қарайтын болдық. Жазу стиліміз де, таңдаған тақырыбымыз да өзгерді. Қысқа да нұсқа ақпарат беру газеттің бет әлпетін өзгертті. Газеттің көлемі кішірейді. мерекелік нөмірлер түрлі-түсті бояулармен шыға бастады. Бұрынғыдай емес, жоғарғы жақтан телетайптан келетін мәліметтерді күтпейміз. Бұрын Москвадан жететін неше түрлі ақпарттар қазір жоқ. Қазақстан өзінің  жағдайын өзі жасауда. Тұралап қалған экономиканы көтеру, жекешелендіру басталды. Көптеген газеттер жабылды. "Халық кеңесі" шығуын тоқтатты. Ғалымбек Жұматов газетке қайта оралды. Өзгеріс көп. Біз қазір ұлттық баспасөзге айналдық. Орыс тілінен аударма жасамаймыз. Біздің баспасөз-айбынды, әрі идеялық өткір құрал, жаңа типті халықтық баспасөз. Негізгі принциптері-жоғары идеалылығы, нағыз халықтығы және бұқаралығы, әділеттілігі, шыншылдығы. Ұлттық баспасөз-жалғаншыл баспасөзге қарама-қайшы, шынайы шындықтың айнасы. Ар мен адамгершіліктің, жаңа мен жақсының жаршысы. Қазір газетіміз "Сарыарқа самалы" болып шығып жатыр. Керемет. Сырты да, ішкі мазмұны да өзгерді. Әлқожа Мұхамеджанов айтады. Журналист-жаңалық біткеннің жаршысы, еңбегі елеулі, үлкен жүректі жандардың жанынан табылуға, жақсының жақсылығын көрсетуге асығатын сезімтал да, сергек, заманымыздың озық ойлы азаматтары болуға тиіс.

            Рас, бұл кісінің айтқаны кітап сөзіндей.  Әрбір лездеме сайын ұлағатты сөздерді айтады. "Кісінің кілті-аспанда"-дейді.            Қажымұрат Смағұлов әлгіндей сөз айтқан кезде, біз сіздің шәкірттеріңіз емеспіз, институтқа барып сабақ беріңіз деп кекетеді. Бізді үйретпеңіз дейтінін айтсайшы. Содан Айтжан аға ондай кереғар сөзді қоштап, айтыс басталады. Осы кезде редактор үстелді бір қояды да, ұнамаса шығып кет, -деп сес көрсетеді. Біз жастар көзімізді төмен түсіріп,  үнімізді шығармаймыз. Бүгін де сондай бір келеңсіздікті Тұрсынбай Ибадуллин бастады. Тұрсынбай аға менімен теледидарда қызмет істеген жылдары шартпа-шырт мінезін жиі көрсететін. Редакцияға ол кісі менен кейін келді. Енді міне сол мінездеріне тағы да куә болып жүрмін. Негізі қызба адам. Мамандығы мұғалім болса да,  шәкірт тәрбиелеуден гөрі жазуға шебер, өте еңбекқор. Қашан көрсең де, аузына темекісін қыстырып алып, қазандай басындағы бұйра-бұйра шашы жан-жаққа шашылып, шұқшиып жазып отырады. Қазір ол кісі хат бөлімінің меңгерушісі. Ақпаратты жинау, өңдеу және тарату, адамзаттың өзекті мәселелерін қоғамға жеткізу, зерттеу және айқындау түрлі қоғамдық оқиғаларды жан-жақты түсіндіру, ақпараттық басқару және ақпараттық серіктестікті реттеу, жарнамалық материалдарды құруға бағытталады. Ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Қажымұрат Смағұлов, өзі сатирик ақын. Неге бұл бөлімнің меңгерушісі болғанын білмеймін. Ақын адам мәдениет бөлімінде отырушы еді. Бұл кісі көбінесе мысал өлеңдер жазады. Мінезі шәлкем шалыс.

            Мінезсіз адам болмайды. Ақындар мінезді болмаса, өлең жаза алмайды. Ақын адам - ақымақ деп естіп едім. Кейде ақымақ деген сөзді оған айтуға қимайсың. Неге олай айтты екен? Бәлкім істеген қылықтарына, кейде ойламай айтып қалатын орынсыз сөздеріне қарап айтты ма? Әйтеуір мен де осы кісінің бойынан жағымды да, жағымсыз екі түрлі мінезді көремін. Орынсыз жерге пышақ ұрады. Дұрысты бұрыс деп отырады. Қашан көрсең де, қай жерде отырса да, кімге болсын,тіпті бастыққа да қарсы шығады. Тұрсынбай ағамен келіспей жүреді. Өткенде екеуінің жаға жыртысқанын көрдім. Сонда не үшін дейсіз ғой, бір мақала үшін. Екеуі суреттеме жазуға таласып қалды. Қазір очерк, басмақала деген жанр ұмыт болды. Көбінесе суреттеме, сұбхат жанрлары беріледі. Әлгі екеуінің қасында Нәсіполла тұрмағанда, қып-қызыл төбелес болушы еді. Екеуі де еңгезердей, күштері де тең. Күреске салса, бірін-бірі жығуы неғайбыл. Иә, мен газетте осындай адамдармен бірге қызмет істеймін. Кейде бос сөзден жалығамын. Ондайда оңаша кетіп қалғым келеді. Кабинетте екі адам отырамыз. Қайдағы оңаша? Келіп-кетіп жататындар көп. Көбінесе тілшілер, ақындар келеді. Мақалаларын, өлеңдерін әкеледі. Немесе жәбірленіп келіп, арызданады. Әйтеуір бос отырмайсың. Мақалаларың шығып жатса, баспаханаға жүгересің. Қала берді редактор шақырады.

***

            Рамазан айының соңғы бейсенбісінде қаланың шет жағына орналасқан қарттар мен мүгедектер интернат үйіне бардым. Бүгінгідей қиын да, қымбатшылық заманында панасыздардың тағдыры не халде екен? Оларға мемлекет тарапынан қамқорлық жасалып жатса да, мұндағы мұсылман ағайындар ораза айын қалай өткізіп жатқанын білгім келді. Мұсылман әйелдер қоғамы мен облыстық қоғамы тұрғындарға арнайы дастархан жайдық. Кәдімгі дөңгелек дастархан болмаса да, үстелдің үстін тағамға толтырдық. Бауырсақ, самса, шелпек, тәттілер қойылды. Түскі асқа, аруақтарды еске алуға арналған тағамға қазақ ағайындар мен апаларымыз, арбада отырған мүгедек жастар, бірі қалмай жиналды. Орталық мешіттің азаншысы Ғазиз Нұрматайұлы дұға оқыды. Мұндағы ата-әжелердің ең үлкені сексенде болса, ең кішісі жиырмада екен. Олар күңірене шыққан құран мақамына елтіп, бастарын төмен салып, көздеріне жас алды.Содан бойлары үйренген соң, еріндерін жыбырлатып, аруақтарын еске алып, аттарын атады. Дастарханға ет әкелінді. Қойдың басы -тоқсанға таяп қалған ақсақал Айтын Исмахановтың алдына тартылды. Алайда ол кісі бастың қай жағынан ұстарын білмей, абдырап отырды да, қасындағы інісіне ысырды. Тегінде мұндағы күнделікті кеспе мен борщтан басқа көрмеген пақырлар қазақша етті қалай жеуді де ұмытып қалған секілді.

            -Рахмет айналайындар, өркендерің өссін! Бала-шағаларыңның қызығын көріңдер,-деп атамыз батасын берді. Біз ақсақалдың туған-туыстары бар ма?-деп сұрағанымызда, бар деді. Өзі Павлодар ауданы "Шақат" совхозынан келіпті. Ермек Қасенов- Баянауыл ауданының С.Торайғыров атындағы совхозында туып өсіпті. Сол ауылдық жерде және Екібастұзда ағалары тұрады. Қызметкерлердің айтуынша Ермек күнде үйге кетемін, ертең мені алып кетеді деп киім-кешегін сөмкеге салып, әлдекімдерді күтіп жүретін көрінеді. Алайда Ермектің туыстары бұл кісіден мүлде бас тартыпты. Ет желінді, шай ішілді. Облыстық "Қазақ тілі" қоғамының төрағасы А. Алдоңғаров сөз сөйледі. Ас қайрылып, бата жасалған соң, педагогика училищеснің бір топ өнерпаздары концерт қойды.

            -Мен он жылдан бері осы интернатта тұрамын,-деді Зәкия Шыныбаева. Өзі екі қолынан, екі аяғынан мүгедек. Осында Қалам Құсайыновпен танысыпты. Екі жарты бір бүтін болып, бір бөлмеде тұрып жатыр. Ұзақты күн телевизор көреді, радио тыңдайды. Интернатта тұратын пақырлар телевизордан көріп жүрген Серік Құсанбаевты көргенде, өз көздеріне өзі сенбеді. Шынымен айтыскерлермен дастархандас отырдық па деп қуаныштарын жасырмады.

            -Мен де Баянауылдың перзентімін. Елімді сағындым. Қарттар үйіндегі тіршілігімізді ешкімнің басына бермесін. Төсегі салулы, қолы бос, ішетін тамағы дайын, шалқиып жатпай ма дейтін шығар. Бірақ біздің адам қатарынан шығып қалғанымыз батады. Өліп қалсаң, мұсылманша таза арулап жөнелтетіндер табылмай қала ма деп қорқамыз. Оразаның ішінде сіздер келіп, құран оқып, Алламызды аузымызға алдырдыңыздар. Рахмет! Аспазшы Гүлнәр Қасымова ұлттық қазақша етті сондай дәмді етіп дайындапты. Құрбан айтта да келіңіздер. Бізді ұмытпаңыздар,-деді Қабылқайыр Қабылбеков.  Мәрбан Ыдырысова әжей өткен жылдан бері осында тұрады. Намаз оқитын бөлме бар, әттең намаз оқу білмейміз, әйтпесе бес мезгіл намазды қаза етпес едік, -деді. Несі бар тапқан қуанады, таныған алады. Соңғы жылдары талай асылымызды тауып, ел болып еңсемізді көтеріп келеміз. Құдайын ұмытқан үкімет үйінде өмір кешіп жатқан қарттарымыз намазға жығылғысы келсе, бұл да жақсылық. Қол үшін беру, намаз оқуға үйрету-парыз. Олармен қоштасып шыққан кезде, күн еңкейіп, өз ұясына батып бара жатты. Бізбен бірге келген молдамыз  намазын қаза еткісі келмей, мешітке  асығып кеткен кезде, біздер соқырлар қоғамына барып шықпақшы болып, бағытымызды өзгерттік. Игіліктің ерте кеші жоқ.

***

            1991 жылдың желтоқсан  айында "Қазақ әдебиеті" газетінде "Абайдың жарияланбаған өлеңдері" деген айдармен Қайым Мұхаметхановтың көлемді зерттеу еңбегі жарық көрді. Мектеп жасынан ұлы Абайдың өлеңдерін жаттап өскен  әрбір көзі ашық оқырманның жаңа өлеңдерге назар аударғаны анық.Ақын Абайдың алты өлеңі табылды! Әрине сүйінші сұрарлық  қуаныш. Бұл өзі Абайтану ғылымындағы үлкен жаңалық. Алайда бұл өлеңдер  бүгінгі күнге дейін қайда болды, кімнің архивінде сақталды  деген сұрақ туады. Оған жауапты Қайым аға былай деп жазады: "...Бұдан 40 жыл бұрын 1951 жылы  тамыздың 8-і  күні Абай музейіне сұңғақ бойлы, келісімді, келбетті, жүзі жарқын мінезі сыпайы ақсақал келді. Мен орнымнан тұрып, сәлем беріп, амандасқан соң, жәйлап қана орындыққа әкеп отырғыздым. Ол кезде мен музейдің директоры едім. Мені сыртымнан біледі екен. Әңгімеге кірістік.  Асықпай, баптап  сөйлеп:

            -Ең алдымен  аз сөзбен аты-жөнімді айтып өтейін .Атым Мәди Тастанбекұлы Әсенов деген адам боламын. Бұрынғы Семей уезі, Айғыржал болысы, қазір Павлодар облысы, Бесқарағай ауданы Беген ауылының қазағымын. Жасым-72-де."-деді.        Міне көрдіңіздер ме, Абайдың алты өлеңі өзіміздің Кереку өңірінің азаматының қолында болыпты. Ол кісі Қайым ағаны әдейі іздеп барып, өлеңдерді жатқа айтып берген. Жүрегімізге қуаныш ұялап, бұл жаңалықты әріптесімізбен бөлістік. Осы кезде өзіміздің  "Сарыарқа самалы" газеті редакторының орынбасары Төлеубек Қоңыров Мәди ақсақалмен туыс екенін,  оның немересін білетінін айтты. Ол Ішкі істер қызметінің майоры, "Білім" қоғамында араб графикасынан сабақ беріп жүрген Даниял  Сабырұлы Әсенов  болып шықты. Даниял менің көршім. Мәди ақсақалды Қайым аға сыйпаттаған сөйлемді қайта оқыдым..."Сұңғақ бойлы, келісімді, келбетті, жүзі жарқын, мінезі сыпайы". Дәл өзі. Даниял да келбетті, көрікті, зор денелі жігіт.

            Даниял өмір бойы шежіре жинаған Мәди ақсақалдың Сабыр деген жалғыз ұлынан туған тұяқ, жалғыз немересімін деп сөзін сабақтады. -Әкем  Сабыр, 37 жасында дүние салды. Бала кезімде  "Атаң шежіре жинаған адам. Абай өлеңдерінің бәрін жатқа білуші еді. 1952 жылы Алматыда Ғылым Академиясының кітапханаларында Абай шығармаларын зерттеу үстінде кенеттен  қайтыс болды. Зираты Кеңсайда..." -деп айтып отыратын.  Әкемнің қарындасы  Мәдидің қызы -Бибінұр Алматыда тұрады. Ол кісі Мәди әкесі туралы көп біледі. Біздің ата-бабамыздың мекені қырық жыл атом бомбасымен ойрандалған полигон жерінде ғой. Атам бүкіл жинап-тергенін оның ішінде Абай өлеңдерінің қолжазбалары және басқа да жазба  мағлұматтарды 1930 жылдары қиын-қыстау кезінде ежелгі мекен жайын тастап, бас сауғалап кеткен заманда, 42 жыл бойы тірі жанды бастырмаған полигон жеріндегі қыстаудың жанында, бүлінбей сақталғандай етіп көмген көрінеді. Оның қай жерде көмулі жатқанын Бибінүр апамыз біледі. Қазір полигон аймағына барып қайтуға жол ашылды. Амандық болса, жазда барып қайтатын шығармыз, -дейді Даниял.

            Мәди ақсақал өте зерек адам болыпты. Ол кісі Абайдың өлеңдерін кітабы басылып шықпаған кезде жаттап алған сияқты.Себебі Мәди ақсақал  білген, жаңа табылған алты өлең ешбір жинақта жоқ. Ал оның Абай өлеңдері екенін зерттеуші ғалым Қайым Мұхаметханов ғылыми түрде дәлелдеді.  Тіпті орыстың Надсон деген ақынды аударған бір өлеңін де Мәди жатқа айтып берген екен.Мәди ақсақалға Абай өлеңдері қалай жетті? Оны Даниял атасының  шежіре кітабы бойынша  былай деп сыйпаттады. "...Абайдың Ділдә деген бәйбішесі Қазыбек бидің немересі-Тіленшінің баласы Алшынбай бидің  Түсібінің қызы. Ал Мәдидің  шешесі- Алшынбайдың інісі- Бердінің қызы. Сөйтіп Алшынбайлар Мәди атаға нағашы екен. Абай шығармалары  Алшынбайдың ұрпақтары, Абайдың балдыздарына оның ішінде Мәдидің нағашы атасы Бердіге көшеді. Одан немересі Мақанға ауысады. Міне Мәди ақсақал осы кісіден Абайдың жаңа өлеңдерін жаттап, тіпті қолжазбасын да алады. Жалпы Абайдың балдыздары да шетінен өткір тілді, шешен болған ғой. Ал, Мәдидің Мақан нағашысы, "Сегіз қырлы, бір сырлы", іскер, ер қосатын ерші, алтын, күміске де зергер ұста болыпты.

            Абай өлеңдерін  Мақан ұстаға балдыздары аумалы-төкпелі  кезеңде сеніп  бергенге ұқсайды. Даниял Сабырұлы Семейдегі Абай музейінде тұрған Абай ері деген ертоқымды атамның нағашысы Мақан музейге өзі апарып тапсырыпты. Мұны да бала кезімде әкемнен естідім, - дейді Қайым Мұхаметханов Мәди ақсақалмен кездескеннен кейін көп ұзамай қуғынға ұшырайды. Кейін Мәди ақсақалды іздеп барып, сұрастырған кезде, ол кісінің дүние салғанын естиді. "1930 жылы қыстауға көмдім," -деген Мәдиден айрылып, Абай қолжазбаларынан осылай күдерін үзеді. Алайда Қайым аға Мәдидің Сабыр және Бибінұр деген бір ұл бір қыз баласы бар екенін білмеген секілді.  Енді міне асылдың тұяғы бар екен. Көзі тірі Бибінұр Абай қолжазбаларын қай жерде сақтаулы екенін біледі. Көп ұзамай Абайдың біз естімеген, біз оқымаған өлеңдері мен басқа да  құнды шығармалармен қауышуымыз ғажап емес.

            Даниял Сабырұлының бойындағы ерекше қасиетті көріп, байқап жүрсем де, осы күнге дейін асылдың сынығы екенін білмеппін. Даниял бізбен шамалас жігіт. Оның әжесі Шайда, анасы Ақан шешей Екібастұзда тұрған. Әрине қазір олар бұл өмірде жоқ. Ақан өмір бойы мектепте ұстаздық еткен инабатты жан болыпты. Ол Даниялды да ұлы атасының жолымен жан-жақты білімді етіп тәрбиеледі. Ұлының бойынан адалдық пен тәртіптілікті  көрген ұстаз милиция оқуына баруына ықпал еткен. Даниял анасының үмітін ақтады. Ол өз ұлтының қадір-қасиетін жүрегімен  ұғынып, дініне де,тіліне де адал  болды. 1987 жылы  орайы келген соң Ташкентке барып парсы тілінен дәріс алды.  Мұнда ол бір жылдай  оқып, парсы тілмашы мамандығын алып, елге оралды. Даниял араб тілінің графикасын  да оқыған жан. Ондағы ойы соңғы кезде қолына түскен Мәди атасының қолжазбасын араб тілінде оқып, танысу болатын. Ол мақсатына жетті.            Даниял "Еңлік -Кебек" қиссасын,"Қалқаман-Мамырды" жатқа біледі.  Ахмет Байтұрсыновты қадірлейді. Мағжанның лирикаларын, Жүсіпбек пен Міржақыптың өлеңдерін жатқа айтады. Әсіресе Мағжанның қырық  шумақтан тұратын "Жөн сөзін" мәнерлеп, жүрекке жеткізе жатқа оқиды.  Оның қоңыр даусына лайық өлең сөздері тыңдаушысына қатты әсер ететінін де байқадық.

            Даниял көп жылдан бері Мәди атасының шежіре кітаптарын іздестіріп, тауып жинастырып жүр. Өткен жылға дейін Семей облысының Знаменка  селосы полигон жерінде болғандықтан, ол жердің тұрғындарымен  қарым-қатынас болмады. Кейін полигон ашылған соң, осы ауылдан Сұлтан Дауылбаев Мәдидің немересі Даниялды естіп, хат жазып, Мәди ақсақалдың  біраз қолжазбаларын табыс етті. Біз Даниялдың қолындағы  қолжазбаларды көрдік. Арабша және қазақша жазылған екен. Қазақша нұсқадағы көшірмені оқып отырып, Бұһар жыраудың толғауларын ұшыраттық. Бұл толғауларды кезінде "Ана тілі" газеті "Алыстан  келген асыл мұра" тақырыбымен  Пекиннен табылған олжа деп сүйіншілеп жариялаған еді. Мына қолжазбаларды салыстырып көргенде, Мәди ақсақалдың шежіресіндегі  толғаулар осы екеніне көзіміз жетті. Мәди ақсақал Бұһар жырау толғауларының алдына алғысөз жазып, түсініктеме беріп отырыпты.  Мәселен, бесінші толғауда ешқандай өзгеріс жоқ. Ал сегізінші толғаудың  Мәди ақсақал жазбаға түсірген нұсқасында көп жаңалық, өзгерістер бар.  Сөйтіп, Даниял Сабырұлы екеуміз Абай өлеңдерінің ізімен керемет құнды асыл қазына таптық.  Болашақта Мәди ақсақалдың жазу нұсқасындағы Бұһар жырау толғауын газетіміздің "Таным" айдарына ұсынбақшымыз. Сөйтіп асыл қазына оқырмандарымен табысады. Иә, Даниял  өзімізбен бір қалада тұрады. Ол Абай өлеңдерін зерттеуші, шежіреші Мәди ақсақалдың немересі, араб және парсы  тілінің маманы. "Сарыарқа самалы" газеті, 28 қаңтар, 1992 жыл.  № 11(11893)

***

            Адам дүниеге сүттен-ақ, судан таза, тұнық күйінде келеді. Ащы мен тәттінің дәмін, жақсы мен жаманның барын жүре көреді. Баланы сәби күнінен кіршіксіз адал болуға, пайданы ойламай алдымен ар тазалығын ойлауға баулитын өзінің ата-анасы, қала берді мектеп, қоғамдық орта. Әрбір ата-ана баласының көрегенді, өнегелі болып ержеткенін армандайды. Ол үшін дұрыс жүріп тұратын ортада болғанын қалайды." Қыз өссе-елдің көркі". Қыз-қызғалдақ гүл. Гүлді мезгілінен бұрын үзуге болмайды. Нәзіктік пен сұлулық тек қана гүл мен қыздың бойынан табылады. Қазір сұлулықты қыз бойынан табу оңай болмай барады. Себебі бүгінгінің қыздары белі қатып, бұғанасы бекімей жатып, ауыр жұмысқа жегіледі. Ауылда болса, таңның атысы, күннің батысы мал жәйлап, күл шығарады, трактор жүргізіп, шөп тасиды.

            Қаланың қыздары заводтарда істейді. "Павлодар трактор концернінде болат-құю, трактор құрастыру, жөндеу-механикалық цехтарында шаң жұтып түнгі сменаларда жүреді. Құрылыс орындарында жазы-қысы алма беттері желге жарылып, алақандары күстенеді.  Нарықтық жағдайға көшкелі күні кеше ерлердің орнында жүрген- зауыттың алдыңғы қатарлы озат жұмысшы қыздары қысқартуға тап болды. Олардың көпшілігіне еңбек нарығында бәсекеге қабілеті төмен деген кінә қойылса, біразына басқа дәлелдер айтылуда. Павлодар облысында әйелдердің 95 проценті жұмыссыздар қатарына ілікті. 

            Нарық заңы қатал. Оның алғашқы құрбандары жұмыстан босап қалған қыздардың біразы туып өскен ауылдарына оралды. Облыстық "Сарыарқа самалы" газетіне "Қыздардың жазығы не?" деген мақала дайындадым. Онда қыздарды жатақханадан қуып жатқаны сөз болды. Қиянат көрген қыздар осыдан кейін не болады? Газетке мақала шыққан соң, жиырма шақты қызға қысымшылық жасалды. Жарықтарын қиып тастады. Ас үйде тамақ дайындауға тиым салды. "Өз еріктеріңмен жатақхананы босатыңдар!"- деп "Павлодаржилстрой" тресінің "Радуга" жатақханасының қызметкерлері күн сайын дікілдеді. Сонымен жатақханадан балабақшаға орналасқан, мұғалім болып жүрген қыздар қуылды. Жаңа ғана балаларымыз өз ана тілінде дәріс алып, салт-дәстүрімізді  жандандыруға, өнегелі тәрбие алуға бетбұрыс жасалды деп қуанышымыз қойнымызға сыймай жүргенде, бұл не бассыздық. 

            Павлодарда "Сарыарқа" қонақ үйінде "Казино" ашылғанда біреу қуанды, біреу ренжіді. Неге? Оның себебі казиноға ақшалы, қалталы коммерсанттар барады. Ақша табуға құныққандар не істемейді? Қыздардың арын сатып, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен пайда табатындар шықты. Бұлардың құрбандықтары қазақ қыздары болып отыр. Павлодарда қалалық парктің ішінде "Самал" кафесі қытайлықтарға жалға берілді. Оған жастар жиі баратын. Қазір де сол дағдымен жасөспірім қыздар баратын болды. Осыны пайдаланған "қу келіншектер", "жеңгетайлар" қыздардың көзін көп ақшамен қызықтырып, өз маңайына топтап, ресторанға келген қалталыларға көңілін көтеруге қосып беруді шығарыпты. Естір құлаққа ұят. Біздің қазақ қыздары осындай жолға түсіп жатса, келешегіміз не болады? "Бір қарын майды, бір құмалақ ішіртеді" .Әлгі жеңгетайсымақтың намысы қайда? "Қызды қырық үйден тыю" керек деп халқымыз тегін айтпаған. 

            Ұл балаға да тәрбие керек. Әке балаға сыншы. "Қызды қырық үйден тию" дедік. Қызды ғана емес, ұлды да дәл осылай тәрбиелеу керек. Кейбіреулер ұлдың ерсі қылығына "ол ұл ғой"- деп, онша мән бермейді. "Баланы жастан..." Алғашқы жылдары оны сәби ретінде еркелетеміз. Ұл-қыз деп бөлмейміз. Киетін киіміне де көңіл аудармаймыз. Балаға не жарасады, соны кигізіп қоя береміз. Қалай ойнаса да қақпаймыз. Тіпті қыз баламен қуыршақ ойнаса да, елемейміз. Ал үш жастан бастап сен ұлсың деп қыздардан алшақтата бастаймыз. Қолына мылтық береміз. Садақ тартуға үйір етеміз. Міне осы кезден бастап әке өзінің негізгі тәрбиелік міндетін түсініп, өзінің ізбасары ұлына азаматтық парыз туралы ұлағатын үйрете бастағаны жөн. Бұл арада ең алдымен ұл баланың қыз балаға сыйластық көзқарасын қалыптастыру керек. Қыз бала нәзік. Оларды сен әруақытта қиындықтан  алып шығуға тиіссің, жәбірлеуге, қиянат жасауға болмайды деп құлағына құйған жөн. "Қыз бала болашақ ана. Сен ер баласың, ал сені өмірге әкелген анаң, ол да кішкентай қыз болған, енді міне саған ана болды"-деп айтып отырса, бала ұғады.Зердесіне тоқиды. Тәрбие бір жақты болмау керек.

            Ер бала он үшке толады. Бұл жаста қыз бала болсын, ер бала болсын, он үште отау иесі болады. Яғни осы жастан бастап он үштегі ұлдың өзі ұлдарға тән қылықтар көрсетері белгілі. Міне осы кезде әке ұл баласына өзі білетін ақыл-кеңестерін айтып, азаматтық жолды көрсете бастауы керек. Бұл арада тағы ер адамдардың бір-біріне ғана айтатын құпиялары да болғаны дұрыс. Балаға жыныстық қатынас туралы да осы кезден айта бастаған жөн. Әйтпесе бала өзінің білмейтініне намыстанып, өзгелерден біліп алуға ұмтылады. Өзімен жасты балаларды былай қойып, ересектерден сұрайды. Өзінен үлкен балалар әлгі балалардың құмарлығын байқап, қылмысты іске итермелейді. Осыдан барып, ер бала қыздарға ойланбастан қиянат жасауға ұмтылады.  

***

            Облыстық "Қазақ тілі" қоғамының "Дауа" газеті үш жылдан бері шығып келеді. Бұл газет үшін аз уақыт емес. Дауа" алғашқы санынан бастап оқырмандарын баурап аларлық мазмұнды да, мәнді, өткір де шыншыл мақалалар мен деректер жариялап, өзін биік талғам мен талап деңгейінен көрсетіп келді. Қазақ мектептерінің, балабақшаларының ашылуы, тіліміздің тағдыры, елді мекен атауларының байырғылануы, қазақ мамандарының өсіп-орнығуы, бұрынғы орталықтан жүргізілген империялық сұрқия саясаттың сарқыншақтарын әшкерлеу міне осы сықылды көкейтесті мәселелерді жазды.   Демократияны, әділеттілікті аңсаған көпшіліктің "Дауа" тікелей қатысуымен қол жеткен бұл жеңісі облыс өңірінде белгілі бір психологиялық бетбұрысты байқатты. Бұрынғы әміршіл-әкімшіл жүйенің ысқырған аждаһаларының беті қайтып, бұқара жұртшылықтың, соның ішінде әсіресе, жергілікті қазақ тумалардың еңсесі бір көтеріліп қалды. "Отаршылдық елді мекен, жер атаулары", "Патша үкіметінің Қазақстанды әскери отарлау кезеңдері", "Қазақтар қалай орыстандырылды?", "Билік тізгіні кімнің қолында" деген айдарлармен берілген мақалалар тұрғындардың ар-намысын, патриоттық сезімін қозғап, нәтижелі істерге-қазақ мектептерінің, балабақшаларының  көбеюіне, атаулардың жаңғыруына, Ермак есімінің республика географиясы картасынан өшірілуіне ықпал етті.

            "Дауаны" зер салып оқыған адам оның, әсіресе танымдық мәні бар дүниелерге көбірек орын беретіндігін көреді. Үш ғасырға жуық уақыт бойы басқаның боданында болған қазақ елі үшін қазіргі таңдағы ең қажет нәрсенің өзі сол бодандық жылдары жоғалтқандарымызды қайта тауып, көмескіленгенімізді жарқырата тазартып, алу. Өйткені өнегелі де өркениетті ел болу үшін ең алдымен өткенімізді білу лазым. Осы тұрғыдан алып қарағанда "Дауа" талай қотырдың аузын ашып, өңезін шығара тазартып, меңдеген дертке шипа болды. 13-ғасырдағы Египетте патшалық құрған қазақ даласының ұлы перзенті Бейбарыс сұлтан, халқымыздың бағына туған Абылай хан, Кенесары, Бұһар жырау, Қазыбек би, Жалаңтөс бахадүр сияқты т.б. мемлекет қайраткерлері туралы толып жатқан тарихи танымдық мәні зор материалдар жарияладв.

            Сондай-ақ, Қабандай, Малайсары, Олжабай т.б. батырларымыз жайында көптеген тұщымды дүниелермен "Дауа" арқылы жүздестік. Ал қазақтың бір кезде орынсыз қуғын-сүргінге ұшыраған ақын-жазушылары, байлары, хазіреттері, бақсылары туралы жазылған дүниелердің өзі бір төбе. Ең басынан рухани дертке дауа болуға ниет білдірген бұл үнқағаз болаттай беріктігімен, еліне, халқына деген адалдығымен, замана ағымына үндестігімен оқырмандардың ризашылығына бөленді.

            "Дауа" тек тарихи тұлғалар жайында ғана емес, оның қамтыған, әлі де қамтитын тақырыптарын түгел тізіп шығу мүмкін емес. Айталық, дін мәселесін облыста ең алғаш көтерген "Дауа", Құран сүрелерінен бастап, имандылық  шарттары, шариғат, хадистер, әр түрлір мінежат, діни ұғымдарға дейін түсінік беретін құнды материалдарды беріп келеді. Сондай-ақ бұрынғы Кереку уезі жайында мұрағат (архив) материалдарын да жиі көреміз. Ал бүгінгі өмір ағымы жайында да сыр шертеді. Тіпті ана тілімізді қоя тұрып, өзге ұлт өкілдеріне сөз арнап, орысшалап та кетеді. "Нам русским надо меняться", "Казачесто","Казачесто":этнос или сословие""Куда уходит народное добро". "Дауаның" беттерін ақтара қалсаңыз Қазақ рухы шығады. Қазақ иісі аңқыған бұл үнқағаз оқырмандардың сана-сезіміне, ар-намысына түрткі болып, оларды сергектікке, іскерлікке, имандылыққа, ұлтжандылыққа жетеледі.

***

            Павлодар облыстық Мұсылман әйелдер қоғамының үн парағы "Ақ жаулық" газетін Қазақстан Республикасының баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігініне тіркетіп, № 845 куәлігін қолыма алып, газеттің бірінші нөмірін дайындадым. Газет шығарудағы мақсатым басылым арқылы әйелдердің ең өткір мәселелерін, оларды толғандырып жүрген жайларды, әсіресе әйелдердің қоғамда атқаратын биік ролін терең көрсеткім келді. Әйел тек қана отбасы, ошақ қасындағы жан емес, ерлермен қатар еңбек ете алатынын, оларға серік, жолдас бола алатын жан. Газет мұсылман әйелдері қоғамының үні ғана емес, жалпы өңіріміздегі барша қыз-келіншектерге арналды. Қазақ халқы басқалар секілді қыздарының бетін көлегейлеп немесе билік тізгінін, батырлықты, ерлікті қыздарынан қызғанбаған кең халық.

            Газеттің тұңғыш саны Алматыдан Қазақстан Республикасы мұсылман әйелдер одағының төрайымы Әмина Нұғыманова мен "Ақ босаға" газетінің редакторы  Шолпан Ұғыбақызының құттықтауымен шықты. Олар ...Бісмиллахи рахмани рахим! Тілің мен дініңді мұсылман әйелдері арасында кеңінен насихаттап, халықтың үні бол, ғұмырың ұзақ, мәртебең биік болсын!-деп игі лебізі мен ақуыз тілегін жіберді. "Қазақ тілі" облыстық бөлімшесінің төрағасы Еркін Бейсенбаев құттықтады. ...Облыс әйелдерінің үні "Ақ жаулық" үнпарағы жарық көрді. Құтты болсын! Сіздердің сөздеріңіз орақ тілді, алмастай өткір, қаламдарыңыз жүйрік болсын. Ана, әйел, апа, сіңлі, аяулы жар, ақ жарқын жеңгелердің  үнпарағы арқылы оқырмандарға дендеріңіз сау, елдеріңізде бірлік, ынтымақ, татулық  болсын! Сонымен облысымыздың жылнамасына әйелдердің жаңа төл газеті, жария үні "Ақ жаулық " үн парағы қосылды.

             Тәуекел түбі-желқайық. Алып кеменің желкенін желбіретіп көк толқынды өмір-теңізімен жүзіп бердік. Алдымыздан ақ көбік өр толқындар, алай-түлей дауылдар, қар аралас жуын-шашын, борандар, сиқырдлы сырлы аяздар да күтіп тұрғаны белгілі. Көз-қорқақ, қол-батыр. Қолдаушымыз Алла, демеушілеріміз ағайындар, сүйенішіміз өздерің, оқырман қауым. Қағаз қымбатшылығын, қаражат тапшылығын, баспанамыз жоқтығын айтып көңілдеріңізге қаяу түсірудің реті бола қоймас. Екі бүйірден қысқан нарықтың  газет сапасына әсері болады. Күндіз күлкі, түнде ұйқыны  ұмытып, осы газеттің жарық көруіне, оқырманның іздеп жүріп оқитын газетіне айналдырамын деп жүректерге жол іздеп, жанталасып жүрген нәзік жанды адам бар екенін білсеңіздер, соның өзі жанға қуат, көңілге медет. "Ақ жаулықты" ғұмыры ұзақ болғанын тілеңіз. Нарық мұхитына тоғытылып кетпей, апатты дауылдан аман өтуіне көмектесіңіз. "Ақ жаулық" газеті Сіздің  айнымас досыңыз, адал жолдасыңыз, мұңы бір мұңдасыңыз, жаны бір сырласыңыз болғысы келеді."

            Жаңа шыққан газетке алғысөз осылай жазылды. Әрине, ұшқан құстың қанаты талатын кең де ұлы даланы еркін жайлап, ата-жұрты мен туған жерін, шариғат жолы мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрін сыйлап өскен халқымыз бүгінде өзіне ғана тән қасиеттерін жоғалтып алып, қайтадан табысып жатқан жайы бар. Газет үркердей ғана үлкендер тобының еміс-еміс есінде қалған, кейінгі толқын ұрпақтың бірі білсе бірі біле бермейтін игі әдет-дәстүрін  жаңғырту мақсатында "Тал бесіктен-жер бесікке "дейін айдарымен біраз  мақалалар ұйымдастырды. "Адам-керуен, ғұмыр-жол".  Шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, қайтадан туған жер топырағына  табыс етілгенге дейінгі адам өмірінің әр кезеңіндегі  шариғат және әдет-ғұрып бойынша дәстүрлі де міндетті шаралар туралы  да мақалалар жарық көрді.

            Алғашқы нөмірдегі имандылық айдарында Мұхаммед (ғ.с) Пайғамбарымыздың "Үйленіңдер, ұрпақ көбейтіңдер-мен ақирет күні өзге халықтарға  көптігімізді айтып мақтанамын" деген хадисі эпиграф ретінде берілді. Өмірге ұрпақ әкелу, ұрпақ жалғастыру, қай қоғамда болсын басы жұмыр пенде үшін, ең үлкен құрмет. Ал сол ғұмырының жалғасы, көзінің ағы мен қарасындай перзентіне адал тәрбие беру ата-ана үшін ең мерейлі міндет. Санасында сезім түсінігі бар дені сау пенде мұны жақсы түсінеді. Енді азан шақырып балаға ат қоюдың мәні не деген сұраққа мынандай жауап беріледі. Азан шақырылған мұсылманша аты бар бала  әлгі есіммен бірге өзіндік бір сыйпатқа ие болады. Өмірдегі әр ісі, әр қадамы, бісмілләсі бар берекелі, яғни өмірінде түзулік өзек болып тұрады екен. Екіншіден бұл жалғанда мейман әр адамның барар жері біреу десек, ақиретте де шариғатпен қойылған мұсылманша есімі болғаны лазым. Жер ана қойнына қайтарылған мұсылман баласы тәңірдің жарлығымен жауапқа тартылар алдында есімі аталып шақырылғанда аты бар адам бірден естіп, "иә, раббым!" деп басын көтермек, ал аты әншейін қойыла салған болса, әлгі үнді естімейді. Әрине бұл ұлағатты да оқырман жылы қабылдайды. Одан кейін газет бетінде зейнеткер ұстаз Роза Сағалиева  оқырман сұрағына жауап берді.

             Өмір бар да өлім бар. Адам жер бетінде мәңгілік емес. Адам топырақтан жаралды дейді, сызығы біткен соң,топырағына қайтару соңынан қалған тірілердің парызы. Мен оны түсінемін. Бірақ соңғы сапарға шығарып саларда бізге жүзін неге көрсетпейді. Кей жерлерде жуындыру алдында "ал көріңдер"- деп жатады. Сонда қалай?" Ол сұраққа  Роза апай былай деп жауап берді: ..."-Құдіреті күшті Алланың атымен бастайын. Бұл дүние шолақ депті, жан кеудеге қонақ депті. Ақирет деген бір киімің, алып қайтарың сол-ақ депті,-дегендей, біздің дініміз -ислам. Жалпы бұл дін имандылыққа, тазалыққа, қайырымдылыққа, жауапкершілікке, мейірімділікке, жалпы әдептілікке тәрбиелейді. Бәрінен бұрын әйелдерді адамзаттың анасы, әрі жүректері нәзік жан ретінде қарайды. Қыз балаларды, әйелдерді соңғы сапарға шығарып салғалы тұрған өлімнің суық жүзінен қорғайды. Шамалары келгенше топырақ салдырмайды. Зират басына апармайды.

            Ана баланы өмірге әкеледі. Ол оның міндеті. Әке немесе ер адам ананың әкелген баласын жас болсын, кәрі болсын жер қойнына беруді өздерінің міндеті деп біледі. Мен Ертіс ауданында Төлеген деген молданың қызымын. Мектепті орысша оқыдым. Бірақ құранды әкем үйретті. Оның уағыздарын  естіп өстім. Әкем марқұм шариғатты көп айтушы еді. Ескіше оқыған, өзі құранды аударатын. Әкем айтатын: Адамның кеудесінен жаны шығып кеткен соң, ол бұл дүниенің пендесі емес. Ол мәңгілік мекеніне бет алды. Адамзаттың бәрі ерте ме кеш пе, о дүниеге барады. Сонда бірімен бірі кездеседі. О дүниеде бетің ашық болуы үшін, туыстарыңмен кездесуің үшін бұл дүниеден кеткен адамды, оң жаққа қойғаннан кейін молдадан басқа және жуындыратындардан басқаларға көруге болмайды. Ақирет күнін ойлаған адам өлген адамды көремін деп ынтықпайды. Бұл хақ.

            Қазақта "Халқың қандай десең, салтыңнан сұрап біл. Өзің қандай десең, халқыңнан сұрап біл,"-деген нақыл бар. Шынында да асырып айтқандық емес, ұлттық салт-санамыздың, әдет-ғұрпымыздың жақсы жақтары өте көп. Халық ұғымында қыз бала бөтен босаға аттағанша қызыл не көгілдір түсті гүлді орамал тартқан, не бағалы теріден тіккен бөрік киген.Егер әйел ақ орамалын қасын бастыра таңып, екі ұшын желкесіне түйіндей байласа, бұл ері қайтыс болып, жылын күтіп отырған, қаралы жесір деген белгіні аңғартады.  Ал әйел- ана басына ақ орамалын төгілте салып, екі ұшын кеуде тұсына  қарай шалып байлап жүрсе, бұл бақ-дәулеті тасыған, ұл-қызы орнын тапқан, көңілі жайланған бәйбіше дегенді мегзеген. Әдептілік, инабаттылық, сыйласу жағынан халқымыз алдына жан салмаған. Бір өкініштісі, уақыт ағымына қарай осынау асыл қасиеттерден айрылып қала жаздадық. Ізгіліктің көзіндей дәстүрімізді сақтайық. Газеттің бір бетінде облыстық мұсылман әйелдері қоғамының атқарған жұмыстары баяндалды.Сол сияқты қыз-келіншектедің творчествосына орын берілді. Газет маңызды да мазмұнды болып жарық көрді.

***

            Әулие адамдар туралы деректер жинағым келсе де, газеттің қарбалас жұмыстары қолымды оған жеткізбеді. Облыс деңгейінде өтетін айтысқа  Баянауылдан келген Жұмкен Сейітовпен шығатын болдым. Жас ақын Жаңа жол ауылынан екен. Естуімше осы ауылға жақын  Ескелді деген дөңде әулие Машһүр Жүсіптің кесенесі қайтадан жөнделіпті. Айтысқа дайындалып отырып, қарт журналист Әбдіш Баймұрзин айтқан әңгіме есіме түсті. Ол кісі Мәшһүр Жүсіптің анайы деп біз түсінбейтін әңгімелерін айтуға құмар болатын. Баспаханаға кезекші болғанда, айтатын әңгімесі таусылмайтын. Әріп терушілер мен корректорлар отыратын кабинеттің ортасында жүгіріп  жүрсем де, соңымнан қалмай айта беретін. Бірде ол кісі 1956 жылы газетке шыққан Дихан Әбілевтің "Тағы да тарихи ескерткіштер туралы" мақаласы туралы айтты. Мен бұл мақаланы оқып шықтым. Ол кісінің айтуы бойынша  ХХ ғасыр басында С. Торайғыров атындағы елді мекенде тұрған Әбжалаб диуана қайтыс болғанда, оның денесін арулап жуу кезінде Машһүр Жүсіптің өзі шәйнекпен су құйып тұрып,

            -Мына төбеміздегі шоқ бұлтты көрдіңдер ме, ол бізге көлеңкесін түсіріп тұр. Әбжалаб тегін кісі емес депті. Кейін бейіт басына барып диуананы ораған материалды (киіз не кілем) ашқанда, онда әулиенің денесі жоқ болып шығады. Бұған дейін адамдар үстінен бір топ  шағала ұшып өткенін еске алған екен. Сонда Машһүр Жүсіп:-Әбжалабтың денесі көрде жатпайды, менің денем 40 жыл ішірімейді,-депті. Содан 1930 жылы Мәшһүр Жүсіп өзі жерленуге тиісті  кесенені өзі салдырады да, өзінің қай жерге жататынын, өлікті орауға арналаған  кебін тәрізді ақ матаны дүркін - дүркін жауып отыруды ескертеді. 1952 жылға дейін қызметшілер әулие жатқан қараңғы көрге керосин шам алып, сәкімен түсіп, матаны ауыстырып жүріпті. Осы жылы дінге қарсы күрес науқаны басталып, НКВД қызметкері Малаев, райкомнан Сағынаев және Акошев Қасым ауылдың бір топ азаматтарын алып келіп, кесенені бұздырады. Кесене қиратылады.

            "Қазақ әдебиеті" газетіне Дихан Әбілов Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің бейітіне түсіп көргенін жазған болатын Онда:. ...Ескелді сорының бауырындағы жалғыз бейіттің үстінде бұрын  асты жерден қазылып, оның іші, үсті кірпіштен қаланған екі қабат,екі бөлмелі үйі болды деп жазады.Түргі үйінде шкаф тұрды, ондағы екі қатарда араб-парсы тілінде жазылған 60 кітап жиюлы болыпты. Өз қолымен жинап кеткен кітапханасы, қазандығы, пеші, шәйнегі, насыбай шақшасы, дөңгелек үстол секілді  заттары тұрғанын көрген.Шкафтың үстіне ер тоқымы қойылған.Үйдің оңтүстік жақ қабырғасында қойдың 40 кәрі жілігін (діни сеніммен қарағанда  40 жілік күзетші болу керек) ілген екен.. Осы төргі үйдің астын биіктігі екі метр ұзындығы да сондай өлшемде терең етіп қазылған жерде Мәшһүр Жүсіптің денесі жатыр. сақал шашы сол қалпында, денесі сары екен. Тірі күнінде толық адам болған болу керек. Кеуде сүйегі өте көтеріңкі, іші аздап қабысыпты. Сол жақ аяғы кішкентай семіңкірейін депті, өйткені сол аяғының өкшесін етін бірдеңе жеген сияқты."

            Дихан Әбілов сол бейіттің бұрынғы шырқы бұзылғанын жазыпты. Моланың үстіңгі қабаты  тас-талқан етіп қиратқан, құлаған кірпіш пен топырақ ашық жатқан денесін көміп жіберіпті. Далада түбін ұрып сындырған екі қазан ғана қалыпты. Басқа мүліктерін не топыраққа көміп жібергенін, не біреудің иеленіп кеткенін  біле алмадық.Жиырма үш жыл бойы марқұмның денесі сақталып жатуының сырын, мәнісін тексерудің өзі ғылыми нәрсе емес пе еді? Өткен күндерден қалған тарихи ескерткіштерді талқандап тастауға кімнің дәті шыдайды,"- деп налыпты. Мәшһүр Жүсіп жетпістен асқанда " Өлгенде жататын орнымды көзімнің тірісінде әзірлетіп қоям, өлгенде көрде емес, төрде болам" деп арман етіп, сол мақсатын өзі тіріде орындаған. Бір жыл бұрын жаназасын шығартып, келініне жоқтау айтқызған. 

            Айтыстың алдында ақын Жұмажанның, біз оны Жұмкен дейміз,ауылында жолым түсті. Бірден үйіне келдім де, атаның басына барып қайтайық деп, өтініш білдірдім. Жұмкеннің аузына ащы су тисе керек, маған баруға болмайды, мені атам қабылдамайды деп тұрып алса да, әулиенің немересінің үйіне барып, ол кісімен бірге жолға шықтық. Жолда бұлақтың суы жырып тастаған жыралардан машинамен өтіп келе жатқанда  Жұмажан Сейітов егер машинамыз батып қалса, онда әрі қарай жолымыз болмайды, кейін қайтамыз деді. Әйтеуір аман-есен жол бастаған ағаның көмегімен кесене басына жеттік.             Кесене жәй үй секілді. Бергі бетінде екі-үш әйнегі бар, есік алдында қоршауда туыстары, інілері, шейіт болған бір бала жатыр. Содан үйдің ішіне кіргенімізде ауызға бөлмеде, шәйнек, нан мен тұз, қант қойылған үстелді көрдім. Әйнекте бірнеше газеттер жатыр. Жақында мұсылман әйелдер қоғамының "Ақ жаулық" газетін шығарған болатынмын. Жаңағы газеттердің қасына газетімді қалдырып, ата жатқан екінші бөлмеге кіріп, аяқ жағына отырып, аят оқыдық. Ақын үйдің ішіне кірмеді. Шіркін-ай Машһүр Жүсіптің кесенесін мавзолей етіп салатын күн болар ма екен, деп ойладым. Айтыста Жұмажанға бұл ойымды жұрт алдында айттым. Халықтың құлағына жеткізе алдым ба, жеткізе алмадым ба, кім білсін? Әйтеуір Жұмажанның жаман торы ат мінген ақынмын дегені есімде қалыпты.  

***

            Бұдан бір жыл бұрын Керекуде мұсылман әйелдер қоғамы құрылды. Желтоқсан айында Павлодар педагогика институтының үлкен залында осы қоғамның тұсаукесері болды. Қоғамның дүниеге келген бір жыл ішінде оның әрбір қадамына елеңдеп, отырған жанашыр, тілектес ағайындар жиналды. Той рәсімі сахналық көрініспен басталды. Ұлттық сән-салтанатпен жиналған киіз үй ішіне облыстық мұсылман әйелдері қоғамының мүшелері шақырылды. Қызылды-жасылды тұсау кесер жібін елдің қадірлі азаматтары Қаматай Батталов пен Қанат Дәржұманов қиды. Әйелдер қоғамын құрған кезде кейбір үлкендеріміз, билікте отырғандар да әр түрлі пікірде болды. Қоғамға мүше болғандардың мінез-құлқы, жүріс-тұрысы қызметі мұсылман әйелдеріне лайық па дегендер болды. Тіпті кейбіреулер қоғам мүшелеріне анау бәлендей еді, қалай ғана мұсылман қоғамына кірген деді. Бірақ олай болмады. Қоғам мүшелері өздерінің адамгершілік мұраттарын биік қойып, ұлағаттық өнегелерін көрсете білді. Олар елдің сеніміне кірді. Кейбіреуі бастарына орамал байлап, жаулық кимесе де әдептен озбай, тәрбиелік мәні жоғары қызметтерін атқарды. Бір жыл ішінде қанша ма игілікті істер, нәтижелі шаралар жүзеге асты.

            Тойға көршілес Ақмола облыстық мұсылман әйелдер қоғамынан бір топ меймандар шақырылған болатын. Ақмола облыстық мұсылман әйелдер қоғамының төраймы Сауқатова Жұмагүл  қыз-келіншектерге көкейде жүрген ойларын, ата-бабамыздың жақсы істерін жалғастыруда алдымызда тұрған үлкен жауапты істің жүгі ауыр екенін, бірақ топтаса отырып, алға қойған мақсатты ісімізді атқару біздің үлкен парызымыз деп айтып өтті. Ел ақсақалы Қаматай Батталов бұл қоғамның дүниеге келуі дұрыс-ақ, сәтті болсын, бірақ айтар ойым да бар деп көңілінде жүрген, қазіргі жатақханада тұрып жатқан қыздардың өмірі мен тұрмысынан мысал дерек келтірді. Қаматай аға өмірдің ыстығы мен суығын қатар көрген, соғыс, еңбек ардагері. Ол кісі бет-жүзіңе қарамайды, турашыл адам. Облысымыздағы әлеуметтік тұрмыс, ұлттық тіліміз бен мәдениет мәселесіне араласып қана қоймай, сол істің алға жүруіне ықпал етіп, жастармен бірге жүрді. Мұсылман әйелдер қоғамының үн парағы "Ақ жаулық" газеті шығарылды. Есепті жиналыста атқарылған жұмыстар айтылды. Келген қонақтарға сый-сияпат жасалды. Бауыржан Момышұлы атындағы қордың директоры Науқанбай Рысбаев оқалы қамзол кигізсе, Ақсу ауданына келген емші Г. Қабиеваға шапан жапты.

            Облыстық әкімшілік атынан Алтын Имантаева, "Алау" шағын кәсіпорыны, Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драмтеатры директоры Б. Тапалшинов, облыстық мәдениет басқармасынан -М. Байжұмановтар облыстық мұсылман қоғамының есеп-шотына қаржы аударды. "Темп" шағын кәсіпорнының бастығы Нұрлан Сыздықов қоғамға арнап ұлттық үлгіде қазақтың үш сандығын сыйлады. Банк бастығы Толымбек Манақбаев он мың сом мен тоңазытқыш сыйлады. Сол сияқты Жанар-жағар май кәсіпорнының бастығы-Қабдолла Арғынов, облыстық ауылшаруашылығы техникасы бірлестігінің бастығы Нариман Ахметов, Агропромтехниканың директоры- Амангелді Жампейісов, облыстық туризм бастығы-Серік Чайкин, "Марат" шағын кәсіпорнының директоры-Зарлық Ахметжанов, Автобаза директоры- Егінбай Өмірәлиев, Павлодарэнерго бірлестігінің директоры-Альберт Сафарбақов, Алюминий зауытының директоры- Балтабек Әкімқұлов, "Медполимер" кәсіпорны директорының орынбасары Сапарбек Сұлтанов, "Айсұлу" шағын кәсіпорнының директоры Бақыт Дүйсенбаев және басқа да мекемелер қоғамға қаржымен көмектесіп, қол ұшын берді. Ал Павлодар педагогикалық институтының ректоры Тасболат Шаяхметов пен Павлодар техникалық университетінің проректоры Қәжай Қайдаровтар да өз жоралғыларын жасап, өздері де нарық қыспағында тұрса да, жетім-жесірлерге қаржыларынан бөліп, басқаларға үлгі болды.

            Келешек ұрпақ тәрбиесі туралы қазір ел тізгінін ұстап отырған әрбір азамат ойлайды. Болашақ ұрпақ бабалар дәстүріне адал болып өссе дейді. Сол үшін қандай бір көмек қажет болса, көмектескісі келеді. Тұсау кесер рәсімінде көпшілік сондай бір жүрек тебірентер сәтке куә болды. Халық депутаттары облыстық Кеңесі төрағасының орынбасары Қанат Болатұлы жеңгеміз Фаруза екеуінің атынан, өз отбастарынан осы қоғамның тұсаукесер байғазысына бес мың сом ұсынды.

***

            "Жанкешті, тілексіз, тек жаттығу арқылы  ғана атақты ақын болам деген сеніммен творчество табалдырығын аттаған адам-бейшара" депті Плотон. Ойлап отырсам бүгінгі күнге дейін біз білмейтін, ойымызға келмейтін дүниелерді бұрынғылар жазып кетіпті. Кейде менің өзім бір сөздерді ойлап тапсам, жаңалық ашқандай боламын. Олай емес екен, ұлылардың жазғанын біз қайталап келеміз. Қазақтың даласы мен тауын қажымай-талмай зерттеген еңбегі үшін фамилиясына қосымша ат жалғанған орыс ғалымы академик П.Семенов-Тянь-Шанский: «Қазақтарды оқытып қажеті жоқ, олардың салт-дәстүрлері тұнып тұрған білім!» деген екен. Құндылықтың бағасына жете білетін ғұлама солай тамсанса, «АҚШ демократиясының атасы» атанған, осы мемлекеттің негізін салушылардың бірі, оны 8 жыл басқарған Томас Джефферсон есімді әлемге әйгілі саясаткер: «Жақсы заңың болғанша жақсы дәстүрің болсын!» деп шорт кеседі. Мұхтар Әуезов "Ешбір өнерді құрғақ тілек, құрғақ бұйрық туғызбайды. Көркем өнердің міндеті - табиғатқа еліктеу емес оның сырын ашу".  Мен табиғатқа сүйсінемін, керемет деп жырлаймын, сырын ашуға ден қоямын.  Сөзді орынды пайдалану, мәтінді жазу шеберлігі тілдік бірліктерді орынды қолданумен білінеді. "Құдықты бір адам қазса да, одан қанша адам шөлін қандырады." Өлеңімді өзім үшін жазсам да, мақала жазуды жұмысым деп білсем де, қанша адам оқиды. Рухани азық алады, сүйсінеді, тіпті ұнатпай қалса да, оның санасында қалады.

            Газетте қызмет істеп жүріп, газеттің шығу тарихын білдім. Христофор Колумбтың Испания патшасына жазған хатынан басталыпты. Онда Американың  ашылуы туралы жазған көрінеді. Арада қырық жыл өткен соң Италияда "Газета" деген сөз пайда болады. ( италиянша gassettau).  Жаңалықтар "газета" деп аталған. Ал немістің zeitung  деген сөзіндегі zeit-уақыт, яғни соңғы жаңалықтар. Қол орамал-орамал газет Мадридте, Парижде көп кездескен. Вафлиді оқыған соң, жеп отырған.

            Отаршылық саясаттың құрбаны болып, 300 жыл өмір өткен, әкімшіл-әміршіл Кеңес жүйесінің жетпіс жыл тауқыметін-зардабын тартқан қазақ халқы енді ес жиып, тәуелсіз егеменді мемлекетке жаңа ғана қолы жеткен болса, Кереку өңірінің қазақ әйелдері өз тарихында тұңғыш рет"Ақ жаулық" есімді  газет үн парақ шығарып, шын мәнінде өз қолымен, өз ынта- жігерімен білек сыбана кірісіп, жоғалуға айналған ана тілін және адамдар өмірінен зиянды, халық парасатын уландыратын "у" деп аласталған мұсылман, ислам дінін кеңінен насихаттауға мүмкіндік алды. Облыстық қазақ баспасөз жылнамасына қазақ тілінде жаңа басылым қосылды. Қазақ әйелдеріне, ұлтымыздың болашағы қазақ қыздарына баспасөз бостандығы есігін ашты, ақ босағадай облыс әйелдеріне қасиетті үнпарақ ордасы туды. Барлық пенденің тәрбиешісі ақ жаулықты ана ғой. "Ақ жаулық" газетінің игілікті ізгі істері қазақтың ұлттық халық педагогикасының тұқымдас, туыстас жалғасы-арман келешегі болсын.

***

            Майра Өкен деген досымның туған сіңлісі. Кезінде осы Майра кластасым Рымтайдың бауыры Ермекке тұрмысқа шыққан. Екеуі сондай тату-тәтті семья болды. Мінездері бір-біріне сай, өнегелі жандар, сәби сүйе алмады. Он жылдан астам бірге тұрды да, өкінішке орай ажырасып кетті. Содан Майра Серік деген жігітке екінші рет тұрмысқа шықты. Алайда сәбилі бола алмады. Ендігі үміті балалар үйінен қыз баланы бауырына салу болатын. Осы оймен жүріп, уақыт өте берді. Майра өзінің туып-өскен ауылында Үмңіт апаның алдына келгендер, баладан зарығып жүргендер нәрестелі болып жатыр деп еститін. Бірақ алдына баруға ұялатын. Сөйтіп жүргенде апасы Өкен сіңлісін жетелеп, апаның алдына алып барады. Ауылдастары Үміт емшіні "Валя" дейтін. Ана болу кез келген әйелдің арманы, бала сүю әр әйелдің бақыты. Он бес жыл бір үміттің жетегінде жүріп, адамның бір қызығы бала екенін есінен шығармаған. Емші апасы болса Майраны түсінді. Кеше ғана көз алдында бойжеткен Майраның өзіне келмей жүргеніне таңданатын. Бірақ түбінде келетінін білетін. Айтпақшы Майраның қыздай қосылған күйеуі де осы ауылдың жігіті. Ол үйленіп сәбилі болған.Үміт апаның алдына неше түрлі аурулар келеді. Емші сырқатқа дауа болатын ем жасайды. Әсіресе әйелдердің жатыр ауруын емдеуге апаның құдіреті жетеді. Бұл кісінің қолы жеңіл. Жатыры төмендеген, ұлғайып кеткен, майысып біткендерді қолымен сыйпап отырып орнына келтіреді. Әйелдің ауру түрлері жеткілікті. Майраның дені сау, апаның алдына келгенше ешқандай аурумен ауырмаған. Бірақ ол өзін бедеумін деп ойласа керек.

            Майра нәрестелі болыпты. Қыз баланың есімін Айдана деп қойыпты. Үміт апа емдеп жүргенде Майраның мойнына айдың суреті бар алқа тағылыпты. Айға Дананы қостық, ақылды қыз болсын деп тілек тіледік, -дейді Өкен. Мен де қуандым, бөбектің бауы берік болсын дедім.Үміт емші Павлодар қаласынан жиырма шақырым жердегі Жамбыл ауылында тұрады. Міне осы ауылдың қасындағы қамысты көлде қос аққау жүзіп жүреді. Қазір бұл ауылды Ресейліктер ғана емес, сонау Германия біледі. Сол жақтан да емделушілер келеді. Хат жазады. Алғыстарын айтады, ақыл сұрайды. Ауылдан қонақ үзілмейді. Ерсілі-қарсылы жүріп жатқан жеңіл машиналар, ауыл-ауылдан автобустар келіп табан тірейді. Бұл ауыл Үміт апа ауылы деп аталады. Емші Үміт өзіне ниет етіп келгендердің үмітін үзбейді. Емдейді, жазылып, қуанышқа кенелгендерде есеп жоқ. Үміт апаның туған жері Лебяжі ауданының Қорт  ауылы. Ол ауылда атақты Мерғалым сынықшы тұрады. Ол кісіні де білмейтіндер кемде-кем.

             Ресейде тұратын үлкен шенді полковник болу керек, аяғы сынып, жүре алмай осында келген. Астындағы судай жаңа "Волгасымен" баласы әкелсе керек. Содан әлгі әскери адамның быт-шыт болып сынған аяғын орнына салып беріпті. Лауазымды адамның риза болғаны сондай, астындағы "Волга" машинасын сыйлап кетті деп естідім. Сол сияқты ауылға вертолетпен ұшып келіп, емделген, балдақпен келіп балдағын тастап кеткендер де болды. Негізі бұл ауылда Уахит хазірет кезінде ұстаздық етіпті. Ол кісінің туған жері Арбиген. Осы ауылдан он шақырым жерде кесенесі бар. Екі ауылдың арасы жақын. Үміт емші Павлодар ауданында тұратын Рахметолла деген азаматқа тұрмысқа шыққан. Екеуі ұзақ жылдар мал соңында жүріпті. Үміт апаның емшілігі малдың төлдері аяғын сындырып алғанда, оны орнына салып, жүргізіп жіберген кезден байқалған. Кейін түсінде қасиетті адамдарды көреді, олар да аян береді. Бәлкім аян берген Уахит хазірет шығар. Сенің үйдегі енең аяғын сындырды. Қазір балдақпен жүр. Егер сол кісінің аяғын бір рет сипасаң, таяғын тастайды" депті. Айтқанындай енесіне білдірмей, аяғыңызға май жағамын деп, емдейді. Білген дұғасын оқиды. Шынында да енесі өз аяғымен жүріп жүр. Аяғының сынғанын да ұмытып кетіпті.

***

            Облыстық "Сарыарқа самалы" газетінің 15 қазандағы №122 (12005) санында "Жазылған жайға қайта ораламыз" деген айдармен "Қыстау құпиясын ашар ма екен?" деген мақалам жарияланды. Онда Мәди Тастанбековтың Абай қолжазбаларын қыстауға көмдім дегенін Алматыда тұратын қызы Бибінұрдың растағаны, бірақ жасы келіп қалғандықтан ол кісі Павлодарға келе алмағаны айтылды. Таяуда Даниял Сабырұлы қылышынан қан тамып тұрған Кеңес заманының соңғы жылында полигон жеріндегі ата-бабаларының қыстауы болған атамекенге барып қайтты. Даниялға Халық депутаттары Павлодар облыстық Кеңесі төрағасының орынбасары Қанат Болатұлы Дәржұманов қол ұшын беріп, жан-жақты қолдау көрсетті. 

            Даниял Лебяжі ауданы "Қызыл қоғам" совхозында тұратын 80-дегі Айқожа атасына барыпты. Ол кісі Тастанбектің қыстауына жол бастап баруға келіседі. Отызыншы жылдары 15-16-дағы бала екен. Дегенмен есінде қалғандары бар көрінеді. Аудан орталығы Көктөбеге облыстық "Сарыарқа самалы" газеті редакторының орынбасары Төлеубек Қоңыров жеткізіп салған. Бұл елде де ет-жақын туған туыстар баршылық. Аудандық Кеңестің төрағасы Айтмағамбет Жақыпов Май селосына алып барыпты.Онда ел ағалары күтіп алған. Содан совхоз директоры Ерболат Батырханов  кәсіподақ комитетінің төрағасы Мұхаметхан Ахметовты қосып, сәт сапар тілеп, шығарып салыпты. Сарыарқа, сайын дала. Бұл жақта даланың сәні, құстың өзі мекен етпейді. Тіршілік байқалмайды. Үстіне шамалы шөп шығып кеткен ескі жолмен келе жатқан жалғыз көлік. Айқожа терең ойда отыр. Бәлкім өзіне таныс бел-белесі, бозбала, жігіттік, жастық шағы есіне түсіп отыр ма? Бұл жердің топырағын баспағалы 63 жыл болыпты. Аз уақыт емес. Міне қазір сексеннің сеңгіріне шықты. Көзі жасаурайтын сияқты. Қырық жыл қасірет шеккен атамекеннің мұңын тыңдап келеді? Менің де жүрегім аттай тулап, орнымда байыз тауып отыра алмай тықыршып қоямын. Жол жеткізетін емес.

            -Қоқан тауына да жақындап келеміз. Ана бір созылып жатқан белдікті  Тоқсанбай жалы дейді. Тоқсанбай Әсеннің әкесі. Тоқсанбай жалынан екі жақтан құлашын жайып, Балашыққан, Аққұдық, Ақирек-Аршалы, Айғыр көмген, Жолбарыс соққан, Итарқа  деген елді мекендер болған, -деп Айқожа ақсақал терең бір дем алды.Жеңіл автомашина Май селосының жылқышысы Сартай Құрмановтың жайылымына қарай бұрылды. Меймандардың келетінінен хабардар болып отырған Сәкең атынан түсіп, сәлем берді. Бұл кісі полигон іргесінде жылқы бағады. -1969 жылға дейін бұл жер жабық болып келді,-дейді жылқышы. Айқожа. Иә, иә бәрі де сол қалпында. Жер аттары ақсақалдың айтуы  бойынша аталады. Өзгермепті. Өзгерген дала, өзгерген адамдар ғана. Биіктігі 300 метрдей көрінген Қоқан тауына өрледік. Айқожа ақсақал таудың басына ентікпей шықты.

            -Бала біз міне таудың биігінде күн батыс жағы мен күн шығыс жағын  ауыл-ауыл  жайлаған екі ортада тұрмыз.  Мынау Тоқсанбайдың жалы. Екі ортаны бөліп тұр. Екі қанатта әлгінде атап өткен елді мекендер болған.  Балашыққанда- Ыстықбай ауылы, Аққұдықта- Мәсәлімнің ауылы, Ақирек-Аршалыда.... Ал енді былай қараңыздаршы, ана жерде шұңқыр көріне ме? -Бар, ата, диамтрі 15 метрдей шұңқыр бар. -Олай болса сол шұңқырдан Тастанбектің ауылы саз алып балшықтан үй салатын еді. Жаздың күні осы таудан аққан су шұңқырға толып, мал су ішетін. Біз оны "Ұра" дейтінбіз. Ал енді күн батыс жағында зират болу керек.    -Иә, иә бар!-Олай болса ұраны жағалай шеңбер бойымен тұрған үйлерді атап өтейін. Ең шеткі анау қорым Тастанбек бидің үйі, одан кейінгісі Сақиянікі, Ашаттікі, Ахмет, Құсайын, Әбдірахман, Сүлеймен... бәрі де Әсеннің  ұрпақтары еді.  Тастанбектің үйі үш бөлмелі, құйма кірпіштен қаланып салынды. Ортаңғы бөлмеген кіретін есік болды. Сол жағындағы бөлмеде  кіші баласы  Шәкен тұрды. Оң жағындағы бөлмеде бидің өзі отыратын. Бұл бөлменің едені тақтайдан қиып төселінген, ал іздеген қазыналарыңыз сол тақтай еденнің астында, үлкен сандықта тығулы жатқан болуы керек. Ал енді Тастанбек бидің үйіне барайық,-деді ақсақал.

            -Даниялдың атамекенге сапары мұхит асып келген қазақтардан кем болмады. Ата-баба мекеніне, қара шаңыраққа деген сағыныштың құдіретін  қалай сезінгенін тілмен жеткізу мүмкін емес. Ата қонысына жақындаған сайын бір түрлі болды.Үйдің қабарғалары опырылып құлапты. Дегенмен бір жарым метрдей кірпіш қалауы сына қоймаған. Бидің бөлмесіне кірдік, іші-сыртында топырақ үйіліп жатыр. Тақтай еденге жету үшін де бір жарым метрдей топырақты аршу керек. Үш-төрт кісі не бітереді. Мұхаметқан ауылдан трактор әкеліп  қопарайық деді. Әрине, бұзылғанды бұза салу  қиын емес. Бұл жердің құпиясын екі-үш кісі  ашып, көріп қана қоймауы керек. Кәдімгідей зерттеу экспедициясын құрған дұрыс.Бұл жерде құпия сандықтың болмауы мүмкін емес. Мәди ақсақал 1930 жылы Абай  қолжазбаларын сандыққа салып, көмдім деп Қайым ағаға жәйдан жәй  айтпаған шығар.Өзі полигонның қырсығынан бұл жаққа келе алмады.

            Бұл сапар асыл мұраға апарар жол басы болса игі еді,-деді Даниял Сабырұлы. Өзінің бір игілікті істі шегіне жеткізуді  армандайтынын  да жасырмады. Қарыз бен парыз  туралы да әңгіме қозғалды. Жалғыздың қолынан не келеді? Иә, Абай қолжазбалары  жасырылған қыстаудың  орны табылды.  Енді шындыққа көз жеткізуге асығайық. "Сарыарқа самалы" 15 қазан, 1992 жыл,  №122 (12005)

***

Әңгіме не үшін керек, әңгіме кезінде елдің аузында болған тарихи тұлғалардың өткен өлшеулі өмірін, ауыр да азалы тірліктері мен бұлақтай тұнық таза махаббаттарын танып-түсіну үшін керек. Әрине көркем шығарманың өн бойында қиялдан туған, автордың суреттейтін бейнелі қоспалары бірге жүреді. Естай мен Хорланның шынайы таза махаббаты, олардың бір-біріне ғашық болған бейнесін қиялдан алып сипаттау мүмкін емес. Себебі Естай ғашығының бейнесін өз сөзімен, өз ойымен, өз өрнегімен өрнектеп, өз қолымен ескерткіш орнатып кетті. «Болғанда тілі жақұт, тісі маржан, еті аппақ жазғытұры жауған қардан. Қан шырын, пісте мұрын, лағыл иек, қалмайды жүзін көрген пендеде арман,–деп сөздің мәйегімен сипаттады.Бұдан артық сөз айту, бұған бірдеңе алып қосу мүмкін емес. Алайда суреткердің құралы-сөз, кәсіптері сөзбен суреттеп шығарма жазу болғандықтан, екінші сөзбен айтсақ, болмысты  көркем сөзбен  келістіріп оқырманның көз алдына  елестетіп беру болғандықтан автор екі жастың ең қызықты шағын, бал-бұл жанған махаббаттың отты кезін, тірліктегі ең қымбат мезетін жеткізуі керек.

Даланың өрелі ұлы Естайдың көрген заманы мен өскен жерін, ұлы мінезді асқақ өнердің қалай дарығанын, қайдан келгенін кез келген өлеңдері баяндайды. Атап айтқанда, «Жай қоңыр», «Майда қоңыр», «Қоңыр жел», «Туды күнім» тағы басқа да өлеңдері ақын тағдырын,туып өскен елін, ғашықтық шерін, махаббат мұңын шертеді. Шахмет пен Естайдың әкесі Беркімбай бір атаның балалары. Кезінде сегіз қырлы бір сырлы ағайындылар әрі домбырашы, әрі әнші болыпты. Ел аузында Беркімбайдың домбырасы Шахмет отырғанда сөйлемей қалады деген аңыз бар көрінеді. Кейіннен осы өнер, сөз байлығы, саз өнері Беркімбайдың ұлы  Естайға қонды. Естай көк көзді, ер мұрынды, қызыл шырайлы келбетті жігіт болыпты. Шахметтің баласы Тұманбайдың түр келбеті жағынан қатты ұқсайды екен. Тұманбайдың да әнге құмарлығы жеті-сегіз жасында білініпті. Кезінде Естай да Жақып молдадан сабақ алып жүргенде, өлең жырға дінді қарсы қоятын заманның өзінде ұстазы Естайға «Өлең айтса айтсын, оның ризығы өлеңнен болар»-деп батасын беріпті. Тұманбай ойын-тойларда үнемі Естайдың әндерін нақышына келтіріп шырқап жүреді екен. Ән айтылып біткен соң ол әндердің шығу тарихын айтады. 

«Тентек руының ішіндегі Шыман деген атақты кісінің үйіне Біржан сал ақын келіпті. Ол кезде Шыманның баласы Әбілқасым Ақкөлде болыс болатын. Атақты айтыскер, әнші-ақынның келгенін естіген ел ақынды көруге, әнін естуге Шыманның үйіне жиналады. Ол топтың ішінде Естай да болады. Халық үйге сыймаған соң, киіз үйдің түндігін өздері көтеріп, киіз үйді тіле бастайды. Үй иесі халықтың ықыласын көріп, «Шырағым Біржан, біздің үйге бұрын да кісі көп келетін еді, сен келді деген соң жұрттың қаумалап тұрғаны мынау, лебізіңді шығармайсың ба?»- дейді. Осы кезде ол киіз қаптың ішінен бүктеулі домбырасын баппен алып, әнін әуелетіп жібереді. Бір-екі әнін айтқан соң, «үйден шыққалы екі-айдың жүзі болды, шаршаңқырап тұрмын, сіздің елден де ән айтатын кісі болса, лебізін естиік»-дейді. Шыман  ауылдағы ең тәуір әнші әлгі Төлебайдың Шахметіне кісі жібереді. Алайда Шахмет жасының келіп қалғанын сылтауратып, атақты әншінің алдында ән салуға жасқанып, келмей қалады. Осы кезде ауыл ақсақалы Құсайын Естайға қарап, енді сен бірдеңе демесең, ұят болатын болды,-дейді. Осы кезді күтіп отырған Естай өзінің «Шолпан-қаққан» әнін шырқай жөнеліпті. Біржан Естайдың әнін естігенде, қошемет көрсетіп,«баланың дауысында аруақ бар екен, түбінде асқан әнші болар, - деген екен. Есейе келе шынында да Естайдың атағы Павлодар, Ақмола өңіріне жайылды. «Құсни-Хорлан», «Хорлан», «Бір мысқал», «Назыгүл», «Сандуғаш» тағы сол сияқты ғашықтық әндері ел аралап келді.

Семейлік жазушы Қайым Мұхаметханұлы орта жастан асқан Естай ақынды кездестіріп, «Хорлан» әнінің шығу тарихын өз аузынан жазып алған. Онда « Бұл әнді.  жиырма жасымда шығарған едім,-дейді  Естай. «...Ертіс елінің азаматы атақты Сүлеймен байдың баласы  Шошан деген жігіт Маралды болысы, Қыпшақ еліндегі  қайнына күйеушілеп  баратын болады да, сонау 150 шақырым жерден  мұны шақырып бірге ала кетеді. Естай бастатқан жолдастарымен күйеуді  қайын жұрты құрметтеп қарсы алады.  Маралдының үлкен ел билеушілері–Сұңқар деген болысы, Сұлтан деген биі бар екен. Сұлтанның бойжеткен екі сұлу қызы бар-ды. Үлкені-Хорлан, кішісі-Хұсни. Осы екі бойжеткен құдашалар той-думанның ортасында болады.  Той-думанның гүлі, әрі әнші, әрі ақын, сегіз қырлы жас жігітке Хорланның көңілі ауады. Естай да қызды ұнатады. Сөйлеседі, сырласады. Хорланның айттырып қойған жері бар екен. Сүйіскен  екі жас  сол жолы серттесіп, сөз байласады.» Бұл сапарға  шығарда  Естайдың анасы:«Жарығым, ел танырсың, жер танырсың»,–деп ақ батасын берген екен. Қалыңдықтың елін әнге бөлеп, өлеңдетіп, әндетіп, құда елінде біраз жатқан кезде осы Хұсни, Хорлан атты екі сұлуы  Естайды естен тандырады. Ғашықтық сезімі әуезді ән болып туады. «Ақ көйлек, қызыл қамзол, лағыл етік, отырмын ғашық жарды өлең етіп. Шіркін-ай, Хұсни-Хорлан деген кезде, алдымнан өтер ме едің көлбең етіп,–деген өлең сөзімен әдемі сазы қосылып, естіген елдің жүрегін тебірентеді. Бұл ән құдалар жаққа да жетеді. Әннің құдіретті сөзі мен қайғылы сазы құдалар жағын да есінен тандырады. Екі жастың кездесуінде де тағдырдың берген ерекше жолы жатқан секілді.

            «Осындай махбұт жырдан жат болған соң, жалын боп лапылдаған жанды жүрек»,–деген Естайдың сөзі құлай ғашық болған жан сезімі, мөлдіреген жыр жолдары Хорланның да құштар сезімін тежей алмайды.  Жасынан алғыр, қайсар өскен Естай лапылдап оттай жанып тұрған шағында кері қайтпай, «келісіміңді бер, алып қашамын»,–дейді. Екі ғашық сөз байласады. Байдың ұлының сапары емес, өз анасының ақ батасы жебегендей, өзінің «махаббат сапары» туғанын көріп Естай кете барады. Көп ұзамай қайта жолы түсіп, қыздың жеңгесі Фатима арқылы ескі салтпен хабар беріп, сертке беріктігін жариялапты. Алайда. Қорлан атастырып қойған жері бар, соны бұлжымас сылтау етіп қанша сүйсе де басыбайлы жар болып Естайға қосыла алмайтындығын ашық жеткізеді. Осы кездесуде айттырып қойған жігіт есіне түсіп, жас серіге, өзіне өле ғашық мас серіге, адамзаттың дүлдүлі, хан патшадай өнерпаз жігітке Хорлан «болашағына дем, өміріне мән, көңіліне серік, өзіне көрік болған  алтын жүзікті саусағына тағып, тағы да көз жасына ерік беріп, солқылдап жылаған бойы Естайдың құшағына құлай берді.»

 Қайым Мұхаметханұлының айтуынша «Естай келесі жылы Хорланды алып қашпақ болып, Қожахмет деген досымен  қыз ауылына жасырын келеді. Сұлтан ауылының Естайға тілектес Әбділда, Нұрғазы деген жігіттері де бар екен. Үш қамыс көлін жайлап отырған Сұлтан ауылын қанша торыса даһ, қызға жолыға алмайды. Ақыры істің сәті түспейді.  Бұлардың сырын сезіп қойған  Сұлтан құдасына хабар айтып, Хорланды тездетіп ұзатып жібереді.» Арадабірнеше жыл өткеннен кейін, “Қорлан” әні бүкіл қазаққа жеткеннен кейін Естай Шот (Славгород) қаласының маңында Шұқыр дейтін жерде тұратын Хорланды іздеп барып, жүздеседі. Күйеуі қас-қабағын бұзбай жақсы қарсы алып, «Қорлан мені дәл сендей сүймесе де, мен оған дәл сендей ғашықпын» депті. Алайда баяғы құштар көңілінен арылмаған Естай оның сөзін үнсіз тыңдап, еш жауап қайтармапты. Осы жолда Қорланмен оңаша қалғанда: «Мен үшін бұдан артық бақыт болмас, жүз жылға жетеді осы кездескенім»,–депті. Естай ақын қартайған шағында да Хорланды есінен шығармаған көрінеді. Менің әкем Жақып ұлы Байғалының Ақкөл-Жайылма жерінде Естаймен серілік құрып бірге жүргенін көз көргендер айтып отыратын. Әкемнің «Жай қоңыр» әні мен «Гүлдерайымды» домбыраға қосылып айтатын әдемі қоңыр дауысы әлі күнге дейін менің құлағымда жаңғырып тұрады. Естай ақын жиын-тойда ән туралы әңгіме бола қалса, «Мынау Хорланның көзі ғой» деп қолындағы жүзікке қимастық сезіммен, мұңая қарап отырады екен...

***

            Туған жер! Кіндік қаның тамған жер. Шыр етіп дүниеге келгенде сенің кіндігіңді кесіп, оның бір ұшын үйдің табалдырығына апарып көмгеннен күннен бастап, ет кіндігің туған жерге байланады. Туған жерге деген махаббатың көкірегіңді жарып шыққан үніңмен, әдемі әніңмен, күмбірлеген күйіңмен, сағынышты жырларыңмен білінеді. "Туған жер қасиетіңнен айналайын". Бұл жәй сөз ғана емес, жүрегіңнің лүпілі. Жақында республикалық "Социалистік Қазақстан" газетінде туған жерге арналған өлеңдерім жарық көрді. Жол жүріп келемін. Бедері көп, шоқалақтап қоямын. Жаным кеудем өлең жырға тұнып тұр. Жүрегіме асыл бейнең сыйып тұр.Туған жердің қадірін балалық шақтағы үйдің ауласындағы мәйда топырағына аунағаныңмен біліп, қыр төсіндегі қызылды-жасылды гүлдерін тергеніңмен, тоғайдағы жидегін теріп жегеніңмен елестетіп,  аңсайды екенсің. Тіпті сонау жаздың күндері қырға қарай алыс барып, қап арқалап тезек тергенің, оны қораның қасына үш бұрыштап қалағаның, нан салатын пешке апарып жаққаның, төбе астында жайылып жүрген төлдерді жүгіріп жүріп, айдап келгенің  көз алдыңа келеді. "Түлкішік түлкішік, түнде қайда барасың, апам үйіне барамын, апаң саған не береді, ешкі сауып сүт береді, оны қайда қоясың, тал түбіне қоямын, ит жалап кетсе қайтесің, жылай жылай қоямын," деген тұнып тұрған суретті- өлеңдегідей айна қатесіз балалық шағың көз алдыңа келеді. Туған жер өткеніңмен және болашағіммен байланыстырады.  

            Мен соғыстан кейін тудым. Ес білгенде елмен бірге мен де тоқшылықты да,  жоқшылықты да көрдім. Бірде жетіп, бірде жетпей жататын тамақ тапшылығын көріп өстім. Бала болып асыр салып ойнадым. Өстім, бойжеттім. Сыртқы балшығы түсіп, тозығы жетіп, құлағалы тұрған баспанасы бар үйдегі отбасы, жақсы тұрады деп есептелетін. Ондай үйде бірнеше семья бірге тұрды. Есімді еміс-еміс білген кезде  біздің үйге Мағия деген жасы жетпістен асқан әже келіп қоныстанды. Ол әжейдің жалғыз ұлы әскери міндетін өтеп жүргенде жазым болыпты. Әйелі тұрмысқа шығып кеткен.  Кішкене қызын өзімен бірге әкеткен екен. Туыстығы жоқ жалғыз басты әже біздің үйді паналады. Әжей кедей емес еді. Ол кісінің кішкене кобдишасы жеміс-жидекке толып тұратын. Балалығым ба екен, үйде болмағанда жүзімдерінің жүзін жейтінмін. Киген киімдері де, көрпе -жастықтары да мұнтаздай таза, жиналып тұратын. Неге үйсіз қалғанын біле алмадым.

            Мектепке бардым.Ұзыннан ұзақ барак үй болатын. Ұзын коридорда үсті жабылмаған бір шелекпен су тұратын.  Қыста пешке от жағылды. Бөлмеде қысқы киіммен отырдық. Бізді төменгі класта соғыстан жараланып келген, бір аяғы жоқ, білімі де болмады-ау деймін, Сүлеймен Сәрсекеев деген мұғалім оқытты. Мектепке барғанда И.В. Сталинді біліп бардық. Себебі ол қайтыс болғанда үйдің іші жылады, ештеңе сезбесем де мен де қосылып жыладым. Керемет жан деді ме, әлде қуаныштан жылады ма екен? Өйткені "күн көсем" совет адамдарының тағдырын бір өзі шешті емес пе? Оған қарсы келгендер жауапқа тартылды. "Халық жауы" деп жазықсыз атылды. Біздің ауыл да көсемнің қиянатын көрді. Ит жеккенге айдалғандар жоғалып кетті. Әр үйден бір адам соғыстан оралмады. Менің әкемнің інісі Қасанғалы хабарсыз кетті. Мектепке барған кезде  Н.С. Хрущевтің дәуірі басталды. Әрине жаңа басшы жақсылықтың бәрін үйіп-төгіп береді деп күткен болармыз. Қағаз,қалам тапшы. Екі-үш балаға бір оқулық тиетін. Сонда да оқуға ынталы болдық. Класта отырып ертеңгі сабаққа дайындалып алатынбыз. Сия сауытқа құйғызып алған көк сияны төгіп, шашып жүретінбіз. Ақ фартугіміздің алдына сия төгіп, үйден сөз естіп, таяқ жегеніміз де есімізді. Қызыл галстуктің ұшын тістелеп тұрып сабақ айтатындар да болды. Мектепте оқи жүріп, үйдің шаруасын істедік.  Бостан босқа отырып,, орынсыз ойнап кеткен кезіміз болмайтын. Малды өріске шығару, бала уату, кешкілікте малдарды өрістен жинап алу, қыстың күні мұз тасу, мал жайлау, шөп тасу,әйтеуі сол кездегі мен сияқты балалардың мойнында осы жұмыстардың бәрі болды.

            Тың игеру жылдары біздің ауылға жер-жерлерден басқа ұлттың өкілдері, жас жігіттер мен қыздар келді. Біздің ауылда бір-екі шешеннің отбасы мен неміс ұлтының екі семьясы болды. Бірақ біз оларды сондай ұлттың өкілдері деп ойламадық. Олар бізбен таза қазақ тілінде сөйлесетін. Тың игерушілерді  үйлері бар отбасына бөлді. Қызылтаңда кілең қазақтар тұратын. Басқа ұлттың өкілдері қыстың күні келді ме екен, әйтеуір өздермен бірге шошқаның жаясын, салаттарын әкелгенін көрдім. Шынымды айтсам құлақ сияқты ішіне ет салынған қамырды бірінші рет көрдім. Бәрі таңсық. Шыны банкілердегі салат, тұздалған капуста, басқа да дайын тамақтар біздің үйдің етқанасында сөреде ілініп тұрды. Орыс тіліндегі әдеби  кітаптарды ды  солардың қолынан көрдім. Әлі есімде, тың көтеруге келгендер жаз шыққан соң, жардың астындағы шымдарды ойып әкеліп, үйлер тұрғызды. Алғашқы шым үйлер осылай салынды. Жылдар өтіп жатты. Мен басиауыш класты бітіргенде тың игеруге келген шуаштың қыздары  жерсінбеді ме, әлде біздің ауылда олар айналысатын шаруашылық болмады ма екен, әйтеуір елдеріне кеткендері кетті, қалғандары жаңа құрылып жатқан басқа аудандарға, совхоздарға көшіп  барды.

            Иә, менің өскен  жерім Қызылтаң өзіме ыстық. Оның тарихы терең. Тереңкөл деген құтты мекен болды."Қызылтаң-әуел бастан құтты қоныс. Айнала қала салған қазақ, орыс. Жеріндемыңды айдаған байлары бар,Тереңкөл-өлкедегі үлкен болыс. Қызылтаң-болыстың орталығы.  бұл жердің байлығы Кеңес үкіметі орнаған жылдардан бастап құлдырады. Тұрғындар тоқшылықтың молшылықтың не екенін ұмытты. Мыңды айдаған байлары конфескеленді. Жылқылары Семейге етке айдалды, қара ала сиырларының тұқымын тұздай құртты.Ешкілер де, қойлар да, құстары мен қояндары да  колхоздың меншігіне өтті. Қаншама отбасы аштықтан қырылды. Азып-тозды. Еті тірі отбасылары жан сауғалап, талшық іздеп ішке қарай өтті. Ертістің балығы мен жидегін теруге де рұқсат болмаған заманды да осы ауыл бастан кешірді. Ауылдағы бес жүз түтіннен бар болғаны жүз елудейі орнығып қалды. Біздің отбасымыз 1949 жылы осы ауылға әкемнің қыстауына қоныс аударыппыз. Міне содан бері осы ауылдағы мектептен сегіз жылдық мектепті бітірдім. Оқу іздеп басқа ауылға, қалаға кеттім. Бүгін де өскен елім, өнегелі тәрбие алған жеріме жыл құсындай сағынып келіп тұрамын. Күні кеше ата-анамды көрген адамдармен жүздесіп, дастархандас, дәмдес боламын. Әкемді көзкөргендердің көзі кетті. Өкінінетінім, мен ата-анам туралы олардан ештеңе біле алмадым. Әкең ақын еді, емшілігі бар еді дегеннен басқа дерек жоқ,.  Енді олар туралы маған кім айтады? Бар болғаны "Әкеңді көрген өлмесін!" деп өлең жаздым. Әкемнің кім болғанын өлеңге қостым. Қанағаттанбаймын. Кеш қалдым, кеш ойландым. Орны толмайтын өкінішітерім өте көп. Өкінемін.

***

            Бір кітапта "етке нан салудың өзі қазақтардың Ресейге қосылуынан болған жайт, сондай-ақ нан саудасы қазақтарды Ресейдің ықпалына  кіргізу жолындағы  стратегиялық тауар болды,-деп жазыпты. Шынында да жеп отырған нанның жаулап алу құралы екенін кім ойлаған. "Қазақ бұрын  егін салмады, жер өңдемеді"деген әңгіме кеңестік дәуірде көбірек айтылды. Бұл әрине бұған дейін нанды білмедік деген сөз емес. Қалба тауынан осыдан 5000 жыл бұрын жер астында қалған тас диірмен табылған. Қанша дәуірлер бойы жер астында жатқан диірменді археологтар тауып алғанда, арасынан тарының дәні табылған. Міне, осы бір ғана көне диірмен мен тары біздің тарихымызды 5000 жылға ұзартып, сол тұста біздің  ата-бабаларымыздың егіншілікпен  айналысқанын дәлелдеп берді. Северс деген ғалымның жазбаларына қарап отырсақ та, 1700 жылдардың өзінде еліміздің шығыс өңірінде бұлақтардың басына  қазақтардың тары, арпа, сұлы, тіпті бидай еккені жайлы  деректер келтіріледі. Таба нан, күлше нан, бауырсақтың түр-түрін қазақ бағзы заманнан-ақ жақсы білген, оған оны ешкім де үйретпеген. Әсіресе, еліміздің шығыс өңірінде  әлі  күнге жақсы сақталған  құмалақтай ғана, ауызға салып қытырлатып жеп кете беретін,  керемет бауырсақтың түрі бар. Оның құдіреті-кіп-кішкентай ғана бауырсақты жылдап сақтасаң да, бұзылмайды, қатып тұрады. Бірақ ауызға салсаң үгітіледі де кетеді.  Сонысымен де ол бағзы заманда  шайқасқа аттанған, бертінде әскерге кеткен азаматтарға жолазыққа таптырмайтын ас болған.

                Нанның да киесі бар.  Ислам ғалымдары  түрлі апаттардың көбеюі  осы нанды тастаудың жалпы, мастанып, ысырапшылдыққа бой алдырғанның кесірі деп айтады. Қасиетті Құранда...."Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар, шындығында Алла тағала ысырап қылушыларды сүймейді." "Ағраф сүресі, 31 аят) дейді.  Ресейдің бір қаласы  жау қоршауында қалады. Барлық байланыс үзілген, қала халқы аш. Жаңа жыл да келіп қалған еді. Сонда кәдімгі бүгінгі конфеттің қағазына орап, солай сый қылып үлестіреді. Таяуда бір телебағдарламада басқа ұлттың өкілі, бұл күндері жасы келген  әжей сыйға алған нанды жемей, ертеңгі күні ұрпағым нанның қадірін білмей кетсе көрсетейін деп сақтап қойыпты.

5. ЖЫРЛАЙДЫ ЖҮРЕК

            Айтыс-айт  етістігінен туған зат есім, өз мағынасымен алғанда, айтыс екі кісінің сөйлесуі. Ғалымдардың айтуынша ертеде екі адамның, жұптасып айтысуымен қатар, тұрмыс салт айтыстарына топ-тобымен шыққан. Менің айтысқа деген қызығушылығым теледидарда қызмет істеп жүрген кезден басталды. Онда біз жазбаша айтысатын едік. Көпшіліктің ортасында немесе сахнада қолыма домбыра алып, айтысуға Павлодар қаласына төрт облыстың ақындары келіп айтыс өткізген кезде ғана ден қойдым. Айтыс сөз тапқырлығының ғана жарысы емес,ол халықтың теңдесі жоқ тамашаға кенелетін орны. Айтыстың тарихына үңілсем, ауыз әдебиетінде батырлар жырынан соңғы көлем жағынан көбі де, маңыз салмақтысы да айтыс жанры екен. Онда бейнелі сөздермен көмкерілген ой-қиыл болды.

            Қазақ халқының қанына сіңген ақындық өнердің жазба әдебиеттегі ұзақ толғап, жылдар бойы жазылатын жанрларынан негізгі ерекшелігі, ұтымдылығы, оның өміріміздің ең маңызды жаңалығын табан астында экспромтты суырып салма күйінде жырға қосып беруі болып табылады. Қалың елдің көз алдында жекелік те, қоғамдық та мәселенің неше алуан батыл да айқын да көтере алатын мүмкіндік тек айтыста ғана бар. Жақсылық жалпылама жырланбай, өзі өмір сүріп отырған дәуір төңірегінде айтылып, бір-біріне қойылған сұрақтарға тапқырлықпен жауаптасады. Айтыскер ақын домбыра білуі керек, қобыз сырнаймен де өзіне тән мақаммен айтысқа түседі. Айтыстың ішінде поэзия мен шағын қойылым, әншілік қабілет те көрініс береді. Айтыс ақыны ойын тез жинақтап, қарсыласына ұтқыр да ұтымды сөздермен жеңісін мойындатады. Тақырыпты шеберлікпен ашып, көркем тілмен, әсерлі орындауымен, домбырада ойнай білуімен, тіпті әдемі әуенімен көрінсе ол өнерпаз халықтың қошеметіне бөленеді. Айтыскерлер бірін бірі ғана көреді. Менің әнім де бар, алайда ән салу- айтыс емес.

            Айтыс әнмен орындалмайды, әуенмен, сәнмен, әуезбен орындалады. Табанда шығарылған өлең мен ұзақ ойланып, көп өңделіп оңашада жайбарақат жағдайда жазылған туындының айырмасы айқын. Айтыс өлеңінде жазба поэзиядай кітабилық, ұйқас, буын табыла бермейді. "Аттың жалы, түйенің қомында" қысылтаяң асығыста, қалың жұрттың алдында өлеңнің сыртқы түрін келістіру әрі әріптестің сыны мен сұрауына жедел жауап беру міндетті екенін білгенде сөздері үйлесіп үлгермеуі мүмкін. Алайда ойын жеткізеді. Сонымен түр жағынан айтыс жазба өлеңмен теңелуі қиын. Кейбіреулер айтыс кезіндегі сөз ұйқасының кедір-бұдырын ғана көріп, оған күдікпен қарайды. Бұл жалпы ауыз әдебиеті дәстүрінде  туатын шығармалардың табиғатын түсінбегендік болып табылады. Ал сырт қарағанда жұпынылау, қарадүрсіндеу айтыс өлеңі тыңдаушыға жақсы әсер ететінін білеміз. Айтыстан ақын ғана ұтпайды, айтыстан өнер ұтады.

            Айтыс- ескі заманнан бері атадан балаға жалғасып келе жатқан асыл өнер. Ертіс өңірі ежелден талант иелері ақын-жазушылардың алтын бесігі болып келді. Арнасы кең өзеннің басын қарлы таулардан алатыны секілді біз өз жеріміздегі айтыстың бастамасын теңдесі жоқ дауылпаз ақын, шебер орындаушы, композитор Құдайберген Әлсейітов пен оны ұстаз тұтқан импровизациялық-ақындық өнердің ақиғы, сан қилы қабілет дарыған Иса Байзақовтың таланттарынан алғанбыз. Бұл екі ақын да -Ертіс ауданының жерінде Қызыл ағаш болысы  төңірегінде туған. Құдайберген Әлсейітов пен Иса Байзақов табанда сөз тауып, көз алдындағы затты төрт шумаққа сыйғызған талант иелері болды. Молдадан сауатын ашқан Құдайберген Әлсейітов жасынан ерекше талантымен көзге түсті. 12-13 жасында-ақ бала ақын атанып, ер жете келе Ертіс бойын, Көкшетау, Семей, Омбы, Қараөткелді түгел аралап, көптеген ақындармен айтысып, өзінен кейінгі және тұстас ақындар Естай, Сағит, Жұмабай, Мұса, Мүшән, Мүсек сол секілді жас талапкер Исаға, тағы басқа ақындарға әсер етіп, ағалық өнеге көрсеткен. Кейінгі біздерге оның Хадиша қызбен,Үкілі Ыбыраймен қақтығыстары ғана мәлім. Құдайберген: "Баласы Орта жүзді араладым,

Үш жүзге даңқым жетіп таралғанмын.

Бойында Үлкен Қараой Хадиша қыз,

Омбыда Сүйінбаймен сайысқанмын.

Көкшетауда талаймен жарысқанмын.

Қызыл жар, Көкшетауда сайран қылып,

Атбасар, Омбы барып, көп қыстадым.

Жас ақын, жаңа талап ақын Иса,

Қолыңа домбыраңды сен де ұстағын.

Ағаңмен айтысуға дәме қылсаң,

Берейін саған кезек, мен бастадым"-дейді. Алайда Иса ақын ұстазымен айтыспайды.  

            Қазақстанның халық жазушысы  Әзілхан Нұршайыхов айтыстың дүлділі Иса Байзақовты бір рет көрдім деп айтқан еді. 1939 жылы Абай атындағы педучилищеде оқып жүргенде "Семейге Иса ақын келіпті" деп естіпті.. Жексенбі күні Ертіспен іргелес тұрған қалалық баққа  көпшілік жиналады. Сахнаға қолдарына домбыра ұстаған екі адам, одан басқа европаша киінген бес-алты адам шыққан екен.  Олар Жамбыл атамыз, Асқар, Әбділда, Әлжаппар, Саяділ, Тайыр  және Иса болыпты. Содан деп Әзаға әңгімесін жалғастырды,

            Исаның кеудесінде орден болыпты. Ал қасындағы домбыра ұстаған адамның үстінде сабадай кең шалбар,үстінде ұзын етекті ши барқыт қазақы бешпе,  басында қара барқыт дөңгелек тақиясы бар зор денелі, мол мұрынды келген "құлжа мойын марал бас" қошқар тұмсық кісі Нұрлыбек Баймұратов екен. Содан Нұрлыбек ақын домбыраның шегін бір қолымен іліп тартып, зор даусымен Иса туралы ақпаратты төгіп төгіп жіберді. Сондағы өлеңмен айтқаны Исаның Семей жұртына бөтен еместігі, бала күндері осында оқып, үйренгенін, Семей елі Исаны қанаттандырып өнер биігіне ұшырғанын айтты. Иса артист болып Мұхтардың пьесаларында ойнаған. Өз ұямыздан ұшып, қияға қонған қыранымызды құшақ жая қарсы алайық деп бір тоқтады. Содан екеуі төс қағысып,құшақтасады. Жұрт дуылдатып қол соғыпты. Содан Иса қолына домбырасын алып, төңіректі дүбірлетіп, домбыраны біресе иығына, біресе мойнына мінгізіп жырларын төкті.

"Қарашы домбыраның еркесіне,

Исаның шығып алды желкесіне.

Домбыра екі шекті, тоғыз перне,

Арқаның кез болды ғой серкесіне.

Өлеңнің мен жүзейін өлкесіне.

Толқынды топшыменен қақ айырып,

 Самғайын қанатымды жел үйіріп,

Қонғандай Оқжетпестің өркешіне-деп ақын өзінің суырып салмалылығын дәлелдейді

            Жиналған жұртшылық ақынға сұрақтар қойыпты. Оған Иса ақын өлеңмен жауап беріп отырған. Өлең болғанда жаттама емес, жанама өлең емес, суырып  салма өлеңдер. Қапияда шығарылған өлеңдер әрі үйлесімді, әрі ұйқасымды,әрі мазмұнды болыпты. Иса бір минутта бір шумақ өлеңді, қалтасынан күміс теңге суырып алғандай, лақтыра салады екен. Қас пен көздің арасында шығарылған өлеңнің әр сөзі маржандай мөлдірейді. Ойының ұшқырлығы сондай, аяқ астынан жарқ ете қалған найзағай жарқылына ұқсайды. Шумақтары таудан төңкерілген селдей болып-үсті-үстіне ақтарылады-ай  келіп, ғажап. Ғажап болғанда ғажап!  

            Ақындармен бірге отырған Сәду Машақов болу керек, "Желдірменің" тарихы туралы айтып беруін сұрапты.. Ақын сол кезде орындыққа тізесін тізесіне қойып, домбырасын тікейте ұстап шалқая отырыпты да, қаршығадай шапшаңдықпен жан-жағына жалт-жұлт қарап жіберді де, домбырасын сарт еткізіп қағып кеп қалады. Содан өлеңдетіп жауап берді де, орнынан тұрып, халыққа басын иіпті.Ол кезде  Әзілхан Нұршайыхов он алты жастағы бала  екен. Сол бір көрініс есімнен кеткен емес деді. Кейін соғыстан келгенде  Иса ақынды көре алмапты. Ақын не бәрі 45 жасында дүниеден өтті. "Дала дүлділі","бір туар тұлға" аталған қысқа ғұмырының ішінде қаншама адамның көкірегіне қуаныш сыйлады. Ұлы Отан соғысында  жылаған елін жырмен жұбатты.Кеңес Одағының батыр атағын алған ұшқыш қыз  Солтүстік полюске ұшып барып келгенде, Ғылым Академиясындағы ғалымдардың тапсырмасымен Иса Байзақов екі-үш сағат табан аузында жырлап берген. Бұл дастан елдің құлағында, құйма құлақтардың жадында жазылып бізге жетті. Негізі екі-үш сағат жырлағанда сөздің мәйегі мен балы, ұйқасы мен артық-кемі жоқ тіркестер жазылмай қалыпты. Иса Байзақов қазақ әдебиетінде тұңғыш жүлде алған орденді ақын. 

***

             

             Алматыда халықаралық айтыс өткізілді. Оған қырғыз ақындары қатысты. Біздің облысымыздан Қабек Сағитов, Ільяс Оспанов, Мұқсихан Зайытов барды. Алматыда өткен республикалық айтысқа Қимадиден Нығманов пен Мұқсихан Зайытов барып, облыс намысын қорғады.  Павлодарда 1970 жылдың 23 тамызында Қазақ ССР-і мен Қазақстан Коммунистік партиясының 50 жылдық тойына Антон Чехов атындағы облыстық драм театр үйінде  ақындардың І-ші облыстық айтысы өтті. Оған Қимадиден Нығманов, Қабек Сағитов, Мұхсихан Зайытов, Ільяс Оспанов тағы басқа ақындар қатысты. Мен киноға түсіруге бардым. Зал көрерменге лық толды. Ол кезде ақындар шаруашылықты, жаңа салынып жатқан заводтарды айтты, шынжыр табан трактордың жолда қалғанын әдемілеп айтып күлдірді. Қимадиден ақын көктемде Алматыға  айтысқа барғанда пима киіп алып, көшені қайық қылды деп күлдірді. "Ақыны Павлодардың Қимадиден, Алматыға барғандаа пима киген." деген жолдары есімде қалыпты. Отан сенің ата-анаң. Отан-досың бауырың. Отан-өлкең,астанаң, Отан аудан-ауылың. Айтыстың ол кездегі тақырыбы да отан болатын..

           

            Тоқырау кезінде Кереку өңіріне айтыс келді. Кейінгі жылдары телевизордан оңтүстік, батыс пен шығыс жақ ақындарының айтыстары көрсетілген болатын. Бұл жолы республикалық қазақ телевизиясы айтысты Исаның еліне әкелді. Бұл жаңалықты айтыс өнерін жадынан шығара қоймаған қаймана халық қуана қарсы алды. Трактор жасаушылар мәдениет сарайы көрермендерге лық толды. Төрт жерге телевизия камералары қойылды. Айтыс керуенін Көкен Шәкеев пен Тәушан ақын, Манап Көкенов пен Әбдікәрім Манапов, Шынболат Ділдабаев және басқа да ақындар бастап келді. Шымкент, Жезқазған, Көкшетау, Қызылордадан келген ақындар қонақүйге орналасты. Бұл кезде теледидарда қызмет істеп жүргенмін. Сондықтан қазақ телевизиясының хабарын ұйымдастыруға облыстық теледидар көмек көрсетті. Айтыстың беташарын айту маған бұйырды. Айтыс шымылдығын арнау-толғаумен аштым. Ертіс өңірінен шыққан дүлдүл айтыскер ақын Исаның, атақты әнші Майраның елінде болғалы тұрған жыр бәйгесіне сәтті сапар тіледім. Елдің атынан жыр бәйгесін көруге мүмкіндік жасаған ұйымдастырушыларға алғыс айттым.

            Бір мың адамға лайықталған Тракторжасаушылар сарайында ине-шаншар орын болмады. Айтысты Жүрсін Ерманов жүргізіп отырды. Елді дүрліктіріп келген айтыс қызықты да, әсерлі болды. Манап Көкенов пен Әбдікәрім Манапов тұңғыш рет әкелі-балалы жұп болып, тарихта қалды. Көкен Шәкеев, Бекболат Тілеуханов, Шынболат Ділдабаев және басқа да ақындар айтысқа шықты. Бекболат Тілеуханов терме орындады. Күні кеше суырып салма ақындығымен елді аузына қаратқан Құдайберген Әлсейітов, Иса Байзақовтың сара жолын, дәстүрлі айтысын жаңғыртуға өңірімізде өткен  осы бір республикалық айтыс қозғау салды. Облысымыздан айтыс ақындары шыға бастады.Жүрсін Ермановтың мақсаты да киелі Баян - Ертіс өңірінен таланттарды іздеп, тауып, өнердің көзін ашу болатын. Бұл мақсаты орындалды. "Павлодарда айтысатын ақын жоқ" деген атты арқалап жүрген кезде, ауыл мектебінен тәрбие алып үлгерген, қазақ ақын-жазушыларын үлгі-өнеге тұтатын, бойында атадан қалған талант ұшқыны мен талабы бар бір топ жастар легі шықты.  

***

            Өнер-көзі-халықта болғанымен оның көзін ашып, өзен арнасы-халық сахнасына тартпаса ақындық өнер дамымайды. 1985 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 40 жылдығына және наурыз мерекесіне орай "Халық қазынасы" атаумен облыстық айтыс өтті.Металлургтер мәдениет сарайының сахнасы он екі қанат ақ орда киіз үйдің макетімен безендірілді. Жергілікті қолөнер шеберлерінің қолдан тоқыған кілемдері мен текеметтері жайылып, заманға сай жиһаздар қойылды. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Қамалбай Марданов сөз алып, наурыз мерекесімен құттықтады. Одан кейін қазақтың киелі өнері айтыс туралы мәлімет берілді. Айтыстың беташарын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мүбәрак Жаманбалинов ашып, Досым Ыбыраев өлеңмен шашу шашты. Айтыстағы алғашқы жұп баянауылдан келген Бекзат Тұманбаев пен екібастұздық ақын Тұрсынбай Олжабаев болды. Әрине олардың алдын ала дайындап алып келген шумақтары бір-бірімен  үйлесіп, көрермендердің делебесін қоздырды. Алғашқы айтысқа алдын ала жазып алынған шумақтарды қолдануға рұхсат берілді. Социалистік Еңбек ерлері Қали Қаленов, Бөкен Қызғариннің ерен еңбектерін жырланды. Бам-дағы табыстарымыз айтылды. Сахна төріне  шыққан екі ақын да бұған дейін әншілігімен танылып жүрген еді. Домбыраға қосылып айтқан әншілік қабілеттері ғана емес, олардың сөздері де ұтымды шығып, көрермендерге керемет әсер етті.

            Тұрсынбай Бекзатқа "Бірлікте жалғыз түйең бар еді ғой, оның өзін броконьерлер атып  алыпты" дегенде көрермендер шынайы сынды сезініп, күлкіге кенелді. Мұнан кейін Естай Беркімбаевтың келіні Зейнелғарап пен шарбақтылық Мәлік Ысқақов ортаға шықты. Естайдың келінімін деп таныстырған, ескінің көзін көргенде,  Естайдың өзі келгендей қуандық. "Бір мысқалдың" әуенімен айтқан кезде, залда отырғандар түрегеп тұрып, қол соқты. Мәлік ақсақал сөзден тосыла берді. Мұнан кейін Ғабит Сапаров (Май ауданы) пен Атымтай Құрманғалиев (Лебяжі ауданы), Қайыр Жүнісқалиев (Май ауданы) пен Шәйза Әушайыхова (Ақсу ауданы), Қаршыға Шаяхметов (Ақсу қаласы) және Мейрам Ермекбаев (Павлодар ауданы) өзара айтысқа түсті.

            Қыз бен жігіт айтысына менімен (Ильич ауданы) Индустриалды ауданының атынан Сағадат Сүтбаев шықты. Бір қаланың ішіндегі ауданымыздың жетістіктері екеумізге ортақ. Сондықтан табысымызды жырлап, әзілдесуге көштік. Елді күлдіретін, билікті ойландыратын өлең шумақтарын айттық. Ұлы жеңістің 40 жылдығы жырланды. "Ел-елменен әділдікпен ұғыстық. Тізе қосып ғарышқа да бірге ұштық. Бейбітшілік отанымның ұраны,. Саясаты бар қазақтың тыныштық."-деп тақырыпты жырласам, қаланың ішіндегі кемшілікті де, өлеңге қостым. Кутузовта жаңа салған үйлерің. Отбасында болмады-ау күйлерің. Қыстың күні бір жылынбай бөлмелер,бала-шаға ритмиканы биледің, -дегенде ел қыран топан күлкіге кенелді. Шынында да Кутузов көшесіне салынған тоғыз қабатты үйлердің іші қыстың күні жылынатын емес. Әсіресе екі айтыскердің, яғни біздің ұзынды- қысқалы болып, сахнадан тұрып, қолтықтасып кеткен кезде бүкіл көрермен мәз болып, қайта шақырып, қол соқты. Менің бойым Сағадаттан екі есе ұзын көрінді.

            Бізден кейін Кашыр ауданынан Абылайхан Әлжанов пен Краснокутскілік Теміржан Құлатаев және бұрын республикалық айтысқа қатысқан тәжірибелі Мұхсихан Зайытов (Май ауданы) пен Күләш Досмақова (Екібастұз) айтысқа қосылды. Әрбір жұптың алдында облыс өнерпаздары ән айтып, би біледі. Бағдарлама бойынша айтыс екі күнге белгіленген болатын. Негізі бұл сайыста ауданаралық социалистік жарыс насихатталды. Сондықтан байқау қорытындысында Екібастұз ауданы бірінші, Май ауданы екінші орын, Екібастұз ауданы үшінші орын алды. Ал ақындар арасында екі ақын Тұрсынбай Олжабаев пен Қаршыға Шаяхметов бірінші орынды иемденсе, "Межколхозстрой" тресінің механигі Сағадат Сүтбаев екеумізге екінші орын бұйырды. Дербес жүлде Досым Ыбраевқа, қарт ақын жүлдесі Мәлік Ысқақовқа, ең жас ақын жүлдесі Май ауданының мұғалімі Ғабит Сапаровқа берілді. Қалған ақындарға арнайы сыйлықтар табыс етілді.  Айтыс өнері- күрделі де, қиын, көп жаттығуды қажет ететін синтездік өнер. Ақынның табиғи таланты болмаса, ойдан өлең құрап, сөз тауып айтысты жалғастыра алмайды. Сондықтан республикалық айтысқа баратын үміткер таңдап алынбады. Айтыскерлерге әлі де тәжірибе жинақтау керек екені айтылды.

***

            "Иса Байзақов шын толық мағынасында айтқанда-феномен, табиғаттың өзі осыны қалай жаратты екен деп бүкіл адамзат таң қалатын-ақ бейне. Қолына домбырасын алып, сахнаға жүгіре басып шыға келгенде, өлең жолдары орындыққа отырмас бұрын-ақ бірінен соң бірі биік жартасты бұзып, жарып түскен құлама судай, жойқын күшпен ағыл тегіл  құйыла жөнеледі екен.  Сонау "Құралай сұлу", "Алтай аясында" "Ақбөпе" "Кавказ","Он бір күн, он бір түн" қағазсыз, қарындашсыз, тек домбыраның екі шегінен, Исаның көмейінен жалындай атқылап шыққан жолдардан туған асыл дүниелер, "-депті Исаны көзі көрген жазушы Зейтін Ақышев. Айтыстың дүлділі Исалар, Қадиша ақынмен сөз қағысқан  Құдайберген, Нұрлыбек, Қимадидендерді тудырған өңірде республикалық сахнада айтылғандай, шынымен олардың ізін басатын ақындар жоқ па?  Бұл сұрақ әлі де болса, елдің көкейінде жүрген болатын.

            Астанамыз Алматыдағы Қазақ телевизиясының ұйымдастыруымен Қызылорда, Шымкент, Жезқазған және Солтүстік Қазақстан облыстары ақындарының айтыстарынан кейін көш керуені  тағы да Павлодар облысына бұрылды. Павлодарда республикалық айтыс өтті. Айтысты  қазақ телевизиясының әдеби-драма хабары бөлімінің  бас редакторы  Жүрсін Ерманов алып келді. Тракторжасаушылардың мәдениет сарайы көрерменге толды. Бұл жолы облыстық айтысқа шығып, айтыскерлік шеберлігін көрсете білген, Павлодар қаласында қызмет жасап жүрген  Жезқазғанның тумасы ақын Мұхамедия Ахметов арнау айтты. Парижде өткен дүниежүзілік этнография  конкурсының лауреаты Алмас Алматов, жас жыршы Мейрамбек Беспаев өнерлерін көрсетті. Алғашқы жұп Манап Кәкенов пен Тәушан Әбуова болды. Екеуі де сөзге шешен.  Тәушан ақын Отырардан, Әл-Фараби отанынан сәлем айта келіп, мадақ сөздерді айтты.  Екі тарлан ақын бір-біріне  жауап бере отырып, көрермендерді де күлдірді. Тәушан ақын бір мейманханада жатырмыз, тым болмаса келіп, есігімді қақпадың ғой  деп әзілдеді.

             Қызылордалық Әбдікәрім Манапов пен Шымкенттен Ұлмекен Асанова ақ өлең ұйқасын көрсетті. Қазақ өнерінің көне түрі өтірік айтыс тыңдарман жұртшылықты күлкіге кенелтті. Қаныбек Сарыбаев пен Зәмәдин Ибадуллаевтардың сөздері шымыр, өте мағыналы, терең ойға құрылды.  Шымкенттік ақын Мұхтар Құралов пен Қызылордалық Ниетолла тақырыптық айтысқа түсті. Мұхаметқали Торсанов пен Көпбай Омаровтың айтыстары жұртшылыққа ұнады. Көпбайдың гармонға қосып өлең құрауы ерекше болды. Көпбайды тыңдаған ғалымдар мұндай дәстүр тарихта Көпбайдың атымен қалатын шығар деді. Айтыстың екінші күні  Жезқазандық Ермек Омаров пен Солтүстік Қазақстаннан Ерік Асқаров түре айтысқа түсті. Ерік Патшадан көрген жоқ ел рахатын, патшаға арнаған жоқ махаббатын. Шіркін-ай қалаларға күн болар ма, Қызылжар, Кереку деп аталатын.-деп тағы да ел-су, жер аттарына назар аударды. Тәтті де, қатты да айтты. Егер тыңдар құлақ болса, екі облыс орталығының тарихи атауларын қайтарар еді, немесе  бүгінгі күннің талабына сай етіп қалаларға ату берер еді.

***

            Қазақ жерінің әр томары астында жылтырап жылғаға айналып, арналы өзенге бастаған суырып салмалық өнер елуінші, алпысыншы жылдары көздері бітеліп, көмескі тартып қалғанын білеміз. Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы облыстардағыдай Павлодарда айтыс дамымады. Тек соңғы жетпісінші, сексенінші жылдары асыл өнер, ұлттық дәстүр қолға алынып, ақындық бұлағының көзі ашылды. Ертіс бойының қойнауы, Баянауылдың тау баурайында домбыраның күмбіріне сүйене ақындықтың сырлы әуені естіле бастады. І985 жылы  Жаяу Мұса Байжанұлының 150 жылдығына республикалық  айтыс өтті. Павлодар өңіріне Жаяу Мұсаның жұрағаты Қазақстан Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов, Қазақ ССР Мәдениет министрі Жексенбек Еркінбеков, Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының бірінші хатшысы Еркеғали Рахмадиев, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Ғафу Қайырбеков, драматург жазушы Сәкен Жүнісов, "Жаяу Мұса" романының авторы  Зейтін Ақышев, әнші Қайрат Байбосынов келді. Той Павлодар қаласында басталып, Баянауыл жерінде жалғасты. Аудандық мәдениет үйінде Жаяу Мұсаның өмірі мен өнеріне арналған конференция өтті. Ғалымдар, зерттеушілер және Жаяу Мұсаның ұрпақтары сөз алды. Ақын Олжас Сүлейменов өз сөзін қазақ тілінде амандық-саулықтан бастады да, ақынға арнаған өлеңін оқыды. Сөзінің соңында келесі келгенде баяндамасын қазақ тілінде жасаймын деп сөз берді "Баянауыл басынан бұлт аумайды" деген сөзді тілге тиек етті де, өз сөзімен "Баянауыл  басынан бақыт кетпесін, бақыт аумасын" деп аяқтады. Мұнан кейін финалға шыққан ақындар айтысы одан әрі жалғасты.

            Жаяу Мұсаның мерейтойына Қазақстанның халық ақыны Көкен Шәкеев қатысқан болатын. Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына орай Алматыда өткізілген республикалық айтыста Көкен ақын бас бәйгені жеңіп алды. Осыған орай "Қазақфильм" киностудиясы халық ақыны Көкен туралы деректі фильмнің эпизоттарын түсірді. Фильм авторлары ақынды арнайы Жаяу Мұсаның тойына алып келіп, қасиетті Баянауыл жерінде  сахнаға шығарып, толғау-арнау айтқызды. Ертіс өңірі ақынның иығына шапан жапты. Көкен ақынның ерекше қасиеттері бар. Оның домбыра ұстауы да өзгеге ұқсамайды. Ақын Ұлы Отан соғысының мүгедегі.Бір иығына оқ тиген. Сахнада қолының икімге келмейтініне қарамастан домбыраны алдына өңгеріп алып, төмен қаратып ұстады да, толғанып отырып жырларын төгіп-төгіп жіберді. Мазмұны да,ұйқастары да керемет болды.

            Сәбит Мұқанов:-Айтыс-халық өмірін бейнелейтін көркем әдебиет саласының бірі-дей келіп, "Одан халықтың қуанышы да, қайғысы да, саяси шаруашылық тұрмысы да, мәдени дәрежесі де, замана идеологиясы да, әдет-ғұрпы да, жалпы әлеуметтік және жеке адамдардың қарым-қатынастары да, заманына лайық өрбіген тартыстың да формалары да көрінеді. Сондықтан айтыс жанрының тақырыптары әлденеше тарау боп бұтақталып кетеді, сол бұтақтардың бәрі халық тұрмысының шындығын біршама дұрыс та, дәл бейнелей алады"-деп түйіндеген болатын.Айтса айтқандай, бұл айтыста нелер бір керемет асыл сөздер айтылып, бүгінгі күннің тұрмыс тіршілігі де жырға өзек болды.

             Айта кету керек, мен Екібастұздан келген Мырзан Біләловпен айтысқа түстім. Мырзан Павлодарда өткен айтыста қарсыласынан оқ бойы озық тұрып, финалға жолдама алған. Менімен айтысқа шыққан кезде оның дайындап  келген шумақтары біткен соң, сөзіміз әрі қарай жараспады. Өзімнен бір мүшел кіші жігітке бауырым дегеннен артық сөзге бара алмадым. Ол да өлең құрастыруға талабы болса да, берген сұрақтарыма жауап бере алмай қиналды. Жалпы финалға шыққан айтыскер ақындар алғашқы айтыстағыдай емес, той иесі, ақынға арнаған арнаулары біткен соң, ойларынан өлең құрап, қарсыластарына тапқырлық танытып, ойларын жинап, жауаптасуға талпынды. Олардың  таланттары да осы айтыста ашыла түсті. Айтыс табан асты құрылған өлең жолдарымен тартысты болды.

            "Сөз де бала сияқты. Тербетсе оянады, "-депті Төле би бабамыз. Баянауыл жерінде сөз тербелді. Айтыс аспандады. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтау қазылар алқасына оңай болмады. Дегенмен бәйгенің аты бәйге, жүлдегерлерді анықталды. Бірінші орын  Жаяу Мұса атындағы сыйлық төкпелете жырлаған баянауылдық ақын Балтабай Сыздықовқа, Иса Байзақов атындағы сыйлық екібастұздық Тұрсынбай Олжабаевқа, Нұрлыбек Баймұратов атындағы сыйлық Атымтай Құрманәлиевке тапсырылды. Шәйза Аушайықова мен Серік Мұхтаров және Қыдырбай Бекахметов екінші орын, Шолпан Байғалина мен Ғайнолла Есмұхаметов, Майдаш Қарағожинова үшінші орынды иемдендік.            Ең қарт ақын жүлдесі Сатқан Молдақасовқа, ең жас ақын жүлдесі Мырзан Біләловке, ең тапқыр да ұшқұр ақын жүлдесі Май ауданының ақыны Ғабит Сапаровқа тапсырылды. Кіріспе толғау айтқан Зекебай Солтанбаев пен Зейнелғарап Естаеваға да жол жоралғы жасалды. Қаршыға Шаяхметов пен Қайыр Жүнісқалиев, Қалкен Өлмесеков, Ораз Каменов,Төлеш Ибаділова, Бәтқұл Болатов, Жұмағали Қоғабаев, Теміржан Құлатаев және Абылайхан Әлжановқа көтермелеу сыйлықтары тапсырылды. Ақындардың бәрі де риза болды. "Биікке шықсаң көңілің ашылар,жақсымен тілдессең зейінің ашылар",-деп Төле би бабамыз айтқандай, айтысқа қосылға ақындар биікке көтеріліп, көңілдері ашылды, төмендеп қалғандар болған жоқ. Жақсылармен, алдыңғы толқын зиялы азулы ақындармен  тілдесіп зейіндері ашылды. 

            Әрине мұнан кейін мерейтойдың дастарханы жайылды. Баянауылдың арда шөбімен семірген жылқысының жал мен жаясын, сере шыққан қазысын жеп, тіл үйіретін бал қымызын ішкен жазба ақындарымыз, келген қонақтарымыз  өлең-жырға  кезек берді. Кәдімгі өлең жарысына қонақ ақындардың барлығы қатысып, бір-бір шумақтан жыр толғады. Менің есімде Ғафу Қайырбековтің мына бір шумақ өлеңі жадымда қалды."Жаңбырдай қайран көңіл жауып болды, Наркескен сілтеуіме қауіп болды. Кешегі шарап құйған хрусталдар, бұл күнде күл салатын сауыт болды,"- деп қаумалап отырған елді күлдірді. Сол сәтте шығарылған өлең шумақтарын әрине дәл  осылай қабылдадым, мүмкін өлең жолдары өзгешелеу шығар. Солай десек те  бұл жыл үкімет заңды қатайтып, тойларға арақ-шарап қоюға тиым салған кез болатын. Орысша айтқанда"сухой закон".  Бұрын ауыздарын шараппен ашатын ақындар "Әттең тонның келтесі-ай "-деп отырғанда өлең елдің көңілін көтерді. Осы отырыста Баян-Ертіс өңірінің әдемі сұлу қыз-келіншектерін көрген бір ақын жүрегіндегі от ұшқынын, әдемі сезімін былай деп өрнектеді: "Атылған ақ мылтықтай байғұс едім, Көзіме ілінбеген қай құс едіің? Кездескен Керекуде кермиығым, Есімде ерке бейнең қалды сенің!!! Бұл шумақ кімге арналғанын осында отырған кейіпкердің өзі де  білді, түсінді. Әрине игі жақсылармен дәмдес болып, олардың әдемі ойларын естіген бір ғанибет болса, мұның бәрі киелі айтыстың арқасы деп білуіміз керек. Егер мұндай той болмаса, республикалық айтысқа қатыспасақ,тарихи адамдармен дастархандас болмас едік. Рахмет саған,айтыс!

                                                                                ***

            Металлургтер сарайына айтыс десе ішкен асын жерге қоятын, өнердің жанашырлары, жеті жүзге жуық көрермен жиналды. Ақындар әр ауданнан іріктелінді. Облыстық айтыстың тақырыбы  КПСС ХХҮІІ съезінің шешімдерін мақұлдап, насихаттауға арналған болатын. Барлығы жиырма ақын өз ауданының жетістіктерін айтып, аудан намысын қорғайтын болды. Бұл айтысқа есімі таныла қоймаған жастар да  қатысты. Атап айтқанда Павлодар ауданынан Қизат Бейсембаев, Железинкадан Күзембай Серіков, Нұрлан Әзбаев, Екібастұздан Жағыпар Ақажанов, Сабыржан Ахметов, Екібастұз ауданынан Күләш Досмақова,  Краснокутскіден Бейсенбі Мұқажанов. Ал  Серік Мұхтаров, Қыдырбай Бекахметов, Атымтай Құрманғалиев, Тұрсынбай Олжабаев, Шолпан Байғалина, Мұхамедия Ахметов, Ораз Кәменов, Шайза Әушайықова, Қаршыға Шаяхметов, Қалкен Өлмесеков,Абылайхан Әлжанов, Жұмкен Сейітов, Қайыр Жүнісқалиев, Ерсайын Кетіковтер бұдан бір жыл бұрын өткен қайтыста өнер көрсеткен болатын.

            Ақындар айтысын облыстық мәдениет басқармасының бастығы Қамалбай Марданов ашты. Құттықтау сөз ССРО Жазушылар одағының мүшесі Мүбәрак Жаманбалиновке берілді. Облысымыздың бас ақыны  айтыстың тақырыбына шолу жасап, қойылатын талап тілектерді айтты. Ақындарға аса зор жауапкершілік жүктелгенін еске салды. Айтыс-ақындық тапқырлықты жетілдіру мектебі дей келіп, бұл айтыстан салмақты сөз, ұтқыр ой, тапқырлық күтетінін айтты. Сәт сапар тіледі. Айтыс басталы. Алғашқы жұп ақынның сөз сайысы көңілдегідей болмаса да, жанкүйерлер қол соғып, реті келгенде әттеген-ай-ларын білдіріп жатты. Өткен жылдары айтысқа шығып, шамалы болса да тәжірибе жинап қалған ақындар жұртшылықты сөзбен көңілдендіріп, әдемі әуендерімен қуантты. Әсіресе Мұхамедия екеуміздің айтысымыз елдің көңілінен шықты.      Мұхамедияның айтысқа шығуына себепкер болдым. Мұхамедия кардиолог дәрігер. Москвадан аспирантура бітіріп, Павлодарға дәрігерлердің білімін жетілдіру институтына дәріс беруге келіпті.  Редакцияда хат қорытытып отырғанда, кабинетке мені іздеп қара көзілдірікті жігіт келіп кірді. Келесімен  Павлодарда айтыс өтіп жатыр деп естідім. Сізді айтысқа қатысып, қарсыласын түйреп өтетін шебер дейді. Айтысқа қатысқан сол жігіт енді қатыспаймын деп, облыстық айтысқа келмепті деп естідім,- деді. Шынында да Сағадаттың жүрегі шайылып қалды ма екен, әлді басқадай себептер болды ма, алдағы болатын айтысқа шығудан бас тартты. Біздің ендігі мақсатымыз Павлодар қаласында жаңа дамып келе жатқан айтысқа жаңа есімдерді тарту болды. Мұхамедия өлең жазады екен, бір топ өлеңдерін редакцияға қалдырды.

            Мұхамедияны сенбі күні өтетін қалалық айтысқа шақырдым. Екеуміз бір-бірімізді сынау мақсатында айтысатын болдық. Шағын залда үш-төрт жұп айтыстық. Біздің айтысымызға қалалық партия комитетінің хатшысы Мұхит Омаров көрермен ретінде, әрі облыстық айтысқа ақындарды іріктеп жіберуге келген болатын. Екеуміз біраз жерге дейін бардық. Ол өзінің үй-күйсіз жүргенін, төрт баласы төрт жерде қалғанын айтты. Мұны естіп отырған қалалық партия комитетінің хатшысы қойын дәптеріне түртіп алып, облыстық айтысқа дейін қаланың нақ ортасынан төрт бөлмелі үй бергізді. Енді екеуміз осы облыстық айтысқа дайындалдық. Менің қуанышым оның үйлі болғаны, енді не деп мені мұқатар екенсің деп, мықтымсыдым. Алайда ол иә, үй алдым, рахмет, бірақ батериясынан су ағып, құбырлары жарылып кетті деп қарап отыр. Ол ол ма, "Киіктей сыр мінезді серілерге, қолқалап салдың басты әбігерге. Жырларың жүрегіңе қатып қалып,ынтықтың ба, кардиолог дәрігерге.-деді де, -Ашу шаштың запыран емханаға, нерві жұқа адамға ем қона ма. Дәрігерге тәуелді болмау үшін, жиі шық серуенге, таза ауаға, -деді де,

            -Ауырған жүректерге ем беремін,  кей-кейде ақынға да тең келемін. Журналистпін дегендер сендей болса, барлығының тілдерін емдер едім.-деп мені тығырыққа тіреді. Ана тілді, қазақ тілін  жырлады. -Абайды түсіне алмай мақұрым кетер, тіріліп Пушкин келіп аудармаса деп,-облыстағы мектептердің, қазақ тілінің жайын  сынады. Әрине бұл айтыста сөз сайысына шыққандардың бәрі бірдей айтыскер, ақын емес екенін тағы да дәлелдеді. Әншілігімен, терме айтуларымен жұрт назарын аударған Бекзат, Қизат, Ерсайындарға  келесі айтыстарға жолдама берілмеді.Тұрсынбай, Сабыржан, Бейсенбі, Жұмажан, Шолпан, Мұхамедиялар жүлдегер атанып, бұл  ақындар  республикалық  айтыстарға шығатын тағы бір баспалдақты аттады.

***

            Айтыс өнерінің жұлдызы қайта жанып келе жатыр,-деді қазылар алқасында отырған Қазақстанның  халық ақыны Қонысбай Әбілов. -Бұл айтыс өнері жанданып қана қоймай, дамып жетіліп, өзінің орнын алуға тақап қалды деуге болады. Республикалық көлемде алған кезде  де көп жұмыстар жүргізілді. Оның ішінде өзім етене араласа бастаған айтыстарды атап өтейін. Әсіресе жастардың шоқтығы биіктей түсуде. Атап айтсам, Кенен ақсақалдың туғанына 100 жыл толуына өткен республикалық айтысқа 32 ақын қатысты. Қазір өнер жарыстары солтүстік облыстарға ауысқан сияқты. Бүгінгі айтыс соның бір айғағы. Жалпы өнерге үлкен мән беру керек, жанашырлықпен қараған дұрыс. Себебі алғашқы қадам облыстарда жасалады. Павлодар облысының айтысына өзім үлкен үмітпен келген болатынмын. Бір жақсы жері іздегенімізді тапқандай болдық. Көтеріңкі көңіл күймен отырмын. Негізінен аудан арасындағы айтыс болса да Шолпан мен Мұхамедияның айтысының дәрежесі биік деуіміз керек. Бұл ақындар республикалық айтыстардың көркі боларына сенемін.  Айтыс дегенді білесіз күрделі өнер. Ақын бойында көптеген қасиеттер болуы қажет. Тарихта айтыс ақындарының  санаулы келетіні сондықтан шығар. Осы өңірден Иса мен Баймұратовты ғана білеміз. Ал әлі де аттары тарих бетіне шыға қоймаған айтыскер ақындар табуға болады.

            Біріншіден, ақын сурып салма болу керек. Екіншіден, ақындығын жүрегінен  жарып шыққан сөзі арқылы жеткізетіндей әнші болу керек. Өзін өзі сүйемелдеп, домбырада ойнайтын музыкант болғаны абзал. Ал мен осы айтыста көріп, байқағаным, қайсы болсын домбыраны жақсы шертеді, тіпті, шебер ойнайды. Қайсының болса да өзінің мақама бар. Ал сөздерін саралағанда неше түрлі сырға қанығасың. Өзім сүйсініп тыңдағаным ғылым кандидаты, өзі дәрігер Ахметов Мұхамедия мен газет қызметкері Шолпан Байғалинаның айтысы болды. Бұл екеуінің сүйсінтіп, риза қылған жері, екеуінің суырып салып отырғаны жақсы аңғарылды.

            Екеуінің бір-біріне жауаптасып отырғандығы, бір-біріне уәж айтуы, сөзге тоқтауы, сол халықты риза етіп отырды. Бұл Қазақстанның халық ақыны Қоныспай Әбіловтің пікірі болатын. Ақындарға баға берілді.Әрине баға деп айтқаннан гөрі, ақынның аузынан шыққан сөз халықтың көкейіне қонды.  Халық дән риза. "Ел бастау қиын емес,қонатын жерден көл табылады. Қол бастау қиын емес,шабатын жерден ел табылады. Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ, -депті Бұқар жырау. Иә, ел алдына шығып көрермендердің сөзін сөйлеу, олардың санасына жетерліктей сөз айту оңай емес. Біздің айтқан сөзіміз көрерменнің жүрегіне жетіп, көкейлерінде жатталып кетес, ақынның да ғұмыры ұзақ болары сөзсіз. Халықтың ертеңгі әңгімелері де айтыс болатынына өз басым имандай сенемін.Бұл да айтыстың құдіреті. Қазаққа қатысты жеті құдірет бар. Оның бірі-қазақ халқының қолынан түсірмеген көшпелі тұрмысы-бір құдірет. Қазақы тіл мен жазу, қазақи дін мен діл, ән мен күй-бұл үш құдірет. Қазақ ауыз әдебиеті оның ішінде темір қазықты жерге қызыл тілмен қаққан шешендік өнер тағы бір құдірет. Ал қазақы өнер мен зергерлік, қазақы сәулет өнері-келесі екі құдірет. Міне осылар жеті құдірет болып саналады.

***

             Халық алдына шыққан екі ақынның сөзі халықтың байлығы болып кетеді. Өйткені оны осы ақын айтып еді деп ауыздан ауызға өтеді. Дана халықтың өкілдері ақындық өнерге жасқана қадам басқан асылдың жұрнақтары. Өлең-мәңгілік көктем десек, сол көктемнің қарлығаштары келіп қосылуда. Жастардың өлеңдерінде асау бұлақтай  арындылық, жаңа шешек атқан балғын гүлдей нәзіктік те бар. Қалай десек те өнер деп, өлең деп соққан жүрек дүрсілін, жастыққа тән ыстық сезімнің дүрсілін сеземіз. Павлодар трактор жасаушылар сарайында облысымыздың  50 жылдығына арналған облысаралық айтыс өтті. Оған көршілес облыстардан да ақындар қатысты. Көкшетаулық  Құдайберлі Мырзабеков, қарағандылық Айгүл Түсіпбекова, Жұмажан Сейтов, Тұрсынбай  Олжабаев,  Мұхамедия Ахметов, Сабыржан Ахметов, Бейсенбі Мұқажанов, Шолпан Байғалина, Қанат Шайғазин, Атымтай Құрманғалиев, Қыдырбай Бекахметов қатысты.  Мен Бейсенбімен айтысқа түстім. Айтыс сайын жүлде алу мақсат емес. Соңғы кезде екінші және үшінші орындарды иемденіп жүрмін. Өнерде жүрген әйел онша бағалана бермейді. "Байтал шауып бәйге алмайды" дейді.

            Бұхар жырау бабамыздың мына бір өлеңі еске түседі."Келеді күн жауғалы бұлт айналып, шешеннен сақау озды тіл байланып. Тұлпардан мәстек озып бәйге алғаны, дүние кеткенің бе шырқ айналып." Кейде төрешілер қанша жақсы айтысып, жеңіске жетсең де, бір ұпайға төмендетіп, бас жүлдені былай қойғанда, бірінші орынды да қимайды. Оны көріп те, біліп те, сезіп те жүрмін. Амал не? Осыған да тәуба. Көштен қалмадым, бірде сөзден ұтылып, бірде сөзімді өткізген айтыстарым тарихта қалды. Ел аузында "Шолпан ана ақынға былай деп жауап берді, сөзден  ұтып кетті, мына ақынға былай деп жауап бергенде жақсы болушы еді деген" сияқты әңгімелер ел ішінде  айтылуда. Бес саусақ бірдей емес, бірде асығың алшысынан түседі, бірде топалаң асыратын уақыт болады.

             "Достық шеңбері" атты Павлодар облысының 50 жылдығына айтыс өткізілді. Тойға Омбы, Новосибір және Алтай өлкесінен меймандар келді. Айтыстың шымылдығын алты жастағы менің қызым Айнұр мен Еркін Бейсенбаевтың баласы Дәурен ашты. Баянауылдан Жұмкен Сейітов, Екібастұздан Тұрсынбай Олжабаев, Қыдырбай Бекахметов, Краснокутскіден Бейсенбі Мұқажанов, Май ауданынан-Қанат Шайғазин, Лебяжіден-Атымтай Құрманғалиев, Павлодардан-Мұхамедия Ахметов және мен, Шолпан Байғалина қатыстық. Атымтай, Мұхамедия, Тұрсынбай және Қанат Көкшетау, Целиноград, Қарағанды, Семейден келген Мағжан Садыханов, Сембай Жансақов, Құдайберді Мырзабеков, Мұқан Сағымбаевпен айтысты.

            Маған шеттен келген ақындармен айтысу бұйырмады. Осының алдында Краснокутскінің ақыны Бейсенбі редакцияға іздеп келіп, "екеуміз айтысқа түсетін болдық, қандай дайындығың бар?"- деп келіп кеткен. Бейсенбі Чкалов совхозының "Алға" деген ауылында қой бағады, шопан. Жетістіктерін айтты. Сөйтіп, туған жерімнің жігітімен айтысуға дайындалғанмын. Біраз шумақтарды алдын ала жазып, есімде сақтап, айтысты бастап кеттім. Бейсенбі де, өзінің ауданының жетістіктерін айтып юолған соң, сұрақтардың астына алды. Журналистігімді алға тартып, біраз жерге дейін сынады. Ендігі жауаптың бәрін ойдан құрастыру керек. Айтыстың талабын бір кісідей білемін. Оның осалын жерін іздеп отырмын.

            "Сынай берсең кемшілік жойылады. Қала үшін отыз мың қой сойылады. Терісі мен құлағы жоқ қойдың басы, Дүкеніңе апарып қойылады" деп мені "Қонақасы" дүкенінде өтпей тұрған қойдың бастырымен мұқата бастады. Иә,ол шопан емес пе? Қазір қой төлдетіп жатқан кез. Мен оған дүкендегі қойдың басы арық-тұрақ өзің баққан қойдың басы шығар, соншама қойдың басын сөз қылардай не күн туды, қойдың басында қаншама көрек бар. Қалмақтың зынданында жатқанда Абылай ханды ажалдан алып қалған қу бас емес пе?-дедім де, Үйіңде ошақ оты маздап жанар, жан дарың қолаң шашын талдап тара. Сен мұнда өлең айтып жүрген кезде, Қойларын қорадағы қоздап қалар."-деп тыныс алып едім, ол маған мен асаулық бақпаймын, ісек бағамын деп сөзден тосылдырды. Журналистігімнің де, ақындығымның да сүрінген жері осы болды. Бейсенбі мені оңбай сүріндірді. Әрине былай қарағанда шыны сынып, үй құлаған жоқ. Қателіктерді жүре түзеледі. Ақынды сөзден ұту деген осы. Мұхамедиямен айтыста ол маған газетке жалған ақпар бересіңдер деп сынағанда, ...Тарта тұр шабандозым үзеңгі енді. Шығады жарыстарда түзер-кемі. Дәрігерлер қателессе қиын болар, Газетте кемшіліктер түзеледі" деп сөзден ұтқаным бар. Шынында да дәрігерлер қателеспесін. Қателессе адам өмірі қиылады. республикалық айтысқа, Жамбылдың немересі Әлімқұл Жамбылов, Халық ақыны Көкен Шәкеев, даңғыл ақын  Қалихан Алтынбаев та шақырылды. Ақындар айтысының қорытындысын  Мүбәрак Жаманбалинов жасады. Өткен жылы ғана халық ақыны атағын алған Көкен Шәкеевке шапан жабылды. Қонақ болып келген ақындарға да, біздерге де орын тағайындалмады,сый сияпат көрсетілді. Жеңіске достық жетті.  Жергілікті тоғыз ақынға Бүкілодақтық 11 фестивальдің лауреаты атағы беріліп, төсбелгілер тағылды.

***

            Табиғи таланты, қазақ поэзиясы көгіне көтеріліп, соңына мол мұра қалдырып, ұлттық өлең өнерінде бірталай жаңалық ашқан жерлес ақынымыз Сұлтанмахмұт Торайғыровтың  поэзиясы Абайдан соңғы шоқтығы биік тұлға деп танылған. Ақынның 95 жылдық мерейтойына Трактор жасаушылардың мәдениет сарайы поэзия сүйер қауымды жинады.  Көрермен қауым орнығып, төрешілер алқасы жайғасты-ау деген кезде сахна пердесі ашылып, тойға арнайы салынған ақынның әдемі портреті көрінді. Онан әрі аулақта  қазақтың ақ отауы көзге шалынды. Тойды мәдениет басқармасының бастығы Г. Колесников кіріспе сөзбен ашып, Сұлтанмахмұт ақынды зерттеп жүрген ғалым, Павлодар педагогика институтының оқытушысы Ермек Өтебаевқа сөз берді. Ғалым аға ақынның баспа жүзін көрген жайларды ғана айтып қоймай, тың фактілер мен деректерін жеткізді. Әсіресе оның көпшілік біле қоймайтын, кейінгі кезге дейін есімі атала қоймаған келіні (туған інісі Бәшеннің жолдасы) Нағима Жидебаеваны (1938 жылға дейін Шоқпытова болған) осы тойға ала келуі үлкен шежірелік олжа болды.

            Нағима Сұлтанмахмұттың әкесі Шоқпытты қадірлеп күткен, ақын өлеңдерін көп жылдар сыр сандығында сақтаған, талай естеліктерді ала келді. Облыс шеңберінде тұңғыш рет аталып отырған тойдың ерекшелігі бірінші бөлімде жергілікті ақындар өлеңдерін оқыды. қарт әнші Қайырбек Тәйкенов жырдан шашу шашты. Мейрам Ермекбаев өзі шығарған "Домбырамды қолға алсам" деген толғауын дабылдата орындап, көрермен жұртшылықтың көңіл күйін шарықтатты. Бәйге мен айтыс десе делебесі қозып, ішкен асын жерге қоятын қазақ ұлты "той десе қу бас домалайды"- дегендей мұнда тайлы-таяғымен келген. Тіпті қалаға жақын ауылдардан арнайы автобуспен келгендерде де есеп жоқ.      Айтыстың шымылдығын екі бірдей жас ақын Асығат Тұрғанбеков пен Нұргүл Әміржанова ашты. Екеуі де 7 сыныптың оқушылары болатын. Бұрын соңды айтыс өнері ересектердің еншісінде болатын. 

            Көрермен жұртшылықтың алдына бір мектептің екі бірдей қызыл галстукті  айтыскер шәкірттері Баянауыл топырағынан шыққан аталары Сұлтанмахмұтты келісті етіп  өлең құрап, кезектесіп жырлады. Бұл шәкірттер шебер ұстаз, ақын Зекебай Солтанбаев тәрбиелеп,үкілеп әкеліп жарысқа қосқан балапандары болатын. Олар өз ауылдарында айтыс өткізіп, өздерін шыңдап, облыс алдына қысылмай, емін еркін шықты. Әрине бұдан кейінақын тойына Мұхамедия Ахметов (Павлодар қаласы), Сабыржан Ахметов (Екібастұз қаласы), Шәйза Әушайыхова (Ермак қаласы),Серрік Мұхтаров (Май ауданы) Жұмажан Сейітов (Баянауыл ауданы), Ғабит Сапаров (Май ауданы),Қанат Шайғазин (Май ауданы) Бейсенбі Мұқажанов (Краснокутскі ауданы), Шолпан Байғалина (Павлодар қаласы), Атымтай Құрманғалиев (Лебяжі ауданы) сияқты айтыскерлер жұпталды. Негізі "Қызыл таң" колхозынан Қайыртас Нұрғалиев пен Павлодар совхоз техникумынан Мереке Сейітқалиев айтысқа түсті. Мұнан кейін Екібастұздан Серік Құсанбаев аудандасы Тұрсынбай Олжабаевпен шықты. Качиры ауданынан Қайырбай Бейсенбаев пен шарбақтылық Ораз Кәменовтер тұңғыш рет айтысқа қатысты. Айтыстың  сапасы жағын айтатын болсақ, 18 ақынға бір тақырып ,Сұлтанмахмұттың өмірі мен творчествосын насихаттау болатын.

            Бұл таныс тақырып оңай секілді болғанымен,өзгені қайталамай,үніңді көрсетіп,өз ойыңна жырлаумен қатар, қарсыласыңа жауап қайтара білу, оның сөзін іліп әкету, одан әрі жалғастыру қажет. Әрине ақындар бұл тақырыпты шама-шарқынша игергені  қазіргі қайта құруды жырлауда осалдық танытты. Ғабит: Сен де айтыстың Толағайы едің ақын ағаға арнаған жырыңды төкші деп" кезек бергенде.  Баянауылдан келген Жұмажан ақын Машһүр Жүсіп, Жаяу Мұса және той иесіне бірер шумақ арнады да, өзбек туысқандардың Хамза ақынға  арнаған  фильмінде бір фильм түсіре алмадық деп өкініш білдірді. Атымтай екеуміз қыз бен жігіт айтысын жасадық. Әрине толғау да, самғау да болды. Қыз бен жігіттің арасындағы әзілге де кезек берілді. Атымтай Сара ақынға теңеді. Мен оған Біржанның ілтипаты мен Сараға деген назы қайда, Біржан Сараға не деп еді дегенімде сөзден тосылды. Сонымен айтыс мәреге жетті. Айтыскерлер тақырыпты еркін игеріп қана қоймай, тіпті өз тарихында болған ақтаңдақ оқиғаға тоқталып, Сұлтанмахмұт творчествосының  бертінге дейін өз бағасын алмауы, белгілі даталары 80-90 жылдығының аталмауы  сол ақтаңдақтың, тоқырау кезеңінің зардабы екенін сөз етті. Ақындар айтысын қорытындылаған СССР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мүбәрак Жаманбалинов  жерлес ақын тойына орай өткізген  бұл айтыстың  өзгешелігі, ақындар қатарының артуы, қиын өнерге көп ақындар ымыздың шыңдалып қалғаны, тіпті ілгеріде республикалық ақындай сайысына ұялмай жіберетін жігіттеріміз бар деп  айтты.

***

            "Бірде бал, бір де у беріп өтеді өмір, жақсысымен, жаманымен көтере біл." Шығыстың жеті жұлдызының бірі Фердоуси бабамыз. 1989 жылы Наурыз мерекесі аясында Кереку қаласында Алматы, Қызылорда, Көкшетау, Орал, Қостанай және Павлодар облысы ақындарының қатысуымен республикалық ақындар семинары өтті. Семинарды Металлургтер Мәдениет сарайында халық депутаттары облыстық советі  атқару комитетінің председателі Жақсылық Ысқақов кіріспе сөзбен ашты. Билікте отырғанда қазақша сөйлемейтін ағамыз ойламаған жерден "Айранның тәтті болуы-ұйытқысынан, қымыздың дәмді болуы қорына байланысты" деп сөз бастады. "Ақындар айтысы-өнер сайысы" екенін еске салды. Әрине өнер сайысына дайындалу керек. Тәрбиелеу керек, білімді мыңды жығады, білімсіз бірді жығады. Тәлім-тәрбие керек. Бұл семинарда айтыстың тарихына шолу жасалды. Жеңбейтін, жеңілмейтін ақын жоқ. Жанақ ақын өзімен айтысқан ақындарды он алты рет жеңіпті. Қалай жеңіліс тапты, қалай жеңілді ол жеке әңгіме. Айтыстың тарланбозы Құлмамбет Жамбылдан жеңілді дейміз. Қалай? "Жамбылдың жеңіп бәйге алған жері, Жеңіліп Құлмамбеттің қалған жері. Ішегі Құлмамабеттің үзіліп қап, Осы екен бір азғантай арман жері." Қазақтың халық ақындарының революциядан бұрын даусы, атағы ең зор дегенде қазақ елінің, совет дәуірінде қазақ ақынының асқақ үні Қазақстан түгіл бүкіл одаққа, жер жүзіне жайылды.

            Көкен Шәкеев өз сөзінде "суырып салмалық табиғи құбылыс, ол біліміңе қарамайды.Туа пайда болады. Оны жану керек.Тот басады. Бітеліп қалады. Адамның құбылысында, бастан кешкен, түнде ұйықтап жатқанда ұйқас түсіңе кіреді. Ол табиғи құбылыс. Ерік Асқаров, Құдайберді Мырзабеков, Қонысбай Әбілев, Сембай Жаұзақов, Әмина Құрманәлиева, Аманай Түсіпова, Мұхаметқали Тұрсыновтар азын аулақ тәжірибелері мен көкейдегі  ойларымен бөлісті.  (Қызылорда) Жеңу мұрат емес, жеңілу ұят емес.  Мұнан кейін Павлодар педагогика институтының доценті, әдебиетші Ермек Өтебаев суырып салма ақындық өнер туралы баяндама жасады. Қазақ жерінде Ұлы Октябрь таңы атпай тұрғанның өзінде 1922 жылы Семейде айтыс өткен. Иса мен Нұрлыбектің айтысы қағазға түсірілген. 1939 жылы Алматыда айтыс өткен. Оған Алматыдан Жамбыл, Қостанайдан Нұрхан мен Сәт, Павлодардан Нұрлыбек қатысқан. Ұлы Отан соғысы жылдары да айтыс өткен.  Фашистерді жеңу үшін патриотизм керек болған. "Бәрі майдан үшін" деген ұранмен Алматыдан-Жамбыл, Қостанайдан- Нұрхан мен Сәт, Павлодардан-Нұрлыбек қатысыпты. Жиында Көкен Шәкеев пен Қостанайлық ақын Қонысбай Әбілев, дәрігер ақын Мұхамедия Ахметов және басқалары сөз алып, ақын ел қамқоршысы, өнер серісі деген пікірлер айтты.  Өнерпаз меймандар  Павлодар, Ақсу аудандарына барып, халыққа өнер көрсетіп,  ауыл-селолардың  өмір тұрмысымен танысты. Қызық думанға бөлеп, айтыс өткізді. Достық ауылы республикалық ақындармен жүздесті, айтыс өнеріне тәнті болды.

            "Наурыз. Айтыс. Павлодар" деген эмблемамен өткен айтысты Нұржан Паятов пен Бикеш Дүрманова жүргізді. Сахна төріне Қонысбай Әбілов (Қостанай), Сембай Жансақов (Семей), Құдайберді Мырзабеков (Көкшетау), Александр Кәуенов (Орал), Әмина Құрманәлиева (Семей), Мұхаметқали Торсанов (Қызылорда), (Ерік Асқаров (Алматы), Павлодардан Серік Құсанбаеав, Жұмажан Сейітов, Бейсенбі Мұқажанов, Ғабит Сапаров, Шолпан Байғалина, Қанат Шайғазин,Тұрсынбай Олжабаев және Мұхамедия Ахметов шықты. Мен Ерікпен айтыстым. Айтыскер ақын қарсыласының осал жерін іздеп, сөзден сүріндіруді ойлайды. Ерік тәжірибелі жазба ақын. Айтыста мақамы мен домбыра тартысы төмен болса да, сөзден ұтты. Мені де тығырыққа тіреді. Жамбас қалтасынан шақшасын алып, насыбай атты. Жеңгей деп отырып, "жеңгесінің бір саны қайнысыныкі" деп тиісті. Жауап беріп, қармаққа ілінгенше, ол сөзге жауап іздегім келмеді. Табан астында ойға ештеңе түспеді. Ұзын сөздің қысқасы Еріктен ұтылдым. Көп сұрақтары жауапсыз қалды. Ерік Павлодар қаласының атауы туралы былай деді. Егер де қолдасаңдар намыс атын. Кезі ғой шындық үшін алысатын. Дәл қазір сәті түсіп тұрған жоқ па? Қалаға бере қояр Қаныш атын" деп өз пікірін білдірді. Ерік бұл шумақты жайдан жай айта салған жоқ, Қаныш Сәтбаевтың туғанына 90 жыл толды. Облыс жұртшылығы атаулы мерейтойға дайындық жүргізіп жатқан болатын. Тіпті қалада ғалымның атында көше атауы да берілмегені,  жерлестері бізге сын. Ақын сөз зергері ғана емес, әділ сыншы. Әлеуметтік мәселені қозғап, халық атынан айтатын қоғам өкілі. Ерік Павлодар облысының экологиялық ыластануы жайлы айтып, Семей полигонында жарылыс болғанда  "Меңдуана жегендей болып жүрміз" деп  ащы шындықты айтты. Айтыс екі күнге созылды. Мейман ақындар облыстық телевизияға сұхбат берді. Негізі бұл айтысты Павлодар ақындары үшін көкшетаулық Көкен Шәкеев басқарып, ұйымдастырды. Жаз айында Көкен Шәкеев Көкшетаудағы ақындар мектебінің тұсауын кесіп, шығармашылық кеш ұйымдастырды. Маған арнайы шақырту жіберді.

***

            Адам қай кезде ақын болады, қай кезде өлең жазады. Қуану мен кектену, жан қиналу, жүрекке сыймаған ойды  айтып салу үшін өлең  қажет. Өмірде өзің бар жерде өлеңің бар, әнің бар, өзгеге болмаса да өзіңе өзің өнерпазсың. Өнерпаз болу-Алладан. Ол Алланың елін, жұртын жалпақ жалғанға таныту үшін жаратқан тұлғасы, тұлғаларды сақтау, қолдау керек,-депті Ататүрік. Айтыс -қазақтың төл өнері. Басқа ұлттың пешенесіне  жазылмаған  өнердің төресі. Айтыстың өн бойынан өнердің түр-түрлері кездеседі. Қоңыр домбыраны күмбірлете ойнатып, айналадағы құбылысты сөздің майын тамыза суреттеп беру, түрлі теңеулер арқылы тыңдаушының жүрегіне жол табудың өзі бір өнер болса, музыка, әншілік, философия,сын, әртістік қабілет, импровизация, поэзия да осы өнердің ішінде. Олай болса осының бәрін бойына дарыта білген айтыскердің жеке басы бір-бірімен үндесіп,бір-біріне сәйкес келіп жатуы керек. Ақынның аузын ашса жүрегі көрінетіндей таза, өңі сұлу, домбыра ойнау шеберлігі және әуезді үні,көрерменге , тыңдаушының сезімін селт еткізетін сезімталдығы, айтқыштығы, тапқырлығы, байқампаздығы, қарсыласының осал жерінен ұстап,сүріндіретін әдіс-тәсілдері болуы керек. Әрине бұл айтып отырғанымыз айтысты зерттеп жүрген, айтысты түсінетін адамдарға жаңалық емес.

            Домбыра ұстағандардың немесе өлең жазып жүргендердің бәрі бірдей әлгі айтқандарымыз тал бойында болмаса айтыскер ақын деген ардақты атты алып жүре алмайды. Айтыс ақындарының қасиеті сүйекпен келеді. Оның ата-тегінде немесе нағашы жұртында осы өнердің бір ұшқыны болуы лазым. Айтыс ақынының тағы бір ерекше қасиеті  ол өзін көпшіліктің алдында еркін ұстап, дүйім аузына қарата білуінде жатыр.  Баянауылдық ақын Жұмажан "Егер маған Бейсенбі домбыра тартысын, Серіктің даусын, Шолпанның Жүрегін берсе мен Исадай дауылпаз болар едім" деген болатын. Жұмажанның өлеңдері мықты. Ол өзі айтыста айтқан шумақтарын табан асты қайталап береді. Жаңа жазған өлеңдерін жатқа біледі. Құймақұлақтығы ересен. Алайда өзі айтқандай жаңағы жағынан кемшін түсіп жатады. Бәйгеден жаратылмаған "торы аттай жайдақ" қалады.

            1991 жылдың наурыз айында облыстық мәдениет комитеті Алматыға наурыз айтысына жіберді. Бұл айтысқа Әселхан, Абаш, Жадыра, Алтынгүл, Жұмкен, Қанат, Айнаш, Талғат, Ермек, Алмагүл, Сағынтай, Бек және мен қатыстым. Айтыс Қазақконцертте өтті. Алматыда да Керекуліктерді қолдайтын, жанашырлар, жырын тыңдайтын жерлестер табылды. Олар әрбір айтылған шумақтарға қол соғып қолдап, әнімізді аспандатты. Халықтың қолдауын көрген ақынның шабыт үстіне шабыт қосылды. Мен де "Бұқардай абыз шыққан дана елдің, жыр нәрін бірге өзіммен ала келдім. Алматы қабыл алшы жыр сәлемін,  Кешегі Иса, Майра  туған жердің. Мен өзім қала емес, қыр қызымын, Тобылғы төскейінің құндызымын. Әзірге Керекудің жырға құмар, Маңдайға басқан жалғыз жұлдызымын,-деп өзімді таныстырдым. Иә, жақсылық суға батпас, бір шығар тегін жатпас. Маған  жақсылық жасалды. Кешегі мені оқытып, білім берген, журналист етіп шығарған Алматы,асқаралы Алатауым құшақ жая қарсы алды. Қуанышқа бөледі. Наурыздағы шын жүректен шыққан тілектерім қабыл болды. Бас бәйгені алмасам да, жүлдегерлер қатарында болдым. Осы айтыста Шымкентке халықаралық айтысқа шақырту алдым. Мен қазір нағыз айтыскер ақын болып шарықтап кетпесем де, талабым таудай, көрер қызығым да, алар асуым да алда екенін сезіндім.

***

            Мәдени-спорт кешеніне жиналған халықта есеп жоқ. Бәрінің жүздері жарқын, қазақтың ұлттық киімін киген қыз-жігіттер ерекше дараланып көрінеді. Сымбат та, сұлулық та ,ұлттық дәстүр десолардың тұл бойына құйылғандай. Ақшаңқан қызылды-жасыл, ою-өрнекпен әшекейленген киіз үйлердің іші-кірсе шыққысыз. Төрге текемет, сырмақ төселіп жүк аяққа қыздардың әсемдете жинаған төсек-орны қазақ жұртының қайталанбайтын, басқаға ұқсамайтын дәстүрін, ғұрыпын паш еткендей.  Ақын тойына келген бала-шаға, қыз-келіншек, еңкейген қарттар да кербез керілген киіз үйлер мен домбыра ұмстаған ән салған, күй тартқан ауыл жастарын қошеметтеумен , қызықтаумен әлек.

            Естайдың қыстауы-Ақкөлде, жайлауы-Итмұрын, "Бестөбе" сонымен бірге  "Көкқайырған" деген көлді жер, көделі жер болса керек.  Мүгедек әкесі айтарлықтай дәулетті болмағандықтан, Естайды күйлі ағасының қолына береді. Мұқтажсыз өмір Естайдың болашағы үшін өте үлкен роль атқарады. Павлодар уезінің жерінде аты әйгілі Біржан сал, Ақан сері сияқты әншілерді білмейтін, әнді құрметтемейтін кісі сирек болатын. Естайдың есейіп өнер жолында ерте ержетуіне осы әнші,ақындар себепкер болады. Естай бұғанасы қатып, өзінің өскен жерінде бірқатар уақыт болып, әнші деген атаққа іліккен соң, сапарға шығуға талпынады. Бірінші ат басын тіреген жері-Маралды болады. Осы өңірде талай думанға қатынасып жүріп, Естай Сұлтан байдың Хұсни және Қорлан атты бойжеткен қыздармен танысады. Өзі сері, өзі әнші, өзі ақын Естай бірден Қорланға ұнайды. Алайда қос ғашық арманына жете алмайды.Естай  күйзедіс үстінде "Хорлан" әнін шығарды.Бітпес махаббат жарасн ақын -композитор "Хорланның сипаты" деген тағы бір әнмен баспақ болады.Кейіннен"Ашу-пышақ","Майда қоңыр" және басқа да өлеңдерін шығарады.

            Әнші композиторға арналған мереке ақындар айтысымен жалғасты. Жас жүректің лүпілін қасиетті де киелі махаббатты,ғашықтық отын бір жүзіктің зәредей шеңберіне сыйғызған ақын Естайды жырға қосу, өлең сөздің құдіретін көрсету айтыскерлерге бұйырды. Өзара айтысқа түскен ақындар қиыннан қиыстырып,сөз құдіретін тиімді пайдаланды.Ұтымды да тартымды өлең шумақтарына көрермен қошемет көрсетті. Ақындардың басым көпшілігі аудандарындағы еңбек дүбірін,қайта құру мен демократияның салтанатын, кейбір тұрмыстағы көлеңкелі қалтарыстарды тура айтып,қызыл тілге ерік беріп,домбыраның қос ішегіншабыттана шерткен болатын. Ана тілінде сөйлеу, мектептерде ұлт тіліндешәкірттердің білім-тәрбие алуы бүгінгі күннің өзекті мәселесі.  .

            Тілді, ұлттық дәстүрді қалыптастырып, жалғастырайық. Ескінің асыл сынығы болса, алақанға сап, аялап, көнекөз қарияларға құлақ түрейік.-десті. Жергілікті ақын Бейсенбі Мұқажанов пен Серік Құсанбаев айтысты. Мен Амангелді Асқаровпен айтысқа түстім. Бұл жігіт ауыл арасында күй тартып, ән айтып жүргені болмаса бұрындар айтысқа түспеген болатын. Дегенмен  намысты қолдан бермеді. Ол маған  " Өлең бар Хорлан жайлы көп жазылған, Өтеді бір-ақ күндей мына жалған. Өзіңді Хорланға мен теңеп едім,Шолпан-ау айтшы сенде бар ма арман?- деп мені махаббат тақырыбын жырлауға шақырды. Әрине жауаптасып айтыспаса, сөзден де мән кетеді. Менің  көбірек тоқталған тақырыбым, жер-су аттары аттары болды. Кеңес Одағының батыры Серікбай Мүткеновтың туған жері Валерий Чкаловты, "Спартак", "Ленинградский атауларын сынға алдым. Тағы да ой тастаймыз біз халыққа,Тарихтан ауылдарда із қалыппа? Естайдың аты неге берілмейді, Атаусыз қалған совхоз Ждановқа!" дедім. Шынында да Естай мен Серікбайдың есімдері ауылдарға сұранып тұр. Ал айтыс ақыны, кеше өзіміз көзіміз көрген айтыскер ақын Қимадиден де ұмыт қалуға тиіс емес. "Ақыны Чкаловтың Қимадиден, Атағы айтыстағы тарап кеткен.Алматыда айтысып Көкенменен, Басына құндыз бөрік сыйға киген."-дегенімде бүкіл көрермен қол соқты.  Айтыста көп ойлар айтылды. Әрине айтылған сөз,атылған оқ. Болашақта нәтижесін көретін боламыз. 

***

            Жеңгем Алтынай атақты ақын Құдайберген Әлcейітовтың інісі Шайхының қызы. Құдайберген ақын жайында ел аузында қалған деректер көп. Иса ақынның ұстазы. Айтыскер. Атақты "Желдірме" атты әнін термешілер айтып жүр. Өзі ақын, өзі композитор. Ақын ағамыз Қимадиден Нығымановтың есімін қойған. Құдайбергеннің өз кіндігінен екі қыз бар. Бірі Сәруар. Екіншісі Дәметкен. Бұл екі апалы сіңлілермен Алтынайдың шешелері бір. Яғни Құдайберген қайтыс болғаннан кейін Шайхыға әмеңгерлікпен қосқан. Өз басым Құдайберген ақынның әйелі Батиханы кішкентай кезімде көрдім. Онда бұл кісі атақты Құдайбергеннің әйелі болғанын білмедім. Өмірбаяндық деректерге келгенде түсінігім аз болатын. Сәруардың жолдасы Сембай домбырашы еді. Құдайберген ақынның өлеңдері деп домбыраға қосылып айтатын әндері есімде. Кейін ағам Нөкеш әкемнің бір топ өлеңдерін осы кісіге беріп жіберді. Содан кейін дәптер түгіл, қандай әндері болғанын да біле алмай қалдым. Үшті-күйлі жоғалды. Ал Дәметкен деген қызы Трофимовка совхозының Жайлауғаш ауылында тұрмыста болды. Жұматай жолдасы тракторшы. Дәметкен маған газетке бер деп,  әкесі туралы жазылған материалды әкеп берді. Мақаланы қорытып, газетке бердім.

            ...Мен,-деп жазыпты, қазақтың атақты ақиық ақындарының бірі Құдайберген Әлсейітовтың кенже қызы боламын. Ол кісінің артында қалған ұлы болмаса да, ұрпағы бар. Ол-мен едім. Құдайға шүкір, он балам бар. Соның ішінде үш егіздің сыңары Бибігүлім ақындар айтысына қатысады. Әкемнің өзі жасаған құрастырмалы домбырасын мұражайға тапсырып жібергеннен кейін домбыра тартып, ән салуын, айтысқа қатысуын қойып кетті. Ал, егіздің сыңары Амангелді ауылда мұғалім, ән сабағынан дәріс береді. Ол да әнші. Атасының өлеңіне ән жазып айтып жүреді. Бұл балам атасының домбырасын айнытпай жасап алып, елде өтетін ойын-сауықтарға қатысып жүр. Бар үмітім осы екі баламда. Жалпы кенже қызым да, өзге балаларым да өнерден кенде емес, бәрі де домбыра тартады. Енді айтайын дегенім, әкемнің тағы бір туысы табылды. Ол-облысымызға белгілі боп отырған кәсіби халық емшісі -Мәриям Арынқызы Тоқсейітова Әкемнің 110 жылдық торқалы тойына қатыса алмаған осы сіңлімнің атасы Тоқсейіт әкемнің ет жақын туысы еді. Кезінде дәм-тұздары араласып, туғандай боп кеткенін үлкендерден еститінмін. Сол сіңлім бізді өзі тауып алды.Арнайы шақырып, облыс орталығындағы туыстармен таныстырып, балам Аманкелдінің иығына шапан жауып, басына тақия кигізді. 1 мамыр күні үш егіз баламның туған күнін өзі атап өтіп, әкемнің әнін айтып, өлеңдерін оқып, бір жасап қалдық. Мәриям Бибігүлімді емдеп, өзімен бірге Алматыға алып кетті.

            "Бұлақтың көзін ашып, Алматыдағы үлкен ақындарға, атақты адамдарға көрсетіп, өзім тәрбиелеймін" дейді жанашыр туысымыз. Ол Аманкелдінің де өнерін жетілдіре түссем дейді. Ендеше осындай ұрпақтары бар атақты ақынның рухы мәңгі жасай береді. Әкемнің 110 жылдығын тойлауға ат салысып, қамқорлық жасаған бір топ ер азаматтарға өзіміздің сүйікті газетіміз арқылы аналық алғысымды айта кетуді жөн көрдім. "Сарыарқа самалы" газетінің редкторы Ә. Мұхамеджанов пен оның орынбасары Т.Қоңыровқа, павлодарлық жазушы, әкем туралы деректерді жинаушы Х. Асқаров пен Абылай Ахметовке, М. Бахтияров пен М. Жаманбалиновке, С. Шектібай мен Ермек, Ғалымбек Жұматовтарға, Железинка ауылынан Шәріп, Омбы облысынан Уәш ақсақалдарға әкемнің басын көтеріп, ас беруге қол ұштарын беріп, жанашырлық, қамқорлық көрсеткен барлық азаматтарға алғысымды айтамын.Тарихи тұлғаларды еске алып, жаңғыртып отырмаса ұмыт қалары сөзсіз. Келешекте кітап жазылуы да мүмкін. Әй,қайдам... Кітапты кім оқиды, кімге керек?

***

            Тамыз айында Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар қаласына  Мағжан Жұмабаевтың мерейтойлық айтысы өтті. Мені және тағы бір-екі ақынды поездан күтіп алған соң, бізді Булаев ауданының Молодежгный совхозына апарды. Сарытомар дене жердің жайлауына киіз үйлер тігіліп, бәйге өткізілді. Айтысқа Алматыдан Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Сәкен Жүнісов, ақын Ғафу Қайырбеков, Рахманқұл Бердібаев,ақын Серік Тұрғанбеков келді. Қазақ ақыны Мағжан ірі ғалым, лингвист, әдебиет зерттеуші, тюрколог, дарынды ақын-аудармашы. Кезінде ақындығымен халқымызға мәшһүр болған Мағжан Жұмабаев проза саласында да қолтаңбасын қалдырған.  "Шолпанның күнәсі" деген прозалық шығармасы 1922 жылы "Шолпан" жорналының бесінші, 1923 жылы алтыншы, жетінші, сегізінші нөмірлерінде жарық көрген. Бұл әңгімеге  де Мағжан поэзиясының романтикалық сарыны, нәзіктігі, сезімталдығымен қатар психологиялық тереңдігі зерттеуде айтылады. Көшке Кемеңгеров кезінде "қазақ әдебиетіне тойып секіретін күн әлі туған жоқ." депті. 1926 жылы ұлттық әдебиетіміздің айналасында айтыс-тартыстар көбейіп, кейбір талантты ақын-жазушыларымыз "байшыл","ұлтшыл" деген сыңаржақ сындарға ұшырай бастаған тұс болса керек.Келген ақындардың ішінде мен Бүркіт Бекмағанбетовты танимын. Ол қазақ радиосында диктор. Көкшетаудан журналист Есекеев Жұмабай, Қабдолла Қожабеков, Кеңес Тыныбаев, Баян Темірбаева, Нұрлан Қасымов сияқты ақындар айтысқа шықты.

            Мен Қабдолла Қожабековпен айтыстым. Қабдолла жаттап келген шумақтарын айтып біткен соң, менің қойған сұрақтарыма жауап таппай қиналды. Сондықтан ба, қазылар алқасы маған ұпай санын көтеріп қойды. Бәлкім менің "Ертістің толқынындай өлең-жырым. Мендағы Арқа  елінің бір қызымын.Тойына Мағжан ақын келіп қалдым. Тартқан соң Сасықкөлің, дәмің - тұзың. Бесігі болған Арқа талай ердің, Абайдан кейін туған Мағжан едің. Жүсіпбек Аймауытов туған жердің, Сағынышты сәлемін ала келдім. Деген кезде отырған көрермендер қол соқты.Тағы да осындай әдемі шумақтармен Мағжанды жырладым."Батыр Баянды" айтып өттім. Тақырыпты аштым. Айтысқа шығу үшін әрине бап керек. Іштей дайындықтар мен оқусыз айтысқа түсу далбаса. Жауапкершілікті сезіне білмесең, бос әурешілік. "Апам тойға барады екен, мен де барамын" дегенге болмайды. Ел намысын, қыздың намысын қорғауға,әйелдер проблемасын көтеруге білім және жиі-жиі  айтысып, сынға түсу керек. Әйтпесе қарайып, тоқырап қаласың, ізденбейсің. Өлең ұйқаспен, образбен берілетін сұлу өнер. Ерік Асқаров осы айтыста бірінші орынның сыйлығын маған табыс етті. Өзі айтысқа түспеді Негізі Ерік қылжақбас жігіт. Қыздарға қырғидай тиеді. Бұл жолы  қойдан да жуас, моп-момақан болып қазылар алқасында отырды. Елінде әдептен озбайын деді ме? Әлде топ ішінде семьясы болды ма екен?. Әйтеуір қасыма жоламады.Мағжанның тойы біткен соң,  Қызылжарға келіп,  базарға бардым, көрікті  жерлерін араладым.  Алматыда Қаз Гу-де бірге оқыған Күлбағила Өмірбаеваны іздедім. Бір алыс аудандық газетте редактор болып қызмет жасайды,-деді. Уақыт тығыз болғандықтан, көп-кешікпей Керекуге оралдым.

***

            Сексенінші жылдары газетке мақала жазамын деп, Баянауылға барғанымда  бір ақсақалмен әңгімелестім. Қазақ деген халық отан үшін отқа түседі, партия десе жанын береді. 1946 жылы Павлодар қалалық атқару комитетінде Социалистік Еңбек Ері Шайдахмет Серғазин төраға болыпты. Міне осы кісі соғыс жылдары партия қатарына өткен, майдангер Қабылбек Шәкіров туралы айтыпты. Қабылбек шағын денелі, елгезек, ақкөңіл адам екен. Бірде оған немістердің шебінен тіл алып келуге тапсырма береді. Еңгезердей немісті алдына салып алып келе жатқанын көрген қаруластары  күлкіге айналдырыпты. Майдандық газетке шыққан кезде жігіттер "Мынаны сен әкелген жоқсың, ол сені әкеліп тастауға көмектескен болар,-десе -Иә,мен әкелген жоқпын, менің партиялық арым әкелді, менің күшім әкелген жоқ, менің партиялық рухым әкелді,-депті. Иә біздің аталарымыз партияға имандай сенді, өз ісіне адал болды ғой.

            Ертеректе көктемде, қар суымен молығып, кең арнасынан асып-тасып, үйдей-үйдей сеңдерді көш керуеніндей жосылтып, бірін-бірі қуалаған Ертістің ақжал толқындары өзінің гүрілімен мұқым елдің назарын тартып, екпінімен тыныс кеңейткен самал лебін әкеліп, еңсені көтеріп, тастайтын еді. Қазақ Республикасы мен Қазақстан Компартиясының 70 жылдығына арналып өткізілген облыстық ақындар айтысы бұған қатысып, тамашалаған жұртқа дәл осылай әсер етті.  Жыр додасына Семей, Целиноград, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Омбы облыстары мен Алтай өлкесінің ақындары шақырылды. Шығыс Қазақстан мен Қостанайдан ақындар келе алмады.  Айтыс өтетін күннің алдында ақындарды Павлодар облыстық партия комиетінің секретары қабылдап, жыр сайысында қажымас қайрат, талмас қанат тіледі. Көршілес Омбыдан облыстық мәдениет бөлімі халық творчествосы ғылыми-методикалық орталығының аға методисі Майра Әлжанова басқарып келген бір топ өнерпаздар болды. Айтысқа 12 жұп шығатын болды. Кереку өңірінен 19 ақын қатысты.  Кіріспе сөзді Халық депутаттары облыстық советі атқару комитетінің төрағасы Жақсылық Ысқақов ашып, жыр сайысының мән-жәйін тұжырымды баяндап,  қайта құру, жариялылық кезеңінде қазақтың дүлділ өнеріне біздің Ертіс өңірінде бетбұрыс болғаны, нәтижесінде таяуда Алматыда болып өткен республикалық "Наурыз" айтысында Серік Құсанбаев бас бәйге-бірінші жүлдеге ие болып, жеңімпаз болып оралғанын айтты. Алайда "Жалғыз қаздың үні шықпас, дегендей бізді бұл әлі де қанағаттандырмайды. Ақындарымыз республикалық жыр төріне тобымен барып, облыс намысын қорғауы керек. Теңдесі болмаған төкпе ақын Құдайберген, Иса мен өршіл Жаяу Мұса дүниеге келген топырақ талай тарландарды тудырары анық. Және осындай жыр бәйгісінде таланттардың жұлдызы жанады. Іске сәт-деді Жақсылық Ғабдоллаұлы.

            Айтыс басталды. Екі күн бойы ақындар жырмен шашу шашты. Бибігүл Уақбаева( Качиры)-Қайрат Сабырбаев ( Павлодар ауданы), Ерсайын Кетіков (Железинка)-Асығат Тұрғанбеков (Баянауыл), Бейсенбі Мұқажанов (Краснокутскі)-Сабыржан Ахметов (Екібастұз), Сансызбай Абдуллин (Ермак)-Сапарғали Күркебаев (Ертіс), Жастілек Қалиев (Железинка)-Бахридан Аушахманов (Ертіс), Серік Құсанбаев (Павлодар)-Қанат Шайғазин (Май), Аманкелді Асқаров (Краснокутскі) -Қаршыға Тәйкенов (Май), Жұмажан Сейітов(Баянауыл)-Шолпан Байғалина (Павлодар), Аманкелді Жүсіпов )Омбы)-Мұратбек Смағұлов (Павлодар) айтысты. Екі күн бойы болған айтыс қорытындысында сегіз ақын финалға шықты. Олар Серік Құсанбаев, Сабыржан Ахметов, Тұрсынбай Олжабаев, Мұратбек Смағұлов, Шолпан Байғалина,Амангелді Асқаров, Мағжан Садықанов, Жұмажан Сейітов финалда күш сынасты.  Үш күнге созылған айтыс (екінші айналым мен финалды қосқанда) тыңдаушысын жалықтырмай, ынтықтырып, құмарландырып отырды.             Дүрілдетіп, селдетіп, жыр нөсерінің жауып өткенін сезбей  де қалғандаймыз. Жыр көркемдігі  жоғары, әрі орындаушылық шеберлігі тәуір осы айтыс көрнекі айтыс болды. Мұнда жергілікті өмірдің хал-ахуалы , әлеуметтік мәселелер кеңінен қамтылды. Шахтерлер қаласының қазақ тілінде қалалық газет шығару, атақты бабамыз Бұһар Жырауға бір көшенің атын қойып, қадірлеу,экологияның нашарлығы, бәрі айтылды. Үндерін үйлестіріп, ұзақ айтысқан Сабыржан мен Бейсенбінің айтысында бос сөз болмады, негізінен қайымдасу болды. "Айдынымның жарқ еткен жұлдызы едің, көрінбей қайда жүрсің, айналайын! деп Бейсенбі сұрау салғанда Сабыржан ...Арманның асылдығын байқар едім, Жыр көгіне самғауға қайта келдім. Тұзағынан сытылып "тозақтардың", Сағынышты саздарымды айта келдім, "деп айтысқа келуге талай бөгет жасаған жергілікті басшылардың тоңмойындығы себеп болғанын айтып жауап берді. Бұл жұптың озықтығы біреуі, бір мәселені қозғаса, екіншісі кейбіреулердей кезегі берілгенде өз жаттандысымен төпелей бермей, әлгі тақырыпты іліп алып, жауап беріп, қарсы сұрақ қойып, көзқарасын жасырмай батыл айтып отырды.

            Менімен айтысқа түскен Аманкелді Асқаровтың бұл айтысқа дайындықсыз келгені бірден аңғарылды. Әрине жаттанды шумақтармен ұзай алмайтынымыз белгілі. Мен оған Павлодар қаласының бұрынғы атауы қалай болып еді деп, жәй сұрай салған едім, ол мүдіріп, жауап таба алмады. Бәлкім өлеңін ұйқасқа құра алмады ма, әлде бала да, шаға да "Кереку" деген атауды білгенімен оның білмеуі мүмкін емес еді. Сұңғылалық-білгеніңді жеткізе білу, біліміңді тереңдету. Білімсіз, дайындықсыз, айтысқа шығу- желді күні ескексіз қайықпен дарияға шығумен тең. Айтыс біткен соң, Қарағандыдан кешігіп жеткен Аманжол Әлтаев Серікпен көрнекілік ретінде айтысқа түсті. Өкініштісі, осы бір жыр дүлдүлі болғалы тұрған жас талант біздің жігіттермен құмардан шығып, қақтығыса алмады. Бірақ алдағы Иса ақынның 90 жылдығына осы сапарда шақырылған қарағандылық жас ақынның өнерін көрермендер көретін болды. Сонымен Серік Құсанбаевқа Иса Байзақов атындағы, Сабыржанға Жаяу Мұса атындағы жүлде беріліп, сәйгүлік ат сыйға тартылды. Бейсенбі Мұқажанов Нұрлыбек атындағы (түрлі-түсті телевизор), Жұмажан Сейітов  Қимадиден Нығыманов атындағы (түрлі-түсті телевизор), Қанат Шайғазин  Естай атындағы  магнитофон), Асығат Тұрғанбеков облыстық телевизия және радио комитетінің жүлдесі (магнитофон), Тұрсынбай Олжабаев Байғали Жылқыбаев (магнитофон), Шолпан Байғалина Жүсіпбек Аймауытов  атындағы жүлде (кілем)Мұратбек Смағұлов  пен Аманкелді Асқаровқа көтермелеу сыйлықтары табыс етілді. Айтысты қорытындылаған Жақсылық Ысқақов "Ұлықпан Хакім өзінің әрбір сәтті, ерекше әңгіме  дүкен құрған отырыстарын мың жасқа санаса, осы үш күндік  айтысқа қатысып, рухани ләззатқа бөленген облыс тұрғындары да  бір жасап қалды,-деді.

***

              Тракторжасаушылардың мәдениет сарайында Қазақ халқының батырлары құрметіне айтыс өтті. Кіріспе сөз сөйлеу облыстық мәдениет басқармасының басшысы Мұхит Омаровқа бұйырды. Мұхтар Байжұманов пен Талжібек Атамбекова айтыстың тізгінін ұстап, жүргізіп отырды. Бұл айтысқа Көкшетаудан Баянғали Әлімжанов, Атыраудан Салауат Исахаев,  Алматыдан Ерік Асқаров және Қарағандыдан Аманжол Әлтаев, Шымкенттен Жәкен Омаров Талдықорғаннан Айтақын Бұлғақов, Қапар Ақылбеков,  Көкшетаудан Құдайберді Мырзабеков, Семейден Қайрат Сабырбаев, Қарағандыдан Қойлыбай Асанов,  Шымкенттен Қаныбек Сарыбаев, Ақмоладан Нұрболат Бекетаев келді.  Мен  Нұрболат Бекетаевпен айтыстым. Үш күнгі айтыста Павлодар қаласының атауына, ел мен жерге, әлеуметтік мәслелерге қатысты сын, пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Қазақ батырларының рухы жырланды.

            Бас жүлдеге қойылған автокөлікке талас басталды.       Ұпай жағынан тең түскен Серік Құсанбаев пен Құдайберді Мырзабеков финалға шықты. Әдемі сөз тіркестері, терең ойлармен, тапқыр жауаптар, бірін-бірі қолдай отырып, қарсыласының осал жеріне тиісу сияқты көріністер көп болды. Мәселен Құдайберді Көкштаудың сұлу табиғатын емес, оның экологиялық  мүшкіл жағдайын көбірек сөз етсе, Серік "халық жауы" атанып кеткен арыстарымыз Әлихан, Мағжан, Жүсіпбектер, Шәкарім, Сәкен, Ильяс,Тұрар туралы толғады.  Екі ақын 45 минут айтысты,тартысты. Сөз сайысында екеуі де  бірінен бірі ұтылмады. 24 ақынның бағасын беріп, лайықты жүлделер белгілеуге кеткен әділ қазылар алқасын жиналған жанкүйерлер ұзақ күтті. Облыстық  "Қазақ тілі" қоғамының төрағасы Айтбай Алдоңғаровтың айтуы бойынша бас жүлдеге осы қоғам "Жигули"  жеңіл көлігін тіккен болатын. Талас-тартыстың соңында Абылайхан атындағы бас жүлде "Жигули" Көкшетаулық ақын Құдайберді Мырзабековке бұйырды. Осы кезде Ерік Асқаров залда отырған көрермендерге байғазы ретінде, сүйіншіге ақшадан шашу шашты. Негізінен барлық ақындарға батырлар атындағы жүлделер берілді. Ас беру тойына ұзақ толғауын арнаған жезқазғандық ақын Шынболат Ділдәбаевқа Гауһар батыр жүлдесі, әнші-термеші Гүлмайдан Сүндетоваға Олжабай атындағы, Жәнібек Мәліковке Наурызбай батыр атындағы жүлделер табыс етілді. Айтысты облыстық әдебиет және өнер мұражайының ғылыми қызметкері Айтжан Бәделханов қорытындылады.

***

            Отыз бес жыл қазақ әдебиетінің ыстығына күйіп, суығына тоңып, қуанышын да, күйінішін де бір кісідей басынан кешірген, нар көтерер жүгін көтеріп келе жатқан, белгілі жазушы, жерлесіміз  Рамазан Тоқтаров Павлодарға келіп, өзінің алпыс жылдық кемел жасын атап өтті.

            Рамазан Тоқтаров 1935 жылы осы өзіміз топырағын басып жүрген Павлодар қаласында туған. Алайда жазушының шыққан тегі, атамекен қазақтың әуел бастан кие қонған, қасиет орнаған, атақты таланттарды тудырған Баянауыл өңірі. "Салса да ғасыр сынға әз халықты, тарихта салт-дәстүрлер сақталыпты. Перзентін ардақтаған ел едік біз, ортаға шақырамыз Тоқтаровты. Жеңгеміз бірге келген Сізге лайық, отбасын қарсы алайық құшақ жайып. Төрлеңіз, Сәкен Сері, Әкім аға, Хош кепсіз, топты бастап Найманбаев!-деп қонақтар сахна төріне көтерілді. "Сағынып келген кезде туған жерді, сыйладық Тоқтаровқа елден төрді. "Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді."

            Адам жазушы болып туа салмайды. Әдебиет деген айдай әлемнің төсінде өз аяқ алысы, өз шабысы, өз әсемдігі, өз сәні бар жаңа  бір өрлеу дәуірін басынан  кешкен Рамазан Тоқтаровты оқырман жақсы біледі. Қазақ прозасының негізін қалаған алыптар тобының алдын көрген қаламдас ағасы Найманбаев інісі Рамазанның табиғи талантын бағалап, еліне өзі бастап алып келуінде  де үлкен мән бар. Рамазан ағаның алғашқы тырнақалды шығармасы "Махаббат операциясы" 1960 жылдары Павлодар облыстық газетте қызмет істеген жылдары жазылып, осы газетте жарық көрді. Жазушының шығармалары терең сезімге құрылған. "Махаббат операциясы" новелласын оқығанда қатты тебіреністе боласыз. Әңгіменің басты кейіпкері -тіл құлағынан бірдей айрылған мақау қыз.  Бірақ ол туа сақау болмаған. Алматыдан келе жатқан сүйген жігіті қыздың мұндай халінен бейхабар. Бірін бірі сағына аңсаған екі жүрек кездескен кезде қыз шарасыздығынан жынданып кете жаздайды. Махаббаттың құдірет күші мақау қыздың тілін шығарады. Ертіс  бір сәт сөйлеп кеткендей. Өмір! Әнге толы, күйге толы өмір" Бұл алғашқы новелласы, шағын болса да оның жазушылық тағдырына жол ашады.

            Рамазан Тоқтаров  қалың оқушы жұртшылыққа кеңінен танымал, қазақ прозасында роман жанрын дамытуда айрықша еңбек сіңірген көрнекті жазушы. Оның"Ертіс мұхитқа құяды" деген романында соғыстан соңғы жылдары елімізде орын алған әлеуметтік мәселелер сөз болады. Семья мен қоғамның ара-қатынасындағы  қайшылықтар, кішкентай  адамдардың күнделікті мехнатқа толы күйкі өмірі. Кезінде бұл романды советтік шындыққа жатпайды деп қабылдағандар да болып еді, ал қазір оқыған адамға нағыз күйкі өмірді көресіз. Талай қиындықты бастан кешкен халық ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін, берік моралын танытты, қандай қиындықтарда да өзінің бет-бейнесі мен адамгершілік ажарын сақтап қала алды. Рамазан Тоқтаровтың шығармаларын оқыған адам, оның кәдімгі адами, күнделікті тіршілік-тірлікті, адамдар арасындағы қарым-қатынасты, қайшылықтарды көреді, ізгілік пен зұлымдық арасындағы бітіспес күрестің себеп-салдарын ашуды нысана етеді.

***

            Шымкентте атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына  95 жыл толуына орай айтыс өтті. Павлодар облысынан мен бардым. Поезға билет алып, редактордан бір аптаға сұранып, жолға шықтым. Ұзақ жолда Қажымұқан туралы деректерді пысықтап, Керекуге келгенін, әнші Майрамен кездескенін өлеңге өрдім. Негізі Керекуде Қажымұқан туралы оқитын кітап табылмады. Бізді поездан Киров ауданының мәдениет саласының қызметкерлері қарсы алды. Содан Қажымұқан атындағы ауылға алып барып, бір үйге жайғастырды. Мұнда жерге төселген дастархан мәзірі жиналмайды екен. Келген қонақтар үздік-создық, кіріп-шғып, тамақ ішіп отыра береді. Ұсақ-ұсақ ыстық тағамдар әкелінеді. Қазақтың еті келгенше әлгі тамақтарды жеп тоятын секілдісің. Қыздарға жеке бір бөлме тиді. Менімен бірге Әсия Беркенова болды. Екеуміздің жасымыз шамалас. Ертеңінде Қажымұқанның музейіне апарды. Көп деректерді осы музейден алдым.

             Музей қызметкері біз білмейтін, біз көрмеген суреттерді  көрсетті, әңгімелер айтты. Мұнда алып күш иесінің киген шапаны, ұстаған дүниелері, күреске түскен атақты палуандардың суреттері қойылған. Күн батпай тұрып  айтыс басталды. Зал көрерменге лық толды. Менімен жаңадан қосылған бір жігіт айтысқа шықты. Екеуміздің деңгейімізді көрген қазылар алқасы алыстан келген мені екінші айналымға жіберді. Бұл айналымда Шорабек Айдаровпен шығатын болдым. Жүргізуші бізді ортаға шақырғанда, сахнаға бірінші болып шықтым. Шорабек келмеді. Күтіп отырдым да, сөзімді бастап кеттім. Бір кезде қасыма келіп отыра қалды. Оның қап-қара болып, сорайып келе жатқанын көрген кезде, тіл ұшыма бір шумақ оралды. Ол былай болатын. .      ..Қайда жүрсің Шорабек құрдасым-ай, Күткізіп қойғаның не елді осылай. Сорайыып жетіп келдің жұрт алдына, Екібастың будақтаған трубасындай,-деп едім, көрермендер қыран топан күлкіге кенелді.Шорабектің әні де, өзі де өзге ақындарға ұқсамайды. Тым ерекше адам. Түріне қарасаң күлкі шақырады. Айтыстағы мақамы да, Шөке, Көкелеп отырады. Сонымен Палуанға арналған айтыстың финалы ертеңінде күндіз болды. Бас жүлдені Әсия Беркенова жеңіп алды.Әсия тұңғыш рет нағашы жұртымнан машина міндім деп қуанды. Осы айтыстың үстінде Ташкенттен келген ағайындар, Өзбекситаннан арнайы келген  қазақтар "Науаидың 550 жылдығына айтыс өткіземіз деп бүкіл ақындарды Ташкентке шақырды. Өзімізбен бірге барасыздар, баратын жерге  жеткіземіз, алып барамыз, қонақүйге жатқызамыз,-деп жабысты. Барлық мүмкіндікті жасаймыз, тек барсаңыздар болды деген соң, Абаш Кәкенов бастаған бір топ ақындар түнде ағайындар жалдаған таксимен өзбектің астанасы

            Ташкентке жол тарттық. Түнделетіп жүріп отырып, таң біліне Ташкентте болдық. Қонақүйге орналастырып, таңғы тамағымызды алдымызға қойды. Күндізгі уақытта  айтыс өтетін үлкен мәдениет сарайына алып барды. Орталықтағы жеке дара тұрған сарай ғимаратын көріп таңқалдым. Бес мың адам сиятын мәдениет үйінде өтетін айтысқа қатысқан да арманда, қатыспаған да арманда еді. Егер бұл айтысқа қатысысатын болсам, үш-төрт күн бөгелуім керек болды. Себебі айтыс екі күнге жоспарланған. Қазылар алқасының мүшелері Қазақстаннан келе жатыр деп хабарлады. Әзірге Өзбекстандағы қазақ зиялыларынан құрылған комиссия іріктеу өткізеді екен.Ташкенттен Керекуге самолет ұшатынын біліп алғанмын. Жұмыстан екі-үш күнге сұранған басым, бұл жақта жүріп қалатын сияқтымын. Қонақүйге келіп, самолетті білдім. Бүгін кешке  ұшады екен. Одан кейін екі күннен кейін самолет болады деді. Ойлана келе үйге қайтқаным дұрыс деп шештім. Павлодарға ұшатын самолетке билет алдым да, халықаралық айтысқа қатыса алмай, аэропортқа келіп, самолетке отырдым. Ташкент қаласын жол-жөнекей көрдім. Сонда да жақсы әсер алдым. Қаладағы сәулетті ғимараттар, әдемі үйлер көз тартады. Бір көшенің атауы Қазақстан деп аталады. Бұл үйлерді, қонақ үйлер мен басқа ғимараттарды  Спитакта жер сілкінісі болып өткен соң, қираған  қаланы қайта қалпына келтіру кезінде Қазақстан нан барған құрылысшылар қайырымдылық ретінде салып беріпті.

             "Құлағым қанық болған атағына, Өзбектің келіп қалдым шахарына. Армысыз айналайын асыл халқым, Сақтаған сарымайдай дәстүр салтың. Тарихта өшпестейін  із қалдырған, Тірілтіп Науаиді жатқан халқым" деп беташарын да ойлап қойғамын. Шынымды айтсам, тағы бір-екі бөгелуге редактордан ыңғайсыздандым. Жұмыстан шығарып жіберетін шығар деп қорықтым. Ташкентте болғаным көрген түсім сияқты. Бүгінгі көрген түсің, ертеңгі істейтін ісің деп айтады екен. Мен көрген-білгенімді көз алдымнан өткіздім.Қиял құшағында отырып, Керекуге қалай ұшып келгенімді сезбей қалдым. Самолет жерге қонып, сыртқа шыққанда тынысымды кең алып, Қажымұқан палуанның айтысынан алған жүлдемді қолтығыма қысып үйге келдім. Дүйсенбі күні ештеңе болмағандай жұмысқа шықтым.

***

            Көкшетауда Ақан Серінің туғанына 150 жыл толуына арналған  республикалық айтыс өтті. Оған облысымыздан Серік Құсанбаев және мен шақырылдым. Айтыс Ақанның туған жері Айыртауда өтетін болды. Мен Қанаттың жеңіл машинасымен Айнұрды бірге алып, жолға шықтық. Айнұр есейген сайын менімен бірге тойларға барып, ән айтып, елдің алғысына бөленіп жүрген талапкер әнші. Сондықтан ел көрсін, жер көрсін, айтыс өнеріне де қаныға берсін деген ниетім болды. Сәкен Жүнісовтің "Ақан Сері" романын оқығанмын. Ол әдеби көркем шығарма. Жазушы тілімен суреттелген жер жәннаты Көкшетауды өз көзіңмен көріп, сұлулығына, көрікті жерлеріне құмарта қарау бір басқа ғой. Зеренді ауданындағы Қарсақ ауылында Шәкен мен Серік тұрады. Ат басын сонда бұрдық. Осының алдында Серіктің әкесі дүние салған. Жершалғай болғандықтан көңіл айтып, бата жасап келе алмадық. Енді міне сол міндетімізді өтедік. Ертеңінде аудан орталығына барып, қонақүйге орналастық. Павлодардан Серік және облыстық атқару комитетінің төрағасы Оралбек Қожанов және тағы басқа шақырылған қонақтар келіпті. Оларды аудан әкімі өзі қарсы алып, күтіп алды деп естідім. Әр облыстан барлығы жиырма шақты атақты айтыскер ақындар келіпті.

            Мен Петропавлдан келген Қожабеков деген ақынмен айтысатын болдым. Айтыс аудандық мәдениет үйінде өтті. Кез келген ақын беташарын алдын ала дайындап алатыны белгілі. "Санамен салмақтайтын ер табылса, аталмай неге қалсын менің атым" деп Ақан Серінің өзі айтқандай Көкшетауда Ақанды ұлықтайтын ерлер табылыпты. Ақан Сері кім? ...Сызылтып аққу ән сап, қоңыр қаз қаңқылдаған, сусылдап сұқсұр үйрек ұшып, қызғыш қиқулаған айдын шалқар Қоскөлдің батыс іргесін шынтақтай Сарыкөл жатыр. Күміс кесеге тұндырған кәусардай мөлдіреген, дөп-дөңгелек. Оны Қоскөлден тасалағандай екі аралықты көлденең созыла бөліп ақ қайың мен қара тал аралас тоғай тұр. Қарауылдың Есенбай тармағынан тарайтын Малтабар атасына қараған әулеттің қонысы Қараталдың жуан мойын жылы ұядай саясына арқа тірей ірге тепкен Қорамсаның шаңырағы 1843 жылы  қоян жылы жүрек жарылғандай қуанышқа кенеліп, шаттыққа бөленді.

            Айыртау атырабының айдын көлдері, жасыл ормандары мен тізілген таулары дүниеге келген нәрестенің ащы айғайымен жаңғырыққан. Жаңыл ана бұған дейін кілең қыз көтеріп, Қорамсаның көңілін күпті қылып келсе, бұл жолы ұл бала көреді. Балаға азан шақырып ат қойылды. Есімі Ақжігіт болады. Анасы Жаңыл жан-жүрегі үзіле еркелетіп, Ақжігіт демей, Ақан, Ақаным, Ақанжаным деген, сөйте-сөйте үлкен де кіші де Ақан деп атап кеткен бүлдіршін баланы бүкіл ел еркелетті, туған жері жібек самалымен желпіп, кәусар көлі күміс толқынымен тербетіп, сыңсыған сұлу орман, сылдыраған мөлдір бұлақ, сайраған бұлбұл үнімен әлдиледі. Тал бойына азаматтық биік тұлға, ақсұңқар сипат, сырбаз сұлулық сыйлап, ойына ұшқыр қиял қанатын тақты, кеудесіне күй құйып, аузына ән мен жыр салды.         Ананың ақ сүтімен сүйегіне сіңіп, табиғат ана аса жомарттықпен дарытқан сол дарағай дарын тым ерте танылды. Қаршадайынан домбыраға жармасты. Аузына ән де ерте оралып, тілінен өлең төгілді. Жездесі Айберген  қажы абайламай баласына: "ата-бабаң ақын болып па еді?"-деп тілінен жазып қалғанында, қарсы қарап шарта жүгініп отыра қап: ...Сіздің атыңыз жылтыр, Сіздің қажыға барып, молла болғаныңыз былтыр. Ата-тегіңізден мен сөйлесем, Төрт аяғынан бірдей сылтыр...-деп салғанда жеті-сегіздер шамасындағы Ақан, жасөспірім бозбалалық дәуренге жеткен кезінде өнерінің гүлі ашылып та үлгеріп еді.

            Он саусағы күй күмбірлетіп, көмейі ән жыр ақтарады. Әзіл-қалжыңға ешкімге есе жібермейді, мірдің оғындай дөп ұрады, алмас кездіктей тіліп түседі. Біржан сал ағасынан бата алып, аға үлгісімен серілік жолға бет түзейді. Саяткерлік өнердің қызулы қызығына құмартады. Маңына әнші-жыршы, күйші, балуан, саяткер сияқты кілең өнерпаз жастарды үйірілтеді. Олардың өнерін шыңдап, үлгі-өнеге берер ұстазға айналады. Ақандар жүрген жер, ойын-той. Елінің көңілашар сауық-сайраны. Ақан ісі, Ақан сөзі, Ақан әндері Көкшетау аспаны аясында жүйрік желмен жүйіткіп, ақша бұлт қанатымен тарайды. Жас Сері бір арманынан бір арманына жетіп, дос сүйсінеді, дұшпан күйінеді. Ол Бәтимадай асыл жар құшады. Құлагердей пырақ мінеді. Аспанда атқан қазын жерден тергізген түзу мылтық ұстайды. Базараладай құмай тазы жүгіртеді. Қараторғайдай қыран бүркіт салады. Көкжендеттей "алпыс қаз, тоқсан үйрек бір күнде алған" алғыр қаршығаның қызығына кенеледі...

            Орта жүздің шалқып жүрген, елінің ерке серісі осынау қиялдағыдай бақыт пен қызықтың ғұмыры қысқа болады-ау деп қайдан ойлапты. Қасіреттің қара бұлты басына үйіріліп, қабындап, қалыңдай беріп еді. Таңдап қосылған аяулы асыл жары Бәтима он шақты-ақ жыл отасты да, арманда кетті. Ақтоқтымен қосылуға дәм жазбады. Бүкіл Атығай, Қарауылды дүрліктірген үлкен дау-шармен қосылған Ұрқиямен жұбайлық өмірі, не бары үш-ақ айда келтесінен қиылды. Қараторғай мен Көкжендеттен қапыда көз жазды. Базаралы у жеп өлді. Жанына балаған Құлагері қара ниет қарақшының қолынан мерт болды. Ақан өмірдің соншалықты аяу білмес қатыгездік пен қат-қабаттай ұрған, бірінен бірі өткен ауыр-ауыр соққысынан соң соққысын көрді. Қайғы отына өртеніп кетпей, қасіреттен шегіп бітпей , тамырынан жұлынған бәтеректей құлап, сынып түспей шыдады? Өзгеше нәзік сезімнің адамының сұлу да сырбаз әндері қалды. Ел алдындағы азаматтық парызы қалды. Соның үшін де ол, қайғыдан қайысса да, сынған жоқ. Күйзеліп, күйсінсе де, өртеніп күйіп кеткен жоқ.

            Өмірінің балауса көктемі бір күнгідей де болмастан өте шықты. Жазының да азы қалыпты. Асау жастықтың арынды қызығын қуу енді жоқ. Махаббат мөлдіріне тамсанған ынтызар көңіл халқының хал-күйіне  алаң ойдың азаматтық үніне ұласады. Қасиетті қазақ жерінің ең шұрайлысын таңдап тартып алып, қара шекпенді қара күйедей қаптатқан орыс отаршылдығының қисапсыз қиянаты қинайды. "Шіркін-ай, осынау, опасыздықты патша білсе, Петербордағы сенат білсе, жаны ашып жылар еді"-деп ойлайды. Сол күйді Омбыға келген "Николай император хазіретіне" шағына айтады. Елінің қайғы-қасіретіне қабырғасы солқылдап, күйзеле күңіреніп күрсінеді. Халқының кержалқау, әбілет ұйқы қылығына Абайша күйінеді. "Мал болма, аң болма, адам бол. Жай жатпа, қимылда, ілгері бас" -дейді. Қазақ өмірінің болмысын көре біліп, адамдардың бойындағы мінез-құлыққа даусыз дерттей жұққан жамандық пен надандықты ызалы тілдің уын төгіп шенеп-мінейді. Ақан тіліндей улы тіл пенде баласында кем де кем. Және ол ешкімнің бет-ажарына қараған емес.  Ақанның досы қандай көп болса, жауының да аз болмағаны, олардың әр түрлі өсектер таратып "өш алғандары" да болды.

            Ақан Сері  1913 жылы өмірден өтті. Артында халқымен бірге жасайтын аты қалды! Өлмес-өшпес "Сырымбет", "Мақпал", "Қараторғай", "Құлагер", "Майда қоңыр" сияқты асыл әндері қалды. Аңыздай айтылатын әңгімелері қалды. Өрнекті ойдың тұнық мөлдірінен бастау алған кестелі, ұлағатты сөзі, азаматтық нақылы қалды.

            Мен де өзімше Ақан Серіні осы мәліметтерді мұқият зерделеп алып, жырға қостым. Халық қол соғып, қошемет көрсетті. Білетінім бар білмейтінім бар, әйтеуір қарсыласымнан оқ бойы озық тұрдым.  Ертеңгі финал Айыртау жерінде далада өтеді. Оған ұпай санымен Серік Құсанбаев өтті. Кешкілікте ақындар қонақүйде бір-біріне қонақ болып, айтысып, ертеңгі күнді күттік. Бір кезде біздің ортамызға Құдайберген Мырзабековпен  Серік келді. Кішкене қызу көрінді. Келе салсымен жас қыздарға қыр көрсетіп, ойнап-күліп, құшақтап, біреуін сыртқа алып шықты. Әлгінде Серікпен бірге жасы он сегіздер шамасында бір сұлу қыз еріп келгенін байқағанмын. Серік ол қызды қалдырып, басқа бір оңтүстіктің ақынымен шығып кеткен кезде, көзі мөлдіреген жас қызға көзім түсті. Қып-қызыл болып, бір түрлі күй кешіп отырғандай әсер етті.

            Мен оларға онша мән бермедім. Қанат пен Айнұрды қалдырып кеткен бөлмеме оралдым да жатып қалдым. Тәңертең ерте тұрсақ, түнде милиция келіпті. Жауап алыпты. Сөйтсем, түндегі өзім көрген қызым әйнектен секіріп кетіп, аяғын сындырыпты. Әлгі қыз бала аудан әкімінің қызы екен. Сөйтсек, Павлодарлықтар әлгі әкімнің үйінде қонақ болыпты. Серік те ақын ретінде шақырылған ғой. Содан сол үйдің қызын өзімен бірге ерітіп кетіпті. Енді міне осы жағдайдан кейін милиция  Серікті апарып қамап тастады.         Бүгін финалдық айтыс. Серіктің айтысқа шығуы керек. Бәріміз айтыс өтетін жерге бардық. Бір кезде ұйымдастырушылардың бірі мені тауып алып, Серіктің орнына айтысасың деді. Менің үстімде қазақша киім де, домбыра да жоқ. Дайындығым да жоқ. Финалға шыға алмаймын деп салғыласып тұрғанда бір екі милициясы бар Серік келе жатыр деген хабар келді. Оралбек Қожанов мына жағдайды естіген бетте аудан әкімінен кешірім сұрап, ел-жұрттан ұят болады, жылы жауып қойыңыздаршы, Серік айтысқа қатыссын деп сұрап алыпты. Милицияға түскен арызды кейін қарауға, айтыс біткен соң, Серікті қайтадан қамауға келісім беріп, келе жатқан беттері екен. Серікті көрген кезде есіме сонау 1988 жылы Павлодарда өткен алғашқы облыстық айтысқа Екібастұздан Серікті милиция жетелеп әкелгені есіме түсті. Ол бөлек әңгіме. Серік финалға қатысқан жүлдесіне риза болды. Біз мойнымызға ар-намысты арқалап, елге қарай аяңдадық.

***

            "Шіркін, өлкенің табиғатының әсемдігі-ай, тіпті ақын болып кеткің келеді" дегенді айналадағы әсемдікті аңдай білетін, көкірегі ояу азаматтардың қай-қайсысы болсын айтар еді. Иә, екі ауыз сөздің басын бір шала ұйқасқа байлап-матап шешенсігендердің бәрі ақын емес. Сондықтан да жырдың салмағын, көтерер жүгін анық сезінетіндер  ақындық ауылын сырттай ғана бағалап, түсінеді. Бүгінде  жазба жанрдан да, айтыс жүйесінде де ақын ретінде  танылған Шолпан Байғалина мектеп қабырғасында жүрген шағынан жырды, сыршыл өлеңді таңдаған. Оның балауса жырларының  өзі айтар ойымен, сәтті ұйқастарымен әдебиетші ұстаз назарын аударған. Алғашқы жырларын "Қызыл ту" газетіне жолдаған сәттен-ақ балауса жыр иесінің жүрегі дүрсілдеп, үміт пен күдіктің арпалысын кешкен. Жырлары қабылданып, жарық көрді. Өлеңдері облыстық газеттің бетінде жарияланған жас талаптың қуанышында шек бола ма? Шексіз қуаныш талабына қанат бітіргені анық. Міне осындай тырнақалды өлеңдерінен сәтті қадам  танытқан Шолпан Байғалина бүгінде "Мәдениет және тұрмыс" (қазіргі "Парасат"), "Қазақстан әйелдері", "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас алаш") басылымдарында оқырмандарына танымал ақын.

            Ақындық өлшем деген ұғымды ойға алатын болсақ, Шолпанның өлеңдеріндегі батылдық оралады. Ол қай тақырыпты болсын жете игеруге  талпынып, өзінше өрнек танытуға тырысады. Тақырып аясы бүгінгі күнмен, уақытпен үндесіп отырады. Уақытпен үндесу дегеніміздің өзі сан ғасырлар бойы жырланып келген табиғат, туған жер, анаға, балаға махаббат бүгінгінің ой өрісімен үндесу. Ғасырлар бойы жырланған осы бір сезім пернелерін жаңаша, өзіндік ерекшелікпен беру қиынның-қиындығы екені даусыз. "Қызыл ту" қазіргі "Сарыарқа самалы" газетінің қабырғасында шыңдалған ақындардың қатарында Шолпан осындай өзіндік өрнегі бар екенін танытып келеді..

            Шолпанның шығармашылығындағы батылдық оның таудай талабы айтыс ақындарының сахнасына  да әкелді. Бұл салада да оның танытқаны аз емес. Бірнеше облыстық, республикалық айтыстарға қатысып, жүлдегер атанды. Көкшетауда өткен айтыста жеңімпаз болды. Бүгінгі айтыс ақындарының басты мүддесі жеңу, не жеңілу емес, өзінің өнерін, шығармашылығын халыққа танытып, халыққа қызмет көрсету. Ақиқатын айту керек, Шолпан айтысқа қатысса да, ол жазба ақын өрісінен шыққан жоқ. Шолпан өлеңде өрнекті ой айту үшін "қиыннан қиыстыруға" машықтанғанын жарық көрген жырларынан тануға болады. Шолпан Байғалинаның бір қыры-журналистік еңбегі. Ол облыстық теледидарда, "Қызыл ту" газетінің редакциясында жиыны ширек ғасыр қызмет атқарды. Қазір "Ақ жаулық" газетінің редакторы. Оның облыс экономикасы  мен мәдениеті, әлеуметтік жағдайы  туралы жазған сындарлы мақалаларын талдайтын болсақ - жеке әңгіме. Шолпан өзі көтерген шығармашылық тұғырда келеді. Қаламың талмасын дей отырып, газет арқылы оның бір топ өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз. Ғалымбек Жұматов, "Ақ құс" серіктестігінің төрағасы. ("Сарыарқа самалы", 22 қыркүйек, 1994 жыл. №109).

***

            Қолыма  үкілі домбыра ұстап, айтыстың көк жалауын көтеріп шыққалы  мені әнші Майраның сіңлісіне, Естайдың Қорланына теңеп айтысу дәстүрге айналды. Әрине тарихи адамдардың аты аталғанда, сен олар болмасаң да, есімдеріне құрметпен қарап, тарихта кім болғанын білуге міндеттісің. Өйткені олар қыздардан шыққан таланттар, өз дәуірінің сұңғылалары. Аңызда емес, өмірде болған жандар. Оларды бізден бұрынғылар көрді. Қазақ қыздарына тән келбетін, әншілігін, сұлулығы мен сүйкімділігін бізге жеткізді.

            Өткеніңді білмесең, бүгінгінің де қадірі болар ма екен? 1986 жылы әнші Майра Шамсутдинованың 90 жылдығы облыс көлемінде аталып өтті. "Дегенде атым Майра, атым Майра. Отыз тіс көмекей мен тілім сайра. Қолға алып домбыраммен ән шырқасам, Ілесер сонда маған жігіт қайда?-деп асқақ сезіммен әндеткен әнші-композитор Майра Уәлиқызы асқан дарын иесі болған. Майра 1896 жылы шілде айында Кереку қаласында дүниеге келеді. Ата-анасы жалғыз қыздарын алақандарына салып, аялап, еркелетіп, өсіреді.  Алты жасынан қаладағы татар молдасына оқуға береді. Ол молданың айтқанын тез арада қағып алып, жазуын жазып, ұшып-қонып, ән салып жүреді. Сұлу да, сүйкімді қыз көпшілік көзіне түседі. Ол көрші қыздарымен бірге  жүріп, орыс тілін жетік меңгереді. Орысша, қазақша, татарша сызылтып ән салады. Көршілердің той-думаны Майрасыз өтпейді. Он үш-он төрт жасында Майра әншілігімен Кереку қаласына танылады.

            Жаз айында  ата-анасы Майраны Баянауылдың жәрмеңкесіне апарады. Мұнда әр түрлі ойын-сауықтар көрсетіліп, айтыс өткізіледі. Осында ол гармонын қолына алып, сыңғырлаған күміс даусымен шырқатып ән салады. Осы тойдағы жетістік оған абыроймен бірге азапты тағдыр сыйлайды. Қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі бойынша Майраны байлап, матап алып қашады. Еріксіз ұрланған қыз алып қашқан жігітке жар болмаймын деп, неше күн байлауда жатады. "Сұлу Майраң әнші Майраның" жағдайын естіген туған-туыстары, жанашырлар талантты  қызды босатуды талап етеді. Шариғат жолымен қиылған некесіне қарамастан Майра дәстүрді бұзып, бостандыққа шығады. Байлар мен молдалар Майраның қылығына разы болмайды.

            Ел-жұрт әнші туралы әр түрлі, жағымсыз өсектер таратады. Алайда соған қарамастан Майра ән айтуын қоймайды, халық оның әнін жақсы көреді. Концерттеріне барады. Басына бостандық алған Майра енді үйде отырып қалмайды. Жәрмеңкелерге барып,Әміре, Иса, Қали Байжановтармен бірге ән салады.Майра ән салғанда, табиғи талантының  қуаттылығымен дүйім жұрттың көңілін идіріп, жанарын жасауратқан . Ол өзін өнерде жұлдызы жанған шын бақытты сезінген.  Алайда дарындардың өмірде бақытты болатындары сирек. "Қызы едім Керекудің атым Майра" деп әндеткен Майраны көз көргендер әншілігімен сұлулығын тамсана айтады. Майра Ленин көшесіндегі 167 үйде тұрған. Ол екі қабатты үйдің балконында тұрып, ән салғанда бүкіл Кереку жиналады екен. Ол осытүйде әдебиет үйірмесін ашқан, ол осы үйде концерттерге дайындалған, кештер өткізген. Драмалық спектакльдер қойған.

             Жұпаш Қыстаубаев Майрамен Қажымұқанның кездесуіне куәгер болған. Майраның үйіне уездік партияның қызметкері Жұмат Шанин, жиі келіп тұрған. Кейін Жұмат әдеби-драмалық өнердің негізін қалайды. Сурып салма айтыскер ақын Иса Байзақов Ертістен арнайы келіп, Жұмат Шаниннің "Арқалық батыр" пьесасында ойнайды. 1926 жылы Майра қазақтың бір мың әнін нотаға түсірген А. Затаевичпен кездеседі. Зерттеуші этнограф әнші Майраның орындауында қазақтың бес жүзге жуық әндерін жазып алады. Осы сапарда ол Майра Уәлиқызын  Москвада өтетін үлкен концертке қатысуға шақырады. Алайда Майраның сырқаты асқынып, бара алмайды. Содан екі жыл өткен соң 1927 жылы дүние салады. Тірлігінде талай жанды сұлулығымен тәнті еткен Майра бүкіл қазақтың мақтанышы. Майрадай болу қайдан келсін. Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз" деп Абай ақын айтқандай ұқсамасақ та, бүгінгілер біздің бойымыздан Майраның өнерін, Майраның сәнін көргісі келсе, несі айып. Таланттар күнде туа бермейді. Талантты көре білетін де, талант екенін айыратын, туғызатын халық.

***

            Журналистика саласының ардагері, жазушы, дербес зейнеткер Арапа Нұрғазин өз ойынан туындаған төрт мыңға жуық мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, екі мыңға жуық мақалалар, өлеңдер, очерктердің авторы. Оның қаламынан республикалық баспаларынан алты кітап шықты. 14 жасар Арапаның тырнақ алды шағын мақаласы "Ауылға ақын келді" деген айдармен 1941 жылы облыстық "Қызыл ту" газетінде ақын Иса Байзақов туралы жарық көрді. Сол кезден бастап туындылары "Егемен Қазақстан" "Жас алаш", "Ана тілі", "Парасат", "Қазақ әдебиеті", "Қазақстан әйелдері", "Қазақстан мұғалімі"т.б. баспаларда, көптеген облыстық газеттерде жарияланды.

            Арапа Нұрғазиннің туындылары қазақ тілінің көркемдік жағын байытуға, жастардың ана тілін және ұлттық дәстүрін сүюіне зор әсер етеді. Ол өзінің табиғи дарындылығымен қырық жылдан аса әдеби шығарма,мақал-мәтел, қанатты сөздер, баталар, жұмбақтар жазумен шұғылданды. А. Нұрғазиннің материалдары бойынша 1982 жылы Республикалық "Шалқар" программасында "Сырласайық, сыйласайық" деген цикл ашылды. Бұл ақын ағаны мен облыстық газетте қызмет істеп жүргенде жиі көретінмін. Редакцияға келіп, әңгіме дүкен құрып, өзінің өмірбаянын айтып отыратын. Жұбайы Шәмшінермен елу жыл отасыпты. Біздің өңірде бұрын болмаған "Алтын неке" тойын өткізіпті. Үстінен қазақтың ұлттық киімі түспейтін. Басына айыр қалпақ киетін. Сөзінің де, өзінің де байсалдылығы есімде қалыпты. Қазір  ағаны ешкім еске алмайды.  Кітаптары да көрінбейді. Көзден кеткен соң, көңілден де кетеді деген осы ғой.

***

            Ертіс өңірінде Қазақтың ұлы ақыны, ағартушы-демократ ұлттық әдебиетімізді Абайдан кейінгі ұлы тұлға, халық мұңын жоқтаушысы, қазақ даласының кобзары Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 100 жыл толуына арналған мерейтой өтті. Оған Қазақстанның барлық облыстарынан қонақтар, ақындар келді. Билік орындарынан Қазақстан Республикасының Премьер министрнің орынбасары А. Жабағин, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі, Қазақстан Президенті жанындағы  Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық  кеңес төрағасының орынбасары, Қазақстанның халық депутаты Әбіш Кекілбаев, Қазақстан Республикасы министрлер кабинеті жанындағы тіл туралы комитеттің төрағасы С. Оразалин, қоғам қайраткерлері Сейіт Қасқабасов, Б. Тайжанов, Ж. Әбділдин, жазушы Дихан Әбілов, ақын Мұхтар Шаханов, Сәкен Жүнісов, Аманжол Шәмкенов, Тұрсынхан  Әбдірахманова, Софы Сматаев, Баян Бекетова, Қалмұқан Исабаев, Рамазан Тоқтаров, Асанәлі Әшімов, Сарбас Ахтаев, Нұрлан Оразалин, Төлен Әбдіков және барлық облыстың әкімдері, Омбы, Новосибир, Түмен, Алтай  өлкесінің әкімдері, ақынның туған туыстары, Қазақстан халық артисі Қаукен Кенжетаев, Ескендір Хасанғалиев, Құман Тастанбеков,  Шахмардан Әбілов, Секен Тұрысбеков, Бекболат Тілеухановтар қонақ болды. Трактор жасаушылардың мәдениет сарайында өткен салатантты тойда облыс әкімі Даниял Ахметов сөз сөйлеп, ашты.

            Мерейтой Ертіс суының қоңыраулы сыңғырына өзінің ғажайып әсем сазын қосып, Баян тауын жаңғырықтырып, бүкіл респаубликамыздың әдебиет, өнер сүйер қауымын, ұлтжанды халқын дүр сілкіндірді. Той болған соң оның дәстүрлі рәсімдері - ас беру, ойын-сауық, бәйгесі мен палуан күресі, ақындар айтысы, көркемсөз жарысы, киіз үй тігу, жасаумен жабдықтау бәсекесі  және басқа өнер салыстыру жәйлары болады ғой. Арнаулы айтысқа талант қырлдары сан алуан, айтқыш та тапқыр, жыр додасында шалдықпайтын халық ақындары  Қонысбай  Әбілов, Әсия Беркенова, Шымкенттен Әселхан Қалыбекова, әсем де өрнекті жырларымен елдің назарын жаулаған Қатимолла Бердіғалиев, Есенқұл Жақыпбеков, Шорабек Айдаров, Айтақын Бұлғақов, Құдайберді Мырзабеков, Қуаныш Мақсұтов  сынды жыр саңлақтары шақырылған болатын. Алайда Қонысбай Әбіловтан басқалары келе алмады. Нәтижесінде 21 ақын жыр додасына түсті. Жамбыл облысынан келген аты беймәлім Ербол Қанбатров пен Маңғыстаудан Әзірбай Тұрмағанбетов, Шымкенттік Кәрима Оралова, Талдықорғаннан Қанша Райсова келді. Құдайберген, Иса, Нұрлыбек ақындардың дәстүрлерін  жалғастырған Ертіс өңірінің төлтума ақындары бұл жолы мерейтойға топтасып, шоқ жұлдыздай ажар көрсетіп шықты.  Трактор жасаушылар Сарайына халық лық толды. "Білек кімдікі болса, киіз соныкі" дегендей қазылар алқасында Мүбәрак Жаманбалинов, Айтжан Бәделханов, Зекебай Солтанбаев, Байтұяқ Жанымбетов, Жүрсін Бәтенов, халық ақыны Көкен Шәкеев болды.

            Айтыстың басқа өнерден түбегейлі айырмашылығы бар. Айтыскер ақын әрі шыншыл, әрі сыншыл болуы керек. Бұлай болмаса екі адам "сіз, біз" деп сызылып, бірін-бірі марапаттап отырып алса, оларды тыңдау ауыр болар еді. Бірер кіріспе шумақ айтылған соң сөз сүңгісінің ұшымен Ербол сынды бастап, "қып-қызыл болып шыға келдің, қызылға құмар қыздарға тән мінезің бар-ау тегі" деп әзіл айтты. Оған Жұмкен жылтырақ пен жеңіл-желпіге құмарлық жастан өттік. Одан да ақыным жөніңе көш, әзіл-қалжыңды қоя тұрып,  халық алдында аталы сөз айтайық, тақырыпты жырлайық. Сұлтекең 27 жасында даналық көрсеткен, соңына өшпес ізін қалдырды деп жыр төкті. Екінші жұпта шыққан сыр бойы сүлейлерінің бір талантты қызы Лена Әбдіқалықова мен Монғолиядан келіп қоныстанған Қабдыжәлел Сахарияұлы сахнаға көтерілді. Лена сыр-сымбатына әсем жырлары, сұлу сазы үйлескен , соңғы кезде қазақ айтыскерлерінің арасында жоғары баға алып жүрген қыздардың бірі еді.

            Шет елде жүргенде астанамыз Алматыға келіп, халықаралық айтыс дәрежесіне көтерілген жыр додасына қатысқан Қабдыжәлел өзінің әзіл сөзге ұста, ұшқыр, өзіндік айтыс ерекшелігімен көпшілікке жылы әсер қалдырған-ды. Қабдыжәләл бірден тойған қозыдай момақан отырған Ленаға ынтыға көз тастап, қыздан салымды  қылған  құдайға ризашылығын айтты. Қарсыласы рас, дей отырып, Жадыра қызбен айтысып, сенің бағыңды ашып еді, ол ыңғай көрсетпеген соң, басқаға қырындағың келеді-ғой, онда бүгін әуселіңді көрейін,- деп жауап берді. Айтыста Сыр бойының қызы басымдығын көрсетті.  Нұрлан мен Карима  қыз бен жігіт айтысын жасады. Бұлар қатар ұшқан қаздай, әдемі, сыпайы жауаптасты.  Сыр бойының атақты сүлейі марқұм Манаптың баласы Әбдікәрім қайталанбайтын, өзіндік ерекшелігі бар, әуенін гармонға қосқан, өршіл ақын екенін танытты. Ол қазақтың төрт жолдан тұратын қара өлеңнен гөрі, көп жолды жырды термелетіп айтқанды ұнатады. Әріптесіне де әділ, қатар ұшар қаздай үйлесе беретін, жеңіл әзіл-қалжыңға көп бара қоймайтын жігіт. Әбдікәрім Бейсенбімен шықты. Айтыс ұзаққа созылмады. Одан кейін Аманжол мен Салауат сайысқа түсті. Екеуі де жас жағынан шамалас, домбыраны шебер тартатын өнерпаз, ақындық таланттары бар, қиыннан қиыстыруға талаптанып жүрге ақындар. Салауат " Мен алшақ басқан қаз болғанда, сен шаты айрылған қарғасың ғой"- дегенде Аманжол  "Қаз да емес, қарға да емес, мендағы тұғырлы елдің қырынамын" деп жауап берді.

            Екінші күнгі айтыста Қаршыға Әшімұлы мен Бағдат Дүйсенов, Шолпан Байғалина мен Сүйеніш Жеңісбай шықты. Бұлардан соң Қанша мен Абаш, Сабыржан мен Баянғали, Қонысбай мен Серік шықты. Жиырма бір ақынның ішінде Баянауылда өтетін мәре айтысқа Серік, Абаш, Қонысбай, Аманжол, Әбдікәрім өтті. Ұлы ақынның бір ғасырлық мерейтойына орай ұйымдастырлыған айтыста  айтысу қиын, айтысқа төрелік айту одан да қиын болды. Бұл арада кім жеңді, кім жеңілді емес, керісінше мерейтойдағы айтыстың өзі жеңіс болатын. Жарыстың аты -жарыс. Бәйгеден қалу бар, озу бар. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шықпай қоймайды. Бәйгенің жүлдесіне жеңіл машина тігілді. Алайда төрт ақынның ұпайлары тең болғандықтан, қазылар алқасы машинаның құнын төртке бөлді. Ақшалай сыйлық жасалды. Негізі ақындарымызды асыра бағалап, дандайсытып бара жатырмыз. Оданда машина артық сый. Қазақ дәстүрімен бір тоғыз, екі тоғыз, мал беру керек" деген ұсыныстар да көп болды. 

***

            Ақтоғай ауданында шығармашылық қызметіме 25 жыл толуына  орай "Өлеңім-өмірім" атты кеш өтті.  Залға халық көп жиналды. Халық емшісі, Үміт Субатылова сөз сөйлеп, игі тілегін жеткізді. Ақын жанын ақын ғана түсінер, Шабытты ақын тұлпардайын көсілер. Өнер жолын бірге жүріп кешкендер, Бірін бірі ел алдында өсірер,-дегендейін кешті жергілікті айтыскер  ақын Бейсенбі Мұқажанов өлең-жырмен ашты. Өзінің арнауында облыстық айтысқа шығып, қарсылас болғанын, осы айтыста Шолпан менің бағымды ашты деді.

            Қазақтың әні мен жырының алтын бесігі болып тербетілген  табиғаты әсем,қара Ертістей еркелей аққан өзені бар өлкеде туған ұрпақтың  суреткер, жазушы, ақын,әнші, сазгерболмауы мүмкін емес. Мен 1948 жылы 20 тамызда Ақтоғай ауданының Жаңа тап ауылында өмірге келдім. Әкем "көк биелі Байғалы" деген атпен кезінде елге танылған әнші-домбырашы,ақын-сері, емші-бақсы болған. Осында балық артелін басқарған,сабын қайнатып, тері илеген керемет өнерлі адам болған. Анам  Сара -момын жан еді. Өз жанынан шығарып ән айтатын.  Мен ата-ана тәрбиесін аз көрдім, аға-жеңге  қолында тәрбие алдым. Тағдырдың талқысына мойымай,кездескен қиындықты табандылықпен жеңуқыз балаға оңай емес. Дегенмен ата-анадан дарыған қасиет өмірге деген құштарлын, бойындағы ақындық талантын таныған жақсы адамдар болды. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде алғашқы қарлығаш өлеңдерім облыстық "Қызыл ту", республикалық "Қазақстан әйелдері" журналына басылды. Әдеби-музыкалық кеште аудан әкімі Әбілқақ Түгелбаев сөйлеп, сәттілік тілеп, иығыма шапан жауып, бағалы сыйлықтар тапсырды. Облыс әкімінің орынбасары В.В.Шершнева облыс әкімшілігі мен облыстық мәслихаттың грамотасын тапсырды.

             Өмірдің өзі-тәлімгер. "Өнерді үйрен де-жирен" деген Абай атамыз. Бойымдағы талантымды талабыммен ұштадым. 1984 жылы облысымызда  бір кездері Нұрлыбек Баймұратов, Құдайберген Әлсейітов, Иса Байзақов, Қимадиден Нығманов, Мұхсихан Зайытов секілді ақындардың айтыс өнерін Мұхамедия екеуіміз қайта жаңғырттық. Теледидар болмаса егер,өмір сәнін білмес ем. Әр күн сайын үйге келсем, тіршілікпен тілдесем...деп жырға қосқан теледидардағы қызықты да мағыналы жылдары, тәрбие алған ортам, ыстық көрінсе де, журналистік қаламымды газет қызметінде ұштастыруды мақсат етіп, облыстық "Қызыл ту" редакциясына қайта оралдым. Телевизия хабарларын кеңінен дамыта алмаған ойымды , әйелдер, қыздар тақырыбын, тәрбие мәселесін газет бетінде көтердім. 1985 жылдан бастап газет оқырмандары " Түйіншекке түйілген сыр","Полигон құпиялары туралы  көп сериялы мақалалар, "Қарақыз" атты өлең-очерктерін оқыды. Әлеуметтік әділеттілік,"Заң және өмір","Ардақ" қыз келіншектер  клубын өмірге әкелдім. ІІ-ІІІ облыстық айтыстарға қатыстым.  Кеште  облыстық телерадио корпорациясының президенті А.М.Әжібаева құттықтау айтып, бағалы сыйлықтар ұсынды.

            Шығармашылық жолыма 25 жыл. Былай қарағанда бұл онша көп те емес. Бірақ нағыз талант иесі бір ғана сәтте туған өлеңімен ел алдына танылады. Ал кейбір ақындарды ел өмір бойы білмейді, өлеңдерін оқымайды. Әрине бұл кеште бүкіл шығармашылық жолым әңгімеленді деп айта алмаймын. Болашақта одан да биік міндеттер тұр. Ел-жұртыма, ата-бабамның мекеніне ,әке-шешемді көзі көрген ағайын ортасына келіп, есеп беріп, тағзым ету перзенттік борышым. Тал бесікте тербелген туған еліне ақын әр уақытта қарыздар.  Сондықтан парызым бар, қарызым бар әлі де өтелмеген, арманым көп тек алға жетелеген. Жырым сендік, қиындық болса егер, екі иығыммен туған жер көтерем мен. Шығармашылық кешке облыстың барлық аудандарынан арнайы қонақтар келіп, той кәделерін жасады. Олардың қатарында Кашырдан тіл бөлімінің бас маманы С.Шектібаев, Екібастұздан-аудан әкімінің орынбасары Р.Калиновская, Павлодар ауданынан-аудан әкімінің орынбасары Б.Чайкина, Ақсу ауданынан -"Ақжол" газетінің редакторы Қ. Жүнісқалиев, индустриалды ауданнан-тіл бөлімінің бас маманы Б. Баритов, "Қазақ тілі" қоғамының облыстық ұйымының төрағасы Е.Бейсенбаев болды. Сол сияқты  ағам Нөкештің  кенже  ұлы өзім шығарған әнімдідомбырамен орындады. Қызылтаң ауылында туған композитор Мейрам Ермекбаев , сазгер Қайырбек Сәтиев менің өлеңдеріме жазылған әндерін тамылжыта шырқады. Кешіме туған туыстарым, аға-жеңгем, Нөкеш пен Алтынай, қайнағам мен абысындарым Болат пен Нұржамал, Манат пен Дәмет, жолдасым Қанат және қыздарым Нәзгүл, Клара және Айнұр қатысты. Кештің сәнін де, мәнін де он жастағы Айнұр келтірді. Домбырамен ән айтты, жеке дауыста менің өлеңдеріме жазылған әндерді орындады. Бауырым Сержан менің шығарған әнімді домбырамен орындады.

***

            Құрметті Шолпан! Биыл Сіздің шығармашылығыңызға 25 жыл толып отыр. Соның он алты жылында облыстық телевизияның қазақ редакциясында қызмет еттіңіз. Осы жылдар аралығында Сіз журналистік шеберлігіңізді  ғана шыңдап қоймай, телевизияның қалыптасуына айтарлықтай үлес қостыңыз. Сан алуан тақырыптарға қалам тартып, тартымды телевизиялық хабарлар жасадыңыз. Балалар, жастар, әйелдер тақырыбына дайындаған хабарларыңызбен көпшіліктің көңілінен шығып, қалың көрерменді  баурап алдыңыз. Облыс жастарының тыныс-тірлігін тереңнен қозғаған "Құрдастар" айдарымен дайындалған телевизиялық хабарлар көрермендердің сүйікті бағдарламасына айналғаны мәлім. Сіз Павлодар телевизия студиясында еңбек ете жүріп, облыс журналистер ұйымының Ермак атындағы сыйлығының лауреаты атандыңыз. Сіз дайындаған көптеген хабарлар республикалық телевизиядан көрсетіліп, өзінің лайықты бағасын алды.  Сіз жетпісінші жылдардың соңында  сексенінші жылдардың басында жыл сайын өткізіліп тұрған "Жолдас" атты республикалық жастар бағдарламасына  қатысушы ғана емес, соның жеңімпазысыз. Екібастұз жылу-энергетика комплексі жастары өміріне байланысты әзірленген "Қыздар" атты киноочеркіңіз "Жолдас" республикалық фестивалінде бірінші орын алып, лауреат атандыңыз.

            Қызметіңізді "Қызыл ту" газетінде корректорлықтан бастап, мұсылман әйелдер қоғамының "Ақ жаулық" газетінің редакторына дейін көтерілдіңіз. Шолпан Байғалықызы, облыстық "Сарыарқа самалы" ("Қызыл ту") газетінде қыз-келіншектердің "Ардақ" клубын ұйымдастырушылардың бірісіз. Содан алған бастау "Ақ жаулық" газетіңізге арқау болып, тамырын тереңге жая түсті. Қазақ әйелдерінің әлеуметтік бет-бейнесі жаңа қырынан танылып, салт-сана, дәстүр заман талабына сай сипат алды. Қыз-келіншектер сүйіп оқитын газетке айналды.

            Шолпан Байғалықызы-белгілі ақынсыз. Сіздің өлең-жырларыңыз облыстық,  республикалық басылымдарда жиі жарық көріп тұрады. Біз Сізді айтыскер ақын ретінде  де таныдық. Облыстық, республикалық айтыстарға жиі қатынасып, суырып салма сөз өнерінің құдіретін паш ете білдіңіз. Айтысқа өзіңіз қатынасып қана қоймай, сол өнерді өрге бастыруға  лайықты үлес қосып келесіз. Облыста тұңғыш рет өткізілген жас ақындардың айтысында әділ қазылар алқасының төрайымы болдыңыз. Сіздің шығармашылық қызметіңіз кемелденген шағында. Оқырмандар, көрермендер Сізден тың туындылар күтеді. Сізге зор денсаулық, от басыңызға береке, бақыт, шығармашылық қызметіңізге табыс тілейміз. Облыстық телерадио компанияның төрайымы Алма Әжібаева. 15 қазан, 1994 жыл.

***

            Белгілі ақын жерлесіміз Аманжол Шәмкенов жер ортасы жасына жеткенде Павлодарға қоныс аударды. Бұл кісі "Есің барда еліңді тап емес", керісінше жергілікті жердегі шығармашылық жолында жүргендерді бауырына тартып, жол жоба, өнеге көрсетіп, шығармашылыққа баулуды ойлапты. Ақын жазушылар арасында "Ақындар ауылда туып, астанада өледі" деген мақал бар. Алайда Аманжол ақын зейнет демалысына шыққан соң өз еліне оралды. Қазір ақын мектептер мен жоғарғы оқу орындарына кездесулерге барады. Өлең кітаптарын баспаға дайындап жатқанын да айтты. "Бұқар жырау" атындағы әдеби өнер музейінде жиі болып тұрады. Жақында Республикалық "Халық кеңесі" газетінде "Бір кітапша мен газет жөнінде" деген көлемді мақаласы шықты. (1 ақпан,1995 жыл)  Ол мақала былай басталған болатын. "Қазақтың өткендегі белгілі билері мен шешендері кеңінен насихатталмаса да бұрын жұртымыз бірен-саран оқулық көлемінде  ғана білетін. Енді міне көне мұрамызды жаңғыртуға жағдай туғанына қалай қуанбаспыз. Батырлар жыры, Бұхар жырау, Шортанбай секілді  ақындардың шығармалары шыға бастады. Ал "Қазақтың жүз шешені","Шешендік сөздер" атты кітаптар бұл күнде қолдан қолға көшіп жүр. Тарихтан білетін атақты шешендеріміз бір басқа, енді-енді біле бастаған тапқыр зиялыларымыз  қаншама десеңші. Сірә, сонау бағзы заманнан  бастап, кең байтақ қазақ даласындағы әр ауылдың өзінің  ақылгөй шешендері болса керек.  Соның бірі сөз сүйектен өтеді" деп аталатын кітапша еді.

            Кітапшада бір ауданның, яғни Павлодар облысы, Ертіс ауданының өңірінде  ғана өмір сүрген өткен-кеткен шешендер мен зиялы адамдардың тапқырлық сөздері  жинақталған. Бұл кітапшаның шығуына себепші болған, балалар ақыны Мүбәрак Жаманбалиновтың еңбегі аса зор. Елдегі абзал ақсақалдардан естігендерін қағазға түсіріп, жинап, өңдеп, аудандық баспаханадан  қазіргі жағдайда  кітапша етіп шығару, әрине оңай дүние емес екені белгілі. Сонда да өзі сол ауданда тұратын ақынымыз Мүбәрак Жаманбалиновтың  игілікті ісіне қол ұшын беріп қолдаған ел азаматтарына шын көңілден ризалық ниетімізді білдіреміз. Еңбекқор ақын М. Жаманбалинов мұнымен тынбай, енді ат ізін көршілес Ақтоғай ауданына салып, сондағы сөз маржандарын терумен шұғылданып жүрген түрі бар. Бұл ауданда да халықымыздың атақты батырлары мен шешендері болған көрінеді.

***

            Әңгіменің бетін бір газет жайына бұрғымыз келеді,-деп сөзін жалғастырыпты ақын, Павлодар қаласының құрметті азаматы Аманжол Шәмкенов...Газет "Ақ жаулық" деп аталады. Атының өзі айтып тұрғандай , иә бұл-Павлодар облысындағы мұсылман әйелдерінің үні. Айына бір рет шығатын газеттің жақында дүниеге келуіне себепші болған редакторы, белгілі қаламгер Шолпан Байғалықызының еңбегін ерекше атай кеткіміз келеді. Басқа жерде мұндай тек қана мұсылман әйелдеріне арналаған бар жоғын білмеймін, ал енді мына басылымнан ғибраты мол, қызғылықты  көп дүниелерді кездестіруге болады. Менің қолыма бірнеше саны түскен еді. Әр газеттің өзіне тән міндет, парызы болатыны белгілі. Сондай-ақ ,"Ақ жаулықтың" да атына заты сай екеніне көзім жеткендей қатты әсер алдым.

            Алдымен "Таным" деп аталатын тақырыппен ислам дініне байланысты салт-дәстүр парыздарды үнемі жариялап отыратыны көз тартты. Соның ішінде, әсіресе, әйелдерге тән кейбір жағдайлар баяндалады. Сонымен бірге "Әдеп пен әдет" атты айдар арқылы "Әйел мен еркектің арасындағы нәзік қатынастар" жайында ой қозғап, оқырмандардың пікірлерін ортаға салуға ұйытқы болулары құптарлық жағдай. Бұл жөніндегі кейбір мақалаларды атай кетпекпіз. Мәселен "Әдептен озбайық", "Шымылдықтың ар жағындағы құпия", "Неке неге бұзылады", "Жалаңаштар көбейіп барады" деген тақырыппен берілген дәлелді пікірлер кім-кімді де толғантпай қоймайды. "Таныс бейне" деген атпен өңірдегі белгілі, әйгілі әйелдердің өмір жолдарына тоқталып, барша жұртқа паш етулері де әбден жарасымды. Қандай болмасын басылымның көркі, әрине көркем әдебиет. Шағын әңгімелер мен өлеңдерді "Ақ жаулықтың" әр санына кездестіруге  болады. Аты белгілі бола бастаған қаламгерлерді былай қойғанда, орта мектептің оқушылары Толқын Сәрсекеева мен Майгүл Жақаева секілді ақын қыздарды айрықша атай кеткім келеді.

            "Ақ жаулық" газетінде небір қызғылықты деректі сан алуан тақырыпты қозғайтын дүниелер бой көрсетіп тұратынымен тартымды. Бұл газеттің бұдан да тартымды, танымды болуына мүмкіншілігі зор сияқты. Түбінде әйелдер қауымының сүйікті газетіне айналуына тиіс деген сенім білдіремін. Әрине газеттің әлі тәжірибесі аз, жас екені рас. Оны редакция қызметкерлері  де мойындап, былай дейді. "... Газеттің алдына қойған мақсаты өте жоғары. Негізінен, тәрбие жағына баса назар аударғымыз келеді. Оның ішінде өзіміз үнемі айтып келе жатқан қыздар, жас келіндер, жұбайлар тәрбиесіне  татымды мақалалар жазғымыз келеді." Осы айтылғандардың жүзеге асуын біз де тілер едік. Бұған қосарымыз "Ақ жаулық" газеті бір облыста тұратын мұсылман әйелдеріне ғана арналмаған шығар. Жасыратыны жоқ, жетпіс жылдан аса уақыт бойы  Кеңес үкіметінің тәрбиесін, атеистік ықпалын  көрген азаматшаларымыз да кейбір әжелеріміздің  де мұсылмандық қасиеті шамалы болғаны белгілі. Демек, мұсылман әйелдеріне тән әдеп, әдетті бірден бойға жұқтыру да оңайға түспес. Әйтсе де құлаққа сіңіре беруден түбінде бір нәтиже шығатыны сөзсіз. Алдына зор мақсат қойған "Ақ жаулық" газеті бірте-бірте ширыға түсетініне, қызғылықты, тағлымды, тартымды дүниелермен оқырмандарын баурап  алатынына біз де зор сенім білдіреміз. Бүгінде әр түрлі игі бастамалар республикамыздың түкпір-түпкірінде бой көрсетіп жатқаны мәлім. Тек соларды көре білейік, бағалай білейік, ағайын.

            Аманжол ақын"Ақ жаулық" газетін талдап жазды, мақтады. Бағыт-бағдар берді. Тілегін айтты. Алайда, кезінде Моғолия,Қытайға дейін жеткен газеттің ғұмыры ұзақ болмады. Төрт жылдан кейін жабылды. Біріншіден қаражат жетпеді. Екіншіден менің қызметім әкімдікке ауысты. Екі жұмысты қатар алып жүру мүмкін болмады. Әрине өкінішті. 

***

            Айтыскер ақындарға жүзден жүйрік шығу үшін, хас тұлпардың шабысына еру үшін алқалы топтың алдына жиі-жиі шығып тұруы керек. Үйретілмеген асау, жаратылмаған ат бәйге алмайды. Адам жүре-жүре, көре келе , үйрене келе жетіледі. Соның арқасында биіктерге құлаш ұрады. Әрине айтыс секілді киелі де қастерлі,жауапкершілігі мол ұлттық өнердің есігін қағып келген әрбір талапкердің бойынша ұшқын болмаса, топқа түсуге батылы бармас еді. 1993 жылы  Ұлы Абайдың 150 жылдығына айтыс ұйымдастырылды. Абай ақын, Абай дара, Абай дана, Абай данышпан. Ұлы ақынды жырлау үшін бойыңда ақындық дарының, ақындық қабілетің, ақындық жүрегің болу керек. Алайда біз сияқты ақындар Пайғамбарды жырла десе де тартынбайтын заманның сүлейлері болып бара жатырмыз. Оған айтар дәлелім жоқ дей алмаймын. Қазір екінің бірі ақын болып барады. Өзін өзі зорлап жүрген, өзіне өзі қорған іздеп жүрген, зорға жүрген ақындар өзінен өзі ығысуда.

            Десек те "Келеді күн жауғалы бұлт айналып, Шешеннен сақау озды тіл байланып. Тұлпардан мәстек озып, бәйге алғаны. Дүние кеткенің бе шырқ айналып."-деп  Бұхар Жырау бабамыз айтқандай талантсыздардың да бәйге алғанын көрдік.  Олар да көш ілгері оза алмай, шаңның астында қалды. Қалмағандарымыз міне қатарда жүрміз ән салып. Сонымен мен бұл айтыста жас ақын, бозбала  жігіт  Бағдат Дүйсеновпен шықтым. Бағдат салған беттен "қайны мен жеңге айтысын көрсетейік"- деді. Оған, айналайын, сен менің баламдайсың, қайнылыққа жарамайсың, бозбаланы әзілдерге қимай отырмын деп емеуірін білдірдім. Бағдат дайындықпен келіпті. "Күлімдейді жеңгетай күлімдейді, айтар сөзге жорғадай сүрінбейді. Шығарған жыры жұртқа шырын дейді. Жемісті гүл сыйпатты ақ жеңешем. Салмағы бір мысқалдай білінбейді." деді. Сөз тіркестері әдемі. Болайын деп тұрған бала. Әттең бұл шумақтары әзілі жарасатын , өзімен деңгейлес  ақын жеңгелеріне  айтса ғой.  Одан кейін "Сахнаға ылғи жалғыз шығасыз, осы уақытқа дейін соңыңыздан  шәкірт ермеді"- деді.

            Ол рас, ақын  қыздар әлі шыққан жоқ. Бір-екі қыз қатарға қосылып еді, күйеуге шыққан соң, жігіттері қызғанып, айтысқа жібермей қойды. "Айтатын мына саған сырым еді. Айнұрым ел алдына шығып еді. Амал не, дәм жазбады оған бірақ. Әйтпесе сөйлер сөзге мығым еді. Күлзипа бұл айтысқа келмей қалып,  Бұл апаң осы сыннан бұғып келді" -деп табан астында жауап бердім. Ақындарға ешқандай орын тағайындалмады.  Егер ана ақын бірінші орын алды, мына ақын екінші орын алды деп бағалап жатса, Ұлы Абайдан ұят болушы еді. Себебі Абайды деңгейіне жеткізе жырлайтын Исадай ақын әлі туған жоқ. Алайда "Қазақтың құдіретті де бай тілінен мағыналы  да мәйекті сөз құрап, елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтай білген Исалар туған өлкеден ізбасарлар шықпауы мүмкін емес" дегендерге жауап бере алатын ақындар  бар. Олар өсіп келеді. Олардың өнерін көрдік те, естідік те.Ойлап отырсам сексенінші жылдары Сағадат Сүтбаев, дәрігер кардиолог Мұхамедия Ахметов, шопан Бейсенбі Мұқажанов, Жұмкен Сейітовпен айтысымды жұртшылық өте жылы қабылдаған еді. Нағыз айтыскер деп таныды. Ондағы тауып айтқандарымды, қарсыласымды сүріндіргенім, тіпті мені аяқтан шалып құлатқалы тұрғанда, жол тауып кеткен жерлерімді, қауып айтқанымды айтыс десе ішкен асын жерге қоятын жұртшылық әлі де жыр ғып айтады.  Кездескен кезде өзіме «айтысқа неге шықпай қойдың деп сұрайды". Жауабын айтсам өкініш білдіреді. Оларға не деп дәлел айтамын. Осы айтыстың өзіне әрең дегеде іліктім.  Біреулер уәжімді түсінеді, кейбіреулер өздерінше топшылайды, басқаша ойлайды. Өзімді ұнатпайтын, өскенімді емес, өшкенімді көргісі келетіндер «Шолпан ақын емес, айтыса алмайды» дейтіндер де табылды. Серік, Сабыржан, Бейсенбілердің қатарында тұрған суретімді музейден алдыртып тастады. Суретімнің орнына кейін жаңа қосылған жас ақындар тұрды. Ішің ауырады.

***

            Айтыскерді  айтыс шыңдайды. Сондықтан оларды айтысқа шығарып, шыңдау қажет. Осы мақсатпен жас ақындар айтысы ұйымдастырылды. Оған бұрынғы айтыскерлердің  ізбасарлары, балалары, шәкірттері немесе аға толқынның немере-жиендері. Яғни атап айтқанда. Бейсенбінің баласы Азамат Мақажанов, Жұмажанның ұлы Тілек Сейітов, Қимадиден Нығмановтың немере жиені-Бейбіт Бөжен, Асығаттың бауыры Ерқанат Тұрғанбеков, Аспанбек Шұғатаев, Бағдат Әлікбаев, Азамат Гүлбаршын, Алмагүл Жүгінісова, Гүлзат Шалақаева. Ақынды ақын оятпаса болмайды,Ақынды ақын таяқтаса сол қайғы.Ақынды ақын сүйемесе болмайды,Ақынды ақын-күйелесе ол Қайғы. Ақынға ақын ете көрме пенделік,Ақын-ақын пенделікті жөнделік."  Жас ақындарға сәт сапар дедік. Айтыста екі ақын бір-біріне сай келсе, бақтарының ашылғаны. Бірінші жұпта  Бейбіт пен Бағдат шықты.

            Айтыс-ең алдымен амандық-саулықтан басталды.  Осы жөн сұрасу арқылы бірінің бірі аңысын аңдып, жеңер арнасын іздейді. Алдын ала соқтығысар осал жерін байқайды. Бейбіт өнерсүйер қауымға бұрынғы айтыстарымен танылып қалған айтыскер. Жүйрікті жүйрікке қоспасаң, тұлпарды қайдан аларсың. Бағдатты осал жерінен ұстап, оза шауып алға шықты.  Екінші жұптағы Жасұлан мен Гауһар жаттағандары  біткен соң,әрі қарай жалғастыра алмады. Ал айтыстың "қара нары" атанған Бейсенбінің баласы Азамат пен айтыста өзін "жауыр таймын" дейтін  Жұмажанның баласы Тілек шыққанда көрермен жақсы айтыс болатынына сенген болатын. Айтысқа тұңғыш рет түсіп отырған  он бес жастағы Тілек  ағасына сөз тізгінін бермеді. Әкеммен тоғыз рет айтысса да, сенің әкең жеңе алмаған, ендеше жеңіс менікі деп табандады.Айтыскер ақын  ең бірінші кезекте халық әдебиетін жақсы білу керек. Яғни ертегі, мақал, тақпақ,батырлар жыры,әдет-салт жырлары, өзініен бұрынғы айтыстар рухани азығы болу керек. Бала Тілек осы айтыста халық ауыз әдебиетін тәуір меңгергенін айғартты. Әдемі құрылған өлең шумақтарын төгіп-төгіп, Азаматтың берген сұрақтарына да тапқырлықпен жауаптасты. Әкеме солақайлығым тартпаса да, ақындығым тартты деп әдемі қайырды.

            Айтыста жастар айтылмаған ойлар айтты, жаңа тың тақырыптарды қозғады. Олардың айтыстарында шолақ ойлары мен сахна мәдениеті сияқты кемшін жатқан тұстары да болды. Алайда көш жүре түзеледі. Бәрінен бұрын айтыстың ізбаралары, жастар легі қаулап өсіп келеді.Атадан жеткен асыл мұрамыз ақындар айтысы облысымызда дамып келеді.

***

            Ақынды ақын ететін -халық. Олардың аузынан шыққан сөзіне тұшынатын да халық. Ақын халық алдына шықпаса  сөз жарыстырып, көптің сынына түспесе, ел оның айтыскерлігін қалай таниды.  Сексенінші жылдары  облысымызда айтыстың туын көтерген Баянауылдың тумасы орақ тілді от ауыз Жұмажан Сейітовті,  Ақтоғайдың "қаранары" атанған, Бейсенбі Мұқажановты,  өзінен кейін ақын қыздардың өсіп шығуына өнеге көрсеткен Шолпан Байғалықызын айтыс сүйер қауым ұмыта қойған жоқ. Әрбір айтыс сайын оларды  көрермен жұртшылық іздеп отырады. Әдемі өлең ұйқастарын жатқа айтып, сын теңеулерін, сөз өнерін дертке теңейтін жұртшылық тамсана есіне алады. Әрине әрбір айтыс-бір мектеп. Міне осы мектептен Иса ақынның ізбасарлары өсіп келеді. Оның әрбір өткізілген айтыс анық көрсетіп беруде. 2004 жылғы наурыз  айтысына 14 пен 30-дың арасындағы жалынды жас ақындар қатысты. Бірінші болып айтыс шымылдығын жас жеткіншек Аспанбек Шұғатаев пен Нұрболат Әділханұлы ашты. Олар өздерінің ауылдан шыққанын мақтаныш етті. "Ақын ем ауыл жақтан ауызданған" десе, Нұрболат Аспанбектің шашындағы ақ талдарды байқап қалып, "немене экологияға ұшырағансың ба?" деп ойларын тереңге бұрды.

            Аспанбек саясатқа бет бұрып, қанша бала сатылып кетіп жатыр, бұл базарлы болашағымызды сатқандық қой деп еді, Нұрболат оған да жауап тауып,   өзіңе қарамай саясатшылсың, алдымен орта білім алып ал деп қағытты. Бұл айтыста Қуандық Танабасов, Алмас Раушанов, Нұрсұлтан Қабдырашид, Шапағат Әбілмановалар айтыс көрермендеріне  өздерінің балауса балғын жырларымен болашақ айтысқа баратын баспалдақтарын жасқана басып тұрғандай әсер қалдырды. Ал арқаланған ақын, байсалды да байыпты сөйлейтін  Бейбіт Бөжен, алымды да алғыр сөйлейтін Ардақ Қарағожин, әуенін аспандатып, әндетіп, сәндететін Аспанбек Шұғатаев, ұтымды сөз айтар ойы  Қалелхан, өзіне сөзі жарасымды шығатын Алмагүл Жүгінісова мен Гүлзат Мейрамова, Оразкелді Қанафиндер  айтыс талабынан әдемі шыға білді. Талдап айтсақ, облыстық гимназия мектеп-интернатының 9 сынып оқушысы Аспанбек Шұғатаев, облыстық айтыстарда бір-екі рет көрініп, болашағынан үміт күттіретіндердің  қатаранан орын алған еді. Бұл айтыста бала бүркіт қанатын қомдай түскенін байқатты. Табан астында төгіп тастайтын сәтті теңеулері әдептіліктен аттамайтын қазақы мінезі, өзгеге ұқсамайтын әуені дода айтыстардың деңгейінде тұра алатынын көрсетті.

            Тіс қағып қалаған ақын Бейбіт Бөженмен айтыстағы тапқырлығы, өзінің сөзден ұтылып бара жатқанын сезіп, аға жолыңызды беріңіз, Сіз оқыған мектепте мен де оқимын, ұстаздарың да өзіміздің балалар жеңді десін деп жолын сұрағаны, оған биязы ойымен Бейбіттің де баланың көңілін жықпай  өрнекі жырларымен ағалық ізетпен жолын беретінін, ойын түйіндеп айтуы қарсыласын баласынбай  көтеріп отыруы өте жарасымды болды. Айтысты көріп, тыңдағанға не жетсін! Екінші айналымда, мәре айтыста  Гүлзат Мейрамова мен Ардақ Қарғожиндер әдемі айтыс жасады. Гүлзат (бұрын Шалахаева болатын) Парламент сайлауы қарсаңында Мәжіліс депутаттығына кандидат Мұхит Омаров ақындар айтысын ұйымдастырып, оған көкшетаулық Баянғали Әлімжановты шақырған болатын. Міне сол айтыста Баянғали жас ақын қыздың талабына тамсанып, батасын берген. Ақын қыз осы  жолы да өзін әдемі көрсете білді. Ойы да орнықты. Әзілге берген жауабы да орынды. Онымен айтысқа түскен Ардақ алдында үріп ауызға салардай  жас қыздың отырғанынан шабыт алды ма, өлең жолдарын

"Күн көзіндей қалқажан, күлімдеші,көктемнің үлбіреген гүлін терші. Өзіңе  қайта-қайта қарай берем, киіміңе астар жіп боп тігілсемші. -деп ақын қыздың бойындағы сұлулықты  әдемі әзілмен өрді.

            Арқаның арқалы ақындарынан үлгі алған  кейінгі ұрпақтарының  өзі айбынды сөз айтуға жарағаны Бейбіттен көрінді. Бейбіт Бөжен халықтың жүрегінде жатқан ойларын оқалы сөздерімен өрнектеп, уыз сөздің дәмін кетірмей  айқын да анық, жүрекке жетердей, жұғымды, көңілге қонымды  етіп айта алатын  деңгейде екенін  көрсете білді. Бұл айтыста Бейбіт алдына жан салмады. Ат сүрінгенше ақыл табатын  ұшқыр ойды қастерлеген аталарының  ұрпағы екенін  дәлелдеді. Кезінде қазақ жерін аралаған  белгілі саяхатшы А. Янушкеевич :"Қазақтардың ақыл-ой қабілетінің зорлығына барған сайын менің көзім жетуде. Кез келген айтайын дегенін тез түсіндіре, қарсыласының сөзіне шебер тойтарыс бере біледі. Тіпті балаларының ақыл-есі де өте тез жетіледі."депті. Бұл айтысқа қатысты айтылған пікір болса керек.

            Біздің облысымызда да орамды сөз айта алатын, домбыраны қолында ойнататын өзіміздің тума ақындарымыз өсіп келеді. Келешекте бұл жас толқын ақындарымызды республикалық айтыстарға жіберуге әбден болады.. Ол үшін әлі де болса жастарға жол ашып беретін, тәрбиелік мәні бар осындай айтыстарды жиі ұйымдастыру керек.

Қазақ жұрты егемен ел болып, Қазақстанның ата заңы, өзінің тарихи Конститутциясын қабылдады. Облыстық әкімшілікті, қалалар мен аудандарды әкімдер басқаратын болды. Мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздары қазақ тілінде жүргізу қажеттігі туды. Әрине орыс тілінде жүргізілген құжаттар енді екі тілде хатталады. Тіл мәселесіне байланысты бірталай істерді жүзеге асыру 1993 жылдан бастап жаңадан құрылған Тілдер жөніндегі республикалық комитетке тапсырылған болатын. Біздің Павлодар облысында сондай комитет. Мемлекеттік органдар тарапынан «Қазақ тілі» қоғамына деген қамқорлық саябырсыды және «Қазақ тілінің» қоғамдық өміріміздегі рөлі аса биікке көтеріле алмады. Жұртшылықтың қоғамдық іске деген ынта-ықыласы да бәсең тартып, «демократиялық толқын» басылды. Республиканың оңтүстік және батыс облыстарына қарағанда тілге қатысты көптеген проблемалар шешімін таппаған Павлодар облысында әлі де көмескі тартып, тіл жағдайы жақсара қоймады. 

                Павлодар облыстық халық депутаттары кеңесінің төрағасы Борис Исаев, яғни басқа ұлттың өкілі, өзі ақын, өлең жазады. Ал төрағаның орынбасары Қанат Болатұлы Дәржұманов ұлтжанды адам болатын. Ертістің Павлодар өңірінде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесінің көтеріле түсуіне және ұлттық сана-сезімнің жоғарылай түсуіне б ықпал еткісі келген болу керек, редакцияға телефон шалып, кабинетіне шақырды. Мұның алдында журналист Жанат Тұрғанбековті қабылдағанын естідім. Қанат Болатұлы баянауылдың тумасы біздің Жанатты бұқаралық ақпарат тарату бөлімінің бас маманы қызметіне шақырыпты. Алайда Жанат "Үй берсеңіздер, келейін"- депті.Оған біраз жылдар күтсең, үйді де аласың, қызметің де өседі десе де, Жанат газеттен кеткісі келмеді ме, бас тартыпты. Билік орнына менің аты-жөнімді кім бергенін білмеймін, белгіленген уақытта бардым. Негізі мен өзім мамандығымды ауыстырамын, басқа қызметке кетемін деп ойланбаған едім. Сондықтан неге шақырғанын білсем де, редакциядан кеткім келмеді. Жоспарлап қойған жұмыстарым да бар. Биліктегілер шақырған соң, бардым.

            Бұрынғы облыстық партия комитетінің хатшысы Алма Мұқанқызының қабылдауына барғанымдағыдай, қатты қобалжыдым. Өйткені облыстық әкімдік пен халық депутаттары облыстық кеңесі осы ғимаратта отыратын. Алға аттаған аяғым артқа тартып, төртінші қабатқа әрең көтерілдім. Кешегі өткен күндерің көрген түсің сияқты. Алма Әжібаеваны тегіннен тегін есіме алып отырған жоқпын. Ол кісінің жастарға деген қамқорлығын мен ғана емес, қазіргі билікте отырғандар да көрді. Өзім қабылдауына бара жатқан Қанат Дәржұманов та сол кісінің қол астында істеді. Бірақ амал не, кезінде жұмыр жерде нық тұрып, қызметін адал істеген Алма Мұқанқызының соңынан шырақ алып түскендер болды. Партиялық жұмыстан кетіп, бұқаралық ақпарат құралдарын басқарып отырғанда өзі қызмет істеген мекеме оған жала жауып, қызметінен түсірді. Алайда уақыт бәрін орын орнына қойды. Алманың шапағаты мол, ірі тұлға екенін бүгінде өткен уақыт айқын дәлелдеді.

            Ұзыннан ұзын коридор бойымен шеткі кабинетке, Қанат Болатұлына жеткен соң, оның алдында машинкасын тықылдатып отырған Баян деген хатшы әйелге кім екенімді айттым. Ол маған орыс тілінде жауап берді де, сырты былғарымен қапталған есіктен әрі қарай өтіп кетіп, бөгелместен қайта оралды. Маған орыс тілінде кіріңіз деді. О-у, бұл мекеме орыс тілінде сөйлейді екен,қазақ тіліне қалай үйретемін,- деп ойлап үлгердім де, Қанат Дәржұмановтың алдына барып тұра қалдым. Ол кісі менің осы ойымды біліп қойғандай, ебдейсіз қылығымды қызық көрді ме, күліп жіберді.

            Екеу ара таза қазақ тілінде сөйлестік. Өз сөзінде ол елдігіміздің еңсесін көтеру үшін салт-дәстүрімізді қайтадан жаңғырту, тіліміздің мәртебесі көтеру туралы айтты. Тілдің қызметтік сипатын әңгімеледі. Қазақ тілін дамыту керек, баспасөзбен байланыста боласың, бүкіл ақпаратты жазып тұрасың, консультант, яғни баспасөз хатшысы деген лауазымға қабылдаймыз деді. Мен үндемедім, бірден келісім бере алмадым. Содан редакцияға келіп, редакторға кірдім. Ол кісі не десін, билік орындары ұйғарған болса, оларға тілді білетін жастар керек. Барамын десең, қарсылығым жоқ,-деді. Үй іші де бұл шешімге қарсы болмады. Өзім де газет жұмысын, күні кеше арманым болған журналистік қызметті қыймасам да, облыстық мекемеге ауысатын болдым. Газетте жүрсем, болашақта редактордың орынбасары лауазымына дейін көтерілер едім. Мүмкін жаңа қызметімнен кейін  мұнда редактор болып оралармын. Әй, қайдам, о заманда бұл заман, облыстық газетке әйел редакторды қойған емес. Кім біледі? Бұл жәй пендешілік қой. Бірінші жұмысымды дұрыс атқарып алайын.

            Иә, сонымен тағы да бәрін де қайтадан бастайтын болдым. Телеарнаға қызметке бардым. Бәрін жаңадан үйрендім. Тұңғыш хабарларды эфирге шығардым. Он алты жыл қызмет істегенім ізсіз кеткен жоқ. Телевизияның қыры мен сырын ұғындым. Жазуға төселдім. Адамдармен тіл табысып сөйлесемін. Ұжымдық жұмыстың не екенін білдім. Бірнеше жүлделерге ие болдым. Үздік журналистерге берілетін Ермаков атындағы сыйлықтың лауреаты болдым. Одан басқа да лауреаттық атақтарым болды. Ақ пен қара түсті кино-хабардан бастап, түрлі-түсті киноға дейін түсірдік. Орыс тілі қызметтегі қарым-қатынас тілі болды. Оған да төселдім. Газетке келдім. Өндіртіп жаздым. Алдыңғы толқын журналистерден үйрендім. Тілшіліктен бөлім меңгерушісіне көтерілдім. Жоғары сыныптағы маман тілші деген атақ берді. Газетке келіп, қаншама жаңалықтар аштым. "Ардақ" қыз- келіншектер бетін шығардым. Жарнама бөлімінде отырып, газетке қаражат түсірдім. Енді міне өзіме таныс емес, депутаттардың жұмысын газетке жазуға, іс-қағаздарын қазақша жүргізуге мемлекеттік қызметке барғалы отырмын.

            Айтпақшы, мемлекеттік қызметке келдім.  Облыстық партия комитеті болған кезде бұл мекемеге аяғымызды аттап баса алмайтын едік, ішіне кіргізбейтін, енді міне оның есігін күнде ашып, жабамыз. Жеке кабинет, отыратын жұмсақ орындық, телефон, қағаз-қалам бәрі бар. Тәңертеңнен кешке дейін жазамын десең де,  ешкім бөгет жасамайды. Мұнда бір кабинеттен екінші кабинетке қыдырып жүрмейсің, өсек айтпайсың. Біріңді бірің көрмейсің. Алғашқы күндері көпшілікке үйренген жанға үн-түнсіз отыру қиын болды.

            Қызметке шыққан күні Қанат Болатұлының кабинетіне барып, мұсылман әйелдер қоғамының газетін шығарамын дегенмін. Ол кісі істеп жүрген қызметіңе бөгет болмаса, жұмысыңа нұқсан келмесе қарсылық жоқ, -деді. Газетті дұрыстап шығару керек деп ақылын айтты. Бұл кісі негізі талай жылдар партия хатшысы болған, басшылық жұмыстың бүге-шігесіне дейін біледі. Адамдармен тіл табысып, жағдайын түсініп, қолынан келгенше көмектеседі. Ақылы мен білімі қатар жүретін зиялы жан. Қазақша таза сөйлейді, мақалдап-мәтелдеп отырады. Алғашқы күні бас маман Бижамал Сәрсембиновамен таныстым. Мұндағы жұмыстың жағдайын көбінесі сол кісі арқылы білдім, түсіндім. Екеуміздің тіл табысып кетуімізге, оның жас кезінде Шарбақтыда,  жолдасым Қанатпен көрші тұрғаны дәнекер болды. Ата-анасы аралас құралас болған. Балалық шақта бірге ойнағанбыз деп еске алды. Сол сияқты Света Қуатова, Лидия  Ивановна және басқа да бұрыннан қызмет істеп жүрген әйелдер мен ер адамдармен таныс болдым. Ұжым негізінен орыс тілді, қазақша мүлде сөйлемейді. Жиналыстар орыс тілінде өтеді. Сессияның, тұрақты комиссияның отырысы да орыс тілінде жүреді. Қазір мұнда қазақша сөйлейтін екі адам болса, оның біреуі -Қанат Болатұлы Дәржұманов.

***

            Тыңнан түрен салу, жұмысты жаңадан бастау әдетіме айналды. Облыстық халық депутаттары Кеңесінде бірде бір құжат қазақ тілінде тіркелмепті. Қызметке шыққан күні бөлімдердегі бүкіл құжат тігіндісін қарап шықтым. Қаңтардан бастап тіркелген құжаттарды, хаттамалар мен сессияның бүкіл материалдарын қазақ тіліне аударып, күні-түні отырдым. Түнде үйге алып кетіп,аударма жасадым. Қолымнан екі томдық үлкен словарь түспеді. Шынымды айтсам өлең шығаруды, газетке материал жазуға да уақыт жетпеді. Тіпті аудармаға шұқшиып қалғаным сонша, қасыма келген адамдарды да көрмейтін болдым. Оның үстіне машинкаға тікелей аударып, өзім басамын. Абырой болғанда кабинетте жалғыз отырамын. Негізі машинка басуды редакцияда үйренгемін. Қолыммен жазып, хатшы қызға машинкаға басуға беріп едім, бүкіл аудармамды өзім танымай қалдым. Қазақша өзінше бір екі сөзді айтады, ал сөйлемдерді мүлде ұқпайды. Оның үстіне менің жазуымды шығара алмайды.

            Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің дегендей қиындықтың көкесін енді мен де көре бастадым. Артқа қарауға, оқып үйренуге  уақыт тапшы. Не керек, жыл аяғында өтетін сессияға дейін бүкіл құжаттарды реттедім. Ендігі мақсат осы сессияда  бір екі депутатты қазақша сөйлету керек болды. Оның жазып әкелген мәтінін қазақ тіліне аударып беріп, өзімше оқытып көрсем, әлгі адам ежелеп отыр. Кейбір сөйлемдерге тілі келмейді. Не істеу керек? Қоянды қамыс. ерді намыс өлтіреді. Неде болса бір сағаттың ішінде екі депутатты  дайындап, сессияға қатысып отырған әкімдіктің алдында қазақша сөйлеттім. Әрине қазақты қазақша сөйлетуді телеарнада қызмет жасап жүргенде қолданғанмын. Оларға қағазға қарап оқуға болмайды деп, екі-үш күн бұрын жаттатуға беретін едік. Иә, мен қазақпын деп мақтанып жүрген ағайындарымның жағдайы нашарлады. Кейбіреуі тіл білмейтініне қынжылып, намыстанып жатса, біреулері өзіммен ұрыссуға айналды. Сөйтіп қазақ тілінде сөйлемеймін деп ат тонын ала қашатын басшыларды да қазақша сөйлете бастадым. Қанат Болатұлы комиссия отырысында қазақ тілінде сөйлейтін болды. Түсінбегендерге, басқа ұлттың өкілдеріне айтқан сөзін өзі орысша аударады. Сең қозғалды. Осындайда Қазақстанның  өз ана тілі-қазақ тілі бола тұра,  өз тілінде сөйлей алмай, ана тілінен айрылып қалғаны қынжылтады.

            Ата-бабамыз мұраға қалдырған ана тіліміздің мемлекеттік тіл мәртебесіне қайта көтерілу жолын сөз еткенде, тарихты айналып өте алмаймыз. Елімізді жетпіс жыл бойы билеген әкімшіл-әміршіл жүйенің ұстанған ұлт саясаты республикамызды мекендеген халықтардың табиғи даму заңдылықтарына ықпал етіп, туған тілінен, тарихы мен мәдениетінен айырудың қатерлі жағдайына душар етті. Жалпы, қазақ тілінің мемлекеттік, саяси ауқымы сонау патшалық отарлау заманы кезінен бастап-ақ төмендеді. Қазақ тілі мәселесін сөз еткенде, ұлттық тіліміз қай кездерде үстемдік етті, қай жылдары құжат тілі болды, қалай құлдаруға ұшырады  деген сауалға да тоқталып өтейін.

            Бүгінгі күнге дейін айтуға болмаған, айтылмай келген, кейінгі кезде оқып біліп жатқан қазақтың тағдыры былай өріліпті. Қазақтардың ата-бабалары бүгінгі қазақ елінің жерін ертеден мекен еткен түрік тайпаларынан шыққан дейді. Антропологиялық тұрғыдан қазақтар Оңтүстік Сібір нәсілінің тұран тобына жатады. Соңғы жылдардағы кейбір зерттеулер Х-ХІ ғасырда Қара теңіз аймағында Қазақия деген ел болғанын көрсеткен. Осы болжам бойынша аталған елде қазақтардың ата-бабалары тұруы мүмкін.

            Ал ресми тарихта  қазақтардың дербес халық болып бірігу процесі Алтын Орда құрамындағы Ноғай ұлысы ыдыраған ХҮ ғасырдан басталады. Осы мерзімде Керей мен Жәнібек бастаған тайпалар Еділ, Жайық өңірінен Шу, Талас бойына қоныс аударады. Мұнан кейінгі жылдары олардың ұрпақтары жергілікті түрк, түрк-монғол көшпелі тайпаларымен бірігіп, өздерін "қазақ" деп атай бастаған. Сөйтіп олар географиялық шаруашылық жағдайға қарай үш рулық топқа- жүздерге бөлінген. Кіші жүз, Орта жүз, Ұлы жүз. Қазақ тарихында Тәукенің орны ерекше. Ол үш жүздің басын қосып, әлеуметтік-қоғамдық тұрғыда нығаюына үлес қосты.

            Отызыншы жылдары сталиндік тоталитарлық жүйе Орта Азиядағы жан саны жағынан көп қазақ халқын сапа жағынан кемсітуді көздейді. 1920 жылдардың аяқ шеніндегі тәркілеу, зорлап ұжымдастыру барысында халық дәстүрлі шаруашылық қалпынан ауытқып, материалдық тұрғыдан тұралаған. Осы   1920 жылы Қазақ автономия республикасының қазанда өткен І Құрылтай декларациясында қазақ және басқа ұлт тілдеріне жете мән беру мәселесі талқыланып, нәтижесінде «ҚАССР-нің мемлекеттік мекемелерінде қазақ және орыс тілдерін қолдану тәртібі туралы» декреті қабылданған болатын. Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің Төралқасы мен Халық Комиссарлары Кеңесі сол жылдарда конституциялық нормаларға сәйкес қазақ тілінде іс жүргізудің қалыптасуы мен дамуына жәрдемдесетін бірқатар қаулылар қабылдады: Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1921 жылғы 2 ақпандағы «Қазақ және орыс тілдерін республикалық мемлекеттік мекемелерінде қолдану туралы» декреті, 1923 жылғы 20 қарашадағы «Қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу туралы» декреті қазақ тілінде іс жүргізудің алғашқы заңды құжаттары болды. Қазақ тілінде іс жүргізуді республикалық деңгейде дұрыс шешу мәселесі Қазақ өлкелік партия комитетінің 1929 жылы 11-16 желтоқсанда өткен V Пленумында қаралып, қаулы-қарарында ерекше көңіл бөлінді. Алайда, 20-жылдары тең құқықтығының принциптері, КСРО-дағы ұлттардың өз мәдениеті мен тілін дамыту құқығы шектелді. Тіл саясаты өрескел бұрмаланып, оның орнына Сталиннің ұлттарды ұлттық рухани қазынасынан айыруды көздейтін «біртұтас кеңес халқын жасау» саясаты орнықты.

            Заңсыздық пен зорлық-зомбылық ұлттық мәдениетке орасан зор нұқсан келтірді, мұндай келеңсіздікке қарсылық білдірген зиялы азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады, көбісі ату жазасына кесілді. Олардың қатарында Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллиндер бар еді. Кеңестік билік кезеңінде қазақ тілінің өркендеуіне ішкі және сыртқы әлеуметтік-демографиялық процестер ықпал етті. Ұжымдастыру жылдарында жіберілген қателіктер мен ашаршылық салдары Қазақстандағы демографиялық процестердің қалыпты арнасын бұзып, республиканың ұлттық құрамына ықпал етті, қазақтың саны кеміді, сайып келгенде, мұның өзі қазақ тіліне орасан зор зиян келтірді. 1931-1933  жылдардағы жасанды ашаршылық тұсында, болжамды мәлімет бойынша қазақтың үштен бірі жер қойнынан мәңгілік тыныштық тапқан. Ел еңсе көтере бастаған қырқыншы жылдардағы бейбіт өмір де көпке ұзамады. Германия мен Ресей-екі толитарлық ел соғыса жөнелгенде қазақтар майданның екі жағында бірдей қырылды. Бұдан кейін орыстандыру саясатына мойын ұсындық. Бұл байырғы халықтың жартысына жуығының ана тілінде сөйлемеуіне, ал қалғанының басым көпшілігінің ойлау жүйесі, ұлттық-ой санадан айрылуына әкеп соқты.

            Тың игеру саясаты Қазақстандағы жергілікті ұлт–қазақтарды өз туған жерінде аз ұлтқа айналдырып, қазақ тілінің өрісін тағы да  тарылтты. 1980-жылдардың бас кезінде қазақ тілі өз республикамызда белгілі бір дәрежеде беделін жоғалтты. Осындай объективті себептерге байланысты қазақ тілінің беделінің төмендеуі, қолданыс аясының тарылуы оны республика бойынша мемлекеттік тіл деп тануға итермеледі.1985 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Жазушылар Одағында көрнекті жазушы-академик Ғабит Мүсірепов тіл туралы жасаған баяндамасында тілді- ең бірінші, ұлттың ұлттық белгісі, халықтың тарихы мен тағдыры, әдебиеті мен мәдениеті, дәстүрі мен салты, ән мен күйі, жаны мен тәні, тіпті мінез-құлқы деп танып, тілден айрылу-бәрінен айрылу екендігін, сол себепті ана тілін сақтап қана қоймай, оны одан әрі дамыту шараларын жан-жақты ойластыру қажет екендігін айтты. Жазушының бұл сөзі қазақ зиялы қауымы ортасында үлкен серпіліс туғызды. Алайда әкімшіл-әміршіл жүйенің темірдей тәртібі ана тілі туралы нақтылы шындықты айтуға мұрсат бермеді. Орыс тілін білмесең нан алып жей алмайсың,-дейтін саясаттың арқасында бүкіл қазақ ана тілінен мақрұм қалып, осы күні орыс тілінде жазып, сайрап кеткен болатын.

***

            Қазақстан өз алдына тәуелсіз ел болғалы қазақ деген ұлттың өкілімін деп кеудеміз кере дем алатын болдық. 1985 жылы қайта құру басталған кезден бастап, оның өзінде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін, қазақ және орыс қостілділігінің қажеттілігі туралы мемлекеттік деңгейде мәселе көтерілді. Бұл ретте Қазақстан КП Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі 1987 жылғы 3 наурызда «Республикада қазақ тілін оқып-үйренуді жақсарту туралы» қаулы қабылдап, біршама шаралар жүзеге асты. Туған тіл төңірегіндегі келелі әңгіме, тартысты күрес 1989 жылы наурызда «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған мақалалардан бастау алады. Тілші-ғалым, академик Ә. Қайдаров республикада мемлекеттік тіл–бір тіл, ол – қазақ тілі болуға тиіс екенін жан-жақты дәлелдеп жеткізді. Осыдан кейін «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде сол жылы белгілі әдебиет, өнер және ғылым қайраткерлерінің қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде тану қажеттігі туралы республика жұртшылығына арналған ашық хаты жарияланды. Жер-жерлерден жеке авторлармен бірге мың жарым адамға дейін қол қойған ұжымдық хаттар түсті. Сол кезеңде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуын қолдап, қордалы ой қозғаған заңгер-ғалым С. Сартаев, жазушы С. Шаймерденов, өздерін шынайы интернационалист ретінде танытқан қазақстандық орыс жазушылары Д. Снегин, И. Щеголихин, тілші-ғалым, украин А. Гаркавец өз пікірлерін білдірді. Павлодар облысында да тіл жанашыры, қоғам қайраткері Қаматай Батталов, Жеңіс Марданов бастаған зиялы қауым өкілдері үйді-үйді аралап, мекемелерге барып, тұрғындардың қолын жинады. "Дауа" газеті де қазақ тілінің мемлекеттік статус алуын талап етіп, газетке шыққан ғалымдардың, қарапайым оқырмандардың пікірлері мен хаттарын, мақалаларын жариялады. 

            Тіл мәселесінің мемлекеттік деңгейде талқыға түсіп, жұртшылық арасында жаппай саяси тақырыпқа айналуы республика көлемінде қазақ тілін мемлекеттік тіл деп тануға себеп болды. Осы талаптар мен ұсыныстар нәтижесінде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің сессиясы 1989 жылғы 22 қыркүйекте Қазақ ССР-інің Тіл туралы заңын қабылдап, оның 1-бабында «Қазақ тілі Қазақ ССР-інің мемлекеттік тілі болып табылады» деп көрсетті. Осылайша, халықтың көптен күткен арманы орындалды. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен бұл заң 1990 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енгізілді. Республикада Тіл туралы заң қабылданғаннан кейін ғана 1990 жылдың 24 сәуірінде «ССРО халықтарының тілдері туралы» КСРО заңы қабылданып, онда тілдердің құқықтық мәртебесі нақтылы анықталды. Осы заңның 4-бабында:«Одақтас, автономиялы республикалар тілдерінің праволық статусын анықтауға, соның ішінде оларды мемлекеттік тілдер ретінде белгілеуге праволы» деп атап көрсетілді. Тіл саласындағы ұлт саясатының адамгершілік-құқықтық принциптері заңды жолмен осылайша қайта жаңғырды. 

            Қазақ тілінің мәртебесін жүзеге асыруға елеулі ықпал еткен фактор оның мемлекеттік мәртебесінің Қазақстан Республикасының 1993 жылғы қаңтарда қабылданған Негізгі Заңы-Конституциясында нақтылануы болды. Онда «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл- қазақ тілі» деп танылды  Бұл бап Қазақстан Республикасының жаңадан қабылданған 1995 жылғы Конституциясында да қайталанды. Әлемде жеті мыңға жуық тіл бар десек, соның тоқсан бесі ғана мемлекеттік тіл статусына ие екен. Қазақстанның мемлекеттік тілі-қазақ тілі.  Бұл статусқа Ата заңмен ие болдық. Қазақ тілі арнайы заңмен қорғалды. Әрі жеке мерекелік күн ретінде белгіленді. Көп ұзамай жүзден астам ұлт өкілдері тұратын Павлодар облысында әкімшіліктен бастап, бүкіл мемлекеттік құрылымдар, мекемелер, сауда орындары, денсаулық саласы,  жоғарғы оқу орындарының атаулары мен құжаттары екі тілде жазылып, іс қағаздары екі тілде  жүргізіле бастады. Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдары алда тұрған басты міндеттердің бірі мемлекеттік тілдің беделін көтеру және тілді білу әрбір азаматтың өмірлік қажетіне айналатындай, қазақстандық патриотизмнің құрамды бөлігі болатындай деңгейге көтеру қажет болды.

***

            Халық депутаттары облыстық кеңесі сессия өтетін үлкен залға синхрондық құрал жаңа-аппараттар  сатып әкелді. Әрине жаңа дүниенің сырын, оны  қалай іске қосуды кім білген? Екі құлағыңа аппаратты киіп, сөйлеп тұрған адамды ести отырып, қазақ тілінде тыңдаушыларға аударма арқылы жеткізесің. Тыңдаушының да құлағында аппарат болады. Микрофонның алдында отырып, сөзбе сөз аудару әрине оңай емес. Десем де, он алты жыл теледидарда  қызмет жасағанда, мұндай техниканың тілін білгенмін. Ол кезде кино түсіріп келген соң, мәтінін жазып, оны оқуды синхрон арқылы жеткізетінбіз. Яғни аударма ғана емес, киноның мәтінін микрофон алдында отырып, қолма қол оқитынбыз.  Енді міне орыс тіліндегі баяндаманы алдын ала қазақ тіліне тәржімалап алып, микрофон алдына отырамын. Ал жарыссөзге шыққандар сөйлеп жатқанда мәтінді ұғып алып, тосыннан сөз алғандарды да тікелей, қолма қол қазақшаға аударып беретін болдым. Синхрондық аударманы Қанат Болатұлы құлағына киіп тыңдап отырады. Кім білсін, өзгеге үлгі-өнеге көрсете ме, менің аудармамды тексере ме? Сөйтіп, істеп жүрген қызметіме де төселдім.

            Негізі бойыңда талантың болмаса, істейтін жұмысыңды дамыта алмайсың. Оралхан Бөкей деген мықты жазушының шығармаларын оқыдым, керемет суреттейді. "Атаукере" деген әңгімесін оқыған адам, жазушының талантына тәнті болады. Айтайын дегенім, теледидарда қызмет істеп жүргенде Оралханмен дәмдес болдым. Ол Ақмолада өткен телевизиялық "Жолдас" фестивалінің қонағы болды. Кездесулерге бардық. Біз талантты деп ақындарды, жазушыларды, тағы да басқа да өнер адамдардарын, жаңалық ашқан ғалымдарды, спортшыларды айтамыз. Сонда қалғандары талантсыз ба? Әрине олай емес. Осы мәселе төңірегінде, кездесудегі сұрақтардың біріне Оралхан -Талант адамның бойында болатын қасиет. Талантты ешкім сұрап алмайды,-дей келіп, "Талантты адамдарға көмектесу керек, талантсыздар өздері де жол табады"- деп жауап берді. Мен ойланып қалдым. Сонда талантсыздар кім болды екен? Сол сөзге мән беріп отырсам, талантсыздар арамызда бар сияқты. Бірге қызмет істеп жүргендердің кейбіреуі жолын тапқан, қызметке кездейсоқ орналасқандар. Солай болса да оларға көмектесті ғой. Бірақ көмектескеннің нәтижесі көрінбейді. Кім білсін, кейде жасы қырықтан, елуден асқандардың да таланттары оянып жаңалық ашып, өлең жазып жатады. Жетпіс жасында өлең жаза бастаған адамды білемін. Сонда ол осы жасқа дейін қайда болды? Бәлкім таланты жаңа оянған шығар. Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар деп қазақ тегін айтпаған ғой.

            Талант дегеннен шығады. Кеңестік заманда билік орнында қыздар жоқтың қасы еді. Ойлап отырсам Алма Мұқанқызы облыстың бүкіл идеологиясын басқарған, жаңа стильмен жүргізген тұңғыш қазақ қызы, әрі ғалым қыз. Ел басқарып, көшбасшы болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оған да тума талант, дарын керек. Талантты жан Ертістің Кереку өңірінің өркендеп дамуына бар күш жігерін сарп етіп,үлкен жетістіктерге жеткен еді. Қазақстанда алып өндіріс және ауылшаруашылығы кешендері бірінен соң бірі бой көтеріп, құрылыс толассыз жүргізілген қиын да күрделі уақыт болатын. Ертістің Павлодар өңірінде Екібастұз жылу-энергетика кешені іске қосылған. Осыған орай  ұлан-асыр құрылыс жұмыстарын идеологиялық тұрғыдан қамтамасыз ету ол кісінің міндеті болды. Сексенінші жылдары Одақтық және Республикалық "Мәдениет, әдебиет, өнер күндері", әр түрлі фестивальдер, конкурстар өтті. Қазақ ұлтының қол жеткізген игі жетістіктерінің бәрінде дерлік ол кісі басы қасында болды. Сексенінші жылдары "қызыл империяның" құлдырап, жантәсілім алдындағы "қайта құру" науқаны ол кісінің өмірін өзгертті. Одан кейін "өтпелі" кезең келді. Күрмеуі көп, аумалы-төкпелі  кезең ауыр тиді. Аса жоғары лауазымда қызмет істеген жан сол кездегі кадрдағы келеңсіздіктің кесірінен қызметтен кетті. "Саясатпен сен айналыспасаң, сенімен саясат айналысады" дегендей, сол жылы  облыстық телерадиокомпаниясына басшы болып барды. Алайда онда да талантты басшыны қудалады.

            Кеңес үкіметі кезінде қазақтардың тарихы жеке жазылмағандықтан бізді тарихы жоқ халық деп таныды. Қазан революциясына дейін қазақ тілінде екі миллион дана таралыммен 509 кітаптар мен кітапшалар шыққанын ұмыттық. Олардың ішінде Пушкиннің, Лермонтовтың басқа да шет ел жазушыларының кітаптары болды. Мәшһүр Жүсіп қазақтың ата-тегін жазды, тарихты зерттегендер де  болды. Алайда Кеңес үкіметі бәрін де жойды. Тіпті Америка, Италия тағы да басқа толып жатқан мемлекеттер қазақ деген ұлт бар екенін білмеді. Туристік сапармен барған қазақтарды кеңес үкіметінің адамдары деп санады. Бір ұлт деп ойлады. Олардың ұлтын да ешкім сұрамады.

***

            Ақындық құдай берген құдірет. Негізі қай заманда да нағыз суреткер өз заманының азаматы болған-халқының сезімімен, өмірімен біте қайнасып, оның қайғысын да қуанышын да бөліскен. Тек ақындар ғана құлақ күйін келтірген аспаптай халық қайғысын күңіреніп жеткізді, қуанышын шаттана жырлады. Сондықтан да шығар, көптеген алыста қалған тариха оқиғалар жайлы әдеби шығармалардан біліп жатқанымыз. Мысалы, Гомердің  көзқарасы, оның айнала тіршілікті бүге-шігесіне дейін түсінуі сол заманның ресми хабарларынан гөрі нанымды да әсерлі. Негізі осы ақындардың өлеңдерін оқып отырып, тарихи шындықты ашуға болады. Тарихшылар деректерді ақындар өлеңімен салыстырып барып, өткен тарихымызды қалпына келтіруде. Енді міне Қазақстан деген мемлекет барын жаңа ғана біліп жатыр. Егемендігімізді  жариялаған кезде бізді мемлекеттік ретінде ең бірінші болып Түркия таныды. Айта берсем сөзім таусылмайды.

            Қазіргі кезде халық депутаттары облыстық кеңесінің бүкіл құжаттарын аударумен айналысып отырмын. Аудармашылық-өнер. Қазақ тілі мен әдебиетінің кез келген маманы, тіпті журналист пен жазушының өзі де аудармашылықты бірден алып кете алмайды. Тіпті қайсыбірінің бұл өнерге өмір бойы өресі жетпеуі де мүмкін. Зерттеушілер аударманы үш түрге бөледі. Еркін немесе нәзиралық аударма(вольный или свободный перевод), дәлме-дәл және жолма жол аударма (буквальный и дословный), теңдес, толық сәйкес келетін аударма (адекватный, полноценный перевод). Мен ресми құжат тілімен аударамын.  Мұны аудентикалық(сайма-сай-түп нұсқаға толық сәйкес) аударма дейді. Жалпы аударманың маңызы зор. Колумбия жазушысы Нобель сыйлығының лауреаты Габриель Гариса Маркес "Бұл аудармашы байқұстарды қойсайшы"дей келіп, "мұның өзі өте қиын, әрі ең бір қадірсіз және ең жаманы ақы-пұлы төмен жұмыс білем" деп мүсіркеулік білдіреді. А.Пушкин "Аудармашылар-ағарту ісінің күре тартар күреңдері" деген баға береді.

            Аударма тарихы,сонау есте жоқ ескі замандардың өзінде жүргізілді.Мемлекеттер мен ұлыстар бір-бірімен елшілік қарым-қатынаста тілмәш арқылы сөйлесті.  Қытай, Иран мұрағаттарында біздің тарихымызға қатысты құжаттар табылды. Мұның бәрі хандық кезінде,мемлекет кезінде  хан сарайларында тілмәштардың болғандығын көрсетеді.  Мысалы,ежелгі парсы елінің "Ләйлі-Мәжнүн""Сейфіл-Мәлік"хисса жырлары -қазақтың жыраулары арқылы жетті. Парсының салт-дәстүрдлерінің ұқсастығынан бұл жырлар бізге сіңіп кетті. Сол сияқты өзбек, қырғыз,тәжік шығармалары төл туындыға  айналды.

            Аудармашылық-шығармашылық жұмыс. Әрине бұл ойды мен айтпасам да, ғалымдар шығармашылық өнер екеннін дәлелдеді. Аудармашы киелі мамандық,мұны ел мен елді жалғастырар алтын көпір дейміз.Тілімізде жаман сөз жоқ, кінә -сөзді орнына қолдана білмейтіндердің өзінде.Аударманың  құпия сырын өзімше білдім деп жүрсем, мен білмейтін, түсіне бермейтін сөздер көп екен. Сөзбе сөз аударамын деп қазір кейбір терминдерді орыс тілінде сол қалпында қолданып жүрмін. Бұл өзі бір жағынан көпшілікке түсінікті болу үшін қолайлы. Алайда қазақ тілі  бөтен сөзбен былғанып жатқан сияқты. Маған көмек керек.  Ол үшін қайтадан оқуым, кітаптарды ақтаруым керек. Бәрін білемін деп жүргенім бос сөз екен. Қандай бір ұғымды бойына ұстап тұрған кез келген сөз біздің дыбыстау мүшелеріміздің қызметі (артикуляция) мен дыбыс шығару (акустика) табиғатына сай болуы керек. Тіл кірме сөздермен баюы керек. Сонда ғана ойды қазақша шығаруға әлдеқайда қызмет ете алады. Алайда ана тілімізге жат сөздерге қазақша қанша қосымша жалғасақ та, олар біздікі болып кете алмайды. Терминнің бәрі сөз емес, бірақ сөздің бәрі термин емес . Жалпы сөз немесе термин дегеніміз не?  Термин дегеніміз -сөзді дәл жеткізетін сөз. Сөзден термин жасалады. Терминдердің негізін Алаш зиялылары салды. Ахмет Байтұрсыновтың выговор-сөгіс, проводник-өткізгіш. Құжат, мәтін-текст, хаттама, протокол, метод, әдіс, қарар-резолюция деген Бұл терминдерді аударма кезінде  қолданып жүрмін. 

            Облыстық партия комиетінің ішіндегі кабинеттерге кіре алмайтын, ортадағы залменен жүре алмайтын кез артта қалды. Күні кеше өзім тұтқасын ұстаған былғары есікті шалқайта ашып, өткенді еске аламын. Иә, заман өзгерді, адамдар да өзгерді. Қазір бұл кабинетте облыстық әкімшіліктің қызметкері, әкімнің орынбасары отырады. Тәуелсіз еліміздің мемлекеттік құрылымдары да күн сайын өзгеруде. Жаңадан  облыстық тіл комитеті құрылды. Оған Тельман Айтқазин басшылыққа тағайындалды. Халық депутаттары облыстық кеңесі облыстық мәслихат болып қайта құрылды. Осы атауына байланысты депутаттардың сайлауы өтетін болды. Депутаттыққа үміткерлердің тұғырнамасын қазақшаладым. Жаңа құрылымның жаңа лауазымдық қызметтері пайда болды. Мені облыстық әкімшіліктегі қоғамдық саясат бөліміне шақырды. Сөйтіп, 1995 жылы  9 тамызда облыстық әкімшілік аппаратына қоғамдық саясат бөліміне аға референт қызметіне ауыстым. Мәслихаттың аударма жұмысымен қоштастым.

            Қоғамдық саясат бөлімінің басшысы Күлжан Мұқышқызы  Ахметова. Менің негізі міндетім баспасөзбен байланыс жасау болды. Қызметке шыққан күннен бастап, қазақ тілінде шыққан газет-жорналдарды оқып, мақалаларға сараптама, шолу жасаймын. Облыс жайында жазылған мақалалар болса, астын сызып, әкімнің оқуына беремін, кейбіреуін талдап жазамын. Әйтеуір орыс тіліне сирек аударамын. Оның өзінде сын мақала болса,  әкімге түсінікті болу үшін орысша аударуға мәжбүр боламыз. Орыс тіліндегі газет-жорналдарды Швайко Валерий Владимирович қарап, талдап жазып отырады. Менің тағы бір міндетім облыс әкімі Даниял Кенжетайұлының баяндамаларын, жиналыс жүргізгенде сөйлейтін сөздерін қазақша дайындап беремін. Жалпы баяндаманы орыс тілінде Гүлжан Мұқышқызы өзі жазып, дайындайды. Сонымен қызмет лауазымым жоғарылаған сайын, істейтін жұмыстарым да көбейді. Әрі мазмұны да, мағынасы да өзгерді. Бұрын  хаттамаларды, құжаттарды  қазақшалап отырсам, енді құжаттамаларды  қазақ тілінде өзім жазамын. Ал құжаттама бөлімі дайын дүниелермен жұмыс істейді. Қазір олар штатқа аудармашы алды. Осы бөлімге облыстық "Сарыарқа самалы" газетінде істеген Ульян Мақұлұлы мен машинистка Ләззат Кешубаева келді. Әкімшілікте жалғыз емеспін. Әріптестерімнің келуі менің де күшіме күш, бойыма жігер қосты.Тамыз айында менің туған күнім болды. Тәңертеңгілікте бөлім қызметкерлері гүл және қол сағат сыйға тартты. Әрине әкімшіліктен алған алғашқы сыйлығым үшін қуанышымда шек болмады.

***

          Қазір біз тәуелсіздікті бекіте түсу үшін еңбек етіп жатырмыз. Бұрын қандай едік? Ана тілімізде сөйлейтін орта болмағандықтан, қазақ тілінің қажеттілігі төмендеді. Келешегіміз не болады, қайда барамыз, заман қалай болар екен деп уайымдадық. Ол күндер артта қалды. Жабылып қалған қазақ мектептері ашылды. Мемлекеттік тілдің қажеттілігін ұлттың, сол тілдің иесі болып отырған халықтың мәдениеті мен дүниетанымын жеткізетін, ұлттық мәдени әрекеттер, ұлттық салт-дәстүр шаралар тудыратыны белгілі. Салт-дәстүрлеріміз бірте-бірте оралуда. Шынын айтатын болсам, қазір тіл үшін майдан кәдімгідей қыза түсті. Қазақ тілінде сөйлеуге басқа ұлт өкілдері ынта білдіріп жатқанда, кейде өзіміздің ұлт өкілдері қарсылық көрсетіп, бой көрсетіп жатыр.Мемлекеттік тілді білемін, бірақ сөйлемеймін, жаза да алмаймын деушілермен күнде кездесемін. Қазақта намыс жоқ десем артық болмас. Сана сезімдері оянбаған секілді. Әтеген-ай, әлемдік мәдениет өкілдері, орыс ориенталистері тамсана, таңдана, сүйсіне жазған қазақ тілі өз қандастарымызға қадірсіз, қажетсіз дүниеге айналғанын айтсайшы?  Асанқайғыдан ұласқан, сосын Абай асқақтатқан, Қаныш, Мұтар, Ғабиттер көркемдік биікке көтерген, берісі Қасым, Мұқағалилар шеберлендіре түскен  түркі әлеміндегі ең таза, тілімізді қастерлей алмай отырған мына өзіміз.

            Әкімдікке Баянауыл, Май, Лебяжі аудандарынан ақпараттар, хаттар, құжаттар мемлекеттік тілде келіп түседі. Ал басқа аудандар екі тілде дайындайды. Кеңес үкіметі кезінде билік орындарына қызмет бабымен көтеріле алмаған қазақ ұлтының өкілдері қазір мекемелерді басқарып отыр. Жекешелендіру кезінде совхоздарды да жеке өзіне аударып алған директорлар бар.Трактор заводы бөлшектеніп кетті. Кейбір алып цехтар жекенің қолына өтті. Дегенмен халықтың жағдайы бірте-бірте жақсара бастады. Зейнеткерлер де зейнетақысын уақытында алатын болды. Қазір Қазақстанның өз ақшасы, теңгесі бар. 1993 жылғы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы -теңге айналысқа түсті. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды. Ұлттық Банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге бағалаған болатын. Дегенмен, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп 1 теңге 500 сомға бекітілді. Теңге бірінші айналымға кірген күні 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілді. Міне қазір біз өз теңгемізбен жалақамызды аламыз. Негізі ақша ауысар кезде қолдағы ескі ақшаларын жинап алып, көршілес Омбыға, тіпті Ресейдің басқа қалаларына барып, бірнеше жеңілмашина сатып әкелгендер бизнесін бірден дөңгелетіп әкетті. Кейбір қарапайым тұрғындар артық ақшаларын қайда жұмсарын білмей шабылып жатқанда, есебін тапқандар байыды.         "Байып кетсең байлыққа көп қызықпа, жүректегі иманыңды суытпа, Ей, бауырым сол байлықты Алланың өзі беріп, өзі аларын ұмытпа!" Иә, аса байлық не керек, ден сау болса болғаны ғой. Дегенмен әкімшілікке ауысқаннан бері тұрып жатқан баспанамыз тарылып кеткендей болды. Бұрын қанша қонақ келіп, қанша студенттер жатағы болса да, білінбеген еді. Енді міне ойда жоқта жаңа коттеджге көңіліміз ауды.  Негізі Суворов көшесіндегі 8-ші үйдің 44-ші пәтері құтты үй болды. Бұл үйді теледидарда қызмет істеп жүргенде, үй-күйсіз жүдеп-жадап жүрген кезде, облыстық Кеңес арқылы алған болатынбыз. Тоғыз қабатты ғимарат қаладағы телевизия орталығында ашық алаңға алғашқы тұрғызылған үйлердің бірі. Көршілеріміз  Мақсат Әлинов, Шаймұрат Ахмеров және басқа да белгілі адамдар болды. Бұл үйде жиырма жыл тұрдық. Қаншама жақсылықтар мен жамандықтарды басымыздан кешірдік. Қолымда жаңа туған нәрестем-Кларам, жетегімдегі екі жастағы Нәзгүл қызыммен осы үйге кіргеннен бері, олар да бойжетті. Көршілердің балаларымен ойнап өсті. 

            Қанаттың анасы алғашқы жылдары бізбен бірге тұрды. Ол кісі 1985 жылы дүниеден озды. Қанат ол жылдары теміржолда қызмет істеді. Нәзгүл институттқа түсіп, инженер-құрылысшы мамандығын алды. Жоғары білім алған соң, С. Торайғыров атындағы Павлодар индустриалды институтында лаборант болды. Клара №1 мектептің 9-сыныбын бітірген жылы медицина училищесіне емтихан тапсырып, өте алмаған соң, №10-шы Абай атындағы мектепке оқуға барды. Орыс мектебінен келген Клараға қазақша оқу оңай болмады. Сонда да, оныншы бітіріп, қолына аттестат алып, медучилищенің емдеу бөліміне оқуға түсіп, тәмамдады. Осы үйде Айнұр өмірге келді. №5-ші орта мектепке қазақ класын ашқызып, сонда бірінші класқа барды. Бастауыш класты бітірген соң, Ы.Алтынсарин атындағы мектепте оқуын жалғастырды. Бізбен бірге тәтемнің қызы Бағлан тұрды. Ол да жоғары оқу орнын бітіріп, қазір Екібастұзда қызмет істеп жүр. Өткен жылы тұрмысқа шықты. Оның тойын жасадық. Дүние-мүлкін әпердік, москвич жеңіл машинаны қоса  бердік. Құдаларымыз Социалистік Еңбек Ері Бөкен Қызғариндер. Асқар деген күйеу баламыз бар. Өзіміз Бебель көшесінде өрт қауіпсіздігіне арналған қосымша есікті жекешелендіріп, шағын дүкен ашқан "Назарет" жеке кәсібімен сатып алдық. Қазіргі кезде ұсақ-түйек сататын дүкенді жалға бердік. Дәм жазды ма, бұйырғаны сол болды ма, енді міне Лесозавод шағын ауданындағы жаңа екі қабатты баспанаға айырбастадық.

            Айтпақшы, өткен жылы Айнұр бастауыш мектепті бітіріп, Клара медицина училищесін бітірді деп туған-туыстарды шақырып, той жасаған болатынбыз. Тойды Әлинов Мараттың "Әди" кафесінде өткіздік. Оған Клараның курстастары, мұғалімдері, туыстар, достарымыз шақырылды. Жүзге жуық адам болды. Игі тілектер айтылды. Киноға да түсірдік. Осы тойдың үстінде Боранбай мен Нұрғанипа ерекше тілек айтқан болатын. Құрылыс саласында істейтін Боранбай Молдыбаев Лесозвод шағын ауданында екі қабатты коттедж салып, жертөлесіне бассейін жасап, шет елдегілерше өте жақсы тұратын еді. Нұрғанипа өзінің осы коттеджі туралы жұртқа жария еткісі келді ме, әлде шын ниетімен тілек айтты ма екен, әйтеуір өлеңдетіп сөйлеген сөзінің түйінінде "келешекте бассейіні бар коттеджде тұруға нәсіп етсін"-деді. Біз өзімізше ондайға жету қайда деп, айтылған сөзді елемеген болдық. Періште әумин деді ме екен, міне сол тілегі қабыл болды.  20 тамызда Костелецкий көшесіндегі, яғни 9-шы проездегі 47-үйге көшіп бардық.

***

            Жаңа үйдің сырты әдемі болғанымен, іші жайрап жатыр. Құрылысы елу пайызға салынып біткен. Астыңғы қабаттағы залда еден жоқ, үңірейіп тұр. Оны дұрыстап салып алу үшін жуан сырғауыл және еден тақтайлары керек. Нөкеш тәтем ауруханадан шығып, жаңа үйді көріп, өкініш білдірді. "Қанша жұмыс бар, қиын болады ғой", -деп мені аяды. Әрине үй салу оңай емес. Десем де тіршілік иесі құмырсқа құсап тырбанып жұмыс істей береді. Жақсы тұрғысы келеді. Қанаттың арманы жер үйге көшу еді, көшті. Үйді өзім салып бітіремін деді. Мен болсам әкімнің аппаратында істеймін. Күнде-күнде бір іс-шара өтеді. Президенттік референдумға дайындалып жатырмыз. Сайлау өтетін жерде үгітшілер кезекшілік етеді. Біз олармен бірге жүреміз. Идеологиялық жұмыс біздің мойнымызда. Қанат шағын ауданға көшіп келгелі темір жолдағы жұмысынан шығып, тұрғын үй кооперативін құрамын деп, соның құжаттарымен жүр. Оның үстіне үйді бітіру керек деп құрылысшыларды жалдайды. Олармен келісе алмай, жүйкесін тоздырды.

            Боранбайдың бригадасы көмектесіп біраз жұмысын істеді. Жиған-тергенімізді коттеджге төледік. Әлі де бес жүз мың теңге қарызымыз бар. Жаңа жылға дейін қарыздан құтылып, үйдің құжаттарын алу керек. Манат Екібастұзда "Айзат" деген базарды ұстап отыр. Бұл базарды байып кеткендерден үстеме салық алып тұратын, қылмыс әлемінің дөкейі, атақты қарта ойыншысы Орынтай Қарашашевпен бірге ашты. Манат біздің қарызды өтеуге көмектесетін болды. Қанат бизнесті ерте бастаған Қобланды Айсазиновпен бірге еден бояуларын сатумен айналыса бастады. Жақында Ресейге барып келді. Қобланды бояу шығаратын цехты ұстайды. Жекешелендіріп алған дүниесі арқылы байып барады. 

            Кенже қызым Айнұр Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернатта оқиды. Оның тәрбиесіне, оқуына көңіл бөлуге уақыт жоқ. Әйтеуір талантты бала өз тіршілігін өзі жасайды. Ән айтады, домбыра ойнайды. Қолынан келмейтіні жоқ. Мектепке барады. Жаяу жүретін жолында ескі қорым бар. Айнұр ескі зираттың ішемен өтеді. Кейде бірдеңеге ұрынып қалмаса жарар еді деп, қорқып отырамын.  Бірде ит қуды деп келеді. Бірде жылап келеді. Жақында осы маңдағы ауылдың иті тістеп алды. Оны дәрігерге апарып, укол салғыздық. Екеуміз той жүргізетін едік, жаңа оқу жылы басталғалы шақырған жерден бас тартатын болдым."Облыстық "Сарыарқа самалы" газетінің бас редакторы Әлқожа Мұхаметжанов зейнет демалысына шықты.Орнына редакторлыққа байқау жарияланды. Газеттегілер мені редактор болып келеді деп жүр. Газет тарихында облыстық газетте әйел редактор болған емес. Маған қарсы адамдардың бірі Жанат Тұрғанбеков. Ол Қанат Болатұлы облыстық кеңеске баспасөзбен байланыс және мемлекеттік тілдерді дамыту бөліміне  қызметке шақырғанда келмегеніне өкінетін көрінеді. Ұзынқұлақтан естуімше редакторлық байқауға қатысуға құжаттарын тапсырыпты. Бірақ амал не, кенеттен басына қан құйылып, қайтыс болып кетті.

            Референдум алдында мекемелерде кездесулер өткізіп жүрміз. Кеше Мұсылман әйелдері қоғамының төрайымы Зәра Қожахметова, "Қазақ тілі қоғамының төрағасы Мұрат Әбдірахмановпен 1485 әскери бөлімге бардық. Онда жақында оңтүстіктің жігіті өзіне өзі қол салыпты. Біздің міндетіміз ондағы солдаттармен сөйлесіп, әңгімелесу болатын. Келесі күні Ақтоғай ауданына бардық. Онда жергілікті зейнеткерлердің зейнетақысын уақытылы берлуін қадағалап, көрдік. Мұнан кейін Президенттің атындағы волейбол турнирінің өткізілуіне басшылық жасадым. Әр облыстан волейболшы қыздар командалары келді. "Облыс туралы" қалың кітап жарық көрді. Оның баспадан шығуын қадағаладым. Екібастұз ауданына Елубай Оразалинов әкім болып тағайындалды. Елубай Манаттың досы, әрі көршісі. Бірге дастархандас болғанбыз. Тікелей телефон арқылы құттықтадым. Риза болды.

***

            Қанат жалғыз жүріп, Шарбақты ауданындағы Галкин ауылынан ескі үйді сатып алып, оны бұзып әкелемін деп, төбесінен құлады. Белін сындырды. Жаңа үйдің жаңа бейнеті басталды. Қыс иек астында. Суық түссе, не боларымызды кім білсін? Үйдің ішіндегі жөндеу жұмысын одан әрі жалғастыруға өзім белсене шықтым. Манат Екібастұздан күнде келіп тұрады. Сынықшыны да, емшіні де әкелді. Менің енді  істеліп жатқан құрылыс жұмысына бас-көз болуым керек. Ауылдағы тәтем төсекке таңылды. Клара жұқпалы ауруларды емдейтін ауруханада медсестра. Тәтем ауырғалы ауылға "жигули "машинасының роліне өзім отырып, Клараны апарамын. Ол тәтеме укол салады, система қояды. Шегінерге жол жоқ. Қанат ауруханадан шыққанымен беліне гипс салған , қозғалып кетпес үшін корсет киеді. Бір орнында жату керек, қозғалуға болмайды. Жатып алып тамақ ішеді. Тұрғызуға болады. Онда серейіп жүреді, серейіп жатады.

            Тәңертеңгі сағат бестің кезінде есіктің қоңырауы соғылды. Шырт ұйқыда жатыр едім, қатты шошып ояндым. Жүгіріп есікке бардым. Далада Боранбай мен Нұрғанипа тұр.Тәтем Нөкештің жағдайы төмен болған соң, әлде қандай жағдай болады деп, осы кісілердің телефон нөмірін бергенмін. Үйге телефон орнатуға нөмірін алып қойғанбыз, бірақ  сымы тартылмаған. Өткен түнде Клара екеуміз ауылға барып келгеміз, қона жатуға Қанаттың да жағдайын ойладым. Не де болса немере інісі Абылайға, қасында бол деп тапсырып кеткенмін. Әрине жүрегім сезді. Жәйдан жәй көршілер келмейді. Иә, солай, тәңертеңгі сағат 5-те жалғыз ағамның демі бітіп, көрер жарығы өшіпті. Алланың ісіне шара бар ма? Қанатты көлденең жатқызып, тағы да өзім рольге отырып, жылап-сықтап        Қызылтаңға бардым. Бүкіл ауыртпашылық менің мойныма түсті. Осының алдында Алғадағы Шәйкөндер сыйға берген жылқыны алып келгенмін, союға арық болды да, оны Сләмғалидың семіз жылқысына ауыстырдым. Үстіне қара мал қосып бердік. Жарты етін жабдығына жұмсадық, қалғанын қырық күніне қалдырдым. "Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады"- деп қазақ тегін айтпаған ғой. Жылауға да шамам жетпей, қаладан келген жолдас-жораларымды күтіп алдым. Қазан айында күн сондай суық болды. Қар аралас жаңбыр жауды. Тәтемнің ұлы Ерланның денсаулығы жоқ. Жүрек талмасымен ауырады. Өзі арық, құр сүйек. Әкесін жуындырар алдында, бетін ашып көремін деп өзіммен салғыласты. Мен рұхсат етпеп едім, кәдімгідей ренжіп, жылады.Сонда да мінезімнің қаталдығын көрсеттім. Қыздарды да  бір уысымда ұстадым.

            Әлі есімде тәтем бұдан үш-төрт ай бұрын қалаға келіп, маған екінші топтағы мүгедектікке өткізіп, қағаз алып бер деп сұрады. Оның қажеті қанша десем де, болмады. "Ертең өліп қалсам, Сержанды асырайды, оқуына септігі тиеді. Сендерден ақша сұрамайды"-деді. Айтқанындай екінші топқа өтті. Міне сол қаражаттың да пайдасы болды.. Жеңгем төрт айдың зейнетақысын жинап қойыпты.  Ол ақшаға сүйекке түскендерге таратын киімдерді, ақиретін, басқа да ұсақ-түйектерін сатып алдық.Сержан Абай атындағы 10-шы мектепті алдағы жылы бітіреді. Оны оқудан екі-үш күнге сұрап алдық. Сөйтіп, ағамды 17 қазанда жерледік.Тәтем біздің жаңа үйді онша ұната қоймады. Қанаттың мертіккеніне де қынжылды. Соңғы күндері ауру жанына батып, қатты қиналды. Ішкі-құрылысы ауырғанда шыдай алмайтын. Қанша дәрі қабылдады. Ауырғанын басатын дәрі бер деп онкодиспансерге де бардым. Олар бермеді. Бірнеше дәріні қосып, араластырып беріңдер деп кеңес берді. Солай істедік.

            Адамның ағзасы оған да үйреніп алды. Сөйтіп жүріп "сендерге масыл болдым, бәрібір өлетін шығармын, дәрі де көмектеспейді,"- деп өзіне өзі қол жұмсамақ болды. Тамырын зақымдады. Бірақ ажалы жетпесе, ешкім де өлмейді екен. Алла ондай кезде бейнетіне бейнет қосып береді.Тәтем көп бейнет көрді. Енді тек о дүниеде жұмақтың есігі ашылсын. Балалары аман болсын, артында қалғандарға ұзақ ғұмыр тілеймін. Мені де аяушы еді. Сананы тұрмыс билеген заман болды ғой. Балаларының адам болып шығуына әлі де көмектесіп келемін. Бағдат та, Бағлан да жоғары білім алды.  Ерланның ұнатқан қызын өзім барып, ұрлап әкелдім. Тойын жасадық. Қазір Балғаным екеуі, денсаулығы нашар болса да, екі бала тәрбиелеп отыр. Ерланды емдетемін деп  Новосібірге де апардық. Алматыға жібердім. Ота жасау керек деген, оған баланың құлқы соқпады. Қорқады. Қазір Ерлан мүгедектігіне жәрдемақы алады. Ауылда мал ұстайды. Жолдастары өте жақсы жігіттер. Үнемі көмектеседі. Зират көтеруге солар қол ұшын берді. Сөйтіп, ағамның ауылдағы шаңырағын Ерлан ұстап қалды. 

***

            Тіл - әрбір халықтың парасаттылығы мен мәдениетін, ұлттық ерекшеліктері мен айрықша қасиеттерін танытатын баға жетпес қазынасы. Сонымен бірге ұрпақтан ұрпаққа жеткізер мол мұрасы. Әдемі айтылған сөз. Алайда жетпіс жыл бойы өз тіліміз туралы ойлансақ та, түпкі қасиетіне үңілмедік.. Орыс тілінің шылауында кетіп қалғанымыз сонша, үйдің ішінде де қарым-қатынасымыз осы тіл болып кетті. Тойларда жасы жер ортасынан асқан ата мен әженің тілек айтып тұрған сәтін көрсеңіз ғой. Бір ауыз қазақша қоспайды. Өткен жолы үйлену тойын жүргіздім. Тақпақтатып, әндетіп, беташар айттым. Келінім сөзімді түсінбесе де иіліп, сәлем беріп тұрды. Той иесі бір-екі ауыз орысша қосып жүргізші деп өтінген. Мен үндемедім. Алайда тілек айтқандардың ішінде иегінде шоқша сақалы бар өзім жақсы танитын ақсақал орысша сайрады. Қасына барып -Ата, тілегіңізге бір ауыз қазақша қосыңызшы,-деп едім, маған көзін аларта қарап,- жиендерім қазақша түсінбейді, сөзім далаға кетеді деді де,- өзіне өзі риза болғандай орнына барып отырды. Біз осы тіл мен сөздің қадірін әр жұрт, әр халық ерте-ақ білгенбіз.  Амал қанша, сол тіліміздің қадірін бүгінгінің адамдары сезінетін емес. Не болар екенбіз.

                Қазіргі кезеңде әлемде алты түрлі идеология түрі әрекет ету үстінде екен. Олар: мемлекеттік идеология, ұлттық идеология, миссионерлік идеология және сырттан әрқилы қысым жасайтын түрлі реңдегі саяси идеология. Көптеген мұсылман мемлекеттерінде шешуші орында діни идеология тұр. Бірақ біздің мемлекетіміз бұл жолды ұстана алмайды. Себебі біз көп тілді шашыранды диаспоралары мол зайырлы мемлекетпіз. Павлодар облысында жүзден астам ұлттың өкілдері тұрады. Олардың ішінде өз діндерін берік ұстанатындар да бар. Кеше мені облыстық әкімшіліктің ішкі саясат бөлімінің консультанты етіп тағайындады. Жұмысымның аты өзгергенмен, негізгі атқаратын қызметім сол, мемлекеттік иделогия, яғни  баспасөзбен байланыс жасаймын. Еңбегімнің бағаланғаны болар,  маған онбірінші класс квалификациясын беріп, жалақымды көбейтті. Мен негізінен қазақ тілін дамыту жолында еңбек етіп жатырмын Әкіммен өтетін жиналыстарға, кездесулерге облыстағы меншікті тілшілер мен газет теледидарлардан тілшілердің қатысуын қамтамасыз етемін. Баспасөз релиздерін дайындаймын. Онда сөз болатын тақырыптарды, кімнің сөз сөйлейтінін, жалпы тақырып туралы мәлімет беремін. Облыс әкімінің қатысуымен облыстағы мемлекеттік тілдің хал-ахуалы қарастырылған жиын өтті. Аудан әкімдеріне тапсырмалар берілді. Барлық құрылымдардағы мекемелердің мемлекеттік тілде құжат дайындау мерзімдері белгіленді. Мемлекеттік  тіл мәселесі өзекті тақырыпқа айналды.

***

            Айналайын, келсе орайы, қолайы, сенің үшін жаным пида, толайым. Дейді қазақ ұл-қызына қымбаттым, қарашығым, құрбандығың болайын.  "Еңкейгенге еңкей, әкеңнен қалған құл емес, шалқайғанға шалқай Пайғамбардың ұлы емес". Бұл мақалды орыс тілінде өлең жазатын Олжас ақыннан оқыдым. Олжабай батырдың ұрпағы, жерлесіміз Олжас Сүлейменов өзінің мерейтойын Керекуде өткізбекші. Павлодар облысының әкімі Д. Ахметовтың атынан құттықтау дайындадым. Бөлім бастығы Күлжан Мұқышқызы мені кабинетіне жиі шақырады. Екеуміз қызмет бабында кез келген баяндамаларды, немесе құттықтауларды бірге жазамыз. Қазақша үйренгісі келеді. Басқа да мәселені шешеміз. Негізі екеуміз жақын дос болып кеттік. Яғни дос болып кеттіңдер деп бөлімдегілер айтады, қызғаныш білдіреді.

            Түс көрдім. Күлжанның кабинетінде отырмыз. Есіктен орта жастағы екі әскери жігіт көрінді. Қолдарында бір құшақ гүл. Сарғыш жігіт гүлді Күлжанға ұсынды. Күлжан Ахметованы қызмет бабында көп адамдар біледі, кабинетіне де жиі келеді.  Ол сонау партия комитетінде жоғарғы оқу орындары мен білім беру саласында қызметте болды. Оған қанша адам келіп, кетіп жатады. Газет редакторлары үнемі байланыс жасайды. Ал әскери жігіттерді түсімде көргеніме таң-тамаша қалдым. Жалпы бөлім Павлодар қаласындағы екі әскери бөлімшемен қарым-қатынас жасап тұрады. Өткен жолы Мұсылман әйелдер қоғамымен барғанда бөлім бастығы подполковник Бақытжан Әбдіқалықовпен кездестім. Бұл жігітпен мәслихатта жүргенде Бижамал екеуміз танысқанбыз. Ол сол жылдары облыстық мәслихатқа депутаттыққа өтуге тұғырнамасын әкелді. Ел сенген өкілі болып, сайлаушылармен кездесуге бардық. Онда Бижамалдың немере ағасы подполковник Нәсіполла Шотов та болды. Оның атқаратын қызметі облыстық ішкі істер басқармасында баспасөз жөніндегі маман болатын. Нәсіполла ағамызбен талай рет Бижамалдың үйінде дастархандас болдық. Оның әйелі Бағдагүлді де жақсы таныдым. Екеуі Бағдагүлмен еріп келген ұлды тәрбиелеп отырған. Кейін Бағдагүл төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық басқарма бастығының орынбасары Сержановқа күйеуге шығып кетті. Сержановтың әйелі қазақ тілінің маманы, аудармашы, абыройлы ұстаз. Өте сыпайы, білімді, қарапайым әйел. Енді міне екі бірдей отбасының шырқы бұзылды. Бірі әйелін, екіншісі күйеуін тастап кетті. Мұндай да болады екен? Түсімде көрген екі әскери адамның бірі Бақытжан Күлжан Мұқышқызымен Нәсіполланы таныстыруымды өтінді.

            Негізі  Нәсіполла Күлжанмен танысуға ынталы болмады. Бірақ Бақытжан мақтауын асырды. Содан қыркүйек айында туған күніне екеуі гүл алып келетін болды. Менің міндетім, тосын жәйға тап болмас үшін Күлжан Мұқышқызын дайындауым керек. Қанша досым десем де, ол менің тікелей бастығым. Ұсынысымды құп ала ма жоқ па, әлде "сенен күйеу сұрап отырғамын жоқ"- деп қуып шыға ма, кім білсін? Көп ойландым. Владимир Швайко досыма айттым. Ол да өзінше ақыл беріп, жоспар құрды. Не керек, сөйтіп жүргенде Күлжанның 45-ке толатын күні жақындады. Не де болса,  Бижамалға айтып, ақылдастым. Жігіттердің келетіні туралы, міндетті түрде ескерту керек деп шештік. Тәңертең жиналыс өткен соң, рұхсат сұрап, кабинетке кірдім. Айтар сөзімді көрген түсімнен бастадым. Әрі қарай сөздерім бір-біріне үйлеспей қойды. Енді әрі қарай қалай жалғасам екен деп отырмын. Оның  екі көзі менде.

            Көрген түсім қызықтырған секілді.   Облыстың бірінші идеологы, әрі филология мамандығын меңгерген,  мықты психолог. Айтар ойымды өзі өзі демеп отырған соң, әйтеуір бір жігіттің танысқысы келетінін, туған күніне келуге рұхсат сұрап отырғанын жеткіздім. Екі бетімнен отым шықты, жүрегім қатты соқты. Өзім күйеуге шығуға дайындалып жатқандай болдым. Сөзімді өткіздім.Жігіттерді қарсы алатын болды. Егер әкім бір жерге жұмсап жібермесе, әдемі киініп келіп, кабинетімде отырамын деді. Ертеңінде оның қол асытындағы бөлім жігіттері, аппарат басшылары,  бәріміз жиналып келіп туған күнімен құттықтадық. Мен киноға түсірдім. Дастархан жаюлы тұр. Дәм таттық. Көп ұзамай жұмысымызды істеуге кабинеттерімізге бардық. Менің көңілім далада. Екі әскери жігіттерді күттім, орнымда байыз тауып отыра алмадым. Біресе каридораға шығамын, біресе кабинетке кіремін. Қолымдағы газеттеріме де мониторг жасай алмадым. Есіктің алдындағы күзетші милицияларға, егер әскери киіммен екі жігіт келсе қоңырау солшы деп  өтіндім. Бақытжан Нәсіполланы көндіре ала ма жоқ па, белгісіз. Не керек жігіттерім түскіастың кезінде келді. Әрине гүлмен құттықтады. Енді іштегі тікелей телефонға қарап отырмын. Мені шақыратын шығар деп ойлап қоямын. Жоқ, кеш болды, жұмыс уақыты аяқталды. Ұзын сөздің қысқасы, бұл әрекетіміздің арты не боларын біле алмастан үйге кеттім.

***

            Павлодарда Баянауылдың тумасы, ақын әрі ұстаз Зекебай Солтанбаевтың 65 жылдық мерейтойы атап өтілді. Бұл ақын аға Баянауылда айтыс өткенде қазылар алқасында отырған. Маған артық дауыс берген. Кейін "ана жігіт сені жеп қоя ма деп қорықтым" деді. Кісіні кісі жемейді. Сөздің сырағысы ғой. Сөзден тосылдыруы, ұтып кетуі мүмкін. Мен қарсыласыма айтатын сөз таба алмаған кезде, үндемей қаламын. Мүмкін сөз таба алмай қалатын шығармын. Жалпы айтысқа түсіп жүріп өзімді біреуден  жеңілдім деп ойламаппын. Айтысқа шыққанымның өзі жеңіс емес пе? Алайда  Серік ақынның жиені Нұрлан Аққазин менімен айтысып отырғанда, өзінше жеңіске жетемін деп, төмендетті. "Бала бағып үйде отырмайсың ба, айтысты жастарға беріп," -деген кезде, намыстанып қалдым. Сонда кейінгі жастарға кім үлгі өнеге көрсетпек, менің соңымнан ақын қыздар шыққанша, айтыста жүре беремін дедім. Бір қызға өзің  әке болып, сол қызды ақын етіп тәрбиелеген кезде, мен де айтыстан кетемін,-деп қалдым. Мен оны мақтадым, асыра мақтадым. Біздің асыра мақтау мен өсіре дәріптеуге құлағымыз айлап, жылдап үйреніп қалған. Ол мені мақтамады дегендік емес."Амал не, жүйелі сөз-иесін табар."Кейде кейбіреулерге ақ сөз щы тиіп, жәркелеш сөз тәтті болатыны бар .Бүгінгі жастар жағы ұят дегенді, әдеп дегенді білсе де білмей жатады. Анасындай адамға ақыл айтады. Жеңіп шығамын деген айла-тәсілді қолданады. Сахна мәдениетін де түсінбейді.

            Қанат беліне киіп жүретін корсетін шешті. Белі жазылып, жүруге де, машинаға отыруға да жарады. Үйге телефон сымы тартылып, байланыс орнады. Жаңа үйдің қағазын қолымызға алдық. Жаңа жылды жаңа үйде қарсы алдық. Үй суық болса да, көңіліміз жайланды. Нәсіполла мен Күлжанды үйге қонаққа шақырдым. Біздің үйден шыққан күні тіл табысты. Екеуі үн-түнсіз, ешкімге жарияламай үйленді. Жұмысымыз орынша болғанымен күнде бір өзгеріс болады. Кадрлар ауысып, бірі жоғарылап, бірі президент әкімшілігіне ауысып кетіп жатыр. Күлжан Мұқышқызы ойда жоқта облыстық білім департаментінің бастығы болды. Біздің бөлімге Әлия Жәкина келді. Енді біздің бастығымыз Әлия. Қалай болар екен? Әкімдікте шаруа бастан асады. Семинар, брифинг өткіземіз. Республикалық газеттердің тілшілерімен байланыс жасаймыз. Бұқаралық ақпарат құралдарымен де семинар өтеді. Облыстық радиодан апта сайын "Облыстық әкімшілікте" деген айдармен шолу жасаймын Әкімшіліктің қаулы-қарарларымен, жаңалықтарымен таныстырамын. Әкімнің жұмысы туралы ақпарат беремін. Коммерциялық жетінші каналда бұрын қазақ тілінде бірде бір хабар болмады. Қазақ тілінде апта жаңалықтарын аштым, өзім жүргізіп, дайындаймын. Орыс тіліндегі жаңалықтарды қазақшаға аударамын. Репортаж дайындаймын. Қазақша сөйлейтін мемлекеттік қызметшілерді шақырып, сұхбат аламын.

***

            Жаңа үйде жолдастарды шақырып, Айнұрдың он үш жасқа толғанын атап өттік. Кішігірім той болды. Боранбай, Аманжол, Бижамал, Гүлмаңдай, Күлжан жолдастарымен келді.Залдың еденін төсеп, қалыпқа келтіргенбіз. Біраз жолдастар жаңа үйді көріп, қайырлы болсын айтып, жөн-жоралғысын жасады. Тойдың бірінші дастарханы біткен соң медицина сестрасы Гүлмаңдай  Айнұрдың құлағын тесіп, алтын сырға салды. Құлағын тесіп жатқанда, қызымның көзінен жас шықты. Жаутаңдап маған қарайды. Жүрегім ауырып кетті. Екеуміз тойларға барып, шақырған жерлерде асаба болып жүрміз ғой. Жуырда Успенкаға Бижамалмен барып той жүргіздік. Кешкілікте жарық сөніп қалып, қараңғыда ән-айттық. Таңғы жарықпен тойымызды жалғастырдық. Мұндайда болады екен. Той жүргізгенім үшін той иелері қолдарында барын береді. Успенка бізге семіз  қойын салып берді.

            "Жаманнан жақсы туады адам айтса нанғысыз, жақсыдан жаман туады, бес теңгеге бергісіз." Осы бір мақалды неге айтты екен? Тегіне тартпағанның қары сынсын деп те айтады. Менің үлкен апайым Бикен Қайролла жездем дүние салғаннан бері, біраз әуреге салды. Кәрі жездем сырқаттанып, ауруханаға түскенде көңілін сұрап, кіріп шыққанмын. Жасы тоқсанға жақындап қалғандықтан ба, о дүниенің жақсылығын берсе екен деп тілек тілеп жатты. Маған Бикен апайымды тапсырды. "Балдызжан,-деді, құдай қосқан қосағым-апайыңмен елу жылға жуық отастық. Өмірде бәрі болды, жақсыны да жаманды бірге көрдік. Емін еркін жүрді. Ренжіткен жерім жоқ деп ойлаймын. Енді міне қоштасатын  шақ таянды. Саған менің аманатым, апайыңды жинап ал деп айта алмаймын. Мінезі өте қиын адам. Шамаңнан келсе, қарттар үйіне бер,"- деді. Хал үстінде жатып, өзін емес Бикенді ойлап жатқан жездеме не деймін, үндемедім. Көзіме жас келіп, айтатын сөзімді ішіме жұтып қойдым да, қоштасып шығып кеттім.

            Иә, ол кісі о дүниелік болды. Бикен апайым жалғыз қалды. Бір жыл өткенше, жездемнің балам деп жүретін ағасының баласы Жекендер келіп-кетіп жүрді. Мен де үзбей барып тұрдым. Қысқы отынын дайындадық. Шаруасына қолқабаыс көрсеттік. Алайда  Бикен апайымды уайым жеңді ме, әлде мінезі  сондай әрекетке баруға итермеледі ме, үйге қонбайтын болды. Кейде далада жатып қалатын. Содан үіміз кең ғой деп, Лесозаводтағы үйге көшіріп әкелдім. Бір-екі ай тұрды ма жоқ па, көршілерге барып, бізді кінәлапты. Бүкіл дүниемді пайдаланып, мені далаға қалдырды десе керек. Тағы сол сияқты, туғаным айта бермейтін сөздерді ести берген соң, Қызылтаңға жібердім. Онда женгеммен сыйыса алмады. Ауыл үйді аралап кетті. Бір күні Чернояркадағы ессіз үйіне қашып келіп, қараңғыда қоныпты. Енді не істеу керек? Содан жездемнің аманаты есіме түсіп, қарттар үйіне құжаттарын дайындадым. Әрине қарттар үйіне кез-келген адамды қабылдай бермейді. Қажет деген құжаттарын өткізіп, беделімді салып, үлкен бір бөлме алдым.

            Киетін киімдері бар, жататын жері таза, тамағы дайын, алдында. Тек дұрыс жүрсе, Алланың бұйырған жасын жасай беруге жағдай жасалды. Чернояркадағы қара шаңырағына уақытша Қанаттың немере апасының қызы мен күйеу баласын тұрғыздық. Үлкен шаңырақты ессіз қалдырғымыз келмеді. Олар бір жыл тұрған соң, Шарбақты ауданындағы Галкин ауылына көшіп кетті. Содан Кашыр ауданындағы Маймасар ауылында тұратын апайым Ырыскелді мен Төлеутемір жездемізді Камаз машинасын жалдап, өзім бірге барып көшіріп әкелдім. Осының алдында олар үйге келіп, денсаулықтарына шағымданып, қырдағы күнкөрістері төмен екенін айтып кеткен. Ырыскелдінің он баласы бар, оның жетеуі қалада тұрады. Қыздары тұрмыста. Ұлдары үйленген. Ең кіші екі баласы әлі өз орындарын таба қоймаған болатын. Орайы келіп тұрған соң, Павлодар қаласына жақын, Чернояркаға қоныстандырдық. Бикен апайымның жасы келді, дені сау болса да, кәрілік жеңбей қоймайды ғой. Бес жыл тұра ма, он жыл тұра ма? Бір Алла біледі. Мүмкін үйіме қайтамын десе апалы-сіңлілер тіл табысатын шығар. Жездемнің денсаулығы жақсы. Ертістің жиегіндегі Черноярка селосы мал ұстап, картоп егіп, жеміс-жидек отырғызып, тіршілік жасауға өте қолайлы.  Павлодар қаласына сағат сайын автобус жүріп тұрады. Сөйтіп біздің де көңіліміз жаз, апам мен жездем де мәз. Жер кең, ескі үйді күрделі жөндеуден өткізіп, шаруашылықтарын дөңгелетіп, тіршіліктерін жасап тұра бастады.

***

            Облыстық теледидардан Павлодар облысына қазақ драма театрын ашу туралы мәселе көтеріп, дөңгелек үстел өткіздік. Оған әкімшіліктің қызметкері ретінде мен де қатыстым. Пікірімді айттым. Павлодар облысында ертеректе  қазақ театры болған. Кезінде Қалима Бекова, Қайырбек Тәйкенов, Дүйсет Ахметов, Әнуар Қалиевтер спектальдерде ойнап, концерттер берген. Кейін қазақ театры белгісіз жағдайда өртеніп кетіпті. Енді міне индустриалды облыс орталығына қазақ музыка театрын ашу қажеттігі туындады. Әрине театр уақыт талабына сай ашылды. Қазақ музыка театрының директорлығына Бектас Тапалшинов тағайындалды. Театрға бүгінгі күнге дейін саяси білім орталығы болған үлкен ғимарат берілді. Алдында бұл ғимаратты әкіммен бірге барып көрдік. Ұсыныстар айтылды, ғимарат қайтадан жөндеуден өттіі. Көрермендер залы мен, сахна мүмкіндіктері жасалды.Театрға Алматыдағы өнер институтының түлектері шақырылды. Сонау желтоқсан қозғалысына қатысқан Құрманғазы, Бейбіт, сол сияқты Талжібек, Рауза, Мұхтар, Жанат, Қарлығаш секілді актерлер келді. Сахна шымылдығы Ғабит Мүсіреповтың  "Айман-Шолпан" спектаклімен ашылды.

            Айтпақшы облыстық "Сарыарқа самалы" газетіне Мұхит Омаров редактор болып барды. Мұхит Омаров екеуміз Алматының С.М.Киров атындағы университетінің журналистика факултетін қатар бітіргенбіз.. Ол орыс тобының студенті болды. Орта мектепті, одан кейін жоғарғы оқу орнын орыс тілінде бітірген адамның қазақ газетіне редактор болып барғаны ұжымды қуанта қойған жоқ. Таза қазақ газетіне қалай редактор болады деген күдік менде де болды. Бәлкім оның басшылық қызметтегі ролі газетке керек болған шығар. Өйткені ол партия комиететінде, кейін мәденеиет басқармасында істеді. Қазақ театрының ашылуына біраз еңбек сіңірді.

            Айтпақшы, Мұхит жұмысына кіріскен күннен бастап, жасы зейнет демалысына жеткен журналистерді, басқа да қызметкерлерді қызметтерінен босатты. Өзіне қарсы келгендердің кәрі-жасына қарамастан ескерулер беріп, қарсылықтарын басты. Келген күннен бастап, Фарида Бықаймен тіл табыса алмады. Біраз жас журналистер  өз еріктерімен жұмыстан кетті. Нұртөре Жүсіпов Алматыға республикалық газетке ауысты. Ғалым Омарханов теледидарға редакторлық қызметке ауысты. Фарида  өз  жұмыс орнын босатып, орыс тілінде шығатын апталық газетке ауысты. Білікті маман орыс газетінің ішкі беттерін қазақша шығара бастады. Жақсы жазатын журналистер жұмыстан кеткенімен газет шығуын тоқтатқан жоқ. Келген күннен бастап, орыс тілді редактор қазақтың әдеби тілін меңгеруге күш салды. Ол осы кезде Павлодар индустриалды институтта болашақ журналистерге дәріс оқи жүріп, үйренді.. Биліктің айтқанын істеді.

***

            Алматыда Қазақтың мемлекеттік М. Әуезов атындағы академиялық драм театрында "Ертіс-Баян әуендері" атты Павлодар облысының өнері мен мәдениеті фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Іс сапарға облыс әкімі Д. Ахметов жіберді. Алматы -арман қала. Жастығымның жанары жанған қала. Көп жағдайда адам өзінің жастық шағы мен ыстық естеліктері сақталған мекенді сүйікті қалам деп атайды. Мен Алматыны ерекше жақсы көремін. Әр қаланың адамдар секілді өзінің тағдыры, бет-бейнесі, мінезі болады. Алматы маған ерекше әсемдігімен, гүл көмкерген көркімен, айнадай аппақ тазалығымен, сыр бүгіп жатқан Алатауымен ұнайды. Мен бұл қаланы ерекше жақсы көремін. Бірінші күні Орталық концерт залында жерлесіміз Шахмардан Әбіловтің концерті болды. Шахмардан Шарбақты ауданының азаматы. Маған қайнаға болып келеді. Әрине мен оған жақындай алмадым. Себебі маған берілген тапсырма, ақпаратпен қамтамасыз ету болғандықтан, үнемі сыртта жүрдім. Бір уақытта бірнеше жерде өткен мәдени шаралардың бірі-А. Кастеев атындағы мемлекеттік көркемсурет музейінде Павлодарлық суретшілердің көрмесі болды. Онда одаққа аты шыққан ССРО Суретшілер одағының мүшесі, белгілі қылқалам шебері Ғалым Қаржасевтың жеке суреткөрмесі ашылды.

            Екінші күні мектеп оқушылары сарайының үйірме мүшелерінің қатысуымен үлкен концерт берілді. Онда "Улыбка", "Радость", "Соловушка" ансамблі және бірінші халықаралық балалар фестивалінің лауреаты "Айналын", "Сюрприз" бишілер тобы, "Русские узоры"  фольклорлық ансамлінің  концерттері жұртшылық назарына ұсынылды. Кешкілікте Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыка театры "Айман-Шолпан" спектаклін сахналады. Үшінші күні Чехов атындағы орыс драма театрының спектакльдері, жеке концерттер қойылып, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. М. Әуезов атындағы театрда "Ақан-Сері Ақтоқты" спектаклі көрсетілді. Фестиваль гала концертпен аяқталды. Алматыда болған төрт күн ішінде не туыстарға, не достарыма хабарласып, жүздесуге де уақыт  болмады. Бір ізбен барып, бір ізбен Павлодарға оралдық. Келесі келгенше, әсем қала деп Алматымен қыймай қоштастым.  

***

            Еңбек демалысына шықтым. Поезға билет алып, қызымыз Айнұр екеуміз купеге жайғастық. Біздің бара жатқан үйлену тойымыз ерекше той болатын. Олай дейтінім, біріншіден, Әкеми атамыз Қанаттың әкесінің інісі болып келеді. Ал үйленгелі жатқан Серік Әкемидің немересі, Қанаттың баласы. Қанат деген есім бір тұқымнан қатар аталып тұр. Әрине, екі ағайындылардың балаларының есімі неге Қанат деген сұрақ туындайды. Оның себебі былай. Біздің Қанаттың әкесі Жантемір, яғни Жамбас соғыстан келген соң үйленіп, 1948 жылы екі егіз ұл көреді.  Әкеми атамыз соғысқа дейін үйленіп, ол әскерден келгенде тұңғышы Бағзұр мектепке баратын жасқа жеткен. Әкемидің көпке дейін ұл баласы болмайды. Содан ағасы Жамбасқа барып, ойнап отырған екі балаға көзі түсіп,        " анау бір  шала баланы, арықтау келген Қанатты маған бер, бауырыма басайын"- дейді. Егіздерді бір- бірін айғырғысы келмеді ме екен, әлде баласын беруге қыймады ма, әйтеуір інісінің бетін қайтарады. Содан Әкеми өкпелеп ағасының есігін ашпай қояды.

            Екі жылдан соң Әкемидің Қанаты өмірге келеді. Бір жасқа толған кезде ағасының үйіне ұлын көтеріп апарып, міне, сен маған балаңды бермеп едің, өзімде де Қанат бар деп алдына отырғызады. Содан бері екі Қанат бір фамилиямен бірге ойнап, ержетеді. Енді міне сол Қанаттың баласы Серік үй болғалы жатыр. Негізі Қанаттың бір ұл, бір қызы бар. Қызы Айгүл туғаннан бері сырқат.Әйелі Ольга басқа ұлттың қызы. Осындайда еске түседі, 1970 жылдары Қанат Әкемиұлы Алматыда халық шаруашылығы институтында геология факультетінде оқыды. Студент кезінде геологиялық барлау экспедициясына шығады. Алматының маңы ма, әлде Талдықорғанның қыр жағында ма, бұлар су бұрғылау ісімен айналып, жаз бойы сайын далада жүреді. Осы экспедицияда  Беларуссиядан келіп, Қазақстанда оқып жатқан ақша табу үшін келген Ольга да болады. Мығым денелі, дөңгелек бет,  мінезі салмақты, спортшы жігітті Ольга бірден ұнатып, екеуі достасады.     Алғашқы кезде Қанат жастық сезіммен уақыт өткізуді ғана ойлайды. Себебі анасы Шәмшия ұлына басқа ұлттың қызын үйіне кіргізуге рұхсат бермейтінін жақсы біледі. Кілең қазақтар тұратын ауылда өсек-аяң өрттей лаулайтыны белгілі. Алайда тағдыр олардың дегеніне бағынбады. Ольга Қанатқа өзінің аяғы ауыр екенін айтады. Бұл жаңалық төбесінен жай түсіргендей әсер етеді.-Үйленбеймін, маған рұхсат етпейді,- дейді.Амал не? Жаңа оқу жылы басталғанда Қанат әкесін Алматыға шақырады. Жағдайды айтады. Егер Ольгаға үйленбесе институттан шығарады дегенде Әкеми тағдырға мойын ұсынады. Ольга баланы өмірге әкелетінін сөйлескен кезде айтқан. Сондықтан бұл бала басқа ұлттың тәрбиесінде кетпесін деп, үйлендіріп, қаланың шетінен жер үйге орналастырып әкесі елге оралады. Бұл әңгімені Шәмшиге айтпайды. Бала туған соң көре жатармыз, бәлкім жастықтың қызумен Ольгаға байланып қалған шығар, ақылы кірген соң, ажырасатын шығар деп үміттенеді. Содан Әкеми қанша жасырып, жүрек түбінде сақтағанымен Оляның босанатын мезгілі жақындаған кезде бұл әңгімені Шәмшиге айтады. Содан қанша тулап, жылап-сықтап, елдің өсегіне қалса да жазғы каникулда Павлодарға келуге рұхсат береді. 

            Аэропорттан Қанат екеуміз қарсы алдық. Менің де Нәзгүл қызыма, тұңғышыма аяғым ауыр. Оларды Володарский көшесіндегі 129 үйге бір күн қондырып, жөн-жобаны түсіндіріп, ертеңінде колхоз Қызылтаңға апардық. Шәмши жеңгеміз қанша туласа да сабасына түсіп, Оляның басына орамал салды. Бір ауыз қазақша білмейтін, айтқаныңды ұқпайтын, қазақтың салтына түсінбейтін келінге келін болып, отырып, тұруды үйретіп отырдым. Деніс иілуге келмесе де, менің істегенімді істеді. Ольганың босанатын мезгілі жақын болатын. Ауылда кішігірім той болды. Біз кеткен соң көп ұзамай сол үйде Серік өмірге келді. Шәмши жеңгеміз баланы етегіне салып, өзі көтеріп алды. Содан бала қырқынан шыққанша ауылда болды да, оқу басталар кезде екі жас Алматыға оралды. Қырқынан жаңа шыққан Серік Шәмши әжесінің қойнында қалды. Содан ауылдың қара домалақ балаларымен ойнап өскен сары баланың тілі қазақша шықты. Құлынның құлағында ойнады. Қазақша мектепке барды. Есейіп ержеткенше Қызылтаңның баласы болды. Кейін жоғарғы оқу орнына түсуге Алматыға кетті. Сол жақта жүріп Сирияға әскери қызметке аттанды. 

            Жүрдек поезд  Алматы теміржолына келіп тоқтады. Қанаттар Алматының шетінде Қаскелеңде тұрады. Таксимен сонда бардық. Жер жерлерден қонақтар келіпті. Басқа ұлттан тұратын нағашы жұрты көрінбейді. Бәлкім оларға қазақтың тойы қызық болмады ма, әлде келуге мүмкіндіктері болмады ма екен? Той таза қазақ дәстүрімен мейрамханада өтті. Мен келіннің бетін аштым. Айнұр "Бақытты болыңдар" деген өлеңмен жастарды төрге шығарды. Алматының дәстүрлі тойын қызықтап, тойбастарға көрімдік салдық. Ертеңінде құдаларды күттік. Құдалардың асабасы болдым. Әкеми атамыздың Шәмши жеңгеміздің мақтауын жеткіздім. Серік күйеу балалары баталы елде өскенін, елінің елеулісі, халқының қалаулысы Әкеми мен Шәмшидің тәрбиесінде болғанын жеткіздім.          Соғыс ардагері, елдің сыйлы атасы Шарбақтының Қызылтаң ауылында ұзақ жылдар бас есепші болды. Атақты ақын Мұзафар Әлімбаевтың ауылы Қызылтаң колхозын көркейтуге ересен мол үлес қосты. Айтпақшы, облыстық  телевизияда қызмет істеп жүрген жылдары колхоздың орталығында жаз айында Әкеми мен Шәмши жеңгеміздің алтын тойын өткіздім. Мен өткіздім дейтін себебім, бұрын соңды болмаған алтын тойды телевизорға түсіру керек болды. Содан жергілікті жердің бастығы Қайролла Мусинмен бірлесіп бүкіл ұйымдастыру жұмысын жүргіздік. Киіз үй тігіп, оның қасына алтыбақан құрдық. Бұл уақытта Алматының қазақ телевизиясындағы "Алтыбақан" хабары дүркіреп тұрған кез еді. Үйренетін, көретін, үлгі алатын телевизор бар.Жергілікті жерлер Алматының хабарларын көретін еді. Қолымыздан келген режиссерлік қойылымның бәрін жасадық.

            Алтын тойға бүкіл ауыл тұрғындары, тайлы-таяғымен келді. Байжырық деген көлдің жиегіндегі ақ шаңқан үйдің алдына пар ат жеккен пәуеске тоқтап, жұбайларды түсіріп алдық. Беташар айтылды. Ауыл жастарының күшімен концерт берілді. Бұл тойға бір шеті Ресейдің Алтай өлкесінен, Алматыдан, Павлодардан қонақтар шақырылып, олар да "жас жұбайларға", алтын той иелеріне сый-сияпаттарын жасаған. Той тойға ұласты. Енді міне Алматының ортасында дүркіретіп той жүргізу пешенеме жазылыпты.  Домбырамен өлең айтып, құдаларға құйрық-бауыр асаттық. Құдалар жағы да кем қалмады. Айнұрдың айтқан өлеңіне доллармен шашу шашты. Өте әдемі отырыс болды. Той тәрбие мектебі ғой. Көпті көріп, көп нәрседен үйрендік. Серікке Алматының ортасынан екі бөлмелі үй сатып алған екен, қыздың жасауын апардық. Төсегін жинадық. Жаңа шаңыраққа дүние-мүлік сонша көп келді.Екі тоңазытқыш, екі телевизор, көрпе-жастық, төсек орын, кереует... Бәрі де екі-екіден. Қыздың жасауы неге екі-екіден,үш-үштен  екенін түсінбедім. Алматылықтар салтымыз солай дейді.

***

            Алланың әмірімен тар заман,тайғақ кешу кезеңдерінде ұлтының ұлы рухына айналып, оны ұдайы ерлікке жетелеп отыратын ұранды тұлғалар болады,"-деп жазылған екен Мұхаммед Пайғамбардың бір хадисінде. Сондай тұлға десек те болады, Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы 6 маусымда Павлодарға іс сапармен келді. Реферндум өтердің алдында облыстарды аралап, тұрғындардың хал-жағдайларын біліп жүргенін білетін едім. Ертіс өңіріне жасаған тұңғыш сапарының куәсі болдым. Елбасымен бірге Премьер министр Әкежан Қажыгелдин және басқа да бір топ министрлер болды. Ертістің Павлодар өңірі Елбасын құшақ жая қарсы алды. Өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты. Елбасы бірінші кезекте Қазақстанды шетелге танытып отырған Алюминий заводына ат басын тіреді. Экономикалық жағдайымен танысты. Осы сапарда президентті жақыннан көрдім. Әкімдіктің алдына кілем төсеп, гүл ұсынып, бүкіл қызметкерлер екі жақта тұрып қарсы алдық. Қасымыздан дөңгелек бет, қызылшырайлы жүзімен күлімсіреп өте шыққанда жмналғандар қолдарын шапалақтады. Ақсақалдар жағы екі қолын ұсынып, сәлем берді. Ортадағы кілем төселген жолмен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әкежан Қажыгелдинмен  қатар өтті. Екеуінің бойлары маған бірдей болып көрінді.

            Президенттің индустриалды облысқа келген сапарын  суретке түсіретін, газетке мақала жазатын тілшілерді дайындап, қолдарына рұхсат қағаздарын бергенмін. Республикалық басылымдарда да қаншама журналистер келді. Үлкен залда кездесу өтті. Сөзін тыңдадық. Сұрақтар Қойылған сұрақтарға жауап берді. Қонақжай Кереку Елбасын алдын ала дайындалған мейрамханаға апарды. Жоғары лауазымды қонақтарға қызмет көрсететін жастарды, даяшыларды дайындадық. Ел құрметтеген басшыны асханада ұлттық киіммен қарсы алып, қызмет көрсету міндеті қазақ музыкалық драма театрына жаңадан қызметке келген көрікті де, сұлу артист қыздар таңдалды. Табалдырық аттап залға кіргеннен бастап алдынан шығып, қызмет көрсеткен қыз-жігіттер ерекше әсер қалдырды. Тіпті бірінші дастархан аяқталған кезде Президент сусын құйып, шәй ұсынып жүрген қыздардың біріне көзі түсіп, сөзге тарты. Көздері күлімдеп, мың бұралып қасына келген қыздардан: 

            "Қалқам, есімің кім, қай жердің қызысың? Даяшысың ба?..."  дегенде Талжібек қызарып кетті. Күтпеген жерден Елбасының ықыласын көріп, өтірік айтуға аузы бармады. -Атым Талжібек, Алматы жақтың қызымын"-деді ұялып. "Бәсе, қылығың да, сұлулығың да біздің елдің қыздарына ұқсайды екен. Мұнда не істеп жүрсің?-демесі бар ма? Содан Елбасы Талжібектің он саусағынан өнері тамған өнерпаз артист екенін білді. Көмекшілеріне аспаптарын алдырып, енді әдемі бір ән айтып бер деп домбырасын ұсынды. Талжібек тартынбады. Елбасының алдында "Балқадиша" әнін сызытып, шырқап берді. Әдемі әні мен өнеріне, көрсеткен даяшылық қызметіне риза болған президент ұлы жүздің қызы Талжібек қарындасына жаңағы домбырасын сыйлады. "Келесі келгенімде осы домбырамен өлең айтып алдымнан шық,"-деді. Үлкен адамнан құрмет көрген, домбырасын сыйға алған Талжібектің мерейі үстем болды. Президент бір күн қона жатып, ертеңінде Екібастұз қаласына аттанды.

            Ел егемендігін алған аз жылдың ішінде жас мемлекеттің ішкі және сыртқы жағдайы күн сайын өзгеруде. Ел құлағы-елу. Солтүстік аймақта жаңа астана салынады екен. Оған қай қаланы таңдайтыны белгісіз. Негізі Көкшетау, Павлодар қалалары астана болады-мыс. Өйткені тоғыз жолдың торабы дейтін көрінеді. Бір кездері тың өлкесі атанған Ақмола туралы да ақпараттар бар. Бәлкім Сарыарқаның даласына жаңа қала орнап қалуы да ғажап емес. Желсөз жәйдан жәй шықпайды. Түбінде бір шындық бар екені сөзсіз.

            Жақында Қазақстан Республикасының Президенті Н. А. Назарбаевтың 1997 жылғы маусым айының 19- күнгі Жарлығымен "28 маусым журналистердің, баспагерлер мен полиграфистердің кәсіптік мерекесі"- деп жарияланды. Елбасы Керекуге келіп кеткен соң облыс әкімі Д. Ахметов Ертістің Павлодарлық өңірі еңбеккерлерінің рыноктық экономика жағдайына өтудегі жетістіктерін баспасөзде, телевизия хабарларында кәсіби шеберлікпен жазып көрсетіп келе жатқан таңдаулы журналистерге арнайы сыйлық тағайындады. Әкімнің сыйлығына облысымыздағы кәсіби фототілші, "АиФ Қазақстана" апталық газетінің меншікті тілшісі Владимир Бугаев, "Егемен Қазақстан" газетінің меншікті тілшісі Байтұяқ Жанымбетов, Шарбақты аудандық "Трибуна" газетінің редакторы Владимир Гегер ие болды. Сол сияқты облыстық телерадикомпанияның "Дидар" ақпараттық хабар редакциясына кинокамера сыйға тартылды.

            "Казахстансая правда" газетінің меншікті тілшісі Сергей Горбунов, "Экспресс-К" газетінің меншікті тілшісі Күлпаш Қонырова, Павлодар қаласының "КТК-.7" телерадиокомпаниясының бас директоры Қарлығаш Тоқпанова және басқа да баспасөз қызметкерлері марапатталды.

***

 

            Ұлттың жоғын жоқтап, намысын қорғайтын да, дәстүрін сақтайтын да-әдебиет. Мен осы жазуыммен әдебиеттің құлағын ұстап отырмын деп ойлаймын. Әдебеиет-өзі өмір сүріп отырған қоғамның айнасы. Ендеше әңгіме де, өлең де, салт-дәстүр де, мәдениет те осы әдебеиттің өзегі. Әңгіме не үші керек? Әңгіме бүгінгі бақытты бағалай білу үшін керек. Ендеше әдебиет-өнердің асылы, ұлттың жаны мен рухы. "Әр суреткер өзін өзі жазады" депті Де Онере Бальзак. Айтайын дегенім  мен осы журналист мамандығына бұрыннан қалыптасып қалғандықтан ба, басқа салада  жүрсем де кітап ақтармасам, газет оқымасам, жазу жазбасам кәдімгідей, алаңдап, мазасызданып жүремін.  Қай жерге барсаң да, қайда отырсаң да бірден үстөл үстінен газет іздейсің. Көре қалсаң, бірден қолыңа алып, іші+-сыртын аударып, төңкеріп қарайсың. Тіпті көзіңді жүгіртіп, бәрін оқып шыққандай боласың. Облыстық Мұсылман әйелдер қоғамының Павлодардағы бөлімшесінің  "Ақ жаулық" газетін шығаруды тоқтатқаннан бері, өзіме-өзім келе алмай жүрмін. Кезінде қаншама мәселе көтердім, олардың дұрыс шешілуін қадағаладым. Оқырмандарым да көп еді. Қазір газетті қайдан алуға болады деп, сұрастырғандар бар, кәдімгідей іздейтін көрінеді. Кезінде бір шеті Қытайға, Монғолия, Ресейге дейін жібергенмін. Өздері пошта арқылы сұратып алатын. Қарақалпақстанда да оқырмандарым болды. Олар маған жиі-жиі хат жазып тұрды. Соңғы рет өзім танымайтын журналистен  хат алып, оқып отырып, ойға қалдым, күлкім келді, бір жағынан шын көңілінен жазып отырған шығар деп ойладым. Енді хатты оқиын....Шолпан қарындасым, мен көптеген газеттерді аламын. Қазір 63 газет болды. Қызылорда, Шымкент, Гурьев, Ақтөбе, Жамбыл, Көкшетаудың облыстық газеттері бар.

            Журналист ретінде Сіздің "Сарыарқа самалы", "Ақ жаулық", Көкшетаудың "Көкшетау" газеттерін жоғары бағалаймын. Мазмұнды шығады екен. Бізде көктем. Егін-тігін жұмыстары басталуда. Мақта егеміз. Шолпан қарындасым, уақытыңызды алғаныма ғапу өтінемін. Егер мүмкіндігі болса маған "с наложением платежем деп", 10-15 банка ет консерві (говадина, субпродукты, қазы) жылына екі рет салсаңыз болды. Бізде ет жағы қиын. Ақшасын посылка алған соң жіберемін.  Сегіз балам, төрт сиырым,тауықтарымыз бар. Ферма болып жатырмыз. Тағдыр болар, қарақалпақ еліне ата-бабамыз ашаршылық жылдары босып келген. Осында қалып қойдық. Қазақстанға көшу туралы көп ойландым. Бірақ балаларым өзбекше оқиды. Әйелім Ұрқия-қарасақал, шіңгір, медсестра, қазір мақта қарайды, арендатор. Сәлеммен Мақсат Мұқанов. Беруни ауданы, Буденный совхозы. Әрине мен оған ет салып жібере алмадым. Бірақ "Ақ жаулық" газетінің соңғы нөмірлерін бандорольмен жібердім. Соңғы кезде тұрғын жайымыз ауысып кетті. Жауаптары мүмкін ескі адреске келіп  жатқан шығар.

            Сонымен жаңа газет шығарғым келді. "Ертіс-бизнес" деп айдар тағып, газет шығардым. Өзім мемлекеттік қызметкермін. Газет шығаруға уақыт таптым. -Құрметті ағайын!-деп басталды бірінші беттегі алғысөз:...Сіз қолыңызға бояуы әлі кеуіп үлгермеген жаңа түрлі-түсті газетті қолыңызға алдыңыз. Жүзіңізде таңданыс болса да, жүрегіңізде қуаныш сезілетіні анық. Себебі облыс тарихында мемлекеттік тілде  көпшілік оқитын, бизнесті қалай бастау керектігі туралы кеңес, бағыт -бағдар беретін газет өмірге келді. Шығармашылық топ осынау қиын да, күрделі заманда газет шығарудың қиын ауыр жүгін көтеріп отыр.

            Газетті шығарудағы негізгі мақсат облыс экономикасындағы оң қадамдарды, реформадағы игі жаңалықтарды, бизнес әлеміндегі бастама, өзгерістерді қарапайым тілмен оқырманға жеткізу болды. Шағын бизнесті дөңгелетіп әкетудің проблемалары аз емес. Елде жұмыссыздықтың да лебі шарпыды. Жастарды кәсіпкерлікке баулу, бизнеске тарту, іскер адамдардың тәжірибесін насихаттап, кәсіби жолға түсіруге деосы газетпен  ықпал ету ойымызда бар. Жалпы кәсіпкерлерді кездескен кедергілерді жеңе білуге тәрбиелеу, жол көрсету негізгі мақсатымыз болып отыр. Осындай ойлардан туындаған ізгі ниетіміз жүзеге асты. Газеттің алғашқы нөмірі жарық көрді.

            Тірлікте абырой атақ неге керек, бірінші міндетің ғой мұны білмек. Сен өлсең де артқылар ауызға алар, мынандай елге еңбек сіңді демек. Иә, менің ағам Нөкештің өз еліне еңбегі сіңді. Қаршадайынан трактордың роліне отырып, жер жыртты, егін екті, шөп шауып, мал-азығын жинады. Комбайн штурваліне отырып егін орды. Совхохда ол істемеген жұмыс жоқ. Техника тілін меңгерген, бесаспап болатын. Кез келген техниканы жөндеуден өткізетін. Үй салуға шебер еді. Ауылдағы жаңадан салынған құйма үйлердің қабырғасында он саусағының ізі қалды.  Айналмалы жылу пештерін шебер орнататын. Оның салған пешінің түтіндеп, бықсып жанбайтынын көрген емеспін. Бұл өнерді ол жоғары білімі болмаса да, оқып емес, тоқып үйренген. Ауыр жұмысқа ертерек жегіліп, күні-түні ұйқы- күлкі көрмей істеген еңбегінің зейнетін аз көрді. Жетімдерді жеткіземін деп жүргенде сырқатқа ұшырады.  Денсаулығын жойды. Мені оқытып, тәрбиелеген, осы күнге жеткізген ағам Нөкештің о дүниелік болғанына да бір жыл өтті. Сені жырлап өту үшін жалғанда,-деп басталатын бес-алты шумақ өлең өрдім. Жылап отырып жаздым. ...Өзіңсіз бос қалғандай ауыл тіптен, сен жоқсың қала жақтан мені күткен. Кенже ұлың кеше өзіңдей ерте ержеткен, мезгілсіз қоштасыпты балалықпен. Отбасын мойындатып қабағыңмен, ұғушы ем, мен де ойыңды аға бірден. Екеу ек, жалғыз қалдым бір атадан, кеңесіп, ақылдасам енді кіммен? Өмірдің мәнін сенсіз білемін бе? Бір таңба қалды-ау білем сүйегімде. Кім білген, тіршілікте қадіріңді, ойсырап тұр ғой орның жүрегімде. Өлеңім осылай жалғаса береді.  Облыстық газетте жарық көрді. Сөйтіп мен ағама өлеңмен ескерткіш қойдым.

 

***

            Жарты ғасыр! Күндер емес, айлар да емес, жылдарды жинаған елу жылдың ішінде ойнап күлген, бірге жүрген, жанып сүйген, басыңды иген, үйренгенің кімнен, таяқ жегенің тілден, көрген білген, ойға түйген, осылардың бәрі бір кітапқа жүк болыпты. Әрине әр жылымды бір кітап деп есептесем, елу кітап жазылушы еді. Жоқ, елу кітап шығару мақсат емес. Бірақ мүмкін болатын. Әр адам- жалғызым. Жалғыздардан жалпы шығады, қоғамның мүшелері құралады. Отбасы- бір қоғам. Семья - шағын мемлекет. Шағын мемлекеттің тіршілігі, жүріп өткен жолы, шежірелі тарихы, үлкен қоғамның кіші байлығы ғой. Менің жарты ғасырлық өмірімнің ішінде тәттісі де, ащысы да, қаттысы да, бастысы да бәрі болды. Алайда оның бәрін термелемедім, тереңнен қаздым, ойымды жаздым. Бәлкім, жарты ғасырымды бір кітапқа сыйғызған шығармын. Әлбетте, жаңа ғасырдағы жаңа күнделігім жаңаша жалғасады. Иә, мен елдің жасы, ердің жасы, әйелдің жасы елуге келдім.

            Ерте ме кеш пе, жүйрік аяқтар сүрінеді, тік иықтар бүгіледі, қара шаштар ағарады, сұлу келбет-әжім түсіп, қартаяды, өткір жанар-суалады. ...Көрмейсің ғой көзімдегі ұшқынды, неге менің жанарыма жас тұнды? Жастық шақтың әзілі де сиреген, елу деген жасым маған қас қылды. Жігіт маған білдірмейді сезімін, ұшқыны жоқ екі қара көзімнің. Алыс арал жартасында қалдырған, жалғыз құстай неге өзімді сезіндім...деп өлең де жаздым. Жастығымды қимағаным болар. Күнделігім сенің де жасың елуге келді, жоқ сені оныншы класта оқып жүргенде бастаған екенмін ғой. Елуге келген сен емессің, менмін! Сырласым, мұңдасым, күнделігім не естімедің, нені білмедің, нені саған айтпадым, маған ақыл бермедің. Солай десем де, түйін жіптің күрмеуін өзім шешіп, таңның атысында, күннің батысында айналып, байланып, төрт қабырғаға соғылып, сағынатындарды сағынып, аңсайтындардан айрылып, бір жығылып бір тұрып өмір кешкеніме куә болдың. Иә, куәгерсің. 

            Алда үміт пен арманға толы ХХІ ғасыр есік қағып тұр. Оған жұмыр жерді мекен еткен барша халықтар сияқты Евроазияның қақ жүрегінде орналасқан, қабырғалы да іргелі саналатын қазақ халқы да, мен де талайғы жеңілістерінен кейінгі жеңістерімен барғалы отырмын. Ол жеңістер-ата-бабам аңсаған тәуелсіздігін қайтарып алуы, мемлекеттік тілінің үстемдік етуі, демократиялық азаматтық ұлттық мемлекет құрып жатқандығы болса, мен де алдағы ғасырды тәуелсіздік пен қазақтың тілімен қарсы аламын. Елуден асқан шағыммен, жарты ғасырлық жасыммен, астымдағы тағыммен, басымдағы бағыммен қарсы алатын жаңа ғасыр келе жатыр.   

 

Соңы. Жалғасы келесі кітапта

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған