Адам қарады: 19 | Жарияланды: 2018-08-13 02:44:16

Алтын балық

Алдымен келісіп алайық! Мен бұл ертегімді жұмсақ орындыққа отырған соң мемлекет қаржысының шетінен молынан қарпитын жемқорларға, қолына билік тұтқасы тисе кеудесіне бір таба нан пісіп әкесін танудан да қалатын кейбір шенділерге, таққа мінсе айналасына табанын жалауға әзір, күндік наны үшін дос болатындар мен туыстарын жинайтындарға айтқым келіп отыр. Адал еңбегімен емес, «көкелерінің» арқасында қол жеткізген бүгінгі мансабын алтын балық көретін мұндайлардың құлағына жез сырға. Олар мүмкін «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң», дегендей, аспаннан аяғы салбырап түспей халықтан шыққанын, елге қызмет ету үшін сол орынға тағайындалғанын ескеріп, үйіріне оралар. Барлық ертегіде де там-тұм шындық жатады ғой. Бірақ мұны тыңдаймын десеңіз құрметті оқырман сізге де қарсылық жоқ!

Ерте, ерте, ертеде балықшы қарт өзенге тастаған жамау-жамау ауын тартса оған жалғыз алтын балық ілігіп шығыпты... Кешіріңіз! «Неге?» дейсіз бе? Пушкиннің ертегісін сол қалпында келтіре жаздағаным үшін. Бірақ оны мен сізге басқаша айтып көрейінші. Алтын балық өмірде жоқ емес екен. Өкініштісі ол кез-келгеннің торына түсе бермейді. Сосын «Бұл рас нәрсе, бізге әр түрлі бейнеде көрінеді» дейді кейбір аннан-мыннан, ұрлап-жырлап  көшірген дессертациясын қорғап академик, ғылым атанып үлгергендер. Мүмкін солай да шығар, себебі олардың не жазып, нені дәлелдегендерінен сіз де, біз де бейхабармыз. Онысын өздері де ежіктеп бір оқып шығып, атақ алған  соң ұмытады ғой. (Әйтеуір бір жақсысы сізді де оқы деп мәжбүрлемейді) Біреуге жаздыртып, ақшаң болса  ғылым кандидаттығын қорғап шығу деген не тәйірі?! Беу, заман-ай десеңізші, қазір кім не жазбай жатыр? «Ғылыми еңбегін» оқымаған соң онысын біз де жоққа шығара алмаймыз. Сіз немене олардың алтын балық туралы айтқандарына сенбейсіз бе? Пышан да сөйтетін. «Ол кім?». Жазған басым-ай басты кейіпкерімді тыңдаушыларыма таныстыруым керек екен ғой. Сонымен...

Әлхисса, ерте, ерте, ерте емес, бүгінгі заманда, бір елде Пышан деген азамат ғұмыр кешіпті. Моп-момын өзі, күмілжіп сөйлейтін сөзі, мұндай жуас түйені жүндеуді жақсы білетіндіктен әміршісіне айналған әйелі және үш баласы болыпты. Айға біраз ақшасын қағып алатын жалдап отырған пәтері де бар еді. Шекілдеуік сататын әйелін базарға апарып тастағаннан кейін бұл әкесінен қалған ескі көлігімен жолаушы мен жүк тасып нандығын айыратын. Жұмыс уақытына келсек, таңертең әміршісін тұратын орынына жеткізіп тастайды. Содан соң оның: «Әй сұмырай неге кешігіп жатырсың? Қайда жоғалдың? Сағат алты болды ғой.Тағы да біреумен сыралатып жүргеннен саумысың? Тез жет!» деп ұсқыны кеткен ұялы телефонына қоңырау соққанын күтеді. Бұл: «Иә, иә жаным келе жатырмын ғой енді», деген жауапты қатады. Міне, осы аралық. Сол екі аралықта Пышекең аздаған тиын-тебен түсіреді. Мұнысын көпке ортақ тілмен «шабаш» дейді. Сірә, «әрлі-берлі шауып табамын» дегені шығар. «Ұры қалтасы» да бар, оған тапқанынан бірдеңе ауысса салып қояды. Күндердің бір күнінде ол ойлы жермен орғытып, қарлы жерден қарғытып деп қалмаңыз, шұрық тесік жолмен жаман «Москвичін» дырылдатып келе жатыр еді, алдынан жол полициясы шыға қалмасы бар ма? Бұл қорқып кетсе, әлігі көзі ежірейіп ежелгі танысын көргендей қуанды. Тіпті қол шапалақтап, секіріп билеп жібере жаздады.
-Так, - деді ол алақанын ысқылап – Түнгі мезгілде жол ережесін бұзып, қатты жылдамдықпен келе жатырғаныңыздың (Шұңқыр жолмен бе! Сірә полицей ақшадан басқаны көруден қалған. ертегіші) өзі бір төбе, оның үстіне көлігіңіздің оң жақ көзі соқыр. Бұл енді мұсылманшылықпен айтсақ таудай күнә! Жолаушыны қағып кетсеңіз, жазатайым жол апатын жасасаңыз қайтесіз?
- Айналайын-ау ! Көзтаныс адамбыз ғой келісе салсақ ше? Бары осы еді, – деп екі мың теңге ақша ұсынды.
- Жоқ, - деді полицей – Мұның болмайды. Сен маған пара ұсынып қылмыс жасап тұрсың. Құжаттарыңды әкел, хаттама толтырамын!

Пышанның зәресі ұшты. Әлігінің айтқанына көніп дереу қалтасына қолын салып жүргізушілік куәлігін алғанда оған қоса он мың теңгеліктің екеуі мен бір бес мыңдықтың ілесе шыққаны. Мұны көрген полицейдің бұлттай түнерген жүзі жадырап сала берді. Сірә өзіне бергелі жатыр деп ойласа керек. Онысын байқап қалған Пышан сол үшеуін лезде оған ұстата салды. Әйтсе де бір сәтте-ақ жиырма бес мың теңгенің түбіне су құйғанына іші қан жылады. «Ит ашуын тырнадан алады», дегендей іштей үйде қалған әйеліне кіжінді. Күні бойы таксилетіп келіп тамақтана салысымен теледидар алдына кескен томардай болып жайғасқан бұған: «Мына тапқан «шабашкіңнің» жартысын көрші ауылдағы Бөгдегүлге апарып тастай салшы. Оған қарызданып қалып едім. Көрген сайын сұрап берекетімді қашырды» деп қолына бес мың теңге берген. Сүйіктісінің тапсырмасын орындауға шыққан беті еді, құдай төбеден ұрды деген осы. «Кіжінді» дейміз-ау онысы торғайдың ұясының қасына қонған қарғаға шықылықтағанындай ғана. Бұл байғұс бір рет ішіп келіп еркек екені есіне түсіп әкіреңдегінінде әйелі төбесінен оқтаумен тарс еткізіп сабасына түсірген. «Аюға әліп үйреткен таяқ», дегендей содан бері ондай «ақымақтыққа» барып көрген жоқ. Полицейге бергеннің сол бес мыңнан басқасы өзінің карта ойнасам қажет болар деп жасырып сақтап жүргені қаржысы. Олжалы болған полицей мұны босатты. Болған жағдайды естігеннен кейін әйелінің қалай қарсылайтынын ойлап бір күрсініп қойды. Өзен жағасындағы жолмен келе жатып сәуле шашқан нәрсені көзі шалды. Тоқтады. Жақындап барып қарады. О, ғажап! Алтын балық! Әрлі-берлі аударып төңкеріп қарады да:
- Ей, байғұс! Мен сияқты бүгін сенің де жолың болмаған екен-ау. Браконерлердің ауға іліккен балықтың ірісін алып, ұсағын суға жібермей жағаға лақтыра салатын әдеті. Судан шыққан нәрсесің ендеше жағада шіріп жатырғанша өзен түбі мәңгі мекенің болсын, - деп оны арнаға лақтырып жіберді. Су шолп етті де:
- Рахмет! – деді нәзік дауыс естілді. Пышан селк етіп жан-жағына қарады. «Жүйкем тозайын деген екен», деді іштей. Үйге келген соң болған жайды естіген әйелі мұны жерден алып, жерге салды. Сарқылдап қайнап қақпағын көтерген қазандай көпіріп барып басылды. Кінәлі өзі, оған не десін? Ашулаған әйел мен жансыз жартас бірдей. Екеуі де не айтсаң да естімейді, сөзді түсінбейді. Ақыр соңында әйелі көрпесін құшақтап жатын бөлмеден кетіп тынды. Ұйқыға кеткен Пышан әлдекімнің бүйіріннен түрткенінен оянып кетті.
Әйелі екен деп ойлап: «Не дейсің жаным?», деп бұрылды. Жоқ, ол емес . Әйелі көрші бөлмеде балалардың қасында тәтті ұйқы құшағында болса керек. Кері бұрылып жата беріп еді:
-Ей, - деді біреу сыбырлай дауыстап. Қарап еді, өзі көзіне өзі сенбеді. Аяқ жағында сары киімі жалт-жұлт еткен, жүзі сүттей аппақ, ұзын жасыл шашы жерге шұбатылған, сылаң қаққан бір ару  тұр.
- Қорықпай-ақ қой Пышан! Түс көріп отырған жоқсың сен. «Сыйға сый, сыраға бал», мен өзің құтқарған алтын балықпын. Сенің үш тілегіңді орындайын деп жеттім.
- Ештеңе ішпеген адамның да көзіне елес көрінетін болғаны ма? Бұл ақылымнан шатасайын дегенім ғой. Бірі жетсе, екіншісі жетпейтін күйбең тірлік жасымыздан бұрын қартайтатын шығар сірә!- деп бұл теріс айналып жатуға ыңғайланды
- Әуелі тілегіңді айт, кім екеніме содан кейін көзің жетеді, - деді қыз.
- Ендеше мен жол полициясы болсам деймін, - бұл аузына түскенді айта салды.
- Құп тақсыр! Саусағымнан ұстаңыз, - қыз қолын созды. Пышан оған қолын тигізген бойда үстіне сап етіп жол полициясының киімі киілді де қалды. Қуанып кеткен ол ұйықтап жатырған әйелін оятпастан-ақ үйінен шыға жөнелді. Есік алдында төбесіндегі шамы алқызыл сәуле шашып полицей көлігі тұр екен. Мінді де жол қиылысына тоқтады.
- Іске сәт! – деді алтын балық қоштасып, - Мен өзімнің өзеніме қайтайын. Сені асырайтын жол мен мына ала таяғың. Мә, ұста!
- Сонда қалай болғаны, сенсіз қайтпекпін?
- Нешауа, - деді алтын балық – Әлі-ақ алуға үйреніп кетесің.

- Тұра тұр, менің әлі екі тілегімді орындаған жоқсың.
- Ендеше айтсаңшы.
- Не тілерімді білмей тұрғаным.
- Онда босқа уақытымды жоғалтпайын. Мә, мынаны ал! Үш рет сипасаң дереу жетемін, - деген ол Пышанға алтын қабыршақ ұстатты да көзден ғайып болды. Шыны керек осы күннен бастап Пышан «Пышеке» атанды. Жол ережесін бұзушылар, оны мүлдем білмейтін куәлікті сатып алғандар, мас болып рөл ұстағандар мен ақаулы
көліктер күре жолдың бойында құмырысқаша өріп жүреді екен. Техникасында бәрі жақсы жүргізушілерден де ақша алу үшін әлдебір ілік табуды бұл тез үйренді. Себебі соңғы кезде шығып жатырған заңдарды оқымайтындар көп кездеседі. Сондықтан олар өзінікі дұрыс екенін дәлелдеп дауласып тұрғаннан гөрі «Пәледен машайық қашыпты» дегендей «Пышеке», деп бірдеңе қыстырғанды, мұның мұртын майлағанды жөн санайды. Осы жолмен өтетін шетелдік көліктер дегеніңіз нағыз майшелпектің өзі. Қысқасы бұл жол айрығының королі. Жұмысының тағы бір қызығы «алу» деген математикалық амалды білсең жетіп жатыр. Бұрын «Күні бойы жүріп тапқан бес-он мыңыңды айтып бұлданбашы» дейтін әйелі де енді мұның қасы мен қабағына қарайды. Көп менсіне бермейтін қайын жұрты да бүгінде бұған арқа сүйейді. Әлдебір туысын жұмысқа орналастырғасы келсе бір қоңырау шалғаны жетіп жатыр, «керек адам» болғандықтан сөзі жерде қалмайды. Жалдап отырған жаман пәтер көрген түстей келмеске кетті. Бүгінде басында зәулім тас шарбақпен қоршалған үш қабатты коттедж. Орта ғасырлық феодалдардың замогі тәрізді. Суша ағылып жатырған арам ақшадан аясын ба тіпті өзіне көңілдес те тапты. Қаладан оған да пәтер сатып әперді. Жоғарыға «есеп беруге», әлдебір «семинарға» немесе басқа да жиналыстарға қатысу үшін «іссапарға» барып тұратынына әйелі де көндікті. Бірде өзінен жоғары тұрған  бөлім бастығымен сөзге келіп қалғаны. Сол-ақ екен Пышан: «Осыларға тапқанымды беруден жалықтым. Құлқындары кең, мүлдем тоймайды. Бұларға қыстырғанымды қара басыма жұмсасам ғой», деп армандады да дереу қалтасындағы алтын қабыршақты алып үш рет сипады. Ежелгі танысы алтын балық дереу жетіп келді:
- Не бұйырасыз тақсыр?
- Жәй полицей болудан жалықтым.
Белді бір мемлекеттік мекеменің бастығы болғанды қалаймын!
- Құп! – деді алтын балық. Ертеңіне Пышан қызметтік көлік мініп, пәпкі құшақтап талтаңдап шықты. Жұмысын алдымен өзіне ұнамайтындарға бүйідей тиюден бастады. Қарауындағыларыдың бәрі де қызметтерінен айырылып қалмас үшін үйлеріне қонаққа шақырып, сый-сияпат жасады. Бір жазушыны жалдап, әулетінің арғы -бергі тарихынан шежіре де жазғызды. Онда сонау Шумер заманында өмір сүрген бір патшадан бастау алған мұның аталары  бертін келе Шыңғыс ханға жалғасыпты. Шыңғысты былай қойғанда оның әкесі Есугейдің өзі мұның арғы бабаларының ақылын тыңдаған көрінеді. Әлгі кітабының тұсау кесерін жасағаны сол еді, газеттерде жергілікті журналистер  құлаш-құлаш мақалалар мен мадақтаулар жазды. Өйтпеуге бола ма, «Пышекең керек адам». Кітабы оқырманын да бірден тапты. Қарауындағылар амалсыздан сатып алып, бұл «туындысының» ішіндегі бір әрпін жазбаса да, олар оның бетін ашып қарамаса да ертеңіне мұның шығарамашылығын жағалай мақтап жатты. Кейбірінің мұның тәкаппарлығы мен менмендігінен ығыры шықты. Үстінен жазған арыздары ештеңе әкелмеді.  Жоғары жақты мықты «крышасы» бар деп ойлаған ондай  адамдар: «Пышеке-ау мына жерде өзіңізді қор қылып жүрсіз ғой. Сіздей кемеңгер ұлы адам бұдан да жоғары орынға лайық. Ел өзіңізді сол биіктен көргенді қалайды» қолтығына су бүрікті. «Ұшқалы тұрған қарғаға тәйт дегенің не еткенің», дейді халқымыз. Мадақтау сөздерді естіген сайын Пышан  өзінің теңдесі жоқ адам екеніне шынымен сенді. Бұдан да жоғарылағаны ел үшін емес, өзіне тиімді екенін сезген ол қалтасындағы алтын қабыршақты алып үш рет сипады. Алтын балық қарсы алдында тұрды.
- Айта беріңіз әміршім!
- Министр болғанды қалаймын!
- Бұл сіздің үшінші тілегіңіз ғой. Әміріңізге құлдық!

Министрлікте де бұл шөптің басын сындырмаса да тасы өрге домалады. Аяқ астынан бір кездесуде аяқтары оқтай түзу, қос жанары күлім қаққан, қолаң шашы беліне түскен фотомоделге ғашық болып қалғаны. «Күшелі бала сүймекке жақсы» дегендей, сұлу да мұның шіріген бай екенін білген соң сабағынан сынған қурайдай шырт етіп құшағына құлай кетті. Бірақ бұл Дон Жуандығы ақпараттық құралдарда шу көтерді. Бәрінен хабардар болған әйелі не мұны, немесе анау қызды таңдауын сұрады. Бұл екіншісін таңдады. Ақыры әйелі ажырасуға арыз беріп, Пышан соттың алдынан бір-ақ шықты. Сотта жан жары бұдан ештеңе де керек еместігін айтты. Жалғыз ғана тілегі бар екен. Ол  көзіне шөп салған адамның бұдан былай маңы түгіл шаңын көрмеуін талап етті. Оған бұл абыржыған да жоқ. Жан-жағындағы тілеуін тілеп, «сенің жолыңда жан құрбан», деген өңкей шуылдақтар мен жаңа ғашығының қасында мемлекет қаржысын судай шашып бақытты ғұмыр кешті. Ештеңеден таршылық көрмеді. Сырт көзге туа бітті ақсүйектей көрінетін.

«Алтын балық» туралы ертегі бұлай бітпейтін еді ғой», деп отырғаныңыз анық. Өзім де солай аяқтауға бет бұрып келе жатырмын. Сәл, шыдаңыз. Байлық адамның басын айналдырып (қауашығының ішінде ми орынында айран болса) ақылынан ажырататыны рас екен. « Әлемнің бүкіл елін өзім басқарып Пышан бірінші атануым қажет» деп ойлады ол. Сөйтті де алтын қабыршақты қолына алды.
-Не болды? – деді жедел жеткен алтын балық – Үш тілегіңді де орындадым. Қабыршағымды өзіме қайтар!
- Қайдағыны айтып қумашы. Әмірімді орында да мені әлемнің билеушісі қыл! Сонан соң анда-мында жоғала бермей көңілдесім  бол! – деп Пышан  бұйыра сөйледі.
- Әлемнің әміршісі сен де, мен де емес, ол жалғыз құдай!

Осыны айтқан алтын балық көз алдынан жоғалды. Сипайын деп қарап еді қолындағы алтын қабыршақ жыланға айналыпты. Қорқып кетіп тастай салды. Сол сәт ол да құмға сіңген судай ғайып болды. Жұмыс орынына келісімен бұған жоғарыдан тексеру келіп апшысын қуырды. Ақыры бас аяғы бір айдың ішінде істі болып мүлкі, жинаған қаржысы түгел тәркіленіп, түрмеге кете жаздады. Фотомодель сүйіктісі қара басынан басқа ештеңесі жоқ бұл пақырды үйіне кіргізбей ит қосқандай қуды. Шашпауын көтеріп шапқылағандар  кеше ғана қастарында жүрген Пышанды танымады. Мұны өзге ғаламшардан келген біреудей  көріп, танауларын көтерді. «Бар болсаң көре алмайтын, жоқ болсаң бере алмайтын» ағайындары да көмектеспеді. Күні түсіп ақша сұрағанда доссымақтары: «Ойбай қарызымыз бастан асады» деді. Бір адам ғана бұған жақсылық жасады. Ол бұрынғы әйелі. Айдалада қалған мұның қателігін кешіріп, мүсіркеп, қолына көшірді. Өз еңбегімен жетпеген байлық пен мансап қайыр бермейтінін кеш те болса ұққан Пышан жаман «Москвичіне» қайта отырды. Ақылсыз адамды  алтын балық сыйлаған жеңіл өмір бұзады екен. Арам нәрсе орға жыға жаздады. Ал, ақылды адам бәріне алтын балықсыз да қол жеткізеді. Адал еңбекпен тапқан нан ғана ас болады. Пышан осыны түсінді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған