Адам қарады: 270 | Жарияланды:

ҚАЙРАН ЖҰРТЫМ...

фантастикалық әңгіме

-Алпыс тоғыз да қырық... Алпыс тоғыз да қырық екі... Шал экранға қараңыз.

Қалың ойда отырған шал селк етті.

            -Көрінді ме?

            -Әне сіз туып-өскен қос өзен.

            -Қос өзен? Мен туып-өскен қайран қос Келесім бе?

            -Иә, Келесіңіз. Әне, екі өзен қатар жарысып үлкен дарияға құйып жатыр.

 

            -О, қайран ел, қайран жұртым!

Шал қатты абдырап, экранға ұңілді.

            -Қайсысы, мынаусы ма қос өзен? Ал мынауың дария ма?

            -Иә, ақсақал. Сіз туып-өскен жер осы.

            -О, атыңнан айналайын туған жер. Қайран ата-бабамның мекені...

Шал кемсең қағып бір отырып, бір тұрды. Екі жанарын жас жуды.

            -Сіз қатты тебірендіңіз-ау, ақсақал?.

            -Тебіренбегенде, шырақтарым. Бұл мен өмір бойы арман еткен сәт емес пе? Сонау туған жерді бір басып өлгеннен артық бақыт бар ма мен үшін?

            -Қуанышыңызға ортақпыз, шал.

            -Рахмет, бауырлар!...Мен сендердің бұл жақсылықтарыңды қалай қайтаруды да білмей тұрмын.

            -О не дегеніңіз, кәрия? Біз тек өз борышымызды өтедік.

            -Көп...Көп жасаңдар балалар.

Шал алқымына әлдене тығылғандай алқына сыбырлады.

            -Дайындалыңыз.

Шал «мен дайынмын ғой» дегендей жақын жатқан жол қапшығын көтерді.

            -Сізді мына екі жігіт шығарып салады. Қане, сау болыңыз, - деді жұлдызаралық жол Басшы. Ол қарттың қолын қайта-қайта қысып тұрып: -Жерліктерге бізден сәлем айтыңыз, - деді.

            -Әлбетте бауырлар... Әлбетте айтамын, - деді шал одан бетер абдырап. –Қайтар сапарларың оң болсын.

Жұлдыздықтар шалмен бәрі құшақтасып қоштасты. Екі жігіт мұны «ұшқыш табақшаға» отырғызып жерге қарай бағыт алды.

            -Ешкімніңде көзіне түсудің қажеті жоқ. Радарлық толқын тұтқыш үздіксіз істетілсін – деп қатаң тапсырды Жолбасшы.

            Ұшқыш қорап жеңіл желіп отырып, жұлдыз кемесі мен Жер аралығындағы үш жүз шақырымды үш минутта басып өтті. Шал қону үшін Келестің түстік бетін, елді мекеннен сәл қағыс биік төбені таңдады. Бұнысы түскен бойда ешкімнің де көзіне шалынбай, айналаны түгел шолсам деген ой еді. «Ұшқыш табақшаның» табаны жерге тиісі сол екен, сырғымалы есік ашылып, ішке жанға жайлы қыр самалы лап қойды. Шалдың тұла бойы сергіп сала берді. Бір таныс иіс танауды жарып барады.

            -О, құдіретіңнен айналдым, туған жер! Жұпар атқан иісіңнен айналдым!

Тебірене дауыс сап қарғып түскен шал жерге етпеттей құлады. Қара жерді бауырына алып, егіліп, емірене құшып жатыр...құшып жатыр. Қуаныштан тарам-тарам аққан жас бетін жуып барады...

            -Біз қайтамыз, - деді бұл көрініске шыдай алмай тұрған жұлдыздықтар, - берік бол , шал!

            -Рахмет, достар!

            -Ал, сау болыңыз.

Жұлдыздықтар ұшқыш табақшасына мініп, лезде көзден ғайып болды.

            Шал өзімен өзі қалды. Бұл күн бесіндікке енді құлаған шақ еді. Лағыл күннің нұрымен көз жетер жердің бәрі де жайнап тұр. Бұрала аққан өзен. Бұйра-бұйра жондар. Еңістегі көкпеңбек егін алқаптары. Түтіндерін бұдақтатқан үйме-жүйме ақшанқан қоныстар... Бәрі де алақандағыдай. Тек әттең бәрі де қаншалықты ыстық болғанмен, біртүрлі бейтаныс. Көз жетер жердің бәрінде де бір беймәлім қам-қаракет, зырқыл қаққан жат дыбыстар.

            Кенет, қарап тұрып шалдың өн бойын әлдебір үрей, қорқыныш билеп жүре берді.

            -Мәссаған, мынау дегенің мүлде бөтен жұрт емес пе? Жұлдыздықтар жаңылысып мүлде бөтен планетаға жалғыз тастап кетпесе неғылсын. Мүмкін емес... мұмкін емес...

Шал жасаураған жанарын қайта сүртті. Қолын күнге көлегейлеп, көз жетер жерді түгел шолып, тініткелей қарады.

...Мынау өзен, дұрыс батысқа қарай ағатын. Мынау көз жетер жердің бәрі де ит тұмсығы батпас тоғай болатын. Аң-құс жыртылып айырылатын. Осы өзекті бойлап бірде сонау дарияға дейін барғаны бар. Ат құлағында ойнаған жиырма шақты жігіт еді. Тоғай бұғысы хангуль аулай шыққанды. Жорық қызық болды. Қатарынан екі күн, екі түн аң-құс аулаудың қызығымен өтіпті. Төрт хангүль, бір жолбарыс атып, олжалы қайтқан-ды. Ал осы өзекті теріскей тұстан қапталдай  ағатын өзендегі аң-құста есеп жоқ еді. Оны жағалай бай ауылы отыратын. Думандатып тойына баратын. Шамасы, сонау көрінген көкөрім сол ащылы Келес болмасын. Үйткені анау көкөріс ну су болған соң өскен болар.

Шал көзін көлегейлей сонау батыс көкжиекке қайта назар тастады.

...Иә сәт,енді-енді нобайлап келеді. Екі өзеннің арасы қол созым ғана жер еді. Кейде саумал,сусын ішу үшін барып-келіп жататын-ды. Ал бел ортадағы керуен жолы сонау ұлы тауларға қарай бет алып Шаш, Сайрам, Тараз шаһарларына барып ұласатын. Иә,тау демекші...

Шал әлдене есіне түскендей, кенет жол қапшыққа қол салып, дүрбісін алды. Дүрбіні көзіне тосып, шығысқа бірауық қарап тұрды да:

-Тау...-тау! - деді қуана айқайлап, - Құдай куә көріп тұрмын. Анық тау...ту-у сол мен бала кезде да осылай түйеөркештеніп, мұнартып жататын биік тау. Тап осылайша арғы биік құлама шыңдармен астасып жататын. Иә, бұл менің туған өлкем. Туған қос арысым, Келесім. Аман екенсіндер-ау, қайран қос өзенім! Аман екесіндер-ау!.. Аман бармысың ел-жұртым!

-Қой, мен сол ел-жұртыма асығайын - деген ой келді шалға аздаң соң,-ұрпақтарымның мандайынан иіскелеп мауқымды басайын...Ұрпақ демекші...Сол-ақ екен, шалдың ет жүрегі қайта тітіркенді.  Иә, ұрпақ демекші, мұндағы қай ұрпақ.  Сол мен туып өскен ел-жұрт па? Жоқ әлде?...

Кенет шалдың есіне өзінің жастық шағы қайта оралды. Мұның онтоғызға жаңа шыққан кезі. Бір күні елді жау шапты. Адам естімеген қырғын ұрыстар басталды. Ат тұяғы дала төсін дүрсілдетіп,мына жоталарда сан боздақтың қаны сел боп ақты. Сол соғысқа бес қаруын асынып бұл да қатысқан. Жас та болса апай төс мығым еді. Көк  шашақты найзасымен талай жау жендетін ат үстінен тулақтай сыпырды. Ысқырынған сұр жебемен талайына аттың жалын құштырды. Сөйтіп жүріп,әттең,бір ұрыста қапы қалды.

Отыз шақты жау тобының ортасында төрт жігіт қалып қойды. Ұрыс сала жүріп қоршауды жарып шықпақ еді, анталған жау оған жібермеді. Ақыры атойлап жүріп бір жігіт әрең сытылып шықты да, қалған үшеуін жау тобы ұстап қалды. Аяр жау осы тұста жон арқадан кеп садақ тартты. Жер дүние  лезде шыр айналып, астындағы Сүлікқара суырылып шыға берді. Одан арғысын бұл білмейді. Жау тобы әлгі екі жігітпен ойран сап жүргенде бұны әлдекімдер кеп әкетті. Әкеткенін де жан адам сезбеді.

Осылайша бұл ғарыш кемесінен бір-ақ шықты. Жұлдыздықтар айтуынша бұл өлі мен тірінің арасында ұзақ жатады.  Жерге жолай ғана соққан  ғарыш кемесінің уақыты  тым аз еді . Жұлдыздықтар бұны амалсыз өздерімен алып кетеді. Жол-жөнекей емдейді. Хат танытып, әлем тұнғиығының сырын, ілімін үйретеді. Аз-ақ жылда бұл мәңгілік тартылыс жайлы бар ілімді меңгеріп алады. Үлкен-үлкен ғарыштық экспедицияларға қатысады. Жер баласы өңі түгілі түсінде де көрмеген материалық өлшемдер мен өзгерістер жайлы жаңа сырларға қанығып, кейін оған өзі өлшеусіз үлес қосады ... 

Міне, осылай ғұлама шал зымыран уақыттың қалай зулап өткенін де байқамай қалады. Жас келіп қартаяды. Енді ел-жұрты, кіндік қаны тамған жері тұрса ойынан, жатса түсінен кетпейтін болады. Жұлдыздықтардың мұны туған жеріне қайтаруын өтінеді. Ұзақ кеңестен соң олар келіседі. Жұлдызаралық ұлы сапарға кетіп бара жатқан экспедицияға жолай  Жерге тастап кетуді тапсырады. Міне, содан шалдың туған жерге қадам тастап тұрған жері осы.

Шал күрсінді. Санап отырса, биыл аттай жетпістің сегізіне толыпты. Бұл сан ғарыштық жорықтарда жүріп өткен жасы.  Ал жерде ше? Жерде бұл уақытта әлденеше жүз жыл өтіп кетті. Жұлдыздықтар есебі бойынша бұл кеткелі жерде төрт жүз жиырма жеті жыл өтіпті. Бұл аз уақыт па? Бұл уақытта не замандар өзгерді. Нешелеген ұрпақ ауысты. Жерде, су екеш су да қартайған сияқты. Иә, уақыт өз дегенін істемесе уақыт болар ма?

Шал дүрбісін көзалдына қайта әкеліп орта белді қақ тіліп батыс пен шығысты жалғап жатқан оқтаудай тегіс жол үстіндегі зырлаған сансыз машиналарға көз жүгіртті. Машиналар әр түрлі. Бірі сопақ, бірі төртбұрышты қорап тәрізді. Ішіндегі адамдарының да түр-тұрпаты әртүрлі. Ал одан бергі көкпеңбек алап ішінде қолдарында әлдебір құралы бар  бес-алты адамның бет жүзін анық көрді. Өзі түстес байырғы қазақтың дәп өзі. Тек сақал мұрттан жұрдай.

Иә, солар, - деген ой келді кенет шалға. – Солар. Бұл мен туып өскен ежелгі елдің ұрпағы. Қайран жұртым, нелер заман өз елдігін, кісілігін сақтап өтіпті. Нелер ашкөз жебірлердің тырнағынан туған жерді аман алып өтіпті. Айналайындар-ай!

Шал тұра жүгіріп кез келген жанды бауырына басып аймалайтындай өрекпіді.

-Қайран жұртым...

Шал кенет ойына әлдене түскендей жол қапшығын алды да, емпеңдеп етекке қарай ұмтылды. Бірақ өзеннің бұл жақ беті тіп-тік екен. Шалдың амалсыз су ағысын бойлап жарды жағалай жүруіне тура келді. Екі төбені асқан соң ғана жар бірте-бірте төмендеп жайдақ жағалауға айналды. Шаңы шыққан жалғыз аяқ сүрлеуіт тура өзенге кеп түседі екен. Қайран Келес! Бүлк-бүлк қағып ағып жатыр. Суы молдау, бірақ лайлы көрінді. Әлдеқайда асыққандай су екі жағаны қазғылап барады. Ал мұның бала кезінде бұл Келес мың бұралып, жайылып ағатын. Суы қандай тұп-түнық мөлдір еді. Екі жағы сыңсыған ну болатын. Иірімдерінде тайдай тулап аппақ сазандар лықып жүретін.

-Қайран өзен сен де тозыпсың-ау!

Шал жол қапшығын қойды да, екі жеңін түріп, қос алақанымен суды сылқ-сылқ жұтты. Су алғашында тәтті көрінгенмен, біртүрлі кермек екен. Қандай да бір тұздың дәмі келетін сықылды.

-Осы суды бір ұрттап өлсем арманым жоқ деуші едім. Бұл көрсеткеніне де шүкір жаратқан иемнің. Шал көзіне жас алды. Қай-қайдағы бұлдыр көріністер есіне түсе бастады...

...Бұның бала кезінде бір-бір иінағашты иығына қойып-ап, осы өзеннен су алып қайтуға арғы беттің қыздары келетін. Бір-бір тайды мініп ап бергі беттен бұлар шығатын. Ақ айдында  аттармен ары шапқылап, бері шапқылап, қыздардың суын төгіп, әбігерге салатын. Ал кейін есейе келе бұл балалық тентектік бірте-бірте тәтті бір сыйластық сезімге ұласқанды. Енді оларға әдеппен, ұяла, ұрлана сөз айтатынды шығарғанды. Оның ішінде де әсіресе әне бір қыз ... Шалдың көз алдында майысып бұрала басқан қызыл койлекті үкілі қыз тұра қалды. Қап-қара қарақат жанарын ұзақ қадап: - Таныдың ба, бұл мен ғой... мен...- дегендей болады  ол  күлімсіреп. Жүрек түкпіріндегі сағыныш қылын шым-шым шертіп әлдебір сырлы әлемге шақырғандай тәтті бір үн. Байғұс шал көзін жұмып күңірене  күрсінді.

-Ой, қу дүние ай!

Шал әсерлі ойға беріліп көп отырды. Асықпай жуынып-шайынды. Ақыры  салқын суды көсіп бірер ұрттап алды да жолға шықты.

-Қой, күн көкжиекке құламай тұрғанда елге жетейін. Шал шаңдақ сурлеуді борп-борп басып келеді. Сонау арғы беттегі көкөрім алап болмаса, өзеннің бұл  беті тым жұтаң екен. Сарғыш тартып порт-порт сынған қураған шөп, тізбек-тізбек пырдай шашылған қой қиы, өзге көз тартар ештеңе жоқ. Тек үздіге шырылдаған әлдебір жағымсыз үн келеді құлаққа. Жол бірте-бірте қиындай бастады. Шаңдақ жол бірде өрге көтеріліп, бірде сайға түседі. Ауа қаңсып, ыстық леп өкпені қауып барады. Шал ентігейін деді. Тұла бойын шып-шып тер жуа бастады...

Аздан соң жол тағы да еңіске құлап, кең жайылма кешуге келіп тірелді. Шал арғы бетке осы жерден кешіп өтуге бекінді. Кешу суы тайыз екен. Тізеденде келмеді. Шал шағыл тастарды бір-бір басып арғы жағаға өтті. Өзеннің бұл жақ беті көк майса екен. Жаға түйдек-түйдек жыңғыл мен жас құраққа тұнып тұр. Шал  жағаға жол қапшығын тастап, қайта бір жуынып алмақ боп бұрыла бергені сол еді, кенет қиқу салған әлдеқандай бір шат дауысты естіді. Жалт қараса, бір-бір атты жайдақ мінген үш-төрт бала екен. Құйғытып осы тұсқа қарай салып келеді.

  Бұл күтпеген кездесуден шал сасып қалды. Абдырап балаларға қарады. Әлденеден тосырқаған балалар да ат тізгінін анадайдан тарта берді. Әлгінде ғана бал-бұл жанған жүздерінен күлкі қашып шалға біртүрлі үрпиісе қарады. Өзінің жарты ғасырлық ғұмырында адамзат баласымен тұңғыш рет қайта жүздескен шал да аңырып не істерін білмеді. Көз алдына жастық шағы, атжалына жабысып қиқу салған балаң кездері мен құба белдер бірінен соң бірі тізбектеліп өте берді.

-О құдірет!

Шал мына тәтті көріністен айырылғысы келер мес. Балалар осы көріністе тұра берсе, кетпесе екен деп тіледі. Ақыры өзін-өзі тоқтатып: -Әй, балалар, бері келіңдер, - деді дауыстай.

Бірақ бұған тосырқай қарап тұрған балалар кенет ат басын кері бұра бастады.

-Әй, балалар, қорықпаңдар... Мен өздеріңнің атаңмын.

Шал балаларға қарай жүрді. Сол-ақ екен үрпиісіп тұрған балалар аттарына қамшы салды. Еліріп тұрған аттар да май топырақты бұрқ-бұрқ атып кете барды.

-Қап, әттегене-ай, - деді қарт опынып, - балалар тосырқады-ау шамасы, жаман шалды. Жоқ әлде түсінбеді ме екен мұны мүлде.

Сол-ақ екен шалдың ет жүрегі әлем-жәлем сыздап қоя берді.

-Қап, әттең, балалар-ай, мен өздеріңді бауырыма ап бір-бір құшсам деп едім, мынау арғымақтардың жалдарына жабысып, армансыз ұшсам деп едім... Түсінбедіңдер-ау...мен бейбақты...

Шал кемсең қақты. Бұл бүгін көп ғасырлық ғұмырында тұңғыш рет көз жасына ерік беруі. Шал өзін-өзі тоқтата алмай булықты. Ақыры батар күнге қарап отырып өзін-өзі жұбатты.

Жуынып алып, тағы жолға шықты. Жалқынданған алқызыл күн арқасына құлап бара жатқан үлкен ауылды бетке алды. Өзеннің бұл беті тегіс, шалғынды жер екен. Шал жолды-жолсызбен төтелеп келеді. Бітік шөп аяғына оратылып, әлдебір егістіктерді басып өтті. Мұздай суы сылдыраған бірнеше арық, атыздардан аттап өтті. Аяқ астынан тынымсыз бақалар бақылдайды. Тамылжыта сайраған әлдеқандай құс үні құлаққа келеді. Ашқылтым шөп исі танауды қытықтайды.

-Е міне жер...Міне, өмір, - деді көңілі жайланған шал дауыстап. – Қайран жердің қызығы осы!

Шалдың бір сәт көңілденіп әндеткісі келіп кетті.

...Қазір анау ақшанқан үйлерге жетеді. Ата жұрт елменен қауышады. Өзі сындас қариялармен қауышады. Әлгіндегідей жас тентек немелердің құлағынан тартқылайды. Мүмкін той-томалаққа барар да... Той-томалақ демекші...Мұның жас кезінде бай ауылында үлкен той болды. Сонда көптеген ақын-жыраулар жиналды. Бай аламан бәйге, бүкіл Келесті шулатқан үлкен көкпар берді. Бірақ, бәрінен де тек әлгі айтыс қалыпты мұның есінде. Бұл мұның алғашқы айтысы... Ақын жігіт Ісметпен жұп құрап айтқан айтысы еді. Керегенің ішінде жұп құрап отырған екі қыздың бірі, әлгі өзі сөз сап жүрген үкілі қыз еді. Бұған жалтаң-жалтаң қарайды. Соны өзге жігіттерден қызғанғаннан бұл айтты. Айтыс жаман шықпады. Кеу-кеулескен жігіттер де, іштегі әсем дауысы сыңғырлаған қыздар да мәз. Үкілі қыз орамалға түйіп бұған бір нәрсе силады. Кейін ашып қараса шолпы екен. Бойтұмардай сақтап жүрген сол шолпы әлі де мына жолқапшықтың ішінде.

Шал терлеп-тепшіп келеді. Бір кезде қырдан ойға қарай құлаған әппақ шаң көрінді. Өрістен қайтқан мал екен. Сиыр мөңіреп, қой маңырап, ауыл үсті лезде азан-қазан шуға бөленді. Ит үріп, әтеш шақырып, әлде қайдан кісінеген жылқы үні келеді.

-Неткен ғажап тіршілік... Неткен ғажап жаймашуақ мамыр өмір...

Шал азан-қазан ауыл үніне рахаттана құлақ тосты. Ет жүрегі қайта сыздап, сонау ғарышта өткен сан жылдарын есіне алды. Иә, шал ғарышты ұзақ шиырлады. Есепсіз от пен су, құрылық пен құрылымдардың бәрін көрді. Космос тіршілігінің шуылы, ысқырынған тажал толқындар суылы, оқпандар мен иірімдердің аждаһа үнін де көп есітті. Жүйке-жүйкеңді жібітіп бір рахат желікке бөлейтін сан түрлі сиқырлы үндер де аз болған жоқ. Бірақ шал мына жер үніндей, мына ауыл үніндей жанға жайлы ғажап үнді әлі ешқайдан да есіткен жоқ. Ойлап қараса, оқтың-оқтын жүрек түкпірінен сырнайлатып сағыныш сазы болып естілетін, әлсін-әлсін ет жүрегін тілкем-тілкем сыздатып елге, жерге жетелейтін де осы үн екен.

-О,құдіретіңнен айналдым жер үні! Шал күңірене дауыстады.

Кенет шалдың бірден жүрегі қысылып, іші бүріп жүре берді. Ауыл болса қол созым жерде.

-Астапыралла. Бұл несі?

Сонау көкте өткен ұзақ жыл ғұмырында бірінші рет мұндай бей-жай күй кешуі. Басы мең-зең боп, жер көшіп барады. Тамағына әлдене кеп тірелгендей болған шал үстін-үстін  лоқсыды.

-О құдірет!

Аузынан ап-ащы су ақтарылды. Манағы ішкен суы.

-Апырай, мына сумен бұл ел қалай тіршілік етіп жүр.

Бойы қайта жеңілдегендей болған шал соны ойлады. Бірақ жер көшіп, басының бей-жай зеңуі қояр емес.

Шал асыға-аптыға қайта қадам тастады. Аяғын қанша көтеріп бастым дегенмен белуардан келетін көк шөпті көктеп өту қиын екен. Шал елге апаратын ашық жол іздемей, төте тартқанына өкінді. Қалың шөптесінге жиі-жиі шалынысқан шал қайта алқына бастады. Қалбалақтап бір құлап, бір тұрады. Анау мен мұндалап жеткізбей  бара жатқан ауылға тезірек жетсем екен деп асығады.

Көкжиекті қып-қызыл нұрға бөлеп күн де батты ұясына. Ауыл үстін ақ шарбы тұман басты. Көңірсіген қандай да бір жағымсыз иіс жайлады айналаны. Шалдың жүрегі қайта айни бастады. Бір зілбаптан күш екі иығынан езіп-жаншып, ауа жетпей барады. Тәлтіріктеп барып тұрып қалған шал, омырауын ағытып желге тосты. Бірақ тырс еткен жел болсайшы. Шалдың тұла бойын сұп-суық тер жуды. Шал тұншықты.

Не болғанын түсінбеген ол тәлтіріктеп тағы да алға ұмтылды. Енді бар қажыр-қайратын жиып бақты. Әйтсе де бойынан әл кеткен ол алға басқан аяғы кері кетіп, сан сүрініп, сан құлады. Көз алды қарауытып, қос құлағы үздіксіз шыңылдады. Шал қысылды. Кенет тағы да жер көше бастады.

...Аспан...жер...аспан...

Төңерегі толассыз шыр айналып барады.

...Аспан...жер...Қолқаны қапқан ащы иіс... Ауа  жетпей тынысы тарылған шал енді мүлде алас ұрды. Бар қажыр-күшін жинап, кенет ауыл жаққа қарай ышқына айқай салды.

-Уа, не болып кетті! Қалай тіршілік етіп жүрсіндер, Қайран жұртым?

Шал соңғы рет ауылға үздіге ұзақ көз тікті.

                                           

                                                   ***

           Ертеңіне: «Уа, не дейсің, сонау Келес бойындағы жоңышқалық ішінен, бір қарттың өлі денесі табылыпты. Киім киісі, түр-тұрқы бөлек, бұл жердің адамына ұқсамайды екен байғұс» - деген қауесет тарады.

           -Сорлының жол қапшығын полиция тексеріп қарағанда бір атам заманғы күміс шолпыдан өзге ештеңе де шықпапты, - деп сыбырласты әйелдер.

 

                       

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған