Адам қарады: 1171 | Жарияланды: 2018-08-11 05:40:59

Аманатқа қиянат

Екі актілі драма

Кейіпкерлер:

Ақан – шетелдегі қазақ ақсақалы, 80 жаста;

Боранбай – Ақан шалдың баласы, 40 жаста;

Диана – Боранбайдың келіншегі, 30 жаста;

Диляра (Айкүміс) – Боранбайдың қызы, атасы Айкүміс деп атайды;

Ильшат – дәрігер, татар жігіті, 35 жаста;

Шәміл – ноғай қарты, Ақан шалмен палатада бірге жатқан адам;

Ернар – қазақ жігіті, 40 жаста;

Оксана – орыс қызы, медбике, 23 жаста;

Павел – орыс жігіті, Боранбайдың партиядағы қызметтесі, 35 жаста;

Олег – орыс жігіті, Павелдің досы, 35 жаста.

 

 

І

 

Сахна. Алғашқы көрініс. Мәскеу. Аурухана. 7-палата , төсек тартып жатқан қарт адам және дәрігер

 

А қ а н. Дәрігер, бүгінгі ауа райының құбылуы ұнамай тұр. Биыл қыс қатты болатын секілді. Күздің салқыны ерте басталды.

И л ь ш а т. Иә, дұрыс айтасыз, ақсақал! Бұл жылы күз ерте келген секілді. Қыс та жақындап қалды. Күз ерте келсе, қыс қатты болады емес пе? Бірақ біз қалада тұрамыз ғой. Алаңдаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Мысалы, мен ешқашан қыстың немесе күздің ерте келуін, қардың кеш түсуін қатты ойламаппын. Жаңа сіз айтқан соң ғана әңгімеге араласып кеткен түрім.

А қ а н. Біз Омбыда бір ауыл қазақ тұрдық. Сол ауылда қазақшылық пен мұсылмандықты жақсы ұстай білген, сөзі мен ісі қатар келетін мықты ақсақалдар болды. Тарихи мекеніміз деп көшпей қалып қойған ғой. Солардың қазақша жыл санауын, табиғат құбылыстарын болжағанын көп естіп өстім. Ерте кездегі ауыз әдебиетінен жеткен әңгімелерді де құбылтып, жан бітіртіп айтатын еді-ау жарықтықтар! Қаланың тас ғимаратында да жатып алып қысқы ауа райын уайымдау сол кезден қалған әдет болар, балам.

И л ь ш а т. Дұрыс екен. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген бар емес пе?

А қ а н. Иә, дұрыс айтасың. Сенің қазақшаны жетік меңгеріп алғаның қандай жақсы. Қазақстаннан жырақта, бір қиянда қазақ пен татардың қазақша сөйлегені қызық емес пе, ә?

И л ь ш а т. Әрине, қызық, бірақ татар тілі мен қазақ тілі өте жақын ғой, Ақан ата. Қатты таңғалатын түгі жоқ.

А қ а н. Келіспеске амал жоқ. Сонда да айтайын. Қазақ халқында «Татарға тілмаштың қажеті жоқ» дейтін сөз бар. Біліп айтқан. Сенің де тілді білуің жай емес. Оған үлкен қабілет керек.

И л ь ш а т. Рақмет, ата!

А қ а н. Саған көп нәрсе айтуға болар еді, бірақ сен менің жанымда көп отырмайсың. Вьетнам туралы, Семей туралы, Жидебай елі туралы айтып берер едім. Абайдың өлеңдерін оқып берер едім. Абай мен Біржанның кездесуін, Ақан серінің Құлагері туралы Ілиястың жазған жырын әңгімелеп берер едім.

И л ь ш а т. Иә, ақсақал, дұрыс қой, бірақ менде жұмыс көп. Айтпақшы, сізге айтар жақсы жаңалығым бар.

А қ а н. Иә, ол қандай жаңалық? Ауруханадан шығарасың ба? (езу тартып)

И л ь ш а т. Жоқ, ақсақал. Өткенде жаныңызға адам керектігі туралы айтып едіңіз ғой. «Біреумен шүйіркелеспесем, үнемі қайғырып, жабығып отырамын. Жалғыз өзіме бір палатада жату ауыр» дегеннен кейін басқа бөлімдерден жалғыз жатқан сіз қатарлы адам іздестіргенмін. Екінші қабаттан Шәміл атты қарияны таптық. Ол кісі де жалғыз өзі зерігіп, жанына қара іздеп отырады екен. Оксана айтты. Мен ол кісімен бұрын-соңды тілдеспеген соң жалғызсырап жүргенін білмедім. Әйтеуір көргенде жылы амандасамын. Бүгін таңертең сөйлесіп едім, келісе кетті. Құдай қаласа, бүгін осында көшіп келеді.

А қ а н. Рақмет, Ильшат дәрігер! Өркенің өссін. Менің бір ауыз сөзімді далаға тастамаған екенсің. Алғысым шексіз!

И л ь ш а т. Жоқ, ақсақал ма! О не дегеніңіз? Қандай жағдай болса да, осы жерді жайлы қылу, сізді зеріктірмей емдей білу – менің басты міндетім.

А қ а н. Жақсы болды. Сендер Оксана екеуің келесіңдер, кетесіңдер. Жұмыстарың көп екенін білемін. Ұлым Боранбайдың да бір жарытып айтатын әңгімесі жоқ. Үнемі осы Ресейдің мәселесін айтып отырады. Осы елдің президенті секілді. Бұл елге жас кезімде мен де бір адамдай қызмет еткенмін, дамуы үшін тер төккенмін, бірақ қызметті шешемнен, марқұм әкемнен биік қоймаған едім... Бірақ... Бәрібір бүгін сол қызметтің зардабын тартып отырмын. Ал қызметті ата-анасынан биік қойғандардың тартар зардабы қандай болмақ? (тұнжырап, ренжіңкіреп сөйлей бастайды)

И л ь ш а т. Жарайды, аға. Бала деген – сол. Көп уайымдай бермеңіз. Маған да ата-анам көп ренжиді. Барлық ата-ананың балаға көңілі толмау заңдылық ғой. (сәл үнсіздік болады) Мен сізге басқа емделушілерді қарап болған соң тағы бір келермін. Әзірге көршіңізге шай қоя беріңіз. Қазір келіп те қалар.

А қ а н. Маған Оксана медбике бұл жерде шай ішпеңіз, күйіп қаласыз, денсаулығыңыздан ештеңе белгісіз, қай кезде есіңізден танып қалуыңызды біз дөп басып айта алмаймыз деп еді. (сұраулы көзбен Ильшатқа қарайды)

И л ь ш а т. (жымиып, жүзі нұрланып) Ұмытып кетіппін. Кешіріңіз. Алаң болмаңыз, сіздерге шайды Оксананың өзі қайнатып береді.

 

 

ІІ

 

АҚАН, ШӘМІЛ, ИЛЬШАТ, ОКСАНА

 

(Ильшат кетейін деп тұрғанда палатаға Шәміл қария, Оксана, арттарынан төсек-жабдық ұстаған екі адам кіреді)

 

О к с а н а. Сәлеметсіз бе, Ақан ата! Қалыңыз қалай?

А қ а н. Жақсы, айналайын.

О к с а н а. Біз сізге жаңа көрші алып келдік. Енді екеуіңіз зерікпейтін боласыздар. Шәміл ата да өзіне көрші адам іздеген болатын. Біз сіз туралы айтқанда бірден келісе кетті.

(Шәміл қария келеді)

Ш ә м і л. Ассалаумағалейкум!

А қ а н. Уағалейкум ассалам!

Ш ә м і л. Мен Шәміл деген бауырыңыз боламын. Ұлтым – ноғай, тілім – қазақ тілі. Осы ауруханада ем алып жатыр едім. Жалғыз өзім палатаға сыймаймын. Балаларға көрші тауып беріңдер деп айтып жүргеніме бір айдың жүзі болды. «Көп асқанға бір тосқан» екен. Бүгін жоғары қабатта көрші іздеп отырған замандас бар дегенді естіп қуанып кеттім. Сіздің туысқан қазақ баласы екеніңізді біліп қуанышым екі есеге ұлғайды.

А қ а н. Бәрекелді, танысқаныма мен де қуаныштымын, Шәміл! Мен Ақан деген қазақпын. Тағдырдың маңдайға жазғанымен Мәскеудің осы ауруханасына түсіп едім. Мені де үкімет тыныш болсын, ешкім мазасын алмасын деп ақылы, жалғыз адамға арналған палатаға жатқызыпты. Қамқор болғандағы түрі ме әлде сақтанғандары ма, ол жағын мен анық біле алмадым.

Ш ә м і л. Төменгі қабатта жатыр едім. Мынау аурухана адамды әбден тұншықтырады екен. Бәрі бұлыңғыр болып кетті. Қартайғанда ауырған жаман екен. Жастық шақта ауырсаң, «Жазыламын ғой, ертең-ақ аттай шауып кетемін» деген үмітпен жүресің. Қартайғанда үміт те қалмайды екен, бірақ «Сақтанғанды Құдай сақтайды» емес пе? Келмеген ажалды күтіп жату ер адам үшін жарамас деп, ем қабылдап жүрген жайымыз бар.

А қ а н. Сіздің бастағы жағдай мынау біздің де ғазиз бастан өтіп жатыр. Ауырғанның көбінің ермегі арақ пен темекі екен. Мен ол екеуіне әуел бастан құмар емес едім. Екінші қабатта екі  шал бар. Темекіні бұрқыратып, қартасын ойнап, бейқам отырады. Оларға қарасам, өлім туралы ұмытып кетемін.

Ш ә м і л. Иә, мен де байқадым. Мынау – Ильшат дәрігер мен Оксана медбике жақсы, оңды балалар. Көңілге қарап сөйлейді екен. Жүздері жылы. Осы балалар болмаса, тіпті қиын болар еді. Айтпақшы, бала демекші, ұл-қызыңыз, немерелеріңіз бар ма?

(Ильшат басын изеп үстел басында әңгіме тыңдап отырады. Көрпе-төсекті екінші кереуетке орналастырған екі адам шығып кетеді. Оксана шай қойып, үстел үстіне тәттілер қоя бастайды)

А қ а н. Боранбай деген жалғыз түйір ұлым бар. Қыстың күні қырауда борандатып дүниеге келді. Сол жылы жұмысым жақсарып, үйге ырыс мол келіп еді. Ырымшыл халықпыз ғой. Борандатып келген ырысы мол баланы Боранбай деп қойдық. Сол ұлдың кішкентай Диляра деген жалғыз қызы бар. Өзім Айкүміс деп еркелетемін. Ата деп жаны қалмайды. Немере деген өз балаңнан ыстық болатыны рас екен. Бала кезінде Боранбайды қатты уайымдамап едім, қазір Айкүмісімді күнде ойлаймын. Кейде қасымда көп болса екен дейсің.

Ш ә м і л. Жақсы екенсіз. Біз бейбақта ол да жоқ... Екі ұлым өмірден ерте озды.

А қ а н. Сіз ойлағандай сонша жақсы емеспін... Біздің де бір басымызға жетерлік мәселеміз, қайғымыз бар, Шәміл! Үлкен адам болған соң артық ауыз сөзге баруға да қысыласың, бірақ өз туған ұлымды өзім танымаймын. Мінезі, болмысы, түсінігі, сөзі жат. Мен дұрыс тәрбие бере алмадым-ау деп те ойлаймын, бірақ өзімде тәрбие беретін әке де болмады ғой.

Ш ә м і л. Айтпақшы, Мәскеуге қалай тап болып жүрсіз?

А қ а н. Мәскеудің тұрғыны емеспін. Ұзақ жыл Омбыда, Санк-Петербургте тұрдым.

Ш ә м і л. Ресей жеріне қалай тап болдыңыз дегенім ғой. Балалардан Қазақстаннан келген қазақ па деп сұрап едім, Ресейдің қазағы деді. Ол жақтың қазағына менің сұрағым көп еді...

А қ а н. Ол – ұзақ әңгіме. Мен өз әкемді көрмей өстім. Алашордашыларды Сібірге айдап, атып, ұстай бастаған кезде жарықтық менің әкем де айдалып кетіпті. Жиырмасыншы ғасырдың 20-30 жылдары қазақ газеттері ашылып, жазу, сызу, саяси көзқарас қазақ жерінде қызған шақ еді ғой. Менің әкем де қазақ газеттеріне мақала жазып тұрса керек, бірақ шешемнің айтуы бойынша Әлихан, Ахметтер секілді күрескер болмаған. Ағартушылық мақалалар жазған екен, қайраткерлердің ішінде Мағжанмен рухани хат алмасқан, бірақ хал нашар, заң қатты кез ғой. Байланысқан адамның басы кетеді. Жаппай жазалау науқаны басталған кезде тізімде менің де әкем болыпты. Жазып, сызып жүргендерін тәркілеп ұстап кеткен. Әкейді көруге анам мені алып Омбыға келген. Мен екі жаста екенмін. Көре алмапты. Магаданға алып кетіпті. Сол жақта ату жазасына кесілген. Омбыға келердегі жолдың ауырлығынан мен ауырыппын, шешем мені ойлап Омбыда бір-екі айға қалған екен. Кейін осы елде қалуды жөн санаған.

И л ь ш а т. Ақан ата, әңгімеңізді бөлгеніме кешірім өтінемін. Сіздің әкеңіздің жағдайы біздің татар жазушысы Салахов Ибрагим Низамұлының өмірімен ұқсас келеді екен. Анық-қанығын білмеймін, бірақ әкемнің айтуы бойынша ол кісіні де отыз жетінші жылы Ғалымжан Ибрагимовпен бір рет кездескені үшін 25 жасында ұстап кетіпті. Бар болғаны: екеуі Ялтада кездесіп әңгімелескен. Салаховтың түбіне сол бір кездесу жете жаздаған екен.

Ш ә м і л. Иә, қиын заман еді ғой.

А қ а н. Заманның қатты кезі ғой. Әкең дұрыс айтқан. Өтірік емес. Тілі әр түрлі болғанымен, ойы бір туысқан халықтарды аяусыз қырды ғой.

(үнсіздік орнайды)

И л ь ш а т. Ақан ата, әңгімеңізді жалғастыра беріңіз.

А қ а н. Сол жылы Омбының Сергеевка деген колхозына көшіппіз, 13 жасымда мен өгіз айдауға шамам келіп жұмыс істедім. Бір тілді соқаға бес пар өгіз жегеді, сол ұзақ күнге 1 гектар ғана жер жыртады. Техника дегеннен бір доңғалақ трактор ғана, қалғаны – өгіз, ат, сиыр. Сол көлікпен бар салатыны – 1200 гектар ғана, ол шықса, шығынына қарай күзде астық береді.

Ш ә м і л. Ал Мәскеуге қалай келіп жүрсіз?

А қ а н. Мәскеуге келгеніме екі жылдай болды. Осы екі жылдың бәрін ауруханада өткіздім десем, өтірік айтқаным болмас. Ильшат дәрігер біледі. Балам осында қызмет етеді. Соның ақылын тыңдап келдім. Үкімет Ресейдің қай түкпіріне барсаң да, ақысын төлейміз дейді.

Ш ә м і л. Дұрыс екен.

(Ильшат орнынан тұрады)

И л ь ш а т. Ақсақалдар, сіздердің әңгімелеріңізге елтіп жұмысымды ұмытып кетіппін. Айтпақшы, сіздердің бірге жатқандарыңызды басшылық білмеу керек. Ақан ата, сіздің жоғарыда кіміңіз бар еді? Жаныңызға адам жуытпауды басшылыққа қатаң тапсырыпты. Менің басым бәлеге қалып жүрмесе игі еді. (үнсіздік) Не айтпақшы едім? (сәл ойланып барып) Ааа... ааа... Шәміл ата, сіздің жүрегіңізді тексерту керек. Менімен бірге төменгі қабатқа жүріңіз.

Ш ә м і л. Иә, қазір. Көшесің, көршің қазақ дегенге ұмытып кетіппін ғой. Жүр, жүр... Ақан, мен қазір келемін. Әңгіме енді басталып еді... (өкініш білдіргендей кейіппен орнынан тұра бастайды)

А қ а н. Жоқ, о не дегеніңіз?! Барып келіңіз. Әлі уақытымыз бар. Әңгіме-дүкен жақсы ғой, бірақ ретімен болғаны да дұрыс. Қазақ «Әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер» дейді.

(Шәміл қарияны ертіп Ильшат пен Оксана шығып кетеді. Палатада Ақан ақсақал ғана қалады)

 

 

ІІІ

 

АҚАН, БОРАНБАЙ, ДИЛЯРА

 

(Жалғыз отырған Ақан қарияға Боранбай мен немересі  Диляра келеді)

 

Д и л я р а. Атааааааа, аташкаааааа! (отырған атасының мойнына келіп асыла кетеді)

Б о р а н б а й. Ассалаумағалейкум, әке! Диляра, атаң ауырып отыр. Асылма мойнына!

А қ а н. (немересінің бетінен сүйіп) Атасы Айкүмісті де сағынды. Атасын сағынған құлыншақтан! Сабағың қалай, құлыным?

Д и л я р а. Сабағым жақсы. Мұғалімдер маған тапсырмаларды тез меңгересің дейді. Айтпақшы, менің жаңа құрбым бар.

А қ а н. Құтты болсын! Ол кім?

Д и л я р а. Біздің мектепке жаңадан келген қазақ қызы. Екеуміз тез достасып, құрбы болып алдық. Ол қыздың аты – Зере! Кеше папа, мама – бәріміз Зеренің үйіне қонаққа бардық. Ол үйде Қазақстанның туы, Елтаңбасы бар және оюлы көп кілемдер бар.

А қ а н. Жақсы болған екен. Қазақстаннан келген бе?

Д и л я р а. Иә, ата! Зере деген қыз.  Оның папасының жұмысында да солай екен. Қазақша сөйлейтін адамдар көп. Абай атаның, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреттері бар.

А қ а н. Боранбай, Айкүміс кімдер туралы айтып отыр?

Б о р а н б а й. Партия  мәселелерімен Қазақстан елшілігіне барғанмын. Олардан біраз нәрсе білу керек болған еді. Сол жерде Ернар атты бір қазақ жігітімен таныстым. Ресейдегі Қазақстан елшілігіне жұмысқа жаңадан келіп жатыр екен. Диляраның Зере деп отырғаны – сол жігіттің қызы. Орналастыратын мектеп жөнінде ақыл-кеңес беруімді өтінген. Мен Диляраның мектебіне оқысын деген ұсыныс айтқанмын. Ақылымды тыңдап қызын біздің гимназияға, Диляраның сыныбына берді. Қазір Ернардың қызы Дилярамен бірге оқып жүр. Екеуі қазақша сөйлеседі.

А қ а н. Жақсы болған екен. Ернарың қандай жігіт?

Бо р а н б а й. Жақсы жігіт секілді.

А қ а н. Оған мен туралы айттың ба?

Б о р а н б а й. Иә, сіздің мәселеңізді айттым. Елшілік Қазақстан азаматтарына ғана көмек бере алады екен, бірақ Ернар бар көмегімді аямаймын, Қазақстанның сыртқы істер министрлігі арқылы шешуге болатын шығар деді.

А қ а н. Онда сен былай істе, Боранбай! Анау айтып отырған Ернар деген жігітті менімен таныстыр. Менің шаруамды біледі екен, көмектесуге ықылас-ниеті бар екен, бір жағына шығарар. Ал өзің шаруаңмен, партияңмен айналыса бер. Елден келген баланың жүзін қайткенде де көріп, арман-тілегімді айтуым керек. Осыны жақын арада ұйымдастырсаң, жақсы болар еді. Әйтпесе жағдай нашарлап келеді...

Б о р а н б а й.  Келісе қойса, әрине, бірақ оның шаруасы көп. Аурухана жағалап жүреді дейсіз бе? Маған көңіл жықпастықпен көмектесемін деп айтқан түрі шығар. Бір ауыз сөзін естіп алып кенедей жабысқанымыз ұят болар...

(Диляра ойыншықтарымен ойнап отырады)

А қ а н. (қатуланып) Сен келістір. Мен саған өмір бойы балам деп бір өтініш айтып көргенім жоқ. Осы өтініш басы да, соңы да болсын. Мынау аурухана ақшасын, менің емімді үкімет өзі төлеп отыр. Жаны ашығаннан емес. Оларға да мен керекпін. Сенің ендігі жұмысың – жаңағы баламен мені жүздестіру.

Б о р а н б а й. (түрі сұрланып) Сіздің мәселеңізді мен де айттым. Қайталап айта берудің қажеті қанша? Бізге қарыздар емес ол адам. Қазіргі заманда ешкім ешкімнің шаруасын атқаруға міндетті емес.

А қ а н. (таусыла сөйлеп кетеді) Түууу! Мынау міңгірлеп қайта бастады-ау. Іштен шыққан сұр жыланбысың?! Айналайын-ау, айтып көрсеңші бір рет. Кездесе ме, кездеспей ме, ол өзінің шаруасы емес пе?! Сенің не сонша күйіп-пісіп тұрсың? Ақылың болса, менің шаруамның маңызды екенін алпыс екі тамырыңмен түсінуің керек. Түсінбеген болсаң, онда шіріген бір жұмыртқа болып қаласың бір жерде. Сөзімді есіңде сақта!

Б о р а н б а й. (айтылып жатқан сөзді қаперіне де алмай) Ой, не деп кеттіңіз?! Айтып тұрмын ғой. Түсініп отырмын, бірақ менің қолымнан келетін шара болмай жатыр емес пе? Сізді Ресей үкіметі Қазақстанға жіберуге рұқсат бермей отырған жоқ па?! Әйтпесе, мен үшін...

А қ а н. Не әйтпесе? «Мен үшін сенің қураған сүйегіңнің маңызы жоқ» дегің келді ме?

Б о р а н б а й. Жоқ, олай айтқым келмеді!

А қ а н. Айта бер! Саған да, келінге де менің соңғы аманатымның аса маңызды болмай жүргенін білемін. Мүмкін мен тәрбие беруде мүлт кеткен шығармын. Білмеймін. Менің сөзімді қабылдай да, ұға да алмайтының көзіңнен көрініп тұрады. Заржақ болып бара жатқаным да – сол. Әйтпесе бұл өмірден ештеңе жоғалтқаным жоқ. Маған ана дүние қызықтырақ. Сол жақта менің ет жақындарым мен көңіл жақындарым.

Б о р а н б а й. (алаңдағандай, жаны ашығандай кейіп танытып) Әке, неге мазасызданып кеттіңіз? О дүние дегенді бала көзінше айтып. Бала отыр, ыңғайсыз болады...

А қ а н. Білмеймін, жаңағы жігітті маған әкел. Менің сөйлесуім керек.

Б о р а н б а й. Әкел дегенге жүгіріп келетін бала емес ол. Қазақстан елшілігіндегі білдей бір лауазымды қызметкер.

А қ а н. Лауазымы үлкен болса да, жасы үлкен емес. Әкеңдей адам көргісі келеді десең, түсінеді.

(медбике Оксана кіреді)

О к с а н а. Кешіріңіздер! Ақан ата, сізге анализ тапсыру керек?

А қ а н. Иә, жарайды. Боранбай, сендер осында боласыңдар ма?

Б о р а н б а й. Иә, қазір жұмыстан Диана осында келуі керек.

А қ а н. Жарайды. Анализ тапсырып келген соң сөйлесеміз. (Ақан қария мен медбике шығып кетеді. Палатаға Боранбайдың келіншегі Диана келеді)

Д и а н а. Ата, қайда?

Б о р а н б а й. Анализ тапсыруға кетті.

Д и а н а. Айттың ба?

Б о р а н б а й. Нені?

Д и а н а. Қазақстанға апару үшін қаражат керек екенін, Ресей үкіметіне хат жазу керектігін, біздің ол жаққа жерлеуді қолдамайтынымызды, көшкіміз жоқ екенін айтамын деп едің ғой.

Б о р а н б а й. Айтқан жоқпын. Айтпақшы, Ресей үкіметінің өлген жағдайда мәйітін Отанына жіберуге рұқсат беретінін, Ернардың көмектесе алатынын іші сезе бастағандай. Ернармен таныстыр деп бәле көтеріп жатыр. (қуыстанып, дауысын бәсеңдетіп сөйлей бастайды)

Д и а н а. Ақымақсың, Боранбай! Ернар туралы неге айттың? Ол туралы мүлде білмеуі тиіс еді ғой. Егер білсе, Питердегі пәтермен қош айтыса бер. Бәрімізді тастап, пәтерді сатып Қазақстанға жерленуге рұқсат алып алады.

Б о р а н б а й. Мен айтқан жоқпын.

Д и а н а. (көзі шытынап) Енді кім айтты?

Б о р а н б а й. Диляра айтып қойды.

Д и а н а. Айттым мен саған Диляраны осында ертпе деп. Ауырып жатқан адам мен бала арасында қандай диалог болады?! Баланың психологиясын құртады.

Б о р а н б а й. Иә, мүмкін. (иығын қиқаң еткізеді)

Д и а н а. Атаны Ернармен таныстырушы болма! Ол да қиялилау біреу секілді ғой. Кеше дастарқан басында мақтанғаннан басқа ештеңе айтпады. Прям қазақтарды, елін сүйеді екен, онда неге Ресейде, орыстардың арасында жүр?

Б о р а н б а й. (сөздері сұйықталып, күмілжіп, Диана айтқан әр нәрсені қолдай бастайды) Мен де солай ойладым. Нацист сияқты көрінді.

Д и л я р а. (ойнап отырған Диляра жалт қарап) Ернар аға бос жүрген жоқ, жұмыс бабымен жүр ғой.

Д и а н а. Диляра, саған қанша рет ескерттім, үлкендердің әңгімесіне неге араласасың? (ұрысып сөйлейді)

Д и л я р а. (бұртиып) Ұрыса берсеңдер, сендердің әңгімелеріңді атаға айтып беремін.

Б о р а н б а й. Диляра, біз саған ұрыспаймыз. Атаңа ештеңе айтпа, иә?

Д и л я р а. Жоқ. Айтамын. (қырсығып сөйлейді)

Д и а н а. Атаңның бәрімізге ренжіп, Қазақстанға кетіп қалғанын қалайсың ба?

Д и л я р а. Жоқ.

Д и а н а. Атаңды жақсы көресің бе, күнде көргің келе ме?

Диляра. Иә.

Б о р а н б а й. Онда біздің айтқан әңгімемізді атаңа айтушы болма. Біздің әңгімені айтсаң, атаңды көрмей қаласың. Ол бізге ренжіп көшіп кетуі мүмкін.

(Ақан қарт келеді. Диляра жүгіріп барып атасын құшақтайды)

Д и л я р а. Аташым, аташка, менің сізден айрылғым келмейді. Көріп тұрғым келеді. Қазақстанға кетпеңізші, көшпеңізші...

А қ а н. (елпеңдеп, бала болып) Айкүміс, неге жылайсың? Мен сені тастап ешқайда кетпеймін. Көріп тұрсың ғой, қасыңдамын. Құлыным сол. Мен кетпеймін. (Немересінің маңдайынан сүйеді. Жүзін Боранбай мен Дианаға бұрып)

А қ а н. Балаға не болса соны айтуды қашан қояды екенсіңдер?!

Д и а н а. Саламатсыз ба!

А қ а н. (қабақ шытып) Аманбысың!

Д и а н а. Жағдайыңыз қалай? Біз ештеңе айтпадық. Өзінің ойлағаны ғой.

(Диляра жерде алаңсыз қайта ойнай бастайды)

А қ а н. Ол әлі сәби ғой, бала жүрегі бәрін тез қабылдайды. Көзінше көп нәрсені айтушы болмаңдар.

Б о р а н б а й. Ой, қойыңызшы! Біз не айттық сонша?! Өзі қиялилау болып келеді. Айтпақшы, әке, біз кетейік, түстен кейін жұмысымыз бар. Сосын тағы келерміз. Не керек екенін, қажет нәрселерді Ильшатқа айта жатарсыз. Мен әкеліп тұрамын ғой.

А қ а н. Жарайды. Келулеріңнен кетулерің тез болды-ау. Ендеше сау, есен-аман болыңдар!

(Диляраның бетінен сүйеді. Ұлы мен келініне бас изеп шығарып салады. (Орындыққа үнсіз отырады.)

 

 

ІV

 

АҚАН, ШӘМІЛ

 

(Шәміл ақсақал келеді)

 

Ш ә м і л. (сөйлеп кіреді) Ақа, немерең келді деп еді. Қайда өзі? Тәттілер берейін деп едім. Маған мұндайды жеуге болмайды ғой, бірақ туысқан, таныс біткендер әкеле береді. Жаңа саған немересі келді деп дәрігерлер айтқан.

А қ а н. Немерем кетіп қалды. Енді келесі апта келеді. Тәттіңді сонда бере жатарсың. Пейіліңе рақмет!

Ш ә м і л. Аяқ астынан не болды? Тұнжырап отырсың ғой.

А қ а н. Тұнжырамағанда қайтейін? Мендегі аурудың емі жоқ, бірақ өзім де сол емді аса қажетсініп тұрғаным шамалы. Бар арманым елге, Қазақстанға барып, ата-бабам жатқан жерге жантаю еді. Ол да орындалмайтын тілек сияқты. (қалжырап отырған ақсақалдың дауысы толқып шығады)

Ш ә м і л. Неге? Сол да сары уайымға салынатын шаруа болып па?

А қ а н. Шәміл-ау, сен мен туралы көп нәрсені білмейсің ғой.

Ш ә м і л. Ақа, айта беріңіз! Ішінде ит өліп жатқан, сыр сақтай білетін адамның бірі менмін. Ноғай-қазақ бір туған, мені жатырқай көрме. Екеуміздің осы палатаға тап болғанымыз да Құдайдың маңдайға жазғаны шығар. Бүкпесіз, боямасыз шындығыңды айта бер. Қағаз бен қаламға жақындығым бар, керек тұсын жазып та алармын.

А қ а н. Айт десең, айтайын! Бірақ анау жазып аламын дегенің болмайды. Қазір ол жағын біле жатарсың. Мен жігіт кезімде әскери қызмет еттім. Құжат дайындаған кезде шешем бүкіл тегімді, атымды өзгертіп жіберген. «Халық жауының баласы» деген жаман атпен көгермесімді білген ғой. Шешемнің арқасында оқуды озат бітірдім. Кейін қызметті де абыройлы атқара бастадым. Анамның жалғыз ұлы болған соң ба, жауапкершілікті қатты сезіндім. Ұятқа қалдырғым келмеді. Қызмет етіп жүрген жылдары түрі азият әскерилерге Петербордан ұсыныс келді. Америка Вьетнам соғысы басталып кеткен жылдар. Бізге Вьетнамға барып қызмет етуге келісімшарт ұсынды. Бағымды сынап көрдім. Азияттық түрім мен жақсы орысша  білуіме байланысты бірден қабылдады. Қызметтің қызығына түсіп солтүстік Вьетнамға тыңшылық етуге кеттім. Қызмет еткен жылдары түрлі құпия ақпаратты Ресейге жібердім. Америка мен КСРО жанжалының Вьетнам жерінде қызып тұрған шағы еді. Жеті жылдық келісімшартты өтеп болған соң Ресейге келдім. Абырой болып тыңшылықта жүргенде де, әскери қызметте де біреудің қанын төкпедім. Құдайдың маған қарасқаны шығар деп әлі шүкіршілік етемін. Ол кезде елді сағынғанмен туған жерге оралу деген түсінікті аса бір сезінбейтінмін. Жас болған шығармын.  «Кеңес үкіметі – үлкен үйіміз» деген дақпыртқа қатты сеніп кеткен болуым керек, бірақ Одақ ыдыраған кезде Қазақстанға кетуге бел будым. Елімді іздей бастадым. Ішімде елге, Отанға, туған жерге деген ұлы сезім оянды, бірақ сол жылы әйелім қайтыс болды. Үш жылдай тағы жүрдік. Кейіннен баланың жұмысы дедік, Ресейдегі тағы бір мәселелер болып қалып қойдық. Ал уақыт шіркінің зымырап өте беріпті. Міне, екі жыл бұрын мұрттай ұшып ауруханаға түстім. Сол кезден бастап туған жерге оралу, ең болмаса сүйегімді ата қонысқа жерлету ойы жанымды жегідей жей бастады. Қамдана бастап едім, алдымнан кедергілер шыға бастады. Азаматтық ауыстырып кетейін десем, болмады. Мен жоғарыдан әлі де бақылауға алынған адам екенмін. Тірі кезімде, құр сүлдерім қалса да, Ресей үкіметі жібермейтін көрінеді. Өлі денемді Қазақстанға бере ме, бермей ме, ол жағы белгісіз, бірақ баламның сүйреп жүргісі тағы жоқ екенін ішім сезеді. Балам Зюганов дегеннің партиясында істейді. Оған менің мәселем аса қызық та емес.

Ш ә м і л. Қазақстанға іссапармен кетіп қалыңыз. Келмеңіз. Руластар, жерлестер, туыстар бар шығар.

А қ а н. Оны да ойлап көрдім. Ол жақта Ресей азаматы болып жүріп қайтып кетсем, осында қайтарады екен. Туыстарымды тауып келгенмін. Соңғы жылдары Қазақстанға жиі барып тұрдым. Қолым тигенде мұрағаттағы жазбаларды қарап, әкем туралы мәліметтер іздеймін. Ол жақтағылар барлық мәліметтің Ресейде екенін айтады. Әкемнің зиратын іздеп Магаданға да барған кезім болды. Ол жақтан ештеңе таба қоймадым. Айтпақшы, сол Магаданда Колыма тұтқындарын еске алу мемориалы бар екен. Сондағы тасқа қашалып жазылған «Здесь было мало виноватых, Здесь было больше – без вины» деген жазу есімнен кетпейді.

Ш ә м і л. Ойланатын жағдай екен... Сізге не дерімді білмей қалдым. Мен бұл ауруханаға өмір үшін күресуге келіп едім. Сіздің мәселеңіз мүлде басқа екен! Бірақ мен сізді өте жақсы түсінемін. Туған жер кімге ыстық болмасын?!

А қ а н. Мені дұшпанға тілемейтін өлім күтіп тұр ма деп қорқамын, Шәміл! Ақ сүйегім жат жерде қалғаны маған о дүниеде де тыныштық бере қоймас!

Ш ә м і л. Ол не дегеніңіз?! Бәрі жақсы болады. Мен ардагерлер кеңесінен жақсы танитын адамдарым бар. Соларға айтып көрейін.

А қ а н. Әуре болмағаның абзал дер едім. Бұл жақтан қайыр жоқ. Дегенмен «Үмітсіз шайтан» деген. Бүгін соңғы үміт пайда болды.

Ш ә м і л. Ол қандай үміт?

А қ а н. Жаңа ұлым келгенде елшілік туралы айтты. Шынымды айтсам, Қазақстан елшілігі туралы ойламаппын. Сол жаққа жүзі жылы, иманды, қазақы өңді бір жігіт келгенге ұқсайды. Сол жігіт арқылы елден көмек сұраймын.

Ш ә м і л. Ол жігіттің қазақы өңді екенін қайдан білдің? Көрдің бе?

А қ а н. Жоқ, бірақ оны айтқанда ұлымның беті тыржиып кетті. Немеремнің Диляра деген аты шетелдік болса да, қазақы  қаны бойында ойнап тұр. Менің қаным. Ол Қазақстаннан келген қазақтар туралы сүйсініп, қызыға да қызғана айтты. Қызының аты да Зере екен. Балалардың әңгімесінен соң өзімнің қандай адамдар екенін топшылағандағы түрім ғой.

Ш ә м і л. Олай болса, жақсы екен! Көмек сұрап көргенің дұрыс қой.

А қ а н. Атын (есіме деп қосу керек) тез сақтап қалдым. Ернар екен. Ернар арқылы Қазақстан Президентіне хат жазамын, министріне хат жазамын, әйтеуір өз сүйегімді өзім елге жеткіземін.

Ш ә м і л. Алла жар болсын! Ойың жүзеге ассын!

А қ а н. Аздап тынығып алайық!

Ш ә м і л. Иә.

 

 

V

 

АҚАН, ШӘМІЛ, ИЛЬШАТ, БОРАНБАЙ, ДИАНА, ДИЛЯРА

 

(Ақан мен Шәміл кереуеттерінде жатады. Сәл үзілістен соң Ақан қария қысылып, дем ала алмай ауыра бастайды)

 

Ш ә м і л. Ақан, қалың қалай? Не болды? (жанына барады)

А қ а н. Дәрігерді шақыр, Шәміл! Тұншығып дем ала алмай жатырмын.

(Шәміл жақтаудағы кнопканы басады. Сахна сыртынан ызылдаған дауыс естіледі. Ильшат дәрігер жүгіріп келеді)

И л ь ш а т. Не болып жатыр? (Ақан ақсақалдың білектерін уқалай бастайды)

А қ а н. Әлсіреп барамын, Ильшат балам!

И л ь ш а т. Бәрі жақсы болады, Ақан ата.

А қ а н. Жоқ, Ильшат. Дәм-тұзымның жеткен жері осы шығар. Бір сөзімді тыңдап ал.

И л ь ш а т. Айтыңыз, Ақан ата!

А қ а н. Сен де, Шәміл де – бізге, қазаққа туыс халықтың өкілісіңдер! Мені сендер ғана түсіне аласыңдар. Сол себепті соңғы аманатымды, арман-тілегімді айтып кетуіме мұрсат беріңдер. Ильшат балам, әсіресе саған айтамын. Шәміл – өз өмірімен күресіп жүрген адам. Мен сүрлеу-соқпағы көп өмірдің белестерін бағындырған сәттерде ең әуелі туған жерім, туған өлкемді есіме түсіретінмін. Киелі де құт мекенімнің бейнесі көз алдымда үнемі сағым болып тұратын. Мен Ресейде, Вьетнам елінде жүргенде де атамекенім Қазақстанды ойымнан бір сәт шығарып көрмеппін. Денем Вьетнамның ылғалды орманының ішінде жүргенімен, ойымда сары дала, сайын дала жаңғырып тұратын. Мен ғана емес, өзге елде жүрген көптеген қазақтардың көзінен осыны көрдім. Табаны тілім-тілім болғанына қарамай, туған жерге оралу, өмірінің соңында туған жерге барып, ата-бабасының жанына барып жантаю ұлтымыздың ұлттық коды іспеттес дүние дер едім. Иә, мен шетелдерден, Ресейден туған жерін сағынып, аңсап жүрген талай қазақтың қаракөздерін көрдім. Бәрінің жүрегінің түкпірінде елге деген сағыныш сезімі тұратын. Бәрі де алтын бесік Отанын, Қазақстанын жүрегіне салып әлдилеп жүретіні байқалады. Бәрі де... Қарапайым халық қана емес, кезінде Мысырда қаһарлы хан атанған Бейбарыс сұлтанның өзі де жат елде алтын тақта отырса да, қазақ, қыпшақ даласын ұмыта алмай, алты жасында иіскеген жусанның иісін өмір бойы аңсап өткен екен... Мұның бәрін мен бекерден-бекер айтып отырғаным жоқ. Менің соңғы аманатым – сүйегімді туған жерге жеткізу. Балам Боранбай келсе, осы сөзді «Әкеңнің аманаты, соңғы сөзі» деп айтарсыңдар! Аманатқа қиянат жасамас!

(Әлсіреп, есін жия алмай қалады)

И л ь ш а т. Ақан ата! Ақан ата!

Ш ә м і л. Мен не істейін, дәрігер?

И л ь ш а т. Кнопканы басыңыз. Медбикелер келуі керек. Есін жия алмай қалды.

Ш ә м і л. (Шәміл тызылдатып кнопканы басады. Екі медбике жүгіріп келеді)

И л ь ш а т. Жан сақтау бөліміне апарамыз. Носилканы әкеліңдер!

(Ақан қарияны жан сақтау бөліміне алып кетеді. Палатада Шәміл қария қалады. Телефон шырылдайды)

Ш ә м і л. Ало?

Б о р а н б а й. Алло, әке! Үйдің құжаттарын таба алмай жатырмын.

Ш ә м і л. Қандай құжат, балам?! Мен Ақан емеспін. Ақан емдеу бөлмесінде, жаңа алып кетті. Мен көршісі Шәміл деген адаммын. Телефонына жауап беруге мәжбүрбін.

Б о р а н б а й. Әкемді қайда алып кетті?

Ш ә м і л. Боранбаймысың? Ақанды жаңа ғана дәрігерлер жан сақтау бөліміне алып кетті. Кеш бата қысылып, жағдайы қиындап сала берді. Дәрігер келген соң тілге келгендей болған, бірақ қайта есін жия алмай қалды. Жағдайы қиын.

Б о р а н б а й. (бейқам) Аааа... Жарайды... арасында болып тұратын жағдайлар ғой, аға. Кей кезде өзінің солай қысылатыны бар. Сізге әкем үйдің құжаты туралы ештеңе айтқан жоқ па?

Ш ә м і л. Айналайын-ау, қайдағы құжат?! Әкең жан тапсырғалы жатыр! (жекіп сөйлеп телефонды тастай салады. Палатаға Ильшат келеді)

И л ь ш а т. Ақан ата тілге келе алмай жатыр. Сізге ештеңе демеді ме? Көңілге алатындай сөз естіді ме екен?

Ш ә м і л. Жоқ. Кешке дейін жап-жақсы өткен, кеткенді әңгіме қылып айтып отырғанбыз. Балалар келіп кеткеннен кейін тұнжырады да қалды. Ауруымның емі жоқ, уақытым жақындап қалды дегенді айтты.

И л ь ш а т. Иә, ол туралы өзі де біледі, бірақ біраз уақыты бар екенін білетін. Әлі бір-екі ай көрер жарығы бар деп жүргенмін. Жаңа айтылған әңгіменің шет жағасын өткенде де айтқан, бірақ аса мән бермеген едім. Енді ұлына дұрыстап жеткізу керек секілді.

Ш ә м і л. Әке аманаты деген – қиын дүние. Бізде де бір туысқан ноғай шал баласына үлкен өсиет қалдырып еді. Баласы әкесінің өсиетін орындамай әлі жүр.

И л ь ш а т. Не өсиет?

Ш ә м і л. Туыс адамдар еді, не өсиет екенін анық айтпай-ақ қояйын. Құпия болып қалсын. Сол жігіт тайраңдап жүр. Мен біраз нәрсе айтып көріп едім. Болмады. Ақылға келмейді. Адам айтқанға емес, басқа түскенде көнеді деген рас екен.

И л ь ш а т. Білмеймін. Әбден мүмкін, бірақ біздің Ақан ақсақалымыз жанымызда, тірі, Құдайға шүкір.

Ш ә м і л. Алланың қалауына шара бар ма...

И л ь ш а т. Бәрін бір Құдайға сілтей беруге болмас. Күресу керек!

(Ильшат кетіп қалады. Боранбай, Диана, Диляра келеді)

Б о р а н б а й. Әкем қайда?

Ш ә м і л. Жан сақтау бөлімінде. Дәрігерлер бар мүмкіндігін салып емдеп жатыр.

(Боранбай мен Диана кереуеттің астынан, шкафтың ішінен бірдеңе іздей бастайды)

Ш ә м і л. Балалар, не іздеп жатырсыңдар?

Б о р а н б а й. Сізге қажеті қанша?

Ш ә м і л. Жан сақтау бөліміне барып әкеңіздің халін білгеніңіз жөн емес пе?

Б о р а н б а й. Ненің жөн екенін маған сіздің айтқаныңыз қалып еді!

Д и а н а. Біреулердің отбасының ішкі шаруасына араласып неңіз бар? Өзіңіздың отбасыңыз жоқ па?

Ш ә м і л. Еее, жалған-ай! Дүрс-дүрс етіп сөйлеген неткен адамдар... (баяу, күбірлеп сөйлейді)

(палатаға Ильшат келеді)

Б о р а н б а й. Әкемнің жағдайы қалай?

И л ь ш а т. Кешірім өтінемін.

Б о р а н б а й. Не болды?

(үнсіздік орнайды)

И л ь ш а т. Қайғылы, өкінішті хабар айтқалы тұрмын.

Б о р а н б а й. Не дейсіз?!

И л ь ш а т. Әкеңіздің өмірін сақтай алмадық. Тағы да кешірім сұраймын.

Д и л я р а. Атам енді жоқ па? (Ата-анасы Диляраның сөзіне мән бермейді.)

И л ь ш а т. Бала бар екенін байқамай қалдым. Кешіріңіздер!

Б о р а н б а й. Сіз әлі бір-екі ай уақыты бар деген едіңіз. Алдап тұрған жоқсыз ба?

И л ь ш а т. Әрқашан біздің айтқанымыз келе бермейді. Алдап тұрғаным жоқ. Не айтып кеттіңіз? Қайдағы алдау?!

Б о р а н б а й. Жарайды. Әкеме көмектескеніңіз үшін, осы уақытқа дейін емдегеніңіз үшін алғысым шексіз. Сізге әкем ешқандай құжат немесе хат қалдырып кеткен жоқ па?

И л ь ш а т. Иә, хат қалдырып кетті, бірақ ол хат сіздің қызыңызға арналған. Маған кеше Ақан ақсақал хатты тапсырғанда әлі уақытыңыз бар ғой дегенмін. Бір күннен кейін жарық дүниемен қош айтысатынын іші сезген екен-ау.

Б о р а н б а й. Хатты беріңіз.

И л ь ш а т. Қызыңызға беремін.

Б о р а н б а й. Сен дәрігерсің. Менің әкеме басқа ешқандай туыстығың жоқ. Адамдардың отбасылық өміріне араласқаныңыз үшін басшылыққа шағымдансам, жұмыстан қуылатыныңызды білесіз бе?

(Ильшат хатты береді. Боранбай көз жүгіртіп шығады да, хатты үстелдің үстіне тастай салады.)

Б о р а н б а й. Басқа ештеңе айтқан жоқ па?

И л ь ш а т. Иә, аманат айтып кетті. Сізге сүйегімді туған жерге, алтын бесік атамекеніме жеткізсін деген соңғы сөзі болды. Куәгер – Шәміл ата! Ал хатты бір күн бұрын беріп қойған.

Б о р а н б а й. Жоқ, мен үй туралы ештеңе айтпады ма дегенмін.

И л ь ш а т. Жоқ. Мүлік туралы ештеңе айтпады. Айтпақшы, әкеңізді көруге болады.

Б о р а н б а й. Иә, барайық. Диана, жүр кеттік.

И л ь ш а т. Жүріңіздер! Шәміл аға, сіз де жүріңіз.

Б о р а н б а й. Диляра, сен осы жерде қала ғой. Саған ол жаққа баруға болмайды.

Д и л я р а. Неге? Мен атамды көргім келеді. Барғыыыым келедііііі...

Д и а н а. Диляра, папаңның айтқанын тыңда. Неге үлкендермен салғыласып, қарсы шығасың?!

Д и л я р а. Жарайды. (томсырайып қалады)

(Шәміл, Ильшат, Боранбай, Диана бәрі шығып кетеді. Палатада Диляра қалады. Диляра үстел үстінде жатқан атасы қалдырған хатты алып, дауыстап оқи бастайды.)

Д и л я р а.  Жарық дүнием, тұңғыш немерем, Айкүміс! Атаңның жазған хатын зердеңе тоқып аларсың! Немеремнің дүниеге келуін ұзақ күттім. Ата-анаңнан да ұзақ күткен шығармын. Күткенімдей дүниеге асыл текті қыз бала келді. Ол сен едің. Сенің тілің шығып, сөйлей бастағаныңда-ақ ерекше зерделі, зейінді болатыныңды сездім. Құдай тағала оңдап көз қуанышыма айналдың. Бұл хатты саған жазып отырғанымды кейін, есейгенде түсінесің. Есейгенде мені тауып, елге барып басыма дұға оқытарсың! Сен көшпенді қазақ халқының ұрпағысың, сақтардың ханшайымы Тұмардың ерлігін өскен соң оқып-білесің. Сенің де сондай батыр, арлы, намысшыл, ұятты биік қоятын қазақтың қызы болуыңды Құдайдан тілеймін. Төмендегі өлең-жырда атаңның саған деген батасы мен тілегі бар. Хатта жазылған ақылымды мәңгі жадыңда сақтарсың, қарағым!

Айналайын немерем!

Тәкаппар болма әрнеге,

Өміріңе тиер кесірі.

Шарапатың көп болсын,

Мұқтаж болған кісіге.

Кербезденген жалқаудың

Үлгі алмағын ісінен,

Ұшқалақ мінез, жел көңіл,

Көрінер адам түсінен.

Дәстүрдің бәрі қазақта,

Оқып-үйрен тірлікте.

Қазына көзі халықта,

Еліңе барсаң, білерсің!

 

(Хат оқылып болған соң Диляра «Ата қайдасың?» деп кетіп қалады.)

 

 

ЕКІНШІ БӨЛІМ

 

І

 

ЕРНАР, ИЛЬШАТ, ДИАНА

 

Үш ай өткен соң

 

(Сахна. Жарық. Палата. Сол көрініс. Екі адам носилкамен Боранбайды әкеледі. Соңдарынан Ильшат келеді.)

 

И л ь ш а т. Мен бұл жігітті танимын. Үш ай бұрын соңғы рет осы палатада жолыққан едік. Марқұм әкесі жақсы адам еді. Ол кісіні де мен емдеп едім.

(Диана кіреді)

Д и а н а. Сәлеметсіз бе!

И л ь ш а т. Сәлеметсіз бе! Сіздер қайдан жүрсіздер? Боранбайға не болған? Өз көзіме өзім сенер емеспін. Түріне не болған, неге азып кеткен? Әкесін сонша уайымдағаны ма?

Д и а н а. Сіз қарап бересіз бе? Үш айдан бері есінен алжасатын ауыруға шалдықты. Аузына не келсе, соны айтады. Үш-төрт рет терезеден секірмекші болып та оқталды. Әйтеуір аман алып қалдық. Емін таба алмай жатырмыз. Дәрігерлер жындыханаға жатқызыңдар дейді. Менің оған көнгім жоқ. Кеше ғана есі сау  адамның үш айдың ішінде ішімдікке салынып, күні-түні арақ ішіп, далаға түнеп, есінен алжаса бастағанын ешкім түсіне алар емес. Екі күн бұрын ауруханадан шыққан, бірақ бүгін таңнан арақ ішіп алыпты. Түстен кейін жын ұрып ауыра бастады. Сөздерінің арасында «Ильшат, Ильшат» деп айтты. Сол кезде сіз есіме түстіңіз. Осында әкелуімнің бір себебі – осы.

И л ь ш а т. Мен қарап, сөйлесіп көрейін, бірақ менің салам басқа еді. Басқа тағы қандай сөздер айтады? Бәрі неден басталды?

Д и а н а. Атамызды жерлеген соң үш күннен кейін үйге ішіп келді. Кешке жұмыстан үйге келсем, мас күйінде отыр. Қойған сұрақтарыма жауап бермеді. Өмірде қатты тату болмаса да, әкесінің қазасы жанына батқан ғой деп ойладым. Келесі күні жұмысында қиындықтар туып жатқанын айтты. Қаржы бойынша басы шатыла бастады. Оның уайымы болды ма әлде басқа ма, тағы да ішіп келіп жүрді. Бір күні үйге жұмыстағы бүкіл заттарын әкелді. Жұмыстан шығып кетіпті. Ол қосылды. Тағы ішті.

И л ь ш а т. Жұмыстан шығып кетті ме? Неге?

Д и а н а. Иә, шығып кетті. Боранбайға қарасты бөлімде жемқорлық дауы шықты. Бәріне жала жабылып, істері сотқа кетті.

И л ь ш а т. Қиын шаруа екен, бірақ сіз күйеуіңіздің адал екеніне сенесіз ғой?

Д и а н а. Әрине, сенемін. Себебі Боранбай ол жерде ақшаға жауапты емес, әйтсе де бөлім болған соң «Кемедегінің жаны бір» болып кете барды.

И л ь ш а т. Әр нәрсені қазбалап сұрап жатқаным үшін кешірім сұраймын.  Емдейтін адам ретінде білуім керек дүниелер деп шешкендіктен сұрап жатырмын. Негізі біздің бөлімге әр түрлі ауру алғандар жатпайтынын өзіңізде білесіз, бірақ мен беделімді салып Боранбайды жатқызуға тырысайын.

Д и а н а. Рақмет. Сізге тағы бір ескертетін нәрсе бар.

И л ь ш а т. Ол не?

Д и а н а. Боранбайдың қол-аяғын байлап тастағанын байқап тұрсыз ба?

И л ь ш а т. Иә, жаңа сұраймын деп ұмытып кетіппін.

Д и а н а. Біз ол ішіп жындана бастағанда осылай байлап тастаймыз. Әйтпесе адамдарды өлтіремін деп жүгіреді немесе терезеге ұмтылады. Сау кезінде айтсақ, «Білмеймін» дейді. Көршілеріміз, таныстарымыз бәрі біледі. Мен бұлай ауыратынын басқа дәрігерлерге айтпадым. Жындыханаға жатқызып тастайды деп қорқып жүрмін. Сіз білсін деп айтып отырмын. Есін жиған кезде қол-аяғын шешуге болады. Ол кезде ешкіммен сөйлеспей тыныш отырады.

И л ь ш а т. Жарайды. Түсінікті. Қиындау нәрсе, бірақ тексеріп көрейін. Қазір ештеңе айта алмаймын. Әзірге тынықсын. Жалғыз қалдырайық.

Д и а н а. Иә, бірақ Диляра әкесін көргісі келген еді. Сыртта тұр. Боранбай жындана бастаған соң Диляраны бір ай бұрын менің анамның үйіне жібергенмін. Бүгін келді.

И л ь ш а т. Жарайды, бірақ байланып жатқан әкесін көру балаға ауыр соқпай ма?

(Қозғала бастаған Боранбай «Әке» деп бір-екі рет айтады)

Д и а н а. Мән бермеңіз. Сіздің әке деп айтқаныңызды естіп сөйлегені шығар... (есік жаққа қарап) Диляра, кіре ғой.

(Диляра кіреді)

Д и л я р а. Әкеме не болған?! Неге сақалы өсіп кеткен?! Арықтап кетіпті ғой. Неге байлап қойғансыздар?! Кім байлады?!

Д и а н а. Үлкендерге солай сөйлейді ме екен? Мен ескерттім ғой. Папаң ауырып жүр. Жағдайы қиын. Сен соны түсінуің керек. Жүр, палатадан шығайық.

(Диана Диляраны алып палатадан шығайын деп жатқанда Ернар кіреді)

Е р н а р. Амансыздар ма!

Д и а н а. Сіз қайдан жүрсіз?! (таңырқап)

Е р н а р. Осыдан екі апта бұрын почтама Боранбайдан хат келді. Кеше Ресейге келгенде көрдім, телефонға да звондапты, бірақ мен бір ай бойы Қазақстанда жүрген едім. «Мегафон» байланыс желісі ол жақта ұстамайды ғой. Ақан ақсақал қайтқанда да бола алмадым. Үнемі жұмыс екенін білесіздер. Сонымен почтадағы хатты оқығаныммен түк түсінбедім. Диляра шығар Зереге хат жазғысы келген деп те көрдім. Балалардың неше түрлі ойыны бар ғой, бірақ жазылған сөздер бір түрлі және сау адамның сөзі емес секілді көрінді.

И л ь ш а т. Диляра, сен далаға шыға тұр. Үлкендер сөйлесіп алсын. (Диляра шығып кетеді) Не деп жазыпты?

Е р н а р. Мен жазылған сөздерді қағазға шығарып алып едім. Міне, оқып көріңіз. (Бір жапырақ қағазды дәрігердің қолына ұстатады.)

И л ь ш а т. (дауыстап оқи бастайды) «Ажал келді» деп жүз рет жазған ба?

Е р н а р. Иә, бар жазғаны – осы. Не айтқысы келгенін түсінбедім. (Дианаға бұрылып) Бүгін сіздің үйге барған едім. Боранбайдың ауруханаға түскенін анаңыздан білдім. Міне, келген түрім. Ештеңе түсініп тұрған жоқпын.

И л ь ш а т. Жарайды. Түсінікті. Сыртқа шығып сөйлесейік. Менің таныс дәрігерім бар еді. Сол кісіден кеңестер сұрауым керек.

(Ернар, Ильшат, Диана шығып кетеді)

 

 

ІІ

 

 БОРАНБАЙ, ПАВЕЛ, ОЛЕГ

 

(Палатада қол-аяғы байланған Боранбай жалғыз қалады. Қол-аяғын жұлқылаған ол сөйлей бастайды)

 

Б о р а н б а й. Қараңғы? Неге қараңғы? Жарықты жағыңдар! Неге тастап кеттіңдер? Диана, Диляра, қайдасыңдар? (жалынышты үнмен адамдарды іздей бастайды)

(Палатаға екі адам кіреді)

О л е г. Біз келдік. Бізді іздеп жатыр деп үміттенемін.

Б о р а н б а й. Кімсің? Жолама маған! Кетіңдер!

(Екеу ыржалақтап күледі)

П а в е л. Ақша қайда?

Б о р а н б а й. Қайдағы ақша?! Мен ешқандай ақшаны білмеймін. Қол-аяғымды шешіңдерші!

О л е г. Партияның ақшасы қайда? Сен алдың! Неге өтірік білмей жатырсың?

Б о р а н б а й. Партия?! Қандай партия?! Шахмат партиясынан мен ұтылдым. Иә, ұтылдым.

П а в е л. (Олегке қарап) Мынау өтірік мас па?

О л е г. Мас деп ойлайсың ба? Менің ойымша өтірік істеп жатыр. Ақша осының қалтасында дегенді естідім. Сұрауы бар ақша екенін біліп әдейі жынды болып жатырған секілді.

П а в е л. Жындылардың есін жиғызуға болады. Мысалы, мынадай дүниемен.

(қалтасынан электр шокер алып шығады)

О л е г. Бәрін алдын ала ойлап жүресіз, Павел Витальевич!

(жымиып бір-біріне қарайды. Павел Боранбайдың денесіне электр шокерді тызылдатып тигізе бастайды)

Б о р а н б а й. Болды, болды, болды! Қойыңдар! Ауырады. (қиналып сөйлей бастайды) Құтқарыңдар, Диана, Ильшат!

О л е г. Есіңе түсе бастады ма? Қайда ақша? Қайда? Айт! Біз сенімен ойнап тұрған жоқпыз. Өлтіре де саламыз!

Б о р а н б а й. Өлтіріңдер! Өлтіріңдер! (жан дауысымен айқайлай бастайды)

(Палатаға Ильшат келеді. Павел электр шокерді жасыра қояды)

И л ь ш а т. Не болып жатыр? Сіздер кімсіздер? Боранбайдың дауысы шыққан секілді болды. Мұнда кіруге кім рұқсат берді?

П а в е л. Біз қаржы полициясынан келдік. Сіздің емделушіңіздің артында жалған құжатпен қаржы жымқырды деген үлкен айып бар.

И л ь ш а т. Иә, әйелі ол туралы айтты, бірақ сіздер рұқсат сұрап барып кірулеріңіз керек. Бұл адам – ауыр науқас. Әкесінің өлімінен кейін осындай жағдайға түскен.

Б о р а н б а й. Өлім! Өлтіріңдер! (шыңғырып, айқайлай бастайды)

П а в е л. Дәрігер, көрдіңіз бе? Біз ештеңе істеген жоқпыз. Өзінен өзі осылай айқайлай береді. Есі ауысқан ба?

И л ь ш а т. Иә, есі ауысқан. Күдіктенгеніме кешірім сұраймын. Сіздерге жауап беретіндей жағдайда емес екенін көріп тұрсыздар ғой. Кейін келесіздер. Мүмкін болса, сол кезде сөйлесерсіздер. Әзірге мен сіздерді шығарып салайын. Палата бос болуы керек.

О л е г. Әрине, дәрігер. Сіздің бір ауыз сөзіңіз! (жағымсыз жымияды)

 

(Ильшат, Павел, Олег үшеуі шығып кетеді)

 

 

ІІІ

 

ШӘМІЛ, БОРАНБАЙ, ИЛЬШАТ, ЕРНАР

 

(Палатада жалғыз қалған Боранбай сөйлей бастайды)

 

Б о р а н б а й. Әке! Қайдасың, әкешім? Кешірші мені, әкееееееее! (өксіп жылайды) Тіріліп келші, әкешім! Мен сені жақсы көретінімді, сағынатынымды енді ұқтым. Кешірші, әкееееееее!

(Шәміл кіреді)

Ш ә м і л. Әй, Боранбаймысың? Сені кім байлап тастаған? Не болды саған? Ауырып қалдың ба?

Б о р а н б а й. Әкешім, келдің бе? Әке, мені алып кетші. Маған бұл өмір керек емес. Мені өзіңмен бірге алып кетші, жалынамын. Босатшы мені мынау бұғаудан. Неге менің жанымды қинайсың? Менің қандай жазығым бар еді. Не істедім мен?

Ш ә м і л. Шешейін мынау бәлелерді, балам. Қазір. (Шәміл қария Боранбайдың қол-аяғындағы жіпті шеше бастайды. Қол-аяғы босаған Боранбай Шәмілдің алдына тізерлеп отырып кешірім сұрай бастайды.)

Б о р а н б а й. Кешіре көрші мені, әкешім! Келдің бе? Қолыңнан сүйейінші. Қолыңды берші. Қолыңды берші, әке!

Ш ә м і л. Боранбай-ау, мен ғой Шәміл. Танымай тұрмысың, не айтып кеттің?

Б о р а н б а й. Кешір, кешір, кешір. (қайталап айта береді)

Ш ә м і л.  Неге әкеңнен кешірім сұрайсың? Мен Шәмілмін. Әкеңмен бір палатада жатқан көршісі болдым. Үш ай болды әлі жатырмын. Емделетін түрім жоқ. (әңгімесін айта бастайды)

Б о р а н б а й. Өлім қайда? Ажал қайда?

Ш ә м і л. Саған не болды? Түріңе не болған балам-ау... (аянышты үнмен айтады)

Б о р а н б а й. Арақ беріңізші, арақ беріңізші, арақ беріңізші... (қайталай береді)

Ш ә м і л. Жоқ. Жетер! Не болған саған?! Қол-аяғыңды кім байлады? Бұл ауруханада ешкімнің қолын байламайтын еді ғой. (өз-өзімен сөйлеседі) Жындыхана емес қой бұл жер. Кім бұлай қорлап жүрген?

Б о р а н б а й. Әке, кешірші! Аяғыңа жығылайын. (Шәмілдің аяғына жығыла бастайды)

Ш ә м і л. Мынау балаға не болған?! Өңім бе, түсім бе?! Боранбай, мен сенің әкең Ақанның досымын, бір палатада бірге жатқан көршісімін. Есіңді жи. Танымай тұрсың ба?

Б о р а н б а й. Не дедің?!

Ш ә м і л. Ақанның досымын, көршісімін деймін...

Б о р а н б а й. Ақан???

Ш ә м і л. Иә, Ақанның!

Б о р а н б а й. Сен Ақансың?!

Ш ә м і л. Не болды саған?! Мен Ақан емеспін. Ақан – сенің әкең. Ақанның... (соңғы сөзді айтуға үлгертпей Боранбай екі қолымен Шәмілді қылқындыра бастайды)

Б о р а н б а й. Өлтіремін. Ақаааан... Өлтіремін. Мені өлтіргің келді ғой, Ақааан! (Шәмілді еденге жығып алған Боранбай тұншықтырып, қылғындып өлтіруге ыңғайлана бастайды)

Ш ә м і л. Ақан емеспін деймін.

Б о р а н б а й. Ақансың! Мені өлтіруге келдің! Өлтіремін!

(Палатаға Ильшат пен Ернар жүгіріп кіріп келеді. Боранбайдың қолын қайырып қайтадан кереуетке байлап тастайды. Шәміл қарт өз-өзіне келе бастайды, киімдерін жөндеп, су ішеді.)

И л ь ш а т. Шәміл ата, мұнда не істеп жүрсіз?  Сіздің палатаңыз екінші қабатта емес пе еді? Көшіп едіңіз ғой сонда? (таңданған жүзбен қарайды)

Ш ә м і л. Кеше қайта көшкенде кейбір заттарымды тастап кетіппін. Жаңа алуға келсем, байлаулы жатқан Ақанның ұлын көріп шошып кеттім.

Б о р а н б а й. (Ақан деген сөзді естіген Боранбай сөйлей бастайды) Ақаннннн... Ақан...Өлтіремін... (Боранбай шыңғыра айқайлайды)

И л ь ш а т. Ернар, Боранбайдың қолын ұстаңызшы. Қазір қатты қиналатын болады. Мен дәрі егіп тыныштандырайын. (Ильшат Боранбайға дәрі егіп тыныштандырады)

И л ь ш а т. Айта беріңіз, сосын не болды?

Ш ә м і л. Маған әке деп сөйлей бастады. Қол-аяғы байлаулы екен. Шешуімді өтінді. Шештім. Қолымды сүйіп, аяғыма жығылып әкелеп кешіріп сұрай бастады. Басын түсінбедім. Сосын Ақанның досымын деген едім, екі қолымен қылғындыра бастады. «Ақанды өлтіремін. Сен Ақансың» деп өлтірмекші болды.

И л ь ш а т. Сіздің енді бұл жерге келмегеніңіз абзал, ақсақал! Бұл жігіт қиын жағдайға душар болған. Ауруының емін таппай отырмын. Бір досымнан сұрап едім, қазір сол хабарласуы керек.

Ш ә м і л. Мен кетейін, обал болған екен. Жас жігіт... (жай сөйлеп Шәміл қария шығып кетеді)

Е р н а р. (Шәміл қария шығып кеткен соң) Ильшат, жаңағы ақсақал заттарын ұмытып кетіпті. Мен апарып берейін.

И л ь ш а т. Жарайды. Қайтып келесіз бе?

Е р н а р. Әлбетте.

И л ь ш а т. Жарайды.

(Ернар заттарды алып шығып кетеді)

 

 

ІV

 

ИЛЬШАТ, БОРАНБАЙ, ДИАНА

 

Палатада Боранбайдың жанында Ильшат қалады. Оның телефоны шырылдайды. Тұтқаны көтереді.

 

И л ь ш а т. Алло, досым, қалайсың? Иә, бір ем алушы бойынша хабарласып едім. Есінен алжасқан секілді. Жоқ. Сендердің ауруханаларыңа жатқызуға болады, әрине, бірақ келіншегі келісе ме екен? Ол жағын сұрап көрейін.

(Ильшат досымен сөйлесіп жатқанда палатаға Диана кіреді)

Д и а н а. Не болып жатыр?

И л ь ш а т. Жақсы, сау бол! Кейін хабарласамын. (телефонды қояды)

Мен досыммен хабарластым. Ол телефон арқылы ештеңе айта алмаймын дейді. Боранбайды басқа ауруханаға, менің досым жұмыс істейтін жерге жатқызуымыз керек. Онсыз болмайды екен, бірақ сіз еш уайымдамаңыз. Мен бар күшімді салатын боламын. Емдеу ісіне де өзім араласамын.

Д и а н а. Жарайды. Егер бұл жерде емдеу мүмкін болмаса, келіспеске амалым жоқ.

И л ь ш а т. (телефонымен досына қайта хабарласады. Алло, иә? Жақсы, жақсы. Сендерге қазір апарады, бірақ бүгіннен қалдырмай қарап көрерсің. Бәрін күтуге болады. Иә, жақсы. Жақсы. (телефонды қояды)

(Боранбайдың жанында Диана жылап отырады. Ильшат кнопканы басады. Тызылдаған соң екі адам носилкамен келіп Боранбайды алып кетеді)

Д и а н а. Мен бірге барайын.

И л ь ш а т. Диляраны қайда қалдырасыз?

Д и а н а. Білмеймін.

И л ь ш а т. Жоқ. Сіз осы жерде отыра тұрыңыз. Тынығыңыз. Уайымдамаңыз. Боранбай әлі-ақ емделеді.

 

 

V

 

ШӘМІЛ, ЕРНАР, ИЛЬШАТ, ДИАНА

 

(Палатада үстел басында Ильшат пен Диана шай ішіп отырады .

 

И л ь ш а т. Жоқ, сіз уайымдамаңыз! Талай аурулар емделді ғой.

Д и а н а. Жақсы, сізге сендім, бірақ уайымдамайын  десем де, ойлай беремін. Неге екенін білмеймін.

И л ь ш а т. Қалыпты жағдай, бірақ қатты сары уайымға салынып өзіңізге зиянын тигізіп алмауыңыз керек.

Д и а н а. Иә, дұрыс айтасыз. Рақмет!

(Палатаға Шәміл кіреді)

Ш ә м і л. Ильшат, сен маған қайта келдің деп ұрыса көрме. Жаңа осы палатадан шыққан кезде осы жерге заттарымды қалдырып, ұмытып кетіппін.

И л ь ш а т. (жылы жымиып) Келіңіз, шай ішіңіз. Ол заттарды алып Ернар төменге түсіп кеткен. Сізге апарып бермеді ме?

Ш ә м і л. (үстел басына келіп отырады) Жоқ, әкелмеді. Өзім де шығар сәтте бірдеңені ұмыт қалдырғандай сезімде шығып едім...

Д и а н а. Шай ішіңіз.

(шай құйып береді)

Ш ә м і л. Диана, қарағым, сізден  бірдеңе сұрайын.

Д и а н а. Сұрай беріңіз.

Ш ә м і л. Ақанның туыстарымен хабарласып тұрасыңдар ма, басына Құран бағыштауға бара ма екен олар?

Д и а н а. Жоқ, біз оларды танымаймыз. Көрген жоқпыз және алыс адамдар ғой.

Ш ә м і л. Қазақстанға Ақанды жерлеуге апарғанда кім күтіп алды сонда?

Д и а н а. Біз атаны Қазақстанға апарған жоқпыз.

Ш ә м і л. (таңырқап) Не дейсің?!

И л ь ш а т. (бірге сөйлеп) Не дейсің?!

Д и а н а. Біз атаны Қазақстанға апарған жоқпыз. Осында Букинское тас жолындағы христиан мұсылман аралас зиратына жерледік. Боранбайдың шешімі солай болды.

Ш ә м і л. Еее, балаларым-ай! Аталарыңның әруағы екен ғой тыныштық бермей жатқан. Аманатқа қиянат жасаған екенсіңдер.

(Сахнада жедел жәрдем дауысы шығады. Сәл үзілістен соң қолы қан-қан болып Ернар жүгіріп келеді)

Е р н а р. Диана, Диана!

Д и а н а. Ернар, не болды? Неге қолың қан?

Е р н а р. Боранбай басқа ауруханаға апара жатқан машинадан секіріп кетті. Жаңа осында қайта әкелді.

Д и а н а. Не дейсің?! (бетін басып жылай бастайды)

И л ь ш а т. Қазір қайда? (орнынан тұрып кетуге ыңғайлана бастайды)

Е р н а р. Ильшат, бәрі кеш! Келгенде бойында жаны болған, бірақ үшінші қабатқа жетер жолда менің көз алдымда көз жұмды. Соңғы сөзінде маған «Ешкімнің аманатына қиянат жасай көрме» деді...

 

(шымылдық жабылады)

 

 

Автордан: Пьесаның өзге ұлт кейіпкерлерінің тілі шығармадағы тіл тазалығын сақтау мақсатында қазақша жазылды.

 

Қазақ тілінде жазылған