Адам қарады: 11 | Жарияланды: 2018-08-13 02:46:38

Дәу папкілі ғалым

Қадірменді халайық, сәлемдесіп алайық! Бәріңізге  бір  тағзым! Сіздер «Недей өсек бар?» бағдарламасын тамашалап отырсыздар. Мен оның жүргізушісі  Фанера  Көргішбаймын. Бұрын мен әнші болып жүргенмін. Білесіздер ғой қазір «Әу» демейтін қазақ бар ма? Қазір жанды дауыстың емес, фонограмманың заманы. Біреудің дауысын көшіріп ал да аузыңды жыбырлатып секеңдей берсең болғаны. Әжептәуір танылып қалған соң телевидениеге шақыртты.  Телеарнаның беделін көтеруім керек екен. Несі бар, келісе кеттім. Жалпы мен жүргізетін  шоу-бағдарламаның атына: «Сенсация қуады. Мән-мағынасы, берер өнегесі жоқ бірдеңе»,- дегендей сындар айтылып жатады. Одан хабардармын. Алайда адамдардың барлығы бірдей ақылды емес. Бұл даусыз шындық. Әр  бағдарламаның да өз аудиториясы болады, солардың талғамынан шығады ғой. Бүгін мен сондай қуаныштымын! Осы бағдарламамызда сіздерге тұңғыш рет Халықаралық Шнобель сыйлығын алатын бір адамды таныстыру бақыты маған бұйырып тұр. Бұл дегеніңіз тарихи сәт! Ол бұған қалай  тиеді деп таңданып отырғандарыңызды білемін? Алады, әлі-ақ көресіздер. Елге, мемлекетке тарыдай пайдасы жоқ бірдеңелерді жазып, оны қорғап атақ алып жатырғандар арамызда жоқ емес. Кешіміздің қонағы да осындай адамдардың бірі, ашқан жаңалығы аталған сыйлыққа әбден лайық. Бұлай дегеніме (ол сұхбаттасына бір қарап алды) ағамыздың ешбір ренжімейтінін жүзінен байқап отырмын.
Бір секунд! Көрерменіміз қоңырау шалып жатыр екен. Не дейсіз? Мәссаған, Шнобель сыйлығы туралы естімегендер де арамызда бар болып шықты? Ендеше тыңдаңыз! Бұл - 1991 жылдан бері орындауға тұрмайтын, күлкілі жетістіктердің иегерлері марапатталатын халықаралық сыйлық. Иегелеріне металлдан немесе жасалған өте жұқа қаңылтырдан әзірленген медаль не сақ-сақ етіп тұрған адамның жақ тістері бейнесіндегі естелік белгі табысталады. Шнобельдің тағайындалғанына 25 жыл өтсе, осы уақыт аралығында талай-талай күлкілі де қызықты зерттеулер жасалды. Мысалы, американдық Майкл Турвиге бұл сыйлық онсыз да белгілі жайт үшін берілген. Бұл ғалым шеңберді (обруч) жамбаспен де, тіземен де, сирақпен де айналдыруға болатынын тәжірибе жүзінде дәлелдеп берген. Мұндай жаңалық ашқандар өте көп. Сыйлық  иегерлерінің қатарында қарапайым бір кесе шайды қалай дайындау қажеттігі жайлы  6 бет әдістеме жазған ғалымдар да, сыраны құйғанда оның көбігінің бірінші жылдам кішірейіп, бірте-бірте жылдамдығын азайтатынын анықтаған ақылдылар да бар. Сонымен бүгінгі кешіміздің қонағы кітаптарын ешкім оқымай шаң басқан, ойбай кешіріңіз, талайды тамсантқан жаңалықтары жинақ болып шыққан  ғалым Оқыған Тоқығанов ағамыз. Ертең-ақ есімі әлемге әйгілі болғалы тұрған азамат.

Үстелдің тілшіге қарсы бетінде отырған Оқыған Тоқығанов қолын бұлғады.
- Ал енді сұрағымызға көшейік. Аға сізді көп жазады деп естиміз. Өзіміз оқи қоймағанымызбен елдің ішінде сіздің шығармашылығыңызға қызығушылық бар дегенге сенімдімін. Оқырмандарыңызға не айтар едіңіз?- деді журналист алдында жардай болып отырған қара кісіге.
- Не айтам? - Оқыған Тоқығанов ойланғандай сәл кідірді - Бүгін осы студияда оқырмандарым да, менің шығармашылығыма қызығушылық та бар екенін сіздің аузыңыздан тұңғыш рет естіп риза болып отырмын. Әйтпесе жазып жатырмын, жазып жатырмын, жазып жатырмын  ешкім оқымайды. Маңдай терімді төгіп қанша кітап шығардым.
Оны жарнамалап газеттерге де бердім. Бәрібір  адамдар  қызығушылық танытпайды. Кітапқа  құмарлық ғаламторға ауысып кеткен сияқты. Кейде «Сонда мен кім үшін жазамын?» деп қапаланамын. Сатып алуға да бір-екі мың теңгесін аяйды мына халық. Әйтеуір таныстарыма тықпалап, туыстарыма беріп, жоғары жақтағы достарымды ортаға салып мекемелерге таратамын, тиын-тебенге айналдырамын. Сол достарымның атсалысуымен кітапханада тұсаукесерін өткіземін. Бірақ, ешкім сұрақ қоймайды. Бірде ағайындығы бар кітапханашыдан: «Мына кітаптарымды оқуға ала ма?», десем, «Жоқ ағай, алмайды. Сіздікі болған соң оқырмандарымызға тықпалап беріп жіберсек, ертеңіне кері әкеліп тастайды», дейді. «Айналайын-ау сен ең болмаса бір апта ұста деп айтпайсыңба? Сол уақыт ішінде менің кітабыма деген қызығушылықтары оянар» десем, ол: «Оқырмандар ішінде оқитын ештеңе жоқ» дейді», - деп қарап тұр. «Сен алма, қайта беріп жібер», деп ұрыстым. Кітапханашы: «Ағай онда басқа жерге кетіп қалуы мүмкін ғой. Ешкім оқымаса да ол біздің мойынымыздағы зат» деді маған. Көріп тұрсыз ба халықта кітапқа деген қызығушылық жоқ.
- Онда өзіңізді-өзіңіз қинап неге жазасыз?
- Қазақпыз ғой, намыс бар. Елдің бәрі жазып жатырғанда мен кімнен кеммін деймін. Тіпті өлеңдерім мен әңгімелерім де барын сіз білмейтін шығарсыз?
- Басылымдарға, газет-журналдарға жариялайсыз ба?
- Бір-екі рет жібергенмін, жариялағаны бар болсын жазғанымды өзім танымай қалдым. Соңында менің атым ғана тұр. Дереу редакцияға хабарлассам ондағылар: «Танитын болған соң көңіліңіз қалмасын деп өңдедік. Әйтпесе өлеңдеріңіз ұйқастан да, көркемдіктен де жұрдай», деді. «Әркімдікі өзіне, ай көрінер көзіне» деген, керемет дүниемді бүлдіріпті. Ғылыми жұмыстарымды, зерттеулерімді кітап етіп шығарып жүрмін. Кейбір баспаханалардың  жұмысы менің көңілімнен шығады. Қолжазбаңды қалай бердің, бір үтірін де қоймай солай басады.
- Жазғандарыңызды неге ғаламторға орналастырмайсыз? Қазіргі жастар бәрін содан оқиды ғой – Фанера Көргішбай  күлімсіреді.
- Өй, - Оқыған Тоқығанов дауысынан реніші сезіліп, қолын бір сілтеді – Оған да салдым. Бірлі-жарым адам қарапты. Солардың бірі: «Мынау не? Түсінсем бұйырмасын?», деп пікір жазыпты. Көрдің бе: «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла», дегендей адамдар мені түсінетін дәрежеге әлі жеткен жоқ. Ертең өлгенімнен кейін: «Қандай адамнын айырылып қалдық» деп көкіректері қарс айырылып  өкінеді. Онда бірақ кеш болады. Халық соны ұқса ғой шіркін. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ». - деген осы.
- Алайда барлық жазушылардың да көзі тірісінде оқырмандары болған ғой.
- Менде жоқ, - дейді Оқыған Тоқығанов – Заманымнан бұрын туғанмын.
- Жарайды, аға әңгімеміздің тақырыбын өзгертейік. Сіз қандай еңбегіңіз үшін Шнобель сыйлығына үміткер болып отырсыз?
- Бұл коммерциялық құпия. Әзірге толық айта алмаймын.
- Ол жағы түсінікті. Бірақ біздің кешіміз сол туралы болғандықтан, сізді осында шақырғаннан соң ғылыми жаңалығыңыздан аз-кем хабардар еткеніңізді халық күтіп отыр.
- Туһ, қоймадыңыз ғой! Қадалған жерінен қан алатынның нақ өзі екенсіз, -Оқыған Тоқығановтың жүзіне күлкі үйіріліп, галстугін түзеді.
- Әйтпесе осы бағдарламаны жүргіземін бе? – енді Фанера  қозғалақтап қойды.
- Ендеше, тыңда! Ғылыми еңбегімнен бір мысал ғана келтірейін – ғалым түзеліп отырады – Айталық сіз құмырсқаны аяғыңызбен басып кетсеңіз ол аман қалады. Егер туфлиіңізді киіп солай етсеңіз ол өледі. Түсіндіңіз бе?
- Демек сіз біріншісінде ажалы жетпеген өлмейтінін, екіншісі арқылы өлім деген аяқ астында екенін дәлелдеп отырсыз ба? – деді журналист.
- Дәл таптың! Көрдің бе? Соған ғылыми жолмен көзіңізді жеткіздім. Бұған дейін сіз оған мән бермей келдіңіз, солай емес пе? Ұсақ-түйектің бірі ретінде қарадыңыз. Аяқпен басқанда құмырсқа қиралаңдап қашады. Үш рет үстінен басқанымда өлмеді. Басқа құмырсқаны туфлимен бір жүріп өткенде өлтірдім. Сөйтіп мұны теория және тәжірибе жүзінде дәлелдедім. Түсірген фотоларым да бар. Мұның бәріне қанша уақытым кетті десеңізші. Міне, жаңалық деген қайда жатыр? Осыны маған дейін біреу дәлелдеді ме? Жоқ, тағы да жоқ! Мен ғана аштым! Демек, Халықаралық сыйлық маған лайық!
- Бірақ оның не үшін берілетінін білетін шығарсыз? Алмай-ақ қойсам деп ойламайсыз ба?
- «Атың шықпаса жер өрте» деген. Мейлі маған мемлекеттік марапаттарды бермей-ақ қойсын. «Халықаралық сыйлықтың иегері», деген атын айтсаңшы. Өмір бойы жазғандарымның елге пайдасы тимесе де өзім үшін бір кәдеме жарағаны болар еді-ау.
- Сіз біздің студияға үп-үлкен пәпкі ұстап кірдіңіз. Біраз нәрсе айтатын болар деп ойлаған едім.
- Халықаралық дәрежедегі жаңалықты бірден жария етуге ертерек , - деді Оқыған Тоқығанов – Папкіме келсек «үлкен» адамдарға осы лайық. Себебі олар елден ерекшеленіп тұруы тиіс деп ойлаймын. Алайда іші бос.
- Жақсы әңгімеңіз үшін сізге үлкен рахмет! Сол марапатқа қол жеткізуіңізге тілектеспін! Құрметті көрермендер бүгін біздің студиямыздың қонағы болған Шнобель сыйлығынан үміткер, ғалым ағамыз Оқыған Тоқығанов. Келесі кездескенше аман-сау тұрыңыздар! - деп Фанера  Көргішбай орынынан көтерілді.
 

Қазақ тілінде жазылған